Адам қарады: 69 | Жарияланды: 2017-04-21 02:14:32

Таутайлақ

 

 

Қатысушылар:

Таутайлақ- батыр, ақылды Барысқа мінетін бала

Қара сақал- қарақшы,

Ежік- көп сөйлейтін бала.

Ағыл- тегіл- көп жылайтын бала.

Абадан- Тасбақа- көпжыл өмір сүрген тасбақа.

Желауыз- сөлемшек, сөз тұрмайтын.

Қаба сақал- бай

Біртұтам- пері

Ата, әже.

Асай-мұсай-  самұрық құсқа мініп жүретін бала

Сары:

Таутайлақтың ауылы тұрмысы төмен ауыл көрінісі.,

Таутайлақ батыр, ақылды боп өседі. Атасы мен әжесі үшеуі дастарқан басында шай ішіп отыр.

Ата: Балам, міне, көктем шықты, көк шықты, үт түсті деген осы. Үйдің саңылауынан үт түсіп тұр.

Таутайлақ: Ата, үт деген не?

Ата: Үт деп мына көктемнің алғашқы шуағында үйдің саңылауынан ішке енген күн сәулесін айтады. міне, міне, бозамықтанып, шұбатыла келіп құйып тұр емес пе! Көрдің бе?

Таутайлақ: Иә, көрдім, осы ма? (Қолын әрі- бері сілтеген сайын шаңытқан нұрсәуленің әрі- бері ұшқаны көрініп тұр.Таутайлаққа бәрі қызық.)

Ата: Көктемнің тағы бір белгісі бар. Ол-  қыраттағы шағыр құмның етегіндегі әр жерден  арқалаған құмы бар тасбақалар тірлігі. Кейбір тасбақалардың аузына тістеген мәриям шөбі болады. Ол кез келген тасбақада болмайды, тек біреуінде ғана болады, онда да көп жасаған тасбақада кездеседі.Осы мәриям шөбін тасбақа аузынан ебін тауып алған адамның барлық арманы орындалады екен деседі. Бірақ ол тасбақаны табу қиынның қиыны.

(Таутайлақ аузы ашылып жастықта жантайып шынтақтап, тыңдап отыр. Кенет ойына бір нәрсе түскендей тұра жүгірді )

Ата: Немене, құйын болдың ба? Мен әлі сөзімді аяқтаған жоқпын, өй,өй, қайда,а,а?

(Таутайлақ шегір құмның етегін ала жүгіріп келеді. Құм қонышына құйылып жатыр, желбегей жамылған киімі желпілдеп жүгіріп келеді.)

Таутайлақ: Жасы қайсы, кәрісі қайсы қайдан білесің, бәрінің мойыны қатпар-қатпар. Ә, мынау кәрі сияқты. Аш! Аш аузыңды! Маған бер мәриям шөбіңді.

(Тасбақа ысылдап, басын ішіне сұғып алды. Кенет оған тіл бітіп, күбірледі)

Таутайлақ: Сенбісің сөйлеген? басыңды шығар кәне, сен кімсің?

Тасбақа: Иә, балақай, мейірімді сияқтысың, танысайық, менің атым -Абадан.

Абадан деген сөз- құрметті, күшті, төзімді дегенді білдіреді. Маған үш жүз жыл болды. Көпті көргенмін. Сенің атың кім?

Таутайлақ: Менің атым Таутайлақ. Мәриям шөбін іздеп жүрмін.

Абадан- Тасбақа: Таутайлақ, қорықпа іздегенің табылар.

Таутайлақ: (қуанып) Қайда? Қашан бересіз?

Абадан- Тасбақа: Ол менің аузымда, мен оны тек адал адамға беремін, ешкімнің ала жібін аттамаған, өз еңбегімен өмір сүретін адамға ғана беремін. Сенің кімің бар, қандай жансың, оның бәрі маған аян, баяндамай- ақ қой.

Маған теңіз түбінде болатын інжу- маржанның бір моншақ тасын әкеп берсең болды.

Таутайлақ: Оны не істейсіз?

Абадан- Тасбақа: Мәриям шөптің орнына аузыма салып жүремін.

Таутайлақ: Е, атам айтқандай мәриям шөп тасбақаның аузында болады екен. Бір нәрсе тістеп жүрмесе жүре алмайтын секілді, түсінікті. Сексеуілдің үлкен бұтағының түбінде тұрады екен, тауып алармын, әуелі інжу-маржанды қолыма түсірейін. Таутайлақ Барысты мініп алып достарын жинауға шықты Ауыл шетінде доп ойнап жатқан балаларға келеді. Ешбірінің Таутайлаққа бас көтеріп қарар шамалары жоқ. Доппен әуре. Алаңның шетінде жалғыз бәйтерек тұр. Теректің бұтағына балалар ас- суларын салған дорбаларын іліп қойыпты. Арқармүйізді ешкі келіп дорбадағы тамақтарын шашып жеп жатыр,

Таутайлақ: Мынаны қараңдар, ешкі тамақтарыңның барлығын жеп қойыпты!

Ағыл- тегіл: (ағыл- тегіл жылап келе жатыр) менің тамағым қайда, дорбам қайда? Мына ешкіні- ай.ә!

Таутайлақ: Ұстаңдар! Нағыз қудың қуы екен өзі.

Асай-Мұсай: Өй, ұстағанда қарнын жарып  тамағын алып берейін деппе- ең.

(Барлығы күліп іштерін басып ешкі мен Ағыл- тегілге күлді)

Таутайлақ: Ежік, кеттік теңізге, саяхатқа. Қандай қасиетті затың бар алып шық.

Ежік: (Ежіктеп) Тек қана құрт бар. Сорып жүре береміз, қарнымыз ашпайды, жарты ғасыр сақтасада бұзылмайтын қасиеті бар ғой.(Екеуі Сарыға келді)

Сары: Таутайлақ, не тапырақтап жүрсің?

Таутайлақ: Сары, кеттік теңізге, саяхатқа шығайық, қолсағатыңды алып шық,

Сары: Не істейміз?

Таутайлақ: Тастарды тексереміз, асылын, қасиеттісін жинап келеміз.

Сары: Ха, ха! Немене зерттеуші болып кеткенсіңдер ме? Таутайлақ қолын бір сілтеді. Жолға шыққан  Асай- мұсай, Желауыз, Ежік, Ағыл- тегіл, керек- жарағын алып жолға шықты Самұрық құсты ерттеп мініп, Барысты жайдақ мініп,тау беткейін бетке алып бара жатты.

Таутайлақ: Осы таудан ассақ болды, Күнгей бетіне жетсек, әрі қарай қиын емес.Тау шоқыларынан өтсек, орман ішінен адаспасақ болды.

Ежік: Тау шоқысынан өтсек, күнгей бетке жетсек.

Желауыз: (Аузы аузына тиемй сөйлеп келеді) Қазір тауға жетіп бір-ақ демаламыз, Нағыз ержүректерміз, қас батырлармыз. Әскерміз. Кездескен қиындыққа төзуіміз керек Ойбай, Ағыл- тегілді қара! Қан сорпасы шығып терлеп кетіпті ғой.

Бәрі: (Күледі)

Орман іші тым- тырыс. Балалар аяқ астында кездескен саңырауқұлақты теріп, от жағып саңырауқұлақтарды қақтап жей бастады. Отты  айнала ұшқан көбелек, шыбын –шіркей. Отты өшіріп, не қараңғы  түн екені, не күндіз екенін олар айыра алмай, адаса бастады. Жан- жағына қараса  бір ғана көбелектің ұшып жүргенін көрді.

Ежік: Мына көбелектің әдемісін- ай, сұлу екен!

Ағыл- тегіл: Иә, мынадай көбелекті бұрын- соңды көрмеппін!

Желауыз: Бұл, мен білсем, Данаида деген көбелек. Өте алысқа ұшатын көбелек. 3200 шақырымға ұшып өте алады.

Асай-мұсай: Александрдің желкені (Парусник Александра) – дүние-  жүзіндегі ең үлкен көбелек. Желкенді көбелекті ұстау қиын. Ол ағаштың ең ұшар басында өмір сүреді.

Ағыл- тегіл:  Нимфалида деген көбелек те бар. Қара – ала қанаттары оны жауынан жасырынып қалуға көмектеседі. Қара – ала сызықтары қанатының артқы бұрышынан басталады. Жем іздеген құстар қанатының ұшын басы екен деп шұқып қалғанда Нимфалида жауынан қорғанып, ұшып үлгереді.

Ежік: Сенде ағыл- тегілің шығып жүріп көп нәрсе біледі екенсің.

Бәрі: (Күледі). Ол неткен сұм еді.

Таутайлақ: Мынау-  шахмат сияқты ақ ала екен.

Көбелек: Менің атым Сатиры. Мен орман періштесімін. Адасқан адамға көмекке келемін. Менің ұшқан бағытыммен жүре берсеңдер орман шетіне шығасыңдар.(Өзі алға қарай ұша жөнеледі)

Ағыл- тегіл: Сатиры деген көбелек тек жарыққа қарай ұшады, кеттік соңынан.

Балалар орманның шетіне шығады. Әрі қарай жазира дала жазық дала. Алдарынан кездескен жәндіктермен тілдесіп келе жатып, керуен кетіп бара жатқанын көреді. Балалар ағаштарды тасалап жатып аңдыйды. Олар аялдап, түйелерін шөгеріп өздері тамақ ішуге кірісті. Қаба сақал табақтан кесек-кесек етті сылқытып соқтырып отыр. Аузынан жыны қосыла шашырап сөйлеп отыр. Қасындағы қортықтың аты – Біртұтам.

Таутайлақ: Мына түйелер жүгімен Қаба сақалдікі сияқты, ал анау Бір тұтам көмекші сияқты. Өзі ақылды көрінеді. Тсс! Сөзін тыңдайық.

Біртұтам: Мен бір тау қойнында үлкен қазына тығулы тұрғанын білемін. Мына түйелеріңе барлық сол алтындарды басқада байлықтарын тиегеннің өзінде олардың азайғанын байқамайсың. Ондағы қазынаның шегі жоқ.

Қаба сақал: Мына түйемнің біреуін берейін, сол жерді көрсетші, Оған қымбат заттарды артып ал да қалаған жағыңа кете бер.( Екеуі жинала бастайды.)

Таутайлақ: (Сұқ саусағымен аузын басып) Тсс! Жаңа біз келген жақта үңгір көріп едім, айтып отырғаны сол үңгір сияқты. (Бұқпалап жүгіріп отырып қайта келген жақтарына кетеді.)

Асай-мұсай: Көздеріне түсіп қалмайық.

Ежік: Бір түйесін ұстап әкету керек еді.

Ағыл- тегіл: Өй, неткен пысықсың.

Желауыз: Бес түйесін алу керек еді. Онда байлық болса қалай алып қайтамыз.

Таутайлақ: Әуелі тауып алайық, содан кейін көреміз.

Ежік: Қойны- қоншыма толтырсам болды.

Ағыл- тегіл: Ә, мен көйлегімнің жаға- жеңін байлап толтырсам болды.

Асай-мұсай: Сабыр, достар, сабыр.

Қабасақал мен Біртұтам жиналып біткенше қарақшылар бас салды.

Қара сақал: (Қара Сақал атты  қарақшы Қаба сақалдың қолын артына қайырып ұстап алып) Қане, алға түс! Бізді бастап алып бар, жаңағы айтқан жеріңе.

Қаба сақал: Мен білмеймін, анау Біртұтам айтқан.

Біртұтам: Мен де білмеймін, Қаба сақалдың түйесін алу үшін айтқан айлам едім.

 (Қарасақал екеуін нұқып алдарына салып түйелерін өздері жетектеп келеді.)

 

    Ал балалар болса үңгірді оңай тапты. Ішіне енуге қорқып,

Ағыл-тегіл: (Дірілдеп жылап тұр), Сендердің бұндай жерлермен жүретіндеріңді білгенде келмес едім.

 Ежік: Сен бастап кір. Алға түс.(Бірін- бірі итермелеп тұрғанда, іштен қаптаған жарғанаттар жалбақтап ұша жөнеледі).

Балалар қорқып кейін шегінді.  Қарақшылар Қаба сақал мен Біртұтамды алдына салып айдап алып бара жатқанын көрді.

Таутайлақ: Тыныш, бізді сезіп қоймасын.

Ағыл- тегіл: Тағы да біз құрауыз қалатын болдық.

Ежік: Заржақ екенсің. (қорқынышы басылмай ежіктейді)

Асай-мұсай: Ауыздарың  жабыла ма, жоқ па?

Таутайлақ  озыңқырап кеткен) жолдастарына қол бұлғап белгі береді де ізкесіп соңдарынан ере берді. Біраздан соң тауға жетіп терең қараңғы шатқалға енеді.

Шатқалдың жолы жіңішке болғаны соншалық түйелер бірінің соңынан бірі әрең жүріп келеді.

Біртұтам: Шөк! Шөк! (Түйелерін шөгеріп жатыр. Көзінің қиығымен Қара сақал мен Қаба сақалға қарап қойып қонышындағы қорапшадан су сияқты сұйықты алып, от жақты.Сұйықты сеуіп кеп қалды, отын тұтана келіп айнала жарық түске еніп Біртұтам көрінбей қалды.

Әрең- әрең көрініп келе жатқанда оның бірдеңе күбірлеп оқып тұрғанын көрді.)

Біртұтам:     Күндегідей күнгей жақ,

                     Күндегідей кешікпей

                     Тау шоқысынан өт!

                      Күнгей бетке жет!                                                            

Ол сөзін аяқтай келе тау қақ жарылып ашылғанда ішінен көрінген алтын бұйымдар жарқырасып көз қаратпайды. Екі қарақшы бас салып түйелердің жүгін түсіріп тиеп жатыр.

Қара сақал: Бәрі менікі біреуің де қол тигізуші болмаңдар. (жынданғандай күле береді)  Ыңырантып тиелген қазынамен түйелермен шығып бара жатып жарты жолдан қайта келеді.)

Әй, Біртұтам, бағанағы қорапшаныда маған бер. Оның енді саған пайдасы жоқ болар.

Біртұтам: Оның екі қасиеті бар. Сіз пайдалана білмейсіз.

Қара сақал: Өй, біртұтам, біруыс болмай тезірек бер жаныңның барында, өз еркіңмен бер, бұдан кейін мен сұрап тұрмаймын, әкел!

Біртұтам: ( Қолындағы қорапты ұстатып жатып) Бұның бірінші сырын айтайын:  қорапты ашып тұрып бір- ақ рет иіскеп қалыңыз. Одан соң барлық дүние аяқ астыңдағы қара жерде алтынға айналып, жұмақ кешесіз.

Қарасақал ала салып иіскеп үлгереді барлық дүние қатып – қатып алтынға айнала бастады,  дүние жып –жылтыр, топырақ та алтын Қарақшы да, Қаба сақал да қуаныштан басы айналып құмды сапырып кешіп жүр).

Қаба сақал: Таудың сыртындағы алтынды місе тұтпадым, таудың ішіндегі байлыққа ие болайын.(Қақ жарылған таудың ішіне еніп кетті)  Қара сақал бұрынғысынан да ашу қыса бастады, іші тарылып өз жеріне қамал салғызып қоршай  бастады.

Мен болмағанда бұндай алтынды түстеріңде де көрмес едіңдер. Менің арқамда алтын кешіп жүрсіңдер! Бәлденіп айқайлап та қояды.

Тау- тастың бәрі алтын, жарық- жұрық етіп көз қаратпайды. Таутайлақ ауыл- ел жайын көріп келейін деп ауылға қарай қанатты барысына отыра салып ұшты.  Ауыл балалары алтын құм кешіп асыр салып ойнап жүр. Ауыл балаларына алғаш қызық болды, ата- әжелер жағаларын ұстап сұмдық- ай, десіп жатыр.

Таутайлақ: Ата, әже, мынау алтыннан не пайда көрдік, құны жоқ, не тамақ болмады, не егін салуға келмейді.

Ата: Бұл, балам, адамдар пейіліне берілген сынақ, алтын- гауһардың, інжу- маржанның пайдасын көрсін дегені. Бұл асыл тастар да табиғаттың бір бөлшегі. Табиғатта тепе- теңдік бұзылса болмайды. Тәңір бәрінің есебімен берген ғой.

Әже: Заман былай тұра бермесе керек, өзгерер. Пенделер сабасына түсер. Көктің тәңірі бар, қайта оралар.

Ауыл балары мен ата- аналардың арасында аштық қайғы- орнап  елден маза кете бастайды.

Қара сақал: Біртұтам, мына алтындардан, байлықтан қадір кетіп барады,(ойланып, бейне сабасына түскендей) көп болса да болмайды екен. Мынаның жолын қарастырып, тек мендегі ғана байлықты қалдыр. Барлығы маған қызығып қарасын.

Біртұтам: Мен де осы сәтті күтіп жүр едім, сізден уәкілдік келсін деп күткенмін. Құлдық жарлығыңа. (Біртұтам баяғы қорапшадан ашып тұрып) ішіндегі судан бір ұрттап, сіңбіріп қал сосын көресіз, Қара сақал сіңбірінгені сол еді басы айналып, көзі тұнып сала берді. Құлағын басып отыра кетті. Көзін ашып еді, Қарасақал көрсоқыр болып қалды. Ойбайын салғанмен бәрі кеш еді. Айнала көк жасыл түске еніп дүние дөңгелеп сала берді. Балалар Таутайлақ Барысын мініп, қасындағы жолдастары самұрық құс мініп ұшып келді, баяғы таудың қасында Қара сақалдың  көрсоқыр боп қаңғып бара жатқанын көрді. Таутайлақ таудың етегінен тек бір інжу- маржан моншақты тапты. Қалтасына салып алып Барысымен желіп баяғы сексеуілдің түбіне жетті. Абадан –Тасбақа күтіп алды. Екеуі апақ- шапақ әңгімелесіп бір – бірінің көптен күткен қонағы болып Таутайлақ қолындағы Маржан моншақты берді. Абадан Тасбақаға Таутайлақ осы маржан тасты іздеп бара жатып көрген білгенін әңгімелеп айтты. Маржан моншақ қолына түсісімен Абадан- Тасбақа  ұзақ әңгіме бастады. Көпті көрген Абадан-Тасбақа емес пе? Біртұтам жайлы былай деді.

Абадан- Тасбақа: Асыл зат деп осыны айт. Бұл теңіз маржаны. Бұл неше жылдаған жыл бұрын өмір сүрген пері бар. Пері- Перизат бұрын теңіз түбінде мекені болған, кейін құрлықта өмір сүргісі келіп, тауды қақ жарғызып, ішіне бар байлықты жинатып, сонда өмір сүрген. Анау Біртұтамның арғы атасы аңшы болған, осы тауда арқар мен тауешкі аулап жүріп Пері-Перизатпен танысып, соған үйленген. Біртұтам сол Пері- Перизаттың үрім- бұтағы, содан осының қолында қорапшасы ұрпақтан- ұрпаққа мұрағат боп келеді. Көпті көрген соң әңгіме көп, сөйлеймін деп ұмытып бара жатырмын ғой әлгі мәриям шөбіңді, міне, берейін. Бірақ. Таутайлақ ішіңнен тілек тілеп тұр.

Таутайлақ:( Көзін жұмып алып, тілеу тілейді) Елге бақ, жерге көк, жұртқа тоқшылық, барлық елдің бірдей өмір сүруін, елде алаяқ, қарақшы деген болмасын.

Абадан- Тасбақа: Бәрекелді! (Аузындағы алтын шөп жылтырап әртүрлі түске еніп тұрды. Алақанына салғанда Таутайлақты  нұрландырып, әлемде өзгеше бір жұмақ секілді бейбіт өмір орнады.)

 

 

Қазақ тілінде жазылған