Адам қарады: 158 | Жарияланды:

ЖҰТЗАПЫРАН НЕМЕСЕ «АЛМА ӘУЛИЕ» ХИКАЯСЫ

Ата тарих: 

«Табиғи жұт өз алдына.

«Қызыл террордың» қолдан жасаған

жұты одан да жаман болды...»

     «Мен бұл мөлтек әңгімемді осы қолдан

жасалған жұттың құрбандығы болған,

қарт  Қаратаудың қос қапталында,

Сарыарқа мен Бетпақтың құмында

шашылып қалған жүзге жуық бауырларымның,

әруағына арнаймын.»     

                                                     Автор.

 

                                                                                                                                                           

      Биылғы жұттың соңы тіпті жаман болады-ау деумен күрсіне-күрсіне етек-жеңін жия алмай қарт әкесі өтті өмірден.  Жарық дүниені қимай-қимай, соңындағыларды мұңды көзімен аймалап қайран шешесі де жетінші тоғыста бұл фәниден баз кешкен болатын. Жер бетінің жапалақтай бір пендесі Арпабектің еншісіне әке мен шешеден қалғаны – үш керегелі жабық, көтерем екі ешкі ғана болды. Қабағының түнергендігі өз алдына, аспан тарапынан көктем мезгілінің өзінде де жерге ызғырық үйірген қырау  бүркіліп, алақаншықтана суырған  қар, ысқырған жел мұқым тіршіліктің бәрін күтірлеген көк тайғақ, тірсек түткен мұздаққа айналдырған. Түте-түтесі шыққан қара жерде үзіп аларлық қылтанақ болмады. Лақтауға жарамаған екі ешкі маңырай-маңырай олар да бірінен кейін бірі жан тапсырды. Әйел ерге, ер жерге қараған нағыз итекі тірлік енді болды.

    Ойлана-ойлана Арпабектің екі иығы қушиып құлағынан асты, басы тізесіне түсті, көздері алайып шарасынан шықты. Қайраңда қалған шабақтай ышқынған өмір. Бейдауа жоқшылық жігіт жүрегін күзендей мүжіді. Ол да түк емес, әйелі Сәлиманың ыпыны тіпті жаман – құдды тірі әруақ дерсің. Жылда бұл кезде келіп үлгеретін жылымық болса ғой, әр жерде қар басып қалған жабайы сұлының сабағы көрінер еді. Иісін айтсай жарықтықтың. Тұяғы сықырлаған көтерем сыйыр да бұл иіс мұрнына барса жатқан орнынан қарғып тұрар-ды. Жандық атаулы үшін бұл бір мереке. Адам ше? Адам сол сабақты үгітіп қаужаңдаса да өзектерін  ұлытпас. Ал, биыл, қодыреңнің танау жаратын жұпар иісі түгілі сынған жарты сабақ та жоқ. Жым-жылас. Тебінге шыққан мал да, тіпті тезек те көрінбейді.. Айналаның бәрі кәрі жыланның айыр тілі жалаған, жалаған да қақырып тастаған улы запыранындай сұп-сұр бір өлік дүние.

    Осылайша, күндізінің өзі түнге бергісіз, қылдай жанды атжалманша жалмаған, жонарқаға қырықаяқ пен ащы шаян жорғалатқан көрім күндер өтіп жатты тасбақатабандап. Арам өлген екі ешкінің тарамыспен таласқа түссе дес бермейтіндей қап-қара сағыз-еті кетті жынымен қоса желініп. Аш өзекке қарай жылжыған жындар шеруі жалаңдаған қып-қызыл, қып-қызыл тілдерге қап-қара қан үйіріп жылтыңдатты, би билетті...

     Мұнша топас, мұншалықты жауыз жаратқанның көзін шұқып аларлықтай найза-шыңдарымен көк аспанды піскілеп, қарт Қаратау жатыр көсіліп. Адам ата жаратылысынан бері өмір сүріп келе жатқан қарт Қаратау не көрмеген. Әттең, алып таудың тілі жоқ.

     Кезінде «қызыл террордан» бой жасырып, Қаратаудың осы қағаберіс бір қалтарысына орналасқан оншақты үйден бұл күнде көтеріле көшуге жарамай, лажсыздыққа бодан болған жалғыз үй – ол осы Арпабектің қырық құрау жаман жаппасы еді. Қалтарыстағы басқа түтіннің бәрі де таудың қары сөгілісімен-ақ жан-жаққа түйе тастаған құмалақша бытырап көшіп кеткен. Өзі де көтеремнің күйін кешкен Арпабектің шанаға жегуге жарайтын күш-көлігі болмаған соң қалмағанда қайда барсын. Итарқасын иімен қоса азапты ойдың қандауыр тісіне беріп ендігі отырысы мынау. Арпабектің денесі түшіркенді. Өлімді ойлады. Әттеген-ай, осы оншақты үйдің ішіндегі қоңдылау туысы Зүлді мұның көп жылғы еңбегіне түк те бермей кетті ғой. Қарап отырса, өзі ес білгелі сол ағасының отымен кіріп, күлімен шығыпты. Жылқысы мен қой-ешкісін, қала берді итін бағыпты. Үлкен кісі әрі жақыным ғой деп айтқанына көзсіз иланыпты, құлы іспеттес айдауына жүре беріпті. Ұмытпаса, осыдан төрт-бес жыл бұрын сол ағасы Арпабекке еңбегің деп өзі қотыр, өзі жығылуға шақ тұрған, терісінен сүйегі мен мұндалаған ұрғашы бір тай берген болатын. «Сені бай болсын деп әдейі ұрғашысын беріп отырмын» деп мәз еткен. Онысы екі-үш күннен соң кирелеңдеп далада өліп қалды. Үйге де жете алмады. Осыдан соң Зүлдінің  міндеті тіпті асқақтап кетті. Еңбегіңе алтын сақадай тай бердім бе, бердім. Оны арам өлтірдің бе, өлтірдің. Айтшы, сол тай осы уақытқа дейін қанша рет құлындайтын еді, одан шыққан құлындардың өзі қанша рет құлындайтын еді? Осыны білесің бе, сен кеще! Білсең сол, бұдан былай сол құлындардың есебінен еңбегің қысқарып отырады. Менің далаға тастайтын малым жоқ деп Арпабектің басына қамшы үйірді ғой сол қырыс туысы. Зүлдінің айтқаны болды. Содан бері Арпабек туысынан ештеңе алған жоқ. Алайда, биылғы жұт Зүлдіні де бай екен деп жұрттан алабөтен аяп қалмады. Тып-типыл еткен. Осыдан біраз күн бұрын Зүлді де бұл қарғыс атқан тау қуысынан асығыс ірге көтерген. Соңында қалып бара жатқан туыстарына көңіл де аударған жоқ.

*     *     *

    Арпабек от тұтататын қайрақтасты зорға тапты. Үйде жылымық болмаған соң бұл қара тас екеш қара тас та адамға оңайлықпен көнбейді екен. Ол зорға дегенде көрпеден сөгіп алған бір уыс жүнді түтетті. Қолдары қалт-қалт етеді. Аштықтың салдары да. Бырысқан жүннен шыққан, шуаш мүңкіген ащы түтінге қақала-шашала отырып оттың жалынын да шығарды-ау. Ондағы ойы қаңсып қалған  күйелеш-күйелеш қара қазанға қара су құйып, тас та болса қайнатпақшы еді. Арпабек үрлеп-үрлеп қолдарын жылытты.

    -Сирағыңды жағасың ба, әкесі-ау, - деген дауысқа қараса – Сәлима екен.

    -Жағам! – деді Арпабек. – Бұз ана табалдырықты!

    Сонымен табалдырық бұзылды, табалдырықтың соңынан босаға лапылдады...

    Қара қазанда қара тас жатты бүлкілдеп...

    Айтпақшы, Арпабек пен Сәлиманың үш жасар бір ұл, алты жасар бір қызы бар. Олар да буы бұрқыраған қара қазанға қарап телміруде. Арпабек қураған шөптей болып, қабырғалары ырсиып тұрған екі балаға қарап ыржиды... олар да мәз болған сыңайлы. Бір шетте Сәлима отыр аштықтан шүңірейіп, айналасы көкаязданып кеткен екі көзімен ішінде қара тастан басқа түгі жоқ, буы шыға бастаған қара қазанды тесіп... Өлмейтін, қайран үміт-ай...

    Жаппаның іші ептеп жылынды ғой деймін, бір кезде іргедегі жүкаяқ астынан сұп-сұр бір көртышқан жылт етіп шықты да алдыңғы екі қолын жерден көтеріп отқа қарап қатты да қалды... Жәндіктің де жылынғысы келген сыңайлы. Арпабек бұл көрініске алғашқыда аң-таң болып қалған, бірақ іле-шала есіне бірдеме түскендей әлгі көртышқанды қолымен шап беріп іліп алды, іліп алды да шиқ еткізіп қайнап жатқан қазанға тастап жіберді. Оның бұл әрекетіне көзі түскен Сәлиманың  тістері ақсиды... қуанғанынан күлген түрі ғой.

    Ендігі жерде ішінде қара тас сақырлаған қара қазаннан тас иісі емес, басқа бір дәмнің иісі шыға бастаған. Шидей-шидей сіңір мойындар созылды, кеңірдектер иек астынан қылқ-қылқ жүгірді... іштегі шек-шабақ та майданға шықты... қыр-қыр-р... шұр-шұр-р... Мұндай дәмді иісті бұл үй бұрын-соңды көрмегендей еді...

    -Әкесі-ау, дорба түбінде бір шым-шым тұз бар сияқты еді, соны да салшы, - деді бір кезде екі көзі алапаш Сәлима шыдамсызданып. Арпабек бүлк-бүлк қайнаған қара қазанға сыртына қыл-қыбыр жабысып қалған бір түйір тұз салды. Отты үстеді. Қара қазанмен бірге қайнап кетердей болып отырған тірі әруақтарға жан бітті. Қу сүйек қаңқаларын қомдап отырған орындарынан отқа қарай итініп қозғала бастады.

   Таласа-тармаса өңештен өткен бармақтай көртышқан үлкенді-кішілі төрт тірі жандыққа бір күндік азық болады, шодырайған шекелерін жіпсітеді деп кім ойлапты... Кенеуі кеткен буындар был-сылқ. Осы уақытқа дейін Арпабектің қалқайған басы қайда қалған.

   Ертеңіне Арпабек таудан тышқан аулауға шықты. Ары кезді, бері кезді. Қасақана даладан тышқан екеш тышқан да табылса-шы. Арпабектің діңкелеп өлуге жақындаған күйіне жаратқанның жасаған бір дәреметі болар, кешке жуық бар еті жұлмаланып қалған, қандай жануардың сүйегі екені белгісіз, тау арасынан бас- сирағы жоқ арбайған бір қаңқа тапқан. Жаппасына соны сүйреп алып келді. Бүгін бұлар сол қаңқаны қаужады, кереге-уық отын болды, жаппаның төбесі жерге түсті. Аштықтан әбден шөккен үлкенді-кішілі төрт тірі әруақ жаппадан қалған сасық киіздің астына тығылды.

   Таңға жуық болу керек, тықырлаған, ырылдаған, ақыр соңында аласұрған аласапыран дыбыстан Арпабек шошып оянған. Бір-біріне әбден умаждалып иленіп жабысып қалған, жүннен басылған жаппаның арасынан Арпабек итшелеп зорға шықты. Шыққаны құрысын, жан-жағына қараса жап-жасыл көздері оттай жанған бір топ ит-құс жаппа астынан ешқандай да қарсылығы жоқ бір денені жабыла тартқылап, сөлеңдетіп сыртқа қарай сүйреп барады екен.

    -Сәлима-а! - деп айқайлаған дауысы шықпай, өзегін шерменделіктің удай өкініші тіліп жіберген Арпабек бір сәтке есін де жоғалтып алды. – Сәлима-а!..

    Сәлиманы тік көтерген күйі түкті төсектей арқасына ыңқ еткізген ит-құс та жоғалды.  Бөрілердің бұл сойқаны  жұт пен боранда азулы ит-құс пен ұры-қарының ғана семіретінін нақтылап кеткендей.

    Арпабек өзіне өзі зорға келген. Басына төніп отырған екі баласын көрді.

    -Апам қайда? - деп қызы жыламсырады.

    -Апам қайда? – деп ұлы аңырады.

    Арпабектің тұлабойы тітіркенді. Екі баласын құшақтап еңіреді-ай келіп...

    -Құлындарым, менің!.. Сормаңдайларым!.. Сендерде не жазық бар еді?!.

  *     *     *

       Таудың қарасы өшкір бұл қалтарысында Арпабектің ендігі жерде бір күн де қалғысы келмеді. Жаппаның тулақтай бір бөлігін уыққа іліп, уықты арқасына арқалап, екі баласын қолдарынан жетелеп жолға шыққан. Шындығы – Арпабек осы уақытқа дейін тау баурайынан алысқа ұзап көрмеген. Таудың арғы беті, бергі беті, айналасы түгел ел болатынын да біле бермейді. Олармен жұмысы да болған емес. Шындығанда оның ес білгелі көріп келе жатқаны – осы тау, тағы да осы тау!

    Көгінен жер көктетерлік бір тамшы тамбаған көктемнің сиқы қандай? Ту-у   биіктен тасқа шағылып, одан шақпақтай шашылып жерге келіп түскен күн сәулесі тиген тұсын күйдіріп-өртеп жіберетіндей. Биыл осыншама таудың арасында, жықпыл-жықпылынан жылтырап аққан жылауық судан басқа түк те жоқ. Аспанына тік көтеріліп жерге қайта-қайта құлдилайтын құзғын да, азулылар да көп көрінбейді. Жым-жылас. Арпабек бір-екі жерден шөптің тамырын қазып көріп еді, онысынан түк шықпады. Оның үстіне қандай шөптің тамырымен өзек жалғауға болады, қандайын жеуге болмайды, Арпабек оны да білмейді екен. Бірді-екілі ауыздарына салған шөп тамырларын балалары да қайта түкіріп тастады. Өңештеріне қара суды сырылдатқаннан басқа ештеңе таппаған екі баланың қарны айналып ол кетті. Кешке жуық таудың бір шатқалынан үңгір тауып, бұлар соны паналады. Таң атқан соң тағы да жолға шыққан. Жол жобасына қарағанда бүгін кештетіп жазыққа да ілінетін шығар. Кенет Арпабектің көзі жол жиегінде жатқан бір ала тасқа түсті. Тас қимылдайды... Арпабек көздерін уқалап жіберіп анықтап тағы да қарады. Оның өмірінде бірінші рет қуанғаны осы шығар. Өйткені, тас деп тұрғаны жаны бар кәдімгі тасбақа екен. Өлген әкесі тіріліп келгендей болған Арпабектің денесі дірілдеп кетті. Тасбақа бір жаққа ұшып кететіндей аласұрып айналасынан тас іздеді. Қасындағы екі баласы әкесінің не істейін деп тұрғанын бірден сезіп: «әке, тимеші оған обал...» дегенше болған жоқ, Арпабек тасбақаны таспен бір-ақ ұрып жайратты. Тасбақаның қақпағын ашып, ішіндегі етін жұлып-жұлып алдымен балаларының аузына, қалғанын өз аузына тоғытты. Аз да болса шұрылдаған ішекке бұл арқау болды. Бұдан соң қанша қарайлап жүргенімен алдарынан басқа тасбақа кезікпеді. Арпабек кешке дейін жазыққа ілініп қалармыз деген ойының орындала қоймайтынын ұлы ауырып қалғанда білді. Бар болғаны үш жасар бала қай жерінің ауырғанын қайдан білсін. Екі бүктетіліп жатты да қалды. Қалай болғанда да мынау ит-құсы түгелімен тастап кете алмайтын таудан ұзап кетуді мақсат тұтқан Арпабек ыңылдаған баласын кеудесіне қысып, қызын жетектеп алға қарай ілбіп  жүре берді. Тасбақаның етін қаужап ептеп қуаттанған бұлар таң саз бергенде ғана жазыққа ілінген еді.

     Жазықтықтың аты жазықтық. Арқабек бұл жазықтық дегеннің де өз қиындығы болатынын өмірінде сезінген емес. Әйтеуір, ит-құстан құтылдым-ау деген ой оны қуантқан сыңайлы. Көрмеген соң қайдан білсін. Не көп, жазықтықта алдамшы сағым көп. Көз алдыңда көлбеңдеп тұрғанымен оған жету деген... Сағымнан өткен жұмбақ та жоқ. Шындығында сиқырлы әлемнің айта берері  осы сағымда жатыр. Жазықтықта арқа сүйеп тыныстарлық көлеңкесі бар тас та, таңдай жібітерлік  бір тамшы ылғалы бар  жүлге табу да қиын. Әбден шаршаған Арпабек ыңқылдаған ұлын жерге жатқызды. Айналаның  бәрі сусыған құм. Әр жер әр жерде сексеуіл сексиеді. Құдды бір қаңғырып жүрген ебей-дебей жалбашаш жезтырнақтар секілді. Әлден уақытта әудем жерден Арпабектің көзіне қарауытқан бірдеме шалынды. Құлағына жас нәрестенің әлсіз жылаған дауысы келді. Қасына барып анықтағаны – сұлап жатқан жап-жас келіншек екен. Бет-жүзі күннің аптабына борсымай екі көзі ашық қалғанына қарағанда жақында ғана жан тапсырған түрі бар. Емшегінен түк шықпаған соң бауырындағы жас нәрестенің ауызына саусақтарының ұшын жарақаттап бірінен соң бірін салғанға ұқсайды. Қан болса да сорсын деген болуы керек. Ол жарақаттары ақжемденіп ашылып кетіпті. Етке болар болмас ілініп тұрған тырнағы астынан саусағының сүйектері көрінеді. Мұндайды көремін, кездестіремін деп ойлап па? Өзі діңкелеп келе жатқан Арқабектің шақшадай басы шарадай болды. Өлген – өлді. Жас нәрестені не істемек? Өзінің діңкелеп тұрғанына қарамастан Арқабек нәрестені қолына алды. Мәйіттің бетін жабуға шамасы келмеді. Жас келіншектің көздері жарық дүние жаббарына арзу айтып тік қараған күйінше ашық қалды.

    Нәрестені қолына алған Арпабек балаларының қасына келген. Заман зобалаңымен, қиқар уақытпен баланың ісі бола ма?  Дімкәс баланың өз қайғысы өзінде. Бұл оқиғаға қуанып қалған Арпабектің алты жасар қызы болды. «Бөпешім, бөпешімдеп» нәрестені айналақтап жүр.

     -Әке, бөпешімді қайдан тауып әкелдің, аты кім, енді ешкімге бермейміз ғой, ә  - деп қуанады. –Айтшы, аты кім? Өзі жыламайды...

     -Аты ма, білмеймін... қазір есіме түссін, Бөпеш екен ғой Бөпеш! –Арпабек ыржиған.

     -Әке, бөпешімнің ұйқысы келіпті. «Бөпешім-ай, бөпешім, ұйықтай қойшы көкешім...».

     Арпабектің тауып әкелген бөпеші осы ұйқыдан оянған жоқ. Шетінеп кеткен екен. Сорп-сорп етіп жылап жүрген алты жасар қызы екеуі ұшпақыны жерге тапсырды.

*     *     *

     Қызының қолынан ұстап, отырған жерінде мүлгуге айналған Арпабектің көзіне алыстан бір түйелі адам көрінгендей болды... адасқан шаң болуы да ықтимал. Жұмылып бара жатқан көздерін сығырайтып, анықтайын деп еді, онысынан ештеңе өзгере қоймады. Арпабектің басы қайта салбырады. Адам рухы секілді ойы да мәңгі өмір сүреді білем. Ой өлмейді. Арпабектің санасын осындай ойдың бірі шарпып өткен. Зүлді ағасы бірде тепсініп: «Тұр орныңнан. Сен сияқты атаңа нәлеттер туғанына жәрдем етіп, ешкімге ақысын жегізбей жүр. Сенің жүрісің мынау. Осы сен таңнан кешке дейін не бітіресің өзі. Жоғалып жатқан мал анау, қырылып жатқаны мынау. Онымен сенің ісің жоқ. Әкеңнің де ісі жоқ. Неткен көрсоқырсыңдар өздерің. Өткен жылы әкеңнің екі жылқысы, менің бес жылқым тірідей қолды болған жоқ па! Оны іздеу, жоқтау сендердің миларыңа кірмейді. Тірідей отырып кісіде кеткен ақ-адал малдарыңнан айырыласыңдар. Осы дұрыс па? Осыдан соң да сендер адамсыңдар ма?! Қайтару керек ол малдарды. Ол малды алыстан ешкім алған жоқ. Өзіміз білетін бұл аймақта тамалардан басқа ешкім жоқ. Қайтару керек солардан. Тұр орныңнан. Қасыңа тағы да екі адам қосып беремін. Өзің басшы боласың. Міністеріңе жарамды жылқы алыңдар. Бар, бүгін кешке аттанасыңдар. Мен қора дайындай берейін. «Көке, біз олардың ұрлағанын көрген жоқпыз ғой, қай ауылдың адамдары екендігін де білмейміз, басқаға қиянат жасап жүрмейміз бе...» дей бергені сол еді Зүлді ағасы тіпті шатынап кеткен: «О, сорлы, сүмелек!.. Олар тамалар! Тамалардың бәрі бір адам. Қайсысынан алсаң да бәрібір емес пе? Жөгі дегендері де бар олардың! Малыңды жалмап бітсе өзіңді жейді... Осыны білмейсің бе сен сужүрек! Бар! Он жылқыдан кем болмасын алғандарың. Қолда жүрсе қанша болатын еді сол бес жылқы.». Осындай  айқайдан соң Арпабек көнген. Шындығында адал малымызды қорыққаннан қолдан бергендей болыппыз ғой деп иланып қалған. Қасында өзі секілді екі туысы бар Арпабек кештетіп қарымтаға шыққан. Шындығы керек, бұл ауылда жауға шабатындай, барымта-қарымтаға жұлқынып тұрған ешкім жоқ еді.  Арпабектің қасындағы екеуі де өзі секілді момын, біреуге күдіктенуді білмейтін, Зүлді ағаларының тепкісі мен боқтығын, қала берді қамшысын ғана көрген жақын туыстары ғой. Басқа ештеңе емес. Көпке дейін үшеуі де үндеген жоқ. Қайда, не үшін түн қатып келе жатқандарына мән де бермейтін сияқты. Ауылдан атшаптырым ұзаған соң алдарынан алғашқы ауыл жарығы көрінген. Ауыл дегеніміз төрт-бес қана үй. Өткен жылы Арпабек бұл ауыл жаққа келген. Сарман деген қарияның үйіне түскен. Айран-шалап ішкен. Бірақ руын сұрамапты. Бұл үш «баукеспе» басқа ешкімді білмегендіктен сол Сарман қарияның үйіне келіп аттан түсті. Сарман қария тәуір кісі ғой, бұларға арнайы шай дайындаттырып, жағдайларын сұрады. Әңгіме арасында бұлар Сарман қариядан тамалардың ауылы қайда екендігін білгісі келген. Қария үшеуіне аңтарыла қараған. Мына біздер «тамалар ауылымыз» деді. Келесі ауыл «құрақтар». Түнделетіп қалыңдық іздеп жүрсіңдер ме? Үш «баукеспе» ыржиды. «Жоқ, ә...».

      Сарман қарияның үйінен шыққан үшеуі былай шыққан соң күбірлескен. Бұл ауылда мал жоқ сияқты ғой деді бірі. Мал болғанда ғой, тырқыратып қуып кетер едім деді екіншісі күпініп. Беталыстары «құрақтар ауылы» сияқты еді, осындай әңгімелермен жүріп үш «баукеспеміз» өздерінің адасып кеткенін білмей де қалған. Баукеспе болу үшін қаншалықты жырынды болу керектігін, өз кепелерінен ұзап шықпаған бұл үшеуі  қайдан білсін. Бұлар көп жүрді. Қалжыраған сыңайлы.

     -Біз адасып кеттік білем, - деді біреуі.

     -Таң атып қалса қайтпекпіз, - деді екіншісі.

     -Тоқтаңдар, мына баурайдағы қарауытқан не нәрсе, - деді Арпабек, анықтап қараңдаршы. Жылқылар сияқты. –Шындығында бұл жатқан, жатпағаны күтірлетіп көкті күйсеп тұрған оншақты жылқы еді. Күзетшісі жоқ сияқты. Бұл Зүлдінің үш «баукеспесі» үшін оңай табыла қалған «қарымта» болды. Үшеуі жылқыларды үш жақтан қаумалай айдап ауылға қарай бет түзеген. Ауылға қарай дегеніміз де құр жоба болғанымен негізінде дұрыс шықты. Таңға жуық оншақты жылқыны алдарына салған үш «баукеспе» Зүлді ағалары дайындап қойған қораның үстінен түскен. Түнімен көз ілмеген Зүлді ағалары қуанып қалды. Жылқыларды қораға қамап болған соң үшеуіне рахметін айтқан. Сендерге тағы да бір-бір әйел әперемін деп уәде еткен. Зүлді ағаларының уәдеге берік екенін бұл үшеуі біледі.  Ешкім көрмейтін түн болса да жымың-жымың еткен.

     Жонарқасына сарт ете қалған қамшыдан Арпабек жатқан орнынан қарғып тұрды. Қамшы тағы да сарт ете қалды. Тағы да, тағы да... Мұндай дүлейге Арпабек не істей алады. Есін жиып қараса Зүлді ағасы екен. Сен пәдеріңе нәлеттер не істеп жүрсіңдер, а!.. Өз малымды өзіме ұрлап әкеп беріп. Қанша сорлылық көріп жүріп, мұндай сумұрынды көрмеген екенмін мен. Мә, саған, ит, мә, саған... өл! Сол күні Зүлді ағасы үш «баукеспені» де қамшылап сұлатып салған.

*     *     *

     Адамның жаны кеудесінен пыр етіп ұшып кетпеген соң түйткілі көп мидың тірмізік бөлшектері жұмыс жасай береді. Шыжыған күн астында алдына соза тастаған аяғына бүгіліп қанша отырғаны белгісіз Арпабек құлақ тұсынан ырс-ырс еткен дыбыстан басын көтерген. Тас маңдайының дәл тұсында тұрған мақұлықтың не нәрсе екенін ажырата алмай біраз отырды. Арпабекте қорқыныш сезімі тіпті болған да жоқ. Жалған мен бақидың өліарасында отырған пендеде ондай түйсік қайдан болсын. Көздерін кеңірек ашып әлгі мақұлыққа анықтап қарады. О, тоба! Не екенін ажырата алмай тұрған нәрсесі – ит екен. Ит болғанда да өзі жақсы білетін, Зүлді ағасының ақтабан төбеті. Төбеттің ауызында салаңдап тұрған кәдімгі саршұнақ. Ақтабан ауызындағы саршұнақты салаң еткізіп жерге тастай салды да қыңсылап Арпабектің екі бетін жалап-жалап алды. Одан соң, қасындағы қызына, ыңқылын әлі доғармаған дімкәс балаға ауысты. Итті ит деп күстаналағанымызбен, иттің түсінігі, жүрегінің лүпілі, мейір-шапағаты кейбір адамнан мың есе артық. Бұларды көрмегелі біраз болған ақтабан сағынып-ақ қалыпты. Ойнағысы келді ме немесе бейшаралардың көңілдерін көтергісі келді ме құйрығын бұлғақтатып ары-бері шапқылайды. Балалардың бет-ауызын ұп-ұзын тілімен шимайлап аймалап өліп барады. Арпабектің итке қарауға мұршасы қайда, саршұнақты бұтарлап балалардың ауызына, қалғанын өз ауызына тыққыштап жатыр. Бұлардың бетін жалап амандасып болған ақтабан жалт бұрылды да жердің шаңын шығарып, әлгі келген жағына қарай шауып кетті. Ұзап кеткен ақтабан қайтадан әлгі сағымдағы түйелі адамға ұқсап қалды...

      Азырақ әлденіп алған, бірі дімкәс, бірінің шөлден кенезесі кепкен үш бейбақ мимырттап тағы да ұзынсонар жолға түсті. Қанша жүргені белгісіз, күндіз бе, түн бе, ол жағын да ажырата алмайтын халге жеткен Арпабек етпетінен түскен. Жетегіндегі екі баланың шыр-шыр еткенін есіткен жоқ. Жауыз тіршілікті қолдарымен қаққылап, иықтарымен итермелеп, рахат бір дүниенің есігін айқара ашып ішіне кіріп бар жатты. Жып-жылы, маңайдың бәрі жап-жарық. Алтынкүректің самалы өзінің жұпар иісімен кеудесін жарып барады екен. Шыр-шыр етеді. Арпабектің құлағына бозторғай үні келген. Құйқылжиды-ау, құйқылжиды... Тау басында атақыран қалқиды. Інінен зыр етіп шыға келген саршұнақтың мойыны дамыл таппайды. Төрткүл дүниені қапысыз бақылап тұрған түрі бар. Көзге түскен жердің қыры-ылдыйы түгелімен қызылды-жасылды гүлге оранған ғажайып  көрініс. Қой қоздап қорада шу болып жататын ерте көктемде әдетте осындай болады. Тау баурайында бір бірімен аламан жарысқа түскен күміс жылғалар сылқылдайды. Жаңа туған төлдер маңырап, құстар шулап, шуаққа тоймай дүрілдеген ағаштар, сыбдырласқан, бірін-бір қуаныш күнімен құттықтаған жап-жасыл, жап-жасыл жас жапырақтар, жымыңдасқан бүлдірген өскіндері құлаққа жағымды күй тартады... Адамның арқасын қоздыратын нағыз ансамбль, нағыз жұмақ осы! Бұл шақта ауылдың үлкен-кішісі түгел жайлауда болады. Үйге ешкімнің кіргісі келмейді. Арпабек те кезінде аңсауы мен арманы таусылмайтын бозбала болған. Зүлді ағасы мұны білді ме? Жоқ! Аға болып, бауыры ретінде інісімен емен-жарқын сырласып көрді ме? Жоқ! Тіпті, інісіне  үлгі боларлықтай, інісі басқаларға жеткізерліктей тәуір бір әңгіме айтып көрді ме? Жоқ! Қит етсең таяқ ала жүгіргеннен басқа, боқтықтан басқа не білді ол. Әй, қойшы соны! Арпабек селт ете қалды. Сайға қарай жүгіріп түсіп бара жатқан бойжеткенді бас киімінен танып қойды. «Сәлима!..» деп соңынан тұра жүгірген. Қазір оның бұл жүгірісінің ешқандай айыбы жоқ. Өйткені өткен жұмада ғана Арпабектің әкесі Сәлимаға құда түсіп, бойжеткенді бұған айттырып қойған. Басыбайлы қызды қуып жету қиын емес, қыз да ұстатпай кетпес... Арпабек қалыңдығын белінен құшақтаған күйі ұмар-жұмар қып-қызыл қызғалдақтың үстіне аунай кеткен. Бозторғай дауысы алыстап кеткен сияқты... Жо-оқ, бозторғайлар ешқайда ұшып кетпепті. Арпабектің желкесіне келіп қонған екен-ау... Міне, құйтақандай құстар біздей тұяқтарымен ендігі жерде Арпабекті желкесінен тартқылай бастады. Шыр-шыр...шыр-шыр... Шындығы керек, Арпабектің тұрғысы келмеді. Мына бір рахат дүниеден айырылып қалатындай, ұйып қалған аяқтарын көсіле түскен. «Көке, тұршы... тұршы, көке, ойбай!..». Құйтақандай құстардың адамша сөйлей бастағаны қалай, ойбай несі... деп Арпабек оқыс басын көтеріп қалған, бірдемеге төбесін оңдырмай ұрып алды. Қап, әттеген-ай, жаңағының бәрі түс екен-ау...

      Көзін ашса сәске болып қалыпты. Сонда ғана барып өзінің жатқан жеріне назар аударды. Арпабек арба дөңгелегіне бас тірей құлаған екен. Таныс арба сияқты. Бүп-бүтін. А, есіне енді түсті. Бұл – Зүлдінің арбасы. Арпабек аң-таң! Зүлді ағасы қайда? Бұларға не болған? Ақтабан қайда? Арпабек орнынан тұрып жан-жағына қарады. Ыстық күн бұрғысы шекені бұрандалап кіріп барады. Сонда да болса арбаның қорабын ақтаруға кірісті. Қораптың жабуын ашқаны сол еді, бір қора қара шыбын гу ете қалсын. Қолқаны қапқан сасық иістен бас айналады. Оған да қараған Арпабек жоқ. Арба қорабын ақтарып жатыр, ақтарып жатыр. Бірақ, Арпабек арба қорабынан базданып ағып жатқан азық-түлік қалдығынан басқа түк те таппады. Апыр-ау, адамдар қайда? Зүлді ағасы, жеңгесі, балалары - бауырлары қайда? Көз жетерлік жерден ақтабан да көрінбеді. Айналаның бәрі шашылып жатқан киім-кешек қалдығы, қаңсыған етіктер... етіктердің айналасы да гу-гу етеді.  Қаңсып қалған қоныштардың ішіне бірі кіріп, бірі шығып гүжілдеген қара шыбындар сайран салуда. Бұл жерде бір сойқанның болғаны көрініп тұр. Бұл сойқанды жіліктеуге оның шамасы жоқ еді.

      Арпабек жерде жатқан ауру ұлы мен оның қасында отырған қызына келді. Күн болса шақшиып көз жұмбайды. Ауру ұлының халі тіпті төмендеп кеткен сыңайлы. Көзін ашуға да ыңылдауға да шамасы келмей қалыпты. Арбаның астында аз да болса көлеңке бар екен. Арпабектің ендігі жалғыз үміті сол көлеңке болды. Көлеңкенің құмын аршыды да аздап тереңдетіп ауру баласын сол шұңқырға отырғызып мойнына дейін құммен көмді, басын сыртта қалдырды. Сосын қызын жетектеп жолға шықты. Арба тұрған жерден тезірек ұзап кетуге тырысты. Кемсеңдеп артына қарайлаған қызының қолын жұлқып-жұлқып қойды.

     Оқиға өрбимін, тағдыр шиеленісемін десе, адамына тыныс бермейді ғой. Бұл жолы да солай болды. Арпабектер арбадан сүт пісірім ұзамай жатып-ақ, алдарынан будақ-будақ шаң көрінген. Жақындап қалғанда қараса бір топ ит-құс екен. Қып-қызыл құм бетімен көлеңкедей сырғыған ол ит-құстар Арпабек пен қызына назар да аударған жоқ. Беталыстары – көз көрім жерде қалған Зүлдінің арбасы... Арпабектің іші мұздады. Аяғын жылдамдата түсті.

      Арпабектің осы уақытқа дейін жұмбағын ашып көрмеген жазықтығының жағдайы осындай болды. Иттік пен жұт тау-тас, жазықтығыңды алаламайды екен. Оған байламы жетті. Бұдан былайғы жерде, қайда баратындары де белгісіз, құлағына дейін көгістеніп кеткен қызын шидей қолынан жетелеген Арпабек ешқандай жолмен де, құммен де жүрген жоқ оны түйсік жетеледі. Талай рет сүрініп құлады-итшелеп тұрды, талай рет сүрлігіп құлады – итіңдеп тұрды. Қалай құлап тұрса да ендігі үміті, тірегі, тірі қалған  жалғыз тал қызының қолынан, өзінің жаппасы-шаңырағынан қалған бір қолындағы ыс сасыған уықтан  айырылмады, бір сәтке де есінен шығармауға тырысты. Уық не үшін керек еді деп ойланған жоқ. Бұл қасиет – адами болмыстың ешқандай заңнамаға түспеген алтын шарты.

     Бұл жолы Арпабек есін жиып көзін ашқанда ептеп сергіп қалған екен. Айнала манағыдай емес салқындау секілді. Байқап қараса, өзіне тумысынан таныс тау етегіне қайтып келіпті. Құм суырған жазықтығыңа рахмет деді ол іштей, мұнда тым болмағанда ит-құс келе қалса қару көрсететін тас бар ғой, ал да лақтыра бер... Ол өз ойына өзі сүйсініп арса-арса қаңқасын қомдап, жотасын күдірейтті. Айналадан біраз тас тауып қасына жиып қойды. Тапқан ақылына риза болған сыңайлы. «Енді келіп көріңдер!». Алыстан тауқұдіреттің көмескі дауысы естілді...

    Бұлардың бұл жолы тізе бүккені үлкен бір қойтастың көлеңкесі болып шықты. Қойтастың бүйірін жарып шыққан көп жылдық жабайы алма тал көрінеді. Алма талдың жарты тамыры тастың сыртында, жартысы бұралып-бұралып қойтастың қуысына еніп кеткен екен. Ағаш тамыры емес, оны құдды бір қойтастың қуысынан су ішіп жатқан алып айдаһар дерсің. Оның үстіне қуыстың өзі де адам сыйып кетерліктей терең қап-қара үңгір. Ол қуыста мына айдаһар-тамырдан басқа қандай аңның мекендеп жатқаны бір құдайға аян. Мейлі, не болса о болсын, табиғат болмысында адамның ісі қанша.  Арпабек жоғары қарап, көзімен аспанды шалған. Көктем кеш келсе де өркен жая бастаған алма талдың жап-жасыл жапырақтары арасынан өткен жылдан қалған екі алманы көріп қуанып қалды. Ол мұндай бұтаққа бүрісіп қалған алманы кішкентай кезінде талай-талай ауызына салып көрген, маңызын сорып түкіріп тастаған. Арпабек қасындағы қызына қарап еді, пысылдап әлі ұйықтап жатыр екен. Ұйқыдан тұрғанда қуанып қалсын деген оймен, Арпабек қолындағы уықты алма талдың бұтағына жүгіртті. Бірақ, қыстай қатып сірі боп қалған алма оңайлықпен қолына түсе қоймады. Алма қалдығы бұтақты құшақтап қатып қалыпты. Қалайда бүріскен алманы алудың амалын іздеген Арпабек алма талдың сыртқа шығып тұрған жуандау тамырына бір аяғын қойып екінші аяғымен қойтасқа шыға бергені сол еді, күтірлеп ағаштың тамыры сынды, қойтас қақ жарылып, өзі әлгі тесік апанға сүңгіді де кетті. Арпабектің соңын ала ол үңгірге жарылған қойтастың үлкен бір бөлігі кетті, оның үстіне алма тал құлады.

    Айнала жым-жырт күйге түсті. Құдды бір ештеңе болмағандай...

      Алыстан тауқұдірет күркілдеді...

*     *     *    

      Сол күні биылдыққа бірінші рет найзағай ойнап, аспанның түбін түсіре күн қатты күркіреген. Әкесінің қандай жағдайға душар болғанынан бейхабар, алты жасар қаршадай қыз қалың ұйқыда жатқан. Кешкі апақ-сапақтың кезі. Күркіреген күннің артын ала шатырлап, аспанда алабөтен найзағай жарқылдады. Құлаған алма ағашына жай түсті. Алма ағашы отқа оранды. Құдай сақтағанда әбден шаршаған, ағаштың дәл түбінде жатқан алты жасар тұл жетімге ол оттың зияны тиген жоқ. Табиғаттың мына топалаңынан айналада не болып жатқанын ұқпаған жетім қыз ояна сала құлындай шырқырады. Онсыз да алба-жұлба үстіндегі жарғағын жел жұлқылады. Басына үрей жамылған құйтағандай қыздың бар тапқаны – бебеулеп лаулап жанған отты айналып жүгіре берді, жүгіре берді...

      -Әке, әке, сен қайдасың? Мені тастап қайда кеттің, әке-е-е, әке-е-е!.. Ақтабан!.. Ақ-та-бан!!.

      Адам санасы жетпейтін бұл құдіретті дүниенің мына тылсымына қараңыз. Дәл осы мезетте алып Қаратаудың бауырын дәл осы тұсын жағалап суыт жүрісті бір топ жолаушы өтіп бара жатқан болатын. Табиғаттың неше түрлі дүлейін көрген бұл жырынды топ жай түсіп жанып жатқан ағашқа көз салмас та еді. Олардың назарын бұрған Зүлдінің ақтабаны болды. Қайдан пайда болғаны белгісіз ақтабан зымырап келіп суыт жолаушылардың алдына шоқиып отыра қалған. Жолаушылардың өзін байқағанын білісімен-ақ құйрығын бұлғақтатып, құйын-перен жанып жатқан ағашқа қарай ұшқан. Төбеттің бұл жүрісі тегін еместігін білген жолаушылар, иттің кеткен жағына қарай бұрылып қараған. Сондағы олардың көргені - отты айналып «әке-леп» шырылдап жүгіріп жүрген жалғыз жетім қыз болды.

      -Тоқтаңдар! – деді, топ басы. – Ана баланы алып келіңдер!

      Шаршамайтын, талмайтын, міністі сәйгүліктері бар бұл топ күн жүрді, түн жүрді, таудан да өтті, құмнан да өтті, өзендер мен дариядан өтті. Ақыр соңында келіп қарақалпақтар еліне тоқтаған.

      -Бәйбіше, мына баланы бауырыңа бас, жатырқамай, ешкімді жатырқатпай өсір, есімі - Ұлжан! - деді әлгі топ басы әйеліне. – Бұл да болса құдайдың бізге жіберген бір сыйы болар. Ол жақтағы бауырлардың жағдайы мәз емес. Бірдеме алып келуге біздің қолымыз бармады.

*     *     *    

       Ай артынан ай өтті, жыл артынан жыл өтті. Ескі жараның орны жазылып, азапты күн мен түндер ұмытылып, ел етегін жинап қалған шақ. Ердің түскен қабағы көтерілді, әйелдің жүзінен жылт оянды. Баяғы өртенген алма ағашының орнына қылтиып жаңа алма ағашы шықты. Көп ұзамай-ақ діңі мықты, бәйтеректей бойшаң ағаш жеміс беріп, айналаны жұпар иіске толтырып тұрды. Ағаштың дәл түбінен мөлдір бұлақ көз ашты. Ерен тауда не көп, жабайы алма ағашы көп. Бірақ бұл алма ағашының көркі де сәні де өзгеше. Басты ерекшелігі ағаштың тұла бойынан адамды өзіне тартатын ғаламат бір күш сезіліп тұратын еді. Қасынан өткен-кеткендерді өзінің нәрлі жемісінен жегізбей өткізбейтін. Ілуде біреу байқамай өтіп кетсе, міндетті түрде қайта айналып келетін. Бұл алма ағашы осындай қасиетімен тұлғаланды. Оның үстіне ағаш тамыры жайылған қойтас самал үп етсе болды, өткен уақыт қиындықтарын еске салатындай мұңды бір дыбыс шығарып тұрушы еді. Әуені жанға жайлы есілді. Адамдар келе-келе бұл алма ағашының түбіне түнеп, зиярат жасады. Нешетүрлі мыңжылдық тәтті аңыздар ойлап тауып уағыздады. Бір шикі өкпеге зәру болып жүргендер бөпелі болды, бақыт іздеп келгендер бақытын тапты. Ниет еткендер ағашқа орамал байлады. Сонымен көне Қаратаудың бір баурайынан «Алма әулие» пайда болды. Әулие ағаштың дақпырты алыс-алыс елдерге кетті... Алыста қалған жұт жылының азасы мен зардабы, жұттан шыққан запыран көктемнің ащы дәмі де ұмытылды. Қойтастың жықпылын қуалап жерге терең еніп кеткен алма ағашының тамырының астында не жатқаны беймәлім  күйінше қалды. Күні бүгінге дейін солай.

 *     *     *    

       Алты жасар баланың ойында не қалсын. Уақыт өте келе Ұлжан қыз ата-анасының азан шақырып қойған атын да ұмытып қалған. Өзін мұнда әкелген «топ басы» да сол оқиғадан кейін «кәсібін» өзгертіп салихалы кісі, ақылман Тохтар-ата болған. Бұл үйде Ұлжан ұл орнына ұл, қыз орнына қыз болып өсті. Кейінгі ата-анасы жайсаң жандар болып шықты. Жалғыз қыздан ештеңе аяған жоқ. Талшыбықты баптағандай баптады. Өсірді, оқытты. Талшыбығымыз бүр жарды. Құдандалы болды. Тұрмысқа шыққанында ұлан-асыр той жасады. Келе-келе Ұлжанның өзі де осы шаңырақтың бел баласы екендігіне иланып кеткен. Кейбір күндері ғана көрген түсіне еміс-еміс тау өлкесі кіретін. Бірақ жадында құрастырып айтарлықтай ештеңе жоқ. Ұлжан Бердақ деген қоңырат жігітпен отау құрған болатын. Бұлар да дүниеге екеуіне ортақ бір ғана қыз келтірді. Осы қызы туылған жылы Бердақ кенеттен қайтыс болып, Ұлжан қара жамылып қалған. Қайта тұрмыс құру оның ойына келмеді. Жалғыз қызын қатардан қалдырмайын, ешкімге жаутаңдатпайын деп ойлаған. Ұлжанның бұл ойы орындалды. Қызы – Айжеке елді ауызына қаратқан сөз зергері - ақын болып шықты. Қазіргі күндері оның есімін бүкіл қарақалпақ халқы мақтан тұтады. Айжекеге табиғат қанша дарын бергенімен сараң құдай бір бала бермеді. Тұрмысқа да тәп-тәуір жерге шыққан. Бала тақырыбында екі жақтың да амалы таусылған сыңайлы болып жүргенде құлақтарына «Алма әулиенің» дақпырты жеткен. Қаратаудың атын есіткенімен Ұлжанның есіне ештеңе түспейді. Сонда да болса бір Аллаға сыйынып қызы Айжеке, Тохтар-ата үшеуі жолға шыққан. Қазір күн жүріп, түн қататын, жолдағы асу бермес тау мен сапырылған құмнан, асау өзендер мен долы дариялардан қаймықпағандар ғана мақсатына жететін заман емес. Бұлар Қарақалпақстаннан шыққан күннің ертеңіне-ақ Қаратаудың етегіне жеткен. «Алма әулиені» табу да қиынға соққан жоқ. Жердің беті масатыдай құлпырған көктем мезгілі болатын. Бұл – Ұлжан апаның алпыстан асып, Тохтар-атаның сексеннен асқан шағы еді. Бұлар келгенде «Алма әулие» маңы өздері сияқты дендеріне шипа іздеген, бір шикіөкпеге зар болған жандарға толы екен. Бәрінің де мақсат-мүддесі біреу-ақ! Әсіресе, Ұлжан апаның қуанышында шек жоқ. Әппақ-әппақ гүлін ашқан, алма ағашының әрбір бұтағын саусақтарымен сипалап, бармақтай болып қалған алма түйіршіктерін алақанына салып көрді. Қойтасты сипалап, маңдайына басып мінәжат етті. Бұл да болса туған өлке, кіндік қаны тамған киелі топырақтың ешкімнің тілі жетіп айта білмейтін қасиеті шығар. Әйтеуір, Ұлжан апаның жүзі бал-бұл жанды, жүрегі тебіренді. Әйтпесе, дәл осы қойтастың астында, алма ағашының тамырына дем беріп, өзін өмірге әкелген туған әкесінің жатқанын қайран апа қайдан білсін.

     Кезінде бұл өлкенің дәл осы жерінен өткені, Ұлжанды дәл осы жерден   алып кеткені бұрыңғы «топ басы», қазіргі егде қарияның да есінде жоқ. Өздерінше тілек тілеп мәз-мәйрам болып отырған зияратшылардың көңіл күйін көктемгі ауа райының құбылмалы мінезі бұзды. Тауқұдірет күрк-күрк етті...

     Көктемнің күніне дауа бар ма?! Әр мезгіл өз болмысымен, өз көркімен сүйкімді. Кешкі апақ-сапақта ауа райы ніл болды. Осыдан дәл алпыс жыл бұрыңғы сол бір қарабура бұлттың өзі келіп қалғандай, айнала әп-сәтте-ақ аламан-тасырға айналды. Найзағай жарқылдап, көктің түбі қарс айырылды. Аспанды әр тұстан отты найза шаншылап жалт ойнады. Жиналған жұрт абыр-сабыр болып ұйлыға қалған. Бір кезде аспан төсі көзді қарықтыра жарқ етті де, жай оты құйылып кеп аулақтау жердегі үлкен бір ағашты лап еткізді. Түскен жайдың күштілігі сондай бітеу тау дүр-р сілкініп жамбастап құлап бара жатқан секілденді. Әлде жасы келіп қалғандықтан ба, әлде басқа бір себеп бар ма, әлгі ағашқа жалт қараған Ұлжан апаның екі көзі атыздай болды...

      Ұлжан апаның көз алдына өзі осыдан алпыс жылдай  бұрын көрген, дәл осындай сойқанды апақ-сапақтың елесі келіп қалған еді. Үрейден қалшылдап тұрған денесін бір сәт игергендей болған Ұлжан апа «Әке, әке-е...леп» жай түсіп жанып жатқан ағашқа қарай қос қанатын жая ұмтылды... Бірақ, екі аттамай жатып-ақ аяғы тасқа соғылып етпетінен түсті. Соңынан жеткен Тохтар-ата мен қызы Айжеке Ұлжан апаны қолтығынан сүйеп тұрғызды. Ұлжан апаның маңдайынан қан саулап тұр екен. Көпшілік жиналып, жарақатына дереу ем-дом жасады, киіз күйдіріп басты. Бірақ, Ұлжан апаның беті бері қарайтын сыңай танытпады... «Әке, әке... сен қайдасың, мені тастап қайда кеттің әке-е, ақтабан!..» деуден басқаға тілі келмеді. Тоқтар атаның ойына сонау жылғы оқиға түсті. Сақалы суланды. 

       Түні бойы «Алма әулиеге» жиналған көпшілік Ұлжан апаны күзетумен болды. Ұлжан апа тек қана таң саң бергенде ептеп көзін ашты, жүзі шырайланып кеткен екен...

       - Әке! - деді, Ұлжан апа жай ғана: «Әке, әке-е-е-е, мені тастап қайда кеттің, айтшы, мен енді не істеймін... ақтабан келді ғой, әке-е-е...» бізді де ала кетші...

       Ұлжан апаның екі көзінен бырт-бырт етіп ыршып шыққан екі тамшы жас мөлт-мөлт ете қалды да сусып жерге түсті...  

      Қайран өмір осылай үзілді...

      Мұндай көрініске жалғыз Тоқтар ата мен Айжеке емес, зияратқа келгендердің бәрінің де иықтары үнсіз селкілдеді.

      Тамырын құшып туған әкесі жатқан алма ағашының дәл түбінен Ұлжан апаға топырақ бұйырды. Құран бағышталды.

 

Қазақ тілінде жазылған