Адам қарады: 47 | Жарияланды: 2019-07-18 06:09:35

Карта

   Еуропалық пішіндегі сәулетті үйдегі сырлы үстел басында алты адам карта ойнап отыр. Мыңдаған жұлдызды самсатып қойғандай люстралары самаладай жарқыраған кең бөлме. Жарқ-жұрт еткен  қызылды-жасылды дүние. Қабырғадағы көзді арбаған сылқым бикештердің нәпсіні қоздырар құпия жымиысы... Төрде көненің көзіндей болған «маузер» мылтығы.  

    Желдеткіштен таңғы самал соқты. Ішке кірген жазғы саф ауаны шылымның күлімсі иісі сауапты жойған күнәлардай тегіс жұтып қойған. Табан ақы, маңдай терімен тапқанын түгелдей құмар ойынға салып, салы суға кеткендер жекпе-жекке шыққан қос шеберге көздерін сатып, ортада қобырап жатқан ақшаға телміре қарайды.

- Жүз мың, - деді Ермек, алтын тістерін ақсита жымиып қойды. Өзіне тым сенімді кейіппен бір бума ақшаны ортаға тастай салды. Ақшам жамырарда карта ойынына кіріскен Бейқұт бар ақшасынан ұтылса да, сабырынан сыр суыртпақтай алмайсың. «Менде ақша таусылғанын біліп, әдейі ставканы көтеріп отыр» деп ойлады ол. Жанқалтасынан домалақ пішінді алтынның үшеуін алып, ортаға дөңгелетіп жіберді.  Ермектің көзі алақандай болды.

- Бұл – раритет! Қара нарықта құны әлдеқайда жоғары, - деді Бейқұт маңғаздана.

- Оппа! – Ермек сырты тазаланып, жаңа соғылып шыққандай жалтыраған сары теңгені ұстап, тістеп көрді. «Алтын». Басын шайқап, көлеңке көмкерген ойсыз көздерінде жымысқы жымиыс пайда болды.

- Бұл сенде қайдан жүр?

-  Ол – ұзақ әңгіме. Ставканы көтересің бе?

«Мынаның қалтасы алтын тиынға толып тұрған шығар».

- Ашам, - деді Ермек. Манадан бері бір көзін жұмып, күректей қолының уысында сығымдай ұстаған үш картаны ортаға тастай берді. «Үш дама».

- Үш қатын қайын атасының алдында сәлем берсін, - деп Бейқұт үш корольді алдына тастай берді. «Қалай? Қалайша? Жаңа Серіктің картасын көргенде екі король көрген сияқты едім ғой. Ал, Бөкеңде екі тұз – танкі болған». Ермек өз көзіне өзі сенбегендей жерде жатқан карталарды көтеріп, адалап шықты. Бейқұт алтын теңгелерді төс қалтасына сүңгітіп, бір бума ақшаны уыстай ұстап, былғарыдан жасалған кішкене сөмкеге сүңгіте салды. Ермек бар ақшасынан ұтылғанына сене алмай, «Мүмкін емес... мүмкін емес.. Сиқыр...  Көзімді арбады» деді өзіне күбірлеп, басын шайқады.

- Жақсы, мен кеттім! – деп Бейқұт орнынан тұрды.

- Тоқта! Қайда барасың?! Тағы ойнаймыз? Көнге осы үйді тігем.

- Ермек, таң атты! Карта ойнағың келсе, кешке дейін осы үйіңді сатып, ақша алып кел. Маған жарға соғылған үйің керек емес.

  Ермектің тілі байланды. Түнімен карта ойнап, қалтасы қағылғандар есінеп, орындарынан тұрды. Бәрі сыртқа шығып бара жатты.

- Бейқұт, тоқтай тұршы! -  Ермек есін тез жиып алды. Бар жиған-тергенінен айырылып, бейшара күйге түскен мүсәпірге жеңімпаз көзінің қиығымен қарады.  

- Алтын теңгелер... Менің Еуропаға жеткізетін адамдарым бар. Қаласаң, көзіңше телефон соғайын.

  Бейқұт салы суға кетіп бара жатқан Ермекке қарап, мырс етіп күліп жіберді.  

- Тамыр-таныс менде де жетеді, - деп өтірікті құлағына қыстырып жіберді.  

- Қаласаң, бірге жұмыс істейік!  Менде адамдар, техника, бәрі бар. Жер тұрмақ, тау қопарамыз, - деп жанына жетіп келген. Ермек көздерін бақырайтып, сұқ саусағын жоғары шошайтты.  

- Алтын шыққан жерді айтатын ақымақты күндіз қолына шам алып іздесең деп таппассың, - деп мырс етіп күлді Бейқұт. – Кешке телефон соғарсың.  

- Біз дос емеспіз бе? Бейқұт, менде басқа ұсыныс бар. Сенде ақша бар, білдей бизнесменсің. Әкім боласың ба?

- Әкім! – Бейқұт кілт тоқтап, бір сәт ойланып қалды.

- Иә, иә, әкім, - деді Ермек көзден ғайып болып бара жатқан байлығын бөгей тұрғанына қуанып. – Мен саған көмектесе алам. Әрине, тегін емес. Мықты танысым бар, ертең-ақ креслода шалқайып, шырт-шырт түкіріп отырасың.

- Өзің неге әкім болмайсың?

- Бейқұт, мен бывший зек емеспін бе? Мені кім әкім қойсын. Ал, сен... сенің орның бөлек.

   Жеңімпаз ойланып қалды.

* * *

    Алтай мен Атырау, Арқа мен Жетісу арасын жалғап жатқан қазақтын иен даласысынан жусан иісі аңқып өтті. Франциядан келген шетелдік осынау ғаламат мұрын жарған хош иістің жұпарына қана алмай, ұзақ тамсанып тұрды. Қазақтардың осынау кең-байтақ өлкені ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғаған баһадүр жұрт жөнінде еміс-еміс естіген. Ат үстінде ойнақ салған көшпендер өркениетінің әр бұйымы, басқан ізі қызық. Жанқиярлық ерлікпен ұлан-байтақ жерді аман алып қалған скифтер өркениетіне терең бойламақ ойы бартұғын. Шашыратқының қышқылтым иісі де таңсық көрініп, әр бұта, өрнекті өскінді аялай сипап тұрды. Көкте жарқыраған шұғылалы күн далада жайқала өскен қызыл-сары қызғалдақтарды құлпырта түсіп, жанға жайлы самал тербейді. Жат жерліктің есіне келген шаруасы түсіп, кішкене қалақшасын алып, жер қаза бастады.

   Маңғыстаудың маң даласы тітіркеніп жатыр... Көктемде күн жылынып, жераяғы кеңіген соң Үстірт үстінде, шың жиектерінде орыстар көзге шалынды. Көрші елдің заңы қара ниетті археологтарға тізесін батырған соң бәрі бері ауып келген. Кең даланы кеулеу соғып, қолдарына күрек-қайласын алып, жерді жүнше түтті. Шерқала тауын шыр айналдыра қазып, Есекеннің ойындағы үйікті үш-төрт құлаш қылып, қопара үңгіді.     

   ... Әрбір бұта мен жусанның тарихы, балбал тасқа бәдізделген бабалар ізі сайрап жатыр. Елсіз жатқан далада жаяулатқан бейтаныс адамдарды көріп, жақын маңдағы ауыл адамдары таң қалысты.  Ауа-райының құбылмалығына қарамай, жер түрткілейді. Иісшіл иттей Алатаудың өн бойын тіміскілеп, қара жердің қойны-қонышын ақтарды. Қуандықтың жанындағы екі серігі егесіз қалған тарихи ескерткіштер мен үйінділерге сүңгіп, жыра-жықпылды қаққыштап, қазына іздеп жүр. Қолдарында темір іздейтін бір-бір құрылғы. Осынау бетегелі сайын даланың төсіне жол талғамайтын көлікпен жеткен. Көп ұзамай құпия қазынаның беті аршылып, қымбат металдар, асыл тастан жасалған зергерлік бұйымдар, алтын, күміс теңгелер қойны-қалтасына тыққыштап, езулеріне күлкі үйірілді.

    Қазына іздеп дәніккендер сирек кездесетін жәдігерлерді жеке коллекционерлерге, көненің көзін әспеттеген мекемелерге телефон шалып, тапқан олжасын өткізеді. Құйқалы жер қойнын ақтарғандар геомагниттік сканер арқылы қорғандар мен қалашықтардың құрылым сырына қанық болып,  көріпкелдерше қазына жатқан орынды тап басып, дәл үстінен топ ете түсетінін қайтерсіз. «Қара археологтар» қажетті затты табу үшін бүкіл қорғанды қазып арамтер болмайды. Құзырлы орган өкілдері жер тіміскілеп жүргендерге ләм-мим дей алмайды. Археологиялық барлау жүргізуге арнайы рұқсаты бар, құжаты да сақадай-сай.

- Кәке, бұл қазып алған қазынаны қайда өткіземіз? – деді топқа жаңа қосылған жас археолог. Ауылда жұмыс болмаған соң бала-шаға нәпақа тапқысы келіп, күн астында күнсіп, күрек ұстап жүр.  

    Қуандық мырс етіп күлді. Тотыққан жүзінен күнге шағылысып тамшы-тер жылтырайды. Басындағы топырақ сіңді ақ шүперек торғын түске енген.

- Қайда өткізуші едік? Мемлекеттің өзіне өткіземіз, - деп қарқылдай күлді.

- Қалай сонда? – деп таң қалды анау аузы ашылып.

- Мұражайда тарихи-мәдени  ескерткіштерді сатып алатын бөлім бар емес пе?  

- А-а, солай ма? Ал, алтын, күміс теңгелерді ше?

- О, оны шетелге жібереміз.

    Қуандықтың есіне  бір кездері бірге археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген бір танысы түсті. Сол Тәкен етжеңді, мінезі қызбалау болатын. Ол ескі досының қазақ елінің қазынасын саудаға салғанына налитын. Бірде жаға жыртысуға дейін барып қалған.

- Әй, сен қазақ жерін түгел қопарып біттің ғой, енді ол жерге егін егу ғана қалды, - деп  шамырқанған.

- Біле білсең, жер қопарушының алғашқысы да, соңғысы да мен емес, - деп Қуандық екілене түсті.

- Мықты болсаң І Петр кезінде орыс-қазақстардың тонаушылары қазақ жеріндегі алып кеткен қазба байлықтарды қайтарып ал! Мына менің туған өлкем Шығыстан Эрмитажға қаншама жәдігер жеткізілгенін білесің бе? Екі жарым миллионнан астам... Біздікі қалған құтқан бірдеме. Соны даулап, өй, сенде бір...

- Немене?! Отарлаушы ел көненің көзіндей болған тарихи жәдігерлерді тасыды екен деп, сен де жер түтпектемекпісің?! Әй, бұл сенің ата-бабаңнан қалған қазба байлық емес пе? Көзін қиып, қалай шетел асырасың?

- Маған не қыл дейсің?! Заман солай. Біз де өзгердік. Тоқ үкімет аш халықпен ойнамайды.       

- Пәлсәпаңның түрін! Сенде намыс жоқ, білдің бе?! Мен үшін сен не, жер шұқыған шетелдік не, бәрібір, - деп ашуға булығып, қолын сілтеп кеткен. Сонда Қуандық алтын ұстап жүріп, аш жүрген ақылгөйдің сөзін түсіне алмады.

  Күн екінтіге құлаған екен. Жерді қаракөлекелеу қылып, қазбауыр бұлттар ауа жайыла бастады. Күннің жылы лебізін жеткізгендей майда қоңыр жел бетті қытықтайды.

- Жігіттер, күн батқанша істі бітірейік, күн бұлттанып келеді, - деді Қуандық. Серіктері асай-мүйін жинап, бар қазынаны қапқа сала бастады.        

* * *

   Үш қабатты зәулім үйдің алдында халықтың көз жасы төгілген қаражатқа жасалған есік пен төрдей бассейн. Алаңқайда атшаптырым гольф алаңы көзге шалынды. Еденіне мәрмәр тас төселген холлдағы былғары диван үстінде үш адам отыр.    

- Бердал ағаңмен танысып қой, бұл мықты картожник, - деп Ермек мақтаған адамына көзін қысып қойды.

- Қанша жыл карта ойнап жүрсем де, сіз туралы естімеппін, - деді Бейқұт жайбарақат. Қолын елеусіз алға созып, бейтаныстың күректің басындай алақанын қысты.  

- Беке, бұл кісі  анау-мынаумен ойнай бермейді.  Қайта сенің жолың болды. Бридж, Преферанс, Вист, Кинг дейсің бе, бәрін «шашады». Мүмкін, Покер немесе Блэкжек ойнарсыңдар?

- Ереке, Сена мен Бура, Макао мен Фараон ойна десең де, ойнаймыз, тек  құлаққа тыныштық берші, - деді Байқұт.

- Болды, болды, балық боламын, - деп Ермек аузын жауып, көздерін жыпылықтатты.

- Қалай, ставканы көтереміз бе? – деді аудан әкімнің адамы маңғаздана сағатына қарап қойды. – Мен әлі болашақ депуттармен ойнауым керек! 

- Көтерейік,  - деді Бейқұт Бенжамин Франклиннің басы бар бес жапырақ қағазды садақа бергендей ортаға тастай салды.

   Бердал әккі картожникті алдағысы келіп, қулыққа көшті. Картаны Бейқұтқа итертіп, артқа сырғыған картаның үстіне кішкентай бөбек саусағын білдірмей баса қойып, қақ жарылған колоданы көз ілеспес жылдамдықпен сыналай ашып, төңкеріп жіберді де, мұрты бұзылмаған күйге келтірген. Осының бәрін жіті бақылап, бүркітше шолып отырған Бейқұт сыр білдірмей, марғау есінеп қойды. Сол сәтте қырғи көз Бердалдың мағынасыз, ойсыз жанарына бір сәт күн сәулесі түскендей жарқ етті. Әкім болудан дәмелі жігіт картаны көрмей-ақ өзінде үш король бар екенін білді. Сезік алдырмас үшін үшем картаны қолына сығымдай ұстап, аң көздеген мергенше бір көзін қысып, алғашқы картаны көрді. «Корол». «Қайын аталарын жібермей, қара қатындарды тізіп берсе де болар еді» деп ойлады Бейқұт. Үшем картаны көмбеге лақтыра салды. Жаңа ғана ойынның көркін қыздырмақ болған Бердалдың қуанышы су сепкендей басылды.

- Өй, ойнамадың ба? – Ауызына түскені осы болды.

- Ойнайық. Құдайға шүкір, зығыр мен мақта жетеді, - деді Бейқұт. Қарсыласы «Мынау не деп кетті? Егістік жері бар біреу ме?» деп ойлап үлгенше:

- Доллар – зығыр мен мақтадан жасалады ғой, - деді Бейқұт. Анау болса, «А, солай ма еді?»  дегендей, басын шайқады.  Сөзден ұтылғысы келмей, мұқатқысы келіп:

- Құдайға шүкір дейсің бе? Сен өзі құдайға сенесің бе? – деп мырс етіп күлді.

- Мә, мына долларға қарашы, не деп жазылған? – деп Бейқұт қолына 100 долларды ұстатты.

- THE UNITED STATES OF AMERICA.

- Төменгі жағын оқы.

- INGOD WE TAUST    

- Дәл өзі. Бұл сөз қандай мағына беретінін білесің бе?

- Жоқ, мен мектепте немісше оқығанмын, - деді Бердал жақтырмай, қырын қарады.  

- «Біз құдайға сенеміз» деп жазылған. Бұл көк қағаздың жер бетін шарлап жүргенін білесің.

     Бердал әкім болғысы келген мына жігіттің пәлсапаға толы сөздерін естігісі келмей, иығын қиқаң еткізді. Тезірек ойынды бітіріп, шаруаны аяқтағысы келді. Бірақ мына картожник неме, бар ақшасын сыпырып, қу тақырға отырғызып кетпекші. «Мынау сөзден де, картадан да жеңілмейтін қызылкөз пәленің өзі екен?». Жанына Ермекті шақырып, құлағына сыбырлап:

- Мынау өзі әкім болғысы келетін бала ма? – деп дүңк еткізді. Ермек түсіндім дегендей басын изеп, досының жанына келді:

- Тезірек ойыңды бітір! - деді аян берген аруақтай күбірлеп. Әкім болуға дәмелі жан тайталасқа түскен серіктесінің соңғы тиынына дейін сыпырып алып, қайта ұтыла бастады. Бейқұт бес мың доллар ұтылғанда кеуде кере тыныс алды. Бердал «мына жігітің сараң екен, менің үлесім қайда?» дегендей, Ермекке сұқтана қарай берді. Бейқұт тағы бес жүз доллар ұтылғанда делдалдың қабағы жазылып, ұтқан ақшаны кейске салып, орнынан тұрды.

- Ал, жігіттер! Жолдарың болды, - деп ыржия күліп, сыртқа шығып кетті.

- Өмірімде бірінші рет мұндай көп ақша ұтылдым, - деді Бейқұт ақшасы көз алдында қолды болып кеткен адамдай өкініп.

- Жоқ, сен ұтылған жоқсың, қайта ұттың! Кәне, достым, құттықтап қояйын, сен бүгіннен бастап әкімсің!

- Әкім болдың дейсің бе?

- Әкім болғанда қандай! Сен енді Жуасел ауылдық округінің білдей бір әкімісің, - деп арқасынан қолпаштап қағып қойды.

- Әкім.. Мен әкім боламын ба? Әкім болу соншалықты оңай деп ойламаппын, - деді іштей.

* * *

    Орта бойлы, ат жақты, төртпақ денелі Бейқұт жас күнінен тағдырдың тезіне ұрынған. Жанары үнемі мұңды болатын. Төрттен жаңа асқанда әке-шешесі ажырасып, әкенің қатулы қабағын көрмей өсті. Шешесі басқа біреудің етегінен ұстағанда өкіл әкесін қабылдай қоймаған. Көпқабатты үйде тұрды. Бала Бейқұт төрт қабырғадан зерігіп, көшедегі қаңғыбастарға ілесіп, күл-қоқыс теретін орынға барып, дөңгелегі түскен ойыншық көліктермен ойнайтын. Даладан тауып алған олжасын үйге әкелгені үшін өкіл әкесінен талай таяқ жеді. Өзі құралпас балалармен көп араласа бермейтін бұйығы болып өсті.  Шешесі мұны нағашы атасы  - Керімбайға табыстаған.

    Қария картаға құмар еді. Ауылдың картожниктерін түгел жиып алып, кемпіріне етті бұрқыратып астыртып қойып, таң атқанша карта ойнайтын. Бейқұт карта ойнаушылардың өнерін таң атқанша қызықтап, түннің бір уағына дейін отыратын. Ойыншылар карталар тең түскен сәтте ортадағы мөлдір банкіге де, баланың қалтасына да ақша салып қоятын. Өсе келе Бейқұт карта ойыншыларының қатарын толықтырды. Мектеп бітірер жылы шал мен кемпір ақылдасып, бір ірі қараны сатты да, баланы оқуға түсірмек болды. Мектепте орташа оқыған Бейқұттың ұлттық біріңғай тестілеуден алған балы мәз болмай, екінің бірі бара бермейтін археология мамандығын таңдады. Сәттілік жолдас болып, тегін оқыды. Оқуға түскеніне өзі де, шал мен кемпір де қуанды. Төрт жылда археологиялық экспедицияларға қатысып, Қазақстан жерін мекендеген көне халықтардың тілін меңгерді.

    Экспедиция мүшелері ыстыққа шыдамай, бәрі тарап кеткенде, досы Қуандық екеуі жер шұқылауын жалғастыра берген. Күніне бір-бір жарым литр су ғана берілетін. Адам төзгісіз ыстықта, қолайсыз жағдайда тынымсыз еңбек етті. Экспедиция қатарын толықтырған шетелдіктер мұндай азапқа шыдамай, тарап кетті.

  Бірде Бейқұт археологиялық қазба жұмыстары кезінде бір ғажап қазынаға тап болды. Жалма-жан тапқан олжасын қайта көмген. Қас қарайған сәтте досы екеуі ойыққа қайта келіп, қазынаны қазып алды. Үлкен қыш құмыраның ішінен мыс, күміс, алтын теңгелер шықты. Біраз қара бақырларды антиквариат дүкеніне өткізіп, ақшаға кенелді. Қуандық компьютер орталығын ашса, Бейқұт ескі әдетінен арыла алмай, картаға салып жіберді. Бірде ұтты, бірде ұтылды. Міне, енді креслода шалқайып әкім болып отыр. Түймені басып, хатшы қызды шақырды.

- Бейқұт Көпжасарұлы, сізге бір кісі келіп тұр.

- Кірсін, - деді маңыздана сөйлеп.

  Есіктен кіре сәлем берген археолог досы Қуандық екен. Келе сала досын қапсырай құшақтап, құттықтап, арқасынан қағып қойды.  

- Құтты болсын, досым!

- Төрлет, не қалайсың? Шәй, кофе...

- Ештеңе керек емес. Міне, саған Ремезовтың «Сібір картасын», «Рыковтың «Орынбор топографиясын» алып келдім.  Ескі кәсіпті ұмытпаған шығарсың? – деп қулана жымиды.

- «Алтын шыққан жерді белден қаз» деген, қалайша ұмытамыз? – деп көзін қысып қойды Бейқұт. – Байқаймын, күрегіңді ала келген сияқтысың ғой.  

- Күрек - біздің тамағымыз ғой. Саған келген себебім мынау: отты сөндірмей ұстай білген Қаратаудың алғашқы тұрғындарының аршылмаған тұрағын таптым.  

- Тастан жасалған дүниені қайда өткізбекшісің? Бізге алтын керек, алтын... Маған десең Шарын өзені аңғарындағы «Ақтоғай» ескерткішінің маңын қайта қопар, «Алтын адам» шыққан Есік қаласын қайта қаз.

- Сен өзі қай жерге әкім болғаныңды білемісің? Сен тұп-тура алтынның үстінде отырсың.

  Бейқұт расында алтын тақта отырғандай аяғының астына қарап, көздері бақырайып кетті.

- Әлі түсінбедің бе? Осы округтің орнында бұрын қалашық болған. Менің қолымда Қазақстанның ежелгі археологиялық картасы бар. Егер алтын, күміс тапсақ, байлыққа белшеден батамыз. Сен ауылдың арғы бетіндегі жерді түгел ал. Ел егін егіп, мал жайып жүрсе де тартып ал. «Бұл жер – мемлекет қорғауына алынған. Археологиялық қазба жұмыстары жүргізіледі» дей сал. Бітті! Қалған шаруаны өзім қатырам. Алтын, күмісті теңдей бөліп, Еуропаға, Америкаға жөнелтеміз. Ол жақтың коллекционерлері алтын, күміс теңгелерді көрсе, жанын беруге әзір.

 Бейқұт жымыңдап, досының қолын қысып қойды.

 

     Археологтар ауылдан он-он бес шақырым жерде қазба жұмыстарын жүргізіп кетті.  Қуандық досы екеуі құл базардан адам жалдап, үйіндіні қолмен қаздырды.

- Болды, енді бізге ешкімнің керегі жоқ, - деді жертөлеге жақындаған кезде. Жанына сенімді екі серігін ертіп, металл іздегіш құралдармен жерді тінте бастады. Арада үш күн өткенде қуанышты хабар жетті. Қалашықтағы бір ауқатты, нумизмат шонжардың үйіндегі пеш түбіндегі құмырадан түрлі теңгелер табылды. Қазынаны көлікке тиеп, әкімнің гаражына әкелген. Бұл кезде ақшам жамыраған еді. Жарық жарқ еткенде Бейқұттың екі көзі жайнап кетті.

- Байлық деп осының айт, - деді Қуандық теңгелерді қос қолымен көсіп, төбесінен табанына дейін саудырата бастады. – Міне, мынаған қарашы, Таразда құйылған. «Түркеш қағанаты теңгесі», «Түркінің көк қанының теңгелері» деген жазулары бар.

- Бұл  - сенсация ғой. Түркеш хандары теңгелердің төрт түрін соққан ғой.  Монеталар қаған ордасы орналасқан Суяб және Тараз қалаларында шығарылған, – деді Бейқұт монетаны қолымен салмақтап.

- Сен әкім болсаң да, соғды жазуын ұмытпапсың, - деп кеңкілдеп күлді Қуандық. -  Айтпақшы, жақында бар археолог досымнан ақ ғұндардың бір беті пехвели, екінші бетінде эфталит, көне руна жазуы бар теңгелерді сатып алдым.  Оны шетелге қаншаға сатуға болады деп ойлайсың?

- Ғұндардың теңгесін сатпа, ол сирек жәдігер. Мен саған оның орнына Ұлы жібек жолында кең таралған қытайдың ушуциянь монетасын берейін.

- Маған бәрібір. Менің ата-бабаларым тұрмақ, әкемнің аты жазылса да сатып жіберем. Маған ақша керек. Алматыдан пәтер алып, бала-шағамды асырауым керек. Мен шаң-тозаң болып, күн астында күпсіп, бет-ауызым тотығып жер шұқылап қазған олжамды мұражайға өткізіп қоя алмаймын. Қайта ол монеталар шетелдіктердің қолында болса, жақсы сақталады.  

    Екеуі құш құмырадағы теңгені еденге салдыратып, төге салды.

- Мә, мында қола теңгелер де бар екен, - деп Қуандық алақанын ысқылады. Құмырадан Сырдарияның бойында өмір сүрген тайпалар қолданған, Қаранид, Саманид фельстері, күміс динарлар, тіпті мысы көп «қара дихремдер» де шықты. Әкімнің сарайында теңгелер сыңғырлап жатты. Термез дихремдерінің бет жағында садақ пен жайдың стилденген бейнесі, төрт жағында сұлтанның титуалуары «Ұлы сұлтан, бейбітшілік пен сенімнің шыңы» деп жазылыпты.

   Бейқұт екі шаршымен жасалған жарты картушта кәлиманы көзі шалды.  Жүрегі селт етті. «Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі».

- Бейқұт, мынаны қара, бізге керегі де осы.  Алтын динарлар. Мынау Отырарда, мына біреуі Бұқара мен Ходжентте соғылған. 1251 жылы Мегиз хан алтын динарлармен салық төлеткені қандай жақсы болған, - деді Қуандық қуанышы қойнына сыймай.

- Қай жерінен көріп тұрсың?

- Аверсті қарасаңшы. Жазулар мен аңыздар бар.

- Қуандық, Отырарда ішкі айналымға арналған мыс теңгелер, халықаралық саудада қолданылған күміс теңгелерді қарамайсың ба? Олжа ма, олжа! Мына мыс теңгелерге хандардың есімі жазылыпты.

   Құмыраның ішінен қара бақырлар да сыңғырлап түсті.  

- Мына темір теңге кімге керек? – деп Қуандық шетке ысыра беріп еді,

- Әкел бері, – деді Бейқұт. Шаң басқан теңгенің бетін шүберекпен сүртті. - Мынау Сығанақта жасалған ғой. «Әділ сұлтан – Мүбәрак қожа. Тәңірім оның билік дәуірін ұзақ еткей»  деген жазуды оқыды.  – Жоқ, бұл қара бақыр емес, мен мұны кемінде күміс теңгенің құнымен саудалаймын.

  Қуандық маған бәрібір дегендей алтын-күміске тоймағандай қол қолымен күреп, теңгелерді сапыра берді. 

* * *

     Бұл кезде қазақ даласынан қазып алынған алтын, күміс Ресей арқылы Еуропаға, теңіз арқылы Америкаға жетті. Бейқұт өте көнерген алтын-күміс теңгелерді, нумизматтардың ықыласын аудара қоймайтын алтын-күміс бұйымдарды қайта балқытып, саф күйінде қара нарыққа саудаға шығарды.

  Венгрияда нумизматиканы сүйікті ісі болған бір ауқатты қыпшақ көне монеталар жинаумен айналысты. Ресми аукциондарда сатылатын ғана емес, қара нарықтағы тиын-теңгелерді алып, коллекциясын толықтыратын. Бір күні өзіне жасырын монета сатушы Кларк есімді шатаның келе қалғаны.

- Мадияр, бүгін сіз үшін ғажап күн болайын деп тұр, - деп бастады әңгімесін. Көңілді жымиып қойды.  

- Кларк,  сенің маған әкелетін тиындарының керегі жоқ, менде бәрі бар.

- Бәрі бар дейсіз бе? Дәл мына ғажайып монеталар сізде жоқ екеніне бәс тіге алам.

- Жұмбақтамай, не әкелгеніңді көрсет! Уақытты зая кетірме.

- Азиялық ғаламат теңгелер. Жүздеген жыл өтсе де, түнде ғана соғылған секілді жақсы сақталған.   

- Сен қайта балқытып әкелмесең, қалайша бүтін болады.

- Алғыңыз келмесе, алмай-ақ қойыңыз. Джон бұл ғажап монаталар үшін маған қыруар ақша төлері анық. Ескі көз деп сізге бірінші әкелсем... Өкініп қалмаспын дегенмін...

- Жарайды, бері әкел, көрелік.

  Кларк сырылып кетпесін дегендей беті айналадай жалтыраған үстелдің үстіне алтын-күміс теңгелерді бір-бірлеп шығара бастады. Барлығы отыз үш екен. Он тоғызы алтын, қалғаны күміс.

   Мадияр түркеш қағанының теңгесін қолына ұстап еді, жүрегі елжіреп, көздері жасаурап сала берді. Әккі саудагер монеталардың сатып алушыға ұнап қалғанын бет-әлпетінен біліп қойып, қулана жымиған жанарында жарқыл пайда болды.

- Бұл теңгелер сізді қызықтыруы тиіс. Сіз де көшпендінің ұрпағы емессіз бе?

- Бәрін алып келдің бе?

- Әзірге бары осы. Тапсырыс берсеңіз, тағы табылып қалар.

   «Тапсырыс берсеңіз» деген сөзге Мадияр мырс етіп күліп жіберді. Кларк не айтып қойдым дегендей, көздері жыпылықтап кетті. Мадияр қолына көне монатаны ұстап, жазуына көз жүгіртті. «Ұлы түркеш қағанының даңгасы» деген жазу көзіне оттай басылды. 

- Монеталарың көне екені рас, бірақ бұлардың аса құны жоқ.  

- Мен саудагер емес, сіз саудагер сияқтысыз ғой, - деді Кларк тауарының құнын түсірмек болған сатып алушыға қарап, сайқымазақтана күлді. – Қараңызшы, түркілердің өркениетті ел болғанын мына теңгелер айқын дәлелдеп тұр емес ме? Айтыңызшы, жабайы адамдар теңге сарайларын сала ала ма? Сала алмайды. Біле білсеңіз, бұл түрікілер бір кездері Римнің қақпасын қағып, күллі еуропаның тізесін дірдек қақтырған. Аттила ұрпақтарының монаталары десем, Джонның бірін қалдырмай сатып алатынына сенімдімін.

- Сонда қанша сұрайсың? – деді Мадияр теңгелерді қолына ұстап, салмақтап көрді. Базарға келіп, тауарды менсінбеген сатып алушыдай кейіппен.

- Көп емес, алтын теңгелердің әрқайсысына үш мың, күміске небәрі екі-ақ мың доллар, - деді Кларк жылпылдап.  

- Барып тұрған мешкейсің ғой, - деді Мадияр кексінмен күліп. -  Тапа-тал түсте тонап кетпекшісің бе? Бұл теңгелердің Джонға да, Ванға да, Альбертке де керегі шамалы. Алтынға мың жарым, күміске мың доллар берем,.

- О, не дегеніңіз, Мадияр мырза! Бұл аса құнды байлық сонау Қазақстаннан менің қолыма тигенше қанша саудагердің қолынан өткенін білесіз бе? Тым құрығанда алтын, күміс монеталардың әрқайсысына жарты мыңнан қосыңыз.

- Бір тиын да қоса алмаймын!  

- Өкінішті. Австрияда Аттиланың бай ұрпақтары тұрады деп естігенмін, соларға апаруыма тура келді,  - деп Кларк  теңгелерін кейске салып, бұрылып кетіп бара жатты.

- Тоқтай тұр, Кларк! Менде таза алтыннан жасалған «Дарик» бар. Жаңағы айтқан сомаға соны қосып берем. Ең алғаш алтын теңгені Дарий патша шығарғанын білесің. Мұны сататын болсаң...

- Болды, болды, қоймай көндірдіңіз ғой, келістік, - деп Кларк лезде кері бұрылып, жанына жетіп келді. Жүзі жаңбырдан соң бұлт арасынан шыққан күндей жарқырап сала берген. Мадияр ойынан айнып қалар деп қолын ұсынып үлгерді.

   Саудагер кеткен соң Мадияр ата-бабасының жерінен жеткен теңгелерді саусақтарымен мәпелей сипап, мұрнының түбіне апарып иіскеп алды. Жусан иісі аңқыған туған өлкесі көз алдына келді. Сайын дала, мыңдаған жылқының дүбірі естілгендей болды. Қуаныштан теңгелерді сүйіп алғаны сол еді, көзі жасаурап кетті.

* * *

   Бейқұт күл-қоқыс төгетін полигон салуға бөлінген мемлекет қаржысын қазба жұмыстарына жаратып қойды. Кейін бассейн орнындай шұңқырды жан-жағын цементтетіп, нобайын келтірген. Бір күні Қуандық досы өрт сөндіргендей алып-ұшып жетсін.

 - Бейқұт, сен Моншақты ауданының әкімі болуың керек, - деп Қуандық есіктен кіре сала. – Қолымда керемет карта бар. Оңтүстік облыстардан қазылмаған археологиялық тұрақтарды таптым.

   Бейқұт былғары креслода шалқайып отыр еді, тосын жаңалыққа елегізіп қалды. 

- Қуандық, бір облыстан екінші бір облысқа секіре салып, аудан әкімі бола салатындай министрлікте көкем отыр ма?  - деді салған жерден. Құлағына қуанышты хабар жеткендей, масайрап қалды. 

- Сен үш жыл әкім болсаң да түк те түсінбедің бе? Ақшаң болса министрліктен көкең де табылады.  Бір амалын тап. Мен жігіттерге айтып, жұмысқа кірісе берейін.

      Алматының тау бөктеріндегі алма бағы самсаған оңаша жұмақ мекен. Тау өзені сылдырлап, жанға рахат сыйлайды. Италиялық стилде салынған әйнекті виллада карта ойыны қыза түскен. Бейқұт картадан елу мың доллар ұтылғанда облыс әкімінің адамы Ермектің арқасынан қағып, «мынау өзі өсетін бала екен» деп мақтап қойды. Бейқұт өмірден түңіліп кеткендей болды.  

   Арада екі ай өткенде Бейқұт білдей аудан әкімі болып шыға келді. Кең креслода шалқайып жатып, аудан картасына жіті көз жүгіртіп, бос жатқан жерлердің бәрін иемденуге көшті. Аукцион кезінде егістік, мал жаятын жерлерді өзінің тамыр-таныстарына сатып, картадан ұтылған ақшасын екі есе қайтарып алды. Ауылдарға ауыз су тартуға бөлінген ақша да құлқынан өтіп кетті. Су мұнарасы тұрғызылса да, ауылға қарай қазылған су жүйелеріне ескі құбырлар салынды. Су жеткіземіз деп ауыл көшелеріндегі асфальттың быт-шытын шығарды.

    Жылдар өтіп жатты. Бұл кезде Бейқұт үйленіп, екі баланың әкесі атанды. Аудан әкімі болып тағайындалған жылы кезінде өзін асыраған картожник шалдың дүниеден өткені жайлы хабар жетті. Байлықтың буына мастанған Бейқұт өлікке топырақ салуға да барған жоқ. Қырқы мен жылында да төбе көрсетпеді. Қарайласатын ешкімі болмаған соң кемпір өз еркімен қарттар үйін пана қылғанын да естіді. Қуандық жер тесер серіктеріне байлық іздетіп, сайын даланы қалауынша қопартты. Атамзаманнан үйінді болып қалған обалардан сыры кетпеген фарфорлы ыдыстар, алтын бұйымдар мен бағалы көне мәдени ескерткіштер шетелге жасырын жолмен жөнілтіліп жатты.

   Бейқұт әкім болған екінші жылы ауыл, қала ішінде әкімдіктің дәрменсіздігін сынаған қаңқу сөздер көбейіп кетті. Ауданға үшін ши басын сындырған жоқ, ауылға су тартылмады, жолдар әбден тозып кетті деп қарша бораған домалақ арыздар облыс әкімінің сайтына да, өзінің жеке блогына да жолданып жатты. Әкім тағайындалған адамдар парақорлықпен ұсталып, мемлекет қаржысының желге ұшқаны туралы хабар мерзімді басылым беттерінен түспеді. Істің насырға шауып бара жатқанын білген Бейқұт жиған-тергенін алып, елден қашпақшы болды. Ылдам-жылдам Қуандықты шақырып алып:

- Жинал, елден кетеміз, - деді.

- Кеткені несі? Әлі қазылмаған талай қорым бар, - деп Қуандық картадағы барлық жерлерді қазып бітпейінше елден кетпейтінін айтты.

- Мейлі. Қазақстанда қаламын десең, өзің біл. Мен енді мұнда қала алмаймын, - деді Бейқұт түтігіп. Әлденеге алаңдағандай, көңілі алабұртты. Бұл кезде Бейқұт пен әйелі Ниетжанның арасы суып кеткен еді. Үйде бала бағып отырған момын әйелі Бейқұттың бір жас қызды ермек қылып жүргенін естіген.

- Бәйбіше, жинал, шетелге көшеміз, - деді Бейқұт. Әйелі таң қалды, бірақ есін тез жиып алған.

- Көшсең, өзің көше бер, мен туған жерден бір қадам аттамаймын, - деген. Күйеуінің райынан қайтып, отбасына қайтып оралар деген үміті үзілмеген еді.

    Бейқұт облыс әкіміне денсаулығына байланысты өз еркімен жұмыстан босатуды сұрап, өтініш жазып, өзі жас тоқалын алып шетелге кетті. Франциядан вилла, астына су жаңа көлік сатып алды. Еуропа елдерін армансыз аралаған. Арада бір жыл өткенде байлығы сарқыла бастады. Бейқұт казинолардың біріне кіріп, ақша ұтамын деп үйі мен көлігін салып жіберді. Жас тоқалына пәтер жалдап тұрайық, сосын жақсы үй алармыз деп алдаусыратты. Ағылшын тілін білетін жас тоқалы Бейқұттың тақырға отырғанын сезіп, бір байшыкештің басын айналдырып, артына қайрылмай кетіп тынды.

   Бейқұт жат елде қаражаттан тарыға бастады. Бұрынғыдай қымбат қонақүйлерді қойып, арзан пәтер жалдап тұрды. Елде жүрген Қуандыққа: «Маған алтын, күміс теңгелерді жібер, мына жақта жақсы бағаға өткізіп беремін» деп қоңырау шалып еді, хабарсыз кетті. Ол еуропаның төрінде өзінің жалғыз қалғанын алғаш рет айқын сезінді.  Әкім болғанда жарымсақтанып мақтау айтатын, қолына көк қағаз қыстырып кететіндердің бірі жоқ. Әйелі мен екі баласын сағынды. Есіне шетелде жүргенде өткізермін деген ескі теңгелер түсті. Өзі тұрып жатқан Парижде бірде-бір антиквариат дүкені, жеке коллекционерлер де азиялық теңгелерді сатып алмады.

- Мұны алса, Аттиланың ұрпақтары алуы мүмкін, - деді Леон есімді бір кәрі коллекционер. Танысына хабарласып, бір мекен-жайды қолына ұстатты.

- Дәл қазір Венгрияға тарт,  сенің теңгелерінді алатын адам күтіп отыр,  - деді Леон.  Бейқұт жүрдек пойызбен Будапештке жетті.  

 Екі қабатты зәулім үйге келген.  Есікті ілтипатпен ашқан үй қызметшісі:

- Кіріңіз, сізді күтіп отыр, - деді.

   Бейқұт шамдары самаладай жарқыраған атшаптырым бөлмеге кірді. Үйдің ішіндегі бөлмелердің бәрі қошқармүйіз, түйетабан секілді ою-өрнекпен безендіріліпті. Қарсы алдынан түр-тұлғасы қазаққа келіңкірейтін  мұрты жігіт қарсы алды.  Бейқұт шала-шарпы білетін ағылшын тілінде :

- Хеллоу, мистер Мадияр, - деп қолын созды. – Май неймис  - Бейқұт.  

- Әліксалам,  - деп үй иесі сұп-суық жанарымен Бейқұттың үсті-басын көзімен тінтіп шықты.  – Мен сізді ұзақ күттім.

- Солай ма? – деп Бейқұт таңырқап қалды. Үй иесінің қазақша сөйлей жөнелгеніне қуанып қалған.

- Сізді Қазақстан жерінен сәлемдеме әкелді деп естідім.

- Иә, біраз алтын, күміс теңгелер бар еді, - деп Бейқұт қобдишаға салынған  ғұн-түрік теңгелерін көрсетті.

- Қарахан мемлекетінде ислам діні жақсы дамыпты, – деді Мадияр теңгелерді мәпелей сипап. – Мына теңге Мұхаммед Арслан хан ел билеп тұрған кезде соғылыпты.  Бет жағында «Алладан басқа құдай жоқ, Мұхаммед Алланың елшісі» деп, ал екінші бетінде «Алладан қамқоршы болуды тілеген Мұхаммед Арслан хан» деген жазулар бар. Ал мына біреуі Қараханидің Сүлеймін Қадір табғаш ханның атынан соғылған. «Алланың сиынушысы әрі құлы Насыр оғлы Масғұд» деп таңбаланған екен.

- Иә, әкелген тауарым бағалы дүниелер, - деп Бейқұт сатып алушының өзі тауарын мақтай жөнелгеніне қуанып, мақтап қойды.  – Сіз көне тілді де жақсы біледі екенсіз.

- Сіз өзі қазақсыз ба? – деп Мадияр көзіне тік қарады.  

- Иә, қазақпын, - деді Бейқұт. «Оны несіне сұрап тұр екен?».

- Сіз қазақ емессіз-ау деймін. Менің ата-бабаларым қиын қыстау кезеңде осы Мажарстанға қоныс аударыпты. Біз солардан тараған ұрпақпыз. Өзімді қазақ деген рухы мықты, намысты ұлттан тарағанбыз деп санап келдім. Сіздің өзінің қазаққа ұқсағанымен, болмысыңыз сөніп қалыпты.  

   Бейқұт ешнәрсе дей алмай, тіксініп қалды. Биікте тұрып төмендегілердің көзімен қарай алатын, еуропаның қақ төрінде тұрса да ұлттық болмысын жоғалтпаған Мадиярға қипақтай қарады.

- Әкелген алтын-күміс теңгелеріңді қаншаға бағалап отырсыз? - деді Мадияр.

- Құны кемінде қырық мың доллар.

- Қырық мың доллар... - Мадияр мырс етіп күліп жіберді. – Ата-бабамнан қалған жәдігерлердің мен үшін құнына баға жепейді.

 Бейқұт әкелген тауарымды жақсы бағаға сататын болдым деп дәмеленіп қалды.

- Сізге сонша көп ақша неге керек? - деді Мадияр. – Еуропаға не үшін келдіңіз?

- Жақсы өмір сүру үшін! – Бейқұт үй есінің сауалын жақтырмай қалды.  

- Ренжіме, - деді Мадияр сенге көшіп. - Қарақшылық жолмен келген теңгелеріңді сатып ала алмаймын. Мен тек өз Отанын ғана емес, көненің көзіндей болған ұлттық құндылықтарға түкірген адамның бет-бейнесін ғана көргім келген.

  Бейқұттың жүзі құп-қу болып,  сұрланып кетті.

- Ең болмаса, мына теңгелерді қайтар жолға ұшаққа билет алуға айырбастайын. Қазақстанда әйелім, екі балам қалды, - деп міңгірледі Бейқұт.  

- Елің есіңе енді түсті ме? Жоқ, сендейлерді елге қайтарудың өзі қауіпті. Менің ата-бабам мұнда қорлық көріп, қуғынға ұшыраған соң амалсыз келген.  Сен қандай зорлық көрдің?!

  Бейқұт теріс бұрылып, есіктен шығып бара жатты. Мадияр терісіне сыймай ашуланып, үстел үстінде жатқан әлем картасын кері қараған. Оңтүстіктен солтүстікке қарай көз тіккен күйі бір сәт орнынан тапжылмай қалды. Өз көзіне өзі сенбеді. Жасаған-ау, бұл...  бұл деген.... Арапша жазуды қайдан көріп еді? Иә, иә, мешіттен көрді емес пе? Қақ төрде әспеттеліп ілініп тұрған. Осы әлем картасын сан рет көрген шығар. Бұрын қалай байқамаған? Тілінің ұшына Жаратқанның есімі оралды...     

   Арада апта өтті. Бейқұт алтын-күміс теңгелерді бір нумизматқа арзанға бере салды да, ішімдікке салынды. Ақшасын түгел ішіп, сақал мұрты өсіп, метрода қайыр-садақа сұрауға көшті.

   Елде жүріп, қабір қопарған Қуандық түнде шошынып ояна беретін болды. Түсіне өзі қазған көрлерден аруақтардың рухы кіріп, жынданып кетті. Түн ауа бір қара дүлей күш иесі қылқындырып, азапқа салады. Күндіз үйінің ішінде біреулер жүргендей ыдыс-аяқ сылдырлап, жиһаздар сықырлап, есіктер өзінен өзі ашылып, жабылады. Қуандық неше күн ұйқы көрмей, бет-ауызы ісініп, үстіне жара қаптап, үйінде жатып жан тапсырды.

   Жаназаға келген бір археолог жолдасы жастығының астынан Ұлы жібек жолының сирек кездесетін картасын тауып алып, қалтасына сүңгітіп жіберді. Өлікті қабірге апарып жерлеген соң Қазақстанның әлі қазылмаған қорымдары жайында ойланып келе жатты.

 

Қазақ тілінде жазылған