«Халық жауының» балалары
Кішкентай роман
Аспан ашуланған күн, үрей және көк мұз
– Әже, әжетай, далада күн күркіреп жатыр! Сіз күн күркірегенде жаз шығады деп едіңіз ғой? – Жеті-сегіз жасар Өмірбек қарақат көздері бақырайып әжесінің алдында тұр тәлтиіп.
– Астапыралла, астапыралла! – Сұлуқас әже оқыс шошына үн қатқанда қолындағы иіріп отырған ұршығы шыр айнала ұшып түсті.
– Ойпырмая, не дейт, шынымен күн күркіреп жатыр ма?
– Иә, иә, әжетай, шын, шын! – Бұл Өмірбектен кейінгі немересі Аршагүл.
Әжесі үш ұмтылып әрең тұрды. Қос бөлмелі үйдің ауызғы бөлмесіндегі пеш қабырға арқылы ішкі залды да жылытады. Әженің үнемі отыратын жері осы пештің түбі. Жып-жылы бөстегін төсеп алады. Және қарап отырмайды. Жүн түтеді, оны иіреді, көрпе-көрпеше жасайды, арасында тасбиғын тартып, намазын оқиды. Ең басты жұмысы төрт немересіне бас-көз болады. Бүгін де сол, ұлы мен келіні жұмыста. Келіні тұтандырып кеткен пештің отын сөндірмей көмір, отынын үстемелеп отырады.
Ұзын көйлегіне оратылып ол жанұшыра далаға ұмтылды.
– Сұмдық-ай, сұмдық-ай! Астапыралла! Астапыралла! – деп күбірлей айтып, шығар ауызға әзер жетті. Артынан Өмірбек пен Аршагүл ілесіп, олар да бірдеңеден құр қалғандай далаға жүгірді.
Желтоқсан айында Алматы өңірінің ауа райы аса ызғарланбайтын. Тіптен қаңтарға дейін қар түспей тұрғындар «Жаңа жылда қар көрмейміз бе?» деп кейістікпен наразылығын білдіретін. Ал биыл желтоқсан айының бет-әлпеті жаман. Алдымен жаңбыр жауды нөсерлетіп. Жай жаңбыр емес, сұп-суық жаңбыр. Бетіңе түссе қарып түседі. Содан соң ызғырық қара суық басталды. Әлгі жауын жер бетін көк мұзға айналдырды. Қап-қара қорқынышты бұлттар аспанды торлап, тура іргеде маңқиып-маңқиып тұратын Алатауды да көрсетпей қойды.
Жанында екі немересі бар Сұлуқас әже аспанға шошына қарап тұр. Сәт өтпей қап-қара бұлттары шуда сияқты желпілдеген алып бура ақырып шыға келгендей болды. Жер-дүниені солқылдатып, күн күркіреп сала берсін!
– Астапыралла! Астапыралла! Я ,Аллам, тыныштығыңды бере гөр! Бәле-жаладан аман сақтай гөр!
Кейуананың жарықшақ дауысы, күннің күркірі, ызғырық жел Өмірбек пен Аршагүлді қалтыратып жіберді. Сегіз жасар Өмірбек пен төрт жасар Аршагүл әжелеріне тығыла түсіп, жәудір көздерінде үрей оты ұшқындап аспанға үздіге қарайды.
– Әже-ау! Неғып тұрсыздар? – деген оқыстан шыққан дауыс аспанға көз тігіскен үшеуді жалт қаратты.
– Алақай, Батыр ағам келді! – деп Аршагүл қуана дауыстап жіберді. Батыр осы отбасының ең ересек баласы. Жасы он үш-он төрттегі арық денелі Батыр өзінен кейінгі үш бауырына ылғи қамқор болып жүреді. Бір-біріне жабысып тұрған үш жанның әлденеге үрейленіп тұрғанын Батыр бірден байқады.
– Аспан ашуланып жатыр. Ол қатты күркіреді. Бұлттар жаман. Олар оның әдемі бетін жауып тастады. – Бұл тағы да Аршагүл болатын. Сезімтал қарындасының қарақат көздерінде жас толып тұр.
– Күн күркірегенінде тұрған не бар? Жылама, Аршатай, – деп Батыр қарындасының басынан сыйпады. Мазасыз Өмірбек қашанғы әдетінше қарап қалмады.
– Менің әжем бәрін біледі. Бәле-жала келеді деп әжем қатты қорықты. Бәле-жала келе ме деп біз де қорқып тұрмыз.
– Бәле-жала дегеннің не екенін білессің бе? – деп күлді Батыр.
– Мен білем, – деді Аршагүл жұлып алғандай кішкентай қолын көтеріп. – Ол өте жаман нәрсе. Ол нағыз жезтырнақ, құбыжық.
Аршагүлдің сөзіне әжесі де күліп жіберді.
– Айналайын, ақ гүлім! Ол бәрін біледі, – деп кішкентай қарадомалақ қыздың шашынан емірене иіскеп қойды. Ал Аршагүл мәз...
Харламов, түс және батырлар
Сабақтан соң Батырдың үйде істейтін шаруасы жетерлік. Әжесі істеп қойған тамағын апыл-ғұпыл ішіп-жеп алған соң алдымен отын бұтайды. Өмірбек бұталған отынды томпаңдап ауызғы үйге тасиды. Содан кейін қару-жарағын көтеріп сиыр қораға қарай аттанады. Бұзауларға су, жем-шөбін береді. Өріске кеткен сиырлардың орнын тазартады. Бәрін бітірген соң бір шелек көмір әкеліп, оның жартысын пешке төңкереді. Содан кейін ғана жалма-жан сабағына отырады. Ара-арасында Сұлуқас әжесі ұсақ-түйекке жұмсайды. Дүкенге барып нан әкелу де Батырдың мойнында. Кейде екі жасар Әлнұрды да қарайтыны бар.
Оның бос уақыты жоқ десе де болады. Қалт еткенде әдеби кітаптарды оқығанды жаны сүйеді. Оны қызықтыратын тақырып шытырман оқиғалы және тарихи кітаптар. Содан болар әдебиет, тарих сабақтарынан Батыр алдына жан салмайды. Аршагүл қарындасы бағана айтқандай Сұлуқас әжесі ертектерді көп біледі. Сол ертегілерді Батыр да тыңдап өсті. Тіптен қазір де тыңдағанды жақсы көреді. Көбінесе Өмірбек пен Аршагүл қылқылдап қоймаған соң әжесі бәріне бір-бір уыс қойдың жүнін таратып береді.
– Сендер мына жүнді түтесіңдер. Ал мен есесіне ертегі айтамын. Қалай бұған келісесіңдер ме, батырларым! – деп жымияды әже бұларға сынай қарап. Жүнді түтуді аса жақсы көрмесе де айнала қоршаған немерелері:
– Мақұл, әже! – дейді жамырап.
Әже ұршығын баптап алады да ертегісін бастайды. Ұршық та зыр-зыр қағады, ертек те айтылады. Кейде ертектің қызық жеріне келгенде әжесі сол кейіпкердің өзі болып кетеді. Әсіресе мыстан кемпір, жезтырнақ, дию тәрізді кейіпкерлерді келтіргенде балалар қорыққаннан ауыздары ашылып, көздері бақырайып қатты үрейленеді. Әсіресе Аршагүл шыңғырып жібереді. Ал ұлдар оның соншалықты қорқақтығына, өздерінің үрейге бөленгендерін білдіргісі келмей мәз болып күледі. Ой, олардың әжесі деген осындай ғажайып жан.
Қыста Батыр ауылдың іргесінде жатқан жайылмаға барып коньки тепкенді, хоккей ойнағанды тәуір көреді. Әкесі Мырзажанның қолынан келмейтіні жоқ. Қолдан оған коньки жасап берген. Биыл Өмірбекке де жасамақшы. Әйтпесе ол мұның конькиін үлкен болса да өзінше аяғына байлап алып, жайылмаға тартып кетіп жүр. Батыр болса ойбайлап қалады. Негізі Батыр алтыншы, ал Өмірбек екінші сыныпта оқиды. Ауылда орыстар мен қазақтардың саны шамамен тең болғанмен әуел бастан орыс мектебін ашқан. Амал жоқ, қазақтар балаларын осы мектепке апарады. Тұрғындардың арасында қызба мінезді, нағыз қазақы жан мұның папасы. Папасы балаларының орысшаға бейімделіп бара жатқанын осы мектептен көрді. Бірақ үйде қатал тәртіп. Отбасыда бәрі де қазақша сөйлеуі тиіс.
Батыр конькиін алып жайылмаға қарай кетейін деп жатқанда інісі Өмірбек қыңқылдады.
– Аға, мен де барайыншы. Конькиіңмен кезектесіп тебейікші, – деп қоймады жалынып. Батыр інісінің көңілін қимады. Ол байғұс ағасының бұл мәрттігіне мәз болып, қуанып кетті.
Желтоқсан күні кәдімгідей аяз. Ағайынды екеуі оған қараған жоқ. Қолдан жасаған қайқы таяқтарын алып, құлдыраңдай жүгіріп ауылдың шетіндегі үлкен сайдағы жайылмаға асықты. Келсе балалар ойынды қыздырып жатыр екен. Батырды балалар хоккейші Харламовқа теңейді.
– О-о, Харламов келе жатыр! Харла-мо-ов! – деп шуласты олар. Себебі Батыр өте жылдам ойнайды. Әдіс-айласы мол. Бірнеше ойыншыны оп-оңай алдап кете береді. Батыр бүгін де тамаша ойнады. Голдың артынан гол соғып қарсыластарын «ах!» ұрғызды. Шаршаған кезде конькиін інісіне береді. Сөйтіп жүргенде олар күн батып кеткенін білмей де қалысты.
– Аға, мамам ұрсады. Қайтайықшы, – деп Өмірбек айтпағанда кім білсін. Әлі де ойынның қызығымен жүре берер еді...
Үйге келгенде анасы мен әжесі бұларды көңілсіз қарсы алды. Тек олардың кеш келгеніне емес, өмірі кешікпейтін әкесінің жоқтығына алаңдаулы екен. Шынында да папалары бұлар ұйықтағанша келмеді. Батыр хоккейден шаршағаннан ба, бірден қалың ұйқыға шомды...
...Қызық! Әкесі нағыз батырларша киініп алыпты. Үстіндегі сауыты жалт-жұлт етіп көздің жауын алады. Дулығасы өзіне қандай жарасып тұр! Белінде әсем қынымен қылышы ілулі. Қайқы етігі темірден бе әйтеуір, ол да жылт-жылт етіп сәуле шашады. Әкесінің жүзі айбарлы, нағыз батыр. Бойы да биіктеп кеткендей. Тәпене үйлерінде еңкейіп әзер сиып тұр.
– Батырым-ау, бізді тастап қайда барасың? Мына балаларды, енемді қалай бағамын? Сен қайтып келесің бе, келмейсің бе, кім біледі? Бармашы, Мырзатай, – деп мамасы папасын құшақтады. Жылап тұр.
– Иә, балам! Келін дұрыс айтады. Сен барсаң жау жеңілер дейсің бе? Менің жалғызымсың ғой. Мына шиеттей балаларыңды кімге тастайсың? Өлімге кетіп бара жатқаныңды білмейсің бе? – Бұл әжесінің қарлығыңқы үні.
– Ел басына күн туғанда мен үйде қалай жатамын, Гүлтеңгем-ау. Ұят емес пе, менің батыр атыма. Өлсем қазағым үшін өлермін. Жай өлмеймін жастығымды ала өлемін. Апатай, әкең екеуіңіз мені батыр болуға тәрбиелеген жоқсыз ба? Мен қорқақ болып, жаудан жасқансам әкем моласында тыныш жата ала ма? Маған назаланып қаһарын төкпей ме?
Батыр манадан бері әкесінің сауытын сипап, қылышын ұстап қызықтап тұрған. Кенеттен әкесінің сөзінен кейін мұның да соғысқа барғысы келіп кетті.
– Папа, менің атымды Батыр деп қойдыңыз. Мен де барайыншы, – деді бұл даусын жуандатып.
– Ха-ха-ха-ха! Міне, менің балам атына сай нағыз батыр жігіт болып өсіп келе жатыр. Дегенмен Батырым, балам! – деп әкесі сөзін үзіп бұған мейірлене қарап біршама тұрды. – Үйге қарайтын, әжеңе, апаңа, бауырларыңа қамқор болатын сенсің. Мен саған сенемін! Мұнда да жаулар көп. Солардан қорғайсың. Мақұл ма?
– Мақұл, папа! – деді қолын шекесіне апарған Батыр солдат сияқты тік қаздиып тұра қалды.
– Мінеки, мен артыма енді қарайламаймын. Егер жаудың қолынан өле қалсам ұмытпаңдар. Елі, халқы үшін жанын пида етті деп кейінгілерге айта жүріңдер. Ал сау болыңдар! Сендерге бір Аллам жар болсын! – деп әкесі алдымен әжесін, содан соң анасын құшақтады. Мұның, Өмірбектің, Аршагүлдің бастарынан сипады да, ал кішкентай Әлнұрды көтеріп алып, кеудесіне қысты, басынан иіскеді. Содан кейін кеудесіне қысып алып:
– Егер мен сендерді ренжітсем кешірім өтінемін. Кешіріңдер мені! – деді тебірене сөйлеп. Әкесімен бірге бәрі де үдеріле сыртқа шықты. Міне, тамаша, сыртта әкесі сияқты киінген көп батырлар тұр екен. Бәрі де қылыштарын жарқ-жұрқ еткізе көтеріп:
– Еліміз үшін! Қазағымыз үшін! – деп гүр-гүр ете айқайлап, бүкіл әлемді жаңғыртты. Бұл күркіреген зор үнге Батыр да қосылды.
– Еліміз үшін! Қазағымыз үшін!
...Таң атып келеді екен. Бұл және Өмірбек бәрі төсекте жатыр. Анасы ауызғы үйде күл алып жатыр ма, әйтеуір пештің темірлерін салдыратады. Батыр ұшып тұрды. Трусимен жүгіріп анасының жанына барды.
– Мама! Батырлар қайда? – деді жұлып алғандай. Мамасы көңілсіз күйде бұған аң-таң күйде қарап қалыпты.
– Батырлары несі? – деді жақтырмаған үнмен.
– Мама! Жаңа батырдың киімін киген менің әкем соғысқа аттанды. Үйдің алды толған кілең батырлар. «Еліміз үшін! Қазағымыз үшін!» деп айқайлаған кезде бүкіл тау жаңғырықты. Сіз де естідіңіз бе? – Батыр көздері от жайнап қызулана сөйледі.
– Түс көрдің бе? Папаң қайда аттанды? – Мамасы жаңағыдай көңілсіз емес үміттене сұрады. Ол бала да болса оның түсінде зор мән бар екенін түсінді.
– Соғысқа аттанды. Менің папам нағыз батырға ұқсайды.
– Ойпырмай, а? Әйтеуір жақсы болсын арты. Папаң түнде келмеді ғой, балам. Қай соғысқа кетсе де аман болса екен, әйтеуір.
Анасы күрсінді. Жүзінен әлденеге қобалжып тұрғаны білініп тұр...
Сыныптағы төбелес, Еңлікгүл және әжесінің зары
Тез-тез шайын ішіп мамасы жұмысқа кетті. Ол сауын фермасында жұмыс істейтін. Өмірбек те кешегі хоккейден оңбай шаршаған болуы керек, әзер тұрды. Мінеки інісі артта, өзі алда Батыр мектепке асығып келеді. Аспан баяғысынша қорғасын бұлттармен тұтасып ашылатын емес. Бірінде жұқалтаң ғана пальто, екіншісінде көнетоздау күрткі, ағайынды екеу аяздан бүрсең қағады. Өмірбек ойына бірдеңе түсіп кетті ме, кенеттен тапырақтай жүгіріп мұның артынан қуып жетті.
– Аға! Папамыз соғыста өліп қалса біз не істейміз? – Ентігіп жүгіріп келгендіктен бе, ол сөздерін үзіп-үзіп айтты. Жоқ, інісі жыламсырап тұр екен.
– Қой, не болса соған жылап. Біздің папамыз батыр. Оның сауытынан оқ өтпейді. Қорықпа! Қайтып келеді. – деді бұл інісін жұбатып. Бірақ бұл сөз ішкі дүниесіне қобалжу туғызды.
Мектепке келсе мұнда балалар топ-топ болып әр жерге жиналып, ара сияқты құж-құж әңгімеге кірісіп кетіпті. Ол сыныбына асығып жетті. Мұнда да ду-ду. Бүгінгі әңгіме төркіні өзгеше. Кеше алаңға қазақтар шығыпты. Алматыда қырғын соғыс дейді.
– Бұзақылар, алқаштар, есірткі шегіп алғандар құтырып дүкендерді өртепті. Олар тіптен балабақшаларға шабуыл жасапты. Машиналарды төңкеріп, от қойыпты. Әсіресе қазақтар орыстарды сабапты, – дейді үнемі осындай оқиғаларды өсіріп айтқанды жақсы көретін Саша өзеурек әңгімені қыздырып жатыр екен.
– Неге? Неге алаңға шығыпты? – деді біреу ынтыға сұрап.
– Қонаевты орнынан алып тастапты. Орнына орыс әкеліп қойыпты. Ол жерге қазақты неге қоймағанына халық ызаланыпты.
– Алаңға шықса дүкендерді неге өртейді? Оның не қатысы бар бұған? – Бұл Батыр.
– Олар бұзақылар. Қазақтар әрқашанда надан халық. Оларға бәрібір, олар тобыр мал сияқты. – Сойдиған тісінен бе, әйтеуір ысылдап сөйлейтін Юра әдетінше от сала сөйледі.
– Әй, қабан! Өйтіп тантыма! Қазақтар мал да, надан да емес. Шынында да бұл қазақтың жері. Неге орысты әкеліп қояды? – Серік деген тентектеу бала Юраға бірден қарсы дүрсе қоя берді. Батыр Серікті қостады.
– Мен де Серікті қостаймын. Қайдағы бір орысты қойғаны дұрыс емес. Сен бізді надан, мал деуге қандай қақың бар? Осыны айтып отырған сен өзің надансың! Өзің шошқасың!
Юра да қалыса қоймады. Оған Сережа мен Костя қосылды. Серікті біреу жақтан періп жіберді. Оған көне қоятын Серік пе, оның иегінен бір перді. Сол сол-ақ екен апыр-топыр төбелес басталып кетті. Кім-кімді ұрып жатқаны белгісіз. Қалай болғанда да Алматыдағы оқиға балаларды да екіге бөліп жібергендей. Бұрын да осындай өзара шекісулер, төбелестер болып тұратын. Бұл жолғы төбелестің жөні бөлек еді. Бүгінгі төбелеске тіптен қыздар да кірісіп кеткен. Мінезі ұл сияқты Еңлікгүл деген қыз партаның үстіне шығып кетіпті.
– Біз надан емеспіз! Біздің бабаларымыз батыр болған, сендер оны біліп қойыңдар! – деп айқайлады ол әлдекімді теуіп жатып. Біздің Батыр да төбелестің дәп қызу ортасында жүр. Өзі де оңдырмай таяқ жеген. Мұрнынан ба, аузынан ба қан ағыпты.
– Тоқтатыңдар! – Шәңк ете шыққан әйелдің даусы балалардың бәріне естілді. Бірақ төбелес тоқтай қоймады.
– Тоқтатыңдар! Тоқтатыңдар төбелесті! Милиция шақырамын!
Батыр бір қараса мектеп директорының өзі келіпті. Бойы ұзын, шашын жылмита тарап жүретін Николай Федорович айқайлап тұр екен.
Төбелес тоқтады. Директор бұларға қаһарлана қарап, қатты-қатты сөздер айтты.
– Сендер нағыз оңбағансыңдар. Пионердің атына дақ түсірдіңдер. Мен сендерді соттатамын. Комсомолға сендерді қабылдатпаймын. Кәнеки, бұзақылар, кім бастады? Кешегі, бүгінгі болып жатқан оқиғаны сендерге айтқан кім?
Балалар үнсіз. Көбісінің үсті жыртылған. Қызыл галстуктері теріс айналып кеткендері де баршылық. Үсті-бастарында, беттерінде қан дақтары барлар жетерлік. Директор айқайды қойып дауысын жұмсартып, қулыққа көшті.
– Сендер Владимир Ильичтің ізбасарларысыңдар. Пионер ешқашан өтірік айтқан емес. Нағыз пионер шындықты айтады. Кәнеки, айтыңдар кім төбелесті бастады?
Сәл үнсіздіктен кейін бір қыздың дауысы шықты. Ол Еңлікгүл болатын. Оның да шашы дода-дода болып кеткен.
– Николай Федорович! Төбелесті кім бастағанын білмеймін. Бірақ осындағы кейбір балалар «қазақтар надан, мал, тобыр халық» деп қорлады. Содан соң біз шыдамадық. Тіптен жаңа төбелес үстінде «сендер мәмбетсіңдер!» деп те айқайлағандар болды.
– Иә, иә, Еңлікгүл дұрыс айтты. Шындық солай. Егер сіздерді солай деп атаса шыдайсыздар ма? Әрине, шыдамайсыздар. Олар біздің намысымызға тиді. – Бұл Батыр болатын. Балалардың ішінен «дұрыс, дұрыс айтады!» деген дауыстар шықты.
– Ондай сөзді айтқан кім? Бұлар біздің интернационализм, ленинизм идеясына нұқсан келтіріп отырғандар. Көп ұлтты халқымызға тас атқандарды жазалаймыз. Кім, кім айтқан? Егер нағыз пионер болсаңдар тақта алдына шығыңдар да, шындықты айтыңдар. Кімдер олар? – деді директордың орынбасары Сәния апай балаларға сұқ саусағын безей сөйлеп.
– Сәния Шүкіровна! Өйтіп бұл оқиғаны аса шулатпай-ақ қояйық. Біздің мектебіміздің атына кір келтіргендерді өзіміз жазалаймыз. Әке-шешелерін шақырып жиналыс өткізейік. Кәнеки, үсті-бастарыңды жөндеп, беттеріңді жуыңдар. Қазір сабақты бастаймыз. Ертең кешке ата-аналар жиналысы болады. Оған бәрің де қатысасыңдар. Ешкім жазасыз қалмайды! – деп директор сөзінің соңын қаһарлана аяқтады...
Мектептегі жоғары сынып оқушыларының арасында да осындай кикілжіңдер, жаға жыртысулар, ұстасулар болыпты. Қайта мұғалімдер дереу шара қолданып, ондайларды өзара кикілжіңге жібермеген. Қалай болғанда да мектеп өмірінде бұрынғыдай емес тоң-торыс жағдай орнады.
Сабақтан соң Батыр мен Еңлікгүл бірге қайтты.
– Еңлік, саған рақмет! Біздің орыс достарымыздікі дұрыс болмады. Олар бұрын ондай емес еді. Әсіресе Юра бастаған балалар бізді аса жақсы көрмейді.
– Иә, иә, дұрыс айтасың, Батыр. Олар біздің қазақ жерінде өмір сүріп жатса да өздерін қожайын сезінеді. Көрдің бе, біздің Сәния апай нағыз бұзақыларды, от салушыларды тапқысы келіп еді, директор ағай оларды қорғаштап шыға келді. Ертең бізді кінәлі етуі мүмкін. – Еңлікгүл осылай өзінің күмәнді ойын ортаға салды.
– Алматыдағы оқиғаға қазақтар көп қатысқан сияқты. Менің папам да қалаға кеткен. Кешеден бері жоқ. Мен қорқып отырмын, сол оқиғаға қатысып, оны түрмеге қамап қойды ма деп...
– Солай ма? Егер қалада болғанда барып мен де қатысатын едім. Қап, десейші! Сенің папаң қатысса ол нағыз батыр екен. Қорқып үйде бұққандар − олар қорқақтар. Сондықтан сен қорықпа! Папаң қайтып келеді.
Батыр Еңлікгүлдің мына өжеттігіне таң қалды. Оған бүгінгі түсін айтып беріп еді, Еңлікгүлдің қарақат көздері от жайнап кетті.
– О-о, керемет түс көріпсің ғой! Шынында да папаң баяғы батырлар сияқты нағыз соғысқа кеткен деп ойлаймын. Ол жалғыз емес. Сенің атыңды да Батыр деп босқа қоймаған. Елін қорғасын, жерін қорғасын деген жақсы ниетпен қойған. Сен атыңа сай болуың тиіс, – деп Еңлікгүл маржандай тістерін көрсете Батырға жымиып қарады.
– Еңлікгүл, сен орыс мектебінде оқысаң да қазақша таза, шешен сөйлейсің. Мен ойлаушы едім, ұлша киінген қыз қайдан оңады деп? Сабағың да жақсы. Шынында да сенің мінезің ұлға ұқсайды.
– Иә, иә, біздің отбасыда әкем қазақшаға қатаң қарайды. Содан соң менің ұлша киінгенім үйде қыздар көп. Бес қыз. Әке-шешем ырымдап енді ұл келсін деп осылай киіндірді. Расында да ол кісілердің тілегі қабыл болды. Қазір біздің ініміз бар, – деп Еңлікгүл бұған мәз болып қарады. Батыр да қыздың бұл әңгімесіне еріксіз күліп жіберді...
Батыр үйге көңілді оралды. Себебі жаңа дос тапты. Еңлікгүл бұлардың сыныбына биылғы оқу жылының басында ғана келген. Онымен онша көп сөйлеспейтін. Бүгінгі оқиға екеуін жақындастырып, олар бірден сырлас досқа айналғандай. Үйге келсе әкесі әлі келмепті. Әжесі көңілсіз. Қайта-қайта дұғасын оқып, мінәжат етіп отыр. Күнде ұршығын зыр-зыр айналдыратын. Бүгін ұршық та сол күйінде пеш түбінде қозғалмастан жатыр. Өмірбек пен Аршагүлдің «Ертек айтып берші» деген өтініштері де орындалмады. Сұлқ отырған әжені Батырдың әңгімесі ғана селт еткізді.
– Әже, қалада қазақтар алаңға жиналыпты. Қонаевты алып тастапты. Орнына бір орысты әкеліпті.
– О, тоба! – деді әжесінің қабағы одан сайын бұзылып. – Бәсе, бәсе! Жүрегім соны сезген екен ғой. Әй, байғұс балам-ай! Сол жақта жүрсің ғой сен. Нең бар еді ол жерде. Баяғы қызба мінез. Я, Аллам, аман етші ұлымды! Аман етші!
Әжесінің зарлы үнінен Өмірбек те, Аршагүл де қорқып кетті. Тек Батыр ғана саспастан әжесіне басалқы айтты. Дәл осы сәтте Еңлікгүлдің өзіне жігер берген сөздері ойына оралды.
– Әже-ау, мұндай қиын шақта қорқақтар ғана үйінде бұғып отырады. Біздің папамыз нағыз батыр. Ол алаңға жерін, елін қорғауға шықты Өмірбек, Аршатай айтыңдаршы, біз папамызды мақтаныш етеміз ғой?
– Иә, иә, мақтаныш етеміз! – деді інісі мен қарындасы хормен.
– Мен де алаңға шығатын едім. Әттең, қалада болмай қалдым! – деді Батыр үлкен адамдар сияқты сөйлеп.
– Біз де, біз де шығатын едік!
Қосарлана сөйлеген қос бауыры ештеңеге түсінбесе де салтанатты түрде шіңкілдеді. Әжесі тісі жоқ аузы аңқиып үш немересіне аңқиып қарап қалыпты.
– Ойбү-үу, жетісесіңдер, түгі, – деп бетін шымшыған әжесі күйіп кетті. – Бұлардың әкесін таппай отырсақ мына жәмәндарың батыр бола қалыпты ғой, жүдә!
– Иә, біз батырмыз! Біздің папамыз да батыр! – Мына екеуінің өзінен де асып түскеніне Батыр я күлерін, я қуанарын білмей аңырып қалды...
Қара киімділер, тінту және ата да «халық жауы» ма?
Бүгін Батыр мен Өмірбек жайылмаға хоккей ойнауға бармай қалды. Әрине, олардың барғысы-ақ келген. Әжесі үзілді-кесілді қарсы болды.
– Әкелеріңнің тағдыры не болып жатқаны белгісіз. Нелеріңе жетісіп барасыңдар? – деп ол кісі қатты ашуланды. Төңіректі сол кеш қараңғылық пердесі тез жапты. Ауыл сыртындағы сауын фермасынан мамалары дәл осы кезде келді. Қолында сүт құйылған құтысы, жолай алған азық-түлігі, наны, сөмкесі бар. Алдынан жүгіріп шыққан Өмірбек пен Аршагүлден ол жалма-жан әкесі туралы сұрады.
– Папамыз келген жоқ. Әжеміз көңілсіз. – деді Аршагүл жылдам жауап беріп.
– Әрине, әжең көңілсіз болады. Қайда, қайда жүр екен, ол байғұс? – деп Гүлтеңге дағдарған күйде ішіндегісін ақтарып салды.
– Менің папам байғұс емес. Ол батыр. Ол елін қорғауға соғысқа кетті! – Аршагүл осылай шіңкілдеп мамасына қарсы шықты. Мамасының есіне таңертең Батырдың көрген түсі оралды. Аршагүлді жұбатып айтқан сол ғой деп ойлап үйге кірді. Батыр кітап оқып отырған. Әжесі келініне үмітпен жалт қарады. Мамасының басы төменшіктеп, үйге әзер кіргенін Батыр байқап отыр. Үйдегі үлкен жігіт енді өзі ғой. Сондықтан бағаналы бермен ойлап отырған ойын жеткізуге тырысты.
– Мама! Папамызды қалаға іздеп барайық та? – деді ол кітабын жанына қойып жатып. Мамасы баласынан мұндай ұсынысты күтпегенін біраз үнсіз қалғанынан байқатты.
– Қай жерден іздейміз оны? – деді ол Батырға сұраулы жүзбен қарап.
– Әй, балам-ай, ол бір пәлеге жолықты. Әйтпесе келер еді ғой. Қаладағы туған-туысқандардан сұрау керек шығар... – Бұл әжесі.
– Барсақ барайық. Батыр, киін! – деді бұйрықты үнмен мамасы.
Осы сәтте сырттан жарығымен қараңғылықты қақ жарып, терезені шағылыстырып бір машина үйдің жанына келіп тоқтағанын байқады Батыр.
– Мама! Бір машина келіп тоқтады. Папам келген шығар! – деді терезеден сыртқа үмітпен қарап. Бәрі қопарылып есікке ұмтылды. Бірінші болып Батыр шықты сыртқа. Еңгезердей-еңгезердей қап-қара киінген төрт-бес адам автобустан шығып сыртқы қақпадан ентелей кіріп келе жатыр екен. Жүрістері суыт. Батырды көріп, біреуі жуан, зәрлі дауыспен сұрақ қойды.
– Әлиқұловтың үйі осы ма?
– Иә, осы! – деді іштей қорқып тұрса да Батыр батыл жауап беруге тырысып. Бәрі де өңкиіп-өңкиіп бұлардың қарсы алдында қатарласа тұра қалды. Ұзын бойлысы бастығы болуы керек, сәлем жоқ, сауқат жоқ, кірер есікке ұмтылды.
– Тінтіңдер! Үйде суық қару-жарақтар бар. Саяси ұрандар, кітаптарды қараңдар! – деп қатты дауыстап ол қасындағыларға бұйрық берді.
– Сіздер кімсіздер? Біздің үйді тінтуге қақыларың жоқ! – деп мамасы қарсы сөйлеп, кіргізгісі келмеп еді, ана дәу иығымен бір-ақ қақты.
– Ойбай, өлдім! – деген мамасының жанұшырған даусы шықты да, құлап бара жатты. Әйтеуір қабырғаға соқтығысып құламай қалды. Батыр шыр ете түсті.
– Мамама тимеңдер! – Оның айтқанын олар елең де етпеді. Бойы еңкіштенген әжесі тарамыс қолдарымен алыптың жағасынан ала кетті.
– Әй, антұрған немелер! Сендердің де бала-шағаларың, аналарың бар шығар? – деп әжесі сөйлеп келе жатыр еді:
– Молчать! Вы все враги народа! Твой сын убил человека, который честно отслужил в коммунистической партий, – деп ақырып кемпірді арбиған қолдарымен кеудесінен итеріп жіберді. Әжесі жалп етіп жерге шалқасынан құлады. Мұны көрген Өмірбек пен Аршагүл бақырып жылап жіберді. Оларға бесіктегі Әлнұр қосылды. Үй іші әп-сәтте азан-қазан болды.
– Сіз не деген оңбаған адамсыз! Үлкен кісіні неге итересіз? Егер осыдан бірдеңе бола қалса сізді сотқа береміз.
– Әй, халық жауының қатыны! Бізді сен өйтіп қорқытпа! Біз партияның адамымыз. Сендерді қазір халық жауының қаруын сақтап отыр деп қырып тастасақ та бізге ешкім ештеңе жасай алмайды. Күйеуіңнің қару-жарақтары, тыңшылық кітаптары қайда? Ол алаңға мәмбет қазақтарды ертіп шығып, қасиетті Москваға, Ленинге қарсы шықты. Кәне, халық жауының тыққан қаруларын шығарыңдар. Әйтпесе... – Сыздана сөйлеген картоп мұрын, басы қазандай жендет пистолетін суырып алды. Батыр жерде тұра алмай жатқан әжесін иығынан демеп көтеріп жатты. Ызаланғанынан көзінен жас шығып кетті.
– Сіз қазақ емессіз бе? Неге әлсіз жандарды қорлайсыз? Мен сіздің пистолетіңізден қорықпаймын, – деп Батыр жалма-жан жұдырығын көтеріп келе жатыр еді, мамасы оның алдына көлденең тұрды.
– Балам, ашуыңды бас! Бұлар біздер түгіл әке-шешесін де атып тастаудан тайынбайды. Кезінде Сәкен, Бейімбет, Ілияс әкелерімізді халық жауы деп атып тастаған осындай мәңгүрттер.
– Ах, ты сволочь, маленький паразит! Мен сені шыбын құрлы көрмей етігіммен жаншып тастаймын. Хорошо что мына шешең арашалап қалды. Әйтпесе маңдайыңнан бір періп жаныңды жаһаннамға жібере салатын едім. Әй, қатын, қару, ұран, саяси кітаптарды өз еркіңмен бер! Болмаса сені де қарныңды шермитіп түрмеге тығамын.
– Қайдағы қару? Қайдағы ұран? Біз қарапайым совет отбасымыз. Біздің ұранымыз – коммунистік партия. Ленин көсемімізді де, жүрегіміз Мәскеуді де сүйеміз. Орыстар біздің досымыз. Балаларымыз орыс мектебінде оқиды, – деп айтып келе жатқан мамасының сөзін дәу ақырып бөліп жіберді.
– Тінтіңдер! Халық жауларының мылжыңын тыңдайтын менде уақыт жоқ. Тінтіңдер, кәнеки!
Орысы, қазағы аралас дәу жігіттер әжесінің, мамасының наразылығына, балалардың улап-шулағанына титтей де мейірім танытпай етіктерімен қабырғаларды теуіп, жиналған көрпелерді шашып, әжесінің сандығын сындырып ашып, кітаптарды, дәптерлерді ақтарып тіміскілей тінте әлденелерді іздей бастады. Әп-сәтте екі бөлменің әптер-тәптерін шығарды. Тіпті шеге суырғыштарымен еденді де қопарып тастады. Балалар жылауын қойып, әжесінің қасында үрпиісіп отыр. Мамасы жылап қоймаған соң Әлнұрды көтеріп алды. Батыр ызадан қара көздері от шашып, жұдырығын түйіп денесі қалшылдап тұр.
– Папам келген соң сендерден кегімізді қайтарады. Менің әкем батыр. – дейді даусы дірілдей сөйлеп. Жастықты жуан жұдырығымен ұрғылап жатқан дәу қарқ-қарқ күліп жіберді.
– Ақымақсың, халық жауының күшігі! Ол адам өлтіргіш енді келмейді, оның сүйегі түрмеде шіриді немесе басын шауып итке тастайды немесе итше атып тастайды. Халық жауының жазасы сол! Ха-ха-ха! – Қарғаның қарқылындай оның күлкісінен үйдің төбесі қозғалғандай еді.
– Аузыңа сенің жылан жұмыртқаласын, кәззап неме! – деп қолына сабауын алып Сұлуқас әжеге ерекше жан бітіп айқайлап, жер сабалады. – Менің балам әлі-ақ келеді. «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» дегендей Батыр немерем айтқандай сендей зұлымдардан кек алады. Сендей зұлымды, ұлтын сатқан сатқынды да анаң қалай дүниеге әкелген екен? Мен мына не көрмедім? Аштықты да, соғысты да көрдім. Сендей құтырған иттей жендеттердің талайының өкіргенін көрдім. Менің жарымды да «халық жауы» еткен сен сияқты зұлымдар. Оны да атады, асады, өледі деген. Аман келді. Сітәлингрәд шайқасына жіберді. Батыр болып орден тақты. Кешеге дейін өмір сүрді. «Халық жауы» деп жала жапқандардың көбісі ұрпақсыз кетті. Сен де солай боласың. Сендер қорғансыз бала-шағаға, кемпір-сампырға қоқаңдайсыңдар! Орыстың алдында қайқаңдап құйрықтарыңды бұлғаңдатасыңдар.
– Тоқтат, әй, мыстан кемпір! – деп осы кезде шыдамай дәу айқайлап жіберді. – Атамын, атып тастаймын ит сияқты қазір сені.
Ол пистолетін жұлып алып Сұлуқас әжеге кезеді. Әже әбден ашуланып кәріне мініп алған екен, тіпті сескенбестен сабауын көтеріп оған сес көрсетті.
– Ат, ат, кәззап! «Мыстан кемпірді өлтірген жендет» деген атқа ие болғың келген екен ғой. Ат, ат, ата ғой! Ә-ә, ата алмайсың, сатқындар қоянжүрек қорқақ келеді. Өз халқының қанын ішкен зұлымдар өңшең!
– Тфу, оңбаған кемпір! Бұған дауа жоқ екен. Мұның келінін, содан соң мына баланы алып кетеміз. Киін, әй, бала! Сендерді тергеуге апарамыз. Дереу, дереу алып жүріңдер оларды! – деп зірк-зірк ете сөйлеген жендет мамасы мен Батырды жарым-жартылай киіндіріп, желкелеп автобусқа тықты. Үйде жылап-сықтаған, қарғап-сілеген Сұлуқас әже мен шиеттей бала-шаға қалды...
Тұтқындағы екеу, тергеу және есінен танған ана
Автобус зулап, ыңыранып қараңғы көшелерді тіміскілеп ұзақ жүрді. Бұлар қашып кететіндей екі жағынан қап-қара киінген, түстері қорқынышты жігіттер қоршай отырды. Анасының жанында бұйығып отырған Батырымыз аяқ астынан отбасыларын астан-кестеңін шығарып, ұлардай шулатқан мына кісілерге әлі де қатты ызаланып келеді. Бірақ қолынан келер қайран жоқ. Әкесінің қазіргі жағдайын ойлап уайымдайды. Мыналардың бастықсымақтарының айтқан аяздан да ызғарлы сөздері ойына оралды. «Ол адам өлтіргіш енді келмейді. Оның түрмеде сүйегі шіриді немесе басын шауып, итке береді немесе итше атып тастайды. Халық жауының жазасы сол!» деді ғой.
− Мама, менің папам неге адам өлтірді екен? – деді ол көңіліне сыймаған жайды сұрап.
− Иә, мен де соны ойлап отырмын. Меніңше солай етуге мәжбүр болған. Әртүрлі жағдай болады. Жауыңды өлтірмесең ол сені өлтіреді. Әйтпесе біздің папамыздың көңілі жайсаң жан ғой. – Мамасы іле жауап беріп, Батырдың өрекпіген көңілін жайландыруға тырысты.
− Маматай, біздің атамыз да «халық жауы» болыпты. Кейін соғысқа қатысып батыр атаныпты. Папамыз да солай болатын шығар.
− Ылайым солай болғай, балам. Мені ойлантып, уайымдатып келе жатқаны әке мен баланың тағдырлас болғандығы. Не деген қиын тағдыр! Байғұс енеме қиын. Көрмегені жоқ. Енді бұл қиындықты көтере ала ма, алмай ма?
– Менің әжем мықты. Шыдайды меніңше. Тек папамызбен бірге бізді де қамап тастамаса екен. Онда әжеме де, бауырларыма да өте қиын болады. Тергегенде бізден не сұрайды, мама?
– Білмеймін. Қалай болғанда да шыншылдықпен жауап беруіміз тиіс. Бір Аллам жар болсын! – Мамасы соңғы сөздерін қамығып тұрып айтқандай еді. Батыр селк ете басын көтеріп, мамасының жүзіне қарап еді, ол әрі қарады. Көз жасын бұған көрсеткісі келмеді-ау, сірә. Мұның да жүрегі лүп-лүп соғып біртүрлі көңілі босап бара жатты да, содан соң «Мен жігітпін ғой!» деген ой бойын лезде жинап алуға көмектесті.
Автобус байқап келеді, қалаға кірді. Мұның папасы да осында. Қай жерде отыр екен? Еңлікгүлдің «Мен қалада болғанда алаңға баратын едім» деген сөзі есіне түсті. «Батыр қыз» деп күбірледі. Мамасы да есін жинаған болуы тиіс, баласына бажайлай қарады.
– Бұлардың бізді іздеп келгені бір жағынан жақсы болды. Әйтпесе папаңды іздеп қайда барар едік? Ол түрмеде отыр. Ең болмаса соны сұрап білейік. Қарны ашып отырған шығар байғұстың. Пальтосы да ескі еді. Асқазаны, басы ауыратын. Түрмеде қайбір жетіскен жағдай дейсің...
Мамасы осы әңгімесін айта бергенде автобус кілт тоқтады. Ана дәу бастығы үлкен ғимаратқа кіріп кеткен. Терезеден оның қайта шығып автобусқа бет алғаны көрінді.
– Ана оңбағандарды сыртқа шығарып, мұнда кіргізіңдер, – деді ол ғимаратты нұсқап. Жендет бұларға түксие қарап, бір үлкен іс бітіргендей ыржия күліп тұр.
– Міне, сендерге түрме. Енді бұдан шықпай кісі өлтіргіш папаларыңмен бірге сотталасыңдар!
Екеуі үндеген жоқ. Батыр ғимараттың маңдайынан «прокуратура» деген жазуды көріп қалды.
– Мама, қорықпа, бұл түрме емес, прокуратура екен. Көп ұзамай бізді жіберетін болар, – деп Батыр анасының қорқынышын өзінше басқысы келді.
Қылмыскерлерді әкелгендей жан-жақтан қаумалап мамасы мен Батырды үшінші қабаттағы бір бөлмеге кіргізді. Мұнда бір орыс сарбазы оларды қабылдап алды. Сірә, тергеуші қарама-қарсыдағы бөлмеде болу керек. Көпке дейін бұларды ешкім шақырмады.
– Мама, мына солдаттан папамызды сұрасақ қайтеді? – деді сыбырлай сөйлеп Батыр.
– Ол не біледі дейсің? Жай солдат қой. Қазір тергеуші папамыздың қайда екенін айтатын болар...
Сәлден соң:
– Аликулова кірсін! – деген бұйрықты дауыс естілді. Мамасының жүзінен қобалжу білінеді. Бұл да жетісіп отырған жоқ. «Мамамды қамап тастаса қайтемін?» деп ойлады Батыр іштей үрейленіп. Мамасы жуық арада шыға қоймады. Тергеуші мамасын ұрып-соғып жатуы мүмкін ғой. Есікті ашып көрсе қайтеді? Солдаттан қорықты. Ішкі дүниесінен езгілеген аяныш сезімі кетпей қойды. Көзіне әне-міне жас лықсып келіп, шыдамай отыр. Әжесін, бауырларын ойлады бір уақ. Сыныптағы таңертең болып өткен төбелесті ой елегінен өткізді. Неге екені белгісіз Еңлікгүлді қайта-қайта ойлай берді. Оның маржандай тістері, жарқырап күлгені, әдемі көзі көңілін қытықтады. Әсіресе оның батыл ойлары ұнады. Қыз болса да бұдан гөрі батыл екенін ол мойындап отыр...
Көзі ілініп кетіпті. Шым-шытырық қорқынышты түс көрді. Папасын, мамасын қара киімді дәулер әлдебір жаққа әкетіп бара жатыр екен. «Папа, мама! Бізді тастамаңдаршы!» деп бұл айқайлады. Бірақ дауысы шықпай құмығып қалды...
– Ей, мальчик, вставай! – деген дауыстан оянып кетті. Орындықта бүрісіп отыр екен. Алғашқыда қайда отырғанын білмей алақтап, жан-жағына қарады. Қарсы алдында солдат тұр. Қайда отырғаны сонда ғана есіне түсті.
– Мамам, мамам қайда?
– Ол тергеушіде отыр. Сені де шақырып жатыр. Сен қорықпа! – Солдаттың жылы сөйлегені аздап қорқынышын басты. Дегенмен арыстанның алдына кіріп бара жатқандай жүрегі кеудесіне сыймай атқақтады.
Үлкен бөлме. Іші темекінің көк түтіні. Тұншығып қалды. Көк түтіннің арасында отырған анасын, содан соң аржағында отырған күжірейген тергеушіні әзер ажыратты. Жақындағанда байқады. Көзі ежірейген, суық жүзді адам. Түрі орысқа ұқсайды.
– Отыр! – деді ол зілді үнмен. Отырайын деп ыңғайланғанда ол мамасының жылап отырғанын аңғарып қалды. Мына суық жүзді адамның ренжіткені бұған ұнамады.
– Мамамды неге жылатасыз? – деді орысша үн қатып. Тергеушінің көзі одан сайын шатынап кетті.
– Сволочь! Сенің мамаң мәмбет, надан. Артта қалған, феодализмнің сарқыншағы. Совет Одағында өмір сүрсе де орыс тілін білмейді. Жыласа көзі ақсын! Менің қанша уақытым кетті. Кәне, сөзді доғар! Менің сөзімді аударып отырасың, – деп дөрекі сөйлеген тергеушінің жүзі өрт сөндіргендей болып кетті.
– Сіз өзіңіз надансыз! Тергеуші мәдениетті болу керек. Оның үстіне сіз еркексіз. Анаға құрметпен қарауыңыз тиіс. Ол кісі көріп отырсыз, аяғы ауыр. Біздің ауылда орыс жоқ. Мына жерде орысша қайдан білсін? Сіз неге темекі шегесіз? Көк түтін. Біз тұншығып отырмыз. Және біз қылмыскер емеспіз, – Мамасының жылағанын көріп Батыр қатты ызаланғандығы соншама манағы үрейленгені далаға қалып, осылай батыл-батыл сөйледі.
– Ох, ты халық жауының құйыршығы! Тіліңді тарта сөйле, әйтпесе кесіп тастаймын. Папаң адам өлтірген зұлым. Жүрегіміз Москваға қарсы шыққан нағыз қылмыскер. Ол дәлелденді. Сендер де ол қылмыскерге көмектескенсіңдер. Ұран жазғансыңдар. Алиқұлов жастарды алаңға алып шығыпты. Оны көрген адамдар растады. Сондықтан ана мамаңа мынаны айт. Әкең қару-жарақты қай жерде сақтады? Кімдер келіп тұрды сендердің үйлеріңе? Олармен не туралы сөйлесті? Есірткіні қашаннан бері қолданады? Алматыға кімдермен кетті? Бұрын төбелесуші ме еді?
Жүзінде қан-сөл жоқ безерген тергеуші бұйрық райда сауалды жаудырып жіберді.
– Бұл сұрағандарыңыздың жауаптарын бірін де мамам білмейді.
– Тоқтат, антұрған! Бұйрықты орында! Сұрақтарды аудар! – Тергеушінің тұздай көзі ұясынан шығып кете жаздап шатынап үстелді жуан жұдырығымен қатты бір перді.
– Балам, негізінен сұрақтардың мазмұнын шалалау болса да түсіндім. Дұрыстап аударшы, қолымнан келгенше жауап берейін. – Мамасы баласын сабырға осылай шақырды. Батыр сұрақтарды тәптіштей аударып берді.
– Мырзажанның қару-жарағы дегенге түсінбедім. Кетпені, күрегі, айыры бар. Одан басқа қару-жарағын көрмеппін. Біздің көшіп келгенімізге көп болған жоқ. Сондықтан адамдар келе бермейді. Арақты той-домалақтарда ішеді. Мас болған емес. Есірткі түгілі ол шылым да шекпейді. Алматыға азық-түлік алуға жұмсаған мен. Балаларымның әкесі намысты азамат. Өздігінен ешкімге тиіспейді. Ал біреу тиіссе қорғанатын күші, намысы бар.
Мамасының сабырмен айтқан әңгімесін Батыр сөзбе-сөз аударып шықты.
– Сенің мамаң ауылбайский болғанмен қу адам, – деді ол шеке тамыры адырая ашуланып тергеуші. – Жауаптарының бәрі өтірік. Күйеуін қанша мақтағанмен оны қылмысынан ақтап ала алмайды. Ол кешегі ереуілде өзі сияқты бұзақылармен алаңға шығып, коммунистік партияға қарсы іс-қимыл жасаған нағыз қылмыскердің өзі. Оған ең жоғары жаза қолданамыз. Оның жазасын жеңілдету үшін сендер маған көмектесулерің керек. Ереуілдің басшысын айтыңдар. Біз сонда кінәнің ауырын соған аударамыз. Қалай шындықты айтамыз ба?
Тергеуші айқайынан ештеңе шықпаған соң дауысын жұмсартып қулыққа басты.
– Қаншама түлкібұлаңға салғанмен біз қандай шындықты айтпақпыз? – Мамасы иығын қиқаңдатып баласына ақылдасқандай қарады. Тергеуші бұлардың қазақша сөйлескеніне сезіктеніп, бірден ашу шақырды. Жаңа әзірдегі безірейген жүзіндегі «жылымық» жойылып, бірден тұлан тұтып шыға келді.
– Басқа тілде сөйлемеңдер, паразиттер! – деді ызбарланып. – Сендерді орыс халқы надандықтан мәдениетке, феодализмнен социализмге секіртті. Сендердей надандарға білім бердік. Монша салып бердік. Сонда да әлемдік тіл орыс тілін үйренгілерің келмейді. Сендер құтырғансыңдар! Қарындарың тоқ, не ішем, не кием демейсіңдер.Орыс халқы болмаса баяғыда-ақ небір аурулардан іріп-шіріп, құрттап қырылып қалар едіңдер. Енді мінеки, құтырғандарың соншама «қазақ басшы болсын» деп сандырақтайтынды шығардыңдар, оңбағандар!
Ол тағы да үстелді дәу жұдырығымен бір періп, ызалана асығыс-үсігіс темекісін тұтата бастады.
– Ағатай, темекі шекпеңізші! Менің анамның жағдайы қиын. Құлап қалуы мүмкін, – деді Батыр өтініп.
– Құламақ түгілі неге өліп қалмайды? Сен құйыршық маған үйретпе! Мен жұмыстағы адаммын. Кедергі жасама! Егер тағы да осындай ескерту жасасаң қамап тастаймын! – Тергеуші бұған жеп жіберердей ежірейе қарады. Темекісін тұтатып, түтінін рахаттана жұтып, оны сәт өтпей аузы-мұрнынан бұрқыратып шығара бастады. Батыр оған жиіркене әрі ашулана қарады.
– Жұмыстағы адам бөлмесінде темекі шексін деген заң бар ма екен, тергеуші аға? Сіз қандай қатал, зұлым адамсыз! – деп Батыр ештеңеден тайынбастан ызалана осылай әңгімесін бастай беріп еді, тергеуші бұл жолы ұшып тұрып, үстелді кепсектей аяғымен теуіп жіберді. Мамасы шошып кетті. Содан ба, әлде бірнеше сағат бойына қайта-қайта қойылған дөрекі сауалдар мен темекі түтіні әсер етті ме, ол жайлап бір жағына қарай құлап бара жатты.
– Мама! Саған не болды? – Батыр оны дер кезінде байқады да көз ілеспес жылдамдықпен барып мамасын қолтығынан демеді. Басы қалтаң-құлтаң еткен анасын ол орындығына әзер отырғызды.
– Су! Су бар ма, ағатай? – деді Батыр тергеушіге жалына қарап. Ол мамасы өліп қалған шығар деп ойлады.
– Солдат! Ей, солдат! – Тергеуші барылдай айқайлап бүкіл ғимаратты басына көтерді.
– Солдат, су әкел тезірек! – Өзі жайлап терезенің жанына барды да жайбарақат темекісін бұрқыратып тұра берді. Жаны шырқырап бірде есікке, бірде мамасының жанына жүгірген Батыр жылап жіберді.
– Мама! Маматай! Шыда, шыдашы! – дей берді ол осы сөздерді қайталап. Солдат темір күрішкесімен су әкелді. Батыр анасының бетіне су бүрікті, бетін сыйпалады. Бір рет әжесі осылай талықсып кеткенде әкесі су шашқаны есіне түсті.
– Уф! – деп анасы көзін ашты. – Балам, не болды маған...
Әлсіз дауысы оның әзер естілді.
– Мама, сіз аяқ астынан есіңізден танып қалдыңыз. Сосын мен су шаштым.
– Айналайын, құлыным менің! Мына оңбаған, зұлым адамды қарғыс атсын! Қалай ғана осындай адамдар жер басып жүреді екен, ә?
– Не деп жатыр ол? Найсап, халық жауының құйыршықтары! Бүгін осымен жетеді. Ертең шындықты айтпасаңдар екеуіңнің де көздеріңді ойып, түрмеге жіберемін. Айт, аудар тез! – Тергеуші темекісінің тұқылын тастай салды да, бұған саусағын кезеп осылай деді. Батыр одан тезірек құтылғысы келді де, оның айтқанын мамасына қысқаша аударып берді.
– Солдат! Мыналарды төмендегі машинаға тапсыр! Үйлеріне жеткізіп тастасын! Кетіңдер, оңбағандар! – Барылдай айқайлай сөйлеген ол ілби басып кетіп бара жатқан екеуді соңынан оқты көздерімен ата қарап тұрды... Сағат бұл кезде түнгі үштен асып бара жатты...
Салт атты ата, директордың ашуы және Вера апайдың ерлігі
Мектептен қайтып келе жатқан Батыр салт атты атаны көрді. Жүзі таныс. Басында оюлы тақия. Үстінде жасыл шапаны бар. Әппақ күмістей сақалы өңірін жапқан ата бұған қарай жүрді. Жетегіндегі қызыл ала тайы ойнақтап қояды. Бұл кім? Жақындағанда байқады, бұған ол кісі күлімдеп қарайды. Жүзінен нұр, шуақ төгіледі.
– Ассалаумағалейкум, ата! – деп бұл екі қолын ала жүгірді.
– Уағалейкімассалам, балам! Сен мені танымадың білем. Мен сенің Әлиқұл атаң боламын. Сендер, тірілер, өлген адамдар ештеңе білмейді деп ойлайсыңдар. Біз, әруақтар, бәрін біліп отырамыз. Сендер қиналсаңдар біз де назаланамыз, сендер қуансаңдар біз де бірге қуанамыз. Қазіргі қиын жағдайларыңды біз біліп отырмыз. Мені де кезінде «халық жауы» деп соттаған. Мінеки, әкеңе де осы жаман атты таңып отыр. Оны мақтаныш тұт әрқашан, балам. Ол кінәлі емес. Кеше түнде анаңды қорғап сен де ерлік жасадың. Әлі де талай қиындықтар, ауыртпалықтар болады. Шыдаңдар. Арты жақсы болып, шуақты шақтарың да келер. Аллам жар болсын! Мына тайды саған әкелдім. Мініп ал, балам!
Әдемі, сұлу тай, Батыр шынында да «осындай тұлпарым болса» деп армандайтын. Қорқыңқырап тайдың жалынан ұстаған. Ал ол болса қоңыраудай кісінеп-кісінеп жіберді де, бұған «міне ғой» дегендей көлденеңдеп тұра қалды. Қайдан пайда болғаны белгісіз әсем ері, шет-шеті оюланған жабуының шашақтары төгіле-жабыла қалған. Батыр секіріп мініп алды.
– Мә, мына қамшыны ал! Жолың болсын, балам! – деген атасының қоңыр дауысы құлағына жағымды естілді. Тайы шаба жөнелді, тура қанаты бар сияқты. Әп-сәтте көкке көтерілді. Көк аспан, ақша бұлттар. Артына қарады. Атасы көрінбеді.
– Ата-а, қайдасың?..
...Оянып кетті. Таң атып кетіпті. Түсі екен ғой. Қап! Мұнда не сыр бар? Кеше әкесін, бүгін атасын түсінде көрді. Таң қалды. Мамасы да оянған тәрізді. Кеше ауырып келіп еді. Жұмысқа бара ала ма екен? Ұшып тұрды. Басы мұның да зеңіп ауырып тұр. Кешегі оңбаған тергеуші есіне түсіп еді, жүрегі зырқ ете қалды. Қаракөлеңкеде анасының беті ісіңкірегендей көрінді. Көңілсіз күйде пештің күлін алып жатыр. Байғұс мамасы-ай!
– Мама, мен күшті түс көрдім. Атам маған керемет тай сыйлады.
– А-а! Жақсы түс көріпсің. Мына бәле-жалалардан құтылып, мерейіміз үстем болады екен. – Мамасы көңілденіп қалды. Анасының көңілін көтергеніне бұл да іштей мәз.
– Ана оңбаған тергеуші тағы да шақырамын деді ғой, мама. Көрдің бе, ол бізге қанша ызаланса да қамай алмады. Яғни оған ондай құқық берілмеген.
– Дегенмен олардың заманы жүріп тұр ғой, – деді мамасы күл салынған мұжық шелекті көтеріп тұрып. – Бүгін өтірік болса да сыпайы болайық. Папаң қайда, айтпай отыр. Ол зұлым бәрін біледі. Сондықтан одан біліп алайық бәрін.
– Әй, қайдам... Ол айтпайды. Бізді, қазақтарды иттің етінен де жек көретіні білініп тұр.
– Жәрәйді, бара көрерміз. Мен жұмысқа кешігіп барамын. Сен ағаш, көмірді салып, от тұтатып кетші, балам. Әлнұрдың ыстығы көтеріліп шықты. Қатты ауырып қала ма деп қорқып тұрмын.
– Мақұл, мама! Бара беріңіз. Бәрін қатырам. Қазір Өмірбекті оятамын. Ал әжем білесіз ғой, күшті емші. Оның ем-домы Әлнұрды әп-сәтте емдеп жібереді. Сіз уайымдамай жұмысыңызға бара беріңіз. Айтпақшы, сізге бір сұрақ қоюға бола ма?
Мамасы аяқ астынан «не сұрақ» дегендей аңтарылып қалды.
– Қоя ғой.
– Еңлікгүлдің мамасы сіздермен бірге жұмыс істей ме?
– Ол кім? Е-е, Шәрипа ғой оның анасы. Иә, жақсы кісі. Қақ-соқпен жұмысы жоқ. Еңлікгүл сенің сыныптасың ғой, ә?
– Иә, мама. Жақсы қыз екен. Кеше сыныпта осы қаладағы оқиғаға байланысты төбелес болды. Еңлікгүл өз ойын ашық айтты. Сабақтан соң екеуміз үйге бірге қайттық. Ойлары ұнады.
– Байқа, балам! Содан соң айтарым саған мектепте басқа жағдайлар да кездесуі мүмкін. Сабыр сақта! Бізге көпке дейін қиын болады. Содан соң ана қызға ғашық болып қалма! – деп мамасы сөзінің соңын әзілмен аяқтады. Батыр қызараңдап қалды.
– Мама, жәй сұрап жатқаным ғой...
Сыныпқа жақындағанда оның алдынан Еңлікгүл қарсы жолықты. Сәлемдескеннен соң ол:
– Сені директор іздеп жатыр. Папаңның ереуілге қатысқаны жөнінде біліп қалған сияқты. Бүкіл мектеп шулап жатыр. Сен бірақ еңсеңді түсірме! Мырзажан аға шынында да батыр адам! – деп жігер бере сөйледі. Сыныпқа кіргенде балалардың бәрі бұған жалт қарасты. Батыр кейбіреулерінің көздерінен аяушылық, енді біреулерінен табалаушылықты көргендей болды. Еңлікгүлдің айтқаны оған зор күш беріп, ештеңе болмағандай қасқиып кірді. «Сені директор күтіп отыр» деді бірнеше сыныптасы хормен. Сөйткенше болған жоқ сынып жетекшісі де мұның артынан кіріп, жаңағы сөзді қайталады.
– Тез, сөмкеңді қой да, менімен жүр! – деді бұрын үнемі жылы сөйлейтін Вера апай салқын үн қатып. Тағы да тұтқынның халін кешкен Батыр апайдың алдына түсіп жүре берді. Директордың алдындағы хатшы қыз «Ой, жалко мальчика!» деп айтып қалғанда Батыр өзін қорланғандай сезінді. Бірақ сабыр сақтады. Николай Федорович бұл есіктен кіргенде жылан көрген кірпідей жиырылды. Орнынан ұшып тұрды. Шәкіртінің сәлеміне жауап берместен:
– Ах, Батыр Мырзажанов келдің бе? – деді кекесінді үнмен. Үнемі жүзі қатулы жүретін директордың өңі одан сайын бозарып, сұстанып кеткендей.
– Отыр! – деді қату үнмен, саусағымен алдын безеп. Түндегі зұлым тергеуші есіне түсіп, бойы тітіркеніп сала берді. Түк білмегендей жалп етіп отыра кетті. Вера апай қарама-қарсы жағына жайғасты.
– Вера Васильевна, мына баланың үлгерімі, тәртібі қалай? – деді бұдан көз алмай.
– Жақсы. Бірақ қызуқанды шыншыл бала. Сабаққа белсенді. Әсіресе әдебиет, тарих сабақтарын жақсы көреді.
– Батыр Мырзажанов! Сенің әкеңнің не бүлдіргенін естідің бе? – Батыр сол сәтте директордың әшкейін мұз құрсаулап кеткендей сезінді.
– Естідім. Менің әкем шындық үшін алаңға шықты! – Ол сөзін нық әрі Еңлікгүл айтқандай басын көтере сөйледі. Тіптен бұған директордың өзі таң қалып, әшкейінің үстінен шегір көзін бақырайта, бұған қарап ернін шүртитті. Сәл үнсіз отырды да, бұлқан-талқан ашуланып берсін.
– Шындық үшін! Пах, мұның әкесі ғана шыншыл да, қалғанымыз өтірікші екенбіз ғой, ә? Ей, бала! Данышпан Ленин көсемімізге, бастаушымыз коммунистік партияға ол қарсы шықты. Ол жай ғана қылмыскер емес, саяси қылмыскер. Кісі өлтіруші! Мен мұның бәрін ойдан шығарған жоқпын. Кеше тергеуші келді. Сол бәрін айтып берді. Мен бұл оқиғаға қатты шошыдым. Бұл оқиға тек біздің Отанымыздағы, еліміздегі ғана емес, мектебіміздегі масқара! Сен шындық үшін деп отырсың ғой. Ендеше сен бала нағыз шындықты тыңда! Сенің әкең − халық жауы. Соғыстан бұрын, одан кейін де ондай паразиттер болған. Сол кездері олардың әйелдерін де, балаларын да соттаған. Арам шөптерді тамырымен құртпаса қайта шыға беретіндей бұларды сөйткені дұрыс болды. Ол халық жауларының жапонның, Американың тыңшылары болғанын жақсы білемін. Сондықтан біз сені, ініңді біздің мектептен шығаруға шешім шығарайын деп отырмыз. Ертең мамаң келсін. Бәлкім сендерді басқа мектепке ауыстырар. Солай, бала!
Сәл үнсіздік орнады. Батыр директор болған оқиғаны айтады да, содан соң сабаққа қайта жібереді ғой деп ойлаған. Директордың мына қатал шешімі оны есеңгіретіп тастады. Кеше ғана тергеушіде болғандағы мамасының жағдайын жақсы біледі. Мынаны естісе тағы да құлап қалады деп қатты уайымдап отыр.
– Менің әкем халық жауы емес! – деді орнынан ұшып тұрып. – Сізге үш-төрт адам қауіп төндірсе қорғанасыз ғой. Менің әкем де қорғанған. Жауыңды сен өлтірмесең ол сені өлтіреді. Шынында да Қонаевтың орнына қазақты қою керек еді. Колбин Қазақстанның адамы емес. Ал мен халық жауының емес, батырдың ұлымын! – Батыр басқа не айтарын білмей қыстыға жылап жіберді. Көзі шақырайып кеткен директор сөйлеймін дегенше, Вера апайы оның алдын орап кетті.
– Николай Федорович, алаңға шыққан, кісі өлтірген мұның әкесі. Бірақ баланың кінәсі не? Көсеміміз Ленин «әкесі үшін баласы жауап бермейді» деген жоқ па? Сондықтан балалардың жүректерін жараламайық. Оқи берсін. Ал қазақ халқындай қонақжай халықты мен көрген жоқпын. Білесіз ғой, соғыс кезінде қаншама босқын этностарды паналатты. Оның ішінде біз де бармыз. Николай Федорович, жақсылықты ұмытуға болмайды. Ешқашан! – деді жайбарақат түрде сөйлеп мұның апайы. Апайының жылы сөзіне Батыр іштей риза болып, одан сайын өксіп жылады.
– Вера Васильевна, ох, Вера Васильевна! Мұныңыз қалай? Сіз де халық жауын қолдап отырсыз ба? Біз бұларды мектебімізден шығармасақ ертең жоғарыдағы бастықтар бізді, мені жұмыстан шығарады. Сіз коммунист емессіз бе?
– Иә, коммунистпін. Менің әкемді де кезінде «халық жауы» деп соттаған. Бірақ кейін ақталды. Біз өзіңіз айтқандай көп қуғын, қорлық көрдік. Анамды КарЛАГ деген түрмеге жапты. Інім екеумізді жетімдер колониясына жіберді. Кейін әкем ақталған соң бәріміздің басымызды қосты. Сондықтан мен коммунист ретінде тағы да қайталап айтамын, балалардың жазығы жоқ. Мектептен шығармайық. Алаңсыз оқысын. Егер жоғарыдағы бастықтар сізді қысатын болса Москваға дейін барамын. Таныстарым бар.
Вера апайды осындай шыншылдығы үшін мұғалімдердің бәрі сыйлайтын. Директордың өзі одан жасқанып, басқаларға жасайтын айқайын бұл кісіге істей алмайтын. Николай Федорович бір бозарды, бір қызарды, үстелінің үстіндегі заттарды әрі-бері қозғағансыды. Орнынан тұрып кең бөлмесінің ішінде әрі-бері жүрді. Вера Васильевна да, Батыр да үнсіз. Бір шешімге келгендей директор орнына отырды.
– Вера Васильевна, жәрәйді, бұларды шығармасақ шығармайық. Бірақ сізге қояр талабым бар. Шу шығып жатса оны өзіңіз басасыз. Бар жауапкершілікті мойныңызға аласыз. Бұл шартымды орындайтын болсаңыз, онда мен көндім. Бұған қалай қарайсыз?
Апай ойланып қалды. Басы салбырап отырған Батырға, әшкейінің үстінен өзін баққан директорға алма-кезек қарады да, мырс етіп күліп жіберсін.
– Мақұл, солай-ақ болсын. Бар жауапкершілікті мен мойныма аламын!
Кішкентай бала болса да апайының ерлігіне Батыр қатты риза болды.
– Бітті! – Директор алақанымен үстелді шарт еткізе соғып қалды. – Барыңыздар!..
Коридормен сыныпқа бара жатып Батыр апайын құшақтай алды.
– Рақмет, Вера Васильевна! – деді ол ересек адамдардай салмақты сөйлеп. Бірақ ол іштей толқып, тебіреніп тұр еді.
– Ештеңе емес. Қорықпай сабағыңды жақсы оқы. Әлі-ақ бар қиындық артта қалып, әкең оралады, Батыржан. Мен сенің болашағыңа сенемін, – деді қазақ тілінде таза сөйлеген апайы мұның басынан сипап.
Сыныпқа Батыр бағанағыдай қорқақтап емес, көңілді де батыл кірді. Балалар бәрі өздерінше сыбырласып, директордың қандай шешім шығарғанын білуге асық. Батыр да өз қуанышын сыныптастарымен бөліскісі келді.
– Достар! Сендердің мен үшін алаңдағандарыңа көп рақмет. Осы мектептен еш жаққа кетпеймін. Мен сендермен біргемін!
Еңлікгүл қол шапалақтап еді, бір-екі сыныптастары ғана ду ете оны қостады...
Сабақтан соң Еңлікгүл екеуі тағы да бірге қайтты. Батыр мектеп директорымен болған кездесуді басынан-аяғына дейін тәптіштеп айтып берді.
– Вера апай да солай «халық жауының» қызы болыпты. Ол кісі болмағанда біз Өмірбек екеуміз қаңғып далада қалатын едік.
– Иә, иә, мен Вера апайды онша жақтырмайтынмын. Керісінше тамаша кісі екен. Мектеп директорының өзінен қорықпай ойын ашық айту нағыз батыл адамдардың ғана қолынан келеді.
– Еңлікгүл, сенің апаңды менің мамам мақтады. Ал мен сені мақтадым. Саған рақмет.
– Не үшін? – Батыр мақтағанға қыздың аққұба келбетіне қызыл шырай жүгірді. Бірақ оны әрине, сұңғыла қыз білдірген жоқ.
– Өзің білесің біздің отбасыға, әсіресе мамама қиын болып жатыр. Кеше кешкісін қап-қара киінген дәу-дәу адамдар келіп бізге дөрекі түрде зекіріп, айқайлады. «Халық жауының» құйыршықтары деп сөкті. Қарсыласқан мамамды, әжемді итеріп жіберді. Әжем байғұс шалқасынан құлады. Үйімізді тінтіп, астан-кестенін шығарды.
– Олар қазақ па? Үлкен кісіні итеріп жіберуге қалай ғана дәті барды екен, зұлымдар?! – Еңлікгүл ышқына сөйлеп, ызаланып кетті.
– Олардың жартысы қазақ, жартысы орыс. Ал бастығы қазақ болғанмен өте жаман, дөрекі кісі екен. Бізді әбден мазақтап, айқайлап қорлады. Тіптен пистолетімен әжемді қорқытпақ болып еді, ол кісі қорықпай қарсы айқайлады. Үйдің ішінің бәрін тінтіп ештеңе таппаған соң олар бізді тұтқындап прокуратураға алып кетті. Ондағы тергеуші темекі шеккіш орыс екен. Бөлмесінің іші көк түтін. Ол бізді одан сайын қорлады. Жаман боқтық сөздерді боралады. Надансыңдар, калбит халықсыңдар деді, айтпағаны жоқ. Содан мамам есінен танып қалды.
– Өзі надан! Сенің мамаңның аяғы ауыр ғой. Соны көріп тұрып темекі шегу нағыз зұлымдық. Темекінің түтініне, дөрекілікке шыдамады білем. Қандай зұлымдар! Осындайда қазақтар бір-бірін неге қолдамайды екен? Әсіресе әлсіз, қорғансыз жандарға қалай ғана әлімжеттік көрсетеді? Батыр, олар нағыз бейшаралар! Әбден сендерді қинапты ғой! – Еңлікгүл жылап жіберді. Ұл тәрізді батыл қыздың мұнысына Батыр таңғалды. Жүрегі жұмсақ екен Еңлікгүлдің. Өзі де жылағысы келіп тұрса да, жігіт қой, қызды жұбатуға тырысты...
Алып елеуіш, Батырдың жылауы және сатқындық
Күн батты ма, батпады ма белгісіз айналаны біртіндеп қараңғылық құрсаулағанына қарағанда сірә, батып та кеткен шығар. Адамдардың күнді көрмегеніне біраз болды. Ылғи аспанды қалың бұлт торлайды да тұрады. Міне, көптен күткен қар жапалақтап жауып жатыр. Батыр қалықтай ұшып аспаннан төгілген қардың әрбір апалағын алақанына аялап қондыруға тырысады. Қызық! Сона-ау биікте алып адамдар мол қарды елеуішпен елеп тұрған сияқты бейне.
– Батыржан, неғып жүрсің? – Ту сыртынан шыққан дауысқа жалт қараса мамасы екен.
– Маматай, сіз бе? Мынау керемет көрініс қой! Әппақ дүние. Ұлпа қар. Қыстың да өзінің сұлулығы болады, ә?
– Оһо, өзің нағыз жазушы сияқтысың, – деп мамасы сөйлей бергенде гүр-гүр етіп бұлардың үйіне машина жақындап келе жатты. Екеуінің де денелері қорқыныштан дірілдеп кеткендей болды. Бұл «ертең тағы келеміз» деген әлгі тергеушінің адамдары шығар. Бұл жолы автобус емес, Уаз машинасы келіпті. Ішінен сау етіп қап-қара киінген үш жігіт түсті. Түстері сұп-суық. Бірақ кешегідей ақырып-жекірген жоқ. Ішіндегі ұзын бойлысы сәлемдеспестен:
– Аликулова Гүлтеңге сіз бе? – деді мамасына сауал тастап. Мамасы жауап бергенше болған жоқ үйден әжесі шығып:
– Әй, балаларым! Келінім шаршап жаңа ғана жұмыстан келді. Ең болмаса шай ішіп, әл жинап алсын, – деді қарлығыңқы дауыспен.
– Жоқ, апа! Біздің уақытымыз жоқ. Әлі талай жерді аралауымыз керек. – Әлгі жігіт бірден кесіп айтты.
– Ойпырмая, қандай адамсыңдар? Сендерде адамға жан ашу деген болмай ма? Кеше түнімен жүрді. Өзі екіқабат. Келінжан, мына қоржында құрт, нан, шәй бар. Бұлардың рұқсат бермейтінін білдім. Не деген қатігез жандар! Анадан жаралмаған, аспаннан түскен өңшең зұлымдар! – Әженің назасына шыдамады білем, сыпайы жігіт ашудан жарылып кетті.
– Әй, апа! Тіліңізді тарта сөйлеңіз. Сіздің балаңызға кісі өлтір деген біз бе? Енді заң алдында жауап бересіңдер. Қашан қылмыскер сотталғанша біз сендерге маза бермейміз. Керек пе, қамаймыз. Екіқабат, екіқабат дейді ғой. Қылмыскер ме, жауап берсін!
– Менің келінім де, ұлым да қылмыскер емес. Әділ заң болса ертең-ақ қайтып келеді. Сен тіліңді тарт! Бүгінгі бізге келген зауал ертең саған келсе қайтесің? Әйеліңді ойбайлатып, балаларыңды шырылдатса көрер едім сендерді!
Батыр адуын әжесінің сөзіне таң қалды. Сұлуқас әжесі де батыр. Ешкімнен, ештеңеден қорықпайды.
– Әй, келін! Басыңды биік ұста! Шындықты айт! Шындықты айтқан құлын Алла да қолдайды.
– Тоқтат! Алиқұлова, машинаға мін! Батыр Мырзажанов сенбісің? Сен де мін! – деп жүгіріп келіп ол және екі жігіт мамасын, мұны машинаға желкелеп итере бастады.
– Батыржан! Мамаңды қорға, қасында бол, көкем! – Әжесінің соңғы сөзі құмығып естілді. Сірә, көңілі босап кетті-ау...
Кешегі жағдай тағы да қайталанғандай болды. Бір ерекшелігі басқа солдат келіпті. Сондай-ақ бүгін тағы бір тергеуші қосылған. Ол түрі қазақ болғанмен, өз тілін білмейтін қара орыс болып шықты. Ол бір жақсысы темекі шекпейді екен. Ал кешегі орыс тергеуші тура паравоз сияқты аузы-мұрнынан түтін бұрқ-бұрқ етеді. Екеуі де бір-біріне ұқсас. Дөрекі түрде қорқытып сөйлейді. Кешегідей емес бойлары үйренген ана мен бала еркін, әрбір сауалға батыл жауап беріп отырды. Ал тергеушілерге бұлардың еркіндігі, батылдығы ұнамады. Бірде ақырып, бірде бақырып қорқытқысы, үркіткісі келді. Сөйтіп өз дегендеріне көндіріп, айтқанымен жүргізіп қажетті деректерді жаздырып алуға тырысты. Олардың алдымен жайбарақат қалыпта сөзбен шымшылап, түйреп, зықысын шығарып, ашуын қыздырып алатын әдістері зая кетті. Екеуі қай-қайдағы сауалдарды кезекпе-кезек қойып бастырмалатты. Батыр оларды аударып үлгермей жатты. Арасында анасын аяп, олардың кейбір өткір, қитұрқы сауалдарын жұмсартып жеткізді.
Мамасының салмақты жауабы, сабырлы жүзі оларды жындандырды. Жан алатын әзірейілдей бірде Батырға, бірде оның мамасына төніп-төніп келіп, ежірейе қарап, сұрақтарына боқтық сөздерді араластырып текеше бақылдасты. Әсіресе жаны ашитын болар деген жалпақ бет қазағы ана орыстан асып түсті. Мамасы екіқабат болмаса, ұрып-соғудан да тайынбайды-ау деп ойлады Батыр. Қайталама сұрақтар әбден мезі етті. Оның үстіне шылымның көкала түтінінен мамасы түгілі Батырдың басы ауырып, көзі тұмандана бастады. Мамасының түріне қарап еді, жүзі бозарып бара жатқандай көрінді.
– Мама, түріңіз бұзылып тұр. Бір жеріңіз ауырып тұрған жоқ па? – деді жалма-жан ол алаңдап.
– Иә, балам. Тұншығып бара жатқандай халдемін. Қанша өзімді сабырға шақырсам да мына оңбағандардың сұрақтары миымды, жүрегімді ауыртты. Басым зеңіп, тынысым тарылғандай ма... – Қазақ тергеуші бұлардың күбірлескеніне елең ете қалып, жемтігін көрген күшігендей олардың жанына жетіп келді.
– Сұраққа дұрыс жауап бермейсіңдер. Бірақ өздеріңше жаңа бірнәрсе айттыңдар. Ол қандай әңгіме?
– Аға, мына темекінің түтіні мені, ауру мамамды тұншықтырып барады. Мамам өткенде есінен танып қалған. Қазір де жағдайы жаман. Есікті ашып қояйықшы. Таза ауа кірсін. Біз осы жөнінде әңгімелестік. – деді жыламсырап Батыр.
− Жоқ! Жоқ! Жаңа телефон орталық тергеу орнынан соқты. Сенің әкең 17-18 күндердегі ереуілді ұйымдастырғандардың біреуі екен. Өзі мойындапты. Яғни сендердің үйлерің штаб болған. Кімдер келді ереуілге дейін? Ұранды жазған кім? Ең үлкен бастық кім? Қандай қару-жарақтарды дайындады? Міне, осылардың бәрін ұйымдастырған сендердің әкелерің. Аудар, кәне! Бір сөзін өтірік аударсаң онда сені қылмыскер ретінде соттаймыз. Мұның бәрі диктофонға жазылып, видеоға түсіріліп жатыр. Ертең бәрі қайта тексеріледі, бала. Сонда маған айтпады деп жүрме!
Бұл айтылғандарды мамасына Батыр аударып берді.
− Қорықпа, балам! Шындық бізді өлтірмейді. Біздің әкеміз қарапайым адам болған. Жәй ғана жұмысшы. Көп жылдар ауылда өмір сүрген. Біреудің ала жібін аттамаған адал адам болған. Ешқандай штаб-птаб дегенді білмейміз. Ұран жазатындай жоғары біліміміз жоқ. Қару-жарақтың не пәле екенін естіген де, білгенде емеспіз. Бастықты өзіміз түгілі түсімізде де көрмедік. Ал әкеміздің ереуілді ұйымдастырды дегені өтірік. Арақ ішпейді, наша шекпейді. Ал аудар, балам! Бір сөзін қалдырма, әйтпесе шынында да ертең пәле болып жүрер.
Тергеуші мамасының сөзін Батыр аударып болған соң мырс етіп күлгенсіді. Бірақ бетінде бәз-баяғы сенбестік пен салқындық. Содан соң амалы таусылғандай басын шайқап-шайқап қойды. Батырдың қорқып тұрғаны мамасының денсаулығы. Тұншығып, тынысы тарылып әзер отыр. Олардың бұл қорлығы мен зорлығына іштей ызалы болғанмен қолынан келер қайран жоқ. Екі тергеуші бір-біріне ым қағысты да далаға шығып кетті. Осы сәтті пайдаланғысы келді де, Батыр есікке қарай ұмтылды. Ойы аз да болса есікті ашып, бөлме ішін көк түтіннен тазарту. Міне, сұмдық! Зұлымдар есікті сыртынан жауып кетіпті.
− Ей, солдат аға, есікті ашшы. Менің мамам темекі түтінінен тұншығып жатыр, − деді дауыстай сөйлеп.
− Сен не, мені қылмысқа итермелеп отырсың ба? Тыныш отыр, күшік! – деп солдат өзінше шәңкілдеді. «Қап! Енді не істеймін?» деді ол тығырыққа тіреле күйініп. Мамасы маңдайын үстелге қойып, демігіп отыр. Батыр жанына жүгіріп барып еді, әзер ентігіп сөйлей бастады.
− Батыржан! Ішім ауырып тұр. Сен үлкен жігітсіңсің ғой, көкем. Бәрін білуің тиіс. Мына ішімде сенің бауырың жатыр. Бұрын тентек болатын. Тепкілей ме әйтеуір, қозғалып тұрушы еді. Кешеден бері қозғалмай қалды. Бірдеңе болып қалды ма, білмеймін. Өзімді емес, осы кішкентайды ойлап қорқып отырмын.
− Мама, өзіңіз қалайсыз?
− Мен шыдаймын ғой, − деп екі сөзді әрең айтқан мамасы тағы да талықсып бара жатты. Осы жолы қатты ызаланған Батыр шыдамай жүгіріп барып есікті қолымен ұрды, одан болмаған соң есікті тепкіледі. Тырс еткен дыбыс жоқ.
− Аш, ашыңдар, зұлымдар! Менің мамам өлейін деп жатыр. Аш, ашыңдар! – Мамасына қарап еді, өткендегідей басы бір жағына қисайып құлап бара жатыр екен. Оқтай атылып мамасының жанына қалай жетіп барғанын өзі де білмей қалды. Бәрібір бұл жолы үлгермеді. Мамасы сылқ ете еденге гүрс етіп құлады. Орамалы бір жағына ұшып кетті. Өзі жансыз жатыр.
− Мама! Мама, тұршы! – деп жанұшыра сөйлеп, жантайып жатқан мамасын көтере алмай тырбаңдады. Амалы құрыған Батыр жылап жіберді.
− Оңбағандар! Зұлымдар! Халық жаулары сендерсіңдер! – деп айта беріп еді, үстелдің үстіндегі графин көзіне түсе кетті. Қатты қуанып кетіп, жалма-жан әкеліп мамасының бетіне су бүрікті.
− Ух, жаным-ай! – деп тұншыға сөйлеп, көзін ашқан мамасын көріп байғұс бала қатты қуанды.
− Маматай! Жаным, маматай! Тұрыңызшы, кәне, мен көмектесемін. – Мамасының ұзын шаштары тарқатылып, қобырап алдына түсіп кетті. Жеті айлық баласы бар іші де қампиып, ол да мамасына тұруға кедергі етті. Батыр бар күшін салды. Үсті-басы қара тер. Көзінен жас та тоқтар емес. Назаланған, қорланған қос міскін осылай біршама арпалысты. Ақыры мамасын орындығына отырғызып, жерде жатқан орамалын әперді. Анасы ауылдағы әдеті бойынша орамалын ешқашан тастамайды.
− Сен болмасаң мыналар мені ажалымнан бұрын өлтіретін еді. Айналайын, құлы-ны-ым!
Мамасы қорланған күйде қыстығып жылап жіберді.
− Маматай, жыламаңызшы! Өзіңіз айтатын сабырыңыз қайда? – деп Батыр мамасын жұбатқансыды.
− Біз не жаздық балам, бұларға. Әкеңнің я өлі, я тірі екенін білмейміз. Менің түрім мынау. Әжеңнің төрінен көрі жақын. Бәрінен де саған қиын болды. Жанымды ауыртып бара жатқан тағы бір нәрсе мына ішімдегі нәрестенің жағдайы. Қозғалмай қалды бейшара...
Осы кезде есікті тарс-тұрс еткізе екі тергеуші екпіндеп кірді.
− Сіздер қандай қатігез жансыздар? Мамам бір өлімнен қалды. Әзер есін жиды. Ең болмаса есікті ашып кетпейсіздер ме? Мына темекінің түтіні ауру адамға оңай дейсіздер ме?
− Бала! Әңгімеңді, жылауыңды тоқтат! – деді жалпақ бет қазақ жуан жұдырығын түйіп. – Сен екеуің мемлекетімізге аса қажетті, аса құнды құпияны айтпай отырған сатқынсыңдар. Яғни қылмыскерсіңдер. Біз қалай сонда есік ашып кетеміз. Әзірге бұл жағдайларыңа қуана тұрыңдар. Ертең әкең оңбаған, кісі өлтіргіш әкелеріңмен бірге камерада отыратын боласыңдар. Сонда көремін сендердің әуселелеріңді. Бұлбұлша сайрайтын боласыңдар, білесің бе, бала, бұлбұлша сайрайсыңдар!
− Ох, сволочи, дикие люди! – Орыс тергеуші осы сәтте тістене айқайлай сөйледі. Батыр жалт қараса ол бос графинді қолына аспандата ұстап тұр екен. – Мына суды сендер іштіңдер ме? Қалай ғана ана кір қолдарыңмен менің үстелімнің үстіндегі затқа тиістіңдер? −Дұрыс айтасың, Николай! Біреудің затын ұрлап пайдаланғаны үшін оларды қылмыстық іске тарту керек. Солдат, солдат!
Солдат оның барылдаған дауысын ести қоймады.
− Солдат, солда-ат! – Сонда ғана ол есіктен сығалады. − Мынау даланың жабайы егеуқұйрықтары менің затыма тиісіпті. Бері кел! Мен қазір протокол толтырамын. Сен куә боласың. Графинді мен қолмен емес, қағазбен ұстап тұрмын. Мына жабайылардың қолының қолтаңбасын түсіреміз. Сараптамаға, зертханаға жібереміз.
Батыр таң қалды. Бәле жапқысы келсе, жаба салады екен-ау. Жалпақ бет мәз бола ірі тістерін көрсете ыржия күледі.
− Батыржан, мыналар не деп жатыр? – деді мамасы үсті-басын жөндеп жатып.
− Мына графиндегі суды ұрлап алдыңдар деп, бізді сотқа бермекші.
− Ойпырмай, бұларға дауа жоқ екен. Айттым ғой, саған байқа деп. Нең бар еді тиісіп солардың суына. Сараң немелер! Өлейін деп жатқан адамның ерніне су тамызбайтын нағыз қаныпезерлер ғой, мыналар! – Мамасы ренжіп, таусыла сөйледі. Солдат графинді алып кетті.
− Зертханаға, зертханаға апар! Көрейін енді. Я сотталасыңдар, я шындарыңды айтып мойындайсыңдар. Солай! Енді біз сендермен басқаша сөйлесеміз. Мүлдем басқаша! – Орыс тергеуші саусағын безеп, барқылдай сөйледі. Әдетінше тағы да темекісін тұтатып түтінін рахаттана жұтып алды да, аузы-мұрнынан бұрқылдатып шығара бастап еді, Батыр шыдамады. Оған жиіркене қарап:
− Жаңа ғана мамам зорға есін жиды. Темекіні шекпеңізші, ағатай! − деді өтіне сөйлеп.
− Сайтан алғыр, сенің мамаң есінен танады екен деп мен жұмысымды тоқтатуым керек пе? Өйтіп ақымақ болма! Жөніңе отыр! Егер бізден құтылам десе шындықты айтсын. Кінәларыңды мойындап Колбиннен кешірім сұрасаңдар ғана жазаларың жеңілдеп, бізден құтыласыңдар. Әкелеріңнің де жазасы жеңілдейді. Әйтпесе біз тергеуден жалықпаймыз. Бұл біз үшін рахат. Мә, мына қағазға жазыңдар. Сен кешірім сұра, жаз, мамаң қол қойсын!
Батыр мамасына бұл жайында айтып еді, ашуланып қалды.
− Айт, менің басымды кессе де, өтірік айта алмаймын. Колбиннен неге кешірім сұрауым керек? Керісінше елімізде осындай бүліншілік жасап жатқаны үшін ол қазақ халқынан кешірім сұрасын. Мен қазақтың аналарының бірімін. Мені, екіқабат әйелді олар неге қорлайды? Кішкентай қаршадай баламды неге жылатады? Олар бізден кешірім сұрасын! Егер бұлай қинай берсе, мен Москваға барамын! Менің ол жақта ағаларым бар.
Мамасы осылай өзі ауырып, жаны қиналып отырса да, батыл сөйлеп шындықты шімірікпей айтты.
− Мама! Сіздің айтқанды аударсам мыналар тағы да ашу шақырады ғой.
− Жоқ, балам! Күн сайын өлгенше бірден өлген артық. Бұлар жендеттер. Әсіресе қазақтарды аямайды. Біздей қарапайым адамдарға адам ретінде емес, мал ретінде қарайды. Менің екі-үш күнде көзім жеткен шындығым осы. Айт, аудар, жаңағы айтқанымды!
Шамырқанып сөйлеген анасына Батыр сүйсіне қарап қалыпты.
− Ей, бала, ұйықтама! Анау не деді, аудар! Бір сөзін қалдырмай бізге жеткіз. Әйтпесе... Жалпақ бет ызбарлана сөйлеп, балаға ызғарлана қарады. Ойы баланы ықтырып, қорқытып, шындықты айтқызу. Батыр бұл жолы оның бетіне тіке қарап, анасының айтқандарын жеткізе бастады. Екі тергеушінің өздерінің манағы қоқан-лоқысынан қорқып, мына екі бейшара жан кешірім сұрап, жалынып-жалпаяды деген дәмесі тас-талқан болды. Ананың сөзі, баланың аудармасы оларды одан сайын жындандырды. Бірақ бұрынғыдай емес, әлденеге сақтанып қалған жайы бар. «Мен Москваға барамын. Ағаларым бар» деген мамасының сөзінен қорықты ма, кім білсін...
Екі тергеуші сыбырласа сөйлесіп біраз тұрды. Содан соң солдатты шақырып, «Мыналарды үйіне апарып тастаңдар» деді бұйыра сөйлеп.
Бұл кезде желтоқсан айының сауыс-сауыс ызғарлы таңы әрең-пәрең еріншектене енді-енді атып келе жатты. Анасы кешегідей емес, өте әлсіз. Батырдың сүйемелдеуімен алға басты.
− Көрдің бе, балам, менің сөзімнен кейін олар бірден өзгерді. Бізді мал деп қорлайды, ал мал нағыз өздері. Ертең менің, сенің күніміз туғанда құйрығын бұлғаңдатқан иттей бізге жағымпазданатыны сөзсіз. Ел басына күн туғанда Отанын сататын осылар...
Үйге келгенде әжесі бөстегінің үстінде екі-үш жастықты жастанып жантая ұйықтап жатыр екен. Сірә, түннің бір уағына дейін ұйықтамай бұларды күткен сынайлы.
− Балам, шәй ішіп, әлденіп алайық. Мен жұмысқа барайын. Қазір бастықтар кешеден бері маған қырын қарап тұр. Жұмысқа бармасам сылтауратып шығарып жіберуі де мүмкін. Онда жағдайымыз болмай қиналып қаламыз ғой, балам. Сен мектебіңе барасың ба?
− Мен де баруым тиіс. Вера Васильевнаны ұятқа қалдырмайын. Менің де директорым маған жаман қарап тұр...
Анасы мен екеуі бұл сөзге еріксіз жымиып күлді...
***
Батыр Өмірбекті оятқан кезде пеш түбінде жантайып, қалың ұйқы құшағында жатқан әжесі селт ете оянып кетті. Бұл кезде мамасы жұмысқа кетіп те қалған болатын.
− Батыржан-ау, сенбісің? Қашан келдіңдер? Келін аман-сау ма, әйтеуір? Ол қайда? Бірдеңе болып қалған жоқ па? Ана байғұс баладан хабар бар ма?
Әжесі ұйқысынан тұра сала сұрақты осылай жаңбырша жаудырды.
− Әжетай, уайымдамаңыз. Мамам жұмысқа кетті. Денсаулығы жақсы. Ана оңбаған тергеушілер көк мылжың екен. Түнімен сұрақ қойды. Папам да аман-есен дейді. – Сөзінің соңын сенімсіз түрде аяқтаған Батыр өтірігім шығып қала ма деп Өмірбекке өтірік ұрса бастады.
− Өмір, немене сен сабағыңды дайындамағансың ба?
Ұйқысынан енді оянған байғұс Өмірбек көзі алақтап:
− Қандай... – дей беріп еді, Батыр оның аузын алақанымен жапты да, көзін қысты.
− Айттым ғой, әже. Бұл бар ғой, күнде сабағына дайындықсыз барады.
− Ой, тұқымың өскір, мен кеше Құдайдың зарын қылдым. «Сабағыңды дайында, сабағыңды дайында» деп. Ал ол тыңдады ма, есіл-дерті ойын. «Әй, Батыр, сен мені ертең тергеушіге апар. Олардың ит терісін басына жабайын. О несі-ай, жұмыстағы, сабақтағы адамдардың уақытын алып. Сонда ол не деген таусылмайтын сауал?
− Әжетай, олар ерігіп отырып, бір сауалды жүз рет қайталап қоя береді. Біз олардан қорықпаймыз. Егер өйте берсе Москваның өзіне бір-ақ баратын болдық мамамыз екеуміз.
− Ие, сөйтіңдер. Ана әкелеріңнің жағдайын да айтыңдар. Әйтпесе бәрі басынып бітті ғой. Мына күнде келіп тұратын көршілер қатынамай қалды. Бәрі бізден қорқатын сияқты. Өздерінше біздің үйге саусақтарын безеп: «Бұл халық жауының үйі» дейтін көрінеді. Әдірам қалсын, жүдә! Тіптен анау бізден балаларына сүт алып тұратын Иван бар ғой, ол да кеше көшеде мені көре қалды да айналып кетті. Ойпырмай, адамдар қалай аяқ астынан өзгере қалады, ә?
− Әже, біз сабаққа кешігеміз. Сіздің әңгімеңізді келген соң тыңдаймын. Мақұл ма?
− Мақұл, мақұл, құлындарым! Байқап жүріңдер. Халық жауының балалары деп сендерді шеттетіп жүрмесін. Ондай болса мені шақырыңдар...
Балалар шығып кеткелі қашан. Ал Сұлуқас әже әлі де сөйлеп жатты...
Батыр сыныбына кіргенде кейбір достарының жат мінездеріне таң қалды. Орыс және басқа этностардың, тіпті қазақ балаларының өздері бұған сәлемдеспей қойды. Тек Еңлікгүл ғана бәз-баяғы қалпында. Тентек Серік деген сыныптасына риза болды. Жалғызсырап шеттеу тұрған бұған келіп нағыз еркектерше сәлем берді.
− Батыр, атыңа сай жігіт бол. «Жігіттің басына нелер келіп, не кетпейді» дегендей қырың сынбасын, рухыңды түсірме! Мен сенімен әрқашан біргемін. Бәрі уақытша нәрсе. Ертең бәрі басқаша болуы мүмкін. Бүгін сабақтан соң бірге қайтамыз. Саған біреулер тиісуі мүмкін. Менің ағам Берікке бір достары солай депті. Олар да сені қолдайды. Қорықпа! – деді Серік мұның иығынан өзімсіне қағып қойып. Батыр жақын тұтатын достарының бәрі теріс айналып, сатып кеткеніне қынжылды. Кейбір мұғалімдері де мұны өзгелерден гөрі шет қақпайлайтындай көрінді. Түнімен тергеуші де болған соң қайдан сабақ оқып үлгерсін. Бірақ Батырдың көбінесе мұғалімдерінің түсіндіргендерін есіне тез сақтап қалатын қасиеті бар. Бүгін де сол қағілездігі құтқарды. Әйтпесе барлық сабақтан екіліктер күнделігіне қонжияр еді.
Еңлікгүл мен Серік сабақтан соң Батырмен бірге қайтты.
− Жоғарыдан, бәлкім директор ма сыныптағы белсенді балаларды жинап, арнайы тапсырма берген сияқты. Тек Серік екеумізге олар ештеңе айта алмады. Көрдің бе, сыныптағы оқушылар саған сәлем бермей қойды. Дегенмен олар бізден жасқанады. Ешкім төбелес шығарған жоқ. Сен байқа! Сабырлы бол, Батыр. Саған біреулер әдейі тиісіп, ашуыңды қоздыруы әбден мүмкін. Ондайда оған көңіл аударма! – деді Еңлікгүл жанашырлық танытып.
− Иә, иә, Батыр бауырым. Қазақ айтады «Сабыр түбі – сары алтын, сарғайған жетер мұратқа» дегендей Еңлікгүлдің айтқанына мен де қосыламын. Вера Васильевна бағана мені шақырып алып, саған көмектесуімізде өтінді. «Қасында болыңдар! Үйіне дейін шығарып салыңдар. Сабағына көмектесіңдер!» деп сыбырлады. Вера апай қандай жақсы адам. Сондықтан қазір біздің үйге баралық. Сабаққа бірге дайындалайық. Бұған қалай қарайсыңдар? – деп Серік екеуінің алдына жүгіріп шығып жымия қарады.
− Достар, сендерге көп рақмет. Менің басыма түскен ауыртпалық, шынын айтсам зор болып тұр. Әкем түрмеде жатыр. Оның жағдайының не болып жатқанын білмейміз. Күн сайын өзі ауру әрі екіқабат мамамды тергеуші шақырып, таңға дейін тергеу жүргізеді. Бір жақсысы мен аудармашымын. Бір жағынан маған да қитұрқы сауалдар қояды. Қорқытады, қорлайды. Әсіресе мамама қиын. Екі рет есінен танып құлап қалды. Қазір үйге барайын. Әжем кешіксем қорқады. Оның үстіне үйдің жұмыстарына көмектесуім қажет. Ренжімеңдерші маған! – Батыр көзі жасаурап достарының алдында бас иді.
− Жәрәйді, Батыр! Егер қолым тисе мен де саған кіріп шығармын. − Еңлікгүлдің де көңілі босап тұр-ау, сірә. Теріс айналды. Олар Батырды тура үйінің жанына ертіп әкеліп кіргізіп жіберді. Біреулер олардың артынан еріп келе жатқандай көрінді. Олар кімдер? Әзірге олардың кім екенін олар біле алмады.
Теріс айналған ауыл, тергеушінің зұлымдығы және қайсар қыз
Гүлтеңге бүгін жұмыстан ерте келді. Еңлікгүлдің анасы Шәрипа оның ауырып тұрғанын бастығына айтыпты. Шынында да ұжымда Шәрипаның беделі жоғары екен. Орысша жатық сөйлейді. Өзі техникум бітірген. Сауын фермасында оны бригадир етіп қойған. Батыр мамасының айтуымен ол кісі туралы тек осыны ғана біледі. Ілби басқан мамасы үйге келді де, бір-екі кесе шәй ішер-ішпестен төсекке құлады. Батыр да бір сағаттай көз шырымын алды. Сұлуқас әжесі әйтеуір тамақ істеуге жарап тұр. Бірден асқан Әлнұр байғұсты емшектен шығарып сиырдың сүтін беріп жүр.
Ауылда қызылшұнақ аяз үстемдік етіп, бірде қарлатып, бірде борандатып қаһарын төгеді. Батыр әжесі тоқып берген қолғабын, шұлығын киіп алып күндегі әдетінше отынын бұтады, сиырдың астын тазалады. Мана таңертең мамасы сиырды саууға шамасы келмеген-ау, сірә, бұзауы анасының қасында екен. Жалғыз сиырлары шөп-жемге қарап қалған. Биыл жазда әкесі екеуі біраз пішен, қара шөп дайындаған. Сол әжетке жарап, Батыр сиырға шөпті молынан беріп қояды. Аздап жемі де бар. Әкесі үйреткен, осы шаруаларға Батыр енді Өмірбекті баулып жүр.
− Өмірбек інім! – деді ол бүгін, − Анамыз ауырып жүр. Әкеміздің тағдырының не болып, не қойып жатқанынан бейхабармыз. Сондықтан біз екеуміз осы үйдің шаруасына жауаптымыз. Қалай сыныпта тыныш па?
− Батыр аға, бүгін сабаққа барсам маған бірде бір досым сәлем бермей қойды. Менің жылағым келді, бірақ оларға ерегіскенде жыламадым. Мен өзің білесің ғой, сыныпта атаманмын. Сәлем бермей қойған бір-екі баланы мытып-мытып жіберіп едім, олар менімен сәлемдесуден қорқады екен. Бір ересек балалар келіп: «Ол халық жауының баласы, онымен қатынас жасамаңдар. Әйтпесе ертең сендер де халық жауы боласыңдар» депті. Алайда маған қиын. Бәрі мені жек көретін сияқты. Аға, «халық жауы» деген не, ол кім? Біздің папамыз халық жауы ма сонда?
Өмірбек отынды шанамен тасып жүріп осындай әңгіме айтты. Сұрақтары Батырға ауыр тиді. Бірақ ағасы ғой, жауап беруі тиіс.
− Бауырым, ол сөзден сен қорықпа! Айтшы, сен өз әкеңді халық жауы деп ойлайсың ба? Халық деген біз. Ауылдағы адамдар, қарапайым жандар. Біз және әкеміз оларға тиісіп, қорлап жатырмыз ба? Әрине, жоқ. Кім халықты қорласа, оларға зорлық-зомбылық, зұлымдық жасаса, міне, солар халық жауы. Біздің әкеміз әлі-ақ ақталып үйге келеді. Сонда біз олардың әуселесін көреміз. Түсіндің бе?
− Түсіндім, аға. Сонда кеше келіп, біздің үйіміздің астан-кестеңін шығарған, бізді жылатқан, әжемізді ұрып құлатқан, мамамызға ұрысқандар, нағыз халық жауы солар деп ойлаймын.
− Иә, дұрыс айтасың. Болмаса оларға біз не істедік? Ал олар болса бізге әлімжеттік жасады. Дегенмен Өмірбек сен абайлап жүр. Біреулер тиіссе маған айт. Мақұл ма? – деп Батыр інісін құшақтап, бауырына тартты.
Күн батар алдында мамасы оянды. Сұлуқас әжесінің көжесін ішіп отырған. Есік тарс ете ашылып біреулер кірді. Бәрі үрпиіп-үрпиіп қорқып қалды. Тағы да еңгезердей-еңгезердей екі жігіт кіріп келе жатты. Олар кіре сала:
− Әлиқұлова Гүлтеңге және Мырзажанов Батыр бар ма? – деді зілді үнмен.
− Иә, осында, − деді әжесі айқайлай сөйлеп. – Оларды не істейін деп едіңдер? Не деген таусылмайтын тергеу. Екі түн келінім мен балама ұйқы бермей жүрген тергеушілеріңе айт, балам, мына келінім екіқабат. Өзі ауру. Мына бала мектепте оқиды. Күнде шақыра бергенше бір күнде сұрақтарын тез-тез беріп қайтарсын да. Бұл не деген сұмдық?
− Әже, әңгімені көбейтпеңіздер. Бізге әкел деп бұйрық береді, біз апарамыз. Тергеушілер қалғанын өздері біледі. Тезірек тамақ ішіп болыңыздар. Біз сыртта күтіп тұрамыз, − деді ұзын бойлы келген жігіт гүрілдей сөйлеп. Бұрынғыларға қарағанда адамгершіліктері бар екен. Тамақ ішуге уақыт берді.
− Келінжан, мен сенімен барайын. Ана тергеушілерді орнына қоймасам болмайды. Олар бізді бүкіл ауылға жамандап қойыпты. Қазір біздің үйге бір адам келмейді. Анау Әсемгүл кемпірге дейін бізден қорқатынды шығарды. Сонда біз алапеспіз бе, ешкім жоламайтындай. Бұл масқара ғой. Біздің не кінәміз бар? – Сұлуқас әже әңгімесін адуынды бастағанмен сөзінің соңын жыламсырай аяқтады. Көлдей ақ орамалымен бетін көлегейлеп көз жасын сүртті.
− Апа, ол тергеушілер бізді де, сізді де тыңдамайды. Олар өкіметтің заң орындарының адамдары. Олардың ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс. Бірақ біз де олардан қорықпаймыз. Баламыз екеуміз кез келген уақытта тойтарыс береміз. Ал ауыл адамдарының теріс айналғаны оларды да қорқытып тастаған. Адамгершіліктері мықтылары араласады. Қалғандарына біз не істей аламыз? Сіз жыламаңызшы, апа! Сіз біздің Алатауымызсыз, қорғанымызсыз. Сіз жыласаңыз біз не күйде боламыз?
− Ә-әй, ана байғұс баланы ойлап кетем. Тып-тыныш жүретін адам ғой. Оның тағдыры не болады екен? Күні-түні соны уайымдаймын. Мен оның анасымын ғой, келінжан-ау, − деді әжесі тағы да еріксіз жылап.
− Қой, біз кеттік. Апа, мына үй, балалар сізге аманат, уайымдамаңыз, біз қайтып келеміз. Жағдайымыз көріп тұрсыз ғой, жаман емес. Өздері құрметтеп машинамен әкетеді, әкеледі. Одан артық не керек?
Байқап отыр, мамасы өзіне де, әжесіне де көңілді көрінгісі келгендей. Ауыр жағдайдың өзін жеңілдеткен қайран мамасы-ай! Айтпақшы, Еңлікгүл сіңлісінен құймақ пісіріп беріп жіберіпті. Құймағы тәтті екен. Өзі неге келмеді? Әлде ұялды ма?..
Күндегі әдетінше бұларды прокуратураға әкелді. Бірақ оларды бүгін басқа кабинетке кіргізді. Мұнда да солдат тұтқындарды қабылдап алды. Бірақ басқа тергеуші. Ашаң денелі, аққұба өңді орыс жігіті кабинеттің ортасында қарсы алып, бұлар кіргенде қолындағы пәпкесін үстел үстіне тарс еткізе тастай салды. Содан соң бұларға мұздай көздерімен сынай әрі тесіле қарап басын изеп сәлемдескендей сыңай білдірді. Содан соң:
− Мен Чуприлин деген атақты тергеушімін. Бұрын естіген боларсыздар. Менің осы күнге дейін мойындатпаған қылмыскерім жоқ. Сендер де солай боласыңдар, − деп өзінше мақтанып қойды.
− Ты переводчик, − деп зілді үнмен сұқ саусағын Батырға кезеп. – Если ты будешь лгать, я тебя из говна конфету сделаю.
Батыр сәлемдескеніне қарап, оны «жақсы адам ғой» деп ойлаған. Мына соңғы сөзі әлгі ойынын астан-кестенін шығарып, лайлап жіберді. «Ең болмаса бұл пәле темекі шекпесе екен» деп тілеген. Қайдағы, ол үстелдің шетіне жамбастай отырып қалтасынан алтын түстес әдемі темекі салғышын шығарды. Оны бипаздай сырт еткізе ашып, ішінде қаз-қатар орналасқан темекілердің бірін алып, оны паңдана үрлеп-үрлеп қойды. Содан соң ол темекіні миығына қисайта салды. Шырпы жаққаны да сән-салтанатқа толы. Тұтатып алған соң мұздай көзі тұмандана түтінін ішіне жұтып, содан оны шығарғанда ауада неше түрлі сақина жасап біраз отырды. Осылай бір-екі түтіндетіп алған соң бірден жұмысқа кірісетін әдеті екен. Темекі шеккен соң жап-жаңа ғана сап-сау адам жындының кейпіне еніп, көздері алайып, бұларға есіріктене қарады. Оның делқұлы түрінен Батырдың жаны түршікті.
Екеуін алдындағы шағын үстелдің екі жағына бұйыра айқайлап отырғызды.
− Батор Мырзажанович, сен екеуміз бір жақтамыз. Аликулова Гультенге басқа жақтың адамы. Сондықтан сен маған көмектесуің тиіс. Егер көңілімнен шығып жатсаң онда саған көп сыйлық, ақша беремін. Сондықтан жұмысыңды адал істе! − деп мамасына бұрыла беріп еді, Батыр:
− Мен Батор емес, Батырмын. Маған ақшаның қажеті жоқ. Тек сізден өтінерім темекі аз шегіңізші. Немесе далаға шегіп келіңіз. Ол сіздің мәдениеттілігіңіз. Көріп отырсыз, біздің қарсыласымыздың жағдайын. Ол кісі үлкен ана, өзі екіқабат. Осылай темекі шеккіштердің кесірінен бұрын екі рет тұншығып, есінен танып қалды. Сіз екеуміз бір жақ болсақ, ол кісіге құрмет көрсетсек...
− Сен көп сөзді қой! – деді ол сабырынан лезде айырыла көздері шатынап. – Мен не істесем өзім білемін. Қылмыскердің аты қылмыскер. Мен оны қамап тастамағаныма қуансын. Біз әдетте мұндайларды ұрып-соғып, бұлбұлша сайратамыз.
Чуприлин де алдыңғылар сияқты ақыра сөйлеп, бұрынғы таптаурын сауалдарын қоя бастады. Арасында үстелін тоқпақтап алады, кейде орнынан жынданғандай ұшып тұрып, көздері алайып, шеке тамыры адырайып мамасының жанына жетіп келеді.
− Күйеуім Мырзажан туралы бар білгенімді екі-үш рет айтып, жазып бергенмін. Одан басқа қосарым жоқ, − деп мамасы жауап беріп еді, ол қатты ашуланып, орнынан жұлқына тұрды. Енді мінеки, жеп жіберердей төніп, жыландай ысылдап былай деді:
− Егер сен күйеуіңді қаралайтын нағыз шындықты жазып бермесең, ауылыңнан басқа куәгерлер табу маған қиын емес. Онда сенің күйеуіңнің жағдайы қиындап, жазасы ауырлайды. Ақымақ, сен осыны да білмейсің бе? – Оның шегір көздері мамасының өңменінен өтіп кетердей ызғар шашты. Мамасы батыр ғой. Батыр әлгі сөздерді аударған соң, тайсалмай сабырлы жауап берді.
− Сіз менен не талап етіп отырсыз? Күйеуімді өтірік жамандай алмаймын. Көлгірсу дегенді білмеймін. Куәгер тапсаңыз, табыңыз. Ал мені өлтірсеңіз де ондай иттікке бара алмаймын.
Тергеуші мұны естігенде ашу-ызадан жынданып, аузы көпірген құтырған итке ұқсап кетті.
− Ты такая боевая казашка! Но я тебе так сделаю, что ты еще пожелеешь...
Осымен тағы бір ауыр түн өтіп, бозарып таң атып келе жатты. Әйтеуір мамасы темекі түтініне тұншықса да шыдады. Оңбаған Чуприлин бұл жолы ерегесіп екеуіне машина бермей қойды.
Қаланы әлі де болса қараңғылық басып тұр екен. Анасы мен баласының үстінде де көнетоз қысқы киім. Аяз түртінектеп олардың беттерін шымшылап, қойын-қонышын суық қолдарымен аралағысы келгендей. Ең бастысы таза ауаны екеуі де құныға жұтып, рахаттанып қалды.
− Аудармашы балам, мына телефон дүңгіршегінен ағам Мақсатқа қоңырау шалайық. Бізге бүгін демалыс. Вера Васильевнаға өзім айтамын. Сен менің қасымда бол. Ағам арқылы әкеңнің жағдайын білейік. Содан соң ол кісінің таныс дәрігері бар. Әйтпесе ішім қайта-қайта бүріп ауырады.
Мақсат ағасы таң атпай қарындасының телефон соққанынан қорқып кетті.
− Айналайын, жайшылық па? – деді ол бірден. Мән-жайды Гүлтеңге айтқан соң ғана барып, көңілі жайланды. Ағасы көз ұзамай бұларды машинасымен алып кетті. Үйден шай ішіп жан шақырды.
− Мен де ойлағанмын, біздің Мырзажан алаңға барған болар деп. Оның кісі өлтіргені қиын болған екен. Мен жігіттерден анық-қанығын білейін. Сендер отыра беріңдер. Әйтпесе олар телефонмен сөйлескеннен қорқады...
Анасы мен баласы диванға жантайған күйлерінде бірден қалың ұйқыға кетті. Екі-үш сағаттан соң келген Мақсат аға оларды зорға оятты.
− Жаным, қарындасым-ай, сендерді тергеушілер әбден азаптапты-ау. Түрің жаман болып кетіпті. Ал Мырзажанның жағдайы шындығын айтсақ өте ауыр. Оның басына неше түрлі қылмысты істерді үйіп-төккен. Алаңға барған. Және оны ұйымдастырушы ретінде кінәлап отыр. Алаңда жасақшыларды сабаған дейді. Ең үлкен қылмысы бір орысты өлтірген. Ауылға қайтып бара жатқанда автобустың ішінде бірнеше орыс жігіті ортаға алғанда біреуіне пышақ тығып алған. Сөйтіп қашқан. Алысқа ұзатпай ұстапты. Олардың айтуынша Мырзажанды ең ауыр жаза күтіп тұр.
– Оған жабылған ғой. Әйтпесе пышақ тығып несі бар? Енді оның жазасын қалай жеңілдетуге болады? – деді Гүлтеңге іші алай-дүлей болып тұрса да сабырлы сөйлеп. Гүлтеңгені соңғы екі-үш күнгі оқиға тәнін әлсіретсе де, рухани жағынан әбден шынықтырған еді.
– Мәселені жігіттерге айтып едім, олар бірден бастарын алып қашты. Оның ісімен тікелей Мәскеу айналысып жатқан көрінеді. Сондықтан Гүлтеңгежан, Горбачев болмаса, Громыкоға кіру керек.
– Оған қалай барамын? Мені қабылдай қоятын мен кіммін?
– Талаптану керек. Кім білсін, кіріп те шығарсың. Ол жақта менің танысым жоқ. Қабылдауына жазылу керек шығар.
Мақсат ағасының дәрменсіздігі Гүлтеңгенің ұнжырғасын түсіріп жіберді. Батыр да мамасымен бірге қатты қынжылды.
– Мама, сен уайымдай бермеші! Мәскеуге бірге барамыз. Әжені де ертіп алайық. Ол кісі ешкімнен қорықпайды. У-шу шығарып, бәрін де орын-орнына қояды. – Бұл сөзге Мақсат та, Гүлтеңге де күліп жіберді...
Түс ауа Мақсат ағасы Гүлтеңгені таныс дәрігерлерге апарды. Бір-екі сағат палатаға жатқызып ем-дом жасатты, күш-қуат беретін уколдар салды. Әрине, анасының жанында Батыр да жүрді. Сол кезде ол көп болса он жеті-он сегіз жасар қызды мамасының палатасына әкелгенін көрді. Шаштары ұйпа-тұйпа. Бет-аузы көгеріп, ісіп кеткен. Оң қабағының үстінде әлдене тіліп кеткен жара бар. Пальтосының жағасы жыртылып, жеңінің тігістері сөгілген. Салбырап ілініп тұрған түймесінің жібі де үзілгелі тұр. Басына ма әйтеуір қатты соққы жасалған. Пальтосын шешкенде иығынан, мойнынан қан дақтарын көрді Батыр. Бет-аузында да, шаштарында да ұйыған қан қатып қалған. Орыс дәрігері сұлқ жатқан қызға жиіркене қарағандай көрінді. Әрі-бері тексерген болды да, медбикеге тапсырма берді. Медбике аппаратын құрып анасына салғандай білегіне тамшылатып дәрі айдай бастады.
Қыз көзін ашты. Ұзын кірпіктерінің аржағынан қарақаттай мөлдіреген жанарлары көрінді. Жан-жағына қарады. Денесін сәл қозғап еді, қатты ауырсынды. Бүкіл тәні ауырып жатқаны қиналған жүзінен көрініп тұр. Өзіне жаны аши қарап отырған Батырға көз салды.
– Ей, жігітім, – деп күлімдеп оған. – Сен де алаңға бардың ба?
– Жоқ! Әкем барды. Бізді, анамыз екеумізді тергеуге шақырған. Содан анам ауырып қалды.
– О-о, сенің әкең нағыз батыр екен. Сен оны өмірбақи мақтаныш тұт, інім. Біз қазағымыз үшін, оның болашағы үшін алаңға шықтық. Біз қалайда тәуелсіздікке қол жеткізуіміз керек!
– Әй, қыз, саған көп сөйлеме деп едім ғой, – деп осы кезде бір милиция жігіт палатаға зіркілдеп сөйлей кірді.
– Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ, жолдас милиционер! Өз жерімде өстіп сөйлей алмасам мен қайда барып сөйлеймін? – деді қыз еш тайсалмастан.
– Тұр, әкеңнің үйінде жатқан жоқсың. Дәрігер мына қызды алып кетуге болады ғой. – Дәрігер рұқсат еткендей қолын бір-ақ сілтеді.
– Алып кете беріңдер!
– Тәте, сіз қалай оны жібересіз? Ол жаңа ғана есін жиды ғой, – деп Батыр шыр ете түсті.
– Ей, бала, жайыңа қарап тұр. Қазір сені де алып кетіп қамаймыз!
– Ей, жендет! Мен әкемнің, атамның, бабамның қаны тамған жерінде жүрмін. Біліп қой оны! Жігітім, бұларға сөз өтпейді. Нағыз қатігез жендеттер бұлар. Олар бізге жаны ашымайды. Соны біліп қой. Сау бол! – деді қыз екі милицияның жетегінде еріксіз кетіп бара жатып. Батыр қанша азапты көрсе де, нәзік жанның қайсарлығына таң қалды. Оның сол кездегі айтқан сөздері мен мөлдіреген қарақат жанарлары Батырдың өмірбақи есінде қалды...
Ауруханадан шығып ауылдарына айтып бара жатқанда бұл жөнінде мамасына айтып еді:
– Көрдім, бәрін көрдім. Қазақтың қыздары нағыз қайсар жандар. Мәншүк, Әлиялар жауға қарсы шапқан батырлар емес пе? Ол қыз да нағыз батыр.
– Менің әкемді сол сәтте батыр деп айтты ғой, – деді бұл кеудесін мақтаныш кернеп...
Бұлар үйге келсе әжесі алаңдап отыр екен.
– Ойпырмая, амансыңдар ма, көкелерім? – деп ол кісі қаудырлай сөйлеп қарсы алды. – Күні бойы жолдан көз алмадым. Жұрттан сұрасам пәдәріне нәлеттер бәрі теріс айналады. Ойбай-ау, біз оларға не істеп қойдық соншама?
– Апа! Оған бола жүйкеңізді жұқартпаңыз. Олар әбден қорқып қалған ғой. Бірақ кімнің кім екенін осындай шындық кезде бағамдайды екенсің. Айтпақшы балаңыз жайлы Мақсат ініңіз бәрін біліп берді.
Мамасы естіген, білгенінін бәрін айтып беріп еді, әжесі байбалам салды.
– Тып-тыныш жүрмей ме, жазған-ау, алаңда оның несі бар? Кісі өлтіргені несі? Оған зорлық-зомбылық жасалған ғой. Әйтпесе тышқанның мұрнын қанатпайтын момын жан емес пе еді менің ұлым. Мәскеу жердің түбі болса да барамын. Лениннің өзіне барамын, – деп Сұлуқас әже өлеңдете айтып, көз жасын төкті.
– Әже-ау, Ленин баяғыда өліп қалған, – деді Батыр жымиып.
– А-а, не дейт? Ленин біздің көсеміміз. Ол өлген жоқ, тірі деп жатқаны қайда?
– Ол өлген. Оның ісі өлмейді дегені ғой. – Гүлтеңге де енесінің аңқаулығына еріксіз күлді. – Осындай ауыр күндерде үлкен кісілердің аңғалдығы еріксіз күлкі сыйлайтыны қызық!..
***
Кешке таман үйге Еңлікгүл мен оның мамасы келді. Батыр Еңлікгүлдің анасына ұқсағанын байқады.
– Айналайындар, келіңдер, төрге шығыңдар! – деп Сұлуқас әже қалбалақтап қуанып қалды. – Ойпырмая, біздің үйге де адамдар келеді екен-ау! Шынында да мына түрімізбен біз кімге зиянымызды тигізгендейміз. Айтыңдаршы, ағайын-ау!
– Апатай, біз Гүлтеңгені жақсы білеміз. Ол өз ісінің шебері, еңбекқор жан. Үнемі адамдарға қамқорлық жасап жүреді. Ал балаңыз Мырзажан да жаны жайсаң, ақкөңіл жігіт екенін бүкіл ауыл біледі. Ол шыншыл, халқын жанындай сүйетін патриот. Арақ ішіп, темекі шекпейді. Мен ойлаймын әрбір азамат ел басына күн туғанда соғысқа барады. Мырзажан ағамыз алаңға барса осы парызын орындағаны. Дүниеде бұғып, тығылып жүретін адамдардан қорқамын. Ертең Отанын, елін сататындар солар. Енді құдайдан тілейтініміз осы бәлелерден құтылсақ. Балаңыз отбасына қайта оралсын, апа. Сол кезде үлкен той жасаймыз. – Бұл Шәрипа болатын.
– Әмин, қарағым! Сол күнге жетіп, баламды бір иіскеп кетсем арманым болмас еді. – Әже қамықты.
– Оныңыз не, әже, жылағаныңыз. Жаңа ғана тойға жеткізсін деп айтқан сіз емессіз бе?
– И-и, үлкен адамның көңілі не болса соған босағыш болады екен. Баяғыда үлкен кісілерге күлетінбіз. Енді міне, алдымызға келді...
Осы кезде Батыр Еңлікгүл екеуі киініп далаға шығып кетті. Сыртта аяз. Әсіресе кешке таман суық кәріне мінеді. Жастар ғой, аязды елесін бе, далада бір-біріне қар атысып бір уақ ойнады. Сыңғырлай күлген Еңлікгүлді Батыр мана күндіз көрген батыр қызға ұқсатты. Қарақат көздері, ұзын кірпіктері, кішкентай танауы. Тек Еңлікгүл ұл болам деп шашын қысқа етіп алдырған. Қазір байқады, қыздың аққұба бетінің ұшына әдемі қызғылт бояу жағылыпты. Батыр оның жүзіне қадала, сұқтана қарап қалғанын байқап, ұялып қалды. Бірақ ішкі сезімін ірке алмады.
– Еңлікгүл, сен сондай сұлусың! – деп айтып еді, қыз одан сайын қызарып кетті.
– Қайдағыны айтады екенсің. Мен ұл сияқтымын ғой. – деді жымия түсіп, ол төмен қарады.
– Бәрібір сұлусың. Еңлікгүл мен бүгін тура саған ұқсайтын қайсар мінезді тәтені көрдім. Ол алаңға барыпты. Беттері көгеріп кеткен. Әр-әр жерінде, мойындарында, шаштарында қан дақтары бар. Үсті-басы жыртылған. Оны солдаттар ұрған сияқты. Есінен танған оны зембілмен әкелді. Есін жиған соң сүйреп алып кетті. Мен араша түсіп едім, милициялар «сені қамаймыз!» деп қорқытты. Қатты аядым. Жүрегім ауырды. Оның сол қайсар келбеті, өткір де батыл сөздері қазір де есімде. «Сен де алаңға бардың ба?» деді ол, мен «әкем барған» деп жауап бердім. «О-о, сенің әкең нағыз батыр екен. Сен оны өмір бойы мақтаныш тұт!» деді маған ол жігер беріп. Милициялар «сөйлеме!» деп ақырды. Ал ол тәте не деп жауап берді, білесің бе?
– Не деді? – Еңлікгүл қарақат көздері от жайнап Батырдың әрбір сөзін жерге түсірмей тез естігісі келіп тұр.
– «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ, жолдас милиционер! Өз жерімде өстіп сөйлей алмасам, мен қайда барып сөйлеймін?» деді ол.
– Шынында да нағыз батыр қыз екен ол. Шіркін, мен де алаңға барғанда осылай болар едім.
– Айттым ғой саған. Сол тәтені көргенде сен есіме түстің. Мен де енді ешкімнен қорықпайтын боламын. Ана оңбаған, зұлым тергеушілер менің анамды қаншама қорлап жатыр. Әкем байғұсты да солай ұрып-соғып қорлап, зорлап жатқан шығар... – Батырдың көңілі босады. Басын ұстап теріс айналды. Сәт өтпей оның бетін қыздың ыстық демі шарпыды.
– Жылама, досым! Сендерді жылатқандар күндердің күнінде сіздерден кешірім сұрайтын болады. Жаңағы тәтенің ауыр жағдайы, Гүлтеңге апа, Мырзажан ағалардың қорлық көргендері менің де жүрегімді ауыртты. – Еңлікгүл де өксіп-өксіп жылап жіберді. Екі дос көпке дейін бір-бірін жұбатып, өксіктерін баса алмады...
Голощекин ылаңы, данышпан әже және үміт сәулесі
Демалыс күні таңертең Батырға Серік досы келді. Қолында газеттің қиындысы.
– Батыр! Алматыдағы оқиға туралы мақала шығыпты. «Саған керек болар» деп әдейі әкелдім, – деді ол асығып-аптыға сөйлеп. Серік сонау үйінен жүгіріп келіпті. Батыр мақаланы енді оқиын деп жатыр еді, әжесі қосамжарласты.
– Ол немене? Мырзажандар туралы жазып па? Маған да оқышы, айналайын!
– Иә, әже, сол алаңдағы оқиға туралы жазыпты.
Әжесі жетпістегі жасына қарамай бала сияқты еңбектеп, екі достың қасына лезде жетіп келді.
– Оқы! Кәне, тез оқы! – Әже шыдамсызданып газет қиындысына тесіле қарады.
– «Алматы, 18 декабір. Тасс,» – деп оқуды бастап еді, әжесі тоқтатып:
– Тасы несі? – деді.
– Осы хабарды жазған журналистер тобы ғой, – деді Серік білгішсініп.
– Ә-ә, оқи бер, Батыржан.
– «Кеше кешкісін және бүгін күндіз Алматыда ұлтшыл элементтер арандатып салған оқушы жастар тобы көшелерге шығып, Қазақстан компартиясы орталық комитетінің жуырда болған пленумының шешіміне наразылық білдірді.»
– Елемендер деген не? – Әже тағы да сөзді бөлді.
– Елемендер емес, элементтер. – Оны түзеген Серік.
– Иә, иә, ол не? – Екі дос бұл сөзге түсінбей бір-біріне қарады.
– Химиялық элементтер деген сияқты шығар.
– Жо-жоқ, – деді Батыр, – Бұл сөз атамандар деген сияқты.
– Әй, мыналарды оқығандар дейді ғой. «Ұлтшыл» деген ұлтын сүйген деген сөз. Ал елемендер деген сөз ел адамдары болар. Сонда «ұлтшыл халық батырлары» деген мағына береді.
– Ойбай, менің әжем нағыз данышпан, нағыз ғалым сияқты сөйлейді, – Батыр таңданып таңдайын тақылдатты.
– Иә, иә, менің әжем данышпан. Менің әжем ғалым! – Бұл манадан бері барлық әңгімеге құлағын тосып отырған төрт жасар Аршагүл болатын. Сәбидің бұл қағілездігіне бәрі ду күліп жіберді.
– Әй, Батыр, одан әрі оқы! – Әжесі тізерлеп отырған күйі қолын сілтеп маңыздана бұйрық берді. – Өңшең шуылдақтар түгі, әріп білгенмен ештеңенің мәнісіне түсінбейсіңдер. Ал оқы, әрі қарай!
– «Бұл жағдайды бұзақылар, арамтамақтар және қоғамға жат басқа да адамдар пайдаланып, право тәртібінің өкілдері жөнінде правоға қарсы әрекеттер жасады. Сондай-ақ бір азық-түлік магазинді, жекеменшік автомобильдерді өртеді, қала азаматтарына қарсы намысты қорлайтын әрекеттер жасады...»
– Тоқтат! – Кенеттен әжесінің қатты қаһарлана шыққан айқайынан екі жасөспірім жігітіміз селк ете шошып кетті.
– Айт, кім бұзақы, кім арамтамақ, кім жат адамдар?
Екеу тағы да бір-біріне аңтарыла қарап қалысты.
– Сонда бұзақы, арамтамақ, жат адам менің балам сықылдылар ғой. Мұнда өтіріктің исі шығып тұр. Олар мәгәзиндерді, автомобилдерді қайтсін? Жоғары жақтағылар бүйректен сирақ шығарып отырғанын өздері сезбейтін сияқты. Ал наразылығы дұрыс. Қонаевты неге алып тастайды?
– Менің әжем данышпан, менің әжем ғалым! – деп Аршагүл осы сәтте екеуді құтқарып жіберді.
– Оқы әрі қарай!
– «Заводтарда, фабрикаларда, жоғары оқу орындарында, басқа да еңбек коллективтерінде болып өткен жиналыстар, сондай-ақ қала мен аудандардың партия және комсомол активтері Қазақстан компартиясы орталық комитеті пленумының шешімін мақұлдады және оқушы жастар тобының ешқандай негізсіз іс-әрекеттерін айыптап, бұзақыларға батыл шаралар қолданылуын, қалада толық тәртіп орнатылуын жақтады. Осы бағытта қолданылып жатқан іс-қимылдарды еңбекшілер қолдауда. Олар совет және партия органдарының жүргізіп жатқан шараларына белсене қатысуда.»
Сәл үнсіздік орнады. Батыр:
– Әже, мақала осымен бітті, – деді газет қиындысын бүктеп жатып.
– Балаларым, мұның артында үлкен зауал бар ма деп қорқамын, – деді Сұлуқас әже екі балаға ойлана көз тастап. – Сонау отызыншы жылдары мен тура сендердің жастарыңда едім. Он үш-он төрт жас... Бірақ біз ерте есейдік. Әлі есімде кәперативтер құрылғаны. Сол кезде ғой, кәмсамолдар шыққаны, белсенділер қаптап кетті. Жаңағы мақалада айтылғандай күнде жиналыс, күнде бас қосу. Қызыл үй деген болды сонда. Отырықшылыққа үндеді. Байларды құлақ деді, ескінің көзі деп соттап, тәркілеп. итжеккенге айдады. Олар оған көне ме? Осы сияқты бас көтерулер болды. Осы Колбін сияқты Галашекін деген патша келіп, білгенін істеді. Қазақтан малын тартып алды. Малынан айрылған соң қазақтар аштан қырылды. Көздері үңірейген аш адамдарды көрдім. Қалың ел қаңғып, босып кетті. Тасбақаны, тышқанды, әйтеуір жеуге болатынның бәрін жеді. Тіптен өз балаларын жегендерді көрді мына шыққыр көз. Өзбек, қырғыз, қытай елдеріне ауды қазақ байғұс бала-шағасымен. Кейін Галашекін зұлым ол аштықты, нәубетті қолдан ұйымдастырғанын білдік. Одан соң «халық жауы» деген пәле шықты. Жаңа бұзақы, арамтамақ, жат адам дегендей ол кезде жапон, қытай тыңшысы деп пәле жауып, тағы басқа да ойдан шығарылған болмашы жалалармен халықтың қаймағын сыпыра итжеккенге айдап, атып, асып жатты.
– Әже, итжеккен деген не? – деді Серік әженің сөзін бөліп.
– Ібір-сібір жақ. Ол жақ қалың ну орманды және қысы өте аязды болып келеді. Ол жақтың халқы ат, өгіздің орнына шаналарына ит жегеді екен.
– Мен атамды «халық жауы» деп итжеккенге айдады ма, әже?
– Иә, балам, бір оңбаған адам бидай ұрлады деп жала жапты. Содан кете барды. Одан кейін соғыс кезінде «жабайылар» деген әскерге атаңды қосып, ақыр соңында өрден алып, «халық жауы» деп кеткен адам елге батыр болып оралды. Әлгі талай кісінің көз жасына қалған оңбаған тұқымсыз өтті. Халықты жылатқан адамның өмірі ешқашан жақсылықпен біткен емес, балаларым!
– Менің әжем данышпан, менің әжем ғалым! – деді Аршагүл тағы да шіңкілдеп. Бұл жолы ешкім күлген жоқ.
– Менің папам да батыр болып оралатын шығар, – деді Батыр армандап.
– Ылайым солай болғай. Алайда біраз қиналамыз. «Сабыр түбі – сары алтын, сарғайған жетер мұратқа» дегендей бұл да бір Алланың сынағы. Бірақ біз қарап отырмауымыз керек. Сен екеуің орысша жақсы білесіңдер. Әнеу Мәскеудегі басшыларға хат жазуымыз керек. Я болмаса келінді алып, Батыр үшеуміз сол жаққа барамыз. Пенсиядан өлсем керек болар деген біраз жиған-тергенім бар. Соған саламын. – Әже тұрып пештің түбіндегі орнына бет алды.
– Апа, дұрыс айтасыз, – деген тосыннан шыққан Гүлтеңгенің сөзіне бәрі жапырыла бұрылды. – Осы мәселемен ақылдасайық деп Шәрипа екеуміз Вера Васильевнаға бардық.
– А-а, не дейсің? Бәсе, менің келінім өзіме ұқсаған. Бера не деді, не ақыл қосты? – деп Сұлуқас әже әдеттегіше кәрі құлағын тосып, білгенше асықты.
Түйе жүнінен тоқылған шәлісін, палтосын шешіп мамасы киім ілгішке ілді. Ал әжесі болса оның жаңалығын естігенше тағат таппай отыр.
– Келінжан, мына менің қарсы алдыма келіп отыр да, тезірек жаңалығыңды айт! – деді құлағын тыңдауға деп ашып қойып. Гүлтеңге енесінің айтқан жеріне құрақты көрпешесін төседі.
– Апатай, жолда бір қуанып, бір жылап қайттым, – деді Гүлтеңге орамалына көзін сүрте-мүрте сөйлеп. – Қуанғаным, мына Вера Батырдың сынып жетекшісі Вера Васильевна сондай жақсы адам екен. Әнеукүні директор балама түйілгенде араша түскенін жақсы білесіз. Бұл жолы да мені жақсы қарсы алды. Бізді қолдайтынын, қолынан келген көмегін аямайтынын айтты. Өзі де «халық жауының» қызы болғанын, қазіргі жағдайымызды түсінетінін жеткізді. Содан ақылын айтып, жаңағы өзіңіз айтқаныңыздай қарап отырмауымызды, ізденуімізді өтініш етті. Алдымен халықтың беделді адамдарына баруға кеңес берді. Мәселен депутаттар Олжас, Мұхтар сияқты кісілерге барып, көмек сұрау қажеттігін жеткізді. Мәскеуде ғарышкер-ұшқыш Терешковаға, Громыкоға сол беделді адамдардың аттарынан хат жазамыз деді. Өзінің Мәскеуде таныстары бар екенін, оларға да сендерге көмектесуін сұраймын. Бәлкім ол жаққа барып келу қажет болар деді. Қолы тисе тіптен өзі баратынын айтқанда мен қатты қуандым. Көрдіңіз бе, апа, жақсы адамдар бар ғой бұл өмірде.
Ал жылағаным көшеде келе жатқанда ауылдастарым менен әзірейіл көргендей үркіп қашты. Сәлем берсем сәлемімді алмай бұрылып кетеді. Бұл не деген сұмдық! Біз оларға не жамандық жасадық?
Келінінің жыламсырағанына Сұлуқас әже көңілі толмағандай кейіп танытып, ұрсып жіберді.
– Қой, көз жасыңды көрсетпе! О несі-ай, мен мұны қара көріп жүрсем. Ал бұл болса жаман қатындар сияқты жылағаны несі? Әй, келін! Білем, сенің жарың ауыртпалыққа ұшырады. Ол менің балам ғой. Мен анамын. Менің қасіретім сенен он есе күшті деп білемін. Кезінде мен де «халық жауының» әйелі болып, көп азап көрген жанмын. Сол кезде сабыр сақтадық. Шүкір, аяғы жақсы болды. Сол нәубеттер жайлы мына балаларыма жаңа айтып бердім. Бұлар да жігіт болып келе жатыр. Ол нәубеттер жайлы бұлар білуі тиіс. Мына Серік пен анау Еңлікгүл нағыз дос екенін дәлелдеп отыр. Қиындық кезде немеремнің жанынан табылды. Рақмет, айналайын, Серік балам! Жүгіріп мына газет қиындысын әкеліпті. Соны талқылап тастадық. Бера сіңліме рақмет. Анау Шәрипа жүр жанында. Қырың сынбасын, келінжан! Басыңды көтеріп, рухыңды түсірме! Олардың бәрі кейін бізден кешірім сұрайтын болады. Бера сіңлім көп ақыл айтыпты. Ол маған ұнады. Біз енді сол ақылмен жүреміз. Мына Батыр, Серік, Шәрипа, Еңлікгүл бәріміз біріксек, зор күшке айналамыз. Солай емес пе, балалар?
– Иә, әже солай! – деді хормен балалар. Оған Аршагүл де қосылды.
– Менің әжем данышпан, менің әжем ғалым! – деп еді ол, жаңа ғана көз жасын сығып отырған Гүлтеңге еріксіз күліп жіберді. Шағын ғана қоржын тамның ішіндегі ұйып тұрған қараңғылыққа жылт-жылт ете үміт сәулесі жүгіргендей болды. Сұлуқас әженің сөздері жүдеу тартып, тығырыққа тірелген, қайғы-қасірет шеккен көңілдерді жұбатып, жігер берді. Сұлуқас әжеге де, Гүлтеңгеге де, Батырға да анық бір-ақ нәрсе күресу, іздену қажет екендігі айқындалып, отбасы мүшелері бір жұдырықтай осылай жұмылып, ерекше қайраттанғандай еді...
Шындықтың жоғалуы, Мақпалдың жүрек лүпілі және Өмірбекті сабаған кімдер?
Гүлтеңгені де, Батырды да, тіптен барлық үй ішін үрейлендіріп тұратын нәрсе қара киімділердің тосыннан келіп бұларды әптер-тәптер етіп, айқайлап, зіркілдеп ұрсатыны, қорлайтыны. Қорғансыз жандар олар не айтса да, істесе де амал жоқ көнетін. Сол қара киімділер екі күннен бері хабарсыз. Сөйтсе олар жаңа, тың шабуылға дайындалыпты. Ол жөнінде сәл кейінірек. Біз мектепте болып өткен жаңалықтарға, содан соң Батырдың, Өмірбектің және балабақшадағы Аршагүлдің бастарынан өткен кішкентай көңілсіз оқиғаларға тоқталайық. Кішкентай болғанмен біздің үлкенді-кішілі кейіпкерлеріміздің жүректерін ауыртып кеткен ап-ащы оқиғалар еді олар...
– Әжетай, – деді Батыр үйге кіре салысымен. – Бүгін мектепте жиналыс. Мамам жұмыста. Енді кім барар екен?
– Кім барушы еді, мен барамын, – деді әжесі еш кідірместен мәселені бірден шешіп.
– Ой, әжетай, біздің құтқарушымыз тек өзіңізсіз. Сіз болмасаңыз күніміз қараң ғой. – Батыр әжесін құшақтай алды.
– Әй, әй, жаман неме! Сендердің жолдарыңда мен құрбандықтарың болайын!
Сұлуқас әже әдемі камзолын киді. Медалдарын тағынды. Тіптен атасының медалдарын да тастамады. Сөйтіп салтанатты түрде шықты. Мектеп әудем жер. Қарт кісіге ондай жерге бару оңай емес. Бірақ ілдәлдалап жетті-ау. Барғаны бар болсын залға жиналған адамдар бұл орден, медалын жарқыратып кіргенде бәрі жапырлай қарады. Жалт-жұлт еткен медаль, орденіне қарады ма, әлде «халық жауының» шешесі ретінде үркіп қарады ма, белгісіз. Әйтеуір Батырдың әжесі таяғымен еденді қасақана қатты-қатты тоқылдатып, бірден алдыңғы қатарға қасқиып тұрып адымдады. Бір жаман жері таныстар, оның ішінде жақын көршілерінің өздері әжемен сәлемдесуден қашқақтады.
«Мейлі» деп ойлады Батыр. «Ең бастысы әжем жиналысқа келді. Ертең ешкім де дау айта алмайды». Алдыңғы қатарға ата-аналар жайғасты. Арт жақта оқушылар. Орын жетіспей түрегеп тұрғандар да көп. Серік, Еңлікгүл үшеуіне әйтеуір орын бұйырып, қатар отырды. Батыр мұның әкесін біреулер «халық жауы» деп айтып қала ма деп қорықты. Жиналыс орысша жүрді. Ауданнан келген уәкіл Ленин, Коммунистік партияға деген адалдық, достық, ынтымақ және балаларды осы жолда тәрбиелеу қажеттігі жөнінде ұзақ сөйледі. Оған сөз берген директор да, сондай-ақ басқалар да осы мәселелерге ден қойды. Залдың іші адамға лық толы болғандықтан іші ысып, жұрт терлей бастады. Біразы жалығып кетіп, қалғығандары да болды. Вера Васильевна мен үлкен ақсақал Кәрім ғана қазақша сөйледі. Айтпақшы бас баяндамашы уәкіл Алматыдағы оқиғаға кеңінен тоқталды. Алаңға шыққандардың бұзақылар, паразиттер, жат топтар өкілдері екенін, олар қала тұрғындарына қарсы қимылдар жасап елді тонады, өрт салды деді. Кеңес жастарының жарқын бейнесін масқаралаған бұзақы элементтердің жат қылықтарына ол қатты назаланғанын білдірді. «Бәріміз бірігіп тұрғындар арасында үгіт-насихат жұмысын жүргізіп, жастардың, балалардың сауатын көтеруіміз керек» деп уәкіл баяндамасын аяқтады...
Көңілсіз, қызықсыз жиналыстан халық та сүлесоқ тарады. Үш дос әжелерін ортаға алып, үйге жеткенше неше түрлі сауалдар қойды.
– Әже, неге сөйлемедіңіз? – деді Батыр мектептен шыққанда.
– Тілім қышып сөйлегім-ақ келді. Ана бұзақы балаға зияным тиіп кете ме деп қорықтым. Әй, әйтпесе бар ғой. Менің шешен екенімді бәрің білесіңдер ғой. – Балалар әженің қуақы жауабына ду күлді.
– Әжетай, медаль-ордендеріңіз көп екен. Оларды қандай еңбектеріңіз үшін алдыңыз? – Бұл Еңлікгүл еді.
– Тылда зор еңбек еттім. Соған берді бір алтын медал. Содан соң Лениннің туған күндеріне көп медал алдым. Сен қу қыз орденді не үшін тағып алдыңыз деп сұрайын деп отырсың ғой. Бүгін көрдің бе, жұрт менің осы салпыншақтарыма сұқтана қарады емес пе? Сондықтан Батырдың атасының орден, медалдарын қасақана тағып алдым. Үйде босқа тұр ғой.
– Атамыз оған ренжіп қалмай ма? – деді Серік қуақылана жымыңдап.
– Үйде тат басып жатқанша өстіп жарқыратып таққаныма марқұм отағасым қуанатын шығар қайта. Ал сен айтқандай ренжіп қалса мен байғұстың жағдайы қиын болады-ау.
– Неге өйтіп ойлайсыз? Ол кісі тірі кезінде қаһарлы адам болды ма?
– Айтпа, Еңлікгүлжан. Адал, таза, жалғандыққа жаны қас, ұлтшыл, табанды, қызуқанды, қаталдау кісі болды отағасым. Сол турашылдығынан «халық жауы» болып сотталып кетті. Бірақ жаны жайсаң, мәрт, мейірімді екенін де айтпасам мен әділетсіз жан болар едім. Жағдайым қиын болады дегенім әйтеуір о дүниеге біз де барамыз ғой, сол кезде мені отағасым сабап алуы мүмкін. – Сұлуқас әже отағасы туралы айтқанда бір мейірленсе, әзіл айтқанда кетік тістерін көрсетіп жымиып күліп қояды. Балалар да әжелерінің о дүниеде атасынан таяқ жеп жатқаны көздеріне елестеп мәз болысты.
– Жиналыс сізге ұнады ма? Сіз сөйлесеңіз қалай сөйлер едіңіз? – Тағы да Еңлікгүл екі жігіттің алдын орап әдемі сұрақ қойып жіберді.
– И-и, қарағым-ай, мен оның жақсы-жаманын айтпай-ақ қояйын. Жұрттың бәрі қалғып-шұлғып отырды деп жаңа өзің айтқан жоқсың ба? Ал мен сөйлесем тура уәкілдің өзін сынар едім. Қатып қалған неме өзінің сөзіне өзі түсінбей отыр ма деп ойладым. Жоғарыдағылардың сөздерін жаттап бізге жеткізді. Оны мына кәрі кемпір мен де жақсы білем. Ол шындықты айтпады. Жастарымыз жандарын шүберекке түйіп алаңға неге шықты? Қарусыз жастарды әскермен, қару-жарақпен неге жаныштады? Олар жастардан неге үрейленді, неге халықтан қорқады, неге дүрлігіп жатыр? Бүкіл Мәскеудің бастықтары осында келіпті. Олар бізді, қазақты жақсы көргендіктен келіп пе? Халықтың аузында небір өсек-аяң жүр. «Қырыпты, жойыпты, өлтіріпті» деген. Осылардың шындығын неге айтпайды, пәдәріңе нәлеттер. Сонда кәмөністер халықтың зор сеніміне ие болар еді. Міне, қазір бізге керек шындық. Біз шындыққа шөлдеп отырмыз. Шындығы жоғалған халық жойылады. Міне, осылардың бәрін шыжғырып тұрып айтар едім. Әттең...
– О-һо! Шынында да біздің әжеміз нағыз шешен!
– Шындық жөнінде қалай күшті айттыңыз?
– Сізді Мәскеуге алып кетіп кеңесші ету керек...
Балалар осылай әже туралы ойларын ортаға салып, таңданып жатты.
– Әй, әй, тұқымы өскірлер, мені жүдә мақтап жібердіңдер ғой. Мәскеу демекші Мырзажан жөнінде сол жаққа сапар шегуіміз керек.
Бұл кезде олар үйге де келіп қалған болатын. Кешкі аяз балалардың беттерін шымшылап, өздерін тоңдырса да әжелерінен бөлініп әңгімелескісі келді.
– Бәтшағарлар, қараңғы болып қалды. Үй-үйлеріңе тараңдар, – деді Сұлуқас әже қақпадан кіріп бара жатып.
– Әжетай, біз қазір кетеміз. Кешіңіз жарық болсын! – деді Еңлікгүл сыпайы сөйлеп...
***
Бұрынғыдай емес мектепте де анау айтарлықтай көңілді жарқын күндер жоқ. Жаңа жыл алдында жұрт ду-ду той жасап, әр сынып салтанатты кеш өткізетін. Биыл оның бірі де жоқ. Не көп, саяси жиналыс көп. Сынып-сыныпта, тіптен ауылдың клубында да жиналыстар өтіп жатыр. Егіз қозыдай ұқсас жиналыстар халықты да жалықтырғандай.
Соңғы сабақтың орнына Вера Васильевна сыныпта жиналыс өткізді. Тағы да аудандық білім бөлімінен уәкіл келіп, кешегі мәселелерді қайталады. Соңында «сұрақтарың бар ма?» дегенде Еңлікгүл ерекше сауал қойды.
– Жастар не үшін алаңға шықты? Олардың қолдарында қаруы жоқ. Яғни бейбіт ереуілге шыққан. Сондай бейбіт жастарға қарсы әскер шақыру қажет пе еді?
Вера Васильевна өзге ұстаздардай байбалам салған жоқ. Үнсіз күлімдеген күйі уәкілге қарады. Уәкіл апай қызарып кетті. Оның мұндай қиын сауалды күтпегені көрініп тұр.
– Жастарды арандатушылар ұлтшыл элементтер, бұзақылар, жат топтар деп айттым емес пе? Олар солардың соңынан еріп адасты. Ал әскерді мемлекет шығарды. Мен оған жауап бере алмаймын, – деп уәкіл қысқа ғана жауап беріп құтылды. Тағы да бірдеңені бүлдіріп алам ба деп ол қорыққан сыңайлы.
– Адасқан жастарға кешірім жасалмай ма? Неге оларды жаппай соттап жатыр? – Бұл Мақпал деген белсенді оқушы болатын. Уәкіл бұл сауалға да дағдарды. Қағаздарын ақтарысқан болып біраз бөгелді.
– Кешірім жасалуы тиіс. Дұрыс айтасың. Оны біз шешпейміз. Бастаушымыз коммунистік партия бұл жөнінде дұрыс шешім шығаратыны сөзсіз. Өйткені халық пен партия біртұтас екенін естен шығармайық...
Сабақтан соң Батырды шығарып салушы достардың саны өсті. Оларға Мақпал қосылды.
– Сен Батырды «халық жауының» құйыршығы деушілердің қатарында болдың ғой. Енді неге бізге қосылдың? – деді Серік оған бірден дүрсе қоя беріп. Мақпал аққұба өңді, келбетті, нәзік денелі қыз. Бірақ сабақта да, жиналыста да белсенді. Бірнеше үйірмелерге де қатысады.
– Батыр, мен сенен кешірім сұраймын. Сен және әкең туралы, алаңға шыққан өрімдей жастар жөнінде, қазақ ұлты жайлы көп ойландым. Ақырында шындықты таптым. Сендердің істерің, алаңға шыққан жастардың Мәскеуге қарсы шыққан ерліктері менің көңілімнен шықты. Сондықтан Батыр сенен кешірім сұрап, сендердің топтарыңа қосылғанды жөн көрдім. – Мақпал жүрекжарды ойларын осылай ортаға салды.
– Біз сені директордың тыңшысы ма деп қорқып тұрмыз. – Батыр да ішкі жан дүниесіндегі күдігін жасырмай айтты.
– Лениннің атымен ант етемін! – Мақпал шекесіне қолын қойып, салтанатты түрде сөйледі.
– Мен Мақпалға сенемін. Алғашқы келген күннен бастап онымен жақсы достық қатынаста болып келдім. Тек әнеукүні ғана ол сыр берді. Жаңа ол жөнінде жүрегіндегі сырын бізбен бөлісті. Қанеки, Мақпалды біздің тобымызға қосылсын дегендер қол көтерсін! – Еңлікгүл бірінші болып оң қолын жоғары көтерді. Қалған екі жігіт те «Біз де қосыламыз!» десті қолдарын аспандата көтеріп, қыранша саңқ ете сөйлеп.
Бірін-бірі түсініскен, өзара біте қайнасқан достар дүкенге соғып, қос қорап печенье сатып алды. Енді мінеки, дүкеннің жанындағы шоқ ағаштың ортасында олар қызу әңгімелесіп, әлденеге таласып, ара-арасында пешенелерді қаузап тұрысты. Дәл осы кезде шоқ ағаштың аржағынан бір топ жасөспірім бозбала келе жатты. Оларды бірінші болып Мақпал көрді.
– Біз жаққа қарай бір топ біздің мектептің балалары келеді. Жүрістері суыт. Қолдарында таяқтары да бар сияқты. Сақ болайық!
Мақпал ауыз жиғанша түстері суық жоғары сыныптың балалары бұларды лезде қоршап алды. Батыр мен Серік бойы ұзын, беті секпіл-секпіл Сашаны бірден таныды. Өзі боксшы, тентек бала. Тіптен бұзақылығы үшін жиналысқа да түскен. Тоғыз немесе оныншы сыныпта оқиды. Қасындағы балалардың бәрін танымаса да шырамытты.
– Ей, қыздар, содан соң сен бала, – деп Саша Серіктің кеудесіне сұқ саусағын қадап. – Мына жерден тез кетіңдер. Біздің мына балақанмен жеке, құпия әңгімеміз бар.
Сәл үнсіздіктен кейін Еңлікгүл сұқ саусағын кезеп, Сашаның кеудесіне қадады.
– Сені біз Саша ағай, жақсы танимыз. Сендерді де, жолдас ағалар. Біз достармыз. Сырымыз да, құпиямыз да ортақ. Сондықтан айтатындарыңызды бәріміздің көзімізше айта беріңіз.
– Ей, калбит қыз! Тіліңді тарта сөйле! Алаң сендей қыздардың қанымен боялды. Жалпы сенде біздің жұмысымыз жоқ. Ал осылай секіре берсең жазаңды аласың! – Сашаның дөрекі сөйлегеніне Батыр шыдамады. Бірақ сабырлы сөйледі.
– Калбит дегенің үшін біз сені сотқа береміз. Сондықтан қазір кешірім сұра! Лениннің интернационализм идеясына қарсысың ба? Егер қарсы болмасаң мәдениетті сөйле! Яғни өзің айтпақшы тіліңді тарт! – деп Батырдың батыл әрі Ленинді саяси тұрғыда алға тарта сөйлегені арындап, әспенсіп келгендердің пысын басқандай. Жазалаушы топтың мүшелері бір-біріне қарады.
– Иә, Батыр дұрыс айтады. Менің ағам сотта істейді. Сендер ұлтшылдықты қоздырып тұрсыңдар. Соншама бәрін жиналып келгенде Батырға не істемекшісіңдер?! – Бұл Мақпал болатын. Саша қаншама күшті болғанмен қорқақ еді. Әсіресе «сот» деген сөзді естігенде жүні жығылып қалды. Оның сотқар досы Вася Мақпалдың сөзін іліп әкетті.
– Батыр «халық жауының» ұлы. Мұндай тамаша Владимир Ильич атындағы мектепте оның оқуға құқығы жоқ. Біз қазір тек бұған ескертуге келдік. Ауылына кетсін! Әйтпесе біз оны мәжбүрлеп кетіреміз. Соны біліп қойсын ол!
Вася Сашаға қарағанда қулау екен. Негізі олар Батырмен жұдырық арқылы сөйлесуге келген болуы керек. Өздерінен төменгі сыныпта оқыса да шақар мінезді балалардан олар бірден аяғын тартты.
– Батыр еш жаққа кетпейді. Себебі Вера Васильевна директордың өзіне айтқанда ол кісі оқи берсін деді. Әлде Николай Федорович директор емес, сен Вася директор шығарсың. Біз ертең Вера Васильевнаға бұл жөнінде айтамыз. Міне, сол кезде бәлкім өзің деревняңа қайтарсың, – деді Серік нағыз шешендерше қолын сілтей сөйлеп.
Еңлікгүл, Мақпал, Батыр үшеуі Серіктің мына тапқырлығына күліп жіберді.
– Әй, әй, құтырмаңдар! – деп дембелше бойлы, көзі тұздай, мұрны біздей біреуі айқайлап сөйлей беріп еді, Саша:
– Виталик! Біз бүгін тек ескертуге ғана келдік. Бүгін күлсе олар ертең жылайтын болады. Сонда көреміз бұларды. Біз Батыр саған үш күн, үш түн уақыт береміз. Осы жерде кездесеміз. Ойлан, толған! Жауабың біздің көңілімізден шығуы тиіс. Ал шықпаса өкпелеме! Мынау сенің сотың болады! – деп ол жуан жұдырығын маңыздана көрсетті. Ал жанындағы достары қарғаларша қарқ-қарқ күлді.
– Чау-у! – Саша бұрылып еді, бәрі де соның соңынан ерді.
– Біз сендерден қорықпаймыз. Біз өз жерімізде, ата-бабамыздың жерінде жүрміз. Ойлансаңдар сендер ойланыңдар! – Бұл қашаннан қайтпайтын қайсар қыз Еңлікгүл еді...
– Бұларды директор арандатып жүр деп ойлаймын, – деді Серік аналар аналар әбден ұзап кеткен соң, – Біз енді сақ болуымыз қажет. Егер біз төртеуіміз болмағанда аналар Батыр жалғыз келе жатса сабап кетуден тайынбайды. Мен мұны Берік ағама айтып, содан соң ақылдасамыз.
– Мен де оныншы сыныпта оқитын әпкем Жамалға жеткіземін. Оның сыныбындағылар әпкемді қатты сыйлайды. – Мақпал да осылай Серікті қолдады. Төрт дос ертең тағы да бас қосып, ақылдасуға шешім шығарды да, үйді-үйлеріне тарасты.
Батыр үйге келсе Өмірбек інісі жылап отыр. Шекесі, бет-аузы қан. Танауына әжесі мақта тығып қойыпты.
– Мына байғұсты жолда төрт-бес бала жабылып сабап кетіпті. «Сен «халық жауының» баласысың. Біздің мектебімізге бұл масқара, қара дақ» деген бе-ау, әйтеуір оңдырмай тұрып сабапты. «Мектептен кет!» деп қоқан-лоқы көрсетіпті. Ең жаманы «кетпесең көретінің осы» деп қорқытыпты, – деп әжесі Өмірбектен естігенін баяндап берді. Әрине, әжесі қатты ашулы.
– Өмірбекжанды мен бұлай күнде сабатып қоймаймын. Ертең мектеп директорының өзіне барамын. Ондай бұзақылардың талайын көргенмін. Көрдің бе, оңбағандар, мұның уақытша әкесінің жоқтығын біліп тұр. Батыр, сен ағасысың ғой, менімен бірге жүресің. Анау директірің бір түйір қазақша білмейтін нойыс қой өзі. Осыларды төбелестіріп қарап отыра ма?
Әжесі әлі де тоқтамай сөйлей беретінін білген Батыр:
– Әже, сіз әуре болмай-ақ қойыңыз. Қазір Өмірбекпен сөйлесіп, кімдер тиіскенін анықтаймын да олардың сыбағасын өзім беремін. Әйтпесе сізге ұят болады.
– Е, бәсе, «ағасы бардың жағасы бар» дегендей сен бар екенсің ғой. Әй, ақымақ басым-ай. Мына түріммен далбаңдап жетіп барсам, онсыз да бізден кемшілік таппай отырған қаймана жұрт күлмей ме, мені мазақтап. Шынында да Батыржан, осы балалардың әзірге әкесі сенсің. Қамқор бол! Айналайын, қара балам менің! – деп әжесі еміреніп Батырдың басынан иіскеді. Өмірбек осы сәт ұшып тұрып:
– Әже! Мен сіз айтқандай әлсіз емеспін. Жауларыммен өзім төбелесе аламын. Олар менен бір-екі жас қана үлкен. Бірақ мен олардан күштімін. Бүгін де өзім таяқ жесем де олардың да сыбағасын бердім. Енді олармен жеке-жеке есеп айырысамын. Менің жұдырықтарым күшті, мен боксшымын! – деді мыңқылдай сөйлеп. Жұдырықтарын түйе ауаны осқылап-осқылап жіберді. Әжесі мен Батыр оның қайсар мінезіне сүйсіне қарап қалыпты.
– Өмір! Сені кім әлсіз деп айтты? – деді Батыр інісін жанына отырғыза байсалды сөйлеп. – Сен білем, сыныбыңда атамансың. Бірақ қара күшпен әрі жалғыз өзің жауыңнан жеңіліп қаласың. Көп адам көптігін жасайды. Мәселен боксшыға да қара күшпен бірге айла-тәсіл, әдіс қажет. Өмірде де сол. Қулық, айла жасамасаң ұтылып қаласың. Папамыздың мына мақалы есіңде ме?
– Қай мақалы?
– «Білекті бірді жығады, ақылды мыңды жығады» деген.
– Есімде, есімде!
– О-о, біз қазір ақылмен жұмыс істемесек құримыз, жеңілеміз. Балалар «олардың папалары жоқ болып еді, жеңіліп қалды» дейді. Айтады ғой олар?
– Иә, айтады.
– Папамның аузынан тастамайтын тағы бір мақалы бар. «Төртеу біріксе төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді» деген. Бұл мақалдың мағынасы не, айтшы?
Өмірбек басын қасып ойланды.
– Бәріміз бірге болсақ жаудың бәрін жеңеміз деген шығар...
– Дәл таптың. Ох, менің інім ақылды! – Өмірбек ағасының мақтағанына мәз болып қалды.
– Енді біз былай істейміз: мен саған бір құпияны айтсам ешкімге айтпайсың ба?
– Мен ашықауыз емеспін ғой, аға, – деп Өмірбек кәдімгідей қызарақтап қатты намыстанды.
– Бүгін мені де жоғары сыныптың балалары сабап кете жаздады. Бірақ жанымдағы достарым мені қорғап сабатпады.
– Немене, сенің достарың оларды сабап тастады ма?
– Жоқ, біз олардан айламен, ақылмен қорғандық. Әйтпесе төбелесе қалсақ олар он шақты, ал біз төртеуіміз ғана, әрі үлкен-үлкен балалар.
– Қандай ақыл, айла қолдандыңыздар? – Өмірбек бар зейінін аударып, бұлардың айласын біліп алғысы келді.
– Мәселен оларды танитындығымызды айтып, директорға айтамыз дедік. Сотпен қорқыттық. Олар қорқып кетіп қалды. Бірақ олар қайта шабуыл жасайтынын ескертіп кетті. Меніңше олар басқа айламен келеді деп ойлаймын.
– Иә, мен де сендер сияқты қорқытатын боламын.
– Міне, енді ақылға, айлаға келе жатырсың. Содан соң сыныптан өзіңді қолдайтындарды тауып, олармен бірге жүр. Әрине, біз де қарап қалмай саған көмектесеміз.
– Ондай жақсы балалар бар. Қыздарды өзімізге қосуға бола ма?
– Әрине, оларды да тарту керек. Менің Еңлікгүл, Мақпал деген дос қыздарым ұлдардан артық екенін көріп жүрсің ғой. Ал Өмір, күнделікті сыныптағы және басқа жағдайларды маған айтып отырасың. Құпияны сақтайсың ғой?
– Әрине, сақтаймын, аға! Мен енді ешкімнен қорықпаймын.
– Біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін! – Батыр осы ұран сөзді салтанатты түрде айтып, інісіне оң алақанын қаратты. Өмірбек те солай істеді. Екі алақан шарт етіп соғысты.
– Біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін! – Олардың ту сыртынан әжесі қарлығыңқы дауыспен осы сөздерді айтып, ағайынды екеудің қолдарына өз қолын қосты.
Тағы да тінту, бетін қан жуған жендет және ауылдастардың бәрі сатқын ба?
Әдеттегіше Батыр балабақшадағы қарындасы Аршагүлді алуға барды. Мәссаған, ауызғы киінетін бөлмеде Аршагүл жалғыз отыр екен. Күн сайын күліп, ойнап, достарымен бірге жүретін қарындасының мына жападан-жалғыз отырысына ағасы таң қалды. Көзі іскен, беті бұлаудай. Көп, ұзақ жылағаны көрініп тұр.
– Аршагүлжан, саған не болған? – деп сұрау салғаны сол еді, ол бақырып жылап жіберді.
– Жылама, батыр қыз жылай ма екен? Сен өзің батырмын деп мақтанушы едің ғой. – Батыр қарындасының жанына отырып, оны осылай мақтап құшағына тартты. Аршагүл жылағанын тоқтатқанмен ықылық ата өксіп отырды.
– Ағашым! Менімен бүгін ешкім ойнамай қойды. «Сен жамансың. Сенің папаң жау» деді. Мен оларды сабап тастадым. Олар жылады. Апай маған сол үшін ұрысты. Сосын мен жыладым. «Менің папам жақсы. Одан күшті, одан сұлу папа жоқ» дедім. Балалар да папаларын мақтады...
– Е, сол ма жылағаның. Олар жамандай берсін. Біздің папамыз нағыз батыр, нағыз сұлу...
Аршагүл сәби емес пе, ағасының сөзіне тез көңілденді. Бірақ Батыр ауыр ойлардың құшағында қалды. Оны соңғы кездерде болып жатқан жайттар тез есейтіп жібергендей. Өзінің Өмірбекпен болған оқиғалары оған бір-бірімен байланысты сияқты көрінді. Бұларды ұйымдастырып отырған кімдер? Бұл оқиғалардың болуының басты себебі әкесіне байланысты екені сөзсіз. «Халық жауы» деген сөз барлық жерде айтылып жатыр. Бұл оқиғалар тегін емес.
Желтоқсанның кеші әне-міне дегенше жан-жаққа қара көлеңкесін түсірді. Аяз да күшейіп, аспандағы қорғасын бұлттар әне-міне жерге қарай құлап кететіндей әрі-бері жөңкілді. Қарындасын жетектеп үйге жақындағанда қақпаға маңдайын тигізе тоқтаған машинаны көрді. Жүрегі зырқ ете қалды. Екі-үш күннен бері олардың қарасын көрсетпегеніне қарап «құтылған шығармыз» деп ойлаған. Енді қарашы, тағы да келгенін оңбағандардың!
Қақпадан кіргенде байқағаны есік ашық-шашық жатыр.
– Аға! Жаман адамдар келіпті, – деді сәби де болса бұған үрейлене қарап. Үйден мамасының назалы үні естілді. Оған әжесінің айқайы ұласты.
– Өткенде ғана тінту жүргіздіңдер емес пе? Немене, біздің жаман үйден алтын табылады деп ойлайсыңдар ма?
– Иә, иә, неге келіп бізді мазалай бересіңдер? Біздің не жазығымыз бар?
Мамасы мен әжесінің наразылығын еңгезердей үш жігіт құлақтарына да ілген жоқ. Заттарды әрі-бері лақтырып, төсектерді аударыстырып, онсыз да қаусап тұрған ескі шкафтардың тартпаларын суырып, кітаптарды шаша тінтіп, әлденелерді іздестіре берді. Бұған шыдамаған әжесі:
– Сендерге не керек өзі? Іздегендеріңді біз-ақ тауып берейік, – деп еді, төртпақ келген шикіл сары жігіт зірк ете түсті.
– Ей, бабушка! Много не болтай! – деді Сұлуқас әжеге оқты көзімен қарап.
– Балтай-шалтай не знәет. Біздің берекемізді кетірдіңдер ғой, пәдәріңе нәлеттер!
Әже осылай ашуланды. Аласа үйдің төбесіне басы тиіп тұрған ұзынтұра тінтуші зілді үнмен орысша тіл қатты.
– Әже, сіздің балаңыз кісі өлтірген. Ол үлкен қарулы топты басқарған. Автомат, мылтық, ұран, саяси кітаптар іздеп жатырмыз. Сол нәрселерді тауып берсеңіздер біз тінтуді тоқтатып, бұдан былай сіздердің мазаларыңызды алмайтын боламыз. Қалай, осыған келісеміз бе?
Әжесі оның сөзіне түсінбей Батырға қарады.
– Мынау маған не деп тұр?
Батыр оның сөзінің мазмұнын тез аударып берді.
– Ой, ақымақтар-ай! Қайдағы қару-жарақ? Аптаматы, мылтығы несі? Қайдағы топ? Бұлардың бастары істей ме осы? Мына жаман үйде ондай суық қарулар қайдан болсын. Ана қарашы, балалардың кітаптарынан бірдеңе табам деп жатыр ма бұлар.
Сұлуқас әже басын қайта-қайта шайқап амалы таусылғандай отырып қалды. Сол кезде жаңағы төртпақ келген жігіт ол кісінің жанына жетіп келіп бұйрық берді.
– Ей, әже! Тұр орныңнан. Сенің астыңды қараймыз.
Батыр дереу ананың сөздерін аударды.
– Құдай сақтасын, сенде ұят жоқ екен. Тұрмаймын, ал не істейсің? Мені атасың ба? Ат, ат мені! – Әже орнынан міз бақпады.
– Тұр деймін саған! Әйтпесе күш қолданамыз!
Әже бұл жолы Батырдың аудармасын тыңдамай жатып-ақ бірден жауап берді.
– Тұрмаймын! Өлтір, өлтір мені! Бәрібір тұрмаймын. Менің өлігімнен соң тінтесің.
Жігіт әженің иығынан қарулы қолымен қаусыра ұстап, жұлқып көтере бастады. Сол сәтте Аршагүл әжесінің қасына жүгіріп барып:
– Тиме, әжеме! – деп қарақат көздерінен от шаша айқайлап жіберді. Іле-шала оған ілесіп Батыр мен Өмірбек те әжесін қоршай тұрды.
– Тимеңіз, әжемізге! – деді олар қосарлана қаһарлана айқайлап. Кішкентай Әлнұр да бұл зорлық-зомбылықты сезінгендей шыр ете жылап жіберді. Бұл көрініске Гүлтеңге ғана іштей қатты ызаланса да, сабырмен қарап тұрды. Төртпақ шикіл сарының әжесінің камзолынан уыстап ұстап тұрған арбиған қолын Аршагүл көз ілеспес жылдамдықпен қыршып тістеп алды.
– Ах-х! Оңбаған қыз! – Ол қатты ашуланып Аршагүлді кеудесінен итеріп жіберді. Ол әжесінің үстіне құлады. Сол кезде Өмірбек жендеттің қолынан ұрып-ұрып жіберді. Батыр барынша төртпақты итеріп тастады. Қанша мықты болғанмен шалқая беріп кейін шегінгенде ол әлденеге сүрініп гүрс етіп жерге құлады. Басы Батырдың күнделікті көтеріп жүрген гір тасына тиді.
– Оңбағандар! Кісі өлтірушілер! – деп басын көтеріп еді, шекесінен қан бұрқ ете түсті. Аршагүл тістеген қолы да қан-қан. Көздері сүзеген бұқаның көзіндей қызарып кеткен ол ұшып тұрды да, міз бақпай тұрған Батырға жуан жұдырықтарын көтеріп төніп келе жатты. Батыр мен Өмірбек жұдырықтарын түйіп қасқиып қарап тұрды.
– Оңбаған! Қасқырдың бөлтіріктері! – деп ақыра төртпақ жендет жұдырығын балаларға сілтей бергенде аржағында тұрған қараторы өңді қазақ жігіті оны қапсыра құшақтап алды.
– Жолдас капитан, есіңізді жиыңыз. Олар балалар ғой. Ұят емес пе? – деді ол жөпелдемете сөйлеп.
– Жібер! Өлтіремін қанішердің балаларын! – Құтыра айқайлаған оның бұл сәт бетін қан жуып кеткен еді. Енесіне тиіскенде, балаларына қол жұмсайын дегенде қатты ашуланған Гүлтеңге енді жендеттің қан жуған бетіне қарап қорқайын деді. Жарының жағдайы анау. Енді балаларын қамап қойса не істемек? Қайғы үстіне қайғы жамалмай ма? Орнынан тұрмай жаңа ғана ерегесіп отырған енесі қашан тұрғаны белгісіз үш баласының жанында екі қолын жалмауыздың тырнақтарындай жендетке жайып тұр. Төртпақ орыс жігіті қанша жұлқынса да денесі тығыншықтай жігіттің құрсауынан шыға алмай бір кезде сылқ етіп отыра кетті.
– Мен өлдім! Мені өлтірді қанішерлер! – деп айқайлап бетін сүртіп, одан соң қолдарының қанына қайта-қайта қарағыштады. Жынынан айрылған бақсыдай сұлқ отырған ол жылағандай ма, әлде қорыққандай ма өзінен-өзі өгізше өкірді. Әлнұр жылап, бұл өгізше өкіріп үйдің іші лезде азан-қазан болып кетті. Оны қапсыра ұстаған жігіт те әрі-сәрі.
– Жолдас капитан, сізге не болды? – Бастығының бетіне үңіле қарап осылай деп еді, анау:
– Тоқтат! Мен мыналардың бәрін соттатамын! Көздеріне көк шыбын үймелетемін! – деді қан-қан сұқ саусағын үйдегілердің әрқайсысына айнала кезеп-кезеп.
– Жолдас капитан! Өйтуге болмайды. Сізді бүкіл батальон кішкентай балалардан таяқ жеді деп күлкі, мазақ қылады. Өйтпеңіз, жолдас капитан. Соттатпаңыз, ұят, ұят!
Гүлтеңге бұл жігіт әзілдеп отыр ма дейін десе, шынайы түрде сөйлеп тұр. Әжесі, үш немересі бірдей жауына қасқайып тұрысынан жаңылып, енді оған жаны аши қарағандай.
– Жолдас капитан! Қаныңыз таусылып, шынында да өліп кетуіңіз әбден мүмкін. Мына басыңызды таңайық. Апа, бинт, йод бар ма? – деді жігіт Гүлтеңгеге қарап. Өлім туралы естігенде капитан селк ете шошып түсті. Ұзынтұра жігіт те бұрынғы дөрекілігін, әспенсігенін қойып сұрақ белгісіндей капитанға иіліп тұр. Гүлтеңге әп-сәтте керек-жарақтың бәрін әкеліп, оның бетін жуды. Жарасына йод жағып, басын дәкемен таңып тастады.
Қызық! Жаңа әзірде ғана олар бір-біріне атарға оғы жоқ, нағыз қас жаулар еді. Енді бір-біріне көмектесіп, араларында әдемі жылылық орнады. Капитанды төрдегі төсекке отырғызып, Гүлтеңге бал салып шай берді. Түсі бозарыңқы тартқан капитан оны рахаттанып тұрып ішіп алды, есін жинады. Содан соң орнынан тұрды да:
– Гүлтеңге Аликуловна, сіз киініңіз. Біз сізді тергеушіге алып барамыз, – деді салқын бірақ сыпайы сөйлеп.
– Баламды ертіп алайын. Ол маған әрі серік әрі аудармашы болады. Мен орысша білмеймін, – деді Гүлтеңге. Ол ойланды, басын ұстады.
– Жәрәйді, – деді зорға келісіп...
***
Прокуратурада бәз-баяғы тергеуші Чуприлин қарсы алды. Сәлемдескен де жоқ. Бұлар кіріп келе жатқанда тіптен назар аудармады да. Әдетінше үстелдің жақтауына отырып, темекісін тұтатудың «салтанатымен» әуреленіп тұрды. Екеуді солдат кабинетке кіргізген соң бұлар состиып тұрмай, кәнігі таныстарша үстелдің екі жағына барып жайғасты. Біраз күтіп отыруға тура келді. Бір кезде «салтанаты» бітті-ау. Орындығында отырып та көз тұманданып темекісін бұрқыратты. Темекісінің не пәлесі барын кім білсін. Әп-әдемі отырған адам содан соң-ақ құтырған бурадай шабынып шыға келеді. Бұл жолы да сөйтті. Үстелін жұдырығымен бір ұрды. Көздері шатынап, бұларға жеп жіберердей ұмсына қарап:
– Сендерге менен бұрын отыруға кім рұқсат берді?! – деді зіркілдеп. Бұлар үндемей төмен қарады. Анау одан сайын жынданды.
– Тұрыңдар! Тұрыңдар деймін, калбиттер. Менің кім екенімді білесіңдер ме, әуелі? – Чуприлин өз кеудесін өзі түйгіштеді. Гүлтеңге мен Батыр амал жоқ орындарынан сүйретіле тұрды.
– Міне, солай! Мен, мен Москвада академияда оқығанмын. Мен, мен әлемдегі барлық заңды жатқа білемін. Халықаралық заңгермін. Мен сендей жабайыларға алтын уақытымның кетіп жатқанына қатты өкінемін. Мені Горбачевтің өзі жіберіп отыр. Әйтпесе нем бар сендерде?
– Отырыңдар! Егер тағы да осылай тәртіпсіздік жасайтын болсаңдар онда менен жақсылық күтпеңдер. Сендерді қақиып тұратын карцерге қамаймын. Егер маған салса шіркін, сендерді шеттеріңнен қырып тастар едім. Сендер, жабайылар жақсылықты білмедіңдер. Біз сендерге білім бердік, лашықтарыңның орнына зәулім-зәулім үй салып бердік. Сендер жабайылар әжетхана дегенді білмейтін едіңдер. Үстілеріңдегі бес батпан кірді кетіріп, монша салып, маймылдан адам қатарына кіргіздік. Қалаларың жоқ еді, қала салдық. Әліпбилерің жоқ, надан едіңдер, оны да жасап бердік. Ох, енді қараңдар! Жағдайларыңды жасап едік, сендер өз қожайындарыңа қарсы шықтыңдар. Сендер өздеріңше құтырып «Әр ұлт өзін-өзі билесін!», «Әр ұлтқа өз көсемі!», «Қазақстанға – қазақ басшы!» деп даурығасыңдар келіп. Ақымақсыңдар! Сендер бізсіз өмір сүре алмайсыңдар. Жабайы халықтар бірінің етін бірі жеп, жер бетінен жоғалып кеткен. Құлдар әрқашанда құлдар болып қалады. Ол әбден зерттелген аксиома! Соны біліп қойыңдар. Құл болып қалыптасқандар сол шынжырына, бұғауына әбден бауыр басып айрылғысы келмейді. Ха-ха-ха!
Батыр бала болса да мына қорлық сөздерге шыдамай ызадан жарылардай күйде отырды.
– Ей, бала, аудар! Сенің мамаң мұның бәрін білуі тиіс. Мұны әрбір құл қазақ білуі керек. Аудар! Тез, тез аудар!
Мамасы да осы кезде баласына:
– Ұзақ сөйледі ғой. Байқаймын сен қатты ызаланып отырсың. Соншама не айтты ол? – деді мұның құлағына сыбырлап. Батырға мына сөздердің бәрін аудару оңай емес еді. Бірақ ол соңғы кездері аудармашы ретінде кәдімгідей машықтанып қалған-тын. Бұл жолы да тергеушінің ұзақ-сонар мылжыңын әзер дегенде аударып шықты-ау. Мамасы сабырлы мінезінен жаңылмай бұлай деді:
– Жолдас Чуприлин! Мейлі, оқуыңызды Америкадан бітіріңіз. Сіз Совет одағының мемлекеттік қызметкерісіз. Біз Совет одағының құқығы тең халықтарының біріміз. Сіз өз қызметіңізді асыра пайдаланып, біздің халқымызды жабайы, калбит, құл деп кемсітуге, қорлауға қақыңыз жоқ. Мен сізді бұл жөнінде сотқа беремін. Балам куә. Содан кейін сіз Совет өкіметінің қызметкері ретінде бізден сұрақ сұрауға ғана құқығыңыз бар. Біз шынайы түрде жауап беруге құқылымыз. Сіз өзіңізбен де, ісіңізбен де бізді, қарапайым Совет адамдарының құқығын аяғыңызбен таптап отырсыз. Мәселен әрбір мәдениетті адам темекіні белгілі бір арнайы бөлінген жерде шегуі тиіс екендігі жөнінде нағыз заңгер болсаңыз білесіз деп ойлаймын.
Батыр мамасының рет-ретімен айтқан мәнді де терең әңгімесіне қатты риза болды. Риза болғаны соншама мамасының бетінен сүйіп алғысы келді. Мамасының салмақты сөз мәнерінен үлгі алып аудара бастады. Жаңа ғана өтірік қарқылдай күліп, бұларға жоғарыдан қарап отырған Чуприлинге мамасының мірдің оғындай сөздері қатты әсер етіп отырғанын Батыр сезіп, іштей масаттанды. Мамасы сөйлеген кезде темекі түтінінен неше түрлі бейнелер жасап шалқайып отырған тергеуші енді мына әңгіме барысында сарғыш жүзі бір бозарды, бір қызарды. Қолындағы темекісін аузына салуға ұмытып, картоп мұрнына тигізіп алды. Мұрнының күйгеніне де қарамай Батырдың аузынан шыққан әрбір сөзді мұқият тыңдады.
Содан соң әлденеге сасқалақтап, жо-жоқ ызаланып, ашуланып, қалшылдап қолдары дір-дір етіп, еркіне бағынбай темекісін үстел үстіне түсіріп алды. Онысы дәл қағаздың үстіне түсті де, тез бықсып жана бастады. Оны тез алам деп еді, шоғы ұшып барып санына түскен болу керек балықтай шоршып, орнынан ұшып тұрды. Билеген тәрізді сандарын алма -кезек шапақтады. Гүлтеңге мен Батыр оның бұл қылығына күліп жіберді. Бұлардың күлгенін көріп Чуприлин одан сайын ызаланды.
– Күлмеңдер, оңбағандар! – деді барынша қылғына айқайлап. Қатты айқайлаймын деп түкірігіне өзі шашалып, беті, мойны, тіпті құлағына дейін помидор сияқты қызарып кетті.
– Солдат! Солда-ат! – Арыстанша ақырған оның дауысын естімеу мүмкін емес еді.
– Мына графинде неге су жоқ?! Тез, тез су әкел! – Солдат келгенше ләм-мим деместен бөлменің ана бұрышы мен мына бұрышына адымдай жүріп кезгілеп кетті. Үстел үстіндегі темекі тұқылы одан әрі бықсымай сөніп қалыпты. Алып солдат ентіге кірді.
– Құй, стаканға! – Стакандағы суды шашып-төгіп сылқылдата жұтты. Содан кейін тергеуші бәз-баяғы қалпына түсті. Жүзіне жымысқы күлкі жүгірді. Пәпкісін әрі-бері қарағыштап бес-алты бет қағазды суырып алдына жаймалады. Өзінше мырс ете күліп, көздері көкшие ойнақшып бұларға алма-кезек қарады.
– Та-ак, солай де. Заңды біледі екенсің. Бірақ менен білгір емессің. Сен көлшік болсаң, мен мұхитпын. Өткенде мен саған ескерттім. Күйеуің туралы бар шындықты айт дедім. Дедім ғой? – Ол Гүлтеңгеге тесірейе қарап, біраз отырды. Батыр бұл сөздерді аударғаннан кейін Гүлтеңге қысқа ғана жауап берді.
– Иә, дедің. Мен де жауабымды бердім. Оны мен оншақты рет қайталадым. Тағы да қайталап айтамын, мен күйеуімді өліп кетсем де жамандамаймын. Біздің қазақтар біліп қой, күйеулеріне адал болады.
Чуприлин мырс етіп кекесінді түрде тағы да күлді.
– Жолдас Аликулова! Сен сатпасаң сатпа, бірақ сенің ауылдастарың ол туралы өте жаман пікірде. Тіпті олардың ішінде қазақтар да, мынау баланың мектеп директоры да бар. Хи-хи-хи! – Ол рахаттана күліп алдындағы парақтарды бипаздай сипап қойды.
– Мә, ауылдастарыңның пікірлерін оқып рахаттан. Олар өте білімді әрі саналы азаматтар. Орысша біледі. Сен сияқты артта қалған емес. Мә, бала! Аудар!
Тергеуші алдындағы әлгі парақтарды Батырға шертіп лақтырып жіберді. Содан соң алтын жалатқан темекі қорапшасын қолына алды.
– Сен маған сынап қарама! Темекі менің өмірім. Соны біліп қой. Оны шексем шабыттанамын. Оның түтіні арқылы сен сияқты құрбандықтарымның миына тор құрамын. Сен де күйеуіңді өлсең де жамандамайсың. Мен де өлсем де темекімнен ажырай алмаймын, – деді де ол бәз-баяғы қалпынша темекі тұтатудың салтанатына кірісіп кетті. Гүлтеңге «Темекі досың болса жетіскен екенсің. Ол азғындаған, мәдениетсіз адамдардың тірлігі. Сен де сол азғындардың бірісің» деп айтқысы келді де, «құрсыншы, сөзімді осындайларға шығындамай-ақ қояйын» деп өзіне тежеу салып, сабыр сақтады.
– Ал, балам, оқы. Біздің ауылдың сатқындары не дейді екен?
– Мама, сөздерін бәрі де өз қолдарымен жазыпты. Олар шынында да папамды сыртынан жамандаған сияқты.
– Көрейік, олар не дейді екен?
– Мама, тыңдаңызшы, мына Сайрагүл апаның жазғанын. Келесі көшеде тұрады ғой ол кісі.
– Не депті, оқышы, – деді Гүлтеңге дегбірсізденіп.
– «Мырзажан Алиқұлов – маскүнем. Ауылда одан өткен көкірек, бұзық жоқ. Жүрген жері ылаң. Басқаларды да жаман жолға салып жүрген жындысүрейдің нақ өзі. Оның әйелі Гүлтеңге де сондай. Кім болса соған, аузына келгенін аталайды. Олар отбасымен бұзылған жандар».
– Ойпырмая, ол кісіге Мырзажан қанша көмектесті. Менімен де жақсы сөйлесетін. Әлде оны мыналар қорқытты ма екен?
– Мама, қанша қорқытса да мынадай жаман, өтірік сөздерді жазуға болмайды ғой. – Батыр да әке-шешесін осылай жамандағанға ызаланып қалды.
– Иә, иә, адамдар деген жағдайға қарап өзгере салады екен-ау. Ертең кездесеміз-ау, сонда ұялып қаламыз-ау деп ойламай ма екен? Әрі қарай оқы, тағы қандай өтірікшілер бар?
– Харченконың айтқаны тіптен жаман. «Алиқұлов нағыз ұлтшылдың өзі. Оның Алматыдағы ереуілді ұйымдастырушылардың бірі болғанына менің еш күмәнім жоқ. Тіптен сол ереуілге әйелі Гүлтеңгенің де қатысқанын білемін» депті.
– Масқара! Мені де алаңға бір-ақ апарыпты ғой, – деп Гүлтеңге бетін шымшыды.
– Бізден күнде сүт алатын Иванның сөзін тыңдаңыз. «Мырзажанның мінезі ұрда жық, жындының нақ өзі. Қазаққа біреу қарсы сөйлесе болды, ай-шайға қарамай ұрып жығады. Өзіне қарсы келгендердің аяқ-қолын сындырып, мүгедек етуден тайынбайды».
– Мәссаған! Мұны айтып отырған өзіміздің досымыз Иван ба?
– Иә, сол Иваныңыз. Оны аяп сүт, тағы да бірдеңелеріңізді бересіз. Ал ол болса...
– Дұрыс айтасың. Бұл ту сыртымыздан пышақ ұру ғой. Мейлі, өздеріне жақсы болса айта берсін. Біздің үстіміздегі бұлт та кетер. Күніміз туатын шақтар да болар. Сонда олар бізге қай бетімен қарар екен? – Мамасы күрсінді. Чуприлин темекісінің түтіні бөлмені кернеп тұр. Өзінше бірдеңелерді жазып отыр. Күлсалғыштың үстінде оншақты темекі тұқылдары жатыр. Батыр тағы бір хатты оқи бастап еді, оған анасы тыңдамағандай сезінді. Түріне қарап еді, біртүрлі абыржып, жаны қысылып тұрғандай көрінді. Әбден шошып, зәрезап болып қалған. Батыр бірден шошына үн қатты.
– Маматай, не болды сізге? Бір жеріңіз ауырып қалған жоқ па? – Ауыр тыныс алған Гүлтеңге әзер сөйледі.
– Батыржан! Мен бәріне шыдаймын. Әсіресе жаныма бір ауылда тұрып, бір құдықтан су ішіп бұрын-соңды шәй деспеген, сөзге келмеген ауылдастарыңның енді өмір бойы көрместей биік жерден құлама құзға итеріп кеткендері қатты батты. Бұл маған да, сенің әкеңе де талмау тұстан тиген ауыр соққы. Жүрегім ауырып тұр. Өмірдің әділетсіздігінен түңілдім.
Осы сөздерді Гүлтеңге айтып бола бергенде Чуприлиннің жанға жағымсыз қырылдақ дауысы шықты.
– Аликуловна! Ауылдастарыңның сендер туралы пікірлері осындай. Сендерді, отбасыларыңды, күйеуіңді халық жек көреді, – деді тергеуші бұларға жымысқы әрі табалаған көзқараспен сынай қарап.
– Бәрін де сендер қорқытып алғансыңдар. Бұл әдейі ұйымдастырылған жалалар...
Осы сөздерді айтар-айтпастан мамасы қатты шошына айқайлап жіберді.
– Батыржан! Балам! Ішім бүріп ауырып тұр... – Орындығынан сырғып құлап бара жатқан мамасын көз ілеспес жылдамдықпен жүгіріп барған Батыр құлатпай сүйеп қалды.
– Өлдім! Өліп барамын! Ішім-ай! – деді анасы қырылдай сөйлеп. Көздері алайып есінен танып бара жатқанын Батыр көргенде шыдамай айқайлап жіберді.
– Неменеге тұрсыз? Адам өліп бара жатыр ғой. Суыңызды беріңіз!
Чуприлин міз бақпай отыра берді. Батырға алдында тұрған графинді әперуге өркөкіректігі жібермеді. Бар болғаны:
– Солдат! Солдат! Бері кел! – деді барылдай айқайлап. Сырттан еңгезердей солдат пен бір қазақ кісі кіріп келді. Сол кісі графинді алып Гүлтеңгеге су шашты. Бірақ мамасы есін жимады.
– Мына кісі екіқабат қой. Есікті аш, жолдас солдат! Таза ауа жетпей жатыр. Чуприлин мұныңыз не? Обал емес пе, мына кісіге, – деді әлгі кісі шыдамай.
– Балтабаев! Сен кімсің маған сөз айтатындай? Бұлар қылмыскерлер. Сен жөніңе жүр! Өз жұмысыңды біл! Кет! – деді Чуприлин жынданғандай есікті сұқ саусағымен көрсетіп.
– Жоқ, Чуприлин жолдас. Мына кісінің толғағы басталды. Егер бүйтіп отырса өзі де, ішіндегі нәрестесі де өліп кетуі мүмкін. Сізді мына бала сотқа берсе масқара боласыз.
– Иә, жолдас Чуприлин! Егер мамама бірдеңе болса менің Москвада ағам бар. Солар арқылы сізді сотқа беремін.
– Әне, көрдіңіз бе? Қиын болады сізге. Мен әріптес ретінде сіздің өз мамандығыңыздың шебері екеніңізді жақсы білемін. Сондықтан дереу жедел көмек шақыруымыз керек.
Чуприлиннің дөң айбаты сот деген сөзді естігенде басылып қалды. Жан-жағына алақтай қарап сәл тұрды да, үстелдің үстіндегі қағаздарын пәпкіге салып, темекі салғышын қалтасына сүңгітті де есікке қарай ұмтылып қаша жөнелді.
– Өздерің біліңдер не істесеңдер де. Мен мұнда болған жоқпын, ештеңе көрген жоқпын, – деді ол асығыс кетіп бара жатып. Балтабаев жедел көмекке телефон шалды. Солдатқа «Оларды күтіп алып, осында әкел!» деп бұйрық берді.
– Қорықпа, Батыр! Мен бәрін естіп жатырмын. Мамаң сенің нағыз батыр жан. Мұндай қайсар да ақылды мамаң бар сен бақыттысың. Ештеңеден қорықпаңдар. Айтқандарыңнан қайтпаңдар! Бәрі де уақытша нәрсе, – деді ол Батырға мейірлене қарап.
– Аға, сізге рақмет! – деді Батыр. Көптен бері осындай жылы сөз естімегендіктен бе, әлде анасын аяп кеткендіктен бе, кеудесін өксік қысып, жылап жіберді...
Сынақ, өлі туған нәресте және содырларды қоршау
Гүлтеңге ауруханада бар болғаны екі-ақ күн жатты. Әйтеуір дер кезінде апарыпты. Бірақ жеті айлық сәбиі өлі туды. Сұлуқас әженің жанына бұл оқиға қатты батты. Бірақ онысын білдірмей келінінің қабағына қарап, тебірене сөйледі.
– Айналайын, келінжан! Құдіреті күшті Аллатағалам бір құлына ұзақ ғұмыр берсе, енді бірінің өмірін жарық дүние есігін ашпай жатып-ақ қиып тастайды. Біз өте әлсіз пенделерміз. «Жазмыштан озмыш жоқ» дейді екен бабаларымыз. Маңдайымызға не жазылса, соны көреміз. Әрине, өміріміздің бұлай болуына себепкер қатігез жандардың да жазасын Алла береді. Бірақ ол құдірет асықпайды. Сүйген құлына сынақ мерзімін береді. Бұл сынақтан өтуіміз үшін бізге сабыр деген қасиет берген. Ол қасиет сенде бар, келінжан. Қыстан кейін көктем келер. Біздің де көктеміміз күндердің күнінде келетініне сенемін. Бірақ ол жақсы күндерге мен жетемін бе, әлде жетпеймін бе оны тағы да бір Алла біледі. Менің кәрі жүрегім ол жақсы күндердің болатынына сенеді. Оны сендер көретін боласыңдар. Соған жеткізсін, ылайым! – деп енесі қанша жыламайын десе де амал жоқ шыдамай кемсеңдеді. Өзі жүдеген, көзінде мұң, жүзінде қан-сөл жоқ келіні Гүлтеңге де көз жасын тия алмай енесін құшақтай алды. Қос міскін іштегі шерін жаспен төкті. Бұған Батыр бастаған Өмірбек, Аршагүл де бірі жылап, бірі жыламсырап үн қосты. Тек Әлнұр ғана төсегінде тәтті ұйқы құшағында жатыр. Жылау-сықтау тыйылып, бәрі сабасына келді. Гүлтеңге де енді барлық мұңын жеткізе бастады.
– Апатай, айтқаныңыз айдай келсін! Немереңізді сақтай алмадым. Алланың ісі деп отырсыз ғой. Оған мойынсұнбағанда қайда барамыз? Енді мына ботақандарым аман болсын. Ана зұлым тергеушінің тырнағынан бұл жолы аман қалуым екіталай еді. Мына Батыр құлыным шырылдап ара түсіп, анасын құтқарып қалды. Содан соң жақсы адамдар көп қой. Сол ордада жұмыс істейтін Балтабаев деген кісі өзінің жұмысына қауіп төнсе де ана Чуприлин деген қаскүнеммен шайқасып, араша түсіпті. Ауруханада да пәлен жыл сол жерде істеген адуын мінезді Сафура апайдың жақсылығын көрдім. Шәрипа досымның үйреткен сөзімен қаһарлы Чуприлинді сөзінен жаңылдырдым. Енді аяғын тартып сөйлейтін болады. Айтпақшы Сафура апайдың інісі жақсы адвокат екен. Аты Райымбек. Сол кісі Мырзажанның ісі бойынша қорғаушы боламын деді. Бүгін-ертең тағы да хабарласады. Содан соң Олжас ағаны білесіз ғой?
– Ақын Сүлейменов пе? – деді Батыр жұлып алғандай.
– Иә, сол аға. Осы кісіге барып қайтсақ қалай болады, апа? Мырзажанның ең болмаса жазасын жеңілдетуге көмектесер.
Енесі келінінің бұл бастамасын бірден қолдады. Ертесіне Сұлуқас әже, Гүлтеңге, Әлнұр және Батыр Қазақстан Жазушылар одағына баруға келісті...
***
Үзіліс кезінде төрт дос алаңқайға шығып ақылдасты. Осы сәтте олар өткенде өздеріне қоқан-лоқы жасаған Саша мен Васяны көріп қалды. Олар біртүрлі сасқалақтаған кейіп танытты.
– Қане, бері келіңдер! – деп Еңлікгүл шақырып еді, олар қашқақтап тез-тез адымдап мектепке кіріп кетті.
– Олар бізден қорқады. Бүгін біз Вера Васильевнаға олардың әнеукүнгі қорқытқанын айтсақ қайтеді? – Серік ақылдасқандай достарына жағалай қарап шықты.
– Ерегестіріп алмаймыз ба? – Мақпал өз күдігін жасырмады.
– Егер айтпасақ бүгін, ертең бірдеңе болып қалса «неге айтпадыңдар?» деп сынып жетекшіміз ұрсуы мүмкін ғой. Содан соң ол кісі «ештеңені жасырмай маған айтып тұрыңдар» деген жоқ па? Айтпақшы Серіктай, Берік ағама айттың ба? Ол бізге не ақыл-кеңес берді? – Батыр осындай келелі істе өзінің тәжірибесі бар екенін көрсетті.
– Ағама айтқанмын. Олар бізді өз қамқорлығына алмақшы. Бүгін өздерің білесіңдер ғой, кешке аналармен кездесеміз. Ағамдар жігіттерімен сонда болады. «Еш саспаңдар! Біз шайқасқа дайынбыз» деді ол. – Серік кәнігі боксшыларша ауаны осқылап-осқылап соққылар жасап қойды. Мақпал Серіктің сөзін іліп әкетті.
– О-о, менің Жамал әпкемнің командасы да осал емес. Ер балалар да бар. Қыздар жұлқынып тұр дейді. Содан соң әлгі Сашаның қарамағындағы бір есерсоқ мақтанып айтып қойыпты. Кешегі бізге дөң-айбат көрсеткендердің санын көбейтпекші көрінеді.
– Міне, көрдіңдер ме? Батыр айтпақшы бүгін бір шайқас болса бізді кінәлайтындар көбейеді де, оны ұйымдастырған Батырлар дейді. Ол бұзақыларға, директорға қажеті осы. Бір сылтау табылса Батырды оқудан шығарады. Менің ойым бар шындықты Вера Васильевнаға айтып, бұл жайлы ақылдасуымыз керек. – Еңлікгүлдің ақыл-кеңесі ойланарлық еді. Ертең Батыр оқудан шықса осы еңбектерінің бәрі зая кетіп, жеңіліске ұшырайтын түрлері бар. Олар бірауыздан сабақтан соң Вера Васильевнамен кездесеміз деген келісімге келді.
Сабақтан соң оқушылардан бөлініп төртеуі сыныпта бөгелді. Енді мінеки, апайларын күтіп отыр. Балалар өзара сыбырласа сөйлесіп, осыдан екі-үш күн бұрын болған тергеушінің зұлымдығын сөз етісті. Әсіресе Батырдың достары анасының есінен танып, ауруханаға ауыр халде түскенін және сәбиінің өлі туғанын естігенде қатты назаланды. Екі қыз тіптен көздеріне жас алып солқылдап жылап та алды. Бұл оқиға оларды бұрынғыдан да жақындастырып, жұдырықтай жұмылдырды.
– Балаларым, қалай жағдайларың? – деп Вера апай сыныпқа кіріп келгенде осы жайды олар талқылап жатқан. Апайларының есікті сықырлатпай ашып кіріп, оның сөйлегенін тосыннан естігенде қос партада бастары түйіскен төртеу селк ете қалысты.
– Ой, кешіріңдер! Сендердің құпияларыңның үстерінен түстім ғой, дәу де болса, – деді бір жағынан әзілдеп, екінші жағынан «байқап жүріңдер» деген ескертуін апай айтқандай болды. Шәкірттер ұшып тұрды. Олар көгілдір көздері күлімдеген, жүзіне шуақ ұялаған апайларын лезде қоршап алды. Вера апай жаңа әзірдегі әңгімені естігенде қатты толқыды, қатты назаланды.
– Балалар, Батыр балам, мұның бәрі уақытша нәрсе. Ертең-ақ сендердің жарқын да әдемі күндерің келеді деп сенемін. Ондай зұлымдар әлі-ақ жазасын алады, – деп Вера апай Батырды құшағына тартып көңілі босады. Содан соң қайта сөйлей бастады.
– Сенің жаныңда мынадай тамаша достарың бар. Сұлуқас әжең, анаң бар. Мен де сенің әрқашанда қасыңдамын. Әкем де, анам да «халық жауы» болып сотталып кеткенде мен сіңлім екеуміз ғана қалдық. «Халық жауының» балалары деп адамдар түртпектеп, бізге күн көрсетпеді. Сіңлім қатты ауырып, бір күні түнде тұрсам қозғалмады. Денесі мұздай. Өлімді бірінші рет көруім. Қатты қорықтым. Бауырымды тұр-тұрлап көп жұлқыладым. Ол тұрмады. Қатты жыладым. Содан соң талықсып кетіппін. Көрші кемпір кездейсоқ кіріпті. Жер қойнына бауырымды осылай бердім де, мен жалғыз қалдым.
– Ол кезде сіз қанша жаста едіңіз? – деді Мақпал елжірей сөйлеп.
– Онға толғанмын. Содан мені көп ұзамай әке-шешемді алып кеткен қара киімділер келіп жетімдер үйіне тапсырды. Ол жерде мен сияқты «Халық жауларының» балалары көп екен. Қазақ балалары да болды. Олар бізге аса жақсы қарамайтын. Аштан, аурудан өлгендер көп болды. Мен оған әбден етім үйреніп кетті. Солай, Батыр, сені көргенде сол бір сұрқай күндерім еске түседі. Байғұс әке-шешеме көрсетпегендері жоқ екенін кейін естідім. Үйімізді жиі тінтетін. Не іздейтінін қайдам?
– Әке-шешеңізбен қай уақытта табыстыңыз?
– Сегіз жылдан кейін. Әке-шешем бостандыққа шыққаннан соң мені көп іздеп ақыры тапты. Эх, мен өз мұңымды сендерге айтамын деп бәрін ұмытып кетіппін ғой. Сендер мені неге іздедіңдер? Одан да соны айтыңдар. – Вера апай көзінің жасын әдемі орамалымен сүртіп, өзінше серпілгендей болды. Балалар Батырға қарады. Ол барлық жайды тәптіштеп айтып берді.
– Ох, қандай адамдар! Олар маған уәде берді. Бірақ ту сыртымнан мынадай сұмдық істерді жүзеге асырып жатқаны көңілге сыймайды. Сендердің мұны маған айтқандарың дұрыс болды. Бұл мәселені директордың өзіне айтсам ба екен? Жоқ, онда менің сөзім дәлелсіз болады да, Батырға, сендерге ыңғайсыздық тудырады. Балалар, біз бұлай етелік. Олардың арандатушылығына, қулықтарына біз де қарама-қарсы қулық жасайық. Оларды біз қылмыс үстінде ұстайық та, директорға апарайық. Ешқандай арандатушылыққа жол бермейміз. Түсіндіңдер ғой, балалар? – Вера апайы өзінше осылай жасады. Балалар бір- ауыздан ол кісіге түсінгендіктерін жеткізді. Нақты жоспарлар жасалынды. Олармен сол орында кездесетін болып келісілді. Өзара айтыс болатыны сөзсіз. Оларды арандатып қол көтеретіндей дәрежеге жеткен кезде Вера апай өздеріне тілектес жоғары сынып оқушыларымен сау ете қалады да, оларды қылмыс үстінде ұстайды. Бұл іске учаскелік милицияны да тартады. Себебі ертеңге дейін «жазалаушы отряд» балалары сөздерінен танып кетуі мүмкін. Ал милиция арнайы протокол толтырып, бұл оқиғаны нақтылап, айғақтайды...
***
Бүгін түс ауа қар ұшқындай жауып, ол кешке дейін толастамады. Ызғырық суық адамдарды дірдек қаққыза тоңдырып, бір сәт те басылмай тұр. Кешкі баққа Батыр мен оның достары дәл уақытында келді. Қысқы кеш қара пердесін тезірек қымтанғысы келгендей бейне. Төрт дос дегбірсізденіп тұр. Олар өзгелерге өтірікші болмасақ деген дүдәмал ойда. Ең бастысы бұлардың жоспарын олар біліп қоймаса болғаны. Кенет балалардың дәл жанына жұмыртқадай тас тарс етіп түсті. Қыздар шошып қалды. Бірақ сыр бермей олар ағаштардың тасасына тығылды. Сол сәтте қарқылдаған балалардың күлкісі естілді.
– Жандарың тәтті екен ғой. Өткенде «біз ештеңеден қорықпаймыз» дегендерің қайда? Ха-ха-ха! Хи-хи-хи!
Қиқылдаса күлген топ әп-сәтте оларды қоршап алды. Өткендегіден «жазалаушы топтың» қарасы көп. Бастықтары баяғы Саша екен.
– Иә, «халық жауының» баласы мен оны қорғаушылар тобы! Біз ойлағанбыз сендер топтарыңды көбейтіп келеді деп. Қайдағы, сендерді ешкім қолдамайды. Көрдіңдер ме, біз қалай көппіз. Сендер сияқтыларды табанымызбен жаншып жоқ етіп жіберуге шамамыз жетеді. Бірақ біз мәдениеттіміз. Батыр деген баланың қып-қысқа тамаша жауабы керек, – деді ұзынтұра Саша Батырға жоғарыдан менсінбей қарап.
– Ол қандай жауап? – деді Еңлікгүл еркін де қорықпай сөйлеп.
– Еһе, сендер біздің талабымызды ұмытып қалған тәріздісіңдер. Жәрәйді, біз көп болсақ та зорлық-зомбылық жасамаймыз. Ұмытсаңдар естеріңізге түсірейік. Қалай достар, солай етеміз бе? – деп мәнерлей сөйлеген олардың көсемі жан-жағына маңыздана қарады.
– Солай етеміз! – деді қасындағылар бірауыздан.
– Батыр бала: «Мен бұл мектептен бауырларыммен біржола кетемін» деп айтса болғаны. Жоқ, айтқаны аз. Біз ол кісіге арнайы пәпкі дайындадық. Мына пәпкідегі қағазға әлгі сөздерін жазып береді. Бітті! Содан соң біз сендерді мазаламаймыз. Ал жауабыңды айт!
Серік сәл алға шығып Сашаның тура алдына тұра қалды.
– Егер Батыр бала оны жазбаса не істейсіңдер?
– Онда біз оған, отбасына маза бермейміз.
– Сабайсыңдар ма сонда?
– Әрине, сабаймыз. Тіптен мына жерден жүргізбейміз. Батыр мен оның інісі мектепке де кіре алмайды.
– Ол қолдарыңнан келмейді. Сендер сірә, директордың оң қолы сияқты сөйлейсіңдер ғой. – Мақпал да қайсарлана Серіктің жанына тұра қалды. Саша ашуланды.
– Онда тұрған не бар? Олардың отбасысын бүкіл ауыл жек көреді. Себебі ол «халық жауы». Кәне, сен екеуің жолдан кет! Біз Батырдың өзімен жеке сөйлесеміз.
– Кетпейміз!
– Кетесің!
– Кетпейміз!
Саша Серікті жуан жұдырығымен нұқып жіберіп еді, оның артындағы содырлары да жұдырықтарын көтеріп төртеуді сабауға айналды. Осы кезде учаскелік милицияның:
– Тоқтатыңдар! – деген қаһарлы үні естілді. Қараңғыда көрмей оған да үш-төрт бала жұдырықтарын ала жүгіріп еді:
– Сендердің алдарында тұрған учаскелік инспектор лейтенант Сергеев! – деп бір қолын шекесіне салып, екінші қолымен фонарикпен бетін жарық қылды.
– Сендердің бұл қылықтарың нағыз бұзақылық! – деген Вера Васильевнаның қатты даусы шығып, сәт өтпей қараңдап өзі көрінді.
– Ловушка! Қашыңдар! – деп содырлардың біреуі айқай салып еді, қалғандары жан-жаққа қашуға ыңғайланды. Бұл кезде Беріктің, Жамалдың қыз-балалары қолдарында бір-бір фонарик оларды тырп еткізбей қоршап та алған болатын...
Директордың мойындауы, Олжас көке «халық жауының» баласы және адвокаттың қорқынышы
Саша бастаған содырлардың бұл әрекеті мектепте үлкен шу шығара жаздады. Вера Васильевна бұл жөнінде директордың өзіне баяндағанда ол кісі қатты сасып қалыпты. Апайға тура қарай алмай қыбыжықтап тартпаларын қайта-қайта тартқыштап, не істерін білмей далбасалапты. Содан соң:
– Олар біздің мектептің балалары ма? Ондай әрекетке неге барыпты? – деп сұрауын сұрағанмен өзі кінәлідей жан-жағына алақтапты.
– Әзірге ондай әрекетке неге барғанын айтқан жоқ. Олармен милиция инспекторы айналысып жатыр. – Вера апайдың бұл сөзі директордың үстіне жай түскендей әсер етті. Алғашқыдан да әрмен сасып, орнынан бір тұрды, бір отырды. Жүзі қып-қызыл болып еді, содан соң іле-шала бозарып кетті. Вера апай директор есінен танып құлап қала ма деп қатты қорқыпты. Директор содан соң Вера Васильевнаға жалынып-жалпайып өтініш айтыпты.
– Вера Васильевна, мұның аяғы бұлай болады деп ойлаған жоқпын. Мұны өзіңіз ымын-жымын білдірмей бітіріңіз. Мен ол оқушыларымның ондай оспадар әрекеттерге баруына жол бермеймін. Ол отбасының балаларына енді ештеңе болмайды.
– Уәде бересіз ғой?
– Уәде, уәде! – деп директор Вера апайдың алдында бас иіпті...
***
Сабақтан соң төрт дос бірге қайтпақшы болып мектеп алдына шыққанда Анна деген сыныптас қыз бұлардың жанына келді.
– Жәй ма, Анна? Әлде бізде жұмысың бар ма? – деді Мақпал оған сынай қарап.
– Мен Батырдан кешірім сұрайын деп едім. Сезіммен оны ғайбаттағандарға қосылдым. Осы жөнінен өзімді кінәлі сезінемін. – Аққұба келбетті қыз ұялшақ па, әлде шынында да сезімтал ма, шырайлы жүзі қызарып кетеді екен. Батыр жымиды.
– Анна, рақмет саған! Неге кешірмейін, кешірдім. – Қыз нәзік қолдарын ұсынды. Оның бұл қылығына Батырдың жан дүниесі жылынып сала берді.
Жолда төртеуі асықпай келе жатып, жаңа ғана Вера апайдың айтқан әңгімесін риза көңілмен еске алды.
– Достарым, сендерге көп рақмет! Жалғыз болғанда менің тағдырым не болар еді? Тіпті көз алдыма елестете алмаймын. Қиын да ауыр күндерімді жеңілдеттіңдер. Мен бұрын достық деген қасиетті нәрсенің бағасын білмеппін. Осы соңғы күндер менің өмірдегі болып кеткен көп нәрселерге басқа көзқараспен қарауыма тура келді. Жалпы өмірге деген өзгеше көзқарас пайда болды менде. Өмірде жамандық пен жақсылықтың барына көзім жетті. Менде қатігездіктен адам жылайды-ау деген ұғым жоқ еді. Қазір көп жылайтын болдым. Жаным тас еді, енді ішкі дүнием елжіреген бауыр-еттен жаралғандай. Рақмет, бауырларым сендерге...
Батыр өзінің көңілі босап бара жатқанын сезді де, көңіл шылбырын әрең жинап алды. Достары да мұны білген тәрізді. Әсіресе Еңлікгүл Батыр алғысын айтып, қамығып қалғанда бұл да жылағысы келіп кетті. Шынын айтқанда Батырдың жүрекжарды сөздері сезімге әсер етпеу мүмкін емес еді. Достар мұңайып қалды. Серік қана елгезектігіне басып әзіл айтқан болды.
– Ойбой, біз сені Батыр деген атыңа лайық қайсар дос деп жүрсек. Ал сенің қыздай нәзік көңілің бізді де тебірентіп жіберді ғой!
Осы кезде атой салған кішкентай баланың даусы шықты. Бәрі құлақ түрді.
– Батыр аға, сізді мамам тез келсін деп шақырып жатыр! – Өмірбек екен.
– Неге? – Батыр елеңдеді. Домалай жүгірген Өмірбек әп-сәтте бұлардың қасына жетіп-ақ келді.
– Сәлеметсіздер ме! Олжас көкеме барамыз деп жатыр. Соған сен де баруың керек екен.
– Иә, иә, ұмытып кетіппін ғой. Достар, кешіріңдер. Әзірге сау болыңдар! – деп Батыр асығыс-үсігіс қоштасты.
– Сәтті барып қайтыңдар! – деді достары қосарлана.
***
Батыр үйге жақындағанда жеңіл машинаның үйдің сыртында тұрғанын көрді. Жүрегі зырқ ете түсті.
– Қорықпа, аға! Ол біздің папамыздың адвокатының машинасы, – деді сезімтал Өмірбек ағасының көңілін тап басып. Үйде шынында да жасы кекселеу, шашы бұйра, орақ мұрынды аға малдасын құрып төрде отыр екен. Сәлем беріп еді, ол кісі:
– О-о, дәу де болса Батыр деген осы жігіт шығар? – деді қоңыр дауыспен бұған күлімдей қарап.
– Иә, бұл өзімнің төл балам. Қалғандары Мырзажанның балалары, – деді әжесі ол кісінің сөзін іліп әкетіп. Жағдай сұрасқаннан кейін әжесі, мамасы және Әлнұр бәрі тез жолға жиналды. Жол-жөнекей мамасынан білгені адвокат Райымбек аға папасымен сөйлесіп, тіптен одан сәлем хат әкеліпті.
– Жалпы Мырзажанды ақтап алуға болады екен. Бұл оқиғаны олар папаларыңның алаңда болған жағдайымен байланыстырып отыр. Әйтпесе Мырзажан қасақана кісі өлтірмеген. Автобуста өзін-өзі қорғамағанда оны үш орыстың жазым ететіні сөзсіз еді. Оның жағдайы қазір Мәскеудің тікелей бақылауында. Біз араша түспесек соттың ең ауыр жаза қолдануы мүмкін.
– Ауыр жаза өлім жазасы ма? – деді Батыр балалық аңқаулықпен.
– Иә, дәл солай.
– Не дейт? Олары несі, адамды өлтіре салу соттарға қиын болмай қалған ғой өзі. Я Алла, өзің жар бола гөр, балама! – Әже назалана сөйлеп, кәдімгідей қиналып қалды. Адвокат аға мұны сезіп әңгіме арнасын басқа нәрсеге бұрып жіберді.
– Гүлтеңге айналайын, жеті айлық нәрестеңнің тергеушілердің тергеуіне дейін аман екендігін дәлелдейтін дәрігерлердің анықтама қағазы бар ма?
– Әрине, бар. Нәрестемнің іңгәлаған дауысы шықпады. Өзім қиналып жатсам да «мұнысы несі?» деген ой жарқ етіп басылды. Сөйтсем жансыз келіпті ол. Дәрігерлер мені көріп көзі жетсін деп ойлады ма, нәрестемнің өлі денесінің семіп, қураған бұта сияқты мүшелерін көрсеткенде өзегім өртеніп, көз жасыма ерік бердім. Жеті ай бойына учаскелік дәрігерлердің бақылауында болып, құрсағымда қалыпты жетіліп келген нәрестем үш-төрт күнгі бастан кешкен азабымнан жарық дүниені көрмей жатып, жантәсілім еткен. Дәрігерлер «нәресте анасының қатты күйінішінен жансызданып қалған» деп анықтама жазып берді. – Гүлтеңгенің көңілі босады.
– Қой енді, сықсыңдай бермей. Құдайдан мына балаларыңның амандығын тіле! – Сұлуқас әже ұрсыңқырап басу айтты.
– Анықтаманы жоғалтпа! Кейін оны пайдаланамыз. Қазір Олжасқа кіргенде де осындай ауыртпалықтарды айту керек...
Сөйткенше болған жоқ әңгімемен білмей қалыпты, Жазушылар одағына да келіп қалған екен.
Қабылханада кісілер көп екен. Олжас көке әлі келмепті. Бұлар біраз күтті. Әлнұр тәй-тәй жүріп жүрген. Бүгін де тынымсыз. «Мені бостандыққа жібер, жүремін» дегендей ол. Күтіп отырған адамдарды жатырқамай әрқайсысына бір-бір барды. Дәл сол кезде шашын артына қайырған, ұзын бойлы, сұлу денелі Олжас көке жарқырай кіріп келе жатты. Бәрімізге сәлем берді.Ол кісі қазақша дұрыс сөйлей алмайды екен Әлнұрды көріп, жымиып басынан сипады.
– Бұл кім, менің кабинетімде еркін сайраңдап жүрген? – деп әзілдеді. Дәл осы сәтте Гүлтеңге сөз тауып кетті.
– Ол «халық жауының» баласы. Сізге әділеттік іздеп келді, – деді ол орнынан ұшып тұрып, қазақы дәстүрмен иіліп сәлем беріп.
– «Халық жауы»... Ол кім?
– Мырзажан Әлиқұлов. Желтоқсан ереуіліне қатысқан.
Олжас көке толқып кеткендей болды. Сәл ғана Әлнұрға ойлана қарап, кабинетіне қарай қозғалды.
– Жүріңіздер. Мына үлкен кісі кім?
– Мырзажанның анасы.
– Кіріңіздер, – деп Олжас көке өзі есікті айқара ашты. Бәрі жайғасқаннан кейін Олжас көке бірден өзі жайлы қысқаша айтып берді.
– Жаңа Әлнұрды көргенде толқып, тебіреніп кеттім, – деді ол қара шашын салалы саусақтарымен бір тарап. – Мен де «халық жауының» баласымын. Әкемді 1937 жылы «халық жауы» деп соттап жібергеннен кейін қайта оралмады. Анамыз екеуміз қалдық. Көп азапты көрдік. Қашып бармаған жеріміз жоқ. Қай жерге барсақ та «Мынау халық жауының баласы» деп сұқ саусағымен көрсетіп, біздің жанымызға жоламауға тырысатын. Ол ауыр азапты күндерді қазір еске алғым келмейді. Бірақ жүрекке түскен ол жара ешқашан жазылмайды екен. Еске түскенде сыздап жаныңды ауыртады.
Олжас көке осы сөздерді айтып сол ауыр күндерді ой елегінен өткізгендей үнсіз отырып қалды.
– Міне, қызық. Кешіріңіздер. Керісінше сіздердің мұңдарыңызды, шаруаларыңызды тыңдаудың орнына өз мұңымды айтып кетіппін. Ал Гүлтеңге қарындасым, Мырзажан інім қазір тергеуде болар? – деді ол серпілгендей шалқая отырып.
– Иә, ағатай, қазір тергеуде. Алдымен енем сөйлесін. – Гүлтеңге ізетпен енесіне қарады. Сұлуқас әже толқып, аса көп сөйлей алмады. Сірә, Олжас інісінің жаңағы сөзі толқытып жіберген болуы керек.
– Айналайын, жаңағы әңгімеңді естіп менің де ескі жараларым сыздады. Менің де күйеуім «халық жауы» болған. Ол оқиға ұмытылды, енді қайтып келмесе екен деп жүргенде мына баламның жағдайы мынандай болды. Тас қатты ма, бас қатты ма дегендей өлмеген соң осылай бәріне шыдай береді екенсің... – Әже кемсеңдеп жылап одан әрі сөйлей алмады.
– Қария, көп уайымдай бермеңіз. Сабыр етіңіз. Балаңыздың ісімен танысайын. Қолымнан келген көмегімді аянып қалмаспын. Гүлтеңгежан, болған жағдайды қысқаша айтып берші.
Гүлтеңге қаншама өзін-өзі ұстамақшы болса да, бастан кешкен тағдыр тауқыметін айтып шағудың өзі оған оңай болған жоқ. Әлсін әлі жанарынан парлап шығып кеткен жасты орамалының ұшымен сүртіп, содан соң әңгімесін жалғастырып отырды. Тергеушілердің зұлымдығы, нәрестесінің өлі тууы... балаларының көрген зорлық-зомбылығы... бәрін-бәрін айтып берді. Олжас көке Гүлтеңгені мұқият тыңдады. Содан соң адвокаттың жазып берген Мырзажан туралы құжатын берді. «Қалай болғанда да көмегімді аямаймын» деп ол кісі бұларды шығарып салды. Сәл кейінірек Олжас көкенің көмекшісі үйге келіп кетті. Жоғары сотқа, Мәскеуге хаттар жазыпты. Оларда папасының ісі әділ шешілуі талап етілген...
Сынған терезе, Еңлікгүлдің әдемі көйлегі және суыт хабар
Әрине, Гүлтеңге адвокат аға екеуі бұл әрекетпен тоқтап қалмады. Ақын әрі КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты Мұхтар Шахановтың қабылдауында Сұлуқас әже, Гүлтеңге және Батыр болды. Мұхтар көке қызық екен. Бұлардың зарын ол кісі күйіне отырып тыңдады. Күйінгенін жасыра алмай бір отырды, бір тұрды.
– Атаңа нәлеттер, зұлымдар, адамның қорғансыздығын, қауқарсыздығын қалай пайдаланады, ә? – деп басын шайқап, бірде күйгелектенді, бірде «оларға қазақты қорлағаны үшін көрсетемін» деді қаһарланып. Қалай болғанда да ол кісі де көмектесетін болды. Жоғары сотқа отыра қалып өз атынан хат жазды. Чуприлиннің «сендерге ешкім көмектеспейді» деген байбаламы жоққа шықты. Шындығында дәрменсіз, қорғансыз күйге, пұшайман халге түскен бұлардың көңілдері кәдімгідей көтеріліп қалды. Түрмелердің бастығы Жүнісбековке де бірнеше рет барғанмен ол жолатпады.
... Жаңа жыл кеші отбасының көңілдерін аса көтере қоймады. Әлдекімдер қасақана сол күні таспен атып терезесін сындырып кетті. Сол күні онсыз да пеш тартпай, көмір жанбай қос бөлменің іші түтіндеп тұрған. Сыртта қызылшұнақ аяз. Таудан соққан желдің арты боранға айналған. Аждаһа сияқты ыңыранып соққанда қоржын тамның қабырғасын сықырлатып, құлатып жібере жаздайды. Терезенің сынғаны жұдырық үстіне жұдырық болды. Сол түні терезе көздерін жастықпен бітеп ілдәлдалады. Сол түні олар дірдектеп тоңып ұйықтамай шықты. Ертеңіне Еңлікгүлдің әкесі келіп терезенің шынысын салып берсе, Мақпалдың ағасы пешші екен. Бір-екі сағаттың ішінде пеш гүрілдеп тартып, үйдің іші қыз-қыз қайнап түнімен бүрсеңдеген отбасы мүшелері жадырап, көңілденді.
Батырдың достары оның көңілін аулап, әйтеуір жиі-жиі бір қызық істер ұйымдастырып отыратын. Олардың тобына соңғы кездері Анна да қосылатынды шығарды. Олар кейде Сұлуқас әжейдің қасында болып, неше түрлі әңгімелерін тыңдайтын. Әсіресе ол кісінің ертегілері тамаша. Дегенмен тұтастай алғанда ауылдастардың бұларға деген қоңторғай салқын көзқарасы әлі де өзгере қойған жоқ. Гүлтеңгемен кездесе қалса байқамаған сыңай танытып, амандаспай, кездесуден тайқитын.
Көңілге медеу ететін нәрсе папасынан бірнеше хат келді. Ол хаттарында өзінің жағдайының жақсы екенін, бұларға қорықпауын, бәрінің алдағы уақытта жақсы болатынын жазады. Өзінің алдағы жағдайы өте күңгірт, көмескі екенін біле тұра, отбасының көңілін көтергісі келеді. Хаттағы «Егер бірдеңе болып, жағдайым қиындаса Гүлтеңге жаным, анам Сұлуқас, балаларым өзіңе аманат» деп жазғанын жай оқи алмайсың. Жаның күйзеліп, өзің тығырыққа тіреліп, дәрменсіз күй кешесің.
Осындай көңіл-күймен 1987 жылдың қысы сылбыр өтіп, тым ұзаққа созылып барып бітті-ау. Қасаты қардың шетін мүжіп, алтынкүрек желі есті. Артынша-ақ Жетісудің көктемі асыға жетіп, бұлақтар сақ-сақ күліп, күн жылымық тарта бастады. Желпи соққан самал желмен бірге көк шығып, жаңбыр себеледі. Бірақ отбасы жандарының көңілдеріндегі қаяу да, уайым да жақында болатын соттағы әкелерінің тағдыры қалай шешілетіндігі еді. Иә, қалай шешіледі? Сан түрлі пікірлер Батырдың да көңілін алаңызытады. Үміттенеді, сенеді. Бірақ бір жағынан тістері ақсиған жамандықтың сызы жанын қоярға жер таптырмайды. Осындай қиын жағдайда Еңлікгүл жанынан табылатын. Он үштен он төртке аяқ басқан бозбала мен бойжеткеннің осындай қиын кезеңде бірін-бірі тани білуі, кіршіксіз достығы, көмектесуі, араласуының өзі ғажап емес пе? Еңлікгүл осы көктемде еркекшора ұл киімін тастап, әдемі гүлді көйлек киіп келгенде оны сыныптастары танымай қалды. Қоңырқай киім оның гүлдей құлпырып келе жатқан сұлулығын көмескі тартқызады екен. Ал құлағына сырға, үлпершектей әсем мойнына моншақ тағынып, сәнді көйлек кигенде ол гүлдей құлпырды. Батыр одан көз ала алмай таңырқап қалды. Күнде қасында жүрген досы Еңлікгүл ме мынау? Қарақат көздері жарқ-жұрқ етіп күлген кезде пайда бола қалатын ақша бетіндегі шұңқыршақтарына дейін бозбаланың назарынан тыс қалмады.
– Аузың аңқиып қалыпты. Шыбын бірдеңе қылып кетпесін! – деген Серіктің тура мұның құлағының түбінен айтылған әзілі оны селк еткізді. Қайта мұның өңі қараторы болғаны жақсы болды. Сезіп отыр, беті ду ете қалды. Бұған сынай қараған Мақпал досы да қай-қайдағы бір сөздерді айтып кетті.
– Шіркін, көктем! Еңлікгүлге де әсер етті-ау ақыры. Ол қызымыз біздің сыныптағы қай жігітке ғашық болып қалды екен, ә?
Шынында да бүгін Батырға не көрінген? Жүрегі тайдай тулап, көкірегіне сыймай бара жатқаны несі? Әйтпесе Еңлікгүлдің әдемі көйлек киіп келгенінде не тұр? Неге одан көзін ала алар емес? Иә, Батыр бозбала бүгін осындай өзіне бейтаныс сезімнің шуағына шомылды. Жабырқау тартып жүрген көңілі жаңғырды. Жүгіріп сыртқа шығып ән айтқысы келді. Әлемдегі ең биік тау Алатаудың шыңына өрмелеп шығып, айқайлағысы келді. Неге, қайда, кімге айқайлайды? Әзірге Батырымыз ештеңенің мәнісіне түсінген жоқ. Тек көз алдына неге екені белгісіз әдемі гүлді көйлек киген сырғалы Еңлікгүл досының бейнесі қайта-қайта елестей берді...
Үйге келген кезде бүгінгі тасқындаған көңілі, аспандаған сезімі су сепкендей басылды. Адвокат Райымбек аға тосын жаңалықпен келіпті. Папасының ісін 2 сәуірде Қазақ КСР-інің Жоғарғы соты қарайтын болыпты. Мана Еңлікгүлді көргенде жүрегі лүпілдей әдемі соқса, енді қорқыныш пен үрейден басқаша жанын ауырта соққандай еді. Әрине, Сұлуқас әже де, Гүлтеңге де бұл болатын оқиғаны жақсылыққа жорыды. Сотта болатын жайттан Батыр да үмітті.
Міне, бүгін наурыздың соңғы күні. Енді бар болғаны екі күннен соң папасының тағдыры шешіледі. Енді әжесі де, мамасы да түнімен ұйықтамай дөңбекшиді. Батырдың өзінен де маза кетеді. Ешкімнен, ештеңеден тайсалмайтын қайсар мінезді қайран әкесі-ай! Ең жоғары жаза алса бұлардың күні не болмақ? Шіркін, әжесінің ертегісіндегі Аладдиннің сиқырлы шамы секілді ғажайыбы болса... Шамды ысып кеп жіберсе аспанмен таласқан дәу жын келмеуші ме еді көмекке? Бір қаланы көшіріп басқа жаққа апаратын дәулер мен диюлар қайда? Ертек пен өмір. Екеуің де жақсысың. Бірақ олардың титтей де көмектесе алмайтыны жаман. Әлде әжесі қайта-қайта сыйынатын Тәңір көмектесер ме екен? Папасы, асыл папасы барда мұның да, басқа да отбасы мүшелерінің төрт құбыласы тең болатын. Әкесі қиындыққа ұшырап еді, үйдің де, олардың өмірінің де берекесі кетті. «Ей, Тәңір, көмектесші бізге! Әкемізді әкеп берші! Мына қара бұлттай төніп келе жатқан пәлекеттен құтқаршы!» Осылай қайта-қайта сыйынып жатқанда оның көзі ілініп кетті...
...Түу, тура кинодағыдай. Екі сап әскер бір-біріне қарап тұр. Орталарында үлкен алаң. Дулығалары, найзасы, айбалталары, сауыттары күнге шағылысқан бұлардың әскері әлдене деп гу-гу етеді. Ал қарсы жақтағы әскердің киімі қызық. Үстерінде кәдімгі әскери киім. Өздері шетінен дәу. Мұның көңілінде қорқыныш. Дулыға киген батырлардың арасынан папасын іздеді. Таппайды. Бір кезде жау жақтан бір дәу шықты. Найзасы ұзын. Тіптен биіктігі соншама найзаның ұшы бұлттарды тесіп, аспанның аржағына кеткен.
– Жекпе-жек! Жекпе-жек! – дейді ол гүр-гүр етіп. Бұлардың әскері үнсіз қалды.
– Жекпе-жек, жекпе-жек! – деп қарсы әскер жаңағы батырымен бірге айқайлап еді, дауыстың күштілігі соншама аспан қақ айрылғандай болды. Осы сәтте бұлар жақтан бір батыр «Жекпе-жек! Жекпе-жек!» деп айқайлап шықты. Таныс дауыс. Папасы ғой мынау. Бәсе, мұның папасы мұндайға шыдамаса керекті. Енді папасы жақтың әскерінің зор үні шықты. «Жекпе-жек! Жекпе-жек!» Жер сілкінгендей бейне. Әне, екі батыр қарсы шауып келді. Батырдың жүрегінің лүпілі өзіне естіліп тұрғандай. Тура сағаттың тілі тәрізді. Екі батыр бір мезетте найзаларының шашақтары желбіреп екі жаққа шауып кетті де, қайта қарсы тұрды. Бір-бірлеріне найзаларын кезеп алған. Тура кинодағы Төлеген мен Бекежан тәрізді. Қазір бір-біріне қарсы шабады. Дұшпанның батыры әлдеқайда дәу. Ал папасы оған қарағанда кішкентай. «Әй, жеңіліп қалады-ау. Жеңілсе папасы өліп кетеді ғой» деген жанашыр ой Батырдың жанын жай таптырмай алаңдатады. Осылай ойлана беріп еді, жоғарыдан, аспаннан көбелек сияқты бір қыз ұшып келіп екі батырдың ортасына топ ете түсті. Әдемі көйлегі таныс. О-о, мынау Еңлікгүл ғой. Оның кішкентай қолында ақ орамал.
– Көкелер! Батыр көкелер! – деп айқайлады ол. Даусы жіңішке, нәзік болғанымен сөздері анық естілді. – Соғыспаңдаршы, бір-бірлеріңмен! Бір-бірлеріңізді өлтірмеңіздерші! Сіздерді отбасыларыңыз күтіп отыр ғой. Сіздер өлсеңіздер олар жылайды. Балаларыңыз жетім қалады. Соғыс бізге тек қайғы әкеледі. Соғыспайықшы, бір-бірімізбен!
Екі жақ та тып-тыныш бола қалды. Батырлар да найзаларын көтеріп, бір-біріне айбат шеккендерін қойды. Еңлікгүл қолындағы ақ орамалын жалауша желбіретіп тағы сөйледі.
– Одан да бәріміз Мырзажан көкемізге көмектесейік. Оған басқа планетадағы жалмауыздар өлім қаупін тудырып жатыр.
Тағы да тыныштық. Бір кезде адамдардың Еңлікгүлді қостаған арадай гуілі естілді.
– Көмектесеміз! Көмектесеміз! Көмектесеміз! Енді біз соғыспаймыз! – Гу-гу-гу!..
...Сағаты шыр-шыр етіп жатыр. Батыр ұйқысын аша алмай, сонымен бірге жаңағы ғажайып түстің әсерімен таң-тамаша, әрі-сәрі болып біраз отырды. Үйдің іші жап-жарық. Терезеден сызаттап күн сәулесі түседі.
– Немене, Батыржан, тағы да түс көрдің бе? – Мамасы бұған төне қарайды.
– Иә, иә, мама. Оны қайдан білдің?
– Тағы да батырларды, папаңды көрдің бе?
– Дәл таптыңыз. Сірә, сіз де менің түсімнің ішінде болдыңыз ғой, ә? – Мамасы күліп жіберді...
Батырдың көңіл-күйі болмай тұрғанын достары бірден білді. Болған жағдайды айтып берген соң олар абыржып қалысты. Жаңа ғана әдемі көйлегімен тұрған Еңлікгүлдің де көңілі түсіп кетті. Ол Батырға елжірей, жаны аши қарап, былай деді:
– Біз достармыз. Сенің қайғың біздің қайғымыз, сенің қуанышың біздің қуанышымыз. Достар! Батырдың папасы бар пәле-жаладан құтылып, үйіне аман-есен оралуы үшін тілек тілейікші?
Олар орнынан тұрып аспанға қолдарын жайды. Іштей күбірлеп төртеуі біраз тұрды.
– Түсімде Еңлікгүл, сені көрдім. Тура осы әдемі көйлегіңмен тұрсың...
Батыр достарына түсі жайлы тәптіштеп айтып берді. Олар бейне ертек тыңдағандай тамсанып, оны жақсылыққа жорыды.
Сот, жанышталған бала сезімі және ананың қаһары
Екінші сәуірге қараған түні Сұлуқас әже де, Гүлтеңге де ұйықтамады десе болады. Әжесі түнімен намаз оқыды. Мамасы мұңайып жүрсе де жеті күлше пісірді. Таң атпай бәрі ерте тұрды. Бүгін өздеріңіз білесіздер, папаларының соты. Райымбекті балалар «Адвокат аға» деп кетті. Сол ағатайларының ескі машинасына отбасы мүшелерінің бәрі сыйды. Енді міне, жолда келе жатқанда да Сұлуқас әже күбір-күбір сыйынып келеді. Гүлтеңге үнсіз. Өмірбектің өзі уайымдап отыр-ау, басы салбырап кетіпті. Аршагүл ғана көңілді. Мана Батыр ағасынан қайда баратынымызды сұраған. «Папаға барамыз» деген қысқа жауапты естіп Аршагүл алақайлап секірді. Үш ұлдың ішінде бір қыз болған соң ба, мінезі қатаң әкесінің өзі Аршагүлді ерекше жақсы көріп, еркелететін. Қарындасының папасын қатты сағынғаны көрініп тұр. Шыдамсызданады. Бірде үлкен қағазға папасының суретін салып: «Мен сені сағындым, папа!» деп дәу етіп жазып қойыпты. Аршагүл бар сағынышын осылай төккен. Иә, бұлар әкесін көрмегелі бес айға жуықтапты. Қалай сағынбасын...
Әнеки, сот үйі. Үлкен, алып үй. Түрі қорқынышты әрі сұсты. Жанында адамдар да, машиналар да көп. Міне, осы үрейлі үй бүгін папасының тағдырын шешеді.
– Батыржан! Әжеңнің қолтығынан мықтап ұста! Бір жерде құлап қалмасын, – деді мамасы қадай тапсырып.
Әжесі ілби басып зорға жүріп келеді. Ерні жыбырлап сыйынуынан бір сәт те жаңылар емес. Сот үйінің баспалдақтарына жеткен кезде сыңғырлаған таныс дауыс естілді.
– Батыр! – Еңлікгүлдің даусы ғой бұл. Ол қайдан жүр? Иә, сол Еңлікгүл екен. Жанында мамасы.
– Біз де келдік. Қорықпа, біз қасыңдамыз. Ой, қандай алып үй. Осы үйде қаншама адамдардың тағдырлары шешіліп жатыр десеңші! – деді Еңлікгүл сыңғырлай сөйлеп. Батыр Еңлікгүлге қатты риза болып келеді. Бүгін міне, сабағын тастап мұның жанында болуды адамгершілік тұрғысынан шешіп келіп отыр. Нағыз достық деп осыны айт! Еңлікгүл Сұлуқас әженің екінші жағына шығып демеп келеді.
Бұлар сот залында қатарласа отырды. Бәрі де іштен тынулы. Аршагүл ғана мазасызданып мамасын мазалайды.
– Мама! Папам қазір осында келе ме? – дейді шіңкілдеп. Гүлтеңгенің қабағы түюлі, көзі жасқа толы. Әйтеуір бірдеңе деп жауап бергендей болады. Көп күттірмеді. Өзара күбірлесіп сөйлесіп отырған көпшілікті елең еткізген қаһарлы үн естілді.
– Тұрыңдар! Сот келеді!
Адамдар сатыр-сұтыр еткізе жалма-жан орындарынан тұра бастады. Жап-жасыл киінген, кеуделерінде алтын салпыншақтары бар, жалтыраған погондары көзді арбаған, қабақтарына мұз қатқан соттар келе жатты. Өздерімен бірге мынау алып залға адамдардың көңілдеріне үрей, қорқыныш ұялатып орын-орындарына маңыздана жайғасты. Соттың төрағасы деген болады екен. Сол төрағаның атын да Батыр мәңгі есінде сақтады. Өтепбай Ықсанов! Оны сол соттан соң өмірбақи жек көріп өтті. Жо-жоқ, Батыр тек қана соттар мен прокурорларды ғана емес, сот үдерісіндегі әрбір сәтті, сөйленген сөздерді соншалықты елгезектікпен көкірек сарайына еріксіз құйып алды. Сол бір қорқынышты да үрейлі сәттер, қара тастан да, қорғасыннан да ауыр шақтар он үш-он төрт жастағы бозбаланың нәзік сезімін, балалық балдәуренін жаныштап, өлтіріп жатты. Бәрінен де, бәрінен де ауыры олардың көз алдында әкесін қолына кісен салып әкелгені еді...
Бес айдан аса уақыт олар үшін, әсіресе оның ботақандары үшін бес ғасырға тең болатын. Сол бір сағына, тағатсыздана күткен сәттің соншалықты ауыр болатынын балалар білген жоқ қой. Әсіресе Аршагүл. Ол мұнда әкесінің құшағын аңсап келді емес пе? Соттар не деген қатігез еді десеңші! Ең болмаса балаларының құрметіне әкелерін кісенсіз әкелуге болмас па? Ең болмаса оларды әкесінің жанына апарып бір иіскетсе қайтеді...
Қайдағы... Қайран әкесін екі солдат екі жағында қолына кісен салып, темір торға әкелгенде балалары: «Папа! Папа!» деп айқайласып, жамырап сала берді. Әсіресе Аршагүл. Анасының күштеп басқанына қарамай орнынан жұлқына тұрып, екі қолын алдына ұмсынып «папалап» шыңғырғанда құлақтар тұнып, адамдардың сай-сүйектері сырқырады. Осы бір сәттің ауырлығына қандай қатігез жанның болса да жан жүйесі босар еді. Жо-жоқ, ештеңе болмағандай сот төрағасы қаһарлана айқайлап жіберді.
– Мұнда неге балаларды әкелгенсіңдер? Қарай алмайсыңдар ма, алып кетіңдер оларды залдан!
– Тыныш отыр, Аршагүл. Егер бұлай жылай берсең қазір папамызды жаман адамдар тағы да алып кетеді, – деді Батыр. Жүзін жас жуған Аршагүлге бұл сөз қатты әсер етті. Бұған жапақтай қарап көкірегі өксік атып тұрса да, тыныштала қалды. Батырдың жан дүниесі де алай-дүлей, бауыры елжіреп, езіліп бара жатты. Әжесі тұқырайып, иығы секілдеп жылап отыр. Баласының пұшайман халіне қарай алмай отыр-ау шамасы. Анасы ешкімге білдірмей көз жасын сүртті. Еңлікгүлдің қарақат көздерінде жас тұнған. Өмірбек байғұс та әкесіне жаны аши қарап, одан көзін ала алар емес. Есі бар ғой әйтеуір оның, тып-тыныш отыр.
Бұл жүрек ауыртар көңілсіз көріністерді бір қарап шыққанда байқағаны болмаса Батырдың көзі әкесінде. Папасы түрмеге дейін де арық болатын. Бойы ұзын еді. Әкелгенде байқағаны сол тіп-тік жүретін денесі еңкіш тартыпты. Шөгіп, шөжіп қалғандай. Одан сайын арып, арықтағаны көрініп тұр. Өңі оңып кеткен шүберектей құп-қу. Құр сүлдері отыр. Отбасына, балаларына үздіге, қиыла қарайды алыстан. «Мен кінәлі емеспін!» дегендей соттарға қасқия көз салып қояды.
Сот төрағасы баппен сөйлеп папасының ісін тарата айтты. Байқап отыр неше түрлі баптарды, айыптарды папасының үстінен жамыратып төгіп жатыр. Прокуратурадан бір адам ұзақ сөйледі. Сот орысша жүрді. «Мырзажан Аликулов Алматыда 17-18 желтоқсанда болған жаппай тәртіпсіздікке қатысып, адам өлтірген бұзақы» деді ол бірден қорытындылап. Неше түрлі куәгерлер келіп сөйлеп папасын қаралады, қаралады келіп. Естеріңізде ме, Чуприлин бұларға ауыл адамдарының сөздерін жазбаша түрде келтірген болатын. Ауылдастары келіп ұялмай «өтірік айтпауға ант етемін!» деп тұрып сол пікірлерін қайта айтып өтті. Осы сәтте мұндай сорақылықты күтпеген папасы ұшып тұрып, олардың өтірік, жалған сөйлегендерін айта бастап еді, төраға: «Айыпкер Аликулов, жап аузыңды, сенің оларға қарсы сөйлеуге қақың жоқ!» деп ақырып жіберді. Папасы «бұларға дауа жоқ екен» дегендей сылқ етіп отыра кетті. Қос қолымен темір тордың біліктерінен зығырданы қайнай қыса ұстағанын Батыр байқады. Шеке тамырлары адырайып шығып кетіпті. Ызадан қанталаған оқты көзімен атып, түйілген қабағының астынан ауылдастарына қадала қарағанда, жәдігөйлер ақиқатты белден басқан куәлік сөздерін айтып болысымен, отыруға дәттері шыдамай бірінен соң бірі бүгежектеп зытып жоғалды.
Тағы да бір милиция формасындағы жігіт папасын 17 желтоқсан күні ұстап алғанын асыға-үсіге жеткізді. Папасы бұл жолы шыдамады, бүкіл залды жаңғырықтырып айқайлай сөйледі: «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ, жолдас сот, мынау жалған куәгер! Айтып тұрғаны өтірік. Мен 17 желтоқсан күні ауылымда болдым. Алдыңызда тұрған сержантты бұрын-соңды көрген жоқпын!» деді. Залда отырғандар дүрлігіп кетті. Осы сәтте мамасының жанұшырған даусы естілді. «Иә, отағасым сол түні үйде болған!» Төраға абыржығандай жұрттың дүрліккенін басуға әрекеттеніп, алдындағы қоңырауды шылдырлатты да бұлай деді:
– Айыпкер Әлиқұлов, тағы да ескертемін, саған сөз берілген жоқ. Тәртіпті бұзушы болма! – деді зілді үнмен. Төраға сержантқа: «Оны қай көшеде ұстадыңыз? Нақтылап айтыңызшы» дегенде ол мүдіріп, сасқалақтап қалды. Әйтеуір бір көшені айта салды. «Неге сонда бірден ұстамадыңыз?» деген сауалға да дұрыстап жауап бере алмады. «Қашып кетті!» деді ол беті шімірікпестен. Батырдың сол сәтте тергеуші Чуприлинге көзі түсіп кетті. Шалқайып маңыздана отырған ол да бұған айызы қана ыржиып, мазақтап қарағандай болды. Содан соң адвокат аға сөйледі. Төраға оның сөзін тыңдамай көмекшілерімен сөйлесіп отырды. Егер папасы үш бірдей адамға қарсы келмегенде өзі өлетінін немесе жазым болатынын, ол өзін-өзі қорғағанын, яғни жазықсыз екенін айтып, дәлелдеп шықты. Төраға да, басқалары да адвокат ағаның сөзін енжар тыңдағаны байқалды. Батыр ызаланып отырғанда «Куәгер Әлиқұлова Гүлтеңге жауапқа шақырылады» деген сот хатшысының бұйрығы саңқылдап естілді.
Батыр мамасы қобалжып сөйлей алмай қала ма деп іштей қатты қорықты. Шығып бара жатқан кезде әжесі келініне күш-қуат бергендей батасын берді.
– Бір Аллам жар болсын саған! Келінжан, ештеңеден қорықпай тек ақиқатты айт!
Мамасы мінберге көтеріліп, отағасына қарады. Папасы да оған «Қорықпа, батыл сөйле!» дегендей басын изеді. Содан соң мамасы жалған айтпауға уәде берді де, сәл кібіртіктеп барып нақпа-нақ қолмен қойғандай сөйлей бастады.
– Қадірлі төраға, қадірлі соттар! Біреу өзіңді қорлап, ұлтыңа тіл тигізіп ғайбаттаса қалай ғана шыдап тұрасыз? Мен де, болмаса сіз де осылай етсе шыдамас едік. Қас қағым сәтте сіз тез шешім қабылдауыңыз тиіс. Өлім немесе өмір! Әрине, сіз өз еркіңізбен өлімді таңдамайсыз, өмірді таңдайсыз. Менің күйеуімді сіздер сол өмірді таңдағаны үшін, сол үшін жанталаса күрескеніне бола айыптап отырсыздар. Тіптен оны сол себепті соттамақсыздар. Осы дұрыс па? – Мамасы сөзін үзіп төрағаға және оның көмекшілеріне жағалай қарап шықты. Олар қыбыжықтап мамасының өткір жанарларына шыдас бермей төмен қарады. – Мен қарапайым ғана анамын. Бірақ мені осы соңғы бес ай қатты ширықтырды. Мен әділетсіздік үшін күрескерге айналдым. Мен өмір үшін күрестім. Өйткені мен анамын, адал жармын. Анау кісендеулі отырған күйеуім шарасыз. Ол әділетсіздіктің тұтқыны әрі құрбаны. Мен сол жарым үшін, әділетсіздік үшін жанымды аямай күресіп жүрмін. Мен бір жағынан заңгерге де айналдым. Сіздер заңды менен жақсы білесіздер. Оның оқуын оқыдыңыздар. Ант бердіңіздер. Анттарыңызды бұзсаңыздар ертең құдайдың алдында да, халықтың, тарихтың алдында да жауап бересіздер. Сіздер менің күйеуімнің басынан өткен оқиғаны жақсы білесіздер. Яғни заңгер ретінде оны қай баппен соттайтындарыңызды ойластырып та, жоспарлап та қойған боларсыздар. Бірақ адвокат аға екеуміз менің күйеуімді өзін-өзі қорғау дәрежесінде соттау керек деп отырмыз. Қадірлі төраға, жаңа сіздер ол кісіні адвокат ретінде де, жасы үлкен ақсақал ретінде де сыйламай атүсті тыңдадыңыздар. Оқиғаны қысқаша түрде сіздердің естеріңізге салайын. Егер әділдікке сүйенсек, күйеуім біреудің қанын мойнына жүктеу үшін емес, өзін-өзі қорғау үшін Аристовқа амалсыз қару жұмсаған. Солай болмағанда зауытта әдейі жасалған білектей-білектей сом темір ұстаған үш бірдей содыр оны автобустан тірі шығармас еді. Сіздер осы оқиғаны өз көзімен көрген тағы бір куәгерді есептен шығарып отырсыздар. Ол автобуспен күйеуіммен бірге келген Бағдат атты менің қайынсіңлім. Сіздер күйеуіме Аристовтың не деп айтқанын білесіздер ме? Меніңше білмейсіздер. Ендеше тыңдаңыздар. Аристов бұлай депті: «Кеше алаңда сендей калбиттердің бастарын осындай арматурамен ұрып жарғанбыз. Сен сол жазадан қалай құтылып кеттің? Бүгін құтыла алмайсың. Торға түстің, бейшара. Енді өлсең, сұрауың жоқ». Осындай сөздерге сіз өзіңіз қазақсыз, шыдар ма едіңіз, сот аға? Әрине, шыдамайсыз. Мен де әйел болсам да шыдамас едім. Алаңда Аристов секілділердің осындай суық қарудан қаншама ұл-қыздардың бастары жарылып, естерінен танған қанды фактілерін сіздер менен гөрі жақсы білесіздер. Мен ауруханада жатқанда өте қатты жарақат алған жап-жас өрімдей сіңлілерімді өз көзіммен көргенде жүрегім ауырды. Жастарымызды ұрып-соққанын былай қойып қойғанда, «калбит» деп бүкіл бір ұлтты қорлағаны намысқа тие ме, тимей ме? Қазақ бабам: «Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді» деп неге айтқан? Ең болмаса ер-азамат шыдап тұрар сөз бе бұл?! Мен ойлаймын, егер адамда намыс болмаса ол адам емес. Сондықтан мен отағасымды тек өзін қорғағаны үшін ғана емес, ұлтының намысы үшін осындай ерлікке барғанын мақтаныш тұтамын. Әрине, қазір оның бұл ісі ерлікке баланбайды. Болашақ оның ұрпағы батыр ретінде жоғары көтеруі әбден мүмкін. Мен тергеушілерді бұрын сыйлаушы едім. Маған жасаған қорлығынан, зорлығынан кейін мен оларды жек көрдім. Сіздер білесіздер ме, олар мені, қазақ анасын қорлады. Өңкей ер-азамат отырсыздар, мен тағы бір ащы шындықты айтайын. Олардың, тергеушілердің шектен шыққан зұлымдықтарынан менің құрсағымдағы жеті айлық нәрестем өлді. Әлі де өмір есігін ашпаған нәрестенің жазығы не еді, айтыңдаршы? Мен оны зұлым тергеушілер қасақана өлтірді деп білемін. Оған толық дәлелім бар. Ол мінеки, дәрігерлердің мына анықтамасы. Егер кісі өлтіргіштерді соттағыш болсаңдар, анау отырған тергеушіні соттаңыздар! Мен Совет одағының бір азаматшасымын. Айтыңызшы, төраға жолдас, әлде менің шағымдануға қақым жоқ па?
Гүлтеңге соңғы сөзін айтқанда жылап жіберді. Залдағы отырған көптеген адамдар жылап, зал күңіреніп кетті. Кісенін сылдыратып Мырзажан тұрды орнынан арыстандай ақырып.
– Оны өлтірген шынында да сендерсіңдер! Сендердің бәріңді де соттау керек. Менің баламды құдай болсаңдар қайтарыңдар! Оңбағандар, зұлымдар!
Төраға қоңырауын үстін-үстін сыңғырлатты. Ол анасы берген анықтама қағазды немқұрайлы түрде жуан томның арасына сүңгіте салғанын көргенде Батыр қатты қапаланды. «Шіркін, Чуприлинді жазалағанда болатын еді».
– Айыпкерді дереу алып кетіңдер! – деп төраға айқайлап жатты. «Зұлымдар! Оңбағандар! Баламды қайтарыңдар!» деп барынша тарғыл даусымен айқайлаған папасын солдаттар дедектетіп алып кетті. Сот аяқсыз қалды...
Мәскеуге хат, соттың қатал үкімі және Чуприлиннің табалауы
– Баламның мұндай аянышты сәтін көрсеткенше я құдайым, мені өзіңе алып кеткенің дұрыс болатын еді ғой. Көз алдыңдағы отырған ботақандарыңды иіскей алмаған қайран балам-ай! Не деген қатал тағдыр еді бұл! – Бұл Сұлуқас әже. Соттан шыққаннан кейін ол кісінің жылап отырып осы айтқаны алаңда алқа-қотан тұрғандардың бәрін де тебірентті. Ол тұрғандардың ішінде Еңлікгүл мен оның мамасы Шәрипа да бар. Ірі де кесек денелі, ер мінезді сол Шәрипа тебірене, толғана сөйледі.
– Апатай, Гүлтеңгеге рақмет! Жеріне жеткізе жақсы, мәнді сөйледі. Осындай келініңіз барда апа, сіз бақыттысыз. Соттар найзағайдай шартылдаған ақиқат алдында сасқалақтап, не істерлерін білмей қалды. Айналайын, Гүлтеңгем! Оларды сөз қамшыңмен қайта-қайта осып-осып жібердің. Сен тек күйеуіңді, өзіңді, нәрестеңді ғана қорғаған жоқсың, халқыңды, ұлтыңды, алаңға «елім» деп шыққан жастарды қорғадың. Сен дұрыс айттың бәрін. Сен өсіпсің, өзің нағыз күрескерге айналыпсың. Олар не істерлерін білмей, амал жоқ сотты аяқсыз қалдырды. Ерсің, жаным! Келші, құшақтайын! – деп Шәрипа кең құшағын Гүлтеңге досына айқара аша берді. Қазақтың қайсар қыздары соттың алып үйінің алдында сәуірдің жаңбырындай көз жастарын төксе де, намысын биік, көкіректерін асқақ ұстады.
– Шәрипа әпке! – деді Гүлтеңге әпкесінің ыстық құшағынан шыға көз жасын сүртіп. – Сізге көп рақмет! Сіз менің ұстазымсыз. Көп нәрселерді үйреттіңіз. Ең бастысы намысты да қайратты болуға баулыдыңыз. Қалай сөйлеуді сізден үйрендім. Мен сөйлеп тұрғанда мұнда отырғаныңыз маған зор күш- қуат берді. Мен сіздердің сөздеріңізді, шындықты айтып қалуым, бәріне үлгеруім тиіс еді. Әлі де «қап, мынаны айта алмай қалдым-ау» деген ойлар да бар сықылды. Осындай өкінішім де жоқ емес. Отбасыма осындай ауыртпалықтар төнгенде, ауылдастарымыздың көбісі теріс айналғанда, тіптен бізді жамандап сөйлеп жатқанда мына қызыңыз Еңлікгүл екеуіңіз бізді қолдадыңыздар, қасымызда болдыңыздар, көз жасымызды сүртіп жатырсыздар. Көп рақмет. Біздің сіздерге алғысымыз шексіз!
Осы сәтте бұлардың тобына бірнеше адам келді. Іштерінен орта жасқа келген кісі шығып сәлемдесті де былай деді:
– Біз де жаңа сотқа қатыстық. Сіз өте жақсы сөйледіңіз. Біздің бәріміз де қатты тебірендік. Қазағымызда осындай шындықты шырылдатып айта білетін қызымыздың барына мақтанып қалдық. Сіз осылай ізденісіңізді тоқтатпаңыз. Бәлкім осы сот әділетсіздік жасап, Мәскеуге жағымпазданып өздеріне қажетті жазаны жасауы да мүмкін. Олардан бәрін күтуге болады. Сол кезде күйреп, бәрі бітті деп ойлап, тоқтап қалмаңыздар. Одан әрі де күресе беру керек. Шындықтың жолы қиын. Біз сіздермен біргеміз. Мынау біздің телефонымыз. Хабарласыңыздар. Келесі сотқа біз тағы да келеміз. Әзірге аман-сау болыңыздар!
Олар бұлармен қалай жамыраса сәлемдессе, сол көңіл-күймен жамыраса қоштасып кетіп қалды. Шәрипаның, жаңағы кісінің отты сөздері соттан кейін ұнжырғалары түскен отбасы мүшелеріне зор күш-қайрат, жігер ғана сыйлаған жоқ, алғы күндерге деген сенім мен үмітті көңілдеріне арқау етті.
***
Ауылға келгеннен кейін Еңлікгүл бастаған достар бас қосты. Оған Анна да қатысты. «Өлім жазасы берілуі мүмкін» деген сөз Еңлікгүлдің жүрегін қатты ауыртты. Егер осындай бола қалса досы Батыр мен бауырлары жетім қалады ғой. Әрине, оның бетін әрмен қылсын! Бірақ қалайда оған жібермеудің жолдарын қарастыру керек. Сонда бұлар не істей алады? Қолдарынан не келеді?
Еңлікгүл алдымен жолай мамасымен ақылдасты.
– Сендер түгілі біз, ересектер ештеңе жасай алмай отырмыз. Гүлтеңге апаңның сөзіне, апаның назасына, Батыр мен оның бауырларының болашақ жағдайына жүрегім қан жылап, қатты алаңдап отырмын. Сауыншылармен ақылдасып Москваға хат жібереміз бе деп ойлаймын. Бірақ олар әй, қайдам, қорқады, – деді мамасы басын түңіле шайқап.
– Маматай, сенің осы идеяң маған қатты ұнап отыр. Біз комсомолмыз ғой. Бүкілодақтық комсомол одағына біз, достар, хат жазсақ қайтеді?
– Дұрыс, дұрыс, қызым! Мәселе қолдан түк келмегендіктен емес, көңілде, ниетте. Баяғыда бір үй қатты өртеніп жатыр екен. Жұрттың бәрі шелекпен су тасып жапырласып өртті сөндіруге жанталасуда. Бір дана ақсақал жерге қараса құмырсқалар да көзге көрінер көрінбес су тамшыларын өрт жаққа тасып бара жатады. Әлгі ақсақал құмырсқалардан сұрайды: «Сендердің тасыған тамшы суларың мынадай алапат өртті сөндіре алмайды. Өздерің өртеніп, күйіп құрбандыққа айналасыңдар. Соны біле тұра несіне әуре болып бара жатырсыңдар?» Сонда құмырсқалар былай жауап беріпті: «О дүниеге барғанда құдай көршінің ақысын сұрайды. Мәселе өртті апырып-жапырып сөндіруде емес, ниетте, көңілде» депті. Сол сияқты сендердің достарыңа осындай қиын шақта хат жазып, араша түсіп жатқандарыңды мен қолдаймын. Комсомол одағымен қатар атақты ғарышкер, одақтық әйелдер қоғамының төрайымы Валентина Терешковаға да хат жазыңдар. Бәлкім ол да көмек қолын созар...
Анасының ақылы Еңлікгүлге бірден ұнады. Достарымен басқосуда осы мәселені ортаға салды. Комсомолға да, әйелдер одақтарына да бір хат мәтінін дайындап, тезірек пошта арқылы жеделхатпен жіберуге ұйғарымға келді. Әркім өз ойларын ортаға салды. Хат мәтіні қайта-қайта өзгертіліп, ақыры мынадай қып-қысқа мазмұнда жеделхат дайындалды.
«Аса құрметті Валентина апай!
Біз сізге хат жазу себебіміз біздің досымыз Батыр Әлиқұлов пен оның бауырлары өте қиын жағдайға ұшырап отыр. Олардың папалары өзін-өзі қорғаймын деп бір кісіні өлтіріп алды. Әрине, бұл дұрыс емес. Бірақ төрт бала бірден жетім қалайын деп тұр. Осыған байланысты олардың әкесінің жазасын жеңілдетуге көмектессеңіз екен. Сізден қатты өтініп сұраймыз. Достары ...»
Бұл хатқа тек олар ғана емес, Серіктің, Мақпалдың, Аннаның мектептегі бауырлары да, достары да қол қойды.
***
Гүлтеңге мен Батыр да қарап отырмады. Қайтадан Олжас көкелеріне барды. Көкелеріне болып өткен алғашқы сот отырысы туралы айтып берді. Сот үдерісінде сержанттың мұның папасына жалған куәлік беріп отырғандығын туралы шағымданды. Көп ұзамай Олжас көкенің көмекшісі ол сержанттың жалған ақпарат бергені үшін жұмыстан қуылғаны мәлім болғанын жеткізді. Сот үш күн қатарынан жүрді. Ал соңғы сот отырысы 6 сәуірде өтті...
Бұл күн де Батырдың жадында мәңгі қалып, оның жүрегіне жазылмастай жара салды. Сотқа барлық отбасы мүшелері қатысты. Бір өкініштісі Еңлікгүл мен анасы келе алмады. Оларды жібермей қойыпты. Бұл сотта әкесін әкеліп торға қамағаны болмаса, кісен салған жоқ. Сот төрағасы мен прокурор папасына неше түрлі қитұрқы сұрақтар қойды. Ес жиғызбады байғұс әкесіне. Оның басына небір өтірік жалаларды үйіп-төкті. Папасы да қайтпады. Барынша ақталып жатыр. Бірақ оның ақталғанын олар қаперіне де ілмеді.
Аристовтың әке-шешесі, туған-туыстары шулап, неше түрлі ғайбат сөздерді айтып жатса да сот хатшысы үндемеді. Дегені жүзеге асып, қаралағаны «шындық» болып есепке алынып жатқан тергеуші Чуприлин мәз. Мамасының оның үстінен айтқан кешегі фактілерін, анықтамасын сот еске де алмады. Аристовтың әке-шешесі тура соңғы шешім шығарарда бірінен соң бірі сөйлеп мұның папасын бас көтертпей ауыздарына келген сөздерді айтып жатыр.
– Қанішер! Адам өлтіргіш! Біз енді сені жер бастырып жүргізбейміз. Сенің өлуің керек! Менің баламнан сенің жаның артық емес. Саған тек өлім лайық! Құрметті төраға! Оған ең ауыр жаза берілсін! Егер олай етпесеңіздер, ол ауыр жазаны қолданбасаңыздар біз Москваға дейін барамыз! – деді олар өзеурей айқайлап.
Міне, соттар ақылдасуға кетті. Соңғы сәт, соңғы минуттар. Қазір неде болса да ақырғы шешім шығады. Әжесі көзін жұмып алған. Ескерткіш сықылды қатып қалған. Тек еріндері ғана жыбырлайды. Анасы жаны байыз таппай теңселетіндей. Әлнұр әлденеге мазасызданып, қыңқылдайды. Аршагүл папасынан көз алмай қарап отыр. Қанаты болса папасының жанына ұшып-ақ жеткісі бар. Қайда-ан... Батырдың жан дүниесін бір зұлым күш апырылыстырып-сапырылыстырып маза берер емес. Жүрегі торға түскен балықтай тыпыршып, аузына тығылғандай әсерде. Не болар екен? Қандай жаза қолданады? Ең бастысы ауыр жаза алмаса екен... Бәрінен де папасына ауыр ғой. Ол қандай күйде? Екі солдаттың ортасында иығынан ауыр тас басқандай тұқырайып, белі бүкжиіп отыр. Бетіндегі әжімдері де қатпар-қатпар, қырыққа жетпей қартайып, шөгіп, тұралап қалған. Қос қолын төбесіне салып, бәрінен күдер үзген күйде жерге тесіле қарайды. Қайран папасы-ай!
– Тұрыңдар, сот келеді!
Батырдың жүрегі зырқ ете түсті. Еңсесін зіл батпан тас басқандай әзер тұрды. Екі дізесі дір-дір етіп еркіне көнбей бара жатты. Жанындағы әжесі үш ұмтылып тұра алмады. Өзі әзер тұрса да әжесінің қолтығынан демеп тұрғызды-ау. Мемлекеттік айыптаушы орнынан маңыздана тұрды да, жайлап сөйлей бастады. Оның алғашқы сөз саптасынан-ақ папасына бір кінәні артқаны байқалып тұрды. «Қасақана өлтірген» деген сөзді қадай айтты да, содан сәл іркіліп соттан ең ауыр жазаны сұрады. Батырдың қос құлағы бітеліп қалғандай қас қағым сәтте ештеңе естімей, айналадағы адамдар тек қыбырлап жүргендей әсерде болды. Көз алды содан кейін тұманданып, құлағы шыңылдады. Бүйірінен біреу түрткенге қараса, әжесі әлдене деп жатыр екен. Жан-жағының у-шуы, күбір-сыбыры енді естілді.
– Әже, не дейсіз? – деді бұл.
– Әй, ана жақ не деп жатыр, балам-ау...
– Ештеңе... ештеңе, – деп әжесіне не деп айтарын білмеді.
Төраға ұзақ-сонар қаралау сот үкімін оқып жатқанда папасы:
– Өтірікшілер өңшең! Жалған, жалған бәрі де! Өлтір, бірақ сендердің үкімдеріңмен келіспеймін! Жалған! Өтірікшілер! – деп қатты күйіне айқайлап жіберді де, бір жағына қарай сылқ етіп құлап түсті. Солдаттар екі жақ қарынан қапсыра ұстап, іші әлденеге толы қапты сүйреткендей сыртқа ала жөнелді. Байғұс папасының аяқтары дырылдап, жер сызып бара жатты.
– Құлыным-ай, жаны әбден қиналды-ау! – деп әжесі жылап, орнынан ұшып тұра келіп баласының артынан үздіге қарады.
Тағы да күту. Көктемнің күні кеше ғана жадырап тұр еді, бүгін аспанды қара бұлт торлап мазасызданып тұр. Түсте адвокат ағамен асханаға барып, тамақ жеген болды. Тамақты балалар ғана жеді. Үлкендер ауыз тиді де қойды. Есесіне әжесі мен мамасы бір пәрнек шәйді ішіп, ауырған бастарын жазды. Не айтсын, әңгіме де өрбімеді. Уақыт та ауыр қозғалып өте қоймады. Сот алдындағы бақтың ішінде скамейкаға келіп жайғасты. Жаңбыр жауа бастаған соң мамасы Мақсат ағасының жұмысына қоңырау шалды. Дәл сол сәтте ағасы да бұлардың қасында пайда бола кетті. Бәрін естіпті.
– Сот кешке бір-ақ болады. Үйге жүріңіздер, – деді ол әжесін қолтығынан демеп...
Жаңбыр кешке таман үдей түсті. Табиғат та әлдебір жамандықты сезгендей ме, қалай, әйтеуір ауа райы да бірден салқындап кетті. Кешкі алтыларға таман бала-шағасымен шұбырып қайтадан жоғары сотқа келді. Адам аз. Шүкір, папасы тірі екен. Әйтпесе әжесі «Әй, балам өліп қалған шығар. Әйтпесе сот неге кешігіп жатыр» деп мың рет айтқан болар. Солдаттар қашып кететіндей екі жақтан ұстап, папасын торға әкеліп қамады. Жүзі әппақ, қан-сөл жоқ. Тәлтіректеп әзер келді.
– Байғұс балам тірі екен. Тірі, тірі болсыншы балам!
Бірақ әжесінің бұл тілегі қабыл болмады. Үміт ақталмады. Сот төрағасы оқи алмай кеткен ұзын-сонар үкімін оқыды. Шыққан үкім әжесінен бастап бәрін есеңгіретіп тастады. Папасына қылмыстық кодекстің ең ауыр бабымен ату жазасын кесті. Ату жазасы!
– Не дейт, не дейт мыналар! Мына естімей қалғыр құлағым не естіп тұр! Құлыным, қозым-м! – Әжесі қатты айқайлап сөйлеп орнынан тұрып баласына ұмтылды. Сол сәтте папасының жан дауысы шықты.
– Апа, менің жазығым жоқ! Апатайым, ақ сүтіңді кеш! – деген дауысы бүкіл залдың түңлігін желпілдетті.
Төбелерінен жай түскендей бәрі де естен танды. Бір сәтте мамасы да, басқалары да мұз болып қатып қалғандай қақиып орындарынан қозғала алмады. Ату жазасы! Не деген суық сөз! Темір тордың біліктерін қос қолымен сығымдай ұстап папасы бар күшімен жұлқылап солқылдатып жіберді. Долы күш. Әділетсіздіктің торын үзгісі келді, үзе алмады. Енді мінеки, өлім жазасы! Шыдап көр, мұндай алапат жазаға. Әжесі баласымен соңғы рет қоштасып қалғысы келген болу керек, сүрініп-қабынып алға ұмтылып барады. Әжесі ақ жаулығының басынан сыпырылып түсіп қалғанына да қарамай ұлына жеткенше асықты. Ақ шашы қобырап, бұрымдары тарқатылып кетті. Жүріп бара жатып бүкіл залды басына көтеріп сөйлеп барады.
– Қазағым деп жаныңды аямаушы едің, балам! Сол қазағың түбіңе жетті-ау ақыры. Ұлтым деп сау басыңа сақина салып алған сормаңдай болған балам-ай! Қанатым қайрылып, қабырғам қайысып сенен айрылғаным ба, құлыным! Жер жастанар жасқа келгенде мені алдыңа салып, көріме көміп кетпей, артыңа салып тірі өлік қылып кеттің бе, жаным балам! – Әжесінің ботасынан айрылған інгендей боздаған ащы үні елдің сай-сүйегін сырқыратты. Аршагүл, Өмірбек, Әлнұр, мамасы бәрі қосылып ұлардай шулады. Төраға қоңырауын сылдырлатып еді, оны тыңдаған ешкім болмады. Содан соң солдаттарға ол шүйіле қарап айқайға басты:
– Ананы шешесінің зарын естірте бермей алып кетіңдер!
Бір солдат темір тордан қолын созып жылап тұрған ұлына жеткізбей әжені ұстап қалды. Тағы бір неше еңгезердей-еңгезердей солдаттар жалма-жан тор ішіне кіріп, папасына бас салды.
– Жіберіңдер мені анама, анама, оңбағандар! – деп папасы арыстандай алысып, солдаттарға көпке дейін дес бермеді. Әйтеуір бір кезде барып екі қолын артына қайырып кісен салды. Дәл сол кезде Әлнұрды көтерген анасы да темір торға әне-міне жақындап келіп қалған болатын. Батыр да мамасының соңынан жанталаса жүгіріп келе жатты. Мамасы әжесін ұстап тұрған солдаттың жанынан тез өте шықты.
– Мырзажан, мына балаңды соңғы рет сүйіп кетші! – деді анасы айқайлап. Бірақ мамасы Әлнұрды папасына жеткізіп үлгермеді. Батырдың ту сыртынан төрағаның жекірген үні естілді.
– Баласын жақындатпаңдар! Қылмыскерді тез алып кетіңдер!
Батыр қалай болғанда да жігіт емес пе, біреулердің кедергі жасағанына қарамай темір тордың білігінен бір қолымен қыса ұстап, екінші қолын папасына созып:
– Папа! Қорықпаңыз, біз сізді бәрібір құтқарамыз! – деді барынша айқайлап. Папасы жалт қарады. Көзінің жасы бұлаудай болып бетін жуып кетіпті. Солдаттар папасының басын әрең бұрып, тағы да тұқыртты. Ол соңғы күшін жинап, даусы қырылдай үн шығарды.
– Балам! Әжеңе, шешеңе, бауырларыңа қара! Енді мен жоқпын!
Папасын солдаттар сүрей-мүйрей дедектете алып бара жатты. Батыр папасын аяды ма, еңіреп жылап жіберді. Не деген қатал тағдыр! Не деген қатал соттар! Ең болмаса адамгершілік жасап ақтық сапарға кетіп бара жатқан әкесін отбасымен табыстырып, неге мауқын бастырмады? Ең болмаса тура темір тордың жанына келген сәбиінің бетінен неге соңғы рет сүйдірмеді? Ең болмаса зарлап келіп қалған кәрі анасына ұлының қолын соңғы рет неге ұстатпады? Не деген қатігездік! Әне, Батырдың әжесі ақ шашы қобыраған күйде екі бүйірін таянып, төрағаға бұрылып бұлай деді:
– Әй, сот, сені де мен секілді бір бейбақ ана тапқан шығар. Күндердің күнінде сенің балаң осындай қиындыққа ұшырамайтынына кепілдік бере аласың ба? Жоқ! Бере алмайсың. Мына астыңдағы тағың мәңгілік емес. Ертең өзіңнен бір дәу шыққанда аунап қара жерге түсерсің омақаса. Сен анадан туған емес, аспандай түскендей неге мені балама жолықтырмадың? Ұлымның ақырғы сапарында неге иіскетпедің? Неге оған кішкентай сәбиінің бетінен сүйгізбедің? Сөйтіп адамгершілік жасасаң бір жерің қисайып қалар ма еді, ей, қатігез, тасжүрек неме! Сен бүгін баламды ғана атқан жоқсың, менің де жүрегіме оқ аттың! Сені Алланың қарғысы атсын! Егер өле қалсам о дүниеде жағаңнан аламын, білесің бе, жағаңнан аламын!
Төраға әжесіне көзі шатынап, жиіркене, тыжырына қарап ләм-мим деместен залдан шығып кетті. Батыр әжесінің әлсіреп, тынысы тарылып тұрғанын көкірегінің сырылдағанынан байқап тұр. Әжім-әжім жүзі, шашы қобыраған әжесінің түр-келбеті жан шошырлықтай еді. Өмірбек әжесінің жерге түсіп қалған ақ жаулығын әкеп берді. Өзі тәмпіш танауын қайта-қайта тартып, ебіл-дебіл жылап жүр. Аршагүл де қолындағы ойыншығынан айрылғандай еденде аңырап жылап отыр. Әлнұр анасының қолында бақырып жылайды, жылайды келіп. Батыр әжесі құлап қала ма деп қорықты. Жетектеп әкеліп бір орындыққа отырғызды.
– Қарындасым, есіңді жи! Өткенде айтып едім ғой, бұлар креслосы үшін әке-шешесін сатып жібереді. Апамның жаңағы сөзі адам болса жүрегіне жетер еді. Ал ол қайқаңдап шығып жүре берді. Енді үкім шықты. Бірақ есіңде ұста! Ол үкім әлі өзгереді. Ол үшін сен мықты бол! Күрес, ізден, Москваға бар! Ең бастысы үмітің мен сеніміңнен ажырама! Апа, аман-есен болыңыздар. Ей, батыр жігіт, жаңа әкеңе тамаша сөз айттың. «Қорықпаңыз, біз сізді құтқарамыз!» дедің. Сондықтан әлі де оны құтқаруға болады. Ал, сау болыңыздар! – Алғашқы соттан кейін келіп анасын мақтаған кісі ғой бұл. Ол ағаның бұл сөзі жасып, абдырап қалғандардың есін жиғызды.
– Рақмет, аға, жылы сөзіңізге! – деді мамасы риза болып. Батыр жан-жағына қарап еді, өздерінен басқа залда ешкім қалмапты. Анасы:
– Батыржан, әжеңді тұрғыз. Далаға шығайық, – деді кемсеңдеп. Адвокат аға келді сырттан. Қасында Мақсат аға. Олардың да жүздері өрт сөндіргендей.
– Мырзажанмен жолыға алмадық. Машинаға салды да алып кетті, – деді адвокат аға өкінішті үнмен. Аға өзін-өзі кінәлі сезінетіндей. Мамасы жаулығын тарта алмай абдырап отырған әжесінің қасына барды. Жаулығын алып, сілкіп жіберіп басына тартты. Батыр әжесінің қолтығынан алды. Өксіктен ықылық атып отырған Аршагүлді бір қолымен жетектеді. Ілби басып бәрі сыртқа шықты. Тура есіктің алдында тергеуші Чуприлин қос қолымен бүйірін таянып бұларға қарап тұр екен. Әдейі табалағысы келгендей бейне. Шіреніп шекесінен қарайды. Сұрланған кескінінде кекесін бар. Ол мамасына түйіле қарап, былай деді:
– Ей, ақымақ әйел! Сен әрі ізденіп, бері ізденіп не таптың? Мені құртқың келді, шамаң жетпеді. Енді көрдің бе, сығандар сияқты бала-шағаңмен далада қалдың. Біліп қой, қай кезде де шындық күштінің, мықтының жағында. Мына біздің қолымызда. (Қолымен көкірегін қақты). Күйеуің де ақымақ. Маған едірең-едірең етіп еді, ал не болды? Оған өлім жазасы бұйырылды. Енді сен де, мына балаң да мені ұмытпайтын боласыңдар. Түстеріңде мені көріп, үнемі шошитын боласыңдар. Ха-ха-ха! Ей, аудармашы, аудар, ақымақ мамаңа!
– Оңбаған! Менің мамама тисіпе! Сен зұлымсың, сен адам емес аждаһасың! Кет! Кет бұл жерден! Мен өскен соң сені тауып аламын да, кегімді қайтарамын! – деп Батыр шыдамай Чуприлинге кішкентай жұдырықтарын түйе ұмтыла беріп еді, бір қарулы қол оны қапсыра құшақтап жібермеді. Ағасы Мақсат екен.
– Сіз тез кетіңіз! Әйтпесе, – деді ағасы кіжіне сөйлеп. Чуприлин алтын сигарет салғышын қолында ойнатып, шырт түкірді де машинасына мініп кете барды...
Бұл кезде жаңбыр да сел болып жауып, аспан күркіреп жатты.
Ұйқысыз өткен түн, Аралдағы алтын балық және достар шуағы
Айнала жап-жасыл болып, әдемі гүлдер жайқала өсіп құлпыра бастағанмен бұлардың үйінде қыстың суығынан да өткен сыз орнап тұрды сол түн. Әжесінің жақ сүйегі суалып, әбден жүдеген. УҺілеп күрсіне береді. Пеш түбіндегі бөстегінің үстінде бүктүсіп жатыр. Далаға шығуды қойды. Тура тірі аруақ тәрізді. Көздері ішіне кіріп кеткен. Қайғыдан жүзі сарғайып бара жатқандай. Батырға әжесі өліп қалатындай сезінеді. Мамасы да сол әжесінің аржақ, бер жағында. Түнімен дөңбекшіп ұйықтамағанын Батыр біліп жатты. Қайта-қайта күрсініп, түнімен жылап шықты.
Батырдың өзі де жетісіп жүрген жоқ. Әкесінің «әжеңе, анаңа, бауырларыңа қара!» деген сөздері миында жаңғырығады. Сот үдерісіндегі болған жайттар, папасының торда тұрған сәті, оны солдаттардың қап сияқты дырылдатып сүйреп бара жатқаны... бәрі-бәрі ой сүзгісінен баяу өтіп, жанын жегідей жейді. Ол көңілсіз оқиғалар тез өте қойса жақсы. Ауыр жылжып жүрегін ауыртады. Жаңа ғана сандырақтап айтқан мамасының ауыр сөздері енді миына жеткендей. «Әділдік қайда? Зорлық-зомбылық неге жеңеді? Шынымен біздің отбасымыздың арман-мақсаты өмірбақи тас-талқан болып, балаларым жетім қала ма? Мына кең дүние бізге келгенде неге тарылып кетті? Біздің кінәміз не? Отағасым-ау, сол бір орыста нең бар еді? Енді міне, бізді де, өзіңді де құрттың» деп үйге келген соң мамасы осылай іштегі запыранын төгіп, жылап-сықтап, өзін қоярға жер таппай құсаланды. Аршагүл мен Әлнұр ғана сәлден соң қаперсіз күйлерінде ұйықтап кетті. Жо-жоқ, ол уақытша қаперсіздік екен. Аршагүл түннің бір уағында шыңғырып ұйқысынан шошып оянды. «Папа! Папа, қайдасың?» деп бақырып жыласын. Батыр оны әзер жұбатты. Ол ұйықтағанда да көкірегін өксік буып, анда-санда ышқынып-ышқынып қояды. Қарындасын аяп, Батыр тағы да көз жасына ерік берді. Өмірбек те сол түні Батырды мазалап шықты. Енді кімді мазаласын? Әжесі мен мамасы өздерінше арпалысып, қайғының уынан есін жинай алмады сол түні.
– Ағатай, біз енді не істейміз? Папамызды сонда атып тастай ма? Кім атады? Қасындағы солдаттар ма? Енді бізді кім бағады? Папамызсыз қалай күн көреміз?
Бұл Өмірбектің сауалдары. Біріне жауап берді, енді біріне шамасы жетпеді. Әйтеуір түннің бір уағында ол әрең ұйықтады-ау. Шынында да бұларды кім бағады? Мамасының болмашы айлығы, әжесінің зейнетақысы жете ме? Әлде бұл сабағын тастап, жұмыс істесе ме екен? Сегізінші сыныптың баласын кім жұмысқа алады? Осындай беймаза сауалдар, ойлар қажытқан оның таң алдында ғана көзі ілініп кетіпті...
...Папасы мен екеуі қалың орманның арасында келе жатыр. Астарында бір-бір тұлпар. Неше түрлі биік-биік ағаштардың басы сона-ау аспанмен астасып жатқандай. Құстар шықылықтап, бұлбұлдар сайрайды. Әкелі- балалы екеуі әңгімелесіп келеді.
– Папа, біз қайда барамыз?
– Арал деген теңізді білесің бе?
– Иә, неге білмеймін. Ол біздің ата-бабаларымыздың мекені деген жоқсыз ба? Өткенде бәріміз нағашы ағамыздың үйіне қыдырып барғанбыз.
– Иә, иә, айтқан екенмін ғой. Біз сол Аралға барамыз. Теңіздің ортасында Барсакелмес деген арал бар. Мен сонда уақытша қала тұрамын.
– Неге, папа? Барсакелмес деген аты қандай жаман. Сіз енді қайтып келмейсіз бе?
– Бұйрық солай. Отан үшін жанпида! Қайтып келем бе, келмеймін бе, оны бір құдай біледі. Мен сені мұнда неге ертіп келе жатырмын, білесің бе?
– Жоқ.
– Ендеше біліп қой. Қазір біз барған жерде ешкім білмейтін құпия жер бар. Ата-бабамыз қалдырған ол жерде байлық бар. Ол байлықтың аты – Алтын балық. Біз жеті атамызды айтсақ Алтын балық келеді.
– О-о, әжемнің ертегісіндегі алтын балық па?
– Мүмкін сол шығар. Мен жоқ кезде осы құпия жерге келесің де, жаңағы айтқан талапты орындайсың. Алтын балық судан шығып сенің тілегіңді орындайды. Артық ештеңе сұрама. Ол саған бір жылға жететін бір дорба асыл тас береді. Сонымен күн көресіңдер. Алтын балық менің орныма әке болып, осылай қамқорлық жасайды. Түсіндің ғой, балам?
– Жо-жоқ, папа, бізге ешқандай асыл тастың да, алтын балықтың да қажеті жоқ. Бізге, мамамызға сіз ғана қажетсіз. Кетпеңізші!
– Балам, бұл жоғары жақтан шешілген мәселе. Менің тез кетуім керек. Әне, келдік.
Әңгімемен байқамапты. Орман бітіп, алдарында шалқар теңіз шалқып жатыр. Сона-ау алыста Барсакелмес аралы мұнартады.
– Әнеки, анау дәу қойтас жатқан жер. Ал балам, сау бол! Кеттім!
Ол заматта теңіздің жағасына шауып барды да, әрі қарай жортып кете берді. Жалт-жұлт еткен су бетінде жерде басқандай папасы жортып кетіп барады. Батыр таң қалды.
– Папа-а! Тез, тез оралшы! Біз сені сағынамыз...
...Бөлме іші жап-жарық. Терезеден күн сәулесі жарқырап түсіп тұр. Папасы қайда? Барсакелместе ме ол сонда? Батыр жаңағы көргені түс екенін білгенде таңданып қалды. Қызық түс. Түс пен өңнің арасында бозбала әрі-сәрі күйде біраз жатты. Кешегі түндегі сұмдық оқиғалар есіне оралғанда жүрегі бір аунап түскендей болды.
– Ойбүй, сабағымнан қалып қойыппын ғой. Сонда сағаттың қоңырауы істемей қалған ба? – деді Батыр дабыстай сөйлеп.
– Сағатта кінә жоқ. Оның қоңырауы шылдырлады. Бірақ сен қатты ұйықтап жаттың. – Баяғы тынбай қалғыр Өмірбек қой бұған төне қарап тұрған.
– Сен неге мені оятпадың? Мен де, сен де сабақтан қалдық. Енді мұғаліміміз ұрсатын болды. Қап!
– Ояттым. Қолыңда бір сілтедің де одан әрмен ұйықтай бердің.
– Мамам жұмысына кетті ме?
– Иә, бағұс мамамыз қатты ауырып қалыпты. Ыңқылдап зорға шықты үйден.
– Жұмысқа бармай-ақ қой демедің бе? Әжемнің түрі мынау. Мамамыз бір жерде құлап қалмаса болғаны. Өмір, біздің жағдайымыз өте ауыр. Менің сабақ оқығым келмейді. Білесің бе, бүгін мен түсімде папамды көрдім.
– Қалай жағдайы жақсы ма екен? – деп інісі елеңдеп қалды.
– Ол түс қой. Біз екеуміз Аралға барыппыз. Папам сондағы Барсакелмес деген аралға кетті. Мені алтын балықпен таныстырды.
– Барсакелмес, алтын балық? Ертегідегі алтын балық па? – Інісі таңдана сұрады.
– Жоқ, менің түсімдегі алтын балық. Мен оған өзім де түсінбедім. Мамамнан сұрастырармыз келген соң...
Ағайынды екеуі сәлден соң көңілсіз күйде шәйдің қамын жасады. Әжесі әлсіреп қалыпты. Бір кесе шәйді әзер ішті де, қайтадан жатты. Аршагүл де балабақшаға бармады. Мамалары жұмыстан ерте оралды. Шәрипа апа оның жағдайына қаныққан соң үш күн демалыс беріпті. Басын көтере алмаған күйі мамасы төсекке құлады. Үйдегі бар тірлік Батырға қарап қалды. Я тамақ істерін, я қора-қопсыдағы жұмыстарды атқарарын білмей басы қатып отырғанда Еңлікгүл бастаған достары сау ете үйге кіріп келе жатты. Қыз Батырды құшақтап бетінен сүйді.
– Батыр, біз бәрін естідік. Қайдан естігендерін кім білсін, бүкіл мектеп, ауыл құлақтанып қалыпты. Сашалар мәз. Адамның қайғысына қуанған жандарды көргенде біз жиіркеніп кеттік. Вера апай саған сәлем айтты. Үйіне арнайы барып көмектесіңдер, Батырдың жанында болыңдар деді. Біз апай айтпаса да келеміз ғой. Ол кісінің адамгершілігін айтсайшы. О-о, әжем де, апам да ауырып қалыпты. Біз мылжыңдамай іске кіріселік. Біз Мақпал, Аршагүл үшеуміз үйдің жұмысын еңсереміз. Ал Серік, Өмірбек үшеуің даланың жұмысын бітіріңдер. – Еңлік Батырдың ой-пікірін күтпей-ақ барлық істі қолына алды. Аршагүл өзінің аты аталғанына мәз. Батыр Еңлікгүлге іштей риза болды да, киініп сыртқа кетті. Біраздан бері қараусыз қалған сиыр қора әбден былғаныпты. Қос сиыр да қарны аш, жалаңдап тұр. Оларды үйдің алдындағы көгалға арқандады. Бұзаулары енді дүрк көтерілген көгалды малжаңдап құныға жеп жатыр. Ауланың іші де әбден шашылып кетіпті. Үш жігіт бірлесіп сыпырып сиырды, огородты тырмалады, жеміс ағаштарының астын қопсытты. Әйтеуір бір тынған жоқ. Осы кезде Аршагүл үйден жүгіріп шықты.
– Батыр аға, сіздерді тамақ ішсін деп жатыр, – деді шіңкілдеп. Балалар сол шақта ғана қарындарының ашқанын сезді.
Үйге кірсе... Батыр өз үйін өзі танымай қалды. Ең бастысы көңірсіп тұр. Кішкентай дөңгелек үстел төргі үйге қойылған. Тіптен өмірі тұрмастай болып бұратылып жатқан әжесі де тұрыпты. Мамасы да сергек отыр.
– Мына қыздар өлген адамды да тірілтеді. Тұрмасқа қоймады, – деді әжесі қыздарға ризашылықпен қарап.
– Иә, Шәрипа әпке мен Вера апай бізге ыстық сәлем жолдапты. Мәскеудің өзіне барсақ та папаларыңды өлтіртпейміз депті. «Ауыздарыңа май, астыларыңа тай». Ал өздері Валентина Терешкова мен Бүкілодақтық комсомолдың бас хатшысына хат жолдапты. Бұлар қимылдап жатқанда бізге не жорық? – деді мамасы ыстық шайды бір ұрттап.
Әдемі халат киген Еңлікгүл жүзі бал-бұл жайнап құлпырып кетіпті. Батыр оған қадала қарағанда Серік досы оның бүйірінен бір нұқып жіберді.
Түнде ғана қасірет бұлты енді кетпестей болып басып тұншықтырған үйде мінеки, қайта серпіліс, сенім, үміт пайда болды. Кешкіқұрым Шәрипа апа, одан соң Вера Васильевнаның өзі келді. Қала жақтан адвокат аға жетті. Олар жәй келмепті. Әрі қарай не істейтіні жайында жоспар жасай келген. Адвокат ағаның айтуынша үкім бекітілген. Оны бұзса тек Москвадағы басшылар ғана бұза алады. Вера апай адвокат ағаның сөзін іліп әкетті.
– Біз оны біліп отырмыз. Үкім шыққанмен әл-әзір ол орындала қоймайды. Дегенмен біздің әрбір күніміз қымбат. Мен бүгін Москвадағы таныстарыммен сөйлестім. Горбачевтің оң қолы Громыко жолдас екен. Ол кісі жақсы адам. Тек оған қалайда Гүлтеңгені кіргізуіміз қажет. Депутат Олжас Сүлейменовке де қайта кіріп, ол кісінің атынан хат жаздырып алайық. Бәлкім қолым тисе өзім де Москваға барып қайтуға тырысамын.
Вера Васильевнаның сөзін Шәрипа апа да қостап, өз ойларын ортаға салды. Иә, кеше ғана үміт пен сенім оты біржола сөнгендей көрінген отбасыда адамдардың мейірімі мен шуағы арқасында рухы қайта тірілді. Тіптен алғы күндерге деген жоспарларын жасап тастады. Сіз қурап қалған ағаштың қайта гүлдегенін көрдіңіз бе? Ал сол күні достардың нұр-шуағымен қураған ағаш қайта бүршік жарды. Қандай қиындық, ауыртпалық болсын «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген сияқты көпшілік қолдаса, бірлесіп түйінді шешуге әрекет етсе оның алмайтын қамалы жоқ екен.
Еңлік кетерінде ыстық демімен күйдіре Батырдың құлағына сыбырлады. «Ертең қайткенде сабаққа кел! Әйтпесе таяқ жейсің!» деді. Батыр ыржиып күліп, басын изеді...
Түнде жатарда Батыр әжесі мен мамасына түсін айтып берді. Алтын балықтың мәнісі жайлы айтып беруін өтінді. Мамасы аздап ойланды да, бұлай деп жауап берді.
– Алтын балық деген ол біздің достығымыз. Көрдің бе, бүгін біздің достарымыз не сыйлады? Сенім мен үміт отын бізге тастап кетті, балам. Меніңше папаң айтқан алтын балық деген сол!
Судьяның қорлауы, ақ көбелектер және Мәскеуге сапар
– Апа, қалаға барып Мырзажанның киімдерін алып келейін. Тым болмаса артында балалары көзіндей көріп, иіскеп жүрсін, – деді Гүлтеңге ертеңіне түсте енесіне. Сұлуқас әже не десін, қалың ойға батқан күйі басын изеді. Сол кезде Батыр да сабағынан келген болатын.
– Балам, тамағың дайын тұр. Тез ішіп ал. Қалаға барып әкеңнің киімін әкелеміз. Мүмкін егер уақытымыз болса Олжас ағамызға да соғайық.
– Мақұл, мама! – деп Батыр жылдамдата мектеп киімін шешіп, тамаққа отырды...
Жоғары соттың алып ғимараты түк болмағандай маңқиып тұр. Батыр оны әділетсіздік жасағаны үшін қатты жек көріп кетті. «Бірақ мелшиген тас үйдің не кінәсі бар?» дейді оның жан дүниесінен біреу сұрау тастап. «Адамдар, адамдар кінәлі. Әділетсіздік жасайтын тек адамдар!» деген жауап та саңқылдап естілгендей болды.
Сыртында «Судья Ихсанов» деген жазуы бар бөлмеге бұлар бас сұқты. Судья алтын тістері жарқ-жұрқ ете қарқылдай күліп, әлдекіммен маңыздана сөйлесіп отыр екен. Мамасы екеуі шеттегі үстелдерге жайғасты. Әңгімесін бітірген соң ол мамасына жымысқы көздерімен қызыға тінте қарағанын Батыр байқап қалды.
– І-і-м, атың әдемі екен. Гүлтеңге! Мынау сенің балаң ба? Үлкенің ғой.
– Иә, аты – Батыр.
– Ә-ә, аудармашы бала ғой. Естігем, естігем...
– Сен Батыр есіктің алдына шығып отыра тұр. Менің мамаңа айтар папаң туралы әңгіме бар, – деді сұқ саусағымен есікті нұсқап. Мамасына қарады. Ол басын изеді. Неге екенін кім білсін, Батыр әкесін өлім жазасына кескен, қазір көзі ойнақшып отырған мына адам мамасын жеке алып қалып, зиян тигізетіндей көрінді. Неде болса да Батыр қулық жасап есікті толық жаппады. Сырттан тың-тыңдап тұрады да, қауіп төнсе арашаға жетіп барады. Әне, бәрі естіліп тұр. Алдымен мамасы сауал қойды.
– Сіз тәжірибелі сотсыз. Айтыңызшы, күйеуімді өлім жазасынан құтқарудың жолы бар ма?
Судья Батырға жағымсыз басқа бір қысыр әңгімені айтып кетті. Өте қауіпті сөз.
– Өзің бір үріп ауызға салғандай келісті келіншек екенсің. Мынандай түр-сымбатыңмен енді оны қайтесің? Таста оны! Ол сенің жанашырлығыңа тұрмайды. Кісі өлтіргіш, зұлым сотта әділ жазасын алды. Қайта ондай бұзақыдан құтылғаныңа қуан да, мына менімен көңіл қос. Төрт балаңмен бірге өзіңді бағамын. Басыңда үй, үстіңде әйел біткен қызығатындай сәнді киімдерің болады. Ішкенің алдыңда, ішпегенің артыңда дегендей. Айтқаныма көніп, етегімнен ұстасаң, қолыңды жылы суға малып, сыланып, сипанып ұзатылатын қыздай болып отырасың.
Батыр: «Әй, мынау оңбаған не деп кетті? Сонда менің мамамды әйелдікке алмақшы ма? Мен саған көрсетемін!» деп кіжіне ойлай берді де, аржағын тыңдауға әзер бекініп, сабыр сақтады. Анасының ашулана орнынан ұшып тұрғаны білінді.
– Әй, қақпас, не деп отырсың сен! – деген мамасының зәрлі даусына Батыр зор мақтанышпен құлақ тосты. – Желтоқсан оқиғасынан қалың ел қайғыдан қан жұтып отырғанда сенікі не есірік, не құтырғандық?! Саған мемлекет мына креслоңды халықты жылату үшін берді ме? Кеше күйеуіме антыңды бұзып, ату жазасын бердің, әділетсіздік жасадың. Енді маған білгеніңді істемекшісің бе? Оның бола қоймас. Мына былшиған бетіңе түкіріп-ақ кеткім келіп тұр. Анау мемлекеттік қызметіңді сыйлап отырмын. Сені де анаң қалжа жеп, ұл тудым деп қуанған болар. Біздей нәзік қазақтың қыздарына осындай қиын кезеңде қорған болудың орнына қорлап жүрген сендейлер азамат деген аттан адыра қалсын!
– Әй, әй, жаман қатын! Сен не деп кеттің? Мендей атақты да лауазымды адамдарға талай сұлулар жете алмай жүр. Ойлан, Әлиқұлова, бөстекі сөз айтқанша. Күйеуіңнен күдер үз! Енді оның ауыр қылмысын ешкім кешірмейді. Ол өлді деп есепте!
Батыр осы сәтте шыдамай ішке атыла кірді.
– Әй, көкетай! Сен менің әкемнің тырнағына да тұрмайсың. Мамамның осы айтқаны саған аз болды ма? Енді сасық аузыңды жап! Мамамды мен мақтаныш тұтамын. Сен әділетсіз соттаған папам әлі оралады. Әділеттілік, шындық жеңеді! Кеттік, мама! – деді Батыр үлкен адамдарша сабырлы сөйлеп...
Жоғары соттың үйінен шыға сала екі қорғансыз жан құшақтасып жылап тұрды.
– Маматай! Мен тірі тұрғанда сізді ешкімге қорлатпаймын! – деді Батыр жігерлі үнмен.
– Рақмет, айналайын, құлыным, қорғаным! – деді мамасы еміреніп...
Анасы мен баласы қол ұстасқан күйі Мақсат ағаның үйіне келді. Мамасы тағы да жылап, оған судьяның өзін қорламақшы болғанын жеткізді.
– Есірген екен есуастар. Гүлтеңгежан, жасыма! Мен мұны аяқсыз қалдырмаймын. Намысты жігіттер баршылық. Оны тәубесіне келтірмей қоймаймын! – деп ол қатты ызаланды. Ағасы сөзінде тұрды. Кейін Мақсат ағасы оның жоғары қызметтен қуылғанын айтқанда мамасының да, Батырдың да қуанышында шек болмады.
Олар ертеңіне Сұлуқас әжені ертіп тағы да Олжас көкелерінің қабылдауына келді. Бұларды ескі таныстарша көңілді қарсы алды.
– Жоқ, біз Мырзажанды өлімге қолдан бере қоймаспыз. Ұлттың намысы үшін басын бәйгеге тіккен азаматты қорғамағанда кімді қорғаймыз, Гүлтеңге қарындасым! Апа, қазақта «шешінген судан тайынбас» деген мақал бар емес пе?
– Бар, бар, айналайын!
– Ендеше біз де ештеңеден тайынбаймыз. Біз бұлармен соңына дейін күресеміз. Қасымызда Батыр деген азамат бар. Біз кімнен қорқамыз?!
Олжас көке кеңк-кеңк күліп алды да, бірден қолына қалам алып, ерінбей жан-жаққа хат жаза бастады. Громыкодан бастап мықтылардың бәріне хат жазды. Ішінде Еңлікгүлдер хат жазған Терешкова да бар. Жазылған хаттарды қайта-қайта оқып, өзі өңдеді. Арасында Батырмен ақылдасқандай кейіп танытып қояды.
Олар тағы да Олжас көкелерінен қанат байлап, рухтанып шықты. Үміт оты қайта жанды. Әбден езіліп, жаншылып өзін төменге тастап жіберген әжесі де көңілденіп, қунақ тартты.
– Аллаға мың да бір тәубе! Елде біз секілді пақырлардың мұңына құлақ асып, шын ықыласымен болысатын қайырымды азамат бар екен ғой, – деп Олжас баласына шын пейілмен батасын берді.
***
Батыр неге екенін кім білсін, Еңлікгүлді үнемі ойлайтынды шығарды. Ойлағысы келмесе де бәрібір оны ойлай береді. Онымен жиі кездесіп әңгімелескісі, сырласқысы келеді. Иә, ол нағыз дос тапты. Ол ойлаушы еді, ұл мен ұл дос болады деп. Ал қызбен дос болу үш ұйықтаса да түсіне де кірмеген. Еңлікгүлді енді ол достықтан да жоғары қоюға болады деп есептейді. Ол Батырға қаншама жақсылық жасады. Мәселе жақсылықта да емес болар. Бірақ мұның отбасындағы жағдайлар ол екеуін тез жақындастырды.
Иә, сонымен достықтан да жоғары нәрсе бар ма? Бүгін Батыр сиырларды өріске жіберген соң бұзауларды алысқа алып кетті. Өздері хоккей ойнайтын сайдағы көлшіктің жағасында шоқтана өскен ағаштар бар. Қолы боста ол осы жерге келіп серуендегенді, демалғанды жақсы көреді. Тап-таза ауа, бұлбұлдар сайрайды. Тып-тыныш. Ал бүгін Батыр әлгі қиын сауалдың жауабын іздемекке, ойланбаққа әдейі келді. Ой, шынында да қандай әсем жер бұл. Көгал, гүлдер. Әр-әр жерден қызғалдақтар да бұған ұяла қарайтындай бейне. Көк майсаны жапыра ол жата қалды. Тура үстінен әппақ қос көбелек ұшып өтті. Ағаш-ағаштың арасынан көгілдір аспан да көз арбайды.
Бозбала көңілі әлдекімді іздегендей. Ол әлдекім Еңлікгүл ғой. Оның аққұба келбеті, қарақат көздері, оң жақ бетінің үстінде титімдей меңі, қып-қызыл еріндері. Тәмпіш танауы да өзіне жарасады. Бұрынғы еркекшора кезіндегі қысқа қап-қара шаштарын соңғы кезде өсіріп жүр. Күлген кезде Еңлікгүл одан сайын әдемі болып кетеді. Сол кезде ғой, оның көз ала алмай қадалатыны. Ана Серік пен Мақпал мұның жағдайын байқап қояды да, өздерінше түртпектеп мәз болады. Соңғы кездері бұларды қосып қылжақтайтын болды. Ол әзілдері бұған ұнайды. Еңлікгүлге де ол ұнайтын сияқты. Әнеугүні Еңлікгүл бұның бетінен сүйді. Одан кейін ыстық демімен күйдіріп құлағынан сыбырлағаны ше? Ол бұған қараған кезде жанын қоярға жер таппайды. Неге Еңлікгүлді ойлай береді? Неге? Еңлікгүл үнемі қасында болса деп тілейді. Неге? Жо-жоқ, бұл жерде достықтан басқа бірнәрсе бар. Батыр бірақ ол туралы ойлауға ұялады. Тіптен қазір қорқып та жатыр. Әне, қос әдемі көбелек тағы да мұның үстінде көлбеңдеді. Үркітпеді. Осы, осы көбелектер біреулерге ұқсайтын тәрізді. Кімдерге? Біреуі Еңлікгүлге. Ал біреуі кімге? Батырдың жан дүниесі рахатқа батып жатыр. Еңлікгүл, Еңлікгүл...
...Қызық! Жаңа ғана жоқ еді. Еңлікгүл қайдан келген? Үстінде әнеукүні мектепке киіп келген гүлді көйлегі. Сондай сұлу болып кеткен. Әппақ маржандай тістерін көрсете бұған Еңлікгүл қарап тұрды да:
– Кеттік, Батыр! Кеттік! – деді сыңғырлай сөйлеп.
– Қайда?
– Аспанға ұшамыз.
– Біз қалай ұшамыз? Қанатымыз жоқ қой.
– Сен Батыр, қалай ұмытып қалдың? Біз әп-сәтте көбелекке айналамыз да, еркін ұшып кете береміз.
Қызық! Олар шынында да әп-сәтте әппақ көбелектерге айналды. Жайлап қанат қағып, қызылды-жасылды Жер-ананы тастап, олар аспанға көтерілді. Бірақ қолдары бәз-баяғы өздерінің қолдары. Қол ұстасып ұшып биікке көтерілді.
– Еңлікгүл! Еңлікгүл, мен сені жақсы көремін! – дейді бұл айқайлап.
– Мен де сені жақсы көремін, Батыр. Өстіп өмірде бірге ұшайықшы!
– Мақұл, мақұл, Еңлікгүл!
...Мұрны жыбырлап кетті. Ау, бұл қайда жатыр? Құстардың сайрағаны естілді. Бұзау мөңіреді. Самал жел есті. Көк майсада шалқасынан жатыр. Басын көтеріп жан-жағына қарады. Әй, тентегім-ай! Өмірбек бір ағаштың тасасынан бұған ыржия қарап тұр. Қолында бір тал шөп. Мұрнын жыбырлатқан сол екен.
– Әй, Өмір, сен қайдан келіп қалдың? – деді бұл сасқалақтап.
– Сен «Еңлікгүл!» деп айқайлап жібердің ғой жаңа.
– Қой, сүйттім бе?
– Иә, сен Еңлікгүлге ғашық болып қалған жоқсың ба?
– Әй, оңбаған, сен қай-қайдағыны айтпа!
– Онда тұрған не бар? Маған Еңлікгүл тәте ұнайды. Жеңешем сондай әдемі, мейірімді болса, қанеки!
– Қап, мынаны-ай! – Батыр бауырын тұра салып қуды. Ол пәле жеткізе ме, бұл тұрғанша құланперен болып үйге қарай зытып берді...
***
Бүгін кешке барлық достар жиналды. Вера апай, Шәрипа апа, адвокат аға... Олардың аз ғана тобына Сәкен деген ата да қосылды. Ол бұрын да келіп, Сұлуқас әжемен әңгіме-дүкен соғатын. Бәрін естіп жатыпты. Белі шойырып орнынан тұра алмаған.
– Бәсе, мен сені басқа қорқақ жігіттердің санатына қоспап едім. Мына кесепат оқиғалар біздің үйді торлағаннан кейін көңіл жақыныңды іздейді екенсің. Бір келсе сен біздің қасіретімізге ортақтасар деп ойладым. Бірақ сен келмедің. Не жағдай болды?
Сәкен ата басын қасыды. Қысымен ауылда болыпты. Тура оқиға болып жатқанда бұл бері жиналған. Сол күні барлық көлік тоқтатылыпты. Тіпті ұшақ та ұшпай қалған. Ақтауда екі-үш күн жатқанда мына жақта болып жатқан оқиғаны естіпті. Балалары естіп, «қиқар шал барса ереуілге кіріп кетер» деп қорқып ауылға қайтып әкетіпті. Бұл байғұс көзі бақырайып бес ай жатыпты.
– Сұлуыма жете алмай қор болып жаттым. Ана оңбағандар абақтыға қамағандай қамап, немерелерімді қарауыл қойды. Сұлуқас, сені бір күні түсімде көрдім. Түрің ренжулі көрінді. Содан теріс қарап жатып алыпсың. Әрі-бері атыңды атап шақырып едім, қарамадың. «Қой» деп ойладым да, бір күні қыздардан зейнетақымды алып елден қашып шықтым. Жолда белімнің ескі ауруы қозды. Алматыға келсем мына жақтағы балаларым күтіп тұр екен...
Шалдың әңгімесіне үлкендер түгілі балалардың өздері мәз болысты. Батыр атаның «Сұлуым» дегеніне сәл қызғанып, жақтырмағаны болмаса, ол кісінің келгеніне кәдімгідей қуанды.
– Біз кімнен қорқамыз? Енді ана жаққа дайындалып жатырмыз. Кезінде арақ әзәзілмен дос болдық. Күнәларымыз шашетектен. Намаз оқығанмен тазарамыз ба? «Қолымды мезгілінен кеш сермедім» демекші иман жолына кеш келдік. Сұлуым! Мен мылжыңдап кетіппін. Айтайын дегенім біз Алланың сынағында жүрміз. Аллам жақсы адамдарға сынақты күшейтеді екен. Мырзажан жаны жайсаң, ақкөңіл болғанымен қайсар, намысшыл. Сол намысының жолында өзін құрбандыққа шалыпты. Батырым аман болсын! Мен ешқашан сырымды осы сексеннің сеңгірінен асқанша ешкімге ашқан жоқ едім. Кезінде белсенділер мені де қудалап, ақыры өтіріктерін құрастырып «халық жауы» етті. Бізді ол дозақтан құтқарған соғыс болды. Жабайылар армиясының сапында Сталинград шайқасына лақтырып жіберді. Бізді мұнда ажал аралына айдап салды. Бірақ тірі қалдық. Біз не көрмедік? Мырзажандардікі әшейін ойыншық қой. Ажал деген қызылкөз пәлемен күн сайын кездесетінбіз. Аман оралдық. «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» демекші, осы Мәскеуге сапарларың батырды құтқарудың ақ жолы болсын, Сұлуым! Мына келін нағыз қазақтың батыр қызы. Оған мінеки, Вера мен Шәрипа көмектесіп жатыр. Аман барып, сау қайтыңдар! Біз сіздерді тағатсыздана күтеміз! – деп Сәкен ата батасын берді.
Иә, бүгінгі жиналудың себебі Сұлуқас әже мен Гүлтеңге Мәскеуге жүрмекші. Батырдың да барғысы келіп еді, Вера апай рұқсат бермеді. Биыл сегізінші сыныптағылар емтихан тапсырады. Соған дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Москвада Вера апайдың таныстары қарсы алып, оларды лауазымды тұлғаларға жолықтырады. Ертең пойыз. Ұзақ сапар. Ең бастысы бір нәтиже болса екен...
Ертеңіне жолаушылар абыр-сабыр жолға жиналып жатты. Мақсат аға туған-туыс, ағайындар жинап берген қомақты ақшаны әкеліп, бір қуантып тастады. Әйтпесе ақшасының жетімсіздігіне мамасы уайымдап отырған. Бір кезде есегін тепеңдетіп Сәкен ата келді асығып.
– Сұлуым, мынау зейнетақымнан жинаған азын-аулақ ақшам. Ренжімей қабыл ал! – деп конвертті ұсынып еді, Сұлуқас әже риза болып, оның арқасынан қағып қойды.
– Рақмет, Сәкен сырбазым! Әй, кезінде Сәкен Сейфуллин сияқты саған талай қыздар ғашық болған-ау, – деп әжесі күліп еді, күміс сақалын күректей қолдарымен сипалаған ата кәдімгідей мәз болып қалды.
Жүгіре басып қос елік сияқты Еңлікгүл мен Мақпал жетті. Олардың мамалары да қағазға орап бірдеңе беріп жіберген сияқты.
– Сіздерге өмірбақи қарыздармын, жандарым... – деп мамасы кемсеңдеді. Батырдың да жан дүниесі елжіреп, езіліп бара жатқандай бейне...
Сәкен атаның шақыруы, махаббат және Терешкованың сатқындығы
Мәскеуге кеткендерден әзірге хабар жоқ. Үйдегі басшылық Батырда болғанмен оның әпкесі Бағдат үй ішілік шаруаларды өзі атқарып жүр. Мамыр айының басы кілең мерекелерге толы. Сәкен атаны және бірнеше соғысқа қатысқан ардагерлерді мектепке шақырып кездесу өткізді. Мейрам кезінде ауылдастар бір-біріне қонаққа барып, қыдырады. Тек қана Батырдың үйін олардың айналып өткені жанына батты. Әрине, өзінің достары күн сайын соғып, шүйіркелесіп әңгімелеседі. Бірақ қалған ауылдастары неге бұлардан соншама үркеді? Батыр осы мәселеге түсінбей дал.
Сәкен аталармен кездесуде достарымен бірге Батыр да болды. Аталардың әңгімелері өте қызықты болып жатты. Кинолардағы батырлардан ол кісілердің несі артық? Балалар да қызық-қызық сауалдар қойды. Бәрі де көңілдегідей еді. Аннаның сауалынан кейін ғана аталар сәл мүдіріп қалды. Алдымен Аннаның сауалы:
– Соғыс жүріп жатыр. Оқ борап тұр. Командир «Алға!» деп команда берді. Сіздер команданы орындайсыздар ма, әлде оққа қарсы ұмтыла бересіздер ме? Сондай оқиғалар соғыста болды ма? Жалпы соғыстағы қорқыныш, үрей туралы не айтасыздар?
Ардагерлер үндемей қалды. Сәкен ата ғана бір жымиып қойды да, тамағын кенеп, әңгімесін айта бастады.
– Соғыста ондай қиын жағдайлар жиі кездесіп тұрады. Көп нәрсе командирге байланысты. Оның шеберлігіне, тәжірибелігіне, адамгершілігіне дегендей. Егер пулеметтен оқ борап тұрып, командир жауынгерлеріне «Алға!» деп команда берсе онда оның адамгершілігі мен тәжірибесінің жоқтығы. Мұндайда жауынгерлерді сақтай білген жөн. Көзсіз ерліктің кімге қажеті бар? Рас, пулеметтің үнін өшіру үшін амал, айла-әдіс қажет. Кейде амал жоқ, бүкіл батальонға немесе отрядқа қауіп төнгенде ондай көзсіз ерлікке баруға болады. Мысалға Баймағамбетов деген батыр қазақ дзотты кеудесімен басып, өзін жанпида етіп, өзге жауынгерлерге жол ашты. Ал қорықпайтын, үрейленбейтін адам жоқ. Бірақ жүрек тоқтату, өзіңді сабырға шақыру деген болады. Қорқынышты осылай жеңген адамдардан нағыз батырлар шығады.
Осы жауаптан соң Еңлікгүл тіптен қиын сауал қойды.
– Аталар, – деді ол жымиып. – Жаңа Сәкен ата тамаша айтты. Адам қорқынышты, үрейді жеңуге болады екен. Өздеріңіз білесіздер, Алматыда қазақ жастары алаңға шығып, өз талаптарын қойды. Біздің сыныптағы Батырдың әкесі де ұлт намысы үшін алаңға шықты, өзін-өзі қорғап жауын да өлтірді. Қазір біздің ауылдың адамдары қорқып ол үйге бармайды. Неге қорқасыздар? Қайта сіздер ауылдастарымызға түсіндіріп, өздеріңіз барып ол отбасының қиындықтарына, ауыртпалықтарына, тіпті қасіретіне ортақтаспайсыздар ма? Қазір дүниежүзі біздің жастарымыздың бұл істерін дұрыс деп жатыр. Біз неге олардың ерліктерін мойындамаймыз, айтыңыздаршы, аталар?
Бұл шынында да күтпеген сауал болды. Аталар төмен қарады. Мектеп директоры Еңлікгүлге оқты көзімен атып, жақтырмағандай рай танытты. Бірақ «бірдеңені бүлдіріп алам ба» деп қорықты ма, үндеген жоқ. Аталардан ешкім сөйлей алмаған соң Сәкен ата өз пікірін білдірді.
– Еңлікгүлдің көтеріп отырған мәселесі өте дұрыс. Ерлікті тек соғыста ғана емес, бейбіт заманда да жасауға болады. Шынында да алаңға шығып, жойылып бара жатқан тілін, салт-дәстүрлерін, дінін жоқтаған жастардың намыстарын ту еткеніне мен ризамын. Мен өмірде көп нәрселерді бастан кештім. Отызыншы жылдары осындай талап қойған талайларды «халық жауы» деп соттап, атып, асып жіберді. Мен де соның құрбандықтарының бірімін. «Халық жауы» деп он бес жылға соттады. Кейін ақталдым. Біздің халқымыз қызық. Сол кездері менің отбасымды қуғынға ұшыратты. «Халық жауының» балалары деп балаларымды шеттетті, мектептен шығарды. Талай балалардың жетімдер үйінде, тіптен түрмелерде де болғанын жақсы білемін. Ол балалардың жазығы не? Сондықтан Батырдың үйінен адамдардың неге қорқатындарын мен де түсінбеймін. Мысалға бізге сауал қойған Аннаға, Еңлікгүлге, Мақпалға, Серікке мен ризашылығымды білдіремін. Міне, нағыз достар осылай болуы тиіс. Балалар, осылардан неге үлгі алмайсыңдар? Соғыста сатқындық жасаған әскерді қатаң жазалайды. Бір-бірімізге мейірімді болып, бір-бірімізге қолдау жасап жүрейік. Сонда ғана ауылымыздың ынтымақ-бірлігі артады...
Сәкен атаның сөздері кейін талай балаға, талай адамға ой салды. Балалар бұрынғыдай Батырдан қашқақтамай сыйласатынды, сөйлесетінді шығарды. Мұны бастаған тағы да Еңлікгүл. Бұл оқиға Батыр мен Еңлікгүлді одан сайын жақындастыра түсті. Әрине, атаның сөзі бүкіл ауылға тарады. Алақандай ауылдың сымсыз телефондары өте тамаша істейтін. Әртүрлі ұлт өкілдері өмір сүретін ауыл адамдарының құлақтары түрік. Тіптен Алматыда айтылған әңгімелер ауылға сен тепеңдеп жеткенше ауыздан-ауызға таралып үлгеретін. Бұл оқиға да сөйтті.
***
Еңлікгүл Батырдың әжесі мен мамасы жоқта жиі келіп Бағдат әпкесіне көмектесетін. Бағдат та ешкімді жатырқамайтын ашық-жарқын қыз болатын. Жас айырмашылықтарына қарамай Еңлікгүл екеуі сырлас достарға айналды. Бір күні Еңлікгүл тәтесіне жан сырын ақтарды.
– Тәте, махаббат деген не? – деді ұяла үн қатып Еңлікгүл.
– Меніңше ол негізінен қыз бен жігіттің бірін-бірі жақсы көру сезімі. Әрине, ата-анаға деген, бауырға, досқа, Отанға деген махаббаттар болады деп жеңешем айтатын. Мұны неге сұрадың? – Бағдат елең ете сіңлі досына сынай қарағандай еді.
– Жәй, – деді Еңлікгүл аққұба жүзіне қызыл шырай жүгіріп.
– Қайдам, қайдам. Сен қыз біреуге ғашық болып қалғаннан саусың ба? – Тәтесі Еңлікгүлдің бүйірінен түртіп жіберді де сықылықтай күлді.
– Шынымды айтсам өзім де түсінбеймін. Бірақ оны көргім келе береді. Жанында болғым келеді. Өзіне магниттей тартады. Ол да мені жақсы көретін сықылды. Оған жақындағанда жүрегім кеудеме сыймай атқақтап, лүпілдеп ала жөнеледі. Бұл сіздіңше махаббат па?
– О-о, бұл анау-мынау махаббат емес, нағыз ғашықтардың махаббаты. Қыз Жібек пен Төлеген, Ләйлі менен Мәжнүн, Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың махаббаттары мына сенің махаббатыңның алдында әншейін-ақ махаббат, – деп Бағдат жүзі бал-бұл жанған сіңлі-досына жымия қарады.
– Бәсе, бәсе, бұл қыз неге еркекшора киімін сыпырып тастап, көйлек кигені, тықыр шашын аяқ астынан өсіргені несі деп таңғалып жүрсем. Себебі осы екен ғой!
Еңлікгүл одан сайын қызарақтады. Қыз өзгелердей емес, өтірік мүләйімси алмайтын шыншыл екенін сіздер жақсы білесіздер.
– Ол кі-ім? – Бағдат енді бұл қыздың басын идірген бозбаланы білуге ынтықты.
Сіңлі-дос үндемеді.
– Өзің біл, біз доспыз деп жүрсек. Менің сырымды, жігітімді сен жақсы білесің. Мен оны жасырмай айттым ғой, айттым. Ал сен болса-аң, көреміз! – Бағдат өтіріктен бұртия қалып, теріс бұрылғансып еді, Еңлікгүл шыр ете түсті.
– Тәте, тәте, өкпелемеші. Сен бірақ ол сырымды ешкімге айтпауға уәде бер. Мақұл ма?
– Уәдемді беремін. Кәне, кәне, айтшы, – деп Бағдат оның екі иығына қолдарын салды. Сәл үнсіздіктен соң қыз төмен қарап тұрып:
– Ол... ол... Батыр! – деді естілер-естілмес сыбырлап.
– Білгем, білгем ол сырыңды. Сендер үнемі бір-біріңе ұрлана, ынтыға қарайтынсыңдар. Содан білгем. Бірақ дәл былай деп ойлаған жоқ едім. Өзі айтар дегенмін үміттеніп.
Еңлікгүл бүр ашқан ағаштай сырын досына осылай жайып салды. Бұл алғашқы махаббаты ма, әлде өтпелі сезім бе, оны алдағы уақытта көре жатармыз...
***
Әрине Батыр әпкесі мен Еңлікгүлдің бұл өзара әңгімесінен бейхабар. Соңғы кездері әпкесі неге екенін кім білсін, бұған жылыұшырай қарап қызық-қызық әңгімелер айтатын болып жүр.
– Сен өзі інішек, байқаймын, ұнжырғаң түсіп жүр ғой. Сенің ішкі дүниеңде бір өзгеріс бар сияқты. Айтшы, осы сенде не сыр бар? – деді үйде оңаша қалғанда. Батыр әпкесіне жалт ете қарап іштен күдіктенді. «Әпкем қандай сыр туралы айтып тұр?» деп ойлады іштен. «Әлде Өмірбек әнеукүнгі ұйықтап жатқандағы жайды айтып қойды ма?»
– Әпкетай, менде қандай сыр бар дейсіз? Тұнжырайтыным әжем мен мамамнан хабар жоқ. Соны көп ойлаймын.
– Жо-жоқ, сен мені ақымақ санама! Рас, оны бәріміз де ойлап жүрміз. Мен білем, сенде басқа бір сыр бар. Биыл он төртке толып, он беске кетіп бара жатырсың. Нағыз бозбала жастасың. Махаббат туралы кітаптар оқып, киноларды көріп жүрсің. Бәлкім сені қинап жүрген ғашықтық дерті болар? – Бағдат інісіне жаны аши қарап, оның жүзіне үңіле көз салды. – Мәссаған! Бетің сап-сары болып кетіпті. Иә, иә, тура сол дерт!
Батыр ойланып, бетін сипады.
– Махаббат деген ол дерт пе сонда?
– Өте қауіпті дерт. Одан талай адамдар өлгенін сен оқыған кітаптарыңнан жақсы білетін боларсың.
Інісі шошып кетті.
– Енді не істеуім керек?
– Іштегі жасырып жүрген сырыңды сүйгеніңе айтуың қажет.
Батыр қиналып, тағы да ойға шомды.
– Неге ойланып тұрсың?
– Ол мені сүймесе ше?
– Кім ол сенің сүйгенің?
– Ұяламын айтуға. Ол өте ерекше жан! – Батыр бетін басып жүрелей отырды.
– Тәуекелге бару керек. Мен ол қызды білетін сияқтымын.
Батыр селк ете қалды.
– Рас па?
Бағдат басын изеді.
– Меніңше ол да сені жақсы көретін сияқты. Оның жақсы көретінін көзінен қарап білуге болады.
– Солай ма? Сонда көздер сөйлей ме?
– Сөйлегенде қандай! Саған қарағанда ондай мейірімді, ондай шуақты көздер өзінен-өзі сөйлеп тұрады. Тек оны оқи біл! Ой, мылжыңдап кетіппін ғой. Газға сүт қойып едім, тасып кеткен шығар.
Батырдың жан дүниесі жадырады. «Иә, оның көздері үнемі сөйлеп тұрады ғой» деді күбірлеп.
***
Мәскеуге сапар шеккен Сұлуқас әже мен Гүлтеңге көңілсіз оралды. Соншама жерге барып, үміттері ақталмағанына олар қатты құсаланды. Сол күні кешке үйге тілеулес жандардың бәрі жиналды. Сәкен ата олардың барған сапарының бүге-шігесіне дейін айтпағанына ашуланып қалды.
– Әкесі өлгенді де естіртеді. Мәскеуге кімге бардыңдар, не тындырдыңдар, айтсаңдаршы, келінжан? Неменеге жылай бересіңдер? Бұл енді ақырғы сапар емес қой. Тағы да барарсыңдар. Кәнеки, айтшы, не болғанын? – деді ол кісі бір жағынан жұбатып, екінші жағынан неге соншалықты торыққанын білгісі келіп.
– Ата, менің түйгенім, біздей бейшара, міскін жандарға әділеттілік құйрығын ұстатпайды екен. Балалар да, Олжас аға да, жалынып тұрып жазған хаттар та оларды толғандырмады. Мәселен одақтағы ең күшті әйел Валентина Терешкова жолдас не айтты десеңіздерші! Ол маған «Сен әлі жассың. Ондай бұзақыны іздеп қайтесің. Бар өмірің алдыңда. Оған алаңдап әуре-сарсаңға түскен өзіңді бақытты етер жанды іздегенің жөн. Сот дұрыс үкім шығарған. Бұл қайта қарауға жатпайтын іс» деді. Сол кезде мен құлап қала жаздадым. Одан қалай шығып кеткенімді білген жоқпын. Содан соң жоғары мәртебелі Пуховаға барып едік, ол одан да әрмен бізді жерлеп тастады. Елге салымыз суға кеткендей қайттық...Енді не істейміз?
Вера апай Гүлтеңгені қайта қайраттандырып, Громыкоға кіру қажет екенін дәлелдеді. Сәкен ата «Мен Мәскеуді қорғағанмын. Егер қажет болса мен де барамын» деді. Әрине, достарының бұл қамқорлығы, жанашырлығы мүжіліп, тығырыққа тірелгендерге қаншама жігер берді десеңші.
Түрмедегі кездесу, Қайраттың хаты және өлім жазасын кімдер кеседі?
Өмір деген қызық! Бір жағың құлап жатса, екінші жағыңда үміт қамалы қайта тұрып әлгі жүнжіген көңіліңді өсіреді. Сәби сияқты бір құлап, қайта тұрасың. Сәби алға ынтызар көңілмен ұмтылса, қайсар адамдардың рухы қайта дүр сілкініп «суға кеткен тал қармайдының» кебімен өмір ағысына қарсы жүзуге жанталасады. Мінеки, қайтпас қайсар Батырдың анасының бұрын бұларға есігін тарс жапқан түрме бастығы Жүнісбековтің кабинетіне кірудің сәті түсті.
Гүлтеңге ол кісіден қуанып шықты. Күйеуімен отбасының кездесуіне рұқсат берді. Көп ұзамай олар түрмеге тартты. Қаланың төменгі жағында орналасқан түрменің алды ығы-жығы екен. Сан түрлі тағдырлармен осы абақтыға түскен пенделердің ата-анасы, туыс, бауыры дейсің бе, бәрі-бәрі бар. Батыр қашанғы әдетінше Сұлуқас әжесін қолтықтап әкеліп, ағаштың көлеңкесіндегі скамейкаға отырғызды. Өмірбек те, Аршагүл де, тіптен Әлнұр да осында. Батырдың есіне тағы да жоғары соттағы папасының аянышты түр- келбеті... одан соң солдаттардың оған зорлықпен кісен салғаны, олармен арыстандай ақырып, алысқан сәті оралды. Одан бері де біршама уақыт өтті. Енді қалай екен? Түрмедегі өмірге әбден үйренген шығар.
Осы сәтте төс қалтасындағы бір жапырақ қағазға қолы тиіп кетіп еді, «мені ұмытпа!» дегендей сытыр-сытыр ете қалды. Ол бағана бұлар шығайын деп тұрғанда Еңлікгүлдің берген хаты ғой. Еңлікгүл қай-қайдағы нәрселерді ойлап тапқыш. Мұның папасына үш дос өздерінше сәлем хат жазыпты. Міне, сол хатты Батыр қалтасынан алып бір көз жүгіртіп өтті. Қыздың әдемі жазуы бірден көзге ұрады. Бір парақ қағаздың оң жақ бүйіріне әдемі қызыл гүлдің суретін салыпты. Жан-жағын өрнектеген.
– Мырзажан көкеме бер. Ұмытып кетпе! – деген Еңлікгүл бұған аялай қарап. Дәл сол сәтте Батырдың ойына Бағдат әпкесінің сөзі орала кеткен. «Оның жақсы көретінін көзінен қарап айыруға болады». Қыздың қарақат көздері мен мұның көздері түйісіп қалды. Оның жанарларының шуағы тура жүрегіне төгілгендей болды. «Шынында да көздер шуақ төгеді, көздер сөйлейді екен ғой» деген сөздер қас қағым сәтте бұның бүкіл денесін жылытып жібергендей еді.
– Әй, неғып селтиіп қалдың? Еңлікгүлдің хатын алмайсың ба? – деген мамасының сөзі мұның ойын бөліп, селк ете қалған. Еңлікгүл жымиып күліп әлгі парақ қағазды әдемілеп бүктеп, мұның төс қалтасына өзі салған. Батыр дәл қазір сол бір шағы есіне түсіп, көңілденіп қалды. Қысқаша жазылған хаттың мәтіні мынадай болатын.
«Сәлеметсіз бе, Мырзажан көке!
Біз сізді сағынып кеттік. Кеше ғана көпшіліктің арасында қарапайым ғана жан едіңіз. Енді міне, қазақ халқының намысын, туын көтерген сізді және сіздің ерлігіңізді бүкіл әлем біледі. Иә, сіз қылмыскер емессіз. Батырсыз. Сіз тек өз намысыңызды ғана қорғаған жоқсыз, бүкіл ұлттың намысын қорғадыңыз. Біздің сізге өтінішіміз, басыңызды төмен түсірмеңіз. Әрқашанда биік ұстаңыз! Әділеттілік қалайда жеңеді. Соған сеніңіз. Бұл қиындық – уақытша қиындық. Әлі-ақ бостандыққа шығасыз. Тезірек ауылға оралыңыз. Біз сізді күтеміз. Әзірге қош болыңыз!
Сізді жақсы көретін, қолдайтын комсомол жастар Еңлікгүл, Мақпал және Серік».
Осы кезде түрменің алдына шыққан командирдің дауысы шықты. Ол кіретін адамдардың тізімін оқи бастады. Тізімде бұлар да бар екен.
– Я, Аллам, бұған да шүкір! Құлынымның ақ дидарын көретін болдым-ау, – деп әжесі қуаныштан ба, ерекше күш бітіп ешкімнің демеуінсіз өзі тұрды.
– Ура, ура! Папамды көремін! Папамды көремін! – Аршагүл мәз.
– Ана қоржынды ұмытпа, Батыржан! – деді мамасы Әлнұрды көтеріп жатып. Енді міне, бірінен соң бірі тізбектеліп түрмеге кірді. Салқын, сызды түрменің дәліздерімен жүріп келеді. Исі де ауыр. Жеті-сегіз айдан бері жатқан папасы мына иіске қалай шыдады екен? Іші де қорқынышты. Жүректері лүп-лүп соғады. Жан-жақтарының бәрі темір біліктермен қоршалған. Оларды ұзынша бір бөлмеге кіргізді. Олар папаларымен бір үстелдің басында арқа-жарқа кездесеміз, құшақтасып, көрісеміз деп ойлаған. Тіпті олай емес екен. Ортаны шыны бөліп тұрады. Аржағында папалары отыр. Бері жағындағылар, әсіресе Өмірбек пен Аршагүлдер жүгіріп барып терезені сындырардай қолдарымен ұрғылады.
– Папа! Папа! – деп айқайлады. Папалары бері келейін деп еді, қасындағы солдаттар жібермеді. Оған көнетін Аршагүл бар ма, «папалап» бақырып жылағанда бүкіл түрмені басына көтерді. Оны тоқтатудың жолын тек Батыр ғана біледі.
– Аршатай! Бізді солдаттар қамап тастайды. Папаны сөйлестірмей алып кетеді, – деді дауысын қорқынышты етіп. Содан кейін барып Аршагүл байғұс басылды. Иә, папамен екі арадағы қатынас телефонмен сөйлесіп, терезеден бір-біріне қарап тұрады екен. Ең бастысы папасын көріп бұлар, ол отбасын көріп мауқын басты. Папасының түрі боп-боз. Жүздері қатпар-қатпар әжімге толы. Өңдіршегі одан сайын үлкейіп кеткен сынды. Үнемі көңілді, үнемі биік те қайсар кейіпте тұратын папасының елесі ғана отыр. Әжесі баласының осы мүжілген түрін көріп аяныш сезімі оянды ма, жылап дұрыс сөйлесе алмады.
– Балам-ай! Мына кәрі шешеңнің төрінен көрі жақын. Сенен бұрын кету арманым еді. Мен жатқан көрге бір уыс топырағың бұйырса деген тілек үстінде едім. Арманым да, тілегім де орындалмай ма деп қорқамын. Мені қойшы, асарымды асадым, жасарымды жасадым. Мына көген көздеріңді не істерсің. Мына сен үшін күні-түні жарғақ құлағы жастыққа тимей жүгіріп жүрген жаны жаралы, көңілі жүдеу келіншегіңді қайте-есің... – Әжесі одан әрі сөйлей алмай солқылдап жылап жіберді.
– Анашым, жыламашы! Кешірші, мына тентек, ақымақ балаңды! Ол оңбағанды өлтірем деп ойлаған жоқ едім ғой. Әттең, әттең-ай! – Папасы да осы жерде көңілі босағаны білінді.
Кезек мамасына келгенде папасының қабағы түнеріп, көздері мұңға батып, бір ұйыққа батып жатқан үмітсіз кейіпте болғандай көрінді Батырға.
– Гүлтеңгем, жан жарым, енді сен маған арқа сүйемей-ақ қой. Үмітіңді үз. Енді еш жаққа жүгірмей-ақ қой. Босқа ақшаңды шашпа! Қалай айтқанда да көрер жарық дүнием санаулы ғана күндерден кейін біте ме деп қорқамын. Анам мен балаларымыз өзіңе аманат. Азды-көпті бірге ғұмыр кештік. Ер-азамат басымды сыйладың. Саған ризамын! Егер пендешілікке беріліп, ет қызумен артық ауыз сөз айтқан болсам кешір мені! – деді ол әзер сөйлеп. Батырға оның мына өмірден біржола үміт үзуі қатты әсер етті. «Шынымен папамыздан айрыламыз ба?» деген суық ой өңмеңдеп, мұны буындырып бара жатқандай болды. Осы сәтте мамасының оны жұбатқан жігерлі сөзі естілді.
– Мырзажан, өмірден күдеріңді үзбе! Сені қорғап қалудың жолын қарастырып жатырмыз. Олжас ағамыз және басқалар қолдарынан келгенін аянып жатқан жоқ. Сәкен ата, Вера Васильевна, Шәрипа және бәрі-бәрі саған сәлем айтып жатыр. Бұлай өзіңді тастап жіберме! Ешқашанда құдайдан үмітіңді үзбе! Сен біздің асқар тауымызсың. Мүжілме, басыңды көтер, жаным!
Папасы басын изеді. Бірақ оның жанарларынан үміт ұшқындарын көре алмады. Батыр мамасын түртті.
– Маматай! Маған трубканы беріңізші, мен де сөйлесейін, – деді. Мамасының да көңілі босап отыр екен, зорға қоштасып, бұған телефонды бере салды.
– Папашым! Мамам дұрыс айтады. Сіз мықтысыз. Біздің асқар тауымыз, қорғанымызсыз. Мейлі сіз түрмеде отырыңыз, мейлі бізден алыста жүріңіз біз сізден күш-қуат аламыз. Мен сіз туралы көп түс көремін. Ылғи батыр кейпінде жүресіз. Сіздің әлі үйге оралатыныңызға сенеміз. Айтпақшы менің достарым бізге қиындық туғанда қасымызда болды. Сізді бәріміз мақтан тұтамыз. Сіз шынында да халқымыздың намысы үшін жауыңызды өлтірдіңіз. Жаңағы достарым сізге хат жазыпты. Соны оқуға рұқсат етіңіз, папа!
– Рұқсат, рұқсат, балам!
Батыр хатты ерекше екпінмен, жоғары пафоспен оқыды. Міне, қызық! Папасы жымиып отыр. Жаңа әзірдегі оның жанарларындағы үмітсіздік жойылып, жылтылдаған үміт оттары пайда болғандай. Батыр қуанып кетті.
– Айналайын, балам! Достарыңа рақмет! Сәлем айт оларға. Олардың мына сөздері маған күш-қайрат сыйлады. Үмітім қайта оянғандай болды. Ең бастысы мынадай ғажап сөздерден кейін өлсем де арман жоқ!
Батыр мамасына, әжесіне қарап еді, олардың жүздерінен де шуақ оты пайда болыпты...
***
Жайдары жаздың күндері бұлардың отбасылары үшін салқын, сызды болғанменен өмір өз дегенін жасайды. Үміт үзілмейді. Сенім біржола жоғалмайды. Қайсар мамасы Мәскеуге Сұлуқас әжені сүйретіп тағы да барып келді. Осы сапарларында патшаның бас уәзірі іспеттес Громыкоға кірудің сәті түспесе де, оған жол салынды. Кезекке тұрды. Үшінші сапарға Вера Васильевна өзі баратын болып шешті. Батырды өздерімен бірге апаратын болды. Оның достары осы сапарға зор үміт артты.
– Вера апай мен сенің баратының зор үміт сыйлап отыр. Біз сіздердің сапарларыңыздың оң болуы үшін күні-түні тілек тілейміз, – деді Еңлікгүл бұған риясыз көңіл, сеніммен қарап. Әнеукүні Бағдат әпкесінің ескертпесі Батырдың ойынан күні-түні шықпайды. Үнемі Еңлікгүлді ойлай беретін ауруға ұшырады. «Ертең қалайда айтамын сезімімді» деп ойлайды. Қайдағы... Жеме-жемге келгенде тілі байланып, Еңлікгүлдің алдында бейшара болып қалады. Неге олай, өзі де түсінбейді. Әлде бұл махаббаттың жазылмаған заңы ма?
Айтпақшы бұлар папасынан хат алып тұрады. Оның жанында Қайрат Рысқұлбеков деген аға бар екен. Оны да Желтоқсан ереуіліне қатысқаны үшін өлім жазасына кесіпті. Жап-жас студент. Аяйсың тіптен. Сол аға мұның мамасына хат жазыпты. Батырға хаттың мына жері өте қатты ұнады.
«Гүлтеңге тәте! Мен сіздердің болашақтарыңызға сенемін. Сіз ерік-жігері мықты жансыз. Мәскеуге де екі рет барып-келгеніңізді ағамнан естідім. Бұл дүниеде жарға адал жан болса, сірә, сіздей-ақ болар. Сіздей жар сүйген Мырзажан ағамда арман жоқ. Менің де болашақ сізге ұқсаған жарым болса деп армандаймын. Бірақ оған қайда-а? Мырзажан ағаммен бір камерада отырғаным жақсы болды. Мынау өлім дегеннен қанша қорықпаймын деп батырсынғанмен қорқады екенсің. Үкім оқылғанда жанымды қоярға жер таппай, жер жастанып қалдым. Қанша білдірмегенмен жасып келдім ағамның қасына. Міне, осындай кезде өзі де өлім жазасына кесілсе де менің жігерімді жанып, ағатайым күш-қуат берді. Осы батыр да қайсар ағамның арқасында ес жинап, аяғыма міндім. Егер ағатайым болмағанда бәлкім күйіктен, бәлкім үрейден өліп кетуім де мүмкін еді. Мұндай қайсар ағаларым көп болса, мен мұнда келмес едім ғой.
Батыр ағалар демекші Гүлтеңге тәте, мұнда мына біздің камерамызда әдебиеттен оқыған Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтер отырыпты. Олар да ағамыз екеуміз тәрізді өлім жазасын күтіпті. Мен сонда өзіме шүкіршілік жасадым. Бәлкім мақтаныш еттім десем артық кеткендік болар. Ондай ұлы адамдардың отырған орындарында отыру қалай мақтаныш болмасын. Біз ағамызбен осы мәселені сөз еткенде күлеміз, күлеміз келіп. Иә, тәте, таңданбаңыз. Өлімнің табалдырығында отырған жандар да күледі, шаттанады, қуанады, тіпті армандайды да. Оның несі айып? Әрине, мұнымызға біреулер күлер, біреулер жынды дер. Бірақ біздегі нағыз өмір осы. Мен түрменің қабырғаларын сыйпалаймын. Себебі ұлы ағаларымның қаны жұққан тас қабырғалар ғой бұл. Сондай халқы, ұлты үшін көп еңбек сіңірген ғазиз жандарды олар қалай «халық жауы» деген атқа қиды екен? Мен осыған таң қаламын. Ағам екеуміз осы жөнінде көп ойландық. Егер сен сәл де болса ұлтыңды сүйсең, оны қорғасаң халық жауы болып шыға келеді екенсің.
Гүлтеңге тәте, менің көк мылжыңымнан миыңыз ашып кеткен жоқ па? Ондай болса кешірім өтінемін. Тәтем немесе жеңешем ретінде сізбен ақылдасайын деген екі мәселем бар еді. Біріншісі хатымның басында сіздей жарым болса деген сөзді айттым. Иә, менің сүйген қызым бар. Өте сұлу, ақылды. Ауылда бірге өстік. Дәулетті кісінің қызы. Әскерден келіп, институтқа түскен соң көңілімді білдірдім. Ол күлді де қойды. Нақты жауап берген жоқ. Мен осы түрмеде отырып бірнеше хат жаздым. Жауап келді. Ол мені сүймейтінін айтыпты. Бұл маған деген екінші өлім жазасы еді. Жыладым. Ағам көріп жұбату сөзін айтты. Мен ойлаймын қазір институтта оқып жүрсем бәлкім ол басқаша ой айтар ма еді? Сірә, пендешілікпен менің болашағымның жоғын біліп, осылай жауап берді ғой деймін. Сіз бұған қалай қарайсыз? Егер шын сүйсе оған мына түрменің тас қабырғасы, сотталғаным еш кедергі болмас еді-ау. Әлде әке-шешесінің айтқанына ерді ме екен? «Әй, соны қайтесің, басқа жігіт табылар. Ол сенің өміріңді өксітеді» деп қыздың басын айналдырды ма? Иә, мен қатты қапаландым. Ол менің жүрегімдегі үмітті өлтірді. Құрсыншы, құрып кетсінші бәрі! Тәте, маған Мырзажан ағам тағы да жақсылық жасады. Мен өзім қарап жүрмей өлең жазамын. Осы шатпақтарым бір дәптер болды. Ағам ретін тауып оны түрмеден шығарды. Ағамның бұл жақсылығын екі дүниеде де ұмытпаймын. Тәте, ағам сіздей жары, артындағы балаларымен бақытты. Ал маған мұндай бақыт бұйырмапты. Алдым көз көрмес қалың тұман тәрізді. Шынымды айтсам тағдыр талайынан қорқамын. Ал сіз түбінде жеңесіз. Соған менің көзім анық жетеді. Тек тоқтамаңыз. Мәскеуге тағы да барыңыз. Асыл ағамды құтқарыңызшы! Аман сау болыңыз! Бала-шағаңыздың қызығын көріңіз!»
Бұл Қайраттың хатын Батырдың достары кезек-кезек оқыды.
– Осындай керемет хат жаза білген аға тегін адам емес. Алаңға да жетектеп барған сол рухы ғой. Ертең сендер папаларыңмен кездесесіңдер ме? – деді Серік хаттағы айтылған жайлардың әсерінен әрең шығып. Бұл хат Еңлікгүлге де, Мақпалға да ұнады.
– Ал, Батыр, жолдарың болсын! Папаңа, Мәскеудегі Громыкоға жалынды сәлем! Громыко папамызды жұрттың бәрі мақтайды. Мен ойлаймын, осы сапар жолдарың болады. Хат жаз. Біз сені сағынамыз! – деп Еңлікгүл мұның бетінен сүйді. Батырға көзінің астымен жылыұшырай қарады. Көздері сөйлеп: «Мен күтіп жүрмін ғой. Неге жылы сөзіңді айтпайсың?» дегендей болды. Бетінен сүйгенде байқағаны мұның жүрегімен оның жүрегі дүрс-дүрс соғып сөйлесіп жатқандай болды.
***
Тағы да түрме алды. Мұп-мұздай дәліз. Көкшіл терезенің аржағында бұлардың папасы. Аршагүл бұрынғыдай терезенің аржағындағы папасына жүгірмей трубкаға жабысты.
– Папа! Папа, мен сені сағындым. Бері келші, неге келмейсің? Әлде сен бізді сағынбайсың ба? Ана шынының артында неге тығылып отырсың! Шықшы бері, папатай! Мен тығылмақты бұл жерде ойнағым келмейді. Үйде, үйде ойнайықшы! Шық, шықшы бермен, папа! – Аршагүл жан дүниесімен шыңғырды. Папасы да жылады. Ол жерден папасын еркінен тыс шығармай отырғанын сәби қайдан білсін.
Бұл, бұл соңғы кездесу ме? Соңғы рет қоштасу ма? Осы жолы әжесі де, мамасы да сөйлей алмады. Әйтеуір бір ауыр көлеңке ешкімнің басын көтергізбеді. Жолмен әп-әдемі жүріп келе жатасыз. Бір жолмен жүре берсең, жүре берсең бүкіл жұмыр жерді аралап өтетіндей боласың. Шындығында өйте алмайды екенсің. Аллам әркімге, әрбір адамға бұл дүниеде өзіндік жол салып береді екен. Ол – өмір жолы. Сол жол күндердің күнінде таусылады. Әрі қарай қара түнекке кіресің. Онда жол бар ма, жоқ па бір Аллам біледі. Бірақ мұны пенделер өлім әлемі немесе өлім жолы дейді. Бірақ Аллам ешбір пендесіне ол өмір жолының өлім жолына тірелетін күнін, сәтін білдіртпейді. Яғни өлімді адам емес, Алла береді. Пендешілікпен өлім жазасын кескендер о дүниеде тозаққа барады дейді. Бірақ ол пенденің қызметі адамдарға өлім жазасын беретін қызмет болса ше? Міне, Батырдың папасы Мырзажанға да жәй ғана адам өлім жазасын кесті. Дүниеде өзіңнің өлетініңді алдын ала білген қандай жаман! Ең жаманы оны өзің ғана емес, сенің мына дүниедегі ең жақын жандардың білгені. Әсіресе анаң, әсіресе жарың, әсіресе балаң...
Аршагүлдің кіршіксіз көңілінен шыққан сөзі бәрінің жанын жаралады, жүрегін ауыртты, бәрін күңірентті, жылатты. Бұл соңғы қоштасу ма, әлде... Қалай болғанда осы бір түрмедегі жүздесу олардың мәңгі есінде қалды. Қимай қоштасты. Қимай қарады бір-біріне. Сұлуқас әже перзентімен болған бұл қара тастан да ауыр жүздесуді көтере алмады. Талықсып кетті есіл ана. Түрменің медбикесі оның есін әзер жиғызды.
Соңғы жүздесу де олардың үміттерін кесе алмады. Әжесі бұл сапарға қанша барғысы келсе де шамасы жетпеді. Кірпігі қимылдап жатқан үмітті арқалаған үшеу жолға шықты. Вера апай, Батыр және оның қайсар, қайтпас анасы Гүлтеңге...
Соңғы сапар, соңғы үміт, Вера апайдың сценарийі және Громыконың тамаша сыйы
Желтоқсан көтерілісі бүкіл төрткүл дүниені дүр сілкіндіріп, күн өткен сайын оны шынайы бағалаушылар саны көбейе бастады. Солардың бірі де бірегейі Балтық жағалауындағы елдерден құрылған комиссия. Олар осы көтеріліс бойынша жазаланғандар ісімен танысып, оларға соттың әділ жаза қолданбағандықтарын бүкіл әлемге жария етті. Олардың ішінде Мырзажанның ісі де бар еді. Оның қылмыстық ісін жәй бұзақылыққа жатқызып тастағанын, сондықтан сот шешімін қайта қарауды талап етті. Дәлелдеп, дәлелдеп келіп өз анықтамалықтарында оның қылмысын Желтоқсан оқиғасына байланыстырып, саяси қылмысқа жатқызды...
1987 жылы Мәскеуге үшінші сапарға шыққандар мұның бәрін білді. Бірақ әділеттіліктің ауылы тым алыс жатқанын да сезіп, осы сапарға шұғыл аттанған болатын. Батыр өмірінде бірінші рет жолға шығып отыр. Бір купеге билет алғанның жақсы жері әйтеуір өзіңмен-өзіңсің. Мамасының баласын қасынан тастамайтыны сірә, өмір көрсін дейтін болуы тиіс. Әйтпесе Вера апай екі тілге де жүйрік.
– Вера апай, менің басты уайымым, – дейді Гүлтеңге, – Осымен үшінші сапарда келеміз, үнемі басымнан шықпайтыны күйеуіме үкім аяқ астынан орындалып кете ме деген қорқыныш. Осы қорқыныш әрдайым ойымнан шықпайтындықтан ба, кілең үрейге толы түстер көремін. Кейде Мырзажанды жендеттер дарға асып жатса, енді бір солдаттар қатарласа тұра қалып оны қабырғаға қойып оқ жаудырып жатады. Бірақ бір қызығы дарға ассын немесе бұршақтата оқ жаудырып жатсын мейлі, Мырзажан үнемі жендеттерге қарап күліп, қасқиып тұрады. Олар оны өлтіре алмай қор болады. Кеше басқаша бір түс көрдім. Мүйізі бар адамдар қаптап келіп Арал теңізін жаулап алыпты. Біздің батырлар жеңіліске ұшырап, оларды тұтқынға алған. Енді сол батырларымызды қинап өлтіргелі жатыр. Айнала у-шу. Әлгі мүйізді адамдар бір топ батырларымызды қолдарын байлап, бір жерге әкеліп топтастырды да, жан-жағынан қоршап, тау қылып сексеуіл жинапты. Менің білуімше оларды өртемекші! Иә, дәл менің ойлағанымдай өртті лап еткізіп қойып жіберді. Сол кезде Арал теңізінің суын жарып кәдімгі сауыт, дулыға киген алып батыр шыға келіпті де, өртті екі алақанына су алып сөндіріпті. Ал әлгі мүйізді жауларды дәу аяқтарымен таптап жоқ қылыпты. Мырзажандар тірі қалып, бәріміз қол ұстаса көкорай шалғынды бір ғажайып өңірге қарай беттеп, кетіп бара жатырмыз. Міне, осындай түс көрдім, Вера апай.
– Оһо, тамаша түс! Осы сапарымыз сәтті болып күйеуің аман-есен бостандыққа шығады екен. Көкорай шалғын дегеніңіз ол сендердің алғы өмірлерің. Сендерді берекелі де тыныш өмір күтіп тұр! – Вера апай қатты қуанып, ұшып тұра келіп Гүлтеңгенің бетінен сүйді.
– Мына Батыр кілең батырлар жайлы түс көреді. Соған еліктегенім шығар. – Купедегілер ду ете күліп жіберді...
***
Мәскеу. Батыр басқа бір ғажайып әлемге кіріп кеткендей. Биік-биік үйлер. Суретте, кинода көрген Кремльді, алаңды көрді. Вера апай танысына қоңырау шалып оны тауып алды. Сөйтіп қонақтар Таня деген қайырымды жанның пәтеріне түсті. Ертеңіне бірден Кремльге кіріп, ол жерден кезектерінің мән-жайын білді. «Күтіңдер, болып қалады» деп қуантып, қанаттандырып жіберді. Громыконың көмекшісі Таняның үйінің телефон нөмірін жазып алды.
Қос ана Батырды Ленин жатқан мавзолейге ертіп әкелді. Бұрын суретінен көргенде Владимир Ильич көкесі алып, ірі адам болып көрінетін. Жанынан өткенде байқағаны кішкентай ғана адам екен. Бет-аузы сарғайып кеткендей көрінді. Батыр Ленинге кірерде оған өздерінің қиын жағдайларын айтып, мұңын шаққысы келген. Оның көзін тарс жұмып жатқан әлжуаз түрін көріп райынан қайтты. Қалада алып шіркеулер көп екен. Қоңырауларын күңгірлете қаққанда бүкіл қаланы басына көтереді. «Россия» деген қонақ үйді көрді. Небір театрларды тамашалады. Батырды ерекше таң қалдырғаны жер асты жолы – метро. Тура пойыз сияқты жерді солқылдатып жүреді. Іші сап-салқын. Анда-мында баруды Вера апайдан үйреніп алды. Мұнда орысша білсең қор болмайсың. Әрине, бұлардың ең басты жұмысы Громыкоға кіру ғой. Қыдыруға келген жоқсың. Үйден шыға алмайсың. Телефон шыр ете қалса жүректері лүпілдеп, бәрі жүгіреді.
Мамасы уайымшыл. Бар сырын Батырға айтады. Папасы түрмеге түскелі мұнымен ақылдасып, кеңесіп отыратын әдет тапты. Бір жерге барса жанынан тастамайды. Мұны кәдімгідей қорғаныш көреді. Батыр анасының бір кәдесіне жарағанына қуанады. Бұл жолғы мамасының басты уайымы Громыконың қабылдауы.
– Бізді қабылдар ма екен? Қабылдаған күнде папаңның жағдайын шешсе жақсы болар еді. Әлде Терешкова мен Пухова секілді меселімізді қайтара ма? Шіркін, тезірек қабылдап, мәселемізді шешсе екен. Аллам, Аллам, бізді қолдай көр! Папамызды өлім жазасынан құтқаршы! – деп осы сөздерді ол күніне мың мәрте қайталай береді.
– Балам, сен періштесің ғой. Дұға жаса! Аллаға сыйына берші қайта-қайта! Тілегімізді айт! – деп мұны мазалайды. Батыр қайбір жетісіп жүр дейсің. Екі қолын кеудесіне қойып әжесінің үйреткен дұғаларын айтып сыйынып жатады. Ол әйтеуір екі дұғаны әжесінің үйретуімен жатқа біледі. Олардың аттары Фатиха және Ықылас. «Балам, бұлар өте қасиетті дұғалар. Өте қиналған кезіңде осы дұғаларды айтып жүр. Ал жұма күні Фатиханы бір рет, Ықыласты үш рет оқып, «Аруақтарға бағыштадым» деп айтсаң, бабаларың қолдап, жебеп жүреді. Бірақ біреулер естіп қоймасын. Жасырып, ешкім жоқта оқы. Талай адамдарды баяғыда белсенділер Алланы ауызға алғаны үшін ғана «халық жауы» деп соттатып жіберген» деп әжесі бұған оңашада айтып, құлағына құя беретін. Тағы бір үнемі ескертетін нәрсесі «Алла жоқ» дегендерге сенбе! Олар кәпірлер. Алла бар, балам. Ол бізге өмір берген де, мынау аспан мен жерді, бүкіл он сегіз мың ғаламды жаратқан сол Алламыз. Мына Кеңес өкіметі құдайсыз мемлекет құрды. Олар күндердің күнінде құрып, жойылады. Бірақ бұл айтқанымды да ешкімге айтпа! Бәрі де ішіңде болсын, балам!» дейтін екеуі отырса әжесі сыбырлап сөйлеп. Міне, сол әжесін сағынып отыр. Москваға келгелі де оншақты күн болды. Еңлікгүлді қатты сағынды. Үнемі ол ойынан шықпайды. Әдемі күлгені, қарағаны, қарақат көздері бәрі-бәрі көз алдында. Осыдан бәрі жақсы, сәтті болып жатса оған жақсы көретінін айтады.
Бүгін жұма. Вера апай қазір келеді. Ол кісі осы Москваның жартысын таниды-ау, әйтеуір күн сайын қонақта жүреді.
– Балам, бүгін әжең үйреткен дұғаларыңды оқышы! Жұмада әруақтар келеді дейтін еді ғой әжең, – деді мамасы таң атпай.
– Әруақтар осы Москваға да келе ме? – Батыр мамасын көңілдендірейін деп әзіл айтып еді, қайта оны ашуландырып алды.
– Тәйт! Ондай жаман сөзді айтпа! Кәнеки, оқып жібер! Біздің мәселеміз жүдә созылып кетті ғой өзі. Бүгін оң қабағым тартып жүр. Бір жақсы хабар естіп қалармыз. Кәне, кәне, оқы! – деп мамасы орамалының маңдайын түсіріп қойды. Батыр дұғаларды бірнеше қайталап оқыды. Оларды әжесі үйреткендей аруақтарға бағыштап, Аллаға сыйынды.
– Я, Аллам, папамды өлім жазасынан құтқара көрші! Біз сізден зор көмек сұраймыз. Сөйтіп бізді қуандыршы, бір Аллам! Елімізге мерейіміз өсіп қайтсыншы. Көмектесші, көмектесші, я Алла! – деп Батыр білген дұғасын, тілегін айтып, аяғында «Әумин!» деп түйіндеді. Мамасы да осы сөзді айтып, тағы да өзінше күбірлеп қайта-қайта сыйынды. Көзінен жас парлап ағып, бетін жуып кетіпті. Қайран мамасы-ай! Осы сәтте Қайрат ағасының мамасы туралы айтқан жылы сөздері ойына оралды. «Менің мамамдай дүние жүзінде тамаша мама жоқ!» деп осы сәтте мақтанышпен ойлап қойды. Көз алды тұманданып сала берді. Іштей толқып, тебіреніп отыр бұл да. Қос қорғансыз жан, ана мен бала егіліп жылап, тілектерін бар жан дүниесімен тағы да, тағы да қайталап айтып отыр, айтып отыр. Олардың одан басқа қолдарынан келер дәрмені де, қауқары да жоқ еді.
Жіпсіз байланып, іштен тына отырып, шәйлерін ішкен болды. Ішкі дүниеңде мазасыз ой теңіздей буырқанып жатқанда тамақ та батпайды екен. Кенеттен сағат тоғыздарда телефон безектеп сала берді. Мамасы жүгіріп барып тұтқаны асығып-үсігіп көтерем деп жерге түсіріп жіберіп еді, Батыр оны қағып алды. Громыконың көмекшісі екен. Ол сүйінші хабарды жеткізгенде мамасы құлап қала жаздады. Кешкі бесте қабылдайды. Тек бір адамды ғана қабылдайтынын айтты. Әрине, ол адам мамасы. Ура-а! Дәл сол кезде сырттан Вера апай да кіріп келе жатты. Ол бұл жақсы хабарды естігенде бұлардан да әрмен балаша қуанды.
– Мейлі, ең бастысы қабылдайтын болды. Тілегімізді Аллам қабыл етті! – деді мамасы жүзі гүл-гүл жайнап. Мамасының шын жүрегімен көптен бергі қуанғаны осы.
– Рақмет сізге, Вера Васильевна! – деп апайды құшырлана құшақтап, бетінен қайта-қайта шолпылдатып сүйіп жатыр, сүйіп жатыр...
Олар қуаныштары басылған соң бәрі жайғасып отырып, Громыкоға кіргенде не айтатынын, қай хаттарды бірінші кезекте көрсететінін қайта-қайта пысықтады. Ұстаздың аты ұстаз ғой, бәрін тәптіштеп түсіндіріп, мамасының құлағына құйып жатыр. Мамасы да бұрынғыдай емес, орысшаны бір кісідей сөйлейді.
– Ең бастысы Гүлтеңге, асып-саспауың қажет. Өзіңді еркін ұста! Табиғи күйіңді сақта! Табиғи күй деген қазіргі сәттегі бет-бейнең, қайғы табы, қиналысың, мұңың Громыко жолдасты тебіренту керек. Ол кісі үлкен психолог. Жасандылықты жаны сүймейді. Қазақы қалпыңды, ауылдық сыйпатыңды, азиялық сөйлеу мәнеріңді сақтауың керек. Содан соң ол кісінің әрбір минуты қымбат. Сен бес минут ішінде барлық жағдайыңды жеткізіп үлгер. Яғни нақтылық қажет! – Вера апай сөйтіп әрбір қас қағым сәтті ой таразысына салды. Тіптен өзі үлкен үстелде Громыко болып отырды. Гүлтеңгенің кіру мәнерін ол осылай тексерді. Оның кейбір қателіктерін қатаң түрде жөндеп отырды. Батыр Громыконың көмекшісі рөлін ойнады. Тіпті ол Гүлтеңгенің киіміне де қатты назар аударды. Қазақы киімді дұрыс деп тапты. Оның тазалығына, үтіктелуіне жіті көңіл бөледі. Ең бір талас тудырған мәселе Гүлтеңгенің жалаңбас немесе орамалмен кіруі болды. Ақыры Таняның әдемі гүлді орамалы лайық деп табылды. Сонымен Гүлтеңге Кремльге кіруге дайын!
Батыр, апай және мамасы мінеки Кремльдің табалдырығын аттады. Оның ішкі жағына қарай Гүлтеңгенің өзі кетті. Вера апайға, бұған жалтақ-жалтақ қарады. Толқып тұр...
– Алға, Гүлтеңге! Тек алға қара! – Вера апай оған жігер бере сөйледі. Дүниеде күткен деген жаман екен. Қабырғадағы сағаттың тілін біреу байлап қойғандай бейне. Мамасы ұзақ кідірді. Вера апай қатты қиналып кетті. Апайдың мұндай абыржығанын, толқығанын, мазасызданғанын оның алғаш көруі. Өзі де әзер отыр. Ішінен тағы да сыйынады. «Папамды өлім жазасынан құтқара гөр, құтқара гөр!» Іштей күбір-күбір... Бір кезде «Батыр, мамаң келе жатыр» деген апайының үні естілді. Селк ете қалған Батыр ұшып тұрды.
– Мама-а!
– Гүлтеңге-е! – Бүкіл Кремльді жаңғырықтырып екеуі қосарлана айқайлап жіберді. Қарауыл жымиды. Үндеген жоқ. Мамасы ыржиып, мәз болып келе жатыр! Мамасы бетін жас жуып, жылап келе жатыр! Бұл жолы жылағаны қуаныштан болар. Өйткені анасының жүзінде арай, көзінде шуақ жанып келеді.
Гүлтеңгені ортаға алып, олар Қызыл алаңға шықты.
– Бәрі жақсы ма, Гүлтеңге?
– Бәрі тамаша! Өте жақсы қабылдады, – Осы екі ауыз ғана сөз жолай айтылды. Бір қалтарысқа барып, Вера апай мен Батыр оның әңгімесін тезірек тыңдауға асығып келеді. Міне, шағын ғана бақ. Скамейкаға үшеуі қатарласа отырды. Гүлтеңге ортада.
– Кәне, кәне, баста, Гүлтеңгеш! – дейді Вера апай тағатсызданып.
– Мама, тез айтыңызшы әңгімеңізді! – дейді Батыр алға ұмсынып.
– Ол кісінің кеңсесіне жету мен үшін өте қиын болды, – деп шырайлана бастады әңгімесін Гүлтеңге, – Жүріп келеміз, жүріп келеміз. Бұрылыстары көп бірнеше ұзын дәліздерді бойлап көп жүрдік. Жүрегім аузыма тығылып, толқып келемін. Әр бұрылыста қалшиып милиция қызметкерлері тұр. Оның жанына барғанымды сәл кідіремін. Тұла бойыма тінти қарап өтеді. Мен әрі қарай жылжи бергенде байланыс құралымен «Женщина из Казахстана» деп біреулерге хабарлап жатқанын естідім. Жолай сыйынамын келіп. «Иә, Алла, ісімді оңғартып, Мырзажанның қылмысын жеңілдете гөр!» Содан бір кезде келіп жеттік-ау.
Қабылдау бөлмесіндегі көмекшісі кездесуге бес минут қана уақыт бөлінгенін, бар айтар ойымды жинақтап, қысқа сөйлеу керегін жеткізді. Сіздің айтқаныңыз келді. Енді жаттығуды тез-тез есіме түсірдім. Андрей Громыко ағатайымның кеңсесіне осылай жүрексіне кірдім. Именіп, иба сақтап қазақтың дәстүрімен кеудеме қолымды салып, басымды иіп сәлем бердім. Менің соңғы үмітімнің иесі Громыко сонау түкпірде отыр екен. Мені көргенде ол кісі орнынан тұрды. Ұзын бойлы, ат жақты кісі жылы жүзбен маған отыруға ишара жасады. Өрекпи соққан жүрегім аздап басылғандай болды. Тура сценарий бойынша Алматыдағы менің күйеуіме шығарған соттың өлім жазасына келіспейтінімді айттым. Және соңғы үмітім әкетай, өзіңізсіз деген сөз шықты аузымнан. Олжас ағамның, енемнің, өзімнің жазған хаттарымды ұсындым. Ол кісі әшкейін сәл жөндеп қойды да, үш хатты да мұқият оқып шықты. Басын көтеріп, көгілдір көздерінен шуақ шаша менің қайғы мен қасіреттен әбден қажыған түр-тұрпатыма бір сәт көз салды. Сіздің айтқаныңыз тағы да дөп келді, апай. Громыконың өңінен желпи соққан самалдан жылылықты сезіндім. Ол қоңыр үнмен маған тіл қатты.
– Молодец, дочка! Я вам помогу. У вас будущее есть! – деп маған мейірлене қарағанда, көзімнен моншақ-моншақ жастардың қалай ыршып кеткенін өзім де сезбей қалдым. Көптен бері қасірет пен қайғы уыты жинала-жинала қуаныш пен шаттықты ұмытқан жан дүниемді көктем шуағы желпіп өткендей еді. Көп жасаған, талай тағдырларды алдынан өткізген кемеңгер жан мен көрген, басымнан кешкен қасіретімді, азабымды, әділдік іздеп табанымнан таусылып тозған шерменде халімді сіз айтқандай айтқызбай-ақ сезгендей.
– Не переживай, все будет хорошо! – Үш хаттың да бұрыштарына қиғаштай бұйрығын жазып, қолын қойғанын көріп тұрмын. Ал мен көз жасымды тыя алар емеспін. Жазып болды да, маған тағы да қарап жымиды. Тура мені еркелетіп тұрған әкемдей көрініп кетті.
– Дочка, он долго не будет сидеть. Со временем все меняется. – Ұзын қолын қапталына созып, үстелдің қырындағы кнопканы басты. Ішке кірген көмекшісіне хаттарды беріп жатып, Алматыға осы қазір өзінің атынан жеделхат жолдауын тапсырды да, маған:
– Будьте счастливы! – деп батасын берді. Көмекші бұрыштамаларға тез көз жүгіртті де, маған басын изеп орнымнан тұруымды меңзеді. Громыконың ақ батасынан жүрегім байғұс жарыла жаздап, үлкен бөлмеден қалай шыққанымды білмей қалыппын. Сонда ғана барып есімді жинап: «Спасибо, Андрей Андреевич!» деппін масқара болғанда. Көмекші менің жас қыздай қызарып кеткен жүзіме қарап жымиды. Бұрыштамаларды қарады да, маған жылы жүзбен:
– Құттықтаймын сізді жеңісіңізбен! Андрей Андреевич соттың өлім жазасына кескен үкімін жиырма жылға ауыстырды, – деді ол. Мына жақсы хабарды естіп, тізем дірілдеп өзіме-өзім әзер ие болдым. Мен үшін Мырзажанның жаны олжа! Өшкенім қайта жанды! Оның үстіне Громыконың «Он долго не будет сидеть» деген сөзі жанымды жадыратып, үміттің тұлпарына мініп бара жатқандай болдым. Көмекшіге жылап тұрып рақметімді жаудырып жатырмын. Міне, бар болғаны осы! – деп Гүлтеңге Вера апайды құшақтап екі бетінен алма-кезек сүйіп жатты. Батыр да қуана секіріп, шаттана айқайлап жіберді.
– Урра! Менің папам өлімнен құтылды! Алла, сізге көп, көп рақмет...
Орындалған әже арманы, кестелі орамал және итжеккеннен келген хат
Вера апай бастаған Мәскеуден оралған топтың сүйінші хабары мен жеңісі бірден алақандай ауылға тез тарап кетті. Сұлуқас әже әрине, бұл жағымды хабарды пошташы әкелген жеделхаттан естіп, қуанғаннан пеш түбінде бүк түсіп жатқан орнынан серпіле ұшып тұрды.
– Аллам, Аллам, саған сансыз шүкір! Менің аналық тілегімді естіп көмектестің. Сен қандай мейірімдісің, сен қандай құдіреттісің! Пенделердің айтқанын тәрк еттің. Өлім де, өмір де өзіңнен ғана екенін ол антұрғандарға білдірдің. Бізге, біздей әлсіз, дәрменсіз адамдарға олар не көрсетпеді? Бізге күш-қуат беріп, сынақтан сүріндірмей өткіздің. Енді менде арман жоқ. Тек менің өзіңе деген шүкіршілігім мен тәубемді қабылдасаң болғаны...
Өмірбек әжесінің аспанға қарап, кеудесіне екі қолын салып өзінше сөйлеп тұрғанына алғашқыда таң қалды. Содан кейін ғана барып Мәскеуден келген жеделхатты оқып, жаңалықты естіп, шаттана қуанды. Өмірбек түгілі Аршагүл де мәз. «Менің папам келетін болды! Мен папамды сағындым!» деп секіріп, билеп, үйді шаттыққа бөледі.
Сәкен ата көк есегін тепеңдетіп сол күні-ақ жетті. Жанында әнеукүні атаның сөзі әсер еткен болуы керек, екі шал бар.
– Әй, Сұлуым, саған айттым емес пе? Бәрі дұрыс болады деп. Сол кезде сенбедің. Ана қайсар келінің бір жерден жарып шығады демедім бе? Дедім. Аллаға шүкір, мінеки, алғашқы жеңіс келді табалдырығыңнан аттап. Тойыңды жаса, сараңданбай! – Сәкен ата желпіне сөйледі. Қасындағы шалдары да оның бұл ойын қауқылдасып қостап жатыр.
Кешке Шәрипа мен Еңлікгүл келді шаттанып.
– Жеңіс құтты болсын, апа! Бүгін ақ түйенің қарны жарылған күн. Өлім жазасын Громыконың өзі алып тастапты. Бұл басы ғана. Мен білетін Гүлтеңге болса әлі-ақ балаңызды үйге аман-есен әкеледі. Бүгін сіздің арманыңыз орындалды. «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» деген осы! – Шәрипа тебірене сөйледі. «Жақсы сөз жан семіртеді» дегендей әже бір жасап қалды. Көп ұзамай Мәскеуден келіні мен немересі, Вера апай келіп, өздерінше кішігірім той жасады.
Батырды Мәскеуден келгенде Еңлікгүл қуанышын жасыра алмай құшақтай алды.
– Сен нағыз батырсың! Жеңісің құтты болсын! – деп бетінен шөп еткізе сүйгенде Батыр бақыттан басы айналып, есеңгіреп қалды. Еңлікгүлдің сөзі оны шаттыққа бөлеп, көптен айтам деп жүрген сөзін де осы сәтте жеткізуге асықты.
– Мен сені жақсы көремін, Еңліктай! – деді ол сыбырлай сөйлеп қыздың құлағына. Еңлікгүлдің жүзі арайланып, не айтарын білмей күле берді. Бірақ тіс жарып ештеңе демеген. Ертеңіне Еңлікгүл Батырға әдемі кестелі орамал сыйлады. Онда үш әріп гүлмен көмкеріліп тігіліпті. «М.С.С». Бірден түсінді. Жүрегі жарыла қуанды. Міне, осылай қос жастың махаббаты ерте бүршік жарды. Алайда олардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі нағыз өмір тезінен өткен сүйіспеншілік екенін айтпасқа амалым жоқ. Ал өздері еккен алғашқы махаббат шыбығы тамыр жайып өсе ме, өспей ме, оны алдағы өмір өткелдері көрсетеді. Өйткені екеуінің алдында өмірдің әлі талай жаймашуақ күндерімен бірге борандары да, дауылдары да бар екені шүбәсіз...
***
Мәскеуден келген соң Гүлтеңге түрмеге қайта-қайта барғыштап, кездесуге рұқсат сұраған. Жолатпады. Есесіне Мырзажаннан хат келді. Кәдімгідей қомақты хат екен. Кешке отбасы болып хатты оқыды.
Хатты бұрынғыдай емес, папасы ерекше көңіл күймен жазғаны көрініп тұр. Батырға папасының қисайта жазған әрбір әрпі моншақтай жарқырап ән сазымен билеп тұрғандай сезілді. Хаттың ең назар аудартатын мына жері Батырға қатты әсер етті.
«Өздеріңіз білесіздер мен өлім жазасын жылға жуық күтіп жаттым. Ол менің де, менің екінші жаным отбасым үшін де ауыр күндер еді. Ең жаман нәрсе өзіңнің өліміңді, қай кезде атылатыныңды күту екен. «Үш күннен кейін тозаққа да үйренесің» немесе «Басқа түскен баспаншыл» дегендей өлім камерасы да бара-бара өз үйіме айналды. Екі адамдық үйімнен біржола кеткенше қонақта менің көзімді арнайы жоюға жіберген рецидивис те, жаны жайсаң аға да, әбден бауыр басқан іні де болды. Ешкімді өлтірмесе де жаламен сотталған Қайрат Рысқұлбеков екеуміз нағыз аға мен інідей өмір сүрдік. Екеуміз бір-біріміздің өмірімізді бүге-шігесіне дейін білдік. Жеңешесінің (Гүлтеңгені айтам) еңбегін, қайсарлығын, нағыз адал жар екендігін Қайрат ризашылықпен айтып отыратын. Менен рұқсат сұрап Гүлтеңгежан саған бірнеше хаттар жазғанын білемін. Менің көзім жеткені кейбір адамдарға оның алдағы өмірін болжап Аллам түс немесе аян көргізеді. Сол Қайрат інім бір күні түс көріпті. Түсінде қалың тұманда адасады. Бала қай жаққа жүрерін білмей сасады. Сол кезде батыр Бауыржан Момышұлы келіп, артына еруін емеурінмен білдіреді. Соңынан ілесіп қалың тұманға сіңіп кете береді... Осы түсін маған жорып беруін өтінді. «Қайрат, атамыз Бауыржан нағыз «халық батыры» ғой. Кейін сен де бостандыққа шыққан соң сондай болады екенсің» дедім. Ал ол не деп жауап берді десеңші! «Мырзажан аға, маған ондай атақ керек емес. Тек қолымның қан емес, арымның таза екенін ел-жұртым білсе екен» деді ол. Сол Қайрат бауырым арманшыл еді. Оның нағыз тәуелсіздікті аңсап айтқан дана пікірлері мені таң қалдырды. Ол бір жағынан өлең де шығарып, маған оқып беретін. «Күнәдан таза басым бар, жиырма бірде жасым бар, қасқалдақтай қаным бар, бозторғайдай жаным бар, Қайрат деген атым бар, қазақ деген затым бар» деген жыры маған қатты ұнады.
Шынымды айтсам мен өлім жазасынан құтылатыныма сенген жоқпын. Өлімге бойсұнып, өмірден күдер үздім. Гүлтеңге жаным! Сен мені жұбаттың. Оған сенімім болған жоқ. Балалардың хаты маған күш-қуат, айбар берді. Бірақ сол қара сенімнің суық құшағынан шыға алмадым. Сен менің бетімнен, жүзімнен, сөзімнен сенімсіздікті байқадың. Мен оны білдім де, менен біржола үмітін үзсін деп қатты-қатты, ауыр-ауыр сөздер айттым. Кешір мені! Сенің қайсарлығыңа, маған деген махаббатыңа тәнті болдым, риза болдым.
Мен Алланың барына осы таңғажайып оқиғадан соң біржола сендім. Аллама сансыз шүкіршілік еттім! Әйтпесе маған деген ату жазасының орындалуына жарты сағат қалған. Громыконың бұйрығы сол жарты сағат қалғанда келіпті.
Иә, кешкі сағат бестен асқанда өлім камерасының темір есігі сықыр етіп ашылды. Екі офицер кіріп келе жатты. Жаналғыш жендеттерді көргендей жон арқам мұздады, жан дүнием түршікті. «Бәрі де бітті! Енді мен бұл дүниелік емеспін» деген ой миымды найзағайдай жарқ етті. Денем зіл тартты, аяқтарымнан әл кетті, әзер тұрдым. Еңгезердей майор «киін!» деді зірк етіп. Дауысынан жиіркенішті сездім. Ол ажалдың иісін сезіп, рахаттанып тұрғандай болды маған. Оларға бәрібір. Бұйрық берілсе атады да тастайды. Тура қоянды өлтіргендей. «Бәрібір атасыңдар, киімнің қажеті не?» деп өзімше қырсықтым. Қасындағы менің бұл «еркелігімді» көтере алмады. «Бұйрықты орында!» деді. Сәт өтпей екі дәудің арасында тәлтіректеп кетіп бара жаттым. «Ей, тағдырлас шерменделер, қош болып тұрыңдар!» дедім. Естігендер есіктерін тарсылдатып менімен қоштасып жатты. «Я Аллам! Күнәларым болса кешіре гөр! Лә илаһа иллалаһ!» деп күбірлеп кетіп бара жаттым. Бір бөлмеге кіргізді. «Қазір... қазір... лә илаһа иллалаһ!» Апамның үйреткені ғой. «Өлетін адам кәлимасын қайтару керек» дейтін. Қайдан есіме түскенін, осы сөзді қайталай бердім. Майор атпақ түгілі керісінше сөз айтты. «Біз сені атпаймыз. Мына Громыконың бұйрығы енді жарты сағат кешіккенде, сот үкімі орындалатын еді. Ажалың жоқ екен!» деп ол бір парақ қағазды қолыма ұстатты. «Жаңылыс естіген жоқпын ба? Ажалың жоғы несі? Олар мені неге атпайды?» Осы сөздер миымның ішінде зың-зың етіп қайталанды. Қағазға қарадым. Әріптер секіріп дұрыс оқылмай секіре береді. Тек бір ұққаным «...ату жазасы жиырма жылға ауыстырылды» деген сөз... Есеңгіреп, есімнен танып құлап түстім...
Гүлтеңге жаным! Мен сол күні өмірге қайта келгендей болдым. Әрине, бірінші Алла. Екінші сенсің мені құтқарған, Гүлтеңгем! Сенің қайсарлығың, сенің махаббатың құтқарды! Сенің алдыңда бас иемін. Мен саған өмірбақи қарыздармын! Мен алдымен әке-шешеме қарыздар болсам, содан кейін саған, саған, саған Гүлтеңге!»
Папасының бұл хаты жүрегінің лүпілімен, зор тебіреніспен жазылыпты. Отбасы мүшелерінің бәрін тебірентті.
– Мама! Біз сізді мақтаныш тұтамыз! – деді Батыр бауырларының атынан. Біз, әжем, бәріміз анамызды құшақтап, бір кісідей қауышып тұрдық...
Хат соңында әкеміз өзін пойызбен Сібірге әкеткенін айтып жазыпты. Қайратпен қоштаса алмапты. Қақаған аязда жолай солдаттар талай қорлықты көрсеткен. Оның өмірге деген құштарлығы, сенімі, махаббаты қатты оянғаны соншама қорлаушылардың тепкісін, зәбірін, ұрғанын «шыбын шаққандай көрмегенін» әзілдеп жазыпты. Сөйтіп қазір Сверловск облысындағы «Иделлаг» қатаң тәртіпті зонада кейінгі жиырма жылдық үкімді өтеп жатқан көрінеді. Ол жақты «итжеккен» деп атайды екен. Жағдайы қазір жаман емес. Бұларды қонаққа шақырыпты. «Қой сойып қарсы аламын» деп тіпті әзілдің отын жандырып мәрттік танытқан...
***
Тағы бір қыс өтіп, көгілдір көктем келді. Бұрынғыдай емес көктем Мырзажанның отбасына өмірдің салқын лебімен емес, самалымен желпіді. Самал демекші Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың түрмеде отырғандары елге орала бастады. Олай жай оралған жоқ, әлі де темір тордың аржағында жазықсыз отырған желтоқсаншылардың түрмеден шығуын талап етіп, бастарын біріктірді. Оған демократиялық күштердің белсенділері көмекке келді. Алғашқы рет «желтоқсаншыларға азаттық берілсін!» деген талаппен аштық жариялаушылар бас көтерді. Бұған қосымша Желтоқсан оқиғасынан үлгі алған, сөйтіп Кеңес өкіметінің шаңырағын шайқалтқан басқа да одақтас республикаларда көтерілістер болып жатты.
Олардың Мәскеуден өз тәуелсіздіктерін сұрап, батыл талап еткені қызыл империя басшыларына ұнаған жоқ. Алайда бұл көтерілістердің жаңғырығы төрткүл әлемді құлақтандыруы оларды шошыта бастады. Гүлтеңге енді сол желтоқсаншылармен бірлесіп, күйеуінің жазасын жеңілдетіп қана қоймай оны бостандыққа шығуын талап етіп, іздене бастады.
Батыр және оның достары да тек тоғызыншы сыныпқа көшіп, есейген жоқ, елдегі болып жатқан оқиғаларға да сергек қарап, араласатынды шығарды. Мәселен ауданда «Қазақ тілі» қоғамы құрылды. Олардың өкілдері бұлардың ауылына келіп, Наурыз мейрамын өткізуді қолға алды. Наурыз мейрамын өткізуде оқушылардан Еңлікгүл бастаған топ белсенділік танытты. Себебі Шәрипа апа осы ауылдың «Қазақ тілі» қоғамының өкілі болды. Әрине, бұдан Батыр да қалыс қалмады. Наурыз өткізудің жөн-жобасын олар Сәкен ата мен Сұлуқас әжеден тәптіштеп сұрап алды. Еңлікгүл екеуі оның жоспарын жасады. Сөйтіп балалардың белсенділігі арқасында Наурыз тойы тамаша аталып өтті. Батыр өзі құралпылар арасында күрестен шемпион атанды.
Еңлікгүл екеуінің алғашқы пәк сезімдері одан сайын күшеймесе бәсеңдеген жоқ. Ылғи бірге жүреді. Бұрын Еңлікгүл Батырды үйіне шығарып салса, енді керісінше Батыр қызды шығарып салады. Қанша айтқанмен жігіттің аты жігіт емес пе? Екеуінің де бойлары өсіп бірі жауырыны қақпақтай бозбала болса, енді бірі гүлдей құлпырып, сылаңдаған бойжеткенге айналды. Олардың бірге жүргеніне Шәрипа мен Гүлтеңге де қарсы емес.
Тағы бір көңіл аударатын ерекше оқиға мамасы мен Батыр Свердловскіге сапар шегіп, үш күн папасының түрмесінде болып қайтты. Түрмесі қалың орманның ортасында орналасыпты. Қысы аязды, ұзаққа созылса, жазы салқын болады екен. Әкесі бір жасап қалды. Бұрынғындай емес, папасы аса арық емес. Көңілді, өз-өзіне сенімді. Түрмедегілер де әлем, ел жаңалықтарымен қанық екен. Олар да елеңдеулі. Бұрынғыдай түрмеде қатаң тәртіп жоқ. Бұл жерде де еңбекқор жандарды құрметтейді...
Уақыт деген сынаптай сырғып, бір орнында тұрар емес. Тағы бір жылды артқа тастап, Батырлар оныншы сыныпқа өтті. Он алты жас. Келер жылы кәмелеттік жасқа толады. Осы каникулда Сұлуқас әжеден басқа отбасы мүшелері түгелдей папаларына жиналып жатыр. Әжесі ауырыңқырап жүр. Сона-ау сексен алтыншы жылдан басталған сызды да ауыр айлар мен жылдар кейуананың денсаулығына қатты әсер етті. Әйтеуір әженің рухы биік, көңілі көтеріңкі. Арманы баласы тезірек оралып, бір иіскетсе болғаны...
Түрмедегі қауышу, АЛЖИР-дегі мұңлықтар және тәуелсіздіктің нұрлы шуағы
Ит тұмсығы өтпейтін тайгада орналасқан түрме есігін Батыр екінші рет ашып отыр. Өмірбек, Аршагүлдер пойызбен келе жатқанда алып-алып ағаштарды көргенде таң қалды. Енді мінеки, тікенек тор сымдармен қоршалған, қақпалары биік, өңі сұрқай түрмеге балалар өздерінің пәк сезімдерін, шуағын төге келді.
Арнайы бөлінген үлкен бөлмеде папасы оларды құшағын жая қарсы алды. Аршагүл қазір анау-мынау емес екінші сыныпта оқиды. Сәл кідіріңкіреп тұрды да, папасына қарай аяқ киімімен құлаперен жүгірді дейсің. Сағынып қалыпты. Папасы мен ерке қызы құшақтасып, мәре-сәре болды. Қуаныштарында шек жоқ. Одан кейін «жігіт» Өмірбек те аздап жатырқап тұрды, тұрды да, жолбарыстың баласындай атылып әкесіне тарпа бас салды. Одан кейін Батыр, іле аналары да асықты... ұмар-жұмар, арқа-жарқа қуанышты да шаттықты шақ. Сыңғыр-сыңғыр, қарқ-қарқ күлкі. Олардың алғашқы қауышулары көпке созылды. Бірақ үш күн, үш түн тез өте шықты. Бәрінің де бір-біріне деген сағынышы, мауқы басылмай қалды.
Батыр күндізгі бір шақта әкесінің хаттарын аударыстырып отырып Қайраттың бір хатын тауып алды. Бұл хат ағасының өлім жазасынан жиырма жылға ауыстырғанына байланысты жазылған екен. Хатты оқи бастап еді, магниттей тарта жөнелді.
«...Мырзажан аға! Сізге Гүлтеңге жеңешем мақсатына жетеді деп айтып едім ғой. Көрдіңіз бе, табандылықтың жеңісін, құтты болсын! Мен бұған бек қуаныштымын. Сіздер әлі бақытты боласыздар! Ал менің де өмір сүргім келеді. Адамға ар қымбат, өмір қымбат екенін түрмеде қатты сезіндік. Менің де жазамды, өтеу мерзімімді жиырма жылға ауыстырса екен. Құдайдан үмітім бар. Бірақ ойлап отырсам, жиырма жыл бүкіл жастық шағымды алып кетеді екен. Отызда орда бұзатын кезімді де түрме жұтып қойса, не шара? Біз қашанғы жат жұрттың илеуінде жүре береміз? Біз Желтоқсан жастары алаңға ұлттық намысымызды, ұлттық мүддемізді ту етіп алып шықтық. Ел көсемі өз ұлтымыздан болсын, өз тілімізбен өмір сүрейік деп талап қойдық. Лениннің «әр ұлт өзін-өзі билеу керек» дегені бар емес пе? Басқа жазығымыз жоқ еді. Енді біздің талаптарымызды келешек ұрпақ қалай бағалайды? Мына қоғам өзгермесе, біз олар үшін «бұзақылар», «ұлтшылдар» болып қала беретініміз сөзсіз. Өйткені ниеті теріс жандар өз мүддесі үшін жастарды, балаларды солай тәрбиелейді. Ал ерікті ел болсақ, желтоқсаншыларға саяси көзқарас мүлдем өзгеріп, әділ бағасын алатынына күмәнім жоқ. Шіркін, сондай бақытты күнді көрер ме едік?!»
Бұл хаттағы сөздер Батырға қатты ұнап, өзінше толғанды. Ол жөнінде папасына айтып еді: «Иә, ол ақылды жігіт. Бұдан басқа да ұлтымызға байланысты, оның толғақты мәселелері жөнінде жазған екі хаты бар еді. Оны жойып жіберуге мәжбүр болдым. Себебі бізді жиі тексереді ғой. Сонда Қайратқа зияны тимесін деп ойладым. Сен мына хаттың мазмұнын есіңе сақта, балам. Ертең саған керек болады. Мен мұны да өртеп жіберемін деп отырғанмын» деді ол. Сонымен папасымен қоштасу сәті де келді де, олар қимай-қимай елге қарай жолға шығып кетті.
Ұзақ жол. Осы ұзақ жолда талай адамдармен танысады екенсің. Батырға бір қария апамен кездесіп, оның әңгімесі қатты әсер етті. Апа әбден қартайған. Мәскеуден келе жатыр екен. Бұлардың итжеккендегі түрмеден келе жатқанын естіп ол кісі қатты толқыды. Тіптен көзіне жас та алды.
– Апа, неге жыладыңыз? – деп мамасы сұрап еді, мұңайып біраз отырып қалды. Сөйтсе ол да «халық жауының» қызы екен. Оны да «халық жауының» баласы деп қуғындапты. Жетімдер үйінде тәрбиеленіпті. Аты Сәуле екен апаның. Тұрар Рысқұловтың қызы.
– Менің әкем Тұрар еліне, ұлтына көп еңбек сіңірген адам. Әрине, ол кісі әлі ақталған жоқ. Ленинмен, Сталинмен Мәскеуде бірге жұмыс істеген. Сталиннің орынбасары болған. Сол кездері, жиырмасыншы жылдары өзіміз тәуелсіз ел боламыз деп достарымен бірге Алашорда деп мемлекет құрған. Кейін оның басшыларын, оған қатыстыларды соттап, барлығын дерлік «халық жауы» деп атып жіберген. Әкем Тұрарды сондай жоғарғы қызметте жұмыс істегеніне қарамай соттап, атып жіберді. Менің әжем Әрипаны, анам Әзизаны да соттап, КарЛАГ деген түрмеге жапқан. Бауырымыз Рида екеумізді балалар үйіне аттандырды. Он жыл түрмеде отырған Әзиза анам кейін босанып, былтыр қайтыс болды. Мына балаларды көріп, көңілім босағаны сол. Желтоқсан оқиғасы да сол Тұрар әкемнің басынан кешкендерімен сабақтас қой. Сендер бұл айтқандарымды ұмытыңдар. Ертең анау Мәскеудегілер естісе бәле болады, – деді Сәуле апай бұларға қатаң ескертіп.
– Әже, КарЛАГ-та балалар да жатқан ба? – деді Өмірбек тосын сауал қойып. Оның басынан сипап отырып әже мынадай әңгіме айтты.
– Менің анам ол жөнінде де айтты. Жалпы бұл түрмені «АЛЖИР» деп атаған. «АЛЖИР-ді» таратып айтсақ, отанын сатқандардың әйелдеріне арналған Ақмола лагері екен. Ол лагерде мыңдаған «халық жауларының» әйелдері болыпты. Лагерге баласымен түскен әйелдер де болған көрінеді. Мыңның үстіндегі балалар лагерде аналарының қолында тәрбиеленген. Бірақ жаман жері үш жасқа толған кезде анасынан зорлап айырып, балалар үйіне алып кетіп отырған. Тіпті зұлымдар балаларын қайда алып кеткенін де айтпайды екен...
Әже жолда басқа да құпия әрі қасіретті әңгімелерді шертті. Батырдың түсінгені қазіргі Кеңес өкіметі бұлардан көп шындықты, ақиқатты жасырып келген секілді. Неге? Не үшін? «Халық жауы» деп қаншама адамдарды соттап жіберген. Сәуле әженің айтуынша одан басқа қазақ халқын аштықтан да қырған. Байғұс қазақтардың сонда не жазығы бар? Батыр бәрін, бәрін білгісі, түсінгісі келді. Сәуле әже мен Қайрат айтқан, армандаған, аңсаған тәуелсіздігі неге тезірек келмейді? Оның түсінігінше аталар, әжелер, кешегі желтоқсаншы жастар бәрі, бәрі де осы тәуелсіздік үшін күрескен, қанын төккен, жанын берген. Ал ол қашан келеді?
***
Тоқсан бірінші жылы сол аңсаған тәуелсіздіктің алғашқы самалы үдере соқты. Құлдық бұғау үзілді. Тәуелсіздікті болдырғысы келмеген зұлымдар індеріне тығылды. Ақыры аңсай күткен азаттық таңы арайлана атты. Империяның қат-қат мұзы еріді. Сотталған желтоқсаншылардың бәрі дерлік бостандық алды. Әкесін итжеккеннен Өскеменге әкелді. Іле-шала Алматыға ауысқанын естіді. Көңілде қуаныш, шаттық. Бір күні кешкіқұрым қоржынын арқалап, ыржиып күліп әкесі үйге келіп тұр! Бұлар орындарынан ұшып-ұшып тұрды. Ойбай-ау, әкесі ме шынымен! Арқа-жарқа құшақтасып жатыр. Анасы мен әкесі жылап көрісті. Жеті жылдан кейін шаңырағына оралған әкесінің де, бұлардың да қуанышында шек жоқ еді. Шіркін, Сұлуқас әжесі де осы бір шақты көргенде ғой. «Рухыңа дұға бағыштап, басымды идім, анашым! Ендігі менің қолымнан келгені осы болды. Аллаға мың да бір шүкір!» деді балаларымен, жарымен Сұлуқас әженің қабірінің басында тұрғанда әкесі осылай деп тебірене сөйледі.
– Бұл күнге, тәуелсіздігіміздің осы арайлы шағына талайлар жетпей кетті. Солардың ішінде Қайрат інім де бар...
Эпилог
Мен осы бір шығармамды жазарда көп ойландым, көп толғандым. Бұл отбасымен танысқаныма көп жылдардың жүзі болды. Мені Мырзажан аға туған бауырындай көріп кетті. Гүлтеңгені «әппақ жеңешем» деп аялап айтсам, ол кісі мені еркелетіп «әппақ қайныма ешкім жетпейді» деп мені көтермелейді. Айтпақшы бір жаңалықты айтуды әсте ұмытып кетіппін. Соңғы итжеккенге барып келгеннен соң Мырзажан ағамның отбасына тағы бір ұл қосылды. Марқұм Сұлуқас әже сол сәбиді құшақтап, рахаттана иіскепті. Иә, одан бері де аттай жиырма жеті жыл өтіпті. Гүлтеңге жеңешеммен жұбын жазбай бірге өмір сүріп келеді. Желтоқсаншы батырлардың ішінде түрмеде ең көп отырғаны да, жауын өлтіріп, өлім жазасына кесілген де осы Мырзажан аға. Бірақ әлі ақталған жоқ. Өкімет өзгелер алған өтемақысын да бермей отыр. Баяғы қоржын тамында қоңторғай өмір сүріп жатыр. Ағатайым да, жеңешем де бір ғажабы намаз оқиды, үлкен қажылыққа барып келді. Әрине, сол бір күндердің, жылдардың сызы мен атан түйе тарта алмас ауыртпалығы өз дегенін істеген. Қос қайсар да батыл жандар ауру меңдесе де, қазір осы күндеріне шүкіршілік етеді.
Ендігі оқырманның іздейтіні, сұрайтыны «Д’артаньян және үш ноян» демекші төрт достың қазіргі тағдыры жайлы ғой. Бір айта кететін жайт кейіпкерлерімнің өтініші және көркем шығармаға қойылатын талап бойынша әу баста олардың есімдерін өзгерттім. Оқырманның Батыр мен Еңлікгүл қосылса деген тілектің үстінде отырғанын жақсы білемін. Өкінішке орай тағдырлар тоғысында жазушы да дәрменсіз. Еңлікгүл өз жолымен кеткен. Оның тағдырынан бейхабармын. Батыр үйленген. Әдемі, ақылды жары, балапандары бар бақытты отбасы. Намаз оқиды. Кәсіпкер. Өмірбек алып та қайсар азамат болып өсті. Кішкентай Әлнұр да салиқалы азамат, бір отбасының отағасы.
Одан кейінгі кенже бала да үйленген. Бәрінің балалары бар. Сүйкімді, әкесінің еркесі Аршагүл әдемі бойжеткен болып сылаңдап өскен еді.Ауыр науқасқа шалдығып, әттең, өмірі ерте қиылды. Оқырманымды бір қуантатын жағдай Серік пен Мақпал бірге шаңырақ көтерді. Вера апай Мәскеуге көшіп кетіпті. Сәкен ата еліне кетіп, қайта оралмады. Біз білетін шағын ауыл керегесін кеңейтіп қазірде үлкен ауылға айналған. Баяғы орыс мектебінің орнында қазақ мектебі бар. Айтпақшы бұл романның тууына досым, белгілі қаламгер, Желтоқсан көтерілісінің қаһармандарын тереңнен жазып жүрген Көлбай Адырбековтың Мырзажан, Гүлтеңге жайлы жазған деректі шығармалары көп көмегін тигізді. Қайрат Рысқұлбековке қаза тапқаннан кейін «Халық қаһарманы» атағы берілді.
Міне, қадірлі оқырманым! Күндердің күнінде шабыт толқынында бұл кейіпкерлеріме бәлкім қайта оралуым да мүмкін. Оны өмір көрсете жатар. Тек бәрімізді, ұлтымызды мына алмағайып заманда бір Аллам қолдасын деп тілейікші!