Эверестке шығу
(өтірік өлең)
Кеше кешке конькимен
Эверестке шың шықтым
Шаршамай да, шалдықпай
Өте жылдам тез шықтым
Қорықпадым жалғызбын
Күндіз емес түн шықтым
Ай төбемде тіреліп
Дем ала алмай тұншықтым.
Кереметін қарашы
Мен отырмын таң қалып
Жылтыр мұздың үстінде
Талдарың тұр жайқалып.
Самал соғып, құс сайрап
Арасынан бір белдің
Түнеп шықтым сол күні
Арасына гүлдердің.
Жан-жағымда жұлдыздар
Мөлдірейді жыпырлап.
Жеп көріп ем біреуін
Тәп-тәтті екен қытырлақ.
Шың басына шығып ап
Құр қол қайту бола ма?
Он шақтысын теріп ап
Сала салдым дорбама.
Қол шатырды қолыма ап
Төмен қарай самғадым
Мұншама көп болар ма
Құсқа толы жан-жағым.
Ұшып келіп қалықтап
Қара жерге жолықтым
Сөйтсем үйдей бір құстың
Үстіне кеп қоныппын.
Мұның бәрі бір сәттік
Уақыт еді бастағы
Сол алып құс әп-сәтте
Үйіме әкеп тастады.
Мен келді деп қуанып
Жиналды жас кәрі де
Теріп алған жұлдызым
Жетпей қалды бәріне.
Шың басында аялдап
Тағы біраз қалсамшы
Жұлдызды емес дорбама
Айды сала салсамшы.