Адам қарады: 97 | Жарияланды: 2017-09-06 04:52:08

Тәуелсіздік толқындары

1.ЗАМАНА ЗАПЫРАНЫ

 

Қиялмен көз жіберсек өткен күнге,

Мың жеті жүз жиырма үштің көктемінде.

 

Тап беріп рақымсыз жау арғы беттен,

Даланы соғыс өрті шарпып өткен.

 

Естіліп мұң мен нала зарлы көштен,

Сүйектен өтіп тұрды қарлы көктем.

 

Жоңғарлар ойран салып астан-кестен,

Еліміз бір зұлматты бастан кешкен.

 

Кезең болды зұлым жау жарлық еткен,

Дархан дала қазаққа тарлық еткен.

 

Алланың жазғанына  амал бар ма,

Кез болдық кері кеткен замандарға.

 

Қазақтың батырлары белін  буып,

Туған жерді тазартты жауын қуып...

 

***

 

Бұл қуаныш ұзаққа бара алмады,

Желге ұшты қазақтың бар арманы.

 

Терістіктен көршіміз басып кірді,

Орыстың мейманасы тасып тұрды.

 

Алдыменен Еділ мен Жайықты алды,

Қазақтың азаттығы ғайып болды.

 

Ақ патшаға қазақтың жері керек,

Емін-еркін билейтін төрі керек.

 

Қазақтың малын түгел тартып алды,

Ауылда жас бала мен қарты қалды.

 

 

Құтырынды патшаның жендеттері,

Кең дала құлазыды ел кеткелі.

 

Ақ патша бұл ісіне қымсынбады,

Солдатқа айдамақшы қыршындарды.

 

Қалай да сақтаймын деп Алашымды,

Бас көтерер арыстар аласұрды.

 

Солдатқа бермейміз деп жас арысты,

Ауылдың ағалары қасарысты.

 

Жексұрын жауыз патша жанталасты,

Қазақтың оғландарын  дарға асты.

 

Зеңбірегін сүйретіп оқ құйылған,

Бейбіт елге тап берді тұтқиылдан.

 

Мұны көрген момын ел  шошып кетті,

Бассауғалап жан-жаққа босып кетті.

 

Тау мен тасты паналап жан сақтады,

Белгісіз қазақ қаны қанша аққаны.

 

Жауыздардың зорлығы шектен асты,

Қазақ байғұс амалсыз шетке қашты.

 

Жауыздық мұныменен тоқтамады,

Жазығы жоқ жандарға оқ қадады.

 

Қайран қазақ даласы қан сасыды,

Жауыздардың ісінен жан шошыды.

 

Аяғы ауыр әйелдің ішін тілді,

Отарлауды осылай «түсіндірді».

 

Қазақтар бәріне де көнсін деді,

«Бұратана халық» деп менсінбеді.

 

Қалың қазақ басында жанған бағы,

Іргелі ел болсақ деп армандады.

 

Бірақ оған патша ағзам жол бермеді,

Қазақты басып-жаншу болды ермегі.

 

Арыстардың басынан бақ тайғалы,

Қайта қонар бір кезде бақты ойлады.

 

Отаршылдар мұндайға дес бермеді,

Халықтың мұң-мұқтажын ескермеді.

 

Арыстарды биліктен аластады,

Қайта төнді зұлымдық қара аспаны.

 

Қанша заман өтсе де мына бастан,

Өр халық өршеленіп жағаласқан.

 

Үш жүз жыл бодандықтың дәмін татты,

Ұл құл болып, қыз күң  боп  өсіп жатты.

 

Отарлық тепкісінде тұншыққалы,

Қазағымның басына күн шықпады.

 

Отаршылдар халықты қан жылатты,

Ұрып-соғып, тепкілеп қансыратты.

 

Казак келіп даланы ойрандады,

Күлге айналды қазақтың қайран бағы.

 

Алдымен шырылдатып жаныңды алды,

Сонан соң алдыңдағы малыңды алды.

 

Жауыздар қылыштарын жалаңдатып,

О бастан машықтанған адам атып.

 

Кәрін тігіп қонысқа жұрт жиылған,

Ауылдарға тап берді тұтқиылдан.

 

Келімсектер көрсетті көрмегенді,

Тартып алды қолыңмен бермегенді.

 

***

ІІ. ҚЫЗЫЛДАР ҚЫРҒЫНЫ

 

Голощекин зұлматқа бастап елді

Қазақтың тең жартысы аштан өлді.

 

Алаштың асылдары құрықталды,

Бас көтерер ерлерін  қырып салды.

 

«Кіші Октябрь» дегенді сылтауратты,

Қазақтың көбін елден сырт аунатты.

 

Ойдан-қырдан қашқандар қаптап кетті,

Трактормен қыр гүлін таптап өтті.

 

Қазақ байғұс айрылды қонысынан,

Келімсектер басып жүр қонышынан.

 

Қалың қазақ қайғыдан көз ашпады,

Қара түнге айналды боз аспаны...

 

Содан бері мінеки ғасыр өтті,

Кім көрген мұндай сұмдық қасыретті?!

 

***

ІІІ. ЖЕЛТОҚСАН – ТӘУЕЛСІЗДІК БАСТАУЫ

 

Мың тоғыз жүз сексен алты, осы қыста,

Мәскеу барды тағы да бір қылмысқа.

 

Халықтың қалаулысы Қонаевты,

Орнынан ала салды оңай тіпті.

 

Колбин деген біреуді алып келді,

Осылайша тұқыртты алып елді.

 

Желтоқсанда жас өркен көтерілді.

Жарқ еткен жанарлардан от өрілді,

 

Намысын қайсарлықпен кекке жанып,

Ақыры дегеніне жетті халық.

 

Желтоқсанның желінен бастау алған,

Тәуелсіздік айналды басты арманға.

 

Намысқа суарып ап кек қайрағын,

Көгінде желбіретті  көк байрағын!

 

Енді міне ел болдық егеменді,

Кеңейте түс, ей қазақ, керегеңді.

 

Тәуелсіздік таңы атты көптен күткен,

Құтылдық басқа төнген өктемдіктен.

 

Арман болған Азаттық – сағынышым,

Көре алмаған дұшпанның сағы сынсын!

 

***

 

ІV. 2050-ЖЫЛ  ҰЛАНДАРЫНА  ХАТ

 

Ей, жас өрен, еркін елде туғандар,

Жарқылдаған ақ алмастай ұландар.

Ұлағатты Ұлы Дала Елінің 

Шерге толы шежіресін тыңдаңдар!

***

Бастары көптен бері бірікпеген,

Инесі саусағына ілікпеген.

Қолдағы бақ құсынан айырылған,

Ұрпағымыз  халықтың түрік деген.

 

Даламның кеңдігінен сыр ұққанмын,

Отарлық тепкісінде шыныққанмын.

Ежелден  еркін өскен ұлан  едік,

Басыма бұғау түсіп құрықталдым. 

 

Маң далам мен қайтейін кеңдігіңді,

Жоғалтып алғаннан соң елдігіңді!

Болашағың бұлыңғыр, ұрпақ мәңгүрт,

Бұған біз кінәлаймыз енді кімді?!

 

Намысын өз қолымен берген елде,

Көнеді екен бәрін де көрген пенде.

Қазақтың маңдайының соры ашылмас,

Қаптаған келімсектер жүрген жерде.

 

Тағдырдың тәлкегіне амал бар ма,

Кез болдық кері кеткен замандарға.

Тоныкөк пен Еділдің ұрпақтары

Құл болдық өзі бодан болғандарға...

***

Ей, жас ұрпақ, құлақ қойып тыңдап ал,

Біздің елде төбелер де, тау да бар.

Тәуелсіздік тарихынан сыр шертер

Тас мүсін боп тұрып қалған тұлғалар...

 

КЕРЕЙ МЕН ЖӘНІБЕК

Дүниеге қазақ болып жаралғасын,

Өмірдің кәусарынан нәр алғасын.

Керей менен Жәнібек Шуға келіп,

Орнатқан қасиетті хан ордасын.

 

Бес жүз елу жыл өтті соққан желдей,

Толқып жатты дүние шалқар көлдей.

Атам қазақ Мекенін қорғап бақты

Жау жағадан алғанда аққан селдей.

 

Бастан кешті халқымыз зұлматтарды,

Қамыт киіп басына  құндақталды.

Алдаспанын суырып атой салып,

Тұлпар мініп жорықта түн қатқан-ды.

 

Еске алайық тау мүсін тұлғаларды,

Ерлігі мен өрлігін жырлағалы.

Хандар мен батырлардың орны бөлек

Олар жайлы мәңгілік жыр қалады.

***

АБЫЛАЙ

Қас дұшпанға  қарсы шапқан тайсалмай,

Ұзақ күттік ерліктерін айта алмай.

Сабы сынып, садақ тесіп  жатса да 

Ақ тулары аман қалды  шайқалмай!

 

Тартқан талай тауқыметін азаптың,

Басын қосты Ол шашыраған қазақтың.

Сардар  салған сара жолға түсті елі

Міне, бүгін тәуелсізбін, азатпын!

***

САРТАЙ

Жаужүрек мың балаға сардар болған,

Жау тигенде еліне қорған болған.

Өзіндей мың өреннің басын қосып,

Қорғаған туған жерін жоңғарлардан.

***

КЕНЕСАРЫ

Ата жолын қуған ұл ғой Кенекең,

Алтын Арқа туып-өскен жері екен.

Атамекен үшін жанын қиды ол,

Абылайға тартып туған ер екен.

 

Сан ерлігін  бағалады атырап, 

Жүреді әлі оған бәрі таңырқап,

Арманына жете алмай кетсе де,

Ер есімін  еске алады сан ұрпақ!

 

***

 

ИСАТАЙ

Ақтабанмен атой салған майданда,

Тайсалмаған  жүрсе-дағы қай маңда.

Ажал оғы іздеп тапты оғланды,

Мерт болды ол  басынан бақ тайғанда.

***

МАХАМБЕТ

Қас дұшпанның зәре-құтын қашырып,

Майдан жолын жүріп өткен  жапырып.

Қалтыратты  Мір оғындай жырымен,

Көрген жоқ ол  ешбір жанға  бас ұрып!

***

ШОҚАН

Отызында алған  талай асқарды,

Саяхаттап «бағындырған» Қашқарды.

«Манас» жырын ұрпақтарға танытып,

Таңғалдырған  талай қасқабастарды!

***

АМАНКЕЛДІ  

Азаттықтың ақ таңы үшін алысқан

Жаңылмаған хас тұлпардай шабыстан.

Ақ патшаның қаһарынан  қаймықпай

Қалың қолға қарсы шапқан Арыстан!

***

АБАЙ  

Халқын  ойлап тастүйін боп бекінді,

Осы жолда талай-талай өкінді.

Өлең-жыры, қара сөзі бүгінде

Қазағының шамшырағы секілді.

***

СҮЙІНБАЙ

Елім десе, жерім десе серпілген,

Төрелерді тәубесіне  келтірген.

Айтысқанын алып ұрған алдаспан,

Әсте айнып көрген емес сертінен.

***

ЖАМБЫЛ  

Ұлы үстазы Сүйінбайдан бата алған,

Бір ғасырдың жыр алыбы атанған.

Жаңылмас жақ, сүрінбес тұяқ туған,

Қасиетті Бәйдібектей  атадан.

***

ҚАЖЫМҰҚАН  

Алып еді ол  ана сүтін ақтаған,

Боз кілемде бұлшық етін баптаған.

Жауырынын жер иіскеткен талайдың

Қазақ болып туғанына мақтанам! 

***

АХМЕТ  

Қазағының қаруы боп алдаспан,

Ана тілін ардақтаған талмастан.

Туған елдің келешегін ойлаған

Игі істері ұрпақтарға жалғасқан.

***

МҰСТАФА ШОҚАЙ

Ер еді жерім деген, елім деген,

Халқының қамын ойлап еңіреген.

Қанша қуғын көрсе де Түркістанын

Қорғап өткен ең соңғы деміменен.

 

Армандаған  елінің азаттығын,

Аңсап күткен болашақ ғажап күнін.

Жүрсе де бір қиырда жат қолында

Ұмытпаған ешқашан қазақтығын!

 ***

                     ТҰРАР 

Алаш туын асқақтатқан, жықпаған,

Бар өмірі болған елге құт қадам.

Түркістанның азаттығы жолында 

Тар кезеңде ажалдан да  ықпаған!

.                  ***

     ОРАЗ

Алматының атауын қайтарып ең,

Мектеп ашып ауылға жай тауып ең.

Болашағын ойладың жас ұрпақтың,

Сол үшін де дән риза байтақ елің!

***

МАҒЖАН  

Мағжан аға, сыр ұғамын жүзіңнен,

Өміріңде қыс көп болды-ау күзіңнен.

Құжынаған қоңыздар мен доңыздар,

Қалмай қойды-ау сенің асыл ізіңнен.

 

Жеткен сенің түбіңе кім дер едің,

Түнек болып шықты ғой  күн дегенің.

Асыл бейнең кетпейді көз алдымнан,

Сенің мұңлы жүзіңнен нұр көремін.

 

***

 

ДІНМҰХАМЕД 

Шежіренің шерлі күйін шертетін,

Халқы сүйген, Елі сүйген перзентін.

Ол бар жерде мерейі үстем халқының,

Ол жоқ жерде сағынатын ел жетім!

 ***

ҚАНЫШ

Ерлігіңді әлі де айтар ақын,

Еңбегің көп еліңді  жайқалтатын.

Жұртың  сенің  өзіңдей  тағы ұл туар,

Халқым менен биік деп айта алатын!

 

***

БАУЫРЖАН  

Қазағымның  хас батыры Бауыржан,

Шыққан ұлан  қарапайым ауылдан. 

Қас дұшпанын қалтыратқан майданда

Өрлігі де, ерлігі де  аңыз жан!

***

МҰСТАФА  ӨЗТҮРІК

Тартсаңдағы тауқыметін азаптың,

Таныттың ғой кім екенін қазақтың!

Туған жерге ту тіккелі келіп ең,

Әттең, әттең, өмір сүрдің аз-ақ күн!

 

Топ  бастаған оғландардың бірі едің,

Білектілер шайқасының пірі едің!

Қайсар ұлы, қаһарманы халықтың,

Ел деп соқты сенің асыл  жүрегің!

***

ЗАМАНБЕК

Арыстандай арпалысып ар үшін,

Өзгелерге  таптатпаған намысын.

Сол үшін де қарауылға ілініп,

Қапияда қаза тапқан  арысым!

                   ***

                АЛТЫНБЕК

Ұлт  перзенті  Алтынбек.

Ғұмыр  кештің халқым деп,

Сен кеткелі фәниден,

Арылмады салқын леп.

 

 

                ***

                  НҰРСҰЛТАН

Саған риза сайын далаң сыр тұнған,

Ақ батасын  алдың талай  жұртыңнан.

Тәуелсіздік Туын тіккен  елімді

Болашаққа бастаған ұл – Нұрсұлтан!

 

                   ***

Ей, жас ұрпақ, намыс болса кеудеңде,

Өз тіліңді ешбір тілден кем көрме!

Тәуелсіздік туын мықтап ұстаңдар,

Ата-баба аманаты  сендерге!

 

Жүрсек-тағы отар болып сеңделіп,

Ел намысын біздер қолдан бермедік.

Өркендей бер, Қазақ Елі – Мәңгі Ел,

Азаттықтың бесігінде тербеліп.

 

Дала таңы ата берсін арайлап,

Жүзімізді  жадыратсын  нұр ойнап.

Берік болсын тәуелсіздік тұғыры,

Мәңгі-бақи желбіресін көк байрақ!

 

 

Қазақ тілінде жазылған