Ерегестің зияны
Екі бұғы ерігіп,
Алаңқайға шығады.
Екі бұғы желігіп,
Ерегесіп тұрады.
-Менің жерім жайлайтын,-
Деді бірі жай ғана.
-Менің жерім ойнайтын,-
Деді бірі айғайлап.
Осылайша екеуі,
Бір сағаттай ұрысты.
Кімнің дұрыс екенін,
Білуге шын кірісті.
Мүйіздерін тармақты,
Бір-біріне сілтеді.
Жайқап мүйіз салмақты.
Бірін-бірі түртеді.
Алаң тарлық қылды ма?
Шегінісіп тұрысты.
Мөңіресіп тұрды да,
Салды сойқан ұрысты.
Көздерімен атысып,
Ілігісіп алысты.
Мүйіздері шатысып,
Жақтары да қарысты.
Тізелері бүгіліп,
Жібермеді намысты.
Ойдым-ойдым оқпан ор,
Жаңа жауған қар үсті.
Сүзгілесіп жүргенде,
Мүйіздері шатысты.
Ажырата алмай ілкемде,
Сілелері қатысты.
Тұрып қалды екеуі,
Бір-біріне байланып.
Шыға келді көп қасқыр,
Жеуге дайын жайланып.
Ақылдары кем болды,
Қасқырларға жем болды.
Қасқыры бар орманда,
Аюың да болған да.
Табылады айдаһар
Шым-шытырық жолдан да...
Керек емес төбелес,
Түбіңе жетер ерегес.
Ел болам десең мәңгілік,
Бір-біріңді елеп өс.
Бір-біріңді демеп өс.