Адам қарады: 919 | Жарияланды: 2017-05-20 04:32:16

Тұғыры биік тұлғалар

        Күләндам

Аудан орталығынан Ақсүмбе ауылына қарай сапарлап шыққан сайын көлік ішінде отырған менімен қапталдас жүріп отыратын Қаратау жоталарына қарап ойға қаламын.Созақ өңірі құпиясы ашылмаған өңір. Кешегі ұлтымызға келген түрлі құқайдың өзін бастан кешкен сартап дала, сарғайған, шаршаған халде жатыр. Ат тұяғының ізі қалған далада бабалар рухы кезіп жүргендей болады. Әне анау көрінген Келіншектаудың сұлбасы. Келіншектауға көзім түскен сайын елге қыз болып ақ босаға аттап, имене келген кешегі ару апаларымызды көргендей боламын. Сол арулардың нағыз үлгісіндей болған Күләндам апамыз. Күләндам Қожанова (Лапина) алдымен ұлтын құрметтеген, жарын сүйген, халқын қадірлеген, елін елей білген қазақ аруы. Сұлтанбек Қожановтың туған нағашысы Мүсірәлі Раң ауылында ғұмыр кешкен. Мүсірәлінің Алмақыз және Алшақыз есімді екі қарындасы болған. Бір қарындасы Алмақыз Сұлтанбектің анасы. Осы Мүсірәлінің өз кіндігінен Ақпанбет және Айтмағанбет атты екі перзенті болған. Ақпанбеттен Уәлихан есімді ұл 2014 жылы 80 жасында өмірден озды. Уәлиханның ұлы Ерқанат Раң ата ауылында мектепте ұстаздық қызмет атқарады. Екінші перзенті Айтмағанбет (Әйтпіш) кезінде сонау аласапыран жылдары  Сұлтанбектің қолында өскен. Осы үйдің түрлі жұмыстарына қолғабыс жасап, күнін көрген екен. Күләнда Мұңайтпасқызы аумалы -төкпелі жылдары қуғын көріп Сұлтанбек ұсталып кеткен соң артынша Күләндам апамызда қамауға алынады. Алаштың ардақты ұлының жұбайы бұл нәубеттің түбінде ақ-қарасы анықталатынын іштей сезеді. Сұлтанбек «халық жауы» атанып, қолы артқа қайырылып байланып кетіп бара жатқанда:-Қайғырма Күлән, бұл бостандық таңының алдындағы тұяқ серпір алакеуім шақ.Әлі-ақ алдымыздан арайлы таң атар, қиындықтар артымызда тарих болып қалар, қайғырма!-деп қайраттана қоштасқан екен. Әрине, Сұлтекеңнің ішкі толқынысы алай-дүлей болса да сырын бүгіп, өзі сонша қатты қиналса да жаралы жан сезімін білдірмей отбасына қайрат береді.

Күландәм апамыз түп негізі Қызылорданың (Ақмешіттің) қызы. Ол 1901 жылы дүниеге келіп 1989 жылы өмірден озды. Әкесі сол өңірдегі көкірек көзі ояу, елге абыройымен, беделімен жаққан, атақты би-болыс Мұңайтпас Лапин. Мұңайтпастың ұлы Серәлі қазақтан шыққан алғашқы заңгер. Перовск уезіндегі Кеңтүп болысының Қоғалыкөл ауылында (қазіргі Қызылорда облысы, Сырдария ауданында) 1869 жылы дүниеге келеді. Ол Санкт-Петербург университетін бітірген. Жалпы Мұңайтпас кіші жүздің жаппас руының сумұрын атасынан тарайды. Бабалары Лапы кіндігінен бала болмай зиярат етіп, әулие аралап Сыр бойындағы Қожахмет, Оқшы ата, Қожанқожа, Қарақожа әулиелерді аралап, бір күні шаршап шалдығып, қалжырап демалып отырып көзі ілініп кеткенде түсінде бір сәлделі кісі: -Уа, жоқ іздеген жолаушым, сен ауыл іргесіндегі Мүлкүлүн деген әулиеге барып түнегейсің!», «Ол саған малыңды шашатын ұл береді»-деп аян береді. Көп ұзамай Мұңайтпастың тоқалы босанып ұл туып дүниеге Мұңайтпас келеді. Мұңайтпас қолы ашық, жомарт жүректі азамат болып өседі. Он алты жасында болыстыққа түсіп, жиырма жасында болыс атанады. Сөйтіп жиырма жыл болыс болады. Мұңайтпастың ұлы Серәлінің қызы Рабиға Санжар Асфендияровтың әйелі.

1937 жылдың желтоқсан айында «Қарлаг» лагерінің ірге тасы қаланып, бір жылдан кейін халық жауы атанған азаматтардың әйелдері әкелінеді. Олардың саны15 мыңға дейін болған. Ол уақытта оны «26-шы нүкте» деп те аталған. Әркімнің күндік нормасы болған. Норма орындалса бір тілім нан береді екен. Таңғы төрттен түнгі он екіге дейін жұмыс істеген. Егістің қарын тоқтатып, мал бағып күндіз түні жұмыс жасайды.  Аштық пен суықтан, қайғы мен ауыр ойдан қалжырап өлгендерді цифрлап көме береді екен. Тіпті олардың аты-жөндері де жоқ.

Тұтқын қыз-келіншектерге екі жылға дейін сырттан хабар алғызбаған кейін жылына бір рет хат жазуға, хабар алуға рұқсат берген. Рәзия Меңдешова, Күләндам Қожанова, Әзиза Рысқұлова, Бижамал Сырғабекова, Дәмеш Жүргенова, Гүлбахрам Батырбекова (Сейфуллина), Фатима Диваева, Галина Серебрякова, Сағадат Тәштитова, Гүлжамал Малина  сияқты алаш халқына танымал қазақ қайраткерлерінің жұбайлары лагерде азапты күндерді бастан кешірген.

Әйтпіш көкеміз көзі тірісінде Күләндам апамыз туралы естелігінде былай дейді:

-Күләндам жеңгеміз лагерьде жүргенде мал шаруашылығымен айналысқан. Сонда малды сауып болған соң қозыларын жамыратып, әр қойдың қозысын тап басып көрсететін алғыр, малсақ,  мал-танығыш, есте сақтау қабілеті зор кісі болған екен дейді.

Сол бір қиын да қилы кезеңде жасымай он бір жылын түрменің қапас бөлмесінде өткізеді. Тарих беттерін парақтап отырсаң қаншама ер азаматтар, одан бөлек әйел аналар опат болды. Олар сол уақыттағы аса зор қиындықтардың азабына қанша шыдас бермекке бекінсе де жан мен тән азабы олардың бүгінгі күнді аңсаған армандарын қыршынынан қиды. Бір сыпырасы өз өзіне қол жұмсады, енді біршамасы есі ауып жынданып кетті. Енді біршамасы науқаспен аштықтан қырылды. Күләндамның сол  11 жыл түрме қапасынан аман шығуы ең бірінші оның иманды болуы, құран сүрелерін жатқа білуі, құран аяттарында айтылатын «Мен  аса зор сынақ қиындықтарын тек сүйген құлыма беремін. Ол сабырлық танытып, ауыр сынақ пен азаптан аман өтсе менің құлдарымнан» деген құран сүресін жадына мықтап ұстап, өмірге деген құштарлығының арқасында арадағы 11 жыл азапты жылдардан соң елге аман есен оралды. Күләндам апамыздың барлық ғұмыры күту, іздеу, үндемеу, сағынумен өтті. Расында оның маңдайына тағдыр өз шешімін мықтап жазған екен.

Күләндам апамыздың тұңғышы Зиба (1919 жылы) есімді қыз баласы, одан соң  Нұрлан (1921), Арыстан (1929) есімді екі ұлы болады. Нұрлан «халық жауының баласы» деген «атақтан» құтылу үшін соғысқа кетіп майдан даласында қаза табады. Ал Арыстан математика саласын игереді. Сұлтанбек бірде Әйтпішті шақырып алып «Сен менің нағашым екенің рас. Бірақ менің саған зияным тиіп кетпеуі үшін. Сен ол туыстықты ұмыта тұруыңа тура келеді. Сенен кімсің деп сұрар болса осы үйдің есігінде жүрген жалшы, қызметшісімін деп айтарсың дейді. Әйтпіш сұрағандарға солай айтты да. Соның арқасында қуғын-сүргіннен аман қалды. Әйтпіштің ұлы Нариман 1936 жылы дүниеге келген. Кейін Теміртау қаласында Елбасымыз Н.Назарбаевпен бірге металлургия зауытында ірге жұмыс атқарады. Нариман кейін беріде Теміртау қаласында қайтыс болады. Одан Серік деген ұл қалған екен. Бірақ ол елге келіп ағайын-туыспен хабарласқан емес. Алдағы күндерде тірі болса хабарласар деген үміттеміз.

Сұлтанбек пен Күләндам Ташкент қаласында Күләндамның әпкесі Ләтипаның үйінде алғаш танысады. Ол уақытта Сұлтанбек Латипаның күйеуі Қоңырқұлжа Қожықұлымен Ташкенттегі пединститутта бірге қызмет атқаратын.

Еңбекпен түзеу лагері бас басқармасының (ГУЛАГ) жобасы бойынша қарағанды лагері 32 мың тұтқынға арналса да оған 75 000-ға жуық адам жазасын өтейді. Ондағы мақсат көмір игеру. Жезқазған, Балқаш металлургия комбинаттарын салу болатын. Сонымен қатар, лагерлерде жер жырту, көкөніс, жеміс ағаштарын отырғызу, кірпіш шығару, әк өндіру, таскөмір шахталарынан көмір алу болады. 1937-1938 жылдары Қазақстанда 103 мың адам сотталып, олардың 25 мыңы өлім жазасымен атылып кетеді. Қазақстанда 1939 жылы 21 еңбекпен түзеу лагері мен колониялар орналасса, соғыс жылдары 56 еңбекпен түзеу, 910 лагер бөлімшелері, 424 еңбекпен түзеу колониялары қарқынды жұмыс жасады.

Күләндам апамыз Алматы қаласында тұрғанда Қаратау ауылынан Тілеуқабылова Аманкүл, Раң ауылынан Сұлтанбектің нағашы қарындасы Мүсірәлиева Хадишаның Қыздар педагогикалық институтына оқуға түсуіне қол ұшын береді.

-Мен бірде Күләндам апамыздың үйінде жүргенімде сол үйге Әскербек Еңкебаев ағамыз келді. Сөйтсем Әскербек аға Күләндам апамыздың туысы болып шықты. Кейін Әскербектің баласын бауырына басып тәрбиелеп, оқытып азамат етті,-деп еске алады. Айтмағанбеткеліні Рымкүл апамыз.

Мен жақында Астана қаласында тұратын Күләндам апамыздың немересі Светлана Тыныбекова апамызбен, оның қызы Сәулемен телефон арқылы хабарластым. Светлана апамыз Астанадағы аурухананың бірінен көзіне ота жасатып үйіне таяуда шыққан беті екен. Екеуміз біршама уақыт әңгімелестік. Ол кісінің қоңыр даусы, жұмсақ үні, сыпайы да мәдениетті сөз саптауы текті атаның ұрпағы екенін аңғартты. Света апам Сәуленің телефон нөмірін берген соң  Сәуле қарындасыммен де артынша сөйлестім. Біз бұрыннан таныс адамдардай тез тіл табысып, ортақ әңгімеге көштік. Сұлтанбектей арысты тұлғаның ұрпақтары осындай болуы тиіс деген ұғымда уақытша қимай қоштастым. Света апамыз маған Күләндам апамыз туралы өзі білетін ақпараттармен бөлісуге келісті. Осы екеу ара әңгіме барысында өзінің өткен жылы «Простор» журналына анасы туралы жазған мақаласын оқуыма кеңес берді. Осыдан кейін менің қолыма Сұлтанбек бабамыз бен Күләндам апамыздың қызы Зибадан туған жиен немересі Светлана Тыныбекованың «Простор» журналына жарияланған «Мама» атты очеркін сол күні іздеп таптым. Осы адам жүрегін селт еткізер, оқып отырып көзіңе еріксіз жас алатын мақалада Күләндам апамыз туралы былай дейді: «Әжем 1945 жылы Ташкентке келді. Өте қатты әбіржіп кетіпті. Өңі қарайған, өте арық, қалжырап шаршағаны бозарған өңінен байқалып тұрды. Аяғындағы азиялық кебісін өкшесінен басып алған. Киімі шұрық тесік, жыртылған. Сонау 30-шы жылдардағы әсем, көрікті, сұлу Күләндамнан жұрнақ қалмаған. Әжемді көргенде Махила тәтем (Күләндам апаның үлкен ағасы Лапин Жапардың үлкен қызы) жылап қоя берді. Ауыр жағдайда өмір сүрдік. Мал соңында жүрдім. Қолымызда таяқ, сол таяқпен қасқырдан малды қорғаймын.

Ақмола Қарағанды арасында,

Қой бағам батық, жарық даласында.

Сақтаймын оң көзімдей баққан қойды,

Ешбір ой қойдан басқа болмай қойды,

Алыста  жылай-жылай бала қалды,

Жүрген жер Ақмола мен Қарағанды.

Қайран ел сені көрер күн бар ма екен,

Мұңымды алыс-жақын тыңдар ма екен-деп жүріп барымыз баламыздай баққан малымыз болды деп әжем ауыр күрсінетін. Түрмеден оралғаннан кейін Күләндам апа ұл-қыздарын оқытып, бала-шағасының қамын ғана ойлаумен айналысады. Зиба Алматы қаласындағы медицина институтына оқуға түседі. Арыстанды Қазақ мемлекеттік университетіне түсіреді. «Күләндам апамыз Ташкентке барған сайын сүйексіз жүзім, кептірілген мейіз, шабдалы, жаңғақ, дән әкелетін. мен Зибамен ойнауға және тәтті-тұттылар жеуге баратынмын»-деп еске алады өз естелігінде Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнар Дулатова. 1937-1938 жылдары біздің отбасымыз үшін зор қаһарлы да зәрлі жылдар болды. Ташкент қаласындағы біз тұратын Финкельштейн көшесіндегі 44 үйге таңертең түсі суық екі кісі кіріп келді. Атамызды әкетуге келіпті. Бойын ашу қысқан атам ішкі істер халық комиссариатына қоңырау шалмақшы болып еді, тағы да екі адам кіріп келіп оны тұтқындауға рұқсат алған ордерін көрсетті. «революция ісіне шын берілген кедей шаруаның баласы бір күнде халық жауы атандым» деп шарасыз әкем орындыққа сұлқ отыра кетті. Күләндам байқатпай ақырын Зибаны оңаша алып шығып сол кездегі Өзбекстан Орталық комитетінінің хатшысы, Сұлтанбектің досы  А.Икрамовқа жібереді.Ол Зибаға «анаң босқа уайымдамасын, бір түсінбестік болған сияқты. Арты жақсы болады»-деп сәлем айтып жібереде де артынша өзі де ұсталып кете барады. Қожановтың үйін әп сәтте әлгілер астаң-кестеңін шығара қопарып әлдене іздейді. Алайда сабырлы Күләндам әлгі жендеттерді де шай ішуге стол басына шақырады. Сұлтанбек қызыл күреңдетіп құйылған бір кесе шай ішіп алған соң әлгілердің алдына түсіп жүре береді. Олар аулаға шыққанда ауладағы қара көліктің ішінде тағы да екі адамның отырған сұлбасын байқайды. Сұлтанбек сүйікті жұбайына қарап: уайымдама, бәрі жақсы болады» дейді жылы қоштасып.  Екі айдан кейін әлгі жендеттер Күләндамды тұтқындауға келеді. Қожановтың балаларын көшеге қуып шығады. Оларды оқудан, пионер, комсомол қатарынан шығарады. Ағайын-туыстар теріс айналады. Байғұстар Сұлтанбектің туысы Шәмшінің үйін паналайды. Зибаның орта білім туралы аттестат алуы үшін оқуын жалғастыруға қол ұшін бергені үшін оқу бөлімінің меңгерушісі В.Каримовті қызметінен аластайды.  Зиба кейін Орта Азия мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға түспекші болады. Сонда университет белсенділері «Сен мынадай фамилиямен тарих факультетіне түспекпісің?!» дейді. Амалсыз тағы да  оқудан шеттетіледі. Ал 15 жасар Нұрлан Күләндам апаның әпкесі Латифаның үйінде жатып, зауытта жұмыс істеп отбасына көмектеседі. Ата-аналары халық жауы атанып тұтқындалған соң тоғыз жасар Арыстанды тікенек сыммен қоршалған балалар үйіне алып кетеді. Ләтифа апа Зиба екеуі қиындықпен, шарқ ұрып іздеп жүріп Арыстанды балалар үйінен рұқсатпен сұрап алады. Сонда Ләтифа аяғындағы ботинкасын шешіп Арыстанға кигізеді. Өйткені оның аяқ киімі жоқ еді...» деп жазады өз әңгімесінде Светлана апай.

1950 жылдардың  аяғына таман Алматы қаласында республика бойынша тұңғыш наркологиялық кабинет ашылады. Жалпы Зиба апамыз Қазақстандағы наркологиялық қызметті аяғынан тұрғызған алғашқы қайраткер. Оның осы салада қосқан үлесі орасан зор еді. Зиба апамыздың  Светлана, Исатай, Ескендір мен Жәмила есімді ұрпақтары тарайды. Светлана апамыздың күйеуі Ерлан Тыныбеков есімді азамат болған. Ол техника ғылымының кандидаты, ғалым. Үлкен ұлы Нұрлан инженер, ортаншы қызы Әсел филолог, кенже қызы Сәуле инженер, әрі заңгер мамандықтарын игерген білімді азаматтар. Қазақ тарихындағы Ұлпан, Зере, Домалақ ана, Ақбикеш аналарымыз сияқты өз тұғырында рухы аспандаған қазақтың алып қызы Күләндам (Лапина) Қожанова осындай ғаламат тұлға болған. Светлана апамыз жазғандай тектілердің тегімен,  ұлттың рухани әлемі бай, саф алтындай таза бекзаттарымен мәңгі мақтана беруге жазсын! 

 

                     Ер есімі Теріскейде еленсе

(Қоғам қайраткері, дипломат, журналист, баспагер, ағартушы, зерттеуші Нәзір Төреқұлов туралы толғаныс) 

Созақтың түкпіріндегі  Фридрихтың есімін иеленген мектептің қабырғасында оқып жүргенде тарих, әдебиет пәндеріне деген қызығушылығым аса зор болды.Кеңестік кезеңде  сан ғасырлардан сыр шертер қазақ халқының  тарихы  мол бола тұра оқушыларға арналған Қазақстан тарихы оқулығы өте шағын, қалыңдығы шелпектей жұқа болатын да, сол кезде 60 жылдық ғана тарихы  бар КСРО тарихы кітабы қораның үш жылдық ойылмаған көңіндей қалың болатын.

Тарих пәнінен сабақ беретін  ұстазым Жұмахан ағайдан осының мәнісін сұраймын деп, әлгі қалың кітаптың «нысанасына» ілігіп  шекемді шоттитқаным бар.

Сол пәндердің ішінде қазақ арыстары туралы деректер көзіне молынан қаныға алмайтынбыз. Кейбірінің есімдері бізге таныс емес те болатын. Лениннің кітаптарынан ара-гідік «сәдуақасовшылдық», «төреқұловшылдық» деген терминдерді көріп олардың «дұрыс адамдар еместігін» ұғатынбыз.

Ал шын мәнінде алаш алыптарын бертінгі жылдар Алматыға білім қуып келгенде Пушкин атындағы орталық кітапханадан оқып, біліп жақынырақ тани бастадық.

Солардың бірі 37-жылдың құрбаны саясаткер, дипломат, жазушы, журналист Нәзір Төреқұлов еді. Зерттеу, талдау көрмеген тың тақырыптардың кейіпкері Нәзір Төреқұлов кім болған?

Бұл сұраққа бүгінгі күні кез-келген қазақ азаматы, немесе мектеп қабырғасындағы әрбір оқушы сарт еткізіп тақылдай жауап беруі мүмкін емес. Себебі Нәзір Төреқұловтың  өмір тарихы оқулыққа еніп, бала санасына лайықты көркем кітап болып шығып,талданып насихатталып жатқан жоқ. Ал оған оқушыларды, бүгінгі қазақ ұрпағын қалай кінәлаймыз.

Тіпті Созақ ауданының орталығы Шолаққорған селосындағы Нәзірдің аты берілген ескі мектеп жаңа ғимаратқа көшірілгенде тұлпардан сыпырылған ер-тоқымдай  сыпырылып түсіп қалғанда сол мектептің оқушылары «алаш ардақтысының есімін неге алып тастады екен?» деген күмәнді ойға қалғаны анық. Олардың күмәнданатыны аудандағы Асқар Сүлейменов мектебі жаңаланып жаңа зәулім ғимаратқа көшірілді. Өздерімен Асқар есімін тастамай алып кетті. Әлия Молдағұлова жалпы орта мектебі жаңа заманауи ғимаратқа көшірілді Әлия есімін тастамай алып кетті. Сәкен Сейфуллин мектебі жаңа ғимаратқа көшірілді Сәкен есімін өздерімен алып кетті. Құлыншақ Кемелұлы, Мәншүк Мәметова,Панфилов, Макаренко, Ғани Мұратбаев, Мұхтар Әуезов мектептері жаңарған кезде барлығы да көшкен жұртқа қалдырмай тұлғалар есімін сақтап қалған еді.

Ал Нәзір есіміне Кімнің?, Не үшін? қысастық танытқанын түсіне алмаған көпшілік «Шолаққорған мектебі» деген шолақ атауға әлі үйрене алмай жүр. Пенде ретінде Нәзір  Төреқұловтың есімін мектепке беру маңызды емес шығар. Ал Алаштың арда ұлы үшін, Елбасымыз айтқандай қазақстандық патриотизмді қалыптастыру жолында жас ұрпақ үшін тәрбие көзі, баға жетпес құндылық болған болар еді.

-Төреқұлов кім болған?- деген сұраққа қайта оралып, тұлғаның өмір жолына тоқтала кетсек, Сауд Арабиясы корольдігіндегі КСРО-ның өкілетті өкілі Нәзір (Нәзім) Төреқұлұлы  Ресей империясы, Түркістан өлкесі, Ферғана облысында 1892 жылы туылған. Қоқандағы жәдидтік мектепте және екі жылдық орыс-түзем мектебінде бастауыш білім алған Нәзір Төреқұлов 1913 жылы Қоқандағы көпестер мен сауда-өнеркәсіп компаниялары ашқан коммерциялық училищені бітіріп, оқуын Мәскеудегі коммерциялық институтта жалғастырады. Мұнда ол өз мамандығы бойынша экономикалық пәндермен қатар, шет тілдерін де оқып үйрене бастайды. Дарынды шәкірт орыс, түрік, неміс, француз тілдерін меңгергені соншалық еркін сөйлесетін дәрежеге жетеді. Кейін елшілікте жүргенде араб тілін меңгереді. 1916 жылы 25 маусымдағы патша жарлығы бойынша майданның қара жұмысына алынған жерлестеріне көмек көрсету мақсатымен оқуын тастап, Батыс майданға барған. Минскіде Земство одағына нұсқаушы болып жұмысқа кіріп, тыл жұмысына алынғандарға тілмаштық қызмет көрсетіп, олардың мүддесін қорғау бағытындағы іс-шараларға белсене ат салысады. Сонда жүріп қазақ жастарының «Еркін дала» атты астыртын ұйымын құрып, оған жетекшілік етеді.1917 жылғы түрлі саяси оқиғалар мен революциялық төңкерістер жас Нәзірдің саяси таным-түсінігін дамыта түседі. Өмірдің сансыз жол торабы барын сезінеді. Саяси ортаның ауанын байқайды. 1918 жылы өзі де большевиктер партиясы қатарына қабылданады. Қызыл әскер қатарына еніп Түркістан атты әскерінің саяси жетекшінің орынбасары болып тағайындалып, осы қызметте жүріп ол газеттер шығарумен, түрлі мақалалар жариялаумен, мәдени ағарту жұмыстарымен айналысып шыңдала түседі. 1918 жылы Орынборда «Қазақ мұңы» газетін шығаруды қолға алады. Ал 1918 жылдың көктемінде Қоқан ревкомының хатшысы бола жүріп  «Халық газетасын» және Түркістан коммунистік Партия органы «Инкилоб» (Революция) журналын шығаруға ат салысады. 1921 жылдың мамыр айында Түркістан Орталық Атқару Комитетінің төрағасы қызметіне сайланады. Осы жылы «Қызыл байрақ» журналында «Ислам және коммунизм» атты мақала жариялап, онда исламның қоғамдағы атқарып отырған рөліне оң баға береді. Сонымен қатар Нәзір РКП (б) Орталық Комитетінің Орта Азиялық бюросының мүшелігіне және Түркістан майданы революциялық әскери кеңесінің мүшелігіне сайланады.

Осы Түркістан Орталық Атқару Комитетінің төрағасы қызметінде жүріп республиканың барлық ұйымдарында демалыс күндерін жексенбіден жұмаға ауыстырады. Сонымен қатар мұсылмандардың қасиетті мейрамы құрбан айт мерекесіне орай еңбекшілерге үш күн демалыс беру жөнінде жарлыққа қол қояды. Дінімізді жоймақ ниеттегі қызыл империяның саясатынан сескенбеген Нәзірдің бұл көзсіз ерлігіне неге бас имеске.

1922-1928 жылдары Мәскеу қаласында КСРО Орталық Атқару Комитеті жанындағы Орталық баспаның төрағасы бола жүріп Лениннің қабылдауында болып автономия алған халықтардың тілін мемлекеттік тілге айналдру мәселесін көтергені тарихтан белгілі. Бүгінгі көтеріліп жатқан латын әліпбиіне қатысты түркі тілдес халықтардың ортақ әліпбиін жасау жөніндегі комиссияға төрағалық етіп, араб әліпбиінен латын әліпбиіне көшуді жақтады. Орталық баспа басқармасы бастығы ретінде  қазақ тілінде «Темірқазық» атты журнал шығаруды ұйымдастырып, оған Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев секілді қазақ зиялыларын тартты.1925 жылғы мұғалімдердің бүкілодақтық бірінші съезінде «Ұлт мәселесі және мектеп» деген тақырыпта баяндама жасап, онда ұлттық мектептер ашуды, мәдени-ағарту саласын дамыту, ауылшаруашылығы мен кәсіптік-техникалық мектептер ашу секілді қазақ жастарының болашағына тиесілі өзекті мәселелерді жоғары басшылық тарапына ұсынады.

Аты жер жарған әлеуетті КСРО-ның шет мемлекеттерде 32 елшісі болды. Соның ішіндегі тұңғыш жалғыз қазақ баласы осы Нәзір Төреқұлов болатын. «Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан» демекші мемлекеттер арасында достастық сипатын қалыптастыру кез-келген адамның қолынан келетін шаруа емес. Қит етсең саперлердей қателікке ұрындырар, онда да бүкіл бір мемлекетті құрдымға кетірер аса жауапты қызметті Нәзірге сеніп тапсырылуы, оның айрықша тұлға екенін білдіреді. Оның үстіне өте секемшіл орыс халқының ойы мен үдесінен шығардай дәрежеде қызмет ету, аса қабілет иесінің данышпандығынан болса керек.

Ол КСРО-ның Сауд Арабиясындағы өкілетті елшісі қызметі атқарған 1928-36 жылдарда араб жерінде аса қиын кезең болатын. Ауасы қапырық, климаты қолайсыз,ауыз су мен азық-түлікке тапшы, түрлі дерттер белең алған мемлекетте үлкен төзімділікпен өз қызметін лайықты атқара білді.

Дарынды қабілетінің арқасында қазақтың қара баласы дипломатиялық корпуста биік беделге ие болып «ақсүйектерміз» деп кеуде керген ағылшын, француз, итальян елшілерін мойындатып корпуста оларға басшылық жасайтын  дуаейн (ағаман) болып сайланады. КСРО мен Сауд Арабиясын жақындастыру мақсатында 1932 жылы Әбдел Әзиз әл-Саудтың баласы, болашақ тақ мұрагері, ханзада Фейсалдың Кеңес одағына ресми сапарын ұйымдастырады. Сауд еліндегі экономикалық қиыншылыққа орай СССР мемлекетінен несиеге бензин, солярка сатып алуына ұйытқы болады.

Нәзірдің мінез-құлқын суреттегенде оны жарқын жүзді, жанары өткір, болмысы байсалды, сөзге шешен, тыңданымпаз, қызуқанды, өзгелерді өзіне баурап әкетердей көшбасшылық қабілеті бар азамат дейтін көзін көріп кеткен тұлғалар өз еңбектерінде.

Елшіліктен оралған соң Нәзір КСРО Ұлттық Кеңесі жанындағы Орталық тіл және жазу ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері болып қызмет етеді. Нәзір Төреқұлұлы бірнеше мәрте кіші және үлкен қажылық парызын орындаған азамат.

Осы жылдар ішінде ол «Атлант мұхитынан-ұлы Мұхитқа дейін», «Қазақ мәселесі», «Кокандская автономия», «Ислам және коммунизм», «Отзыв на книгу В.Бартольда», «История Туркестана», «Туркестанская Автономная Республика» тақырыптарында орыс, қазақ тілдерінде он шақты мақалалар жазып қалдырды. Аталмыш еңбектерде ел тағдырына, ұлт болашағына деген үлкен мәселелерді қозғағанын, қорықпай пікірлер білдіргенін   аңғаруға болады. Нәзір Сәкен Сейфуллиннің «Асау тұлпар» жинағын оқи отырып, оны талдап достық сын пікірлерін білдірген. Осыдан Нәзірді Қоғам қайраткері, дипломат, журналист, баспагер, ағартушы, зерттеуші, тілші, тарихшы, филолог, редактор ретінде сан қырынан көре білеміз.

Нәзірді 1921 жылдың мамыр айында Түркістан Орталық Атқару Комитетінің төрағасы қызметіне сайланған дедік ғой, сол тұста Маңғыстау жерін Қазақстанның құрамына қосу жөніндегі арнайы декретке қол қойып, елдің келешегінде есімі қалар игілікті іс істегенін маңғыстаулық ағайындар ризашылықпен еске алады. Алаштың ардақты ұлы 1937 жылы шілде айында халық жауы ретінте айыпталып қараша айының үшінші жұлдызында мерт болады.1958 жылы 28 қаңтарда КСРО Жоғары сотының шешімімен ақталады. Бір ұлттың маңдайына біткен аса дарында тұлғаның есімі ел барда өшпек емес.

2002 жылы желтоқсан айында арда тұлғаның туылғанына 110 жыл толуына Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұйымдастыруымен Астана қаласында «Н.Төреқұлов-көрнекті мемлекет қайраткері, дипломат және ағартушы»деген тақырыпта халықаралық ғылыми конференция ұйымдастырылса, 2006 жылдың қараша айында  Түркістан қаласында  ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Түркістан қаласында арнайы мұражайы ашылды. ҚР Үкіметінің 2003 жылғы №57 қаулысымен Н.Төреқұлов атындағы медаль белгіленді. Ол медаль Сыртқы істер министрлігі атынан Қазақстанның сыртқы саясатына зор үлес қосқан азаматтарға арнайы, салтанатты жағдайда  тапсырылатынын білдік.

Өткен  2012 жылдың 5 қазанында белгілі нәзіртанушы ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, саясат ғылымдарының докторы, дипломат Тайыр Аймұхаметұлы Мансұровпен «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Жарасбай Сүлейменовтің «Сан қырлы тұлға» атты әңгіме сұхбаты жарияланыпты. Сол сұхбатта Тайыр аға  Нәзірдің есімі Шолаққорған ауылындағы мектепке де берілген деген  екен. Ол кісі Нәзірдің қазір Шолаққорғанда есімі еленбей қалғанын қайдан білсін.

Алайда ештен гөрі кеш жақсы демей ме қазекең, әлде де кеткен кемістіктің орнын толтыруға уақыт бар.

Қарақұрдың Құралайы

Талай жылдар есімі Еуропаға елеулі болғанымен қазақ халқына елеусіздеу болып келген Кеңес Одағының батыры генерал Сабыр Рақымов соңғы жылдарда ғана өз жұртымен қайта қауышты. Батыр атамыз1965 жылы 6 мамырда КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының қаулысымен Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі үшін Кеңес Одағының батыры атағын алған. Ол кісінің есімін, ерлік жолын білмейтін қазақ бұл күнде кемде кем. Сабыр Рақымов жарақаттанып, өлім аузында жатқанда, жары Құралайға: «Менің соңғы тілегім – қазақ екенімді дәлелдеуге жұмыс істе. Аманатымды орындамасаң, аруағым разы болмай, көрден екі қолымды көтеріп жатамын!» – деп тапсырған екен. Жарының аманатын арқалап өмірден өткен апамыз  Құралай Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданының тумасы екенін біреу білсе, біреу білмейтіні анық. Осы жағдайды ел аузынан, көзін көрген кісілерден сұрастыра жүріп баяндағым келіп отыр. Бүгінде киелі Түркістан қаласында тұратын, ғасыр жасауға иек артқан қарақұрлық қарт ұстаз Мелдехан Орынбасаров көкемізбен тілдескенімде ол кісі былай әңгімеледі: -Құралай ханым 1964 жылы Созақ ауданы Қарақұр ауылына келді. Мен ол кезде Ф.Энгельс (бұрынғы Қарақұр) атындағы орта мектепте директор болып қызмет атқаратынмын. Бір күні жұмыс бөлмеме бір қара торы, бидай өңді бір әйел кісі келді. Жүзінде шаршау мен торыққан адамның бет бейнесі байқалды. Амандық саулықтан соң өзін Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан генерал Сабыр Рақымовтың жұбайымын, өзімде майдангермін деп таныстырды да үстелімнің үстіне қол сөмкесін ақтара салды. Сөмкеден көптеген ордендер мен медалдар түсті. Бірақ мен не өзінікі екенін, яки болмаса генералдың марапаттары екенін білмедім. Шамасы ол кісі өз сөзін ешкімге өткізе, дәлелдей алмай шаршап жүрген сияқты көрінді. –Мен Сабыр Рақымовтың қазақ екенін дәлелдеп жүрген жайым бар, ол кісіні сендер жатсынбай өз бауырларыңа тартсаңдар деп келдім,- деді. Өзі де әскери адам болғаннан кейін бе, сұсты, сөзі нық, тіке сөйлейтін кісі екен. Ата-бабасының туған жері осы Қарақұр екенін айтты. Кейін сұрастырсақ Созақ өңіріне аты шыққан Нұрман болыс деген кісі болған. Ол кісі қоңыраттың ішінде жетімдер руының Қара деген атасынан болып шықты,-деп бір әңгіменің ұшын шығарды. Жетімдер руының Қара атасынан тарағандар ұрпақтың бірі, бүгінде көзі тірі, кезінде «Лениншіл жас» газетінде әдеби қызметкер болып қызмет атқарған жазушы, ақын Ескермес Жақсымбетовтің аталары болып келеді.  Мен Мелдехан ағайға Құралай апаның тегі Натуллаева ғой, ол қалай болғаны?-деп едім ол кісі: Нұрман болыстың атасы Үсенбай датқа деген кісі болған.  Шаға ауылының бергі жағында Ағалақ деген жерде Үсенбай датқаның сағанасы бар. Тегінен бастап дәулетті әулет болған екен. Кейін Кеңес өкіметі орнаған кезде олардың ата-аналары Сарыағаш, Келес арқылы Өзбекстанға ауа көшкен екен. Сөйтіп бір әулеттің ұрпағы тарыдай шашылып кетіпті. Дүрбелең жылдары Нұрман болыстың атын атауға қорқып, екінші әкесінің есімін иеленді ме, әлде қандай заманда неше түрлі тағдырдың талайы болды ғой. Түркістандағы балалар үйінде тәрбиеленіпті. Құралайдың заманы сондай болды, ол «Үсенбай датқаның ұрпағымын, Нұрман болыстың қызымын» деп ол кезде айта алмаған. Ал Әліби Жангельдиннің қызымын дегені сондықтан. Ол Қарақұрда туылған. Жылымық кірген соң ғана елге келе бастауы содан деп білемін -деп жауап берді.

Ал Ескермес Жақсымбетов Құралай апаның анасы Гүлбаршын өте сұлу кісі болғандығын. Ол кісі Әліби Жангелдиннің әйелі болғанын, кейін аласапыран кезеңде Құралайдың анасы Түркістанда жүрген кезінде оны Нұрман болыс әйелдікке алып, осы Құралайды дүниеге әкелгенін үлкен кісілер айтып отыратынын және апамыз Нұсқабай деген туыстары қайтыс болғанда келіп кеткендігін  әңгімелеп берді.    Құралай апа  2002 жылы Созақ ауданына  екінші мәрте табанын тірейді. Ол кісінің қолында Дүниежүзі қазақтары Қауымдастығының төрағасы Қалдарбек Найманбаевтың «Батырдың жұбайы Құралай Натуллаеваға Қазақстан Республикасының азаматтығын алу үшін Созақ ауданында туылғандығын растауға көмектесулеріңізді сұраймыз» деп сұранған хаты бар екен. Бірақ  құжаттары түгелденбей аудандық сот қанағаттанғысыз етіп шығарып салады. Сол жолы Құралай апа «аудандық әскери комиссариаттың комиссары Мұхамеджан Тоқманбетовтің жұмысына соғып Шымкентке кетеді. Ол кісімен бір таныстығы болса керек. Ауданның военкомы ол кісіні бұрыннан танитын адамдай құрақ ұшып қарсы алады. Сол күні жата жабысып, Мұхамеджан аға Құралай апаны үйіне қонақ етіп шақырып, жібермей алып қалады. Кейін Мұхаң апамызды жақсылап күтіп, арнайы көлікпен шығарып салғанын білдік. Құралай апамыздың Созақ өңіріне жолы  2004 жылы үшінші рет түседі.  Алдымен ол кісі сол кездегі  облыс әкімі Болат Жылқышиевтің қабылдауында болып:-Өзінің осы Созақ өңірінің тумасы екенін, соны  дәлелдеу үшін құжат алуға екі рет келгенін айтады. Соған лажы болса көмектесуін сұрайды. Облыс басшысы Созақ ауданының әкімі Созақбай Әбдіқұловқа  арнайы тапсырма береді.

Аудан әкімдігінің бұрынғы  аппарат жетекшісі Бақытжан Айтбаев: -Мен ол кезде аудан әкімі аппаратының жетекшісі қызметін атқаратын едім. Құралай апай аудан әкімінің қабылдауына келген екен. Аудан басшысы ол күні Шымкент қаласына іс сапарға кеткен болатын. Содан кейін апамызды өзіммен бірге үйге шақырып, қонақ еттім. Өзім жаңадан отбасы құрған едім. Кішкене сәбиіміз бір жаста еді. Келіншегім Айгүл Бахрамқызы қонақты құрақ ұшып қарсы алды. Апамыздың барынша жағдайын жасаған болып жатырмыз. Алдымен ол кісі тірлігінің біткеніне көңілін демдеді ме жақсылап темекісін бұрқыратып шегіп алды. Әңгімесінде  күйеуі Сабыр Рақымовпен соғыс кезінде танысқанын айтқан. Екеуі 1941 жылы Сталиннің қабылдауында болыпты. Генералдың жеке өзіне Сталиннің сыйлыққа берген  қанжары, кавказ халқы сыйлыққа берген алтын ер тоқымы болған екен. Өзағаңдар  мемлекеттің мұражайына қоямыз деп алып қойыпты. -Төркін жұртыма, атамекеніме ризамын. Созақ деген киелі жер ғой. Көп надандар киелі жердің қадірін  біле білмейді,- деп әлдекімдерге ренжіп орысшалап сықпыртып алды. Бет-жүзге қарамайтын турашыл адам екен. Сол күні үйде болып түн ортасы ауғанша көп әңгімелер айтты. Бір ұл, бір қызы бар екен. Егер де менің орнымда журналист маманы болғанда көптеген мәліметтер мен мағұлматтарға қанығар еді. Таңертең аудан әкімінің қабылдауына кіргіздім. Аудан басшысы мән-жайды байыптаған соң аудандық сотпен хабарласты,-деді.

Бұл жөнінде 2004 жылы Созақ аудандық сотының төрағасы болған Темір Балкен былай дейді: -Сол жылы маған аудан әкімі Созақбай Исаұлы хабарласып, өзінің қабылдауында генерал Сабыр Рақымовтың жұбайы Құралай Натуллаева отырғанын, ол кісіге Созақ ауданының тумасы екенін айғақтайтын құжат керек екенін, сол себепті апайды әуреге салмай лажы болса өтінішін қанағаттандыруын айтты.  Әрине, Құралай апайды бүкіл қазақ ұлты сыйлайды ғой. Оның үстіне осындай елдің анасына құрмет көрсетіп, өтінішін орындауда үлкен бақыт емес пе!  Тірлігін көп уақытқа созбай Қарақұр ауылынан екі кісі келіп Нұрман деген атамыздың қызы екендігін растап куәлік берген соң, қажетті құжаттарын дайындап бердім. Батыр ана ақ батасын беріп, риза болып аттанды,-деді.

Кешегі Шәмші әнге қосқан Теріскей әніндегі Қарақұр ауылы ежелден  киелі мекендігімен қатар, шежірелі тарихы бар өңір.Көне замандағы Қарақұр қаласының орны әлі күнге сырын бауырына бүгіп жатыр. Құралайдай асыл ананың қасиетті Қарақұр өңірінде дүниеге келуі заңдылық сияқты.   Сол себепті Құралай апамызға  Нұрманқызы деген  өз тегі қалпына келтіріліп, ол кісінің есімі ардақталса деген көпшіліктің тілеуі бар. Құралай Нұрманқызының майданға ерлік жолдары да көп зерттеулер мен тың деректер қорын жинақтауды қажет етеді. 

Тоқсан  жыл өтсе де өтпегендей

Ұлт жанашыры Сұлтанбек Қожановтың есімі, оның өмір жолы мен қайраткерлігі көзі қарақты қазақ ұлтына өте жақсы таныс. Ол сонау қанды қылыш жылдары басын өлімге тіге жүріп, ұлтының жоғын жоқтаған, барын жақтаған ұлы тұлға. Оның өз ұлтының кейбір мінезі мен іс-әрекетіне жаны ашып, әрі сыни көзқараспен намысын жаныған сәттері де көп болған. Сол кездегі билікке көңілі толмаған, сауаты жоқ қараңғы халқына жаны ашыған кездерінде өзі бас болып ашқан басылымдарына   ойын білдіріп ашық мақалалар жазады. Арада тоқсан жыл өткен соң, осы басылымдарда жазылған мақалаларға көз жүгіртіп отырмын. Нақтырақ айтқанда 2009 жылы репрессияға ұшыраған қазақ зиялыларының мұрасын зерттейтін «Арыс» қоры жинақтап шығарған «Сұлтанбек Қожанов. Шығармалары» атты шығармалар жинағын қолыма алып отырмын. Сұлтанбек Қожанұлы қазақ баспасөзі ісін белсенді ұйымдастырушыларының бірегейі, өзі сол кезде басшылық еткен «Бірлік туы», «Ақ жол», басылымдарында, «Еңбекші қазақ», «Тілші», «Қызыл Қазақстан», «Лениншіл жас» басылымдарында «Тарпаң», Тоқпақ» деген бүркеншік аттармен мақалалары жарияланып тұрған. Бүгін арада бір ғасырға жуық уақыт өткенде сол мақалаларын  оқып отырсақ, расында дара тұлғаны әулие демеске лажың жоқ. Барлығында сәуегейлікпен алдын ала біліп, болжап отырғандай болады. Ең маңызды салаларды қозғап, сол салаға қамшы салады, қалжыраған қандастарының жігерін жаниды, қайратын қайрайды алайда қозғалар қоғам, сілкінер сана жоқтығына налиды.

Қайраткердің жазған мақаларын оқи отырып, сол уақыттағы қазақ ұлтының бас ауруына айналған проблемалар тоқсан жыл өтсе де әлі «өміршең» қалпында жойылмай, түзелмей келе жатқанына ішің ашиды. Тоқсан жылдан бері жүйеде, қоғамда, заманда

 ауысып жатыр. Тағы да Сұлтанбек жазған мәселелер тура бір осылардың шешілуі қиын деп таңдап алғандай әсер береді. Төменде сол мақалардың біршамасына назар салып көріңіз.

Сұлтанбек 1924 жылы 8 қыркүйектегі шыққан «Ақжол» басылымының №480-ші санында: «Қазақтың тілмаштары ұлт мемлекетіне бас бола алмайды, ұлт жұртшылығына ұйытқы бола алмайды десек бұл демагогия деп шамданып қызараңдайтындар аз емес. «Өзі болып төркінін танымай жүрген» оқымыстылығымен орыс зиялыларымен тайталасатын қазақ оқығандары өздері қазақтықтан орыстыққа жақын екенін абайламай, «қазақта жұртшылық жоқ, қазақта мәдениет жоқ» десек, намыстанып қалады. ...жергілікті тілге өткен-өтпегенін тексеретін жолдастар көбінесе адамның басын санап, «мұсылман аз, қазақ аз» деп дауласып жүреді. Адамның басын санағанша ісін тексеру керек. Қазақтың тілмаштары орысша тұрғанда қазақшаны оқымайды да, жазбайды да. Орыс газеті тұрғанда қазақ газетін керек қылмайды. Қатар жазылған орысша мен қазақшаның орысшасын оқиды. Қазақшасын ескермейді...Ұлт шекарасын ашып, ұлт мемлекеттерін жасауға кірісіп тұрған кезде бұл туралы да ойлау керек, ұлт мемлекеті орыс пен кілең тілмаштың «союзы» болмақ емес.» дейді Тоқпақ есімін бүркеніп. Бүгінгі таң 2014 жыл тоқсан жыл өтті.  Сұлтанбек айтқанындай «ұлт шекарасы» шегенделді, тәуелсіздігіміз баяндалды, әнұранымыз шалқуда, көк туымыз желбіреуде неге ұлтымыздың рухани мәйегі ұлы тіліміз өгейсуі керек. Астана, Алматы демейін, мынау тұрған өзіміздің Шымқаланың кез-келген қаржы институтына немесе мемлекеттік мекемесіне барып көріңізші, тыңдаңызшы бәрі өзіміздің қара көздеріміз саналатын қазақтың ұл-қыздары жарыса орысша шүлдірлеп жатқаны. Оны қайтесің базарға бар. Базардағы ауылдан барып, арба итеріп жүрген қазақ жігіттері: Дарога! Дарога!-деп айқайлайды. Ал биліктегілердің мемлекеттік тілге деген көз-қарасы бесенеден белгілі. Мемлекетшілдіктен немкеттілік басым. Жандарбек ақын айтпақшы биліктегілеріміз екі ауыз қазақшаның басын құрай алмай отырып, үш жүздің басын қалай құрамақшы. Дәл айтылған балама. Бұл сөзді Сұлтанбек тоқсан жыл бұрын езіле айтып кетті.

«Мал жақсы болыстан да, биліктен де, һәр істі мал бұзады киліккенде» деген қазақтың ескі хүкімет дәуіріне лайықтап шығарған өлеңі бұл заманда да далада қалған жоқ екен деп отырғандар аз емес деседі. ...далада интернационализм соқтырып, ауылда рушылдыққа мұрындық болып жүргендердің бүркеншегі алынса екен.»-дейді Сұлтанбек «Ақ жол» газетінде осы жылдың   26 желтоқсанындағы №518-інші санында. Бүгінгі күні жан-жақтан ентелеген жаудай сыбайластықтың, сыбайластыққа жол ашатын рушылдықтың қаныпезер қасіретін тілге тиек етеді.Ақша, мал, дүние арқылы  құдайдан қорықпай діттеген мақсатына жетуге жанталасады. Адамшылықты ақшамен есептесуге мәжбүрлейді. Қазіргі кезде жазықсыз жаламен темір торға тоғытылып жапа шегіп жатқандар әлде біреудің қасақана мал, дүние, өз қылмысын бүркемелеу үшін істеген қиянатының «жемісі» сияқты көрінеді де тұрады. Жоғарыдадағы өлең жолдары расында бұл заманда да далада қалған жоқ.

Ұлт көсемі 1925 жылы 22 наурызда «Еңбекші қазақ» басылымында жарияланған мақаласында:  «Мал шаруасы күні» дегенді жасаймыз деп жүрміз ғой. Кеш қалып отырмыз. Болмаса, «Мал шаруасы мейрамы» осы Наурыз болуы лайық еді, келер жылдары солай істеу керек. Наурыз –табиғаттың мейрамы. Табиғатқа байланысты мықты ел шаруасының мейрамы; наурыз-дін мейрамы емес, тұрмыс мейрамы, шаруа мейрамы. Наурыз-қазақтың ұлы күні. Бұл наурыз еш коммунистің дәретін сындырып, намазын бұзбайтын мейрам, ондай ел тұрмысынан тым қол үзіп кеткен коммунистің әулиелігі өзінен басқаға керегі жоқ, өзіне де зиянды. Жұрттың пайдалы салтын құр салт екен деп жамандау жұрттан шыққандықтан басқа пайда бермейді.» дегені тағы да жанды жерімізге тиердей әсер етеді. Шекарамыз шегенделсе де көп ұлтты, көп дінді мемлекет екендігімізді әйгілеп  жалпақ жұртқа жария салдық. Түрлі дінбұзарлар осал тұсымызды пайдаланып, ел ішіне еркін еніп өз білгенін, өз білерін тықпалады. Салт-дәстүрімізді, әдеп-ғұрпымызды аяқасты етті. Әкесіне баласын, әжесіне немересін қарсы қойды, жас келінге сәлем салдырмады, ата-баба рухына бағыштап құран оқуға болмайтын болды, беташарымызды жолатқысы келмеді, қасиетті орындарға ниеттеген зияраттарымызды шектеуге тырысты. Сұлтанбекше айтқанда «жұрттың пайдалы салтын құр салт екен деп» жамандап, жолатпауға тырысты. Ұлтымыздың ұлы тамыры саналатын салтымыздан бөлектемек болды. Наурыз бірлік пен ынтымақтың мейрамы. Ауызбіршілікке жиыла қалса «ысырапшылдық» деп жан айқайға басамыз. Халқымызда «шығын шықпай кіріс кірмейді» деп жатамыз. Ауызбіршілік пен ынтымақты мұрат тұтып, басымыз қосылып, ұлттық нақыштағы мерекеміз өтіп, ұлттық ойындарымыз ойналып жатса оның келешек ұрпаққа берері мол болмақ. Бұл дәстүрімізді көрмеген ұрпағымыз ертең қандай азамат болады. Нағыз ысырапшылдық сол емес пе?

Бүгінгі наурыз мейрамы құдайға шүкір дейік, өтіп жатыр. Алайда шаруа мейрамы емес, биліктегілер мен наурыз мейрамының исі мұрнына бармайтын әділетсіз әділ-қазылар алқасы үшін жасалатындай. Қара халық солар келіп ауыз тиіп кеткенше дастарханға тек телміріп тұруы тиістей. Бұл жерде Сұлтанбектің айтпағы алдағы егіс, малдың төлдеуі, көктемгі дала жұмыстары жайлы шаруалар бір-бірімен пікірлесіп, бірінде жоқты бірі септесіп, бірі білмегенді бірінен үйреніп, кеңесіп, пішісіп алдағы шаруашылық жұмыстарына қажетті тұқымдықтар, құрал-саймандарымен алыс-беріс жасасып, өткен жылқы жіберген олқылықтарын айтып, одан сабақ (семинар, кеңес) алуды ескере нағыз тірлікке бет бұруды мақсаттаса дейді. Бүгінгідей ас ішіп, аяқ босату емес. Ертеңіне мереке өткен соң  «кешегі наурыз мерекесінен тағылымдыққа не алдым» деп бұл қазақ ойланды ма екен деген ойға қаласың!

«Жұрт болу, мемлекет жасау, қатардан қалмау жалпы хат тануға, мектеп жасап алуға, мәдениет жарысында қатардан қалмауға байланысқан. Бұл үшін мектеп керек. Мектеп болудың бірінші шарты: мұғалім-оқытушы. Сондықтан қазақ халқы, қазақ үкіметі қазақ арасында партия ұйымдары басқа жұрттардан да бетер оқытушыларды ескеріп, қадірлеуі керек.» дейді кезекті мақаласында Тоқпақ.  Ақжол, 1924 жылғы  21 шілдесіндегі №460-шы санында  «Оқытушыларды ескеру керек» атты мақаласында. Мұғалім мектептің паровозы екені даусыз. Мектеп сол басқарған, сол сүйреген сүрлеумен жүреді. Одан басқа оқушыны сүйрейтін локомотив жоқ. Оқытушыларымыздың Сұлтанбек айтқан кезеңнен бергі уақыт ішінде қадірін кетіріп, абыройын әбден түсіріп алдық. Тағы да Сұлтанбекше айтсақ бұл жерге де, бұл араға да мал килігіп отыр. Үйіне арқырап табысы кірген бай-манаптың балалары мұғалімге шекесінен қарайды. Соны көрген басқа оқушы мұғалім туралы қандай пікір қалыптастырады деп ойлайсыз. Оқытушы дегенде ол азаматтарды мемлекеттің тірегі деп ұғынуымыз керек.

 Ұстаз есімі ерекше биікте тұруы керек. Олардың айлық жалақысы, демалысы, олар туралы үлкен насихат, лайықты марапат, мемлекеттік қолдау, түрлі жеңілдіктер қарастырылса, ұлы тұлғамыз айтқандай «оқытушылар ескерілді» дейтін едік.  

«Жер еңбекшілдері бейнет мөлшерімен жер иемденуі керек. Ұлт айырмасы, жер теңдіксіздігі жойылуы керек. Бұл болмай, Түркістан үлгілі Кеңес Республикасы бола алмайды. Жол белгілі, іс керек. Іске асқанын асқанша бекіту керек. Тоқпақ . «Ақжол». 1922 жыл.23 наурыз. Бұл мақалада осы заманның оң жамбасына келіп тұр. Жер иеленіп жатқандардың барлығынан басымы қолында күзірі барлар. Олар иеленген жерлерін адамын тапса жалға беріп жатыр. Онысы үстінен жалап жұқтап бірдеңе көрмек ниетте. Екіншіден көбісінің жамбасына басқан жерлері бос жатыр. Шөп қорыған иттің кейпінде. Не өзі екпейді, не өзгеге егуге бергісі келмейді. Бейнетінің көлеміне қарай мөлшермен жер иеленуді білмегендік, асай берсем дейтін қомағайлықты еске түсіреді. Жер-нағыз байлықтың көзі. Ол әрбір еңбекшінің асыраушысы. Не ексең соны орасың. Неғұрлым көп тырбанып еңбектенсең, соғұрлым несібеңде молаяды. Сұлтанбек айтқан жер теңсіздігі әлі де бар. Қолында билігі не болмаса сол билікті ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстар дәулеті барлар тұрғанда жер теңсіздігін тізгіндеу көп әрекетті қажетсінеді.

«Көктемнің басы, қыстың аяғы ел шаруасының қиын уақыты саналады.бұл уақытты қыстан азып шығып, әлі жетіле алмай тұрған «көкөзек шақ» деп атайды. Осы кез ел шаруасының малы балалап абыржып, дихандардың қосы шығып абыржып, абыр-сабыр тіршіліктің уақыты. Бұл-ел шаруасын тұтынғандарға сауық-салтанат арам уақыт. Бірақ- «Зордың көті диірмен тартады» деген. Ташкент уезі Шыршық ауданының милитса бастығы Базарбай деген «шаруасы» озған соң орасандықпен де озайын деп, осы марттың 27-27-29-дарында өз ауданындағы бұқараларын, жора-жолдас хүкімет адамдарын шақырып, ұлы думан той қылыпты... Коммунист болып, хүкімет қызметімен күн көріп жүрген Базарбай мырза бір ауданға төтеп берерлік той қаражатын қайдан алды екен? Осы тойды да, той иесінің қылығын да тексеретін хүкімет һәм партия ұйымдары неғылып жатыр екен? Ташкенттен он шақырым жерде-Қарабаш ауылында бұл уақиға болып жатса, басқа жерлерде не болмақшы?». Бұл да Қожановтың мақаласы.

Тоқсан жыл өтсе де өтпегендей. Мұндай Сұлтанбектің «базарбайлары» қазір де жыртылып, айырылады. Қайта сіздің базарбайыңыз  ауылында той жасайды екен. Біздің базарбайлар берісі Шымкентте, арысы Алматыға артынып той жасайтын болды. Қалай жасады?, қашан жасады?, қандай ақшасына жасады?- дегенді, тексеретін хүкімет пен партия ұйымдары ол кез түгілі қазірдің өзінде жоқтай көрінеді.

Құдай тойдан арылтпасын, әйтседе дүйсенбіден бастап апта құр емес. Жылдың төрт мезгілі тағы да бос емес. Бұрын жұрт тойға бар жақсысын жапсырып, той болады екен деп асыға күтетін. Қазір шақыру қағазы барса жылап жібереді. Жыламағанда ше, даңғыраған үйі, кең даладай ауласы, ауылында тойханасы  тұрса да бәсекенің буына мастанып үйінен безіп сонау жер түбі қалаға барып үш-төрт сағаттық тойсымағына сандалтар болса.

«Диқаншылыққа жалпы енді өтіп жатқан қырғыз-қазақ халқы жер реформасы дәуірінде орыс байларынан алынған аз ғана аспаптар болмаса, әлі жарытымды аспап алған жоқ. «Қосшы» ұйымынан таратылған аспаптар болса, былығып жүріп таусылғанға ұсайды. Елде аспап жетпесе, кедейлер еңбегімен жерге ие бола алмай отырғанда, амалдылар мен пысықтардың істеп жатқаны мынау. Самсы маңайында Пішпек үйезінен ауып келген қырық үй кедей аспапсыздықтан жерді қолмен тырмалап жатыр десе болғандай.»-деп тағы бір мақаласында  Сұлтанбек бабамыз  айтқанындай аспапсыздық салдарынан жертырмалау әлі де болып жатыр. Кешегі кеңес Үкіметі кезінен қалған МТЗ-80, Т-40 тракторлары, соқалар, тырмалар, ауылашаруашылық техникалары әбден ескірген, өкпесін сүйретіп зорға жүр.жаңасын алатын лизингке қымбат. Былайша саудалап алуға шаруаның қаржысы жоқ. Қора-қопсысы кепілге қоюға арзан бағалайды. «Ұста ұста емес, құрал-сайман ұста» демекші саймансыз, аспапсыз шаруаның қандай ісі өнеді. Шекарасы жақын аудандар бірінен-бірі  шөп оратын комбайынын, шөп жинайтын агрегаттарын сұрасып, ауысып жатқанына бүгінгі күні куә болып отырмыз.  Егін ек, жерді пайдалан мемлекет қаржы береді, азық-түлік қорын молайт, жұмыссыздықты жою керек, бұл мәселеге де қаржылай қолдау болатынын  айтамыз, білеміз. Біз бірінші кезекте  егістікке бармас бұрын неге сайманымызды сайлап алмаймыз? Неге шаруаларға сол жеңілдіктерінің бәрінен бұрын трактор, комбайыннан көмек берілмейді?-деген ойға қаласың.

Сұлтанбек бабамыз айтқан ой пікірлер біздің кезеңімізге келіп тоқтап, оң шешімі табылса екен. Енді тоқсан жылдан кейін біз секілді ұрпағымыз өткенін өтпегендей тағы да қайталап отырмаса екен деймін.  Осы айтылғандар ескеріліп, орындалып жатса біздің көшіміз күндік жерге қозғалары бек.                                                     

Қазақ тілінде жазылған