Ақымақ
От этой Россий временами хотелось бежать без оглядки.
Но редко кто на это решался. Ведь нищенку-мать
любят и в горьком ее унижений.
К. ПАУСТОВСКИЙ
Кеш жатқанына қарамастан, Айжан күндегісінен ерте – сергек оянды. Өткен кеш, – «сауапты болғыр», – өзінің көңілі құлайтын бес-алты құрбы-құрдастарымен «зейнетке» шыққанын атаулаған. Күндіз көрші-қолаңын – мешіттен молла шақыртып, әруақтарға құран бағыштатты.
Ол, осы күнді тағатсыздана күтті. Жұмысты қойса, турасында, құр аты ғана қалған зауытынан қарасын батырса, – «қаншалықты қимағанымен, сатқындық жасап бара жатқандай көрінгенімен де», – бәрі-бәрінен де құтылатындай болып сезінген. «Сен тимесең, мен тимен», – «зауал да сауал бір Алладан». Төсегінде жатып, жанында тұрған жорнал стөлінің үстіндегі кішкентай қол магнитофонының тетігін басты. Соңғы жылдары, үн таспаға жазылған халық әндерін тыңдап жатып ұйқыға кетуді әдетке айналдырған. Біріншіден, әннің тереңдігі, құдіреті – орта жастағы әйелді рухани ләззатқа бөлесе, екіншілей – өткен өміріндегі жан-дүниесінің ішкі ілкі қалтарыстарын, иірім-шиырымдарын безбендеп, өкініші мен қуанышына арашашы іспетті әсер беретін, – әсерленетін.
…анығына келгенде, зауытта істеген жылдарында «әттеген-ай!..» дейтін кездердің жетіп-артылғаны рас. «Мейлі… өтті-кетті, қалай дегенде де өз өмірім, бұйырғаны, разымын Жаратқанға. Тек, Асқарым – қатарлас құрбы-замандастары көрмесе екен ондай тәптүштерді»...
Айжан саз әуеніне беріліп, бойын босатып, барақатшылық қып та жатты.
Со-о-нау бір жылдары, – былай қарасаң күні кеше-дей-ақ, олай қарасаң«мың бір түнге» пара-пар-ақ, – тұлымы желкілдеген жас қыз жастық жалын, асқақ арман жетегінде өзінің туған қаласына институттан жолдамамен келіп, зауытқа инженерлік қызметке орналасқан. Көп ұзамай тұрмыс та құрды. Алғашында бәрі де жақсы сияқты еді: уақытпен санасу дегенді білмейін, сүйікті зауытында небір қуанышқа толы қызғылықты күндерін өткерді.Уақыт өте келе, бәрі-бәрі өзгеріп те айнып сала бергені…
«Оның білімі, таланты, қабілеттілігі ешкімнен де кем емес-тін. Ниет-тілегі – бұлақтың қайнарындай, қайрат-жігері – асқар-алы таудайтын. Бәріне кінәлі:«ақты – ақ, қараны – қара» деп көзге бадырайтып, бетке бедірейтетін қу тік мінезі болған сияқты, – «тік жүріп, тура сөйлегені». Жұмыс барысындағы «бармақ басты-көз қысушылыққа – жымысқы-ымырагершілікке» жан-дүниесі төзім бермейін, жылпос, шибөрі, дөкей-құқайлармен ара-қатынастары жиі-жиі шиеленісіп қалатын. Мүмкін-ді, сымбатына сай – ашық та ойнақы мінезі де көп нәрсеге себепші болған шығар. Кейбір ісініп-кепкен, желбуаз-желікпе «дон-жуансымақтардың» жол торыр қараниеттерін қыртына да қыстырмайын, пысқырмайын да, көздерін ағызып кете барушы-тын. Аяғы, ұлғая келе, бәрі-бәрінің жиынтығы – үлкен-үлкен қақтығыстарға, қараулыққа, дүние-әуи қырсыққа ұласқан. Бәрінен бұрын, күнделікті ойнап-күлген құрбы-құрдастарының екіжүзділігі – сатқындығы жанына қатты батты. «Жығылғанға жұдырық» дегендейін, күйеуі де араққа салынып, кім-көрінген ыржаңдағандармен ыржалақтасып, біржақты бола алмайын, ақыры – екеуі ажырасып тынды. Әшейінде үстерінен өгіз өтіп жатса мыңқ етпейтін, ал, енді, сен «жөн-мән бірдеңе» дей қалсаң бұлқан-талқан қыр арқасын беретін ағайындарымен де ата-жауланып, онысы да қосарлана жанын жегідей жеген. Құдай берген бір тал баласына да жөндеп қарай алмады-ау-ә... ескексіз қайықтай – бей-жай күй кешкен күндерде есеп болсашы. Көп сүрініп, оңбастай боп қаншама мәрте құлады. Қаншама ұйқысыз, қорлық түндерді өткерді. Сынбады, сыр бермеді. Енді, оның бәрі жалған – «білгендерін істеп, баққандарын жеп бақсын!..» Астанаға барады: «келіні мен баласы жұмыста, бұл болса немересімен алданып, басқа өмірді бастайды. «Басқа өмір» болғанда, Астана – бір елдің астанасы емес пе, «ел-жер» деген ұлтшыл азаматтар онда да жетерлік шығар, солармен үйлесу де үндесу... Ал, туған қаласын, үйін сағынса – келіп-кетіп тұрады. Жалпы… алдын Алла таала өзі көрсете жатар, – бәрінің де қайырын берсін.»
Айжан қауырсын-қиял қайығында қалқи жүзіп, біршама шабыттанып та шырқап, шығандап-ақ кеткендей еді.
Асқарымен бір сыныпта оқыған көршісінің көксоқта баласы Көшербай әкесінің арқасында әупірімдеп жүріп институтты бітірген соң, Астанаға барып, бір ғылыми-зерттеу институтына шаруашылық меңгерушісі ме… әйтеуір «қоңды-қолаңды» жұмысқа жайғасқан. Бастығы – атасы, – келіншегінің әкесі екен. Екі жыл бұрын келгенінде: «ғылыми қызметкермін, жақында жоғарылаймын» деп бөсіп отырды. Бөссе бөссін, – Асқары аспирантураны бітіріп келіп, не істерін білмей отырғанында Құдайдың кезіктіре қойғанын айтсаңшы, – сол Көшербай қоярда-қоймай ертіп кеткен. Обалы не керек, – «жаманнан да бір шипа», – бірден жұмысқа қабылдатты; келіншегімен тумыс бір қызға үйленуіне ара-орта себепкер – бажа боп та үлгірді. Қыздың әкесінің – құданың алып қойған үйі бар екен, «дап-дайын», балалары сонда тұрып жатыр. Ойда-қырда, Айжан жамандық ойламаған, жақсыға жорыған: «Асқарының құқаң-сұқаңда шаруасы жоқ, өзімен-өзі, – қандай да бір шүйкебастың маңдайына тарлық қылмасы анық!.. Кім-кім де шотбасыңа кедергі келтірмесі ақиқат!..»
Астанадағы балаларына жүрмекке шешіп қойған Айжан бүгін түс ауа пойызға шықпақшы. Орнынан тұрып, қутыңдап, керіліп-созылып алды. Бойында алтын күрек лебіндей желпініс, ерекше бір өзгешелік бар-дай. Киім шкафындағы үлкен айнаның алдына барып, олай-бұлай бұралаңдап, тұла-бойына ұзақ тесілді. Жас кезі есіне түскен… «Көздерінің астындағы, мойнындағы жайсыз сызықтар, самайындағы аздаған ғана қыламық бозаң болмаса – анау айтқан?..» Секіріп, билегісі-ақ келді. Өткеннің бәрін есептен шығарып, өзіне кәдімгідей-ақ разыланып та қойды…
***
Айжан перронға шығып, арлы-берлі көз ұзатты. Адам онша көп те емес-тей. «Кімге – қалай?..» – оншалықты күтпеген еді, – мұнда да сол... тылсымданған жетімек бұйығыңқылық, сұмпайы керзаманның ызғар-ылаңы құрғыры іштей қуыра қаузайтындай.
Аспанда бұлт үйіріліп, ауа булығып, тұмығып тұр. Оңтүстікте екінші жыл қатарынан шілдеде найзағай ойнап, жиі-жиі жаңбырлатып, жылдан-жылға тәні де жаны жаралана түсудегі табиғат-ана оқыс мінезін танытуда. Сонадайда, орындықта жасамыстау ер кісі отыр; қасында, немересі ме… үсті-басы олпы-солпы, ұсқынсыздау ер бала. «Қойшы… жоқтан-өзгені көңілге ала бермей» деді де, шабадан-сөмкелерін сүйрелеп, жандарына жетіп барды.
– Сәлеметсіз бе, көке.
– Сәлеметсің бе қалқам, кел-кел… отыр!
Бөгде кісі апыр-тапыр ығыса бастады. Айжанның жүзіне жалтақ жанарларын жалатып та өткен.
–Көке, мен билет алып келейін, мына заттарыма қарай тұрасыз ба?
–Жарайды, айналайын. Бара ғой-бара ғой!..
Кассаның алдын он-шақтыдай адам қаумалап, ентелей ентігіп, бір-бірлеріне жауығысып та алыпты. Ешқайсысында үн жоқ, – «қар борайды» кейіп. Темір торлы қуықтай терезенің шекесінде «билет жоқ» деген қаралы қағаз қыстырылулы.
Айжанның өрепкіген пәк көңілі табан астында су сепкендей басылып, не істесем екен деп тұрғанында – «даңғұр-дұңғыр!» – бүкіл вокзалды басына көтере «Қызылорда-Көкшетау» пойызының келіп қалғаны хабарланып та жатты. Айжан әлгінде байқаған, перронда сумаңдаған екі-үш жас жігіттер билет саудалап, жаналғыштанып жүрген. Дереу, өкпесі аузына тығыла, солай қарай беттеді.
Зуылдай билет саудалап жүргендердің біріне Айжан ауызын ашып та үлгірмеген, түрі-басы албастыдай – мәйкешең, фуражкелі, домаланған мыртық сары жолын кес-кестеген.
–Апай, мен проводникпін! Астанаға ма? – арзан, жата-жайылып, рахаттана-разыланып барасыз,– «купейный»!..
– Қанша дейсің?..
– Уайымдамаңыз, жол-жәукеміңіз өзіңізде қалады!
– Ә-ә, жарайды онда.
– Жүріңіз, тез!
– Жақсы-жақсы! – бопты-бопты, сәл сабыр, міне-міне!..
Артынып-тартынып вагонға енген Айжан, іштей: «ойпыр-ай, «жол болды» деген осы-ау» деп бір түйіп қойды. Әлгіндегі көңіл көк дөненіне қайта жайғасып-ақ алғандай. Жолсерік көрсеткен үстіңгі орынға жайғаспақ бола бергені сол, кітап оқып отырған келісті келген, иман жүзді жігіт ағасы:
– Апайка боласыз ба, қарындас па – мәлім бола жатар; «шіксіз бе, бүксіз бе» – ол жағын да уақыт-мырза көрсетер; сіз, менің орныма – төменге жайғасыңыз, жоғарыға мен шыға салайын, – деп әрі ізеттене, әрі қуақылана әзілдей орнынан көтерілді.
– Рахмет-рахмет! Тіптен де қатып кетті ғой!..
Жол жүруге шешкен сәттен-ақ, – Кентаудан Түркістанға жеткенше де, – «пойызға орнығу жағы қалай болар екен» деп уайымданған Айжанның көңілі кәдімгідей, әжептәуір көтеріліп қалған. Жігіт ағасы өзін Тайман Таймас деп таныстырды. Бұлардың жолсапар көршілері – қартаңдау орыс әйелі мен қызы әлде келіні тұнжырай тұмшаланған жас келіншек болып шықты.
Алғашқы «сіз-біздік» жарым-жарты ауыздан аспайын, ары-бері сабылысқандар да бір сәтке тиылып, купеде бұйығы тыныштық орнаған еді. Шойын доңғалақтардың тынымсыз тоқылы ғана зәразаптанып, сансыраған санаңның сай-шұқырларын шұқылап па ұштап па – бір сәтке де босаңсуға, дамылыстауға мұршаңды келтірмейді. Айжан терезеге телмірген. Әбден тозығы жеткен текеметтей сұрықсыз дала зырғиды. Көзге ілігерлік, түртіп аларлық дәнеме де жоқ-тай! – жетімек, тастанды әлем-дей. Зейіні сыртта болғанымен, ойы іште: «Тайман кім? Орыс әйелдері ше? Басқалар ше?..» Ойша алты әлемді адақтап келіп, ақырында – Астанадағы келіні мен баласын, жаңа ғана шыққан өзінің туған қаласын, үйін, сосын… зауытын есіне алды. Денесі тітіркеніп кетті...
Тайман да терезеге телінген еді. Айжан тықыршып, тағатсызданып, өлі тыныштықты бірінші боп өзі бұзды:
– «Жолды әңгіме қысқартады» деген бе, айып болмаса… Астанаға жәй барасыз ба? Жол болсын!
Дәл осы сұрақты аңдып, тосып отырғандай, Тайман назарын тыстан алмаған күйі:
– Бұ отырған я кезіккен қасқаңыз, Сталин жәкең қайтардың алдында, жылан жылы, қыстың қақаған қаңтарында дүние-думаныңызға терісінен – яки, қисығынан да келіп қалғандай екен, – деді әуелі, орағыта, ұзақ әңгімеге дайындалған адамдай, – сондай жолсерікке құмбыл, шер тарқатуға бейіл екендігін сездіргендей де ме, – біресе маңғаздана паңданып, біресе миығынан күлімдей, әрі ә дегеннен қыршымалана да.
Тайманның ішкі ойын да, бәрін де түсінгендей Айжан:
– Е, бізді де бір қай оңғаннан дейсіз; онда… тек, біз, сол көсем-жәкеңіз қайтқаннан кейін, қайнаған жазғы шілдеде, осынау дүниеңізге сізбен артпа-арт артығынан келе қалғандай сияқтымыз ғой, құрдас екенбіз ғой, – деді жылышырайланып, құрдасының «қыршымасына» «шымшымасымен» жауап қатып, бірдеңеден дәметкендей итеңдей, икемделе отырып та.
– Е-е, жайбарақатта, жылы-жұмсақта жамбастай туылған «кәдуілгі әләуләй-өлеңшілдерденбіз» десеңізші.
– Ә-ә, Құдайым қатқақтағы қалтылдап-селкілдегендерден – мұз құрсанғандардан сақтасын!
Айжан әзілге әзілдей, айқарыла түскен.
Кеңкілдей күлген Тайман тосын тиылып, күрт тұмандана:
– Міне, енді… құрдастығымыз қандай келісті болды, бір-бірлерімізге «сіз-піз» десіп сызылыспай. Оның үстіне: «біріміз – мұз құрсанғаннан», біріміз – «от оранғаннан» боп та шыққандаймыз ба. О баста ақымақ боп жаратылған соң, ақымақ боп өтесің дә! Не үшін бара жатқанымды өзім де білсемші, ал, өзіңіз ше? – деді.
Тіксініп қалған Айжан:
– Балаларыма – немереме… барамын, – деді сергек-ақ бастаған сөздерінің аяғын секемдене сұйылтып, – бір жолы, телефонда «Артурды бір‑екі аптаға әкеліп тастамайсыңдар ма» дей қалғанында, келінінің «че он там потерял» деп оқалақтап шыға келгені есіне оқыси түсіп те кетіп.
– И-и-ия, мұныңыз жақсы екен; балаларыңыз «мамалап», немереңіз «әжелеп», әй бір «құрманғазылатып» тұрып қауышатын болдыңыздар ғой бәрлеріңіз!
– Қоңыраулатып мазалағым келмеді, тура бара берейін дедім. «Жұмыс-жұмыс» деп, міне енді зейнеткерлікке шыққан соң, арқаны кеңге салып бара жатқан бетім.
«Зейнеткер» дегені өзіне түрпідей тиіп, Тайманның «құрманғазылатып» деген тікенек әзіліне бірдеңе дегісі келіп те барып, бірақ-та онысын кейінгі кезек-сәтіне қалдыра тұрған Айжан ыңғайсызданғанын білдіріп те қойды. «Бүйткен зейнеткерлігі… жарым-дүниені жалмап!» деген сұп-суық ойы да бірдеңеден құр қалғандай сумаңдай сұғанақтанып, жүдеу жанын оңдырмастан осқылап өткен.
–Пай-пай-пай! «Зейнеткермін» деймісіз. Ұят-ай! Қауызынан енді ашылғалы тұрған гүл-қызғалдақ қой деп отырсам?..
Бұлттан шыққан күндей жарқ еткен Тайман, оқта-текте ғана қонақтап өтер көңіл-жай бұралқылылығына басқан. Ал, Айжанның екі бетін ыстық леп жыбырлата жалап өткен.
– Е-е... ия, бір жерде қозғалыссыз жиырма бес жыл істегендігімді пайдаланып қалдым. Жұрттан – уақытынан ерте «зейнеткер» атандым. Оның үстіне... зауыт та ту-талақайланып, «жаназасы шығардың» о жақ-бұ жағында.
«Ойланбастан қайдағыны қозғап, келесісіне ұрынды.» Қу зауыттың аты аталса, Айжанның жүйкесі орнынан жылжып-ақ кететін әдеті; «ұялған тек тұрмас» және де сөзді дереу өзінен аударуға тырысып, Тайманның алдын орап:
– Айып етпесеңіз, мен әңгімеге шорқақтаумын, керісінше, тыңдағанды ұнатамын, жол қысқарсын, – деді тағы да. Бір жағынан, неге екенін, нендей күш-сезімнің итермелегенін, жолсапар көршісінің ішкі жұмбақ-дүниесіне үңілгенше шыдамсызданып та бақты.
– Жақсы, жақсы, жақ-сы-е-е! Онда, айтқыштың нағызына жолықтыңыз... «зауыт жалмағыш» ханым.
Тайман «тыңқ-тыңқ» жеңіл жөткірініп, қайтадан күңгірттеніп салған. Кәдімгідей қызарақтап қалған Айжанның бетіне бақшиып, жоғалтқан бірдеңесін іздегендей үңіле қарап та алған.
– Баяа-ғы-ы-ы, ерте-ерте замандарда бір ақымақ патша болған екен...
Бастауын бастағанымен, құйтырқылана күлімдеп, кілт мүдіріп қалған Тайман сәт-қағымда сан құбылған, – сирек орайлайтын қытық-желігі қозғандай. Бұл, оның көңіл-күйінің орнында екендігінің белгісі де еді.
– Жарайды-жарайды!.. Баяғыны қойып, қазіргіні-ақ айта берсеңізші.
Ыңғайсыз қалпынан тезірек арылуға тырысқан Айжан сылдыр-сылдыр сыдыртып, зорлығыңқы күлген. Қозғалақтап, қомданыңқырап отырған.
– Ім-м-м… «баяғыда – қазіргінің мұңы бар, қазіргіде – бұрынғының табы жатқан жоқ па» ұққанға; «баяғы мен қазіргінің бір-бірінде алашағы да, берешегі де, сұрары да, сұранары да бар» дегендейін. – Қутың қаққан Тайманның қыртыс-тыртысы жазыла түскендей. – Әңгіме көп қой, Құдайға шүкір, нешеме сорт – соқтасынан. Бірақ, сол құрғырларыңды қалай, қай қиырларынан керту… ім-м, ә, а?! Амал нешік… баяғы ұнамаса, мен сізге – «современный, свежий» – өзімнің басымнан өткен соңғы бір әйдік ақымақтығымнан баяндап берейін, егер де қызықтырып жатса.
–Шошыта бермей бастап көріңіз. Ал-лл!..
Айжан әлгіндегі ғана тығырық-ты күйін, құйындай үйіріп өткен көңірсік-ті ойларын да – бәрін де ұмытқансып, ұрымтал, ұмсына түскен.
– Қазір-қазір, «әй-мәмент!..»
«Қасуына басуы-ақ» кейіп танытқан Тайман, – «қызылының құлағының қылтиюын күткендей де ме, әлде не», – демін ішіне тарта тосылып, тосын дағдарып салған. Әйтеуір… жанына жақын-дай бір мәзірдің қалайда басталарына сенімді Айжан серпіле бойын түзеп, босатып, разылана қайтара-қайтара ыңғайланып отырған.
Сөйткенінше болмады, сұқ саусағын жоғары шошайтқан Тайман тысқа шығып кетті. Томсарып салған Айжан терезеге бұрылды.
Осынау көңіл құлазырлық, жып-жылмақай, өгей көрініс – жылан жалағандай ішкі әлеміңмен жымығыса астасатындай. Сексеуіл, жыңғыл, тораңғыл, баялыштардың ара-арасынан кей жерлері тұз сіңген, енді бір жерлері жидіген терідей кейіпте сұлап-сілейіп жатқан елсіз-жансыз сұрқай дала. Оқта-текте, «біз бармыз» дегендей түйелер ғана төбелерін көрсетісіп қалады.
Лезде аспан сұрланып, қайтадан жаңбыр сіркірей бастады. Жаздың ала жауыны емес пе, оның үстіне шілденің уақыты – жаңа әлгідегі құйып-төгіп өткеннен кейін моншадағыдай буланып, тыныстайтын ауа қалмаған вагонның іші аздап та болса жеңілек тартқан.
Пойыз өз ырғағымен, өз әуез-зарымен тербете шайқап қойып, зырлап келеді. Дәліз – тығындалған көше сықылды; қым-қуыт – өмірдің бар базары осында, осы пойыздың үстінде өтіп жатқандай. Сабылысқандардың басым көпшілігі – күнкөріс қамымен ілінгенін саудалап та саудаланып жүрген қара халық. Дорба сүйрелеген кейбір бүлдіршіндер өздерін еркін сезінеді, үйлерінің төрлерінде жүргендей. Қай-қайсысынан да есікке тыным жоқ, ескерту-пескертусіз-ақ, ентелей баса-көктеп кіріп келеді: «Алыңыздар! Көріңіздер! Арзан! Не керек, бәрі бар!..» Мұндайда орыс әйелдерінің үлкені әрбір затты шұқылап, қызықтап, ақырында «фу-у… вонющий Китай!» деп қолын бір-ақ сілтейді. Кішісі жыланша жиырылып, тыжырынып, үлкенін – әлгі сауда-сатпақшыларды да ала көздерімен атып, бүкіл дүниеге де қапалығын білдіре теріс айналады. Тайман болса, дереу кітабына жармасып, бетін көлегейлейді, – оны-мұны одағайлықтарға онсызда жұқанақ жүйкесі шыдас бермейді. Ал, Айжан – «үй қайда, мектеп қайда?» – жалаң аяқ-жалаң бас жортқан қазақы балалардың мына жүрістеріне өзін айыптыдай сезініп, күйіп-пісіп: «жақсы-жақсы… айналайындар, бара қойыңдар... оқуларыңды ұмытпаңдар!» деп арқаларынан қағып, тезірек шығарып салғанша тағатсызданады, – «жарасына тұз сепкендей тызылдайды».
Айжанның пайымынша, купедегілердің дәл қазіргі кейіптері: «Егделеу орыс әйелінікі – еріккендік пе... әйтеуір бір фасон; кішісінікі – іш-қыжыл, әлденеге қапалық, кешегі «қырмызы қызыл күндерінің» алдамшылық болып шыққанына немесе бүгінгі «қазақы былықпайшылық белгісіздігіне» деген алаңдаушылық-ау шамасы; Таймандыкі, ол да – іш-қыжыл, қапалық, бірақ-та… мына келістінікінен мүлдем де басқаша: «көз алдыңда өтіп жатқан көл-көсір иттіктерге – кесепаттықтарға деген шарасыздық». Ал, Айжанның өзінікі…»
– Мен, өміріме разы болмайтындай, анау айтқан… емеспін ғой. Бірақ, онымды қайтейін – ағайын да, жора-жолдас та, қызметтес болғандар да сыртымнан су-ақымаққа санайтынын сеземін. Білемін де! Керек десеңіз, ол аз болса, үйімдегілер де солай ойлайтын болған...
Купеге екпіндеп-ақ оралған Тайман, өгей әңгімесіне де еліре кіріскенімен – «осы әңгіменің қажеті қаншалықты еді» дегендей ме, әлде не, тағы да тығырықтанып, андыздап қалған, кейіңкі кейіппен күрсініп те қойған.
Айжанның бірдеңе деп демеп-ақ жібергісі келгендей еді – сыртқы дүниені ұмытып, өз-өзінен елітіп, ішіндегі уытын ақтаруға біржолата оңтайланып алғандай Тайман бастырмалата жалғастырып әкеткен.
– Институттан соң, Қызыл-орда қаласында темір жол депосында жұмысшы, кейін жөндеу бөлімі бастығының орынбасары, бастығы болып істедім. «Жариялылық» деді, «жекешелендіру» деді, «басқа» деді, аяғы да ақыры – құлқындандырылып, типылданып бітті емес пе. Бітсе!?. Жеке ел атанып, өз билігіміз өзімізге тигендегі түріміз-дә. Әй-и‑и!..
Бірдеңеге алаңдағандай, қайта-қайта кідірістей берген Тайман жақтарының айқасып, тістерінің шықырлап кеткенін байқамаған да. Айжан аңырайып, арбалып та қалғандай еді.
Бірнеше қайтара терең тыныстап алған Тайман, ентігі басылғандай болып, енді, өз бықсығын байыбымен бүлкілдетуге көшкен.
– Бір кездегі гуілдеген үлкен мекеменің – «жұт жүріп, жалмауыз жалағандай» – құр қаңқасы қалды! Соның алдында ғана жұмысшылар уласып-шуласып жүріп, мені «тәуелсіз кәсіподақ ұйымының басшысы» етіп қойған. Анда-сонда заттай бірдеңелермен – «итке сүйек тастағандай» – алдап-сулағандары болмаса, үш жылғы еңбек ақы жарытып төленбеген. Үміттерін үкілеген жұмысшылар күніге есігіңді ториды, – не істеріңді білмейсің? Басшылардікі – жебірлердікі – көріне көзге: «Бос сөз, бұлғаң құйрық, мазақ!» «Ішің білсін әлу-әй, өмірем қат!» Бір күні, оншақты келіншек: «Күйеулеріміздің еңбек ақысын бермесе – аштық жариялаймыз, бала-шаға бағарлық, күнелтерлік шамамыз қалмады!» деп кабинетіме баса-көктей кіріп келгені. Әлпеттерінен, беталыстарынан адам шошиды! – ештеңеден тайынбастай... Бәрін білемін, бәрін де көріп жүрмін. Жаның ашиды, – дәрменсіздігіңе қапаланасың. Митингілер өткіздік, шеру де жасап көрдік. Қолынан келіп, қонышынан басып, ұйығысып алғандардың мұндағы бір парасы – қала бишікештері жолыңды тосады, жансыздарын салады, қоқан-лоққы жасайды; сөйтіп, құр уәдемен сылап-сыйпап, көздеріңді ағартып та ақырайтып шығарып салады. Күнәһар адамдай басың салбырап, құр-сүлдер үйіңе қайтасың.Күндердің-күнінде, әйелдермен әрлі-берлі сөйлесіп, – ақылдасып, кеңесіп, арғы-бергілерін байқастап, – «ертең келіңдер» дедім.Сол бір күнгі кеш үйге қобалжып оралғаным да рас-тын. Кешкі астың үстінде, ендігі тірліктің шет жағасын білдіре қалғанымда: «Ақымақсың! Бұрынғыларың аз ба еді?!.» деп әйелімнің байғызша сұңқылдап, жосып, жөнеп кеп бергені... Ертесіне, баяғы Ленин жәкеңнің шаруа-солдаттарынша сартылдап «әйелдерім» келді. Осы, өткен – өртеңгір қыс қой. Үстерінде ескі-құсқы: күпәйкі, күрткі, бәтіңке, етік… Ұсқындары – қан майданға аттанатындай ма… «итжеккенге» айдалатындай да ма… Ыза қысып, намыс кернеп, қолдан келгеннің бәрін жасамаққа бекіндім. «Я – бел кетеді, я – белбеу кетеді!» Бәлкім… «бас кетер, ә-а!?» Көз алдыңа: «аш, жалаңаш, жылап-сықтаған балалардың бейнелері келгенде?..» Әйелдерді қаз-қатар отырғызып қойып, «төрт көздерін түгелдеп», арыздарын жаздырттым; жалпы тәртіп, жауапкершілік жайында түгін қалдырмай түсіндірген болдым. «Ақымақ басым – сол кезде білсемші!?.»
Дәп өз басынан өтіп жатқандай, аңырая елітіп, әңгіменің іші-басына бар жан‑тәнімен еніп кеткен Айжан ұмсына аузын аша бергені сол – үлгіртпей, Тайман тағы да іліп түсті:
– «Ұлы мәртебелі Аштық!» жарияладық. Әйелдер көрпе-төсектерін әкеліп, кәдімгідей сұлап-сілейіп жатып алды. Ал-л-л... басталсын! Бар мықтылар кезек-кезек сілкілейді, – бірігіп те орталайды. Сенім де, қорқыныш та, бәрі де араласып кеткен. «Бұлдыр тұман, боз қырау…» Барынша сақпын, олай-бұлай өтіп жүріп «әйелдерімді» пысықтаймын: «Талаптарыңнан таймаңдар, азғырушылыққа түсіп қалмаңдар, сақ болыңдар, маған сенім арттыңдар ма – ақылдаспай ештеңе шешуші де айтушы болмаңдар, сатып кетіп жүрмеңдер!» Бәрі, түгел – «бір ауыздан, жұдырықтай!..»«Аштығымыздың» бірінші күні өтті. Екінші күні де өтті. Үшінші күні… «Есіркей қояйық, шешімге келе қалалық» деп жатқан жан болсашы! «Тойған ит – тәңірін ұмытады.» «Идея» менікі – әйелдермен ақылдаса келіп: Дарикош ханымның екі кештің аралығында өзіне оқыси бұйыртып алған «Хабар» телеарнасына жедел хат жолдадық. Көп күттірмеді – Құдай жарылқағырлар жетіп-ақ келді камераларын құшақтап. Біздердің көз-жастарымызға орай, – «өздері де «нан-талап» ағайындар ғой», – тойым-пайымнан тыңғылықты айрылған жергілікті жебірлермен ойдағыдай ымыраласа алмаған болулары керек, ашушаң-ашқарақ, тарпаң көрінді, көздері ақиып, тепсініп келді. «Түгін қалдырмай, теп-тегіс түгелдеді!..» Әп-сәтте бүкіл елге, айдай әлемге әйгілі болдық!..«Аштық» жариялаған күннен бастап-ақ үйдің де берекесі кете бастаған. Отырса-тұрса әйелімнің айтатын әні – бір ғана ән: «Әй, ақымақ, ақымақ!..» Кеш түсе, балаларым – мультфильм, киноларды ұмытып – жаңалықтарды аңдиды: «Папа, әне көрсетіп жатыр!.. Папа, ауқат ішпесе олар өліп қалмай ма?!.»Ащы ішекше несін созбақтай берейін, бекерге уақытқа қиянат жасап, одан келіп-кетері де қаншалықты бұ қазаққа. Тоқетері, бір күні келсем, әйелдерім – жоқ... Жүрек – зулап, жан – тас төбеге шықты! Көлденең кесепаттың болғанын іш сезді… әрине. Сөйтсем, білсем – қаланың «әкелері» жандайшап-жансыздарын жіберіп, «әйелдерімді» майлап-сайлап, қуыршақтай етіп қойған екен. Жарым-жартылай ақшаларын беріпті. Ол-ол ма, әйелдер сандықтарының терең түкпірлеріндегі жылтырақтарын тағынып, беті-көздерін боямыштап, опаланып, кез-келген уақытта маған қарсы атылуға дайын да тұрыпты ғой!.. «Алланың кереметі шексіз.» Көзді ашып-жұмғанша: «Елге іріткі салушы, диссидент-провокатор, мемлекетімізге аса қауіпті элемент!» болып шыға келдім. «Әне-ки… бақ берем десе.»Жүздестік, жауаптастық, алыстық-тартыстық, нәтижесінде – «түңілдім!..» Сопиып жалғыз қалдым...
Тағдырлас адамына кездейсоқ кезіккеніне таңырқап па, көңіліне медеу тұтып та ма, әлде не – толқып, үдере үрпиіп отырған Айжан, Тайманның сәл ғана үзіліс жасағанын пайдаланып, жүзі сынған шыныдай бүлініп, тыпырши қосылып кетті:
– Мас-қа-ра-а-а! Өлім!.. Қазаққа жұғысып кетсең осы! Осыдан кейін қалай өмір сүруге болады?! Болмайды-болмайды! Айтары жоқ!..
Түтігіп, жанарлары от бүркіп, басын тынбай шайқай берген Айжан әлденуақытта барып өзін әрең тежеген, – жинақталып, денесін тіктеп отырған. Түнере түленденіп кеткен Тайман да сабасына түсіп, әңгімесіне оралған.
– Осы қалада туып-өскен, «орекеңдермен» аралас-құралас жүрген екі-үш келіншек орыс тілін оңды білмейтін болып шықты: «қазақ мектептерін бітірген, арызды пәленше айтып тұрған, бұлар болса не жазғандарын түсінбей қолдарын қоя салған». «Аштық жариялаймыз» дегендері – жәй… «айта салғандары» екен. «Аштықтары» да жәй боп шығыпты – көрпенің астында көкала колбасаны көсеп жатыпты ғой... Барлықтарының әуендері осы төркіндес. Қара бұлт үйіріліп, төбең торланып, шындап қауіп төнді. Жатсаң ұйқы келмей, тұрсаң тамақ батпай, кәдімгідей – «темір тор» елестейтін болды. «Өз балаларымды аяп кеттім…» Жалғыз үміт, жарым мүмкіндік – «Хабар» телеарнасы. Егер де, оларға да оқыстан ит тиіп қалмаса – «орысша да, қазақша да айтылған, түсірілген, жазылған…» Осы жақтарын ескерді ме, жоқ әлде, «өзі де тәубесіне келген шығар, қоя қоялық» деді ме екен, әйтеуір, оншақты күн өткенде – беті-көзімді бояп, жылтырап сыланбасам да, мен де жаңалау көйлегімді киіп, әжептәуір басымды көтеріп жүретіндей жағдайға да жеттім-ау...
– Әй, қазағым-ай!? Ух!..
Айжан іш-құрлысын шарпыған от-жалынын лақ еткізіп, бір-ақ шығарғанын сезбей де қалған.
Өзін тексерістеп алғандай ма, бірауық үнсіздікке берілген Тайман, екі орыс әйелінің дәлізге шыққанын пайдаланып, Айжанның рұқсатымен темекісіне қол созды; аты ғана дабыра – алқам-салқам қапас купенің терезесін барынша төмен сырып қойды.
– Бұл қазақты қойсаңшы, турасын айтып ешуақытта жақпайсың. «Есіл, Абай-ай!?.» Сол һәкім-атамыз айтқан емес пе: «заң-закон қуаты қолымда болса, «мінезді түзеп болмайды» деген адамның тілін кесер едім!» деп. Түзеліп… көппен бірге көпіршік атып жүре бергенінде, бұл пақырыңыздың мұртын балта шабар ма еді; осы күндері, шетінен ойнастан пайда болғандай шілтіреңбай шикі бас министрлердің бірлерінің орнында қоддиып-ақ отырмас па еді!
Әзілге бұрған Тайман, бірінші рет бейпіл, жайыла күлген.
– Онда, біз бүгін бұлайша жолықпас едік, мұндай мұнарлы да сырлы хикаят басталмас та еді. Оның үстіне, сіздің «мына болмысыңыз» ондайға келмейтіндей де ғой...
Қапелімде не дерін білмей қалып, ауызына іліккенін сыдырта салған Айжан, қайта-қайта басын шайқап, ниеттес екендігін білдіре орнында қымсына қозғалақтап қойған. Осы сәтінде, купенің ашық есігінен жолсерікке жалбарынған аянышты дауыс естілді.
– Айналайын! – баламыз екеумізді астанаң ба Ақмолаң... ала кет. Мұсылманбыз ғой, қазақ екенсің!?.
– Е-е!.. тағы не айтасыңдар? Басты қатырмаңдар! Мұсылмандықтарың да, қазақтықтарың да өздеріңе! «Қазақтың жауы қазақ», кім айтып еді-ә – әлгі шал?!.
«Жалбарынышты дауыс таныс сияқты...» Жолсеріктің әкіреңі сойқан, жолатар емес. «Әбден табанына жаншып, илеп алмақшы ғой!..» Сол мезет, дәліздегілер тізбектеліп купенің алдынан өтті. Елеңдеп, құлақтарын кергілеп отырған Айжан, вокзалдағы ер кісі мен баланы танып қалды.
– Обалдағы-ай, әлі жайғаса алмағандары ма?!.
–Таныс па едіңіз?
–И-и-ия…
Айжанның бекер алаңдамағанын байқаған Тайман, «әй-шәйсіз» купеден лып атыла шыққан күйі жолсеріктің бөлмесіне жетіп барған.
– «Екі мың»…әйтпесеңдер, тез – вагоннан тайып тұрыңдар! Табандарыңды жалтыратыңдар! Сендейлерді, сендер сияқты сенделбайларды білеміз, көре‑көре көсем болғанбыз!
Мыртық сары жолсерік міз бағар емес.
– Мына қу баласы құрғыр сөмкеден айырылып қалыпты. Ертең қызым күтіп алады, сол кезде қанша десең де берейін! Айналайын… бауырым!..
Үп-үлкен адам «Алласына жалбарынғандай» қолдарын жайып жіберіп, бейшара кейіпте безектеп тұр. Жанындағы он-он екідегі бала да шыр-пыр етіп, аянышты үнмен жолсеріктің аяғына орағытылады.
Әңгімелеріне қаныққан Тайман сөзді тігінен жіперген:
– Әй, әулие, ғұлама! Дардай, әкеңдей кісі екен, ертең қызы шықпаса мен-ақ төлейін!.. – Жолсерікке төбесінен төне түйіліп, шақшиған да қалған.
– А, а‑а‑а... жарайды… келістік, бірақ, «анау-пынау – орын-порын» деп басты қатырмасын. «Ішіміз өтті, басымыз ауырды» деп жүрмесін.
– Ол жағына сенің ішің өтіп, басың ауырмай-ақ қойсын!..
Жолсерік бірден-ақ бұққан. Келісімінің артын келістіріп те қойған. «Сен енді қайсысы едің-әй?!» дегендей, Тайманның беті-жүзіне ұрлықы түймешіктерін астыртын жүздіртіп алып, онсыз да оңып тұрмаған аузы-басының ұсқынын одан бетер ұшыра қопаң-қопаң еткен де.
–Болды-болды!.. Рахмет інім, бақытты бол! Алла жарылқасын! Ғұмырыңда жамандық көрме!..
Бейтаныс жолаушы пәле-жәледен қорғаштайтын бар дұғасын заулатып, жолсеріктің төбесіне көл-көсір үйіп-төккен, –Тайманға да тиесілісі жетіп-артылған.
«Қазақылық» қалушы ма еді – Айжан мен Тайман екеуара келісіп алды: «мұсылман емес пе, бейбақтарға шәй беріп, ығысып, қысылып-қымтырылып шығулары керек; азар болса, Тайман бірер сағат дәлізде серуендей тұрады, қайбір жетісіп жүргендер, тек, бірақ, орыс әйелдерінің ризашылығын алғандары жөн».
...Күн де батып, кешкі тамаққа отырғандарында – күні бойы бейтараптанып, жекеленіп алған Айжандар кілт өзгеріп, қоңсыларының алдарына барларын жайып, сып-сыпайы бола қалысқан; сөйтіп, өйтіп‑бүйтіп, жоспарлаған келісімдеріне де жетіскен-ді: еріккен үлкені пәлен дей қоймаған; тымырайған жас келіншек – булыққан аспанның бірден босап кеп бергеніндей – бар білген‑баққандарын ақтарып, жалпы заң-закон жайында біршама «лекция» оқып та барып, екіұштылау көнгенсіген рай танытқан.
***
Түннің біруағында көзі ілінген Айжан, жолсеріктің өз-өзінен жекіген ергежейлі дауысынан оқыси оянды. Құдай жарылқап шымырқай ұйқтаған екен, кәдімгідей тынығып қалыпты. Есінеп-есінеп, керіліп-созылып алып, көзін жұмған күйі бойын босатып, тың тыңдағандай қалыпта жатты. «Шойын доңғалақтардың үйреншікті тоқылы ғана… әйтпесе, әлеми тыныштық. Күні бойғы аласапыраннан кейін, – «жалғанның алыс-жұлысынан жалыққандай», – вагонда тылсым бейбітшілік орнаған. Оқта-текте, дәлізде сұлайғандардың ыңырсығаны, мамырақан қорылдары ғана естіледі...» Келесі жамбасына аударылып, терезеге бетін бұрып еді – таң құланиектеніп қалған екен. «Балхашқа таяппыз-ау» деп ойлады. Сөйткенінше, тықырлап, кері қайтқан жолсеріктің: «Айғыр-бай-та-а-лл!» деген әңгі дауысынан тыныштықтың шырқы біржолата бұзылып, дәліз жыбыр-жыбыр, қыбыр-сыбыр, қозғалып кеп сала берген.
Айжан жайлап орнынан тұрып, сөмкесіне қол созды.
– Қайырлы таң. Балхаштың дүр балығының иісі оятып жіберді ме?
Күбірлей сөйлеген Тайман да төменге түсуге қамданды.
– Қайырлы таң-қайырлы таң. Балхаштың бал таңын қарсы алалық.
Тайманмен жылы жауаптасып, купенің табалдырығынан аттай берген Айжанның есіне кенет әкелі-балалы бейбақтар түскен. Іштен де, дәліздің еденінде аударылып-төңкерілгендердің араларынан да байқай қоймады. Кешкі астан соң, екеуін өз жайына мәпелеп жатқызған Тайман тамбурға шығып кеткен еді. Содан, түн ортасы ауа оралып, әкелі-балалылар еденге ауысып, ол – орнына жайғасқан‑тын…
Пойыз тоқтар-тоқтамас «у-шу» басталып кеткен, – «балық жыры» басталған. Қақталған сала-құлаш балықтарын төбелерінде желбіретіп, тамақтарын жырта жар салған, – сәумілдете жіпке тізген шабақтарын мойындарына іліп, жарапазандатқан, – иістері аңқыған котлеттерін аузы-мұрныңа тосқылаған, босып та безіп жүрген: жаны сірі қақаяқ кейуаналар, ұсқынсыз қатын-қалаштар, жалаң аяқ-жалаң бас қарасирақтар, шаштары ұйыса жалбыраған қыз-балалар жамыраған қозыдай пойыздың іші-сыртын жаулап алған.
Темір жолдың сол жақ беті – кішігірім станса – бекет; оң жағы – иектене ентелеген көл. Дабылдан оқыс оянғандай, тыныштығынан айрылған қаймақ-таң тосыраңқы. Жаңа әлгіде ғана жасырынып үлгірген айдың сілемі, енді көтерілер күннің хабаршы өбегі көлдің бетін бозаңдатып, айнала-тұс енді-енді шырамытады. Тырс-тырс сөнген жұлдыздар соңғы сәулелерін себезгілеп қалуда. Ұшы-қиырсыздана іш-тартып, тылсымдана-керімдене тербетілген қорғасын айдыннан ескен леп аздап денеңді сергіткенімен, түннің қапырық болғаны байқалады.
– Эй-и, иди сюда!
Айжандардың купелес қоңсысы – орыс әйелі – артынып-тартынып, шойқаңдай желіп өтіп бара жатқан сірнедей қара кемпірді тоқтатқан.
– Дарагүшә, бері, што нады, бібірәй!
Қалбақтаған қара кемпір тілі майырылған қараторғайша сайраған.
– Сколько? – за сколько?!.
Майы тамған нән балықты сұқ саусағымен әрі-сәрі түрткілеген орыс әйелі кекірейіп,кобра жыланша арбалаған.
–Бэрі, трісті, не дөрігі!
–Говоришь не дорого… а ли, еще чего не хочешь?! – Орыс әйелі кеудесін кергілей, шақшия түскен.
– Ләдні дәрагүшә, бэрі, дбаспалабіні! – Бұлғалақтап, сәл жұмсарған қара кемпір қармағын қайтара салған.
–Две с половины?!. Дай за полтары, худо не будешь, да и не потолстеешь!
–А-а!.. Беспләтны не хошыш?! Аддай рыйбу, уйді!..
–Ух-х! стерва, кусаеться-а… на подавись!
–Сама стірба, сама падабіс, уйді-уйді бріднә!
Шойқаңдаған қара кемпір пойыздың аяғына қарай кетті. Орыс әйелі арқасынан: «смотри, совсем язык выросла, жалить-а, а-а!» деп сүпілеп жатты. Қалыспас қара кемпір де: «уйді-уйді змійә, езуіңді жырып кетер!» деп дұғайлаған күйі ұзай берген.
Айжан, келініме ала барайын деп саудаласпастан, жобасы орташалау, қақталған үш балық сатып алды. Екі кемпірдің тартыстарын сырттай қызықтаған Тайман, – «театрдағы разы көрерменше қара кемпірге іштей қол соғып қойып», – сейілдеп, сергіп қайтқан.
Күн арқан бойы көтеріле, таңғы шайға отырысқан купедегілер – бейтаныс жолаушы мен баланың вагонда жоқтығын кеш байқағандай. Жайсыздықты сезіп, сораптаған шайына шашалып қалған Тайман орнынан оқыс көтерілген; кітабын салған болып шабаданын ашқан – бөлек салған мың теңгесі жайында жоқ… Үн-тінсіз купеден шығып, туалет пен тамбурды байқастады. Жолсеріктен сұрап еді – «жақсы болды» – ол бейбақ: «бастарыңа пәле тілеп нелерің бар еді, мен қайдан білейін, келісім-келісім!» деп түрі-басы мүлдем теріс айналып, оқалақтап шыға келген.
«Жолсерікті қойшы… Айжаннан ыңғайсыз болды ғой, әсіресе, орыс әйелдерінен?!.» Басын ары қатырып, бері қатырып, Тайманның шешкені – «әкесі өлгенді де естіртеді» – айтқанды дұрыс деп тапты.
…Купенің іші – «қалмақ шапқандай» болды! Кешелі бері бекер үнсіз отырмапты, – жас келіншекке жан біткен: жағы жабылмай, ішіндегі қалған-құтқандарын түгел қотарыстырып, бүкіл заттарын иненің көзінен өткерді.
Құдайға мың да бір шүкір, «құдайы қоңсыларының екеуі де тін-аман! Тек, Айжанның іліп қойған костюмінен оны-мұны майдалар кем шықты; ақша салған сөмкесін өзінде ұстағаны қандай әбүйір болған.
«Болары болды… бірақ, бәрінен бұрын – ұятын айтсаңшы!? Әй, тоймас ақымақ басым, қу қазақылық-ай!..» Тайман шынтақтарын стөлге тіреп, қолдарымен екі шекесін маңдайымен қоса қаусыра қысып, омырық ойға шомып отырып қалған, – омалып қалған.
Айжан да жетісіп отырмаған-ды...
«Осынау жәйттер – тосындық?.. әлде, заңдылық?..» «Жау жағадан алғанда – жақыныңның да етектен тартқаны-дә.» Мұны да көруің керек екен-дә. Бұ жақының не істемеді? – әлі де істер, мүйізі шығар!?.» Әлгі келеңсіз жәйттен толық арыла алмайын, терезеге байланған Айжанның ойына – енді, «Қыз-Жібектегі» Төлегеннің: «Сыймай жүрсек етті, сыйыса алмай жүрміз ғой!» дейтіні түсті. «Қайран ата-баба жері – қандай кеңсің! Сол кең құшағыңды тарылтып, ырылдасып, ерікті жатқа беріп, әлі келеміз далақтап. Қашанғы?.. Дала да-дала – сағыныштан сарғайған, өкініштен өртенген – мый дала! Әр жер-әр жердегі қолмен үйгендей үлкенді-кішілі шоқылар – қарауылдап тұрған, қапалығын білдіріп тұрған, бірақ үміт отын сөндірмей үкіленіп тұрған әруақтардай. Тартылып қалған өзен арналары. Бұл өңірге тән емес күннің айрықша ыстықтығына қарамастан, әлі толық сарғая қоймаған шалғындар. Екеу-үшеу, бесеу-алтау, ары асса жұқанақ қана топтанып жүргендері болмаса – малдың мүлдем азайып қалғандығы көзге ұрады. Бірақ... деген де, осы мал бейбақ та емес пе, түбімізге жеткен, а, ә?.. Қазақтың өзі айтқан емес пе: «Бес күн мал баққаннан ақыл сұрама» деп.
Терезеге байланған Айжан, мүжіңкі, көтерем ойлардан – сызды-сызатты сезімдерге ойысып, тереңдеп кете барды.
«Осы қасиетті далада, – беріден қайырғанның өзінде, – Асан баба, Қорқыт дәда, Шыңғыс хан, Абылай хан, Төле билер, Кенесары, Абайлар өтті-ау? Күні кешегі Ахмет, Мағжандар, Бауыржан, Шәмшілер өтті-ау? Не қырғындар, не қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған замандар да өтті-ау? Енді… біздер де өтерміз. «Не» деп өтеміз? Жас болса елуге таяды. Не бітірдім? Не таптым көрінгенмен тайталасып?! «Шындық» дегеніңнің өзі – «не?.. қайда?..» Өткенді ойша сүзгілеп келіп, Айжан, енді өз жағдайына оралған. «Құдай жалғыз қылмасын – баласының жайы?.. Тфу-тфу! Алла бергенінен бұйыртсын, ынтымақтарын берсін, үйленгендерінен кейін қолтықтасып келіп кетті. Былай қарағанда… келіні жаман емес-тей, аяғының ұшында зырғып жүрді «мамалап». Ендігі қалған ғұмырым солардың жолында. Мақау болса да көрдің бе, көршінің баласының пайдасының тигенін? Барына шүкір!..»
– Тереңдеп кетіпсіз, қанша балық ұстадыңыз, олжаңызды біз сияқты ақымақтармен бөлісе отырмаймысыз?
Тамбурда темекісін сорғылап, сергігенсіп оралған Тайман көңілді кейіп танытқан.
– Ә-ә!.. бірінші, өзіңіз өткен әңгімені аяқтаңыз, адамды жарымжан етпей.
Айжан дереу, шарт та жармаса кетті. «Жарымжан» деген сөзінің – өзіне түрпідей тиіп, шаншудай қадалғаны.
Тайман жөткірініп, қозғалақтап, кідірістеп қалған.
Осы екі ортада, егде орыс әйелі көлдің жағасындағы бекеттегі оқиғаны қайта қоздатып та үлгірген. Біраз пәлсапалап келіп:
– Бұрын қазақтарда ұрлық болмаған, құлыптың не екенін білмеген деуші еді ғой?.. – деді тасадан тас атқылағандай, ұрын сұғынып.
– Нашла святых! – Жас келіншектің кешегі кештен бері тілі шыққан, атылған мылтықтай «тарс» етті. – Эти варвары, дикообразы не только… в конце-концов сами себя сожрут! Увидишь!?.
Қаны басына шапқан Тайман турасынан оқталып барып… райынан әзер қайтқан. «Қайдағы бір қатынмен салғыласқандай болмайын, айтса айтқандай-ақ та ғой: түк көрмегендей, басқа жақтан ауып келгендей, я ауып кететіндей, түгелінен – түгімен жұттық қой өздеріміз талапайлап!» деп қорытты да, сыпайы ызғарлана:
– Қай нәрсе де «екі жақты». Әркімдерде де әрқалай жағдайлар кездесе береді ғой. Енді, оны-мұны еске түсіріп, езбелеп, басымызды қатырмайық, қайталамайық! – деді. Тез жүзін терезеге бұрып әкетті. Амал жоқ, Айжан да терезеге телінген...
«Білімсіз, надан адамға өмір сүру оңай. Бар болса – асып‑тасиды; жоқ болса – тоңқалаңдап жүре береді. Бүгін – ақ, ертең – көк, арғы күні… Суда жүзген балықтай! Күндердің-күні, жағадағы қаңқасы қалған балықтай да боларын сезшесі! Ал-л-л?..» Бірде өшіп, бірде өршіп, өрепкіп те отырған Айжан, – егер де, ішкі сезімі алдамаса, сыртқы түйсігі рас болса, – Тайманның кім екендігі, жалпы болмысы жайында едәуір ой-пікір түйіп те тастады. «Әй-и!.. Құдай біледі – «кіші жүзден», – қара да тұр: не – «тама», не – «адай» деп руына шейін топшылап та қойды. «Кім болғанда да, қалай болғанда да, тұппа өз тағдыры!..»
Тайман да, Айжанмен жолығысқан сәттен бастап-ақ, сан мәрте ойланған: «сөз майдалатайын, сыр суыртпақтайын, байқайын» деп. Бірақ, сайып келгенде, олай етуді жөн санамаған. Қаншама білдірмеуге тырысып баққанымен, Айжанның жұқалтаң жүзінде үкікөз үрейліліктің сілемі қаймақтай кілкіп, қарақат көздерінің тереңінде қорғасындай ауыр мұңның табы ұйып тұрған-ды. Тайманның сергек сезімі – түріңкі түйсігі жаңылмаса керек-ті: «буынсыз жерге пышақ ұрғандай мазасын алып жүрмейін, айтқысы келіп жатса өзі-ақ ниет қылар; ал, бір анығы – «ағысқа қарсы жүзетіндерден», «сартап ұстаз» деп, өзінше өлшемдеген де қойған. Сөйткен де, терезеден шалт бұрылып, үзіліп қалған әңгімесін жорғалата жөнелген.
– Жұмыс жоқ! Жағдай күннен-күнге асқына берді. Бәрі, тегіс – өтірік күліп, дос көрінгенсіп, арқаңнан қағады. Майда-шүйде… түртінектейсің. Белгілі бір шұғылданатын шаруаң болмаған соң, көбінесе үйдесің. Әйел-бала-шағаңның отырған-тұрғандары, кірген-шыққандары көз алдыңда. Өзіңнің жүйкең жұқарып жүргенінде, шыдамай – сөйлейсің, ұрсасың, кейде тіл де тигізесің… «Ақымақсың! Албастысың! Жексұрынсың!..» Шүкір, балаларымның жүріс-тұрыстары, оқу-тоқулары жақсы. Бірақ, мынандай топалаңда оларды ертең не күтіп тұр?.. Бас-бұйдасыз бишікештер білген боқтарын жеп бағуда. Халық – өз алдына: бетімен жайылып, ит-құсқа таланған қойдай! «Заң, тәртіп» дегендеріңнің бар-жоғын білмей дал боласың. Бар болса, кімге – неге қызмет етіп жатқандығы тұманды, күмәнді? Ұрлық, зорлық, алдау-арбау, ойыншыққа кісі қылқындыру. Тура бір – бассыздықтан, жөнсіздіктен, арсыз-азғындықтан, ойға оралғанның бәрі-бәрін ысқыртушылықтан бүкіл қазақы-әуилік аламан жарыс өтіп жатқандай! Шошисың!?. Ұйымдасқан-жымдасқан қараниеттілердің пиғылдары: «көзге көрінгеннің – қолға іліккеннің түп-түгел түбін түсіріп, жарарлығын буып-түйіп, бір түнде төркіндеріне тайып тұрғалы жүрген жеңілтек, ортақ-бикештердікіндей». Жалпы, қазіргі қазақтардың беталыстары, – қолынан келіп, қонышынан басқандарынікі, – менің көз алдыма былайша да елестейді: «Қайтіп қымқырсаң – өйтіп қымқыр! Әйтеуір, Қазақ-Жер-Анасын талап-тонаулары тиіс; содан соң, – анандай жерде, мұхиттың жағасында кеме тұр, – сол кемеге арқаланып-тартынып, жапа-тармағай отырып алулары керек. Бір қызығы: «ол кеме қайда барады? бара алады ма? батып кетеді ме мұхиттың ортасында?» Бұл қазақтың ол жағында титімдейін де шаруалары жоқ-тай, мініп алса бопты!..»
Тайманның жүзі кілт сынып, жанарлары солғын тарта, жансызданып салған. «Әй-ий!.. мына орыс әйелдеріне «не» дерің бар? Жалпы, «кімге-неге» не дерсің? – қай ұшпақтарға дейін құтырынар-ұшынырар екенбіз-ә?!.»
Егделеу әйел өзімен-өзі; шошаңдаған сымтемірлері қолдарына жұқпай, шұқшия шұлығының тоқуын өрбітуде. Кішісі теріс төңкеріліп алып, ұйқыға басқан, – «ұйқтап жатса?..» Қайта жинақталып отырған Айжан, ұстазының аузына телмірген тәртіпті шәкірттей ынталана – ұмсына түскен. Ықыластанған ұстаздай – Тайман да әңгімесіне оралған.
– Өткен өміріңе үңілесің. Үнемі жасы үлкендермен жүріппін. «Адам іздеумен» келіппін. «Ақыл айтса екен, білмейтінімді білсем, естісем, көрсем, дүниенің қыры-сырын шама-шарқымша пайымдасам» дедім. Сондай сәттерді сарыала сағымдай сарғая күттім. «Құлы болмасам да алдарында жүгіріп жүрер едім, басымды иіп» деп армандадым. Бірақ, ондай олжа бұйырмапты маған әзірге. «Жолым ауыр, тұзым жеңіл» болыпты-ау. Көбінесе, саяқжүру бұйырыпты... Өзіңді-өзің қалай алдайсың. Әйел-бала-шағамды отырғызып қойып, ойымды айттым: «Бекерге сендерді ренжітіп, өзім де құр шаршағанша бір мезгіл сыртқа шығып келейін; екі айда ма, үш айда ма келіп-кетіп тұрармын; Өзбекстанда, Россияның қиян солтүстіктерінде, қиыр-шығыстарында, аралдарында, арғы шет елдерде де құлдықта жүр ғой қазақтар тоз-тоздары шығып; тіптен, әке-шешелерінің өлгендеріне де келе алмайды кейбірлері» дедім. Әрине, олар қарсы болды. Бірақ, мен кесіп айттым…
Пойыз Астанаға жақындап та қалған. Толқып, жауырындарының асты сұққыланып, шыдамы да қыл арқанша ширатыла үзілерге шақ отырған Айжан:
– Астанада не істемекшісіз? Кімдеріңіз бар онда?.. – деді төніңкірей отырып, тағы да… жанына жақын, соны да тың мәзірлерден дәметкендей ме. Өзін жоғалтып, бар бітімімен Тайманның терісіне еніп те кеткендей-ді. Біртүрлі… «қимастық та» бар-дай еді ме.
– Баяғыда, оқуды бітіргенде сұранып, «жолдамамен» – ол кезде Целиноград, осы Астанаға «ел таниын, жер көрейін» деп келіп, екі жыл істегенім бар-тын. Сол кездегі ұғым ба, әлде қазіргі қияли елес пе, қимастай болған екі-үш жолдастарым бар еді, әйтеуір бір күш итермелеп соларды іздеп те келемін. Менің жан-дүниемнің терең түкпірінде былғанбаған соқыр қуыс қалса, ол – сол кездегі Целиноград, сондағы достар. Мүмкін, мен де олардың жүректерінің бір қалтарыс-қуыстарында сол уақыттың өлшемімен қалып қойған да шығармын. Құдайым олардың дендерін сау, аман етсін. Міне… жиырма бес жыл – ширек ғасырыңыз да өтіпті. Олай болмаса, айтпап па едім – «анау айтқан... емеспіз» деп, бір амалын жасармын. Мұнда да мен сияқты ақымақтар жетерлік шығар. «Балықшы балықшыны алыстан танымаушы ма» еді, біздер де – «кісінесерміз»! Алла кәпірге сабыр, сүйген құлдарына ақ ниеттерінің қабылдығын берсін!
Тайман кезекті рет кеудесін кере терең дем алып, сыздықтата шығарды да, қайтадан бүкіл денесімен терезеге бұрылып, өзімен-өзі болып кетті.
Қатты ұйқыға кетіп, аласұра жайсыз түс көріп жатқандай күй кешкен Айжан шоршып түскен. Бүкіл өмірі атысып-шатысып, көз алдынан құйындай үйіріп өткен.
«Әне-міне… санаулы сағаттардан соң, әркім тым-тырақай тараспақ. Кімді – кім-не күтіп тұр? Мына… түк білмегенсіп, сездірмегенсіп, өтірік күліп, барын ішіне бүккен орыс әйелі, жанындағы... «кімді?..» – «атарға оғы жоқ» жас келіншек қайдан келіп-қайда барады-ә? Тайман ше – тағдыры қалай-қалай айналар екен, тағы да жолығысар ма екенбіз? Әлгі, аталы-балалы – тектен жұрдай, қазақ пошымындағы ғана бейбақтар ше? Енді, тағы нені бүлдіріп, неге ұрынар екен? Ал, енді... бұл – өзі болса, таксиге отырып, балаларының адрестерімен жорта береді. Деген де, баласын қойшы, келіні сарғая күтіп отырса жақсы. Айтпақшы… неге біреу соншалықты өңезектене күтуі тиіс? – есіркеп, етегіңе орағытылуы қажет? Алтын күзде беймезгіл, тосын қапқан қара суықтың тырнағына іліккен жапырақтардай – бүрісіп-солып, мылжаланып, қалтаң қаққан кәудірек басың кімге дәру?!.»
Айжан ішінен демін бір қайырып алып, күбірлеп: «тәуба, тәуба, шүкір, шүкір» дей берді.
– Айжан құрбым! – Тайман бірінші рет атын тіктеп, «құрбым» сөзін қосақтап қойды. – Менің орыс ағайындардан үйренген «дурак» деген жақсы сөзім бар. Қазақшасынан мықтылау, әдемілеу де естіледі. Өзіме, күніне – сан мәрте қайталаймын! Өйтпесем, көңілім көншімейтіндей, ауырып қаламын. Тағы бір сөзім бар, – бұ ағайындардан ауған, – «сволочь» деген. Рахат!.. Әсіресе, білесіз бе – «ұлы сөзде ұят жоқ» – «үлкен жайда» сигарды бұрқыратып, жайласып отырғанда айтсаң ғой, «дурак» екеуін қос-қабаттап тұрып өзіңе қарата дуплетпен әңкитсең ғой, тіптен қатып-ақ кетеді!..
Әңгіме ауанын күрт өзгерткен Тайманда: «түрткілейін, қайтер екен» немесе «әу» деген мәзірін естіп қалайын-дә» дегендей ой жоқ-тын. Бірақ, солай да боп шыққандай ма. Сол ойын сезіп қойғандай, әлде-қалай – жұтынып, пышақтың жүзіндей қылпылдап отырған Айжан:
– Тайман құрдас! – деді, бұл да алғаш рет есімін қадалай, «құрдасын» қыстыра, сөз кезегін тартып алғандай да болып. Сөйтті де, шешіліп, – бөшкедегі судың қотарылғанындай, – жайылып кеп сала берді. – Біреулерге дүние бітеді – соқыр күйбеңінен; сонысынан да қызығын көрмейді. Тағы біреулерге – харамнан бұйырады; сондайлығынан да дәмін ажыратпайды. Олар да, бұлар да, оныларын – «бақ» деп қабылдайтындай. «Қызыл советтік» кезеңнің өзінде, өкіметтің бір қорасымен қатар – өзінің де соншалықты қойы, табын-табын ірі қарасы, үйір-үйір жылқысы барды көрдік. Соның судай ағып кеткенін де көрдік. «Жазған!..» Жүріп-тұрып та жетістірмеді; той-пой, өлген-жіткенді жағалап та жарытпады; ағайын-туыс, былайғы жұртты қойшы – өз балаларына да зәредей шипасы тимегенін қайтерсің. Қазір ғой, тіптен… бір жамбасынан екіншісіне төңкеріліп түспей-ақ, нешеме дүниелік боқтықтарды астына басып жатқандар баршылық. Опа бермесін ойламаққа – оймақтайын да түртерлері жоқ! Желкелеріне шайтан қонақтаған. «Бақ тазға да қонады» демекші, тексіз жылпостар бүгіндері – «патша» да болып жатыр. Бұл, Құдіреті күштінің – жаратқандарын сынамағының бір ықсаны болса керек-ау. «Дүние беріп, тақ беріп, бақ беріп сынаймын» дегеніндей. Жөнімен, ретімен: «ішіп-жей алмасаң; отырып-тұрып, барып-келіп, алып-бере алмасаң; бір ауыз – Алла атын, сөзін жүректен тербей алмасаң» қайдағы қаңғырған бақ?! Мен, тосыннан балама дүние біте қалса – «беріліп кетпесіне» сенімдімін; әуелі Алла әрине. Ал, бірақ, сол дүниені – ретімен ұқсата алатын-алмайтындығы жайлы айта алмаймын. Өзіме, ойда-жоқта – «көл-көсір дүниенің билігі тие қалды» делік. Ниетім тура! Басымнан артылғанын басқаларға үлестіріп бермекке сайландым-ақ. Ойлағанымдай бола қоя ма? Бекершілік! «Бас пәлеге қалды» деген сол. Бекер дүние ешкімге де «бақ» бола алмақ емес; артық дүние – шайтанның кескін-кеспірі, кесір! «Алтын көрсе періште жолдан таяды» деп аузы қисаятындар – шайтанның жетегіндегілер. «Жолдан таяды» деген сөзді өз пиғылдарымен үйлестіріп, үндестіріп алған; негізінде, турасында – ол: «періште жолдан шығып, алтынды аулақтан айналып өтеді» деген мағына, мән ғой. Жалпы, бойыңа шақ – шекпен, қарныңа лайықты ғана – күйзерлігің болғаны абзал-ды-ақ па еді. Бірақ, ол үшін де – Жаратқанның растығын ұғынарлықтай: «жан, жүрек, сезім, сана, түйсік» керек шығар. Деген де, жалпы, түптің-түбінде, барлық нәрсеге кінәлі халықтың өзі болып шығатындай ма: «бәрі-бәрін көріп-біле тұра ненің не екендігін ажыратпасаң, адамшылықпен бас біріктірмесең, теріс қарай ауа лақсаң, ойыңды ашық айта алмай бұқпантайласаң, жоқ-жерде шарасыздық танытсаң, ең қиыны, кім-көрінген құйтырқының соңынан еріп кете берер болсаң, сөйтіп, ақырында – Алла сынынан қортынды шығара алмасаң, басқа кімге-неге барып арызданатындай жөнің бар? Қаншама халықтар жер бетінен жойылып кетті… жойылу үстінде?..»
Өздігінше толағай толғатып кеткен Айжан, кенет: «осы, мен, айдалаға лағып отырғаннан саумын ба?» дегендей ме, жан-жағына қуыстана қарап алып, «пәлсапам да бассыз-аяқсыз шықты-ау» деген ойы да қосарлана сезіктендіріп, «сасқан үйрек…» дегендейін, тағы бір тың дүниенің ұшын үшбуледі де жіберді, – әбден еркінсіп, қырық жыл қапастан бас бостандыққа енді шыққан бейбақтай да еді.
– Тайман мырза! «Губернаторлыққа қалтамда бір бақырсыз келіп, бір бақырсыз кетіп барамын» деп ағынан жарылатын а-но-о-оу... Санчо байғұс – нағыз ұлы – бақытты адам емес пе, а-ә?..
Тыпыршыған Айжан бірден-бірге секіректеп, шығандап, белгілі бір шеңберден әлдеқашан ауытқып та кеткен-ді.
– Айжан ханым! Ұлылығын қайдам, шын Құдайшыл – тәубашыл, ынсапты пенде екендігінде шүба жоқ; бұл жағынан алғанда – бақытты, әрине.
Тайман жымия күлді, ризашылығы да жүзінен білініп тұрды. Айжанның көкейіндегі қоңырсығы жүрегіне жылы құйылып, жаны жадырап, өздігінше: «әлбетте… ұстаз, әдебиетші!» деп, бұрынғы бейкүнә жаңсақ жорамалын одан сайын молынан пішіп, шегелеп те қойды. «Әрине, текті бейбақтардың ауылынан!..»
Тайманның көптен жетімсіреген жан-дүниесін ыстық ынтызарлық леп шарпып өткен. Онысы, мүмкін, сол: «Әрқашанда сарыла күтіп, сарғая тосатын – қатты да болса тәтті, көкейге қонымды, жанға жұғымды – шынайы сөздің ұлы құдіреті шығар!» Енді, бұл да реттілікті, қысаң тәртіпті ысырып тастап, сауырын сөге жөнелді.
– Айжан, «Хэмингуейде» – бір кейіпкер бикеші: «Біздер, бәрлеріміз – жоғалған ұрпақтармыз!» демейтін бе еді. «Ақ, қызыл, көк…» болып, қырық‑қырқысып жатқан қан-қасап кезең емес пе еді, – «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» дегендей. Соның өзінде, сенделген жастар пәуескеден түспей ресторандатып жүреді; қалталарында атадан балаға ғасырлардан ғасырға үлеске‑мирасқа ауысып келе жатқан адал ақша: қаласа – Америкаға барады, қаламаса – басқа бір жақтарға кете салады, мауықтарын басулары үшін. Қазір соғыс жоқ, лайым беті аулақ! Сол, баяндалған жәйттердің тарихқа айналғанына да жүз жыл-дай. Тіптен, «Дон-Кихоттарыңыздың» өткеніне бес ғасырдың нобайы! Өкінішке орай, біздің қазақы-кезеңіміз: «тұмса табиғаттың кері, – түсініксіз!?. ұғынықсыз!?.» Ең аяғы, кең байтақ жерімізде «отыратын орынның» да ретін таппаймыз! «Жастар жаман – арақпаз, нашақор, бұзақы» дейміз. «Адамдар бұзылды» дейміз. Жаңа әлгідегі аталы-балалыларды алалық: «Жетіскендерінен жүр ме?» Анау баладан… енді не үміт – не қайыр?! Сол, ата сақал тасмаңдай пақыр айтты да емес пе: «хұкіметке барсаң – алдайды; депутаттарға барсаң – алдайды; «оппозиционерлерміз» деген көсемдерге барсаң – алдайды; тіптен, мешітке барсаң да – алдайды; ал, аштан өлмеске тауық ұрлап мілисаға түссең ғой – «ақша-пара бермесең ғой» – түйе ұрлады деп айдайды да жібереді» деп. Ал-л-л... бұған не дерсіз? Енді қайда барып, не істеп, қайтіп қана оңармыз? Кешегідей істемегенде – «қалталары тесік, жұмыстары, барар жер-басар таулары жоқ» – олар не істейді енді?.. Арқаларынан қағып, маңдайларынан сипап, қолдарына ақша ұстататын мына еркін тайраңдаған сансыз жат діндарлардың – миссионерлердің соңынан ермегенде, халық енді не қылады? Бықыған-бықсыған бишікештерден, – қара басы, қу құлқындарынан өзге, – жөні түзу қылдай қимыл, адами қамқорлық, оң ниет болмаса: жастар тұла бойы толы күш-қайраттарын, өнер-білімдерін қалай шығарулары, қайда жұмсаулары тиіс?!. Оның үстіне, қарапайым халықтың өзі бишікештердің шексіз-шиырсыз жосықсыздықтарының небір түрлерінен түп-түгел хабардарланып, бәрі-бәрін күнделікті көріп, есітіп, біліп отырса?.. Біздер: «не десек» болар-ды-ә, Айжан-еке?!
Тайман бастырмалата өңмеңдеп, еліре ежірейіп, әрі өзімсініп те, – «Айжанекеге» көшкенін сезбейін де қалып, – онсызда тыпырлап, қаталап отырған Айжанды теңіз тереңіне әрмен қарай тоғытып та жібергендей.
– Біріншіден, Тайман-еке, «соғыс бар-жоқ» дегеніңізге тоқталсақ: «соғыс – тек мылтық атылып, бомба жарылу» ғана емес қой, – ол жағы белгілі. Мысалы: «екі адам бірдеңені бөлісе алмай араздасты, өштесті, ақыры – бірін-бірі жекпе-жекке шақырысып, ара-қатынастарын реттесті»; «екі мемлекеттілігіңіз де солай» делік; мұндайды әділ соғысқа жатқызалық. Ал, енді, олай істемей, басқаша – астыртын жымысқы әрекеттермен, қараулықпен, зұлымдықпен бір-бірлерін тасадан атқылап, я арқасынан қанжар шаншып, я суға у қосып беріп мертіктіріп жатса?.. Міне, осы – «қазіргі соғысымыз»! Жаңа – өз «Дон-Кихоттарымыз» туғанша сабыр керек. Я болмаса, халықтың өзі сәл де болса жетіліп, түпкілікті, біржағына шығуы тиіс. Олардың да бұлардың да өз уақыттары бар, – міндетті түрде «Дон-Кихоттар» келеді, халық біржағына шығады! Ондай тұлғалар қазір де бар... шарбақтың сыртында көгенкөзденіп тұр. Әрине, «туады-келеді» деп біздердің қол қусырып отыра бергеніміз адамдыққа жатпас: әрқайсыларымыздың да тазарғанымыз жөн! Бұлақ басынан тазармайтын болса – ол ақиқат! – төменнен тазаруымыз керек. Барша қазақ «Ұлттық Тазарудан» өтуге тиіспіз! Ең бастысы: «ұрық тазалығы + білім + еңбек = сана, сапа! Тектілік!..»«Азалы ресторандатқыштарға», «қасіретке» көшсек – бұл: шығыс пен батыс қоғамдарының белгілі бір кезеңдеріндегі өркениет, менталитет айырмашылығы. Хэмингуейдің «түңілгіш әйелін» де осыған жатқызсақ жарар-ды. Мен, өзім: «жоғалғандармыз» деп айта алмаймын. Жаңғырық екеш жаңғырықтың өзі –«нақты, дәлелді». Абай жарықтық жартасқа тек түңілгеннен, я еріккеннен бармаса керек-ті. Сол жаңғырық сәт-қағым сайын құлағымызды шыңылдатып, санамызды сілкілеп, тұла-бойымызды тітіркентіп, болмысымызды тербете шайқап тұрса-дүр! Бірге туған өзбек бауырлармен қатар өмір сүріп келе жатқанымызбен, біздер сауданың әліппесін енді-енді үйреніп, ұғынып жатырмыз. «Жеті ата – қырық атасын» жаттап, жадына сақтап өскен қазақтың қаны таза; талантты, дарынды, қаққыш! Басқа халықтардың жүздеген жылдарда қол жеткізгендерін он шақты-ақ жылда меңгеріп тастайтын қасиет-қабілеті – мүмкіндігі бар. Соның уақыт‑сәтін салсын! Ұрпақтарымыз аман болсын!..
Әңгіменің айқындыққа, ашықтыққа көшіп, ішіндегі қордаланған бықсықтарынан арылып, жеңілдеп қалғанына көңілінің толайғаны, я жөпелдемеде бейпіл, рет-ретсіз шешіле жөнелгеніне ыңғайсызданғаны – Айжанның денесі бусап, бетіне қызыл жүгіріп, маңдайы тершіп те салған.
Тайман тылсымданып, өзінің меншікті мекіре ойларымен есептесіп-қисаптасып па, алысып-арпалысып та ма – бір сәтке оқшауланған.
Айжан қаншама өзін ұстағысы-ақ келгенімен – болмады. «Атойланып» та алғандай; бірақ, бұл жолы, жан-дүниесі жаңа әлгідегі ғана нықтай түйіндеген өз пікірлерінен жедел жерінгендей:
– Біздер… «жазылған парақтармыз ба – жазылмаған парақтармыз ба»? Олжабай мық ақылсыз да адам емес қой, әйткенде, ежелден келе жатқан «ҚАЗАҚ» деген әруақты атымызды қомсынғандай, менсінбегендей, жерінгендей, табалағандай да,«қайдағы жоқ бір ұлт бола қалайық!» деп несіне қоқиып жүр екен-ә? Қай асқандығынан екен-ә?! Бұл – сатқындықтың, сайтандықтың нағыз өзі емес пе?!– деді өзімен өзі сөйлескендей, бейтарап қалыппен, сонысымен қатар ой тереңіне шорши сүңгіп те, табан астында тұман тұмшалап, жолынан жаңылысып қалғандай да көрініп, өз-өзінен сезіктенгендей де болып.
Тайманның әрмен қарай «пәлсапалау» ниеті ойында бар ма еді, жоқ па, әйтеуір – жемтігін көрген қырандай шалт серпіліп, жанарлары от бүрке іліп түскен:
– Қайбір істі болмасын: «Байыбына жетіп, түбін төңкеріп, түгелдеп істемеген соң – харам!» Мысалы, жазушы болсаң – шабытың шарықтап, түрткілеп, тыным таптырмай тескілеп бара жатса – мың беттік, тіптен он мың беттік он жүз роман жаз! – егер де кәдеге асса, тұрса? Әйтпегендейде, жұрттың да өзіңнің де сорың! Қасиетті қағаз-қаламға обал; одан асқан жауапсыздық, ұятсыздық жоқ!!!
Шорт кескен Тайман – қайта үнсіздікке берілген. Айжан да – бәрі-бәрін түсініп те түйсініп – тылсымданған.
Қаланың шетіне іліккен пойыз жылдамдығын кілт азайтқан, аптығын басқан.
...Екеу – терезеге жалтақтаса қарасқан да қойған.
...Вагонның іші – аласапыран! Жау тиіп, үдере – жөңки көшкен жетімек елдей. Қап, коробка, дорба көтерген не сән. Бірін-бірі жанши басып, айтысқан, тартысқан, балағаттасқан не сән… «Сән-салтанаттары – ақырзаманның алғашқы қарлығаштарынікіндей де-ау.»
...Бұлар – жұртта қалған жұрындай; жоқ… таңбадай – былқ етер емес! Ұясына еніп бара жатқан алтын күннің тұппа түскен ал-қызыл шапағына оранған, – «оттай!..» да еді-ау.
Купенің іші өртеніп, алаулап тұрды.
***
Астанада күн аса ыссы болған екен. Әшейіндегі жел де желкемік те жоқ. Қоңыр кешкілік қармағанына қарамастан, күні бойы балқыған асфальт қоңырсып, тынысыңды тарылтады. Мұндай алапатқа үйренбеген «арқалықтардың» жүздерінен әбіржушілік байқалады. Тайман такси ұстады. Қоштасып жатып: – Айжан, – «жадыраған жазда жалындап туған қимас құрбым», – «сіз бақытты болуға тиіссіз», – деді жайымен ғана жылы жымиып. Қобалжулылығы да сезіліп қалғандай еді. Өз ойларымен арпалысып, шыжғырылып, оқшаулана ой-отқа оранып тұрған Айжанның бойын ойнақы жеңіл діріл жалап өткен. Бірақ, артынша-ақ, алдамшы тәтті сезім буырқанған дүлей сұрапылға алмасып, ішкі дүниесінің астан-кестені шықты.
Әлденуақытта барып бойын жинақтаған Айжан, өз-өзінен қысылып, жан-жағына қуыстана қараған. Біреуде – біреудің шаруасы не, ерсілі-қарсылы сабылысқан халық. Біреулері – тәкаппарсып, көті‑бастары аймандай боп, екпіндей басып бара жатса, екіншілері – өлімге мойынсұнған адамдардай бастары салбырап кеткен. Келесі бірлерінің түр-тұрпаттарынан дәнеме де байқай қоймайсың…
Тайман, – «мұхиттың ортасындағы елсіз аралға жалғыз айдалып бара жатқан бейбақтай көрініп те ме», – аңырайып, әлденеге алаңдап, әлі де жіпсіз байланып тұрған еді. Айжан да, – «серігін жау қолында қалдырып бара жатқан қауқарсыз пендедей сезініп те ме», – селк ете шошынып, тағы да қимастық-кешірім қолын созған. Сосын, екпіндеп:
– Алла аман-саулықпен жүздесуге жазсын, – «қақаған қаңтарда мұз құрсанып дүниеге терісінен келе қалған», – ескірмес, ескі дос! – деді. Лып көлікке отырды. Беймаза күй кешіп, іштей жалтақтағанымен… арқасына қарамады. Жолай, өзін ретке келтіргенсіді. «Мұнысы несі, баласының үйіне келіп тұрып, қазір келіні көреді… немересі?..»
Таксиден көшеде түсіп қалған Айжан шабаданын, қос сөмкесін сүйрелеп, баласы тұратын үйдің алдындағы орындыққа келіп тізе бүкті. Жоғарыға барлай, жайымен көз ұзатты. «Ұмытпаса... екінші кіреберіс, үшінші қабат.»
Кіреберіске енген Айжан тағы да біршама демін басып, баспалдақпен байыбымен жоғары көтеріле берді. Неге екенін... буын-буындары кілтілдейтін сияқты.
…Есікті ашқан келіні – ақ аю көргендей қалшиған. Сол тұрған қалпы:
–Захо-ди-и-те… – деген.
Ішке кіріп, залдағы столдың жанындағы орындыққа жанамалай ғана жайғасқан Айжан, әрине, келінінің түр-сипатын жақсылыққа жорымады. Сасқалақтап, жорта жөн-жоралғы сұрасқансыды.
– Қандайсыңдар? Аманшылық па… Асқар қайда? Артур қандай?..
– Ол-л… кэткэн.
Келіні теріс айналып, арқасын берген.
– Кеткені несі? Кім кетті?! Қай-и-да?!.
Орындықта онсызда әзер отырған Айжан шаян шаққандай шоршыған.
–Билмейим… Шуйнби базар, или Шойинбай – сонда, может. Ол минда турмайид.
–Не дейсің, жаным-ау! Қай уақыттан бері турмайид?!. – Қапелімде Айжанның да тілі майырылып, айнып та салғаны.
– Давно! Биз... ажрасип кэттик.
Айжанның демі кетіп, көз алды тұманданған. Бірақ, әспеттелініп жататын жағдай да уақыт та жоқ еді. Тез өзіне келгенсіп:
– Жаным! Жөнін айтшы – не болды? Айтшы!?. – деді.
–Простите! Я вам ничего ответить не могу...
Диванның ернеуінде қаздиып отырған келіні орнынан шошаң еткен, – екі қолын салбырата айқастырып, бұралаңдай тұрып алған.
Қас-қағымда, шаяның не... қарақұрт тигендей күлгінденіп, қуырылып, қушиып қалған Айжан орындықтан теңселіңкіреп, ауыр көтерілген. Шабаданындағы, сөмкесіндегі «немереме» деген оны-мұныларын қолдары қалтырай столдың үстіне қоя бастады.
–Керег жок! Артурчик ондаид жемеид.
Келіні айқастырған қолдарын енді кеудесіне қойып, тербетіліп, жиіркене тыжырынған.
Арқасымен шегіншектеген күйі қолы есіктің тұтқасына іліккен Айжан: «– Қазір… қазір… жақсы айналайын, мен қазір…» – дей берген.
Сыртқа шыға: «Шуинби-Шуинби, Шойинбай-Шойинбай…» деп қайталай да берген, шала‑шұрпы дұға оқығандай күбірлеп.
…Баласының институттан «қысқартылу» деген желеумен ығыстырылып қалғанына үш айға жуықтапты. Ұзамай-ақ – әйелімен ажырасқан. Базарда – жүкші болып жалданыпты. Бұрын да артық еті жоқ – жұқарған… Телефонмен байланысқандағылары – «уайымдамасын» дегендері ғана екен.
***
…Екі түнеген Айжан – қайтуға шешті.
Баласының жағдайына қанықты, – «бір Аллаға тапсырды». Үш жігіт – бір бөлме жалдапты. Айына әрқайсысы жүз доллардан төлейтіндей; бұл – ең төменгі төлем‑баға көрінеді. Үй иесі – жалғызілікті орыс кемпірі – иман-таразы жан боп шықты. Ас үйдегі өз кереуетінің жанына – жерге жұмсағын төсеп, қайтқанынша қамқорсып бақты. Пәтерлес жігіттер де жоғары білімді, Асқары сияқты отбасынан айрылған соқа-басты сабаздар екен. Біреуінің, тіпті «докторлығы» дайын көрінеді, соңғы нүкте кәдімгі «жоқтыққа – жуандардың жоралғысына» келіп тірелген.
Айжан, – баласына білдірместен, – екі күнінде де базарға барған. Жасырынып, сырттай бақылап бақты. «Көз алдында Достоевскийдің «Раскольниковы» жүзгілеп, қан құсып қайтып жүрді…»
Бұлар, вокзалға едәуір уақыт ерте келген еді. Билет жоқ… Күн – күндегіден де ыстық-тай! Өмірінде мұндайды көрмеген «арқалықтардың» жүздері салыңқы, ауыздарымен ауа қағып, құлап қалардай ілініп-салынып жүрген біреу. Оңтүстіктен ауған қатаған жігіттер мен қақталған қыз-келіншектер түк болмағандай, әндете безектеп, су-сусын сатып жүр. Ығы-жығы халық. Шыр айнала – қайнаған да жайнаған құрылыс! Бірақ, несін айтарсың, сол «жайнаған‑қайнағанның» – соны салып жатқан, немесе былайғы қара бұқараға бұйырар‑бұйырмасы күмәнді де тұманды. Бұл үйлердің көбісі – «ырғын дөкейлердікі!» көрінеді. «Табан астында пайда бола қалған қандай ырғын да қырғын дөкейлер – бір Құдайым ғана білер анық-қанығын...» Жарқыл-жұрқыл шетелше жарнамалар... Былайша қарасаңыз, айтулы Әмрикәңызда я батыс Еуропаңыздың нақ өзінде жүргендей сезініп те кетерсіз‑ау. Қайда да барсаң, кірсең де шықсаң, жүрсең де тұрсаң – «жымия да жұмбақ‑ты күлімсіреген кемеңгер де көреген бір президентіміздің портреті мен ұранқай сөздері...» «Қазақстан! Қазақстан! Қазақстан – Нұр-Отан! – ортақ отан». «2030!..» 2050!..» «Алға! Алға! Алға!..» «Мәңгілік ел!..»
«Дальше некуда!?. Ой, никуда-а-а-а!?.»
«Ай-да, Мария!.. Ах, Астаночка – городок!!!»
Аналы-балалы екеу шеткерірек орындықтардың біріне барып жайғасты. Сыртқы апаттан, әлде ішкі оттан – Айжанның жауырындары, омырауы көйлегінің сыртынан қарауыта көлшіктенген; самайларынан, мойынынан сүмектеген қаратерін мылжа-мылжа орамалымен сүрткілеп әлек.
Аналы-балалы екеудің арасында не әңгіме бола берсін, біршамада – Айжан:
– Жеке үйдің бұйырғанына да шүкір: «тауық-пауық, көжек-пөжек ұстап, шаруашылықпен шұғылдансам» деймін, сосын, әрине, «Мұқан Тұрысбек азамат басқаратын «Кентаудың болашағы» деген ұлттық ұйымымыз да бар емес пе», – деді.
–Ой, мама! Мұныңыз – оныңыз да дұрыс екен.
–Ия-ия, сөйтемін.
–Сөйтіңіз… мама.
–Асқар, осы… Көшербай да «доктор» ма?
Айжан әп-әжептәуір әңгімесінен кілт тайқып кеткен.
–Ия, доктор. Оны неге сұрадыңыз... мама?
– Жәй… әншейін-дә.
– Неғыласыз, мама, оған-бұған басыңызды қатырып!
«Бір тайқыған нәрсенің қайтып тайқуы оңай.»
– Балам… елге қайтсаң қайтеді?
Айжанның даусы қарлығыңқырап, құмығып шықты. Әйтеуір айта салды. Елде не күтіп тұр еді. «Айтпақшы, осы-ы-ы… ел емес пе?..»
– Мама, уайымдай бермеңізші! Денім сау, көрдіңіз, табысым да жаман емес, әзірге байқап көрейін. Дені дұрыс елдердің өзінде, миллионерлердің балаларының өзі көшеде мәшине жуады емес пе.
Асқар қалтасына қолын салып, алдын-ала дайындап қойған екі бес жүз теңгелік көк қағазды суырып, анасының алақанына салды.
– Балам-ау, ме-е-н... елдемін ғой, өзіңе керек болады ғой!
Айжанның алақаны от ұстағандай өртеніп, тұла-бойы дуылдап кетті.
Дәрменсіз күй кешіп отырған Асқарға қалайда анасының көңілін аулай түсуі керек-тін:
– Мама! Жақында бір институтқа қызметке тұрып қалармын, уәде берген, – деді ойланбастан тақпақтатып.
– Не дейді?!. – Салбыраған басын жұлқи көтерген Айжан, баласын жаңа танығандай таңырқай қадалды. Жанарларында ұшпа қалқып, жүзі де жылымши күреңітіп салған.
– Неге айтпадың… осы уақытқа шейін? Шын ба?!.
– Шын!
– Әй… бірақ, бұл күндері мұғалім‑педагог дегендерің «тряпка» – «ең крайний халық» болды ғой! Айлықтары жол-пұлдарына – бір қу тамақтарына да жетпейді.
– Жеткіземіз… жеткіземін мама! Ұзамай, өзіңізді де көшіріп аламын. «Сіз – сіз сияқтылар» мұнда да керек. Бәрі дұрыс болады.
…бұл жәйт – ұзаққа созылмаған. Табан астында Айжанды күдік қаумалап, үміт оты қалай жылт етсе, солай көмескілене бастаған. Асқарға кідістеуге болмайтын:
– Мама! Қай кезде алдап едім, «арық айтып, семіз шық» дегендей ғой, – деп бейкүнә өтірігін өрге сүйрелеп қойды.
–А-а!.. ия-ия, Алла қабыл етсін. Апырым-ай!?.
«Тағы да сұрақтардың астына алып, суықтығым шығып қалар ма екен» деп Асқардың зәре-құты ұшты. Әрі-сәрі қозғалақтап, қипақтап, дереу:
–Мама, мынаны қараңыз! – деді, – шынымен-ақ қуанып кетіп, – аяқтарының астындағы асфальтті жарып шыққан, желкілдеген, көңілді балауса шөптерді көрсетіп.– Ой, ма-ма-а-а, мынаған қараңызшы, мыналарды көріңізші! Пә-лі-і-і, азаматтар!..
Асқар орындықтан сырғып түскен күйі жүрелей отыра кетіп, асфальт жарықтарынан желкілдей көтерілген балауса көк майсалардың төбелерін алақанымен мәпелей сипалады; көк майсалардың ара-арасынан көк жүзіне енді-енді ынтығыса талпынған нешеме түсті құйттай-құйттай әдемі де әсем гүлдерге үңіле, қадала қарап қалды.
– Ойпырым-ай, Асқарым-ай, шынында да, бұл – «Жаратқанның жарқын жүзді перзенттері» ғой! Қане, қанеки – айналайындарым!..
Айжан да орындықтан жеңіл сырғып түсіп, баласымен қатарласа жүресінен отыра кеткен.
…расында да, қара майға иленген тас төсеуіштің сау-тамтығы жоқ еді; дүмпиіп көтеріліп, қақ-қақ айрылған жарықтардан жапырлай мойындарын созғылаған көк желкендер мен балапан гүлдер күн көзіне атыла ұмтылатындай. Ештеңе де, түк те, кедергі – тосқауыл емес-тей! Алланың жаратқандары – неткен: «Төзім, Сабыр, Қайсарлық! Өрлік! Күш!.. Шаттық та!..»
Айжан, баласы екеуі пойыздың ұзына бойына тызылдай жүгіріп, ақырында – ұзынтұра, аш қасқырдай бір проводникпен әзер келіскен. «Ертерек ескертпедіңдер ме, әзірге жай жоқ, көрерміз» деген селсоқ та жайбарақат кейіппен. «Жайы да, көрермізі де» керек еді! Өңкей уличный шпаналар!..»
Айжанның басын отты-ойлар қайта шырмап алған еді.
«Ия-ия, әлгінде ғана, Тайман-дос өте анық айтты ғой, – диагнозын дұрыс қойды ғой, – бүгінгі «бас-басына би болған» солақай бишікештер: «жетпісінші жылдарғы» – вокзалдарда гитарларын асынып, келген-кеткендерді «жүз грамға» шығарып салып, күтіп алып, епке келсе бес-он теңге саумалап қалып жүрген пысықай сұмпайлар. Күні кеше, солардың қолтықтарымызға кіріп, қолпылдатқандарына мәз болыппыз. Енді... төбемізге шығыпты. Жоқ, төбемізге шығарып, замандарын тудырған – өздеріміз екенбіз! Ал, мыналар... мыртықбайлар – солардың құйыршықтары, күшіктері. Бәріне де, тек қана, өздеріміз кінәліміз. Бәрін де қайтадан – басынан бастауымызға тура келеді!..»
Айжан баласын құшақтап, маңдайынан, көзі-басынан иіскелеп, емірене сүйе берді. Соңғы рет қай кездері аймалағаны, жүрегінің осылайша сыздықтай езілгені есінде де жоқ шығар. Көздерінен дөңгелене, бырт-бырт үзілген ащы шықтарды орамалымен ысқылап алып:
– Жаным… мені түсінбейді деймісің, телефонмен хабарласқанымызда турасын айтып тұршы!? – деді.
– Мама, айттым ғой, уайымдамаңызшы, оңы-солымызды ажыратамыз ғой! Құдайға шүкір, не істерімізді білеміз, бәрінің де өз уақыт-сәті келеді. Ештеңе де, ешқашан да із-түзсіз болмақ емес қой!..
Асқар анасының екі бетінен кезек-кезек өпті.
– Жарайды-жарайды, жаным менің!..
Аналы-балалы екеу едәуір шүйіркелесті. Әсіресе, Асқар – анасының жарым көңілін аулай түсу үшін – үлкен-үлкен әңгімелерден қозғап, тынымсыз сөйлеп жатты.
…Купелі вагонның дәлізіндегі жанама орындыққа жайғасқан Айжанға, дәл қазір бәрі-бір-дей де еді! Қашан, қай жерде орын болатындығын сұрамаған да еді.
Көр-қараңғылық қапқан. Лықа толы дәліз – қырғын шайқастан кейінгі мөлиген өлі тыныштықтай. Еденде сұлайғандарда жан жоқ-тай: аяқ алып жүргісіз теңкиген-теңкиген көк-ала қаптардың біріндей. Қалғандары бір-бірлеріне арқаларын беріп, қабырғаға сүйеніп, қалғуға көшкен. Сабылысқан бейбақтардың сергелдеңі тиылып, тынымсыз тызылдаған жандары бір сәтке де дамылыс, саябыр тапқандай. Тек, – кеңістігін, бейбіт әлемін аңсаған тордағы көгершіндей, – Айжанның шыбын жаны ғана шырылдап та, тыпырлап бағуда еді. Терезенің жақтауына бір шынтағын қойып, екінші қолымен маңдайын тіреп, сырттағы түнекке қадалған күйі баласын көз алдына шақырып, аймалап, шерін ақтара берді… Баласының ақылына, ұстамдылығына шүкіршілік етті: «кімге… тартып, ә?..» «Мама, мен ақымақ емеспін ғой, арақ ішіп, не басқа жолға түсіп кететін» деген сөздері ойына оралды. Көздерінен қайнаған удай ащы тамшылар ыршып-ыршып түсті. «Қап, бет-пердем мөлтілдемей-ақ, Тайманға ашығын айтып, баламды таныстырып кетпегенім-ай!?» деп күйіне өкінді. Жауырындарының асты шанши түйреп, тамағы ашығандай. Біруақытта, серпіле кеудесін керіп, терең тыныс алды:
– Ақымақ басым!.. Ақымағым-ай!.. Ақы-ма-а-а-ққ!..
«Әлбетте, Айжан – өзін, Асқарын, сосын Тайман-құрдасын... сол сияқтыларды айтқан болар-дә, басқа не үшін еді?»
Айжан, алақандарымен беттерін көлегейлей, көз жасына ерік берді. Бейпіл, денесін босата ағылтты. Біршамада барып: «ух-х-х!..» деді, жан-тәнін жайлаған у-зәһардан бір-ақ арылғандай, орнынан жеңіл көтеріліп. Қайраттанып та кеткендей. Терезе жақтауларын тарамданған сіңір саусақтарымен сығымдай қысып, қызып-жанған маңдайын салқын әйнекке жапсыра тіреді, тұңғиық тереңіне түйіле, қайтара қадалды. Қасиетті қарт Қаратаудың бір пұшпағы – Өгізтау өңірінің етек-баурайындағы «Үкіаша ата әулие» құдығының қырық құлаш тереңіндегі қасиетті судың сынық-түйір сәулесіндей, құлағына талмаусырай тәтті үн келетіндей: «– Айжан, сіз бақытты болуға тиіссіз…» «Қасиетті қағаз-қаламға обал... ұят!..» «Түбін төңкеріп, түгелдеп істемеген соң харам!..»
– Ия-я-я... Тайман-дос құрдасым, бұлай жалғаса беруі мүмкін емес! – деді ол тістене, дауысы еркінен тыс шығып та кетіп. – Біздер «жазылған парақтармыз» әрине; кәдуілгі ақымақтар – келеді, кетеді, болған, бола да береді. Бір анығы, кәдуілгі ақымақтар: өзімізден, әрқайсымыздан өсіп-өрбиді ғой. Өз ақымақтығымызбен күресті жалғастырғанымыз абзал, – тазаруымыз керек! Қандай да бір… оң жолдағы пенделер – өз болмыстарының болымсыздықтарына қарсы ашық та аяусыз соғыс жариялаулары керек; өйтпейінше – «бірдеңе» деп жүрміз, «бірдеңе атқарып жатырмыз» деушіліктер бекершілік, әурешілік; жұртты, өзіңді, Құдайды алдаушылық. Таланттар жеткілікті: олар – күнделікті, әрқашанда біздермен қатар бірге жүр, – көре алмаймыз, тани бермейміз. Олар: ештеңеге аптығып, бірінші боп ұмтылып, «мен-мен!..» дей қоймайды ғой. Әрбір өзіне тоқтам сала білетін жан – талант, дарын, данышпан. Қазіргі, әркездегі: билік, мансап, нәпсіқұмар талантсыздар – тексіздер – көше жалаңаяқтары оларды танымайды, танығысы келмейді, тани алмайды да. Кембағал бишікештерге – кембағал кемтарлар ауадай қажет: дарынсыз көсемпайлар, талантсыз қолбалалар, ойсыз ойнампаздар әманда керек – бір-бірлерін сылап-сыйпалап, әсіре әспеттеп отырмаққа. Таланттарды – таланттар ғана таниды. Дүниені: таланттар – жасап-түгелдейді; талантсыздар – өшіріп-жояды…
Айжанның көз алдында Асқарының перрондағы бейнесі, сөздері, қимыл-харекеттері сол қалпында, айнадағыдай тұрып алды. Және де: «Быт-шыты шыққан тас-төсеуіштер… желкілдеп, жарыса жарыққа талпынған көк желкендер… әсем де әралуан түсті балапан гүлдер... Тайман…»
Енді бірде... күні кеше-арғы күндергі ұлы әруақтар Абай, Шаһкәрім, Мұстафа, Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан... Бауыржан... бейнелері де жіпке тізгендей тізбектеліп өте берді. Ымыра қол бұлғайтындай, әлде немқұрай қол сілтейтіндей де ме, – «әйтеуір, араздасарлықтай бірдеңелері бар-дай да-ма?..» Одан ары қарата... абыз бабалар Күлтегін... Қорқыт, Асан қайғы... Бұқар жырау, Ақтамберді, Махамбеттердің тылсым-ды кескін-кейіптері де...
Нешеме қилы суреттермен жарыса-жағаласа Тайман дос-құрбының пойызда ыңылдап отырып шерткен азалы күйі де санаңның сай-саласын сыздықтатып тұрды-ау:
Қаныпезер, қызыл-көз, жалмауыз қыс, –
Астан-кестен, қан-жоса, айнала тұс!
Дүлей долы ұлиды ойнақтаған, –
Жанамалап, қоймайды, қалыспайды, –
Құзғын-қарға құнығып масайраған.
Көкжал бөрі омығып безіп барад, –
Ол жаралы, азалы, қаңғып барад.
Сорлы дала сасыйды бөккен жынға, –
Ұқсайды анық, бейне бір, көргендерің:
«О дүние мен бұ дүние шындасқанға!..»
Бәрінен де, қиыны ең, сау бендеге:
Қарап тұрып – қимасың ештеңеге –
«Қарындастан» айрылған қиын екен!
Бәрі-бәрі – болғаның, болмағаның –
Жалғандығың жаныңды қинайды екен!
...Күн – түн; ақ – қара; бір қуаныш – бір қайғы... бар – жоқ...
Жанды суреттер, жадыдағы бейнелер, тылсым-ды кескіндер – «шексіз-шиырсыз аласапыран әлем» – бірінен соң бірі алмасып, оның жан-сірлерін жіпсітіп те жосытып, қайта-қайта – қайта айналып келе берді, келе берді, келе берді.
Бұрынғы көрген-білгендерің бар, ендігі сезген-сезінгендерің бар, мұның бәрі-бәрі де – ШЫНДЫҚ* – КӨРКЕМ КЕЛБЕТ КЕСКІНДЕРІ* екен де ғой...
маусым, 1999…
*Құдай – Құдай сөздері