Шақпақ қант
(қаз қалпында)
Отыр ем күнде шуақтап
Көктемнің шуақ бір күні
Қасыма келді жүгіріп
Көршімнің кіші бір ұлы
Қытайдан келді туыстар
Ататай үйге жүріңіз
Туысың жайлы сұрасып
Әңгіме дүкен құрыңыз
Қайтсын-ай бала болса да
Жайымды менің жүр ұғып
Табылар бәлкім дей ме екен
Жүректе жатқан бір үміт
Алыстан келген ағайын
Келгендер ерлі-зайыпты
Қонақтан келген-сарқыт деп
Дастархан алға жайыпты.
Қытайдан келген шақпақ қант
Көзіме оттай басылды
Қолыма ап қыстым кеудеме
Тапқандай бір асылды
Кеудеме басып ойланып
Отырып ұзақ қалыппын
Қонақтар отыр түсінбей
Не сыры барын қанттың
Қытайда туып ер жеттім
Жоғалттым жалғыз барымды
Бір көмек бәлкім боп қалар
Айтайын ішкі зарымды
***
Алтыда жасым шамасы
Мүслима кіші екіде
Жұмыстан қайтып түскі асқа
Отырған еді ел түге
Ескілеу қамыс төбелі
Қос тамда тұрдық жатаған
Келгені сол ед тамаққа
Жұмыстан шаршап ата-анам
Өңменен түстің арасы
Болмады ешкім айырып
Сақшылар келіп екеуін
Әкетті қолын қайырып
Білмейді ешкім сол жайды
Әлі күн маған сыр-жұмбақ
Далаға шықтым жүгіріп
Мүслима қалды шырылдап
Жендеттер атта ата-анам
Арбада кетіп барады
Дудырап шашы анамның
Соңғы рет маған қарады
Осылай бізге тосыннан
Бір күнде келді жаманат
деді, -анам сонда Ақашым
Мүслима саған аманат
Оң солын әлі білмейтін
Өзімде жап-жас баламын
Балалар үйі біз келген
Шетінде екен қаланың
Тамақ аз мұнда бала көп
Жүреміз кейде аш қарын
Біраз күн өтті шамасы
Ауырып жүдей бастадым
Сүйенер жаның жоқ мұнда
Ешкімге жоқ қой керегің
Асымның бөліп жартысын
Мүслимаға беремін
Тастамай жүрдім қасымнан
Сәби ғой екі жастағы
Былдырлап кейде ап-анық
Тілі де шыға бастады
Үйреніп қалған кез еді
Тәртіпке мұнда бағынып
Ауырдым апта тұра алмай
Екі өкпем бірдей қабынып
Мен кеттім жаным қайғы боп
Мүслимам қалды далада
Сарылып күттім күнімді
Үш айдай ауруханада
Тамағы аш боп жүрмекен
Мен едім жалғыз сенері
Іздейді-ау мені шамасы
Түсіме жиі енеді
Айығып таза дертімнен
Қабынған өкпе басылып
Балалар үйі баяғы
Келемін менде асығып
Қуаныш кернер кеудемді
Керемет еді күн қандай
Келед деп ағам есіктен
Мүслимам күтіп тұрғандай
Аз екен маған әлі де
Тағдырдың салар салмағы
Ағалап мені сол күні
Ешкімде қарсы алмады
Анамның соңғы тілегі
Орындалмады аманат
Мені де алып кетті бір
Әкеммен туыс жамағат
Осылай өтті күндерім
Ол үйде жаман болғам жоқ
Жақтырмай қарар балалар
Атамнан басқа қолдау жоқ
Далада атам шөп шабад
Жанынан елі қалмаймын
Мейірлі еді аташым
Атамнан туған жандаймын
Жақтырмай мені қыз-ұлы
Жүретін әркез тырысып
Байқаса атам қылығын
Алатын соғып ұрысып
Дейтұғын сонда мұңайып
Атадан қалған жетімек
Әлі ақ өсіп ер жетіп
Азамат болып жетілед
Кез еді ғой олда бір
Тәттіні сирек көретін
Аташым шақпақ қантты
Тек маған тығып беретін
Жақындау еді өте тым
Екі ауылдың арасы
Ойнаймыз күнде доп қуып
Екі ауылдың баласы
Кішілеу өзен үстінде
Аспалы көпір ескі тым
Тұр едік ойнап кішкентай
Қыз дауысын естідім
Дауысы таныс өте тым
Керемет еді бұл қандай
Алыста емес тым жақын
Мүслимам келіп тұрғандай
Жағада тұрған үлкен үй
Қақпасы үлкен ашулы
Аулада жүрген бауырым
Көзіме оттай басылды
Қоршаулы үйге таяп кеп
Кіруге жетпей батылым
Дыбысым шықса білер деп
Қолымды бұлғап шақырдым
Төрткеде толған кезі еді
Жүдеуде емес тәп-тәуір
Жүгіріп келіп бас алды
Болмапты әлі жатбауыр
Осылай жүрдік кездесіп
Аулақтау үйдің тұсынан
Атам берген қантты
Әкеліп соған ұсынам
Қолымнан келер дәрмен жоқ
Тұрсада жүрек қан жылап
Баласы тұрмай жүрген соң
Алыпты осы үй асырап
Көрмесем бір күн сағынып
Таусылар мүлдем тағатым
Сәби ғой бала әекелген
Қантыма мәз боп қалатын
Мендағы бала ол кезде
Ештеңе ойлап жатпадым
Айтпаппын сонда әттең-ай
Әкем мен анам аттарын
Өкініш қалды кеудемде
Өкінем соны ойласам
Кездесуге бармаушы ем
Қалтамда қантым болмаса
Есімде әлі шөп жиып
Шөмеле биік үйген күн
Риза боп атам көмекке
Шақпақ қант қолға тиген күн
Қолымда жалғыз шақпақ қант
Үкідей ұшып келемін
Қуантып қазір қантымды
Мүслимаға беремін
Деген ой келсе қуанып
Көпірге де жеткемін
Қақпасы жабық болған соң
Үйіна қарай беттедім
Мүслима шығып қалар деп
Қоршауды жүрмін жағалап
Шәңкілдек қара итте жоқ
Үретін күнде абалап
Жағасына шығып ап
Сықырлақ ағаш көпірдің
Кеп қалар деп иесін
Кеш батқанша отырдым
Осылай өтті талай күн
Дәмемен күнде жүріппін
Келмеді бірақ үйіне
Иесі қара құлыптың
Кездесіп қалам деуменен
Жүрсе де үміт мендегі
Сол кеткеннен Мүслимам
Бұл үйге қайтып келмеді
Мүслимам тосып қалардай
Үмітпен тұрам әр таңда
Берілмей қалған сол күнгі
Шақпақ қант кір-кір қалтамда
Ақаш боп қалдым ол үшін
Шын атым менің – Ахметбек
Іздесе бізді таппайды-ау
Біз жайлы онда жоқ дерек
Ойласам ішім қан жылап
Тірелер өксік алқымға
Мен үшін қалды бейнесі
Төрт жасар бала қалпында
Бірдеңе жетпей тұрғандай
Көңілде әлі жоқ тұрақ
Шақпақ қант көрсем әлі күн
Сақтап қойғым кеп тұрад
Сол кеткеннен хабарсыз
Ата-анамнан да жоқ дерек
Өтті ғой бастан небіржай
Айтып айтпай не керек
Атамда кетті жалғызбын
Туысым жоқ қасымда
Елменен бірге бері өттік
Алпыс екінің басында
Қарындасымның күртесі
Салынған дорба барымда
Бірталай адам кеп түстік
Мақаншы деген ауылға
Осылай өтті бұл өмір
Ұмытпай ескі жарамды
Тірі адам тірлік етпей ме
Жан болдым үйлі-баранды
Бұған да шүкір күн сайын
Мың тәуба тілеп құдайдан
Қалды ғой кәрі кеудемде
Бір үміт және бір арман
Қытайдан келген жан болса
Ата-анам жайлы білер деп
Барамын сонда естірдей
Мүслимам жайлы бір дерек
Құласам қаным жоқтаушым
Еді ғой, жалғыз туысым
Білмеймін міне әлі күн
Өлісін әлде тірісін
Болған соң тағдыр не түрлі
Армансыз адам жоқ бірақ
Тірімде көрсем арманым
Бұйыртса содан топырақ
Кәрілік жетті басыма
Жетпістен жасым ауыппын
Күн кеше өтен секілді
Жағдайы осы қанттың!