Суық жел
Деректі хикая
Алаш арысы Елдес Омарұлына арналады
Елдес тастай суық еденге табанын тигізіп отырып, темір керуеттің үстінде ойға шомды. «Уайым түбі терең су, батасың да кетесің, тәуекел түбі жел қайық, өтесің де кетесің» – демейтін бе еді? Қай арадан қате жіберді, қай жерде жаңылыс басты? Кімге жамандық жасады, кімнен қайыр көрді. Ойлап отырса, ой түбіне жете алатын емес.
«Құйрығы жоқ, жалы жоқ құлан қайтіп күн көрер, аяғы жоқ, қолы жоқ, жылан қайтіп күн көрер» – деген Асан-қайғыны толғантқан, күні кеше жан жолдасы Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасында оның Абыз кейіпкерінің аузындағы сөз бұл күнде ел басына туып тұрған жоқ па екен?! Ойлай берсе, ақылы алтау, ойы жетеу болды. Алашым деп еңіреген есіл ерлер не күйде екен?! Олар да осы кепке тап болып, әрқайсысы торығумен отыр ма? Әлде бірімен-бірі хабарласып, бастарын біріктіріп, ортақ іс үшін дайындық жасап жатыр ма? Елдес мұның бірін білмейді. Өйткені, тор көздің ар жағында отырғанына бірнеше күн болған.
Бірнеше күннен бері тергеуші өмірбаянынан бастап қазіргі атқарып жатқан қызметіне дейін бүге-шігесіне дейін қалдырмай, тәптіштеп сұрап жатыр. Өмірбаяндық дерегін одан бүгіп қалған жері жоқ. Алайда, жымысқы тергеуші айналдырып әкеліп әлдебір мәселелер төнірегінде өзімен әріптес, пікірлес болған, дастарханда бірге отырып, дәм татқан азаматтар туралы сұрай бастаса, Елдес ішін жиып ала қояды. Ел басына күн туған, ер етігімен су кешкен заманда соларға зияным тиіп кетпесе екен дейді.
Ел ішіндегі бір ақынның түрмеге отырып шыққаннан кейін айтқан:
«Қатықсыз қара су ішкең асың,
Дүнияда не көрмес ғазиз басың.
Зарығып, тарыққанмен амалың жоқ,
Заңына үкіметтің бағынасың»,– деген өлеңі ойына оралады.
Іші қазандай қайнаса да, қолдан келер қайран болмай, өткенді есіне түсіріп, ертеңгі айтар жауабын саралап, пұшайман болады.
Елдес тастай қатты төсекте шалқасынан жатып, төбеге көз салды. Бұрыштан бастап өрмек тоқыған өрмекші біреу әдейі қатырып тастағандай тас төбеде тарбиып қалыпты. Оның торында бірнеше шыбынның қаңқасы тұр.
Елдес тағы да ой тереңіне сүңгіп кетті... Сол жылы жаз ерте шыққан. Қыс бойы қалың жауған қар жылдам еріді де, бұрынғы шалқар көлдер арнасына толып, ойпаңдау жерлерге қар суы жиылып, жасанды көлдер мен шалшықтар пайда болды. Қылтиып бәйшешектер де шығып үлгірді. Ат жақты, қыр мұрынды, ұзын бойлы, шоқша сақалды Омар мал жайлауға көмектесіп жүрген Елдесті үйге шақырған.
Үйге кіріп, тізе бүтіп, малдас құрып, жайғасып отырғаннан кейін: «кәне, кітапты қолыңа ал, кешегі келген жеріңнен әрі қарай жалғастыр!», – деді.
Елдес судырлатып оқып кетті. Алғашқыда қатулы көрінген әкенің жүзі жадырай бастады. Орнынан жылдам тұрып, бұрыштағы сандықты ашты. Ақ матаға оралған буманың ішінен сарғайып кеткен қағаздарды алып шықты.
- Балам, – деді әкесі, қазақ: «білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады», – деген. Амандық болса, биыл Қостанайдағы орыс-қазақ училищесіне оқуға апарамын. Бірақ, орыс оқуын оқысаң да, ата-баба сөзін көкейіңе тоқуың керек. Сенің Қазыбай атаң күллі Орта жүзге билік айтқан белгілі би болған. Сол атамыздын қолында өскен, өкіл баласы болған атақты ақындардың бірі Өске бір жаққа жолаушылап шығар алдында аттың үзеңгісіне аяғын салып тұрып, құбылаға қарап; «жеті атасы жетесіз, негізі жоқ некесіз, шаңырағы атасыз, дастарқаны батасыз жандарға жолықтыра көрме, тәңірім!» – деп атқа мінеді екен. Сен де текті тұқымнан шыққаныңды ешуақыт ұмытпа.
Мына қағаздарда қыпшақ шежіресі көрсетілген. Қара қыпшақ Қобыланды батырдан бастап осы заманға дейінгі жеткен ата-бабаларың жасаған ерліктің біразы, алқалы жиындарда айтылған дуалы сөздер осы шежіреде түгел жазылған. Оның бәрін ер жеткенде де оқып үлгіресің. Қазыбай атамыздың үйіндегі кіші шешемізден бес сары атанған бес бала туған. Атақты Мұғал би осы бес балаға сын айтып, «Қойшыбай беті қалың, ұрты томпақ, көзі ала екен, көбік ауыз ұрысқақ болмаса нетті, Қияс көзін жұмып, төмен қарап сөйлейді екен, діндар молда болуы мүмкін, Тиес не нәрсеге де ыңғайлы, найзагер болғандай-ау,» – депті. «Жұмабайдың дауысы ащы екен, батыр болар, ал Наурызбайдың отырысы орнықты, көзі өткір, түбінде ел басқарып, жөн сілтейтін кісі болар», – деген екен. Мұғал бидің айтқандары айна-қатесіз дәл келіпті. Наурызбай атаң үш жүзге билік айтқан атақты би болды. Оның баласы Байеке әкеге тартып, ел биледі. Наурызбай қайтыс болғанда атақты Досжан ақын:
«Хан алдында сөйлеген,
Дұшпанға теңдік бермеген,
Екі тілдің шешені,
Талайдың ісін жөндеген.
Тасқынды жігер қайраты
Көрінді көптің көзіне,
Жан аянып тұрмаушы ед
Келген жерде кезіне,
Жалғызбын деп саспайтын,
Шабыттанып сөйлесе,
Әділ билік айтатын,
Отырса да хан, төре,
Қарамай беті-жүзіне.
Қара қазақ ішінде
Ханға теңес Науаным,
Сыпыра қайың ішінде,
Еменге ұксас Науаным,
Көп түйенің ішінде
Нар секілді Науаным,
Бақиға сабаз аттандың,
Жауынан халқын қорғайтын,
Өзіндей бізге тұлғаны
Бұйыртар ма екен заманым?
Сегіз ұлы ішінен
Байеке тартса әкеге,
Көрсетер көпке таланын»,– деп жоқтаған.
Осы жырда айтылған Байеке атаң көп болыстың бірі болмаған, жер-жерде мектеп ашқызып, мешіт салғызып, Алланың нұры жауған, халықтың батасын алған адам болған.
- Әке, ол кісі қажылыққа барған дейді ғой.
- Иә, ол рас. Қажылыққа барған сапарында барлық парызын атқарып, аман-есен елге оралып келе жатқан жолда ол кісі қатты ауырып, бірнеше күн пароход ішінде нәр татпай жатады. Кезінде ақ патшаның тойына қатысқан, сол тойда қазақтар атынан сөйлегендердің сөзін орыс тіліне аударып беріп отырған Байеке атамызды кеме капитаны да қатты сыйласа керек. Ақыры ажал сағаты келгеніне көзі жеткен атамыз, жарықтық, капитанға қолқа салып: «мен өліп кетсем, қайтқан кісілерді суға тастайтын әдетпен тәнімді балыққа жем қылмай, жағаға шығарып, жер қойнына тапсырыңдар» ,– деп өтініш айтыпты. Осы сапарда онымен бірге болғандар Байекені жолдан бұрылып барып, жағаға шығарып жерлегенін елге айтып келіпті. «Бірақ, сүйегі қай елде, қай жерде жатқанын өз басым білмеймін. Шамасы, Қырым түбегі ме деп болжаймын», – деп Омекең күрсініп қойды.
Елдес әкесінің бетіне таңдана қарады. Сырт көзге суық өнді болып көрінетін әкесі әңгімеге жүйрік адам еді. Күндегі әдеті осы. Жай кітап оқытып қана қоймайды, ара-тұра құран сүрелерін жаттатады, содан кейін міндетті түрде ескіден қалған хикаяларды айтып береді.
Нағашы әжесі туралы да ол алғаш әкесінің аузынан естіген. Ол кісінің есімі Қаракөз екен. Қожай ауылынан онша алыс емес Қаракөз деп аталатын елді мекен бар. Қаракөз кешегі жаугершілік жылдарында қалмақтан тұтқынға түскен қыз екен. Жат жұрттық болып жаратылған қыз өзінің ақылымен де, қылығымен де ауыл ақсақалдарына жағып, түскен жеріне тастай батып, судай сіңсе керек. Атасы Тиес ақсақал оны өз атымен айтпай, Қаракөз деп атап кетеді. Содан бүкіл ауыл осы есіммен атайтын болады. Елдес өз анасы Шолпанды есіне түсіре алмайды. Оның әлі тілі шықпаған кезінде қайтыс болса керек. Кіші шешесі Ғалия оны туған балаларынан кем көрген емес. Бірақ, сәби жүрегі анадан көрі әкеге бұрыңқырап, әкенің қатқыл дауысы мен жұмсақ алақанын сағынып тұратын.
- Әке, ендеше мен де орыс оқуына барайын. Сол кісілер секілді білім алайын, – деді.
- Айналайын, айтқаның келсін!
Омекең баланың басынан сипады.
Қостанай қаласындағы тұрмысқа Елдес жылдам көндігіп кетті. Есіл-дерті оқу. Әсіресе, арифметика мен геометрия секілді пәндерге басқа балаларға қарағанда жақын болып, тез игеріп әкетті. Өйткені, әкесі де, ауыл қариялары да мал санаса да, уық шаншыса да, әрбір шаруа сайын бұған санатып, Елдестің басынан сипап, өзге балаларды есеп білмеген есек деп күліп, ұрсып отырушы еді. Сол тәрбие осы жолы кәдеге асты. Орыс тілі, жағырапия, ән салу, гимнастика секілді сабақтар да өзіне қатты ұнайтын. Ал Құдай заңы деп мұсылман дінін де, христиан дінін де окытқанда, Құран қағидаларын жүрегіне жақын тұтып, христиан дініндегі Құдайдан адам туып, оның тағы да Құдай аталуын миына сіңіре алмай-ақ қойған. Тек қол өнері жағынан ғана аздап кемістік болып, бірақ, арада бір-екі ай өткеннен кейін оны да меңгеріп алған.
Бұл жылдары Елдес өнер-ғылым жолына өзімен қатар түскен жаңа достары Ғаббас Нұрымұлы, Жұмаш Еленұлы секілді бозбалалармен танысып және өз туысы Әлжан Махмұтұлымен достасып үлгірген. Ол кезде Қостанай шаһарында мешіт, шіркеу бар, орыс және татар көпестері салдырған қызыл кірпіштен өрілген тұрғын үйлер мен дүкендер көздің жауын алатын. Олар оқыған оқу орны да осындай қызыл кірпіштен салынған екі қабатты үйде орналасқан еді. Оқуға түскен жылы олар мұғалімдерінің бастамасымен қала орталығындағы, өздерінің училищесі жанындағы ашық алаңда жер қазып, ағаш отырғыза бастады. Көктем күндерінің бірінде инспектор Балғынбаевтың өзі келіп, отырғызған ағаштарын көріп: «күні ертен, осы арада жасыл бақ жайқалып тұрады. Бұл сендердің келер ұрпаққа жасаған жақсылықтарың. Ал алған білімдеріңді ел игілігі үшін жұмсасаңдар, оның жақсылығы да жайқалған орманнан кем болмайды, сіздер еккен әрбір тал биік бәйтерек болып, төңірегіндегілерге көлеңкесін түсіруі керек», – деген сөзі есінде қалыпты.
Жасөспірім жігіттер толқып аққан Тобыл өзеніне де жиі баратын, жағасында асыр салып, көңілді дем алатын. Осы Тобыл жағасына ағаш егуді ең алдымен училище оқушылары қолға алған, бірақ, кейінірек, «Тургайская газета» сынап жазғанындай, бастаған іс аяқсыз қалып, еккен ағаштар қурап кетіп еді.
1907 жыл. Мамыр айының оны Елдестің есінде ерекше қалды. Осы күні ол Қостанай қаласындағы екі сыныптық орыс-қазақ мектебін мақтау қағазымен бітіріп шыққаны туралы куәлік алды. Иә, екі жыл бойы төккен тер босқа кетпеді. Қолындағы мақтау қағазына жанындай жақсы көретін ұстаздарының бірі Омар Алмасұлы және инспектор Ғабдығали Балғынбаев қол қойыпты. Енді оның алдынан оқу-білімге жол ашылғандай. Өйткені, ұстаз ағасының өзі: «Елдесжан, осыдан кейін Орынбордары мұғалімдер даярлайтын институтқа барып, окуыңды жалғастырамын десең, қолдан келгенді аяп қалмаймыз, биылғы жылы мемлекет тарапынан Торғай өлкесінс бір стипендия бөлінеді деген хабар бар, сондықтан тартынба», – деп ақыл қосқан.
Тартынғалы тұрған бұл да жоқ. Өйткені, білген сайын білгісі, көрген сайын көргісі келеді. Ауыл молдасынан ғана хат таныған бабалары үш жүзге билік айтса, қазір басқа заман екенін іші сезеді. Ал халыққа жақсылық жасау үшін бұл күні болыс та, би де емес, көзі ашық оқыған мұғалім керек. Елдес мектеп әкімшілігі берген мінездемені алып, қайтадан оқып шықты. Обалы не керек, әкімшілік: «Елдес Омарұлы оқуға ықыласты, тәртібі жақсы, оқта-текте ұстаздарына қыр көрсетіп қоятын, қисық сөйлейтін мінезі бар. Ойлау жүйесіндс оғаштық байқалмайды. Білім деңгейін талқыға салған сынақтарды өте жақсы тапсырды», – деп жазып беріпті.
Елдес көп ұзамай өзі білім алған екі сыныптық орыс-қазақ училищесі меңгерушісінің атынан Орынбордағы мұғалімдер институтына оқуға түсу жөнінде өтініш білдірген қатынас қағазын да жаздыртып алды. Құдай заңынан бастап қол өнеріне дейінгі барлық пәндерден тек қана «бес» деген баға алған алғыр шәкірт барлық сынақтан мүдірмей өтіп, оқу орнына қабылданды.
Сөйтіп, аңсаған арманына қолы жетіп, сол жылы бір қуанышы екеу болып, мұғалімдер мектебінің тыңдаушысы болып шыға келді.
Енді Елдестің көз алдында Орынбор тұрды. Орынборда өткен қызық та қиын күндер елесі бір сәт көз алдынан ғайып болып, қиялы біресе Ташкентке кетеді, біресе Қызылордадағы қызық күндер еске түседі. Әрқайсысының орны бөлек, естен кетпейтін, сәулесі өшпейтін күндер қас қағым сәтте көз алдынан ғайып болғанға ұқсайды. Жоғалтқан күндері, айлары да болған шығар. Бірақ, осы жылдар ішінде тапқан олжасы аз емес. Ең алдымен ғылым қуды, ілім тапты, бақ қуған жоқ, бірақ бақытын тапты. Ташкентте Эльзамен алғаш танысқан, оны еркем деп атаған күндер естен шығар ма? Эльза неміс қызы болса да, қазақ тіліне керемет жетік еді. Мамандығы заңгер болғаннан кейін, көзі ашық, қазіргі құйтұрқы саясатты да жақсы түсінетін.
Ең бастысы Елдес осы жылдар аралығында ондаған дос тапқан екен. Олардың ішінде қимас ағалары Ахмет Байтұрсынұлы псн Әлихан Бөкейхан, жан жолдастары Міржақып Дулатов пен Мұхтар Мурзин, Ғаббас Нұрымұлы мен Әлжан Байғурин, жасы кіші болса да өзінің соңынан ерген, әрбір сөзіне имандай сенген Хұсайын Бекентаев, талантты ақын Мағжан Жұмабаев, тағы басқалары бар. Айта берсе, жеткілікті. Солардың қай-қайсысымен де өкпелескен, кінәласқан жері жоқ. Бірін аға тұтып, ұстаз санаса, бірімен біте қайнасып, күліп-ойнасып, өмірдің ащы-тұщысын бірге татқан, бірімен тар төсекте бірге жатқан. «Бір тілім нанды бөліп жеген, жарты дәнді жарып жеген» жолдастары қаншама?! Бір жағынан соларға еліктеп, өзі де үйреніп, қажет кезінде оларды да үйретіп, «Жас қазақ» журналына «Қазақ салты», «Дағдылы жол мен айлалы жол», «Орысшаланған қазақ тілі», «Қазақ жаманы сарт боламын дейді» секілді мақалаларын жазып, Куприннің «Ұрылар» әңгімесін ана тіліне аударған. Бұл еңбектерінің соңына ол «Тайбағар» деп қол қоятын. Тайбағардың кім екенін өзгелер білмесе де, достары жақсы білетін.
Қазақ тілі және араб таңбасы туралы дау-дамай болғанда да Елдес ұстазы Ақанның қасынан табылды. Араб таңбасының кейбір ерекшелігі, жазылу мәнері қазақ сөздерімен мағыналас, үндес шыққанына ол жасынан таң қалатын. Мәселен, қазақ деген ұлт атын оңнан солға қарай оқысаң да, солдан оңға қарай оқысаң да, бір мағына шығады. Ана, ата, іні, аға, нан секілді қасиетті сөздер де солай оқылады. Мұның өзі тегін болмаса керек.
Араб жазуы туралы үлкен талас Елдестің күні бүгін де көз алдында тұрғандай. Ол жолғы бас қосу тағы да араб әрпін латын әрпіне алмастыру туралы ұсынысқа арналды. Бұл мәселемен кейінгі кезде көптеген мамандар шұғылданып, екі әріп те терең тексеру мен зерттеуге түскен. Ал тіл дыбысына жеткілікті болу жағынан да, жазуға қолайлылығы жағынан да араб әрпінің көзге ұрып тұрған артықшылықтарын Ақаң да, басқа әріптестері де әбден дәлелдеген секілді еді. Енді сол мәселе тағы көтеріліп, латын әрпін зорлап таңғысы келетіндер көбейіп тұрғанға ұқсайды.
Әуелгі сөз кезегін алған Ахмет Байтұрсынұлының мазмұнды баяндамасы үлкен ықыласпен тыңдалған. Ақаңның әр сөзі орнықты, айтқан пікірі көкейге қонымды. Әрбір сөзін нақты дәлелмен тиянақтайды. Құлаққа жағымды қоңыр дауысы да саңқылдап естілмегенімен, тыңдаушыны еріксіз баурайды. Енді Ақаң қай жазу ыңғайлы болатынын дәлелдеу үшін адам тәніне, әсіресе қолға салмақ түсіретін ілімдерге сүйене отырып, қисындар келтіре бастады.
- Латын жүйелі әріппен жазғанда қол қимылдау бағдары сағат тілінің жүретін бағдарына қарсы келіп отырады, – деді ол. Сол ыңғайына қарай жазу жолы да солдан оңға қарай жүреді. Ал араб әрпімен жазғанда қол қимылдау бағдары сағат тілінің бағдарымен бірыңғай келіп отырады. Сол ыңғайыңа қарай жазу оңнан солға қарай жүреді. Машина айналдырған жұмыскерге, қол машинамен тіккен елдерге қарап тұрсақ, бәрі сағат тілінің бағдарымен айналдырады. Қалай да, қолмен айналдыра - үйірілдіре қайта-қайта істелетін жұмыстардың бәрі де, мәселен, инемен тігу, арқан есу сағат тілінің бағдарымен істеледі, оңнан солға қарай жүреді. Оның бұлай істелетіні қол талмау үшін. Қайта-қайта көп рет қимылдағанда ыңғайсыз жағына қимылдаса, қол тез талады. Мәселен, орысша жазғанда қолдың талғаны білінеді, қазақша жазғанда білінбейді. Ойлап қараңдаршы, қарды жаюдан жыю жеңілірек.
Ақаң одан әрі екі әріптің қайсысы баспа ісіне қолайлы, кайсысын үйрету оңай, барлығына жан-жақты тоқталып, латын әрпінен енетін үлкен пайда түгіл кішкене де пайда жоқ, ендеше, бұл сияқты мәселені көтеріп, уақытын шығын қылып жүргендер болса, оны еріккен адамдардың ермегі есебіндегі құр қиял деп білемін деп кесіп айтты.
Бұл пікір кейбіреулерге шаншудай қадалып отырғанын Елдес жақсы түсініп отыр. Бірақ, оларға батырып айтпаса болмайды. Мінбеге Әбдірахман деген жігіт көтерілді. Ол латын әрпінің тарихына тоқталып, оны қазақ елі де алу қажеттігін дәлелдеп біраз сөйледі. Латын әрпінің тарихын отырған жігіттер бір кісідей-ақ біледі. Ол НәзірТөреқұловтың «Жаңа әліп-биінде» де кең көрсетілген. Әбдірахман болса латын әрпін қабылдауды жаңашылдық, ал араб әрпімен қалуды ескішілдік деп түсінетін секілді. Әбдірахман Байділдаұлы бір кездері «Еңбекші қазақ» газетінің бетінде: «Көзі ашық азаматтар газетке араласса, олар «дүмше», оқыған мұғалімдер «дүмше» болса, баспасөзіміз де «дүмше». Сонда кім қалды? Ендеше, Елдес білімді, Елдес данышпан», – деп кекеткені де оның ойында тұрған.
Елдес бұдан әрі шыдамады. Қол көтеріп, сөз сұрады. Сөзін қағазға қарамай, тосыннан бастады.
- Ескішілдік деген не? Ескішілдік деген бұрыннан үйреншікті болып, бойыңа сіңіп қалған әдет. Үйренген әдеттен бұрылып шығуға болмайды. Бұрын орысша оқып, үйреніп қалған қазақ жігіттері қазақша жаза алмайды. Пішіндемеде кездесетін түрлі атауларды қазақ әрпімен белгілесек, оған бұрын түйе көрмеген жылқының түйеден үріккеніндей осқырынып қарайды.
Ақаң күліп жіберді. Елдес сөзін одан әрі жалғай берді:
- Міне, ескішілдік деген осы! Өзінің үйреніп қалғанынан басқаға осқыра қарайтындық. Біздің латыншылар да осы сияқты. Көбі қазақша, қазақтың қазіргі әрпімен жаза білмейді. Содан соң өздері үйреніп қалған теріс жазылатын әріпті көксейді. Қазақ әрпін үйрену, оңнан солға қарай жазу оларға үлкен қиындық болып көрінеді. Өздері жаңа жасалған қазақтың әрпіне үйрене алмай, оңнан солға жазуға көндіге алмай әуре болса да, бізге латын керек, бұған қарсылар «ескішілдер» дейді. Расын айтқанда, латынға қарсы болған біз ескішіл емес, орысша үйреніп, теріс үйреніп қалған әдеттерінен шыға алмай жүрген латыншылар ескішіл.
Елдестің көзі залда отырған тағы бір оқымыстысымаққа түсіп кетті. Мәскеуде оқып келсе де, Абай айтқан: «ойыңда жоқ бірінің Салтыков пен Толстой» дейтіннің біреуі осы.
Елдестің ендігі дауысы зілді шықты.
- Мәскеуге барған қазақтың жігіттері мен әйелдерінен: «Қай ұлттан боласың?» – деп сұраса, казақпын деуге арланып: «жапонмын» – дейді.
Бұл не? Қазақтан жиренгендік. Ақылы соған өлшенгендік. Латын әрпін аламыз деушілер де қазақтың қазіргі әрпінен жиренеді. Ол олардың орысша үйреніп қалған әдеттерінен шыға алмай, сырты сұлуға еліктегендігінен шыққан әдет.
Латын әрпін алғаш шығарған латын елі осы күні мүлде жоқ. Латын бұл кезде жоғалған ел. Осы күнгі Еуропа елі әуелде өзі бастап өздерінің надан кезінде әріпті арабтан үйренген. Олар қазіргі қолданып отырған әріптерінің негізін арабтан алып, бертін келе, мәдениеті өсе келе, араб әрпін өзгертіп алған.
Мәдениетті ел өнерді, табиғатты өздеріне икемдеп, сыртқы түрлерін өз ыңғайларына қарап өзгертіп алады. Біз сияқты мәдениетсіз бейшара елдер оны білмейді. Өнерді, мәдениетті, техниканы өз тұрмысына ыңғайлаңдырып, өзгертіп алудың орнына өнерге, табиғатқа өлшеп, өздерін өзгертеміз деп әуреленеді. Егер бұлай болса, бара-бара қазақтың тілін де өзгертеміз дер.
Еңді сөзімді басқа ойға бытыратуды осымен тоқтатып, Әбдірахманның баяндамасына келейін.
Әбдірахман: «басқа күншығыс елдерінің бәрі де латын әрпіне көшті. Біздің олардан қалып қоюымызға болмайды», – дейді. Басқа: әзірбайжан, қырғыз, өзбек сияқты елдердің латын әрпіне көшеміз деп дайындалып жатқаны рас. Бірақ, олар көшті деп, біздің ойламай, ауыр мен жеңілді салыстырмай көшуіміздің керегі жоқ. Әуелі сол латын әрпін алған елдер неге алып отыр? Алуларына қандай себептер болды? Олардағы себеп бізде бар ма? Міне, осы мәселелерді шешуіміз керек.
...Тағы да жазуға келгенде, біздің оңнан солға жазуымыз әбден дұрыс, –деп Елдес сөзін одан әрі шегеледі. Өйткені, адамның табиғаты, жаратылысында солай. Мәселен, жіп иіргенде қазақтың әйелдері оңнан солға қарай иіреді. Солдан оңга қарай иіруге олардың табиғаттары көнбейді, ыңғайлары келмейді. Жазу да осы сияқты. Тек біздің орысша жазып үйреніп қалғандарымыз ғана оңнан жаза алмайды. Сонан соң солдан жазуды мақтап, жорта жылдам жазылады деп, тәжірибесіз демагогтікке салынады.
Елдес қыза-қыза келе сан және пән белгілеріне жеке-жеке тоқталып, неміс әрпі мен латын әрпінің арасында да айырма көп екенін, сондықтан латынша қабылдағандар немісше де оқи алады деген пікірдің ұшқарылығын дәлелдеді.
Тоқсан ауыз сөзінің тобықтай түйінін: «Ақаң әрпін түзетуге көп ақша шықты деу дұрыс емес. Шығын болмай іс бола ма? Ақаң әрпін түзетуге көп пұл шықса, бүгін соның арқасында әрпіміз түзеліп отыр. Енді түзелген әріпті тастай беріп, әзірбайжан алды, пәлен алды, түген алды деп латын әрпіне көшсе, тағы шығын шықпай ма? Әлде латын әрпі тегін келіп, біздің латын әрпімен қайта басылатын толып жатқан кітаптарымыз тегін басыла ма? Мұны да ойлау керек қой. Әзірбайжанда «оқығандар табы» деген тап бар. Олар ақсүйектер, бұқарадан артық болғысы келетіндер. Латын әрпін алып отырған, алдырып отырған сол елден жырылып кеткен оқығандар. Оларға біз еліктемеуіміз керек. Латын әрпі қазақ әрпінен артық емес. Сондықтан қазақ еліне оның керегі жоқ!» – деп барып тоқтады.
«Латын әрпін аламыз деу тек сыртына қызыққандық. Біз латынның әрпін аламыз дегенше Иауропаның мәдениетін қалай аламыз деп кеңесуіміз керек. Мәдениетсіз біреудің іші қуыс тонын киюден пайда шамалы. Біз не нәрсенің де сәніне қызықпай, дәніне қызығуымыз керек. Латын әрпіне ентелегенше, біз қазіргі қолданып келе жатқан әріптерімізді түзетіп, баспахана қызметкерлеріміз – әріп түзеушілерді даярлап, баспа істерімізді жөндеуге кірісуіміз керек. Нәзір айтқандай, басқа түріктер 25 жылдан бері жазу машинасын дұрыстай алмай жүрген болса, біз қазір оны жасап, жазып та отырмыз. Әлде болса да орынсыз латыншаны ортаға салғанша өз әріптеріміздің кемшілігін толықтыралық, соны қолданалық. Бізді мәдениетке жеткізбей, бөгеп жүрген түрік әліпбиі емес, сондықтан оны жазықсыз құрбан қылудың орны жоқ» – деген Елдес уәжі саналы адамдар санасына сәуле түсіргендей еді.
Тыңдаушылар бұл жолы тағы екіге жарылды. Тең жартысына жуығы қол соқса, олардан кем емес келесі бөлігі тым-тырыс, тымырайысып қалды. «Кімнің дегені боларын көрерміз әлі», – деп сес білдіргендей.
Елдестің көз алдына 1926 жылы Баку шаһарында өткен түркішілердің бірінші құрылтайы келді. Бұл бас қосуға қазақ елінен Ахмет Байтұрсынұлы, Әзиз Байсейітұлы, Біләл Сүлейұлы және Елдестің өзі, сонымен бірге Мәскеуден Нәзір Төреқұлұлы арнайы шақырылып, әлемге әйгілі академиктер Бартольд, Ольденбург, Малов, Яковлев, Ашмарин, Ибрагимов тағы басқа білгір мамандар алдында Елдес те мінбеге бірнеше рет шығып, қазақ тілінің ғылыми зерттелуі, оның түркі халықтары тілдері арасында алатын орны туралы өз қисынын баяндаған. Елдес Әлихан мен Ахметті қазақ ұлтының көсемдері деп таныса, олар да Елдес десе ішкен асын жерге қоятын. Елдес «Пішіндеме» мен «Кескіндеме» жарық көргеннен кейін ең алғашқы бағаны да олардың аузынан естіген. «Геометрия мен тригонометрияны тәржімалауға болады деген үш ұйықтасақ ойымызға келмепті, сен қазақ ұғымына сай балама тапқан екенің», – деп екеуі бірдей балаша мәз болып, арқасынан қаққан. Сондықтан да Елдес математиканы қазақшалау барысында тағы да арқа тұтар екі ағасын алға салып, ақылдасып алуды жөн көрген. Біреуіне арнайы хат жазып, ақыл қосуын сұраса, екіншісімен көзбе-көз кездесіп, пікірлескен. Ақаң Елдестің теореманы түйін, биссектрисаны жарма, радиусты өре, хорданы керме, параллелограмды киықша, пропорционалды кұрылымдас, катетті қары, фигураны пішін, трапецияны қостабан деп алуын қуана құптаған болатын. Сол жолы Ақаң Елдеске Әлиханның өзіне жазған хатын көрсетіп, «жалпы, ғылымның түрлі саласында жаңа сөздер жасауда өзіңнен асқан ешкім жоқ болып тұр, Елдес!» – деп арқасынан қаққан.
Әлихан Ахметке жазған хатында: «Елдес жолдастың физикасына сын жазайын десем, газетке үлкен, журналға жоқ болып, дел-сал болып тұрмын. Елдесім жақсы жігіт. Бұрын да жақсы еді. Енді онан да сүйікті болып кетті. Бір күні Шәңгерей маған: «Мен сені жақсы көрем. Білесің бе?» – деді. Мен: «Жоқ!» – дедім, Шәңгерей: «Сен шын қазақсың ба? Сені қазақ деп жақсы көрем!» – деді. Физиканы оқып қарасам, Елдесім де қазақ екен»,– деп жазыпты.
Елдес өзін нағыз қазақ деп есептеген Әлекеңмен кейін сырлас досындай болып кетіп еді. Әлихан қатты қысылып жүргенде де елге келіп, демалып кайтуға шақырған. Ресей жеріндегі қазақ ауылдарына апарып, бие байлатып, өнерпаз бір-екі жігіт тауып, ойын-сауық та ұйымдастырған. Енді Әлихан Елдеске ай сайын болмағанымен, ара-тұра хат жазып, хабарласып отыруды дағдыға айналдырған. Оның Мәскеуден 1934 жылдың он жетінші қазанында, коңыр күзде жолдаған хатын Елдес арада бір ай өткенде барып алды. Бұл жолы Әлекең хатын «Шырақ Елдесім!» – деп бастап, Ахмет екеуінен төленгіт сөзінің тегін сұрапты. Одан кейін қазақтың ескі сөзінен Ізбасты би мен Досбол бидің бір-екі сөзін жолдап, қазақ әдебиетін зерттеушілерге тапсыруын өтініпті. Елдес кезінде төлеңгіттер ауылында да болған. Қайың-қарағай арасында орналасқан бұл ауыл өзі туып-өскен мекеннен онша қашық емес-тұғын. Ауыл адамдарының көпшілігі өздерін төлеңгітбіз десетін. Түбін қаза бастасаң, қазақтын үш жүзінен де өкілі бар, кейі керей, кейбірі қыпшақ, тіпті қалмағы, орысы, башқұрты да бар құрама ел болып келетін. Сондықтан да Әлиханның төлеңгіт сөзінің түпкі мағынасы «төреңді күт емес пе екен?» дегені шындыққа саятын. Осы маңайда ат төбеліндей төрелер де бар. Жер төбесіз, ел төресіз болмайды дегенде, сол төрелердің күтушілері де болған. Негізінде солар төлеңгіт атанып кеткен болуы керек.
Қыпшақтың атақты билері Досбол мен болса осы өңірді мекен еткен, өмірде болған адамдар. Қостанай қазақтары олардың айтқан билігін, шешендік сөздері мен берген баталарын жатқа айтады. Елдесте өзімен аталас аталарының бірі Наурызбай бимен олардың сөз қағысқаны туралы деректер де бар еді. Ақын Өске Торқаұлы бабасы Қазыбай бидің тәрбиесін керген, кейін атақты ақын атанған. Елдес арнаулы хрестоматия кұрастырып, «Әліппеде» де бірыңғай билер сөздерінен мысалдар келтірген болатын. Бірақ, кітаптары талқыға түсіп, дау шығып, қабылданбай қалған. Сандық түбінде сарғайып жатқан қағаздарын тағы бір қопарыстырып, сүзіп шықты. Кейбіреуін қайтадан оқып, көптен көрмей кеткен достарымен көзайым болып, сағынып қауышқандай болды. Ахмет Байтұрсынов «Әдебиет танытқышында» Наурызбай бидің:
«Түрленіп жиырмада кидім киім,
Түсірдім атын ұстап мырза-бидің,
Көрінсе қайда жақсы өзімсінген,
Келсейші қайта айналып жігіт күйім»
деген өлеңін мысалға келтірсе, Наурызбай айтқан биліктер әлі күнге дейін ел құлағында еді. Елдес Наурызбайдың атақты Көкбурылын Қарға ұры ұрлап алып Кенесары ханға тарту еткенін, қас жүйрік кейін Наурызбай батырға бұйырғанын да естіген.Бұл туралы М.Серәлин «Топжарған» поэмасында: «Арқада Көкбурылдай жүйрік бар ма, өтіпті би Наурызбай дейтін нарда, көкбурыл ат Наурызбайдан ұрлап алып, Кенеге тарту қылған үңгіт Қарға», – деп суреттеген.
Наурызбай бидің өз заманының кемеңгер биі болғандығы Досбол датқамен жазысқан хатынан да көрінетін. Бұл хатты Елдес сары майдай сақтап жүрген. Бұл жазулардың бәрін бір папкаға жиып, түптеп, Әлихан берген қағаздарға қосып тіл-әдебиет тарихын зерттеп жүрген мамандарға тапсырған. Сол кезде қазақтың ұлт мәдениеті ғылыми зерттеу институтының директоры, жас ғалым Сәрсен Аманжолов бұл жазбаларды көріп, жерден жеті қоян тапқандай қатты қуанып еді. Жаңа жасалып жатқан академиялық сөздікте осы сөздердің кейбіреуі кәдеге асқан. Кейбір билер сөздерін Елдес өзі құрастырып жатқан «Әліппе» кітабына енгізген. Сол сөздердің кейін басына таяқ болып тиерін ол кезде сезген жоқ еді.
Алашорда үкіметі өкілеттігін тоқтатқаннан кейін өзі туып-өскен Қожай және Елтай аталатын ауылдардың арасында орналасқан Қарасор көлінің жағасында киіз үй тіктіріп, бой тасалап жатқан Елдеске сол жылдары Жетісу жерінен хабаршылар келген. «Заманның ыңғайы бұзылып барады. Біраз азаматтар шекараны басып, Қытай асып кеткісі келеді. Бізбен бірге жүріңіз, ол жақтағы елге көсем болыңыз. Бізге де өзіңіз секілді қой бастайтын көсем серке керек», – деген хабар жеткізген. Бұл ұсыныска Елдес бас қатырып жатпады. Не болса да көппен бірге көрейін деген пікірге тоқтаған ол: «Көппен көрген ұлы той. Осында калып бара жатқан ағайын-туыстан жаным-тәнім артық емес. Ер туған жеріне, ит тойған жеріне деген сөз бар. Өзге жерде сұлтан болғанша, өз елімде ұлтан болайын. Ешқайда бара алмаймын!» – деп ашығын аитты.
Ал жиырмасыншы жылдардан бастап Совет үкіметінің айтқанына көніп, айдауына жүріп, бірыңғай оқу-ағарту, қоғамдық-ғылыми жұмыстармен шұғылданды. Орынбордағы халық ағарту комиссариатының мектеп бөлімінде және совет-партия мектебінде сабақ берді. Өлкелік халық комиссариаты жанындағы академиялық орталықта, одан кейін қазақтың халық ағарту институтында дәріс оқыды. Дәл осы жылдары ол қазақ ғылымы мен әдеби кеңесінің мүшесі ретінде дайындалған қолжазбаларды қарап, оларға пікір жазып отырды.
Елдестің ойын сықырлап ашылған есік бұзды. Есіктен басын сұққан қарауыл: «тез соңымнан еріңіз, сізді тергеуші жолдас шақыртып жатыр»,– деді.
Елдес енді кешегі өткен ата-бабаларының «ат жақсысы кермеде, ер жақсысы түрмеде» деген аталы сөзін есіне түсірді. Қандай заман болса да, ел басына күн туғанда етігімен су кешкен ерлердің болуы занды. Ал өз мақсаты үшін соларды азаптап, адамшылығын аяққа басатындар да жеткілікті. Мына шегір көзді, түсі суық, былғары күрткелі орыс жігіті, бәлкім, жаман адам емес шығар. Бірақ, оған жоғарыдан берілген арнайы тапсырма бар. Ол сол тапсырманы қалайда орындап шығуы керек. Сол үшін бірнеше қазақ асылын құрбандыққа шалып жіберуге де дайын.
- Қыр баласымен таныссыз ба? – деп сұрады тергеуші.
Қыр баласы деп отырғаны Әлихан Бөкейханұлы. Онымен ең алғаш Қызылордада кездескен. Әлекең сол сапарында Елдеске қатты риза больш, оны сүйкімді сері деп атаған еді.
- Қыр балаларын ертеден білемін, – деп жауап берді Елдес:
- Мен туып-өскен жерде Қойбағар деген ауыл бар. Қазақ балалары жасынан атқа мініп, қой бағады, жылқы қайырады. Қойбағар деген атау содан қалған. Қыр баласы деген де сол сияқты.
- Тоқтат!
Тергеуші дауысы қатты шықты.
- Мен сенен «қыр баласы» деген бүркеншік ат кімнің есімі екенін білесің бе деп сұрап отырмын. Мысалы, сіздің Қойбағар емес, Тайбағар деген бүркеншік есіміңіз болғанын, осы атпен талай мақала жазғаныңызды біз жақсы білеміз.
Елдес ойланып қалды. Әуелі сенмен қорқытып, кейін сізбен сызылып отырған тергеушінің беті қатты. Не айтпақ керек? Білмеймін деген аз сөз, білемін деген көп сөз.
- Жоқ, ондай бүркеншік атты мен білемін деп айта алмаймын!
- Ендеше мен-ақ айтайын. Ол Алашорданың атышулы көсемі Әлихан мырза. Әлиханды да білмейтін шығарсыз.
Енді бұлтарудың реті келмеді. Елдес тура кетті.
- Неге білмеймін? Білемін! Ол алғаш рет Қызылордаға жер бөлісіне қатысты мәселе бойынша келген. Бірақ, ол кісінің жанында көп жүргенім жоқ. Биылғы жылы тамыз айында оны Златоуст округіне қарасты Бозан хуторына дем алып қайтуға шақырдық. ӨйткенІ
сол жерде отыздан астам қазақ тұрушы еді, оларды мен ертеден білетінмін. Әлихан Бөкейхановты Мәскеудегі ГПУ тергеуіне байланысты Қазақстан жеріне кіргізуге болмайды деген хабарды мен естіген болатынмын, сондықтан сол ауылға шақырғаным рас. - Жарайды! Ал Әлихан Бөкейхановтың жерге көзқарасына қалай қарайсыз? Тергеуші тағы да Елдеске қадалды.
Жер мәселесі туралы өзінің пікірін білмейді емес, өйткені оны ешкімнен жасырған жері жоқ. Жиналыстарда сөйлеген сөзінде де, жазған мақалаларында да Қазақстанда басы артық жер көп, сондықтан оны келімсектерге бөліп беру керек дегенді ол қазақ халқының мүддесіне қарсы бағытталған әрекет деп бағалаған, бұл мәселені қайта-қайта көңірсітіп отырған отаршылдар екенін де жасырмаған. Сондықтан да Елдес бұл жолы өз бағдарламасынан таңбай, ойларын ашық айтып-айтып тастады:
- Мен қазақ халқының өмір сүру тәсіліне байланысты жерді пайдалануға таптық принцип тұрғысынан қарауды мүлдем қисынсыз деп есептеймін. Өзінің шыққан әлеуметтік-таптық тегіне қарамастан, қазақ халқының барлық түтін иесі өз жерін емін-еркін пайдалануға тиіс. Әрине, жер ең алдымен кедейлерге бөлініп берілуі керек дегенге қосыламын. Бірақ, кедейлерге жер бөлініп берілгеннен кейін солармен тең дәрежеде және бірдей мөлшерде бай қазақтарды да жермен қамтамасыз ету керек. Жерді түтін басына қарап емес, жан басына қарай бөліп берсе, әділ болар еді деп ойлаймын.
- Ішкі губерниялардан қоныс аударушыларға қазақтың далиған даласында жер жетпейді деп ойлайсыз ба?
- Қазақ даласында ешқандай басы артық жер жоқ, тергеуші мырза! Сондықтан да еліміздің еуропалық бөлігіндегі губерниялардан қоңыстанушыларды көшіріп әкелу туралы әңгіме болуы мүмкін емес. Төңкеріске дейін де, төңкерістен кейін де Қазақстанға қоныстанған тұрғындарды жергілікті халыққа жер бөлініп берілгеннен кейін, оның ыңғайына қарап ең соңынан барып жерге орналастыруымыз керек.
Тергеуші тағы да сұраққа көшті:
- Сіз он жетінші жылдың ақпан-мамыр айларында Минскіде Земство Одағының бұратана халықтар бөлімінде қызмет атқарған екенсіз. Сол кезде «Қазақ» газетіне хабар-ошар беріп тұрған тілші де болыпсыз. Жалғыз сіз ғана емес, Әлихан да, Міржақып та, Мағжан да, сіздің ақын және оқымысты достарыңыздың барлығы да мақалалар жазған. Ал бұл мақалалар ескіні көксеу, қазіргі партия саясатына ашық қарсылық екенін білмейсіз бе?
- Біз бұл мақалаларда қазақ халқын тек қана білім алуға, орыс халқының жақсы өнегесінен үйренуге шақырдық.
Тергеуші столының суырмасынан тағы бір буманы суырып алып, Елдестің алдына жайып тастады. «Қызыл Қазақстан» журналының жиырма екінші жылғы саны екен.
- Бұл журналды оқитын шығарсыз?
- Әрине!
- Ендеше мына сөздерді кім жазғанын білесіз бе?
Тергеуші журнал ішіне салынған парақшаны алып, мақаланың орыс тіліндегі аудармасынан үзінді оқи бастады:
«Қостанай уезінің қазағы орыспен сан жағынан тепе-тең. Ал құқық жағынан, бостаншылық жағынан Қостанай қазағының халі ескі замандағыдан да төмен. Іс басында бір қазақ жоқ деуге болар. Бәрі орыстар. Олардың кейбіреулері патша заманынан келе жатқан қазақтың ескі жауы. Қейбіреулері пайдалы жұмыс істегісі келсе де, қазақтың ғұрпын, заңын, тұрмыс жайын білмейді. Білмеген соң не оңдырады. Бұлардың көпшілігі «коммунизм, тату тұрмыс, бауырмалдық, ағайыншылдық» һәм сол секілді басқа да әдемі сөздерді еміс-еміс естігені болмаса, соны іс жүзінде асыруға ойланып көрген жандар емес».
Елдес мақаланы баяғыда оқыған. Сөзіңді біреу сөйлесе, аузың қышып бара ма дегендей, жас та болса, бас больш жүрген ұлтжанды азамат Смағүл Сәдуақасұлының көзқарасына ерекше риза болған. Өйткені, қазақ азаматтарын жұмысқа қабылдамау, сауаты барларын ұсақ-түйек алып кел, шауып кел қызметке пайдалану етек жайып кеткені рас еді.
- Міне, байқайсыз ба, Әлиханның күйеу баласы қалай-қалай сайрайды, деді тергеуші.
- Мен Қостанайда туып-өскен қазақпын. Ондай жағдайдың сол жылдары болғаны рас, деді Елдес.
Тергеуші мырс ете қалды. Абақтыда отырсаң да, тіліңді тартпайсың дегені ме, кім білсін. Елдес те ауызға келген сөзді іркіп қала алмады. Шешінген судан тайынбас.
- Жергілікті қазақ халқының талабын қанағаттандыру үшін қажет болса, онда келімсек тұрғындарды Қазақстаннан көшіріп жіберу керек, деді.
- Сіз тым алысқа кетіп калдыңыз. Ендеше мына құпия жазулардың сырын айтып берсеңіз қайтеді?
Тергеуші оның алдына бірнеше парақ ақ қағазды жайып салды. Онда Елдестің өз қолымен осыдан бір-екі жыл бұрын Әлиханға жазып берген математикалық формулалары бар екен.
Елдес ішек-сілесі қатканша күлді. Іле-шала бұл жазулардың формула екенін түсіндірді. Бірақ қанша дәлелдесе де тергеуші оны әлдебір кұпия жазу деп түсініп отырғанын ұқты. Сондықтан да жауапты неғұрлым толығырақ берді.
Тергеуші хаттаманың соңына: «өзіме окып берілді және менің сөздерім өз аузымнан өзгертілмей жазылды» деген жазуды жазып, «оқып шығып, қолыңды қой!» – деп бұйырды.
Елдес соңғы айтқан сөздеріне тағы бір көз жүгіртті. Онда былай деп жазылған екен:
«1927 жылдың июнь айының соңында мен – Омаров, Ташкенттен Қызылордаға кетіп бара жатқан Эльза Адамовна арқылы Міржақып Дулатовқа хат беріп жібердім, онда мен: «математикалық формулалардың белгіленуі жөніндегі мәселе туралы Ахмет Байтұрсыновпен сөйлесіп бер» – деп өтініш еттім. Ол хатты Эльза Адамовна өз қолымен табыс етті ме, жоқ па, оны анық білмеймін. Әйтеуір, Дулатовтың хатты алғаны рас. Байтұрсыновты мен кейін вокзалда кездестірдім. Мен келген пойызбен ол Кавказға демалуға кетіп бара жатыр екен. Байтұрсыновпен мен тек қана математикалық формулалардың аталуы жөнінде ғана сөйлесіп үлгірдім. Бөкейханов Әлихан Мәскеудегі шығыс халықтарының орталық баспасында істейді, қандай қызметте екенін нақты айта алмаймын. 1927 жылдың тамыз айына дейін онымен бірге Мәскеу қаласында өзінің кызы, бұрынғы оқу комиссары Смағүл Садуақасовтың әйелі Елизавета Әлиханқызы бірге тұрды. Қызы қазір дәрігерлік факультетті бітіргеннен кейін күйеуі Сәдуақасовтың тұрақты жұмыс орны орналасқан Ташкент қаласында тұрады. Ол кеткеннен соң Бөкейханов Әлиханның жағдайы болыңқырамай, әсіресе, ас әзірлеу жағынан күйзеліңкіреп кетті. Мен – Омаров, өзімнің Қызылордадағы таныстарым арқылы оның ішінде жер жөніндегі комиссар Сұлтанбеков, Халел Ғаббасов, Халық Комиссарлар Қеңесінің төрағасы Нұрмақов псн оқу-ағарту комиссары Тоқтыбаев арқылы Бөкейхановты Қызылорда қаласына ауыстырып алып, жер жөніндегі комиссариатқа, не мемлекеттік жоспарлау мекемесіне, немесе Қазақстанның есептеу орталығы басқармасына тұрақты қызметке орналастыруды ойластырдым. Менің тұтқынға алынуыма байланысты, оқу-ағарту комиссары Тоқтыбаевтан басқа жогарыдағы аты аталғандардың ешқайсысымен сөйлесудің реті келмеді. Соңғы адаммен осы жылдың қазан айында Қостанайдан Ташкентке кайтып бара жаткан жолымда жолықтым. Тоқтыбаев Бөкейхановтың Қызылордаға ауысуына көмектесуге уәде берді. Менің айтарым, бұл жөнінде мен – Омаров, Бөкейхановпен арнайы сөйлескенім жок. Сондықтан оның қандай пікірде екенін білмеймін».
Елдес қолын қойды. Тергеуші оның ақ қағазға маржандай болып түскен жазуына қызыға қарады да, қағазды папкасының арасына салып, жауып койды.
Камераға келгеннен кейін де Елдестің ақылы алтау, ойы жетеу болды. Тырнақ астынан кір іздеушілер бұларды астыртын ұйымға қатысты деп айыптағысы келеді. Ал ұлт мәселесіне байланысты көзқарасын бәрібір жасырып, жауырды жаба алмайды. Өйткені, бұл көзқарас жылдар бойы қалыптасқан, сұрыптаудан өткен, «жолбарыстар жортатын сар даланы қорсылдаған доңыздар мекен етті» – деп Мағжан досы жазғандай, жер мәселесі – біртұтас ел мәселесі екенін күллі Алаш қайраткерлері жан-тәндерімен түсінген, сол үшін ақтық қаны калғанша күресуге бел байлаган. Бұл жолы тергеуші, неге екені белгісіз, оның Мұхтар Мурзинді білетінін білмеді ме, ол туралы сұрақ қоймады, ал жер жөніндегі халық комиссариатында жұмыс істеген Мұхтар да отарлау саясатына ашықтан ашық қарсы шыққандардың бірі еді.
Оның басына да кара бұлт үйіріліп келе жатқанын Елдес білген жоқ еді. Ол енді Міржақып досы туралы қауіп ойлаған. Ол туралы да әзірше тергеуші сұрақ қойған жоқ.
Қызылордадағы игі жақсылар жиі бас қосатын үй Міржақыптың үйі болатын. Әсіресе, 1925 жылы Міржақыптың кенже баласы Әлібек туғанда бәрі жиналып, мәре-сәре болып, бір жасап қалып еді. Сол жылы Торғайдан Міржақыптың еншісіне алты қанат ақ отау жеткізілген. Отауға әйелдер шашу шашып, ер азаматтар болса көңілді ойын-сауық құрған. Осы отырыста әнші ӘмІре де, Серке мен Елубай да, ұзын Мұхтар да болған. Міржақыптың келіншегі Ғайнижамал да жақсы әнші еді.
Елубай болса қылжақбас, кейде Серкеге тиісіп, әзілдесіп отыратын. Бірде: «осы біздің Серкеден артық орысшаға жетік адамды көрген жоқпын», – деп күлдіргені бар.
Оған бой беретін Серке ме?
- Құдайға шүкір, осындағы көп адамнан көш ілгеріміз, деп миығынан күледі.
- Олай болса балғаны орысша не дейді, айта қойшы, дейді Елубай.
- Молоток.
Елубайға керегі де осы. - Жарайды! Оны біледі екенсің. Ал кішкентай балғаны қалай деп атайды?
Серке бұған да мүдірмейді.
- Тәйірі, соны да білмейсің бе? Молотолок дейді.
Отырғандар қыран-топан күлкіге батады.
Енді бір сәт Әміреге кезек келеді. Ол ән салғанда дүние тоқтап қалған тәрізденеді. Елдестің көз алдына қазақтың далиған даласы, көсіле шапқан тұлпарлар келеді. Ақ бата айткан аталар, ақ жаулықты әжелер, көйлектерінің етегі көлбеңдеген сүйкімді қыз-келіншектер елестейді. Содан кейін қою шайды ішіп отырып әңгімеге араласады. Міржақып өзінің өлеңдерін оқиды.
Елдес Міржақыпты ерекше жақсы көреді. Оның бір бетінен қайтпайтын мінезі, ойлағанын бетке айтатын өткірлігінің өз мінезіне ұқсастығынан ба, әйтеуір Міржақып десе ішкен асын жерге қоятын. Сол Міржақып қысылтаяң заманда Кужақтың аткамінерлерінің көкпар қылып тартар олжасы болып кетуі мүмкін. Ал оны қалай қорғап қалуға болады? Қазақтар Қужақ деп атап кеткен Голощекин болса қаҺарына мініп тұрған кез еді.
Ертеңгі тергеу Елдес күткендей-ақ дәл осы тақырыпқа жалғасты. Тергеуші әңгімені Алаштың алғашқы құрылтайынан бастады. Құрылтайда бүкіл қазақ халқының «Алаш» деп аталатын территориялық автономиясын құру туралы қаулы қабылданып, Алашорда үкіметі құрылғанын, ұлттық мемлекет ұраны көтерілгенін ол жақсы біледі екен.
- Менің қолымдағы ресми құжаттарда осы құрылтайды ұйымдастырушылар Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Елдес Омаров, Сағындық Досжанов және Міржақып Дулатов деп көрсетілген. Осы Алаш атауын алдымен ұсынған кім? Шамасы, Міржақып Дулатов шығар, деп сұрады тергеуші.
- Алаш қазақ деген сөздің баламасы, ата-бабамыздың аты, – деді Елдес
- Бұл атау туралы кім бұрын айтқаны, не дегені есімде жоқ. Бірақ, Алаш деген атауға бір ауыздан келіскеніміз рас. Біз көтерген негізгі мәселе халықтың сауатын ашу, оларға білім беру ісін жетілдіру болатын. Мәселен, сол жолы мектеп оқулықтарын жасайтын арнаулы комиссия кұрылды. Оның құрамына Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Биахмет Сәрсенов, Телжан Шонанұлы және мен сайланған болатынбыз.
- Ал «Оян, қазақ!» дегенде Міржақып кімдерді оятқысы келеді, не айтқысы келеді?!
– Түсінікті емес пе? – деді Елдес. «Оян, қазақ!» дегені қазақты өнер-білімге шақыру. Бар болғаны сол ғана. Тіпті Міржақыптан бұрын Нұржан Наушабайұлы «Оян, Алаш!» деп айтқан. Басқа ақындар да бұл тақырыпқа қалам тартқан. Біреуі, тұр, қазақ деген, біреуі басыңды көтер, қазақ! – деген.
- Солай деңіз. Тергеуші сыздана бастады.
- Ал он сегізінші он тоғызыншы жылдары Сіз Алашорда үкіметінің Қостанай үйезіндегі комиссары міндетін атқарыпсыз. Онда да халықты өнер-білімге шақырумен ғана айналысқан шығарсыз.
- Әлбетте! Біз ол тұста Алаш үкіметінің саясатын халыққа түсіндірдік.
- Сонда Алаш халық қамын ойлайды дегіңіз келе ме?! Олай болса, революцияны не үшін жасадық? Пролетариат талабы не екенін білесіз бе?
- Мен тек өз көзқарасымды ғана айтып отырмын. Пролетариат диктатурасы не екенін жақсы білемін. Бірақ, кедейлер дс, байлар да бір қоғамда қатар өмір сүруге хақылы деп есептеймін.
Тергеуші орнынан тұрды. Қарауылды шақыртып: «алып кетіңіз!»– деп бұйырды.
...Елдестің тағы да өрмекшіге көзі түсті. «Өрмекші тоғыз табады, біреуі ғана бүйі болады» деген қай бидің сөзі еді. Халыққа бүйідей тигендерге қашан тыйым болар екен?! Міржақып: «ұйықтама, оян, қазақ!» – деп ұран салған жылдар күні кеше ғана емес пе еді.
Тегінде, қай заманда болсын асыл ерлер аһ ұрып, бармағын шайнап, іштері кайнап өткенге ұқсайды. Елдестің есіне өзі жақсы көретін Нұржан ақынның жырлары оралды:
«Алаш еді ұранымыз,
Дін ислам құранымыз.
Дүния, ақірет жайынан
Қолда жоқ еш құралымыз.
Ата қоныс кетті қолдан,
Бұған бар ма қыларымыз?
Бір штаннан басқаға
Болмады ғой құмарымыз» – деген ақын наласы қандай ауыр еді ?!
«Жанына өлшеп балаған,
Бес қыпшаққа қараған .
Үй, Тоғызақ , Әйет пен
Орман, ағаш, неше көл
Тобылменен арада
Жұртты жаман болдырды
Ит абалап қабаған.
Қара қазан, сар баланың
Еш адам жоқ бұл жұртта
Қамын ойлап жылаған
Ұйықтама, оян,Алашым!..» – деуші еді ғой.
Ия, сол кезде Нұржанның өзі «Оян, Алаш!» – деп ұран көтерген екен-ау. Бірақ, ел қамын жеген ерлер шығып еді, олардың көрген күні мынау болды. Бұл жалған дүниеде, сірә, адамның арманы бітер ме?! Алаш ардақтыларының елім деген тілегі орындалар болса көрген қорлық, тартқан азап бір күндей болмай ұмытылар еді.
Келесі күні тергеуші қазақ жастары арасында ауызға ерте ілінген жас жазушы Мұхтар Әуезов туралы сұрастыра бастады. Әңгіме желісін ұзаққа созбай, бір кездері өзінің қолымен Ташкентте жазылған Мұхтар туралы пікірді Елдестің алдына қойды. Орыс тілінде екі бетке жазылған өз қолтаңбасын көргенде Елдестің көз алдына күні кешегі қызықты күндері келген. Ол өз жазғанын өзі қайтадан қолына алып, өзге біреудің жазғанын оқып отырғандай қайтадан көз жүгіртіп шықты.
«ОТЗЫВ о научных работах М. О. Ауэзова («История казахской литературы», редактирование полного собрания сочинений Абая с критическим очерком и др.)
История литературы М. О. Ауэзова (около 300 стр. Казгосиздат, 1927, Ташкент) представляет собой первый опыт систематизации и научного анализа образцов устного творчества казакского народа, не только на казакском языке.
Автор в этой книге разбирает образцы народной поэзии, классифицируя их по жанрам, причем им охвачены также и периоды индивидуального творчества вплоть до Абая, т.е. до начала новой казакской литературы.
Историко-литературный анализ материалов произведен на основе культурно-методического метода.
Данный труд М. О. Ауэзова является весьма ценным не только в отношении тюркологии вообще.
М. О. Ауэзовым же проредактировано научно полное собрание сочиненй Абая в размере около 600 стр., и снабжено биографическими и критическим очерками, и соответствущими примечаниями и комментариями. Этот труд М. О. Ауэзова одобрен научно-методическим Советом Казнаркомпроса.
Оба эти труда М. О. Ауэзова, а также и ряд журнальных статей по вопросам литературы рекомендуют автора, как серьезного научного работника по казакской литературе и тюркологии вообще.
Помимо научно-исследовательской работы М. О. Ауэзов известен как писатель-драматург и беллетрист. Все его драматические произведения включены в репертуар Казгостеатра и являются самыми популярными среди соответствующих произведений на казакском языке. Одна из его пьес «Каракөз» удостоена первой премией на всеказакском конкурсе художественных пьес. О другой его пьесе «Энлик и Кебек» имеется критическая статья Т. И. Седельникова на русском языке, напечатанная в журнале «Жизнь национальностей» за 1923 г. в №№ 3-4.
М. О. Ауэзов кроме того имеет ряд художественных новелл, напечатанных в различных периодических изданиях Казагыстана.(оригинал не изменили) Один из его ранних рассказов «Беззащитная» переведен и на русский язык и включен в сборник издательства «Огонька». Недавно вышла в свет историческая повесть «Кыйлы Заман».
преподаватель Востфака САГУ по казахскому языку Омаров»
Ия, Мұхтар досы айтқан сол қилы заман бүгін де ел басына түсіп тұрғанға ұқсайды. Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаны да көрген қазақтың басына келген зобалаң осымен бітсе игі. Елдестің өз басы Мұхтардан бес жастай үлкендігі болса да «бес жас – бел құрдас» деген халық сөзін малданып, Мұхтарды туған інісіндей ғана емес, сырлас досындай жақын тартып, жақсы көріп кеткен еді.
Мұхтардың 1918 жылы Елдес Қостанайда Алашорда комиссары болып қызмет аткарып жүргенде дүниеге келген тұңғыш кызының есімі Мұғалима болатын. Ал оған тетелес өскен екінші баласын Шоқан деп атаған. Бірақ, осы балалардың шешесі Райханмен Мұхтар көп отаспай, халық соты арқылы ажырасқаннан кейін Шоқан жастай шетінеп кеткен. Кейінірек Валентина Николаевнамен отау кұрған Мұхтар Мағауияның қызы Кәмиланың бауырында өскен тұла бойы тұңғышы Мұғалиманы жолы түсіп Семейге барған Елдес арқылы Ташкентке алдырған болатын.
Содан кейін өзі Мұхтармен қандай жақын араласып кетсе, келіншегі Эльза да Валентинамен жақсы қарым-қатынас орнатып, екі әйел сырласып кетіп еді. 1928 жылы дүниеге келген ұлдарын Мұхтар мен Валентина Елдес ағасының құрметіне оның есімімен атаған және баланың шілдеханасына ағасын арнайы шақыртып, аузына түкіртіп, отырған үлкендер жағы «Елдестей ел баласы болсын, елдің қамын ойлайтын болсын»,– деп баталарын беріп, тарқасқан.
Сол жылдардың қиындығы мол болғанымен, қуанышы да аз болмапты. Ташкентте қазақ зиялыларының көпшілігі бастарын қосып, болашақ қазақ мемлекеті туралы пікір таластыратын, өзара ақылдасып, ой бөлісетін. Сол отырыстардың ішінде Алашорданың игі жақсыларымен қатар орталарына енді-енді ғана кіре бастаған Ғабит пен Қаныш та жүретін. Елдес осы кейінгі жастардан қатты үміт ететін. Ұйқыда жатқан қалың қазақты оятамын деп шыбын жаны шырқыраған Нұржан мен Міржақып, сары маса болып шағып оятқысы келген Ахмет секілді халықтың көзін өнер-білім, оқу-ағарту арқылы ашып, елдің атынан сөйлейтін билер мен шешендер сөзіне ұйыған, халық дәстүрін мемлекет басқаруда пайдаланған Есім хандар мен Қасым хандар, әз-Тәуке-сыңды алты алаштың басын қосуды армандаса, сол арманның орындалуы осындай жастардың іс-әрекетіне, парасат-пайымына байланысты болатынын терең түйсініп, зерделейтін.
Қас-қағым сәттің өзінде осының бәрін кино лентасындай көз алдынан өткізіп үлгірген Елдес тергеушіге де бір-ақ ауыз сөзбен жауап берді.
- Мұхтарға пікір жазғаным да, онымен бірнеше рет қонақта болғаным да рас. Бірақ, Алаш мүддесі туралы пікірталастарда Мұхтар болған емес, деді.
Тергеуші енді оның алдына Сәкен Сейфуллиннің 1925 жылдың 19 көкегінде Сталинге жазған хатының көшірмесін қойды. Орыс тілінде жазылған хатқа Елдес көз жүгіртті де қойды. Онда не жазылғаны оған бұрыннан мәлім еді.
«...Я не поверил, но вспомнил, что действительно на середине красных знамен стояло какое-то зеленое знамя. Некоторые товарищи возмущались, Алашордынские знамя сняли. Потом обьяснили, что это по незнанию повесил туда какой-то русский из служащих. А технической же стороной сьездовского помещения руководили высокограмотные киргизы.
Когда обратно, после конца сьезда, ехали в г. Оренбург в поезде один бывший работник Алашорды, старый учитель, мне хорошо знакомый, теперь сотрудник Наркомпроса, с довольным видом в присутствий двух товарищей сказал мне: «Наконец все вышло по-нашему (т.е. по Алаш-Орде) Сьезд открыли под нашим зеленым знаменем Алаш-Орды. Мы говорили, что ставка должна быть на интеллигенцию, а на этом сьезде полностью эту идею проводили. Слова «рабочих» остались пустыми фразами.
«Мы свое правительство называли Алаш – Орда. А на этом съезде будущую столицу Киргизии г.Ак мечеть (Перовск) переименовали в Кызыл – Орду (Красная Орда). Для киргиз цвета красное, зеленое, белое, ниакого значения не имеют, лишь бы осталась Орда. Теперь в партию войдем и мы». (Ордой называли юрту богатых и знатных людей, а юрту бедных и неимущих людей называли баспана и лашык) Вот, что мне сказал в поезде алашордынский мелкий просвещенский работник, теперь сотрудник Наркомпроса.
...И действительно, сейчас среди интеллигентных киргизов и киргизок, прежних работников Алаш-Орды и их учеников, все еще, или не вступивших в партию, или одно время входивших и обратно, замечается большое стремление в партию. Некоторые в разных городах уже подали заявления в партию. Это положение еще крайне опасно для Компартии и Киргизии».
– Сонда не мақсатты көздедіңіз?
Елдес жауабын қысқа қайырды:
- Компартияда болсақ та, болмасақ та, біздің мақсатымыз елдің, қазақ халқының жағдайын жақсарту болды. Бақа алып-қосарым жоқ.
Тергеуші оның сөзінс сенді ме, сенбеді ме, осымен әңгімені уақытша үзген. Елдес болса тағы да Мұхтардың «Еңлік-Кебек» спектакліндегі Абыздың айтқан сөзін есіне алды.
«Тұнығым ылай болды, қуғыншым құмай болды... Самал желі мұздай, көк майсасы сыздай»,– демеуші ме еді?!
Міржақып, Мағжан, Мұхтарға деген махаббаты Елдестің көкірегінде мәңгі орын тепкен. Сондықтан да олардың табанына кірген шөгір менің маңдайыма қадалсын деп Алладан тілек тілейтін. Күні кешегі Кенесарыны арманына жеткізбеген ауыздың алалығы, хан жанындағы кейбір адамдардын шалалығы емес пе? Алаштың ардақтылары досқа ашылса алақан, жауға жұмылған жұдырық болатын қайратты топ еді ғой. Олай болса -солардың бәрін үйіріп әкеліп құрығы ұзын үкімет адамдарының алдына жауап бергізіп қойған қандай күш?! Сондай ақылды топтан айлалы топтың амалы басым болды ма?! Әлде күні кеше кәмпескеге ілініп, жинаған мүлкі шілдің боғындай шашыраған қазақ байларының назасы ма, аштықта қойдай қырылып, сүйектері айдалада шашылып қалған әруақтардың қарғыс-қасіреті ме?!
Елдес қанша ойланып-толғанса да, ой түбіне, оның шыңырау тереңіне жете алатын емес.
Жиырма сегізінші жылдың желтоқсан айы қазақ зиялылары үшін қаһарлы құйынның басындай болды. Сол жылы ай да шалқасынан туып, «өзіне жайлы, елге жайсыз» болатынын анық білдірейін дегендей, қыстың басынан шалқалап жатып алды. Бұған дейін Елдесті тергеу ісін жүргізуге ОГПУ-дің толтырған құжаттарымен танысып шыққан Біріккен саяси бас басқарманың шығыс бөлімінің Қазақстан бойынша өкілетті өкілі, шығыс бөлімі бастығының көмекшісі Саенко мырза Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев және Елдес Омаровқа ашылған № 6 қылмысты іс бойынша қылмыстық кодекстің 20 бабын басшылыққа алып арнайы қаулы шығарғаннан кейін «халық жаулары» атанған Алаш арыстары Мәскеудің Бутыр абақтысына әкелінді. Мұнда кезінде қанды қол қарақшылар да, ақ патшаға қарсы бас көтерген төңкерісшілер де, жазықсыз жалалы болған талай боздақтар да жатқан. Енді осы түрменің дәмін тату бұлардың да пешенесіне жазылыпты.
Көппен бірге көрген ұлы той демекші, алғашқы үркітіп-қорқыту, сес көрсету секілді саяси шаралардан аман-есен өткен азаматтар енді түрме ішінде болса да бір-бірімен тілдесіп, алыстағы елдің амандығын айтып, шүйіркелесіп қалды.
Бұл күні Мағжанды тергеуге шақырған. Қалғандары үрпиісіп, одан не хабар болады екен деп отырған. Түсте әйтеуір аш құрсаққа талғажау боларлық ботқа мен бір тілім наннан түскі ас және шай берілді. Бірақ, ешқайсысы да асқа қолын созар емес. Үнсіздікті Елдес бұзды.
- Мағжанды тірі болсак, тағы көре жатармыз. Көрешегімізді көрмей көрге кірмейміз. Суымай тұрғанда алдымыздағы шайды ішелік, деді.
Не күлерін, не жыларын білмей отырған үшеуі шай ішуге кірісті. Көп ұзамай есік ашылды. Есіктен кірген Мағжан оларға тосын жаңалық айтты. Тергеуші ертеңнен бастап оны жеке камераға жатқызамын депті.
Айтқандай-ақ ертеңіне ең алдымен Міржақыпты алып кетті. Оны он төртінші камераға ауыстырғанын, жабығып жалғыз жатқанын естіді. Бір аптаның ішінде бір-бірімен қимай қоштасып, құшақтасып, амандықпен кездессек екен деген тілек айтып тарасты.
Отызыншы жылдың 4 көкегінде Біріккен саяси Бас басқарманың алқасы Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек бар, барлығы он үш кісіге ату жазасын қолдану туралы қаулы қабылдады. Мағжан, Елдес, Дамулла Байтілесовке де ату жазасы кесілді. Бірақ, арада бірнеше күн өткеннен кейін оларға ұйғарылған ату жазасы концлагерьде он жыл отыруға алмастырылғанын білді.
Бұл хабар Елдестің төбесінен жай түсіргендей болған жоқ. Өйткені, үш күннен кейін адам тозаққа да үйренеді екен дегендей, ауыр азапқа да, жанын жегідей жеген қайғы-қасіретке де оның еті өліп алған. Бұған дейін берген жауабын, тергеушілердің сұраған сауалдарын ой елегінен өткізіп, өзіне ғана емес, барлық аяулы Алаш азаматтарына құрылған тордан құтылып шығу мүмкін еместігін бірден сезген.
Жеке камераға қамаған күні тергеуші оны тағы ұзақ тергеді. Тергеушінің қолында «Қазақ» газетінің бірнеше саны бар екен. Осы газетте басылған бірнеше мақаланы орыс тіліне аудартып, оны да столының үстіне қойыпты.
Тергеуші бұрынғы әдетін тастап, алыстан орағытпай-ақ, бұл жолы сұрақты төтесінен қойды.
- Сіз Қоңқақ, Шұбар, Долан және Жорғақ деген кісілерді танисыз ба? деп сұрады.
Елдес ондай кісілерді білмейтінін айтты. Бірақ, аяқтан аңдаусызда шалатын іштен шыққан жырынды жаудың бірі бұларды сатып кеткенін бірден түсінді. Түсінді де, өзі білетін. аяулы достары туралы да, кейбірімен жақын араласьш кетпесе де, сырттай сыйлап жүрген азаматтар туралы да бір ауыз ғайбат сөз сөйлемеуге бекінді. Іштей қатты ширығып, өзін өзі тастай бекітіп алды. Жорғақ деген Елдестің өзінің лақап есімі болатын. Олар өзара оңаша бас қосқанда Міржақып Дулатовты Қоңқақ, Сейітқали Мендешевті Шұбар, Сәкен Сейфуллинді Долан деп атаушы еді. Тек Ахмет Байтұрсынұлын ғана Ақаң деп айтатын. Бірақ, бұл жағдайды өз араларында жүрген қазақ білмесе, орыс баласы білмесе керек едІ.
Тергеуші «Қазақ» газетінің 1917 жылы шілде айында жарық көрген «Сана қайда?» деген мақаладан үзінділер оқыды. Бұл мақаланың әрбір сөзін Елдес жатқа біледі, өйткені, оны Ақаң, Жақаң, тағы бірнеше азамат ақылдасып отырып, бірігіп жазған, сондықтаң мақаланың әрбір үтірі мен нүктесіне дейін таныс.
«Бір кезде өткен күнің түс секілді, көрген күңің көр секілді еді. Баяғыны сағынушы едің, қазіргіге шағынушы едің. «Әттең, тәңірмен» күнің өтті, тілің шықса – үнің шықпады, үнің шықса – тілің шықпады, дүнияны қара тұман басты. Сен бір еріксіз құл едің, талансыз туған сорлы едің, көп зарықтың, көп сарғайдың...
Көзіңнің жасына Құдай иіді. Көзіңнің жасына! Өйткені жылаудан басқаны білмеуші едің. Қабылы Алладан, қамы кімнен? – десе, – пендеден дер едің. Қам қылып па едің? – десе, жоқ дер едің. Жоқ екенін білеміз. Қамдануға уақытың болды ма? Қазақ деген халық едік. Еділ, Жайық, Есіл, Нұра, Ертіс, Орал, Алатау, Алтай мекенің еді. Осылардай жұмаққа теңдес жерлерің бар еді. Хауыз кәусар көлдерің бар еді. Ту ұстап, тұлпар мінген ерлерің бар еді. Дұшпан күндерлік күйлерің бар еді. Ердің құнын екі ауыз сөзбен бітірген билерің бар еді. Ел бастайтын көсемің бар еді, сөз бастайтын шешенің бар еді, ақ киізге көтерген хандарың бар еді, ізгі қария шалдарың бар еді, сауық-сайран жиының бар еді, бақ-береке ұйымың бар еді, кедейің жоқ, бай едің, төрт түлікке сай едің, сол күндерде арманың бар ма еді?! Жоқ секілді еді. Содан да қазақ айырылып едің. Одан қымбат нең бар еді?
Мойныңа бұғалық түсті – бұлқынбадың. Құрық көтеріп еді – қолға тұра қалдың. Арғымақ едің – жабы болдың, жүгенсіз мінді, қақпалап жүрді, ерқашты қылды – көне бердің. Баяғы дәурен көзіңнен бір-бір ұшты, қамықтың, жабықтың...
Көзіңнің жасына Құдай иіді. Қам қылған жоқсың, қам қылуға уақытың болған жоқ, уақытың талас-тартысқа кетті – өз-өзіңнің таласыңа кетті. Елдің көркі ер еді. Біздің қазақтың басшылары ғана, моншаққа қызығып, жер жүзінде ешбір халық дәреже көрмеген болыстықты зор абырой, бақыт көріп адасты, таласы қанына сіңді, атадан балаға мирас болып қалды. Ер адасса, ел адасушы еді, ерлеріміз адасып еді, еліміз де адасты, сол адасудан әлі беті оңға бұрылған жоқ, көздің жасын Құдай иген уақытта да жөнге түскен жоқ.
Болыстық қалып еді, жақсыларымыз болыстықтың тонын комитетке кигізді. Комитетке председатель, ағза (мүше дегені) болу – бұрынғыдай болыс, би болып ел билеу, момынға тізе көрсету екен деп адасты. Комитет ашу - бостандықты күшейту жолында халыққа қызмет ету екенін ойламады. Ойласа да дерт кернеп шыдатпай, ауру қалса да, әдет қалмады. Бостандық туғалы төрт айдан асты, қазақ арасында комитеттен де өзге зор істер бар екенінен хабары жоқ.
Енді біз қашан жұрт боламыз? Адасуды әлі де қоймаса, істің түбі неге соғар? Алаштың азаматы, осыны ойлалық!»
Тергеуші Алаш аты айтылған сайын екіленіп, Елдесті шегір көзімен жеп қойғалы отыр. Шамасы, Алаш деген сөз оған партия деген ұғымды ғана білдіретін болуы керек. Орьіс солай ойламағанда қайтеді, оны бұған дейін Алматыда тергеген қазақ екеш қазақтың өзі Алаштың азаматы деген тіркесті ұлттық партия мүшелеріне арналған сөз деп ұққан. Ол да осы тергеушіге ұқсап дәл осы мақаланың мәтінін өзіне оқып, көзіне шұқып, мұны жазған сен емессің бе? – деп сұрақтың астына алған.
Онда жазылған сөзді Елдес өзі жазбаса да, өзім жаздым деп айтудан тайынбас еді. Өйткені, көкірегінде шыңғырып жатқан жан айқайы түп-түгел қағаз бетіне түскен еді:
«Қазақтың қазақ заманы бастан көшкеннен кейін біздің атқа мінген жақсыларымыз Алаштың ары үшін, нәсіл-несептің қамы үшін өзара алалығын тастап, дұшпанға қарсы жол қарап, әдіс іздеген болса, бұл күнде көңіліміз тетігірек, көзіміз ашығырақ болар еді.
Бостандық туды, бұл бостандық бізге көктен түсті. Енді өзіміздің ұйымсыздығымыздан тегін бостандық жемісін пайдалана алмасақ, «аспаннан шұға жауғанда ұлтарақ тимеген құл» болмаймыз ба? Күні ертең земство ашылғалы тұр. 17 кыркүйекте учредительное собрание сайлауы. Ауылдық комитеттерге таласып, төрт айда жұмыстың төрттен бірін бітіре алмағанда, бір күннің ішінде бітуге тиіс учредительное собрание – сайлауы қалай болар? Басымыздан кешіріп отырған заманымыздың қалпы бұл. Мынау әлі бұғанасы бекімеген, буыны қатпаған бостандық. Мұның бәрін ойлаған адам ішкен асын жерге қояды. Шырт ұйқыдан шошып оянады. Жалғыз қазақ.. Қайғысыз біздің қазақ..
Бұл бостандықты әперген ерлерге ат салмасак, бізді олар кім дер? Бұл бостандықтан айырылсак, көрген күніміз не болар? Сана қайда?
Ардақты ақсақалдар!Атқа мінген ағалар! Ел билеген жақсылар! Талас-тартысты қойыңдар, мынау болғалы тұрған зор істерге камданыңдар! Ынсапқа қайтыңдар! Құдайдан қорқыңдар! Жұртты ойлаңдар! Нәсіл-несептің көз жасына қалып жүрмеңдер!»
- Әрі қарай оқымасаңыз да болады. Бұл мақаланы мен жазғанмын, деді Елдес.
- Ендеше осы газеттің 21 қарашадағы санында жарияланған «Алаш» партиясы программасының авторы да сіз шығарсыз!
- Иә, оны да мен жазғанымды теріске шығармаймын.
Бағдарламада: «Алаш» партиясы ғаділдікке жақ, нашарларға жолдас, жебірлерге жау... Дінге еркіншілік... Салық әркімнің әл-ауқатына, табысына қарай, байға байша, кедейге кедейше салынады» делінген.
Тергеуші берген жауаптар жазылған хаттамаға қол қойдыртып алды.
Оның ойында не барын кім білсін, Елдес болса жан жолдасы Міржақыптың:
«Мен біткен ойпаң жерге аласа ағаш,
Емеспін жемісі көп тамаша ағаш.
Қалғанша жалғыз жаңқам мен сенікі,
Пайдалан шаруаңа жараса, Алаш!» –
деген шумағын күбірлеп ішінен айтты.
Көзі жасты, көңілі қаяулы Алаш азаматтарының бәрі түгел болмағанмен, бір-екеуі аман қалса да, күні ертең Алаш туын көтеретініне, ел үшін еңіреп туғандар намыс жолын қумай қалмайтынына іштей сенімді болды. Елдес дәл сол сәтте Сарыарқа сайран жері мен айдын-шалқар көлдері үшін, бетегелі белдері үшін, қазақ елі мен ана тілі үшін басын бәйгіге тігіп, жанын қиюға да дайын еді. Тек тірліктің мына қара дауылынан жан жолдастары, замана ағымына қарсы шыққан замандастары қалың өртке ұшыраған кең далада аман қалған қау шөптей сау қалса екен деп тәңірден тілек тілеген.
Түнде тағы да ұйқы қашты. Күндіз уайым басса, түнде ұйқы қашса, абақты азабына шыдау оңай емес екенін Елдес жақсы түсінеді. Сондықтан да өзін өзі зорлап, ештеңе ойламайын десе де, кірпігі ілінер емес.
Көмек болысына қарасты Добайда мұғалім болып, балалардың тілін сындырған тұста да, одан кейін әртүрлі оқу орындарында қазақ шәкірттеріне дәріс бергенде де Ақаңның әліпбиімен берген сабақтары есінен кетер емес. Араб әліппесінде 29 әріп болса, Ақаң небәрі 24 әріптен қазақ әліпбиін жасап, өнер-білім жолын қуғандардың қиын жолын жеңілдетіп берген еді.
Елдес тақтаға шалдын және шабақтың суретін салып, Ақаң әліппесіне сүйеніп; «балалар, мынау «ш» деген әріп, ал мынау шал, бұл өзі сондай шатақ шал, ауқаты шабақ, сусыны шалап дегенде құйма құлақ шәкірттері әріпті сол арада-ақ танып, барлық сөзді жаттап алушы еді. Ендігі ел латын әрпіне көшіп үлгіріпті. Амал жоқ, Елдес те осы жазуды меңгеріп алған. Абақтының ішінде отырып, қолына анда-санда тиіп қалатын бір-екі жапырақ қағазға қаламның тұқылымен ойыңда жүрген жазбаларын Ақаң әліпбиімен түсіре бастаған. Бұл бір жағынан ойын бөлсе, бір жағынан ертеңгі түзейтін оқулықтарға қажетті сөйлемдерді еске түсіруге дұрыс болды. Бірақ, бұл қағаздарын абақты ішінен аман-есен алып шыға ала ма, оған көзі жетпейді.
Көп ұзамай адамдық атын жойған, әр тұтқынға қабаған иттей аңдушы қойған өмір басталды. Тұтқындардың кейбірі құлаған ағаш арасында жаншылып жан тапсырды. Кейбірі су түбіне кетіп, батпаққа тұншығып өлді.
Карель жеріне сыңсыған ну орман арасына айдалып келген Елдес бұл азаптан құтылудың бір ғана жолы ажал шығар деп ойлай бастаған шағы еді. Үмітсіз сайтан дегендей, көп ұзамай жолдастарынан хабар келді. Жан-жаққа бытырап жүрсе де, Соловецк лагеріндегі Міржақып кімнің қайда екенін анықтап, бір-бірімен хат та жазыса бастаған. Ендігі үміті – Мәскеуден қол-аяғы тұсаулы, ешқайда аттап шығуға рұқсат етілмеген Әлихан елдің амандығын жеткізген. Бутыр түрмесінде жатқан күндерде де осы Әлекең жанған өртке қанатымен су сепкен қарлығаштай елдің сәлемін де, ара-тұра ішім-жемін де жеткізіп беретін. Енді Ақаң мен Мағжандардың атынан жазушы Максим Горькийдің жұбайы, сол кезде Қызыл крест қоғамының меңгерушісі болып қызмет атқаратын Е. П. Пешковаға бірнеше мәрте арыз жазып, осы арыздың нәтижесінде отыз үшінші жылы Елдес үкім шығарылған мерзімі бітпей айдаудан босап шықты.
Ауыр жұмыстан қалжыраған, әрі елге деген сағыныштан, күнделікті уайымнан қатты жүдеген Елдес Петербордағы туысы Құсайын Бекентаевтың үйіне түсті. Құсайынның келіншегі театрда балерина болса, өзі таяуда ғана Қазакстанның тұрақты өкілі болып бекіп келген болатын.
Құсайын Жітіқара жерінде Желқуар өзенінің жағасында туған, әрі жерлес, әрі туысы еді. Қарабалық қыпшақ ішінде құбаға жататын. Он алтыншы жылы Мәскеудегі коммерция институтына оқуға түсіп, он жетінші жылы ақпан революциясына қатысқан, ал он сегізінші жылы наурыз айында Мәскеуде өткен коммунистік интернационалдың бірінші конгресінде қазақ елінің өкілі болған, Әліби Жанкелдиннің қолынан мандат алған, бірақ Елдес десе ішкен асын жерге қоятын.
Құсайын мен келіншегі Аннаның жатып жастык, иіліп төсек болып күткеніне Елдес те риза болып, ағайынның ағайыншылығына көңілі босады.
- Ассалаумағалайкум! деген дауысты естігенде тіпті есі шығып кетті.
Есіктен құшағын айқара ашып Әлекең кіріп келе жатыр еді.Төс түйістіріп амандасып, ыстық құшақтар айқасып, амандық-саулық сұрасқаннан кейін үлкен Әлекең Елдеске кіші Әлекеңді таныстырды. Елдестің Әлкей Марғұланмен таныстығы осылай басталып, іле-шала әдемі сыйластыққа ауысты.
Әлихан үй ішінде толып отырған жолдастарына:
- Елдесжан шаршап-шалдығып, жүдеп-жадап келген екен. Оған көп сұрақ беріп мазаламайық, тынығып, демін алсын, деді.
Елдес бұл жолы аз сөйлеп, көп тыңдады. Қужақтың елге жасаған қиянатын да түгел білді. Елдегі шолақ белсенділердің әрекетін естігенде, жаны қиналып, бір қызарып, бір бозарды.
Ортаға буы бұрқыраған ет келді. Анна ұлты орыс болса да қазақ тағамдарын жасауға шебер екен. Еттің нанын да өзі ысыпты. Ет желініп, сорпа ішілгеннен кейін Әлекең бата берді:
«Ал ендеше, ағайын,
Қолдарыңды жайыңдар!
Осы отырған көпшілік
Қабыл қылып алыңдар.
Көтеріңдер білекті,
Берсін Алла тілекті.
Елдесжаным ер болсын,
Отырған орны төр болсын,
Сенгені туған ел болсын,
Көңілі шалқар көл болсын,
Елімен аман қауышып,
Қайда жүрсе, жол болсын!» – деген тақпақтап айтқан сөздерін естіген жұрт тегіс елжіреді. Елдестің көзіне жас келді.
- Рахмет, Әлеке, айтқаныңыз келсін! деді.
Әлекең батасын одан әрі жалғастырды:
«Ал, Құсайын, қарағым,
Сен де бүгін жарадың,
Қосағыңмен қоса ағар,
Ілгері бассын қадамың!
Дастарханға құт қонсын,
Уайымың жоқ болсын!
Айтқаным келсін!» –
деп барып тоқтады. Отырғандар «Әумин!» десіп, «Аллау әкпәр!» айтып, беттерін сипады.
Осы бір отырыс Елдестің көкірегінде ұзақ сақталып, Әлекеннің айтқан сөздері де жатталып қалды.
«Көре-көре көсем, сөйлей-сөйлей шешен боларсың» деген де рас, Алматыға аман-сау жетіп, еркелетіп еркем деп атайтын Эльзамен қайта қауышып, кішкентайы Кенеханды сүйіп, мауқы басылғаннан кейін Эльзаны әңгімеге тартты.
- Айналайын, Эльза, сен ренжімесең, мен бір ұсыныс айтқалы тұрмын, деді.
Айтып отырғаны әйелі мен ұлының жайы еді. Екеуі бірін бірі ұнатып, сүйіп қосылғанда Эльза заңгер мамандығын алып үлгірген, әрі Ташкенттегі неміс консулының қызы болғандықтан алған тәрбиесі де өнегелІ, алды-артын абайлайтын, заман ағымын өте жақсы түсінетін жан еді. Олар тұңғыш ұлдарының есімін халық батыры атанған Кенесары Қасымұлының құрметіне Кенехан деп қойған. Болашақтың беті бұлыңғыр. Күні ертең, жаман айтпай жақсы жоқ дегендей, Елдеске тағы да қара бұлт төнетін болса, өзі ғана күйіп кетпей, жазықсыздан жазықсыз келіншегі мен ұлы да зардап шегуі мүмкін. Осының бәрін ой елегінен өткізген Елдес Эльзамен заң жүзінде ажырасу қажет екендігін, сонымен бірге Кенеханға тууы туралы басқа куәлік алып, оның есімін де өзгерту қажеттігін айтқан еді.
Бір жақсысы, Эльза көп туламады. Үндемей отырып қалды да, «сенен аяйтын жаным жоқ, бірақ, қалай жаса десең, солай жасайын, екеуміз бірге тұрсақ болды», – деп келіскен сыңайын білдірді. Айналдырған бірнеше күннің ішінде Елдес пен Эльза құжаттарын дайындап, заң жүзінде ажырасты. Кенеханның азан айтып қойған есімі өзгеріп, оның тууы туралы куәлігіне: «есімі Генрих, ата-тегі Берте, шешесі Эльза Берте, неміс қызы, әкесі Елдес Омарұлы, ұлты қазақ» деген жазбалар жазылды.
Елдес бұл шараны сақтықта қорлық жоқ деген әрекетпен жасаса да, түбінде бала-шағасына пайдасы тиерін білген жоқ.
Елдестің аман-есен елге оралуын естіген ел-жұрты да шыдап жата алмай, әр үйден жылу жинағандай кылып, барларын беріп, елдегі еті тірі пысық жігіт Асылбек Тәшбаевты пойызға мінгізіп жіберген екен. Асылбек келіп жолыққаннан кейін естіген әңгімелеріне Елдес бір қуанса, бір қайғырды.
Қуанғаны – әкесі де, шешесі де аман-есен, ағайын-туған да елмен бірдей күндерін көріп жатса керек. Бірақ, артынан ерген інісі Әбдешті Омар ақсақал оқытпай қойыпты. «Оқу оқыған Елдестей-ақ болар, содан тапқан жақсылығы қайсы?» – деп бір-ақ ауыз сөз айтыпты. Әбдештен үлкен Ескендір де кешегі ақ пен қызыл арпалысында Алаш милициясында жүріп, қосақ арасында шейіт болып кетті. Қарындасы Мәруаш білім алса екен деуші еді. Бірақ, мына қатал заман оларға қарасуға мұрша беретін емес.
Елдеске бәрінен ауыр тигені туған елі – қалың қазағы аштық кезінде қойдай қырылыпты. Қазақ ұлтының бетке шығар қаймағы түгелдей дерлік абақтыда отырғанда халқын ажал аузынан арашалап алар ер табылмапты. Әсіресе, Торғай мен Батпаққара жұртында тігерге тұяқ қалмай, ол жақтан шұбырған елдің Қостанай мен Жітіқараға жеткені ғана аман қалып, қалғандарының сүйегі айдалада шашылып қалғанға ұқсайды.
Мұндай зұлмат кешегі жоңғар шапқыншылығы тұсында ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламада да болмаған шығар.
Асылбек, әсіресе, кісі етін жеген, емшектегі нәрестесін ел ортасына тастап кеткен, біріне бірі қол көтерген ағайындар туралы сөз қозғағанда Елдестің көзі қарауытып, басы айналды. Тамағына өксік тіреліп, жанары жасаурады.
Тірі адам тірлігін жасамай ма, арада бір-екі күн өткеннен кейін барып Елдес баяғы қалпына келіп, Асылбекке жазбаларын көрсетті. Ел басқарған көсемдер мен топты жарған шешендер сөздерінен кітап жазып жатқанын айтты.
Асылбек кейбірін оқып шығып, кейбіреуіне көз жүгіртіп, таң қалып, басын шайқады.
- Керемет сөздер, айтарым жоқ. Бірақ, Ел-аға, Қазыбай би болды, Наурызбай болыс болды, Байеке ақ патшаның тойына қатысты, түбінде осылар басыңызға тағы пәле болып жүрмесін, тығып тастаңыз, болмаса мен елге алып кетейін, деді.
- Керек тастың ауырлығы жоқ. Бүгін кәдеге аспаса, ертең бәрібір керек болады, деді Елдес. Бірақ, Асылбек елге қайтарда бір бума қағаздарын беріп жіберді.
- Әкеме де көрсетпе, тығып сақта! деді. Аман болсақ, бір алармын. Өз қолыма тимей қалса, араға жылдар салып барып көзі ашық қазақтардың біреуіне тапсырарсың, деп аманат айтты.
Асылбек дел-сал болып ауылға қайтты. «Қанша азап шексе де, алған бетінен қайтпайды. Бұл Елдеске шынында да оқу өтіп кеткен шығар» – деп ойлады.
Елдес болса кешегі жиырма бірінші жылғы аштықты көз алдына келтірген. Сол жағдай арада мүшел өтпей жатып тағы қайталанғаны тағдырдың тәлкегі ме?
Сол жылдарда Алаш қайраткерлері Семейге барып, Көкшетау мен Қызылжарды аралап, байдан да, орта шаруадан да астық жинап, көліктердІ жабдықтап, Тобыл бойынан бастап Торғайға дейін аш елге астық жіберген. Осы істің басы-қасында Елдес өзі де жүрген.
«Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» дегендей, қиын-қыстау күнді бас пайдасына жаратқандар сол жылдары да болған.
Солардың бірі Ақтан деген кісі Елдестің жақын ағайыны еді. Қостанайда Елдес оған қант-шай, киім-кешек беріп, аш елге үлестір десе, ол кісі берген бұйымдарды айтқан жерге тапсырмай, өзіне сіңіріп кетсе керек.
Арада бірер жыл өткен соң Ақтан Елдесті қонаққа шақырған үйлердің біріне арнайы Іздеп келіп, сәлем берсе, Елдес: «Шық үйден, ит!» – деп оны қуып шыққан. Бұл қылығын түсінбей қалғандарға: «бұлар елге қамқоршы болады десем, өз қарақан басын ойлаған нашар адамдар болды» - деген.
Шамасы, сондай нашарлар көбейіп, ел десе қоң етін кесіп беретіндер азайып кеткенге ұқсайды. Әйтпесе, мұнша шығын болар ма едІ? Елдестің есіне тағы да Міржақып өлеңдері түсті:
«Кешегі қара күндерде
Жұлдызсыз, айсыз түндерде
Жол таба алмай, сенделіп,
Адасьш алаш жүргенде,
Бұл күнгі көп көсемдер
Сұраймын, сонда қайда едің?
Ақыл таппай, дағдарып,
Жанашыр таппай сандалып,
Барарын қайда біле алмай
Жүрген бір күнде сан ғаріп,
Есепсіз көп шешендер
Жөніңді айтшы, қайда едің?
Сарыарқа, сайран жерлерім,
Көкорай шалғын көлдерім,
Бәрін жауға алдырып,
Асқар тау - биік белдерім,
Қысылып қазақ тұрғанда
Данышпандар, қайда едің?
Атадан бала айырылып,
Қанаты сынып қайырылып,
Қасірет толып жүрекке,
Тұрған бір кезде қайғырып,
Толып жатқан қамқорлар,
Елде жоқ едің, қайда едің?
Құландай үркіп елдерің,
Қалдырып мекен жерлерін,
Жаяу-жалпы, жалаңаш
Қатын, бала, ерлерің
Аштықтан қырғын тапқанда
Сыпыра жомарт, қайда едің?»
Сонша азапты артқа тастап, елге жетіп, енді есімізді жиярмыз деген шақта Елдеске жұмысқа орналасу да қиямет-қайым болды. Күні кеше «Әділ» атанған әділдігі ешкімге қажет емес екен. «Қазақтың Ломоносовы» атанған атына сай білімінің де ешкімге керегі жоқ екен. Ара-тұра әртүрлі мекемедегі қызмет істейтін мамандарға қазақ тілінен және орыс тілінен сабақ берді. Бірақ, әрі кетсе екі-үш айда ұзынкұлақтар арқылы жұмыс істеген орнына хабар келіп, сенімсіз элемент есебінде жұмыстан тез босатылып отырды. Отыз төртінші жылы лагерьден босап келген Ақаң да осы күйге тап болды. Оның халық комиссариатындағы орыс мамандарына қазақ тілін оқытуға әзер кіргенін естігенде жанын қоярға жер таппады..
Сөйтіп жүргенде Алматы дәрігерлік институтында мұғалімдер жетпей жатқанын естіген. Институтқа қатардағы оқытушы болып қабылданды. Кейінірек Қазақ мемлекеттік университетінде де сабақ бере бастады. Бұған дейін пәтер жалдап, кісі босағасында жүрген Елдес пен Эльзаға енді жатақханадан бір бөлме берілді. Осыған орай Елдес тағы да ғылыми жұмысқа ден қойып, Қазақ дәрігерлік институтының ректорына өзін штаттағы қызметтен босатуын, әрІ қарай штаттан тыс оқытушылық қызмет атқаруына мүмкіндік беруін сұрап өтініш жазды. Институт директоры профессор Зикеев болса оған медиктерге арнап қазақ тілі оқулығын құрастыруға тапсырма берді. Бұл үшін қосымша сағат жазып, ақы төлеуге бұйрық жазды. Оқулықтар құрастырып, жаңа еңбектер жазуға бел буған Елдестің айдауда болған жылдары бұзылған денсаулығы осы тұста сыр бере бастады. Елдес Жоғары мектеп одағы өлкелік комитетіне арыз жазып, «Медеу» демалыс үйіне жолдама алды. Отыз алтыншы жылдың каңтар айында Медеуде дем алып, таза ауа жұтқан, тыныс алу жолдары ашылғандай болған Елдес едәуір әл жиып, енді ғылыми жұмысқа кірісуді тағы да ойластыра бастаған еді.
Медиктерге деген оқулық оның көптен ойында жүретін. Өзге тілдерден кірген кірме сөздерге қарсы болған Елдес медицина деген терминнің өзі қазақтың ежелгі сөзінен шыққанын дәлелдеп, Шығыстан шыққан емші Әбу Синанаың медеті (емі) деген ұғымды білдіретін Сина медеті деген сөзді қазақ топырағына қайта оралтуды қажет санайтын. Сондай-ақ қазақтың тұрмысында, әсіресе, төрт түлік мал өсірген малшы қауым жиі қолданатын мал аурулары аттарын ғылым тіліне енгізуге бел шешіп кіріскісі келген еді.
Маусым айында жоғарыдан шет тілдері мұғалімдерін қысқарту туралы нұсқау келуіне орай Елдес те жұмыстан босап қалды. Оның ендігі күнкөрісі Қазақ мемлекеттік университетіндегі оқытушылық қызметіне байланысты еді.
Жұт жеті ағайынды дегендей, осы сергелдең жылдары (отыз бесінші жылы) жан жолдасы Міржақыптың қаза тапқанын естіді. Бұл жаманат хабарды естіген күні сабаққа да бармай, күні бойы аза тұтты. Абақтыда , айдауда жүргенде де өңін бермеген қап-қара шашы сол күні бір-ақ түнде ағарып шыға келді.
Университетте доцент болып қызмет атқарып жүрген Телжан Шонанұлы мен оның келіншегі Шахзадаға «халық жауы» деген жала жабылғанда Елдес қарап отыра алмады. Оның Телжанды ақтап және ашықтан-ашық жақтап сөйлеген сөзі оқу орнының басшылары арасында үлкен дүрбелең туғызды.
Қазақ мемлекеттік университетінде тіл кафедрасында өткен төтенше мәжіліске кафедра меңгерушісі Ф. Т. Оликов, биология факультетінің деканы Митрофанов, осы факультеттің оқытушылары И. О. Байков, М. Б. Байкова, И. О. Папоротная және Рат қатысты.
«Халық жауы» Телжан Шонановты қорғаған іс-әрекеті үшін Елдеске де айып тағылып, сөйлегендер оның да «халық жауы» екенін дәлелдеуге асықты.
Елдес Телжанды Орынбордағы халық ағарту институты ашылған күндерден бастап білетін. 1922 жылы ашылған бұл оқу ордасына ұзын Мұхтар директор болды. Басына қазақтың түлкі тымағын киіп жүретін ұзын Мұхтар қазақтың сал-серілеріне көбірек ұқсайтын. Осы білім орнында Телжан қазақ тілінен, Елдес физикадан дәріс оқыған еді.
Елдес өзіне сауал қойған оқытушыларға: «Шындығында мен аудиторияда Шонанұлының тәжірибелі методист екендігін және оның оқыту жүйесінде зиянды дәнеңе де байқамағандығымды айтқаным рас... Бұрын менің Шонанұлымен қазақ тілін оқыту әдістемесіне қатысты пікір қайшылықтарым болған, әйтсе-дағы өз ісін жетік білетін маман ретінде оны құрмет тұтатынмын, ол жа ғынан зиянкестік қылмысы жоқ деуімнің себебі де сондықтан», – деп жауап берді.
Шығып сөйлегендер бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай оны жерден алып, жерге салды. Халық жауының ашық қорғаушысы, теріс үгіт жүргізген контрреволюционер деп айыптады.
Мәжілісте Оликовтың ұсынысымен: «биология факультетінің екінші курс студенттерінің арызын талқылай келіп, қазақ тілі пәнінің оқытушысы Елдес Омарұлының көп алдында әшкереленген халық жауы Телжан Шонанұлына тағылған айыпты жоққа шығарып, студенттер арасында үгіт жүргізуі мен НҚВД органына сенбестік туғызып, контрреволюционерді ашықтан-ашық қорғаған іс-әрекеті үшін тіл кафедрасы оның тез арада қызметтен қуылуын талап етеді» деген қаулы қабылданды.
Дәл сол күні қазан айының 13-де ҚазМУ директорының № 159 бұйрығы бойынша жұмыстан босатылды. Келесі күні жатақхана коменданты Устиновқа Елдестің отбасы тұрып жатқан Қартонный көшесіндегі 80-ші үйдІң 1-ші пәтерінен оны күштеп шығару тапсырылды.
Далада қалған Елдес енді Эльза мен Кенеханын кұшақтап отырып:
- Сендер естерің барда елді табыңдар, ертеңнен калмай Қостанайға қайтыңдар, ондағы ел-жұрт аштан өлтірмес, деп берік байламын айтты.
- Бірге кетейік! Тіпті болмаса шетелге өтейік! деген Элъзаға Елдес:
- Өзекті жанға бір өлім. Үкіметтің қолы ұзын. Оның құрығынан ешқайда қашып құтыла алмайсың. Әрбір қадамым аңдулы. Ажалсыз адам қырық жыл қырғында да өлмейді. Тірі болсақ, бұл дүниеде жолыға алмасақ, бақида кездесерміз, деді.
Эльзаның еңірегенде етегі толды. Бұл күні олар қаладағы Виноградов көшесіндегі тоқсан алтыншы үйдегі жатақханадағы ескі таныстарына барып қонды.
Арада екі-үш апта өтті. «Көп кешікпей жетемін» деген сүйген жар уәдесін малданған Эльза Қостанайға аттанды.
...Таң атпай есік қағылды. Үсті-басы былғары, түстері суық үш адам Елдесті мәңгілік сапарына алып бара жатты. Бұл сиыр жылының қараша айы болатын.
Далада суық жел азынап тұрды. Елдес пальтосының жағасын көтеріп жатып Абайдың «Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай, Қыстың басы бірі ерте, біреуі жай» – деген жолдарын есіне түсірді.
Хром етіктерінің. табаны Алматының ерте түскен қарын сықырлатып бара жатқан жендеттер болса оған әлдеқашан үкім шығарып қойған болатын. Үкім желтоқсан айында орындалуға тиіс еді.