Мақтау қағазы
1.Төбеден түскен төрттіктер
Жұма күні болатын. Сабақ әлдеқашан аяқталып, балалар үйді-үйіне тарап кеткен. Иен сыныпта Санат жалғыз өзі тәбіл толтырып отыр. Не нәрсеге де жанын сала кірісетін, әрі тындырмай тоқтамайтын ықтиятты, табанды баланың кейпі. Мұрны шуылдап, маңдайы тершігенін де елер емес.
Райхан апайы әлгінде дүкенге кеткен. Үнді шайы, алуа, сорма кәмпит сияқты қолға түсе бермейтін заттарды ауыл әйелдері әкелген бойда талап әкететін. Оның үстіне апайы бір аптадай ауырып қалып, сабаққа бүгін ғана шығып еді. «Староста» деген аты бар, осының бәрін көріп тұрып мұғаліміне бұл көмектеспей, кім көмектессін. Ол кісі келгенше жұрналдағы бағалардың бәрін тәбілдерге көшіріп үлгеруі тиіс. Өйткені ертең – соңғы қоңырау...
Кенет өз фамилиясының тұсындағы бағаларды көргенде Санаттың көзі бақырайып кетті. Мәс-саған! Бұл не сұмдық?! Бір «үш», бір «бессіз» саптағы сарбаздардай кілең төрттіктерді тізіп тастапты. Мұны қалай түсінуге болады? Бір де бір пәннен «беске» татымайсың дегені ме?! Онда сабақ айтқан сайын жер-көкке сыйғызбай мақтап, жыл бойы «бес» қойып келгені қалай? Түсінсе бұйырмасын... Тоқта, тоқта! Әлгі «бестіктерді» мұғалімі мұны алдай салу үшін ауызша ғана айтып, жұрналға қоймаса ше?! Мүмкін емес! Басқасы басқа, Райхан апайы... бұларды адалдыққа, адамгершілікке баулып жүрген мұғалімі де өтірік айта ма екен... Осындай сан сауалдың астында қалған Санаттың көз алдынан бәрі-бәрі тізбектеліп өтіп жатты...
* * *
Былтыр 1-сыныпта да дәл осындай тосынсый болған еді. Жыл бойы ауызша-жазбаша жұмыстардың бәрінен кілең бестік алып жүрді де, соның бәрі бір-ақ күнде түгел төртке айналып шыға келген. Сол кезде анасы: «Балам-ау, кілең беске оқимын дегенің қайда?! Тәбілің өңкей төрт қой» дегенде жерге кіріп кете жаздаған. «Мүмкін емес,– деген бұл шиыршық атып,– мұғалім сізге басқа баланыкін көрсеткен шығар?!» «Жоға, әуелде мен де сенбеп едім. Сыртындағы аты-жөніңді оқыдым ғой, сенікі екен». Санат дереу мектепке қарай жүгірген. Райхан апайы үйіне қайтып кетіпті. Ол жоқта уақытша сабақ берген Фарида апайынан сұрап білді. Расында да кілең төрттік екен. «Апыр-ай, тұқымға болса да бір үштік не бір бестік болсашы,– деп ол кісі де аң-таң болды. – Өңкей төрт...». Бала болса да, бір шикіліктің барын сол кезде-ақ іші сезген...
Тетелес аға-апайларымен жағаласып жүріп бес жасында-ақ жазу-сызуды түгел біліп алған Санатқа 1-сынып ойыншық құрлы болмады. Үйге берген тапсырмаларын еш мүлтіксіз орындап, үнемі тек бестік қана алып жүретін. Ол аз болса, Райхан апайы мұны екінші, үшінші сыныптарға ертіп апарып, шығара алмаған есептерін шығартып, талдай алмаған сөйлемін талдатып, аға-апайларын ұялтатын. Әсіресе, 3-сыныптағы апайы Мағрипа:
– Осы ұл-ақ бәле болды. Есеп шығара алмай қалсақ болды, Райхан апай осыны қылқитып әкеледі де тұрады. Бұл болса, бүкіл баланың тісі батпай тұрған есепті бұйым құрлы көрмейді,– деп, қылқына жаздап отыратын... Сондай үздік оқушыны кілең төртке қорытуға бола ма екен?! Мұнысы қалай?! Ең болмаса, есеп пен қазақ тілінен бес қойса, несі кетер еді?! Осынша көп сауал мен төбеден түскен төрттіктердің мәнісін сұрайтын жан таппай, басы салбырап үйге қайтқан...
2. Әздектеп ұстар асыл зат
Маусымның мамыражай күндерінің бірі. Қара жердің түгі қарыс бойы көтеріліп, күн қыза бастаған шақ. Бала атаулының бәрі тоғанда... Ауылды қақ жарып өтетін қара су бар еді. Өткенде бұлар соның жағасындағы шымды төрт бұрыштап ойып, шымын астына қаратып қалап, бөгет жасап алған. Суы тура кеудеңнен келеді. Сап-салқын! Рахат! Сүңгіп-сүңгіп аласың да, тоңази қалсаң, арғы беттегі жып-жылы құмға аунай кетесің... Екпеттеп жатып, таңқурай тектес, бірақ мөлт қара жеміске көзің түсер еді. Үзіп алып, аузыңа салсаң, таңдайыңда еріп қоя береді. Дәмі тіл үйіреді. Бұл – өзен жағалай шырматыла өсетін сиыр бүлдірген. Одан ары өрлесең, қия беткейдің бәрі қып-қызыл бүлдірген. Оның дәмі алдыңғысынан да керемет. Қой бүлдіргенді көргенде сиыр бүлдіргенге пысқырып та қарамайсың. Сөйтіп бүлдіргеннің қызығына түсіп кеткенде, ыстықтағаныңды сезіп, суға қайта құлайсың... Құдды жайлаудың түгін тартсаң майы шығатын шөбіне тойып алып, суатқа құлаған жылқылар сияқты. Бет-аузың, алақаның қан жалаған күшіктей қызыл ала. Бөгеттен сәл ылдиласаң жарқабақтағы екі тастың түбінде тұма бар. Суы тастай суық әрі тұп-тұнық. Үш-төрт көзден қатар бұрқырап, қайнап шығып жатады. Тұманы жағалай екпеттей жата қалып, тастай судан сіміресің-ай келіп. Шөлің де қанады, көзің де шырадай жанады...
Осындай қызықты күндердің бірінде қаладағы апайының қолында тұрып оқитын Марат келді. 1-сыныпқа барғанша тай-құлындай тебісіп бірге өскен кәдімгі Марат. Бірақ көптен көрмегендікі ме, мүлдем өзгеріп кеткен. Басында күнқағары қарқарадай көк қалпақ. Үстінде су жаңа көк жейде мен қысқа балақты сұр шалбар. Аяғында қайыс исі бұрқыраған қоңыр сандал.
– Мен 1-сыныпты кілең беске бітірдім, – деп мақтанды ол. – Сол үшін маған мақтау грамотасын берді. «Во!» – Марат бас бармағын қайқайта көрсетіп, қоқиланып қойды. Ауылдың түк көрмеген қарасирақтары ұмытып қалмайық дегендей «грамота, грамота» деп күбірлеп қайталап қояды. «Ол не нәрсе» деп сұрайын десе, әлдекім «соны да білмейсің бе, өй, мақау» деп сөгіп тастайтындай-ақ ешкім тіс жарар емес. Санаттың осыған жыны келді. Алайда көптен көрмеген досын ренжітіп алмайын дегендей, сыпайылау тіл қатты:
– Қане, грамотаң? Көрсетші бізге?!
– Ой, оны әпкем дереу шкафқа, әйнектің ар жағына салып қойды. Бүлдіріп аласың деп, маңына жолатпайды.
Сонда Санат «грамота» деген – ерекше аялап ұстайтын асыл бұйым-ау деп ойлаған. Көз алдына алтын, күміс, гауһар сияқты айрықша бағалы тастардың қоспасынан үлбіретіп жасалған, абайсызда қолыңнан түсіріп алсаң, күл-талқаны шығатын, өте нәзік, аяулы, асыл зат елестеген. Отыз оқушының арасынан озып шығып, сондай құнды дүниеге ие болып жүрген Марат та тегін бала емес шығар-ау деген байламға келген...
Сол сәттен бастап Марат құрбы-құрдастарының арасында ең білімпаз, ең сұңғыла жандай сезіліп, көпшіліктің көз алдында асқақтап сала берген. Асық шиырса, құлжасы Мараттың қолында, он таяқ ойнаса, ең түзу де оңтайлы келдек соған тиесілі. Тіпті су екеш, судан секірерде де бастау құрметі соған бұйырады. Барлық бала келісіп алғандай бір ауыздан «Марат, Марат» дей қалады. Бірақ «Батырға да жан керек» деген рас екен. Дәл осы судан секірерде Марат та сыр берді. Ол өзі үлкендерше бипаздап сөйлегенді ұнатушы еді. Осы жолы да сол әдетіне басып:
– Балалар, сенімдеріңе рахмет! – деді даусындағы дірілді сездіргісі келмей. – Бірақ мына... жаңа киімім... былғанып қалса, апам ұрсады ғой... Оның үстіне су да таси бастаған сияқты... Осы жолы Санат бастасын, жарай ма? – Сап-сары өңі қып-қызыл болып, құлағының ұшына дейін қызарып кетті.
Құрттайынан бірге өскен соң бұл Мараттың мінезін жатқа білуші еді. Қазір сырт көзге сыр алдырмағанмен, қорқып тұрғаны анық еді. «Қорқып тұр, о, қорқақ, – деп ойлады Санат. – Мықты болса, киімін сыпырып тастап-ақ секірмей ме?!» Бірақ басқа балалардың алдында Мараттың беделін түсірмейін деп үндемеді.
Судан секіруге келгенде Санаттың алдына жан баласы түсе алмайтын. Қатарластарын былай қойғанда өзінен үш жарым жас үлкен ағасы Саматтан да қалыспайтын. Ол қандай жалпақ жерден секірсе, бұл да «Өз обалым өзіме, суға түссем көзіме» деп жігерін жанып алып, қарғып кететін. Бүгін де солай бес-алты адым артқа шегінді де, қайрағын іштей бір қайталап алып, ырғып барып арғы бетке дік ете түсті. Еш қиналған жоқ. Және судың ең жалпақ тұсынан секірді. Қалған балалар сәл қысаңдау тұстан қарғыды. Ал Марат киімін сылтауратып секіруден бас тартты. Алайда оның киімі емес, жүрегі дауаламай тұрғанын барлығы да сезді. Содан бастап оған деген айрықша құрмет те тоқтады. Өйткені ешбір бала қорқақтық пен сатқындықты кешіре алмайтын еді...
Көп ұзамай Мараттың білімінің шикілігі де байқала бастады. Өйткені Санат мыңға дейін емін-еркін санап, кез келген санды қосып-ала беретін. Ал Марат жүзден асқан соң-ақ жаңылды. Әрі бұл сияқты емес, өтіп кеткен тақпақтардың да бәрін жатқа білмейтін болып шықты. «Ендеше грамотаны Марат емес, мен алуым керек қой. Сонда әділ болмай ма?! – деп ойлады Санат. – Келесі жылы қайтсем де алуым керек. Мараттың анасындай менің де анам ел-жұртқа мақтанып жүрсін».
3. Қайтсем, үздік боламын?
Көзді ашып-жұмғанша жазғы демалыс та зыр етіп өте шықты. 2-сынып бастала салысымен Санаттың Райхан апайына алғашқы сұрауы мынау болды:
– Апай, айтыңызшы, жыл соңында кілең беске шығу үшін не істеу керек? Қайтсем үздік боламын?
– Е, оның несі қиын дейсің, – деді апайы еш ойланбастан. – Әуелі жетіге дейінгі көбейту кестесін түп-түгел жаттап кел!
Санат бар болғаны екі-үш күннің ішінде жеті тұрғай, тоғыздың көбейту кестесін қосып жаттап келді. Кез келген жерінен сұраса да еш мүдірмей, дәлме-дәл жауап қатты. Бұл жолы апайы былай деді:
– Сен енді жазуыңды дұрыста! Өз жазғаныңды өзің сызып, жөндейтін жаман әдетің бар. Үздік оқушының дәптерінде бір түзету болмауы керек...
Мейлі, оның жарасы жеңіл ғой. Санат әуелі дүкеннен су жаңа дәптерлер сатып әкелді. Күн сайын бірер сағатын әдейі көшіруге арнады. Ақыры барлық жазу, есеп дәптерлерін басынан бастап мұнтаздай етіп қайта көшірді.
Осының бәрін қарап шыққан Райхан апайы тағы бір талаптың шетін қылтитты:
– Енді «Қазақ тілі» мен «Ана тіліндегі» тақпақтардың, ережелердің бәрін жатқа білуің керек. Кітаптың қай бетін ашып, сұрасам да мүдірмеуге тиіссің!
– Апай, сонда әлі өтпеген тақырыптарды да жаттауым керек пе?!
– Өтпеген тақырып деймісің?! Ым-м... не десем екен?! Оны жатта демеймін. Бірақ үздік оқушы бәрін білуі керек.
– Сонда беске шығарасыз ба? – Санат та әншейін алқына бермей, апайының уәдесін алуға тырысқан еді. Мұғалімі онысын жақтырмай қалды. «Сен білім үшін емес, баға үшін оқымақ па едің» деп, жазғырып алып, ақыры уәдесін берді. Бірақ талабын тағы да нақтылап қойды:
– Есіңде болсын! Үздік оқушы бәрін-бәрін білуі керек.
– Жарайды, апай! Айтқаныңыз болсын! – деді Санат. Ішкі даусы тағы былай қосып қойды: «О да болсын Сіздікі, Бір әділ жан біздікі».
Ол өткенде ғана ата-анасына «Ер Төстікті» оқып берген еді. Сондағы жаны мұрнының ұшына келген Ерназардың өзін алқымдаған Мыстанға айтқан сөзі ойына оралды: «О да болсын сенікі, Бір әділ жан менікі». Әлгісі соны сәл сыпайылап өңдеген түрі.
Бала осы сәттен бастап мұғалімі мен екеуінің арасында бәсеке мен ерегеске ұқсас бірдеңенің пайда болғанын байқады. Бұл кезекті талапты орындап келген сайын апайы одан да қиын жаңа бір шарт қояды. Әрі сонда өзі не істейтінін айтпай жасырады. Сұраса, шамданады. Ал Санат болса, мұғалімі қандай қиын талап қойса да өршелене орындауға кіріскен. Өйткені білімі өзінен әлдеқайда төмен Мараттың мақтау қағаз алып, мақтанып жүргені, ал өзінің бәрінен құр қалғаны қанша ойласа да миына симайтын.
Санат қысқы каникулдан оралғанда, мұғалімінің бұл шартын да тап-тұйнақтай орындап келді. Үйде апайы Мағрипаға кітапты ұстатып қойып, қайта-қайта тексерткен. Еш шүбасыз дайын болатын. Бірақ бұл жолы мұғалімі үнемі кейінге ысырып, тексермей дымын құртты.
Бір күні апайы сабаққа келген бойда бұған қарап:
– Сен барлық тақырыпты алдын-ала меңгеріп алдың. Басқалардан жарты жыл алға кеттің. Енді босқа ішің пыспас үшін бүгіннен бастап 1-сыныпты оқытасың, – деді.
Бала оқыту деген – Санатқа таңсық жұмыс емес еді. Апайы дүкенге, яки қазаға бара қалса, «старостасың» деп, бәрін осыған тастап кететін. Былтырдан бері солай. Жаңа тақырыпты түсіндіру мен үй тапсырмасын сұрау, дәптер тексеру, баға қою дегендерге де әбден машықтанып алған. Сыныптағы бар-жоғы он екі баланың аты-жөні көшірілген дәптері де сақадай сай. Тіпті диктант алу мен бақылау жұмысын жаздыру, оларды тексеруге дейін игеріп алған.
– Жарайды, апай!– деп Санат қуанып кетті. Шынында да барлық тақырыпты біліп алған соң қайталай беру қызықсыз екен. Осындайда әлгі уәдені анықтап алу ойына сап ете түсті.– Апай, бірдеңе сұрасам бола ма?
Ол уәде апайының да есінен шықпаған екен:
– Не сұрамағыңды біліп тұрмын. Оған алаңдама. Биыл беске қорытыласың. Үздік боласың, – деп анықтап тұрып айтып, алдын ала қуандырып қойды.
Содан кейін Санат та алаңдауын қойған. Тіпті көкейінде болмашы күдік те қалмаған екен. Енді, міне, бір жыл бойы бірнеше рет пысықталған сол уәде ... аяқ асты етілген. Апырай, осындай да масқара әділетсіздік болады екен-ау! Сонда жыл бойы еткен еңбек, төккен тердің құмға сіңген судай зая кеткені ме?! Басқа болса бір сәрі, өз мұғалімі, кәдімгі Райхан апайы осынша өтірік айтады деген үш ұйықтаса түсіне кіріп пе?!
...Баланың қаны басына шапшыды. Іші қазандай қайнап, ызаға булығып, жарылып кете жаздады. Екі шекесі солқылдап, көз алды тұмандап бара жатты. Одан арғысы еміс-еміс қана есінде...Бір есін жиса, өз үйінің алдында тұр екен. Қашан, қалай келгені есінде жоқ. Таяқ тастам жерде, бақшада анасы мен апайы күйбеңдесіп жүр. Көшет отырғызып жатыр ма, ұрық сеуіп жүр ме, әйтеуір қауырт жұмыстан бас көтерер емес. Тіпті мұны байқаған жоқ ... Апырай, өздері де жаңа ғана қол созым жерде сияқты еді, лезде алыстап кеткені қалай?! Көз ұшында бұлдырап қана көрінетіні несі екен... Ал ендеше, енді мүлдем жоғалды...
Санат бір тәулік бойы есін жия алмай қайта-қайта талықси берді. Ата-анасы да, көрші-қолаң да әбден үрпиісіп, әбігерге түсті. Соңғы қоңырау да, мақтау қағазы да әдірам қалды. Мән-жайға қаныққан директор ағайы: «Комиссия шақыртайық. Кеш те болса, тиесілі мақтау қағазын әперейік» деген екен, анасы: «Балам аман болса, әлі талай қағазын алады. Керегі жоқ! Қағазы бар болсын!» деп азар да безер болыпты...
* * *
Келесі жылы Санатқа Фарида апайы сабақ берді. 3-сыныпты бір «үш», бір «төрттіксіз», кілең беске аяқтады. Сонда көрді «грамота» дегенің – алтын, күміс, гауһар сияқты айрықша бағалы тастардың қоспасынан үлбіретіп жасалған, абайсызда қолыңнан түсіріп алсаң, күл-талқаны шығатын аса нәзік, аяулы зат емес, бар болғаны кәдімгі қатырма қағаз ғана екен. Бірақ сол қатырма қағаз бен Райхан апайының арқасында 2-сыныптың барлық сабағы Санаттың санасында мәңгі-бақи ұмытылмастай етіп жатталып қалды.