Адам қарады: 48440 | Жарияланды: 2017-05-18 06:21:12

Алаштың аты – мәңгілік!

 

(Толғау)

Бостандық тілеп азаттың,

Көтеріп туын алаштың,

«Қазағым, жұртым, елім» деп,

Ұлдары шықты қазақтың.

 

Ұлты үшін қызмет қылғандар,

Арыстай туған бұландар.

«Қазағым, оян, жатпа!» деп,

Намыстың тасын  ұрғандар.

 

Азаттық таңын аңсады,

Алашқа қозғау жар салды.

Құлдықтың бауын үзуге,

Ұлтының көшін  шақырды.

 

Әлихан бастап бұл көшті,

Қозғалыста тер төкті.

Отарлық билік жүйенің,

Құрмаулы жігін ол сөкті.

 

Жүсіпбек елді ойлады,

Біліммен терең бойлады.

«Ұлт рухын бойға сіңірмей,

Деп айтты: жағдай оңбайды».

 

«Күні кеше құл едік,

Енді бүгін теңелдік.

Қорлықта қанша жүрмекпіз»,

Деп,- Міржақып қосты сөз.

 

« Ақ, мейлі, қызыл не болсын,

Қорғасын қазақ мүддесін».

Жаны ашып қазақ  ұлтына,

Деген ед, Ахмет Байтұрсын.

 

«Біз тапқа, жікке бөлінбейік,

Халықпен өзге бірігейік.

Езгіден шығу – басты арман»,

Деп айтқан заңгер ер Жаһаң.

 

 

Зорлықпен алып мал-мүлікті,

Жерлерін басып қаңғыртты.

Дағдарыс алып ел-іші,

Орыстың заңын жаңғыртты.

 

Езгіге қазақ көне ме?

Жалындай алмай сөне ме?

Ұлты мен жерін сақтауға,

Арыстар шықты күреске.

 

Амалын ойлап тәсілді,

Саяси әдіс тартыс-ты.

Қазаны қайнап күрестің,

Шешілді істер мәністі.

 

Ресейдің заңы егес-ті,

Қазақпен текетіресті.

Қозғалыс алып үдеріс,

Қуғынға дейін сүрінді.

 

Алаштың басты мақсаты -

Азаттықтың ақ таңы.

Мәдениет, дәстүр, өз тілін,

Қайтару еді арманы.

 

Қазақтың жері тоналды,

Әділсіз іспен қаналды.

Дағдарыс алып бар байлық:

Тіл мен діл, салт та жоғалды.

 

Не көрмеді бұл қазақ?

Орысқа болды тым мазақ.

Ата-салттан айрылып,

Енді қалай оңалмақ?

 

Күреске шығып жеңе алмас,

Дұшпанға төтеп бере алмас.

Ұлтының көзін ашпаққа,

Арыстар ашып қозғалыс.

 

Мақсаты елдің мүддесі,

Өркендеу, даму жүйесі.

Қонысына Ресей шек қойып,

Мемлекет құру дербес-ті.

 

Жаңаша басып алысты,

Атқарып істер қарысты.

Қожанов, Рысқұл, Мыңбайлар,

Жаңғыртты ойлар жарысты.

 

Торланып көкте қара бұлт,

Қырғын боп тиген қара жұт.

Қыршындай өліп жатса да,

Ойлады жайын халық-жұрт.

 

Түскенде басқа қайғы-мұң,

Астында жүріп қайғының.

Еркіндік жігін сөккенде,

Арыстар шықты ағылып.

 

Бұзылып шыңдар құлады,

Тоналды жерлер құнарлы.

Оятпақ болып халықты,

Ұлтының шықты ұлдары.

 

Әлихан, Ахмет, Бейімбет...

Халқымен көрді тауқымет.

Арпалысып алысты,

Көрсе де қанша қасірет.

 

Жаһанша, Омар, Жұбандық,

Райымжан... Иса... Мекайыл...

Алаштық ерлер сарп етті,

Тағдырын отқа құрбан қып.

 

Халел де бастап съезді,

Жиынға түйткіл тиелді.

«Қырғыз бен қазақ тілі бір,

Құрылсын Алашорда» бір.

 

Әлихан бастап жобаны,

Жоспарды алға салады.

Ғылым мен талдау жол тауып,

Білімдік күшке бағады.

 

Партия нені мегзеді?

Отарлық езгіге төзбеді.

Дамыған алғы мемлекет,

Болуды «Алаш» көздеді.

 

Партия  бағыт ұстанды:

Халықтық мүддеге күш салды.

Әлеумет теңдігін ұстанып,

Қоғамға өзек ой салды.

 

Ұстанып бағыт тұнығын:

Қайтару болды тұғырын.

«Бар байлық, игілік халыққа,

Дегенге саяд тұжырым.

 

Ашылып ұлттық газеті,

«Айқап» та, кітаптар тездетті.

Зердесін қазақ ашуға,

Зиялы өкілдер тез жетті.

 

Әлихан келіссөз құрады,

Сталин,  одан сұрады:

«Ресейлік ойды қолдасаң,

Көнуге мүмкін тұрады?»

 

Ресей де «ұлтшыл» ошағы,

Сталин  ойдан қашады.

Белсене кіріп ісіне,

Бүйірден пышақ сұғады.

 

«Ұлтшыл» деп елді қорлады,

Қазағым  ұлтын қорғады.

Тағылған теріс айыптан,

Қаншама қазақ сорлады.

 

Өткеріп азап сан қилы,

Азаттық жолда жан қиды.

Еңіреп кеткен боздақтар,

Ұлтына бүгін белгілі.

 

Салса да заман сан бүлік,

Арайлап шықты таң күліп.

«Алаштық асыл арыстар»,

Аттары қалды мәңгілік!

 

 

 

 

 

Болмасын сенде сан күдік,

Санаңда тұрсын жаңғырып.

Газеті тұрар «Қазақтың»,

Көшбасы болып мәңгілік!

 

«Мәңгілік елдің» өзегі,

Күреске Алаш төзгені.

Намысың  болса кеудеңде,

Қастерле мәңгі, қастерле!

 

Көгілдір тудың астында,

Көркейіп келед еліміз.

Жандарын қиған Алашқа

Қарызбыз бүгін бәріміз!

                                    

 

 

Қазақ тілінде жазылған