ЕСІЛ ЖАҒАСЫНДАҒЫ ЕКЕУ
Екеуі Есіл өзені жағасына келді. Айнала тып-тыныш. Жағалауда сейіл құрып жүретін көпшіліктің қарасы саябырсыған. Махаббат мекеніне айналған өзеннің әр бүйірінен арагідік сыбырласа сөйлескен ғашықтар үні естіледі. Екеуінің арасында орнаған үнсіздік қамалын бірер минуттан соң жігіт бұзды.
– Ерке Есіл өзіңдей сұлуды көріп қуанып тұрған шығар?
– Аға, ерке Есіл жанына келген жандарды қашанда қуанышпен қарсы алады.
– Солай ма?
Қыз үнсіз басын изеді. Есіл толқындары қыз сөзін мақұлдағандай баяу қалыппен тербеле түсті. Алты ай бойы жер бетін жапқан қардың көбесі сөгіліп, көктегі күн шуағын төккеннен-ақ бұл маңайда қым-қуыт тіршілік басталады. Ару Астананың сәніне сән қосқан Есіл ғой бұл...
– Шіркін, Есіл, түнгі көрінісің қандай тамаша еді?! Жаныңа жиі келіп, дертіммен бөліссем, жан жарамды жазар ма едің?
– Сіз сырқаттанып жүрмісіз аға?
– Жанымның тыныштығын жоғалтып алдым, қалқам. Менің тынышымды ұрлаған жап-жас сұлу...
– Тссс, жеңешем естісе жүрегі ауырады ғой аға.
– Сұлуды сүйсем, сұлуды құшсам, сұлумен уақыт өткізсем – ол менің ессіздігім емес, серілігім...
Қабағын түйген қыз жігітке ашулана қарады.
– Жүрегіңіздегі махаббаттың жылуын жеңешемнен артық еш сұлу сезе алмайды, аға. Өйткені жеңешем құдай қосқан қосағыңыз...
– Ол мені ешқашан түсінген емес.
– Аға сіз де...
Жігіт қыздың білегінен ұстап: «Мені аға демеші. Екеуміздің арамыз он шақты жас қана. Бұл махабаттың...» деп әңгімесін бастай беріп еді, қыз оның қолын алып тастап, өзен бойын бойлай жүріп кетті. Ашуын өзеннен алмақ ниетпен жігіт суға тас лақтыруға оңтайлана бере, өз бейнесінен өзі шошып кетті. Өзен толқынымен тербелген бейнесі мұны мазақ еткендей діріл қағады. Жігіт қолындағы ұсақ тастарды өзенге қарай лақтыра бастады. Ұсақ тастар суға гүмп етіп түскен сайын, өзендегі өз бейнесі «бұзыла» түскендей. Өзенге түскен тастар жаңғырып қыз жүзін кері бұрғызды. Қыз жігіт жанына жеткенше өзенге жасалған «шабуыл» толастамады.
– Бала боп кеткенсіз бе аға?
Жігіт күлген сыңай танытып, қыз жанына келді.
– Алғаш біздің мекемеге келгеніңде, күндей жарқырап күлімдеп кірдің. Сенің сұлулығың мен тәтті қылығың мені арбап тастады. Сол жіпсіз арбалған шырмаудан әлі күнге босай алар емеспін. Содан бері сен менің көз алдымнан кетпейсің!
– Аға, сіздің психологияңыз бұзылған сияқты?
– «Сұлу біткен қатігез болады» деген сөз шындыққа саяды екен.
– «Сұлулық – әлемді құтқарады» деген Фёдор Достоевский...
– Бұл қате!
Жігіт сұқ саусағын жоғары көтеріп: «Сұлулық – әлемді емес, әйелді құтқаруы бек мүмкін», - деді ашуланып. Қыз дауласпады. Туфлиін шешіп, өзенге аяғын малды.
– Аға, сезімге деген адалдықты, жүректі лайлауға болмайды. Дақ түскен жүрек ерте солады...
– Браво! Екеуміз Есіл жағасына жиі келіп тұрсақ, жаралы жүрегіме ем болар еді.
– Есіл жағасы бізді қабылдамайды аға.
– Неге олай дейсің?
– Өйткені, Есіл жағасы – шынайы махаббаттың бекеті, мөлдір сезімнің шыңы, қос ғашықтың аялдамасы.
– Менің өзіңе деген сезімімді, махаббатымды ақымақтың ісіне балап отырмысың?
– Сіздің бұл сөздеріңізді Ерке Есіл «естімесін!»
– Ерке Есіл сыр сақтай алады. Өйткені бұл жер – «қос ғашықтың аялдамасы»...
Қыз қолсағатына қарады. Жігіт ынтызар көңілін білдіруден жалығар емес. Қыз қулыққа көшті.
– «Есіл жағасы – шынайы махаббаттың бекеті» дедім әлгінде. Егер мен сізге ғашық боп қалсам, қайтер едіңіз?
– Сенің жолыңа бәрін құрбан етер едім.
– Аспандағы айды сұрамасым анық, дегенмен, мен үшін отбасыңызды тастар ма едіңіз?
Сілтідей тынған тыныштық. Есіл толқындары баяу тербеледі. Сол жақ бағыттан қайық көрінді. Ішіндегі көңілді топ бұларды мазақ еткендей, шулап барады. Екеуінің арасында орнаған үнсіздік қамалын бірер минуттан соң жігіт бұзды.
– Мен... Мен жалғыз ұлымды қимаймын.
Қыз күліп жіберді.
– Аға, құдай қосқан қосағыңызды және қимағайсыз. Өмір қысқа ғой...
Жігіт үнсіз басын изеді...
***
Ерке Есіл құпия сақтай алады. Өйткені бұл жерде талай жандар бүкпесіз сырларын ашады. Бірнеше мәрте ғашықтық жырлар оқылады. Талай қыздар жанарларын жасқа малады. Есіл мұның бәріне куә. Талай жігіт ашумен өзенді «таспен жаралады». Есіл бәріне «төзеді»...
... Жігітті қайдам, қыздың жаны ауырып келеді. Жүрек тұсы сыздап, жанарына жас тірелді. Ол әлгі жігітке ғашық болатын. Алайда, жансарайындағы сезім лүпілін жан баласына сездіре алмайды. Әттең...