Адам қарады: 17 | Жарияланды: 2019-08-31 19:51:52

О дүниелік бақыт

 Кішкентайынан тағдырдың теперішін көріп өскен Игіліктің басынан бұлт арылмай қойды. Енді он беске толған шағында алдында аман жүрген анасын ажал бір күнде алып кетті. Әлі есінде, есік алдында ойнап жүргенде құлағына «Ботамайлап» жылаған бір таныс үннің ащы зары естілгендей болды. Әжесінің дауысына ұқсайтын сияқты. Бойын белгісіз бір діріл билеп, тұла бойы мұздай терден тітіркеніп кетті. Жүрейін десе аяғы баспайды. Қорқыныш сияқты бірдеңе екі иығын басып алғандай. Ол дауыстан ауладағы барлық бала аңтарылып қалды. Бір уақытта үйінен екі көзін қолымен басып шашы жалбырап анасының сіңлісі жүгіріп келді де Игілікті құшақтаған күйі еңіреп қоя берді. Не болғанын түсінбеген Игілік те жылап жіберді. Әпкесі ештеңе түсіндірместен Игілікті үйіне алып кетті. Әп-сәтте үй іші абыр - сабыр болды да қалды. Бірі «Ее, байғұс, сырты бүтін болғанымен іші түтін еді ғой, қанша жасырса да қайғыдан қан жұтып жүрді ғой, ондай қыжыл қойсын ба!» десе екіншілері басын изеп «Жастай үзілді ғой жарықтық, балаларға обал» деп аяғандай болды. Бір аяғы жерде, бір аяғы көрде қалт - құлт етіп күн санап жүрген қарт ана да қызының өзінен бұрын кеткенін көтере алмай тамырлары шығып тарамдалған саусақтарымен қайта - қайта Игіліктің маңдайынан мейірлене иіскеп қойнына алып жататын әжесі де бақилық болды. Кішентай ғана қараша үй он бес жасар Игілік пен он жасар Асанның иелігінде қалды. Асан әкесін көрген емес. Әкесі күн көріс қамымен басқа қалаға кетіп оралмай кеткенде ол анасының құрсағында болатын. Анасы әкесінің басқа бақыт тапқанына білгенде ішқұсалықтан ауырып қала беретін болды. Қайғыдан қан жұтып жүрсе де Асанды аман - есен дүниеге алып келді. Ешқашан ашуын балалардан алып, үйдің берекесін қашырған емес. Тіршіліктің қамытын киіп алып ешкімге сыр білдірместен қос қанатын қанаттыға қақтырмай тұмсықтыға шоқыттырмай қызғыштай қорып өсіріп жатты. Әдетттегідей жұмыстан келіп қан қысымым көтерілді деп кішкене жатып демалғанда миына қан құйылып есін жимаған күйі жүріп кетті. Еліктің лағындай еркелеп өсіп келе жатқан Игіліктің мойнына ауыр жүк артылғанын ол әлі түсінбеген сияқты. Таң атып кетсе де аузынан суы ағып тәтті ұйқының құшағында жатыр. Асан кішкентайынан ерте тұрып алатын еді. Әдеттегінше таң қылаулап атысымен әпкесінің қасына келіп қарнының ашқанын айтты, әпкесі ұйқысын қимай ыңырсып ары - бері аунады да теріс қарап қайта ұйықтап қалды. Ояна қоймаған соң Асан өзі барып дастарқан үстінде тұрған нан мен шәйді ішіп алды да мектепке кетті. Алғашында туыстары келіп көмектесіп жүрді, сосын әрқайсысы өз тіршілігімен әуре болып, келулерін сиретті. Анасы мен әжесінің жылы өткенше көрші-қолаң, дос-жаран, туған-туыстары шама-шарқы келгенше тамақ, киім әкеліп көмектесіп тұрды. Күйбең тіршіліктің күймесі Игілік пен Асанды осылай ирелең жолға салды. Игілік балалық шағымен ерте қоштасып жұмысқа тұруға мәжбір болды. Мектепке бара жатып есігінің алдында кішігірім көлік жуатын орталықты көретін. Жаз басталысымен сол жерге жұмысқа сұранып еді, алды. Үйдегі Асанға да қамқорлық қажет. Баяғы қамсыз өмір бүгінде жоқ. Ерте тұрып Асанның ас-ауқатын әзірлеп апыл-ғұпыл киініп жұмысына кетеді. Ол жақта күнімен сызда тұрып резеңке етікпен су кешіп көлік жуады. Сәл-пәл дем алайын десе басында бақылдаған бастығы көзін бақырайтып өмірі тұрпайы сөз есітіп көрмеген Игілікке былапыт сөздерді жаудыра жөнелгенде оның жүйке тамырлары тырысып қоя беретін. Игілік мектеп оқушысы болғандықтан басар тауы барар жері болмай шарасыздан көніп жүре берді. Асан әле ойын баласы. Ой түбіне терең бойлайтын жасқа ол әлі жеткен жоқ, кешке дейін далада балалармен қамсыз шашы едірейіп, танауы делдиіп, екі беті қып-қызыл болып ойынды қимай үйге әрең келеді де тамағын жей сала төсекке құлайды. Сондай ойынға елтіп шапқылап жүргенде оны бір баланың «Сенің ештемең жоқ, бәрін бізден сұрай бересің. Әке - шешең алып бермей ма?» деген сөзі шымбайын шымшып алды, сол сөзге ол кілт тоқтап басын төмен түсіріп көзінің жасы мөлтілдеген күйі үйіне жүгіріп кетіп қалды. Игілік үйде болатын. Інісінің аянышты түрі жүрегін жаншыды. Қасына келіп мейірлене сүйді де: «Әлі-ақ барлығы жақсы болады. Ешкімнің сөзіне мән берме. Біз де жетілеміз, арманымызға жетеміз» - деді. Жылауға намыстанып тұрған Асан өзіне ерік бергенде ызадан булығып аққан көз жасы оның шаңнан қатталып қалған кір бетін айғыздап тастады. Сол бетімен ол әпкесін қысып құшақтап шаршағаннан талмаусырап ұйқыға кетті. Он сегізге келгенде Игіліктің жүзі шырайлана түсті. Сымбатты денесі сымға тартқандай тіп-тік болып жылтыр қара шашы иығында төгіліп тұрды. Қайырылған қайратты кірпіктері қасын жанап анадайдан көрінеді. Игілік те өзіне аударылған назарды сезетін, түрлі қылық шығарып, болар - болмасқа саңқылдап күліп қатарларын одан сайын ынтықтыра түсетін. Мектепті бітіргеніне бір жыл болды, бірақ армандаған оқуына түсе алмады. Ақылы оқуға жағдай жоқ. Енді айнаның алдында сыланып ұзақ тұруды шығарды, кейде көзін, кейде ернін әлсін-әлсін бояп шығатынды шығарды. Шырайлы шашы күнге шағылысып сусылдап әркімді де сүйсіндіретін. Енді Игілік ымыртта інісін ұйықтатып есік алдына келген жігіттермен ұзақ тұрып сөйлесетін болды. Кеш болса пайыз таппай Асанды жылдам ойыннан ажыратып алып тамағын беріп ұйықтатып тастауға тырысатын. Есіл дерті кешке боянып есік алдына шығу болды. Бүгін де опа-далапты күндегіден көбірек жағып қайта-қайта айнаға қарап қысқарып қалған көйлегін қолымен бір-екі рет төмен тартқандай болып тысқа шықты. Есік алдында оны көзі қуақы, бойы аласа жылдам сөйлейтін жүрісі де шапшаң Тарғын күтіп тұрды.

- Оо, бүгін ерекше сұлусың ғой - деп құшырлана құшақтады. Игілік қызарып төмен қарап жымиды. Тарғын Игіліктен бір-екі-ақ жас үлкен. Сол ауданның бір дөкейінің баласы екенін Игілік білетін. Сонымен сөйлесіп жүргенін мақтан да тұтатын.

- Ал, кеттік, отыр - деп Тарғын қымбат көлігінің тетігін шиқ еткізіп басып қолын есікке қарай нұсқады. Ондай қошеметті көрмеген Игілік Тарғынға қарап бір жымиды да көлікке отырды. Музыка қосылып тұр. Игілік өзін ертегідегі ханшайымдай сезініп келе жатыр. - Қайда бара жатырмыз? - деді бір уақытта Игілік.

- Бір жолдасымның туған күніне деп күлді Тарғын. Сені барлығымен таныстырғым келеді. Игілік келіскендей үндемеді. Бір уақытта көлік бір зәулім үйдің қасына келіп тоқтады. Көліктен түсіп екеуі үйге қарай жақындады. Есік ашылды.Үй иесі Арлан құшақ жая қарсы алып қонақтарды төрге шығарды. Бір-екі ішіп алған жолдасы Игілікке сұқтана қарады. Игілік байқаса да сыр білдірмеді. Барлығы екі - екіден бөлініп бөлмелерге кіріп жатты. Біреулері қисайып ұйықтап жатыр. Игілік жан-жағына қарап еді Тарғынды көрмеді.

- Тарғын дүкенге кетті - деді бір уақытта Игіліктің жоғарғы жағында жастыққа жантайып алған бейтаныс бір жігіт. Ол Игілікке ұсқынсыз болып көрінді.

- Ішіңіз пысқан сияқты ғой - деді әлгі жігіт Игілікке жақындай түсіп. Бөлменің іші темекіден көк түтін болды. Игілік ондай жерге бірінші рет келіп отырған соң өзін біртүрлі қолайсыз сезініп, басқа бөлмеге ауа жұтуға тұрып кетті. Артынша ілесіп әлгі жігіт кірді. Екі көзі қып-қызыл шатып-бұтып бірдемелерді айтып жатыр. Игілік есік жаққа көзін сүзіп Тарғынды іздей бастайды, бірақ оның дауысы естілмеді. Бір уақытта аяғында әрең тұрған әлгі жігіт Игілікті бас сап құшақтады. Игілік аш қасқырдан үріккен еліктің лағындай Тарғынды шақырып шыңғыра бастады. Есік құлыптаулы. Әлгі жігіт арақ сасыған аузымен Игіліктің мойнына жармасып жатыр. Қолы денесін умаждаған сайын жаны түршігіп тікенек тигендей жиырыла береді. Бір уақытта Игіліктің көзі ашылып тұрған әйнекке түсті. Сүлікше жабысып жатқан жерінен жігітті бар екпінімен итеріп кеп жіберіп терезе жаққа жүгірді. Әлгі жігіт артына қарап үлгергенше Игілік бар пәрменімен төмен қарай секіріп кетті... Көзін ашса теңіздің жағасында құмды сызып отыр екен. Теңіздің жағасында ақ көйлек киген Игілікке балмұздақ сатып тұрған жігіт күлімдеп қарай берді. Игілік те жымиып қояды. Бір уақытта қолына бір балмұздағын ұстап әлгі жігіт жүгіріп келді де:

- Мен Кәріммін деді. Оның ақсиған тістері Игілікке сүйкімді көрінді.

- Мен Игілікпін деп жымиды бұл.

- Жұмыстан шаршадым, теңіздің жағасында біраз жүрейікші - деді Кәрім. - Жарайды. Өзі аңқылдап қалған аққұба жігіт екен, күлкісі де жас баланың күлкісіндей риясыз. Игілікті әңгімесіне бірден елітіп алып кетті. Сөз барысында қолын арлы-берлі сермегені де өзіне жарасымды. «Ал енді суға түсіп салқындап алмаймыз ба?» деп Кәрім Игіліктің қолынан ұстап теңізге қарай жүгіре жөнелді. Күтпеген жерден Игілікті көтеріп алып суға шомп еткізді. Игілік су астында қолын сермеп басын әрең шығарса Кәрім бар дауысымен кеңкілдеп күліп жатыр екен. Дереу екі қолымен Кәрімнің бетіне су шашты. Кәрім де қарап тұрмай екеуі құдды бала ұқсап су шашысып ойнап кетті. Күлкіден езулері ауырып кетті. Судан шығып жағада біраз отырды. Игіліктің су болған жеңіл ақ көйлегінің ар жағындағы денесін кешкі салқын дірілдеткен соң Кәрім өзінің суға түсерде шешіп үлгірген мәйкесін иығына жапты. Игілік Кәрімнің иығына басын сүйеді. Екеуі осылай біраз отырды. Игілік оны бұрыннан білетін сияқты. Жүрегі бір жайлылықты сезді. Бір уақытта екеуі тұрып біраз жаяу жүріп Игіліктің үйіне жетті. Кешкі қоңыр самал Игіліктің шашын әнтек тербетіп тұрды. Кәрім Игіліктің қолын біраз ұстап тұрды да қимай қоштасты. Екеуі осылай күнде кездесіп жүрді. Игілік те сол маңдағы демалушыларға шай тасып жұмыс істеп жүрді. Екеуі күнде кешті күтіп кешке теңізге шомылып келетін болды.

- Өмір бақи қасымда болғаныңды қалаймын - деді бір уақытта Кәрім Игіліктің қолын қысып тұрып.

- Мен де, - деді естілер-естілмес Игілік. Сол күннен бастап екеуінің жұбы жазылмай жүрді. Ұйқыны жақсы көретін Игілікті таңертең Кәрім оятпай иісін бұрқыратып таңғы асын дайындап бетінен сүйіп жұмысына кетеді. Кешке Кәрім келгенше Игілік дастарқанын жайнатып күтіп отырады. Екеуі ұзақ әңгімелесіп таңның қалай атқанын білмей қалады. Сондай тәтті күндердің бірінде Игілік өзін жайсыз сезінді, аузына келген ащы запыраннан құсып жіберді. Сосын кешке дейін күтпейінші деп Кәрімнің балмұздақ сатып тұрған жеріне барып аяғының ауыр екенін айтты.

- Неееее, деп көзі шарасынан шығып кете жаздаған Кәрім балмұздаққа кезекте тұрған адамдарға қарамастан Игілікті көтеріп алып шыр айналдырды. Игіліктің басы бақыттан айналып оны қапсыра құшақтап алды. Игіліктің жүрісі күннен - күнге ауырлай берді. Кәрім Игілікке ауыр көтергізбей, алдында жанұшырып жүгіріп жүрді. Демалыс күні екеуі теңізге шығып шәй ішіп, ары қарай әдеттегінше шомылып келуге кетті. Шомылып жүріп судың біраз жеріне барып қалғанын байқамай қалды. Бір уақытта жел тұрып, әп - сәтте аспанды қара бұлт торлап жел үлкен дауылға айналады. Кәрім Игілікті құшақтап алып жағаға қарай итеріп жатыр, Игіліктің аяғы су астында сіресіп қалды. Екеуі жанталасып шыға алмай жатқанда артына қараса аспанмен астасқан толқын оларды көлегейлеп келе жатыр екен. Кәрім Игіліктің қолын қысып тұрып «Бәрі жақсы болады» - деді. Игілік - «Басқа өмірде кездескенше, жаным» деп үлгіргені сол еді екеуін толқын жауып әкетті.... Күн сәулесі мұрнын қышытып жыбырлатып жатса да Игілік оянғысы келмей ыңырсып су іздеп көзін кезек-кезек әрең ашып Кәрімді іздеді, бірақ оның қолын Асан ұстап отыр екен. Игілік оянғысы келмеді, теңізге кеткісі келіп көзін қайта жұмды....

Қазақ тілінде жазылған