Ақмола қаласын ел астанасы деп жариялаған жарлыққа 20 жыл толды

Адам қарады: 691 | Жарияланды: 2017-10-20 05:12:10

1997 жылдың 20 қазанында «Қазақстан Республикасының астанасы Ақмола қаласы деп жариялау туралы» ел Президентінің жарлығы шықты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. Ел астанасын өзгерту туралы басты Жарлықтан кейін 1997 жылдың 8 қарашасында Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерінің эталондары - Ту, Елтаңба және Президент штандарты Ақмолаға әкелінді. Арада 1 айдан астам уақыт өткен соң ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Парламент палаталары мен Үкіметтің бірлескен отырысы өтті. Онда ел орталығының Ақмолаға көшірілгені айтылып, дәл сол күні Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола қаласы ресми түрде мемлекет астанасы болатынын жариялады. 1998 жылдың 6 мамырында Ел Президентінің Жарлығымен Ақмола қаласының аты Астана болып өзгертіліп, сол жылдың 10 маусымында қаланың Қазақстан Республикасының астанасы ретіндегі ресми тұсаукесері өтті. Содан бергі 20 жылдың ішінде Астана әлемдегі ең көркем шаһарлардың біріне айналды. Қазақстанның шығысы мен батысынан, оңтүстігі мен солтүстігінен Арқаға көшкен алқалы жұрт ел орталығының халқын жылдан жылға арттырып, Астана былтыр миллионыншы тұрғынының дүниеге келгенін жария етті. Қазір Астана Еуропа мен Азияны байланыстырып тұрған алтын көпір іспеттес. Абыройы күннен күнге артып, «ЭКСПО-2017» мамандандырылған халықаралық көрмесін лайықты дәрежеде өткізді. Астана - Тәуелсіз Қазақстанның символы. Тарихтың жаңа мыңжылдығына Қазақстанның орталығы болып енген шаһар өркендеу жолында өз қарқынынан таймай келеді.