Бардан жоқ
Алғашқы қалам алды төлтуындымды өнердегі әкелерім Смағұл Елубаев пен Әкім Таразиге арнаймын.
Ауыл шетіндегі кішігірім шайхана – бүкіл ауыл ерлерінің шаршауын басатын орынға айналған. Жұмыстан кейін барлығы үйіне емес, шайханаға қарай асығушы еді. Кімде-кім болмасын осы жерге келіп, «жүз грамм» алып кетпесе, ұйқылары келмейтін тәрізді. Барша жұрт өз-өзін жүз граммнан соң тоқтатып, үйлеріне қайтса, Бекжан жүз грамм емес, екі-үш бөтелкеден кейін ғана ішуге шамасы келмей қалған кезде барып тоқтайтын. Қайтсін бейшара?! Әйелімен отасқандарына тоғыз жыл болса да, бір перзентке зар. Дананың көрінбеген дәрігері, тәуібі, түнемеген зираты қалмады. Дәрігерлердің айтуы бойынша, екеуінің де он екі мүшесі сап-сау. Өзі қатарлылардың бала-шағасы мектепке баратындығын көрген сайын, оның өзегі өртенеді...
Бүгін де екі шишаны босатып, отырған жерінде ұйықтап қалыпты. Шайхана иесі Оспан кім-кімді де қуып жіберетін, бірақ Бекжанға қарсы бара алмайды. Өйткені басқа ауылдастарымен салыстырғанда, Оспанның «қарыз» дәптерінде Бекжаның аты жоқ, әрі көп пайда келтіретін адам ғой. Қарыз жаздырмайтынының себебі, бұрын бүкіл колхоздың агрономы болып жұмыс істегенде, колхозға келген химикаттар мен трактор паркінің темір-терсегінің бәрін үйіне тасып алған. Қазіргі кезде де ол трактор паркінде механиктердің бастығы. Қашанда қалтасында ақша жүреді.
Дана үйдің табалдырығында отырған қалпы көзі ілініп кеткен екен, дарбаза «тық» дегендей болып шошып оянды. Жан-жағына қараса ешкім жоқ. Төргі бөлмеге кіріп жатты да, көшеден дыбыс естілсе болды терезеге қарай жүгіреді. «Әне келеді, міне келеді. Кешкі тамағын да жемеген шығар, келіп қалар» деп күтуде. Ал ол болса, бейқам шарапқа тойып, ұйықтап жатыр. Оспан балаларының тыныш ұйқысынан оятып, Бекжанды қолтықтатып үйіне қарай жіберді. Бекжаның алдынан қазір танк өтсе де, өзі ішкен арақтың шишасымен басын ұрып жарсаң да оянатын түрі жоқ. Оспанның балалары әрі барса, он төрт – он алты жаста болар. Семіз болмаса да, бойын серейтіп қолтықтап жүруді айт. Бекжанның үйі ауылдың басында, оған жеткенше шаршап, пыс-пыс етіп, демігіп әрең жетеді. Оспанның ұлдары Бекжанды көтеріп жүруге үйреніп те қалған, оларға Оспан: «Ештеңе етпейді, ертен мектеп бітірген соң, Бекжан сендерді көтереді, жұмысқа орналастырады» деп күлетін.
Дананың көзін енді ұйқы басып еді. Сырттан «Дана жеңге!» деген дауыс есітілген соң, орнынан селк етіп тұрып, көшеге қарай жүгірді. Қараса, күндегі жағдай тағы да қайталанып тұр. Жарты жылдың жүзі. Бүгін таңғы ас алдында «шарап атаулыға жақындамаймын, болдым, қойдым» деген-ақ еді, енді түрі мынау. Ызадан көзіне жас келді, әрең сүйреп төргі бөлмеге жеткізді. Жылап жүріп, Бекжанның киімдерін шешіп жатыр, бірақ оны сезіп жатқан ол жоқ.
Таң атты. Дана түні бойы ұйықтамай жылап шықты, көзі ісіп кеткен. Ауыл тіршілігі оянса да, Данада еш қимыл жоқ, әншейінде мұндай кезде шай дайындап, Бекжанды оятушы еді. Сағаттың оятқышы шегертке сыңды шырылдау үстінде, ал Дана селт етер емес, тек қана көзінен ыстық жас тамшылайды. Жастығын суға малып алғандай. Бекжан бір көзін сығырайта ашып, бір қолымен оятқышты іздеп, екінші қолын байқамай Дананың жастығына тигізіп алды. Мұздай суды сезген соң, орнынан атып тұрды. Жаңа ғана оятқыш іздеп, орнынан тұра алмай жатқан адамның бір сәтте ұйқысы шайдай ашылды. Дананың жүзіне бадырайып қараған күйде, ешнәрсе түсіне алмай таңырқап қалды. Дана басқа бүйіріне аударылып жатып:
Қашанға дейін осылай жүреміз?
Болды, Данашым, ішкілікті қоямын, ішпеймін, тастаймын.
Мен сенің бақытыңды байлап жүргенге ұқсаймын, мен кетемін.
Екеуі отасқаннан бері бұл сөзді есітімеп еді. Түні бойы жоқ болып, ертесіне ауылдың жеңіл жүретін әйелінің үйінен шыққанын көрген кезде де, тілін жұтып ештеңе демеген, отаудың ұйытқысы Дананың аузынан осы сөздер шықты. Бекжанның тұла бойынан электр тоғы жүгіріп өткендей болды.
Жаман қатын кетем дейді, мен-ақ сол жаман қатын болайын. Сенің
әділетсіз жиған мал-мүлкің, -деп сөзін бітірмес бұрын Бекжанды ашу кернеп, Дананы өзіне қаратып, ашуға ерік беріп қойды. Дананы дәл қазір шапалақпен ұрмақ түгілі, тырнағының астына ине сұқсаң да, сезетін түрі жоқ. Үні шықпады. Маржандай жастар домалап, қара көздерінен мөлдіреп үзіліп, жастықа сіңіп жатты. Бекжан шапалақ түсіріп қалғанына өзі өкініп, не істерін білмей киініп, Данаға бір қарап, бірдеме айтпақ болып еріндері жыбырлап қоя берді. Бәрібір тыңдайтын күйде еместігін біліп ештеңе айтпай, есіктен шығып кетті. Дана сол күйі бір жарым сағаттай жатып, әрең тұрып киімдерін жинай бастады.
Бекжан жұмысқа барып, әрі жүрді, бері жүрді, жұмысқа қолы бармады. Не істесе де, «сенің әділетсіз жиған мал- мүлкің» деген сөз құлағынан кетпей қойды. Дананың көз жасын ұмытпақ боп жұмысқа кірісіп жатса да, бірақ қолынан ешнәрсе келер емес. Үйіне қайтып оралса, есікте құлып, жанында бір жапырақ қағаз. Сол қағаз түсінбеушілікті шешетін кілт сияқты. Қағазды қолыңа алып оқи бастады.
«Тағдыр бізді бір қосса да, бақытты болуымызды қаламағанға ұқсайды. Өзге жаннан бақыт ізде...
Сенің Данаң» - деп, жазған қағазды оқып болып, есік
алдында бүгіліп отырып қалды. Жаны жоқ адам сынды. Хатты құшақтап, біраз уақыт қимылсыз отырды. Біраздан соң есін жиып, есік алдындағы кілемді көтеріп кілтті алды. Дана екеуі қонаққа кететін болса, «қалтадан кілт түсіп қалуы мүмкін» деп осы кілем астына қойып кететін еді. Есікті аша сала, киім тұратын шкафка қарай жүгіріп барып, есігін ашып қарады. Дананың киімдері жоқ. Жаңағыда ғана есік ашар алдында «мүмкін» деген үмітпен кірген еді, салысы суға кетті. Өзінің киімдерінің арасында Дананың тек бір ғана кофта-юбкасы ілініп тұр. Ол да болса Бекжанға ұнайтын қызғылт түсті киімі. Қайда барса да сол киімді «ки» деп маза бермейтін-ді. Оның өзі киіліп-киіліп тозып кеткен.
Талықсығандай диванға сылқ ете құлады. Жатып ойланды «Дананың айтқаны да рас шығар, жеген сайын жеймін дегенім бақытсыздыққа ұшырауымыздың себебі емес пе? Осы күнге дейін айлық ақшамды Дананың қолына ұстатып, «үй шаруаңа жұмсайсын» демеппін де. Келін болып түскелі киім әпердім бе, одан қалса ішіп келем. Ол менің өмірімді емес, мен оның өмірінің қызығын ұрлапын. Жайнап тұрған гүл аяқ асты етіп, құрғатып жіберген кім? Мен!»– отыра-отыра өз-өзінен жиіркене бастады. – Жоқ! Барып алып келгеніммен, бәрібір ешнәрсені жарытпаспын, қай бетіммен барам?! Қалай жүзіне қараймын?! Өз сорым - өзіме! – деп күбірлеп жатқан бойы тұрған жоқ. Күні бойы нәр татпағаннан асқазаны шұрылдап, өз-өзін жеп барады. Тамаққа тәбеті ашыла қоймағанмен, асқазанының шұрылдауы қоймай қойды. Лажсыз тұрды да, асханаға жол алды. Кесеге тамақ құйып, бір-екі қасық ұрттаған сәтте, таңертеңгі Дананың көз жасы есіне түсіп, тамақты шетке ысырды. Жатып ұйықтамақ болды, бірақ ұйқы қайдан келсін? Әрі аунап, бері аунап, таңды қарсы алды. Күн енді ғана жер әлемді нұрға бөлеп бастаған сәтте, орнынан тұрып, жұмысқа атанды. Жұмыстың дарбазалары жабық екен, күзетшіні шақыртып ашқызды. Өзімен - өзі бір бұрышта темекісін аузына салып, ойға батып отыр еді. Бір кезде жай оты түскендей орнынан селк етіп шошынып тұрды. Қараса, тракторшылар да келіп, өз тракторларын шұқылап жұмысқа дайындап жатыр екен. Темір деген жұмысқа жақында ғана келген бала. Тракторы жұмысқа дайын боп тұрған соң, тракторшы достарына көмектесіп жүр екен. Бекжан қасына барып, телешка қосуға әмір беріп, өзімен бірге алып кетті.
Жол-жөлекей қолы іске баратын, бос жүрген бозбалаларды телешкаға отырғызды. Қораның ішінде үйіліп тұрған, заңсыз жинаған трактордың жаңа керек - жарақтары бар екен. Бәрін Темірдің тракторының тележкасына асар жасап тиеп алды. Жұмыс қолына алғысын айтып, тракторпаркке келіп, темір-терсектің бәрін жерге тастады. Сол жерде жүрген тракторшылар қара түнекке жарық сәулесі түскенін көргендей қуанып, төбелері көкке жетті.
Енді Бекжан Оспанның шайханасына тартты. Оспан мәз болып, бір шишаны қолтықтап жақындап еді, Бекжан қолымен «керек емес» дегендей ишара берді. Оспан өз көзіне өзі сенбей аң-таң. Кәуапқа тапсырыс беріп, Оспанның екі ұлын шақырып алды. Дайын болған асты тәрелкеге салып жатқан кезде, екіге бөлдірді. Оспаның қолынан алып, балаларының алдына қойды. Оспан өзі кәуап істесе де, балаларына қалып қойған немесе күйіп кеткенін ғана беруші еді. Ал ауылдың адамдарынан қайдан қалсын?! Одан қалса күйдіріп алатындай Оспан жоқ, шашлык пісіре беріп, қолы үйреніп қалған адам. Ақша десе жанын шайтанға сатуға да келісетін жан. Балаларының отырғанын көріп:
Әй, нағып отырсыңдар? – деп ұрыспақ боп, енді қолын көтере бергені сол еді, Бекжан араға түсіп:
Оспан аға! Сіз- бай адамсыз.
Қайдам? Шайханадан тапқан тиін-тебен неме жетеді?! Қайдағы жоқты айттың-ау сен де.
Мен - ішпесем де маспын, бақыттан емес, өз-өзіме деген жиіркеніштен.
Не деп кеттің бауырым, есің дұрыс па?
Сіздің байлығыңыз, міне, мыналар – деп көзіне жас алды.
Екі баланың басын сипап, орнынан тұрды да, қалтасындағы бар ақшаны Оспанның алдына қойып, есікке беттеді.
Мынау көп қой!
Балаларыңыздың игілігіне жаратарсыз-деп шығып кетті.
Үйіне келді. Үйге кірмек болып еді, кіре алмады. Сол бойда тура қораға қарай беттеді. Үйіліп тұрған темірдің орнына келіп, біраз қарап тұрды. Жерде арқан жатыр екен. Қолына алып, ойға батты. Тұрып-тұрып, өз-өзіне дар дайындауға кірісті. Дайындап болып, біраз отырып, темекісін тарта бастады. Қорадан бір бөрене тауып алып, аяғының астына қойып, дарға басын салды. Көзін жұмып тұрған еді, аяқ астынан біреу жүгіріп келіп, асығып «Сүйінші!» деп айқайлап еді, селк етіп шошып, аяқ астындағы бөренені қалай қозғап жібергенін өзі де білмей қалды.
Сүйінші сұрап келген – Мәулен. Дананың туған ағасы. Бекжанды іздеп, жұмысына барып таба алмаған соң, шайханаға барған. Оспаннан «Бекжан бір түрлі болып кетті» дегенді есітіп, үйге қарай жүгіреді. Үйді тез шолып шығып таппаған соң, қораға өкпесін қолтықтап шабады. «Сүйінші!» деп айқайлауының себебі, Бекжанды жолынан қайтару мақсатында. Бірақ өзі де күтпеген жерден, қателесіп қалғанын байқады.
Бекжан қылқынып жатыр. Жүгіріп барып, аяғы шалынып құлап, еңбектеп жүріп, Бекжаның аяқ астына тұра қалды. Бекжан оның үстіне тұрды. Өзі де шошып кеткеннен болса керек, мойнын арқаннан өзі шығарып, екпетінен жерге құлады. Екеуі үшін он - он бес секундтағы болған жай, бір күндік соғыспен тең болғандай. Өлімге қарсы соғыс болды.
Екеуі қорадан шығып, отыра кетті. Үсті-бастары аздап жыртылған, шаң-шаң. Бекжан есі кеткен адамдай өзіне әлі келе алмай тұр.
Әй, ақымақ есіңді жедің бе? Балаңды жетім қалдырмақсың ба? – деп, жай сөзбен, айтар сөзін жеткізді.
Түсінбедім?! Сонда... сонда... мен әке...
Әрине...
Біраз сенімсіздікпен қарап тұрды да, үнсіздікті қуаныш даусы бұзды:
Тапқаным – сіздікі! – деп басы аспанға жетті. Жүрегі тарс жарыла, өзін көкке жетіп қалғандай сезінді. Өлімнен емес, бақыттан.
Дананың ішіндегі балаға екі айдай уақыт болыпты.
Қалайша? Жерік болмай... Анау...- деп, «жүрегі айнымай» дегенді қолымен көрсетті.
Үйіңде болмасаң, қалай білмекшісің, не істеп жүргенін?
Маған айтпады ғой! – деп қуанышты дауысы жерді жара жаздады.
Алғашында «асқазаным ауырып жүрген шығар» деп ойлаған екен, білесің ғой үйдегі жеңгең доктор ғой. Қараса, бойында баласы бар екен.
Біраз уақыт есін жинап алып, Мәуленге ерді. Қайын жұрты көрші ауылда болған соң, көршілерінің арбасын қостырып, Мәуленнің үйіне тіке тартты. Алдыларынан Дана күліп қарсы алды. Бекжан Дананы көрген сәтте арбадан секіріп түсіп, оған қарай жүгірді. Дананы көтеріп алып, кешірім сұрады. Осы кезде келіншегінің көзіне қуаныш тамшылары келіп, басын изей берді. Бекжан жерге түсіріп, қолымен көз жасын сүртіп жатты.
Бәйбіше, шай дайында, қонақ келді – деп, Мәулен екеуін оңаша қалдырып, үйге қарай жүрді.
Дана мен Бекжан өз отауларына кештетіп оралды. Дана кеткесін үй қараусыз қалған болатын. Енді бүгін келе салып, қолына сыпырғыш алып еді, Бекжан қолынан алып қойды. Солайша ыссы, суыққа жуытпай, барша тірлікті таң атысымен өзі жасауға тырысты. Бірақ Дананың көңілі толмай, Бекжан жұмысқа кеткеннен соң, қайта жасап шығатын. Дананың жұмысы сөзжұмбақ шешу. Соның өзінде кешкі асты дайындап қоюға үлгеретін. Оған Бекжан дастарханға тамақ қойылғанша біраз ұрысып қоятын. Тамақтанып болған соң, әйелін мақтайтын. Жұмыстан келерде, шайханаға да соқпай қойды. Келе сала, Дананы жатқызып қойып, ішіне құлағын тосып, тыңдап жатады. «Әне, теуіп жатыр. Міне , қимылдады» деп мәз болып жүрді. Докторға көрінуге бірге барып, ұл дегенін естігенде жүрегі жарыла жаздаған. Әр түннің басты мәселесі -балаға қандай есім беремізге айналған. Әрі ақылдасып, бері ақылдасып «Әмір» деген атқа тоқталды. Осылайша арадан бес ай, бір-бірін қуалай зымырап өтіп кетті.
Бекжан жұмыста әрі жүріп, бері жүріп, істейтіндей жұмыс таппады. Қыстан енді шыға бастағанда қайдан жұмыс бола қойсын? Жер әлі лай, кей жерлерде мұз әлі ери қоймаған. Дәнекерлеуші аппаратқа қарап отырып, «Баламның ойнап-күлуіне жарар» деп, темірлерді алып, өзі апаратқа отырды. Әдемілеп, мейірмен, әсемдеп тербелетін арғымақ жасап шықты. Маңдай терін бір сүртіп, өз-өзіне мәз боп тұр. Сол жақын маңда, қолы бос жүрген Темірді шақырып алды.
- Білесің, жеңгеңнің айы- күні жақындады. Мынаны балама арнап өзім жасап едім. Үйіме апарысып жіберсең деп едім.
Темір келісе кетті. Өйткені Темір оқу бітірген соң, жүргізушілік куәлікті алып беріп қана қоймай жұмысқа тұрғызған Бекжан еді. Мүмкін көршісі болғандықтан шығар . Тракторының түтінін будақтатып арғымақтың қасына алып келді. Екеуі бір амалдап бортқа салды. Үй алдына келсе, қақпа ашық тұр. Трактор тоқтай салысымен, үйге қарай жүгірді. Кірсе үйде Дана жоқ. Көршілердікіне кірсе, Дананың толғағы ұстап, ауруханаға алып кеткені жайлы естіді. Көрші кемпір Салима, Темірдің шешесі де бірге кеткен екен. Тракторға жүгіріп келсе, Темір жоқ. Үйіне барып еді, үйінде де жоқ. «Жер жұтып кетті ме» деп ойлап қайта көшеге шықса, Темір бір-екі баламен Бекжанның үйінен шығып келе жатқанын көрді. Трактордың бортына көз тастап, түсінді.
Тракторға отырып, аудан орталығына бет түзеді. Трактор да трактор емес, жеңіл көліктей зулата жөнелді. Ұшып барады. Аудан орталығына келді. Перзентхананы таба алмай, біраз сандалып жүрді. Данамен бірге тексерілуге барған жерде ремонт болып жатыр екен. Екеуі де туылғаннан бері перзентхана көрмеген жандар болғасын, жан-жақтағы адамдардан сұрастырып жүріп, әрең жетті. Барса, ғимарат есігінің алдында Салима кемпір тұр.
- Тудыруға алып кеткен – деді, Бекжанды көре сала. Бақытқа бөленді. Біраз шетке шығып, Темір екеуі темекі тартып тұрды. Салима кемпір есіктен кіріп кетті.
- Ұл болса, маған ұқсап бек қана болмай, баршаға әмір етерліктей болсын деп атын «Әмір» деп қоятын боп шешкенбіз, – деп маңғаздана сөйледі.
- Онда біздің әке-шешеміз темір-терсектің арасында жүруімізді сезіп, Темір деген екен де! – деп күлді.
- Темір, білсең ғой! Сені өз туған інімдей жақсы көрем. Сен сияқты қарапайым болсын. Атын Әмір Темір деп-ақ қояйын.
- Аға! Ол атақты адамның аты ғой.
- Бұрынғы қазақтар балаларының өмірі ұзақ болуы үшін, екі адамның атын біріктіріп қойған екен, бауырым! – деп құшағына басып, қуанып тұрған еді. Салима кемпір қастарына келіп:
- Сүйінші! Ұл!- деп дауыстап жіберді
- Барым- сіздікі!
- Құттықтаймын, Бекжан аға!
- Доктор саған жолығып кетсін деп еді.
- Ол неге шақырды екен?
- Есімі жайлы болса керек, куәлік толтыруға, – деп, Темір Бекжанды қанаттандырып жіберді. Доктор дәлізде келе жатыр екен, Бекжан дәл алдынан шықты.
- Мен- Ғабиденова Дананың жолдасы боламын.
- А! Иә, сізбен сөйлесіп алуымыз керек. Біріншіден, құттықтаймын. Екінші жағына келер болсақ, бала әлсіз, – деп сөзін енді бітіріп жатқан кезде, медбикелер шақырып қалды.
Бекжан мына сөзден соң, еңсесі түсіп, басын төмен қаратып сыртқа шықты.
Не болып қалды, Бекжан, балам! – деп Салима кемпір алдынан қарсы алды.
Баланы әлсіз деп жатыр.
Ерте туған соң, әлсіз болады да. Білсең ,балаң өзіңе тартып жеті айда дүниеге келді. Сені де марқұм Рахила жеті айдан соң, босанып қойған.
Салима апа, мені қуантып қойдыңыз! – деді қуанышы ішіне сыймай. Үшеуі де мәз-мейрам боп, ауылға қайтты. Жол-жөнекей базарға кіріп, Сәлима кемпірге көйлек пен қолына алтын жүзік салды. Жеті-сегіз жәшік арақ алды.
Ауыл-аймақтан сүйінші сұрап, Темір жүр. Өзі әрі мақтанып қояды. «Баланың аты- Әмір-Темір. Көрдіңдер ме, Темір мырзаның құрметін!» деп, туыс – бауырға көкірегін кереді.
Бекжан көршілерінің бірінен той жасауға үлкен үстел сұрап, көшенің дәл ортасына қойғызды. Өткен-кеткен жас па, кәрі ме жасына қарамай бәрін шарапқа тойғызып, кетер кездерінде бір шишаны қолтықтарына қыстырып жіберіп жатты. Алғашқы перзенті ғой қанша дегенмен! Тағы үш-төрт жәшік әкелдірді. Той түннің бір уақытында бітті. Ішімдіктің маңайына жоламайтын Темір де мас, әрең сүйреп жүріп Бекжанды диванға жеткізді. Өзі сол жерде еденге жата кетті.
Таң қылаң беріп келе жатқан уақыт екен, түсіне марқұм әке-шешесі кірген бе, ұйқыдан « Мама!» деп атып тұрды. Оның дауысына Темір де селк ете оянып кетті. Екеуі бір-бірін «жүр-жүрлеп» жүріп, әрең далаға шықты. Далада қара суық. Жел ашу атына мінгесіп алғандай. Аспанда әншейінде күн күліп тұратын еді, бүгінгі күнді қара бұлттар жұтып қойғандай.
Темірдің үйіне келсе, Салима кемпір, тамақ дайындап қойған екен. Темір Бекжан екеуі аудан орталығындағы базардан керекті базарлық алып, перзентханаға жол алды. Дәрігерге жолыққаны сол –ақ екен қолындағы дорбасы жерге түсіп, ішіндегі базарлығы жан жаққа шашылды. Темір де өз құлағына өзі сенбей, үндемей, көзінен жасын төге берді. Кеше қуанышын жуған болса, бүгін енді балапанының жаназасын шығаратын болды. Бірге шарап ішкен адамдар басын әрең көтеріп қарап, түс көргендей аң-таң.
Осылайша ол перзентханадан бос қол қайтты. Бекжан үйіне жеткенше көзінен бір тамшы жас тамған жоқ. Аулаға кіргенде бірінші көргені өз қолымен жасаған арғымақ болды. Қасына барып, иіліп жылай берді, жылай берді....