Жетісу жерінде
Тарихи деректі роман
Бiрiншi кітап
"Жетiсу жерiнде"
Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,
Ол бiрақ қайтып келiп ойнап-күлмес.
Жаныменен кеуденiң айрылғанын,
Өлдi деп ат қойыпты өңкей бiлмес.
Кей адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.
Өлдi деуге сия ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған.
(Абай).
Бiрiншi тарау
Ояз орталығы Қапал қаласынан онша алыс емес, Күреңбел жазығының күнгейiндегi, Баянжүрек тауының етегiне сұғына кiретiн адырлы белестiң нағыз төсiнде тұрған үлкен қара моланың қасында қарасы үш – төрт адам отыр. Анадайда, анау – мынау адам мiне бермейтiн, қос – қос аттан жегiлген, қаңтарылып қойған күймелi арбалар ғана көрiнедi.
Жазды күнгі ыстық енді басталған. Күн ашық болғанымен заңғар Алатаудың тек кей жерлерінде ғана селдірлеу келген қаз бауыр ала бұлттар пайда болып, асықпастан аспанда қалықтайды.
Бұл өлкенiң өн бойы тау екенiн, жан – жаққа көз жүгiрткеннен кейiн ғана байқарсың. Сонда барып, шынымен-ақ, айнала қоршаған таудың ортасында тұрғаныңды бірақ сезінерсiң.
Баянжүрек тауына шығар жер биік, төскейлеу болса, мына тұрған ескілеу бейіт тап соның іргесінде тұр. Бұл маңайда бұдан басқа қорымдар көрінбейтiн де сияқты. Елсiз жер, қу мекиен дала екен. Айнала көз жетер жерге дейін адыр – адыр, белес – белес болып кете беретін түрi бар.
Осы жерден алыс емес, кішігірім бұлақ ағып жатыр. Бұлақтың көзі де бейіт тұсындағы тұмадан бастау алады екен. Оның бойы исі бұрқыраған жалбызбен құраққа толы көрінеді.
Бейiт қасы құлаққа ұрғандай, тым – тырыс. Тек әуеде қалықтай шырқаған бозторғайдың әнi мен оған үн қоса шырылдаған шегiрткенің дыбысы ғана естiледi. Жазғы күнгі түнде түсетін шық таңертеңгі күн шуағымен бусанып сала берген. Жаңағы шегірткенің шырылы осы мезгілге тән ерекше күшейе түскендей. Бір сәттің ішінде олар да күн көзiн қуана қарсы алғандай болып, өзiне тән әуенге салып, айналадағы тылсым тыныштыққа ерекше бiр сән бергендей екен.
Құран оқылып бiткеннен кейiн, отырғандар беттерiн сипасып орнынан тұрған. Солардың арасындағы жасы үлкенi болу керек, егделеу тартқаны үн қатқандай боп:
– Ал, Мұхамеджан қарағым! Құдай бетiңнен жарылқасын. Мына жатқан Тәнеке батыр, жарықтық, аруақты адам болған, соның аруағы өзіңді қолдасын. Алдыңда үлкен iс күтiп тұр екен. Талабыңа нұр жаусын! Елiңе елеулi, халқыңа қалаулы бол! – деп, бата бердi.
Бата берген кiсi сұлуша келген, ақ сары өңдi, бой – бiтiмi ширақ, келiстi келген, жасы ендi ғана қырықтардан асқан, осы маңайдағы Арасан елiнiң болысы – Сейiтбаттал қажы едi. Ол – Қапал өңірінің азулысының ірісі, Матай ішіндегі атақты байлардың бірі. Сейітбаттал асықпай, баппен сөйлейтiн кiсiге көп ұқсайды.
Сейiтбатталдың ұзынша келген қомақты да қыр мұрны сәл көтерiңкi. Атжақтылау болып келген бет пiшiнiне қалың қаба сақалы ерекше сән бергендей. Отты да, жанарлы, бiтiмi үлкенiрек көздерi оның ойшыл адам екенiн айқындай түсетіндей.
– Шырағым, Мұхамеджан! – деп, Сейiтбаттал тағы да өзiне тән жұмсақ үнмен сөзiн жалғап:
– Бернейге барған соң Барлыбекпен жолығатын шығарсың, олай болса алдағы тұрған сияз бен сайлау жағдайына байланысты онымен тағы да ақылдасарсың.
Бұл жақтың жай – күйiне ол өте қанық. Тiптi исi қазақ жұртының түтiнi қалай түтейтiнi де оған көп мәлiм. Өздерiң ол жағын бара ақылдасып көрерсiңдер. Анау – мынауға алаңдама, бұл жақтағы халқың өзiңнің бiр қажетіңе жарар. «Елдiң iшi – алтын бесiк» дегендей, бiз де қол қусырып қарап жатпаспыз. Осыны айтып, ол қасында тұрған орта бойлы, үстіне оқалы, жағасы тік келген, жылтырақ сары түйме тағылған, кәдімгі патша өкіметінің адамдары ғана киетін киімдер киген жастау жігітке қарап қойды.
Былай қарағанда жаңағы Мұхамеджанның киім киісі мен түр сипаты мына тұрған қыр кісілерінен ерекшелеу көрінеді. Оның кәнігі қыр қазақтарына ұқсамайтын, өзінің осындай пошымына әдемi ғып қойған қияқ мұрты да жараса қалғандай екен. Сәл биiктеу келген ай қабақтың астынан қарайтын тұңғиық қара көздерi де адамға бір түрлі жылы ұшырайтындай көрінеді. Тiптi, оның қою қара шашын артына қайыра тарағаны да, оны мына тұрған сақара тұрғындарынан тым ерекше болып көрінеді.
Мұхамеджанның осындайлық түр – бітімінің өзі де, оны мына қыр қазақтарын ерекше әрлендіріп, айшықтап тұрғандай.
Мұхамеджан болса әзірше айналасындағылардың айтқандарына құлақ түріп, көп тыңдайтын сияқты. Сейiтбаттал қажының жаңағыдай сөзiн естіп, жылы жүзін сол жаққа аударып, болыстың қоңыр үнді құлаққа жағымды сөзін үнсіз тыңдап қалған.
Бір уақытта ол қолына картузын алып, кителінің түймелерін ағытып, Сейітбатталдың білдіріп жатқан ыстық ықыласына көңілі көтеріліп қалған раймен, өзі жауап қатпастан бұрын, ұйып, біраз тұрған еді. Онысы мүмкін, осы кезде өзінің ойына әлдеқандай жайдың түсіп тұрғандығынан да болар?
Жазды күнгі сағым ойнаған ен дала. Жанға жайлы, құлаққа ұрардай тылсым тыныштық. Осы бір сәтті көптен бері сағынған жас жігіт – Мұхамеджан алысқа көз салып қарай береді.
Енді бір шақта Мұхамеджан осыған дейін айтылған сөз көкейіне ой салған раймен, бір жағы ырзалық ниетпен, алдымен Сейітбатталдың жүзiне жылышыраймен қарап алып:
– Қажы аға, сiзге де, Арасан еліне де көп – көп рахмет! Елдің ниеті де, оған қоса сiздердiң ағалық ақылдарыңыз да әрдайым көкейімде, көңiлiмде жүредi ғой, – деп, сәл жымия күлiмсiредi.
Кешегi Қапал оязының Арасан болыстығында өткен маслихат үстiнде, бұл жақтың қазақтары бұрын естiмеген тың жаңалықты естiгенi бар. Осы сөздер бұл уақытқа шейін еш естілмеген, айтылмаған тың жаңалық болды. Онда да, ел оны осы Мұхамеджан сияқты өкiмет адамының өз аузынан естiмесi бар ма.
Сол бiр тосын хабар, тың сөз бүгiн бұл жақтың қазағының аузынан түспегенді. Естiген құлақта жазық жоқ дегендей. Мұны Мұхамеджанның өзi айтпаса, басқалар жай, қаңқу сөз, өтiрiк деуден тайынбас едi. Өйткенi, ол бұлар үшін тым ерсi көрiнетiн, көңiлге сыймайтындай жағдай болатын. Сол сөздің астарында біраз жайттар бар сияқты. Оның өзі бұл жақтың елін біраз дүрліктірері де анық болар.
Сейiтбаттал – Мұхамеджанның өз ауылына келу құрметiне кеше Арасан болысының және жақын жатқан Тоғыз матайдың бетке ұстарларын жинап, маслихат құрған. Соған қарағанда Мұхамеджанның бұл жолы осы өңірдегі өзінің еліне қарапайым көп қазақтың біріндей ғана болып келмегені белгілі болды. Көп жылдан бері алыста, сырт жақта жүріптi. Ендi бүгiн еліне өзiнше бiр сенiм артып келсе керек. Басқадай бір ойдан алғанда оның осы жайында «ел не дер екен?» дегендей болған көңiлiн күптi қылар күдiгі де, бір басына аз еместей сияқты. Онысы сырт көзге байқалып та қалғандай. Оның бұл сырының өзіндік мәнiсі де бар шығар. Ол жағын Мұхамеджан әлі елге еш ауыз жарып ашпаса да, оның осы бір жұмбақтау келісі елге білініп те қалған секілді. Әйтеуір, ел оның осы жолғы келісінің жай емес екендігін бір жағы тұспалдап, бір жағы жорығандай болып отыр.
Мұхамеджан елге келерiнде бұл туралы көп ойланған. Бір жағынан еліне арқа сүйеп, иек артып келсе де, енді бірде «ел мұныма қайтер екен?» дегендей де болған. Осы жағын ойлағанда ол қысылтаяңға түскендей болатыны да бар. Елдің қалай ойлайтыны әзірше бұған белгісіз. Соған қарай ол әзiрге елдегілерге өзінің нендей жолмен жүргенін бiлдiргiсi келмеген. Тек, ең алдымен өзі ел шетіне ілінісімен Верныйда Барлыбек Сырттановпен жолыққан. Бір сәт, сонымен ғана өз жағдайы турасында ақылдасқан. Бұл сырды алдымен естіген де сол болатын.
Жетiсудың елi үшiн Барлыбек Сырттановтың бұл күнде "түу" деген түкiрiгi жерге тимей, абыройының ерекше боп тұрған кезі ғой. Барлыбегің бұл күнде Жетісу қазағы үшін жандаралыңнан да, жарты патшаңнан да бір кем болмай тұр. Ағайынды Сырттановтардың: Барлыбек пен Тұрлыбектің аттары бұл күнде бүкіл Жетісуға кеңiнен танымал болып, шарықтап кеткенiн Мұхамеджан осы тұста анық аңғарғандай болды.
Сол ағайындылардың бірі – Барлыбек болса, бұл күнде Жетiсу облысы басқармасының iс жүргiзушiсi және әскери губернатордың ерекше тапсырмалар бойынша шенеунігі қызметінде жүрген. Россия империясының табелдiк рангі бойынша ол бірсыпыра уақыт бұрын коллеждiк хатшы атағын алған. Ал осының алдында ғана ауырып қайтыс болған інісі Тұрлыбек болса, Жетісу әскери губернаторының тілмашы болып істеген. Тұрлыбек тіпті, Құлжадағы орыс консулдығында да аудармашы болып тұрған.
Осылай болғандықтан ба, жоқ әлде өз басының елге сыйымдылығы ма, әйтеуір, кім білсін, Барлыбектің бұл жақтағы елге ықпалының күшті екенін Мұхамеджан бұл жолы өз көзімен көріп, байқаған.
Биылғы жылы Жетiсу әскери губернаторы ауысып, облыстық басқармадағы жаңа қызметке кiрiскен Барлыбектiң жұмысы бiр басынан асып түскен. Жаңа губернатордың келуiмен оның да мазасыз, еш тынышсыз күндерi күн санап өтіп жатқан. Губернатор ауысқанда біраз тыншып қалғандай болған замани ағым қайтып өз қалпына кіргендей боп, тауқыметі көп қызмет қайта бәз-баяғы қалпына кіргендей болды. Бiрақ та, Барлыбек пен Мұхамеджан екеуі де осы кездесуге тәнті болған адамдай, кездескенде шын қуаныштарын жасыра алмаған. Барлыбек осы келісінде Мұхамеджанды Верныйдағы өз үйінде күтіп алуды ойлаған. Соған дайындық жасатып жатқан. Солай деп үйдегiлерге айтқан.
Сырттановтың ағаштан қиып жасатқан кiшiректеу келген, қоңырқай үйi Кiшi Алматы өзенiн қуалап кететiн генерал Колпаковский көшесiнiң төменгi жағына, былайша айтқанда, Верный қаласының түстiгi мен шығысындағы «Пугасов көпiрi» аталынатын тұсында орналасқан екен. Мұхамеджан болса Барлыбек үйіне баруды ұрымтал пайдаланғысы келгендей еді. Оның да өз себебі бар. Өйткені, Мұхамеджан көптен берi Верныйда болмағандықтан, өзi жоқ кезде қалада болып жатқан өзгерiстердi байқағысы келгендей оймен Барлыбек үйiне асықпастан, бiржола қаланы аралай барғысы келген.
Қазір Мұхамеджанның Верный көшелерін аралай жолға шыққаны сондықтан еді.
Мұхамеджан жүріп келе жатып жан – жағына көз салған. Сол баяғы өзi гимназияда оқыған кезіндегі қала. Өзі үшін әрі сүйiктi, әрі сүйкiмдi қала бұл күнде аздап өзгерейiн дептi. Мұхамеджан соның бәрiн байқап келедi. Әсiресе, осы жылдар аралығында қалада кiсi көбейе түскендей. Бұл сияқты өзгерiстер мұның көзiнен таса кетпей, бірден оттай басылады.
Бүгіндегі Верный көшелеріндегі көп халық та – өзiнше әр түрлi. Түр – түрiмен оқалы бешмет киген, қылыш пен тапанша асынған өңшең стражниктер мен урядниктер, одан қалса городовойлар мен офицерлер, жандармдар мен полицмейстерлер сырт адамның көзіне ерекше, мен мұндалап бiрден түседi екен. Әсіресе, осылардың арасында неше алуан, түрлі – түрлi киiмдердi безендiре кигендері де бар. Әсіресе, мұндайлардың арасында бет әлпеттерi жылтырап, сырт пішіндері баршылық пен байлықты білдіретіндері де көптеп кездесетіні бар. Мұндайлар шамасы ауқаттылар жағынан болса керек. Өйткенi, олардың қарын тұстары да тоқтықтан әжептеуiр домалана шертиіп, аз – маз болса да тырсиып, толық кеуделерін шалқайта ұстайды. Өздерiнің жондары күржиiсіп, әукелерi мен бұғақтары былпиып, сыртқы пiшiндерiнің өзінен–ақ бек ауқаттылығы мен мықтылықтары байқалып тұрғандай. Бұл сияқтылардың пошымы осы қаланың байлары мен манаптарының түр сипатын көрсетіп тұрғандай елес береді.
Тіпті, мұнан қалса бұл қалада сақалдары сапсиған, бастарындағы қалпақтары мен картуздарының жиегiнен кекілдері абажадай боп, дудырай шығып тұратын орыстың саудагерлерi мен көпестерi де жиі кездесе беретін сияқты. Мұндайлар нақтылы айтқанда қаланың ақша қапшықтарын толтыра түсетін, өз қолдарымен байлық атаулыны жасайтындары жағынан болса керек.
Ал, қаладағы беттерiне шаң – тозаң мен күн тигiзбестей етiп қалпақтарының шiлтерлi пердесiн түсiрiп алатын, тiптi ол болмаған күнде басқа да бiр күнтигiзбес, күнтиместiң амалын тауып, күлапара салып, орамал тартатын қатын – қалаш, бикелер мен бикештердiң келбеттерi мен пiшiндерi де өзгеше сияқты. Олар өздерiнiң жерге тиердей болған көйлектерiнің етектерімен сызыла жылжиды. Қайсыбiрi өз мырзасының қолтығына жармасып алып, қосақтасып келе жатса, енді бірі жалғыз –жарым күйі қасыңнан баяу жүріспен, сыздап өтеді.
Қазақтар атам заманнан берi Алматы деп бiлетiн бүгiнгi мына Верныйдың аздаған өзгерістері де бұл үшін өзінше ерекше, көзге ыстық, әмбе көңiлге өзгеше жақын көрінеді. Көптен берi көріспей сағынып қалған Мұхамеджанды құшақ жая қарсы алып жатқандай болар. Дәл солай сияқты. Мені көрдің бе дегендей бола қалғанын қарашы. Көкпеңбек болған, көкжелек жамылған әсем қала өзiнiң бүгінгідей барлық сәндi сымбатын айқара ашып, көз алдында көсiліп жатты.
Мұхамеджан болса жан – жағына таңдана, таңырқана қарайды. Қарайды да, тамсана түседі. Тіпті, қараған сайын онан әрмен құмарта беретіндей. Қала бойында байқалып қалған бүгінгі күннің өзгерістері оны құмарттырып, онан әрмен елең еткізгендей. Енді бірде, ол осы бiр таңғажайып көріністі қимай, барлығын ұмытып, ұзақ уақыт тамашалай бергісі келердей. Сондай бір күйде, жан – жағына сүйсiнiп қарай береді, қарай береді. Тамсануы да жиі.
Бір жағынан осы жылдар аралығында қаланың әжептеуір өсіп, өзінше есеюіне Мұхамеджанның іші жылып, қуанып қалған.
Ол бұл жайға шүкіршілік етеді. Осындай сәтте қуныш сезімі бойын кернеп, өзіндік бір байлауға келгендей болған. Онысы көңілінде лып етіп жана қалған жақсылықтың нышанындай боп көрінген.
Жақсылық емей немене, әрбір келгенінде Верный қаласы осылайша жаңарып, өсе берсе, бұл қуанбай, бұл тәуба демей, қайтсін енді. Осы бір сәтте оның бойында бір мақтаныш сезім пайда болып, өзі соған іштей масайрап қалған. Онысы осы күнгі көкірегі ояу, көңілі ашық, оқыған әрбір қазақ азаматының әрқашан ойында жүретін арманы бар еді. Бұл арман қазақ елінде қала мен кентті жерлер көбейсе екен деген аңсау болар. Қазақ жеріндегі осы құбылыс барлық зиялыларды жиі мазалайтыны рас. Кентті жерлердің өсуіне құштар болған солар бұл жағдайды жайдан – жай армандамайтын. Оның мәнісі осы құбылыстың өнеркәсіп пен мәдениетке тікелей қатысты екендігін олар түсінетін.
Мұхамеджанның дәл қазір дән ырза болып тұрғаны да сол еді. Қазіргі Верный қаласы туралы оның ойлап келе жатқаны да, бұрынғысынан көп өзгере қоймаған сияқты аңсаудың жалғасы сияқты болып көрінеді.
Осындай шат көңілге толы жан дүниесін толқу билеген ол ары қарата жылжи берген. Верныйдың көп өзгергені оған енді ғана байқалғандай.
Бiрақ та, өзін қынжылтатын нәрсенің де, аз еместігін ол бірден байқай бастаған.
Мұхамеджанның дәл қазір көкейіне түйгені, өзi көрiп жүрген қазақ жерлерiнiң барлығына тән болғандай, бұл аймақтың да шұрайлы, нәрлi жерлерi отаршылықтың талан – таражына әбден ұшырағандығы еді. Дәл қазiргi қырық мыңдай тұрғыны бар Верный қала ұғымынан гөрi үлкен бiр қалашыққа лайық көрінген. Қаладағы тұрғындардың орналасуы да бүгінгі күнгi адамдардың қоғамдағы әлеуметтiк, тұрмыстық, керек десең саяси жағдайына байланысты ма деп қаларсың. Верныйдың сыртқы көрінісінен осы күй анық байқалады.
Осы бір құбылыс мұнда келісімен–ақ, Мұхамеджанның көзіне бірден оттай басылған. Содан да болар, шағын ғана қаланың аумағы бiрнеше қалашыққа бөлiнiп, әлеуметтiк сатының әр жерiнде тұрған әрбiр топ өзiне тиесiлi аумақта ғана тұратыны белгілі болғандай. Ал қаланың өзi сол баяғы әскери бекiнiс қалпынан көп өзгере қоймаған сияқты. Олай көрiнетiнi мына көшедегi кездесiп жатқан тұрғындардың басым көпшiлiгi әскерилер ме деп қаларсың. Өйткені мұндағы адамдардың көбі үстiне мундир, я болмаса басқа бір әскери форма секілді, әйтеуір үстіне шендік киім кигендер болар.
Осыны көріп, аздап қынжылғандай боп келе жатқан Мұхамеджан, енді бір сәт өзiнен – өзi мырс етiп күлiп те жiбердi. Күлкісі бір түрлі бір езу, мысқыл күлкіге көп ұқсас болып шықты. Осы қылығы өзіне де ерсі көрінгендей, жалма – жан, жан – жағына қарап еді, жақын арада көзіне ешкім түспеді. Әбүйір болғанда, осы кезде жақын жерде бөгде ешкімнің болмағаны. Оның жаңағы өз – өзінен күлгенінің сыры бар. Оның себебі – қазір өзінің үстiне кигені де императорлық темiржол қатынасында істейтін басшы және инженер қызметкерлері киетін киім едi.
Империя билеушiлерi сонау Ұлы Петр заманынан бастап–ақ, ұлан – байтақ елдi әскери тәртіппен жүргізгені анық. Онысы осы бір үлкен елді бір шыбықпен айдап, бір соқпақпен жүргізу үшін жасалған айла мен тәсіліндей көрінетін. Сырт көзге – бұл елдің халқы үлкен бір қазарманың ішінде жүрген сияқты болатын. Мұның өзі Мұхамеджан үшін кейбір кезде соншалықты ерсі көрінетіні бар. Қайсы бір кезде өзі үшін осының барлығы құдды бір француздың утопист – социалисі Фурьенің фалангаларындағыдай болып елестейтін. Осылай ойласа болды Мұхамеджанның көз алдына Фурье айтқандай қоғамдағы таптардың «бәрі тең болса екен, біркелкі киінсе, бірыңғай жайларда тұрып, бірдей еңбектеніп, ішіп – жеп, өмір кешсе екен» деген қағидасына келетіндей.
Россия империясында қоғамдағы әрбiр тап, мейлi ол азаматтық қызмет істесін, не болмаса әскери қызмет, тіпті болмаса полицмейстер, жандарм, чиновник, инженер, прокурор, городовой, гимназист болсын әрқайсысы өздерiне сай өкiметтен шен алып, шекпен киіп, таптық айырма белгiлерiн тағынатын. Олардың киiмдерi де, осыған сай форма, не мундир болса, иықтарында эполет, пагон, не болмаса жағаларында айырма петлицалары болатын. Бiр қараған көзге осылардың бәрi де, әскери адамдарға ұқсап кететiн. Шындығына келгенде, бұның бәрі осылайша көзге ерсі көрiніп жатса да, бірақ та, Россияда мұны тиятын күш жоқтай көрінетін. Осыдан кейін барып Россия сияқты алып империяның өзі де үлкен бiр қазармаға айналғандай көрінетін. Ал осы бір елдің iшiн жайлайтындардың бәрi де – әскери борышты өтеп жататын кiсiлерге ұқсайтын. Солай болғаны қашан. Империяның өзі тұрмақ, жат елге де, сырт көзге де, мұның бәрі осылайша болып елестейтiнін қайтерсің. Осының өзi алып елдi «милитаризация» атты «ұшмаққа» ұшыратқандай қып көрсетедi. Ұлы империя қазарма болса, ал оның халқының барлығы бiрдей бұйрықты қалт жібермейтін әскерилер болып кеткендей.
Мұхамеджанның есiне империяның: «Европа жандармы», «Халықтар түрмесi», «Сатраптар елi» деген қыршаңқы, мазақ аттарға душар болғаны, бір жағынан осылардың салдары шығар деген тұжырым келді. Тіпті осындай аттары мен атауларының да, бұл Империяның өзiне сай болатындай көрiнетін. Бірақ, соның бәрін елеп – ескеретін кім бар? Империя билеушілері ме? Оларды бұл жай елең еткізбейді, олар болса онан сайын тойтыраңдай түседі.
Осылардың бәрі соған көп ұқсас, содан аумайтын дүниелер дегейсің. Мұхамеджан үшін – бұлардың бәрі зұлмат секілді көрінетін. Өйткені сол фалангалардағы өмірге өзінің халқы кіре ала ма? Жоқ әлде, қазіргідей босағасынан әзер сығалар ма екен. Бұратана болған, қараңғы халыққа – мұның бәрі жат, ерсі көрінетіні былай тұрсын, ешбір пайдасының жоқтығы айдан анық. Мұхамеджан бұл жайдың қазіргі қазақ еліне келе бермейтіндігін бұрынырақ аңдаған. Осыларды ойлағанда ол онан сайын өз халқының тағдырына деген уайымға онан сайын бата түскендей болатын.
Көптен бері бұның ойына шырматыла кіретін, өзін әрқашан мазалайтын да осы сұрақтар дерсің.
Өзінің көз алдына Ұлы империяның нендей зұлматқа айналып бара жатқаны, сол зұлматтың ішінде туған халқының сүреңсіз, күйкі тіршілігі де, бүгінде өзі үшін көріп жүрген бар нәрсе. Онысы ақиқат. Бірақ та, Мұхамеджан қанша қынжылса да, бір жағынан бір нәрсеге сенгендей болады. Бұл зұлматтан құтылатын күн де болар. Оның да ауылы алыс еместігіне өзі нық сенімді.
Мұхамеджан енді бір уақытта биіктеу болып көрінетін қырға қарай аяңдады. Верныйдың алпауыттар тұратын тұсы да, осы жақта сияқты. Жетiсуды басып алушы Ресей әскерiнiң басшысы болған, жаһангер – генерал Колпаковский көшесiнiң батыс және шығыс жағында және басқа да, орталық көшелерде ұлық – әкiмдер, чиновниктар, офицерлер, завод, фабрика иелерi, сол сияқты басқа да белсенділер орын тепкен екен. Барлыбектiң үйi осы араға жақын сияқты. Осы жерден сәл төменiрек жақтан, қалың ағаш iшiнен, шiркеу қоңырауының күңiрене салған даусы бүткiл қаланы басына көтерiп азан – қазан қылған шуы болмаса, бұл жақта мүлгiген тыныштық бiр жола орнаған сияқты.
Барлыбектiң үйi тұрған маңның ауасы да, таулы жерге тән – тынық, таза, әмбе салқын, жанға жайлы сезiледi. Оның үстiне бұл жақ таудағы неше түрлі гүл мен шөптің хош иісіне бөленіп, оған осы маңда өсетұғын алма, өрік, сан – алуан жеміс ағаштарының хош иiсi қосылып адамның тынысын кеңейтіп, ішкі сарайын аша түсетіндей екен. Осындай саф ауаның лебіне тағы бір себепші болатыны қаланың күнгейiндегi Көктөбе мен Медеу шатқалы тұстарынан ертеңмен және кешкiлік ұдайы соғатын самал жел де бар.
Мұхамеджан да. көптен берi Верныйда болмағандықтан, осы бiр табиғаттың керемет құбылысына таңданғанын жасыра алмағандай болған. Сондықтан болар оның өзi де жұпар иісі аңқыған, сап – салқын ауаны кеудесiн кере еркiнше тоймай жұта бергісі келген.
Ол осы қалыппен бiраз тұрды. Есіне бұл қала тұрған жердің аталынуы туралы әр нәрсе түсті. Соның бәрі сайып келгенде Алматы деген көне шаһарды бірер сөзбен-ақ, сипаттап беретін, осы жерді жайлаған халықтың шын қадыр – қасиетін, елдігін, кісілігін танытатын сөздер болатын. Сондай асқар ойлы, данагөй сөзді айтқанның бірі – Асанқайғы еді.
Асанқайғының айтқандарының бәрі де, неше ықылым заман өтсе де, сол қалпы рас, әмбе өміршең екені Мұхамеджан үшін даусыз. Оны жүрегі сезеді. Мұхамеджан осыны анық аңғарды. Қазір де осы ойын құптай түскендей боп, өзінен – өзі басын шайқап, таңырқағанын жасыра алмаған күйі тұр. Онысы – Асанқайғы айтып кеткен теңеулердің өміршеңдігі болар. Асанқайғының сол айтқандары ішіне симастай боп, біресе таңырқай қалса, енді бірде таңданып, басын шайқап қояды. Көңілі толқып, сол таңырқауын жасыра алмастай күйге енген.
Қазір Мұхамеджан көңілінен Асанқайғыға деген жақсы пейіл аңғарылады. Осылай ойлап: «не деген қасиетті адам едің!» дегенді ішінен қайталап айта бергендей болды. Көкейіне осындай ойлар келе берген.
Мұхамеджанның есіне осы бір өзi тамашалап тұрған жердi көргенде Асанқайғының: «екi Алматы деген жер бар екен. Сарымсағы сабаудай, бүлдiргенi бүйректей, алмасы бар жүректей. Сол жердi де қимадым…» - деп айтқандары кетпей қойды.
Асанқайғының айтқандарының бәрі керемет теңеулер. Оның сипаттаған сөздері қазақтың елі мен жеріне үлкен әр бере түсетіндей, ерекше айтылған сөздер ғой. Кімді болса да, күні бүгінге дейін таңқалдыратыны анық.
Алматы қаласы тұрған жерде бұрынырақта, осыдан тiптi мыңдаған жылдар бұрын адам тұрақтары мен ескі қалалары болған.
Мұхамеджан білетін кейбiр жазбаларда айтылып жүргендей, кейде тіпті онан да ертеректе ескi қаланың болғандығын өзі кейбiр тарихи деректерден ұшыратып та қалатын. Бiрақ осы күнге дейiн әлi де болса осы жағдай бұлыңғырлау тартып тұрғаны бар. Ежелгі қаланың аты да – Алмату, Алмалық деп аталған секілді. Осы Алмату қаласы туралы деректер қазақтың Дулат тайпасынан шыққан атақты адамы, орта ғасырдағы қазақ тарихына баға жетпес үлес қосқан, Үндiстандағы Кашмир аймағының билеушiсi Мұхамед Хайдар Дулатидың жазбаларында кездесетiнi бар. Тағы сондай деректер Дулатидың жиені Бабыр сұлтанның жазбаларында кездесіп қалатыны бар.
Дулатидің жазып кеткендері жүздеген жылдар өтсе де, сол қалпы ұмытылмақ емес, ұрпақтан – ұрпаққа жете береді. Мұхамеджан Дулати ойының терең сезімталдығына тәнті болып, қатты сүйсінетін.
Дулати – сол кездегi Үндiстан билеушiсi болған Захириддин Бабырдың нағашысы едi. Соған да байланысты болар, Бабыр жазбаларында осы бiр Алмату қаласы туралы емiс – емiс айтылып қалады. Соларда айтылатын Алматы қаласы үнемі шапқыншылыққа ұшырап, күйреп отырған. Сондайлық күй Алматудың басынан кетпей қойғандай. Қазіргі Алматының алдында бой көтерген соңғы шахар да, бұдан екі жүз жыл бұрынғы қалмақ шапқыншылығы кезiнде қирап бiткен болатын.
Ал мына қазiргi Алматы қаласының өзi де, бұрынғы қаланың жұртына салынған Верный бекiнiсiнен басталып кеткен сияқты. Оған дейiн де бұл жерлерде Ұлы жүз қазақтары жайлайтын еді. Бекініс салынарға дейін де, Үлкен Алматы мен Кiшi Алматы өзендерiнiң аралығында қазақтардың көптеген там үйлерi мен киiз үйлерi иiн тiресiп тұратын.
Қазақ жерлерiне сұғына кiрiп, бекiнiске лайық жерлердiң бәрiне қорған мен қамалдар сала бастаған орыстың патшалық үкiметі болатын. Олар Ұлы жүз жерiне ол кезде өздерi «Бас орда», не болмаса «Үлкен орда» атайтын Жетiсу жерiне де мықтап бекiнiп қалуға кiрiскен болатын.
Алдымен Қапал бекiнiсiн, содан кейiн Верныйды салу үшiн патша үкiметi 1853 жылдың басында осы орданың өздерi тағайындаған приставына, былайша айтқанда аймақтың бас әкiмi – Михаил Перемышельскийге Қапалдан кейiнгi Iле Алатауы жағындағы, Iле өзенiнiң арғы жағалауынан бекiнiс салуға бұйрық берген.
Пристав Перемышельский – Шоқан Уалихановтың жақын досы болатын. Шоқан туралы Мұхамеджан көп білетін. Оның жарияланған еңбектерінің бәрін дерлік оқып шыққан. Бір жағынан оны пір тұтып, мақтан қылатын. Тіпті, өзі Петербургте оқып жүргенде–ақ, Шоқанның орыс арасындағы беделіне белгілі болғандығы. Өзінің бір байқағаны орыстың апайтөс ғұламаларының көбі Шоқанды үлкен ғалым ретінде шын мойындайтын. Мұхамеджан өзi Петербургте оқып жүргенде Орыс география қоғамы қорынан Шоқан Уалиханов жазған талай жазбаларды оқығаны бар едi. Тек қана бір өкініштісі, оның Қашғария – Алты шаһар экспедициялары туралы көптеген жазбалары осы күнге дейін Империя соғыс министрлiiгi Бас Штабының стратегиялық жоспарлау қорында құпия күйiнде қалып қойғандығы еді. Әттең, оған Мұхамеджанның қолы жетпедi. Әйтпесе, Алаштың әйгiлi азаматының адамзат тарихындағы ғылымға сiңiрген еңбегiн зерттеуге күш салармын деген арманы іске асардай көрінетін.
Верный бекiнiсi салынарда Шоқан Жетiсу жерiне Батыс – Сiбiр генерал – губернаторы Гасфордтың адъютанты болып жүргенде бiрнеше рет келген екен. Онда да, алдымен Жетiсу жерiне жеке келгенде, содан кейiндерi Ыстық көлге және Қашғарға барған сапарларында Жетiсуды әбден зерттеп кетіпті. Оның 1853 жылғы 2 июльде Перемышельскийдiң отрядымен бiрге Қапал бекiнiсiнен шығып Алматы жаққа беттегенi белгiлi. Шоқанның инженер – поручик Перемышельскиймен бiрге болашақ Верный бекiнiсiнiң орнын таңдауға қатысқаны да осы сапарында іске асса керек.
Бұл туралы Шоқанның Гасфордқа жазған баяндау хатында:
– «Бiрiншi және Екiншi Алматы өзендерiнiң аралығындағы жазықты зерттей келе, осы маңнан көптеген жақсы жерлердi таптық. Бұл жерлерді бұрыннан берi, жергiлiктi халық пайдаланып келсе керек. Олар осы маңдағы алқаптарға егiн, басқа да дақылдар өсiріп отырған. Мұнда егiн егуге әзiрленген егiстiк танаптар, суғару үшiн жасалған арықтар мен тоғандардың тамаша жүйелерiн таптық. Сонымен қатар, малға шөп дайындауға таптырмайтын шабындық жерлердiң молдығы да бiздi аса таң қалдырып отыр. Олардың көлемi тiптi, Есiк пен Талғар аңғарларындағыдан да асып түседi. Осы жерден бекiнiс құрылысына қажеттi ағаштарды да керегiнше алуға болады екен. Өйткенi, бұл маңның бәрiнде құрылысқа жарамды ағаштар өсетiн ормандар да көп болатын сияқты» – деп жазған болатын.
Сол айтылған, жазылған қағаздар арналған жеріне жетіп қазіргі Верныйдың орын алуына жол ашқан. Шоқан ойда барын керекті жеріне жеткізе алды. Мұнысы оның асқан өткірлігінде болар. Мұхамеджан өзі солай ойлайды.
Мұның артынша, көп күттiрмей 1854 жылдың 4 ақпанында патша Бiрiншi Николайдың Шоқан Уалиханов сипаттап өткен жерде Жетiсудағы ең iрi бекiнiс салу туралы жарлығы шықты.
Алғашқы құрылыс Кiшi Алматы өзенiнiң сол жақ жағалауынан басталған едi. Әскерге қажеттi, керек – жарақ пен қарулар сол сияқты көптеген нәрселер қазақтардың түйе, өгiз бен ат көлiктерiмен Қапал бекiнiсiнен осылай қарата тасылған еді.
Әу баста, Верныйда да Қапал бекiнiсiндегiдей 470 астамдай солдат пен офицерлер тұрған болатын. Бiр жылдан кейiн қоныс аударушылардың алғашқы легi де Верныйға келiп жеткен. Олар Үлкен Алматы станицасында тұра бастаған болатын. Онан кейін, сәл кешiректе Кiшi станица мен Татарлар слободасы орналасқан жерлер салына бастаған. Мінекей, кейінгі Алматының пайда болуы мен белгілі болуы осы құралыптас дүниелерден басталса керек.
Бүгiндері Мұхамеджанның көзiне түсiп тұрған Верный қаласындағы өзгерiстер де, тек осындайлық қана. Мұны бір түрлі қып, тебірентіп тастағандай. Мұхамеджан қаланың әсем көркіне риза болған қалыппен: «Иә, Асанқайғы бабамыз бекер айтпапты ғой! Жердiң төресi болса ғой, осындай–ақ болсын!» дедi ішінен күбірлей сөйлеп. Мұхамеджан көңіліне жаңа ғана ғайыптан пайда болғандай болып өте шыққан адамдар бейнесі мен олардың айтқан ой тұжырымдары дәл өз ішінен шыққандай боп сезіледі.
Осындайлық тәтті бір күйі, қиялына үлкен нәр бергендей болған көріністер кенет сәл шіміркендіріп өткендей болды. Енді бұл көріністер кілт бұрылып жаңа келген ой тізбектеріне орын беріп, еріксіз бұзылғандай күй кешкен. Оның жаңағыдай әдемі ойын бұзған нәрсе де қылаң етіп бой көтерген. Онысы осы жұмақты жерде тұрып жатқан елінің сүрең тартқан, бүгінгідей күйбең тіршілігі болар. Солар енді тізбектеліп, көз алдынан өте берді – өте берді. Мұхамеджан ауыр күрсінді. Неге өйткенін, өзі білмейді. Әйтеуір қазақ атаулыға жаратылыс ауыр бейнет пен мехнатты үйіп – төгіп қойған сияқты көрінді. Жаңа ғана Алматының жері туралы сын айтқан Асанқайғы да мұнан талай жүздеген жылдар бұрын өмір сүріп, ғұмыр бойы қайғырып өтіпті.
«Апырай, неге солай болды екен? Оның заманы да сұр заман, сүрең тартқан заман болғаны ма? Ол да қазіргі қазақ баласы сияқты елі мен жерінің күйкі тірлігін сарғая зарлап, қайғыдан құса болып өткен шығар» деп ойлады Мұхамеджан. Осы бір жанға жағымсыз, сүрең ой мұның жанын шарпып өткендей қылды.
Осындай мазасыз ойлар жетегіне түскен Мұхамеджан – өзін мезі қылған ойлардан арыла алмай келе жатқан. Осы бір қас қағым уақыттың ішінде өзін елең еткізгендей болған оқиға көңіліне сәл де болса аздаған қуаныш әкелгендей болды. Осы бір тосын ой енді бір сәт көңілінде үміт отын жылт еткізгендей қылған. Жаңағы сәулесін шашқандай болған үміт оты соған ілес жаңа ой салғандай еді. Онысы – бағанадан бергі ойына ой сап келе жатқан Асанқайғы сияқты халқының адамдары әрі – беріден соң ел үшін өмір сүрген, оның үмітін арқалаған, сол үшін қайғырған. Өйткені олар елін сүйген, елінің тірлігін күйттеген. Сондықтан олардың істеген істері де, айтқан сөздері де, мұндайлық өміршең болар ма?
Мұхамеджан осылайша ой жетегінде тұрғанда, алдымен оның көз алдына желмаяға мініп, ен дала, құла түзде, біресе желе жортып, енді бірде аяңмен сырғытып келе жатқан ойшыл қарттың бейнесі келгендей болады. Әу баста аты Асан болса да, халқы оған қайғыны қосып – Асанқайғы деп елі атап кетіпті. Дәл қазіргі Мұхамеджанның ойын кідірткен, сәл іркіліс жасатқан сол ақыл иесінің бейнесі екені өзіне мәлім.
Күміс сақал омырауын жапқан Асанқайғы бабасының бет әлпеті қашаннан Мұхамеджанға жас кезінен өзіне жақын, өте таныс бейне болатын. Өйткені бұл үшін Асанқайғы әлі сол қалпы, өзіне кішкене кезінде әжесі айтқандағы сияқты. Бұл кезде де айнымай, сол қалпында қалғандай. Әжесінің өздеріне арнап айтқандарынан Асанқайғы ешбір өзгермейтіндей көрінеді. Оның ширатыла қалған, ұшы сүйірлеу келген ұзын мұрттары екі ұртынан төмен салбырап, күмістей аппақ қаба сақалы өңіріне дейін жауып тұрғаны да әлі сол қалпы. Тұңғиық, терең көздерін ауыр бір мұң басқан. Асанқайғы – сырғып келе жатқан желмаясының үстінен жан – жағына ойлы көзін қадап, жапан түзге сүйсіне қарап қояды. Сөйтіп, есіл даламен тілдесіп келе жатқан тәрізді. Осылардың бәрі де, өзінің жастайынан көп естіп, көп білгендерінен онша көп өзгере қоймайтын секілді,
Мінекей, сол бабаның көріпкелдігі – Алматыны тағы бір қырынан білдіріп тұрғандайы анық еді.
Елден алыстап кеткен Мұхамеджанның аш бойында осы қалаға деген ерекше бір сағыныштың пайда болғаны қашан. Сол сағынған көңіл бүгін ғана мауқын басып, сабасына түсердей болып көрінген.
Әрине, Мұхамеджанның қазіргі көңіл – күйінің тиегі тек осы ғана емес еді. Осынысына орай, оның Верныйға келгелі бергі мұндай күйге түсіп тұрғаны бірінші рет. Бұл оның осы қалаға деген ыстық сағынышының бір белгісі болатын. Сөйткен кезде, тамағына ыстық дем кептеліп, булығып тұрғандай етті. Сол кез өзін бір түрлі алқымнан буып, тынысын тарылтқандай болса, ойы да сан – саққа жүгіріп, әр түрлі елес бергендей. Жүрек тұсы дүрсілдеп, аузына тығылғандай бола қалыпты. Тұла бойының бәрі шымырлап бара жатты. Осы кезде еріксіз көзіне мөлтілдеп бір – екі тамшы келгендей болған. Соны өзі байқаса да, байқамағансып, қолының сыртымен жай ғана сүрте салды. Осы кез көмейіне тығылғаны мен булыққаны сәл босатқандай қылды. Сонда ғана барып, «уф» – деп барып, еркін тыныстады.
Мұхамеджан енді ғана бойын жинап, жаңағы қысылғанның бәрінен арылғандай болды. Осы кез өзiнің бойына ерекше бір қуат біткендей болып сезінген. Сондайлықты сағынышпен қатар, көңілiне ерекше бiр ыстық сезiм пайда болып, бойын билеп алғандай еді. Таң – тамаша қалыппен, айналаға қызыға қарап қалған Мұхамеджан – осы ғажайып көріністерді көрiп те, бiлiп те, есіне алып та, соған өзінің көңiлi бір жола толып та, толқып та тұрғандай. Өзі осындай бір ерекше күйді қазір басынан кешіп жатқандай әсерде еді. Оның кейпіндегі таңдану мен ризалықтың белгісі әлі де болса басылмаған сияқты. Жер бетiндегі дәл осындайлық қана болатын жаннаттың барлығына рахаттана қалғандай сезімде толқып тұрғаны жүзінен анық сезіледі. Осы бір кезде аса бір таңқалыспен, өзіне – өзі сенер – сенбесiн бiлместей боп мелшиіп қалыпты.
Оның қазіргі түр – сипатынан аса бір таңырқағандық пен сүйсінгендіктің, сондай–ақ, ырза болғандық та, белгісі қоса білінеді.
Мұхамеджан осындай көңіл мен күйге беріле түсіп, тұра берер ме едi, қайтер еді, егер де осы кезде ар жақтан Барлыбектiң өзi шықпаса.
Қонақ ретiнде шақырылған Мұхамеджанды – Барлыбектiң өзi есiк алдында күтiп алған еді. Бұлар дабырласа сөйлесiп, iшке кiрдi.
Мұхамеджан жаңа байқады, өздерi кiрген ұзынша келген, енсiз ауызғы үйдiң қаусырма қос есiгi бiрдей ашылып, ар жағынан осы үйдiң бәйбiшесi көрiндi. Мұхамеджанның алдынан шыққан, әдемiше келген кесек тұлғалы әйел – Барлыбектің бәйбішесі еді. Ол да тысқа шығып, осы үйдiң әйел затына лайық ізет көрсетіп, аяқ астынан бәйек болып жатыр. Бәйбіше де тікесінен – тік тұрып, келген қонақты ілтипатпен қарсы алды.
Барлыбектiң бәйбiшесi – қимылы кербез, дөңгелектеу келген аппақ бетiнiң ұшында қап – қара әдемi меңi өзiне жараса қалған, сұлуша келген орталау жастағы әйел көрiнедi. Ол өзi Мұхамеджанға үйреншiктi әдетпен, сабырлы кейпiн жоғалтпастан:
– Бiздiң жаққа көптен берi келмей жүрген, «шойын жол салғыш» қайным да келiп қалыпты ғой! Төрлетiңiз! Жоғары шығыңыз! – деп, қазақы мінез, ақ жарқын пейiлмен, қонақжайлық көрсетiп жатты. Бәйбішенің даусынан жылы шырай білініп тұр.
– Төре қайным, шаршамай, шалдықпай елге жеттіңіз бе? – дегені де Мұхамеджанға жылы тиді. Оның мұнысы да нағыз қазақы мінезге сабақтасып, жеңгелік қылыққа лайық көрінді.
Барлыбек өзi бастап, Мұхамеджанды оң жақтағы үлкен қонақ бөлмеге алып кiрдi. Бұның алдындағы ұзыннан ұзақ созылған, өзi тарлау ауызғы үй сияқты емес, бөлменiң iшi кең, жарық және қабырғалары биiк екен. Бұл үйдiң жасауы да, әрине өзiне сай сияқты. Бөлменiң екi терезесi бiрдей ақ шаңқан жiбек перделермен бүркемеленiптi. Жерге қалың – қалың етіп басылған әдемi қарала сырмақтар төселiп, оның үстiне неше алуан құрақтан нақыштап, құлпыртып қойған құрақ көрпелер, қатипа, батсайыдан тiгiлген көпшiктер мен жастықтар тасталыпты. Менi көрдiң бе дегендей боп анадайдан аумақты келген камодтың үстiнде тұрған кiшiрек келген күйсандық «грамофонның» да ұзын мойнының даңғарадай телпекті аузы үңiрейе көрiнедi.
Қонақ бөлмеге кiрген Мұхамеджанның көзi бiрден бөлменiң бүкiл бiр қабырғасын ала жиналған этажеркалардағы кiтаптарға түскен. Кiтап бiткен қабырғадағы ағаш сөрелерге симағандықтан, астына кiлемше төселiп, ағаш еденге де қалана жиналыпты.
Отыра салысымен Мұхамеджан алдымен де сол кiтаптар тұрған жаққа көз жүгiртiп үлгерген. Бір жағынан таңырқай түссе, енді бірде қызыға қарайды. Көзбен жүгіртіп-ақ, жиналған кiтiптардың аттарына қаныға түскен. Соның арасынша болған жоқ Мұхамеджанның көзiне іліккені кириллица қарпiмен басылған кiтаптардың бірқатары белгілі болып қалды. Сөрелерде – Дальдiң "Үлкен энциклопедиясының" – 20 томдығы, "Өнер тарихының" – 6, "Дүние жүзi тарихының" – 4, "Жер мен адамдар және жалпы әлемдiк теория" кiтаптарының – 2, "Орыс әдебиетi тарихының" – 3, Карамзиннiң "Россия мемлекетiнiң тарихының" – 12 томдығы, "Христиандықтың алғашқы ғасырлардағы тарихы", "Европаның Саналы даму тарихы", "Түркiстан әдебиетiнiң жинақтары", Абель Абелахтың "Тiл ғылымы", Веселовскийдiң "Шығыс тарихы туралы" лекцияларының – 4 томдығы, "Жетiсу облысындағы жергiлiктi тұрғындар мен орыстардың ескi славяндық шаруашылығы мен жердi пайдалану жөнiндегi тексеру материалдарының" – 4 томдығы, "Шығыс тарихы жөнiндегi лекцияларға көмекшi парсы тарихы" кiтаптары, "Соттық медицина" кiтабы, "Христиандықтың мәнi", "Араб әдебиетiнiң очерктерi", "Араб хрестоматиясының" – 3 томдығы, "Араб тiлiнiң грамматикасы", "Ормандар хрестоматиясы", Л.Н. Тостойдың – 18 томдық жинағы, М.Е. Салтыков-Щедриннiң – 12 томдық жинақтары мұның көзiне оттай басылды. Бұл кiтаптарды қарай отырып, оның түрiндегi таңданудың белгiсi одан бетер күшейе түскендей. Кiтаптардағы кей жайларды iздеп жүрiп құмартып оқып, көп жерлерiн есте қалу үшiн анық айқын етiп қағазға жазып алатын Мұқамеджанға осы бір кітапқұмарлықтың өзі адам бойындағы керемет қасиет болып көрiнетін. Ол өзi де дәл осы кезде «мынанша көп, жақсы кiтаптарды Барлыбек қайдан алды екен, қалайша жинады екен» дегендей сұраулы ойға тап болғандай. Тiптi, енді бiр уақытта Мұқамеджан өзiнiң таңданысын жасыра алмастан:
– Ой – хой, пай – пай, шiркiн, қандай кiтаптар! … Барлыбек аға! Бұлардың бәрi табылмайтын кiтаптар! Өте қымбат дүниелер ғой?! Мынанша көп, жақсы кiтаптарды қайдан алдыңыз екен?! Қалайша жинадыңыз?! – дедi.
Бар сөзі таңқалысқан шықса да іштейгі ризашылығы да басым естілді. Өзi кітаптардың кейбiреуiн аударыстырып, арлы – берлi көз жүгiртiп қарап та жатқан күйі осылай деген.
Барлыбек болса осы бiр кезде оның мына қалпына әбден ырза болған адамның кейпімен Мұхамеджанға жүзін бұра қарады. Сәл дөңгеленіп келген бет тұрпатына жылылық еніп, ақсарылау келген өңіне аздап қан жүгіргендей болды. Оның қазiргi түрi бiлiмдарлықты пiр тұтатын, білгір адамның ризалық түріне – көп ұқсас түр. Барлыбектің жан – дүниесінде де Мұхамеджанның кітапсүйгіштігіне деген өзіндік бір жылылық оты лып ете қалғандай болды. Білімділікті паш ететін тағы бiр қазақтың пайда болғандығына қатты қуанған адамның кейпiмен ол жымия түсіп:
– Иә қарағым, сол баяғы жас күніңіздегідей көп оқып, көп білуге құмарлығыңыз басылмаған екен. Бұл бір жақсы қасиет, мақтауға тұрарлық нәрсе – деп, бағанадан бергі көтеріңкі көңілмен сәл жымия күлімсіреді. Күлімсірегенде ақшылдау келген жүзі онан сайын жадырап, бет шырайы жылып сала берді.
Барлыбек Мұхамеджанның білімқұмарлық ыждақатына әлі де болса ризашылық пішінмен: «Әлі де болса сол қалпы, білуге құштарлығы орасан зор» деген ойға келген еді. Бірақ Барлыбектің бұл кейпі ұзаққа бармады. Енді ол күрсінгендей боп, ұнжұрғасы түсе:
– Менімен – сіздің көзі ашықтығымыздан не пайда, халқымыз жаппай қараңғылықта жатыр ғой. Қараңғылық біздің сорымызды қайнатып, мешеулікке әкеп тіреген жоқ па! Осыдан біз қашан құтылады екенбіз! Бодандықтың шырмауынан шығамыз ба, жоқ әлде осы қалпымызбен тарих біткеннен атымызды біржола өшіреміз бе?! – деді. Үнінен қатты күйзеліп тұрғандығы мен өкініштің табы білінеді.
Кезінде Барлыбекке – Мұхамеджанның тап осындай ойы мен зерделілігі бір адамға сай болып шығатындығын білдірген құдіреттің өзі сияқты. Мұхамеджанның дәл осындай болып шығатындығын ол алдын –ала сезгендей. Біраз жылдың ішінде соған көзін жеткізгендей етті.
Бала Мұхамеджанды алғаш кездестірген сәттен бері бірталай уақыт өтсе де, сол бір кез Барлыбектiң есінде. Оның көз алдында сол кездегі Мұхамеджандай жас баланың оқу iздеп Верныйға кетiп бара жатқан шағы тұрғандай.
Ол кезде Барлыбек балғын, жас жігіт. Мұхамеджан болса әлі бала болатын. Міне, өтіп бара жатқан уақыт десеңші. Мына алдында тұрған патша үкiметiнiң дардай бiр шенеунігі сол кездегi қағiлездеу келген, қара домалақ бала емес пе едi. Соның бәрі әлі күнгідегідей Барлыбектің есінде.
Сол кездің өзінде–ақ, Барлыбек үшін Мұхамеджан – әлі жас бала болса да, әр нәрсенi бiлуге құмар, пысық болып көрінген. Бала Мұхамеджанның «оқығым келедi» деген бір ауыз сөзі Барлыбектің жан – дүниесін жылытып, оған деген ерекше құштарлығын арттыра түскен.
Содан бері қаншама уақыт өтсе де Барлыбектің білгені –Мұхамеджанның жан – дүниесі толысқан үстіне – толыса түскендейі ғана.
Бала Мұхамеджанның оқу оқығым келеді деген ерекше құштарлығы емес пе еді, Барлыбекті жан – тәнімен өзіне қаратып алған.
Мұхамеджандай қара қазақ баласының оқуға ілінуі де өз алдына бір сыр. Ол замандағы сирек кездесетін оқиға. Соның бәріне қол жеткіздірген Мұхамеджанның өз басы, оның бойына туа біткен қасиеті болатын.
Жастайынан зерек, елден ерекше дарынды көрінетін бала тез арада айналасына мәлім бола бастаған. Оның елге біліне бастаған алғашқы қасиеті де бірақ нәрседен байқалған – ол Мұхамеджанның есепке жүйріктігі еді. Мұхамеджанды алғаш әйгілі еткен де осы қасиеті болды. Оның осы өнері бүткіл Лепсі елін аузына қаратты. Тіпті келе – келе Лепсі оязының басшысына да жеткен. Сөйтіп, ояз басшысының өзін де таң қалдырған болатын. Алдымен де, Мұхамеджанның өз басының дарыны шығар оның оқуға деген құштарлығына жол ашқан.
Сол кездегі кездейсоқтық еді ғой, Мұхамеджандай баланы – Барлыбекпен кездестіргені. Онда да Мұхамеджанды әкесі Тынышбай Лепсi уезi бастығының жолдама хатымен бiр кезде Барлыбектiң өзi оқып шыққан Верный пансионат – гимназиясына оқуға алып бара жатқан болатын. Сонда олар жол – жөнекей Қарашоқыда отырған Барлыбектердің ауылына соққан болатын. Соның бәрi де, күні бүгінгідей Барлыбектiң көз алдында.
Бiр уақытта Барлыбектiң осы ойларын күрт бөлгендей болып, Мұхамеджанның шын таңданғанын жасыра алмағандай болған даусы шықты. Осы кезде Мұхамеджанның бiр жағы қатты сүйсiнгендей даусы ерекше шыққан:
– Барлыбек аға! Бүкiл Верныйда – бүкiл Жетiсуда жоқ кiтаптарды жинапсыз ғой. Бұныңыз нағыз байлық қой! Бұл баға жетпес, ең асыл қазына болар! – деп, қайтадан орнынан атып тұрып, кiтаптарды шетiнен қолына алып, қарай бастаған.
Мұхамеджандай бiлiмдi адамның аузынан осындайлық қошемет сөздердi естiген Барлыбек те, қарап қалмай:
– Оныңыз рас, қарағым Мұхамеджан. Кiтап ең қажет дүние, үлкен байлық, асыл қазына ғой. Соны өзiңiз сияқты қазақтың баласы қай уақытта жаппай пайдаланып, бағалайтын болады! – деп жауап қатқан бір түрлі қатқыл үнмен. Осы уақытта оның түрінен әлі де болса бағанадан бері бір нәрсені уайымдағандай болған адамның пiшiнi кетер емес. Барлыбек сонысын білдірейін деген пошыммен:
– Иә, дұрыс айтасыз, Мұхамеджан шырағым, барлығы солай!
Осы жолы даусы сәл қатқылдана шыққандай болды. Жаңағыларды айтқанда бір түрлі реңі сәл өзгеріп, өзі бойын жинап алғандай, тас – түйiн болған қалпында тұрды да, тағы да сөйлеп кетті:
– Бiздiң халық әлi сауатсыз, қай уақытта өзiн зiлдей боп басып жатқан қараңғылықтың құшағынан босанады, қашан қазағымыз жатпай – тұрмай сауатты болар екен?! Халқымыздың көзiн ашар күні қайда?! Елдiң оянатын кезi қашан болмақ?! Онда да, ол сауатын қайтiп ашпақ?! Болса да, оны кiм iстеп, кiм жасамақ…?! Мәселе сонда болып тұрған жоқ па…? – деп Барлыбек көкейіндегі біраз уайымның бетін Мұхамеджанға ашқандай болды. Тереңнен тыныс алып, күрсініп қойып, Барлыбек бұдан ары ашына түсіп:
– Сол күнге қашан жетер екенбiз…? – деп, ойлы көздерін Мұхамеджан жаққа аударып. Байыпты қарасында өкініш пен терең мұңның табы анық байқалады. Өзі де осы бір кезде жаңағы айтқандарына жан – тәнімен берілгендей болып, соның жауабын іздеп, күткендей сияқты болып көрінді. Әлжуаз халқының осы күйі анық жанына батып, өзін сары уайымға салдырып қайғыртып тұрғаны оның осы күйінен анық білінгендей еді.
Барлыбектің мұнысында үлкен бір сыр жатқандай. Былайша алғанда, қазақ халқының қазіргі тағдыры Барлыбекті де көп толғандыратын сияқты. Ол жаңағыдай айтқан сайын – оның көкейіндегісі де, Мұхамеджанға етене жақын, өзінің басында бардай болып көрінген. Бұл кездері Барлыбектің не айтпағы да, Мұхамеджанға әбден таныс дүниедей болып бара жатқандай көрінді. Бірақ, Мұхамеджан осы бір өзінің ішкі дүниесіне таныс, етене жақын дүниелерді сезсе де, алдын – ала тон пішкендей болмайын деп, көбінесе әдеп сақтап үндемей отырған жайы бар еді. Тіпті бағанадан бері Барлыбектің айтып жатқандарының өзінің ойындағысымен ұштасып, бір жерден шығып жатқаны да көңіліне жаққандай болған.
Барлыбектің аузынан шыққан жайлардың бас – аяғын ойласа болды – Мұхамеджанның көз алдына қазақтың сүрең тартқан күйі, қазіргідей күйкі тіршілігі келеді. Етегін жинай алмай сүріне берген, қатқыл тірліктен әлі күнгі есін жинай алмай келе жатқан халқының жағдайы бұған да мәшһүр болғандай. Бодан болған ел үшін екі ғасыр бойына отарлық пен аяусыз езгіден құтылу аңсары бір кетпейтіні ақиқат екені тағы бар. Міне, білер – білсе Мұхамеджанның да, Барлыбекке айтқысы келетіні де, тек қана осылардың төңірегіндегі жай ғана сияқты болып көрінді. Әсіресе, қазіргідей мешеу қалған елінің сайқымазақ тірлігі мұның да жанына қатты батады. Қазіргі кездері жиі – жиі айтылып қалатын «елдік мүдде», «ұлттық сезім» деген сөздердің әр жерде – әсіресе, қазақ зиялыларының арасында да жиі айтылып қалатыны жасыратыны жоқ бар – дүние. Сірә, осынау ұғымды қазақ қауымы жаппай айта бастаса да, бүгінгі күні соның жолын таппай отырған тәрізді. Бүгінгі күні «тәйірі кім бізді ұшпаққа шығарар дейсің?!» дейтіндер де, олардың арасында жоқ емес, бар сияқты.
Мұхамеджанның пайымдауынша, осы бір жағы да Барлыбек үшiн беймәлiм, үлкен жұмбақ болып тұрғандай көрінген. Осы жайында Мұхамеджан оның көзқарасын сұрап білгісі келген, бірақ оның осыншалық күйзелген түрін көргенде ол бұл ойынан айнып қалған. Әзірге бұл турасында Барлыбекке сыр бермей отырған жайы сол еді.
Мұхамеджанның естуінше соңғы жылдары бұл жақта Барлыбектің беделі де, айбары да, еселеп өсе түскен. Неге болса да барынша қатысып, қандастарына сеп болып жүргені бар. Бұл жайға ел шетіне ілігісімен Мұхамеджан қанық болған. Барлыбектiң мына күйзелген түрі Мұхамеджанның да жүрегiн сыздатып, жанды жерiне тигендей етті. Дәп жаңағыдай айтылған сөздерге бұл да мұңайып қалған. Мұхамеджан да шарасыздықтан қолынан келер еш дәрменi жоқ адамдай боп, бiр жолата түңiле қалғандай сипатқа бой алдырған. Мұхамеджан үшiн де, осы бір тұсы барлық Алаш азаматтарының басындағы қазіргі уақытқа тән қасиеттей болғанын сезіндірген. Оларды қинайтын осы жағдайдың, мұның өз басында да бары рас. Қайбір кезде өзінің «осының бәрi бодандықтың салдары шығар» деп те ойлантатыны да бар. Қазақ халқының қазіргідей мүшкіл қалын кімнен көрерін білмей дал болатыны да бар. Соны өзінің білгісі бар. Ол туралы көп ізденеді, көп сұрайды. Бірақ нәтижесіне әлі өзі қанағаттанбайтын сияқты.
Шамалы уақыттан кейін бәрібір шыдай алмастан осылар туралы Барлыбектiң пiкiрiн бiлгiсi кеп:
– Аға, сiздiң айтқаныңызды – бәрiмiз айтқымыз келедi. Онан не пайда?! Ел болса мынау, сiлiкпесi шығып отырған. Халқымыз боса да, күн өткен сайын бодан күйiне үйренiп бара жатқандай. Тіпті, қыңқ етер ешқайсысы жоқ сияқты! Онан сайын бұға түсетiндей. Не боп кеттi, өзi? Қазағым отарлықтан құтылам деп, көтерiле – көтерiле белi қайысып, омыртқасы үзiлгендей болар ма еді, бұл күнде?! Ендi міне, иiнi түсiп, кежегесi кейiн тартып, кетеуi бір жола кетіп бара жатқандай. Қалай бұрсаң, солай жүредi. Тiптi, басқа – көзге төпелеп, шөгерiп қойсаң, сол орнынан қозғалуға мұршасы жоқ, тіпті тапжылар емес. Құдды бiр әбден ығыр болып, ыңыршағы шыққан атан секілді – дегенді бастырмалата айтып салды.
Мұхамеджанның жаңағыдай сөздерінен кейін үйдің іші бір уақыт аздаған үнсіздікке бөленіп, тынши қалған. Бірақ бұл тыныштық онша көпке созылмастан – ақ, іле – шала Мұхамеджанның:
– Мен айтсам осының бәрі басқаға тәуелділік пен бодандықтың кеселі болар?! – деді. Оның ширыққан даусы осы бір арада сәл – пәл пайда болған үнсіздікті бөліп кеткендей болды. Неде болса Мұхамеджан осы жолы өз көңілін тесіп бара жатқан көкейкестісін ақтарып қалғысы келгендей. Көкейіндегісін еш жасырмай, дөп түсіріп айтып салғандай қылды. Мұхамеджан қазір не ойласа – соны айтты. Онысы бодандықтың бұғауында жатқан халқының аянышты тағдырына деген жан айғайындай болып шыққаны рас. Мұхамеджанның осыған дейін өз халқы сияқты кіріптар халықтардың мұң – жайы туралы жазылғандарды көп кездестіргені бар. Соның кейбірінде қазағының қазіргі жайын дәл басып, меңзегендей қылғандары да бар. Осының ретінде айтылған бір ауыз сөз ұмытылмастан біраз жылдан бері мұның жадында сақталып келеді. Сол сияқты суық сөздерді Петербургте оқып жүргенінде алғаш рет кездестірген. Сол сөзді алғаш рет Петербург кітапханаларындағы кітаптар мен жазбалардан оқығаны бар. Ол жайды ашық айтқан атақты адам. Ол итальяндық ойшыл Никколо Макиавеллидің өзі еді. Мұхамеджанды бағанағы айтылған сөзге итермелеген де соның сөздері болатын. Өзін ашындыра сөйлеткен де құдды бір Макиавеллидің құдіреті сияқты. Макиавелли осындайлық, керемет бір сөздерді Мұхамеджан үшін, оның сормаңдай халқы үшін айтқандай болып көрінеді.
Мұхамеджан да қазақ халқының еркіндігі туралы көп армандайтындардың бірі. Бодандықтан құтылудың да жолдары көп, бірақ соған қалай жетуге болады. Осы жағы бұны қатты ойландырады. Тіпті кейде Макиавеллидің бодандыққа бой ұрған халықтар туралы айтқандары есіне түссе оның ауылы қазақ халқынан алыстай түсетіндей болып елестейтін. Сонысы өзін онан сайын қиналта түсетін.
Қайта жаңару кезеңінде осы күнгi Италиядан шыққан мемлекет қайраткерi Николло Макиавелли бодандық пен отарлық туралы керемет қып жазған екен. Соны Мұхамеджанның оқығаны бар. Ол сол жазғандарында: «Ұзақ уақыт бiреулердiң колониясында болған отарлық халықтар, өздерiнiң ұлттық руһтарын, жәдiгерлiгiн, мәдениетi мен тiлiн бiр шама жоғалтады және бодандық өмiрге бас иiп, осы күйіне үйренiп те кетедi!» Бұл Макиовеллидің сөзі болатын. Бірақ өте ызғарлы айтылған, өте суық сөз болатын. Мұның өзін де бағана айтылған сөздерге итермелеген де сол болатын. Өзін ашындыра сөйлеткен де сол болатын. Осы себептен болар Макиавеллидің бодандыққа бой ұрған халықтар туралы айтқандары есіне түссе болғаны Мұхамеджанның ұнжұрғасы онан сайын түсе береді.
Макиавелли ойлары Мұхамеджанның ызасын келтіріп, азапқа салғаны былай тұрсын, кей – кейде қатты қайғыртып тастайтын. Мұхамеджан осы жайында ойласа болды кейде ішінен «оның бетін ары қылсынды» да қоса ойлайтын болып жүр. Бірақ, қазір ашынғаннан кейін бе, әйтеуір белгісіз осы жайында Барлыбекке айтып қалды. Макиавеллидің айтқандарын қазаққа пайымдай келе, ол Барлыбекке қарап:
– Оның осы айтқандарына салсаң, біздің халқымызда осы күйге түскендей ме деп ойлаймын. Дәл бүгін қазақ атаулы сол кейіпке, сол күйге әбден беріліп, біржолата ығыры шыққандай көремін. Макиавеллидің сөздері қазаққа дәл бағышталып, тура айтылғандай болып көрінетін сияқты ғой – дегендi де, ол қатты толғанып тұрып, шерлі үнмен айтты. Мұны айтқанда Мұхамеджанның бет әлпеті сәл өзгеріп шыға келген. Даусы да әжептеуір ызғарланып кеткендей. Дәл қазір бағанағыдай емес, оның да көңіл – күйінің әжептеуір құлазып, бәсең тартып қалғандығы бірден байқалады.
Барлыбек болса Мұхамеджандай өзi сенетiн, елдiң бiр жағына шығады деп жүрген азаматтың қаяу түсіп, бәсең тартқан көңiлiн жықпас үшiн, жұбатар бiр сөздiң осы кез қажеттігін керек деп бiлдi. Осылай деп ойлаған Барлыбек, өз ойына тоқтау айтып, сонысын жинақтап алғандай боп:
– Несiн айтасыз, Мұхамеджан қарағым! Халқымыз әбден азды да, тозды да! Басқа ұрған танадай боп, басын айдалаға алып қашатыны да рас! Бiрақ бәрiбiр де, елдiң сағы сынған жоқ! Ол көмескi тартып, жылтылдап жаңған шаладай болса да, сәл ғана «үп» десе болғаны лап ете қалғалы тұр. Менiң ойымша қазақтың руһын басатын да, таптайтын да бұ заманда күш жоқ! Ал сағы төмен тартып бара жатса да, оны көтерер де өзiмiз сияқтылар, осы халықтың бел баласы болмақ қой!
Барлыбек осыны айтып өз ойын тұжырымдаған кісінің бейілімен ойланғандай болып сұлқ отырып қалған. Оның қысқа ғып жеткiзген сөздері екеуіне де әр түрлі ой салып кеткен секілдi. Осыдан кейiн, әр кiм өз ойымен болғандай, екеуiнiң сөздерi бiразға дейiн тоқырап қалған едi.
Мұхамеджан болса Барлыбекпен қоса әлi де сол көңілсіз ой құшағында тұрған кiсiнiң пiшiнiмен қолына түскен кiтаптарды арлы – берлi аударыстырған күйi, үндемей сұлқ тұрып қалған. Жаңағыдай сөздердiң мән – мағынасына осы күнi бұл да әбден қанық болған. Бiрқатар уақыттан бергi мұның да уайымы осы болғандай. Ары қараса да, тіпті берiсi де, қазақтың бүгiнгiдей мүшкiл болған соры қайнаған күйi сияқты жайлар өзіне маза бермейді. Әйтеуiр, көз алдынан осы бір елес кетпейтiндей болып жабысты. Тіпті жатса да, тұрса да, ойлайтыны тек қана осы – қазағының осындай жайы ғана болып елестейтiндей. Басқа елес те, ой да, өзінде жоқ сияқты боп көрінеді.
Өз халқының бүгiнде ел қатарлы iлгерi басып, басқаға езiлмей, бөтенге жаншылмай, «өз қолы – өз аузына қашан жетедi» деп жүргені бір өзіне аян. Тiптi сол үшiн де, Мемлекеттiк Думаға баруды ойлаған. Ойлағаны былай тұрсын, көксегені де – сол болар. «Сол көздегені мен көксегені іске асса ғой. Сондағы болып жатар бар мүмкiншiлiктi де ел ыңғайына қарай пайдаланып қалу емес пе едi» – мұндағы бар мақсат, бар үмiт.
Бағанадан берi үндемей қалған Барлыбек те, талайдан бері естімей жүрген Мұхамеджанның жанайқайдай болған үнін естіді. Оның сөздері бір жағы өзіне ұтымды көрінгені рас. Барлыбек енді Мұхамеджан жаққа үлкен бір iлтипатты көзқараспен қарап:
– Е – қарағым–ай, сіздікі дұрыс. Ел бiрақ бұрынғыдай емес. Ел де қазiр бәрiн түсiнетiн шығар деп ойлаймын. Бәрiбiр де, олар баяғыдай емес. Бiрақ та, менiң сiзге бар айтпағым – қараңғылықтың көрпесiн қарс жамылып алып терең ұйқыға кеткен, мүлгiген қазақты қалайда оятуымыз керек! Осы сияқты күйге душар болған елдiң де бiр жағына шығуымыз керектігі анық! Бізге құдай басқаны бермепті – дедi.
Онысы өзiне ме, жоқ әлде Мұқамеджанға арнап айтқан жұбатуындай болды ма, ол жағы белгiсiздеу болып шықты. Артынша ол күлiмсiрей қалып:
– Қарағым Мұхамеджан! Ондай болса соның кезi келiп тұр. Соған сіз бен бiз де, әр қалай дайын болуымыз керек қой! – дедi. Мұхамеджан оның бұл айтқандарына үнсiз ғана тек бар ықыласымен тыңдап, басын изегендей болды.
Мына сияқты аяқ астынан, тiптi тосыннан айтылғандай болған әңгiме желiсi Мұхамеджанның қиялын самғатып, сағымды үмiтiн алысқа әкетiп бара жатқандай қылды. Барлыбектiң айтқандары – дәп өзiнiң ойында жүрген, көкейіндегісінің үстiнен дөп түскендей болды. Тіпті өзiнiң көңiлiндегiсiнiң бұлжымаған, айна қатесiз кескiнiндей бола қалғаны рас. Тек қана, бар жазығы басқа адамның аузымен айтылғандығы ғана болып тұр.
Бүгін Мұхамеджанның келуіне байланысты әбігер Барлыбек үйінде қыза түскен. Осындай ойлар мен әңгiме арасында кiтаптар беттерін аударыстырып тұрған Мұхамеджанның қолына тағы басқа да сирек кездесер кiтаптар түсе бастаған. Солардың арасында әсiресе, Мұхамеджанды қызықтырған өзi айналысып жүрген тарихи кiтаптар да, аз емес екен. Олар: "Түрiк қолжазбаларын оқып, үйрену тәсiлдерi туралы мақалалардың жинағы", "Мұсылман шариғатының басты негiздерi", "Шаруалар табысының көзi", "Ақша ғылымының негiзi", "Ерте заман мекемелер тарихы жөнiндегi лекциялар жинағы", "Ақмола облысындағы қырғыздар шаруашылығы", сондай-ақ: Генрих Гейненiң 6 томдық жинағы, Вальтер Скоттың 14 томдық жинағы, И.А. Гончаровтың, А.П. Чеховтың, И.С. Тургеневтiң, Н.С. Лесковтың, В.А. Жуковскийдiң, А.К. Шиллер – Михайловтың, Ф.М. Достаевскийдiң, В.Г. Белинскийдiң, А.С. Пушкиннiң, М.Ю. Лермантовтың, Немирович – Данченконың толық жинақтары бар болып шықты. Сол сияқты П. Стоганскийдiң "Жұмысшы табының өзiндiк ұйымы", К. Гильдiң "Социализм, коммунизм және анархизм" атты кiтаптары, тiптi Фирдоусидiң, Ф.Купердiң, М.Сервантестiң кiтаптарына дейiн бар болып шықты. Мұхамеджанның ерiнбей санағанының өзiнде бiр ғана Жюль Верн жазған әр түрлi 24 кiтап бар екен.
Осыған дейiн өмiрiнде бiр үйдiң iшiнен мұнша көп кiтапты көрмеген Мұхамеджанның таңдануы бекер емес еді. Оның Барлыбек туралы жақсы ойына тағы бір ой қосқандай болды. Шамасы осы кiтаптардың саны Мұхамеджанға үш мыңнан асып кететiндей болып көрiнген.
Мұхамеджанның өзi де кiтапты көп оқып, көп жинайтын. Қазiр тiптi өзiнiң елiнiң тарихын зерттеп жазып жүргенедiктен тiптi де, кiтаптар мен басқа да жәдігерлер мен қолжазбаларды жинауын да үдете түскен. Бiрақ, дәл осынша өте қызық, сирек кездесетiн кiтаптарды жинау үшiн өзiне әлi қанша уақыт, қанша ма қаражат керек екенiн ол айтпаса да түсiнiп тұр. Өзi iштей болса да: «Япырай, бұндай ғып кiтап жинаудың өзi де шынымен–ақ, керемет iзденiс пен еңбектi талап етедi ғой!» дедi таңқалып, сұқтанғандай болып. «Бұл кiтаптардың бәрiн iздеп тауып, оқып, сақтап жүрген бiздiң Бәкең де, өте тақуа, бiлiмдар кiсi ғой» деп те, ойлап үлгерген кезi болатын.
Барлыбектiң қонақжай үйінде олар өткен – кеткенді айта отырып, қазақтың бүгіні мен ертеңін де қызу сөз қылған. Олардың осындай қылықтарының өзі көп жылдан бері кездеспеген осы екі адамды онан сайын етене жақындастыра түскендей. Кездесу бұлардың көптен бергі көкейін тескен сөздерiн жарастырып, олардың әңгiмелерiне жаңа желiс бергендей болды. Ең бастысы бүгiнгi қазақ елiнiң жай – күйiнен де сыр шерткізіп, оның бүгінгі жағдайына көз салғызығандай болды. Ел өмірінің көмескі тартқан тұстарына ой салғызып, соларды қозғауға да арқау болғандай еді. Әңгіме қыза – қыза келіп тіптен де, қазақ жерінің тұрмысы мен ел өмiрiнiң о жақ, бұ жағына апарып бiрақ шығарған. Осындайлық бiр сүйiспеншiлiкпен бұл екеуi жайма – жай отыра қалып, өздерiн толғандыратын елдiң жағдайын көптен – көп айтып кеткен. Бұлар елдiң ырайына қарай талай сөз қатысқандай болды.
Артынша Мұхамеджан болса өзiнiң осы жолғы сапары туралы тоқтап өткен. Ол елге қандай оймен келгендігін бастан – аяқ Барлыбекке білдірiп тастаған. Өзі болса осыған дейiн бұл туралы Жетісу елінде ешкiмге ләм деп сыр шертпеген. Мұхамеджан осыған дейін ел ішіне жеткенiнімен өзінің қандайлық шарумен келе жатқаны туралы бұл жақтағы жан баласына жақ ашып айтпаған–ды. Бүгін міне көкейіндегісінің шетін шығарар алдында соның барлық қыр – сырына тағы да бір қаныққандай боп, қиын тұстарын сезгендей де болып отыр. Осы тұстарды іштей өзi мойындаған сайын, келе – келе осыған дейінгі райынан тайсалғандай болды. Бiр жағынан бастапқы ойынан айнымауға өзi көнгісі келмеген адамдай қылық та танытып қалған.
Сондықтан болар, ол Барлыбекпен қайтара болған бүгінгі кезедесуде алдымен осы жайында айтып қалайын дегендей қып, суырыла сөйлеп кеткен.
Мұхамеджан мұның бәрін әу бастан бастарда, бiр жағы бұл қалай болады екен деп, бір жағы ыңғайсызданғандай да болған. Тіпті, енді бірде, айтудан айнығандай ой танытса да, бәрiбiр басын ашып алайын дегендей қып, ойындағысын ашып салған. Оның ендiгi сөздерiнiң ретi алда сайлануға тиiс Мемлекеттiк Думаға Жетiсу жерiнен депутаттыққа түсу жайында болып кетті.
Мұхамеджан енді ғана өзінің бұл жайында ойындағысын айтқандай болды. Енді бір кездері барып, ол ойын ары қарай сабақтап, жаңа бір түйінге тірегендей қылды. Бағанағыдай емес, оның ендігі ой желісінің бетбұрысы да басқаға ауып, тыңнан жол салғандай, елді күйзелткен жайды Барлыбек сынды ағасымен бірге ойласатындай, оған салған қолқасындай көрінді.
Мұхамеджанның ендігі айтпақ сөзі де, оның салмағы да, Барлыбекке қатысты болып шықты. Сол сөздерін бастар алдында Мұхамеджан қатты толғанып қалған. Ондағысы өзінің сөзін Барлыбек қалай қабылдайды. Сол жағы өзіне беймәлім. Осыған дейінгі әңгіме арасында Барлыбектің аузынан соған қатысты еш қандай да сыр айтылмаған. Оның бұл жайында қызығуы да, сұрауы да болмаған. Сол жағын есепке ала келе Мұхамеджан ендігі кезекте Барлыбекке қатысты болатын әңгімені бастар алдында тіпті оның өзіне сауал қойғандай қып бастауды жөн көрген. Сол есеппен ол өз сөзін Барлыбекке қаратып, сөздi арыдан бастаған. Мұхамеджан сәл бәсең дауыспен:
– Аға мен ел шетiне келгеннен бергi байқағанымды айта кетейiн деп едім. Сіздің бұл жақтағы елге ықпалыңыз күшті, бірталай абырой мен беделіңіз де жоғары екен!… Елде сізді қатты қадыр тұтып, жақсы атайды. Сол жағынан қарағанда сіздiң өзiңiз неге тiптен осы жақтан Думаға сайланбайсыз?! Сайлаудан мүдірмей өтетініңіз анық қой! – деді. Осысын айтып ол Барлыбек жаққа аңтарыла қалған сыңай байқатты. Оның бұл қарасында «осыған маған қарағанда сіз лайықтысыз» дегеннің сыңайы айтпаса да білініп қалды.
Мұхамеджан мұны айтуын айтса да, көп асығыс сөйлеп қалдым ба дегендей болып қалған. Оның қазіргі бет әлпетінде әлденеге дегбiрсiзденіп тұрған адамның табы бардай.
Барлыбек болса мұның айтқандарын үндемей тыңдады. Мұхамеджанның өз аузымен осылайша айтылып қалған мына сияқты сөздер де, Барлыбектi бір уақыт тосылтып тастағандай етті.
Мұхамеджан өзі үшiн дәл қазiр түп – төркіні ала бөтен, бөлек сөз бастап кеткендей болды. Бiрақ, бұл айтылғандардың байыбын Барлыбек сезгендей болып отыр. Қалай айтылса да, қандай жолмен айтылса да, бұл сөздерді Барлыбек іштей мақұл көрген жоқ. Оның бұл туралы ойы да, о бастан–ақ, басқаша еді. Барлыбек сол жайлы ойлап, соны екшеп отырған тәрізді.
Осылайша төтеннен кеп бастаған мына бір әңгiмесiмен Мұхамеджан – Барлыбекті бір қиянға тіреп тастағандай болған. Онымен қоймай ол бүгiнгi күнгi ел ішіндегі өзіне деген көзқарасты да білдіргісі келіп, бір жағы өзін бөтенсітіп отырған секілді. Сол жайдың шетiн көрсетем деп, бұл жақтағы елдің әзірге өзін керексініп отырмағанын да білдіріп тастағандай қылды. Сөзінің астарынан бір түрлі елге де өкпелідей болып көрінгендейі тағы бар. Ондай болса оның нені меңзеп отырғаны Барлыбекке біліне бастаған сияқты. Барлыбектің ойынша, Мұхамеджан: «Жетісу елі мені сайлағанша сені сайлағаны абзал болар» дегісі келгенді өзінің алдына көлденең тартып отырғанға ұқсайды. Сол жағынан алғанда да, бұл – Барлыбек үшін қию қисынсыз, ала бөтен, қиын іс болып көрінген.
Барлыбек – Мұхамеджанның бұндай сөздi неғып ұстанып отырғанын тез аңғарып:
– Қарағым–ай, неге былай ойлап қалдыңыз! Мен байқар болсам, бiр түрлi елге де өкпелі сияқтысыз? Жетiсу елi ендi ғана өзiңiздi танып жатыр ғой. Бәрi де ойдағыдай болады. Күмiлжiмей–ақ, қойыңыз ол үшiн. Елдің өзi–ақ, ақ пен қарасын тез ажыратып алады – дедi.
Барлыбек – төтенше айтылған мына жағдайға бір жағы түсiнбестiкпен қарап, соған уайым қылып отырған сияқты. Оның бұл сөзге наразы екені даусыз. Бағанадан бергi қызықты әңгiменiң ендiгi өрiсi осыған қалайша ауып кеттi деген көңiлмен Барлыбек бiр түрлi құлазып қалғандай да болып көрінді.
Енді Мұхамеджан айтылар сөз айтылды деген ойменен ендi тiптi бір жола ашыла сөйлеген. Ол енді көңiлiндегiсiн аяғына дейін ақтарып салуға белді бекем буған түрмен:
– Менің пайымдауымша бұл жақтағы біздің ел мені жөнді танымайтын да сияқты, олардың онысы дұрыс та болар. Өйткені мені ыңғай сыртта жүрiп, жат бауыр болып кеттi десе де, құба – құп қой. Лажы солай шығар. Оның үстіне мен өзім сiз сияқты әлі де болса ел танырлық, елге танытарлық дәнеме де бiтiрмей жатып, елдің көңілінен шығатыныма өз басым сеніңкіремеймiн. Ендеше елде маған қалайша сенер екен деймiн! Сол жағынан алғанда Жетісу халқы мені Мемлекеттік Думаға тіпті де, сайлай қалатындығына шынын айтса көзім жетіп тұрған да жоқ! Осы бiр ойдан қарайтын болсақ Жетiсу елiне менен көрi сiз көп танымалсыз. Сiз жақынсыз. Сондықтан да менiң айтатыным бұл iске өзiңiз лайық емеспiсiз – дедi.
Мұхамеджанның бұл жолғысы Барлыбекке салған қолқадай боп шықты. Ол ендігі сөздің мәнi неде екенiн бүге алмастан, Барлыбекке анық жеткiзгендей қылды.
Осыдан соң бiраз уақытқа дейiн екеуi де жаңағы айтылғандарды ой елегінен өткізгендей болып отырысып қалған. Сонан кейiн, шамалы уақыттан соң барып, Барлыбек:
– Неге?! бұлайша ойладыңыз... – деп, елең ете түстi де, артынша күмілжіп қалды.
Әншейінде асықпай, баппен сөйлейтін Барлыбектің даусы осы жолы әдеттегісіндей емес, күмiлжiп қалғандықтан да болар, біртүрлі бәсең тартып, өзгеше боп шықты. Ол Мұхамеджанға аңтарыла қараған күйінде, оның жүзінен көзін алмай отырып қалған. Дәп қазіргі оның сырт пішінінен Мұхамеджанның өзiне жеткізгендерінің сырын да тезiрек бiлгiсi келетiндей сыңайдың белгісі көрiнiп тұрғандай.
Бағанадан бері Барлыбек елге келген Мұхамеджанның көңiлiнде осы кезде күпті бiр дүмпудің бар екенiн сезсе де онысын білдірмеген. Енді міне соның сыры ашылып отыр. Барлыбекті қазір мазалап отырған нәрсе Мұхамеджанның күрт өзгеруі. «Бұл өзгерудің астарында не жатыр. Елге налығандай болғаны несі» – деген ойлар оны мазалап, бiр жағынан қайран қалдырып та отыр.
Мұхамеджан бар сөзiн анық қып, айтса да, оның сөзiнiң астарында әлi де айтыла қоймаған бiраз жай бардай. Соны Барлыбек аңғарса да, дөп басып, үстiнен шыға алмай дал болды.
Мұхамеджанның осы ойларының түп – төркiнiн аңғарғысы келiп отырған Барлыбек үшiн де ең қиыны осы болды. Оның басындағы қазiргi жағдаят шешуі қиын, өзі дәл осылай болады деп күтпегендей еді. Ендi солары бұған түртпектеп, көңiлiн қобалжыта түскендей қып: «Мұхамеджанның мұнысы не дегені?, Қандай оймен айтылды екен?. Неге бұлайша, елге де өкпелі болып қалды ма?. Бiздiң сенiп жүрген кiсiмiздiң сондағысы не?» – деген таңырқау мен күдік аралас ойларға айналғандай болды. Барлыбектің дөңгелек келген көздерінің жанарлары да, осы кез сәл – пәл ұлғайып, бір түрлі өңінде аңтарылғандықтың белгісі басымдау сияқты. Оның ақ – сары тартқан жүзi де, бұл кезде аздап қана болса да, күреңiте түскен тәрiздi.
Мұхамеджан болса ағасындай көретін, ақылы мен айбары Жетісу еліне мәлім кісіні састырғандай болғанымен қоймай, өзi үшiн де, бiр түрлi ожарлау шыққандай болған жаңағыдай сөзiне ыңғайсызданып қалса да, осы бiр кезде қарап отырмай бәрiбiр Барлыбекке «әкесі өлгенді де естіртедінің» керімен орайы келген сөздi аяқтағандай қып:
– Әй, қайдам? Менің өзіме де, тiптi керек десеңiз сөзіме де, бұл жақтың халқының құлақ түрiп, көңіл бөліп жатқаны шамалы болар деймiн. Олардың құлқы да басқаша ма деп қалдым. Әзірге, барды қанағат тұтатын халықпыз ғой. «Барлыбектей асылымыз қолда тұрғанда, айдаладағы Қоқан жақтан қоқаңдап келген мына біреуді не қыламыз?!» дейтін шығар, бұл жақтың кiсiсi – деп, Мұхамеджан әуел бастан–ақ, өзінің осы іске төтеннен қосылғанына өкінішін білдіретіндігін де, тебiрене сөйлеп, жасырмай айтып салды.
Осылайша ол бар сырын ақтарып салғандай етті. Өз ойындағы барлық күпті күдiгiн де осымен шығарып тастағандай болды.
Барлыбек мұны бірнәрсеге ренжіп, көңілі қалған адамдай болып отырған жоқ па деген оймен, оның жүзіне зер сала ұзақ қараған. Бірақ та, ол осылай деп ойласа да, оның сөзінің сыңайында біреулерге өкпелі екендігінің, немесе басқа бiр өкінгендік сияқты дүдәмал ойлардың еш белгісі жоқтай көрiнді.
Барлыбек оның жүзінен ондайлықты аңғармаған соң, жаңағы айтылғандарды қалай ұғынарын білмей қалғандай дүдәмал ойға кеткендей еді. Ол аяқ астынан айтылған сөзге не жауап айтсам деген кісінің кейпімен отырып қалған секілді. Тек осыдан кейін барып, Барлыбек бұл сөзге көнбейтін кісінің сыңайымен, жаңағы айтылған сөздің мағынасына ден қойып, бет әлпетін болжағандай болған. Енді қысқа ғана ойланып, қалғанын сөз қатқанда барып бір жолата анықтайтын пішінмен отырған пейілде сияқты.
Барлыбектің қазіргі мына түрі – Мұхамеджанның жаңағыдай сөзі өзіне қатты әсер еткен, тіптен жан дүниесіне түрпідей тиген адамның кейпіне көп ұқсас та еді. Онымен де қоймастан, бұл жолы осынау жалған дүние iшiнде бағанадан бергi жалғыз еместей болғандығы бірте – бірте сейiле қалғандай. Тағы да, бәз баяғы қалпы, мына бір жапан дүниеде бір өзі жалғыз қалып бара жатқан адамның қасiретiне душар бола қалғандай ма, қалай өзі.
Барлыбектің осылайша қатты сасып қалғанын Мұхамеджан да сезіп, өзі осы қылығына қатты ыңғайсызданып қалған. Бірақ ол осының бәрін өз ой елегінен өткізіп: «Енді қайттім, айтылған сөз – айтылып кетті» дегенді бетке шіркеу етіп, соны ұстанып отырған сияқты. Ендi оның өзі де нақ сергелдеңге түскендей күйде еді. Осындай ыңғайсыздыққа душар болған Мұхамеджан, қысыла түсіп: «Бұл өзі дұрыс болмады, мына сөздің бір ұшы Барлыбекке де тиіп кетті ғой деймін? Оның Жетісу елі үшін асыл екені рас, бірақ та, сондайлық асылмын, губернатордың адамымын, ұлықпын деп шалқып, кеудесiн көтерiп жүрген ол жоқ. Қайда болмасын, қайда жүрмесін қазақтың баласы үшін жанын бергелі жүр. Мен болсам бейсауат, бейберекет сөйлеймін деп, осы кісінің де жанына тиiп кеттiм ғой деймін» – деп ойлаған Мұхамеджан іштей қатты өкініп қалды. Осыны айтарын айтып қалса да, Мұхамеджанның өзі де әттеген–ай, деп, бір түрлі назалана қалып, амалы таусылғандықтан күрсініп те қойды.
Енді өзі де, мына үзілген әңгімені қалай жалғарын білмегендей боп, амалы таусылғандай болып отыр. Жаңағыдай ойлар көбейiп, араларындағы үзiлiп кеткен әңгiме өз жалғасын таппай, ұзара түскендей. Мұхамеджанның өз басында да, әзірге сыр бермей тұрған, мұның өзіне ғана аян, зіл батпан күдік бардай. Ол күдік – басқаның бойынан ізделетін күдік емес, дәл қазір бұл жағдай – Мұхамеджанның көңілін күптi қылып тұрған өзінің жеке басына деген күдігі сияқты.
Басында ол өзі бар сырын Барлыбекке айтып ағынан жарылғандай болса, енді қазiр олай емес. Дәл осы сәтте оның ішкі сезімі «Енді неге соншама тұлан тұтып шыға келдiм екен? Айтқандарымның бәрi қайта айналып кеп, өзiме тиерлiк болды ғой деймiн? Жаңағы сөздерімнің түп – төркіні мені Жетiсу халқы Думаға сайлауға дайын ба, жоқ әлде басқаша ойлай ма, неге маған татырлық ілтипат көрсетуден тайынуға тиіс дегендей болып шықпаса нетті. Бiр жағынан олар менi неге Барлыбектей көрмейдi дегендей ғып, мiндетсiгендей де болдым–ау, түге! Маған істейтіндеріңді істеп бағыңдар деп, бiр жағы елге қарап бәлсінгендей де болдым–ау, менің осым қалай болғаны өзі?!» – деп, Мұхамеджан тіпті өзiн жегідей жеп, «әліптің артын күтпей менікі не, ықтиятсыз, аңғал сөйлегеніме болайын» деп, өзiне – өзi қынжылып та қалған еді.
Қазір ол енді айтар сөздi айтып қалса да, бекер айттым деп, соған көңiлi күптi боп, бiр түрлi ыңғайсызданып, именіп қалғандай боп отыр. Осы бір екеуара ыңғайсыздау үнсіздік аз – маз болса да созыла түскендей. Дәл қазір бұл екеуiнiң әрқайсысы да өзімен – өзі болып, жаңағы айтылғандарды ой елегінен өткізгендей болар. Бiреуi сәл аңдамай сөйлегендей болдым деп жазғырынса, екiншiсi осы бiр тұйықтан есебiн тауып қалай шықсақ екен деп отырған секілді. Екеуі де осындай бір жағымсыз күйлердi бастан кешіп отырған едi. Онымен де, қоймастан өзара ойлары да, терең белең ала бастағандай. Бұлар осы кезде екi ойлы болып отырса да, бiр – бiрiне қатты сенетiндері әу бастан бар еді. Ал бірақ та, дәл осы кезде Мұхамеджанның жаңағыдай тыңнан қозғаған сөздері Барлыбекті қатты састырып тастағаны рас. Оның ішкі жан дүниесінің қобалжып, ұйқы – тұйқы болғаны содан да болар. Барлыбекті қобалжытқан бірақ нәрсе – ол Мұхамеджанның алдағы сайлауға түсуге дайындалып келіп, аяқ астынан ол ойынан айнып, бұған қолқа салғаны болды. Бұл – Барлыбек үшін күтпеген жағдай еді.
Барлыбектiң қазiргi кескiнiндегі көзге iлiнер – iлiнбес болған iшкi жан дүниесiнiң толқуы да, осының белгісі болса керек.
Барлыбек ойланып қалған сияқты. Оның жұқалау келген жүдеу өңі ұзақтан берi ауырып жүргендiктен болар, қан – сөлсіз, боп – боз боп, сәл қуара түскен. Ол қазір Мұхамеджан айтқан жаңағы сөздерге байланысты не деп жауап берерін білмей толғанып отырған секілді.
Осылай болары – болса да, мұның себебін әркім өзінше жорып отырса да, Барлыбек – Мұхамеджанды тез арада райынан қайтарып, тиып тастаудың амалын іздеп отырған еді.
Барлыбек – «алдағы сайлауда Мұхамеджан қалайда Дума депутатының сайлауына түсіп, елдегі кетеуі кетіп, кезеңі жеткен жайларды патша үкіметінің назарына жеткізуі керек, онан кейінгісін тағы да көре жатармыз...!» деген пікірмен:
– Шырағым, неге олай ойладыңыз? – деп, үн қатты. Ол шынымен мына сөзден қатты сескеніп қалған адамдай боп, Мұхамеджанның жүзінен көзін алмастан, таңырқай қарап қалған қалпы сөйлеген.
Барлыбектiң осындай боп, әбігерге түсіп, үндемей ойланып қалғанын Мұхамеджан бағанадан қабағынан танып отырған. Амал не енді, айтылар сөз айтылып кеткен. Өзiнiң аңдамай сөйлегенiне өкiнiп, сарсалаңға түсiп бұл қалған.
Шамалыдан кейін барып Барлыбек назарын Мұхамеджан жаққа аударып, өзiнiң үйреншікті сыпайылығынан бір таймастан:
– Мұхамеджан қарағым, бәріміз де, өзіңізге үлкен үміт артып отырмыз. Елдің жоғын жоқтайды, күбін күптейді, биік жер, үлкен мінбеден айтыларды айтып, арашашы болса деген тілектен басқа елдің сізге қояр еш кінараты жоқ қой! Дәл қазір еліңіз сізді еш бөтенсіп отырған жоқ. Қайта өшкенім жанды, жоғалғаным табылды деп отыр ғой! Осыған еліңіз қайта қуанбаса, өкінбейді! деді.
Барлыбектiң мұнысы Мұхамеджанның өзiнің бағана айтқан: «ел мені білмесе, елге де менің қажетім шамалы ғой» дегізгендерінің мәнісін ұғындырғысы келгеннiң сыңайына қаратып айтылғандай көрiндi. Өйткені Барлыбекті осындайлық тұжырымға әкелген, Мұхамеджанның жаңағыдай айтқан сөздері болған секілді. Қазір де Барлыбектiң көкейiндегiсiндей болғаны: «өзі өгейсімесе, елі бұл Мұхамеджан сынды азаматын неге өгейсісін, әзірге ондайға тізгін боларлық сөз елдiң арасынан шыққан жоқ қой. Олай болса Мұхамеджанға мұны айтқызған не болды екен?!» – деп те ойлатқан. «Мұхамеджанның мына сөздерi жайдан – жай айтылмады ғой, оны да осыған итермелеген бір себеп пен жағдай бар ғой. Әйтпесе ол былайша оқыстан кетпес еді» деп тұжырым жасағандай болған.
Мұхамеджанның айтқандарына байланысты болған Барлыбек ойының беталысы осылай шықты.
Бұған дейін Барлыбек осы іске араласқандай болып, ішінен сайлаудың сәтті аяқталатынына күмәні болмай, іштей соған сеніп, қуанып жүрген еді. Енді кеп, аяқ астынан мұның бәрі өзгеріп шыға келгені оны қиынға әкеп тірегендей етті. Онда да, өзі осыған дейінгі арқа сүйеп, Думаға сайланбақшы болып жүрген адамның сол жолдан айнығандай болғаны Барлыбекті қиын – қыспақ, тар жолға әкеліп соқтырғандай болды.
Барлыбектің өзінің де талайдан күткен игі ісі емес пе еді – Думаға қазақ баласының сайлануы. Олай болса соған қол созым қалғанда істің өзі сарсалаңға соқтырардай болғаны мұның жанына қатты батты. Енді осыдан бір нәрсе шығады деп, дәмелендіріп жүргені де, бар сенетiнi де, Мұхамеджандай қазақ баласы болса, оның да айтып отырғаны мынау болса, басқадан не күтуге болады. Мұның ар жағы тағы неге апарып соқтыратыны Барлыбек үшiн жұмбақ, белгiсiздеу болып тұрғаны анық едi. «Бұл сөздiң астарында не жатыр? Не сыр бар?»...деген Барлыбек ойы қайта – қайта тығырыққа тіреліп, іздеген жауабын таппай жатыр. Бұл мәселенің түбі немен аяқталары – тағы бұған мәлiм емес. Қалайда Мұхамеджанның мына сөзiне қарағанда, осының бәрi Барлыбек үшiн түйіні шырматылған, шешуі қиын мәселеге айналып бара жатқандай көрінді. Бір жағы мұның бәрі Мұхамеджанның көкейiндегi айтылмай қалған сырдың пұшпағы сияқтанып көрiнiп қалғаны тағы бар.
Барлыбектің жан – дүниесін алай – түлей еткен тағы бір жайдың сыры мынада еді, сол өзіне қайта – қайта: «оқыған, бiлiмдi, өкiмет iсiне де, ел iсiне де мығым боларлық Мұхамеджандай азаматқа мынадай сөздi айтқызған нендей жағдай болды екен?» дегiзiп, бiр уақыт сергелдеңі көп ойға түсіріп қойғанымен қоймай бір жағынан өзін қатты өкiндiрiп те тастағаны рас.
Арада сәл – пәл үнсіздікті тағы да Мұхамеджан бөлгендей болды. Енді ол бағанағы айтылып қалған «ел мені өгейсімейдіні» былай қойып тағы да бір оқыс әңгіменің шетін шығарып, бастап кеткендей болды. Бұл жолы ол өзі о баста көздеп шыққан мақсатынан не себеппен айнығандай болғанын ашық айтып, бұл турасында сөзін нық қып айтты. Мұхамеджан тағы да, ойлы көздерін Барлыбекке бұра қарап:
– Барлыбек аға, мен емес Думаға сіз лайықтысыз, нақтысында сіз сайлануыңыз керек сияқты! Сіз неге осы Думаға сайлауға түспейсіз?! Сайлаудан бір мүдірмей өтетіңіз анық! – деп, бағанағысын қолқалағандай болып тағы қайтара айтып салды.
Бұл жолы Мұхамеджан Думаға өзі емес Барлыбек сайлануы керек екендігіне енді анық көзі жеткен адамның пиғылын танытқандай болды. Неде болса ол осы жолы да ойындағысын айтты. Онысы жай сөз емес, шын пейілмен айтқан сөздей болып шықты.
Мұхамеджан осылай деп, шын көңілімен «Барлыбек бұл айтқандарымды нақтысында қабылдап, дұрыс түсінсе етті» деп ойлаған болатын. Басында Дума сайлауы Мұхамеджан үшін басқаша болып көрінгені рас. Ол елге осы келiсiнде де, құр амандасуға келмегенi белгілі. Олай болса ол өзі алда тұрған iстi бастамас бұрын бұл жақтағыларға үлкен бір сенiм артып келгенi де белгiлi болғандай еді. Енді соның бәрі басқаша болғалы тұр.
Бағанағыдан бергі іштей ширатылған күдік Барлыбекті толғандырып, әр алуан ойға түсіргені бар. Сол ойлары оны біресе ренішке әкетсе, енді бірде үмітке беттетіп, бәрі де бастапқыдай боладыға сендіретін секілді. Өстіп, әр кез сайын Барлыбектің де қобалжып, тұрғаны содан болатын.
Осыған дейінгі еміс – еміс хабарлардан Барлыбектің білетіні – сайлау болады екен, әуелі ең жоғарғы өкілеттік орган Мемлекеттік Думаға да қазақтан депутат сайланады екен деген дақпырт қана болатын. Бұл сайлауға Барлыбектің пікірлес достары Бөкейханов, Қаратаев, Байтұрсынов сияқты, тағы да басқа зиялылар жағы соған дайындалған да болатын. Олар бұған да хабар салып, сайлауға түсуге шақырған еді. Бірақ Барлыбек өзі ауырып, науқастанып жүргеннен кейін оларға хат арқылы «Жетісудан шыққан инженер Тынышбаев Мұхамеджан осыған көп лайық, соған қолқа салайық» дегенді айтқан. Бір оңдысы Мұхамеджан өз жағынан бұл хабарды дұрыс қабылдап, алдағы сайлауға түсуге дайын екендігін білдірген.
Дәл қазір Барлыбектің барлық ой–өрісі бірақ нәрсеге бағытталғандай болып тұр. Онысы Мұхамеджанды қалайда райынан қайтарып, оны Дума сайлауына түсуге бет бұрғызу еді. Барлыбек бұл жерде дауласқысы келмеген. Барлық айтылатын сөзді ақылға жеңдіріп, салмақты Мұхамеджанның өзіне салуды көздеген. Сондықтан да, ол әлi де болса әліптің артын күтіп, кей – кездері қызбалыққа берілмей сәл сабыр сақтап отырғандығы да осыдан еді.
Осындай ойларын межелеп алып, Барлыбек:
– Қарағым, екеуміздің де қазір ойлап отырғанымыз бірақ нәрсе – ол елдің жағдайы. Олай болса сол Думаға сіздің де атақ пен абырой алғалы барайын деп отырмағаныңыз белгілі. Елдiң – елдiгiн бiлмеген, құдайдың бiрлiгiн де бiлмейдi. Сіздегі бар көңiл де тек қана, қазақтың бір қаракетіне жарасам дегеніңіз ғой. Біле білсеңіз менiң де көкейiмдегi осы ғана, осыдан бөтен ой жоқ менде. Сіз сияқты бiлiмдi, кемелдене түскен шақтағы, қазақтың жігерлі жас жігітінің Думаға сайланғаны оңды болар деп ойлаймын. Соны елдiң пайдасына жарата бiлу де бiзге өте қажет болып тұрғаны ғой – деді.
Бір уақытта барып, Барлыбектің байыпты көзқарасы осы үйдегi ең кең бөлменің ішін көзімен шарлап кеткендей болып, сол қалпында барып бiр ноқатқа қадала қалғандай боп тоқтады. Содан кейін барып, оның өзi жаңағы сөздi зерделеп, елеп – екшеп отырған адамның кейпімен, біраз толғанып отырған күйi:
– Ал мен болсам, менің қазіргі жайым бөлек, соңғы кезде көп ауыратын болып жүрмін. Естіген де шығарсыз сондай аурудан ағам Тұрлыбектің опат болғанын. Жазмыш қанша ғұмыр берсе де, бодандықтың шырмауынан көзін аша алмай отырған халқыма қызмет етсем деймін. Өзіңiз сияқты көптен – көп, қазақ оқығандарының бар тілегі де осыған ұқсас бір–ақ тiлек. Сондықтан мансапты былай қоя тұрып, сол мансапты халықтың керегіне жаратудың өзi – ол тiптi басқаша жағдай. Бiздiң елге керекті нәрсе де – сол болар. Бізге қажеті де, еңсесі кеткен елдің бір жағына шығу ғой деп ойлаймын – деп барып кідіріс жасады. Арада тағы да сәл үнсіздік пайда болды. Барлыбек те, оның айтқандарын тыңдап отырған Мұхамеджан да, осы кезде үн – түнсіз қалған. Әр қайсысы өзімен – өзі боп, ой жетегіне беріліп кетіпті.
Қазір де, Барлыбек көңілін су сепкендей қылған бірақ нәрсе – ол Мұхамеджанның айтқандары еді.
Барлыбек жаңағы айтылып қалған сөздердi қалай елемесiн, қалайша ескермесiн. Сондықтан болар, ол тағы да осыларға байланысты ішкі сырын тегіс айтып қалмаққа бел буғандай болып отырған.
Барлыбек терең күрсiнiп қойып, қабағын сәл түйді де:
– Ал шырақ, сiз бен бiз болып, біле – білсек, қал – жағдайы мүшкіл болған бiздiң елдің қажетіне жарау, оңай дейсіз бе? Бодандықтан есеңгіреп, аяғынан тәлтiректеп, тік тұра алмай, тұралап жатқан біздің халық үшін қызмет қылуды мына сіз ойласаңыз, сізге қосылып мен ойласам! Сонымыз жаман ба? Жоқ! Жаман емес! Әрине, жақсы! Сіз сияқты, мен сияқты ойлайтындар, бұл күнде қазақ арасында құдайға шүкір, аз емес. Бүгінде халық үшін отқа оранып, суға сүрінетіндер де олардың арасынан көптеп табылып қалады. Ондайлар елдiң арасынан біртіндеп шығып та жатыр. Халқымыздың қамын ойлап, керек болса сайлауға түсіп әуре боп, патша қызметінен де жиренбей, кiрiсу қажет. Сол үшiн де керек болса шен – шекпен алып, оқалы мундир киiнiп, оның бәрiн осындай игiлiктi iстерге пайдаланып қалуды ойлағанымыз жөн. Соған бола тiптi де, қажет болса елдің аз да болса сауатын ашуға қам жасауымыз керек. Қазақ жерінде сол үшін школ ашып, газет шығарып жатқандар да баршылық. Сондайлар осы Жетісу жерінде де табылады. Елдiң ендiгi елдiгi – самарқау болса да оянып келедi. Сондай тірлік істеп жатқандар өзіңіздің туған жеріңізде де басталған сияқты. Елді аралағанда ондай адамдармен де өзiңiз әлі кездесерсіз.
Думаға сайланып, елдiң қамын жеу үшiн қызмет жасау, ол оңай шаруа емес. Оған өзіңiздей көзі ашық, көкірегі ояу, ел үшін отқа да, суға да түсуге даяр адам керек – бұл күнде. Ондай адам өзіңізсіз! Сіз өзіңіз бастағалы отырған осы істі аяғына дейін жеткізсеңіз екен деп ойлаймыз.
Тартынатын, қайта ойланып, толғануға уақыт жоқ! Өзге болмаса да, өзіңізге түсіп тұрған салмақ деп ойларсыз мұны да – деді Барлыбек. Ол сөзін аяқтарда Мұхамеджан алған бетінен айнып қалмасын дегендей қып, соңғы сөздерді нық дауыспен бастырмалата айтып салды.
Барлыбектің мына сөздері Мұхамеджанның бұрын да, «артық кетіп, ағат айттым ба?» деп, именiңкiреп қалған көңілін онан сайын басып тастағандай болды. Бірақ Барлыбектiң қазiргi айтқандары осы жолы Мұхамеджанға өз қазағының жан айғайындай болып естiлдi.
Айтылар сөз айтылып, білінетін ойлар білінгеннен кейін, бұлар тегіс бірталай уақыт үндемей отырысып қалған. Екеуара осы кезде аз – кем бөгеле қалса да, өз ойларын сарапқа салып, айтылмаған тағы не қалдымен отырғандай едi. Айтылар барлық жай айтылғандай болды.
Мұхамеджан бұл тұста сабасына түсіп, Барлыбектің ағалық ақылына бой ұрғандай болды. Осы кезге дейін қазағы үшін неге болса да дайын екендігін білдіргісі келсе соның орайы енді келіп тұрғандай. Бұған дейін Барлыбекпен екеуінің арасында болып көрмеген мына сипаттағы әңгіме, «оның көңіліне қаяу түсірмесе болды» дегенді ойлаған. Әйтпесе қай тұста, қай істе болмасын, бұлар жай – күйлерін айтыспай ұғысатын еді ғой.
Осыны ойлана күрсiнiп отырған – Мұхамеджан, iшiнен езiлiп, у қорғасын iшкендей болды. Ары қарай осы бiр келеңсiздiктi қалай жуып – шаярмын деген күйдi кешіп отырған.
Бір уақыттан кейін барып Барлыбек сол баяғы бипаздай болған түрмен, өзiне тән биязы дауыспен:
– Ештеңе жоқ, айтатынның бәрін айттық. Ойдағы сөздiң бәрiне қонақ бердiк. Елге сеніңіз, сайлау дұрыс өтетіндiгіне менің күмәнім жоқ. Қазаққа үлгi боларлық iстен тайсалмау керек! Тек қана менің сізге айтар ағалық ақылым өзiңiзге кандидаттыққа осы Алматы маңындағы елдiң беделдi, жайсаң азаматтары бар. Осы жақтағы елмен ол туралы да ақылдастық. Елдiң сол туралы да айтатыны бар. Онысы осы жақтағы Жайылмыш болыстығындағы волостнойы – Сәт деген өте бiр сыйлы, ақылды, елге аңқылдаған көңiлi ақ, азамат осыған көп лайық дейдi – деп, Барлыбек ендігі сайлау жайындағы тағы бір жайтты ел атынан мұның өзiне де қолқа салғандай ғып жеткізді.Осындай ниетпен сөзін тұжырта келе ол :
– Елдiң айтқаны – айтқан, шындығында да кандидаттыққа Сәт дұрыс болар. Сол Сәт болысқа өзiңiздiң атыңыздан да қолқа салып қойған дұрыс шығар. Өйткенi осы маңайдағы қазақтың көбіне соның сөзі өтімді. Мен де ол кісіге сенемін. Бұл бойынша тағы басқа да керектісіне қарайласамыз ғой, ел боп, жұрт боп – деді.
Бағанадан берi дағдарып отырған Мұхамеджан, бiр сәтте өзiнiң қағiлез келген жинақы денесiн тiктеп алып, Барлыбек жаққа қарап:
– Барлығын да түсіндім. Менен болмастық кеткеніне ағасы еш ћафа болмасаңыз екен, соған сiзден ћафу өтінермін! – деді ол ширақ үнмен. Оның қазіргі мына даусында шұғыл өзгерiс бар сияқты. Мұхамеджан осысымен де арадағы өзі айтып қалған кикілжің сөздi жуып – шайып жiбергендей болды.
Мұхамеджан осылайша Барлыбектей ел ағасының үйiнде аунап – қунап, жата қонғаннан кейiн, Барлыбек оның барлық шер – мұңына қанығып қалды. Күн iлгерi, арғы жақтан барлығын ойлап, елеп – екшеп келiп, ақырында ортақ уәдеге кеп, серттескендей болған.
Барлыбек Мұхамеджанның қасына серік болар бірнеше кісіні қосып берiп, сонымен бiрге Жетісу елінің беделді, ел ішінде сөзі өтімді дегендерінің бәріне хабар салған. Барлыбек болса бұл күндерде, өзіне Мұхамеджан қозғаған мәселенің аса келелі екенін алдын – ала ойластырып қойғандай етіп, ел жаққа хабар жіберген. Сол хабарында ол: «Сіздерге бара жатқан кiсi – осы елден шыққан. Өзі орысшаға жетiк, көп оқыған, өмірде тоқығаны одан да жетерлік. Қазiргi кезде қазақ үшін аса қажет істермен шұғылданып жүрген азаматтардың бірі – өзіміздің Мұхамеджан Тынышбаев деген Жетісу өңірінің жігіті болады. Сөзіне құлақ салып, тыңдаған абзал болар. Бiздiң қолдан келгендi оның жолынан аянбалық. Болашақтағы оның жасамағының бәрі ел игілігі, қазақ халқы үшін болмақ» – деген сәлемін де, ел ішіне қоса аттандырған. Оның бұл хабары да Мұхамеджан Верныйдан шықпай–ақ, Жетiсудың барлық ауыл – аймағына шашау шықпай жеткен болатын.
Мұхамеджан кейінірек барып білді, Барлыбектің өзі үшін жасаған еңбегінің қисапсыз көп екенін. Бүгін мiне енді соның барлығын ой елегiнен өткiзiп, бағалағандай болып отыр.
Барлыбектің осындай қамқорлықтарын білген сайын осының бәрі оны қатты толғандыра түскендей. Мұхамеджан – бір жағы Барлыбектің өзі сияқты «қаймана қазаққа» жасап жатқандарына көңілі марқайып қалса, басқадай бір ойдан оның ел аузынан түспеуге айнала бастаған, «елжанды» қасиеттеріне де дән риза болғандай едi.
Бір жағынан Мұхамеджанды қайран еткен жайт – Барлыбектің осындайлықты өз халқын жақсы көретіндігі, қазағы үшiн «тіпті iшкен асын жерге қоятындай» қасиеттерi сияқты. Осы күнгi қазақтың iшiнен шыққан оқыған, зиялы азаматтарының ішінде де, осыған байланысты көзқарастары да, әр түрлі болып келетіні, жасыратыны жоқ кездесетіні бар. Ондайлардың қайсыбірі соншалықты кереқар тартып тұратыны тағы бар. Сондайлардың бiр қатары бұл күнде де қарақан басының қамын ойлайтын болар. Ондайларды да Мұхамеджан біледі. Бірақ та, Барлыбек болса, солардың iшiндегi елiне жаны ашитыны, елiнiң жағдайын көп ойлайтындарының бірі болып көрінетiнi рас. Оған елдің көзі жеткен.
Мұхамеджанның да Барлыбекті бала күнінде кездестіргеннен кейін көріп тұратыны аса сирек болатын. Сондықтан да болар, оның оған деген көңiлi әлі сол қалпында, бәз баяғы, бала күндегiсiндей еді. Сол бала күніндегі алғашқы кездесулері бәз баяғы қалпы, осы күнге дейін Мұхамеджанның көз алдында тұр.
Ол кезде Мұхамеджан бар болғаны он жастағы бала едi. Лепсiдегi атақты Садырдан шыққан ғұлама, Қалдыбай қалпенің Қаратоған деген жерде ашылған мешіттің қасындағы медреседе оқып жүрген шағы болар.
Мұхамеджанның жас күнiнен бастап әр нәрсенi бiлуге құштар көңiлi мұсылманша оқудың берерiнен әрi асып жататын. Ал оның өзі болса айналасындағының бәрiн бiлуге құмартып тұратындығы бар еді.
Мұхамеджан сықылды баланың ой – өрiсi медресе оқуының сыртына шығып, тiптi ағыл – тегiл асып жатуы да, о бастан тегін емес еді. Лепсi медресесiнiң алары мен берерi де бұған тарлық етуi содан да болар. Мұны Қалдыбай имам да, әсіресе оның Мұхамеджанмен қарайлас баласы Ахметсафа да, әу бастан байқайтын болған. Әйтеуiр, садыр елінің қарапайым қазағы Тынышбайдың осы баласының төңiрегiнде әр қалай дақпырт көп. Көбінесе сол дақпырт ел iшiнде шуға айналып жататыны да рас. Осы бала жайында ел ішінде әр қалай айтылып жүрген, түрлі – түрлі, алып – қашпа, сыпсың сөздер де көп болатын.
Мұхамеджанның бала жүрегі елдегі болып жататын елеулі оқиғаларды қалт жібермейтін. Соның бәрін ұғып, жадына тоқи беретін. Құдай бiледi со тұста Барлыбек те, Петербург университетiн бiтiрiп, өз ауылына ендi ғана қайтып оралса керек. Шамасы жұрт жайлауда отыратын жаз мезгiлі болатын. Ел iшiнде дақпырт көп. Соның бiрiндей болғаны – Сырттан баласы Барлыбектiң алыста жүрiп оқу оқып, ендi елiне үлкен ұлық болып қайтқандығы едi. Осындай дақпырт сөз алдымен де Матай елінен басталып, бүкіл Жетiсу өңіріне тез тарап кеткен. Соның бiр шетi Қапалдан асып, тез арада Сарқан мен Лепсiге дейiн жеткен сияқты. Осыған байланысты елдiң таңдануы мен тамсануында шек жоқ. «Қалайша қарапайым қара қазақтың баласы осындай болар?!» деген таңданыс та, сұқтану да, ел арасында көп.
Осының алдында ғана, Мұхамеджан да, Лепсі медресесiндегі оқуында жүрген болатын. Медреседегі оқу өз жайында жүріп жатқан. Бұл жердегі алып – қашпа сөз көбінесе Қалдыбай қалпенің ашқан медресесі, онан қалса сонда оқитын шәкірт бала – Мұхамеджан жайында айтылатын. Әйтеуір, соңғы кезде Лепсi маңының қазағы – Тынышбайдың да, осы баласы тез арада жұрт көзiне түскiш болып кеттi. Оның да өзiндiк сыры бар. Ол – Мұхамеджанның бойына туа бiткен қасиетiнiң бiрi сияқты едi. Медреседе оқып жүргенде әу бастан–ақ Мұхамеджан өзінің әсіресе есепке ерекше жүйрік екендігін бiртiндеп білдіре бастаған. Сонысымен де бiрден елдiң көзiне түстi. Қандай сан мен санау, есептеу болмасын бұл соларды санауға өте – ұшқыр болатын. Осындай есептерге Мұхамеджанның тапқырлығы соншалықты не айтсаң да, ойша қосып – алып, көбейтіп – бөліп, дәл санын тез арада айта қоятын. Бұл Мұхамеджанның бойына туа біткен дарындылығы мен қасиеті едi. Ол тiптi кейде адам ойламаған нәрселердің де санын тура айтқыш, дәл үстiнен түсiрердей тапқыш болатын. Оның осыншалық зеректігі мен есепке жүйріктігі туралы дарыны күллі Лепсі өңіріне танымал боп, жұрттың бәрі білетін болды.
Бір кездері бұл дақпырт өрши – өрши келе ояздың да құлағына жеткен сияқты. Қарапайым қазақ баласының осындайлық дарынды қасиеттерін естіген Лепсі оязының бастығы, әу баста бұған онша сенбеген еді. Бара –бара көп айтыла берген соң, осының өзiн әуелде қызық көрiп, тексергісі келген сияқты. Бір жағынан мұның бәріне онша сеніңкіремеген де еді. Сол үшін өз көзімен көріп қайтқысы келген.
Ояздың өзi Мұхамеджанның аулына шабарманы мен кісісін жібертіп кеңсесіне алғыздырған болатын. Біраз сөйлесіп, әр түрлі сұрақтар қойып, Мұхамеджанды тексеріс жасайды. Әсіресе, неше түрлі санды айтып, біресе еселеп бер, біресе көбейтіп бер деп есін шығарады. Бірақ оның сұрағына ауыл баласы болса да Мұхамеджан еш саспастан жауап қатып отырған. Бір кезде оязнай оны әкесімен қоса күймеге салып ап, айдаладағы бір жаққа қарата ала жөнелген. Сөйтсе оязыңның да, көздеген өз есебі бар екен. Онысын Мұхамеджан сәл кейінірек білді.
Қыр жаққа жүйтки жөнелген пәуескелі күйменің арт жағында шалқалай отырған ояз бастығы Мұхамеджанның түрiне сұқтана қарап алып:
– Нука, киргиз баланы көп адам есепті жақсы біледі деп мақтайды! Ал, мен оны тексеріс қыламын. Шын ба, шын емес пе – деп. Мен соны қарауым керек, білуім керек, ұқтыңдар ма соны!… Мен сенi тексергім келеді? – деп, ауыл сыртында жайылып жүрген көп қойларға әкелген еді. Содан кейін ол Мұхамеджаннан:
– Мына отарда қанша қой бар екенiн сен маған тез арада айтып берші? – дейді.
Ояз қасындағы жиналған жұрттың тағы бір таңқалғандығы – ол Мұхамеджанның әлі жас бала болса да, айналасындағы жат адамдардан ықпауы еді. Бейтаныс, бұрын көрмеген адамдарының көбі орыс болса да, ол еш саспаған. Тіпті ояз бастығының сұсты түрiнен де бiр ықпастан өзiнiң iсiне кiрiсiп кете берген.
Отардағы қойға жетісімен Мұхамеджан ондағы жайылып жүрген қойларды дереу төртке бөлгізеді де, бас – басына, бiр – бiрлеп санамай–ақ, қайтадан бәрін бір жерге жинатып алады. Сонан кейiн барып, ояздың қасындағы тiлмашына отардағы қойдың санын айтады.
Тілмаш қайтара сұрап: «сеніше бұл отарда сегіз жүз алпыс екі қой бар ма?» деп сұрайды. Ол солай деп айтысымен оязнай қойшыларды шақыртып алып, отардағы қойдың санын сұрағанда олардың айтқаны да, дәл Мұхамеджан айтқандай боп шыға келген. Осыдан кейін барып оязнай бала дарынана шын сенгендей болады.
Оязнайдың таңырқауы да, тексерісі де, бекер болмаған. Неге десеңіз, соңғы кездері өкімет тарапынан да туземдік халықтар арасынан оқуға деген талабы бар балаларды оқуға тартып, мемлекет істеріне кірістіру жөнінде жарлық бар болатын. Уезд бастығы сол жарлықты орындаушы ғана.
Сондықтан да болар, бiраз тексеріп алғаннан кейін ол қасындағыларына қарап:
– Мына киргиз балаға тез арада Верный гимназиясы директорының атына оқуға қабылдауға жолдама жазып берiңдер! – деп бұйырады.
Сөйтiп, Лепсінің қарапайым қазағы – Тынышбайдың – Мұхамеджан сынды баласының атағы осылайша бүткіл Лепсі оязына тез арада тарап кетті.
Сонымен, өзінің осындайлық зеректігі мен тапқырлығы және де есепке жүйрiктiгінің арқасында Мұхамеджан оқу іздеп алыс жатқан Верныйға баратын болып шықты.
«Ел құлағы елу» деген емес пе. Шамасы осы кезде Мұхамеджанның әкесi Тынышбай да, Лепсi жақтағы біреулерден естіген болу керек «Қапал аймағы Қаптағай елінің iшiндегi Құлшан деген тумасы болатын, Сырттан деген батырының Петербордағы баласы оқуын бітіріп еліне келіп жатыр екен» деген сөздерiн. Мұндай сөзді естісімен–ақ, тумасынан елгезек, мазасыз болатын Тынышбайдан – тіптен маза кеткендей болды.
Сөйтіп, ояздың бұйрығымен жолдамасын алғаннан кейiн, оның үстiне Сырттанның баласы туралы мына бір әңгiменi естiген соң, ол баласын орыс оқуына беруге шындап бел буған еді. Елге де, айтып жария ғып, ағайын – туғанмен де, осы жайында ақылдасып барлықтары да, осыған тоқтағандай болды.
Тынышбай тездетіп жол қамына дайындалған. Бiр жағынан ол Верныйға Мұхамеджанды гимназияға апара жатқанда жолай Сырттан аулына да соғып, орысша оқу турасында жөн – жосықты біле кеткісі де келген. Тым болмаса, Сырттанның оқудан оралған баласынан «осымыз қалай болар?» деп, ақыл сұрамақ үшiн де, жолықпақшы болған.
Әкесі Мұхамеджанды әу бастан ояз бастығы айтып, қағаз жазысымен орыс оқуын оқуға апарғысы келген. Қалың Садыр елінен ояздың айтқандарын құлақ түре тыңдаған да, осы Тынышбай ғана сияқты болды. Басқалары ояздың жолдама қағазын да, орыс оқуының сырын, онша ұққан жоқ. Ұғайын деп елең етiп, селт еткен Тынышбайға қарасты ағайын да, әйтеуiр немкеттiлiкпен мұның бәрiне кейбірі «дұрыс» десе, енді бірі «балаңды шоқындыруға асығып жүрсің бе!» деп кекетіп, мұқатқандай болды. Күйбең тіршілікпен елеусіз жатқан ағайындар да бар болды.
Ел іші алдымен сөйдеген де, қойған. Ағайын – туған, жақын руластар, «жөн екен» деп, басқа берері де, алары да жоқтай, болар – болмас құптағандай қып, бастарын изеп, шұлғысқандай болды. Бұндай істің соңы қайда апарар екен, кейін соның ауыртпалығын тартып, мойнымызға жүк салғандай болып жүрмеспіз бе деп, соны көп ойлап, тартынып қалғандай болған ағайын, бөгелінкіреп тұрған жамағайын да, жетерлік еді. Елдiң, бір жағы туған – туыстардың мұнысына қарағанда, осының өзі аса қызық жайт сияқты болғанымен де, келе бере осының бәрi жалғыз-ақ, Тынышбайға ғана керектей болып шыға келген. Бiр есептен ол да дұрыс шығар. Жеме – жемге келгенде әр кiмге өз қамы, шашылмақ мал жағы есепке жүрген. Ең алдымен соны ойлаған ағайын, солай ғой дескендей болып, емеурін білдірген.
Жан иесi болғандықтан салмақтың барлығы алдымен Тынышбайдың өз иығына түскен.
Мұндайда, қарап отыратын Тынышбай ма, белiн бекем буып баласын орыс оқуына апаруға кiрiсiп кеткен. Бiрақ та, шындығына келгенде әу бастан Мұхамеджанның орыс оқуына баруына ояз басшысынан кейінгі бірден – бір себепкер болған осы Барлыбек емес пе еді. Соның иман жүзбен айтқан ақылы емес пе еді Тынышбайға қамшы үстіне қамшы болған.
Әрине, ең басты себеп Сырттанның баласы Барлыбектiң сол кездері Петербордан оқу бiтiрiп қайтқандығы да, бір жағы Тынышбайға ой салғандығы да рас еді. Бір жағы көңілі ояу, көкірегі сергек Тынышбай өз баласын тек қана орыс оқуына берсе ғана дегеніне жететіндігін түсінген.
Тек орыс оқуын оқыса ғана баласы Сыртанның Барлыбегіндей болады. Тек сонда ғана оның қолы өкімет қызметіне жетеді. Олай болса, өзінің де атағы қиялындағыдай талай жерге самғайтынын Тынышбай болжап, білгендей болған. Тіпті елдің құлағына бұрыннан берi ілігіп жүрген жайт, орыс оқуын оқыған – Сырттанның Барлыбегі мен Тұрлыбегіндей һакім босын деген арманына да, бір қадам болса да тақалатындай сезiнген.
Енді тіпті мiнекей, сол Барлыбегiң оқу бітіріп елге қайтты дегенді естігенде Тынышбай баласын Верныйдағы гимназияға оқуға беруге тым құмарта түскендей болған.
Тынышбайдың өзi аса бай болмағанымен дөңгелек келген орта шаруалы, бiр өзiнiң басына жетерлiктей ауқатты кiсi болатын. Оның үстiне оның өзi де, арабша хат танитын едi. Бір жағынан тiптi Тынышбай Лепсi өңірінде тәуiр сөйлейтiн, сұңғыла кiсiнiң бiрi болып та саналатын. Ақыры көкейiндегiсiнiң шет пұшпағы уысына түскендей болған соң Тынышбай қатты қуанды. Қуанбай қайтсiн. Бiр жағынан үмiтi ақталғандай болған. Өзiнiң осы баласына да бiр түрлi іштей сенетiн болар. «Әй, түбiнде осыдан бiрдеңе шығады!» – деп те ойлайтын. Тынышбайға салса, Мұхамеджанды оқуға Верный тұрмақ одан ары тіпті Петерборға жіберуге де бел байлаған секілді. Сол үшін де баласын Верныйдағы ерлер пансионат – гимназиясына апаруға шындап кіріскендей, ізін суытпай апаруға бел буған.
Әрине, ең алдымен мұнысына бiрден – бiр себеп болған нәрсесi – Сырттанның Барлыбегiндей орыс оқуын оқыса, сол сияқты үлкен ұлық болар ма екен деген үмiті басым болған сияқты. Сол үмітіне қолдау болғандай боп, бiр жағынан мына баласы – өте ширақ, зерек болмасы бар ма. «Мұндай баланы оқытпаса болмайды» – деп, ел түк бермесе де, әйтеуір ақыл қосып шу ете қалған.
Осының бәрiн жақсы ұғынған Тынышбай, абыр – дабыр басылысымен баласын оқуға апару үшін қызу дайындыққа кірісіп кеткен. Ол елдiң сөзiнiң төркiнiн де сезгендей едi. Қайтсе де осы бір істі тындырғалы жүргендей. Соған үстеме болғандай елдің айтатыны «Сырттанның баласы Тәшкентке баратын бопты. Сондағы Үлкен жандаралдың қасында тәуiр қызмет жасайтын сияқты көрінеді екен» деген алып қашпа сөздері еді. Ел жақ сөйтіп дүрлігісіп жатқан.
Бұл күнге дейiн орыс оқуының пәрменiн қазақ үшін тек қана тiлмаш, одан қалса писарьлiкпен ғана шектелетінін естіп жүрген Тынышбай, ел iшiндегi Сырттан баласы туралы дәл мынадай дақпыртты бұрын – соңды естiмеген болатын.
Сонымен, ол баласын орыс оқуына апаруға шындап кiрiстi. Тiптi жол – жөнекей Сырттанның – Барлыбегiне де жолығып қалуды көздегендi. Соған бола бiрден Қарашоқыда отырған Сырттан батырдың аулына баруға бел байлаған. Жүрер алдында бұл жақтағы Лепсiнiң ел – жұрты жиналып Тынышбайға:
– Бұл дұрыс! – деп, батасын бердi. Одан басқа ел бөлiп – жарып несiн берсін. Ағайын – туған, жора – жолдас қосқаным деп шамасына қарата бiр – екiден ұсақ мал, оны – пұнысын бөліп шығарғандай қылды. Басқаша оған олай қыл, былай қылды айтатын кісі болмады. Тынышбай өз білгеніне басып, өзіне ғана сеніп, жолға шығуға қамданып жатты.
Келесі күні күн көтеріле бере Тынышбай баласын алып, жеңiл арба – дрожкамен жол жүріп кеткен.
Сапарға шығып, жол жүріп бара жатқандағысы да, күні бүгінгідей Мұхамеджанның есінде қалыпты. Ол артына бiрнеше бұрылып қарағанда, соңында қалып бара жатқан ауылды және өздерiне қарап тұрып қалған көп кiсiнi көрдi. Жалт етіп тағы бір қарағанда солардың арасында өзiне ең жақын адамдар шешесi мен iнi – қарындастарының да тұрғанын байқаған. Бірақ жан досы Қалдыбай қалпенің баласы Ахметсапаны солардың арасынан таппағандай. Бір түрлі бала досын да ерекше сағынғандай күйде еді. Олар да мұның соңынан қадала, ұзақ қарап, бірте – бірте ноқатқа айналып қалып бара жатты. Мұхамеджан үйден бiр жола кетiп бара жатқанын ендi ғана анық аңғарғандай болды. Кемсеңдеп жылағысы келген. Бiрақ жыламады. Булыққан күйi тұншығып отыра бердi.
Дрожка арбаға жегiлген шабдар ат бiркелкi желiспен Мұхамеджанды туған ауылдан алыс сапарға ала жөнелген. Туған ауылдан алыстаған сайын бір жағынан осының бәрі жас балаға қызық болып көрiнген. Тумысында ол мынадай жақсы арбаға да бiрiншi рет мiнген. Алда өзiн барынша қызықтырған орыс оқуының желiгi де оның көңiлiне ұялап алып онан сайын қызықтыра түскендей едi.
Осы бір солқылдақ, жеңiл арбаны әкесi Верныйға мiнiп баруға Лепсiдегі ең ауқатты орыс мұжықтарының бiрi Көзмадан сұрап алғанын бұл біледі. Дрожкаға жегiлген желiсқор шабдар ат Тынышбайдың өзiнiкi болатын. Жануар жүрдек, жақсы ат болғандықтан шабдарды осы сапарға Тынышбайдың өзi таңдаған.
Лепсiден Алматыға шейiн жүретiн жол ұзақ, баратын жер бірсыпыра жер болғандықтан, бұлар қонаға Қарашоқыдағы – Сүттіген бойында отырған Сырттан аулына осы бүгiн жетуді көздеген.
Бұл Мұхамеджанның өзi – өз болғалы алыс сапарға бiрiншi рет шығуы едi. Жол үстінде әкесі баласын айналып – толғанып, өзінің шерменде болған барлық сырын бұған айта бастаған–ды. Тынышбай ең әуелі сәл иіле баласын басынан сипап, маңдайынан ұзақ иіскеп қойып, содан кейін барып:
– Мына оқуды жақсы оқысаң, одан әрi Сырттанның баласы сияқты амандық болса үлкен орыс оқуына да iлiнерсiң – деген.
Мұхамеджан әкесiнiң сөз саптауынан-ақ, бала болса да өзiне үлкен үмiт артылып отырғандығын түсiнген. Тiптi әкесінің сөз желiсiнен, оның көкiректегi бар ойының түп мәнiсi де есiп тұрғандай едi. Онысы сол – баласы орыс оқуын оқып, адам болса, ұлық болса екен дейтіндей ғана сияқтанған. Тек қана, орыс оқуын оқыса ғана Сырттанның баласындай үлкен ұлық болып шығатындығына оның ендігі сенімі де нық көрiнедi.
Тынышбай мына баласының сондайлық орыс оқуына лайық болғанына қуана түскендей. Оның анық ұлық болатындығынан да дәмесі бар. «Әке – балаға сыншы» дегендей ғып, осыны баласына бiлдiре түскiсi келгендей, ол қайта – қайта Мұхамеджанның құлағына сіңе берсiн деген оймен, оған ішкі сырын шерткендей қып: – Сырттанның бiр баласы Петрбордан орыс оқуын бiтiрiп қайтты. Соған сені көрсетіп, батасын алып, жолыңды ашқызбақшымын. Түбінде сол сияқты үлкен оқу оқып шығарсың? Бәлкiм алты алашқа атың мәлім – ғакiм, не ұлық боларсың? Соған бола Сырттан аулына жол – жөнекей әдейілетіп баратын болдық – дедi. Осыны айтып әкесi бiраз тұнжырыңқы қалыппен үндемей қалған. Артынша шешіле сөйлеп бұған өзiнiң бар сырын айта бастаған. Онда да ең алдымен өздері бара жатқан Сырттан туралы сөз қозғап:
– Естуiмше Сырттан батырдың мiнезi қырсықтау, өзi өрескелдеу, тентек адам деп, өзiмше елден сырттай естуші едім. Сонда да, болса баласына бiр жолығып қалуға бел будым. Жаңағы айтқандарын жуып, шайғандай болып:
– Сырттанның мiнезi шақар деп, ел айтса – айта берсiн де, тәйiрi бiзге не қылады дейсiң? Оның үстiне құдайы қонақпыз ғой. Ештеңе етпес! Өзiмiздiң жөнiмiзбен келiп, солайша жөнімізбен кете барармыз. Бiрақ сен қорықпай–ақ қой, бiзге олардан келіп – кетер залал жоқ, ештеңе iстемес деймiн. Баласымен ғана бiр ауыз сөйлесiп алсақ болды, жайымызға кете берермiз – деген.
Осындай сөздердi естiп Мұхамеджан бiр уақыт әке сөзiне мән берiп, оның сырын ұққысы келедi. Оның үстiне бала көңiлiнде мақтаныш сезiм де бар. Оңай ма, бiр өзi бүткiл елге әйгiлi болып тұрғаны. Ояз екеш, оязың да, өзiн бiледi. Өзінің бала жүрегі мұның бәрінің жәй еместігін сезетіндей. Бір жағынан әкесі өзiн баласынбай, тап бір үлкен кісілерше сөйлесіп отырғанын Мұхамеджан бiр жағынан қызық көрсе де, іштей өзін есейгендей болып сезінген. Өзін де, солай ұстанған. Жас та болса ол қазір әке сөзiнiң төркiнiн дөп басып түсiнiп отыр. Әкесi бұған өзiнiң ең бiр басқаға білдірмес сырын ашып отырғандай болып көрiнген. Оның сондағы айтқандары да сол қалпы әлі есiнде. Әкесі мақтаныш сезіммен:
– Қалқам, қайткенде де сен оқуың керек. Анау – мынау балаға ояздың өзiнiң көзi түсе бередi дейсiң бе? – деп, әлдеқандай бiр түйiн ойлап, бұған салмақ салғандай болған ойын әкесі онан әрмен өрбiтiп қояды.
– Түбiнде менің атымды да, атағымды да шығаратын сен боларсың! Қазір де сен менің атымды шығарып жүрсің ғой. Ал, өсе келе орыс оқуын оқысаң тіпті жақсы боларсың. Бұдан артық не керек?! – деп, жиi – жиi айта береді. Әкесiнiң онысына бұл кәдiмгiдей марқайып, «алыстағы орыс оқуын оқыған соң, одан кейін не істермін?» деп ойланып қалған.
Мұхамеджанның әке сөзінен түсінгені «өздерінің беталыстары да, барар жері де, Қарашоқы деген жер. Онда Сырттанның Барлыбек деген орыс оқуын оқыған баласы бар екен. Ол алыстағы Петербордан патшаның үлкен оқуын оқып кепті. Сол Барлыбектің бұларға айтатұғын бiрдеңесі бар көрінеді, соны бұлардың естуі қажет екен» – дегендi ұққан.
Мұхамеджанның тезірек білгісі келетіні сол «Сырттанның баласы өздеріне не туралы айтуы керек?» сол сөзді білуге құмартып келеді. Барлыбек айтар сөз бұған таңсық болғандай, соның мәнісін көп ойлап отырған күйі келе жатқан.
Мұхамеджан ішінен: «Соншама ол айтатындай не нәрсе екен» – деп, балалық долбармен, ой түйгендей болады. Бірақ қанша ойласа да, онысынан түк те шықпады. Сол бір Барлыбек деген кісінің не туралы айтатынын әлі де болса біле алмай қойған еді.
Жол үстінде оның ойына артта қалған ауылы мен соңынан қарап қалған жыпырлаған адамдардың қарасы түсе берген. Солардың арасында әсіресе өзіне етене жақын, таныс бейне – ол әжесінің бейнесі. Шүйкедей боп, тарамыстай қатқан қара кемпiр – өзінің кәрі әжесi көз алдынан бір кетпей қойған. Жанындай жақсы көретiн кісінің бірі сол еді. Жол бойы есінен шықпай қойғаны да содан шығар. Осы кезде Мұхамеджанның бойын сағыныш билеп, іш – бауыры елжіреп, көзіне жас үйіріле түскен. Үйден алыстап кетсе де әжесінің үнін сағынғандай болады. «Бірақ сол үнді бұл енді қашан естиді?» – Мұхамеджан мұңая ойланып қалғандай. Сол дүдәмал көңіл өзінің жүрегін сыздатып, ауырта түсетіндей. «Әжесінің өздеріне арнап айтатын әңгiме, ертегi мен жырларын енді қашан тыңдамақ?» бұл жайында да көңіліне қонарлық ештене білінбейтін сияқты.
Бала Мұхамеджанның ойы осылайша жалғаса берiп, ұзақ сүреңге айналған. Бұл қайтадан бара жатқан жерiн ойлады. Өздерiне Барлыбектің не айтпағын бұл білмесе де, өзiнше топшылағандай болады. Оның өздерiне не айтпағын бұл күні бұрын білгісі де келеді. Мұхамеджан ара – арасында iшiнен: «ол сонда не дейді екен?» деп, тамсанып қояды. Бәрібір қанша ойласа да, Барлыбектің өздерiне не дейдітінін, әкесі айтатұғындай оның өздерiне берешек қандай ақылы бар екендігін бұл біле алмай–ақ, әуреге түсіп келеді. Бұл жағы да әзiрге Мұхамеджан үшiн белгiсiздеу болып тұр.
Әсiресе Мұхамеджанды ойлантатын нәрсенің бірі ол: «Барлыбектей алыста, қалың орыс iшiнде, орыс оқуын оқыған адам қандай болады екен, өз тiлiнде сөйлей ала ма екен, не болмаса Лепсiнiң оязының тiлiмен сөйлейдi ме?» деген ойлар еді. Сол ойлар жол – жөнекей өзін бiраз қажалағандай болған. Сондықтан болар, Мұхамеджанның ендігісі «тезірек Сырттан батырдың ауылына жетсек екен» деген ой ғана. Ол енді осының бәрiн тезiрек көргiсi келеді, онымен қоймай осылардың бәрін бiлгiсi де келетiн сияқты.
Бала Мұхамеджанның ойындағысы да, осы болғандықтан, бұл дағы Қаршоқыға ұшып – қонып бiрақ жеткiсi келетiндей асығуда едi. Мұның сонысын сезетiндей боп, шабдар ат та асыға түсетіндей, жануар әжептеуiр желiспен үдере жортақтап келедi. Шiркiн желiсiнiң өзi қандай, бөксесi ғана бүлкiлдеп, екi бүйiрi дiрiлдеп, анда – санда пысқырып қана қояды. Шабдар жеңiл дрожканы бұйым құрлы көрмей, қара жолмен шаңды бұрқырата сүйрейдi. Арба артында тек қана бұйраланып барып біраздан соң басылатын шаң ғана біраз ілескендей боп қала береді.
Өз қиялының жетегiне берiлген жас бала – алдыңғы жаққа қарап, алысқа көз тiгедi. Онысы өзi тезiрек жеткiсi келген – Қарашоқы көрiне ме екен дегенi болу керек.
Асыға жүрген жолаушылар біраз жолды еңсеріп тастаған. Осындай жүрістен бір тыңбаған – Тынышбай, сол бетiмен Қарашоқы бөктерінде отырған Сырттан аулына кеш қарая бірақ жеткен. Қатты жүрiп келе жатқан арбаның тарсылынан ауыл иттерi шабаланып үрiп алдарынан шығысымен–ақ, Тынышбай ақырып, оларға сес жасаған болды. Мұхамеджан сонда ғана Сырттан аулына келгендерiн бірақ сезген.
Бағанадан бергi жол бойы өзi ынтық боп, жете алмай алып – ұшып келе жатқан ауылға жетiсiмен, бала жүрегi ендi Барлыбектi көруге асыққан еді.
Бұлар сұрастыра келе, Сырттан батырдың үлкен үйiне бiрақ келiп тоқтаған. Мұхамеджан әлi де болса бiрдеңенi күтуде болатын. «Өздерi түсiп жатқан үйдiң iшiнде буырқанған, түрi сұсты, үнемi ашулы жүретiн, тентек батыр отырса қайтпекпiз? Ол бiзге не дер екен? Ендiгi болары болды. Не болса да көрерімізді – көрермiз» деп ойлаған.
Бұлар Сырттан ауылына жетісімен, салт бойынша ізет көрсетіп, бірден ел ағасы Сырттанға сәлем бере үлкен үйге келiп түскен.
Жолаушылар көліктерінен түсіп, үйге кiрiсiмен–ақ, Сырттанды сағалап жүретiн, оның Қаптағайдың – Құлшаны iшiнде бірге туысатын аталас ағайындары, алыстағы Садыр жерiнен келген қонақты көруге үйге жинала бастаған. Келгендер бiртiндеп үйге кiрiсiмен Сырттанның екi жағын ала жарыла отырысып жатты. Олардың барлығы да, өздерiндей қыр қазағы екен. Бәрi де шүйiркелесе сөйлесiп, абыр – дабыр болысып отырған. Солардың арасында тек біреуі ғана Мұхамеджанға ерекше көрінген. Оның киген киiмдері де басқаша еді. Мұхамеджан бұрын – соңды көрмеген, тек оязды көргенде ғана көрген киімдерге ұқсас киінген, сақал – мұртын алып тастаған, ақ – сарылау өңді, қой көздерінің арты сәл қысықтау келген, жас жiгiт те, оның көзiне бірден түскен.
Ол үстiне бұл бұрын көрмеген, қазақ баласы кимейтін бөлекше киiмдер кигендіктен бе, жоқ әлде бет – аузындағы сақал – мұртын жып – жылмағай қып, алып тастағандықтан ба, Мұхамеджанға тіптен елден ерекше боп, бiр түрлi ерсі көрінген.
Бұл Мұхамеджанның – Барлыбекті алғаш көруі еді. Осындайлық түр – сипатымен Барлыбек мұның есінде қалыпты. Ол осындағы жиналған қыр қазақтарының біріне де ұқсамайтын өрескелдеу ерекшелігімен, өзінің көзіне түскені де сондықтан болар. Мұхамеджан оны көрiп, танып, біліп алайын дегендей, қайта – қайта Барлыбек жаққа қарай берген.
Сырттан ел iшiнде соншама адуынды, тентек мiнез аталса да, сөзуар, қонақжай адам болып шықты. Елдің оны: «көкжал, тентек Сырттан!» – дейтіні тіпті Тынышбайға бекер айтылғандай болып көрінген.
Сырттанның мынадай қонақжай мінезі – Тынышбай үшін де өзгешелеу, ерекшелеу болғандай. Оның осыған дейiнгi Сырттанның тентектігі туралы естігендері бірте – бірте сейiлгендей болды. Оның әкетіп бара жатқан ызғарын да Тынышбай сезген жоқ. Бұған дейінгі өзі естіген «Сырттан айналасын қысып, ықтырып әкетеді» дегені де бос айтылған сөздей болып көрінген.
Сырттан болса жайдары мінез танытып:
– Үйге кіріңдер! Төрлетіңдер! – деп жатыр. Ол ақ селеу араласқан шоқша сақалын қайта – қайта сипап қойып, қызылы молдау ақ – сары жүзін бұларға анда – санда бұрып, қарап қояды. Тек қана, оның кішіректеу келген, сәл шегірлеу көзінен біраз таңданыстың белгісі білініп қалғандай еді.
Сырттан ең алдымен мына садырлардың нендей жағдаймен келгенін асыға білгісі келетіндей түр көрсетiп:
– Қай жақтан келесіңдер? – деп, тікелей сұраудан бастаған. Сонысына қарағанда бұл жақтағы жұрт үшін мына жолаушылар күтпеген қонақ болды.
Сырттанға әзірге жауап қатып отырған Тынышбай ғана. Ол құдайы қонақ екенін айтып, осы ауылды әдейі іздеп келгенін, онда да тығыз шаруамен Барлыбектей мырзаға жолығуға келгенін айтып өтті.
«Не естісең, көзіңе сол көрінер» дегендей Тынышбайдың көзіне Сырттан әзірейілдей болып көрінсе, енді еті үйрене келе өзі естігендей содыр мінез, тентек, елге өз есесін жібермейтін кісісі басқаша болып көрінді.
Әзірге Тынышбайдың көңіліне алғаны «ел не демейдi» дегендей қып, бұған дейiнгi ол туралы естігендерін «жаңсақ көңiлден шыққандай болған өсек сөз шығар» деген ойы ғана еді.
Тегiнде Сырттанның мiнезi жай қаймана қазаққа емес, жуан мен ұлыққа ғана қырсық екенiн Тынышбай осы жолы елдің сөзінен емес, өз көзімен көріп қаныққандай болды.
Бағы бір заманда қазаққа тiсi батқан патша ұлығы Эренталь қазақтар оны Ерентал деп кеткеннің өзімен де алысқан ғой бұл Сырттан. Онда да, оның өзi Қапалдың оязы ма, жоқ әлде күбернәтiр – жандаралдың жақын адамы болды ма, ол жағы көмескiлеу, әйтеуiр Тәнекенiң – Есiмбегi оны дүйiм жұрттың көзiнше қақ төбесiнен қамшы үйiрiп, істі болғанда оны жақтаған да осы Сырттан еді. Сырттан – Есiмбектi жақтап, оны қолдап даудан аман алып шығуға кіріскен көп қазақтың ішінде болды. Сөйтіп Тәнекенің Есімбегін дау кезінде алғаш қолдап шыққан осы Сырттан болатын. Ел оның осысын ұмытпаған, күнi бүгiнге дейiн жыр қып айтады.
Тынышбай Сырттандай батырдың түр – сипатын көрiп алайыншы деген кiсiше көзiнiң қырымен оған қарай берген. Әкесінің бұл қылығы Мұхамеджанның көзінен таса болмады. Ол барлығын қалт еткізбей аңдып – біліп отырған еді. Әкесiнiң бағанағы жол үстiндегi әңгiмесi де құлағында сайрап тұрғандай. Елдiң – «Көкжал, тентек Сырттан! дейтiн кісісі де осы шығар» деп топшылаған болды. Мұхамеджан тағы да Сырттанға қарап еді, осы кезде көзіне түскені – жаздың күнiнде де, тымағының құлағын түсiрiп, бауын шарт байлап алған, бiр–ақ уыс болған шал ғана болды. Сырттанның бұрынғы батырлығынан қалғаны да, бүгінгі кейпінің бар бітімі де, осы ғана екен. Оның қазіргі ажарына қарағанда бұрыннан бері айтылатын ешбір ерекшілік, батырлық пен тентектік білінбейді. Оның есесіне қазіргі күйіне алданып, көңілі бәсеңсіген, момын қарттың бейнесіне көп ұқсайтын сияқты.
Көкжал Сырттанның бүгiнгi қалы осындайлық қана екен. Ел аузынан түспейтiн оның қаһарынан да бұл күнде жұрнақ қалмағандай. Мұхамеджанның көрiп, есінде қалғаны: шүңiрек көз, шоқша сақал, кісіден көзiн бiр тайдырмай жiтi қарайтын, кiшкене ғана сары шал болды.
Елдiң айтысына қарағанда, Сырттан ертеректе орыс ұлықтарына көп қиястық жасап, қарсы келе бергендiктен де, ал өзiмен ерегескендерiн аямайтын қырсықтау, ожар мiнезiне бола да, одан тiптi өз қазағының да төрелерi ығатын көрiнедi.
Сол ұлықтарға қарсы шығатын шақарлығына қарамастан, ол ебiн тауып өзінің екі баласын бірдей орысша оқуға беріп, қазір солардың үлкенi Тұрлыбек Жетiсу әскери губернаторына тiлмаш болып, ел ісіне араласа бастаған. Ал, мынасы болса, анау – мынау емес тағы да Ташкентке ұлықтыққа барғалы отыр. Күнi бүгiн ғана Барлыбек сияқты баласы Петербордан оқу оқып келiп, енді үлкен қызмет алғалы тұрған бетi болса керек. Ендеше мұнысы да құр алақан болмады ғой. Ташкент қаласынан ұлықтық қызмет алып жатса, онда оңай болмағаны.
Осылардың барлығының, тіпті бар ғой күллi Қаптағай елінің, әсіресе өзінің шыққан руы – Құлшанының тап ортасында ақылшысы боп, бiр кездегi аты–шулы, кәдiмгi Сырттан батыр отыр.
Бұл күнге шейін істеген істері мен қылықтарының өзі де бұл шалдың елдiң алдында сағын көтерiп, ұлық бiткенге жүнін үрпитіп, Сырттан деген атынан сескендіртіп, аулақ жүретін қып қойғаны бар. Мына тұқырып төмен қарап отырған шал баяғы Қаптағай елінде, Сырттандай батыр атанғаны бар.
Қонақ кәдесi ретiнде қой сойылып, ет асылды. Сырттан бұл күнде тарамыстай боп қатып қалған, көп адаммен тіл қатпай, үнсіз отыратын шал болғалы қашан. Адамға қарағанда сiлеусiн көздерi тесіліп, ежiрейіп кетеді екен. Сырттан сондайлық бiр қарасымен Тынышбайға көз тастап:
– Е – һе – е, Садыр атамның елiнен келдім де, ол жақта не боп жатыр, айта отыр! – деп, бұлар жаққа тесiле қалған.
Сырттанның сұрасына қарай Тынышбайда бiраз сарнатып, желдей есiп, Садыр елінің бар әңгiмесін айтып салған.
Мұхамеджан Сырттанды аты – шулы дойыр, тентек кiсi дегенге, ұйқысы келсе де, «әкеме бiр залалы тиiп кетер ме» деп, ерiкпестен сол жақтан көзін алмай аңдып отырған едi. Бір жағынан бала жүрегінде осыған дейiнгi ол туралы айтылғандардан үрей есiп тұрғандай боп, бiр түрлi қорқынышты көрiнген. Сөйтсе, бұл бекер үрейленiп, қорқыпты ғой. Сырттан батыр бұл ойлағандай болмай шықты. Ол тымағының құлағын сәл көтере Мұхамеджан жаққа да қараған. Оның кiшiрек сары көздерi өзіне қарап жалт еткендей болды да қайтадан басқа жаққа ауып кеттi. Сонан кейiн барып:
– Иә – и – е, жақсы екен! Садыр атамның баласы дұрыс болған. Баланы оқуға бер. Адам болар балаң, есеп – шотқа жүйрiк болса, онда оңды болған екен. Қайда жүрсе де аман жүрсiн. Тек, ел – жұртты ұмытпаса болды – деп қойды.
Бұл күнде Сырттан жетпiске келiп, қартая бастаған тәрiздi. Бойы бүкшиiп, денесiнiң етi қашқан, бұрынғы уақыттағыдай көп әңгiмеге араласпайтын да сияқты.
Бүгін мiне, сол баяғы кезде өткен сұмдық қызық күндері алыстап кеткен, тек Сырттан батыр аты ғана елдi жасқандыратын шүйкедей шал тез шаршап – шалдығатын болған ба, әйтеуiр жөн сұрасып, қонақ асыдан кейiн бата қайырды да, жатуға кетті.
Барлыбек бастаған қалған ауыл адамдары бiразға дейiн әңгiме жасап отырып қалған. Мұхамеджан – Барлыбектi сонда көрдi. Алғаш көргеннен–ақ бала көңiлi өзiнше оны жақсы көрiп те қалғандай едi.
Бұған дейінгі Мұхамеджанның ол туралы байлауы: «Барлыбек қалың орыс iшiнде жүрiп, үнемi орыс оқуын оқығандықтан да осы күнi өз тiлiн ұмытып қалған шығар?» деген ойының да жаңсақ екендігін Мұхамеджан сол уақытта барып бiрақ бiлді. Барлыбек елiнен алыс, шалғай жүргенмен, тiлiн де, дiлiн де еш ұмытпапты. Тiптi, сөйлеген сөзiнiң сол жердегi басқа кiсiлерден де еш айырмашылығы жоқ екенiн Мұхамеджан байқап қалған.
Барлыбек ол уақытта өрімдей жас жігіт еді. Бұған ерекше жылы жүзбен қарап, іш тарта сөйлеген. Мұхамеджаннан әр нәрсенi бiр сұрап, оның сөздерін барынша зейін қойып тыңдаған. Әсіресе, әкесінiң он жасар Мұхамеджанның Лепсі оязнайының алдында бір отар қойды төртке бөліп ұзын санын дәлме – дәл айтып шыққанын, тіпті оның бірнәрсені есептеуге келгенде алдына жан салмайтын жүйріктігін естігенде «әп, бәрекелді, дарынды бала екен ғой өзі!» деп, қатты қуанған сыңай білдірген. Сондай кезде ол Тынышбайға аса риза болған пiшiнмен қарап қойып:
– Мұндай баланы оқытпауға еш хақымыз жоқ! Обал болады. Түбiнде бұл баладан үлкен үмiт күтуге болады. Оқытпаса болмайды! – деп қайталап айтқан.
Барлыбектей Петербордан үлкен оқу оқып шыққан адамның өз баласына көңілі ауғанын және мұның баламды оқытам дегеніне қатты қуанған адамды көргеннен кейiн Тынышбайдың тақаты бір жола таусылып шыға келген.
Енді қайтсін, өз кіндігінен шыққан баласын – Сырттандай кісінің оқымысты баласы әбден мақтап отырса, бұл қайтпек. Осыған Тынышбайдың төбесі көкке жеткендей боп қуанған. Ол есі шыға:
– Батырекесі, баламның есеп – шотқа мықтылығын күллі Лепсі біледі, арысы Лепсі оязының өзі де біліп тұр ғой! – дегендi мақтанышпен айтқан. Онымен қоймай Тынышбай:
– Бәлі, біздің Мұхамеджан Лепсідегі медреседе оқып жүріп, медресенің бас молдасы Хамидмағзұмды талай рет есептен де, басқадан да жаңылдырған екен! – деп, баласының бар сырын дегбірсіздене жеткізген. Мұны естігенде Барлыбек бұған тіпті таңырқағандай боп, бір жағы ырза болғандай қалыппен басын шайқап қойды. Ол – Тынышбайға қарап:
– Тәке, мына баланы бекер қор қылмау керек дедім ғой! Әй, бұл баладан түбінде бірдеңе шығады! Балаңыздың оқуға деген талабы мен ынтасы тіптен зор екен. Һәм, өзінiң бойында туа бiткен дарындық қасиеттерiнiң де бары анық. Оның үстiне тереңнен ойлайтұғыны тағы бар. Ойы да бірсыдырғы жүйрік екен, есепке ұшқыр, өте алғыр сияқты. Одан артық не керек? – дей келіп, Барлыбек оқудың Тынышбай үшін белгісіз тағы бір қыры мен сырын ашып салған. Барлыбектің сондағысы:
– Бұл балаға түбінде қазақ баласы кенже қалып бара жатқан өнердiң түрiн оқыту керек. Ол өнердiң бәрi де есептен басталатыны бар. Сондай өнерлердi үйрену үшiн мынандай оқуларды оқытады. Мен соларды айта кетейiн. Оның да, ең бастысы есептеуден яғни математикадан басталады дедiк қой. Өйткені мына баланың есепке өте жүйрік екендігіне қарағанда бұған сондай оқуларды оқуға күш салу керек – деп Тынышбайға түсіндіріп жатты. Барлыбектің сол айтқандарын Мұхамеджан ұмытпай іске асыра бергені сол еді.
Барлыбек осылай сөйлеп отырып, Мұхамеджан жаққа да қарап қойған. Оның көзқарасынан мейірімді адамдарға тән жылылықты бала болса да Мұхамеджан аңғарып қалған.
Барлыбек болса оқу жайындағы кеңесін ары қарата жалғап:
– Сол математика дегеніміздiң өзi есеп оқуы болады – деп айтқаны Мұхамеджанның құлағында қалыпты.
– Ал физика деген оқыту – онымыз заттардың құбылысын зерттейтін ғылым болып табылады. Сол сияқты химия дегеніміз бір заттан, екінші бір затты алу, не болмаса жасау, техника деп аталынатыны қазіргі кездегі ең бір ғаламаттың өзі болады. Осы айтылған оқуларға бейiм болса, түбінде бұл баладан зор үміт күтуге болады. Қазіргі заманда қазаққа керегі де сол боп тұр ғой. Мен оқыған қалада қазақ баласының бiр – екеуi ғана сондай оқуда жүр – деп Барлыбек берер ақылын тәптіштеп айтып жатыр.
Сырттан баласының ниеті түзу, өзі кішіпейіл болғаны әсіресе Тынышбайға жаққан болу керек. Оның дөңгелектеу келген қарасұр беті қызылшырайланып, ұялы қара көздеріне әр бергендей болған қиялы қас пен қабағы сәл жиырылып, сөйлеп отырған ұлық жігіттің аузын аңдып қалған.
– Оқытамын деген ниетіңіз өте құптарлық, дұрыс екен. Қараңғы қазақ баласының күні қараң болары рас – деген сөз Барлыбектің аузынан бір түрлі өкінішпен айтылғандай болып шықты. Содан кейiн барып ол осы жайды, шешуi қиын сырды ұққан шығарсың дегендей боп, Тынышбайға қарап:
– Бұл балаңыз қазақтың данышпан өсиетiн – «білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» дегенiн ұмытпағай, осыны зердесiнде сақтаса болды – дегенді де қосып айтты.
Мұхамеджан әлі балауса болса да, Барлыбектiң айтып тұрған сөздерінің төркініне ден қоя тыңдаған. Оның аузынан шыққандарының барлығы да, өзіндей жас бала үшін де түк қиынсыз, аса түсінікті сияқты боп көрінген.
Барлыбектiң жаңағыдай сөздерiнен кейiн Мұхамеджан қатты бiр күдiк ойға берiлгендей боп, «мына кiсiнiң айтып тұрғанына қарағанда бұл орыстың оқуы да, ала бөтен қиын нәрсе екен ғой» деп ойлаған.
Әңгіме соңында Барлыбек аса ықтыятпен, ерінбестен мұның өзімен ұзақ сөйлескен. Ол шынымен осылай ма екен деген адамдай боп, Мұхамеджанның қасына келiп әр нәрсенi сұрастыра бастаған.
Барлыбек – мұның оқимын деген талабын бiрден құптаған. Сол жайында айнып қалмасын деп, әкесіне де қатты тапсырып айтқан еді.
Осы сөз болған күннiң ертесiнде Тынышбай баласын алып Верныйға кеттi. Оның көңiлi де орнына түсіп, Барлыбектiң айтқандарына мәз болып келе жатты.
Мұхамеджан әкесiнiң кешегiдей емес жайраң қағып, аса жақсы жүзбен жүргенін байқап қалған. Тынышбайдың көңiлденгенi соншалық шабдар атты бар екпiнiмен желдiртiп, ара кiдiк ыңылдап қояды. Осылардың бәріне себеп болған Барлыбектiң жылы лебiздерi екендiгiн Мұхамеджанның бала жүрегі сезедi. Әкесiнiң қазiргi күйiнiң жүдеу тартпай қош екендiгiне Мұхамеджанның өзі де риза қалыппен келе жатқан еді. Әкелі – балалы жолаушылар осы халдың үстінде сапарларын жалғастыра берген.
Бұлар келе жатқан ұзынынан – ұзақ жолда бiр бiтер емес. Қаратаудың бауырын жағалап кете барады екен. Мұхамеджан болса асығыс алға ұмтылатындай болып келедi. Алдында өзiн күтiп тұрған Верный қаласындағы гимназияға асығады. Соған тез жеткiсi келедi. Шыдамсыздана алдағы қызық оқуды ойлап, аңсайды.
Барлыбек болса бұл туралы ұмытпапты. Артынша ол өзі Ташкент қаласындағы Түркістан генерал – губернаторлығындағы казенный палатаға – өлкелiк хатшы қызметiне кетіп бара жатып Мұхамеджанды Верный пансионат – гимназиясының басшыларына да айтып, тапсырып кетіпті.
Бертiн келе, Мұхамеджан осының бәрi есiне түсiрiп, ойлай берген сайын көп нәрсенің парқына көз тастағандай болады. Сол кездегi әкесiнiң жан дүниесiн ерекше сезiнiп, түсiнгендей еді. Сондағы оның арманы мен үмiтiн де дәл бүгінгідей сезінбес болар. Сол кездегi әке тілегі – «өз баласының да Барлыбектей атақты оқу бітіріп, адам болса ғой» дегені ғана екен деп ойлайтын болған. Жас бала мұның да мәнiсiн кейін барып түбегейлi ұғынған едi.
Қарап отырса содан берi де талай уақыт өтiптi ғой. Ал, соның бәрi дәл бүгiнгiдей, сол қалпында Мұхамеджанның көз алдында тұр.
Бүгiн Мұхамеджан көңiлi елге келгелi алғашқы рет көппен түсiнiскендей болғандай күйде едi. Ол болса осы бiр кезде өз алдына күндегiден басқаша мейiрiмдiлiк пен жарастық iздеген халiнде жүре бергiсi келетiн сияқты.
Қажет деп тiптi таппаса да, өз басынан мiн iздегендей де болады. Аяқ астынан өзгере қап: «ал, мен ше, осындайлық ел үшiн Барлыбектей бола алармын ба?» деген сұрақтың нобайын өзiне – өзi қойғандай боп, соның жауабын да, тал бойынан, өз басынан iздегендей де болады.
Осындай бір көңіл толқытарлық хал үстінде «осым қалай болады екен, елдің мынадайлықты талабына мен қалайша жауап беріп, қалайша көңілінен шықпақпын?» дегендей боп, ойланып та қалғаны сол болатын.
Ел айтса айқандай ғой. Жетiсудың халқы Барлыбектiң атына қанық, оны бiлмейтiнi жоқ. Ел барлығын білiп айтады. Елге жасаған қызметің де елге барлық жағынан бiлiнiп тұратыны белгiлi. Сол жасағандарыңды ел асырып айтады, бірді – бірге қосып көбейтіп те айтады. Тіпті, жоқтан бар жасап, құрастырып та, жіберетін сол – ел ғой. Сондықтан да мұндай қиын сұраудың жауабын тек қана ел бiледi дейтiн кәде бар емес пе еді.
«Расында да ел iшi барлық нәрсеге қанық екен ғой. Ал, сол Жетiсудың елi болса Барлыбек үшiн iшкен асын жерге қояды. Мұның осы елге бұған дейiн еңбегi сiңген жоқ қой. Оған өзінің мұршасы келдi ме? Келген жоқ. Қазiр өзi Қоқан жақта жүр. Темiр жол бойында жүрсе де Жетiсуды маңайлап келген. Бұ жақтағы елiне сенiм артқан секiлдi. Өзi Жетiсуда туып – өссе де, бұ жақтағылардан көрi мұны Әндiжан мен Қоқан жақтағылар жақсы бiлетiнi белгiлi. Бiрақ, Думаға Жетiсудан түсуге бел байлап отырғаны тағы бар. Ал сөйтiп келсе мұндағылар өзiн танымайтын да сияқты» деген ой, ой үстіне ой қозғап, бір басына жетерліктей көрінді.
Осындай өзін дел – сал қылған ойға берiлген Мұхамеджанның ендігі ойы да бiр уақыт тоқырап қалғандай болды. Жаңағы тоқыраған көңiлi әрi – берiден соң сансырап барып иiрiлiп қалғандай еді. Аржағынан өңшең өзiнiң қарақан басына мiн тағарлық сұраулардың шетi қылтиып – қылтиып шыға келгендей еді.
Сондай ойлар өзін жан – жақтан түрткiлегендей боп: «сенi бұл жақта кiм бiледi? Қай қазақтың баласы сенi бiлген? Олар үшiн сенiң не тындырғаның бар?» десiп, тұрғандай едi. Мұхамеджан бұл сұраулардың нобайынан өз – өзiнен ұялып қысылды да, «бөрі жонын қампитар дегендей сырт жонымды құр қампитып, жота жүнімді қанша үрпитсе де, мен оларға бәрiбiр Барлыбектей бола алармын ба?!» деп, өзіне – өзі назаланғандай болды. Дәп қазiр оны толғандырып отырған жайттың өзi де осы ғана сияқты боп тұрғандай.
Ойға келген сұрақтың шешуiн таппаған соң Мұхамеджанның күмілжіп отырғаны да сол еді. Жаңағы бiр ойдың өз басына қалай кiргенiн тiптi өзi де сезбей қалды.
Барлыбектей Алаш баласының болғанына бiр жағынан қанша шүкiршiлiк жасаса да, жаңағыдай өзiн жер қылғандай көрiнетiн, сүреңдеу ойдың бiреу әдейi тәркiлестiрiп қойғандай–ақ, басына келгенiне өзi де ыңғайсызданып қалған.
Аса сырлас, жақын болып кекен Барлыбектің көңіліне қаяу түсіріп алдым ба деп Мұхамеджан қайғырып қалған. «Не деген ұят нәрсе, Барлыбектей адаммен санасқандай, салысқандай болғаным» деп, Мұхамеджан көңiлi өз ойынан өзi ұялғандай болды. Бiрақ, бәрібір де соған қарамастан, оның көңiлi осының түбiне жеткiсi келгендей боп бiр дамыл таппай тұрғаны. Сондықтан болар, бұл сол басындағы қалың ойдан әлі де болса арыла алмай отырғаны.
Шым – шытырық, қалың ойдан арыла алмағаны былай тұрсын, Мұхамеджан – не істерін білмей адасқандай болған, жаңағыдай алабөтен елес…, тағы сол бағанағысына жалғасып кеттi. Өзін – өзі қанша қамшыласа да, пендешілікке беріліп, содан бiр айыға алмай қойғаны ғой.
Тiптен, өзі туралы ғайбат ойлағысы келмейтiндей боп, өзiн жамандыққа қимағандай болып тұр. Қанша қиналып ар жағына барғысы келмесе де осы кезде көкірегіне жиналған ашты запыранды тоқтата алмағандай едi.
Төмен қарап өз ойымен өзi боп, отырған Мұхамеджан: «әлде… әлде, мен ол сияқты бола алмаспын ба?» дегендей болған сұраудың ұшығы тамағына кеп тығылғандай боп, булығып қалды.
Осылайша ойлап еді, өз-өзінен көңілі құлазып шыға келгендей болды. Ішкі дүниесі де бiр түрлi қуыстанып, бос қаңырап қалғандай боп сезiнеді. Тек қана құлазыған көңілiнде: «ел үшiн мен не жасадым» дегеннiң тұрпаты сияқты болған бiр жалын iшiн шарпып өткендей едi.
Бір кезде барып: «көпшiлiк бiледi ғой, кiмнiң кiм екенiн…» деп, Мұхамеджан қалың ойдың шырмауына түскендей де болды. Дәл қазiр осылай ойласа да, бiрақ бағанағыдай болмай шыққан. Ойлағандарының түбiн түптеп жетуiне осы кезде өзiнiң де, жүрегi дауламай қалғандай. Ол өзін – өзі қанша қажаса да, тағы да сол ойына келген сауалдың жауабына әкеп тірелетіндей. Содан да болар, жаңағы сауалдың жауабы қайта – қайта «ел үшін мен не жасадымға!» әкеле беретін сияқты. Барлыбектiң ел үшін жасап жатқандарын өзi осы жолы елден естіп те келеді. Ол турасында бәрінің айтатыны тек қана, мадақ пен жақсы сөз ғана.
Соның бiрiн әнеу күндерi Жайылмыштың болысы – Сәт айтқан едi ғой. Сәт десе – дегендей–ақ, Алматы түбiн жайлайтын елге ерекше беделдi, сөзi өтiмдi болыстың мұның өзiне келгенде де еш тайсақтамай, «ел үшiн қызмет қыламын дейтiн алаштың азаматына қоятын кiнәмiз жоқ» деп, бел шешiп кiрiсiп кеткенiне, Мұхамеджанның көңiлi ырза болып қалған.
Сәттiң сөзге келместен өзiне кандидат болуға даяр екендiгiнен–ақ, тiптi, кезi келсе өзiне ерiп Мемлекеттiк Дума тұратын Петербургке де баруға көнетiндiгiн естігесін, оның анау – мынау жай адам болмай шыққандығына да Мұхамеджанның көзi жеткендей болған.
Сол өзiне кандидат болуға дайындалып жүрген Сәттiң айтысына қарағанда, «Жетiсу облысына қараған қазақ – қырғыз Барлыбек пен марқұм Тұрлыбектiң сөзiнен еш уақытта шыққан емес» – деп едi.
Сәт болыс бұған байыптап қарап алып, ойланғандай боп бiраз отырып:
– Мұхамеджан қарағым–ай, несiн айтасың осы күнi Жетiсуда Барлыбектiң абыройы бөлек боп тұр ғой! Мына заманда, осыған дейiн де, әр жерде қызмет арқылы байып, һәм ағайын – туғандарын байытқандарды орысша оқыған талай қазақ баласынан көп көрдiк қой. Көрiп те жүрміз.
Сырттанның балалары ондай емес, олай болған да жоқ. Олардың елге жасап жатқандары да аз емес. Осы күнi Барлыбектi, оған дейiн оның марқұм болып кеткен ағасы Тұрлыбектi бiлмейтiн де, iздемейтiн де қазақ жоқ. Тіпті, Верныйға – Сырдария облысынан, Семей облысынан келген қазақтар да бұларды іздеп келедi. Олар Барлыбек пен Тұрлыбек тұрғанда қайда барып түссін, соларды iздеп табады, келген арызын соларға айтады. Олар үшiн Барлыбектен жақын ағайын жоқ. Бұларды арқа тұтпаған жетiсуда қазақ – қырғыз, Һәм басқасы қалмады ғой – деп, айтып салған.
Мұхамеджан Сәттiң сөзiн естiген соң, «ел айтса бекер айтпайтын шығар. Ел арасында Сырттан балаларының сөз ұғатындығы, таза ниеттігі мен ақ пейілділігі көп тарағындығы сол болар» – дегендi естіп, танығандай болды.
Қайда барса да, Жетісудың қаймана қазағы мен қара қырғызы Барлыбектi өздерінің ең жарасқан туысқанындай көретіндігі шын екен.
Сонда кейбіреуінің айтатыны:
– «Оларың азамат қой, кісілiгi бар ғой, елдің бiр маңдайына біткендерi ғой! – десе, енді біреулері:
– Барлыбек пен Тұрлыбек ел үшін жасайтындарына бiреуден бiр сабақ жiп, бiр тиын алып көрген емес! Кiсiнiң ала жiбiн аттамайды!» – дейді.
Тіпті, олардың елге істеген жақсылықтарына, осындай ақ пейiл, қайырымдылықтарына, кісіліктеріне, қарапайымдылықтарына бүкіл Жетiсу облысының қазағы мен қырғызы куә болатындайы рас екендігіне Мұхамеджан еш шүбә келтiрмеген.
Мұхамеджан осының барлығын тек елден естіп бiлдi. Осылардың ішінде қазақтың төресі мен ұлығы, жуаны мен атқамінері де бар едi. Бәрі бірдей қып айтады. Бәрінің айтқаны бір жерден шығады.
Шынымен бұл ойлап қараса, Сырттан балалары:
– Бiз мұндай болдық, қолымыз жететінге жеттi – деп, елiне кеудесiн ешқашан көтермепті. Ондай пасықтықты бұлар бiлмейтін де сияқты.
Көп айтылғандардың арасында тағы бiр есiнде қалғаны Барлыбектiң Верныйдағы пансионат пен гимназияға да талай қазақ баласын оқу оқысын деп кіргіздіргенi болып тұрғандай. Сондағы оқимын деген қазақ балаларына ағайынды Сырттановтардың тек айтатындары: «Қарақтарым оқыңдар! Қазағыңды ойларыңнан бiр тастамаңдар!» дейдi екен. Барлыбек пен Тұрлыбек оқимын деген балаларға осыны айтып отырады дегенді, Мұхамеджан осы кезде талайдың аузынан естіді.
Осындайларды елден ести – ести Мұхамеджан да аса көңiлдi әсер алып, солардай болуға құмартып, еліктеп қалған. Тiптi, өзiмшiлдiгi ұстап, бойында аздап қызғанғандық пен аса құмарту да пайда болғандай едi.
Ол Барлыбектің осы күндерi ел үшiн жасап жатқандарының өте көп екендiгiне қызығады. Мұхамеджан осыны ұққан сайын, Барлыбекке деген оның көзқарасы да өзгере түскендей болып барады.
Бiрақ өзi көңiлiне демеу тұтатын нәрсесi де қазiргi уақытта қазақ iшiнде «Барлыбектей азаматтардың» көптеп пайда бола бастағандығына Мұхамеджан шын ниетпен қуанып та, тауба қылып та жүр.
Өзi де соларға ұқсағысы келедi, тiптi солардың бiрiндей болғысы да бар. Солардай боп халқының қамын ойлап, жоғын жоқтай бастағандығының бастамасы ретiнде Думаға қол жеткiзуге тырысып жүр. «Думаға барсам, қазағым үшiн ғана барарым рас!» деп те ойлайды.
Осының бәрiн де ол өзi өмiр кешiп отырған уақыт талабына сай балағандай болады. Мұхамеджан үшiн өз өмiрiндегi өзге күндерден дәл бүгiнгi күндердiң уақиғалары өзгеше көрiнетiндей. Оның алдында қиыншылығы зор, үлкен iстердiң күтiп тұрғаны өзiне ғана белгiлi, өзiне ғана аян сияқты көрінетіні тағы бар.
Қазiрде Мұхамеджан соны өмiрден тапқанына шүкiршiлiк жасағандай, тiптi өзiнiң қазақ болып дүниеге келгенiне де дән риза, қуанышышы қойнына симағандай болып тұр.
Осы кезде оның көз алдына тағы да Барлыбек сияқты қазақ зиялыларының келбеті келгендей. Солардың келбетi құдды бiр сол сияқты сандаған қазақтың белсендi зиялыларының ортақ бейнесіндей боп, жалғасып кете беретіндей… «Солардың бәрі қазақтың тілеуіне, маңдайына біткендей көрінетінін қайтерсің…» деген көңілі де алып – ұшып тұрғандай.
Бүгін солар елдің тілеуіне жауап беруге даяр екендігі де белгiлi болғандай. Солардың қалыптасып, елеулі күшке, елдің айбатына айнала бастағандығы әрине, бұл үшiн де, тамам қазақ баласы үшiн де, жақсылықтың нышанындай болып көрінетіні бар.
Олардың бәрі бірдеңені күтіп жүргендей. Тек алғашқы сөзді кім бастаса деп соны күтуде сияқты. Олардың қолынан талай нәрсе келетіндігіне бұл сенеді. Бұ да болса Мұхамеджан үшін аса бiр қуантарлық жағдай. Өзi iштей осылардың барлығына шүкiршiлiк жасап, көңiлi де дән риза болғандай сезінеді.
Осылайша Жетiсу елiнде Мұхамеджанның келуiне байланысты үрдiс бiр қимыл басталып кеткендей едi. Сондай қимыл алды да өтер Дума сайлауы болып тұр. Мұхамеджанның бұл келiсiнiң өзi де жай келiс емес, үлкен бiр бастаманың жайына байланысты келгені белгілі болды. Мұхамеджан бұл келісінде сондай–ақ, бір жағынан елге салмақ сала келіпті.
Мұхамеджанның Дума сайлауына қатысу үшін Жетісуға беттегені қалт кетпей, елдің көз алдында өтіп жатты. Барлыбектің осы туралы хабары бұл күнде Жетісудың қыр терістігіндегі елге жағымды Есім төреден бастап, Қапал өңіріндегі қалың Матайдың алпауыт билеушілері Қалқабай – Тәнеке ұрпақтарына, мына жағы Верныйға жақын Жайылмыштың атақты болысы Сәт сияқтыларына да жеткен едi.
Бұл – алдыда тұрған Мемлекеттiк Дума сайлауы. Оған тұңғыш рет кiшi халықтардың өкiлдерiнiң сайлануына мүмкiндiк берiлген еді.
Жетiсу халқы сол сайлауды қалай өткiзедi міне мәселе сонда боп тұрғандай.
Күні бүгінге дейінгі арлы – берлі ел аралаған Мұхамеджан, елдің сөзінің төркінін сезіп қалған. Тегі елдің сөз аңғарына қарағанда осының бәріне бағыт беріп отырған Барлыбек сияқты. Өйткенi, Барлыбектiң сөзiмен айтқанда: «сайлай бiлу, сайланатын адамды таңдай бiлу – халыққа түскен үлкен сын. Руласқа, аталасқа, жақынға, туысқа, жерлiкке бұра тартпай, елге жанашырлық игiлiкті iске бет бұруға бастау керек. Ырду – дырду боп, өсек – аяңға айналдырып, дау – дамайға жол берiп, пәле – жалаға айналдырған сайлау – сайлау болмас. Солай болғандықтан бұл сайлауға да елдiң көрегендiгi мен сабырлылығы өте қажет. Әдеттегi болыс пен старшын сайлауынан бұл бөлек, ерекше сайлау болғандықтан да оған елдiң мүддесiн көздейтiн адамды қалап алу тағы да қажет. Бұл сайлауды ру – рудың, жұрт – жұрттың мүдделер қақтығысынан аман алып қалып тек қана, жалпы елдiң мүддесiн есепте қалдыру абзал. Әлi де болса жұртты өз айтқаныма көндiрiп, айдағаныма жүргiземiн деушiлер ел iшiнде жетерлiк. Сондықтан да бұл сайлауды әдiл жүргiзiп, оған қажеттi депутатты да әдiл сайлау керек» – дегендi ол елге батырып – батырып айтқан еді.
Бүгінде бұл сөз ел ішіне тарап кеткен және ол өз нәтижесін беріп те жатыр.
Екiншi тарау
Мұхамеджан болса Барлыбектің елге абыройлығы мен беделінің арқасында бұл жақтағы ел жақсыларымен айтыс – тартыссыз танысып, білісіп жатыр. Осы күндерi оның өз басынан сайлауға қатысты талай оқиға өтіп жатты. Кей – кейде, соның арасында «жең ұшымен жалғасқандай болған жағдайлардың да» қаншасын ол басынан кешірді. Сонысына қарамай таразы басы мұның жағында сияқты. Бұл да болса ел iшiндегi Барлыбектей зерделi, зейiндi адамдардың көпшілікке тиімді іске тиіп жатқан шапағаты едi.
Елге келгелi де бiр айдың мөлшерi болып қалыпты. Мұхамеджан екi –үш күннен берi Қапал жақта жүрген. Бұл жақтағы елмен де жақын бiлiсiп жатыр. Әсіресе, осы бiр Қапалдың Арасан болысында өткен маслихат үстінде Мұхамеджан Матайдың – Қыдыралысының iшiндегi Дөсеттен тарайтын атақты Қалқабай – Тәнеке ұрпақтарының бәрімен бірдей кездескендей болды.
Мұхамеджанның бір түйгені Тоғыз Матайдың бетке ұстарларының арасындағы қазiргi ең ықпалдысы да, елге сөзі өтімдісі де мына тұрған Сейітбаттал болыстың ағайындары – Қалқабай әулетi екендігін жақсы сезiнгендей. Мұның ол турасындағы өз қорытындысы осындай. Оған Мұхамеджанның дәл осы жолы көзі жеткендей болған. Тек қана, бұлардың арасында Қалқабай ұрпағының атақты биі Нұрланды ғана жолықтырмаған. Ол ел ішіндегі бір дауға байланысты қалың Жалайыр ішіне аттанып кетіпті.
Мұхамеджан Нұрланмен кездесе алмағанына өкінген. Бірақ есесіне осы күндерде ол Қалқабай – Тәнекеден тарайтындардың төрт көзімен түгел кездескен еді.
Қалқабайдың Маманнан туатын немересі осы Арасан болысы – Сейітбаттал қажы. Осыдан бірер жыл бұрын ағасы Тұрысбек қажы опат болып, дүние салғаннан кейін ол осы болыстықтың тұтқасын ұстаған.
Мұхамеджанның да ел жаққа бет бұрып келмегеніне де біраз жыл болған. Осы жолы бір жағы елін сағынып келсе, елге келуіне себеп болған тағы бір өз басына байланысты да, жағдайы бар болатын. Ол жайында Мұхамеджан бұл жақтағы елге ашып – жарып әлі ештеңе айта қойған жоқ. Ол туралы бұл жақтағы әзірше білетінi тек, Сейітбаттал ғана еді.
Бірақ та, онысын Мұхамеджан Жетiсу елiндегі бетке ұстарларға кезекпен, жағалай білдіріп келеді. Осының алдында Лепсі жақта Есім төре елінде де болып қайтқан. Міне енді Матай елінде ел жақсыларымен жүздесіп отыр.
Осы маслихат үстiнде Мұхамеджан елге тосын, тың жаңалықтарын айтудан бастаған. Онысын осы өңірді басып өтетін, салынғалы жатқан темiр жол туралы бастай келіп, алда болғалы тұрған Мемлекеттік Дума сайлауына апарып бірақ тіреген.
Мұхамеджан Арасан елiнiң төрт көзi түгел жиналған жерде осылар жайлы айтқан еді. Онда да, ол темір жол жайындағы әңгімесін басында айтқысы келмей қипақтаса да, бәрiбiр барлығын бастан – аяқ, мына отырған қалың жиынға баян еткен.
Салынар темір жол жайлы айтарда, ол басында әлденеден жалтақтап, жасқанғандай болса да, бәрiбiр, осылар туралы бұл жақтың да халқына айтып өткен.
Мұхамеджанның темір жол туралы сөз қозғарда осылайша қипақтауына біраз жағдайдың өзі себепкер болғаны да рас. Соның ең бастысы – патшалық, отаршылдықтың өте озбыр саясаты мен қитұрқы билiгiнің салдары еді. Осындай әр түрлі қитұрқы саясаттың осы бiр бұратана халыққа өтiп бара жатқан ызғары да күннен – күнге күшейіп бара жатқан болатын.
Осындай озбырлық пен екіжүзділіктің әлегiн Мұхамеджан өзi де талай рет басынан кешiрген. Сондай саясаттың ызғары тәнін әлденеше қабат аяздай қарып, жанына батса да, осындай озбырлыққа қанша күйінсе де, шыдап бағатын. Онан басқа қолдан келер еш айла жоқ. Осыған да еті үйрене бастағандай боп, сыр бермейтiн күйге көшкен.
Бұндай көзсоқырлықтың лаңының қайдан шығып, қалай пайда болатындығына, өзінің осы күні көзi қанығып, оның қалай пайда болатындығын да әбден біліп алған сияқты.
Мұхамеджанның осы уақытқа дейiнгi көрген құқайы тек осы ғана дейсің бе? Айта берсең осылардың барлығы оған тек қана, отаршылдықтың осындай озбырлығының белгiсiндей болып қала беретiндей көрінетін. Кей уақытта өзiне – өзi: «Неде болса шыдау керек!» дегендей қып, iшiн басып, түнере түсiп жүре беретiн. Оның осы өмiрiнiң iшiнде, көргені мен бiлгенi, басынан кешкенiнің арасында кейде осындай астамшылық та кездесіп қалатын.
Аяқ басқан сайын өзiнiң «бұратана халықтан» шыққандығы бетiне салық боп жағылатын секiлдi. Ондай кемсiтудi бiлiп қалып жүрсе де, бәрібір қапысын тауып қоймай – қоймай кездесе берді. Егер Мұхамеджанның өзінің көргендерiнің барлығы да, тек қана осымен шектелсе ғой. Бiрақ бұл озбырлықтың шегі де, шеті де көрінбейтін, бітпейтін сияқты. Бұратана аталған халқы үшін бұл өзі бір бiтпейтiн жара, орны толмас күйiкке айналғаны Мұхамеджанды қатты қинайды.
Мұхамеджан: «бұл халық ненi көрмедi дейсiң?» деп iшiнен мүсiркегендей де болып қояды. Бірақ амал не? Қолынан келер түгі жоқ.
«Ау, сонда, бұл қазақты қалай көркейтемiз! Бодандықтың құрсауынан қалай құтылармыз!» дегендi бұл күнде өзі сияқты қазақ баласының қайсысы айтпай жүр дейсiң. Бүгiнгi күнi қазақпын дейтін азаматтарды толғандыратын да осы күй болып тұр ғой. Осыған орай Мұхамеджанның ендігі бұл өмірден өз түйгенi де бар. Онысы – өзiнiң күш – жiгерiн соның жолына арнамақ.
Мұхамеджан соны ойлаған сайын, ойлағанының жолдары да жаңа ғана ашылып, өзiне тағылған мiндей болып көкейiне құйылып жатқандай болады. Ал құлағына тиген жаңғырық сарыны: «сорлап жүрген елдi кiм ойлар?!, Соның күйігiн кім тартар?!, Кім осы елге жанашыр болмақ?! деп, дауласып кеткендей едi. Осының бәрi намысқойлық билеген ызалы жүректi жарып шыққан үнге ұқсайды. Оның мұнысы ендiгi мына елге жан ашыр болып, жақсылығын үйiп – төгiп, шапағатын түсiрмекке шақыратын тәрiздi. Мәселе о бастан-ақ осыған байланысты, осымен бірге болғандай едi. Мұны білу өзіндей көзі ашық қазақ баласына парыз болып қала беретiндей көрiнген.
Бодан ел, төменгі халықтан шықандығын бетіне басқандай болғандардың алдына барып, айтқанына көніп, айдауына мойымаса болғаны. Ел тағдырына бола бәріне көндігудiң өзі де бұл үшiн үлкен сын сияқты.
Мұншама ауыр ойларды қалайда серпiп тастамақ болған Мұхамеджанның жүзiнен шарасыздықтың ажары бiлiнiп тұрғандай. Бағанадан бергі еркін, салмақты ойдың бәрінен тартынып қалғандай, қабағы түсiп тұнжырай қалған.
Өзiнiң осы бiр далбасасынан бiрдеме шықса жақсы болар едi. Онда елге де дұрыс болары анық. Солай бола қалса бұның қолға алатыны да ел жайы болады ғой. Ойлап жүргенi де, тек осы ғана сияқты.
Мұхамеджан қазiргi кезде – патша өкіметінiң қалайда Орталық Азиядағы өз үстемдігін нығайта түскісі келетін есебін де байқай бастаған.
Сол үшiн де олар Орталық Азияның оңтүстік аумағын өзінің кең – байтақ Сібір, Қиыр шығыс аймақтарымен байланыстыратын стратегиялық жолдар жүйесін жасау үшін жанталасуда еді. Бұл тұжырым оның осы жолдың жобасын жасау кезiнде тағы айқындала түскендейтін.
Сондықтан да болар, жол салуға байланысты барлық жасалып жатқан дайындық жұмыстары әлі де болса құпия саналып, көпшілік жұрт үшін жабық күйде қалған болатын. Тек қана, бұл туралы бірен – саран, санаулы шенеунiктер ғана білетін. Соның бiрi осы жолдың жобасын жасаушы, темiр жол жасаушылардың iрi лауазым иесi, Россия империясы Орынбор – Ташкент темiр жолының оңтүстiк – шығыс жүйесiнiң бас инженерi болған Мұхамеджанның өзi едi.
Мұхамеджанның патша өкіметі шенеуніктерінің «қасық басына қарауыл қойып отырған» орынсыз сезіктенушілік қылықтарына қинала, ызалана қарап, іші ашитындығы да осыдан шығар. «Ең ақыры жол екеш жолдың өзі де, ешкiмге бұл турасында айтпаңдар деп жасырынбақ ойнағандай жабулы қазан күйінде қалмақшы ма? Сондайлық күлге аунатып, ұрын жеген күлдi – көмештiң дәмi тәттi болмақ па? Бәрiбiр де көретiн көз, салынар темiр жолды көрмейдi ме?» – деп, билiк басындағылардың осындай тоғышарлықтарына көңiлi толмағандай болып, бойына келген кәрiн iшiне тартып, ызадан булығыңқырап қалатын.
Патша үкiметiнiң темір жол салудың өзін не үшін жасырғысы келетiндiгiн түсінбей, өзі де шын ызаланатын. Бiрақ бұл жолы елге келiсiмен «мейлi маған iстейтiнiн iстеп алсын мен бiрақ өз жұртыма бұл туралы айтып түсiндiрмесем болмас?! Қайткенде де мұның керектiгiн елге түсiндiруiм керек. Айтпасам болмайды!» деп, осы жағдайды Жетiсу елiне жайп салғандығы сол болатын. Онысы ел iшi бұл туралы да бiлiп, осы жайға дайын тұрсын деген ойы сияқты.
Жиырмасыншы ғасыр басталысымен-ақ, Түркiстан өлкесiмен кең –байтақ Сiбiр өлкесiн темiр жол қатынасымен байланыстыру мүмкiншiлiктерi сөз бола бастағанда, осыған дейiн белгiсiз болып келген қазақ инженерi Мұхамеджан Тынышбаев болашақта салынар темiр жолдың бағытын белгiлейтiн жобаны жасап, осы жолға керектiнiң бәрiн есептеп шыққан. Ол өзiнiң жасаған жобасын Россия техникалық қоғамында баяндап берген.
Мұхамеджанның келешекте салынуға тиiс бұл темiр жол бағыты туралы өз арманы да бар, онысы: «шiркiн, бiздiң қазақ арасынан да темiр жол саласында жұмыс жасайтындар шықса» дегені болса, бірақ сол мақсатқа жету үшiн қазақ арасынан шыққан жастарды оқыту керектігі алдынан кесе көлденен шыға келеді.
Бiрақ, қазіргі отарлық ел қазақ арасында бiлiмдiлiк пен бiлгiрлiк тұрмақ, сауаттылықтың өзiнiң мардымсыз екендiгiн ойлағанда, өзінің жүрегi қарс айрылардай болып қалады. Бүгінгі күнгі қазақтың көзі ашық зиялы қауымының уайымы да осы. Олардың бас салып: «жаппай сауатсыздықтың жұты қазақты күйзелтіп–ақ жатыр» деп шуласуы да осыған байланысты болған.
Барлыбекпен кездескен сайын өзінің сұрайтыны да осы жайы. Жетісу жеріндегі қазақ арасындағы сауаттылық мәселесін онан артық айтып, көтеретін бұл кезде қазақ баласы жоқ..
Мұхамеджанның осы ойына жергiлiктi байлардың кейбiреуiнiң оқуға ден қойып, мектеп, медресе, школ ашып қол астындағы бай мен манап, кедей мен кепшiктiң балаларын бөле – жармай оқыта бастағандығы ғана аздап дем бергендей болады. Әсіресе, Жетісудағы көп байларың бірі Қыдыралы – Қалқабай ұрпақтары бұл жағынан алдарына жан салмай келеді екен. «Басқа байлар да солардай боп мектеп ашып, бала оқытса ғой…әттең!» деп, бұл жаққа келгелі Мұхамеджан iштей қынжылатын болып жүр.
Бірақ, там – тұмдап жиналған осы дүниенің аздығына кейіп, қазақ арасындағы сауатсыздықты жоюдың жолын іздеп әуреге түскенімен оны табу өзіне қиын.
Қапал өңіріндегі «Мамания» мектебі туралы Барлыбек айта келіп, бір жағынан қынжылғандай болып: «бiрақ бұл әлi аз дүние. Бiзге өз халқымыздың азаматтарын оқытпай, оларды өндiрiс пен өнеркәсiпке баулымай түк те шықпайды. Қазақ балаларына мейлінше өнеркәсіп тәсілдерін үйрететін оқуды оқу керек» деген.
Бұл өте орынды айтылған сөз екенін Мұхамеджан түсінеді. Бірақ соны жасауға ешбір мүмкіншілік жоқ сияқтысы тағы бар. Ол жолдардың бәрі Барлыбектің айтуынша отаршылдықтың кесірінен қазақ баласы үшін мүлде жабылып қалған. Бодан елге тән қасиет – мұның бәрі.
Мұхамеджанның бағанадан бері Барлыбектің айтқандарынан күткен сөзі осы бодандықтан құтылу жолдары еді. Оның соңғы кезде сезетін бір жайы: қазаққа тәуелсіздік керек екендігі, яғни саяси бостандық пен бодандық бұғауынан босау қажет. Өзінің соған анық көздері жеткен сияқты. Бір ойдан Мұхамеджан – Барлыбек өзіне осы туралы бірдеме айтпақ па екен деп ойлады. Барлыбектің бұл туралы айтқандары тым ашық еді.
– Ал енді хош делік. Сол тәуелсіздікті қалай алмақпыз? – деп, Барлыбек өзі бір жағы Мұхамеджаннан соның жолын сұраған сияқты болып, артынша өзі соған жауап қайырардай боп:
– Иә, бұл біздің халық үшін өте қиын дүние болып тұр – деп айтқан.
Мұхамеджанның осы бір кезде өзі үшін ой түйгені бар. Онысы Барлыбекке қатысты түйін. Соған қарағанда, Барлыбекке салсаң қазақты бүгін бодан күйінен босатуға бар. Ол «қазақ елінің бостандық декларациясын» да дайындап қойғанын жасырмастан Мұхамеджанға айтқан. Тіпті, қазаққа жаны ашиды ау, дейтұғын азамттарының көбі ол туралы біледі. Бірақ ол жазылған қу қағаздан не пайда? Бодандықтан қазақты кім босатады? Өздерін тізгіндеп отырған империя ма, ол империя өлсе де мұндай сұмдыққа бармақ емес. Бұл жағын екеуі де жақсы түсінеді. Әзірге қолдарынан келетін түк жоқ.
Мұхамеджан қазақтың қиын күніне онан сайын ауыртпалық түсірердей болған жайдың бірі – осы кезде Россия империясының Кіндік Азияда билігін нығайтқысы келетіндігі еді. Олай болса қазақ баласына түскен бұғау одан ары қатая бермек.
Империяның түпкi мақсаты қалайда Үнді мұхитына шығу еді. Үндістан түбегінде үстемдік ету саясаты тек қана, Ұлыбритания империясына ғана емес, сонымен қатар Россия империясына да тән қасиет болатын. Бұл саясаттан Россия да құр алақан емес. Үндi мұхитына шығу оның ежелгi мақсатының бiрi. Тiптi, бұл мәселе бойынша осы екі елдің мұңы мен арманы да, бір сияқты. Соңғы кездегі бұлардың арасындағы осыған байланысты саяси белсенділіктің өршуін де Мұхамеджан осыған балаған.
«Салынатын жолды соншама жасыратындай не көрініпті, осындайлық үлкен құрылыс қалайша жасырын жасалмақ? Бәрі бір де белгілі болады ғой» деп Мұхамеджан тағы қайтара ызаланып, ол осыған кәдімгідей–ақ кейігендей болады.
«Нақ бір Үндістан жақтан ұрын келмекші болған Британ империясы орыстардың осы бір ішке тығып, шүперекке түйгендей болған құпиясын біліп қойып, тартып алатындай–ақ, болуын қарашы» дегенді де, Мұхамеджан екшелеп, қазақтың жағдайы бодандыққа онан сайын бата түсетіндігіне көкірегі қарс айрыралдай еді.
Өз ойына шомған Мұхамеджан, осының бәрін өз көңiлiнiң талқысынан өткізгендей болып отыр. Бұл кеткелi елде талай өзгерiстер болып жатқандығына Мұхамеджанның бүгiн көзi жеткендей болды. Тiптi, көп нәрсеге байланысты алға жылжу да жоқ емес – бар. Соны көріп өзі тағы қуанған.
Былайша қарағанда, мұның да елден кеткеніне он – он бес жылдың қарасы өтіпті. Оқу оқыды. Қызмет қуалап, елден алыс кеткені рас. Елден алыс кеткені жанына батқанмен, елi, туып – өскен жері, атамекенi көкейінен бір сәт те – кеткен емес. Бұл жақтағы ағайын мұның ішіндегісiн қайдан білсін.
Енді міне, бүгінгі күнгі бөліне жайылатын саяқ жылқы сияқты жүрісі мынау. Осы күйiне өзi қорланғандай болушы едi. Құр ғана қорланғандық емес, осы жүрiсi өзiнiң жанына батып, жүрегiн ауыртатын. Оның үстіне алған білімі де сирек кездесетін, темір жол құрылысының инженері болғандықтан, мұның жүрісіне елдегілердің ауқымы жетпей қалған. Петербургтегі Бірінші Александр патша атындағы темір жол қатынасы институтында оқып шыққан алғашқы қазақ баласына, өз елінде алған мамандығы бойынша қызмет те табылмағандай екен… Табылмағандықтан емес-ау, ақиқатына келгенде темір жол билігінің тiзгiнi басқа билiк жүргiзушi халықтың қолында болғандықтан да осылай болған. Сол тұтқаны ұстап отырғандар, бұратана халықтан шыққан бұған оң рай танытпаған. Мұхамеджандай төменгі халықтан шыққандар өз орнын білулері керек атты сылтауды көлденең тартқандары да сол еді. Сондықтан да, енді ғана салынып біткен Орынбор – Ташкент темір жол торабынан, оқыған мамандығы бойынша бұған лайық қызмет табылмаған. Мұны осы жолдың ең алыс түкпіріне шетқақпайлатып жiберткен. Ол жер өзi әмбе шалғай – әмбе күні аптап болғандықтан, мұны сонау Қоқан мен Әндіжан жақта салынып жатқан жол бойына баруға мәжбүр еткен. Олардың мұнысына Мұхамеджан қыңқ етіп ауыз ашпаған. Қайда жұмсаса, сонда кеткен. Ондайға мойыйтын бұл емес. Патша үкіметінің жұмсаған жағына барып, берілген қызметіне кірісіп кеткен.
Ал шындығына келсе, Мұхамеджан еліне келгеннен бері, әсіресе осы соңғы күндері, өзіне бұрын беймәлім, кездейсоқ, шытырман, дағдысыз бір күй кешіп жүргендей сезінген еді.
Әйтеуір өз – өзінен қиналып жүр. Оған себеп болардай, мұның ойында жүрген, бірақ әлі жұртқа айтылмаған көп сыр бардай. Бұл соларының шет жағасын тым құрыса мына отырған рулас ағайынға да әлі айтып үлгермеген.
Мұның бірқатар жылдар бойы елден жырақтау, шет жүргені бұл жақтағы рулас, қауымдас ағайынға жақпағандай. Атасы бір азаматтың елден оқшау, саяқ жүргені оларға ұнасын ба? Керек кезде ағайынның жыртысын жыртып, сойылын соқпағаннан кейін, ел қамын ойламағаннан кейін, басқа жақсылығыңды – мына жұрт қайтсін.
Бұл соны біліп пайымдағандай болып отыр. Мына елге не айтсам екен деп, оқталғандай боп отырғаны да сонан шығар.
Сондықтан болар, бұл жақтағы ағайын осы күнге дейін бұған онша – мұнша сыр беріп, ішке тартпай тұрғаны. Өз руластарының бұған суық көрінгені де сондықтан болар?
Оны бұл мына отырған Арасан болысының қазақтары сияқты, басқа да Матай елi iшiндегi көптеген ағайынның бұған деген көзқарасынан анық аңғарғандай болған.
Бұл туралы тiптi сыпсың сөз де ел арасына тез тарап жатыр. Әрине ол белгілі жағдай ғой. Қазақтың онысыз басы ауыратындай, қазақтың онысын қай құдай алсын.
Ел iшiнде айтылар сөз де көп, дауласатын дау да жеткiлiктi. Кейбіреуі немқұрайдылау қылып, мұнан сауал суыртпақтайтындығын қайтерсiң. Бұлардың арасындағы ондайлардың сөзi:
«Өзiң осы кезге дейін қайда болдың?, Қайда жүрсің?, Қайдан келдің?» деп, тәптiштей сұраудан басталатын. Мұхамеджанға мұндай әңгіменің төркінінде тағы бір әңгіме жатқаны анық көрінеді. Ондай сыр тартып, сұраушылардың сыралдысының айналып кеп, тағы өзiне тiрелетiнiн сезеді.
Жас та болса, өз қандастарының мінезін жете танып, білетін уақытқа жеткен сияқты. Мұхамеджан бұл арада үлкен түйін жатқанын жақсы білtдi.
Мына отырған өзінің руластарының кейбірінің тіптен бұған айтылмаған уәжі, жетпеген өкпесi бардай, ренжулi көрінген. Осылардың қай – қайсысының болмасын көкейіндегісі: «кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан болдың» керін бұған білдіргісі келетiндей. Тіпті ыңғайын келтірсе бетке басудан да тайынбастай көрінген.
Мұхамеджанның алабұртқан жан сезімі мына отырған қалың ағайынмен, елмен кездесер шақта онан сайын шыңдала түскендей.
Өз ойының бір өріске түскеніне оның өзі де риза болды. Іштей: «осынау ел – жұрт мұның өзі бір шетте өз бетімен жүріп – жүріп, енді бүгін керек кезде бізге қолқа сап, келе қалуын қарашы деп, ойлайтын да шығар?» деген. Бірақ та, мұндай «астарлы сөздер» өзі жоқ сырт жерде айтылмаса, әзірге мұның көзінше әлі айтылып көрген емес. «Оған да болса құдайға шүкір. Ол да болса елдiң – өзін ұлық тұтып жарылқағаны шығар» деп ойлаған.
Осындай ойлардан кейін, Мұхамеджан өзін тағы да, шырғалаңға түскендей боп сезінді. Тіптен, «бұл өзі бұрын қайда жүрген, елін неге іздемеген?» десе де, елдiң айтқандарының қисыны бар, орынды сөз болып шығатындығына мұның еш таласы жоқтай.
Оны да бұл ойламады дейсің бе? Ойлаған. Ондай астарында өкпесі бар сөздерге Мұхамеджан үндеген жоқ. Дауласып қайтсін. Одан не табады? Көпке топырақ шашсын ба?
Мүмкін елі мұны әлі жіті танымай жатқан болар. Қазіргі жағдайда еліне бұл керек болмаса да, бұған ел – жұрттың керек болып тұрғандығын қайтерсің. «Өлмегенге өлі балық кездеседі» дегендей, шындығына келгенде дәл осы уақытта мұның өзі ел – жұртқа зәру, қыжалат болып тұрғаны ғой.
Осы жағдай емес пе, оны елге сүйреп әкелгендей болған. «Ал, енді елге келгеннен кейін менің ішімдегіні іздеп тауып ал дегендей жүрісім мынау?» – деп, Мұхамеджан тiптен өзіне – өзі қынжылғандай болды.
Әйтпесе, мына отырған ел – жұртына өзiнiң мұндай тысқа жарып шығып көрмеген ойларынан… көрi, дәл осы кезде әсіресе, іс – көмегі қажет шығар. Осының бәрі оның соңғы уақыттар көңілден кешкен ауыр сезім, терең азабындай болып көрінеді. Әлде, өзінің адамдық қасиеттен бір шама өсіп, азаматтық қасиеттерге ие болғандығы да шығар.
Бұл Мұхамеджанның осы ғұмырындағы ойына түйгені, өзіне – өзі берген серті iспеттi еді. Еліне жасалатын қызметі мен жасайтын жақсылығының кезі келгенін түсініп, тез өзгерген шағы да осы болар.
Мұхамеджандар Арасан болыстығына келісімен шұғыл түрде іске кірісіп кеткен. Арасан елінің атақты болысы Сейітбатталдың үлкен үйінде жиналған жұрт болашақ депутаттыққа өкіл кісіні күтіп алған.
Сейітбаттал Мұхамеджанға жиынға келген осы маңның адамдарының төрт көзі түгел екендігін айтып, өзі жол бастап күтіп отырған тамам жұртқа Мұхамеджанды алып кірген.
Барлық жиналған жұрт, үйге кірген Мұхамеджанды аяғынан тік тұрып қарсы алған. Өзара жөн сұрасып жатты. Осындай жайбарақат сөздер аяқталысымен Сейітбаттал сөзін арыдан бастап:
– Біраз уақыттан бері Жетісу еліне ақ патшаның қол астында қызметте тұратын Мұхамеджандай мырза келіп жатыр. Бұл кісінің келісі жай келіс болмай тұр. Алда патшаның жарлығымен сайлау өтпекші екен. Ол сайлау қатардағы би мен болыс сайлауы емес, одан да күрделі болатын түрі бар. Бұның өзі «тума» деген құрылтай сияқты өкілетті жиналыс болса керек. Оған қазақ сияқты қара халықтан да депұтат сайланбақшы екен. Сол депұтаттыққа Жетісудан Мұхамеджан мырза да түспекші сияқты. Былай айтқанда Жетісу халқы үшін бағын сынамақшы болып отыр. Біз осы кісіні сайласақ біраз нәрсені ұтады екенбіз. Өйткені бұл кісі осы жақтың тумасы, өзіміздің адам. Қазақ халқына не керек екенін де жақсы біледі. Әмбе, орысша оқыған, орыстармен өз тілінде емін – еркін сөйлесіп, ойға алғанын жеткізе алады.
Тағы бір ұрымтал жері бұл кісі патша үкіметінің қызметкері, солардың сеніп тапсырған жұмысын істейді. Онда да анау – мынау емес шойын жол салып, отарба, яғни айтқанда пойыз деген кереметке тікелей қатысты шаруаларды мырзаға ақ патшаның кісілері сеніп тапсырып отырғаны тағы бар. Сондықтан бұл кісіні сайласақ өзіміздің қажетімізге жарайтын кісіні сайлағандай боламыз. Мұхамеджан мырза Жетісу халқы үшін білек сыбанып кіріспекші екен. Бірінші тума мүмкіншілігін қазақ үшін, оның ар – намысы, талан – таражға түсіп жатқан жері, есесі кетіп бара жатқан жағы үшін, бізге істеліп жатқан астамшылықты басуға, кемсітушілікке, қысқасы басыбайлы бодан күнімізге сәл – пәл болса да жеңілдік жасауға жұмылдырмақшы екен. Олай болса оның тілегін қабыл еткізуге барлық мүмкіншілікті бізде жасайық. Бір кісідей дауыс берейік – деп айтып өтті.
Сейітбаттал сөзін аяқтасымен отырған ел тынышталып, үндемей қалған. Бар жиын бұл айтылған сөздердің астарында не жатқанын аңғара алмағандай болғандықтан, дал болып, іштей тынып қалған сияқты.
Мұхамеджан енді ғана зер сала қарап, отырғандарды тегіс бір шолып шықты. Бірақ өз тарапынан мына отырған Арасан жұртына әзірге ләм – мим деп тіл қатпай отыр. Ішінара айтыла бастаған күңкілге де көңіл аудармастан өз ойымен өзі боп, отырған секілді. Бағана үйге алғаш кіріп, жөн сұрасқанда «кім болдыңыз?», «қайдан келдіңіз?», «не шаруамен жүрсіз?» деген сұраулы жүз, қысыр сөздерге емеурін қып, ескерусіздей етіп
«темiржол салумен айналысамын. Алыста Қоқан, Әндiжан жақта жүрдім» деген. Оның бұл ел естiмеген темiр жол туралы сөздерiне алғашында бұл жақтың да кісілері әжептеуір таңырқасып қалған. Енді сол айтқандарының нағыз кезегі келгендей болып тұр. Осыдан кейiн барып Мұхамеджан осы айтқандарын тиянақтағандай боп:
– Бұл жаққа да пойыз жол салынғалы жатыр. Амандық болса бірер жылда пойыз бұл араға да келер. Сол темiр жолдың жақында салынатын түрi бар. Барлығы да дайындалып біткен. Енді тек салынуы қалды – деді.
Бұл сәтте осындағы кiсiлер, жапатармағай сөз алысып та, сөз қатысып та үлгiрген. Олар өзара:
– Не дейді…? Пойыз…, темiр жол… дейді?
– Пойыз дей ме? Онысы не екен?
– Келеді… дей ме? Темiр жолы қайсысы, әлгi шойыннан жасалатыны болар?
– Бұл жаққа оны кiм әкелмекшi екен – десiп барып, әнтек тұрысып қалған. Артынша–ақ, осындайлық сұрақтар көбейген сыңайда көрiндi.
Мұхамеджан осыларды шолып бола берген кезде – үмiттi ойы оны желпiндiрiп тастағандай болды. Енді осы жайды ойлай келгенде, Мұхамеджан өз – өзiне: – «менiң бұл отырысым не?» – дегендей болған.
Бірақ, дәл қазір ол қауырт бір іске беталыс жасардай болып, түйіліп отыр. Оның ойындағысы да, елге жария еткісі келгені де, қазіргі Орталық Азияда салынған да, салынбақшы да болып жатқан темір жол жобалары осының бастамасы секілді. Мұхамеджан қатысқан темір жол құрылысының жобасы да осыларға байланысты болар.
Бір жағынан, Мұхамеджан болашақта салынбақшы Түркістан мен Сібірдің арасын қосатын темiр жол қатынасын – қазақ елінің тарихында елеулі орын алар оқиға деп бiлсе, екiншiден – осы жолдың өзінің халқына берер пайдасы зор екендігіне қуанса және бір мұны қуантатыны осы жолдың өзiнiң туған жері – Жетісу арқылы өтетіндiгi болған.
Сондықтан да, темір жол құрылысының жобасын жасаушылардың жарысына қуана – қуана қатысып, қысқа мерзiмде дайындаған жобасын тиісті жеріне тапсырған.
Жол көбінесе таулы – қыратты жерлермен өткізілмек болғандықтан, жасалынбақ жоба аса күрделі болып саналған еді. Осы қиын темір жол құрылысы жобасын жасауда бұл сияқты төменгi халықтан шыққан инженердiң серпiлiп алға шығуы да таңқаларлық оқиға болып қалғандай. Өйткенi, бұл өзi жаңағыдай халық арасынан шыққан темір жол құрылысының жобасын жасаушы алғашқы инженер болғандықтан, басқалардың тарапынан да өте қатал сынға ұшырағаны бар. Әрине оның бәрi қазiр артта қалды. Бұл ондайдың бәріне шыдап баққан. Сондағы көңіліне демеу болғаны да өз халқының мүшкіл қалын ойлағандығы еді. Қазақ елiнiң ұзына бойынан темiр жол басып өтсе оған жаман болмайтындығын алдымен осы ойлаған. Бiлiп iстеген. Сол үшiн де бұл жасаған жобаның қыр – сыры барлық талапқа сай болып, тиiмдiлiгi зор болған.
Қазақ даласында осы кезге дейін қатынас жолдарының жоқтың қасы болғандығы – ел iшiндегi iшкi және сыртқы сауданың дамуына бөгет жасайтындығы Мұхамеджан үшін белгілі нәрсе болған. Өз елінде әзірге қатынас жолдарының ең басты түрi болып тек қана, қара жолдардың ғана барлығын – бұл тағы білетін. Сол жолдармен қажетті жүк пен товарлар, пошта мен кiре өгiзбен, түйемен, атпен тасылатын және өте өнімсіз болатын. Өзі жасаған талдаулары мен жинастырып жүрген сұрыптаулары арқылы Мұхамеджанның аңғарғаны Ішкi Россиядан қазақ жеріне темiр жолдар салу жөнiндегi алғашқы қадамдар 1870 жылдардан басталған сияқты екен. Бұл қадамның өте қажеттігін ол да мойындап, құба – құп көретін.
1874 – 1876 жылдары Самара – Орынбор темiр жолы салынып, ол Торғай облысы мен Орынборды Орталық Россиямен жалғастырды. 1880 – 1890 жылдарда Каспий теңiзiнiң шығыс жағалауынан Ташкентке дейiн темiр жол салу жүргiзiлдi. Ал, Саратовтан оралға дейiнгi темiр жол 1890 жылдарда салынып бiткен болатын.
Салынып бiткен Сiбiр магистралi құрылысының Батыс Сiбiр бөлiгi Ақмола облысының Петропавл және Омбы уездерiнiң жерiмен небәрi жүз жетпiс сегiз шақырым бойына өтетiн едi. Сол кезде салынып бiткен Орынбор – Ташкент темiр жолы Түркiстан өлкесiн Iшкi Россиямен байланыстыратын бiрден – бiр жол болды. Бұл жол Орынбор – Ақтөбе бағытында Жайық, Елек, Ембi су айырықтарының бойымен Шалқар көлiне қарай, Мұғаджар таулары мен кiшi Борсық құмдары арқылы Арал теңiзiне, Қазалыға, Сырдария жағалауына, Ақмешiт, Түркiстан және одан әрi Ташкентке қарай өтетiн. Мұхамеджанның жұмыс iстейтiн жерi де осы өзбек жерiндегi темiр жолда болатын.
Былай қарап отырса, ел тағдырына мұның да, мойын бұра қарап, көз тастайтын уақыты да жеткендей болса керек. Қалай болғанда да, өзі үшін: еліне қолғабыс жасаудың жолы осылайша көрінген. Ең бастысы бұл жолдың күллi қазақ жерiнiң оңтүстiк – шығыс жағы арқылы өтетiндiгi еді.
Осы бiр жағдай Мұхамеджандай қазақтың жас жiгiтін қатты қуантқан болатын. Бұл жоба жасауға құлшына кіріскені де сондықтан.
Сондағы ең қызығы мынау болды. Қазақ сияқты төменгі халықтан шыққан инженер Мұхамеджан жасаған жоба – ең үздiк болып шыққандығы едi. Оның күндiз – түнi бiр тынбай жасаған еңбегі бағаланып, еш қандай да талас – тартыссыз, үздiк жоба деп қабылданған болатын.
Сөйтiп, қазақтан шыққан алғашқы жоғарғы білімді, тұңғыш темір жол саласының инженері Тынышбаевтың жобасы бірауыздан мақұлданғандай болды.
Жоба ендi жасалып бiткеннен кейiн, бұл ендi болашақта салынбақшы темiр жол құрылысын асыға күткен едi. Тезiрек басталып кетсе соның басы – қасында болсам деген үмiтi де жоқ емес.
Өйткені, бұл жолда Россияны асықтыратын нәрсе – ол Ұлыбритания болатын. Ұлыбритания да Үндістан арқылы Орталық Азияға ұмтылуда еді.
Осының бәрін саралап, екшелей келе, қазақтың жағдайы бодандықтың шылауына онан сайын бата түсетіндігіне Мұхамедажнның көкірегі қарс айрылардай болады.
Ал шындығына келсе, Мұхамеджан еліне келгеннен бері, әсіресе осы соңғы күндері, өзіне бұрын беймәлім, кездейсоқ, шытырман, дағдысыз бір күй кешіп жүргендей сезінген.
Әйтеуір өз – өзінен қиналып жүр. Оған себеп болардай, мұның ойында жүрген, бірақ әлі жұртқа айтылмаған көп сыр бардай. Бұл соларының шет жағасын тым құрыса мына отырған рулас ағайынға да әлі айтып үлгермеген.
Мұның бірқатар жылдар бойы елден жырақтау, шет жүргені бұл жақтағы рулас, қауымдас ағайынға жақпағандай. Атасы бір азаматтың елден оқшау, саяқ жүргені оларға ұнасын ба? Керек кезде ағайынның жыртысын жыртып, сойылын соқпағаннан кейін, ел қамын ойламағаннан кейін, басқа жақсылығыңды – мына жұрт қайтсін.
Оны бұл мына отырған Арасан болысының қазақтары сияқты, басқа да Матай елi iшiндегi көптеген ағайынның бұған деген көзқарасынан анық аңғарғандай болған.
Бұл туралы тiптi сыпсың сөз де ел арасына тез тарап жатыр. Әрине ол белгілі жағдай ғой. Қазақтың онысыз басы ауыратындай, қазақтың онысы болмаса балтыры сыздайды.
Ел iшiнде айтылар сөз де көп, дауласатын дау да жеткiлiктi. Кейбіреуі немқұрайдылау қылып, мұнан сауал суыртпақтайтындығын қайтерсiң. Бұлардың арасындағы ондайлардың сөзi: «Өзiң осы кезге дейін қайда болдың?, Қайда жүрсің?, Қайдан келдің?» деп, тәптiштей сұраудан басталатын.
Ондай сыр тартып, сұраушылардың сыралдысының айналып кеп, таѓы өзiне тiрелетiнiн бұл сезбейді дейсің бе, сезеді. Тіпті ыңғайын келтірсе бетке басудан да тайынбастай көрінген.
Мұхамеджан соны біліп пайымдағандай болып, бір жағы тартыншақтанып отыр. Мына елге не айтсам екен деп, оқталғандай боп отырғаны да сонан шығар.
Жас та болса, өз қандастарының мінезін жете танып, білетін уақытқа жеткен сияқты. Мұхамеджан бұл арада үлкен түйін жатқанын жақсы білtдi.
Айналасында отырған өзінің руластарының кейбірінің тіптен бұған айтылмаған уәжі, жетпеген өкпесi бардай, ренжулi көрінген. Осылардың қай – қайсысының болмасын көкейіндегісі: «кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан болдың» керін бұған білдіргісі келетiндей.
Осының бәрі кей – кезде Мұхамеджанға ой сап, ел адамдары бұл жайында «мұның өзі бір шетте өз бетімен жүріп – жүріп, енді бүгін керек кезде бізге қолқа сап, келе қалуын қарашы» деп, ойлайтын да шығарға апарып тірейтін. Бірақ та, мұндай астарлы сөздер өзі жоқ сырт жерде айтылмаса, әзірге мұның көзінше әлі айтылып көрген емес. «Оған да болса құдайға шүкір. Ол да болса елдiң – өзін ұлық тұтып жарылқағаны шығар» деп қоятын. Айналасындағы қазіргі ағайынның бұл қылығы Мұхамеджанға жөн сілтегендей болған.
Бұл сәтте осындағы кiсiлер, жапатармағай сөз алысып та, сөз қатысып та үлгiрген. Олар өзара:
– Не дейді…? Пойыз…, темiр жол… дейді?
– Пойыз дей ме? Онысы не екен?
– Келеді… дей ме? Темiр жолы қайсысы, әлгi шойыннан жасалатыны болар?
– Бұ жаққа оны кiм әкелмекшi екен – десiп барып, әнтек тұрысып қалған. Артынша–ақ, осындайлық сұрақтар көбейген сыңайда көрiндi.
Мұхамеджан осыларды шолып бола берген кезде – үмiттi ойы оны желпiндiрiп тастағандай болды. Ол өз – өзiне сеніммен қарай бастаған, біртіндеп елдің де ықыласына бөленіп келе жатқандай болған.
Бүгiн мiне, Мұхамеджан сол мақсатпен көкейдегі істің ендiгi өрiсi қалай болмағын мына елге тағы да айтпақшы.
Мұхамеджанның бұл жолғы сөздері де салынбақшы темір жол мен сайланбақшы Дума депутаттығы жайында болды.
Басында, осы отырған Матай елінен жиналып отырған көпшілік мұның мына айтқандарына ошарылып, аңтарылып қалғандай. Тек, Арасан ауылының молдасы, қызыл шырайлы келген, шегір көз Бірмағанбет басына орай салған сәлдесінің иығына түскен байларын сипап қойып, бұл жолы да елдiң алдына түсiп, ала – бөтен елден бұрын:
– Астапыралла! Сұмдық-ай, онысы несі мына кісінің – деп қалған. Бірмағанбеттің тілі әлденеден күрмеліп барып, сәл бөгеле беріп:
– Аллатағала! деп барып, аузы күбірлеп ала жөнелді. Бiрмағанбет молданың мұнысы дәл бiр о дүниеге аттанғалы жатқан жанға иман айтуға келiп, соған арнаған мiскiндей боп көрiндi. Сосын барып ол күбiрлеген қалпы ернiнiң дiрiлi басылмастан:
– О, ғажап! Не дейді мына кiсi! – деді. Осыны айтқанда оның сұрғылтау келген көздері бір түрлі үкiнiң көзiндей болып, суланып, жасаурап кеткендей боп, артынша қызып барып, су тиген әйнек сияқты шытынағандай болып барып, жылт ете қалды. Аз уақыт үйдiң iшiн жым – жырт тыныштық басқандай болды. Бiрақ бұл көпке бармады. Осыдан кейін барып отырған ел біраз дүрілдесіп кеткен. Айтылар сөз сайлаудан көрі қызығырақ арна тауып, ендi темір жол мен пойыз жайына көшкен.
Қапал оязына қарасты Тоғыз Матайдың Ақешкісінің болысы қызыл шырайлы келген, етжеңдi, сақал – мұртын баппен ұстайтын, кербез кiсi – Дубек:
– Шойын жол келсе, осы отырған бәрiмiздiң де шекеміз қызады екен! Е – е, оның несiн айтасың! Сондай бәлекетпен бірге жын – шайтан, айғай –шу мен пәле – жала бірге келеді де? Шойын жол салуға оларың қыруар жерді тағы кесіп алатыны бар. Қазақты қайбір оңдырар дейсiң? Сорлайтын тағы бiз дейсiң ғой.
Дубек өкіметтің аламын, саламын дейтін әбігерінің ұзақ, шулы болатынын әбден білетін. Енді шойын жол саламын деп тағы да жайылым жерлерді ала бастайтынына көзі жетіп отырған адамдай болып, нық сөйледі. Әрі – беріден соң осындай қисынсыз хабарды әкелген Мұхамеджанға да теріс пиғыл көрсеткендей болып, шарасы үлкен суық көздерімен ата қараған.
– Әй, әйтеуiр қойсаңшы! Соның бізге пайдасынан көрi зияны көп болар. Онсызда мына өкімет қит етсе аш кенеше жерге жабысып, артығын аламыз деп жатқанда, мынасы тiптi сыныққа сылтау тапқандай жақсы болады ғой.
Бұдан былай ой – һой десеңшi, шойын жол, пойыз, басқасы деп, тағы жерге таласатын болды десеңшi? Аш кенеше жабысып ап, қасарысатын шығар өңшең алымшы мен жебірлер.
Өзi тарылып тұрған жер, онан ары тарылатын да болар. Тағы да, сол мал – жанға қиын соғатын болатыны белгiлi болды. Олай болса, шындауытқа келгенде сол шойын жолыңның менiмше қазаққа тигiзетiн еш қандай пайдасы жоқ сияқты – деп, өз ойын iрiкпестен айтып салмасы бар ма.
Дубектің мынадай ұстараның жүзiндей қылпылдап тұрған өткiр де ауыр сөздерін естіген Мұхамеджан:
– Шынымен–ақ, ел ағасы, болыстың бірі осылай ойласа, басқасына не жорық! Оларға мына түрмен темір жол тұрмақ қазiр осы араға ұжмақ орнатам десең де көнбестей болады екен ғой. Бiрақ осының бәрi өкiмет билiгiнiң елге батып отырғандығынан шығып та жатқаны белгiлi. Әсiресе, жер туралы көп айтады. Бұлай ете берсе қазақ баласы қайда бармақ? Қайтiп күн елтпек?! – деп, Мұхамеджан өз – өзінен мұңайып, бiр нәрсеге қынжылып, ренжiгендей едi.
Дубек пен Бірмағамбеттің айтқандарын құптаушылар да табыла кетті. Солардың сөзін қостағандай болып, бұл уақытта отырған атқамiнерлердiң арасынан дауыстар шыға бастаған:
– Рас!… , құба – құп, солай болады!…
– Дұрыс, дұп – дұрыс айтады!
– Дукеңдiкi жөн, нағыз сөз!
– Шындығы солай болар, былайша келгенде де сол ғой, Дубектікі дұрыс! – дегендердiң дауыстары әр жерден жапатармағай шығып жатса, ендi бiр ызғарлы да ашулысы:
– Әй, құрысыншы өзi темір жол салғызамыз деп, жерден айрылатын шама жоқ! Онсызда алатынын алып жатыр бұл өкiмет! – деген, осыған ұқсас дауыстар отырғандардың арасынан тағы да білініп жатты.
Бұлардың арасында әлiптiң артын күтiп, үндемей отырған да атқамiнер мен ел ағалары бар. Олар нақ қазiр қарала оқалы өкімет киімін киген, жаман – жақсы болсын үлкен ұлық болып саналатын Мұхамеджанның алдында осымыз қалай болады дегендей қып, іштей сескеніп, жалтақтық қылып отырған сияқты.
Ондай болыстар мен билер үндеместен, Мұхамеджанның айтқандарын не қостарын – не қостамасын білмей дал болып отырған күйi қалған. Мұндайлар түк айтпаса да, олардың осы енжарлық қалыптары жаңа ғана Дубек айтқандай «ел үшін бұл жақсылық емеске» көп жақындау сияқты.
«Шойын жол саламыз деп жүргенде өкiмет қалған жерге де ауыз салмаса болды?» дегендей көкейлерiнiң түкпiрiнде тығылып жатқан күптi жауапқа да ұқсайды.
Әзiрге үнсiз отырған Сейітбаттал болыс, әңгiменiң төркiнi басқадай боп бара жатқанына көз салып, ой жүгiрткендей болды.
Сейітбаттал іштей: «мына бір істі дұрыс бағыттап, келелi арнаға түсiрмесе, елге пайдалы заттың өзі де, өсти – өсти кеп мәнiн жоғалтып, құмға сiңген судай боп кетпесiне кiм кепiл? Ал, сол түсiнен айрылып, бiр қисайған нәрсенi аяқ астынан орнына келтiру де қиын болады» деп түйген. Оның өзiнiң тiптi өрескел, нағыз бiр керексiз дүниге айналып кетерiнен Сейiтбаттал сезiктене қалғандай. Бұл жайында тап осындай сөздер айтыла берсе – елдiң осылай ұғары да белгiлi болып қалған. Солай болатындығына оның көзі жеткендей еді.
Ол осындайда ел ісін көкірегімен сезетiн, арқа сүйер, азулы би – Нұрланның жоқтығына қатты қынжылғандай болды. Орақ ауызды, адуынды, сөзi елге өтiмдi бидiң жолы бөлек едi ғой. Нұрлан би дау кезінде ешкімді аямайды. Турасын айтып, қара қылды қақ жарғандай етеді. «Би деп Толқынның – Нұрланын айт» деген ел сөзі бар. Тап осы арада ол болғанда, әңгіме басқаша болары белгілі.
Оның өзі–ақ, осы мәселенiң төңірегінде біраз тындырымды, дәлелдi сөздер айтып, басқалардың да көзін оңды нәрсеге тез аудартып, барлық сөзді шебер тiлмен, беделмен жеткізер еді, өткiзер едi!
Сейітбатталдың ақылшысы болатын да, нақ осындай ауқымды түйiнi көп жерлерде үстiнен түскендей қып дәл айтатын да, әдiл баға бергiздiре айтатұғын да, оның көп сүйенері де Нұрлан би емес пе? Амал не. Би болса бұл арада жоқ Жалайырдың ішінде даумен жүр.
Сейітбаттал қинала күрсініп, қабағын шытты. Ол отырған орнында сәл қозғала түскен. Ойын жинақтап, айтатындарын елеп, екшеп алды. Сөз қомдасын ой елегiнен өткiзе бастаған. Өз ойының бәрi дұрыс сияқтанғанғандай көрiндi. Қалт жiберсе сөздiң дәмi кетiңкiреп қалатындай көрінеді. Осындай ойлар оны ширықтыра түскен.
Сейітбаттал мына отырған матайдың игі – жақсыларын өзiнiң жанарлы көзқарасының бiр шолып өттi де, сөздi бастап кеттi.
Сейітбаттал сол бойында жағалай отырғандардан көзін алмастан:
– Темір жол салғанның да машақаты көп шығар. Қазақ үшiн оның не жақсылығы бар, жердi тоздырғаннан басқа деп те ойлап отырған шығар мына ағайын. Бірақ мен білсем ол елге пайдалы нәрсе. Адам мен жүктiң неше атасын алып жүрер болса, ең ақыры алыс жерлерге мал тасыса да қайда жатыр. Былайша келгенде жүздеген тiптi мыңдаған кiренiң жүгiн бiр пойыздың өзi әкететiн болса. Онда ол қазаққа да керек дүние – деді.
Сөйтіп отырып, темір жолға да, Мұхамеджанға да қатысты біраз сөзді Сейітбаттал айтып салды. Оның айтып жатқандары кісіге тың ой салғандай болды. Соны аңғарған Сейітбаттал осы бір мүмкіндікті қалт жібермейін дегендей қып:
– Пайғамбар еліне мінажат етуге барғанда біраз нәрсені көрдік. Бірақ сол жақтан аталмыш пойыз дегендi – атымен көрген жоқпыз. Пойызды мына өзімізге көршілес өзбек жерінде, Қиуа мен қазақтың Сыр деп аталынатын үлкен дәрия өзенінің бойымен қуалап салынған жолдардың бойында ғана көресiң дейтiнi де бекер емес. Ол да болса орыс елі өнерінің артықшылығы болар. Олай болса ондай өнердi үйренген халық та осал болмас. Сол өнердi үйренiп, сондаймен айналысуға біздің қазақ баласының қолын кім байлаған? – деп, Сейітбаттал сәл қабақ түйді жасады.
Өз халқының барлық өнерден кенже қалып бара жатқандығы, Сейiтбатталдың да жанына батып, көңiлiне ауыр тиетiндiгi белгілі болып қалды.
Ол еңсесін көтеріп, тағы қайтара күрсінгендей болды да, жаңағы өзі бастаған сөзін жалғап кетті.
– Мен көрген, өзiм өткен басқа да елдiң пойыздай көлігi әлі жоқ. Сонау парсы, араб жерінде де әлі негізгі көлік түйе екен. Ол жерлер құмды болып келетiндiктен арба деген атымен жоқ, кей – кей жерлерде бірен –саран ғана бар. Өз көзім көрді пойыздың мыңдап адам алғанын. Басқа да жүктерді еш ауырсынбай әкете береді екен. Мен айтсам, пойыз қазақ үшін қажет нәрсе – деді.
Осыны айтып барып Сейiтбаттал сәл тыныс алғандай боп, сөзiн баяулатып барып тоқтаған. Айнала отырғандар үнсiз қалды. Бiреулер сәл жөтелсе, кейбiреулер демдерін ішіне тарта ауыр тыныс алады, аудық – аудық күрсiніп қоятындар да бар. Осылардың арасында оқтын – оқтын есiнеп, шала – шарпы болса мызғып, ұйықтап отырғандар да табылады.
Жиын үсті үнсіздікке батқандай, тым – тырыс бола қалыпты.
Осы үнсiздiктi бұзған тағы да Сейiтбатталдың майда қоңыр, ырғақты даусы едi. Ол елге арнғандай қып, сөйлер сөзін басты мәселеге бұрғандай қылды. Онысы алдағы тұрған сайлау жайы болды.
Ол енді жұртты ұйытып, сөзге еліктіріп алған соң, өзіне тән жағымды даусымен:
– Жер – жердiң бәрiнде сайлау өтпекшi екен – деп бастаған сөзi мына отырғандарды тағы да дүр сiлкiндiрiп тастағандай болды.
Сейiтбаттал осылай деп, сөзін арыдан қозғаған. Көптің көзінен өзін қоштаған белгіні ұққандай болды. Ол енді ажарлы жүзiмен отырғандарды тағы бiр шолып өттi де, ары қарата сөзiн жалғап:
– Оған бүткiл халықтан, соның iшiнде бiздiң қазақтан да, өкiл сайланбақшы көрiнедi. Онысы «Тума» деген күллі халықтардан өкiлдер қатынасатын құрылтай болмақ. Соған бiздiң қазақтан да, өкiлеттi құрылтайшы – депұтат сайланбақ екен.
Мына отырған Мұхамеджан сынды кiсiнiң айтысына қарағанда бұрын – соңды ондай құрылтайға қазақтан депұтат сайланбақ түгiлi, соның өзi де болмаған көрiнедi ғой. Сайлай бiлу, таңдай бiлу – халыққа үлкен сын болмақшы. Руласқа, жақынға, туысқа демей, менiкi, жоқ әлде басқанікi демей, бұра тартпай, осыны елдiкi деп бiлген жөн деген сөз де шығып жатыр. Мұны айтқан Барлыбек. Сол кісі жағдайды алдын – ала біліп, кесіп – пішіп айтады, осылай деп, ақыл қосады. Әрине, Барлыбектен қалған сөз жоқ қой. Сайлау деп ағыл – тегiл лепiрiп, басқаныкiн емес, өзiмiздiкiн сайлаймыз дегендей қып, пәле – жаланы бастап кетiп, жау келдi деп дау – жанжалдар туғызатындар үшiн де, бұл сайлау олай болмайтын дүния. Сондайлықты ырду – дырду болмағы һақ! Һешбiр пенде, һеш уақытта, тырп етпестен осылайша жасауы керек! Астамшылық пен әсiре сiлтеу, мұндайда дос болмас.
Ал енді хош. Бұл сайлауда кімді сайлайды. Соған кiм сайланады десек? Барлыбектiң бiр айтысына қарағанда, оған мына отырған Мұхамеджандай кісінің сайланғаны жөн. Өзі көп нәрсені орыстан үйренген, біледі, әмбе бiлiмдi, әмбе орыс оқуын оқыған қазақ баласынан біз осы қыжалат тауып тұрғандаймыз. Мұхамеджандай қазақ баласы солардың ұлығынан кем емес екендiгi рас.
Ондай болса осындай қазақ баласы сайлануға көптен – көп лайықты сияқты – деп барып, Сейiтбаттал ойлы көздерiмен отырғандарды тегіс тағы бір шолып өтті.
Оның бұл қарасы жай қарас емес. Енді сендер менің мұныма не айтарсыңдар дегендей болған қарастың астарында көп сыр жатқаны белгілі болып қалғандай.
Сейiтбатталдың айтқандарына бағанадан бері Бiрмағанбет молда ғана ден қоя тыңдап, ара кідік бас изеумен отырған.
Тоғыз Матайдан жиналғандарға айтылып жатқандардың өзi ау бастан бір жағы қызық, бір жағы бұлар үшін керексіз дүниедей көрiнген.
Көбіне бұл сөздің өзi өкіметке қызмет істеушілердің жарамсақтанып жүрген қылықтарының бірі болар деп көрінуі мүмкін.
Сейiтбаттал сияқты өкiметке жаны ашитындардың ғана осылай сөйлеуі абзал ғой. Өйтпесе, оларды өкімет не қылсын.
Ал енді түбіне терең үңілсе, бұл сөздің астарында бір жағынан Сейітбаттал сияқты «әккі неменің» Мұхамеджандай өкiмет ұлығына ықыласы түсiп, оның «шашбауын көтергендей» болып көрінері де бар.
Тоғыз матай елінің шонжарлар мен ел ағаларына солай көрінуі мүмкін.
Осының бәрін ішкі жан дүниесімен ден қоя тыңдап, алдымен де болжап білген Сейітбатталдың өзі болды. Сейiтбаттал ендігі айтылмақ сөзді ұрымтал пайдаланып қалмақ оймен:
– Бұл сайлау күллі қазақ баласына жасалып отырған патшаның жақсылық уәдесіндей де болып қалар. Олай болса, оның сол уәдесін қазақтың баласы да, уақтылы өз есебіне пайдаланып қалуы керек шығар. Осыны бір есептей келгенде, өз iшiмiзден шыққан «қара қазақтың» баласына сенiм артқанымыз жөн емес пе? Осы жақтан мына отырған Мұхамеджандай адамымызды жiберсек, бiзде өкiнiш болмас деп ойлаймын.
Орыс тiлiн, олардың барлық бүкпесi мен қатпарын бiлуi тіпті, солардан бiр де кем емес. Олардың өнерiн де игерген, сондай халықпен күнi бүгiнге дейiн ара қатыс жасаған кiсi. Елінің, қазағының сойыл соғары болатынына күмәнiмiз жоқ! – дедi.
Сейiтбаттал осыны айтысымен оның аузына қарап, әңгiмесiн тыңдап отырған Бiрмағанбет молда сәл аузын жыбырлата бастап, артынша:
– Иншалла! Бiр Алла – Тағала мен Пайғамбарымыздың алдында солай екені рас – деп, құптап қойды.
Бұл кездерi жиналған дүйiм жұрттың басындағы шытырман ой әлi толық тарқамаса да, жазды күнгі тұмандай боп сейіле бастағандай еді. Тіпті, бірсыпыра серги бастаған.
Осыған қарамастан әлi де болса ешқайсысы белгілі бір қабақ таныта алған жоқ. Көпшілік «қыңқ етiп, бұл қалай болды өзі?» деп ләм – мим деп ауыз ашпай қалған. Бірақ сонда да бұл істе бетбұрыс жасалғандай болды. Оны өз ақылымен жасаған Сейітбаттал қажы.
Мына бір белгісіздеу кезең Мұхамеджанды да қинап өткен. Қазір де оның барлық болмысын ой әуресіне сап, үлкен бір уайымға орын беріп тұрған осы сияқты.
Мұхамеджан ұғымынша бұндайдағы жұрттың тегi әдетi осы ма деп қаларсың? Үстінен дөп басып айту қиын. Дәл қазiргi уақыттағы мына отырғандардың арасындағы жай осындай болар.
Жаңағы «иншаллалап» отырған Бiрмағанбет сияқты құдайға бір табан жақындардың өзі де осындайда не өздiгiнен бел шешiп билiк айта алмас, не басқаға жарытып ақыл бермес. Ондайлар тек әліптің артын күтіп отырады. Басқаға жарамайды. Бiрақ та тіпті кей – кейде, осындай кезде мұндайлар да керек. Әсiресе, осындай көпшiлiк жерлерде Бiрмағанбеттердiң – ел iшiнен жарып шығып сөйлейтiндерге қисая қалатын, соларға қамқор боп, артына көпшiк қояр бiрен – сараң сөздерi де, аса қажеттей көрінері бар. Олардың ондай қылықтары сөз айтып, жөн көрсетер адамды қолтығынан демегендей боп, жағымды шығатыны рас.
Сейiтбаттал көпшілік ішінде кездесіп қалатын бұндай қылыққа кейбірде бой алдырып қоятыны бар. Қазір де ол осы қылыққа тәнті болып, соны аңсағандай болып тұрған. Сол есеппен ол Бiрмағанбет жақты да, әзiрге өзiнiң көз қырынан бір де таса қылмай отыр.
Сейiтбаттал сөзiн тағы қозғап:
– Бірақ кісідегінің кілті аспанда дегендей, бүгінгі күннің тіршілігінің бәрі орыстың қолында тұр ғой. Ал бiздiң олардан қай жерiмiз кем? Мына отырған Мұхамеджанның бiлгiрлiгi болса да, басқа жағынан алсақ та, аяқ алысы олардiкiнен асып түспесе, бiр де кем емес. Анау Алматыда отырған жандаралдың адамы саналатын Сырттанның Барлыбегiнiң олардан несi кем…!, – деп барып, Сейiтбаттал бiр сәт осылайша Тоғыз Матайдың игi жақсыларына нық қып, салмақ сала, баса – баса, атап айтты. Оның мұнысы: «бұның ыңғайы да осылайша болар…, сонысына қарай ойланайық ағайынға!» көп ұқсайтындай болып жеткен сияқты. Бiр жағы ол елдiң осыған байланысты бейiлiн де бiле қалғысы келгендей қып:
– Мен айтсам бекер айтпаспын, мұны да екжейлей өлшеп, байқастырып көрiңдерге жақындата «менің осыма сендер де құлақ салып, құптарсыңдар?» дегендей боп, айнала отырған басқа да би, болыстар мен старшындарды мағыналы көзбенен бір шолып өтті.
Сейітбатталдың ендігі сөзі отырғандардың жанына тиердей болып шықты. Оның мұнысы «бағанадан бері сөйлеп отырғаным қарақан басымның қамы емес, әсiресе ел қамы болып тұр ғой. Сендер құлақ салмасаңдар, ойда барымыз iске аспай қалса не болмақ? Елiм деп, тiрек iздеп келген Мұхамеджанның да бағын байлауымыз мүмкiн. Және бiзге сенiм артып отырған Барлыбек болсын, сол сияқты басқа бiр белсендi қазақ азаматы болсын мұны бiлсе, бiздiң жұртқа дұрыс баға бермейдi. Соны да ойлап қоялық ағайын. Елдігімізді осындайда да көрсетелік, игі ниетпен» деп барып, Сейітбаттал сөзін аяқтағандай болды.
Сейітбаттал бұлай сөйлесімен, анталап отырған қалың жиын арасында, тағы бiр басқадай ойланыс пайда бола бастағандай. Оның айтқандарынан iстiң осындайлық мәні мен жайын – ел ендi басқаша ұққандай едi. Соған қарай, әңгіме арқауы жаңа ғана дұрыс арна тапқандай болды.
Бұл жақтың қазағы әрине, темiр жолдың не екенiн бiлмейдi. Оны қайдан бiлсiн. Естiгендерi болмаса. Әй, естiгендерi де шамалы шығар. Онда да, ат пен өгiз, атан түйе тартпай–ақ, отты бұрқырата жағып, тақтадай қылып темiрден төсеген қара жолмен өзi кете беретiн, отарба дегеннiң бар екендiгiн естiгендерi болмаса, көзімен көргендері жоқ. Ол отарбаны көрiп, үстiне мiнген мына Сейiтбаттал сияқтылары ғана болмаса, басқалары қайдан бiлсiн. Сонысы қиындау болды. Көзімен көріп, қолымен ұстамаған адамға отарбаңның да, шойынжолыңның да қажеті жоқ сияқты.
Мұны да айтып, ел бiраз қыза сөйлеп, аз уақыт Сейiтбатталды iркiлтiп те қойды. Олардың қазiргi өзара айтысып отырғандары да осының төңірегінде болар. Айтылып жатқанның ішінде аракідік: «қажылыққа бекер бармаған екен мына Сейiтбаттал, барлық қызықты көрiп кеп, бiлген соң айтып отыр. Ту, сонау жердiң түбi, қиянға қажылыққа барған Сейiтбатталың да осал емес қой. Осыңның өзi отарба былай тұрсын, суда жүзетiн кеменi де көрiп – бiлуi бар. Бұлардың бәрi оған ғажап емес шығар?» деп кейбіреуі әмбе қызыға, әмбе тамсана топшылағандай болып отырған сияқты.
Шамалы уақыт дабырласып барып көпшілік басылғандай болды. Елдің бәрі осы уақытта сәл тыныстағандай болып қалған. Осы кезді пайдаланғандай болған Бірмағанбет молда:
– Қажының айтысына қарағанда, салына қалса деген шойын жолдың да, жаңағы үлкен құрылтайыңның да, ел ырзығы үшін пайдасы мен жақсылығы өте зор сияқты ғой. Олай болса бiр Алланың пенделері үшін жасалынайын деп жатқан қарекет шығар бұ дағы.
Бұл да бір керек дүния болар. Әгәр әкім, сайлау бола қалса, құдай қаласа оларыңыз да дұрыс өтер болар. Біздің елдiң де әсiресе осындайда, мынадай игілікті істерге – оң қабақ көрсетерi анық. Тек, Алла – Тағала өздеріңізге қуат бергей! – деп, қызыл шырайлы жүзін Мұхамеджан жаққа бұрып барлық айтылғандарды құптағандай рай көрсетті.
Осыны айтып салысымен Бiрмағанбеттiң де түсi жылып сала бергендей. Ол ағы көп, ауқымы мол, бурыл сақалын кекжитiп ап, «осым ендi қалай болды?» дегендей қып, Сейiтбаттал жаққа ұмсына қараған. Сейітбатталдың жүзінде орнаған өзіне таныс жылылықты байқаған соң, ішінен «дұрыс болды, ыңғайым дұрыс екен» деп, Бірмағанбет жорығандай болды.
Осылайша алдымен барлық сырды ақтарысып алған ел – жұрт та, бастапқыдай емес, шалғай кетпей Мұхамеджанның көкейiнен шыққандай едi.
Болар істің мән – жайын, ел аңсарын аңдап алған Мұхамеджан, асықпастан енді осы жиынның артын да пайымдағандай болып қалды.
Маслихаттағы айтылған нәрселердiң беті бер қарағандай болғанын аңғарғаннан кейін, мәселенің осылайша шешілуіне ол асықпағандай пейiл танытқан. Істің осылай басталып – бiткендiгiне бір жағы өзі де риза.
Қазiр Мұхамеджан осының бәрiне көңілі толып, арқасынан ауыр жүк түскендей боп жадырап қалған кезi. Iшiнен: «Шындығында да, ел мен туралы жаңағыдай ойласа – ойлағандай, айтса – айтқандай екен ғой. Сырт көзге мына бір жүрісім солай көрінері һақ. Анық солай болу керек. Тiптi, өзі де былай топшылап қараса, осы келістің өзi сырт көзге тым қисынсыздау екені де рас. Олай болса ел неге мұнысын осылай ғып айтпасқа? О заманда – бұ заман, елдің аузына кім қақпақ болған?» деп ойлап, отырған елге көз қырын бір тастаған еді, олар да істің мән – жайының осылайша бетбұрыс алғанына риза болғандай қауқылдасып жатқанын байқап көңілі орнына түскендей болды.
Олардың осындай сүйемелдеуінің арқасында қазіргі мәжілісте де iс байлауы бөгелместен дұрыс бетбұрыс алғандай еді. Алдымен Сейiтбатталдың ұзын – сонар сөзiнен бiр нәрсенi көкейiмен ұққандай болған, бағана ғана тулағандай боп сөйлеп отырған Дубек болды.
Дубек Тоғыз матай елінің белді атасы Қаптағай ішіндегі Қарасы еді. Ақешкі жерінде болыс болғалы бір талай болған. Елді де жақсы басқарып, тәуір болыс деген атақ алған.
Ол үйреншікті әдетіне қарай, мол денесін бiр жағына ыңырана қисайып, айтар сөзiн де тереңнен шығара созып:
– Дұр – ес, Сейiтбаттал қажының айтқандарының жаны бар! Осының өзi мен бiлсем шет жағы дұрыс та болып көрiнiп қалды. Бір жағынан көпшілікке ақыл сала келiптi Мұхамеджандай мырзамыз. Оны да қажекең бағанадан бері танытып өтті.
Менiң осы тұста құлаған жерiм бір–ақ сөз болды. Ол ел игiлiгi мен ел үшін деген тілеудің тұстары болар. Соған бәрiмiз мойын бұрып, құлақ салуымыз қажет шығар.
Әйтпесе, бағанадан бері құрылтай сайлауы, шойын жол салады дегендерiң менің де басқаның да көкейiне қонар қаракет болмастай көрінген. Арғы сөзiм қысқа. Елдiң керегiне жараса мырзаның онысы жақсы болды. Мен соны қостадым! – деп Дубек те өз ыңғайын көрсетіп, берік уәде бергендей болды.
Ендігісі Сейiтбатталдың сөзiн жалғыз ғана Дубек емес, басқа да би, болыс, старшындар да құптағандай болды.
Алдымен қостағандардың бiрi – Ақшора, Шаппа, Дуанның болысы Омар едi. Ол ақ – құба келген, ұзын бойлы, екi иығына екi кiсi мінгендей, еңгезердей кiсi екен. Отырғандардың арасында Омардың еңсесi биiктеп, көбiнен асып түсердей кесек тұлғалы болып көрінді.
Дәл осы әңгiменiң соңында ол да Дубек болыстай мына сөздi құптардай ғып, бiр тоға мінез, берiк байлам, нық ырғақпен:
– Неде болса осы айтылғандардың бәрiнiң керектi болғандығы белгiлi болды. Әңгiме арқауы сондайлықты түйінге келсе, басқаша қарауға бізде лажсызбыз, солай демеске болмас. Елдiң жағдаятына қарайласармын дейтiн қазақтың бiр азаматына шапағатымыз тимесе, жан ашыр болмасақ несiне ел болып, жұрт болып жүрмiз! – дегенді ол да айтты.
Басқалары да осыған тоқтағандай боп:
– Дұрыс…, дұрыс сөз екен! – десіп, әр тұстан қостағандай ниетпен,
өз байлауларын білдіріп жатты.
– Жөн айтылған сөз!, Дұрысы солай–ау – деген дауыстар бағанадан бері өзді – өз боп, енжарлық танытып самарқаулау болып отырғандардың да арасынан естіліп жатты. Енді ғана басым көпшілік бірден сөзге араласып:
– Осындайда елдiгiмiз болмаса, қай уақытта болады! – десiп, жамырай сөйлеп, Сейiтбатталдың сөзiне қолдау көрсетiп шыға келген болатын.
Сөздің тоқетері де осы болды. Байлам біреу – ол алдағы сайлауда Думаға Мұхамеджандай азаматты сайлауға ұсыну. Келісілген іс осылайша тамам болды.
Соның артынша болған жоқ кеңірек келген киіз үйдің есіктен төрге дейін төселген текемет, сырмақ пен кілем, жайылған көрпелердің үстінде, көп жастықтарды шынтақтап жантайысып жатқан тоғыз матайдың ру басылары, ел жақсылары бірден бел көтерісіп, малдастарын құра отырысты.
Бағанадан бергі құрған маслихат та енді аяғына жеткендей болды. Маслихаттың аяқталуы бірталай уақыттан бергі әр қайсысына сын болғандай жайдың бетін ашқандай етті. Әсіресе, Мұхамеджанның жан –дүниесі ерекше бір күйге түскендей, көңілі саябыр тартқан. Соған куә болғандай боп, әр тұстан:
– Алға қойған мақсатыңыз қайырлы болсын, мырза! Дегеніңізге
жетіңіз! – дескен дауыстарға қосылған:
– Әр қашанда мерейiңiз үстем болсын! – деп емеурін білдіріп жатты.
Тіпті алдағы өтетін үлкен сайлауды да еске салғандары:
– Сайлаудан кiдiрмей өтiңiз! дегенде, бұл көптің тілеуі оны да
ұмытпағайсыңды білдіргісі келгендей болған кейбірі:
– Елдiң тiлеуiнде жүрiңiз! … – десiп, Мұхамеджан жаққа жүздерiн бұра қарап, соған арнағандай болған өздерiнiң тiлеулестiк сөздерiн жамырай айтысып, білдіріп те жатты.
Байлау осылай болды. Қиындай болып келген түйiн де осымен шешiлгендей едi. Тоғыз Матай елi Мұхамеджанға өз келiсiмiн бердi. Бұдан арғысы бiр құдайдың қолында сияқты.
Бұл Мұхамеджанның оқу оқып, ат жалын тартып мiнгелi өзi – өз боп, мансап қырқасына іліне бастағалы, еліне алғаш рет үлкен сенім, берік байлаумен келген келісіндегі жеңісі еді.
Елі де мұны енді ғана жете танығандай болып отыр. Оның өзі де осы өңірдегі халқының бір керегіне жарайтындығына тәуба келтіріп, соны іске асыруға асыққандай болып жатыр.
Қазiр болса Мұхамеджан күрт өзгеріп отырған күйi. Әлі де болса өңіндегі қобалжу кетер емес. Дәл осы кезде мұны қуантып тұрған бірақ нәрсе – онысы ақыр соңында елі де мұны өгейсімей қабылдап, бөтенсітпей тұрғандығы болар.
Осындай ойға берілген, Мұхамеджанның жүзінде ерекше бір қобалжу бар. Онысы «елге қызмет ету оңай емес, оның да өз салмағы бар, соған мен жарасам» еттіге сай қобалжуы сияқты. Сол қобалжуды баса алмаған күйі, «елдiң тілеуін ақтасам еттіні» ойлап, осысын iшінен өзiне арқау етiп, құдайдан соны тілегендей де болды.
Мұхамеджанның ой – зердесін тесіп өткендей болған қуаныш белгісі де осыған ұқсас нәрсе. Сол қуаныш белгісі бір жағы өзіне түскен салмақты да сездіріп жатыр. Онысы: «елім мені таныды. Елдің сенімі де осы шығар? Ал енді тұра – тұр, менің еліме берерім не?» деп, ойының арғы түкпірінде жатқан сауалдың шетін шығарып, есіне алғандай болды. Лезде соған жауап тапқандай болып: «олай болса елдің сағын сындырмай, оған сарқыла қызмет етуге мен де дайынмын» деп анттасқандай боп, өз уәдесін бергендей болды.
Сейiтбатталдың үлкен шаңырағында осы жиынның аяғында көк қасқа сойылып, жұрт бата қылысты. Алдағы сайлауда дауыс берер межелi адамы мен оған қоса оның кандидатын да белгiлеп алғандай болған.
Кандидаттыққа – Жетісу елі Алматыға жақын жердегі Үйсiн iшiндегi Сәт сияқты беделдi адамды қалағандардың айтқандарына бәлен – пәштуан демей бiр ауыздан ерген еді. Мына отырған Матай елі осыған келiсiм жасап, шартқа келген.
Осымен Арасан ауылында аз күндiк қонақ кәдесi жасалды. Мұндағы айтылар сөз, қимылдар іс осы–ақ болды. Бүгін міне, руластарының бір қыдыру сөзіне қанық болған Мұхамеджанның аттануға бел байлап тұрған кезі еді.
Бұл осы аттанысында әуелгiдей қобалжымай, бір түрлі нық сезiм, берiк байлаумен аттанғалы тұр. Онысы өзi де, елдің бiр жағына шықсам деген ниеті болар. Сонысымен де аттанғалы тұр.
Мұхамеджанға осының бәрі бұрынғысынан көрі басқаша әсер беріп, ол елдің өзіне деген көңіліне зер салғандай боп, артынша «тіптен де, ел – жұрт жинала келе мұның өзі бір қиянда өз бетімен жүріп – жүріп, бүгiн бiз керек болып едiк бiзге қолқа салғандай қылып келе қалуын қарашы. Енді бүгін елім деп бiздi бас салып отырғанын көрмейсің бе! Өзіне керек кезде қасымыздан табыла қалуын қарашы, сонысына жол болсын десе де олардiкi орынды, дұрыс қой. Бұл жақтың халқы өстіп те маған мін таға қалса мен қайтер едім?» дегенді тұжырып, екшелеп қойып, «осы бір тұсына аса зер салатыным керек–ақ екен» деп, елге қатты сүйсінгендей де болды.
Мұхамеджанның өзі де осыдан соң ішіне бір нәрсені түйгендей болды. Онысы өзiнiң «елге әлі жақсылығым өтпей жатып назданғандай болуым қалай, бұдан былай алдымен де елді ойлайын, осындай ала бөтен ойдың тууы да менің елден жырақ жүргендігімнен шығар» деген күдiк ойға да бой ұрғызғандай болды.
«Өз еліме еңбегім сіңер күн қайда?!» деген ой Мұхамеджан көңiлiнде осы кезде тым басымдау сияқты. Осы жайды бір жағынан ақылға салып, ақырын күтіп, ондай астарлы, мін тағар, өкпелі сөздерге үндемегені де сол болатын. Дауласып қайтсін. Елі бүгін мұны әлі жіті танымаса да елдігінен бір таймай жатқан секілді.
Қазіргі жағдайда еліне бұл керек болмаса да, бұған ел – жұрт керек болып тұрғаны бір өзіне ғана белгілі болатын. Оның мұнысы енді өзіне деген сыншы көздің қарасындай болып шыққан. Мұхамеджанның қазіргі есіл дертінің кеткені де осыдан. Осыған дейін елден алыс жүріпті. Ендігі бір ынтық күш елге айдап келді.
Ендігісі «осы уақытқа дейін еліме қолқабысым тимесе, бұдан былай шапағатым тиер» деген тілегі ғана болғандай. Алдымен де осы бір жайды ел – жұртқа көлденең тартқандай болған еді.
Бұған салсаң ол жақта да қол қусырып қарап отырған жоқ қой. Қоқан жерiнде, өзбек елiнде, әзірге жұртым деп, бауырлас ел деп, қарекет етіп, еңбегiн сiңiрді ғой.
Жетiсуды басып алуға сан мәрте ұмтылған бұрынғы қоқаңдаған Қоқан болса, сол Қоқанға – Жетiсудың Мұхамеджандай бел баласы, темiр жол ісін жолға қойып, көсегесiн көгертіп жатты ғой. Бұл да болса ата – бабасы айтып кеткен, солардан мирас болып қалған ақылға сай қылық танытқаны емес пе? Сол іспеттес болып отырған дүние болар.
Ал, дәл қазір ел жаққа бет бұрып келіп отырған мақсаты – бір жағынан мына ағайынның сыңайын аңғарғысы келiп, оң рай білдірсе солардың көңілінен шықпақшы ой ғана. Елге де солай болып көрінуі мүмкін. Бұл да бір жағынан рас. Оны өзі осы жақтағы елдің бас көтерер азаматтарына айтып, түсiндiріп те кеткені сол еді.
Мұхамеджанның алабұртқан жан сезімі мына отырған қалың ағайынмен, елмен кездескен онан сайын шыңдала түскендей.
Ел ішінде жүргеннен бері өз ойының бір өріске түскеніне оның өзі де риза болып жүрген.
Биылғы жаз Жетісу өңіріне ерекше әр бергендей екен. Жаздың өзі жаймашуақ күнімен адам көңіліне нәр беріп, онан сайын жылыта түсетін сияқты. Бұл жолы да Мұхамеджан көңіліне елдің өзіне деген ниеті де сай көрінген. Осындай, бетке алған шаруасы оң көрінген соң, Арасан елімен қоштасып жолға шыққан. Алда тағы да өзін сапар, елмен араласу сәттері күтіп тұрғанын ұмытпаған Мұхамеджан асығыс аттанып кеткен.
Iлгерiде, алып Алатаудың шалқия жатқан кең қолтық, Күреңбелдей жазиралы жазығы ұшы – қиыры жоқтай, зорайып, бұлдырағандай болып көрiнедi. Бір талай жерге дейін мұнартып, құлашын кең жайып, көсіле жатқан жазықтың құшағына кiре қалғандай боп оның Күреңбел деп аталынатын бiр пұшпағы көзге бiрден түсер болса, одан сәл берiректе, сол Күреңбел жазығының Алатаудың етегiне сұғына иек артар тұсына жақындау орналасқан – Мұздыбұлақтай керемет жайлауы бар таудың етегi, терең сайлары, жылға мен бұлақтары аралас болып кете береді екен. Онан ары көз салған адамға Күреңбелдің жазықтау төсінің ар жағынан Қапал қаласы да, қарауыта дөңгеленiп, сығалап қарайтын сияқты.
Мына бір жақтан үстi ағарғандай болып көрiнетiн Ақадырдың сілемі, арғы жақта қарауытқан Көкқия, онан да берірек Баянжүрек тауының жел үрлеп әрлеген, неше түрлі тасты бейнелерге ұқсас болып келетін қырлы жоталары да көзге бiрден түседi.
Алатаудың басы қарлы, мұзарт жоталарына дейiн үздiксiз созылған, әр тұсы ойдым – ойдым қалың орманға айналса, үстi толған самсыған қарағай мен арша осы таудың көз тартар сәніндей көрiнедi. Сол орманды алқаптар дәл қазiр жай қараған көзге сәл мұнарта қалғандай боп қарауытады. Онан төмендегі жайылма жазық, сарала түстi дала, аспан биiк таулармен тұтаса бiтісіп кеткендей болып тұр. Оның қайсысы тау, қай жерi жазықтау бел мен белес екенi белгiсiз, адам айырғысыздау болып көрінеді екен.
Мұхамеджан осының бәрiн қимас көңілмен айналасына қарап біраз тұрды. Таудан соққан салқын жел оның бойын сәл де болса тоңазыта түскендей. Ол кеудесiн осы самал желге бұрып, осы бір ерке лепке кеудесін тоса түседі. Өзi бiртүрлi сезiмге бөленiп, айналасындағы ғажайып суретке тоймастай боп, жан – жағына қарай бередi. Мына сияқты жердi, мынандайлық елдi енді қашан айналып көретіні белгісіз болғандай боп тұрған.
Туған жердiң көңiл толарлық сәндi жарастығы бір сәт болса да өгейсiп қалғандай болып, алыста жүрген қыр баласын өзiне тартады. Құшағын ашады. Сол құшаққа баласын сағынған анадай боп, мұны кiргiздiрiп алып, кеудесiне баса жабыстырып, жібергісі келмейтін сықылды.
Мұхамеджан осыларға қарап, өзге жайдың бәрiн ұмытқандай боп, аңырайып, мелшиiп қалғандай. Осылай тұра берсе сағынған мауқын басардай болып көрiнедi.
Анау жақтағы, Тәуке тауы жақтан көтерiлiп келе жатқан күн шапағы алауланып барып, лезде–ақ найза бойы биiкке самғағандай болады. Осы бір кезде айнала көз қаратпайтындай жап – жарық бола қалады. «Таңның атысы мен күннің шығуы осындайлық тартымды болар ма еді!» деп, Мұхамеджан аса бір рахат күйге түскендей еді. Осы бiр сәтті пайдаланып Мұхамеджан жарқыраған күн жаққа сығалай қарап та алған. Көзі ұялғандай болса да, бәрібір де мiз бақпай, кiрпiк қақпай қарайды кеп. Көзi ұялып талса да, бәрiбiр сол жаққа қарауын қоймайды.
Мұхамеджанның Арасандай үлкен ауылдағы жиыннан кейін Тоғыз матай елін Тасбекет пен Қарағашта жинауы – осы.
Етектегі қалың елге бара жатып, Баянжүрек тауының бауырында тұрып, туған ел жаққа құмарта, тоймастан қарауының өзі көп сағыныштың біріндей болса керек. Жан – жаққа көз жібертіп, осылайша құмарта қарауы да соның бір белгісендей болар.
Тоғыз матай елінің жуандары, бай мен болыс, бағландары жиналған тұс – Тасбекет ауылына жақын тұс, арыны қатты Ақсу өзенінің бойына тігілген киіз үйлер екен.
Арқыраған тентек Ақсу, құлаш – құлаш толқынды суларын тастан –тасқа ырғыта соғып, дамыл таппай сарқырап жатқан қалпында. Күндіз – түні осы қылығынан бір тынбайтын сияқты.
Дума сайлауының алдындағы ел ішіндегі кездесулер Мұхамеджанды бір жола баурап алған. Бұл күнде еліне жасайтын қызметі мен көрсететін жақсылығының кезі келгенін барынша сезініп, тез өзгерген шағы.
Бүгін де міне, көппен кездесу алдында сәл қобалжығандай болып отыр. Онысы өзін састыратын белгілі жай, көңілінде тұнып жүрген елге деген сезімі еді.
Мұхамеджанға елдің өзіне деген мейірімі әсте ыстық, рақымы мол болып көрінгені өзіне ғана аян дүние секілді. Әсіресе осы күндердің ішінде өзіне елін танытқан да, оны аса бір қымбат дүниесіне айналдырған да осы бір оқиғалар еді
Әйтпесе, осы күні еліне өзiнiң мұндай тысқа жарып шығып көрмеген ойларынан көрi, іс – көмегінің қажет екендігін әбден сездірген тұсы да осы болатын.
Бұл Мұхамеджанның осы ғұмырындағы ойына түйгені, өзіне – өзі берген серті iспеттес болған тұжырымдары еді.
Осындай ойдың жетегіне түскен Мұхамеджан, түнеу күнгі мәжілістер үстінде, маслихатқа жиналып отырған жұртқа ләм – мим деместен-ақ, ешбір дауласпастан, өз тарапынан қисыны келді–ау, деген кезде өзінің осы бір тосын жаңалығын да емеурін қып, ескерусіздеу етіп айтып кеткен.
Мұны айтқанда ол бір жағынан «осы уақытқа дейін еліме қолқабысым тимесе, бұдан былай шапағатым тиер дегендей қып» осы бір жайды тілге тиек етіп көлденең тартқаны бар.
Мұхамеджанның мұнысы да, «менде айып жоқ. Шет жақта, жырақта жүргенім осындай істерге байланысты болар, онымның да жөні бар» дегендей, өзін тоқырататын сұраудың ыңғайына қарай айтылғандай болды.
Бұл Мұхамеджанның ішкі есебі. Өзi – өз болып, өмiрiнде ең тұңғыш рет темiр жол магистралi құрылысының жобасын жасағаннан кейiнгi елге осындай ұлық болып келуiне байланысты еді.
Бүгiнгi күнi Мұхамеджан үшiн ең бастысы, мұның осы жолы елге келгендегi айтпақ сыры, жақында тағы да басталмақшы болып отырған екінші Мемлекеттік Думаға сайлау туралы болатын. Бұл болса сол Думаға Жетiсу жерiнен сайлауға түспекшi. Әрине, онда да елi бұған қолдау көрсетсе ғана, бұл ойлаған ойын іске асырмақшы болып отыр.
Елге мұны әкелген және бiр жағдай – ол бүгiнгi тiршiлiкте керегi болары сөзсiз деген оймен қазақ елiнiң тарихына байланысты мол деректер жинай бастаған. Сол шежiрелi тарихына Жетiсу жерiнен алары да, керегі де көбейе түскендей. Бiр жағынан осы жолы соның бәрiн ескере келiп, бірыңғай бiтiрмек ойы да бар. Сол ойындағыларын да шетінен іске асырып келеді. Елдегі тақуа, білгір, сұңғыла шежірешілердің де сөздері мен айтарларын тыңдап, қағазға түсіріп жатыр. Ойындағы көксеп жүргендерін ол осылайша елге білдіріп те келеді. Мұхамеджан осылардың шет жағасын бұл жақтағы Барлыбек Сырттанов арқылы Қапал жерiндегi Сейiтбаттал болыс, Лепсi жақтағы Есiм төре, Алматы елiндегi Сәт сияқты белдi азаматтарға бiлдiрген. Олар бұған өңшең шежiрешi, көкiрегi сырға толы, сұңғылаларды шетінен көрсетіп жатты. Мұхамеджан солармен де уақыт тауып кездесіп, жалықпай сөйлесiп қалады. Кейбіреуін ұзақ тыңдайды.
Оның Жетісу сапарындағы күндері бұл жақта осылайша өтіп жатқан.
Жиналған жұрт осы кезде салқын, өзі бал татыған қымызды сырлы аяқтардан баппен жұта отырып, өз алдарына салынатын темір жол, отарба жайын айтып кеткен.
Кешеден бері өкімет киімін киген Мұхамеджанның қандай төре, қайсы ұлық екенін білмей дағдарылған бұл жақтың қазақтары, енді біліп қалғандай. Бір – біріне сыбырлап, ымдап жатыр. Соған қарағанда мына Мұхамеджанның үстiне кигенi темiржолда iстейтiн орыс ұлықтарының киiмi болып шықты десе керек.
Қазақ үшiн ондай киiм кигендер әрине өкiмет адамы, ұлық саналады. Мұхамеджанның осы киiмдерi мен орысша түр – сипаты ғана оны кешеден берi қасындағы қыр киiмiн киген жерлестерiнен ерекшелендiрiп тұрғандай сияқты. Әйтпесе, Сейiтбаттал болыстың сөзiне қарағанда, ол да осы жақтың тумасы көрiнедi тек, сыртта жүргені болмаса. Онда да ол өзі қызмет бабымен жүрсе керек. Енді жұрттың назары осыған ауғандай боп:
– Апыр – ай!, өзі де шет жақта еріксіз жүр екен ғой – деп мүсіркегендей болып, таңдайларын қағысты. Бұл жақтың халқының кейбірі ана жақтан мұның келгенін естіп, іздеп кеп:
– «Мұндай да сұмдық болады екен. Мына сияқты пойыз жол салғыш қазақ баласын бiрiншi рет көремiз» – десiп, таңқалысып жатыр. Солардың көбісі жағаларын ұстап, естімегенін естігендей, көрмегенін көргендей боп қалған. Тіпті, бір бiлгiрлерi әуелi елдi дүрлiктiрiп:
– Өзi тiптi бiзге бөтен болмай шықты. Бiздiң Барлыбектi, марқұм Тұрысбек қажыны да, тiптi осы Сейiтбаттал болысты да бiлетін болып шықты – десе, ендi бiреулерi:
– Осы тұрысына қарағанда, өзi тiптi көп нәрсенi көрiп те, бiлiп те қапты. Жап – жас болса да, осының бәрiне қай уақытта ие боп, үлгерiп жүр екен – десiп, онан сайын таңырқай түскен.
Елдiң сұрасқаны темiр жол жайы, онан қалса ендiгi келер сайлау турасында едi. Солардың жапатармағай сұрап жатқандары:
– Шойын жол қашан салынатын болды?
– Оны кiм жасайтын бопты?
– Сайлау қашан басталып, қашан бiтетiн болды?
– Ол не жайында болмақ екен?! – дескен сұрауларды әр тұстан жаудырып, көбейтiп кеткен.
Мұхамеджан бұл араның кісілеріне көп сөз таратып айтуға да үлгірмеді. Есесіне Сейітбаттал болыс елге біраз нәрсені айтып, оларға мәселенің бетін ашқан болатын.
Мұхамеджан осы жолы әсiресе Барлыбек сонан кейiн Сейітбатталға алдағы уақытта саяси науқан басталатындығын, сол саясат атты додаға бiр жолата бел шеше кiрiсетінін айтып, ақыл сұрап, кеңескендей болған.
Оның осы елден шыққандығын және бұл кезге дейiн үнемі елден жырақта жүргендігін ескере отырып, ақылдасу жасаған. Бұл істі Барлыбек айтқандай қып, Сейітбаттал қалай болса да өзi көтерiп кеткен, тiптi оның өзі осының бәрін өз басына түскен сын сияқты қабылдағандай да еді. Ақылды болыс осыны маңайындағы рулас ағайындарына сол қалпы жеткiзiп:
– Арамыздан шыққан Мұхамеджан сияқты қанатын қомдап ұшуға дайын отырған ел баласының қанаты қайрылмастай болып биiкке самғау үшiн, аздап демеп жiберелiк. Туысқан – ағайын мен ел – жұрттың аузы біріксе, алынбайтын асу жоқ. Әншейіндегі кісіліктеріміздi, ауыз толтыра қампитып айтып қаларлық мықтылықтарымызды да көрсеткіш болсақ осындайда көрсетiп қалайық. Оқыған, бiлiмдiлер мен көзi ашық, көкiрегi ояулар ел iшiнде қол қусырып қарап отырмас керек – бұл заманда. Мына уақыт соның тұсы. Құс қанатымен ұшып, құйрығымен қонатыны рас болса, әлi ертең–ақ, мына Мұхамеджан сияқтылардың шапағаты бүкiл қазақ баласына тиер – деген ол. Тiптi, өзi осы мәселенi қолдау тапқызатындығы туралы берік уәдесін де бергендей болды.
Мұхамеджан осы туралы соңғы күндерi қатты ойланып, іштегі жан күйзелісіне кезек бергендей болған–ды. Құдды бір дұға оқыр адамдай болып ішінен ғана болар – болмастай ғып, қайта – қайта күбiрлей қайталап:
– Ел мені түсінді ме екен?! Түсінгей еді! Елiм менi алыста жүргенде ұмытпаған екен ғой! Қайран халқым! – дегендi өзегi өртенгендей боп, iшiнен сыбырлап тұрып қайталап тағы айтты.
Соңынан кейін, осы жерде айтылған сөздің қайырымына қаныққаннан соң барып, оның бет пiшiнiнде бір жадыраған жүздің пайда болғаны байқалды. Мұхамеджан осы жерде айтылғанның бәрiне ырза боп, айналасына басқаша бір көзқараспен қарайтын сияқты.
Алдында өзін күтіп тұрған үлкен сынға да осы кезде білек түріп кірісіп кеткендей болғанын өзі де аңғармай қалған. Бұл фаниде оған елінен артық ештеңе жоқ сияқты көрініп тұр.
Осы кез Мұхамеджан елiн барынша жақсы көрiп, қастерлейтiнiн анық сезді. Соны сездірген талай оқиғаларды өзі басынан кешіріп те жатыр.
Осындайлық жан толқуын, ішкі сырын ол ешкiмге бiлдiргiсi келмегендей, бұның бәрін тек қана өзінің ой елегінен өткізгендей боп, Мұхамеджан алысқа көз жіберіп, ұзақ уақыт тесiле, қадала қарап тұр.
Оның сырт келбетінен әлi де болса туған жерiне деген ыстық сағыныштың табы бiлiнiп тұрғандай. Мұхамеджан туған жерін қимастай боп, алысқа көз салып қарай бередi. Осы кезде кешеден бері көзіне оттай басылған, мұның тағдырына тағдырлас болған Тасбекеттей кiшiрек мекеннiң азғантай үйлерi қарауыта артта қалып бара жатты. Кешеден берi бұл ауыл да ерекше бір күй кешкендей. Ендiсі бұл мекен сол бастан кешкен күйдің аңысын аңдып, үндеместен келгендердi сырт шығарып салып жатқандай боп, көзімен ұзатып салған.
Бұл кезде Мұхамеджан мен Сейiтбатталдың күймелерi Арасан ауылының Сорқора асуымен асып, соның қыр желкесiндегi кезеңге қарай шұбыра жөнелген. Тек, сүт пісірім уақыттан кейін жота – жота болып кететін Қаратаудың адырларынан асып, Баянжүрек тауының баурайына барып бірақ тоқтаған.
Iлгерiде, алып Алатаудың шалқия жатқан кең қолтық, Күреңбелдей жазиралы жазығы ұшы – қиыры жоқтай, зорайып, бұлдырағандай болып көрiнедi. Бір талай жерге дейін мұнартып, құлашын кең жайып, көсіле жатқан жазықтың құшағына кiре қалғандай боп оның Күреңбел деп аталынатын бiр пұшпағы көзге бiрден түсер болса, одан сәл берiректе, сол Күреңбел жазығының Алатаудың етегiне сұғына иек артар тұсына жақындау орналасқан – Мұздыбұлақтай керемет жайлау болған таудың етегi, терең сайлары, жылға мен бұлақтары аралас болып кететiн. Онан да, әрмен қарай жатқан, соның жазықтау төсінің ар жағынан Қапал қаласы да, қарауыта дөңгеленiп, сығалап қарайтын сияқты.
Мына бір жақтан үстi ағарғандай болып көрiнетiн Ақадырдың сілемі, арғы жақта қарауытқан Көкқия, онан да берірек Баянжүрек тауының жел үрлеп әрлеген, неше түрлі тасты бейнелерге ұқсас болып келетін қырлы жоталары да көзге бiрден түседi.
Алатаудың басы қарлы, мұзарт жоталарына дейiн үздiксiз созылған, әр тұсы ойдым – ойдым қалың орманға айналса, үстi толған самсыған қарағай мен арша осы таудың көз тартар сәніндей көрiнедi. Сол орманды алқаптар дәл қазiр жай қараған көзге сәл мұнарта қалғандай боп қарауытады. Онан төмендегі жайылма жазық, сарала түстi дала, аспан биiк таулармен тұтаса бiтісіп кеткендей болады. Оның қайсысы тау, қай жерi жазықтау бел мен белес екенi белгiсiз, адам айырғысыздау болып көрінеді екен.
Мұхамеджан осының бәрiн қимас көңілмен айналасына қарап біраз тұрды. Таудан соққан салқын жел оның бойын сәл де болса тоңазытқандай. Ол кеудесiн осы самал желге бұрып, осы бір ерке лепке кеудесін тосады. Өзi бiртүрлi сезiмге бөленiп, көзi айналасындағы ғажайып суретке тоймастай боп, жан – жағына қарай бередi. Мына сияқты жердi, мынандайлық елдi енді қашан айналып көретіні таң болғызғандай.
Туған жердiң көңiл толарлық сәндi жарастығы – өгейсiп қалғандай болып, алыста жүрген қыр баласын өзiне тартады. Құшағын ашады. Сол құшаққа баласын сағынған анадай боп, мұны кiргiздiрiп алып, кеудесiне баса жабыстырып, жібергісі келмейтін сықылды.
Мұхамеджан осыларға қарап, өзге жайдың бәрiн ұмытқандай боп, аңырайып, мелшиiп қалғандай. Осылай тұра берсе сағынған мауқын басардай болып көрiнедi.
Анау жақтағы, Тәуке тауы жақтан көтерiлiп келе жатқан күн шапағы алауланып барып, лезде найза бойы биiкке самғағандай болады. Осы бір кезде айнала көз қаратпайтындай жап – жарық боп кеткендей бола қалады. «Таң атып, күн шықты деген осындайлық тартымды болмас еді!» дегендей қып, осы бiр сәтте Мұхамеджан жарқыраған күн жаққа сығалай қарап та алды. Көзі ұялғандай болса да, бәрібір де мiз бақпай, кiрпiк қақпай қарап тұр. Мұхамеджан көзi талғанша қараса да, бәрiбiр сол жаққа қарауын қоймайды.
Мұхамеджанның Арасандай үлкен ауылдан, қалың елден шыққаннан кейін Баянжүрек тауының бауырында тұрып, туған ел жаққа құмарта, көз тоймастан боп қарауының өзі оның туған жерге деген көп сағыныштың біріндей болса керек. Қазір де ол осы бір тамаша көрініске аңтарыла қарап қалыпты. Осылайша жер қызығын тамашалап тұрған ол осы кезде бар денесімен Сейітбатталға бұрыла қарап:
– Қыдыр қонған, неткен тамаша жер еді бұл! Не деген сұлулық, не деген байлық осының бәрі! – деп, әлі де тамсанумен тұрған күйі осыны айтты.
– Басқа жұрттың да, осындай жерлерi бар ма екен?! Әй, боса да мұндай емес шығар. Олардың мынадай кереметке қызығатыны бекер емес екен ғой! – деп барып, ойына бiрдене түскендей боп, сәл қабақ шытқандай едi. Бірақ, көңiлiне сәл бiр кiрбiң кiргендей болса да, көңіл – күйінің көтеріңкі екені қазіргі түрінен білініп-ақ тұр.
Сейітбаттал Мұхамеджанның мына бiр күйін қабағынан сезiп, өзінің байсалды, байыпты мінезіне салып, бір жағы сәл қатуланғандай боп:
– Иә, дәл солай. Бiздiң жерге де осы күнi көз құрты кеткендер көбейе түсті ғой. Күннен – күнге жат жұрттықтар осы далаға иен тiресердей болып ағылып келiп жатыр, келiп жатыр. Соның бәрін қайда сыйғызарын кім біледі? Белгiсiз дүние болып тұр ғой – деп ол сәл кідіріс жасап үндемей қалды.
Біраз үнсіздіктен кейін Сейітбаттал әлі де айтары бардай пейілмен сөзін қайта жалғап:
– Айтса айтқандай–ақ, Ақ патшаның қара жүз, қара ниет, қара шекпендiлерi де көбейіп кетті ғой бұл күнде. Олар тәйiрi, қазақты қайтсiн! Өз бiлгендерiн iстейдi. Ар жағын бiр құдай өзi бiледi. Қазаққа жер былай тұрсын, қазiр бас қайғы болған заман емес пе?! Елге де, жерге де, пана болуды ойлайтын кiм бар осы кезде?! Өздерiң сияқты ер – азаматтар болмаса. Басшысын таппаған ел азады демекші, әуелі бір жаратушы мен тәңірiм, тек елге ауызбіршілік берсін! – деп, ол өз ойын Мұхамеджанға аша түскендей болған ниетпен, бiраз сөздi суыртпақтай айтып салды. Сөзін осылайша тұжырымдаған Сейітбаттал Мұхамеджанға жаңа бір ой тастағандай қылды.
Сейiтбаттал осыны айтып, аз бөгелгендей болды. Осы сөзді көлденең тартқанда: «Мұны да, ойлап қой!», бұл сияқты жағдай әлі көп кездесетін болады дегенді де ескертіп кеткендей сияқты. Артынша Мұхамеджанның үндеместен ұйып тыңдап қалғанын байқаған ол – бір жағынан осының өзiн оның айта берiңiз деген ишарасы деп ұғып, оның жүзiнен көзiн алмастан тұрып:
– Ел бірлігін ойлап, намысын жыртқан адамның сауабы тисін, аруағы қоршап, қолдап жүрсiн деп, қарағым өзіңмен осы Тәнекедей батырдың басынан әдейі қоштасқалы тұрмын – деп, ол әуелi Мұхамеджанның жүзіне байыпты көзқарасымен сәл үңіле түскендей боп қарады да сәл кідіргендей қып, соңынан ала барып көзқарасын үлкен қара бейiт жаққа аударды.
Жапан түзде, оңаша жерде тұрған Қаптағай рубасысы бейiтінiң басына жиналған осы бір топ адам айтарларын айтып, алдағы күнге сәттілік тілеген еді.
Мұхамеджан да, Сейiтбаттал да артынша осы сөздiң бәрi жарықтықтың басында берілген серттей болғанын іштерінен түйген. Екеуі де Тәнеке жатқан соңғы тұрақ жаққа көздерін алмастан қарап, ойлағандары тек: «ел бірлігі мен ынтымақты күндері көбейе түссе» деген тілектері сияқты болып көрінді.
Талай күннен бері ел аралап, оның ыңғайына көнген бұл кісілер Тәнеке басында тағы бірсыпыра жағдайдың басын ашып, бiраз сөз еттi. Айтылған сөздер көкейге қонымды болды. Осылардың бәрi Тәнеке басында бекер айтылмағандай болып шықты.
Сырт көзге бұл жердің ерекше көрінетіні анық. Онысы бір жағы өзiнiң кiндiк кескен жерiн көзі тірісінде қызғышша қорыған батырдың еліне деген сүйіспеншілігі мен күш – қайратын паш етсе, енді бірде оның дамылсыз да тынымсыз кешкен өмірінің бар сырын бүгінге дейін сақтап келген сияқты.
Құлазыған ен даланың нақ төрiнен орын тепкен Тәнеке батырдың аруағы бүгін де осы жердi қорғап жатқандай болып көрінеді. Айнала жым – жырт. Тек кешегі өткен өмiрдiң жалғыз белгісіндей болған, оның бiр үзiгiне айналған – осы қара мола ғана сияқты.
Тым – тырыс, мүлгіген тыныштықты тек қана болар – болмас ызың ғана бөлетіндей, сол ызың ғана айналасына үн қатып жатқандай. Сол үн, басқаларға бұл араның өзiндiк сыры бар екенiн бiлдiрiп тұрғандай.
Осындай тылсым тыныштық тек қана, жапан түздегі елсізге орын тепкен мына тұрған үлкен қара молаға ғана жарасымды сияқты. Қазіргі мына бір айнала мүлгіген тылсым заматта батыр басына келiп тұрғандардың айтқандары да осы жердiң соңғы күндерінің тағы бiр белгiсiне – сыр үстiне сыр қосқандай болатындай көрінеді.
Сырт қараған кiсiге мына иен даланың қазіргі иесін де, Тәнеке батырдың өзіндей қып елестетеді екен. Ол қазiр Баянжүрек тауының бауырынан өзiне мәңгi тұрақ тауып, мүлгiген мына тыныштыққа құлақ түрiп жатқан сияқты... Осының бәрi кешегi ол өткiзген заманның азғантай жұрнағындай болып көрінетінін қайтерсің.
Осындайлық ой үстінде тұрған Мұхамеджанның бойы шымырлап, көңiлi елжiреп, тәні сәл тоңазығандай болды. Оның ойына қазiр көптен бері ізденіспен істеп жүрген жайлары түстi. Соның бiрегейіндей болғаны қазақтың тарихы сияқты. Өзі қызыға зерттеп жүрген нәрсесі. Қазіргі көз алдындағы тарих та соның жалғасы сияқты. Бәрі біріне – бірі жалғасып кете баратындай. Бұл да сондай тарихтың бірі. Тәнеке батыр кезіндегі тарихтың беттері болар.
Мұхамеджан өзi соңғы кездерi он сегiзiншi ғасырдағы қазақ елiнiң жағдайын терең талдап бiраз тарихи мәселелердiң басын құрап қойғандығын еске алып, соның кей жеріне бүгінгі мол сырларды толықтыруды да ойлап тұр. Ол сыр – Жетісу жерінің сыры болатын.
Жетісуға келгелі жинастырғандары мол қазынадай болып шықты. Оның iшiнде бұрын айтылмаған және жазылмаған бiраз сырлар да бар. Солары, қазақ – қалмақ соғыстары да, қазақтың сол кездегi тарихы мен шежiресi де бар. Тiптi, жер атауларының шығуына шейiн жинастырғаны өзін қуантып жүр.
Қазiр ендi Мұхамеджанға тағы бiр ой келiп тұрғандай. Онысы Тәнеке сияқты ерлердің елге сіңірген еңбектерін елеусіз қалдырмау еді.
Осы жерді жер еткен де, тәні қара жерге кіргенше тамам қазаққа қоныс еткен, осы елді – ел қылмақ болған да сол емес пе. Ендеше сондай ерлердің iстерiн алдағы күндері бiр уақыт дәріптемекшi болған ойлары Мұхамеджанның қазір де көкейiн тесіп тұрғандай.
Бейіт басына келгенге дейiн Мұхамеджанның Тәнеке батыр туралы елден естiгенi көп едi. Ол болса кешегi өткен заманда елiнiң қамын ойлап, сол үшiн алысып өткеннiң бiрi ғана. Тәнеке сияқты қазақтың адал ұлдары көптен көп екені де рас.
Солардың барлығының тарих алдындағы орнын бағалау үшiн де Мұхамеджанға көп уақыт пен iзденiс керек болып тұр. Бiрақ құдай жазып, бұйрық болса, бұл оны да ескермей кетпейдi. Осы Тәнекедей кісілердің тарих бетiнде қалдырған iздерiн тауып, бәрiн де өз орнына қоймақшы. Бiр жағы Мұхамеджанды қазір толғандырып тұрған да осы едi.
Баянжүрек жазығына қарата құлай ағатын жіңішке ғана бұлақ, Тәнеке бейітін жағалап келіп, етекке таман барғанда дала қойнына кіріп жоғалып кетеді екен. Бұлақ болса да, өзі үздік – үздік боп, сiлбiлей ағып, талай жерге дейін суын тебіндете жеткізеді екен. Ал, Тәнеке жатқан жердің өз басында да уақыт өте бастау пайда болыпты. Осы бұлақта құдды бiр Тәнекенiң өткен өмiрiн ұмыттырмай, еске салып жатқандай. Қазақтың дәм – тұзының бірі iшер су болса, оның да үзiлмегені абзал екендігін көрсетіп тұрғандай.
Бұның бәрi қазiр Мұхамеджанның көңiлiн босатып, жүрегiн сыздатқандай еткен. Оның көзiне бiр уақыт ыстық жас та үйрiлгендей болды. Соны бiлдiргiсi келмей, ол сәл қырын тұрды да, көзiндегi жасты көрсетпей қолының сыртымен сүртiп тастады.
Осы кез Мұхамеджанның құлағына жас кезiндегi әжесiнiң өздерiне айтып отыратын ыңылдақ, ырғақты үнi келе қалғандай. Сол бір қарт әженің «атадан ұл тумас па – батыр боп, ел қорғар…, ата жолын қумас па…» дейтiн үні өзіне әлі күнге дейін естiліп тұрғандай көрінді.
Бала күнгі естіген жырлардың әуездi ырғағы мен сондайлық мәнi дәл қазiргiдей көкейге қонарлық болмас па еді. Сол әуез қазiр Тәнеке батыр бейiтiнiң күмбезi астынан жаңғырып шығып жатқандай елес бередi.
Бір кездері Мұхамеджанға өздері тұрған Баянжүрек тауының жазығы самғай соққан желмен бірге ыңылдаған дыбысқа айналып, сол дыбыс сәби кезіндегі таныс үнге айналғандай. Мұхамеджанның құлағына кеп тұрғаны сол әуен: «Ел қорғар ұл қайда?…» деп басталатын таныс әуен. Өзiне бала жастан етене жақын, құлаққа жылы үн Тәнеке батыр бейiтiн айнала соққан желдің ызыңына бiрге қосылып, жаңағы бір жас кезiнен бергi еститiнi бар әуенге салып тұрғандай едi.
Мұхамеджан бүгiнгi күнi зер салып қараса, сол кәріліктен белі қайысқан, шүйкедей кемпiр үшiн де, ең қасиеттiсi – ел мен жердің бірлігі екен ғой. Содан артық не бар, бұл жалғанда? Кәрі әже бұлардың құлағы естiп, еті үйрене берсiнмен, сол сөздердi бесiк басынан құлақтарына құя бередi екен ғой. Немерелерi жапатармағай боп: «Әже батырлар туралы жырлап бершi!» деп, жата кеп жабысатын әдетiне әбден үйренген әжесі өздеріне «қой» демейді. Қайта кәрілікпен бірге келген замандасы уақыт шүңірейте түскен көздеріне бір уақыт жылылық орнап, етi қашқан, тарамыстай қолдарын аузына апара береді.
Бұл жақсы хабардың белгісі. Кәрі кісінің бәрі насыбай атады. Ауыздағы насыбай көп сөз айттырмайды. Сөйлеу үшін насыбайды алу керек. Әжесі сияқты кейбірі насыбайды қор қылмау үшін, ауыздарын тымырайтып қойып, насыбайдың күші кеткенше сөйлемей отыра береді. Мұхамеджанның әжесі өйтпейді. Айтатындарының бұларға пайдасы бар деп ойлай ма, әйтеуір:
– Тұра тұрыңдар, адыра қалғырлар! Аузымдағы насыбайымды алайын – дейді. Бұлар үшiн бұл жақсы хабар. Әжелерiн қаумалап отыра қалысатын. Әсiресе, ұйып тыңдайтындары, елi мен жерiн жауға бермей, қорғайтын батырлар жайындағы хикаялар едi. Өздеріне көп ұнайтыны сол болатын.
Қазiргi кезде солардың бәрi балалық қиялдағы батырлардың бейнесiнен басталып, өңiндегiлерге айналған сияқты. Соның бірі мына жатқан Тәнеке батыр емес пе.
Мұхамеджан Тәнекедей батырлардың өнегелi өмiр жолдары мен тарихын болашақ ұрпаққа, өз халқына бұлжытпай жеткiзбекке белін бекем буғалы қашан. Соның алғашқысының бiрiндей болып «Қырғыз – қазақ халқының тарихынан деректер» деген атпенен басылуға даяр жазбалары жарық көретін сияқты. Басқа да жазбалары әзірге көңiлiне демеу болғандай едi.
Бұларының өзi Мұхамежан үшiн бiр сыпыра iзденiске айналғанды. Жүрген жерлерiнде халқының тарихын зерттеп, бiлгiсi келген адам ретiнде елден көп нәрсенi сұрайды. Iздейдi. Солардың бәрiн бiлуге құмартатын болып жүр. Талай шежiрешiлердi сарнатып қойып, көп жағдайға қанық болғандайы да бар.
Мұхамеджан қазір осылардың бәрін есiне алып тұр. Сондықтан болар көңiлi қамығып қалған. Оның осы кезде ойынан кетпей тұрғаны да, елiн еңірей сүйген Тәнекедей ерлердiң көптiгi еді.
Ішінен күбірлеп батырдың аруағына арнап дұғасын айта берген. Ойы сан – саққа жүгіріп, көмейіне бір нәрсе тығылғандай боп, демін ала алмай тұрып қалды. Тек қана, аузына «Аруағыңнан айналайын, Тәнеке!» деген бiр–ақ сөз түсе бергендей. Соны бұл ішінен бiрнеше қабат қайталай бердi. Өзi де, осы бір тұста Тәнекедей болуға, халқының керегiне жарап, қамын жеп өтуге өзіне – өзi серт бергендей. Сол серттi осы кезде Тәнекенің аруағына бағыштағандай боп тұрған кезі еді.
Айдаладағы елсiз, есiз Баянжүрек тауының iргесiнде тұрған мына мола құлазыған далада ұмыт қалғандай болса да бүгiнгi күннiң тiршiлiгiне дем берiп жатқандай. Осы жердi мекен еткен елдiң кешегiсi мен бүгінгісін де, ойландыратын, бар белгiсi де, осы ғана болғандай. Осы мола ғана айналаға қыбыр етпей қарап, мәңгi үн қатпастан, иен далада мiз бақпай тұр. Мына бiр құлазыған даланың бастан кешкендерінен сыр шертетiн жалғыз дүние де осы ғана.
Тәнеке батыр бейітi басындағы әңгіме аяқталар шақта, енді бұлар қоштасып, әркім өз жөніне жүреді–ау, дегенге таялғанда, алысырақтан алдымен құлаққа сыңғырлаған әдемi қоңырау даусы естiлгендей болған.
Қоңырау даусы естiлер – естiлмес болғанша–ақ, артынша көп ат жегiлген күйменiң де қарасы көрiндi.
Тұрғандардың назары енді сол жаққа ауған. Сөйткенше болған жоқ, біресе шауып, енді бірде қатты желіспен келе жатқан аттардың тұяғының тасыры мен жиі – жиі пысқырынғаны да анық естілді. Осы кезде, бұлар тұрған жерден бiразда жатқан күре жолмен тастақ жердiң шаңын бұрқырата, өңшең аппақ қылаң боп келген, үш ат жеккен, күймелi «фаэтон» өттi.
Жүрiстерi суық, беталыстары Арасан жақ, ағызып барады.
Күймедегілер бейіт басында тұрған бұларды аңғарды ма, жоқ әлде аңғармады ма, әйтеуір бөгелместен өте шығып, өз жөндерімен кете барған. Суыт жүрiспен өте шыққан жүргiншiлердi көзiмен ұзата қараған Мұхамеджан сұраулы жүзбен, Сейiтбатталға қарап:
– Қажы аға! Мыналарыңыз кiм? Қайда барады? – деп сұрады.
– Неде болса, Қапалдағы ояздан шыққандар болу керек, солардың көлiктерiне ұқсайды, – деп, жауап қайырды болыс, өзі әлденеге алаңдағандай болып күйменің соңынан қарап тұрған қалпында. Сондай түрмен ол сәл күбірлей сөйлеп:
– Бұлар қайда барады екен? Бiздiң Арасанға ма, жоқ әлде Қисықауыз арқылы Тасбекет аса ма екен? – деп, Сейiтбаттал аздап бөгелгендей болды. Суыт жүрісті жүргіншілер оның ойын бөліп, сан – саққа жүгіртсе де, ол әзірше ұстамдылығын жоғалтпайтын адамның пиғылын танытып тұрған секілді.
Бұндай жағдайға оны итермелеген ең алдымен қасында Мұхамеджан сияқты кісі бар екендігін ұмытпайын деген қылық та болар.
Сейітбатталдың бұл түрін аңдап қалған Мұхамеджан да оған іштей ырза болды.
Болыстықтың шетіне ала дүрмек жүріспен ұлықтар келіп жатса, оны көре тұрса да қасындағыларды қисынсыз алаңдатпайын деп, сыр бермес түрмен жайбарақаттық көрсетіп тұрған осы бір адам өзінің көңілінен шыққандай еді.
Дәл қазіргі уақытта елінің шетіне ояз жақтан ұлықтар кіріп, солар мініп бара жатқан көліктің өздері жаққа бет алғанын байқап тұрса да Сейітбаттал қажының еш абыржымастан, саспайтын қылық танытқанына назар аударған Мұхамеджан бұл кісі туралы тағы бір түйін тигендей. Бұл ұстамды қылық оның тағы бір түр сипатын танытқандай етті. Мұхамеджан ішінен «ендеше Сейітбаттал осал емес. Бірегей мінезді, өзіне – өзі нық сенімді, адуынды кісі екен» деп, ой түйгендей қылды.
Сейiтбатталдың мына бiр қылығы, жалған тәкәппарлыққа да, жағымсыз мансапқорлыққа да, ұқсамайтын қылық, мұндай мiнез анау – мынау болысыңның қолынан келмейтiн мiнез. Ол қызмет пен мансап тiзгiнiнiң бiр шетiн ұстап жүрген Мұхамеджанға әбден белгiлi жағдай болатын.
Осылай ойлаған Мұхамеджан өзінше ой тастап: «кейбiр қазақтың болысы елiнiң шетiне ұлықтың төбесi көрiнсе болды, iшкен асы тамағынан өтпей, есi кетiп, жандайшаптана шабады, мына болыс өйтпеді, ондайыңның адамы емес сияқты. Бұл кісінің мына заманда көргені мен түйгені көп екен» деп тұжырымдағандай болды. Сөйтіп, Сейітбатталдың өзіндік ұстамдылығы мен кісілігіне тағы да ырза болған. Өзі тіпті Сейiтбатталды бұрыннан бiлiңкiресе де, ол бүгiн бұған тағы бiр қырынан көрiнгендей болды.
Сейiтбаттал болыстың көрсеткен қонақжайлығы мен кісілігіне iштей әбден разы болған Мұхамеджан оның бағанадан бергi ағалық ақыл ретiнде айтқандарына жауап қайтара:
– Қажы аға, Верныйға барысымен Барлыбек ағаға жолығамын ғой. Алдымыздағы болар iстi орны келсе сол кiсiмен тағы да ақылдасармыз. Ол кiсi – жалпы қазақ үшiн тегiс ойлап, уайымдайтын адам ғой! Өзiмнiң оқу оқып, өмірде осындай адам болып қалыптасуыма қол үшiн берген санаулы-ақ, адам болса, соның бiрi – сiздiң ағаңыз марқұм Тұрысбек қажы да, тағы бiрi – осы Барлыбектей ағамыз ғой. Ол кiсiнiң: «Қарақтарым! Оқыңдар, қазағыңды ойларыңнан бiр тастамаңдар!» – деген сөздерiн қалай ұмытпақпын. Онсыз менiң Жетiсу жерiнде бүйтiп жүруiм екi талай болар еді.
Сайлауда барлығы дұрыс болып, болашақтағы Думаға сайлансам, тек қана, ел үшiн қызмет ететiнiм анық! – деген сөзi көтеріңкі, әмбе нық шықты.
– Оның дұрыс, айналайын, ондай сөзiң өзiң сияқты Петерборда бiлiм алған, өкiмет билігінде қызмет жасайтын, абзал азаматқа әбден лайық сөз. Заман болса мынау. Мына заманда бiлiмдi қазақ баласы жiгерлi болса, мынадай шұбырған елге пана болса екен деп те ойлаймыз. Барлыбекте сондайдың бiрi. Ол да осыны ойлайды. Елдің қамын жеп, қазақтың жоғын жоқтап жүрген азамат. Оның айтқандарын тыңдап, бiр уақыт сөзiне зейiн қойсаң болғаны ар жағын өзің де іліп әкетерсің. Кеңескеннен ақыл көбеймесе, әй,... азаймас. Ауызбiрлiктi болғанға не жетсiн! – деп, Сейiтбаттал қажы Мұхамеджанды бауырына тартып, ұзақ құшақтап тұрып, қоштасты.
Осыдан кейiн, Тәнеке батыр бейiтiнiң басынан екiге бөлiнген күймелi арбалардың бiрi Қапал жаққа, ал екiншiсi Арасанға бет алып кете барды.
Үшiншi тарау
Бағана күре жолмен өткен, iшiнде уезд орталығы – Қапалдан келген жер өлшегiшi, переселен басқармасының қызметкерi, приставы, тiлмашы бар бір топ адам, Сейiтбаттал болыстың ауылы Арасанға тоқтамастан таулы жердiң тастақ жолымен төте жүріп, Қисықауыз қырқасындағы асу арқылы Тасбекет жаққа асқан.
Өздерiнiң беталыстары сол маңайдағы Бүйен сағасы, Қопа сияқты болса керек.
Бұлар Қапалдағы ояздан шыққан, қоныс аударуға байланысты, соларға жаңа жер үлестерiнiң қорын жасауға шыққан ұлықтар болатын.
Жол – жөнекей олар жайлауға асыққан ауыл – ауылға, мал бағып жүрген қазақтардың үлкен шоғырын көре қалса тоқтай сап, аздаған аял жасап, өздерiмен бiрге алып келе жатқан өкімдерін оқиды.
Жинала қалған қазақтар бұларың не айтады дегендей солардың арасындағы жалғыз тiлмаш қазақтың бетiне қарайды. Ол болса ұлықтар сөйле деп ишара берісімен қағазда не жазылғанын бұларға айтып береді. Орыс ұлықтармен бiрге iлесiп жүрген ояз тiлмашы Сеңгірбайдың тірлігі осы ғана сияқты, басқаға ол жоқ екен.
Тiлмаш Сеңгірбай болса, енді мені де бір тыңдаңдар дегiсi келгендей, шамасы келгенше, тiлi жеткенше түсіндіріп жатыр.
– Ұлықтар айтады – дейдi ол, бiреу қуып келе жатқандай, ентелей сөйлеп, асыға айтып:
– Тез арада малдарыңды әкетiңдер бұл жерден – дейдi. Осыны айтып болысымен тапалтақ келген, қарны шертиген, бұғағы мен әукесi бiрдей боп салбыраған тілмаштың аяқ астынан көзі алақтап, Қапалдан келген ұлықтарға бiр қарап алып, сосын барып көбiнесе жиын ортасында тұратын ақсақалды ауыл ересектеріне бет – жүзін бұрып, көзiн соларға қадаған күйi сөйлейдеі кеп:
– Ақсақалдар, мына адамдарыңның бәрін жинап, айтылғандарды жетесіне жеткізіңдер – деп, аракідік тепсініп қояды. Оның мұнысы «сендерге айтамды» түрмен көрсетіп, үнсiз меңзегендей боп: «ар жағын сендер түсiндiрерсiңдер бiрдеңе қылыпқа» көп келеді. Сосын барып жаңағы тiлмаш Сеңгiрбай тағы да, алақ – жұлақ етiп, бұл айтқандарым әңгiменiң басы ғана, енді соның аяғын тыңдаңдар дегендей қып:
– Өздерiң де, оны – мұныларыңды жиыстырып тезiрек көшіңдер, кетiңдер бұл маңайдан! Бұл жерлер патшаның бұйрығымен қоныс аударушылар қорына тиiстi жер болып тіркелді – деп, ол айтарымды айтып болдым дегендей ишарат жасап, қолының сыртымен аузын сипап қойып, дереу сөзiн тоқтатады да ана ұлықтарға қарап аузын тосып, тағы да солардан жарлық күткендей кейіп танытады.
Жол бойы кездескен осындай ауылдарға, далада мал бағып жүрген қазақтарға Қапалдан шыққан бір топ ұлықтардың Сеңгiрбай арқылы айтатыны да, айтқызатыны да, тек осы ғана. Осыны айтып болысымен олар қарап тұрмай, асығыс ары қарата жүріп кетеді.
Мына сияқты ұлықтарды күнде көрмейтін қыр қазағына – бұлардың өздері де, жүрген жүрістері де таң – тамаша көрiнсе, бір жағынан қызық та болар.
Қыс бойы мал – жанды қалай сақтармын деп, көрмеген қорлықты көрген, әупірімдеп жазға іліккен қазақ баласы енді ғана жоқшылықтан, қатаң қыстың қаһарынан құтылдық па дегендей боп, арқасын кеңге салғалы отырған. Аяқ астынан сап ете қалған орыс ұлығын көрмеген момын қазақ, аналардың үстеріне киген, бұрын өздері көрмеген киiмдерiне қарап аң – таң болысып қалған. Әсіресе, олардың мiнген «фаэтон» арбаларына аса құмартып қарайтын сияқты. Оның былқылдақ жұмсақ жүрiсi, рессорларының қайқаңдап, толқуы бұлар үшін әбден қызық. Абажадай арбаның ішіндегілер онан да қызық болғаны рас.
Алдымен ол былқылдақ арбадан мойны дәл бұқанікiндей күжiрейген, семiздiктен жоны мен желке тұстары бiріге тұтасып кеткен, iркiлдеген майдан жарылудың аз–ақ, алдында тұрған ұлық шығады. Оның қарны сарыала оқалы кителiнiң жылтыр түймелерiн үзетiндей болып көрінеді. Сүзеген бұқадай болып күжірейген неменің пішіні мен мүсіні де кесек, тұтас біткен екен.
Бұл Қапал қаласынан келген пристав Куреньков деген ұлықтың бірі.
Ен далада, ауыл – ауылда кездесіп қалатын қазақтар алдымен оның мойнына асқан ауыр драгун қылышы мен оң жақ жамбасын соққылап жүрген тапаншасына қарайды.
Ұлықтардың айтқандарын мына жұрттың бәрі тындап, олардың оқыған өкімдерін барлығы бiрдей үнсіз қабылдап, тағы бірдеңені олардан тосқандай қала береді.
Олардың әкелген хабары мен өздерiне айтатындары:
– Бұл жерден кетiңдер! – деседі. Бұл хабарды есіттім дей бергенде келген ұлықтардың кейбіреуі алдыңғыларына қосанжарласа кетіп:
– Дереу, жердi босатыңдар!
– Көшiңдер бұл жақтан! десіп шыға келеді.
Жерден кетесіңдер деген сөздердiң төркiнiне жете түсiнбеген қазақтар, дал болып аңтарылып қала бередi. Тек қана, ұлықтар аттанысымен бiр – бiрiмен аласапыран даурығысып, жан – жаққа шапқыласып кете барады. Қалғандары топ – топ болып тәжiкiлесiп, артынша маңайдағы ауылдарға не боп жатқанын бiлiп қайтуға кiсi салады.
Олардың мұнысы әлі де болса төбелеріне тас түскендей болғандықтан да, қысылғандарынан болған жайды басқалардан бiліп қалуға істеген әрекеті еді.
Сондай мүшкiл қал, керенау қабақ, бей – жай болған бір күй бұл қазақтардың жүздерiнен көрініп қалады. Сасқаны мен саспағаны белгісіз қалың шоғырдың естері кете бастаған.
Бағанадан бері төбелеріне жай түскендей қып айтқандардың ендігі шындық екенін түсінсе де оның мәнісін түсінбейді. Оны бұларға жеткізетін адам да жоқ. Ұлық біткеннің аузынан шыққан сөздер қайта – қайта жаңғырып кеп, бұларды құлақтан ұрып тұрғандай. Естерін алып, тұстарын қашырар жағдай енді ғана бастарына туғанын сезеді.
Бiрақ та, ара – арасында ұлықтар кетпей-ақ, тұрған қазақтардың ішінен жақтырмай сөйлеген, қарсы айтқандай болған сөздер де еміс – еміс естiлiп қалады.
Бұлай айтылған сөздер осы кезде қабақтары тұнжырап, естерi кетiп тұрғандардың арасына дарып, күңкiлдей шыққан дауыстарға ұласып, естiлiп те жатты. Сондай күңкiлдек дауыстардың бірі:
– Қай құдай мына бір күңірене келген, жолдарың болмағырларды біздің басымызға бейнет қып айдап келген? О тоба! – дедi. Мұны айтқан мосқалдау келген, арықтау денелi, қария кісі – әжiм басқан жүзін ұлықтарға бұрып, осылайша қарғана сөйлеген. Бірақ олармен салғыласқан да, дауласқан да жоқ. Оның мына сөзін естіген Сеңгірбай оған қарап:
– Әй шал, сен көп оттама! Көріп тұрсың ғой, бұлардың Қапалдан келгенiн. Бұл кiсiлер тіптен ояздың өзінен келе жатқан ұлықтар болады. Сондықтан артыңды… қысып, тыныш тұр. Нең бар бұлармен сөз таластыратындай. Тіптен де, үндеме. Саған сөз келген жоқ. Бәлеге басыңды тігіп қайтесiң!? – деп, іркіп тастады.
Тұрғандардың арасынан басқа ешқайсысы да, ләм деп ауыз ашпады. Жаңағы шалдың сөзін қолдаушы да, қоштаушы ешкім болған жоқ. Ол тағы бірдеңе дегісі келгендей болып ыңғайлана берді де, «бұл сөйлеген қайсың?» дегендей өзіне жалт қараған жуан қарын приставтың сұсынан тайсалып, ығыса берген еді. Сол қалпы, шегiншектеп барып, қалың топтың арасына кірiп кетiп, бой тасалағандай болды. Қалғандары бұл уақытта жасқанып, жүректері шайлығыңқырап қалғандықтан дауыстарын шығара алмай қалған.
Тек қана, олардың жүздерінен үлкен бiр өкiнiштің табы бiлiнетiндей. Өзара күбірлесіп тұрғандар өздерінің зілді, лағнет сөздерін сыртқа шығара алмастан iштерiнен тынып, не істерлерін білмей тұр.
Мына ұлықтарға өздерінің сөзін өткізе алмайтындығына енді ғана көздері жеткендей. Өйткені, келген ұлықардың өңi де суық, қимылдары да суық, айтатын сөздерi де суық.
Жиналған қазақтар үшін бұл жаманат хабардың қайдан шыққаны белгісіз. Әйтеуiр барлық жайдың бас – аяғы бұлыңғыр тартып тұрғандай.
Бұл туралы сөз қозғалып «ұлықтардың қайсысы айтты?» десе, соның сөзін қағып әкеткендей болған енді бірі:
– Кішісі айтты ма, жоқ әлде – ірісі айтты ма? деп сонан бірдеме шығатындай–ақ, өндірлеп сұрайды кеп. Кейбіреуі тұспалдамай–ақ, төтесінен бірақ ұрып:
– Турасын айтыңдаршы, қай ұлық айтқанын. Не болмаса, жандарал мен патшаның өзiнен шыққан сөз бе? деген сұрақтардың да шетін шығарып қояды. Пысықтаулары болса бағанағы оқылғандарды тәптіштей сұрастыра келе өздеріне белгісіздеу болса да жаңа бір жол тапқандай боп:
– Сонда, мыналардың бағанағы айтқаны қай сасқаны, патша айтты, жарым патша – жандарал айтты деп?!
– Тіптен де, олай болуы мүмкін емес қой?!
– Еш қисыны келмейді. Мынадай сөз кімнен шықса да – нағыз ел бұзар сөз ғой бұл – деп, олар өзара күбiрлесе таласып, даурыға өзеурейдi.
Аяғында барып әдеттегiндей мұнысы да сұйылып, жым – жырт боп, су сепкендей тиыла қалады. Әр қайсысы өзiмен – өзi боп, «бұл қалай болғаны ата – бабамыздан бері қоныс теуіп келген жерден қайда кетпекпіз» деп дал болғандай. Өз қайғысы өздерiне көп көрінгендей, соның ауыртпалығына жаншылғандай болған бір күйді кешуде еді. Ойларының бәрi бұлыңғыр тартып кеткендей. Дәл осы кезде атар таңды да көрер күнді де жоғалтып алған сияқты. Сүрең тартқан қабақтарын қара бұлт басқандай боп, енді қайтсек деп тұрған кезi едi.
«Кең қоныс, үйреншікті мекенін тастап, мына ел сонда қайда боспақ!». Жаугершілік заманда да ата–бабалары осы қонысы мен мына мекенінен тастамағанын талай есiткен бұлар. Сондықтан да, өздерi пендешiлiкке берiлiп не істерлерін білместен бір жағы сасқандай болса, бір жағы мынандай сөзге нанар – нанбасын білместен, әбден дал болған. Тіпті абыржығандықтан, кейбiреуi меңiрейiп, екі дүниенің есігін бірдей ашқан сияқтанып тұрса, ендi бiреулерi бедiрейiп, сыртқы пішіндерінен маған не істерсің дегендей бола қалыпты.
Бұлар өйтпей, қайтсiн. Көп тiлектерi де жоқ. Құдайдан сұрайтындары да өздерiнiң ата қоныс, үйреншiктi мекендерiнде жүрсе болғаны еттi. Мыналардың iстеп отырғаны осы болса бұлар қайтсiн. Бұлардың таңданбасқа, абыржымасқа шарасы бар ма? Өздерi анығын бiлмеген соң, және де осының өзi анық бола қалса, мына Қапалдан келген ұлықтар не қыл дейдi. Тiптi ауыл адамдарының кейбiреуi:
– Осы сөз бекер болар? – десе де, қалғандары ондайларға ырық берместен:
– Айттым ғой, бұл бекер емес деп! сөзді батыра айтып, өзі дүдамал елді онан сайын томсырайтып жіберген. Мына сөздерді естіген қатын – қалаштың шыдамсыздары:
– Құдай–ау, ендi қайтпекпiз? – десіп, дауыстарын созбалап нақ бір жоқтау айтатындай боп:
– Сорлы басымыз сорлаған күйi қайда бармақпыз? деп, жамырай дауыс көтеріп алған. Қатын біткен:
– Не сұмдық болды мынасы, ендi қайтпекпiз, не істемекпiз? – десiп жатса, еркек біткен үрпиiсiп – үрпиiсiп, мойындарына су кеткендей боп, үдiрейiсiп – үдiрейiсiп қалғандай. Мына жарық дүниеде бұлар үшін басқа қызық қалмағандай.
Ояздан шыққан мына жүргiншiлердiң жүрiстерi де, айтқан сөздерi де, еш бүкпесіз, рас боп шыққанын ауылдарға аттандырған хабаршылар жеткізіп те жатыр. Бiрақ сондай хабардың анық – қанығына жетуге бұлардың еш зауқы жоқ. Көңiлдерiн зiл батпан қара тас басқандай боп, мең – зең, дел – сал бір күйді бастарынан кешіп, ауырлап тұрғаны. Өздерiнiң басындағы ауыр мұңдарын ендi кiмге шақсақ деп тұрғандары бар.
Ояз ұлықтарының бұл жүрiсi – Қопалы мен Сағабүйен елiнiң, бүгiн күнi бойғы аузындағы сөзiне айналған.
Тiптi кейбiреулер әншейiндегi ырық бермес бой араздықтарынан да арылып шыға келгендей болып, немқұрайдылау қып:
– «Әй, осы алса – алар алатынын, берсе – берер беретұғынын. Бұл ұлықтарды әлденедей қып, қожаңдатып қойған кім екен өзі. Көш дейді тамам елге, түге. Онысы оңай ма екен? Бәсе деймін, неге бізді қуып жатыр, түге» дейтін де қылық көрсеткендер араларынан табылып жатты.
Бірақ, әзірше тек алғаннан басқа бұл ұлықтардың бұларға беретұғын түгі жоқтай екендiгiне өздерiнiң көздерi әбден жеткендей болған сияқты.
Қыр қазағының қайсыбірі мына сияқты күңіренген дауыспен өздерiне келген ұлықтардың хабарын естiп:
– Бұларыңның мына салып жүрген қай байбаламы? Ұлық айтты екен деп, өле қалатындай не көрінді бізге – деп, үйреншікті қылық танытқандар да іштерінен шығып жатты.
Бәрiбiр қаншалықты сөйтсе де, елдің көбісі дағдарып қалғаны анық едi. Тiптi кейбiрi төскейде шашырап жатқан малын түгендеп қайтуға да, оны қайырып келуге де, құлықсыздау болып, мең – зең бір күйді кешкендей.
Жұрттың көбі бiр орында отыра алмай, арлы – берлi сенделiп, құлаққа жайлы сөз естуге ынтық болып жүр. Ондайлардың тақаты таусыла жұбаныш iздеп білгісі келетіні де ылғи осылай айтылған ғана. Ести қалатындары:
– Сонымен мына ұлықтарың кiм болды?
– Өздерi қайдан келедi екен?
– Аяқ астынан бiзге қайдан тап болды өздерi?
– Не деп тұр, сонда өздерi?
– Айтып тұрғандары рас па, жоқ әлде қисынсыз нәрсе ме? – дегенен ары аса алмайды. Тіпті болмаса айнасында осыған кінәлі дейтін де адам жоқ.
Бүйен атты өзеннің сағасына тақау бiр қыратта Бейсен байдың қойын бағып жүрген Еңсебай – жайып жүрген қойын тастай далақтай шауып кеп сөз тыңдаған едi. Әр тұста жинала қап, даурыға айтысып тұрғандардың қасынан өте бере құлағын түрiп әңгiме тыңдаған болды. Ақыры шыдай алмай кетiп:
– Сонда олар өздерi қысқасы не айтады? – дедi. Оған өзiнiң жiп – жiңiшке, сидиған ұзын мойнын созған, ел iшiнде «ырғай мойын Кертай» аталынатын Омар болыстың жылқышысы елден бұрын тiл қатып үлгiрдi. Кертай оған қарап, мойнын тырнадай соза берiп:
– Апырай, өңшең ғана жау алғырлардың тек қана айтатындары бiздiң қоныстарымызды босатыңдар дейдi екен. Дәп бiр жетi атамыздан берi бiзге осы жердi солар еншiлеп бергендей–ақ! Атаңа нәлеттер–ай, бiз сонда не iстеуiмiз керек, соны олар неге күнi бұрын ойламайды, осы! – деп, ол осындай ызғарлы сөздерiн Еңсебайға айтып, тақымына қысып қойған құрығының орта белiн ұзын қолдарымен қысып – қысып қойды. Оның астындағы кертөбел аты алдыңғы аяқтарымен жердi тарпып, ендi бiрде ауыздығын шықырлата шайнап, Кертайдың өзiнiң мойны сияқты ұзын қаз мойнын қайта – қайта алдыға қарата соза берді. Онымен қоймай ауыздығын күрт – күрт шайнап жерден бірдеме ілгісі келетіндей ұмсынуын қоймады.
Ат тарпыған сайын бұлар тұрған бетегесi мен жусаны аралас өскен көк майса жердiң шаң – тозаңын да аспанға атқандай қылды. Кертөбел тұра қалып тезек шашып, айналасын сасыта мүңкiтiп, түнiмен жайылып жегендерiн қи қылып айналасына тастай берген.
Кертөбелдiң мына қылығына үстiндегi иесiнiң мазасы кеткендей болды ғой деймін. Оның да Еңсебайға айтатыны қалмады ма, әйтеуір ол айтып тұрған әңгiмесiн тез аяқтағысы келгендей түр көрсеткен. Бір мезгіл ол атының тiзгiнiн тартып қойып:
– Жамандатқыр–ай, соншама не көрiндi саған, елдiң көзiне шаңды бұрқыратып. Кертай жұқалау келген езуінің екі жағына сәл салбыраған мұртын жыбырлата көтергендей боп:
– Тыр, тыр – р – р, дедiм ғой мен саған – деп астындағы атына зекіп қойды да көзінің қиығын Еңсебай жаққа аударып:
– Осыдан басқа олардың айтатыны да жоқ сияқты – деп, бұған не дейдi екен дегендей боп Еңсебайдың жүзіне аңдап қарағандай болды. Онысы Еңсебай «менің мұныма не айтары бар екен?» дегендей болып көрінді.
Еңсебай асықпастан қарғып түсіп, босатып қойған атының айылын тарты. Оның күн қағып аздап жарылғандай болған қарасұр жалпақ бетi онсызда сұрлана түсіпті.
Еңсебай болса басында бұған не дерiн бiлместен талыстай кең кеудесiн күректей жалпақ алақандарымен сипалап тұрып қалған. Тек, бiр уақытта барып:
– Өңшең жақтары қарысқырлардың айтқандары жаманат қой, мынау болса … – деп, Еңсебай бүкiл төртбақ денесiмен атының үстiнен еңкейдi де жерге бiр түкiрiп, басқа ләм – мим деместен атын бұрды да жамырап кеткен қойына қарай шаба жөнелдi. Қалғандары оның соңынан бiраз қарап тұрды да қайтадан өзара қауқылдасып кеттi.
Мынау тосын хабарды әркiм, әр қалай жорып жатыр.
Көпшілігі жаманат хабардың шын ауыртпалығын енді ғана сезiне бастағандай болып едi.
Бiр топ боп аяқ астынан сап ете қалған мына ұлықтардың аузынан бұлар үшін жақсы сөз шықпағаны белгілі болды. Мұның арты жақсылық емес. Тіпті, дау айтып, дауласып та болмады.
«Бас жоқ – аяқ жоқ, жерге ауыз салғандары қызық екен. Сонда не, бізді қайтпек екен? Айтатындары да, өңшең біздің қыбымызды қандыратындай сөз екен» деп бұл туралы, әр жерден, әр алуан сөзбен қыжырта айтып, кекетісіп жатқандар да бар.
Осындай үлкен дүбір, алып қашпа сөз барған сайын ұлғая берген. Неше түрлі ғып, сан – саққа жүгiрген, көп айтылып, сілікпесі кетіп жатқан сөз бір кісіні аузына қаратпағандай еді.
Әңгіме естимін дегендер болса да, көпшілік жинала қалғандардың ортасына кіріп, сөз айтысып жатқандардың аузына қарап телміреді. Сондайлардың ылғи да еститіні: «Бұл жерден кетiңдер!… Көшiңдер!» – деген ғана. Өзі зіл – батпан, сүйек сырқыратар ауыр сөзден басқа құлақ құршытар түк те естілмейді. Ондайлар сол кезде дереу маңындағылардан:
– Не депті?…
– Не айтыпты?
– Ұлықтар не қылады екен, бұл жерлерді? – десіп, әр топтан, әрбіреуден сұрап та қалады. Айтылар сөз біреу–ақ, «жер алынады, пересенге беріледі» онан басқа мандырымды айтылар дәнеме жоқ.
Осы әмiрдi бiз жеткізуін – жеткiздiк, аржағын өздерің көрiп аларсыңдар дегендей қып, ұлықтар әрмен қарай жылжиды.
Осы қалпында, жол бойғы ауыл – ауылға өздерiнiң зәрлi хабарларын тастап, біраз уыттарын шашып олар ары қарай кете барады.
Есi шыққан қазақтар, аз уақыттың iшiнде сең соққандай сенделіп, дауыл соққандай есеңгiреп, құйын үйiргендей мәңгіріп шыға келедi. Қалған жағдайдың бәрі белгілі, бұлардың бәрiнiң басында бар. Барлығына бірдей мәлiм жағдай.
Осыдан кейiн жұрт меңiрейiсiп, жым – жырт бола қалысады.
Бұл сияқты ұлықтардың дәл бүгінгі жүрістері Қопалы елi үшiн ерекше бір сұрқия болып көрiнген. Онымен қоймай мұны тамам жұрт өкiметтiң зұлымдыққа толы, ерсі жүрісi деп бағалағандай болды.
«Бұлардың мынадай сұмдықтары, бұндай аттаныстары тіпті жаугершілік заманнан берi болмағаны белгiлi. Тiптен қалмақ екеш қалмақ та, ойран саларда жер деп жақ ашпаған, жерге таласпаған едi. Мыналарың одан әрмен, одан бетер болды ғой. Ал бұндай аттаныстың, қара түнекке айналып, түбi қан төгiлмей басылмайтындығы да, баршаға аян, белгiлi iс болғандай болары анық едi.
Сонда қалай болғаны өзі. Көзiмiздi ашқаннан берi осы қонысты мекен етемiз, тiптi бiздiң ата – бабаларымыз да осы жерде туып – өсiп, осы жерді мекендеп тұрған жоқ па едi? Олай болса бiздiң қонысымызда олардың не ақысы бар? Жүре бермей ме, өздерiнiң жөндерiн жөндеп. Бiзде несi бар? Жерiмiзде несi кеттi?».
Осылай деп, талайы не айтарларын, не істерлерін білместен басқа ұрған танадай болып, дүрдиісiп – дүрдиісiп қалған. Бұлар енді бастарындағы мұның кімге айтып, кімге шақпақ.
Керек десең, өздері көрген үлкендердiң айтуынша бұл жерден басқа жердi, өмiрiнде осы атаның ұрпағы көрмеген де шығар? Бұлардың жетi атасынан берi, тiптi жетпiс жетi атасынан берi, тәңiрi берген жерлер осы ғана сияқты едi ғой. Осы далада бұлардың ата – бабалары ықылым заманнан бері тұрған жоқ па?». Тек қана, мына ұлықтарға тап болып, мынадай сөздi естiгендерi болмаса, басқа сөздi бұлар бұрын естiмеген еді, білмейтін еді ғой.
Мұның да ендi бұларға сыры белгiлi болды. Осылардың сөзi ғой бұларды мына тіршіліктен тықсыра серпiп, шетке қағытып тастағандай болып тұрған. Қия бассаң көпшiлiктiң айтатыны да, қайталайтыны да осы іспеттес:
– Тәңiр–ау, сонда бұлар не дейдi?
– Жердi босатыңдар дейдi!
– Көшiңдер дейдi!
– Кетiңдер дейдi!
– Бiз қайда кетпекпiз?
– Қайда бармақпыз? – деген, бiр – бiрiне ұқсас, тұрпаты ауыр, ауқымы уайымды сөздер ғана. Әрі – беріден соң өз дерттері өздерінде боп, сары уайымға салынып олар қала бередi.
Оларға осыны естiрткеннен кейiн күймелi фаэтон арба алға ұмсына жылжиды. Оның ішінде отырғандардың білетіні сол, соры қайнаған қазаққа дозақ үнiн тездетіп естiрткiсi келгендей болып. Зыр қағып, фаэтон арба ала жөнеледi. «Жаманат жерде жатсын ба?» дегендей болып, сол жаманатты мына елге таратуға асығады.
Күйме iшiндегiлердiң өз қызығы өзiнде сияқты. Дабырлай сөйлесiп, естiген – көрген қызықтарын бiр – бiрiне айтысып, ара – тұра бастан кешкен оны – мұнысын сөз ғып жырлайды.
Олардың мына далада өмiр кешiп жатқандармен жаны бiр дейсiң бе, тәйiрi? Аналардың қан жұтқандай болып қалып бара жатқандығы бұлардың жанына батады дейсiң бе?
Бұлар ана арттарында қалып бара жатқан қазақтардың күйкі тірлігіне тәнті емес. Олармен санасатындай, ондайға ой бөлiсетiндей мүмкіндік пен уақыт та жоқ бұларыңда. Оларды бұлар қайтсін?
Тапырлатып жиі басқан аттардың дүбірі мен бірқалыпты шайқалған көк күйменің ырғағы ғана көк шалғын даланы тебірентіп, өзіне қаратып алғандай.
Аяқ астынан кездесе қалатын дала жәндіктері саршұнақтар ғана бұларға көңiл аударып, соңдарынан қарап шығарып салады. Көк күйме алдыға жылжиды, біреуге сор, біреуге езу жимас күлкі мен қызық сыйлап келеді. Бұлардың алдында қазақтың кең қолтық, қалың Матайы жайлар дала ғана ештеңе болмағандай сол қалпы көсiле жайылып жатқаны болмаса.
Ояз адамдары күймесіне мініп кетісімен, топ болып жинала қалған қазақтардың ішіндегі көбінесе жастауы бір бөлек, кәрі – құртаңдауы өзінше бөлінісіп, айтарларын айтысып, қыза сөйлеп қалады. Сондағы айтатындары да білгісі келгені де:
– Әй, осы мыналарың не деп кеттi өзі?..
– Не айтып, көкiп – оттайды өздерi?
– Қапалдың оязы не алғысы бар осы бізден? – десіп, бiр – бiрiнен сұрасады ай кеп. Бұл туралы әркімнің ойлайтыны да әр түрлі. Кейбірі тіпті, көсемсіп, білгішсінгендей боп:
– Қой бұл ұлықтардың сөйлеп тұрғаны бекер, бұлай айтылуы тiптен де мүмкiн емес, – деген дүдәмал ойды аракідік маздатып қояды. Осындайлардың қайсыбірі:
– Уай, әкеңді!… Оттапты оязы да, өкіметі де! – деп, өрекпіп те алады. Бұндайлардың ендігісі ертоқымын бауырына алған асаудай боп, тулағаны сияқты болып көрінеді. Ондайлар айғайлап сөйлеп, бас – көз жоқ желiгедi–ай кеп. Осы тектес сөз айтушылар да қалып бара жатқан жұрттың араларында жоқ емес. Бірақ кісінің суқанына кiрмес, ондай қысыр сөзден басқаларына не үміт, не қайыр. Көңілден шығатын, көңіл жібітерлік нәрсені әзірге ел ести алмай қойды. Алда не күтіп тұрғандығы бұларға беймәлiм болып тұрғанда мұндай әңгіме кімге демеу болғандай.
Дәп қазір жан – жақтан жиналып келіп жатқан қазақ баласының айтатыны қолды болайын деп тұрған жердің жайы ғана сияқты. «Осынау суық хабар, мына тектес сөздер осыдан бұрын да пайда болған едi ғой» деп, енді олар ұмыт бола бастаған, бұрынғы естігендерін қазбалап шығарып, естеріне алып, елдің өткендегісiн де көңірсітуге айналған.
Соның бірі Қожахмет. Оның өзі мына бір жамырай шуласып тұрған өзгелерден гөрі сөзі де, iсi де ширақ болатын. Жасы болса елуді еңсеріп қалған, есік пен төрдей батпан қара ат мiнген, өзі де зор денелі қара кісі. Ол көздерін түскен күннен жасқанғандай болып сығырайтып, тұрған көпшілікке қарап, аузын жыбырлатып, бiр нәрсе айтқысы келгендей икемдегендей сыңай көрсетіп қалған. Оның анық сөйлердей болғаны басқаларға байқалып енді бәрі осы кісі жаққа қараған.
Бұл – осы маңайдағы ауылдардың бiрiнде тұратын Бiкеннен шыққан – Қожахмет деген болушы едi. Өзі Бікеннің атақты байы Құдайбергеннің малын бағушылардың ішінде бас – көз болып жүретін.
Бағанадан бері елдің сөзінің аңдысын аңдап тұрған мына қапсағай денелі дәл соның өзi болып шықты. Тұрған ел жапатармағай оның қасына жақындап, осы не айтар екен дегендей қылып, соның аузына қарасты.
Жаңағы батпан қара Қожахмет асықпастан қолын саптама етіктің кең қонышына сұңгiтiп жіберіп, сыртын жылтырауық темiрмен құрсап, нақыштап жасаған мүйіз шақшаны суырып алды да, тығынын ашып iшiне үңiлгендей болды, сосын оң аяғын үзеңгіден шығарып, тiзесiн сәл бүктi де шақшасын етігiнiң қонышына тықылдатып тұрып:
– Осы сөздің шыққаны тәйiрi бір бүгін ғана дейсің бе? Онда да керек кезiнде, оған мына біз көңiл аудармаған едік қой. Айтпақшы, бұрын да, осындай жаманат хабардың осы жақтың о жақ – бұ жағынан, біресе алай – бiресе былай, еміс – еміс естiліп тұрғаны жоқ па еді? Жердi тартып алып жатыр екен деген жаманат хабардың әр жерден дүңк – дүңк ете қалғаны тағы бар. Е, қойшы қызыңды…, деп, оған біз тағы мойын бұрдық дейсiң бе? Мойын бұрмадық қой. Оған мойын бұрмағанымыздың себебi не десең? Ол былайша келгенде, өзіміздікі орнында болған соң, қайтейік дедік. Рас па, осым? – деп, Қожахмет күректей, жалпақ алақанына көк бұйра насыбайды төгiңкiреп, маңына жиналған өзі сияқты жұртқа қарап қойып. Онысы басқаларға да, өз сөзін мақұлдатқысы келгендей болғаны сияқты көрiндi.
Көпшiлiк үндемедi. Қалғандары да оның айтқандарын үнсiз тыңдай қалған. Ешқайсы ләм – мим деп жақ ашпады.
Жиналғандар сол қалпы томсарған жүзбен бұл тағы не айтар екен дегендей, Қожахметке қарап тұрып қалысты. Соған қарағанда мына қара аттың үстiнде қисая жайғасқан, шомбал қара Қожахметтiң айтқан сөздері олардың көкейіне де саңылау тапқандай көрінеді. Қожахмет соны бiлгiсi келгендей. Ұйлыққан топты аузына қаратқан күйі біраз зарықтырып қойды. Топты адамды «тағы не айтар екен?» дегізіп күткізіп қойған ол онсыз да шыдамы таусылғандар «қайтер екен?» дегендей ғып, зарықтыра күттіріп әңгiмесiн ары қарай сабақтамай тұрды. Елдің әбден шыдамын тауыстырып, өзінің аузына қарататын сақара адамдарының бойына бiткен дағдылы әдісі.
Алдымен де, ол топты адамның жүзiне зер салып, олардың көкейiне бiрдеңе қонғандай болған тұсты сезгендей болды. Оған керегі де осы болатын. Осыны байқаған Қожахмет, лезде ендi не қыларын білмей томсарып тұрғандарға қарап, өз сөзінің өтімділігіне көзі жеткендей болған соң, қайырма сөзді тағы бір құқаймен бастап кеп берді:
– Біздің ендігі тұрысымыз лажсыздық болар деймiн. Тек кеңiрдектен жан шығардағы тұяқ серпудей ғана сияқты, құр бос сөз ғой. Өкімет – өкімет дейсіңдер… сол өкімет сені қайтсін, көзіне ілмейді де! Мына менің шын қорқайын дегенім бұрын естiп көрмегендер, орыс па, жоқ, сол орыстың қазағы ма, көшiп келiп жатыр дейтiн сөздер осыған дейін әр жер, әр тұстан бой көтеріп, қаптап кетіп еді ғой. Осым тегiнде рас болса бар ғой. Сол орыстың қазағының ең үлкені «су самыр Әбөкім» деген орыс болатын деп, осы күнгі Тасбекет пен Қапалдағы көне көздер әлi күнге дейiн ауыздарынан бір тастамайтыны бар. Соның өзі де нағыз найсаптың өзі болғанға ұқсайды – деп барып, Қожахмет сәл тоқтап тыныс алғандай болды. Ол тырп етпей, қыбырламай қалған жұртты көзінің астымен бір сүзіп өтті. Жиылған жұрт әлі де болса үндеспестен бұған телміре қарайды. Әңгіменің енді қызғанын күткен Қожахмет асықпай сөзін жалғаған.
– Сол Әбөкiмнiң өзі де, жарықтық Тәнеке батырдан жасқанғанынан болар, әйтеуір сол кісіні «тамыр» деп, әуселелеп, айналшықтап жүріпті ғой, әйтпесе Қапалың мен Матайыңа көрешекті көрсетер де, сол Әбөкім болмақ екен десетiн қариялар. Ал, бiле бiлсек осының өзi «кәзәк» деген бәленi бiздiң қазақ қылып, сонан кейiн «орыстың кәзәгы» дегендi шығарғаннан кейiн пайда бола бастаған жоқ па едi. Бiздiң қазақ біткен ондайда, «мына орыс бізді қырғыз қылып, өзiмiздің қазақ деген атауымызға дейiн өзіне алғысы келедi екенді» айтып жүрдi. Сөйтiп те, біз пақыр мардымсығандай болдық қой – деп, «менің мұныма не айтарсыңдар?» дегендей сұраулы жүзбен кісілерге қарап.
Жиналған жұртқа Қожахметтің айтқандарының бәрінің қисыны келіп тұрғандай көрінді. Өздері ұғынатын, түсінікті, бір түрлі жақын сияқты көрінген. Олардың бұлайша ойлауына бір жағынан Қожахметтің айтқандарының жаны бар екендігі себепкер болғандай еді.
Оның айтқандарын ойларына алып тұрып, «расында да мына сөздің жаны бар» десісіп қалған. Өйткені, орыс атаулы қазақты көрсе, қазақ екенін біле тұра, қырсығып қалатынды шығарды. Қазақтың атын өзгертіп, дәл өзі жаратып, осы дүниеге келтіргендей болып «сен қырғызсың» бұдан былай еш бiр жан баласына қазақпын деп айтушы болма!» дейтінді шығарған.
Неге ғана өйтетiнi бұл жердің қазақтарына әлi күнге белгiсiз. Бір жағынан ерегесiп айтады дейiн десе қазақ – қазақ болғалы тiптен де, солардың түсін түстеп, жағынан е"аны бар деп қалған.бәрі әрі жақынсөзін жалғаған.жөнiн жөндеп көрмеген шығар. Олар болса ат қойғыш–ақ, қолынан туғызғандай қып, бас жоқ, аяқ жоқ сен қырғызсың дейді. Қырғыздың о бастан қазақтан атасы бөлек екенін олар сонда білмейді ме? Ендеше неге өйтетіндері бұларға тағы қызық, белгiсiз дүние.
Сөйтiп, атасы бөлек Алатаудың ар жағында жатқан, өзiнше бiр жұрттың атын олар күштеп қазаққа тақты. Қазақты – қырғыз атандырғаны содан шықты.
Сонан кейін қазақ қайтсін, ақыры кеп «жарайды солар үшін біз қырғыз болсақ, қырғыз–ақ болайық» деп, бас шұлғысатынды шығарған. Қазіргі кісілерді таңдандырған да осы жайдың растығы. Өздерi немкеттілікпен сыртына шығармай, iштерiнен ғана біліп жүрген нәрсені, дәл қазір өздерінікіндей қып, Қожахмет айтып тұр. Онысын тағы өзі бұлар бұрындары естімген сияқты қылып айтады.
Қожахмет бұнымен қоймай:
– Бұларыңа салса тiптi бiздiң атымыз тұрмақ затымызды да, оған қоса жерiмiздi де тартып алмағы рас екен ғой дестік, біз пақыр. Солай дедік те қоя салған едiк қой. Соның бәрi бүгiн мiнекей шындыққа айналып келедi. Болса да соны бiз бүгiн бастан кешiп отырмыз. Күнi ертең кеудедегi жаныңды алам десе де, ол бiр құдайға аян жағдай десiп, тұяқ серіппейтіндей болған бiздiң халық – дедi Қожахмет тереңнен күрсініп қойып.
Иiрiле қалған тамам жұртты Қожахметтiң айтқандары аузына қаратып, бойларын шымырлатқандай болды. Тіпті оның айтып жатқандары өздерін сынағандай болса да, онысы көбіне ұнамаса да солардың ішінен Қожахметтің мына сөзін қостаған да, қой деген де ешкім болған жоқ. Бірақ оның айтып жатқандары барған сайын құлақтарына жағып бара жатқандай. Әлі де болса айта түссе екен дегендей оның аузына қарайды.
Қожахмет басын шайқап қойып:
– Сондықтан да болар, соңғы жылдары бiздiң жақта да, жерге талас болған сайын осы тектес атаулар да көбейiп кеттi – деп, ол сөзін тамамдағандай түр көрсетті.
Жинала қалған жұрт қисыны келетiн мынадай сөзге қатты иланып қалған едi. Өйткенi, жаңағы сөздердiң бұлар үшін бергені көп сияқты. Көпшiлiгi осы сөздiң дұрыстығын мойындап та қалған. Мұндай сөздер бұрын да ел iшiнде көп айтылып жататын. Бірақ оған мән берген ешкім жоқ. Тіптен, қайсыбiр ауылдың қатындары ауыздарын сылп еткiзiп:
– Бетiм–ау! Ендi қайттық, орыстың да қазағы бола ма? Мұнысы несi, тәйiр–ау? Адыра қалсын, адыра қалғырлар! Онысы не екен? Қазақ қай уақытта кәзәкпен бiрге туысып, бірге аталып едi. Онымен аталас, жақын жеріміз болып па едi? – десiп беттерiн ұстаса, еркектер жағы:
– Оларың өздерi тiптен орыспен теңескісі келгеннен кейін біздің атымызды керек қылған ғой. Әйтпесе, несі бар, кәзәк аталып, сонысына қарағанда біздің атымызды өздеріне алып, бізді де қосып көбейгісі келген екен ғой. Ондай болса, қаптап кетедi де… Қара құртша қаптап орыстың қазағымыз деп, қазақтың жеріне таласатыны да олардың қызық екен – деген. Деген де қойған.
Арада біршама уақыт өтті. Сөйтіп барып, осы әңгіме су сепкендей басыла қалған. Сонан кейінгі ұзын – сонардан, тек қана еститіндері «бәлен жердi алыпты. Түген жерде малды жаймақ түгiл, баса өтуге де болмайды екен» – дегеннiң төңiрегiндегi дақпырт қана болатын.
Ары – берiден кейiн, өткен – кеткен қазақтардың айтатыны: «Дүние осы тарылып барады. Кейбiр ауылдардың бағы заманнан бергi қоныстары алынып жатыр екен. Бара – бара малға жайылым да, табылмайтын сияқты. Ендi бiразда мына түрiмен мал жаятын жер де қалмайды» дегенді айтқан. Айтқан да қойған. Солай дегеннен басқа бұлардың қолынан келер не бар едi? «Ит үреді, керуен көшеді» деп, ата – бабалары бекер айтпаған да шығар. Соның кебін киіп тұрған заман сияқты болып көрінген.
Жақын маңдағы жайлаулардан, тау – тастың қойын – қонышынан ағып шыққан қазақтар осы жерге жинала бастаған.
Бағанадан бері сөзге құлақ түріп, анталап тұрғандар, дауға кіріскендей боп, жан – жақтан:
– Осының бәрiн мына тұрған Қожахмет бiлiп айтады – десіп қалған.
– Қожекеңдікі шын сөз, нақты айтылды – деді кейбіреуі.
Тұрғандар бағанағыдай емес, күмiлжiместен, жауап қатып жатты. Естерiн жиып қалған сияқты, енді – енді айтылған сөздің түп төркініне мән бергендей.
Сөйтсе, өздері бұрын – соңды мән бермеген жайдың барлығын мына Қожахмет сияқтылар елеп, екшеп жүреді екен ғой. Тiптi естімеген тың нәрселерді де тап басып, үстінен түсіргендей қылып отыр. Әйтпесе бұдан өтер сөздi Қожахметтiң аузынан естиміз деген мына тұрғандардың үш ұйықтаса түсіне кірмегені белгілі болды.
Бұл сөздiң сыбысын бұрын да естiп жүрген, бағанадан берi үндемей тұрған қызыл шырайлы келген, кiрпiгiнiң кей тұстары ағарып сала берген, сондықтан да ел арасында «ақ кiрпiк» аталған Тұрсынбай деген орта жастың кiсiсі – жаңағы кесімі мол, шомбал келген қара Қожахметке қарап:
– Сен, Қожахмет дұрыс айтасың! Осы уақытқа дейiн сен тимесең, мен тимеймiн, бадыраңкөз деп отырғанымыз рас. Бiрақ көнбеске амал қалды ма? Шарасызбыз ғой. Өз басымызды амандап отыра бердiк қой. Ендi кезек бiзге де келiптi – деді.
Тұрсынбайдың мына сөзі жиналған жұртқа ой салып тастады. Араларындағы еті қыза бастаған сойылсоғар, дойырмінезділері осы кезде селт етіп, бірдемеге айналып қалғандай боп, тыныштала қалған.
Осы бір жайды тез аңғарған Тұрсынбай:
– Ал, бiлер болсаң, Қожахмет сен айтшы? Сонда бiз не iстелiк? Жоқ әлде тұрысып көремiз бе? – деп, жиналғандарға тағы бiр ойдың ұшын шығарғандай болды.
Осы кез топырлап, жиналып тұрғандардың арасындағы жастаулары оның сөзiне үн қосып:
– Тұрысамыз…, тұрыспай қайда барамыз, атаңа нәлет...! – деп, шу
ете қалған. Осындай қызбалар әр тұстан:
– Тек бiзге алдымен тұрысатын жерiн айтсын! – деп қоқиланып шыға
келген.
– Басындырмаспыз бүйтiп! Кiмде болса көресiсiн көрсетемiз! – десiп, дағдылы әдетімен «әпербақан, дойырлауы» екiлене жауап қатып та үлгiрген еді.
Бұл жайдың бас – аяғына ден қоя алмай, дал болған егделеулері бөгеліңкіреп қалған.
Іштеріндегі жастаулары болса еліріп, тақымдарын қысып, «тұрысуға біз дайын» дегендей түрмен аттылы топтың әр тұсынан өңмеңдей берген. Әсiресе, Қартқожақ деген төмен жақта диқаншылықпен айналысатын жатақтың тентектеу баласы Мейiрман өзеуреп қоймастан:
– Төрең тұрмақ, өкiметтiң құдайы болса да көзiне көк шыбынды үймелетемiн! Уай, мен бәрiне бар ғой, танымай жүрген әкесiн танытамын! – деп, қайқы бел, ұзын торы атымен арлы – берлi ойқастап, шаңды бұрқырата көтеріп елдiң мазасын ала бастады. Астындағы атын тебiнiп қалғанда аяғына киген ескi етiгiнiң жыртылып кеткен ұлтаны қайта – қайта аузын бақадай ашып, желпiлдеп жүр. Өздігімен сөз таппай, тоқыраған ойларын жинай алмай тұрғандарға оның бұл қимылы ерсілеу көрінсе де ешқайсысы тіс жарып үндемеді. Қайқы бел торы атымен арлы – берлі ойқастаған Мейірман осы қалпы елдің көзіне түсе берді.
Мейiрман жарау тазыдай болған бойын бiресе қатулана қомдап, бiресе талдырмаш денесiн бүге атының бауырына құлардай боп, жерден теңге iлетiндей ғып, аттың жалына жата кеп жабысады.
Жас жiгiттердiң қызбаланып, жаңағыдай өзеурегенiне iштей риза болса да, бiрақта онысын бiлдiргiсi келмегендей болған Тұрсынбай:
– Әй, қызыл көз неме! Сап – сап! Өңшең өңмеңдеген қызталақ, өзеуреген немелер! Сендерге әлi кезек келген жоқ. Айтылған уақытта, болған кезде тұрысатын жердi табарсыңдар! – дедi де, көзінің қиығымен Мейiрман жаққа қарап:
– Әй, Қартқожақтың баласы сенде бiр уақыт сөзге қонақ берiп басылсаң еттi! Үлкен тұрып, кiшi сөйлегеннен без деген. Қызбалығыңды баса алмасаң анау жалбыраған ұлтаныңды тiге тұр – деп, оны да сөзбен түйреп өтті.
Оның шолақ қайырған, ызғарлы беті жаңағы қызбаланған жiгiттердiң көпшілігін сабасына түсіргендей қылды. Аздап болса да жаңағыдай қызбаланған жігіттердің бiр жағынан желiгiн басып, іркілтіп қойды.
Бiрақ, бәрiбiр де, солардың арасындағы тентектеуi мен содырлауы Мейiрман болса керек. Сол ғана – Тұрсынбайға есесiн жiбергiсi келмегендей ғып:
– Ағатай, бiлер болсаңыз, жауға шапқанда бар ғой ұлтан шаппайды, жақсы ат, жүректi жiгiт шабады! – деп, Тұрсынбайдың «етiгiңнiң ұлтанын тiгiп ал» дегенiне шамданып, осылайша қиқарлана, қырсықтана сөз қайтарды.
Мейiрманның сөз тауып кеткенiне алдымен тағы риза болған Тұрсынбайдың өзi болды. Ол бар пәрменiмен мырс етiп күлiп жiбердi. Күлгенде ақ кірпігі жалт етіп, бет – әлпетінде ерекше із қалдырғандай бола қалады екен. Осы кезде оның көздерінен ерекше бір жылылықтың белгісі де аңғарыла қалғандай. Ақ кірпікпен бірге Мейiрманның сөзтапқырлығына Қожахметте қосыла күлдi.
Әңгiмеге қайтадан Қожахмет арқау болғандай. Ол өзiнiң осыған дейiнгi маздатқан әңгiмесiне желiк бере:
– Заман шіркін мынадай болып тұр ғой. Күйбең тiршiлiк те, өз айтқанымен жүредi екен. Және дағы бір айтатыны осы сияқты кесепат аталғанның бұл жалғанда өз уағадасын еш қатесiз жүргізетiнi тағы бар сияқты. Апырмай, мына қызықты қара! Өз айтқандарын тағы да бұлжытпай жасататынын қайтерсiң? – деп сөзін құптатқандай болып, сәл кідіріп алды. Сонан кейін:
– Осы кезге дейiн мынадай суыт хабарлар, бiзге еш қатысы жоқтай боп, басқа бiр алыс түкпiрде жүргендей, басқа бiр дүниеде болып жатқандай көрiнуi де сондықтан шығар. Сол күнде оны ойлаған бiз болдық па? Басқаны қайтемiз, өзiмiздiкi аман болса болды дегендей қылдық. Сөйттiк те, қойдық. Бiздiң осымыз дұрыс болмады. Жұлқыласып, алысып бәрiбiр де жер мен қоныстан мына қазақ өлсек те айрылмауымыз керек едi – дедi.
Қожахмет айтса айтқандай–ақ, уақыттың өзі де мына ғаламға өз айтқанын тездете iстеткiсi келгендей боп, асықтыра түсіпті ғой. Сол заман, осының кебi, айна – қатесiз бүгiн өздерiнiң басына түскендей едi.
Мiнекей, сол үрей айналып келiп бұларды да тапты. Өздерiнiң қарақан бастарына да келдi.
Бұл уақытта қаумалай тұрғандардың қалғандары да естерiн жия бастаған. Жинала қалғандардың арасында кейін айтылған көп әңгіменiң сырына қарағанда – мына жұрт осыны үлкен бір кесепат пен уайымның басы сияқты көрді. Солай деп есептеп, өкіметтің өздеріне жасап отырған сан қысастығының ең зорына айналып бара жатқан зорлықтың сұмдығындай көрінген жағдайға не дерлерін білместен тұрған беттері еді.
Олар бүгiнгi басынан кешкендерiнің тұңғиығына бой ұрғандай болып тұр. Әрқайсысы болса да, өзін өзі не күйде екендігін өстiп ой тiзбегiнен өткiзiп те жатқан сияқты. Соларын сан – саққа жүгірте әңгіме қылып кеткен.
– Иә, адам ойламаған, түсi суық мына бiр сұмдық қайдан шығып едi? – деген көпшілігінің сұрауына да, Қожахметтiң айтқандарының қисыны кеп, тым жақындау болып тұрғандай көрінген.
Жиылған жұрттың есiне енді ғана айқындала түскен жағдайдың бағыты біліне бастағандай едi.
– Әуел баста мұның бәрi переселен дегеннен басталғандай болды емес пе? – деп, «осының өзі неден басталып еді» дегенді басқалардың есіне салғандай боп, Қожахмет тағы ой үстіне ой салды.
Алып Алатаудың топырағы құнарлы, суы мол алқаптарының барлығы да қоныс аударушы, орыс переселендерi мен казактардың қолына көшкелi қашан.
Жетiсу жерiндегi Қапал уезiне қарасты Қопалы өңiрiнiң тау етегiндегi, баяғы бақ заманнан берi қара топырағы бұрқыраған, жауын жауса майы бетiне шығатын, құнарлы жерлер көптен – көп болатын.
Неше ықылым заманнан бері сол жерлерге шөп пен ағаштың, өсiмдiк бiткеннiң алуан түрi қаптай өсiп, жайқалған қалың нулы тоғай мен көгалды алқаптарға айналған–ды.
Қазақтардың талай өтпелi заманнан берi «Жер жаннаты – Жетiсу» деп атайтын сұлу өңiрiнің де, шұрайлы жерлерінің де бірегейі осы болатын.
Қадам бассаң таудан аққан мөлдiр сулы, мол бұлақтар мен өзендерге, одан қалса аяқ астынан мен мұндалап кездесетiн бастау мен тұмаларға кездесесiң бұл жақта.
Сол көзге көркем, нәрлi, әмбе малға жайлы, өзi диқаншылыққа таптырмайтын, нағыз өскелең жерлерге патша үкіметінің жарлығымен қоныс аударушы переселендер қоныстана бастаған.
Әрбiр көктем сайын қазақ елiне iшкерiлей кiрiп жататын, кейде ат, кей – кейде өгiз жеккен арбалылар ұзынынан – ұзақ шұбырып келiп жататын.
Мұндай арбалы керуендерге көңiл аударып жатқан қазақтар болмайтын. Ал, сол керуендердi жан – жағынан қоршалай басып, шаршап – шалдыққан, шаңға бөгiп, күнге күйген переселендердiң қалың тобы келе жататын. Ал, арбалардың кенеп пен жөке жабылған жабуларынан толып жатқан «көгiлдiр», «көкшiл» көздер сығалайтын.
Бұлар қоныс аударушылардың керуені болатын. Оларды алыста өгей ана болып қалған туған жерлерiнен әлде қайда алыста жатқан, сонау қазақ елiнде, орыс деревнясының тұрғыны бiле бермейтiн тар көкжиектен тiптен де әрi жатқан алыстағы беймағлұм елдiң ұшы – қиыры жоқ ен даласында, ертегiлерде ғана айтылатын басы бос жерлер, мол астық туралы сыбыстар елiктiрiп ентелетiп әкелетiн.
Туған жерлерiнен күннен – күнге бақыт табудан күдер үзiп, өз бала – шағасының қажетiне жетерлiктей астықты алудан үмiтiн үзген осындайлар, асыраушы жердiң қыртысын табандары тозғанша қопарып, сол жерлерiн ет – жүрегi елжiрей қимаса да, өздерiнiң ескi күл – қоқыс орындарын тастап, емiн – еркiн жер, мол нанға кенелу үшiн басқа елге күнелтуге жолға шығатын.
Жол – жөнекей, азып – тозып, адам айтқысыз қиыншылықтарды бастарынан кешiрсе де, бұл сапар оларға еш бөгет болмайтындай көрiнетiн.
Осы бiр орасан зор адам өзенi қазақ жерiне сарқылмай келiп құйылатын.
Олар нақ бiр суық түсiсiмен топ – топ болып тiзбектелiп, теңiздердiң арғы жағындағы жылы жаққа iркiлмей бет алатын жыл құстары сияқты едi. Сондықтан болар, туған жерлерiнде ашығып, қайыршыланған кедей шаруалардың таусылмас топтары өздерiне беймәлiм өлкеден кеңшiлiк пен молшылық iздеп келетiн.
Сол келiстерiнде олар: «сол жердi байырғы уақыттан берi мекендейтiн халықтың жерiне жармасамыз, оларға зардабымыз тиедi, солардың обалына қаламыз–ау» – деп ойлайды ма екен? Жоқ әлде «олар бiзден төмен адамдар, не iстесе оны iстесiн, тек бiзге жақсы болса болды» – дейдi ме екен? Әрине, олардың ішіне кім кірген, ойласа ойлайды, ойламаса – ойламайды, оны кім біліпті?
Мұнымен қоймай, соңғы кездерi, қазақтарға тиiстi далалық облыстардың көлемiнде басы артық жерлер анықталып, оларды «қоныс аудару қорына» қосу туралы жарлық берiлiп, өкiмет органдары осы жұмыспен тiкелей айналысатын болған. Мұның өзі жығылған үстіне жұдырық болды.
Қазақтардың «артық жерiн» алу деген желеумен олардың ата – мекен қоныстары ашық түрде тартып алынып жатты. Қазақтың жерiн тартып ала отырып, патша үкiметi қазақ бiткендi толық күйзелтуге айналған, атақты «қоныс аудару қорын» жасап та тастаған еді.
Ал, бұл қор болса жергiлiктi халықтардың жер жөнiндегi праволарын өрескел бұзу жолымен құрылып, жасампаздықпен жасалып отырды. Шын мәнiне келгенде қоныс аудару «шет аймақтарды орыстандыру» жөнiндегi шовинистiк – ұлтшылдық саясаттың жалғасы болатын.
Россия Империясы тек, осы бағытта 1893 жылдан бастап он тоғыз жылдың iшiнде Россиядан тыс аймақтарда 30 миллион десятина жердi күшпен алса, оның 17 миллион десятинадан астамы қазақтарға тиiстi жерлер болатын. Ал, патша үкiметi қазақтардан барлығы 45 миллион десятина жердi тартып алды. Осы уақыттың iшiнде қазақ даласына бiр жарым миллион қоныс аударушылар келдi. Сөйтiп, жаңа жерлерге қоныс аудару қозғалысы жыл өткен сайын өрiстей түстi.
Мал бағушы қазақтардың өрiсi тарылып, ата – бабасынан мирас болып қалған жерлерден адыра қалды. Бұдан бұрын өз iшiнен шыққан, егiн егiп, диқаншылықпен айналысқан жатақтар мен егiншiлерiнен қызғыштай қорыған есiл жерлерi, ендi переселеннiң уысында бiр жола кете барған.
Переселендерге диқаншы қазақ жатақтары сияқты, өктемдiк жасамақ тұғыр, маңайына жолай алмассың. Олар болса бұл маңайға қазақтың малы тұр ғой, өзiн де аяқ бастырмайды. Қаласа мылтық атады, онан қалса ұрып – соғып, қабаған итiн қосып айтақтап, жақындатпайды.
Ата – бабасынан мұра болып қалған жерiне, қазақ байғұс ендi ақы төлеп аяқ басатын болды. Көшпелi қазақтың жайлауға айдалатын малы орыс переселенiнiң жерiнен өтсе болғаны, жер тапталғаны туралы акт жасалады да, iс сотқа берiледi. Ар жағында сот қазақтың сорын қайнатып, малы мен жанын айыпқа салып, сыпырып алады.
Тек қана, Күреңбел жазығының Баянжүрек тауының күнгейi мен терiскейi және Заңғар Алатау мен Баянжүрек тауларының құнан шаптырымдай алқабына сұғына кiретін – Мұздыбұлақ аталынатын шұрайлы жерлер ғана, Қыдыралы – Дөсет ұрпақтары, Қалқабай мен Тәнекесiнiң азулығы арқасында, әзiрше аман болатын.
Кезек ендi Қаратау аталынатын таудың күнгейiндегi тағы да, іске татыр жер – Қопаға да келген сияқты.
Осыған байланысты, кешеден бергi уезд орталығы Қапалдан шыққан, өңшең ұлықтар мiнген күймедегiлер жер туралы хабарды таратып келедi. Бұл ұлықтардың жүрiсi суыт, екпiнi қатты.
Күймеге жегiлген аттарын қара тер жапқан жүргiншiлер жылдамдата жүрiп, Алатаудың бiр сiлемi болатын Қаратау тауының терiстiк жағында жатқан қалың Қаптағайдың: Ақшора, Шаппа, Дуан аталатын аталарының жайлайтын жерлерiне қырғидай тидi.
Сол қарқынмен келе жатқан, ояз ұлықтарының тобы, қырық – елу қаралы үйi бар кiшiгiрiм ауылға таялған. Күн сәскелiк мезгiл болғандықтан, ауылдың дырдуы саябырсып, тiрi жан бiткен аптап ыстықтан тығылғандай боп, үйлерiнде отырған.
Тападай тал түсте малдарын Бүйен өзенiнiң бойындағы тал мен бұтаның көлеңкесiне иiрiп, мал бағып жүрген қазақтардың көбi де жаздың мына ыстығынан бiр уақыт көлеңке iздегендей болып ауылға, онан қалса тоғайдың арасына үйiздеп тығылған.
Кең қолтық көгалға жайыла қонған үлкен ауылдың ешкiммен iсi жоқтай, мамыра – жай сияқты көрiнедi. Әншейiнде өткен – кеткендi аңдып, арсылдай үретiн, ары – берi жүрген қара – құраны алдымен алдынан шығып қарсы алатын, өңшең осы ауылдағы ит екеш – иттерде мына ыстықта көлеңкелi жерлердi тауып алып, үруге де ерiнгендей, самарқау тартып, жатып алған.
Осындай тылсым уақыт, тал түсте тек қана, ауыл iргесiнде ағып жатқан таудың асау өзенi ғана осы ыстықта бiр талмай, дамыл таппай, тынымсыз ағады. Соның сарылдап аққан үнi ғана мына ауылдың «құлаққа ұрған танадай» тыныштығын тұншықтыра басып тұрғандай. Сар – сар, күр – күр етедi. Бұл ағып жатқан Бүйен өзенiнiң сарқыраған үнi болатын. Осы үн тым алысқа естiлетіндей көрінедi.
Басы ақбас Алатудың қарлы шыңдарының етегінен басталатын бұл өзеннің аты да өзiне сай – Бүйен болатын.
Бүйен десе дегендей, iшектей шұбатылып, иректеп шимай салып ағатын, көкпеңбек, мөлдiр сулы, тар өзен – таулы жердi жыбырлай ағып, аралап келiп, Сағабүйеннен шығысымен жазықты қуалап отырып, Балқаш көлiне қарай бiрақ тартады. Жол бойы шаршап – шалдығып барып, құмға сiңiп жоқ болады. Үлкен Бүйен өзенінiң өзi басында Баласаз деген жерден өткенше де үш бөлек су болып ағатын.
Оның ең үлкен саласы Бүркітті бүйен деп аталады. Бүркiттi бүйеннiң аты да өзi аттас, ылғи бүркiттер ұя салатын биiк құз, жартас болып келетiн Бүркiттi шоқысының түбiнен ағып өтедi.
Бүркiттi шоқысының өзен жақ бетi тiп – тiк, бетi теп – тегiс құз – жартас болатын. Табиғат пен жаратылыс қосыла жарысып жасаған биiктiктi де, тосын такаппарлықты да, тылсым мылқаулықты да осы арадан табасыз. Осы арадан көресiз. Жерi көркем, сұлулығы керемет болып крінедi бұл жерлердiң.
Сол жартастың ортасына таман жалғыз ғана үлкен тас текше бар. Бүркiт те ерегескендей болып, жылда сол текшеге ұя салады. Олардың онысы да түсiнiктi. Жылда – жылда балапаным қолды болмасын дегенi болар.
Сол бүркiттi аламыз деп, арқанмен құз арқылы салбырап түскен талай бүркiтшi өз ажалын осы жерде тапқан. Өйткенi Бүркiттi шоқысының құзы өте биiк болатын. Оның астында арқырап Бүркiттi бүйен ағып жатады.
Бүркiттi бүйеннiң сәл ары таман шығысына қарай онан кейінгі сәл кішіректеулерi Орта бүйен және сәл шеткіректеуi Тасты бүйен деп аталынады. Бұл өзендер бір – бірімен жақын жарыса ағып кеп қосылып кетедi.
Бүйен өзенiнен сәл арырақта, тағы да сәл күншығысқа қарай арынды да, асау Ақсу өзенi ағады. Оның ағысы тiптi Бүйеннен де қатты, суы да молырақ.
Бұл өзендерден қас қағым сәтте мың жылқы айдап өтсең де, тiптi шетi де лайланбастан, тап – таза, тұп – тұнық, мөп – мөлдiр болған күйiнде қала беретiндей. Алатаудың осы өңірдегі өзендерiнің бар қасиетi де осындайлық едi.
Күн түс ауа Қаратау жоталарының етегi қайнаған ыстық, желсiз күнгi нағыз бүкке айналған. Шiлденiң аптап ыстығы жер – дүниенi күйдiрiп, дел – сал қып, мезi қылған шақ.
Бұл кезде адам тұрмақ, мал екеш – малда көлеңке iздеп Бүйен өзенiнiң бойындағы қалың талды паналайды.
Су бойындағы жарқабақтардың көлеңкесiнде, бастарын бiр – бiрiнiң көлеңкесіне тығып алып, бауырын дымқыл сызға төсей жатқан қойлар мен қарындары жарылардай болып теңкиiп – теңкиiп жатқан сиырлар, бырт – бырт күйсеп жатса, қалың тал мен шiлiк арасында ыстықтан бастарын шұлғып, мазасын кетiрген шыбын бiткендi пыр – пыр етiп пысқырып, құйрығымен желпiген жылқылар көрiнедi.
Сол маңайдан мал қайырған адамдардың айғайлары, анда – санда үйiрiн iздей осқыра кiсiней шапқан жылқының дүбiрi, маңыраған қой, қозы шуымен араласып шығады. Ауыл жақтан оқта – текте, күрс – күрс етiп тұншыға шығатын, жөтеле үрген иттердiң даусы ғана естiледi.
Жүргiншiлердiң күймелi арбасы сол қалпы тоқтамастан кеп, ауыл ортасындағы алаңқайға келiп бiрақ тоқтаған. Күйме ауыл ортасына тоқтасымен, ана жер – мына жерден көлеңкелеп жатқан ауыл иттерi бой көтерiп, бұлар қайдан кеп қалды дегендей боп, у – шу етiп, келген күйменi қамалай бастаған.
Үлкен ауылдың қолы бос қатын – қалаш, кемпiр – шал мен бала – шағасы түстенiп алған болатын, осы кезде бiр уақыт самарқау тартып, қалғып – мүлгiп бара жатса, ендi бiрер кемпiр бiткендерi ауыздарын көкала насыбайға толтырып, отыра қап ұршықтарына жармасқан.
Ұршықтарын тiзесiнiң араларына сап қолдарымен зыр қаққыза айналдырып жатса ауыздары бір тынбай әңгімеге кеткен. Тек оқта – текте ұршықтарын зыр қаққызып айналдырып алады. Онан қалса ара – арсында бас сап жандарында жатқан қой мен ешкiнiң жүндерiн сабаумен сабасып, түтiсiп те жатқаны.
Ауылдың сылқылдаған қыз – келiншек бiткенi ыдыстарын жуысып, шайып, жерошақтағы оттарын маздата жағып, құрт, iрiмшiк қайнатып, қатық сүзiп, әлек болысып жатқан.
Шаңқай түскi ұйқыдан ада болған ауыл балалары үй – үйдiң арасында бiресе табан сызып, ендi бiресе дөңгелетіп шеңбер сызысып ап, асық ойнаумен әлек болысып кеткен.
Қапалдан ұлықтар келдi дегенге бұл ауылдың еркегi бар, қатын –қалаш, бала – шағасы бар, бәрi жапатармағай тысқа шықан. Бұлар келген ұлықтарды көруге асығып, солар тұрған жаққа анталай жақындады.
Ұлықтар не айтады екен, не қызық бар екен дегендей ғып, барлығы алға ентелеген. Біртіндеп ел жиналып қалған. Жиналғандар бір – бірінен:
– Мыналарың кiмдер өзi?
– Бұлар не қып жүргендер болды?
– Бiз жаққа неге келдi?
– Не қып жинап жатыр?
– Не бопты, тағы сайлау бола ма екен? – деп, сұраса бастаған.
Халық соңғы кезде жиілеп кеткен сайлауға да үйренгендей. Би, болыс, старшын сайлауы сияқтылар дағдылы жағдайға айналғандай. Онымен қоса жақын арада тағы басқаша бiр сайлау болмақшы екен деп, бiлетiндер сайрап жүр. Ондай бiлгiрлер осы ауылда да бар.
Осы кезде бұлардың арасында тұрған, бетінде шешектің дағы қалған, бұжыр бет, орта жастан енді асқан, сөзуар Жантай:
– Сайлау боларда алдын – ала естіртер болар. Үйлер тігіліп әбігерге түсер едік. Сайлауға келген төрелер, алдымен сайлауға ұқсас жағынан бастауы керек еді. Мұның оған қисыны келмей тұрған сияқты–ау, – деп біраз білгірлік танытып, өзiн ылғи осы жағынан дәрiптеп жүретін әдетiне басып, соған лайықтап, осының жолын айтып та тастады.
Қалғандары Жантайдың айтқандарының жаны бар дегендей, сонан аса алмай, бұл сайлаудан басқа жағдай болды десіп, әр кім өз болжамын жасағандай боп қалған.
Ауыл адамдары жиналып бітті–ау деген шамада, әңгімені Қапалдан келген төрелер бастаған.
Алдымен үстiне өкiмет киiмiн киген, жерөлшегiш орыс қолындағы қағазына шұқшиып, бiрнәрселердi оқи бастауы мұң екен, оған қосылған Сеңгiрбай тiлмаш та қосанжарласып ала жөнелген.
Сеңгiрбай тiлмаш Қапалдан келген ұлықтар жаққа ұры күшiк сияқты жалтақтай қарап, жаңағының сөздерiн қазақшаға аударып тұрған сияқты. Сондағы бұлардың тілмаштың айтқанынан түсiнгендерi:
– Ұлы мәртебелi Россия Империясының Императоры – Государь – Николай Екiншi Патша ағзамның атынан, Россия Империясы Министрлер Кеңесiнiң төрағасы және Iшкi iстер министрi – Столыпин Петр Аркадьевичтiң жарлығына сәйкес, Түркiстан өлкесi генерал – губернаторның және Жетiсу әскери губернаторы мен Қапал уезi ғакiмiнiң бұйрықтарына байланысты, бұл жерлер қоныс – аударушы мұжықтарға берiледi. Былайша айтқанда жер қоныс – аударушылар қорына өткен. Сендер бұл жерден кетулерiң керек, босатыңдар бұл жерді! Көшiңдер бұл жерден! – деп, әрқайсысының басына қамшымен бiр – бiр салғандай қылып, бiрақ айтты.
Жиналған қазақтардың ешқайсысында да үн жоқ, бәрi мелшиiп қалған.
Олар болса: «Енді қайттық, мынау біз үшін бiр сұмдық хабар болды ғой, енді не істейміз?» – дегендей пiшiн көрсетiп, «басқа ұрған танадай боп» мәңгіріп қалған. Онсыз да естері шығып тұрған байғұстар біржола тұрған жерлерінде мелшиіп қала берді.
Әсiресе, осындай бір ахуал өзгелерден гөрi пысықтау, әр нәрсенiң басын шалғыш, өзiнше сұңғыла бола қалатын Жантайға көп әсер еткен сияқты. Осы жағдай соның түр – тұрпатына анық із қалдырғандай, түрінен де айқын бiлiнедi.
Ол өз ауылдастарына тағы бiрдеменiң басын шалғандығын өзінің тіптен де қаражаяу еместігін білдіргісі келгендей боп:
– Бұл жерлер баяғыдан бергі бiздiң қонысымыз еді ғой. Бұлай болғанда, сонысы қалай болғаны? Кiм жердi алам десе, соның өзi еш нәрсеге қарамастан ала беретiн болғаны ғой – деді. Жантай осы сөзіне қайтадан оралып:
– Егер де, мұндай жағдай бұрын – соңды болса мен басымды кесiп берейiн. Бiрақ айттым ғой, бұл бұрын болмаған жағдай. Мәселенки алғанда, біздің жерге ешкiм тиiсе алмауы керек қой…, – деп барып, айтатындарын айтып сап, маңғаздана жан – жағына қарап алды.
Бiраз уақыттан кейiн барып, үрпиiсiп тұрған қазақтардың арасынан сидаң келген, сұңғақ бойлы, қара – торы өңiне, қияқтай мұрты ерекше сән берген жасы отыздардағы, қимылы ширақ жігіт шықты.
Оның бойындағы бiр ерекшелiгi, отты көздерi кiсiнiң өңменiнен өтердей екен. Тiлмаш Сеңгiрбай да, тiптi, жерөлшегiш ұлық та оның көздерiне тура қарай алмастан, көздерiн тайсақтатып әкеттi. Тек қана, пристав Куреньков қана өзiнiң сүзеген бұқаның көзiндей болған, мысық жанарлы сұрғылт көзiн бұған қадап, «сен қайдан шыққан әулиесiң» дегендей оған ежiрейіп, қарап тұр. Оның өйтiп қарасына жаңағы жiгiт мiз бақпайтындай түр көрсетіп, өзі тiлмашқа бұрылып:
– Сонда бiз қайда барады екенбiз? – дедi. Тiлмаш болса жалмажан оған:
– Оны мен бiлмеймiн? Қазiр мыналардан сұрайын – дедi де, ол жанындағы ұлықтарға қарап, тiлiн бұрап, бірдемелерді айта бастаған. Жаңағы бiр топ болып тұрған орыс ұлықтарының бiрi оған:
– Терiстiк жаққа қарай кете берсiн. Балқаш көлiнiң жағасына қарата көшсiн. Құмға барса ешкiм үндемейдi де, тиіспейді – дедi. Соны айтқандай болуы мұң екен, тiлмаш та тездете аударып:
– Мына кiсi жерге орналастыруда iстейтiн төре. Бұл кiсi көшсiн дейдi, Балқаш көлiне қарата, құм жаққа кетсін. Сонда сендерге ешкiм жер деп ауыз ашпайды дейді – деп, ол ұлықтар жақ тағы да не айтады екен дегендей боп, солар жаққа бар назарын сала ұмсына қарады. Қарағанда да жай қарамай кәдiмгiдей аузын тосып, айтылар сөздi аңдып қалғандай.
Оның айтқандарына жаңағы жiгiтте қарап тұрмастан:
– Ондай ит өлген қиянға баратындай не жын ұрды бiздi! Не жанымызға зор туыпты. Сақара мен Кербаланың шөлiнде не бар?! Сондайлық ақылымыздан адасатындай не көрiнiптi бiзге? Ит байласа тұрғысыз құмнан не алады екенбiз? – деп, жiгiт өрекпи сөйлеп, бар айтарын асыға айтып салды. Басқалары ауыз ашып үндеген жоқ. Мына бір жарлық оларды онан сайын есеңгіретіп бір ауыз сөз айттыруға мұрша бермегендей. Есесіне барлығы үшін сөйлердей болып жаңағы талдырмаш келген жігіт қайтадан үн қатып шыға келді. Оның бұл жолы даусы булыға шығып:
– Өле алмай жүр дейсiң бе? Бiздiң құмда не ақымыз, не алашағымыз бар екен? – дедi, тұншыға, булыға сөйлеп.
Бұл жолы жиналған басқа жұрт оның сөзiн әр жерден қостап кеттi. Бiреулерi тұрған жерлерiнен:
– Иә! – иә!…, солай болар, солай екені рас – десiп қалса, ендi бiреулерi:
– Дұрыс айтады, қоныс өзiмiзге де керек! – деп жатыр.
– Жөн сөз! Олары несi екен? – деген дауыстар да әр тұстан естіліп қалды. Енді біреулер:
– Өйтетiн шамамыз жоқ! – десiп, кәдiмгiдей шамданып, шамырқанып шыға келді. Дәп қазір жердің сұрауын осылар шешердей боп, бұлданып, айбаттана қалды.
Ауылдастарының осындай сөздерiне арқаланып қалған жiгiт, ендi мына ұлықтарға олардың пиғылдарының теріс екендігін ескертетiн кез келдi дегендей боп:
– Жер де, қоныс та бiздiкi ғой. Осындағының барлығы да өзiмiздiкi! – дедi. Мына сөздерді ол бiржолата кесiп айтқандай қып, ұлықтардың бәріне естiрте айтып салды. Осы кезде оның ашумен, еш бүкпесіз жиренішпен қарайтын отты көздерi өңменiңнен өте, от шаша қалғандай, қалың қабақтары да түксиіп, бір түрлі келген ұлықтарды жақтырмағандай қадалады. Өң – түсі бірдей қуара түскен. Кейпінен ашу мен ызаның белгісі бірдей білінеді. Оның бүткіл түр – сипаты бүгінгідей өздерінің басына түскен ауыртпашылық заманда ауылдастарын арашалай түскісі келетіндей–ақ болар.
Осындайлық ұлыққа жат қылығымен де ол келген уезд ұлықтарының назарын өзіне аударғаны бар. Соны сезгендей боп, жігіт келгендерді оқты көзімен атып, жақтырмаған қабақпен:
– Осы жерде тудық, осы жерде өлемiз! Басқа жердiң бiзге керегi жоқ. Бізге бұдан басқа жерге көш дегеннің де еш қисыны жоқ! Қоныс керек болса сол айтқан жаққа өздерің бара беріңдер! Бiз еш қайда да бармаймыз! – дедi ол сөзiн тиянақтағандай пішiнмен.
Оның қазiргi түрі ұлықтардың мынадай тәлкегі мен құқайын көтере алмас адамның түріне көп ұқсайды. Сондықтан болар ояздан келген төрелер де, тап қазiр осы жiгiт жаққа құлақтарын көбiрек түрiп, назарларынан тыс қалдырмай, оның әрбiр сөзiн аңдып тұрғандай едi.
Бір уақытта ол сауысқандай шақылдап, өзiнiң айтқандарын орысшалап, ояз төрелерiне жеткiзiп тұрған Сеңгiрбайға қарап қойып:
– Мыналарыңа айт! Сендердiң айтып тұрғандарың бекер деп, қисынсыз деп, баяғы, бағы заманнан берi бұл жерлер бiздiкi болған. Бұлай болмағанда – қалай болмақшы екен. Осылай болған. Осылайша бола бермек те деп айт! – дедi.
Осыны айтқанда ол бойын қалтыратқан ашудан арыла алмастан өзеуреп, екiленiп барып айтты. Бағанағыдай емес даусы онан сайын булыға дірілдеп шығатын сияқты. Сонымен бірге, оның түрінен көңiлдегiсiн тұспалдап болса да осындағы ұлықтарға қалай да жеткiзсем дегеннiң табы білінгендей. Ойындағысын ол қалайда келген ұлық біткенге жеткiзгiсi келген сияқты. Бiрақ та, дәл солай қылғысы келсе де, солай ғып айта алмай тұрғандай.
Жігіттің ашуы келіп, даусы булығыңқырап қалған. Аяқ астынан пайда болған ашу ойы мен тілін күрмей түскендей. Сонда да болса ол бәрiбiр ойындағысын мыналарға сол қалпында жеткізгісі келгендей болып, алған бетінен қайтпай тұр. Қанша тырысып салғыласса да, қырсық шалғанда көкейiндегiсi осы қазiр ғана тілінiң ұшында тұрса да, аузына бiр түспей–ақ, қойғаны ғой. Ойы сан – саққа жүгiрiп, жанталасқандай болғанда, бағанадан бергi айтқысы келгендерiнiң бәрi естен шығып кеткендей. Тек қана, тіліне оралғанын ғана айтып салған болатын. Оның тағы бiр тоқырап, ойланыңқырап барып айтқаны:
– Басқаны бiз бiлмеймiз. Ата – бабамыздың сүйегi, керек болса, әне жатыр, – деп, ол иегiмен ауылдың сыртындағы бейіттер қойылған төбенi меңзеген.
Бағанадан берi жиналған елге, сондай-ақ олардың ішінен суырылып шыққан мына бір қазаққа кезек – кезек қарап, өзінің кеудесін кернеп бара жатқан ашудан жарылардай болған пристав қана. Ол ашулана тістеніп тұрған қалпында дәл қазір мына біреуі қолына түссе түтіп жердей болған.
Ол мына киргиздiң намысқой түрiне қарап «өле алмай жүрiп мынаның намысшылын қарай көр өзiнiң» дегiсi келгені түрінен көрініп тұр. Қазір де оның көкейiн тесiп бара жатқан қалайда оны қолына түсіру еді.
Бір уақытта пристав сөйлеп тұрған жігіт жақты бетке алып, алшаңдай басып оның қасына таянған.
Алпамсадай болған, ебедейсіз көрінетін денелі дәудің шыдамының таусылғандығы да осы шығар.
Албастыдай болып келе жатқан приставтың бұқа мойыны онан сайын күжiрейе Мысыққа ұқсас, жанарсыз кішірек көздерi де сұрғылт тартып, жансыздау көрінеді.
Ол әу бастан–ақ, мына бір киргиз қабақ шытып сөйлесімен зәрленіп шыға келген. Өзінше кіжініп тұрып «әттең сен ит қолыма бiр түсерсің!» деп тепсінгендей де болған. «Сен менiң қарыма бір iлiнсең еттi!» дегендей боп, пристав алдымен мұны шошытып алмайын дегендей, аяғын асықпай басып жігіт тұрған жаққа жақындағаны сол болатын. Мына бір «тағының» оғаш қылықтары өзін әбден күйдіргені оның жанына қатты батқаны анық.
Приставтың ойы сан – саққа жүгіргендей болды. Алдымен ол мына «бишараны» қолына түсіруді ойлап тұрған. Оны ұстағаннан кейін не істейтінін, оны тәубасына қалай келтiретінін ойластырып қойған. Осыны бiржағынан екшелеп алып, ол iштей масаттана тамсанып та қойды.
Қапал қаласында неше жыл приставтық қызмет атқарғалы мынандай бейбастықты алғаш рет көрiп тұрғаны. Өмірі көз алдында осындайлық «басбұзарлық қылық» болмаған шығар. Туземдiк, жабайы кісі өзіне қарсы сөйлер, қарсы шығар деген үш ұйықтаса түсiне кiрмеген екен. Бүгiн өзi соның ащы дәмiн татып тұрғандай болды. Қашанғы мұндай қорлыққа шыдасын, әмбе өзімен келген уездік басқарманың адамдарын қорлатып қойсын. Ол мұның бәрін өзі араласып жүрген билік біткенге ашық қарсылық деп білді.
Пристав дүмбілез мінез, қара күшке сенсе де, аракідік қулыққа да бой ұратын, арамдығы мен пасықтығы да бір басына сай болатын. Ол қазіргі ұлық біткеннің арасындағы ең қарулысы да, ең әумесері де еді.
Уезд басқармасының бастығы айтып, бұйрыққа енгеннен кейін ол осы бір өзі үшін қызықсыз шаруамен айналысып келеді. Әйтпесе несі бар еді айдалада сандалып.
Пристав ішінен талай түрлі ызалы ойлар жинап тұрып, қасындағыларға естірткендей қып:
– Мұндайлық басынғандық пен еркiнсу, билік өкілдеріне қарсы тұру, бұрын, соңды жабайы халық арасында болып көрмеген едi ғой. Бұл нағыз есіру ғой! – деп, қатты ызаланғандай болып айтты.
Оның сөзін қоштағандай ниетпен, топ басы болып келе жатқан жерөлшегіштер басшысы Никитин деген де, бірден қосылып:
– Сонда мына сияқты қайдағы бiр киргиз, бiзге не айтпақшы? Не дегісі келеді? – деп, ол да шала бүлінгендей түр көрсетіп.
Шындығында да мына оқиға пристав үшін өте қолайсыз болып тұр. Өзiне Қапал қаласының тұрғындары «жуан жұдырық» деп ат қойып, айдар тағып айтатын. Уезд орталығының бетке ұстарларының алдында ендi мына бiр жағдай сол абыройын айрандай төгетiн болды. Бұл үшiн нағыз масқара, қорлық бұдан артық болар ма едi?
Мынандай сұмдықты, мұндай тәлкекті көрмеген пристав ызадан жарылардай болып, қаны басына ойнап шыға келген. Пристав аяғын ептеп басқан күйi жаңағы суырылып шыққан жігіт жаққа беттеген. Оны қашырып алмайын деген оймен еңгезердей денесін баяу қозғап, жігіттің қасына таяп келді.
Пристав табиғатынан ожар, жұдырығының жуандығына сенетiн, ебедейсiз адам еді. Соған қарамай өзіне – өзі, күшіне қатты сенетіні бар. Әсіресе, өзінен төмендерге дандайсып, құқиланып, қит етсе абақтыға қаматып, онан қалса сабап, ойына келгенін істеп, ит расуасын шығаратын.
Пристав жаңағы жiгiттiң қасына жақындап келiсiмен, оның бетіне мысқыл күлкімен, жақтырмай бір жағы сынағандай болып қараған. Жігіттің ештеңеден тайсалмас түрін көріп «бұл қалай?» деп таңырқап та қалған тәрізді. Оның бұдан тайсалмақ түгілі, ондайлық ой қаперіне де кiрмейтiн сияқты. Сол тұрған тұрысымен, ешбiр саспастан, жайбарақат тұра бердi.
Пристав оның жүзіне алдымен бiр езу күлкiмен, мысқылдай қарап алған. Артынша бiлеудей жуан, жирен мұрты тiкiрейіп, кірпінікіндей боп едiрейiп шыға келді.
Пристав «мына жиналған елдi бет қараттырмастан, ырық берместен, ақырып, айғайлап, бiраз ықтырып алмасам бой бермей кетер» деген шешiмге келген. Ол шатқаяқтай басып, кердеңдей аттап, жабайы халықты біраз шошытып, бұқтырып алуға кірісіп кеткен.
Пристав қазақ жігітінің осыдан арғы қарсы сөздерін тоқтатып, оның бетін қайтарып, өздерінің жарлықтарына қарсыласқандай болған сұмдық қылықтарын түп тамырымен қоса тиып тастамақшы еді. Енді ол сол ісіне кiрiсiп те кеттi.
Оның бойын ашу кернеп, бетiнiң түгiне дейiн тiкiрейiп шыға келген. Ызадан жарылардай боп, уезд кеңсесінің барлық қызметкерлері өзіне қарап, дереу бейбастықты тиюды талап ететіндей сезінген. Соның бәріне кінәлі адам – енді қазір дәл қарсы алдында тұр.
Пристав алдымен жігітті ұстап әкетіп, қаматпақшы болды. Бірақ олай істеуге өзінің шыдамы жетпей қалатындай көрінді. «Оны абақтыға қамау ешқайда қашпас, ал қазір оны біраз түтіп алайын» деп ойлады. Ол түсін онан сайын суыта түсіп, тістерін ақсита ақырып:
– Сен киргиз, не айтып тұрғаныңды түсінесің бе?! – деді.
– Қалайша сендер батылдарың барып, өздеріңнің билік басындағы үкімет адамдарына сөз қайтарып, олардың жарлығына шек келтіресіңдер –дегенді зілмен айтты. Айтқанда да, жай айтпады, жынын алдырған бурадай боп, түкірігін шаша, зіркілдеп тұрып, өктем дауыспен айтты. Осылай деп, екі аяғын алшита басып, қабақтарын түкситіп, аласы үлкен сұрғылт тартқан көздерімен алдында тұрғандарды iшiп – жердей боп қараған.
Қанша өктемдiк жасап, бұларға сыр бермейін десе де, пристав үшiн мына бiр қазақ жiгiтiнiң мұндайлық мінезі мен асқақ тұрысының өзі–ақ, оның мысын сәл басқандай еткені рас. Тіпті, қанша сырт көзге білдіргісі келмесе де оның бұрынғы өр көкiректiгiн бәсеңдетiп, өзін жасыта түскендей.
Пристав «енді сәл кешiксем, мына құрғыр киргиздар тағы бірдемені ойлап таппасына кім кепіл» деп топшылаған сияқты. «Онда iс насырға шапты дей бер. Мынаған қалғандары қосылып кетсе, ырық бермей кетер» деп те ол ойлап тұр.
Ол ендi амалсыздан өз мiндетiн атқаруға кiрiскен.Оның онысын істеуге кім қолынан қағыпты? Алғысы келгенді, алады. Қамағысы келгенді, қамайды. Сабағысы келгенді, сабайды. Тіпті, айдаттырып та жібереді. Мүмкіншіліктің бәрі өз қолында. Ендеше желігіп, құтырған мына немелерге көрсетіп қалу керек соның бәрін.
Лезде оның бұлтиып тұрған ұртының екi жағынан салбырай өскен жуан, жирендеу келген білеудей мұртына жан бiткендей боп, жыланша жиырыла қалған. Пристав бар даусымен тамағын жырта айқайлай сөйлеп:
– Сен ақымақтар ауылыңа келген өкiмет адамдарының алдынан шығып, қарсылық қыласыңдар! – деп, көзiн алартып, онан сайын жер тепкiлеп, ақыруын күшейте түскен. Ол сол екпінімен тұрған қазақтардың есiн жиғызбай, үстемiлете сөйлеп, айқайынан бiр жаңылмастан:
– Сендердi мұнда шақырған кiм?! Жер деп қауқылдайсыңдар, өңшең сорлылар. Сендерде жер бар ма? Жер қазынаға қарасты. Қазынадан бұрын, жер біткеннің барлығы патшаның ғана меншігіне қарайды – деп айқайлай ақырып, онсызда естері кетiп тұрған байғұстарды бiржолата абыржытып тастады.
Жиналған ауыл адамдарында үн жоқ. Состиып – состиып, сол тұрған күйi мелшиiсiп қалған. Оның есесiне пристав ашуына міне түскен. Алғашқыда мына бір қазақтан сескеніп қалса да, приставтың мұндай мінезі бойына сіңген тәсілі, бұрыннан келе жатқан доң айбаты еді.
Қазіргі барлық сөздiң де, істің де иесi жалғыз өзі болып алғандай көрiнедi. Басқа ұлықтарға дес бермейтiндей көрінеді.
Сөйлегенде жай сөйлемейді, жынын алғызған бурадай боп сөйлейді, керек болса таптап тастаудан тайынбайтын да сияқты. Тек қана, осы кезде оның көзіне түсушi болма. Тiптен көрінбе. Әйтпесе бар ғой тура шайнап тастайды, мына неме.
Өзiнiң түрі неткен сұмпайы едi. Істеп жатқаны орынсыз айқай, себепсіз зіркіл, бассыз қоқаңдау. Аузы боқтықтан бір тиылған жоқ. Мына түріне қарағанда, қазақтардың көзіне ешкімді оңдырмайтын сияқты болып көрінді мына тұрған түйедей болған жуан қарын пристав.
Ол айналасындарға түкiрiгiн шаша:
– Сендерге жер не керек? – деп зiркiлдеді кеп. Соның артынша–ақ, мұның да жауабын күтпестен, айналаға зiкiр сала айқайлап, өз сөзiне өзi жауап қайрғандай боп:
– Сендер бүгiн мында, ертең андасыңдар – деп, бас – көз жоқ құр айғайлаудан аузы бір босамастан.
Бұл заматта ауыл тұрғындарының тып – тыныш боп, үндемей қалғаны да оның үнiне қосымша қуат бергендей. Ол тiптi екiлене кетіп:
– Сендерде жер болып көрдi ме? – деп тепсiнiп қояды. Арасында:
– Мен сендерге көрсетемiн әлi жердi – деп зіркілдейді. Оның осы түрі өте үрейлі. Мына тұрған ауыл адамдарына нақ бір жаналғыш, әзірейілдей көрінеді.
Әу бастан, нағыса да, приставтың ойы мына тұрған өзi жалтақ байғұстарды, онан сайын шошытып, үрейлендiре түсу сияқты:
– Қазiр айдатамын түрмеге, жоқ әлде каторгаға барғың келiп тұр ма? – деп айқайлайды ол. Осыны айтып пристав сүзгiсi келген бұқадай бағанағы жігітке қарап:
– Тiлiң қышып тұр ғой. Бiлемiн саған не керек екендігін – деп, бiр өзi осында тұрған ұлықтардың қарымтасын қайтарғандай, ащы запырандай сөздердi лақылдатып төгіп те қояды.
Приставтың бұлай есіріп тепсiнуі, аузынан жыны шашырай ақыратындығы осы ғана дейсің бе? Ол мынадай сорлыларға талай көресінді көрсеткен. Сондықтан да оның жаңағыдай есіруіне жиналған ауыл адамдары тіптен де үн қоса алмай қалған. Осының көзіне түспей–ақ қоялық дегендей әр қайсы тұрған жерлерінен қозғалмастан, бұғып қалатындай болып тұр. Бiр жағынан бұғып та қалғысы келетін шығар, бiрақ ондайға мұрша жоқ. Баратын жер, басатын тау қалмағандай болып тұрғаны.
Әншейiнде дау – дамай, ағайын арасында болатын айтыста ауыз жаппастар да, бұл арада ауыздарын аша алмай, айтуға сөз таппай, бұғысып қалған. «Құрысын, мына кәпiр бәледен аулақ болайық» дегендей олар үрейлері қашып. Өйткені, мына біреусінің түрi тiптi алабөтен жаман, тым үрейлi екен. Аузынан шығатыны кiлең ғайбат сөздер. Мойнын сүзеген бұқаша күжiрейтiп алыпты, ендi болмаса сүзуге дайындалып, тап берердей. Ақыра сөйлегенде тiсiнiң арасынан түкiрiгi шашырап, бураның жынындай әр тұсқа атып – атып кетедi. Нақ бiр есі кеткен бура дерсің. Дәл осы тұста ол мойны күжiрейген, сүзеген бұқадан көрi, айналаға жынын шашқан, құтырған бураға көп ұқсап кеткен сияқты. Оның мына сұсты түрiн көрiп, жиналған қазақтар әбден саса бастаған. Олар бар бәленi бастаған сен, олай болса осының арғы жағын да өзiң көр дегендей қып, өздерiнше орда бұзарға айналдырып алған жаңағы жігіт жаққа қарай береді.
Ендігі қалған бар сенім, бар үміт Серiкбайда екенiн сезген тапал бойлы Жантай, жалақ ернi кезерiп:
– Ойбай–ау, Серiкбайжан бiрдеме деп құтылсаңшы мына бәледен! –деп, Серiкбай жаққа мүләйiмси қарады. Оның сөзiн қостағандай боп, арт жақта тұрғандардың бiреуi, сәл естілер – естілмес қып:
– Осының өзін осы бекер бастады ғой. Бекер қылды. Басымызға ендi не күн тудырды – деп, нали сөйлеп, қынжыла айтты.
Сол, сол–ақ, екен жаңағы дауыс шыққан жаққа Серiкбай жалт қарап:
– Неменеге езiле қалдыңдар, бұл ауылдың еркегi осы құрып қалып па едi?! – деп ызалы дауыспен қыршып тастады. Тұрған қазақтардың басқалары жым боп, ләм деп ауыз ашпады. Оларда басқадай амал жоқ. Бір жағынан бар сенiп отырған Серiкбайдың қытығына тие бермейiк дегендей, бiр – бiрiне үнсiз ымдасып, жақ ашыспай қалған.
Приставтың үрейлi түрiмен, сыбаған сөздерiн естiп, әбден жүректерi шайлығып қалған ауыл адамдары ендiгi бар үмiттерiн Серiкбайға ғана аударған едi. Бiр жағынан оған артқан үмiттерi де бекер еместей көрiнген. Оларға осы кезде Серiкбайдан өткен жаужүрек, онан өткен батыл жiгiт жоқтай болып көрінген. Серiкбайдың мына бір тұрысы, бар тұлғасы мен тұрпаты оларға барынша келiстi, сом боп көрінген. Оның үстiне Серiкбайдың өзі әлі де болса мiзбақпастан, нық қабақ танытып тұрғанын ауылдастары аңдап тұрғандай. Мына тұрысына қарағанда, жиналған жұртқа басқа сасса да, Серікбай саспайтындай көрiндi. Оның қазіргі түрінен де еш абыржығандықтың нышаны бiлiнбейдi. Тек қана, қара торы өңі сұп – сұр болып, қанын ішіне тартып алыпты. Мұның нық тұрысын байқаған ауыл адамдарының көңiлдерi орнына түскендей болды.
Ұлықтардың қабағын сезiп байқап алған Серiкбай, асықпай баппен, алдымен ұлықтарға салқын жүзбен, онан кейiн приставқа алара бiр қарап алды. Оның осы бір қарасында «шамасы мына тұрған ұлықтар менiң айтқандарымды түсiнбейтiн сияқты, мүмкiн әдейi түсiнгiсi де келмейтiн шығар» дегеннің табы бар. Сондайлықты жөн – жосықсыз істермен келген, кісілігі жоқ, өздерінің ыриясыз қылықтарымен елді абыржыта бастаған төрелердің келісін бұл да жақтырмай тұр. Осы жай мұның да ашу – ызасын қайнатқандай екені рас. Әсіресе, ана бір сарала киімді, қылыш пен тапанша асынған, жуан қарын неменің бұларға айтпағаны жоқ қой. Аузына келгенiн тантып, оттады емес пе. Мұның намысына тиiп, ашуын қоздырған да, соның қылығы болды.
Серiкбай бағанағыдан бетер аласұрып, «енді не істесек екен?» дегендей жан – жағына қарағыштай берді. Бiр уақыт тiптi ішінен өз – өзiне кiжiніп те алды. Ішінен: «мені де ұл таптым деп, шешем байғұс қалжа жеген шығар? Сонысы бекер болғаны ма?» деп ойлады. Серікбай сұп – сұр боп, қанын ішіне тартып алыпты. Оның онсызда құп – қу өңі, тіптен қуқылдана түскендей. Іштей бірнәрсеге белін бекем буып, қатуланып алғаны түрінен көрініп тұр. Ол қазір ештеңеден де тайынбастай болып тұрғандай. Ендiгi салмақтың да, сынның да жалғыз өзiне түсетiндiгiн мойындағандай. Ол еш тайсалмастан, тiптi приставтың «итжеккенге, каторгаға» айдатамын деген қорқынышты, үрейдi ұшыратын сөздерінен де сескенбестен:
– Тақсыр, жер патшаға қарасты болса, солай шығар. Ал сонда бiз кiмдiкiмiз? Бiз бөтен бiреудiкiмiз бе? Сонда бiздiң патшамыз басқа ма? Сонысы қалай? Неге бiз үйренген, бауыр басқан жерiмiздi тастап, қаңғуымыз керек? Неге бiздiң жердi басқа бiреулер иемденуi керек? – деп, ашынған дауыспен, жиналған жұрттың қыбын қандырардай болған сөзді елді таңқалдыра тауып айтты. Бағанадай емес, бұл жолы даусы булықпай, анық шықты.
Серікбайдың дәл мынадайлық қылықтары мен сөзінің сыңайы осы арада тұрған ұлық бiткенге де оңай тимегендей. Оның айтып салғандары оларға мірдің оғындай болып қадалғандай.
Жиналған ауылдастары оның осындай сөзуарлығына, тапқырлығына таңқалысып, естіртпестей күбiр – күбiр етiседi. «Серiкбайың жарады» дегiсi келедi. Осыдан басқаға олардың шама – шарқы жетпегендей. Елдің ендігі қауқары белгiлi болып қалды.
Қасақана қылғандай тiлмаш та, оның осы айтқандарын өз аузынан шыққандай қылып аударған сияқты. Мұны естiген приставтың жыны қозған үстіне қоза түсті. Ол енді түкiрiгiне шашалып, құр бос айқайға басқан. Сондағысы:
– Оттама!… Жап аузыңды! Өшiр үнiңдi! Сен құрыдың, сенi құртам!… – деп, әкiреңдеп, онан сайын зіркілдей бастаған. Жаңағы – жаңағы ма, тіпті онан бетер болды.
Қисынсыз зорлықтың бұғауына түскен мына жiгiт, өзiнiң ұлықтардың алдындағы дәрменсiздiгiне қатты ызаланғандай. Осылай ашуланғандықтан ба, оның боп – боз болған қараторы өңi енді лезде қарақошқындалып шыға келдi.
Серікбайдың шын ашуланғанын сезген, ауыл адамдары, шамасы бұрын да оның өрмінез, сотқарлау екенін бiлетiндiктен, оны қалайша басамыздың амалын ойластырып жатқан. Бiрақ қас пен көздiң арасында, сасқан кезде оның да жолын таппай қалған тұр. Тек қана, бар бiтiргендерi Серiкбайдың ешнәрседен тайынбайтын бірбеткейлігіне налығандай болып, әлiптiң артын күтіп қалған.
Пристав болса Серікбайдың сөзін естіп, онан сайын құтырды. Ол шабынған бурадай боп:
– Өшіріңдер үндеріңді! Әйтпесе, бәріңді айдатамын! Бәріңді құртамын! Өңшең сілімтіктер! – деп үсті – үстiне аузына келгенiн айтып, мына тұрған жұртты балағаттаумен болды.
Оның осындай оспадар қылығына төзбеуші тағы да сол Серiкбай болды. Ол қасындағы жұрттың берекесiздiгi мен ездiгiне ызаланып тұрған. Ауылдастарының өзіне қолқа салып, «қойсаңшы» деген ызыңы мен қыңқылын жақтырмаған. Қапалдан шыққан ұлықтардың істегендеріне қорланып, елге де, өзiне де көңiлi толмай, осы кез өзiн – өзi қайрап тұрған кезi едi.
Бір мезгілде ол да қарап тұрмай пристав жаққа тап берген. Серікбайдың отты көздерi жалт етiп, приставтың өңменiнен өтердей боп, келсең келді білдіріп, жарқылдай қалған секілді. Қаны бетiне шауып қарақошқылданған өңi ендi құп – қу болып кетiптi. Жиналған ел ендi бiр сойқанның басталайын деп тұрғанын сезгендей. Солардың ішіндегі біреуісі өзгелерге білдірместен, сыртқа шығармастан, сыбырлай:
– Тәуба! Тәуба! Иә, аруақ, сәтiн сал! – деп қалды. Соны қостағандай болып, іштеріндегi ақсақалдары: – Иә сәтті күнім!, Ата – баба аруағы қолдай көр! – деп салды.
– Иә сәт! Шоқ – шоқ, осыны тілеп тұр бұлар, осы керек бұл немелерге! – дегiсi келетiндей жастауларының. Осыны сезген бәз бiреулерi iстi насырға шапқызбайық дегендей, Серiкбайға басу айта бастаған. Әсiресе, сақал – мұртын ақ шалған қартаңдау келген кiсi, ақырын ғана оның арқасынан сипап, қаққандай болып:
– Серiкбайжан сен басылшы, бұларың түктi түсiнбейтiн, дүмбiлез ғой. Онан да болысқа айталық, сол өзi ұлықтарымен сөйлессiн. Әйтеуір, бір нәрсе қып, ұқтырсын. Болысқа да ел керек шығар. Осы атаның баласы ғой, оны болыс қылған, – деп араға түстi. Тiлмаш Сеңгiрбай iстiң насырға шаба бастағанынан қорқайын дедi ме, жоқ әлде жаны ашығансығаны ма, ол да:
– Қой ендi, доғар болса да, бұлар сенi аямайды! Онан да пысықсымай, тынышталсаң етті, сөздi қой! – деп ақыл бергенсiді.
Осыдан кейiн Серiкбай да тап бергенін қойып, басылайын деген пиғыл танытып, саябырсығандай болды. Бiрақ ол өзінің соңғы сөзiн елдiң бәрi естiсiн дегендей, дауыстап айтып қалған.
– Бiз сонда қайда барып, кiмге шағынамыз? Бiздiң қорғаушымыз кiм? Орыс ұлықтары, бiздiң жерімізді тартып алып, өзіміздi қаңғытып, бұл маңайдан кетіңдер деп қуса, біз өз мекенімізді тастап қайда бармақпыз? Олар өстіп ойына келгенiн жасаса, бiз оған көнуiмiз керек пе? Мейлi бiлгенiн қылсын. Мен бiрақ бұл қорлыққа шыдамайды екенмін, бұндайларына еш көнбейді екенмін. Бүйтiп, қор болғанша, өлген артық! – дедi де, терiс айнала бергендей сыңай танытты. Оның пиғылынан да, сөздерінен де, әлі талай айтылмай қалған зілдiң табы бардай екендігі айнала жұртқа белгілі болды.
Мына тұрған көпшіліктің, одан қалса бір қауым елдің айтқысы келгенін ақыры Серікбай айтты. Бұлардың көкейіндегісін ол дәл тауып, үстiнен түскендей, қолмен қойғандай қып, бiрақ айтты.
Шынында, Серікбайдың сырты сәл тентектеу мінезінің астарында әділеттілік те, көзсіз батылдық та бар екенін мына жұрт үнсіз мойындағандай болып тұр.
Әйтпесе, «үлкен тұрып, кіші сөйлегеннен без» демекші, ауыл ағалары мен көнекөз қариялары тұрғанда Серікбайға бұлай сөйлеуге болмайды. Ол мынадай албырт, жас жігіт үшін сыпайылыққа жатпайтын қылық. Бірақ дәл осындай тығырық, қауым ел сасқан кезде оның осынысы орынды, қауіп – қатерден үріккен ауылдастарының арасына түскендей болып шықты. Сондықтан да болар, манадан бері оған мұның қалай деушілер болмады. Ондайлардың бар айтар сөздері көмекейлерінде іркіліп қалғандай.
Тұрғандардың кейбірінің ұлық пен төрелерге қарсы сөз қатпақ түгiлi, өздерінің қарақан басын қай жаққа сыйғызарын білмей тұрған, тұрыстары едi бұл тұрыс. Араларында Серікбайдай боп сөз қайтармақ түгіл, мына бәлекеттен қалай құтылсақ екен деген ниетте, өз қамдары өздерінде боп тұрғандығы басым бұл жұрттың.
Олардың мұнысы алдағы күнiмiз не болар екен деген уайым ғана. Алда тағы қандай сұмдыққа тап боламыз деп тығырыққа тіреліп тұрғандар да іштерінде аз емес.
Қазаққа ұлық таңсық болып па, көп айтатын сөздi жаңағы Серiкбай айтқандай, сол жеткізгендей болды. Басқалары оның сөзіне қосылғандай болмаса да, қоштайтындай сыңайын осындайлық үн – түнсiз қабақ, ызғарсыз күй, мешел тұрыспен білдіріп қалған.
Жердi босатасыңдар, көшiңдер деп шулатып келе жатқан ұлықтардың ауыл кісілерінің, әсіресе жалғыз Серікбайдың ғана мына бір айбаттанған күйінен сасыңқырап, әуселесi түсiп қалғандай боп, қарқыны бағанағыдай емес, әбден басылып қалды.
Ақырында сөйлер сөз де, істелер іс те осыған жетіп, тоқтағандай болды. Серікбайдан басқа ширақтық танытар да, ұлықтарды доң айбат көрсетіп, жасқандырар да ешкім болған жоқ. Барлығы тым – тырыс болып, бір – біріне сыр берместей боп тұрып қалғандай.
Келген ұлықтар мыналарға не істейміз дегендей болса, жапырлап тұрған ауыл қазақтары мұның арты не болар екен дегендей соларға қарап, жүректері шайлыққандай боп тұр.
Бағандан берi қаруын салдырлатып, ақырып, елді балағаттап, ары – берi талтаңдай басқан Куреньков та, ендi шын сасайын дедi. Өңдірлеп, өңмеңдеген өзiн де мына бiр қазақтың жігіті тiптi, ең құрымаса сарыала қару асынған, «пристав неме» ретiнде де елемегенi шымбайына қатты батқан. «Бұл жабайыға не iстесем екен, қалайша бұларды жасқандырсам екен?» деп, дал болған ол, оң қолын жамбасына қарата жүгiртiп, тапаншасын суырып алған, сонан кейiн көзi ақиған күйiнде:
– Сен тұтқындалдың, бiлдiң бе, осы жерде, тұрған орныңнан қозғалма! – деп, жаңағы жiгiтке зекiре айқайлаған еді.
Өзі еліріп, есі кеткен приставтың қолында тапанша, бағанадан салбырап жатқан, жуан жирен мұрттарына жан бiткендей болып, олар жыланның құйрығындай жиырылып, екi ұшы жоғары қарата тiкiрейе қалыпты.
Оның бұл айқайы басқаша болып шықты. Суырылған қару оған қосымша күш берген сияқты.
Бұл уақытта приставтың көзіне бәрі басқаша болып көрінді. Лезде жаңағы Серікбай да, қалған қазақтар да айтқанға көнетіндей адамның қылығын танытқандай ыңғайға көшкен. Өздері жуас адамның кейпiне кiрiп, момақансып тұра қалғандай болып көрінген. Олардың осындай бір аянышты түрі приставты арқаландырып, аруақтандырып жібергендей. Ол енді айналасындағыларға естірте:
– Аһа бәлем, солай ма екен, сендерге де жан керек екен ғой! – деп, қолындағы тапанша мылтығына сүйсiнгендей боп:
– Тексіз сорлылар, қорқар болсаңдар, осыдан қорқыңдар! – дегенді бар даусын шығара айтты. Енді ғана ол өзін пристав ұлығындай қып, қаһарлы етіп сезіндірген нәрсе қару деп білді. Адамдарды жуасытқан нәрсе – қарудың құдіреті деп ұққандай болды. Қас қағым сәт болса да ол өзін баяғы қалпында, пристав ретінде сезіндірген нәрсеге аса разы болып қалғандай. Оның ойынша бұдан былайғы бұл момын халыққа не үкім тағып, не жасасаң да болады. Соның бәріне бұлар көнеді деген жалған ой туа қалған сияқты.
Пристав енді сол ойдың жетегіне беріліп, өзiнiң үйреншiктi дағдылы істерін жасап қалмақ болды. Онысы өзіне ғана белгілі болатын. Алдымен де, өздерiне қарсы сөз айтқан жабайыны тәртiпке салу. Тіпті, басқаларға сабақ болу үшiн, оны қалайда сабап алсам деген ой оның мазасын алып тұрғандай едi.
Кісі сабау приставтың үйреншiктi iсi. Оны бұл күнде жасайды. Оны қолынан кiм қаққан. Олай болса пристав үшін мұндай жабайыларды тәртiпке салар әдiстiң түрi көп. Адам сабау, сол әдiстiң бiр түрi ғана деп ойлайтын пристав. Оған сылтау да, себеп те жеткіліктi. Сондай сылтау дәл қазiр аяқ астынан пайда бола қалғандай. Өйткенi, пристав солай ойлаған, осылай деп шешті.
Ол Қапал қаласының көшесiнде кездескен, қырдың талай қазағын, жоққа сылтау тауып, төмпештеп алатынды әдетке айналдырған едi. Онда да кейбiрдегi әдісі мен сылтауы «менi көргенде неге басыңдағы баскиiмiңдi шешпейсiң, неге иiлмейсiң» деп соғатынын қайтерсің. Қашатын болса, қуалап жүрiп, аттың баурына алып, ұрып соғатын.
Бағанадан берi аңсаған ойына қолы жететіндей боп, жуан жұдырығының кәдеге асып, айызы бір қанатынына ол қуана түскен. Тiптi өзінің жұдырығының да осы уақытта қышып тұрғандайын сезiнген.
Приставтың тағы бiр есек дәмесi, мына өзiмен бiрге ерiп келген өңшең ақ саусақ уезд ұлықтарының алдында да, өзінің ұр да, жық мінезін қыр көрсетіп, әмбе мақтанып, бұл ездерді де біраз ықтырып алғысы келген едi.
Дөрекі мінез пристав осы кезде ішінен «олар да ертең мен туралы Қапалда жыр қып айтпай ма, паһ, паһ, шіркін жұдырық деп осыны айт» деп масаттанып қойды. Приставтың құлаштай соғатын күрзi жұдырығының әуселесіне, талай рет қол астындағылары таңқалыса, бастарын шайқап:
– Ойпырмай, Гордееч…, Сiздiң мына жұдырығыңыз бұқаны да, сеспей қатыратын шығар! – деп, жағымпаздана қалатындары көптен – көп еді. Оның үстiне бастапқы кезде басын соншама бәлеге тiккен, мына бір сорлы да аяқ астынан момақансып қалғандай. Оның осындай мүсіркеулі тұрысы да мұны бір жағынан итермелегендей, сол тылсым күш бұған дем беріп, бар да соғып – соғып, итше тепкілеп ал деп түртпектейтіндей көрінді.
Серікбайдың өзі үшін аса жиіркенішті мүскініне көзін қадап, іштей: «Тұра – тұр бәлем, қазір көрешігіңді көрерсің!» – деп, оны қалайша, қай тұсынан соғарын да кесіп – пішіп, ойластырғандай болды. Сол күйінде талтаңдай баса өзiнiң болашақ «жемтiгiне» жақындаған едi.
Пристав өзінің күрзiдей жұдырығының ананың қай тұсына барып тиетiнiн ойлағанда тiптi де аңсары ауып, еліре түскендей, тіптен есi шығып, сол бір үйреншікті әдетін iстеп қалуға асыға түскендей. Есіндегі талай дөп тиетін жұдырығының дәмі әжептеуiр желіктіре түскендей, тіпті есеңгiретiп тастағандай. Қашан нысанаға қол созымдай, жұдырық сілтердей жерге жақындармын деп асығуда едi.
Жiгiттiң жуаси қалған түрiне қарап, бiр жағынан айызы қанғандай масайрап, тіпті қасындағыларына естірте:
– Бұл сорлы көрсiн менi де, менiң жұдырығымды да – деп, пристав талтаңдай басып жаңағы жiгiттiң қасына таяп келдi де, үйренген әдетiмен оны бар пәрменiмен құлаштай соқты.
Приставтың анау – мынау емес, түйенiң қос өркешiндей болатын, аппақ қолдарының, жуан жұдырығы бар екпiнiмен сілтеніп қалды. Одан арғысы көз бен қастың арасында болды. Жiгiт аяқ астынан өзiне төнiп келген күрзiдей жұдырықтан жалт беріп, басын тез арада тайдырып әкеткенi анық. Оның шапшаң да қағілез қимылын жұрттың көбі аңдамай да қалған секілді. Серікбайдың қимылына көз ілеспес болар ма. Көздеген жеріне жете алмай, қалыс кеткен жұдырықтың екпiнi приставтың өзiн соңынан iлестiрiп әкеткендей, осы кезде тепе – теңдiгiнен айрылған ауыр дене де екпіндей, алдыға қарата сүріне ұмсынғаны бар. Ауыр дененің бар салмағы да оның аяқтарына ауысқандай, сол ауыртпалыққа шыдамаған оның аяқтары да бір кезде шалыныса бастаған сияқты. Пристав болса өзінің бар екпiнiмен Серікбайдан таяу өте беруi мұң екен, ол да қарап тұрмай оны тобықтан ала қырқа шалып қалғаны. Өз денесiн игере алмай сүрініп – қабынып бара жатқан бейшараға жаңағы қырқа шалу да оңай тимей жығылған үстiне жұдырық болды. Бір уақытта түйедей болған пристав бар салмағымен топтың ортасына келiп омақаса құлады. Құлағанда жай құлаған жоқ, жердi сүзе құлады. Ауыр салмақтан жер дiр еткендей болды да, артынша шаң бұрқ ете қалды. Осының бәрі қас – қағым сәтте болды. Бұның бәріне кінәлі приставтың өзі секілді, өйткені оның жұдырығы көздеген нысанаға дөп тимей, мүлт кеткендей болғаны рас. Ал енді оның осылайша омақаса құлауының басты себепкері әрине Серікбай сияқты. Ол өзі жай ғана қарап тұрмай приставтың әрбір қимылы мен жүріс – тұрысын аңдып, бағып тұрыпты ғой.
Серікбайдың өзi мына бір түйедей приставтың қасында сидаңдау, жұқа келген, тарамыстай жіңішке, сырт көзге қораш көрiнгенiмен, бiрақ өзi әбден ширақ, қимылына көз iлеспейтiн шапшаң екен.
Шаң басыла қалысымен, тамам елдiң көргенi тіпті қызық болды. Ендігісі адам айтса нанғысыздау еді. Бұл кезде приставтың үстiне қонып алған Серiкбай оны жүнше түтiп жатқан болатын. Ол астындағы дәу неменің май басқан жуан мойнын дәл кеңірдек тұсынан сығымдай ұстап, қысып – қысып алады. Теңкиген қарынға сидиған аяқтарының тізесін батыра iшке – iшке нұқып, тепкілеп те жатқан сияқты.
Мына жағдайды көрген ауыл кісілерінің кейбірі сасып қалған. Тағы бір бәлеге ілініп кетерміз деп бір сыпырасы теріс қарағансыған. Енді бірі екі көзін бірдей тарс жұмып алыпты. Жиналған жұрт абдырап қалғандай. Бір түрлі аң – таң күйде. Өйткені бағанадан бергi үрейлi, албастыдай бәленi, өздерімен бірге жүрген, күнде көретін Серiкбайлары төпелеп жатыр. Тiптен, приставтың айналаға үрей мен қорқыныш шашқан суық тапаншасы да соның қолында жүрген сияқты.
Ел есiн жиғанша болған жоқ, жiтi қимылдаған жаңағы жiгiт, өз iсiн бiтiрдi де топтың арасынан сытыла шығып, ауыл маңындағы биiк жотаға қарата біресе желе жүгiріп, біресе жортақтай басып бара жатты. Нағылса да, ауыл адамдарына оның бет алысы таныс болу керек. Өйткені, сол жотаның ар жағында оның қаракер аты үнемi тұсаулы, жайылып жүретiн.
Шаңға аунаған пристав ендi ғана өзіне – өзі келгендей. Оның ендігі ұсқыны көзге тым қораш көрінеді. Шамалыдан кейін ол есін жинап, жатып кеп бірдемесін iздей бастағандай. Қасындағылары оның не іздеп жүргенін сезген сияқты. Оған жамырай сөйлеп, тапаншасының қолды болғанын айтты. Абырой болғанда приставтың қылышы орнында сияқты, ол сасқанынан соның сабын қысып – қысып қояды.
Пристав енді ғана өзінің нағыз масқара болғанын сезгендей. Бағанағы әумесерлігінен жұрнақ та жоқ, тек оқта – текте, жан – жағына ұрлана, жалтақтай қарайды. Бұрынғы әуенi бәсеңсiп, ол өзiмен бiрге жүргендерге мөлие қарап:
– Қарақшы қайда…? Ол қалай кеттi? – деді. Оның даусы бір түрлі қырылдай шыққан. Демi бiткендiктен болар, ара – тұра ырсылдап қояды. Тіпті аузын кере қарыс ашып, екі иығынан дем алып, терең тыныс алады. Тынысы тарылғандықтан демін әрең алып отырған пристав ұяттан нарттай қызара түскен. Көздері қып – қызыл боп қанталап кетіпті. Үсті – басын шаң басқан, бағанағы доң айбаттың жұрнағы да қалмаған оның қазіргідей кейпі аянышты еді. Масқара боп, әбден қорланған ол, иегі кемсеңдегендей боп, қасындағыларға:
– Сендер не қарап тұрсыңдар? Неге болыспайсыңдар? Мемлекетке, патшамызға қарсы жасалған әрекет қой бұл – дегеніне олардың кейбіреуі «алысып жүрген өзің, біз қайдан білейік» дегендей, иықтарын бір – бір қиқаң еткізген де қойған.
Пристав Серікбайдың қай жаққа бет алғанын білсе де, оның соңынан баруға дәті жетпеген. Беті әбден қайтып қалған сияқты. Сонысына ыңғайсыздандықтан, өзінше білмегенсіп, бір жағы сасқандай боп, тағы да қайталай сұрап:
– Қайда қарақшы?, ол барып тұрған қылмыскер? – деп ентігіп, сұрағансыған болды. Қасындағылар «өзің де көрдің ғой қалай кеткенін» дегендей қып, таңырқаған пішінмен:
– Қашып кетті, әне анау жаққа қарай кетті – деп жапатармағай шу ете қалып, Серікбай кеткен жақты нұсқады.
– Қалай қарай кеттi? – деді пристав әлі болса да ентiгiн баса алмаған күйi, жан – жағына алақтай қараған. Оның жарықшақтана шығатын үнiнен қорқыныш пен үрейдiң белгiсi қосарлана шыққаны, ендi ғана анық бiлiнеді. Жанындағылар приставтың мынадай масқара да аянышты түрін көріп, бір жағы оны жұбатқандай болып:
– Қайда кетедi дейсiң, келедi өзi иттей болып, сол кезде ұстап аларсың – деп, ақыл айтқансып, мәймөнке тірліктің шетін шығарғандай қылды.
Ауыл қазақтары Серiкбайдың iстегенiн iштей құптап, бір жағы риза болып тұрса да, «мұның арты не болады екен?» дегендей, тұрған бойы қалшиысып қапты. Көңілдерін күпті қыларлық осындай қарбалас сұрақ әр қайсысының ойындағысы сияқты. Бұлардың көңілдерін су сепкендей ғып басып тастаған. Тек қана, бағанағы «Серiкбайжан сен қойшы» деген шал ғана басын шайқап:
– Айттым ғой! Бiр бәленiң болатынын мен бағана сезгем – дедi көзі жасаурап. Түрінен көрініп тұр, өзінің өңі қашып, абыржып тұрғаны білінеді. Ол ауылдастарына қарап, даусы жарықшақтана:
– Тек жүрсең, тоқ жүрерсiң деген! Несi бар едi мына бір қызылкөз бәледе! Ендi бұлар бiздi оңдырмас. Әй, бiреуiң болысқа хабар берiңдер! – дедi. Ол осылай деді де, сасқанынан болар өзінің шоқша сақалының ұшын тарамдай бастаған. Солай сақалын тарамдаған күйі, әбігерге түсіп тұрған сияқты. Қалған ауыл адамдары оның сөзін естісе де, абыржығандықтан немқұрайдылау қалыппен мелшиісіп тұра берді.
Ауыл адамдары қатты абыржып қалғандай, бейжай болған бір күй кешу үстінде еді. Жаңағы шалдың айтқан сөздерін не құптарын, не құптамасын білместен, үндемей қалған. Тек, бағанағы шал ғана қақсап, сөйлегенiн әлі де қоймаған. Бұл жолы да ол қарап отырмай қара аспанды төндiре сөйлеп:
– Бiлдiм мен, осылай боларын! Бағана білгем! Бәле деген осы! Айтпай келедi дегенi тағы осы болар, енді қайттік! – деді жаңағы шал ентіге сөйлеп. Бірақ дәл қазіргідей есеңгірегендей болған күй кешіп тұрғандардың оның сөзiне құлақ салар мұршасы жоқтай еді. Сол состиысқан қалпы, мелшиген түрмен, әр қайсысы өз ойларымен өздері әуре болып қалысқан. Олардың ойларына келетіні, көкейлеріне қонатыны бір–ақ нәрсе – онысы «бұл қырсық бізге қайдан келді, қай жақтан шалды бізді» деген сары уайымның белгісі сияқты ғана. Ең әуелгіде мына сияқтанған беймезгіл жүрген ұлықтар, бұлар үшін жантүршiгерлiк хабар әкелгендей болған еді. Ендігі оның да беті қайтқандай. Шу дегендегі абдырап, абыржу, қорқу дегендердің бәрі адыра қалған секілді. Соның бәрі қазір ешқайсысының қаперіне кірмейтіндей. Өздерін енжарлық пен бейжайлықтың шылауына түсіріп тастаған сияқты.
Тек, бiраз уақыттан кейiн барып бағанағы шал байбалам салғанын қойғандай боп:
– Әй, не қып қарап тұрсыңдар, өңшең бозөкпе, шiрiк немелер! Онан да болысқа мына сұмдықты, жаманат хабарды дереу жеткізіңдер дедiм ғой.
Бiздiң ауылды жау шапты, қырғын болды деңдер. Дәл осылай хабарлаңдар. Оған да айтылатын әңгiме, дауласатын дау табылды ғой. Ер басына күн туған заман болды деген осы – деп, өзiнiң ақ – қылаң шалған сақалының ұшына қайта жармасып, тарамдағысы келген. Бiрақ, абыржып қалғаннан кейiн бе, жоқ әлде шын сасқаны ма, әйтеуiр саусақтары икiмге келмегендiктен, ол сақалын тарамдай алмай, текке бола әуреленiп, иек жағын сипай берген. Бұл шалда өз – өзіне ашуланғандай боп, әлі де болса ішінен бірдеме деп күбірлеп тұрған болатын.
Бiраздан кейiн бағанағы приставты шаңға аунатып, төмпештеген жiгiттiң кеткен жағынан, тасырлатып шаба жөнелген аттың дүрсiлi естiлдi. Неде болса бұл шауып кетіп бара жатқан Серiкбайдың қаракер атының аяқ дүбірі болса керек.
Пристав жан – жағына қарап: «Мына бәледен құтылдым ба, жоқ па?» дегендей болып, бiраз уақыт шауып бара жатқан аттың дүрсiлiне құлақ салып тұрды. Тек содан кейін барып, өзін еркін сезінгендей болды. Бағандан бері төніп тұрған бәледен де, қатар қысып тұрған жаулық пен қатерден де ол осылай құтылғандай болған.
Пристав өзіне – өзі қатты кейіген түрмен:
– « Эх – эх – хе, сеңгіш, аңғал басым–ай, бұл жерде бұғып жатқан қауіп пен қатердің бар екенін қалай аңғармадым?! Киргиздарды қойшы, мына менiң қасымда бiрге жүрген қауқарсыз, өлексе жандардың өздерi–ақ ертең бүкіл Қапал уезіне менiң абыройымды төгіп, масқаралайтын болды ғой! Уездный управительге де мына тұрғандар осының барлығын жыр қылып ох – хо бiр айтады десеңшi!» деп, қасындағы серіктерінің қауқарсыздығына наразы кейіппен, бiр жағы қатты өкінгендей болды.
Бірақ, оның ендiгi бір көңiлiне демеу болғаны – бағанадан бері өзін тығырыққа тыққандай болған барлық қауіп – қатердің жаңағы қашқын киргизбен бірге кеткендігі еді. Ендi бұған қауіптенетін дәнеңе де жоқ сияқты.
Осылайша ойлаған ол: «Шынымен–ақ, құтылдым ба? Жоқ әлде жаңағы сұм тағы да, қайта айналып келе ме?» дегендей боп, Серiкбай кеткен жаққа жалтақтап қарап та алған. Серікбай ендi қайтып келмейтiн сияқты көрiнгеннен кейiн барып, приставтың да көңілі орнына түсейін деген. Ол тұрғандарды өзiнiң сұғанақ көзiмен бiр шолып өттi. Мына тұрғандар жаңағы «пер соққан» немедей емес жуас көрiнедi. Шiркiндердiң бiреуi де қыңқ етпестен сол тұрған қалыптарында тұра беруін қарашы.
Приставтың бағанағыдай болған бiр сыннан өтпей сұсы қашып, бұл қарасында ешбір сес жоқтай көрiнген. Манағыдай айбарының қайда қалып, әзiрейiлдей болған сұсының қайда кеткенiн, өзі де сезбей қалған.
Осы кезде әзірейілдей болған неменiң шынымен абыржып қалған түрiне қарап, өзіне – өзі келе бастаған ауыл тұрғындарына да жан бiткендей болған. Олар енді бір – бірімен ымдасып, күбірлесiп, сөйлесе бастаған еді.
Ендiгi сөйлеп тұрған Жантай сияқты. Ол жасы қырықтардағы, тапалдау келген, жалпақ, бетінде шешектің дағы бар, сары өңді кісі. Өзі жылдам сөйлейді. Кейде сәуегейсіп сөйлейтіні де бар. Ол ұлықтар естiмесiн дегендей қып, даусын шығармастан сыбырлай сөйлейген. Сөйлегенде де, қайта – қайта сөзiн үзiп, тұрған ұлықтар жаққа жалтақтап қарай бередi. Бірір уақытта барып Жантай:
– Ұлықтар бiзге әбден өкпелi ғой деймін. Көрмейсiңдер ме, тұрған тұрыстарынан. Бұлар бiздi еш аямайтын болды. Ендi не iстеймiз? – дедi шошынғандай пiшiнмен. Осы кезде оның бетiндегi шешектiң дағынан қалған шұбарлары да көп анық көрініп, сәл тереңдей түскен сияқты. Сондықтан ба, бет – жүзiнiң бұдырлары алыстан байқаларлықтай боп көрінеді.
Осындай даурығыспен тұрған ауыл адамдары өздерін алғашқыдай емес, бар бәлеге еті үйренгенсіңгендей сезінген. Өздерінің көз алдында ұлықтардың ішіндегі ең үрейлісі мен сұмпайысын Серікбайдың өзі іреп тастады ғой. «Қалғанымыз жабылып Серікбай құрлы бола алмаспыз ба?» дегенге белді бекем буып, шүкіршілік қылғандай. Мейлi, болса да бұлар үшін енді қалған ұлық біткеннің алып бара жатқан пәрмені жоқтай болып көрінген. Қалған ұлықтар дәл ана бір сұмпайысына ұқсамайтын сияқты. Олар бағанағы сарыала киім, қару асынған прістіп құсап, зәрленіп, айбарланып тұрған жоқ қой.
Бәрібір де көренеу көзге ояз адамдары біраз ығып қалғандай болса да ауыл адамдары үшін олардың әлі де болса түсі суық, үрейлі болып тұр. «Ендігі көрешекті бірге көрейік» деп, бұлар «ендi не болар екен дегендей?» боп, иiрiлген қойдай үрпиісіп, бiр – бiрiне жақындай түскен. Олардың ендігі күйзелісі жан сауға мен бас сауға ғана боып тұр. Бастары анық бәлеге шалынғанын өздері де шын сезгендей. Бір – біріне, тек сыбырлай айтатындары:
– Ішімізде бір Серікбайдан басқа сес көрсететiн тірі жан жоқ едi, ендi не болдық? – десіп күйзелсе, кейбіреуі оның өзі қашып, бізді «бәлеге» қалдырды дегендей қып: «Бiз болсақ қалдық. Ал ол болса кетіп қалды. Мұның арты қалай болар екен?» – деп, қыбыр етуге мұршалары келмей қалған едi.
Олардың ендігі бiр – бiрiнен сұрап, айтатындары:
– Ендi қайттiк? Не iстеймiз?
– Бiз не болар екенбiз? Тәйiрi, ендiгi бiзде не қауқар бар дейсiң?
– Не ғайбат қалды десеңшi? – дегеннің төңірегінде ғана боп қалғандай.
«Тас түскен жерiне ауыр» дегендей ауыл адамдарын мынадай бәледен аз уақыт болса да, көңiлiн аударған, iштерiнен суырылып шығып, осының бәрiн өз мойнымен көтерердей болған, бағанадан сенiп отырған Серiкбайы болса жоқ. «Ендi қайтейік?» дегеннің кезi болған шақ еді – бұл дағы.
Тұрғандардың iшiнен бiреуi:
– Ол болса лаңдап – лаңдап алды да, өзi қашып кеттi. Бағанадан бері жерді қалай даулаймыз деп тұрғанда, одан арғы бәлекетке душар болдық қой деймін. Ендi бiздің сенерімiз кім? Бізге қарасты жұрттың арасынан соны түсіндіріп басымызды арашалап алар тағы біреу неге суырылып шықпайды!, Шықса етті?, Серікбайдың жасаған лаңын бiз қалай көтермекбiз? – деген күңкiлдi сөздері ғана естiлiп қалады. Ондай сөздерін олар сыбырлағандай боп естiртедi. Қалғандары үн – түнсiз қалған. Түйілген қабақтары бір ашылмастан тұр.
Бір уақытта бағанағы Серікбай бет алған тұс болар, ауыл сыртындағы жотадан бері түсіп келе жатқан салт атты көрінді. Тұрғандар енді сол жаққа аңтарыла қарап қалысыпты. Келе жатқан өзін көп күттірген жоқ бұл осы ауылдың тайға мінген баласы болып шықты.
Жасы он екі – он үштегі, күнге тотыққан өңi қап – қара, тәмпiш танау, бала – тұрғандарға жар сала келгендей болды. Келе елдің көңiлiн өзіне аударды. Ол жиналған топқа қарап:
– Серiкбайың ызғытты ғой, қаракерге мiнiп, ендi оны мыналарың ұстай алмас – деп, сұқ саусағымен пристав және басқа ояз адамдары тұрған жақты шошайтып көрсеттi. Қапалдан келген ұлық біткен де бала жаққа қарасып қапты. Іштерінде әсіресе төбедей болып өңкиген дәу приставтың қарасы ерекше көрiнедi. Серiкбай жерге аунатқандықтан болар оның үстi – басынан қанша қақса да, әлі де бұрқыраған шаңнан арыла алмай қойыпты. Ол басындағы картузын қолына алып шаңын сілкілеп тұрған. Приставтың дудыраған шашын жел түйенiң шудасындай желкiлдетіп, жаңа ғана қуара түскен бет – аузы нарттай боп қызара шыға келіпті. Ап дегенде, аттың тасырлата шаба жөнелгенiн естiгенде ғана приставтың сұры қашқан өңiне сәл де болса қан жүгiргендей болған еді. Түрi өзгерiп, өңі кіре бастағандай еді. Ол қаһарына қайта кiрердей сұс көрсете бастағандай болды. Ауыл адамдары осыдан қорыққан. Жаңа жотадан шаңды бұрқырата бет алған салт аттыны көргенде оның өңі қайта қуара түскен. Елдің бәрі алғашында салт аттыны қайта оралған Серікбай болар деп жорамалдап қалған. Приставтың түрінің бұзылғаны да сол болатын.
Осылайша ауыл адамдары мен ұлықтар осы бiр дүрдеараздықпен дағдарып тұрғандарында арада біршама уақыт өткендей болды. Пристав болған нәрсеге оп – оңай көнгісі келмей, бастан кешкендерін ауырсынып тұрған. Ендi ғана есін жиғандай болғанда «мына бір антұрған баланың үрейлендіргендей болғанын қарашы». Ол солай ойлап, бала жаққа жақтырмай қараған.
Баланың қаперіне түк кірмеген күйде. Екі езуі жиылмай күле береді. Сол күлкісімен мына тұрған ұлық біткеннің мүшкіл қалын тәлкек ететін де сияқты.
Баланың көңілді, қаннен қаперсіз түріне қарап, приставты ашу басты. Бала болса өздерін місе тұтатын емес. Әсіресе, приставқа қарап айылын жиятын түрі жоқ. Балаға қараған сайын оның ашуы қозған үстіне қоза түскендей болды. Аяқ астынан өзiнiң бойына жинала бастаған ашу мен кегiн қайда жiберерiн бiлмегендей болған пристав, ендi өзінің дағдылы әдетіне қайта басты. Оның ендігі ісі мына балада болып тұрғандай көрінді.
Бұған дейінгі нағыз ессіздей көрінген тәкаппар, жуан қарын приставтың бойында ендігі қалған ашумен қоса өзіне ұғымсыз, белгісіз бір дүлей күй пайда болған. Сондайлық күймен бірге бүгінгі басынан кешкен масқарашылығы да қайтып оралғандай еді.
Приставтың ендігі қалған ашуы мына баланың басына төнді. «Қаз ашуын тырнадан алады» кебімен енді ол соған көшкен. Серiкбайдың өзiне жасағандарының өшiн кiмнен аларын бiлмей тұрғанда, мына баланың алдынан шыға келгені ілікке себеп болды.
Мына қазақтардың тағы да бір шыбындағы жанын шырқыратып алайын деген оймен «бұл иттiң күшігіне не істесем де, ендi өзім білемін ғой» деп шешті. «Әттең, жаңағы өзiн жер қылған Серiкбай екеуiн атарға оғы жоқ. Әйтпесе, көрешікті көрсетер едім ғой» деді ішінен.
Приставтың көзiне «құбыжықтай» көрінген енді осы бала ғана сияқты. Ол болса мұның көзіне жаңағы Серiкбайдың iсiн қоштап, жоғын жоқтап, соның орнын баса қалғандай боп тұрған сияқты. Оның үстіне мына бір сайқал бала өзін мазақ етуiн мүлдем қоймайтындай көрінді. Сондықтан да, пристав оның үнiн қалайда өшiрудi ойластыра бастаған. Қапелiмде не iстерiн бiлмей қалғаны рас.
Бала болса саусағын шошайтып бұлар жаққа қарап сөйлеуiн әлі қоймай тұр. Ол жiп – жiңiшке, сидиған арық қолын пристав жаққа соза түсiп:
– Тағы да мынадай мес қарын, семіз неменi бiраз соққылап, тепкiлеп те алу керек едi. Бөксесін қарашы өзінің, біздің үйдегі туайын деп жүрген қоңыр құнажыннан бір аусашы – деп, бала кеңкiлдей күлді.
Басқаларының мұнымен қосылып күлгiсi келсе де, олай етуге бұларда мұрша шамалы. Осы кезде олардың жалғыз-ақ ойлайтындары: «Ана бәленi онан бетер өршiтiп аламыз ба?» дегендей болып, әзiрге үнсiз қалған.
Мына бала онысымен қоймастан, өзі қор болып, езіліп тұрған пристав жаққа жақтырмағандай түрмен қарап қойып:
– Қызық болды! Серікбайың мылтықты да әкеттi. Кейiн онысын бiзге көрсетер – деді. Баланың қызыққаны да кіп – кішкентай, өзі екі қарысқа да толмайтын мылтық болар. Ондайды ол көрмеген, сондайлықты кішкене мылтықтың болатындығына таң – тамаша болып, бір көруді аңсап тұрған. Бір жағынан ол Серікбайдың қылығына тәнтi боп, сүйсінген болатын. Сол қылықты дәріптейтін қалыппен, қызыға сөйлейдi. Солай дегендей боп ол арасында ауыл адамдары жаққа да көз сап қояды. Онысы «көрдіңдер ме мені?» дегендейі болар.
Баланың барлық қылығынан мына тұрған ұлықтарға деген, әжептеуiр айбар танылғандай. Оның осындайлық айбары ауылдастарына «көрдiңдер ме, мен де Серiкбайдан бірде кем емеспін, сол сияқты ештеңеден тайсалмаймын» дегенді білдіргендей. Бала болса да үлкендердің батылы бармағанды жасады. Онымен қоймай ұлық бiткенге де, мына тұрған өзiнiң руластарына да қыр көрсетiп қалғысы келетіндей.
Баланың мына бір ерекше қылығы ауыл тұрғындарының басқаларына да дем бергендей болды. Енді не болса да, үндемей құтылалық деп, ақырын аңдып тұрғандар, орындарынан қозғалақтап, сәл де болса еркінси бастағанды. Кейбірі тiптi бір нәрсе дегiсi келгендей болып, ауыздарын қомдап, сипалақтап қояды.
Жаңағы бала мұнысымен қоймай, дереу арада маңғаздана қалып:
– Серікбайың ендi мына сияқты албастыларды мањына жолата қоймас – деп, қыршаңқы сөзді қыздыра бастаған. Соның артынша болған жоқ ұлықтар жаққа қарап қойып, оларды мазақтағандай боп, бар даусымен сақылдай күлдi.
Нағыз қызық та, шын мазақ болу да мына келген ұлықтар үшiн енді ғана басталғандай. Күлген кезде баланың тәмпiш мұрны делдиiп, арасында кейбiрi түсiп қалған тiстерiнiң кетiгi көрiнiп қалады екен.
Пристав бір қызарып, бір қуарып, баланың сөзiне әбден зығырданы қайнаған. Ол не істерін білместен, мына баланың үнін қалай өшірсем екен дегенінен айнымаған. Бірақ дәл қазiр оның жолын таппай тұрған.
Ол өзiнiң қазiргiдей бейшара болған қауқарсыздығына да қатты ызаланған. Оның күрзідей, үп – үлкен жұдырықтары да өз – өзiнен түйiле қалыпты.
Баланың мына қылығы жинала қалған ауыл тұрғындарының аздап болса да көңiлiн аударғандай болды. Кейбiреуi әуелі оның қылықтарын сылтауратып күлiп те алды. Қазiрде осындайлық жәдiгерлiкке ауысқан ауыл адамдарының қолынан келгенi тек осы ғана. Осыдан басқа түк те қалмағандай. Бiр жағынан мына бір тосын оқиға сәл – пәл болса да жүздерiн жылытып, үрейлерін басқандай еді. Тағы бір ойдан, егер жылы қабақ танытса ғана мына тұрған ұлықтар жiбитiндей, жылитындай көрiнген. «Әсiресе, күжiрейген ана бiреусi райынан қайтса екен, бiзге тиiспей, өз жөнiмен кетсе екен!» дегендей. Ауыл кісілерінің арасындағы Асылбек деген момындауы, елге қарап мойнын соза:
– Бiз Серiкбай секiлдi ерегеспей–ақ, қоялық – деді, көбінің ойлап тұрғаны да осыған ұқсас жауап еді. Қалғандарының бар бiлгендерi, мұршаларының келгенi де осы жерде болған қырқысты жуып – шайғылары келгендей болған емеурiндей ғана. Ендiгi бұлардың қолынан келгенi де осы сияқты.
Бағанадан берi ашуын кiмге төгерiн бiлмей тұрған пристав, қылышын суырып алып, бiр уақытта балаға тап бердi. Алғашында бала, «мынауың ерледi. Ендi қылышын кiмге сiлтейдi екен, кiмнiң басын шабар екен – ә?» дегендей боп, таң – тамаша қалпында, күнге шағылыса жарқ ете қалған қылыштың кiмнiң басына сiлтенетiнiн аңдаған қалпы тұрып қалған. «Қызық ендi болды, қылыш ендi кiмнiң басына төнер екен?» дегендей болған бала, осыны асыға күтуде болатын. Осы кезде арт жақтан ауыл қатындарының бiрiнiң:
– Өлдiң ғой сорлы! Қаш ендi! Өлтiредi! – деп, жанұшыра айқайлаған ащы даусы естiлдi. Әйелдiң жаңағыдай даусы тұрған кiсiлердiң жанын түршiктiре шыққандай болды.
Әйелдiң даусынан бала селк ете қалды. Басын бұрып дауыс шыққан жаққа қараған еді. Ана жақта топ болып тұрған ауылдастарының әсіресе, солардың арасынан көрiнiп қалған бiрен – сараң әйелдердің үрейлене қалған түрлерін байқады.
Бiр сұмдықтың болғанын бала дереу сезгендей едi. Олардың осындай үрейлi түрiн көрiсiмен, ол да шошына қалыпты. «Мына үрей билеген, ащы дауыс кiмге арнап айтылды? Шынымен де маған ба?» деп, айналасына алақ – жұлақ етiп қарап алды. Бағанағы таяқ жеген, өзi мазақ еткен сұмпайы адамы осы жаққа бет алып келе жатқан сияқты болып көрiндi. Өзiнiң ұсқыны сұмдық қорқынышты екендiгiн, бұл ендi ғана ажыратып, анықтап алғандай. Жас баланың көзiне оның өзi нақ бiр баяғының жын – перiсi мен дәу диюындай болып елестедi. Баланың шын шошығандығы – ендi анық. Ол да осы кезде ішінен бір түрлі боп: «Кәпiрдiң түрi неткен қорқынышты едi» деп қалған. Бір жамандықтың болатындығын сезіп, түсi бұзылып кетті. Өңi қуара түскендей, жүрегі де қатты дүрсілдей жөнелген. Жан жағына жан ұшыра қарап едi. Көзiне пана боларлықтай ештеңе де түспедi. Шошынғандықтан да, баланың бет – аузы тыржиып, бір жағына қисайып кеткендей екен. Ана бiр құбыжық болса өзiне жақындап қалыпты. Оның өзiн қойшы. Оның қолындағы қынынан шығарып алған, жарқылдап, зәре – құтты қашырып тұрған жалаңаш қылышты айтсаңшы. Бәрiнен де, сонысы қорқынышты. Сұсты екен. Сол қылыш ұстаған қол ұмсынып келеді. Басқа біреудiң басын алуға келедi дейін десе, соның өзі тура өзiне қарата келе жатқан сияқты. Тағы да алақтап жан – жағына қарап еді, дәл қазiр мұның қасында өзiнен басқа ешкiм жоқ сияқты. Түсi албастыдай, қолында қылышы бар бәленiң жақындағанын көрiп, жанұшыра бастаған. Бірақ бала көңіл әлі де болса сеніңкіремей «Шынымен–ақ, маған келе жатқаны рас болды ма?» дегендей боп бiр сәт таңырқап, жан – жағына қарағыштай берген. Әлi де болса, бала көңілмен дардай «адамның менде несі бар?» деген ой көңілінде басым сияқты.
Бiрақ, бәрі де баланың ойлағанындай болмай шықты.
Ендігі барлық бәлекеттің бәрі өз басына төнгенін ол анық сезді. Осы кезде оның жүрегi аузына тығыла жаздап, тіптен де қатты – қатты соға жөнелген. Артынша–ақ, ендiгi қауiп – қатердiң өз басына үйрілгенін, ана қылыштың өз басына ойнайтындығын сезгендей еді.
Бейшара баланың бойын сәт сағым шақта үрей мен қорқыныш қатар билеп алды. Оның бойында бағанағы шолжаң еркелiктiң жұрнағы да қалмағандай. Осы кезде оның жанұшыра соққан жүрегi бірде аласұрып, бірде аузына тығылып, ендi бiр сәтте сұмпайыдай көрінген кісінің қолындағы дәу қылыш қылша мойнын талша қылатындығына да еш күмәнi болмағандай едi.
Баланың ойы тек қана қашу болды. Қалайша да қашып құтылу болғандай сияқты. «Қалайша құтылам, қалайша шыбын жанымды мына сұмдықтан құтқарам?!» дегеннен басқа қазір оның ойында ештеме жоқтай. Мына сияқты «кiсiжегiштiң» қанды шеңгелiнен өз жанын қалайда аман алып шығудың жолын бала көңiлмен iздестiргендей болды.
Ол дем арада бұғалық түскен асаудай болып бұлқынып қалды да, бар күшімен тебінгендей болды. Астындағы тайда иесінің жайын сезгендей боп, тұрған орнынан ор текедей орғып ата жөнелдi. Енді бір қас қағымда тайға мінген бала тұрған жердiң шаңы ғана бұрқ ете қалғандай болды да, оның өзі лезде көзден ғайып болды.
Бұл бала да алып ұшқан күйi, Серiкбай кеткен жаққа қарата тартты. Шамалы уақыттан кейiн бала ауыл маңындағы жотадан асып, көзден ғайып болды.
Приставты шаңға аунатып, қаруын тартып алып Серiкбай қашты. Оның артынша келген ұлықтарды мазақ еткендей болған бала да кете барды. Бар қызық осымен тамам болғандай. «Ендi не болар екен?» дегендей қалғандары үрпиiсiп – үрпиiсiп тұрып қалған. Тек қана, пристав ақталғандай болып:
– Айттым ғой бұлардың үлкенi де, кiшiсi де қарақшы, нағыз баскесерлер деп, – ол анадай жерде тұрған ауыл адамдарына қылышын сермеп – сермеп қойды. Ол қылышын қынына салып, шаң болған үстi – басын қаға бастады. Сонан кейiн пристав қасындағыларына бiрдеңені айтып сөйлегендей болды. Оның сөзiне жалғыз–ақ жердiң жайын жақсы түсiнiп қалған жерөлшегiш қана жауап қатқандай болып:
– Бұл жұмыстың осындай жағдайға әкелетiндiгiн, шынын айтса мен сезген едiм. Өмiр бойы өз бетiмен осы даланы кезiп, мекен еткен мына «киргиздар», оңайлықпен жердi бiзге бере қоймайтын да сияқты. Оның үстiне бұлар билiктiң не екенiн түсiнбейтiн өңшең кеще, жабайы халық қой. Сондықтан да, бұлар үкiметтен берiлген әмiр мен бұйрықтардың мағынасын да оңайлықпен түсiнбейдi, тiптi түсiнгiсi келмейтін де шығар деймiн. Бұларға тек қана күш көрсету керек деп ойлаймын. Осыған сiз қалай қарайсыз Ефграф Гордееч?! – деп, ол пристав Куреньковқа мүләйiмси қарады.
Бағанадан берi есесi кетiп, Серікбай сияқтыларды атарға оғы болмай тұрған пристав жерөлшегiштiң мынадай сөздерiн ести сала жерден жетi қоян табылғандай болып, қуанып кеттi. Ол жерөлшегiшке ырза болған түрмен қарай салып:
– Сiздiкi өте дұрыс қымбатты Семен Аркадьевич, бұларға тек темiр жұдырық, онан қалса оқты аямау керек. Бұл жабайылар күннен – күнге бетiмен кетiп барады. Бұларға деген еш аяушылық болмау керек. Сонда ғана бұлар бiздi танитын болады – деді кіжінуін қоймастан.
Осыдан кейін ол аптығын басып алып:
– Әттең, бүгiн өзiмiзбен бiрге екi – үш урядник пен Қапал гарнизонынан бiр взвод солдат немесе казактарды алып шығу керек едi. Сонда ғой, олар бұлардың артын бұрап тырп еткiзбей, көздерiне көк шыбын үймелетер едi. Бәлем осыдан былай, тұра тұрыңдар, сендермен iсiмiз болсын, әкелерiңдi танытармыз! – деп, тісін шықырлата шайнады.
Сөзге Қапал уезi правителiнiң көмекшiсi болып iстейтiн бетi бiр–ақ, уыс болған, сонысын көрсетпес үшiн үнемi самайынан иегiне дейiн сақал қойып бет – жүзін әжептеуiр үлкейткiсi келетін, теке сақал, пiсте мұрын Савин араласты:
– Бұл жерге осылардың болысы әлгi кiм едi Боранбаевты алып келу керек едi. Сонан кейiн барып, тек сол арқылы осының бәрiн жасатуымызға болатын едi. Өздерімен – өздерін айқастырып қойған дұрыс қой. Болысын қыссақ, мына тұрған арамтамақ, надан халық онымен бiрге қайғырып, бiздiң айтқанымыздан шықпас едi. Сондықтан да, келесi наделды аларда болыстары мен старшиналарды бiрге алып жүрелiк – деп мардымси сөйледі.
Осыдан кейiн барып пристав күйменiң үстiне шығып, ат айдаушы отыратын жерiне жайғасып алып, көп қағазға бірдеңелерді жаза бастады.
Ол Бүйен сағасындағы мына ауылда болған оқиға туралы ояздың атына рапорт пен протокол жазуға кiрiскен едi.
Ояздан келген ұлықтарға бүгiнгi күн үлкен масқарашылық әкелгендей болса керек. Әсіресе, пристав Куреньковқа бұл күн естен кетпестей болды. Әрине, пристав үшін бұл күннiң ешқандайлық жақсылығы жоқ, нағыз қаралы күн болып көрінген. Ол басы салбырап, болған оқиғаны бастан – аяқ есіне сап: «Бұдан артық қорлық болар ма?» деп, жақтырмаған адамның кейпімен бет – аузын тыржитып отырды да, осының артынша протокол жазуға кіріскен.
Пристав жазып отырған протоколына: «Қопалы, Сағабүйен, Қарасу болыстығының тұрғылықты киргиздары империя басқару жүйесіне қарсы ұйымдасқан әрекет жасады, жер наделдарын белгілеу кезінде жерді бермейміз деп бүлік шығарды. Онымен шектелмей қарулы қарсылық ұйымдастырды, оны жасаушы бiр топ қаруланған киргиздардың бандасы. Банданы құрушы, оның басшысы да Серікбай Қалибаев деген киргиз» деп, ол аянбастан, ақырзаманды төге, төндіре жаза бастады.
Олар кетiсiмен ауыл адамдары Қопада отырған Омар болысқа да хабаршы аттандырған.
Хабаршыға Садырбайды лайық көрген. Садырбайдың аузына сөз салып тұрғандар, бағанағы болысқа хабар беріңдер деп байбалам салушы шал мен сөзуар Жантай сияқты. Әсіресе, Садырбайдың қасында тұрған байбалам салушы шал, тағы да қара аспанды төндiре:
– Ой, һой десеңшi! Несін айтасың! Болысқа айт, айтқанда тура былай деп айт, ауылыңды жау шапты деп, аттан салғандай қылып айт! Тура осылай айт! Шабар жау шапты. Төнер жау тағы төніп тұр дегенді де анық айтып, төндiре түссеңшi, айызын қандырып – деп, әсіресе байбалам салушы шал осы кезде қара аспанды төндірді–ай кеп. Қасындағы Жантай да одан қалыспай:
– Қоя тұр. Ендігісін мен айтайын. Қонысымыз қолды болды. Бiзде жер қалмады. Өзiңнiң аталасың Серiкбайды – өкiметке, Қапалдан келген ұлықтарға қарсы шықты деп, бүлiк басы адам еткелі жатыр. Ал, Серiкбай болса қашып кеттi. Ендi ұлықтар соны iздететiн болды деп айтарсың. Осыны ұмытпағайсың – деп тапсырған.
Осылайша, iштерiндегi Садырбайды естiлеу санап, үлкендер жағы оған болысқа барғандағы айтылар сөзді үйретiп – үйретіп жіберді.
Ауыл адамдарының байбалам сала айтқандарын Садырбай үндеместен, селсоқ қана тыңдады. Онысы өзіне аян. Елдің айтқан сөздері мен берген ақылы өзінің де көкірегінде сайрап тұр. Оны болысқа қалай жеткізуді де өзі біледі.
Кеш қарайып қалған шақта Садырбай жолға шықты. Астындағы көк құла атты тебініп қойып, ентелей қатты желіп, кейде шоқырақтата шауып, Садырбай бүлік шыққан ауылдан алыстай берген. Беталысы Омар болыстың ауылы.
Төртiншi тарау
Алатаудың кішірек бір сілемін бұл жақтың қазақтары Қаратау деп атайды. Оның өзінің бас аяғы қысқа, асып бара жатқан заңғар да, зәулім де емес, әйтеуір тау.
Сол таудың өзiнiң атағын Алатаудай ғып, тау атанғандығымен де, тау ұғымынан гөрi қат – қат болған, биiк қыратты, жоталарға көп ұқсайтын.
Осы Қаратаудың иек астында – иірілген судан пайда болған қалың құрақты саздауыт жерлер жазықтау болып кететiн.
Сол бiр жазықтау даланың арғы жағы – сонау Балқаш көліне дейін созылатын құмдауыт шөлейтке айналады.
Жаңағы құрағы мен қамысы жайқалған, қопасы былбыраған, саздауыт жерлер Қопа аталынып, Ақсу мен Бүйен өзендерінің бойын қуалап кететін кең жазықтың атаулары да көп болатын. Соның, Қаптағайдың Дуан атасының жайлайтын қоныстары: Иірім, Сағабүйен, Қопа, Қарасу сияқты жерлер.
Омар болыстың ауылы отырған тұс та, осы Қопаның аяқталар жердегi өңшең тұма мен бұлақтардың суынан пайда болатын кiшiрек Қарасу деген өзеншенiң бойында болатын. Жаңағы Қарасудың басы Көкөзек деген жерден басталып Қарағаш қалашығын басып өтiп осылай қарай ағады.
Омар болыстың ауылы кенттi жерлер: Абдыра, Тасбекет пен Қарағашқа тіпті жақын орналасқан едi. Бұл жерлер оның ата қоныс мекенi саналатын. Омар ауылының жайлауы да осы тұста, Иірімге жақын, қырқа – қырқа болып кете барады. Қаптағайдың Дуан атасына қарасты қоныстың ең шұрайлысы да осы едi.
Бұл маңның әр жерінде су иiрiлетiн ойпаттау жерлер көп болатын. Сонымен бiрге бұл жерлердiң өн бойы толған шағын көлшiктер мен су тоспаларына бай, мол суымен белгiлi еді. Оның үстiне аяқ астынан кездесе беретiн бұлақтар да бұл жақта жеткiлiктi. Осындай құтты мекен жер, төрт түлiгi сай елдiң қонысына айналған.
Күн еңкейіп, көз байланған шақ. Ымырт ендi басталған. Садырбай аттың басын жіберіп – жіберіп алса да, қараңғы үйiріле жүрісін сәл бәсеңдеткен. Онысы, абайлап жүрейін әйтпесе, жол – жөнекей кездесе беретiн жаңағыдай көлшiктер мен тоспалардың біріне ат – матыммен бірақ тоғырмын деген секемі еді.
Әр жерде, шоқ – шоқ болып қонақтап отырған торғай біткен ат тұяғынан шошып пыр – пыр етіп ұшып жатыр. Бұған тек, Садырбайдың астындағы аты ғана құлағын елеңдетіп, аздап үріккендей болады
Осы кезде дәл маңдайдан ай туды. Көзге түртсе көргісіз қараңғылық сейіліп, айнала сүттей жарық болып шыға келді. Ендi бағанағыдай көз байланған қараңғылықтан құтылғанына Садырбай қуанып келедi. Көтеріле берген көңілі лезде су сепкендей басылды. Жаңа ғана өзі шыққан ауылындағы у – шу соның бәрін басып тастағандай етті. Қараңғы түндегі жарық айды көріп енді ғана тұтанайын деген көңіл қошы да томырыла қалған. Садырбай қайтадан көңілсіз күйге түскендей болды. Астындағы атын қайта – қайта тебініп қойып, баратын жағына асыға түскен.
Бір уақыттарда, алдыңғы жақтан үрген иттердің даусы естілді. Садырбайдың астындағы аты құлақтарын жымитып алған, онысын біресе алдыға, біресе артқа үздiксiз бұрып, тың – тыңдайтын сияқты. Сыздауыт жердiң шыбын – масасы мұрнына кiрiп мазалап, есiн шығарғандықтан, анда – санда пысқырып та алады.
Сәл жүре түскеннен кейiн Садырбайдың мұрнына бықси жанған жаппа тезектің ащы исі келгендей болды. Артынша-ақ, әр жерден жылтылдаған оттың да жарығы байқалды. «Иә сәт, болыстың ауылына да келдік, әупiрiммен» деп, Садырбай жүрер жолдың бір басының аяқталғанына қуанып, разы болған түрмен өзінше шүкіршілік етiп жатты.
Ол осылайша ауылдың түстiк жағында отыратын Омар болыстың ауылына да қас қағым сәтте жетiп келген еді.
Садырбай үшін ендігі қиын шаруа – ол болған жағдайды болысқа айтып жеткізу болып тұрғандай.
Мынадай суық хабар әкелгенi үшiн болыс оны маңдайынан сипар дейсiң бе? Садырбай мұны бiледi. Өзiн бiр жаманат хабар қуып, ерiксiз осы жерге әкеле жатқандай көрдi. Ол осыны ойлап, тiксiнiп бiраз тұрды.
Өзiне – өзi тiптi кейіген кейіппен: «саған хабаршы бол деген кiм бар!» деп қойды томсара түсiп. Сөйттi де, көрген – білгенін есіне түсіре түскендей боп, iшiнен: «нар тәуекел!» деп алды да, Садырбай болыстың он екi қанат ордасына кiрiп кеттi.
Түнделетiп, суыт келген Садырбайдың жүрiсi Омар болысты шошындырып тастаған. Жайшылықта бұлай жүрмес адамның мынадай суыт жүрiсiнен секемденген Омар:
– Әй, не болды! Жайшылық па? Ауыл – аймақ, мал – жан тегіс аман ба? Мына жүрiсiң не? Түнделетiп не көрiндi? – дедi, бiрiнен соң – бiрiн бастырмалата сөйлеп.
Садырбай екi иiнiнен дем алғандай боп, күрсiнiп қалып:
– Ой – бу, түгi де жай емес болысеке! Тiптен де жай емес! Елiңiздi жау шапқаннан бетер қылды! Шiркiн–ай, бүгiнгi күннiң қараңын–ай, сорлап қалдық қой! Тым құрыса етегiмiздi де жинай алмай жем болдық қой, түге – деп, Садырбай iшiн тартып ап, күңiрене, сарнай жөнелген.
Омар болыс бей уақытта келген Садырбайды не айдап келгенін білмей, әр түрлі жорамал ойларға беріліп: «Күні кеше ғана Арасан елiнде Сейiтбаттал болыстың бүкіл Тоғыз Матайды шақырып Мұхамеджан деген Садырдан шыққан, өзі орыс оқуын оқыған, үлкен бiр ұлықпен осы елдiң кісілері кездескен едi. Ол кезде ел іші Садырбай айтып тұрғандай «жау шаппаған», тыныш болатын. Тағы не боп қалды?! Соған байланысты бiрдеме болды ма екен? Бiрақ, ол Мұхамеджан мен қазақтан шыққан патшаның ұлығымын демей–ақ, сайлауда әне бiр орыстың құрылтайына сайласаңыздар қазақтың жеріне шойын жолда саламын, осы жерді көгертетін болармыз деген жоқ па едi?. Соның арасында тағы не боп қалды елдi жау шабардай?» деген Омардың ойлары қым – қиғаш болып, өзі де дамыл таппай кетті. Оның жан – дүниесі де, аяқ астынан бұзылған ой секілді аласұрып шыға келген. Омар ендi шым – шытырық болған ойын тиғандай қып, бір жағы Садырбайдың сөзін тезірек ұққысы кеп:
– Әй, Садырбай жетедi мына күңiренуiң! Тоқтат маған жоқтау айтуыңды?! Онан да маған тұспалдамай турасын айт?! Не болды? Өзiңе бiрдеңе көрiнейiн деген екен, күңiренген неме! – деп, даусын қатты шығарып, Садырбайды қанталай бастаған көздерімен атып жібере жаздады.
Бұның өзі Садырбайға енді болған жағдайды айтуға болады деген белгідей көрінді. Садырбайға да керегi осы сияқты. Болыстың сөздерiн ести сала, ол жалмажан басын көтерiп, болыстың адырайған көзiне бiр қарап қойып:
– Ойхой, Омеке–оу! Күнi бүгiн Қапалдың бүкiл ұлығы бiздiң сорлы болған басымызға сау ете қалмасы бар ма. Келе сап, құдай атқырлар ат ойнатып, қағазға жазып алғандарын оқып шықты – деп, Садырбай демін ішіне тартқандай боп, сәл кідірді. Сонан соң, болыстың өңі қашқан жүзіне бір қарап алып, осының арасында, бір жағынан күні бойы Қапалдан келген тілмаштан ала алмай жүрген өшім осы болды деп, ішінен: «ендігі шаруам аш тазыша сумаңдаған Сеңгірбай ит сенімен болсын» дегендей қып:
– Артынша, солардың әлгi сумақай тiлмашы бар ғой, өзі түлкi алатын тазыға ұқсаған Сеңгiрбай деген, онысы шықты ыңылдап, «мына жердің бәрі жарлық бойынша қазынаға кеттi» деп.
Осыны айтып, Садырбай аз бөгеліңкіреп, Омар болыстың қуқыл тартқан жүзіне үңіле қарады. Осы кезде оның бір қуарып, бір күреңіткен жүзінен анық абдырағандықтың белгісін байқады. Сол арада Садырбай дағдылы әдетіне басып, әмбе бағанадан бері ызасы өткен Сеңгірбай тілмаштың иін тағы бір қандырғысы келіп кеткен. Енді соның кезегі келгендей болғанына айызы қана түсіп, Сеңгірбайды тағы бір іліп кетуді ойластырған. Ол жағы Садырбайдың өзіне аян, үйреншікті тәсіл.
Сеңгірбай тілмаштың иттігін болыс қалай қабылдар екен, не дер екен дегендей қып, Садырбай енді сырлы көзбен Омар жаққа қараған. Бірақ, болыс әзірге Сеңгірбай туралы ләм – мим деп ауыз ашқан жоқ.
Садырбай өзінің Сеңгірбайдан ала алмай жүрген өші бардай, оны өлердей жек көретін. Өйткені Садырбай үшін ол да Қапал оязына жақын адам болып саналатын. Бір жағы оның осындай кісі болғанын да қызғанатын сияқты. Садырбай үнемі сол туралы естісе болды, Сеңгірбайға қатты наразы болып: «Кеше ғана кісі есіігінде жүрген жетімек еді, Қапал ноғайларының отымен кіріп, күлімен шығып жүріп, орысша үйреніп алды. Бүгін енді тілін бұра шайнап, кісімсіп отырғанын көрдің бе?!» деп, Садырбай өзінше ішінен тісін қайрап, оны соншама жек көретін. Бұл тұста ол Сеңгірбайды да жаманаттың ішіне алдымен қосқаны сол болатын. Садырбай енді даусын соза:
– Сол, сол–ақ екен, тамам ұлықтарың кеттi дейсiң кеп. Сендер босатасыңдар бұл жердi! Өздерiң қайда кетсең, онда кет! Мейлi Балқаш кет! Мейлi құмға кет! Сол жаққа қарата көшiңдер, со жақты бетке алып, көше берсеңдер болады деп. Әйтеуiр, Иiрiмнен ары қарата терiстiк жаққа, құмға қарата үдере жөңкiңдер деп, әлек салғаны ғой. Бұл қалай болды деп тұрғанымызда? Сондай сұрауды айтатын адам да табыла кетті. Қысқасы осындай сұрауды оларға Қалибайдың Серiкбайы қойды ғой. Олардан осылай деп, сұрағанның алды да, сол болды – деді. Сөйтті де, Садырбай тағы да көзінің астымен болысқа қарап, бұған қалай қарайды екен деп, алдымен болыстың бұған деген райын аңдап алғандай боп. сөзін сәл кідіртті.
Еңгезердей, кесек тұлғалы Омардың түсі бұзыла бастағанын байқап, «қой, осы әңгімені тезірек бітірейін» деген сыңаймен ол енді бастырмалата сөйлеп:
– Серiкбайдың айтқанының бәрi дұрыс. Жөн ғой, Омеке! Бiрақ та, соның өзi аяқ астынан елге араша түсемiн деп, ақыры оңбай таяқ жедi ғой. Серiкбай байғұс «неге бiз кетедi екемiз» деуi мұң екен прiстiп деген iшiндегi сарыала киiм киген, қылыш пен мылтық асынған бiр дәуi бар екен. Мен бiлсем – солардың арасындағы ең ессiзi де, ең бiр әпербақан, есерсоқтауы да сол болу керек. Соның өзi алдымен тиiсiп, бастады ғой әңгiменi. Прiстiбiң бiресе Серiкбайға мылтық ала жүгiрдi. Бiраз оның өзiн иiн қандырып сабап та алды, Серiкбай бейшараның өзi ақыры әрең қашып құтылды. Бірақ та, мен білсем, прістіптің мылтығы да соның қолында кетті–ау деймін. Солай болар–ау! Оны ала қашпаса, бар ғой, оның өзін жазым етер еді – деп, Садырбай көрген – бiлгенiн Омарға осылайша айтып жеткізді.
Айналасы сүт пiсiрiм уақытта, ол болған оқиғаны қисынын келтіре, бастан аяқ болысқа айтып шықты.
Серікбайды жамандыққа қимастан, бір жағы оны арашалағандай боп, ақыры оған таяқ та жегізді, қашқын да қылдырды.
Омар болыс мына хабарды естіп, бір сұмдықтың болғанын сезді. Еңгезердей болыс қабағын қарс жауып, екi иығын кезек – кезек қомдап қалғанда иығына желегей жамылып отырған қара мауыты шапан сусып жерге түстi. Бағанағы – бағана ма, түсі онан сайын бұзылып, қатты түксиіп алыпты. Ол барлық өшiн мына хабарды алып келген Садырбайдан алардай боп, оның жүзіне тесіле қарап, оқты көзбен ата қарап:
– Тек жүрмей. Нелерің бар еді оларда? – дедi. Дауысында зiл мен бірге айта алмай отырған өкiнішінің де табы бардай көрінді.
– Білмеймін, Омеке! Құдай ақы, шын айтам, бiздiң ешбiр жазығымыз жоқ – деп, Садырбай ақталғандай үнмен жауап беріп. Өзі болыстың енді шын ашуланғанын сезіп, манағы айтқандарын болыстың тағы да қайталап сұрайтынын сезіп, іштей соған дайындалғандай болды. Оның үстіне Омардың ажары бұзылып, бойын ашу кернегенін көріп, елең ете қалғаны бар. Бір нәрсенің болатынын сезіп отыр. Бұл әңгіменің алдын – ала немен аяқталатынын да іштей болжап қойған. Соның алдын алу үшін Садырбай бағанадан бері өздерінің әсіресе Серікбайдың істегенін ақтағандай сөздердің қисынын келтірген. Қазір де ант – су iшкендей болып отырғаны сол болатын.
– Олай болса Серiкбай не үшiн қашты. Ояздың пiрiстәбiн кiм сабады? – деп, болыс Садырбайды қыспаққа ала бастады. Оған Садырбай тағы да осыған дейiнгi сөзiнен танбастан:
– Бiлмеймiн Омеке! Қалай басталып, қалай аяқталғанын? Әйтеуiр ол өзi алдымен Серiкбайға соқтыққан, сонан кейiн Серiкбай байғұсты таяқтады кеп, ол өзi әрең дегенде қашып шықты – деп, Садырбай бәленi қарсы жаққа жауып, бет қаратпауға айналды.
Садырбайдың осы сөздерiнiң астарында не жатқанын Омар болыс сөзінің аңдасынан байқап, ашып айтпаса да, іштей бiлiп отыр. Қазір болыс қалайда iстiң анық – қанығын байыптап алғысы келген сияқты. Сондықтан болыс Садырбайдың ойындағысын анықтап білгісі кеп:
– Олай болса, сен маған мынаны айтшы – таяқ жеген Серiкбай болса, онда ол неғып қашып кеттi, неге анау антұрғанның мылтығын тартып әкеттi?! – деп, болыс тақымдап қоймай қойды.
Садырбай бұл жолы да жалаң бұлғаққа сап:
– Ойбу Омеке, шындығына келгенде бізде ешқандай жазық жоқ! – деді Садырбай бейкүнә адамның кейпімен. Өзі де осы кезде аяқ астынан мойнына су кетiп, момақанси қалған түрменен, ол тіптен ештеңеге қатысы жоқ адамның кейпіне кіріп, аяқ астынан жуас, ынжық бола қалған адамның мінезін көрсетті.
Садырбайдың мұнысы жасанды қылық. Сырт көзге осылай болып көрінгенмен, Садырбай үшiн бұл уақытша жасалатын алдамшы мiнез. Оның көп қулығының бiрi ғана. Тiптi, Садырбайды осы сөзді жеткізуге сорлатып, зорлап жіберген адам екен деп қалуы да ғажап емес еді. Бірақ бұл оның болыстың ашуын басу үшiн ғана жасап отырған айласы. Жайдан – жай, аяқ астынан жасалатын ыңғайының бірі. Ол қазір мұны болысты сабасына түсiру үшін жасаған еді.
Ел iшiнде Омар болыстың алып күшi, бiр тоға, дойыр мiнезi де белгiлi болатын. Сондықтан, мына болыстың қамшылар жағына кез болмайын деп, Садырбайдың жасап отырған бұл да бiр тәсiлi сияқты. Осыған ұқсас әдiстердi – ол әр кез, әр қалай жасайтын. Тіпті, осындайға әуестігі орасан зор, әрі тәсілқой болатын. Мұндайға ол әбден машықтанып, үйреншікті әдетке айналдырған.
Қазір де, ол болысты сабасына түсіріп алу үшін, мүләйым күйге көшкен түр көрсетіп отыр. Әйтпесе бар ғой, былайша айтқанда оның бiлмейтiнi жер астында, өзінің көрмеген құқайы жоқ. Көрген көрешегі бір бұл болмағаны белгілі. Оның көрмегенінен – көргені көп, сан – алуан сөзді, бір айтқаннан қағып алатын – нағыз сұңғыланың өзі. Сондықтан да Сағабүйенде отырған ауылдағылар мұны бекер хабаршы қып болысқа аттандырмаған.
Садырбай болса Серікбайдың бүгінгі жасағандарының арты ауыр болатынындығын түсінген еді. Ол – ол ма, бұл оқиға елді де оңдырмайтынын сол жерде тұрғанда–ақ, тұспалдаған. Мына болыстың алдында соның бәрін бiрден айтса, бір ұшы өзіне де соққы болып тиетінiн сезген. Әрине, болыс оған бiрден: «Сен сияқты ауылдың ақыл айтар ақсақалы мен қарасақалы қайда қалды? Не жын қақты, іштеріңдегі бір тентекті тоқтата алмасаңдар» десе, «қайттім?» дегенді де, ойлаған. «Бірақ амал не? Болар іс болды, бояуы сiңдi. Ендi айт не – айтпа не. Бәрiбiр болған іс орнына келмейді» деп те ойлаған. Осы жайды ауылдағылардың біреуісі тезірек болысқа жеткізуі керек екендігін де түсінген. Қазіргі ел тізгінін ұстап отырған болысқа бұл оқиғаны тезірек жеткізсе екен. Олай етпесе бүлінген ел мен қолды болғалы тұрған жердің ыңғайы қалай болатындығына өзінің өресі жетпей, аңырайып қалған. Сол үшін де осы жайсыз сөзді жеткізуге келісім берген.
Омар болыс бар кәрін бойына жиып, қайтадан Садырбайдың қуқыл тартқан жүзінен көзін алмай:
– Ондай болса сені маған не үшін жіберді? Ешнәрсені көрмесең, ештеңені білмесең. Не үшін келдің? Менің көркімді көруге келдің бе? – деп, зекіре сөйледi. Оның даусы алғашқыдай емес, дiрiлдеп шығады. Болыстың үні бұл жолы Садырбайға аса зiлді болып сезілді. Түрінде қатты өкінгендік пен кейістік, сонымен бірге налу да бар.
Омардың мынадай сұсты түрiнен, адам шошырлық кейпінен бастапқыда Садырбай үндемей құтылған. Ол болыстың ашуы әбден басылсын дегендей қып, басын шұқшита еңкейткен күйі, жүгіне төмен қарап отырып алды. Өзі осы кезде бір нәрсені күтiп отырғандай.
Тек, арада бiраз уақыт өткеннен кейін барып болыс аздап болса да сабасына түскендей болды. Садырбайға да керегі осы еді. Аздаған үнсіздіктен кейін, болыстың ашуының басылғанын байқаған ол – оқиғаның тура қалай басталып, қалай болғанын, істің мән – жайын бастан аяқ айтып берді.
Бетінің түгіне дейін үдірейген Омар болыстың сарысы мен ақшылы араластау өңі күреңітіп, тағы қайтара қаны бетiне ойнап шыға келген. Ендi жаңағы күреңiткен жүзi қызарып, көздеріне дейiн қып – қызыл болып қанталап тұрғандай. Ол қайтадан ширығып, киiп кеттi:
– Сендердің жазықтарың болмаса, Серікбайды неге баспадыңдар? – деп, болыс Садырбайға қайтадан қадала қалды.
– Ойбай–ау, Омеке! Олардікі нағыз зорлық қой. Тападай тал түсте, жайлап отырған қоныстарыңды тастап, шыға берiңдер дегендеріне жол болсын. Біздің үндемейтін момындығымызды бiлгендей болып келiп отыр. Сонда бiздi ит сияқты айдалаға қуалай бермек пе? – деп, Садырбай енді ашу шақырып айтты. Сүйтті де, енді бағанағыдай емес Омардың жүзіне көзін тайдырмай қарады. Оның да енді ашулана бастағаны белгілі болды.
Омар болыс қанша ызаланса да, ашуын ақылға жеңдірiп: «құр бос ашу не берер дейсiң? Онан да осыны қалай да ушықтырмай алдын – алуға болады» деп ойлап, соның жолын түгендеуге көшкен. Болыс енді ішінен «жердi қалай сақтап қаламыз» деп, iштей өзiнше бiр тоқтамға келгендей болған.
Енді ол сабасына түскендей раймен сөйлеген. Бірақ әлі де болса көкейіндегі ренішi мен өкінішiн жасыра алмағандай үнмен:
– Өздері сылтау таппай, ілік іздеп отырғандарға мыналарың тіпті жақсы болды. Енді жерді даулаймыз ба, жоқ әлде бұзық болған елді даулаймыз ба? – деді болыс қатуланып. Оның қабағы түйілген күйі, үні қатқыл шығады. Кейде оның даусы қатты өкінген адамның пейілін білдіре, жабырқағандай да болып тұр.
Садырбай айтарын – айтып болысымен, біраз уақыт жым – жырт боп, тынышталып қалған болатын. Бірталайға дейін үндемей отырғаннан кейін барып, ол астынан су шыққандай болып, қозғалақтай бастады да:
– Омеке! Мен қайтайын. Елге не дейін? Сіз не айтасыз? Не жасайық? – деп, бірінің артынан бірін созбақтата сөйлеп, сұраулы үн қатқан едi.
Болыс үнсіз отырған қалпы, ар жағын салмақтап, ойланып отырды да, ақыры өз байлауын айтты.
Омар елге қазір дұрыс ақыл бермесе, біраз дүрмектің басталатынын сезді. Соны аңғартып, ол Садырбай жақты көзімен сүзе қарай, сөйлеп кетті:
– Болар іс болды. Ел босқа дүрлікпесін. Аз уақыт сабыр сақталық. Оязбен хабарласайық, араға кісі салайық. Елмен де ақылдасайық. Барлыбекке кісі жіберелік. Ең алдымен ел ішін байқалық. Ақырын бағып көрелік. Қазір құр дүрмекке салынып, ел арандап қалуы мүмкін. Осыдан кейін барып, өзі де бір жағына шығып қалар. Арты белгілі болысымен, кейiнгi қамды соның ыңғайына қарай жасармыз – деді.
Садырбайдың – сұрасам ба, сұрамасам ба, екен дегендей болып барып, күмілжи шыққан:
– С-ер-ікбай… , не істесін? – дегеніне, Омар оған мысқылды түрмен қарап, кекесінді үнмен:
– Серікбай істейтінін істеді. Онан артық не қылсын. Енді бір өзіне сенер болсын. Есебін тапса қолға түспеуге тырыссын. Қолға түссе, оңдырмайды оны! Осыны оған дабыра етпей айтыңдар! – деді болыс.
Аз – кем уақыттан кейін барып:
– Ол жағын тағы ақылдасармыз. Әзірше ол көзге түспесін. Жасырынсын. Тағы да қайталаймын мұның барлығын дабыра ете бермеңдер. Екі – үш күннен кейін жолығармыз. Елмен кездесіп, кеңінен отырып ақылдасармыз – деп, болыс сөзін аяқтағандай болды.
Ол енді саған айтарым жоқ, кете беруіңе болады дегендей қып, Садырбайға қарап иегін қағып, ишара жасағандай етті.
Садырбай малдасын жазып, орнынан атып тұрды. Басына қоңырлау пұшпақтан жасалған, дөңгелек бөркін киіп, қолына әдемiлеп қайыстан өрiп, сабы еліктің алдыңғы сирағынан жасалған, әр түрлі жылтырауық темірлермен нақышталған, қысқалау келген қамшысын ұстап:
– Ал, Омеке, рұқсат болса, мен кеттім! – деп тағы Омарға қарады. Болыс үндеместен, томсырайған күйі, тек қана басын шұлғығандай болды. Садырбай күйбеңдеген қалпы үйден шығып жүре берді.
Шамалы уақыттан кейін барып Омардың құлағына түнгі тынық ауаны жарып шыққандай болған, шаба жөнелген аттың тұяғының тасыры естілді.
Омар болыс өз – өзiне күбiрлегендей боп: «Садырбай кеттi шауып, қазiр ол Бүйен сағасына жетедi. Айтатынның бәрiн елге айтады. Болыс бiр амалын тапқанша тұра тұралық, сонан кейiн көрермiз деп айтар» – дегендi ойлап, көзiн жұмып тағы да ойланған қалпында отыра берді.
Аяқ астынан қоныстарынан айрылғалы тұрған аталастарының күйi, оның ұйқысын қашыра түскендей. Оның үстiне осыған байланысты даудың туғаны да жақсылық емес. Екi жақ та бiрiнiкiн – бiрi ұғыспағандай.
Осындай толғаныстан кейін барып Омар: «Мен қалай жасасам екен. Алдымен қалың Қаптағайға хабар салайын. Барлыбекке де кiсi жiберiп, кеңесiп, ақылдасалық» – деген ойды ары қарата өрбiткендей боп, ақылға салып жатты.
Осындай қалың ойдың жетегiне түскен болыс ендi ғана таңның ағарып ата бастағанын байқады. Есiне аппақ болып, құлан иектенiп, атып келе жатқан таңның белгiсi түскенде ғана барып, ол iшiнен:
– Е – таң жарықтық та, атып келедi екен ғой – деп қойды.
Осы түнде Омар болыс ананы бiр, мынаны бiр ойлап, сол ойларын елеп – екшеп, таң атқанша ұйқы көрген жоқ. Оның ұйқысын бұзған да аяқ астынан болған мына бiр оқыс оқиға еді.
Лезде сүттей ұйып отырған ел – жұрттың астан – кестеңi шығып, берекесі кеткен дүние болып шыға келді. Осыны ойлаған сайын оның мазасы қаша берген.
Айналасы бiр түннiң iшiнде Омар болыстың көзi шүңiрейiп, ұрты суалып шыға келген. Уайым бәрiбiр де өз дегенiне жеткізбей қоймаса керек. Алпамсадай адамды титықтатып, мүлде қажытып тастағандай етті.
Омар болыс оқшау қалып, өзінше бір күй кешіп отыр. Өз ойымен жалғыз қалғандай болған ол көрер таңды көзімен атқызды.
Бесiншi тарау
Бүйен сағасында отырған ауылда болған осы оқиға бүкiл Қапал өңiрiн дүр сiлкiндiргендей болды.
Қапал оязы Павлов осыған байланысты өз әмiрiмен Тоғыз болыс Матайдың би, болыстары мен старшындарын жинаған.
Заң өзгерiп, заман өзгергенге дейiн үш дуан ел болған Матайың тоғыз болысқа, оның бiр атасы Қаптағай – төрт болыс елге айналған.
Тоғыз болыстан жиналған жиыны алпыс қаралы кiсi, өңшең iрiктеп алғандай кісілер едi. Олар кілең жақсы ат, қоңыраулы күйме мiнген. Бағалы, тәуiр киiм киінген. Сырт пiшiндерi тоқ, бет – ауыздары жып – жылтыр, ұрттары томпиған, бұғақтары бұлтиып, мойындарына iлген болыстық, билiк, старшындық белгiлерiн салақтата тағып келісті. Онымен қоймай соңдарынан кандидат, тiлмаш, атшабар, ат айдаушы сияқты нөкерлерiн қоса ертiп, бiр қора болып жүрген сыңайлары бар.
Сырт келбеттерiне қарағанда бұл жиналғандардың өздерi өңшең осы өңiрдiң нағыз ығай мен сығайлары, өңшең шынжыр балақ – шұбартөстерi екені көрініп–ақ, тұр.
Жоңғар Алатауының бөктерiне тақау салынған Қапал қаласы бүгiн жүргiншiден тiптi жыртылып – айрылардай болған тәрiздi. Ат тұяғы мен арба дөңгелегiне әбден тапталған қала көшелерімен бiресе күймелi арбалар, ендi бiрде пәуескi мен дрожкалар, онан қалса салт аттылар шауып өтсе болғаны жолдардың шаңы көпке дейiн бұрқырап тұрып алады.
Қаланың ортасын қақ жарып күншығыстан – күнбатысқа қарата Тамшыбұлақ атты үлкен бұлақ ақса, күнгейден – терiстiкке қарай кiшiгiрiм Қапал өзенi ағады.
Қапал қаласының ең жанды, тірлігі қайнаған тұсы да осы маң. Бұл жердегi ұстаханалардың басқан көрiктерiнiң дыбысы, төске сап қызған темiрлердi соққан қомақты балғалардың үнiмен қосылып, өзендердiң бойына салып тастаған су тиiрмендерiнiң шанақты дөңгелектерiнiң сықырымен бiрге әжептеуiр шуға айналдырып тастаған.
Әсiресе, су тиiрмендерiнiң зыр қағып айналатын дөңгелектерi кейде сықырлап кетсе, кейде шиқылдай қалады. Бiрақ, әйтеуiр бiр дем алмастан бебеу қағып шыр көбелек айналады. Оның әсіресе сықырлаған даусы тiптi алыстан естiлiп қалады.
Қапалдай шағын қаланың – ең үлкен орталық көшесi де әскери бекiнiс тұрған көше едi. Осы көшенiң құбыла жақтағы кiре берiсiнде кiшiректеу мешiт орналасқан. Қапалдан Арасанға, Ақешкiден Қапалға апаратын үлкен қара жол да осы көшемен жалғасады.
Сауда өнеркәсiбiнiң iрi алпауыты саналатын Семейлiк бай Тыныбайдың өзi Қапалда мешiт салдырып, керуен сарайларын ұстайтын болған.
Қапалдағы терi өңдейтiн екi зауыттың, кiрпiш шығаратын зауыттың, ұста дүкендерiнiң, мұғалiм Фатих Садықов ұйымдастырған кiтап дүкенiнiң, сол сияқты сексеннен астам iрiлi – ұсақты дүкендердiң өнiмдерi айналадағы халыққа кеңiнен мәлiм болатын.
Шамасы Қапалда алты жүзден астам үлкендi – кiшiлi үйлер, үш бiрдей мұсылман мешiтi, бiр православиелiк шiркеу, медресе мен приходтық мектеп бар. Онымен қоймай әскери аурухана, тиiрмендер мен наубайханалар, iшiмдiк шығаратын зауыттар, сүт өнiмiн шығаратын өндiрiс орны мен дүкендер де қала көркін онан сайын әрлендіріп тұрғандай еді.
Ертерек салынып, iргесi ертерек қаланған бұл мекен – Верныйдан бұрын қалаға айналған болатын.
Тiптi, Қапалда қала халқына арналған, офицерлер үшiн салынған клубтар да бар болатын. Бұл қалада сонымен қатар қазақ балалары оқитын – «Туземная школа», «Якобия» атты татар қыздары оқитын медресе де бар.
Ал орыс балалары мен қыздары «Приходская школа» деп аталынатын төрт кластық бастауыш мектепте оқитын. Сондайлығымен де, қаланың бұл тұсы – ауқатты адамдар, бай, саудагер, көпестер мен әр түрлi өкiмет адамдарының үйлерi тұрғандықтан қаланың басқа жерiне қарағанда сырт көзге танымал болып қалған.
Қаланың қақ ортасында терең өзекше бар. Ауқымы мол, алабы әжептеуiр кең өзек. Сол өзектің табанында сылдырлай ағып жататын, Тамшыбұлақ атты жiңiшке бұлақты көруге болады. Бұлақтың бойы толған қалың өскен тал мен шiлiк, бұтадан көрiнбейдi.
Бұл жердiң Тамшыбұлақ аталынуын өзiндiк сыры бар. Өйткенi, дәл осы арадан сәл төменiректе, биiктiгi оншақты құлаштай болатын текшеден өзеннiң суы сырғып кеп төмен құлайтын. Тұмалардан пайда болатын бұлақ суының ағып кеп, биiк текшеден құлаған көрiнiсi де керемет әсерлi, сұлу бiр көрiнiс болатын. Осы жерге жиналған су жаңағы биiк кенереден тамшылай, сорғалап ағатын. Сондықтан да жұрт бұл жерді Тамшыбұлақ атап кеткен. Жанға жағымды, өте бір әдемі көрініс осы жерден басталатын.
Тамшыбұлақтың терiстiк беткейiнде тұрған, қаланың жаңағыдай ең ұзын орталық көшесінiң бойында әскери бекiнiс бар. Оны бұрынырақта орыс әскерлерi қорғаныс үшін салғызған. Ояз басқармасы да – сол бекiнiстiң iшiне орналасқан едi.
Бүгiнгi ояз орталығына жиналғандардың барлығы осындағы ояз басқармасының кеңсесiне келуге тиiстi болғандар ғана. Бұлар әр жерге топтанып жиылған Тоғыз Матайдың ел ағалары мен атқамiнелерiнiң шоғыры еді. Жиылған жұрт ақыры Қапал қаласының ортасындағы бекiнiске қарата бет алған.
Қапал уезiнiң орталығында тұрған күллi әскерлер де осы бекiнiс iшiнен орын тепкен. Мұндағы солдаттар, офицерлер мен казактардың барлығы бекiнiстегi қазармаларда тұрады. Оларға арналып салынған офицерлер клубы, тiптi әскери госпитальға дейiн осы бекiнiстiң iшiнде болатын.
Әскери бекiнiстiң айналасын қоршап, топырақты биiк, жал етiп үйген бекiнiстiң сыртқы бөлiгi салынған. Оның аты – редут. Редуттың өзi де, топырақтан салынса да бекiнiстiң ең сыртқы қорғаны секiлдi. Өйткенi, оның сыртқы жағынан атты және жаяу адам өте алмас қып терең ор қазылған. Биiк топырақ жал мен ордың ортасына оқ отар және оқ пана сияқты ғып жасалған шеп бар. Редуттың әр тұсынан, айналасына сұс шашқан, зеңбiректiң үңiрейген аузы көрiнiп қалады.
Ояз басқармасының кеңсесiне барар жол, бекiнiстi айнала қоршаған редуттардың тек бiрақ жерiнен өтетiн. Жиынға келгендер де бекiнiстiң сол тұсындағы қақпаның алдына жиылған болатын.
Қақпаның алдында серейген – серейген, ұзын бойлы, жауырынды орыс солдаттары, найзалы мылтықтарын сорайта ұстап алып, келгендердiң әр қайсысын жеке – жеке тексерiп шықты.
Қақпа алдындағы солдаттарға – бiреулерi мөр басылған қағаздарын көрсетiп жатса, ендi бiреулерi қарғыбаудай қылып, мойындарына таққан шынжыршадағы медальондарын сылдырлата көрсетiп, өтiп жатты.
Шақырылғандардың барлығы Қапалдағы ояз басқармасына жиналып болған соң, кеңсе iшіне кiрген.
Бiр кезде басқарма кеңсесiнiң ағаштан қиып жасаған зәулiм үйiнiң мәжiлiс жасайтын бөлмесiне би, болыс, старшындар мен кандидаттар лық толды.
Әншейiнде араның ұясындай гуiлдесiп, өткен – кеткендi айтысып, өз елдерiнiң, мал мен жанның, болыстықтарының шаруасы мен тiршiлiгiн айтысып кететiн ел шонжарлары бүгiн сүлесоқ тартып, осында жиналған өздерi сияқты көршi би, болыс, старшындармен қысқа жауаптасып, аз сөйлесіп, әлденені күткендей болып отыр.
Бұлардың әңгiмелерi де бүгін жарасым таппай қалғандай, сұйықтау секілді. Сонысына қарағанда бұлардың көңiл – күйлерi де бүгiн аса мәз емес.
Жиналған қалың кісі бiр – бiрiмен салқын – салғырт амандасысып, тиiстi орындарға жайғасып жатты.
Оның үстiне қауырт шақырылған бұл жиын басқа жиыннан алабөтен, елдің көңiлiне қылау түсiрген жағдайға болып тұр. Ол – Сағабүйен жағында болған жер үшiн болған тартыс оқиға және соған барып қоныс алу дегенi тағы қосылып шыққан дау. Сол дау бүгiнгi жиналған ел ағаларына да өз салмағын аямай салып тұрғандай көрінеді.
Қапал оязының бастығы Павлов сидаң келген, секпiл бет, қалың ерiн, аузы қомпиған, әмбе шүрiштеу келген, жасы елуге таяған, ұзынтұра адам. Бықсытып, аузынан үнемi папиросын тастамайтын, өзi барып тұрған темекiнiң жебiрi сияқты көрiнедi.
Мәжiлiс басталысымен-ақ, ояз бастығы осында жиналған жергiлiктi қазақ атқамiнерлерiне өзіне үйреншікті кiнарат таға сөйлеуiн бастап кеткен. Ояз бұл жиналғандарға қатты зәрленiп, кәрiн төге:
– Мына бассыздықты тоқтатыңдар, өкiметпен ойнағанды қойыңдар, қазынаға тиiстi жердi тез босатыңдар! Әйтпесе көшiп келiп жатқан мұжықтар бiзге де, губернаторға да арызданатын болады. Ал, ана қашып жүрген бұзақыны ұстап берiңдер. Ол болса «бунтарь», қылмыскер. Әйтпесе, iс насырға шабады. Әскер шығады. Елдi дүрлiктiредi. Сендерге бағыныштылар арасында жақсы болмайды – деп батыра айтып, бір жағынан қорқыта, үркiте сөйлеп, өзiнiң осындайлық қату – қату айтылған сөздерiне ерiк бергендей қылды.
Ояздың сөзiнде ауыр бiр зiл жатқан сияқты. Онысы «берсең жолыңнан, бермесең қолыңнан» сияқты қылып жасаймыз, сендер сияқтыларды таптап кетемiз дегенге сай ғып айтылғандай. Әсiресе, Қопа мен Тасбекет маңын жайлайтын Қаптағайдың – Ақтiлесiнiң: Ақшора, Шаппа, Дуан аталарының болысы Омарға қатты шүйлiккен.
– Қарамағыңдағы елiң бетiмен кеткен, өкiметке қарсы шығып жатыр. Мына әрекеттердің бәрі үкіметке қарсы жасалып отырған қастандық. Бунт деген осы. Ал, бунтарь болса қашып жүр. Сендердің адам приставты өлтiргiсi келдi. Қоныстандыру комиссиясының жұмысына кедергi жасады. Ал, осының бәрі билікке, өкімет билігіне қарсы шығу деп бiлуге болады емес пе? – деп, Омарға ояз батыра айтып, ашына тиісті.
Бұл жиында айтылатын әңгiменiң төркiнiне, бүкiл Матай елiнiң көңiлi ауған десе де болады. Өйткенi дау жер мен қоныс туралы болып тұр. Сондай–ақ, елдiң ендiгi аңсары ауа аңдыған жайы да бар. Ол Серікбай жайы. Бір жағы ел «Серiкбайдай өжет, кекшiл, өр жiгiттiң ендігі тағдыры не болар екендi» ойласа, елдің тағы бiр күдiгi – «билер мен болыстар, бұған не айтады екен» деген араларында сын көз де жоқ емес. Ел арасында бүгінде ондай ойлар да бар.
Ел ойласа ойлағандай: «би – болыстың барлығы, шырық бұзғыш өкiмет ұлықтарының сөзiн сөйлемес. Бiрақ бәрi бiрдей елдiң жыртысын жыртып, елдi ойлайды, ұлық алдында мәймөңкеленбейдi деп тағы да айтуға болмайды» дейтiндей. Бұл бүлiк шыққан ауылдағылардың ойы. Олардың ойы да осы, сөзi де осы. Сонымен қатар, осы өңірдегі қалың елдiң ойлағандары да осындай болатын.
Ояздың жаңағыдай алдымен қоқан – лоқы жасап қорқытып алатын, батпандай – батпандай болған, зiлдi сөздерiне аздап күнге тотыққан өңi сұп – сұр боп, қаны қашқан, қою қара сақалына дейiн үдiрейiп кеткендей болып көрінген, еңгезердей, бойшаң келген, Омар болыс:
– Тақсыр барлық дауға кiнәлы болған жер емес пе, маған қарасты болыстықтағы қазақтардың қоныстары талан – таражға ұшырап жатыр. Ел болса осы қимыл – әрекетке наразы болып тұр. Қалайша, тәмам ел бұрыннан бері мекендеп келе жатқан қоныстарынан қуылып, айдалаға құмға тықсырылмақшы. Суы жоқ, нәрі жоқ құмда қалай өмір кешуге болады. Ел болса малмен жан сақтап отыр. Сол мал екеш малды да, біржолата қырып алмаймыз ба? Бiздiң болыстың адамын бүлiк бастаған адам етiп көрсетiлуi де бекер. Оның өзiн арандатып, алдымен қол жұмсап, тіпті қару да, пайдаланғанғанның өзi де ояз адамы болып отыр ғой. Қылмыскер деген кісінің өзі тiптi сасқанынан қорқып, қашып кеттi. Былайша келгенде оның ешқандай да жазығы жоқ. Осының өзіне тежеу жасап, тоқтатпасаңыз болмайды – деп еңсегей бойлы, алып денелi болыс бойын тiктеп, оязнай жаққа қарады.
Сөйтiп, алдымен де Омар болыс бар жаманатты Серiкбайдың басына үйiп – төккендерге қарсы сөз айтып, алдымен оны жақтап шыққанның алды болып шықты.
Басқалар «мына болысың құрыды, бітті!» дегендей раймен, оязға қарсылық жасардай сөз айтқан Омар жаққа аңтарылып, «мұның арты не болар екен?» дегендей сұраулы жүзбен қарап қалысыпты.
Болыстың мынадай жауабы оязнайды онан ары ашуландыра түсті. Ол болысқа алдымен көзін ежірейте қарап алған. Сосын нақ бір оны ішіп – жердей боп, артынша екілене сөйлеп кетті.
– Сенің қарамағыңдағы, сеніп тапсырылған болыстық үлкен пәлеге кінәлi болғанына қарамастан, сендер кінәларыңды мойындап, түсінгілерің келмейді. Немене, барлықтарың өкіметке, патшаға, Государьға қарсысыңдар ма…? Онда неғып болыс болдың? Олай болса сенен бастап, болыстықтан алынасың, басың сотқа кетеді – деп, оязнай зіркілдей жөнелді.
Ояз бастығы сөйткенде, осында отырғандардың барлығы да жым – жылас боп, тынышталып қалған. Оның сөздерi Омар болыстың қабағын шытқызып, көңiл – күйiн түсiргенiмен, сағын сындыра алмаған секiлдi.
Омардың дәл қазіргідей қалының нашарлап, кетеуi кетiп, жағдайының күрт төмендеп кеткенiн елден ерек, бұрын сезген де қайын атасы Нұрлан би болса керек. Өйткені ол осы кезде өзінің мол пішілген денесімен отырған орнын сықырлата нығарлай түсіп, анда – санда сөз сұрағысы келгендей боп, алдыға қарай ұмсынып, желпініп қояды.
Оязнай болса, одан әрі қызбаланып, әлі де өз айтқанынан танбай:
– Елiңнен басбұзар, қылмыскер шықты. Ол патша өкiметiне қарсы, сен соны ұстап бергеннiң орнына, оны жақтайсың – деп, Омар болысқа тиісуін тоқтатпай тұр.
Оның бұл сөзінің астарында, «сені біз не үшін болыс қып сайлаттық, өзіңнің қай жаққа жығылатыныңды білмесең несіне болыс болдың» дегеннің де сыңайы байқалады. Онымен де қоймастан ояз отырғандардың бәріне тиісіп, қорқытып та қояды. Сондағы айтатыны: «Осыдан кейін болысың, биiң, старшының бар, бәрiң де бастарыңмен жауап бересiңдер. Бастарың екеу болса сонда көрермін, бәрің де сотқа кетесіңдер. Жауапты болатын бәрібір сендерсіңдер» деп, тiптi жиналған ел ағаларын бір жолата иектеп алғандай еттi.
Қанша айтқанмен де, биліктің аты билік қой. Билік өз дегеніне жетті. Оязы құрғыр өз қолындағы барлық биік билiгiн пайдаланып, бұларға осындай әлегін салып та жатыр. Ол долылыққа біржола бой алдырып, Омар болысқа бұйыра тапсырып:
– Қайтсеңде қашқынды тап, басбұзар, қылмыскерді ұстап бер! – деп, қатал талап қойып отыр.
Ұлықтың ұстап бер деп қиғылық салатын адамы болса бұл күнде қолда жоқ. Қолда болғанның өзiнде оны ұстап беруге Омар болыстың да құлқы жоқ. Оны iстесе елге не бетiмен қарайды. Ертең–ақ, жұрт терiс айналып шыға келмей ме? Ондайға басқа барса да, болыс боп, Омар бармайды. Бұл турасында оның ойы бөлек. Қайта қалай да, оны осындайлық басына төнген бәледен құтқарудың жолын iздестiруде еді.
Тек, атасы бөлек дегені болмаса, рулас, ағайындастың баласын қалайша көзі қиып, жамандыққа өз қолымен ұстап бергізсін. Ояз болса қаһарлы. «Ештене бiлмеймiн, қылмыскердi ұстап бер» – деуден бiр таймайды. Омар болса қалайда оның осы ойын аяқтатып, тоқтатқысы келедi. Бiрақ, оның да жолын таппай, қиналып отыр.
Қазiргi жағдай да текетiрестен көрi бiр жақты боп кеткендей. Таразы басы үлкен билік иесі оязнайдың жағында екені белгілі бола бастады. Әрине, ояз жағы қалай болса да басым түсiп жатыр. Өйткенi, билiктiң бәрi соның қолында. «Қазаншының өз еркi, қайдан құлақ шығарса» дегендей, оған осы уақытта қой деп айтатын кiм бар?
Бұл айтылып жатқан әңгімелер кезiнде Матайдың игі жақсылары әлденеше рет отырған орындарында дөңбекшіп алған. Бұлардың көбісі осы тұста құдды бір жамбастары тесiлгендей, бір орында отыра алмай қалғандай боп, ары – бері қозғалақтай беруін қоймаған. Ояздың мына сөзі олардың да шымбайына батып бара жатқандай еді. Бірақ бұлар қазір өздерінің қолдарынан келетін түк жоқ екенін де сезеді.
Нақ қазiр олардың көкейiн тескен бiрақ нәрсе болып тұр. Онысы – мына бiр тартыста қай жаққа шығып, қай тұсқа келсек, кiмнiң жағында боп, қалай қарата бүйрек бұрсақ деген қобалжуға да ұқсас толғаныс. Ондайы да жоқ емес. Осыны әр – қайсысы өзiнше сараптағандай болып та отырған. Өңшең бай мен бағлан, атқамiнерлер мен ел жақсылары қобалжи бастаған уақыт едi.
Бұл жерде таразының бір басында үкімет пен билік, оязнайдай үлкен ұлық тұрса, екінші басында елдің, ру мен ағайынның есебі тұрған кез.
Жиналғандарды да, әбден қинаған осы болды. Былайша айтқанда «былай тартсаң арба сынады, былай жүрсең өгіз өледінің» кері келіп тұрғандай да сияқты.
Кейбіреуі тіпті сасқанынан, екi иығында зiл батпан ауыр жүк тұрғандай, маңдайлары тершiп, қатарынан бірнеше реттен, терең – терең күрсініп те алған.
Жиналып отырғандардың қай – қайсысы болмасын осы уақытта тіпті, тірліктен де бiр түрлi түңілгендей болып, шарасыздық пен лажсыздықтан иiндерi түсiп, төмен қарап отырып қалған. Ондайлар осы кезде «қалай етсек болады?» деп ояздан именгендей болып, үндеместен, жоғарғы ұлықтың бетiне қарайды.
Ояз болса сыздап, отырғандарды ала көзiмен атып, зiлдене қарап қоюынан бір де жаңылмастан отыр.
Мәселе болса бұл кезде тұйыққа тiрелгендей. Сиыр құймышақтанып, басы бар – аяғы жоқ секілді көрініп қалған. Ендi болмаса лап ете қалардай болатын даудың да басы қылтиып көрiне бастаған. Әзiрше бұлар тіл табысып, ортақ мәмлеге келе алмай тұр.
Осындай қиын – қыстау кезде Омарды осы тұйықтан шығарған оның қайынатасы Нұрлан бидiң өзi болды.
Нұрлан бидің әкесі Толқын болса Қыдыралы – Қалқабайдың атақты алты ұлының бірі еді. Бұл алты ұлдың бәрi тегiс сен тұр мен атайын дейтiндей, бiрiнен – бiрi асып түсетiндей, ақылдары мен тапқырлықтары, ажарлары мен iскерлiктерi қоса жарасқан, өңшең сән едi. Былайша айтқанда, көптен бері бұл тұқымның кісілері ел аузына ілінген болатын. Оларды қазақтың атақты Әсет ақыны жырға қосса – қосатындай–ақ, бүткiл бiр тайпа елдiң мақтанына айналған еді.
Осы алты ұл бiрдей Күреңбелдей жердiң салқынында дүниеге кеп, Қыдыралы – Қалқабайдың атақты алты ұлына айналғанына бір сыпыра ғұмыр өткен. Ел айтса, бекер айтпайды. Бұл күнде Қалқабай әулетiнiң атақтары жер жара бастаған шақ.
Нұрлан би болса – Қалқабайдың Толқын деген баласынан туған. Оның немересі. Арғы атасы Сары – Тәуекел хан заманында орыс еліне елшілікке жүрген атақты батыр болса, бергі атасы Қыдыралы – өзінің асқан даналығымен, исі қазаққа әйгілі болған бидiң бiрi.
Нұрлан би де, арғы тегіне тартып жастайынан өзінің ерекше зеректігімен ел аузына ілініп, билiкке араласа бастаған, орақ ауыз, өткір тілді, өр мiнездi, шапшаң ойлы адам.
Бұл кезде қазақ даласында билер ықпалы әлсiрей бастаса да, билердің кейбірінің әлі де болса ел ішінде ықпалы көп болатын.
Патша үкiметi Қазақ елi бодан болғаннан кейiн, осы елдiң ғасырлар бойы қалыптасқан басқару жүйесiн бұзып, өзi ойлап тапқан билiктi күштеп кiргiзсе де, сонда да ескi жұрнақтың белгiсiндей болып, ескiден берi билiк жүргiзген би атаулы халыққа керек болғандайы бар едi. Тiптi, «Қазақ даласын басқару Ережесiнде» билер туралы аталмаса да, билердiң – билiк жасауы қазақ халқының бойына батпандап кiрiп, мысқылдап та шықпай қойған. Бiрақ, бiрте – бiрте билер атқаратын билiк пен жұмыстардың көбi патша шенеунiктерiнiң қолына – ал, жергiлiктi жердегi қазақтардың арасында болыс пен старшындардың үстемдiгi үдей түскен уақыттың да басымдылығы осы болатын тұс. Сонымен қатар, қазақ арасында ел билеуде ақылдылық пен шешендiктiң билiк айтуда әлi де болса үстемдiк жасап, көп iс билердiң қолында қалып қойғандай едi. Билердiң билiк жасау саясатының тамырына үкiмет қанша тырысса да балта шаба алмады. Халық арасында осы билiктi құртуға патшалық үкiметтiң күшi жетпейтiндей көрінген.
Нұрлан би – ақ – сары өңдi, етжеңді келген, кесек денелi, сақал – мұртына дейін жирендеу тартқан, елуден әлдеқашан асып кеткен адам. Өзі үнемi сөйлердiң алдында сәл серпіліп алып, тамағын кенеп, жөткiрiнiп қоятын әдетi бар. Сөйлегенде даусы саңқылдап, жоғары самғап кететін, шешендiгi ала бөтен, бүкiл Матайға әйгiлi би. Осындай мiнезiмен, өткiр де, майда тiлiмен ол исі Матайдың ұнататын биіне айналды. Оның сөзiн елi де екi етпейтін болып жүр.
Омар болыс – Нұрлан бидің – Сара деген үлкен қызын алған, туған күйеубаласы едi. Сондықтан да, әсiресе Нұрлан биге салмақ еселенiп түскендей боп тұр. Осымен бiрге бидiң басына – елдiң есесi мен бiрге, Омардың өзiне күйеулiгi де қабаттасып, қатар келгені де бар.
Би iстiң насырға шауып, әбден шиелінесе бастағанын о бастан–ақ, сезген. Сондықтан да, қазiргi уақытта бидiң басы ел қамы, көп мұңына белшесінен батып, соның бәріне басы қатып отырған шақ. Бір жағы қалың жұрттың есесiн мынадай қиын жағдайда жiбермей, тығырықтан қалай алып шығуды ойлап, соның жолын iздеумен отырған.
Қапал оязының буынсыз жерге пышақ ұрып, күйеу баласы Омарға өзінің аталас адамын ұстап бер деуін, би жақсылыққа жорымаған. Кей – кездерi, Омардың морт кететін, бiр беткей қиқар мінезін де ол жақсы білетін. Сонысына салса оны алған райынан қайтарудың өзі бір күш. Омарың нағыз дес берместің өзі. Өстiп жүрiп, қызба болыс бiрдеменi бүлдiрiп алмаса игi едi деп, би әзiрге қам көңiл болып, сұлық отырған жерінен өз – өзінен қозғалақтап кеткені де сол болатын.
Осы бастан даулы істің бетiн бер қаратып, байлауын таппаса, жағдай шиелініскен үстіне шиелінісе түсетінін би бағанадан бері байқаған. Ол – бұл жерде үлкен түйiннiң пайда болғанын әлдеқашан сезген болу керек. Енді мінекей, сол шиеленіс келе – келе одан бетер үдей түскендей боп, ақыр аяғында іс насырға шапқандай болды. Ояз болса:
«Қылмыскерді ұстап бер. Қазынаға тиесiлi жердi тезiрек босаттыр. Ұстап бермесең, жердi босатқызбасаң сен де өкіметке жаусың, сен де қылмыстысың!» деп, ояз Омар болысты тығырыққа тіреп тастағандай етті.
Нұрлан би ендi шындап қысылды. Тезiрек осы құрдымнан шығар жолды iздегендей. Соның мәнісін таппай қысылған. Олай етпесе болмайды. Мынау елдің мойнына түскен ояздың тар бұғалығы жайдан – жай, босамауы айдан – анық секілді. Бағана оязнай мен болыстың арасында болған кикілжің сөздiң соңы қақтығысқа әкелiп соқтырған. Сондағы оязнай мен Омардың қасарысқан түрлерiнен бидің бір байқағаны, енді болмаса дау нағыз жанжалға айналып кететіндей екендігін. Ояздың жаңағыдай әмірін орындаушы Омар дейсің бе? Бұл білетін Омар болса, ол өліп кетсе де ондайға бармайды. Ол – өз қолын – өзі кеспес. Жалған айтып, жалтақтауды білмейтін,бірбеткей,өрмінез адам. Бiрақ, билiк те, күш те, оязда ғой. Ояз есебiн тауып қазiр бәрiн бiрдей сотқа жығып, айдатып жiберуге бар. Сондықтан би дауға тез арада араласып, ебін тауып, шырғалаңнан шығармаса, мынадай кикілжіңнің аяғы – бітіспес дау мен жанжалға әкелетінін әккі би о бастан–ақ, пайымдаған. Бұндай даудың соңында бәрiбiр де, билiк басындағылардың айтқаны дұрыс, бағынышты қазақтiкi бұрыс болып шығады. Сонан кейiн–ақ, баяғы сол соры қайнайтын да қазақ болары етенеден белгілі болары анық зат. Енді сәл кешіксе, ара түсіп үлгермейтін де шығар. Сондықтан Нұрлан би өзінің қалайда сөз майданына кіріспей, тыс қала алмайтындығына көзі жеткендей болып, өзiнiң де осы дауға кiрiсер уақытының келгенiн түсiндi. Манадан берi сұлқ отырған би, тек анда – санда ғана көзінің астымен оязнайды шола қарап, оның ұрымтал тұсын іздегендей болып отырған. Онысы «бұл кәпiрстанның жанды жерi қайда?» дейтiн жорамал ойы да сияқты.
Би бір сәт ойын тежеп, аңдығандай болып оязнай жаққа қарай берген. Ояз бастығын анау – мынау егеспен жеңе алмайтындықтары тағы белгілі. Оны да би ойлап қойған. Оязнай анау – мынау, жай адам емес, осы жақтың бүткіл билігі мен хүкімет басшылығы соның қолында екенін – Нұрлан би әсте естен шығармаған. Оязбен сөз таластырған адам, оның досы емес – жауына айналатынын да өзі үшін бағанадан болжағандай еді.
Тоғыз Матай елінің ел жанашырлары үшін дәл осы кез қиын – қыстау болған шақ, нағызына келгенде де – «былай жүрсең өгіз өледі, былай тартсаң арба қирайдының» кебін киіп тұрғандай. Бір жақта күйеу баласы және адамы қылмыскер аталып, қашқын болған аталас Ақтiлестiң: Ақшора, Шаппа, Дуан руларының есесі тұрса, екінші жақта үкімет пен оның оязнайдай ұлығы тұр. Ал, жағдай болса шиелініскен үстіне шиелінісе түсуде.
Осының бәрін ойлаған кезде бидің де тақаты таусылайын деді. Бір ойдан жүрегіне ұялаған сезіміне ерік бере: «неде болса тездетіп кірісейін. Онсызда iс насырға шауып тұр. Елдің сөзін сөйлеп, тілеуін тілегеннен басқа не қалды дейсiң, бұл арада. Тiгiлген бас бәйгеге тiгiле берер» деп, ол ширыға түскен. Ал қазір тықыршып отырғаны содан.
Мына бір тұста Омар болыстың басына төніп тұрған қара бұлтты сәл болса да сейілтпесе болмас, тым қызбалыққа салынып кетіп, ояз біткеннің қаһарына ілікті. Бидің ендігі қат – қабат ойлары осындай байлаудан туған. Қазіргі ішкі жан – дүниесі де тәсілін таппай қысылған істен еріксіз алай – дүлей болғандай еді. Iшiнен күбiрлеп, ата – баба аруағына сиынғандай болды.
Нұрлан би ой – елегінен болған дауды қайтара өткізгендей болды. Аранын ашқан оязнайдың бабын қалай тапсам екенмен біраз сарсаңға түскендей болғаны рас. Сосын барып бір тоқтамға келгендей боп: «Алдымен оязбен, өкімет адамымен тіресе бермей, алдап – сулап ақылға салып, қисынын тапсақ, ар жағын тағы да көре жатармыз» деп ойлаған.
Сондықтан Нұрлан би, оязнайдың нағыз ұрымтал жерін іздеп әлек болып тұрғаны бар. Әккі бидің ішкі дүниесі сезеді барлық шиеліністің беталысын. «Қырсыққанда қазақ iшiндегiдей емес, бұл оязнай сияқты үлкен билiк иелерiнiң қазаққа тән – ұрымтал жерлерi де, басқадай болып келетінін қайтерсің. Бұлар анау – мынау сылтың сөздi түсiнбейдi, түсiнсе де түсiнбегендей пiшiн көрсетедi. Өздерi түйеден түсердей ғып ожарлау сөйлейтiн, әмбе сөздiң парқын бiлмейтiн дүмбiлездеу, менмен болып келедi. Осылардың ұлық бiткенiнiң бәрi тегi осындай ма? Жоқ, әлде қазақ байғұсқа көрсеткен қысастығы ма? Әйтеуiр, осылардың ұлық бiткенi терең шыңырау құдықтай болып, түбiндегi суы көрiнер – көрiнбес болып қалатыны бар. Сонысына орай, мұндай ұлықтар қазақ баласы үшiн нағыз отқа салсаң жанбайтын, суға салсаң батпайтын, оқ пен тiл – көз алмайтындардың өзi болып шыға келетiнi тағы да бар. Мұндай ұлықтардың қазақ үшiн осал жерi де жоқ. Онысын iздеп таппайсың. Айналасы бiтеу жарадай болған немелердiң қай тұсынан келiп – кетерiңдi де тiптi бiлмейсiң? Бiздiң сөзге бұларың көнбестерiңнiң нақ өзi болар деп» – би өзінше тұжырымдағандай болған.
Дәл қазір оның ойындағысы осы ғана. Енді сәл кешіксе дау лап етіп тұтанғалы тұрған отқа айналары айдан – анық болып қалған. Олай болса, бидің де осы дауға араласар кезі жеттi.
Осы шатақтың ендiгi бар ауыртпалығын Нұрлан би қазiр өз мойнымен көтеріп алмақшы. Сол үшін көзсiз көбелектей болып, жанып тұрған оттың үстiнен қалқып өтпекшiдей едi. Би осы кезде өзімен – өзі серттескендей боп: «Елден аянған жан кiмге садаға, кiмге олжа?! Ондай жанды аяғанша, мақұрым кеткен артық шығар» деп те, ойлап үлгерген. Әсіресе, осы бiр елге салмағын сала келген ауыр сергелдең бидiң жанына қатты батқандай етті. Бір жағынан осы кез оның да, өз басына түскен сын сияқты. Осылардың бәрін ой елегінен өткізіп тұрып: «Бұғып қалсам, ел не дейдi? Қалқабай балаларындай – елдiң жанашыр би, болыстары қайда болды демей ме? Солай деуi анық» деген ойлар да жанын мазалап, жегiдей жеп, әсте бiр қоймайды.
Ол өзiнiң ішіндегі осы уақытқа дейін жиналып қалған ел сырын оязнай алдында ақтарардай болып:
– Тақсыр! Мен айтатын сөз бар – деп, сөз сұрап, сөйлеп кеттi.
Нұрлан би оязнай мен болыстың айтқандарын дереу қағып әкетiп, иін қандырып, өңін айналдырып, түсін түстеп, жібергендей қылды.
Бұл жолда оған өзiнiң осы жасына дейiнгi жиналған тәжiрибесi, билiкпен өткен өмiрi, туа бiткен сұңғылалығы жолдас болғаны анық. Ол сәл ғана етжеңді бойын жинап алғандай, ақ сары келген өңі албырттанып, тамағын кенеп қойып:
– Бүгінде ел іші тыншымай тұр ғой. Оған басты себеп – баяғы жердің кесірі болып отыр. Қазақ үшін кіндік қаны тамған жерден айрылу ең үлкен кесел болып саналады. Сол кесел тағы да басталғалы тұр. Менiң бүгiнгi күнi бiлгенiм, ол өкiметтiң қазақтың жерi көп екен деп есептеуi ме деп те ойлаймын. Сол жаңғақ себеппен қазақта жер көп деген сайын, сол жерге көз алартушылық та өсiп барады ғой деймін. Ал осы жаңғақ есептің кесірінен болса керек осы жаққа келуші кісілер де бүгінгі күні тым көбейіп отырған сияқты – деп ол сәл тежелгендей болды. Сосын қомақты келген қой көздерін отырғандарға қадап, «осым қалай» дегендей қылып, сөзін қайта сабақтады.
– Жерге таласушы кісі көбейген сайын, еселеп дауда көбейіп барады. Осылай бола берсе пәле мен жала қат – қабаттай беретіні анық. Екі түйе сүйкенсе арасында шыбын өледі дейтұғындай, өкімет ұлықтары мен ел арасында бір сойқан болыпты. Соған араға түсемiн, арашашы боламын деп, Серiкбай сияқты жiгiттер бұзық аталып, бүгiнгi күнi ел бетiн көрмей қашып жүр – деп, би сөз қорытқандай боп, осы тұста аз – маз аялдағандай болды.
Жиынға келгендердiң барлығы да жым – жырт бола қалысыпты. Олар да «әліптің артын күтіп, ендi не болады екен?» дескендей пейiлде қалысып, осы даудың аңдысын – аңдып отырған болатын. Тек қана, төр алдында оязнайдың өзiнен бастап тiзiле қатар отырған ояз ұлықтары ғана Нұрланнан көз алмастан, суық қарайды.
Нұрлан би азырақ аял жасап алғаннан кейiн, демiн iшiне тарта тыныстағандай боп, тағы да шұбырта жөнелген:
– Бұған кiнәлi кiм? – дедi ол тамағын кенеп, жөткiрiнiп алып. Осы жолы бидiң даусы да дiрiлдей шығып, ерекше саңқ ете қалды.
– Ел айтады бұған кiнәлi өкiмет адамдары деп, өкiмет бiздiкi дұрыс дейдi. Бұл қалай болады? О бастан, билiк басындағылар әрдайым кiнәнi басқа жақтан iздейтiнi тағы белгiлi нәрсе ғой. Билiктегiлер өзiнiкiн оң дейдi. Солай болды да. Солай бола қалатыны да белгiлi. «Жапалақты таспен ұрсаң да жапалақ өледi, жапалақты тасқа ұрсаң да жапалақ өледi» демекшi барлық кiнә елге, оның iшiнде бұзық аталған ел жігіттеріне ауып кеттi ғой. Мен ойласам бұған екі жақ та кінәлі сияқты. Ал, былайша келсек, алдымен де өкімет адамы – ел адамын қорлап, заңға қарсы келетін әрекет жасауға итермелегендей болғаны да рас. Осының бәрi соған әкелiп соқтырды. Ал, бүгiнде осының аяғы немен тынды? «Қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қан» болды. Ақыр аяғында кеп, кiнәлi сол баяғы бiздiң кiсiмiз болып шықты. Мен айтар болсам, өкiмет адамдары ел кісісін қорқытып, қашқын қылып отыр. Барлық қиыншылық осыдан туындап тұр. Ал, қашып жүрген адамның бүгінгі күні не өлі – не тірісі белгісіз. Оны ұстап бер деп болысқа салмақ салған да дұрыс емес. Болыс болса, ол да осы өкіметтің ел сайлап қойған өз адамы. Оны да қисынсыз қинап, буынсыз жерге пышақ ұрып, қадырын түсіруге болмас – деді. Сөйтіп ол, алдымен елге, содан кейiн күйеу баласы Омар болысқа анық төніп тұрған пәленің бетін басқа жаққа бұрып әкеткендей еттi.
Тоғыз Матайдың ел жақсылары сәл де болса, мынадай сойқанның бетi берi қарағанына, iштей тәуба айтып, тiптi, дау өздерiнен алшақтап, алыстап кеткендей сезiндi.
Барлық болыс пен би жаңа ғана еңселерi түсiп, кетеулерi кетiп, құп –қу болып, есеңгiрегендей болып отырған еді. Бұлардың түрлерi кiсi шошырлық болып, бәрi де жетiм баладай көздерi бақырайып, кейбiрiнiң көздерi өлетiн қойдікiндей боп, тiптi шүңiрейе аларып, дем арада ұрттары суала қалғандай сияқты көрінген. Іштерінде осыдан табан аудармай алты ай сүзекпен ауырып, ендi ғана тұрғандай болып, өңдерi қуара түскендері де баршылық. Мына тартыста қай жаққа шығып, намысты қай жаққа, қалай қоярын бiлмей отырғандар да табылады. Көбiсi оязнай мен басқа да ұлықтарға кезек – кезек қарасып, қай жақтан саңылау шығар екен десiп, жалтақ – жалтақ етiп отырған болатын.
Нұрлан бидiң мына екпiнiнен кейiн, ояз бастығының бүкiл зiлi соған ауып кететiнiн бiлiп, ендi «уһ» дескен едi. Жаңа ғана осы отырғандардың сәл де болса, қуарған жүздерiне қан ойнап, аларған көздерiне жан бiткендей болды.
Осылайша өз сөзін алыстан арқап, тұспалдап сөйлеуден бастаған Нұрлан би, ақыры таялтып – тақап әкеліп, ояздың салған салмағын өзiне тiрегендей қылды. Ол тағы ұзын – сонар сөзін жалғап:
– Серiкбай сияқты бұзық аталған жігіт бүгiнгi күнi қашқын болып жүр. Ол бұл күнде елден шығып кеткен, есепте жоқ. Болыс үшін де, ел үшін де, шеттеп кеткен адам. Елдiң де, болыстың да бүгiнгi күнi оған құрығы жетпей қалған. Оның не iстеп, не қойып жүргенiнде бiздiң хабарымыз жоқ. Өкiмет өзi ұстап алып, анық – қанығына жетсін. Сонда ғана өкіметтікі әділ болады деймiз – деді би сөзін тәмамдар алдында.
Нұрлан би осылайша Омарға келер сөз бен оны тығырыққа тіреген ояз әмірін аударып әкетiп, ояздың өзiне қарата бұрып тастады.
Ол Омар болысты қостағаннан кейiн, амал жоқ жиналған басқа да, онымен ағайындас болып келетiн, Дөсеттің Қалқабайы мен Тәнекесінен тарайтын өңшең би, болыстар да, Нұрлан бидiң сөзiне қосыла кеттi.
Солардың көпшілігі: «Осы әңгiме, дау – дамайдың бәрi жерге, қазақтың қонысына байланысты болып тұрғанын, мұны реттемесе елдiң iшi суық тартып, қау етiп өрт шығып кетуi де мүмкiн» дегендi айтып, көпшiлiк жаққа, елдiң қамын жер жаққа қарай ығысты.
Сөйтiп, бiраз би – болыс руластарының сойылын соғып, оязнайға жер дауы туралы өз наразылықтарын бiлдiре, сөздi қыздыра бастаған. Бұларға қосылған басқалар да «бұл жағдайдың елдi бiржолата дүрлiктiрiп тұрғанын, ендi болмаса қарамағындағылары кешегi Бүйен сағасындағы ауылдың жiгiтi – Серiкбайдың қылығына қосылғалы тұр. Ондай болса жергiлiктi қазақтар түгел көтерiледi. Ел қобалжыса, сағасына түсiру қиын боладыны» да, тілге тиек етіп, айтып өткен.
Жиналған би – болыстардың кейбiреуi елдiң атынан қорқыта – үркiте сөйлегендей боп:
– Тақсыр қазақтар ата – бабаларының сүйектерi жатқан жерлердi ешкiмге бергiсi келмейдi. Туып – өскен жерiн тастап Балқаштың құмына тiптi де барғысы жоқ, – деп мәймөнкелене шуласты.
Ондайлар бiр жағы елден қорықса, бiр жағы өздерiне тиiстi билiк мансабымыздан айрылып қаламыз ба дегеннен де қорқады. «Осындайда ояздың да көзiне көп түсе бермейiк» деген үреймен – ел атқамінерлерінің кейбірі ояздың ығына жығылып, тайсақтап шыға келген. Сондықтан ондайлар арасында «оязбенен де ойнамау керек» дейтiн қобалжу да, жоқ емес.
Ояз қатуланса есебiн тауып билiктен аластатар, сайлау болса мiнекей, жақын қалды – дейтiн сияқты олардың кейбіреуі. «Онсызда мансаптан тайдырам десе ояздың қолында талай әдiс пен құрал бар ғой» – деп, ойлаушылар үндеместен бұқпантайлап отыр. Сондайдың бірі бағанадан берi Омар болысты оязнай мойнына тас байлап құрдымға батырып жiберсе екен деп, «мысық тiлеумен» отырған Тасбекет маңындағы Тоғызыншы ауылдың старшыны Әліпбек едi. Ол қазiр артқа отырып алып, арқасын үйдiң кенересiне сүйеп, iшiнен болса да:
«Иә, сәт! Иә, ата – бабам аруағы! Қолдай көр! Қанды аузын берi тарт!» деп қалған.
Бұл өзі көптен бері қолы болыстыққа жетпей жүрген старшынның бірі едi. Әрине, ол мына бір өрши түскен дау кезінде өзiнiң жолы анық болатындай көрген. Өзі көптен бері болыстыққа жетпей жүргендiктен де ол осындай мысық тілеуді әр кез тiлейтін. Антұрғанның қолы болыстыққа жетпей жүрсе де, соңғы кезде тіпті старшындықты місе тұтпайтын қылық шығаратын болған. Кейбір кезде айналасындағы жандайшап, жамағайын, құйрығына көпшiк қойып:
– Біздің Әлекең болыс болмаса да, анау – мынау болысыңнан артық қой. Әйтпесе бар ғой бұған болыс болу лайық – деп, шу – шу ететін кезі болатын. Сондайда тіпті: «Саған болыстық қана лайық, тура келер, жарасымды болар» дегенге мұның да, қағанағы қарқ – сағанағы сарқ бола қалатын. Ондайға тiптi өті жарылардай боп, көзін шел басып, сондай сөздерге қатты масайрап, сенер – сенбесін білмей дал боп қалатын. Сосын өзін буған болашақ мансаптың деміне булыға:
– Шынымен солай дейсiңдер ме?! Олай болса, келесi сайлауда болыстықты тура сатып аламын. Бәрің сонда бiр тойлап қаларсың әлi, кәне, кім мені болыс болсын десе маған жақындау болсын, жүрiсiн де жақындатсын! – деп қоқиланатын.
Осыдан сәл бұрын, Қапал оязындағы ұлықтың бірімен тамыр боп, араларында жорға жүрiп, алыс – беріс жасаған. Тіпті, сол ұлыққа жаққан да сияқты болған. Iшiп – жемiн аямай берiп, әр нәрсенi сылтауратып пұлдап та, малдап та беретiнiн берiп баққан. Сол ұлық Әлiпбектен алатын жемiтiн мол қып алғасын, өзi оны сыртынан қолпаштап та, қорғаштап та жүретiн. Сонда әлгі ұлықтың аузынан «болыстықтың ауылы сен үшін алыс емес, барлығы өзіңе байланысты» деп, айтылып қалғаннан бері Әліпбектен ес кеткен. Оған осы күнi әжептеуiр шыр бітіп, паңдық пайда болған. Өзi тiптi осындайлық оқыс қылық танытатын болып жүр.
Әліпбек болса шынымен–ақ, болыс болудан қатты дәмелі болатын. Құтты бiр жерiк болған қатындай, таңсық асы сол болғандай–ақ, құдайдың құтты күнi ойлайтыны қалайда болыс болу ғана. Ал, енді дәп бiр қасарысқандай болғанда, сол болыстыққа мұның қолы бір жетпей–ақ, қойғаны ғой. Ол бұл күнде осыдан бетер, құса болып жүр. Көкейiн тескен мансапқа шiркiн–ай, қолы бiр жетпей кететiн болды. Сондықтан да, осы кез оның нағыз өлермен болған шағы едi. Сондайлықты арманы орындалмай бара жатқан соң, қатты қажып қайғыратын, шерменденiң нақ өзiне айналған. Сол үшін де ол – Қапалдың оязы жаққа жалына қарап, қатты телмірiп жүр. Орайы келсе болыстықтың жолына барын тiгуге де дайын. Бір мансаптың жолына бар байлығын, бүкіл малын да, құрбан етуге даяр. Өйтпесе бар ғой, қайтсін мансап пен атақтың уыты тәніне терең бойлап, меңдеп алғанға ұқсайды. Күннен – күнге мұны жегідей жеп барады. Қайтерсiң–ау, Әліпбек сияқтылардың қолы бұл күнде әттең билікке жетпей тұрғаны. Жетсе ешкімді де, ештеңенi де, аяйын деп тұрған бұлар жоқ.
Дәл қазіргі жағдайда Әліпбекті қуантатын бірақ нәрсе – ол оязнайдың Омар сияқты болысты жәукемдей бастағаны еді. Оны қатты айналдырған сайын мұның қыбы қана түсетін сияқты. Қазір де ол өзінің ішкі мақсатына қолы жетердей боп, тәтті ойға беріле қалған. Соған орай ол: «Олай болса, мына түрімен, Омар болысың келесі сайлауға дейін жете алмас. Айтпақшы осы Омардың кандидаты кім еді» деп Әліпбек ойланып қалған. Ол қазір болыстықтың бір сүйем болса да, өзіне жақындай түскеніне iштей қуанып та отыр. Мансаптың шетi бiлiнсе, шама келгенше аянбай малын шашып, шайқап қалғысы келедi. Омар сияқты болыстар, Нұрландай билер неғұрлым оязбен ұстасса, аралары суып, араз болса, бұл үшін жақсы болғаны ғой. Тезірек болыс болады. Әліпбектің көкейін құртша тесіп бара жатқан жай осы ғана.
Осыны ойластырып, ол бағанадан берi өзiнше: «Иә сәт, иә аруақ, қолдай көр!» деп, тақымын қайта – қайта қысып отырған. Нақ бір осы кезде Әлiпбекке болыстықтың тiзгiнi қолына iлiккендей болып, дереу арада өзгеріп шыға келген. Ол iшiндегi қуанышын жасыра алмастан, қасында отырған өзіндей ауыл старшыны Қиықбайды бүйірге түртіп:
– Әй, сенің не білгенің бар? Құдай бұйыртса осы сайлауда, не сайлауға жетпей–ақ, мына мен болыс болармын! – деді.
Әліпбектің шарықтабақтай бетіне үдiрие қараған Қиықбай, осы кезде оның маңғаздана, паңдана қалған түрінен, тiптен осы сөзді айтқанда оның кесiп алсаң қан шықпастай қалың бүйрек бетiнiң бiр жерi де бүлк етпегенiнен–ақ, бiр сұмдықтың болғанын сезгендей едi. Қиықбай iшiнен: «кәпiрстанның түрiнiң жаманын қарашы. Өзiнің шынымен–ақ, түрі жан шошырлық екен. Мынаның айтып отырғаны да, рас болар» деп жорамалдағандай болды. Өзiне түрпiдей тиген, оның айтып отырған мына бiр суық сөздерiнен жаны түршiгiп кеткендей. Бір сұмдықтың болатынын сезгендей еді. Қиықбай қанша айтқанмен де, пендешілік жасап, бақталасының алдыға түсiп, болыс болып шыға келетіне iшi күйiп, қынжылғандай болды.
Қасында отырған мына бір Әліпбектей «антұрғаннан» осындай сөз естимін бе деп ойламаған. Қиықбай аздап сүлесоқболып отырды да, шыдамай кетіп:
– Оны кiм айтты? – деп, Әлiпбектiң құлағына аузын тақап, сыбырлай сұрады.
– Ойбай, үндеме! Келiсi кеп, ыңғайы мен онтайы дұрыс тұрған шаруа бұл. Өзі бiр дұрыс болатын жағдай. Сұқтанып қаларсың. Сенiң көзiң жаман деушi едi. Көзiң тиер – дедi. Өзi тiптi әр нәрсеге сұқтанғыш адамның пиғылын туығызып, шат – шәлекей болған қалпы айтып салды.
«Мына «антұрған» шынымен де болыс болып кетсе, мен сол старшындықта қала беремiн бе?» деген қызғаныш оты Қиықбайды тағы бiр шарпып өткен. Нақ бiр у қорғасын iшкендей қып, iшiн өртеп, күйдiрiп кеткенін қайтерсің.
Қиықбай өзi үшiн мына бiр сұмдық, суық хабарды естіп, үндемей отырып қалды. Шындығына келгенде Әлiпбек сияқты ол да біраздан бері болыс болуды армандайтын. Оның да көкейiн тескен осы жай, ылғи ойлайтыны болыс болу едi. Ол iшiн кернеп алған қызғанышты қалайша шығарарын бiлмей отырған күйi, Әлiпбек жаққа жалтақтап қарай бердi.
Сырт көзге қарағанда Әлiпбектің осындай қылықтары көп болатын. Оның бір сәт болса да баяғыдан бергі арманы болыстай әкiм, ұлық болып, «мына момын елге атағым шықса» деген ой ғана. Ол осы ойынан бір айнымаған сияқты.
Осыған байланысты ел ішінде біраз дақпырт та тарап кеткен. Сол жайында соңғы кезде Қаптағайдың – Көлдейінің ішіне тараған лақап сөз, бұл күнде бүткiл Матайға тарап кеткен. Оның өзi де, кей – кезде қымыз бен бозаға, онан қалса Қапал мен Сарқаннан алғызылатын араққа тойып алып, орынсыз бөсiп, бөртетін Әліпбектің құқайы секілді. Сондай – сондай да, ол тіпті кейде, сөзінен жаңылғандай болып, өзін – өзі кеудеге ұрып, «мына болысекең аман болса, оны да жасайды әлі!» деп, мақтанатынды да шығарып жүрген. Бұл туралы Қиықбай сан рет естiген. Бүгін міне, соның сандырағы келіп, шынымен–ақ, мынау амалын тауып болыс болып кетеді ме, деген қызғаныш бойын шарпып, көкiрегiн кернеп бара жатты.
Қиықбайдың ерні болар – болмас жыбырлап: «Әттең–ай, мына «ессіздiң» сандырағы шынымен іске асқаны ма? Апырай маған да, бір қолды қармап қалу керек еді!» деп өкінгенде, даусы да сәл болмағанда, қатты шығып кете жаздады. Бiрақ, дереу есiн жиғандай боп, iшiнен: «Баяғыдан бері қарап жүрмей, мына антұрған сияқты ояздың бір дөкейін жағалай беру керек еді ғой. Сөйтіп жүріп, амалын тауып, Әлiпбек сияқты болыс болу керек еді» деп кейістікпен ойлағанда көкірегі қарс айрылардай болды. Сондайлық өкінішпен ол тағы не айтар екен дегендей боп, Әліпбек жаққа қараған.
Осы кезде Қиықбай Әліпбектің бедiрейiп отырған жүзінен нық сенімнің белгісін байқағандай болды. Тіпті бар болмысы «айтқаным – айтқан» дегенді анық білдіріп тұрғандай еді. Оның кесіп алса қан шықпайтын жалпақ беті бір міз бақпайтын секілді.
Осы кездегі оның мызғымастай болған қалпынан да Қиықбай бірдемені аңғарғандай. Аяқ астынан оның осылайша өркөкiректене, шалқая қалғанын көрген соң, оның айтқанының бәріне бір жағынан сенгендей де болғаны сол еді.
Әліпбектің өз айтқанын істейтiндiгiне осы күнi бұл еш риясыз сенетiн болған. Оған мұның күмәнi жоқ. Оның сөздерінің растығын, әзiрше ешкiмге ырық бермей істей беретін қылықтарынан да байқап жүр.
Сол ырықбермес, десбермес мінезіне сай, қазіргi кезде Әлiпбегiң болса өз сөзін жерге тастамайтындай етiп, қатын үстіне қатын алып жатыр. Әмбе, алғанының бәрі де, үріп ауызға салғандай, жүзіктің көзінен өтетіндей, бірінен – бірі асып түсетін неше түрлi ұрғашы баласы.
Ал, бұл болса әлi де сол жалғыз қатынмен отыр. Бұл тұрмақ, мына тұрған Омар болысың да бұл сияқты, жалғыз қатынмен отыр. Әйел үстiне – әйел аламын десе оның қолын кiм қаққан? Мүмкiн, оның алып отырғаны – Нұрлан сияқты iргелi атадан шыққан бидiң қызы болғандықтан да, адуынды бәйбiше тағы басқаны алуға Омарға дес бермей жүрген шығар? Әйтпесе, не көрініпті Омарға онда байлық та, мал да жетерлік қой. Тым құрыса, болыс деген атағы бар ғой. Ондайлардың тiптi, біреу емес, қатарынан екi – үш әйел баласын алуға жағдайы әбден жетерлiк қой. «Ал, Әліпбек айтса, айтқанын жасайтын нағыз «сұмның» өзi» деп, Қиықбай құрдасының аузының салымдығына да қатты күйіп, қызғанышпен қарап, күрсініп қойған.
Бір кезде үндемей қалған Әлiпбек бағанағыдан да тым күшейіп, әсте қатты мақтанғандықтан, жарылардай болып қомпайып, мұның құлағына тағы бір сырын сыбырлаған. Дөрекі қылығымен ел аузына ілініп, мақтаншақ аты шығып келе жатқан ол дереу «Мұныма не дейсің?» дегендей боп:
– Несі бар, тап мына Қапал сияқты қала салу, тек қана Қыдыралы – Қалқабай ұрпағының маңдайына жазылған жоқ шығар. Көрерсіңдер әлі, мен салдырған қалаға Қарағашың былай тұрсын, оған әуелi бар ғой, Қапалың да жетпей қалар – деді. Оның күпінгендей болған мына сөздері тағы да Қиықбайды есінен тандыра жаздаған. Қиықбай мұның айтқандарынан тiптен шошына бастаған. Өзiн барлық дүниеден қапы қалғандай сезiнiп, ішіне түскен от – жүрегіне шоқ болып жабысып жатқандай сезінген. Тағы да ішінен: «Мына бiр есерсоқ неменiң сандырағы келіп–ақ, тұр екен. Құтыруын қарашы! Құрғырдың өзi нақ бiр жетi атасынан берi маңдайына мирас боп жазылып қалғандай–ақ, болыс та болам, қала да салғызамын дейдi. Онда мен қайттiм? Мына антұрған сияқты бөгiп, қала салдырып, болыс болмақ түгiлi, қатын үстiне – қатын алуға да шамам келмей отыр ғой» деп ойлағанда Қиықбайдың іші күйген үстіне күйе түсті. Оның қазіргі бет әлпетiнде қызғаныш пен бақталастықтың белгiсiндей болған пiшiн пайда бола қалыпты.
Қиықбай тарыққандай пейілмен, осы жолы барынша қайғырып, бір жағы ойнағандай боп, Әліпбекке естірте:
– Әй, кәззап–ай, жолың болмағыр, алдымнан тағы да кесiп өттiң бе? – деп қалды. Онысын кiмге айтқанын, не үшiн айтқанын тек өзi ғана бiледi.
Бұл кезде Қапал оязындағы маслихат барынша қыза түскен. Көппен жалғыз өзі арбасқандай болып отырған уезд бастығы Павлов та, алдында отырған қалың топқа – Тоғыз матайдың игі – жақсысына көзiнiң астымен, жағалай, селқос қана қарап шықты. Отырғандардың жүзіне қанша қараса да көңіл тыншырлық ешбір жайдың белгісін байқай алмай қойған. Мына отырған қазақтардың жүзінен кінәсін мойындап, кішіреюдің де, патша ағзамның өкiмет билiгiндегiлерден сәл де болса қорқып ыққандықтың да, не болмаса өздерiнiң осы шарасыздықтарына шек келтiргендiктiң де еш белгісі білінбейтіндей. Отырыстарынан «кесіп алсаң да, шауып алсаң да осы» дегендей, бедірейісіп отырған қалпы ғана.
Өзi момын санайтын халықтың мына қылығына ояз бастығы ырза болмай қалған. «Мына отырған туземдiктер өкiметтiң өздерiне бүгiн түк те iстей алмайтындығын сезе қалды дегенше, осылар мұның дәмiн татып алады, олай болса – билiктiң тiптi де өздері ойлағандай сұмдық емес екендiгiне көзi жеткендей болар. Олай бола қалған күнде, билiктiң де берекесi кеттi дей бер. Ол дегенiмiз билiкке шек келтiру, яғни айтқанда – қазiргi барлық жерде айтылып жататын Бакунин мен Кропоткиннiң анархиясының өзi боп шыға келмесiне кiм кепiл?» деген ой басына соқты.
Осылай ойлағанда ояз бастығы қанша айтқанмен де, аздап болса да сасайын дедi. Арқасы терлеп, маңдайынан суық тер шып – шып ете қалған.
Бiраз жылдан берi қарай осы өңiрдiң елiн билеп, төстеп келген ояз бастығы мына отырған ел жақсыларына наразы жүзбен томсара қарап алды. Осы бір өзіне бағынышты жандарды тап бір бүгін көргендей, аса таңырқағандай қалыпта отыр. Бүгінгі жиынға келген Матайдың игi жақсылары өзіне жат сияқты көрінеді. Оларды бұл бүгiн мүлде тани алмай қалған.
Қапал оязнайы осыдан кейiн барып, жергiлiктi халық арасындағы өздерiнiң ең сенімді деген адамдардың ішінде де бұрынғыдан өзгеше бір бөтен мiнездің пайда бола бастағанын байқағандай болды. Алыс – жақын арада болып көрмеген көңілге қонымсыз, оязнай үшін жиренішті, оғаш қылық.
Ояз бастығығының өзіне бағынышты халықтың басшыларына деген өкпесі де алабөтен болып тұр. Ренішпен қоса, өкінiші де біршама басым сияқты. Солар өзінің көңілін қобалжытып, біртіндеп ойын да бұза берді.
Бірінен кейін бірі бықсып шығып жатқан келеңсіз оқиғаларға оязнайдың іші қатты ашып, ұнжұрғасы түсіп, іштей буырқана аласұрып: «Қарашы өздерiн, керек десең беттерінен кесіп алсаң қан шықпастай болып отыруларын. Өй, өңшең жабайы, быдло!» деп, Матай елінің іске татырларын сыбап та алды.
Қазіргі Әліпбектің қорқайын дегені Омар болыс үшін істің беті бері қарай бастағандығы еді. Соған бұл бағанағыдай емес шошына бастаған. Осыдан сәл бұрын: «Қай болыс болса да құрдымға кетіп, болыстық орынға талас болса, менің де күнім оңынан туар уақыттың жақындай түсерi анық» деп, Әліпбек бағанадан бері қуанып отырған. Бір сәт болса да өзiнше мерейі тасып қалған. Сондағы арам ойы: «ондай болса осы жақтағы әлгi таныс адамдарыммен жең ұшынан жалғасып, беретiнiн берiп, болысныйға сайлансам болғаны ғой» деп, бағанадан берi соған қуанғандай боп, мұның бәрiн жақсыға жорып отырған. Өзiне жақындай түскен мансаптың буы да жеңiл – желпi болса да біраз бусандыра түскендей болғаны рас. Бойы балқып, қалжасы жаққан, жас босанған әйелдей болып, мүше – мүшесiне дейiн былбырап отырған күйде едi. Сөйтiп отырғанда, жағдайдың аяқ астынан былайша өзгерiп сала бергенi, оның жанына қатты батты. Болыстықтың ауылының ендi мұнан iргесiн аулақ сап, қайтадан алыстап бара жатқандай болғанына іші ашып қалған. Аяқ астынан түсі бұзылып, реңі солғын тартып шыға келген.
Жағдайдың дәл мынадай болып өзгере бастағаны оған тіптен де ұнамай қалған.
Бүгінгі жиын үстінде құрдымға кете жаздаған Омар болыстың құруына тілеулес болған ниетіне де лағнет айта бастаған. Ол ішінен Омардың сөзін сөйлеп отырған Нұрлан биді жақтырмай: «Осы заржақтың жағы бiр қарыспайды екен!» деген. Сол бойы өз – өзінен қайта – қайта кіжіне берді. Сүйкенетін кісі таппай, доң айбат шегіп, ызаланған күйi, енді не істерін білмей қалған.
Үлкен кеңседедегі маслихат үстінде пайда болған бүгінгідей шырғалаңның бетбұрысы айқындалайын деген сыңай байқалардай болды.
Әрi – берiден кейiн сөзге Арасан болысы Сейiтбаттал килiктi. Ол осыдан бұрынырақ ағасы Тұрысбек қажы қайтыс болғаннан кейiн соның орнына болыс сайланған болатын.
Сейітбатталдың ел арасындағы адуынды шешен, азулы болыс атағы да бар. Қалқабай ұрпағына лайық, бұл да солардай Мекеге барып қажы атанған. Сейiтбаттал, асықпай, өзiне тән жұмсақ, қоңырқай дауыспен:
– Тақсыр, сiздiң айтып отырғаныңыз өзiңiздiң құжырлы қызметiңiзге байланысты дұрыс айтылған нәрсе. Өкiмет талабы да бәлкім солай шығар. Оған бiздiң еш қарсылығымыз жоқ. Бiз болсақ та, өкiмет құзырындағы адамдармыз, біз де сол өкіметке қызмет жасаймыз – деп, ол байыппен сөйлеп, оязнайдың да, өздерінің де өкіметке қызмет жасайтындығын баса айтты.
Сейiтбаттал болыстың сөзiн аударып отырған Сеңгiрбай, жаңағы сөздердi орысшаға аударысымен, ояздың өңi сәл жiбiгендей болды. Мынадай сөздерге оның iшi жылып сала берген. Оязнайнайдың салқын қабағы сәл ашылғандай болды. Сейiтбатталдың сөзi оған жаққан сияқты, ол соны қостағандай рай танытып, басын шұлғығандай болды. Онысы сенiкi дұрыс деп қоштағаны сияқты көрінген.
Бiрақ сөз өрісі кеңіген сайын әңгіме іргесі де оязнай көңіліне суық тартып, бөлектене бастағандай әсер етті. Айтатынын әріден қозғаған Сейітбаттал алғашында оязға дұрыс бастағандай көрінген, енді міне бұл да бұра тартып бара жатқандай көрінді. Әккi болыс мұны тағы жата берiс тастап, өзiнiң ағасы Нұрлан бидей тағы да тығырыққа тiрегендей қылды. Өйткені, ол да аяқ астынан сөзiн «өкімет, патша ағзамның талабы» дей келе кейінгісін ұзын арқан, кең тұсауға сала, құбылтып шыға келген.
Оязнай оның сөзін мұндайлықты түрлендіріп, астарлап әкетіп бара жатқанын әсте түсіне алмай, «бағанағың жөн еді, енді қайда барасың?» дегендей Сейітбаттал жаққа сұраулы жүз, суық көз тастап алды. Енді ғана оның түлкі бұлаңға айнала бастаған сөздерінің түп төркіні бұған белгілі бола бастағандай. Ояз бастығының қабағы түйіліп, түсі қайтадан суық тарта бастады.
Сейітбаттал оязға қарап, серпiле түскендей қып:
– Бiздiң қарамағымыздағы болыстықтардың қазақтары да орыс патшалығының құзырында емес пе тақсыр? Ендеше олар да дәл осылай ойлайды. Ал ендi күннен – күнге көбейiп келе жатқан переселендерге қоныстарыңды тастап, өздерiң қайда кетсең – онда кет деген жарлық, бiздiң көкейiмiзге әзiрге оншалықты қонбай тұр. Мүмкiн патша ағзамның жоғарыда отырған ұлықтары жердiң елдiкi, онда да атамзаманнан бері қазақтың тайпасы мен руларінікі екендігiн бiлмейтіні ме? Солай болғаны шығар? Жоқ әлде, бiлсе де, бiлгiсi келмейдi ме? Қазақтың ең қасиеттi дүниесі – жер. Ең қымбат нәрсе де әрине жер болып саналады. Жер барлығымызға ортақ дүния. Қазақта жер саудаланбайды, жер пұл болып көрген жоқ. Жер ешқашан сатылмайды да. Ондайды бiз естiп көрген емеспiз. Жер тек қана береке – билiкпен пайдалану үшiн ата – бабадан бiзге мирас болып келе жатқан байлықтың көзі болып саналады. Олай болса күннен – күнге тартып алынып жатқан жерлерде бiздiң де еншiмiз бар. Ал, бiз болсақ сiздердiң ел iшiндегi тiректерiңiз емеспiз бе? Олай болса таяқтың бiр ұшы бiзге де тиiп жатқан жоқ па? Осыған өзiңiз қарап, әдiлдiгiн айтыңыз? Мына отырған ел сiздерге де керек қой – дедi.
Сейiтбаттал да Нұрлан би сияқты тұспалдап сөйлеп, сөзiн алыстан орағыта қайтарады. Сейiтбатталдың қайда алып бара жатқандығын сезiп, ояз бастығының қабағы түйілген үстіне түйiле түскен. Бiрақ Сейiтбаттал да қарап тұрмастан сөзiн жалғастыра берген. Ол осыларға дәйекті дәлел келтіргендей боп:
– Менiң өмiрiмде жер тек бiрақ рет саудаға салынғандай болған. Онда да ол жерді біз келiсiп ортақ пайда үшін өз руластарымыздан қалап алдық. Біздің қалауымыз тек қана келiсiм бойынша, өңшең аталас рулар арасында болғандықтан – Қыдыралы мен Ақшора, Шаппа рулары өзара мәмлеге келіп, билікке жүгіндiк қой. Біздердей жақын руластар өзара шарт жасап, ақылдасқан. Сөйтіп, Ежен төбенiң маңайындағы екi – үш жұрттық жердi, бiздiң ағамыз марқұм Тұрысбек қажы, сол жердегi Ақшора – Шаппалардан, Қарағаш кентiн салу үшiн қалап алған болатын. Әрине қазiргi Қарағаш тұрған жерді пұлға емес, аталастардың арасында бұл іс ағайыншылықпен шешілген еді. Бүкiл ел – жұрт болып ақылдасып шешті бұл істі – деді Сейітбаттал отырғандарды көзімен бір шолып өтіп.
Сейітбатталдың осындайлық қажырлы сөзіне бұлардың ешқайсысы да шек келтіре алмайтындай сияқты көрінген. Жұрт оның айтқандарын ұйып тыңдағандай. Тіпті, Қарағаш кенті салынған жердің бұрынғы иегерлері Ақшора, Шаппалардың барлық би, болыс, старшындары да бұл уәжге қыңқ етпестен, ауыз ашпай қалған.
Ежен төбенің маңайын Қалқабай балалары қалай алды, ол бүгін бұл елге біртіндеп ұмыт бола бастағаны мәлім. Әрине тіс қаққан, көнекөздері ғана білетін, мұның қалай болғанын.
Қыдыралы болса, осы маңдағы Қаптағай ішіне күші де – ісі де мәлім ру болғандықтан, оның көз құртына айналған Ежен төбенің тұсынан бүгінгі Қарағаш кенті орын тепті.
Қыдыралы – Қалқабай балалары қолқа салғаннан кейін, қойсын ба, жер солардың ыңғайына қарай шешілген болатын. Мына отырғандар ол туралы біледі.
Сейітбаттал сөзін ары қарата тұжырымдай сөйлеп:
– Бүгінгі күні сол жердегi кенттiң пайдасы мен қызығы барлық қазақ баласы үшiн ортақ болып тұр. Былай айтқанда мешiт сияқты, медресе, мектепте бала оқыту болсын, сауда мен дүкен болсын, қызықшылығын тек қана бiздер, не болмаса Ақшора, Шаппа ғана емес, сонымен қатар, маңайдағы басқа да қазақтар көруде. Қарағаш бұл күнде осы маңайдағы елге ортақ қоныс боп тұрған жоқ па? Ал, переселен болса алған жерлерiнiң маңайына мал түгілi, адамды да жуытпайды. Оны мен Қапал жақтан да, Сарқан жақтан да талай рет көрiп жүрмiн ғой.
Ендi сотқар турасына келсек. Оның да, алдымен ақ–қарасын анықтап алу қажет. Сол үшін тексеру керек. Кiнә, Омар болыстың адамынан келсе ғой, әрине ол жазықты боп, жауабын бередi. Осыған қош делiк. Ал, егерде ол кiнәсiз болса ше? Онда қайтеміз? Жазықты ма, жазықсыз ба, оның ақ–қарасын ажыратып алу керек. Сонан кейін жауапқа тарту керек – деді.
Сейiтбаттал ақыры орағытып әкелiп осы сөздiң салмағы мен жауабын Ояздың өзiне аудара салғандай болды. Осылай деп барып, ол сұраулы жүзбен оязға қараған. Оның бұл қарасында: «бәрiбiр олай болмас! О заман да, бұ заман, сендер кiнәлi болушы ма едiңдер?» деген сұраудың сыңайы бар сияқты.
Осылайша сөйлеп шыққан қажы, бiздiң де сөзге құлақ сал, «мұның тоқтауы осы болар» дегендей қып, осыларды әдейi айтқандай. Сейiтбаттал өзiнiң мына сөзiмен оязнай сияқты қатал ұлықтың ызғарын сейiлткендей де болды.
Айтылар сөз осымен түгел айтылғандай еді. Үлкен қиын түйін де осымен шешілетін сияқты боп, ыңғай білдiргендей. Ендігісін ояз айтар.
Тоғыз Матайдың құрған сияздарында бiтпеген, не бiр билер мен болыстардың алдында шешiмiн таппаған iстер Нұрлан би одан қалса Сейiтбаттал қажының араласуымен тез арада шешiмiн тауып шыға келетiн едi. Сондықтан да, Сейiтбатталдың сөздерi де, сондай–ақ, басқалардың сөздерi де оязға қатты әсер еткен сияқты. Ол бiраз уақытқа дейiн, не айтарын бiлмей тұнжырап отырып қалды.
Оязға Матайдың тоғыз болысынан жиналғандардың бүгiнгi қылықтары тiптен де өрескел, жиіркенішті болса да, ол осында жиналған барлық болыс пен билерiне топырақ шаша алмаған. Көпшiлiктiң аты көпшiлiк қой. Ол iшiнен: «Бәрiне кiнәлi – Столыпин!… Государьға жағам деп…, мұжықтардың көңiлiн табам деп…, iстеп жатқаны мынау болса, қазақтардың арасында жүрген бiздiң күндегi көресiмiз де осы болар! – деп, Столыпиндi де, оның – «Жаңа реформа» ал, қарапайым халық, орыс мұжықтардың арасында «Столыпиннiң реформасы» деп аталынатын аграрлық саясатын да, iшiнен бiр даттап алды.
Уезд бастығы қазір өте зәрлі, қатты ашулы. Бiрнәрсеге риза болмағандағы әдетiнше көзi шытынай суланып, терiсiне сыймағандай болып отыр. Қазір де, оның ойынан орын алып отырған өз қоластындағылардың сөздері мен бүгінгі көрсетіп отырған мынау сияқты мінездері еді. Ояз бастығының пайымдауынша бұлай бола берсе оңай болмайтын сияқты. Мұның барлығы өсе – өсе келіп билікке, басқару тәртібіне шек келтіру, қарсы келудің бір түрі сияқты болып шыға келместігіне кім кепіл.
Басы қатқан үстіне қатып, ойына үрейлі бір сұмдықтар кіре бастағандай. Ойы құрғыр да, бұзылған үстіне бұзылып тұр ғой. «Ішкі Россиядағы марксистік, анархистік онан қалса қазір күш ала бастаған болшевиктік бас көтерулердің түрі жаман. Патша тағының кетеуі кете бастағандай. Оны осы уақытта қаражүздік – монархистер шайқалтпай ұстап тұра алады ма?» дегенде ояз бастығы бөгде ой былай тұрсын, өзінің қарақан басын қайда сыйғызарын білмей тұрғандай сезінді.
Ол өз – өзінен сасқандай боп, тіптен бұл туралы жоғары жаққа не айтарын білместей болып отыр. Қапал уезіндегі жағдайды «ашсам алақанымда, жұмсам жұдырығымда» ұстармын деген ниеті де адыра қалғандай болыпты. Қазір осы сияқты сүйкімсіз жайлар мұны жан – жақтан тарпа бас салғандай еді.
«Былай алып қарасаң жан түршігерлiк сұмдық сияқты осының бәрi де, ал ендi жоғарыға айтсаң «бунтовщинаға» жол бердің деп барлығы өзіңді кінәлайды. Сонда не істеу керек?» деген ойдан арыла алмай, ояз бастығы не iстерiн бiлмей, шынымен қиналғандай боп, енжар болып қалған.
Ояз бастығы қазақтардың жаңағы Нұрлан би, Сейітбаттал қажы айтып кеткендей, ата – бабаларынан бері, бірге жасасып келе жатқан әдет – ғұрыптарының бар екенін жақсы біледі. Көшпелі ел болып саналатын қазақтардың әдет – ғұрып, жол – жоралғыларының бұрыннан берi, қазіргі кезге дейін қолданылып келе жатқанын бұл бұрын да естіген. Оның осылар жайлы тағы бір жерден оқығандары есіне түсе кетті. Соларды ұмытқандай болса да, тез арада тағы да есіне түсіргісі келіп, қинала қалған. Ол біршама қинала ойланып барып: «Қалай еді, е – хе, айтпақшы, тұра – тұр! – былай деген еді ғой», ояз бастығының есiне өздерi туземдiк халық санайтындардың кейбiр басқару функцияларының сонау мыңдаған жылдардың iшiнде еш өзгермегенi туралы тағы бiр жерден оқығаны түскендей болды. «Біздің құзырымызда болса да, бұл қазақтар өздерінің ата – бабасынан бергi қалған тәртіптерімен жүргісі келеді. Бізге өздерiн де, өздерінің жерлерін де, билеткісі келмейді. Ал, айтып отырыстарына қарағанда өздерінің қандастарымен тез тіл табысып, бір ру – басқа бір рудың жерін сұрап алады, оған қалашық салады. Басқалары оған үндемейді. Бұлар болса біздің заңға бағынғысы келмейді, жерді даулап жүргені мынау. Сонда қалай болғаны?» деп ол қазақтар мәселесінің төркінін аңғарып, өзінше топшылағандай да сияқты.
Сонымен оязнай кеңескен мәселенiң көзiн таппай, елге де айтатыны таусылғандай болып, үндемей қалды. Ол осыған ызаланып, өзінше кіжіне:
«Осының бәрі бұлардың өздерi айта – айта әдетке айналған, рулық тұрмысының дамуына байланысты қалыптасқан, өздерінің заңсымақтары ма, қағидалары ма, солай болу керек» дегенге балыған.
Қазақтардың мына түрі оязға тым жат, ерсі көрінгені де сондықтан.
Осындай ойға берiлiп, үндемеген қалпында отыра берген ол ендi бiр кезде өзiнiң ояздығын сезiнгендей боп, аяқ астынан сұстана қалды. Тез арада бойын жиып алып, сол екі ортада ол жан – жағындағыларға сыздана қарап, маңындағыларды iшiп – жердей болып, мардымсыған, зәрлі қараспен отырғандарды ата қараған. Оның қасында отырған көмекшілері, қала басы, полицмейстер, ішінде әнеу күнгі аға пристав Куреньков, тергеушілері мен мировой судьясы, тілмаш Сеңгірбайы бар, төрт көзі түгел отырған дүйiм жұрт та, апырай, тағы не болар екен деген сыңаймен сәл бұға түскендей еді. Олар қазір істің аңдысын аңдып отырғандай сияқты.
Шақырылған қазақтардың көбісі, үндеместен ұлықтың жүзіне атысқандай боп қарайды. Олар басқалардан бұрын ояз бастығының ғана әрбір қозғалысын аңдығандай едi. Кейбірі оязнайға қарап, «тақсыр, көріп отырсыз ғой, менде жазық жоқ деген пiшiн» көрсетісіп, оязға қарап телміргендей де болады.
Ояз бастығы бұл жиналған қазақтардың басшылары дәл қазiр өзiн екi оттың ортасына тастап кеткендей болып сезiнген. Бас кезiнде қорқытып, үркiтiп, ықтырып аламын десе де, артынша өзі осы бір қауқарсыздау күйге тап болып қалғанын бiрақ бiлген. Сонысын өзi іштей мойындағандай боп: «Біз бұл қазақтардың билеушілері түк түсінбейтіндер, ақылы мен ойлау қабілеті төмен типтер деп ойлаймыз. Ал, бірақ та, бұлар өте айлакер, қу болады. Сонымен қатар ақылдары да жетерлік, сөздерінің логикалық түйіні басым халық. Қазақтарды оңайлықпен ала алмайсың. Олар өте айлалы, мұндайда өздерi дағдылы әдеттерi бойынша, өздеріне ұнамаса сөйленетін сөздердің бетін басқа жаққа өте шебер түрде бұрып жібереді және аз уақыттың ішінде–ақ, өздерінің ақылдылығын да, шешендігін де танытып салады. Мұндай қабілет бұл халықтың және оның тілінің аса бір ерекшілік қасиеті ғой деймін» деп, қисыны келген осы бiр жайды да, сол бойынша өзінің түйгенiн де, ол осылай пайымдығандай болды.
Артынша ояз бастығы қиялап келген осы ойларын таразылағандай боп: «Бұларды тек сөйлетіп қой, майпаздап сөйлесе болды, бәрін сонымен бітіреді. Шындығында да іштеріндегі бірен – саран оқығандары болмаса, сауатсыз халық. Бірақ, сөйлегенде бар ғой сөздің түбін түсіреді. Бұл қазақтардың сөздерінің философиялық мағынасы өте терең болу керек. Өздері тура айтылған сондай сөздерге көнiп, уәжге келетін халық. Тiптi, айтылғандардың жағдайына қарай мәмлеге келетiнiн қайтерсiң?! Соған тұрысып, соған бас иетiнi де бар. Ал, мына отырған билердiң әр қайсысы –өзінше бір – бір философ» деп, өзі жаңа ғана жабайысынғандай болып, кекесінмен, даттап, ғайбаттап отырғандарға бір жағы сүйсінгендей де болған қылық танытты.
Қоластындағылардың осындай мінезі бұған мәлім болғандықтан, ояз өз ойының сөзге айналып оқшау шығып кетсе және мыналардың құлағына шалынар болса, өзімнің әлсіздігімді мойындағандай боп қалам ба деп, әзірге сыр бермей үнсіз қалған.
Ояздың өзi де қазiр Империяның бұратана аталған осы елге жасаған ең зор қиянат өктемдiктерiнiң де, көптен берi iске аса бастағанын сезіне бастағандай едi.
Қазақ даласында Столыпиндік – «Қоныс аудару қозғалысының» жаңа кезеңi бел алып, жергілікті халыққа да ауыртпалық үстiне – ауыртпалық әкелгенін бұл түсінедi. Ол туралы білсе де, бұл бiрақ осы саясатқа ешқандай да, шек келтіре алмайды және жақ ашуға тиiс емес. Мемлекет мүддесіне олай қарауға да, тiптi сынауға да мұның еш қандай қақысы жоқ. Ондай ойды ойлаудан бұл аулақ болуға тиiс. Тiптi жоғарғы билік иелерінің жасап отырғаны теріс болса да, бұл үшін дұрыс болуы керек. Бұл сол билiктi орындаушы ғана, басқаны бұл білмейді, білгісі де келмейді. Уездной управительдiң өз болжамы бойынша мәселе ылғи осылай бола берсе мемлекеттiң қоныстандыру және жер қорын жасау туралы саясаты шынымен–ақ тұйыққа әкеліп тірейтін сияқты.
Бұл саясаттың өзi былай қарағанда қазақтардың осы уақытқа дейiнгi қалыптасқан шаруашылық жағдайына қарама – қарсы келiп тұрғандайы көзге бірден ұратыны анық. Мұның ар жағы тағы беймәлiм…, бұлыңғыр, белгiсiздеу боп тұр.
Столыпин болса Ресейдегi жер қауымдастығын бұзып, мұжықтарға хутор болып отыруға рұқсат бергiздi. Онысы мүмкін дұрыс та шығар. Орыс мұжықтары кәдiмгi Америкадағы фермерлердей болсын дегенi де шығар? Бұған дейiнгi қауымдастық жерлерден берiлетiн жерлердi де, помещиктiк жердi бөлiсу туралы да, әңгiменi ол тоқтатып, бұратана халықтардың, отаршылдыққа айналған жерлердiң кез – келген жақсы тұсынан мұжықтарға үлес бергiздiре бастағаны бар. Ал, олай болса ондай жерлер мұжықтарға өте көп мөлшерде қажет. Олардың әрқайсысына қырық бес десятина ыңғайлы жер және он бес десятина жыртылмалы жер керек» деп күдікпен ойлады. Осындай ойдың жетегінде отырған управитель: «Столыпин мұншалықты жердi қайдан алмақ?» деп ойлады. Осыны ойлаған сайын ол тіптен құлази түскендей болды. Мұның арты тағы да шиелініскен, бітіспес дау екені анық. Мұның бәрi бiрiне – бiрi жалғасқан дүние болып кете беретiн де сияқты. «Олай болса, ол қайдан алмақшы осыншама дүние жердi? Помещиктердiң имениесiн ол өлсе де бұзғызады дейсiң бе? Керек десең Столыпиннiң өзiнiң де шыққан тегi помещик қой. Оның әкесi керек болса патша сарайында қызмет еткен генерал болса, бiр жағы нағыз iрi помещиктiң өзi емес пе? Орыс помещиктерi Россияның жұлыны ғой. Ол жұлынға ешкiм тиiспес. Әсiресе, Столыпиндей түбi помещиктерден шыққан адам үкiмет басында отырған кезде. Олай бола қоймас. Ал, мына бұратана халықтардан жердi өздерiнiң ерiктерiмен берсе бердi, бермесе тартып алуға тура келеді. Тартып алып та жатыр. Ол туралы ешкiмнен сұрамайды. Айтатындары бiр–ақ сөз: жер қазынаға, не болмаса патшаға кеткен дейдi. Онан басқа бұларға не айтсын. Алғысы келген жердi сөйтiп ала бередi. Сондықтан да, бұларға қазақтың жерлерi көптеп керек. Ал, қазақтар қайда бармақ? Қалайша олар орыс мұжықтарына өмiр сүруге жарамсыз деген жерлерде күнелтпек?…Олар қайда барса онда барсын! Қалай күндерiн көрсе, солай көрсiн! Менiң де, керек болса Столыпиннiң де, оған басы ауырып, қайғыратындай несi бар… Әрине, Столыпинге бұл жағдайдың бiрде – бiреуi жетпеуі де мүмкін. Ол болса өзiнiң Петербургтегi салқын сарайында отырып алып, оңды – солды жарлық берiп, ойына келгенiн iстейдi. Ал мұның отына күйiп, суығына тоңатын, бiз сияқты провинция түкпiрiндегi байғұстармыз» деп, уезд басшысы өзіне – өзі мұңын шаққандай болды. Ол қазақтарды да түсінеді, олардың шыдамының таусыла бастағанын біледі. Соған байланысты тіпті, өкімет тарапынан істеліп жатқан әрекеттер жоқ емес. Бар. Сол әрекеттерге сай, жақын арада жерлерiнен ығыстырылған қазақтарға қажетi болар деп, Столыпин өңдеуге келмейтiн құмды, шөлейт жерлердi көптен – көп беріп жатқан болатын. «Олай болса, оларға сол жерлер де жарап тұр. Солай болғаны дұрыс та шығар» деп, уезд бастығы өз ойына – өзi шомған күйi.
Ол соңғы уақытта Ресей орталығындағы билiк пен саясатқа көп араласып кеткен, Орыс үкiметiнiң басында отырған – әмбе, Iшкi iстер министрi қызметiн атқаратын – Столыпиндi де онша жақсы көрмейтін. Бiр жағы Россияда белең алып жатқан бассыздықтарға тікелей әкеліп соқтырғанда да сол сияқты. Осының бәрiне сол кiнәлi деп есептейді. Тек қана бұл емес, көптеген орыс саясаткерлері мен іскер топтары осылайша ойлап, оны жазғырғандай болады.
Уезд управителi алғашқы бiр ойының соңына таман: «Осының бәрін жергілікті жерде іске асыру, бiз сияқтыларға оңай дейсiң бе?» дегiсi келгенді тағы есіне алғанда, ұнжұрғасы түсіп, ойына әр қилы нәрселер келе берді. Қала берсе, мұның да көкейін кескен көп зат бар. Әзірге мұның үмiтiн өршiтiп, күдерiн үзгiзбей тұрған да солар сияқты. Кей–кезде ол осыларды көңіліне медеу тұтып: «Қашанғы мен бұл туземдiк халықтың арасында осылай жүре бередi дейсiң. Менiң де уақытым келер. Күндердiң күнiнде мен де кетермiн бұл арадан. Сол кеткенге дейiн бұл арадан қажетімді тапсам, керектiмдi алсам болғаны» деп, өзін–өзі жұбатып, кесiп – пішкендей болады. Сөйтіп, сол уақытты ішінен аңсап та қояды. Тек шыдау керек. Шыдаса болды, бәрi де анықталады. Ол енді: «соған дейін тек шыдай тұрсаңшы» дегендей қып, өзіне – өзі жөн сiлтегендей болып та қояды. Осының бәріне шыдап бағуға тырысып, тағы да өзiне басу айтып, уәде бергендей де болады. Сол ой мұның көңiлiне әжептеуiр жадыратып тастағандай етті. Тіпті, әжептеуiр жанын да жылытып сала бергендей сезiнген. Тек, осы бір көкейіндегі үмiттi ойлар ғана мұның өмiрге деген сезімін құштарландырып тастағандай еді. Дәл қазір ол өзiн – өзi отырған орнында нық сезiнгендей. Уезд бастығының аяқ астынан көңiлi көтерiліп қалды. Көз алдына болашақтың бұлдыр оты бұлаңдап түскендей. Бір уақыт алда өзін күтіп тұрған өмiрдiң тәттi қиялының қисыны келіп, өзін болашақ күндерге жетектей түскендей де болады.
Осындай шырғалаң ой үстiнде отырған уезд бастығы, Матайдың бүгiнгi жиынға жиналған, мәжіліс жасайтын жайда иiн тiресе отырған iске татырларын, көзiнiң астымен бір шолып өтті. Дереу бойын жиып алды.
Бағанағы ойлар сейіле бастағандай болып, енді бұл отырғандарға қарап қойып, қабағы түйіле: «Мына бір лаң қайдан пайда болып еді өзi?» деп, шала бүлiне қалған қабақ танытып жатып. Анда – санда жан – жағына сұқтана қарап, қиналып отырған жайы бар. «Тiптi маған да, осының зардабы тиіп кетпесе. Иә, бұл қазақтарың оңай емес, барлығы да, жергiлiктi халықтың, қалың қауымдастықтың қалауындағылар, солар сайлағандар» деп барып, ояз өз ойын әрең тежегендей болды.
Ояз бастығы өзінің қанша тырысып, тақымдаса да бұл істі ақырына дейiн жеткізе алмағанына өкінді. Мына отырған туземдіктердің алдында өзінің осыншалық әлсіздігін қанша білдіргісі келмесе де, оның сөздерінің кетеуі кете бастағаны бағанадан–ақ, белгілі бола бастаған. Мұны ояз бастығының өзі де түсiнген сияқты. Ол мына жер төңірегінде басталып келе жатқан сыңар жақты өктемдіктің де бітіспес дауға әкелетіндiгін, алдын – ала болжап, бiлгендей болып отырған жайы бар. Бірақ, бас кезде оған еш мән беріп көңіл аудармаған. Жеңiл желпi, үстiртiн ойлағаны бар. Тек қана, «қайда барады дейсiң» деп қана қойған. Онша ден қойып, тереңнен ойламаған. Ойлағысы да келмеген. Ойлап қайтсін. Өйтуге мұрша бар ма? Бұл тек бұйрықты орындаушы ғана ғой. Осылайша есiне әр нәрсе түсе берген ояз, ашуы басылып, жасып қалғандай. Тіптен өзінің қол астындағы қазақтарға өкпесі «қара қазандай» болып күйзеліп тұрғаны сол.
Осыған дейін ішкі есебі бойынша, әмбе өз пікірінше «өзiме сенiмдi шығар, айтқанымнан шықпайды» деп сенiп жүргендері, керек десең мына отырған болыстар мен старшындар да өзін қолдамай тұрған сияқты ғой. «Бұл өкiмет үшiн нағыз жантүршігерлік жай, кесепат қой!» деп, тағы да ояз билеушiсiнің ойы бұзылып, екі иіні түсе бастаған.
Ояз бастығының ендiгi мына елдi басқарудың қиындай түскендiгiне көзi әбден жеткендей болды. Содан да болар, ол осы уақыттың ішінде алғаш рет шошынып қалған. Өзін тіпті қазақтар арасындағы тiрегiнен айрылғандай болып сезінді. Бір уақыт, өзiн – өзi жазғырғандай боп: «Маған не болған өзі, ойыма қай – қайдағы мемлекет мүддесiне қайшы келетiн, крамольный нәлеттер түсе бердi» – деп, манадан бергi тығырыққа тiрелгендей болған, дағдарыс билеген ойын сейiлту үшiн, орнынан атып тұрып сiлкiнiп қалғысы келдi. Бірақ өйтіп өрескел қимыл көрсетуге ол қасындағылардан ыңғайсызданып отырғаны, әйтпесе сөйтер еді. Иә, дәл сөйтуге алдында отырған тамам жұрттан ұялған сияқты. Қайткенде де, ол осы бiр жағымсыз ойдан арылғысы келсе де, бұл ой оны қапсыра құшақтап алып, ажырамай–ақ қойғаны.
Әңгіме бүгінгі күнгі қаралып жатқан себепті жайларға көшкен кезде, тағы да ойына қай – қайдағы түсе берді. Қазіргі болып жатқан аласапыранның да түрі жаман сияқты. «Россияның iшi болса анау, буырқанып қайнап жатқан. Қаншама жыл болды «революция», «революционер» деген сөздiң пайда болғанына. Шетiнен бәрi революционер, шетiнен бунтарь. Керек десең аузы – мұрны қисаймай–ақ, патшаны да өлтiредi. Қазақтар да әбден бұзылған. Iшiндегi ауқатты, билiкке жақын дегендерiнiң өзi мына сияқты, қара табандыларының сөзiн сөйлесе, өздерінің руластарының бас пайдасын ойлап жер деп шуласса, онда не болғаны? Оларды қалай басқармақсың? Әлгi бiр Кропоткин мен Бакунин дегендердiң айтатындары да осыдан болар. Солардың «анархиялық қоғамдары» осылай басталатын шығар?! Ал сонда, Россия анамыздың жағдайын кім ойлауы керек? Әрине, біз ойлаймыз, ойлауға тиiспiз, тiптен мiндеттiмiз! Ал, бізбен қатар мына отырған жабайылардың осыны ойлауы керек пе?» деп күйзелген болды. Дәл қазір өзін қинайтын да, Россияның басына төнген осындай бір «белгісіз заман» болса керек.
Осыларды ойлағанда ояз билеушісінің беті жақтырмағандықтан тiптi өз – өзінен тыржың ете қалды. Қарсы алдында отырғандардың жүзіне жақтырмайтын қылықпен ажырая қарады.
Осындай ойдың жетегіне берiлген оязнай кенет селк ете қалды. Өзінің осы ойын қасында отырғандардың біреуi естіп, біліп қойған жоқ па дегендей боп, жан – жағына шошына қарады. Қасында отырғандар мұнымен iсi жоқ, әр қайсысы өз жайымен отырған сияқты. Оязнай енді қайтадан жақатпаған қалпымен: «Иә, барлығы да, мен не айтады екен деп күтеді. Бұлар маған бағынышты халық қой» деп отырған жерінде дөңбекшігендей боп, қозғалақтап қойды.
Ояз билеушісі жаңа ғана өз – өзінен шошынғанына именіп, іші ашығандай болса да, артынша тосын қалған. Оның көз алдынан қисыны кетiп, буылдыр тартқан болашақтың елесi кетпей қойды. Ол аяқ астынан кетеуi кетiп, бүлiне бастаған мына бағынышты ел туралы қатты толғанып қалған. Тiптi, ойлағысы келмесе де, ойына әр қилы нәрсе түсіп, осыншалық әбігерге түсірді. Бүгiнгi шақырған кеңесiнiң де, соған келiп отырған бағынышты елдiң мына бiр билеушiлерiнiң де, осылардың бәрiнiң де бұл үшiн әзірше түк те жақсылығы жоқ. Атақсыз дүние сияқты болғалы тұрғаны қалай? Оязнайдың алдында түнере қалған тұманды болашақтың сүлбесi тұрғандай болды.
Ұлы Империяның дiңгегi құлап, күйреп, бүлiнiп бара жатқан мына бiр кесепатын сол буалдыр тартқан болашақтан анық көргендей. Осы бүлiнген өмiрдегi мансап та, алдағы бақытты өмiр де адыра қалғандай. Аяқ астынан соның бәрi көзден бұлбұл ұшып, ғайып болып бара жатқандай көрінді. Алдағы өмiр күңгiрт тартып тұрғандай көрінді. Соған ендi шынымен-ақ, өзінің көзi жеткендей еді. Сонысы рас шығар.
Осыдай ойлардан Павловтың бойы тоңазып, маңдайынан суық тер бұр ете қалған. Жаңағыдай мазасыз ойлар түртпектеп: «Шынымен–ақ, монархия күнiнiң санаулы қалғаны ма? Державамыздың бiтуге айналғаны ма?» – дегендей болды. Сол ойлар өзін шырмап, басын жадылап қойғандай, ойынан бiр шықпай қойды. Сол ойлардың ауыртпалығынан әлi де болса арыла алмай отыр.
Уезд бастығы өзi отырған билiктiң ақауы бiлiнiп, шындығымен сыр бергенiне, қатты есеңгiрегендей күй кешуде еді. Оның есiне әлденедей боп көрiнген бұлдыр бiр елес түскендей болды. Сол елес өзіне: «тезiрек есебiн тауып бұл сахарадан құтыл» дейтiн сияқты. Дәл қазiр көңiлi құлазып, өз ойымен алысып отырған оязға, кетеуi кете бастаған мына дүниеде ендi бәрiбiр де, еш қызық қалмаған сияқты.
Ояз бастығы отырған қазақтарға қарап: «Мейлi маған десеңдер, қараң қалыңдар! Үл болмасаңдар – күл болыңдар!» – дегiсi келді. Бірақ, өйтуге дәтi бармады. Дәтi емес–ау, батылы бармағандай.
Ол дереу бойын жиып ала қойды. Осыдан зығырданы қайнаған қалпында, зорға ашуына дес бермеген ояз, сабасына түскендей болып: «Қой – қой, сап – САП, бұларды әзiрге алдаусырата тұру керек шығар?» дегенге келген. Осылай деп ойласа да, тағы да ер тоқымын баурына алып тулап, өзiнен – өзi шала бүлiнiп: «Бұларың баяғыдай емес! Туземдiктерiң күннен – күнге күшейiп келедi. Осылардың арасында бiлiмдiлерi де жоқ емес. Тiптi естуiнше, алысқа бармай–ақ, осы маңның өзiнде–ақ, бұлардың арасында өте бiлiмдiлерi де, зиялылары да, бар сияқты. Тфу, сонау алыс Африкадағы Египет елiнде оқығандары, онан қалса Түрiктiң – Стамбул қаласында университет бiтiрiп, Мамановтар салған деревняда учителi де, молдасы да болып жүргендерi бар» – деп естiген. «Ал, анау ағайынды Сыртановтар ше, олар өз қазағы үшiн iшкен асын жерге қоятын нағыз «фанаттар» емес пе едi? Бiрi губернатордың тiлмашы, шендiк саты бойынша колеждiк регистратор дәрежесiне ие болса, екiншiсi Жетiсу губерниялық басқармасында ерекше тапсырмалар бойынша қызметкер, бақандай сарай кеңесшiсi. Олардың да бiреуi өлiп, тек бiреуi ғана қалды. Әйтпесе, көп нәрсеге мұрындарын сұғушы едi ғой. Сонда да болса, қиын екенi рас. Қазiр де Сыртановтан талай пәленi күтуге болады. Оған – мына бiр Тынышбаев Мұхамеджан деген инженер тағы да қосылды. Бұл маңда жоқ неме қайдан келiп едi. Оның өзi Санкт–Петербургтегi I Александр атындағы жол – қатынас институтын бiтiрген екен. Онымен қоймай, Тынышбаевың Мемлекеттiк Думадан да дәмелi. Ал, енді керек болса. Жабайы ел, туземдiк халық десең. Жетпегені осы болды. Тiптi, сол Тынышбаев туралы Жетісу облысының Әскери – Губернаторының өзi: «Сіздер жақта инженер, темір жол салғыш Тынышбаев Мұхамеджан жүр. Оның өзі жас болса да, туземдік халықтан шыққан өте білімді, дарынды адам. Екінші сайланатын Мемлекеттік Думаға депутат болып Жетісу жерінен сайланғысы келеді. Саясатқа өте құмар. Сондай-ақ, халқының болашағын, оның қамын ойлаушылардың бірі деп білерсіңдер» деп ділмәрсігені бар. Осыдан бұрынырақ губернатордың айтқандары есiне түскенде, өз – өзінен ошарылып қалған уезд бастығы дереу өзiне бағыныштыларына арнайы тапсырма берiп: «Қайткенде де, оның Думаға сайлануына кедергі жасауымыз керек. Өте қауіпті тип!» – деп, қайыра ескерткен еді. Енді мінекей қарап отырса бұларыңның Тынышбаевтан басқалары да жетерлiк екен. Мына сайрап тұрғандар менiң билiгiме шек келтiрушiлердiң «кланы» емес пе? Әсiресе, анау Қалқабаевтар династиясы. Сонан тарайтын мына Мамановтар, бүгінгі күні өз болыстығының адамдарына ара түсiп, арашасы болғысы келген, менімен салғыласып тұрған мынау отырған Боранбаев Омар сияқты болыстарың да оңай емес. Ол да осылардың кланында, маған салса бұлардың бәрiнің ит терісін басына қаптатып, қуалап, каторгаға айдатар едiм. Орыс ақсүйектерінен, қала берсе «декабристерден» әулие дейсiң бе!?» деп барып, ояз бастығы риза болмай тағы да тыжырынды.
Мәселе ояздың ойындағындай болмай, түйiнi шешiлмей қалды. Ояз болса жиналған қазақтармен көп салғыласа бергiсi келмеген сыңайда қалғысы келгендей.
Жерге байланысты даудың кiлтi әрине, ояздың қолында емес сияқты. Тiптi, жиналған би – болыстардың бiр байқағаны оның билiгi жандаралдың да, қолынан келмейтiндей. Оның билiгi бұлар үшiн тым алысқа алып кететiндей көрiнедi. Онда да, соның өзі бұларға құдайдан бір кем болып көрінбейтін патша ағзамның өзiне апаратын сияқты. Сөйтiп, тек ақ патшаның өзiне барып бірақ тiрелетiндей көрінеді. Олай болса бұл әлі де болса шешімін таппайтын шиеленіс болғалы тұрған сияқты. Сондықтан да болар, бүгінгі айтылған дау – дамай, сол қалпында өз шешімін таппаған күйі, дүдәмал әмбе енжар күйінде қала берді. Оның өзiнiң, не бары – не жоғы белгiсiз, түлкi бұлаң болып, көмескi күйiнде қалып қойғаны да мына жиналған қазақтарға солай болып көрінді.
Қазақтардың жер туралы талабына Қапалдың оязы жарытып ештеңе айтпағанымен қоймай, барлық сырын сыртқа шығармай, iшiне сақтағандай болып отырғаны да содан шығар.
Өкiмет ұлығы: – «жер туралы жұмған аузыңды ашпа, онда шаруаларың болмасын» – дегендей қып, тек емеурiн бiлдiргендей ғана болды.
Ал өкiметтiң: «қылмыскердi ұстап бер» – деген сыңайына қазақтар да ешбiр жартымды жауап бермеген күйiнде тарасты. Бәрi де белгiлi болды. Екi жақ та еш мәмлеге келе алмастан тарқасқан еді. Шешілуі қиынға айналған түйін ақыры күрмеуге келместен шешілмей қалды.
Қапалдағы ояз кеңсесiнен Тоғыз Матай болыстарының кiсiлерi бүгін осылайша тарасқан едi. Осы жиыннан аттанып бара жатқан әр қазақтың ойы бұлыңғыр тартып, көңілдері салғырт тартқандай.
Даудың да, дауды болдырмайық деген істің де, беті бері қарамаған. Бұл жиынның алды қоян жон, арты тығырық болды. Алдағы күндер де, осылай бола берсе не болғаны деген Матай елі кісілерінің күманды ойлары оларды ел шетіне жетуге асықтыра түскен. Сол беттерімен олар да аттанып кеткен.
Алтыншы тарау
Үстi басы жұп – жұмыр болатын, онша биiк те емес Қаратау тауының дәл иегiнiң астында тұратын – Тасбекет ауылы бар. Сол Тасбекеттен осы Бүйен өзенінің Қаратаудан шыға беріс терiстiк сағасында отырған ауылдарға дейін құнан шаптырымдай жер еді.
Бүйен сағасындағы ауылға жиылып алған Матайдың – Қаптағайының: Ақшора, Шаппа, Дуанның адамдары «болар iс болды, ендi не iстеймiз?» десiп, маслихат құрған. Осы бір даулы істің ыңғайына қарай бүгiнгi Бүйен сағасындағы ауылға жиылған жиынның байлауы да басқаша болып шыққан.
Астыртын жиналған: Ақшора, Шаппа, Дуанның ақсақалдары, іске татыр азаматтары мен беделділері, алдымен қылмыскер аталған Серiкбай тағдыры туралы ақылдасқан. Оның басына түскен ауыртпалық бүткіл елдің еңсесін езіп, біраз уайымға салғаны рас. Олай болса елде алдымен өз тентегінің қамын ойлаудан бастаған.
Бұл жиынға себепкер болған осы рулардың болысы – Омардың өзi едi. Ол бұл жиынға өзiмен бiрге баласы Нұрқұмарды ертiп келген. Омардың бұл баласы да өзiне ұқсаған ұзын бойлы, жауырыны қақпақтай, екi иығына екi кiсi мiнгендей, иықты келген балаң жігіт екен. Бой бiтiмiнiң әкесiнен бар айырмашылығы ол сияқты денесi әлi ет ала қоймаған сидаң, аш белi жіптіктей жiңiшке, түр – бітімінен әлі де болса жастықтың белгiсi аңқып тұрғаны анық байқалады.
Соңғы кезде әкесi бұған да салмақ сала бастағандай. Есейдің, енді саған да, ел ісіне араласатын кез келді дегенді ашып айтпаса да, емеурінмен білдіріп, мұны да осындай ел iсіне араластырып жүргені бар.
Болыс әке – КӨП жағдайда осы баласын жанынан тастағысы келмейтiн сияқты. Әсіресе, соңғы кездері көпшiлiк жиналған, билiк айтылатын, дау – дамайдың бірiнен де қалдырмайды. Оның мұнысы ел билігінің тізгінін тартқан әр қазаққа белгілі жайт. Онысы – балам тезiрек ел iсiне аралассын дегенi болар.
Ақырғы кезде Нұрқұмар тiптен үй қарасын көрмейтiн болған. Әке болса көп нәрсеге мұны үйретiп, баулып жүрген сияқты. Бұл туралы әкесi тіс жарып айтпаса да Нұрқұмар іштей сезедi.
Әнеу күнгi дүрбелең болатын Бүйен сағасында отырған ауылға бұлар күн еңкейе жеткен. Ауыл ақсақалдары бұлар келер қарсаңға өзеннің тауға таяп келетін, суы мол, кеңірек келген бiр қолтығына арнап үй тiктiрiптi. Бұлар келiсiмен сол қолтықтағы көк майсаға жеке тiгiлген аумағы үлкен, сегiз қанат үйге келiп түстi.
Алдын – ала келiсіп алғандай, бұл жерге осы маңайдағы Ақшора, Шаппа, Дуандардың бетке ұстар ақсақалдары, ел таныған естиярлары жиналыпты.
Арқырап аққан тау өзенi – Бүйеннің үнi анадайдан естiлiп тұр. Сарқыраған судың дыбысы – құлаққа жағымды, ерекше үн. Сол үнмен қоса жанға жайлы, салқын, самал желдiң лебi бiлiнетін сияқты.
Тау етегiне тiгiлген үйдiң айқара ашылған есiгiнен үйдiң iшiндегi тола отырған адамдардың қарасы көрінеді.
Дастарқан жайылып, алдымен жиналғандар шәй iштi. Шәймен қоса үш – төрт бағлан етінен жасалған, осы жақта ғана пісірілетін, ауызға түсiсiмен ылжырап өзi ерiп кететiн – сірне мен қуырдақ желінді. Соңынан болыстың сыбағасы ретiнде сойылған, бал татыған жас тайдың етi табақ – табақ болып тартылды. Оның артынан дәмi тiлдi үйiретiн жас қымыз келдi. Қымыз ендi сiңiп бiттi-ау, дегенде барып шәй келген, оның да өз жемi өзiнде екен. Шәймен бiрге қайтадан үйме – үйме табақ палау, сарыала бауырсақ, жент, Қапал татарларынша пiсiрiлген ыстық бәлiш, тоқаш, өрiк –мейiз, мәмпәси, науат дастарқанға үйiлдi.
Келгендер ас iшiлісiмен тысқа шығып, тоқ басып, сейiлiп келген соң, кеңесуге кiрiстi. Iстiң мән – жайының Қапалда қалай болғанын болыс айтты. Ол осымен қоймай ең үрейлі сөзді де отырғандардан жасырмай айтып салды. Онысы өкіметтің көп кешіктірмей Серікбайды ұстауға кісі жіберетіндігі едi. Өкiметтiң құрығы ұзын. Ол құрықтан құтылып кету оңай емес. Олай болса жағдай әбден ушықты дей бер. Қарулы әскер қамсыз отырған елді бас салып, білгенін істейді. Екі ортада қақтығыс болса, қан төгілуі де мүмкін.
Болыс бұларға айтатынын айтты. Естіртетінін естіртті. Сонан кейін, істің байлауы қандай болатынын анықтағысы келгендей боп, аздап бөгелгендей болды.
Соңынан болыс ағайынның, ақсақалдардың сөзiн тыңдап кеттi. Олармен кеңесiп болғаннан кейiн барып, Омар болыс өз шешiмiн айтты.
Ұзын бойлы, қырықтан асса да, әлi де анау – мынау жiгiтке бергiсiз, қарулы болыс, малдасын құрған қалпында бiр орыннан тапжылмай қатып қалғандай, тiк отыр. Осы жерде отырғандардың бәрiнен еңсесi биiк, сұсты көрiнедi. Омар болыс отырғандарға қарай бар денесiмен бұрыла түсiп, олардың әрқайсысының беттерiне үңiлгендей болып сөйледi:
– Ояздағылар бiзге ұстап бер дегенге, өз қолымыздан қашып жүрген рулас, аталастың баласын ұстап берсек, онда біздің елдігіміз қайда? Олар болса мұны аяйын деп тұрған жоқ. Тура итжеккенге бiрақ айдатады. Серiкбайдың ақ – қарасы солардың қолында. Өкiмет оның жасағандарын ақтамайды. Сондықтан, Серiкбай қолға түссе болғаны, оған барар жол бiреу ғана. Ал ол жаққа кетсе, Серiкбай үшiн қайтар жол жоқ. Бишараның сүйегi бекер шет жерде, ит қиянда қалады. Атақты Мүсәпiр батырдың Қыр Сiбiрге айдалған ағасының сүйегi де, жат жерде қалып қоя жаздаған жоқ па, едi. Мал мен ақшаның күшi, елдiң тiлеуi, Мүсәпiрдiң – Мүсәпiрлiгiнiң арқасында ғана бiр жылдан кейiн туған жерiне әкелiнiп, арулап қойылған жоқ па? – деп, болыс отырғандарға қарады. Олардың мұның сөзін қалтқысыз ұйып, тыңдап отырғандарына көзі жеткендей болған соң, сөзін ары қарай жалғастырды.
– Мүсәпiр кiм? – деді болыс. Үй тола отырған кісілер сілтідей тынып, жым – жырт бола қалғандай. Ала – кеуім шақ болып қалғандықтан үй іші қаракөлеңкелеу тартқан. Осы күңгірт тартқан шақта, тек қана үй ішінен оқтын – оқтын болыстың баяу шығатын қоңыр даусы ғана естіледі. Бір кездері барып Омардың:
– Оның жанында бұл кiм еді? – деген болыстың қарлығыңқырап барып шыққан, даусы барынша қаттырақ естіле, саңқ ете қалды. Болыстың мына даусына ойға беріліп, қымыздың буы бойын дел – сал қып, аңдаусыз отырған кейбіреуі селк ете түстi.
Бағанадан бері сөз тыңдап отырған Нұрқұмар, Мүсәпір дегенде құлағы елең ете қалған. Өзiне бiр түрлi таныс ат сияқты. «Мүсәпір!, Бұл қай Мүсәпiр болды екен» деп, Нұрқұмар сұқтана қалған. Әкесінің айтып отырғаны қай Мүсәпiр, кәдімгі Матайдың – Кенжесінен шыққан Мүсәпір батыр ма? Сол шығар деп ойлаған. Артынша өзінің ойлағанындай болып шыққанына, еш күмәнданбағандай едi.
Нұрқұмар ол туралы көп естiген. Ол отырған басқаларды да, өзi сияқты есептеп: «Мына жұрттың бәрі білетін шығар ол туралы» деп құлағын түре қалған. Нұрқұмар жаңа басталып келе жатқан мына бір қызық әңгімеге ықылас қойып, құмарта түскендей. Оның да ойына ел мадақтап, көп айтылатын Мүсәпiр жайы түсе қалды. Осыған орай оның есiне тағы бір оқиға түскендей болды. Ол Қарқаралы округiнiң дуанбасы – аға сұлтаны Құнанбайдың Матайдың Шиырбай шешенінен: «Осы Мүсәпiр қандай?» деп сұрайтыны бар қызық бiр уақиғасы еді. Ол туралы Нұрқұмар бала кезiнен көп естiген. Сол жағдайдың қалай болғанын да жас шағында ел аузынан көп тыңдағаны бар. Дуанбасының Мүсәпір туралы бiр ауыз сөзi Мүсәпiрдiң атын шығарып, абыройын асқақтатқандай еткен екен ғой. Нұрқұмардың оны әкесiнен естiгенi бар. Ол былай болса керек. Бiр уақытта Найманның Матайы мен Тобықты арасында үлкен жесiр дауы болыпты. Осы дауды шешу үшiн Матай жағы Тобықтының билеушiсi Құнанбайға кiсi салуды ойластырыпты. Соған кiмдi жiберейiк деп кеңесiптi. Барлығы бiрауыздан Шиырбай шешендi жiбермекшi болыпты.
Уәделi уақытта Шиырбай бастаған кiсiлер Құнабайдың ордасына барған екен. Аға сұлтан Құнанбай сонда:
– Найманның Матайы болсаң, сен маған мынаны айтшы, Тәнеке қандай? – деп сұрақ қойыпты. Матай жағын бастап барған Шиырбай еш бiр саспастан, Құнанбайға қарап:
– Тәнеке ала берсе ортаймайды, құя берсе толмайды, – дептi. Сонда Құнанбай:
– Олай болса Мүсәпiр қандай? – дегенде, Шиырбай оған:
– Мүсәпiр алғанын бермейдi, ештеңенi көрмейдi – дептi. Бiрақ та, Құнанбай әлi де болса сауал қоюын еш тоқтатпастан:
– Ондай болса Шиырбай қандай? – дейдi. Шиырбай сонда:
– Шиырбай ертеңнен салса, кешке озған, – дептi. Сөйтiп, өзi қызыға сұраған Матай елiнiң үш атақты кiсiсiн Шиырбай шешен аға сұлтан Құнанбайға осылайша танытыпты…
Осы кезде Нұрқұмардың қиялы да алысқа самғап ала жөнелгендей едi. Ол қазiр өзiнің атын атап, түсiн түстеп жатқан Мүсәпiрдей батырдың орнына қойғандай боп қиялдап кеткен. Елге қастерлi болғандықтан да халық оны ұмытпай жүр. Ондай болса Мүсәпiрдiң елге еңбегi сiңген екен. Нағыз батырдың ел аузында қалатындығы осыдан болар. Баяғыдағы Мүсәпiрдiң заманы болса ғой мына отырғандар Мүсәпiрдiң атын атамақ түгiлi, қасынан өтуге де дәтi бармас едi. Осы маңайдағы тiрi жан баласы оның бетiне тура қарай алмағаны рас. Әуелi шыр етiп жерге түсiсiмен екi қолымен шеңгелдеп қан ұстап дүниеге келген «қанiшер» Рүстем төренiң өзi де Мүсәпiрдей қаһарлы батыр, айтулы ел тентегi отырған ауылдың ығына келмек түгiлi маңайынан жүрмеуге тырысатыны ел аузынан бұл күнде естіліп қалады.
Нұрқұмар осындайларды ойлап отырған. «Өлдiң – бiттiң деп, бекер айтылмапты екен ғой. Бұл жалғанды қойсаңшы» деді ішінен. Сөйтті де, елдің сөзіне қайтадан құлақ салды.
Бiр сәт үйдiң iшi сiлтiдей тынып, барлық отырғандар жым – жырт болып, болыстарының аузына қараған. Алпамсадай болыс кең иығына жамылған шапанын кеудесiне қарай тартып қаусырып қояды. Сонда да қара мауыты шапан ол сөйлеген сайын иығынан аздап сырғитындай көрiндi.
Киiз үйдiң iшi алакөлеңкеленiп, iште жанып тұрған жалғыз шамның жарығымен күңгiрт тартып тұр. Сөйлеп отырған жалғыз Омар ғана. Ол күңгiрт тартқан үйдiң iшiндегi алакөлеңкемен тiптi зорая түскендей болып көрінеді. Ендігі бір кезде әңгіме Нұрқүмарды әсіресе қызықтарған жайт туралы болып кеткен. Ол – Мүсәпірдің Қыр Сібірге айдалған ағасы Мұстапа жайында сияқты. Нұрқұмардың бір естуі Мүсәпір батырдың Мұстапа атты ағасының да осы маңайда өмір кешкендігі еді. Оның талай батырлық істері осы кезге дейін елдiң аузынан түспейді. Ал енді Матай руы – Аталық, Қаптағай, Кенже болып үшке бөлінгенде, Мүсәпір мен Мұстапа батырлар сол Кенже ішіндегі Байғазысы дейтiнi бар. Шамасы ол өзі Дөсеттiң Тәнекесiмен тұспа – тұс ғұмыр кешкен, онымен сыйлас жолдас та болған кісі екен. Сол Кенже Мүсәпірдің – Мұстапа деген ағасы Қыр Сібірдің ар жағына Итжеккенге айдалғанын, бала кезінде Нұрқұмардың сан рет естігенi бар. Оның өзінде де, ол бұл сияқты балалар үшін ғажайып бір ертегі, батырлық хикая ретінде айтылатын сыр мен жайдай болатын. Мүсәпір де, Мұстапа да, Матай руының старшыны Тәнеке батырмен бірдей қазақтың Кенесары ханының жақтаушысы болған көрiнедi.
Кенже Мұстапа көтерілісшілерді жақтап қана қоймай, оларға көптеп мініске ат, азық – түлік ретінде сойысқа малды айдаттырып қамтамасыз етушiлердiң қатарында болған. Сол малдың барлығы дерлік Кенесарының қарсыластарынан, оны жақтамайтындардан және оған қас адамдардан тартып алынып отырған. Көтеріліс жаншылғаннан кейін де, ол бодандыққа мойын ұсынбай патша үкiметiне қарсы үйреншiктi iсiн – өз барымтасын жүргізе берген. Жігіт жинап, Орыс өкіметіне қарсы талай қысастық жасағаны тағы бар. Тәнеке батыр сияқты ағайынды бұлар да Хан Кененің кегiн алмаққа жорыққа шыққандардың бiрi, Кенесарының жоғын жоқтағандардың қатарында болған.
Тәнеке үш мыңдай қол жинап, Кенесарының кегін алуға Қырғызға аттанғанда, онымен бірге бұлар да, бiрге аттанған. Ақырында Мүсәпiрдiң ағасы қолға түсіп, Қыр Сібірге айдалған. Ол жаққа барар жол болса да қайтар жол жоқ еді.
Әңгіме Мұстапаның итжекеннен аман қайтуы жайына көшкен. Сонда інісі Мүсәпір ағасына құлын терісінен жасалған, астарын сырып түйе жүн тартқан жарғақ күпі бергізіпті. Сол күпіні беріп тұрғандар оның құлағына сыбырлап: «Мұны ініңіз Мүсәпір бергізді. Осы күпісін еш тастамасын. Басқа түскенді көрер. Қиындық болғанда осы күпі оған айлық азық – жылдық үнем болар. Iздегенiн осы күпiден табады. Осы күпі жолыңа да, жаныңа да, олжа боладыны айтты» депті. Сөйтсе, күпінің астарына түйе жүнмен бірге ылғи «империалка» аталған сол кездегі ең құнды, қағаз ақша – ассигнацияларды сырып, тіккізген екен.
Сол кеткеннен Мұстапа iстi боп ұсталып, Қыр Сiбiрге, оның ар жағы Итжеккенге айдалып кете барады. Ауыр каторгалық күн кешу оның алып денесін жеңіп, күндердің күнінде Мұстапа ауырып, өлім аузында жатады. Оны ақыры өлетін болған соң, ендi өкiметке қауiпсiз деп, каторга маңындағы бiр кiшiгiрiм ел тұратын мекенге шығарып тастапты. Сол жерде тұратын бір татар шалы оны өлім аузында жатқанда мұсылман баласы ғой деп жаны ашығандықтан үйіне кіргізіп алса керек.
Мұстапа ажалдың шын таянғанын сезгендіктен татар шалға өзiнiң бар күйiн тегiс айтып жеткiзедi. Сөйтiп жаңағы шалға бастан–аяқ өзiнiң жөн–жосығын айтып, өзін аманат етіп тапсырған.
Ажал меңдеп, аранын ашып тұрғанда, Мұстапа шалға өлер алдындағы соңғы сөзiн жеткізгендей қып, үн қатып:
– Мен көпке бармаймын, жуық арада өлермін. Менің туған жерім – Қазақ даласындағы Жетісу деген жер болады. Осы арадан шамасы алты айшылық жер қашықта жатыр. Мен сол жақтанмын. Найман деген елдiң Матайы, соның iшiнде Кенжесінiң – Байғазысы боламын. Елде менің бірге туған інім бар аты Мүсәпір. Сол жердегi елдiң бәрi оны жақсы бiледi. Соған хабар бергіз! Менің іздеушім келгенше, менің сүйегім өзіңе аманат. Ел – жұртыма айтар сәлемiм, менің сүйегімді жат жерде қалдырмай, ата – баба мекеніне, кіндік қаным тамған қонысыма жеткізсін. Жат жұртта қалып қоймайын. Өмір бойы сол ата – бабадан қалған жер үшін таластық та, соғыстық та… Енді маған сол жерден топырақ бұйыртсын – депті.
Мұстапаның соңғы аманат сөзін естіген татар шал оны сандырақтап жатыр деп ойласа керек. Өлім аузында жатқан қазақтың түріне жаны аши қарап, татар шал ішінен: «Бұ дүниемен бақұлдасып, қоштасар болған мына қазақтың көңілі әлі көкте, көкірегі төсте екен. Өзiнiң мынадай түрiне қарамай, өле алмай жүрген мына қазақтың әуселесiн көрдiң бе? Өлiгiмдi жылдық жерге апарса екен деп менен сұрайды. Бұл бейшара байғұстың бүйтiп сөйлеуiне болайын» – деп ойласа керек.
Құлақ есітпес жерден айдалып келген байғұстың өмiрiнiң осылайша аянышты болғанына ол шын қынжылып, оның астан – кестеңге айналған баянсыз ғұмырына налығандай болады.
Ақыры кеп, айдаладағы каторгада құрдымға кетейiн деп жатқан жанға шын жаны ашып: «Бұл қазақтар алдымен iстерiн iстеп алады да, сонан кейiн барып каторгадан бiрақ шығады. Өлетiн уақыты таялғанда кiндiк қаным тамған жерiм–ай, ата – мекен, елiм–ай деп, зарлайды. Неге бұл бейбақтар өйтедi екен? Осылар үшiн өлгеннен кейiн қай жерде жатсаң да бәрiбiр емес пе? Мұның елi болса бiр қиырда, арада бiр жылдық, әйтпесе кемiнде алты айшылық жол жатыр. Ал мұның өзi болса өлiм аузында жатқаннан кейiн тiптi еш кімге де, керегi болмағандықтан тіпті каторгадан да шығарылып тасталды. Болса да, бұған осы жердiң өзiнен көр қазудың өзi күш. Қыс болса мынау, жер болса атам заманнан берi қатып қалған тоң. Әуелi, бұған азаптанып, көр қазатын кiм бар? Бұл бейбақ алыстағы елiне сүйегiмдi апарса екен дейдi. Мына заманда ол дағы қиял емес пе? Өлгеннен кейiн бәрiбiр емес пе, туған жерiңде жатасың ба, жоқ әлде қиыр бiр Сiбiрдей шетте жатасың ба?» – деп, тағы да қынжылған үстіне қынжылғандай болды.
Бiрақ өлiм аузындағы Мұстапаның көңiлiн қимағандықтан, одан именіп, шал бәлендей деп, оған ойындағысын айтпапты. Қайта оны жұбатқандай боп, әлi-ақ айығып, адам қатарына қосыларсың дегендi шамасы келгенше ұқтырғандай болыпты. Татар шалдың қимастықпен айтып қалған:
– Иш, уайым һыф, ћафа булма Мустафажан! Худайым бит мутор қилар, жықлама – деп, жұбату сөз айта береді. Мұстапа оған:
– Осы Итжеккенге келгеннен бергi он екi жылдың iшiнде мендегi басты уайым, елге өзiм емес, ең құрымаса сүйегiм жетсе екен деген ой ғана.
Басқасына мен дән ырзамын, елiме де, жерiме де. Әсiресе, өзiмнiң сүйегiм туған топырағыма жетсе тiптi, өлiп жатып қуанармын. Онан қалса, қырық жыл бойы қырғын боса да, өзiнiң құдiретiмен мыңдаған қазақты соңына ертiп, ел мен жердiң қадырын бiлгiзген Кенесары сияқты ханға да, ризамын – деп, әлсiреп бара жатса да, шалға қолын бұлғап, берi жақында деп ишара жасайды. Шал оның қасына жақындапты. Сонда Мұстапа жамылып жатқан күпісін қолына алып, сол күпiнiң астарын пышақпен әрi – берi кескілей бастайды. Шал әуелгiде оны есінен ауып қалған екен деп, қатты қорқыпты. Сөйтсе, бiр заматта күпінің астарына тігілген уыс – уыс қағаз ақшалар сау ете түседі. Ақша болғанда да, қандай ақша. Өте көп және құнды ақша болса керек. Ақшаны шалға тапсырған Мұстапа о дүниелік болып кете барыпты.
Мұстапаның сөзін жықпаған шал оның өз ақшасына керегінше таза былғары алғызып, сол көң – былғарыдан ақирет тіккіздіріп, соның ішіне Мұстапаның сүйегiн орап салады. Сонан кейiн, ол үйінің жанынандағы тоң жерді ойғызып, өлікті сол тоңға көмдiреді. Өзi кіре, пошта тасушылар арқылы қайта – қайта Қазақ елiндегi Жетісуға, Матай еліне, Мүсәпірге хабар жібереді.
Сол хабарды естіп, кейін елінің адамдары келіп, Мұстапаның сүйегін Жетісуға апарып арулап, қойған екен.
Бұл Нұрқұмардың талай рет естіген әңгімесі. Солай болса да, әр естiген сайын өзгерiп, басқаша бiр қызық көрiнедi. Бүгін міне әкесі осыны тілге тиек етіп, тұспалдап айтты. Онысы егер Серiкбай айдауға түсiп, каторгаға кетсе тiрi қайтпайды дегенi едi. Әкесi осы жолы да ыңғайын жақсы–ақ, келтiрдi. Тауып айтылған сөз болды. Осы әңгіме тұсында Нұрқұмар әкесінiң жүзiне аса бір ырзашылықпен қарап қойған. Омар болыс елмен ақылдасқандай боп, жаймен ғана, өз айтарын – айтып отырған қалпы.
Сөзiнiң соңына таман, ол жиналғандарға қарап, аса батыра, жанға тиердей етіп айтты:
– Оны өйтiп итжеккенге кебiнге орап жiбергенше, онан да лажы болса, оған кебенек кигізейік. Оны үй–орманымен арғы бетке асырту керек. Былай айтқанда Қытайға қашыру керек деп отырмын. Реті келсе сол жақтағы ағайынның iшiне сiңiп кетсiн. Ол жаққа кетсе кебін емес, кебенек киер. Ал кебiн киген емес, кебенек киген келер деген сөз бар емес пе? Сол сөз рас болса күндердiң күнiнде, қар жауып, iз басылған соң елге оралар – деп, өзi де осы айтқандарына сеніңкіремегендей боп, үнi сәл дiрiлдеңкiреп шықты. Артынша ол елжірегендей болып босаңсыған бойын жиып алғандай болып:
– Әйтеуiр тiрi болса елiне түбiнде бiр қайтар. Қайтпаса сол жаққа сiңер. Бодан болмай, бостандықта, аман жүрсе, жаны өзiне олжа емес пе? Соның жайын ыңғайлайық – деген.
Омар осыны айтып, бiр жағы жиналғандарға бұл тығырықтан шығар басқа жолдың жоғын бiлдiрiп, басқа түскен шарасыздықтан, күйзелгендiк күй көрсете, қабырғаларын қайыстырғандай лажсыздықты бiлдiрсе – бiр жағы бұйыра сөйлеп, соны тұспалдап, отырғандардың ешқайсысының да шамына осыны тигiзбей жеткiзген.
Болыстың мына сөзi, анталап тұрған қалың аталастарына дабырсыз айтылған сыбыр бұйрықтай көрiнген.
Ел ағасының осы сөзiне жиналған басқалар да үн шығармастан тыңдап, дегенiне қосылып, ыңғайына жығылғандай түр көрсеттi.
Нұрқұмар әкесiнiң ненi меңзеп отырғанын түсiндi. Басқалар да солай түсiнген болу керек.
Омар болыс ұзақ сөйледi. Ол сөйлеп отырғанда басқалары қыбыр етiп қозғалмастан, ұйып тыңдағандай болып отырған күйiнде едi.
Түннiң бiр уағында барып сөз бiткендей боп, ақылдасқан мәселе ортақ түйiн тауып, жиналған бiр қауым ел ортақ мәмлеге жеткендей сыңай танытты. Сырласқандай болып өткен кеңес осылайша ың – шыңсыз, даурықпай өттi. Барлықтары ортақ уәжге келгендей болды. Ақсақалдардың байлауын тосып отырған ел шынымен қуанысып қалған. Байлау біреу. Бүгінгі күні тентек аталған қашқын Серікбайды үй – орманымен арғы бет асыру. Сонда ғана ол өкімет құрығынан құтылады. Ел де бірқатар тынышталатын болар. Тым құрса, сол жақта ғана ол аман қалады.
Жиналған жұрт тарасар кезде қайсыбiрi Серiкбайға батасын берсе, кейбiреуi ақыл айтып, дабырласып кеткен.
Бұл байлауды қатты қинала, қайғыра, қарсы алған тек қана Серiкбайдың әкесi Қалибай шал ғана болды. Ол күңіренгендей түрмен:
– Құдай ендi менi қартайған шағымда, алжастырып, бiр жолата шатастырмасын! Арғы бетке жiбермей–ақ, қойыңдар мен байғұсты! Өлсем сүйегiм алтын бесiк өз мекенiмде қалсын – деген еді.
Қалибай ел – жұртқа қимастай көңіл білдіріп, өкінген түрмен.
Оның қапалы көңілiн жұбатқандай болған сөздер де осы кезде тұс – тұстан айтылып жатты. Сондай сөздер оны да тиып тастаған. Солар қияннан сөз тауып, Қалибайға қолқа салғандай болған. Ондайлар ретпенен сөйлеп, оны да бұл райынан қайтарған. Аталастары Қалибайды кезек – кезек ортаға алып, жанына тиердей басу айтқан. Айтқандары көңілге қонымды, әмбе кісінің де шамына тиердей еді. Әзірге бұларға ақыл айтып жұбатар адам Манас сияқты. Бұл жасы егде тартса да әлі еті қаша қоймаған, зор денелі, маңғаздау келген, қабағы жылы кісі. Оның сөйлеген сөзі ширақ, еті тірі, көргені де көп. Манас асықпай баппен тіл қатып:
– Арғы бетiң мына тұрған жер емес пе. Көп болса осы жерден тура бiр күндiк жол ғана. Әмбе, Алатаудың арғы жағында жатқан қалың ел де өзiмiздiң ел ғой. Ол не сасқаның байбалам салып, бұра тартқаның. Тiптi, қалың Найманның бiр табы, қызайлар да, сол жақта емес пе? Қысыр әңгiменi доғарып, көп сөздi қойыңдар! Ел айтса, қалт жібермейді, турасы сол. Соны iстеу керек! Қар жауып iз басылғаннан кейiн ыңғайы келсе қайтарсыңдар – деп басу айтқан.
Қалибайда осындай сөздерді ести келе, елдің ыңғайына көшкендей болды. Оған да алдымен ағайынның бiр ауыз сөзi қамшы болған сияқты. Көптiң аты көп емес пе. Қалың көпшіліктің есебі «ел батырып айтады, көп қорқытып айтадыға» сай болды.
Қалибай шалдың беті қайтқанмен, жүзіндегі қалың мұң мен шер мұнымен тарқамайтын сыңайлы. Бір сәтте оның иегi кемсеңдеп, екi көзiнен тарам – тарам жас ағып, сақалын жауып кеткен. Бірақ бәрiбiр де, ол тағдырдың жазуына көнгендей боп:
– Қайтейiн, үйiрiмнен бөлiнiп, жазмыштың жазғанына көндiм. Онда да өзім үшін емес, ел үшiн, мына бiр қу жалғыз үшiн! – деп, жалғыз баласы Серікбайын көлденең тарта, кемсеңдей сөйлеп.
Қалибай туысқандарымен біржола көріспейтіндей болып қоштасты. «Енді қайтып бұл жерді, енді қайтып бұл елді көре аламын ба?» дегендей қып, елдің бәрiмен бақұлдасып, көрiсiп шыққан едi.
Оның мына қылығына ел біткеннің іші – бауыры елжірей түскен.
Көптің көңілі қайтадан кете бастады. Тең құрбысының қам көңілін тиып тастаған қаба сақал, сәл көкшілдеу, шегір көздері кісінің өңменінен өтердей болған, әмбе суық – Әбдірахман деген өзі құралыптас кісі болды. Ол Қалибайдың көңілшектігіне еш сыр бермейін дегендей қатулы қабақ көрсете, суық сөйлеген. Әбдрахман әуелгiде Қалибайдың көңілшектігін тиып тастардай қылықпен сөйлеген адамның кейпімен – алдымен оған зеки, тартынбай сөйлеп:
– Тәйт ары! Ел аман, жұрт тынышта жаман ырымды бастамай, онысы несi–әй! Жақсы күнде бәле шақырмай, жайыңа отыр. О несi, бәтшағардың, сыңсып, жаңа түскен келiндей боп! – деген сөзбен бір түйреп өткен. Әбдірахман сөзiнiң артын оның жабырқау көңіліне сүйеу болардай сөздерге кезек бере:
– Серiкбайдай елге ара түсер балаң бар. Қайта қуанбайсың ба соған. «Марғауға» кетiп бара жатқан жоқсың. Мына тұрған арғы бет. Ет пiсiрiм уақытта жетiп баруға болады тiптi күнбе – күн қатынап жататындар да бар – деп, Әбдiрахман құрдасының бетіне бұрыла қарап, «мен осыны ренжітіп алған жоқпын ба?» деген пейілмен, оның жүдеу тартқан жүзіне үңіле түскендей боп.
Әрi – берiден соң, бiр қауым елдiң ұйғарымы осылай болғандықтан, амалсыз оны орындау керектігін елдің бәрі де ұғынғандай болған.
Мұндай қатал ұйғарымды орындамасқа шара жоқ. Қазақтың қанына сiңген әдет – ғұрып, салт – санасының да осындай ұрымтал тұстары болатыны бәріне белгiлi. Сонысы қазір аяқ – қолды буғандай қылды. Солай болғандықтан да оны орындамасқа тағы болмайды. Ағайын да, туыс та, ел де ертең терiс қарап шыға келедi. Мұның өзi терiс бата алғанмен тең болары белгiлi. Қайда барасың, елден бөлiнiп, жеке шығып тағы кете алмассың. Елдің мейiрбандылығы мен мейірінен айрылу тірідей өлгенмен тең. Ел мейірленсе оның iшiне сиярсың, ал мейірінен айырса оған еш симассың! Осыны бұлар да түсініп, сезінген сияқты. Сөйткен елi Қалибай мен оның баласы Серiкбайға берер батасын берiп:
– Сөздi қойып, бiз айтқан жаққа, арғы бетке тартыңдар! – дестi.
Сонымен барлығы осыған келiсiп, бiр шешiмге кеп, тоқтағандай болды. Болыстың айтқанымен, елдiң қалауы бiр жерден барып шыққандай болған сияқты.
Жиналғандар өстiп ақылдасып, кеңесiп, ортақ мәмлеге келгендей болды. Ол бұл күнде қылмыскер атанған Серікбайды үрім – бұтағымен қоса арғы бетке асыру. Арғы беттің іргесі онша – мұнша алыс емес. Ол алып Алатаудың арғы беті еді. Бірақ ол бұл жақтағы қазақтар үшін бөтен ел, басқа жұрт болып саналады. Ол жер бүгінде – Қытай елі болатын. Елдің ойындағы бұзақы Серікбайды Қыр Сібірден аман алып қалатын жалғыз жол осы ғана болғандай. Олардың жүрегіндегі жылт еткен үміт оты да осы ғана. Бұл көпшілік үшін жылтыраған үміт сәулесі болса, енді біреулер үшін күдік пен дерттей болған күй сияқты. Олардың алдында бөтен ел, бөтен жер, құшағын айқара ашқан белгісіздік қана тұрғандай. Солар ғана бұларға пана болатындай көрінген.
Осыдан кейін барып жиналған дүйім жұрт бұл істің бетін бері қаратқандай болысып тарасқан еді.
Жетiншi тарау
Нұрқұмар бүгін әдеттегісіндей ерте тұрған. Неге екенi белгiсiз осы күндерi түн бойы мазасы кетiп, ұйқысы қашып жүр.
Мына бiр жерге байланысты бұзыла қалған аласапыран заманда өзiнен де, әкесiнен де маза кеткендей. Оның үстiне соңғы кездерi өзiн үнемi қатердiң астында жүргендей сезiнедi. Ол қатердiң қандай екендiгi, өзiнiң қаперiне де кiрiп шықпайды. Әуелi өзi де онша бiле қоймайды, оның да қалайша, қайдан, пайда бола қалатындығын? Бiрақ та, соның бар екендiгiн жүрегi сезетiн сияқты. Әйтеуiр, өздерi үшiн бiр қатердiң төнiп тұрғандығын бұл қанша елемейiн десе де, жүрегi құрғыр сезiп, кейде өз – өзiнен аласұрып тұратын сияқты…?
Нұрқұмардың тақаты таусыла күтiп жүргендiгi де сол қатердiң өз бастарынан тезiрек өтiп кетуi едi. Қорыққандықтан емес, соны күтуден шаршайтындай болып жүр. Әйтпесе, қатерден қашатын бұл емес. Әкесi де солай сияқты. Қиындық пен қатерден бас тартып қалмайды. Нағыз мойымайтынның өзi.
Нұрқұмар болса кеше ғана Қапалдан келген. Онда да ол жаққа әкесiнiң жұмсауымен барған. Әке баласын жұмсар алдында біраз толғанғандай болып отырды да артынша:
– Қашанғы бауырыңды көтере алмаған бөлтірікше үй күшік болып отырарсың, онан да іске аралас, жан – жаққа көз сал. Үйренгенің өзіңе жақсы. Төселіп кетерсің – деді. Сөйтті де, көзін бұдан алмастан:
– Қапалға барып бiл, не болып жатқанын, келген соң айтарсың ондағы мән – жайды – деді. Омар болыс баласына салмақ сала, батырғандай ғып айтқан. Әкесiнiң өзi сырқаттанып қалғандiкi ме, бет – аузы алабұртып, нарттай болып кетіпті. Қабағы түксиіп, бетінің әжімдері тереңдей түскендей, самайы бурыл тартып, бетінің түктері де аздап ағара бастағандай. Осы жолы ғана баласы анық әкесінің қартая түскенін байқады. Мына бір дау мен дамай оған да оңай тимегендей.
Әншейінде қандай іс болса да әкесі өзін ондайға жуытпайтын. Ендігісі мынау. «Ел ісіне кіріс. Оны да үйрен!» дейтін сияқты. Күшігін баулитын тазы итке ұқсас. Әрлі – берлі жұмсайтын болып алды. Тіпті қасынан бір елі қалдырғысы келмейді.
Жақсы болсын, жаман болсын Нұрқұмар Қапалға барып бәрін біліп келгендей болды. Бірақ барлығы бәз баяғы қалпы сияқты, өзгерген түк те жоқ. Оңтайына қарай ел іші әзірге тыныш. Қазіргі кезде ояздағылар мен бұлардың арасында уақытша аңдысқа ұқсас қилы кезең орнағандай. Мұның арты өздері үшін белгісіздеу, әйтеуір әзірше жым – жырт тыныштық орнағандай. Сол белгісіз шарасыздықтан болар өз ойы осының бәрі тезірек аяқталып кетсе екен дейді. Тіпті, болатын бәле мен лаң да тезiрек болып кетсе екен деп тiлейдi. Ал, ендi лаң шыға қалса одан жасқанып, бой тасалап қалатын да бұлар емес. Елдің тілеуі мен жері үшiн бұл бiлсе ағайын еш нәрседен тайсалмайды.
Ояздың ұстап бер деген Серiкбайы болса бұл күні үй – орманымен арғы бетке қашып кеттi. Оны қашырған осы болыстың адамдары – өз руластары.
Осының бәрi әлi күнге дейiн Нұрқұмардың көкейiнде сайрап тұрғандай едi. Ояздағылар болса «қылмыстыны ұстап әкелсiн!» дейдi. Ал ел болса әкесiне салмақ салады, «жердi даула!» деп. Әкесi болса ара –арасында қиындығы мол, шешуi бiтпейтiн осы iске мұны да жұмсап қояды. Неге өйтті? Кiм бiлген? Ел билiгiне араласып, үйренсiн деп, баулығаны ма? Жоқ әлде, күнделікті қызуы мол, дырдумен өтетін бозбалалық өмірмен бір жолата қоштассын дейді ме екен? Ол жағы бұған беймәлiм.
Ал қазiргi кездегі Нұрқұмардың басынан кешiп жүргендерi түнеу күнгi жерге байланысты дау – дамайдың салдарынан пайда болған керіс. Сол сияқтанған қисыны қиын, қызығы аздау нәрселер. Осы күндерi бiр – бiрiне қасарысқан екi жақ та, әзірге өз бiлгендерiн iстеп жатыр.
Қоныс аударушы, переселендердiң жаңа легi келiп, тартып алынған жердi иемдене бастаса, ұлықтың ұстап бер деген кiсiсiн бұл жақтың қазақтары үн – түнсiз, бiр–ақ түнде сырғытып апарып, арғы бетке өткiзiп жіберген.
Иә, сөйтiп Серiкбайды ең жақын ағайындары, туған – туысқандарымен бiрге, бiр түнде Аманның бөктерімен жағалатып, Қарасырық асуы арқылы Қытайға асырған.
Бұл жолғы қашқындар көшi, ағайындас төрт – бес үй ғана болатын. Олар лезде анау – мынауларын жинастырып, аздаған малдарын алдына салып, бiр түнде ылым – жылым ғайып болған. Абырой болғанда арғы беттiң мұндай жақын болғаны, қандай жақсы болған едi. Әйтпесе олар қайда барар еді. Барлық жерде бірдей патша өкіметінің тозағы мен тұзағы даяр тұрған жоқ па?
Осыдан кейін барып, бұл жақ сәл тыншығандай болып, терең күрсінген. Рет – ретімен өзіне ғана тән соқпақпен жүретін қыр тіршілігі қайта қалпына келе бастағандай. Ауыл – ауылдың барлық тыныс тіршілігі арнасына түсіп, енді ғана өзіне тиісті жарастығын тапқандай едi. Бірақ бұл тек, сырт көзге ғана осылай көрінуі мүмкін, алдамшы көрiнiс. Бүгінгі күнгі қыр тіршілігінің де, біле – білген адамға ойраны шығып, қию кетіп тұрғандай сыңайы бар.
Бұл Нұрқұмар сияқты қыршын жас, әлi ақыл тоқтата қоймаған, албырт жігіттің әзiрге өз ойы.
Ол қазір өршіп тұрған жер дауын, өз руластары мен Қапал оязы ұлықтарының арасында болған қақтығыстың кесірінен Серікбай сияқты өжет жiгiттердiң туған жерін тастап арғы бетке қашуын уайымдап тұрған.
Нұрқұмардың ойына түнеу күні болып өткен оқиғалар түсіп тұрған. Көргені мен естігеніне ой салып, өзімен – өзі шерлескендей болып тұрғаны сол. Туған елі мен жерiн тастап, белгiсiз жерге, бөтен елге көшiп кеткен ағайындардың жай – күйі түскен. Бір сәтте «Осының бәрі оларға да оңай тимес» деп, оларға да жаны ашып, күйзелгендей болады. Бойын сондай ой билесе болды сол мезетте өз – өзінен аһ ұрып, тұла бойын күрсiндірердей бір күй пайда болады.
Мұндай күй өзі – өз болғалы алғаш пайда болғандай, Нұрқұмар өзі есейіп, ес жиғаннан берi ең алғаш келген ой сияқты болып көрінеді. Өзі өстіген сайын бұрын ойында жоқ ой – сананың белгілері өзін көп мазалайтындай болады. Солардың түсiнiгi осылайша көп толғаныс әкеледі. Осылайша келген ұғымның өрби түскенi де, сондықтан болар? Сондай кездері бұрын мән бермеген жаңа ұғымдардың мәнісіне жеткендей болады. Әрі – беріден кейін, ана бір кезден бері өзі бұрындары естісе де түбіне бойламаған жаңа ұғымдарға тап болған. Сол уақыттардың ішінде: «Туған ел!, Кiндiк кескен жер!, Ата мекен! – деген жаңа дүниелердiң өзіне сырын ашып, қадырын білдіртіп тастандай болып көрінеді. Онымен де қоймастан солардың қасиетін бойына құйғандай қылған. Тiптi, осылардың пәтуасына да бiр кез көз тоқтатып, терең бойлатып, ойлантып та тастаған. Ақыры кеп, күн өткен сайын осындай жаңа ұғымдар бойына ендеп кіріп, батпандап орын теуіп жатқандай боп сезінген.
Қытайға өтiп кеткен ағайынға мұның жаны ауырып, көңілі күпті болғандайы сондайдан. Онымен де қоймастан, Нұрқұмар осы күнi соларды да ойлап ұмыта алмай жүр. Сондайда «олар ол жақта не күйде, қалай жүр екен?» деп елегзитiні бар. Бастарына түскен бәледен қашып құтылса да, бәрiбiр де оларға жаны ашиды. «Танымас жақтағы елге сiңiп кеттi ме, жоқ әлде көретiн көрешiктерi мен құқайын көрiп жүр ме екен?» деп те ойлайды.
Өзін тiптi Серікбайдың орнына қойып көріп те, көз алдына елестетіп қояды. Сонда ғана жат жерге кетудің өзіндік тауқыметін сезгендей болады. Осының өзі де жеңіл емес – аса бір түсi суық ауыр жаза екенiн түсiнiп, өне – бойы түршiгiп кетедi.
Нұрқұмардың ойы осылайша бұзылып, көңiлi құлазып қалған. Нұрқұмар осы ойдан қатты әсер алып тұрған. Бiр жағынан осы кезде бұл ойдан айыға алмай: «Олар қалайша осы жердi қиып кеттi. Мен болсам өмiрi ондайға бармас едiм. Мейлi менi сол үшiн басымды жойып жіберсе де» дегендей ойлардың ұшығы көкейiнен бiр кетпестей болған. Осы сәтте «Бәсе – бәсе, туып – өскен жердiң осындайлық та қасиетi болады екен ғой, кiсiнi өзiне байлап қоятындай! Осыны мен Серiкбайдың арқасында ендi ғана түсiндiм. Туған жер деген адамға ең қымбат, ең ыстық дүние екен ғой» деп, Нұрқұмар бiр түрлi тебiрене қалып, тереңнен ойлағандай да болып қалады.
Оның мұнысы осы күндерi келе – келе көңiлiне жиналған әр қилы оқиғалардың елесiнен пайда болған жай сияқты да болып көрінеді. Соларды ойласа болғаны тамағына тас тұрғандай боп, өз – өзiнен тығылып, көңiлi босай бастайды. «Иә, бәсе!» деген сөз еріксіз аузына түседі. Арғы бетке қашқандардың кетерiнде елдi қимай, кеткiсi келмегенi де осыдан болған тәрiздi. Осы бір сәтте: «Әй, Серiкбай–ай, нағыз ер жiгiт едiң сен, сенi де елiң пышақсыз бауыздап жiберiптi ғой! Жақсы ит өлiгiн көрсетпей өлсiн дегiзiп, елiң сенi жат жұртқа қуғызғаны сол екенiн мен ендi түсiндiм. Сенi де жер қылғандай болған тамам елдiң айтқаны мен жасаған байлауы болыпты ғой. Қайран Серiкбай! Ондай жiгiттер қайда ендi бiзге?!» деп, Нұрқұмар бiресе тебiренiп, бiресе көңілі құлазып кеткендей болып ойланып тұрып қалған. Өз – өзінен бірдемеге қамыққандай болып, жүрегi сыздап кеткен. Бiр жағынан елге де налығандай боп: «Осындайда тiптi, елдiң сөзiне ден қоймай–ақ қойса, қайтер едi. Оның бейiлiне көнбей, тiлiн алмаса не болады? Әй, бiрақ ол болмйды ғой. Көпке топырақ шашам деп оның қаһарына ұшырасаң, шекең қызбас!» деп те ойлайды. Оның мұнысы бір жағынан айласы бiтiп, амалы таусылған Серiкбайлардың арғы бетке кетуiне «не себеп болды?» деп, елдің әрекетін ақтап та тұрғандай болады. «Тек, бұл күнде елінен бір жола қуылған байғұстардың көңiлдерiне демеу болғаны, ол жақта да бiраз қазақтың бар болғандығы ғана едi. Әйтпесе, қай бiр шекелерi қызып кеттi дейсiң, кетерлерiнде елдi қимай, сүйретiлiп, құр сүлдерлері кеткендей болғаны сол екен ғой. Баяғыда үлкендердің айтып отыратын «тiрi өлiк» дейтiндерi де осыдан шыққан екен ғой» деп, оның көңiлi жабырқап қалды. Елден бұлайша кетудің, бір жолата қол үзудiң мұншалықты қиын екендiгiне де Нұрқұмардың енді ғана көзі жеткендей болып тұр.
Бұрындары өзінiң басына кiрiп шықпайтын, осыншалықты ойландырмаған: «ел – жұрт, ата мекен, туып өскен жер» дейтұғынның осындайлық ыстық болатындығына дәл осы уақытқа дейiн сондайдың түбiне жете бермептi ғой. Оның терең жатқан сырына ден қойып, бойламапты. Оған жібермеген бiр де балалық, ендi бiрде бозбалалық шақ болар. Сөйтіп жүрiп, соның бәрiн өзі мүлт жібергендей. Соларға өзі жете мән берiп, маңызын түсiнбептi ғой. Ендi басына түсiп едi. Соның барлығын дереу бiлiп шыға келдi. Осыған дейiнгi өзі үшін атаусыз болып келген дүниелердің мағынасын ендi ғана түсiнiп, сол дүниялардың есігін жаңа ғана ашып, қасиеттерiне таңырқап тұрғандай күй кешуде еді.
Балалық пен бозбала шақ, ондай қасиеттi дүниелердi ұғынбастай еткенi рас. Сол қызықты дәуреннің де өзі үшін өте шыққаны қызық. Кезінде жастық шақтың кесірі бәрін сездіріп, білдірмеген екен ғой.
«Шiркiн уайымсыз, қайғысыз өткен балалық шақ–ай! Сол бiр айналасы аз уақыт, бұл үшiн ұзақ көрiнген, өмiрi таусылмас қызық дәурен сияқты болған заман едi ғой. Бұған ұқсас заман, қызық дәурен ендi қайтып оралмас» деп, Нұрқұмар осы күнi ойлайтыны бар.
Нұрқұмарды қатты өзгерткен жай осы болар. Сол бір есте қалары Қарағаш қыстағында жүрiп талай қызық заманды көрдi. Әуелi ғашық та болып, сүйiспеншiлiк азабын да алғаш рет өз басынан сонда жүрiп өткердi. Қарағаштың бұған берері көп болғандайы да содан.
Солардың бәрiн есiне алған сайын, Нұрқұмар өзгеше боп өте шыққан дәуренді аңсайтындай да еді. Сондайлық тіршіліктің бар рахаты мен бал дәурені басынан бір күнгідей болмай өте шыққандығын енді ғана байқағандай. Осылардың барлығы Нұрқұмар үшін бұған дейін кездеспеген, тыңнан келген, төтеннен қосылған қасиеттей, бөтен бiр дүниедей көрiнгені анық.
Нұрқұмар қаншалықты басындағы сары уайымдай болған жайды ұмытқысы келіп, ол туралы ойлағысы келмесе де, олай болмайтын сияқты. Ойы аласұрып, бір жанды іздеп, Қарағаш жақты кезіп кетеді.
Енді бір кезде асаудай алысқан көңiл – күй өрісі, бәрібір де, оны тағы да сол көңілдегі уайымға әкеліп тіреген. «Енді не болар екен?, Мына даудың аяғы немен тынады? Шынымен–ақ, осы жерді тастап, құмға қарай ауамыз ба?» деген уайым белгілері бiрiнен кейiн бiрi туындап, сондай ойлардың жетегi, мұны сол қу тiршiлiктiң қамына қайта – қайта қақпайлап әкеліп тоғыта береді.
Былайша бір қарағаннан момақан, ез сияқты көрінетін елдің өз ашуы өзінде сияқты. Сәл ғана тақым қыссаң болды – асауша тулап шыға келедi екен. Нұрқұмар осы жолы мұны да анық байқады. Елдің өз қамы өзінде екендігіне де бір сәт көзі жеткендей болды.
Аяқ астынан болған мына бір жағдай өзі сұлқ жатқандай болған елді дүрліктіріп кеткендей. Мұның таң қалатыны осының бәрiне себепшi болып жүргендер елдің ер – азаматтары. Солардың арасында өзінің әкесi де бар. Әке болса өкiметтiң қазақ жұрты арасындағы тiрегi және ең сенiмдi адамдарының бiрi. Оның неге бұлай ететiндiгiн, бұл енді ғана түсiне бастағандай. Алғашқыда әкесi сияқты қазақтың талай iрiсi осылай екi жаққа: елге де, өкiметке де, бiрдей бүйрегi бұратын сияқты көрінген–ді. Түбiнде – «екi кеменi ұстаған суға кетедiнiң» керiн киiп жүрмесе болды – деп, Нұрқұмар әкесiне де, осындай пиғылдағы қалған би – болыстарға да жаны ашығансыған пейiлмен.
Нұрқұмар киіз үйдің есігін ашып, төсін тау жақтан соққан самалға төсеп біраз тұрды.
Бүгiн де күн райы көптен бергідей жанға жайлы екен. Айнала осылайша әсем, шырайлы көрінеді. Кісіні сергітердей боп, Қаратау жоталары жақтан баяу ескен салқын желдің лебі ғана білінеді. Сол леп киіз үйді жан – жақтан қаумалап алғандай, бiрыңғай желпиді. Жанға жайлы, тамаша бір көрініс. Бірақ бұл күнде сол әсемдік қанша шырайлы болса да, елдiң көңiл шырайы солғын. Қалың ел қасірет шегіп, уайым тартқан сияқты. Оған да кiнәлi өкiметтiң «жердi босат» деуi болды. Өкіметтің бұл әкіреңдеуі елдің шырқын бұзып, әлі күнге дейін ес жиғызбай тұр. Түнеу күнгi болған Бүйен сағасындағы лаң мен дау бүгiнде саябыр тапқандай болса да, ел iшi тыныш емес. Нұрқұмардың кешегі өзi барғанда Қапалда естіп қайтқандары да осындай көңіл қобалжытар сөздер ғана. Сол естігендерін ой елегінен өткізіп алайын дегендей, бiразға дейiн үн – түнсiз тұрып қалған.
Осылайша дағдарып тұрған да келіншегінiң:
– Баратын болсаң тезiрек бармайсың ба, үлкен үйде атиiм күтiп қалды ғой?! – деген, даусы селк еткiзгендей болды. Дауыс шыққан жаққа жалт қарап едi, алдымен де өзiне қашаннан сұлу, әдемi көрiнетiн боталаған жанарларды көрдi. Сол аясы қомақты, жанарлы келген қара көздер де бiрер сәт бұған қадала қарап қалды да, артынша қымсынғандай боп, дереу қарашығын басқа жаққа аударып салған.
Нұрқұмар келіншегіне бiрдеңе айтқысы кеп оқталған сияқты… Онда да, жақсы көрер, жылы бiр сөздерді… айтар едi. Бiрақ, ойына кеп тiрелген нәрседен дереу ықыласы басқаға ауып кетті. Үндемей қалды. Онысы жаңағы ой ықыласын аударған жайдың төңірегінде айналсоқтап, кiбiртiктеп қалғаны еді. Сонысын білдіргісі келмегендей. Қазір өзінің бет әлпетіне сондай рай кіріп тұрған секілді.
Нұрқұмар соның артынша бұрылып, iшке кiрген. Үйдiң iшi әжептеуiр қоңырсалқын тартып, алакөлеңке болыңқырап тұр екен.
Өзi үйге кiрiсiмен, келіншегі мұның тысқа киетiн киiмдерiн қолына ұстап, қасына таяп келген. Қолындағы киiмдердi бұған ұсына берді. Ол асықпай киіне бастады. Киiнiп тұрып, әуелі көзінің қиығын сап келiншегінің жүзіне көз жүгірткендей болды. Осы кез оған тiл қатпақ боп оқталып тұрып қалған едi. Бірақ айтқысы келгенін айта алмай кібіртіктеп қалған. Ойына басқа бірдеме түсті. Айтқысы келген сөздерді айтқызбай қойған да, оған себеп болған нәрсе де тек өзіне ғана белгілі. Онысы бiраздан берi iшiне жинаған өкiнiш пен ренiштiң белгісіндей болған нәрселер. Солар қосыла қап, ендi бiр емiренейiн десе етегiнен тартып тұрғандай сияқты.
Жазды күнгi аптап ыстық әлi басталмаған. Сол ыстық басталмастан бұрын алты қанат үйдiң есiгi тарс жабылып, жабығы түсiрiлгендiктен iшi ала көлеңкелеу болса да, ашық тұрған түңлiктен түскен жарықтан қасында тұрған жас келiншекгiң нұрлана түскендей болған реңi, әсіресе оның ыстық демi өзіне ап – айқын бiлiніп тұрғандай. Жас келіншек өзіне тақалған сайын жаңағы ыстық дем мұны елегізітiп, жанына жайлы тиеді. Сол дем есiн кетiрiп, бойына қан жүгірткендей болады. Сол кезде өн – бойы тегiс ысып қоя береді.
Нұрқұмардың көзi қайта – қайта жас келіншегіне түсе бердi. Бір түрлі жақсы көріп оны бас салып құшақтап, аппақ бетiнен аймалағысы келедi, құшырлана қысып, құшағына алғысы да келедi. Сөйтiп мауқын басқысы да келген. Бір кез оның ұзын бұрымына таққан шашбауы мен камзолындағы сөлкебайлардың сәл ғана сылдыр ете қалған үнiнiң өзi мұның есін онан әрмен кетіргендей етеді.
Нұрқұмар осы жолы аппақ жүзi нұрлана қалған, келiншектiң келбетiнен көзiн айыра алмай қарап қалған еді. Оның жүзiнен осы кезде кiсiнi өзiне тартатын нәзiк бiр реңді байқады. күйеуінің мына бір тылсым қарасын байқап қалғандай боп, бір уақытта келіншек те бір түрлі қымсынғандай болып, үлкен қара көздерін басқа жаққа тағы тайдырып әкетті. Бір сәтте ол аса сүйкiмдi қимылымен кеп, жейдесiнiң сыртынан жеңсiз қоңыр камзолды мұның иығына жапты. Қомақты келген, ұялы көздерiн бұл жаққа аударып, бұған наздана қарағандай болды. Нұрқұмар болса одан көзін алмастан, бірдемені есіне түсіргісі келгендей боп, мелшиген қалпында тұрып қалған.
Сол қалпында тұра берер ме едi, не iстер едi? Егер де, келiншектiң:
– Саған не болған? Неге өйтiп қарай беретін болғансың? – деген сөзі селт еткізгендей болды.
Нұрқұмар бұрын да, әйелiнiң бой бітіміндегі, тұла бойындағы осындайлық ерекше бiр сұлулық пен көркемдiктi байқап жүретін. Бірақ ол туралы білдірмей, сыр берместен, елемегендей боп жүре берген. Оның да өзіндік сыры бар еді.
Ол бiраздан берi осы сырын дағдылы бiр мiнезге айналдырғандай болатын. Бiрақ, шындығына келгенде ең алдымен мұның өзiне де, оның бойындағы өзгеше бiр тартымды сұлулығы қатты ұнайтын еді. Ол туралы бұл осы уақытқа дейiн тiс жарып тiптен де, ешкiмге айтып көрмептi. Бұл сырын тiптi емеурiн қып, әйелiнiң өзiне де бiлдiрместен, осы күнге дейiн жеткізген жайы бар. Өйткенi, өзiнiң бойын дәл осы күнге дейiн әйел затының алдында қашанда суық ұстайтындай ғып көрсетiп келгені рас.
Бүгiн мiне, соның бәрi жүрегiн жарып шыққандай болғаны несi? Өзiнiң iшiнде жатқан, бiраздан бергi сақталып келген сырын ақтарып тастағысы келгендей болып тұрғаны қалай? Бұл оның тал бойынан тыс, тылсым бiр күштiң әсерiндей де болар?
Нұрқұмар келіншегінің бойындағы осы сұлулықты бұрындары қалай байқамады дейсiң? Байқаған. Білген. Көрген. Бiрақ, бұрыннан бергi көкейiнде жүрген оған деген бір өшпенділікке көп ұқсас, былайша келгенде олай деп те айтуға ауыз келмейтін бір нәрсенің шалығына көп ұқсас жайт сияқты. Былайша айтқанда өкпе – наз сияқты бiр жағдайдың араға килігіп, сыныққа сылтау болғаны бар.
Сол өкпесiнiң өзi де алғаш рет ғашықтықтан пайда болғаны рас. Өзін сүйгенiне, арманына жеткiзбей тастаған, болымсыз бiр сылтаудан пайда болғандай едi. Соған кінәлі адамды іздейтін. Онысын тапты да. Ол – осы тұрған келiншегi сияқты. Соны кiнәлiдей көретiн.
Осыған дейін сүйіспеншіліктің қасіретін көз алдына елестетсе болғаны, Нұрқұмар бiр ауыр мұңға ден қойғандай боп, сарсаңға түсетіні бар. Осындай күйге түссе болғаны көпке дейiн сол ойлардан сейiле алмай қаятын. Сондағы жеккөрініштің, сол өшпендiлiктiң басы, бәрi де, о бастан қыз айттырудан басталғандай болып едi ғой.
Бұрындары естіп, көрмеген, білмейтін, әйел заты өзінің алдын кес – кестеп шыға келгендей еді. Нұрқұмар үйлену дегеннен қатты зардап шеккендей болды. Барлық ойындағысы осымен тынғандай сияқты. Өзінің жақсы көретініне, асылына жете алмайтын болған. Оған да бөгет болған бір жан. Онысы Қаптағайдың Бөрте руынан шыққан Науан байдың жалғыз қызы болатын.
Бөртенiң Қыли – Қырбасы саналатын Науанның мал десе малы, жан десе жаны, асып тұрған дәулетi және бар. Бұл атаның Бөрте iшiнде өктемдiгi де бiр басына жетерлiк. Науанның байлығы көпірген көлдей болған, Қыли – Қырбас елiне аты да сайма – сай. Мыңды айдаған, мыңды жусатқан айтулы бай.
Бұрын өзіне мәлім болмаған қарбалас шақ енді ғана Нұрқұмардың басына төнгендей. Осы кез үйлену деген де қырсыққанда мен мұндалап шыға келгені бар ма. Науан байдың он екі ұлдың ішіндегі жалғыз қызы өзіне бұйырыпты. Сол қызды бұған айттырыпты. Байлау осы болғанын о баста Нұрқұмардың өзі білмеген. Бұл сөзді алғаш естіп, Нұрқұмар өзінше талағы тарс айрылардай болды. Бірақ тағы онысын қаһарлы әкеге білдіре алмастан, дымы ішінде болды. Ішкі есебін сыртқа шығаратындай, өзiнде әлi соған татыр қауқар да жоқ едi. Соның бәрі қосыла кеп, Нұрқұмардың жұмған аузын аштырмаған.
Көргенi мен естiгенiне көз салып, құлақ түрiп, көп ойланатын болды. Ақыры кеп, біраз топшылағандай болса да, амалсыз осыған да көнгендей болған.
Көнгенi сол, үндемегенi едi. Үндеуге мұның хақысы болды ма? Болған жоқ қой. Бұдан ешкiм осылай қылсақ қайтедi деп сұрады ма? Сұраған жоқ. Өз бiлгендерiн iстедi. Өйткенi, ата дәстүр осындайлық болатын. Өйтпеске мұрша жоқ. Өйтпесіне қоя сала ма екен? Солай етпеске шара қалды ма? Өйтпесіне болды ма?
Нұрқұмар сөйтпегенде, бұлардың бәрі нағыз дауға қалар еді. Оның арты әжептеуір ерегеске әкеп соғып, соңынан талай кесепаттың туары айдан анық болатын.
Ондай қылық көрсетсе, азуы алты қарыс, қаћарлы әке бұл сияқты баласын зәузат соқтырып, қаңғытып жiберуден де тайынбастай көрiнген. Не болмаса, қол – аяғын байлап, матағандай ғып, алсаң да аласың, алмасаң да – аласыңды жасаушы ма едi? Қайтер едi? Әке шамына тиiп, қиястығына қарсы тұрарлық күш өзiне қайдан бiтсiн. Қалт етсе болғаны әкесi алақанын терiс жайып, теріс батасын берсе болғаны, мына жалғанда тентіреп өтермiн деген ой мұны талғаусыз қалдырып, өз дегеніне көндірген. Тiптi, бiреуге өкпе – наз бiлдiруге де шамасын келтiрмеген. Соған Нұрқұмардың өзегi өртенiп, iшi күйіп бара жатса да, үндемеген. Өзі мен өзі боп бұйыға қалған тәрiздi, ішіндегі бар сырына тұншыға күйзеліп, у iшiп, ашты запыран жұтқандай болып жүре берген. Онысы бір өзіне ғана белгiлi күйiк болған соң, бетiне шiркеу болғандай боп, зiл батпан болып жүрегінiң түкпiрiнде қала берген. Осы күнге дейiн, әуелі Нұрқұмар өзінше соның бәрiне де бiреуге өкпелідей болып жүретiн. Бұл кезде өзінің iшiндегi сондағы дертi маздап, жанбай жатып сөнiп, шалаға айналған сияқты. Ең ақырында кеп, ата салт пен ата – анаға деген қара қазандай өкпесі ылым – жылым жоғалып, бар өкпесі қойнындағы жарына бағышталып, сөнбеген шаладай боп бықсып қалып қойған еді.
Сондықтан да болар, өз бетiнше әлі жарына деген сондық кiнәратты өкпесі тарқамай, оған деген пейiлі де суытып жүретiн. Бiрақ, онысын әлi күнге дейiн ешкiмге бiлдiрген емес. Тіпті, онысын өзі сен менi осы күйге түсiрген деп жазғыратын, мына тұрған құдай қосқан қосағына да білдірмеген. Мұның өзi осылайша ойлағанмен, әуелi соған кiнәлiдей көретiн келiншегi де, осы туралы әлi күнге дейiн бiлмейдi. Осыған дейiн өзiнiң ойлап жүргенi де, ойындағысы да басқа едi. Шын ғашығы сол болатын
Қарағашта «Мамания» мектебiнде оқып жүрiп, алғаш рет ғашық болған. Ғашық қызы – Әмина болатын. Күндiз – түнi ойлайтыны да, көргiсi келетiнi де тек қана, сол қыз. Соған ғана ынтық болып, шын пейілі ауғаны рас. Өмiрден шын ғашық жарын тапқандай едi. Сонысына өзi дән ырза болған.
Бұл – Нұрқұмардың iшiндегi бiтеу жарасы iспеттес болған, оның жан сыры. Анда – санда өзегiн у жегендей қып, ашытқаны болмаса, әлi онысы сырт көзден таса едi.
Сол өзегiн осы күнге дейiн өртеген ғашықтығы да Қарағаштан басталды емес пе? Сондағы алғаш ғашық болған қыз – Әмина есiне түссе, мұның жүрегi сыздап қоя бередi. Күні бүгінгіге дейін өз алдынан соның жүзi бiр кетпей қойғаны ғой. Қазiр де есіне Қарағаш қыстағын алғандай болып еді. Дереу арада ондағы татар елiнен келген мұғалiмнiң қызы Әмина түсе кеткендей болды. Бағана да, келіншегіне үңіле қалғанда есiне түсiп кеткенi сол болатын. Осы күндердiң iшiнде Нұрқұмардың көңiленен сол қыз бiр шықпай–ақ қойғаны ғой. Бiрақ, кейде оның өзiнен алыстап кеткенi есiне түскенде, ол қыздан мүлдем айрылғандай боп, алып – қашып тұратын көңiлi бәсеңсiп, құлазып қалатын болып жүр.
Нұрқұмар болса осы кезге дейiн сол бiр Қарағашта оқып жүрiп ең алғаш ғашық болған, әйел баласының iшiндегi сұлуын, көкейiнен әлi күнгi бiр шықпай қойған қыздың бейнесiн қайтiп кездестiре алмағандай болған.
Сол ғашық болған Әминадан тiрiдей айрылғандай болуының басы да, оқу арасында жүрiп, ауылына келгеннен басталып едi. Алдымен жеңгелерi сүйiншi сұрап, есін шығарған. Өзінің немере ағасы Самықтың әйелi Күлшағира:
– Маңғазым–ау, сен не бiлесiң?! – деп, бiр езу жұмбақ күлкiсiмен мұны қарсы алған. Содан кейiн ыздыйып отырып, сыпайылап қана:
– Саған бай жерден керемет қалыңдық таңдалып, айттырылды ғой! Үйбай–ау, оның несiн айтасың? Ендi қайтерсiң? Үйленетiн болдың! – дегенде жүрегi дiр ете қалған. Дереу қаны басына теуiп шыға келген. Көңiлi құлазып, мына бiр сұмдық сөздi естiгiсi келмегендей боп, үйден сүйретiлiп, құр сүлдерi шықты.
Ғашықтықтың алғаш дертiн осылай тартып, оның бар тауқыметін осылай татқандай болды. Өзі білмейтін, бейтаныс қызды айттырса, өмiрiнде қолы Әминаға жетпейтіндей көрінген. Жапан түзде жалғыз өзі Әминасыз қалып бара жатқандай сезінген. Әмина қас қағым жерде болса да оған жете алмайтын сияқты.
Кейiнге дейін өрекпіген көңілі аздап саябырсығаны болмаса, бұрындары алабұртып соны ғана iздеп, тек соны ғана ойлайтынды шығарған.
Ғашықтық ой Нұрқұмарға алғаш келген албырт ой едi және өзіне түскен сындай болғаны рас. Оның несiн айтарсың, сол бiр Қарағаштағы қызға ғашық болып, шын жақсы көргенi рас. Бiрақ, сол ғашықтық сынынан бұл өте алды ма? Ол жағына Нұрқұмар барғысы жоқ.
Қазiрде Нұрқұмардың көз алдынан Қарағаш қалашығы шықпай қойған. Өзiнiң оқу оқып жүрген кезi түсе береді.
Өзіне ерекше ыстық көрінген аса сұлу, сүйкімі келісті жан – Әминасы да Қарағашта қалды ғой. Өзінің сол қызды сүюi де ерекше бiр түрлi болған. Бәрi сол Қарағашта оқуда жүргенде басталған едi ғой.
Оған дейiн жүйрiк атқа мiнiп, бiресе көп малдың iшiне барып қызықтап, ендi бiрде өзiндей балалармен ит салып қоян, түлкi аулап, ендi бiрде барлық бала бiткен қай ауылда ойын – той бар, көкпар, ат жарыс, палуан күрес, не болмаса алтыбақан, онан қалса өлең айтып, ақсүйек ойнаған қыз бен жiгiт, бозбаланың маңында, қызықтап қасында жүрген кезi еді. Сол қызығы мол, дүрмек шақта, тағы бір оқыс қимылдың болғаны бар. Сондай жүрiсiнен бiр танбай жүргенiнде, әкесi мұны шақыртып алып:
– Дардай болдың, дәу жiгiтсiң. Олай болса шешеңнiң төркiнiн айтам, өңшең өзiңнiң нағышыларың болады. Солар мына тұрған Қарағашта оқу ашып, елдiң барлығының баласын оқытып жатыр. Сенде сонда бар. Оқу – оқы. Одан да жақсы болам десең өзiң бiл. Керек болса Қапал барасың ба, Алматы барасың ба, жоқ әлде Сырттанның баласындай Петербор барасың ба, оны өзiң бiлерсiң. Әзiрше Қарағашқа барып, сонда оқу оқисың – дедi.
Әке айтты, бiттi. Бәрi де солай болды. Бұл айналасы үш – төрт жыл Қарағашта оқу оқыды. Iргеде тұрған Қарағашқа алғаш келiсiмен өзiне дүниенiң төрт бұрышын бірден ашқандай болды. Бұған дейiнгi өзге күндерден Қарағаштағы оқу оқыған күндерi әлдеқайда бөлек. Әмбе күнде алатын әсерлерi қандай, бірінен бірі өткендей. Әжептеуiр хат танып, оңды – солын ажыратар халге жеттi. Бiлiм деген каусар бұлақтың суына тойынбай бас қойды.
Қарағашқа татар жақтан келген оқытушы Ғабит деген мұғалiм бар болатын. Соның ауызға сап үргендей екi қызы болды. Сол мұғалiмнiң үлкен қызын – Әминаны бiр көргеннен–ақ, бұл жақсы көрiп қалған. Оны бұл шын ниетiмен жақсы көрiп, тiптi біржола есiнен таңғандай болған. Жатса да, тұрса да, жаңағы қыздың сұлу келбеті ойынан бір шықпай қойғаны ғой. Құдды бір баяғы заманның хикаяларын жырлағанда айтылатындай, басын жадылап қойғанға ұқсас бір дүние болғандай едi.
Әмина сол хикаялардан, ғашықтық жырлардан шыққандай болатын. Соның ғана бетiне қарап отыра берсе болды, басқа ештеңенiң керегi жоқтай көрiнетiн.
Сұңғақ бойлы – Әминаның, тал бойында бір міні жоқтын. Тұлғасы да сол қалпы, киген киімі де өзіне құйып қойғандай. Қап – қара, ұялы көздерiнiң жанары да кiсiнi жұтардай тұңғиық, терең сияқты көрінетін. Жымия күлгенде аршыған, ақ жұмыртқадай, беттерiнiң ұшында сәл қызғылттау дақ пайда болады. Қалың қара шаштары сәл бұйралау, ұзынырақ келген қыр мұрындары ұшы сәл ғана жұмырлау келген, ерекше сұлу көрiнетiн. Ал, қыздың жүрiсiнiң өзi бiр керемет, жұмбақ жүрiс болатын. Келе жатқанда сол жүрiстiң өзi «менi көрдiң бе?, бұл келе жатқан менмiн ғой – Әминамын!» деп тұрғандай едi.
Әмина осылайша жүргеннiң өзiнде де, барлық сымбатын, сән – салтанатын сала жүретiн сияқты көрiнетiнi бар. Өзiне ерекше ынтық жанға сырттай ғашық болып, үнсіз жауап күтті. Әр нәрсенi сылтауратып Әмина тұратын үйдiң жанынан өте беретiн болды. Кей – кейде тiптi, сол қызды түсiнде де көрушi едi. Тек, сонда ғана – Әмина шын өзiнiкi, тек өзi үшiн жаратылған, өзiне ғана бұйырғандай болатын. Сөйтетінін қайтерсiң. Жасыратыны жоқ Әминаны алабұртып шын жақсы көрiп, сүйгенi былай тұрсын, тiптi оған батып, сөйлей алмаушы едi. Тек қана, оны ұнататындығы жалғыз өзiнiң көңiлiне медеу болғандай, тiл қатам деп жүрiп шошытып аламын ба дегендей боп, уайымдап қайғырып жүре берген. Ғашықтықтың тiлi жоқ, кейде ол тылсым, мылқау болатындығына да, Нұрқұмар сонда ғана барып әбден түсініп, сенгендей болған едi.
Әминаның сыртынан қарап тұрып, аса бiр рахат қуаныш тауып, кеудесiн кере кең тыныс алатын. Өзi сырттай иемденiп бiрге оқитын достарына осы сырды айтып та қойғаны бар. Өзi сияқты, оқу оқып жүрген жан досы Жақып, қысық көздерiн күлiмдете, онан сайын сығырайта күлiмсiреп:
– Әй, батырым–ай, аңқаусың ғой! – деп, алдымен жұмбақ күлкiмен күлiмсiрегендей болды. Оның мұнысына таңырқап қалса да онысын сыртқа шығармай тұрған Нұрқұмар оның мұнысын бiлгiсi кеп:
– Неге олай дейсiң? – дедi. Жақып болса қысық көздерiн онан сайын сығырайта кеңкiлдеп кеп күлген. Күлiп алды да:
– Сен сияқты бай мен болыстың баласы айдалада жүрген қу сирақ ноғайдың қызын алады дейсiң бе? – деп, мұның аңқаулығын келеке еткендей боп, iшек – сiлесi қата онан сайын күлдi дейсің кеп. Ашуы ұстаған бұл осы кезде, даусы булығып, өзгерiп сала берген:
– Неге? Шын оны ұнатсам, неге мен оны алмайды екенмiн – деп, бiр түрлi даусы жарықшақтана, булыға шыға қалған. Жақып мұның аңғалдығына таң қалғандай болып, әмбе басын шайқай:
– Сен қызық екенсiң, саған ол тең бе? Сен оны аламын дегенiңе сенiң үрiм – бұтағың ондайыңа көне салар ма екен. Саған сөйттіріп қояр. Болыс әкең жаман қатты көне салар. Ол сен сияқты баласына алдымен де өзiне тең адамның қызын айттырмайды емес пе. Саған ондай қызға үйлену қайда? Ондай қыз тек қана, мен сияқты қара сирақтау бiреуге тең ғой, ол ноғай қызды алса мен сияқты бiреу алатын шығар – деп, Жақыптың өңменiнен өткiр пышақ салғандай қып, айтып салғаны ғой. Сол – сол–ақ, екен Нұрқұмар өзiн Әминадан айрылып бара жатқандай боп сезінген. Онда да, қарап тұрып, тiрiдей бір жолата айрылатындай көрінген. Еңсесі түсіп, енді бір уақытта көзi қарауытып бара жатты. Өзi осы күйiне зәрезап болғандай, есi шығып, ебi қаша бастаған едi. Басы дуылдап, аяқ – қолы дiрiлдеңкiреп, тiптi басының ішіндегі миына дейiн зырқылдап кеткендей болған. Дәл осы кезде өзiнiң бойына жиналған ашуына жол берген. Сол бетінде дереу Жақыптың жағасынан алып, төпелеп соққылай бастаған едi. Өзi де кеудесiне жиналған Әминаға деген бар жақсылығынан Жақыптың сөздерi айырғандай боп:
– Сұмырай екенсiң, өзiң бiр жүрген! Қалайша сондайға бардың сен. Азғын болдың сен – деп, алыса кеткен.
Бұлай болады деп ойламаған Жақып:
– Өй – өй, мынау қайтедi–ей, айдаладан қаңғып келген бiр ноғайдың қызы үшiн соншама күйiп – пiсiп. Мен әкесiн өлтiргем жоқ қой? Менде несi бар едi мұның? – дедi. Жақып таяқ жеуiмен қоймай, өзiнiң тiлiн де тартпастан. Ең жақын достарының көзiнше мұны солай ғып, мұқатқандай болды. Нұрқұмар болса Жақыппен алысып жүрiп:
– Тарт тiлiңдi! Өшiр үнiңдi! Ол Әмина ғой, оған сен қалайша дәтiң барып тiл тигiзесiң?! Оған тiл тигiзушi болма! – деп, кiжiнген үстiне кiжiнiп кеттi. Қалғандары бұларды ажыратып әлек. Солардың арасындағы кейбiреуi: :
– Әй, не болды сендерге Ғабит әбзидiң қызы үшiн бiр – бiрiңнiң кеңiрдектерiңнен алып – деген.
– Қойыңдар, жетер ендi! Арпалысып қайтесiңдер? Барғыларың келсе тiптi екеуiң де бара бермейсiңдер ме оған. Бiр – бiрiңнен қызғанбай–ақ қойыңдар – деген сөздерді өңменінен өтердей қып айтып салған. Мына сөздердi естiп, ол онан сайын бұлқан – талқан ашуланып:
– Қане, қайсың, тағы да сүйтiп айтатын? Шық былай. Көрiншi маған да бiр, өз қолыммен жайратып тастайын – деп, жаңағы сөздi айтқанды iздеп, басқа оқушы жолдастарына да тап – тап берген. Бiрақ қалғандары қойсын ба, мұны бас сап ұстап жiбермей, басып алған.
Жаңағыдай сөздердi естiп, Нұрқұмардың көңiлi жабырқап, қайғырып, жүдеу тартып қалған. Өң мен түстiң арасында болған бiрдеңе сияқты. Өзiн Әминадан бiр жолата айрылып қалып бара жатқандай сезiндi. Ойы әр қалай болып, бұзыла түсті. Осыған дейiн басына келмеген жағдаяттың барлығын басқа бiреу есiне салып тұрғандай болды. Өз ақылымен түсiнбегендей түйiндi, дос ақылы арқылы ықтиярсыз түсiнгендi… Өзінің осы күйіне өкінді. Тіпті байдың, болыстың баласы болғанына да өкінді.
Бұндай ой Нұрқұмардың басына алғаш келген ой едi. Бұл ой оған аяқ астынан төтенше келiп, мең – зең еткендей болған. Бір жағынан әйел баласын жақсы көрiп, сүйiп – күюдiң не екенiн бiлсе, ендiгі жағынан осы жай өзiндей шонжардың, жуанның баласының өмiрдегi орнын да бiлгiзгендей қылды. Соған өзi өкiнгендей болды. Алабұртып тұрып: «Неге ғана осылай болды? Онан да бұ дүниеге Омардай болыстың баласы боп келмей–ақ қою керек едi!» деп те ойлады.
Осы iспеттес ойлар жадынан бiр шықпай қойды. Бойын суық қарығандай болып, айналасына тiксiнiп қалғаны да сондықтан болар. Кейде тіпті, бiр оймен Әминаны алып қашып, көз көрмес құлақ естiмес бiр жаққа кетсе нетер едi деп те ойлаған. Ар жағын ойластырса мұның да еш қисыны келмейтiн сияты. Өзінікі әшейiн құр сандырақ, далбаса болып көрінген. Сол кезде өзін жек көрген.
Сондайлықты жүрген бiр жанды тұлып сияқты, сүйгенiне қолы жетпес, ата салттан аяқ аттап шыға алмастай болып шырматылған, қуыс кеуде жан секiлдi екенін сонда барып бірақ сезінген.
Мына заманда өзiне сай, орның болса, одан қадам басып көр? Аяғыңды қалт бассаң, мүлт кетерсің. Не қыл десең де оныңнан бәрібір түк шықпайды. Елге күлкi – дұшпанға таба боларсың. Өйткенi соның барлығы да ата – бабадан мұра боп қалған салт – дәстүрге байланысты болғандайы бар. Тең – теңiн табу керек.
Малы мен күшi, атағы мен ықпалы тек өзiне тең, мәшһүр адамдардың бір – біріне жақындасатыны Нұрқұмарға белгілі болды. Ата салтқа берік адамдар ғана өзi үшiн ойлап – пiшетiндiгiне көзi алғаш жетті.
Сөйтсе, өзі жай ғана адам емес екен ғой. Бұл болса байдың баласы, күштiнiң ұрпағы, жуанның жалғасы екен ғой. Соны Жақып сияқты досы өзiне алғаш рет ашып айтты емес пе. Бетiне салық қып, өзiне мойындатқандай да қылды. Өмiрiнде сүюдiң алғаш дәмiн татып, соның ыстығына күйгендей болса, ендi мiнекей, сол сүюдiң ызғырық суығы да мұны қалтыратып, мұздадып, тоңдырғандай, қарып – қарып алды.
Қайтсем де соны аламын, соны ғана жар қыламын, құшатыным сол ғана дегенi өзiнен алыстап бара жатқандай болғанда, көңiлi өзегiн өртеген осы жайттан шығар жолды iздегендей боп, шарқ ұрған. Ақыры оның амалын таппағандай болып, дел – сал, бей – жай бiр күйде қалған. Тiптi, өзi осы өмiрге осы күйiнде келгенiне де, шонжардың тұқымы болып жаратылғанына да алғаш рет қатты күйзелген едi. Сонда ғана кейіп тұрып: «Неге ғана, кедей – кепшiктiң бiрi болмадым екен…? сонда мен де өзiме тең болатындай – Әминадай ұнатқаныма қолым жетер едi» – дегендi күйініп тұрып айтып, алғаш рет шын налығандай болды.
Өзінің Қарағашта жүрген шақта өсе түскендей болғанын, тiптi ұлғайып, ересек тартып қалғандайын алғаш рет сонда барып сезiнген. Сондайлық өзiнiң аянышты, бір жағы жиренішті күйіне нанғысы келмесе де, нанғандай болды. Бозбалалық шақтың уақыты да, өзiнен алыстап, қаша жөнелгендей болғанын сонда ғана барып түсiнді. Тіпті соның өзінің қысқалығы сондай, күрмеуге келмейтін қысқа жіп сияқты болар ма?
Жазмыштың о бастан–ақ, өзіне ғашықтық деген күйді басынан кешіруге аз ғана уақыт бергенін білгендей, сол шақтың қысқалығын көргендей болды. Күндердiң күнiнде сүйiп, ынтық болудың да бар екендігіне, бірақ та бір кезде соның бәрiнiң де мұнан алыстайтындығын, сөйтiп көзден ғайып болып, үзiлiп кететiндiгiн бұған білдіргендей еді. Ғайып болып, Нұрқұмар үшiн алысқа тартып кеткен уақыт та, тез арада мен мұндалап, шапшаң қимылдап, айтқызбай–ақ өзi жетiп келе қалғандай. Әминаға ғашықтығы бұл үшін қысқа болды. Қарағашта жүрген татар қызының сыртынан жақсы көрiп, иемденіп жүргенінде, өз басына үйлену қамының келіп қалғанын байқамай да қалған.
Он жеті жасында өзіне айттырып қойған жердің қызын алуға тура келді. Оған қарсылық жасайтын кiм бар? Өйткенi, ата дәстүр осындай. Онан қалай қашып құтыларсың. Ата салт бар, айттырмай қыз алуға болмайды екен. Үлкендер солай деп айтып, солай шешті. Барлығы да солар айтқандай болып шықты. Өң мен түстің арасында жүргендей болғанда, өзінің қалай жар тауып, балалы болғанын білмей де қалған.
Бұл қай бiр ғашық болып, қалағанын алды дейсiң. Бар сиқыр ата мен ананың әмiрiнде қалды ғой. Қарсыласуға болмайды, Әке айтты, бiттi. Солай болды. Әминаға деген ынтық жүрегi оны алысқа алып кеткендей. Биiкке самғата көтерiп, алыстата әкеткендей, бұл үшiн мүлдем жоқ қылғандай еттi.
Жүрегiн басқан ренiш пен шарасыздыққа мойын ұсынып, шынымен Әмина ендi маған жоқ деп, көнгендей болды. Тағдырдың менiң маңдайыма жазғаны осы боларды ойлағанды. Өмiрiмде алғаш рет ғашық болып едiм, ең құрығанда құдай оны да, маған көпсiндi. Мен сияқты бейбаққа Бөртенiң Қыли – Қырбасы қай бiр оңған қызын алып берер дейсiң – деп, жүрегiн ауыртар болған ғашықтық сырын, жүрегiнiң алыс түкпiрiне жасырғандай сезiнген.
Нұрқұмарды бiраз уақыт толғандырып қойған да осы едi.
Ақиқатына келгенде, болашақ қалыңдықты айттырғаннан берi тіпті, көрмегені де рас. Құда түсiп қойғандықтан, қол-аяғы маталғандай болды. Өзiне жар боларлық қалыңдықты артынан ұрын барғанда бiрақ көрдi.
Көңiлiндегiсi алыстап, ғашықтығын жүрек түкпiрiнде сақтап қана жүргенiнде, қайын жұрты – Бөртенiң мыңғырған байы, айбыны мен атағы айдын көлдей болған, Қыли – Қырбас пiр тұтушы Науанның жалғыз қызына ұрын барар күнде туған.
Жап – жарық, айлы түнде ауылға жақындап келiп, жанындағы жолдастары Ербатыр мен Сағатбек арқылы қыз жеңгелерiмен хабарласып жолыққан.
Бұлар ауыл сыртындағы сайлауыттау жердiң iшiнде күтiп жатқан. Ұрын барудың тәртiбi осындай, қалыңдық сенiкi болса да, неке қиылғанша қыздың әке – шешесi, аға – бауырларының көзiне түсуге болмайды. Олай болса нағыз масқара саналады. Өз шаруаңды ебiн тауып, бiлдiрмей жасау керек. Бұл мыңдаған жылдар бойы қазақтың бойына сiңген әдетi. Ұрын барғанда сенiң жақтастарың тек қана, қыз бен оның жеңгелерi. Әрине, жеңгеге түсетiн ауыртпалық үлкен, ол қыздың абыройлы болуына басымен жауап бередi. Олай болмай қалған жағдайда қыздың ағалары алдымен әңгiр таяқты солардың басына ойнатар болар. Сондықтан да, жеңгелер де, өздерiне тиiстi сыбағалары мен ауыз бастырықтарын барынша қамтып қалуға тырысады. Өйткенi, барлық жауапкершiлiк солардың мойнында болғандықтан да шығар.
Үйленудiң ауылы жақындаған сайын, Нұрқұмардың ұнжұрғасы түсiп, көңiл – күйi төмен тартып, сiркесi су көтермейтiн болған.
Iштегi күйiк болған ғашықтығын, қанша ұмытайын десе де, ұмыта алмайтын сияқты. Бiр жағынан ноғай қызына кеткен көңiлi де үнемi сыздап, оны ұмыттырмай, қайта – қайта жанын жегiдей жесе, бiр жағынан алдағы әлi өзi үшiн белгiсiз боп тұрған айттырған жердiң қалыңдығына деген «ең құрымағанда дұрыстау болса екен» деген үмiт те, бойын құрсаудай құрыстырып қойғандай едi.
«Апыр–ай, қалай болар екен деп, түбiнде не болып шығар екен» деп қайғырған өзiне айттырған қызды ойлағанда. Өзi бұрын естiп, көрмеген бейтаныс қызды ойлап Нұрқұмар ең алғаш рет оны да көргiсi келiп асыққан.
Айттырған жердегi қалыңдығын бұл өз ойында тек Әминаға ғана ұқсатады. Сондықтан да тез көргiсi келедi. Бiр құдайға сенедi, iшiнен Ғайып – Ерен, Қырық – Шiлтенге жалынады, «осымды оңды ете көр!» деп.
«Болашақ жар боларлық қалыңдығым қандай екен?» дегенде түн ұйқысы төрт бөлiнедi. Кенет басқа бiр ой төтеннен келiп қосылып: «Олай болмаса ше? Онда не iстерсiң? Сенде не қауқар бар дейсiң? Науан сияқты мыңғырған бай қай бiр жетiскен қызын саған берер дейсiң?» деп, бiрде басқалар мұны келеке қылатындай сезiнсе, тағы бiрден өзiн осыған душар еткендей көредi.
Сонан да болар ұрынға сүйретiлiп, жiпсiз байланып құр сүлдерi ғана келгендей.
Есiне қай – қайдағы түсiп: «Менi қай бiр жетiскен жар боларлық пенде тосып отыр дейсiң? Дәу де болса осы Науан байдың ерке қызы шығар?» деп, көз алдына елестеткендей болып едi. Жаңағы өзi ойлап тапқан ынтық жанның бейнесiне сай, болашақ жарының сүреңсiз, қай – қайдағы бiр суретi шыға келдi. Соған қарап, өзi де шошып кеткен.
Қиялындағысын тағы да бiр көз алдынан өткiзгiсi кеп, байқап едi онысынан түк шықпады. Өзiнiң сондай бiр қайғысына пара – пар, шегiп отырған азабы да аз еместей.
Сол ойларынан арыла алмай отырғанында:
– Өй, мынаның түрi қызға ұрын келгенге ұқсамайды ғой. Бағанадан берi қабағы бiр ашылмай қойды. Немене жете алмай асығып отырсың ба? Жетерсiң оған да. Түн жамылып тiлдесерсiң онымен. Сөйтiп мауқыңды бiр басарсың оныңды көрiп – деген Ербатырдың қияңқылау даусын естiп, ойы бөлiнiп кеттi.
Алдында бұл Ербатырды болыстың бiр шаруасына байланысты шабарманның орнына байдың ауылына жiберген. Оған:
– Қайткенде де, қызының түрiн көр, жағдай болса басқалармен тiлдескенiн тыңда, ақылы – көркiне сай ма екен, соны да байқап кел – деп, қатты тапсырған.
Қайтып оралған Ербатырдың аузынан суы құрып, жатып кеп қызды мақтаған:
– Жақсы екен! Тiптен әйбат, дұрыс екен. Бiрақ сөйлескенiн көре алмадым. Оған еш мұршат болмады – деп, ақтала бастаған. Оның көрсе де, қыздың бiр ауыз сөзiн ести алмағандығына, бұл өкiнiп қалған.
Қыздың сынын қанша айтып суреттесе де, Ербатырға бәрiбiр, бұл сене алмаған. Сенбегiрдiң көңiлi мен шықпағырдың көзi – қызды бiр көрмей тыншымайтын сияқты, сенбейтiндей болған. Оның үстiне тағы бiр жолдасы Сағатбек баяғы әзiл, достық қалжыңмен Ербатырды кекете – мұқата:
– Бұл қай бiр жетiстiредi дейсiң! Бұған салсаң тiптi анау үйiндегi өзiнiң қатыны да, ай десе аузы, күн десе көзі бар нағыз қас сұлу боп көрiнер. Мұның таңдауы солай, айтуы онан бетер ғой – деп күлген.
Ербатыр мен Сағатбек қанша құрдас болып қалжыңдасса да, мына сөз Нұрқұмардың көңiлiне қаяу түсiргендей болды. Сағатбектiң сөзi бұған түрпiдей тиген. Онан сайын көңiлiн құлазытып тастады.
Осы кезде Нұрқұмардың көз алдына Ербатырдың үйiндегi әйелiнiң бет бейнесi мен барлық сыртқы пiшiнi елестедi. Бүйрек бет, шот маңдай, кем иек, бетi табақтай, белi мен мықыны бiрдей тұтаса бiткен, аяқтары имиiп, бұты талтайып, өзi семiздiктен жарылардай былшиған қара сұр жас келiншек екi иiнiнен дем ала алмай ырсылдап, тiлiн шайнай сөйлейтiн. Сол мiнiне қарамай өзi барып тұрған шолжаң, әмбе сақау едi. Осындай өңiмен де көзге қораш көрiнетiн–дi.
Нұрқұмар өзiнiң қалыңдығы да Ербатырдың әйелiндей болып шықса деген үрейден жаны түршігіп, неғыларын бiлмей сасыңқырап отырған бетi едi.
Сағатбек айтса – айтқандай Ербатыр өз әйелiн сонысына қарамай аузынан суы құрып, мақтанып отырады. Әйелiн жақсы көретiндiгi ала бөтен, оның тартымдылығын айтып мәз болады.
«Шындығында да, әр кiмнiң өз сұлуы – өзiне ғой» деп, ойлаған Нұрқұмар ақыры басы қатып, әбден шатасқаннан кейiн. Осындай екi ұдайы ойменен ол Ербатырдың айтқандарына не сенерiн – не сенбесiн бiлмей, дал болып қалған едi.
Дәл қазiргi уақыт бұл үшiн кеуде толған өкiнiш те, алда тұрған үмiт те қатар келген, мол сезiмге толы, ерекше кез болғандай.
Бiрақ, бәрi де басқаша болып шықты.
Алдымен ұрын барып қалыңдығын көргенде–ақ, құдайға шүкiр дедi. Болашақ жарының төрт мүшесi бiрдей сау, ақыл – есi орнында, тiптi бiр қараған адамға аса көркем көрiнетiн келбетiнiң де барлығына бұл қуанып қалған.
Сөйтiп, қалыңдығын көрісімен алғашқыдағы ата дәстүр, болыс әке бәріне өкпелегендей болған көңілі су сепкендей басылып шыға келмесi бар ма. Алдымен қызды көріп көңiлi орнына түскендей болды.
Нұрқұмардың көз алдына сол бiр кез қайта айналып келе қалғандай. Отау үйдiң iшiнде қыз бен жеңгесi ғана екен. Анадай жердегi аласа үстелдiң үстiнде есiктi ашып қалғанда лыпыл қағып тұрған пөзiрсiз шамның күңгiрт жарығымен оң жақтағы шымылдық та күңгiрт көрiнедi. Әккi жеңге шамның пөзiрiн тым жарық болмасын деп әдейi кигiзбегендей.
Қыз жеңгесi иман жүздi, бетiнде бiр де әжiмi жоқ екен. Соған қарағанда шамасы жастау болса керек. Бiрақ сабырлы жүрiс – тұрысы оны ақыл тоқтатқан әйел ретiнде көрсетiп қалды.
Оның бет ажары осындай сұлуша болса да сырт пiшiнi төртбақтау, толық келген екен. Осындай дене бiтiмi қыз жеңгесiн ерiксiз салиқалы, сары қарын қатындар қатарына қосқан сияқты.
Соған қарағанда, Нұрқұмар бұл нағыса да, бала көп тапқан жастау әйел шығар деп ойлады. Өйткенi, бала тапқан қатын тез көтерiледi дегендi талай естуi бар. Мұнымен немере ағайын боп келетiн ағаларының әйелдерiнiң бiр – бiрiне қалжыңдасып «сен қатын сияқты көп бала тауып, сарыала қарын болған жоқпын» деген сөздерi де есiнде қалыпты.
Қыз жеңгесi бұдан жөн – жосық сұрап, ұрын келерде күйеубаладан алатын кәдесiн алды да:
– Еркем анда, мен қазiр тысқа шығып, тың тыңдайын сосын қайтып ораламын. Сендер бiр нәрсенi бүлдiрiп қоймаңдар! Мен келгенше тыныш отырыңдар! – деп, күлiмсiрей сыбырлап, шапанын басына жамылып шығып бара жатты. Оның ненi меңзеп айтқанын бұл түсiнсе де түсiнбегендей түр бiлдiрiп, қымсынғандай боп, қалшиған қалпында тұрып қалды. Ал, ол болса мейлi ендi мен сендерге ескерттiм, айтарымды айттым, ендi не қылсаңдар ол қылыңдар, шамалы уақыт өтiсiмен осы iзiммен қайта келемiн дегендей ғып кеттi.
Бағанадан сасқандай болса да, ендi бұл анық өз – өзiне келгендей. Ақырын жылжып кеп, шымылдықтың шетiн көтердi. Тайсалмастан шымылдықтың iшiне кiрген.
Қыз үлкен, болыскей, ақ төсектiң шетiнде отырған сияқты. Мұның көзiне ала көлеңке боп тұрған бiлте шамның жарығымен бiрге бiрден түскенi қыздың сүп – сүйiр, аппақ саусақтары, аршыған жұмыртқадай болған ағарған, жұп – жұмыр бiлектерi болды. Ендi көзiн сәл жоғары көтерiп қалғанында оның ақ торғындай аппақ мойнын, мамықтай жұп – жұмсақ, үлбiреген ақ тамағын көрген. Асығыс оның жүзiне үңiлiп едi бiр қырын қарағанда қыздың келбетi әжептеуiр тартымды, көркем сияқты көрiндi.
Артынша қыз бұған ай қабақтың астынан қарағандай болды. Қарасының өзi бiр көркем көрiнедi. Онда да ұзындау келген кiрпiктерiн сәл көтере, ауқымы үлкен көздерiн аудара қарағандай болды. Оның ар жағынан осы кезде қап – қара тұңғиық жанар жарқ еткендей едi.
Нұрқұмардың онан сайын шыдамы таусылып, ендi қызды баппен бастан – аяқ қарай бастады. Үкiлi құндыз бөрiктiң астынан қалың, кей жерi бұйралау келген қолаң шаштың шетi көрiнедi. Солардың жалғасындай болған, тоқпақтай жуан келген ұзын екi бұрым да бар екен.
Мұның тесiле қарауынан ба әйтуiр қыздың кеудесi сол сәтте сәл дiр еткендей болды. Балғын денедегi осы бiр дiрiлдi биiктеу кеудедеден жай ғана салбырай түскен жаңағы бұрымдар қоса қимылдағандай боп бiлiдiрiп қойды.
Осы кезде Нұрқұмардың мұрнына қалың бұйра шаштың жұпар исi келгендей едi. Оның басы зеңiтiп, айналғандай. Сол қалпында келiп келіншектің қолынан ұстағандай болды. Өмiрiнде бiрiншi рет бұлай iстегендей қылды, онда да бағанадан бергі ойына келгеннен айрылып қалмайын дегендей оның қолынан тарс жабыса қалыпты.
Байқаса қыздың бойында да өзiнiң бойындағыдай бiр дiрiл бардай көрiнген. Ондай дiрiл дәл қазiр мұның өз басында да бар едi. Жүрегi құрғыр алып ұшып, атша тулайды. Тұла бойы тоңазып, қолы құрғыр дiрiлдеп, икемге келмейтiн сияқты.
Осы кезде бар тағаты мен шыдамын таусылтқан ой миын шаққандай болды: «Ербатырдыкi дұрыс екен ғой. Мұнан артық не керек» деп ойлап, жай ғана өзiне – өзi сыбырлағандай болды. Лезде тағы бiр ой басына келген. Сонысы өзіне: «Сөйлесiп көрсеңшi, сырты бүтiн болғанымен, көркiне ақылы сай ма екен, соны да байқасаңшы?» дегендей, түртпектеп жатыр.
Жаңа ғана ендi болмаса бас салғалы тұрған ойынан тежелгендей боп: «Апыр–ау, кiшкене сабыр сақтайын, ең құрымаса тiл қатысып көрейiн» деп тағы ойлады. Бiрақ, шыдамы құрғыр әбден таусылған, оның үстiне тыстан қыз жеңгесiнiң сыбдырлатқандай болған жүрiсi естiлдi.
Нұрқұмар асығып, бiр жағынан аптығыңқырап қалған. Қызға үн қатып сөйлегiсi келдi. Бiрақ осы бiр уақытта ерiксiз көзiн сәл жұмғандай болып едi. Бәрi де басқаша болып кеткендей. Дәл қарсы алдында отырған Әмина екен деп қалды. Құдды сол Әминанiкiндей аппақ жұп – жұмыр бiлектер, иi қанған үлбiреген ақ тамақ, жұмыр мойын, ауқымы үлкен қара көздер, тiптi кiсiнi өзiне тартар тұңғиық жанарлар бәрi – бәрi сонікi сияқты.
Тағы сол ма екен деп, көздерiн сәл сығырайта ашса сол бәз баяғы, өзгермеген сол қалпында сияқты. Қарсы алдында отырған расында да сол Қарағаштағы Әминадай болып көрiнгенi бар.
Есi ауғандай боп, тәлтiректеп барып қыздың сүйрiктей саусақтарын ұстаған күйiнде оның қасына барып сылқ ете түстi. Осы кезде қыз жеңгесi де жөткiрiнiп үйге кiрiп келе жатты.
Сол көргеннен қалыңдығын ұнатқандай болды. Оның қалай болғанын өзi де сезбей қалған. Бiр жағынан болашақ жарының осындайлық бiр жағы көңiлден шыққандай болғанына iштей қатты қуанған.
Бұл үшiн сол бiр түн: күйiк те, үмiт те, қуаныш та, азап та бар, ерекше түн болған едi. Соның бәрi осы күнi артта қалғандай болып, ұмытыла бастағандай. Бiрақ, көңiлден Әминаның тұл болған бейнесi бiр кетпей қойды. Оны ойлағанда құлазып қалады. Оның да өзiнше бiр сыры бар едi.
Қалыңдық көңiлдегiсiндей болса да бiрақ, Нұрқұмар бұл туралы ешкiмге де тiс жарып ләм – мим деп ауыз ашпаған.
Баяғысындай ата дәстүр, салт – санаға, өз есебi бар болыс әкеге де бәрiне өкпелiдей болғанын ұмыта алмастай болып, үнсiз ғана уайымдап жүре берген.
Осыған дейiнгi iштей қайғырып жүргенiнде ойынан бiр шықпай қойған жайтқа себеп болған нәрсесi – ол өзi оқитын Қарағаштағы школда көркем өнерпаздар үйiрмесiнде оқушылардың сахнаға дайындап қоятын қойылымдарда көрсетiлетiн ата дәстүрдiң шырмауындай болған салт пен сананың илеуiне түсiп қор болғандай едi.
Мұның да, бас алмай қызыға қарайтындығы да сол сахнадағы өтетiн айтыс едi. Бұл айтыс школ сахнасында әдемi, қазiр ғана болып жатқандай шынайы шығатын.
Оны көруге Қарағаш жұрты ғана емес сонымен қатар, айналадағы ауылдардың да елдерi тайлы – таяғына қалмай көптеп жиналатын. Сондағы Сараның көп толғанып, Есiмбек қажыға шағынатыны бар:
– Арқасына он мата тыққандай боп, қорс ете қалар ма екен қайран бүкiр. Қор болып, Жиенқұлға қалай барам? – дейтiн жерi де, құлағына сiңiп қалған. Сондағы айтылатын Сараның жан айғайы «өзiм ұнатпайтын адамға қор болып қалай барамын!» дейтiнi, аума қатесiз өз басына келгендей көрiнетiн. Тек, бар айырмашылығы Сара ұрғашы болса, бұл еркек едi.
Әуел бастан–ақ құдай қосқан жарына да өкпелi сияқты сыртқы пішін көрсеткен. Өйткенi, бiр жағынан ол байғұсты да еріксіз өзiне қосты ғой. Оған да күйеуді төтеннен тауып беріп, байлап – матап қосқаны бар. Кейiннен барып ойлаған, «оның не жазығы бар» деп. «Ол да болса, мен сияқты тағдырдың құрбаны ғой» деп, бір жағынан жаны ашып, оны аяған.
Көп ойланып кеп топшылғанда, өзінің баянсыз махаббатына кінәлі кім? Күштімен сыбайласып, туыс тапқысы келген әкесі ме? Танымайтын адаммен қалған өмірін жалғастыудан бас тарта алмаған өзінің қарақан басын ба, не болмаса көрмеген адамға жанымен мен тәнін қиған қызды кінәлай ма? Ол жағы тағы өзіне мақұрым қалғандай, буылдыр тартып тұрғандай еді.
Жатып кеп ата салтты даттағысы келсе, оған да өзінің өресі жетпейді. Осы елдің өткенінің бәрі ықылым заманнан бері тек осылай болса. Оны түзейтін кім? Анда – санда Қарағаш қалашығындағы мектеп жанындағы көркемөнерпаздар сахнасындағы халық тұрмысындағы бірін – бірі жақсы көрмей, уәделеспей, есеппен қоса беретін некені ескіліктің сарыны деп мінейтін сахна қойылымдары пайда болған. Нұрқұмар өзі оқып жүргенде сондағы әртіс аталатын талай оқушы бала мен қызды көрген. Олар Біржан салмен айтысқан Сара ақынның Жиенқұлға басыбайлы боп, қатын үстіне қатын болып барғысы келмейтінін сахнадан айтып, ойын қып көрсететін. Тағы сол сияқты шығыс жақтағы наймандардың Міржақып деп атайтын бір ақыны жазған «Бақытсыз Жамал» атты кітабындағы Жамалдың тағдырын да көрсетіп, батырып айтатын. Одан басқа ата салттың осысына қарсы болған жан пенде жоқ. Қарсы болатын қауқар да жоқ. Есенқұл қажы жақсы жазылған кітапқа сый береміз дегенде жаңағы Міржақыптың «Бақытсыз Жамалы» айтылған екен оны жазған адам да патшаға қарсы болып бұл күнде қашып жүр деп естіген.
О баста Әминаға қолы жете алмағандықтан ба тiптi, өзiн де құдды бiр Қарағаштағы мектеп қасындағы оқушылардың сахнадағы қойып жатқан неше түрлi қойылымдарындағы ескiлiктiң құрбаны болған, зарланған кейiпкерлердей көретiн. Сондай жағдай менiң де, басыма туды ма дегендей де болғаны бар. «Өмiрiмде түсiн түстеп көрмеген қызды, қатын қып қалай аламын? Ұнамаса қалай болады. Тiптi, қисық – қыңыр, ақылсыз, шолжаң бiрдеме қолыма iлiксе қайтпекпiн?» деп, Өзін теңін таппағандай боп, елдің шығарған заңына күйінетін. Ата тектiң дәстүрiне лағнет айтуға құдайдан, онан қалса аруақтардан қорыққан. Ата – анасына да бей – жайлық бiр қылық танытып, құдаларын өздерi таңдады, қалыңдықты солар тапты, енді қалыңдықты да керек болса өздері үшін таңдап алғандай болсын дегендей бейіл білдірушi еді.
Сөйтсе онысы бекер болыпты. Бiрақ қалыңдығын көргеннен кейiн онысы да ұмытқандай болған. Кейiн қараса өзiне айттырып алып берген әйелi де жүзiктiң көзiнен өткендей сұлу, ақылды, мiнезi жақсы, бай жердiң мәпелеп отырған сандуғашы сияқты екен. Тек қана, көңіліне қаяу түсіретіні шын ғашығы – Әмина еді. Айттырып алған әйелмен қоса оны да алғысы келеді. Бірақ, оған бұл көнсе де, ол көне ме? Қатын үстіне қатын болғысы келе ме? Оған Ғабит мұғалім де көне ме екен? Олай істеуге өзінің шама – шарқы жетер ме екен десеңші. Нұрқұмардың өзі тұрмақ әкесінің дәті бармаған олай істеуге. Бұл да болса сондайлық жағдай. Сондағы Қарағаштағы сахнада жырлап жататын теңсiздiгi қалай болғанын өзi де түсiнбей қалғандай. Сонысына өзi жеке жерде күлетiн де болып жүр. Былай қараса, білмесе де, көрмесе де, екеуi де бiр – бiрiне тең екен. Бiрақ таңдау ата – аналарына түсiптi. Онысы да өң мен түстей, ұмытылғандай боп кете барды. Оған да өзінің бір ішкі есебі бардай болған, онысын да осы күнi жоғалтқан iспеттi. Өзін әуре сарсаңға түсiретiн мазасыз күндер де артта қалып, мұнан iргесiн аулақ салғандай едi. Мұнан артық не бар дейсiң?
Осылайша Әмина атты алғаш ғашық болған татар қызынан тірідей айрылғандай болған. Өмiрiнде алғашқы рет Әминаға ғашық болып, сүйiп – күйiп, жақсы көрді.
Бірақ та, бәрі де ата дәстүр бойынша, ата мен ананың әмiрiндей, болыс әкесінің айтқанындай болып шықты. Сөйтсе, олар да қарап отырмай бас салып мұны үйлендiрiп, аяғына тұсау салып, отау иесi қылыпты ғой.
Енді қазір ойлап қараса болашақ қалыңдығын бұрын көрмесе де, осыған дейін көргендей болғаны бар екен. Онысы айдан – анық. Қалай көрді, не сипатты едi бұл сезiм? Дәл осындай жанарлы, ұялы көздер, ай қабақ, керме қастар бұған бұрын да таныс едi ғой. Сол көздерге, сол сұлулыққа ғашық болғаны рас. Әсiресе, мұның да осы бір ұялы, тұңғиық жанарлы ауқымды көздерi мен осы бiр қиылып қарайтын көзқарасы бұрыннан таныс. Өзінің тас – талқан болған жүрегін алғаш жылытып, аяқ – қолын матап жығып берген де осылар екен ғой. Бұрын көрген, өзі армандаған дүниелері де сап етіп алдынан шықты.
Айттырып алған қалыңдығы – Данагүлдi ұнатқаны, алдымен Әминаға ғашық болғандығы екенiн осы кезде сезгендей. Ал осы екеуінің бойындағы бар ұқсастық та басына түскен шытырмандай болды.
Қазір де өзін сиқырлап тастағандай болған тұңғиық көздерді Нұрқұмар жете танығандай болып тұрғаны сол еді.
Нұрқұмар осыны ойлап таңданып тұр. Бұрын осыны қалай байқамаған. Соның бәрi қазiр ғана бұған ашылып қалған сырдай болып көрінді.
Дәл қазiр, осы бiр сәтте Нұрқұмардың ойы мен жадынан әсте бір шықпай, сақталып қолған Әминаның бейнесiмен әйелiн салыстырып, екеуiнiң арасындағы ұқсастықты тапқандай болып тұр. Бұл қалай? Осының бәрін бұрын қалайша байқамаған? Ендi ғана байқағандай боп тұр. Бұрын қалай көрмеген?
Мына қарсы алдындағы өз әйелiнiң бейнесiн сол бейнемен шырамытқандай болады. Тағы да салыстырғысы келiп, ойын қинап едi, ендi осы екi бейненi де мүлдем шатастырып, жоғалтып алатындай көрiндi. Өзiне салса, сол екеуiн де қармап қалғысы бардай. Әминаны да жоғалтқысы келмегендей.
Аңырайып қалған Нұрқұмар, дағдара қарап, қатып қалғандай боп тұр.
– О, тоба! – деп, таңғажайып күйге түсiп, таңданып қойды. Онда да, осы уақытқа дейiн қасында бірге жүрген жарынан осы ұқсастықты қалай байқамаған.
Байқамады емес, байқаған ғой. Бірақ та, дәл осындайлық ұқсауларын бүгін ғана аңғарғандай боп тұрғаны.
Мүмкін бұған дейін, мұның ойындағысының да, келбеті басқаша болды ма? Солай болса, болған шығар. Дәл осындай бейнені, ұялы көздердi, мұндай қарасты бұрын да кездестірген, соған өзі сырттай ғашық та болған.
Бұл болса өзінің күнде көріп жүрген жарының түр келбетіне сол бейнені айналдырып алған шығар. «Жоқ. Олай болуы тіпті де, мүмкін емес» деп айқайлап жiбере жаздап барып, тез тоқтай қойды. Өз ойын ірке қалды.
Артынша, тағы қайтара дауыстай жаздап: «О ғажап!» деп, барып әрең тоқтағандай болды. Сонан кейін, тағы да таңқала қараған.
Осы бір ойынан шықпай қойған бейнені қайдан көріп, қалай ғашық болғаны бір өзіне ғана аян. Ашылмайтын сыр, айтылмайтын жұмбақ сықылды дүние дерсің. Өзінің ішкі дертіне айналған сүйіспеншіліктің тар қапасы болар.
Нұрқұмар әуелi үндеместен келiншегiнің бетіне осылай үңіле қарап, тесіле қалғандай болды. Оның осы бiр қарасында анық таңырқағандық бар сияқты.
Бұл қарасында: «сен қалайша өзгеріп кеткенсің? Бұл сенсiң бе, әлде басқа ма?» деген сұрау бардай–ақ қарайды. «О, тәңірiм–ай! Мұндай да болады екен–ау!» деді ол таңырқағанын баса алмаған қалыппен. «Анық Әмина осындай ғой!» деген ойға – тағы бір ой әзәзiл ойнағандай боп қосылып: «анықтап қарап ал, бұл тұрған Әмина емес, күндегi көрiп жүрген, құдай қосқан жарың емес пе? Ал, Әмина болса қазір Қапалда шығар. Саған не көрінді?» деп, түртпектеп, мұны басқа бiрдемеге иектеп, елiктiретiн де сияқты.
Осындай ой құшағында тұрған Нұрқұмар, бiр уақыт жас келiншектiң жүзiне онан бетер тесіле түскен.
Онда да өзiне ғана таныс бейнені iздегендей еді. Бұл әуелi үндеместен тек, оның бетiне терең үңiле қарағандай болған.
Алғаш рет келіншегінің бетіне бұлай қарамасы бар ма, онда да жүзiнде бір түрлі таңырқау бардай.
Жоғалған асылын қайтадан тауып алғандай болып, есi шыға қараған.
Осыны байқап қалған келiншектің ернiнде сыңар езу күлкi ойнап, әдемi көздерi нұрлана қалды. Аздап қысылып, қымсынғандықтан оның ақ жүзiне қан теуiп шыға келген. Ол әйелге тән сезімталдықпен, өзгеше қылықты, нәзiк дауыспен:
– Бұлай маған қарамашы, не болған саған…? – деп, анық қымсынғандықтан, бет – жүзi алаулап кетті. Келіншек онан сайын қымсына түскендей, қимыл бiлдiрген. Қимылының өзiнде, қозғалысында бiр әдемiлiк бардай. Ол ұялғандай болып жіңішке, салалы келген, әдемі ақ саусақтарын жазып, қолдарымен бетін көлегейлегендей болды.
Мұның онда шаруасы жоқ, өз таңырқауын жасыра алмай, жарын жаңа көргендей, сол қалпы тұрып қалған.
Осы кезде өз сезімінің алысқа, тіпті бір мұнарға жетелей алып бара жатқанын сезді. Бiрақ көңiл – күйi әлі де болса басқа жаққа ауғандай.
Көңiлi құрғыр тағы бiреудi елегiзiп iздейтiндей. Сол күйі көз алдына елес болып Қарағаш қалашығы келе берді. Сондағы Ғабит абзи тұратын үйден күлiмсiреп шығып келе жатқан Әмина боп елестейдi.
Нұрқұмардың көңiлi аяқ астынан құлазып шыға келгендей болды. Жарына бiлдiргiсi келген емеурiннен де, түк шықпағандай. Бiресе Қарағаштағы Әмина елес берсе, кенеттен дәл алдында тұрған әйелдің бейнесі сол бола қалғандай, соған айналып кеткендей болып көрiнедi. Алғашқысын ұнатып, соңғысына кезiксе де, аяқ астынан екеуi бiр адам болып шыққанына жүйрiк көңiлi қанағаттанбағандай болды. Қанша көз алдына елестетейiн десе де қырсыққандай болып, Қарағаштағы қыздың келбетiн дәл осы жерде көз алдына келтiре алмай қойды. Оның есесiне алдында тұрған әйелi Данагүлдiң кейпi қайта – қайта Қарағаштағы қыздың бейнесі боп орала бердi. Осы қазiр келiншегiн жақсы көрiп, емiренейiн десе де, оның да осындайлық тұрпаты алдамшы елес болып тұрғандай көрінді. Қайта елестеткісі келіп еді онысынан түк шықпады.
Нұрқұмар қайтсе де, уылжыған жас әйелiне жылы қабақ таныта алмағанына бiр жағынан өкiнгендей болды.
Ол асықпай киiндi де, сыртқа беттедi. Сол қалпында үйден шығып кетті.
Өзiне – өзi ыза болып, шала бүлiнгендей. «Осы маған не жетпейдi?» деп, ойланып келеді. Бiрақ онысын кiмге айтпақ, өзіндегі бар өкпенi кiммен бөлiспек? Онысын тағы бiлмейдi.
Қазір өзінің басындағы шытырман шиеліністі кімге айтып, кіммен ой бөліспек? Осының бәрiн кiм бар тыңдайтын? Соңғы кезде басына iс түсiп, өзi ашулы әкеге айта ма, жоқ әлде арнап айтқанды түсінер шешесі ме? Әлде мына тұрған өзiне налуы керек пе? Сол жағын өзi де бiлмейтiн сияқты.
Бойындағы ой қақтығысулар осылай өтіп, бар көңілі дамыл таппай тұрса да, Нұрқұмар енді жан дүниесімен тыныштық іздейтіндей болған пейілмен: «Тып – тыныш үйде, қатын – баланың қасында, жылы – жұмсақты жеп, қапысыз ойын – сауық құрып, сейiлдейтiн күн қайда?» деп ойлады. Нұрқұмар бір жағы қапаланғандай болып та осылай ойлаған.
Өзiндей жас жiгiт, бозбаланың мал баққаны – малын бағып, диқаншылық еткенi – жерiн тырнаштап, кеш болса қай жерде той, қай жерде сауық деп, қызық iздеп, қызыққа батып жүргенi мұны да қызықтырады. Амал не? Осы күнiне де, осы күйiне де үйренгендей де болды.
Әке болса мынау қыр соңынан қалмай қойды. Ел iсiне араласса екен дейдi. Он жеті жасында үйлендiрдi, есеппен қатын әперді. Жыл өтпей әке болды. Сонан берi төрт жыл өтiптi.
Үйленудiң өзi тәңiр iсi онан қалса әке құдыретiмен өткендей. Бұған түк қатысы жоқтай көрiнген. Үйленумен бiрге келген әкелiк те бұған әзiрше қатысы жоқ, айдала өтіп жатқан іс сияқты.
Мұның арқасына салатындай ешқандай парыздық та, қарыздық та салмағы жоқтай. Үш бала бiр қатынға ие болып, әкесiнiң ишарасымен маңайдағы билiкке араласып кеткен.
Бұрын ел iсiне араласып та тыңдап та көрмесе, ендi араласып жүр. Бiрақ та, осы бiр қазіргі жүрісі, басталған iс, шындығында да өзiне қызық көрiнедi. Сөйтiп жүрiп ел iсiне араласа бастағанын, бұл өзi де аңдамай қалған.
Қызықшылық, сауық iздемек түгiл мөлдiреп тұрған жас келiншегiмен де осы жылдар iшiнде, әуелi дұрыстап сөйлесiп те көрмептi. Осы күнге дейiн тіпті, кейде жас келiншегiн жақсы көргiсi келiп тұрса да, бiр түрлi именiп, ыңғайсызданатын сияқты. Бiр жағы осындай шаруа басты болғандықтан ба әйтеуiр, үнемi оған да жылылық көрсете алмай жүргендей көрінеді.
Бұл осылай атқа мiнiсiмен, сауық құрып, сайрандамақ тұр ғой, соңғы кезде үйдiң жүзiн көрмей, түзде көп жүретiн болды. Онымен қоймай ел iшiнде көргенiнiң бәрi мұның жадына жиналып, кейде тіпті жанын ауыртып, уайымға салатын болып жүр.
Мiне, осы жолы тағы сапар шегуге аттанып барады. Не үшін? Кімге керек? Қайта – қайта шапқылай беруі көпшіліктің, ағайынның ісі болғандықтан, өзіне көңіл жұбатарлық іс болып көрінеді.
Үйелменді болса да, қасында ата – ана, дос – жаран, ағайын – туған, босағасында мал, әжептеуір тартымды жары бола тұра – мұның көңілі әлденеге алаңдап, осы уақытқа дейiн әлдебiреудi iздегендей, бiреудi тосқандай болып жүреді. Сонда iздейтiнi кiм? Әмина ма? Жоқ әлде бүгiнгi күнде соған ұқсатып отырған әйелi – Данагүл ме? Бiреуi өзiнiң өмiрлiк жары болса да, екiншiсiн – Әминаны да басқаға қимайды, уысынан шығарғысы келмейдi. Оның ақ жүзiндегi қарасы үлкен, мол жанарлы, ұялы келген тұңғиық көздерi, сол бiр мұны баурап алған – көзқарас, әсiресе есiнен кетпестей болғаны ғой.
Жоқ, әлде сол бейнеге жүре – жүре тәнтi боп, бүгiн сол Әминадан айнымай қалды деп, ұқсатып отырған өз әйелiне деген ынтықтығы ма? Ол жағы тағы белгiсiз, ойлай берсе көкейiн тесер уайымға айналып кетердей. Қайткенде ол қазiр осыларды ойламауға тырысқан сияқты.
Нұрқұмар өстiп өз ойымен алысып, үйiнен құр сүлдерi шыққандай болды. Түнере түсiп, шамасы қозы айдар жердей болатын тұстағы әке ордасына қарай келе жатыр.
Үйден шығысымен оның бағанадан ойлаған ойлары үзiлiп, оның орнына басқа бiр тiршiлiк қамына байланысты жаңа бiр күйбеңдiктiң белгiсiндей болатын бiрдемелер ендi тағы есiне түсiп мазалай бастады. Басына кiрген солар мең – зең ғып, шықпай келедi. Сол қайта оралғандай болған ойлардың жетегiнде қалған тәрiздi.
Қазір ол Қапалға барғандағы өршіп тұрған дау туралы естіген сөздерін әке сұраса қалай айтатынын ойлап келеді. Ұлық айтатынның бұл туралы жауабы баяғы сол, жерге талас болмасын, өкіметтің айтқаны рас дегеннен басқа мандырымды түк те жоқ.
«Өстiп жүрiп жерден айрылсақ бiзге малдың не керегi бар, оны қайда сыйғызамыз, қайда апарамыз? Айтпақшы жылқының бәрi осы күнi Ақсу өзеніне жақын жерде Иiрiмге таяу отырған едi ғой. Қойда сол маңда, көп болды барып малдың жағдайын бiлмегенiме» деген оймен, Нұрқұмар әке ордасына таянғанын да байқамай қалды. Iштей қобалжып тұрса да, ақырын аяңдап әкесi күтiп отырған үлкен үйге беттедi.
Сегiзiншi тарау
Үлкен үйде әкесi мен шешесi, екеуi ғана екен. Нұрқұмар сәлем берiп кiрдi де науқасынан әлi айыға алмай отырған әкесiнiң қатулы қабағын байқап, ишарат күтiп тұрып қалды.
Төр алдында, иығына шапанын желегей ғана жамылып әншейiнде сұп-сұр өңi күреңiтiп қаны бетiне шапқандай болған болыс отыр екен. Әкесiне қарап, Нұрқұмар оның әлi де аурудан айыға алмағанын аңғарған.
Омар терең тыныс тартып, демiгiп отырғандай. Бет әлпетiнде үлкен бiр уайымның сызы жатыр. О да болса, белгiлi нәрсе ғой. Сол баяғы қу жер мен мекеннің алапат таласынан туған қайғырудың белгiсiндей болып көрінеді. Солардың салдарынан әкесi әлi арыла алмай отырғандай.
Осы кезде бұл сәлем беріп, ізет жасаған. Соның артынша әдеттегiдей әке райын байқаған баланың сыңайымен сәл бөгелiп қалған. Мұның сәлемiн ерiн ұшымен алған әкесi, көп үндеместен бұған тиiстi орынды иегiмен меңзедi.
Осыдан біраз уақыт бұрын болса әкесiнiң нұсқаған жерiне жүгiнiп отыра қалар едi. Бұл жолы өйтпеді. Үйреншікті болған кісідей әкесінен сәл төменірек барып жайғасты. Бірақ сыйлырақ жерге жайғасқанның да, өз сұрауы бар екенін ұмытпағандай да сияқты. Онысы өзіне мәлім енді бала емессің деген рай екенін әлдеқашан ұққандай. Сол ұғыммен ішінен жастық шақты да қимай аңсағандай боп: « шіркін, уайымсыз, қайғысыз жүргiзетiн сол балалық шақ қайда екен? Адам өскен сайын қу тiршiлiктiң бейқамдығынан арылып, тек қана ылғи да күйбеңiне ұшырайтыны несi екен?» деп барып, отыра кеттi.
Кейiнгi кездерде Нұрқұмар да, өзiнiң де әкеден кейiнгi осы әулеттегi еркек кiндiктiнiң жолы үлкенiнiң бiрi екенiн бiлдiргендей болып, көрсетiлген жерге асықпай малдасын құрып отыратынды шығарған. Бұл жолы да солай болды.
Шешесi қымыз сапырып, сырлы аяққа исi мұрынды жарған, аздап көпiре құйылған, сарала қымызды шүпiлдете құйып, бұған ұсынды. Бет – жүзi қызыл шырайлылау келген, тiптi шашына дейiн жирен – сарғыш тартқан, қомақтылау келген қыр мұрынды шешесi өзiнiң әкесi Нұрлан бидiң аузынан түсiп қалғандай екендiгiн бұл соңғы кездерi байқаған. Онда да бiр – екi жиында әйтеуiр сөйлеп отыратын нағашы атасын көрiп, ырза болған. Артынша өзiнiң шешесiнiң де түрiнiң тiптi мiнезiне дейiн нағашыларынан аумай қалғандығын бұрын елден естісе де, енді өзі байқап қалған. Іштей таңқалып тұр. Шешесi де солар сияқты байыз тауып отыра алмайды. Сөзге де шебер. Орны келген кезiнде көп нәрсеге араласып кетедi.
Нұрқұмар қымызға ернiн ғана тигiздi. Ол алдымен қабағы жабығыңқы әкесiне Қапалда болған жағдайды бiртiндеп, суыртпақтап айта бастады.
– Көшіп келіп жатқан, берсiлен деген бәле тағы да қаптап кетiптi. Қопадан – Қызылағашқа дейiнгi, мына жағы Сарқан, Басқан, Лепсi, онан қалса Қапалдың төңiрегiндегi шұрайлы, сулы жердiң бәрiн де өкiмет соларға бермек екен. Олар қалың орыстың ортасынан берi қарай жөңкiлiп жатқан көрiнедi ғой. Ол жаққа симайтын болған ба? Бәрiн берi қаптатып жатыр дейдi – деп Нұрқұмар Қапалға бару сапарында өзінің естіп – білген сұмдықтарын әкесіне айта бастаған.
Баласының сөздерін естіп, Омар болыс қатты өзгеріп сала берді. Науқасы білініп тұрған жүзі онан сайын күреңітіп:
– Ояздағылар не дейдi, бiздiң жер туралы? Соны сен бiлдiң бе, олардың кеңсесінде болдың ба? – дедi әкесi қатқыл үнмен, мұның сөзiн аяқтатпай бөлiп кетiп. Оған Нұрқұмар да осы туралы естiп қайтқанын, еш бұқпасыз сол қалпында ақтарған боп:
– Қапалдың оязы да, бұл iске ешқандай тосқауыл бола алмайтын сияқты ғой. Өйткенi мұның бәрiн iстетiп отырған өкiмет пен Ақ патшаның өзi екен – деп барып, тоқтап қалған. Осы жолы үн – түнсiз сөзiн бөлмей тыңдап отырған әкесiне қарап еді. Оның бағанадан бергі қан тепкен қып –қызыл беті енді құп – қу болып кетiптi. Қанын iшiне тартып алған сияқты. Сөзiнiң басты түйiнiн естiрткен Нұрқұмар әке бұйрығын күткендей ғып:
– Енді не істейміз, әке? – дедi. Нұрқұмар бұл сөзді әкесіне бұлайша айтқысы келмесе де амалсыздан айтты. Не дерін білмей, дағдарып, салы суға кеткен адамның кейпiн білдіріп қалған.
– Әй, шырағым, не істеймiн дегенiң, қай сасқаның, бүгiн болыс болып тұрып Қопадан айрылсақ, оның ар жағында ертең Иiрiмге де кезек келер, сонда бiр рулы ел қайда бармақ? Жоқ. Қопаны қолдан шығаруға болмайды. Онда бiр жолата құрығанымыз ғой. Ел – жұрт пен ата – баба өмір бойы мекен еткен қонысты қалай жат жұртқа таптатып қоямыз?! Аруақтан қалайша именбеймiз?! Олардың сүйегi жатқан жердi қалайша қимақпыз басқаға?! Осы жер үшін алысып өткен ата баба аруағын қинап қайтемiз. Солардың әр қайсысының көзi тiрiсiнде шашауын да шығармай сақтаған мекеніміз емес пе едi бұл дағы. Ендi бiзге келдi…, кезек – дедi ол. Оның мына сөздерiнен, қатқыл шыққан даусынан, әлi де болса өздерін табалағандардың ызасына әкесiнiң үн қатқандай боп отырғандығын аңдағандай болды.
Әкесі ашулы жүзін бұған бұра қарап:
– Мейлі ұлықтар мына елдің болысы жаман десе дей берсін! Болыстығын алса тағы әнекей, өздері біледі – деп қанталаған көздерін өңменінен өткізе қараған. Өзі де енді нарттай болып, қаны бетіне шауып шыға келді.
Әкесiнiң бұл айтқандары енді ғана өзіне түсінікті болды. Бұл даудың оңайлықпен бітпейтінін, оның аяқталмақ тұғыр, бетi ашылып, берi қарамағандығын да сездi.
Нұрқұмар мұның бәрін әнеу күнгі Қапал сапарынан–ақ, білген. Сонда жүріп істің енді қайтып беті бері қарамайтындығын да анық аңғарған. Бірақ көңілінде бір медеу бар сияқты еді. Енді әке сөзінен кейін содан да айрылғандай болып тұр.
Әкесiнiң өмiр бойы осы үшiн алысып келемiзiнiң де астарын бұл жақсы ұққан. Ол үнемi елдiң iшiндегi жер мен қоныстың ыңғайына қарай болып жататын даулар едi. Тiптi, осындай дау екештер түбi бiр елдiң де, ру мен рудың арасында болып жататын. Елдiң арасында осылар үшiн де, жерге байланысты да даудың түрi көп. Ал, бүгiнгi жердiң дауы олардан өзгеше боп тұр. Оны қалай десең, олай де, өкімет билігіндегілер бастап отырғаны белгілі. Бұл істің артында қылышын сүйреткен патша әкiмдерi тұрған секілді. Солар кеп босағадан сығалайды кеп, «жердi бізге берсең де, бересiң, бермесең де, бересiң!» деп. «Бұған дауа бар ма? Не деуге болады? Не дерсiң? Баяғыдағы болып жататын қазақ арасындағы тартыс мұның жанында ойын сияқты екен. Бұларға астар келместей бола қалғанын қайтерсiң ендi?» деген суық ой да көңіліне сумаңдап кіре бастаған.
Ел iшiндегi әдеттегiдей айтыс – тартыстарда Ақшора, Шаппа, Дуан руларының ең бiр осал тұстары ретiнде айтылатын сын мен сыралғы сыр да ылғи осы жер төңiрегiнде өрбитiн едi ғой. Соған байланысты ел арасында неше түрлi алып – қашпа сөздер осы төңiректе баршылық болатын. Оның да өз себебi бар. Ондай сыбыстың мынадан шыққаны бар.
Тасбекет, Қопа, Ақсу, Сағабүйен маңын Қаптағайдың Ақшора, Шаппа, Дуан деген рулары жайлайтын.
Бұл жерлерге қар Алатау мен Қаратау тағы басқа толып жатқан таудағыдай қалың жауып, көп жатпайтын, әмбе қыс бойы үздiксiз жел соғып, қарайтып кеткен жерлерде мал үнемi жайылып шығатын. Әсiресе, Қопа деген жердің маңы қалың қамыс, қоғалы, құрақ шөп болып келедi. Солардың арасына кiрген жылқы тұрмақ, тап қасына келгенде болмаса түйе де көрiнбей кететiн құйқалы жерлер көп едi. Мұнда жазды күні таудағыдай емес ыстық, жерге егiлгеннiң бәрi ертерек қаулап шығып, жақсы өсетiн.
Жер жарықтықтың шұрайлысы малға жайлы болса болғаны. Негізгі байлығы мал болған қазақ ондай жерден айрылмайды. Ал осыдан кейiн барып жердің – жерден айырмашылығы да, артықшылығы да тек қана осысынан ба деп қаласың.
Қыдыралы – Қалқабай әулетiнiң тiкелей ұрпағы болатын, Маманның үлкен баласы Тұрысбек Қапалдағы татар мектебi «Якобиде» оқып жүрген кезiнен–ақ, айналасына көп зер салатын. Өзі зерек, шаруаға ықтият, дүниеқорлығы мен малсақтығы да ешкімнен кем емес. Тұрысбек өсе келе осындай қасиеттерін айналасына тегіс танытып, мәшһүр қыла бастаған.
Жастайынан көпшiл, достықты ардақтап өскен балаң жiгiттiң ақылы да бiр кiсiден артық болмаса, кем емес еді. Оқып жүргеннiң өзiнде Тұрысбек Қапал қаласындағы ең iрi көпес Шахиахметтiң, жергiлiктi қазақтар Шаяхмет деп кеткен, байдың баласы Шаймерденмен достасып алған. Бұл достықтың да өзіндік түп мақсаты бар еді. Ол тек қана Тұрысбекке белгілі өзіндік ішкі есебі бар жағдайдың шеті болатын.
Тұрысбекті таңқалдыратын да, тамсандыратын да бірақ нәрсе – ол Шаяхметтiң шексiз байлығы сияқты. Ең бастысы Шаяхметтің сол байлықты қалай жасайтындығы да Тұрысбекті қатты ойлантатын болған. Ол бiр жағынан сол байлыққа аса таңқала қараса да, сонымен қатар мұның жолын iздестiрiп, соны бiлуге қатты ниет еткен едi.
Тұрысбек Шаяхметтiң баласымен дос болғанда – қандай дос болды. Кәдімгідей, өздерінің араларынан қыл өтпейтiн, нағыз достардың өзi болатын. Бiрге жүредi, қызықтары да бір. Сөйтіп, аралас – құралас болып кеткені бар. Бiрiнен – бiрi ештемесiн аямайды. Iшкi сырларын да жасырмайтындай болған. Осылайша күн артынан күн өтiп жатты. Тұрысбектің ойына алғанына жетпесе тұрмайтын қашанғы әдеті бұл жолы да оның жолын ашты.
Шаяхмет болып, оның баласы Шаймерден болып, Тұрысбектiң осындай алғырт мiнезiне шынымен де аса қатты ырза едi.
Шаймерден мен Тұрысбек бiр – бiрiнiң көңiлiн еш уақытта қалдырып көрмеген. Алдымен осыны сезген Тұрысбек уақытты құр босқа өткiзбей қалайда өз қолым – өз аузыма жетсе дегендi де ойластырып жүрген кезі.
Бос уақыттың бәрiнде Тұрысбек ерiнбестен, жалықпастан соның жолын iздеуде еді. Өзiнiң жан досы Шаймерденнiң әкесi Шаяхметтiң баю жолы сауда екенiн ол о бастан–ақ сезген. Бiрақ, оның жолы қалай екендiгiн бiлмейтiн. Қазақтың саудаға қатысы жоқ халық екенi белгiлi. Сондықтан, Тұрысбек сауданың не екенiн қайдан бiлсiн? Тұрысбекті қызықтырған да сауда және сол арқылы баю еді.
Сауданың мүмкiншiлiктерi мен қызығына ден қоя бастаған Тұрысбек осы жайында көп ойланып, көп толғанатын болды. Сауда жүрген жерде пайданың көп екендiгiн бiледi. Сауда жолын ұтымды пайдаланып, сол жолмен неше алуан қазынаға кеңiрдектен кенелiп, пайдаға шаш етектен батуға болатындығына Тұрысбектiң көзi әбден жеткен. Оны қызықтырған да осы болды.
Сауданың пайдасы сауын сиыр сияқты, сауған сайын сауда пұлы iркiлмей аға беретiндiгiне оның ендi ғана өресi жеткендей болған. Тұрысбек сауданы үйренiп, соны өзiн байытатын бiрден – бiр құрал ретiнде пайдаланып қалуды ойлады. Оның ендігі қызығы мен күндiз – түнi, жатпай – тұрмай ойлайтыны сауда жасап баю еді. Осындай оймен кей күндері ол ұйқысыз таңды атқызып, қатты толғанатын. Сондай кездері өз – өзінен: «Шіркін мен байлық жасасам, жағдайымды түзетсем, маған ерiп туған – туысқандарым жағдайларын түзеп, байып кетсе, жақсы болар едi ғой. Онда бiздерге қосылып басқа да ел – жұртқа үлгi боларлық iске айналып, олар да байлық көзiн iздер едi ғой. Ал, байлықтың ең оңай көзi сауда екенiн олардың да түсiнерi һақ едi. Байлығы тасыған ел малдың соңына түспей бiрден отырықшылыққа көшер едi. Олар кенттер мен қалалар салып, бiр жерде отыратын болар. Саудамен де, кәсiпкерлiкпен де, онан қалса өнермен айналысып, шама – шарқынша егiншiлiк пен малшылықты да қатар алып жүрсе несi кетедi» деп те, Тұрысбек армандайтын болды. Аз уақыттың iшiнде ол сол үшiн де сауданың қыр – сырын үйренiп, iске асыра бастаған. Бiр жағынан оның көкейiн тескен тағы бір нәрсе бар едi. Ол енді соны іске асыруға кіріскен.
Тұрысбектің арманы Қапалдай қала салу еді. Бірақ сондай кент салу үшiн қаншама қаржы, байлық керек екенін ол білмейтін. Оны көп ойландырып, толғандыратын осы жай. Өздерiнде бар мал байлығын: өрiс – өрiс түйе, үйiр – үйiр жылқы, табын – табын сиыр мен қора – қора қойдың құнын ол шамамен салыстырып, санап бағып, есептеп бiлсе, онысы аса байлық емес, түкке татымайтын дүние болып шыға келген.
Өздерi жиған байлықтың – байлық деп айтуға келмейтiндiгiне оның бiр жағынан iшi ашыса, басқа бiр ойдан бұларда бар байлықтың – сол кездегi Шаяхмет байлығының шашауына да келмейтiндiгiн өзі түсініп, соған налитын да болған.
Тұрысбектiң өзi тұрмақ, оның өз әкесiнiң өмiр бойы жинаған байлығы, сол кездегi Қапалдағы ең жақсы үй, Шаяхметтiң үйiндей ғана жай салуға әрең жететiнiн ол естігенде жанын қоярға жер таппаған. Бұған қатты шамданып, айдаладан келген бақалшының сабын, әтір, иіссу сатып байығанын біліп одан сайын шамырқанып қалған едi.
Ең алдымен Тұрысбекке Қапалдай қалашық салу үшін ыңғайлы жер керек болған. «Ол жер тоғыз жолдың торабындай болатын бір ыңғайлы да ұтымды жерге орналасса болғаны қалғанын көре жатармыз» деп Тұрысбек ойлап қоятын.
Қала салу үшін көптеп ақша мен пұл керек. Соны iске асыру үшiн саудамен баюды ойлады. Байығанда анау – мынау байлық емес. Байығанда сауданың пірі Шаяхметтiң өзiн таңқалдыратындай болып баюды және осы жолда оны басып озуды көздеген. Сөйтіп, Тұрысбек жатпай – тұрмай баюдың жолын іздеп, сарсалаңға түскен. Байлықтың бiрден – бiрi сара да, дара жолы сауда екенiн бұл бiлiп, сонымен айналысып кеткен.
Досының арманын көңілмен сезген, алдыға қойған мақсатын да болжаған Шаймерден:
– Тұрысбек–ау, соңғы кездерi сен тым секемшiл болып алдың. Күндегi әдетiң өзiңде бар малыңды санайсың, онан қалса оның болашақ төлiн санайсың кеп? Ананы анда апарсам, мынаны мында әкелсем, маған мынанша пұл түседi дейсiң, сондағы пайдам мынау–ақ деп өзіңнен өзің аһ ұрып қаласың тағы да? Саған не болған? Әлде малшы мен жалшыңа сенбейсiң бе? – деп, Тұрысбектiң саудаға бет бұрған әужайын күні бұрын сезсе де, бiлмегенсiп, одан осы жайында сұраған. Ондағысы бір жағынан досының осы жайындағы меселін білгісі келсе, бір жағынан оның әуселесiн байқап, қандай жолмен жүргісі келетіндігін білгісі келген сияқты. Тұрысбектің өзiне таңдап алған жаңа кәсiпке қаншалықты жақын, адал екендiгiн бiлгiсi келгендiктен ойлап тапқан қитұрқы, ұрын сұрағы да едi.
Шаймерденнің мына қылығы оның алғашқы қағысуындай болды. Тұрысбек өзiнiң осы күйiн күнде көрiп, күнде сезiп жүрген Шаймерденнiң бұл сауалын дұрыс көрмеді. Сондықтан да, оның мұнысына өкпелегендей боп:
– Неге? Мен малшыға да, жалшыға да сенемiн ғой. Бiрақ, мен өзiме сене алмағандаймын. Осының жайын сенен сұрауға сыныққа сылтау таба алмай отырғанда жақсы болды ғой өзiңнiң бастағаның. Ендеше мен айтсам, оған да зер салып көр, мен қанымызға сiңбеген бiр кәсiпке қызуғышылық бiлдiрдiм. Оны сен де бiлiп жүрсiң, менiң iшiм оны да сезедi. Соның жайына өзiң қазылық ет. Ештенесiн бүкпелемей тура сөйле! Жақын дос болсақ та, қиынын көрсетіп, турасын айт! Қолдан келсе – келедi де, келмесе – келмейдi де... Бiрақ ақиқатын айт?! Егер де шын жолдас болсаң, соны бiлдiр маған. Болмайды… десең, оған да ренжiмеймiн. Дос жылатып айтады, дұшпан күлдiрiп айтадының керi осы арада келiп тұр. Бағасын өзiң бер – деп айтып салды.
Тұрысбек осылайша ойындағыларын досына кесiп – кесiп, әмбе салмақ сала, бастырып айтты. Шаймерденге Тұрысбектің ықласын аудараратын жайдың бастысы да осыдан басталған еді.
– Менiң қолымнан бiрдеме келе ме, әуелi өзiң соны ашып айтшы? – деп, Тұрысбек ақылдасар, сырлас досына өндiрлей сөйлеп, оның ишарасын асыға тосардай пейілмен өзінің ақылға бой алдыратын, әккі қылығымен де Шаймердендi бiр талай сарсалаңға салғандай қылды.
Дос көңілі жабырқау тартып қалғанын Шаймерден сезгендей. Ендігі Тұрысбектің не тілейтінін де бастан – аяқ ұғып отыр. Оның мұнысы сол баяғы сауданың қыр – сырын өзіне мейлінше ұқтырса екен дегені сияқты.
Шаймерден ұзақ ойланғандай боп, шамалы уақыт үнсіз қалған. Бірақ та жауапты мүдірместен берді. Ол айтқанда еш бүкпесіз нағыз турасын айтты. Шаймерденнің бұл туралы Тұрысбекке айтары көкейiнде пiсiп – жетiлiп жүргендей екен.
Сөздi тез бастаған Шаймерден, оны арыдан орағыта салған. Әңгімені бастағанда да, жай бастамай Тұрысбектің тегіне тигізе, «сен әншейін бір әлдекім емессің. Сен азуы алты қарыс Қалқабай ұрпағысың. Соныңа қарай сауда жасап жүргенің болар ма? Ел не дейді мұныңа? деп, осының мән – жайын берi қаратып алғысы келгендей боп, айнала орағыта сөйлеген.
Сөзді тіпті арыдан бастаған Шаймерден «сенің шыққан тегің бұл кәсіпке жібере қояр ма екен?» дегенді Тұрысбекке білдірді. «Бұған ол қалай қарар екен?» дегендей қып, көкшілдеу келген көздеріндегі таңырқағандық пішінді жасыра алмастан Тұрысбекке қараған. Айтарын айтса да, «мына сөзім оның көңіліне келмес бе екен?» деп тұрған сияқты.
Осыдан кейін Шаймерден «бағанадан бері көңіліңе қарап айтпағымды іркіп қап едім, енді соларыма көшейін» деген кісінің қылығын танытып, ауқымы мол, тiлi үйiрсек сұрақтарды да бiрiнен соң – бiрiн тiзе бастаған.
Шаймерден енді Тұрысбекке күлімсірегендей қараспен қарап, қолындағы папиросын бір бұрқ еткізіп тартты да:
– Сен өзiң қалай қарайсың? Саудамен айналысып, пайда табам, берекелi болам ба деп өзiң ойлайсың ба? – деді. Ол Тұрысбектің жауабын күтпестен сөйлеп кеткен. Оның қыза түскенін қолындағы папиросын умаждай анадайға атып жібергені білдіргендей етті. Тұрысбек те осы кезде ішінен «иә сәт!» енді мен білетін Шаймерден болсаң тоқтамассың сен!» деп қалған дымын шығармастан.
Шаймерден енді ұзақ сөйлердей боп ыңғайлана отырды.
– Ерiнбей – жалықпай тиын санап есептеп, тапқаныңның бәрiн iшiп – жемей, шашпастан, ысырап етпестен де, ұқыптап ұстай аласың ба? Тапқан – таянған пайда мен олжаны, тағы басқа көлденең табысты азырқанып, аяғандай боп, сараңдана қап, бiр тиынын шашау шығармастан тағы да сол саудаға жiбере аларсың ба?. Табылған – жиылғанның бәрiн тек қана, тауар мен ақша, ақша мен тауар деп, айналдыра беруге шыдамың жетер ме?, Соған өзiң дайынсың ба? – деп барып, өзінің арты көптен – көп сауалға айналып кеткендей болған бірсыпыра сөзді тамамдағандай болған.
Бұл жолы ол қайтер екен дегендей Тұрысбек жаққа барлай қарап алып:
– Мiне осыған маған жауап берсең болды, ар жағы не болатынын мен саған сосын естiртем – деп қалды.
Талай елмен араласып, әккі болған, қу – Шаймерден мiнiске арналған жарау аттай, сауырына қамшы салғызбайтын жүріске түскендей еткен. Осы кезге дейін мұның бәрін Тұрысбек үшін әдейі дайындап қойғандай, ішіндегісін бірақ ақтарды.
Тiптi, осының бәрін Тұрысбекке аса бір достық пиғылмен, ықылас көрсеткендей қып айтқан. Ерте ме, кеш пе, Тұрысбектің осыны айтатынын алдын – ала біліп, соның жауабын дайындап қойғандай етіп айтып салған.
Тұрысбекке оның мұнысы әлі де ұнамай отыр. Бағанадан бері Шаймерден мұның өз ойындағысын өзінен сұрап тұрғандай болып көрінді.
Оның мұнысына аздап қынжылғандай болып қалған.
Тұрысбек «мұның енді қалай ық жағына шықсам екен?» дегендей қып, азғана ойланыстан кейiн:
– Уа, Шаймерденiм–ай, сен қалай – қалай сiлтедiң! Қысқы күнгi жаяу борасындай болдың, бiлем! Сол борасындай алдыңғы iздi аңдап басқанша, соңғы iзіңдi қармен жауып көрсетпей тастайтындай қып, сол iспеттес боп, естiң бiр! Оның да рас– ау! Бiрақ сонда да сен жарадың ерiм! – деп оған ырза болған рай танытты.
Тұрысбектің қарасұр өңі сәл шырайланып, досына күлімсірей қарады. Бұл оның бір нәрсеге ырза болғандағы істейтін қылығы болатын. Оның бұл күйін Шаймерден де түсінді.
Екеуiнiң бұл жөнiндегi әңгiмесi де осыған қарағанда аз болмастай көрінеді. Алдағы күндері тіптен де көбейе бермектей болған сыңай білінген.
Тұрысбек те, осының мәнiсiн бiлiп алмақшыдай боп:
– Олай болса сенiң айтқандарыңа менiң жауабым даяр сияқты. Қысқа жiптей болған мына бiздiң байлығымыздың көзiн мал деп бiлсек, сендердiң саудадан түсетiн байлықтарыңның қасында ол тым қысқа, күрмеуге келмейтiндей болып отырғаны белгiлi жай ғой. Соның жолы қайда және қалай болады деп сұрайын десем, оны сен маған айтасың ба, айтпайсың ба, соны тағы бiлместен дал болып қалғаным рас едi? Бiрақ, соның бәрiн сен өзiң қойған сауалдардың iшiнде тұспалдап атап кеттiң ғой. Оныңа да, саған айтар алғысым көп. Әлі де болса айта түссең деймін, тіптен көп айт, мен де алғысымды жаудыртайын. Өйтпесең, сен Шаймерден боларсың ба? Өйтпесең, сен Шахиахметтей – бесiншi кiлдi көпестiң баласы боларсың ба? – деп, Тұрысбек алдымен досын бiраз асқақтата мақтап та алған.
Шаймерденнің әкесi Шаяхметтің Қапал көпестерiнiң арасындағы ең жоғарғы дәрежеге – бесiншi гильдияға жеткенiн Тұрысбек осы жолы айтып өтуді жөн көрген. Шаяхмет бұл күнде Қапалдағы ең атақты көпес.
Шаяхметтiң Қапалдағы ең бай, ең әккi көпес, саудагер екендiгi бұл өңiрдiң бәрiне бес енеден белгiлi болғалы қашан. Тұрысбек ақыры орайын келтiрiп оны да айтты. Осы тұста Тұрысбек «мен білсем көкейдегі сауалдың ең бастысын сұрайтын кез енді келді» дегендей қып:
– Әйтпесе, осы сен Шаймерден нағыз жолдас болсаң, осы күнге дейiн мен бiлмейтiн сауданың қыр – сыры қалды ма? Осыны сен айтшы маған? Менiң алды – артымды орай бермей, айтып бершi айтарыңды – дедi.
Тұрысбектің өзі мойындағандай болған «алды – артымды орап алған мынандайлық қулық есебің» деген достық назына алдымен Шаймерден әбден ырза болды. Соны білдіріп ол рыясыз күлiп алды. Сонан кейiн:
– Әй, бар ғой, бiле – бiлсең, оның жолы онша қиын емес. Ол сен сияқтыға ғана оңай. Бiрақ, расында да басқаға қиын тиетiнi бар. Өйткенi елдiң бәрi сен сияқты емес. Сенiң бойыңда туа бiткен әмбе – дүмбе қасиеттер көп. Соның бiрi мүмкiн көпестiк де болар. Ал көпестiкке келсек оның жолы бөлек қой. Солардың бәрiн мүмкiн сен бізден осы күнге дейiн үйренгендей де шығарсың. Мүмкiн өзiңнiң елгезектiгiңнен де, құдай аузыңа салып та тұрған шығар? – деп, Шаймерден шынын айтқандай боп сөйлеген.
Сонысымен де өзі Тұрысбектің ұшқыр ойлы мінезін біраз бағалағандай болған. Бірақ, секемшіл Шаймерден бірдемеден секем алған кісідей боп «осыдан бұрын бұл турасында ол неге мұның бәрін маған айтпаған» деп ойланып та қалған сияқты. Шаймерден бірдемеден құр қалардай болған адамның түрімен аздап тiксiнiп қалған. Қазiр ол осы туралы ойлап отырған болуы керек. Өйткені бір белгізісдік күйге түскендей болып, үндемей қалыпты. Тек, қабағының астымен анда – санда Тұрысбектің жүзiне қарап қойып, оның мына бір тыңнан тартылған ойының бағытын аңғарғысы келетін сияқты.
Шаймерден осы тұста Тұрысбек ойын толық түсінгендей де болатын. Сондай сыңаймен, ағынан жарылып отырған досына бір жағынан таңданғандай болса, енді бірде күпті көңіл білдіретін сыңаймен отырған да секілді. Бірақ соның артынша немқұрайдылау қып: «құдай бұйыртып бұл да саудагер болып кетсе не қылады дейсің» дегенге беріле қалған. Сондай немқұрайдылау пиғылдың ар жағынан қылт етіп, қызғаныштың да белгісі шыға келген. Бұл қызғаныш күн көрістің қамынан пайда болғаны белгілі. Әйтседе, тағы да бiр жағынан ертең мына Тұрысбек сияқтылар көбейе берсе өздерiне де қиын болатынын Шаймерден жазбай танып отырған жайы бар. Жасыратыны жоқ, бұл да болса Шаймерденді аздап мазалайтын сияқты.
Тұрысбек өзiнiң жан досы болса да, Шаймерденге әсiресе Қалқабай әулетiнен шыққандардың саудаға бейімделіп, жақындауының онша да қуантарлық жай еместігін сездіредi. «Өйткенi, саудаға машықтанып алса бұлар кейiн өздерi үшiн нағыз бақталас болып шыға келмесiне кiм кепiлдiк бере алады. Қалқабай әулеті жаңаның, жақсының бәріне қызығады. Әмбе, соған әбден лайық сияқты». Мұны қинайтын да, тек сол жағы қана. Бiрақ, амал қанша. Дәл қазір өзiнде бұған айтар сылтау да қалмағандай. Қазақтар айтқандай «өз қолыңды – өзiң кеспессiң» деп. Соны ойлап, Шаймерден ағынан жарылғанды жөн көрген. Ол сәл шалқайыңқырап барып отырды. Сөйтті де:
– Тұрысбек, сен саудаға жақын адамсың. Әуелгiсін айтқанда сауда саған жағады. Ол көп адамдарға жаға бермейдi. Ондай болса осы дүниедегi адам бiткеннiң бәрi саудагер болып туып, саудагер боп кетпейдi ме. Біле білсең сауданың өзi онша да қиын да емес. Бiрақ, оның мүмкiншiлiгi өте зор. Тек, шыдамды, жалқаулықты бiлмейтiн, ысырапсыз адам ғана саудаға бейiм, саудаға жүйрiк болады. Басқасының жолы онша қиын емес, оңай ғой. Менiң әкем керемет бiр ойды – орып, қырды – қырып, байлық жасап жүр дейсiң бе? Тек, о баста қиналған–ды. Соның барлығын ұсақ – түйек бақалшыдан бастады ғой. Сендерде «теңге тиыннан өсер, жылқы құлыннан өсер» дейтiн бiр аталы сөз бар. Құдай бұйыртса, ең алдымен соны iстеу керек. Сонда ғана сауданың жолы болады. Бiздiң ати қайттi?! Арбаға қазан, ошақтан бастап, қант пен шайды, кездеме мен бұлды, иіс май мен айна, тараққа дейін салып алып, ел кезді. Бір айнасын – бір тоқтыға, бір дәу қазанын – бір өгізге айырбастаған күндері болды. Солай жасады. Төзу қажет, ең бастысы төзімділік. Әуел бастан ол бәрiне көндi де, төздi де. Ендi мiнекей, байлықтың өзi кеп оны тауып жүр. Тiптi, кей – кейде мен ойлағандай сол байлықтың өзі біздің қыр соңымыздан қалмайтын сияқты көрінеді. Әкемнiң көзiн ашқалы көргенi мен бiлгенi, iстейтiнi де сауда ғой. Сауда деп, алдымен бiрдi – бiрге қосып, сосын сол қосылғанына тиiспестен, шетiн кертпестен тағы да шыркөбелек аунатып, айналдыра бастайды кеп. Сонан кейiн, тек үстi – үстiне, қоса бередi – қоса бередi. Сөйтiп, басындағы түймедейдiң өзiн бар ғой, түйедей пайдаға айналдыратынын қайтерсің. Сауда – саттық деген сол болады. Оны солай жасайды. Пайдасы көп қой сауданың. Кей – кейде саудадан үстiне он есе, жүз еселеп пайда табатының бар. Ал, аңқау елдiң iшiнде сауда жасау тiптi оңай, оның үстіне пайдалы ғой. Сондықтан достым байлықтың қайнар көзi малда емес, сауда да екенiн түсiнген шығарсың – деп, ол Тұрысбекке бiр сыпыра жағдайдың бетiн ашқандай болды. Сауданың пайдасын түсiндiрiп, оның өте құпия сырларын ашып, қиын – қиын жолдарын үйретіп әлек болған.
Тұрысбек пен Шаймерденнiң сауда туралы, байлық жолдары жайындағы әңгiмелерiнiң ендi ғана нағыз өрiс тауып, берекелi iске айналғандығы осы болды.
Тұрысбек болса сол кездегi қазақ баласы ең алғаш қолына ала бастаған – сауда кәсiбiне шындап кірісіп кеткен. Ол алғаш рет айналыса бастаған жаңа кәсiпке тез бой ұрып, үйренiп кеттi.
Сөйтiп, азғана уақыттың ішінде Тұрысбек сауда – саттық iсiне бiр жолата құлшына кiрiсіп, бой ұрған. Ол осы кәсіптің өзiн алдымен зерттегендей боп, қыр – сырын бiле – білгендей боп, соңынан барып бірақ кiрiскені бар. Осыдан бiр нәтиже шығаруға бел шешкендей болған арманы іске асқандай еді.
Тұрысбек – Орта Азияның Наманған, Самарқан, Ташкент тағы да басқа қалаларына, мына жағы арғы беттегi Құлжа, Үрiмшi онан қалса Қашғарға дейiн жиырма – отыз мыңдап қой айдатып, өзбек, пен тараншы саудагерлерiне өткiзедi. Ол жақтан жiбек, бөз, айна, тарақ, құмған, ыдыс –аяқ сияқты тағы басқа қажеттi деген бұйымдарды бұл жаққа әкеліп сатты.
Талдықорған, Қапал, Тасбекет, Ақсу, Сарқан, Лепсi тәрiздi елдi мекендерге дүкендер салғызды. Сауданың пайдалы екенiн Қалқабай әулетiнен тарайтын басқалары да көріп – бiлiп және оған қызығып, бұл кәсiппен шындап араласа бастады.
Ендi бұлар елдiң қашыртпа, пыш – пыш сөзiн тыңдаудан жалыққандай. Өздерiнiң межелi тұстарына жетуге асыққандай боп, тез – тез, жер – жерге жайыла қоныстанып, қазақ даласындағы жәрмеңке бiткендi жайлап алатынды шығарды.
Бұлардың саудадан тапқан пайдасы шаш етектен асатын сыңайы байқалғандай болған. Тiптi, соңында сол пайданың есебi болмай кететiндей көрiнген. Бұл күндері Қалқабай әулетiне қарайтындардың барлығы да байыған үстіне байый түскен.
Тұрысбек армандағандай–ақ, оған елiктеген Қалқабай ұрпағының басқа да балалары сауда жасап байып, бiраз дәулеттiң басын құрған соң, жан – жақтарына қарайлайтындай кезге жолыққан. Өйткені, бiраз тер төккеннен кейiн, көздi ашып – жұмғанша әжептеуiр байлық пен барлықтың шетi көрiне бастағандай да болып қалған сияқты. Ендi сол дәулеттi бауырына басып, шетiнен кертiп жеп жатса да болатын едi. Бiрақ, сол сасық байлықтың нақ өздерiне болмаса, айналадағы елге ешбiр қажетсiз екенiн, Қалқабай балалары тағы да алдымен түсiнгендей еді. Өздерінің еңбектенiп, тапқан байлықтарына бұлар масаттанбай, қайта – қайта iзденiс үстiнде жүріп жатты. Олардың – тегiс сөйлейтiн сөзi де осы болды. Iшiндегi алғырлары қалғандарына жол көрсетiп: «еңбегiңнен ел танырды» көп айтатын болды.
Не болса да халық арасында, ел есiнде Қыдыралы – Қалқабай балаларының жақсы аты мен атағы қалсынды, көп ойлап, көп толғанғандай болғаны рас. Әсiресе, осыны ұмытпағандай боп, естерiнде мықты ұстаған.
Жалпы ата дәстүрге де Қалқабай әулетi берiк сияқты. Ата – бабалары Қаптағайдың, Бөрiбайдың, Сарының, Қыдыралының, Қалқабай мен Тәнекенiң ел iшiндегi жақсы атақтарының күнi бүгiнге дейiн ұмытылмай сақталынуы тек қана, елге, қазақ баласына жасаған жақсы iстерiнiң арқасында ғана екенiн бұлар ерте түсiнгендi.
Бұл сыбысты берiсi бүткiл Матай жұрты, арысы күллi Жетiсу елi естiген. Елдiң бәрi бұған аңтарылғандай боп қалысқан. Кейде тiптi, жамағайын – алыс туыстың кейбiреуi бұларға түсiнiстiкпен қарап:
– Уай, бұл не болғаны?! Ойдайт дерсiң, мыналарың ерледi! Бұларың әскере қылды! – деп, таңданыса қалса. Осындай қылықты тағы басқа елдiң ақ пейiлдiкпен жүретiн көбiсi бұлардың қысқа да, аз уақыттың iшiнде байып шыға келгендiгiне де бәлендей шек келтiрмей, жақсылыққа жорыған. Сондайлардың бiр қатары:
– Әй, түбi осыларың Қапалдағы Шаяхметiң мен Тыныбегiңдi жер қаптырып кетедi! Беталыстары соған көп келедi – деп, ырза болған көңiлдерiн бiлдiрiскен. Сондай жақсы лебiздi осы жаққа бiр келгенiнде тамам елдiң көзiнше Сырттанның Барлыбегi де бiлдiрiп, айтып кеткен. Ол Қалқабай ұрпағының мұнысын дұрыс деп әрбір алаштың азаматына үлгі қылып айтып, онан қалса әлi күнгi бүткіл елге жар салғандай ғып жүргені. Барлыбек бұлардың осысын қостай түскендей қып:
– Бұл өзi бiр игi iске айналғалы тұр. Әйтпесе, байлығы мен малы мыңғырғандардың қаншасы өттi дейсiң бұл фәниден. Ал, солардың аттары есте қалмақ тұрмақ, жиған – терген байлықтарының өзінен де жұрнақ жоқ қой бұл күнде. Ендiгi олардың өзi де қайда екен? – дей келе, елдің көңіліне әрі ұғымды, әрі жағымды сөйлегендей қып:
– Ал, бұлар болса басқаны не iстер екен деп аңдып, жан – жағына қарап, бұқпантайламай, туған жерінде өздерiнiң қолынан келген істерін iске асырып жатыр. Бұлардiкiнiң ел үшiн пайдасы бар ма десеңiздер? Ең алдымен де елге де, жұртқа да жақсы, өнегелi iс болып тұр. Пайдасы бар, игiлiгi өте зор деп айтқым келедi. Қалғанымызға осылардан барлығын үйрену ғана қалды – дегенді үлкен бір жиында елдің назарын жаңашылдыққа бұратын әдетіне сала айтып, осындай игі істерге қолдаушылық білдіріп тастағаны бар. Барлыбектiң, басқаның мына сөзiн естiген соң, Қалқабай баласы жатса да, тұрса да, осы бiр ойдың ауқымында жүретiн болды. Бұл жайға осы әулеттiң басқаларының да көздерi бұл күнде әбден жетті.
Осы істің қызуы өсiп, күн санап өрби түскен. Қыдыралы – Қалқабай ұрпағының ауылдарында күн сайынғы мазасыз, бейнеттi ғұмыр осылайша жүрiп те жатқан. Бұ кезде тиынға – тиын қосылып, байлыққа – байлық байланып жатқан тәрiздi. Бiр күйбелең тiрлiк басталып кеткен секiлдi. Бiрақ, қалың көпшiлiк үшiн жақсылығы мен зинаты көбейе түскендей болған бiр заманда бұл жақта орнағандай.
Айналасы екi – үш жылдың iшiнде Тұрысбек өзi болыс, әмбе қажы болып шыға келген. Сонан соң несiн аянсын, өзі Мекеге барғаннан бері армандаған ісіне кiрiсiп кеткен.
Тұрысбек бұл кезде Арасанның болысы. Ол Арасан болыстығына өзiнің ағайыны Тәнекенiң баласы Қожабектің орнына болған.
Қапал оязына қарасты Арасан болыстығына Қалқабай мен Тәнекеден тарайтындар кезек – кезек болыс болғандығына да талай уақыт өткен. Олар елге де сыйлы, көп құрметтейтiн, бiлiктi ел ағаларына айналған. Әсіресе Тұрысбек бiреудiң бiр сабақ ала жiбiн аттамайтын «нағыз жайсаң болыс» деген жақсы атаққа ие боп жүрген.
Тұрысбектің алыс – жақындағы тiлеулес ағайындары осы кезге дейiн бөлек – бөлек, жеке – жеке, шашыраған тарыдай болып: Баянжүрек пен Мұздыбұлақтың, Салқынбел мен Күреңбелдiң әр жерiнде жанкештi тiрлiк кешiп жатқан.
Қыдыралының осы жерлерi кең қоныс, ен дала, шалқардай болса да бұлар игерген жаңа кәсiптерiне – саудаға жағымсыз екендiгi бiлiнiп тұрды. Әсiресе, шамамен сегiз ай болатын қыста бұл аймақта тырп етуге мұрша келмейтiнi тағы бар.
Дәулетi дамып, болыстық шылбырды қолында ұстаған Тұрысбек, Шаяхметтiң баласы, өзiнiң досы Шаймерден көпеске өзiнiң осыдан бұрын айтқан мақсатын орындауға қолайлы сәттiң келгенiн сездiрiп, онысын тезiрек iске асыруға кiрiстi.
Тұрысбектің өзi армандаған, Қапал сияқты қала салуға деген құштарлығы басылмаған. Қала салу үшiн әрине, қолайлы да ұтымды жер керек. Және де ондай жер әмәндә күре жолдың бойында болу керек. Бұл шартты да ол жақсы түсiнген. Әзiрше, бұларда ондай жер жоқ. Мұндай жер Тұрысбек тұрмақ, күллi Қалқабай ұрпағында да жоқ едi. Оның да өзiндiк сыры бар. Бұл сырды да, Тұрысбек алдымен ұққан.
Тұрысбектiң жанына батқаны да осы болғандай. Қалқабай балаларына ата – бабадан мирас болған жерлер де қала мен қыстақ салу үшiн жеткiлiктi болатын. Бiрақ, гәптiң бәрi жерге байланысты болып тұрғандай. Мұндай жағдайдың басында олардың қолына байлау болғаны рас.
Осыған байланысты Қалқабай ұрпағы қала салуға ыңғайлы қоныс iздеу жайына көшкен. Бұл мәселе қауырт маңыз алған. Олар кент салуға лайық жер іздестіріп, жан – жақтарына көз сала бастаған. Сондай жерлер жайындағы сөздерге құлақ түрiп көп тыңдайтын. Алдымен де сондай сөздерге сын көзбен қарап, аралап келген соң жарар – жарамасын бірақ айтатын.
Тұрысбектi және басқаларын да, тұрғылықты мекен, қала салу үшiн оңтайлы жердi таңдарда, оларды қатты толғандырған жайдың да аяқ астынан мен мұндалап шыға келгендейi болмасы бар ма?
Баянжүрек тауының күнгейiндегi қатар түзеген Қалқабай балаларының қыстаулары малға өте жайлы болғанмен, күз бен қыста батыстан соғатын аңызақ суық желдiң өтiнде қалып, қалың омбы қардың астында жататын. Оның үстiне қақаған аяз адам тiршiлiгi үшін де аса жайлы болмайтын. Боранды күндерi ағайын – туыстармен қатынас жасау былай тұрсын, қолдағы малға қарай алмай қалатынсың. Ол – ол ма, үйге кiрiп – шығуыңның өзi бiр мұң боп, қиынға түсетiн едi. Сол кездерi Қалқабай үмбетi бiр – бiрiне қатынаса алмастан қол үзiсіп қалатын. Бұл жерлердiң сондай кереметi де бар болатын. Өздері мекен ететін жердің ондайлық сырын бұлар жақсы бiлетiн.
Сауда жасап, сол саудамен байып алғандарға сауда орындары мен кеуен жолдарының бұл жерлерден жырақтап кеткендiгi де ұнамаған. Сауда керуендерi ендi Қаратау етегiндегi жазықтағы жолдармен өте бастаған. Сондықтан да Қалқабай ұрпақтары жаңа, өзі жақсы, жайлы қоныс iздестірген.
Ол қоныстың басты шарты – сауда жолдарынан алыс болмауы еді. Кешiкпей ондай қоныс табылды. Бiрақ ол жерлер Қыдыралы руына қарасты емес болып шыққан. Таңдалған жерлер Қаптағай руының Ақтiлесiне жататын: Ақшора, Шаппа, Дуан аталарына қарасты еді.
Тұрысбек қоныс ретiнде малға да, жанға да аса қолайлы Ақсу мен Тасбекеттiң арасында ел «Ежен жотасы» деп атайтын, Көкөзек деген жердiң қарсысындағы жотаны таңдаған. Оның бұл таңдасы әкесi Маманға да оның iнiлерi Толқын, Медетбек, Айнабек, Қуатбек, Қасабекке де және басқаларына да ұнаған. Олар Тұрысбек болыстың таңдасын құптап шыққан.
Ең ұтымдысы сол таңдалған жерлердің өзi Қытайдағы Үрiмшi қаласына баратын керуен жолдан онша алыс та емес. Бiрақ, жер басқа руларға Ақшора, Шаппа, Дуанға қарасты болғандықтан оның шешiмi де солардың қолында болатын. Өйткенi бұл жерлер сол руларға тиiстi қоныс едi. Жердiң сұраушысы да, иесi де солар болып шықты.
Тұрысбектің бұл беталысын қолдағандар да табыла кетті. Солардың алғашқыларының бірі өзінің жан досы Шаймерден еді. Ол Қапал көпестер гильдиясынан шыққандықтан біраз өктемдігі де өзіне сай, қанша айтқанмен атақты көпес Шаяхметтiң баласы ғой. Ол әрі ақшалы, әрі орыс әкімдерімен ауыз жаласқан, есеппен жүретін, пысық жігіт.
Шаймерден алдымен де осыған байланысты өзінің біраз ойларын білдіргендей болды. Ол Тұрысбектің мұнысын қостағандай боп, әмбе қолтығына су бүрке:
– Ежен жотаның маңындағы қонысқа көздерiң түсiп тұрса, онда не тұрыс, барыңдар да шетiнен иемдене бермейсiңдер ме? Сендердi қолдарыңнан кiм қағады? Көңiлдерiңнiң қалағанын жасай берсеңдер болады. Ел де сендердiкi, сол елдегi жерде сендердiкi болып жүрген жоқ па осы күнi?! – деген. Соны айтуын – айтып, «енді бұл қайтеді екен?» дегендей боп, Шаймерден мұның қимылын аңдығандай болып қалған. Ондағысы мына бір қитұрқылау келген, арандатпа сөзге бұл не дейді екен дегендей де болып көрінді. Ол сөзін сабақтап:
– Бүткiл Матайыңда, онан қалса Қаптағай iшiнде мен Қыдыралыдай жуанды көрген жоқпын. Сендерден асқан кiм бар, бұл жақта? Сендерге қарсы тұрарлық, төтеп берер күш қайда Қалқабай мен Тәнекенiң аруағы қатар тұрғанда. Ешкiмге айтпай–ақ, сұрамай–ақ, қалаған жерлерiңдi ала берiңдер – деп, қитұрқы, айдапсалма сөздермен әрленген ақылын аямай айтқансыған.
Қыдыралы iшiндегi кейбiр есерлерi де, осындай бір әумесерлікке беріліп, қысыр да, қышыртпа сөздерді қолдағандай ниетпен:
– Қалқабай балалары не айтса бiз соны жасаймыз! десе, енді кейбірі:
– Не бұйырсаң да бұйырғайсың! Ар жағын бiз өзiмiз тындырамыз – деп, қыжырайысып, ертоқымын бауырына алған асаудай болып шыға келген. Енді біреулері едіреңдеген қалпынан бір таймастан:
– Біз сұрайды ма екенбіз, ала бермейміз бе, керектісін – деп дікіңдеген.
Осындай сөздер сол кезде әр жерден бiр естiлiп қалып та жүрдi. Ондайлықты шіренуге қарсы жақ та, қарап қалмай аяқ астынан қасарысқан үстiне қасарыса түскен. Олар да жақын ағайын, аталастарының аузынан шыққан мынадай сөздерге қорсынғандай боп, керіс ыңғай білдірген. Ондайлар ызалы үнмен:
– Несiне Қыдыралы бiзге даңдайсығысы келедi? Өйтетұғын болса алып көрсiн бiзден жердi?! – деп, сыртқы түгін тікірейте сөйлеген. Кейбіреуі тіпті ызалы мысқылға салып:
– Өйте берсе бермеймiз жердi! Бiзде Қаптағайдан туғанбыз. О несi екен, соншама бiзге қодаңдағаны! – деп те кетіскен. Бұл жақтың ішіндегі не бір ұрдажық мінезділері есе алып бара жатқан қаңқу сөздерге дес бергендей боп:
– О несі, әй жаман иттiң басын сартабаққа салсаң шоршып кетедi дегендей, көрсетiп алсын бiзге, тастайтын аспанын да үстiмiзден тастап жiберсiн – деп, доң айбат көрсетіп шыға келген.
Бұл айбаттың астарында үлкен бiр зiлдiң өзi де жасырынып жатқандай. Енді болмаса ушыға келе үлкен бір дауға әкеп соғары белгілі. Мұндайдың арты дұрыс болмайтындығы, жақсылыққа апармайтындығы һақ. Өзi сыныққа сылтау таба алмай отырғандар, өздi ара қырқысатыны айдан анық болды. Осының бәрi келе келе күллі елдің арасына жік сап, дүрдеараздыққа әкелiп соғуға айналған едi.
Жердi беремiн – бермеймiннен туғалы тұрған мына бір ашу өзiнiң шырқау шегiне жетiп қалған. Әсiресе, жер үшiн қазақ басқа тұрмақ, өзiн – өзi аямағаны бәрiне де белгiлi. Талай ықылым заманнан бері бiр – бiрiмен қырық пышақ болып қырылысқаны да бар. Соның бәрi жер үшiн болғаны рас. Елдiң ашуы қазiр зiл көтерем боп, қайнап тұрғандай. «Өйт» десең болды қау етiп жанғалы тұр.
Бұл жағдай еңалдымен Қалқабай балаларының басына түскен зіл батпан болған ауыртпалықтай сезілген. Әсіресе, Тұрысбекке қиын болды. Ол жер дауының қиын болатындығы туралы бұрын да көп естіп, көп білгені бар. Солардың көбінде, тіпті қазақ халқының өмiр, тiршiлiнiң арқауы болатын жер үшiн соғыста талай адам қырғын тапқан. Әуелде соның бірі ретіндегі қырғын дау мен қанды оқиға әлі күнгі ел есінде. Сол қырғынның жер үшін болғаны рас. Оны Тұрысбек бала кезінен біледі. Жетісудың дүйім жұрты ол туралы әлі ұмытпаған.
Ол осының алдында бiраз заман бұрын ғана Жетiсуда жер үшін болып өткен қанды қырғын болатын. Бұл дау жердің салдарынан басталып, ақыры қырық пышақ болған қырғынға әкеліп соқтырған.
Бұл қырғындардың барлығында, жер үшiн, қазақ аямай бiрiн – бiрi қырған. Соның ең қандысы «Рүстем төре қырғыны» едi.
Қаратал өзенінің қос қапталы үшін таласқан қазақтар Жалайыр мен Найман болып қырылысқан. Жалайыр ішіндегі Сыпатай атасының атақты Байторыдай биінің баласы Құлтай сияқты ел ағалары төресіне ақыл айтып тоқтатпағанда екі жақ жер үшін біраз қырғынға таялған еді. Ондай болса қазақ ендi қоныс iздеп осыған дейiн «қанiшер Рүстемдей» төренiң айдап салуымен қырғынға ұшырап қалары да, дәл осы кезде өз бастарына таяп қалған секiлдi.
Тұрысбек осыны да көп ойлап, көп толғанған. Бір ойдан жұрт айтатын «құдай – елменен – жұртты ақылсыз, ақымақ төресiнен сақтасын» деген сөздiң төркiнiн де енді түсінген. Өздері сияқты елге «тұтқа боларлық» жуандар мен шонжарлардың ойламай істейтін әрекетіне баяғы қалың ел күйіп қалатындығын да ол пайымдағандай.
Бағзы бір заманда қанқұмар, ессiз төре елдi билеймiн деп, аузын майға емес – қанға толтырғандығының кебi ендi анық өз бастарына келгендей болғанын ойлағанда жаны түршігіп, ойы сансырап кетті.
Тұрысбектің есіне Рүстемдей төренің қанды істерін әшкере қылған Әсет ақын түсті. «Ендігі сондай қырғын дау болса Әсет сияқты тағы біреу шықпай ма? Қалқабай ұрпағын өткір – өткір сөздермен іреп соймай ма? Сонда қайтпек? Бүкіл елге, арттағы ұрпаққа жаман атақтары шықпай ма?» деп ойлаған. Осыларды ойлап Тұрысбек түңілген үстіне түңіле түскен.
Тұрысбек ең әуелі ел сөзінен қорықса, одан да бетер Әсет сияқты өткір тілді кісілердің сөзінен қорықты. Дәл қазір Әсеттің «опасыз төрелерге деген арнауы» өз басына төніп тұрған қатердей көрінген. Әсет шумақтары әсте бір ойынан шықпай қойған.
Тұрысбекке Әсет ақын айтқан сөздер көп әсер етіп, сүйегінен өтердей болып сезінген. Ақынның айтқандары барлық төре мен шонжар тұқымына бірдей айтылғандай. Сол сөздерді бір жағы Әсет ақын мұның өзіне де арнап айтқандай болып көрінді.
Естен кетпес жыр шумақтары, төбе құйқасын шыңылдатқандай әсер беріп, өзінен – өзі Тұрысбектің есіне түсе берді. Әсет ақынның сөздері Тұрысбектің төбе құйқасын шыңылдатқандай боп, есіне қайта – қайта түсе берді:
Шығарған төре билеп заң, өнеге,
Жоқ жұмыс шариғатта, ол немене?
Төренiң қатынынан бiр ұл туса,
Онысын ие қылып әр төбеге.
Теңдесiп қара қазақ келе алған жоқ,
Төренiң аулы қонған кенереге.
Төре өлсе бiр қазақты бәйге тiгiп,
Iс қылған есебi жоқ ережеге.
Төренi түк бiлмейтiн сұлтан қойып,
Көргендер бiлгендермен тең келе ме?
Хабарсыз қара көңiл қазағым–ай,
Ерiксiз билiк берiп, сол немеге? – дегені де, дәл бұл
үшін айтылғандай, осыған тұспа – тұс келетін тұспалдай болып көрінді.
Тұрысбек тамам елге масқара болатындай, атақтары шығардай болғанын енді шын сезінген. Ендiгi қалғаны Матайдың – Қаптағайы өз iшiнде бiр – бiрiмен қырыла бастаса, жетпегені сол еді. Соны ойлап, бұл әкесімен және оның төрт бірдей бауырларымен кездесіп, кеңес сұраған. Бiрақ Қалқабай ұрпағы Матай iшiнде қанша мықты болса да ел iшiндегi басқа руларға ашық зорлық көрсетуден iргесiн аулақ салатыны бар.
Басқа атаның баласына әлiмжеттiк жасап, ақылсыздықпен аңдысып, көзсiз тартысып, өз iшiнен жау тапқаннан қашқан. Ондай жарымес ақылшылардың бетiн бұлар қайтарып тастаған. Бұндайға олар көнбестен, мәселенiң басқадай ақылмен шешiлуiн күткен.
Елге ендiгi басу айтқан да Қалқабай балаларының өзi болды. Олардың Маман, Толқын, Медетбек сияқты ақылгөй үлкендерi – Тұрысбек болыс, Нұрлан би, Сейiтбаттал сияқты кiшiлерiне:
– Тел емшектi бiрге емген ағайын бар, ел – жұрт бар. Бұлай қылмаңдар! Барлығы да әдiлетпен, ақылмен iстелсiн. Бүйтiп астамгершiлiк жасауға болмас! Қалай болса да ел арасына жiк салушылардың сөзiне құлақ аспаңдар!
– Бiзге де келетiн сөз бiреу. Ол ағайынның iргесiнiң бүтiндiгi.
– Соны да ойлаңдар! Одан аттап өтушi болмаңдар!
– Айтарларыңды айтып, жұрттың талқысынан өткiзiңдер. Асықпай, ақылмен шешiңдер барлығын да – деп, басқаларын тежеп, басып тастаған.
Қыдыралы – Қалқабай ұрпағының өз руластарының арасында: «жер керек Ежен жотасының маңынан» деген дауыстары осы кезде Ақтiлестiң: Ақшора – Шаппасына да жеткен.
Бұған кiм билiк айтады, қалаған жер бөлiгiн кiм айырып бередi, бұл жағы әлi белгiсiз. Қыдыралы жағы «не сұрасаң соны ал, қалаған жердi бiзге бер» деп сауал қойып үлгiрдi. Бiрақ екi жақтың сөзiн тыңдап, ұғынып, әдiл билiгiн айтатын адам суырылып шықпады.
Қалқабайдың өз iшiнен шыққан биi Нұрлан бұл iске араласайын десе тағы болмайды. Билiк айтар адам сырттан болу керек. Ата салт бойынша жақын адамдар өз руластарының дауына билiк айтып, кiрiсе алмайтын.
Шаруа ел ойлағандай болмай, тез шешiлдi. Оның себебi мынада едi. Ел iшiнде «сегiз үйге жан берген» деп аталатын Ақшораның iшiнде сөзi өтiмдi бір кісісі болған. Оның сөзінің басқаларға өтімділігін Тұрысбек бұрыннан аңғарған. Бұл Бөкенбай дегеннiң Нартайы едi. Сол өзi әжептеуiр тәуiр адамның бiрi боп саналатын. Кесек ойлы, от ауыз, ойындағысын тез пiшiп ап, кесiп айтатынның нағыз өзi. Бiр жағы Тұрысбек екеуi арада қыл өтпес дос. Тұрысбектің қоныс салуға қолайлы жер іздеп жүргенін де есітіпті.
Бұл істі күйттеп жүргеннiң басы да Тұрысбек болғандықтан, салмақ та соған түскендей болды. Тұрысбек осы Ақшора досымен арнайы кездесіп, бір жағы қолқа сала:
– Бiз көздеген қоныс салуға лайық жерді алуға оң қабақ танытып, көмектес. Сол жер қолға түссе болды біз кент жасаймыз. Үйлер салып, мектеп, медресе ашып бала оқытамыз, мешіт салып, Алла жолын уағыздаймыз, азан шақырып, мінажат етеміз. Басқа жұрттың баласын да, өз баламызбен қатар оқуға тартамыз. Қажет заттарды сататын дүкен де, ұн тартатын тиірмен де саламыз. Су тартып бау – бақша егіп, бақтар жасалынады, оның жеміс – жидектері алысқа бармай–ақ сол жерде сатылады. Түбінде тіпті, киім – кешек, аяқ киім тігетін пәбріктер, оны – мұны жасайтын ұстаханалар мен зауыт ашамыз. Жұрттың көбісі керектінің бәрін сол жерден табатын болады. Ең ақыры малыңның терісін, жүн – жұрқа, мүйізі мен тұяғына шейін осы жерге өткізіп, моншаға түсіп, кір –қоныңды жуатын сабыныңа дейін алатын боласыңдар – дегендi баса – баса айтқан.
Осындай сөздерді Тұрысбек айтқанда Нартай сенгендей болған. Өйткені, бұл білетін Қалқабай балары болса олар айтпасын, айтса болды, айтқандарын істейтінін бұл білетін.
Нартай жүзіндегі қобалжуды Тұрысбек сезіп, енді үстемелете сөйлеп:
– Барша көпшілікке ортақ көптеген дүниелер ашылады. Солардың бәрі де барлығымызға бірдей игілікке аспақ. Осымды жөн көрсең, қоштарсың. Ал қоштар болсаң соған билiк айтатындарды өзiң сұрыпта. Тезiрек осы шаруаны бас-аяғын айырып бер?! – деп сөзін пысықтап, соңында «бар сенерім өзіңсің» дегендей қып, Нартайға салмақ салды.
Тұрысбектің таңдауы Нартайға бекер түспеген. Нартай аса ширақ, адам ойын жете танығыш, пысық кісі болатын. Аса бір байлыққа кенелмесе де өзінікі өзіне жетерлік орталау дәулеттік қана шаруасы бар, іске тиянақтылығы да бір басына жетерлік жан. Жасы Тұрысбектер тұстас, Ақшораның беделді азаматтарының бірі саналатын.
Тұрысбектің мына бір сөзін естіп Нартай қатты ойланған. Бұл сөздің астарында не жатқаны әзірше оған жұмбақ. Соны білуге құмартқан сыңаймен Нартайдың бір сыдырғы ойланып қалғаны да сол еді.
Бұл сөздің шетін ол бұрын да басқалардың аузынан естіген. Осы жайға қанық екені де рас. «Бірақ өзінің аталастарына қарайтын жерді бұра тартып басқа атаға әперуге кіріссе ел оның мұнысына қалай қарайды?» деген ойда қинап тұрған сияқты.
Осындай аумалы – төкпелі ойлардың төңірегінде отырған ол бұл істің елге пайдалы жағын көп салмақтаған. Нартайдың әзірге көңіліне қонып, жанына жаққандай болғаны да сондай берекелі істердің көптігі еді. Онысы – болашақта салынатын кенттегі барша жұртқа пайдалы жайлар. Тұрысбектің өз аузынан шыққан осы жайлы хабар Нартай сияқты көзі ашық, ақылды жанның көкейіне бірден қона кетуі де сондықтан.
Тұрысбектердiң бұл істе ең бір ұтқаны да осы болды. Нартай мына бір айтылғандарды пысықтап алмақшы боп:
– Тұреке, сөзің менің көкейіме қонатын сияқты. Түбi, бұл жерге ортақ игiлiк үшiн пайдалынатын қала саламыз, сондағы біздің жұрттың бәрінің ыңғайына қаракет болатын дүниялар ашылады деген жерлері бәрі дұрыс болар. Мені бір жола жыққан да осы сияқты. Сіз айтқанның ең бір ұрымтал тұсы да осы ма деймін, бұған көнбеске болмас – деп, осы бір қиын іске қол үшін беріп, ыңғайын келтіруге ол уәдесін берді. Өзінің осыған көнгенін және қолдауға дайын екендінін білдіріп тастаған.
Тұрысбекке де керегі осы болды.
Содан Нартай осы іске қатты кірісіп кеткен. Сөйтіп, бұл рулардың адамдары жердi бермеймiз десiп шуылдап жүргенде, Тұрысбек боп, сол бастаған Қалқабайдың басқа да балалары өз iстерiн ың – шыңсыз осылайша тындырып та жатқан болатын.
Олар бұл кезде жергiлiктi Матай арасында «Ақшора, Шаппа, Дуан бiр салма» деп аталатын рулардың игi жақсыларына да қолқа салып үлгiрген.
Қалқабай әулетi де қарап отырмай өздерiнiң жағымды iстерiн осы аталардың көш бастар жуандарына танытып. Қолдан келген сый – сияпатын да iстеп жатқан. Тiптi, олардың кейбіреуінің аузын алып, жақсы ат, қымбат шапан жауып, құда болысып, қыз айттырысып, сүйек жаңғырту дегенді жасап, қалаған жерiн таңдап алуға бір жолата бел шеше кіріскен.
Қалқабай балаларының мұндайлықты сөзiн естiген соң, жаңағы рулардың – рубасылары да Тұрысбек жақтан жасалған азды – көпті ілтипатқа риза болған рай білдіріскен. Өйткені оның айтқандарының ішінде болашақта салынатын қалашықта осы атаның кісілеріне де ортақ пайдасы мен керекті жағдайлардың барлығы еді. Ең алдымен бұлардың соған көздері жеткендей боп, айтылған сөздердің бәріне майша ерiп, көне кеткен.
Тек осыдан кейiн барып, Тұрысбектер өздерiнiң барлық үмiттерi ақталардай болған күй кешкен. Пейiлдерiне қарай елдiң сыңайы да өздерiне оң болып шықты. Бұған өздері де ырза болысты. Оның үстіне үлкен бір жайдың ендігі кілті өз қолдарына түскендей болғандығы еді. Осы кез соны анық сезген.
Бұл Тұрысбек бастаған, басқалары қостаған үлкен істегі алғашқы қадам еді. Әмбе бұл жеңіс Қаптағай көп ата ел болғанымен күллi Қаптағайдың үлкен тiзгiнi осы күнi Қыдыралы iшiндегi Қалқабай балаларының қолында екендiгiне елдің де аңсары ауғанын білдірді. Өздеріне сеніп, санасқандай болды.
Әсiресе, елдің Қыдыралыдай рудан шыққан Дөсет балаларындай әмбе оқыған, әмбе тоқыған рубасыларының, елге де бүйрегi бұрып жақсы iстер жасайтындығына сенімдері мол екендігін де аңғартқан сияқты.
Сонымен Ақшора, Шаппа аталарының бетке ұстар, игi жақсылары осылай шешкен соң, басқалары шуылдасып – шуылдасып барып басылған.
Сөйтiп, бұлар бұл сыннан да сүрінбестен, мүдiрмей өткен. Осылайша Қыдыралы – Қалқабай ұрпағы керек жердi келiсiм бойынша амалдап та, қалап та алғандай боп, сол жерге тез арада Қарағаш мекенiн салуға кiрiсiп кеткен едi.
Таңдалған жер Қарасу мен Сүттiген деген өзендердiң арасында жатқан жазық болғандықтан Көкқия тауынан шығатын он шақты тұма –бастаулар мен бұлақтардың көзiн ашып, кiшiгiрiм Қарасу өзенiнен тура тоған тартып, арық жүргiзiлдi. Сорланып, шөлiркеп жатқан сусыз далаға су әкелiнiп, таңдайы жiпсiген сол маңды жасыл баққа айналдырып жiбердi.
Саудамен байыған үстiне байыған Тұрысбек қажы және Нұрлан би Сүттiген деген жерден өздерiне арнап қыстау үй және диiрмен салғызған. Маңайдағы қырдың елi сол диiрмендерге ұн тартқызып қарық болысып қалды.
Елдің ендігі сөзі: «Қайтсiн–ай, дұрыс жасады! Тандыры кепкен, қу мекиен далаға су әкелiп, үй сап, ең ақыры тиiрменге дейiн жасады. Бұлардiкi шын мехнат қой! Iшпей – жемей көп жайды тұрғызып қойды. Бала оқытамыз деп, медресе де салып жатыр» дескен. Бұған ерiп талайы осылай ойлап, осылайша дұрыс пейілге бой ұра бастаған. Елдің бұған көнгені осы болды. Ел болғаннан кейiн сол елдiң iшiнде «iшегiне шынтақ айналмас», көреалмастарының да болатыны бар. Сондай «сыңаржақты» кейбiр кер кеткендерi:
– Олар құр мақтанады, әлi көрерсiңдер қолдарынан түк келмес!
– Әрине, байығаннан кейiн көздерiне шел бiте бастаған ғой!
– Әй, соларың ақшаларын жер – көкке сыйғыза алмай, ерiгiп жүр! –
дегендi де айтып үлгеріскен.
Бұндай сан – саққа жүгірткен сыпсың сөз ел болғаннан кейін әр жерде айтылып та қалатын. Кімнің аузына қақпақ болғандайсың. Бірақ бәрібір де бұндай сөздер бұл жақтағы елдің – елдік абыройына нұқсан келтіре алмады.
Қарағаштың тұрған жерi көне жiбек жолының бойында болғандықтан мына жағы Қытайдың Үрiмшi, Құлжа қалаларына баратын керуендер осы жолмен өтетiн. Тұрысбек сол жерге әдемiлеп тұрып керуен сарайын да салғызды. Сөйтiп, әр түрлi асыл заттар, жiбек, торғын, шай, тұрмысқа қажеттiлермен қатар, жемiс – жидек, өрiк – мейiздi өткен – кеткен саудагерлерден арзанға сатып алып, оны қайтара сатып, пайда түсiріп отырды.
Осылайша қысқа уақыттың iшiнде Қалқабаевтардың атағы бүкiл Жетiсуға жайылып, олардың абыройы да бөлектене бастаған. Осы атақ, осы абырой дәрiптелiп, тез арада қазақ даласына тарап кеткен.
Қалқабай ұрпақтары бас – басына жеке үйлер салғызып, сондай–ақ олардың өздерiнiң көптеген жекжат – жұраттары мен қызметшiлерiне салынған үйлерi көбейiп, лезде Қарағашты кентке айналдырып жiбердi.
Жергiлiктi қазақтар Қарағаштағы үйлердi де жай атамай – «көк үйлер» деп, мардымсыта атайтынды шығарды.
Тегінде қазақ бай – баһуатты, дұрыс, әсем нәрсені көкке теңеген. Мұның төркіні көгеру дегеннен шықса керек. Бұ да болса халықтың сол қалашыққа деген жақсылық нышанын бiлдiртiп, ықыласының түзу екендiгiн көрсетіп тұрды. Оған да себеп болғаны бiркелкi салынған зәулiм үйлердiң шатырларының да бәрi бiрдей көк түстi болғандығы едi.
Елге өнеге боларлық iспен айналыса бастаған Тұрысбек, әкесi Маман сияқты мұсылмандық парызын өтеу үшiн Мекеге сапар шегіп қайтты.
Мекеден қажы атанып келгеннен кейiн Қарағашқа мешiт және медресе салуға кiрiстi. Сөйтiп жүрiп, ақыры 1899 жылы Қарағаштағы мешiт және Кадим медресе құрылысы аяқталды.
Кадим медресесiнiң оқуы араб тiлiнде жүргiзiлдi де көбiнесе дiни пәндер өтетiн. Онда әптиек, құран, софы, аллаяр, шаркитап, мұхтасар, қырық парыз оқытылды. Тіпті, көп нәрсені Бұқарадан оқып кеп, Семейдің бас мешітінде имам болған Садыр Қалдыбайдан да ұғынған жайлар бірсыпыра еді.
Ақырында Тұрысбектiң Қапалда оқып жүргенде қиялдаған арманы шындыққа айналып, Қарағаш тәрiздi қалашық, түзу көшелер, зәулiм үйлер, мұнаралы мешiт, Кадим медресесi, Қапал аймағында пайда болды.
Сонымен айналасы жиырма – отыз жылдың iшiнде алған жердiң көлемi өсiп бiр ауыл емес, он ауыл мекендейтiн жерге айналып шыға келген. Бiрақ, Қарағаш кентi ендігісі өзі жетер жерiне жеткендей болып, осымен барып тоқтаған.
Жер Қалқабай ұрпағының қолына өткенiмен, Қаптағай iшiнде бұл жер үшiн iшiнара дау – дамай туып, жиналған ел өстiп, анда – санда бастары қосылғанда өзара айтысып жататын. Осындайда қалың Қаптағай iшi бiрiмен – бiрi сөз жарыстырып, талай жерге барып қайтатыны бар. Бұл кезде қыршаңқы тiлдердiң бүкiл Ақшора, Шаппаға осы жердi саудалағанын, оны Қалқабай тұқымына берiп қойғандығын беттерiне салық қып басатындығы да осыдан барып шыққан.
Оларды келеке етiсiп, ең бір ұрымтал жерлерін тапқандай боп:
– Тумыстарыңда түк көрмедiңдер, жер саудалап, таратқаннан басқа. Ата – бабамыздан берi естiмеген кәсiптi сендер жасадыңдар! – деп, мазақ етiсетiн.
Нұрқұмар әкесiнiң бағанадан бері ендi ненi меңзеп отырғанын сезгендей. Әкесі өз сөзiн ары қарай жалғап:
– Балам, дәл бiздiң соқа басымызға жетерлiк жердi бiзден ешкiм тартып алмайды. Бiзге жер жетедi. Бiрақ, бiз елден жырылып тағы кете алмаймыз. Өйткенi жер бүкiл бір рулы елдiкi. Бәрiмiзге ортақ. Ел бiзге қарайды, болыс не айтады екен дейдi? Елдiң көкейiнен шықпасаң онда кiмге қажетпiз? Онда бiржолата бiткенiмiз ғой. Көпке топырақ шаша алмассың. Солардың арқасында болыс болдым. Елдiң сөзiн сөйлемесем, күйiн күйтемесем, онда оларға менiң керегiм бар ма? Әрине, жоқ. Елден бөлініп оқшау ғұмыр кеше алмаспыз. Сырттанның Барлыбегi айтса айтқандай, елден бөлінсем менiң оларға керегiм жоқ болады.
Әкесi Сырттанның Барлыбегi айтса – айтқандай дегенде Нұрқұмар iшiнен: «Е – е, бәсе – бәсе, ел бекер айтпаса керек!» деп тағы бірнәрсенің шетін шығарғандай болып ойланып қалған. Бұрындары да осы туралы сан естiгенi бар. Ол осыған дейiн талай рет естiген әңгiмесiне негіз болған жайдың ұшын ендi тапқандай болып отыр. «Ел айтса айтқандай, осының түбінде бір ащы шындықтың бар екені рас–ау!» деп қалған.
Сөйтіп, өзiнше жаңағы әкесi айтқанды жорамалдағандай болды. Енді ғана ол осы сөздiң қалай шыққандығын аңғарған сияқты. Бұрындары естіп, білгендерін қайта – қайта саралап, есiне түсіргісі келген. Тіпті бір уақытта: «Сыртанның Барлыбегі мұны не үшін айтты? Ол неге өйтті екен? Барлыбектiң оларда несi бар едi?» деген ой көкейін тесіп барады. Осыны тезірек білуге құмартқан. Бір жағынан ол мына сөздің әкесінің аузына бекер түспегенін сезіп, іштей секемденіп қалған. Қазір «мұның сыры неде?» деп отыр. Ойына ұмыт бола бастаған сан қилы сөздер түсті.
Бұрындары осы жайында «Сырттанның баласы жергiлiктi қазақтардың би – болыстарына «елдiң қамын ойламайсыңдар!» деп, оларды мiнейтiндей бiр қағаз жазыпты. Әмбе өзi ылғи да би – болыстарға кездескенде сонысын айтып жүредi екен. Онымен де қоймай олардан қол астындағы қара халықтың қамын жеп, жоғына құлақ асыңдар» дегендi де айтатын көрінеді. Осы туралы өзінің бұрынырақта да естiгенi бар болатын. Сол жағдайды мiне бүгiн әкесi сөз арасында айтып қалғандай болды. Енді ғана бұл осы сырдың шетіне үңіліп, соның сырын біраз ұққандай болған. Бірақ ол жайында әкесінен сұрауға батылы бармады. Тіс жармаған қалпы, үндемей отыра берді.
Әкесi тұнжыраған қалпы біраз ойланып қалған. Сосын баласының жүзіне қарап отырып, сөзiн жалғады.
– Күні бүгінге дейін жүрмiз ғой, ояздағылармен де, басқа ұлықтармен де шығысып, бiр – бiрiмiзге осы заманға дейiн жақсы көрінісiп. Әрине, бiзге олар тиiспейдi. Неге тиіссін. Бірақ та, дәл бүгінгі күні мен елмен бiрге болуым керек. Өкiмет болса бiздiң атаға тиесiлi қонысқа, былайша айтқанда бәрiмiзге ортақ жерге ауыз салмақшы. Қазақ қашаннан берi жерге жеке иелiк жасаған. Жер біткеннің бәрi руластар мен аталастарға ортақ дүние болып саналып келген емес пе еді. Қазақ – қазақ болғалы, жер де, су да елдiкi, ағайын мен туысқандiкi болып жүрген жоқ па едi?! Ал енді бүгін келіп елге тиiстi ортақ жердi тартып алса, бiз қайда бармақпыз? Елден, жұрттан, аталастардан бөлiнiп қалай жүрмекпiз? Ондай болса бiзге малдың да, жанның да, тiптi болыстығының да керегi не? Жер кетсе, онымен бірге ел де кетеді. Елден айрылсақ осы айтқандарымның ешқайсысының да керегi болмай қалады ғой. Дуан деген елiмiз бар. Жамағайынның бәрi бiздi пана тауып жүр ғой. Солардың арқасында малымыз бағылып, әзiрге дiн аман, болыстыққа да солардың арқасында қолымыз жеттi. Ал, ендi сол елдiң жерiн алса, қонысынан қуса олар малын қайда апармақ? Сол малдың соңында кетпей ме, қоныс болар орын iздеп, тентiреп. Олар кетсе, олармен қосыла бiздiң де кетуiмiз керек. Елсiз, жерсiз бiз кiмге керекпiз? Атамзаманнан берi малсыз – мал жайылатын жерсiз, қазақ – қазақ бола алды ма? Мал қазақтың басты кәсiбi және тiршiлiгiнiң көзi болғаны рас – дедi. Сосын ол арқасын биік етіп салған жастықтан көтеріп алып, басын салбыратқан қалпы төбесін уқалап біраз отырды.
Тек, сәлден кейін ол айтары бiтпегендей боп:
– Елсiз, жерсiз, болыс кiмге пана болмақ? Ол кiмге керек? Болыс, мына тұрған елге болыс, елсiз болыс болушы ма едi? – дегенді де өзіне ашып айтты. Бір кезде отырған күйі сәл қатуланды да:
– Болмайды! – деп қатты естірте айтты. Осы кезде оның жүзіндегі осы уақытқа дейінгі уайымның белгісі өзгеріп, енді нағыз ашуға бой алдырардай болып көрінді.
Омар болыс екі иінінен дем алғандай болып отыр. Көздері қанталап, жүзі алаулап кетіпті. Ол тағы да біраз жағдайдың бетін ашқандай қып сөйлеп :
– Ал, жердiң иесi ел ғой, елмен санаспай, қазақтың бiр баласы да шатқаяқтап, керi кетiп көрген жоқ. Елмен келiспей, елге сұрау салмай, жерге ауыз салуға болмайтындығын, жә, осы қазiргi өкiмет түсiне де бермейтiн сияқты. Оларға салсаң өз білгенін істер. Соны да ойлауымыз керек қой – деп, сөзiн тамамдағандай болды.
Нұрқұмар үшiн әкесiнiң бұл сөздерi өзі үшін ең оңай түсіністік жолы болды. Енді осыған дейінгінің бәрі сондайлық бір түсінікті, көкейге қонымды сияқтанып көрінген. Басында әкесiнің не мезгегісі келгенін білгісі келіп асыққан еді. Енді көп нәрсеге бой ұрып, біраз нәрсеге қаныққандай.
Омар бiрталай уақыт үнсіз отырып, енді біразда тағы да қалған әңгiмесiн тұжырымдағандай боп:
– Олар бұл күнде ұмытқан сияқты Тәнекенiң – Тәнекелігін! Бiр Тәнекенiң өзi күллi Қаптағай тұрмақ, қалың Матайдың жерiн күйттеп, аман алып қалған едi ғой. Тәнекедей пiрiм қайда енді бізге?! Мен болсам мынау, бiр болыс елге пана бола алмасам, онымнан не пайда?! Тәнекенiң көзi тiрiсiнде басына алмағандар, ендi бой көтере бастады де, бұ күнде. Өңшең нәлет тапқырлар! Ендеше Тәнекенiң аруағы атсын оларды! – деп, Омар болыс ашулы жүзi түтiгiп, отты көздерiн Нұрқұмар жаққа аударды. Көздерін өңменінен өткізе, қадай қараған. Сөзін айтып болған соң, ол екi көзiн тарс жұмып, бiраз үнсiз отырып қалды.
Омардың қатты қиналғандай болғанының сыры да осы едi. Қазіргі жағдайда оның көкейін кескен бірақ нәрсе еді. Онысы өзіне тиісті болыстықтың жерінен там – тұмдап кетіп бара жатқандығы. «Осы жерлерді ел болып ұстап қалуға мұршалары жете ме, жоқ әлде осының бәрі құрдымға кеткені ме?» дегізген ойлары сияқты.
Енді бір кезде ол өзінен – өзі сұрап тұрғандай боп: «Жуас елдiң шаужайынан ап, бүйтiп сiлкiлей берсе не болады? Елдiң ашуы мен ызасына тиер. Осысын қоймаса елдi ұстай алмаспыз» деп, қиналғандай да болды. Болыс биылғы жылғы қиыншылықты ойлап, бір жағы бастан асқандай болған белеңсіздікке не қыларын білмей сасып қалған. Қазір де қайғырып отырғаны осылар. Ел қазір көтерiлсе оған дауа жоқ. Маңдайы тасқа тiрелмей тоқтамас. Мұны ол бiлiп отыр.
Нұрқұмар әке сөзін түгел естіп, ұққандай болғанда елдің басына түскен мына бір опаттың тегін бітпейтінін түсініп, қатты мұңайып қалған. Осындай жаманат хабар кежегесін кейін тартып, «енді не амал бар, не істейміз?» дегендей әкесі жаққа жалтақтап қарай берген. Әкесінің біресе құп–қу болған өңі енді нарттай қызарып, қаны бетіне шапқандай болса, екі көзi бірдей қанталай қызарып кетіпті. Соңғы кездерде Нұрқұмардың байқағаны әкесi бiр нәрсеге қатты ашуланса–ақ, болғаны, көздерi қанталап, қаны бетіне шауып шыға келетін болып жүр. «Бұнысы қалай, неге үйтеді екен?» деген оймен әкесіне жаны ашып қалған. Ол әкесiнiң мұндай күйін бұған дейін де бiрнеше рет байқаған. Әсiресе, Нұрқұмар әке жүзіндегі осындай өзгерістерді кейiнгi кезде көп байқайтын болып жүр.
Кешегі күні жер алынады деген ауылдардан көп аталастары келіп Омар болысқа шағынғандай болып, соңғы байлауларын да білдірген: «егер жерге тиісер болса, тұрысатын жерін айтсын, бізде сол жерден табылармыз!» дегенді ашып айтқан.
Соңғы кездерде осындай кикілжің шығатын кездерде ел iшінде Тәнекенi көп айтып кетісетін болып жүр. Көпшiлiк жиналатын жерлерде, қайта – қайта айтылып қалатын: «Тәнеке жарықтық, әулие адам екен ғой! Көп нәрсенi айтып, болжап та кетiптi. Қазiр соның бәрi дәлме – дәл келiп жатыр. Оның қасиетi мен көрiпкелдiгiн осыдан көр» дейтiндерi бар ондайлардың.
Нұрқұмар осындай ел ішіндегі күңкіл сөзден кейін «елдiң Тәнеке батыр туралы айтатыны бекер болмапты. Рас екен. Бәсе, әкем де бекер айтпайды екен ғой» деп, әншейiнде көп естiп, онша мән бермей келген дағдылы нәрселердiң өзi де әжептеуiр ойландырып тастағандай.
Нұрқұмар мұның бәрі жәй ғана айтыла салатын әңгіме еместігін сезеді. Ел ішінде айтылатын дүңку сөзден көп сырдың мағынасы анықталатын. Қазір де соның ұшығы келіп тұрғандай. Ел Тәнекені есіне алса, онда оның ашуының келгені. Бүгінгілерге ой салғаны болу керек. Елдің шырайы соны аңғартқысы келетін сияқты.
Осы арасына келгенде Нұрқұмар өз – өзінен: «Бұл не өзі? Оның өсиеттерiнiң осындайлық күштi болғандығы ма?» деп, Тәнекенiң бiр кездерi айтып кеткендерi мен iстеген iстерiнiң өмiршеңдiгiнің сырына бүгін міне қаныққандай болып тұр.
Кезiнде ояз орталығы болған Қапал қаласы тұрған жерлер Матай – Қыдыралы елiнiң ата қонысы болған. Баяғыдан, тiптi ел ес бiлгелi берi бұл жерлер «Қыдыралының үш қопалысы» деп те аталыпты.
Қоқандықтарға бiрнеше әскери соққы берген Орыс империясының әскерлерi, алғашында ешкiмнен сұрамай-ақ, сол жерде Қапал бекiнiсiн сала бастаған. Жергiлiктi халықтың билеушiлерi Қыдыралы бидiң ұрпақтары, Дөсеттің балаларына кеп:
– Орманнан көп орыс iргемiзге келiп тұр. Орыс ойына келгенiн iстейдi деп, олар нақ бiр құдасының ауылында жатқандай–ақ керiледі кеп. Әуелдесең сұрауы жоқ дүниедей, керектiсiн шетiнен алып та жатыр. Қапалдың жерiне де ауыз салды. Аңырайтып қамал салып, үңiрейтiп зеңбiрек қоймақшы екен?. Соған не дейсiңдер?. Не iстелiк, деп келдiк? Соны айтыңдаршы?! – деген екен.
Сонда Дөсет балалары бекiнiс саламыз дегендерге кiсi жiберiп:
– Сендер неғып келдiңдер бұл жаққа? Не iстеп жатырсыңдар? – деп сұраса керек. Сонда олар жақтан:
– Бiз бекiнiс саламыз, соған жер таңдап жүрмiз – деген жауапты алыпты.
Қоқан ханының онан қалса солардың құшбегiнiң салған сайранынан құтыла алмай отырғанында, тiптi өз iргесiндегi қандастары «қанiшер» Рүстем төренiң қырғынын көрген Матай елi олардың мұнысына түсiнiсе алмай, дағдарып қалса керек.
«Ендiгi қалғаны iргесiне келiп орыстың ойран сап, бекiнiс пен қамал салуы ғана сияқты. Олай болса зәрезап қылар заман да бүйіріңе тақалды дей бер» десісіп, не айтарларын бiлмей, ұмсынысып қалған секілді.
Алыс – жақындағыларын жинап, буынып – түйiнiп, жаугерлік күйге түскендей боп, тас – түйiн барлығына даяр отырған. «Ал кеттiк», десе болды жараулы аттарына қонып, ата қоныс үшiн қан майданға шыққалы дайын тұрған.
Қаптағай жақ жаулыққа бекiнгендей боп жатқанда, қалың орыс та қарап отырмай Күреңбелге әскер төгумен болды. Оның басшысы да Абакумов сияқты – қатардағы жай казактан бастап көтерiлiп, хорунжий, сосын есаул болған, бара – бара полковниктiк шенге жеткен әккi де ұрымтал әскербасы едi.
Заманның азып, тозғандығы да осы кезден басталса керек.
Содан бері талай жылдар өтті. Олар біртіндеп тәуір–тәуір, жақсы–жақсы деген жерлердің көбін сұрамай алды. Бергісі келмегенін күштеп тартып алған.
Осындайлық сұр заманның алды – артын болжайтын меже жоқ. Солай болып келді. Солай бола беретін сияқты.
Тоғызыншы тарау
Жалпы алып қарағанда Ресей империясының қазақ жерiн отарлау саясаты негiзiнен үш бағытпен жүзеге асырылса, соның ең бастысы қазақ жерiнiң шекараларына әскери – стратегиялық бекiнiстер салып, құрсап тастау және сол аймақтарға Орталық Ресей мен Сiбiрдi мекен еткен орыс пен казактарды шоғырландыру болатын.
Осы ретте қазақ елiнiң солтүстiк – шығысын қуалай Ертiстiң бойымен жүрiп отыратын атақты «Горькая линия» бекiнiс аймағы салынса, одан ары осындай белдеу мен бекеттер Есiл мен Тобылды, Елек пен Ор және Жайық өзендерiнiң бойлап кете беретiн.
Кей – кезде орыстардың өздерi белгiлеп қойған осы сияқты шекара бекеттерi бағанағы өзендердi қиып өтiп отырып: Тройцк, Орск, Орынбор қалаларына тiрелетiн болса, күнбатыста мұндай шекара Ақжайықтың бойымен салынған бекiнiстер желiсiмен ұштаса отырып, Үйшiктiң оң жағындағы Каспий теңiзiне кеп тiрелетiн.
Мұнан басқа Ақ мешiт, Қарқаралы, Өскемен, Семей бекiнiстерiн салып ол жердегi жергiлiктi тұрғындарды ығыстыра бастаған. Қазақ жерiн отарлаудың ең соңғы кезеңi Жетiсу жерiне бекiну болып табылды.
Мiнекей табаны күректей жүз сексен жыл бойы қазақ баласы осы шекараның сыртына шыға алмайтын халге жеткен. Тек қана, кезiнде Едiл мен Жайықтың екi ортасынан орын алған Бөкей ханның ордасына ғана сол жерлерде көшіп жүруге рұқсат етiлгенi болмаса.
Қалған жай, бәрiне мәлiм – жай болатын. Ақ патшаның өкiметi ендi қазақ елiне терең сұғанақтана кiрiп, қалаған тұстан қоңды – қоңды деген iске татыр, жақсы жердiң бәрiн неше түрлi сылтаумен тартып ала бастаған.
Сол ретте ол Қапал қазақтарынан сұрамай-ақ, өздерiне ұнайтын жерден Қапал бекiнiсiн сала бастаған. Бұған алғаш қарсы болған да Тәнеке батыр едi.
Басында Тәнекенiң ыңғайымен Матай қазақтары жерге таласқандай болды. Сол кезде олар орыс билеушілерімен тіресiп, оларға дес бермей кеткен. Оған да себеп болған Россия Империясының Орталық Азиядағы отаршылық, басып алу соғыстары, қазақтар Жетiсуда өз өктемдiгiн жүргiзiп келген Қоқан хандығының жағына шығып кетедi ме деген қаупi де қол байлау болғандай қылды.
Империя саяси – құқықтық реформа жасау арқылы қазақ халқын өзiн – өзi басқаруы мен билiгiнен айыруды және оның орнына патша өкiметiнiң отарлық саясатын тиiмдi түрде iс жүзiне асыратын басқару түрiн енгiзудi көздедi.
Патша өкiметiнiң Қазақ елiн Ресей империясының құрамына толық енгiзуi, жергiлiктi жердегi бұрыннан қалыптасқан билiк иелерiнiң беделiн түсiрiп, олардың басқару жүйесiне тiптi пысқырмайтындықтарын бiлдiрген.
Қазақтар болса олардың ендiгi сырын ұқпай–ақ қойған секілді. Мұның бәрi алдын – ала ойланып iстелгендiктен, осыған әкелiп соқтырған.
Олар Қапал бекiнiсiне жердi таңдар кезде де, ол жерге бекiнiс саларда сол жердiң билеушiлерiнiң алдынан өтiп, рұқсатын алмақ түгiлi, бір ауыз тіл қатып сөйлесуге де арланғандай болғанын қайтерсiң.
Қаптағай руының старшыны Тәнекемен және оның ақылдасар ағасы Қалқабаймен бекініс салуға жер сұрап, келiспек түгіл, олармен сөйлеспей білгендерін істей берген. Олардың онысы «маған не қыласың?» дегенге сай болды.
Өздерiнiң осындай қылықтарымен жергілікті халыққа деген нағыз менмендiктері мен немқұрайдылықтарын да бiлдiртiп алған. Мұның өзі бір жағынан олардың кертартпа мiнезiнiң кеселiндей боп көрiнген.
Олардың бұндай қарекетiн ұқпаған, бергiсi Қаптағайдың, арғысы тiптi қалың Матайыңның игi – жақсылары кеп Дөсет балаларына шағымдарын айтқан. Қойған сауалдары да біреу. Ол – жерге тиіспеу.
Бұл сауал не қылса да үлкен шатақ пен зобалаңның туар кезiн дәл айқындап, аттаныстың жақын қалғанын да бiлдiргендей едi.
Әсiресе, мына сияқты басынғандыққа шыдай алмастан, сыныққа сылтау таба алмай отырған Тәнеке қатты бүлiнген.
Әрине, олардың осылай басынғандығы алдымен Дөсет балаларының ашуына тиіп, шымбайына қатты батқан. Әсіресе, Қаптағай елiнiң старшыны Тәнекеге бұл сұмдық боп көрінген.
Қаптағай елi төтеннен кеп киліккен жаңа билеушiлерге тап болған. Солар енді ел мен жерге өздерінің құзырын орнатып, білгенін істей бастады.
Жергілікті билеушілер биліктің барлық түрінен аластатылып, бөтен елдің билігіне енген. Мұның аты бодандық еді.
Жергілікті билеушілердің басым көпшілігінің өз жерлерінде биліктен бiр жолата айрылғандығы көбіне ұнамаған. Әсіресе, ағасы Қалқабайға қарағанда қызбалау, өр мiнездi, ер жүрек Тәнеке батырға бұл жай нағыз кесепаттай көрiнген. Мұнан артық шектен шыққан басынушылық пен бассыздық болмайтын сияқты көрінген.
Ақ патша ұлықтарының мұндай бассыздығына, Найманның Матайында алдымен риза болмағандардың басы да, сол Тәнеке батыр болды.
Тәнеке Жетiсу өлкесiндегi ең үлкен және күштi билеушiлердiң бiрi еді. Тәнеке Кенесары ханның ұлт – азаттық қозғалысын жақтады. Соның туын көтерді.
Кенесары бастаған қазақ халқының бодандықтан құтылу, өз алдына тәуелсіз мемлекет боп құрылуына байланысты жүргiзiлiп жатқан көтерiлiсiн дұрыс деп тапты. Сол қозғалыстың нағыз жақтаушысы болды.
Тәнекенiң бұл қозғалысқа, ұлт көтерілісiне бүйрегі қатты бұрған. Бiрақ, соңына таман ол сол кездегi көптеген қазақ билеушiлерi сияқты екi жаққа бiрдей қызмет жасайтын саясат ұстаған.
Мүмкiн сонан да болар, Тәнекенің бүкiл Матай елiнiң беделiне ие болып, өле – өлгенше Қаптағай руының билеушiсi, старшыны болып кеткендiгi.
Кенесары хан қайғылы қазаға ұшырағанда, ол қалың Найман тайпасының Матай мен Қызай руларынан қол жинап алып, Кене ханның өлiмiне кiнәлiларды шауып, жазалау үшін аттанған болатын.
Оның осы пиғылының өзін елі дұрыс бағалады. Қазақ халқының ел мен жер үшiн, азаттық үшiн жанын қиған ұлы Кенесарының соңғы сұраушысының бар екендiгiн бiлдiрiп, оның қапыда кеткен кегiн қайтарушысына айналғандығы едi.
Тәнеке батырдың:
– Кенесары сұлтан, тек қана, ақсүйек төренiң баласы ғана емес, барлық қазаққа ортақ адам! Сол үшiн де қанын төгiп, жанын қиды. Олай болса оның сұраушысы да көп. Мен солардың бiрi ғанамын. Кенекеңнiң кегiн қайтару жолында шаһит болсам, онда басқаларға осы аманат – деп аттанған.
Тәнеке айтқанын iстедi. Алатауды бөктерлеп отырып, сонау қырғыз жерiне дейiн барып қайтты. Барғанда жай бармады кек алуға барды. Кiнәсiзге тиiспедi. Кiнәлiнi жазалады. Қан төкпедi. Бiрақ айыптылардың айызын қандырып, мойнына құрым киiз тағып, беттiне қарабет қып, күйе жақтырды. Қарымтасына – малын барымталады. Қатыны мен қызын олжа еттi.
Тәнекенiң бұлай кек алдысы бүкiл қазақтың айызын қандырып, ырза қылды. Қазақ жақ: «Қыдыралы – Тәнеке ерледi! Жай кек қайтарған жоқ, ердiң құнын сұрады! Ел үшiн мерт болған Кене ханның кегiн қуалады. Кенесарының қараң қалып, айдалада қаңғып жүрiп опат болған хан емес, елiне ардақты, керек екендiгiн көрсеттi» дестi.
Бірақ та, қазіргі жердi алып жатқан мына жау олардың бәрiнен де бөлек, қиын сияқты. Бұлар ыбылыстың нағыз өзiндей болған, түсi суық, мүтайымға көп ұқсап тұр. Өздерiне сенiп, басқаны аямастай боп, ентелеп келедi. «Оған не дерсiң?, Не айтарсың?, Қалай тоқтатарсың?» деп, оның қиналғаны рас.
Қапал бекiнiсiн салу үшiн жер алынар болған уақытта, ағайынды адамдардың балалары бiрiне – бiрi басу айтып, ақыл берген. Қалқабай өз балаларына және Тәнекеден бастап шетiнен батыр, ер мiнездi, қызу қанды, ендi болмаса жер үшiн айқасты бастағалы тұрған бiрге туған бауыры мен басқа да ағайын – туысына:
– Бекiнiс пен қала салса кешегi Ұлы жүздi қармап ап, бодан қылған, бүгiнде Жетiсудың о жағы мен бұ жағына қолына әпер бақан ұстап, әңгiр таяқ ойнатқысы келетiн қоқаңдаған Қоқаның тұр iргеңде аузын арандай ашып, содан да болса, пана болар ма дегенiм. Бұл – бiр. Дүнияның бәрi орысқа бас иiп, бет бұрып тұрған заман болса мынау. Бұл заманда ол көп, әмбе күштi боп тұр. Өнер мен өнегеге де жетiк. Онымен қазiрден тiрессек анық қырғынға ұшыратады. Сондықтан, не қыламыз олармен жауласып. Салатын қамалы мен қаласын сала берсiн. Бұл – екi. Кенттi, қалалы жерде сауда жүредi, әмбе тыныштық орнайды. Бұл – үш. Бұлармен қазiрден бастап керiспейiк. Бұлармен келiсейiк. Малға қоныс қайда? Малды қайтемiз десеңдер? Оған Баянжүрек, Күреңбел, Мұздыбұлақ, Қопалы да жетедi. Әгар да, астамгершiлiкпен төбемiзге шығып, таптап кетердей болса, оны да көрелiк. Оған да дайын болайық. Бiзде де елдiк намыс бар емес пе?! Бiздiң қай жерiмiз кем олардан, онан да осылармен жарысып өтелiк. Олардан өнер үйренейiк, сауда жасап, мектеп, медресе ашып, балаларды оқыталық. Солар салғандай ғып, қала салуды үйренейiк, ел де диқаншылықпен айналыссын – деген ақылын айтқан.
«Ақылдың бәрi жақсы, iске татырлық болса» дегендей–ақ жаңа ғана не iстерiн бiлмей дағдарып қалғандар да бағанағы райларынан қайтыңқырап, өзгерiп шыға келгендей. Осы қауымның ендiгi түсiнiгi басқаша, терең түсiнгендей болған. Барлықтарына өзгеше бiр ой салғандай қылды.
«Туған жердiң бiр сүйемi де қымбат!» деп, ендi болмаса егеулi найза қолға алғалы тұрған, Тәнеке батыр да сабасына түскендей едi. Бiрақ оның бұл қылығы көпке бармады. Осыдан оншақты жыл өткеннен кейiн, бәрiбiр патша үкiметiнiң озбырлығына төзбеген Тәнеке тағы да тулап шыға келген.
Ел қамын барынша жеп – өскен батыр тағы да елге тиiсiп, тiзесiн батырғандарға шыдамай кеткен. Онда да қазақ елiнiң жерiне байланысты жасалып отырған қысастықты айта келiп, «олардан тiзгiн тартып, шара қолданылуын» сұраған. «Әйтпесе өздерiне өкпелемесiн. Тұрысар жерін айтсын!» деп жеткiзген.
Тәнекенің осы жайында жазылған хаты 1857 жылы Россия Империясының Императорының және Батыс – Сiбiр генерал – губернаторының атына келiп түскен едi. Бұл хатында Тәнеке қазақ елiнiң жерiне байланысты орын алып отырған озбырлықтарды айта кеп:
«Жоғары Мәртебелiм! Менiң қол астыма қараған Қаптағай елiнiң бұрыннан жаз жайлап, қыс қыстап жүрген: Үшбүйен, Күреңбел, Мұздыбұлақ, Ақтасты, Салқынбел, Қызылағаш, Шыңбұлақ, Көшкентал, Алтай, Ақешкi, Қопалы, Үшқопалы, Ащыбұлақ, Ақадыр, Қарамола, Балықты, Жалаулы сияқты шүйгiн, шұрайлы, жер – суын Қапал жерiнiң әскери атаманы Абакумовтың көмегiне сүйенген орыс әскерлерi зорлап тартып алып, жергiлiктi халықты тонап, оларды Балқаш көлiнiң маңындағы құмға айдап жiбердi.
Осыған байланысты халық атынан бұл мәселе туралы: ұлық мансапты құзыретiңiзден, жоғарыда аталған жерлердi өз руларына қайтарып беруге бұйрық беруiңiздi сұрап, Матай – Қаптағай елiнiң волостной хорунжиi Тәнеке Дөсетұлы, мөрiмдi бастым!» деп жазған болатын.
Мiне, осындай жағымсыз қанауды күшейткен патша өкiметiнiң отарлық саясаты қазақ елiн, оның шаруашылық жағдайларын күрт төмен түсiрiп, әлеуметтiк және шаруашылық дағдарысқа әкелiп, күйзелiске ұшыратты. Мал жайылымы тарылған қазақтар тыныш өмiр iздеу мақсатында Қытай, Маңғұл сияқты көршiлес мемлекеттерге қоныс аударуға мәжбүр болды.
Тәнекенiң ел iшiндегi салмағын бiлетiн патша ұлықтары, Кенесары көтерiлiсiнiң әлi де басылмай тұрғанын ескерген едi. Ал олар болса, Тәнекенің – Кенесарының нағыз жақтаушысы екенiн біліп, қит ете қалса оның да Жетісудың қазақтарын өздерiне қарсы көтеретiнiн жақсы түсiнген сияқты. Сол себеппен патша ұлықтары Тәнеке батырдың өтiнiшiн орындағандай болып, оның айтқан жерлерiн Матай руының қазақтарына қайтадан қайтарып бердi.
Сондай жағдайда iргесi қаланған Қапал қаласы, айналасы елу жыл өткенде қазiргi қазақ даласындағы қала мәдениетiнiң, сәулетiнiң, бiтiмiнiң әсемдiгiмен, талайды тамсандырған кентке айналған болатын.
Бұл жайттың бәрін Нұрқұмар бір жағы елден естісе, көбін Қарағаш қыстағында өзін оқытқан білгір мұғалімдерден естіп өсті.
Бұл күнде Нұрқұмарға – Тәнекенің орны ойсырап тұрғандай көрінді. Нұрқұмардың көкейін осы кезде уайымдай болған тағы бір ой шарпып өтті. «Ел ішінде тағы да бір Тәнекенің шығатын кезі жетті ғой» деп ойлады Нұрқұмар. Осындай ойларға шомғандай болған оның құлағына әкесiнiң:
– Ояздағыларыңның бұған шамасы жетпесе, онда баратын жерге бiзде барамыз. Керек десең жандаралдың оң қолы болып жүрген Барлыбектiң өзiне де барамыз – деген сөздерi құлағына шалынды. Әкесінің жаңағыдай сөздері мұның осыған дейiнгi ойларына бiр серпу әкелгендей болды.
Барлыбектiң аты аталғанда елең ете қалған Нұрқұмар: «Мына бiр
сойқан істің ыңғайына келмегендiктен де әкем ендi Сырттанның Барлыбегiне хабар жiбергелi отыр екен ғой. Оны қалай iстеуi мүмкiн? Араға кісі салып, бiреудi жiберетiн шығар?» – деп ойлап, үлгiрместен-ақ, осы жай өзін елітіп ала жөнелген. Біржағынан аты – шулы Барлыбекті де көргісі келген. «Бірақ оған кім барып сөйлеседі. Әкесі ме? Жоқ әлде басқа біреу ме? Бұл жұмыстың беталысы да, ендi онсыз болмайтын сияқты. Тым өршiп барады. Осы жақсылыққа апармас» деп қойды ол iшiнен күйзелiп. Бір жағы өте жақын құдалығы бар Сырттанның Барлыбегіне де сенгендей болып, көңілі орнына түскендей еді.
Қаптағайдың бiр атасы болып келетiн Қыдыралымен бiрге туысатын Құлшанның – Сырттандай батырының немере iнiсiнiң қызын – Омар болыстың Нұрқұмардан кейiнгi баласы Рамазан алған. Омардың қазiргi аузына алып, Барлыбектi құда деп, хабар салғызғалы отырғаны да осы болатын.
Бұл күнде Жетiсу өңiрiнде Барлыбектей танымал адам жоқ. Бiр өзi осы маңның жай қазағынан шыққан жандардың өзіне жақын адам.
Қазақтан шыққан қазiргi ұлықтардың Жетісудағы ең iрiсi де, беделдісі де осы Барлыбек болатын.
Омар болыстың өзi де қара жаяу емес Қалқабай ұрпағының қызын алып, тамырын тереңге салса, бiр жағынан баласына да осы өңiрдiң тағы бір атақты жуаны – Құлшан Сырттандардың қызын әперiп, сүйек шатастырып, құда болысқан. Сөйтiп, өзi болыс болса, қайын жұрты мен құдалары да, өңшең мықты жерден боп, сондығымен де қанатын кеңге жая бастағаны бар. Сондай іліктер арқылы бұлар бұл өңiрге танымал жуандардың біріне айналған едi.
Осы кезде екi бетi нарттай жанып тұрған әкесі еңселі бойын тіктеп алып, Нұрқұмарға сұқтана қарап:
– Барлыбек не дейдi екен. Егер ол айтқанымыз болмаса, бiздiң айтатынымыз онымен де бiтпейдi. Олай болса, бiзге тек бiр жол қалады. Онда бiз өзiмiзге тиiстi жерлердi қолды қылмасқа, баспашылыққа түсiрмес үшiн аттанамыз. Өйтпеске болмас, күйдiрiп бiттi. Жанымыз кеудемiзде тұрғанда аяғымызды бiр серпiп қалайық, тым құрыса. Онсызда жан алқымнан алып бiттi, түге!… Күннен – күнге өршелене түсуде – дедi ол қатуланған үстіне қатулана түсіп. Нұрқұмардың бір байқағаны әкесi сөзiнiң бұл жерiне келгенде ашып айтпай, сөздерiн тұспалдап, жұмбақтап айтып қалды. Бiрақ, бұл сөздердi қаншалықты тұспалдап, жұмбақтағандай қып, ашып – жарып айтпаса да, Нұрқұмар әкесiнiң не айтқысы келгенiн сезiп, ненi меңзеп отырғанын пайымдағандай болды.
– Ертең ертемен жол жүресiң. Бернейге, Сырттанның баласына барасың. Осы жағдайды толық соған айтасың. Елдi бұзғысы келмесе, өкiмет оң пиғыл көрсетсiн деп, мұндағылар қатты тапсырып айтты дерсiң. Әйтпесе, лап етуге дайын, от тұтанғалы тұр. Тура ерегескендiк емес, нағыз сойқан соғыс сонда болар – дедi.
Мына сөз болыстың мейлiнше қамданып алған соңғы үмiтi сияқты көрiндi. Қазiр ол тек бiреуге ғана сенiп отырғандай боп, ретiн соған келтiргендей болды. Осысын ашып айтқысы келгендей болыс тағы да:
– Бiлiмдiмен дос болсаң сасқанда ақыл бередi! Осыған лайығы да сол ғана болып тұр – дедi.
Бұл әкесiнiң әңгiме аяқталар алдында айтқан соңғы сөзi едi. Осының бәрiн әкесі ашып айтқаннан кейін Нұрқұмар түңілгендей болған. Iстiң шынтуайтына келгенде насырға шабайын деп тұрғанын Нұрқұмар түсiнген.
Жер үшiн, қоныс үшiн осы маңдағы қазақтар ештеңеден тайынбайтынын сезген. Салған жерден–ақ, мұның осылай болатынын Нұрқұмар білгендей еді. Басқа ел де солай түсiнген.
Қазақтың қашаннан берi күн көрiсi болып отырғаны – ол малы. Ал мал ұстау үшiн, жер керек. Ол айдан анық. Малым жанымның, жаным малымның – садағасы дейтiн, қазақ емес пе. Бұл атамзаманнан берi, қазақ үшiн ең керектi, өмiр тынысы сияқты болып кеткен жай секiлдi.
Қашаннан берi де қазақ жер үшiн дауласып, жер үшiн ақтық демi таусылғанша соғысқан. Жер мен мал үшiн тiптi бiрiн – бiрi де аямаған.
Нұрқұмардың естуiнше қазақ iшiнде талай рет Рүстемдей төренiң айтақтауы мен арандатуының салдарынан да талай қырғын болған екен. Соның бiрiнде Дөсеттiң кiшi баласы Қалқабай мен Тәнекенiң iнiсi Бартай да мерт болса керек. Сондай қырғынға байланысты Жетiсу жерiнде айтылатын жер аттары да көп. Осы күнге дейiн Қаратал өзенiне жақын жерлерде «Бала қырылған», «Рүстем қырғыны» дейтiн жер атаулары кездеседi деп, естiгенi де бар.
Шыр етiп жерге түсiп, ат құлағына жармасқан қазақ баласы, жердiң бар қадыр, қасиетiн де, қонысқа байланысты жағдайлардың бәрiн де бесiктен белi шықпай жатып, ана сүтiмен бiрге бойына құйып өскен. Түсiнген.
Нұрқұмар жолға дайындала бастаған. Әкесi өзiнiң қос атпен жүретiн жеңiл пәуескелi күймесiн берiп, қасына пысық, ат айдаушысы Сағадидi қосып берген. Бұл өзi Омардың нағашы жұртынан шыққан, ептi, тындырымды, пысық жiгiт. Өз iсiне тыңғылықты, мығым, жасы отыздан ендi асқан, орта бойлы, қара – торы өңдi, жiгiт ағасы. Сағадидiң мұндайлығы бiр қараған адамға оның сырт пошымынан–ақ көрiнiп тұрғандай. Бет әлпетi үнемi жайдары келген, қимылы шапшаң, қағiлездеу сияқты, айтылған сөздi бiр айтқаннан қағып алып, бұлжытпай орындайтын әдетi бар. Сондықтан да болар, Сағади Омар болыстың ат айдаушы, көшiрi – әмбе шабарман, алып кел, барып келдiң адамы.
Болыстың айтқандарын естiген Сағади:
– Болыс аға! Алматы баратын болсақ, рұқсат болса…, – деп, күмілжіп тұрды да, сосын:
– Күймеге қос қара атты берсеңiз деймiн? Бiз соларды жегейiк. Басқа ат өлiп бара жатса да Iледегi өткелден өтпейдi. Салқайыққа да мінбек түгіл, тiптен үркiп, қасына жоламас. Өзiңiздiң қос қара болмаса бiз өткелден өте алмаспыз – дедi. Оның сөзiне ден қойған Омар:
– Е – е, бәсе, онысы тағы бар екен ғой – деп, сонда ғана жолдағы өткел бермес Iле дәрияны да есiне алғандай болғаан. Омар іле – шала:
– Мейлi, қай ат жарамды болса соны жегiңдер! – дедi. Осы сөзді естісімен Сағади да лезде аттарды алғызуға жөнеле берді.
Омар болыс бұларды жасқандырмайын деген қалыппен үндемей қалды. Ол да бұл сапардың өз қиындығы бар екендігін білсе де сыр білдірмейтін қылық танытқан. Әсіресе, ең қиыны жолдағы өткел бермес асау Іле дәриясы бар. Болыс бұларды сол қиындықтардан сақтандырғандай раймен:
– Iле, Жетiсу жерiнiң ағыны қатты, өткел бермес, ең үлкен өзенi болады. Әсiресе, жаз бастала таудағы қарлар ерiсiмен Iле керемет тасиды деп естимiз. Оны да ескергендерiң жөн. Талай адам, талай мал Iледе, оның бер жағында жатқан Қаратал мен Көксуда суға ағып кетiптi деген сөздер жыл сайын естiлiп қалады. Байқарсыңдар – дедi.
Нұрқұмар да енді Сағадидан қалмайтындай ыңғай білдірген. Жылқышыларға Сағадидан аттарды айдап келуге бұйрық кетісімен, бұлар жол қамына кіріскен. Сондай бір кезде Нұрқұмар – Сағадидан:
– Немене жол бойы үлкен сулардан, дариялардан өтемiз бе? – дедi.
Нұрұмардың бұндай сапарға шығатыны осы ғана. Өзі – өз боп, алғашқы рет осындай алыс жолға шыққалы тұрғандықтан бір жағы Нұрқұмарға бұл сапар қызық көрінген. Бір жағы Сағадидың бұл жолды жақсы бiлетiндiгiне қарай сұрап қалайын дегені де едi.
– Судың да, дарияның да азабы жолда! Көлiкке арналған өткел Iленiң тек бiр–ақ, жерiнде бар. Ол жер Өгiзөткел аталынатын тұстағы Қараөткел болады. Тек, сол арада ғана екі жаққа бiрдей қатынайтын салқайық бар – деп, Сағади аса маңызды іске жауап беретін кісінің кейпімен сөйлеп.
Таң атысымен–ақ, Сағади асығыс аттарды жегіп, Нұрқұмарды да асықтырып жатты. Үрдіс қимылмен бұлар бiр қараңғы – бiр жарықта, ертеңгi салқынмен Верный қайдасың деп тартып тұрды.
Күймеге жегiлген қос қара аттың аяқ тастастары аршынды–ақ, анда – санда ғана ауыздықтарын күрс – күрс шайнап, жануарлар пыр – пыр етiп арасында пысқырып қояды да, көк күйменi деңгелең қаққызып, зыр қақтырып алға тартады.
Жол – жөнекей кейбiр асусымақтарды асқанда, үлкен сайлар мен Қаратал, Көксу сияқты өзендердiң бойына біткен қалың жынысты, бұталы тоғайлардың қасынан өтерде ғана ат айдаушы Сағади аттарды бар пәрменiмен желдiртiп, оның артын кәдiмгiдей шабысқа айналдырады. Ондайда қос қара құлақтарын жымитып алып, тұра кеп шабады. Құйғытып ала жөнелгенде, күйменің екі жағынан суылдап кәдімгідей жел еседі.
Сағади көңiлі күптi жерлерден осылайша ағызып өтедi. Онысы ұры – қарыдан, бұзық ойлы жаннан, жол торушы қарақшылардан сақтанғаны сияқты.
Сондай жерлерде Сағади күйменiң өзi отырған козласының астына тыққан мылтығын алып, ыңғайластырып тура қасына қояды.
Нұрқұмардың байқауынша Сағади жолда қонатын ауыл iздеп, әуре боп бөгелгiсi келмейтiндей. Бiрен – сараң кездесер ауылдарды айналып, тоқтамай кетедi. Тоқтайтыны тек аттарды тынықтыру үшiн ғана сияқты. Оларды доғарып, суғарады да бастарына сұлы салған атдорбаларды кигiзiп қояды. Қос қара сұлыны күтiр – күтiр шайнаса, осы кезде бұлар жолға алып алған азықтарынан дәм татып, бел босатады.
Әншейiндегi үш күншiлiк жердi, еш жерге тоқтамастан қауырт жүрген бұлар араға екi күн салып Iле өзенiне де iлiккен. Онда да қос қараның арқасында. Бұл екi аттың желiсiнiң өзi анау – мынау аттың шабысынан қарқыны артық болмаса – кем емес. Солардың аршынды, үрдiс жүрiсi бұларды Iле дариясына әкелiп бiрақ тiреген.
Iлеге жетiсiмен бұлар Өгiзөткелдегi паром жүретiн араға келiп тоқтаған. Айналасына зер салған Нұрқұмардың алдында – құмдауыт жазықтау болып келген дала төсiн қақырата жарып, көл – көсiр болып ағып жатқан, үлкен өзен жатты.
Нұрқұмар телегей теңіз боп ағып жатқан суға қарап:
– Ойпырмай, мына судан ат пен арба тұрмақ адамның өз басын өткізуі мұң болар! Ағысы қатты, суы да керемет екен. Мынадан адам қалай өтіп жүр екен – деп ойлаған.
Расында да дария суының ағысы қатты сияқты. Қап – қара боп, долдана ағып, лайланып жатыр екен. Оған қоса терiстiк жақтан аздап соққан жел, өзен үстiнде ұсақ толқындар тудырып, солар су үстінде асыр сала ойнайды кеп.
Су бойының кейбiр жерi – қамысы мен құрағы аралас болып келетiн қалың тоғайдың арасы алуан түрлi құстардың даусына бөленiп, құлақ тұндырардай болып, шуылдап тұр. Сол жақтан оқта – текте қаңқылдаған, бiресе шаңқылдаған, ендi бiрде қарқылдап, уiлдеп, азан – қазан болған құстың үнi естiледi.
– Көрдiң бе, салқайық арғы жағаға кетiптi – дедi Сағади. Ол меңзеген жаққа Нұрқұмар көз салып еді, алғашында бұл түк те көрмеді. Енді осы жолы қызығып, бар ынтасын сап, анықтап қарады. Нұрқұмар көзін су бетінен айырмай тұрып, асықпай қарап қалған. Сонда ғана барып, өзеннің арғы бетіне таяу, су үстінде қалқып тұрғандай болған адамдар мен аттарды көрді.
Алыстан қараған адамға олар өз аяқтарымен су бетiнде қалықтап жүрiп кеде жатқандай көрiнедi екен. Салдағы адамдар мен аттар суға бiр малтығып, бiр шыққандай боп, қалқыған күйi бiрте – бiрте бергi жағаға қарата жақындап келе жатқан да тәрiздi. Бәрiбiр салқайық баяу болса да берi қарата жосыла жылжитын тәрiздi.
Өмірінде мынадай телегей – теңіз болған, мол суды көрмеген Нұрқұмарға қап – қара болып буырқанып, тулай ағып жатқан мына дария бойына аздап қорқыныш пен үрей үйiрткендей едi.
Салқайықтың үстіндегі адамдар болса қаннен – қаперсiз сияқты. Қорқу деген олардың еш қаперiне кiрiп – шықпайтын сияқты, өздерi сондайлық жанкешті боп көрінген.
Нұрқұмар оларды енді болмаса суға бататындай ғып елестеткен. Қараптан – қарап тұрып мұның басы айналғандай болып, бойын кәдiмгiдей үрей биледі. Сонысын бұл Сағадиға бiлдiргiсi келмей қипақтай бастаған. Өзі қара жерде тұрса да, анау су бетінде малтыға жүзген салды батып кете ме деп, қатты қорыққан.
Өзі сияқты жүзу білмес адамға қап – қара боп, долдана буырқанып жатқан мына дарияның да үрейлi болып көрінгені сондықтан болар. Бірақ бұл сәл де болса өз бойын билеген үрейдi басып, оны сыртқа шығармай тұрған қалпы едi. Сол тұрған бойы көзінің астымен Сағади жаққа қарап қойған. Сағади болса мұның онысын сезбейтiндей, аттарды доғарып болып қапты.
Нұрқұмар тағы да су бетіне көз салды. Бұл жолы көңілі аздап орнына түскендей. Басының айналғаны да басыла қойғандай. Енді анықтап қарап еді, жаңағы су бетінде қалқып келе жатқан салқайықтың қарасы бағанағыдай емес, ұлғая түскендей. Шамасы ол бергі жағаға қарай баяу да боса жылжып, жақындап келе жатса керек.
Бағанадан бері сал батып кете ме деп ойлап, солай көрінсе де, сал су бетiнде аман жүр. Ол суға еш батпай–ақ, су бетінде қалқиды. Мұның жанына демеу боп тұрғаны да сол едi.
Сал орта тұстан берi асқанда барып, ендi салқайық Нұрқұмардың көзiне оңайлықпен суға батпайтын сияқты боп көрiнген. Оның осыған дейiн бағанадан берi мазалап тұрған: «егер сал суға кетсе қайтемiз?» деген үрейі де бiрте – бiрте сейілейін деді.
Осы сәтте мұның ойын Сағадидың:
– Салқайық ендi ғана берi қарай бет алған екен – деген даусы бөлiп жiбергендей болды. Оның нақ бiр құдайдың құтты күні осы арада ары –берi салға мiнiп өтiп жүргендей нық сөйлеп тұрғанына Нұрқұмар бiресе таңқала, бiресе құмарта қарап қапты. Сағади мұнымен қоймастан, өзiнiң бiраз нәрседен хабардар екенiн көрсете:
– Iле дариямен керек болса кеме де жүзедi. Мүмкiн осы арадан кезi келсе, өтiп те қалар – дедi. Оның мына сөздерi Нұрқұмардың суда өздiгiнен жүзетiн кеменi көргiсi келген құмарлығын тiптi күшейте түскендей болды.
Нұрқұмар шынымен–ақ сумен жүзе беретiн кеменi көргiсi келуге құштар едi. Бiрақ, дәл қазір, осы кезде ерегескендей боп, өзi көргiсi келетiн сол кеменің еш қандай қарасы көрінбей-ақ қойғаны ғой.
Кеменi көрiп қалу үшiн күтiп қала беруге уақыт тығыз екендiгiн бұл түсiнедi. Бiрақ та, кеменi көру онан да қызық көрiнген. Сондықтан да, өмiрiнде көрмеген кеменi бiр көрiп қалу үшiн ол iштей: – шiркiн, сол кемесi құрғыр қазiр неге өтпейдi екен? – деп тiлеген.
Бiрақтағын амал қанша. Осылай ойлады да, қойды. Су бетiмен жүзетiн кеменi көру бұл үшiн аса қызық, құштар болғандай едi. Бiрақ, қырсыққандай кемесi құрғыр бiр көрiнбей–ақ қойғаны ғой.
Нұрқұмар ақыры көргiсi келген кеменi көре алмайтын болғанын байқап, шын қынжылып қалды. Сол кемелердiң қайдан әкелiнiп, қашаннан берi осы суларда жүргенiн де бiлгiсi келген.
Кеменiң Iле дариямен жүре бастағанына да бiр сыпыра уақыт өткен. Жетiсу жерiнде алдымен көпес В. Кузнецовтың Балқаш көлi мен Iле өзенiнде кеме қатынасын ұйымдастыруға әрекеттенгенiн ескерген Батыс Сiбiр генерал – губернаторы Жетiсу өлкесiнiң дамуына қажет деп тауып 1854 жылы оған және сарай кеңесшiсi дәрежесiндегi Козело – Поклевскийге Балқаш көлi мен Iле өзенiнiң бойында параходство ұйымдастырып, ұстауға рұқсат еткен болатын.
Сол кезден бастап Балқаштың солтүстiк жағасындағы Бертiс аймағында «Қасиеттi Николай» деген желкендi кеме жасалып, 1860 жылдың мамыр айынан бастап онымен кеме жүру маусымында жыл сайын Iле өзенiнiң бойымен ерсiлi – қарсылы жүк тасыла бастаған едi.
Жетiсудың Жәркент қаласында тұратын атақты байы Уәлiбай Юлдашев кейiнiрек 1883 жылы Iлемен жүрiп Қытайдың – Сүйдiн қаласына дейiн қатынайтын кеме жасатып, ұстайтын болған. Уәлiбайдың кемесiмен көбiнесе астық және тауарлар тасылатын.
Сонымен бiрге патша үкiметi өз тарапынан кеме иелерiне бес жылдық жеңiлдiк беретiн болған. Қазiр Iле өзенiмен ары – берi қатынап жүрген де сол кемелер едi.
Нұрқұмар айналаға қанша қараса да, Iледе ерсiлi – қарсылы жүзетiн кеменi көре алмады. Су бетiнде ондай нәрсе көрiнбейтiн сияқты. Сол жайында Сағадидан сұрайын деп едi, ол болса асығыс аттарды доғара бастады. Оның аттарды доғара бастағанын тағы түсiнбеген ол – Сағадиға сұраулы пiшiнмен:
– Сәке, аттарды доғарғаныңызға қарағанда, бiз мына жерде ұзақ тұратын болдық па? – дедi. Оның көкейiн тесiп бара жатқан iстiң мән – жайын осы кезде тезiрек бiлгiсi келгендей сыңай танытып, Сағади жаққа қарады.
Сағади аттардың мойнындағы қамыттарының тамақбауларын бiр қолымен сiлкiп қана ағыта сап, шiлияларын сыпырмай–ақ, постромкаларын балоктан босата салған. Өзi осыны жасап жатып мұның сұрауына да жауап қатты.
– Жоқ, жай әшейiн ғой. Салқайыққа күйменi өзiмiз итерiп саламыз, аттарды доғарулы күйiнде кiргiземiз. Ыңғайы солай, әйтпесе бiздi салқайыққа кiргiзбейдi – деп, Сағади өз шаруасымен әуре бола, аттарды доғара бастады.
– А – һа, бәсе – бәсе! – деген Нұрқұмардың ойына әлдене түскендей болды. Енді ғана өзіне бәрi де түсiнiктi болды. Егер сал аунап, аттар мен адамдар суға құласа, жылқы баласы жүзгiш келедi дегенді өзi көрмесе де сан естiгенi бар. Аттарды доғарғандағысы алай – былай болып кетсе олар суға кетпесiн деп жан сауғалау үшiн жасалған тәсiл болу керек бұл дағы. «Әрине арбада жегулi күйiнде аттар қалай жүзсiн» деп қойды ол өзiнше.
Бергi жағада тұрған екi – үш адам, күннің аптабына қақталғандай боп тотыққан сияқты. Үстерінде тек жалаң көйлек пен дамбал ғана киіскен, үлкен темiр шығыршықты дөңгелектi айналдырып тұр екен. Сол темiр дөңгелектiң әр жерiнде көлденең белдеу ағаш орнатылған. Адамдар соны итергенде дөңгелек шыр көбелек айналады екен. Ал дөңгелекпен бiрге оған байланған жуан арқан да дөңгелектiң темір шеңберiне бірге орала беретін болу керек. Арқанның бiр ұшы салқайыққа байланыпты. Салқайықты су бетiмен сүйрейтiн де осы арқан екен. Сонымен бiрге ағыс салды бұлтақтатып төмен ағызып әкетпес үшiн екi жағаның ортасына темiр сымнан есiлген арқан тартылған.
Бір кезде салқайық бергi жағаға тақап қалды. Оның үстi толған адам мен мал. Малдың көбі жылқы, сондай–ақ бірнеше есек сияқты жануарлар бар екен. Салқайық үстіне тиеп алған арба сияқты көліктер бар көрінеді.
Сөйткенше болған жоқ бағанадан бері Нұрқұмарға қызық болып көрiнген салқайық та бергi жағаға келiп тұмсық тiредi. Салқайық дегенi астыңғы жағын кәдiмгi, жуан – жуан ағаш бөренелерді бiр – бiрiне айқастыра қоспақтап жасаған, жан – жағын қалың ағаш тақтайлармен көтере қоршаған, сал ретiнде жасалған суда жүзетін нәрсе екен.
Салдың өзiн ағыс ағызып кетпесiн және аунамасын деп, арт жағы мен алдыңғы жағын екi бүйiрден бiрдей шығыршық арқылы бағанағы жағалаулардың арасына керiп қойған темiр арқандарға iлiп қойыпты.
Салқайық тұратын жерге судың бетiмен бiрдей болатын қып, ағаштан таған – тұрақ жасалыпты. Арғы беттен келгендер соның үстiне келiп топырлап түсе бастады. Олар түсiп болысымен, бергi жағалауда күтiп тұрған жолаушылар салдың үстіне міне бастаған. Алдымен аттар мен арбалар соңына қарата жолаушы адамдар сал үстіне шығып жатты.
Сағади мен Нұрқұмар да әуелi салшылардың көмегімен күйменi салға кiргiзiп, соңынан қос қара атты жетектедi. Жануарлар мұрындарын делдите тыжырынып алды да, бiр – бiр пысқырып қойып, құлақтарын жымита басып салдың үстiне қарата мысықша еппен басып келеді. Салдың шетіндегі жуан бөренелерді аттап өте бастады. Аттар тек, анда – санда ғана жан–жақтарына осқыра қарап, бөтенсіп көрінген әр нәрсеге көздерiн алартып, мұрындарын делдитiп, пыр – пыр етісе қалады.
Сағадидың әкесiнен бұл аттарды не үшiн сұрағаны ендi Нұрқұмарға анық белгiлi болды. Мына сияқты үйренген жылқы болмаса, басқа жылқы су бетiнде тербетiлiп тұрған салдың үстiне өмiрi шықсын ба? Шықса да үркiп, тулап жан – жағының бәрiн қиратып, тас – талқан етер һақ едi. Нұрқұмар бұл жолы да Сағадидың бiлiктiлiгiне тәнті болғанын жасыра алмай, тағы да аса ырза көңiлмен ой түйгендей болды. Шамалы уақыт өтісімен салқайық дәрияның арғы бетіне қарата бет алып жүзе берді.
Iленi аман – есен жалдап, жүзiп өткеннен кейiн, аттарды жеге салып, бұлар қазақтар Алматы деп атайтын, Верный қаласын бетке алып, ызғыта жөнелген.
Жүргіншілер Алматыға жақындаған сайын жердiң өңi де өзгерiп сала берді. Iленiң бойындағы кездесетiн құмдауыт сары дала ендi құлпырып шыға келгендей. Айнала қалың шөп, аракiдiк, неше түрлі, самсаған ағаштар да кездесе бастаған. Сол ағаштардың бiрқатары жемiс ағаштары екен.
Нұрқұмардың бұрын көргенi, тек қана Алатаудың қойнау – қойнауында ғана кездесетiн, жабайы өсетiн алма, өрiк, долана, шие, жидек ағаштарының жемiстерi ғана болатын. Одан қалса Қапал қаласындағы, не болмаса өзi оқыған, Қалқабай балалары салғызған Қарағаштағы бау – бақшаларда кездесетiн жемiс ағаштары едi. Оған қарағанда мына жерлердiң ағаштары да, солардың жемiстерi де мейлiнше көп екен.
– Иә, шiркiн–ай, айтып – айтпай не керек, неткен жемiстер, не деген байлық десеңшi – деп, таңдану мен таңсануы қатар шыққан Нұрқұмар Сағадиға қарап, аса бір ырзалық көңілмен. Айналасындағы мына бір керемет орта, әсем көрiнiс оны баурап алғандай, жан – жаққа тек тамсана қараумен келеді. Кiсi көзiнiң жауын алардай боп өсiп тұрған, алуан түрлi жемiс ағаштары өскен бақтар мен терек, қайың, үйеңкi араласа өскен тоғайлар да ұшан – теңiз болып алдарында көсiлiп жатыр.
Нұрқұмар көңіліндегі айналадағы бейтаныс құбылысқа деген таңданысты оңай ұққандай болған. Сағади әзірге үндемейді. Алдағы жолда өздерін тағы не күтіп тұр дегендей оймен алдыңғы жаққа тесіле қарап отырған күйі келеді.
– Шiркiн–ай, мына жерлер қандай едi! Нағыз жұмақ екен. Неткен тамаша жерлер. Мынадай жерге таяқ шаныссаң да көктейдi шығар – деп, Нұрқұмар бұл жолы да таңданғанын жасыра алмастан, Сағади жаққа қарап қойып, таңданыспен таңлайын қаға сөйлеген.
Сағади үндеместен, тек өзін қоштағандай болып, басын изеп қойды. Оның ойындағысы басқа еді. Сағади болса дәл қазір Нұрқұмар бойындағы албырттықты, оның жас қасиетін ойлап, іштей «е, қайран жастық, бұл жігіт мұның бәрін бірінші көргендіктен таң – тамаша болып отырған болар. Алдымызда бізді не күтіп тұр, бір Алла біледі, тек жол азабынан сақтаса болды» деген ойдың тұңғиығына беріліп, қасындағы жас жігітке сыр бермейтін сияқты көрінген.
Бұлар Верныйға жақындаған сайын салт аттылар мен арба мiнген адамдар жиi кездесе бастады. Кейде тiптi есек мiнген сарт та, не өгiз мiнген қазақтар да ұшырасып жатыр.
Тек, Алматыға жақындаған кезде ғой деймiн өңкей жақсы ат, қымбат арба мiнгендер кездесе бастады. Қалаға құнан шаптырымдай жер қалғанда, Сағади бұған мойын бұрып:
– Келiп қалдық, мына жердiң бәрi Ұлы жүзге жатады. Ендi таяуда межелi жерге Бернейiңе де, iлiнермiз – дедi.
Верныйды тек естiгенi болмаса бұрын көрмеген Нұрқұмар үшiн бұл қала аса таң болып келе жатқан. Жақын деп ойлаған жолы да алыс боп шыққандай. Екi – үш күннен берi үрдiс жүрiспен жүре келе шетіне әрең іліккен сияқты. Жол жүру өзіне қызықты болса да, алда күтіп тұрған істің шырғалаңы мұның жанына енді бата бастағандай көрінді. Сапар қиыншылығы қинай түскен сайын ой түкпірінен «осының бәрінің себебі жерге талас» деген әбігер қиналыста еміс – еміс есіне түседі. Соның ішінде әрине, бір сәт болса да өз елінің жазықсыздығы мен өңмеңдеген өкіметтің кінараты қатты ойландырып, Нұрқұмарды жегідей жеп тастайтындай. Ойынан бір сәт кетпей қойды.
Бiраздан кейiн барып, қаланың шеті көрінген. Нұрқұмардың алдынан бейтаныс, белгісіз қала пайда болған. Өзі үшін әлі жұмбақ, бұрын көрмеген қаласы. Әйтуiр, үлкен қала сияқты. Соған ұқсайды. Өздері асыққан Бернейге де жетіп келіпті.
Нұрқұмардың бұрын көрген кенттi жерлерi мен қалалары: Қапал, Қарағаш, Тасбекет – дегендерiң мынаның пұшпағына татымайтын сияқты.
Қала көшелерi лық толған халық екен. Оның iшiнде жаяуы да бар, салт аттысы да бар, өздерiндей күйме, пәуескi мiнгендер де толып жатыр. Барлығы асығыс. Кейбiреуi тiптi анадайдан бастап бiрдеңе деп бажылдап, қасыңнан айғайлап өтедi. Олардың не деп жатқанын Нұрқұмар әзір ұқпаған. Сөздерiн де түк түсiнбейтін секілді. Осы жайдың анығын бiле ме екен деп, Сағадидан:
– Бұлар неге соншама айғайлайды? – деп сұрап едi. Сағади аса бiр салмақтылық білдіре, маңғаздана мойын бұрып, жай ғана:
– Олардың онысы, бiзге былай кет, жол бер дегенi ғой – деп жауап қатты.
Нұрқұмар үшін Алматы ма, Бернейi ме әйтеуiр көкпеңбек болып көкжелек жамылған, әсем қала болып көрінді. Бұл қала өзiнiң барлық сәнді
сымбатын көрсете, бұларды осылай қарсы алғандай болған.
Нұрқұмар болса жан – жағына қараумен келеді. Ол біресе таңдана, таңырқана қараса, енді кейде тiптi, бұрын көрмеген нәрсесіне қыр қазағына тән қылықпен осқырына, үрейлене қарайды. Сағади әзірге шама – шарқы келгенше бұған түсiндiрiп келедi. Оның айтысынан мұның ұққаны, бұл үлкен шахар екен.
– Бiз келген Бернейiң бүл күнде үлкен жер, қанша айтқанмен орталық қой. Жандаралың да осында тұрады. Қазiргi Жетiсу деген үлкен жер ортасының ең басты қаласы да осы – деп Сағади түсіндірумен әуре болып келедi. Нұрқұмар оның сөзiн құлшына тыңдап, айнала көз тігіп, ештеңені қалт жібермей, бүкпесіз қарап, әрнәрсені білуге құштар көңіл білдірумен болды. Білгендерін біртіндеп ойына жия түсетіндей. Онысы Сағадиға да ұнап қалған. Ол Нұрқұмардың әр нәрсені білуге құштарлығын жақсы қасиетке балап, «түбінде бұл да болыс әкесі құсап ұлық болар» деп жоритын. Бұл сапарда да екеуара жарасып, қиындыққа мойымастан, сыр бермей келеді. Соған Сағади әжептеуір қуанады.
Көзі үйрене келе мына қала Нұрқұмарға Қапалдай–ақ, болып көрiнген. Осыны ол Сағадиға бiлдiре:
– Онша да үлкен қала емес екен ғой. Шамасы бiздiң Қапалыңдай болар? – дедi. Сағади сол баяғы маңғаз қалыппен:
– Өй деп, атама! Бұл Қапалыңнан анағұрлым үлкен қала ғой. Оны да бiлiп қой – деп иегімен ілгері жақты нұсқады.
Нұрқұмарды қатты таңдандырған нәрсе – ол көшеде жосылып жүрген халықтың көптiгi. Еркегi, қатын – қалашы бар, жасы мен кәрiсi аралас, осылардың барлығы бiрдей көше кезiп, қыдырып жүргендей болып көрінді. «Шамасы бұлардың iстейтiн шаруалары мен iстерiнiң жоқ болғаны ма, сабылып көше кезіп жүрiсi мынау?» деп ойлаған ол көшеге қарап. Тiптi, әйел бiткеннiң де үйде iстер тiрлiктерi жоқтай. Үстерiне барын киген бикелер мен бикештер өздерiнiң жер сүйретер, ұзын – ұзын көйлектер киiпті. Қайсы бiрi өз мырзасының қолтығына жармасып, кешегi Iледен өтердегi су бетiнде қалықтай жүзген салқайықтай боп, қастарынан қалқып өтiп жатқандай. Олардың киiм киiсiне қарағанда, сабылып, жүрген жүрiстерiне қарап–ақ, Нұрқұмар: «бұлардың бәрi осы қаланың төресi мен тәуірі болар» деп түсінді.
Сағадидың айтуына қарағанда Берней өзi шағын ғана қала болса да, оның аумағы бiрнеше жаққа бөлiнiп, бөлек – бөлек аталынатын сияқты. Ұлықтар мен бай адамдар өздерiнiң жағында тұрса, кедей мен кепшiктер өз жағында тұратыны қызық көрінді. Тiптi, әр бiр жұрттың, сауда адамы мен қолөнермен айналысатындардың өздерiнiң тұратын тұстары бар боп шықты. Сонысы Нұрқұмарға ерекше қызық болып көрінді.
Әр кiм өз жағдайына байланысты осы қалада орын теуiп жатқан көрiнедi. Бай – манаптар, iрi – iрi саудагер мен көпестер, әкiм – ұлықтар, әписер, зауыт қожалары басқа да, алпауыттар қаланың батыс және шығыс жағында және басқа да орталық көшелерінде орын теуiптi.
Қаланың шығыс жағындағы «Баубақшалық», «Жоңышқалық» деп аталатын бөлiктерi диқаншы орыс шаруаларының қонысы екен. Оның төмен жағы татарлар орналасқан шет жағы «Татар қалашығы» не болмаса «Ноғай қалашығы», ал ұйғырлар, не болмаса өздерін тараншы атайтын халық тұратын маң «Сайболы қалашығы» деп аталады екен.
Қаланың теріскей жағына осыдан отыз – қырық жыл бұрын Қытай билеушілерімен араздасып, соғысып, сол жақтан ауып келген өңшең бiр дүңген деген жұрт пайда болса керек. Солар қаланың «Дүңген қалашығын» орнатыпты.
Ташкенттен келетiн жолдың бойында, ел зиярат ететiн Райымбек батырдың шағын ғана кесенесi бар екен. Соның төменгi жағындағы ойпаңда байлардың жүн жуатын, терi илейтiн, мал соятын кәсiпорындары болғандықтан және ол жерден ұдайы көңнiң исi шығып жататындықтан, ол маң «Көңшiлiк» деп аталып кетiптi.
Ал, осы жолдың бойындағы жайма базардағы темiр соғатын, ат тағалайтын ұсталық қатарларды бұл жердiң жұрты «Тағашылық» дейтiн сияқты. Қаланың қазақтарына тиген жағы да осы тұста секiлдi.
Мінекей, е дегенше Сағади мұның аузын аштыра сөйлеп, қаланың әр тұсын меңзеп, өзі қолымен жасағандай қып, Бернейді сипаттап берді.
Ендігі жәй бұлар қайда тоқтамақшы, мәселе сонда болып тұр. Тікелей Барлыбектікіне барайын десе оның үйі қаланың қай тұсында екенін бұлар білмейді. Күн болса кешқұрым болып қалған. Сағади осы тұста өзінің үлкендігін пайдаланып, Нұрқұмардың бетіне қарап:
– Ал жігітім, олай болса мен айтайын – деді әдеттегісінше сабырмен сөйлейтін қалпына салып:
– Осы жерде менің бір жамағайыным тұрады. Бұрындары мен келгенмін оның үйіне, соныкіне түсейік – деді.
Сағадидың ақылымен бұлар осы Бернейдің Тағашылығынан орын тепкен, Сағадидiң Жомарт деген алыс жамағайынының үйіне түсетін болды. Ол осы маңда тұратын көрінеді. Сағадидың айтуынша Жомарт өзi бұрнағы кездерi шарап жасайтын орынға жұмысқа орналасса керек. Соны меңзеп, Сағади бұған бір жағы қалжың қып:
– Соныкiне түсейiк, есiгінің алдында арба қоятын да жерi бар, шарабы да көп. Сондай зауытта істегеннен кейін екеуміз оның да дәмін көретін болдық – деп күле түсті.
Өзiнiң басқа баратын жерi болмағандықтан да Нұрқұмар «ерулiге қарулы» дегендей етiп, Сағадидың айтқанына көне кетті. Өзінде басқа амал жоқ. Баратын жер де жоқ. Болса да оны мына қалада таба алмайтын сияқты.
Барлығы Сағади айтқандай болды. Бұлар соның жамағайынының үйiне тоқтады. Верныйға бiрiншi рет келмеген Сағади, бұл үйдi тез тапты. «Келген шаруаларының қалғанын Жомарттан сұрап бiлемiз» деген.
Сағади сөзуарлыққа салынып, Жомарт туралы да айтып тастады. Жомарттың мұнда келгеніне бірсыпыра болған секілді. Бұл қалаға келуінің өзіндік себебi де болыпты. Онысы басына түскен жетімдіктің тауқыметі болса керек. Сол тауқіметтен құтылудың бірден – бір амалы оған қайткенде де Алматы қаласына жету болып көрінген.
Жомарт жастайынан әке – шешеден жетiм қалып, өз ауылында алыс жамағайын боп келетін байдың қойын баққан. Ол қиыншылық пен қорлық азабын да қатар татып, солардан көз ашпаған.
Сәл ересек тарта бастаған шақта қасындағы басқа да жалшылардан: «қалаға барып, малайлыққа кiрсең, мынадай қорлықтан құтыларсың. Тойғаныңша нан жейсiң, тiптi шекер мен қанттың да не екенiн сонда көресiң» дегенге елiгiп, байдан қашып кетiптi.
Шындығында да, Жомарттың ес бiлгелi көрмегені жоқ. Жарытып ас ішпеген жетім шіркіннің анда – мында ғана жегені бауырсақ қана. Анда –санда ғана жеп, дәмiн татып көрген бауырсағы болмаса бұл өмiрiнде жеңсік заты қант болса соның дәмiн татып көрмеген екен. Жомарттың қызығып, қанттың дәмiн татып көргiсi келгенi де осы қалаға келуiне тура себепкер болса керек. Оның өзiн де қасындағылардан естіп білген. Өзі қойын бағатын Жұман байдың баласы, тағы сол сияқты бiрен – саран ауылдың ауқаттыларының балалары оған жыр қып: «Қант дегенiң тәйiрi қар сияқты аппақ болады. Ал тәттiлiгi тiлдi үйiредi. Балдан да тәттi болады. Оны тек жегенде ғана дәмi аузыңа келедi» деп қызықтырыпты. Жомарт шындығымен де солай шығар деп ойлайтын. Өйткенi, кәдiмгi жабайы араның балын, тауда қой бағып жүргенде, Жұманның ересек қойшысы – Жанғабыл екеуi талай дәмiн татып көрген. Әсіресе, қалың қарағай мен аршаның ішінде жабайы аралардың өздері салып алатын ұялары жиi кездесетін. Бұлар араларды түтін салып қуалап жіберіп, аздап жиналған балды жеп қарық болатын. Осымен бірге Алатау қойнауы тәттiлiгi тiлдi үйiретiн жемiс – жидектердiң соның iшiнде: бүлдіргеннің неше түріне, қарақат, таңқурай, өрік, жабайы алма тағы басқа сан алуан жеміс – жидекке толы болатын. Жазды күні бұлар қой бағып жүріп соларды теріп жеп мәз болып қалатын.
Кейінгі кездері Жанғабылдар тамсана айтатын қала оқиғалары Жомарттың ойына жиi түсе беретін болған. Ол әсіресе қаладағы нанның көптігі мен қарға ұқсас болатын қанттың да қала жақта көп болатындығын да жиi – жиi есіне ала беретін.
– Сонда қалай? – деп, Жомарт бадырақ көздері ұясынан шыға бақырая қалатын. Ол шын таңырқағандығын жасыра алмастан:
– Қантың өзi қар сияқты аппақ болса, әмбе балдан да тәттi болса – деп, ол Жанғабылдан қайта – қайта, ежiктеп, сұрай беретін болды.
Өзi осы кезде iшiнен:
– Сонысы рас болса, олай болатындай болса, со жаққа қалайда жету керек – деп, қиялдай түсетiн. Осы кезде оның көз алдына қыстағы, телегей – теңiз болып үйiлiп жататын қардың бәрi қанттай болып елестейтiнiнiн қайтерсiң?
– Қар атаулы барлық жерде де бар ғой. Мен баратын жерде тiптен көп болса, ол жердiң онда тәттi қанты да көп болғаны ғой – деп, ол өз қиялына берiле түсiп. Жұманның қойын бағып жүргенде алғашқы қарды кәдiмгiдей сағына қарсы алатын. Соның артынша көп күттiрмей қыс түсетін. Қыстың да өзiне лайық кереметтері болатын. Бiрақ та, тағы бiр жағынан қой бағатын Жомартқа әсiресе қыстың көп қолайсыздау, жанға батар жағдайлары да көп сияқты көрiнетiн. Алғаш біраз қар түсе бастағанда–ақ, соның бәрi де басталатын. Бұл болса қары кетіп, қарайып шыға келетін таудың күнесінде қыстайғы суықта бүрсеңдеп қой жаятын. Қой соңынан жүгіре – жүгіре шаршап, шөлдегенде қолымен аппақ ұлпа қарды көсіп – көсіп алып, жентектей жеп, көмейлете кеп асайтын. Көз жететін жердің бәрі аппақ болып, қар астында жататын. Не көп – қыста қар көп. Ал, естуiнше: «Алыстағы қалада – Алматыда сол қыстағы қар сияқты телегей – теңiз болып үйіліп жататын қант көп, сол қала нағыз соның ортасы екен» деп, көп таңырқайтын.
Жомарттың көз алдына қыс, жаңа жауған аппақ, ұлпа қар, сол үйiлiп жатқан қаладағы қардың бәрi бiр уақытта, тәп – тәттi қантқа айналып кеткендей болып елестейтiн. Осындай тәттi ойдан кейiн, оның сiлекейi ағып, iшектерi шұрылдай бастайтын. Ой – қиялы тек қана, қала болған Жомарт сөйтіп жүріп күндердің күнінде қалаға кетуге бір жола бел шешкен еді. Кетерiнде ол: «Жұман бәрiбiр маған ақы бермейдi, онан да мен бiр – екi қойды ұрлап сатып, пұл қылайын» деп, сол ойын iске асыруға кiрiскен. Нән қойлардың екеуiн апарып Аягөз – Семей жолымен өткен саудагерлерге сатып, соған төрт сом жасап, ышқырына тiгiп алды. «Ал ендi менi Жұман iздеп тауып көрсiн» деп, миығынан мырс – мырс күлiп алып, Алматы жаққа кетiп бара жатқан кiреге iлесiп, кете барған.
Жомарт Верныйға барар жолда кіре тасушыларға жалданып, жол – жөнекей, күн – көрiстiк тiршiлiк жасай жүрiп, өйтiп – бүйтiп, жол пұлын шығарып, Верныйға да жеткен едi.
Келген бетте ол Пугасов деген орыс көпесінiң шарап зауытына қара жұмысшы болып орналасқан. Ауыртпалықтың тауқыметiн әбден шеккен бозбала, таңнан бастап түн ортасы ауғанша бiр тынбай жұмыс iстейтiн.
Өзi сияқты жетiм – жесiрден шыққан, қалаға жақын ауылдардың бiрiнен келiп, күн көрiс үшiн осы қаладағы Сқақбай дегеннiң қасапханасында жұмыс жасайтын Қатипа деген кәрi қызға үйленiп алған.
Жастайынан тұрмыс қиындығына түсiп, әбден пысқан Жомарт, тиын – тебен жиыстырып жүрiп, бұлар түскен осы шағын ғана қоржын үйдi салып алыпты.
Сол келген бойы Сағадидың жамағайынына түскен бұлар қаланы арлы – берлi аралап көрген. Бұрын Қапалдан басқа кенттi жердi көрмеген Нұрқұмар үшiн бұл қала өзiнше ерекше. Былай қарағанда Қапалдан аумағы онша үлкен де емес сияқты. Бiрақ, Жомарттың айтуынша Қапал қаласы Верныйдан бұрын салынған дейдi. Қала iшi сыңсыған тоғай, қалың жыныс ағаш пен бұта, бақ пен бау – бақша болып кетедi екен. Сылдырап аққан суы да мол, таудан құлап ағар өзен, бұлақтары да көп сияқты.
Бұл қала Нұрқұмар үшiн нағыз бiр «жұмақтай» болған сұлу жер, керемет, сұмдық, жерұйықтың нағыз өзi болып көрiндi. Осындай бір желпініс оймен, таңдай қаға: «Шiркiн, мен бұрын көрмеген осындайлық та жердiң сұлуы болар ма? Мына қаланы айтсаңшы, тып – тинақтай, осындайлық көкжелек пен көкорайға оранған, жер болады екен ғой» деп, ойындағысына жан – тәнімен берiле кеткендей боп. Бiрақ та, Нұрқұмарға өзiнiң көрiп жүрген Қапалы да, оның айналасы да, бұл жерлерден бiр де кем еместей сияқты болып көрiнгені тағы бар.
Қала қызығына көзi тоймаған ол, келген шаруасын аз уақыт болса да ұмытқандай болды. Тек, Жомарттың жұпыны үйiнiң iшiне кiргенде ғана барып, соның бәрi есiне түсiп, бiртүрлi көңiлi құлазығандай болып қалды.
Жер төңiрегiнде болып жатқан тартыс, елдің күйзелісі, соған байланысты өзіне тапсырылған сөз, Нұрқұмардың қала аралап келгендегі қызық ойын бұзып, басына түскен зіл батпан ойды есіне салдырғандай болды. Нұрқұмар бұл кейпін әзір сыртқа шығармаса да өзін жайсыз ойдың тұңғиығынан арылта алмай қойды.
Ол өзін мазалаған ойдан аздап арылғысы келгендей боп, өзі түскен үйдің ішін көзімен кезіп, үй тұрмысынан біраз алданыш іздесе де, бәрібір бұл ойдан қашып құтыла алмады.
Бағана кедей үйдiң iшiне кiрерде, бiраз қорашсынса да, мұнтаздай таза, тиянақты жиналған үй тұрмысын көрiп, Нұрқұмар аса таңқалған–ды.
Үйдің бұлар отырған бөлмесінің оң жағында үлкен сандық орын алыпты. Жерге кішірек келген бiр – екi текемет төселіп, төрге түскиiз тұтылған. Одан төменірек жан – жағында қолдан жасалған аласа үш – төрт орындығымен аласа стөл орын алыпты. Кішірек терезелерге кестелеп тiккен, ақ бәтестен жасалған перделер ілінген. Үйдің ішінің бәрi жинақы, әмбе таза екен. Нұрқұмар iшiнен мынаның әйелi де, өзi сияқты пысық екен деп түйдi.
Қала тұрмысын бұл алғаш рет Қапалда көрген. Ондағы ауқатты деген қазақ, татар, орыстың бай – шонжарлары мен алпауыттары асты тастан қаланған, үстi Алатау бөктерiндегi қарағай мен шырша, онан қалса үйеңкiден қиып салдыратын, екi қабат еңселi, зәулiм үйлерде тұратын. Әсiресе, Қадырбай, Сәлiмбай, Тiнiбек, Садықбай сияқты қазақ байларының, сол сияқты Шаяхмет сияқты татар көпестерінің әсем, үлкен үйлерi алдымен көз тартатын. Жаңағылардай бай адамдардан кейiнгi орташалау үйлерде басқа кәсiпшiлiктің тұтқасын ұстаған орта дәулеттi қазақтар, татарлар мен шалақазақтар тұратын.
Орыс офицерлерi, әскери казактар қаланың солтүстiк жағындағы әскери бекiнiс iшiндегi үйлер мен жатақханаларда тұратын. Сол жерде әскери емхана мен аурухана офицерлер клубы да бар. Нұрқұмар Қапалға барып жүргенiнде осылардың көргенiн көрiп, көрмегенiн сұрастырып бiлiп алған. Қапалда мұның нағашылары болып келетiн Қалқабай әулетiне қарайтындардың бiр сыпырасы тұратын. Олар әсiресе саудамен, онан қалса кәсiпкерлiкпен де көп айналысатын.
Былай алып қарағанда Қапал тұрған жер Қыдыралының құтты қонысы боп бекер аталмаған. Айтса – айтқандай–ақ, Қапал тұрған Күреңбел жазығының сырын Қыдыралылар оның iшiнде Дөсеттің қос ұлынан тарайтын әулет ерте кезден бастап ұққан сияқты.
Бұл жердiң сыры сол, қандай да болмасын, қыстың қақаған айында жауған қар бiр күннен кейiн ерiп кетiп, малдың қыс бойы жайылымда болатындығы еді.
Ал Қалқабай мен Тәнеке ұрпақтары Күреңбелдiң сулы да, нулы жерлерiнiң сай – салаларына, Баянжүректей таудың қойын – қонышын толтыра бiр үлгiмен ағаштан қиып салдыртқан, көк шатырлы үйлерде тұратын.
Нұрқұмардың шешесi Сара бәйбiше де Қалқабайдың шөбересi едi. Сол Қалқабайдан – Толқын туса, Толқыннан – Нұрлан би, оның қызы – Сара – өз шешесі туса керек. Сондықтан нағашы жұртының бұларға салмағы осал тиген жоқ. Нұрқұмар да, тiптi әкесi Омар да, Қапалға жолдары түскенде, алдымен сол туысқандарын iздейтiн, солардың үйiне түсетiн.
Бiрақ та, мына қаланың түрi басқа, үрдiс, күн санап өсiп келе жатқандай. Нұрқұмар өзi Қарағашта оқып жүргенiнде бiр естiгенi бар. Сонда естiгенi «қазақтардың ерте, бағы бiр заманнан берi Алматы деп атайтын жерде баяғыдан бастап–ақ, көптеген қалалары болыпты–мыс. Алматы соның бiрi ғана екен» деп айтылған, бiр сыдырғы сөздер. Мұны айтқан «Мамания» мектебiнiң мұғалiмдерi едi. Солардың айтқаны дұрыс сияқты. Мына қаланың қазiргi орны бөлек екендiгi бiрден көрiнедi. Өзiнiң тұрған жерi де керемет. Бағы бiр заманнан берi, ең бiр қолайлы, ұрымтал жерде тұрғандай.
Тағы бiр жағы Верный қаласы – Жетiсу жерінің ең бас қаласы және әкімшілік орталығы болуына байланысты күн санап қарқындап өсіп келе жатқандайы көзге бірден көрінеді. Әмбе, Қапал сияқты күре жолдардан жырағырақ орналаспай, нағыз тоғыз жолдың торабына айналыпты.
Сонысына қарай бұл қала, кең байтақ Жетiсудай әсем жердiң ең бiр өскелең қаласына айналғандығы көрініп тұр.
Оныншы тарау
Барлыбек бүгiн ерте тұрған. Күн жексенбi, әмбе демалыс болғандықтан, Жетiсу облыстық басқармасының жауапты қызметкерi – сарай кеңесшiсi үйдегiлердi оятып алмайын деп, қолына кеше кешкiсiн жұмыстан қайтқанда бiрге ала келген қағаздарын алып, еппен басып тысқа шыққан.
Қаланың тау жақ бетiндегi, күнгейiне қарай ойыса беретiн, «Пугасов көпiрi» деп аталатын тұсында тұратын Барлыбектің үйі тау алқабына жақын салынғандықтан жаздың аптап ыстығында да жанға жайлы, салқын мекен болып көрінеді. Оған да септігі тиетін жан – жақтағы қалың ағаштың көлеңкесі де болар. Бұл жердің ауасы таза. Аз ғана уақыттың ішінде адамды сергітіп тастайтын қасиеті де бар.
Түні бойы үнемі қағаз аударыстырып, жазу жазумен болған Барлыбек, бәрібір де күндегi әдетi бойынша ертерек тұрған. Ол тау жаққа көз салып қараған.
Медеу шатқалынан соғып тұрған, таңғы самал, салқын ауаны еркiнше жұтып, табиғаттың осы бiр өзiнше сәндi түкпiрiнiң көз тоймас сәнін тамашалап тұрған.
Жаратылыстың жер бетiне сыйға тартқан сұлулығына ынтызар болған күймен жан – жағына аса бір көз тоймастай күймен қарай берді.
Бұл маңайдың ауасы таудағы неше түрлі гүл мен шөптің, онан қалса сыңсып тұрған шырша мен қарағайдың хош иісіне бөленіп, адамның тынысын кеңейтіп, ішкі сарайын аша түсетіндей.
Барлыбек осы бір табиғаты ғажап жерге орналасқан кішігірім үйді бекер таңдап, жалға алмаған еді. Соңғы кездері Барлыбек демікпе сияқты ауруға душар болған. Дәрігерлер жылы және ауасы таза жерде тұруды мезгеген. Бір ойдан дәрігерлердің мұнысын Барлыбек жөн көрген. Оның өзіне де осы маң қатты ұнаған. Өзінің туып өскен Көкқиясы, Қарашоқысы мен Сүттігеніне ұқсас жерлер екен.
Барлыбек жаздың жанға жайлы осы бiр шағын ерекше жақсы көреді. Оның да өз себебі бар. Тіпті, алты – жетi жыл бойы, Ресейдiң Балтық теңiзi жағалауында орналасқан алыс астанасы Санкт–Петербург қаласының Мемлекеттiк университетiнiң Шығыс тану факультетiнде оқып жүрiп, талай нәрсені көрсе де, дәл табиғаттың осындайлық тамашасын, мынадай сұлулығын тек қана, осы өңiрде ғана кездестiретiндей боларсың.
Осылай деп ойлап, Барлыбек айналасына ырза бола, масаттана, шаттана қарайды. Тіпті, өзiнен – өзi бiрдемеге ырза болған қылықпен, есiк алдын аралап біраз сейілдеп қайтты.
Барлыбек аздаған серуеннен кейін есік алдындағы үлкен алмағаштың қасына кеп тоқтады. Алмағаштың саясына қойылған көнелеу келген биiк стөлдiң басына барып жайғасты.
Барлыбекке бауыр басып қалған осы жер мен мына қала өзiне сондайлық сұлу, соншалық ыстық, керемет жақын көрiнедi.
Әсiресе, оқу оқып алыста жүргенде, әркез туған жерiн сағынғанда өзiнше отырып соның бәрiн қайтадан есiне түсiргендей боп, ыңылдап әндететiн. Сонда ғана мұның туған жерге деген сағынышы мен мауқы басылатындай болатын. Барлыбек болса осының өзiн көңіліне медеу қып, мiсе тұтатын. Ыңылдап салынатын әннің өзі жанына жұбаныш боп, сағынышын басатын.
Барлыбек оқу оқимын деп жүрiп, көп қиыншылық көрдi. Қиыншылықтың ең қиыны да елдi, жердi сағынудан басталатын сияқты. Сөйтіп, жүрсе де соның барлығына шыдап бақты. Өз елін, әсіресе туып –өскен жерiн әсте есінен бір шығармаған.
Оқып жүргенде құлағы сабақта болса, ойы кейде сонау алыстағы елiн кезiп кететiн. Туып – өскен жердiң: Көкқиясы, Қарашоқысы, Сүттiгенi, Сорқорасы мен Арасанын аралап қыдыратын. Сол жерлер мұның ойынан бiр шықпай қоятыны бар. Әрдайым сағынышпен есiне алып жүретiн.
Арасаннан алыс емес жердегi Көкқия жоталарының шатқалдары кеш түсе көкшiлденiп, алыстай беретiн сияқты. Сол шатқалдардың арасынан бұлқына тулап, тар қапастан шыққысы келетiндей боп Бүйен өзенi ағады. Сол маңдағы Қаратау тауының жайынның жотасы тәрiзденген жұп – жұмыр, қап – қара жоталары, табан астында сiрескен тасқа айналатын құздары мен қиялары, обадай болып серейген қой тастары, бәрi – бәрi көз алдынан өтедi.
Бодандықтың шырмауында, шатқаяқтап аяғынан тiк тұра алмай еңсесі түскен елінің, өз қолы өз аузына жетпей тарыққан қазағының азабты күйі мен жағдайы өзін көп ойлантатын болған.
Ақыры Барлыбек өз елі мен халқының бiр жағына шығысып, бiр керегiне жарауға белiн бекем буған болатын.
Петербург сияқты, империя астанасына Барлыбектей шет жақтан келген, бұратана, бодан халықтардан шыққандардың алдынан тек білім ордаларының есіктері ғана емес, сонымен қатар, қым – қуыт болған қоғамдық – саяси өмірдің де есіктері айқара ашылған.
Россияның қиыр бір түкпірінен келген өзі сияқтылар түрлі үйірмелерге, жиындарға қатысу арқылы, өздерiнiң дүниетанымдары мен саяси көзқарастарын қалыптастырып, өмірдің қилы – қилы соқпақтарына түсiп, оның тұңғиық тереңдеріне сүңгіп жататын.
Оған себеп болған жағдай, әсiресе 1886 – 1887 жылдардағы студенттiк кездегi Санкт–Петербургте болып жатқан саяси оқиғалар өзінің орасан зор ықпалын тигiзген едi.
Сондайлардың бiрi, 1886 жылы Санкт–Петербургте болған тоқымашылардың стачкалары Барлыбек сияқты студенттерге рух берiп, олардың жiгерлерiн нығайтып, саяси белсендiлiктерiн арттыра түскен.
Әсiресе, 1887 жылдың ақпан айында Петропавл қамалында курсист –студент Ветрованың зорлық – зомбылыққа қарсы наразылық бiлдiрiп өзiн – өзi өртеуi бүкiл империяның барлық жоғарғы оқу орнындағы студенттердiң толқуына себеп болды. Университеттерден саяси көзқарастары үшiн студенттер жаппай қуылып, шет аймақтарға айдауға жiберiлген.
Осы кезде Барлыбекке көп әсер еткен жағдайдың бiрi, 1887 жылы наурыздың бас кезiнде Ресей патшасы Александр Үшiншiге қарсы Александр Ульянов және басқалардың жасаған қастандық әрекеттерi едi. Олардың өз халқының бостандығы үшiн тiптi өлiмге де бастарын тiккендiгi, нағыз патриоттық қасиеттерi Барлыбектiң де бойына сiңгендей болып, мұны да ойландырып тастаған еді.
Орыстың революционер – халықшылдары да, алғаш рет өзіне дем бергендей болды. Сол кезден бастап–ақ, Барлыбек мешеу қалған өз елiнiң бодандық тағдыры туралы қатты ойлана бастаған. Кейде осыған өзінің жатып кеп налитыны бар. «Қалайша менiң халқым осылай болды? Мешеу қалған елдiң бодандықтан құтылар жолы қайсы?» деп шырғалаңға түсетiн кезi де аз емес. Мұндай кездері Барлыбектiң жүрегi тек бірақ нәрсеге байыз табатындай көрінеді. Онысы өзінің көңіліне медеу болып жүрген белгілі жай. Осы ғана Барлыбекті қатты толғандырады. Осыны ойласа болды есіне бірде студенттік досы Әлихан айтқан: «өз халқына деген сүйiспеншiлiгi бар әрбiр зиялы қазақ баласы қазақ халқын тәуелсiз мемлекеттердiң санатынан көрудi көксеуі керек» дегендері түсетін. Сол үшін де Әлихан Бөкейхановты жақсы көреді, бір жағынан қатты сыйлайды. Тiптi, кейбір кездері Әлиханмен екеуінің қоғам туралы саяси көзқарастары өте жақын, туған ел жайындағы тілектері бір жерден шығады. Сондай кездерде оның ырқына беріліп кеткенін өзі де байқамай қалатын.
Ерікті, тәуелсіз ел болса оның негізгі арқа сүйер заңы, болашақ конституциясы да болу керек деп қазақ зиялыларының көбі осылай ойлайды. Барлыбектің де көп уақыты ел конституциясы туралы ойлармен өтетін. Мұның аяғы қазақ студенттері арасындағы пікірталасқа әкеп соғатын.
Петербург пен Москвада оқитын қазақ жастарының арасында Барлыбектің сол болашақ конституция боларлық жобаны дайындаумен бірсыпыра уақыт бойы айналысып жүргені мәлім болатын.
Заң факультетінде оқитын Бақытжан Қаратаев «Орыс самодержавиесі ешқашанда қазаққа дербестік пен тәуелсіздік бермейді. Бұлар болмаса онда конституцияның не керегі бар? Біреуге тәуелді елге ешқандай да конституцияның қажеттілігі жоқ қой. Ол үшін біз дербестік алуымыз керек. Онан да Сіздер сол туралы ойлаңыздар» деп, барынша қызу сөйлеп, кірісіп кететін әдетімен.
Бақытжан және сол сияқты ойлайтындар «қарулы көтеріліспен, күш салып бостандықты алып, сонан кейін ғана конституцияға кірісу керек» десе Әлихан Бөкейханов және оған саяси тұрғыдан жақын Барлыбек реформистік, бейбіт жолды таңдайтын. «Тек, бұл жолда саяси басшылық ететін партия болу керек» дейді Әлихан. Ал, партия болса қазақ баласында атымен жоқ.
Осындай пікірталастан кейін Барлыбек өзінің конституцияларды зерттеу ынтасынан төмендесе де бәрібір осысын мүлдем тастай алмайтын. Көптен көп салыстырулар мен зерттеулері әрине болашақта өз елі үшін кәдеге асса.
Студенттiк кезден бастап алдына қойған мақсаты да осы болғандай еді. Өзi дайындай бастаған конституцияға баламал дүниені ерікті елдің негізгі заңы ретінде қабылданса екен деп армандайтын. Болашақта шаңрыақ көтермекші ерікті елдің конституциясы ретінде қабылданатын заңдар жобасын «Қазақ елiнiң уставы» деп өзінше атаған.
Сол бiр тәуелсiздiк деген қасиеттi ұғымды, қағаз жүзiнде жариялаған, болашақтағы егемендi Қазақ мемлекетiнiң негiзгi заңының өзi жасаған жобасын Барлыбек қазiргi қазақ жастары мен зиялыларының арасында кеңінен таратып, сол туралы айта жүретін. Өзi жазып жатқан конституция жобасының қазіргі уақытта қазақ елiнде жасалған, ең бiрiншi заң жобасы боп шығатындығына да қуанған. Әсіресе, мақтау сөзге сараң Әлихан Бөкейхановтың өзi де мұның осы еңбегiн алдымен сын көзбен қарап барып, содан кейiн барып: «өте дұрыс, бүгінгі күні ең актуальді нәрсе – осы болар» деген. Осы жайында өзімен пікірлес Әлихан көп нәрсе айтқан.
Барлыбекпен өте жақын, пікірлес адамның бірі Бақытжан Қаратаев болатын. Мұның жобасы туралы Бақытжанның пікірі де, Әлиханға қарағанда басқаша еді. Ол болса Барлыбектің саяси тұрғыдағы көзқарасын төбесiне көтере мақтап, әбден дәрiптеп жүргені.
Бақытжан ғана қазақ зиялыларының көптеген бас қосуларында Барлыбектің атына сан қайтара жылы сөздер айтты ғой. Бақытжанның өзі туралы ойлары мен мадақ сөздерi, оның өзіне жазған хаттарында да айқындалып жататын. Сол хаттардың бірінде айтылған пікір, қазір Барлыбектің ойына келгендей.
Табиғатынан тік мінез, ештеңеден жасқанбайтын Бақытжан көңіліндегісін сол қалпында жеткізетін еді. Өзі қалай ойласа, солай көретін, ақиқатын да ашып айтатын. Оның өзі туралы айтқандарын есіне түсіргісі келгендей болып, Барлыбек біраз ойланып отырды, артынша Бақытжанның бірбеткей, тікмінездігіне ырза болғандай сәл жымия күліп алды. Қалайша айтып едi, Барлыбек соны есiне түсiріп, көбiнесе – көп орысша жазатын Бақытжанның сөздерiн, сол хатта жазылғандай қалпында ой елегінен өткізіп тұр. Сондағы хатында Бақытжан:
«…Тек, бiр өзiң ғана, халықтың ыңғайын тапқандайсың. Тек, сенiң ғана халық үшiн еңбек еттiм деуге хақың бар. Басқа кiм бар дейсiң, тәйiрi? Басқалары – өңшең бiр қазынаның қаражатына тойынғандай болған – кісісымақтар. Білетіндері тек қана, көре алмаушылық. Сонысымен қоймастан, кiм де кім халық үшiн еңбек етсе солардың құлағының түбiне кеп жыланша ысқырып тұрып алады. Өздерi халық үшін саусақтарының ұшын да қозғалтпас. Орысшасында бұл хат (Один ты по моему, заслужил расположение народа. Один ты имеешь право сказать, что работал за народ. Кто же больше. Все остальные – сытые подлецы на казенных жалованьях – лишь умеют зло завидовать и змеиным образом шипеть вокруг тех, кто работает, тогда как они сами пальцами не шевелять за народ)» деп айтылатын Бақытжанның ащы да зілді сөздерiмен аяқталатын.
Барлыбек Бақытжанның бұл хатына жауап берген. Мінезі сабырлы Барлыбек, досының мақтауына именгендей кейіппен, өзі де хат арқылы: – «…Тақсырекесi менiң азғана ғана шатпақ ойларымды, сiз тiптен асыра мадақтапсыз. Сiздерге қарағанда Жетiсуда отырған мына мен, қайбiр халқым үшiн елеулi қолқабыс тигізді екен деймін. Менiкi сол баяғы ұсақ – түйек қана ғой. Бiрақ, «Қадірлі сұлтан» менiң талабым таудай. Тек, соны iске асыратын күн туса. Ал, ендi мен туралы сiз тым артық айтып жiберiпсiз қымбатты Сұлтан! Басқалар өкпелеп қалмасын. Бар қазақты жарылқап жатқан Жетісудағы Сырттанов қана ма деп, олардың ренжуi де орынды ғой және олардың онысы өте әділ де болар. Сiздердiң халық үшiн жасап жатқандарыңыз өте көп. Мен соған қуанам. Соған қарап мен де қарап отырмауға тырысам…» – деп, Барлыбектің жауап қатқаны бар.
Өзін зіл батпан қып, басқан ойлардан арыла алмастай болып Барлыбек біраз отырды. Қазір де сол ойлары сан – саққа жүгіріп, жаңа бір ойларға жол салып жатқандай еді. Соның жетегіне еріп: «сонда біздің халыққа не жетпейді?!» деген сұрақтың жалғасы Барлыбекке жаңа бір мәселені туындатқандай болды. Оның да арты осы секілді бұлыңғыр болып тұрғандай. Бұл мәселе де өз кезінде тағы бір келелі жайды қозғайтындай. Ал оның артында тағы сол сияқты бар. Сөйтіп тізбектеліп кете береді. Өмірі бір бітпейтіндей көрінеді.
Барлыбек дәл қазір осы жайды ойлап тұрған. «Халықты мүлгіген мешеуліктен ояту үшін не істеу керек!?» деп Барлыбектің ойлауы мұң екен, ар жағынан қол бұлғап талай мәселе бой көтере бастағандай болды. Үнемі бітпейтін, таусылмайтын, адамды қажытатындай болған ауыр ойлар. Бас аяғы жоқтай көрінеді.
Барлыбек қазір өзін сондай ойлардың шырмауында қалғандай сезінеді. Бірақ өзі солардан арылғысы жоқ. Тұңғиыққа батқандай, сол ойлардың құшағында отыр. Барлыбектің ойынша «қазақ арасындағы ағартушылық пен алға басушылық жоқтың қасы болса, ал соларға кедергi келтiретiн дәстүрлер мен салттардың өзі де жеткілікті сияқты» көрінері бар.
Барлыбек патша үкiметiнiң қазақ халқына қысым көрсетуiне, жерiн күшпен тартып алуына қарсы шыққандардың алды. Оның көксегені тездетiп жалпықазақтық съезд өткiзу, қазақ халқына байланысты келелі мәселелрдің бәрін съезде шешу. Қысқа мерзім ішінде қазақтардан тартып алынған жерлердi қайтару. Қазақтардан Мемлекеттiк Думаға депутат сайлау, жергiлiктi халыққа тиiсiнше құқықтар беру, тағы басқа мәселердi талқылауды съезд құзырына жүктеу еді. Бұл мәселені Әлихан мен Бақытжан да қолдады.
Осы бір қызу қарсаңға байланысты Барлыбекте қарап қалмай Россия құрамына кіретін қазақ округтерiне ерiктi республика статусын берудiң жарғысы мен бағдарламасын да даярлап шығарған.
Барлыбектің елеулі үлесін білісімен, бұл жөнінде Бақытжан Қаратаев: «Былайша айтқанда бұл шын мәнiнде болашақтағы ерiктi қазақ мемлекетiнiң алғашқы конституциясының жобасы болды. Қазақ халқының саяси еркiндiк алуы бұл жобаның өзектi мәселесiнiң бiрi болғалы тұр! – деп, айтқаны бар.
Міне, оның осы сөзі Барлыбекке түрткі болған сияқты. Ол енді өз ішінде жиналып келген барлық күдікті ысырып қойып, ерікті де егеменді қоғамның негізгі заңына қатысты жұмысқа белсене кірісіп кеткен. Барлыбек Сырттановтың осы идеялары кейiнгi кездерi, яғни 1905 жылдан бастап өз елiнде – өз партиясын құруға тырысқан қазақ интелегенциясына бағдарлама негiзiне алынғаны да сондықтан болар.
Ал, болашақтағы – Қазақ елiнiң уставында, оның мазмұнына мұқият түрде талдау жасап қараған кiсiге – Барлыбек ойлы бір шешім айтқандай болды. Ол жасаған құжаттың әрбiр жолы осы заманының талабымен ғана шектелетiн емес, керiсiнше, оның мағынасы осы күнгi тәуелсiз, құқықтық мемлекет құруға бет бұрушы Қазақ елiн құру күн тәртiбiнде тұрған ең өзектi мәселе екенiн көрсеткендей болған.
Барлыбек дайындаған Уставта осылар сол мәселелердiң бәрiне де өзiнiң жауабын бергендей болып шықты. Бұл көксеген нәрсені, әсіресе соның iшiнде азаттық пен бостандықты, қазiргi қазақ зиялы қауымының азаматтарының басым көпшілігі ойлап жүр. Уставты дайындағанда Барлыбектiң ең қиналған жерi де осы болған. Отар иелiгiндегi елдiң статусы да, қол – аяғы байланған, тырп етуге келтiрмейтiндей, өзiнiң сол күйiне сай болып шықты.
Осыған дейiн Барлыбек заң, құқық мәселелерiмен терең айналысып көрмеген. Бiрақ, осының өзiн зерттеп байқаса, бұл да терең ойлау қабiлетiн мен бiлiмдiлiктi ғана қажет ететiн нәрсе сияқты болып көрiнген. Тегi, адам осылай ойлана берсе тiптi, бiлiмге деген құштарлығы және еңбекқорлық қасиеттерi көп саланы қамтитын ғылымды меңгеруге мүмкiндiктер алатын сияқты болып көрiнген. Осының айғағы ретiнде пайда болған құжат жобасы «Қазақ елінің уставы» еді.
Барлыбектiң қаламынан туған «Қазақ елiнi уставы» небәрi 28 баптан тұрғанымен, сонысына қарамастан, өзiнiң болмысы мен мазмұны жағынан Бақытжан Қаратаев, Жақып Ақбаев сияқты қазақ арасынан шыққан бiлгiр заңгерлердi, сондай-ақ қазақ елiнiң саяси аренадағы серкесi болуға айналған Әлихан Бөкейханов сияқты өзiндiк саяси көзқарастары мен елсүйгiштiк қасиеттерi бiте қалыптасқан қайраткерлердi қайран қалдырғаны рас.
Ол өзi ойлағандай, Уставтың ең негiзгi идеясы – Қазақ елiн бодандықтан, отарлықтан шығару және дербес, тәуелсiз мемлекет құру едi.
Бұл идеяны ол төңкерiс жасау немесе қарулы күрес арқылы iс жүзiне асыруға емес, керiсiнше парламенттiк жолмен шешудi, съезд шақырып, халық сайлаған депутаттардың шешiмiн қабылдау арқылы басты мақсат етiп қойды.
Уставтың «кiрiспе сөзiнде» осы мақсаттағы ойларын Барлыбек былайша қорытқан: «Егемендiктiң парламенттiк, не болмаса реформалық жолын көздеген қазақ елi осы заманға байланысты атыссыз, соғыссыз, қан төкпей бейбiт жолмен өз жерiнде тәуелсiз ел болу мақсатында – барлық елдермен достық қарым – қатынаста болу үшiн жеке Қазақ елi республикасын құруды көксейдi.
Тәуелсiз республика болуды арман еткен қазақ халқы отарлық саясаттан, ұлттық езгiден, ұлы державалық шовинизмнен бiр жола құтылады – деп, жазды. Сол кездегi қазақ ойшылдарының көзқарасы да осының төңірегінде болатын. Олардың пікірінше: «Орыс патшасы жасалған шартты бұзып, қазақ жерiне бекiнiстер орнатты, жаулап алуды күшейте түстi, қара шекпендiлердi қаптатып, қазақтың жерi мен iшетiн суына дейiн тартып алды. Олар байғұс қазақтарды өз жерiне ие болудан айырып, һәм оларды айдалаға құмға ығыстырды – дейтiн тұсты ашып айтты.
Осының бәрiн ойлай келгенде әрине, Барлыбек Ресей Империясының мұның идеясын нақтылы iске асыруға жол бермек түгiлi мемлекетке қарсы, өте қауiптi адам ретiнде қудалауға түсiретiндiгiне көзi жеткен. Сондықтан да бұл істі жасырын жасауға тура келдi.
Тiптi, осы кезде қазақ зиялыларының съезд шақыру, бас қосу туралы мәселе көтерiп жатқанының өзiн Россия мемлекетiнiң қауiпсiздiгiне жауап беретiн жандармерия мен полиция органдары аңдып, олардың әрбiр iс – қимылдарын құпия түрде бақылауға алып отырды және империяны шайқалтуға бағытталған қайсыбiр әрекет болмасын жөргегiнде тұншықтырып жатты.
Бiрақ, осыған қарамастан, қол қусырып отырмастан, тәуелсiздiктiң парламенттiк жолын таңдап алған Барлыбекпен оның көзқарасындағы қазақ зиялылары бостандықты болашақта парламенттiк жолмен iс жүзiне асыруға болатындығына сенiмдерi мол едi.
Қазақ елiнiң осыдан бұрын да жан – жағынан қоршаған iрiлi – ұсақты мемлкеттермен тәуелсiздiгi, жерiнiң тұтастығы үшiн күресе келiп, ақыры он сегiзiншi ғасырда бiржолата тарих бетiнен құрып кетудiң сәл-ақ, алдында отаршылыққа айналып, бодандықтың бұғауын кигенiн және қазiргi кездегi мешеу қалған мүшкiл халiне байланысты ол Қазақ елiн Россия сияқты күштi мемлекетпен мәңгi достастық қарым – қатынаста болуын және сол қатынасты доминиондық дәрежедегi құқықтық ара қатынаспен бекiтудi көздеген.
Яғни айтқанда, осы кездегi отаршылықтың ең үлкен алпауыты болған Ұлыбритания империясының тәжiрибесiне сай, онан тәуелсiздiк алған отар елдердiң ерiктiлiк және тең құқылыққа ие болғанын, бiрақ саяси, экономикалық жағынан тәуелсiздiктiң Россиядан бiршама шектеулi болғанын айтып, дәлелдеп жүрдi.
Барлыбектiң бұл идеясы Россия құрамынан бiртiндеп шығуын доминиондық қатынаспен шешу болатын. Ал, болашақта толық тәуелсiздiкке жету – Қазақ елiнiң есiн жиып, өзiне – өзi келгеннен кейiн барып, ұлт – азаттық қозғалыстың үдеуiне, ұлттық сананың оянуына байланысты екенiн ол түсінгендей болатын. Бiрақ, жанын ауыртқан бiр нәрсе «Европа жандармы, халықтар түрмесi» атағына ие болған Россия империясының мұндай жағдайға ешбiр жол бермейтiндiгiн де ол білген.
Өзi жасаған «Уставтың» талаптары бойынша Барлыбек қазақ жерiнде республикалық басқару нысанын енгiзiп, президенттiк басқару емес, керiсiнше, парламенттiк басқару енгiзу тиiмдi және қажет деп санады. Оның ойынша, болашақ қазақ елiнiң ең басшы орны болып – Ұлт мәжiлiсi саналмақшы. Ұлт мәжiлiсi өкiлеттi орган болғандықтан Қазақ елiнiң басшысын сайлайды. Ал, парламент болса ең жоғары өкiлеттi орган ретiнде мемлекеттiң барлық органдарынан жоғары және олардың есептерiн тыңдауға құқылы деген идеяны уағыздайды.
Жалпы, Барлыбек «парламенттiк басқаруды» жақтаған болатын. Әрине, осының бәрiн бiлу үшiн Барлыбек өз уақытындағы Америка Құрама Штаттары, Франция, Ұлыбритания, Германия сияқты елдердiң конституцияларын оқып танысып шықты.
Бұл конституциялардың идеяларын ол жақсы бiлiп алды және өзiнiң туындысы «Уставты» солардың желiсiмен, солардың ықпалымен жазды.
Барлыбек үшiн болашақ қазақ қоғамына парламенттiк басқару жүйесiн енгiзу тиiмдi болатындай боп көрiндi. Өйткенi, әлi қараңғылықтың құшағында жатқан ортада демократия өте әлсiз, оның жетiстiктерiн халық дұрыс түсiне алмағандықтан, дұрыс пайдалана да алмайды, себебi, саяси сана төмен, рулық сана басым. Соның себебiнен қазақ қысымға көнгiш, өз еркiн айқын бiлдiруге бiлiмi де, өресi де жетпейдi. Билiкке таласқан ру, партия басшыларының жемтiгiне айналары сөзсiз. Күншiл, кекшiл, бiрiн –бiрi көре алмайтын қазақ, бiреудiң асқанын тiптi, көре алсын ба? Қазақ президент сайлауын ру, жүз қақтығыстарына айналдыруы да ғажап емес. Яғни, ол осыны ойлағанда, Абайша ойлап, Абайша сөйлегісі келгенін білдірген:
Таласып босқа,
Жау болып досқа,
Қор болып құрып барасың.
Өтiрiк шағым толды ғой,
Өкiнер уақытың болды ғой!
– дегендерi қазақтың осы кездегi рулық санасын дәлме – дәл айқындататындай едi.
Мiне, осындай ерекшелiктердi ескерген Барлыбек президент сайлауды елге емес, оларға өкiлеттi парламенттiң құзырына бергiзудi ойлаған едi. Ал парламентте сауатты, бiлiмдiлiк деңгейлерi жоғары, бiр сөзбен айтқанда, арнайы кәсiби дайындықтан өткен, халыққа танымал, ел арасында беделдi, басқару iсiн жақсы бiлетiн, қайраткерлердi президент етiп сайлауға болады деген қағиданы жақтайтындығын бiлдiредi.
«Уставта» Барлыбек диктаторлық жүйенiң қалыптасуына жол бермейтiн Шарль Монтаскьенiң билiктi бөлу қағидасын арнайы баппен енгiздi. Сол бап бойынша: «Егер заң шығаратын және атқарушы билiк бiр адамның немесе мекеменiң билiгiнде болса, онда бостандық болмайды, себебi, бұл монарх немесе сенат тирандық заң жасай бастайды… Сондықтан да сот билiгi заң шығарушы және атқарушы билiктерден бөлiнбеген жағдайда да бостандық болмайды» деген Монтаскьенiң ойын «Уставтың» 9–шы бабына мынадай мағынамен кiргiзген: «Қазақ елiнде билiк жүргiзiп, закон шығаратын, орындайтын, һәм сот болып тұрады. Бұл үш билiк бiр – бiрiне бағынбайды, бассыздыққа жол бермеудiң белгiсi болып тұрады» деп.
Барлыбектiң тағы бiр қатты көңiл аударған мәселесi «Уставта» сот билiгi туралы ойлары болатын. Бұл мәселе хақында оның саяси – құқықтық көзқарасы осы кезде баспасөзде, заң әдебиеттерiнде соттың тәуелсiздiгiн қандай тетiктер арқылы қамтамасыз етудiң жолдары көрсетiлiп, пiкiрталас тудырып отырғаны белгiлi.
Барлыбек судьялардың әдiлсот iсiн жүзеге асыру барысында барлық жағынан тәуелсiз болуын өзi жазған «Уставта» дәлелдеп қана қоймастан, сонымен қатар оны қамтамасыз етудiң тетiктерiн көрсеткен едi.
Ол сот билiгiнiң тәуелсiздiгiн қамтамасыз етудi «Уставтың» 23 – бабында мынандай мағынада бердi: «Судьялар дау шешкенде хүкметке, яки адам баласына бағынбай, Закон һәм сот ережелерi негiзiмен хүкiм шығарулары шарт. Судьяларға әсер жасағандарға соттың хүкiмi кесiледi» деп айтылған. Бақытжан Қаратаев, Жаһанша Сейдалин мен Жүсiп Ақбаев сияқты сол кездегi қазақтың бiлгiр заңгерлерiнiң айтуы бойынша: «Бұл жайдың өзi осы кездегi өркениеттi, дамыған елдердiң конституцияларында да бұл жағдайдың айқын бекiтiлмегендiгiнен де болып отыр, сонан да, осындай кемшіліктер орын алып отыр» дегенді атап кеткен. «Тiптi, Америка Құрама Штаттары Конституциясында да, судьялардың тәуелсiздiгi туралы ашық айтылмағандығы белгiлi» дейдi олар.
«Америка Құрама Штаттары Конституциясындағы судьялар сенаттың кеңесi және келiсiмiмен өмiр бойы тағайындалады десе, Барлыбектiң пiкiрi бойынша Қазақ елiндегi бар судьялар Ұлт мәжiлiсiнде өмiр бойы сайланады. Законды бұзған һәм орындамаған судьялар орындарынан алынады» деп жазылғанды.
Сонымен қатар, Барлыбек судьялардың тәуелсiз болуының тағы бiр тетiгi ретiнде олардың ешқандай партиялар мен саяси ұйымдарға мүше болмауын былайша талап етедi:
«Сот орнында партиялар болмауы шарт. Судьялар партияға кiру хұқынан айрылады. Жасырын мүше болса, орнынан алынады» деп, осылайша тұжырымдаған едi, ол өз ойын.
Барлыбек присяжныйлардың соты енгiзiлсе сот әдiлдiгiнiң, әсiресе, ауыр, күрделi санаттағы қылмыстарды қарауда тиiмдi нәтиже беретiнiне сенiмдi болды.
– Присяжный соты ауыр қылмысты iстердi шешуге хұқылы. Присяжный саны 7 адамнан кем болмауы шартты – айтқан. Барлыбектiң пiкiрiнше, Қазақ елiнде құқық нысаны ретiнде заң (құқықтық статус) және сот прецендентi қабылдануы тиiс деген тұжырымға тоқтаған.
– Соттың хүкiмi законға, һәм сот ережелерiне сүйенедi – дейтiн ол.
Бұлай болса болашақ Қазақ елiнiң жоғарғы соты қаралған iстер бойынша Ереже шығаруға құқылы және соның нәтижесiнде заңдардағы кемшiлiктер толықтырылып, қаралған әрбiр iс бойынша әдiл үкiмнiң шығуына кепiлдiктер берiлуi тиiс. Мұның өзi бұрыннан берi қазақ жерiнде «билердiң билiгiне» негiзделген едi.
Барлыбектiң ойында жүрген түйiнi пiсiп – жетiлген мәселенiң бiрi – адам құқы болатын. Ол Джон Локк көтерген адам құқының классикалық мағынамен берiлген және белгiленетiн табиғи құқықтық доктрина: өмiр сүру, бостандық және жеке меншiкке ие болу сияқты үш классикалық ажырамас ұғымдық категорияның орнына, өз тарапынан мына мағынадағы идеяны енгiзген: «Қазақ елiнде адам балалары бостандықта, теңдiкте, һәм бақытты өмiр сүруге хұқы бар».
Яғни, айтқанда Барлыбек Томас Джефферсонның «Тәуелсiздiк Декларациясында» көтерiлген идеяларды да қазақ даласына пайдалануға икемдедi. Ол Декларациядағы: «Барлық адамдар тең болып жаратылған және о бастан жаратаушы арқылы белгiлi бiр құқылы болып есептелiнедi, оларға өмiр сүру, бостандық және бақытқа ұмтылу жатады. Осы құқықтарын қамтамасыз ету үшiн адамдар үкiметтердi құрды және соларға өздерiнiң үстiнен әдiл билiк жасауды ұсынды. Қай уақытта да болмасын билiк түрлерi осы қағидаларды бұзған болса, халық сол билiктi өзгертуге, не болмаса құртуға және оның орнына сол халықтың пiкiрi бойынша қауiпсiздiгi мен бақытын қамтамасыз ететiн жаңа үкiмет құруға құқысы бар» деген пікірге де Жарғыдан орын берген еді. Барлыбек «Қазақ елiнiң уставында» табиғи құқықтық идеяны, Батыс Европа және АҚШ-тың алдыңғы қатарлы, ағартушылық және гуманистiк бағыт алған осы сияқты жемiстерiн пайдаланған едi.
Адам құқын қорғаудың ең негiзгi мәселесi әйелдерге теңдік беру екендігін Барлыбек бiрден түсiндi. Бірақ феодалдық тұрмыс пен салт – сана орнаған елде әйел бостандығы шешуі қиын жағдай болатындығын да білген еді.
Осы бір қиын тұста, ел болашағына бой ұрып, оның ұлттық мәдениетінің үстемдігін сақтауды алдыға мақсат етіп қойды. Сондықтан да ол қазақ арасында әйел бостандығының нағыз жаршысы болуды көкседi.
Барлыбек: «әйел құқы мен бостандығын еркектi құқымен теңеу республика құрудың негiзгi қазақ қоғамына ауадай қажет екенi ақиқат" деп санады. Мiне, осыған байланысты» Уставтың 12 – бабында:
– Қазақ елiнде ер адаммен әйел тең. Қазақи ерекшелiктер әйелдердi қорламайды, әйел келiсiммен iске асады – деп көрсетiп кеттi. Жалғыз бұл бап емес, сонымен бiрге:
– Тек солай болғанда ғана әйелдiң бостандық құқы шектелiнбейдiсi – айтылған едi.
Барлыбектiң бастамасымен, осы «Устав» баптарында адам құқының мемлекет арқылы тиiмдi қорғалуын қамтамасыз ету жолдары да қаралған. Осы турасында оның ойынша:
– «Барлық демократиялық санаттағы қоғамда жеке адамның дiнiне, нәсiлiне, шыққан тегiне, әлеуметтiк жағдайына, атқаратын қызметi мен лауазымына қарамастан заң алдында тең болуы керек».
Бұл талап өркениеттiлiктiң, еркiндiктiң, бостандықтың iрге тасына айналары – сөзсiз сияқты.
Осы жаймен қатар адам һұқысы туралы мұнда да көп айтылғандай болды. Ондағысы:
– Қазақ елiнде адам баласының бәрi тең хұқылы. Дiнiне, қанына, тегiне, нәсiлiне қарап адамды қорлауға жол жоқ. Адам тек закон һәм құдай алдында жауап бередi – деп айтылды.
Барлыбектiң өз уақытындағы демократиялық елдерде қабылданған, жеке адамның еркiн пiкiр айту, оны бiлдiру идеясын жан – тәнiмен қолдағаны рас. Сондықтан да олқолдайтыны белгiлi. Олай болса, былайша келгенде: «тыйым салмағанның бәрiне рұқсат етiледi», «тек қана, мемлекет нәсiлдердi бiр – бiрiне қарсы итеретiн ұйымдардың, партиялардың, адам баласының қияс iстерiне ғана тиым салады» деген қағиданы ұстанған. Мұның өзi болашақ қазақ елi үшiн ең керектi нәрселердiң бiрiндей болғаны тағы рас едi. Тек қана, осы қағидаларды iс жүзiне асырса–ақ, болғаны демократиялық, зайырлы мемлекет сол болмакқшы еді.
Ол үшiн жеке адамның меншiк құқы ең қастерлi мәселенiң бiрi болып саналады. Оның пiкiрiнше, қай мемлекет болмасын меншiк құқын заң белгiлеген иелену, пайдалану, билеу мақсатында тиiмдi қамтамасыз етуi тиiс және мемлекеттiң ең басты функцияларына айналуы қажет. Осы туралы ол Уставтың 17 – бабында осы мағынадағы өз ойын Барлыбек былайша тұжырымдады:
«Адам баласының мүлiктiң барлық түрiне ие болуға хұқы бар. Мүлiкке ие болу, пайдалану, һәм билеуден, адам баласына зиян болмауы шарт. Мүлiк хұқынан айыру законмен, құнын төлеу арқылы болады» деп, осы жағдайды өзi оқып – пысықтаған Ұлы Француз революциясының «Адам және азамат құқықтарының декларациясының» 17– шi бабынан пайдаланған едi. Онда да дәл осылайша қорытылған еді. «Меншiк қол сұғылмайтын және қасиеттi құқық болғандықтан ешкiм одан айыра алмайды, айыру тек қана заң, тәртiп бойынша күмәнсiз қоғамдық қажеттiлiк үшiн әдiлеттi және алдын ала орнын толтырған жағдайда iске асырылады» деп айтылды.
Бiрақ, Барлыбек өзi дайындаған Уставында кейбiр мәселелердiң шешiмiн қалай табуға болады, оның жолы қайда? деген сұрақтарға әлi де болса жауап iздеуде едi.
Оның ең бастысы – қалайша Ресей империясының құрамынан бөлiнiп шығып, жеке, дербес, доминиондық мемлекет болу жайы осы заманғы қазақтың саясатпен айналысушы азаматтарының бәрін толғандыратын сұрақ еді.
Осы сұрақтың шешімін өзi жазған Уставында қамти алмай қалғандығы өзін әрдайым өкіндіретіні де рас. Осы жағы әлi де болса тек қана өзін емес, сонымен бірге саяси ауқымдағы бүкiл қазақ үшiн де бұлыңғырлау болып тұрған сияқты. Бiр жағынан бұл турасында әлi де болса бұлардың арасында ортақ келiсiм, ортақ пiкiр жоқ болатын.
Ал ендi баспасөз беттерiнде көтерiлiп жатқан мәселелерге көз салсаңыз болғаны әсiресе, «Дала уәлаяты» газетiнiң төңiрегiнде топтасқан Барлыбек Сырттанов, Мұхамеджан Сералин, Бақытжан Қаратаев, Жаһанша Сейдалин, Райымжан Мәрсеков сияқты қазақ қайраткерлерiнiң бас қосып, яғни жалпықазақ съезiн шақыру арқылы тәуелсiз республика құру идеясын одан ары талқылап, бүгінгі күні осыны қалайша iс жүзiне асырудың жолын іздестіруді де ойластырған.
Әрине, Россия империясының Сыртанов сияқтылар бастаған бұл топтың осы идеясын жүзеге асыртпайтынына да, олардың көзi анық жете тұрып, олар күрестiң осы түрiн таңдап алды.
Ол күрес қайткенде де, империяның қанды шеңгелiнен босану, сөйтiп еркiндiк пен бостандықты көксеген халықты, егемендi елге айналдыру едi.
Петербургте оқып жүрiп Барлыбектiң талай қиыншылықты бастан кешiргенi бар. Тiптi, қаражат жетiспегендiктен аш болды, жалаңаш та болды. Бiрақ, соның бәрiне бұл мойымаған. Бәрiне шыдап баққан.
Ендi ойлап қараса сол кезде оны мойытпағанның ең бастысы қазақ халқының арасында әлi де болса елiнiң зарына құлақ қоятын азаматтардың аз еместiгi едi. Тiптi, өзi сияқты, қыршын жастардың да, халқының мүддесiн ойлауға бет бұрғандығы бiлiне бастаған.
Қазақ арасында белгiлi, ақсүйек Мұса Шорманұлы сияқты шонжарлардың жоқтықтан сiлiкпесi шыққан студенттерге ақшадай қаражат берiп, қолтығынан демегендiгiн Барлыбек қалай ұмытсын. Оның өзi де Мұса Шормановтан талай рет ақшалай жәрдем алды ғой. Олардың ондай жақсылықтарын өлсе де ұмытпайды.
Ақырында оқуды бiтiрiп, Жетiсудағы елiне қайтқан. Оқу оқимын деп жүрiп, денсаулықтан да айрылды. Дәрiгерлер өкпең ауырады, демiкпе ауруына шалыққанын айтқан.
Қапал кентiне жақын, Арасан деген шипалы су шығатын жердiң маңындағы Қарашоқыда, Көкқияда отыратын көптеген өзiнiң туған –туысқандары, аталас құлшандары, сенiң дертiңе ең алдымен оқуың, онан қалса өзiң айтқандай өмiрi күннiң көзi көрiнбейтiн Петрборың кiнәлi дейтiн. Әйелi де солай ойлайды. Бiрақ Барлыбек бұлайша ойламайды. Оның тек ойлайтыны, бишара болған өз халқының жағдайы ғана. Кей – кейде күйiп кеткенде:
«Менiң жаным қазақтың маңдайына сыймай кеткен аяулысы – Шоқан Уалихановтан артық дейсiң бе? Азар болса о дүниелiк болармын. Бұл фәниде өлімнен кім қашып құтылған дейсің?» деп айтатыны бар.
«Шоқан болса өкпе ауруынан не бәрi отыз жасында қаза болды. Оның артында халқына, елiне деген сүйiспеншiлiк, өшпес руһ, елеулi еңбегi қалды. Мен болсам қырықтан астым. Мен не бiтiрдiм? Қазағым үшiн не жасадым? Әлi түк те жасаған жоқпын. Бiтiрген түгiм жоқ. Бар болғаны ұсақ – түйек, күнделiктi Алаш азаматтарының арыз – армандары ғана. Солардың дұрыс шешiм табуына жасаған жәрдемiм ғана болмаса. Әрине, олардың бәрiне де ұлықтардың тiсi батқандықтан да» деген тілегі ғана Барлыбектi осы күнде қатты толғандыратын болып жүр.
Қазақты жан – жақтан жау талағанда, Жетiсу кешегi өзi сияқты, сүреңсiз, Қоқан хандығының азуында кеткен. Одан жүз елу жылға созылған Ресейге қосылудың аяқ кезiнде, яғни 1865 жылы орыс әскерi Қоқанға соққы берiп, Ұлы жүздi – Жетiсумен қоса өзiне қосып алды. Оған қазақтар да қосылып, Қоқан езгiсiне қарсы, орыс жағында соғысты. Одан не мұрат тапты? Жүз жетпiс жылға жуық еркiнен айрылған, бодандықтың шылауында кеткен қазақ үшiн, мұның ешбiр пайдасы болған жоқ. Қайта тұңғиыққа батқан үстiне – бата түстi.
Есiк алдындағы жемiс ағаштарының қалқасында шағын ғана күннен көлеңке болғандай лапас бар еді. Барлыбек жазған қағаздарын сол жердегi столға қойып, енді соларды оқып отырған кезі болатын.
Осы кезде сырт жақтан бір дауыстар естілді. Дауыс шарбақ – дуалдың сыртынан естілгендей болды. Барлыбек өзіне бөгде:
– Барлыбек ағаның үйi осы ма, екен? – деген дауысты естiдi. Барлыбек отырған орнынан атып тұрып, дауыс шыққан жаққа қарай жүрген. Жүрiп келе жатып, iшiнен:
– Бұл кiм болды екен? – деп қойды.
«Ел жақтан келем деушiлер» дейін десе ондайлық хабар келмеген. Ол ендi «бұлар неғып жүр екен, жәй келдi ме, жоқ әлде суыт жүрiспен жүр ме екен?» деп ойлап үлгерген жоқ. Қақпа сыртына келген адамдардың сыбдырын естіп қалды. «Қайдан келген адамдар болды екен? Неде болса суыт жүрген сияқты?» деген ой қайтадан келді. Сөйткенше болған жоқ, қақпа жаққа қарай жақындап келгенде бірақ көрді. Қақпаның ар жағында тұрғандар, қыр қазақтарынша киiнген екi кісі сияқты.
Бұлардың біреуі атпалдай азамат, жігіт ағасы да, ал екіншісі тым жастау, балғын жігіт сияқты көрінді.
Бұлар Барлыбектің бұрын көрмеген адамдары болып шықты. «Шамасы осы төңiректен, не болмаса ел жақтан келген шығар?» – деп, ойлаған Барлыбек шарбақ есiгiне таяды. Осы кезде ар жақтан қос ат жеккен күймелi арба да көрiндi. Арбаға жегiлген аттардың жақсы, жарау екені де бiрден байқалады. Ұзақ сапарға дайындалып жегiлетiн, бiлектi, жылдам, шыдамды жылқылар сияқты.
«Мұндай көлiкпен жәй адам жүрмес? Мына жүрiстерiне қарағанда ел жақтан келсе керек?» деп, Барлыбек өзінше нобайлағандай болып қалған.
Сырт жақта тұрып, дуал шарбақтан iшке үңiлген Нұрқұмар, осы кезде қақпа жаққа бет алып келе жатқан жасы әкесiмен қарайлас кiсiнi байқады. Бұрын Барлыбектi естуi болмаса, көрмеген Нұрқұмар:
– Бұл қайсысы болды екен? – деп қалған. Өйткенi, мына бiр келе жатқан адам онша – мұнша төре бiткенге тiптi де ұқсамайтын сияқты. Өзiнiң киiм киiсi де ерекше екен. Үстіне кигендері өзінің көзi әбден үйренген қыр қазағының киiмiне де, мансапқор ұлық біткеннің де киісіне тiптен ұқсамайды.
Әр нәрсенi тез байқағыш Нұрқұмар осыларды аңғарып қалған.
Бұл кезде бейтаныс кісі жақын келген еді. Нұрқұмар енді аңғарды бұл кісінің Барлыбекке ұқсайтындығын.
Өйткені бұл кісінің ақсары өңі күнге тотықпаған, сонысына қарағанда кеңседе отыратын қала адамы сияқты. Үстіндегі киімдері де өзгешелеу екен. Бұтындағы шалбарының балағы да ауыл адамдарынікіндей емес, тарлау ма қалай өзi? Үстiндегi бұған белгiсiз матадан тiгiлген көйлегiнiң де, екi ұшы желбiрей қалған, жағасы да біртүрлі салбыраңқы көрінеді екен. Соның екi ұшы бiрдей төмен қарата қайрылыпты. Мұны да, ол тез байқап қалды. Тек қана, иығына жапқан камзолы ғана қазақтар киіміне ұқсайды, бiрақ оның да тiгiсi басқа, ал матасы ала – бөтендеу, оның үстiне төсi мен екi жағында бiрдей жапсырма қалталары бар екен.
Осыларды ойлап – пішкенше болған жоқ жаңағы кiсi өзіне таяп та қалыпты. Нұрқұмар Сағади жаққа бұрылып:
– Ендігісін, келе көрерміз – деп сыбыр ете қалды.
Өзі соны айтып үлгерген жоқ, жаңағы кiсi де амандасып, жөн сұраса кеткен. Ол сыпайы, жұмсақтау үнмен:
– Иә, қарақтарым дәл келдiңдер! Барлыбектiң үйi осы. Барлыбек мен боламын. Үйге кiрiңiздер! – деп, жол көрсеттi. Оның үнiнен күндегі көріп жүрген ауыл қазақтарынан өзгеше, аса бiр сыпайылық пен биязылық білінгендей. Нұрқұмар оның осындайлық қарапайымдылығына таң болған.
Нұрқұмардың осыған дейінгі Барлыбек туралы ойы да өзгеше еді. Сондықтанда, алғашқыда оны қомсыныңқырап қалған. Іштей: «Елдiң құдайдай көретiн Барлыбегі осы болса, алып бара жатқан ештеңесi де жоқ, жай ғана өзiмiздей пенде екен ғой» – деген ой өз басына қалайша сап етiп келе қалғанын Нұрқұмар өзi де байқамай қалған.
Қарсы алдына келiп қалған кiсi туралы осылайша оқыс ойға берiлгендiктен болды ма, осы кезде оның өзi де сасып қалды. Лезде екi бетi қызарыңқырап, ду ете түскен. Осы бiр оқыс болған ыңғайсыздық мұның бетiн ғана емес iшкi жан дүниесiн де шарпып өткендей етті. Кiнәлi, жазықты адамның өз қылығынан – өзi ұялғандығының белгісі сияқты болып білінді.
Осыған дейiнгi Нұрқұмардың ойынша, Сырттанның баласы өте үлкен ұлық болып көрінетін. Тіпті, ең жоғарғы орыс ұлығы жандарал мен күбернәтiрдың оң қолы, жақын адамы болғандықтан бұл үшін оның түр – тұрпаты да өзгеше болып елестейтін. Сондайда көбінесе оны өзі Қапалда, көшеде көрген сарыала киiмдi, жылтыр түйме, оқалы киiм киiскен әскер адамдарына ұқсатса, кейде тіпті солар құсап киiнетiн, қылыш асынып, белiне алты атар тапанша байлаған: апесер, урәднiк, прiстiп сияқты болып та елестейтін. Сол есеппен Нұрқұмар енді өзінше Барлыбектің түріне басқаша қарағандай болды. Барлыбектің болмысы өзі ойлағандай болмай шыққандығына іштей ырза болмай қалған. Бір түрлі қорашсынып қалғандай еді.
Нұрқұмар әлі де болса Барлыбектің келбетінен нені іздеп отырғанын өзі де анық білместен, «бiздегiлердiң Барлыбек пен Тұрлыбек құда дейтiндерi, осылар екен ғой» деп болжағандай болды. Осы бір кезде есіне Барлыбектің інісі Тұрлыбектің бұл дүниеден фәнилік дүиеге қайтқаны түсті. Соңынан барып былтырлары елдiң шуылдасып: «Ой, бой–ау, әлгi Тұрлыбек қайтыс болыпты. Әй, сабазым–ай, нағыз маңғаз едi ғой. Елге көп жақсылығы өтті» деген жан ауыртарлық сөздерiн де ұмытпағандай.
Нұрқұмардың таңданғаны рас. Ол Барлыбектi үстiне өкiметтiң әскери киiмiн киген, өзi бiр барып тұрған мансапқор, оның үстіне тәкаппар, сыздап тұратын төре шығар деп топшылағаны бекер екен.
Барлыбек – жай ғана, қарапайым ниеттегi жаңағы Нұрқұмар ойлаған ойдан әзiрге аман, қағiлездеу келген, жұқа өңдi, кербез мінез, кiшiпейiл жан сияқты. Бойы да алып бара жатқан биiк болмағанымен де, арықша келгендiктен болар сұңғақтау көрiнедi екен. Сонысына қарай, ақсарылау келген бет – жүзi де жұқалаң тартқан, солғындау сияқты болып көрiндi.
Нұрқұмар үшiн ең таңқаларлығы оның шаш қойғандығы едi. Барлыбек шашын артына қайырған, шошайған ғана, ұшы селдiрлеу, шағын сақалын әдемiлей дөңгелетiп қырған, қырықтардан ендi асқан кiсi екен.
Бұлар дабырласа амандасып, үйге кiрдi. Үй iшi тап – таза, аяқ астындағы тақтай еденде мұздай болып жалтырап жатыр екен. Нұрқұмар ыңғайсыздана қап, тiптi аяғын қай жерге қоярын бiлместен дереу құрым етiгiн шеше бастады. Үйге кiрiсiмен, оң жақтағы үлкендеу бөлмеге жайғасты. Бөлме iшi де тап – тұйнақтай, жинақы екен.
Отыра салысымен Нұрқұмардың бiрден көзi түскен нәрсесi – бөлме iшiне сықита жиналған кiтаптың соншама көптiгi едi. Өмiрiнде бiр үйдiң iшiнде мұнша көп кiтапты көрмеген еді, енді шынымен таңқалған. Тiптен, кiтап қабырғадағы сөрелерге симағандықтан, бөлек қып еденге де қалана жиналған екен.
Нұрқұмардың бұдан бұрынғы көп кiтапты көргенi, өзi оқыған Мамания мектебiнiң кiтапханасындағы кiтаптар болатын. Онан қалса Қапал қаласындағы ноғай жiгiтi Фатихтiң кiтап дүкенiндегi кiтаптарды көргендiгi бар. Қарағаштағы мектеп кiтапханасында да бiрталай кiтап бар болатын. Шамасы мына Барлыбектiң үйiндегi кiтаптар онан да көп сияқты. Айнала жиналған кiтаптарға үңiлген Нұрқұмар олардың барлығы орыс әрпiмен жазылғанын аңғарды.
– Құдай–ау, ең құрымаса iшiнде ескiше жазылған бiрде – бiр кiтап жоқ екен. Мына Барлыбектiң өзi ғана осы кiтаптың бәрiн оқып, қызығын көретiн шығар! – деп Нұрқұмар тамсанып қалған. Артынша ол Барлыбекке сый көзбен қарағандай боп:
«Осыншама кiтаптың сырын бiлсе, бұл кiсiнiң де, көп нәрсенi бiлгенi ғой. Барлыбегiң шынымен–ақ оқымысты, ғұлама болғаннан кейiн де, өкiметке керек болғаны да? Әйтпесе жарым патша, жандаралдың қасында қалай жүредi? Жандаралдың қасында жүруге де бiлгiрлiк керек қой. Әйтпесе ондайға әркім–ақ құмар болар» деп тағы ойлады. Дәл осыны ойлап тұрған кезде Нұрқұмар қайдан бiлсiн ендi бiр он жылдан кейiн заман өзгерiп, қазаққа да жаңа өкiмет пен жаңа билiк келетiндiгiн.
Мына кiтаптардың иесiнiң сол кезге жетпей дәм – тұзының таусылатындығын. Ал, оның өзiнiң кедей – кепшiк, жұмысшы – жалшы қазаққа, нағыз қаскүнем, жауға айналып шыға келетiндiгiн. Тiптi оның осы кiтаптарын Жаңа билік – кедей, жұмысшы өкiметiнiң қолына түспесiн деп, Гәкiш деген қызы кейбір жанашыр туыстарының көмегiмен Қарағаштағы мешiтке апарып жасыратындығын. Онан кейiн де осы кiтаптардың тағдыры шытырманға толы тарихқа айналатындығын. Ең соңында бұл кiтаптардың Қарағаштағы мектептен оқып шыққан Iлияс Жансүгiров деген үлкен ақынға бұйыратындығын. Ілияс Жансүгіров болса Жаңа өкiметке қызмет етіп жүріп, аракідік мешітке келіп тығылып, Барлыбек жинаған кітаптарды жасырын түрде оқи бастаған. Оның осы бір өрескел қылығы Жаңа өкімет кісілеріне белгілі болса, сол үшін өз басына ажал табатындығын бұл кезде Нұрқұмар еш сезбеген едi.
Ал қазiр, Нұрқұмар көзiн арлы – берлi жүгiртiп, қалада тұратын қазақ ұлығының үйiн тамашалап, жан – жағына қарап қойып отырған едi.
Нұрқұмардың қасында Сағади отыр, осы жолғы оның жолы бөлек болатын. Неге десе, қалай ойлағанда да, Барлыбек сияқты кiсiң анау – мынау жай адам емес, жандаралдың өзiмен сөйлесiп жүрген, үлкен ұлық саналады. Жай қазақтың қолы жетпейтiн мына сияқты ұлықтың үлкенiмен сөйлескенде, мұның да керегi болып қалар деп, Нұрқұмар әдейi Сағадиды бiрге ертiп кiрген. Өйткенi, Сағади мұндай қиын жағдайлардың талайын көрген. Әкесi де ел көрген, жол көрген бiреу керек деп, өз қасында жақын ұстайтын Сағадиды мұның қасына әдейi қосып бергенi сондықтан еді. Нұрқұмардың осыған дейін Барлыбек туралы бар естігені «Құлшан Сырттанның екі бірдей баласы патша оқуын оқыпты, екеуі де Бернейде патша ұлықтарының тәуір қызметтерін атқарады екен» дегені ғана болатын.
Жай қазақтың патша ұлығы дегенін ол бұрыннан да бiлетiн. Бiрақ та, бұрындар Тұрлыбек өлдi дегенше – Нұрқұмардың ойында осы екi ағайынды кiсi бiрге жүретiндей көрiнетiн. Ол ылғи да, Барлыбек бар жерде Тұрлыбекте болу керек, екеуi егiз қозыдай бiрге жүретiн шығар деп те ойлайтын.
Оған да себеп болғандай болатын, ел iшiнде «Сырттанның Барлыбегi мен Тұрлыбегi» деген сөздер үнемi қатар, бiрге аталынатын. Сондықтан Нұрқұмардың бұрын ойлайтын: «ағайынды екеуi бiрге жүрген шығар» деп, ал кейбiр кезде олар ел жаққа келе жатыр екен дегендерiн естiгенде: «қазiр екеуiн бiрдей көретiн шығармын» деп, ойлайтындығы да осы кез есiне түскендей болды.
Нұрқұмардың қазiргi ойлап тұрғаны да осы болатын. Оған осы кезде ел iшiнде Сыртанның екi баласының соңынан қалмайтын дабыра болған, көп қауесет сөздер түстi.
Солардың бiрiндей болған, бұрыннан берi ел iшiнде айтылатын сөздiң бiрi: «Көкжал Сырттанның балалары да, Алматыдағы жарым патша, күбернәтiр – жандаралының қол астында қызмет iстейдi екен, олардың сөздерi сол жарым патша – жандаралдан кейiн жүредi екен. Ал, олардың, ақ дегенi – алғыс, қара дегенi – қарғыс екен» дегендерi де бұл сияқты қыр қазағына бұрыннан белгiлi сөз болатын. Мұндай сөздi бұл өзi де талай рет естiгендi.
Ал, ендi Нұрқұмардың тағы бiр естуi: «Негiзi жақсы адамның тегi болғандықтан, екi баласы да, жақсы, мықты болды» дейтiн елдiң тағы бiр осыған байланысты айтқан сөздерi де еміс – еміс есінде болатын. Солары есіне түскендей еді.
Ел айтса айтқандай, бұлардың әкесi Сырттан да, оңай адам болмаған. Қалың Матай iшiндегi Қаптағай руының Құлшанынан шыққан Сырттан – әмбе батыр, әмбе билiк басы адамның бiрi болған. Естiген құлақта жазық жоқ. Тiптi, Сырттанның өзi көзi тiрiсiнде ел iшiнде – Көкжал Сырттан атанған. Сол көкжалдың бөлтiрiктерi де бүгiнгi күнi тек қана, әке сенiмiн ғана ақтап отырған жоқ сонымен қатар, ел сенiмiн де ақтар ұл болып тұр. «Осылардың бәрi бекерден – бекер айтылмаса керек» деп, Нұрқұмар өзiнше жорыған болды.
Айтса – айтқандай, көкжал десе – онысы да, өзiне дәл айтылған, Сырттан батыр, кезiнде елiне жақсы танымал болған адуынды кiсi. Сырттанның мiнезi шақар, ашуы жылдам, тiптi сойқан қызбалығы да бiр басына жетерлiк екен.
Ел iшiнде Тәнекенiң баласы Есiмбек қажының қазақтарға әбден қорлығы өткен Қапал қаласындағы патша ұлығы Эрентальды сабағаны туралы да сөз бар. Осы туралы дау болған кезде, Сырттан Есiмбектi алдымен қолдап, қостап шыққан болатын. Ол патша қызметкерлерiне: «Есiмбек жайдан – жай Еренталға тимейдi. Ол қуарған, қу неменi, не үшiн сабағанын Еренталдың өзiнен сұраңдар» деп, мысқылдап, бет бақтырмай қойған да, алдымен осы Сырттан болатын. Ол жиi – жиi өз қазағының өрекпiген билеушiлерiмен де, сонымен бiрге патша өкiметiнiң тәкәппар ұлықтарымен де айтысып – тартысып, әдiлдiктi жақтаған, қара халыққа тiсi батқандарға қарсы тұрған.
Нұрқұмардың әсiресе, есiнде қалғаны, өзi Қарағаштағы «Мамания» мектебiнде оқып жүргендегi Жамбыл ақынның «Сырттанға» деген бiр ауыз арнау өлеңi болатын.
Осы уақытта Барлыбектiң жүзiне бар ынтасымен қарап қалған Нұрқұмардың ойынан жаңағы бiр Жамбыл айтқан арнаудың шумақтары шығар емес. Жамбыл жырлаған жырдың бар сөзi жадында сайрап тұрғандай. Кезiнде Қарағаш школында сахнадан қайта – қайта айтыла бергендiктен де болар, есінде сақталып, жатталып қалыпты.
«Маманияда» дәрiс беретiн кейбiр мұғалiмдердiң өз аузынан естуiнше сол өлеңнiң шығу тарихы мынадан басталған екен.
Құлшан Сырттан батыр 1881 жылы Жетiсудың орталығы Верный қаласындағы бiр жиынға шақырылса керек. Ол жиынға Қапал өңiрiнен онымен бiрге Қалқабай баласы Маман мен Тәнеке баласы Есiмбек те барған еді.
Сол жиында олар Жетiсудың атақты жыршысы Жамбыл ақынмен кездескен. Бұлар Жамбыл ақынды жақсы бiлсе керек. Жамбыл да бұлар туралы бұрыннан естіп, бiлетiн болып шықты.
Осы той болған күндерi, жиналған елдiң ентелеп тыңдағандары да атақты Жамбыл мен Шашубай айтысы еді. Бұл екi ақынның атына ел бұрыннан берi қанық болатын. Екеуi де көптен берi қазақ даласына белгiлi болған ақындар. Сөздерi ширақ та тартымды, ойлары өткiр де, ұтымды бұл ақындардың әр қайсысының өздерiне сай, өзiнше өткiр мысқылдары да бар болатын.
Елдiң елiтiп тыңдағандары да осылардың айтысы болған. Қолдарына домбыраларын ұстаған қос ақын да, соның арасында екi жақтап бiрталай арнау жырларын да төгiп тастаған едi.
Осындай арнау, жыр шашудай қып, Жамбыл ақын өзiн тәнтi еткен Қаптағай елiнiң үш бiрдей мықтыларына арнаған өлеңiн де домбырасының мақамын келтiрiп, аса бiр зер сала отырып айтқан.
Айтқанда да керемет бiр ықыласпен бастап, домбыра үнiне қатты зер сала тартып, өзi пiр тұтатын, ұстаз санайтын Сүйiмбай ақынның тартысына салып, бiр жағы мақтап, бiр жағы әзiл, әлденедей мысқылмен де өлеңдетiп кеткен.
Бәрiбiр де, Сырттан және сол сияқты Есiмбек пен Мамандардың ел iшiндегi қадiрiне, кiсiлiк қасиеттерiне, әбден ырза болған Жамбыл ақын, сонда ерекше бiр ықыласпен көкейiндегiлерiн құдды бір нөсердей төгiп – төгiп жiберген едi.
Жамбыл айтты деген жыр шумағын Нұрқұмардың әлденеше рет Қарағашта оқып жүргенiнде естiгенi бар. Ол да болса сол «школдағы» мұғалiмдердiң арқасы сияқты. Солардың өздеріне жаны ашып, сол айтыстан бiрдеме бiлсiн, халықтың ауыз әдебиетiнен қарайып, мақұрым қалмасын деген сыңайы да шығар.
Сол рас екен. Жамбыл айтыпты деген өлеңнiң мақымы дәл қазiр де ұмытылмастан, есiнде сақталып қалғаны да сондық болар. Дәл қазiр соның шумақтары Нұрқұмардың көкейiнде сайрап тұрғандай. Қисыны келген әлгі өлеңдi өзінің еске алып тұрғаны да сол еді.
Жамбыл ақынның Қаптағайдың үш бiрдей iлiп алар атақты кiсiлерiн бұлайша жырлауы Жетiсу елiне дереу тарап кеткен. Ал бұдан кейiн Сырттанның да, оның балаларының да беделi ел – жұртқа онан ары жайыла түскен едi.
Жамбылдың сондағы «Сырттанға» деген өлеңiн Нұрқұмар қысқа ғана емеурінмен есіне алды. Көңіліндегі азғана қобалжуы басыла салысымен Жамбыл айтқан әуен көмейіне келгендей болды. Бір кезде өзі де ішінен ыңылдап:
Қыдыралы, Құлшаннан,
Құлаш ұрған Сырттаным.
Жердi болжап күн шалған,
Жүрегiңдi ұққанмын.
Қыдыралы Есiмбек,
Еренталды сабаған.
Ер туған ұл десiн деп,
Бiр кәдеге жараған.
Маманының өренi,
Тиын–тебен санаған,
Құтылғалы кетiпсiң,
Солар жапқан жаладан.
Ендi ниет етiпсiң,
Кiм кiрмеген қаладан.
Сендей қазақ аз шығар,
Үмiт қылған баладан.
Екi балаң жетiлсе,
Құтыларсың табадан.
Дәметемiн жетiмше,
Сендей бiлгiр ағадан.
Қарап отырса, Жамбыл мұнымен де қоймай бүкiл Матай – Қаптағайдың сол кездегi iске татырларын қозғап отырғаны да бекер емес екен. Осының байыбына жеткендей болған Нұрқұмар Жамбыл ақынның сөздеріне үңіле түсетіні бар. Алғашында сөздің мәнісін түсінбеген. Келе – келе, ел айтқан әңгімелерден өзінше ұғып, көз алдынан елес беріп, Ерентал атты ұлықты сабаған Тәнекенiң баласы – Есiмбек қажының сұсты түрі өтеді. «Ұлықты сабаса, кінәсі болған шығар ол жазғанның» деп қояды.
Кейінгі бір әңгімеден естігені «Верныйға айдалып бара жатқан Есімбекті тамам Қаптағайдың кісілері көп пұл беріп босаттырып алыпты. Әйтпесе, итжекеннен бірақ шығады екен» деген ел аузындағы сөз еді.
Жамбыл бүкіл сырын ірікпей «тиын – тебен санатқаны» Жетiсу өлкесiнде алдымен да саудамен айналысып, байыған, бүкіл үрім – бұтағымен саудагер мен көпеске айналған Қыдыралы – Қалқабай әулетiнiң Маман қажы және сол сияқты оның балалары едi.
Жамбыл ақынның – Сырттан батырдың екi бiрдей баласының Верныйдағы орыс гимназиясында бiлiм алғандығын да құптап, бекер тiлге тиек етпегенін Нұрқұмар да дұрыс көреді.
«Орыс оқуын оқып жүрген Сыртанның екi бірдей баласының болашағын да, болжап бiлгендей болған екен – Жамбыл ақын. Солардың алдағы уақытта өз халқының бiр кәдесiне жарайтындығына кәмiл сенгендiктен осылайша айтқан екен ғой. Осыны Жамбыл ақын текке айтпаған шығар» деп, Нұрқұмар осылайша тұжырым жасағандай болды.
Қарап отырса сол Жамбыл ақынның айтқаны өміршең болып, бүгiн дәлме – дәл келгендей болып тұр. Сол Сыртанның бір баласы Барлыбек болса, бұл күндері елiнiң сөзiн сөйлеп жүр.
Әрине, көрегендігі өзіне сай болған соң Нұрқұмарға – Жамбылдың сөздері қатты ұнап қалған. Жамбыл ақын айтқан сөздердiң мәнi де өзi үшiн дәл қазiргiдей түсiнiктi болар ма. Шын мәнiнде солай болғаны рас.
Осы кезде мұның ойына тағы бiр шумақ өлең түстi. Ол арнау – өлең одан сәл бертiн келе шыққан едi. Бұл өлеңде де, Сырттан баласы Барлыбектiң ендi өз басына арнап шығарылған тәрiздi және оның өз басына айтылған сын сияқты.
Бұл өлеңнiң шығуы да, Барлыбектiң оқуын бiтiрiп, ол қызмет iстеп жүргенiнде, ел билеп тұрғанында, соңырақ шыққан сияқты. Оны айтқан, ол өлеңдi шығарған – Арқаның ақ иық ақыны Шашубайдың өзi едi.
Шашубай ақынның Жамбылмен айтысын бұл тағы сол Қарағаштағы «Мамания» мектебiнде жүрiп естiген. Соның бер жағында мына өзi келген Барлыбек мырзаның да сол айтысқа қосқан өз үлесi де бар сияқты. Естуiнше сол айтысты өткiзуге көп күш салғызған да патша ұлығы болған Барлыбек екен деген сыбыстың да бекер еместiгi. Қазақ айтысқа тойсын ба? Бұл айтыс өзi оқыған мектептiң әдеби сабақтарында талай айтылып, жырланған да болатын.
Шашубай мен Жамбыл айтысы Мамания мектебiнде солай пайда болып, солай айтылған. Осы айтысты шын негiзiнде ұйымдастыртқандардың бiрi – Жетiсу жерiндегi өкiмет билiгiнде тұрған Барлыбек болатын. Ол елге кейін белгілі болған.
Екi ақынның айтысы да осы Алматыда өтсе керек. Шашубай сонау Арқадан ат терлетiп, он сегiз күн жол жүрiп Жетiсуға жеткен екен. Ол өзi Жамбылдың – Жетiсудағы үлкен ақын екендiгiн сезсе де және оның атақты Сүйiмбайдың шәкiртi екендiгiн бiлсе де, оның тiлiнiң өткiрлiгiн сынардай боп келгенi тағы анық.
Бұл келiсiнде Шашубай жай келген жоқ болатын. Оның осал жағын пайымдап, шама – шарқын танып келгендей едi. Таныған, сайын елiртiп, екпiндетiп айтыс жырын төгiп, масайрап, шат – шадыман боп жатқан бiр күй Шашубай ақынның басында бар болатын.
Шашубай өзiнiң осы күйiн баяндап, сөз арасында бүкiл Жетiсу, Арқа онан қалса бүкiл қазақ елiне танымал болған Сырттан батырдың балалары Барлыбек пен Тұрлыбектiң Орта жүздiң Найман тайпасынан шығып, Жетiсу жерiнде билiк жүргiзiп тұрғанын былай деп жырлап, мақтан еткендiгi де содан болар. Шашубайдың сол ақындар тартысындағы айтқандары:
Арқада мен айтайын салдығымды,
Мұнда келсе айтайын бек, төре, хандығымды.
Ашулансаң аспанды тастап жiбер,
Сен де аянбай қимылда барлығыңды.
Барлыбек, Тұрлыбекпен аман болса,
Жандарал да бұзбайды жарлығымды.
Бұл күнде дәуiрлеп тұр Байбұлан бай,
Жал мен жая жегенi, қант пен шай.
Барлыбек, Тұрлыбек, Бақия тамам төре,
Бұлар да заманында бiр шар айнай.
Жарығы түсiп тұр ғой барша көпке,
Бұлардың шар–тарапқа даңқы кеткен.
Көшедегi орнатқан панардай боп,
Бұл күнде қазы боп тұр әрекетпен
дегенді айтқан екен. Елдің көбі бұл айтыстан қатты әсер алған. Шашубайдың осындай қағысуына Жамбыл сонда былай деп жырлап жауап қайырған:
Төре деп мұнша неге мақтанасың,
Барлыбек, Тұрлыбек, Бақиясын.
Сорлы сенi қатарға қашан алды,
Сайлауда көкке қарап ақыясың.
Iшкенiң су орнына арақ, боза,
Дозақтың ортасында қақыясың
– деп, Жамбыл бұл жиында қатты батыл үнменен еркін көсілген. Бұл жалғыз ауыз шумақта, бүкiл қазаққа белгiлi ақын Шашубайдың да өзi сияқты хат танып, оқи алмағанын Жамбыл айтып, тiптi iштей өкінiшiн де жасыра алмағандай болған. «Егер оқысақ Сырттан балаларындай өкiметтiң ұлығы болар ма едiк? Ондай болсақ, елдiң бiр керегiне жарар едiк» деп те армандаған сияқты. Сол үшiн де қазақ баласы шамасы келсе оқу оқыса екен, онда да орыс оқуын оқып елге керек адам болса екен дейдi ақын.
Осылайша, Шашубай мен Жамбыл екi ақын бiрдей Сырттан мен оның балаларының елге жасаған жақсылықтарын биiктете көтерген едi.
Қарағаштағы «Мамания» мектебiнiң қасындағы пансионатта ұстаз – мұғалiмдер шәкiрттердi жинап алып сахнада қойылатын әр түрлi ойын –сауық қойылымдар жасататын. Сонда оқушылардың арасынан бiреуiн Жамбыл қып, ендi бiреуiн Шашубай қып айтыстырып жатқанын бұл өз көзiмен көрiп, талай рет қатысып, естiген.
Шәкiрттердiң сондай айтысын естуге айналадағы ауылдардың тайлы – таяғына дейiн қалмай Қарағаш ауылына жұрт жапырласа жиналып, айтысты тамашалайтын. Бiреулер Шашубайдың айтқыштығына қайран боп, таңдай қағысып: «Әй, ерiм–ай, қатырды–ау, бәрiбiр де, не болса да қатырды! Әуелi Барлыбек пен Тұрлыбек аман болса, мен әуелi жандаралыңа да пысқырмаймын, жандарал да бұзбайды жарлығымды дедi ғой – десiп, ендi бiреулер: «Жамбылың оған да, өңменiнен өткiзе айтты, қос өкпеден нағыса да бiрақ түйредi ерiң. Бүткiл қазаққа тигiзiп айтты ғой Жамбыл. Iшкенiң арақ пен боза болса, дозаққа бiрақ барасың» деді ғой.
Осы жайды мысқылдап, қалжыңға айналдырған кейбiр ел адамдары: «Сондағы iшкiшiң Шашубай болғаны ғой?» дегендерiне, қайсы бiреулерi жай айтпай, шындап қана: «Iшкiшiң Шашубай ақын емес қой. Оның айтып отырғаны бiздiң қазақта Әлiпбек старшын, Нұртай, тағы сол сияқты боза мен араққұмарлар көбейiп барады. Жамбыл соны айтып отыр. Не қыл дейсiң? Сөз сүйектен өтер деп бекер айтпайды. Жамбылың сондайлардың бәрiне бiрақ айтқандай ғып жайратып салды» деп даурыққан.
Осындай ойға берiлген Нұрқұмар ендi өздерiнiң келген бұйымтайы есiне түскен. Өзiнiң осы сапарда не үшін келген жайынын қисынын ойластыра бастаған. Әкесi өзін осыған арнайы жiберген. Сол мiндеттен тезірек құтылғысы кеп отырғаны сол.
Осыны көздеген ол бар ынтасын сала отырып, өздерiнiң қандай шаруамен келгенiн, түгiн қалтырмай Барлыбекке айтып бердi. Сонан соң өзi әдеп сақтап, «ол не айтады екен?» дегендей боп, үндемей отырып қалған. Онысы осының жауабы тек қана Барлыбектiң өзiнен болсын дегендейi едi.
Жер үшiн, қоныс үшiн өршiп келе жатқан дау – дамайды естiген Барлыбек қатуланған, күйзелген үнмен:
– Осыларға осы не жетпейдi, алатынның бәрiн алып болды. Жердi де суды да, сонымен қоса малда кетер бiзден. Ендi тек қана, қазақтың кеудесiнде алынбаған жаны ғана қалды. Құдай бiледi, оны да қашан алатынын? Айтақтаушысы мен үйретушiсi Столыпин сияқты арамниет, шовинист болса, қазақты ондырар дейсiң бе!? Оның аузынан шығатыны, тек қана: «барыңдар, олардың жерлерi мен малдарын алыңдар. Олар сендердiң жауларың. Бiз оларды қууға көмектесемiз, олар сендердiң малайларың, құлдарың болуы қажет» деп, қолтықтарына су бүркiп отырса, оңады дейсiң бе? – дегендi айтып үлгердi де, артынша булығып қалды. Қатты ашуланғандықтан ба, жоқ әлде науқас меңдегендiктен бе, әйтеуiр Барлыбек тұншыға, ұзақ жөтелдi.
Тек бiраз уақыттан кейiн барып, жөтелi басылғандай болған соң ғана:
– Омар құдаға айта бар. Бұл iспен мен өзiм айналысып көрем. Осында «переселендердiң басқармасы» деген кеңсе бар, солардан мән –жайды бiлемiн. Ретiн тауып Жетiсу губернаторына да жолығатын уақыт жеттi. Бұл жағдайды керек болса Ақ патшаның үкiметiне, тiптi оның өзiне де жеткiземiз. Ал, сiздiң әкеңiз Омар – елiнiң қамын жейтiн болысы болса, жұртын жақсылық жолға бастаса, мына халықты бiраз уақыт сабасында ұстай тұрсын. Мен бiлсем, ол бiр болыс елдiң жайы мен жағдайын дөңгелете алып кететiн кiсi. Дағдарған жұртты анау – мынауға таптатпай, қамсыз ұстайтын, жауға да, дауға да бергiздiрмейтiн – адал ниет адам – деді.
Осыны айтып Барлыбек аздап кiдiргендей болған. Ол бірталайға дейін үн қатпай, іркіліп қалды.Сосын сөзін қайтадан сабақтап:
– Сенiң айтқандарыңа қарап, мен Қапалдың басқа да би – болыстарына риза болып қалдым, оларға осындай ауызбiршiлiк керек, өкiметтiң ойы қайтсе де қазақты бiр – бiрiне айдап салу, арасына жiк салып, өзiнiң айтқанын iстетпек екендiгiн ұмытпауымыз қажет. Бұл туралы мен оларға үнемi айтудамын – деді.
Барлыбектің мына бір сөзін ести салысымен Нұрқұмардың бойында жылт етіп бір ынтызарлық пайда бола кеткендей. Ол бұрында Сырттанның баласы елдегі би мен болыстарды «елмен бірге жүрмейсіңдер, елмен көрер күндерің жоқ» деп мінейтін көрінеді. Барлыбектің жаңағы бір сөзінен бұл осы айтқандарды анық аңғарғандай еді. Бұл жайды ойлаған сайын, ақыры ол көкейiн тескен осы бiр сұрақтың жауабын шынымен–ақ, iздегендей боп, ендi соны асыға білгісі келдi. Соның анық – қанығын білгісі келгендіктен тықыршып отырған.
Бағанадан бері үнсiз тыңдап отырған Нұрқұмар шыдамсызданып кеттi де, бiр нәрсе сұрағысы келген шәкiрт баладай боп, Барлыбектiң жүзiне аңтарыла қараған.
Ол тiптi осы кезде арлы – берлi қозғалақтап, өзінен – өзі күйгелектік күйге түскендей еді. Осыны ары – бері ойластырып, Нұрқұмар iшiнен: «Сұрайын ба, сұрамайын ба? Жоқ әлде қазiр сұрамасам қай уақытта сұраймын, өз аузынан естiгенiм абзал ғой» деп, бұл жайды ой елегінен өткізгендей болып, көңiлi жай таппай отырғандай еді. «Басқадан естігенше, ойда жоқта, оп – оңайдан, осындайлық Барлыбек сияқты дөкеймен кездесу ендi маған бола қояр ма? Қой, онан да осындай кезде сұрап алайын, өз аузынан естиін!» деп, тағы бiр оқталып, өзiне мәлiм жайды айтуға бекiндi.
Барлыбек Нұрқұмар мына күйiн байқап қалған сияқты. Ол мұның бетiне байыптап қарап алып:
– Бiрдеңе сұрағың келiп отыр ма? Сұрай ғой – дедi.
Дәл осыны күткендей болған Нұрқұмар да, сұрағын төтесiнен қойып қалған:
– Барлыбек аға! Өз аузыңыздан естиiн деп едiм? Әкемнен де, басқадан да, есiткен сөздер едi ғой, бұл өзі о баста! – деп қалды. Өзі асығып, бір жағы тұтыға сөйлеп, бастаған айтарын. Нұрқұмардың даусы жарықшықтанып, дiрiлдей шықты. Түрiнен абыржыған, анық қысылған адамның тұрпаты байқалады.
Барлыбектің аңсарын байқап, енді бір жола күшейіп, айтарын айтып қалайын деген сияқты. Нұрқұмардың даусы осы жолы батылдау шықты.
– Рұқсат етсеңiз, өз аузыңыздан ұғынайын деп едiм! – деп, Нұрқұмар осы жолы бойын жиып алғандай боп, салмақты жүзбен Барлыбекке қарады. Бағанағыдай емес, даусындағы дiрiл де басылғандай, сөзi нық шығады.
Барлыбек болса мұның не сұрағысы келгенiне қызығып, алдын – ала ұққысы келгендей:
– Айта бер қарағым, не сұрамақ едiң? – деді, тағы да, қайталап.
Нұрқұмар бағанадан тықыршып, бiлгiсi келген жәйдi сұрамақ боп оқталғанымен, «мұным қалай болар екен?» деп, осы кезде тағы да бiраз тоқырап қалғандай еді.
Оның жүзінен осыны байқаған Барлыбек, сәл езу тартып:
– Айта ғой! – дедi, барынша жылы сөйлеп, күлiмсiреген қалпы.
Барлыбек осындай ықылас бiлдiргеннен кейiн Нұрқұмар «енді айтпасқа болмас» деген қалыппен:
– Сiзге келердiң алдында да, одан бұрын да бiрнеше рет естiгенiм бар, осы сiз бiр жерде айтыпсыз: «қазақтың би, болыстары елдiң қамын жемейдi» деп сынағандай болыпсыз, бұл сөздiң түбi қайдан шықты, мағынасы не дейдi, соны бiлгiм келедi?! – дедi.
Оның бұл айтқандарына Барлыбек даусын шығара, мейлiнше рахаттана күлiп алды. Бағанағы жүзі онан сайын жыли түскендей. Өзi бiр нәрсеге шын риза болғандай сыңай да таныта сөйлеп:
– Шырағым мұныңыз дұрыс…! Мұны сiзге кiм айтты? – дедi.
Мына жігіттің сұрағы оны қызықтырғаны анық. Өйткені оның осы жайында айтқаны өзіне көп атқамінелерді қарсы қойдырғаны бар. Мықтылармен қырғиқабақ қылған әңгімені алыстан келген жас жігіттің аузынан естимін дегені өзiн аздап тосылыңқырағандай қып тастаған сияқты. Барлыбекке солай боп көрінді. Бір жағы ол осы бір жәйдің қиын тұсын «мына жiгiтке қалай түсiндiрсем екен?» дегендей болып та отыр.
Барлыбек соны «қалай жеткізсем?» деген қалыппен, бар зейiнiн Нұрқұмарға аудара қарап, бір жағы осыған сүйсінгендей де еді.
Бұл кезде Нұрқұмар да қарап тұрмастан, сөзiн пысықтай түскiсi келген сияқты. Осы әңгiме жайында ең алдымен өзi оқу оқып жүргенiнде Қарағашта естiген едi. Ол енді сонысын тiлге тиек етiп:
– Алдымен мен осыны Қарағашта есiткем. Бiздiң мұғалiм айтқан. Соған Есенқұл қажы бiр казит берген құсайды. Одан кейiн де осы жайында бүкiл ел шулап кеткен жоқ емес пе?! – деді.
Барлыбек те осы кезде айтарын сарапқа салып, ой жиегінен өткізіп алса керек. Ол сөзін жай сөйлеп бастады.
– Мұны айтқаным рас. Бұл туралы әуелi «Дала уәлаяты» газетiне де кезiнде жазғанмын. Елдегi атқамiнерлерге де, мына жағы Жетiсу жерiндегi қазақ шонжарларына да үнемi айтып келемiн ол туралы – дедi.
Сөйтiп, Барлыбек бұған өзiнiң «Дала уәлаятында» жазылған «Партия һәм низамсыз жиналған алым» атты мақаласында айтылғандардың мәнiн түсiндiре бастады. Барлыбек бұл сөздерді Нұрқұмарға түсіндіру үшін арыдан бастаған.
– Осыдан бiраз бұрын «Дала уәлаяты» газетiнiң бiр санында Түркiстан генерал – губернаторының қырдағы болыс, би, старшын қызметiне орысша оқу бiлетiн және білмейтін қазақ таласса, оқу бiлетiндерiн бекiтсiн деген бұйрығын оқыған болатынмын – деп бастады Барлыбек сөзiн.
– Iшiмнен бұл бұйрық үлкен жақсылыққа жүрсе керек деп ойладым. Бiрақ, қазақтар өзiне ерiк берген соң, әдiлдiк жолын тез арада ұға қоймады.
Қызметке кiрген би, болыстар, старшындар халыққа қызмет қылуына сайланған екенiн ұқпастан, һәм қазақ халқы да, олар өзiмiздiң қызметшiмiз деп ойламағандықтан, билiк басындағы қызметтегiлерге өздерiне халықтың бәрiн айдап, өз еркiңмен биле деп бұйырғандай көрiндi.
Болыстық билiк һәм старшындық қызметтi шығарғанда орыс ұлықтары ойлаған едi, қазақ халқы өзiне қызмет қылуға жарайтын, халықтың пайдасын ойлайтын адамдарды сайлайды ғой дегендi. Бұл ойлағаны бекер шығып, болыс, би, старшындарымыз халқымызға қызмет қылып, жұртқа пайда ойлап, халықтың жұмыскерi болмақ түгiл, елiмiздi момын, мiніс аттай көрiп, бiлгенiн қылатын болды. Олардың халыққа қылғаны көбiнесе зорлық. Елдiң осы туралы айтатыны: «Бiрдемемiздiң жайын айта барсақ, дау – жанжалды, адал – арамды айырып, бiтiрiп бер, өзiмiзге қызмет қыл деген, сайлап қойған қызметшiмiз ұлықтық құрғысы келiп, үйiне кiргiзбейдi. Айтқан сөзiмiзге құлағын маңғазсынып, салғысы келмейдi» деп айтады.
Бұлардың мұндай қылатыны өздерiн немесе сайлағанын ұқпағандығы, һәм соларды халықтың бiлмегендiгi, оларды сондай шiрентiп қойған.
Және де қазақ iшiндегi бiр бұзық iс мынау, бiр руды – бiр ру жаудай көредi. Бiрiн – бiрi бөтен санап, әлi келсе жеп қояды. Бәрi бiр халық, өз халқын өзi бөтен санаған жалғыз–ақ, бiздiң қазақ жұртында болар! – дедi. Барлыбек қазiр әңгiмеге қызу кiрiсiп кеткендiктен, сарғыш тартқан, сұп –сұр болған өңi онан сайын бозара түсіп.
Нұрқұмар жаңа байқады. Барлыбек қазiр өзіне қаратып қазақ арасындағы осы дерттi қалайда құрту керек дегенді айтып тұрғандай. Соның жолын тауып, ендi соны бұған жеткізіп жатқандай көрiндi. Нұрқұмардың да осы жайында білгісі келген құштарлығы зор. Өзіне осындай сенім көрсетіп отырған Барлыбекке де әбден ырза болды.
Барлыбек болса тағы да осы ойын дамыта түскендей боп, айта түскен:
– Бiр ру елдiң iшiнде бөтен рудан бiреу болса, оған күн жоқ, теңдiк жоқ. Осындай бiрiн – бiрi жау санаған соң, қазақта осы күнi береке қалмай барады. Бiр атаның баласы – бiр атаның баласын талап, әлi келсе қылмағаны болмайды. Себебi не десең, «анау бөтен, ананың жұрағаты, мынау бөтен, мынаның туажаты» дейдi.
Мiне, бiздiң бұзылып бара жатқанымыз да осыдан – деп, ол қабағын түйді.
Нұрқұмардың көзіне Барлыбек патша ұлығындай емес басқаша боп көрінген. Оның тұрған бойы биік мансаптық менмендіктен таза екен. Сырттай не істеп, не қоямын, не ішіп, не жеймін деп ерігіп жүрген жандаралдың үлкен ұлығы болып көрінгенімен, жақын араласқанда Барлыбек басқа адам болып шықты. Ең бастысы ол өз қазағын ойлайтын нағыз жанкештінің өзі екен. Міне, Нұрқұмарды аса таңқалдырған жайлар осылар еді.
Барлыбектің көңілі өзіне белгілі болды. Ал оның қазіргі күйттегені елінің күйі екен. Бұл да Нұрқұмар үшін белгілі бола бастағандай еді.
Барлыбек Нұрқұмарға барынша түсінікті болсын деген адамша жалпақ тілмен сөйлеп отыр. Оның мұнысы да Нұрқұмарға ұнады. Патша һүкіметінің шенді адамы да қарапайым қазақтың тілінде сөйлегені өзіне таңсық көрінді. Көзіне дәл бір патша ағзам да оның жандаралдары осы тілде ғана сөйлейтін сияқты болып елестеді.
– Әрине, қазақ халқының жақсылық мiнездерi де бар, бiрақ бiз мұнда iске татырлық емес, жаман мiнездерiн ғана көрсетуiмiз керек болды. Жамандығын бетiне бассақ, ой түсiп, екiншi де түзелер деп те, ойлаймыз – дедi Барлыбек. Барлыбек осылай деп айтқанда, Нұрқұмар өз – өзiнен:
– Неге өйтесiз? – деп қалды. Бұндай сұрақ оның ойына алғаш рет келгендей едi және ең қызығы осы ой оны да, бұрыннан берi мазалап жүргендей сияқты. Көкейіндегі жүрген нәрсенінің анығына жету мақсатымен ол тағы да:
– Неге тек қана, жаман мiнез, жағымсыз жақтарын айта беру керек? – дегенді қоса айтты. Бұл туралы тағы бiр жерден естiгені бар. Осы сауалдың төркiнiн ұға түскiсi келгендей боп:
– Неге, тек қана жаман жағын көрсетесiздер? – деп қайталап сұрады.
Барлыбек болса өзiнiң айтып отырғанына мұның үлкен зейiн қойып тыңдап, ұққысы келетiнiне риза болғандай пішінмен сәл күлiмсiреген қалпы:
– Қазақтың қызмет адамдары өзiнiң қалайша қызметке кiргенiн, халық оны неге сайлағанын ұқпайтынын мынадан бiл. Болыс болған соң, болыс қызметiне кiрген кiсiнi ағайын – туған, һәм өзге жақын адамдардың бәрi келiп құтты болсын айтады. Саны көптеп үйлер тiгiлiп, той болады. Мал сойылады, тамашаға, құтты болсынға келгендердiң бәрiн жиюсыз дастарқан жайып тойғызуға айналады. Сойғаны өзiнiкi де болады, һәм өзге жағымсығандар да ала келедi. Осындайда болыстың көзiне бiр көрiнiп қалайық деп, тойға союға малын да, аямай, қаптатып ала келетiндер де көбейе түседi. Ет жеп, қымыз iшiп қызықтап жүрiп соңынан не боларын ешкiм ойламайды. Тойдың жалғасы мерекеге айналып – күрес, бәйге болып кетедi, солай емес пе? – дедi, Барлыбек тағы да бұған көзiн аудара қарап қойды. Нұрқұмар оның мұнысын еріксіз құптағандай ғып:
– Иә, солай болары бар – деп, басын селсоқ қана изей салған. Бiрақ, осы сөздi жақтырмай қалғандай, өзi де жаңағы айтылғандарға кiнәлi адамдай, бiр түрлi ыңғайсызданып қалған. Осы жайды iштей болса да ойлап: «Өзiм тiптен мына кiсi айтқандай болмасам да, бәрiбiр, әкем болыс қой» деп, осы жолы көзiн Барлыбекке қараудан тайсақтатып әкеткендей.
Нұрқұмар бұл сөздi жақтырмаса да, бәрiбiр сырт қарай алмаған. Әйтпесе, бар ғой ендi болмаса Барлыбектiң әңгiмесiне қызығып кетiп, байқаусызда, ет қызулықпен оның жаңағыдай сөзiн оқыс қостап, мақұлдап, басын шұлғып шыға келе жаздаған. Ендi сонысына, тағы да, өзi ұялғандай болып отыр.
Әкесi болыстыққа сайланғанда жасыратыны не, бүкiл Ақшора, Шаппасы, Дуаны бар «Омекең болыс болды» деп, бөрiктерiн аспанға атқаны бар. Тойлап шапқылағаны да рас болатын. Өздерiнiң Қопадағы ауылынан бiр – екi шақырымдай жердегi қалың көк майсаның ортасынан қарасы жүз шақты үйлер тiгiлген болатын. Сол жерлерде сансыз көп жылқы мен қой сойылып, қазан – қазан ет асылып, саба – саба қымыз бен шұбат iшiлдi. Артынан бәрi үдере көтерiлiп тысқа шыққан. Тойдың ендiгi қызығы: ат жарыс, еркек пен қатын жарысы, балуан күрестiру, көкпар мен қыз қуу, жерден теңге алу, тағы басқа да қызықтарға жалғасқан едi. Оның ар жағындағы жағдаяттардың басқасы бұл үшiн беймәлiм болған. Өйткенi, Нұрқұмар ол кезде жастау болатын. Бұл ендi ғана соның бар мәнiсiн түсiнгендей болып отыр.
Барлыбек болса оның осыларын бiлiп қойғандай, анда – санда жөткiрiнiп қойып, асықпай сөйлеп отыр:
– Той бiтедi. Болыс өзiне қарасты адамдардан қажетi келетiн бiлiктi –бiлiктi адамдарын артынан тағы шақырып, сыйлайды. Сол кезде қонақтардың iшiнен бiреу шығып:
«Болыс бiздi құрмет тұтты, күн iлгерiде де сөйтедi, бiзге болыстық қылып, жауға бермейдi керек уақытында» дейдi өзгелерiне.
Бұл сөзді естiп, сондағы тәуiр адамдар уағда қылады, үй басы бiр қойдан, екi қойдан, не одан көп жиып бермек болып келiсiм жасайды. Басқалары сөз қылып жүрмесiн деп, бұлар әуелi түйе бергенi түйе бередi, жылқы мен қойды өздерiнiң мүмкiншiлiктерiне қарай бере – бередi. Әншейiн адамдар өздерi құрметтейтiн руындағы адамы берiп жатқан соң мұның тiлiн алып, үйренiп қалған байғұстар болыснайға жалғыз қойы болса да ұстап беруден таймайды.
Болыс болса, жаңағы арада дәнекер болып жүрген ру адамдарына өзiне жаһут қылып мал жиып бергенi үшiн, сол жиналған малдардың шетiнен кертiп сыйын бередi. Яки онысы, өзi ғана жеке бөлiп алды демесiн деп, өз малынан да, айырбастап бередi. Яки айтқанда, солардың көңiлiн аулау үшiн өзiнен де бiр нәрсе шығарғандай ғып бередi – деп Барлыбек тағы да жөтеліп алды. Өзі осы кезде аздап ентігіп, өңі де қуқыл тартқан, кеудесі де сыр – сыр ететін сияқты. Бірақ сонысына қарамай өзін сергек ұстауға бейім екен.
Барлыбек сөйлей – сөйлей, енді шын қызған сияқты. Ол Нұрқұмар үшін көп жайдың басын ашып тастағандай қылды. Бұл уақытта оның сұрғылт өңіне аздап қан жүгіріп, жөтелі де басылған сияқты. Ол бағанадан бергі айтқандарынан жаңылмайын дегендей қып:
– Қайсы уақытта былай да болады. Оларды шақырып әуре болмай, болысың қызметiн қолына алған соң–ақ, елден шығын төлеуге мал жиюға бұйырады. Қазаққа мал таба қою оңай емес. Бере қоймайды. Ондай болған кезде оларың не түрлi айла ойластырып малды күшпен алатын болады. Мал бергiсi келмегеннiң үстiнен арызға дейiн бергiзедi. Жаңағы арада жүретiн жеңгетайлар болыстың мұнысына анықтама болып, болысныйға жанын бере болысып, керек кезiнде куә де болады. Сөйтiп, өздерi болыстың қысастығынан құтылғандай боп, көңiлдерi жай табады. Болыс басқаны тұншықтыру үшiн анықтама, не куә керек кезiнде өзiне қажет кiсiлердi шақырып алып, ақша берiп, не болмаса беремiн деп уағда қылады. Тiптi болмаса, жәй әшейiн қорқытады да. Сөйтiп, жауап алғанша куәларын қорқытып, даярлап қояды. Басқалардың – болыстың мұндай жат қылығына берген арызы осылайша болғандықтан, тiптен де iске аспай қалады. Болыс ояз жақтан қайтып қырға келген соң бағанағы арызқорларға ендi мүлдем тыныштық бермейдi. Осылайша ол кегiн алып, оны жамандағанның үстiнен бiреуге арыз бергiзiп, қылмағанды қылады. Айдаладағы бiреуге арызқордан мал даулатады. Бұл кезде «қарғаның көзiн қарға шұқымайды» дегендей қып, билер болысныйға болысып, атаған малын төлетедi, не абақтыға жапқызады.
Мұны көрген соң басқа халық: «Пәленше болысың күштi, оның үстiнен арыз берсең, ол бәрiбiр өзiне шаң жуытпайды. Одан да, бекерге айтысып қор болғанша, соның айтқанына көнiп жүре бер» десiп, әрқайсысы ақыл бергенсiп қалады. Мұндай қылғандардың бекер екенiн бiлу аса қиын. Себебi осыны жасарда оларың законға еш қайшы келтiрмей, соның дегенiнiң бәрiн орнына келтiрiп жасайды.
Сайланған адамдардың еркiмен бiлгенiн қылып, жүрген соң, халық оларға не айтса, соған көнiп жүре бередi, сондай ұлық болып еркiндеп бiр ұлықтық құрып жүруге әркiм әуес болады. Сайлап болыс, би, старшын қоюдың қазақ арасында жөнi жоқ екенiн партия болғаннан–ақ сезуге болады.
Сайлаудан жарты жыл, бiр жыл бұрын бай адамдар шарын көбейту үшiн ел арасындағы құрметтi адамдарға ат, шапан, ақша, майын, шайын бере бастайды. Мұны бергенде олар тым құрмаса елден жасырып берсе екен. Жоқ өйтпейдi! Қайта мақтанады көп бергендiгiне, халыққа көрсетiп пара бергендiгiне. Өз малын, ақшасын берiп қана қоймайды, соның бәрiн артығымен халықтан жиып алады. Сондағы айтатын сылтаулары: шығын дейдi, жұтшылық дейдi. Әйтеуiр, амалын табады.
Сайлау басы болардың алдында қазақ арасында әуелi елубасыларды сайлайды. Бұған да, болыс болғысы келетiндердiң әрқайсысы өзiнiң кiсiлерiн қоюға таласып, төбелес шығарады. Жақ, жақ болып, шарт – шұрт қамшыласып, қанға боялып жатқаны. Әрқайсылары өзiне тиiстi адамды қойғысы келедi. Қазақтың дүниеқорлығы мен дүниеқоңыздығы да сайлау кезiнде аса үлкен әңгiме болып кетедi. Әншейiнде болыстан күнде қорлық көрiп жүрген елубасылар сайлауда құтыра бастайды да, елден алым алады. Бiрақ, олардың алатыны болыс алымындай үлкен болмайды. Һәм, сол сайлауда ақша алған елубасылардың өздерi соңыра болыстан көретiн қорлығы мен көрешiгiн көрiп, сайлауда алғанын төрт есе қылып қайыратыны тағы бар. Осыған қарамастан жаңағы елубасылардың дүниеқорлығы сондай күштi болар ма, олар алатынын бiр күн болса да, алып қалғысы келедi. Қайсыбiр елубасылар бiреуiнен алып қоймай, тасқа түскеннiң бәрiнен тасын салып та алады. Кейде тiптi, қай көп бергенге тасты салады, не бәрiне бiрдей бөлiп те салады. Болыстық билiк қызметi әншейiн қазақтарға аса қызықты мәртебе көрiнедi. Жиналыста болыс, билер жоғарғы орындарда отырады. Олардың сондай қызметте болғанын бағынышты адамдары, һәм болмаса басқа бiр байлығы тасығандар көре алмай, мен де сондай болыс болсам екен деп армандайды – дедi.
Осы жаймен бiраз түсiнiктi әңгiменi мұның көкейiне қондырған Барлыбек бұған қадала қараған күйiнде ойына бiр нәрселердi түсiргендей болып отырып қалды. Ол сол отырған күйi, өзiнiң иығына жамыла салған жұқа мақпалмен көмкерген шапанын иығына сәл тартып қойып:
– Бiле – бiлсең, бiздiң қазақтың қанына бiткен мансапқорлық, кейде оларға өте әуес болып көрiнедi. Олар мың күнгi байлықтан бiр күнгi билiктi жақсы көредi. Қазақ халқының бiлiмге кiрiспеген надандығы болмаса, олар ойламас па едi, болыстық қызмет бектiк болмас деп, оның тiптi кейде өзiне бейнет боларын бiлер едi. Һәм, болысты әркiм алып қызмет қылуға мiндеттенсе және оған күнде мынаны қылмадың, мынау жасалмай қалды деп, ел айтып отырса, болыстық бектiк мансап емес, елге керек мансапқа айналар едi. Болыстық мансаптың – бектiк мансап болып жүргенiнен қазақ дәнеме де бiлмейдi. Ал, болыстар болса, қолы сол мансапқа жетiсiмен ойына келгенiн iстейдi. Олар тiптi, ертегiдегi патшалардай ұрғанды ұрып, дүре салғанға дүре салып, бiлгенiн қылып жүредi. Қарсы тұратын ешкiм жоқ. Ұлықтық һәм, болыстықты жақсы көретiндер болыс болып, байлыққа жетудi армандайды. Осылардың бәрi де қазақты болыстыққа таластырады –деді.
Осылай деп Барлыбек ойлы көзбен бұған қарады. Оның жүзiнде әлi де айтылмай қалған бiр мұң бар сияқты. Сол мұң бұған да: «менiң көкейiмдегiмдi ұқсаң еттi» екен деп тұрғандай.
Нұрқұмар да, Барлыбек сөзіне қаныққан сайын өзінше бір шешімге келген. Онысы: «Былай қарап отырсаң бұл кісінің айтқандарының жаны бар сияқты» деген байлауға келгендей болды. Бірақ мұның ойынша бұл жолда жүрген Барлыбек жалғыз болып көрінді.
Бір сәт Барлыбек үндемей қалғандай болды да артынша терең күрсiнiп қойды. Осы кезде Нұрқұмар көзіне ол демi бiтiп, тұншығып бара жатқан адамдай болып көрінді. Тек, шамалыдан соң ғана ол барынша көкiрегiн кере дем ала бастағаны білінді. Құдды бiр дем жетпей қалған адамға ұқсайды. Тынысы жанында отырған адамға естiлердей екен. Дем алысы ауыр көрiнедi. Ол кеудесiмен қомағайлана, ауыз толтыра ауаны жұтқандай болды да:
– Ұлық болып құрметтi болып тұру, қазақ халқының бiр тiлегi емес пе? Ал, бiздiң қазақтың партия – партия болып, жөнсiз iс қылып, таласқанға етi әбден үйренiп кеткен. Өздерiне айтсаң: «бiз жолсыз iс қылмаймыз, нашарларды, қысым көргендердi қорғаймыз» деп шығады. Елден жегенiн айтсаң «сайлауда халық бiзден де алған, өзiнiкiн өзiне жасап, қарымта қайтарамыз» деп тағы шығады олар. Осылай жасағандарын мойнына алғандай болады. Бұрынырақта, сайлау уақытында осы төңiректе болыстыққа сайлау үшiн параға бес жүз теңге сұраған кiсiлердi өзiм әлденеше рет көрдiм. Сондықтан да, болыстарды сайлап қана қоймай оларды ұлықтардың өзi бекiтетiн болса, жақсы болар едi деп те ойлаймын.
Сонда мүмкiн, олар алым алып, алым берiп, шабылатын, сойылатын болмас едi. Закон бойынша мүмкiн болмаса да, бiр сайлауда солай қылып байқаса, не болар едi? – деп, газитке жазғаным да содан кейiн болатын.
Барлыбек аз – кем тыныстағандай боп, тағы да үнсiз отырып қалған. Оның жауабын естiген соң Нұрқұмардың ойы бұзылған үстіне бұзыла түсті. Қазір ол осы әңгімеден кейін өзіне жаңадан тағы бір ыңғайдың пайда болып, енді соның жауабына қаныға түсуді ойлағандай болғаны анық. Ол сол қалпында, жаңағы айтылғандарды ой елегiнен өткiзгендей болып, Барлыбек жаққа сұраулы жүзбен қарап:
– Осының бәрi шын ба? – деді. Мұны сұрағанда бірдемеден шошынғандай болып, даусы жарықшақтанып, қарлыға шықты. «Мына бір патша жандаралының кісісі не деп кетті. Барлық болыс пен би, старшындардың істегендері мынау болса, қалғандары не ондырсын?!» деп қамыққан күйде тұрған секілді.
Барлыбек асықпай Нұрқұмардың жүзіне барлағандай болып қарады. Оның осы қарасын Нұрқұмар да байқап қалды, өзі бірақ ішінен өрекпіп, жаңағы айтқандарға сенер – сенбесін білмегендей пейілде еді.
Нұрқұмар көзінің астымен Барлыбек жақты бір шолып алып, ойы бұзыла, іштей: «Осы кісі шын айтты ма?, Менiң әкем де осыны iстей ме?, Жоқ әлде, Барлыбек қисынсыз сөздер айтып тұр ма?, Шынымен-ақ, осылай болғаны ма?, Неге бұлай?» деп, қаумалаған ойлардың тұңғиығына батып кеткендей болды.
Көп нәрсе бұл үшiн әлi де болса түсiнiксiздеу, қайырымсыздау боп көрiндi. Өзiнiң көздеген ойы бойынша: «Болыс бiткеннiң бәрi жаңағы айтылғандай болса олардың елге батар тiзесi қандай болмақ?» деп тұрғандай. Артынша–ақ: «Жөн – жосықсыз ұлық жаман, төре бiткеннiң бәрi қандез дегенде, осы уақытқа дейiн елге жөн сiлтеп отырғандар кiмдер болмақ?, Кiм елге қисынды сөз айтатын?, Сонда мұның қисыны қалай болады, әдiлдiгi мен парқы не болмаққа» деп, Нұрқұмар тағы өзiн қинаған сұрақтың қисынын таппай, әуреге түсiп, қиналғандай болды.
Ол шындығында да мынадай сөздерге аса қайран қалды. Дәп қазiр өз әкесi сияқты болыстар туралы дәл осындай сөз естимiн дегендi ойламаған. Тiптi, үш ұйықтаса да түсiне кiрмеген едi. Енді міне біраз нәрсеге көзі ашылғандай боп: «Болысың тұрмақ, елу басы старшындарың да, айлалығы мен жебiрлiгi ел – жұртқа мәлiм кiсiлер екен ғой!» деп, iшiн тартқандай боп таңданып қалған.
Мұның осы күйiн түсiнгендей боп, бір жағы көңiлi қалмасын дегендей де қып, Барлыбек осы кезде әңгiмесiн басқа жаққа бұрып, жаңағы өзi жазған казит туралы айтып кеттi.
Ол ендi асыға сөйлегендей болып:
– Осы күнi қазақ даласының айнасына айналған бұл газеттi де, патша үкiметi неше түрлi жала жауып жүрiп, ақыры үнiн өшiрдi.
Қайдан оңдырсын олар қазақты! Ылғи да өзi сияқтылардың өкiмет басқару билiгiн сынағандай болған, қараңғылықтың мәңгi шырмауына түскен қазақты оятатындай болған жазбаларды баса бергеннен кейiн, «Дала уәлаяты» газетiн шығаруға олар бұл күнде тыйым салып отыр – дедi ол беймаза бiр күйге түскендей қалыппен.
Нұрқұмардың – Барлыбектiң сөзiнiң сыңайынан бiр байқағаны ылғи да уайым сияқты болған жайлар ғанадай. Қазiр де жабылған казиттi де ойлап, қайғырып тұрған адамның кейпiне түскендей. Соған көп келедi. Мұның өзiне де сол турасында әртүрлi сөздер айтты.
– Қазаққа газет сияқты басылым мен баспасөздiң керек екенiн тек қана, мен айтады дейсiң бе? – деп, ойлап тұрған нәрсесiн Барлыбек осы кезде айтып қалғандай едi. Көкейiндегiсiн айта түсу мақсатымен де ол:
– Көкiрегi ояу бар қазақ осыны ойлайды емес пе, бұл күнде? Онысынан тағы не пайда, қол қысқа болғаннан кейiн. Қазақтың тәмәм баласы аһ, ұрып жүр ғой бұл күнде! Ұра берсең бiр күнi құдай да өледi дегеннiң де мәнi осындайдан шығып, осыдан кейiн барып айтылса керек – дедi.
Осындайлық, бұрын ел айтқан ауыр ойды Барлыбек Нұрқұмардың алдына жайып салғандай болды. Бірақ бұл сөздердің көбін бұл жете ұқпағандайы да рас. Оның өзіне соңғы кездерi Барлыбек сияқтылардың осындай жайдың бәрiн құдайдың құтты күнi ойлаған сайын iштерi удай ашитын болып жүргендей көрінді. Сондағы олардың ылғи да ойлайтыны: «Халқымның о бастан пешенесiне жазғаны осы ма едi?! дейтұғынның төңiрегiнде тұрғандай көрiнедi.
Соның ар жағында Нұрқұмар көзіне солардың барлығы: «Қазақ баласы өзiнiң осындайлық бишаралығын кiмнен көрмек?, Оның осы күйiне жазықтысы қайсысы, жазықсызы қайсысы?» дейтұғын сияқты. «Осының барлығы Барлыбек үшiн де, басқа үшiн де, шетсiз – шексiз, шұбырған бір күйіктей шығар. Сондықтан да, осы күні елдің ішіндегісі тірліктің көбі бұларға ерсі, шетiнен бәрi бiрдей күйзелтер, парықсыз дүниеге айналып кеткендей болар.
Барлыбек сияқтылардың күйетiнi де, күйзелетiнi де осыдан да көрінер» деп, ол тағы бір өзіне ой түйгендей болған.
Бір кезде Барлыбек басын шалқайта көтеріп, аз ғана ойланып отырды да, сонан кейiн, мұның да көңiлiн орнына түсiргiсi келген сыңаймен:
– Менiң бағанадан айтайын дегенiм, қазақ халқы ыңғай жақсы адамды болыс сайлап қоя бермейдi, кейде өзiн – өзi алып жүре алмағандардан да бола салады. Яғни, арғын Дулат ақынның айтқанындай:
Маңдайдағы бай болдың,
Нәпсіңді неге тыймадың?!
Жетерлік болды елге де,
Сенің берген иманың!...
дегендей, һәм, әншейiн бiрлi – жарым, кездейсоқ адамдар да кіріп кетеді. Мұндайға жол бермеудің қамын ойластырған жөн. Тым құрса, сонда ғана Сейітбаттал мен Омар сияқты елге жақсы, халықтың қамын ойлағыш, адал адамдар көбейе бермек – дедi. Ол осылай деп, Нұрқұмар жаққа жылы жүз тастап, қарап қойды.
Көңіліндегісін айтса да, бір ұшы мына жігітке тиіп кетпеді ме екен дегендей қып, Нұрқұмардың көңілін сейілтпек болып, жымия күлді. Күлген кезде оның көздерiне жылылық нышаны ұялап, кең ақ маңдайы сәл әжімденгендей болып, сұрғылт жүзі аздап қызарғандай болды, көзінің аясы да кеңіп, бiрте – бiрте ұлғая түскендей болып көрінді.
Оның мұнысын Нұрқұмар: «сенiң де әкең осындай ма едi?!» деп, табалап тұрғандай болмайынды жуып – шайғанмен бірдей қабылдаған. Тiптi, өзіне солай болып көрiнгенi рас.
Нұрқұмар бұл туралы Барлыбекке уәж айтып, дауласуға кiшiрейгендей болып, үндемей қалды. Бiрақ, Барлыбектiң өзi де осыдан кейiн барып сәл қабағын шытып:
– Менiң айтқым келгенi – би, болыс пен старшын елге адал болуы керек. Олар өздерiн сайлағандарға қызмет жасаса дұрыс болар едi. Елдiң ойлайтыны да осы. Елдi алдауға, оны ашындыруға да болмайды. Халық ашуланса жақсы болмас. Осыған көнбесе, болыс атаулы орнынан түсiп, басқа елге жағымдыларға орын босату керек. Әйтпесе, халық ашынады. Көпшiлiк ашынса қиын болады. Осыған қатысты деп мен осыдан бiраз уақыт бұрын болған бiр оқиғаны айта кетейiн – дедi Барлыбек.
– Ол оқиға былтырлары осы маңда тұратын, Алматыға жақын, Шығыс – Талғар болыстығының Саймасай Үшкемпiров деген болысына қатысты болған. Өйткенi, сол болыс кiсi қолынан опат болды. Неге десеңiз? Ол өзiн өлтiретiн адамды да – өз пейiлiнен тапты. Соның арқасында ажал оны осыған жеткiздi ғой. Қарап отырсаңыз өз ажалын – өзiне жақындатқан да оның өзi болған сияқты. Болыс өзiн өлтiретiн адамды өзі тудырған. Оның қолымен от көсеп, оны неше түрлі арам пиғыл істерге: ұрлық пен барымтаға жұмсап, қол шоқпар еткен. Сол бір адамның тағдырын ойынға айналдырған едi.
Ал, ашынған адам қиын болады, ондай адам өз басына түскен қатерден де мiз бақпайды – дедi Барлыбек.
Осыны айтып Барлыбек көзiн үй iшiндегi бiр нүктеге қадап, бір жағы мұның да қас – қабағын аңдағандай боп, үндемей қалған.
Сәл ғана үнсiздiктен кейiн, ол жаңағы Нұрқұмарды қызықтырған әңгiмесiне өрiс бергендей боп, ары қарата жалғады.
– Оны өлтiрген адамға болыстың қорлығы әбден өткен болу керек. Әйтпесе, сондайлықты қанiшерлiк, сұмдыққа бармайтын едi ғой. Ең алдымен Саймасай болыстың үстiнен оны «ұры ұстайды, ұдайы жан – жаққа ұры аттандырады, Мал алғызады, Қолында неше түрлi мал ұрысын, барымташыларды ұстайды» деген арыздар түскен. Болыс бұл арыздардан құтылу үшiн өзi ұстап, барымта, ұрлыққа жұмсап отырған бiрнеше кiсiнi «ұры мынау» деп көрсеткен сияқты. Соның iшiнде өзiн атып өлтiретiн жаңағы Рысқұл деген де бар екен.
Рысқұл жабылған жалаға көнсе де, дәп соның Саймасайдан келгенiне қатты күйiнген. Өзi айтақтап, өзi жұмсап, жеме – жемге келгенде тайқып шыға келгенi оған да қатты батса керек. Ол онысымен қоймай, барлық кiнәнi Рысқұлдың мойнына салып, өкіметке оны ұстатпақ болған. Ақыры Рысқұл қашқын болады. Қашып жүріп, қалайда кек алуды ойластырады. Күндердің күнінде оның да кезі келіп, ол болысты атып өлтірді.
Сөйтiп, Саймасай болыстың ажалы өзi жақындатып, арам iстердi жасауға баулыған, Рысқұл деген кісіден болды. Өйткенi, Саймасайдың өзi емес пе, Рысқұлды әбден ашындырған.
Өзiне кенедей жабысқан кесел мен ашу – ызадан тек қана, кегiн алып, болыстың көзiн құртса ғана арылатындай көрiнген шығар сол кезде оған да. Бiр жағынан кегi де қайтатындай болғаны анық. Әйтпесе бар ғой, несi бар бiреудiң қанын мойнына жүктеп. Сонда ғана барып қайнаған кек байыз тауып басылардай елес берген болу керек. Содан кейiн не болса – ол босын деп те ойлаған сияқты. Мейлi сосын өзiн атсын, мейлi шапсын. Өшi алынса бопты, қалғанына Рысқұл көнгендей болған.
Осынша өзiне қорлық жасаған адамның қылығына ол шыдамастан, осыған нар тәуекел деп бел буған екен.
Сөйтiп қашып жүрiп, тауда тығылып жатып, оның жүретiн жолын кеседi де, көп адамның көзiнше атып салады.
Ақырында келiп, Саймасайдай болыстың өмiрден тапқаны осы болды… Осылай дегеннен кейiн, Барлыбек түсiн суытып, дегбiрсiздене:
– Себебi неде? – дедi.
Нұрқұмар бұл сұрауды Барлыбектiң бұған айтқанын, не болмаса өзiненен – өзі сұрағанын аңдамаған қалпы, не дерін білмей қалған. Бір жағы бұған жауап қатуға да, өзінің еш мұршасы болмай қалған. Жан – дүниесi езiле тыңдап, осы бiр сұмдық оқиғаның ар жағы не болар екен деп, аңырайып қалған едi.
Мына бiр оқиға бұған басында қызық болып көрiнсе де, бiрақ кiсi өлiмiне әкеліп тіреген сұмдықтан Нұрқұмардың жаны түршiккендей болды. Ойы алабұрттанып: «Бұл сонда не болғаны? Елдiң өз адамы – өз болысын неге өлтiредi? Барлыбек алдымен неге осысын айтпайды?» деп Барлыбек жаққа сынай қарады. Бұған Барлыбектiң асықпай, айналсоқтап кететiн, ар жағын өзiң iздеп тауып ал қылып, сөйлейтiнi қызық емес. Тұмандатпай, әңгiменiң тоқ етерiн, болыстың қалай, неден өлгенiн тез айтса екен деп, бұл қанша күтсе де, Барлыбек бәрiбiр мұның тағатын тауысқандай етті. Асықпай, байыппен бұған өлімге әкеліп соққан оқиғаның себебін айтып кеткен сияқты.
– Ол мұны әбден ашынғандықтан iстеген ғой. Болыстың қорлығы оған өткеннен кейiн, өлтiрген. Адамды шегiне жеткiзе қорласаң, ол ашынбай қайтсiн? Ал, ашынған адам құтты бiр бөлтiрiгiн алғызған қасқыр сияқты, тура өзiңе шабады, ешкiмдi де аямайды – дедi.
Бүкiл Жетiсуды дүрлiктiрген бұл әңгiменiң шетiн Нұрқұмар да емiс – емiс естiген. Естісе де, ел iшiнде айтылып, кейде тiптi жөнi жоқ артық кететiн, асыра сiлтенетiн сөздерден ұққаны: «Алматыға жақын жерде, Алатауда керемет бiр көзсiз батыр, өзi қиқар жiгiт бар екен. Аты Рысқұл деген. Өзi ол жаққа Әулиеата жақтан ауып келсе керек. Ол сол жақта да бiр нәрсенi бүлдiрген бе, жоқ әлде бiреулерге өкпелеген болуы керек. Әйтпесе, ол сол араға неге келсін дейтiн. Сол жердiң тағы бiр атақты бай, болысы бар екен. Оның өзi Жетiсу елiнiң жандаралымен де дос көрiнедi. Сол болыс қол астына Рысқұлды кiргiзiп алыпты. Оны өзiне алып кел – барып келге серiк етiп, тартқан екен. Байлық пен дәулеттi онан сайын құрай түсу үшiн де алыс – жақыннан мал алғызып, жолы келгенде барымта мен сыдырымтаға жұмсап отырған.
Аңдаусыз болған, ақ көңiл, байғұс кедей далақтап Саймасайдың жiгiттерiне қосылып ап, маңайындағыларға бүйiдей тиiп маза бермейтiн болыпты. Осыдан барып дау – жанжал да, ұлғайған үстiне – ұлғая бередi.
Жаңағы Рысқұл Саймасай болыстың дауын даулап, малын көбейтем деп жүрiп, ақыры жығылған үстiне жұдырық болып тигенi тағы бар. Ол жалғыз ағасынан да айрылады, басы да дауға шырмалады.
Жеме – жемге келгенде болыс оны сыртынан сатып шыға келген сияқты. Ұрының басы етiп Рысқұлды көрсетiп бередi. Өзi де оны ұстатуға жiгiттерiн жiбередi.
Елдiң айтысы болыстың оған iстемегенi жоқ дейдi. Ақыры жiгiт өзi құралайды көзiнен ататын мергендiгiн жасап жаңағы болысты атып салыпты деген» елдiң дақпырт, алып – қашпа сөздерiнен мұның естiгенi мен түсінгені осы едi.
Тап қазiр, Нұрқұмар осы туралы Барлыбектiң өз аузынан естiп, білді. Осы бір сұмдық оқиғаға байланысты оның көңiлiне күдiк боп бiр ой кiргендей болды. Тiптi, сол Барлыбек айтқандай: «Елiне де, жұртына да адал емес, қастық ойлайтын болыстар болады екен ғой?» деген, сан – алуан ойлар жан – жағынан қамалап, өзін беймаза, ен – жар күйге түсiрiп кеткендей. Онымен қоймастан тағы бiр суық ой жүрегiне қадалған шаншудай боп: «елiне қастық ойлаған болыстар Саймасайлардың кебiн киедi!» деп тұрғандай. Нағыз әзәзiл ойнағандай қылған ойлар жан – жағынан түртпектеп тұрғандай көрiндi.
Нұрқұмар болса осы кезде өмiрiнде бiрiншi рет әкесi туралы ойлады. Әкесінің әкелік және кісілік қасиеттері емес, оның мансабы туралы ойлаған. Әке мансабы осыншалық төмен, жаман ойға әкеліп тірегендей болды.
Жаңағыдай айтылғандардан кейiн әкесi Алматы түбiнде опат болған Саймасай болысқа қатты ұқсап кеттi. Нұрқұмар ыңғайсызданып қалды. Түсінде бір түрлі қымсыну бар. Әкесін ондайға қимайтындай көрді. Сонан кейiн барып, ойына нағашылары – Нұрлан би, қалған Қалқабай балалары түстi. Осыны ойлағанда Нұрқұмардың өнебойы түршiгiп: «Жоқ! Жоға, олай емес! Бұлардың бәрi де, әкем де, нағашыларым да елге жамандық жасамас! Олай етпейдi» деп, әкесi мен басқа туыстарын ондай өрескел қылыққа қимастай болып, жаны ашығандықтың сыңайын бiлдiре қалды. Олардан Барлыбек айтқан мына бiр сұмдықтын бетiн ары қаратқысы келетін сияқты. Өзiне жақын адамдарды түсi жан түршiктiрерлiк мына бiр суық сөздерден кейiн дәл осындайлық жамандыққа қимастай еді.
Барлыбектiң сөзiнен мұның қазiргi ұққаны: «қазақ атқамiнерлерi Саймасай болыстай елдi ашындырмай, қайта оған қамқор болудың жолын iздесе екен» дегенi ғана iспеттi. Оның өзіне тұспалдап да, айтқаны осы сияқты көрiнген. Бұндай сыңайды бөтен көрiп, дұрыс демейтiн де бұл емес. Қайта осыған қосылары болмаса.
Айтарын айтып болғаннан кейiн Барлыбек көзінің астымен бұған аса зер салып қарағандай. Оның осы бiр қарасы Нұрқұмарға өте бiр үлкен жылылық пен жақындық берердей боп әсер қалдырды. Бұл кісі бұған патшаның үлкен ұлығы, я Берней қауымына сай, такаппар, жуандықтың белгісі білінетін адам сияқты емес. Күнделікті өзі көріп жүрген көп қазақтың бірі болып көрінді. Осынау таңырқау үстiнде ол Барлыбекке бұрынғысынан әрмен қатты сүйсiнгендей болды.
Нұрқұмар бағанадан айтылғандардың төркiнiн ендi ғана ұққандай болды. Осыған қоса, iшiнен болса да: «Е – е, бәсе – бәсе! Осындайы бар екен ғой. Барлыбек айтпаса мен үшiн естiмеген, бiлмейтiн заттар екен дағы мұның бәрi. Бiздегi би – болыстардың көпшілігінің ұлықтық қасиетке неге сонша адал, елге де ыңғай бүйрегi бұрып тұратындығы мына Барлыбек сияқтылардың өткiр тiлiнен ығып, түзелгендiгiсi екен ғой.
– Әйтпесе, не болар едi?
– Саймасай болыстың кебiн кимек пе?
– Сол сияқты боп, оларға да ажал аузын арандай ашып, ажалдың сұм оғы жалынбақ па, солайша болмақ па?» деген ой бойын тітіркендіріп тастады.
Дәл осы кезде Нұрқұмардың көкейiн тескен, сұмдық ойлар да осындайлық суық болып көріндi.
Бағанадан бері мұның кеудесін кернеген күдiктiң де, осы кездегi айтылған жайттың да бар сыры осы болғандай. «Ондай болса болыстың да, басқа да атқамiнерлердiң де, бұра тартатын қылығы болса болды, елдің де ашуы қайнаған қазандай бұрқ ете қалады екен ғой. Олай болса ашулы көп көзіне көрінген «бұратартарларды» бір жола таптап кетеді екен ғой. Солардың арасына өз әкесі ілініп кетсе қайтеді?» деген ой Нұрқұмардың бойын онан сайын тітіркендіре түскен.
«Тiптi, олардың осыған дейiнгi аты мен атағы жақсы болса да, тiсi батып, қыңыр кетсе болғаны жаңағы Рысқұл сияқтылардың ажал оғы жалынады» деген ойдың Нұрқұмар өз басына кiрiп, шықпай қойғандығына елегiзiп те тұрғандай. Ауыр ойлар басын мең – зең қылып, әке мансабына алғашқы рет қынжылғандай болды. Мына айтылғандардың бәрі өзi үшін ес жиғызбастай болған жаңалық болды.
«Атқамiнер, жуандардың ұлықтық қасиетi көбiнесе олардың өздерiнiң бойына туа бiте бермейтiнi шын екен ғой. Оларға ұлықтық қасиет жүре бiтетiн белгi екен ғой» деп, бұл ойына түйгендей болды. Бiрақ та бәрiбiр, ар жағы күңгiрт, түсiнiксiздеу сияқты көрiндi.
Бүгiнгi елдiң тiрлiгiн, кәсiбiн өстiп көп сынаған Барлыбек асықпай, байыппен бұған қарап:
– Бұған өзiң не айтар едiң? Осыларға қалайша қарайсың? – деген. Оның сыңайы мұны да бiр сынап көргiсi келгендей болып тұрғандай.
Нұрқұмар не айтсын? Өзi тiптi осы кезде жiпсiз байланып, мақтамен бауыздалғандай боп, төрт тағандап, тапырақтап тұрып қалғандайы қалай? Ойының бәрi бiрiнен – бiрi өтердей боп, қалай болса солай келгендей.
– «Не айтпақ?» –
– «Не деп айтса екен?». Ойланып отыр. Ойындағысының бәрi тек қана, сұрақ пен қойылар сауалдай болып, көкейiне бiртiндеп құйылғандай болып тұр. Соның ыңғайына қарай:
– Ендi бұдан былай, сонда қалай ел бол дейсiз? – деген сөз аузынан қалай шығып кеткенiн өзi де аңдамай қалды.
Барлыбек демiн iшiне терең алып, сәл күрсiнгендей болды. Осы кезде оның ақсары өңiнiң маңдайындағы бастапқы кезде бiлiнер – бiлiнбес болып тұрған әжiмдерi тереңдеп, бет – жүзi тағы да біртүрлі боп өзгерiп, пошымында мұңдана қалғандай кейiптiң белгiсi бiлiнетiндей.
Елдiктi, жұрттықты кiм iздесе де, Барлыбек үшiн ең аяулы, қимас жандай боп көрiнерi анық болар. Дәл осы арасын Нұрқұмар да байқап қалғандай едi.
Барлыбек осы жайға қуанғандай пиғылмен, қанағаттанған түрмен:
– Елге не керек? Елге ең алдымен ауызбiршiлiк керек. Сонан кейiн ру – ру, жiк – жiк болғанды қою керек. Сонда ғана елдiң iстеген iсi алға басар. Онан қалса елге өнер, бiлiм, оқу керек. Бiр сөзбен айтар болсақ жаппай сауаттылық, тәрбие мен мәдениет керек. Содан кейiн елге басына түскен бодандықтан құтылу керек. Жалқаулықты тию керек – деп, ол бiрiнен кейiн, бiрiн шұбырта жөнелгендей болды.
Нұрқұмар ары қарата үн қатпай, мелшие тыңдады. Осы айтқандардың өзі оның бiр басынан асып, төгiлердей көрiнген. Жетесiне жетерліктей болған сияқты. Көптен – көп, жаңа сөздерді, пиғылдарды қалай қабылдасын. Өресі жетпейтіні белгілі. Осыдан кейiн барып Нұрқұмардың өзi де жаңағы айтқандардың бәрiн жиып, қабылдай алмаған адамның қалпына түскендей болып, тоқырап қалған.
Нұрқұмар болса осы сәтте өзiне Барлыбектің айтқандарының бәрiнiң тегiс – шешiмi қиын нәрселер екенiн, ендi ғана ұққандай, ендi ғана анық сезгендей едi.
Барлыбек болса осы кезде көзiнде оты бар, ел iшiндегi айтыс – тартыс, дау – дамаймен жүрген мына жiгiттiң аңсары шындығында да елдiң мұң – шерiнен кет ары емес екенiн біліп, іштей қуанып отыр. Ол шынымен–ақ, осылай ойлап: «Мына жiгiт тегiн емес, кеудесiнде саңылауы бар жан екен, қазақтың осындай жастарын көптеп ел iсiне тәрбиелеу керек» дегендi де, ойластырып тұрған.
Алайда ерте ме, кеш пе, өз халқының талай тартысқа түсiп, екпiндi талай ғұмыр кешетiндiгiне, сүйретiле бере әйтеуiр бiр ес жиярына өз көңiлi анық сенетiндей де сияқты. Сол ойларына шомып, тұрғандай болған Барлыбек, бiр уақытта:
– Сейiтбаттал болыстың сөзi – сөз–ақ екен. Жарайды еренiм, тауып айтыпты. Ендеше уезд ғакiмiнiң аузын ол кiсiнiң де солай жапқаны ғой. Ал оның қазақтың жерi сатылмайды, ол барлығымызға ортақ деген сөздерi, өте көрегендiк. Өте дұрыс айтқан – деп, ол Сейiтбаттал болыстың мына сөзiне әбден риза болғандығын тағы да, білдіргендей қылды.
Кейiннен барып Барлыбек осы туралы өзiнiң жинақтағанын Петербург университетiнде бiрге оқыған досы, заңгер Бақытжан Қаратаевқа дәл сол қалпында жеткізіп, айтып берген. Бұған дейiн де, Барлыбек – Бақытжанға бiр кездескенде достық назбен, өзіңнің жөнiң бiр бөлек, заңгер емеспiсiң дегендей қып:
– Бәке, тақсырекесi! Осы сiздер қазақтың ат төбелiндей, аз ғана заңгерлерi, оған мен өзiңiз бен Жаншаны және Ақбаев мырзаны да қосып айтам, Самодержавиенiң қазақ жерiн мемлекеттiк меншiк деп жариялау жөнiнде өздерi ойлап тапқан актiлерiнiң заңдылығын неге әшкерелемейсiздер? Олар болса сол актiлердiң заңдылығын «негiздеу» әдiстерiн жанталаса iздестiруде – деген.
Өзге жайдың жөнi бiр бөлек, ал, дәл осы жайға келгенде Бақытжан Қаратаевтың бұл мәселеден мұншама хабардар болмас па, ол тiптi мұның айтқандарының өзiн үнемi ойлап жүрген адамша:
– Ал сiз болсаңыз, сударь!, Осының бәрiн қайдан бiлiп қойдыңыз?, Былайша алғанда, олардың ойынша, қазақтарда жерге жеке меншiктiң болмауының өзi осыған негiз бола алады дейтiн, еш бiр заң мен законға симайтын, олардың сандырақ сөздерiн қайтерсiз! – деп, Бақытжан да әжептеуiр кейiп айтқан едi. Ол осыны айтып, бiр жағынан Барлыбектiң айтқандарын мақұлдағандай түр көрсеткен.
Бақытжанға – өзiнiң айтқандары көкейiне қона кеткендей болғанын, Барлыбек оның үйреншiктi әдетiнен байқап қалған. Оның сол әдетi, студенттiк күндерден берi әлi күнге дейiн қалмай келе жатқандай едi.
Бақытжан сол әдетiне салып, артына қарата таралған, қалың қара шаштарын оң қолымен бiр сипап қойып, пенжагiнiң қалтасындағы жылтыраған, кейбiр жерi күнге тотыққан күмiс портсигардан – мүштегi қоңырлау келген папиростың бiреуiн алып езуiне тiстеген. Сонан кейiн барып папиросты тұтатып, құшырлана тартқан. Құшырлана тартқанымен қоймай, дөңгелек – дөңгелек көкала түтiндi әуеге жiберiп қойып, жаңағыдай ойын ары қарата жалғастырғандай боп:
– Сол үшiн де олар «Қазақ жерлерiн басқару жөнiндегi уақытша ереженi» ойлап шығарған. Ал, сол Ереженiң 210 – статьясында «көшпелi қазақтар қоныстанып жүрген жерлер мемлекеттiк жер деп танылады және қазақтардың қоғамдасып пайдалануына берiледi» делiнедi. Осыдан кейiн барып, солар ша – қазақтың жерi өзiнiкi емес, мемлекеттiк меншiк деп танылмасы бар ма? Бұдан әрi бұл «Ереже» қазақтың жерiн күштеп экспропрациялаудың заңды негiзiне айналып кеткен – дедi.
Расында да, Барлыбектiң де бiр байқағаны Жетiсу және Сырдария облыстарын басқару туралы «Уақытша ережеде» де, қазақтар қоныстанған жерлер мемлекеттiк меншiк деп жарияланғандығы едi.
Ал, бұл болса қазiр ғана Бақытжан айтып кеткендей, нағыз заңсыздық, нағыз отаршылдық пен қанаудың ең ауыр түрi екендiгiне Барлыбектiң көзi жеткендей болған. Бiрақ, амал қанша? Ол туралы қазақты жақтап шығып жатқан ешқандайда заң баласы атымен жоқ едi.
Барлыбектiң осы ойын құптағандай раймен айтылған Бақытжанның:
– Сондықтан да, бiзге осы туралы заң шығарту керек. Ол заң қазақтардың жер туралы қалыптасқан тәртiбiн ескере отырып жасалуы қажет – дегенi де, дәл жаңағыдай ойларын бекiте түскендей еттi.
– Онда мен сiзге айтайын – деп, Барлыбек қазақ жерiнiң төңiрегiндегi өзiнiң жинақтаған тұжырымын Бақытжанға айта бастаған. Тiптi, Барлыбек осы мәселелердi дер кезiнде Жетiсуда әкiмшiлiк қызметте iстеген, әскери губернатордың көмекшiсi болған, қазақ жерiнiң бiлгiрi саналатын, зерттеушi Николай Александрович Аристовқа да, кезiнде тәптiштеп түсiндiрген болатын. Қаншама iзденiс, қаншама уақыт кеттi дейсiң ғой. Бiрақ соның бәрi зая кеткен жоқ. Сол себептi Аристов өзiнiң империя канцеляриясына жазған баяндама хатында: «қаңғыма, бұратана» ретiнде қазақтардың өз жерлерiнде иелік жасай алмайтындығы жөнiндегi сұмдықтың бетiн ашып, бұл жайындағы самодержавиенiң айла – шарғылары туралы да атап айтқан.
Ол өзi жазған баяндамасында: «Жердi қазақтардың меншiгi деп мойындаған жағдайда, орыс қоныстарында жердiң болмауы себептi оларды көбейтудiң өзi, қазақтарда мал шаруашылығының болуының өзiн мүмкiн етпейдi. Өйткенi олардың малдары – мал жаюдың өзiдеріне тыйым салынған туралы өз жайылымдарында қадам басқан сайын кездесiп отырады» деп көрсеткен едi.
Барлыбектiң Аристовқа берген бұл кеңесi олардың арасында ендi ғана басталған достықтың айғағы сияқты. Барлыбектiң жаны ашып, қамын жеп жүрген елiнiң тағдырына ендi билiк басындағы Аристовтай адал, алғыр адамдар да қатысып, шындықтың бетiн ашқандай етті.
Ендiгi Барлыбек үшiн анық бiлгiр, терең ойлы кiсiні көргенi, осы Аристов болған сияқты. Оның қазақ жерлерi туралы білгірлігі терең. Баяндамасы толғаулы ойларға, шебер дәлелдi сындарға толы болатын.
Аристовтың қазақ жерлерінің жайы туралы айтқандарын Барлыбек те құлағына құйып жүретiн. Бір жағынан ол осыған ұқсас жұмыстардың жайын Бақытжанға хабарлап тұратын еді.
Бақытжанның жоғарғы жақтағы шенеуніктердің көбін танитындығын пайдаланып, сол арқылы көптеген шаруалар жүзеге асырылатын. Аристовтың жинаған қағаздары мен тұжырымдары Бақытжанның да құлағына жеткізілді. Бақытжан болса Аристовтың мұнысын құптағандай боп:
– Менiң де, зар құлағым жастыққа тимей айтып жүргенiм осы емес пе?! Қазақтың жерiн өз ойындағысындай таратуға бұл өкiметтiң еш хақысы жоқ. Өйткені бұл жерлер оларға тиiстi емес, ол жерлердiң олардiкi екендiгi туралы ешқандай закон да шықпаған, қабылданбаған. Сондықтан да, олардiкi нағыз отаршылдық пен зорлықтың өзi болып тұр ғой. Қазақтың жерi басқыншылықпен басып алынған жоқ. Тiптi де, қазақтың жерi басқа да жағдайлармен, залогқа түсiп, келiсiм шартқа кiрiп, тартып алынған жоқ қой. Қазақ елі өз еркімен Россия қарамағына кірген. Сондықтан да, қазақ елінің бір сүйем жеріне де ешкімнің де, ешбiр өкiметтiң де, көз алартуына хақысы тағы жоқ! – дегенді ол да айтқан. Ол тiптi, осы турасындағы өз ойын онан ары өрбіте түскендей. Бір жағы осы туралы сөздің тоқ етер түйінін де, айтып салғандай қылған. Сол ойына серпiлiс бергендей ол:
– Менiң байқауымша, самодержавие саясатының ажырамас бiр бөлiгi болып табылатын, крепостник – помещиктер мен империалистiк буржуазияның мүдделерiне сай келетiн, қоныс аудару мәселесiне патша үкiметiнiң үнемi баса назар аудара бастағаны да ғажап емес. Бұл жай саясат емес! Бұл отаршылдықтың нағыз қанқұйлы саясаты болып табылады! – деген болатын Бақытжан, өзiнiң өрекпи сөйлейтiн әдетiмен. Осы жайын анық сезген ол, өз сөзiнiң Барлыбекке де қатты әсер етiп отырғанын байқағандай боп:
– Оның үстiне олар қазақ жерiнiң статусы туралы ешбiр закон қабылдамастан, қазақ қоғамының заңды, ортақ меншiгiне заңсыз қол салуда – деген ол әдетiнше, өз ойын ешбiр iрiкпестен.
Қатерлі, өз басына қауiптi ой тұрмақ, сол туралы даулы сөзді де, оның бүкпей айтатын әдеті. Қатерден, қауiптен басын ала қашатын Бақытжан емес.
Осы бiр Бақытжан айтқан жайдың көптен берi Барлыбектiң де көкейiнде жүргені – көкейкестісіне айналғаны анық.
Шындығында да, қазақтың жерiн өз ойындағысындай таратуға бұл өкiметтiң еш құқысы жоқ екенін, қазақтың оқыған зиялылары тез түсініп, осындай әділетсіздікке бұл заманда қарсы бой көтере бастаған.
Бүгiнде шешiмi табылмай отырған мәселе осы болатын.
Соңынан Барлыбек Сырттановтың қазақтың алғашқы конституциясы сияқты болып дайындалған жоба жазылып жатқан кезде «Қазақ елiнiң уставында», қазақ елiнiң жерi саудаға түспейдi, құдай оны адам баласына пайдалану үшiн жаратты» деген ойларына да осы жағдайлардың астар болғаны һак. Ол туралы Нұрқұмар кейiннен барып естіген еді.
Барлыбек сөзiн тиянақтағандай болып, тамағын кенеп ап:
– Қазiрден бастап бет алды дүрлiксеңдер, елдi шашыратып, орынсыз шығындап аласыңдар. Ақылға, заң күшiне салып көрейiк, мүмкiн бiр қаракетi болар. Омар құдаға осыны айт! – дедi, ол дауысын сәл көтерiп:
– Басқаларға да жеткiзсiн осыны! – оның үнiнде бұйыра сөйлегеннен көрi биязылық басымдау сияқты. Осының бәрін бір арнаға келтіргендей қып:
– Түбiнде жердi сақтап қалу үшiн көшпендiлiктi тастау керек, отырықшылық өмірді бастау керек, сол үшiн тұрғылықты жерлерде ауыл –
ауыл болып отыру керек. Қалалар мен кенттер салу қажет.
Отырықшы болам деп, қазақ бас – басына жер үлесiн алуы да керек шығар? Былайша айтқанда алғашында ең құрымаса, анау Қалқабай балалары сияқты iстерге кірісіп, тездетіп бастау қажет. Солар салған Қарағашты көрдiң бе? Олардан бүкiл қазақ үлгi алу керек! – дедi.
Барлыбектiң айтқандары дәл қазіргісін онша да мұның көкейiне қонарлық еместей сияқты. Бiрақ Нұрқұмар үндемедi. Не дерiн бiлмей қалған. Мұны айтып отырған кiсi жай ұлық емес, соның барып тұрған үлкенi. Ұлықтардың – ұлығы да осы, төресi де осының өзi. Онда да анау – мынау емес, елдiң тәуiр көретiн кiсiсi. Осыны ойлап ол үндемей қалған. Бiр жағынан бірдеме деп сұрауға, сөз қайтарғандай болмайын дегендей ғып, ыңғайсызданып та тұрғандай.
Ол ендi Барлыбектің жаңағыдай айтқандарына жауап бергендей, оның бер жағында неғыларын бiлмеген адамға ұқсап:
– Олардың жасағандарының бәрiн күнде көрiп жүрмiз ғой! – деп, қымсынғандай болып жауап қайырды. Соның артынша тiлiнiң ұшына:
«Сол жерде тұрып, Қарағашта оқып, қалайша мен оны көрмейдi екем?» деген қыршаңқы сөз де келiп қалды. Осылай деп, солай сөйлегiсi келсе де, олай деуге дәтi жетпеді. Онысы өзiне де «тапқан ақылдай» боп көрiнсе, бiр жағынан Барлыбектiң қаһарынан тайсалғандай да болды. «Қанша айтқанмен жандаралдың адамы ғой. Ондай үлкен ұлық менiң не теңiм» дегенді де, өзі осы кезде көңiл түкпiрiнен өткiзгендей болған. Бiрақ, өзi әлi де болса оның жаңағы сөзiнiң төркiнiне жете ден қоя алмағандай боп тұрған бетi едi. Осының бәрiнiң мағынасына түптеп жете алмаған ол, Барлыбектiң бағанадан бергi айқандары сияқты, бұған да әлi жете түсiнбегенi рас.
Нұрқұмар шынында мына әңгiменiң бас – аяғында көп нәрсеге көз жүгiртiп өткендей болды. Барлыбектiң айтқандары да бiрiнен – бiрi өзгеше, түсінуі қиын заттар сияқты. Солай көрінері ақиқат. Тек қана, мұның ойынан соңғы айтылған сөздердiң кетпей–ақ қойғаны. Сонысы ғана мұның
ойына – ой қосып, өзiнше қатқыл сыншы мiнезiне – мiнез қосып тұрғандай.
Осыдан да болар, оның ойынан Барлыбектің бағанағы айтқандары түсе берді. Бұл жолғы сөзге Нұрқұмар ішінен жақтырмай қалған. Өзі ойлап қараса о заманда – бұ заман қазақ баласы көшпестен бір орында тапжылмай отырып көрмепті. Отырықшылық та қазақ үшін жат болғандай. Көшіп жүрудің себебі де мал – жан секілді. Қазақтар тамам малын қайда сыйғызарын, қалай бағарын білмей көшуді кәсіп еткен болар. «Ал енді Барлыбектің айтқан отырықшылығына жол болсын. Ол айтқандай бір орында отыру үшін қалайша қалалар мен кенттерді қаптатып салу керек».
Нұрқұмардың ендi басталып, басын қатырардай болған осы ойын тағы да Барлыбектiң:
– Оның бәрi бiртiндеп, асықпай, ойлап жасалынатын дүния. Түбiнде бiз соған жетуiмiз керек. Сол үшiн алдымен елдiң оған көзiн жеткiзу абзал – деген сөздерi бөлiп жiбергендей болды. Бұл Нұрқұмардың жаңа басталған ойын аяқтатпай тастатты.
Осы айтылғандардың бәрi бір уақытта тегiс Нұрқұмарды аса таңдандырғанымен қоймай, ой үстіне ой қосқандай еді. Әсiресе, Барлыбектiң соңғы сөздерi «бiр жерде ауыл – қала боп, отырықшы ғұмыр кешу» оған әзiрше ашылмаған жұмбақ болып тұрғандай. Ол өзіне белгісіз боп тұрған осы бір жағдайды анықтап алғысы келгендей боп, Барлыбекке қарап: «Бiз соншама малменен қалай бiр орында отырмақпыз?» деп, сұрағысы келсе де, ол райынан тез қайтып, ойын тағы iркiп қалды.
Сондағысы жаңағы бір сұрағысы келген, тақатын тауысқандай болған ойды – дем арада басқа бір ой билеп кеткендей болған.
Осы кез мұның да, бойында намыс оты лып етiп жанғандай болды. Мұны тежегендей де болған сол намысқойлықтың буы едi. Соған қарай бұның да ойына: «Немене Омардың мына баласы өзi кеще неме ме? Қайта – қайта бiр айтқанды ұқпайтын?» деп, ойлап қалама деген сыңар жақты, намыстық ой жеңген болатын. Сондықтан да, Нұрқұмардың осы туралы Барлыбекке білдіргісі келмегендей болғаны. Бiрақ, бәрiбiр де намысқойлық пен шарасыздықтан өз басында пайда болған жаңағы жайлар мұның ойынан бір сәт те кетпей–ақ, қойғаны.
«Қарағаш сияқты кент салу керек, бiр жерде отыру керек» дейдi Барлыбек. Қалқабайдың – Маманының тағы сол сияқтыларының балалары болса бiрсары, оларың саудамен көзiн ашқан. Тiптi, солар екеш, солар да, малдарын жайып, бағу үшiн көшедi ғой» деген ойдың ұшығы мұның есiнен мүлдем шықпай қойғаны.
Қарбалас болған, өзін қинап тұрған, түсініксіз жайлар. Осыған дейiнгi өзі алып келген жер туралы әңгіменің қисыны қиын, төркіні алыс та жатқанын енді ұққандай болды. Басқа да ойларға орын тидiрмейтiндей болған ойдың жалғасы да осы iспеттес болғандай.
Бiрақ та, соңғы кезде мұның байқағаны, Қыдыралы – Қалқабайға қарасты ұрпақтың барлығының бiрдей көшпейтiндiгi едi. Қарағаштағы олардың көк үйлерiнен, қысы – жазы адам арылмайды.
«Қалқабай – Маман ұрпағының барлық бала – шағасы, онан қалса молда, мұғалiм, оқушы – шәкiрт, жалшы, қазаншы, iс тiгушiлерi, сауда – саттық жасайтындары қашан барсаң да сол жерде – Қарағашта жүредi ғой. Осылардың бәрiнiң асырап – сақтаушысы Қалқабай ұрпақтары емес пе? Әйтеуiр, Қарағашта кiсiден көп нәрсе жоқ, жыртылып, айрылады. Мұның бір білгені солардың бәрі басқа қазақ сияқты мал соңында жүрген жоқ қой? Сондықтан барлығы бiр жерде отырады. Әмбе жыл бойы жасайтындары сауда – саттық, басқа да кәсiп.
Қалқабай ұрпағының қыруар малы Баянжүрек тауы мен Алатаудың бауырындағы Күреңбел жайлауын жайлайды. Саудамен жиналған малдарды, олардың малшылары бағады. Өздерi онша көп мал ұстамайды. Солардың iшiндегi ең малдысы дегендерiнiң көп болса алты жүз жылқысы, жиырма – отыз мыңдай қойы бар. Олар малды жинап – терiп, тез арада сатып жiбередi, не болмаса басқа тауарға айырбастап жiбередi. Оны апарып тағы сатады. Пұлына мал алады, оны өсiрiп тағы сатады, не болмаса айырбастайды. Тағы бiр қызығы сататындарын көбiнесе жай халыққа несиеге берiп, пұлын артынан асықтырмай өндiрiп алады. Онысы да, несие берудiң тәртiбi болар. Оның да пайдасы аса зор сияқты.
Қалқабай әулетiнiң iстегенiн аңдамақ түгiлi шатасып та кетерсiң. Олардың iстеген iстерiнiң жымы бiлiнбейдi. Пайдаға да шаш етектен кенелiп жатады. Ең арысы саудагердiң тышқақ лағы болса да, олар үшiн жарты жыл өтiсiмен қыруар ақшаға айналады. Әрине, өзiнен – өзi емес. Оны қып – қызыл ақшаға, шылғи байлыққа айналдыратын да Қалқабай әулетiне жататын кiсiлер – Жетiсудың алпауыт саудагерлері мен көпестерi едi. Мына кiсiнiң де айтып отырғаны сол жай екен ғой». Нұрқұмар осылай ойлаған.
Бағанадан берi Барлыбектiң аузынан естiген, өзіне бұрын мәлім емес «отырықшылық» деген бiр ғана сөздiң не екенiн екжелеп, бiлiгiсi келiп, ойланып отырған Нұрқұмар: «Жалғыз Қарағаштағы Қалқабай балаларының отырықшылығы кiмге медеу, көп қазақтың қай жыртығына жамау болмақ? Қалғанымыз қайтпекпiз?» деп, iшiндегiсін Барлыбекке ақтарғысы келсе де, онысынан тағы ұялып, айтпай, iшiнде бүгiп қалды. Барлыбектiң аузынан бүгiн ғана естiген «отырықшылық» деген жалғызауыз сөздiң басында бәтуасына жете алмай, осыған дейiн түсiнбей дал болса, ендi соның байыбына жаңа жеткендей болып отыр. Өзі соған қуанып қалды.
Осы кезге дейiнгi көрген, естiгендерiнен дәл бүгiнгi күннің уақиғалары әлдеқайда мәндi, мағынасы бөлектей көрiнген.
Бұған Барлыбек аса бiр ақылды, данышпандай кiсi көрiндi. Құдды бір, ақылдылығы, бiлгiрлiгi бұрынғының хикаяларындағы – Лұқпан хакiм, Лұқпан бiлгiр сияқты болып көрiнген. Өзінің естiмегенi, бiлмейтiнi жоқ, ғажайып адам болып шықты. Сөзі терең, ар жағынан ойлайтын кісінің мағыналы сөзі. Бұрындары оқып жүргенде бiр естiгенi бар «бiлiмдiмен дос болсаң – сасқаныңда ақыл бередi» дегеннiң шын нұқсаны осы жерде келiп тұрған жоқ па? Мұның Барлыбек туралы іштей түйгенi осы ғана.
Нұрқұмар өзiнiң де бiр талайғы көзiнiң ашылғанына бағанадан бетер, шын масаттанған. Оның осы ойына Барлыбектiң:
– Отырықшылыққа көшудiң ауылы қазақ үшiн онша алыс емес. Кейiн ол туралы естiп – бiлерсiң, бұл iсте асығыстық керек емес. Біздің халық мұны саналы түрде, өз мүмкiндiгiне байланысты жасауы керек. Ол менiмше бiр күнде бола қалмас – деген, маңғаз адамның үнiмен сөйлейтiн даусы ғана бөлгендей болды.
Барлыбек Нұрқұмардың күтпеген, бұрын – соңды ойламаған жағдайын осылайша жайып салды. Осылай деп, бұған ақылын айтқан Барлыбектiң жүзінен Нұрқұмар әлi де айтуға үлгермей қалған талай шердiң iзi барын анық байқаған едi.
Қазiр де, ол Нұрқұмар үшiн: «Қайсыбiрiн айтайын. Мына аянышты қалдағы елiме, қысылған халқыма, қаумалаған қандастарыма қалай пана болсам екен» деп, сары уайымға салынып отырған адамның күйiн кешiп, кейде тiптi пендешілікке берiлiп айналасындағылардан үміт күтетіндей болған адамның кейпіне көп ұқсайды.
Барлыбектiң қазағы үшiн қатты қайғыратыны бұған белгiлi болды. Қалада жүрсе де елдің жайын ойлап, оған қанық екенін Барлыбек өзіне білдірді. Оның бар уайымы тек осы ғана болғандай.
Осы бір тұста Нұрқұмардың есiне анау жылы Шашубай ақынның Жамбылмен айтысындағы Сырттан батыр балалары туралы айтқандары түскен еді. Шашубайдың сол бiр өлең жолдарының мағынасы бұл үшiн дәл осы қазiргiдей түсiнiктi болар ма? «Қалай едi әлгi, қалай айтылушы едi өзі» деп, Нұрқұмар көңілі бір кез шар тарапты шарлап кеткендей. Ендi ғана түскендей болды сол бір шумақтар ойына: «Жарығы түсiп тұр ғой барша көпке,…» дейтiн, Шашубайдың сөздерi Барлыбек үшін дәл айтылған сияқты.
«Еһе, е – е, несін айтарсың! Алаштың бiр баласы Барлыбектей–ақ, босын!» деп, Нұрқұмар басын шайқап, ішінен күпірлік жасады.
Осы жолы оның көзі тағы бiр нәрсеге жеткендей болды. Бүгiнгi естiп – көргендерi өзiне үлкен ой салғандай. «Жiгiтке жетпiс өнер де аз» дегендей бұның бәрiн Барлыбек айтпаса қалай бiлмек? Ал, осының бәрiне себепшi болған – ел емес пе? Сонда өзiнiң де ел iсiне араласа бастағаны ма? Нұрқұмар онан сайын көңілдене түскендей. Оның осы кезге дейiнгi Сырттан баласы туралы бұрынғы бiлгендерi мен көңiлiне түйгендерi басқаша болып шықты.
Сарала өкiмет киiмiн киген, жандаралдың жақыны, анау – мынау жақсыңды, ұлығың мен төреңдi мiсе тұтпайтындай көрiнген адамы, дәп бүгiн мүлдем басқаша боп шыққандығына көзі жеткен. Бұл Барлыбектiң – ол Барлыбекке мүлдем ұқсамайтындығына да көзі жетті. Соған өзі бас кезiнде аса қолайсынсызданса да, дәл осы кезде бiр жағы қатты риза болғандай болып тұр.
Алғашында жандаралдың оң қолы, үлкен ұлық деп естiген адамының осындайлық қана болып шыққандығына, алғашында қорашсынып, қомсынғандай болса да, бiрақ артынша осындай болып шыққандығына, өзiнiң көңiлi толып, марқайып қалған. «Жанына – жан жуытпайтын және жанына – жан жуымайтын төреден елге де, бұған да не пайда? Ондайлардың ұлықтығы кiмге дәрi?» деп те, ойлады.
Өстiп, Барлыбекпен болған арадағы әңгiмеден кейiн, Нұрқұмар көп бiлiп, көп өскендей боп қалған тәрiздi. Оған өзi төбесi көкке екi елi жетпегендей болып қуанып тұр. Барлыбекпен болған кездесудiң бұған бергенi көп болғанына шын көңілі өсіп қалған.
Барлыбекпен кездесу осылайша өтті. Әңгіме аяқталар сәтте Барлыбек бұларды шығарып салып тұрып:
– Елге, жұртқа тағы қайтара дұғай – дұғай сәлем айта барыңыз! Әсiресе, Омар құдаға сәлем деңiз, сол жердегi естияр болыстар мен ауыл старшындарын ақылға жеңдiрсiн. Елдi босқадан – босқа дүрлiктiрмесiн, бұл жағдайдың барлық басқа да, амалдарын амалдап көрелiк. Бұл жоғарыдан, патша үкiметiнен келген жарлық екенi бұл күнде белгiлi. Осының бәрi сол жақтан шыққан саясат. Ел қазiр атқа қонса, олар бiздiң «саясатымыз бен билiгімізге» қарсы болдыңдар деп, қару қолданып, елдi қырып салудан да тайынбайды. Қолдан келгеннiң бәрiн көрелiк. Қазақтың елiм деп егесiп жүрген азаматтары да, қарап жатпас. Хабар бiзден болсын. Асықпаңыздар! – деп, сөзiн аяқтағандай қылды.
Келгендер сол бойы аттанып кеттi.
Барлыбек болса әлi де ойланған қалыппен, тұрып қалған. Ендi не iстесем екен дегендей болып, сансыраған ойы онға бөлiнiп тұрғандай.
Ел болса өзiне тағы да салмақ сала келiптi. Алаштың бетке ұстар, бiр азаматы ғой деп. Мұның әзірге бар айтқаны: «бiр ыңғайын табу керек, сөйтеміз» дегені ғана. Өзінің солай айтуы – шарасыздықтан болар. «Әйтпесе, мына өкіметпен басқан сайын ұғысу емес, керісінше керісу болатын секілді. Қалған өмірі мен тірлігі бәрі де елі үшін болса, алдағы күнде ол билікпен де тіресерміз» деп ойлап тұрған. «Әйтпесе неғып жүр? Жүргенге – жөргем iлiнедi» деп.
Нұрқұмарларды шығарып салған Барлыбек, есiк алдындағы алмағаштың көлеңкесiнде отырып: «Апырай, жаңағы жiгiт менi түсiндi ме екен? Отырықшы болып жер үлесiн алу керек, қазақтар қала мен кент салса деген сөздерiмдi ұқты ма? Жоқ әлде елге барып, Сырттанның баласы адам ақылына симайтын жоқты айтып, көкiп кеттi. Мал – жандарыңды тастап, иiрiлiп бiр жерде отырыңдар деп, бара салып тамам елдi дүрлiктiрер ме екен?» деп екі ұдай боп қалғаны бар.
Барлыбектiң басына осындай да ой келгендей. Бiрақ өзiнiң аңғаруынша, олай сияқты емес. Жаңағы жігіт сөзұғар, әжептеуiр кеудесiнде саңылауы бар екен. «Дұрыс түсiнген болар» деп, Барлыбек те өзiн жұбатқандай болды.
«Бәрiбiр ел бүгiн түсiнбесе, ертең түсiнер жағдайдың бәрiн. Осының төңiрегiнде, Қазақтың «Дала уәлайаты» газетiнде менiң пiкiрлес достарым Бақытжан Қаратаев пен Жаһанша Сейдалин үшеумiздiң, бiрден бөлiнген үлес бойынша жер алып, қала салып, көшпелi өмiр салтымен мүлдем қоштасып, әлеуметтiк дамудың даңғыл жолына түсудi жақтаған пiкiрталастарымыз шығып жатыр ғой. Ел iшi онан да құлаққағыс болар» деп, Барлыбек өзiн – өзi тағы жұбатқандай болды.
Содан кейiн барып есiне Бақытжанның әлгiндей газетте айтылған сөздерi түскендей болды. «Бақытжан сонда қалай айтып едi? Иә, иә, ол айтпақшы былай деген едi ғой: «Тек қана отырықшылыққа өту арқылы мәдениет пен ғылымды дамытып, өркениеттi елдер пайдаланатын өнеркәсiп өнiмдерiне ие болуға болады. Отырықшы болған қазақтар тиiстi нормамен орналастырғанда культурный шаруашылықпен бiрнеше буын халықтың пайдалануы өте шығады. Неге десеңiз, жердi жақсартылған қалпымен жер егудi көбейту, шабындықты түзету, көшпелi мал орнығып, бағалы мал асырау жер запасын едеуiр көбейтер» демеп пе едi.
Олар ұсынған қазақтардың көшпелi өмiрден бiрден отырықшылыққа өтуiне үзiлдi – кесiлдi қарсы болғандардың алды да Барлыбек болған сияқты.
Барлыбектің көзқарасы бойынша, бiрден отырықшылыққа өту қазақтар үшiн өте күрделi болмақ, ол эволюциялық даму заңымен қалыптасатын, бiртiндеп болатын табиғи даму процесi болғанда ғана iске аспақ. Өзi болса оның себебiн де жақсы келтiргендей еткен. Оның осыған байланысты көзқарасы да біртіндеп нығая түскендей.
Былайша алғанда, даму процесi әр халықтың географиялық факторына, шаруашылық укладына және ұлттық, этникалық, ерекшелiктерiне байланысты қалыптасуы арқылы болатын, мәлiм жағдай екндігіне ол шек келтірмеген.
Ал, осы кезге дейiн қалыптасқан ата салтын, ғасырлар бойы қалыптасқан шаруашылықты бiр күнде күрт өзгерту оңайға түсетiн шаруа емес. Сонымен қатар, дұрыс та емес екендігін түсінген.
Әлихан Бөкейханов, Бақытжан Қаратаев, Жаһанша Досмұхамбетов және Барлыбек арасындағы келiспеушiлiк тек осы мәселеге байланысты болып шыққан.
Бақытжан мен Жаншаның қазақтарға бiрден жер алып, жаппай отырықшылыққа өтуiне және тек жер өңдеумен айналысуына Барлыбек осылайша қарсы болған. Өйткенi Барлыбектiң ойынша: «Қазақтар осы кездiң өзiнде жартылай диқаншы болып кеттi, ал қалғандары өкiмет тарапынан бөлiп берген он бес десятина жерге бола пайдасы бар мал шаруашылығынан айрылуына бола ма?» деген пiкiрталасы таразының бiр басында тұрған еді.
Барлыбектiң бұл пiкiрiне әзiрше Бақытжан мен Жаншадан көрi, Әлихан Бөкейханов жақындау болып тұр. Ол да қазақтардың қалыптасқан шаруашылық түрiнен, бiрден отырықшылыққа өтуiне қарсы едi. Әлихан да осылай ойлайды.
Осындай ой жетегiне түскен Барлыбек қағаз бетiнде басылған пiкiрталасты көз алдына елестетiп, бiрге жүрiп, бiте қайнасқан достарын сағынышпен есiне алды. «Айналайындар, қайда жүр екен?» дедi Барлыбек сырлас достарын соншама сағынған пиғылмен. Достарына iшi елжiреп, нағыз ыстық ықыласпен жақсы көретiнiн жасыра алмай, көзiне келген ыстық жасын iрке: «Олар да жүрген шығар осы елдiң күйiгiне күйiп, қалайша күйттерiн бiлмей» деп, iштей достарына деген ырзашылық пиғылынан айрыла алмаған қалпымен.
Оның осындай терең ойлы, ішкі толқуларына жалғыз ғана демеу болар – ол достары ғана сияқты. Халқының сондайлық ұлдарының бар екендiгiн Барлыбек көңіліне медеу тұтады. Тек солар ғана, бұл күнде өзіне бiр қызықты ғұмырдың белгiсiндей болып елестейді. Оларсыз мына жалған дүния тiптен де қызықсыз, әмбе суық, әмбе сүрең тартып тұрар еді ғой.
Осы кезде Барлыбектің маңғаз тартқан жүзінде жайдары бір жылылық пайда болғандай. Бұл жылылық достарына деген ыстық сағыныштың табы еді. Алысқа самғаған ыстық лебіз көңілінен кетпей тұрғандай. Сол көңiлде әлi де айтыла түспеген талай сырдың, бiр жағы сарқылмас өкiнiштiң дертi бардай.
Барлыбек тағы да осы бiр өзi үшiн тәттi ойларын жалғастыра түсейiншi деп, көзiн жұмғандай болған. Бiрақ, жаңағы тәттi ой үзiлiп, оның орнына ел ішіндегі жер төңiрегiндегi болып жатқан сойқан түскендей болды. Бұл сойқан қазір Россиядан жаппай қоныс аударуға байланысты болып отыр. Олай болса қазақтардың жерiн сақтап қалудың қазiргi уақыттағы негiзгi жолы – «Орталық Россиядан бұл жаққа жаппай қоныс аударуды тоқтату қажет» деген байламға келгендей болды.
Елдегі қоныс аударушылыққа байланысты әрекет асқындап кетті. Осы жай оған маза бермеген.
Барлыбек дереу арада орнынан тұрды да үйге кiрдi. Ондағысы бағана ғана Қапал елiнен, сондай–ақ, осының алдында ғана Верныйға жақын жатқан Байсерке ауылының қазақтарының өзiне:
– Жерiмiздi әмбе – дүмбесiмен түгiн қалдырмай тартып алып жатыр! – деп, шағына келген суық хабарларына байланысты және осы уақытқа дейiн талауға түскен қазақ жерi туралы жиналған елдің реніші мен қайғысын өкiмет басындағыларға жазбаша прошение арқылы жеткiзбекшi ойын iске асыруға кiрiстi.
Ол Ресей соғыс министрiнiң, Жетiсу облысының әскери губернаторының атына, Ташкенттегi Түркiстан губерниясының генерал –губернаторының атына прошение жаза бастады.
Барлыбек маржандай тiзiлген әрiптермен жаза бастаған. Ең алдымен: «Россия империясының Жоғарғы мәртебелi Соғыс министрi мырзаға, Жетiсу облысы Верный уезiнiң Шығыс – Талғар, Жайылмыш болыстарының және Қапал уезi, Арасан болысының өкiлеттi қазағы, облыстық басқарманың аса маңызды iстер бойынша қызметкерi, сарай кеңесшiсi Барлыбек Сыртановтан прошение:
«1905 жылдан бастап Жетiсу облысына қарасты қазақтардың пайдалануындағы жерлерден жаңадан қоныстанушы – переселендерге жер үлестерi күшпен тартып алынуда.
Жергiлiктi қоныстандырушы мекемелер қазақтардың қыстауларын, солардың қолымен салынған және жөнделiп отырылатын жасанды тоғандар және арықтармен суғарылатын егiстiк, бау – бақша, қолдан егiлген тоғайлар мен жоңышқалықтары орналасқан алқаптардың жерлерiн жаңадан қоныстанушылардың үлесiне заңсыз таратуда.
Қазақтар ол жерлерден күшпен көшiрiлуде. Олардың арыз – шағымдары ешқандай қанағаттандырылмай тұр. Ал, iс жүзiне келсек 1891 жылғы 25 наурыздағы Дала Ережесiнiң 125 бапында былай айтылған: «әрбiр көшпендi өзiне бөлiнген қыстаулық жерлерiнде жердi өңдеп, егiн егуге, бау – бақша, көкөнiс өсiруге және тұрғын үй мен шаруашылық құрылыстарын салуға құқылы.
Өңделетiн және құрылыстар мен өнiмдер өсiрiлген жерлер, сол жерлер өңделе бергенше және құрылыстар тұрғанша, өнiмдер өсiп тұрғанша мұра болып қала бередi» деп жазылған.
Өкінішке қарай, жергiлiктi қоныстандырушы мекемелердiң қазiргi тәжiрибесi, бiздегi бар заңға қарама – қарсы болып отырғанымен қоймай, қазақтарды үлкен күйзелiске душар етуде.
Заң бойынша қазақтарға тиiстi жерлердi, қыстауларды, егiстiк алқаптарын, бау – бақша және жасанды суғару жүйелерiн переселендiк үлестерге бере отырып осы мекеме Дала туралы Ереженiң 125 бабын және Жоғары мәртебелiмнiң 1896, 1898, 1900, 1904 жылдарда шыққан қазақ облыстарында соның iшiнде Жетiсу облысында переселендiк үлестердi жасау кезде алдымен жермен қамтамасыз етудi жергiлiктi тұрғындар қазақтардың пайдасына шешу туралы жарлықтарының талаптарын орындамай, оны заңсыз бұзып отыр.
Жоғарыда көрсетiлген заңдардың барлығы переселендiк мекемелердiң ұлықтарының қолымен бұзылуда» деп жазғаннан кейiн барып, Барлыбек сәл – пәл ойын тежегендей болған. Алдында жатқан қағаздарды ақтарыстырып шұқшия қарап алды.
Бiраз уақыттан кейiн Барлыбек қайтадан бөгелместен жаза бастаған. Ол тек қана, алдында тұрған пиала сиясауытқа сабы көкшiл шыныдан жасалған, әдемi қаламсабын анда – санда матырып қойып, ара – арасында сәл ғана ойланып алып, iшiнен күбiрлей сөйлеген Барлыбек қолды болып жатқан қазақ жерлерi туралы ойларын қайтадан жалғастырған.
«Жоғары мәртебелi тақсыр, Жетiсу аймағын отарлаудың күшейе түсуiне байланысты, облыста казак – орыс қосындарымен қатар, Ресейдiң iшкi бөлiгiнен қоныс аударып келген орыс тұрғындарының саны арта түсуде. Осыған байланысты барлық шұрайлы жерлер үкiмет қамқорлығындағы отарлаушы халыққа кесiп берiлiп жатқандықтан, олар осы жерлердiң байырғы тұрғындары қазақтарды жақсы жерлерден ығыстырып, қолайсыз, нашар жерлерге қуалауда.
Осының бәрi қазақ жерлерiнiң артық, бос аймақтарын анықтау деген желеумен жүргiзiлiп келе жатқан саясаттың жалғасы деп түсiнудемiз. Осы саясаттың өзi, қазақтар арасында отарлаушылдық зорлық –зомбылықтарына қарсы тұруды көздеген сан түрлi әрекеттерге әкелiп соқтырғалы тұр.
Олай болса, мұның өзi орыс қоныс аударушыларына керек кеңестiктi белгiлеп, оны күшпен тартып алу төңiрегiнде өрбiп келедi» деп толықтырған.
Бұл сөздердi маржандай әрiптермен қағаз бетiне тiзiп түсiрген Барлыбектiң көз алдына, Қапал маңындағы елдердiң, Байсерке кентi тұрғындарының шыдамдарының әбден таусылып, бiржолата бас көтерiлгелi отырғаны келгендей болды.
Осыны ойлағанда Барлыбектің жүрегі аласұра соғып: «Иә, елдi мына зұлматтан қалай қорғаймыз, халық босқа қырылып, шығын болады ғой!» деп, оның жан – дүниесi күйзелген үстiне – күйзеле түскендей.
Барлыбек жазылған қағаздарын қолында ұстап тұрған күйi, осы жазғандардың істі шешуге септігі тие ме, жоқ па? Әуелі соны ойлаған.
Қазақтар үшін барлық жағдай қолайсыз болып тұрғандай.
«Бұл хаттан не шығады дейсiң, тәйiрi, әйтеуiр амалсыздықтың әуресi ғой. Түркiстан өлкесiнiң генерал – губернаторы мен Жетiсу облысының әскери губернаторы да бұл iске араласпас. Өтiрiк көлгiрсiп, жуып – шайып, жайдақ сөзбен тағы да, шығарып салатыны белгiлi. «Қазақта, сен айтпасаң да, сенiң сырың маған мағлұм» деген сөз бар едi. Соның керi кеп тұр. Солай айтылғандай болып тұрғанын қарашы» деп ызаланған. Барлыбек соңғы уақытта осылардың бәрiне өз басы сенуден де қалған.
Бiрақ та, Барлыбектiң көңiлiне демеу болғаны, «осының бәрi жинала берсе түбiнде бiр нәтиже беруi мүмкiн ғой» деген дүдәмал үмiт қана еді.
Осылайша ойлаған Барлыбек, қағаздарды қайта – қайта ақтарыстырып, қарап отырды да, «қой онан да мен Бақытжанға да осы туралы айтайын, оған да жазып жiберейiн. Айтқанда да жанына тигiзiп айтайын» деп, Барлыбек бiр хатты аяқтасымен, екiншi хатты жазуға кiрiстi.
Хаттарды жазып бiтiрiсiмен, «тағы не қалды бiтiретiн» деп есiне алған iстердi сұрыптағандай боп, ол қағаздарын реттей бастаған. Бақытжанға арналған, Соғыс министрiне, Түркiстан генерал – губернаторына, ең соңында өзi ертең жолықпақшы болған Жетiсу әскери губернаторына арналған қағаздардың әр қайсысын, бөлек – бөлек жинады.
Барлыбек бүгiн де өте кеш жатты. Бұл күнде ол осыған үйреніп кеткен.
Өмірдегі сан – салалы тартыс, күйзелген ел туралы бітпейтін ойлар оны алға жетектейтіндей көрінеді. Осы шақтарына Барлыбектің өзі ырза. Өмірінің ең бақытты кезеңіндей көреді.
Он бiрiншi тарау
Елге бет алған Нұрқұмарлар, екi арадағы ұзақ жолды қысқартқысы келгендей үрдiс жүрiп кеткен. Өйткені жердiң алыстығынан бұрын жол да ауыр болатын. Оның үстіне уақыттың өзі жаз болғандықтан күн аптап ыстық. Тек қана, анда – санда терiстiк жақтан соққан сәл салқындау келген, аңызақ жел ғана болмаса, күн шыжыған ыстық. Шілденің нағыз аптабы ендi басталғалы тұрған сияқты.
Жолдың ой – қырын жақсы бiлетiн Сағади арбаға жегiлген қос қара атты бусандырып, терiн шығарған. Бұлар жүрiп келе жатқан сары далада айналада қит еткен тiрi жан жоқ, есіз дала.
Жол – жөнекей, Арқарлы аталынатын жерге жақындағанда ғана Сағади аттарды сәл тынықтырып, өзi арбаның пәуескесiнiң астыңғы жағына орап, тығып қойған, бердеңке мылтығын қолына алған. Мылтығын оқтап қасына қойды. Өзi Нұрқұмарға қарап, сәл басыңқы дауысымен күбiрлегендей болып:
– Арқарлыға да жақындадық, сақ болайық! – деген. Осыны айта салысымен Сағади аттарды қуалай бастаған. Алғашында аттарды желдiрте бастырып, соңында тапырақтата жөнеліп, асығыстау айдаған.
Оның сөздерiн естiп, асыға айдалған аттарға көз салған Нұрқұмар:
– Сәке! Арқарлы деп мылтығыңды ыңғайлап, аттарды айдағаныңа қарағанда, жол бойы аң кездесiп қалады дейсiз бе, жоқ әлде ар жақта ет асып біреулер бізді күтіп отыр ма? – деп сұраған. Оның қалжың аралас сөзіне Сағади басын шайқап, бiр мысқыл езу тартып:
– Аңның әкесiн де еттің семізін де қазiр көресiң, ұры – қары жиналатын, қарақшының ұясына айналған, мүтайым жер ғой бұл! Соған бола сақ болайық дегенiм ғой. Аттарды да босаңсытпайық, мылтығымыз да оқтаулы болсын. Өзiмiз де әр нәрсеге дайын тұрайық. Сақтықта қорлық жоқ деген – дедi.
Айналадағы өңшең үсті – басы қоңырқай тартқан сұрғылт адырлар. Тастан көрінбей қалған төбелер мен шоқылар. Қойнына тал мен тобылғы өскен сай – сала. Онан қалса ирек – ирек, бұралаңқы жолдың терең қойнаулары ғана осы бір жердегі айтпай келетін қауіптің бар екенiн сездіргендей екен.
Айтса – айтқандай нағыз ұры – қары мен кісі тонаумен айналысатын қарақшылардың мекеніне ұқсайтыны рас.
Осы мүлгiген тыныштық пен жан – жақтағы құзар тастар ғана өткен – кеткен жолаушыларды аңдығандай боп, үнсіз мелшиіп – мелшиіп тұрған қалпы сияқты.
Бұралаңы көп жолды ұры – қары да әдейі таңдап алғандай. Бір мүйісті айналғанша алдыңда не күтіп тұрғандығынан мақұрым қаласың.
Нұрқұмар үшiн Арқарлы аталатын асудың қазіргі бет – бейнесі мен барлық жайы осындайлық болып көрінді.
Алғашында оған бұл жердің өзі де тәп – тәуір көрінген. Сағадидің бiр ауыз сөзі соның бәрін бұзып кеткендей болды. Бағана Сағади айтқан «бұл бір мүтайым жер» дегенi–ақ, осы жердiң әрiн кетiргендей еттi. «Солай болса, солай шығар?» деп Нұрқұмар да дәл осы кез қалай айтылса солай ойлаған. Өйткенi, бұл жердiң өзіне белгісіз қыр – сырын ол жақсы білмейтін.
Нұрқұмар қазір «мүтайым» деген қандай сөз едi өзi» деп есiне түсiрумен әуре. Бұл өзі ұмытпаса араб сөзі болу керек. Өйткені, Қарағашта оқып жүргенде мұғалімнің ұғындырғаны бар, «соған қарағанда мүтайым деген онша да жақсы сөз емес. Ол жексұрын, жиiркенішті деген сөз болу керек» деп ойлады.
– Бұл жерлердің бәрі неге мүтайым болып кетті екен? – деп, Нұрқұмар – Сағадидан таңырқай сұраған.
Сағади оның таңырқай қалғанына бір жағы өзінің одан көп көргеніне ырза қылықпен Нұрқұмардың бетіне қарап, өзінің қашанғы әдетiмен, ойын тиянақтағандай боп:
– Жердiң жаманы болмайды, адамның жаманы болады. Соған қарай айтылған ғой – дедi. Ол сөзін жалғастырып:
– Тiптi Алматыңда да, «мүтайым» деп аталынатын жер бар деп айтқаны бар емес пе. Оның өзi сыңсыған ағаш, бақ көрiнедi. Оны әнеу күні Жомарт айтты ғой. Ол өзі көп – көрім мәуелі бақ болса да «Мүтайым бақ» аталынады екен. Өйткенi, олай деп айтқызған сол бақтың, қалың ағаштың iшіндегі тығылып жататын, кiсi тонағыш қарақшыларына байланысты, жұрт «мүтайым» атап кеткен. Мына жер де сондай. Жер жақсы болса да, тек адамы жаман болса болғаны жексұрын, «мүтайым» болып шыға келетiнi қалайша? – деп, ол Нұрқұмарға бiр сыдырғы ой тастағандай еттi.
– О, тоба! – деп, Нұрқұмар күрсiнiп қойды.
– Адам екеш адам да жердің сәнін кетіреді екен ғой – деп, ол сұраулы жүзбен Сағадиға қаратып айтты. Осы кезде өзiнiң басына осындай сұрақтар келгендей болған.
Нұрқұмардың шынында да бұл сапардан түйгенi көп. Тiптi айналасындағы әр нәрсеге басқаша бiр сын көзбен қарай бастағандай. Осы сапар талай нәрсені ұғынып, үйренiп қайтқандай. Өзiне солай көрiнген. Солай сезiнгендейі һақ.
Бiрақ, бұлардың келуiн күтiп жатқан қарақшылар болмаған сияқты. Сөйтіп, бұлар Арқарлы асуынан аман – есен өттi. Ары қарай даңғыл жолмен қос қара ат Қапалды бетке алып кете барған.
«Бұл аттардың желiсiнiң өзi анау – мынау аттардың шабысына бергiсiз» деп, өздерiнiң мал емдеушiсi болып жүрген Омармен немерелес болып келетiн Оразбай да, мына келе жатқан Сағади да бекер айтпайтын сияқты. Қос қараның желiсiнен ескен жел кәдiмгiдей көзді жасауратады.
– Ойпырмай, мыналардың желiсiн–ай, жел соқтырған! – деп, Нұрқұмар Сағадиға естiрте қос қара атқа таңдана қарады.
– Тiл – ауызың тасқа! Сұқтанба өйтiп. Көз тиедi аттарға! – дедi Сағади жақтырмағандай боп, бет – аузын тыржита қалды.
Жасы қырыққа таяса да, Сағади әлi қылшылдаған жас жiгiттей, қайратты, әмбе ширақ, естi кiсi. Онысы осы сапарда анық бiлiнді. Сағадиға деген мұның құрметi мен сыйы өсе түскендей.
Арада тағы бiраз өндiрiмдi жүрiстен кейiн әйтеуiр Қопаның да, төбесi көрiне бастаған.
Бұлар еш аялдамастан болыстың үйiне келiп бас тiредi. Үйде Омар өздерiнiң аталас ағайыны, мал емдеушi Оразбай мен Дуан руының Бүйен сағасындағы ауылдарының старшыны – елубасы Байшағыр бар екен.
Шешесi әдемi сырлы аяқтарға шүпiлдетiп қымыз құя бастаған. Екеуі де біразға шейін қайта – қайта тостағандарды ауыздарына апарып төңкерiп тастап отырды. Содан кейін барып шөлдерiн қандырғандай болды.
Бiрақ не дегенмен де, қымыздың аты қымыз ғой. Сусындап алғаннан кейiн шөлдегендерi басылып, көздерi шырадай ашылды.
Нұрқұмар үйдегiлердi көзінің астымен бiр шолып өттi. Көзi алдымен әкесiне түскен. Әкесiнiң түсi бұл күндерi шаршап – шалдыққан адамның түрiне көп ұқсайды. Көздерi шүңiрейiп, өңi қуқыл тартып, жақтары аздап суалғандай, маңдайындағы әжiмдерi тереңдеп, алып дененiң етi ысылып, түрi жүдеу тартқан сияқты.
Нұрқұмардың бiр байқағаны, осыдан бiраз бұрынғыдай емес, әкесiнiң қазiргi бет ажарында еш қобалжу жоқтай болып көрінді. Оның осы түрі қазiр сары уайымнан көрi, не де болса көрiп алдым деп, белiн бекем буған адамдай көрiнген. Әкесінің не нәрсеге ниет қылып отырғаны бірақ та өзіне белгісіз.
Келгендердiң аман – сау оралғанын бiлiп, сусындап алғанын көргеннен кейiн, олардың осысын күтiп отырған Омар «ендi сөйле» дегендей ишара жасап, басын шұлғып, иек қақты қылды.
Нұрқұмар болыс әкеге, Сырттанның баласына барған сапарын айта бастаған. Көрген – бiлгенiн тегiс қалдырмай қамтыды. Әкесi болса, сол үндемеген, тұнжыраған қалпы отыр. Бір қозғалмастан, тек қана өзінің сөзiн тыңдауда сияқты.
Омардың жанында жақын отырған Оразбай деген оған жамағайын болып келетін кісі. Оразбайдың күнге аздап қана тотыққан аппақ жүзi алаурап тұрғандай қызарып, манаурап кеткен. Бiрақ, осындайлық сырт күйiне қарағанда да, дембелше келген қаба сақал Оразбай осы күнi қартаң тартқанымен де әлi тың сияқты. Ол өзi Омардың шөбере ағайыны, әмбе көп жылдан бергi сенiмдi серiгi және ақылшысы. Оразбай көбiнесе мал iшiнде болады. Малдың күй – жағдайын бiлiп, ауру малды емдеп, домдап отырады. Сонымен қатар, өзi өте сұңғыла адам, көп нәрсенi бiлетiнi тағы бар. Естiген – бiлгенiн өмiр ұмытпайтынын қайтерсiң. Ел iшiнде болып жататын әңгiмелерге де, тартыс – дауларға да Оразбай жетiк болатын.
Сонымен бірге үйде Байшағыр старшын да бар. Байшағыр шатақ оқиға шыққан ауылдардың старшыны еді. Ол қырықтан ендi асқан, дөңгелек жүздi, сықсиған көздерi адамның өңменінен өтердей өткір. Аласа бойлы, бiрақ денесi төртбақ келген, тiптен төртбақ дегеннен көрi ұзыны мен енi бiрдей дерлiк, жалпиып қалған, денелi кiсi. Сонысына қарамай, өзi барып тұрған балуан, өте күштi едi.
Байшағыр қазiр сығыр көздерiн Нұрқұмардан бiр тайдырмай қадап отырғандай болып көрінді.
Омар үндемей тыңдап отырғаннан кейiн, Оразбай да, Байшағыр старшын да жақ ашпаған күйi қалған.
Верныйдағы көрген – бiлген әңгiмесiн аяқтауға айналғанда барып Нұрқұмар:
– Барлыбек құдаңыз: «түбiнде бiр жерде отыратын отырықшылыққа көшпей, былай бола берсе жердiң бәрiнен қазақ айрылады деп айтты» деді.
Осыны айтуын – айтысымен, Нұрқұмардың өзі де «бұл өзі қалай болады екен? дегендей боп қалған.
Сол секемі бекер болмады. Бұл сөздің жөнін білместен отырған үйдегілер бұған біраз таңданумен қарады. Олар енді Барлыбек айтты деген сөздің мәнісін білгісі келетін құлық танытып, Нұрқұмардың жаңағы сөздеріне құлақтарын түре қалған болатын.
Бұл күнге шейін мына сияқты сөзді әсте естімегендіктен олар да тағы бiр тың әңгiменiң көзiн ашып, бастағандай болған Нұрқұмарға «ішіңдегіңді бүкпей түгел айт!» деген сыңай да білдірісіп қалған.
Нұрқұмар бұл жайды тез аңғарды. Әсіресе, әкесінің ажарын көрген соң, осы бір тосын әңгiменiң шетiн шығара берді. Бағанағыдай емес бұл кезде Нұрқұмардың өзi де аздап тосылыңқырап барып сөйлеген. Ол енді әке қабағына қадала қарап:
– Барлыбектің айтысына қарағанда жердi тек қана, отырықшы болып сақтап қалуға болады, онда да әр қазақ өз басына жер үлесiн алу қажет дейдi. Ол үлес, патшаның мұжықтарына берiп жатқан үлесiндей емес, мал бағушы қазаққа лайық үлес болу керек деп те айтады. Сол үшiн де қазақтың кейбiр оқыған жiгiттерi алысып жатқан көрiнедi. Барлыбектiң өзi де «түбiнде қазақ көшпендi өмiрден отырықшылыққа ауысса жақсы болады дейдi» деп тоқтаған.
Бағанадан берi қос жастықты шынтақтап жатқан Омар болыс мына сөздердi естiгенде жалма – жан басын көтерiп алды. Ол көздерiн ежiрейтiп, сыздана қарап:
– Не дейсiң сен, сонда бiз бiр жерде отырмайынша, бiздiң жерiмiз қолды бола бермек пе? – деп, Омар баласына қадала қарады.
Осы кезде, Нұрқұмарға – әкесiнiң кейпi «сен осының бәрiн дұрыс айтып тұрсың ба? Естiген, бiлгенiңдi дұрыстап айтпайсың ба?» дегендей болып көрiндi. Әкесiнiң жүзi сыздана қалса да, бәрібір аржағынан сұраулы пiшiннiң де табы білініп тұрғандай. Онымен қоймай әкесi бұған шамданғандай рай көрсетiп, зiлдi дауыспен:
– Есiткен – бiлгенiңнiң бәрiн маған дұрыстап сол қалпында айт! – деп, зекiре де, бұйыра да сөйледi.
Нұрқұмар әке алдында ақталғандай боп:
– Дәл осылай, бәрi Барлыбектiң айтуынша, өз аузынан естігендей – дедi. Өзi осы мезетте жалтақтап, «тағы не бүлдiрдiм» дегендей боп, сасқан түрмен, жан – жағына бағжаңдап қараған. Көзi әкесiнен көп төмен отырған шешесiнiң бұған қадалған көзiне түстi. Бақса, шешесiнiң түрi өзгермей, сол қалпында екен. Соған қарап өзi де, бүлінген ештеменің жоқтығын сезгендей болды. Сасқаны басылып, айтылған сөздің ыңғайы дұрыс екендігіне көзі жеткен. Өйткені шеше түрi салмақты, салқын, сол қалпы екен. Солай болғандықтан, ештеңенiң бүлiнбегенiн бұл түсінген.
Осы тылсым сәтті баққандай боп, шешесi өзіне қаратып, қас – қабағын кере, аздап иегiн шұлғығандай қылып, ишара жасаған. Онысы бұған айта бер дегендегiсi едi. Шеше қабағын ол тез түсінді.
Нұрқұмар енді әкесiне қарап:
– Бәрiмiз ауыл – ауыл болып, онан қалса қала болуымыз керек екен. Алғашында Қалқабай – Маман балаларының Қарағашы сияқты ауыл болсаңдар, жақсы болар едi дегендi де, айтты – деп барып тоқтады.
Осы кезде бағанадан үн – түнсiз отырған Сара бәйбiше мырс етiп күлiп жiбердi. Артынша–ақ, ол байсалды жүзiн баласына бұрып:
– Әй, қалқам Нұрқұмар, сен онан да, әкеңе қолды болып жатқан қоныстың жағдайын айтсаңшы! Содан кейiн айтарсың әкеңе менiң төркiнiмнiң жайын – дедi.
Сара бәйбiшенiң мынадай сөздерi естiлiсiмен үй – iшi аз уақыт болса да жым – жырт бола қалған. Тек, бәйбiше жаңағы айтқанына қоса, тағы да:
– О баста тамам ел жиыла қалса болғаны пыш – пыш етiп, «Қалқабай балаларына не көрiндi елдi бұзып, бiр жерде қазақ баласы қалай отырмақ, мешел бала құсап деп» жанталасып едi. Ендi бүгiн жандарал құданың өзi де, құптап шыққанынан көрмейсiз бе, солардың жасап жатқан тiрлiгiнiң терiс болмай – оң екендігін. Ақыры менiң төркiнiмнiң айтқандары да келдi. Жасап жатқандары да ылғи дұрыс болып шығып жүргенi ғой. Ештеңе етпес, ешкiмнiң ештеңесi де кетпес, ел жатақ боп солар сияқты бiр орында отырса – деп, Сара бәйбiше қабағын шытып, талайдан берi өз көңiлiнде жүргендерiн ақтарып тастағандай болды.
Бәйбiшенiң ақшылдауы басым келген, қызылшырайлы өңiндегi бағанағы салмақтылық пен байсалдылықтың орнын – ендi басқадай сәл тәкаппарлықтың белгісі бар шырай басқандай. Өзінің түбiнiң мықты екендiгiн, атақты жерден шыққандығын көрсетіп, үндемей отыруға шыдамағандай. Онысы «өзім бидiң қызы болсам, ақиқаттан қалай тысқары қалайын» деген сияқты боп та көрінді. Сонысына қарай «әйел болсам да, маған да, бiр қараңдар, менi де бiр тыңдаңдар» дегісі келетіндей, түрiнен асқақтық пен паңдықтың пiшiнi қоса білінетін сияқты. Жүзiнде адуынды жерден шыққан, азулы бәйбiшеге де, бидiң қызына да лайықты байсалды келбеті анық сондай қасиетін көрсетіп тұр. Бәйбішенің қазiргi түрiнде анық тәкаппарлық бардай. Көптен бері сыйлы нағыз бәйбішелік зор қасиетке ие болғандай. Осындай қылығымен де, ол болысқа «сен Боранбайдай қажының баласы болсаң, мен Нұрландай бидің қызымын» дегендей қып, қиястық жасап тұрғандай да секілді.
Омар бәйбiшесiнiң бұл жолғы қылығын өзгеше көрдi. Оған өзiнiң кейiстiгiн бiлдiрiп, аз – кем уақыт болса да сеспен басып тастау үшiн, сұсты жүзiн сол жаққа қарай аударған. Үй iшi де, бір сәт тыныштала қап, бәрiнің көңiлі Нұрқұмар айтқан Барлыбек сөзінің мағынасына ауды.
Омар үшiн де, мына отырған басқалар үшiн де осы айтылған сөздiң түп – төркiнiн бiлуге деген ынтызарлық пайда болғандай. Әсіресі қазіргідей білгісі келгені «мынадай сөздің шыққаны қалай, сонда бұл жалғыз Сара бәйбiшенiң ғана сөзi ме, не болмаса күллі Қалқабай әулетiнiң сөзi ме? Жоқ әлде «ата даңқымен сөз өтер, мата даңқымен бөз өтердiң» керi болып тұрғаны ма екен?». Білуге құштарлық қылатын да осы жері. Бірақ ешқайсысы да бұл туралы ләм деп ауыз ашпады.
Неде болса, Сара бәйбiше Қыдыралы Нұрлан бидiң қызына лайық қылық танытты. Осы қылығымен де Омардай қажымас қайсар болыстың үй серiгiне ғана емес, өмiрлiк серiгiне де лайық екенiн бiлдiрдi. Заты әйел болса да, қазақ айтатын елдiң де, байдың да артындағы бiр бел екендiгiн танытып тастағандай.
Омар саған не көрiндi дегендей сұстана қап, бәйбiшесiне адырая бiр қараған. Ақылды бәйбiшеге сол қарас та жеткiлiктi болғандай. Сара бәйбiше сабасына түсiп, оның өңi қайтадан бағанағы қалпына түскендей болды. Сонымен бiрге оның түрiнде өз айтқандарына ырза болғандықтын да райы білініп қалған. Ендi ол да, бұл әңгімені тоқтатып, қайтып үндеместей болған, баяғы биязылық тұспатқа енгендей.
Осыдан соң, болыста қайтып бәйбiшесiне сұстанбады.
Омар ендi баласы жаққа ден қоя қарап:
– Жетiскен екенбiз ондай болса! Ендi жетiспегенi сол едi. Сен маған тоқ етерiн айтшы, бiздiң қолды болып жатқан жерлерiмiз, қоныстарымыз туралы Барлыбек не айтты? – дедi ол тыжырынғандай боп. Осы кезде Омардың түрiнен басқаны қоя тұр, оларды кейiн айтасың дегендей сыңай бiлiнген.
Нұрқұмар ендi ғана әкесiне не керек екендiгiн түсiне қалған. Әкесiнiң бағанадан бергi айтып отырғандарынан тек өзiне керектiсiн ғана тезiрек білгісі келетіндей. Басқа әңгімеге зауқы жоқтай.
Нұрқұмар әкесінің нені меңзеп отырғанын сезді. Оның басқаны мiсе тұтпай, алдымен өзiнiң болыстығына қарасты руының жерi туралы асыға білгісі келiп отырғанын аңдаған. Болысты шын ынтызар етiп отырған да осы жәй сияқты.
Нұрқұмар әке көңілін енді ғана аңдап:
– Барлыбек айтады, қолдан келгеннiң бәрiн жасаймын, жандарал мен күбернәтiрге де, керек десең патшаңа дейiн барамын. Iзденемiн, шағынданамын дейдi. Қазақ iшiндегi не бiр бiлiмдi, ел қамын ойлайтындар бар. Солардың бәрi қол қусырып қарап отырған жоқ, осы жағдайға олар да қанық. Оларға да жеткiземiн дедi. Тек, болыс әзiрше елiне ие болсын, құр бекер кiсiсiн дүрлiктiрмесiн. Хабар менен болсын дедi – деп, дереу әңгiменi керектi жерiне бұрды. Өзi айтылмаған тағы не қалды дегендей боп, бiраз байқағандай болып тоқтап қалды.
Ендi ол үлкен бiр межелi әңгiменiң басына шыққандай болды. Енді ғана содан асқандай болып, сұлқ отырған қалпында, жаңағы айтқандарын iштей тағы бiр шолып өткен. Ештеңе де, ешнәрсе де ұмытылмаған сияқты. «Бәрi айтылған жоқ па?» деп, Нұрқұмар ендi айтылар түк қалмады дегендей сұраулы сыңаймен әкесiне қарап.
Бұл әңгіме аяқталар тұста үйде отырғандар томсарып қалған.
Нұрқұмар болса ендi өзiне қойылар сұрақтардың аңдысын аңдығандай боп отыр. Түрiнен бiр нәрсеге ырза болғандықтың да белгiсi білінеді.
Осы күндердiң iшiнде Нұрқұмар өзiне талай жаңалық ашқандай болды. Өзін өмiрдiң үлкен бiр белесiнен асып түскендей сезiндi.
Нұрқұмардың айтқандарының бәрiн естiп болғаннан кейiн болыс үндемей қалған. Қабағы салыңқы, түрінен бір түрлі құлазығандықтың ғана нышаны бiлінеді. Бір кезде барып, ол Сағади мен баласына қарап:
– Жә, жолдан шаршаған шығарсыңдар, қарын тойдырып, бiраз тынығып алыңдар. Кейiнгiнi, сонан кейiн айтармын – дедi де, қасындағы серiктерiне:
– Тысқа шығып келейiк, күн бесiн болып қалыпты ғой. Намаздігер шақ екен. Бiр жағы ақыл бөлiсейiк – дедi.
Ол орнынан қозғалып, басына бөркiн киiп, асықпай басып тысқа беттедi. Омардың соңынан бiрге iлесе Оразбай мен Байшағыр шығып кеттi. Үйде шешесi ғана қалды. Сара бәйбiше баласына қарап:
– Мен бiлсем әкеңнiң көңiлi тынышталған жоқ, беймаза қалпында – дедi.
Нұрқұмар шешiсiнiң мына сөзiне не дерін білместен, өзін осының бәріне кінәлі адамдай боп сезінген. Әкесінің мінезін білсе де бағанағы райына бейне бiр күдiкпен қарағандай болды. Бұған дейінгі байқағаны бойынша әкесiнде еш қобалжу жоқ сияқты көрiнген. Сонда соның бәрi жалған, жасанды мiнез болғаны ғой. Әкесiнiң саспайтын бүгiнгi кейпi «бөрi сыртын қомпайтар» болғаны ма?
Әжесi Балажан марқұм айтып отырмаушы ма едi, «әйел затының iшiне кiрiп болмайды» деп. Сол кәрi әжесi айтқан сөздер Нұрқұмардың есiнде мықтап сақталыпты. Тiптi сол кiсiнiң «қайтерсің, әйел болған соң, жаратылысынан көп нәрсені аңғарғыш, сезімтал келедi ғой бұлар. Бәрін байқап, біліп отырады» дегенi әлi күнгi есiнде.
Нұрқұмар шешесiне:
– Ендi мен не iстейiн?! Әкемнiң айтқанынын бәрiн жасадым. Барлыбек те, қолынан келгенiн қазақ баласы үшiн аянбайтындай кiсi екен. Тек қана, бiздiң жер ғана үшiн емес, барлық қазақтың жерi үшiн тартысқа түсуге дайын, бәрiне бiрдей жақсылық жасағысы келетiннiң нағыз өзi екен ғой – дедi де, Барлыбектің елге жасап жүргендерiн тағы қалайша айтсам дегендей боп оқталып қалған.
Он екiншi тарау
Ресей отары болып көндiккен қазақ елi, ендi балаларын заман талабына сай сауат ашқызып, бiлiм алуына құштарлық бейiл танытқан. Солардың бiрi Қалқабай әулетi болатын.
Тасбекеттен сүт пiсiрiмдей жердегi өздерi салған Қарағаш ауылында Қалқабай баласы Маманның ұрпақтары шетiнен байып, көпес, би мен болыс болғандар, алдымен қала салып, мектеп пен мешiт ашқан.
Қарағаштағы кейiннен «Мамания мектебi» аталған бұл мектеп, сол кездегi Жетiсудағы алғашқы бiлiм ордасының бiрiне айналған.
Оқу оқимын деген талабы бар балаға «Маманияның» есiгi ашық. Әмбе оқу тегiн едi. Оқудағы шығынның бәрi Қалқабай ұрпақтарының мойнында, солар өздерi бөлiсiп көтерiсетiн. Ең қызығы оқу су тегiн болғандықтан, кейбiр талабы бар, маңайдағы сiңiрi шыққан, кедей, жалшы – жақыбайдың да балалары бұл мектепте оқып, сауатын ашып жүр. Сондайлардың бiрi, Матай iшiндегi Қайнар елінің, төртiншi ауылдағы Жансүгiр дегенiнiң баласы Iлияс болатын.
Iлиястың өзi Нұрқұмардан үш – төрт жас кiшi болғанымен, оқуға да кеш келген. Онысы неден екенiн бұл бiлмедi. Ол айтпады. Бiрақ өзi өте зерек, оқуға деген құштарлығы да керемет болатын. Сабақ туралы көп жағдайды «Маманияға» келе салып осы Нұрқұмардан үнемi сұрап отыратын да, осы Iлияс болатын.
Бiр – екi жылдан кейiн оның зеректiгi сондай, көп елдiң алдына түсiп, мектептiң оқу үлгiрiмi жоғары балаларға арналған бәйгелерiн бiрiнен –кейiн бiрiн жеңiп ала бастаған. Онымен қоймай Ілиястың ақындығы да бар еді. Iлияс айтты, сол шығарды, содан естiдiк дейтiн талай өлең мен жырды Нұрқұмар анда – мында естiп қалатын.
Маман балаларының Қарағашта мешiт – медресе, мектеп – пансионат ашуы, оқушы студенттерге жәрдем ақы төлеуi, журнал – газеттер алдыруы тәрiздi игiлiктi iстерi жұртшылыққа бұрыннан–ақ, белгiлi болатын.
Маманның кенже баласы Есенқұлдың қазақ тұрмысына арналған жақсы романға бәйге жариялауы олардың абырой – атағын қазақ елiнiң түкпiр – түкпiрiне жеткiзiп, қатты көтерiп тастады.
Олардың мұнысы ел iшiндегi жазу жаза аламын дейтiн, жазушы бiраз кiсiнi әбiгерге салып, олар роман жазуларын бастап кеткен. Келесi жылы сол жазылған кiтаптар бәйгенiң сұрыптауынан өтпек.
Шетелде соның iшiнде Стамбул қаласында оқып жатқан студенттерге жәрдемақы тағайындап берiп тұрғандығы да елге жария болды. Ол туралы газеттерде де жиi – жиi жарияланып тұрған едi.
Есенқұл қажы осы жолы Мекеден келгеннен берi көкейiн тескен бiр түйiннiң шешуiн тапқандай боп, қуанып жүр. Қажының бұл қылығын айналасындағылар: «Есенқұл қажыға барғаннан берi көп өзгердi, көп есейдi. Шариғат өз дегенiн iстеттi, шариғат жолы үлкен дегенi рас–ау осы, дегенмен ол жердiң де, қасиетi ала бөтен екен, тіпті адамды да өзгертедi» деп жорыған.
Бiрақ, Есенқұлдың қажыға барғаннан берi көкейiнде жүргенi, әсiлi шариғат жолынан бұрын Қарағаштағы мектептi үлкейтiп, түбiнде қазақ елiндегi ең үлкен бiлiм бұлағының бiрiне айналдыру сияқты да болғандай. Оның сондағысы Қарағаштағы мектептiң жайшылықтағы оқуына өзгеше бiр маңыз бергiзудi ойлағаннан туындаған.
Мектептiң берер бiлiмi бүгiнгi тiршiлiктiң керегi үшiн асығыс аса қажет болғандай бiр шағы едi.
Бұл мектеп алғаш салынарда Есенқұлдың ағасы марқұм Тұрысбек қажының бұған көп еңбегi сiңген болатын. Жан – жақтан бiлiмдi деген, ұстаздық етем дегендердi осы мектепке алғызған сол кісі.
Келе – келе мектептiң атағы шығып, дүрiлдей бастаған. Сонау татардың Қазаны мен башқұрттың Уфасынан, онан қалса Тройцк, Семейден мұғалiмдер алдырылып, мектептегi шәкiрттерге дәрiс бере бастаған.
Қарағашқа қайтып оралған соң, Есенқұл көп бөгелмей iске кiрiскен. Ендігі басты талап мектепті жаңартып, кеңіту, сондай істі мешітке де жасатпақ.
Арасан, Қапал, Ақсу, Бақалы, Сарқан, Лепсi, Тасбекет елдi мекендерiнiң халқы жаппай өнер – бiлiмге ұмтыла бастаған кезбенен бұл тұспа – тұс келді.
Елге жетiсiмен, ол мектептi жаңартсақ деген ойын iске асыруға тырысқан. Өйткенi, жақын маңайдағы уезд орталығы Қапал қаласында орыс мектебi, «Якобия» аталынатын татар мектебi және ауылшаруашылық училищесi ашылған болатын. Ал, облыс орталығы Верныйда орысша оқытатын ерлер гимназиясы, басқа да, бiрнеше мектептер бар болатын.
Жақсы мектеп болмаса, маңайдағы балалар сол жаққа кетiп қалуы да, мүмкiн деген Есенқұлдың өз күдiгi де жоқ емес едi. Сондықтан ол қажылықтан келе салысымен әуелi ағасы Арасан болысы Сейiтбаттал қажымен ақылдасуды жөн көрдi.
Сол үшiн де Есенқұл дәл бүгiн ағасын iздеп, арнайы сәлем беру үшiн Алатау тауының биiк бiр белiнде жатқан – Салқынбелге жол тартқан едi.
Есенқұлдың ел билеп отырған ағасына айтары да көп. «Сондықтан асықпай отырып кеңесiп, аға ақылын тыңдап, оған өз қосарын қосып, ортақ бiр мәмлеге келудi де ойластырған жөн» деп, ол өзі шешімі қиын осы істі аға ақылымен қоса ойластырып шешуді дұрыс деп тапқан сияқты. Сол ретпен Есенқұл осы сапарға шыққан.
Салқынбел Қарағаштан алыс емес. Алатаудың көп белінің бірі. Бірақ Салқынбел десе дегендей, атына заты – сай жер. Көп елге жер атаулының бiр керемет әзі мен әдемісі де осы жер сияқты боп көрінетіні бар. Неше ықылым заманнан бері талай қазақ баласына керемет жайлау болған жерде осы болса керек.
Асқар Алатаудың қар мен мұзға құрсанған шыңдарына жете бере басталатын жазықтау жер, сан алуан түрлi шөп пен гүлге оранған, бейне бiр түрлi – түстi қырмызы кiлемдердi төсеп тастағандай көрiнетiн көкорай, көк майса, шабындық жерлерге барып бірақ тірелетін.
Қатарынан мың – мыңдап жылқы айдап өтсең де, шiркiн–ай, жерден қылаң еткен бiр тозаң бiлiнбейтiнiн қайтерсiң.
Айнала көк жiбекке оранғандай болған қарағайлы ну орман, қалың жынысты арша мен бөркөз, мына жағы итмұрын, долана боп кете беретiн.
Алысырақта, биiкте – жарық күнмен шағылысып, көз ұялдыратын аппақ қар мен көкпеңбек мұздықтар жарқырайды.
Тау асып, тас басып, келе жатқан Есенқұл, осы қызыққа көзі тоймастан жан – жағына сүйсiне қарап қояды. Аракiдiк айнала толған тамаша көрініске көңiлi толып, тамсанып та қояды.
Мекеге барғанында, қажылық сапарында Есенқұл талай жердi көрдi, талай елден дәм татқаны бар. Бiрақ әркiмге өзiнiң туған жерiнiң ыстық екенiн Есенқұл сол сапардан бiлiп қайтқан. Қажылық сапар мен Татар жеріндегі «Ғалия» сапарына барғаннан бері Есенқұлдың көкейіне түйгендері осылар еді.
Мына сияқты туып – өскен жерi де, ағып жатқан суы да, алып Алатауы да, оның Салқынбелдей бiр пұшпағы да сондай, өзі үшiн ерекше сұлу, ерекше ыстық, ерекше қымбат дүниелер секiлдi.
Есенқұл айналасындағы көз тоймайтын сұлулық пен сәндiктен көзiн тайдырмастай болып, қарай бередi. Сонысынан өзi жалығар да емес. Көкейiн тескен нәрсесі алдынан шығатын сияқты. Көздеген ойы есіне түскенде асығып, атын тебініп қояды. Тағы бiр ойлаған межесiнiң жақындай түскенiне қуанып та келедi. Сол үшiн де, ағасына жолығуға асыққаны рас. Қуанышты ойға берiле түскен ол, қаперiмде аузына түскен бiр әннiң ырғағына бөленiп, iшiнен соны ыңылдап қойып, жол бойы айтып келе жатыр.
Есенқұлдың астындағы жорға аты да, жарты күншiлiктен сәл асатын жолдың ең соңғы кезеңiне барын салғандай болды. Жануар бар өнерiн салып, үстiндегi иесiн ырза қылардай қып, тайпалаң қағып, арасында тiптi, тапырақтап та кетедi. Онысын үстiндегi иесi де, сезгендей болады. Атына ырза болып, ол да қамшы ұстар қолымен аттың тершiген сауырын сипап – сипап қояды. Торы жорға болса осыған әжептеуiр малданып қалады да, онан сайын бар өнерiн салып жорғалайды кеп.
Ақыры Есенқұл Салқынбелдiң ең үлкен сайына да iлiктi. Ар жағында қол созым жерде ағасының ауылы отырғанын бiледi. Сайдың iшiне құласымен, торы жорғаның тапырақтауы онан сайын күшейiп, жорғасы да үдерте түскендей.
Ыңылдап келе жатқан Есенқұлдың мұрнын жарған хош иіс білінді. Бір түрлі бала кезден өзіне таныс иіс. Ол ердiң қасына еңкейе берiп, жерге көзi түскен. Есенқұл онан сайын жерге еңкейе бере, тағы қарады. Аяқ астында жатқан қалың шөптiң арасынан быжынаған бүлдiргендi көрдi.
Кәдiмгi қалың бүлдiрген, баданадай – баданадай, қып – қызыл болып бiркелкi өскен, шөптің арасында толып жатыр. Тiптен де көп екен. Сайдың iшi қып – қызыл ала болып кеткендей.
Есенқұл бұдан ары шыдай алмай атынан қарғып түсiп, iрi – iрi бүлдiргендердi терiп алып, уылжыған күйiнде бiрнешеуiн аузына салып жiбердi. Дереу арада бүлдiргеннiң өзiне ғана тән, ішкі сарайыңды ашатын хош иiсi бағанадан берi мұрнын жарып бара жатқандай болса, ендi таңдайын үйiрiп, тамсандырып тастаған.
Есенқұл осы кезде ғана айнала самсаған бүлдiргеннiң хош иiсiне бөленiп тұрғанын сезгендей болды. Сөйтсе, бағанадан берi ол бiр жағынан ойланып және де сонымен қоймай iшiнен өлеңдетiп келе жатқанында осы хош иiс екен ғой мұны дереу «менi көрдiң бе?» деп алаңдатқандай қылғанын.
Есенқұл осы кереметті енді ғана аңғарған. Ол кеудесiн кере хош иiске бөленген ауаны тоймастан жұта берген едi.
Осы бiр жердiң ендi бiр жиырма жылдан астам уақыттан кейiн «Солдат сайы» аталынатынын. Ол жер енді бүлдiргеннен емес, адам қанына малынып, шиедей қызыл, күрең түске боялып жататындығына, ал жан – жақтың бәрi қураған адам сүйегiнен аппақ боп ағарып қалатындығын, осы кезде Есенқұл сездi ме екен? Жоқ! Ол оны қайдан бiлсiн? Қалай сезсiн? Ол да болса келер уақыттың iсi болса керек.
Ал Есенқұлдың қазiргi ойы тезiрек ағасының үйiне жету, онымен кездесiп мауқын басу. Сонан кейiн мектеп туралы ақылдасу болатын.
Ағайынды Мамановтар салқын жайлауда, қымыз iшiп, iнiге арнап сойылған тайдың етi мен жас бағланның сiрнесiн жеп жатып, бiр қыдыру әңгiмелескен. Сағынысқан көңiлдер жарасып, сөйтiп өздерi бiраз мауқын басқан. Әсiресе, Есенқұлға «ағаның үйi – ақ жайлау» боп, албырттанып келген көңiлi жай тауып, сүйсiнген үстiне – сүйсiне түсуде.
Осыдан кейiн Есенқұл ептеп отырып, өзiнiң аға аулына келгендегi шаруасына көшiп, соның әңгiмесiне кiрiскен. Ол сөзiн аға көңiлiн шолғандай болып, арыдан бастаған:
– Бiздiң мына үш жылдық мектеп – медресемiз бүгiнгi күнi бiзге тарлық етiп отырғандай. Жаңа үлгiдегi бiрнеше жылдық үлкен мектеп ашпасақ болмайтын сияқты – деген.
Iнiсiнiң бастаған сөзi Сейітбатталға бұрыннан таныс болғандықтан да, көкейiне қона кеткендей болып шықты. Осының өзi қашан сөз болар екен деп күтіп жүрген адамның пиғылымен Сейітбаттал жылыұшыраған жүзбенен әңгімеге құлақ түрген. Бір жағынан оның өзi де, осыны күтiп жүрген болатын. Ол мынадай көңiлiнен шыққан сөздерi үшiн iнiсiне шын разы болғандай рай көрсеткендігі сол еді.
Сейiтбатталдың мұнысы бiр жағынан қарап отырса, iнiсi Есенқұлдың да ел қамын ойлаудан кет ары еместiгi едi. Інісінің осысын ол іштей бағалап, «Есенқұлдың мұнысы жақсы» дегендей қылған. Ол осы туралы iнiсiне ой сала:
– Сенiң сөзiң дұрыс па деп отырмын. Ел байыса, олардың арасында сауаты ашық, білімділерi де көбейе түсер. Олай болса, осы жұрттың барлығына да жақсы болары анық қой. Көсегеміздің көгерерi айқын. Байлық көзі, өмір арқауы – халықта ғой. Мектептi жаңарту деген сөздiң өзi дер кезiнде айтылғандай болды. Сөйткенiмiз дұрыс болар – дедi.
Осылай деп айтқан соң Сейiтбаттал сәл ойланып қалған.
Есенқұлдың мына тірлігіне шүкіршілік жасап, көңiлi көтерiлiп қалғандай. Осыдан былай ылғи да, өздерінде осындай толып жатқан игiлiк iстердiң бола жататына көзi жетiп тұрғандай боп тұр. Сейiтбатталдың қазіргідей ойы осындай.
Сейітбатталды қуантатын тағы бір жәй – Қарағашта басталғалы тұрған тiрлiк пен шаруа тек қана, Қалқабай ұрпағы үшiн ғана емес, ел үшiн де керек екендiгiн айналадағы жұрттың түсiне бастауы. Сейітбаттал соны тілге тиек етіп:
– Қанша айтқанмен ел бұрынғыдай емес. Оқу оқып, хат танығанның қадырын түсіне бастапты. Бұл іске ел қуанбай қайтсін! – деді.
Өзінің қолға алған ісін ағасының түсiнгенi Есенқұлды қатты қуантып тастады. Оның көңiлi жадырап, көтерiңкi көңiлмен, мына бiр жайды ағасының да, басқа туыстарының да, түсінгеніне мың да бiр шүкiршiлiк еткен.
Өзiнiң келген жұмысы тауы шағылмай өз жолымен бiтiп жатқанына Есенқұл мәз болып қалған. Қуанышы да ала бөтен. Ойының арғы түкпіріндегі күмәнді бұлттар сейіліп, ойына алғаны іске асар болғандықтан жадырап қалған.
Туысқанның өзіңді түсініп, істейтін ісіңе қол байлау болмауы қандай жақсы. Олар өзін қолдамаса қайтер еді? Өз қолыңды өзiң кесерсiң бе? Есенқұл өзiнiң осы қалпын бүгiн ерекше сезiнген.
Сейiтбатталда қарап жатпай інісі жаққа мейірлене қарап, оның сөзіне шын сүйсінгендей пейілмен:
– Бұл өзi бiр бастауын күтiп тұрған, жақсы әңгiме, мектептi үлкейтемiз дегенiң өте дұрыс, уақтылы айтылған. Ендiгi сөз қысқа, аялдайтын, жалтақтайтын түк те жоқ. Қашан бастамақ ойларың бар – деп, тез арада інісінің айтқандарын қостап, оған өзінің де қосары бар екенін білдірген. Тіпті, Сейiтбаттал iнiсiнiң мынадай сөздерiн естiгеннен кейiн, бір түрлі аруақтанып, шешiле түскендей түр көрсетіп. Іле сөзiн жалғастырып:
– Осы күнi қараңғы адамның күнi шын қараң болып тұрған жоқ па? Сөзiң дұрыс iнiм, бастамаң құтты болсын! Жаңа салынар мектептiң құрылысын өзiң көтерсең, сенен қалыспай мен де, сол жерден мешiт салғызуды бастайын – деп, Сейiтбаттал өз байлауын айтып салған.
Сөйтiп алғашында ел игiлiгiне ортақ iс үшiн, бастама жасаған Тұрысбек қажы қайтыс болғаннан кейiн, оның iнiсi Есенқұл Маманов «жаңа әдiспен оқытатын» мектеп салуға кiрiссе, тағы бiр iнiсi болыс Сейiтбаттал Маманов мұнарлы мешiт салуды қолға ала бастаған едi.
Бастапқыда өз қаржыларын жұмсап, барлық құрылыс жұмыстарын бiраз еңсерiп тастауды көздеген Сейiтбаттал мен Есенқұлдың алдынан талай қиындықтар бой көтерiп шыға келген.
Ендi мiне, былтыр ғана Есенқұл өзiнiң қажылық мiндетiн атқарып келе жатып, Арабстаннан қайтар жолда тағы бiр қазақты кездестiрiп, жол –жөнекей оны үгiттеп, осында келтiрген. Сол кiсi – Ғабдулғазиз болатын. Ол қазiр Қарағаштағы «Маманиядай» мектептi басқарып жүр.
Ғабдулғазиздей оқи – оқи оқудың шегіне жетіп, шетiне таялған адамға, біржағы ғылым біткеннің ең биік шыңына жақындай түскенде мектеп тұтқасын ұстау онша қиын болып көрінбеген. Бұл жайды жаңа мектеп салдырып жатқан Есенқұл бірден байқаған. «Әй, өзiнiң бiлмейтiнi жоқ екен. Не туралы сұрасаң да, бiледi» деп, Есенқұл шын риза болды.
Осынау кезде есiне өзiнiң жас кезiндегi оқуға байланысты айтылған бiр оқиға түсе қалғандай болды. Сонда өзi ең алдымен медресе – мектепте оқығанда әкесi марқұм Қазаннан алдыртқан татар Шариф молда өздерiне:
– Оқи берсеңдер бiр күнi оқудың да, түбiн түсiрiп, шегiне де жетерсiңдер – дейтiн. «Сол айтпақшы Ғабдулғазизде оқи – оқи оқудың түбi мен шегiне жеткен адам болды ғой» деп қойды Есенқұл. Оның Ғабдулғазиздің білгірлігіне сүйсінуі де шексіз.
Ғабдулғазиз сияқты адамдар бүгінгі күні Матай елінде сирек кездеседі. Есенқұлдың – Ғабдулғазизбен кездесуі де қызық болды. Екеуінің кездесуі Арабстан жерінде өткені бар. Оның өзі де, адам ойына келмейтін жағдайда, аяқ асты болған еді.
Есенқұлдың қажылыққа барып, қайтар сапарында Арабстанның шөл даласындағы бір рабаттың керуен сарайына тоқтаған кезі едi.
Рабат ауласына кірісімен ол жерде біраз жолаушылар тынығып жатқан екен. Керуендер де ерсілі – қарсылы ағылып жатқан сияқты. Керуендермен ілесіп жүрген адамдар да көп.
Бұлар сол рабаттың кең ауласына келіп кіргенде алдарынан бір кісі шыққан. Жалғыз өзі шыққан әлгі кісі күнге әбден күйiп, қатқан қайыстай боп қарайып кетіпті. Онымен қоймай әлгі кісі қазақша сөйлей бастады.
Өзі күнге әбден қарайып кеткен, келтелеу келген, таңқы мұрынды, сәл бақырайып тұратын көздерi өткiрлеу көрінетін белгiсiз кісінің кездесуі де осындай қызық болды.
Бірақ та адам нанғысыз айдалада кездессе де оның жүзінен Есенқұл өзіне ғана таныс бір белгілерді бірден байқаған. Онысы өзінің туып өскен сақарасының адамдарына ғана тән, таныс белгілерді осы бір кездейсоқ кездескен кісінің бойынан кездестіріп жатқандай еді. Есенқұлды абдыратқан да осы болды.
Жаңағы кісі нақ бiр кебiнге оранғандай боп, үстiне бастан – аяқ аппақ ақ матадан тiктiртiп арабы киiм киген екен.
Бастапқы кезде оның қазақ екендiгiне және сол сияқты қазақтардың қиян сақарада, алыс бiр елде кездесе қалатындығы тiптi Есенқұлдың үш ұйықтаса түсiне кiрмеген. Күн әдеттегіше дәл тас төбеден шақырайып, адамды ес – тұсынан адастырғандай болған аптап ыстық болып тұрған. Қайда барсаң да ыстық, жер көктің бәрі жалындап тұрған сияқты. Қапырық ыстықтан жалын тартып қаңсыған ауада тек қана ыстық дем ғана білінеді. Күннің көзі сәл дамылдайын десе болғаны лып етіп болымсыз жел көтеріледі. Сол, сол–ақ, екен айналаны лезде шаң – тозаңға айналдырып жібереді.
Көз көретін жерге дейін қылт етiп өскен дәнеңе де көрiнбейдi. Тек қана сағым боп соққан ыстық жел баяу тынымсыз қозғала беретiн сияқты. Сол желдiң алыстағы лебi ғана ұзарып өскен селеудей ме, жоқ әлде ағып жатқан дария суындай болып көзге түсе бередi екен. Сол ағып жатқан сағым дариясының бетi ғана толқындай болып көрініп, тербеле тулайды. Көзге көрiнер толқын, кейде саябырсып ағып, артынша көлбеңдей толқып, буырқана аға жөнеледi.
Алыста сарғыш түстi қу мекиен даланың бүк түсiп, бұғып жатқан құмды белестерi ғана байқалады. Басқа көзге iлiп алар зат жоқ. Бәрi де елсiз, шөлiркеген, қу мекиен, ен дала. Басқа тіршілік белгісі жоқ сияқты. Арабстанның сақара шөлiнің Есенқұл көрген бейнесі осы болатын.
Бұлардың келе жатқаны жолы – жол дейтін, жол да емес. Соған ұқсас қана болған сүрлеу. Жолдың сұлбасы ғана дерлік құм басқан дала. Бұлар мiнген көлiк түрi – түйе ғана.
Айналада аң жүгiрер, құс ұшар жерге дейiн ныспылға ішерге су жоқ. Көз көрім жерге дейін қу мекиен шөлдi дала. Адам жаны үшiн ең керектi дүниедей болған суды да бұлар меске құйып, өздерiмен бiрге алып келе жатқан. Пайғамбар елiнен шыққандарына алтыншы күн болғанда керуен кiшiрек бiр қалаға келiп тоқтаған. Онда да су мен азық алуға сол қалаға кiрген.
Өздері келіп тоқтаған үлкен керуен сарайдың ауласында бiрiнен кейiн бiрi шұбырған түйе айдаушыларынан арабқа ұқсас бiр адамның қазақша:
– Керуендерiңде қазақтар бар ма? – деген даусы естiлдi.
Мына сөздi естiгенде Есенқұл сол сияқты керуендегi басқа қазақтар да, елең етiсiп жан – жақтарына қараған. Бұлар өздерiне таныс дауыс қай жақтан шықты әлде құлағымыз жаза естiдi ме дегендей ғып, бiр – бiрiне таңырқаса қарасып алған. Сөйтсе, анадай жерде тұрған арабтардай ақ киiмге оранған кісіні байқады. Өзі қазақша сөйлеп тұр. Осы керуендегi қажылыққа барғандардың басым көпшiлiгi қазақтар болғандықтан, олардың бәрi дабырласып, дуылдасып қалған едi.
Жаңағы қазақтың бұларға келуi ашық күнгi аспанда найзағай ойнағандай болды. Алыстағы бөтен ел, бөтен жерде қазақ баласын кездестiремiз деген олардың үш ұйықтаса да түсiне кiрмегендей.
Жаңағы кісі де Мекеге қажылыққа барғандардың iшiнде қазақтар бар деп естiп, солардың қайтар кезiн күтiп қалыпты. Ал қазiр ол Есенқұл келе жатқан керуендi күтіп, жолығып қалуға келiптi. Сондағы оның ойы бұлардың керуенiне бiрге iлесiп, елiне қайтпақшы екен.
Керуен сарай абыр – дабыр болып қалды. Мекеге барған қазақтар, мынадай алыс жақта қазақты кездестiріп мәре – сәре болып, жөн сұрасысып кетті.
Үстiне аппақ паплиннен арабы киiм киген қазақпен сонау алыстағы Аравия елiнде ұшырасқан Есенқұл, жанындағы серiктерiне естiрте:
– Апырай, бiздiң қазақтың да, жүрмейтiн жерi жоқ екен – деп, қатты таңқала сөйлеген. Сөйлесе келе оның аты Ғабдұлғазиз болып шықты. Өзi күнбатыс қазақ елiнде туыпты. Ал соңғы тұрағы Арабстанның ар жағында жатқан, Есенқұл естiмеген жерлер, Африка дейдi ме, Египет пе, Мысыр ма, сонда жүріпті. Ол жақта жүргеніне де табаны күректей он жыл өтiптi. Өзi Египеттiң Каир университетiнiң заң факультетiн тәмәмдапты. Ендi мiне, қазақ жәдiгерi Ғабдулғазиз Мұсағалиев елiне келе жатыр екен. Оның тегi Едiл мен Жайық арасындағы Бөкей ордасынан болып шықты.
Ғабдұлғазиз Орынбордағы гимназияны тамамдағаннан кейiн, өзi армандаған Африка құрылығындағы пирамидалар елiне былайша айтқанда, шығыста – Мысыр, ал Европада – Египет аталынатын елге сапар шегедi.
Он шақты жылды сол жақта өткiзген Ғабдулғазиз, уақытты бос өткiзбей Каир университетiнiң құқық факультетiн бiтiргенiмен қоймай сегiз бiрдей тiл үйренедi. Оның бiлiмi сол кездегi қазақтардың арасындағы ең бiр жоғары, ең бiр бiлiмдi екенiне Есенқұлдың көзi әбден жеткен.
Есенқұл жөн сұрасқаннан кейін сөзін жаңағы кісіге бұрып:
– Елiңдi сағынып, iздеп келе жатқан жолаушы қазақ болсаң болғаны, бiзге кел, бiрге болайық – дедi. Соны айтып, кiшiпейiлдiк рай көрсеткен Есенқұлдың өзі де жаңағы қазақты қуана қарсы алды.
Есенқұлдың шын ниетпен айтқан сөздерiне оның да есi шығып, елжіреп қалған. Оның жаңағыдай ниетiн ол да шын жүректен қабылдағандай.
Жолаушы қазақ алыстағы Мысыр елiнен шығыпты. Жол азабын әбден тартып, барлық қиындыққа көнген сияқты. Өзiнiң осы жасында көрмегенi жоқ екен. Оның үстiне қаржысы да тапшыланып, қиналып қапты.
Сондықтан да болар, өткен – кеткен керуеншілерден сұрастырғанда, «бізден екі күндік жерде қазақ жеріне баратындардың керуенi келе жатыр» дегенді естiп, күтiп жатқан бетi екен.
Жол – жөнекей құдай айдап кездесе кеткен, шет жерде арып – аршып жүрiп, мол бiлiм алған, әсiресе сегiз бiрдей тiлдi меңгерген осы бiр жұмбақ қазақ жiгiтi Есенқұлға таптырмас жолсерiк болуға лайық болған еді.
Ол бұған алыстағы Мысыр, Таяу шығыс, күллi араб елдерi, басқа да адамзат тарихына байланысты көптеген қызықты әңгiмелер айтумен болды.
Әңгіме қызығына берілген Есенқұлға ендігі сапар қысқа болып көрінген. Қазақ керуенінің ішінде «жаһангер» аталған Ғабдулғазиз бiраз уақытын өзiмен бiрге алып келе жатқан жаһан дүниенiң картасына қарауға, бiрен – сараң арқалап жүрген кiтабына үңiлуге де, көңiл бөлiп қояды.
Ғабдұлғазиздiң бiлмейтiнi жоқ екен. Онысы да Есенқұлға белгiлi болды. Тiптi, Аравия шөлi бiтер бiр тұста – алыстан көзге түсетiн, ұзын жотадан қара жол асып түсетiн кезде ол Есенқұлдан керуенді кідіртуді сұраған. Өзі оған мына тұста имам Шәмiл опат болған жер деп, бiр белес – белес адырлы шөлдiң, төбе – төбе құмға айналар арасын көрсеткен.
Иен далада келе жатып, аяқ астынан естiлген мына сөзге – Есенқұл:
– Қай Шәмiл? Ол кiм? – деп сұраған. Сонда Ғабдұлғазиз Шәміл туралы айта бастаған. Ол көзін құмды адырға тігіп:
– Кәдiмгi Кавказдағы мүриттердiң «ғазауат» қозғалысына басшылық жасаған – имам Шәмiл – дедi де, көзін сол жақтан алмастан айта берді.
Есенқұл да, Шәмiл туралы естiген, бiраз нәрсенi бiлетiн де едi. Ол осыған орай:
– Е, бәсе! Оны бiлемiз ғой! Бәсе қай Шәмiл деп қалсам? Кәдiмгi Кавказдағы тау халықтарын Россияның отарлауына көндiрмей көтерiлiске бастаған, түбi түркi боп келетiн, ауар халқынан шыққан Шәмiл ме? – деп қалған.
Есенқұлдың бiлетiнi – Шәмiл көтерiлiсiнің, Кенесары көтерiлiсiнен кейiн iле – шала басталғандығы едi. Тау халықтарының отаршылдыққа қарсы көтерілуіне Кенесары сұлтанның ықпалы тигендей де сияқты.
Шәмiл туралы айтып кеткен Ғабдұлғазиз, әлi де болса Есенқұлға Шәмiлдiң де, Кенесары сияқты отарлық бұғауды үзуге өз халқын бостандықта болуын көксеп көтерiлгенiн айтса да, оның кейбiр түйткiл жерлерiне әлi де болса бара алмағандай.
– Шәмiлге дем берген де әуелi Кенесары болған жоқ па?! Ал, осының барлығының алдында Сырым мен Барақ, Есет батырлар бастаған Кiшi жүз қазақтарының, онан кейiн Исатай – Махамбет, Көтiбар батыр бастаған бас көтерулер де осы күнге дейiн бiр тынбай келе жатқан жоқ па? Соның соңы да кешегi Адайлар көтерiлiсi болды ғой – деп, Ғабдұлғазиз бiраз жайды айтты.
Кенесары қозғалысына себеп болғанның өзi де сол кездегi қазақ елiндегi саяси жағдайдың шиелiнiсе түскендейi себепкер болған. Соның барлық сипатын да Ғабдұлғазиз жақсы бiлетiн болып шықты. Ол бiраз ойланыңқырап отырып, осының бәрiн де Есенқұлға айтып берген.
Ғабдұлғазиздiң айтысына қарағанда, бәрi де орыс патшасы өкіметінің «Сібір қазақтарын басқару туралы жарлығынан» басталғандай болған екен.
Кіші жүзді түгел дерлік бодандыққа бағындырып билеп – төстеп алған патша әкімшілігі өктемдігін енді Арқа қазақтарына жүргізіп, оның байырғы тұрғындарын атамекенiнен ығыстырып, орнына қаптатып казак – орыстарды қоныстандыра бастапты.
Олар өздерiнiң бекіністер желісін Орта жүз жеріне дендей тартып, қазақ даласын айқыш – ұйқыш шандып тастауға тырысыпты.
Осыған байланысты қазақтар арасында алғашқы наразылығын Сырым, Есет, Барақтар білдірген. Әсіресе, Сырым батырдың есімі елге белгілі. Ол жерді отарлаудың нағыз шегіне жеткен кезінде қатарынан он төрт жыл бойы қазақ елі үшін 1783 жылдан 1797 жылға дейін тұрақты орыс армиясымен, Орал бойы казактарымен, Россияның қолжаулығы болған қазақ сұлтандарымен күресіп өткен. Тек, 1802 жылы жұмбақ жағдайда өлтірілген соң ғана өзінің күресін тоқтатқан.
Кейіннен Абылай ханның баласы сұлтан Қасым төре де отарлауға наразылығын білдірген екен.
Қасым Батыс – Сібір генерал – губернаторы Капцевичке хат жолдап, дуандар мен бекіністерді жойып қазақ даласынан орыс әскерлерін алып кетуді талап еткен. Талап орындалмаған жағдайда өздерi әбден ашынып, шарасынан асып, төгілгелі тұрған халықтың ашу – ызасы неге соқтыратынын тағы да ескертiпті. Бұған құлақ асудың орнына патша өкіметі қырға әскерлерін үсті – үстіне төгіп, бекіністер жүйесін тағы да, үш жүз шақырымға созып, Ақтау қорғанын сала бастаған.
Бiрақ, Кенесары көтерiлiсi бар болғаны он жылға созылса, Шәмiл жиырма бес жыл соғысып барып жеңiлгенiн мойындаған. Мүмкiн, оның осыншалық ұзақ қарсыласуына таулы жердiң де, көмегi тиген шығар. Мүмкiн, Кавказды жаулап алу соғысымен ұласып кеткен Қырым соғысы кедергi болған шығар. Қырым соғысы кезiнде Россияның халi мүшкiл болғаны рас. Өйткенi оған одақтас үш мемлекет қарсы соғысты ғой. Оның iшiнде Түркиямен қатар: Англия мен Франция да бар едi. Әлсiреген Россия iшкi соғысты уақытша тоқтатуға мәжбiр болған. Сөйтiп қана, бар мүмкiншiлiктi Қырым соғысына бағыттаған болатын. Сонымен қатар, ол тау халықтарының Түркия қарамағына өтiп кетуiнен қатты секемденген сияқты.
Ғабдұлғазиздiң сонан кейiнгi бiлетiнi қазақ елiн азаттыққа жеткiзгiсi келген Кенесарының азаппен қаза табуы болса, ал Шәмiлдiң тау халықтарын қырғыннан сақтап қалу үшiн өз еркiмен қолға түсуi едi.
Шәмiл қолға түскен соң оны Калуга қаласына жер аударып жiберген. Ол сол жақта өзi тұратын үйдiң тұтқыны боп тағы он жылдан астам уақыт ғұмыр кешкен болатын.
Ақырында ол жасы жетпiске таяғанда:
– Тау халықтары тарапынан жасалынатын барлық қарсылық әрекеттерден бас тартамын! – деп, Ақ патшаға ант – су iшiп:
– Бәрiн де қойдым, iздейтiнiм тек қана, имандылық! Сол үшiн де маған Мекеге қажылыққа барып қайтуға рұқсат етiңдер – деп, патшаға «прошение» жасайды. Оның «қайтып өкiметке қарсы шықпаймын» деген уәдесiн алған соң ғана барып, патша оның бұл талабын қабылдап, рұқсат бередi. 1870 жылы Мекеге сапар шеккен Шәмiл қайтып келе жатқанда осы маңдағы Ғабдұлғазиз көрсеткен жерде түйеден жығылып өлiптi.
Сар даладағы – меңiреу, құла түз. Бұл жердiң жасырып жатқан жұмбағы да осы екен. Сол айтылған жерде Шәмiл жан тәсiлiм етiптi. Осы күнгi сарғая құлазып, жым – жырт болып жатқан мына қу мекиен даланың да, бұғып жатқан өз сыры бар екен. Ол сырдың осы iспеттес болғаны ғой.
Бүгінгі күні меңіреу дала – кешегi өткен ғұмырдың жалған екендiгiн адамдарға мойындата түскендей болып, құлазып жатыр. Есiз қалған бiр жапанда, Ғабдұлғазиз бен Есенқұл тұр. Осы бір ғұмыр атты сапардың осындай бiр жерде кенеттен үзiлiп кететiндiгiне де мына тұрғандар шүбә келтірмейтін сияқты.
Сол жерге тоқтап, шаһит болған мұсылман баласы үшiн екеуi құран оқыды. Шәмiлдiң қазасы дәл осы жерде екеуiне ғана батып тұрғандай көрiнедi. Жапан түзде – тек екеуара боп шерленiп, шемiренедi. Бұл тұс Шәмiл өлген жер.
Есенқұл қатты тебiренiп кетiп:
– Тым болмаса, Кенесары хан қаза тапқан қырғыз жерiнде де, осылай болар ма? Ғабдұлғазиз әпендім, өзіңіз сияқты көп таһрих бiлетiннiң бiреуi: «мына жерде елi мен жерiнiң, халқының бостандығы үшiн шайқасқан Кене хан опат тауыпты деп, құран оқып жүрсе һәм жақсы болары һак!» – дегенді тебіреніп тұрып айтты. Сол қалпында қатты толғанып қалған едi. Тiптi, тағы бір нәрселерді Ғабдұлғазизге айтқысы келдi де, артынша ол ойынан айнып қалған.
Өйткенi дәл осы кезде, Ғабдұлғазиздiң өзi де, қабағын мұң басып, терең ойға кеткендей екен. Есенқұлдың жөн – жосықсыз кiсiнi мазаламайтын әдетi бар–тын. Сонысына қарай, ол да үндемей қалды. Тек, әңгiме екi үш айналымнан кейiн, Шәмiл опат болған жерден бiраз ұзағаннан кейiн барып қайта жалғасқан.
Ендi сөз кезегiн Есенқұл алғандай. Көңiлiне тоқығанын, барлық мұңдарын түгiн қалдырмай Ғабдұлғазизге айтып, тарқатып келедi. Ойында аталып өткен, арналып қалғандай болған мақсатын да түк қалдырмай айта түскен.
Есенқұл – Ғабдұлғазизге тағы да Жетiсу, Қапал өңiрi, ондағы Қарағаштағы «Мамания» мектебi туралы айтудан бастаған. Сөз соңында барып ол Ғабдулғазиздi сол Қарағаштағы мектепке ұстаздық етуге шақырған.
Есенқұлдың есебi жаңа мектеп ашып, оны көркейту болса. Сол бiр арманның пұшпағы уысына түскендей болған. Ол қайтсе де осы бiр қазақтың жiгiтiнен айрылмауға бар едi. Көңiлi соған қатты құлай кеткен.
Қаражат пен пұлдан зардап шегiп, елiне жете алмай келе жатқан Ғабдұлғазизбен – Есенқұл осылай танысқан. Ол оның барлық жол шығынын өз мойнына алды. Басқа да шығындарды да көтерiп кеттi. Есенқұлдың да дәл мынадай қазақтан аянары жоқтай. «Үмiтiм ақталса екен?» деп келедi.
Ғабдұлғазиздiң Мысыр елi, басқа да елдер, әсiресе адамзат туралы талай тамаша әңгiмелерiн тыңдай – тыңдай елiнiң шетiне қалай жетiп қалғанын Есенқұл өзi де сезбей қалған. Жол бойы неше алуан әңгiмелер айтысты. Құтты бiр шым – шытырық шытырманға толы, әсем хикаяларға бай – «Мың бiр түн» оқиғасы сияқты керемет қызық сапар болды бұл өзi. Ұзақ жол, таусылмас сапар солай қысқарған. Сөйтіп, ел шетіне жетіп қалған.
Елге таянғанда тағы да ол Ғабдұлғазизге:
– Бiздiң мектепке сiз сияқты оқыған, ғұлама адамдар өте қажет боп тұрғаны. Соған бiз зәру болып, қыжалат тауып тұрмыз. Бiзге жүрсеңiзшi, Қарағаштағы мектепке ұстаз боласыз ба, тiптен түбiнде сол мектептi өзiңiз басқарып кетерсіз. Қолыңыздан қақпаймыз, тек мектептiң бiзге жақсы болғаны керек. Қажет жағдайдың бәрiн керек болса жасаймыз. Үлкен ағам қайтыс болғаннан берi, Сейiтбаттал ағам екеумiз мектепке қамқор болудамыз – деген.
Есенқұлдың осы тәріздес ұсынысын сапар ортасында естіген Ғабдұлғазиздiң бұл туралы ойланғанына бiршама уақыт өткендiктен, ол Есенқұлға ризашылық рай білдіре:
– Қажеке! Маған деген зор ықылас пен көңiлiңiз үшiн мың да бiр рахмет, иман жүздi адамның бiрi екенсiз. Жасап жатқан тiрлiктерiңiз де, барша қазақ баласына жасалып жатқан жақсылық болар! Әр қашанда осылай халқымызға – зор мейiрбаншылықта болыңыз! Менiм iздегенiм де, барша қазаққа, елге қалай септiгiм тиедi деген бiр пендешiлiк қана едi. Сондықтан қабыл алдым ұсынысыңызды! – дедi. Оның айтқанының бәрi, көңiлiнiң бары екен. Есенқұл қуанышында шек болмағандай. Ол қатты мейiрлене түсiп:
– Бәсе, өзiм де, солай болатындығына көзiм жеткендей сияқты болғаны. Алдын – ала, алабұртқан көңiлi құрғыр да осыны сездi бiлем. Осылайша болар деп едiм?! Айтқаным келдi! – дедi. Ғабдұлғазиз – Есенқұлдың түрiнiң өзгерiп сала бергенiне қарап, оған өзiнiң жайын айтты.
– Қажеке, тек қана маған бiраз уақыт мұрсат берсеңiз болғаны. Елiме барайын. Ол жақтағы туған – туысқандарымды түгендейiн. Елден кеткенiме оншақты жыл болыпты. Алла жазса, алда жарық күндер, татар дәм болса, бiраз уақыттан кейiн жетермiн сiздер жаққа! – деп, жарқын жүзбен сөйлеп, келісімін де бергендей болған.
Ғабдұлғазиздiң келемiн дегенiне, Есенқұл әбден ырза болған. Тiптi бiр түрлi балаша қуанғаны рас. Оның күлiмсiреп тұрып, тек қана айтқаны:
– Өзiңiз келгеннен кейiн мектептi жаңартамыз, ол туралы кейiн ақылдасармыз, – деген.
Қалайша туған елiме пайдам тиедi деген Ғабдұлғазиз, Мысыр елiнде ұсынылған қызметтерден бас тартып, алып – ұшып елiме қашан жетемін деп келе жатқан бетi едi. Құдай айдап, қайтар жолда өзiнiң Есенқұлмен кездескенiне де өкiнбеген. Қазақ арасында ақылды, елiнiң болашағын ойлайтын байлардың пайда бола бастағанына бұл бiр жағы таң көрсе, бiр жағы қатты қуанған.
Ол риза болған пiшiнмен, Есенқұлға қарап:
– Әрбiр қазақ байы, байыған сайын мектеп ашса, медресе мен ущилище, я болмаса тiптi, университет ашып отырса – қазақ халқына керегi де сол ғой. Алға басу мен өсе түсу деген тек қана жаппай сауаттылық арқылы пайда болады ғой! – деді. Осыларды айтқан кезде, ол осының бәрiн бұрыннан бiрге жүрген, үйренген сырласына айтып тұрғандай көрінді. Оның көңiлiне де, бойына да, бiр ерекше жеңiлдiк пайда бола кеткендей. Ғабдұлғазиздiң көптен берi шетте жүрiп, жат боп кеткен сезiмiне де көтерiңкi қызу мен қуаныш елес берiп, сергек желiк пайда болғандай.
Ғабдұлғазиздей үлкен бiлiми дәрежедегi азамат, елiнде өзiн күтiп тұрған өкiмет билiгi мен мемлекет тетiгiндегi, сан түрлi мансаптың дәмiн сезiнсе де, осы кезде оның «қалайша халқыма пайдам тиедi?» деген алдына қойған мақсаты басымырақ болып шыққандай. Оның үстiне бүгiнгi күнгi еңсесi кетiп, жадау тартқан, мына бiр жүдеу елiн көтеру үшiн, жатпай – тұрмай барлық жерде бiлiмдi кiсiлердi даярлау керек екендiгiн Ғабдұлғазиз де осы күні қатты сезiнгендей. Осыны ол аса терең түсiніп, шамасы келгенше іске асырмақ сияқты.
Қазiргi уақытта қазақ баласына тек қана, ағартушылықпен айналысатын адамдардың пайдалы екендiгiн де іштей сезініп, мойындағандай болған едi.
Сонымен, Ғабдұлғазиз шын көңілімен Есенқұлдың бұл ұсынысын қабыл алып, Қарағаштағы мектепке келуге уәдесiн берген.
Елiне қарай бет алған Ғабдұлғазиздiң ұшарға қанаты жоқтай боп көрінді. «Көптен көрмеген, сағынған елді бір көрсем, мауқым басылар еді» деп, Ғабдұлғазиз ойлаған еді. «Содан кейін тезірек Жетісуға жетсем, ондағы Қарағаш қыстағындағы мектепті көрсем» деп тағы қиялдады.
Қазір Ғабдұлғазиз көкейiнде тезiрек өзi көрмеген Қарағашқа жету, ондағы бiлiм ордасына кiрiп, қазақ балаларына өзi бiлетiн бар нәрсенi тезiрек үйрету ғана сияқты. Сонда ғана, өз халқының алдындағы өтелмес борышын шамалы боса да, мысқалдап қана қайтаратындай болғанына шүкіршілік жасап, қатты қуанғандай болды.
Оның жүрегi алып – ұшып, ұшы – қиыры жоқ сақара даласын мекендейтiн қазақ елiне қарата қанаты талмай ұшатын құстай болып, тезiрек жеткiсi бар–дай.
Он үшiншi тарау
Түннiң бiр уағына дейiн, өзi қатты шаршаса да, қағаз жазумен отырған Барлыбек, керектi қағазын тамамдап, талықсып барып, таңға жақын ғана ұйықтап кеткен. Көз шырымын ғана алса да, ол әдеттегiсiндей ерте тұрды.
Күн – түн демей отырып жазғандары – әр түрлi қағаз беттерiнен алынған неше алуан мәлiмет пен жазбаша хабарлар жинала келе ақыр соңында мұның жазбаларына кеп тоғысқан сияқты. Солардың бәрi өз көңiлiнен шығып, бiртұтас, жүйелi түрге айналғанда ғана барып, Барлыбек шаршағанын сезген.
Барлыбектiң кешеден бергi айласы таусылғандықтай болғандықтан да, түнi бойы қағаз жазып отырысы да өзгеше, қауырт болғандай. Бiр орыннан тапжылмай отырып, нешеме сағат үздiксiз жазу үстiнде еді. Кей – кейде, арасында жазылған қағаздарын қайта ақтара оқи отырып, солардың iшiндегi керектiсiн алдындағы «прошение» мен басқа да хаттарға жазып қояды.
Тек қана, анда – санда, бәйбiше ғана кiшкене қыздарын бiрiнен кейiн бiрiн жұмсап, өзін ас iшуге ғана шақырады. Онда да, естияр болып қалған шешесiне ұқсаған бетi дөңгелектеу келген, бадана көз Гәкiш:
– Аға, тәтем шақырып жатыр, жүрсеңiзшi тамақ суып қалды! – деп, еркелей, бұртияды. Гәкiштiң басынан сипап, маңдайынан иiскеп:
– Гәкiш, апаңа айт! Маған қарамаңдар. Мен әлi бiраз жазу жазамын – дедi. Соны ғана қызына айтты. Басқа сөз айтуға Барлыбектің мұршасы жоқ.
Барлыбек осы бiр кезде, әсiресе кешеден берi, керемет бiр асығыс жағдай, дағдысыз күйге түскендей едi. Өйткенi көз алдында шешiмi күттiрмес, тығыз шаруа тұрғандай боп көрінген. Соларды еңсеріп тастауға құлшынғаны да сол еді. Онысы бекер емес.
Өзіне сенгендей болып отырған тамам елдiң тағдырын қалайша ойламасқа? Қалайша қол қусырып, қарап отырмақшы? «Мынау өңшең ығыр болған, қалың ағайынға жол нұсқап, жөн көрсете алмасам, несiне жүрмін?» деп ойлаған сайын мазасы кете бастаған.
Елдiң осындай аңғарын таныған Барлыбек өзiнiң «iстi арандатпай, бетiн алып көрелiк, ар жағын тағы көре жатармыз» деген бiр ауыз сөзiмен де ендiгi дүр сiлкiне жаздаған елдi бiраз басып тастағандай едi. Ендi соның қарымтасын алдында жатқан көп қағаздардан қайтарғысы келгендей боп, әлi жазып жатыр.
Тiптi әйелi соңғы кездерi, өзiнiң көкжөтел мен демiкпеден аянбай, естен таңғанша күндiз – түнi бiрдей кiтап пен казит, онан қалса қағаздарды шұқшия оқып, жазу жазатындығына қатты кейiп қалатын болып жүр. Бiрақ та, ауруға мойын ұсынып, елеп жүрген Барлыбек жоқ. Ауырғанына қарамастан, жанталаса қимылдайтын сияқты. Өзi кейде осы туралы «бiздiң халық ауруын елемеген өледi» деушi едi. Мен тек ауырып, емделейін десем де, сол ауырып жатуға мұршам жоқ. Күндердiң күнiнде алып соқпаса болды» деп жүре беретiн.
Барлыбек осы жылдар iшiнде елмен көп араласты. Қазағының тынысына да барынша ден қойып кеткендiгi содан. Халқының бiр жағына шыққысы келетiнi де сондықтан болар. Мұның ойлайтыны да – елi, қамығып, қайғыратыны да – елi. Кейде тiптi, өз – өзiнен «халқымның табанына кiрген шөңге менiң маңдайыма батса екен!» деп те ойлайды. Iздейтiнi де, iстенетiнi де, елiнiң мұң – арманы. Ең аяғы өле – өлгенше, өз қазағының жолында өлгiсi бар. Осыған ол бел байлап, шешiле кiрiскендей.
Барлыбек бiр кезде, арт жағындағы есiктiң ашылғанын арқа тұсынан соққан желден сезгендей болған. Ол бұрылып жалт қарады да ала – кеуiм тартқан бөлменiң кiреберiс есiгiнде тұрған көлеңкенiң – бәйбішенікі екендiгiн байқаған.
Оның осындай тұрысы бұған әбден таныс, үйреншiктi болғандай. Бүгiн де, осы бiр бұған жанашыр, ең жақын жанның бiрiнiң тынымсыз қағаздарға шұқшиып, мазасыз тағы бiр түндi ұйқысыз өткiзiп отырған өзiне ара түсуге келiп тұрғанын да сезгендей. Бұл бiледi оның не айтатындығын. «Жатсаңшы. Дем алсаңшы дейдi. Науқасың болса анау. Өзiңдi де, саған сенiп жүрген бiздi де аясаң еттi. Сен төсек тартып жатып қалсаң бiздiң күнiмiз не боладыны?!» да, күнара қайталап айтатындығы бар.
Соның бәрiн тыңдауға да, соның бәрiн бұлжытпай орындауға, мұның тағы мұршасы жоқ. Ауру қалса да әдет қалмайды екен. Мұршасы құрғыр жетпейдi. Әдет болып кеткендей, ылғи да осылай, ыңғай солай бола бермектей. Мұның бәрiне қарайлай беретiн уақыт жоқ. Ауыратыны рас. Тiптi, осы бiр демiкпе, көкжөтелден ағасы Тұрлыбектiң о дүниелiк болғаны кеше ғана емес пе. Сонда да болса, мұның өзi ауруға ден қоймастан өз бетiмен жүргенi.
Барлыбек осындай қысталаң кезде, ел iшiнде кейде айтылып қалатын, «өлуге де мұрша жоқ» деген сөздiң мәнiсi нағыса да осыдан кейiн барып шықса керек» дегендi дәл осы кезде пайымдағандай болды. Бiрақ бұл жайында әйеліне айтып көрмептi. Неғылсын оның да жүрегiн ауыртып.
Ертесiнде ертемен Барлыбек Жетiсу облысының әскери губернаторы, генерал Покатилоның қабылдауына барды.
Губернатор сарайы қаланың өзі қызмет атқаратын Жетісу облысы басқармасынан онша алыс емес, үлкен саялы бақтың тұсында орналасқан едi.
Бұл жер Верный қаласының өте бiр сындарлы, тамаша жерiнiң бiрi болып саналатын. Саябақтың iшi толған: тал мен терек, қарағай мен қайың, емен, үйеңкi, тау шыршасы сияқты әр түрлi ағашқа толы болатын. Жаз болысымен осылардың барлығы да көктеп, құлпырып, жайнап тұрады.
Саябақтың күнгей жақ тұсында, қазiр Барлыбек жүрiп келе жатқан жолға жақын жерде, үстiн үлкен жалпақ тастармен көмкере жапқан, бұл күнде жермен – жексен болған ескiлеу бейiт бар.
Бiлетiндер, сол бейiттi жап – жас, өте бiр сұлу келiншектiкi дейдi. Ол келiншек – Жетiсудың алғашқы губернаторы болған генерал Колпаковскийдiң қызы екен. Ал, мына бейiт – соның бейiтi болса керек. Жап – жас келiншек бала таба алмай қайтыс болған сияқты.
Барлыбек кей кезде басқармаға бара жатқанда осы мүрденiң қасынан өтедi. Мүрденiң пайда болғанына да шамасы отыз – қырық шақты жыл өтсе керек. Осы бейiт пен онда қойылған мүрде туралы Верный тұрғындары неше түрлi сөздер айтатын. Сондағылары: «жас келiншектiң әлi күнге дейiн жаны шықпапты, оның аруағы түнi бойы сол маңайды кезiп жүредi екен. Кей уақытта тiптi сыңсып жылайтындығы да, мүрдеден естiлiп тұрады» дейтiндер де бар. Солардың:
– Оны обалды қылған әкесi ғой. Көп қан төктi.
– Бекерге төгiлген қан жiберсiн бе?
– Қанды шеңгелдеп ұстаған адамның түбiнде ұрпағы да, азар деген осы да – деп, Верныйдың тұрғындары өзара шуылдасатын.
Барлыбек сол маңайдан ақырын аяңдап өтiп, губернатор сарайына келдi. Жол бойғы ойлағандары «ел жақтағылар не болып жатыр екен» деген уайым ғана.
Бұрынғы кез болса ол алдымен губернатордың тiлмашы болған ағасы Тұрлыбекке жолығар едi. Екеуi отырып алып, алдымен Верныйдағы онан кейiн Жетiсудағы, оның ар жағында бүткiл қазақ елiндегi жаңалық бiткендi айтып, саяси дүние төңiрегiндегi мәселердi де, бiртiндеп, рет – ретпен қамтып өтер едi. Сонан кейiн барып, шет жақтағы елдер мен жұрттарға да ауыз салатын.
Әсiресе, Тұрлыбек көршi ел – Қытай туралы көп бiлетiн. Оған оның консулдықта жұмыс жасағанының да пайдасы тиген шығар. Бiрақ, ол көп iзденiп, көп оқитын. Тұрлыбек онша көп сөйлемейтiн. Бiрақ әңгiме тыңдағыштығы бiр кiсiдей едi. Тыңдап отырып ара – арасында сұрайтын сұрақ пен сауалдары да өткiр, өте ұтымды, қиын болатын. Амал жоқ, Тұрлыбектiң бұл дүниеден қайтқаны да бiраз уақыттың жүзi болып қалған.
Барлыбектiң көңiлi лезде аһ ұрып, тұнжырап қалды.
Облыс басшысы әскери губернатор, генерал Покатило Барлыбектi кiдiртпей қабылдаған. Алдымен губернатордың адъютанты iшке кiрiп кеткен. Ол көп кешiктiрмей шықты да, сымдай болып тартыла қалды. Сосын өкшелерiн бiр – бiрiне сарт еткiздi де:
– Сiздiң Мәртебеңiз, сарай кеңесшiсi мырза! Жоғары Мәртебелi, Жетiсу облысының әскери губернаторы, генерал Покатило сiздi күтiп отыр – деп, адъютант өзi алдымен үлкен есiктi айқара ашып, әуелi iшке өзi кiрдi. Оның артынан Барлыбек те бiрге iлесе кiрген.
Адъютант губернатордың кабинетiне кiрiсiмен Барлыбектiң бүткiл қызметi мен лауазымдарын төменнен – жоғары атап өтiп, сыдырта жөнелген. Сөйтiп ол, бiр уақытта аяқтағандай болып:
– Сарай кеңесшiсi Бардыбек Сыртанов! – деп, барып тоқтаған.
Өзiнiң аты – жөнi орысшалағанда осылай өзгерiп кететiндiгiне, Барлыбектiң де осы күнi етi үйренгендей едi. Азан шақырып қойған атының "л" әрiпi "д" болып, фамилиясындағы екi "т" әрiптерiнiң бiреуiнiң ұшты – күйлi жоғалып кететiндiгiне де үйренген сияқты. Басында осыларға қанша дауласып, түзеткендей болса да, бәрiбiр де түк шығара алмаған. Кейiн олардың мұнысына мән бермейтiн болды. Тiптi, өзiнiң жұмыс iстейтiн басқарманың берген қызмет куәлiгiнде де осылайша бұрмаланып жазылғанын қайтерсiң? Олардың ойына келгенiн iстейтiндiгiне ақыры көнiп тыңған едi. Кейiнгi кезде барлық қағаздарда осылай жазылатын болып жүр.
Бұлар кеңсеге кiрiсiмен, үлкендiгi ат шаптырым кеңсе бөлмесiнiң төрiнде, жасы елуден асқан, ашаң келген, үстiндегi генерал мундирi өзiне дәл, құйып қойғандай боп жараса қалған генерал Покатилоны – Барлыбек бiрден байқады.
Генерал Покатило да өзiнiң құзырлы, биiк мансабына қарамастан дереу орнынан атып тұрып, абажадай емен столдың ар жағынан сытылып шықты да, бұған қарсы жүрiп тура қарсы алдына кеп тоқтады.
Қызметi, шенi мен лауазымы өзiнен жоғары адамның кiшiпейiлдiк танытқаны Барлыбек үшiн өте бiр мәдениеттiлiк, зиялылық, көргендiк болып есептелiнетiн. Барлыбектiң өзi де ел iшiнде, достарының арасында аса бiр мәдениеттiлiктi, кiшiпейiлдiлiктi, кiсiлiктi бұрыннан бастап елеп – ескеретiн еді.
Покатилоның этикет бойынша барлық зайырлы қоғам мүшесiне лайық мiндеттердi мүлтiксiз атқарып жатқандығына қарап, Барлыбек әскери губернатордың өте бiр мәдениеттiлiгiне осы жолы да аса риза болып қалды. Ол Покатилоның осындай екенiн бұрындар да, естiп – көрiп жүрсе де, дәл осы жолы соған тағы да көзi жеткендей болды.
Осының алдында ғана өз қарамағында қызмет iстеген мұның ағасы Тұрлыбек қайтыс болғанда, облыс губернаторы ағасының отбасына және бұған ресми түрде көңiл айтқаннан кейiн, Барлыбектiң оны көрiп тұрғаны осы болатын.
Генерал Покатило Барлыбекке:
– Сыртанов мырза! Қош келiпсiз! Ғапу өтiнемiн, келiңiз, отырыңыз! – деп, бәйек болып жатыр.
Бұл арқасы биiк, үлкен, ауыр емен орындыққа барып жайғасты. Барлыбек пен губернатор жайғасқаннан кейiн, адъютант тағы да сымдай тартыла қалып, өкшелерiн сартылдатты да шығып кеттi.
Барлыбек асықпай ұсынған орынға жайғасты. Оның көзi алдымен төрде iлулi тұрған, үлкен етiп салынған, генерал Покатилоның өзi сияқты әскери киiм киген, тiптi бiр жерлерi губернаторға да ұқсап кететiндей болған, өңді, келбеттi келген, кербез – Государь Николай Екiншiнiң портретiне түскен.
Кеңсе iшiнде, қайда қарасаң да үстi – басы жып – жылтыр, ұзынша келген, жалпақ, ауыр емен столдар, соларға лайық неше түрлi, әрлi оюмен нақышталған, жарқыраған, емен орындықтар тұр.
Екi жақтағы қабырғаларға да, бiрқатар етiп арасында еркегi мен әйелi аралас орыстың патшаларының портреттерi iлiнген екен.
Генерал Покатило жасы елуден асса да әлi тың, жарау аттай жараған, әлі де болса тұрпаты жеңiл адамдай болып көрiнедi. Ол бұл жолы Барлыбекке қарап, таңырқағандай боп:
– Сыртанов мырза, айта беріңіз не жағдай едi сiздi маған әкелген – деп, таңданған пiшiнмен әскери губернатор Барлыбекке қарады.
Барлыбек қолындағы қара сақтияннан жасалған, ағасы Тұрлыбектiң көзiндей көретiн қағаз салғыш қапшықты қолына алып, iшiндегi қағаздарды алды. Бұл қағаз салғыш қапшықты – Тұрлыбек марқұм Шәуешектегi орыс консулының тiлмашы болып жүргенде, сол жақтан әкелiп, өзiне сыйға тартқан едi.
Барлыбек керектi қағаздарын шығарып:
– Жоғары Мәртебелi, тақсыр! Сiзге айтайын дегенiм переселендiк үлестер қорын ұйымдастырушы, Верный уақытша комиссиясының жұмысында бiраз заңсыздықтардың орын алып тұрғандығы. Соны сiздiң һұзырлы назарыңызға салып, атап өткiм келедi. Осы жағдайлардың өзi қазақтардың пайдалануындағы жерлердi заңсыз тартып алуға әкелiп соқтырып отыр. Соны жоғары мәртебелiм, сiзге баяндауға рұқсат етiңiз – дедi.
Барлыбектің «заңсыз жерді тартып алып жатыр, қазақтардың пайдалануындағы жер » деген сөздерiн естiсiмен Покатилоның дереу арада қабағы шытынап шыға келген. Бiрақ, ол әзірге өзiнiң сыпайгершiлiгiн жоғалтпайын дегендей қып:
– Айта берiңiз! – деп ишара жасады. Барлыбек те асықпай, саспастан:
– Комиссияның мына хаттамасына көз салыңызшы – деп, алдымен Покатилоның столына өзi әкелген қағаздарды жайып салды. Қағаздарды берiсiмен ол сөзін жалғап:
– Осы жылғы июнь айында, Комиссия переселендердiң жергiлiктi ауылшаруашылық қоғамының болашақ мектебiн саламыз деп қарар қабылдап, сол үшiн алты жүз жиырма десятина ыңғайлы жердi, не бәрi жиырма бес десятина ыңғайсыз жердi таратқаны мәлiм болды. Осының бәрi отырықшы қазақтар жайлайтын Верный уезiне қарасты Шығыс – Талғар болысының Байсерке ауылынан алынғаны белгiлi. Ал осы хаттаманың екiншi жобасы бойынша Найденов деген мырзаға – сегiз жүз отыз сегiз жарым десятина жер Қарғалы өзенiнiң бойынан Верный уезiнiң Жайылмыш болысының жерiнен тағы берiлiптi. Ал, үшiншi жоба бойынша сондай–ақ, бес мың тоғыз жүз жетпiс десятина жер, Верный уезiнiң Шығыс – Қастек болысы қазақтарының жерiнен – «Прудки» деген қоғамның пайдасына үлес ретiнде кесiлiп берiлiп отырғаны бар – деп, Барлыбек әскери губернаторға комиссияның iстеп жатқан заңсыз әрекеттерiн әшкерелеуді бастап кеткен.
Покатилоның қабағы түссе де, бірақ та ол Барлыбекті мұқият тыңдап отырған сияқты. Соны байқаған Барлыбек:
– Тiптi жердiң бәрi империяға қарасты деп санағанның өзiнде, осыдан бұрын ресми түрде патша өкiметi ұлықтарының жер иеленуге берiлген құжаттарын, сол өкiметтiң қазiргi кездегi қызметкерлерiнiң заңсыз түрде өрескел бұзушылығын қалай түсiндiруге болады – дедi. Осыларды айтқанда ол ашына сөйлеп, бір жағынан комиссия жұмысын айыптап жатқандай болды. Ал соған байланысты оның келтiріп жатқан дәлелдерi де, губернатордың дәл тас төбесiнен ұрғандай етіп жатты.
Губернатор үн – түнсiз қалыпты. Тек қатулы түрінен «айта бер» дегендей болған ишараны ғана сезуге болатын секілді. Бір жағынан ол бар көңiлiн сала тыңдап отырған адамның кейпiмен отырғаннан кейiн, Барлыбек те кідірместен:
– Жоғарыда айтылған Байсерке ауылын қазақтың жетпiске тарта отбасы 1884 жылы жер өңдеумен айналысу үшiн салып, ол жерде егiн, бау, бақша, жоңышқалықтарға айналдырса, Қапал уезiнiң Арасан болысындағы, Ақсу – Тасбекет жолының бойындағы Тұрысбек Мамановтарға қарасты Қарағаш мекенiн, сол сияқты Жетiсу облысының Үлкен Тоқпақ және Ескi Тоқпақ жанындағы Саурамбайдың және Шабдан Жантаевтың жемiс бақтары тұрған жерлердi, тағы сол сияқты бiраз жерлердi генерал Колпаковскийдiң жарлығына сәйкес берiлген болатын. Бұлардың бәрiнде бұрыннан берi отырықшы қазақтар, ешқайда көшпей, бiр жерде тұратын жерлер болатын, – дедi.
Барлыбектiң айтып жатқандары мына отырған һұзырлы, осы елдiң ең басты билеушiсiн айыптаумен басталғандай болды. Сөздері кісінің өңменінен өтердей, үнінде салқын леб бар. Үнi де қатқылдау шығады.
Губернатордың қабағы салыңқы болғанымен, әлі де үнсіз тыңдаған қалпы отыр. Бұл арызды ол аяғына дейін тыңдағысы келген. Өйткені құзырындағы туземдік халықтар да бой көрсете бастаса, ал ол айналасында не болып жатқанынан хабарсыз болса, онда өзі де ертеңгі күні ұятты жағдайға қалады ғой.
– Бүгiнгi күнi Байсерке ауылында жүз жетпiске тарта қазақ түтiнi тұрады. Жер бөлiнген 1884 жылы сол маңайдағы казактар станицасы мен қазақтар ауылының арасындағы жер пайдалануды белгiлейтiн, 1886 жылдың 24 мамырында Жетiсу облыстық басқармасының № 900–шi бұйрығымен бекiтiлген болатын. Тiптi осы жерлердi пайдалану жоспары да бар – дегендi Барлыбек айтып қалысымен, бiр жағы оның сөзiн тыңдап, бiр жағы алдында жатқан бұл берген қағаздармен танысып отырған Покатило дереу басын көтерiп алып:
– Сонда сiз не айтпақсыз? Жердiң бәрiне тиiстi қағаздары кезiнде берiлген екен. Жердi заңды түрде пайдаланып жатса сонда сiз маған не айтпақшысыз? Сол үшiн үкiмет переселендiк басқармаларды ашты ғой – деп шыға келдi.
Осыны айттып Покатило: «ал ендi, бәлем! Бұған не дейдi екенсiң?» дегендей болып алдындағы қағаздардан көзiн алып, бұл жолы мардымсығандай боп, Барлыбектiң көзiне тура қараған. Өзi де iшiнен мынадай айыптауға осылайша тез жауап тапқанына сүйсiнгендей болып қалған едi.
Барлыбек болса губернатормен теке тiрестiң басталғанын сезгендей. Осыны бiраз ойлап барып, бағанағы аңдысын – аңдығаннан түйгендерiнiң бәрiн де iске асырып қалмақшы болды.
Ол ендiгi ойын еш iрiкпестен Покатилоға жеткiзуге тырысып:
– Жоғары Мәртебелiм! Мәселенiң бәрi жергiлiктi переселендiк ұйымның отырықшы қазақтардың Байсерке ауылының жерiн барлық заң талаптарына, нұсқауларға қайшы келетiн жалпы қазақ жерiнiң үлесiне кiргiзiп, солардың үлесiнен алты жүз отыз үш десятина жердi алып отыр. Алынған жердiң iшiнде қазақтардың сондай–ақ басқа да туземдік халықтар өсiрген жемiс бақтары, темекi плантациялары, егiс алқаптары мен жоңышқалықтары, арықтары мен суғару жүйелерi бiрге алынып, елуге тарта қазақтың тұрғын жайлары қиратылып кеттi. Осындай жағымсыз жағдайлар Верный уезiнiң: Жайылмыш, Шығыс – Қастек, Шығыс – Талғар, Қапал уезiнiң: Арасан, Ақсу, Тасбекет болыстарында кеңiнен өрiс алып отыр. Барлық жағдайда қазақтар зардап шегуде. Олардың егiстiктерi, бау, бақша, арықтары, тұрғын үй – жайлары да осындай желеумен бiр жолата жермен қосылып тартып алынуда, не болмаса таратылуда. Ал, тарату дегенiмiздiң өзi бұрынғы жасалынғандардың бәрiн қирату болып табылады емес пе? – дедi. Губернатордың тағы бiрдеменi ойлап, iркiлгендей болғанын сезген Барлыбек, ол осылайша күмiлжiп қалғанда iстiң шын мәнiсiнiң қалайша болып жатқандығын оған айтып қалайын деген пиғылменен айтарын айтып қалуға тырысқан.
Әзiрге әскери губернатор бар назарымен ұйып тыңдағандай болып отырған күйi едi. Кiм бiлсiн ол жаңағыдай жерден жетi қоян тауып алғандайғыдай қып, төтеннен бiрдеменi ойлап таппаса? Оның осысын пайдаланып қалғысы келгендей болған Барлыбек сөзiн ары қарата жалғап:
– Осындай заңсыз iстелiп отырған жағдайға жергiлiктi қазақтар барынша наразы болуда. Қапал уезiнiң бiрнеше болыстарында осындай наразылықтар шегiне жеткендей болып тұр. Мұның алдын алмаса үкiмет пен қазақтар арасындағы қақтығысқа әкелуi мүмкiн! Маған сiздiң хұзырыңызға осындайлық қауiптi жағдайдың пайда болғандығын ашық айтуға тура келiп тұр. Олар жергiлiктi болыс хакiмшiлiктерiне, бiз бұрынғы өз «укладымызбен» өмiр сүремiз деуде, сондықтан да, қазақ қоғамына тиiстi жерлерге ешкiм қол сұқпаса екен дейдi олар – дедi.
Барлыбек «уклад» деген сөздi әдейi айтқан болатын. Өйткенi, онысы Покатилоның iстiң мәнiсiнiң өте тереңде жатқандығын сезсiн дегендейi едi. Оның мұнысы бiр жағынан: «Жердi осындай мөлшерде сұраусыз ала беру үшiн, өкiмет алдымен сол жердiң кiмнiң пайдалануында екенiн, жер меншiгiнiң иегерлерi кiм, ең соңында оларға жер не үшiн керек екенiн ұқса» дегенi сияқты. «Сонда ғана бұлар қазақтардың ғасырлар бойы қалыптасқан шаруашылық укладттарын бұзып отырғандығын, қазақ елiнiң үстiне туғызып отырған осынау қара түнек күннiң мағынасын мүмкiн түсiнер ме едi?» деген амалсыздықтың бiр нышаны ғана болатын.
Әрине, Барлыбек мұның бәрiне кiнәлi отарлық басқару жүйесi екендiгiн де, жақсы бiледi. Бiрақ ол туралы ашықтан – ашық айтса, ай –шайсыз, осы қазiр–ақ, өзiнiң ең кемiнде осы жерден шықпастан тергеуге түсiп, абақтыдан бiрақ шығатындығын да, жақсы түсiнедi.
Осы кезде губернатордың көңiлi бiрдемеге ауғандай болған. Сол есіне түсісімен жауап ретінде айтатын сылтауы да табылғандай болды. Губернатор аздап масаттанғандай түрмен сонысын Барлыбекке жауап ретінде көлденең тартпақ еді. Сол оймен Покатило алдында жатқан Барлыбек берген қағаздарға шұқшия қарап отырды да дереу басын оқыс көтерiп:
– Сiз айтып жатқан жерлер алынарда, «туземдiктерге» сол жерлерге салынған жайлардың және өсiп тұрған нәрсенiң бәрiнiң шыққан шығыны үшiн төлемақы төленетiнiн сiз бiлесiз бе? – дедi.
Айтарға сылтаудың табыла кеткеніне ол шынымен де көтеріліп қалған.
Губернатор енді жерден жеті қоян тапқандай болып, осы сылтауын көлденең тартып, Барлыбекті осылайша тығырыққа тығып, арызын аяқсыз қалдырғысы келген. Губернатор енді осы айласын ары қарата дамыта бермек оймен:
– Мынада солай деп анық жазылған жоқ па! – деп, Барлыбекке Комиссия хаттамасын нұсқап қойды.
Барлыбек бұл қағаздың заңдық қасиетінің мәз емес екендігін әу бастан түсінген. Қазiр соны Покатилоға қалай да жеткізудің жолын іздестіріп, оған ойындағысын айтып қалмақ болды. Сол көңiлмен ол:
– Жоғары Мәртебелім! сырт көзге дәл солай айтылып, солайша жасалынатындай көрiнедi, бiрақ та, iс жүзiнде олай емес – деп, жылдам жауап қайырған.
Барлыбек ойлағандай Покатилоның тiлге тиек етiп, ықыласын аударар себептер де өте көп болатындай. Бұл солардың бәрiнiң жауабын қайтаруға дайын болуға тиiстi. Сондықтан да, ол өзіне ендi келер тиісті сөзін алдын – ала болжап бiлген қылықпен де, өз ойын ары қарата сабақтап:
– Сiз назар аударған «туземдiк халыққа» берiлуге тиiс төлемақының қалай берiлетiндiгiне көңiл аударсаңыз деп ойлаймын.
Комиссияның жердi басқаларға беруге байланысты және оны таратылуға тиiстi деп шешкен шешiмiне байланысты, қазақтардың осы Верныйға жақын орналасқан жиырма алты шаруашылығының жаңағыдай төлемiне бар болғаны бiр мың алты жүз отыз бес сом алпыс тиын берiлген екен. Төлемақының түкке тұрмайтындығы сол, шыққан шығынды жаппақ түгiл, сол жердегi бұрын салынып, ендi таратылып жатқан құрылыс жайларының оны – мұнысын тасып алуға да, ол пұл жетпейдi.
Жоғары Мәртебелiм! Салынған шаруашылық, құрылыс орындарын, өсiрiлген егiндер мен дақылдарды және суғару жүйелерiн айтпағанның өзiнде, ең арзан деген қазақтардың жоңышқа алқаптарындағы жоңышқаның өзi он жыл, тiптен одан да көп жыл өнiм бередi.
Ал, жыл сайын әр бiр десятина жоңышқа өсiрiлген жер төрт жүз пұт құрғақ жоңышқа бередi. Мысалға, Жайылмыш болысынан тартып алынған жиырма десятина жоңышқалық жерден бiр жылда ғана сегiз мың пұт құрғақ жоңышқа алыну керек екен. Ал бiр пұт жоңышқа отыз бес тиыннан сатылады. Сонда жаңағы сегiз мың пұт жоңышқаның бiр пұты отыз бес тиыннан болғанда, екi мың сегiз жүз сом болу керек. Бұл ақшаға үстеме алты проценттiк ақы қосылғанда жаңағы жиырма десятина жоңышқалықтан бiр жылда төрт мың екi жүз сом пайда түседi екен.
Осындай әдiлетсiздiктiң бәрiне наразы болып, күйiнген қазақтардың шағымына Уақытша комиссия ешбiр көңiл бөлмейдi, тiптен қарамайды да. Тiптi, олардың қазақтардың жерiн не үшiн алып алатындығы да менi қатты таңдандырады? – деп барып Барлыбек сөзiн аяқтағандай болды.
Әскери губернатор тым – тырыс үндемей қалды. Ол Барлыбектiң айтқан сөздерiнiң арғы, түпкi мағынасын да, тез пайымдап шыққан тәрiздi. Бiр жағы мына қарсы алдында отырған қазақтың Империяның iшкi және сыртқы саясаттары мен iстерiнен толық хабардар екенiне көзi әбден жеткен. Онымен қоймай Сыртановың өзi басқарып отырған Жетiсу облысының да барлық жағдайын бүге – шiгесi мен қыр – сырына дейiн бiлетiн сияқты. Тiптi ол өзi «переселендiк басқармасы, жер надельдары, артық жер қорлары» сияқты туземдiктерге қатысы жоқ, олардың бiле бермеуiне тиiстi, ұсақ – түйекке дейiн бiлiп, олардың немен айналысып, не тындырғандығына дейiн айтып отырғаны ұнамаған. Ол осыны ойлап, iркiлiп қалды. Ал мына отырған тым бiлгiш, киргиз болса әлi де тақымдауын қоймастан, ой–өрісінің жетіктігімен өзiне тым жақындап келгендей. Осыған дейiнгi араларындағы мансаптық, нәсiлдiк алшақтық та бiрте – бiрте жоғалып кеткендей. Губернатор тым сезiктенген кейiппен: «мына сияқтанған бiлгiш киргиз өте қауiптi!» деген байламға келiп, тым шолақ ойлап, қатты кеттi. Қазiр губернатор мына сияқты қамқорсығандардың сағын қалай сындыруға боладыны да ойластырып отырғандай болатын. Губернатор бір сәт суық ойға беріліп, өзiнен – өзi кiбiжiктеп барып, сонан соң ғана iшiнен: «Бұның бәрiн бұл қайдан бiлiп жүр екен? Олай болса, бұл өте қауiптi адам болды. Бұл киргизға бақылау қоймаса болмас?» деп түйді. Оған осындай сыңар жақты, келеңсіз ой туғызған Барлыбектің дәлелді сөздері болып көрінді. Сондықтан губернатор іштей осындай шешiм қабылдағандай болды.
Шындығына келгенде ол қайдан бiлсiн Барлыбектiң қазақ жерiнiң жағдайын университетте оқып жүргеннен бастап–ақ, ізденіп, бiле бастағанын. Онымен қоймай Барлыбек осы жерге байланысты көп арыздармен істес болғаны да оның көзін көп нәрсеге ашқан еді. Ал осының бәріне себеп болған бiрден – бiр жағдай патша үкiметiнiң қазақ халқына қысым көрсетуiне, жерiн күшпен тартып алуына, өзiнiң барлық жан – тәнiмен қарсы болғандығы едi. Бұл туралы ол өзi тiптi, әу бастан, сол оқудағы кезiнен бастап–ақ, осыларды бiлiп жүрген. Көптеген деректердi де жиыстырып, дайындап та шығарған болатын. Барлыбек әсiресе, оқу бiтiрiп келiсiмен, 1890 жылы әуелi Ташкентте – Түркiстан өлкелiк губерниясының Казенный палатасында, сонан кейiнгi жылдардан бастап Жетiсу облыстық басқармасында қызмет iстегеннен берi де осынау отаршылдық кикiлжiңiнiң нағыз бiлгiрi болып шыққан едi.
Оның үстiне осылардың бәрiн бүге – шiгесiне дейiн бiлуге Барлыбектiң 1903 жылдан басталған Ресей – Қытай шекара аймағын зерттеуге қатысуы, оның картографиясын жасаушы комиссия құрамында жұмыс iстегендiгi де осының барлығына өз септiгiн тигiзген. Соның нәтижесiнде ол қоныстандыру саясаты туралы бастан – аяқ бiлетiн болып шыққан. Содан да болар, ол өзiнiң ойындағысын губернаторға еркiн жеткiзген.
Барлыбектiң ойынша, өзi түбегейлi зерттеген Жетiсу бойынша ғана патша үкiметi өзiнiң қазақ даласындағы аграрлық саясатының мақсаттарын белгiлеп алғаннан кейiн барып, оларды жүзеге асыруға ендi ғана кiрiскен сияқты. Өйткенi, олар 1889 жылы 13 шiлдедегi «Село тұрғындары мен мещандардың қазыналық жерлерге өз еркiмен қоныс аударуы туралы және аталған сословиелердiң бұрынғы кезде қоныс аударған адамдардың тiзiмiн алу тәртiбi туралы» арнаулы ереже жасап бекiткен. Онда iшкi iстер және мемлекеттiк мүлiктер министрлерi алдын ала рұқсат еткен жағдайда ғана қоныс аударуға болатындығы жайында ескертiлген едi. Осы айтылған «Ережеде» қазақ жерлерiнiң аумағында қоныстандырылатын аудандар нақты белгiленген болатын. Ендi олар қазiргi жағдайға байланысты тағы да осы саясаттарын өзгертiп отыр.
Орталық губерниялардан шаруаларды қазақтың жерiне, басқа да, шет аймақтарға қоныстандыруға ерекше маңыз берген – Империя Iшкi iстер министрлiгiнiң жер бөлiмi жанынан ерекше тапсырмалар жүктелетiн қызметкерлердi құрды. Сонымен олар отаршылдық саясаттың жаңа белесiн ашып тынды.
Қазақтардың жерiнiң «артығын» алу деген желеумен, олардың жерлерi тартып алынып жатты. Жұрттың жерiн тартып ала отырып, патша үкiметi қазақтарды түгелдей күйзелту арқылы «қоныс аудару қоры» дейтiн отаршылдық құрал түрiн ойлап тауып отырғандығы белгiлi. Ал, бұл қор болса жергiлiктi халықтардың жер жөнiндегi хұқықтарын өрескел түрде бұзу арқылы жасалынып отырғаны тағы белгiлi болатын.
Осыған дейiн қоныс аудару мәселесi негiзiнен алғанда бейберекет түрде жүрген болса, ал жиырмасыншы ғасырдың басынан бастап былай қарай ол ұйымдасқан түрде әрi жаппай сипат ала бастаған секiлдi. Осыны Барлыбектiң жақсы түсiнiп отырғанын губернатор да сезгендей болды.
Оның жыны қозған үстiне қоза түскен. Мына келген киргиз өзiнiң шаруасын емес, бүтiн киргиздарының шаруасын ала келiптi. Ендi соны аузы – аузына жұқпай, өзiнiң көзiне шұқығандай қып, айтып отырғанын қарашы?
Губернатор өздiгiнен сөз бастауға ығысып қалғандай. Бiрақ алдында сөйлеп отырған адамды «атарға оғы болмай» тұрғаны. Әйтпесе, бар ғой, қайтер едi?
Губернатор сәл езу тартып, күлiмсiрегендей түр жасады. Бiрақ та, онысы тым жасанды, еш қандай да жылылығы жоқ, мағынасыз, түрпi күлкiдей болып шықты. Осыдан кейiн барып ол:
– Құрметтi Сыртанов мырза! Мұның барлығы мемлекет тарапынан болып жатқан шаралар екенiн, сiз түсiнедi деп ойлаймын. Мен Комиссияның жұмысын тексертем. Егер олардың тарапынан заңсыз әрекеттер болса, ондай заңсыздықтарға дереу арада тиым салынады. Бiрақ, менiмше мұнда сiздiң жұрт қорқатындай түк те, жоқ сияқты. Сiз мұның бәрiн тек қана комиссия жұмысынан ғана түгел бiлмейсiз деп ойлаймын. Олардың жұмысын сынағанда да, Сiзге келiп – кетер пайда жоқ. Сiз сияқты мемлекет жүйесiнде қызмет iстейтiн адамға осының барлығы да дұрыс баға әперетіндей болмайды. Өзiңiз сияқты чиновниктер қайта империя мен мемлекет мүддесiн жақтап, соны қорғауы керек қой деймiн қымбатты Сыртанов мырза!
Бұл жағдайдың бәрiн де тексертем. Империя мүддесiне қастандық жасалған болса, заң бұзушылықтың шетi шықса болғаны, ондай мақсаттың бiз дереу алдын аламыз.
Ал, сiз еш абыржымаңыз! Империя тағдырын, оның мүддесiн ойлағаныңызға, азаматығыңызға шын жүректен қуаныштымын! Сiз сияқты чиновниктердiң Россиядай Ұлы империяның ағымында кездесiп отыратындығы да осындайлық жат, зиянды әрекеттерге жол бермейтiн адал адамдардың барлығынан деп ойлаймын – дедi де, орнынан тұрып кеп мұның қолын алып, ұзақ қысты.
Губернатор тоқмейiлсiген сөздердi қарша боратып, Барлыбекке де өзiңнiң қайда қызмет iстейтiнiңдi ұмытпағайсың дегендей қып, қоқан – лоқысын араластыра, қорқыта сөйледi. Сөйтiп, бұл жолы да, губернатор өзiнше айласын асырғандай болды.
Барлыбек үшiн оның сөздерiнiң бәрi әзәзiлдей болып көрiнген. Өзінің барын салып айтқандарына ол құлақ асты ма, аспады ма, онысы тағы белгiсiздеу сияқты.
Губернатордың жаңағыдай сөздерiнiң астарынан Барлыбек көп нәрсе аңғарды. Губернатордың қазіргі барлық болмысы Барлыбек үшін өзі сияқтыларға деп бұрыннан берi бойына жинап, сақтап жүрген уытын шашып қалғанмен тең болды. Оның сөздерінің төркінінен әлі де айтылмай қалған талай зiлдiң табы бiлiнеді.
Губернатор басқасын ашып – жарып айтпаса да, Барлыбек оның бойында бұғып жатқан зiлдiң нiлi ақыры оның талағын тарс айыртқанын да түсінді. Кезi келсе, губернатор бойындағы барлық уытын бұған да, өзiнiң бiр жағына шығысып, сүйеу болғысы келіп жүрген халқына да, шашып жіберуден ешбiр таймайбайтындай еді. Бiрақ, Барлыбектiң есебi бойынша оның уақыты әлi де болса жетпей тұрғандай. Әйтпесе, мына губернатор соны істеуден тайынбайды. Осылай бола берсе, алдағы күндерде соның кезi келерi Барлыбекке анық келердей көрінді.
Барлыбек ендi ғана өзiнiң Покатило сияқты аса iрi патша билеуші әкімінің шырмауына түсе бастағанын сезді. Бірақ ол ештенеден тайынбады, айтарын айтып салды. Неде болса, Барлыбек губернаторға аянбастан қара басының емес, халықтың жайын айтты. Одан арғысын бiр құдай бiлер?! Барлыбекті қуантатыны өзiнiң татымды деген сөздерiн губернаторға айтып салғандағысы еді.
Ол кеткеннен кейiн Покатило кабинетiнiң iшiнде ары – берi теңселе қозғалып жүрiп, iстiң мән – жайын байыптағандай болды. Түбi осылай болатынын, осыған әкеп соқтыратынын губернатор да болжағандай еді.
Губернатор енді көп нәрсенің байыбына барғандай болып отыр. Бір жағынан зығырданы қайнап: «Бұл не сұмдық! Қазақтар да ояна бастады де. Жаппай бунт болса мынау Россия империясын дауыл соққандай шайқалтып, қақыратып жатқандығы. Ал егер пролетарий мен плебейлерге – ендi келіп мұжықтар қосылса, сонда көресiміздi көрсетеді. Бiрақ та, Столыпиндей асқан сұм неменiң өзi осы жолғы қысталаңда, шындығында да Россияны төңкерiстен аман алып қалды. Әзiрше, мұжықтарды қатты алдаусыратқаны рас. Оларды өзiнiң айтқандарына сендiрiп те тастаған. Мұжық бiткендi өз жағына шығарғандай да болды. Бұратана халықтың жерiн оларға аямай берiп, олардың назарын басқа жаққа аударып тастады ғой. Әйтпесе, көрер едiк қой, Россия iшiнiң нағыз аласапыранға айналғанын. Шындығында, соның арқасында аман қалдық. Есесiне, Столыпин өзi де, оның үкiметi де, жеккөрiнiштi болып шыға келдi. Дағдарыс деп, мiне осыны айт. Америкада да солай болған жоқ па? Үндiстерде алақандай резервациядан басқа не қалды? Олар халық ретiнде бәрi де жойылып кеттi емес пе? Мына киргиздар да солай болуға таялған. Бiрақ, бұлардың арасында осы бiр Сыртанов сияқтылары тым көбейiп барады. Жетiсудан шыққан анау Тынышбаев деген инженерi де Мемлекеттiк Думаға депутат болып сайланып кеттi» деп, іштей ойланып, көңілсіз күйде отырған еді.
Губернатор бағанағыдай емес, көңілі бәсең тартып, тұнжырағандай болып тұр. Ойына тағы бiрдеме түскендей болды. Өз – өзінен ашуланып, бойына сезiк кіргендей. Бағанадан берi Барлыбектi көргелi астан – кестен болған ойына жетпегендей боп, ендi Жетісудан Мемлекеттiк Думаға сайланған Тынышбаев деген келiп қосылып, бiрсыпыра абыржытып тастағандай етті. Оның көңілін ауырлатып тұрған да осындай ойлар.
Губернатор енді қиналған түрмен: «Бұлардың арасындағы осындайлары ғана өз халқының болашағын ойлайды. Олар бұратана, артта қалған жабайы киргиздерді өздерiнше өскелең елдердiң қатарына қоспақ ойлары бар. Құдай біледі осылар отар ретінде болғысы келмейді. Өздерінше бөлек ел болуды армандайды. Киргиздар қазiр жаппай өз халықтарына жаны ашитындар партиясын құруға да кiрiскен сияқты. Шамасы келсе өздерiнiң жеке партиясын да құрмақ. Мен бiрақ ондайға жiбере қоймаспын» дедi, губернатор бiр езу мысқыл күлкiмен, түрі бір түрлі ызалы көрінді. Бірақ жаңағы сауалдардың жауабын өзінше ойластырып, солары мұны туземдіктердің барлығын аямай жазалау керек дегенге әкеп тірегендей еттi.
Осылай тұйыққа тірелгендей болған губернатордың ойына неше түрлі түсіп, ойы да бұзылған үстіне бұзыла түсті.
Бір жағынан губернаторды таң қалдырған жаңағы киргиздің сөзі болды. «Осыған не жетпейді екен?» деп ойлады губернатор ішінен. «Дәл осы күні оның жағдайы басқалардан өте жақсы. Оқу оқып, соның арқасында жоғары қызмет алды, сол қызметті пайдаланып бір сыпыра қаражат та тауып, өзіне жағдай жасап алуына болады. Бірақ өйтпейді. Қандастарының қамын көп ойлайтын сияқты, халқымның өз қолы, өз аузына жетсе екен дейтінді де естен шығармайды. Бәрібір де бұлардың бiреуiне шен берiп, бiреуiне сый мен уәде берiп, кейбiреулерiн алдап, арбап, қорқытып та ұстай тұру керек. Осы күнi қысқа мерзiм iшiнде, кезек – кезек сайланып, дүркiн – дүркiн таратылып жатқан Думада қазақтардың арасынан депутат болып бiрнешеуi сайланып жүр. Ондайды бұрын кiм көрген, бұрын – соңды ондай сұмдық болған жоқ едi ғой» дегендi де, губернатор ойлап, қатты толғанғандай күйде еді.
Покатилоның анау – мынаудан шімірікпейтін, суық, ызғарлы жүзiнен, осы кез анық абыржығандықтың белгiсi байқалған тәрізді.
Губернатордың сасатындай қылығы бір өзіне аян. Ол дереу қоңырау қағып адьютантын шақырды. Ол қабағын шытып, адъютантынан көзiн алмай тұрып:
– Маған тездетiп жандармерияның бастығы Железняковты шақырт! – деп бұйырды. Адъютанттың үстiндегi бойына құйып қойғандай әскери киiмi де неге екені белгісіз, дәл осы кезде губернатордың көзiне ерекше түскендей болды. Покатило өзінің жастық шағын есіне түсірді. Ол да осы бір офицердей боп, біреулердің тапсырмасын орындап жүрді ғой. «Уайым қайғысы жоқ, сол күндер-ай!» деп ойлады губернатор.
Адъютант дереу сымдай тартыла қап:
– Құп болады! Жоғары мәртебелiм – деп, шығып кеттi.
Губернатор әлi ұмытқан жоқ болатын, осыдан дәл екi жыл бұрын, Жетiсу облыстық басқармасында қызмет iстеп жүрген Бардыбек Сыртановтың Ресей – Қытай шекара аймағын зерттеушi комиссияның құрамында болып, Ресейге қарасты қазақтар қоныстанған жерлер мен Қытай жерлерiнiң шекарасын анықтап, тiптi оның картографиясын жасауға қатысқандығын есiне түсірдi.
Сол кездерi Барлыбектiң Қытай жерiндегi қазақтар тұратын Құлжа, Үрiмжi және орыс консулдығы орналасқан Шәуешек қалаларында болып, осы мәселенiң төңiрегiндегi бiрталай iске жеке өзiнiң қолғабысын тигiзгендiгi едi.
Империяның Шығыс Түркiстанды да өзiне қаратып алу саясаты 1871 жылғы Құлжа хандығына қарсы жасала бастаған, тарихта «Құлжа кампаниясы» деген атпен белгiлi болған әскери қақтығыстардан басталған болатын.
Соның алдында ғана Россияның Құлжа аймағын көршiлес «Жетi шар» немесе «Қашғар» елiнiң билеушiсi Якуббектiң басып алуына қарсы жүргiзiлген соғысқа айналып кеткен.
Жетiсу жерiнде жасақталған экспедициялық әскери корпустың басшысы және бас қолбасшысы генерал Г.А. Колпаковский басшылық еткен едi.
Шамалы қарсылықтан кейiн орыс әскерлерi бекiнiс – қала Құлжаны алды. Осыдан кейiн, патша үкiметi Шығыс Түркiстандағы қазақтар қоныстанған Құлжа аймағын бiр шама уақыттан кейiн барып, өзара келiсiм бойынша Қытайға қайтып берген болатын.
Артынан осы комиссияның зерттеулерi атақты «Құлжа трактаты» деген екi елдiң шекара аймағын белгiлеген шартты құнды деректермен толықтырған болатын.
Сол кезде–ақ, Покатило жандармерия арқылы Барлыбектiң басқан iзiн аңдытып, комиссияның құрамына геодезия саласының маманы ретiнде Жетiсу жандармериясының бiр тыңшысын да бiрге жiберткен едi.
– Кiм бiледi? – деп ойлаған сол кездiң өзiнде губернатор, «ол жерде де қазақтар көп, олардың қандай ойда екенiн бiлуге де», губернатор ынтық болған.
Оның үстiне өзiнiң тiлмашы болып iстеушi Сыртанов Тұрдыбек, ол кезде тiрi болатын. Ал, ол болса көп жылдар бойы Шәуешектегi консулдықта тілмаш болып жұмыс iстегенi бар.
Покатилоның сол кезде бiлгiсi келгенi – «Сыртановтың үлкенiнiң де ол жерде өз жұмысынан басқа, тағы қандай iстермен шұғылданғандығынан да хабардар болып отырған дұрыс» деп, арнайы тапсырыс берген болатын.
Губернатордың сол кезде–ақ, көкейiн тескен нәрсесi:
– Бұл қазақтар, шекарадан ары – берi жөңкiлiп жүретiн халық сияқты. Мына Сыртановтың кiшiсi өте қауiптi адам. Олай болатын себебi ағайынды Сыртановтар және естуiнше олардың әлi күнгi тiрi әкелерi Сыртан деген «барымташы – былайша айтқанда жас кезiнде осы аймақтың патриотсымағы және «басурмандардың бас барымташы – атамансымағы» болған сияқты.
Шамалы қарсылықтан кейiн орыс әскерлерi бекiнiс – қала Құлжаны алды. Осыдан кейiн, патша үкiметi Шығыс Түркiстандағы қазақтар қоныстанған Құлжа аймағын бiр шама уақыттан кейiн барып, өзара келiсiм бойынша Қытайға қайтып берген болатын. Тағы да, бұл саясатта соры қайнаған қазақ сияқты бодан халықтар болды. Шекара белгiленiсiмен байырғы қазақтың жерi екi империяның аузында кетiп, бiр жұрт екiге бөлiндi.
Артынан осы комиссияның зерттеулерi атақты «Құлжа келiсiмi» деген екi елдiң шекара аймағын белгiлеген шартты құнды деректермен толықтырған болатын.
Бiрақ, өкiнiшке орай губернатор Покатилоның бұл есебi iске аспай қалған. Онда да, осының бәрi кездейсоқтық бiр жағдайға байланысты болған едi.
Бұл жағдай шиелініскен бір істен басталған болу керек. Сол кездерi Қашғарда арнаулы iс – сапарда 1899 жылдан берi жүрген орыс әскерлерi Бас штабының бұрынғы офицерi капитан Лавр Георгиевич Корнилов деген бiреу сол жаққа әр түрлi сылтаумен, бүркеме ат, астыртын жолмен жiберiлген адамдардың бәрiн тез арада әшкерелеп, құпиялығынан айырған еді. Ол – ол ма, әшкерелегені былай тұрсын, олардың барлығын өз жағына тартып, пайдаланған көрiнедi. Солардың арасында Покатилоның да Сырттанов сияқтыларды аңдытуға жiберген адамдары бар едi. Ал Корнилов болса оларды әскери губернатор Покатилоның ұсақ – түйек істерінен тез арада аулақтатып, орыс империясының мүддесiне қатысты агентуралық iстерге жұмылдырып жiберген. Покатилоға бұл жәй соңырақ жеткен. Сол кезде әскери губернатор мынадай төтенше оқиғаға қатты жәбірленіп, барынша ашу шақырған болатын. Тiптi, осыған кiнәлi деген белгісіз адам Корниловты Түркiстан өлкесiнiң генерал – губернаторына жамандап тастағысы келген. Сөйтiп, өшiн алайын деген. Бiрақ кейiнiрек байқап, қараса Корнилов дегенiң Жетiсу губернаторы үшiн оңай – оспақ адамның бірі ғана болмай шықты.
Сөйткен, Корниловың орыс болғанымен де, өзi қазаққа жиен болып шықты. Оның әкесi де, Сiбiр казактар әскерiнiң бұрынғы хорунжиi Қарқаралы деген станицада қаңғып жүрген қазақтың бiр қызын үй қызметіне алып, кейін сонымен төсектес болған көрінеді. Содан мына бiр аласа бойлы, тұл бойында кесiп алар артық етi жоқ, шешесi сияқты сығыр көз, шығыңқы шықшыт, қара торы өңді Лавр Корнилов туған екен.
Покатилоның Корнилов туралы естiгенi бұдан да көп. Ол өзi 1892 жылдардан бастап Орта Азияда әскери қызметiн бастапты. Ау бастан–ақ, ол осындағы артилерия бригадасында офицерлiк қызмет атқарыпты. Нағашы жұртының тiлiне судай Корнилов ендi қазақ тiлiне ұқсас басқа да түркi тiлдерiн мейлiнше жақсы меңгерiп, оған қоса тәжiк, фарсы тiлдерiн де мықтап тұрып үйренедi.
Кейiннен оның еңбегiн бағалап, Бас штаб академиясына оқуға жiберiлiптi. Оны тамамдағаннан кейiн Корнилов тағы да Орта Азияға келедi. Өйткенi, Бас штабтағылар оның Орта Азия халықтарының тiлдерiне судай екендiгiне көздерi жеткен. Корнилов тек қана тiлдердi ғана емес сонымен бiрге ортаазиялық халықтардың салт – санасы мен дәстүрлерiн де жақсы бiлетiн. Бас штаб Корниловтай iскер офицердi ендi әскери барлаушылық қызметке тартуды да ойлайды.
Сөйтiп, Корнилов 1898 жылы Орта Азиядағы 4-шi бригадағаның қарамағына қызмет атқаруға кiрiседi. Бұл бригаданың командирi генерал Михаил Ионов деген орыс әскерiнде көп жылдан берi әскери барлау мен қарсы барлауды ұйымдастырушының бiрi, Орта Азия елдерiн көптен берi қызығушылықпен зерттеп жүрген әскери адам болатын.
Корнилов осы бригаданың құрамында басшы қызмет атқарғанмен, ол ең алдымен әскери барлауды ұйымдастырушы болды. Өйткенi, дәл осы кездерi Орталық Азияда Россия және Англияның отар үшiн жан аямас бақталастығы басталған болатын. (Покатило қайдан бiлсiн ендi аз уақыттан кейiн өзiнiң бұл жұмыстан кететiндiгiн. Ал орнына бiр кезде Корниловтың ұстазы болған генерал Ионовтың келетiндiгiн. Тiптен ендi бiр он – он бес жылдан кейiн генерал Корнилов деген қарапайым қазақ әйелiнен туған адамның бүкiл Россияны тiтiрентiп, 1919 жылы Кеңес өкiметiнiң билiгiне қарсы күштердiң ең беделдi басшысы болатындығына, ендi сәл болғанда, онда да, ол соғыс даласында ажал құшпағанда, Корнилов әскерлерi Петроградты басып алар едi. Олай болғанда Совдепия өкiметi құрып, ал генерал Корнилов болса Россияның нақты билеушiсiне айналар едi. Покатило бұл туралы қазiр қайдан бiлсiн. Бұл туралы сәл кейiнiрек белгілі болады).
Бiрақ губернатордың ағайынды Сырттановтарға қарсы арнаған еңбегi мен бейiлi текке кеткен жоқ. Сырттановтың үлкенi Қытайдағы консулдықтағы жұмысынан қуылды. Ал кiшiсi қатты бақылауға алынды. Губернатордың сол кездерi–ақ, көкейiн тескен бiр–ақ нәрсе едi. Оның онысы – «бұл қазақтар, шекарадан ары – берi жөңкiлiп жүретiн халық сияқты. Мына Сыртановтың кiшiсi өте қауiптi адам. Олай болатын себебi ағайынды Сыртановтар және естуiнше олардың әлi күнгi тiрi әкелерi Сыртан деген «барымташы – былайша айтқанда жас кезiнде осы аймақтың патриотсымағы және басурмандардың бас барымташысы – атамансымағы» болған сияқты. Ал, бұлардың әкесi Сыртан болса өзi сияқты даңғой, бұзақы – Танекеев Есiмбек деген даланың сотқары болған «басурмандардың аристократы» губернатордың ерекше тапсырмалар бойынша чиновнигi Эрентальды соққыға жыққанда, соларға ерiп сойқан бастағысы келгендердiң жағында болыпты. Сондай әкеден туған балалары да, тегiне тартуы керек және мемлекетке өте қауiптi болар?
Бiр жағынан «бұл Сыртанов дегендерiң империя мүддесінен көрі алдымен өз отандастарының тағдырын ойлайтындардың – нағыз өзі» –деген шешімге де келгендей болған.
Губернатор Барлыбектi аса сенiмсiз, мемлекетке қауiптi адамдар қатарына жатқызуды көптен бері ойластырып жүрген. Сондықтан да болар, көздеген мақсатына бүгiн қолы жеткендей болып отыр.
Шындығында да солай. Саяси тұрғыдан алғанда оның өз халқынан күдер үзбейтiндiгi белгiлi болды. «Ендеше осыған қарай оның басқан iзiн аңдыту керек. Әйтпесе, ол тағы бiрдеңені бүлдiруі мүмкін» деп, Покатило өз ойын iштей қорытындылағандай болды. Губернатордың басына сан – түрлі ауыр ойлар келіп, ол меңірейіп қалған.
«Бұл Сыртанов дегендерің империя мүддесінен көрі алдымен өз отандастарының тағдырын ойлайтындардың – нағыз өзі» деген шешімге де келгендей болды ол.
Губернатор Барлыбектi аса сенiмсiз, мемлекетке қауiптi адамдар қатарына жатқызуды көптен бері ойластырып жүрген. Сондықтан да болар, көздеген мақсатына бүгiн қолы жеткендей болып отыр.
Шындығында да солай. Саяси тұрғыдан алғанда оның өз халқынан күдер үзбейтiндiгi белгiлi болды.
Осыған қарай, оның басқан iзiн аңдыту керек. Әйтпесе, ол тағы бiрдеңені бүлдiруі мүмкін деп, Покатило өз ойын iштей қорытындылағандай болды. Губернатордың басына сан – түрлі ауыр ойлар келіп, ол Железняковтың келгенін де білмей қалған.
Губернатор кеңсесінің есігі айқара ашылды. Бұл жолы сымдай тартылған, сапқұмар адьютанттың соңынан ерiп Верный қаласында орналасқан облыс пен қала жандармериялары басқармасының бастығы ротмистр Железняков кірді.
Орта бойлы, сом денелі, Железняковтың жирендеу келген мұрты губернатордың кабинетінде ілулі тұрған портреттегі – Государь всея Руси – Николай Екіншінікінен, тіпті онан қалса осы кабинеттің иесі Жетісу губернаторы Покатилонiкінен де бірде кем емес, сүмбілдей боп, ширатыла қалған, ұзын, жирендеу келген, қалың мұрт.
Анықтап қараған кiсiге жандармерия ротмистрының дембелше келген, нығыздау денесiнен, оның барлық бой – бітімінен, онан қалса сұп –сұр болған, сәл көкшiл, шегірлеу келген көздерінен де, талмас қажырлылықтың белгісін тапқандай боласың.
Айтса – айтқандай–ақ, ротмистр Железняков мемлекет мүддесіне сай еместiң, оған қарама – қайшы келетіннiң бәріне де жан – тәнiмен қарсы болатын. Ал, империяның тап жауларына деген оның өшпенділігі одан да бетер еді.
Әскери губернатор генерал шенінде болғандықтан ротмистр ең алдымен бойын тартып, қақия қалып, содан кейін барып:
– Саулығыңызды тілеймін, Жоғары мәртебелiм! – деді Железняков. Осылай деп айтар – айтпастан бұрын оның үйреншікті «тыңшылықпен шығар болған көздері» ерiксiз губернатор кабинетінің ішін кезіп, тіпті бұрыш – бұрышына дейін тіміскілеп, кезiп кеткен.
Железняков айтулы да, атышулы да кәсіби тыңшы болатын. Осының алдында ғана ол Одессада істеп келген. Ондағы Қара теңіз флотында өткен бой көтерулерді және астыртын жұмыстарды талқандауға белсене қатысқанның бiрi.
Әсіресе, броненосец «Потемкин – князь Таврический», атақты лейтенант Шмиттің басқаруымен көтерілген крейсер «Очаков» кемелеріндегі толқуларды жаншып, iрiткi салуға ат салысқан едi. Есесіне оның осы жасаған еңбегі зая кетпеген. Сол еңбегі бағаланған ротмистр алыс болса да, қазақ елінің түкпіріндегі бір облыстың жандармериясының бастығы болып шыға келген.
Былайша келгенде Железняков үшiн бәрібір сияқты болып көрінген, мейлі ол Одессадай – анаң болсын, мейлі ол Жетісудай провинцияң болсын. Тек қана, Россия мүддесі үшiн айқасса болғаны, ротмистр жердің түбіне де барып қызмет етуге дайын еді. Ол өзін – өз Отанының нағыз патриоты санайтын. Отанына деген ондай сүйіспеншілігі жоқ адамды ол өте жек көретін. Олардың бәрін де, адамдық қасиеті жоқ «быдло» санайтын.
Железняковтың кесек тұлғасы есiктен көрінісімен губернаторда жарқын көңіл танытып, жылы лебізбен оны қарсы алды:
– А – а, иә, иә, кіріңіз – кіріңіз! Қадірменді достым, Петр Прокопьевич! – деп, ол дереу әбігерге түскендей бола қалды.
Оның мұнысына Железняковта ізет жасап, басын шұлғып:
– Рахмет, рахмет, сiзден ғапу өтінемін – деп жатыр.
Железняков орындыққа жайғасып отырғаннан кейін губернатор облыс көлеміндегі жандармерияға қатысы бар жаңалықтарды сұрастыра бастаған.
Сөйтіп, екеуара отырып ұзақ әңгімеге кiрiскен. Әсіресе, оның білуге құштарлық жасап отырғаны – Россияда әлі басылмай тұрған революция өрті екенін Железняков іштей сезеді. Оның сол шамалауы айна қатесіз келгендей болды. Губернатор өз сөзін:
– Сіздердің тараптарыңыз бойынша елде болып жатқан бунттар жайында не бар? – дегеннен бастаған.
Губернатордың қазiр бiлгiсi кеп, ненi меңзеп отырғанын Железняков те дереу түсiне қойғандай. Дәл қазiр губернатор Империя канцелериясының құпия және қорғау бөлiмшесi – охранка жүйесi бойынша Россияның iшiнде болып жатқан аласапыраннан хабардар болып, соған өздiгiнше сұрыптама жасамақ екенiн де Железняков сезедi.
Покатилоның сұрағына жандармерия бастығы:
– Мәртебелі генерал мырза! Ешқандай да өзгеріс жоқ, сол баяғы қалпы. Бунтовщина сәл – пәл басылғандай болып, артынша бар пәрменiмен күшейе түседi. Оның әзiрге басылмайтын түрі бар. Революция тек біздің аймақта ғана жоқ. Әйтпесе бар ғой қазiр Россия іші қара қазандай қайнап жатыр – дедi.
Железняковтың мынадай сөздерiне губернатор тiксiне қалып:
– Түкiрiңiз қымбатты Петр Прокопьевич, түкiрiңiз! Олай деп айта көрмеңiз ертең–ақ, мына жатқан туземдiктер арасында ондай «бәле» басталса не болмақ! – деп, Покатило емен столын саусақтарымен тықылдатып қойып, ырымшылдықтан да құр алақан еместiгiн көрсеткендей бола қалған.
Губернатордың секемшiлдiгi мен ырымшылдығына бiраз таңқалыңқырап қалған Железняков, қайтадан сөзiн жалғап:
– Жұмысшылар толқулары деп, қол қусырып отыра берсек болмайтын сияқты. Қазір бізге голытьбадан көрі социал – демократтардың ішіндегі көзі ашық, оқыған интелигенттері қиын соғып тұр ғой. Әсіресе, солардың ішіндегі Савинков бастаған солшыл эсерлерлердiң терроршылдық әрекеттері қатты қинап тұр. Эсерлердiң сондай қарекетiн пайдаланып қалғандары да ес жиғызбай жатыр. Ал, олардың ойлайтыны тек қана, қастандық пен зұлымдық. Тіптен қолдарынан келсе патшаға да, қастандық жасамақ. Терроршылдар ештеңеден де тайынбайды. Олар бомбаның түр – түрін жасап шығаруда. Ондайлар бізге әлі жеткен жоқ. Білмеймін бұл жерге келсе не болатынын? Бірақ, біздің тарапымыздан астыртын жүргізіліп жатқан жұмыстар, Верныйда маркстік үйірмелердің пайда бола бастағанын бiзге жеткізуде – деді.
Осылай дегенде бағанадан бері түрінен жайбарақаттық пен мызғымастықтың нышаны сезіліп тұрған Жетісу жерінің бас жандармының бет пішіні де сәл өзгерiп шыға келгендей болды. Железняков осы кезде өзiнiң де басына түскендей болған шарасыздық пен уайымнан аздап қобалжыңқырап қалғандай түр көрсетті.
Оның жүзiнен осыны байқап қалған Покатилоның жүрегі зу ете қалды. Ішінен: «апырмай, социал – демократтардың шынымен–ақ, осы жерге де жеткенi ме? Онда қалай болғаны?» деген суық сөз басына соққандай болды. Жаңағыдай сөз онымен қоймай Жетісудың зор дәрежелі әкімшілік басшысын әбігерге салғызып, оның жанын түршіктіріп тастағандай еттi. Мына бiр сұмдық хабар Жетiсу облысының әскери губернаторының да мызғымастығын шайқалтып тастап, өзін сары уайымға сала түскендей еді.
Аптығыңқырап қалған губернатор ойын тез жия қойып, түсiн суытып, бас жандармға қарап:
– Бұл жақсылық емес ротмистр! Мұндайға жол бере берсек, ертең елдегi жағдайға да ие бола алмай қаламыз! Сол марксистердің: большевигі, меньшевигі, анархисі ме, жоқ әлде эсері ме, біз үшін бәрібір, тіпті, Верныйда пайда бола бастаған социал – демократтардың қай – қайсысы болмасын біз үшін қажетсіз, өте қауіпті! Сондықтан олардың барлығын жөргегінде құрту керек! – деді.
Арада аз – кем үнсіздік пайда болды. Губернатор енді өзінің жандарм бастығын не үшін шақыртқанын және оған өз ойындағысын айтқысы келгенін білдіргендей боп:
– Киргиздар бізге бұратана халық болғанмен, бұл күнде біздің басқару жүйемізге сын көзбен қарайтындай мінез көрсете бастады. Олардың арасынан шыққан оқығандары өз ұлтының тағдырын ойлап, сөзін сөйлегісі келеді. Алысқа бармай–ақ, сондайларды Верныйдан да табуға болады. Облыс көлемінде де ондайлар аз емес. Солардың бірі Верный қалалық басқармасы хатшылық бөлiмiнiң бастығы Сыртанов Бардыбек деген киргиз. Өзі жоғарғы білімді, Петербург университетін бітірген. Өте бiлiмдi және дарынды, әккi адам. Ол көп нәрсенi бiледi және киргиздар арасында өте беделдi. Менімше Сыртанов тiкелей өз iсiмен айналысып жүрген жоқ сияқты. Ол қазiр мемлекеттiк жұмыстан көрi, қазақтардың азаматтық праволары жолындағы күрескерi сияқты. Халқына жаны ашығыш, жалған патриот болып алғаны бiздi қатты алаңдатуда – деп, губернатор өз ойын ротмистр Железняковке айтқандай болды.
Жетісу облысының бас жандармы оның ойын тез түсінген едi. Ол өз тарапынан Барлыбектің жүріс – тұрысына бақылауды күшейтуге, оның басқан ізін аңдытуға да уәдесін берді.
Он төртiншi тарау
Нұрқұмардың елге келгенiне бiрталай күн өткен. Сонан берi ойынан бiр кетпей қойғаны, Барлыбек айтқан сөздер едi.
Сол сөздер бара – бара, ауыздан – ауызға тарап, одан ауылдан –ауылға тарап, бұл кезде осы өңiрдiң үлкенi мен кiшiсiнiң, жасы пен кәрiсiнiң де аузынан тастамайтын жаңалық хабарына айналғандай болды. Бұл жаңалық, бұл хабар – Барлыбектiң: «Жердi тартып алмасын десе отырықшы бол» деп айтқандарынан туындаған болатын.
Алғашында бұл жаңалық елдiң бәрiне қызық сияқты болып көрiнсе де, қазiр оған да бұлардың құлағы үйренейiн дептi. Қанша ұмытайын десе де, осы күндерi Нұрқұмардың ойынан Барлыбек айтқан: «Алдымен анау Қалқабаевтардың Қарағашы сияқты ауыл болу керек» деген сөздерi шықпай қойған. Сол айтылған, сөздер әлi күнге дейiн Нұрқұмардың есiнен бiр шығар емес. Нұрқұмардың да көкейiн кескен сол баяғы Қарағаш сияқты. Былай қарасаң бос жатқан қу далада Қарағаштай кенттің салынуы, бас кезiнде бұл үшiн оп – оңайдай болып көрiнген. Күнде көріп жүрген, өзінің туып – өскен жерiнiң маңында пайда болған Қарағаш қалашығы, Нұрқұмардың өзiмен таласып бiрге өскендей.
Қалашық қанатын жайып, тез тұрды. Ойлап отырса сол Қарағаштағы бiр жайды, тiптi бiр үйдi салу үшiн қаншама ғұмыр, қаншама күш пен қайрат керек.
«Қалқабай әулетi не үшiн сол ауылды салғызды екен?» деп, Нұрқұмар тағы да, неше қайталап ойласа да, сол ойдың шегiне жете алмағандай.
Олар сол Қарағашты ерiккеннен салған жоқ сияқты. Ондай болса не үшiн салғызды? Сонда қалай болғаны? Өздерiнiң өмiр бойғы тұрмыс тiршiлiгi мен шаруа жайын өзгерткiсi келгенi ме? Сол жағы бұған беймәлiм болып тұрғандай едi.
Ең бастысы солар салғызған ондағы мектепте осы елдiң бәрiнiң баласы оқиды. Былайша айтқанда бай – кедей, жуан – жалшы, малай –- атқамiнер деп бөлместен Қалқабай ұрпағы оқушылардың барлығына бiрдей қарайды. Солардың бәрiн де оқытып жатыр.
Оларды оқыту үшiн қаншама ұстаз – мұғалiмдерге де ақы төлейдi. Ондағы мешiтке маңайдағы барлық мұсылман бiткен келiп мiнәжат етедi. Сол мешiттi салғызу және ұстау үшiн тағы да, Қалқабай ұрпағы шығындалады.
Осы бiр кездерi Матай елiнiң бәрiнiң де, атқамiнер жуанының, ақсақал – қарасақалының, молда, имамының аузындағысы – Қарағаш болды.
Олардың өңiнде де, түсiнде де көретiнi – Қарағаш. Сонан басқа үмiт ететiнi бар ма? Айтатыны Қарағаш, еститiнi Қарағаш, бiлетiнi Қарағаш, онан қалса сондағы мектеп пен мешiт жайы, тағы сол баяғы Қарағаштың жай – жапсары, соның төңiрегiндегi жайлар ғана әңгiме боп кеткендей. Қызықтың бәрі тек сонда ғана, айтатындары тек – сол ғана.
«Бiз де сондай ауыл салсақ қайтедi?» деп, Нұрқұмар көңiлiндегiсiн жобалағандай болды. Бiрақ тағы бiр ойдан: «оған қаржы қайда?» дедi. «Менiң әкемнiң бес жүз жылқысы мен жүз қаралы түйесi, мыңдаған қойы не болмақ? Қай жыртығына жетер дейсiң?» деп тағы ойлаған.
Соның бәрiн сатсаң қанша ақша болатыны бұған – қызық. Мал – қазақтың байлығы. Бiрақ, сол байлықтың бiр–ақ жұттық екенi тағы рас. «Айтпақшы, осы бiздiң мал неге азайып барады екен?» деп, Нұрқұмар есiне бiрдене түскендей боп, аңтарыла қалды. «Әкеңнiң әкесi Боранбайдың өрiсiнде түйе малының өзiнен үш жүз түйе болған, жылқы мен қойда есеп жоқ» деп, талай рет Боранбаймен немере ағайын болып келетiн Ысқақ шалдың айтып отыратынын еститiн.
Боранбай осы жақтағы атақты бай – Қалқабай баласы – Мамандармен, Қарқаралы дуанының бұрынғы аға сұлтаны болған Құнанбайларлармен тұстас болғандықтан да, солардан қалыспай алғаш Мекеге де барған. Ол туралы да Нұрқұмар көп естiген. Сол жақтан алып келген әдемi жайнамазды бұлардың барлығы әлi күнге дейiн қадыр тұтады.
Нұрқұмар әкесiнiң – әкесi Боранбайды көрмесе де, қос әжесi Балажан мен Тотықұсты көрген болатын. Әсiресе, Балажан әжесi сарғыш тартқан, кесте жiппен Мекенiң қасиеттi жерлерiн әрлеп салған жайнамазды кейiнгi кезге дейiн көзiндей көрiп кеттi.
Әжесi сол жайнамазды қолына ұстағанда: – бисмилла! – деп барып:
– Беу, шiркiн–ай, десеңшi жарықтық, бiздiң Омаштың әкесiнiң Мекеден бiрге алып келген жайнамазы ғой бұл – деп, отырғанын сан рет көрдi.
Сол Боранбайдың жалғыз ұлы – өзiнiң әкесiнiң болыстыққа қолы қалай жеткенi, қалайша болғаны бұған әлi күнге дейiн белгiсiз? Ол жағы бұған осы күнге дейiн жұмбақтау болып келсе де, бiрақ та, түнеу күнi Барлыбек оның сырын да бұған ұқтырған сияқты ғой.
Дуан деген азғана ру болғандықтан. Ақшора, Шаппасымен арғы жағы Ақтiлесiмен бiрiгiп бiр–ақ, болыс болады екен.
Омар Қыдыралы Қалқабайдың, Толқынының баласы – Нұрлан бидiң қызын алған. Кейіннен барып Омар болыс болып сайланды. Мүмкiн сансыз көп әке дәулетiнiң арқасында шығар? Мүмкiн адуынды Қалқабай балаларының қызын алғандықтан шығар? Ол жағы өзіне онша белгісіз. Әйтеуiр, әкесі болыс болды. Нұрқұмарға мәлiм жағы осы ғана.
Бұл қазiр ойлап отырса, ең қызығы сол, малсыз бұлар қалай күн көрмек? Қалқабай әулетi мен ұрпағы сияқты ең құрымаса сауда – саттық iстеудi де бiлмейдi. О жағынан қара байыр екендiгi рас. Қарап отырсаң ол да, оңай шаруа емес. Бiрдi – бiрге жаратып, бiрiн – бiрiне асырып, сапырылыстырып жатқаны ғой олардың.
Тiптен Қалқабайдан туған алты ұлдың iшiнде саудамен және басқа кәсiппен мықтап тұрып айналысқаны осы Маман балалары ғана шығар. Қалғанының қолына бұл кәсiп оншалықты жұқпаған сияқты. Өзiнiң нағашы атасы Нұрлан би, оның әкесi Толқын да, саудаға онша жақын адамдар болмаған. Оларда көбiнесе малды кәсiп ететiн. Тек сенерi мал ғана болған.
«Ал, осы Қалқабайдың үрiм – бұтағы қайдан шығарды екен ата –бабасына белгiсiз бұл кәсiптi?» деп, Нұрқұмар осыдан сәл бұрынырақ пайда болған, дәл қазiргi кезде өзiн жегiдей – жеп жүрген сауалдың түбiне жете алмағандай болған түрмен. Тағы бiрде, ол өзін басына бiр уайым мен мехнат тауып алып, енді соның шешуін қалай тапсам деген адамға ұқсатады.
Нұрқұмардың ойына осы кезде тағы бір қатар ойлардың пұшпағы көрінгендей болды. Ол өзінен – өзі: «Бiр енеден ала да, құла да туады деген осы шығар, мұның мәнiсi неде?» деп те, сұрағандай болады.
Қазiр Нұрқұмар үшiн жұмбақ нәрсе осы ғана боп тұрғандай. Бұл барлық өзгеше жайды ұқса да, нақ бiр өзiн соңғы кезде жегiдей – жеп жүрген сұрақтың жауабын таба алмай қысылғаны бар. Бәрi де, бұған белгiлi болған жағдай сияқты. Бiрақ, өзiне маза бермей жүрген сауал да көңiлiнiң ар жағынан шыға келедi. Сол сауал бұған да: «сендер көшiп – қонбастан, қалайша бiр жерде қарайып отырмақсыңдар? Сонша малды қайда сыйғызасыңдар?» дейтiн сияқты. Соған лайық, бұл да: «Қалайша бiз қозғалмай бiр жерде отырмақпыз?» деп, тағы қиналғандай болады.
Ойлай берген сайын, тағы талай құрдымға әкетер сұрақтар туа беретiндей. Сонымен бiрге, бұған iлгерiде Қарағашта оқып жүргенiнде естiген әңгiмесi жадына оралғандай болды. Сол естiгенiн ойына түсiрiп, сарапқа салып, ой елегiнен өткiзгендей. Бiрақ, сол ойының басы тұлдыр болса, аяғы бұлдыр болғандай. Ешбiр икiмге көнбей–ақ, қойғаны сол ойлардың.
Амалсыздан ойлағандарының түбіне жетпей, соған өзі қараптан – қарап тұрып, шаршағандай болды. Ендi қайтпек? Қайта – қайта есiне Барлыбектiң айтқандары түсе берген.
«Қой, онан да мен ертең барып малды ауылды көрiп қайтайын» деп, ойлағаннан кейiн барып, Нұрқұмардың көздерi ерiксiз жұмыла берген. Ол өзiнiң қалай қалғып кеткенiн аңғармай қалды.
Таң ата Нұрқұмар қасына iнiсi Рахметтi ертiп аттарына мiнiп, мал жатқан жақ Иiрiмге тартып кеттi.
Осы жүрiсiнде Нұрқұмар барлық күйбең тiршiлiктен аз уақыт болса да, бiр құтылғандай болып, өзiн зiл батпан ғып басқан ойдан сейiлiп те қалмақшы болғандай едi. Оңаша шығып, елден жырақ кетiп, барлық сөзден арылып, аз ғана уақыт болса да өз – өзiмен болғысы келгендей. Нұрқұмар осындай бiр сезiммен, қиялына шомғандай болатын. Оның көңiлiнде бар нәрсе осы ғана сияқты. Бiр кез бәрiн ұмытқысы келгенi рас.
Күн шыға атқа қонған жүргiншiлер, сәске болмай межелi жерлерiне жеткен. Нұрқұмар болса әлi бозбала жасындағы iнiсi Рахметке таң қалған, жол бойы ұзақ жүрiске бiр қыңқ етпей, суыт жүрiске шыдап, шаршамай келген.
Аздап құмдауыт болып келетiн мидай жазық далада өскен бетеге мен жусан исi аңқып, адамның мұрнын ерiксiз қытықтайтын сияқты, оның исiнен iшкi сарайың ашылып, айнала ауаны тоймағандай жұтасың кеп – жұтасың.
Бұл жердегi жаздың бiр кереметi осында, мал тез тойынып, арқасына шыр бiте бастайды. Оны байқайтын малшылырдың да көңiлi тоқ. Мал тоқ болса адам да – тоқ дегендей.
Межелі жерге жетісімен, Нұрқұмарлар малды ауылға бас – көз болып отырған iнiсi Рамазанның үйiне бет алды. Рамазан – Омар болыстың Нұрқұмардан кейiнгi екiншi баласы болатын.
Нұрқұмарлар үйге таман жақындағанда, тысқа Рамазанның өзi шығып бұларды қарсы алды.
– Қай–дан… жүрсiң–дер?.. – деді Рамазан амандасып болысымен. Ол асықпастан, айтатын сөздерін үзiк – үзiк қып, соза сөйлеп. Ол алдымен Нұрқұмардың қолын алып, өзiнен кiшi iнiсi Рахметтi құшақтап бауырына қысты.
Рамазан – мұның өзiне ұқсаған ұзын бойлы, шикiл сарылау келген, мiнезi тұйық. Аса көп сөйлемейтiн. Сондықтан да, жеңгелерi оған «Үндемес» деп ат қойған болатын.
Бұлар Рамазаннан малдың күйiн, өздерiнiң жағдайын суыртпақтап сұрай бастады. Рамазан көп сөйлемейтiн әдетiмен:
– Жақсы, бәрi де әйбат – деп әңгiменi бiтiргендей болды.
Нұрқұмар келiнi Ханияға төркiн жағының ауыл – аймағының амандығын, өзiнiң жақында оның немере ағасы Барлыбектi көргенiн айтып кеттi.
Малды ауылға келсе де, Нұрқұмар бәйек тауып, байыздап отыра алмаған. Ойы ылғи бөлiне бередi. Бұрынырақ болса бұл Иiрiмге келсе болды, қайтқысы келмей, қала бергiсi келетiн.
Бiр уақыт сейiл құрып аңшылық жасайтыны бар. Онда да тазы жүгiртедi, жақын маңайдағы құсбегiлердiң бүркiт салғанын қызықтайтын. Сөйтiп, бұл жердi айналшықтап шықпайтын. Тек, әке шақыртуымен ғана Қопаға қайтатын.
Ендi мұны бiр салғырттық басқан. Малды аралау, саят құрмақ түгiлi, өне бойын зiлдей басқан ойлардан арыла алмай қойғаны. Көптен берi өзiнiң көңiлi де күптi болып жүргенi.
Соңғы кездерi естiгендерi мен көргендерiнiң де көп болғаны рас. Бiрақ соның бәрiнiң де зобалаңы көп сияқты. Содан да шығар күптi – көңiл болып кеткені. Осы даулардың бәрi де бiтпестей, таусылмастай ғып елге өңшең қайғы – қасiрет әкелгендей болар ма? Өздері де елмен қоса қиналып жүргендіктен соларды туғызғандарға лағнет айтып, даттап тұр. Қараптан – қарап тұрып елді лаңдауларын қарашы. «Менен басқалар осылай ма, қалайша жүр екен? Апырай, бiздi де, елдi де, бұлардың орынсыз уайымдатып қойғандарын қайтерсiң? Басқалар қалайша жүр екен? Әсiресе – әкем? Мұның дағы бәрi не боп кеттi өзi? Осы күнгi дүниеде бiр жақсылық болмайтындай болып бара жатқаны несi? Қайтемiз ендi?» дегізіп Нұрқұмарды қинап тұрғаны осылар.
Есiне қайта – қайта соңғы күндердiң оқиғалары келе бердi. Көз алдынан сол бiр естiгендерi мен көргендерiнiң бiр кетпей қойғаны ғой.
Көңiлi үнемi алып – қашып тұратыны қалай? Нұрқұмардың осы кезде, тiптi еш нәрсеге зауқы жоқтай едi. Бұл жерден де тезiрек кеткiсi келгенi де сондықтан болар. Өйткенi, зiл батпан ауыр ойдан құтылғысы кеп оңаша кеткiсi келген едi. Онысынан түк те шықпады. Түкке де зауқы жоқ. Аралағысы келген, малды да көргiсi жоқтай боп отырғаны. Ал дәп қазiр, оның есесiне көңiлiне тағы бiр ойлардың келiп тұрғаны. Бұған түрткі болған соңғы күндердiң оқиғалары екенi анық .
Әсiресе жерге талас, өкiметтiң өктемдiгi, елдiң қатуланғаны бәрi –бәрi жинала кеп, жүрегiне берiш боп қатқандай. Уайым үстiне – уайым қоса түскендей. Күйзелткен үстiне – күйзелте түскендей. Ендi болмаса тырс етiп жарылып кетердей. Тек қана, бар алданышы Барлыбектің сөздері сияқты. Мұны ынтық қып кеткен де соның өзіне айтқандары болар. Ол болмаса жарылар көңiл баяғыда жарылып кетер ме едi? Жоқ әлде, тағы басқадай боп кетер ме едi? Ол жағы белгiсiз. Бiрақ Барлыбектiң айтқандары жанына медеу болғаны рас. Сондайдың ендi бiрi оның Қарағаш туралы өзіне айтқандары.
Сонан берi сол Қарағашты көргiсi келiп, аңсары ауады да тұрады. Құдды бiр жерiк болған әйелдей–ақ, бiр байыз таппайды. Осының бәрiне кiнәлi анада айтқан Барлыбектiң сөздерi еді. Өзінің қанша ойласа да, соны түсінуі қиын. «Апырай, отырықшы болу үшін не керек еді? Қарағаш сияқты ауыл салуды қалай қылмақ?» дегендерi осы уақытқа дейiн көкейiнен бiр кетпей–ақ қойғаны.
Бiр ойдан әкесiне айтып, осы Қопаны Қарағаш сияқты кентке айналдырайық дегiсi келсе де, оның да жолын таппағандай боп, тығырыққа барып тірелгендей.
Енді бiрде сол ойлар мұны түртпектеп қойып, Қарағашқа барсаңшы, барлығын өз көзіңмен тағы да бір көрсеңші деп мазалайтындай.
Сол Барлыбек айтқандар әлi күнге есiнде. Ал Қарағашты есiнен шығармай жүргенi де, жанына жақын тарта бастағаны да Барлыбек айтқаннан кейiн емес. Оның сыры басқаша болатын. Ол сыр бұған ғана белгiлi сыр. Сондағы ғашықтықтың лебiзiндей болғанын қайтерсiң.
Осы кезде Нұрқұмар үшiн сол Қарағашта болған, тағы бір ұмытылмастай болып қалған, ескi жараның да аузы тырнала түсiп қайта ашылғандай едi.
Күз келiп, жерге қара суық түсе бастағанда таулы жерде отырған елдің жайы кетіп, алғашқы суыққа үйрене алмай бүрсең қағып кететiн. Киiз үйдiң ортасына отты маздата жағып, қатын – қалашпен бала – шағаның дегбірі қаша бастайды. Қыр елі алғашқы қара суықты осылайша берекелерi қаша – қаша қарсы алатын. Осыдан кейiн барып күзеу басталды деп бiлерсiң. Күзеудің аты күзеу. Бұл жерде жайлаудағыдай емес аздап болса да адам суыққа үйрене бастайды. Ендеше бұл қыстаудың ауылы алыс емес дегеннің белгісі.
Бұлардың жайлауы Қаратаудағы – Қара күнгей, Сынтас, Қисық ауыз, Сор қора болғанда да күздеуi төменгi жазықта болатын. Бiрақ тау үстiне басқа аталастар барғанымен де Омар болыс өз малын Иiрiмде қалдыратын. Бұл жерлердiң шөбi нәрлi болушы едi. Таудың балауса, өлең шөбiнен көрi аздап құмдауыт даланың нәрiне бас ұрған мал да тез көтерiлетiн.
Бұл жақтағылар күзеу деп атап, жайлаудан бері қотарыла көшкен уақытпен шамалас кезде бұл да Қарағаштағы оқуын бастап кететін.
Оқу бiр жағы қиын, бiр жағы қызық. Шәкiрт балалар әр нәрсеге әуес, көп бiлгiсi келедi. Сондықтан болар олар оқуға өш болатын.
Қарағаштағы оқудың өзі де бiр түрлi қызық сияқты. Елге үйреншікті болған, өздерiнiң көрiп жүретiн ауыл молдаларының оқуындай емес. Күнi бойы әптиек пен әлiпбидi жаттатып, онан қалса жотаңды тосқызып, жоныңды осқызып, шықпыртып жататын шыбыртқысы жоқ. Неше түрлi қызықты сабақтардың жүруiнен басталып кеткен едi.
Қыстақтағы өзен деуге ауыз бармас, тоғанға лайық қолдан тартылған судың екi қапталы бiрдей көк шатырлы еңселi үйлер болып келедi. Сол үйлердiң бiрiнде Уфа жақтан келген татарлардың бірнеше үйлі жаны тұратын.
Оларды Маман балалары Қарағаштағы мектепке ұстаздық етуге шақырып, сонау алыс өлкеден – татар мен башқұрт елдерінен алғызыпты.
Сол Қарағашқа келген мұғалiмдердің ішінде Ғабит атты татардың үйi әсіресе, көзге ыстық көрiнеді. Өйткенi, сол үйден шығатын кер маралдай керiлген қызға бұл аса бiр қызығушылпен қарайтыны өзіне ғана мәлім. Тіпті оны жақсы көріп те қалған сияқты. Ол қыз осында тұрады. Онымен қоймай оқиды. Бұл татар қызының аты Әмина еді. Ең алдымен олар Қапалда тұрса керек. Әкесін сол жақтан бері мұғалімдікке Мамановтар алғызған екен. Осында Қарағашта тұратындарына онша көп болмаған сияқты. Қазiр Нұрқұмардың көз алдына «Қарағаш» деген бiр ауыз сөзбен бiрге ылғи сол татар мұғалімі тұратын үй, сонымен бірге сол бір қыз елестейтiндей көрінетін. Бір кезде өзінен – өзі көзін тарс жұмып алып, ойына керектісін ғана тергендей қып, онан қалса қиялын өзіне жарайтындай ғана жасап алып, соларды ары қарата жалғап әкетiп, елестете береді. Сол елес қана бұған Әминаны жақындата түсетіндей еді.
Қарасу деп аталынатын Қарағаштағы қолдан тартқан, адам күшiмен жасалған тоғанның жағасы да жасыл құраққа толы болатын. Сәл арырақта мәуелi ағаштар бой көтеріп, еңселерiн көтерiп, мен мұндалап тұратын.
Сол арадан әрлi – берлi жүргенде бұл сығалап көп қарайтын. Аңдыйтыны Әмина едi. Мұның өзiне ғана таныс, сол бейненi бір көруге зар боп, ешкімге білдіртпей, сол жаққа құмарлана көз салатын.
Әминаны сыртынан көріп, оның әрбiр қимылына тәнтi боп шыға келетiн. Онымен тiлдесуге біртүрлі батылы бармайтын сияқты. Онысы өзіне ғана аян жай. Жүрексінуі де содан. Қызды сыртынан жақсы көргенімен де, қызға қараудан ұялатын. Тек жата – тұра ойлайтыны «кезi келер, мұның да бiр мәнiсi болар» деп қоятын сияқты. Сөйтіп өзінің аңсарын алыстан келген кісілер тұратын үйге аудартып қойған да, тіпті жiпсiз байлап қойған да, сол болатын.
Нұрқұмардың Қарағашта оқу оқып жүрiп, бастан кешкендерi осы ғана едi. Жақсы көріп ғашық болды, онысы iске аспай, адыра қалды. Айтылмай, еленбей қалған Әминаға деген ғашықтық сыры да, осылай басталып, сол Қарағашта жүргенiнде үзiлiп, бір жолата сөніп қалғандай.
Нұрқұмарға бұл күндері соның бәрі елестей болып көрінеді. Соларды ойласа болды, көз алдынан Қарағаш кетпейтіндей, онымен қоса сондағы сұлу қыз тағы бар. Ол онан сайын елжірей түскендей, тағы да сол Қарағаш туралы есіме түсетіні бар шығар дегендей болып екі көзін тарс жұмып, тәтті ойға шомып кетеді. Көңілінің терең бір түкпірінде орын алған «Қарағашты салдырған да Қалқабай ұрпақтары ғой. Сондағы мен оқыған мектептi де солар ашты емес пе. Сол мектепте оқып жүрiп Әминаны да көрген едім. Әлі де соның бәрі қайта айналып келсе» дегізген ой елесі тегіс анық көрінгендей болған, артта қалып бара жатқан, өткен – кеткенді шолып өткізгендей етеді.
Биік таудың етегіндегі жазықтау өңірден орын тепкен, көкшіл миуалы баққа айналған ауыл соншама көркем, соншалық жанына жақын, ыстық. Әліпті танытқан, кіршіксіз, риясыз сүйіспеншілікті сыйлаған бақытты өлкесі. Осылардың бәрiне себепкер болған бір Қарағаш емес пе, ең асылына ортақ болған да, сол – Қарағаш қой.
«– Олай болса неге ғана сол Қарағаш салынды екен?
– Неге ғана бұл оқыған мектеп ашылды екен?
– Не үшiн де Қазан, Уфа, Тройцк басқа да, қалалардан мұғалiмдер шақырылды екен?
– Қайтiп қана, ғашық болған, сұлу қыз – Әмина Қарағашқа келдi екен?» – деген, мұның ойына іздеу, зерттеу, сұрақтарының талайы кеп, қиялдың жетегiне берiлiп, ойы көкке самғай түскендей.
Бағанадан бергі «Қарағаштың пайда болуына себепкер не болды» дегіздірген зерттеуі енді жаңа із беріп тастағандай. Қарап отырса ең алдымен Қарағашқа жол ашқан Ежен төбе сияқты, соның маңындағы сайлардың бойын қуалай ағатын жылғалар, суы таза тұмалар болса да керек. Қалқабай балаларына бар күштерiн осында тоғыстырған да сол болған сияқты. Олардың бар береке байлығы ақыры келiп осында құйылғандай. Екшеленгiсi келгендiгi, ордаланғысы келгендiгi, танымал болғандығысы, қордаланғысы келгендiгi анадайдан мен мындалап бiлiнiп–ақ тұр. Қалқабай балаларының пейілін ала бөтен, осындай қылған да еңбектерін ақтайтын, елдің елдігін сақтаттыратын орынға айналған жаңа мекен де осы болған. Жабыла жұмылып қала мен кент салғысы келген. Ел естiмеген, көрмегенге – ғажайып, ертегi мен қиял, жұмақ пен бейiшке лайық орын салмақ болған. Бiреуге таң болардай қала салу Қалқабай ұрпағының қашанғы арманы iспеттес болғандай.
Сол ғажайып қиялды iске асырар жолда, құлазыған кең далаға қалашық салудан бастаған. Бүкiл елге көрсете салған, үлгi етердей қып жасайтын болған. Келешек ұрпаққа айту үшiн, өнеге етуге, күллi Жетiсуды көркейте түсуге бет бұрған.
Алғашында Матай елі олардың мұнысын мақтанғандық деп бiлген. Қыдыралы – Қалқабай әулетi елден суырылып шығып, ала бөтен қылық көрсеткісі келеді деп, тағы топшылаған. Сөйтсе, Барлыбек айтқандай бәрі басқаша екен ғой. Барлыбек қалай айтып еді, әлгі… «жүрелей отырған қазағын түрегелтуге, тұралап қалған қазағын қаз – қаз басуға серпiлiс жасатқан» түрлері екен ғой бұлардың. Басқалардай боп шәниіп жатпай, қолдарынан келгенін істепті–ау, өздері…» деп, Нұрқұмар бір уақыт ойына тағы да, Барлыбектің айтқандарын түсірді.
Ендi міне соларың бiр заманда құлазыған қу мекиен даланы құлпырған кентке айналдырып жiберген. Олардың жасап жатқандарының бәрi орынды.
Осы күнi бiр Қарағашыңда екi жүздей зәулiм үй бар. Соны істесе, басқа елдің бай – жуаны мен толып жатқан атқамінерлері қайда жүр?
Өзін жуан, өзін керемет санайтын, талайың жүр, құр әшейiн қоқайып. Ондайлардың аңдыйтыны сөз, әңгіме, онан қалса айтатындары ылғи сайлау қалай өтеді, партия болу қалай болмақшы, малдың жайы, жайылым жағдайы, қатын алу, ет жеп, қымыз ішу. Міне, ел ішінде, іс басында жүрген, өзiн жақсылардың қатарында санайтындардың талайының ойлайтыны тек осы ғана.
… Түу, айта берсең шегіне жете алмассың Қалқабай ұрпағының – бүткіл тірлігіне. Не деген ұйымшыл, не деген көпшіл еді өздері. Олардың іскерлігіне құрық бойлата алмассың.
Елдің айтысына қарағанда олар iстiң басын ең алдымен Қарағашқа керекті үй – жай салуға құрылыс заттарын жинаудан бастапты. Үйлердiң төбесiндегi шатырды жабатын қаңылтырды сонау Семей жақтан, тiптi соның ар жағындағы Омбыдан алғызған. Керекуден есiк, терезе, Семейден қызыл кiрпiш әкелінді. Керектi ағаштың бәрiн Алатаудан өгiз арбамен тасыған. Оны Қапалға апарып тiлдiрiп, қажеттi еден ағаштары, стөл, парта жасатқан. Қапал зауыттарында жасалынатын қыш пен кiрпiштердi де, өгiз арбамен Қарағашқа тасытқан.
Олар Қарағашта қала тұрмысын жасауға барлық күштерiн жұмылдырып баққан. Самарқан, Наманған, Әндiжан, Ташкенттей болмаса да, солардың үлгiсiмен қала салуға кiрiсіп,. Қапалдан сәулетшiлер, сырттан шеберлер шақыртты.
Өзi Қарағашта оқып жүргенде Нұрқұмардың көрген Қарағаштағы алғашқы зәулiм үйлерi – Маман балалары Тұрысбек пен Сейiтбатталдың жеке – жеке қылып салғызған жайлары болатын. Ең алғаш сол үйлердiң қасына бақтар салына бастаған, жемiс – жидек, қарағаш ағаштарының көшеттерiн де отырғызыпты. Бұл күнi солардың бәрi мәуелi бау – бақша, баққа айналған. Өйткенi, өзбектiң Наманған мен Әндiжанынан бағбандар шақыртылып мұнда жемiс – жидек ағаштарын өсiре бастады. Бас кезiнде оншақты жыл iшiнде шөл далада қырық – елу тұрғын үйлерi бар қала пайда болып, көк шатырлы еңселi үйлер айналаға сән берiп, алыстан көзге түсетiн.
Тасбекеттен сүт пiсiрiмдей жердегi көрiктi келген Қарағаш ауылы осылайша дүниеге келгенін Нұрқұмар бір жағынан осылайша естiсе, енді соны өз көзімен көріп те жүр.
Он бесiншi тарау
Күн сәске болып қалыпты. Барлыбек асыға басып келедi. Жетiсу облысының Әскери Губернаторының қабылдауында болғаннан кейiн ол уақытты бекер өткiзбестен, Бақытжанға жiберу үшiн дайындаған керектi қағаздарды тездетiп жiберуге асыққан. Өйтпеске болмас, Қапал уезiндегi Қопа, Тасбекет, Сағабүйен жақтағы елдiң қамы оны онан сайын асықтыра түскендей.
Барлыбектi асықтыратын да осы жәй. Ол жақтағы елдiң шегіне жетіп отырған райы болар. Оның үстiне анау күнi келiп кеткен Омар болыстың баласы да айтты емес пе, ел көтерiлуге тақау отыр деп.
Барлыбек бұл дауды күшпен емес ақылға жеңдіріп, өз жолымен шешуді жөн көрген. Әуелі осылай бастап, соңын көріп алмақ. «Тездетпесе болмас. Еел тағы бiр бәлеге арандап қалар» дегенді де бір сәт есінен қалт жібермегендей едi. Осыларға байланысты оның тағы бiр көңілдегісі: «Бақытжан Петербургке қайтқанша осы қағаздарды алса жақсы болар едi» деп құлай ұмтылғаны сол болатын.
Барлыбектің көздеген істі кешіктірместен жасап тастайтын мінезі оны тықыршытып әкеткен. Сөйтiп, ол керектi хаттарды реттей бастаған. Ең соңғы хатты қара сақтияннан жасалған қағазсалғыш қапшыққа салып, басына қалпағын киiп, қолына трость ұстап далаға шықты.
Далада аздап жауын жауып, себелеп өтiптi. Жазғы күнгі жауған жаңағы жауын ыстықты әжептеуiр басып, өзiмен бiрге жанға жайлы – рахат бiр салқындық әкелгендей. Бүгін де Верныйдың аспанында күн сайын көрінетiн – жайдары, ашық аспан, жарқырап тұрған күн де дәл тас төбеңде тұрғандай.
Барлыбек үйден шығысымен күндегi әдетiнше алдыменен тау жаққа қараған. Сол қараған жағынан биік шыңдары күн сәулесімен шағылысып, жарқырай қалған Алатауды көрді. Сол қарасымен де, бiрте – бiрте өрлей берiп, Алатаудың биік – биік шыңдарына барып, көз тоқтатқандай болды. Тау жағы өзгеше боп мұнартып, сондайлықты бір үнсіз тыныштық қалпында екен. Осының бәрi керемет бір әдемі жаздың күнінде, осындай мезгілде, таудың жұпар таза ауасын қанша жұтсаң да тоймайтындай әсер аласың.
Осының өзі Барлыбектің бойын сергітіп, өзіне бір талай күш – жігер бергендей болды. Барлыбектің туып – өскен жері ылғи тау болғандықтан да, оның осылайша айнала қоршаған тауларға құмарта қарайтыны әдетке айналған. Таусыз, бірыңғай жазық, далалы жерді Барлыбек көз алдына елестетсе – көз сүрінер көкжиекке дейін, көз тоқтатар ноқат таппағандай боп, көңілі біресе белгісіз жаққа алып – қашып бара жатқандай болады да, біресе су сепкендей басылып, құлазып қалатындай сезінеді. Оның сырын Барлыбек өзiнше былайша жориды: «таусыз жерде туып – өспеген адам, мұның жайын білмейді. Олар мына сияқты аспандай биік, бұлт құшқан, алып, асқар шыңдары өзiне ғана жарасқан таулардың сырын, дәл бiздей ұқпас болар» деп ойлайды. Әсіресе ол өзі оқыған Петербургте мұндай құбылысты, сондайлық тәкаппарлық ерекше сұлулықты көре алмай қиналатын. Петербургтің де өзiнше бiр сұлулығы бар шығар, оған күмән жоқ, бірақ ол сұлулық – өзінің Алатауындағы, Жетісуындағы сұлулыққа жетпейтінi өзі үшiн анық. Ал, Петербург болса өзiне белгiлi қала. Оның сұлулығы бiртүрлi өзіне жат сияқты болған. Ол сұлулық бiрыңғай сұрғылт, сүрең тартқан, ызғарлы, суықтау, күңгiрттеу болып көрiнетiн. Мүмкін ол да бір өзiнше ерекше сұлулық шығар, оған Барлыбек таласпайды. Бірақ, бұл үшін өзiнiң Алатауы, Жер жаннаты Жетісуы, Алматысы ерекше ыстық, өз алдына керемет сұлу, әдемі еді.
Барлыбектiң бүгінгі жан дүниесi айналасындағы құбылысқа сай көтерiңкi сияқты. Жай уақытта бозарып тұратын бет жүзi аздап қызара нұрлана түскендей. Оның көңiл – күйi де, айналадағы әсем құбылысқа елiтiп тұрғандай.
Осы кезде көшенің біраз жерінен құмдауыт – қиыршықтан төселген жолмен бірқалыпты тасырлата желе – жортып келе жатқан қос ат жеккен күйме көрінді. Онысы қала iшiнде жолаушы таситын экипаж болғандықтан, Барлыбек соны көріп тоқтауға ишара жасаған. Күйме iшiнде отырып, ол қолындағы қара сақтиян қағаз салғыш қапшығының iшiне үңiлiп қойды. Түнi бойы өзi жазған хаттар мен қағаздар соның ішінде едi. Бұл тұста Барлыбек көңiлiнде кешелi берi жүрген өз байлауы да бар сияқты. Онысы өзiне ғана аян. Барлыбек дәл қазiр Верный поштамтына жетпекшi. Ондағы ойы өзiнiң Бақытжан Қаратаевқа дайындаған қазақ жерiнiң төңiрегiндегi дау – дамай туралы, осы мәселеге байланысты отаршылдық саясаттың салған сойқанды жағдайы туралы жазған хатты және оған қосымша көптеген деректi құжаттарды Бақытжанға қосымша жолдау едi.
Барлыбекке Бақытжанның барлық сыры мәлім. Ол алған бетінен қайтпайтын бірбеткей, өжет мінезді, өр кеуделі адам.
Мына хаттардың ендігі тағдыры соның қолында. Барлыбектің ендігі үміті де сол болғандай. Не де болса Бақытжанға сенеді. Оған арнап жазған хатындағы жазылғандарды ойына ала бастады. Соған қосылғандай болып, өзiнiң алыстағы жақсы көретiн досына деген сағынышы да үдере түскендей. Дәл қазiр Барлыбек көңiлi елегiзiп, алыстағы досын iздейтіндей, алысқа шарлап кеткендей.
Барлыбек жан – жағына қарап қойып, онан сайын елегзи түскен. Сол елегзумен қатар достарына деген сағынышы да бірте – бірте күшейіп бара жатқандай. Осыған байланысты бойына ерекше бiр ықылас пен сағыныштан пайда болған жан толқулары келе қалғанын өзі де аңғармай қалған. Солар мұның да көкейiне үн боп кiрiп: «Қайран Бақытжан, қазақтың маңдайына бiткен ай маңдайлы ұлдарының бiрiсiң ғой сен, ел үшiн туған азаматсың, әрқашанда аман бол!» дегiзiп тұрғандай едi. Бұл кезде Барлыбектің Бақытжанға жолдаған әралуан сұрақтары елдің қамы болса да, солар Бақытжанның намысқа толы өжеттілігінсіз іске аспайтындай болып көрінді.
«Қазiр Бақытжан Петербургтен келiп, Жайық бойындағы елiнде жүрген шығар. Бiраздан кейiн ол Петербургке қайтатын болар?» деген ой, Барлыбектiң көңiлiн елегiзiтiп қана қоймай, сонымен бiрге, оның бойындағы сағыныш отын онан сайын маздата түскендей қылды. Толғана ойлаған ойына көп нәрсе түсе бергендей. Соның iшiнде, көз алдына – бiр сәтке, өзi оқыған Неваның жағалауындағы ақ түнге шомылған қала, сондағы өзiнiң университетте оқып жүргендегi қызықты күндердiң оқиғалары бiрiнен кейiн – бiрi өте бергендей…
Петербург университетiнiң шығыстану факультетiнде оқып жүрiп Барлыбек құрамына Бақытжан Қаратаев, Жаһанша Сейдалин, Мұхамеджан Сердалин, Ғабдолла Темiров кiрген «Жерлестiк» қоғамының ұйымдасуына ат слысты.
Бұл қоғам ең алғаш рет бұлар «осындайлық жағдайы мүшкiл халқымызға не iстеуiмiз керек?» деген сұрақты да, осы жерде талқыға қойған еді. Онда да, ең алдымен осыны әр қайсысы өздi – өзiнен сұрағандай боп, сол сұрақты өздеріне қойған сияқты.
Бұл жерлестiк қоғамның жиi – жиi болып тұратын бас қосуларында қазақ халқының бүгiнi мен болашағы жайлы, оның толғағы жеткен проблемалары туралы қызу сөз бен таластар туып, келелi мәселелер де, талқыланып жататын.
Иә, Петербург университетiндегi озық демократиялық және ғылыми дәстүрлер Барлыбек Сырттановтың дүниетанымы мен өмiрлiк қағидаларын қалыптастыруға өз үлесiн қосқаны рас.
Сол қаладағы ескi таныстары, достары бүгін қайда екен? Оқу тамамдалғаннан кейiн, бәрінің де, бiр күнде ол жерде аялдамастан, сағындырған елiне алып – ұшып жеткенi бар.
Дүниеде өзiнiң туып өскен Көкқиясы мен Қарашоқысына, Сүттiгенi мен Ақсуына, Бүйенiнiң арқыраған суларына, Арасанының шымырлаған жанға шипа, дертке дауа, ыстық сулары бар жерлерiне не жетсiн? Бұларға жететiн жер жоқтай көрiнген. Ол – Барлыбек үшiн шындық.
Ендi бiр уақытта Барлыбектiң көз алдына сол Петербург қаласында жүрген кездегi – сымбатты келген, көз жанарынан қайрат пен өжеттiлiктiң белгiсi танылатын Бақытжанның бейнесi келдi. Бақытжан – өр мiнез, бiр беткей, ойындағысын ашық айтатын, нағыз жайсаңның өзi. Оның барлық түр – тұрпаты дәл қазiргідей Барлыбектiң көз алдында. Бақытжанның өзі үшін үйреншiктi әдет – қылықтары да Барлыбекке белгiлi, бір түрлі жақын көрінетін.
Бақытжан Қаратаев болса Санкт–Петербург университетiнiң заң факультетiн алтын медальмен бiтiрiсiмен, оның саясат пен құқық жөнiндегi тұжырымды сыншылық дүниетанымына байланысты астанадағы Билiк етушi Сенаттың өзiне қызметке қалдырылған болатын.
Дарынды да, еңбек сүйгiш Қаратаевқа – Билiк етушi Сенат департаментiндегi шенеунiктiң қызметiнен гөрi, алып Империяның шар тарабына самғап, оның түкпiр – түкпiрiндегi халық тұрмысынан бай тәжiрибе жинақтау, кейiн соларды туған халқының мұң – мұқтажына жарату туралы ойлар, анағұрлым артық көрiнген. Сондықтан да, ол осының бәрiн тастап, 1897 жылы Грузияның Кутаиси қаласына сот тергеушiсi болып кете барған.
Ел – жұртының, ең ақыры жақын құрбы – достарының: «елдi тастап қайда барасың, Петербургте iстегенiң аз болғандай, ендi алыстағы Грузияда нең бар?!» дегенiне де, ол бой бермеген. Өзiнiң бойына бiткен өрлiкпен:
– Ол жақты да көру керек, бiлу керек, ол бiзге артық болмайды – деп, өзiне тән қиқарлық танытқан. Сол жерде бiраз уақыт сот тергеушiсi болып, тәжрибе жинақтаған Бақытжан өз елiне қайтып оралып, адвокаттық қызметпен айналысты. Ол сонымен бiрге қазақ даласындағы қоғамдық – саяси және ағартушылық iстерiмен де белсене араласып кеткен едi.
Бұдан кейiн барып ол қазақ өлкесiнiң өмiрлiк маңызды мәселелерi: халық қамын ойлау, халыққа заңгерлiк көмек көрсетудi өзiнiң өмiрлiк борышы ретiнде таңдап, сол жолға өз ғұмырын сарп етуге арнаған едi.
Дәл қазiргi уақытты Барлыбек үшiн де басқалар үшiн де – Бақытжан Қаратаев қазақ елiнiң ең дарынды саясаткерлерiнiң бiрi екендiгi даусыз.
Барлыбектiң санасында – Бақытжанның азаматтығы ерте оянған, осы күнгi қазақтан шыққан саналы қайраткерлердiң бiрiндей ғана едi. Қазiргi кезде өз халқының жолында бастарын сарп етуге бар басқа да қазақ зиялыларындай ол да шешiлiп, осы жолға түскен. Сонысынан осы күнi қайтпайтындай. Осындай ел сүйгiштiк қасиеттерi, ел десе iшкен асын жерге қою, бiлiмдiлiгi, қайраткерлiгi үшiн де оны Барлыбек шын жақсы көрiп, сыйлайтын.
Бақытжан Қаратаевқа жазған хатында Барлыбек Сырттанов қазiргi қазақ жерлерiнiң тағдыры туралы көп жағдайдың бетiн ашқандай болған едi. Ол осы жайында жазған хатында: «Қадiрлi сұлтан! Қымбатты достым! Мен қызмет атқарғалы, осы мәселенiң төңiрегiнде көп тәжiрибе жинақтадым. Соны сiздiң талқыңызға салуды жөн көрiп отырмын. Бұл туралы мемлекеттiң ең жоғарғы деңгейiне мәселе қойылмаса, осының өзi төменгi жақта еш шешiмiн таппайтын түйiн боп тұр.
Бiздiң халқымызға мұның кеселi ауыр тиiп, күннен – күнге дертi меңдеп барады. Бұл күндерi қазақ халқының ашу – ызасы әбден шегiне жеткен. Керек десеңiз лап етiп жануға дайын.
Халық көтерiлсе, мемлекет билiгi оны аяусыз жаншый ма, деп те ойлаймын.
Ал, менiң айтайын деген басты нәрсем, – 1861 жылғы крепостниктiк правоның жойылуы Россиядағы аграрлық мәселенi түбегейлi шешпегендiктен, жерге байланысты осындай кикiлжiң саясат әлi күнге дейiн шешуiн таппай келедi.
Бiрiншiден, патша өкiметi Ресейде шаруалардың (мұжықтардың) жағдайын басқа бұратана халықтар арқылы жақсартуды көздейдi, яғни оларға мұжықтарға (шаруаларға) өңделетiн жақсы жерлердi, басқа шеткерi аймақтардан тауып беруге тырысуда.
Екiншiден, сол жерлердi меншiктенген шаруалардың ауыл шаруашылығының өндiргiш күштерi мен өндiрiс қатынастарын өсiрiп, мемлекет қуатын арттырады деген дәмелерi де бар.
Үшiншiден, олар осыған байланысты ел iшiндегi революциялық толқуларды да баспақшы.
Империяның осы бiр арам пиғылды өз мүддесi, керiсiнше қазақ жерiнде бодандыққа, отаршылыққа, қазақтарды басқару жүйесiне қарсы қозғалыстардың етек жаюының күшеюне әкелiп соқтырды.
Осындай жағдайда патша үкiметi орыс шаруаларының назарын революциялық қозғалыстан аудару үшiн бiрқатар шараларға баруда, яғни айтқанда қоныс аудару саясатының белсендiлiгiн арттыру сол шаралардың бiрi ғана.
Сонда, қазақтар не iстеу керек? Ал, отаршылдар болса бiр халықтың жақсылығын, басқа бiр халықтың есесiнен жасамақшы болып, ондаған жылдар бойы осы саясатты жүргiзiп келедi.
Қазақстанның солтүстiк, батыс, орталық және оңтүстiк – шығыс аудандарын отарлау арқылы олар Орталық Россиядан шаруаларды қоныс аудартып, жаңа жерлерге солар арқылы тiрек жасамақшы» деп, Барлыбек осы хатында отаршылдықтың қазаққа салып отырған барлық салмағын, басып – басып айтқан болатын.
Бұл хаттағы айтылар барлық мәселе күні бүгінге дейiн, шешуін таппай, сол күйiнде мызғымай қалып бара жатыр. Ал уақыт өткен сайын қазақтың басына түскен осы жағдайда барған сайын қанпезерлік, отарлық, саясаттың ми батпағына батпандап батқандай болып тұрғаны тағы бар.
Барлыбектi қажытып жүрген де осы еді. Солай болғанымен де тайсалып, қол қусырып қарап тұрған ол жоқ.
Барлыбек өзінің қазiргi іздеп жүргендерінің түп тамыры соғұрлым арыда жатқанын сезген. Нағыз егес енді басталғандай.
Барлыбек те бұл күндері жатпай – тұрмай, заңсыз тартып алынып жатқан қазақ жерлері жайында үлкен талдау жүргізiп, соған байланысты барлық қағаздарды да сақадай – сай қып қойған.
Барлыбектiң өзi де сол iзденiстерiне қарап, әуелгi кезде Самодержавиенiң Қазақ өлкесiн әскерилер мен казактар отарлауымен шектелгендей қылса, соңырақ, он тоғызыншы ғасырдың 65–жылдарынан бастап Қазақ елiне орталық Россиядан шаруаларды қоныс аудартуды кеңінен жүргізе бастағанын терең зерттеп, «керегі болар» деп жинастырып жүрген. Мұның себеп – салдарын әуелде Барлыбек Жетiсу басқармасында жұмыс iстеп жүрiп, Батыс Сiбiр бас басқармасының 1866 жылғы 20 қыркүйектегi қаулысымен танысқанда барып бiрақ бiлген болатын. Сол қаулыда: «Адамгершiлiк қасиеттерi мен материалдық қаражаттары өздерiнiң сенiмдiлiгiне жеткiлiктi дәрежеде кепiлдiк бере алатын көптеген жұмысшы отбасыларының бiразына Қазақ даласына қоныстануға рұқсат етiледi» деп, тайға таңба басқандай қып, баттитып тұрып жазылған екен.
Патша өкiметiнiң жергiлiктi әкiмдерiне де керегi осы болатын. Олар жаңағыдай денi «адамгершiлiк қасиеттерге мығымдарды» бірте – бірте қазақ жерiне тоғыта бастаған. Әсiресе, Барлыбектi таңқалдырғаны өзi қызмет жасайтын Жетiсу облысының, өзi тұратын Верный қаласы орналасқан Алатау округiнiң бұрынғы басшысының бiр сөзiнде: «Жетiсу өлкесiн орыстардың ойдағыдай отарлауы үшiн колонистердiң шаруашылық және адамгершiлiк жағынан қамтамасыз етiлген адамдар құрамы қажет» деген сөзі еді. Соны естіп, қатты ашуланған. Осы жайында ойлағанда: «Шынымен–ақ, Америкадағы үндiстердiң күйiн кешкенiмiз бе? Мына сұмпайының айтып тұрғандарына қарағанда, сондай адамдарды қазақ елi өте қажетсiнiп тұрғаны ма?» деп, онан сайын шамданған болатын. Оған айтар сөзi де даяр сияқты. Өзi осы елдiң, осы жердiң иесiндей болған, тұрғылықты халықпен санасқысы келмейтін надан адамға барлық айтар сөзiн айтып та қалған. Осындай сөзі үшiн де, Барлыбек онымен айтысып, сөз таластырып, екеуi қаншама дауласқан. Бұл қаншама түсiндiрiп бақса да, ал ол өз ойының дұрыстығын бұған дәлелдеп, жаңағыдай закондарын көлденең тартып, бой бермей қойған.
Әрине, империялық үкiмет жүйесi, сол қаулыда айтылғандай «шаруашылық және адамгершiлiк» жағынан қамтамасыз етiлген шаруалардың топтарын жасай отырып, қазақ өлкесiнде орыстандыру саясатын жүргiзiп отырғанын да еш жасыра алмаған.
Олар осыған байланысты, отаршылдыққа қажеттi әскери адамдар қатарын толықтырып отыруды көздеп, сол үшiн де осындайлық өз есептерiн құрған едi. Олардың мұндай есебiн Барлыбек жақсы бiледi. Ондай пiкiр тiптi, соңғы кезде – кез келген империя шенеунiгiнiң аузымен айтылып та жүр ғой. Ол туралы бұрын да айтылған болатын. Соның сорақылығын айта кетердей боп, Барлыбек өзінің Бақытжанға жазған хатында Түркiстан генерал – губернаторы фон Кауфманның айтқан мынадай бiр сөздерiн де қоса жеткізген. Сондағы Кауфманның пiкiрi бойынша: «Түркiстан өлкесiнде орналастырылатын орыс қоныстары кең тарап, өзара тiкелей байланыс орнатқан кезде, қарым – қатынастар жасауға қолайлы шептерге орналасқан соң ғана барып, колонистер маңызды, алып, нағыз күшке айнала алады» дегенi бұл сөздің жайдан – жайға айтылмағанын білдірген еді.
Мұнымен де қоймастан фон Кауфман өзінің улы ойын ары қарата өрбіте түсіп: «Осы негiзге сүйене отырып, Жетiсу облысында да жаңадан құрылып жатқан орыс қоныстарын бұрын пайда болған казак қоныстарымен және қалалармен бiрiктiрiп, мүмкiн болғанынша, отырықшы қоныстардың бiртұтас жүйесi бола алатындай етiп орналастыру қажет» деп, шімірікпестен қазақтың жеріне ауыз салғаны былай тұрсын, нақ бір осы жердің бірден – бір қожасына лайық қылықтар көрсете бастаған
Бұл да болса Кауфманның әбден ойланып істеген ісі тәрiздi. Сол себептi шиелiнiсе түскен бұл мәселеге ол от тастап ермек қып, онан сайын шиеленiстiре түскендей. Содан берi де көп уақыт өтсе де Верныйдағы қызмет пен iздену үстiнде өткiзген Барлыбек ылаң шыққан сайын жасқанбай, бой тасалап қашпастан, тура соның ортасына кiрiп, кiрiсiп кететiн. Қазақ жерi туралы айтылған жаңағыдай сөздер мұның жігерін онан сайын қайрай түсетіндей.
Көп жерде ол жергілікті кісілерге, оның ішіндегі ел ісіне деген көкірегінің саңылауы барларға Исмайыл Гаспыралының, орысша тәжірімдегендегі аты Исмаил Гасппринскийдің айтқанына сүйеніп:
– Алыста жүрген түрік бауырымыз Исмайыл Гаспыралының өзі де біздің қазаққа жаны ашып, сонау Қырым жерінен сәлем жолдап жатыр. Ол: «Тез жұрт салып, шаһар болыңдар, егін саймандарын алып, жер жыртыңдар» деп, біздей сор маңдай қазаққа жар салуда. Ол мұнымен қоймай: «Құдайдың әмірімен қазірде Қожа Ахмет Ясауи хазірет қабірінен тіріліп шықса, қазақ халқына дін үйретпес еді. «Өздерің де менсіз мұсылман екенсіңдер» деп, дүлділіне мініп алып, Қара Еділден Алатауға, Омбыдан Әмударияға дейін қазақ бар жерді аралап, тегіс осыны айтар еді. Біздердей Алаш оқығандарына да Исмайыл бей құлаққағыс қып былай дейді: «Еуропаның прулетариясы үшін қанды жастар төгуіңіз пайдалы, бірақ өз халқыңыз қазаққа артық назар салыңыз, орыстың қара халқы мазлұм (тепкі көрген), күнелтуі ауыр, сонда да алды ашық. Қазақ халқы алты миллиондық бір ұлы тайпа бола тұрып, басқа халыққа қарағанда жәрдемсіз азып – тозып кетер болды» депті.
Барлыбек Исмайылдың сөзіне Бақытжанның айтуымен көңіл бөле бастаған еді. Бақытжан Грузияда жүріп, онымен танысқан болатын. Исмайылдың басшылығымен шығатын «Тәржіман» газетін үнемі Барлыбекке жолдап тұрды.
Осындай ізденістердің соңында Барлыбек Бақытжанмен тағы да, басқа қазақ зиялыларымен болған кездесулерде жердiң қазақ халқының меншiгiнде болуын жақтағандар жағында болған едi. Қазiр де Барлыбектiң ойлап тұрғандары осы мәселелер болатын.
Олай болса бұл қағаздар Бақытжанның қолына түссе болғаны, ар жағын ол өзi алып кетеді. Осыны қалайда тындыруды ол ойластырған секілді. Оның Бақытжан өзі таңдаған жолы бар. Жоқтан – бар дегендей. Осыған Барлыбек те қосыла кеткен. Өйткенi, Бақытжан көптен берi «қазақ даласында болып жатқан мына сұмдықтың бәрiн де, патша бiлмейтiн шығар» деп ойлайтын.
Білсе де «дәл осындай сорақы күйінде емес. Әйтпесе, мұндай сұмдыққа жол беруге тиіс емес еді» деген күдік ойдың үстінде жүрген.
Бақытжан сол үшiн патшаға жолығуды ойлаған. Оған осындай сорақылық туралы айтқысы келген. «Әсiресе, қазақтан тартып алынып жатқан жер туралы да патшаға айтсам екен» деген.
Оның жер туралы мәселенi патшаның өзiне жеткiзсем деген талабына Барлыбекте қосыла кеткен. Өйткенi, бұлардың қолында дәл осы кезде осыдан басқа амалдың жоқтығы осыған итермелей түскен.
Осы кезде қазақ елі үшiн ең басты мәселе алынып жатқан жер еді. Бұл жәй еш бір шешiмiн таппай отырған.
Қазақтың басына түскен ауыртпалықтың ең бiр жанды тұсы едi. Осы мақсатқа жету жолында Бақытжан тiптi Ғұбайдолла Жәңгiровты екi ортаға салуды да, көздеген. Өйткені ол патшаның өзіне таныс, әмбе өте жақын адам. Атағы да бүткіл Россияға жайылған. Ал беделі тіпті жоғары, әсіресе орыс – түрік соғысынан кейін шарықтап кеткен.
Ғұбайдолланың қазіргі істейтін қызметi де жай қызмет емес. Бұл қызмет патшаның өзiне ең танымал, жақын адамдарға ғана сеніп тапсырылатын жұмыс еді. Ал, ол атқаратын қызметтiң өзi деңгейі мен маңызы жағынан министр құралыптас қызмет болып есептелінетін.
Ғұбайдолла Россия империясы Пошта және Телеграф қатынастары департаментiнiң директоры болатын.
Мұндай жоғарғы лауазымға Ғұбайдолланы қызмет сатысымен жоғары көтерген, әкесi – Iшкi Бөкей ордасының соңғы ханы Жәңгiрдiң беделi емес. Оның бар даңқы мен қадыры баласынан асып түсе алмаған. Бұл Ғұбайдолланың өз еңбегi болатын.
Ғұбайдолла Жәңгiров государьдiң өзiмен бұрындары жақсы таныс болған. Тіпті, ол әлi патшалық құрмай тұрып, ұлы князь аталып жүргенде және Россия тағының патшазадасы болған кезден бері танитын еді.
Генерал – адъютант Николай Николаевич патшазадамен бiрге, 1877 жылдары Балқандағы орыс – түрiк соғысына қатысқаны бiр бөлек, оның үстiне ол императордың жеке ыждаһатына ие болған адам.
Ғұбайдолла Петербургтегi он сегiзiншi ғасырдың орта кезiнде императрица Елизавета Бiрiншi ашқызған Паждық корпусты бiтiрген алғашқы қазақ балаларының қатарында болды.
Бұл оқу орны сол кездегi ең тәуiр деген әскери – оқу орындарының бiрi болып саналатын. Корпусқа атақты ақсүйектерден, соның iшiнде император фамилиясының және патша сарайы төңiрегiндегiлердiң, дворяндардың ғана балалары қабылданатын.
Ғұбайдолла Жәңгiров Паж корпусынан бiрiншi разрядпен бiтiрiп, өзiнiң қызмет жолын лейб гвардия казак полкiнiң корнетiнен бастады. Оның ұзақ та, тамаша қызметтiк, мансап жолы осылай басталып, өзiнiң тамаша жалғасын тапқандай болған сияқты.
Бiраз уақыт өткеннен кейiн оны ротмистр шенiнде Дондағы казактар әскерiнiң наказной атаманының жанындағы қызметке ауыстырған. Ал 1867 жылы ол Орынбор генерал – губернаторның жанындағы ерекше тапсырмалар бойынша чиновник болып, арада бiр жыл өткенде полковник Жәңгiровты Оның Императорлық Ұлылығы сарай нөкерлерiнiң Флигель – адъютанты қызметiне ауыстырғаны мәшһүр болды.
Флигель – адъютант қызметiне кiршiксiз, адал қызмет атқарған және Императордың таңдауынан өткен офицерлер ғана алынатын. Олар сарайда және қала сыртындағы резиденцияларда кезекшiлiк қызмет жасайтын. Бұл өте жауапты, әмбе қиын жұмыс едi.
Өйткенi, осы кезде Россияда халықшылдардың, ал кейiннен анархистердiң үлкен – үлкен топтары, бұдан кейiн оларға эсерлер қосылып, патшаның өз басына және оның жақын туыстарына, онан қалса мемлекет аппаратының қызметін атқаратын әр – түрлi ұлық бiткендi халықтың жауы деп санап, оларға қастандық ұйымдастырып, өлтiруге тырысқан. Патшаны жою жолында Каракозов, Ишутин, Кибальчиш, Засулич, Желябов, Ульянов сияқты халықшылар мен анархистердің үлкен бір тобы пайда болып, олар залалсызданысымен–ақ, орнын басқалары басып отырды.
Ол заманда қазақтың ең соңғы хандарының бiрi Жәңгірдiң баласы жіңішке, талдырмаш келген, сыптай жігіт болса, бұл күнде ол толысқан, бет әлпеті күнге сәл тотығып, күрең тартқан, ат жақтылау келген, бетiндегi қалың қара сақал – мұрты бакенбардпен тұтасып кеткен, мосқал кiсiге айналған. Оның өткір көздерінің жанарлары кiсiге қарағанда ерекше нұрланып, жалт ете қалғандай болып көрінеді. Ғұбайдолла мiне осындай сырт келбетi өте тартымды, ұзын бойлы, батыл, бiлiмдi, ақылды адам болатын. Ол Россия патшасының өзiнiң ең жақсы көретiн адамдарының бiрi саналатын және кезi келгенде – патшаға сөзiн де өткiзе алатын.
Генерал Жәңгiров қазақ хандарының ұрпағы болғандықтан, туа бiте сұлтан болса да, патша жарлығымен князь атанған. Кербездеу келген сұлтан, өзiнiң барлық сырт пішінімен нақты ақсүйек екенін әрдайым аңғартатын едi. Ол алғашқы генерал атағын да өзiнiң әкесi Жәңгiр хан, не болмаса туысқаны Баймағамбет сұлтан, тағы да толып жатқан қазақтың ақсүйектерi: хан, сұлтандары сияқты ел басқару, мемлекет iсiндегi қол жеткiзген табыстары үшiн ғана емес, тұрақты әскер офицерi болып жүрiп нағыз қан майданда сiңiрген еңбектерi үшiн алды.
Сол кездегі аз халықтан шыққан князь атағын алған жоғары лауазымды шенеунік ретінде ол өзіне «бүркеме ат ретінде арғы тегi Ұлы Шыңғыс ханды таңдап, князь Шыңғыс хан» деген атты қалап алған.
Соңғы кезде Государьдың өз таңдауымен Ғұбайдолла Жәңгiров Ресейде жаңадан дамып келе жатқан, қазiргi уақыттағы ең күрделi және қажет саланың бiрi бүкiл Империялық байланыс, көлiк қатынастар департаментiнiң басшысы болып тағайындалған. Оған себеп болған, баяғы орыс – түрiк соғысы кезiндегi Ғұбайдолланың әскери байланысты тиiмдi пайдалануы арқасында Балқан түбегiнде және Румыния жерлерiндегi шешушi шайқастарда қол жеткiзген табыстары болатын.
1877 жылы Балқан түбегiнде славян нәсiлдi болгарларды бес жүз жыл бойғы түрiк отарлығынан құтқару үшiн, орыстар мен түрiктер арасында кескiлескен соғыс басталған.
Орыс әскерiнiң бас қолбасшысы болып, ол кезде ұлы князь, генерал –адъютант Николай Романов тағайындалған болатын. Дәл осы бiр уақыт аралығында алғашқы рет, ендi – ендi ғана пайда болған сымды телеграф жүйесі қолданылды.
Орыс – түрiк соғысы алғаш рет әскери байланыстың соғыс кезiнде мәнi зор екенiн көрсетiп, оның өз алдына арнаулы әскери сала болғанын және осыған байланысты әскерлердiң байланыс түрiнiң құрылуын дәлелдей түскен. Өйткенi, тек қана жақсы байланыс арқылы ғана әскерлердi соғыс жүрiп жатқан үлкен аумақта осылайша тиiмдi түрде басқаруға болатындығы белгiлi болды.
Соғыс басталысымен орыс әскерлерi бас қолбасшысының бұйрығымен бұрынғы атты әскерлер корпусының қолбасшысы кавалерия генерал – лейтенанты Ғұбайдолла Жәңгiров – орыс тұрақты әскерлерi телеграфтық корреспонденция тасымалдау және байланысының бастығы болып тағайындалды.
Сөйтiп, алғашқы қазақ генералдарының бiрi орыс – түрiк соғысы кезiнде де, өзiнiң iскерлiгi мен бiлiмдiлiгiнiң арқасында жаңадан пайда бола бастаған, техникалық байланыстың әскерлерге ауадай қажет екенiн дәлелдеген және сол мақсатта құрыла бастаған байланыс әскерлерiнiң алғашқы басшысы да болған едi.
Ғұбайдолла Жәңгiровтың осы еңбегiн ұмытпаған сол кездегi Ұлы князь Николай Екiншi бүгiнде Россия Империясының Императоры болғанына талай жылдар өтті.
Ғұбайдолланың әскери байланыс саласындағы бiлгiрлiгi мен iскерлiгiн ескерген патша, оны кейiннен Россия жерiндегi барлық байланыс және пошта тасымалдау салаларына басшы қып тағайындаған.
Осындай жоғары әкiмшiлiк қызметке қолы жеткен Ғұбайдолла да өз елiнiң, қазағының қажеттi адамына айналғаны рас. Қазақ арасында оның атағы жер жара бастаған. Империя iшiнде ол үлкен бедел, зор абыройға ие болды. Ал, қазақ жұрты, тiптi оны – бейнебiр, патшаның өзінен кем көрмеушi едi. Әсiресе, онан көмек сұраушылар өзi туып өскен Бөкей ордасы мен күнбатыс жақтың қазақтары арасынан көп едi. Сондайлардың бiрi Барлыбектiң университеттес досы Бақытжан Қаратаев болатын. Ғұбайдолла мен Бақытжан екеуi де Кiшi жүзден шыққан, екеуі де төре, хан тұқымы.
«Құласаң нардан құла» деп, Бақытжанның да араға Ғұбайдолланы салып, патшаның өзiне аудиенция алғысы келетiндiгi оның көзсiз батыл, алған бетiнен қайтпайтындығын көрсетті. Сондай–ақ, оның бірбеткей, өр мінезінің авантюристiк пиғылға да жақын екендігін білдіріп тұрғандай едi.
Бақытжан осындай есеппен Ғұбайдолламен кездесетін болған. Бақытжанның Ғұбайдолламен кездесуі оның Петербургтегі кең сарайдай болған мекенжайында өтпекші еді.
Бақытжан Ғұбайдолламен жақсы таныс болғандықтан ол Жетiсудағы қазақ жерлерiнiң заңсыз тартып алынып жатқанын Барлыбек арқылы естiсiмен, оның осы туралы жазған прошениелерiн қолдау үшiн, Ғұбайдоллаға хабарлап, оның мүмкiншiлiгiнше осы iске жәрдем беруiн өтiнген.
Осының алдында ғана Бақытжан Қаратаев – Ғұбайдолла Жәңгiровпен Петербургте кездескен болатын.
Сол жолы Ғұбайдолла болса, Бақытжанды Петербургтегі үйінде қарсы алған. Бақытжанның келуiне байланысты арнайы қонақ кәдесiн жасап, қонақасы бергiзген. Қонақасыдан кейiн екеуi Ғұбайдолланың Петербургтегi – Нева өзені бойындағы жағалауда орналасқан сарай қызметкерлеріне арнап салынған үйiнiң қысқы бағына кiрiп, көп әңгiмелескен едi. Сол әңгiменiң үстiнде Бақытжан ойына алғандарын құлаққағыс етiп, бiраз сөз айтқан. Ол екеуi қысқы бақ iшiнде оңашада қалғанда Бақытжан бұйымтайдай болған сөзін еріксіз бастаған. Ол сөзін арыдан бастап:
– Сұлтан! Сенат орнына парламент сияқты орган құрылмақшы екен. Соған сайлау өткiзу үшiн дайындық жүрмекшi сияқты. Осындай дүрмек болып жатқанда, бiз де қарап отырмай, сол сайланатын кеңеске кiруге неге талпынбаймыз? Қазақтан да, сол парламентке мүше неге сайланбасқа? Соны шешу керек деп қазақ зиялылары сiзге қолқа салуда – дегенді сөзге тиек етіп айтып салған.
Ғұбайдолла осы күнi инфентария генерал – лейтенантының мундирiн кәдiмгi сюртукке айырбастаса да, сол баяғы Паж корпусында оқығандағысы мен лейб – гвардия әскерінде патшаға жақын жүретін әскери адамға тән жып – жинақы қалпында қалыпты. Оның үстiне аздап мосқал тартса да, бұп – бұйра сақал – мұрты мен шаштарын әлi де болса қырау шалмаған, жүрiсi де тiп – тiк, өзiнiң сән – салтанатты, сымбатты келбетiн еш жоғалтпапты. Қара торы өңі Петербургте онша күн көрмесе де, онан сайын тотыға түскендей. Қиығы тереңдеу, қарасы мол көздері әлі сол қалпы жанарлы сияқты. Оның осындай өңі иесінің алпыстан асқан жасын жасырып тұрғандай көрінеді екен.
Ғұбайдолла бетін Бақытжан жаққа бұрып, шәй iшiп отырған шыны аяғын столдың үстiне асықпай қойды. Бақытжанның жүзiне үңiле түсiп:
– Солай болғалы тұрғанын естіп жатырмыз. Қазақтар сияқты туземдік халықтардан да, Сенат орнына құрылғалы жатқан Мемлекеттiк Дума аталынатын парламентке депутат сайлануы әбден мүмкін болғалы тұр. Оны мен де, бір жағынан жақтап отырмын. Өйткені біздің халыққа пайдасы тиер деген ойдамын. Ол туралы керек десеңiз Государьға да айтқанмын. Сондай–ақ, Столыпиннiң де құлағына салғанмын. Сол болашақ парламентке, былайша айтқанда Мемлекеттiк Думаға қазiр толық дайындық жүрiп жатыр – дедi.
Ғұбайдолланың осы айтқандарын ести салысымен Бақытжан оның бетіне үздiге қарағандай боп:
– Сұлтан, осылар рас болса, соңғы өтiнiшiм болсын, бiздi қалайда патшаға кiргiзсеңiз екен! Бұл сіздің қолыңыздан келетін дүние деп білемін! – дедi.
Бақытжан мұны ешбiр шiмiрiкпестен айтып салған. Мұндайда ол ай – шайға, анша – мұншаға қарамайтын өзiнiң бiр беткей әдетiне басып салатын. Бақытжанның мұнысы бір жағынан не қылсаң, ол қыл, тек қана бізді патшаның өзіне кіргізсең болғаны дегенмен бірдей болды. Ол бұл жолғы келісінде де Ғұбайдоллаға салмақ сап, оның қолынан келетін шаруаны қалайда жасатып қалғысы келгені анық. Бақытжанда үнемі осыдан басқа амал жоқ сияқты. Бұл жолы да, сенері мен сенетіні тек қана Ғұбайдолла болып тұр.
Ғұбайдолла бағанадан бері Бақытжанның айтқандарын тыңдап, енді соған ақыл ойлап тұрған адамның түрімен:
– Жарайды! Мұны да байқап көрейін – деді. Ғұбайдолла өзі осылай айтса да бұл өзі оңай шаруа емес еді.
Бақытжан жаңағыдай бұйымтайымен Ғұбайдолланы бiр жолата тығырыққа әкелiп тiрегендей етті. Бақытжанның осылайша буынсыз жерге пышақ ұратын қылығына, Ғұбайдолла да біршама үйренгендей. Бұл бiр емес, оның осындай төтенше қылықтары көп болатын. Орайы келсе, кімді болса да, өз жағына шығара алатын, тілесе пайдалана да алатын, Бақытжанның орамдылығы мен ептілігінде шек болмайтын.
Ғұбайдолла үшін оның артында тұрған өзiнiң алашы, соның ішінде әсіресе қазағының бас ауыртар шаруасы әсте көп болатын. Осы жолы тағы да өзi барып, онымен сөйлесiп, бар ниетiн айтып, ұғысып қайтуды жөн көрген. Түнеу күнi ғана емес пе едi, осы Бақытжанның өзiне аяқ астынан келе қалғаны, онда да айтқаны «Жетiсуда жердiң төңiрегiнде дау туып тұр, соны әдiлеттi түрде тексеруге дұрыс бiр адамның баруына ықпал жасашы» десе, ендi мiне «патшаға жолықтыршы» дейдi. «Осымен де Бақытжан сияқты өзiмнiң қазағымның бар шаруасы бiтер дейсiң бе?» деп Ғұбайдолла Бақытжанның сұрағының бас–аяғын ойластырғандай болып отыр. Бір жағынан өзі де бұл шаруаның оңай – оспақ емес екенін алдын ала болжап, «осыны қай жағынан бастасақ дұрыс болады» деген сыңаймен тұрған сияқты.
Ғұбайдолланың осы кезде кiмге сын айтып, қайсысына мiн тағарын бiлмегендей болып қиналғаны бар. Онысы өз алдына. Өйткенi, «осы сенiң–ақ, шаруаларың бiтпейдi екен!» деп Бақытжанға дүрсе қоя берейiн десе, сол шаруалардың бәрi оның соқа басына керек емес. Елге керек. Қазағына ғана керектi болып тұрғаны.
Осыны ойлаған Ғұбайдолла шын қиналғандай болып отыр. Көптен бері мұндайлық қысым көрмеп еді. Енді қайтпек? Патшаға не демек? Сізге бір қазақтар кіргісі келеді, айтары бар демек пе? Не істерін, не дерін білмей, әуреге түскендей бір күй кешу үстінде еді. Ол бiр жағынан Бақытжанға ырза болды. Өз халқынан шыққан Қаратаев сияқтылардың осындай жанкештiлiгiне кейде өзi қараптан – қарап отырып сүйсiнетiндiгi де бар.
Қазағының да басқаға есесiн жiбермес ұлтжанды ұлдары көбейiп келедi. Осыған өзiнше ырза болып та қалады. Өмір бойы орыс арасында, орыс ішінде жүрсе де өзiнiң қазақ екенiн қалай ұмытсын, қалай жасырсын. Сол үшiн де намысқа тырысып жүр ғой. Саналы ғұмырының барлық болмысы да, бары да осы болғандай. Онысы бiр өзiнен басқа ешкiмге мәлiм емес.
Осы сияқты қарбалас ойлар, қайта – қайта оның көкейiн тесіп бара жатқандай болғаны анық. Енді бір кезде әзәзіл ойлар да аннан бір, мынадан бір шалғандай боп, көкірегіне шер байлағандай. Солар кеудесінен басқандай қып: «халқыма қызмет етiп, жақсылық жасаймын дейсiң, сол сенi пұшпаққа жеткiзер ме? Сондағың саған да, әкеңнiң керiн кигізбесін?» дегендi де есіне салғандай болған.
Ғұбайдолла өзiн шым – шытырық қып, шырмап алған қалың ойдың үстiнде отыр. Адамдар сүрiп келген өмiрдің кейбірінің ащы тұстары болатындығын да сол өмір есіне салғандай. Сондай өмірдің дәл осындайлық күрделi көрiнгені бір басына жетерлік сияқты. Соның бірі әке тағдыры. Әкесiнiң тағдыры бұл күнде бүткiл қазаққа даңғаза болып, әйгiлi болғаны белгiлi ғой. Бұл туралы Ғұбайдолла сыр шашпайтын. Халқы қанша аздырып, қанша азғырса да, бәрібір әкесі ғой. Әкесін жамандыққа қимайтыны бар.
Махамбет сынды ақынның, Исатайдай батыр старшынның арқасында – әке атағы тек қана Кіші жүз, Бөкей ордасына ғана емес, бүткiл қазақ елiне, онан қалса Россия патшалығына мәшһүр болғаны рас.
Былайша өткенге ой жүгiртiп қараса әкесi хандық құрғанымен қоймай, бірталай іске қолы жетіпті. Орысша оқып шыққан, тiптi патша үкiметiнен генерал деген әскери атақты да алған, Қазан университетiнiң құрметтi ұстазы атағына да ие болған Жәңгірдің өте мәдениетті кісі екені рас.
Енді бүгін ойлап отырса, бiр замандағы қазақтың Кiшi жүзiнiң ханы Жәңгiр өз хандығында ел есінде қалатын әйгілі, жақсы iстер жасамақшы да болды. Осындай iстерiмен қазақ елiне мәшһүр боп, жақсы ат қалдырғысы келген. Сол есеппен мектептер ашып, елiн сауатқа тартпақшы едi.
Мешiттер салғызып, қазағын имандылыққа шақыруды ойластырды.
Бір жағынан отырықшылық өмiрге де ден қоя бастаған. Көшiп жүрген елiн жер – жерге отырғызып, егiн салғызып, диқаншылық жасатып, аяғына тұсау салмақшы болды. Тіпті қалалар да салғызбақшы болды. Орда қаласының пайда болуы ең алдымен осы Жәңгiрдiң арқасы ғой. Жәңгiр хан түбiнде әр жерден кенттер салып, миюалы бақтар өсiрмекшi едi.
Орыс мәдениетiн күшпен қазақ даласына әкелмекшi де болды. Өзi де, орысша оқыды, оның үстiне барлық балаларын орысша оқытты. Баласының бәрi әскери оқуларды: паж, не болмаса кадет корпустарын бiтiрдi. Онысынан не шықты? Елге жақпады. «Жәңгiр орысқа жақын» дедi елi. Басқалары қазақ хандарының бұрынғыдай тұрмысы мен жағдайы Жәңгірді қанағаттандырмады деп тағы айтты. Жәңгірге бұл күнде салтанат пен қызық, онан қалса нағыз патшалық тұрмыс керек болды деп айтатындар да табылды. Мүмкiн осының бәрiн көре алмайтындар айтқан шығар. Бiрақ олардың барлығының солай айтқандары рас. Тіпті, кейбiреулерi еш шімірікпестен: «Жәңгiр ханға салтанат құруға көп ақша керек. Сол үшiн ол елге түсетін салықты көбейтiп жiберді. Жәңгір зекет алуды шығарды. Зекетті малмен алмай, ақшамен алатын болды. Ханның соғымы деген тағы бір ауыр салмақ салды. Ақ киіз, қызыл киіз деп, үй басына ауыр тағы бірнеше сомнан жылына салық та түсiріп жатыр» дестi. Ендi бiреулерi: «Ханның бүйткен салтанаты елге ауыр тиiп жүр, Түрлі атақты және атақсыз салықтар көбейіп кетті» дестi.
Жығылғанға жұдырық дегендей, әкесiнде де осы тұста елден бөлектене бастағандай қылықтар пайда бола қалған. Ол қасына күзетші қылып орыстан әскер алды. Төлеңгүт пен нөкерлердi көбейттi. Ел аралаушы хан адамдары мен патша атынан сөйлейтiн жандайшаптарын да көбейткен үстiне көбейте түсті. Оларды ұстау үшiн көп шығын шығатынын ескермедi. Бұлардың бәріне үй, ет, қымыз, лау, тағы басқа нәрселер керек болды. Ал, керектің бәрін көтеру халыққа салмақ болып жатты. Кiмнiң аузына қақпақ босын. Айтқысы келгендер мұнымен қоймастан: «Жәңгір ноғай мүфтиінің қызын алды. Ендi елді ноғай мүфтиіне, ноғайдың мекеме шарғиясына бағындыратын болды» дестi.
Олардың осысын құптағандай боп, тағы да жесір дауы, жер дауы секілді қазақтың нағыз әдетпен шешілетін өзара істері шариғат бойынша тергеле басталды. Ондайда молдалар да, дегендей әділ бола алмады, арасында жемқорлары, арамниет, бұзақылары болды. Және де молдалардың көбі, әсіресе, әуелгі уақытта қазақтың әдет – ғұрпын білмейтін ноғай, естек, мешер, тәптер, сарт секілді келімсектерден болды. Елдің тыныштығын алуға бұлар да көп себеп болды. Солардың халыққа шаншудай боп тиетiндей: «надан қазақ», «пасық қазақ», «күпірсің», «ананы істеме», «мынаны істеме» деген қатты сөздерiн жай қазақ түгiлi үгітті ел ағаларының, ақсақалдардың, билердің талайлары есітті. Есiттi де, Жәңгірдің мұнысын жақтырмай, iштерiнен бiр бармақтарын бүгiп қалысты.
Сондай ханды жаратпайтын қимылдың басы Исатай мен Махамбеттен басталған жоқ па еді.
Онымен қоймай ханның айналасына анадан қашқан, мынадан келген келімсектер көп жиылды. Махамбет ақын айтса – айтқандай: «Жәңгiр ханның ордасында, қытайдан келген қалмақ та бар. Ираннан келген қызылбас та бар. Үргеніштен келген сарт та бар» деген оның сөзі айналасына тез тарап кеттi. Қалған ел де қарап қалмай одан бетер сүреңсіз ажуа сөздерді Жәңгірдің атына қарша боратты. Әр жерден: «Жәңгiр қазақты бiр жерге иiрiп қойып, жерiнiң бәрiн орысқа бермекшi екен» деген суық сөздер де дүңкілдеп шығып жатты. Онымен де қоймастан, неше түрлі
алып қашпа сөздер де тағысын – тағы, бiрiне – бiрi жалғасып шыға берген.
Исатай сияқты сөзi өтiмдi старшындарды да, Махамбеттей өткiр тiлдi ақынды да өзiне қарсы қойып алған да хан Жәңгiр болды.
Бiр уақыттарда халықтың қаһарына да Жәңгір хан қатты iлiктi. Даудың басы жерден басталған. Бөкей ордасындағы жердің көбін Жәңгір өз қолына алып, бірталайын елдегі сұлтандар мен билердің сыбағасына берген еді. Жинала қалған ел тек осы туралы ғана сөйлейтiн болды. Сөйтіп ел мен хан арасында жiк шықты. Оған Жәңгiр қатты ашуланды. Бір жағынан сасқаны да рас. Сондықтан болар қатты кеттi. Бөкейлік қазақтарды орыс әскерiнiң күшiмен таубасына келтiрмекшi болды. Онысынан не шықты? Дауа болды ма? Жексұрын көрiндi. Неге олай болды?» деп, Ғұбайдолла қазiр осының бәрiн ежiктеп ойлап, сараптап қараса, әкесi өз халқының қалыптасқан тiршiлiк ортасына, шаруашылық қатынастарына да, көп араласып, оған қол сұғып, өз қалауынша өзгерткісі келiптi ғой. Мұны Ғұбайдолла кейін барып түсінген. Түсiнгенiмен де, кеш түсiндi. Өкiнiштiсi сол болды.
Ғұбайдолланың осы күнге дейiн көңiлiн қобалжытатыны әкесiнiң өз халқының қаһарына iлiккенi ме, жоқ әлде басқадай бiр билiк пен саяси күштердiң қаһарына iлiгуi ме ол жағы осы күнге дейiн бұған жұмбақ сияқты. Жамандықтан аса жұққыш нәрсе бар ма? Соның басы әкесiнiң жұмбақ өлiмiнен басталғандай болды. Артынша–ақ, Жәңгiрдiң орнына хан болуға лайық болған ағайыны, ақ патшаның генералы Баймағамбет сұлтанның қасындағы алты бiрдей төрелерiмен тiзеден келмес Елек өзенiне батып кетуi. Онан кейiн хан тағына отыруға келе жатқанда аяқ астынан өзi сияқты Петербургтегi атақты Паж корпусын бiтiрген ағасы Зұлқарнайынның құпия өлiмi. Тағы бiр ағасы генерал – губернатор Перовскийдiң адъюданты болған Сақыпкерейдiң де, әкесiнiң тағына жете алмай, келе жатқан бетiнде, жол – жөнекей кенеттен қайтыс болуы.
Осының бәрi Ғұбайдолла үшiн әлi күнге дейiн шешуі табылмаған жұмбақ сияқты. Қанша ойласа да шешуiн таппай келедi. Кiм бiледi бұл жұмбақтың шешуi мүмкiн патша өкiметiнiң қазақ елiндегi хандық басқару билiгiнiң соңғы тiрегiне айналған Кiшi жүздегi Iшкi Бөкей ордасындағы хандықты бiр жолата жойғысы келгендiгiнен де болар? Соның жолында тұрған қазақтың соңғы хандарының бірі – ең алдымен Жәңгiр ханды және оның мұрагерлерiн бiртiндеп жоюдан басталған да шығар? Не болмаса, мешеу қалған халқын бүгінгі күннің ағымына көтергісі келген оқыған, көкірегі ояу ханның өздеріне түбінде қол оралғы болуынан секем алды ма? Иә, мұның бәрi Ғұбайдолла үшiн шешілмес жұмбақ болатын. Мүмкiн мұның тiрi қалғандығы, әке тағына ұмтылмағандығы шығар? Мүмкiн құдайдың өзi айдап келiп Россия тағының мұрагерi патшазада Екiншi Николаймен таныстырып, оған ең жақын адамдардың бiрiне айналып кеткендігі болар? Бұл да мүмкiн. Осыларды ой елегiнен өткiзiп тұрған Ғұбайдолла үшiн мүмкiн деген сұраудың – жауабы да ылғи да осылай бола беретін сияқты. Бірінен кейін бірі мерт болған әке, бауыр, туыстары бәрі де шешуі қиын, жұмбақ күйде бұл өмірден өтті.
Ғұбайдолланың көп ойлайтыны да осындайлардан пайда болған, шешімі қиын сұрақтардың легі болар.
Осылайша сәт сағым шақ ой құшағына кiргендей болған Ғұбайдолланың осы кезде ар жағынан қаны ойнап шыға келген. Онысы бекер емес. Ғұбайдолла осы кезде өзiнiң де ең алдымен қазақ екенiн әсте есiнен шығармаған. «Ендеше менің сол халықтан шыққандығым рас болса, мен неге халқымның бір керегіне жарамаймын» деп тұжырымдағандай болған Ғұбайдолла өзі үшін. Тiптi осы ойын нықтай түскендей боп, бір кез: «Елге қолдан келгендi жасамағанда қайтпекпiн? Несiне аянайын?» деп ойын тиянақтағандай болды.
Мейлi ғой күндердiң күнiнде халқы әкесiнiң де, өзiнiң де, елге деген ақ ниетiн елеп – екшесе болғаны. Күндердiң – күнiнде мүмкiн әдiл баға да берер? Мүмкiн бермес? Ол да болса өткінші заманның ағымды iсi ғой. Бермесе қойсын. Бiрақ, өзі жүрегi не қаласа – соны iстейдi. Өз қанына – өз қазағына тартады, соның жолында еш нәрседен аянбас та болғаны. Оның осы iске көнгенi де осы болды. Қай көңiлмен көнгенi бiр өзiне белгiлi. Сонда да болса өз қазағы үшiн қиналмай, қынжылмай істегісі келгені ғой. Мұнан басқасын Ғұбайдолла елеген жоқ.
Патшаға аудиенция алу оңай емес екенiн бiлсе де, Бақытжанның бәрiбiр ендi өзеуреп қоймайтынын Ғұбайдолла жақсы біледі. Оның айтқанын iстемеске мұнда шара жоқ. Ертең–ақ, өзiне құдайдай сенетiн Бақытжан сияқтылардың ошарыла қалып, ренжiп шыға келмесi де, неғайбыл емес пе? Оны да әбден күтуге болады. Олар өйте қалса, солардың артында тұрған қалың қазағы да, пыш – пыштап шыға келмесін қайдан білесің? Тiптi бар ғой: «Ғұбайдолла бекерге ақ патшаның қасында отыр, қолынан келер түгi де жоқ» десе де, жеткiлiктi болар. Онда қайтпек? Олар өйтсiн – өйтпесiн, бұл бәрiбiр де қолынан келгендi iстейдi. Қазағы үшiн аянбайды.
Ғұбайдолла аз – маз үндемей, ойланып отырды да:
– Әрине, бұл қиындау мәселе. Бiрақ мұны да, айналдырып, амалдап көрейiн. Бiр ыңғайы болар. Хабарын өзім беремін – деп, аз сөйлейтін әдетімен уәде еткендей болды. Ғұбайдолланың жауабын естігенде Бақытжан қатты қуанды. Ғұбайдолла уәде етпесін, уәде етсе ол аяғына жеткізіп жасайтын. Оның бұл мінезін Бақытжан біледі. Осы бір қуанышты хабарды алып Бақытжан елге жетуге асықты. Енді елге жетуге тек қанаты ғана болмай тұрғандай сезінді.
Он алтыншы тарау
Бақытжанның патшаға жолығуға даярланып жүргенiн естiгенде Барлыбектің дегбiрі қашқан үстіне қаша түскен еді.
Барлыбектiң мұндағы ойы, «Бақытжан патшаға бара қалса, керегi болып қалар» деп, өзінің қазақ жерлерiне байланысты жинап жүрген барлық дүниесiн реттеп, оған қоса жан – жақты деректерді тағы да жинап алуды жылдамдатқан. Осылардың бәрiн дер кезiнде Бақытжанның қолына ұстатуды көздеген.
Бақытжан болса ары қарата өзi бiледi оларды қайда апаруды. Барлыбек ойлаған мақсат әзiрше осы ғана. Әйтпесе, сен бiзге керектiнi ерiнбей жинапсың ғой деп, патша бұған арнап си мен сияпат жасап, құрмет пен марапат көрсетеді дейсің бе? Бүгiн Барлыбек сол қағаздарды Бақытжанға тездетiп пошта арқылы жiберудi жөн көргенi сондықтан болар.
Ол тағы да, iстелмеген не қалды дегендей, өз көкейіндегілерін iштей қайталап шыққандай едi.
Жер туралы iстiң мән – жайына Бақытжан болсын, мейлі Ғұбайдолла болсын танысып, әбден қанықсын деп түйген. Барлыбек осы бойынша жинаған қағаздарын сараптап, қаттап шыққандығы сол едi. Ендi тездетiп поштамен жiберсе де болады. Осы бiр өте маңызды iстiң қамы да, әзiрге өзінің мойнында тұрғандай сезінді.
Осындай ойдың жетегінде отырған Барлыбек өзінің қалайша пошта үйіне келіп қалғанын да сезбей қалды.
Хатты жібергелі қам жасап тұрған Барлыбек, пошташы орыс әйелге:
– Менiкi өте асығыс жедел хат – «депеша!». Тым болмаса, тездетуге болмас па екен? – деп өтінген еді. Поштадағы әйелде қарсылық жоқтай:
– Қалай айтсаңыз, солай жiберемiз! – деп, мұның хатының сыртына жедел түрде жiберiлетiн хаттарға соғылатын белгiлердi қоя бастаған.
Хаттарды жіберісімен, Барлыбек асығыс пошта үйiнен шыға салысымен қалалық басқарма жаққа баруға асыққан. Ол қала iшiнде жолаушы таситын күймелердiң бiрiн тоқтатып, өзi қызмет iстейтiн Верный қалалық басқармасының мекемесiне жөнелдi.
Жол – жөнекей, Барлыбектiң ойы тағы да біресе Петербург, біресе алыстағы достарын iздегендей болып, алып – ұшып, сан – тарапқа әкетіп, қайта – қайта бөлiне бердi.
Өстiп ойланып келе жатқан ол қолын желеткiсiнiң төсқалтасына салып, салбырап тұрған қос қабат шынжыршаны ұстап, суыртпақтай бастады. Ар жақтан қалта түбiнде жатқан кiсендеулi қалта сағат та сопаң етiп шыға келген. Сағатқа қарады да, қайтадан қалтасына салып жатып, өзіне тән биязылықпен ат айдаушы қартаңдау қазаққа:
– Тақсырекесi, осы жерге тоқтаңызшы – дедi. Тегінде Барлыбек сыпайы сөйлейтiн. Сол әдетi бүгін де мына бір бейтаныс күймешінің құлағына түрпiдей тигендей. Үйреншiктi қылыққа ұқсамайды. Оның құлағына мына бiр мырзаның сөздерi жат естiлетiндей. Күймешi шалдың қалт естiдiм бе деп, сасыңқырап қалғанын оның түрiнен байқалған соң, Барлыбек тағы қайталап:
– Осы араға тоқтап түсіріңіз! – деп, шын пейiлмен жылы сөйлеп, күлiмсiрегендей болды.
Дереу жалт бұрылып, мұның бетіне аңдап қараған мосқалдау қазақ, аттардың делбесiн бар күшiнше тартып:
– Тыр – р – р, тыр – тыр, дедiм ғой мен сендерге – деп аттарды тоқтатты.
Өзi бөгелiңкiреп барып, мына бiр құлағына жаққандай боп сөйлеген, жылы жүздi, жақсы киiнген қазаққа үдiрейе қараған. Қарағанда да жай қараған жоқ, жүзінде таңырқауы басым. Ол өзі ішiнен «мына бiр байбатшаның баласы менi мазақтап отырған жоқ па?», деп қалғандай болғаны аңғарылады.
Бірақ Барлыбектiң түрiнен ондай сайқымазақ мінезді байқамаған соң, ол қазақтың ойына да бір нәрсе кіргендей болды. Сонда да болса, әлі де таңқалып тұрған секілді. Өйткені мына жүргіншінің түріне қараса жуан дөкей сияқты. Сөйлеген сөзі басқаша. Өзі секілді жай кісіге жағымды, тәуір екен.
Күймешінің іші жылып сала берген. «Өзі бір жақсы кісі екен, апырай төренің де осындайы болады ма?» деп таңырқаумен, бұл өзі қайдан пайда
болды дегендей Барлыбек жаққа қарай берді.
Артынша «осы қалада патша ағзамның қарамағында қызмет iстеушi қазақ төрелерi мен ұлықтары бар» деп естіген қауесеті есіне түскендей болды. «Мынау дәуде болса соның бiрi шығар. Өзi неткен кiшiпейiл, сыпайы едi. Тумысымда естiмеген сөздi айтты ғой. Өзiнiң түсi де жарықтық, жылы екен. Қалай едi әлгi. Тақсыр дейдi, жоқ тiптен тақсырекесi деген жоқ па» деп ол Барлыбектiң жүзiне тесіле қараған. Онысы бұл төрені танып алайыншы, бірде болмаса бірде керегi болып қалар дегендей анықтап қарап та алды.
Ат айдаушы тіпті бір уақыт онымен сөйлесiп, «кiмсiз, қайдан жүрген қазақтың төресiз?» деп сұрағысы келген. Біраз оқталып тұрды да, ол ойынан айнығандай болды. Ол осы уақытта жаңағы төренiң бiр нәрсеге қуанып, шат – шадыман болып тұрғанын байқап қалған. «Е – е, бұл жарықтыққа бiр жақсылық көрiнген ғой, қуанып тұрғаннан кейiн менiмен де жылы сөйлесiп тұрғаны шығар» деп ұққан. Бірақ кетерінде ол да мына төренің сыпайгершiлiгiнiң қарымтасы ретiнде, мұсылмандық белгiмен, оң қолын жүрегiне басып, басын изеп қоштасты да, күймесiн айдап өз жайына кете барды.
Он жетінші тарау
Верный қаласында тұратын Жомарттың Пугасовтың шарапханасынан оның шарап зауытына жұмыскер болып ауысқанына да бiрталай болған.
Верныйдың шарапқұмарларына дайындалатын осы бiр тентек, ашты iшiмдiк талайдың түбiне жетiп, азғындық, әзәзiл жолға түсiртiп жатқанын Жомарт күнделiктi өз көзiмен көрiп жүр.
Солардың басым көпшiлiгi алты ай сүзектен кейiнгi науқасынан жаңа айығып, ендi ғана басын көтерген кiсiдей боп, құр сүлдерiн сүйретiп жүргендер болатын. Араққа үйiр, маскүнем жандардың осындай күйі Жомартқа әбден жиіркенішті болып көрiнетiн.
Ол үшiн арақ атаулы қанша жеккөрiнiштi болғанымен амал қанша, күнкөрiстің қамы, напаһа табу жолы болғаннан кейiн ғана шыдап жүр. Әйтпесе сол пәленi шығаратын зауытта жұмыс жасап несі бар.
Қасындағылардың күштеуімен өзi де сол бәленiң дәмiн бiрнеше қабат татып көрген едi. Әуелгіде басы зеңіп, құсқысы келген. Сосын көңiлi көтерілгендей болды. Бір жағы мақтаныш сезiм, аса бір батырлық та бойына кіргендей. Қасындағыларға еліктеп бiраз елiрiп те алған. Жомарттың бойында көп қазақ баласы әлi дәмiн татып көрмеген заттың дәмiн таттым деген мақтаныш сезім де пайда болған едi.
Артынша–ақ, арақ – шарап iшiп, Верный қаласының көшелерiнiң бұрыш – бұрышында иленiп жатқан, доңыздан бiр кем емес адамдардың сұлбасын көрiп бұл шын арақ атаулы мен iшiмдiктен қорқайын деген. Iшiнен адамдарға осыншалық қасiрет әкелетiн, iшiмдiк шығаратын осы зауыттты құртып, не болмаса өртеп жiберсе деп те ойлайтын. Бiрақ қайда бармақ, осыдан күн көрiп, осы арқылы бала – шағасын асырап жатқаны бар. Сол бала – шағаның күйi жанға батады, әйтпесе бар ғой, өзi–ақ өртеп жiберер едi осы бәленi. Тек көрiп қоймаса болды.
Жомартпен бiрге жұмыс iстейтiн, жасы егделеу келген сырлас, шерлес орыс кiсiсі бар. Ол аяғын үнемi сылтып басатын болғандықтан, зауыт иесiнiң осы жердегi басқарушысы оны «ақсақ Пронин» деп атап кеткен.
Сол орыс мұжығы жай адам емес, қуғынға ұшыраған, жер аударылғандардың бiрi сияқты. Өзi тегiнде өте сауатты, бiлiмдi, ақылы да бiр адамнан артық болмаса, кем болмағанға ұқсайды. Кезiнде көп опық жеп, талай қиыншылықты бастан кешкенi де сырт көзге анық көрiнедi.
Шарап зауытында iстейтiндердiң көбi оны «Ваня ағай» дейді. Пронин болса көп нәрсенi бiледi. Ептеп Жомарт сияқтыларға сыбырлап көп жағдайды түсіндіреді. Айтуынша жас кезінде өзiнiң де үйретушiсi болған. Оны да осылай үйретсе керек.
Бұрынғы өткен өмiрiне Пронин өкiнбейтiн сияқты. Жас кезiнен бастап оны: «патшаға, елдегi билеушi тапқа қарсы, бүлiкшiлердi қолдап, бүлiкке қатысқан» адам санап, өзін құбыжықтай жек көретiн сияқты. Сол бетiмен ол Россияның барлық жерiн аралап шыққан екен. Тiптi, айдауда каторгада да болып, талай рет абақтылар мен түрмелерде де отырғаны бар.
Бұл кез Прониннiң қартайыңқырап, аяғы ақсаңқырап, қатардан қалайын деген түрi екен. Әйтпесе ол кезiнде өкiметке де, басқасына да, көресiндi көрсеткен сияқты. Қазiр де Пронин қарап отырмай, «әлемдегi ең күштi тап пролетариат және оның ата жауы буржуазия мен жер иеленушi помещиктер» деп, сол туралы көп нәрсені сыбырлап айтып жүредi. Сөйлеген кезде оның ұзын жирен мұрттары қалтырап, көзi тап бiр өзі көп айтатын тап жауларын құртып жіберердей боп, от шашып шыға келетіні бар. Тап жауларына деген жиренiшін жасыра алмастан:
– Көрерсіңдер әлі революция Верныйға да келедi. Сендер сонда, бай мен буржуйды, әсiресе бiздiң қожайынымыз, заводтың иесi Пугасов сияқтыларға қажет болса бiрiншi боп күйрете соққы берулерiң керек. Өйткенi, сендердей жұмысшылардың өздерiнiң шынжыр бұғауларынан басқа жоғалтатын дәнеңесi жоқ. Бiздер пролетариаттар – капиталистер мен помещиктердiң көр қазушыларымыз, бүгінде бiз олардың көрiн қазып жатырмыз – дейдi.
Бас кезiнде Жомарт сияқты қазақ жiгiттерi Прониннiң айтқан сөздерiне онша түсiнбегендіктен, мән бермейтін. Тіпті онша құлақ та салмайтын. Оның айтқандарын мас күйiндегi оттауға балайтын. Тiптi, кейде өздерiнiң қожайыны Пугасов туралы жек көрiнiштi сөз айтып, оның көрiн қазушы бiз боламыз дегенде, оған жеккөрінішпен қарайтын. Пронинді жек көрген үстіне жек көре түсетін. Жомарт та солай ойлайтын. Ол басқа қазақ жігіттеріне жаңсақ ойламасын деп:
– Жетiседi екенбiз Пугасовты өлтiрсек. Оған көр қазып немiз кеттi. Сол ғой бiзге жұмыс берiп, асырап отырған. Соның арқасында бiз бала – шағамызды аштықтан аман – сау алып қалып отырмыз – деп айтып тастайтын. Кейде тiптi өздерi оған қатты өшiккендiктен, оны сабап та алсақ
қайтедi дейтiн. Тіпті, кейде қожайын Пугасовтың өзіне айтпақшы болған.
Бұл жайында Пронин біліп жүрсе керек. Осыдан кейiн Пронин сақ бола бастаған. Тіл қатарда алдымен жүздерiне барлағандай болып, ұзақ қарайтынды шығарды.
Ол бiреулерден өлердей сескенiп, қорқатындай көрiнген. Өзiнiң бұрынғыдай сөздерiн айтарда асықпастан, жан – жағына қарап алып, сонан кейiн барып айтатын болды. Артынан кейiн ол осының бәрiн өзi жуып – шайғандай боп:
– Мен сендерге мұны айтқан жоқпын, ешкiмге тiстерiңнен шығарушы болмаңдар. Айналамызда не көп, жандармдар көп. Ал, олардың жансыздары мен тыңшылары тiптен көп – дейтiн сыбырлап қана. Сонан кейiн ол әдеттегiсiнше қасында тұрғандардың бiрiне:
– Сен солардың бiреуi емеспiсiң? Байқа. Мен ондайдың бәрiн тез бiлiп қоямын – деп, қасындағыларға тиісе сөйлейтін. Кейде жиналған жұртқа ақыл салғыштығын көрсетіп қояды. Осылай деп, Пронин тағы да, жан – жағына жалтақтайтын. Сөйлегенде даусын онша шығармайтын. Тек қана, сыбырлап:
– Өй, тыныш! Естiп қояды, олар онша алыста емес – деп, сұқ саусағын ерiндерiне тақап, ескерткендей қылады. Сосын қарқ – қарқ күлiп кете барады. Әзірше, оның айтқандарын түсініп жатқан Жомарт жоқ. Бiрақ, Жомарттың басқалардан естуiнше ақсақ Прониннің өзi ақ патшаның нағыз қас жауы көрiнедi. Жау болғанда қандай. Нағыз ата жауының өзі. Екі сөзінің бірінде ол патшаны даттайды. Оны нағыз сұм, зұлым санайды. Тiптi, кей уақытта оны аямай, өлтiру керек деп те айтатын. Жомарттың тағы бiрдегi естуi ол Петербург университетiнде оқып жүрiп әр түрлi үгiтте болған сияқты. Соңынан халық еріктілеріне де, маркстік үйірмелерге де қатысқан. Сол үшiн ұсталып абақтыға қамалған. Артынан айдауға кетiп, жер аударылған.
Патшаны Пронин өте жек көретiні анық. Оны жатып кеп жамандаған кезде алғашында бұрын – соңды мұндайлық ғайбат айтылған сөзді естімеген Жомарт қатты қорқып, үрейленетін болған.
Осы кезде оның есiне патшаның жай адам емес, құдайдай көрінетіні түскенде: «апырмай, патшаның аты патша ғой» деп сескенеді. Келе – келе, Прониннің айтқандарын естіп, патшаға да шүбә келтіре бастады. Онысы патша екеш патшаны Прониндей мүсәпiр, кезбелер шетiнен даттап, өлтіре берсе онда оның құдайға бір табан жуық екендiгi жалған болғаны ғой – деп те ойлайтын болды. Кейін барып ол осының барлығына еті үйренгендей сияқты. Тіпті Пронин патша туралы айта бастаған кезде Жомарттың бойын албырттық пен мақтаныш сезiм билейтін. Кей – кейде оның өзi де осы турасында кездейсоқ басқа бiреулерге де мақтанғысы келетiн.
Еті үйреніп, осыларға ден қоя бастаған. Патша туралы да, басқалар жайында да даттауды үйреніп алды. Пронинге еліктейтінді шығарды.
Оның ендігі астыртын құлақ салып бағатыны да соның әңгімесі.
Ештенеден айылын жимайтын болды. Ғайбат сөздерді айтқанда «есітсе ести берсін» деп жүре беретінді шығарды.
Қайбірде көшедегі таныс, көрші – қолаңға білдіре «мінекей көрдіңдер ме, менiң өзiм де патша туралы көп бiлемiн, ал, менiмен бiрге жұмыс iстейтiндердiң өзi жай адамдар емес, патшаның нағыз қас дұшпандары. Олай болса бiр кездерi бұлар да патшамен таныс – бiлiс боп, ғұмыр кешкен. Кейiннен араларына жiк түсiп, жаулық пайда болған. Сосын патша оларды қуған бастары ауған жаққа жер аударған» деп, өзiнше төндiре айтып, жорамалдай сөйлейтінді шығарды.
Тiптi кейде, асыра сiлтеп, өзінің сондай адамдардың арасынды жүргенін, олай болса солардың арасында жүрген өзінің де, оңай – оспақ емес екендігін білдіртіп тастайтын.
Жомарттың өзі де көп өзгерген. Сондай – сондайда тіпті айналасындағыларға жонын қомпайта, ызғарлана сөйлеп, байқап қойыңдар дегiсi кеп тұратын.
Ол соңғы кездерi өзiнше, тiптi өзгеше боп, өзінің осы күнін дәріптейтін де болған. «Осылай жүре берсем күндердiң күнiнде мен патшаның туған жиенiмен де, бiрге iстейтiн болармын, тiптi патшаны да көретiн болармын» деп, өз қиялына өзі берiле, ойға шомып кететiн. Әсіресе осы кезде оның бойын бiр мақтаныш сезiм билейтiн.
Жомарттың естуiнше осыдан бiраз бұрын Петерборда үлкен жанжал болғандай. Патшаға бiр нәрсе сұрауға арызбен барғандарды тегiс қырып салыпты деп естiген. Бұл жайды ашып айтқан кiсi жоқ. Бiрақ Жомарттың пайымдауынша бұл жолы бiр сұмдық болғаны айдан анық. Олай болса патша тым қатты кеткендей. «Өзінің алдына бас иіп, арызбен барған адамдарын қыра берсе, шекесiн қыздырыпты. Мына ақсақ Пронин сияқты жiбермей ме, оларды тым – тырақай етiп қуып, қаңғытып». Жомарт осыны қалай түсiнсе, қасындағы өзгелер де осылайша түсiнген.
Жомарт осыдан кейiн бір жағы патшаға да сенудi қойған. «Босқадан – босқа көпшiлiктi қыра берсе оның несi патшаға лайық боларлық тiрлiк» деп өзінше жоритын болды. «Осы өзі тегін емес» деп өзінше баға беретін де болды.
Жомарттың білетіні бар дүниенің бүгінде астан – кестені шыққандай болғаны. Елі патшасын көре алмайды, патшасы елін қырады. Бүгінгі елдегі ахуалдың бет алдысы осы. Жомарттың да бұл заманнан ұғынғаны осы. Қала өміріне үйренейін деген Жомарттың қазіргі заманнан түйгені көп.
Бiрақ Жомарттың жанында бiр түйткiл бардай. Бар қам, барлық iс алда тұрғандай. Осыны оның жүрегi құрғыр сезеді.
Жұмыстан келген соң, бiр сәт аялдамастан осының бәрi iшiн жарып бара жатқандай болған соң әйеліне айтты. Бiр жағы қайғырғандай боп, бiр жағы мақтанып отырып, осы ойын оған жеткiзген едi.
Қатипа сол арада үндемей қалған. Жомарт болса, осыларды айта келiп, өзi бiр үлкен қорытындыға келгендей болды. Сонда әйеліне айтқаны:
– Патшаның айыбы сол, елге қамқор бола алмай отыр – дедi Жомарт. Сөйлегенде зәрлене сөйлеп, әйелі Қатипаға кәдiмгiдей ыңғай берiп, өзiмсiне сөйлеген:
– Бүйте берсе оның да…кім еді әлгі, ақ патшаның елге күйiгi өте берер. Сондық болса, оның да жақтаушысы кiм болмақ? Ондайлар күннен – күнге азая бередi емес пе? – дедi. Осылай деп, әйелiне бір жағы күйiнгендей болды.
– Жамандықтың аты қашанда жаман ғой. Патша сияқты аты шыққан адам өйтсе, басқасына не жорық? Ондайының жолы болсын – дедi.
Жомарт ақ патша деген сөздi осы кезде бiр түрлi, аузы күйiп, тiлi күрмелгендей болып, әрең айтты. Ол iшiнен: «осы патша деген сөздi айтпай–ақ, қояыншы» деп қанша ма тырысса да, тiптi айтқысы келмесе де, әңгiмесiнiң патша деген сөзсiз қызық болмай қалатындай көрінген. Сосын да, әңгіме арқауы қылып, әдейi айта берген.
Қатипа байының бір нәрсені бүлдіріп жүргенін сезді. Оның көңiлiнiң дәл қазiргiдей көкке құлаш ұрғанын жақсыға жорымаған. Әншейінде сырт көзге көп сыр бермейтін адамның былайша құтырынуын көптен берi көрмеген. Мына бір өңменінен өтердей көрінген суық сөздерді естігенде өзін қоярға жер таппай қалғандай сезінген. Қатипа тұрған жерінен ыршып кеткендей болды. Ақ көңіл, даңғаза байының бірдемеге ұрынайын деп жүргенін іштей сезген. Енді соның қалайда алдын алғысы келіп, соның жайын ойластырған. Сол себеппен ол алдын – ала байбалам сала бастаған.
– Бәтiр–ау, ендi сен қалыпсың патшаға ақыл үйретпеген. Патша сенiң не теңiң? Күніңді көре алмай жүріп сен ғаріптің патшада несі бар? Жүрмейсiң бе, өз жайыңа! – деді кейiген түр білдіріп. Бір жағы Жомартты мүлдем мұндай сөз айтудан тыйып тастағысы келгендей боп сөйлеген.
Қатипа енді кимелетіп, мұнымен де қоймастан, тiлiнiң барлық уытын жая сөйлеп кетті. Ол Жомарттың жанына тие, запырандай ашты сөздермен оны шағып алардай боп:
– Сенікі не, әукең өсіп, жай далбаса ма десем! Жолың болғыр–ау, онан да, өзiм қалай күнiмдi көрем, бала – шағамды қалай асыраймын демейсiң бе? Өстiп жүрiп бiр бәлеге ұшырап қаларсың. Өзiңдi осы түлен тұтып, албасты басып жүр ме? – деп, әйелi реңі бұзыла, осылайша біресе ұрсып, соның артынша көзінің жасын бұлай еңіреп ала жөнелді. Көз жасын Жомартқа көрсете басындағы орамалының ұшымен қайта – қайта сүрте берген.
Әйелiнiң мына бір қылығы Жомартты әжептеуір абыржытып тастаған. Бір жағынан ол ашуланып қалған. Жаңа ғана шабыттана сөйлеп, қызыға айтқанының бәрі бекер болғаны ма? Енді міне мақтаныштан көрі есесі кетіп, өзі болса еңсесі түсіп, көңілі әп – сәтте су сепкендей басылып қалды. Қатын екеш – қатын да, ақыл үйретіп кетті. Жомарттың ашуын келтірген осы болды.
Жомарт әзірге ашуын сыртқа шығармай, көңілін басқаға аударғысы келген. Бірақ ойынан әйелінің қылығы кетпей қойғандай. Ешбір сылтаусыз мұны бiр жер – жебiрiне жете жерлеп тастағанына қорланды. Осының бәрі оның күндегi дағдылы күйiнен басқаша сияқты. Ол біраз үндемей, тосылып қалғандай болды.
Жомарттың алғашында сасып қалғаны рас. Сондықтан да болар, әйелiне жауап қайыруға мұршасы келіңкіремей тұрған сияқты. Біраздан кейiн барып, оның көңiлi орнына түсiп, есiн жиғандай болды. Қабағын шытып, онысын әйелiне бiлдiре, бiр жағы жаңағыларын жуып – шайғандай боп:
– Е, мен не iстеппiн соншалықты? Кiмге тисiппiн? Кiмнiң жөнiн жөндеппiн? Патша сенiң не теңiң дейсiң? Немене, оның жөнiн жөндейтiндей…! Маған қарап қалып па, соның бәрi, түге? – дедi түтiгiп.
Жомарттың айтайын дегенi басқа болатын. Оның бұл тұстағы ойы да өзгеше едi. Бірақ сөздің қисыны басқаға айналып кетті.
Аяқ асты әйелден мынадай айбар болғанына, өзiнiң де бетi қайтып қалған. Соған да, бола өзiне – өзi іштей кiжiнiп алған. Өзiн ынжық санап, қарымта қайтарғысы келдi. Соны қалайша сылтаурататынын бiлместен, ақыры біраз отырғаннан кейін барып:
– Әрi – берiден кейiн қатын екеш – қатында маған ақыл айтып, дiлмәрсидi кеп, атаңа нәлет! – деп бастады ол қабағын түнертіп. Бадырақ көздері осы кезде шарасынан шыға бақырая түсіп. Енді ол ашулы жүзін әйеліне бұрып:
– Айтпасыма қоймадың ғой, мен не сонда күнiмдi көре алмай жүрмiн бе? Күнiмдi сен айтпай– ақ, көрiп жүрмiн! Бiр қазақтың баласы мендей–ақ, болсын! Өстіп–ақ, мен сияқты болып–ақ…, оларың өздерiнiң күнiн көріп алсын. Бұл күнде қожайын менi жоғарылатып арақ зауытына жұмысқа жiберсе, жанымдағылардың бәрi өңшең… – деп, безілдей жөнелген ол әрең дегенде барып тоқтап, аузына келген сөзiн де еріксіз iрiккен. Сондағы оның айтпақ болғаны да аузына түсіп, дайын тұрған. Бiрақ сонысын iркiп қалды. Оның іркіліп қалғанының жөні бар еді. Тайсақтамағанда ендігі айтпағы: «Жанымдағылар – өңшең патшаның қас жаулары. Ал, олар болса бұрындар сол патшаңның өзiмен де бiр кездерi жақсы болғандар» дегендi айтып салғысы келген еді. Осылай ойлап, солай дей жаздап барып, бірақ та тоқтап қалды. Ойына бiрдеме түскендей. Айтпағанды абзал көрді.
Енді бір кезде Жомарт бағанағы айтылмай қалған сөздерін басқаша қып, жеткізбек оймен:
– Жанымдағылардың бәрi көргенi көп, тоқығны да көп, өңшең бiлгiр адамдар – деп, ойына келген айтпағын басқаға аударып барып, әрең тоқтаған.
Осы жолы Жомарт әйелiне көптен берi пiсiп жетiлуi жетпей жүрген, өзiнiң барлық ішкі сырын бiраз ақтарғандай қылды. Онысы бір жағынан «қатын байқа, мен баяғы байың емес» дегенмен тең, қоқан – лоқысы басымдау болып шыққан сияқты сезілді. Мұнысына өзi де риза боп, дүрдиiп шыға келген.
Осындайда оңашарақта әйелге айтпақ сөзiнiң бүгiн ыңғайы қалай келгенiн Жомарт өзi де байқамай қалған. Ендi аз бөгелсе ойындағысы iшiн кернеп жарып шығатындай болған. Бір жағынан өзі соны айтқысы да келіп тұр.
Мұның айтқандарына Қатипаның көзi шарасынан шыға жаздаған. Бас кезде оның даусы шықпай қалғандай болды да, соңынан барып, әрең үн қатты:
– Менiкi әшейiн сөз ғой. Бiр бәлеге iлiнбей, аман жүрсе екен дегендік қой – дедi жуып – шайғандай болып. Ендiгi айтпағын ол бір түрлі тіксініп, ішінде іркіп қалған сияқты.
Жомарт осылайша ең алғаш рет әйелiне өзінің сырын ашқандай етті. Өзi қозғаған әңгiменiң де, оңай – оспақ емес екенiн бір жағынан бiлдiрiп тастаған. Жұмыс жасап жүрген зауытта бірге жүргендердің кiлең осал еместігін де, астарлап айтып, әйелiнің есіне салғандай қылды.
Бір жағынан «қатын бiлген сырың қараң қалар дегендi» бұрынғылар бекер айтпаған шығар осы, нем бар едi оған осының бәрiн айтып» деп Жомарт өкiнгендей болса да, артынша болар iс болды дегендей қып, қолын бiр сiлтеген. Азар болса қатын бiлген сырды басқа бiреуге айтып салар. Осылай ойлаған Жомарт іштей күрсініп қойды.
Верныйға келген қысқа уақыттың iшiнде Жомарттың өзі де, оның өмірі де, өзгерiп шыға келгендей.
Бұған дейiн қиыр бiр шетте, ит арқасы қиянда жүрiп, өмiрiн мал бағумен өткiзiп, жапан түзде сол малдың соңынан сенделтiп қойғаны, тез ұмытылғандай. Ендi мiне қала тiршiлiгiне де ден қоя бастаған. Жаман – жақсы болсын iстейтiн iсi бар. Сол жұмыстың арқасында тамағын асырап, күнін көріп жүр. Қасында өзi сияқты жас – кәрiсi аралас кiсiлер бар. Олармен бiрге жүрiп, бiрге тұрып үйренiсiп кеткенi де өзiне олжа.
Бас кезде аздап қиын болғаны өз алдына қызық. Бәрi де үйренбегендiктiң салдары шығар. Алғашында Жомарттың бүйтіп қиналуы, қасындағылардан, әсіресе ақсақ Пронин сияқтылардан қатты қауіптенгендей боп, ойлағандығы да рас еді. Ел айтса – айтқандай: «үш күннен кейін көрге де үйренерсің!» дегендей–ақ, бұған да үйрене бастаған сияқты. Кейінірек барып, мұның бәріне бойы үйреніп, тіршілік тауқыметіне кіре бастағаны да рас. Тіпті, сол тауқіметті өмірдегі жандармен де біте қайнасып, бейім бола бастағаны да анық.
Бұл тіршілік атаулыдағы өзге жайдың бәрi де сол қалпында сияқты. «Жоққа жүйрiк жетпейдi» дегендей, бірде бар, бірде жоқ дүние өз қалпымен өте берген.
Жомарт та, сол күймен, басына түскенге көнгендей. Ендігі өз тiршiлiгiн өзі көрiп жатқан сияқты.
Он сегізінші тарау
Барлыбектiң осындай iзденiстерi мен сұрауларының арқасында көп кешiкпей Түркiстан өлкесiне орталықтан ревизия келген. Ревизияның басы – сенатор, граф Паленнiң өзi едi.
Бұған Барлыбек қуанған. Өйткенi, ол Палендi бұрыннан бiлетiн. Пален баяғыда қазақтың жерiн анықтауға жiберiлген экспедицияның құрамында болғаны бар. Оның осы туралы жазба деректерi де көп болатын. Солардың бәрін Барлыбек оқып шыққан. Сауатты жасалғаны көрiнiп–ақ тұр. Паленнiң өз басы билiк етушi Сенаттағы жiбi түзу, адал адамының бiрi болып саналатын. Оның үстiне қазақ жерлерi туралы жинағандары мен жазғандары да көп, бiлгiр саналатын.
Граф Паленнiң бұл өлкеге келуiне Патша үкiметiнiң Пошта және телеграф департаментiнiң бастығы, қазақтан шыққан тұңғыш кавалерия және интенданттық әскерлердiң генерал – лейтенанты князь Ғұбайдолла Жәңгiровтың әсерi болды. Бақытжанның айтуымен, Жәңгiров патшаның өзiне өтiнiш жасап, сенатор Паленнiң осы мәселенi тексеруiне ұйытқы болған сияқты.
Граф Пален Түркiстан өлкесiн, соның iшiнде оған қарасты Жетiсу облысының да мекемелерiнiң жұмыстарын тексерген. Барлыбектi де, өзiне шақыртып, әсiресе, жер мәселесi бойынша көп тыңдаған.
Барлыбек жер төңірегінде туындап отырған олқылықтарды Паленге барынша тереңдете түсiндiрiп берген. Сөйтiп, граф Пален, барлық жағдайды өз көзімен көрiп – бiлiп, iстiң мән – жайына қанық болды.
Пален аграрлық саясаттың, қоныс аударушылық кампаниясының Жетiсу жерiнде орын алып отырған кемшiлiктерiн, жергiлiктi әкiмшiлiктегiлердiң бетiне басып, оларға заңсыздықтарды мойындатқандай болды.
Оның тексерiсiнде анықталғаны патша өкiметiнiң солақай «Аграрлық саясатының» арқасында ендi ғана отырықшылыққа бет бұрған халықтың тым – тырақай қуаланғанын, олардың шөл мен шөлейт жерлерге күшпен ығыстырылып тасталынуына әкелiп соқтырғаны туралы ашық айтылды. Тек, соның салдарынан ғана Жетiсу аймағында отыз мыңнан астам халқы бар, бес мың бiр жүзден аса отырықшылық ошақтарының қиратылғаны ашық көрсетілді.
Осыдан кейiн барып, Жетiсу облысының Әскери Губернаторы генерал Покатило осы мәселе бойынша Паленнiң атына жазған баяндау жазбаларында: «Өкiнiшке орай, бастапқы кезден бастап–ақ, қоныс аудару науқанының жұмысында заңнан шегiну етек ала бастағаны байқалып отыр.
Осы мәселемен тікелей айналысатын қызметкерлер қазақтардың тарихи болмысы мен шаруашылық ұйымдастыру мәселесiн терең зерттемей, сонымен бірге облыс бойынша жермен қамтамасыз етудiң жалпы құқықтық нормасын жасамастан, қоныс аудару ұйымдары бұл мәселенi тек қана, үстүртiн барлап қана, қазақтардың қыстау, шаруашылық жайларын, егiн, бау, бақша, суғару жүйелерi бар жерлердi переселендерге үлеске берiп отырғандығы анықталды.
Бұл iс тек қана, өзiнiң заңды шешiмiн тапқанда ғана, қазақтардың жерге деген құқысын сақтап, екi жақты ымыраға келгенде ғана дұрыс болады деп ойлаймын. Әзiрге, бұл кампания толық өзiн – өзi ақтай алмай отыр» деп, бір жағынан осыны мойындап, бір жағынан ақталғандай болған.
Тексеру ревиязиясының осындай беталысына алдымен арқау болған, Ғұбайдолла Жәңгiровтың күшiмен Жетiсуға келген адамгершiлiгi мол граф Пален болса, екiншiден Барлыбектiң бұған дейiнгi алдын – ала дайындаған осы туралы зерттеу деректерi мен дәлелдi сөздерi едi. Барлыбек барлық сұрақтарға іркілмей жауап берген.
Барлыбектiң өзіне, ендiгi Покатиломен болатын әр кездесуде оның бұған жасайтын кертартпалық зұлымдықтары қиындай бермектей көрінген және олары бiрiнен – бiрi асып түсетiн сұмдыққа айналарын ол барынша түсiнген едi.
Былай келгенде мұның өзi Барлыбек үшiн алғашқы жеңiс сияқты көрiнген. Кейiнiрек осы тексерулер мен қазақтардың жерлерiнiң төңiрегiндегi өкiмет үшiн жағымсыз әңгiмелердiң ұшығы қайта айналып келiп, Барлыбектiң өзiне соққы болып та тиген. Бұған басты себеп сол болса да, өкiмет билiгiндегiлер өздерiнiң қас жауына айнала бастаған өте бiлiмдi де, бiлгiр шенеунiктi қызметтен шеттетудiң кезегi келгенiн ұққандай болып, оны соңғы кездегi денсаулығының нашарлауына байланысты отставкаға кетiрудi ойластырып та, қойған сияқты.
«Қаз ашуын тырнадан алады» деп, Пален комиссиясының тапқан жаманаттарының бәрiн губернатор Покатило – Барлыбектен көрген. Оның өзiне, Барлыбек iштен шалып жүрген, ең қатiгез, жау боп шыға келген. Осыдан кейін губернатор өзiнiң көмекшi – адъютантын шақыртып алып:
– Дереу облыстық басқарма кеңсесіне менің атымнан жедел тапсырма беріңіз! Ондағы айтылатын мәселе «әнебір Сыртанов» жайында болмақ. Олардың жұмыс iстемейтіндерін ашып айтыңыз. Мен оларға айтқалы қашан, сол бiр Сыртанов деген «оңбаған киргиздiң» көзiн құртыңдар деп. Оны облыстық басқарманың маңайынан жүрмейтіндей ету керек. Денсаулығына байланысты деп пе, жоқ әлде жұмыс iстемейдi дейсiңдер ме, әйтеуiр дереу отставкаға жiберiңдер дедiм ғой! – деп зекіре сөйледi. Губернатордың даусы зiркiлдеп, барынша қатты шықты. Ызалы бастығының сұсты түрінен адъютанттың өзінің де зәресі қалмай қорыққан еді. Тіпті, оған осы ұрыстың барлығы өзіне қатысты сияқты көрінген. Губернатор өзін жерден алып, жерге салып, екi аяғын бiр етiкке тыққандай болып сезінді.
Губернатордың сөзі басқарма кеңсесіне сол қалпында жетті. Ондағы билік басындағы шенеуніктер жиналып алып, кеңес өткізген еді. Ақыры шуылдасып – шуылдасып барып, Сыртановты уақытша қызмет бойынша төмендеуге лайық деп тауып, облыстық басқармадағы жұмысынан бiр саты төмендетiп, Верный қалалық басқармасына жұмыс жасауға жiберген. «Сонан кейiнгiсiн тағы көрермiз, осыдан кейiн ендi оны бiржолата отставкаға жiберермiз» деп, шешкен болатын тапсырма алған шенеунiктер.
Мұнысымен қоймай Покатило Барлыбектiң iзiне түсуге Жетiсу жандармериясының басшысына да, сонымен қатар Верный қаласының полицмейстерi мен городовойына да, қажетті тапсырма берген.
Губернатор тарапынан осы жайға айрықша мән беріліп, қатты көңіл бөлінген. Сондықтан да, Верный қаласындағы барлық тыңшылық, алдын ала тергеу, аңду жасайтын көп қауым қол қусырып қарап отырмай, өздерiнiң жандармерия және полиция қызметкерлері мен жансыздарын Барлыбектiң iзiне түсiрiп, оның басқан iзiн аңдып, шүйлiккен үстiне – шүйлiге түскен болатын.
Ол туралы Барлыбек ақыры бiлдi, бiлгенде де, сәл кейiнiрек барып бiлген. Оған да белгілі себептер өз ыңғайын білдірген сияқты.
Осы кітапты шығаруға көп ат салысып, еңбек сіңірген Садуақасов Ерғалиға өз алғысымды білдіремін.
Автор
Кітапта кездесетін қазақ саяси ойлар ағымында өзіндік із
қалдырған тарихи тұлғалар мен қайраткерлердің тізімі.
- Мұхамед Хайдар Дулати – қазақтың дулат тайпасынан шыққан тарихи қайраткер. Тарихшы, Ұлы Моғол империясын құрушы Бабыр сұлтанның нағашысы, Кашмир өлкесінің билеушісі.
- Асанқайғы – қазақ халқынан шыққан ойшыл, философ, кемеңгер.
- Абай Құнанбаев – қазақ халқының ұлы ойшылы, ақын, ағартушы, философ.
- Шоқан Уалиханов – қазақ халқының ағартушысы, ғалым, қоғам қайраткері, зерттеуші, Россия география қоғамының тең мүшесі.
- Кенесары Қасымов – Абылай ханның немересі, ұлт азаттық қозғалысының көрнекті тұлғасы. Қазақ халқының отаршылыққа қарсы және тәуелсіздігі үшін күрескен қайраткер.
- Жамбыл Жабаев – қазақ халқының ақыны, қоғамдық – саяси өмірінің кемеңгері.
- Барлыбек Сырттанов – жоғарғы білімді патша үкіметінің шенеунігі. Жетісу жеріндегі, сондай-ақ қазақ еліндегі саяси көзқарастың қалыптасуына ат салысқан қайраткер. Отаршылдықтың бұғауында болған Қазақ елінің алғашқы конституциясының жобасын жасауға қатысқан тұлға.
- Мұхамеджан Тынышбаев – қазақтан шыққан тұңғыш теміржол саласының инженері, Түркісіб теміржол жобасын іске асырған адам. Россия Мемлекеттік Думасының депутаты, Қоқан автономиялық үкіметінің төрағасы, Алашорда үкіметінің төрағасы.
- Тұрар Рысқұлов – Түркістан Советтік автономиялық үкіметі атқару комитетінің төрағасы, Қазақ Советтік автономиялық үкіметі атқару комитетінің төрағасы, Бүкілроссиялық Халық Атқару Комитетінінің Ұлттар ісі Халық комиссарының орынбасары, Бүкілроссиялық Халық Атқару Комитеті төрағасының орынбасары.
- Әлихан Бөкейханов – қазақтың көрнекті қоғам және саясат қайраткері. Қазақ елінде алғашқы саяси партия құруды жүзеге асырушы тұлға. Алғашқы тәуелсіз мемлекет Алашорда автономиясын құруға қатысқан, осы мемлекеттің жоғарғы органы – Халық Кеңесінің төрағасы. Қазақтар арасынан тұңғыш рет Европа массондық ложасының мүшесі атағын алған тұлға, ұлттық қайраткер, Қазақтың Алашорда мемлекеттігінің көсемі .
- Бақытжан Қаратаев – қазақтың көрнекті қоғам және саясат қайраткері. Россия Мемлекеттік Думасының депутаты, Қазақ елінде алғашқы саяси партия құруға ат салысқан тұлға, атақты заңгер, Кеңес Үкіметін құруға қатысқан тұлға.
- Халел Досмағанбетов – Алашорда автономиясын құруға қатысқан тұлға. Алашорда мемлекетінің саяси қайраткері. Кеңес Үкіметін құруға қатысқан қайраткер. Қазақстанда денсаулық сақтау жүйесін құруға ат салысқан тұлға.
- Жаһанша Досмағанбетов – Алашорда автономиясын құруға, оны басқаруға қатысқан саяси қайраткер. Атақты заңгер. Кеңес Үкіметін құруға қатысқан қайраткер.
- Махамбет Өтемісов – қазақ халқының атақты ақыны, Ішкі Бөкей ордасында болған халық көтерілісі көсемдерінің бірі.
- Исатай Тайманов – Ішкі Бөкей ордасында болған халық көтерілісі көсемі.
- Ілияс Жансүгіров – қазақ халқының көрнекті ақыны. Қоғам қайраткері.
- Әсет Найманбаев – қазақ халқының ақыны.
- Міржақып Дулатов – көрнекті ақын. Қазақтың көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері. Алашорда автономиясын құруға, оны басқаруға қатысқан саяси қайраткер.
- Жәңгір хан – Ішкі Бөкей ордасының соңғы ханы, Россия өкіметінің генералы.
- Ғұбайдолла Жәңгіров - Россия өкіметінің әскери қайраткері. Лейб – гвардия әскерлерінің генерал-адъютанты. Кавалерия және инфантерия әскерлерінің генерал-лейтенанты. Орыс-түрік соғысында ең алғаш рет әскери салада телеграф байланысын кіргіздіруге қатысып, оны басқарған. Россия мемлекетінің пошта және телеграф жөніндегі департаментінің директоры.
- Тәнеке Қалқабаев – Матай руының рубасысы. Жетісу жерінде елі мен жерін отаршылық құрбанына шалдырмауға күрес жүргізген тұлға.
- Жақып Ақбаев – қазақтың көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері. Заңгер. Алашорда автономиясын құруға, оны басқаруға қатысқан саяси қайраткер.
- Жаһанша Сейдалин - көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері. Заңгер. Кеңес өкіметін орнатуға ат салысқан тұлға.
- Бірінші Петр – Россия империясының императоры.
- Н.А. Аристов – Жетісу облысының әскери губернаторы. Үйсіндер және қырғыздар, не болмаса қара қырғыздар. Батыс Тянь-Шань жерінің тарихы мен тұрмысынан очерктер және оның тарихи географиясын зерттеулер туралы кітаптың авторы, Жетісу облысының әскери губернаторы.
- К.П. Кауфман – Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы.
- Г.А. Колпаковский – Жетісу жерін отаршылыққа айналдыру мақсатымен басып алу саясаты жүргізген әскери басшы. Жетісу облысының алғашқы әскери губернаторы, Дала өлкесінің генерал-губернаторы.
- Граф Пален – Билік етуші сенаттың сенаторы, Жетісу жерінің әлеуметтік, тұрмыстық жағдайының білгірі.
- Николай Екінші – Россия Империясының Императоры.
- Пристав Перемышльский – инженер, Верный бекінісін салуға қатысқан адам.
- Никкола Макиавелли – орта ғасырдағы итальян ойшылы, саясаткер, мемлекет қайраткері.
- Біржан сал – қазақ халқының көрнекті айтыскер ақыны.
- Ақын Сара – Жетісу жерінен шыққан айтыскер ақын.
- Маман, Тұрысбек, Сейітбаттал, Есенқұл Қалқабаевтар – Жетісу жерінде прогрессивтіктіктің, отырықшылықтың, халыққа білім берудің, сауда мен өнеркәсіптің дамуына ықпал еткен тұлғалар.
- Джон Локк – көрнекті ойшыл, заңгер, Америка саяси ой ағымының қалыптасуына әсер еткен қайраткер.
- Шашубай – қазақтың айтыскер ақыны.
- Столыпин – Россия империясы Министірлер Советінің председателі, Ішкі істер минстрі.
- Шарль Монтескье – француз ойшылы, атақты заңгер, биліктің үш түрге бөліну шартын алғаш іске асыруға қатысқан адам.
- Генерал Покатило – Жетісу облысының әскери губернаторы.
- Генерал Ионов – Жетісу облысының әскери губернаторы.
- Исмайыл Гаспыралы (Исмаил Гаспринский) – түрік азаматы, ағартушы, ғалым, исламдағы Жадит ағымының негізін салушылардың бірі, Қырымдағы Бақшасарай қаласының әкімі болған.
Бірінші кітаптың соңы.