ТЫРНА ДАУЫСЫ
І
Зеңгір көкте тыраулаған күміс үн,
Танып тұрмын, тырналардың үнісің.
Мақтау айтып барасыңдар кімдерге,
Жоқтау айтып барасыңдар кім үшін?
Қай заманда естіп едім сені мен,
Қай мезгілде елесіңді көріп ем?!
Сағыныш пен махаббаттың әні ме ең,
Үзілмеген, ескірмеген әлі де?
Жұмбақ әуен, тым тереңге бойлауық,
Ұқсамайсың, мүмкін, соның бәріне.
Боларсың сен жұмақтан жеткен үн,
Нұр құясың жүрегіме тек менің.
Қоштастың ба тауларменен қуарған,
Көлдерменен қаққа айналып суалған?
Қай ғасырда көтеріліп ұштың сен,
Тырна болып сұңқылдаған ұлы арман?
Саған жетер бар ма менің амалым,
Мекеніңді қайдан іздеп табамын?!
О, тырналар, тыраулаған күміс үн,
Еркінсіңдер жел тоса алмас тынысын.
Маған қарай лақтырыңдар шумақтап,
Күміс талшық үндеріңнің бір ұшын.
Содан ұстап өрмелейін көкке мен,
Арманыма жетер ме екем жетпеген?
ІІ
Боздағанда табиғаттың ескі әні,
Тау жаңғырып тырналарды қостады.
Ғасырлардың зарын айтып, сұңқылдап,
Жел де азынап, күңірене бастады.
Ер Мөденің жебесінен шыққан үн –
Осы үн, менің түсінгенім, ұққаным.
Жүрегімді шымырлатқан сол дауыс,
Онда сезім, онда кие, онда күш.
Көкке тарап, жерге сіңіп жатады,
Тырна үнімен араласып өр намыс.
Сол дауысты ұмытпаспын тіріде,
Ұқсайтұғын сыбызғының үніне.
Үзілмейтін тырналардың тізбегі –
Таусылмайтын армандар ғой біздегі.
Сол арманның көрінбейтін елесі –
Тырна дауысы көктемдегі, күздегі.
Көрейінші тырна болып тыраулап,
Аппақ бұлтқа алайыншы бір аунап.