Ормандағы өрт
сегіз көріністі мысал-пьеса
Қатысушылар:
жануарлар, аңдар, құстар,
балықтар, ағаштар,
т.б. тіршілік иелері
Бірінші көрініс
Қалың орман. Қайың, терек аралас,
Қарағайлар, емен және қара ағаш.
Тұтасып тұр. Ал бір шетте дірдектеп,
Бүріседі жап-жас талдар жалаңаш.
Бәйтерек:
Көк теректер, үйеңкілер, қайыңдар,
Сая болсын, жапырағын жайыңдар.
Бүгін үлкен бас қосу, шығармаңдар босқа шу,
Қыбырламай, тыныш тұрып күн ұзын
Естіңіздер жақсылардың лебізін.
Қарағай:
Байқаңыздар, кей ағаштар шалағай
Текке лағып жүрмесін,
Алды-артына қарамай.
Өксімесін шыбықтар,
Анасынан таяқ жеген баладай.
Шырша:
Менің өзім жазда, қыста жасылмын,
Ешкімнен де келмейді оны жасырғым.
Көздің жауын алғаннан соң қалайда,
Сән боп тұрмын не бір зәулім сарайға,
Соның бәрін орынына келтірген,
Басшыларға кеп тұрады бас ұрғым.
Қайың:
Оның рас, астың талай белестен,
Іс маңызды көппен шешіп, кеңескен.
Бірақ, қанша болғанымен жақсы әнің,
Күздің желі тонағанын бақшаны,
Жапырақтар үзілгенін сап-сары,
Шығарасың неге естен?!
Бәйтерек:
Тыныш, тыныш!
Ұлы жиын басталмақ.
Жақсы басшы – елге құт.
Қолдау керек ендеше оны қос қолдап.
Түлкі:
Армысыңдар, ағайын!
Бір кәдеңе жарайын.
Ақ ниетпен бір арнада табысқан
Аң мен құстар келіп отыр алыстан.
Қол соғайық.
Осы аймақтың көсемі,
Екі тілдің шешені
Сөз алады Арыстан.
Арыстан:
Орман мынау жапырағы жайқалған,
Аң мен құстың жайын түгел айта алман.
Малдың шөбі, құстың жемі, бәрі бар,
Жүздеріңнен ырзашылық байқалған.
Түлкі мынау жон терісі қып-қызыл,
Бүркіт анау тырнақтары тіпті ұзын.
Ақылымен келсе Түлкі билікке,
Ісіне оның бостан босқа килікпе.
Бүркіттің де мейманасы таспаған,
Өйткені оның мысы басым басқадан.
Момын қой да күнін өзі көріп жүр,
Тауық екеш тауық та несібесін теріп жүр.
Орман заңы – нарық заңы осындай,
Бірлесе еңбек етіңдер,
Бір біріңнен шошынбай.
Кімнің қандай ұсынысы, ойы бар,
Осы арада алдымызға жайыңдар.
Қоян:
Дат,Тақсыр!
Арыстан:
Датың болса, тыңдайық,
Тыңдамасақ, болып жүрер бізге айып.
Қоян:
Біз жайлаған көрші алаңға бас қылған
Көресіні көріп жүрміз қасқырдан.
Бір бауырым, екі бірдей көжегім
Жем боп кетті.
Соны ойласам, өртенеді өзегім.
Түлкі:
Тақсыр патша!
Оған қоян кінәлі,
Бұл көргені аз әлі.
Көжектерін бетіменен жіберген,
Бауыры да қырсық еді өлермен.
Шүкір десін.
Бар артында тұяғы.
Әйтпесе осы сияғы.
Жолбарыс:
Бір ауыз сөз айтсам деп ем мен бүгін,
Бұл орманға мамыражай келді күн.
Ырза емес деп бірен-саран аш-арық,
Керегі не шашалып?!
Әділ патша мәңгі-бақи жасасын,
Жақсылықты келер күннен тосалық.
Арыстан:
Өз күндерін көріп жүрген аң-құстар,
Тырнақтылар, тістілер мен жыртқыштар!
Баршаңызға ерік бердім дегенмін,
Алқаптарды бөліп бердім дегенмін.
Орманда тек шықпасын дерт, өрт, бүлік,
Жайылымда емін-еркін жайылсын
Жердің құты – төрт түлік.
Арасынан айғыр, қошқар, нар шығар,
Олардың да айтарлары бар шығар.
Түлкі:
Көп нәрседен құр қалар,
Бұл жиынды көрмесе,
Өз обалы өзіне,
Айтқан сөзге көнбесе.
Сөйлесінші шешіліп,
Төрт өкілге сөз берейік ендеше.
Түйе:
Етіміз де сіздерге,
Жүніміз де сіздерге,
Сүтіміз де сіздерге,
Анда-санда болса да,
Біз риза болар ек,
Қарап қойса біздерге.
Осы ғана айтарым.
Жылқы:
Шынымды айтсам, біздерге өріс тарылды,
Үйірдің де пікірлері тура екіге жарылды.
Орман толған тағы аңдар, ал далада бөрілер,
Қашып жүріп, сасып жүріп, жайымыз жоқ семірер.
Сиыр:
Қарын толған май болса,
байланысты желінге,
Төрт құбыла сай болса, ол да жақсы көңілге.
Шөп жұғымды, ішкен су таза болса егер де,
Біз риза болар ек онда осы өмірге.
Барлығына қанағат,
Болыңдар сау-сәламат.
Қошқар:
«Қанағат қарын тойғызар,
Қанағатсыздық жарлының жалғыз атын сойғызар»,–
Деген сөз бар келе жатқан ескіден,
Ал қасқырда қанағат жоқ дегенді де естігем.
Бірер қойды қылар едік құрбандық,
Қой қорадан тал түсте де ұрландық.
Отар-отар қой қырылды дегенге,
Сенбеймін бе, сенем бе?!
Қасқыр:
азу тісін ақситып:
Жала жаппа бекерге,
Жеген болса, дәлелде!
Арыстан:
Арыз-шағым көп екенін байқаймын,
Байқаймын да, басымды құр шайқаймын.
Айтатыным дәл бүгін,
Ақ-қарасын анықтап,
Сот шешеді барлығын.
Аю мырза, мұны өзіңе тапсырам!
Аю:
Ләппай, тақсыр!
Барлығын да тап-тұйнақтай тындырамын, тас қылам.
Арыстан:
Осыменен сөз тәмам!
Айта берсек, таусылмайды әңгіме,
Мәнсіз бе, әлде мәнді ме?!
Аң-құстардың достығы
Жасай берсін мәңгіге.
Екінші көрініс
Жаюлы дастархан. Көңілді кеш.
Тырна:
Ал, жарандар!
Енді бері қараңдар,
Осы кешті басқаратын шамам бар.
Ызыңдамай шыбындар,
Аралармен бір қатарға тұрыңдар.
Шар көтерген бақалар, жалтырауық қоңыздар
Алғы шепке шығыңдар.
Патшамызды қарсы аламыз,
Ескертемін:
Ол кіргенде есіктен,
«Патша мәңгі жасасын!» – деп жар саламыз.
Сырнай-керней соғылып,
даңғыра, дабыл қағылып,
сырттан шеру келеді.
Дауыстар:
Жасасын Арыстан!
Тырна:
Өтіңіз мұнда, өтіңіз!
Бұл ықылас – Сізге деген ниетіміз.
Арыстан тақ секілді жұмсақ креслоға жайғасады.
Тырна:
Осы кештің құрметіне Сізге арнап
Би билейді Тоты қыз.
Ортаға Тоты құс шығады.
Шымшықтар хоры:
Аң мен құстың барлығымен табысқан,
Жаралған жан абырой мен намыстан,
Тілін тапқан қоға менен қамыстың,
Атыңыздан айналамыз,Арыстан!
Арыстан
орнынан тұрады:
Болды, болды!
Көңілім толды.
Бура, Бұқа, Айғыр және Қошқарым!
Сендерге көп рахмет!
Айтылған сөзді ұқтыңдар,
Орындап ақыр шықтыңдар
Ет пен жүннің және сүттің жоспарын.
Қырағы көз Қыраным!
Қанша құсқа бас болып,
Талаптысын үйретіп,
Өнерлісін ән салғызып, билетіп,
Ызақорын күйретіп,
Барлығыңа жетіп отыр шыдамың.
Теңіздегі Китке де
Шабақтарды қылғытса да,
айта алмаймын «бүйтпе!» – деп.
Мына шабақ, уылдырық, балдырлар
Соның бәрін мұхиттардан алдырған.
Дастарханды толтырдың,
Сол үшін да рахмет, жарқыным!
Ормандағы Бәйтерек!
Саған да көп алғысым.
Жас талдарға бір өзің
Бас болмасаң, қайтер ек?!
Тасбақаның жөні бөлек мен үшін,
Болса менің қандай да бір жеңісім,
Ақыл айтып, жөн-жобаны береді,
Соның бәрі Ел үшін!
Менің мықты тірегім
Сендерсіңдер!
Оны жақсы білемін.
Деңдеріңіз сау болсын,
Шыққандарың тау болсын.
Тұяқтарың майырылмасын,
Қанаттарың қайырылмасын,
Жапырақтарың жайқалсын,
Қабақтарыңнан тек қуаныш байқалсын.
Сол үшін көтеріп қойыңдар!
Тырна:
Алыңыздар!
Төрде отырған Тасбақа
Көлбақа мен құрбақаға бас бақа.
Қонақтарға кең жайылған дастархан,
Дастарханның бас қонағы көпті көрген Тасбақа,
Тасбақаға бас тартам.
Тасбақа:
Естімеппін «қарным аш!» – деп жылағанын бір аңның,
Үй-күйі бар жауын құрттың, бақа-шаян, жыланның.
Бар арада бірен-саран есірген,
Кесілсе де, қисық ағаш кесілген.
Алдарыңда – сары майдың тортасы,
баққан қойдың марқасы,
гүлден жиған таза бал,
Соның бәрі патшамыздың арқасы.
Жаратқаннаң тілеуіңді тілейміз,
Мәңгі ортада жүруіңді тілейміз.
Тырна:
Жүз жасаңыз, Тасеке!
Көңіліңіз қош екен.
Тасбақа:
Әй, асаба,асаба!
Бұл сөзіңді айтпаймысың мен жоқта.
Тоқсан тоғыз жасқа келіп отырмын,
Жүзден басқа сан жоқ па?!
жиналғандар қарқылдап күледі
Тырна:
Рахмет,Тасеке!
Кенелттіңіз күлкіге.
Ендігі сөз – бас уәзір Түлкіге!
Түлкі:
Құдіретті Арыстан,
Бүгін сізге алғыс хаттар
Келіп жатыр алыстан.
Елде болса тыныштық,
Жерде болса ырыс-құт,
Соның бәрін үйлестірген
Сіз секілді данышпан.
Мұның бәрі көп айтылды,
Қайталағым келмейді.
Бірақ, сіздің жан-жарыңыз – Қаншырдың
Жаңынызда жүргенге мәз дегендерге қарсымын.
Уақыты өте тығыз болса да,
Асырады бөлтірікті қаншама.
Жеміс шықпай қалған жылы күзде де,
Қиын кезде тірек болды бізге де.
Олай болса қайраткерді осындай
Бұдан былай танып қоялық.
Қаншыр сынды айдай әппақ арудың
Ең бірінші ханымның
Денсаулығы үшін алып қоялық.
Тырна:
Бәрекелді, тусаң, ту!
Қаншық:
Тауып кетті мына қу.
Тырна:
Ал, ағайын, жырлайық,
Келесі әнді тыңдайық.
Сөзін жазған Арыстан.
Әнін жазған Сауысқан.
Орындайтын Тоты құс
Әннің аты – «Төгілген нұр ғарыштан».
Тоты құс:
Жайқалған көк орман менікі,
Мыңғырған төрт түлік менікі,
Мұхиттың балығы менікі,
Ғарыштың жарығы менікі.
Хор:
Орманымыз жайнап,
Қазанымыз қайнап,
Құрт-құмырсқа ойнап,
Төгіледі көктен нұр.
Тойдың у-шуы көпке дейін басылмайды.
Сыртта Ұлу тұр.
Ернінде шылым.
Жанында Ара.
Оның да ерні жара.
Ара:
Жина деді балыңды,
Ортаға салдым барымды.
Ертең тағы кел дейді,
Сормақ па енді қанымды.
Ұлу:
Бір ғажайып той болды,
Қонақтары сай болды.
Қалай-қалай сөйледі,
Қалай-қалай биледі?!
Босағада отырып,
Ерніме түк тимеді.
Сорып едім шылымды,
Енді ғана жылындым.
Үшінші көрініс
Жын-ойнақта әлем-жәлем киім киінген серілер.
Ортада от жанып тұр.
От басында Шайтан, Әзәзіл, Ібіліс, Албасты, Перілер.
Ібіліс:
Бері қарай жүріңдер,
Кідірмеңдер, келіңдер!
Айтыңдаршы, не тындырып келдіңдер,
Қандай қызық көрдіңдер ?!
Албасты:
Ну орманға барып келдім,
Көп ағашты танып, көрдім,
Онда да ойран салып келдім,
Жаңғақтарды жарып келдім.
Бұтақтарды асып келдім,
Жемістерді шашып келдім,
Жаңа өспірім жас талдардың
Көңілдерін басып келдім.
Шайтан:
Мен Үкіні түртіп келдім,
Бүркітті тез үркіт дедім.
Күндіз-түні тоятыңды ал,
Қанатыңды сілкіп дедім.
Құзғындарға пәксің дедім,
Қарғаларға ақсың дедім.
Көкектердің балапанын
Қаз бен үйрек бақсын дедім.
Әзәзіл:
Ал мен болдым Хан-сарайда,
Салып кеттім лаң сарайға.
Ертең түгел күл болады,
Дұшпан келіп қоршамай да.
Аю табан сорсам дейді,
Қасқыр Аю болсам дейді,
Түлкі түгіл қарсағың да
Ақ ордада қонсам дейді.
Ха-ха-ха!
Пері:
Ал мен алтын балық болып,
Қармаққа да түсіп көрдім.
Ауларға да шырматылып,
Теңіз суын ішіп көрдім.
Шабақтарды тайызға айдап,
Жайындардың мұртын майлап,
Тереңде де жүзіп көрдім.
Тілін тапсаң балықтардың,
Олжадан құр қалмайды екен,
Аузы бардың, қарны бардың
Қанағаты болмайды екен,
Соның бәрін қызық көрдім.
Ібіліс:
Жем бергенде тауықтарға,
Су бергенде балықтарға,
Айтып қойсаң болды оларға
Мен бердім деп тарыққанда.
Қолға үйрету оп-оңай ғой,
Одан кейін қауіп бар ма?!
Албасты:
Бауларыңды өртті етемін,
Сауларыңды дертті етемін.
Шайтан:
Адалдарды жазғырамын,
Адамдарды аздырамын.
Қажет болса, әкесіне
Ұлына көр қаздырамын.
Әзәзіл:
Киттеріңді иттей қылдым,
Иттеріңді биттей қылдым.
Шабақтарды шортан қылдым,
Текелерді арқар қылдым.
Пері:
Сәнқойларға киім болам,
Саудагерге тиын болам.
Қажет болса, Арыстанға
Тоқал болып, тиіп алам.
Шайтан:
Түрт, шайтан,түрт!
Дұрыс шықса болғаны
Ақыр түбі есебі.
Алтын көрсе, періште де
Жолдан тайған деседі.
Жоғарғы жаққа жарық түсіп, екі қанаты бар Періште шығады.
Періште:
Жайлап алған малғұндар жердің бетін,
Қалай ғана көреді елдің бетін?!
Олардың сөздеріне алданғандар,
Фәнидің қызығынан құр қалғандар.
Болмаса көк жүзінен төгілген нұр,
Ағарту мүмкін емес көңілдерін.
Күн мен түн итжығыс боп жатқанда да,
Мен талай осылардан жеңілгенмін.
Қалың орман арасына,
Өзен-суға, даласына,
Хайуандардың санасына
Нұрлы жарық түссе екен.
Таза жүріп, ойнап-күліп,
таза судан ішсе екен.
Албастылар, ібілістер, шайтандар
Нас болған соң лас жерде қайқаңдар.
Жер үстінде, су астында, көкте де,
Өкпелесең, ниетіңе өкпеле.
Ақылды боп, жол бермесең керіске,
Өздеріңе жәрдем берер періште.
Төртінші көрініс
Бүркіттің қабылханасы.
Шымшық:
Бүке, Сізге бір айтайын дегенім,
Құстар қамын қашаннан-ақ жеп едің.
Соңғы кезде бұлбұл ылғи бәйге алып,
Бағаланбай жатыр менің өлеңім.
Бүркіт:
Алдыменен тыңдап ал,
Енді маған қажет боп тұр өзіңнің де көмегің.
Бағың жанса, бәйгені де аласың,
Топжарған да боласың.
Бұлбұл шіркін өткен айда орманда
Ән салыпты қайыңдар бүр жарғанда.
Дәл ортада тұрса да алып бәйтерек,
Аузына оның бір сөз түспей қалған ба?!
Кеңге құлаш сермеген
Бәйтеректің биіктігін көрмеген.
Жыр қылыпты солқылдаған қайыңды,
Оған жазам дайын-ды,
Бірақ, анық түспеген соң қағазға,
Білмей тұрмын...
Қандай жаза лайықты сабазға?!
Шымшық:
Ұқтым енді барлығын.
Арыз жазып әкелейін күні ертең,
өзіне өзі:
Амалым не?
Енді осылай күнелтем.
Мен әншімін, еңбегі сінген әншімін,
Шиқылдаған бұлбұлдарға,
шырылдаған торғайларға қарсымын.
Елеулі де, қалаулы да бір өзім,
Сөзім осы, дәл шыным!
Ортаға Түлкі бастаған құстар шығады.
Бұлбұл:
Есек озып тұлпардан,
Қарға озып сұңқардан,
Қаз-үйректер желігіп,
Қоқиқаздар семіріп,
Аққу орнын тырна алып,
Өнерлілер құр қалып,
Тұрғандығы шын болды,
Түзелмейтін мін болды.
Қарға:
Қарқ-қарқ-қарқ!
Бұл не деген масқара?!
Шымшықжанның бәйтерекке арнаған
Жыры түскен тасқа да.
Мына бұлбұл қалай-қалай сайрайды,
Өлер тышқан мысықпенен ойнайды.
Көкек:
Көкек,көкек,көкек деп,
Бұл орманға мен де келгем секектеп.
Көптің жасын санаймын,
Алыстарға қараймын.
Тоты құстай тарандым,
Бақ құсындай сыландым,
Жұмыртқамды тастасам да лақтырып,
Қойса маған бұлбұлдарды бақтырып,
Бір кәдеге жараймын.
Тауық:
Күннің көзін кейде бұлттар тұмшалар,
Бізге жемді кім салар ?!
Тиынға да қорек беріп жатыр ғой
Қарағайлар, шыршалар.
Балапандар қауырсыны қатайды,
Бала, шіркін, не білсін,
Түлкіні де Түлкі атай деп атайды.
Қораз:
Салып жүріп талай-талай сауықты,
Асырадым мен қаншама тауықты.
Бірақ, мына Түлкі-екеңнің қылығы
«Құс тұмауы» деген дерттен қауіпті.
Түлкі:
Кім не десе, о десін!
Жұмыртқаны қуыруға жаратқан,
Балапанды қырылуға жаратқан.
Жеп алам да бұқтырылған құс етін,
Кока-коланы өткіземін тамақтан.
Тауығыңа тары берген кім деймін,
Қоразыңа дәрі берген кім деймін.
Қоғамдағы тәртіп солай болған соң,
Бәрін өзім жөндеймін.
Бұлбұл:
Майшамды жарық десе,
Шабақты балық десе,
Ергежейліні алып десе,
Мен бұларға не дейін?!
Бесінші көрініс
Сот залы.
Күркетауық:
Тұрыңыздар, Сот келеді!
Тырналар:
Осы арада көп керегі.
Бәрін әділ сот шешеді,
Кім кімдерге өкпеледі ?!
Аю:
Бүгінгі күн қаралатын мәселе,
Қошқардан түскен арыз.
Қойлардың айтуына қарағанда,
Қасқыр Қошқарға қарыз.
Талапкер, сөйлеңіз!
Қошқар:
Мойнында оның талай қойдың құны бар,
Айтпаса да себебін,
Қарны ашқаннан бір қой жеді дер едім,
Біреу емес, бірнешеуін тамақтаған түрі бар.
Жем боп кеткен және жап-жас қозылар,
Отар мұңын кім ұғар?
Қасқыр торға қамалса,
Мақсатыма жетемін.
Соттың әділ шешімін мен күтемін.
Аю:
Жақтаушылар не дейді?
Шибөрі:
Талапкерге сауалым бар қоятын,
Жала жапса, заң орны бар тиятын.
Қасекеннің ауызы жесе де қан,
жемесе де қан дейміз,
Кінәсі оның бар дейміз.
Кім көріпті
Неше қойды жегенін,
Кім естіпті
Өлген қойдың өлерде не дегенін?!
Білетінім, қой терісін өткенде
Теке жинап кетіпті.
Терісінде жыртық болса, ешкім алмас еді ғой,
Бәрі түгел өтіпті.
Яғни, терілерде жоқ қасқырдың тырнағы,
Мықты айғақ қой бұл-дағы.
Онда қойды қасқыр жеді деп айтуға бола ма?
Бәлкім, ұры кірген шығар қораға.
Қасқырдың да намысы бар,
Білесіздер мінезін.
Бұл жалаға сенбей тұрмын мен өзім.
Аю:
Жарайды, оны көремін,
Бар ма, Қошқар, дәлелің ?
Қошқар:
Айдан анық нәрсені
Дәлелдеудің қажеті жоқ дер едім.
Қой күзеткен Бөрібасар осында,
Көзбен көрген ол қасқырдың келгенін,
Қойлардың да өлгенін.
Бөрібасар:
Рас, рас!
Көрдім бәрін көзіммен,
Қасекеннің тірестім мен өзімен.
Көп қой өлді бір отардың ішінен,
Сирағымда тыртық қалды осы қасқыр тісінен.
Шибөрі:
Бөрібасар иттің айтқан дәлелі,
Өштікпенен айтылған сөз әуелі.
Кейін алған анықтама қағазың,
Дәл сол күні қайда болған сабазың?!
Аю:
Ағайындар!
Татулыққа не жетсін,
Өштікке не орын бар?!
Бір біріңе кешірімді болыңдар.
Қарағанда байыптап,
Негізі жоқ айыптың.
Сот залында босатылсын жауапкер,
Осы үкімге риза болсын талапкер.
Бөлтіріктер шулайды:
Міне, әділ сот!
Аю мырза, мың алғыс!
Тырналар:
Оның ылғи еститіні кіл алғыс.
Қозылар жамырайды:
Мә-мә-мә!
Не бетімізді айтайық?
Үмітіміз ақталмады,
Үйімізге қайтайық.
Марқа:
Дұрыс емес.
Мойындама, Қошқар ата, осы соттың шешімін,
Жоғарғы сот айтар кейін кесімін.
Саулық:
Одан түк те шықпайды,
Қасқыр тағы ұтады.
Ол арада қолтырауын отыр ғой,
Ол түйені жүгіменен жұтады.
Зал босағанда Қасқыр мен Шибөрі бөгеліп қалады.
Күркетауық:
Бөгеліңіз, Қасеке!
Сот шешімі осы екен.
Бір айтарым, өткендегі алып келген етіңіз
Жілігі де татымайтын ас екен.
Жұмырына жұқ болмады Аюдың.
Қасқыр:
Мен бәріне дайынмын.
Оған ғафу өтінем.
Өсек айтқыш қойларды бауыздар ем шетінен,
Бір ай мұрсат беріңіз,
Текке кетпес ақың да,
Бір ту сиырды алып келем жақында.
Күркетауық:
Болды, болды!
Аюға өзім жеткізем,
Не қиындық басыңызға түссе де,
Аман-есен өткізем.
Сау болыңыз!
Қасқыр:
Сау бол, жаным!
Шибөріге бұрылып:
Ризамын, жанын салып қорғадың,
Айтпай-ақ қой ар жағын.
Қағаздарды толтырған соң келерсің,
Түсінетін хайуанмын
Айтқан сөздің салмағын.
Шибөрі:
Алатыным бес екен,
Аю өзі істің бетін жөндесе.
Түбіміз бір, Қасеке,
Ниет те бір ендеше.
Алтыншы көрініс
Өрмекшінің торы.
Шыбын-шіркейлердің соры.
Бір бұрышта бүйінің жұмыртқасы.
Үйіліп жатқан жәндіктердің қаңқасы.
Сары маса:
Не пәлеге ұшырадым тағы да,
Ұшып бара жатыр едім жарыма,
Маңдайымның соры ма?
Өрмекшінің шырматылдым торына.
Өрмекші:
Өзіңе де осы керек, Сары маса,
Енді қанша тырбансаң да, далбаса.
Жәндіктердің құлағына ызыңдап,
Мазаны алып жүргеніңше тызылдап,
Тілімді алсаң болмай ма,
Қайдағы бір шіркейлерге қызықпай,
Қызымды алсаң болмай ма?!
Бүйі:
Жазылған соң маңдайға,
Оған енді қайтып барар жол қайда!?
Көрген шығар қорадағы шыбынды,
Жұғындарға үймелеп,
«Көппіз біз!» – деп кимелеп,
Бостан босқа қырылды.
Өрмекші:
Қара,қара!
Ана жерде дәу Сона
Сиырларға жаудай тиген оқыра
Келе жатыр өкіріп.
Бұзып кетіп жүрмес пе екен торымды?!
Бүйі:
Е, оның бұл ысқырығы өтірік,
Күдігіңді дей алмаймын орынды.
Шынымды айтсам, мықты деп
Айта алмаймын Сонаны,
Қауқары оның шамалы.
Тордың шетін екпінімен бұзса да,
Одан кейін ұрпағына тиетінін обалы
Түсінеді ол өзі.
Ал мынасы – жай әншейін дөң айбат,
Көрсеткен бір мінезі.
Өрмекші:
Ал ана бір ара ше?
Бүйі:
Оның көңілі шынында да жоғары,
Балын жинап, басқаларға сыйласа,
Тапқандарын өз басына қимаса,
Ондайлардан қауіп күтсе болады.
Ара отырған жерге Инелік пен Шегіртке келеді.
Араға сәлем береді.
Инелік:
Олар бал жеп, жұғын жалап біз жүрміз,
Олар бар боп, тиын санап біз жүрміз.
Енді қанша шыдам қалды, Ара аға,
Қалдық әбден табаға.
Ара:
Бар тілегім – бұзылмасын ұямыз,
Жер бетіне бәріміз де сиямыз.
Шегіртке:
Айналайын, Инелік!
Енді кімнен отырамыз именіп.
Намыс туын бір көтеріп,
Тірлік жүгін тек бірлесіп сүйрелік.
Инелік:
Шырылдауық Шегіртке,
Баяғыдан мені де осы ой кемірген,
Не түсініп, не білгем?
Ар-ұятың бар екен,
Жәндік десем қызыл сөзге семірген.
Шегіртке:
Төменде тұр мың-мыңдаған құмырсқа,
Шын берілген жұмысқа.
Жиған дәнін тартып апты қоңыздар,
Олар да өшін алмақ енді жауыздан.
Инелік:
Ал, ендеше, нар тәуекел!
Семсеріңді алып шық,
Мінгізейін үстіме,
Мына торды жарып шық.
Құмырсқа:
Біз дайынбыз Бүйі ұясын қоршауға,
Сұрағанша жан сауға.
Шегіртке:
Олай болса, тарт алға!
Еңбек етпей, өзгелерді сорғандарды талқанда.
У да шу. Бүйі аяққа басылып,
өрмекшінің торлары жерде жатыр шашылып.
Тордан шыққан Сары маса шіркейлермен құшақтасып-көрісіп,
қыбырлаған құмырсқалар жан-жаққа бара жатыр асығып.
Жетінші көрініс
Түн іші.
Түнгі сарай тынысы.
Жым-жырт.
Жоқ ешкімнің жұмысы.
Түлкі:
Қарсақ, жаным!
Мына жақұт, лағылды
Салып алшы мойныңа.
Бір сен үшін бүгін бәрі табылды,
Кірсең болды қойныма.
Қарсақ:
(майысып))
Естіген құлақта жазық жоқ.
Ел айтады бұдан бұрын жүзікті
Кигізген деп Тоты құстың қолына,
Енді мені түсірмекпісің торыңа?
Түлкі:
Тоты құсың нақсүйері Бүркіттің,
Өсекшілер қозғап жүрген оны да.
Қарсақ:
Олай болса, иланайын сөзіңе,
Ана айнаға қарашы.
Мына маған Түлкі емес,
Арыстан боп көрінесің көзіме.
Түлкі:
(айнаға қарап)
Мұндай айна қайда бар ,
Айнадан не пайда бар?
өзіне өзі:
Ордадағы айналар
Күнде дұрыс көрсетпейді түріңді.
Сұлу болып көрінеді сиықсыз,
Ақымақ болып көрінеді білімді.
Айнаға қарап, бетін көріп өкпелейді кей мықты,
Айна ғана көрсетеді шындықты.
(Кері бұрылып)
Қарсақ, жаным,
Дәм тат мына шараптан,
Мұны да Алла біз ішсін деп жаратқан.
Қарсақ:
(ұрттап көріп)
Дәмі қандай әдемі!
(Түлкіге қарап)
Күйеу қайда кәделі?
Түлкі:
Күйеу деген ит секілді байлаулы,
Күнде маза алмай ма?
Онан-дағы менімен
Анда-санда жолығыссаң болмай ма?!
Қарсақ:
Анда-санда емес, күнде осында болса да,
Ризамын мен саған!
(ернін тосып)
Не күтемін сен секілді «бұзықтан?»
(аузын басып)
Білесің бе?
Арыстанның өзі маған қызыққан.
Түлкі:
Ана орманнан қарағайлар алғызам,
Саған арнап зәулім сарай салғызам.
Менен қазір қаймығады Аю менен Қасқыр да,
Сол сарайда сен жанымда,
Дүниені неше түрлі басып жатсам астыма.
Қарсақ:
Жату үшін көсіліп,
Жарық шамды өшіріп,
Шырақ жағып қояйықшы,
Өзінсің ғой кемеңгерім бір туар.
Арыстаннан әл тайып,
Жолбарыс да қартайып,
Түлкіге де жантайып жатар күн туар.
Түлкі:
Аузыңа май, астыңа тай,
үстіңе бай, сүйгенім,
Бір сен үшін күйгенмін.
Келші маған.
Ұмар-жұмар болайық.
Болмас бізге бұл айып?!
Екеуі аймаласып жатқанда терезе ашылып кетеді.
Соққан желден жанған шырақ құлап түсіп, өрт шығады.
Сегізінші көрініс
Тұтасқан орман.
Ормандағы қорған.
Қабырғалар отқа оранған.
Иттер абалап, мысық біткен мияулап,
жылқылар кісінеп, қойлар жатыр маңырап,
сиырлар жатыр мөңіреп.
Азан-қазан төңірек.
Тоқылдақ:
Тоқ-тоқ, тоқ-тоқ!
Ау, жарандар!
Ақ сарайдан өрт шықты,
Біраз хайуан тұншықты.
Жүрген еді шет елде,
Жеткенінше Арыстанның өзі кеп,
Құтқарыңдар тезірек.
Кіржекей:
Не жаздым саған, Құдайым,
Арманда кетті жұбайым.
Бүйірімді ұстап отырмын,
Астында қалды-ау шатырдың.
Қызықты кетті ау көре алмай,
Жиғанын түгел бере алмай.
Үңгір де болса, үйім еді,
Аю да болса, байым еді.
Жолбарыс:
Байбаламды салма енді,
Қонжықтарды алып кет.
Түлкі қайда?
Хабар берсін жан-жаққа.
Өртшілерге әлі дабыл бармап па?!
Кіржекей:
Кім кінәлі болса да,
Сорым менің бес елі.
Қоян:
Түлкі батыр Қарсақты ертіп
Қашып кетті деседі,
Дұрыс шығар есебі.
Жапалақ:
Дәл осы өрт түлкілердің кеселі.
Түні бойы сайран қылған,
Енді орданы ойран қылған сол түлкі.
Бие:
Құлындарды сарылтып,
Жайылымды тарылтып,
Қымызымды айран қылған сол түлкі.
Қошқар:
Естідің бе?
Оңашада жатқан жерде үй тігіп,
Ордасында Қолтырауын қалған дейді үйтіліп.
Сиыр:
Өрт болған соң – дерт болды.
Қанша жанның демі осында таусылды,
Қанша хайуан табандарда жаншылды,
Ордадағы күзетшілер табанынан сарсылып,
Таба алмай жүр қаншырды.
Тоты құс:
(жыламсырап)
Қауырсыным қап-қара,
Көйлектерім күйелеш.
Түсіп кетсем отқа да,
Өнер үшін түк емес.
Сарай да жоқ ән салатын,
Хайуан да жоқ тамсанатын,
Ендігі күн маған тіпті күн емес.
Түйе:
Тұрмаңыздар қызықтап,
Пілдер жетті су алып.
Соқа тіркеп аттарға,
Оттың бетін қайтарып,
Қорған шетін түгел жыртып шығалық.
Қарлығаш:
Жанған отқа қанатыммен су тамызып жатырмын,
Бірақ, шамам жетпейді,
Жай әншейін ниет қылған пақырмын.
Бозторғай:
Қанаттары отқа күйген құстар бар,
Өрт жалыны қауырсынын шарпып кеткен құстар бар,
Түтін басқан жерден алып шығыңдар,
Аңдарың бар, басқаң бар,
Түгел сапқа тұрыңдар!
Қарбалас. Жанталас.
Кенет аспаннан жауын жауады.
Өрт өшуге айналады.
Балапандар шиқылдап,
құстар қиқулап, қуаныш орнайды.
Балапандар:
Өрттің бетін қайтардық,
Қыр гүліндей жайқалдық.
Шиқ-шиқ-шиқ!
Көжектер:
Жауын, жауын, жауа бер!
Берекеңді ала кел,
Ырысыңды ала кел,
Жауын, жауын, жауа бер!
Көкжиекте кемпірқосақ керіледі.
Алыстан мыңғырған мал көрінеді.
Көңілді әуен ойналады.