Адам қарады: 1286 | Жарияланды: 2017-04-26 02:20:04

Ағасы бардың жағасы бар

Балалық шақ! Шіркін-ай десеңші, осы сөзді естігенде не оқығанда таң атқаннан кеш батқанға дейін ағаммен бірге көрші балалармен асыр салып ойнаған кез, бақытты да уайымсыз керемет бір шақ есіме түседі. Менің жалғыз ағам бар. Өзімнен екі жас үлкен, тетеміз. Аты Айдын. Ол маған үнемі қарайлап жүретін. Құлап қалсам қолымнан демеп көтеріп, үсті-басымды қағып, шалынып қалсам, жолымда кедергі болған тасты алып тастайтын. Дүниеге шыр етіп келгеннен ағамның жанында жүргеннен бе, әйтеуір ұл болсам ғой деп армандайтынмын. Тіпті анама ”мені неге ұл қылдырып тумадыңыз?” деп ренжитінмін. Айналамдағы қыздар жылағанда ызаланатынмын, жылағанды ұнатпайтынмын. Жалпы, ұл бала секілді өстім .Бірақ, әкеме еркелеген жаныма майдай жағатын. Әкем мені ”Айым, майым, шәйім, қаймақ пенен майым” деп еркелететін. Қызық иә?! Соған мәз болатынмын. Ал анама келер болсақ,  мінезі жайма шуақ, көңілі жайдары адам. Тамақты өте дамді қылдырып пісіреді, шебер аспаздарың әдірем қалсын! Анамның  пісірген тағамын сүйсініп жейміз. Туған-туысқандар да ол кісінің шәйін ішуге арнайы үйімізге келеді .”Шайың шай емес, бал” деп тамсанып отырып ішеді.

Біздің бала кезімізде компьютер, интернет, ұялы телефон деген жоқ .Есесіне біз таза ауада қар лақтырысып ,қармен бірге домалап, аунап, секіріп ойнадық. Үйіліп жатқан омбы қардан Айдын үйшік жасайды, мен аққала жасаймын. Жаз мезгілінде доп қуалап,  көгалда футбол, баскетбол, воллейбол ойнаймыз. Кейіннен “денди” пайда болды. Теледидарға қыстырып қойып ойнайтынбыз. Көршінің балалары тегіс біздің үйге келіп кезек-кезек ойнайды .Ойындары да қазіргідей атыс-шабыс емес, мидың дамуына оң әсер ететін ойындар болатын.

  Бір күні аулаға ойнауға шықтық. Жаз. Айдын жүгіріп жүріп құлап қалып, тәпішкесін жыртып алды. Үйге барып ауыстыруға ерініп ,қызу ойынға кіріп кеткен. Бір кезде көрші Коля деген орыс бала үйінен шықты. Шыға сала бізді көріп, жанымызға жетіп келді. Екі көзі Айдынның жыртық тәпішкесіне көзі түсіп: 

     -Ананы қараңдар, тәпішкесі жыртық ,ұят-ай, -деп келеке етіп ,мазақтап ,сықылықтап күле жөнелді. Сол кезде ағамды мазақтап тұр деп қатты намыстанып кетіп, жерден дау тас алып, Коляның басына бірақ лақтырдым. Әлгі тас тура шекесіне тиіп, басынан қып-қызыл қан судырай жөнелді. Коля айқайға салып жылап ,басын ұстаған күйі үйіне қарай жүгіріп кетті. Менде үн жоқ .Қанды көріп шошып кеттім. Айдын қасыма жетіп келіп:

    -Мұның не? Неге өйттің ?Басын жардың ғой ,енді не істейміз? -деп ұрысып жатыр.

    -Ол сенің тәпішкеңді жыртық деп мазақтап күлді ғой, соған ашуланып кеттім, -дедім.

    -Мазақтады деп тас лақтыру керек пе? Сенікі дұрыс емес, олай істеуге болмайды ғой,-деп үйге жеткенше құлақ етімді жеп барды.

     Үйге кірсек анамыз бауырсақ пісіріп жатыр екен. Сонда ағамның маған жаны ашығаны ғой ,анамызға менің не бүлдіргенімді айтып қойған жоқ .Әйтпесе анам мені оңдырмайды. Бауырсақ жеп бал-бұл жайнап отырғанбыз ,бір кезде үйге Коляның анасы келіп, мені жерден алып, жерге салып ұрысты .Орысша түсінбесем де, жақсы сөз айтып жатпағанын ұқтым. Сөйтсек, Коляның басы жарылып, басын айналдырып орап байлап қойыпты. Ақыры, кешірім сұрап құтылдым. Бір-бірімізді түсініп, достастық. Қазір ғой, біреудің баласының басын жарып көр, бірден арыз жазып соттатып жіберсін. Біздің кезімізде ондай жоқ. Барлық адамдар бауырмал, кешірімді. Өзгенің емес, өзінің баласына “өзің бастайтын, тыныш жүр “деп жазғырады. Қандай ғажап сол кездер !Сол ұжым-бірлігі ажырамаған ортада өскен біздің де өмірімізге бұл зор ықпалын тигізді.

    Ағам екеуміз міндетті түрде күніне бір рет үлкен үйімізге барып қайтатынбыз .Себебі онда әжеміз бар. Үлкен үй жақын болса да, мен жалғыз бара алмайтынмын. Үнемі ағаммен барам, өйткені көліктерден қатты қорқатынмын. Әкемнің”жолға шықпа, көлік басып кетеді“ деген сөзі жадымда сақталып қалғаннан болар, жолға шықпақ түгіл, көлік көрсем қашатынмын. Үлкен үйге бара жатырмыз Кенет алдымыздан біреу біліп шақырғандай үлкен жүк көлігі шықты. Жүрегім аузыма тығылып, ағамды бас алып құшақтай алып, көзімді тарс жұмып шыңғыра бердім.

-Неге шыңғырасың? Ол саған түк істемейді, баспайды. Жай ғана өтіп барады, қорықпа, -деп ағам безек қағады. Гүрілдеген көліктің дауысы бәсеңдегенде көзімді ашып ”уф “ дедім .Сол кезде жүк көліктері құдды басып кететіндей көрінетін.

Жылдар ағып өте берді. Мектепке бардық. Өзімізше есейе бастадық. Сыныпта ұлдардың да, қыздардың да “бірінші атаманы”мен болдым. Барлық ұлдарды соятынмын. Қазір есіме алсам, күлкім келеді. Бірақ оқу озаты болдым. Сыныптың старостасы да өзім. Ағама сенгендіктен, қорғаным бар деп ешкімнен қорықпай жүремін. Ағамның бары қандай жақсы! Үнемі қорғап жүреді.

     Мен он жасқа толғанда, бауырымыз Шалқар өмірге келді. Ағам екеуміздің қуанышымызда шек жоқ. Анам мен бауырым перзентханадан шығып үйге келгенде,жандарынан шықпаймыз. Өзі кіп-кішкентай, аппақ, денесін жүн басқан, тіпті маңдайына дейін қап-қара жүн. Қасы қалың, кірпігінің ұзын болғаны соншалық, қабағына жетеді. Бауырымды алғаш көрген сәтте тұла бойым ерекше күйге бөленді. Аты айтып тұрғандай, бауыр шіркін бауыр етіңдей болады екен! Сол сәтте ғана ағамның маған деген ықыласын түсіндім. Адамзаттың жаратылысы ғой, өзіңнен кішіге қамқор болады екенсің. Анам Шалқарды емізеді де маған ұстатып қояды. Мен оны ойнатамын, жыласа уатамын, сөйлесемін, еркелетемін. Ал ағам далаға шығарып, арбамен сүйрететін. Сәби жүрек сенімді қолда екенін сезсе керек, менің қолыма келгенде бауырым бірден тынышталып, ұйықтап қалады. Ағам қалжыңдап ”гипноз” дейді маған. ”Қалай ұйықтатасың?” деп таң қалады. Бауырымның ең алғашқы сөзі – Айым болды. Әдетте баланың тілі “мама” деп шығады ғой. Ал ол әпкесінің атын атады алғаш рет. Сол кезде қуанғаным-ай! Сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

     Қазір де, дәл бала кезіміздегідей бір-бірімізге жанашыр боп, қиын-қыстауда қолдау көрсетіп жүрген жайымыз бар. Ағаңдай қамқоршың, тірегің, бауырыңдай қорғанышың, жүрегің болғанға ештеңе жетпейді! Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар деген осы болса керек!

Қазақ тілінде жазылған