Жамевю
~1~
Ұялатқан жүрекке жып-жылы сәттерді,
Бізден де көшеді өмір.
Бір шаттық еріп келердей күтетін көктемді,
Қайда екен кешегі көңіл?!
Шынында, мұндай күйді кешпедім білем,
Сенбедім өзім де, мүмкін.
Бақыттың мәні бір сәттік жас қана екен,
Мөлт еткен көзіңнен бір күн.
Құдай-ау, сонда қанша жыл біреуді күтіп,
Сарғайған көңілге обал.
...Бейуаз мынау сезімді қайтемін деші,
Өзгенің бір жөні болар...
Ынтызар қылар ғұмырда не қалды дейсіз,
Арманның бәрі де жалған.
Бірдеңе қылып өмірді сүре тұрайық,
Басқасы келмеді қолдан.
Неге екен кейде, осылай құлазып кеуде,
Себепсіз түседі еңсең...
Бәрін де қойшы...
Көшеде кездейсоқ болсын,
Жақсы еді сол жанды көрсем...
~2~
Ұят дедім,
Ар дедім,
Өлең дедім,
Жасыратын не қалды ендігі елден?!
Менің де біреулердей бұл жалғанда,
Сезімнің жоқтығына сенгім келген.
Шарқ ұрасың, жазықсыз жүрегіңді,
Арашалап ала алмай ауыр ойдан.
... Біз де тым әсершілміз, әйтпесе осы,
Керемет бола қалсын бәрі қайдан?!
Қанша көктем алдады, қаншама күз?..
(Ол жайлы тек айтамыз енді естелік).
... Аяулы өлең үшін тым болмаса,
Бір рет болсын неге кездеспедік?..
Ырқына көне берсек бұл тағдырдың,
Сүрген ғұмыр болмай ма мағынасыз?
... Менің мынау адасқақ шақтарымда,
Жетпей жүрген шығарсыз жаныма сіз.
Неліктен мұның бәрін мен айтамын,
Оның да бір қайыры бар ма сонда?
...Дегенмен, қайта-қайта xал сұратпай,
Хат жазып тұрсаңызшы анда-санда...
~3~
Ұзақ-ұзақ жол кештім.
Ауыр-ауыр ой кештім.
Бар мазмұнын ұғуға біз жолығар сол кештің.
Қою іңір секілді түнге сіңіп кетпесе,
Сіздей болып көңілді алаңдатпас енді ешкім.
Шыным осы, Тағдырым,
Сырым осы, Тағдырым,
Мен ой ішіп кеткеннен ұға қойсын жанды кім,
Қазығына айналып келе бермес үшін де,
Жазығына өткеннің тастап кеттім барлығын!
Қайырылмаймын, сол сертім,
Айырылмаймын, сол сертім,
Жылдар емдеп жаза алмас, мейлі, болсаң бол дертім.
Бақилықты білмеймін, бұ ғұмырды, әйтеуір,
«Сенімен ғана кешем» -деп келіп тұрсаң... Ол да еркің!
Ынтызар қылған арманым,
Ынтызар қылған жалғаным.
Тілей берем Тәңірден бәрі солай болғанын,
...Ештеңеге селт етпей, жүрген сынық көңілді,
Жазу үшін уақыт тартып отыр сорбағын.
Неге шимай жолымыз,
Неге шимай соңымыз?
Маңдайда да көп шимай... Шеше алмаспыз оны біз.
...Жүрегіңді қолыңа ап, биыл ерте келсең де,
Енді саған ермеймін, ренжіме, қоңыр күз!
~4~
Ұмытудың жолы ауыр білген жанға,
Жазуы сол дегенмен, маңдайыңның.
Жаныңды мұң жейтұғын түндер барда,
Өткенге қарай беру қандай қиын?..
Шыдам берші, Тәңірім, пендеңе бұл,
Кім білсін, мезгіл не деп тағы алдарын?
Сезем ғой, шаршап кеттің сен де, Көңіл,
Біле алмай енді қандай амал барын.
Қаңырап қалар көше, жетті мезгіл,
Көңіл айтқым келеді гүлге бүгін.
Жаратқан, бостан-босқа өткізген сол,
Қазасын қайырлы қыл күндерімнің.
Ырқына көндіреді тағдыр әлі,
Мені қия көрмеші, енді өкпеге.
Өмірге жаба бермей бар кінәні,
Мойныммен көтерер ем керек десе.
Назы көп бұл жүректі қайтер екем?
Білмеймін, қай тағдырға бұйырасыз...
... Өмір жайлы бірдеңе айтар десем,
«Өлеңдерің жақсы...»- деп жымиясыз...
~5~
Ұзатып салып тұрмын қимастықпен,
Жып-жылы сәттер қалған Қарашаны.
... Менің жазған xатыма үндемейсіз,
Сізге сол жарасады...
Шаршатқанда тірліктің күйі кейде,
Ол рас, алданыш қып Сізді ойлағам.
... Жолдар бәрін әкетер маңдайымнан,
Қоп-қоңыр күзге айналған.
Қарашыққа осылай мұң құлатып,
Тағдыр, шіркін, ойнайды жиі-жиі...
... Мен сосын отырамын қара шаймен,
Бірге ішіп күйігімді...
Ығы-жығы күндерім жылжи берер,
Сізсіз де ілесіп ап керуен жылға.
Тағдыр тағы не дайындап қойды екен,
Бәріне көнген құлға?..
Назы шығар бұл дағы уақыттың,
Кезі келсе көңілден бәрі көшер.
Қара күзден қажыған жүрегімді.
Қозғай ма әлі де шер?..