Адам қарады: 149 | Жарияланды:

МЫҚТЫ ХАЛЫҚ

Қазақ пен жоңғар үлкен соғыстарға бармай тиіп-қашып соғысып жүрген күндердің бірінде, бір кезеңнің астында отырған қазақ ауылына жоңғарлардың шағын жасағы кешкі апақ-сапақта лап берсе керек. Кешкі асты енді алдарына ала берген қазақ ауылының адамдары атып-атып далаға шығады. Бұл ауыл Тоқабайдың белді руларының бірі еді. Абырой болғанда сол күні жігіттер де үйде болатын. Шамамен, отыз-қырық сен тұр мен атайын атпал азаматтар мен ауыл адамдары, жоңғарлармен сойыл айқастырып үлгереді. Алғаш шу шыққанда шеткі қараша үйден біреу белдеуде тұрған жаман торыға міне салып қараңғылыққа сүңгіп ғайып болды.

 

Ол адам сол күні осы ауылға қонаға келген ел аралап жүретін, белгілі тұрағы жоқ, барып тұрған суайт әрі қорқақ, Бейсен деген біреу болатын. Алғаш, Аттан-Аттан! Жау келіп қалды дегенге елмен бірге жүгіріп далаға бұл да атып шыққан еді. Кешкі қараңғылықпен жаудың қарасы Бейсенге өте көп болып көрінді. Шамасы үш жүздей адам деп топшылады ол. Шын мәнінде жоңғарлар отыз-ақ адам болатын.

-         Қой жан сақтамаса болмас, мыналардың пошымы жаман екен – деп ойлаған ол сайға қарай жаман торысымен желе жортып жылыстай берген еді. Сол бетінде Бейсен бұл ауылдан үш-төрт кезең астында ары отырған Жанай ауылына елді дүрліктіре жетті.

-         Аттан. Жау келіп қалды, қаптап келеді ана ауылды орнында басып қалды. Түрі жаман, енді, осылай беттеген де шығар-деді. Өні әлем-тапырақ бұзылып, көзі алайып кеткен.

-         Қанша адам? Өз көзіңмен көрдің бе?

-         Өз көзіммен көрдім үш жүздей адам болар шамасы.

Ауылдың сөз ұстар үлкендері біріне-бірі қарады. Сенер сенбесін білмей. Сенбейін десе, осы маңда жоңғарлар жүр деген сыбысты бұларда естіген еді.

Бұл ауылдың адамдары да кешкі астарына енді, отырып, алдарына алғандары осы болатын. Енді не істеу керек. Келе жатқан жауға қарсы шығайық десе, жаудың қарасы көп, күш жетпейді босқа қырылады. Біліп тұрып босқа қырылу олда күнә.

Жасы 80-ге таяп қалған ауылдың үлкені Қуантай ақсақал, енді не істейміз дегендей жиналғандарға қарап көзімен сыдырта шолып шықты. Тұрғандардың басым бөлігі кәрі-құрған, кемпір-шал, бала-шаға, жігіттер арпа ішіндегі бидайдай әр жерде бірді-екілі қараяды. Оның өзі мұрты тебіндеген көк-шалғын бозбалалар. Атбал азаматтар жорықта жүр. Ал, бұларды қайтіп өз қолыңмен өлімге айдайсын. Жоқ болмайды.

-         Жә, мені тыңдаңдар! Қария тамағын кенеді.

-         Күші басым жауға қарсы шығып босқа қырылмайық. Ешнәрсеге тимеңдер. Жайылған дастархан жайылған күйінде қалсын. «Үйге кірген жыланға да – ақ құйып шығарады» - деп атам қазақ айтты емес пе? Ендеше бізде сүйтейік. Қария аз-маз тыныстап жан-жағына қарап алып сөзін ары-қарай жалғады.

-         Мына тоқшылықты көріп, дастархандағы жасаулы дайын тамаққа тойған соң сабасына түсер. Аш адам ашулы-деген, ашуы басылар, сөйтіп, жөндеріне кетер. Ал біз ертеңге дейін анау сайға барып паналай тұрайық. Тек жылы киімдеріңді алуды ұмытпаңдар – деді.

Ал кеттік. Тұрғандар қарияны қолдап дұрыс десіп жатты. Осыған, жә, дескен халық әп сәтте ауылды тастап шықты. Бұл кезде Бейсеннің – Аттан, жау кеп қалды. Тоқабай ауылын қырып тастады деген жоңғардың аз қолы керісінше қазақ жігіттерінен бетпе-бет шайқаста әзер қашып құтылып, қарыңғы түсе Жанай ауылының үстінен түскен еді.

Ашулы, әрі аш кімге тисерін білмей аш қасқырдай құтырынған жау жасағы  көл-көсір  жайылған мол дастарханды көріп, аттарынан түсе сала, бірін-бірі қаға-маға жапатармағай  тамаққа ұмтылды. Қолдарына ілінген жілікті іліп алып, тісімен жұлып жей бастады. Сақтанған сақтықтары да адыра қалды.

Әлден соң, қарындары тойып, көңілдері жайланып түк болмағандай маңғазданып әңгімеге кірісті. Төрде отырған Шойқара-шамасы осы топтың басшысы болса керек.

Сол ыңыранып қойып сөз бастады:

-         Осы менің бір байқағаным-қазақтармен қанша жыл соғысып жүріп мыныған көзім жетті. Бұлар мақал-мәтел шығармайды. Ал шығарды ма онда қатырып тұрып шығарады.

Мысалы:

-         Олар былай дейді «ТОҚАБАЙДЫҢ ҮЙІНЕ ҚОНҒАНША – ЖАНАЙДЫҢ ЖҰРТЫНА ҚОН» дейді.

Ал, қараңдар бағана біз Тоқабайдың ауылына барғанда қондырғаны сол өзімізге сойыл ала жүгіріп әрең қашып құтылдық. Мұнда Жанайдың ауылына келіп едік аста төк молщылық, ішкенің алдыңда, ішпегенің артыңда, бұдан әрі не керек. Әкеміздің үйінде жатқандай жатырмыз. Айтқандары қалай дәл келеді, ә!

      Мақал деп осыны айт.

      Дегенмен, мықты халық өздері-деп саусағын шошайтты.

Қазақ тілінде жазылған