Министр әйелдің тәубесі
Министр әйелдің бүкіл республиканы дүр сілкіндірген бұл оқыс шешіміне таң қалмаған жан жоқ десе де болады. Ол қандай шешім дейсіз ғой? Министр тағын өз еркімен тәрк етті. «Жұрт ондай бақ пен таққа жете алмай жүргенде оның мұнысы несі?» дескен көпшілік оқиғаны сан -саққа жүгіртті. «Ойбай, ол дегенің парамен ұсталып, содан соң оған патша «өз еркіңмен орныңды босат. Әйтпесе сотталасың» депті-мыс. «Жаман науқаспен ауырып, одан әрі қызмет жасай алмайтын халге жетіпті-мыс...» «Күйеуі қызғаншақ екен,«жұмыстан шық, әйтпесе кетем депті-мыс...» Тіптен министр әйелдің тік те өр мінезін жақсы білетін оның достары да таң-тамаша болды.
***
− Немене? Үйленемін дегенің қай сасқаның, ұлым-ау? Оқу, арман, Америка деген асқақ ойларың қайда кетті? Аяқ астынан сені нілдей бұзған кім? Әлде есің ауып жынданайын дедің ба? Әй, әй, Нурик, мына балаңның не дегенің ұқтың ба? Мен түк түсінсем бұйырмасын. – Сап-сары шашын ашуланғандағы әдетімен бір жағына қарай желпіп жіберген елудің о жақ бұ жағындағы тәкаппар әйел ұлына зәһәрлана қарап, тұлан тұта сауалдарды жаңбырдай бастырмалата жаудырып шәңкілдей сөйлейді. Әрине, бұл сөздердің бәрі орысша ағытылды. Бұрын Әсия Джақсыбековнаның жоғары оқу орнында қызмет істеп жүрген кезінде әжептәуір қазақшасы бар еді, министр болғалы сонысынан да айрылып қалғандай. Көпшіліктің алдында қысқа да нұсқа етіп қызметкерлері дайындаған баяндама немесе сөзін әрең-пәрең оқиды. Түкке қажеті жоқ қазақ тілі байғұсты министр ханым да көп жылдардан бері мына аспанмен таластырып салған зәңкиген үйінің алтын табалдырығынан бір сығалатқан емес. Түкке қажеті жоқ тілді айтып жатқанымыз соңғы кездері өмір бойы орысша, ағылшынша, тікелей айтқанда батысша тәрбиеленген баласы кібіртіктеп болса да қазақша сөйлейтінді шығарды. Қай-қайдағы имани әңгімелерді айтатын болды. Баласының тәрбиесіне онша араласа бермейтін оның күйеуі де осал жерде қызмет істемейді. Мұнай компаниясының бір дөйі.
− Шынында да Аликтай, әзірге үйленгенді қоя тұр. АҚШ-тағы ең үлкен оқу орнына түсейін деп тұрсың. Бұл деген біле білсең бақыт қой, − деп әкесі шешесінің жағына бірден шығып кетті. Әлихан сәл-пәл үнсіз отырды да, бұлай деп жауап берді.
− Мама, папа мен сіздерді жақсы түсінемін. Мен өз қаламның, мемлекетімнің ең жақсы оқу орнын бітірдім. Магистратураны да оқыдым. Қалғанын да бітіре жатармын. Сіздер бала сияқтысыздар. Даңқ, бәсеке деген ауру, дерт сіздердің де бойларыңызды әбден меңдеп алған. Сіздерге жалған мақтан керек. «Менің балам АҚШ-та оқиды» деп өзгелерден қалмау үшін жоғары пафоста сөйлейсіздер. Барлық мақтау, мадақ тек бір Аллаға тән. Өркөкірек адамды жаратқан ием жек көреді. Мен бір адамнан кішіпейілділікті, қарапайымдылықты үйрендім...
− Тоқтат! − деп осы сәтте мамасының дауысы тарғылдана шығып, баласының сөзін қаһарлы үнмен пышақпен кескендей шорт үзді. Көкшіл көздерінен ызалы оттар ұшқындаған ол жезтырнақтың саусақтарындай қолдарын тарбита басынан асыра көтерді.
− Сонда өркөкірек, мақтаншақ біз екенбіз де, әлгі адамың судан таза, сүттен ақ болғаны ғой. Әке-шешеңнің жанында кім ол сонда? Сенің басыңды айналдырып, қалай сыйқырлап алды ол? Мен соған түсінбеймін. Нендей күш, қандай адам? Сен соңғы кезде бұзылдың. Үйге пайдасы жоқ діни кітаптарды әкелетін болыпсың. Оларды да әлгі адамың бере ме? Байқа! Бүйте берсең онсыз да бүлініп жатқан мұсылмансымақтардың жетегінде кетуің ғажап емес. Олардың қанды тырнағына түссең сені әлгі Құдайың құтқара алмайды. Сенің басың істейтін болса, болашағыңды ойласаң Еуропадан, Батыстан үлгі ал! Сонда оқып, білім алсын десем, сенің кежегең кейін тартып, қай- қайдағы кішіпейілділік, қарапайымдылықты сөз етесің. Өзіңді өзің мақтап, өзгелерге көрсетпесең, танытпасаң сені ешкім көзіне ілмейді. Байлық, ақша бәрін де жасайды. Байлықты ұстап тұратын лауазымды қызмет. Мен сені ақымағым, сол биікке әкеле жатырмын. Сондықтан сөзді қой да оқуға жинал! Бар қызықты сол жақтан табасың. Папаң айтпақшы АҚШ-тың ең қымбат, ең даңқты оқу орнына түссең, ол жерден ең бай қызды да кездестіресің.
Алғашқы долы ашуы басылған Әсия ханым сөзінің соңын баяу да, жұмсақ аяқтады.
− Сөйт, ұлым! Бізді жерге қаратпайын десең мамаңның осы айтқанына көн. Біз сенің болашағыңды ойлаймыз. Сен соны түсінгенің абзал, − деді әкесі Нұрбол бәсең үнмен. Әкесінің иі жұмсақ. Шешесіндей ашуға ерік бергенін көрген емес. Мамасы әкесінің ерік-жігерін долы мінезімен әбден басып-жаншып тастағандай көрінеді Әлиханға. Себебі мамасы не айтса да әкесі қолдай салады. Жасқаншақтап өз ойын ашып айтпайды. Әрине, мұның бәрін кейін біліп жүр. Бірақ бұрынғыдай лақ еткізіп айтуды Әлихан іштей тиып тастауды үйренді. Бұл жолы да мұның ойындағы мақсатына өміріндегі ең жақын адамдары мүлдем қарама-қайшы пікір білдірсе де, енді қалай жұмсартып жауап беруді білмей басы дал болып тұрғанын қарашы. Алайда қалай болғанда да жауап беруі тиіс. Біршама үнсіздіктен кейін Әлихан өз тұжырымын шым-шымдап жеткізуді ұйғарды.
− Папа, мама! Сіздер осының бәрін мен үшін, менің болашағым үшін жасап жатқандарыңызды жақсы білемін. Мен бұл жақсылықтарыңызды қалай өтеймін деп қатты қиналамын. Бірақ сіздер бір нәрсені ұмытып бара жатқандарыңызды естеріңізге салғым келеді. Сіздер мені әлі де қолынан ештеңе келмейтін сәби ретінде көресіздер. Қараңыздар, мен сәбиге ұқсаймын ба? – Әлихан жымия оң қолын жүрегіне сала тәлтиіп тұра қалды.
− Көріп тұрсыздар ғой, Алланың қалауымен апталдай азаматқа айналдым. Яғни менің де өзімше ойым, жеке армандарым, мақсаттарым бар. Өзімше ойланып, толғанып жеке өмірімді сүргім келеді. Сіздерге қашанғы сүйенемін. Ұят емес пе? Сондықтан әбден ойланып үйленуге шештім. Жәй үйленіп қоймай отбасымды бағатындай жұмыс істесем деймін. Оны тауып та қойдым.
− Қандай жұмыс? − деді мамасы жақтырмаған рай таныта жұлып алғандай сөйлеп.
− Сот орындаушылық жұмыс. Содан соң шағын халал асхана ашсам деген жоспарым бар. Бұл қосымша бизнес. Болашақ келіндеріңіз де қарап отырмайды дегендей. − деді Әлихан жайбарақат түрде.
− Оныкі қандай жұмыс? − Бұл сұрақты Әсия ханым байқамай айтып қойғанын сезді.
− Көркемдеуші дизайнер. Ой, мама, оның қолы алтын. Неше түрлі дизайндар жасағанда таң қаласың. Тамақтың да неше түрін пісіре алады, киім де тігеді.
− Бұлбұлдай сайрауын мұның! Сен оның тамағын да ішкенсің ғой? Әке-шешесі кім болып істейді? Қай жерде оқыған?
− Үйінде болдым. Әке-шешесі ауылда, қарапайым жандар. Қыз пәтерде тұрады. Намаз оқиды. Өте иманды қыз...
− Масқара! Масқара! − Әсия аузын кере ашып осы сөзді барынша бажылдап айтып, көгеріп, сазарып жынданды да қалды әп-сәтте. Бағанағы долырғаны тіптен далада қалғандай. Министрге емес әлдебір долы әйелге айналып, креслоға жалп ете отыра қалып барылдап жылай бастады. Әке мен бала бір-біріне қарап не істерлерін білмей сасып қалысты. Көптен бері жыламағандықтан ба оның жасы көл болып ақты десе де болады. Бет-аузына жаққан бояулары бетін айғыздап, әп-сәтте оның түрі қорқынышты құбыжыққа айналды.
− Мама, мама, неге жылайсың? Мен артық сөз айтқан жоқпын ғой.
− Әсияш, Әсияш, жыламашы! Қандай масқара, не масқара?
Екеуі жалынып-жалбарынып Әсияның жанына барғандары сол еді, ол бұларды кеуделерінен бар күшімен итеріп жіберді. Мұншама күшті болар ма, екеуі де бірдей жалпасынан түсті.
− Жоламаңдар! Артық сөз деген осы! Масқара деген осы! – Соңғы сөз жыландай ысылдап шықты. Ал өзі аждаһадай қаһарына мініп алып, екі бүйірін таянып ала аспанмен таласқан бүкіл ғимаратты тарғыл даусымен дүр сілкіндірді. Бейне жоқтау айтып жатқандай. Алып аулада күзетте тұрған қарауылдар, үйді жинайтын, ас пісіретін қызметкерлер, тіптен күзетші иттердің өздері де елең етісіп, зеңбіректен оқ атқандай гүмп-гүмп үрді. Әрине, қандай жағдайда болмасын оларға қожайындары не істеп жатса да араласуға құқылары жоқ екені бесенеден белгілі.
− Министр басыммен осындай ұятқа ұшырасам, онда ертең жұрттың бәрі күлсе масқара болмағанда нем қалды? Айтшы, айтшы, Нурик? Айт, айт деймін саған! – Қиралаңдап әзер орнынан тұрған күйеуіне ол зірк-зірк етті. Нуригі баласына бір, өзіне аждаһадай төніп тұрған қаһарлы әйеліне бір қарап не айтарын білмегендей біраз бөгелді.
− Немене, сен Аликтің қалыңдығын жақтырмай тұрсың ғой. Солай ма? – Күйеуі өзі кінәлідей қыбыжықтап әйеліне осы сөздерді әрең айтты.
− Иә! Иә! Иә! Дәл, дәл таптың! Намаз оқитын қыз! Колледжді бітірген! Пәтерде тұрады! Бұл не деген қуаныш! Бұл не деген бақыт! Ауылбайскийлер, сасықтар, мәмбеттер! Маған ұлым, қандай ғажап сыйлық жасадың, білесің бе, қандай тамаша сыйлық! – Енді ол күйеуін қойып баласына шүйлікті. Әлихан мамасының осыншалықты кекесінге толы сөздеріне дөрекі жауап бергісі келіп тұрды да, өзін сабырға шақырды.
− Мама, мәселе байлық, қызметте емес. Ең басты байлық адамгершілікте емес пе? – деді Әлихан тез-тез сөйлеп екі алақанын жайып. – Сіз қалада орташа отбасында өстіңіз. Жұрт сияқты макарон жедіңіз. Әкем ауылда туып, сонда өмір сүрген. Ол кісінің отбасы тіптен кедей болды. Ал қазір кімнен кемсіздер, айтыңызшы. Әрине, шаңырақ көтергенде пәтерде де тұрдыңыздар. Ол қызға менің көзіммен қарасаңызшы. Мен оны сүйемін, білдіңіз бе? Ол да мені сүйеді. Сіз отбасы бақытын ақшамен, байлықпен бағалайсыз. Мама, сіз қатты қателесесіз. Алланың сүйікті пайғамбары Мұхаммедті (с.а.с.) білетін боларсыз. Ғаламның рахым нұры болған пайғамбарымыз осыдан 1400 жыл бұрын отбасы бақытының формуласын бұлай деп білдірген: «Әйел байлығы, сұлулығы үшін немесе діні үшін алынады. Сіз діндар болғанын, жақсы мінезді болғанын алыңыз! Байлығы үшін алған байлығына қауыша алмайды. Тек сұлулығы үшін алғандар да сұлулығынан мақұрым қалады.» Естідіңіз бе, қандай ғажап сөз! Менің сізге бұдан асырып айтатын сөзім де, уәжім де жоқ. Менің шешімім берік. Біріншіден, АҚШ-қа оқуға бармаймын. Екіншіден, сол қызға үйленемін. Үшіншіден, өзімше еңбек етіп, болашағыма жол саламын. Мен кеттім. Себебі сіздер мені түсінбедіңіздер. Егер менің айтқандарыма көнсеңіздер, телефоным ашық. Қайтып келуге мен дайынмын!
Әлихан қолын кеудесіне басып әкесі мен шешесіне құрмет мезіретін жасап бұрылып кете барды.
− Әлик, Әликжан, мұның не? – деп әкесі бір қолын ұмсына созып қалт тұрып қалды.
− Кетсең кет, жоғал! Бұл бала Мұхаммедімен, әлгі мәмбет, ауылбай қызымен бақытты болғысы келеді екен. Болсын! Шайтан алсын оны, шайтан! Қызметші! Маған шарап әкеліңдер! Шарап! Ең күштісін! – Әсия-министр осылай бұйрықты түрде сөйлеп тағы да долылықтан жылап жіберді...
***
«Кетсең кет, жоғал!» деп ашумен айтты. Әлиханы кеткен соң мына сән-салтанатқа толы, алтынмен апталып, күміспен күптелген ғимараттың іші бар қызығынан айрылып қаңырап қалғандай сезінді. Ол қаңырағаннан соң әспенсіген жан дүниесі де боп-бос болып құлазып сала берді. Үй түгілі жұмысында да маза кетті. Баласын ойлап не істеп, не қойғанын да білмеді. Ішіндегі бәрін бүлдірген жын ба, шайтан ба, жөніне кеткен соң баласына деген мұң-ашуы да еріп, тарқап, оның орнын ана-жүрегін сыздатқан сағынышы-ау, сірә. Әйтеуір бір ғажайып күш жүрегін билеп-төстеп алды. Жатса болды пыр етіп қалың ұйқыға кететін министр әйел түнімен дөңбекшіп ұйықтай алмайтынды шығарды. Баласын да ұмытқысы келіп шарап та ішіп көрді. Көмектеспеді.
«Жо-жоқ, бұл болмайды екен. Жалғыз баламды қайдағы бір қаңғыбас шүйкебасқа бере салам ба? Қарай гөр, дап-дайын балама ие болып қалуын. Саған көрсетейін! Менің құқайымнан кейін байлықты көксеген түкке жарымаған неме, алды-артына қарамай зытарсың. Сөйтейін. Келіскен болып шақырайын...» Әсия осы ой басына келгенде қатты қуанды. Дереу іске кірісті. Баласы да анасының бұл шешімін ести сала жетіп келді.
− Балам, әкең екеуміз ақылдаса отырып сенің айтқаныңа көндік. Қалыңдығыңмен танысайық. Қаладағы ең қымбат мейрамханадан орын алдым бүгін кешке. Сонда ертіп кел! Көп ұзамай шағын той да жасармыз. – Төрт-бес күннің ішінде мүлдем өзгеріп кеткен анасына Әлихан таңдана қарағанмен қуанғанын жасыра алмады. Әрине, ол сұңғыла анасының арғы өрмекшінің торындай құрған зұлым ойы барын сезген жоқ.
− Рақмет, анашым! – деді Әлихан Әсияның құшағына бала кездегідей еркелей еніп. – Шынымды айтсам сізді мұндай тоқтамға келеді деп ойлаған жоқпын. Анашым, жүрегіңіз қандай жұмсақ еді! Осындай анамның барына мақтан етемін. Сіздер өкінбейсіздер. Қаламқас жақсы келін болады. Бірақ соншама қымбат мейрамхананың не қажеті бар? Осы үйге-ақ шақыра салмаймыз ба?
− Жоқ, мен анау-мынау емес, министр емеспін бе? Әкең мұнайдың королі. Ол жағынан балам қысылма! Болашақ келініміз біздің кім екенімізді білсін! – Әсия осы жерде тістене сөйлеп ішкі ой-айнасының кіршеңдігін білдіріп алды. Алайда Әлихан оған мән бермеді.
***
− Қаламқас, сүйінші! – Әлихан қарсы келе жатқан қараторы өңді қызыл орамалды бойжеткенге осылай қуана және ақтарыла сөйледі. Көк көйлегі көлбеңдеген қыз да жымия күліп қуанып тұрды. Жиырмаға енді ғана толған бұлықсыған қызғалдақ ерінді Қаламқас қыз осы жігітпен кездейсоқ танысып, кейін ол махаббат сүйіспеншілігіне ұласқанын өзі де сезбей қалған. Мінезі өктемдеу, оның үстіне орыс тілді Әлиханды әу баста онша ұнатпаған. Онымен танысқаны да қызық. Колледжде сабақ кеш бітті сол күні. Автобус та келмей әбден сарсылтқан. Келгені бар болсын, пәтеріне екі-үш аялдама жетпей ескі көлік бұзылды да қалды. Пәтер Астана орталығында тым қымбат. Жатақхана колледжде атымен жоқ. Қаланың шетіндегі жер үйлер ғана арзандау. Кедейлер, қалтасы жұқалар осы ауданда тұрады. Ауылда тұратын әке-шешесінің бір-екі сиыры, оншақты ұсақ малы неге жетсін? Оның үстіне Қаламқастан басқа тағы да бес бірдей бауыры бар. Сонымен Қаламқасымыз қараңғы, тар көшеде жанын шүберекке түйіп үйіне қарай аяғы-аяғына тимей қатты жүріп келе жатты. Қорқып келеді. Бір бұзықтар шыға келетіндей қараңғылыққа үрке қараған бойжеткен сүрініп кетіп құлап та қала жаздады. Иә, тағы бір сүрінгенде оңбай құлады. Оң аяғы бұралып қалды ма, әйтеуір жанын көзіне көрсетіп ауырғанда ойбайлап айқайлап та жіберді. Жалма-жан тұрайын деп еді, аяғы одан сайын ауырып қайта құлады. Басындағы орамалы да бір жағына ұшып кетіп оны қарманып іздесе де таппады. Ұзын бұрымы да тарқатылып бөгет жасап тұр. Қараңғы көшеде ешкім жоқ. Қаншама сабыр сақтайын десе де жарақаты қатты ауырып барады. Енді не істемек? Үйіне қалай жетеді? Қас қылғанда телефонының қуаты да таусылып қалыпты. Осы кезде бұралаң көшеден жылт еткен жарық көрінді де, жеңіл машинаның келе жатқанын байқады. Әне жақындап та қалды. Қазіргі заманда адам өліп жатса да қарамайтын қатігездік жайлаған ғой. Ол машина тоқтайды дейсің бе? Міне, ғажап, жарығы көз шағылыстырған машина кілт тоқтады да, есігі ашылып бір кісі жеңіл секіріп түсті.
− Не болды сізге? Құлап қалдыңыз ба? Аяғыңыздан жарақат алдыңыз ба? – Ұзын бойлы жас жігіт орысша сөйлеп бұның жанына тез-тез баса лезде жетіп, осы сауалдарды жаудырып жіберді. Орысша сөйлесе де осындай қиын сәтте жылыұшырай айтылған сөзге қыз елжіреп кетті.
− Ағатай, мына оң аяғым тобығынан қайрылып қалды-ау деймін, қатты ауырып тұр. Аяғым әлденеге сүрініп кетіп, оңбай құладым. – Қыз жыламсырай сөйлесе де сабыр сақтап тұр. Жігіт аяғынан ұстай беріп еді, нәзік саусақтар дір етіп оның қолын ысырып жіберді.
− Ұяламын. Сіз бөтен адамсыз ғой? − деді Қаламқас қымсына сөйлеп. Аяғы қатты ауырып тұрса да ұялып тұрған қызға жігіт таң қалды. Мұнымен араласатын қыздар бұл бойжеткенге мүлдем ұқсамайды. Өздерін тым еркін ұстайтын.
− Қарындас, байқап тұрмын, сіз тұра алмайсыз. Менен қорықпаңыз. Мен көмектесемін. Сізді жеп қоймаймын ғой! Тез ауруханаға баруымыз керек. Кәнеки, қолыңызды мойныма салыңыз. – Ұзынтұра жігіт сұрақ белгісіндей иіліп отырған қызға мойнын ұсынды. Іштей ұялса да Қаламқас өзін құтқарудың бұдан басқа жолы жоғын ұқты да, қолын әзер көтере жігітті құшақтауға мәжбүр болды. Жігіт те ұзын қолымен қыздың талдырмаш денесін орай құшақтап жоғары көтерді. Ол қыздың денесінің тоқ соққандай дір-дір етіп, ышқынып қалғанын сезді де, жымиып қойды. Бұрымы да ұзын екен, жігіттің мойнына жыландай оратылды. Бір-біріне мүлдем бейтаныс екі жан осылай кездесіп, сәлден соң олар мінген жеңіл машина ауруханаға қарай зулап бара жатты. Жолай Әлихан қызбен танысқаны болмаса көп сөйлескен жоқ. Айтпақшы жұбату сөз айтып, Қаламқасқа күш-жігер берген. Ауруханада Әлихан күтпеген бір оқыс оқиға болды. Палатаға әкеліп орналастырған соң медбике қыздың орамалын, басқа заттарын беріп жатып:
− Әйеліңіздің мына киімдеріне ие болыңыз. Содан соң отаның құнын төлеңіз. Мына заттарды, дәрілерді ертең әкелесіз, − деді. Не деп тіл қатарын білмей қалған жігіт қарсы уәж айтам дегенше медбике жылдам қимылдап кетіп қалды. «Әйелің! Онысы несі?» деп таңдана күбір ете қалған Әлихан қолындағы бума затпен бір парақ қағазға қарай берді.
Амал жоқ, ертеңіне тағы келді. Қаламқас жатқан палатаға кірді. Ақ жамылғымен алдын жапқан әппақ орамалды сұлу қызды көрді. Ол кішкентай әсем қолдарын кеудесіне басып, басын төмен сала әлденелерді жалбарына айтады. Жігіт қыздың нұрға бөленген жүзінен көзін ала алмай қалды. Бұрылып кетейін десе әлгі ғажайып нұр жігіттің жүрегін әп-сәтте жаулап, арбалғандай ол бір орыннан жылжи алмай қалды. Бір жағынан ыңғайсыз күй кешіп әзер дегенде бұрыла бергенде қыздың сыңғырлаған үні естілді.
− Кешіріңіз, ағай! Намаз оқып жатыр едім... Сәлеметсіз бе? – деді ол Әлиханға жымия қарап. Мойылдай көздерден жігіт ризашылық ұшқындары себезгілеп тұрғанын бірден байқады. Әлгінде ғана нұрға бөленген қыздың қараторы жүздеріне енді қызғылт бояу қалқып шыға келіпті. Бұрымын алдына жіберген қыздың өзіне ұяла, қымсына қарағаны, оның үлбіреген қызғалдақ еріні, иегіндегі меңі, бәрі-бәрі ғажайып сұлулық болып жамырап жігіттің тұңғыш рет тілі байланып, қолдары алдына сыймай қыбыжықтады да қалды. Тіптен медбике берген тізімдегі алған заттары салған пакеті жерге түсіп кете жаздап, әйтеуір әбжіл қимылдап қайта іліп алды.
− Ағатай, ана орындыққа отырсаңызшы. Бір жеріңіз ауырып қалған жоқ па? – деген қыздың жік-жаппар болып сөйлегені жігіттің есін жидырды. Қатты-қатты соққан жүрегінің алқымына тірелгеніне, тамыр-тамыры қыз-қыз қайнап әп-сәтте денесі терге малшынғанына қобалжыған Әлихан іштей таң-тамаша болғанымен мұның байыбына дәл қазір бара алған жоқ, әрине. Сыр білдірмегенсіп қыздың жағдайын сұрай берді.
− Қаламқас, аяғың қалай? Түнде ауырып мазаңды алған жоқ па? Ота жасағанда ауырмады ма? – Қыз бұған мөлдірей қарап, тағы да жымиып қойды.
− Ағатай, сіз маған періште болып келіп құтқардыңыз. Сізге Алла разы болсын! Аяғым қазір жақсы. Ауырғаны басылды. Бір-екі аптада шығасыз, − деді дәрігер. Сүйегі шытынапты. Сіз өзіңіз әуре болып неге келдіңіз? Жұмысыңыздан қалып қоймаңыз. – Қыз іштарта жылы сөйлеп, жігітті баурап бара жатты. Көп өтпей қос жас тіл табысып, қыздың қымсынысы мен ұялуы, жігіттің әлдебір сезімнің жетегінде кетіп қорғасындай балқып «сиқырланып» қалуы басылып емен-жарқын сөйлесе бастады. Әлихан қыз күлген кезде одан сайын сұлуланып кететінін байқады. Қаламқас жігіттің орысша-қазақшаны араластырып сөйлесе де ішкі жан дүниесінің таза екеніне көз жеткендей.
Асау жылқы іспеттес жігіт мойнына махаббат құрығы түскенін алғашқыда білген жоқ. Білгені Қаламқас бейнесі жан дүниесіне біртіндеп еніп, одан қашықтаса жүрегі уылжи оны іздейтіндігі. Неге іздейді? Түсінбейді. Бұған дейін де талай қыздармен бірге болды. Мектепте, университетте дегендей. Мамасы да қарап жүрмей небір байлардың, небір бастықтардың қыздарын таныстыратын. Осы күнге дейін тап мұндай алып-ұшқан сезім болмаған. Енді мінеки, Қаламқастың денсаулығын сұрап күн сайын екі мәрте келіп жүр. Ол қыз жатқанда да, тұрғанда да ойынан бір кетпейді. Көз алдына оның әрбір сөзі, бет-бейнесі, күлімдегені нәркес көздерімен қымсына қарайтыны елестейді. Тіптен намаз оқып отырғандағы сәті де сондай сүйкімді, сондай сұлу. Қасында жоқ болғанда қалта телефонымен сөйлесуге асығады. Жігіттің ыстық көңілі, сезімі, қызды жақсы көретіндігі, күн санап емес, сағат сайын өсіп бара жатқандай. Алғашқыда қыз бұдан ұяла ма, көп әңгіме айтпайтын. Енді қызық-қызық имани әңгімелерді айтатынды шығарды. Ол әңгімелері бірінен бірі асып түсіп, көңіліне майдай жағатын. Басқа қыздар өтірік, жасанды мінездер көрсетіп, қай- қайдағы жеңілтек әңгімелер айтатын. Бет- ауыздарын неше түрлі бояумен бояп, сұлу көрінуге тырысатын. Қаламқас байқайды тек ерінін сәл-пәл бояғаны болмаса ешқандай бояу-сояуды қолданбайды. Әлиханның таң қалатыны ауылдан шыққан қарапайым қыздың соншама көп ғибратты әңгімелерді білетіндігі. Неге екенін кім білсін күн сайын келгенде Қаламқастың осы әңгімелерін рахаттана тыңдайтын. Бейне бір шөл далада қаталап шөлдеп қалған жолаушыдай сезінді өзін. Қаламқастың ақылымен дұғаларды жаттап, діни кітаптарды оқуға бет бұрды.Әлихан өзінің ана тілін менсінбейтіндердің бірі еді. Намысы оянды, оны да мықтап қолға алды.
Алғашқыда пәтерде тұратын Қаламқастың жұпыны өмірін Әлихан көңіл көкжиегіне сыйдыра алмады. Жат, бөтен тіршілік әлемі. Тіптен осы ауданда тұратын адамдармен анау өзенннің аржағындағы байлардың арасында қаншама айырмашылықтың барын Әлихан қатты сезінді. Бірақ осыншалықты кедей, қарапайым ғана өмір сүріп жатқан адамдар мұны жатсынбады. Әрине, оның қымбат әрі судай жаңа машинасына қызыға қарайтындар табылатын. Себебі мұндағылар өздерінің мінгендері шетелдің ескі-құсқы машиналары екенін жасырмайтын. Әлиханның тағы бір байқағаны осы ауданда пәтер жалдап тұратын қазақтардың көптігі. Көпшілігі Қаламқас сияқты ауылдан келгендер. Олардың арасында жасы ұлғайған аталар да, әжелер де бар. Күнкөрістің қамымен келіп, ілдалдалап тұрып жатқан қандастарын көргенде мынадай қымбат көлікпен ыздиып жүрген өзін ол кінәлі сезінді. Рас-ау, мұның мамасы министр. Анау-мынау емес әлеуметтік жағынан министр. Ал әкесі нағыз ақшалы жерде жұмыс істейді. Бірде даңғарадай асханада кофе ішіп отырып Әлихан әке-шешесіне сұрақ қойды. Көргендерін, білгендерін ортаға салды. Мұндай әңгімені күтпеген бірі министр, бірі мемлекеттік қазынаның алпауыты дағдарып қалды. Әдеттегіше министр анасы тыжырына жауап берді.
− Оларды мұнда кім шақырыпты? Тып-тыныш малдарын бағып ауылдарында жүрмей ме? Біз оларға неге үй салып беруіміз керек? Капитализм, білесің бе капитализм бұл! Әркім өз күнін өзі көруі қажет! Әлихан мамасының бұл жауабына қанағаттанбай қарсы өз уәжін айтты.
− Жатақханалар, арзан үйлер неге салмасқа? Содан соң балаларға жәрдемақы шетелдерге қарағанда бізде өте төменгі жағдайда екен. Жұмыспен қамту мәселесі де тым төмен. Мама, бізде әділетсіздік бар. Ол әділетсіздік мына біздің үйден басталатындай. Мұндай қымбат алып үйлерді біз қалай салдық? Ал адамдар пәтерлерде қаңғып жүр. Олардың тұрған үйлерін көрсеңіз бар ғой, сіздің де жаныңыз ашитыны рас...
Осы өзара әңгіме папасына да, мамасына да ұнаған жоқ. Оппозициялық мінез көрсеткен Әлиханды екеуі ортаға алып, әп-сәтте «төмпештеп» тастады. «Бұл бала бұзылып жүр? Оны кім бұзған?» деп олардың өзара тәжікелесіп тұрғанын Әлихан кейін естіп қалған. Ал Әлиханды мүлдем басқа өмірге әкелген, әке-шешесінің айтуынша «бұзған» жан жай ғана қарапайым қыз екенін естіп, білген анасы ақыры сабасына түсіп, онымен кездесуге бел буғанын сіздер мен біздер жақсы білеміз.
***
Әлиханның орысша тәрбиесі, орысша сөйлеуі Қаламқасқа ұнамаса да, оның адамдарға деген сенгіш көзқарасы, қиналған сәтте жанынан табылып шын жүрегімен көмектесуі, мұның жағдайын сұрап қайта-қайта келгіштеуі қыздың жан дүниесіндегі «мұзды» біртіндеп ерітті десе де болады. Еріткені бар болсын келмей кетсе, қоңырау шалмаса қыз көңілі оны іздеп, елеңдейтінді шығарды. Әлихан келген кезде жаны жадырап, айнала одан сайын жарық болып кететін. Қуанатын, шаттанатын. Жанынан кетсе көңілі құлазып, жалғызсырайтын. Оны шарқ ұрып іздейтін. Мұның бағына қарай Әлиханның өзін жақсы көріп қалғанын сұңғыла қыз бірден байқады. Өзіне жылыұшырай қайта-қайта қараған оның қоңыр көздерінен ұшқындаған сезім оттарын сезетін. Ыңғайсызданса да Әлиханнның өзіне осылай қарайтыны ұнайтын. «Махаббат тілі тілсіз тіл» деп Абай бабамыз қалай дәл айтқан десеңші! Осылай өзара арбасып олар біраз жүрді. Әрине, «Қыздың жолы жіңішке» деген қағидатты берік ұстанатын Қаламқас жігітті қанша жақсы көрсе де сезімін ешқашан бірінші болып айтпайтыны сөзсіз. Бірақ күндердің күнінде жігіт сезімі қанасына сыймай лықсып, сүйетінін айта қалса не істемек? Осыны ойлағанда қыз қатты қорқып кетті. Шынында да не деп жауап бермек? Бірден бе, әлде сиырқұйымшақтандырып жауап қатқан дұрыс па?
Ой, сүю деген қандай қиын! Сүю деген үлпілдеген нәзік те, сезімге толы бір ғажайып бұлақ сияқты екен ғой. Ол бұлақтың бал суын қанша ішсең де қанбайсың. Іше бергің келеді, іше бергің! Қаламқас махаббат туралы көптеген кітаптар оқыды, махаббат, ғашықтықтың мәні өте терең екенін білген Қаламқас өз өмірінде тұңғыш рет жүрегіне нәзік те, кіршіксіз сезімнің ұялағанын сезгенде абдырап қалғаны рас. Тоғызыншы сыныптан бастап намаз оқығанда оның қолына «Алғашқы мұсылман хазірет Хадиша» деген кітапша қолына түсті. Құныға, қызыға оқып шықты. Хадиша ананың махаббатының соншалықты шынайылығына таң қалған. Ең бай адам бола тұра Хадиша ана бәрін тәрк етіп, пайғамбарымызды құлай сүйіп, оған тұрмысқа шығуға Алланың қалауымен берік шешімге келеді. Хадиша анамыз бұл шешімінің өте қымбатқа түсетінін, тіптен өміріне де қауіп төнетінін, бар байлығынан айрылатынын, жауларының көп болатынын да жан жүрегімен сезді. Бірақ бұл ауыртпалықтардың бәрі де өзінің болашақ жары, ғаламның рахым нұры Мұхаммедіне (с.ғ.с.) деген махаббатының алдында әншейін нәрсе ғана екенін Хадиша анамыз ұқты. Мінеки, неге екені белгісіз Әлиханға ғашық болып қалғанын білгенде Хадиша анамыздың осы ғажайып махаббаты есіне түсті.
Әлихан Қаламқасқа деген сезімін бірден білдірмеді. Ең бастысы алғашқыда Әлиханның қымбат машинасына мінуге тартыншақтаса да, онымен бірге болғанды, қыдырғанды қыз жаны қалап тұратын. Алғашқы рет олар қаланың көрікті жерлерін аралады. Түскі аста Қаламқас өмірі болмаған қымбат мейрамханада болды. Өзін біртүрлі ыңғайсыз сезінді. Үстінде әдемі көйлегі, басында қырмызы орамалы бар қызға адамдар таңырқап қарағандай еді. Әлихан қыздың ыңғайсызданып, қысылғанын бірден аңғарды.
− Қаламқас, бұл мейрамханаға кілең байлар келеді. Олардың өмірге деген, қарапайым адамдарға деген көзқарастары мүлдем басқаша. Оған қысылма! Өзіңді еркін ұста! − деп ол Қаламқасқа жігер берді.
− Жо-жоқ, мен олардан қорықпаймын. Менің ұялатыным сіздің қаншама қаржыңыз кетіп жатыр. Содан ыңғайсызданамын. Егер маған құрмет көрсеткіңіз келсе бағасы аса қымбат емес халал асханалар көп қой, мен ондай жерлерге қуана-қуана барамын. Дегенменде сіздің бұл ықыласыңызға зор рахмет!
Қыздың бұл айтқан уәжі де, алғысы да жігіттің көкейінен шықты.
− Мен сияқты байлардың балалары осындай аста төк қымбат мейрамханаларға баруды әдетіне айналдырған. Оларға асханаларға бару ұят сияқты көрінеді. Сен маған Қаламқас түсіністікпен қарашы. Сенімен танысқалы бері шынымды айтсам көп нәрселерді үйрендім. Мен жоғарыда ұшып жүріппін. Төменге түсіп едім нағыз шынайы өмірді көрдім. − Әлихан ақтарыла сөйледі. Содан соң әрі қарай әңгімесін жалғастырып қызық сауал қойды.
− Менің бұл сауалым саған ұнамауы мүмкін. Бірақ ол менің көкейімде жүрген соң жасыра алмадым. Намазға сен не үшін құладың? Кім бұған әсер етті? − Қаламқас Әлиханның жүзінен білсем деген шынайы сезімді аңғарды.
− Неге олай айтасыз? Сауалыңыз маған ұнады. Намаз оқу мұсылманның бес парызының бірі екенін жақсы білесіз. Мен жәннаттың кілті намазға аяқ астынан құладым. Тоғызыншы сыныпты оқып жүрген кезімде өзімнен үш жас кіші сіңлім кенеттен қаза тапты. Өлімнің не екенін сонда ұқтым. Кеше ғана жүгіріп жүрген бауырым бүгін жоқ. Қандай жаман! Көп жыладым. Себебі мен оны өте жақсы көрдім. Өзі соңымнан қалмайтын бауырмал еді. Біздің ауылда марқұмды жерлегенде әйел затын молаға апармайды, шырқырап жылап мен де барамын деп қиғылықты салдым. Болмаған соң имам маған рұхсат берді. Ол кісі ахирет, тозақ, жаннат жөнінде көп әңгіме айтты. О дүниеге барған адам өзінің амалдарымен бармаса тозақ отына жанады екен. Қабірде де періштелер сауал беріп, егер жауап бере алмаса қатты азаптайтынын естігенде сіңлім байғұстың дін, құдай жөнінде түк түсінігінің жоқтығына қатты қапаландым. Тағы да бір қатты жүрегім ауырғаны сіңліме о дүниеде ешкімнің көмектесе алмайтыны. Сіңлімнің денесі жер қойнына беріліп, топырақ тасталып жатқанда бұл дүниенің имам айтпақшы жалған екенін сезіндім.Ал қабірдің беті топырақпен үйілгенде сіңлімнің өмір сүрген-сүрмегендігі белгісіз болып қалған еді. Сәлден соң құран оқылып біз ол жерден кеттік. Сіңілім үйілген топырақтың астында жалғыз қала берді.Міне, сол кезден бастап өз жағдайыма сараптай қарап іштей қынжылып, көңіліме демеу болатын нәрсені іздей бастадым. Ойымдағы сан сұрақтарға жауап іздеп имани, діни кітаптарды оқитын болдым. Жауаптары жүрегімді жайландыра бастады. Бұрынғы еркелігім, тәлпіштігім, кім көрінгенге тиісе беретін тентектігімді бірден тыйдым. Әке-шешем, достарым, бауырларым бәрі менің өмірдегі өзгерісіме таң қалды. Достарым тіпті мені «Сопы қыз» деп мазақтай бастады. Ақырында мынадай ойға, тоқтамға келдім. Бұл шешімім, ойым тура менімен тағдырлас, бір қыздың ғибратты әңгімесіне тым ұқсас еді. Күндердің күнінде өлім келіп, мен топырақтың астында жалғыз қаламын. Нағыз керек кезде менің жанымда ешкім бола алмайтынын білдім. Олай болса дүниеде әркімнің сөзіне еріп, «сопы деп мазақтамасын» деп неге ғибадаттарымды жасамауым керек. Білесіз бе, біздің ауылда анамнан басқа ешкім намаз оқымайды екен. Керемет мешіт те бар. Тіптен ақсақалдар, ересек адамдар жұма намазы кезінде де мешітке бармайды. Мен бұған бір жағынан намыстандым, бір жағынан о дүниені, ахиретті ойламайтындардың ойсыздығына, надандығына таң қалатынмын. Анамнан әдемі орамал сұрап алып басыма тарттым. Ғибадат ете бастадым. Ол кісі менің бұл әрекетіме қатты қуанды. Бірақ айналамдағы адамдар, достарым: «Жассың, әдемісің, не істеп жатырсың? Нағыз ақымақсың сен! Мына өмірдің қызығын неге көрмейсің? Қыршын кеттің ғой!» деп күліп мазақтауларын үдетті. Оларға менің дәлелдерім де күлкілі көрінді. Әбден болмаған соң мына сөздерді айтуыма тура келді. «Егер молада да мені жалғыз қалдырмайтындарыңа сөз, уәде берсеңдер, сендердің айтқандарыңды істейін, өмірдің қызығын бірге көрейік». Олар үндей алмай қалды. Ағатай, мен осылай намазға құладым...
Негізінде бұл екі жас екі өмірдің адамдары сияқты еді. Алайда уақыт өткен сайын арадағы көзге көрінбес перде алынып, жақындасып, тіл табысып, жүректері жарасып бірін- бірінсіз өмір сүре алмайтын ғажайып шаққа, махаббат бағына қолтықтаса енді. Жігіт сүйіспеншілік сезімін жасқана білдіргенде қыз да көп ұзамай өзі де осы әсем сезімнің құшағында екенін жеткізді.
***
Жарқыраған қап- қара шетел машинасынан түскен Әсия ханымның сыртқы сән- салтанаты ерекше еді. Кеудесі ашық алтынданған көйлегі желпілдеген сап-сары шашымен үндесе жарасым тапқан оны дәп қазір министірге әсте ұқсата алмайсың. Әрине тағы да назарды аударатыны жалт-жұлт еткен қымбат алқа, сырғалары көздің жауын алады. Жанындағы сұңғақ бойлы күйеуі Нұрбол да оның- сән салтанатын одан сайын арттыра түскендей. Сірә, мұндай лауазымды қызметтерде істейтін адамдардың келетінін алдын ала біледі-ау, сірә, қаладағы ең қымбат мейрамхана директорының өзі оларды жік-жаппар болып қарсы алды. Әлиханмен бірге келген Қаламқасқа да жазық маңдайын жапқан қызыл орамалы мен әдемі гүлді көйлегі жарасып-ақ тұр. Киімінің бәрі қарапайым. Әсем мойнындағы қызыл моншақтары асыл тастан емес. Жаздың жаймашуақ ыстық күнінде Әлихан ақ шағала костюм-шалбар киіп алған.
Әсия ханым директормен, оның көмекшілерімен амандасқан соң баласына қарады.
− Маматай, міне танысып қойыңыз, Қаламқас деген қалыңдығым осы сұлу қыз! Сіздерді сыртттай жақсы таниды,-деді ілтипатпен сөйлеп. Қаламқас «Сәлеметсіздер ме?» деп басын ие амандасты. Қыздың басынан аяғына дейін көзімен сүзе, тінти қараған Әсия суық жымиды. Сәлемдескендей рай танытып ернін ғана жыбырлатты. Көзқарасынан менсінбегендіктің, көңілі толмағандықтың шырайы байқалғандай. Нұрбол басын изеп:
− Танысқаныма қуаныштымын, − деді естілер-естімес ете тіл қатып. Сәл үнсіздіктен кейін директор:
− Кіріңіздер, дастархан дайын, − деп домалаңдап мейрамханаға кісілерді бастай жөнелді. Бар болғаны төрт адамға көлдей дастархан жайылыпты. Жұмыс уақыты болғандықтан ба адам сирек. Төрге әрине, отағасы мен отанасы жайғасты. Ізеттілікпен бірден жалп етіп отырмай Әлиханның ту сыртында тұрған Қаламқасты Әсия бұйрық раймен жанындағы орындыққа шақырды. Екі бірдей даяшысын қалдырып, директор өз жөніне кетті.
− Бүгін біздің отбасымыздың өмірінде зор тарихи оқиға, − деп сөзін Әсия ханым қазақша-орысша араластыра бастады. – Біздің Алигіміз шаңырақ көтермекші. Сол себептен де қалыңдығымен таныстырмақшы. Кәнеки, алдымен тамаққа кіріселік, содан соң тереңірек таныса жатармыз. Нурик, солай емес пе?
Маңқиып отырған күйеуі ыржия күліп басын изеп-изеп қойды. Себебі ол әлденелерді малжаңдай шайнағандықтан аузы бос емес еді. Әсия ханым отырыс тізгінін қолына берік алды да, сценарийін де өзі құрып тастады.
− Алдымен сен қарағым, саған ескертерім, отбасы болу оңай емес. Әсіресе бай мен кедейлердің құда болуы. Олардың балаларының жарасып тұрақты отбасы болуы- қиынның қиыны. Мен Аликке оны ескерттім. Бірақ мені тыңдамады. Алик, сен ренжіме. Біз қалыңдығыңа шындықты айтуымыз керек. Ертең бұл қыз «Неге айтпадың?» деп саған, бізге әбден ренжуі мүмкін.
− Қыз деп емес, Қаламқас деңізші, − деп Әлихан шыр ете қалды.
− Иә, иә, солай екен ғой. Қаламқас, өзің байқаған шығарсың, мынадай ең қымбат мейрамханаға сен бұрын-соңды келіп пе едің? − Әсия ханым сөзін үзіп Қаламқасқа бажырая қарады. Қаламқас үндемеді. − Әнеки, келмегенсің. Себебі қалталарың көтермейді. Яғни, байлар мен кедейлердің болуы өмірдің заңдылығы. Оны мен ойлап тапқан жоқпын және бір заңдылық −бұл өмірде байлар мен байлар, кедейлер мен кедейлер ғана араласады.
− Мама, кедей- бай деп айта бермеңізші. Адамды құдай бірдей етіп жаратты. Олар бүгін бай болса, ертең кедей болуы әбден мүмкін. Кедей де солай. Байлық қолдың кірі сияқты. Бүгін бар, ертең жоқ. Біз Қаламқас екеуміз рухани байлықты бірінші орынға қойдық, − деді Әлихан сөзге араласып.
− Алик дұрыс айтады. Мен бұл философияға қосыламын. − Нұрбол күректей қолдарын көтерді. Әсия ханым оған жақтырмай тыжырына қарады. Осы сәт Қаламқас күлімдеді.
− Сен ұлым мамаңды жақсы білесің ғой. Тек шындықты айтамын деп жаңа ескерттім. Сендер өмірлеріңде тұңғыш рет шаңырақ көтергелі отырсыңдар. Біз ата-аналар барлығын айтып, сендердің құлақтарыңа ақиқатты құюымыз керек. Ендігі менің Қаламқасқа қоятын талаптарым бар. Біздің ортамызда орамал тағу дұрыс емес деп білемін. Мына көлбеңдеген көйлектеріңді, киімдеріңді еуропалық үлгіге ауыстырамыз. Бет-аузыңа бояу жақпайды екенсің. Арнайы қызметкер жалдап саған ол жағын үйретуді тапсырамын. Үстелдің, дастарханның өзіндік мәдениеті болады. Ол жағыңда да кемшілік көп екенін көріп тұрмын. Орыс, ағылшын тілін жетік білуің тиіс. Мұғалім жалдап оған да көмектесемін. Біздің ортамызда қазақша сөйлеу мәмбеттік деп аталады. Сөйлеуді үйренуің керек. Сен қазір төмен қарап мөлиіп отырсың. Олай етпе! Адамдарға тіке қара! Аликке тигің келе ме, осы талаптарды орындайсың! − Әсия ханым алғашқы келгендегідей емес жасандылықты қойып, сөз қолданыстарын нағыз министірлік мәнерге бұрды. Әрбір сөзін балғамен шеге қаққандай нық-нық сөйледі. Осы сәтте Әлихан қолын көтерді де, іле-шала өз ойларын ортаға сала бастады.
− Мен бұл талаптардың көбісіне Қаламқастың болашақ жары ретінде қосылмаймын. Қаламқастың орамал тартқанын мен ұнатамын. Ә рине, ол орамал еуропалық болса бұны болашақ жарым өзі таңдасын. Қазақ бабамның ұлттық киімдері, көйлектері Еуропадан асып түспесе кем түспейді. Түгелдей олардың Еуропалық болғанын қаламаймын. Менің Қаламқасым бояу-сояу жақпаса да өте сұлу. Оны мама көріп отырсыз. Қыздардың беттеріне баттастырып бояу жаққанын әу бастан ұнатпаймын. Осы жаққан бояуы да жетеді. Дастархан мәдениетін Қаламқас бір адамдай біледі. Білмегенін үйренеді. «Отбасы − шағын мемлекет» дейді. Болашақ отбасының патшасы менмін. Қаламқас екеуміздің болашақ отбасымызда мемлекеттік тіл қазақ тілі болады. Қазақстанда мемлекеттік тіл деген аты бар қазақ тілі жетімдік көріп жүр. Біздің отбасымызда тек қазақ тілі үстемдік етеді. Егер мен мама, папа сіздер сияқты лауазымды қызметте болсам өз ата-бабамның тілінің бейшара болғанына жол бермеймін. Мәмбеттік сөйлеу дегенге қосылмаймын. Дініміз − ислам. Болашақта мен де намазға құласам деп отырмын.
Әлиханның кесімді сөздері әкесін де, шешесін де абдыратып тастағандай еді. Әсіресе анасы қолындағы шанышқысын да түсіріп алды. Қаламқас әбжіл қимылдап үстел астына сүңгіп кетті де, шанышқыны алып берді. Тырна ашуын тазыдан аладының кебімен Әсия ханым Қаламқастың бұл істегенін бірден жақтырмаған рай танытты.
− Қаламқас, мен саған шанышқыны ал дедім бе? Міне, көрдің бе, бұл меніңше мәдениетсіздік! − деді тістене сөйлеп. Осы кезде сөзге Нұрбол араласты.
− Аликтің айтқандары маған ұнады. Әр мемлекеттің өзінің заңы, тәртібі болады. Біз оған құрметпен қарауымыз тиіс. Әрине, Алик айтпақшы басқа мәдениеттерді Қаламқас жүре- бара үйреніп алады деген сенімдемін. Махаббат басты мәселе. Олар бірін-бірі сүйеді екен. Мамасы, біз неге қарсы болуымыз тиіс? Мәселен студент кезімізде бір-бірімізді сүйдік. Ол кезде біз бай болған жоқпыз. Есіңде ме, екі-ақ шемодан затымыз бар еді ғой? Пәтер жалдап тұрдық. Қандай қызықты еді сол өміріміз! Сол күндерді сағынамын. Сен сол кезде боянбасаң да факультеттегі ең сұлу қыз болатынсың. Мен саған ғашық болып қалдым да, соңыңнан қалмадым. Әрине, мені ауылдан келді деп менсінбедің. Ақыры қоймай жүріп үйлендім. Біздің қателігіміз қызмет-қызмет, карьера-карьера деп жүріп осы Аликтен басқа баланы өмірге әкелмедік. Қасақана аборт жасадық. Көп баламызды өзіміз өлтірдік. Мен көп балалы болғым келетін. Түсімде ылғи балалардың жанымда ойнап жүргенін көруші едім.Менің Алик, Қаламқас, сендерге өтінішім, ешқашан сәбилеріңді алдырмаңдар.Менде жалғыз-ақ бала болды, енді немерелерім көп болса екен деп тілеймін... − Нұрбол жаңа әзірде әйелінің көзін ала беріп бірнеше рет шарапты тартып-тартып жіберген. Соның қызуы ма, әлде орындалмаған арманы көңілін толқытты ма жыламсырап, көлдей ақ орамалмен бет-аузын олай-бұлай сүрте бастады. Әсия күйеуіне үдірейе әрі таңдана қарап қалыпты. Сірә-дағы момын күйеуінің аяқ астынан шешенсіп кеткеніне пүшайман халде екені жасырын емес-ті.
− О-о-о! Мұның бәрін мына сен айтып отырсың ба? Біздің құпиямызды айтуға кім рұхсат берді? Түсік жасаттық! Онда тұрған не бар? Бәрі жасатты. Ешкім ақ емес. Егер біз немесе мен көп баланы бағып отырсам мынау лауазымды қызмет, анау байлық қайдан келеді? Мына Қаламқастың ата-анасы көп балалы, батыр ана деп естідім. Қандай кедей тұрады, білесіңдер ме? Мына баламнан олардың аты-жөндерін біліп алдым. Мен оларды ғаламтордан іздедім, таппадым. Бірақ білемін олар қиналып өмір сүріп жатыр. Тапқандары киіміне, тағамына жетпейді. Сол өмір ме? Менің қағидам осы өміріңде адам сияқты шалқып ғұмыр кеш! Мен Аликке көп балалы бол деп айтпаймын. Әрі барса екі бала жетеді. Одан көп болса милары ашып кетеді.
Әлихан осы кезде қолын көтерді.
− Мама, тағы да сіз өзіңіздің министрлік саясатыңызбен бұйрық бере бастадыңыз, − деп сәл кідірді де жымиып қойып, әңгімесін одан әрі жалғастырды.− Менің сіздерге қоятын бір талабым бар. Алик −ол менің балалық атым немесе орысша ат. Мен қазақпын. Өздеріңіз азан шақырып атымды Әлихан деп қойдыңыздар. Тамаша ат. Сіздерге көп рахмет. Сондықтан өз атыммен атауларыңызды өтінемін. Екіншіден папам дұрыс айтты. Алла берсе біз түсік жасатпай көп балалы отбасы болғымыз келеді. Қаламқас, солай емес пе?
Қаламқас Әлиханның сауалына ұялса да қысқа жауап қатты.
− Аллам берсе мен қарсы емеспін...
− Қарай гөр мыналарды, бәрі бір мафия болып алыпты!− Әсия ханым басын шайқап қойды. Өзінің айтқаны болып әбден жаман үйренген ол сыртқы пішінімен де, сөзімен де наразылығын жасырған жоқ.
− Көрерміз, − деді ол зілдене сөйлеп. − Кімнің кім екенін өмір көрсетеді. Менің аңғаруымша Қаламқас менің сөзімнен сабақ алып, нәтиже шығарғысы келмей отырған сияқты. Тағы да ескертемін, ертең ажырасып кетсең мен кінәлі емеспін. Сен Қаламқас, әлі де ойлан. Аликтің, жо-жоқ біздің Алиханның ортасы, достары бөлек. Бәрі де үлкен оқу орындарында білім алған. Бәрі байдың балалары. Қалай, ойланасың ба?
Қаламқас Әлиханға қарады. «Сөйле, өз пікіріңді айт» дегендей ол басын изеді. Қаламқас келгендегі әдетінше болашақ қайынатасы мен енесіне қарамаған күйі нәзік үнмен сөйлей бастады.
− Әке, апа! Шынымды айтсам сіздердің балаларыңызды жақсы көріп қалдым. Жүрекке бұйрық жүрмейді екен. Әлекең де маған өз сезімін білдірді. Біз осылай болашақта бірге болуға, бірлесіп өз шаңырағымызды көтеруге ұйғардық. Әке-шешем біледі. Қарсы емес. Айтпақшы біздің отбасымыз үлкен отбасы. Менің анам батыр ана. Әр бала дүниеге келгенде Аллатағалам оның несібесін бөліп береді дейді. Шүкір, аш емеспіз. Балалар бірінің киімін бірі киіп ержетіп, бойжетіп келеді. Сіз апатай, дұрыс айтасыз. Адам өміріндегі ең жауапты шақ оның отбасы болуы, шаңырақ көтеруі. Мен көп ойландым. Сіздің айтқаныңыздағы, ескерткеніңіздегі мәселелер мені де толғандырды. Бірақ Әлекең үшін мен жанымды да аямаймын. Уәдемді оған бердім. Енді шегінбеймін. Бар қиындықтарға шыдаймын. Онымен бас қосып, тағдырымды қосқым келеді. Аллам сабыр берсін деп тілеймін!
− Әмин! − деді Әлихан Қаламқасқа риза көңілмен қарап, − Әкешім, анашым! Мен Қаламқастан ештеңе жасырған жоқпын. Рас, ол қарапайым отбасынан. Бай емес. Мен оған назар аудармаймын. Есесіне қалыңдығымның жаны рухани бай. Мен араласып жүрген қыздардан Қаламқас ерекше. Оларға ұқсамайды. Мен оны қалай сүйгенімді де білмей қалдым. Аллам бізді қиыннан қиыстырып кездестірді. Үйленуге, отбасы болуға шешімді ақылдаса отырып қабылдадық. Мен де осы шешімімнен айнымаймын. Баталарыңызды беріңіздер, папа, мама!
Папасы бірден үн қатты.
− Береміз батамызды. Бақытты болыңдар, шаңырақтарың биік болсын! Балаларың көп болып, үйлеріңді күлкі-шуаққа толтырсын! Енді біз тойдың қашан, қай уақытта болатынын ақылдасуымыз қажет. Қаламқасты қашан, қалай алып кетеміз? Оны да ойластырған жөн, − деді өрекпи сөйлеген Нұрбол.
− Бүгін белсенді болып қалыпсың. Той мәселесіне асықпайық. Қаламқас әлі де ойлансын. Біз де өзімізше ақылдасайық. Асығыс шешім қабылмаған жөн.
Әсия ханым осылай әлі де үзілді-кесілді шешімін айтпай, өзінше қасарысып отырғандай көрінді. Әу бастан-ақ Қаламқасты неғұрлым отбасына жақындатпай, есебін тапса оны қорқытып-үркітіп шығандатып жіберу еді ойы. Дәп қазір сырттан білдірмесе де, осы ішкі есебінің жүзеге аспағанына ол қатты ызалы болатын.
***
Жұмысбастылықты сылтауратып Әсия ханым той мәселесінен неғұрлым қашқақтап, оны болдырмауға тырысты. Әйелдің бұлай етуіне досы Галяның ақыл -кеңесі әсерін тигізді. Галя екеуі студент шақтан жақын дос. Қазір дүрдей ректор. Күйеуі Қазақтелекомда басшылардың бірі. Әсия әке-шешесінің айтқанымен жүрген олардың баласы, Әлиханның жан досы Толикке ырза. Қазір АҚШ-та оқиды. Болашақ қалыңдығын да таныстырып қойыпты.Бір алпауыттың қызы.Өзімен бірге оқиды. Оқуларын бітірген соң шаңырақ көтермекші. Қазірдің өзінде олар азаматтық некеде екен. Галя ханым досының ренішіне ортақтасып, қатты «қайғырады». «Біз ол қызды оқудан шығарып жіберткізейік. Содан соң өзі үшін ауылына кетеді. Алик баламыз да өзімізге қайта оралады» деп ақыл қосты. Екі мықты бас қосқан соң қойсын ба, байғұс қызды себебін тауып колледж директоры арқылы оқудан шығарды. Қыз бірақ ауылына кетпеді. Әлиханның халал асханасының меңгерушісі болып шыға келді.
− Маматай, Қаламқастың таңғажайып таланты ашылды. Оның сан түрлі жарнамасынан кейін жасаған дастархан мәзіріне қызығып, асханамызға халық ағылып келіп жатыр. Тіптен үлгіреретін емеспіз. Енді оны кеңейтуге мәжбүрміз, − деп баласының шаттанғаны Әсия ханымға шаншудай қадалып, одан сайын ызаға булықты. Енді не істеуі керек? Кеңесші досы Галя да жоспарының жүзеге аспағанына қатты налыды. Дегенмен қалай болғанда да тіс қаққан ректор емес пе, тағы бір бәлені ойлап тапты. «Асханаға тексерту жүргізіп, бар кінәні Қаламқастың денсаулығына жабайық». Дереу тексерту жүргізілді. Қаламқаста гепатиттің белгісі бар болып шықты. Әсия ханым сценарий бойынша мұны біліп қалып ұлына айқай салды:
− Айттым, айттым саған ауылдың қызына жолама деп. Ауылда не жағдай бар дейсің. Әнеукүні сап-сары боп кеткен түрінен қорқып едім. Енді мінеки, өзің де сау емесссің. Сүйіскенің рас қой. Сен де ауру шығарсың. Дереу таста сол қызды. Енді ол мал болмайды! Ал сені мен шетелде, Еуропада емдетемін, − деді ол бет- аузы шылп етпестен. Рас, Әлихан мұндай жайтты күтпеген еді. Бірақ ол шешесінің байбаламына еріп кетпей тағы да осы жерде өз махаббатына берік екенін дәлелдеп былай деді.
− Мама! Мен Қаламқасты сүйемін. Бірін- бірі шын сүйген жандар қиындық кезінде жолда тастап кетпейді. Онда ол несіне махаббат? Қаламқасты мен күшті дәрігерлерге көрсетіп емдетемін. − Әлихан нық сөйледі, шешімін де осылай батыл айтты. Қаламқас жылап Әлиханға енді келмеуін өтінді.
− Қаламқас жаным, мен осындай қиын шақта сені тастап кетсем жігіттігім мен адамдығым қайда? «Сені сүйемін!» деген махаббатқа толы сөздерім ше? Екінші ондай нәрсені айтушы болма! Екеуміз уәделестік қой. Өмірдің қандай да бір қиындықтарын да, қуаныштарында бірге боламыз деп. Сондықтан жылағаныңды қой, Алламызға сиын! Ол бізді құтқарады.
Сөйтіп Әлихан Қаламқасын қолынан жетектеп қалалық ауруханаға әкелді.Денсаулығының бәрін тексертті. Қаламқас Аллаға іштей жалбарынумен болды. Қызық, дәрігерлер ондай жаман аурудың титтей де белгісін таба алмады. Қаламқас шаттанғанынан Әлиханнын құшақтай алды да еңіреп жылап жіберді. Екі жастың қуанышында шек жоқ. Бұны алғаш рет барып дәм татқан «Махаббат» мейрамханасында атап өтті. Бірақ Әлихан өткен оқиғаны аяғына жеткізуді алдына мақсат етіп қойды. Кім мұндай зұлымдықты ұйымдастырған? Не үшін? Ол Қаламқасқа жала жапқан дәрігерлерді сотқа берді. Ақ халаттылар алғашқыда барынша жалтарып, өздерінің білмей қалғандықтарын, қателескендерін айтып, кешірім сұрап құтылып кеткісі келді. Министр Әсел Джақсыбекова әрине, мұның бәрінен хабардар болып отырды. Әлихан сотта: «Бір адамның тағдырын тас-талқан ете жаздаған зұлымдықтарың үшін сотталасыңдар. Одан да бұған кім мәжбүр етті, кім тапсырыс берді, соны айтыңдар. Егер айтсаңдар кешірім береміз. Әйтпесе...» деп зіл тастай сөйлеп, дәрігерлерді бұрышқа тықты. Олар бір күн мұрсат беруін жалына сұрады. Әсия ханым өмірінде мұндай саспас! Не істерін білмеді. Досы Галяға барып жолықты. «Осы күнгі жастар өте қу болып кеткен. Мен мұндайды күтпеген едім. Бәрі тамаша жоспармен келе жатыр еді...» деп ол қыбыжықтап жерге қарады.Енді Әсия ханымның жұмысында береке болмады. Тапсырыс бергендер ертең сотта бар шындықты жайып саламыз десті. Өмірбақи көкірегі биік, ештеңеден қорықпайтын лауазымы жоғары әйел қатты үрейленді. Мына қызметінен кетсе онда масқара болмай ма? Егер бұл хабар халыққа бір жетсе әлеуметтік желілер шиебөріше ұлып қоя беретіні анық қой. Әр жағында сенсация іздеп жүрген журналистер де қарап қалмайды. Және түптің түбінде өзі тісін қайрап, министр болса да қауқары жетпей жүрген ана Қаламқас деген кішкентай зұлым қыз жеңіске жетпекші. Басты мақсаты орындалмай, осыншама байлығымен, лауазымды қызметімен қызға шамасы жетпегеніне әбден ызысы келді. Долылық қысқаны соншама жылап та алды. Жылағаны жақсы болды. Кеудесін қысқан құрсау босады. Ақылға келді. Тағы да ана оңбаған залым қыздың көзін құртудың қулық-сұмдыққа толы ойлары миына маза бермеді.
Тығырықтан шығудың соңғы жолын да ойлап тапқандай болды. Қанша дегенмен министр ғой. Оны таң қалдырған нәрсе өзіңнің жасаған зұлымдығың өзіңнің маңдайыңа қайта тиуі еді. «Өзің қазған көріңе өзің түсесің» дегендей енді атың өшкір әлгі қызға жасаған зұлымдығынан қалай құтылудың жолын іздеп басы даң болып отырғаны мынау. Қалай бұған таң қалмассың! Бір қадам алға, екі қадам кейін демекші, амал жоқ бұған шегініс жасауға тура келгендей. Бірақ шегініс жасаса мына төніп тұрған бәледен құтыла ала ма? Ақыры ойлай-ойлай келе осы ойға байырқалады. Ол әу бастан мүлдем жоспарында жоқ Әлихан мен Қаламқасты үйлендіру қажеттігі. Баласын шақырып алып сот жөнінде әңгімеге тартып еді, Әлихан күшейіп атқа мініп алыпты.
− Оларға көрсетемін! Адам тағдырынің ойыншық еместігі ащы сабақ болсын. Гипократқа ант беріп алады да, пара алған кезде бәрін ұмытып кетеді. Айтшы мама, сіз әрқашанда шындықты жақтайсыз ғой, бұлары дұрыс па? Сондықтан тек қана оларға емес, түп тамырына балта шабамын. Сіз маған мама көмектесіңіз. Әйтпесе көрдіңіз бе, қоғамымыз, мемлекетіміз ластанып барады. Жемқорлық, парақорлық дендеп тұр. Әйтпесе менде, қаршадай қыз Қаламқаста не әкесінің құны бар? Біреулер біздің кәсібіміздің гүлденгенін көре алмай тұрған сияқты. − Ұлы айқұлақтанып орнынан тұрып, ызаланып, сұқ саусағын шошайтып, қызбаланып әрі-бері жүріп кетті. Оның әрбір сөзі Әсел ханымның жүрегін щабақтап, үрейге бөледі. Қазір тоқтатпаса ертең кеш болатынын ол ұқты.
− Мен сені қолдаймын. Олардікі әрине, дұрыс емес, − деп Әсия ханым өзінше ұлын құптағансыды. − Бірақ маған мынадай ой келіп тұр. Қазір жемқорлықпен президенттің өзі күреске шықты. Біз кішкентай адамдармыз ғой. Қолымыздан не келеді дейсің. Одан да біз мына қоңыр күз келді, Қаламқас екеуіңнің тойыңның қамына кіріселік. Тезірек тойды жасап, екеуіңнің тілектеріңді, армандарыңды орындағым келеді. Бұған қалай қарайсың?
Әлихан мамасының бұл сөзіне сенерін не сенбесін білмей аңтарыла ескерткіш сияқты қатып тұрып қалды. Содан соң қуанғанынан бір-ақ секіріп мамасының қасына жетіп келіп, құшақтай алды.
− Мама, ақ мамам! Сенің мейірімді жүрегің ақыры осындай шешім қабылдайтынын біліп едім. Ур-ра! − Әлихан мамасын қапсыра көтеріп, бір-екі мәрте шыр айнылдырып жіберді.
− Әй, әй, оның не ұлым-ау! Басым айналып кетті ғой. − Әсия ханым ұлы мұншама қуанады деп ойлаған жоқ еді. Өзі де қатты толқып кетті. Сәл есін жинаған соң:
− Әлиханжан, бірақ менің бір шартым бар, − деді жұлып алғандай. Жүзі арайланған, көзінде қуаныш оты маздаған Әлихан:
− Мама, мені бүгін зор бақытқа бөледіңіз. Қандай шартыңыз болса да орындаймын! − деді өрекпи жауап беріп.
− Жүріп жатқан сотты тоқтатсаңдар. Себебі ертең олар тойымыздың шырқын бұза ма деп қорқамын. Сондықтан соттасу біздің жұмысымызға да минус. Сонымен бірге сотқа Қаламқасты да қайта-қайта сүйреткенді қой. Онан да ол енді тойға дайындалсын. Тағы бір қорқатыным соттасушылардың да бала-шағасы бар, қарғысы жаман болады. Олардың «Енді мұндайды істемейміз» деген уәдесін алып, сотты жап, балам. Ащы сабақ деген осы! – Әсия ханым сондай сенімді де, жайбарақат сөйлегеніне өзі де таң қалды. Әлихан сәл өкінгендей болды, қолын бір-ақ сілтеді.
− Мама, жәрәйді, бұл айтқаныңыздың жөні бар екен. Жапсақ, жабайық! Сіз айнып қалмайсыз ғой? Мен қазір барып Қаламқасты қуантайын...
***
Ханымдар сырт көзге тонның ішкі бауындай тату-тәтті дос көрінгенімен олар іштей бәсекелес, бақталас болатын. Қаншама байлықтары тасып тұрса да қыл аяғы бірі ұсақ-түйек бір зат сатып алса да, екіншісі оған сынай-міней қарап оның құнын түсіруге тырысатын. Екеуі де бір кездері қаланың сылқым сұлулары еді. Енді мінеки бір-бір дөйге айналды. Күйеулері де оңай жерде істемейді. О-о, олардың шетелдерден арнайы сатып алынған пәлең мың доллар тұратын сансыз көйлектері түгілі киетін әшекейлерінің бағасы мың доллардан кем түспейді. Алтын жалатқан, тұғырларын гауһар, інжіл тастармен өрнектеген әшекейлері үйлерінде самсап тұр. Сом темір сандықтарға қат-қат жиналған асыл металдардан жасалған сақина, білезік, сырға дейсің бе, олардың санын олар ұмытқалы қашан! Әр тойға немесе салтанаттарға барғанда үлде мен бүлдеге орану олар үшін үйреншікті нәрсе. Өмір− өзгеріс. Мода деген де сынаптай сырғып бір орында тұрар емес. Әсел мен Галя ханымдарға да ол заманауи көштен қалу өліммен тең.
Құрсыншы бәрі, енді Әсия ханымның басты уайымы тойды қалай өткізу. Себебі келіні өзі діттеген жерден болмады. Оның арманы шіркін, өзімен теңдес бай-манаптардын қыз алу еді. Еуропа, Әміркен құрлықтарының тәлім-тәрбиесін көрген ару қыз көзден бал-бұл ұшты. Жалғыз ұлы қайдағы бір ауылбайский, кедей отбасынан шыққан қызға желімдей жабысып айрылмай қойды. Ал енді басты ауыртпалық бұған түсіп отыр. Аспан мен жердей айырмашылығы бар, бай мен кедейдің тойы шынында да қалай өтпек? Жай ғана қарапайым түрде өткізейін десе ел- жұрт бәрін көріп- біліп, ертең мұның сараңдығын бетіне басатыны анық. Өзінің тұрғыластарының тойларына қатысып жүр. О-о, бірінен бірі өтеді. Тіптен әнеу министр ұлының тойын Еуропада өткізді. Қонақтарын ұшақпен апарды. Енді бір алпауыт Жерорта теңізінің үстінде қалқыған алып кеменің үстінде тойын дүрілдете өткізіп, ерекшеленді. Мейлі, кедей болғанмен болашақ келініне той киімдерін өзі таңдайды. Ол оңбаған залым қызды иттің етінен жек көрсе де амалы қайсы? Намыс, намыс өлтіріп барады ғой мұны. Құда-құдағиына да қымбат киімдер сатып алмаса болмас. Әйтпесе олардың арзан-парзан киімін көріп жұрт күліп кетер. Тойға кіл ығай мен сығай қатысады. Бәрі де сынай, міней келеді. Батыстың жұлдыз әншілерін шақырмаса тағы да болмайды. Орыстардан кімді шақырмақ? Міне, осындай неше қилы ойдың жетегінде жүргенде басына бір тамаша идея келе қалғаны. Тойды басқаратын үш ұлт өкілі болуы тиіс. Яғни той барысы ағылшын, орыс, қазақ тілінде жүргізіледі. Әсия ханым бұл идеясына қатты қуанды. Күйеуіне айтып еді, «Билік өзіңде ғой» дегеннен артық ол жарытып ештеңе демеді. Идеясын Әлиханға білдірмеді. Оған айтса әлгі залым қызбен ақылдасып бүйректен сирақ шығарып жүрер.
Әсия ханымның жанын жегідей жеген тағы бір уайымы бар. Кекшіл әйел Қаламқасты қайткен күнде де тойдан кейін неше түрлі себеп тауып үйден аластауды алдын ала ойлап жүр. Оның уайымы АХАЖ. Яғни некеге тұрғызу мәселесі. Ертең ажырасса тірнектеп жиған ен дүниеге ол залым ие бола кетпей ме? Адвокаттармен ақылдасып еді, ажырасқан күнде болашақ келін ештеңе еншілемейді екен. Тек үйленгеннен кейін ғана алынған заттар бөліске түседі. Ал балалы болып қалса қауіп бар. Баланы болдырмау үшін амалдар жеткілікті.
Сонымен той дүрілдеп өтті. Әлихан мен Қаламқас мамасының еуропашыл киімін ысырып тастап, ұлттық киімді таңдады. Бұлары жақсы болған тәрізді. Шетелден келгендер, тіпті лауазымды адамдар олардың киімдеріне таңдана қарап, қайта-қайта бірге суретке түсісті. Президент келе алмады. Бірақ құттықтау-жеделхат жіберді. Ол төрт тілде оқылды. Себебі Қытайдан да қонақтар келген. Құда-құдағиы да Әсия ханымның әперген киімдерін киіп, жарқырап жүрді. Тек құдасы қызыңқырап қалып « Маралды»әнін шырқап бүкіл жұртты дүр сілкіндірді. Даусы мұншама зор болар ма, алып зал жер сілкінгендей шайқалып кетті. Мұндайға құмар Еуропадан келген қонақтар шетел жұлдыздары адыра қалып, әнші құдасына тағы да ән шырқап беруге қолқа салғанын қайтерсің! Ал жас жұбайларға берілген қымбат сыйлықтарда есеп жоқ. Қымбат-қымбат бірнеше шетел машиналары... Қала әкімі қызды-қыздымен үш бөлмелі үйдің кілтін сыйлады. Әлихан берілген бір машинаны бірден қайынатасына мінгізді. Оның бұл мәрттігін қонақтар ду қол шапалақтап құптады. Көңілшек екен. Риза болған қайынатасы күйеу баласының бетінен әбден сүйсін келіп! Әсия ханым ызадан жарылып кете жаздаса да, тойдың соңына дейін сабырын сарқып шыдады-ау, әйтеуір!
***
Қаламқас алып ғимаратқа, оның сән- салтанатына, бөлмелерінің көптігіне, жиһаздарына, заттарының ерекше жасалғандығына таң -тамаша болды. Бір үлкен мұражайда жүргендей әсермен бөлме- бөлмелерді аралап шықты. Әрине оны аралатып, тәптіштеп түсіндірген Әлихан екені айтпаса да түсінікті. Тарих сабағында оқыған ежелгі грек елінің мүсіндері, әлемнің небір қылқалам шеберлерінің өнер туындылары қабырғалардың сәнін ашып тұрғандай. Жолбарыстың терісі табаныңның астында жатса, бұғының даңғырадай мүйізді басы да бадырайған көздерінен жас тамшылардай мұңая қарайды. Тісін ақситқан қасқыр бұған ызалана қарап тұр. Арнайы аспазшы тамақ істейді, ғимараттың ішінде де, сыртында да бассейн бар. Ауласы да ат шаптырым кең. Әсем шыршалар, аршалар қолдың саласындай өзінше бөлек сап құрса, аққайыңдар да сұлулықтарын паш ете Қаламқасқа «Қош келдің!» дегендей жапырақтарын сылдырлатты. Жан-жақтан бәрі биік-биік қоршаулар. Алпамсадай күзетші жігіттер де, күжірейген алыпсоқ иттер. Қаламқастың түсінбегені бұл ғимараттың қожайындарының неден қорқатындығы. Қалай болғанда да жас келіншек ертегі әлеміне енгендей болғанымен, осыншама алып, осыншама әдемі, осыншама кең жаңа тұрғылықты мекенін шын жүрегімен, шынайы көңілімен қабылдай алмағанын сезді. Біртүрлі тұншығатындай, біртүрлі қанаты қырқылған құстай сезінеді өзін. Екеуінің әңгімесі таусылмайды. Айтпақшы Қаламқас колледждегі оқуын жалғастыратын болды.
− Мына қып-қызыл тұлпар сенікі. Енді оны өзің жүргізесің. Әзірге оқуыңа, жұмысыңа өзім апарамын. Шоферлық курсты да оқып ал, − деді Әлихан оған зор қамқорлық танытып. «Айдай алмаймын ғой» деген мұның күмәнді ойына бірден тосқауыл қойды.
− Сен болашақ кәсіпкерсің. ХХІ ғасырда машинаны жүгендей алмағаның ұят. Өзім үйретемін. − деп күн сайын қызыл тұлпарға мінгізіп, үйрете бастады. Жо-оқ, өзінің икемі бар екен, Әлиханның айтқандарын, үйреткендерін қағілездікпен жедел ойына тоқып, көлікті өзі кәдімгідей жүргізе бастады.
− Е-е, менің Қаламқасым мықты! − деп Әлихан оның бетінен сүйіп-сүйіп алды. Екеуі мәз. Тағы бір қуанышты жағдай бал айларын Араб әмірлігінде өткізетін болған. Жол билеттерін алып сапарға жас жұбайлар дайындалып жатқанда аяқ астынан мамалары ауырып, төсек тартып қалды. Жүрегі сыр беріпті. Бұлардың сапарлары өстіп кейінге қалды. Аналарын жәутеңдетіп қалай қалдырсын! Оның үстіне Әсия ханым: «Кейін бара жатарсыңдар» деп өтініш айтты. Қалай болғанда да Қаламқас келгелі бұл үйде бір жылылық пен сұлулық лебі ескендей. Ол алдымен асханаға иелік ете бастады. Бұрын -соңды болмаған неше түрлі тағамдар мен тамақтар дастархан мәзірінде пайда болды. Әсіресе қолдан жасалған жент, құрт, ірімшік сияқты ұлттық тағамдар да, сондай-ақ басқа да шетелдің тіл үйірген тауық, жеңсік астары да дастарханды жайнатып, тәбетті арттыратын. Енесі ауырғанда да:
− Апа, сіздің жүрегіңізге жасанды тамақ емес қазақтың дәстүрлі тағамдары күш -қуат береді. Жеп, ішіп алыңыз. Мен сізге ондай тағамның түр-түрін жасаймын. Мынау шалап деген сусынды көп ішіңіз. Ішіңіздің қызуын алады. Мынау балқаймақ. Жүрекке қуат береді, − деп Қаламқас шалап құйылған зерлі кесені иіліп ұсына беріп еді, жайбарақат жатқан енесі аяқ астынан тұлданып қағып жіберді.
− Әкет! Мұндай ауылбайский тамағыңды өзің іш! − деді зәрлене айқайлап. Шалап ақтарылып Қаламқастың бетіне шашылды. Тізесі бүгіліп, жасып отырып қалды. Бірақ үндеген жоқ. Дәл осы сәтті Әлихан естіп қалды.
− Апатай! Неге өйттіңіз? Келініңіздің айтқаны дұрыс қой. Ұлттық тағамның орны бөлек екені рас, − деп ол бипаздап сөйлей бергені сол еді, оның сөзін шорт үзді.
− Маған бүйтіп қайдағы бір қолдан жасалған бірдеңелерін бермесін. Ол мұндай ен байлықты қолға ұстап тұрмақ түсінде де көрмеген. Өстіп жағымпазданып сол ен байлыққа ие болып қалмақшы. Мен тірі тұрғанда ол ойын жүзеге асырмаймын! − Әлиханды анасының ашумен айтқан сөздері таң қалдырды.
− Мама, Қаламқаста ондай ой атымен жоқ. Ол намаз оқиды, нағыз мұсылман, − деп уәжін айта берген еді, оның сөзін мамасы тағы үзді.
− Әнеу, намаз оқитындар − нағыз террористер. Адамды өлтіріп жатыр, қырып жатыр. Мен оларға сенбеймін! Қаламқас та солардың бірі. − Әсел ханым одан сайын тұлданды.
− Апама қарсы сөйлемеші, отағасы. Оның жүрегі ауырып тұр ғой, − деді Қаламқас сыбырлай сөйлеп. Ол төгілген шалапты ештеңе болмағандай тазалап жатыр еді, мамасы одан сайын айқайлады.
− Кетіңдер! Сен де қатыныңды жақтайсың. Әйдә, әйдә, кет!
Әсия ханым осылай Қаламқасқа ашық шабуылға шықты. Кішкентай нәрседен ілік іздеп тауып, оны жер- жебіріне жетіп ұрса беретін болды. Тіптен бір мәрте долылықпен шапалақтап тартып та жіберді. Сондағы оның қоятын кінәсі тамаққа тұзды көп салғаны. Ол тұзды да аспазға әдейі салдырды. Аспазға неше түрлі кері тапсырмалар беріп, Қаламқастың жасаған, пісірген тағамдарын әдейі бүлдіртіп, оның қолынан түк келмейтінін көрсеткісі келді. Шапалақпен тартып жіберсе де, жер -жебіріне жетіп ұрысса да, айқайласа да Қаламқас үндемейтін. Күн сайын ерте тұрып, үйдің алдын сыпырады, су себеді, гүлдерді суарады. Таңғы асты да пісіріп, аспазшы келгенше асхананы көңірсітіп қояды. Ең бастысы атасы мен апасына күн сайын сәлем береді.
− Ескіліктен ырым-сырымы бұл. Мен саған сәлем берме деп қанша айтамын? − деп күн сайын енесі бір зірк етіп ұрыспаса тамағына ас батпайтындай еді.
− Біз Қаламқасқа бізге деген осы құрметі үшін рахмет айтуымыз керек, − дейді атасы Нұрбол әйеліне жақтырмай қарап.
− Үндеме! Немене сендердің бәрің осы біреуді жақтай бересіңдер. Мен бұған бәрібір күн көрсетпеймін. Егер кетпесе бұл үйден өлігі шығады, − деді ол бір күні өзінен өзі жынданып.
− Ондай сөзіңді айтпа! Ана Әлихан баламыз мына сұмдық сөзіңді естісе ренжиді ғой. − Нұрбол таңқала басын шайқап тұрып қалды...
Қаламқас енесінен осындай зорлық-зомбылықтың неше түрін көрсе де шыдай берді. Осы көнбістігі, сабырлылығы арқасында үй ішінде де беделі өсті. Тіптен қызметкерлері де оны жақсы көретін. Себебі Қаламқас олармен күн сайын сәлемдесіп жылы сөйлесіп, жағдайларын сұйрайтын. Әлихан мұның бәрін сезіп, біліп, көріп те жүр. Мамасына қанша түсіндірсе де ол шалқая беретін, өз айтқанынан қайтпайтын. Бірде ол жарының бетінен, денесінен көкпеңбек дақтарды көрді. Келінін шақырғанда ол уақытында келмепті. Себебі Қаламқас сол кезде намаз оқып жатады. Ызаланып келіп жұдырығымен періп-періп қалып, төфлиімен сабаған. Ал Қаламқас намазын үзбеген, ләм-мим деп үн қатпаған. Әлихан «Мынау не?» дегенде де «суға шомылғанда құлап қалдым» деп ол өтірік жауап қатты.
− Сен неге бәріне шыдай бересің? Мен қазір мамама ұрсамын. Мынау деген сұмдық қой. Мен соқыр емеспін. Әр нәрсенің шегі бар емес пе? Ал мына зорлық-зомбылығы шектен шықты. Бүйте берсе біз пәтер жалдап кетеміз, − деп Әлихан қатты ашуланып, мамасының бөлмесіне қарай жұлқынып бара жатыр еді, оны Қаламқас бірден тоқтатты.
− Әлитай, Алла ақырын берсін, апамыздың жүрегіне мейірім толтырсын деп дұға етейік. Құранда әке-шешеге «уф» деп сәл-пәл де ренішіңді айтуға да болмайтыны жазылған. Мен бәріне шыдаймын. Сіз де шыдаңыз. Апама ештеңе демеші. Ол кісі өте жақсы.Сәл шыдасақ, бәрі қалпына келеді! − Әлихан ризашылықпен жарын құшақтап, бетінен сүйді. Екі оттың арасында қалған жігітіміз не істерін білмей іштей қатты қапаланды. Бұл жөнінде әкесімен ақылдасқан. «Балам, мен шешеңе бұл жөнінде ескертіп айтып едім, өзіме дүрсе қоя берді. Мамаңның келініне неге соншама өштесіп алғанын түсінбеймін. Сірә, кедей деп менсінбейтін тәрізді. Біздің Қаламқас келініміз ерекше, тамаша жан. Өзіме қатты ұнайды. Бәлкім бөлек кетерсіңдер. Мен қарсы емеспін» деді ол шарасыз күйде.
Уақыт өткен сайын жұмсарады деген Әсия ханым қатайып, келінінің сабырлылығына, көнбістігіне одан сайын ызаланды. Жұмыста да, үйде де өз дегенін істеп әдеттенген ол өзінің тырнағына тұрмайтын кішкентай жанды жеңе алмағанына, жоспарының жүзеге аспағанына бір жағынан таң қалып, екінші жағынан күйініп қатты кектенді. Бір қорқыныштысы ол ештеңеден тайынбайтын халге жеткені. Тағы бір оның жынданған себебі досы Галяның ұлы, Әлиханның досы жақында үйленді. Әке-шешесінің айтқанынан шықпай Америкада оқып жүр. Енді мінеки ең бай, ең лауазымды адамның қызына үйленіп, Әсия ханымның ішкі жан дүниесін қалақай шаққандай етті. Тойдың үстінде өз ұлына қарадай ренжіп, кедей- кепшіктен шыққан келініне деген ызасы мен кекшілдігі одан сайын үстемеленді. Тойдан кейін үйге қатты ашуланып келіп, асханада күйбеңдеп жүрген келінін арқасынан жұдырығымен бір түйді. Соққының қатты тигені сол қаршадай ғана байғұс келіншек дем ала алмай қалды. Бірақ баяғы әдетінше үндемей тұрды да, орамалын жөндегенсіп есін жинап бір ауыз тіл қатты.
− Апатай, менің не жазығым бар? − деді көзінен мөлт еткен жас тамшысы үзіліп түсіп.
− Сенің жазығың тағы да айтамын, осы үйге келін болып түскенің, − деді Әсия енесі түтігіп сұқ саусағын кезей тура келіннің көзін шұқып алардай. − Ескертуден шаршамаймын. Егер басыңның аманында өз еркіңмен кетпесең өлігің осы үйден шығады. Сенің көксегеніңді білем, біздің байлығымызды иемдену. Қаншама өтірік мүләйімсіп, жағымпаздансаң да ол арам ойыңды жүзеге асыртпаймын және бұл үйден бір түйір де зат алдырмаймын. Мен қайткенде де сен салдақының көзін жойып, балама ең бай адамның қызын үйлендіремін. Солай, залым неме! Көзіңе осылай көк шыбын үймелетем. Мен сендейлердің талайын табанымның астында мыжғылағанмын. Сен де соның бірісің...
Қаламқас Әлиханды оятып алмайын деп аяғының ұшынан басып төсегіне келіп, шешініп жата беріп еді, күйеуі оның ұзын қолымен орай құшағына тартты.
− Мен бәрін естідім. Сен жұмсарады дейсің мамамды. Жоқ, ол әбден қатайып алған. Қаламқас жаным, сен байғұсты күндердің күнінде шынында да өлтіріп тастай ма деп қорқамын. Сенімен бірге мен де қиналып жүрмін. Бөлек кетейік дедім. Айтқаныма көнбейсің. Айтшы, мен не істейін? Әлде мамамды сотқа берейін бе?
− Жоқ! − деді Қаламқас шошып кетіп. − Анамызды сотқа беріп ел-жұртқа күлкі боламыз ба? Ешқашан! Ананың аяғының асты жұмақ деп есептеледі. Біз ол кісіге ешқашан қарсы сөз айтуға құқылы емеспіз. Апамыздың жұмысы ауыр. Үлкен кісі ғой. Шаршайды. Зор қызметте істейді. Осындай лауазымды жұмысқа дейін көтерілген анамызды мақтаныш етуіміз тиіс. Бүкіл халықтың тағдырын ойлайтын адам. Ол кісінің алдына бір күнде қаншама адам келіп көмек сұрайды десеңші! Олардың ішінде небір жақсы да, жаман да, ұрысқақ та долы адамдар да кездеседі. Сондықтан шаршап, қалжырап келген анамызға біз көмектесейік. Ұрысса ұрыса берсін. Сабаса арқамызды төсейік. Мені Алла осы үйге келін болуды нәсіп етті. Апам дұрыс айтады. Өлігім осы үйден шығады. Қазір ме, әлде елу-алпыс жылдан кейін шыға ма, оны бір Аллам біледі.
− Түу, мен саған таң қаламын, әппағым, сенің жүрегің қандай үлкен, қандай мейірімді! Өзіңді ұрып-соғып жатқан адамға шаң жуытпайсың. Сенің орныңда басқа біреу болса мамамның бетін тырнап алар еді...
Әсия ханым осы жерден өтіп бара жатып жас жұбайлардың есігі ашық қалғанын байқап қалды. Олардың айтқан сөздердің бәрін естіді.Ұлының «сотқа берсем қайтеді?» дегеніне бір тұлданса, келінінің Әлиханның басын «айналдырған» маймөңкелеген сиқырлы сөздерін естіп одан сайын терісіне симай қатты ызаланды. «Ойпырмай, бұл не деген залым әйел? Тіптен мұның ұрғанын да сылап- сипап, өтірік мақтап баласын одан сайын сиқырлап жатыр. Кіріп тағы да шәт- шәлекейін шығарайын деп тұрды да, өзін әзер басып бөлмесіне кетті. «Мен сенің өлігіңді елу-алпыс жылдан кейін емес енді бір аптадан кейін шығаратын етемін» деп жолай небір қиянпұрыстық улы ойларды санасына өрмекшідей тоқып бара жатты.
Таңертең шай үстінде Әсия ханым ұлының жағасынан алғандай бірден сөз-шабуылын жасады.
− Міне, мына сенің қатыныңның біздің үйге келін болып түскеніне бір жылдан асты. Мынау дәрігердің қағазы. Бұл мына қатыныңның бедеу екендігін дәлелдейтін құжат. Мен мұны әдейі тексертіп, зерттеу жүргіздім. Балам,мұны қанша өліп-өшіп сүйсең де бізге бала туатын қатын керек. Кедей байғұстың үйінде қандай жағдай болсын? Суық, азынаған үйде дірдектеген он баланың бірі бұл! Әбден денесін суық алған. Емдеуге келмейді. Сондықтан бүгін- ертең ойлан. Біз әкеміз екеуміз ақылдасып мынауыңды үйіне апарып салғанды жөн көрдік, − деді ол күйеуіне «үндеме!» дегендей сұс көрсете қарап.
− Мен... мен... − деп ыңғайсызданған күйеуіне:
− Сен үндеме! Бұл мәселе осылай шешіледі! − деді Нұрболды тұқырта зілді үн қатып. Әлихан қарақат көздеріне жас толып төмен қараған Қаламқасты аяп кетті. Мамасының бұл сөзі шынында да Әлиханның жүрегіне пышақ сұққандай жаралап, жан дүниесін астан-кестең етті. Әзер дегенде есін жиып, ол мамасына жауап қатты.
− Мама, мен Қаламқасты шетелге апарып емдетемін. Аллам бізді далада қалдырмайды деп сенемін. Содан соң біз бір-бірімізді сүйеміз. Әрбір қиналған сайын, әрбір ауыртпалықтан кейін бірімізді біріміз жолда қаңғыртып тастап кете берер болсақ оның несі махаббат, оның несі адамдық? Мен Қаламқасты ешқашан тастамаймын. Егер ештеңе болмаған күнде бір жәутеңдеген жетім баланы асырап аламыз! − Папасы ұлының мына сөзіне ырза болды-ау деймін. «Браво! Браво! Міне, нағыз махаббат!»деп қолын шапалақтап жіберді. Әсия ханым күйеуі мен ұлының Қаламқасты қолдаған әрекеттеріне қатты долданды. Бірақ «шетелге апарып емдетемін» деген ұлының нық байламы оның жалған дайындаған құжатын тас-талқан ететінін бағамдаған сұңғыла әйел іштей үрейленді. Бірақ аяқ астынан бас көтерген үрейін сездірмей сөзінің бағытын бірден басқа бағытқа бұрды.
− Шетелге емдету сен ойлағандай оңай емес. Оған көп ақша керек. Мәселен менің артық жатқан ақшам далада шашылып жатқан жоқ. Онсыз да өткен жылы той жасаймыз деп отбасылық бюджетіміз орталанып қалды. Әрине, мен дәрігерлерден емдету жағын да сұрадым. Бізде қазір шетелдегі дәрігерлерден де мықтылар бар. Соларға шықтым. Сондықтан одан үмітіңді үз. Жетім бала асырау деген күлкілі ойың маған ұнамайды. Оған мен рұхсат бермеймін. Ал мен жұмысқа кеттім. Ойлан! Бедеу қатынға жабыса бергенді қой. Бұдан құтылуымыз керек!−Әсия ханым «Әңгіме осымен тәмам» дегендей жедел орнынан көтеріліп, есікке беттеді.
− Мама, Қаламқасты бәрібір емдетемін! − деді Әлихан оның соңынан айғайлап.
− Ұлым, ақша жөнінен қысылма! Мен көмектесемін, − деді папасы сыбырлай сөйлеп ұлының арқасынан қағып.
Бір сағатқа жетпей Әлиханды бастығы шақырып алып іссапарға жүретінін хабардар етті. Киімдерін үтіктеп дайындап жатқан Қаламқасын ол ұмытқан жоқ.
− Сенің ұнжырғаң түспесін. Қандай жағдай, қандай қиындық болса да мен сенің жаныңдамын, әппағым. Әлі-ақ емделіп, біздің үйде қарадомалақтарымыз жүгіріп жүретін болады. Бұл уақытша қиындық артта қалатынына сенемін. Бір Алламызға дұға етелік. Айтпақшы осы іссапардан оралған соң құдай қаласа мен де намазға құлаймын. Саған ұшақтан түсе сала қоңырау шаламын, − деді шаруасын істеп асығып жүрген Қаламқасын қоярда- қоймай құшағына тарта берді.
− Менің сұлуым, іссапарда жүргенде сені сағынатын болдым-ау!
− Әлитай, анамыз дұрыс айтады. Менен құтылғаныңыз абзал. Бала тумайтын әйел өнім бермейтін жеміс ағашымен тең. Бұрын өзіңіз білесіз бұл үйден кету дегенді ойламайтынмын. Мен сіздің бағыңызды байлағым келмейді. Біз бақытты ғұмыр кешкен кезде ғана мен бақыттымын. «Баласыз үй мазар» демекші сіздің отбасыңыздың тамырына балта шапқым келмейді...
Қаламқас жылап жіберді. Әлихан жұбатып әуре. Әзер дегенде барып сабырға келгендей болғанымен Қаламқас екіұдай ойда еді. «Кету керек» деген ой онда басымдау жатқаны анық болатын.
− Кету деген ойды көңіліңнен біржола өшір. Өтінемін сенен, жаным! Сенсіз мен де бұл үйде тұрғым келмейді. Өзіңсіз өмірімде мән жоқ. Бәрібір сені тауып аламын. Сен уәдеңді берші, кетпеймін деп? − Әлихан Қаламқастың көзіне көзін қадап осылай деді. Жан жарының қиылып айтқан сөзін қимай Қаламқас басын изеді.
Жұмыстан кеш келген Әсия ханым бірден Қаламқастың жатын бөлмесіне кірді. Келіні ұшып тұрып енесіне жік- жаппар болып жатыр.
− Апа, кешіріңіз, сабаққа дайындалып жатыр едім! Қарныңыз ашып келген шығар. Мен сізге тамақ дайындап қойдым, иншалла! Сіз киінгенше дастарханды жасаймын, − деді ол иіліп сәлем беріп.
− Тәбетім жоқ. Сенімен келісімге келейін деп кіріп тұрмын. − Әсия ханым келініне ызбармен қарап, сөзін де ызғарлы жеткізді. Қаламқас аң-таң.
− Қандай келісім? − деді естілер-естілмес етіп үн қатты.
− Мен білемін, сен менің ұлыма Әлиханға есеппен тұрмыс құрдың. Он бауырың бар. Соларды бағып-қағып өсіруің керек. Ол үшін көп ақша қажет екенін жақсы білемін. Сен айт маған. Қанша ақша керек? Елу мың доллар, әлде жүз мың доллар ма? Айт, қанша десең сонша беремін. Тек сен біздің үйден, баламның өмірінен біржола кет! Өзіңмен бірге мына діни кітаптарыңды және кітапханасымағыңды алып кетесің. Мынау келісімшарт, ертең екеуміз нотариусқа барамыз, ресми түрде бекітеміз. Қалай келісесің бе осыған, жүзіқара? − Әсия ханым келісімшарттардың қағаздарын үстел үстіне тастап, Қаламқасқа мысқылдай қарады.
Қаламқас енесінің мынадай зәрлі ойынан шошып кетті.
− Апатай, мен Алланың қалауымен, жүрегімнің сүйіспеншілігімен Әлитайға тұрмысқа шықтым. Ондай жаман ойым болған жоқ. Ақшаңыздың маған ешқандайда қажеті жоқ. Алланың атымен ант етемін, мен Әлитайды жанымнан артық сүйемін. Отағасым бақытты болса менде бақыттымын. Дәрігердің шешімінен кейін кетемін деп шештім. Бірақ Әлитай ол шешімімді қостамады. Бағана ешқайда кетпеуім жөнінде уәдемді алды. Ол уәдені бұза алмаймын. Әлитай іссапардан оралмайынша мен еш жаққа кетпеймін. Ал ақша жөнінде маған енді айтпаңыз. Кете қалсам бір тиын да алмаймын деп қазір жазып беруге даярмын! − Қаламқас қыстыға жылап жерге жүрелей отыра кетті.
− Өтірік көлгірсіме! Ақшаға қызықпайтын адам жоқ. Таңға дейін шешіміңді күтемін. Одан кейін бәрі кеш болады. Одан соң ақша да, тас та жоқ саған. Өміріңді одан сайын дозаққа айналдырып, тас-талқаныңды шығарамын, жүзіқара! Сені бұл үйден кетірмесем Әсия атым өшсін! Мә, мә саған! Мә саған! − Әсия ханым аяқ астынан жынданып Қаламқасты тепкілеп, аямай ұра бастады. Көп ұзамай аузы-басы қан-қан болған жас келіншек еденде сұлқ жатты.
− Өл! Өлгенің керек маған. Сендей жүзіқара, сиқырлы мыстаннан құтылсам той жасаймын! − деп сұлқ жаратқан келініне ешқандай жаны ашымастан бөлмеден қайқаңдап шығып бара жатты.
− Аллам, Аллам, мейірім- шапағаты мол жаратқан ием! Енемнің жүрегіне иман берші! − Есін жинап басын көтерген келіншек өзі шалажансар күйде жатса да осындай тілек айтып жатты. Сәлден соң Әлихан қоңырау шалды. Қаламқас жаны мен тән ауруын білдірмеуге тырысты. Даусының әлсіз шыққанынан сезіктенген Әлихан:
− Мамам сені тағы да ұрды ма? Айтшы, айтшы, шыныңды! – деді өтініп.
− Жо-жоқ, Әлитай! Аллаға шүкір, алаңдамаңыз, бәрі дұрыс. Апамды жаңа ғана тамақтандырдым. Ол кісі бүгін көңілді. Онан да өзіңіздің жағдайыңызды айтыңызшы? Іссапар қалай болып жатыр? − Осы сәт Қаламқастың әлсіздігі басылып, денесіне ерекше күш-қайрат ене бастағанын сезді. Сап-сау адамдай күйеуімен шүйіркелесе әңгімелесті.
Таңертең атасы келіні орамалымен қаншама көлегейлесе де оның бетінің көгергенін байқап қалды да, басын шайқап қатты ашуланды.
− Келінжан-ау, сені кім ұрды? Бұл не деген сұмдық! Мен бүгін жұмыстан кейін апаңмен қатаң сөйлесемін, − деді гүрілдей сөйлеп. Қаламқас атасының қатты ашуланғанын көріп шошып кетті.
− Өзім байқаусызда құлап қалдым. Ататай, апама ұрыспаңызшы. Қарсы сөйлеген өзім кінәлімін! − Қаламқас осылай шыр-шыр ете ешкімге айтпайтыны жөнінде атасының уәдесін алды. Күндіз апасы Қаламқасқа қоңырау шалып, шешімін айтуды бұйырды. Қаламқас ойынан қайтпайтынын, ақшаға сатылмайтынын айтқанда, ол ашуланып трубканы тарс еткізіп қоя салды.
− Мен саған көрсетемін, ақымақ! Өміріңмен қоштаса бер! − деп орысшалап зілдене сөйлеп. Қолдары қалтырап, жүзі түтігіп, көздері шақырайған күйі құпия есіктен далаға асыға шығып, машинасымен бір жаққа барып келді. Көп ұзамай оған қап- қара киінген біреу қорапша әкеліп берді. Бұл қорапшада улы жылан бүктетіліп жатқан болатын...
Түннің бір уағында Қаламқас өзінен өзі шошып оянды. Біреу түртіп оятып жібергендей болды. Сол сәтте «ыс-с» ете қалған бала кезіндегі таныс та, ызғарлы үн шықты. Бойын қорқыныш, үрей билегені соншама кешегі енесінің тепкісінен, жұдырығынан денесіне түскен жарақаттарға қарамай ұшып тұрып, көзді ашып-жұмғаннан төсегінен секіріп түсті. Қаламқастың туған жері нағыз құмды өлке болатын. Әкесі қой бағатын. Бауырларының ішіндегі ең үлкені болғандықтан Қаламқас жазғы каникулында үнемі әкесіне көмектесетін. Аттың құлағында ойнайтын қағілез қыз мұндағы табиғаттың тосын мінездеріне қай кезде де дайын болушы еді. Әсіресе сахарада улы жыландардың неше түрі өріп жүретін. Әкесі жыландар қанша суық болғанмен олардың адамнан қорқатынын, сондықтан олармен кездескенде сабыр сақтап саспауды үйретті. Сондай-ақ егер аяқ астынан жылан шабуыл жасай қалса оны қалай ұстап, улы тісін қалай қағудың әдістерін меңгертті.
Шамды жарқ еткізіп жандырғанда Қаламқас төсегінің шетінде ирелеңдеп жылжып келе жатқан сұп-сұр жыланды көрді. Тілі жалаң-жалаң еткен сұсты жылан шамның жарығынан басын оқшырайта көтеріп Қаламқасқа ежірейе қарады. Келіншек есін тез жинап алды. Жыланның жылт-жылт еткен көзінен көзін алмаған күйі тозаң жұтқыштың сүйеулі тұрған таяғын алды да, оның ұшына шүберекті байлады. Еш саспастан оны жыланның басына жақындатты. Сол сәтте жылан «ыс-с!» ете байланған шүберекке тісін қадады. Сәл ғана кідірген келіншек таяқты қиқаң еткізе бұрап жіберді. Оқшырайған жылан сылқ ете сұлап түсті. Қаламқас қолына қолғап киіп, жыланды ирелеңдетіп пәкетке салып, аузын буып тастады. Іссапардағы Әлиханға бұл оқиға туралы тіс жарып ештеңе демеді.
... Әсия ханым түнімен дөңбекшіп ұйықтамады десе де болады. Улы жыланды келінінің ұйқы бөлмесіне жіберуін жібергенмен іштей қуыстанып жатты. Ертең бұл күнәсі ашылып, абыройы айрандай төгілсе ше? «Мейлі! Зұлым келінімнен құтылсам болды» деді ол осы сөздерді бірнеше мәрте тістене қайталап. Таң алдында тұрып келінінің есігі алдына тұрып тың тыңдады. «Өлі ме, тірі ме?» Кіруге қорықты. Жылан алдынан шыға келетіндей көрінді. Жаны тәтті-ақ! Таңертең көзі ілініп кетіпті... Келіні бір пәрнек шәйді салып бұған жақындап келіпті. Кенет пәрнектің қақпағы ашылып кетіп, аржағынан жылан сопаң етіп шыға келсін! Келіні әлгі жыланға мейіріммен қарап ыржиып күліп тұр. Ал бұның зәресі зәр түбіне кетті. Жылан пәрнектің аузынан шұбатыла шығып алды да, сонсоң бұған қарай жайлап жақындап келе жатты. Әне, әп-сәтте жыланның ирелеңдеген денесі мұның жан- жағынан арқан сияқты орай бастады. Біттім ғой деп ойлаған. Қайдан пайда болғаны белгісіз, бір көзін ашса жылан әдемі алқызыл гүлді тістеп алыпты. Келіні сияқты ол да күлімдейді. Мұндай да мейірімді жылан болады екен-ау. Әлгі гүлді өзіне ұсынғандай бейне. Таң қалды. Қорқынышы басылды. Іштей әлденеге ұялып, жыланның ұсынған гүліне қолын соза берді. Сол кезде келіні:
− Апа! Апатай! Жұмысқа кешіктіңіз ғой,−деді жылы, қамқор үнмен. Оянып кетіпті. Түсі ме, өңі ме? Есіктен келіні қарап тұр! Қатты қорқып кетті. Ол... ол... өлген еді ғой. Ал ол болса сап-сау, есіктен сығалай қарайды. Басын шайқап-шайқап жіберді. Түсі шығар бұл. Жо-жоқ, өңі! Арам да зұлым ойының жүзеге аспағанына әдеттегідей қатты долданды. Басын жастықтан жұлып алды.
− Неменеге бағжиып тұрсың? Рұқсатсыз неге қарайсың? − деп зіркілдей ұрысып, шәңк-шәңк етті. Сағатына қараса, масқара.. Оннан кетіпті! Аса маңызды жиналысы бар еді. Апыл-ғұпыл киіне бастады. Бірақ ойынан әлгі жылан мен түсінде гүл ұсынған алып жылан кетпей қойды. Бұл қалай тірі қалған? Жылан бағушының айтуынша ол мақұлық нағыз кісі өлтіріге бейімделген, үйретілген. Басын қайта-қайта шайқады. Үйден шығуға беттегенде:
− Апашым! Шәйіңізді ішпейсіз бе? Қарныңыз ашады ғой, − деді келіні тағы да елжірей қарап.
− Жаның ашымай-ақ қойсын сенің. Желімдей жабысып немене, менің соңымнан қалмайсың? − Есікті ашулана тарс ете жауып ол шығып кетті.
Әлихан іссапардан келген соң Қаламқас түнгі оқиғаны бүге-шігесіне дейін айтып берді. Бірақ бұл жөнінде атасы мен енесіне айтпағанын жеткізді. Себебі қорқып кетер деп ойлаған.Әлихан дорбада бүк түсіп жатқан жыланды көріп қатты шошыды.
− Мұны кім әкелген? Сен не деген батырсың, жаным. Мен болсам жүрегім жарылып кетер ме, кім білсін. − Ол жарын құшақтап бетінен, көзінен үздіге сүйіп-сүйіп алды.
− Мен де қорықтым. Сен білесің бе, менің ең қорыққан нәрсем не екенін? − Әлихан басын шайқады.
− Сіздің болмағаныңыз қандай жақсы болды. Әйтпесе кім білсін сізді шағып алса мен қалай өмір сүремін? Менің қорыққаным сол!
− Ой, әппағым менің! Мен сендей жарым болғанына мақтанамын. Өзің туралы ойламай менің өмірімді ойлағаның қандай тамаша! Алайда бұл бізге жасалған қастандық па деп ойлап тұрмын. Әйтпесе жылан түгілі тышқан кіре алмайтын үйге ол қалай кірген? Жүр, апам мен папама барайық. − Дорбаны көтере-мөтере Қаламқастың қарсылығына қарамай сүйрей-мүйрей Әлихан холда теледидар көріп отырған әке-шешесіне жетіп келді.
− Мама, мына пәлені біздің бөлмемізге жіберген кім? − деді аузы байланған дорбаны мамасының алдына қойып.
− Ол не пәле? – деді жайбарақат отырған мамасы таң қалып.
− Мына жыланды менің жоғымды пайдаланған біреу біздің бөлмемізге жіберіпті. Шақса өлтіретін еді. Бірақ менің батыр келіншегім еш саспастан оның улы тісін сындырып, залалсыздандырған.
− Жылан! Шынында да ол қайдан келген?−деп қалғып отырған папасы ұшып тұрып, айқайлап жіберді. Мамасы сасып қалғандай көрінді.
− Ол мүмкін емес. Жыланы несі? − Шошып кеткен сыңай танытып Әсия ханым дорба тұрған жерден аяғын жинап ала қойды.
− Біз өтірік алдап отырған жоқпыз. Мынау факті. Қаламқас ешуақытта алдамайды. Мұны аяқсыз қалдырмау керек. Полиция шақыртамын, тексертемін! Әбден ашуланған Әлихан өрекпи сөйлеп қызуқандылық танытты. Әп-сәтте есін жинап үлгірген әккі Әсия жыланның қайда кеткенін білмей кешеден ойы сан- саққа кетіп жүрген.
− Өмірі сен қатыныңа шаң жуытпайсың. Бұл өтірік! − дей салды мынадай кішкентай келіншектің улы да қорқынышты жыланды залалсыздандырғанына әрі сенбей, әрі таң қалып. Бірақ сенбейін десе бұл пәлені өзі жіберді ғой.
− Әкет, мына пәлені. Бізді шағып алар! − Әсел ханым бір жағынан қорқып, үрейленіп дорбаға қарай берді.
− Қорықпаңыз апа. Мен кезінде қойшының қызы болғанмын. Сол кезде әкем жыланның тісін қалай алып тастаудың әдісін үйреткен. Аллам сақтады. Оның таныс ысылдаған үнінен оянып кеттім. Бұл өтірік емес, − деп Қаламқас сөзін дәлелдегісі келгендей тез қимылдап дорбаның аузын ашып, көзді ашып-жұмғанша жыланды жалаңаш қолымен салақтатып суырып алды. «Ойбай!» деп қорыққаннан енесі айқайға басты. Атасы үрейленіп көзі атыздай болып шегініп кетті. Әлихан мәз. Келіншегінің батырлығына масаттанып тұр.
− Әкет! Әкет! Мынау адам емес дию шығар... − Енесі жедел ұшып тұрды да, анадай жерге барып әзер тоқтады.
− Әлитай! Бізге полиция шақырудың қажеті жоқ. Біздің апама, атама, үйге, онда ұят болады. Егер бізге зұлымдық жасаса, ол адамның жазасын бір Алла берсін! − Қаламқастың бұл сөзі енесінің көңіл-күйін одан сайын бұзды.
− Сен келгелі үйімізде маза жоқ. Енді мынау не сұмдық! Үйден жылан шыққаны несі? Сен кетсең бір тынышталып қалар едік, − деп Әсия ханым анадай жерден бұрқылдап бұрынғы әуеніне салып еді, оны күйеуі орта белден үзіп жіберді.
− Әсия ханым! Сіз өте қатты қателесесіз, − деді ол гүр ете. − Қаламқас келінім келгелі үйімізге жылылық келді. Сен сол баяғы көлеңкелі сәттеріңді аңсайсың. Жыланды мұнда әкелген арнайы адам бар. Ол дұшпанды біз таппасақ ертең айдаһарды да әкелуі мүмкін. Әсия, келінге сөз тигізгенді, ұрғаныңды қой. Сен мәдениетті әйелсің. Министр атың бар. Мына қарашы келінімнің бетін, денесін. Көкпеңбек! Оны сен ұрдың. Мен оны көріп қойғанымда келінім «Құлап қалдым» деді жасырып. «Апама ұрыспаңызшы. Оған мен кінәлімін» деді сені шырылдап қорғап. Ол сені қорғайды. Ал сен болсаң жақсылыққа жамандық жасайсың. Зұлым келін емес, сенсің!
− Мама! Папам дұрыс айтады. Келініңіз сізді ешқашан жамандаған емес. Бірнеше рет ұрып-соқтыңыз. Бірақ Қаламқас ол жөнінде сізге айтпа деп жалынды. Бұл жолы да үндемегенмін.Папам айтқан соң ғана барып шыдамадым. Жалпы менің әйелімді сіздің ұруға қақыңыз жоқ. Тоқтатыңыз. Енді сабасаңыз...
− Иә, иә, енді сабасам не істейсің? – деп мамасы шыдамай долы мінезбен Әлиханның сөзін үзіп жіберді. − Сотқа бересің бе? Бер, бер сотқа анаңды! Мынау ауылбайский бедеу, бала таппайтын қатын сендердің бәріңді сиқырлап қойған. Ол бұл жерде қандай залым оймен жүргенін білесіңдер ме? Зымиян мыстан қатын мына байлықтан өзінің үлесін алып, анау кедей бауырларына жұмсамақ. Аңқаусыңдар сендер! Көздерің соқыр болып қалған!
Әсия ханым бұрылып кете беріп еді, Қаламқас шыдамады.
− Апа, апатай! Маған дүниенің бес тиынға қажеті жоқ. Мен Әлитайды, сіздің ұлыңызды сүйемін. Бала болмайды деген соң кетейін дегенмін. Әлитай жібермеді. Мен құдай қосқан күйеуіме ешқашан қарсы келмеймін ғой...
Әсия бұл сөздерді естісе де естімегенсіп жұлқына жүріп кете барды.
Бәрі де қалпына келгендей біразға дейін үйде мамыражай тыныштық орнағанмен Әсия ханым бәрібір Қаламқасқа жоқ жерден тиісіп күн көрсетпейтін. Өздеріңіз білесіздер Қаламқасқа Әлихан шағын қызыл машина сатып әперген болатын.
Қызыл машинасымен Қаламқас зырылдатып діттеген жеріне баруды кәдімгідей үйреніп қалған. Бірде колледждегі сабағына асығып кетіп бара жатты. Кенет көлденең жатқан көшеден алып Камаз жолға шыға келсін. Жай ғана шықпай тура қиылысына қалт тұра қалды. Қаламқас әйтеуір тежегішін әзер басып үлгерді. Әйтпесе алып машинаның астына түсіп о дүниеге бір-ақ сапар шегер ме еді кім білсін. Көпке дейін есін жинай алмай отырып қалды. Сәл есін жиған соң Әлиханға қоңырау шалды. Ол келем дегенше әлгі көлік алды-артына қарамай зытып жоқ болды.
− Жаным, байқап жүр. Қатты айдамашы! − деді Әлихан қорқыныштан жылап тұрған келіншегін құшақтап. − Ондай-ондай оңбағандар қазір көп. Тек машинаның нөмірін жазып алуың қажет еді. Мұндайда полицияға хабарлап таптырып, оны жазалатар едік. Әйтеуір аман қалдың. Шүкір, Аллаға!
Көп ұзамай тағы да болған қорқынышты жағдай Қаламқасты біреулердің қасақана апатқа ұшыратқысы келіп жүргенін Әлихан сезгендей болды. Қаламқас колледжге кетіп бара жатты. Көлденең көшеден шыға келген өңкиген джип машинасына ол алғашқыда мән бермеді. Ол тура арт жағынан кимелеп келді де, байқамағансып машинасының артынан сүзіп жібергендей болды. Асығып бара жатқан келіншек оған да көңіл бөлмеді. Бірақ ол машина бұған қуып жетіп жанамалап жақындап келді де, мұны бүйірімен оңдырмай соқты. Қаламқас қатты қорқып кетті. Жылдамдығын бәсеңдетіп кейіндеп қалғысы келіп еді, анау да жабысып тағы да бүйірімен жолдың шетіне қарай мұны тықсыра бастады. Енді аунадым-ау дегенде «Аллам, Аллам құтқаршы!» деп бұл айқайлап жіберді. Іштей кәлимасын де айтып үлгерді. Ар жағын білмейді, есінен танып қалыпты. Есін жиса машинасы тура жолдың жиегінде қисайып тұр екен. Әлгі тықсырған джип машинасы зым-зия жоқ.
− Қарындасым, есіңді жи! Қорықпа, аман қалдың. Ана зұлым сені өлтірмек болды. Әйтеуір құдай сақтады. − Машинаның есігінен мұртты аға бұған үңіле қарап осылай дегенін естіді. Қаламқас жылап жіберді.
− Жылама, қарындасым, ең бастысы аман қалдың. Кәне, жайлап шық! Ойпырмай, мынау сайға машинаң домалағанда аман қалмайтын едің. Кәне, шыға ғой. – Аяқ-қолы, бүкіл денесі дір-дір еткен Қаламқас әзер шықты. Бейтаныс аға қолтығынан демеп оны жолдың жиегіне апарып отырғызды. Өзі мұның машинасын қайта от алдырып, зор шеберлікпен ақырын жолға шығарды.
− Ағатай, сізге рақмет! Алла разы болсын! Мен шынында да бір өлімнен қалдым. Қазір күйеуіме қоңырау шалайын, − деді Қаламқас әзер сөйлеп.
− Иә, ол саған ерегісіп, жауығып жүрген қарау жан. Сенің машинаңды тықсырып бара жатқанда мен жеттім. Машинаңды домалатуға үлгермеді, оңбаған. Айқайладым. «Әй, зұлым, кет, Қазір полицияға телефон соғамын» дедім мен оның машинасына жанамалай тоқтап. Машинада нөмір де жоқ. Шопыры бетін қара пердемен жауып алған. Киллер бұған алдын ала дайындалған. Біреу тапсырыс берген. Сені тастай сала зытып берді...
Әлихан тез жетті. Жаңағы аға екеуі дереу полицияға хабарлады.
− Қаламқас, сені біреу өлтіргісі келіп жүр. Кім, кім ол? Сенен оған не керек? Мен оны қайтсем де табамын. Қорықпа, жаным! Бұдан былай қызыл машинаны үйге қой. Баратын жеріңе енді өзім жеткізіп отырамын...
***
Әсия ханым әлсіз де бейшара жанның соншалықты жолы болғыштығына таң қалды. Әйтпесе Қаламқас кім, бұл кім? Бірақ осыншама алып бола тұрып шыбын тәрізді оны мыжып тастағысы келгенмен қауқары жетпей отыр. Оны үйден кетірудің небір амалын жасаса да, ол желімдей жабысып кетер емес. Енді одан өлтіріп құтылайын десе балықтай қолынан сусып кетті бірнеше рет. Енді не істейді? Соңғы кездері келініне ерегесіп, кектеніп алғаны соншама жұмысынан да береке кетті. Қан қысымы да қайта-қайта көтеріліп, жүрегіне біреу біз сұғып алғандай күйге жиі-жиі ұшырап жүр. Дәрігерге қаралып еді «Жүйкеңіз тозған. Бүйтіп жүре берсеңіз, өліп кетуіңіз де мүмкін» деп ескертті. «Мынау залым мыстан келін мені өлтіретін болды-ау» деп жеке қалғанда әкесі өлгендей күрсіне беретін болды.
Бүгін ректор досы Галя үйіне қонаққа шақырды. Оның баласы үйленгелі баруға қолы тимей жүрген. Күн демалыс болатын. «Барайын, ақылдасайын Галямен. Бәлкім, бір жақсы кеңес беріп қалар» деп ойлады бұл. Сағат он екіден асқанда әзер жетті. Олардың да тау баурайында алып үйі бар. Галя мұны құшақ жая қарсы алды. Бірақ оның жүзінен бір мұң көргендей болды. Дастархан басында екеуі ғана.
− Келінің, балаң үйде ме? – деп сұрады бұл.
− Үйде ғой. Қазір ұйықтап жатыр.
− Ұйықтап?! Осы уақытқа дейін ұйықтай ма сонда? – деді Әсия ханым таң атпай тұратын келіні есіне оралып.
− Иә, олардың күндегі әдеті осы. Оятсаң ренжиді. Қазір баламды оятып көрейінші. – Адуын құрбысы амал жоқтықтан қорғалақтап, жалтақтап сөйледі.
− Ояттым. Бірақ тұра ма, тұрмай ма белгісіз. – Галя шынында да қуыстана қорқа сөйлегендей бейне.
− Келінің оның жанында ма? Ұрсып тұрғызбайсың ба? Менің келінім таң атпай тұрып ыстық тамақ істеп, дастархан жайып қояды. Үйдегі тіршіліктің бәрін өзі істейді. – Әсия ханым өзінен-өзі мақтанып, еріксіз келінін мақтап сөйлеп отырғанына таң қалды.
− Ойпырмай, а? Менің келінім қатігез. Мені сабап жіберуден де тайынбайды. Ә десең, мә дейді. Оған балам қосылады. Ашуланып бірде ұрсып едім, әке-шешесі келіп мені сотқа беретін болды. Қазір үндемеймін. Осы үйдің келіні мен сияқтымын... – Галя жыламсырады. Осы кезде баласы шашы дода-дода болып есіктен кіріп келе жатты.
− Мама, мені таң атпай оятқаның не? Надюша да ренжіп жатыр. Немене соншама! Кеше біз рестораннан кеш келгенімізді білесің. Ой, ой, басым-ай! – деді орысшалап.
− Әсия тәтеңе неге сәлем бермейсің?
− А-а, привет! – деді ол самарқау. – Қазір Надюшатай келеді. Кофесін қайнаттың ба? Ол қоюын ұнататынын білесің ғой. Шамалы бас жазатынды да әкел.
− Қазір, қазір, балам. Бәрін жасаймын. Бүгін аспазшымыз ауырып қалыпты. – Әсия ханым Галя құрбысын танымай дал. Байғұс қалбалақтап кофе қайната бастады.
− Өзі неге қайнатпайды? Ол осы үйдің келіні емес пе? – деп Әсия үйіндегідей өкіреңдеп келе жатыр еді, Галя бұған ұлының көзін ала беріп басын шайқап, саусағымен ернін жапты.
− О-о, Надюшатай келе жатыр! – Ұлы ұшып тұрып есікке ұмтылды. Таралмаған шашы дода-дода болған, бет-аузы бояу-бояу, қысқа шортикпен, кеудесі ашық-шашық іш киіммен жас келіншек есіктен енгенде күйеуі оны жаңа көргендей ернінен, бетінен шолпылдата сүйді. Ол да қалысар емес.
− Мама, тездет! Көріп отырсың ғой, Надюшатайдың басы ауырып тұр. – Күйеуі әйелінің айналасында безек қағып, оны жетектеп әкеліп орындыққа отырғызды. Есінеп-құсынаған келін әппақ саны жалтырап, емшегі жартылай ашылып мұны адам ретінде көрген жоқ. Галя келініне «Сәлем бер» деп айта алмаған күйі кофені қайнатып келінінің алдына қойды.
− Надюшатай, мына кісі менің досым. Аликтің мамасы, − деді қайта баласы ерлік жасап.
− Иә-ә, − деді орысша сөзді даусы қырылдай созып. − Алик, Алик, есімде жоқ. Ой, басым-ай, қатты ауырып тұр. Тимур,біз түнде қатты сілтеп жіберіппіз.
− Мама, мен саған не дедім? − деп Тимур қатты зілмен сөйлеп. − Басты жазатынды дайындап қой деген жоқпын ба?
− Иә, иә, міне, мінеки! − Үстелдің үстінде тұрған вискидің бөтелкесін Галя стақанға тез-тез құя бастады.
− Уф-ф! − Келінінің әлгіні көз ілеспес жылдамдықпен тартып жіберіп, осындай анайы дыбыс шығарғаны Әсия ханымның зығырданын қайнатты. Құрбысының бейшара халы, баласы мен келінінің анайылығы, дөрекілігі, тәрбиесіздігі Әсия ханымның миына сыймады. Ауа жетпегендей қылғынып бара жатқандай сезінді. Орнынан ұшып тұрды.
− Галя, менің денсаулығым онша болыңқырамай тұр,−деді сөздерін бөліп айтып.
− Әсияш, неге асықтың? Сені қатты сағындым. Әңгімелесіп шерімізді де тарқатпадық. − Галя жөпелдемете сөйлеп әлсіз қарсылық танытты. Қоштасарда ол бұлай деді.
− Кешір, Әсияш! Мен келін алған жоқпын. Қолтырауын алған екенмін. Оған балам қосылып алып менің бұрынғы еркелігімді, серкелігімді табандарына таптап жіберді. Біз батыстық, орыстық тәрбие көргендерді аңсаушы едік қой. Біз осындай келіндерді мәртебе, мақтаныш санайтынбыз. Онымыз қате екен. Өзіміздің қазақы тәрбие алған қыздарымызға ешкім жетпейді. Әттең, әттең-ай! Саған құдай беріпті. Көптен бері саған айтайын дегенім осы болатын. Келініңнің қадірін біл! Ол кетіп қалса, ертең өкінесің, өкінесің, Әсияш! Мен сияқты қателеспеші енді, құрбым! − Галя еңкілдеп жылап жіберді. Неге екені белгісіз жүрегі аузына тығылып, көкірегі қарс айрылып бұл да жылады! Қос құрбы құшақтарын әрең жазды.
Әсия ханым жол бойына өз өзіне ие бола алсашы. Алпыс екі тамыры иіп, жан жүйкесі босап жыласын, жыласын келіп! Көкірек сарайына орналасқан сіреу мұз мүжіле еріп, көзінен жас болып төгіліп жатқандай. У жас төгілген сайын үнемі көкірегін бұлтқа көтерген тәкаппарлықтың да еңсесі түсіп, мұның да басын жерге тұқырайта ие берген сияқты көрінді. Ол у жас мұны соқыр еткен шелді де сыпырып, жан- жағы бұрынғыдай күңгірт емес, өз бояуымен жарқырап көріне бастағандай. Әсіресе бұрын үнемі өш алғыш жау сияқты көрінетін келінінің жүзі жарқырап, күлімдеп, нұр шашып тура алдына келіп көлденеңдей берді. «Апа, апатай!» деген оның дауысы бұрын мұны мазақтағандай, тас жүрегін инемен сұққандай естілетін болса, енді көктемгі самал желдей желпіп рахатқа батырғандай ма өзі. Оның әрбір жасаған берекелі ісі, еңбекқорлығы, инабаттылығы, кішіпейілдігі, енді ғана самсап бірінен соң бірі кино лентасындай көз алдынан тізбектеле өтіп, жан сарайының қақпасын одан сайын аша түсті. Бұл оны ащы сөзбен де, таяқпен де қанша азаптағанмен соған шыдаған қаршадай жанның көнбістігі, сонда да бұған шаң жуытпай қорғайтыны, мұның зұлымдығына кешіріммен қарайтыны, осы арқылы өзі келін болып түскен отбасының мәртебесін жан-тәнімен биікке көтеретіні бәрі-бәрі көз алдынан өтіп жатты. Өзінің соңғы жылдан аса уақыт ішінде келініне жасаған сан зұлымдықтары, теперіштері, залымдықтары да есіне түскен сайын ұяты оянып, көңіл дөненінің ар қамшысы осқылап, жүрегі ине сұққандай шабақталды.
Иә, ол үйге жеткенше жылады. Осы аз ғана уақыт ішінде оның жан дүниесі түбегейлі өзгеріп, көзқарасы жүз сексен градусқа бұрылып, мүлдем өзге адамға айналды. Қаламқастың «Я, Аллам! Апамның жүрегіне иман бере гөр!» деген игі тілегі қабыл болды. Әсия ханымның үйге кірерде жаққан бояулары улы жаспен еріп, бет-ауызы әбден әлеміштенген еді. Оның дәл қазіргі ойы бар шындықты айтып келінінен кешірім сұрау еді. Оның жылаған түріне, күндегідей тәкаппарлана көкірегін көтермей, кердеңдемей кіргеніне қызметшілері таң қалды.
Қаламқас күндегідей асханада күйбеңдеп түскі ас дайындап жүрген. «Қарным ашты. Бір жағынан сені сағынып кеттім!» деп арсалаңдап Әлиханы келгенде «Сәл шыдаңызшы, отағасым. Әкем де келе жатыр. Бірге отырып тамақтанамыз» деді күйеуін еркелете Қаламқас. «Апам қайда? Е-е, айтпақшы ол Галя тәтеміздің үйіне қонаққа кеткен» деп Әлихан айта беріп еді апасының аңырап жылап келе жатқаны естіліп, екеуі таң- тамаша болып аңырайып тұра қалды. Бір жағынан үрейленді. Апасы асханаға енгенде шынында да ол жылап тұрған болатын. Бет аузы айғыз-айғыз. Ауылдың қарапайым әйеліне ұқсайды.
− Апа! Апатай, сізге не болды? Сізге біреу тиісті ме? − деп ұлы да, келіні де жік- жаппар болып қарсы алуы Әсия ханымның көңілін одан сайын босатты. Білегіндегі сөмкісін лақтырып жіберіп апалары тура келінінің алдына барды да, тізерлеп отыра қалсын! Тек отырмай әп-сәтте келінінің аяғына жығылып, маңдайын тіреді.
− Кешір, кешір мені, Қаламқасжан! Мына бейбақ анаңды кешірші, құлыным! − деп зарлы дауыспен айтқан сөздеріне, мына жасаған миға симайтын оқыс әрекетіне алғашқыда түсінбеген Қаламқас қатты ыңғайсызданып өзі де бүгіле отырды да, апасының аяғын сүзген басын нәзік қолдарымен көтергісі келді.
− Апатай, мұныңыз не? Басыңызды көтеріңізші! Мен нені кешіруім керек? Сіздің ешқандай кінәңіз жоқ, анашым! − деп Қаламқас шыр-шыр етті.
− Жо-жоқ, мен зұлыммын! Мен күнәһармын! Мен қап-қара қылмыс, күнә батпағына батқан нағыз қанішер, залым адаммын! Менің істеген күнәларымнан өзім шошимын. Мен саған келінжан, көп қиянат, азап көрсеттім. Кешірші, айналайын! − Тұрмақ түгілі Қаламқастың аяғын тас қып ұстап жібермей тарғыл-тарғыл дауысымен бүкіл үйді басына көтерді. Жоғарыда өз бөлмесінен шығып келе жатқан Нұрбол бұл зарлы жылаған үнді естіп тапырақтап асханаға жүгіріп келді. Өмірбақи кеудесін ешкімге бастырмайтын өктем, тәкаппар әйелінің мына істеп жатқаны миына симай ол да таң қала қалт тұрып қалды.
− Мама, тұрыңызшы! Мынауыңыз ұят қой. Келініңіз қатты ыңғайсызданып отыр. Тұрыңызшы, басыңызды көтеріңізші! − деп Әлихан да Қаламқастың аяғын ұстап қарысқан анасының қолын айыра алмай әуре.
− Мамаларыңа аяқ астынан не болған? Түс көрген жоқ па екен? Әлде жынданды ма? − Нұрбол күректей қолдарын жая басын шайқай береді.
− Мен арсызбын! Мен ұятсызбын! Келінжан, сені гепатитпен ауырды деп өтірік құжат жасатқан да, оқудан шығартқан да менмін. Әлиханды іссапарға аттандырып, жыланды да сен өлсін деп жіберген жан алдыңда жатыр. Киллер жалдап қызыл машинаңды жүк машинасы астына түсіртуге әрекет еткен, сені машинаңмен бірге құзға домалатып өлтірмекші болған зұлым да менмін! Тіптен сен жүкті болмасын деп үнемі тамағыңа дәрі қосып өз ұрпағымды тұздай құртуды мақсат еткен қараниет жан, қатігез ана менмін! Менің жер басып жүруге қақым жоқ! Кешір, кешірші, күнім! Мен сенің қадіріңді, адамгершілігіңді, адал жан, асыл жар екеніңді, кішіпейіл, иманды келінің екеніңді, біздің үйімізге бақыт гүлі болып келгеніңді енді білдім. Бүкіл халықты басқарып, оның мұң- зарын тыңдайтын әділ де адал министр болудың орнына еліме қайғы -қасірет әкелген, оның байлық-қазынасын тонаған, бұқараға менменсіп, тәкаппар түрде қараған, өз ұлтының дінін, тілін, салт- дәстүрлерін менсінбеген мендей адамды соттау керек! Мен енді ешкімнен, ештеңеден қорықпаймын. Тек Алладан қорқамын! Осы жасаған күнәларым үшін Жаратқаннан кешірім сұраймын, келінім, сенен кешірім өтінемін! Кешір, кешірші, көкетайым!
Тарғыл-тарғыл даусы дарқырай шығып жылаған Әсия ханым шынында да шашы дода-додасы шығып, министрден гөрі мүсәпір, әлсіз, қауқарсыз қарапайым әйелге ұқсаған да қалған. Арасында сөйлегенде болмаса жылауын үдетпесе бәсеңдететін емес. Үй-іші яғни күйеуі, баласы, келіні жабылып оны тоқтата алмай дал болды.
− Апа, апатай, мен бәрін кешірдім! Аллам сізді кешіріміне, қамқорлығына алып, сүйікті құлына айналдыруды нәсіп етсін. Тек орныныздан тұрыңызшы! Сіздің менің аяғымды құшып жатқаныңыз бізге ұят. Тұрыңызшы апатай, бәрін, бәрін кешірдім. Аллам да тәубесіне келіп, шын жүрекпен кешірім сұрағандарды кешіреді, − деген Қаламқас еңкейіп енесінің бетінен сүйді.Осы сәтте ғана Әсия ханым ұшып тұрып келінін құшақтай алды.
− Шын ба, шын ба, айналайын көкешім? Қадіріңді енді білдім, келінжан! Бізді тастамашы. Менің ұлыма өмірбақи қамқор болшы. Уәде бересің ғой, құлыным? Уәде берші! − деп ол келінінің бетінен қайта-қайта сүйді.
− Әрине, уәде беремін, апатай. Мен сіздің ұлыңызды жанымдай сүйемін ғой. Сізді де, әкемді де жақсы көремін...
Енесі де, келіні де, ұлы да, тіптен бұл жан тебірентерлік сәтте әкесі де қосыла жылап тұрған еді...
***
Әсия ханым төсек тартып үш күн, үш түн сұлқ жатты. Осы уақыт ішінде жік- жаппар болып енесінің қас- қабағына қараған келінінің қолынан аздап сусын ішкені болмаса нәр татқан жоқ. Көбінесе қыстығып жылай беретін. Жастығының астына Құран кәрім кітабын қойып, түні бойына маңдайына, кеудесіне басып Жаратушы иесінен кешірім сұрайтын үнемі. Төртінші күні тұрып еді, әлсіздіктен құлап қала жаздады. Қаламқастың жанынан табылғаны абырой болды.
− Түсімде әлгі жыланды жиі көремін. Ылғи ысылдап мені шаққалы жатады. Ұйықтатпайды түгі, − деді бірде келінінен сыр жасырмай. Қаламқас енесін асханаға әкеліп тамақ беріп әлдендірді. Содан соң ваннаға отырғызып жуындырып, шашын тарап берді. Апасы дән риза. Бұрынғыдай емес. Апасының мінезі жүп-жұмсақ. Аузынан бисмилласы түспейді.
− Айналайын, әппақ келінімнен! Бақытты бол! − деп еміреніп Қаламқасқа қайта-қайта батасын берді. Киініп жұмысына кетті. Бірақ кетуінен келуі тез болды.
− Министр болудан бас тарттым, − деді Әсия ханым келіні мен баласына.
− Енді қарапайым бір жұмысқа орналасамын. Бәлкім бұрынғы ұстаздық жұмысыма қайта оралармын.
Әлихан мен Қаламқас тағы да таң қалды. Олар бірнәрсе дегенше күлімдеген күйі Әсия ханым сөзін жалғастырды.
− Мен енді келінімнің шәкірті боламын. Біртін бірге намазға құлаймын. Қаламқас айтпақшы, құда мен құдағиды үйге шақырып қонақ етейік. Бауырларыңа қандай қаржылай көмек керек? Оны да ұмытпа! Бірден кесіп айтамын. Біз бір отбасымыз, бір әулетпіз, Қаламқас ханым! Сіздің қарсылығыңыз қабылданбайды. Халал асханамызды қайта ашайық. Бастық өзің боласың. Жетімдерге, жоқ -жітік адамдарға жұма күні тегін тамақ берсек, Қаламқас ханым. Әрине, тек сіздің рұқсатыңызбен! Әлиханжан, әкең екеуің отбасымызға орташа үй іздесек. Ал мына дәу үйді балабақша етелік. Жағдайы жоқ отбасылардың сәбилерін алсақ. Бағасын өте төмен қылайық. Бұған қалай қарайсыздар?
− Анамыздың айтқаны бізге заң!
Әлихан мен Қаламқас осылай деп жарыса айтып күліп жіберді. Ене мен келіннің арасындағы әдемі жарастық осылайша жалғасын тауып жатты.
Эпилог орнына немесе жүректегі Алла
Көңіл әлемінің төрінде жатқан Жүрек жан жағасындағы жақын адамдардың мейірімінен қол үзсе жетімсіреп, дертке ұшырайды екен. Әсия де сол дертке шалдықты. Ол дерт тек Әсия ханымды ғана емес, бүкіл отбасын, тіптен бір ұжымды, мемлекетті зор әбігерге ұшыратты. Оған жоғарыдағы зұлымдыққа толы жағдайлар куә. Бұл оқиғалар негізінен ойдан шығарылған жоқ. Әбдіғаппар деген иманды бауырымыздың ғибратты әңгімесінен алып біз тек оны көркем дүниеге айналдырдық. Тағы бір айтатын өте маңызды мәселе нәресте шыр етіп дүниеге келгенде оның жүрегінде «Алла» деген жазу болады екен. Яғни адамзат баласының барлығын Аллам мұсылман етіп жаратады. Кейін пендешілік кесірінен өзге діндердің шылауында кетіп, кәпір болады. Жүректегі «Алла» сөзі көмескіленіп, кейін тәубесіне келмесе біржола өшеді. Жаратушы иеміз кешірімшіл. Кейін өз дініне, иманға оралған құлының жүрегіндегі өшкенін қайта жаңғыртады. Аллам министр Әсияның жүрегін жібітіп, иманын тірілтті. Өмірге қайта келгендей болды. Алла жолында ол бәрін тәрк етті. Отбасына шуақ орнады, күлкі, көңілділік оралды. Өмір сүру олар үшін күн сайын қызық бола бастады. Тек біздің тілеуіміз ұзағынаан сүйіндіргей!