Күн тұтылғанда
Әлігіде ғана төгіп-төгіп өткен қара бұлттардың біразы тау беткейлеріне барып қонып, енді біразы маңғаз күнге сөгіле жол ашып, әр жерде бір қалқайып, бытырап жүр. Кең далада туған жер ауасын кере жұтып, маужыраған осы табиғат құшағын ыстық ана құшағындай сезінген Нұралы әлсін-әлі жан-жаққа көз тастап келеді. Өзі етегіне аунап өскен көгілдір тау бұйраттары әлдеқайда елес боп қалған сонау бір балалық шақты еске түсіріп, туған ана құшағын сағынтады, әке лебізін аңсатады. Мұң-шері ішке қамалып, арманда кеткен ару ана мен мейірімді әке жүзінің еміс-еміс есте қалғаны болмаса, анық бағдарлай алмайды. Елесін қуып әлек болады, жетпейді. Көзден моншақтап аққан мөлдір тамшылар гимнастеркасына тырс-тырс тамып, ішіне толған сағыныш құсасын сейілткендей болады. Көңілі босап, көз жасын сығып отырғаны өмірінде тұңғыш рет.
Ата-ана көзін көрген тау мен тас, ой мен қыр – бәрі де көне ғасырлар куәсіндей: «Ия, есіл анаң мен әкең арманда кетті. Көргенбіз біз оларды, көргенбіз!» - деп, мұң шертіп күрсінгендей болады.
Әке-шешеден жас қалып, етек жиып ес кіргенге дейін Ыбырайым байдың қозы-лағын бағып, жетімшілік тақсіретін көп тартты.
Әкесі Досбол байдың жылқысын бағып, шешесі Анаркүл үй қызметінде күңдікте жүріп өмірін өткізген момын жандар еді. Ауыр жұмыста күн кешсе де бірін-бірі құрмет тұтып, ренжісу дегенді білмейтін.
Анаркүл заманында мінезіне көркі сай реңімен ел аузына іліккен келіншек болды. Жетпіске келіп жотасы жерге тигелі тұрған Ыбырайым бай сұлу келіншекке көз тігіп, Досболға у бергізіп өлтіртеді де, сол күні жас келіншекті зорлап өз ырқына көндірмек болады. Іргеден қашып шыққан Анаркүл ауыл шетіндегі көлге құлап, сол күні ол да жан тапсырады. Ол қара табан бала еді. Әке-шешесінің бұл қайғылы халін ержеткен соң естіді.
Бай қолында жетімшіліктің ауыр тақсыретін тартып, ақыры кәмпеске деген пәленің аласапыран кезінде бір саудагерге қолбала болып, Ташкентке кетеді. Онда Ешмат деген өзбек саудагерінде жалшылықта жүріп, сауатын ашты.
Елде ішкі-сыртқы жайлардан бейхабар болып, оқшау өмір кешсе, даладан гөрі суығы мен ыстығы мол қала тұрмысына араласа келе жас та болса ащысы мен тұщысын тез айырды. Суығына тоңды, ыстығына көнді. Жас кезінде әкесі Досболдың: «Бір суықтың бір ыстығы, бір ащының бір тұщысы бар, балам. «Туар әлі жаңа күн, өсер әлі жаңа төл...»- деп тақпақтап отырғанын талай есітіп еді. Өз әкесі болып үйір тартқаннан ба, жоқ шыны солай ма, дүниеде одан өткен сөзге шешен адам жоқ сияқты көрінетін өзіне. Әрбір сөзін көкейге қонымды етіп айтатын. Бірақ өзгелердей пәлен ақын бүйткен екен, түген ақын сүйткен екен деп тәптіштеп жатпай-ақ сөз арасында өзінің төл сөзіндей етіп, қиыстырып жіберетін. Мұнысы біртүрлі тыңдауға әсерлі болушы еді. Содан жадында қалып қойғандарын енді еске түсіріп көрсе, көбі Абай өлеңдерінен болып шығады. Сол өлең жолдарының мәнін есейгенде барып жете ұқты. Бірінде өткен ғасырлар күрсінісі паш етіліп, аһ ұрғызған әлдебір мұңды үн құлаққа талып естілсе, бірінде келер күннің сызаттанған нұрлы сәулесі елес беріп, бойыңды жадыратып сала береді.
Туған жер табалдырығын бір аттаса, арттағы жалын атып өрт шалған майдан шебі, ондағы достары ойына он оралып, мазасызданып келеді.
Қараңғы түнде сызаттанған үміт сәулесіндей кішкене Алмасын, сүйген жары Айнашын еске алғанда бойы қайта сергіп, жүрегі жылып қоя береді.
Жыл бойы туған елден хат-хабарсыз жүрген ол ойына әр жайлар түсіп қобалжып келеді. 1940 жылдың басында Совет Армиясы қатарында Владивосток жағында жүрді де, неміс басқыншыларының Отанымызға тағылық шабуылы басталған кезде Нұралы бөлімшелері Батыс майданға ауыстырылып, соғыстың алғашқы қиыншылықтарын бастан кешірулеріне тура келді.
Қыркүйек айының аяқ кезіндегі неміс фашистерінің Москваға шабуылы кезінде ауыр жарақаттанып, госпитальға жіберіледі. Хабар-ошарсыз кеткен оны жолдастары өлдіге жорып, Айнашқа көңіл айтып хат жазады. Осы мезетте Айнаш қолына қара қағаз да келіп тиеді. Жазылып шыққан соң өз бөлімшесіне қосылып, дос-жарандарымен қайта табысады. Жолдастары болған жайды айтып, кешірім сұрап, елге қуанышты хабар жібереді. Бірақ қанша тосқанымен елден жауап болмады. Айнашты басқа біреумен көңіл қостыға санап, Нұралы жүрегі содан бері жадау да жабырқаулы еді. Бір қолайсыз жайдың барын іші сезеді. Жамандыққа жорып жан қинағанмен де жақсылық нышанының
қалтарыста қалып қоюына да алданған пәк көңілі кейде бұлтты күндей мұнартқанмен, адасқан үміт нышаны алдынан жылт етіп бой көрсеткендей де болады. Күрсінісін бүгіп қап, үміт жалынын маздатуға құштарлық – Нұралының әрқашанғы әдеті. Сырттай қараған адам оның әлденеге алаң болып, іштей өрт жалынымен арпалысқан қалпын тани бермейді. Жүзінен қобалжу нышанын байқау қиын. Сергек те сенімді қалпын бір бұзбайды. Майдандас достары бұл жайды қиын-қыстау кездерде талай байқаған.
Жауырынды тұлғасына жараса біткен сопақша келген бетінің қаны сыртқа теуіп, жалпақ танауының астына ширатыла біткен қою мұрты қарлығаштың қанатындай төмен қарай сүйірленіп, етті еріндерінің үстінде айшыққа ұқсап тұрады. Ойлы үлкен көздерінің жанары қиядан қит еткенді байқағыш қыран көзіндей жалт-жұлт етеді. Жалпақ қастары тау бөктеріндегі қара жолдай иретіле келіп, кең маңдайының етегін қапталдай өскен. Соғыс суығынан шықса да, тоңған түрі байқалмайды. Көнетоз әскер көйлегінің сол жақ жеңін шынтағынан қайырып байлап қойған. Керчь түбегіндегі бір қатты шайқаста жау пулеметтерінен атылған оқтар бас көтертпей, танклері қаптап келе жатқан бетте бір жауынгердің : «Өлсек те берілмейік, жолдастар! Алға!.. Ура!» - деп ышқына айқай салғанын есіткенде денесі шымырлап, сөз құдіретінің жетегіне қалай ергенін өзі де байқамай, окоптан ырғып шығып, жау танклеріне гранаталарды қарша боратқан. Гүрс-гүрс жарылған дауыстар жер сілкіндіре дірілдетіп, жаудың екі танкісі жер сүзе шоңқайып қалады. Бір кезде сол қолының ұйып бара жатқанын сезеді. Жау автоматшыларының біреуі қарауылғы алып үлгерген екен, окопқа сылқ етіп құлап түседі. Сөйтіп госпитальға ауыр жарақатпен келген еді. Сол қолын шынтағынан кеседі дәрігерлер. Тәуір бола бастаған соң елге қайтуға рұқсат етіледі.
Айыпты жандай артына, майдан шебіне жалтақ-жалтақ қарап, туған жеріне кете барды. Міне, енді туған жер топырағын басып тұр.
Ауылға қарай қасқайып жатқан үлкен қара жолмен жалғыз келеді. Айнаштың алдынан тосып алмағанына қатты ренжулі. «Біреумен бас қосып кеткен болар. Әйтпесе алдымнан шығу керек еді» Бірде осы ой мазасын алып, ішін жегідей жеп барады. Ойланбауға тырысады. Бірақ алдынан ешкімнің шықпағаны жанына қатты батты. «Алдымнан шығар ешкім жоқ. Кімге... Не үшін барам? Кімге керекпін мен? Сүйіп қосылған жарың қарбаласта сүйеу болмай,
күйе болса ше... Отқа итерсе ше?.. Не дер ең... О, тағдыр, ауыр жүгіңді жасымда арқалап азаптанғаным аз ба еді, тағы арттың ба мен бейбаққа». Алыстан талып естілген поезд гудогіне құлақ салып біраз тұрды да: «Кетемін, кетемін қайта майданға!»-деді естірте. Даусы оқыс шықты. «Жо... жоқ. Ендігі орның – елде. Онда да керек жауынгер. Артта соғыс майданы болса, алда тыл майданы. Бас аяқты алға! Елге бар!» Бірде осы ой басына торғайша ұялап,аяғын еріксіз алға бастырады.
Күн еңкейіп барады. Ауылға дейін әлі бірер сағат жол бар. Ауылға жақындаған сайын станциядан талып естілетін поезд гудоктары алыстап барып жым болады. Оның орнын шырылдаған шегірткелердің кешкі дауыстары басып, мазасыз әндерін безілдете шырқап кетеді.
Ымырт та үйірілді. Нұралы бірде аяңға басып, бірде екпіндете жүріп, ауыл маңындағы биік дөңге шықты. Жылт-жылт еткен керосин шамдар сәулесі әр үйден –ақ байқалады. Сол сәуле арқылы әр үйдің кімдікі екенін болжалдап келеді. Енді бір сәт өз үйінің шам сәулесіне асығыс іздеу салады. Ауыл иттерінің бірі үріп, бірі ұлып, ауылды азан-қазан етті. «Жат,әй!» деген еркек – әйел дауыстары аралас шығып дабырласып, сөйлескендеріне дейін анық естіліп жатыр.
- Қайнаға-ау, әлгі жесірінің де Састөбеде пойызға туралып өліпті дегені рас па екен?
- Жағпар көзімен көріпті.
- И,..и, боздақтар-ай, не көрдік деп барады екен о дүниеге?
- Тағдыр солай жазса қайтесің, келін. Кәрі-жасына қарай ма- Нұралы бас-аяғы жоқ бұл сөздерді түсіне алмады. «Тағдыр талқысына ұшыраған көптің бірі шығар» -деді де қоя салды. Өз үйінің шам сәулесін іздеп, сөздерге назар да салмай, әлек болып келеді. Алыстан аңсап келгеніңде жылт етіп көрінген өз үйіңнің шамы да бойыңа қуат, көңіліңе қуаныш әкелетін кездері болады. «Түтін түтетіп отыр екенсіңдер, бар екенсіңдер әйтеуір»- деп, көңіл де бір марқайып қалады.
Егер көзіңе ештеңе шалынбай, үйің қараңғыға батып, тіршілік нышаны білінбей тұрса, жапандағы жалғыз молаға ұқсап, өз үйіңнің ызғар шашатыны тағы бар. Үйінің ту сыртынан түскен Нұралы соңғы жағдайға тап болды. Алды-арты қоқырсыған темір-терсек пен үйілген малақ. Сасық исі қолқаңды жарады. Бұрын мұнтаздай болып тұратын үйінің мына сиқынан жүрегі тіксініп қалды.
«Шынымен- ақ қаңырап бос қалғаны ма?! Не сұмдық бұл? Айнаш... Айнашым, бір жолата кеткенің бе менен. Алмашым қайда?!.»
Есікті ашпақ болып сипалап еді, үлкен қара құлыпты көрді. Кілт тұратын боғатты сипалап еді, әлдене ыс-ыс етіп бұлқынғандай болды. Былқ ете түсті де, қолын шым еткізді. Қолын тартып алды. Есікті теуіп жіберіп, құлпын суырды да, ішке кірді. Қалта фонарының әлсіз сәулесі үйді алакеуім қып, болмашы ғана жарық етеді. Үйде адам тұрмағанына көп айлар болған секілді. Әр жерін тышқан кеулеген, еден жақтаулары шұрқ тесік. Шырылдаған қара шегіртке дауыстары құлақты тұндырады. Бұрыш-бұрышты тұтамдап тастаған өрмекші ұялары бір-бірімен тұтасып, уф десең үстіндегі шаңдары су-су етіп үстіңе құлайды. Үй төбесі де шұрқ-тесік, сау жері жоқ.
Шатыр астында әлденелер ойнақ сап, дүрс-дүрс етеді. Бірде шиқ-шиқ етіп, бірде жөтелген адамша дыбыстап, енді бірде қарқылдап кеп күлгендей болады. Иесіз үйді жалғыз паналап, іште қайнаған қапалық дертін баса алмай, Нұралы үнсіз отырып қалды. Қайта-қайта қомағайлана сорғыштап отырған темекісі таусылған соң ғана орнынан тұрды. Пеш үстінде сарғайған қағазға көзі түсті. Алып көрмек болып еді, ісінген саусақтары икемге келмей, денесін дел-сал етіп, жүрегін әлдене қысып барады. Ақыры тілімен жалап, тісімен тістеп алды да, көз жасын іркіп, ұзақ тесіле қарады. Бес жасар қыз бала анасының мойнына құшырлана жабысып, бетіне бетін тақап күліп тұр. Ақ жібек шәліні мойнына орай салған үлкен қой көзді, дөңгелек жүз сұлу мүсінді келіншек қызға мейірлене қарап, ол да жымиып тұр. Келіншек– өз жары Айнаш та, қыз - өз қызы Алма. Екеуіне де алма-кезек сұқтана қарап, іскен қолын елең қылмай тістеніп ұзақ отырды да, тісімен қайта тістеп, қойнына салып алды. Ауыр күрсініп, ауызғы бөлмеге шықты. Тастай қараңғы. Әлдеқайда қыр басынан түсіп келе жатып: «Со... соп!» - деп өгіз айдаған арбакештер даусы талып естіледі.
Есіктен шыға беріп, табалдырыққа сүрініп құлап түсті. Тұра беріп, денесін ұстай алмай, тағы құлады.
Бұл кезде ысылдаған қара шұбар жылан білегінен ағытылып түсіп, бұрышқа қарай ирелеңдеп кетіп бара жатты.
*********************
Түн. Ауыл әлдеқашан тегіс ұйқыға батқан. Терең сай шатқалдарын паналап, екеу келеді. Бірі кең жауырынды, бұжыр беті күнге күйіп қарауытқан, делдиген кең танаулы, дудар шаш, адырақ көз, қапсағай денелі жігіт. Аты Тәуке. Екіншісі аласа бойлы, көзі шоқша жанған, күрек тістері астыңғы ернінің сыртына шығып, сүйек қызғанған төбет кейпін көз алдыңа елестететін, сұрақ белгісіндей имиген арық қара Түлен. Олар жан-жақтарына баспалап қарап, сыбырмен ғана сөйлеседі. Нұралы үйіне қарай беттеп келеді.
Бұжыр беттісі арық қараға:
- Нешеу? – деді қолындағы қара дорбаны салмақтап.
- Сегіз.
- Алдыңғы күнгі ше?
- Он үш.
- Кешегі?
- Он.
- Бүгін неге аз? – Бұжыр бет арық қараға гүж ете қалды.
- Табанымнан таусылып, қуып жүріп ұстағаным осы. Індеріне кіріп жататын кезі. Күннен - күнге азайып барады. – Арық қара ақтала сөйледі.
- Біздің ең сенімді сақшымыз бұлар. Бүгінде жыланмен дос болып, түлкімен жолдас болмасаң өмір сүруің қиын. Баяғы заман болса ел билер бектің бірі болар едік... Қайтеміз... Әзірге осылай өмір сүруге тура келеді. Әзірше қашқын атанғанымызбен біздің де күніміз туар. Қызылдар жеңіп кетсе бәрібір бізге күн жоқ. Немістер баяғы заманды қайта орнатады дейді ғой Жағпар. Ендігі үміт соларда. Бір-бір сұлуына ие болып, күйеу бала болып алсақ мұртымызды балта шаба ма?
- Айнаш ше?
- Қатын көптік етпес.
- Сонда да немістің қызы тоқал атанбаймын деп тулап жүрмесе дегенім ғой.
- Айнашты қайбір сүйіп алды дейсің. Кек алудың амалы да.
- Нұралы қайтыс болды деп қара қағаз келмеп пе еді?
- Тірі көрінеді. Жағпар келген хат-хабарларының бәрін білдірмей тығып қойып жүр екен. Маған берді.
- Ол кісінің пошташы болғаны тәуір болды-ау. Қатынды да болдың.
- Е, қолыңнан келсе қонышыңнан бас. Қолынан келіп тұрғанда несін аясын байқұс шал. Біз дегенде етінен ет кесіп беруге де даяр.
Оның өзі ұзақ хикая. Бұжыр бет төңіректі көзбен бір шолып алды да: «Байқа, біреу-міреулер сезіп қалмасын!»- деп, ұзақ әңгімеге кірісіп кетті.
...Өзің білесің, әкем Ыбырайым осы Көкбұлаққа аты шулы кісі болған. Болыс болып дүркіреп тұрған кезінде байыс руының Байтерек деген бір әлдісі болыстыққа таласып, біреуге әкемнің үстінен оязға арыз еткізеді. Оны Нұралының әкесі Досболдың Ерден деген інісіне жаздырыпты. Арыз мәні былай екен: Әкем патшаның 1916 жылғы «июнь жарлығы» кезінде бір саудагерден: «Не дейсің, ақ түйенің қарны жарылыпты. Патша қазақтан әскер алмайтын болыпты. Бұл хабар ішкі жаққа ғана тарап, әлі далаға жетпепті.»- деген қаусетті ести сала, елге мықтырақ болып көріну үшін: «Ыбырай Ыбырай болып тұрғанда алаш баласын діні бөлек кәпірдің қолжаулығы ете алмайды. Керек болса соғысына өздері бара берсін, бергізбеймін сендерді!» -деп, халыққа жар салады. Алда риза болған көпшілік: «Жарықтық осы ниетінен ғой елге бас болып отырғаны. Әйтпесе қай болыс патша жарлығына қарсы болып отыр»- десіп, әкеме алғыс айтып, сый-құрмет деп, әлі келгендері бір-бір ірі қара, келмегендері тоқты-торым беріп риза етеді. Әсіресе, кедейлер жағы барын аяған жоқ. Сорлылар майданға адам алса, алдымен өздерінің балаларының кететінін біледі ғой. Әлділері ептеп-септеп алып қалады. Байтерек жағы осы жайды Ерденге бір тайынша беріп, оязға арыз еттіреді. Екі күннен кейін қаладан ояз келіп, әкем қатты сасады. Ояз: « Ыбырай Кәкенович, Сіз ұлы мәртебелі патша ағзам жарлығына қарсы дейді. Елді өзіңіз бас болып бұзып жүр дейді. Бұл қалай?» -деп, қатты кетпей жайдары қалпын танытады. Жүзі жылыдан түңілме деген емес пе, әкем жатып жастық, тұрып төсек болып бәйек қағады. Оязға арнайы алты қанат үй тіккізіп, Сіздің құрмет үшін деп бәйге, көкпар, аударыспақ... қойшы әйтеуір, қазақтың ойын-сауығының бәрін көрсетіп, қатты риза етеді. Әскерге алынатындардың тез тізімін жасатқызып, қолына ұстатады. Ішкі Ресейден жаңа кеп, дала қазақтарының арасында алғаш болған ояз әкемнің сый-сияпатына риза болып, ертеңіне түс ауа қалаға жүріп кетеді.
Ояз алдында мерейі үстем болған әкем ертеректе бітімге келіп, ұмыт болған жесір дауын сылтау етіп, Байтерек жағын қатты қыспаққа алады. Дау соңы төбелеске айналып, әкем Байтеректі тізе бүктіреді. Бірнеше қойшы-қолаң, қатын-қалаштарын тартып алып, малдарын талан-таражға салады. Қашанда азулы болып келген біздің ел Қаратау етегін осылай ен жайлап, өмір сүре береді. Елден шыққан ала сауысқан деп Ерденді елден қуады.
Досбол інісі қуылған соң әкеммен дүрдеараз болып, байыс руының ішіне көшпек болады. Әйелі Анаркүл реңді еді. Әкемнің соған ойы кетіп, кететін болған соң сыйлы қонағым болыңдар деп екеуін үйге шақырып, Досболға у бергізіп өлтіртеді де, Анаркүлді тоқалдыққа алмақ болады. Сол күні түнде іргеден қашып шығып, көлге құлап ол да өледі. Артында менімен жасты баласы қалды. Ол – осы Нұралы. Әке-шешесі өлген соң біраз жыл біздің қолымызда тұрды. Соңғы жесір дауында Байтеректен барымталап әкелген Қатша күңнің Айнаш деген қызы болатын. Кейін өсе келе мың бұралып, осы төңіректегі қыз атаулының сұлуы болып құлпырды дерсің. Жас кезімізде Нұралы үшеуіміз бірге ойнайтынбыз. Нұралы өсе келе әке-шешесінің өлімін ел-жұрттан есітті ғой деймін, болмашыны сылтау етіп, менімен төбелесетінді шығарды. Өзі бір қайсар болып өсті. Әкем қанша тоқпақтап жатса да, сазарып міз бақпайтын. Байқаймын, Айнашты менен қызғанатын да секілді. Өш алу да ойында бар. Айнаш та бойын менен аулақ сала берді. Бір күні Нұралы елден қашып кетті.
Жеті-сегіз жылдан соң қайдан естігенін білмеймін, Айнашқа үйленгелі жатқанымда ойда жоқ жерден бір күні түнде сап ете түсіп, Айнашты алып қашып қайта кетті. Елге осы соғыс басталардың алдында ғана келген еді. Оның арасында әке-шешеден айырылып, мал-мүлікті мына кеңесің талан-таражға салып, мені Үркітке айдатып, содан қашып шығып, осылай жүріп жатқан жай бар. Мына немістерің сол заманды қайта орнатса, әке тұғырына қайта қонсақ деген бір ниет... Үмітсіз шайтан деген, көрерміз артын.
Қош, содан Айнаш сұлуды бір құша алмай арманда кетем бе деп жүруші ем, міне, енді ол сұлуың торға түскен торғайдай болып, менің пендем болып отыр. Ол былай болды: Жағпар байынан келген қара қағазды бергелі үйіне барса, кішкене қыз Алма: «Апам қырға отын теруге кетті» - деп, бет алған жағын нұсқап көрсетеді. Бір бел асып кеткен екен, Жағпар шоқытып жетіп барады да қағазды ұстата салады. Айнаш есінен танып құлайды. Менің емеурінімді білетін Жағпар ес-түссіз жатқан жерінен атқа өңгеріп алып, Тасүңгірге тартып отырады. Содан бері біздің пенде. Осы уақыт ішінде бір езу тартқанын көре алмадым. Көзіне жас та алмайды. Тас құдайдай көгеріп-сазарып тіл де қатпайды. Жұмсағанда қорыққанынан ғана барады. Ал қалған тіршілікті өзің жолдас болғалы бергі екі-үш айдың ішінде көріп жүрсің. Бірақ бұл өткен кектің пұшпағы ғана.
- Жоқтаушы ел болмап па?
- Болыпты. Жағпардың айдалаға артынан іздеп барғанын ешкім сезбесе керек. Жақаң: «Қара қағазды қолына бергенімде оқып болды да, қап-қара болып түтігіп, сілейіп тұрып қалған. Артыма бұрылып бір қарағанымда Састөбе жаққа қарай кетіп бара жатты. Түс ауа хат әкелуге станцияға барсам, теміржолда бір әйелдің өлігінің жанында жұрт үймелесіп тұр, басының мылжа-мылжасы шығып, аяқ-қолдары жиырылып, шиыршықтанып, денесі қап-қара қан болып жатыр екен. Киімінің де сау тамтығы жоқ. Поездың астына түсіпті. «Бізде бір келіншек осылай қарай кетіп еді. Сол емес пе екен»- деп, жұртты кимелеп, ентелеп барсам, Айнаш келіннің дәл өзі болып шықты»- деп, елге лақап таратады. Поезға туралып өлдіге санап, оны іздеген де ешкім болған жоқ. Әркімнің басымен қайғы кезі емес пе.
Анау бастық қатын Күлайша: «Оның поезға түсуі мүмкін емес, онда басқа бір сыр бар»,- деп, біраз тыртыңдаған екен, кейін біз өрт салған шөптерімен әуре болып, соңынан жым болыпты. Айнаштың кішкене қызы соның қолында көрінеді.
Үнсіз тыңдап келе жатқан имек қара Тәукенің іс-әрекетіне сүйсінген түр білдіріп, езу тартып, басын ризашылықпен шайқап қояды.
- Жә, жетер енді! –деп бұжыр бет алғашқы сөзіне қайта оралды, дорбаңдағымен барлығы қаншау?
- Жетпіс үш.
- Бәрекелді! Міне біздің қорғаушыларымыз. Мұнда не бар еді?
- Бес қап бидай, үш қап ұн, қақталған бес-алты қой еті. Жақай сиырының жарты еті де осында.
- Жағпарға қанша бердің?
- Жарты ет сонда.
Имек қара өзін бас ие етіп сөйлегеніне іштей риза болып, Тәукеге жаутаң-жаутаң қарап қойды.
Екеуі Нұралы үйінің жанына келіп, тың тыңдап, аз-кем үнсіз отырды да, дорбаның аузын ағытты. Үй ішінен әлдекімнің ыңыранған даусы талып естілді. Қынаптан қос қанжар бірдей суырылды. Дорбаны сүйретіп, үйдің арт жағына қарай еңбектеп кетті. Тәуке айқыш-ұйқыш темір торлы терезеге барып:
- Бисмиллә! -деп, үйдің ішіне қарап, дорбасын төңкеріп қалды. Дорба ішінде бұлқынып жатқан білектей қара шұбар жыландар ысылдап, үй ішіне өріп кетті.
- Күзетші саны 73 - деді имек қара масаттанып, ысылдаған жылан дауыстарын сүйсіне тыңдап.
- Әй, бұл қайсың? – арт жақтан бір дауыс саңқ ете түсті. Әлгі екеуі қою қараңғылыққа сүңгіп жоқ болды.
- Әй, тоқта! Кім де болсаң тоқта, тоқта деймін! Арбадан секіріп түскен Жақай қарт үйді айналып өтіп, есік жанына барды. Күнде тарс бекітулі тұратын Нұралы үйінің есігі аңырайып ашық тұр. Іштен ыңырсыған адам даусы естіледі, Жақай өгіз айдайтын ұзын қамшысын ықшамдап ұстап алды да, мысықша басып дауыс шыққан жерге жақындай түсті. Әлдекім дөңбекшіп, шыдай алмай ауыр дем алады. Жақындап келіп:
- Бұл кім? – деді дауыстап.
- Мен... Нұралы...- деген әлсіз дауыс шықты.
- Нұралы?! Қарағым-ау, тірі ме ең? Кәне, қайда жатсың? Қайдан душар болдың бұл халге? – Жақай осылай айтарын айтса да, әлденеге күдіктеніп біраз тұрып қалды. Әлсіз дауыс талып қайта естілді.
- Жақайсыз ба...Құтқарыңыз мені! Жылан...Жылан – Жақай өз есімін атағаннан соң барып үй ішінде жатқанның Нұралы екенін таныды.
*********************
Нұралы келіпті деген хабар ертеңіне ел ішіне лезде тарап кетті. Жастар жағы қуанысып жайраңдасса, қарттар жағы майданға кеткен ер азаматтарын еске алып, көз жастарын сығып, кемсеңдеп жатыр. Бәрінің де тілейтіні – ел тыныштығы, бейбіт өмір, майдандағылардың есен-саулығы.
Күлайша үйіне ағылған жұртта есеп жоқ. Төсекте жатқан Нұралыға сәлем беріп, қайта тысқа шығып жатыр. Қариелер есік алдында, бақша ішінде шай ішіп, алқа-қотан отыр. Кемпірлерге де өз алдарына дастарқан жаюлы. Осындай той жиында өлеңсіз, ойын-сауықсыз отыра алмайтын Шопаш кемпір:
- Әй, Мухидден, - деді шалдар жағында отырған еңкіштеу кісіге.
- Әу!
- Көксоққан-ау, суырдай болып жылмимай бері кел, анау Құрмаш пен Омарханға өлең айтамыз. –Жұрт ду күлді. Мухидден де есесін жібермей:
- Бұл төбеңнен атқыр, қартайса да шаужайдан ап, желіккенін қоймайды енді. Бармасам болмас енді - деп, қорбаң-қорбаң басып, Шопаштың жанына келіп отырды.
- Бәрекелде , айтыңдар!
- Айтсын!
- Е, бәсе ...
- Шопаш пен Мухидден бар жерде ән мен күй, ойын-күлкі, қашып құтыла алмайды - дескен дауыстар жамырай шықты.
Ана екеуі: Қос араба деген соң қос араба
Қырдан түсіп келеді бос араба.
Әскер барған қарақтар аман келіп,
Көтерелік көңілді осы арада.
Алалай,
Алып шыққын арбаны-ай,
Келе жатыр қарғам-ай – деп, шырқап кетті.
Жас келіндерге баскөз болып, ошақ басындағы бірең-сараң кемпірлер болмаса, бәрі сол жақта думандатып отыр. Әркім өз құрдастарымен әзілдесіп, сылқ-сылқ күліседі. Жас келіншектердің көбі қазан жақта: бірі ішек-қарын аршып, бірі бас-сирақ үйітіп, енді біреулері бауырсақ пісіріп жатыр. Шалдардан Жақай ғана екі жерден жағылған жерошақтағы қара қазандардың қақпағын алма кезек ашып, бүлк-бүлк қайнаған бидай ботқаны араластырып жүр.
Майдан хабарын өз аузынан естиміз деп келген жұрт Нұралының төсек тартып жатқанын әр саққа жүгіртеді. Бірі Айнаш күйігі десе, екіншісі
«Өз сырқаты бар екен» – десті.
Ұшынған деп Күнзила шешей басынан тұз айналдырып, отқа тастады.
Жағпарды шақыртып, үшкіртпек те болды. Бірақ оған Күлайша көнбеді. Дәрігер шақыруға кетті. Осы сәтті пайдаланып, Нұралының қойыңыз дегеніне көнбей Күнзила Жағпарды алдырды.
Үйге жорғалай басып Жағпар келді. Түксиген қалың қабағы астына шүңірейіп біткен жылан көздері жанашыр адамның сиқын танытып, жаутаң қағады. Нұралы алдында сүттен ақ, судан таза болғысы келеді.
- Балам, аман-сау келгеніңе құдай тағала алдында мың да бір шүкіршілік ет! Бас аман болса, қатын табылар. «Қатын өлді не, қамшының басы сынды не». Өткенге өкінбе! Өзіңнен келген қара қағазды алған күні келін сонау Састөбеге темір жолға барып, поездың астына түсіп, жан тапсырды. Күйік не істетпейді? Алланың ісі де. Үсті-басын қан жуып жатқан жерінен өз көзіммен көрдім. Бұл заманда кімді – кім тыңдаушы еді! Елге хабар беріп, адам шақыртқалы жүргенімде әлгі қызыл жағалыларың мен ақ кебін кигендерің алды да кетті. – Жағпар шай үстінде мұңдас жанның кескінін білдіріп, Нұралыға осылай деді.
Жылан уымен қоса Айнаш өлімі жүрегіне өшпес қара дақ салып, тұла бойын құсалық дерті меңдеп алған Нұралы денесі лапылдап жанып бара жатқандай, ерні қызарып кеткен. Оқта-текте Жағпарға жаутаң - жаутаң қарайды. Айнаш жүзін соңғы рет көрген мына құс тұмсық қара шал қимас адамындай, көзіне жылы ұшырап барады.
Дінге сенбесе де асты-үстіне түсіп, бәйек болып жүрген Күнзила шешейдің көңілі үшін Жағпардың үшкіруіне қарсылық білдірмеді.
От қара, шот қара
Ориғаның ория, шария, шап-шайдан
Ащы қарын, ақ әділ
Керегеде кері құрт.
Кел, жауабын бер, құрт,
Қатыр қарт, құртты құрт,
Бәлені суыт!
Тақ Сүлеймен Пайғамбардың демі бірлен, көш! Суфф!- деп, түсініксіз әлденелерді міңгірлеп, терісіне симай булығып, айбат шеккен жыландай ысқырынып қояды. Күнзила шешей Жағпарға керектілерін тауып беріп: «Уа, құдая, тоба, ем қыла көр!» - деп, үйге ерсілі-қарсылы кіріп - шығып жүр.
Молданың не айтқанымен ісі жоқ, Нұралы сол бір қалыпта кірпік қақпай үнсіз жатыр. Қиналған тән ашуын өз ернінен алатындай, тістелей береді.
- Алмаш келеді –деп, Күнзила қызды қуантпақ болып алдынан жүгіре шықты. Нұралы басын көтеріп, терезеден сыртқа үңілді. Үстінде қоңыр матадан өзіне қонымды етіп тігілген көйлек, мойнында қызыл галстук, басында қызыл ала орамал салған талдырмаш қыз есікке қарай ентелей түсті. Тән азабы мен жан азабын бір сәт ұмытып, Нұралы да есікке қарай тап берді. «Көке!» - деп шыр еткен нәзік қыз даусы тұла бойын елжіретіп әкелік ыстық мейірімін лықсыта төгіп-төгіп жіберді. Жалғыз қолымен Алмасын көтеріп алып, кең құшағына алып, еміреніп жатыр. Қыз да әке мойнына құшырлана жабысып жіберер емес. Ыстық көз жастары жерге тырс-тырс тамып, беттерін жуып, ұзақ аймаласты.
Қаумалаған жұрт та көздерін орамалмен сүртіп, үнсіз отыр. Ел дүрмегімен бір шетке ығысып қалған Жағпар мына көрініске қайран болып, көп үйректің ішіндегі қара қарғадай қылқиып, оқшау қалды. Көпті жақтырмаған сыңай байқатып, екі танауы делдиіп, бірлігі жоқ иектегі сояудай- сояудай қылдары әнтек шошайып, селтие қарайды. Басындағы ала тақиясын біресе киіп, біресе шешіп, жалтақтап біраз отырды да, есіктен сытылып шығып кетті.
Артынша-ақ үйге дәрігер Степан Павлович Зотов пен Күлайша кірді. Қазақ арасында «әулие» атанып кеткен алпысты алқымдаған осы бір мол денелі орыс шалын қадірлемейтін қазақ жоқ. Сөйлегенде қазақ тілінің майын тамызады. Жасының келіп қалғанына қарамай, түн ұйқысын төрт бөліп, ауруларға күндіз-түні сабылумен болады. Бір қызығы, колхоздың берген атынан бас тартып, үлкен қара сумканы қолтықтап, көбінесе жаяу жүреді. Атты алыс жолды ауылдарға барғанда ғана пайдаланады.
«Әулие» тұтынушылар, әсіресе, ауылдағы қариелер жағы. Жақай қарт оны жыр қылып айтады. Оған себеп мына бір уақиға еді:
«Мен, - дейді Жақай қарт,- жылан жылы қатты науқастындым. Денем от боп жанып, екі шекем лықылдап алып барады. Кемпірім жас малдың терісімен қағып, ем-домы қонбаған соң ноқтырға бар деді.
Алдында осы ауылға бір дәу орыстың сары шалы ноқтыр болып кепті деп естігенбіз. Далада өскен қазақ ноқтыр дегенді есіткеніміз осы. Ел білгіш екен, көріпкел екен десіп жататын. Соған желіккен кемпірім жүр-жүрдің астына алып қоймасы бар ма! Өмірімде ноқтыр-поқтырыңның алдын көрмеген жазған басым, ноқтыр десе азар да безер болушы ем, о несі екенін қайдам, бұл жолы барғым-ақ келген секілді болды. Кемпіріміз екеуіміз қол ұстасып алып, қалтақтап шықтық-ау көшеге. Мына сиқымызды көрген жұрттың бірі мүсіркеп, бірі күліп жатыр. «Күлсең кәріге күл деген» - дейді соңғылары. «Қайтсін бейшаралар, өзегін жарып шыққан бала болмаған соң көрген күндері осы да» - дейді енді біреулері. Хош, сонымен жеттік-ау әрең. Есік ашып кірсек, кебежедей бір сары орыс столға жалпайып алыпты. «Әй, сорың құрғыр, бала құсап шошаймай, ала киіздің бірін төсеп ап отырсаң ғой...»-деп бір қойдым ішімнен. Кемпірім де онымды байқаса керек: «Жазылып шықсам бір киіз берем» де – деп, сыбырлап қойды. «Оны сен ата, мен қостайын,» - дедім кемпіріме. Келістік. Бізге аңырып біраз қарап тұрды да, орысшалап бірдеңе деді. Неге келдің деп тұр ғой деп шамаладым да :
«Бәлит, бәлит»– дедім. Ол тағы бірдеңе деді. Түсінбедім. Аңғарғаным шо дей ме, ше дей ме, қойшы әйтеуір, сондай бірдеңе айтқандай болды.
Кейін білдім. «Шо бәлейт» дегені екен. Кемпірім: «Шешін» дегені ғой – деді. Қаудыр тонымды шешіп, алдындағы аппақ стөлінің үстіне қойдым.
Етігімді шешіп, шұлғауларымды сілкіп – сілкіп ап, стөл астына тастадым. Шаңы бұрқ етті. Ноқтырым бірдеңе деп сөйлеп жүр. Даусы қаттырақ шығады. Сонысына қарап, тез бол деп жатыр ғой деп, тері шалбарымды шешіп, оны тағы стөл үстіне лақтырдым. Жейде – дамбалымды шешіп жатыр ем, ноқтырым: «пуф, пуф» деп, ала таяғымен тері шалбарымды, тонымды әлгі стол үстінен лақтырып тастады. Шұлғауымды да есікке қарай ысырып тастады. Әлі бірдеңе деп сөйлеп жүр.
Кемпірім:
- Бірдеме дәметті ғой, байғұс-ау. Баяғыда Некелей заманында елге салық жинай келетін әлгі бір ұзын мұрт бірдеңе бермесе осылай жекіп, таяғын ала жүгіріп «абақ, абақ» демеуші ме еді. Айтсайшы әлгі киізді, жазылсаң, денсаулығыңның садағасы. Жаның тірі қалса бопты. Айтуға тілім жетпей тұр. Менен гөрі орысшаға тәуірсің ғой, - деп, киімдерді жинап жүр. Киізді есітсе бір жылы шырай қабақ танытар деп:
- Әй, ноқтыр, киіз дабайт. Менікі қатын дабайт – дедім. Баяғы Некелейдің орыстарына осы тілімізбен-ақ беретін нәрсемізді айтсақ болды: «Қазақ хорошо, қазақ хорошо» деп, арқамыздан қағып, бірден түсіне кетуші еді. Мынаның өзі бір кесепатқа құсайды, түсін бір жылытпайды. Кемпірім:
- Азсынып тұрған шығар, сырлы кебежені де қоса айт! – деді.
Мен:
- Менікі хорошо қатын кебеже дайт! - дедім. Ол ыржиып күлді. «Бәсе, әлгіні азсынып тұр екен ғой...» - дедім ішімнен. «Киіз дайт!», - дедім тағы да.
Езу тартып қолымнан ұстады да, жаныма отыр дегендей ым қақты. Мен кемпіріме қарадым. Ол құптағандай басын изеді. Ноқтырым ұзын кендір жібі бар бірдеңені екі құлағына тығып ап, бір ұшын денеме тигізіп, ары тыңдап, бері тыңдап, бір қағазды жаза бастады. Оқта – текте «пуф», «пуф» деп қояды.
Кемпірім: -
- Я, құдая, тоба! Ем қыла гөр өзің – деп бата да жасады.
- Япырай, орыс та дем салады екен-ау! –деп қайран боп мен отырмын.
Шынында да бойым серги бастаған секілді. Әлгі қағазын жазып болды да, бірдеңе-бірдеңе деп қолыма ұстатты. Мен:
- Құдай қабыл қылсын- деп, бетімді сипадым, сосын:
- Бешер, бешер, кебеже, киіз сенікі будайт, - дедім. Оным «Кешке кебеже мен киізді әкеп беремін», - дегенім еді. Ноқтыр күлді. Мен де күлдім. Әйтеуір бір-бірімізді түсінгендей болдық. Кетерімде тағы бірдеңелерді айтып, арқамнан қақты. Мен:
- Хорошо, хорошо – дедім. Ол:
- Божалайста – деді. Бір-бірімізді түсінгендей болдық. Сонымен кемпіріміз екеуміз сыртқа шықтық.
- Қалайсың, – деді кемпірім, - демі тәуір ме екен?
- Денем сергіген секілді.
- Жазып берген ішірткісін жоғалтып қойма, тұмар ғып тағып берем.
Үйге келген соң әлгі қағазды үшбұрыштап, сыртын ақ матамен әдіптеп тікті де, кемпірім мойныма тұмар ғып тағып берді. Құдайдың құдыреті, сол күні әжептәуір тамақ іштім. Еңсем де көтерілгендей болды. Көңілімді сұрай келгендерге:
- Өзі бір үлкен молда екен. Дем салып, ішірткі жазып берді. Содан бері тәуірмін деймін.
Ел ішіне: «Келген ноқтыр үлкен тәуіп екен, әулие екен» - деген лақап тарады да кетті. Сол күні бесіндіге таман көк есегіме ала киіз бен сырлы кебежені артып алып, ноқтырға келдім. Бұрынғыдай емес, есік алды абыр-сабыр, келіп-кетіп жатқан адамда есеп жоқ. Жұртқа білдірмейін деп ноқтыр отырған терезенің жанына кеп, бір-екі рет жөткерініп қойдым. Ноқтырым бұрылып қарады да, басын изеді. Мен көзімді қыстым. Ол жымиып қойды. Сыртқа әдеміше киінген бір қыз шықты да:
- Кіріңіз – деді. Кірдім.
- Здрасти, здрасти! – деп жалбақтап жатырмын. Ноқтыр әлгі қызға бірдеңелерді айтып жатыр. Қыз тыңдап болды да:
- Әкелдіңіз бе? - деді.
- Әкелдім.
- Қайда? Мен есегімді нұсқадым.
- Алып келіңіз!
- Қайдам, шырағым, мына жұрттан сәл нетіп...
- Сіздің науқасты ауырлау дейді мына кісі. Жұртқа қарамай- ақ кезексіз кірсін деп әдейі мені жіберді сізге. Қысылмай-ақ келе берсін – деді.
«Бәсе, орыстар алатын парасын жасырмай-ақ алады. Баяғыда Мешке де сөйтетін» -деймін ішімнен. Өз денемді зорға алып жүретін басым, қаздаң қағып кебеженің ішіне ала киізді тықтым да, сығылысып тұрған жұртты итере-митере, ноқтырымның жанына жетіп бардым. Ноқтырымның көзі шарасынан шығып, маған бажырая бір қарады да, қызға бірдеңе деді.
- Мұныңыз не? –Қыз аң-таң болып тұр.
- Е, киіз бен кебеже ғой...
- Оларды неге әкелдіңіз? – Қызға бар жайды айттым. Әлгі сайтан ауыз жия алмай күліп, ноқтырға бірдеңелерді айтып еді, анау да жын қаққандай шиық-шиық күліп, өлді де қалды. Аң-таң болып мен тұрмын. Япырай, мұндай да күлкі болады екен-ау. Аққан терлері сорғалап, одан да кетті, бұдан да кетті. Парлаған көз жастарын қоя бер әсте. Оқта-текте ноқтырымның: «О, бөжем, о, бөжем»,- деген даусы бір естіліп қалады да, қайтадан селкілдеп ап жоғалып береді. Әлгі қыз әлден соң күлкісін жиды да:
- Ата!- деді.
- Ау,- дедім.
- Мынауыңызды ешкім есітпесін...
- Е, болса да ешкімге айтпаймын ғой, қарағым.
- Жазып берген қағаз қайда?
- Тұмар ғып тағып алғам. - Қыз ноқтырға тағы бірдеңелерді айтты. Ол ол ма, күлкінің көкесі енді басталды. «Бөже... Бөже...» деп екеуі ауыз жия алмай серейді де қалды. «Жын қаққан шығар мына екеуін» - деп, ішімнен қайран болып мен тұрмын. Әлден соң қыз тағы да:
- Ата! – деді.
- Әу- дедім.
- Жақынырақ келіп отырыңыз, - деді.
- Отырайын – дедім.
- Сіз мына кісіні түсінбепсіз.
- Неге, балам, келісіміміз солай туған. Сенбесең, кемпірімнен сұра!
- Бұл кісі былай дейді: Сіз кемпіріңіз екеуіңіз келіпсіз. Бұл кісі сізге: «Қай жеріңіз ауырады?- депті. Сіз «Бәлит, бәлит» депсіз де, киіміңіздің шаңын бұрқыратып шешіне бастапсыз.
- Кемпірім шешін деп жатыр деген соң шешінгенім рас.
- Сырт киіміңізді тысқа шешіңіз десе, сіз тыңдамай, шаңын бұрқ еткізіп, тоныңызды дәрі-дәрмек қойылған стол үстіне тастапсыз. Сосын бұл кісі сізге ашуланыпты.
- Иә, қабағын шытып бірдеңе дегені рас. Кемпірім: «Бірдеңе дәметіп тұр ғой» - деді. Баяғы Некелей заманындағы жылтырауық шекпенді орыстар бірдеме дәметсе, қабағын шытып «шорт, шорт» - дейтін. Бірдемені атай қойсақ, «Қорошо, қорошо» - дейтін. Сол есіме түсіп: «Киіз дабайт, кебеже дабайт, менікі қатын дабайт!» - дедім. Оным: «Киіз, кебеже берем, оны кемпірім береді» – дегенім еді. Сосын ол күлді. Біз оны қабыл алғаны деп ұқтық.
- Ол кісі іс-әрекетіңізге күліпті. Ашуланып ештеңе шығара алмаған соң қайтсін енді күлмей. Дәріге қағаз жазып беріп, оны аудан орталығынан алып келіңіз депті.
- Иә, деген. Кім біледі, кемпірім: «Жазып бергені ішірткі, жоғалтып алма. Тұмар ғып тағып берем» деген соң... Айтпақшы, «пуф, пуф» деп, дем де салып берген.
- Үйдің ішін шаң қылып жіберсеңіз, қайтеді енді өйтпей. Жаңа терезеден сізді көріп, науқасыңыз ауырлау болған соң әдейі бірінші шақыртты.
- Әлде, сорлы басым-ай! «Мен не деймін, домбырам не дейді» деген екен баяғыда домбыраға даусы қосылмаған бір бейбақ. Әй, сорлы кемпірім-ай, қартайғанда ел-жұртқа тағы да күлкі болдық-ау- деп, көк есекке киіз бен кебежені артып алып, үйге қарай аяңдап кете бардым. Сонан ноқтырым инесін біраз күн сұққылап еді, ауруымнан құлан таза жазылдым да кеттім. Сол орыспен енді табақтас та болып алдық. Барымызды бөліп ішеміз.
- Өзі де менімен құрдас та болып шықты. Әруақ атқыр, кездескен жерде осы күні соны қоймай мені шаужайдан ап, жұртты қыран күлкіге батырып-ақ жатқаны. Қазір қазақшаға судай боп алды. Екі сөзінің бірі мақал-мәтел болатынын қайтерсің ант ұрғанның. Бұдан басқа да күлкілі жайларды көп айтады Жақай. Осының бәрі ескі қазақ тұрмысының жаңа мәдениет саңылауынан сығалай бастаған балалық дәуірінің бір кейпін аңғартқандай.
Степан Павлович Нұралының о жер бұ жерін ұстап көріп, басын шайқап біраз отырды да:
- Не деген дәтің берік еді, шырағым! Бір емес, екі рет шағыпты - деді.
- Бұдан да улы жыландармен шайқасқа түскем, доктор. Бір қолды да жұтқызғам. Сонда да тірімін. Қайтер дейсіз. Жау айлалы жылан, жылан байлаулы жылан. Соңғысынан сақтану өз қолыңда, табиғи ісін істейді, тістейді. Байлауыңнан шықпайды. Іліп тастасаң жөніне кетеді. Зәрі бір адамдық. Артында қаһары жоқ. Алдыңғың - ол бір сілімтік. Итерсең, қолыңа жабысады, тепсең, аяғыңа жабысады. Бірін мыжысаң, екіншісі жармасады. Уын ғаламға шашады. Қайсымыз бар тақсіретін тартпаған. Оған да қарсы ем бар. Ол - бірлік. «Бірлік бар жерде тірлік бар» - дейді қазақ. Біріксек жеңілмейтін жау жоқ, зәрі қайтпас у жоқ. «Қуанышсыз қайғы, қайғысыз қуаныш жоқ» - дейді орыс мақалы. Ер жігітке сөз бе бұл. Ауруға қайғың қосылып жүдепсің, балам. - Степан Павлович Нұралының ісіп кеткен қолынан үймелеген сары суды шприцпен тартып алып, сөйлеп жүр, - енді тәуір боп кетерсің. Ісігі қайтайын деді, - деп, біраз дәрі - дәрмектер берді де, қайтуға рұқсат сұрады.
- Жоқ, Степан Павлович, Нұралы құрметіне арналған аз ғана той-томалағымыз бар, - деп, Күлайша жата жабысты. Қолында ботқа араластырып жүрген қалағы бар үйге кіріп келген Жақай мына сөзді құлағы шалып қап:
- Әй, Стыпан, жүр бері, - деп, ай-шайға қарамай, қариелер отырған жаққа сүйрей жөнелді.
- Ох, кәрі қарға! - деп, Степан Павлович Жақайға қарап ыржиды да, артынан аяңдай берді.
Жақай қайта айналып келіп Күлайшаға түндегі өзі көрген бейтаныс жандар туралы айтты.
- Ондайлардың бары рас, - деп Күлайша қостады, - әнеукүні екі скіртке өрт қойып кетті. Қоймадан комбайнның су жаңа брезентін ұрлады.
- Күн көріп отырған сиырымызды да алып кетті. Бұл – іштен шалған жау әдісі. Сақтықта қорлық жоқ, келін. Қырмандағы бидайыңа күзетті күшейткейсің. Жаман айтпай жақсы жоқ. Бір күні ойран-асыр салып кете ме деп қорқамын. Таза масқара сонда боламыз. Майданның астық сұрап жатқаны мынау. - Жақай ботқа қалағын жоғары қарай құжырланып сілтеп-сілтеп қойды. Ұшып түсіп киіміне жабысқан ботқа жентектерін әлсін әлі аузына қағып салады.
- Иә, - деп Күлайша ауыр күрсінді. Мөлдір бота көзін мұң басқандай бір нүктеге қадалып тұр. Ауыл-аймақ бас ие етіп, шоқтығын биік санағанмен кейде әйелдік нәзіктігін байқатып алады. Жауға деген ыза-кегі қабақ шыттырса, әйелге тән табиғи нәзіктік оны мұң етіп көрсетеді. Осы қалпын тілге тиек етіп: «Е , қайтсін бейшараны мұң баспай. Құшып жатқан байы, еркелеткен баласы жоқ. Ел басқару оңай ма қатынға» - деген сыпсыңдаушылар да табылды. Күйеуі Айдардың соқыр ішек болып қайтыс болғанына, міне, жылға жақындады.
«Шырағым, кетер балам кетті. Бағыңды байламайын. Құдай бет алдыңнан жарылқасын. Асарымды асап, жасарымды жасадым. Бір күнімді көремін. Балам көріп аймалаған ақ жүзіңді бір көрсетіп жылына «апа» деп кеп иіскетсең, қала берем аңырап саулы інгендей қаңыраған қара үйде. Құдай қылды, қайтейін...» – деп еңгіреген енесін - Күнзиланы жалғыз тастап кете алмай, туған шешесіндей бағып-қағып, қас қабағына қарап отыра берді. Айдар деп ашқан ыстық құшағы тарс жабылып бекігендей ашылмай. Кейде тағдыр талқысы жан – жағынан қаумалап әлдебір тұңғиыққа итерердей ентелеп кеп тұрғандай да болады. Бірақ бәрін де келер күннің қуанышына жеңдіріп, Күлайша еңсесін биік ұстайды. Үміт сәулесі жүрегін жарық етеді. Сенім үміті алға жетелейді. Денесін ширатады.
- Келін, - деді Жақай әлдебір сыр түйінін ағытып, - осы Жағпардың үйіне әнеу күні түн ішінде біреулердің келіп жүргенін байқап ем.
- Сол шал маған да күдікті көрінеді, не амал жасаймыз ?
- Үйіне күзет қойсақ...
- Айғақты дәлел табыла қояр ма екен ?
- Босқа жем болғаннан көрі қарману да біздікі.
- Қолайлы кісі табылса...
- Табылады. Керек болса құрдастықты пайдаланып күндіз де ториды үйін.
- Сонда кім дейсіз ?
- Мен. - Сырттан шақыртушы кеп, Жақайды ертіп кетті.
*********************
Қырман басынан түскі тамаққа келген колхоздың кәрі-жасы Күлайша үйіне қарай ағылып жатыр. Жақай бастаған үш-төрт кісі үшеу ара бір табақтан бидай ботқа таратып жүр.
Сонау шеттегі қариелер Орынбай ақынды қорашалап алыпты. Жанында осы өңірге аты әйгілі Күдері, Әлтай, Келімбет ақындар бар. Ақындар батырлар жайлы дастандардың бірінен соң бірін кезек-кезек айтысып, ел көңілі бір марқайып қалды. Бұл жылдары, әсіресе осы батырлық жайындағы дастандардың етек алған кезі болатын. Күдері «Шылым батырды», Әлтей «Алпамысты», Келімбет «Теке батырды» жырлады. Бәріне де ағалық жасап, жөн - жосық көрсетіп, қай ақынның не айтарын саралап беріп отырған кішкене ғана қатқан қара шал – Орымбай. Даусы саңқ-саңқ етіп, тас жарғандай қатты шығады. Жұртты еріксіз өзіне қаратады. Жыр айтқандағы даусы онан да зор. Бейтаныс жанның осы бір кішкене қара шалдан осыншама зор дауыс шығады деп ойлауы неғайбыл.
Кезек Келімбетке келді. Алпысты алқамдаса да, кең маңдайында бір сызат жоқ. Әжімсіз бет-ажары мол денеге көрік беріп, онсыз да сұлу мүсінді ерекше сымбаттандырып тұр. Ақындарға тән әдетпен теремелеп біраз отырды да, «Теке батырды» кейін келгендердің тілегі бойынша қайта жырлап берді.
Жыр тыңдауға соңғы кездері Степан Павлович те үйір болып алды. Өзгелердей ақындарға мынаны айт деп қолқа да салатынды шығарды. Ол «Теке батырды» ерекше ұйып тыңдады.
- Неткен тамаша жыр! Орыстың Илья Муромецін де, Добрыня Никитичін де, Алеша Поповичін де, Василий Буслаевын да, Святогоры мен Микулейін де, қазақтың «Алпамысын», «Қамбарын», «Қобыландысын» тыңдап жүрмін. Бірақ мына жырдың да, батырдың да заты бөлек. Қарапайым. Өте қарапайым батыр. Халықпен біте қайнасқан батыр. Шынын айтсам, мұндай қарапайым батыр туралы жырды есітуім тұңғыш рет. Қабарлау керек Алматыға. Бүкіл қазақ халқына таратсын. Тыңдасын олар да. Сирек кездесетін дүние – Степан Павлович «Теке батырды» тыңдап болып, балаша қуанды.
Бейбіт күндегі аударыспақ, сайыс, көкпар, қыз қуу, бәйге жарыстары болмаса да, соғыс басталғалы бергі Көкбұлақтықтардың алғашқы қуаныш тойы осы еді.
*********************
Колхоз кеңсесінің алды у-шу, азан-қазан. Сапырылысқан жұрт сеңдей соғылысады. Көбі аяқ-қолдарын түрініп алған. Кейбірінің үсті-басы малмаңдай су. Жүздері қатулы. Әлдекімдерді қарғап-сілейді.
- Халықтың көз жасы ұрсын!
- Көп көзіне топырақ шаша алмас мұндарлар...
- Қарғыс жаусын! Қарғыс!...
Күлайша, жанында бір-екі кісі бар, осылай қарай аяңдап келеді. Жүзі құп-қу, қан - сөлсіз. Онсыз да аурудан жүдеп тұрған Нұралы реңі ашу-ызаға булығып, шаңытып тұр. Колхоздың партия ұйымының секретары болып сайланғанына екі-үш күн болмай жатып, қолайсыз жағдайға тап болды.
Бұлар көпке таянғанда абыр – сабыр саябырси бастады.
- Жолдастар , - деді Күлайша ұзақ күрсініп алып, - бүгін майданға
арттырғалы жатқан қыруар астықтың бір түйіріне де ие бола алмай , суға ағызып отырмыз. Нысаналы жауың болса қарауылға алар ең. Жең ішіндегі жауың қиын екен. Биті бар деп, тонын отқа кім тастаған, жаусың деп, қайсыңның етегіңе жармасамыз. Шеттен келген жау жоқ, егессіз туған дау жоқ. Бейғам болсаң жауың касыңда да, аңқау болсаң уың асыңда. Бүгін де жауың жағадан алғанда,
бөрің етектен алып отыр. Бұл-іштен шалған жау әдісі. Бірақ айла алтау болғанмен, ақыл жетеу. Әзірше ізін жасырғанмен ертең – ақ суаяқтардың суық жүрісі тұзақталатын болады. – Көз қиығымен жиналған топты шолып өтті. Жүздерінен ыза, кеуделерінен кек байқалады. Үнсіз тұрған Нуралы:
- Бұл іштен шалған жау әдісі, - деді Күлайша сөзін қайталап, - алыстап кеткен жоқ , осы маңда жүр, мүмкін араларыңда– ақ жүрген шығар...
- Нұралы балам, - деп Жақай сұқ қолын шошайтып суырылып көп алдына шықты да, - сөзіңді бөлгеніме ренжіме, Жағпарға қоятын бір –ақ сұрағым бар, - деді.
- Сұраңыз.
- Әй, Жағпар,- деді өзбекше ала шапан киіп, басына дағарадай сәлде ораған қоңқақ имек тұмсықты ұзын қараға. Анау көзінің астымен сүзе қарап:
- Ләппай! - деді.
- Түнде үйіңе келгендер кім?
- Кәрі қойдың жасындай жасым қалғанда қайта түртпектейін дедіңдер ме? Жетпеді ме төңкеріс кезіндегі жалаларың, өңшең дінсіз мұндарлар. Абақтыға айдаттың. Үй-мүлкімді тонадың. Қай әкелеріңнің құны қалып еді менде. Өз нәсібімді теріп жеп, өз жайыма жүрген жан емеспін бе?
- Жоқ , улы жыландай әлі уыңызды жайып жүрсіз, - деді Күлайша.
- Кімге?
- Жастарға.
- Кұрғақ қасық ауыз жыртар болар, ақ сөйле!
- Аллаһуды улағанаңызды ұмыттыңыз ба?
- Ата жолын қуған оқ жонар , у ішсең руыңмен деген. Уласам өз баламды улаппын, жұмыстарың қанша?– Жағпар жазықсыз жәбірленген адамның сыңайын байқатып, бұлданып ашуланған болды. Жақай жақын келді де:
- Танисың ба? – деді сыңар кебісті ұсынып. Жағпар ләм-мим демей, сұрланып сұлық тұрып қалды. Әлден соң еш нәрсені елең қылмаған кісіге ұқсап, жайлап сөз бастаған болды.
- Түнде қонған тау аржағы адамдарының бірі базардан таппадық, сатыңыз деп жата жабысқан соң бергенім рас. Аты-жөндерін де сұрамаппын. Қара басып құдайы қонақпыз деген соң қондырған ем. Салқында жүрелік деп елең-алаңда аттанып кетті. – Айтарын айтса да, даусы дірілдеп, көздері жыпылықтап, тұтығып әрең сөйледі.
Жақайдың Жағпарға шүйлігуінің себебі бар еді. Кеше Жағпар Ташкент барып келіпті деген соң Жақай көк есегіне мініп ап, үйіне келеді. Ел аузындағы нанын майдандағыларға деп жарып беріп отырғанда шай-қанты, түрлі дәмді тағамдары дастарқанынан үзілмейтін осы Жағпардың үйі ғана. Түрлі-түсті мата, ыдыс-аяқ, кебіс-мәсі – бәрін де сыздықтата шығарып, сат дегендерге қиналған түр білдіріп: «Мына бір матаны әйеліме алып ем, ұнамады, лаж жоқ , сатқалы отырмын» - дейді. Су жаңа кебіс, мәсілер де осылай сатылады. Күніне тоқсан алушы келсе, бұл тоқсан рет қайталанады.
Жақай жыртық кебісін сылтауратып, әдейі келген-ді. Реті келсе бір кебісін сатып алу да ойында бар.
- Мә, ит жейдені бірге тоздырған ит ең. Басқа болса қымбат сұрар ем. Сен үш жарым-ақ пұт бидай бере ғой. – Жағпар Жақайды құрдас тұтып, өзім деп өзеурей сөйлеген.
- Аузыңда Аллаң, қолыңда Құраның, құдайдан қорық, екі пұт берейін, - деді Жақай.
- Суға ағызар дүнием жоқ, алам десең нарқы сол –Жағпар сөзін шорт үзді. Кісіге жалынуды жек көретін Жақай қайтып үн қатпады. Кебісті қолына алып қарап еді, бір сыңарының алқымы тілініп, қайта тігіліпті.
- Ау, моллаеке, мынасы несі?
- Ә, Аллаһу батшағардың істегені ғой. Бұл заманда бізге жұрттың құртақайына дейін билік, заң айтқыш. Бұрнағы күні әлгі Нұралының үрпек бас қызы звенобоймын дей ме, немене, Аллаһуға келіп: «Масақ теруге барамыз» - деп дікектеп тұрып алыпты. Бес тиыны кем дүние. Балам жалаңаяқ еді, сандықтан бір пар кебісті суырып алып, кимек болыпты. Осы бірінің алқымын тіліпті де, аяғына киіпті. Екіншісінің алқымын тілгелі жатқан жерінен алдым да, шапалақпен тартып –тартып жібердім. Бір сыңары аман қалды. Ештеңе етпес. Аз жері ғана тігілген. Тігіп қойғам, білінбейді.
- Әй, Жағпар, - деді Жақай, - дүние қоңыз кімге опа қылған. Осы тістелеп, тірнектеп жиған тірлігің кім үшін? Аллаһу әлі жас. Шыбық секілді, қалай исең,
солай өседі. Мына сені мен менің төрімізден көріміз жақын. Өзіңмен бірге о дүниеге ала кетпейсің. Тірнекті дүниең осы балада қалады. Неге кемтар етесің жалғызыңды?
- Әзірге өз ақылым өзіме жетерлік. Асып бара жатсаң, алдымен өзіңді жарылқа, Жақай. – Жағпар алдында жаюлы жатқан құран кітаптарын жинастырды да, тысқа шығып кетті. Ызаға булыққан Жақай көк есегін қамшылап, үйіне шоқырақтатып кете барды.
Ертеңіне шолпан туа қырда жайылып жүрген есегін ұстауға кетіп бара жатып су шайып кеткен қырманды көрді. Қарауыл отыратын кішкене күркенің ішіне кіріп, «Ой, бауырымдап» айқайлап жіберді. Бет-аузын қап-қара қан жапқан әлдекімнің денесін құшақтап, өксіп-өксіп жылады. Бұл жатқан өзімен аталас Ордалы деген кісі еді. Айнала төңіректің бәрі де шашылған қан ізі.
Батпаққа батып, шеті ғана жылтырап көрініп жатқан бір затты көзі шалып қалды. Суырып алды. Кебіс екен. Кешегі Жағпар ұсынған кебістің сыңары. Оны алқымындағы тігісінен байқады. Жақайдың екі көзі тұманданып, іште лықсыған ыза мен кекті баса алмай, қимылсыз тістеніп тұрып қалған. Түнде Жағпар үйінен күбір-күбір шыққан дауыстарды естіген. Терезе шетінен түскен шам сәулесі бір рет жылт етіп, көзге түрткісіз қараңғылықты жарып өтіп, қайта жоқ болған. Қырмандағы жан түршігерлік оқиға осының ертеңіне болды.
Жақай сыңар кебісті жуып, қойынға салды да, аттандап ауылға шапты. Ауыл-аймақ қабарланып жиналғанша, күн шашырап шығып та қалған еді.
Міне, жиналған топ алдында Жақайдың шүйлігуінің себебі осы-тын.
Езу тартып, Жағпар аз-кем жымиған болды. Аузынан дәметкен қоңқақ мұрынды тынымсыз тартқылайды. Терең құдық ішіндегі судай жылт-жылт еткен шегір көздерінен ішке бүккен құпия сыр ұшқыны мұндалап-ақ тұр. Әлдеқайдан жоқтау айтқан үн бірте-бірте жақындай түсті. Бұл – Ордалының шешесі Жаңыл еді. Жоқтау айтып, жұрттың сай-сүйегін сырқырата келді. Кемпірлер жағы дауыс қосып, шалдар жағы үнсіз көз жастарын сығып жатыр.
Жақай Жаңылға кеп, көңіл айтты.
- Жетпесті қума, келмеске жылама! Тый жасыңды, Жаңыл! Ендігі сүйеуіміз – мына тұрған халық. Құдай артында қалған күшіктеріңе өмір берсін. Қу тақыр жерде қалған жоқсың, немерелерің бар. Өмірден мен де баласыз келем. Балам
жоқ деп аңыраған күндерім де болды. Жоқ, оным жасықтық екен. Майданға аттанарда осы ауылдағы жастардың бәрі «ата» деп кеп, құшақтап, қаужыраған денемді ыстық лептермен жылытып кетеді. Өмірде жалғыз емес екенімді сонда ғана сезіндім. Бәрі де менің балам екен. Сонау тау бөктерінде шөп шауып жатқанымда іздеп барып: «Атажаным, қоштасқалы келдім, оң батаңды бер, баласызбын деп жасымаңыз, міне, балаларыңыз алдыңызда тұр. Аманшылық болса, соғысты жеңіспен аяқтап оралармыз. Көріскенше сау болыңыз!»- деп жатқаны. Осы ауылдан кеткен балалардың алдыма кеп оң батамды алмағаны жоқ. Қазір де хал-жағдайымды сұрап, жиі хат жазып тұрады. Міне, менің балаларым, көгершіндерім, көз қарашықтарым. Баласызбын деп аһ ұрғаным әнтек екен. Кәрі жүрегімді тас боп қатқан шемен бе десем, әлі де жемісі мол мәуе екен. Денемді суық шалған аяз ба десем, жалын бүркіп, от шашқан қызуы мол болат екен. Жаңа сездім, жұртым.
- Ой, ақылыңнан айналайын, жарықтық!
- Әулие ғой бұл кісі, әулие.
- Құп-ақ сөз.
- Әй, құ соғыс-ай!
Нұралы мен Күлайша да Жаңылға кеп көңіл айтты.
*********************
Кеңседе үшеу отыр. Күлайша, Нұралы және аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ешкібаев Балқы.
Балқының борсыған маңдай шекесі терезеден түскен күн сәулесімен шағылысып, сорғалап аққан терін сүртіп тауыса алмай әуре болып отыр.
Жуан қарнын орауға қарымы жетпеген ақ кителінің кіндік тұсындағы түймесі қарынын екіге бөліп, арашасы болғандай жалғыз тұр. Салыңқы қабағы қысық көзін онан да кішірейтіп, делдиген жалпақ танауын ернімен қоса жоғары түріп қойыпты. Жүзінде әлденеге ырза болмағандық кейіп бар. Бүйрекше бұлтиған екі беті құлаққа қарай ығысып, мұрнымен екі арада жарқабақтанған үлкен екі сай ізі жатыр. Жуан мойны жан – жаққа бұрылуға ырық бермейді. Жотамен тұтасып кеп, бас шүйдеге барып бір-ақ жалғасқан. Балқының осы бір кейпі бұйрық пен зекірудің адамы екенін айтпай танытады.
- Сөйтіп, қыруар астықты жауға қолдан ағыздырттық деңдер – Күлайшаға қабағының астымен сыздана қарады. Күлайша шамданып қалды.
Қапылыста болған іс. Иесіз тастасақ, онда жөн. Қарауылдыққа өзің тұрмадың демесеңіз...
- Өзің тұрасың ба, өзгені тұрғызасың ба, онда менің жұмысым жоқ. Қырманды ағыздың ба? Ағыздың. Қыруар бидай құрыды ма? Құрыды. Не деп ақталмақсың? Жұрт та келешексіз адамға ел басқар деп...
Нұралы енді үнсіз отыруға шыдай алмай:
- Бәке, шығынсыз кіріс болмас деген, амал қанша, болар іс болды. Оған біз де өкініп, бармағымызды тістеп отырмыз. Бірақ өткенге қарап, кісінің келешегіне тон пішпес болар – деді.
- Әй, шырақ, мені түзетпекпісің, - деп шүйлікті Балқы, - оған әлі ерте. Өлім мен өмір кешіп –ақ бандымен алыстым. Байды қойдай қуалап, кедей теңдігі деп шыбын жанды да салдық тау-тасқа. Тебінгім терге малшынып, колхоз құрдым. Онда кім ең сен?! Боқмұрын бала ең, ақылшы бола қапсың бұл күнде. «Жаман атқа жал бітсе жанына торсық байлатпас» - деген бұрынғылар. Қарай гөр көлгірсуін! Бұл мәселе аудпарткомның бюросында қаралады. Оған дейін айыптыларды ұстап, бидайды орнына келтіресіңдер, вот тәк!..
Балқы столды бір қойып шығып кетті.
- Бәке,- деп Нұралы артынан ұмтылып еді, қолын бір-ақ сілтеді.
- Қызық кісі, – деді Күлайша. Жүзінде ыза мен күлкі аралас бейжай бір кейіп бар,- сөзге түсінуі қиын, қарсы келсең қалдың бәлеге. Қыр соңыңнан қалмайды. Әр сөзіне басыңды изеп, құптай берсең, сенен жақсы адам жоқ. Мақтау айтсаң - онан да жақсысың.
- Жаңа орайын келтіріп, бір мақтауға да болар еді, білмедім ғой мінезін.- Нұралы күлді.
- Сол мінезін білсем де, ондайға тіпті бара алмаймын. Сөздің ашығын айтқанды тәуір көремін.
- Дұрыс қой, бірақ іс бабында әркімнің мінез-құлқын еске ала отырып сөйлескен де жөн емес пе?
- Жаратылысым солай болса ше?
- Жаратылыс та кісі алдында дәрменсіз. Ырыққа көнбес нәрсе жоқ. -Сөздерінің аяғы қалжыңға кеп тірелді.
Екеуі тысқа шықты. Күн батып барады екен. Батыс жақ қызыл шымылдықпен көмкеріліп, ашық аспандағы алашабыр бұлттарды әсем кейіпке түсіріп, қып-қызыл өрт секілденіп еді, енді солғындай бастаған. Ауа тымық. Енді бір сәтте аспан бояуы ашық реңін көрсетіп, түрленіп шыға келді. Тарыша шашылған көп жұлдыз әр жерден бой көрсетіп, жымың қағады. Түн серілері – жапалақ пен жарқанаттың асыр салып, тымық ауада зу-зу етіп ұшқан дыбыстары ғана естіледі.
Күнделікті шаруа жайын ғана әңгіме ететін Күлайша мен Нұралы бүгін іште бүгіліп жатқан сыр түйіндерін де ағытты. Өткен күндерге бір сәт ой жүгіртті.
... Нұралының Ташкент жақтан елге алғаш келген жылы болатын. Үріп ауызға салғандай жас келіншек елдің бар қыз-келіншектерін жиып алып, қызыл отау дегенді құрды. Сауаты жоқтарға сабақ берді. Айнашты да осы қызыл отауға үйреткен қараторы, бота көзді, талдырмаш денелі, кісімен ашық - жарқын сөйлесетін сұлу мүсінді осы келіншек. Мына ашық-жарқын жүзіне қарап, сірә, қабақ шыту дегенді білмейтін жан-ау деп те ойлайтын жұрт. Ауыл сыртына шығып алтыбақан тепкенде де, ақ сүйек ойнағанда да думан қызығы осы келіншек еді. Нұралы бұл келіншектің күйеуін бір-екі рет алтыбақанда көрген. Қалада газетте істейтін. Көбінесе ел қыдырып, тілшілік жұмысымен қоса жұртты колхозға үгіттеп, елге оқта-текте ғана соғатын. Үй-ішін қалаға енді көшіргелі жүргенде, алыс ауылдың бірінде соқыр ішектен қайтыс болды. Нұралы армияға аттанарда Айнашпен бірге сол қараторы келіншек те көзіне жас алып:
«Қош, Нұралы, аман барып, сау қайт!» - деп, ақ білегін ұсынып қала берген. Сол келіншек Күлайша еді. Содан бері біраз жылдар өтті. Адал жары Айнашынан айрылып, өмірдің тағы бір зіл батпанын мойнына артқан Нұралының кішкене Алмасын бауырына басып, өз қызындай әлпештеп, айналып-толғанатын Күлайша. Жабыққанда көңіліне медеу боп, енесі Күнзила екеуі Алманың былдырлаған тәтті тілін ермек етіп отыра берді. Үнсіз келе жатқан Күлайша :
- Өмір деген қызық-ау. Өткінші сурет секілді. Кеше ғана ұйып отырған жан едік. Осылай болады деп кім ойлаған. Тағдыр талқысы жұлды да кетті – деп, төмен қарап мұңайды.
- «Өмір – күрес» деген, Күлайша. Бірде жығасың, бірде жығыласың. Өмір заңдылығы бұл.
- Философ болып барасың –ау, Нұралы, - Күлайша сәл езу тартып, сұлу өңін Нұралыға бұрды. Жүзінен жұбаныш пен медет сұраған жан пейілі аңғарылады.
- Өмірді түсінген адамға философ болмасқа шара жоқ, Гүлім. –Нұралы соңғы сөзін айтарын айтса да, бетін өрт шалғандай ду ете түсті. Іште бұрқанған ыстық сезім шаң беріп бұрқ етті. Бұлқынып кеп бір ауыз сөзге қылқынып тұрып қалды. Ар жағын айта алмай, енді үнсіз тіл арқылы Күлайша жүзіне сұқтана қарап, осы бір бал-бұл жанған сұлу реңнен ләззат, рахат алып, елтіп елжірей қарайды.
Бұрыннан-ақ екеуін әлдебір тылсым ой толқыны айтпай ұғыстырып, байқатпай бастарын қосып, жариясыз-ақ жар етуге бейімдеп, сиқырлап тастаған-ды. Бұл жайды өздері де іштей ұғады. Бірақ бір-бірімен бұл тұрғысынан ашық пікір алысқан емес, тілсіз түсініседі де, сұрақсыз ұғысады.
Бір кезде Күлайша тосын дыбыстан секем алып, қорыққанынан ыршып кеп, Нұралы құшағына енді.
- Ол не? – деді Нұралы Күлайшаны өзіне қарай қатты қыса түсіп. Қолы шыт көйлегін тірей түртіп тұрған төсіндегі торсықтай екі затына тиіп кетіп, денесі дір етті. Көптен бері әйелдің әлдебір сиқырлы нәзік күшінің өзін еліттіргені осы.
- Біреу жүрген секілді... – Нұралы құшағынан аздап босанған Күлайша жан-жағына елегзи қарап, біраз тұрды да, қайта келіп жабысты. Нұралы ынтықтықпен, ынтазарлықпен бұрынғыдан бетер қыса түсті. Екі дене бірігіп, бүтін біреуге айналып кетті.
-Қорықпа, Гүлім! Ешкім жоқ - деді Нұралы. Оң жақ тұстан ағараңдап барып ғайып болған әлдекімді көзі шалып қалса да, Күлайшаны үрейлендірмеуге тырысып. Кеуде мен кеуде түйіскен осы бір сәтте Нұралы жүрегі аунақшып, дүрс-дүрс соғып, денесі дірілдеп, бей-жай бір қалыпта тұр. Күлайшаның шашынан сипап, бетін өзіне бұрды. Екі алмасы кеудесін тіреп, әтір сепкен хош иісі еліктіріп барады. Аузы Күлайшаның үлбіреген ерніне де барып қайтады. Айнашпен тұңғыш кездескенде де осындай сезім пайда болған-ды. Бүгін тағы қайталанды. Күлайша да мұңайып кеп бетіне бетін тақады.
- Қайта ашылған гүлім менің! - Нұралы Күлайшаның оймақтай кішкене ернін жұтып жіберердей сорып жатыр еміреніп. Күлайша әлден соң ернін босатып, теріс айналып кетті. Көзіне жас іркіліп, өксіп-өксіп жылап жіберді.
- Жыламашы, Гүлім!
- Арсызбын мен, Нұралы.
- Жоқ, бүршік жарып, қауызынан жаңа ашылған гүлсің.
-Шырмауық де! – Күлайша аулағырақ барып, өксігін баса алмай, орамалмен көзін сүртіп тұрды. Нұралы албырт асау оймен қиналулы. «Не істедім мен, не деп кеттім Күлайшаға. Жүректегі ыстық Айнаш табы басылмай жатып кімге ауыз салдым. Жоқ, мен арсызбын. Ел не дейді, жұрт не дейді. Алыстан арып келгенімде туғанындай тұғырына қондырып, сый-сияпат көрсетіп, қадір тұтқандағы қарымтам осы ма? Бір кезде Айнашқа ақылшы, Нұралыға қарындас саналған Күлайша емес пе еді. Енесі Күнзилаға қалай көрінем. Қарғамай ма ол мені?»
- Кеш мені, Күлайша, кешіре гөр. Әнтек еттім білем. Терең тұңғиық түбінде жатқан бір сырым бұрқ-сарқ етіп қайнап шықты. Білем оның ыстығын. Адал жар болуға бас ұрған асау жүрек шыдай алмай қақ жарылды. Емшісі етпегім өзің ең, ақ арыңа ақау түсірер сыңай бар. Білем саған да қиынын. Көптен торлаған ой шырмауы осы еді. Ашылды бүгін. Қалауын өзің айт! Ендігі бақытым сенсің. Өзіңді көргенде жүзіңнен Айнашымның айдай толған ақ дидарын көргендей болам, сыңғырлаған әсем күлкісін естігендей болам. Айнашым, Күлайшам деп қос атауды жадыма түйіп, жаныма тиек етем. Қостар болсаң ақ ниетім осы, қол қайтарсаң қалсын осы арада. Таразылап бір шешімін айтарсың – Нұралы Күлайшаның қолаң шашынан сипап, жанында сұлық тұр. Күлайша басын көтеріп, Нұралыға жақындап келіп, құшағына ене берді. Әлдебір сиқырлы күш екеуін қайта бүтін бір дене етті.
-О, сайқал! – деп манадан бері бұта түбінде тығылып жатқан кемпірдің жаулығын шошаңдатып кетіп бара жатқанын бұлар сезген де жоқ.
*********************
Түн жарымы ауып барады. Күнзила шешей өшуге айналған әлсіз май шамның пілтесін оқта-текте шығарып қойып, ауызғы үйде ояу жатыр. Бүкшеңдеп ішкі үйде жатқан Алманың жанына барып, балбыраған бетінен иіскеп, көрпесін қымтап кеп, пеш жанында жатқан ала мысық екеуі мүлгіп, бірауық ұйқыға кетеді де, селк етіп қайта оянады. Осындай оңашада ауыр-ауыр ойлар меңдеп, кәрі жүрегін шемендеп алып, мұңға да батырады. Айдар қайтыс болғалы бері қат-қабат шытырман ой тыным таптырар емес. «Баламның көзі тайған соң келінім баяғыдай қайдан болсын. Апа, апа деп әзірге бәйек қағуы балама деген ыстық құшағының суығанынша ғой. Әлі жылдар өтер. Көрген түстей о да бой тасалар, салқындай бастар. Біреумен жүрек табыстырған соң, көңіліме қарап апа, апа дегенмен, ар жағынан салқындық сезілмей ме? Қу томармын енді. Қазылып отқа түсуімді тосамын». Кейде осындай бір ойлар кәрі жүрекке секем алдырады. Бірақ апа деп келіп балаша мойнына асылған Күлайшасын көргенде әлгінің бәрі бытырай ұшып кетеді де, еңсесі көтеріліп, сергіп қалады. Түстегі елестей болған қым-қуат әзәзіл ойлар еңсеріліп, ар жағынан жылылық леп есіп, көңілі өсе түседі. Жалғыздықтағы жабырқау ойлары қараңғы түндей ғайып болады.
Күнзила ой шырмауында жатып қалғып кетті. Бала мысық кеудесіне басын тақап, пыр-пыр етіп о да ұйқыға батқан. Тырс-тырс соққан қабырға сағатының даусы ғана үйдегі тіршілік нышанын білдіріп тұр. Терезеден сығалаған ай сәулесі үйді алакеуім етіп, еріншек жылжиды. Қаратау қойнауынан ескен самал жел терезе тұсындағы алма ағаш жапырақтарын сыбдырлатып, баяу ғана тербетеді. Піскен алмалар сабағынан үзіліп, тырс-тырс түсіп жатыр. Райхан гүлдерінің хош иісі салқын таза ауамен араласып, мұрынды жарып, үй маңын аңқытып тұр. Есік тырс-тырс қағылды. Күнзила түс көріп жатыр.
... Көгарай шалғын көл жағасы. Жағалай өскен қамыс құрақтар үф еткен желге бас иіп, су сабалап, сыңсып әндетеді. Көл бетін қаптаған аққу-қаз қиқу салып, бірі ұшып, бірі қонып жатыр. Су бетін аппақ күміс қанаттарымен сызып, күмп беріп сүңгіп алады да, қаңқ-қаңқ етіп, көл басын азан-қазан етеді.
Табиғаттың осы әсем көріністерін тамашалап, Күнзила көл жағасында ұршық иіріп отыр. Қолында екі шүйке мақта. Шүйкесін құлаштай созып, паңдана, тәккәпарлана, қызыға қарайды төңірекке. Үстінде аппақ ақ кимешек. Ұшы жерге
шұбатылады. Бір кезде биік құз басынан бір қара құс құйылып келіп, асыр сап ойнап жүрген аққу-қаздарды тым-тырақай қуып ала жөнелді. Көл бетінде дауыл соққандай ойран-асыр, алай-түлей қарбалас шақ басталып кетті.
Қара құс Күнзиланың үстінен зу етіп ұшып өтті. «Ибай, әдіре қалғыр қайтеді...-деп ұршығын сілтеп қалғанда, қайта айналып келіп, бір шүйкесін қағып әкетті. «Уай, әдіре қалғыр, тастап кет шүйкемді!»- деп, артынан қуа жөнелді. Жүгіріп еді, алға аттаған аяғы кейін кетіп, митыңдап бір орнынан қозғала алмай-ақ қойды.Тағы жүгірді, аяғы тағы кейін кетті. Тау бөктерін қою қара бұлт басып, буалдырланып, көл бетін көрсетпей жіберді. Жарқ-жұрқ найзағай ойнап, күн күркіреді. Күнзилаға қанат бітіп, бұлт арасында дауылмен арпалыса жүріп, шүйкесін іздейді. Әлдебір қорқынышты зарлы үн тау бөктерін жаңғырықтырып, жылаған адамша зар қағып, айнала төңірек күңіреніп барады. Кейде ән ырғағына ауысқан секілденеді. Бір кезде түтеленген бұлт арасында теңселіп, ән ырғағына еріп, ащы үн қосып Күнзиланың өзі де боздап қоя берді. Жалтылдаған найзағай оттары жасқа толған әжімді жүзін осып-осып өтеді. Тұтқиылдан бір қырғи шығып, қара құсты алдына сап қуып кетті. Шатырлаған найзағай үнінен аспан қақ айырылып, шарт сынды. Күнзила шошып оянды. Есік тарс-тарс қағылып тұр екен.
- Бұл кім?
- Мен ғой, апа! – Күлайшаны даусынан танып, Күнзила есік ашты. Келінінің жұмысбастылығын білетін Күнзила түннің қай мезгілінде келсе де, Күлайшаға қайда жүрдің демейтін. Бүгін де сұраған жоқ. Күлайша айыпты болған адамша қысыла-қымтырыла аттады өз үйінің босағасын. Беті от боп жанып, ду-ду етеді. Анда-санда Нұралыға көз тастап, енесіне байқатпай ернін тістеп қояды. Нұралы да кемпір сезіп қалған жоқ па екен деп, Күнзиланың қас-қабағын бағып отыр.
- Тамақтарың суып қалды-ау, қарақтарым, ысыта қояйын, - деп, сырлы кастрөльді даладағы жерошаққа алып шығып кетті.
- Апа-ау, өзім-ақ ысытам ғой- деген Күлайшаға:
- Жұмыстан шаршап келдіңдер, демалыңдар. Қарашы, ыстықты мезгілінде ішпегендіктен де ғой, бет-аузың қызарып, домбығып кетіпті. Е, қарағым, ел басқару оңай ма, оның үстіне қазір жұмыстың да қызған кезі, - деп Күнзила бой бермеді. Есіктен шығып бара жатқан енесінің «тұмауратып қалмасаң жарар еді» деген даусы тағы естілді.
Нұралы мен Күлайша ішкі үйге кіріп, ұйықтап жатқан Алманың жүзіне үңіліп біраз тұрды. Күлайша бетінен иіскеп, көрпесін қымтап қойды.
- Аумаған Айнаш – деді Күлайша. Нұралы ауыр күрсінді. Ол Күлайшаға бұрылып үнсіз сұқтана қарап тұр. Аш беліне қыналған гүлді шыт көйлегі бал-бұл жанған жүзіне әсем өң беріп, құлпыртып жіберіпті. Шам сәулесімен шағылысқан кірпікті үлкен қара көздері ойлылықты, ақылдылықты аңғартады. Мұндай мүсін тек Айнашта ғана болатын. Күніне жүз қараса да тоймайтын. Сол көрік енді Күлайшаға ауысқан секілді. Есік сықыр етіп ашылып, ауызғы бөлмеге Күнзиланың келгені білінді. Күлайша еркін, жеңіл қозғалып, дастархан жасап, Нұралыны тамаққа шақырды. Тамақ үстінде «Күндіз деп айтайын»- деп, Күнзила әлгі түсін жорытқызды.
- Ақ кимешек киіп, ақ шүйке алып отырсаңыз, көңіліңіз ағарады екен. Көл бетін ойпаң-тойпаң етіп дүрліктіріп жүрген қара құс – неміс фашистері. Қырғи – біздің армия. Соғыс біздің жеңіспен бітеді екен – деп, Нұралы түсін жорып берді. Кемпірдің көңілін босатпайын деп, кейбірін әдейі бүгіп қалды. Айтпаса да үшеуі іштей жорып отыр. «Ләйім да солай болғай» – деп, Күнзила күрсініп қойды. Ене ойының әлдебір тұйыққа тірелгенін күрсінісінен танып, Күлайша әңгімені басқа жаққа бұрды.
- Апа! –деді енесінің бетіне күле қарап.
- Ау!
- Орынбай ақын Балқы туралы қандай өлең шығарды деуші едіңіз?
- Ешкібайдың Балқысы туралы ма? – Күнзила әңгімесін бастап кетті.
- Е, шырақтарым-ай, ол Балқы қашанғы Балқы. Отызыншы жылдары дүркіреп, байларды бет қаратпай, екі аяғын бір етікке тықты. Кімсің Балқы боп шықты. Өзі Ташкент жақта оқыған ба, қалай. Келе-келе ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып, қарсы келгенді халық жауы деп талайды бір түнде жоқ етті. Біздің үйдегіні де құртқан сол Балқы. Алғаш екеуі қызмет бабында қатар жүріп, байларды бірге кәмпіс жасады. Біздің үйдегі аздап хат танитын. Кәммуниске де өтті. Балқы Ыбырай байды кәмпіс жасап, бала-шағасымен Үркітке жер аудармақ болады. Ең үлкен баласы Тәуке осы Нұралымен түйдей жасты еді. Білетін шығарсың , Нұралы?
- Білем ғой. Әкесін де көргем. Мен есігінде жүргенде Тілек дейтін одан кіші бір баласы болатын. Соны көтермейсің деп талай таяқпен соқты. Әй, есімнен шыға қоймас. Қашып кетпегенде солардың таяғынан өлетін едім.
- Әке-шешеңнің де түбіне жеткен сол Ыбырай. Қандай тамаша жандар еді! Қой аузынан шөп алмайтын. Боздақ кетті бейбақтар.
- Сонымен біздің үйдегі Балқыға: «Бала-шағасында не жазық бар. Халыққа қиянатты әкесі жасады. Ел-жұртпыз ғой, бала-шағасын әке жолына жібермеспіз. Өздері де өскен соң әке жолының дұрыс емесін түсінер, заман өзгерді емес пе? Қалсын балалары ел ішінде» - десе, Балқы: «Атаны көріп ұл, ананы көріп қыз өсер. Бөлтіріктің баласы бөлтіріктігін жасамай қоймас» - деп көнбейді. Екеуі келісе алмай, керісіп қалады. Балқы біздің үйдегіні халық жауысың, байларды қорғайсың деп, ай-шайға қарамай бір түнде айдатты да жіберді. Содан хабар-ошарсыз кетті. Жылап-сықтап жүріп Айдарымды оқытып, адам етіп ем, құдай онымды да қос көрмеді. Ақыры Ыбырайды бала-шағасымен Үркітке айдатты. Обалы не керек. Әйелі Қанымкүл турашылдау адам еді. Ыбырайдың істеген жауыздықтарын бетіне айтса: «Сен қатын, тыныш отыр!» - деп, сегіз өрім қамшымен көгала қойдай етіп сабайтын. Талай рет өлімші етіп соққыға жықты. Үркітке кетіп бара жатқан жолында: «Сен советке жақсың, өз қолыммен бауыздап өлтірем» - деп, пышақ салып өлтіріпті. Соңынан поездан құлап өзі өліпті. Тәукесі тау асып, тас кешіп жүріп елге қашып келеді. Елдегілер де: «Атаның баласы емес, адамның баласы болып кетсе әжеп емес» - деп жүре береді. Ашаршылық жылы Тәуке жоқ болып кетті. Кейін оны қашып жүрген жерінен ұстап алып, әскерге жіберіпті де есіттік. Әкесі Ыбырай мына Жағпармен аталас. Ендігі жақыны осы.
Сонымен ол кездері Балқы десе бесіктегі бала жұбанушы еді. Осы мінезін сынап Келімбет ақын:
Баласы Ешкібайдың Балқы деген,
Кекшиіп санаспайтын халқыменен.
Қисық тал аталғанмен түзелетін
Күн туар ертең әлі-ақ талқыменен – деп өлең де шығарды. Осы өлең жұрт аузындағы мәтелге айналып, бала-шағаға дейін жатқа айтушы еді. Ел құлағы елу емес пе? Өлең Балқыға да жетеді. Келімбет ақын бірер жыл абаққа
да жатып қайтты. Міне, Балқы деген осындай адам, шырақтарым. Абайлап сөйлесіңдер. Әлі де баяғы көкірегі басылмапты дейді ғой жұрт. - Күлайша мен Нұралы Күнзиланың мына әңгімесін ұйып тыңдады. Бұрын мәлімсіз талай сырларға қанықты. Балқының кім екені енді аян болды.
- Тауық шақыра бастады. Әңгімемен көп отырып қаппыз. Енді жатып тынығыңдар, қарақтарым, - Күнзила ыдыс-аяқтарын жинастыра бастады.
*********************
Жағпар түнімен ұйықтай алмай, дөңбекшіп шықты. Маңдайы отқа тиген терідей қыртыстанып, онсыз да қуаң даладағы тарыдай жалғыз талдан селтиіп өскен сақалының быт-шыты шығып, бей-берекесі қашып тұр. Қариелік қылып сипаған болады. Басымен кетіп бәлелікке үйренген селдір сақал иек үстінде селтиіп жөнге көнбей, мына жақта пәле бар деп нұсқап, алға қарап ербиіп тұр. Қолдан тоқыған кең қабыма шекпенін желбегей жамылып, тұтқасы иір-иір сәнмен жасалған сары мыс құмғанын қолына алып, дәрет алмақ боп, қарбаң-қарбаң басып үй шетіне шықты. Бозамықтанып таң атып келеді. Иті де түнімен үріп маза бермеді. Құдай ісімді оңғарса осы іңір қараңғылығымен тауға, «Тасүңгірге, Тәукеге тартып кетпесем жан қалатын түр жоқ» - дейді ішінен. Осылай істеуге түнде кемпірі кеңес берген. Үйден аулағырақ шығып, қараңдаған ит пе, әлде мал ма, әйтеуір әлденеге шабалана үріп тұрған итіне дем беріп: «Айт,айт!...» деп қалды. Иесінен күш алған иті қоқилана жүгіріп барып, баж етіп қыңсылап кері қайтты. Қораға кеп тығылды. «Айт» - деп құмғанын сілтеп қап еді, оқша атылған дәу қара төбет белінен ала түсті. Күресетін адам секілді. Шалбарының сала құлаш бауы аяғына оралғы боп, жерге сүйретіліп, ақыры сыпырылып түсті. Қайрат етуге дәрмен жоқ. Шалбары аяғына шалынысып, мешел адамша шоңқайды да қалды. Шекпенін қолына алып, қару етіп жүр. Бар әбиірден бір-ақ айырылып, май басқан бөксесі кейін қарай шошайып тоңқаң-тоңқаң етіп, басы төмен иіліп, кірпік қақпай, тіс қайрайды. Бір-бірімен қимылсыз арбасады. Осы жұрттың ит екеш итіне дейін Жағпар десе жаны қас. Кісі алдында иігіп көрмеген Жағпарды Жақай итінің алдына бас ұрғызып тұрысы мынау. Көрінген жерде таспен қадалап қас еткен Жағпардың өзі. Адам төбеті мен ит төбетінің арбасқан қарбалас бір шағы. Өзеннен су әкеле жатқан Күнзила мына көрініске таң боп, біраз аңырып тұрды да:
- Ибай, масқара! – деп, ернін сылп еткізіп, бетін шымшылады. Жағпардың қолапайсыз тұрысына қарап мырс етті:
- Жын қаққан ба молдекемді? – деп күбір етті. Ыр-ыр етіп, мойнына асылып тұрған Жақайдың Мойнағын көрді.
- Мойнақ, Мойнақ, кә... кә..!- деді дауыстап. Барып ажыратуға Жағпардың мына тұрысынан ұялды. Шалбар мен дамбал сыпырылып түсіп, бар ұяттан айырылып тұр. Ажыратпайын десе, өзінен басқа жан жоқ. Ерегіскен төбет шақырғанды тыңдар емес. Жақаймен аралас-құралас болып жүргендіктен Күнзиланы танитын. Жағпардың бала-шаға, қатын-қалашына дейін төбетті Жақай жоқта қуалап ұрып, ығыр етуші еді. Сондықтан оларға қатты өшіккен. Қарусызда қапысын тауып, сол өшін бүгін алмақ секілді.
-Ойбай, құтқар кім де болсаң!- деді Жағпар дауысты есітіп. Жан-жағына қарауға мұрша жоқ, иттен көз алмай сілейіп тұр. Күнзила «кә,...кә» деп барып, иттің мойнынан ұстады. Көзі құтырған иттің көзіндей ойнақшып, қанын ішіне тартып, құп-қу боп кеткен Жағпар шалбарын жоғары сырып, қос қолдап ышқырдан ұстап алды да, кейін шегіншектей берді.
- Байқұс-ау, не болды? –деп, қобыраған шашын жаулығының арасына жол-жөнекей тығып, өкпесін қолына алып, әйелі келеді.
- Ит талап...- деп, ар жағын айтуға тілі күрмеліп, Жағпар төбетке бажырая қарады.
- Адам талағаны аздай, ит екеш итке де таландың ба? Қатынына дейін қабаған бұл жұрттың ...- деп, Битан әнеу күнгі жиналыстағы Жағпарға айтқан Күлайша сөзін тілге тиек қылып, сөйлеп келеді.
Кезекті сөзін қапы жібермейтін Күнзила:
- Баспасаң жылан да шақпайды. Әркім өзінен көргені жөн - деп, шелектегі суына бұрылып жүре берді. Битанның мінезі белгілі. Шатыстың-қалдың бәлеге. Не өзінің, не өзгенің бетін тырнап, шашын жұлып бір-ақ тынады. Осыны білетін Күнзила әрі қарай сөзге келмеді. Битан осы жасқа келгенше қарғыссыз бала жұмсап көрген жан емес. «Мойның үзілгір Аллаһу,
көгермегір Теңгегүл, арамқатқыр Иманбек, мойның жұлынып астыңа түскір Күлжан...»- деп, балаларын қарғап-сілеп, тауықша шақырып жүргені. Құлқын сәріден тауықпен бірге тұрып, ел жамбасы жастыққа тигенше жағы бір тынбайды. Тауық сатып саудагершілік жасау – негізгі кәсібі. Ел қатарлы адал еңбекке бір күн араласқан емес. Елден ұрланған тауық, қаздың жүн-жұрқасы ертеңіне осы үйдің алдында қоқсып жатады. Мал қиымен араласқан осы неше жылғы қоқсыққа шыбын-шіркей үймелеп, сасық исі қолқаңды жарып, бұл үйге кіріп-шығуға да ешкімнің зауқы соқпайтын. Тумаған ту биедей быртиған асау шыбындар дүр ете жөнелгенде, күн көзін көлегейлеп барып, сатал-сатал, кір-қожалаң үй қабырғасына торғайша үймелеп келіп қонады. Бағып отырған отызға тарта тауығы да бар. Әрбір тауық бір-бір пұт бидай. Сатып алушы сол күні сойып жемесе, ертеңіне Битанның көп тауығының арасында жүргенін көреді. Битан ұрлап әкеп қайта қосады. Ал күшті болсаң қайтарып көр Битаннан. Не сенің, не өзінің бетін дал-дал етсін. Түн болса әркімнің тауық қорасын сығалап жүргені. Битан аты жойылып, «Тауыққатын» аталу себебі осы. Кеше ымырт жабыла ел шетінде оңашарақ жер кепеде отыратын түйеші Шоңқыбайдың үйде жоғын пайдаланып, тауығының бір-екеуін қымқырып қайтқан. Қыр жағалап, ауылды шеттей жүрген. Оңашада тұрған Күлайша мен Нұралыны көзі шалып, бұта түбіне бұғып қалған. Екеуінің қимылын баспалап қарап жатып, құшақтары айқаса бергенде : «Ой, сайқал!» - деп, бетін шымшып тайып тұрды. Реті келіп тұрғанда «Тауыққатын» осыны Күнзиланың бетіне салық ете сөйледі:
- Үйіңдегі шолағың келініңді жыланша сорып жатса, шақпағаны ма ол?
- Көзің көрсе айт, жазықсыз жазғырма келінімді.
- Мына көз оны да көрген.
- Белгілі Битансың, өсегіңді құлақ құрышы қана тыңдайтын ана шалыңа айт.
- Келініңнің сайқалдығынан өсегім жаман боп па? Мені тыймай-ақ ана сайқалыңды тый!
- Алдымен сені тыям.
- Тыя алмайсың ... Келініңнің сайқалдығын менен көрмекпісің? Қас қараймай жатып емшегін тасырайтып Нұралының төсіне төсін тақап, ұлыққан қаншықша жабысып тұрғанын мына өз көзіммен көрдім. Кұдай-ай, тоба-ай, мұндай көргенсізді кім көрген! Бастықпын деп шолжақтап, балаңның иманын аяққа басқан ана келініңді тыйып ал сен, қубас!
- Кұдай қылды, қайтейін. Басқа салса сен де қубас, қу сүйек атанарсың. Басыңа келсін. Ұрлықпен жүріп күн көріп сен де өтерсің бұл жалғаннан, мен де өтермін аңырап. Еңіреген даусым қалар, болмағанда арттағыға ақ ниет. Нең қалады сен бейбақтың. Емеурінің күшігің ғой артыңдағы. Күшіктеуді бұралқы ит те біледі. Иттік аты қалады сонда да. Сен де бір бұралқы итсің – Күнзила көзіне жас алып, екі шелегін көтеріп кете барды. Артта шақырып «Тауыққатын» Битан қалды. Күнзила үйге кіре беріп, тауға қарай шоқытып бара жатқан әлдекімді көзі шалып:
- Бұл кім? – деді өзіне - өзі дауыстап.
*********************
Балқы кабинетінде ән айтқан боп, ыңылдап жалғыз отыр. Көмейінен қайтарам дегені мұрнынан шығып, қораз кептердің зікір салғанындай булыға міңірлеп, әйтеуір әннің жөренесін ғана келтіреді. Ән бе, зікір ме, өзі де байқамайды. Ән деп айтқанына мәз, көңілді. Рахаттана шабытпен, екілене міңгірлейді. Екі қолын стол үстіне ұшатын құсша қомдап артып алған. Әлдебір қағазға шұқшиып отыр. Бұл - бүгінгі бюрода қаралатын мәселелер. Жуан қарандашты қолына ұстап, үстіңгі ернін қызыл еті көрінгенше жоғары итеріп, мұрнына жабыстырып біраз отырды да қағаздағы: «Қоғамдық шаруашылыққа атүсті қарап, мемлекеттің қыруар астығын жойып жіберген Көкбұлақ ауыл шаршуашылық артелінің бастығы Есенжолқызы Күлайша мен бастауыш партия ұйымының хатшысы Досболов Нұралы партиядан шығарылып, ісі сотқа тапсырылсын» деген сөйлемдердің астын сызып қойды. Бұл сөзсіз орындалуы керек деген белгісі еді. Есік ашылып, үрпек бас, сары шашты, ернін қанжоса қып бояп, шеті жұлынып ойран асыры шыққан қасын жиі қағып, елуді алқымдаған шалбар бет секретарь –машинисткасы бойы мен жасына жарасымсыз қылықпен наздана қылмыңдап, биік өкше туфлиінде тұра алмай былқ- сылқ етіп, бұрала басып кіріп келді де : « Балқы Ешкібаевич, сізге кіруге бір сұлу келіншек рұқсат сұрайды» - деп, көзі ойнақшып, резинкаша созылған ернін екі езуіне жеткізіп, көмейін көрсете ыржиып тұр.
- Кірсін – деп,қабағын шыта дауыстады да, қағазын суырмаға салды.
- Сәлеметсіз бе?- деп кіре дауыстаған Күлайшаға ернін жыбыр еткізіп, жұмысбасты адамның сыңайын танытып: «Тәк,тәк»- деп сызданып, қағаздарын ақтарыстыра берді.
- Ренжулісіз ғой, Балқы аға, - деп, Күлайша сыңғырлай күлді. Алдында апандай құрылған Балқы істер істің нобайы жатса да, әлденеге көңілді. Нұралымен жүрек табыстырғалы бері баяғы жарқын мінез арнасына қайта құйылған-ды. Жолыққан жерде тосырқап, ығына көнбей қайсарлана, қасарыса сөйлейтін келіншектің мына тосын мінезіне Балқы қайран боп отыр. Мұны өзінше әлденеге жорыды. Әккі сыралғы болған көздері қабақ астынан келіншектің қолдан жасалғандай сұлу мүсіндеріне ынталана қарап, ішіп-жеп барады. Мұңдай сұлу пішін көрсе, түлен түрткендей байыз таппай кәрі жүрегінің балаша тулап, ырыққа көнбей ала қашатыны бар. Күлайша мінезінің жылуарлығы көп ой тастаған. Көрік десе Күлайшаға бітсін, хордың қызы десең болмас па! Пай, шіркін! Балқы жүрегі от болып жанып, шоқ болып қызған сайын сол жылылық ернеуден асып төгілмей, қайта кейін қарай лықсығандай болады. Кейде көрінді–ау деген үміт ұшқыны сағым боп сызаттанып сарғайып барып батып кетеді. Осы әурешілікпен жүріп, әнеукүні Нұралымен оңаша отырған жерден бір-ақ шықты. Сұлу келіншек жанында кесек денелі, батыр тұлғалы жігіттің бүркітше шүйіліп отырысы Балқыға шаншудай қадалған. Бір-біріне жарасқан екі сымбат, сәуле шашқан жайдары жүздер айтпаса да ынтықтығын мен мұндалап, кіріп келген Балқыны еріксіз тосылдырған-ды.
Суға аққан бидай тілге тиек боп Күлайшаға әдейі зіл тастап кеткен. Ойлан, мына райдан қайт дегенді меңзеп кетті. Күлайшаның бүгінгі жайдарлығын соның қарымтасына санап, қалың қыртысты қабағы бірте-бірте жібіп, тершіп қоя берді. Делдиген жалпақ танауының етегі толас таппай бүлк-бүлк еттеді.
- Күлайжан, - деді жымиып.
- Ау,аға.
- Адамның ең қымбаттысы – өмір. Ол адамға бір – ақ рет беріледі. Неге соны қайғысыз, қапасыз, ренжусіз өткермейміз. Артымызға қарайлап қарағанда, міне, мен осындай тамаша қызықты, ғұмырлы өмір жолын өттім деп неге айтпасқа. Үзіліп о дүниеге аттанып бара жатып, бар өмірім мен күш-жігерім дүниенін ең асылы- адамзатты азат етуге арналды деп неге жар салмасқа. - Бұл сөздерді өз жанынан шығарғандай, тақпақтап, бипаздана отырып айтты Балқы. Күлайша ортадан киіп кетіп;
- Иә, Николай Островский солай дейтін деп, өзгенің сөзін өзіндік етіп үлкен философияға берілген нышанмен жанынан қинап суырғандай сөйлеп отырған Балқының сөз ұрлығының бетпердесін аша сөйледі.
- А, Островский де солай деген бе? Тәк, қарошо – деді Балқы ойының ірі жазушының ойымен орайлас келгеніне масаттанып, ой жаттандылығын жасырмақ боп. Бірақ Н.Островскийдің маржандай тізілген саф алтын ой тізбектерін қаншама өзіндік етем дегенмен, мен мұндалап жарқырайды. Күлайша мырс етті. Мысқыл күлкіні елең қылған Балқы жоқ. Оны назы деп ұқты.
- Гәп сол сөздерді кімнің айтқандығында емес, терең мағыналығында жатыр, - деп, Күлайшаға манаурап , елжірей қарады. Күлайша «өмір адамға бір-ақ рет берілсе, неге талай момын жандардың обалына қалдыңыз» демек боп оқталып тұрды да:
- Сол өмірді бағаламайтындар да бар ғой әлі - деп, сыпайы шымшып өтті.
- Кәнешне бар. Бар емес-ау, көп.
- Көп емес, аз.
- Иә, біздің бұл тамаша өмірімізде ондайлардың азын-аунақ қана болуы мүмкін - деді Балқы тік кетпей, келіншекке ыға сөйлеуді жөн көріп,- дегенмен былай ғой: Адам өмірге не үшін келеді? Әрине, бақыт табам деп. Сол бақытты заманда өмір сүріп отырмыз енді. Сендер өмір белесінде шаршап көрген жоқсыңдар. Әлі балаң қауырсындарың түсіп бітпеген. Сол сендердің бақыттарың үшін күрескен жанның бірі мына менмін. Өз қолыммен орнаттым сол бақытты. Ауырлығын мойныммен көтеріп, иығымды тірек еттім. Кейбір қырқылжың жастар аузынан уыз сүті кеппей жатып ақыл айтады, көсемси сөйлейді. Қалай күйінбессің оған. Әнеу күні саған ашуланыңқырап кеткенім Досболовтың қырсығы еді. Намысыма тиіп кетті. Өзі кісімсінген біреу-ау шамасы.
- Орынды жерде төрелік айтса несі айып?
- Төрелігі емес, бәлелігі де. Жау жағадан, бөрі етектен алып жатқанда, болар іс болды, өкінбелік – деп, арқаны кеңге салып, жағамыз жайлау, өз сөзіміз өзімізге байлау болып жатса, қай мұратқа жетеміз. Қауырт қимыл санаса ма онымен?
Балқы кабинетінің алдында отыратын секретарь келіншек тағы да есіктен қылт етіп көрініп, әлдебір іс жайын сұрады. Сөзі Балқыға арналып, көзі Күлайшага қадалады. Балқы «потом» деп жақтырмаған сыңай танытты. Есік тарс жабылды. Бастаған сөзін жалғауға ойы құрғыры қаңтарылып, «тәк,тәк» деп столды саусақтарымен сыртылдатып біраз отырды да:
- Жарайды, бюрода сенің ісіңді қаратқызбайын, - деп, Күлайшаның жанына келіп отырды. Күлайша жүзіне телміре, сұқтана қарайды. Әлденені айтуға ептейленеді де, жүрегі дауалмайды. Жайшылықтағы стол тоқпақтап отырып алатын батырлықтың бір де бірі қалмаған. Әйтеуір Күлайшаны оңашада көрсе, табадағы майдай еріп, бей-жай қалыпқа түсетіні бар.
Күлайша колхоз басқармалығына сайланып, жиналыс тараған соң Мардан Балқы мен Күлайшаға қолқа сап:
- Аман –есен бала-шағама қайта оралдым. Күлайшаның құтты орнын алғаш өзім жуып берейін. Осы қос қуанышты біздің үйде атап өтсек - деп, болмаған. Балқы ризашылығын берген. Күлайша одан асып кете алмады. Бұлар келгенде қой сойылып, дастархан жасалып қойылыпты. Мардан Балқыға колхоздың өзге де белсеңділерін шақырмақ ниеті барын аңғартып еді, ол тежеу салды. Оңаша отырғысы келді. Мақсат белгілі. Мардан бірден аңғарды. Дастархан үстінде алғаш Балқы сөйледі. Күлайша орнына құтты болсын айтып, игі ниетін білдірді. Стаканын ақ етіп алып қоюын өтінді. Алдымен өзі алды. Күлайшаға тұздық ұсынды. Қолпаштады, қолқалады. Күлайшаның стаканды орталағанына риза болмады. Қайта көтертті. Өзі ашық-жарқын. Күлдіргі әңгімелерді көп айтты. Күлайша кейінгі стакандарға ернін тигізіп отырғаны болмаса, ішкен жоқ. Балқы қызып қалды. Күлайшаның да беті бал-бұл жанды.
Сыртқа тыныстауға шықты. Әйел болса да ауылдың бас-иесі өзі болған соң
Балқы жанында жүрді. Қалжыңдап та қояды. Күлдіреді. Күлайшаның қолтығынан алды. Күлайша қарсыласқан жоқ. Ай сүттей жарық. Колхоздың келешегі әңгімеленді. Балқы қолынан келген көмегін аямайтындығын айтты. Әңгімемен үйден ұзаңқырап кетті. Балқы Күлайша иғына қолын салды.
Құшақтамақ болды. Кулайша құшағынан сытылып шығып кетті. Үлкен адам болған соң пәлендей деп сөз қайтарған жоқ. Балқы мұны «кет әрісі жоқ» деп ұқты. Қайта құшақтамақ болды. Күлайша:
- Үлкен кісілердің салмақтырақ болғаны жөн, Бәке. Жүрегіңіз екеу емес шығар!- деп салды. Бұл сөзден екі ой аңғарып, Балқының тауы шағылып қалған-ды. Сол жай есіне түсіп, райынан қайтты да, өз орнына келді.
- Күлайша, - деді әлден соң Балқы.
- Құлағым сізде.
- Он гүліңнен бір гүлің ашылмаған жаң ең, аядым сені.
- Рахмет.
- Жақсылыққа жақсылықпен жауап берер болар, Күлайжан.
- Қолдан келсе аямаспыз.
- Е, бәсе, бір-бірімізге солай орайлас, қарайлас жүргеніміз мақұл емес пе?-Балқы күлген боп ыржиғанмен, ар жағы сұрқай тартып, қоңылтақсып, көңілдегісін шешіп айта алмай тұйықталып қалды. Келесі сөздің көзінен өткізуге сабақ таппай тәк, тәк дей берген соң, Күлайша өз жұмысының жайын баяндады. Жасырын жаудың ізін кесуге милиция қызметкерлерін бөлуді сұрады. Балқы аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы Қапаровпен телефон арқылы сөйлесті де, Күлайшаға:
- Тілегің орындалады, - деді, - колхоздарыңа өзім де барып қайтармын. Енді ісіңе мықты болғайсың. Ертеңгі бюроға Досболов келетін болсын - Күлайша шығып бара жатып, о несі дегендей бұрылып қайта қарады. Жүзінде сұрақты кескін бар.
- Иә, солай, Досболов бюроға келетін болсын – деп, Балқы тағы қайталады. Күлайша үн-түнсіз шығып кетті .
*********************
Нұралы сұлық шықты бюродан. Кеудесін ыза кернеп, жарылғалы келеді. «Не үшін айыпталдым. Жұмыс жағдайымен әлі танысып та үлгергенім жоқ қой. Суға аққан бидай уақиғасы мен жұмысқа кіріскен күннің ертеңіне болды. Мейлі, Күлайша жазықсыз жазғырылмай, осы ауыртпалық менімен ғана бітсе екен.
Нұралыға тағылған айыпты аудандық партия комитетінің екінші хатшысы Федор Дмитриевич Попов бастаған біраз бюро мүшелері дұрыс деп таппады. Балқымен сөзге келіп те қалды.
- Адал жанды нақақ күйдіреміз. Досболовтың айыпталатын жөні жоқ. Жеміс ағашын отырғыза сап, жеміс бермеді деп жұлып тастамас болар. Тамыр жайып бекіп, жапырақтап, гүлдеп барып жеміс беретіні бәрімізге аян. Жазғыру орынсыз Досболовты – деп, Федор Дмитриевич қасарысып отырып алды.
- Нағыз коммунист істі сол заматта дөңгелетіп әкетуі тиіс. Күші жетпей ме, бұл қатардан орын жоқ. - Балқы да өз ойын нықтай түсті.
- Жағдаймен санасу керек. Көзді шарт жұмып, қараңғыда айма-тайма жасасақ, талай жазықсыз жанның көзін шығарып алуымыз мүмкін.
- Арба екеш құлаған арбаға да тізгінші жауап берер болар. Тізгінді алды екен, жауап берсін. Ұсынысым – ұсыныс. Партиядан шығарылып, орнынан алынсын. Зал іші гуілдеп, күбір сөздер күшейіп кетті. Балқы сөзінің ар жағын есіттірмей жіберді. Айтыс-тартыс ұзаққа созылды. Алғаш тең тұрған жүк басы Попов жағына ауыңқырап барады. Балқы жақ қауқарсыздана бастаған. Бір-екеу ғана Балқы ұсынысын қостап, қызыл кеңірдек болып отыр.
- «Айран ішкен құтылады, шелек жалаған тұтыладының» кері ғой бұл. Неге айыпталмайды Есенжолова? – деп, аудандық атқару комитетінің бастығы Шомбалов гүж ете қалды. Манадан бері өзін жақтап отырғанына іштей разы боп отырса да, мына сөзіне іші суыңқырап қалды. Күлайшаны атамаса екен дейді.
- Колхоз бастығының емес, партия ұйымының жұмысты нашар жүргізгендігінен, оның секретары Досболовтың босаңдығынан болған іс. - Балқы тағы шүйлікті Нұралыға.
- Е, онда колхоз басқармасының ісінен партия ұйымының жұмысын бөліп қарайды екенбіз ғой - Шомбалов Балқыға тағы да зіл тастады.
- Істің негізгі ұйытқысы партия ұйымы болуы керек, жолдастар. Ұйымның аты – ұйым, жеке адамның аты – жеке адам. Қайсысының ықпалы күшті?
- Әрине, ұйымның. Досболовтан ала алмай жүрген жеке басымның өші жоқ. Бұл іске саяси тұрғыдан қарау керек. Әрине, ұйымды осылай бетімен жіберсек не болмақ? Іскер басшы бол демекпін. Жағдай соны талап етеді.
- Партиядан шығарту талабыңыз орынсыз!
- Ендеше, тыңдаңыз ұйымды. Санасыңыз жұртпен.
Дауыстар әр жерден жамырап шығып жатты. Жеке кездессе қолымен басса да үнін шығармас еді, мына көптің қайсысының ауызына қақпақ боларын білмей: «Тише-тише» дей берді Балқы.
- Жолдастар, - деп, аудандық бақылау комитетінің бастығы Ақтайлақов орнынан тұрды. Бір қарыс бойы столдан көрінбей, басы ғана қылтиып шығып тұр. Сол бас цирк ойындарында көрсетілетін қу бастарша қақсап сөйлеп кетті. Бүкір белі түйе өркешіндей шошаң-шошаң етеді. Жұдырықтай денесіне үйлесімсіз зор дауысы шаңқ-шаңқ етіп, құлақты тесіп барады,- Аққу көкке, шаян шөлге, балық суға тартса, ақыры не болмақ. Қоялық дауды. Сөз қумайық. Өмірді Бәкеңнен артық білетін қайсымыз бар. Білгіш болсақ бір-бір ауданды басқарып неге кетпейміз. Знәчіт, көргеніміз аз екен, көргендіні тыңдайық. Білгеніміз аз екен, білгендіні тыңдайық. Құры айқаймен бас қатырмалық. Басшы етіп Бәкеңді сайладық па, тыңдайық, қостайық оны. Қазір әр пысықтың бүйректен сирақ шығаратын заманы емес.
«Дұрыс!» деп отырғандар ішінен шыққан бір-екі дауысты ризашылық білдірмеген көп дауыс басып кетті. Балқының тауы шағылып қалды. Бірақ шарт сынған жоқ, сәл ғана майысты. Бастықтың аты бастық қой, Нұралыға сөгіс жариялатқызды. Өзгеге салса бұлай етпес еді. Омыраулап, иықтап, баса көктеп жеткені осы болды. Бұған да тәубе. Қауқарының қанша екенін бүгін ғана байқап қалды. Салмақсыздана бастаған. Федор Дмитриевич Попов екінші хатшы болып келгелі бері осындай халге ұшырады. Бұрынғы тізелестері де солай қарай жантайып барады. Бүгінгі бюро Балқыға көп ой тастады. Бұрын командировкаға немесе қызмет бабында бір жаққа кетсе, алдағы бюро шешімі былай болсын деп емеурін білдірсе, сол орындалып жатушы еді. Бүгінгі бюро олай емес, желге ұстаған қарашаның қара шекпеніндей өзін шұрық тесік қып кетті.
Балқы өн бойын кеулеген желмен алысулы, соған найырза, Попов жазықсыз жанның жәбірленгеніне арашашы бола алмағанына өкініп, соған найырза. Нұралы Балқыдай солақай басшының стол басында шеменделіп, тапжылмай отырғанына ренжіп, соған найырза.
Нұралы ауыр күрсініп, басын шайқайды. Ойы он саққа жүгіреді.
Бюро мүшелері үйді-үйіне тарап жатыр. Нұралы жалғыз келеді.
*********************
Түнерген қою қараңғылық жұтатын көрдей жан-жақты қымтап алып, онсыз да ауыр тартқан жүдеу көңілін көтертпейді. Батыс жақты тынымсыз осқылаған найзағай оттары айқыш-ұйқыш із тастап, айнала төңіректі бір сәт жарық қылып, қайта тына қалады. Сіркіреп жауын жауды. Топырақ балшық боп иленіп жатыр. Нұралы аяғын сылбыр басып келеді. Қайда барады? Бұған өзінде де жауап жоқ.
- Нұралы! – деген арттан бір таныс дауыс естілді. Жалт қарады. Федор Дмитриевич екен.
- А, Сіз бе? – деп артына бұрылды.
- Біздің үйге барамыз, – деді Федор Дмитриевич салған жерден қатарласа жүріп.
- Мейманхана – дей беріп еді.
- Жә, жә! – деп арт жағын айтқызбады. Екеуі әңгімелесіп келеді. Нұралы Федор Дмитриевичті колхозға қырман басына бір-екі рет барғанынан білетін. Сонда қызмет бабым жоғары деп шантаймай, ақыл-кеңестерін айтып, көп әңгімелескен. Ішкі сарайыңдағы, жан дүниеңдегі болып жатқан жайларды бетіңнен оқып-ақ біледі. Кіммен кездеспесін, алдымен жеке басының тұрмыс- халімен танысудан бастайды. Сондықтан да болар, жұрт Поповты көргенде жанашыр адамын көргендей іш тартып қарсы алады. Алғашқы кездесуде-ақ Нұралы ішкі сырын бүгіп қалмай, бастан кешкен уақиғаларын айтып, туған жеріндей бауыр басқан Украин жерін сүйсіне әңгіме еткен.
- Маған нағашы екенін біліп мақтап отырған жоқпысың? - деп Федор Дмитриевич нағашы сөзін қазақша айтып біраз күлісіп алған.
- Нағашысы қалай, сіз орыс емессіз бе?.. -дей бергенде Федор іле жауап беріп:
- Шешем украинка, нағашы емей ше? – деп Нұралыны бір тосылдырып қойған. Үлкенмін демей орынды жерінде кіммен сөйлессе де қалжыңын араластыра жүреді.
Қазақ пен орыс достығын әңгімелей кеп, Нұралы Жақай қарттың дәрігер Зотовпен алғаш қалай кездескенін жыр қып айтып берген. Федор ішек-сілесі қатқанша күліп, Жақай қартты көрсем деп жүруші еді. Ол барғанда Жақай біресе таудағы малға, біресе аудан орталығына шаруамен кетіп, әйтеуір кездесе алмай-ақ қойған.
Бір күні Зотов, Нұралы үшеуі әңгімелесіп тұрған жерінің үстінен шықты Жақай. Қаупалақтаған осы бір қатқан қара шалдың өзін көріп, Нұралы айтқан сөздері есіне түсіп, тағы бір бойын жазып күліп алған. Жақай анадай жерде сыйқыма күліп тұр ма деп, мыжырайған пұшпақ түлкі тұмағын ары-бері қойқалақтатып, алшысынан киіп, тырбиған селдір сақалын сипалап қойып, қолындағы ұзын өгіз қамшысының сабымен тоқыма шекпенінің етегін тазаламақ болып қойып-қойып қалды. Шаңы бұрқ-бұрқ етіп, жел айдап, Попов, Нұралы, Зотов тұрған жерді қаптап кетті. Федор езуін жия алмай күліп жүр.
- Бұл антұрған сөйтеді - деп, Степан Павлович Жақайдың қолтығынан алды.
- Здраствуйте, ақсақал! -деп, Попов та Жақайдың қолын алып, арқасынан қақты. Қарттың мына сыртқы аңғалдығы қанша күлкісін келтірсе, ішкі адалдығына соншалықты ілтипатпен, сүйіспеншілікпен қарайды.
- Здрәсти, здрәсти, балам! – деп, Жақай да қаупалақтап жатыр.
- Ата, мына урус жаман – деп Федор Зотовты нұсқады.
- Ой, ол жаман орыс, қашан келген - маған ұрысқан - деп Зотовқа қарап, ыржиып қойды.
- Значит, урус жаман. Да?
- Жоқ, орыс жақсы, анау шал жаман – деп, Жақай Зотовты көрсетті.
- Неһе?
- Маған ұрысқан, менікі қатынға тожы ұрысқан.
- Значит ты плохой старик, почему ол ұрысқан саһан.
- Нет, нет. Он жаман, мен корошо. Менікі қатын тожы корошо. Он бұзық, онікі мінез жаман... – Федор шалдың тілін қызық көріп, көп сөйлетті. Зотов пен Нұралы ішек-сілелері қатып күліп жүр.
- У стариков қалжың көп, да? – деп Жақайға өте риза болған пішін танытқан Федор. Жақай да:
- Нашауа, нашауа, - деп жымың-жымың еткен. Осы жай есіне түсіп:
- Шал аман ба? – деп, Федор алдымен Жақайды сұрады.
- Аман.
- Аманы жақсы ондай шалдың. Оны әр жаққа бір жүгірте бермей, тұрақты іс бергендерің жөн.
- Ешкімнің ыңғайы келмеген жұмысқа өзі жүгіріп кетеді.
- Мінез де. Жұмсай білсеңдер адам көп қой. Қартейгенде шапқылата бермей, тұрақтандырыңдар. Жағдай жасаңдар!
- Сонда қай жұмыс дейсіз?
- Мал жайын біле ме ?
- Оны білмейтін қазақ жоқ.
- Ендеше завфермалықты ұсыныңдар.
- Мардан ше?
- Онымен әлі көп істес бола қойған жоқсың. Жақсы адам емес. Өзің-ақ
білерсің. Балқымен ауыз жаласқан біреу. Колхоз қойына араластырып қойған жүзге тарта қойы, оншақты ірі қарасы бар. Жеке меншіктің кұлы болған ондай адам басшылық жұмыста қалай жүрмек. Мұны Күлайшаға да айтқам.
- Балқы қорғаштаса ше?
- Ол жағына алаң болма, өзім тындырам. -Екеуі әңгімемен үлкен қақпаға кеп тірелді.
- Клава, есікті аш! – деп, дауыстады Федор. Кішкене сары күшік шәуілдеп үріп, алдарынан жүгіре шықты. Арғы жақтан қақпаның ілгішін таба алмай, біреу пыс – пыс етеді. Әлден соң :
- Шишас, папа , сам отклою! - деген 3-4 жасар бала дауысы естілді. Федордың:
«Апаңды шақыр, аша алмайсың, бойың жетпейді!» – дегеніне көнбей:
«Шам отклою, папа што толопитешь?» – деп, әлде бірдеңелерді сыңғырлатып кетті. Нұралы мырс етті. Үлкенше сөйлеп, сәбидің қылығын жасап жүрген балаға күлді.
- Өзі бір қайсар, - деді Федор жымиып,- өз айтқаны болмаса көнбейді.
- Бойың жетпейді дедім ғой, Коля, апаңды шақыр! - Шейшаш пленешу табулетку и отклою, не толопитешь, папа, ладно?- Бала тырп-тырп басып үйге қайта кетті.
- Қап, мына ақымақты-ай, ә... Соғұрлым үйден біреуді шақыра қойса ғой...
- Қайтесіз, баланың ісі шала деген со да... Менің де сондай бір қызым бар.
- Онда құда түсейік те ?
- Қалың малын төлей беріңіз. - Жас баланың тыпыры тағы естілді. Қақпа саңлауынан екеуі қимылын бағып тұр. Өзінен үлкен табуретканы мықшыңдап әрең көтеріп келеді.
Арттан:
- Оны қайтесің?-деген әйел даусы естілді.
- Плошто так – деп, көтеріп келген табуретканың үстіне мықшыңдап жүріп әрең шықты да, қақпаның ілгегін ағытты.
- О,Молодец!- деп Нұралы баланы жерден көтеріп алып, бетінен иіскеп, арқасынан қақты.
- Шпашиба!- деп ерлік істеген адамдай-ақ екі ұртын томпайтып шантайып тұр.
- Вот чудак! – деп Федор баласының алқымынан қытықтап, еркелетіп қойды да, - неге сәлемдеспейсің, ағаңа өзіңді таныстыруды да ұмытпа! - Нұралы Коляға өз атын айтты. Үшеуі үйге кірді. Алпысты алқымдаған кемпір мен қырықтар шамасындағы орта жастағы әйел қарсы алды. Кәрісі - шешесі, ал мынасы әйелі болар деп шамалады Нұралы. Еңбектеген қыз бала жылжып кеп Федордың балағына жармасты. Семьясы шағын ғана. Үй-іші мұнтаздай тап-таза, жарық. Қабырғаға оймышталған кестелер ілінген. Сол жақ бұрышта күйсандық. Ортада дөңгелек стол. Электр шамы көк жібек абажурдан көрінбей, үй-ішін көгілдір түске бояп тұр. Төр жақта қатарластыра қойылған айналы шкафтар. Іші толған кітап. Стол үстінде газет-журналдар жатыр. Нұралы бәріне қызыға қарайды. Ол стол үстінде қазақ тіліндегі газеттердің жатқанына таңғалды. Әйелі Клава да өте ақжарқын кісі екен. Қыр мұрынды, ақсары, нағыз орыс қызы. Нұралы есіктен кіре-ақ:
- Сәлеметсіз бе, Клавдия Григорьевна!- деп келген. Көрмесе де Федор арқылы аты - жөніне қанық болатын. Федор:
- Танысып қой, Клава, Нұралы деген жігіт осы – деп, әйелі мен Нұралыға кезек қарап жымиып қойды.
- А, Нұралы ма? –деп, атына бұрыннан қанық екенін Клава да білдірді. Федордың мұнша кешіккені өздерін қатты алаң етіпті. Коля мен кішкене Роза да ұйықтамай, есік тықыр етсе, бірі «Папа» деп, бірі «пап,пап» – деп, бұларды базар қылып отыр екен.
- Шайың даяр ма, Клава – Федор Нұралы екеуі қол жуып столға кеп отырды. Дастархан жайылып, стол үстіне жас борщ келді. Түрлі хош иісті шөптер салып пісіріпті. Иісі мұрныңды жарады. Майдалап туралған ет те жүр арасында. Қара
бидай ұнынан пісірілген нан да туралды. Артынан бір-бір стакан ыстық шай келді. Тәбет үшін деп Федор рюмкаға арақ құйды. Нұралы таңертеңгі тамақтан соң нәр татпаған -ды. Тамақты сүйсіне ішті.
Астан соң Клава мен шешесі бала-шағасымен өз бөлмелеріне кетті де, екеуі оңаша қалды. Аш қарынға ішкендіктен Нұралы әлгінің өзіне-ақ қызыңқырап қалды. Батылдана сөйлейді. Ашына сөйлейді.
- Сізден ұялдым. Болмаса Балқыға айтарымды айтып сап, түрмесіне өзім-ақ барар ем.
- Болмайды ол. Қазақ «Білегі жуан бірді жеңеді, білімі күшті мыңды жеңеді» демей ме? Қызбалыққа салынбау керек.
- Күйіп кеттім ғой, Федор Дмитриевич!
- Әпербақандық қой оныкі. «Мұз күн жылынғанша ғана өмір сүреді»,- дейді орыс мәтелі. Балқының өткеніне көз салсақ, ел қамын ойлаған, ел деп еңірегеннің бірі. Байларды конфискациялау, кедейлер теңдігін қорғау, троцкистерге қарсы күрес – бәрі де өмір жолында сайрап жатыр. Журналистердің оның өмір белесі жайында жазған очерктерін де оқыдым. Үлкендер арасында беделі де бар, сөзі де өтімді. Атақты бір жазушы коллективтендіру кезеңі туралы кітап жазбақшы екен, прототипі етіп осы кісіні алмақшы. Үйінде неше күн жатып, өмірбаянын тәптіштеп сұрап, қойын- қонышын қағазға толтырып әкетіпті. Қызмет бабында істес болмаған соң қайдан білсін мінезінің ожарын, жеке басының қамын көбірек ойлап кеткенін. Қазіргі ісі бұрынғысымен өлшеніп жатыр. Кім жақсы - Балқы жақсы. Кім іскер - Балқы іскер. Плехановтың бұрынғы еңбегін еске алсақ, кедей пайғамбарлары Маркстың, Энгельстің еңбектерін тұңғыш рет орысшаға аударып, сол ұлы адамдардың білімін уағыздаған адам еді. Ленин Плехановтың кейінгі жалтақтық бойкүйезділігін неге бұрынғысымен өлшемеді. Бұл салыстыруым дөрекілеу де көрінер. Бірақ осында үлкен мән жатыр. Міне, әрбір іске осылай Ленинше қарауға тиіспіз. Принципті басшылықты алға ұстауымыз керек. Қоңылтай басшылық еш мәреге жеткізбейді. Жарайды, ол кездегі ісіне қарап Балқыны мақтай қоялық, табанды коммунист делік. Ал қазіргісіне жол болсын? Кемшілігін бетіне айтсаң, жау тұтады. Үндемей қалуға тағы болмайды. Жазықсызды жазғырып, амалсызды алып ұрады. Талай кінәсіздердің жазғырылғанының куәсі болдым. Өзге де нақақ кеткен жандардың талайын білемін.
Істес болған бірер жыл ішінде ғасырға татырлық қылық көрсетті. Сонда кімсің? Баяғы Балқы – Балқы. Облысқы барса – төрі, астанаға барса түсетін жері дайын – Федор Дмитриевич те қызына сөйледі. Күнзила кемпірдің әнеукүнгі айтқан сөзіне Нұралының көзі енді жеткендей болды.
Федор Дмитриевичтен талай сырлар ұғып, сусындап қалды. Қабағы жазылып, іште қайнаған ыза мен кек біраз саябырсып, жеңілдегендей болды.
Екеуі көп әңгімелесті. Бәрі ел жайы, Отан қамқорлығы. Мана ойда бүгіп қалған бір сұрағын қойды Нұралы.
- Қазақша газет –журналдардың қажеті не сізге?
- Неге қажет болмасқа! Қазақ жерінде тұрсақ, қазақтармен істес болып, бір күлше нанды бөліп жеп отырсақ, тілін неге үйренбеске! - Сонау Ленинградтан келгелі бері айналдырғаным - осы қазақтың тілі. Кейбір қиын сөз тіркестері болмаса, тәп-тәуір-ақ меңгеріп қалдым. Айтқанның бәрін түсінем, бірақ жауаптасуға шорқақпын. Бұл жерге келгенге дейін Қазақстанның батыс жағында партиялық қызметте жүріп те тастаған емеспін бұл талабымды. Сиқырлы музыка атасы - Құрманғазыны, сөз патшасы – Абайды, шығыста құйрықты жұлдыздай болып жарқ еткен Шоқанды, сөзі Алатаудай алып, алғыр, Заманымыздың Гомері Жамбылды туғызған қазақ халқын қалай сүймессің, тілін қалай бағаламассың! Ленинградтың оқ жауып, түтеген соғыс боранының астында жатып, кезекке тұрып алатын бір тілім нанына бармай, Жамбылдың «Ленинградтық өрендерім!» атты плакат – өлеңін бала-шаға, кемпір-шал демей көзінен аққан қанды жасын сіміріп, кезекке тұрып оқығанын көрдім. Тоқсаннан асып, тақымы жерге тигелі тұрған мыжырайған қаудыр тон қазақ шалы бүкіл Ленинград халқына қандай құдіретті күш берді десеңізші! Бұл не? Ангелдің күші ме, Русалканың күші ме? Жоқ, халықтар достығының күші. Балқының қазақша газет-журнал көрсе ысырып тастап, түсінбеймін деп ширатылатыны бар. Өзі қазақ, неге түсінбейді. Әрбір оқыған мәдениетті адам өз ана тілін бағалай білуі тиіс. Өз анасын кеудеге тепкен,өзгенікін оңдыра ма?
- Ғажапсыз, Федор Дмитриевич, сан сырлы қасиетіңізді бағдарлап, жете білдім десем де, ана әжімдеріңіздің сызатында қоздап, туындап, бұрқанып жатқанын білмеппін. Көрдім дегенім сіз көргеннен көп бел бері, білдім дегенім сіз білгеннен көш жер кері екен. Неткен суы мол дария едіңіз.
- Сарқылмаз кен көзі – халықта. Халықтан үйрен. Солардың тіршілік мұраты-өмірден үйрен. Өмір сабағы ұмытылмайды. Жұдырықталдым деп жасыма, майысқақ боп кетесің, лауазымды деп жалтақтама, қайысқақ боп кетесің. Тас артып, тау қопартса да түзу жолдан бұра тартпа. Сонда ғана нағыз коммуниссің.
- Тағы екі көз пайда болғандай болды. Әрқашан осындай ақыл- кеңесіңізге құштармын. – Нұралы ризашылық ықыласын жасыра алмады. Бірі ақыл айтуға, бірі зердесіне құюға жалығар емес. Сағатқа қараса, тілі үштен өтіп барады екен.
- Біраз көз шырымын алалық – деп, Федор Дмитриевич Нұралыға оң жақтағы ақ болскей кроватты нұсқады. Жан жарасы тынықса жазылады, жатып дем ал! Өзі диван үстіне барып қисайды
- Қайырлы түн, Федор Дмитриевич.
- Абайла, Балқымен жұдырықтасып жүрме!
*********************
Бидай орағы басталғалы бері ауылдың кәрі - жасы демей тегіс қарбаласта. Жас балалар өгіз арбамен қырмандағы бидайды қоймаға тасиды. Ересектері сонау 20 шақырымдық Састөбе станциясына жоспарлы бидай артады. Қазіргі жұмыс күшінің дені - әйелдер. Әне біреуі арба үстіндегі сары балаға «ұрсайшы» деді де, жерге секіріп түсіп: «Өлә, қараң қалғыр!» - деп жаулығын шошаңдатып, пар жеккен өгіздерін бас көзге сабалап келеді. Аты - Қарашаш. Қимылы ширақ, әрбір сөзін шегедей қадайды. Күйеуі әскерде. Ақ сары дөңгелек жүзін жел қағып, тотықтырыпты. Өгіздің мына байпаң жүрісіне ызаланып келеді.Екі бұрым етіп өрген білектей қолаң шаштарын қайта-қайта артқа қарай сілкіп тастайды. Артында өгізімен бірге мүлгіп, самай шашы жаулығының сыртына шығып қобыраған орта жастағы әйел келеді. Арба тоқтағанда басын тыр-тыр қасып: «Соп,соп, ә!» - деп, өгіздерін сабалайды. Өзі ұйқыға кетеді. Мұның да күйеуі әскерде.
- Шешей-ау, не болды сізге? - деген Қарашаш дауысынан селк етіп оянған Берекенің: «Соп...Соп...ә...» деп барқыраған даусы қайта естіледі. Еркектерше тамағын кенеп, аузы толған қақырықты «ақ,туф» деп ытқытып жіберді. Сөзді өзі бастады.
- Келін, аздап қалғып кетіппін. Түс көрдім. Жұмекенімді көрдім. Келіп, құшақтағалы жатыр, әруақ атқыр. Денем денесіне тие бергенде оянып кеттім. Екі езуі екі құлағына жетіп, екі самайды алма-кезек қасып қойды да, әдетінше дарылдай күлді.
- Сонан өзгені ойлайтыныңыз жоқ қой деймін?
- Е, келінжан, еркек деген қатынның гүлі ғой. Олардан басқа кімді ойлаймыз. Жанымызда жүрсе қадірін білмейміз. Басына әңгір таяқ ойнатамыз. Жоқ болса ынтығамыз. Сенің де көзіңнің қарайып жүргенін мен білмейді ғой деймісің. - Қарашаш мырс етіп күліп жіберді.
- Ынтық болып қосылғансыздар-ау, шамасы?
- Несін сұрайсың, бұл жалғанның Қозысы мен Баяны біз болғанбыз. Ондай бақытты қиғың келмей ме? – Қарашаш Берекенің жүзіне тіктеп қарады. Қозықарындай бұжырланған беті анау. Қолапайсыз ұзын жаратылған қол мен аяғы алдына симай, шашы қобырап, салыңқы еріннен тамшылап түсіп жатқан сілекейі алдын айғыздап, қоқиып отырысы мынау. Ықыластана шын зейінімен сөйлеп келеді.
- Шіркін, жастық-ай десейші! Жаным, күнім деп келіп, белімнен қысып, аузымнан сүйгенде буыным құрып, әл-дәрменім қалмайтын. - Салақтап ағып тұрған сілекейін сылп еткізіп жұтып жіберді де, омырауда айғызданып жатқанын алақанымен сыпырып алып, жерге атып ұрды.
- Жасыңызда реңді болғансыз-ау?
- Ойхой десейші, кәмшат бөрікті бір шекеге қисайта киіп, бұлғақтап, уылжып шыққанда кімсің? Додан байдың қызы, кімсің Береке атанған берекелі заман еді ғой.
- Пай, пай, сол заманыңда бір көрмедім-ау – деген дауыс шықты арттан. Бұл зав.ферма Мардан еді.
- Ибәй к... - деп селк етіп, шошып қалды Береке.
- Шошуыңның артында тосуың жатса жарадың. - Мардан қамшысының сабымен төсін нұқып қалды.
- Ибәй, қойшы! Ұят-ты ана келіннен...
- Ұялсаң кесіп таста мына ит жегірді! – Мардан тағы түртті.
- Осың-ай сенің! Оңаша жетпеді ме?
- Қарашаштай сұлулар тұрғанда, оңаша саған қайдан бұйырсың! - Береке бұған ернін шығарды. Мардан атының оң жағына қисая мініп, тебініп алды да, қалпағын бір шекесіне баса киіп, Қарашаштың жанына жетіп барды. - Пай, пай, піскен алма десем бе, піскен өрік десем бе! Қарашаш келін, тасып төгілмей қалай жүрсің! - Қамшысының сабын төсіне қарай жүгіртті. Қарашаш қамшыны жұлып алып, лақтырып жіберді де:
- Қайнағасының келінімен ойнағанын қайдан көрдіңіз? – деп, ызғарланып шоқша қадалды Марданға.
- Әзілің жарасса атаңмен ойна деген, келін.
- Қылжақтайтын бозбала емессіз, ұят емес пе мұныңыз!
- Жә, келін, қарап жүргенше көңіл көтерелік деп...
- Ер төсектен безініп, өлім мен өмір арасында от кешіп жүргенде сіздің көңіл көтеруіңізге жол болсын! Күресіндегі бұқаға ұқсамай аулақ жүріңіз!
- Келін ашулы ғой бүгін! Береке, өзіңнен басқаның сауырын сипататын түрі жоқ - деп, қамшысын қонышына тығып, атының басын кейін бұрды да, Берекеге келіп, оны арба үстіне домалатып ала жөнелді.
- Ибәй, көксоққан, ұялсайшы - деп, дауысы күлкіден әрең естіледі. Марданның ауызы-басы сілекеймен айғыздалды. Өгіздер қамысты өзекке келіп кіргенде арба үстінде далиып жатқан Берекеге:
- Түсіп кетші! - деп сыбырлайды. Бұл кезде Қарашаш әлдеқайда ұзап кеткен еді. Өзге арбакештер бірер шақырым артта қалған. Бұрылыстан көрінбейді:
- Антұрған – ау, нең кетеді - деп жабысады Мардан.
- Е, Һе- е-е...- деп дарылдап күледі де, - қойшы- ей, шаңқай түсте ұят-ты! Жол үстінен басқа жер құрыды ма? - деп, Марданға жабыса түседі. Арба тоқтап, Береке жол шетіндегі көкке аунай кетті. Өгіз айдаған әйелдер дауысы жақындағанда Мардан атына қарғып мінді.
- Арттағы арбада кім? - деді Мардан сілекейленген бет–аузын сүртіп жатып.
- Күләш. Кәрі-құртаңнан гөрі сондай сұлуларға бармайсың ба? - Береке қамысты өзекті басына көтере күлді.
- Еске салғаныңа рахмет! - Мардан артқы арбаға қарай шоқытып кетті. Береке Қарашашты қуып жетті.
- Келін, Мардан байқұс әзілдеп, аздап көңілімді көтеріп кетті.
- Әзілдеріңіз мынау, ойындарыңыз қандай болды екен?- Қарашаш оқты көзімен ата қарады.
- Е,һе-е-е, келін, құрдастың әзілі солай болад та. Мұндағы еркектер де жетісіп жүр дейсің бе? Көңілдерінің көтеріңкі жүргені тәуір де. - Береке байсалды кейіпке түскен бола қалды. Қарашаш үн қатқан жоқ.
Мардан «ауһаулаған» Күләш даусын есітіп, қалт тоқтай қалды. Күләш - орта бойлы, қараторы, қой көзді, жиырмалар шамасындағы жас келіншек. Күйеуі Әбдіреш үйленген соң он күннен кейін әскерге кетті. Марданның торауылдайтыны осындай салт басты, сабау қамшылы келіншектер. Бұл кездері оған шошайған сақал мен едірейген мұрт есеп емес. Өз ой қорытындалуы бар. «Құдая, тоба, алпысқа енді-енді иек арттым. Менен бес жас үлкен Шөребек былқылдаған жас қатынды қойынға салды. Алпыс жетідегі Мұсаға сұлу Бикеннің өзі тиіпті. Жас арасын өлшесең - атасындай. Қызыл көз Қамбар болса қызымен жасты бір қызды сылқитты қойынға. Жарықтық Жағпардың аузы қисық та болса, дуалы-ау; «Ақырзаман жақындады. Шал да болса біреудің етегінен ұстаған сауап болады. Мұндай жағдайда Аллаһ Тағала екі некені де кешіреді. Байға тиген қатындарға еш күпірлік болмаса керек»-демеді ме! Қамбар, Мұса, Шөребектердің некесін өзі қиып берді. Жүзі жылыдан түңілме деген. Қалай да Күләшті қолға түсіруім керек.» Міне, Күләшқа да жақындап келді. Бір өгіздің мойынтұрығы шығып кетіп, Күләш әуреге түсіп жатыр. Жаңа үйретілген наупас өгіз бой бермей, қамысты өзек ішіне кіріп кетті. «Аухаулап» артынан жүгіріп барады. Қамысты қорысқа кіре түссін деп, ештеңеге мән бермеген адамша Мардан жай аяңдап келеді. Айнала жым-жырт. Үп еткен жел де жоқ. Өзге арбакештер бағана-ақ қарасын көрсетпей кетіп қалған. Мардан атын тұсап, ну қамыстың ішіне айдап кіргізді де, Күләш кеткен жаққа бет алды. «Аухаулаған» дауыс әлде қайда қамыс ішіне ұзап барады. «Мықты бол, Мардан! Ауызға үріп салғандай сұлу келіншек тұзағыңа іліккелі тұр. Мұндай сәтті құдай бере бермейді. Ебін тап та, екі аса!» Мардан қалың бүлдіргенді уыстай асап, тышқан аңдыған мысықша жортып келеді. Аяғына іліккенін қамшы сабымен көсіп тастайды. «Адал жанға таңба салма» дегендей, бүлдірген сабақтары аяғын қайта тұсайды. Қамыстар бетін сабалайды. Жүрісі өнер емес. Қос танауы бүлк-бүлк етіп, әккі көздері жан-жаққа ұрлана қарайды. Дауыс та жақындай түсті. Әне, Күләштің өзі де көрінді. Нәзік саусақтарымен өгіз мүйізінен ұстап, «шо-шо» - деп сүйрелейді. Өгіз өзен жағасындағы қалың құрақты қамысқа тұмсығын тығып алып, тапжылар емес. Бетіндегі сорғалаған терін сүртіп, ырс-ырс етеді. Шаршаған. Ыза буып, көзінен домалаған жас тамшылары мөлт-мөлт етіп, үзіліп түсіп жатыр. Қыпша белі талша иіліп, қабырғасы қайысып, сөгіле жаздап, тартқылайды өгізді.
Өзеннің екі жағы көкпен таласқан ну қамыс. Бақылдаған үйрек, шықылықтаған сауысқан, көкек үндерінен басқа дыбыс естілмейді. Айнала құлаққа ұрған танадай. Енді сезіктенуге болмайды. Мардан өзен жағасындағы қайранға шығып, жұмсақ құмдауытпен мысықша басып, баспалап келді де, Күләштың аузын баса қалды. Ә деуге шамасын келтірмеді. Шаршап титықтаған әлсіз дененің қарсыласуға шамасы келмей, қорқып, сұлық жатыр. Беті қан-сөлсіз. Әлден соң ұйқыдан тұрған адамдай есін жиып, бұлқынып тұрмақ болып еді, темірдей қатып қалған тарамыс қолдар еркіне жібермеді. Айқайлап еді, даусы шықпады. Төңіректің бәрі тұманданып, қарауытып кетті. Көзі бұлдырап, басы шың-шың етеді. Әлдебір шошақ сақал тамағына тікенше қадалып, жидіген сасық ауыз албыраған бетін иіскелеп, аймалап жатыр. Шошайған бес тал қыл аузына келіп тақалды. Күләш тістеп алды. Көдедей бырт-бырт үзілген бір топ сақал орнын қан жауып кетті.
*********************
Қырман басы құжынаған халық. Бір топ әйел молотилкаға бидай жегізіп, енді бір тобы екі-екіден ұстасып, шары аралас бидайды қалбырлап жатыр. Мұса, Шорабек, Қамбарлар қырманның шет жағында ағаш күректі құлаштай
сілтеп, бидай суырып жатыр. Ауылдың барлық еңкейген кәрісі мен еңбектеген баласы осында. Оншақты бала он екі қанат үйдің орнындай жерге жайылған бидайды пар ат жегілген таспен бастырып, айнала шабады. Бұл олар үшін жұмыстан гөрі ойын есепті. Сақ-сақ күлісіп, бір-бірін қуалай жүріп, әп-сәтте-ақ сабан етіп тастайды. Биылғы бидай түсімі тәуір-ақ. Ел тойынып, берекелері кіре бастады. Балалар да нан деп қыңқылдамай, қалтаға, қойын-қонышқа сары
табаларды тығып ап, кір-қожалаң қолдарымен тұтамдай ұстап, ауыздары тыным табар емес. Ақын Келімбет те осында. Жақсы жұмыс істегендерін табанда өлеңге қосып, мақтай жөнеледі. Қыңыр-қисық, жалқауларды шенеп, сын садағына алып жатыр. Жас келіндер:
«Ибай,ақын атамнан ұят-ты» десе, өзі тұстас қарттар: «Келекеңнің мазағына ұшырамайық»- деп, балалар жағы : «Атам алма береді»- деп, құлшына кіріседі жұмысқа. Ән, думан - бәрі де осында. Әсте еңбек жүрген жерде ән мен қызық құр қалған ба?!
Қырман басындағы бүгінгі алыпқашпа сөз Жағпар туралы болды.
Бірі:
«Жақсы ит өлігін көрсетпейін дегені де» - десе,
Екіншісі:
«Кемікті сүйек тапқан ғой бір жақтан» - деп қағытады.
«Қылқиған қаз көп үйректің ішінен не жеуші еді, көзінің жоғалғаны тәуір. Бір дән де болса да өзіміз желік,» - деп, қызыл көз Қамбар сөзге араласты.
Қатыны жас, өзі мас,
Қайран біздің Қамбар жас.
Ха...ла,ла,ла,лә...лә...лә... – деп, Келімбет өлеңді бір бүйірден қойып қалды. Жұрт ду күлді. Қамбар:«Ой, әруақ атқыр, ой, әруақ атқыр!»- деп қызарақтайды.
«Ар жағын, Келеке, ар жағын» - деп қаумалайды жұрт.
Қартайғаны болмаса,
Жүрегі мұз, кеуде тас.
Қаужақтаған қауқар бас
Қыздан әлі тайқалмас.
Алжығаны байқалмас.
Күзендей сасық құшағы
Терге иленіп, малшынып,
Қызыл көзі білеудей,
Қарай-қарай сарсылып.
Жас сұлуға айтсаңшы,
Кімді салдың жаушы ғып.
Шорабек пен Мұсаға
Қызыл көзім ұсама.
Жас қатынға жантайып,
Жүрсін қолын тұсама!
Арқасының, жауырын,
Қотыр басқан сауырын,
Сипатсын да жасарсын
Боп жүргенде құсада !
Ха...лә...лә...лә...лә,ха...лә...лай... – Жұрт қыран күлкіге батып, әр жерде домалап жатыр.
- Шоқ түссін тіліңе!
- Жас қатыннан өзің де қашпассың.
Мұса, Шорабек, Қамбарлар біресе ашуланған боп, біресе қалжыңдаған боп қызарақтап қалды.
- Жағпар жаушылыққа жүріп, тағы бір- екеуін айттырғалы кетіпті.
- Қайтсін, елдегі ер- азаматтар, бозбалалар осылар ғой. Ойнасын, күлсін. - кемпірлер жағы да бір-бір шымшып өтті.
- Жас қатын алғандарды айдатқалы Күлайша келеді, -деді біреу ел жақты нұсқап. Бәрі елең етті. Күлайшаның жанында екі милиционер келеді екен. Мұса, Шорабек, Қамбарлар шынымен-ақ үрпиісіп қалды. Бір қызарып, бір бозарып жалтақ-жалтақ қарайды.
- Қырман толсын, - деді ұзын мұртты орта жастағы милиционер қол алысып. Жастауы, сірә, қызметке жаңа тұрған болуы керек, амандықтан соң үсті-басын «фу-фулап» қағып-сілкіп, су жаңа формасына бипаздана қарап, мұрнын шүйіріп, кейде бұрыла беріп аяғын сарт еткізіп қамшымен қойып қап, өзімен өзі әуре боп жүр. Оның формасына балалар ғана әуестене қарап, торғайша шуылдасады.
- Менің көкемнің де осындай тапаншасы бар,- дейді бір қара борбай бала ұртын томпайтып, - кеше суреті келді. Апам екеуміз көрдік. Беліне байлап алыпты.
- Пшту...у, - дейді жалпақ танау сары бала мұрнын көкке шүйіріп, -тапаншаны да мылтық деп жүрсіңдер ме? Біздің үйде қос ауыз бар. Атып кеп жіберсең, «пуф» деп, жерді солқ еткізеді.
- Әй, әй! Ол алдайды, ол - мақтаншақ...- деп, бір ұзын сирақ бала оның алдына кеп, теріс қарап еңкейе беріп «тырқ» еткізді де, аузы-басын қисаңдатып, мазақтап қаша жөнелді. Жалпақ танау оны қуып жетіп, екеуі үйілген бидай үстінде ұмар-жұмар болып жатыр. Өзге балалар кеп жеткенде бұлардың бидай үстінен сырғи-сырғи шаңға аунап жатқан кезі еді...
- Артыңнан домбақ алам!- деп жабысады жалпақ танау.
- Алмайсың!...-дейді ұзын сирақ. Аунай-аунай үсті-бастары шаң-шаң боп, көздері ғана жылт-жылт етеді.
- Қойыңдар, балалар, тентек болмаңдар! - жас милиционер кеп бұларды зорға ажыратты. Енді аралары алшақ тұрса да бір-біріне жұдырығын түйіп, құржыңдасып тепсініп-тепсініп қояды.
- Күлайша апай шақырады!- деп бір бала хабар айта келді. Қырмандағылардың бәрі шеткі күркенің жанына барып, көлеңкеге алқа-қотан отырысып жатыр екен. Жапа-тармағай жүгіріп кеп, қырман басын шаңғытып, балалар да бір шеттен орын алды. Күлайша сөзге жаңа кіріскен екен.
- Қазір өте қиын жағдайда екеніміз бәріңізге белгілі. Сыртқы жау бір шалса, ішкі жау екі шалып, айласын асырып жүр. Күнделікті жоғалып жатқан тоқты-торпағымызды есептемегенде, мемлекеттік мүлікті ұрлап, қарасын көрсетпей жүрген алаяқ опасыздарды өкшелей қуатын күн жетті. Қыруар бидай суға шайылды, бес мая шөпке өрт салды. Жұмыс істеп тұрған жалғыз комбайнның ремені үзіліп, оны ауыстыруға қоймадағы су жаңасын да ұрлатып отырмыз. Әрбір дәннің бір-бір оқ екенін жақсы білесіздер. Жедел шара қолданбасақ, майдандағы әкелеріміз, ағаларымыз, інілеріміз алдында кешірілмес ұятқа қаламыз. Ауыл арасындағы осы жаулардың кім де болса Жағпармен байланысты екені айдан анық болды. Оны «жыртық кебіс» оқиғасы дәлелдеді. Енді өзі қашып кетіп отыр. Қайда кеткені беймағлұм. Бірақ көкке ұшып, не жеті қабат жер астына түскен жоқ. Суытпай ізіне түсуіміз керек.
- Күлайша дұрыс айтады. Әйтеуір олардың жер басып жүргені анық. Ендеше жердегіні табуға болады, - мұртты милиционер қойнынан жазу кітапшасын алды, - осы ауылда етікшілікпен кім айналысады? –деп, жұртқа қарады. Жұрт аң-таң. Сірә, оның етігі жыртылған болар деп, аяғына қарады. Жоқ, мың жыл қар басса да қайыспаймын дегендей, аяғындағы керзі етігі қозғалған сайын қарш-қарш етеді. Ауыл адамдарының көбі-ақ етік, мәсі тіктіруге Жағпарға баратын-ды. Онымен айналысуға өзгелердің уақыты да жоқ.
- Жағпар!- деп шу етті жұрт.
- Басқа...
- Жоқ.
- Кім отырады дейсіз осы қарбалыста ине сабақтап.
- Құп!- деп, милиционер кітапшасының екінші парағын аударды да, -жоғалған малдарыңыздың түр-түсі, жасы...- деп жаза бастады.
*********************
Тау іші. Тасүңгірдің дәл үстіне төне түсіп, иегін артқан сонау шырқау биіктегі құж-құж өркеш тастардың бірінен соң біріне секіріп, біреу төмен түсіп келеді. Күнде сарсыла қарап, арқар мен тау ешкілердің секегінен басқа ол жақтан жан қимылын көрмеген Айнаштың денесі бір ысып, бір суып, әлдебір үміт нышаны сызат бергендей қара көздерінің кемеріне жас толып, булығып өксіп, езіле көз тігеді сонау алысқа. Тәукенің жүрер жолы ол емес екенін біліп, үміт нышанына иек артып: «Менің тірі екенімді елге жеткізер адам баласы болғай, тәңірім!»-деп іштей жалбарынады. Ұзақ телміріп қараған сайын көзі бұлдырап, әлгі адам алыстап, әрі қарай өрмелеп қайта кетіп бара жатқандай болған соң көзін жұма қойып: «О, жасаған, көз жасымды көре гөр!»- деп, күркеге қарай беттеді. Аяқтағы темір кісеннің жиырма-отыз құлашқа созылған темір шынжырының бір жері әлденеге тіреліп, етбетінен құлап түсті. Екі қолын тіреп үлгерді. Дүрс еткен дыбыстан оянып кеткен Қысыргүл:
- Ит салдақы, ұйқы да бермедің-ау! -деп, делегейленіп жатқан мол етегін томардай бөксемен жалғасып жатқан жуан сирақтарының тобығына жеткенше тартқылап, мықынын тыр-тыр қасып, екінші жамбасына төңкеріліп жатты. Дударланған самайдан қошқарша сүзісіп кезекке таласып жатқан қарақошқыл, көк қасқа биттердің бір- екеуін сол қолымен екі- үш тал самай шаштың таусылар ұшына дейін бірге созып алып барды да, бырт-бырт езіп:
- Әй! - деді Айнашқа қарап.
- Не айтасыз?
- Бері кел! Самайымда бірдеме жорғалаған секілді, қарап жіберші. - Айнаш үнсіз келіп отырды.
- Міне, дәл мына жерде жүрген секілді. - Қолын самайына апарғаны сол еді, бір-екеуі тағы қарғып шықты. Бұ жарықтықтар да берекелі жерді мекендеп, берекелі кісіні иектейді – ау! -деп ыржиып қойды.
- Иә, берекелі өмір кешкеніңізге тәубе деңіз! - Айнаш кекесінін Қысыргүл байқамады.
- Құдая шүкір, осы дәулет басымда тұрғанда неге тәубе демейін, - арқасын қиқаң өткізіп артындағы діңгекке қасып қойды. Өмірдің ығына жүріп ықтай білмеген қор болып өтеді. Болары болып, бояуы сіңді. Босқа қасармай Тәуке байқұсқа жылы шырай көрсетіп, былай... қатыны құсап жүрсең қайтеді? Қойнына жаттың екен, жылы шыраймен жат! Еркектің еркектен айырмашылығы жоқ. Бәрі бір. Әйтеуір бір қанағат. Қу құлқының тоқ болса болды емес пе! Бұ да бір сыр ғой. Саған айтпағанда кімге айтам. Әке-шешемізді ерте жалмап, Битан екеуіміз қол ұстасып қала бердік. Құдайға шүкір, әкеден қалған дәулет жалғанды жалпағынан басуымызға жетті де тұрды. Додан байдың «Айман-Шолпанын» айттырамыз деп жігіттер ал кеп қаптасын! Ол дәуренді де кезінде шайқап өтіп, ақыры Сиқымбайға келіп, ат басын тіредім. Мына Тәукенің әкесімен менің әкем көп жыл дастарқандас болғанын өзің де білетін шығарсың. Бір күні Тәуке жуәрмек келіп етегімді былғап кетпесі бар ма. «Келіншектің бетін кім ашса,сол ыстық» демекші, Сиқымбайға тұрмысқа шықсам да осы бұжыр қара аңсарымды аудырды да жүрді. Ақыры міне, осыдан сая таптым. Битанды әке орнына әке, шеше орнына шеше болып, ел қатарына қостым. Момын Жұмекен дегенге тұрмысқа шығарып, елдің батасын алдым. Сиқымбай екеуі әскерге бірге аттанды. Сиқымбайға: «Әскерге барма, тау кезіп, тас кешсек те бір күнімізді көреміз» - деп осыншама жабысып едік, салдақы Берекенің Жұмекені: «Не көрсек те елмен бірге көреміз. Көппен көрген ұлы той» - деп, тістесіп отырып алды. «Өзің білме, білгеннің тілін алма» - деген осы да. «Өлетін бала молаға жүгіреді» - деп, ақыры әскерде оққа ұшып өлді. Битан болса Жағпардың етегінен ұстап, ел қатарлы өмір сүруде. Үмітім жалғыз Тәукеде қалды. «Сиқымбайымнан болса айрылдым, етегіңнен ұстап өтсем арманым жоқ» - деп, ердім соңынан қара бұжырдың. Өзгені қайдам, өзіме бұжыр беті майдай жағады. Ел азып-тозып, арқа еттері арша, борбай еттері борша болып жүргенде мына рақат дүниені қойсайшы! Күнде жас сорпа, жылы-жұмсақ қызыл. Саған енді елге барғаннан жақсылық жоқ. Ел-жұрт деп түнерме! Өлер байың өлді. Қара қағазы төсқалтаңда жүр. Енді кімге керексің онда. Қызың болса, құдай аманшылығын берсе, енді бес-алты жылда байға тиюге де жарап қалады. Сосын оның да өз қызығы өзімен. Құдай деп осылардың тілеуін тілесейік одан да. Сиқымбайым «Сұлушаш» деген бір жырды дауыстап оқып отырушы еді. Есімде қалғаны сондағы бір-біріне ғашық болған қыз бен жігіт біз сияқты осындай тау кезіп, өмір сүрген екен. Мұндай өмір қызықсыз болса кітапқа неге кіргізеді? – Қысыргүлдің бұл түсініктеріне қарсы Айнаш талай рет сөз таластыруға ұмтылып, нәрсіз, сөлсіз бос кеудеге сөз дарымайтынына көзі жеткен соң үнсіз іштей ғана тынып отыра берді. Адам мінезі әртүрлі ғой. Біреу бар- ой желісінің өмірмен, шындықпен қалай қабысатынын байқай отырып, аңди сөйлейді. Айтылар сөз ретіне орнымен ғана араласып, ойына, бойына шағын ғана таңдайды. Екіншісі бар- өзінше шатып–бұтқан қисық, қыңыр түсінігі болады. Жел сөзді оңды-солды сілтеп, қисық түсінігін қиясынан қойып, өз түсінігінен басқаға ырық бермей, қатқан теріше қақайып міз бақпайды. Ақты қара, қараны ақ деп, беті шімірікпей отырып алады. Қысыргүл мінезін соңғыға сайыған Айнаш қарсы дау айтқанмен оған ем қонбайтынына көзі жетіп, ләм-мим демеді.
Күндегі өмір сұрқай тартып, бір қалыпты өтіп жатыр. Ішек-қарын тазарту, тамақ әзірлеу, терге малшынған сасық қоңысты киімдерді жуу, Қысыргүл үстіндегі қысыр биттерді теріп отырып, қысыр сөздерін үнсіз тыңдаумен кешті батырады. Қашып кетпесін деп Тәуке Айнаштың аяғына жиырма-отыз құлаштық шынжырлы кісен салып кеткен-ді. Сымның бір ұшы Қысыргүл жатқан жастықтың астындағы темір қазыққа шегенделген. Айнаштың әрбір жүріс-тұрысы Қысыргүлге тайға таңба басқандай білініп жатады. Ендеше қашып кетеді деп қауіптенуге болмайды.
Алғаш келген күні Айнаш көзін осы күрке ішінде ашып, Тәукенің өзіне төне түсіп тұрған қарабұжыр бетіне «қарабет» деп түкіріп жіберіп, қайта талықсып кеткен. Әлден соң жандалбасамен «Затың адам ғой, су бер,су...» деп тіл қатқан. «Мына дәріні ішіп қой, тәуір боп кетесің» - деген Қысыргүл сөзіне иланып, ағаш тостағандағы әлденені сіміріп салған. Өңешіне өрт түскендей күйдіріп барады. Денесін ысытып, екі бетін албыратып бір қызу жайлап кетті. Ішкені спирт екенін сонда ғана бір-ақ білді. Сөйлеуге тілі келмей, кірпікті бота көздері еріксіз жұмыла берді.
Ертеңіне көзін ашса, жанында жардай болып Тәуке жатыр. Екі көзі алақтап, бір сұмдықтың болғанын сезіп, жүрегі су ете түсті. Ашынған жанын қоярға жер таппай, бармағын тістеп, қыршып алды. Құлындаған даусы тау-тасты жаңғыртып жіберді. Шорт үзілген бармағын сорғалаған қанымен Тәукенің бетіне түкіріп жіберді.
- Мә, тәніммен қоса қанымның да рақатын көр! Іш, жала, ұртта! - бет-аузы көгеріп, фонтанша атқылаған басбарғының қанын Тәукеге қарай шапшытып, өзінің де, оның да үсті-басын қызыл ала қан етті. Талықсып құлап түсті. Қысыргүл киіз күйдіріп басып, қанын әрең тоқтатқан. Содан басбармағы шолақ боп бітіп, ине сабақтаудың өзіне зар болып қалды. Тәукенің киімін үйтіп-бүйтіп Қысыргүлдің өзі жамап, әзер көктейді.
*********************
Күз айының алғашқы салқыны да біліне бастаған. Жамау түскен ескі күпісін жамылып, бүгін де Қысыргүлдің басын тарап отыр. Ойы әлдеқайда алып-қашып, ел ішіне де барып қайтады. Үміт нышаны - құз басындағы төмен қарай түсіп келе жатқан сонау бір бейтаныс жан. Ойынан сол кетпейді. Қысыргүл болса әңгімеден аузы босамай, өткен- кеткенді соғып отыр. Кейде Айнашты мүсіркеп те қояды.
- Құдай етегіңе берді, тоба де! Аман-есен қол-аяғыңда жиып алсаң, баяғының бәрі әлі-ақ ұмыт болады. Сені Тәукеден несін қызғанайын. Өз әкеміз төрт қатын алған. Әрқайсысы бір-бір отау үй болып, ұрыспай-таласпай-ақ тату- тәтті өмір сүрді. Ол бұрынғы-соңғының жолы. Бір Тәуке екеуімізге де жетеді. Әлі ішіңдегі балаң аяғын апыл-тапыл басып, былдырлап сөйлей бастағанда-ақ ұмыт болады өткенің. Мына мен бейбақты айтсайшы! Ой, тоба-ай, құдайдың өзі о баста-ақ бедеу боларымды білгендей атымды Қысыргүл қойғызғанын қарашы! – Қысыргүл Айнашқа басу айтып, өзінің бедеулігіне таң боп отыр. Осы кезде Айнаштың іші бүріп ауырып, әлдене қозғалақтағандай бүлк-бүлк етті.
«Масқара!» –деп, Айнаш ішін басып отыра кетті.
*********************
- Кеш жарық! - Есік орнына ұсталған көне алашаның бір шеті ашылып, ар жағынан төрт-бес тал сабалақ сақал аз–кем шошайып қарап тұрды да, құрықтай ұзын мойын күрке ішіне сумаң етіп кіріп келді. Айнаштың денесі мұздап, өңі құп-қу болып кетті. Жағпарды атып жіберуге оғы болмай, сазарып тесіле қарайды. Жағпар да тура қарай алмай, қамшысымен жер шұқылап, Қысыргүлге қарай береді. Әлдебір от лебі бетін қарығандай Айнаштан тайсақтай береді. Бір-екі рет жалпы көз тастағаны болмаса, Айнаш жүзіне әлі тіктеп қараған жоқ. Әр нәрсені бір сұрап, сампылдап Қысыргүл отыр.
- Иә, ел аман ба, соғысыңнан не хабар? Ел тыныштығы қалай? - Жағпар малдас құрып отырған күйі таспиығын қолына алып, сөз бастады.
- Ел қайдан тыныш болсын. «Иті жоқ ауылдың шошқасы үреді» деген емес пе, қатын басқарған жұрт қайдан оңсын. «Жібекті түте алмаған жүн етедінің» кері де бұл. Тістесіп, жұлқысып өтіп жатқан бір пәтуасыз өмір де. Ел тыныштығының қай жағын сұрайсың. - Жылтыраған үміт сәулесі түстегі елестей ғайып боп, ыза мен кекке булығып отырған Айнаш ызадан жарылып кете жаздады.
«Елді бүлдіріп жүрген мына сен! Сақал! Арам тәннен өсіп шыққан мына бес тал қылды түбімен өртемей, сірә, тыныштық болмас ол елге! Жас нәрестені шырқыратып, анасынан айырдың. Сол дауыс тұншықтырар сені. Аңыратып анасын елден қашқан мақұлыққа жем еттің. Арымды аяққа таптадың. Кәне шыққан мүйізің? Айт, жауыз! Алмашымның күні не боп жүр?! Кімнің есігінде, кімнің босағасында булыға жас төгіп телміреді? Кімнің? Кімнің деймін?..»
Айнаштың көзінен парлап аққан жас тамшылары жылға суындай тарам-тарам болып ағылып, қойнына құйылып жатыр.
- Жә, жә, келін! Жамандық көрмейсің бұдан. Жұрттың бәрі бір тілік нан үшін жанын жалдап, арын аяққа басқан заман екенін әлі аңғармапсың. Түбінде осы өміріңе бір шүкіршілік жасайсың! «Сабыр түбі - сары алтын» деген, балам, сабырлы бол! – Жағпардың бұдан әрі мұнда отыра беруге дәті шыдамады ма, болмаса Қысыргүлге айтар оңаша сыры болды ма, басқа жерге баралық дегендей мақам қып, сақалы шоштаңдап сыртты нұсқай берді. Қысыргүл де байқап қап, үн-түнсіз сыртқа жылыса берді.
Алғаш ашуын баса алмай, бей-жай қалыпта отырған Айнаш демін ішіне тартып, құлағын түріп еді, Жағпардың –«Кебіс, Жақай, Күлайша, Нұралы» деген сөздері анық естілді. Нұралы деген ыстық есім қара түнді қақ жарып, саңқ еткендей болды. Тау да, тас та үздіксіз осы есімді қайталағандай, құлағы шыңылдап «Нұралы, Нұралы» деп шулап кетті. Жүрек тулап, денесі бір ысып, бір суып, бота көздері аударылып, төңкеріліп, қос қарашық тиянақтар жер таппай алақтай берді. Олар да байқап қалды білем, енді сыбырға көшті.
Нұралы есімінің тірі адамдар қатарында айтылғанына бір түрлі іші жылып, мұз боп қатып, тас боп шеменделген жүрегін ыстық леп шарпып, тұла бойын әлдебір ыстық ықлас жайлап алды. Екі қолын төсіне басып, Нұралымен өткізген қымбатты күндер елесін қуып, тәтті сезімге беріліп, бір сәт тұрды да, қолы шолақ жең костюмінің төс қалтасындағы қара қағаздың үстін басып қалғанда, әлде біреу кеудесіне ине сұғып алғандай селк етіп, тұла бойы қайта мұздап кетті. Тұңғиық түбінен бұрқанып шыққан ойдағы қат-қабат үміт толқындары бір сәт шерлі мұң-қайғымен бетпе- бет арпалысып, бірін бірі жыға алмай, табан тіресіп тұрды да, жүрек түкпіріне барып жайғасты. Бірде анасы, бірде мынасы бой көрсетіп, екі удай ой әзірге қым-қиғаш итжығыс үстінде.
Темір мосыға қайнатылған шай жасалынып, семіз қойдың етінен пісірілген құырдақ та дайын болды. Жайшылықта аяғын еріншек басатын Қысыргүл ауыз жаппай сөйлеп жүріп, шай қамына өзі кірісіп, Айнаш пен Жағпарды дастарханға шақырды.
Қысыргүл Айнаштың мана ішім деп отырып қалғанын көріп, ішінен аяп кеткен. Мана Айнаш Алмасын айтып, етегіне жас толып еңірегенде шыдап отыра алмай, Қысыргүл де көз кемеріндегі мөлтілдеген жас моншақтарын бұларға байқатпай сығып алған. Жасынан кісінің қас-қабағын танып өскен Айнаш мұны байқап қалды. Азулы Қысыргүл мінезінің селкеу, бос жерін сонда ойға түйіп қойған. Адам мінезі қаншама дөкір, мейірімсіз, кесепатты, қияс, қарыспа болғанымен, әйтеуір орауға келер бір қыбының барын сол мезетте аңғарған еді. Ендігі ойы – қайткенде де осы жерден құтылу. Ойы онға бөлініп, он саққа жүгіріп, жасар айла-тәсілін қақпайлап әкелгенмен, шынтуайтқа келгенде біріне де ие бола алмай, бір тоқтамға келе алмай, абдырап қалады. «Адам ойға алса, бітпейтін іс, тізгінделмес күш жоқ!» - дейтін Нұралы.
Айнаш бар қайратын жинап, бойын бекітіп, нық жүріп, құм боп жасыған жігерін қайраттандыра түсті. Нұралы деген әлгі бір ауыз сөз бойына құдірет, күш бітірді. Осында өткен көп айлар тап бергенде шап бергеннен түсер пайда жоғын аңғартты. Тапталған ар өкініші орнына қайта келмейді. Ендігі арманы – айласын тауып, елге көрінер бет қалмаса да, адал жандар арасында көзге шыққан сүйелдей болып, қалт-құлт етіп болса да өмір сүру, тәні былғанғанымен, арының адал екенін аңғартып өлу өлсе де. Шай үстінде:
- Ашу алда, ақыл артта деген. Тілім тиіп кетсе, кешіріңіз, енді тағдырға бас игеннен басқа амал жоқ. Жалғыз ғана тілегім: Мына аяқтың қызыл етін қырғылап, тобығымды тоқ-тоқ соққан темір құрсауларыңызды алсаңыздар.
- Әп, бәрекелді, балам! «Жаман адам өкпесі – жерге басы жеткенше, жақсы адамның өкпесі – торқа орамал кепкенше» деген. Бәсе, солай ақылға кел. Құдайға шүкір, Тәукенің де басы бір адамнан кем емес. Жасыңнан бірге өстіңдер. Менің сендерге тек жақсылықтан басқа тілерім жоқ.
- Иә, сөйт! Тәуке түн ұйқысын төрт бөліп, сабылып жүргенде кімнің қамы үшін жүр дейсің! Бір басы қайда болса да сияды. Менің де тіреліп тұрғаным шамалы. Әйтеуір өзгеден гөрі тәуірірек өмір сүрсек деген бір құлқынның әрекеті де бәріміздікі. Ағайын бар болса, көре алмайды, жоқ болса, асырай алмайды. Ағайын ғана емес, жұрттың бәрі сол бүгінде. Дүние опасыз, жалған деген. Қалай етсең олай ет, шайқап өт бұл жалғанды. Құдайдың тақымыма бермегенін тартып алам ба? Өңгесіне ризамын. Ел-ел дейсің, елден не опа таппақсың. Бір-бірінің етін жеуге шақ отыр дейді. Құдай аяқ-қолыңды аман-есен жидырса, Тәуке сияқты қара бұжыр біреу тапсаң, жетеді екеуіміздің де иіскелеуімізге. Құдай ынтымағымызды берсін! - Қысыргүл Айнаш сөзіне иланып, бар сырын ақтарып салды.
- Иә,ынтымағымызды берсін ! –деді Айнаш та оны қостаған боп. Бірақ еріксіз шыққан үні қанша байқатпайын дегенімен кекесіндей естілді.
- Жарайды, балам. Айтқаның болсын! – деп, Жағпар миығынан күліп сақалын салалап қойды. Оқта-текте «Ия, жасаған, о тоба!»-деп кекіріп, таспиғын тартады. Бір кезде:
- Қоржын ішіндегінің бірін алшы! – деп, Қысыргүлге алып келген қоржынының оң жақ басын нұсқады.
- Ие, зәм-зәм суын да ала жүруді ұмытпаған екенсіз!- деп, Қысыргүл мол денесін селкілдетіп, рахаттана дарылдап күліп алды. Жүріс-тұрысы, сөйлесі, ең ақыры күлкісіне дейін Битаннан аумайды. Бөтелкедегі арақтан қырлы стакандарға толтыра-толтыра құйды да:
- Әй, қане, келін, Қысыргүл, амандыққа, саулыққа, татулыққа тартып тастайық, - деп алдымен өзі қағып салды.
- Өлә, мұны ішсем өлем ғой, боза мен қызылдан есе жібермеуші едім. Мынауың татқан нәрсем емес.
- От басы, ошақ қасының ынтымағын шын тілесеңіз, алып қойыңыз!- Айнаш бар қолқасын аяған жоқ
- Өлә, - деп Қысыргүл дарылдай күліп, бетін шымшып, тілін салаң еткізді. Көзін жұмып, стаканды ерніне апарып, дәмін татты. -Ашты ғой!
- Тәтті деп ішсең жұмсара түседі.
- И, еркектер қалай ішеді өзін? -тағы бір ұрттап қойды.
- Стаканды төңкереді де жұта береді сылқылдатып. Денсаулыққа пайдасы көп дейді, сондықтан ғой аздап ұрттайтынымыз. Әсіресе, домалатпай ауыруына... - Кәне,тартып жібер!
- Өлә, мұның бәрін ішсем мас боп қалармын, ұрттап қана отырайын.
- Жарайды, ұрттап іш, қотарып іш – әйтеуір келесі кезекке дейін тауысып қой.
- Ибай, бүкіл денемді дуылдатып барады ғой өзі. Арақтың ең күштісі-ау деймін?! Тағы бір ұрттап, тыжырынып қойды Қысыргүл.
- Иә, ең тәуірін алып келгем. Кәне, аз-ақ қалды. Ендігісін бір-ақ төңкере сал.
- Өлә, таусылмайды ғой, - деп тағы бір ұрттап қойды.
- Мұның атын шарап дейді. Пайғамбардың да сүйіп ішкен асы деседі. Мұны шығарғандар – арабтар дейді ғой. Кәдімгі қасиетті Меке, Мәдине елінен. Онда неше алуан жемістер өсетін көрінеді. Алма, өрік, шабдалы, алқоры, жүзім, құрма –қойшы әйтеуір, нешетүрлі жемістер араб елінің бір кезде даңқын шығарған деседі. Бір күні атақты бір ғалифа бір топ кәнизактарымен тау бөктерінде сейіл құрып жүріп, маймылдар тобының биік өскен алма ағаштың түбіндегі бір шұңқырға ентелесіп, бас қойып әлденені таласып ішіп жатқанын көреді. Ғалифа таңырқап қарап тұрады. Әбден тояттаған маймылдардың мәз-мейрам болып, аяқтарын әлтек-тәлтек басып, көңілденіп кетіп бара жатқанын көреді.
Шұңқырдағы судың құпиясы барын тезірек білмек боп, бір-екі уәзірін жібереді. Шұңқыр әлдебір қоймалжың затқа толы екен. Қышқылтым иісі мұрын жарады. Қоймалжың заттың үзіліп түскен алмалардан пайда болғанына көздері жеткен Екі уәзір дәмін татып көріп, соңынан қос уыстап ұрттап, теңселе басып келіп, патшаға көрген жайларын түсіндіреді. Патша әлігі затты ыдысқа құйғызып алып, оны қолдан жасауға жарлық береді. Шарап әлемге осылай тараған екен. Алып қой, Қысыргүл!
- Ал, ендеше – Қысыргүл соңғы ұрттамын қақала-шашала жұтып қойды. Бетінен шып-шып тер шықты. Күс басқан жуан балтырын Жағпардың аяғының үстіне салып, көсіп жіберді де:
- Осылай отырсақ жылы отырамыз- деді. Кеңк-кеңк күледі. Бұлардың масаң тарта бастағанын сезген Айнаш:
- Өтініш етсем ренжемессіздер, - деді – аяғымды шешіңіздерші...
- Әлбетте, шешеміз.
Қысыргүл шаң-шаң болған бір түйіншектің арасынан кішкене сырлы қобдиша алып, камзолының қалтасындағы кілтпен ашып, шүбірекке түйілген әлденені Жағпарға лақтырды.
- Еркексіз ғой, ашыңыз! Менің қолым икемге келер емес. Жағпар әлтек-тәлтек басып, Айнаштың жанына келді де, шұқылап ұзақ отырып, әзер ашты.
- Өлә, сізді еркек десем... – Қысыргүл ахахалап дарылдай күлді. Шашылған теңдерге сүрініп кетіп, Жағпардың үстіне құлап түсті. Екі қолы мойнында қалды.
- Әй, сен де осы үйдің қатынысың ғой. Далаға шығып шәй қой!- деді Айнашқа. Ұрымтал жерді пайдаланып қалғысы келген Айнаш самауырды далаға алып шығып кетті. Ойы сан-салаға бөлініп, қуанғаннан жоспарлы ойларының бір де бірін ұстай алмай, белгілі бір шешімге келе алмай, абдырап тұрып қалды. «Шіркін, кең дүние-ай!» Үһ, деп демін алып, аз-кем тыныстап отырды да, самаурынға су құйып, от салды. Асығыстық сайтанның ісі. Ана екеуі кішкене жұта түссін. Есіктен түскен самаурын жалынымен күңгірт жер кепе іші жарықтана түсті. Екеуі мәз боп күлісіп отыр. Айнаш аспандағы самсаған жарық жұлдыздарға қарап, кең тыныс алып, арман жетегінде кетті. Албырт та алаңсыз кездегі бір оқиға есіне түсті. Иә, онда да күз айы болатын.Ташкентте оқып жүрген Нұралы бос уақыты табылса, Айнашқа бір соқпай кетпейтін. Онда да түнделетіп келеді.
Түнгі аспан аясында ұзақ қыдырып, сыр шертісетін. Нұралы Айнашты жерден жас балаша көтеріп алып, екі қолының қарына салып, балаша дөңгелетіп алып кететін.
- Аспанға қарашы, не көрдің? –дейтін Нұралы.
- Әне, бір жарық жұлдызды көрдім. Ол- сенсің, менің жарық жұлдызым.
- Жоқ, сенсің, менің жарық жұлдызым! Мені алдыңа алып тербеткеніңде көзім ылғи сол жұлдызға түседі. Шіркіннің жарығын-ай! Сені сағынған кездерімде сол жұлдызға ұзақ-ұзақ телміре қарайтынмын. Сонда сені құдды жанымда тұрғандай сезінемін.
Айнаш, міне, бүгін де сол жарық жұлдызға ұзақ телміре қарады. Көз кемеріндегі сынапша толқыған жас моншақтары етегіне тырс-тырс тамады. Нұралы мен Алма бейнелері көз алдында алма кезек елес беріп, тәтті үмітін алға қарай жетелегендей болады.
Айнаш жақпар тастардың арасымен күздің ызғарлы суығына қарамай, төмен қарай құлдилай жөнеледі.
*********************
Нұралы кабинетінің есігі тырс-тырс қағылып, есік жартылай ашылды да, бидай өңді домалақ жүзді бір жас келіншектің басы қылтиды.
- Кіріңіз! -деді Нұралы. Күләш именшектей басып кірді де, босаға жақта тұрып қалды.
- Жоғары шығыңыз!
- Жоқ,осы жерде тұрып-ақ...- Күләш өксіп жылап, шәлісімен бетін көлегейлей берді.
- Не болды, әлде бір жайсыз қабар есіттіңіз бе?- Нұралы, сірә, күйеуінен қара қағаз келген ғой деп топшылап, көңіл айтуға оқтала беріп еді, келіншек латын әріптерімен жазылған екі үш-бет қағазды стол үстіне тастай берді. Онда Марданның әнеукүнгі іс-әрекеті жазылған. Нұралы үнсіз отыр. Күләш именшектей отырып, өтінішін айтты.
- Ағай, осы жайды өзіңізден басқа ешкім білмесе екен. Ел құлағы елу деп, кім біледі. Екі көзі төрт болып біз үшін майданда қан кешіп жүрген жолдасым естісе... Онан да өлгенім артық!- Күләш аржағын айта алмай, солқылдап жылап жіберді.
- Түсінем, қарағым. Кімге де болса ауыр тиіп тұрған жоқ па бұл күндер. Ер азамат кеудесін оққа тосып, жанын қалқан етіп жүргенде от басы, ошақ қасынан шыға алмай, күресіндегі бұқадай шаптығып жүрген ондай адам көлеңкелеріне бола өмірден, келешек бақыттан түңілуге бола ма? Менің де өмірден тартпаған сыбағам, артпаған ауыр жүгім қалған жоқ. Өмір жолы - бұралаңы мен бұрылысы, қалтарысы мен жалтарысы мол ұзақ жол. «Өмір-күрес»- деп үлкен ойшылдар тегін айтпаған. Әлі-ақ соғыс біздің жеңіспен аяқталады. Өткеннің бәрі өмір кітапшасының мұражайына кетеді. Гүлдеп, мәуелеп, жеміс берер шақтарың алда. Менің жақсы ұстаздарымның бірі: «Жұдырықталдым деп жасыма-майысқақ боп кетесің, лауазымды деп жалтақтама-қайысқақ боп кетесің»-деп, әрдайым дем беріп отыратын маған. Осы бір сөз бойыма күш-қуат бергендей болды. «Естімеген ел де көп, көрмеген жер де көп» - дегендей, бұл жұмыр басты пенденің әлі де естімегені, көрмегені көп қой. Ақтың қарасы, түннің күні, ащының тұщысы, ыстықтың суығы болатыны сияқты, жақсылықтың да ішінде уақытша болса да бір жаманшылық жүрмесін бе? Иә, уақытша ғана! Ол ескі өмірдің сарқыншағы. Жылыстап әлі жылдар өтер, ғарыштап ғасырлар өтер, соғыс, жамандық атауларын кейінгі ұрпақтарымыз тек түсіндірме сөздіктер арқылы ғана ұғатындарына дау жоқ. Жарайды, тілегің болсын. Бұл жай ешкімге айтылмайды. Арызыңды тастап кет. Марданмен сөйлесейін. Жұмысыңа бара бер!–Күләш инабаттылық сақтап, есікке дейін артымен жүріп барды да, рахмет айтып, шығып кетті.
Нұралы кеңседе әрі-бері теңселіп көп жүрді. Ерніне қыстырған темекісінің сөніп қалғаны әлдеқашан, сонда да құшырлана сорғыштайды. «Әй,Мардан,Мардан... Жылап жүргендері аз ба еді.» Кеңсе сыпырушы әйелді Марданға жұмсады. Ол келгенде айтар сөздерін алдын ала топшылады. Оның да не айтары белгілі. Өліспей берспейді. Сондықтан сақтана сөйлескен жөн.
Мардан кірді. Ернін жыбыр еткізді де, «не айтарың белгілі»дегендей, ештеңеге мән бермегенсіп, кеңсенің төбесіне көз жүгіртіп, жайбарақат нығызданып отыр. Түртіп қалсаң жарылғалы тұрған үрген қарын секілді. Екі танауы делдиіп, иығынан әзер дем алып, жарылуға шақ тұр. Кабинетке кірген кісінің бас-аяғына, түр-сипатына қарап-ақ ішкі жан дүниесін бірден танитын Нұралы Марданның мына отырысынан не пәледен де тайынбайтынын аңғарды. Сөзін есен-саулықтан бастады. Біраз шаруа жайын әңгіме етті.
- Бозторғай асуының етегінде отырған сауыншыларға екі-үш күннен бері азық-түлік жеткізілмепті, соны тезірек ұйымдастырып жеткізіңіз. Кеше бір патефон саттырып алдық, оны да ала кетіңіз. Демалғанда ермек қылсын.
- Кешке дейін патефон бұрасын, сонда сиырды кім сауады?
- Бір мезгіл патефон бұрасын, бір мезгіл сиырдың емшегін бұрасын. Еңбектері сонда өнімді бола түседі.
- Қазір ән тыңдайтын мезгіл емес сияқты.
- Сізге солай көрінгенмен, өзгелерге олай емес. Қайта әнмен, жырмен ел рухын көтеруіміз керек. Келімбет ақынның жұмыс басында жүрген күні істің қалай қусырылғанын өз көзіңізбен көріп жүрген жоқсыз ба? Ал жалқаулар ол кісіден табанына шоқ басқандай қашады. Ол кісі барда тындырымды іс атқаруға тырысады.
- Жарайды,бастықтар айтты - қыстық құйрығымызды. Ертең сүт планы орындалмай жүрсе, жауапты өздерің бересіңдер!
- Патефонның планға қатысы жоқ қой.
- Қатысы болғаң соң да айтып отырғанымыз. - Нұралы ішін ыза кернесе де, басалқалық танытып, енді әңгіме тақырыбын басқа жаққа бұрды. Күләшпен болған уақиғаға ауысты. Асықпай мән-жайдың бәрін айтып болып, бұл әрекетке Марданның өзінің қалай қарайтындығын сұрады.
- Не қалайыңыз бар? Еркек емеспіз бе? Жұрт не жасаса, біз де соны жасап жүрміз. – Мардан Нұралыға селқос жауап беріп тұр. Жауаптары қыңыр.
- Жұртыңыз кім?
- Білмейтін шығарсың...
- Білсем сұрамас ем...
- Мәселең, мына сен. Өзгені тергеу үшін алдымен өзіңнің жүріс-тұрысыңа әнәліз бергенің жөн!
- Оған анализді өзгелер бере жатар.
- Жоқ, ел береді. Сол елдің бірі- мына мен беремін. Адалдық, адалдық дейсің. Адал болсаң біреудің ұйып отырған жанұясының шырқын неге бұзасың? Күнзила бейбақтың көзінен жас кетпейтін көрінеді. Байқұс шөгіп кетіпті. Тәртіпке алдымен өзіңді шақырған жөн болар! - Мардан бұлқан-талқан болып шығып кетті. Сес көрсете кетті.
Мардан үйіне келе сап арыз жазуға отырды. Қара қарандаштың тұқылдана бастаған ұшын тісімен аршып, ойланып көп отырды... «Арыз жазу кәсібім емес еді. Көз алдыңда болып жатқан жолсыздықтарды көріп, оны айтып мойындаттыра алмаған соң ғана осылай етуге тәуекел еттім. Колхозды Досболовтар жеке дара билеуде. Күлайша бұрын Есенжолова еді, енді Досболова болып алды. Ерлі-зайыпты билеген ел оңған ба? Күләйша енесін жылатып-еңіретіп, үйіне қызметші кемпір етіп қойды. Байқұс кемпірдің жылағанда етегі жасқа толады. Міне, жұртқа ақыл үйрет, өнеге үйрет деп қойған Досболовтарыңыздың моральдық қасиеті осындай. Колхоз тарихында бұрын болып көрмеген сорақылықтарға жол берілуде. Қырмандағы қыруар астық суға ақты. Ерлі-байлы екеуі ойларына келгенін жасап жүр. Қоғамдық жұмыстар семья тұрғысынан шешілген соң іс қалай алға бассын. Әділ төреліктеріңізді тосушы Мардан Жанқабылұлы»
Үлкен бір іс тындырғандай іші біраз босап қалды. Құрысқан денесі жазыла бастады. Ауылдағы хат тасушыға беруге сенбеді де, жеті-сегіз шақырым жердегі Балықшы селосындағы поштаға өзі апарып салды. Келген соң бір-екі күндік азық-түлікті және патефонды артып алды да, таудағы сауыншыларға жүріп кетті.
*********************
Бозторғайдың етегіне үш-төрт киіз үй тігілген. Тау ортасындағы аумағы ат шаптырым тегіс алаңқайды екіге бөліп, мөлдір бұлақ ағып жатыр. Оң жақ бетке үйлер тігілген. Ал сол жақ бетте сиыр қорасы. Сиырлар сонда сауылады.
Сауыншылар өмірі сан алуан қызыққа толы. Араларындағы екі-үш қана жасамыс кемпірлері болмаса, жиырмашақты сауыншылардың барлығы дерлік жас келіншектер. Өз қызықтары өздерімен.
Оңтүстікте күз айлары кей жылы көктемге ұқсап кетеді. Ауық-ауық жауған жауынмен жер қайта көктей бастайды. Алма ағаштар гүлдейді. Одан кішкентай түйіндер пайда болады. Бірақ ол үлкеймей, түйенің құмалағындай болады да, қатып семе бастайды. Желтоқсанның аяғында барып нағыз күз өз күшіне енеді. Алай-түлей болып бірнеше күн тұратын Шақпақтың желі өзімен бірге күздің қара суығын да ала келеді. Бұл желдің жеті, тоғыз, кейде он бір, тіптен он жетінші күнге қарай кететін мезгілдері де болады.
Ал Қаратаудың сауыншылар отырған бұл жері жан-жағы таумен қоршалған ықтасын. Шақпақтың ұшқыны да келмейді. Оның үстіне айналаның бәрі сыңсыған қалың арша. Қысы-жазы бірдей көкпеңбек болып тұрады. Жер ыңғайы солай ма, әйтеуір осы алақандай жердің табиғаты бөлекше. Жаз болса қымыз байлап, әне бір тепсеңде жылқышылар отырады. Ойда екі үй тау қарауылдары Тәштай мен мақау Дәулетжан тұрады. Екеуі ағайынды. Дәулетжан қыста Тәштай жаныңда болады да, жаз бен күзде сауыншылар жанына келіп қонады. Қос ауыз мылтығын асынып алып, күндіз тау аралап кетеді де, кешке қарай құстың алуан түрін қанжығасына байлап қайтады. Жасы қырықтар шамасында. Әскер киіміне әуес-ақ. Қысы- жазы киетіні көтеноз гимнастерка мен галифе ғана. Ыржияды да жүреді. Қысық көздерін қиғаш біткен ұзын қастары қисық көрсетіп тұрады. Күлкісі бала сияқты, болмашы нәрсеге мәз болып жүргені. Бір күлсе ақтарыла, ішіндегісі таусылғанша күледі. Әбден қалжыңбас. «Ба, ба» деп жүріп-ақ ойындағысының бәрін жеткізеді. Алғаш тосырқап жүрген сауыншылар кейін үйренісіп алған соң балаша ойнайтын болған мұнымен. Кешке қарай қорқамыз, бізді жақсылап күзет дегенді түсіндіреді сауыншылар. Дәулетжан мылтығын аспанға шошаң еткізіп, пуһ,пуһ дейді де, қолының қырын пышақтың жүзі етіп кеңірдегіне таяп қойып, тұспалдап орып өтеді. Онысы сендерге тигенді пышақпен осылай бауыздаймын дегені. Өзі ешкімді алдамайды. Айтса айтқанын орындайды. Біреу алдап кетсе, оның қыр соңынан қалмайды. Кездескен жерде аттан аударып ап, «ба,ба балалап», екі тізесінің
астына алып, езгілеп жатқаны. Сондықтан мұның сырын білетіндер оның адамгершілігіне сүйсініп, мақау деп жат санамайды. Алдамайды да. Жұрттың көбі мұны «ұр да жық» адам деп түсінеді. Маңына жолай бермейді. Қарасы көрінсе, айналып кетеді. «Кереңнің қолына түспе, мақаудың астына түспе» деген дейді. Мұның да өзгелер секілді намысы, ар- ұяты, кісілігі барына назар да салмайды. Кембағал деп ұғады. Дәулетжанның кей кездерде жас келіншектерге латын әрпімен шимайлап, хат жазып әкелетіні де бар. Онысын ойнаған болып тұрады да, қалталарына сүңгітіп жібереді. Хатының соңына мұны әйеліме көрсетпеңдер деп жазып қояды. Осы осал жерін аңғарған кейбір қуакештер: «Хатты әйеліңе алып барып беремін» деп, үйіне қарай жүрген болады... Мұндайда Дәулетжан ол келіншектің аяғына келіп жығылады. Айтпа деп азар да безер болады. Сегіз саусағын шошайтып алып, алдын кес-кестеумен болады.
Онысы «Сегіз балам бар, әйелім кетіп қалса қайтып асыраймын» дегені. Келіншектер мұны қалжың етсе, ол шын көреді. Бір жолы Қарашаштың сыр бермей, жарым жолға дейін барып, мұның үрейін ұшырғаны бар. Ал Дәулетжан оны қайтара алмай, ақыры өгіздей өкіріп жыласын кеп. Қарашаш мырс етіп күліп жіберген. Жолда келе жатып Қарашашқа мың да бір рахметін айтқан. Ертеңіне күліп, тағы бір хат әкеліп берген. Онда: «Сенің туған ағаңдай болайын. Әскерден жолдасың келгенше қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, өз келінімдей көрейін, өкіл келінім бол.»- депті. Бұл жайды әйеліне де айтыпты. Сауыншылардың барлығын үйіне бір күн қонақ етіп, өкіл келініне той жасап тарасқан-ды. Сауыншылар бұл маңда Дәулетжан жүргенде ештеңеден елегізбейді. Тау ішінде қауып-қатердің мол екенін біле тұра үйге қайтайық дейтін бірі жоқ. Бәрі де Дәулетжанды абай тұтады. Қасқырша арсылдаған Дәулетжанның төрт төбеті адам тұрмақ қоңыз жорғалатпайды бұл маңнан. Әбден үйреніп кеткендіктен сауыншыларға тиіспейді. Бөтен біреуі келсе, жұтып қоя жаздайды. Төбеттер күндіз байланады да, түнде бос жүреді.
Мардан бұл жерге бесінге таман жетті. Есепші бала Тәліп бүгінгі сауылған сүттерді артып, орталыққа жүргелі жатқан.
- Тоқта, бала!- деді Мардан, атын мама ағашқа байлай жатып. Тәліп аңтарылып тұрып қалды.- Үйлердің бәрін тінтіп шық! Бір тамшы сүт қалдырдың екен, менен жақсылық көрмейсің. Ұқтың ба? -Үрейі ұшқан бала құрақ ұшып жүгіріп кетті.
*********************
Әкесі мен ағасы армия қатарына бірдей шақыртылып, үйдегі шиеттей бала-шағаны асырау тауқыметі он үштегі қаршадай бала осы Тәліптің мойнына түскен. Ауылдағы жетіжылдықты бітіріп, әрі қарай оқуға мүмкіндігі болмады, анасы бір күн сау жүрсе, он күн ауырып жатады. Өзге балаларға ұқсап тілі мен жағына таянған бұл емес. Өзінен үлкеннің айтқаны - ол үшін бұлжымас заң. Әкесі үлкеннің сөзін екі етпеу керек екендігін айтып отыратын. Марданның әлгі сөзінен соң-ақ екі көзі үкінің көзіндей аларып, алақ-жұлақ етіп, сауыншылар ас ішетін бөлмеге қойып кетті. Дір-дір етіп сауыншыларға Марданның сөзін әзер жеткізді.
- Шайға қатық еткелі алып қалған жарты шелек сүттен басқа ештеңе жоқ. Солай де ана Марданға! -Бұл Қарашаш даусы. Киіз үй есігін түріп қойып, Тәліпке айтқан болып әдейі Марданға естірте айтты.
Тәліп:
- Мардымды ештеңе жоқ екен - деді Марданға.
- Айтқанды орында, бала! Болмаса бұл күнің өзіңе көп болады, - деп Мардан тістеніп тұр. Тәліп үйге қарай әзер басып барады. Барды да, босағаға сүйеніп тұрды.
- Әй, бол деймін! Әйтпесе сүтпен бірге ұшықталасың – Шартақ-шартақ басып үйге Марданның өзі жақындады.
- Көп көргенің осы болса, мә, ұшықталғаныңа керек болар! – Қарашаш сүтті шелек-пелегімен далаға қарай лақтырып жіберді. Онысы есікке енді кіре берген Марданның басына барып қапталды да қалды. Біреу әдейі кигізгендей-ақ. Ерте замандағы батырлар киетін дулығы болды да қалды. Сауыншылар мырс-мырс күледі.
- Салдырлақ шешей!- деді Қарашаш етжеңді келген елуді алқымдап қалған сары кемпірге бұрылып (бұл кісі аспазшы болатын). Оқтауыңызды беріңіз ана қайныңызға, найза етсін! Қалған порымы келіп-ақ тұр.
Өздерін әзер ұстап тұрған сауыншылар ду күлді.
- Бәлем, саған сол керек! - деп өзге сауыншылар да сыбыр-сыбыр етіседі. Ашу қысқан Мардан басқа кептелген шелекті ала алмай, бұларды сыбап боқтап жүр. Төрт өрім қамшысын беталды шолтаң-шолтаң сілтейді. Тәліптің көмегімен басын әзер дегенде босатып алды. Қойны - қонышынан құйылған сүт балағынан сорғал ап ағып жатыр. Бет-аузы да талқан жеген баланың бетіндей сатал-сатал. Қарашаш жаздағы уақиғадан соң іштей қатты өшігіп жүретін. Реті келіп тұрғанда жұрт алдында сол өшін алды. Айызы бір қанды.
Үсті - басын қамшысының сабымен сілкілеп алды да, Мардан үйге кіріп келіп, бас салып көзіне көрінгенін сабап ала жөнелді. Қатындар қашып далаға шықты. Қарашашты қуалап жүріп сабады. Денесін көгала қойдай етті. Өзге әйелдер бата алмай, Салдырлақ шешей оқтауын ала салып, Мыртықтың қақ маңдайынан періп жіберді.
- Ал қане, тиіп көрші осы қатындардың біріне, қолыңда өлейін, қараң қалғыр. От басы, ошақ қасындағыларға жаман қоразша қыт-қыттамай, күшің тасып бара жатса бар, ана пәшиспен соғыс. Аяғың ақсақ, көзің соқыр емес. Сендей ер азаматтар қар кешіп, мұз жастанып, майданда жүр алысып. Сен шірікке жол болсын! «Ат аунаған жерде түк қалады, май шайқаған бармағын жалайды!»- Жарты шелек сүтті шай-пайға, көже қатықтыққа алып қалғанымыз рас. Не істейсің, кәне?
- Салдырлақ шешей-ау, қойыңыз енді, бір бәлесіне қалармыз. Бәрімізді қуып жіберсе, қалай асыраймыз бала-шағаны?- деп, бір келіншек жеңінен тартқылап қойды.
- Қоймаймын әдіре қалғырды, мұндай шолақ белсендінің талайын көргенмін. Ілгеріде ел колхозға жаңа ұйысып жатқанда осындай бір жалған белсендімен белдескенім бар. Ол кезде тігіншілікпен алғаш көзге түсіп жүргенмін. Әкіреңдеп біреу келді. Салған жерден:
- Әй, қатын- деді.
- Иә, еркек, тыңдап тұрмын сені- дедім мен де қисық кетіп.
- Алпыс үйлі жанға жететін көрпе тігесін... Тамағы осынша жанға жететін қазан жасайсын- деп, Шойынбайға тапсырып кеттім.
- Оны қайтесіз?
- Тілің тақылдағанымен саясаттан қабарың жоқ қатын екенсің. Коммунизм құрамыз деп шулап жатқан жоқ па мына қалың жұрт. Ол кезде барлық жұрт бір қазаннан ас ішіп, бір –ақ көрпе жамылатын болады.Әне, соны коммунизм дейді - деп әкірең-әкірең етеді. Әңгімесі көкейге қонатын нәрсе емес. Астындағы аты да жаңа үйретілген асау екен, қолымдағы сабаумен қақ маңдайдан беріп жібердім. Құланның қашуына мылтықтың басуы дәл келіп, асау дөнен ала кеп қашсын. Байқұс қолтоқпақтай ғана біреу екен, тізгінге де әлі келмеді. Ауыл сыртындағы қара судан аты қарғып өте бергенде белсендіміз жерге жалп ете түсті. Құдай сақтағанда суға құламапты. Ар жағынан ауданнан шыққан өкілдер
кезігіп қап, міңгестіріп, ауылға алып келді. Жамбасынан баса алмай шойнаң-шойнаң етеді. Өкілдер қызыл отауға келіп түсті. Халықты жинап, жаңа өмірдің мән-мақсатын түсіндірді. Сұрақтар жан-жақтан қарша борады. Мен әлгі белсендінің әрекетін айтып: «Осы дұрыс па?» - деп едім, жұрт қыраң күлкіге батты да қалды. Әй, Мардан, сенің де содан артық жерің жоқ - деп, салдырлақ шешей оқтауын білбеуіне қыстырап ап, Қарашаштың жанына келді. Қарашаш белін көтере алмайды. Арқасы білеудей боп ісіп кеткен. Екі- үш сауыншы үйге әрең сүйеп кіргізді.
- Көресіні көрсетермін әлі бәріңе! - деп кіжініп, қалпағын баса киіп, Мардан бел астындағы қойшылар ауылына жүріп кетті. Сүт әкетіп бара жатқан Тәліпке сауыншылар: «Дәрігерді ала кел!»- деп тапсырды. Көзі шарасынан шығып қорыққан Тәліп артына жалтақ-жалтақ қарап, арбасын салдыр-гүлдір айдай жөнелді.
*********************
Сәскеге жақын колхоз орталығына жеңіл машинамен бір топ адам сау ете түсті. Бастап келген Федор Дмитриевичтің өзі екен. Нұралымен хал-жай сұрасып болған соң, келген себептерін түсіндірді. Марданның арызы бойынша келіпті. Күлайшаның босанатын мезгілі жақындап, үйде отырған-ды. Шарушылықты Нұралы басқарып жүрген. Нұралы кісілердің келгенін қабарлап, ас дайындауға Күлайшаға хабар жіберді. Қажет болса Күлайшаны да шақыртайын деп еді, хал- жағдайын естіп, Федор Дмитриевич мазаламайық дегенді айтты. Арыз төңірегіндегі әңгімелер түгел тексерілді. Бір де бірі анықталған жоқ. Куәға тартқандардың барлығы Марданның өзін қаралап шықты. Арыз қолға тиісімен Федор Дмитриевичтің өзі келген. Онсыз да Нұралыға тісін қайрап жүрген Балқы жоқтан өзгені сылтау етіп жүруі мүмкін деп, өзгелерге сенбеді. Ол жайды Марданның конверттің сыртына «Балқы Ешкібаевтың өз қолына тапсырылсын» деген жазуынан-ақ байқаған-ды. Мардан Балқының Шымкенттке төрт-бес күндік жиналысқа кеткенінен бейқабар-тын. Федор Дмитриевич Күлашпен сөйлесіп отырғанда асыға-аптыға үстеріне Тәліп келіп кірді. Қапелімде аузына сөз түспей: «Ұрды, соқты»- деп ентігіп тұр. Жұрт аң-таң.
- Кімді?- деп Нұралы баланың жанына жетіп барды.
- Қарашаш жеңешемді.
- Кім?
- Мар... дан... Бала аз кем демін алып болған соң болған жайды айтып берді.
- Мұны не деуге болады, Нұралы Досболович? Сұмдық қой бұл! Қане, тез Марданды осында алдырыңыз. Әділетшіл батырмен өзім сөйлесейін! - Нұралы Марданды шақыртып кісі жіберді. Тәліптің жанына Степан Павлович Зотовты қосып беріп, жедел жәрдем беруге тауға аттандырды. Федор Дмитриевич бұларға өз машинасын берді. Бұлар тау етегіндегі бұлақ басына келгенде жағада бүрісіп, ішін ұстап отырған әйелді көрді, әрі қарай машина жүре алмайды.
Степан Павлович Тәліпке:
- Сен тез барып науқасқа мына дәрі-дәрмектерді бер!- деп, қолдану тәртібін айтып, баланы тауға жүгіртіп жіберді де, өзі әлгі әйел жанында қалды. Үсті басы алба-жұлба. Жынданған біреу шығар деп ойлады, жоқ, реңінен ондай нышан байқалмайды. Ауру меңдегені байқалып-ақ тұр. Әйел қиналып, қара терге түскен, өзі екіқабат.
Әйел жалынышты үнмен:
- Ауруханаға жеткізіп тастаңызшы –деді.
- Шырағым, мен дәрігермін. Ол менің парызым- деді де, шоферді шақырып алып, екеулеп машинаға отырғызды да, аудан орталығына төтесінен тартып кетті. Ол жаққа баратын жол екеу. Біреуі Пістеліні басып өтеді. Мұнысы төтелеу, бірақ қиясы мен өрі молдау. Екінші жол Балықшыны айналып өтеді. Бұл екі есе ұзақ жол. Бірақ жолы жақсы. Қай колхоздан екенін Зотов бір - екі рет сұрап еді, ол естімеді ме, жоқ қиналғандықтан ба, жауап бермеді. Ауруханаға жеткенше үн-түнсіз келді. Бетін де көлегейлей береді. Жүзін де анық тани алмай қалды. Дәрігерлер үш-төрт сағаттан соң босанады десті. Степан Павлович дәрігерлерден келіншекке жақсы қарауын қайта-қайта өтініп, жүріп кетті. Бұл- Айнаш еді.
Бұлар бұлақ басына қайта келгенде сауыншылар Қарашашты осында жеткізіп қойған екен. Араларында Дәулетжан да жүр. Бабалап сегіз өрім қамшысымен жерді салып қалады. Тісін қышырлатып, кіжініп қояды, жұдырығын көрсетеді. Онысы Марданды көрсем соғар едім дегені. Мардан тауға келген күні Дәулетжан тау асып кетіп, Жуалыдағы қарындасының үйіне кеткен- ді. Ол жақтан кештетіп оралған. Қарашаш жайын келгенде бір-ақ естіді. Марданды қойлы ауылға кетті деп есітіп, түнде сонда барып қайтты. Таба алмай келді.
- Ауданнан келген өкілдерге бәрін айт! Бірін де жасырып қалма! Әттең,
мұнда жұмысым қалады, әйтпесе өзім барғанда ғой...- деп, Салдырлақ шешей күйіп-пісіп жүр. Қарашаш басын изеді. Машина жүріп кетті.
Істің бәрі аян болды. Марданның талай істерінің беті ашылды. Федор Дмитриевичтің егжей-тегжейлі тексеруінің нәтижесі осыны көрсетті. Ауыл Советтің председателіне Марданның артық малдарын хаттатты.
Кеңседен бұлар кеш шықты. Шаршап шықты. Нұралының үйіне келіп, біраз бел шешіп, тыныстап алысты. Күлайша мазасы болмай отырса да, енесі Күнзилаға болысып, дастархан жасасты. Іші бүріп ауырып барады. Енесіне айтуға ыңғайсызданып, Нұралыға кеп сыбырлады. Тамақ желініп болған соң өкілдердің машинасымен Нұралы Күлайшаны аудан орталығындағы перзентханаға алып кетті. Федор Дмитриевичтің өзі бірге барып, Күлайшаны бас дәрігерге қайта-қайта табыстап, жүріп кетті.
*********************
Жаныңда екі милиционері бар аудандық ішкі істер бөлемінің бастығы Қапаров келді. Жағпар үйіне тінту жүргізді. Үйден бірнеше қап астық, ұн, қырық-елу метр таза мата, ондаған пар кебіс –мәсі , су жаңа комбайн брезентін тапты. «Тауыққатын» байбайлам салып жүр. Екі бетін алып-салып қанжоса етті. «Басыныңдар! Қатын басқарған ел қараң қалмай қайтушы еді. Мә, бала-шағамды да ала кетіңдер. Өртеп кет үйімді. Өзім пышақ сап өлемін» – деп жұлынады.
- Бәйбіше-, деді Қапаров,- бүгінде біреудің арқасында біреу күн көрсін деген заң жоқ. Адал еңбек етіп табу керек малды. Өзіңіз жұмыс істемейсіз ғой, істемейсіз. Шалыңыз істемейді ғой, істемейді. Ал мына қыруар дүние қайдан жиналды? Шиеттей бала-шағаңыздың бәрі жалаңаш жүр. Сіздер болсаңыздар ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүріп дүние тауып, оны тығып тастайсыздар. Жұрт майданға езуіндегісін жырып беріп отырғанда, сіздер не істеп отырсыздар?!
- Аштан өл демекпісің сонда!
- Елмен бірге көру керек.
- Ел, ел дейсің. Осы жасап отырған іс – сол елдің ылаңы емес пе? Еліңнен опа көрген жайым жоқ. Көре алмайды түге! Дүниені ешкімнен зорлап тартып алғанымыз жоқ. Алды дегендер болса, айтсын көзіме. Адамнан ар кетсе құдай бар көретін. Құдай есебін табар.
- Комбайнның брезенті қайдан жүр мұнда?
- Айдалада иесіз жатқанды кім алмайды. Онда тұрған не бар? Енді қайдан алдың деп, дамбалымның бауын да сұрарсыңдар.
- Ұрлық болса, оны да сұраймыз.
- Әне, құдайсыз дедім ғой бұларды. Бұлардан бәрі де шығады.
- Жағпар қайда?
- Тау аржағындағы жекжаттарға кеткен. Кайтейін деп едіңдер? Еш болмаса көрге тыныш түссін де. Төрінен көрі жақын шалда әкелеріңнің не көз құны қалды?
- О дүниеге адал кетсін. Ақыретте әркім мойныңда пәленім бар деп атой сап жүрсе, молда кісіге ұят болар дегеніміз де.
- Жандарың ашыса ана дүниелерімізді қайтарыңдар.
- Адал дүние болса қайтарар ек...
- Маңдайына арам деп жазылып па? Құдай бар болса дәл біздей боп бала- шағаң шулап қалсын. Қызығын көрме!... –«Тауыққатын» - Битан жер тепкілеп қалды.
*********************
Айнашты дәрігердің тәжірибелілігі ғана аман алып қалды. Зорға босанды. Көзінің алды суалған. Реңі боп –боз. Әлсіз. Қан көп кеткен. Дәрігерлер қан құйды. Есін енді-енді жия бастады. Шырылдаған жас сәбиінің даусы құлағына біртүрлі жат естіледі. Еміренбегендіктен де болар, бір-екі күнге дейін емшегінен сүт шықпай жүрді. «Жас сәбидің не жазығы бар? Тағдырға кінәлі осы ма?» Осылай деп түйді Айнаш. Палатадағылардың бәрі сыртқа шығып кеткенде, оңашада, нәрестенің жүзіне тіктеп қарап алды. Аумаған Алмасы. Мұрны сәл қоңқақтау секілді. Тәукеге жолатқысы келмейді. Нағашыларына тартқан деп жорыды. Өзгелердің артынан сәлем-сауқаттар келіп жатады. Оған Айнашты да ортақ етеді. Мұның артынан келген ешкім жоқ. Кей күндері көрпесін бүркеніп алып, кешке дейін солқылдап жылаумен болады. Жанындағыларға тіс жарып сыр тартқан емес. Мән –жайын сұрағандарға алыс жақтан келген жолаушы едім дей салды. Сыртқа да шықпайды. Таныс біреу кездесіп қала ма деп именшектенді.
Адам жүрегінің кілтін табу - дәрігер парызы. Онсыз ешбір ем шипалы бола алмайды. Бұл әйелде тән жарасынан гөрі жан жарасының басым екендігіне көзі жеткен дәрігер Айнашпен оңаша сөйлесуге бел байлады да, медбикеге: «Досболованы ертіп келіңіз!»- деді.
Алғаш тартыншақтап отырды да, дәрігердің ақылды парасаттылығын, қамқоршы екендігін танып, бар сырын ашып салды. Дәрігер сенер-сенбесін білмей, ертегі тыңдағандай болып, үнсіз отырып қалды. Таяқ тастам жерде осындай сұмдық болды дегенге иланғысы жоқ. Дәрігер ұғымында адамдар бір біріне тек жақсылық қана істеуі тиіс. Сенбеске амал жоқ. Тірі куә жанында отыр. Айнаш келген мезетте-ақ Тәукелер жайын айтпақ боп, бірақ ретін таба алмаған. Орайы келіп тұрғанда ештеңесін жасырып қалған жоқ. Дөрекілеу болса да дәрігерге Тасүңгірдің жобасын сызып берді.
- Тез тиісті орындарға хабарларсыз. Менің қашып кеткенімді біліп, орын ауыстыруы мүмкін. Жалғыз ғана өтінерім: мен туралы бір пендеге тіс жармаңыз!- Дәрігер көнді. Арқасы ауыр жүктен жеңілдегендей болды.
*********************
Қапаров сол күні он адамнан құрылған отрядты түнделетіп Тасүңгірге аттандырды. Жолдан Дәулетжанды қосып алды. Тау жолын білетін бұл өңірде жан жоқ. Дәулетжанға бар жайды отряд бастығы ымдап түсіндірген болды. «Марданды да ұстаймыз ба?» дегенді Дәулетжан да түсіндірді. Отряд бастығы: «Ия, оны да»- деді. Дәулетжан ең үлкен төбетін шешіп алды да, қосауызын иығына асынып, «Менің артымнан еріңдер» деген ишара білдірді. Тасүңгірге апарар жолды білетіндігін айтты. Қағазға шимайлап сызып, оған барар екі жолды сызып көрсетті. Отряд көп кеңесті. Дәулетжаннан ұққаны: бір жол аңғардың бойымен шығады екен де, екіншісі Қанайды асып, ұзақ айналыс жасайды екен. Дәулетжан бірінші жолдың үлгісін сызып тастады да, екіншіні нұсқап, басбармағын шошайтты.
- Жақын жол тұрғанда алысты қайтеміз - деді біреулері.
- Алысты сілтеуінде бір мән бар. Себебін сұралық, - десті екіншілері. Отряд бастығы Жанболат Бардин де соңғы пікірде еді. Дәулетжан ақыры отрядтың мынаған көзін жеткізді: жақын дескен жолмен Тасүңгірге бұрыла беріске дейін жүргіншілер көп. Малшылар да, тау аржағының базаршылары да өтіп жатады. Күніне Дәулетжанның өзі он барып, он келеді. Одан әрі Тасүңгірге қарай жалғыз аяқ жолдың сүрлеуі ғана кетеді. Пайымдап қарамаған адамның көзі сүрлеуге
түсе де бермейді. Ол жерден қашса, бұлай қарай құламауы тиіс. Себебі екінің бірінің көзіне шалынады. Ал, арғы жол ұзақ жол. Қалтырысы мен бұлтарысы, құз
–шатқалы көп. Онымен жылына аң құмар бірлі-жарымды ғана адам болмаса, ешкім де жүре бермейді. Олар солай қарай қашады. Бетпақ та алыс емес. Бері беттеуі тиіс емес. Орынды пікірге бәрі келісті. Мұндағы жолға екі жігіт қалдырылды. Өзгелері Қанайға бет алды. Бәрі де жай киінген. Аңшыларға ұқсайды. Мақсаттары - қалай да болса межелі жерге бүгін барып, бекініп алу.
Мөлшерлі жерге таң қараңғылығында жетті. Жігіттер әбден қажыған. Ұйқы меңдеп, жиі есінейді. Екіге бөлініп жайғасты да, Дәулетжанды Тасүңгірге жіберді. Барлау жасап қайтады. Одан сезіктенбеуі тиіс, өйткені ол өз жайымен тау қараған болып жүреді.
Дәлетжан Тасүңгірге қарай аяңдап келеді. Ирелеңдеген жалғыз аяқ тау жолы ұзап барады. Отызыншы жылдың аяқ жағында болған ашаршылықта жол білетіндерге ілесіп, алғы теруге осында бір-екі рет келген. Алғаш келгендер алғыға қарық болып қайтқан. Кейінгі жылдары бұл жаққа келген адам тірі қайтпаған соң қанды жер аталып, одан кейін аяқ басқан адам болған емес.
Ел арасында қаншама аңыздар тарамады. Біреулер адам жегіш қорқау қасқырлар мекен етеді екен десе, екіншілері жалғыз көзді дәу бар екен, барған адамды кәуәк қылып, отқа пісіріп жейді екен деген лақаптар Қаратау өңіріндегілер арасында гу-гу жүріп жатты. Бұл әңгіменің бәрінен Дәулетжан бейбахар. Ел арасындағы әңгіменің бәрін кім тәптіштеп түсіндіріп жатсын бұған. Өзінің де қаңқу сөздермен жұмысы жоқ. Біреудің ала жібін аттамайды. Қаратаудың әрбір бұтасы мен тасын, жан-жануарын қорғап, өмірін өткізіп келеді. Дәулетжан үшін туған жерінің тасы да ыстық. Оң жақтан сыбдыр естілді. Иті қос құлағын тіге қалды. Бір арқар жыра ішінен осқырынып шыға келді де, аяқтарын дік-дік басып, биік шыңға орғи жөнелді. Дәулетжан қызыға қарап тұрды. Жол кең аңғарға алып келді. Ойда күркіреп Кіші Көкбұлақ өзені ағып жатыр. Аңғар іші гүрілмен жаңғырығуда. Жарқабақтағы аузы апандай тас үңгірлер адамды жұтып қоятындай қорқынышты, үрей тудырады. Әнебіреуінің аузына алаша ұсталыпты. «Қашқындар мекені осы»- деп ойлады ол. Сезік тудырмайын деді де, жөтеліп қойды. Алдындағы үлкен қара тастың үстіне біраз жамбастап жатты. Шылым шекті. Қыбыр еткен бір жан жоқ. Шыдамы тауысылған соң алашаның бір шетінен сығалады. Жер төсекте екі адам жатыр.
Үңіліп қарап, Жағпарды таныды. Қысыргүлді еміс-еміс шырамытады. Өздері тұрғанша оятпайын деді де, мылтығын қабырғаға сүйеп, босағаның оң
жағындағы тері тулақтың үстіне қисая кетті. Алдымен Жағпар оянды. Сүйеулі тұрған қосауыз мылтықты көріп шошып кетті. Үні шықпай, жанындағы Қысыргүлді аяғының ұшымен түрткілей берді. Анау «а-а-а»- деп есіней керіліп, оң жағына аунап түсті. Жағпар қаттырақ түртті.
- И, осыңыз-ай!- деп, қобыраған шашын тыр-тыр қасып, орнынан тұра беріп, мылтықты көріп шыңғырып жіберді. Дәулетжан әдеттегіше ыржия күліп, Жағпардың қолын алды. Алғаш танымай, үңіле қарады да:
- Уай, Дәулетжанбысың?- деді.
- Әлгі мақау ма? Ол қайдан жүр мұнда? Қысыргүл мылтыққа қарағыштай берді.
- Иә, дәл соның өзі.
- Елден талшық таппай аң аулап жүрген де байқұс. Қысыргүл даусы енді байсалды шықты. Жағпар да сабасына енді түсті. «Жау боп келсе, қосауыз бұлай жатпас еді» - деді ішінен. Дәулетжан аң аулауға шыққанын түсіндірді. Кеңірдегін сұқ қолымен шертіп қойды.
- Бейшараға шиеттей бала-шағаны асырау оңай ма, мұнысы күн көрістің далбасасы да. Біз де сол қу тамақ үшін жүр емеспіз бе тау кезіп, тас кешіп- деп, Қысыргүл мүсіркеп жатыр оны. Дәулетжан әңгімелесіп біраз отырды. «Тәуке қайда, менімен бірге сонау тауға жүрсін, онда аң көп» дегенді ұқтырып, көкпен таласқан тау шоқыларын нұсқады.
- Өзіміз де асыға тосып отырмыз. Бүгін келіп қалатын күні - дегенді айтып, Қысыргүл Дәулетжанның өзі келген жақты қолымен мезгеді. Дәулетжан түсіндім дегендей бас изеді. Ол шайға қарамай жүріп кетті.
- Қап,бізді көргеніңді ешкімге айтпа демегеніміз-ай! Ана әйел елге барып па, соны да сұрау керек еді - деді Жағпар.
- Сол шіріктің сөзін кім тыңдаушы еді, қашқын сайқалдың өзі бүлдірмесе. Қырсыққанда Тәукенің де келмегенін қарашы, ертерек басқа жаққа қоныс аударатын. Әй, бірақ ол сайқал елге қайдан жетсін! Жалақтаған аш қасқырлар тірі жіберген жоқ шығар оны. Аяғы ауыр адам тау тастың арасымен жете алушы ма еді? Қарға- құзғынға жем болып қалды да бір жерде.
Дәулетжан отрядтағыларға көргені мен естігенін түсіндіріп бақты. Тәукенің осы жолмен бүгін келетіндігін айтты.
Бұлар бесіндіге дейін тосты. Тірі жан байқалмайды. Түнімен ұйқы көрмеген жігіттерге отряд бастығы тасада жатып кезек-кезек мызғып алуға рұқсат етті. Дәулетжан оның өзіне де ұйықтап ал деп ымдады.
- Сенімен әңгімелесуге біреу керек қой- деді ол.
Дәулетжан күлді. Шынболаттың арқасынан қағып ғойды. Бұл риза болғандығы еді. Екеуі ымдасып көп әнгімелесті. Жігіттер де ұйқысынан оянды. Тыңайып қалыпты. Қашқындарды қалай ұстау керектігі тағы ортаға салынды. Алғашқы ұйғарымдары: тұс-тұстан шыға кеп, қоршап алу болатын. Дәулетжан бұған қарсы болды. «Бұлай еткенде жігіттерден шығын болуы мүмкін. Қайткенде де шығынсыз, оқ аттырмай ұстауымыз керек» - деді.
- Сонда қалай?- деп, Шынболат өз ұсынысын сұрады. Дәулетжанның ұқтырғаны: Қарсы бетте, тура жол жиегінде, бұтағы мол қатар өскен екі арша бар. Тәукелер келер жақ бетінен бұтағы қою. Аршалар аралығы жеті- сегіз- ақ қадам. Әрқайсысына екі-екіден жігіттер шығып отыру керек те, өтіп бара жатқанда дәл төбесінен бас салу керек. «Қатар кетіп бара жатса ше?»- дегендерге:
- Олай жүре алмайды, себебі жол тар –деді. Бұл әдіс отрядтағылардың бәрінің көкейіне қона кетті. Соңғы шешім осы болды. Әркімге тиісті міндет қайта бөлінді. Бөлінген жігіттер арша басына шықты. Бұтақтары да отыруға ыңғайлы екен. Өзгелер тасаға барып бекінді.
Сағат тілі сыртылдап, ұзап барады. Айналада қыбыр еткен жан жоқ. Жігіттер де жалыға бастады. Бір кезде Дәулетжан Шынболатты түртіп қалды. Қолымен күн батысты нұсқайды. Шынболат ештеңе көре алмады. Дүрбімен қарап еді, екі атты келеді екен. Жігіттерге тез хабар берілді. Аттылар жақындап келеді. Әне, түр- түстері де анық көрінді. Алдында Тәуке келеді. Бет-аузының бәрін сақал- мұрт басып кеткен. Түрінен адам шошырлық. Жадағай сырма шекпенінің екі етегін жел кеулеп делегейлендіріп, жалп-жалп еткізеді. Артта түйедей торы бестінің үстінде жарбиып, қолтоқпақтай ғана болып Түлен келеді. Екеуі де үнсіз, түнерулі. Астарында тең-тең бумалары бар. Қас қылғанда аттар құйрық түйістіріп келеді. Жоспардың бұзылатын түрі бар. Дәулетжан мен Шынболат қатты састы. Атуға болмайды, тірідей қолға түсіру керек. Тапсырма солай.
Тәукенің астындағы ала аяқ қасқасы екі құлағын тік шыншып, жер тапып пысқырынып қойды. Торы да құлағын тікірейтіп, қайшылап келеді. Әсіресе,
Дәулетжан қатты мазасызданды. Іс бұлай насырға шабады деп ойлаған жоқ-ты. Ернін қайта-қайта тістелей береді. Ширатылған мұртының ұшын тісімен қиып бітті. Аршаға қырық- елу метрдей қалғанда Түлен атының басын тежеп, шылым тұтатты. Тәуке оншақты қадымдай озып кетті. Отрядтағылардың жүрегі жай тапты. Іс оңға басатын болды. Тәуке алғашқы аршадан өтіп те кетті. Ол екінші аршаның түбіне жуықтай бергенде, Түлен біріншінің жанына келді. Жігіттер бір мезетте бас салды. Түйенің қомынша артылған бумалардың көп септігі тиді. Бұлар ат үстінде алысып жатқанда, өзгелер де келіп жетті. Тәукелер аршынды әрекет жасай алмады. Қындағы қанжарға да қол салуға мүмкіндік бермеді. Қолдары арттарына байланды.
Тасүңгірдегі Жағпар мен Қысыргүлді Дәулетжан барып айдап келді.
*********************
Күлайшаның аман-есен босанғанын Федор Дмитриевич Нұралыға таң- ертеңгісін телефонмен хабарлады. Нұралы Күнзилаға келіп қуантты.
- Ия, құдая тоба, мана құмалақ ашқанымда пайғамбардың ашпас палы түсіп еді - деп, ол кісінің қуаныштан жүрегі жарылып кете жаздады. Абысын – ажындарын шақырып алып, бір шәугім шай да беріп үлгерді. «Шашудың үлкені Күлайша келген соң болады»- деді.
Нұралы Күлайшаға ертелеп бармақ болып еді, шаруашылықтың біресе анасымен, біресе мынасымен жүріп, түс аудырып алды. Тәукелердің ұсталған хабары ел ішінде дүңк-дүңк етеді. Ол хабардың да жай - жапсарымен танысып үлгере алмады. Басқарма мен партбюро мүшесі Жақайды шақырып алды да:
- Шаруашылықтың басы-қасында болыңыз - деп, Күлайшаға жүріп кетті. Нәрестесін көруге асығып келеді. Жолай магазиндерге соғып, күтуші медбикелеріне азын-аулақ сыйлықтар алды.
Бір парақ қағаздың екі бетін толтырып хат жазды да, сыртына Досболоваға деп, медсестрадан беріп жіберді. Нұралы хатында Тәукелердің ұсталғанын, Жағпардың да солардың тобында екендігін айтқан. Соңында Алмаштың кешегі
бір қылығын толық баяндады: «Үйге жұмыстан кештетіп бардым. Алмаш сабақ дайындайтын бөлмесінде отыр екен. Айнаштың, сенің суреттеріңді алдына қатар қойып алыпты. Менің кіргенімді байқаған жоқ. Суреттерден көз алмай, кезек-кезек сүйеді. Бір кезде екеуін қабаттастырды да жүрегінің тұсына апарып
қысып –қысып қойды. Сірә, Айнаштың суретін Алмаш кроватының жанына іліп қойған жөн ғой деймін. Марқұм қысқа өмірінде не қызық көрді. Еш болмаса жансыз бейнесі Алмашының әрекетін оқшау тұрып қызықтасын. Көп сурет арасында тұрғаны жараспас. Айнашым-Күлайшам деп қос атауды мәңгі көз жұмғанша тастамаспын аузымнан. Кейде екеуіңнің бейнеңді қатар қойып, суретке қайта түсіртіп алсам деген ой келеді. Ол жағын өзің шыққан соң ақылдасармыз. Сені әзір тұрғызбайтын көрінеді. Шығатын күніңді нақты жазып жіберерсің. Не әкелуім керек? Сәбиді күткен медбикелерге не жоралғы жасаймын? Әзірге көрімдігі деп мына бір заттарды беріп жібердім. Бәрін айтып жаз! Сәлеммен Нұралы»
Хатты бір келіншектен беріп жіберді. Ол сыртында жазылған фамилияны оқып көрді де, Айнашқа әкеліп берді. Қолы қалтырап Айнаш хатты зорға ұстады. Аң-таң. Жүрегі дүрс-дүрс соғады. Алқымының астына келіп тығылады. Өз көзіне өзі сенбейді. Тобарсыған еріндері кемсеңдеп оқи бастады. Хат Күлайшаға арналыпты. Көзінен жас парлап қоя берді. Таныс жазу. Нұралының жазуы. Хаттың Алмаш қылығы жайлы жазылған жеріне келгенде тынысы тарылып, төсегіне құлай кетті. Буын-буыны қалш-қалш етеді. Медбике жүгіріп кеп мүсәтр спиртін иіскетті. Не болғанын білмей, аң-таң болып тұр. Айнаш есін жиді. Хаттағы жазу арқылы бар оқиғаға қанықты. Сан ойлар шырмап алды. Жанында , қол созым жерде тұрған Нұралысы қол жетпес арман секілді. «Иә, Нұралы- енді түстегі сағым ғана. Мәңгі осылай. Кешегі жарық жұлдызы жерге ағып түсті. Енді жарқырамайды ол. «Жарық жұлдызым –сенсің!»- деп, ешкім де айтпайды. Ешкім де жас балаша алдына сап тербетпейді. Ол-енді басқаның жұлдызы. Басқаның жүрегін жарық етеді. Ай астында басқаны тербетеді. Неткен қорлық бұл!» Нұралының көрмеуге бекінді. «Жан жарасы онсыз да жеткілікті. Жазыла бастағанында қайта асқындырмайын. Ең болмаса оның жүрегінің жарасы жазылсын. Бар күйікті мен-ақ тартайын. Күйген жүрек күйе берсін. Өртене берсін лапылдап» Арына дақ түскеніне, аяқ асты болғанына қорланады Айнаш.
Өзін айдалада қоқыста қалғандай сезінеді. Өткені еске түсіп, өзегі өртенгенмен, болары болып, бояуы сіңген тәңір тәлкегіне айтар қарғыс та таба алмай отыр. Бұрын «Ең болмаса адал жандар арасына барып өлсем арманым жоқ»- деуші еді. Адам арманға тойған ба? Ел ішіне, Нұралысына жақындаған сайын арманы көбейгенмен, алыстап, биіктеп барады.
Айнаш хатты оқып болды да:
- Фамилиялас басқа біреудікі екен- деп, медбикеге қайтарып берді. Жұрт түскі тамаққа кетті. Айнаш жалғыз қалды. Терезе жанына барды. Сыртта, орындықта Нұралы отыр. Айнаш жанары жасқа толып тұр. Көзі бұлдырлап барады. «Бұл сұмдықты көргенше шыққыр көзім неге соқыр болып қалмайды. Неге тоқтап қалмайды бұл жүрек?» Айнаш тағы да талықсып кетті.
Нұралы Күлайша жауабын тосып көп отырды. Хат кешігіп келді. Келер дүйсенбіге шығармын депті. Күнзила мен Алмаштың көңіліне көбірек қарауды баса айтыпты. Айнаш суреті туралы пікірге де толық қосылатынын білдіртіпті.
*********************
Мардан түнімен көз ілген жоқ. Махорка түтіні бөлмесін тұман қылып жіберді. Жұлқа-жұлқасы шыққан ескі планшетті ашып, ішінен қалың дәптер алды. Парақтап оқып отыр. Сия карандашпен айдақ-сайдақ жызылған жазуларының кейбір жері өше бастаған. Енді бір жері мүжіліп, жұлым-жұлымы шыққан. Бұл – Нұралы мен Күлайшаның әрбір басқан қадымын жіпке тізгендей етіп жазып жүретін күнделігі. Әр күні түнгі уақытының бір мезгілі осы «күнделікті» шимайлауға кетеді. Олардың істерінен ірі-ірі «қателіктер» тауып отырады. Онысын күнделіктің ерекше белгілері бөліміне баттита жазып қояды. Бір кезде Мардан колхоздастыру кезеңінің ірі белсендісі болды. Балқы әптіш деп түшкіріп қалса, «аққас» деп жанына жетіп баратындардың бірі еді. Алғашқы тәрбиесі - Балқы мектебі. Елге шықса Балқыша шіренеді. Талтаң-талтаң жүрісіне дейін дәл өзі. Аумаған. Бұты қысқа адамға онысы жараса да бермейді. Өзі бұған дән риза. Күләйша алдындағы Дәуренқұлға дейін осы колхозды басқарды. Ешкімді бет қаратқан жоқ. Әскерге шақыртып, жарамай, жолдан қайтып келді. Колхоздың есеп беру сайлау жиналысы өтетін күні оралды. Алғаш колхоз басқармалығына да дәмелі болып жүретін-ді. Ол ойын Балқыға да айтқан. Бірақ
бұл әскерге шақыртылып коммиссияда жүргенінде, ел Күлайшаны сайлады. Бұл мал фермасына кетті.
Өмір жолдарына көз жүгіртіп, өткенін ойласа іші қазандай қайнайды. Бұрын биік астаудан су ішіп қалған адамның бір шетке қағажу қалғаны жүрегіне аяздай батады. Баяғыда жұрт «Мәке, Мәке» деуші еді. Енді Мардан деп атаушылар көбейіп барады. Бұл күндері сый-құрметтің бәрі лауазымда ғана
қалған деп түйген. Заман алға жылжыған сайын ел басқаруға бойына жаңа қасиет жинаған, бұрынғы тәжірибесін жаңа дәстүрмен, жаңа заманның өзі тудырған қарым-қатынаспен байытқан адамның қажет екендігін түсіне білмегендігі Марданға есеп емес. Оның ұғымында тәртіпке шақырудың ең тиімді құралы - жұдырық. Ол жайды байларды кәмпіс жасағанда байқаған. Содан қанына сіңген-ді.
Бүгін сол өткен өмір жолын ой таразысына салып, көп саралады. Бақастықтан, тақастықтан тапқан пайдасы жоқ. Ел де шеттете бастады мұны. Жазған арызынан не түсті? Онысы өзіне таяқ болып тиіп отыр. «Өткендегі арызды Нұралы үстінен жазбай-ақ қойғанда ғой, бұл пәле тұтқиылдан жабыспайтын да еді? Өзіме де обал жоқ. Жатқан жыланның құйрығын басып нем бар еді. Балқыда не қауқар қалды. Жүк басының Попов жағына ауып бара жатқанын сезіп те жүрмін. Балқыны әзірге сақтап тұрған баяғы дардай атақ даңқы ғана. Ендігі жолым қайсы? Дәл осы жерге келгенде Мардан ойы тығырыққа келіп тіреледі. Ойлап-ойлап, жауап таба алмайды. Жүрер жолын бүгін таңдамаса, ертең кеш қалады. Марданның түн ұйқысын төрт бөлген жай осы еді.
Ертеңіне тірі жанға көрсетпе деп әйеліне тықтырып қойып жүретін сандықтағы бір буда қағазды алғызды.
- Сорлы-ау, мұны қайтесің? - деп, шошып қалды әйелі.
- Жата-жата сүр болды. Жарық дүниеге шықсын да. - Мардан үйден шығып кетті.
Мардан Нұралы кабинетінің алдына келіп тоқтады. Кіруге батпай, есік алдында біраз тұрып қалды. Есік тұтқасын ұстайды да, теріс айналып кетеді. Тонын қаудырлатып Жақай келеді.
- Ертелетіп арызға пәкті жинап жүрмісің, батыр! Жина, жина! Қартайғанда қарағайдай мүйіз бітеді саған. Ұнатпағаныңды қағып-соғып сүзгілегеніңе керек болады. Құдайдың дәл осы жері әбес. Сендейлерге о баста шыр етіп жерге түскенде-ақ қарағайдай мүйіз беретін жөні бар еді.
- Жақай, - деді Мардан. Жақай жалт қарады. Мардан бірдеңе айтқысы келгендей сыңай білдірді, бірақ сөз бастаудың ретін таба алмады.
- Сары пәпкіні мойынға салақтатып қайта байлапсын. Ондайда тыныш жүрмеуші-ең, тағы бір пәлеге бастағалы жүрсің ғой шамасы...
-Дұрыс айтасың, Жақай. Талай пәленің бастаушысы болып ем, енді тастаушысы болып келіп отырмын. Имандай шындығым бұл. Нұралының қолы бос болса, сөйлессем деп келіп ем. Нұралыға айтарсың... – Жақай басын шайқап, қамшысымен етігінің қонышын бір қағып қойып, ішке кіріп кетті.
Нұралы екеуі ұзақ әңгімелесті. Нұралы Марданның бұл ісін айла-шарғысы емес пе екен деді. Не де болса сөйлесіп байқамақ болды.
Марданға: «Кіріңіз!»- деді. Кірді. Амандасты. Үнсіз көп отырды. Әлден соң барып сөз бастады:
- Нұралы, қарағым, алдыңа келсе атаңның құнын кеш деген бұрынғыдан қалған сөз бар. «Қыс бұзылса күз боламын дейді, кемпір бұзылса қыз боламын» дейдінің керін кигенде тапқан опам жоқ. Қорқып айтты деме мұнымды. Қабырғаммен кеңесіп, екшеп келген қорытындым осы болды. Кезінде сүйікті кәсібім болды да, мына дәптер бетіне талай сұмдықтарды түсіргем. Аты-жөнімді көрсетпей жіберген домалақ арыздарымның көшірмесін де, міне, алдыңа қойдым. Ағымнан жарылғалы келдім. Бәріне өмір ағымына ілесе алмаған өзім кінәлімін. «Оқығанның беті жарық, оқымағанның беті көн шарық»- деп, сірә, тегін айтылмаса керек. Аз ғана біліммен шолталақтап ел басқарғанымызға мәз болып, қағанағымыз қарық, сағанағымыз сарық боп жүре беріппіз. Жаңа өмір талабын ескімен өлшеппіз. Өзен екеш өзен де жеңіл жаңқаларды қайраңға шығарып тастамай ма? Ал өмір ағыны одан да қатты. Біз сияқты қауқарсыздарға төтеп беру қиын екен. Оқимын десең, міне, жатыр шимайларым. Қажетсіз деп тапсаң көзіңше мына пешке өртейін. Малдарымды тегіс колхозға өткіземін. Жүз жиырма бас қойым,он бес бас ірі қарам бар. Дүние қоңыздық опа берген жоқ. Айтарым осы. - Нұралы қалың дәптерді парақтап біраз отырды да, Марданның өзіне қайтарып берді. Ләм-мим деген жоқ.
- Мұны қайтем, қарағым-ау?
- Үйіңізге апарып, босағаңызға іліп қоярсыз.
- Ойының ба, шының ба?
- Шыным.
- Сонда қалай, әлі сенбегенің бе?
- Жоқ, сенгендігімнен. Хан сайланып, асып-тасып бара жатқанында Аязби босағада ілуі тұрған шоқпыт киімдеріне қарап басылмаушы ма еді. - Манадан бері бір қызарып, бір бозарып не істерін білмей тұрған Марданның көзі суланып қоя берді.
- Тағы бір айтатын дегенім,- деді ол Нұралыға, - завфермалықтан босансам...Таңдауым - қара жұмыс. Кез келгеніне жіберіңдер. Аярлықпен айтып тұрғаным жоқ. Сеніңдер!
- Біз сендік. Өзгені қалай сендіресіз.
- Айтып тұрғаным да өзгені сендірудің жолы емес пе? Алдағы болатын басқарма жиналысында жұрт алдыңда мойындаймын кінәмді. Ісімді сотқа бергізе керме, Нұралы!
*********************
Балқы облыстағы жиналыстан ауырып қайтты. Дәрігерлер қан қысымы көтерілген деп тапты. Ауырғанына қарамай «Көкбұлақ» колхозындағы болып жатқан жайлармен келе сап танысқан. Федор Дмитриевичке телефон соғып:
- Жергілікті халық психологиясын жете зерттегеніңіз жөн. Ал әрбір ауылдағы Мардан секілді өмірдің ащысы мен тұщысын бірдей тартқан ардагерлерге сенімсіздік көрсету, бопсалау партиялық этикаға жатпайды. Бұл мәселені мен жұмысқа шыққанша қозғамай қоя тұрыңдар. Ағыстық - сайтанның ісі.
- Мәселені бір кісі емес, бюро шешпей ме, Балқы Ешкібаевич?
- Жолдас Попов,бірінші хатшы мен бе, әлде сен бе?
- Талас ол жөнінде болып тұрған жоқ қой?
- М, менімен таласқыңыз келіп тұр екен ғой. - Балқы телефон трубкасында айқалаймын деп, басын ұстап отырып қалды. Екі шекесі лықылдап, желкесі тартып солқылдатып барады. Жедел жәрдем машинасы шақыртылды. Дәрігер укол айдап, дәрі-дәрмектер берді. Үлкен ауруханалардың біріне апару керектігін айтты. Үй-іші түнімен көз ілген жоқ. Балқы сандырақтап шықты. Келе сап Марданды шақыртып, кісі жіберген. Ол таңертең келемін депті.Ертеңгісін Мардан келгенде Балқы мінген жедел жәрдем машинасы ауласынан шығып кетіп бара жатты. Ол қалт тұрып қалды. Жүйткіп барады. Балқы мен Мардан арасы алыстай берді. Әне, көз ұшында бұлдырап көрінбей барады. Мардан ауыр күрсінді.
*********************
Нұралы мен Алма перзентхана жанына келіп түскенде Айнаш терезе алдында тұр еді. Өксіп-өксіп жылап жіберді. Ана екеуі қалай жүрсе, терезенің сол жағына барып телміреді. Олар терезеге қарай қалса, шегініп кетеді. Жылай-жылай көз жасы да құрғап қалды. Іші өртеніп барады. Аяғымен ыстық шоқ басып тұрғандай. Көрінсем қайтеді? Айтсам қайтеді бәрін? Жоқ, өйтсем төрт адамның жүрегіне бірдей күйік түседі. Көрінбеймін. Жұмбақ қалпыммен қалуым керек. Күйермін, күйінермін, өтермін өксіп өмірден. Басқа салса пенде не көрмейді. Тірі өлік атанған қиын екен бәрінен. Махаббат та өлген енді. Өлген адам қайта тірілмес болар. Айнаш ойлайды. Ойлайды да жылайды. Жылайды да
ойлайды. Ой түбіне жете алмайды. Ойланған сайын терең шыңырауға батып бара жатқандай болады. Алдыңғы күні Жуалыдағы жиен ағасына хат жазған. Басқа паналар жері жоқ.
Құндақтаулы бала көтерген Нұралы сыртқа шықты. Алмаш жас нәрестенің бетіне қайта-қайта қарап, жайраң қағады. Қаперінде түк жоқ. Айнаш жүрегі бір сәт елжіреп кетті. Ләйім да осылай қайғы-мұңсыз жарқылдап өссін құлыным. Күлайша Алмаштың бетінен иіскеп, пальтосының ағытылып қалған түймелерін салып берді. Алма Күлайшаны құшақтап, екі бетінен алма-кезек сүйіп жатыр. Қолындағы гүлдестесін ұсынды. Үшеуі машинаға қарай беттеді. Көршілерінің бір -екі халатын сұрап алып, қабаттап киді де, Айнаш та сыртқа шықты. Олар ұзап барады. Айнаш ағаш-ағашты тасалап жүріп келеді. Солқ-солқ етеді. Үш адам қарасынан көз жазбайды. Аналар бір-біріне қарап күледі. Айнаш жылайды. Олар көңілді келеді. Айнаш жігері құм болып езіледі. Олар бірін бірі құшақтайды. Айнаш жапырағы түсіп қу медиен болған ағаштарды құшақтайды. Әне, машинаға жетулеріне үш-төрт-ақ адым қалды. Әне, екі-ақ адым... Бір-ақ адым... Жетті. Есігін ашты. Машина дүр етіп от алды. Айнаш көзін жұмып отыра кетті. Енді бір қарағанында машина көз ұшында бұлдырап бара жатты. Көрінбей кетті. Көз тандыры кепкен. Суланбайды да. Құр өксік. Жан-дүниесі әлем тапырақ. Төңірек қараңғыланып барады.Бұл несі? Аспанға қарады. Күн тұтылған екен. Айналаны кәдімгідей қараңғылық қымтап алды. Жұлдыздыр жайнап шыға келді. Әнебір ең жарығы Нұралы екеуі оңашада, керімсал далада, табиғат құшағында махаббат буымен жылынып атар таңды кірпік ілмей өткізген сәттерде дәл осылай жымың қағатын.
- Айнашым, әнебір жарық жұлдызды көремісің?
- Көремін.
- Ол - сенсің, менің жарық жұлдызым.
- Жоқ, сенсің, менің жарық жұлдызым. Нұралы екеуі осылай десетін.Әлем қараңғылана бастады. Жарық жұлдыз біраз жайнап тұрды да, бірте-бірте көмескілене берді. Күн тұтылған екен. Әне, жоқ болып кетті. Айнаш шыңғырып отыра кетті. Жылаған сәби даусы келді құлағына. Алақанымен екі құлағын тас бітеп алды. Іңгәлаған дауыс зорая түсті. Көзін шарт жұмып алды. Көз алдында жылаған сәби бейнесі. Көзін ашты-сол бейне. Басы айналып кетті. Бар әлем қоса айналады. Сол дауыс. Сол бейне. «Уһ, жасаған, не жазып ем?... Жазығым не? Өртенді ғой жүрегім,өртенді ғой...Өртсіз неге өмір сүре алмаймыз, адамзат! Анамын - мен. Ана атынан қарғыс айтам қу соғыс! Жетіммін-мен. Жетімдердің атынан нәлет айтам, қу соғыс! Боздақ қалған сәбимін - мен. Шырылдаған жас сәбидің атынан үкім айтам,қу соғыс! Жұбайынан айрылып, аңыраған арулардың атынан зарлау айтам, қу соғыс! Жауыздыққа ауыздық салу өз қолында емес пе, адамзат! Неге тыныш өмір сүре алмаймыз! Тыңда, әлем қарақшылары! Сен де туғансын анадан! Сенде де бар жар құшағы. Сәби де бар бесігіңде іңгәлаған. Арандатпа әлемді, жылатпа анаңды, жарыңды, балаңды! Сен салған ылаң болмаса кездесер ме ем бұл күйге... Тағы да айқай саламын. Шыңғырамын. Құлақтарың тас бітелсін, жауыздары әлемнің!»
Осылай деді Айнаш. Осылай деді бар ана. Осылай деді жас сәби. Осылай деді күллі әлем жаңғырығып.
Сәлден соң тұтылған күн қараңғылықтан қайта шығып, айнала төңірек жап-жарық болып кетті.
«Иә, алла! Жарық дуниені қараңғылық енді қайта баспаса екен. Аспанымыз әрқашан осылай жарқырап тұрса екен!.. Ендігі тілегім - осы» - деді Айнаш Нұралысы мен Алмасы кеткен ұзақ жолға телміре қарап.