Адам қарады: 624 | Жарияланды: 2017-05-02 03:54:52

Отаным

Қайнар-бұлақ өзен суы дариясы – менікі

Арқа тұтар ақыл айтар қариясы менікі

Тауы тасы құз-шыңдары аспанымен таласқан

Әр жотасы әр белесі жар-қиясы менікі

 

Кең жазира шексіз жатқан далалары менікі

Ғұламалар данышпандар даналары менікі

Қазағымдай елді өрбітіп бар әлемге танытқан

Кең пейілді алтын құрсақ аналары менікі

 

Ақша бұлттар аспандағы қар-жауыны менікі

Самал желі борандатқан әр дауылы менікі

Сағымданып кең даламда табаныңды күйдірер

Өркеш-өркеш жоталанған құм-шағылы менікі

 

Көк аспаны күнмен айы саф ауасы менікі

Көк шалғынды дәнді өлкесі сай-саласы менікі

Топырағында туып өскен ақ па сары қара ма

Әр сәбиі іңгәләған ұл-қыздары менікі

 

Бау-бақшасы жемісі де әрбір талы менікі

Жүгірген аң ұшқан құсы бәрі-бәрі менікі

Дархан көңіл жарқын жүрек таусылмайтын қашанда

Дәмім-тұзым дастарханым тек қонағым сенікі!  

Қазақ тілінде жазылған