Адам қарады: 168 | Жарияланды:

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ

Кешкі қарбалас шақ. Ауыл азан-қазан, күн ұясына батуға айналған. Көшенің басынан бір қора қой кіріп келеді. Әрбір үйдің тұсында үйренген қойлар өз шарбағына бұрылып қалып жатыр. Бөлінбеген қозы-лақты қуалаған бала-шаға. Ауылдың екінші басынан бір табын сиыр көрінді. Азан-қазан мөңіреген мама сиырлар желіні сыздап бұзауына асығады.

 

Аздаң соң сиыр соңынан Жұмаштың төбесі де көрінді. Астындағы жирен төбелді шу-шулеп тебініп қояды. Жирен сол митың-митың, иесі асықты екен деп асығар емес. Жұмаш сиыршы, осы ауылдың сиырын бағады. Жылдағы кәсібі осы. Жұмаштың бар жоғы белгісіз сол баяғы қоңыр тірлік. Ешкім іздемейді тек, кейде өрістен малы келмей қалғандар, тайынша-торпағы жоғалғандар ғана Жұмашты есіне алады. Есіне түсіп іздеп келеді.

-         Ой, Жұмаш бауыр көмектесе көр!

-         Ой, Жұмаш, қарағым енді өзіңе сеніп келіп отырмын. Еңбегіңді жемейміз.

Міне, осы кезде ол айбынданып шыға келеді. Өзінде іздейтіндер бар екен ғой. Енді ол ауылдың ортасынан шалқайып, мардымсып, кісімсіп өтеді. Менсіз күндерің жоқ дегенді шалқайып атқа отырысымен білдіріп бара жатады.

Бүгін де Жұмаш өрістен келе салып тура үйіне бет алмай оң жақтағы шеткі үйге бұрылды. Аласа қоржын үйдің алдына атынан түсіп, үйге беттеді. Бұл, екі-үш күннен бері өрістен келмеген қызыл-қасқа құнажынның иесі жалғызбасты Бишен әженің үйі. Бүгін таңертең мал өріске беттегенде табынның алдынан тосып тұрып сиыршыға жолыққан. Кешеден бері бір малының өрістен келмей қалғанын айтып әке-көке деп тауып беруін сұраған.

-         Кешке өрістен қайтқанда үйге соғып тамақ ауыз тиіп кет - деп өтінген.

Жұмаш көзі күлімдеп етті асап жатқандай жұтынып қойды. Бірақ, мұны Бишен әжеге сездірмей теріс айналып кетіп еді. Енді кештетіп Бишен әженің үйіне келіп тұрған беті осы. Бишен сыртта малдарын жайғап болып, мұны тосып жүр екен, үйге шақырды.

Табалдырықтан аттар-аттамастан бөлмені жайлаған сүрінің қош иісі танауын қытықтады. Жұтынып-жұтынып қойып төрге шықты. Әжей жаны қалмай күтіп жатыр. Сандықтан, көптен тығулы жатқан бір сауытты алып алдына қойды. «Московскийді» көріп Жұмаштың көзі жайнап кетті. Бір аз әл жинап, жүз грамды тастап алған соң:

-         Малды Карл Маркс жақтан біреулердің көргенін, оны баздығы Дүйсеннің де растағанын айтты.

-         Аманшылық болса ертең кешке осы уақытта малыңыз есік алдында тұрады деп лепірді.

Өзінің қолынан келсе әрқашан адамдарға көмектесуге дайын екенін, ешкімге арамдық ойламайтынын айтып ант-су ішіп ақталды.

Біраздаң соң етке тойып, араққа қызып қалған ол тағы да бірдеңелерді былдырап сөйлеп тәлтіріктей басып далаға шықты. Үй иесіне қайта-қайта рахмет айтып үйіне қайтты-ау ақыры.

Ертесі кешкілік күн еңкейе өрісте шашырап жатқан сиырларды бір жерге жинап ауылға қарай қаптатты да, Жұмаштың өзі өзеннің ортасындағы шілікке беттеді. Қалың өскен шіліктен атты адамның бойы көрінбейді.

Шіліктің арасы белуардан келетін шалғын шөп, тұнып тұрған от.

Айнала су, мына шіліктің арасына кірген мал айдасаң шығар емес. Шыжыған ыстықта көлеңке. Нағыз рахат!

Жұмаш шілікке таяп келіп айналасына мұқият қарап алды да, маңайда ешкімнің жоғына көзі әбден жеткен соң, қалың талдың ішіне кіріп кетті.

Осы шілікке осыдан 3-4 күн бұрын өзі қамап кеткен Бишеннің қызыл-қасқа құнажынын алдына салып айдап алып шығып табынға әкеліп қосты.

-         А, Құдай, өзің кешіре көр! – деп күбірлегенін өзі де байқамай қалып алақанымен бетін бір сипады да алдындағы сиырларды табынымен ауылға қарай қуалап айдай жөнелді.

 

 

Қазақ тілінде жазылған