Адам қарады: 319 | Жарияланды: 2017-03-14 03:33:38

Тапқыр тышқан

              Балалрға арналған музыкалық қуыршақтар қойылымы 

                            / Жаз.Аула іші. Сахнаға бір Тышқан шығады /

Тышқан:- Ой,ой, балалар...Амансыңдар ма? Мына мені танисыңдар ма? Мен,

                  мен, Тышқанмын.Тышқан болғанда, анау-мынау тышқан емес,

                  кәдімгі Тапқыр Тышқанмын. Бірақ, бір жаман жері сендер сияқты

                  менің тұратын үйім жоқ..Ой,ой,ой, қарным ашты. Маған бір үзім

                  нан беретін бала бар ма екен?  Асқазаным қорылдап шыдай алар

                  емеспін. Шіркін, нан мен шекер болса ғой...Балалар,

                  қалаталарыңда жейтін бірдеңе бар ма? Бұл үйде не бар екен... О,

                 мына қазанда сүт бар екен. Соны ішіп алайын. /қазандағы сүт

                  төгіледі/ Ой,ой, біреу келмей  тұрғанда мен қашайын. Сендер

                  ешкімге айтып қоймаңдар, жарай ма? /кетеді/

                  /Сахнаға кемпір шығады/

Кемпір:- Саламатсыздар ма, балалар, амансыңдар ма, баланы туған

                мамалар...Ойбай, мына қазандағы сүтті кім төгіп тастаған? Сендер

                төктіңдер ме?

                Ойпырмай, мына үйге көшіп келгелі, түнімен бірдеңе тықыр-тықыр,

                қышыр-қышыр етеді. Осы үйде бірдеңе бар секілді, Жын ба,

                Сайтан ба, білмеймін....Әйтеуір, бірдеңе бар. Жайып қойған құрт-

                ірімшігімді жеп кояды, сүтімді ішіп кетеді. Бұл үйде жалғыз өзім

                тұрамын, және  Ақтөс деген бір ақылды итім бар. Бірақ, Ақтөс 

                ұрлық жасамайды. Ит - адамның адал досы..

                Құдай-ай, әлгі менің ауланы сыпыратын сыпырғым қайда екен?

                Қайда қойдым өзін../іздейді/ Ой, қолымда тұр екен ғой...Қой, мына

                ауланы сыпырайын...

                - Алма ағаштың гүліндей-ай,

                   Текеметтің түріндей-ай

                   Өтіп дәурен бара жатыр,

                   Сіз бен бізге білінбей-ай...

                   Сәулем, сәулем, сәулем-ай.../әндетіп ауланы сыпырып кетеді/

                 /Кемпір кетеді. Би билеп, ән айтып Тышқан келеді.Қолында

                  чемоданы бар/

Тышқан:- Тапқыр Тышқан мен болам

                  Құлпыра бер кең далам

                  Елім байтақ болса да,

                  Пәтерім жоқ, ой, жаман

                                  Екі көзім қырағы,

                                  Өмірімнің  шырағы

                                  Тышқандардың неге жоқ

                                  Баспанасы, тұрағы...

                  -Бұл өмірде маған үй көп, мінекей тағы жаңа үйге көшіп келдім.  

                   Бірақ, өз үйім боз үйім демекші, өзіңнің жеке үйің болғанға не

                   жетсін. Қой, мен осы үйге жайғасайын. Балалар, сендер біреу-

                   міреу келіп қалса айтып жіберіңдер жарай ма.../үйдің ішін тінтіп

                   қарай бастайды. Бір кезде кемпір келіп қалады/

  Кемпір:- Ойбай, тышқан, тышқан, ұстаңдар...Ұстаңдар тышқанды.

                  Көмектесіңдер. Біздің аулаға тыщқан кіріп кетіпті,ойбай... тышқан

                  кіріп кетіпті.Үйдің бєрін шашып  жүрген сен екенсің ғой, бәлем

              Ақтөс, Ақтөс қайдасың. Ой, қаңғыбас қайда жүрсің.../итін шақырады/

              Ақтөс деймін, Ақтөс.. Қаңғып аулада тұрмайсың. Әй, Ақтөс.../ит 

             өлең айтып келеді/

            - Мен осы үйдің еркесімін, батырмын,

              Күзетумен талай таңды атырдым

              Ақтөс деген атым шықты әжетай

              Қәне, қайда, мені неге шақырдың? Аф,аф,аф,,

                         Қәне, қайда, әжемді кім жылатқан?

                         Шық, кәнекей бұрайын мен құлақтан

                         Кім әжетай, өкпелеткен өзіңді

                         Ұстап алып көрсетейін күшімді...

Ақтөс:- Аф, Аф...әже, не болды,не болды соншама айқайлап...

Кемпір:- Не болсын, ойбай, біздің аулаға тышқан қаптап кетіпті

Ақтөс:- Уф, адамның зәресін алдың ғой, тышқан деймісің. Ол қайдан жүр?

Кемпір:- Ана тышқанды  ұстап алып көзін құрт. /Ит әуелі жүгіріп кетеді де

                 қайтып келеді/

Ақтөс:- Әже, аф, аф..тышқан аулау менің  жұмысым емес.

Кемпір:- Ойбай-ау, енді қайтеміз??

Ақтөс:- Мен қайдан білейін, менің жұмысым  ауланы күзету. Сүйек

              мүжу...Біреу келсе аф,аф, үру...

Кемпір:- Енді ана тышқанды кім ұстайды?

Ақтөс:- Мысық

Кемпір:- Біздің үйде мысық жоқ қой...

Ақтөс:- Кеше базардан бір  мысық көрдім, соған барып айтыңыз...

Кемпір:- Базардан, жарайды, мен мысықты алып келейін. Ал сен Ақтөс

               аулаға ешкімді кіргізбе../Кемпір кетеді/

Ақтөс:- Мен тышанды күтейін, тағы бір айналып соғар...Балалар

              ана жерге тығылып тұрамын. Сендер айтып қоймаңдар /тығылып

               қалады/

              /Аяғының ұшымен тышқан келеді /

Тышқан:- Балалар, әлгі әжей қайда кетті? Аулада ешкі жоқ па?

                  /Осы кезде ырылдап ит шығады/

Ақтөс:- Ыррр, Ыррр, сен, біздің ауладан не ұрлап жұрсің?

Тышқан:- Мен ұры емеспін, мен де осы үйде тұрамын...

Ақтөс:- Соқ, өтірікті. Бұл үйде әжей екеуімізден басқа ешкім тұрмайды

Тышқан:- Маған осы үйде пәтер жалдап тұруға бола ма?

Ит:- Сенсіз де, пәтер сұраушылар көп...Тез арада бұл жерден тайып тұрыңыз,

        аф..аф...аф

Тышқан:- Не деген қатал едіңіз? Менің басқа баратын жерім жоқ

Ит:-Неге жоқ? Саған үй деген көп. Таңдап жүріп кіріп аласың

Тышқан:- Маған тиіспеші,ааа

Ит:- Айтпақшы, сенің атың кім?

Тышќан:- Мен Тапқыр Тышқанмын...

Ит:- Қалай тапқыр, жоғалған затты тез арада тауып бересің бе?

Тышқан:- Жоға...

Ит:- Енді неге сені Тапқыр Тышқан деп атайды?

Тышқан:- Мен тапқыр болғанда,білімді тышқанмын. Екі жоғары білімді

                  дипломым бар?

Ит:- Диплом, білім деген не?

Тышқан:- Ол өте керемет, сөз жетпейтін ұғым. Мысалы мен жылдың

                  басымын. Ең бірінші болып Жаңа -Жылды көрген мен.

                  Айтпақшы, сенің атың кім?

Ит:- Ақтөс

Тышќан:- Ақтөс қандай керемет есім. Ақтөс сен кім екеніңді білесің бе?

Ит:-        Әрине, білемін. Мен қарапайым итпін

Тышқан:- Жоқ, сен олай деп қателеспе , Ит- жеті қазынаның бірі. Ит –

                  адамның досы, ит те жылдың құрамына кіреді

Ит:- Жыл деген не?

Тышқан:- Жыл деген 12 айдан құралады?

Ит:- Қалайша?

Тышқан:- Бірінші мен, тышқан жылы. Сосын сиыр жылы, сосын барыс, қоян,

                  ұлу, жылан жылы, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, мына сенің

                  жылың, сосын доңыз жылы..

Ит:- Мен де сен сияқты білімді, ақылды болғым келеді./деп таңданады/

Тышқан:- Білімді болу үшін, кітапты көп оқу керек.Есеп шығара білу керек.

Ит:- Есек...

Тышқан:- Есек емес, есеп...

Ит:- Қалай шығарады?

Тышқан:- Мысалы, сенің қолыңда бір жұмыртқа болады. Сен ол жұмыртқаны  

                 абайсызда жерге түсіріп аласың,/дыбыс/ сонда сенің қолыңда неше

                 жұмыртқа қалады?

Ит:- Жарылған жұмыртқа қалады. /Ит күліп/

Тышқан:- Олай емес, сенің қолыңда ештеңе де қалмайды. Ноль болады

Ит:- Ноль деген не?

Тышқан:- Ноль деген өте жаман сан. Ноль деген тақырға отыру, банкрот.

Ит:- Ал мен, тақырға отыра аламын, мінекей... /жерге отырады/ Ал, банкрот

         деген не?

Тышқан:- Олай емес, банкрот деген, қалай түсіндірсем екен? Міне былай,

                бұрын әжең саған қанша тамақ беретін еді?

Ит:- Бір қазан

Тышқан:- Ал, қазір ше?

Ит:- Бір сүйек...

Тышқан:- Міне, банкрот деген осы, бүгін бар, ертең жоқ...

Ит:- Қандай сандар жақсы?

Тышқан:- Бес деген сан жақсы, сосын қазақ ұлтында жеті саны киелі  сан.

Ит:- Жеті...Ол қалай?

Тышқан:- Жеті күн, жеті қазына, жеті ата, жеті көк, жеті амал...

Ит:- Ал, екі деген сан ше?

Тышқан:- Екі деген сан мектеп қабырғасында өте жаман сан, жаман баға

                 болып есептеледі.

Ит:- Тапқыр Тышқан сен қандай бақыттысың, қандай білімдісің? Екеуіміз

         мәңгілік айырылмастай дос болайықшы.

Тышқан:- Жарайды, кел қол алысайық. дос болсайық...

Ит:- Аф.аф, ойбай Тапқыр Тышқан сен бұл жерден тез кет, әйтпесе, әжем сені 

        құртуға әлгі мысықты ертіп келе жатыр.  

       /Осы кезде Кемпір мен Мысық келеді. Мысық қолында гитара єн салып

      келеді.Тышқан қашып тығылып қалады/

Мысық:- Мияу, мен мысықпын, пысықпын,

                Қақпанымды құрайын

                Ұстап алып тышқанды

                Өз үйіне қуайын...

                 Қара тышқан, ку тышқан

                 Сені іздеп келемін,

                 Түсе қалсаң қолыма

                 Қап бәлем, сазайыңды беремін...

Ит:- Сен тышқанды жамандама, ол қара тышқан емес, Тапқыр Тышқан.

Кемпір:- Ақтөсжан, саған не болған? Тышқан қайда?

Ит:-       Мен қайдан білейін, жүрген шығар

Мысық:- Мен талай тышқандардың қалпағын қайырғанмын. Әже, жұмысқа

                кіріспестен бұрын есептесіп алайық. Қазір тегін қызмет жоқ деген

                сияқты, мияу...

Кемпір:- Қызметің қанша тұрады?

Мысық:- Мәселен, ол тышқанның сортына байланысты. Сіздің аулада жүрген

                тышқан қандай тышқан?

Ит:- Аф,аф,ол білімді, ақылды, Тапқыр Тышқан,

Мысық:- Ондай тышқан болмайды. Ондай тышқанды көрсем көзім шықсын,

                 мияу.../күледі/

Ит:- Аф, аф, неге болмайды, болады...

Кемпір:- Айналайын, Ақтөс, Ақтөсжан саған  не болған?

Ит:- Ыр, ыр, ыррр...Ештеңеде болған жоқ . /мысықты жақтырмай/

Кемпір:- Мынау ренжіп қалғаны несі, ай, Мысық  сонда тышқанның қандай

                 түрлері болады?

Мысық:- Мияу, Мысалы, тышқандар: көртышқан, атжалман, саршұнақ,

                 қосаяқ, дала тышқаны, қора тышқаны, айта берсем көп-ақ.

Ит:- Ешқандай да ол көртышқан, атжалман емес, ол Тапқыр Тышқан...

Мысық:- Мияу, сіз біздің шаруаға араласа бермей, сыртқа шығып

                тұрыңызшы, мияу.

Ит:- Сыртқа шығатын адамды тапқан екенсің. Бұл менің үйім, менің аулам,

         менің қазаным, менің  еккен талым, бұл менің әжем, аф, аф...

Мысыќ:- Мияу, сіз неге ашуланасыз, әжесі, мына  итіңізге бірдеңе

               айтсаңызшы

Кемпір:- Айналайын, Ақтөс сен неге ашуланып тұрсың? Бұл мысық әлгі

               тышқанды ұстап алып желкесін бір-ақ қияды.

Ит:- Аф, біреуді зәбірлеу қиянат, дұрыс емес, мен оған қосылмаймын...

Мысық:- Мына менің қолымда тұрған ірімшікті жіпке байлап лақтырып

               жіберсем, ірімшіктің жұпар  иісіне әлгі аш тышқан сілекейі

                шұбырып, басы айналып, өзі–ақ жетіп келеді.

               /Жіпке ірімшіктіі байлап лаќтырады.Жайлап жіпті тартады. Ал,

                тышқан ірімшікке еріп келеді/

Кемпір:- Ойыбай, бірдеңе қараңдап еріп келе жатыр

Мысық:- Айттым ғой, менің тұзағымнан бір де бір тышқан құтылған емес.

                Келе ғой, келе ғой бермен...

Ит:- Тапқыр Тышқан кет, кет, қаш... Сені өтірік алдап тұр.

 Мысық:- Әп бєлем, қолыма түстің бе?

               /деп, .Мысық тышқанды қуа жөнеледі.Ит

            мысықты қуады. Тышқан иттің артына келіп тығылады/

Кемпір:- Ақтөс, жетер енді сен, қаңғыбас тышқанға неменеге жаның  ашып

               тұр?

Ит:-    Ол қаңғыбас емес, ол ақылды, білімді Тапқыр Тышқан...Жетер, бұл

           тышқанға тиісе бермеңдер.

Мысық:- Ту, Ақтөс қай-қайдағыны айтып қоймадыңыз ғой, бұл менің

                 жемтігім.

Ит:- Ол жемтік емес, Тапқыр Тышқан

Кемпір:- Ту, Ақтөсжан әй, жетер енді...

Ит:- Ырр, ырр, сен кєрі мысық, Тапқыр Тышқаннан аулақ жүр.

Мысық:- Мияу, тышан аулау ата-бабамнан қалған салт-дәстүр.

Ит:- Ит пен Мысықтың да бұрыннан келе жатқан араздығы бар.

Мысық:- Сонда сен мені талап тастағың келіп тұр ма?

Ит:- Иә, ырр, ырр.../деп, мысыққа ұмтылады. Мысық кемпірдің артына

         тығылады/

Кемпір:- Әй,Ақтөс, қой деймін, қой...Тиіспе мысыққа...

Ит:- Әжетай бұл тышқанға тиіспейікші, ол өте ақылды, білімді керемет

        Тапқыр Тышқан

Кемпір:- Тапқыр, тапқыр деп, басымызды қатырдың ғой. Тапқырлығын

               дәлелдеп берсін.  

Мысық:- Тапқыр, тапқыр деп жүргенде тақырға отырғызып кетпесін.

Ит:-  Тапқыр Тышқан сен қорықпа. Бері кел.

        Бірақ, егер Тышқан тапқырлығын дәлелдеп берсе,, сендер тиіспейміз деп

         уәде беріңдер...    

Кемпір:- Иә, жарайды, тиіспейміз

Мысық:- Мияу, мақұл, келістім...

Ит:- Уєде – атылған оқпен бірдей.. Тапқыр Тышқан қәне, қорықпай

          тапқырлығыңды  көрсет. 

Тышқан:- Ал, қойыңдар сұрақтарыңды, мен жауап беруге дайынмын.

Кемпір:- Жеті ата туралы не білесің, маған сол туралы айтып берші...

Ит:- Тапқыр Тышқан айт,

Тышқан:- Жеті ата дегеніміз: Бірінші бала, екінші әке, үшінші ата, сосын

                  төртінші арғы ата, бесінші баба, алтыншы түп ата, жетінші тек ата

Мысық:- Оны кім білмейді? Әже, басқа сұрақ қойыңыз...

Кемпір:- Тыщқан, қарағым, осы дүниеде не тәтті?

Мысық:- Мияу, осы да сұрақпа, дүниеде тәтті көп

Ит:- Сен, мысық ,білсең айта қәне...

Мысық:- Мияу, дүниеде балқаймақ тәтті, қою сүт тәтті, пештің түбіндегі

                ұйқы тәтті...

Тышқан:- Сен, қателесіп тұрсың, олай емес...Дүниеде ақ жаулықты ананың

                 сүті тәтті...

Кемпір:- Ой, айналайын нағыз ақылды, данышпан, тапқыр тышқан екенсің.

Ит:- Айттым сендерге, маған сенбейсіңдер, аф,аф..

Кемпір:- Айналайын Тапқыр Тышқан сен де бізбен бірге тұра бер, жүр үйге

               кіріңдер, сендерді тамақтандырайын.../Кемпір,ит, тышқан үйге кіріп

                кетеді./

Мысық:- Бәрі кетіп қалған ба? Қап, әлгі иттің кесірінен қолыма түсіп тұрған

                 олжамнан айырылып қалғанымды қарашы. Қарным да ашты. Тіске

                басатын түк жоқ. Мүмкін, менің де аналар сияқты дос тапқаным

                дұрыс шығар ә,,,солай ма, балалар? Әжетай, Ақтөсжан, Тапқыр

                Тышқан қайдасыңдар...

                 /Үшеуі жүгіріп қайта шығады/

Кемпір:- Мысықжан, сен неге қалып қойдың?

Мысық:- Әже, мені кешіріңдерші, менен бір білместік болды.Бұдан бұлай

                мен де сендермен бірге тұрғым келеді.

Кемпір:- Жарайды, «Досы көпті жау алмайды» деген, үй кең, тұрсаң тұра бер

Тышқан:- Достың да екі түрі болады: «Адал дос және амал дос» Сен қайсысы

                боласың

Мысық:- Әрине, адал дос...

Ит:- Алақай, мен бұрын жалғыз едім, енді достарым көбейді,

          аф,аф../Қуанады. Бәрі бірігіп ән салады/

         - Кел, балалар дос болайық бәріміз,

            Шын көңілмен шырқалады әніміз

            Қамқор болып бірімізге біріміз

            Арайланып ата берсін таңымыз

                               Дос болайық, дос болайық

                               Әндетейік, шаттанайық

                               Адал жүрек достарменен

                               Жар салайық, мақтанайық

             Тапқыр Тышқан тауып айттың бәрінде,

            Адалдықтың нышаны бар сөзіңде

            Достығымыз арта берсін  сенімен

            Мәз болайық, бір болайық өмірде....

 

                                 /Соңы бәрі билеп сахнадан кетіп қалады.

Қазақ тілінде жазылған