Адам қарады: 27883 | Жарияланды: 2018-03-14 03:46:32

Алтын сақа

Қазақ ертегілері желісімен

 

         Алыстан көтерілген шаң арасындағы жылқышының қиқулаған дауысы мен кісінеген жылқылардың тұяқтарының дүбірінен жер дірілдеді. Шілденің аптап ыстығынан қаталап шөлдеген үйір-үйір жылқылар қырдан құлдилай келіп көлге таласа бас қойды. Осынау көрініске қыр басынан көз тігіп, көңілі тойып тұрған Бекболат бай су ішіп жатқан жылқыларының бір нәрседен шошына үркіп, кісіней үдере шегіншектегенін байқап қалды. Танаулары делдиіп, құлақтарын қайшылаған 5-6 жылқы осқырына аяқтарымен су тарпып тұрып алды.

Бай жылқышы жігітке қарап:

  •  Ей, Әлімжан, ана жылқылар неден үркіп тұр, байқасаңшы, барып...

Әлімжан:

  •  Байеке, көл бетінде қалқып бір нәрсе жүзіп жүрген сыңайлы...

Бай:

  •  Иә, анау қызарған не пәле өзі?! Бар қане, көр!

Әлімжан:

  •  Атай көрмеңіз байеке, судан өлердей қорқамын, бала кезімде суға тұншығып әрең аман қалған екенмін... Жүзе алмаймын!

Бай:

  •  Өй, сені де жігіт дейді-ау... Ұста мына бөркімді (шапанын, етігін шешіп, балағын түре көлге жақындайды)

Әлімжан:

  •  Абайлаңыз, байеке, сужылан шағып алмасын, мына құрықты алыңыз... мінекей...

Бай мырс етіп күледі:

  •  Әй сужүрегім-ай, жыланнан қорқып тұрмын десеңші, жүзе алмаймын деп баланың сөзін айтқанша...

Әлімжан:

  •  Оллаһи – білләһи, жүзе алмаймын байеке, абайлаңыз...

Бай жылқылар үркіген жерге барып суға бойлай ене бастады. Көл бетінде қызарып қалқып жүрген өкпе сияқты ма, қалай?!!... Құрықпен түртіп қалған еді, жоқ болып батып кетті де қайта шықты. Иә, кәдімгі өкпе... Бай енді беліне дейін, бойлап келді де қолымен өкпеге қол соза бергені сол еді көлден бір қол шығып кеңірдегіне шап берді. Әй-шәй жоқ байдың басын суға тоғытып тұншықтыра бастады.

Мұны көрген жылқышы ауылға қарай қаша жөнелді:

  •  А-а-а!!! Байекеңді жайын жұтып жатыр!

       Байдың денесі сыртта, басы суға тұншығып дем жетпей алас ұруда. Әлгі қол жіберер емес...

Бір сәт су бетіне шығарған сәтте ауа қармап жанталасқан бай:

  •  Кімсің сен?! Жібер мені, өтінемін! Жүз жылқы садақа! Жанымды қи...

Қол байды қайта суға тұншықтыра бастады.                                   

Соңғы демі қалған байды тағы да су бетіне шығарғанда:

  •  Мың жылқы берем! Малым жанымының садақасы, жібер мені!

Бай қайта суға тұншықтырылды.

Ажалы жақындаған сәтте бар байлығын бере салуға әзір бай:

  •  Не қалайсың, айт, бәрін берем! Шыбын жанымды қия гөр! – деп жан дауысы шықты.

Осы сәтте ғана қарлығыңқы жаман дауыс құлағына келді:

  •  Жалғыз ұлыңды бересің!!! (өзі көрінбейді)

Бай:

  •  Жо-о-оқ!!! – дей бергенде су астына тағы да кетті. Көзі шарасынан шыға дем жетпей қиналған бай басын шұлғи берді...

Су бетіне шығып ауа қармаған байға:

  •  Уәдеңде тұрмасаң, өз сорың! Тұқымыңды тұздай құртам, айтпады деме!!! Ал балаңды қашан, қайда әкелетініңді өзім айтам! Дегенмен жан дегенің тәтті екен ә!!! Ә-хә-хә-хә-хә-ә-ә!!!

Су бетінде Мыстан пайда болды да, көкке ұшып ғайып болды. Оның ащы даусы даланы жаңғыртып жіберді. Бай есеңгірей сүріне-қабына судан шығып көл маңындағы тақырлау жерге жете құлады. Сол сәтте ол өзінің не бүлдіргенін түсініп, жер тоқпақтап еңірей жылады.

  •  Не істеп қойдым мен, а?! Жалғыз баламды... өз қолыммен Жалмауызға бергенім не?! Одан да өзім өліп кеткенім жақсы еді ғой... Балам болмаса, байлығым неге керек маған?! О, Жаратқан Тәңірім, құлынымды сақтай гөр! А-а-а, сорлы басым-ай, енді қайттім! – деп зарлады бай.

Осы сәтте жылқышы ертіп келген бір топ ауыл адамдары да көрінді.

  •  Әне, байекең тірі екен! Жүріңдер тез...
  •  Е, ақсарбас! Тірі екенсіз ғой әйтеуір!
  •  Жайын жұтып қойды деп жанымыз қалмады ғой...
  •  Қане, сүйеңдер! Көтеріңдер, байекеңді!
  •  Иә, абайлаңдар, есінен танып қалды...

 

              *                      *                     *

Бай, есін өз үйінде жиды. Бірінші сөзі:

  •  А-а-а, балам қайда? Құлыным қайда?! Ақжолтай!!!

Бәйбішесі:

  •  Байеке, сабыр етіңіз, балаң осында... Ақжолтай, мұнда кел! Келе ғой, әкеңе...

Ақжолтай:

  •  Әке, мен мұндамын!

Бай баласын тас қып құшақтап алып жіберер емес...

  •  Балам... жалғызым... құлыншағым менің... Ешкімге бермеймін... ешкімге...

Бәйбішесі:

  •  Сізге не болды?! Балаңыз жаныңызда... Ешкім де алып кетпейді... Аман қалғаныңызға шүкіршілік етіңіз! Көл басында не болғанын ешкім білмейді. Әлгі жағың қарысқыр Әлімжан сізді жайын жұтты деп елді бір дүрліктірді... Сіз есіңізден танып жатқаныңызға екінші күн... Бақсы шал келіп зікірін салып кетті. Су перісінің салқыны тиді ме деп білгенін оқып, үшкіріп, соңында өзі де әбден қалжырап бітті... Ақсарыбас түйені жан сауға деп құрбандыққа шалдық...

Бай:

  •  Ақжолтай, сен бара ғой... Маған Қалменді шақырт!

Бәйбішесі:

  •  Қазір... (сыртқа шығады)

Қалмен:

  •  Армысыз, Баеке! Мені іздепсіз?...

Бай:

  •  Бар бол, Қалмен... Балама бас-көз бол, қайда барса да бірге жүр, ұқтың ба? Басыңмен жауап бересің!

Қалмен:

  •  Құп болады, Баеке! Кешіріңіз, жаман түс көрдіңіз-ау деймін...

Бай:

  •  Түсім болса жақсы еді-ау!!! Жалғыз ұлымды жоғалтып алам ба қорқамын!

Қалмен:

  •  Байеке, маған сеніңіз! Қазірден бастап балаңыздың көлеңкесі мен боламын!

Бай:

  •  Бар, Қалмен... баладан көз жазба!

Қалмен:

  •  Құлдық, Байеке! (кетеді)

Бәйбіше келеді:

  •  Баеке, бақсы келіп тұр! Тағы да бір оқып, үшкірмесем болмайды дейді...

Бай:

  • Кірсін!

Бақсы еңсе түзеп:

  •  Қорыққанның арты қуаныш болғай, Баеке! Бас көтергеніңіз менің емімнің шипасы екеніне дау жоқ! Қобыздың құдіреті – оның үнінде, яғни қобыз үні арқылы жын-періні аластап тастаймыз. Қане, Баеке, бастаймыз ба?

Бай:

  •  Бақсы, сен... мыстан туралы не білесің?!

Бақсы:

  •  Мыстан деймісіз?! Бетін аулақ қылсын! Оны неге сұрадыңыз?!

Бай:

  •  Мені көлде қыспаққа алған жын да, жайын да емес, ол – Мыстан!

Бақсы:

  •  Түсінікті. Ол не деді сонда Сізге?!

Бай:

  •  Ол жағын сен сұрама, мен айтпай-ақ қояйын! Бірақ, сен маған сол Мыстанды қалай да көзіме көрсетші, қазір, дәл осы жерде. Мен онымен тілдескім келеді! Сенің қолыңнан келеді ғой-ә?!

 

 

Бақсы:

  •  Астапыралла!!! Жарайды, айтқаныңыз болсын! Ал қанекей, қобызым, сыналар сәтің туды, мені ұятқа қалдырма! Бұл қобыз менің ата-бабамнан қалған көне мұра... Жеті атамнан келе жатқан бақсылық өнері енді маған тиді...

Байға бақсы:

  •  Ал сіз көзіңізді жұмып отырыңыз, мен аш дегенде ғана ашасыз!!! Бай молдас құрып көзін шарт жұмып отырады. Қобыздың үні бара-бара күшейе түсті. Бір кезде киіз үй шыр-көбелек айнала бастады да, бай өзін үйде емес, адам аяғы баса бермейтін Сорқұдықтың басында атырғандай күйге енді. Айнала қалың тұман. Байғыз үні.

Алыстан мыстанның сұлбасы мен жаман даусы естілді:

  •  Иә... балаңды қимай, уәдеңді бұзбақпысың?

Бай:

  •  Жаздым, жаңылдым, Мыстан! Бар байлығымды берейін... баламды қалдыр өзіме!

Мыстан:

  •  Әһ-һә-һә-һә-хә-хә... Байлығыңды қайтем мен! Маған сенің балаң керек!

Бай:

  •  Неге? Менің баламнан басқа жер бетінде бала құрып қалып па?

Мыстан:

  •  Неге деймісің?! Онда тыңда! Маған әрбір 700 жылда суға салса батпайтын, отқа салса жанбайтын баланың қаны қажет!

Бай:

  •  Ә-ә-ә?! Не дейсің?! Сен қателестің Мыстан, райыңнан қайт! Менің ұлым... менің балам жәй қарапайым ғана бала! Суға батады... тіпті жүзе де алмайды! Сен басқа бала ізде!!! Өзің айтқандай... отқа күймейтін, суға батпайтын бала тап...

Мыстан:

  •  Қателестің деймісің?! Хә-хә-хә-хә-хә... Мыстан ешуақытта қателеспейді!!! Мен адамдардың пешенесіне жазылған Тағдыр кітабын көремін деп Жаратқанның қарғысына ұшырағанмын! Сенің ұлың Су патшасы Сүлейменнің патшалығына барып қайта оралған жалғыз адамзат баласы және менің ажалыма да себепкер болмақшы! Бірақ ол бола қоймас! Мен оның алдын аламын!!! Қысқасы... жақсылап тыңдап ал! Анау қалтаңдағы балаңның Алтын сақасын маған бер! Ал ертең аң аулауға шығасың! Сорқұдықтың маңайында саят құрасың. Сол жерде асықты жоғалтқан боласың...

Бай:

  •  Бұл менің баламның ең сүйікті сақасы ғой... (қалтасынан шығарып қарап отырады) Мұны маған қашан берген?!

Мыстан:

  •  Ертең береді... хә-хә-хә... Сондықтан да бала сақасын сұрағанда сен оны мына бәйтеректің түбінде демалып жатқаныңда түсіріп алғаныңды айт! Ар жағын маған жібер.

Бай:

  •  Ах, залым қақбас! Мен сені қазір өз қолыммен буындырып өлтіремін!

Бай шап беріп Мыстанның кеңірдегіне жабысады. Құлағына дауыс жетеді:

  •  Өлдім, байеке! Көзіңді аш!...

       Көзін ашса бақсыны қылқындырып жатыр екен. Сәл болмағанда өлтіріп қоя жаздапты.

Бақсы:

  •  Уф, жаным-ай! Мыстанда нем бар еді, өліп қала жаздадым ғой, құрсын! Беті аулақ пәленің... Мен кетейін, байеке...

Бай сасқалақтап:

  •  Әй, тоқта, Бақсы!!! Міне бұл саған... – деп, бір дорба теңге береді – кешір мен байқамай...

       Бақсы байдың берген теңгесін ала сала, еңбектеп шегіншектеп үйден шыға берді.

Бай:

  •  Қобызың қалды... бақсы!!!

Бақсы:

  •  Қобызы құрсын а-а-а – деп қаша жөнелді.

       Бақсының қобызы жан біткендей қозғалды да, ыңыранған дауыспен бақсының соңынан қуып кете барды. Бай құмандағы суға бетін шайып жіберді де сыртқа шықты. Таза ауамен кеуде кере демалып алды да:

  •  Қалмен!!! Ертең аңға шығамыз! Төбеттер мен қыран құстарды даярлаңдар! Аттарды әзірлеңдер! Сорқұдықтың басында киіктер жүр дейді! Бұйырғанын көрерміз...

Қалмен:

  •  Ләбпай, тақсыр!

Осы кезде баласы жүгіріп келіп әкесін құшақтай алады:

  •  Әке, мені де ала кетесіз бе? Менде садақ тарта аламын. Жүріңіз көрсетейін! – деп қолынан сүйреп үй сыртына әкеледі.

Бай:

  •  Қане, балам, көрсетші өнеріңді... Құралайды көзге атқан мерген болар ме екенсің, байқайық...

     Бала нысана жанындағы садағын алып оқтады да көздеп тұрып жіберіп қалды. Жебе нысанаға дәл тиді.

Әкесі баласына:

  •  Бәрекелді, балам! Нағыз сұрмерген сен болдың ғой... (маңдайынан иіскеп, құшағына қысады) Бірақ сені ертең алып кете алмаймын.

Бала:

  •  Неге?! Әке, өтінемін, мен ала тайыма ер салып дайындап қояйын... Жебелерімді ұштап дегендей...

Әкесі:

  •  Қоя тұр, балам... Аң аулап саят құруға әлі-ақ үлгересің... Біріншіден Сорқұдық өте алыс жер, шаршайсың... Екіншіден сен осында қалып, елге бас-көз боласың! Өйткені сен менің мұрагерімсің, яғни ауылдың да егесі – сен! Сенімен бірге Қалмен қалады. Мен жоқта мал-жанға ие болыңдар! Түсіндің бе, балам?

Бала:

  •  Түсіндім, әке... Қам жемеңіз... Қалмен аға екеуміз ауылға бас-көз боламыз.

Бай:

  • Айналайын, ақылдым... (құшақтап көзіне жас алады) Біз үш-төрт күннен соң қайта ораламыз...

Бала:

  •  Әке, мен қазір балалармен тай жарысқа барамын. Мына алтын сақам сізде болсын, әйтпесе атқа шапқанда бір жерге түсіріп алармын...

Қалтасынан сақасын алып әкесіне береді.

Әкесі:

  •  Жәрәйді, балам, бара ғой... Бірақ, абайла, қатты шабамын деп тайдан құлап қалма...

Бала:

  •  Құламаймын әке!!! Біз ала тай екеуміз бір-бірімізді жақсы түсінеміз! - деп жүгіріп кете барады. Әкесі баласының артынан қарап тұрады да назары қолдындағы алтын сақаға ауады:
  •  Расында да пешенеге жазылған тағдыр жолын өзгертуге болар ма екен... Әлде...

Ойланып қалады.

 

                 *                  *                 *

 

Ертеңіне Бай жігіттерімен аңға шықты. Сорқұдыққа барар жолдағы көлде сұңқарын қаз-үйректерге салып, жазық далада киік қуып, межелі жерге де жетті. Жігіттері киіктің етін отқа қақтап пісіріп жатқанда бай бәйтерек түбінде демалып жатқан-ды.

Жігіттерінің бірі:

  •  Байеке, ет пісіп қалды, келіңіз!

Бай орнынан тұра бере баласының асығын әдейі түсіре салды...

 

                              *                    *                     *

 

 Аңшылықтан оралған әкесін бала қуанышты қарсы алды.

Бала:

  •  Әке, ауыл тыныш, мал-жан аман... Біз Қалмен екеуміз...

Бай:

  •  Әй, қойшы сол Қалменді, ауылға бас-көз болған сен екенсің ғой балам! Есейіп, ер жетті деген осы! – деп баласын құшақтап мақтап қойды.

Бала:

  •  Әке, менің алтын сақам сізде қалып қойыпты, беріңізші! Кеше көрші ауылдың балдарынан ұтылып қалдым. Сақам болғанда ғой... шиіріп атып бәрін ұтатын едім.

 

Әкесі сақаны іздегендей болып қалтасын қарай бастады:

  •  Ә-ә-ә, қазір балам... Қайда кетті өзі, қазір... Түсіп қалғаннан сау ма өзі?! Қап, әттеген-ай ә... Кеше Сорқұдықтың басындағы Бәйтеректің түбінде жатқанда түсіп қалған-ау шамасы... Жәрәйды, балам, мен саған басқа сақа құйдырып беремін...

Бала:

  •  Жоқ, әке! Маған өз сақам қажет! Әйтпесе қолым жүрмейді! Басқа сақамен ойнай да алмаймын...

Әкесі:

  •  Қап, енді қайттім, а? Қалмен? Тез атыңды ерттеп, Сорқұдыққа қарай шап! Бәйтеректің түбінде баламның сақасы қалып кеткен сыңайлы. Бар да іздеп, тауып алып кел!

Бала:

  •  Әке, мен де барайыншы, өтінемін! Ала тайменен бірге барып, өз сақамды іздеп тауып келейін...

Әкесі:

  •  М-м-м... жарайды балам, онда жолға қамданыңдар... Садағың мен қорамсаңды да алып ал, сен мергенсің ғой... Жолда құс атарсыңдар!

Бала:

  •  Иә, әке!!! Аң атып алсам бауыздайтын пышағым да бар, міне! Өзіңіз бергенсіз...

Бай:

  •  Иә, ержігіттің бес қаруы бойында болғаны абзал... Ал саған әзірше осы екі қару да жетер...

Бала:

  •  Жарайды әке, мен жолға жиналайын! (кетеді)

Бай Қалменді оңаша шығарып алып:

  •  Қалмен, менің саған айтарым... Сорқұдыққа барғанда абайлап жүріңдер... Кім біледі?! Аты жаман жерде жын-перілер болуы мүмкін! Сол үшін сақтық та керек... Алда-жалда балама қауіп төнсе, аянба! Кімде болса басын шауып түсір! Ұқтың ба?!

(Қалменнің құлағына сыбырлап айтады)

Қалмен:

  •  Қам жемеңіз, Байеке! Ақжолтайдың жолында жаным құрбан! Жалғыз көзді дию болса да басын әкелемін!

Бай:

  •  Өз бастарың аман келсін! Жорытқанда жолдарың болсын...

       Бай баласымен қимай ұзақ қоштасады. Көзінен тарамдана аққан жасын балаға білдірмей сүртіп, маңдайынан сүйеді.

Бай:

  •  Тәңір жарылқасын, балам! Аман-есен тезірек оралыңдар!!!

      Қалмен мен бала жолға аттанады. Әкесі арттарынан ұзақ қарап тұрып, ауыр күрсінеді...

 

                         *                     *                    *

Тау шатқалымен екі аттылы келеді. Кеш қарая бастаған кез.

Қалмен:

  •  Осы арада тоқтап, мына атып алған құсымызды отқа қақтап жеп алайық. Сен отын жина, мен жан-жақты қарап, барлап келейін...

Бала:

  •  Жарайды, Қалмен аға...

Екеуі тамақтанып жатқанда үсті-басы жыртық-жамау, өзі ұсқынсыздау бір жолаушы келеді де үн-түнсіз жандарына келіп отыра кетеді. Киімінің  жеңі ұзіндау екен. Екі көзі алақ-жұлақ етіп, етке қарайды. Қалмен бір түйір етті қанжарына шаншып әлгі кісіге береді. Кісі етті қолмен емес аузымен тістеп алады да теріс қарап отырып жейді. Жеп болған соң орнынан тұрып кетіп қалады.

Бала:

  •  Қалмен аға, бұл кім, жалғыз өзі айдалада жүрген...

Қалмен:

  •  Бұл – Жезтырнақ! Сен бірақ, қорықпа! Бұл түнде қайта келеді. Қамдануымыз керек!

Қалмен өз бойындай бөренені алып келіп, сырт киімімен орып теріс қаратып жатқызып қояды.

Қалмен:

  •  Ақжолтай, ол бірінші маған келеді. Сен бірақ ұйықтамай, сақ жат! Мен сенің тұра жаныңда мына ағаштың басында отырамын. Маған сен... Жезтырнақты жер қаптырамын!

Бала:

  •  Жәрәйді, аға... Сізге сенемін... Егер маған бірінші келсе... мен де пышағымды алып дайын жатамын...

Қалмен:

  •  Жоқ, ол бірінші ересек адамның көзін жоюға тырысады. Түсіндің бе?! Ал енді сен мына жерге жайғас... Оның келгенін аттар сездіреді...

        Түн... Қорқынышты... Ақжолтай көз ілмей қолындағы пышағын сығымдай ұстап жатыр. Бір кезде екі ат та осқырынып құлақтарын қайшылап белгі берді.

         Жезтырнақ абайлап басып Қалменнің киімі киілген бөренеге жақындады. Жан-жағына алақтап бір қарап алды да сояудай тырнақтарымен бөренені бас салды. Өткір тырнақтары ағашқа кіріп шыға алмай жатқанда Қалменнің жебесі жауырын арасынан қадалды. Өкірген Жезтырнақ алданғанын біліп, жалт қарағанда екінші жебе тура көзден қадалды. Жезтырнақ сұлқ құлап түсті.

Қалмен ағаштан секіріп түсіп:

  •  Ақжолтай, қорыққан жоқпысың?! Кел таңдайыңды басып жіберейін...

Бала:

  •  Мен сізді тигізе алмай қала ма деп қатты қорықтым... Сіз өзіңіз қалай қорықпадыңыз, Қалмен аға?

Қалмен Жезтырнақтың жанына барып, тырнақтарын көріп:

  •  Мен бе... шынымды айтсам мен де қорықтым... тырнақтары қанжардай өткір, қарашы, бөренеге бойлай кіріп кеткенін...

Бала:

  •  Ал сіз мұның Жезтырнақ екенін қайдан білдіңіз?..

Қалмен:

  •  Мен қанжарыма шаншып ет бергенімде ол аузымен тістеп алды... Тырнағын көрсетпейін деп теріс қарап отырып жеді.

Бала:

  •  Ал сол кезде неге қылышпен басын шауып алмадыңыз?

Қалмен:

  •  Ол оңау жау емес... Жезтырнақ біздің қаруымызды көрген соң, жасырын түнде келді. Алдымен мені жайратпақшы болып еді, енді міне... жатысын қара... (құйрығынан бір тепті) Бірақ бұлар екеу болу керек! Мынау еркегі! Әйелі болса кек алмай қоймайды. Өте сақ боуымыз қажет! Енді маған сенің көмегің керек болады.

       Қалмен таң ата Жезтырнақты ағашқа салбыратып іліп қояды. Екеуі де ағаштың басында отыр.

Қалмен сыбырлай сөйлеп:

  •  Әйелі күйеуінің өлгенін білді... Енді иіспен осында келеді. Сен садақпен атасың, мен қылышпен шауып түсіремін!

        Бір кезде шашы жалбыраған Жезтырнақ әйел ауаны иіскелеп жақындап келеді. Асылып тұрған күйеуін көріп шашын жұлып еңіреп жылай бастайды. Осы кезде Қалмен садағымен атып үлгереді де қылышымен жерге секіріп түседі. Жебе қадалса да ашулы Жезтырнақ Қалменге тап береді. Ақжолтай садағымен атайын десе Қалменге тиіп кете ме деп не істерін білмей қалады. Жезтырнақ Қалменді бір-екі рет осып жібереді. Қылышын жұлып алып лақтырып жібереді. Қалмен мен Жезтырнақ бірін-бірі ала-алмай, біраз алысады. Қалменнің әлі бітіп бара жатқанда Ақжолтай ағаштан түсіп қылышты алады да, Жезтырнақтың жауырын тұсынан кірш еткізіп тығып алады. Жезтырнақ Қалменді қатты жаралап үлгереді.

Қалмен:

  •  Жарайсың, Ақжолтай!!! Міне... енді сен нағыз батыр болдың!

Бала:

  •  Қалмен аға! Сіз қатты жараланып қалыпсыз... Не істейін айтыңызшы...

Қалмен:

  •  Қорықпа, Ақжолтай... Ештеңе етпейді, мен жазыламын... Сен жалбыздың жапырағын тауып әкеле ғой... Мен қазір... (тұруға оқталады)

        Қалменнің сан еті қатты осылып кеткен еді. Жезтырнақтың тырнағының уы болатын. Қалмен есінен танып қалады.

       Бала жалбыздың жапырағын іздеп маңайды шарлап жүргенде ақ сақалды киімі өзгеше шал кездеседі.

Шал:

  •  Әй, балам, мұнда не істеп жүрсің?!

Бала: (қорқып)

  •  А-а-а!!! Жақындамаңыз маған!!! Сіз жезтырнақ емеспісіз?! Қане, қолыңызды көрсетіңіз!

 

Шал: (ол да қорқып кетеді)

  • Жезтырнақ? Қайда?! Уф-ф-ф! Зәремді алдың ғой... Міне қолым... Ешқандай да жезтырнақ емеспін...

Бала:

  • Ата, жалбыздың жапырағы қажет, тез! Анда Қалмен аға қансырап жатыр...

Шал:

  •  Қалмен аға деймісің, Қайда? Жүр қане, көрсет маған... Менде жалбыздың жапырағы да бәрі бар (дорбасын көрсетеді)

Бала:

  •  Онда дұрыс болды, жүріңіз тезірек барайық!

 

             *                    *                    *

Шал Қалменнің жарасын жуып, таңып, байлап қояды:

  •  Е-е-е, мына екі пәле осы маңайдағы мал-жанға тыныштық бермеуші еді... Жезтырнақтардың түбіне жеткен батырлар... сендер туралы әлі-ақ дастандар жазылады, аңыздар айтылады.

Қалмен:

  •  Рахмет, қария, ал сіз өзіңіз кім боласыз?! Бұл маңда қайдан жүрсіз?

Шал:

  •  Мен – Дихан бабамын! Осы маңда өмір сүремін. Жеміс-жидек егемін...

         Расында да әлгі қарияның киген киімдері оның Дихан баба екенін дәлелдеп тұрғандай еді. Тіпті себетке ұқсайтын бас киімінде түрлі жеміс-жидектер бар еді. Ақжолтай тіпті біреуін алып аузына салып жеп көріп еді дәп-дәмді!

Бала:

  •  Дихан-баба! Сонда сіз расында да жер бетінде өсітін жеміс-жидектердің атасысыз ба?

Дихан баба жерден топырақ алып Қалменнің жарасына септі де:

                              Топырақтан жаралдық.

                              Жер анадан нәр алдық...

                              Дертке шипа болсын деп

                              Жараның орны толсын деп

                              Топырақты себейін...

                              Өмір нәрін егейін...

        Қария дорбасынан жапырақ алып жараның аузын жапты да қолымен бір сипап өтті. Жапырақты алғанда жараның орны бітеліп жазылып қалған еді.

Дихан баба Қалменге:

  •  Балам енді саған екі-үш күн демалып әл-жинау керек. Жезтырнақтың тырнағының уыты денеңе өтіп кеткен. Сол уытты шығаруымыз қажет... Оның үстіне... бұл екі пәленің ұлы бар... Оның көзін жоймасаң, сенің көзіңді жояды... Ұлы әкесінен екі есі күшті! Мына балаға да зияны тиері сөзсіз...

Осы кезде алыстан Жезтырнақтың ұлының жындана өкірген даусы келеді.

 

 

Қалмен:

  •  Рахмет, Дихан баба! Мен енді Жезтырнақтың тұқымын тұздай құртпай кетпеймін. Кішкене әл жинап алсам ісім сонымен болсын!

Дихан баба:

  •  Иә, солай еткенің жөн, балам! Біздің жаққа сен сияқты ержүрек батырлар келе бермейді, алда-жалда келе қалса Жезтырнақтың атын ести сала, безіп кетеді. Ал қазір көл басындағы менің шайлама барайық! Ол жерге Жезтырнақ жолай алмайды...

Бала:

  •  Неге? Сізден қорқады ма?

Дихан баба күліп:

  •  Е-е-е, балам... Менен несіне қорқады?! Бар мәселе – көлде... Көлде су перілері бар... Ай толған күні көрінетін кездері болады. Жезтырнақтар перілерден емес, Су патшасы Сүлейменнің қаһарынан қорқады!

Бала:

  •  Су патшасы Сүлеймен?! Мен ол туралы әжемнен естігенмін...

Дихан баба:

  •  Су дегенің тіршілік көзі. Жер-Ана біздің асыраушымыз. Не ексең – соны орасың... Егінге де, адамзатқа да, тіпті анау Жезтырнаққа да су керек! Сусыз өмір жоқ... Сондықтан олар да Су патшасы Сүлейменге күні қарап қалған... Қане, жүріңдер...

Қалменді сүйеп орнынан тұрғызып, Дихан баламен бірге еріп кете барады.

 

                  

             *                         *                       *

 

        Кешқұрым. Көл жағасында Дихан баба мен бала отыр. Қалмен Дихан бабаның шайласында демалуда.

Дихан баба:

  •  Қалменге итмұрынның шырынына саңырауқұлақты ұнтақтап қосып бердім. Енді ол екі күндей тырп етпей ұйықтайды. Денесіндегі уы да термен шығып кетеді...

Бала:

  •  Дихан баба, Сіз осы көлде су перілері бар дедіңіз бе? Олар сонда балық сияқты жүзеді ме?

Дихан баба:

  •  Иә, өз көзіммен көл бетінде билегендерін көргем. Бес-алты қыз, өздері сондай сұлу келеді. Сол сұлулығымен адамдарды арбайды, шақырады... Ондайда тез есіңді жиып, кетіп қалмасаң, солардың соңынан суға батып кетесің. Міне, бүгін де ай толыпты, су перілері шығуы мүмкін!

Бала:

  •  Рас айтасыз ба? Мен онда ұйықтамай көлге қарап жатамын...

Дихан баба:

  •  Қой, балам, одан да жатып тынығып ал, ертең ерте тұрамыз. Таң несібесі тәңірден дейді...

 

Бала:

  •  Жарайды, Дихан баба! Сіз бара беріңіз... Мен біраз отыра тұрайын...

       Бала су бетіне қарап ұзақ отырды. Ай сәулесі көл бетіне түсіп, ерекше көрініс беріп тұр. Бір кезде баланың құлағына әдемі сыбызғының даусы келгендей болды. Әсем әуенге ұласқан дыбысқа қыздардың сыңғырлай күлгені қосылғандай...

       Ақжолтай тез ағаштардың артына жасырына қойды. Өзі енді не болар екен деп күтуде... Көл ортасында қыздар пайда бола бастады. Қимылдары да, өздері де  ерекше әдемі еді. Олар су бетінде қалқи билеп, біресе суға сүңгіп кетіп қайта шығады да ай сәулесімен шағылыса ойнайды.

       Бір кезде бір қыз құрбыларынан бөлініп шықты да көл жағасына қарай жүзе жөнелді. Бірақ жағаға жетпей торға түскен балықтай шоршып, бұлқына бастады:

  • Көмектесіңдер! Мен торға түсіп қалдым! Құтқарыңдар!

         Қыздар билерін кілт тоқтатып, үдере жүзіп жақындады да тұрып қалды. Ешқайсысы жақындап көмектескен жоқ! Бәрі шоршып суға сүңгіп жоқ болып кетті. Әлгі қыз қинала көмекке шақыруда.

       Ақжолтай неге екенін өзі де білмей, қызға көмекке ұмтылды. Ол Дихан бабаның айтқандарын да естен шығарды. Бар ойы ана қызды тордан босату. Үстіндегі көйлегін шеше сала суға күмп берді. Жақсы жүзе алмаса да әйтеуір жетті-ау... Қыз балықшылар салған ауға оралып қалған екен. Өздігінен шыға алмасы анық. Балаға жалынышты көзбен қарап:

  •  Көмектес, адамзат! Мен су патшасы Сүлейменнің қызымын!

Бала беліндегі қанжармен ауды кесіп, қызды құтқарып алды. Қыз тордан шыға әлсіреп су жұта бастаған мұны жағаға өзі шығарды.

Қыз:

  •  Рахмет саған, адамзат баласы... Сен болмағанда аудан шыға алмас та едім. Енді сені менің әкемнің сыйы күтіп тұр. Жүр менімен...

Бала:

  •  Жо-жоқ, бармаймын. Сендер су перілері адамдарды алдап-арбап суға батырасыңдар!

Қыз (күліп):

  •  Сен, қорықпа! Мен сенің алдыңда қарыздармын... Сондықтан аман-есен жағаға өзім жеткізіп саламын, уәде беремін! Оның үстіне мен сені түсімде көргенмін...

Бала:

  •  Мені ме? Мүмкін басқа біреуді болар?!

Қыз:

  •  Жоқ, дәл сені көрдім. Ала тайыңа мініп Мыстаннан қашып келе жатқаныңды айдан-анық көргенмін...

Бала:

  •  Мыстаннан деймісің?!

Қыз:

  •  Иә, сенің алтын сақаң жоғалды емес пе?

Бала:

  •  Иә, сен оны қайдан білдің?!

Қыз:

  •  Енді менімен жүрмесең айтпаймын, (күлімсіреп) қане, сен мені құтқарғанда қорыққан жоқсың ғой, ендігің не тұрыс! Мен сені батыр жігіт пе десем...

Бала:

  •  М-м-мен... біз... Қалмен аға екеуміз Жезтырнақтан да қорыққан жоқпыз! Ал сенен, ... қыздан қорқатын мен емес!

Қыз:

  •  Онда жүр менімен... (қыз көлге түсе бастады)

        Ақжолтай қызға еріп суға ене бергенде су ашылып табалдырықтар пайда бола бастады. Аң-таң қалған бала қызбен бірге көл түбіне еркін ене бастады.

(спецэффект су асты дүниесі)

 

*                        *                      *

Көлбақа:

  •  Қуа-қуа-қуанышты хабар айтайын... Сіздің қызыңызды құтқарған адамзат баласы келіп тұр...

Су патшасы Сүлеймен:

  •  Төрлет, адамзат баласы! Сен менің қызымды тордан босатып, ажалдан аман алып қалыпсың... Сол жақсылығыңның төлемі ретінде мына сыйымды қабыл ал! Інжу-маржан, лағыл тастар... Керегіңе жаратарсың.

Ал... айта бер, қайдан келесің, қайда жол тарттың? Суда өмір сүретін бүкіл тіршілік иелері саған қызмет етуге әзір, не көмек керек?!

Бала:

  •  Қошеметіңізге рахмет, Су патшасы Сүлеймен мырза! Маған ешқандай  да інжу-маржан қажет емес... Мен жақсылық жасасам, Сізден сыйақы алу үшін емес, жүрек қалауымен жасадым...

Су патшасы:

  •  Жүрек қалауымен деймісің? Хо-хо-хо... Сен менің қызыма ғашық болып қалғаннан саумысың?

Бала:

  •  Жо-жоқ, ол не дегеніңіз...

Су патшасы:

  •  Ұялып қалды... Бетінде ұяты, жүрегінде мейірімі бар екен! Хо-хо-хо... Несі бар?! Менің қызым сұлулардың сұлуы... Ал сен енді 5-6 жылдан соң маған күйеу бала болуға жарап қалады екенсің... М-м-м, қалай?! (балаға сынай қарайды)

Қыз:

  •  Қойыңызшы әке! Жас баланы ұялтпай...

Су патшасы:

  •  Е, несі бар қызым?! Жас болса өседі... Сені өлімнен құтқарып қалды... Адамзат пен перілердің бірін-бірі ұнатып қалуы жиі болатын ертеректе...

Қызы:

  •  Әке! Бұл бала алтын сақасын жоғалтып, іздеп жүр екен...

 

Су патшасы:

  •  Алтын сақа? Сол да сөз боп па?! Көл түбіне түсіп кетсе, қазір-ақ тауып берейік. Қане... (деп жанына жетіп келген шортан балық пен жайынға қарайды)

Қызы:

  •  Жо-жоқ, әкешім... Сақасы көл түбінде емес, жер бетінде жоғалған... Оны Мыстан кемпір қорып отыр. Мен оны түсімде көргенмін...

Су патшасы:

  •  М-м-м... Мыстан деймісің?! Сол кемпірдің араласпайтын ісі жоқ екен... Оның бір ойлағаны болу керек...

Қызы:

  •  Түсімде айдан-анық көрдім. Мыстанға алтын сақа емес, мына бала керек!

Су патшасы:

  •  Өзім де солай ойлаған едім... Кәрі қақпас!!! Өткенде көліңе шомылып алайын деп сұранған соң, рұхсат бере қойған едім... бір байды тұншықтырып жалғыз баласын сұраған дей ме... (Жанындағы балықтар сыбырлап бірдеңе деуде)
  •  Қой-ей, рас па? – деп қояды.

Бала:

  •  М-м-м... Сонда қалай болғаны?! Менің әкемді көлде ешқандай да жайын тартпағаны ма?.. Онда сол байдың жалғыз баласы мен болғаным да... Әкем мені... жанынан қорқып жалмауызға беріп қойғаны ма?! Мыстан деймісің?! Сонда, ол мені Сақама барған кезде ұстап алмақшы ма?! Мүмкін емес!!! Менің әкем ешкімге де бермейді! Өзі айтқан...

Су патшасы:

  •  Е-е-е, балам... Ажал алқымнан алған кезде шыбын жан сондай тәтті болғаны да... Сен, әкеңе ренжіме, дәл сол сәтте оған да оңай болмағаны анық... Одан да Мыстаннан қалай құтылудың жолын ізде... Әттең, Жер бетіне шыға алмаймын, әйтпесе өзім ақ Жалмауыздың жанын көзіне көрсетер едім...

Бала:

  •  Көлдей көңіліңізге рахмет, Сүлеймен патша! Рұхсат етсеңіз, мен барайын...

Су патшасы:

  •  Жортқанда жолың болсын, балам! Қызым, сен шығарып сала ғой...

Қызы:

  •  Жарайды, әке... Қам жемеңіз!

        (бала қызға ереді)

Екеуі келе жатқанда бала қызға қарап:

  •  Маған мынаны айтшы... Сен торға түскенде Әкең саған неге көмекке келмеді?! Әлде барлық әкелер өз перзенттеріне соншама қатігез болғаны ма?

Қыз:

  •  Жоқ! Менің әкем Су патшасы Сүлейменге мен торға түскенде-ақ хабар жеткен. Бірақ адамдар құрған торға түскен балықтарды құтқаруға менің әкемнің құзыры жетпейді. Тіпті туған қызы болса да? Өзім құтылсам болады әрине... Бірақ мен торға шырмалып қанша әрекеттенгенмен босап шыға алмадым. Сен келмегенде расында да жағдайым қиын болар еді...

Бала:

  •  Неге? Бүкіл су асты патшалығына пәрмені жүретін әкең сені – өз қызын ажалдан арашалай алмады?!

Қыз:

  •  Мен жаңа түсіндірдім емес пе? Адамзат құрған ауға түскен әрбір балық балықшының несібесі... Ол аудан тек адамзаттың көмегімен ғана босауға болады. Жалбарынған дауысымды естіп сені маған жіберген де Жартақан ием болар? Мен енді сенің алдыңда қарыздармын. Міне, мынау мен үшін ең қимас заттарым – айна мен тарақ.

Әкемнен сый алмасаң да менен аларсың. Бұл заттар саған қауіп төнсе көмектесе алады. Қиналған кезде жерге лақтырсаң болғаны.

Бала:

  •  Ал, өзіңе керек болмай ма?

Қыз:

  •  Мен басқасын жасатып аламын... қолымды қайтарма... (басынан сипайды) әкемнің ұсынысын ұмытпа! (күлімсіреп)

Бала қызбен қоштасып көлден шықса, жағада ала тайы кісінеп күтіп тұр екен. Киімі де құп-құрғақ, қолындағы айна мен тарақты қойын қалтасына салып алды да, ала тайының маңдайынан сипап:

  •  Ал жануарым, Жаратқан ием мені Жалмауызға жем болсын деп өмірге келтірмеген болар? Тәуекел түбі – жел қайық, өтесің де кетесің! Мыстанға бару пешенеме жазылған болса, тәуекел еттім! Жезтырнақтан құтылдық – енді сол кәрі кемпірден тұтылмақпыз ба? Қалмен аға жаралы, жазылса оның өз мақсаты бар... Жезтырнақтың ұлын өлтірмей кетпейді... Сенімді серігім, өзіңсің ала тай! Қане... (секіріп мінеді.) Шу, тұлпарым!

            

              *                    *                    *

 

           Бала ала тайына мініп тау арасымен шауып бара жатқанда алыстан алып адамды көреді. Ол күңірене ыңырсып, ерсілі – қарсылы жүр екен. Бала тайымен келіп жанына тоқтайды.

  •  Армысыз, алып аға! Сізге көмек керек пе?!! Қолымнан келсе, көмектесуге әзірмін!

       Алып адам алғашында дауыстың қайдан шыққанын білмей жан-жағына қарап, тайдағы баланы көреді.

Алып:

  •  Бар бол, балақай! Мына тісі құрғыр ауырып, маза бермегеніне 3 күн болды... Тіпті ұйқыдан қалдым!

Бала:

  •  Қане, мен көрейінші...

       Алып баланы қолына отырғызып өзіне жақындатты да аузын ашып сұқ саусағымен ауырған тісін көрсетеді. Тісі қимылдап босап тұр екен.

Бала:

  •  Мен қазір...

         Ол өзімен бірге алып жүрген қыл арқанды алып, ауырған тіске тұзақ етіп мықтылап байлады. Содан соң арқанның бір ұшын жерде жатқан үлкен таудың тасына орай байлады.

Бала:

  •  Ал енді мына тасты алып алысқа лақтырыңыз!

Алып:

  •  Сонда тісімнің ауырғаны қояды ма?

Бала:

  •  Иә... Тек алысқа бар күшіңізбен лақтырыңыз!

Алып:

  •  Жарайды онда... Қазір...

      Жердегі тасты алып лақтырғанда жіпке байланған ауру тісті жұлып әкетеді. Алып тіпті байқамай да қалады.

Бала:

  •  Ал, енді анау бұлаққа аузыңызды шайып тастаңыз!

Алып еңкейіп бұлаққа аузын шайды да:

  •  Өй... тісім қойып қалды!!! Тісім қайда?! Орны бар... өзі жоқ! Уф-ф-ф, жаным кіріп қалды ғой... Рахмет саған, балақай! Мен Таусоғар деген алып боламын! Сен кімсің? Қайдан келесің?

Бала:

  •  Мен Сорқұдыққа бара жатырмын! Сонда алтын сақам қалып қойған еді...

Таусоғар:

  •  Аты жаман жерге барып қайтесің. Алтын сақаң – садақа! Одан да осы жерде қал! Қонақ болып кет!

Бала:

  •  Рахмет, Таусоғар аға! Менің сақам – Мыстанда! Қайткенде де алуым керек.

Таусоғар:

  •  Мыстан деймісің?! Ол залым кемпір сенің сақаңды қайтсін?

Бала:

  •  Білмеймін... Бірақ қайткенде де сақамды алуым керек...

Таусоғар:

  •  Онда, абай бол! Мыстан сиқыр қолданады... Мені де бір рет тасқа айналдыра жаздаған, бәлесінен аулақ!

Бала:

  •  Жарайды, Таусоғар аға, Сорқұдық алыс па бұл жерден?!

Таусоғар:

  •  Жаяу, 1 күндік жер, атпен түс ауа жетіп қаларсың... Тағы да айтам, бармай-ақ қой... Мен саған табиғаттың керемет жерлерін көрсетейін!

Бала:

  •  Жоқ, аға... қайтар жолда болмаса...

Таусоғар:

  •  Ал олай болса, жолың болсын! А-а-а, айтпақшы, менің тісім қайда кетті?! Әлде сен де сиқыр білесің бе?

 

Бала:

  •  Жо-о-оқ, сіздің тісіңіз лақтырған тасыңызбен бірге кетті... Мен арқанның бір ұшын сіздің босап тұрған тісіңізге байладым емес пе?

Таусоғар:

  •  А-а-а, солай ма? Қу бала... ха-ха-ха-ха!!!

       Таусоғар тау ішін жаңғырта күлді.

 

     *                      *                     *

 

     Сорқұдық. Айнала тұман. Байғыз үні естіледі. Ала тай құлақтарын қайшылап, үрке осқырынып қояды. Бала тайына:

  •  Ал, тұлпарым, мені тыңда... Мыстанға жақындап сақаны алуға еңкейген сәтте сен де ыңғайлан... Қалай сақаны аламын, солай алға ұмтыл! Барыңды сал, ұқтың ба?!

        Тай басын изеп түсінгендей ишарат жасады. Алыстан ескі қарағаш түбінде отырған Мыстан көрінді. Білдірмес үшін ұршық иіріп отырған сыңайлы. Жанында алтын сақа жатыр.

Бала:

  • Амансыз ба, апа! Анау алтын сақа менікі еді, әперіп жібересіз бе?

Мыстан:

  •  Ә-ә-ә, келдің бе, сақаңа?! Сақа сенікі болса ал, мен қартайғаннан тұрсам отыра алмаймын, отырсам тұра алмаймын балам. Атыңнан түс те өзің ала ғой...

Бала:

  •  Апа мен де тайымнан түсе алмаймын, түссем міне алмаймын... Анау жатқан таяқты беріп жіберсеңіз сақамды іліп ала қояр едім...

Мыстан:

  •  А-а, қайдағы таяқ, қане?!

        Мыстан таяқты іздеп артына қарай бергенде тай сәл аяғын бүге қойды, сол сәтте бала сақаны еңкейіп іліп алды.

Бала:

  •  «Шу, жануар!» – дегенде тай суырылып алға атыла жөнелді.

Мыстан:

  •  Қап, мына қу бала мені алдап соқты-ау... Қазір мен саған көрсетейін!!! – деп қуа жөнеледі.

 

                               *                    *                     *

 

         Мыстан қуып келеді, бала жеткізер емес. Ашулы Мыстан жылдамдығын тағы да күшейтіп жетуге таяп қалғанда бала суперісі берген айнаны лақтырады. Айна көлге айналады. Мыстан біраз жерге дейін көл бетімен жүгіріп барады да, суға тұншығып бата жаздайды. Судан әрең дегенде шығып, көлді айнала беріп, қайта қуады.

        Тағы да жақындап қалғанда бала тарақты лақтырады. Тарақ түскен жерде қалың шеңгел тікенектер пайда болады. Мыстан өте алмай қалады. Бірақ бала жарға тіреліп қайта ат басын бұрады. Сол кезде Мыстан шеңгелді өртейді. Қара түтінге қақалып қарқылдай күлген Мыстан:

  •  Лаула от!

   Алауыңмен алып түс!

   Жалыныңмен қарып түс!

     Бірақ баланы ала тайы от арасынан аман алып шығады. Мыстанның жанынан шауып өте шығады.

Мыстан:

  •  Қап, мына жүгермек баланы-ай, ә?! Отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтынның нағыз өзі болды-ау!

       Бала ала тайымен тауды бетке алып шабады. Мыстан да қалмай, қуып келеді. Бала екі үлкен жартастың арасынан өткенде Таусоғар шығып, таудың тастарымен өткелді бекітіп тастайды. Бірақ Мыстан тау тастармен секіріп-секіріп өтіп кетеді. Ашуланған ол мойнындағы моншақты үзіп тайға қарай лақтырады. Моншақ айналып барып тайдың артқы аяғына оралады. Ала тай шалына құлайды. Бала ат үстінен аунай құлап тұрады да алдындағы биік ағашқа өрмелей төбесіне шығып кетеді. Мыстан жетемін дегенше ағаштың басына шығып, төменге қорқа қарап отырады.

Мыстан:

  •  Аһа-а!!! Ал енді қайда қашар екенсің?! Менен әлі ешкім құтыла қоймаған... Қане, түс, жаныңның барында!

Бала:

  •  Түспеймін! Түссем... жеп қоясыз!

Мыстан:

  •  Егер де қазір түспесең... мына ағашты шауып түсіремін!

Бала:

  •  Сіздің... балтаңыз жоқ қой...

Мыстан:

  •  Сен бала мені мазақ етейін дедің ба? Қазір...

        Ол бір тісін ырғап жұлып алды да жерге тастады. Тіс балтаға айналды. Мұны көрген бала одан бетер қорқады.

Тал басында отырған қарғаға қарап:

  •  Қарға, қарға – қарғалар, қар үстінде жорғалар... Ауылдағы әкеме, менен сәлем айта бар! Балаңа қауіп төнді де! Әкем енді келмесе, үміт оты сөнді де...

Қарға:

  •  Қар-р-р!!! Қар-р-р!!! Қажет болса өзің бар-р-р!!!

Қарға ұшып кетеді.

Мыстан балтамен ағаш түбін шаба бастайды. Мыстан балтамен біраз шауып, шаршап отыра кетеді.

  •  Уф-ф-ф! Жаным-ай... Әлім құрып кетті-ау...

Осы кезде бір түлкі пайда болады.

  •  Апа, әкеліңіз мен шаба тұрайын...

Мыстан:

  •  Жоғал әрі, қу түлкі, сен неге ағаш шапқыш бола қалдың?

Түлкі жыламсырап:

  •  Адамдарды жек көремін! Менің мына тоныма қызығып, қақпан қояды, қыран салады... тіпті тазылармен қуып талатады...

        Осы баланың әкесі де аңға шығып менің біраз туыстарымның түбіне жеткен! Кегім бар, бұл балада...

Мыстан:

  •  Ә-ә-ә, солай де! Онда мен мызғып алайын, сен шаба бер! Байқа, үстімізге ағаш құлап кетпесін!

Мыстан ұйықтай салысымен, түлкі балаға:

  •  Әй, бала! Есіңде ме мені қақпаннан құтқарғаның?

Бала:

  •  Иә, есімде, Түлкіжан!

Түлкі:

  •  Жақсылыққа-жақсылық! Сау боп тұр!

Балтаны суға лақтырып жібереді.

Бала:

  •  Әке-е-е!!! Қайдасың!!! Жалғыз балаң Жалмауызға жем болмақшы... (жылап жібереді)

      *                        *                        *

Әкесі ұйқысынан шошып оянады. Маңдайынан шып-шып тер ағып тұр екен.

Бай:

  •  Балам!!! Кешір мені... сормаңдай әкеңді... Неге ғана өзім өліп кетпедім... Бәйбіше!!!

Бәйбіше кіреді:

  •  Не боп қалды, отағасы?! Түріңіз бұзылып кетіпті ғой...

Бай:

  •  Әлгі... Қалменнен хабар жоқ па?

Бәйбіше:

  •  Жоқ әлі... Жалғызым аман болса болар еді... (көз жасын сүртеді)

Бай:

  •  Жігіттерге айт, қамдансын! Жолға шығамыз. Мен мұнан артық күте алмаймын!

 

           *                    *                     *

 

Осы кезде бәйтеректің басындағы бала қарлығашты көріп қалады.

Бала:

  • Қарлығашым, қанаттары талдырмашым

Әкеме сәлем атта бар!

Басыма қатер төніп тұр, үміт оты сөніп тұр!

Қарлығашым, талдырмашым!

Ауылға қарай самғашы, үмітімді жалғашы!

Қарлығаш ұшып кетеді.

         Жалмауыз ұйқысынан тұрса түлкі де жоқ, балта да жоқ. Алданғанын сезген Мыстан тағы бір тісін жұлып алып балтаға айналдырады да, бәйтеректі шаба бастайды...

 

*                        *                      *

 

        Бай жігіттерімен аттарына қамшы басып шауып келеді. Араларында Қалмен де бар. Бес-алты алып төбеттерін ертіп алған. Олардың алдында Қарлығаш ұшып келеді.

 

                                              *                             *                       *

 

Мыстан балтасымен екілене шабуда.

Мыстан:      

  •  Мә, саған! Бәрібір қолыма түсерсің, бала...

Бала алыстан будақтаған шаң көреді.

Бала:

  •  Аттылы адамдар!!! Бұл менің әкем! Қарлығаш хабар берген екен ғой! Ей, Мыстан! Әкем келеді! Әкем!

Мыстан:

  •  Әкең сені қайтсін?! Жанынан қорқып баласын өлімге қиған әкеден қайран күтпе!!!

Бала:

  •  Әке, қарасаңшы! Тезірек қашып құтылмасаң, менің төбеттерім сені ту-талақай етеді!

Мыстан:

  •  Не дейді, тағы?! Төбеттер деймісің?! Қайда, қане?!

      Осы кезде иттердің үрген даусы да естіледі. Мыстан балтасын тастай сала қаша жөнеледі. Иттер артынан қуып кетеді. Бала бәйтеректен түсіп әкесін құшақтай алады.

Әкесі:

  •  Балам!!! Жалғызым!!! Кешір мені, балам, кешіре гөр, әкеңді!

Бала:

  •  Әке, мен Сізді жақсы көремін!!!

 

 

(соңы)

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған