Әкем
Әкемді айтқанда ерекше бір күйге бөленемін, өйткені мен әкемнің қызымын, жалғыз қызымын.Үнемі әкеме еркелеймін, ол кісі жұмысқа кеткенде үй қараңғы болып қалады, көңілім бір түрлі жабырқап қалады. Әкем өрт сөндіруші болып қызмет атқарады. Салтанат ансамбльінің лауреаты, хор әншісі. Қарқаралы ауданы бойынша жалғыз баритон дауысты әнші. Айтсам ауыз көпіртіп айтарлық адам ғой, шіркін! Әкемнің әншілік дарыны маған ғана беріліпті, ағам да, бауырым да ән айтпайды. Мектепте әр түрлі мерекелерде ән шырқаймын. Әкем риза болады маған қарап: “ өзіме тартқан” деп.
Бір күні үй қатты ысып кетті. Мен ыстықтап шұлығымды шешіп тастап біраз жалаң аяқ жүріп қалдым. Содан кейін дәл ұйықтарда аяғым қақсасын кеп. Шыдатпай барады. Әкем бірден мені жатқызып, өзі аяқ жағыма отырып табанымды сипады. Алақанының ыстығын-ай! Кішкене уқалап еді, аяғымның қақсағаны лезде басылып кетті. Әкемнің қасиеті мықты еді. Ауырып тұрған жеріңе қолын тигізсе болды, бірден жазылып кетеді.
Әкемнің тағы бір ерекше өнері - сурет салуы.Салған суреттерін көрсеңдер ғой, тіпті Да Винчидан асып кетпесе, кем түспейді. Үйдегі альбомдағы суреттердің бәрін әкем өзі салған. Ақындық өнері де бар. Бәз біреулер “пай,пай, әкесін мақтапты ғой” дер, бірақ бұл асыра сілтегендік емес, ақиқат. Әкемнің тұла бойындағы бар қасиеттерін ақ қағаз бетіне түсіру – перзенттік парызым деп білем. Иә, менің әкем ерекше жан еді! Мұхит десе, дүйім-жұрт таниды.
Бір күні анам ет асты. Кешкі асқа отырдық. Әкем мипалау жасады. Ол кісінің мипалауының дәмі тіл үйіреді. Тамаққа тойғаннан кейін тұрып бара жатқанымда, әкем:
-Қызым, отыр,- деді.
-Әке, мен тойдым,-дедім.
-Тойсаң да отыр. Бізді күт. Естеріңде болсын, бұл үлкен ас, біздің ұлттық асымыз. Астан аттамау керек. Барлығымыз ауқаттанғаннан кейін қолымды жайып ас қайырамын, сосын Аллаху акбар деп бетімізді сипап бірақ тұрамыз,- деді.Осы сөздері ағам екеуміздің жадымызда мәңгіге қалды.
Әкем қаншыл, бауырмал, ақкөңіл адам. Жеті аталарыңды білу – міндеттерің, шыққан тектеріңді ұмытпаңдар деп күнде болмаса да күнара құлағымызға құйып, жеті атамызды жаттатады. Біз Шекщек руынанбыз, Нұралы би, Қармыс би, Қашым ата, оның ұлы Әнуарбек атадан тараймыз. Ата – бабаларымыз жайлы әңгіме бөлек тарих, біздің мақтанышымыз. Нұралы бабамыз сонау Жетісу жеріне барып, Барақ Сұлтанның ұлы Бөкейді алып келіп хан сайлаған, би болған. Қашым атамызға келер болсақ, отыз екінші жылдары ашаршылық кезінде сонау Ресейден үйір-үйір жылқы ұрлап айдап әкеліп, Қарақуыстағы бүкіл халықты асыраған. Орыстар соңына түсіп қуып, мылтықпен атқанда, атамыз жылқының бауырына кіріп кетіп, құшақтап алады екен. Ұстатпай солай құтылып кететін көрінеді. Ашаршылықтың азабын көрген халқы үшін басын қатерге тігіп, екінің бірінің қолынан келмейтін нағыз ерлік жасаған. Айта берсем таусылмайды. Осылайша, әкемнің арқасында жеті атамызды, текті би ұрпағынан тарағанымызды білемін.
Бүгін үшінші маусым. Осы күн әлі есімде, өйткені үш күннен кейін менің туған күнім. Әкем таңғы бесте ағамды алып москвичімен балыққа кетті. Күні бойы терезеге қайта-қайта үңіліп, әкем қашан келер екен деп күтумен болдым. Сағат кешкі бес болды. Әлі жоқ. Бір уақытта жаңбыр жауа бастады, үдетіп барады. Тоқтар емес. Найзағай ойнап аспан шатыр-шұтыр етіп күркіреп жатыр. Мен шыңғырып жылап жібердім. Анам жаныма жетіп келіп құшақтай алды. Мен әкелеп өксіп жылап жатырмын. Анам болса қорықпа, қорықпа деп тыныштандырып жатыр. Шындығында, мен күннің күркірегенінен емес, әкемді ойлап, әкем үшін қорқып кеткенімнен жылап жатырмын. Анама айтайын десем, айта алмаймын, кеудемді өксік қысып барады. Сөйтіп жарты сағат жыладым. Әкемнің үсті-басы шылқып кетті ме екен?! Көлдің ортасында қайықта балық аулап отырғанда қайық аударылып кетті ме екен?! деген ойлар келе берді. Қайық неге көз алдыма елестегенін білмеймін, ол кезде қайдағы қайық?! Кинодан көргенім елестеген болуы керек, сірә! Бір кезде біреу есік қақты.Анам барып ашты, сөйтсек әкем келіпті. Үсті-басы су. Әке деп жүгіріп барып құшақтай бас салдым. Әкем де мені құшақтап екі бетімнен кезек-кезек сүйіп, көтеріп алды. Сосын үйге бір толған қап кіргізді. Шығып кетті де, екінші қапты әкелді, үшінші...төртінші...бесінші қап кіргізді. Қап толған балық екен. Мен көзімді бажырайтып қарап тұрмын. Анам мәз.
-Қызымның туған күніне орай олжалы болдық.Бес қап балық ауладым,-деді әкем.
Содан әлгі балықтарды үлкен тегенеге төкті. Балықтар секіріп жатыр. Ол маған ермек болды, біраз отырып ойнадым. Содан рахат болды, күнде қуырылған балық жейміз. Анам біраз балықтарды туыстарға, көршілерге таратты, ал қалғандарын сатты. Сөйтіп, менің туған күнімді дүркіретіп өткіздік.