Жылқышы баласының әңгімесі
Қазақ күн көрісін малмен байланыстырған халық. Әсіресе жылқы дегенде ішкен асын жерге қояды, оны бағудың, баптаудың және емдеудің өзіндік тәсілін қалыптастырған. Ырғыз өңірінде Тұяқбай Бөлеков (1891-1981) мал ауруларын жетік білген кісі болған. Ол оқымаса да колхозда кіші мал дәрігері болып қызмет еткен. Кейіннен зейнеткерлікке шықса да, малын емдетуге ауыл адамдары сол кісіге баратын. 90 жасында атты ертеп, мініп жүре берген. Малды емдедім деп ешуақытта кісіден ақы алмаған. Атақты емшінің мал ауруларын емдеу тәсілдері мен өмір бойы жылқы баққан әкесі Телеубаев Мұқыжанның мал бағу ерекшеліктері туралы Қызылжар ауылының тұрғыны Әлиакпар Мұқыжанов айтқан еді.
Қоскіндік болған құлын
Бір күні Төлеген кер бие құлындады. Еркек құлын екен. Туғаннан кейін 3-4 сағат өтсе де, құлын сие алмай жатыр деп, әкем мені веттехник Әтайға жұмсады.
- Ана құлында қоскіндік. Енесі сияқты жүйрік болатын құлын болайын деп тұр. Егер емдемесе, несебі жүрмей, өліп қалады. Мынаны қалай емдейсің?-деп веттехникке қарады.
- Біз қоскіндік деген ауру туралы оқыған жоқпыз. Оқулықта жоқ ондай. Білмеймін оныңызды. Жанын қинамай, бауыздап тастаңыз, ақсақал, - деп шарасыздық танытқан веттехникке қатты ашуланған әкем, Тұяқбай ақсақалды шақыртты.
Тұяқбай ақсақал келе құлынды ұстап көрді. Бізге жерошақ қаздырды. Ұзындығы бір метрдей жерошаққа құлынды шалқасынан жатқызды. Алдыңғы екі аяғын біреу, артқы екі аяғын екіншіміз ұстап тұрдық. Содан ақсақал өткір пышағын алды да, құлынның бауыр жағынан теріні, одан астыңғы көк етін бір қарыстай қылып тілді де, сол тілікке қолын салды. Жаңағы веттехникке:
— Міне бүйрегі, одан шыққан екі тамыр несеп жолына жалғасады,- деп қолмен сұтап көріп, жатып айтып отырды. Соның біреуін кесіп жібергенін айтты. Жібек жіппен әуелі көкетті, артынан сыртқы терісін тікті. Шешемнің бөкебайымен құлынның белін орап, таңып тастады. Содан екі сағаттан кейін құлынның несебі жүрді. Анасын еміп, шауып кетті.
Кейін сол құлын өскенде мықты жүйрік ат болды. Колхоз басқармалары үстінен түспеді. Тұяқбай қария кейін осындай ауруға шалдыға туған тағы үш құлынды емдеп жазған болатын.
Жарық, бөген, қарайық деген жылқы ауруларын қалай емдеген?
Жылқы малында жарық деген ауру бар. Құлын іштен жарық деген ауруға шалдығып туылады. Ол аурудың белгісі- ішіне ішек түсіп кететіндіктен құлынның ұмасы үлкен болады. Оны Тұяқбай ата емдегенде құлынның екі құлағының ұшынан төмен қарай жіңішкелеп түбіне дейін кеседі. Кесілген құлақ шашбау сияқты төмен салбырап тұрады. 14-45 күн өткенде ұманың ішіндегі ішек тартылып орнына келеді, құлын жазылып кетеді.
Ал бөгенді уақытында емдемесе, жылқының құйрығы түсіп қалады. Тұяқбай ата оны емдеу үшін, таза мысты 2 см-дей шеге сияқты кесіп алады. Құйрығында бөгені бар атты төрт аяғынан буып жерге жығады. Құйрығының сүйегіне мыс шегені балғамен қағады. Осыдан барып құйрықтағы қылдың түсуі тоқтайды екен.
Ал жегілетін аттың қамыты үлкен болса, ия болмаса ерді дұрыс ерттемей көп жүрген жағдайда қамыт соғып тастайды да, аттың екі иығы ісіп кетеді. Сол ісік кейін аттың иығынан қолдауға дейін тарайды. Емдемесе ат одан кейін ия мініске, ия жегугежарамай қалады. Қазақ қарайық деп атаған жылқының бұл ауруын Тұяқбай ата өзінше емдеген екен.
Атты төрт аяғынан буып, жығады. Иықтан бастап қолдауға дейін тіліп, ішіндегі қанды іріңді суына дейін сығып, алып тастайтын болған. Тұзды сумен әбден тазартып жуады. Солай-12 рет жуған соң, жылқы құлан таза айығып кететін болған.
Сиырдың ноғаласы
Қорадағы сиырдың бір көзі 1 жетінің ішінде ағарып кетті. Ноғала деп аталатын ауруға шалдыққан екен. Ноғала деген әсіресе құрғақшылық кезде сиырдың көзіне құм болмаса қиыршық түскенде пайда болатын ақ шеміршек екен. Уақытында емдемесе, шеміршек көздің қарашығын тесіп, суқараңғылыққа әкеп соқтырады. Бұны емдеу үшін Тұяқбай ата тарамысты пайдаланған. Соғымға сойған малдың жіліншегіндегі ұзын сіңірді кесіп алып, соны жіп сияқты иіріп, тарамысты өзі жасайды. Ол өмірде шірімейтін, үзілмейтін мықты жіп болады. Төрт аяғы буылып, жығылған сиырдың басын біреуге ұстатып тұрып, тебен инені көздегі шеміршектің шетінен сабақталған тарамысты өткізеді. Тартып тұрып, қарашыққа тигізбей шеміршекті тарамыспен сылып тастайды. Болғасын бір ас қасық тұзды көзге салып жіберіп, 4-5 минуттай көзді жауып тұрады. 7-8 күннің ішінде сиырдың көзі жазылып кетеді.
Мал бағудың да өзіндік қыр-сыры бар
1946 жылы әкем Телеубаев Мұқыжан колхоздың жылқысын бақты. Колхозда сол уақытта 300 жылқы болған. Қазіргі жылқышылар жылқыны үйірге бөлмейді. Әр айғыр 10-15 байталды өзі үйір қылып алады. Менің әкем жазғытұрым сәуірдің аяғында 10 бас ұрғашы тайдан бөліп, арасына бір сақа биені қосады. Сақа бие өрісті біледі, ешқайда кетпейді. Соңынан айғырды жіберіп, үйірді ашық аулаға 1-2 күнге қамайды. Кейін сай жаққа жіберіп, бір жетідей бақылайды. Содан барып, үйірді көп жылқының арасына жіберетін. Көзі үйренген айғыр үйірін ешкімге бермейді. Осылайша 300-дей жылқы 10-15 айғырдың үйіріне бөлінетін. Сонда қай айғырдың үйірінде неше құлын бар, нешеуі еркек, нешеуі ұрғашы, түр-түсін жатқа білетін.
Әкемнің жылқы күзетуге мінетін бір-екі аты болды. Қашаған жылқыны қуатын Тамай деген аты болды. Қандай қашаған жылқы болса да, қуып жүріп, құрық салатын. Ал жоғалған жылқыны іздегенде мінетін 1-2 аты бөлек болды. Неге бір атпен іздей бермейсіз деп сұрағанда: «айдала не көп, ін көп. Біреуіне аттың аяғы кіріп кетіп, құлап мертіксе, жаяу қалмас үшін» деп жауап беретін. Екінші атты жетекке алмайды. Ол жылқышы мінген аттың соңынан өзі еріп жүреді. Жылқыны ол кісі ауыл маңына жолатпайтын. Қосынын ауылдан 20-30 шақырым жерге, қалың тобылғының арасына тігетін. Тобылғын шауып, тамақ пісіретін. Ит-құстан (қасқырдан) сақтану үшін қосынды қашыққа тігемін деп түсіндіретін. Айдалада сай жоқ. Қамыс, қопа ж. Қасқыр 3-4 сағат үйірді ала алмай айналып, торуылдап жүреді. Күзет мықты, әрі адам күзетіп жүрген соң, ала алмайды. Тоңып, елге, ауыл жаққа қарай жортады.
Қосынды ауылға жақын тіксе, біреудің тойы, біреудің садақасы деп кететін кездер көбейеді. Торуылдап жүрген қасқыр қараусыз малға шабады дейтін.
Қыстың қақаған аязында ол кісі ердің темір үзеңгісін аяқты қарымасын деп ағашқа алмастырып алады екен. Былғары етікті сыртынан қолдан басқан киіз байпақпен қаптап киетін. Сонда қандай аяз болса да, аяқ қатпайды.
Жаздыкүні әсіресе мамыр айында шыбын-шіркей-маса көп болғанда, айрылып қалмау үшін кештен бастап түнгі сағат 12-1 -ге дейін шыбындаған жылқымен бірге жүріп, сағат түнгі бірде өз еркіне жібереді. Таңертеңгі сағат 5-те қайта шығады. Ол уақытта осындай қиындыққа төзбейтіндіктен, колхозда ешкім жылқы баққысы келмейтін. Сондықтан қысқа қарай Жаңдәуір, Шапай, Шилібөгет, Ақөткел, Жантай, Жаңабірлік колхоздарының жылқышылары бірігіп, Жабасақтың Қаракөл мен Аққабақ деген жеріне барып, жылқыларын қосып, бағатын. Өйткені түнде де, күндіз де жылқыны күзетіп, бағу керек. Жылқышылар 10-14 адам болып жиналады. Күндізге екі, түнге екі адамнан бөлініп, кезекке тұрады. Сөйтіп, алты күнде бір келетін кезекпен жылқыны бағады. Қыстап шыққан соң, жазғытұрым жылқыны ауылға айдаймыз. Әкем шеттеу жүрген айғырдың үйірін түгендейді. 1,5-2 шақырым жерге өзі жылқының алдына шығып, бағдарлап алады да, жылқыны ауылға айдап келеді. Келе жатқанда жолда қора жоқ,әр колхоздың жылқысын түр-түсіне қарай жолай бөліп, айырады. Сонда бір құлын ия бір тай басқа үйірге кетпейтін.
Асау үйрету
Әкем 5-6 жасар асау жылқыны үйреткенде өмірі құламайтын. Сол уақытта асаудың аяғын қайыс шідер демде жарақаттап тастайды деп қойдың жүнінен естіртіп, шідер жасатып алатын. Асау атты екі күн шідерлеп ұстайды. Үшінші күні ер тоқым салып, бірден мініп кете беретін. Өйткені ат туласа, екі үзеңгіге аяқ тіреп, шірене күш саласың. Ал жайдақ мінгенде, бірден күш салатын ештеме болмағандықтан, ат лақтырып кетеді. Әкем сондай атқұмар болды. Қыстың күндері жалғыз өзі көсем ат жегіп жүрді. Нағыз қыз-келіншектер мінетін тора ала аты болды. Екі ат қосылса, бас шұлғып қатар келе жатқан басқа аттардан 20-30 метр озық жүретін еді. Ол уақытта колхозда 10-15 бос жүретін құр ат болатын. Оның бір-екеуі басқармадағыларға 1-2 атты бас есепшгеі, 1-2 атты сельсоветке мініске жаратылатын. Қыс кезінде атшанашы Ырғызға айына 2 рет есеп тапсыруға баратын. Сол себепті жаздай бос жүрген аттарды қазан айында мініске керек деп ұстап әкелетін. Әуелі ол атты бір ай ішінде 15 рет таң асырып баптайды. Осылай таң асырып бапталған ат Ырғызға 220 шақырым жерге бір қонып, бара беруге шыдайтын. Сол бабымен, қыс бойы арықтамай, жүдеп-жадамай қысты атқарып шығатын. 1962 жылы әкем зейнеткерліккке шықты. Әбден жылқы бағуға үйренген әкем бір жыл әзер шыдады. 1963 жылы үйдің қасынан шөптен ашық аула жасап, Қарашатаудан, Жабасақтан және ауылдағы ағайын, тума-туыстардан барлық жылқысын жинап алып, бір жерге бағуға шығып кетті. Бұрынғыдай күші жоқ, түнде күзете алмайды. Кешке ымырт түсе, барлық жылқыны қораға қамайды. Таңертең ерте шығарып жібереді. Күндіз үйде қарап отырмай, сол қорадағы жылқының боғын күрейді. Жаз болса 20-30 биені үйдің қасына үстайды, желіге құлындарын байлайды. Ауылдағы әр үйге бір-бір биені саудыртады. Бір биеден 3 литр сүт шығады. Бұл аз қымыз емес. Сөйтіп, ала жаздай ауылдағы 40 үй қымызға қарық болатын еді. Әкем сол жылқыны бақтым деп ақы алған емес. Және жазатайым құдыққа түсіп, ия болмаса далада ұйықтап қалып, қаңғып өлетін құлындардың орнына беру үшін 2-3 құлынды артық ұстайтын. Басы артық құлын, сойып алайық десек: «Жоқ, балаларым, болмайды. Біреуге бидайдай арамдық қылсаң, одан жүз есе шығынға тап боласың, тұқымымызға арамдық жақпайды, ондайды айтпаңдар» деп тыйып тастайтын еді.