Адам қарады: 323 | Жарияланды: 2018-03-29 05:57:34

Есек семірсе иесін тебер немесе ешкі бастаған мал егінге түседі

Бастығымыздың басы ауырды ма, әлде құлағы ауырды ма, әйтеуір тура бүгін жұмысқа келмей қалды. Жұмыс жүрелеп қалмауы үшін, әрі бастығымның орнын басып қалатын орынбасары болғандығымнан, бүгін бір жұмысты жүгенінен сүйреп, жоғары қарай жетелейінші деген ниетпен қабағымды қарс жауып, көзімді алартып, мұртымды едірейтіп, жұдырығымды тастай түйіп, креслога шегелене отырып, алдымдағы абажадай үстелге жабысып алдым. Осы офис ішіндегілер болмаса сырттағы қара жұмысшыларды бір шыбықпен айдауға білімім де, авторитетім де, қалаберді сұсым да жетеді. Бірақ осы контор іші қызметкерлер «шо то» маған жұлдыздары қарсы, бәрі бастықты жақтайды, соның жандайшаптары. Осылар келіп қалып төбеме әңгіртаяқ ойнатқандай сөздерімен жерден алып жерге салмаса болғаны. Мысалы бар ғой, төне-е-еу күні де бір рет өстіп бастықтың орнында қалып едім, сонда бас есепші қатын келіп төбемді оя жаздады. Битеді:

– Бәнкіден ақша ала алмай жатқанда, неғып отырсың омалып, – деп дікең-дікең етеді-ей, жүдә маған. Өй, жаман пасық, көрсетермін мен саған! Мен бір бостан-босқа омалып отырғандай, соншама дікеңдеп!. Онесі-ей!? Менің әкімнің орынбасарымен дәл осы кабинетте дойбы ойнап отырғанымды шыққыр көзі көріп тұрса да тепсінеді-ей. Бұл қатынның әйтеуір «преферанс» ойнап отырғанда келмегенін айт. Әгәрәкім келгенде, қол жүрмей қалатын еді. Айтпақшы сол күні екен-ау, экспедиторымыз кіріп келіп:

– Дым да машина жоқ, құрылыс материалдарын арқалап тасимын ба, а? – деп, түкірігін шашырата айқайлап, менің бастықтың орынбасары екенімді өмірі естіп-көрмеген адам сияқты, әбден апшымды қуырған. Сонда мен газеттегі «сканвордды» шешуден қолым тимей жатыр еді. Ашуымды ақылға жеңдірдім де, өтіріктен ыржаңдаған болдым. Тағы да сол күні:

– Сен де «бастықтың орынбасармын» дейсің-ау, сөйтіп айлық аласың-ау, онан да қос қолыңды төбеңе қойып құрымайсың ба басыңның ауған жағыңа! – деп, есіктің алдына жаман қаншықтай байланып отыратын хатшы қыз әкіреңдеп кабинетімнен әрең шықты. Ойбай, шабаланғанда ауызынан түкіріктері шашырайды екен. Сондағы маған тағар кінәсі – облыстық мекемеге жауап хат жазғанымда бір парақ қағаздан қырыққаншама қате тауыпты, сол қателерді жөндеймін деп жүріп алтын уақыты зая кетіпті-міс. Қайтейін енді, білімім азма-аз ғана нашар, тойыс әлсіз, жоқ өте мықтыдан сәл-сәл ғана төмендеу болса. Оның үстіне орысшаға шорқақтау болсам, әрі осы грамматика-сраматика, әдебиет-сәдебиет дегендерді бар ғой суқаным сүймейді ше!. Ақымақ қыз-ай, адамды соншама ұялтқысы кеп. Бірақ несіне ұяламын, қойш сол шошақай қызды...

Сүт пісірім уақыт өткенде бас есепші қатын келді. Мен оның айқайына көндігуге дайындала беріп едім, ол жылы шыраймен күлімдей келіп, қипақтап біраз тұрды. Мен ішімнен «дауыл алдындағы дайындық ғой, адамның нербісіне тиіп, күттіре бермей, айқайыңды бастасаңшы» деп отырмын. Ол азма-аз паузадан соң қасыма төніп келіп үстіме еңкейді. Мынау енді буындырмаса болды, зәрем ұша, қолыммен бетімді қорғанып кейін шегіне беріп едім, ол:

– Сіз бәрін кешіріңізші, бірге түсінісіп жұмыс істегеніміз дұрыс, – деп қанардай қалтама бірнәрсе салды да, тез-тез басып шығып кетіп бара жатып артына қайырыла қарап, маған өте бір қимастық, сүйіспеншілік илтипат көрсетіп, маған деген ғашықтық сезімін ернінің үшімен көрсеткендей болып, екі бөксесін екі жаққа лақтыра, найқала, паң да сұлу жүріспен шығып кетті. Қалтамдағыға қарасам ақша. Бір пәшке көкқұлақ. Мұрным пысылдап, рахаттанып қалдым. Кеше соңғы тиынымды Егеуәліге ұттырып едім, бұл өте керемет болды-ей. Сонда да арыстанның қаншырындай немесе қасқырдың қаншығындай болған мына бұғалтыр қатынның мына қылығына түсінбедім. Бірден түлкінің ұрғашы сұлуына айналғанына таңданғандай болдым.

Бір кезде қарасам біреу есіктен еңбектеп кіріп келеді. «Бізйаткі»мен ұстайтындар шығар деп зәрем тағы ұшты. Бірақ мынаусы қорқа-қорқа имене кіріп келеді. Әй қайдам, маған білдірмей, қашып кетпесін деп, жем тастап, бірден бассалайын деп келе ме екен. Сонда да анықтап қарасам, әлгі экспедитор бала екен. Ол:

– Мыр...мыр...жол... жолдас, мырза Кеуек Маманович господин, т... тойыс, Маманұлы мырза! Сізді шын жүректен құттықтаймын, Сіз нағыз ылайық адамсыз. Ал мынау әзірше ғана, кейінгісін тағы... Үй салып жатырсаңыз стройматериал сұрай беріңіз, тегін тауып беремін...– деп, бір қорап сары май, оншақты бөтелке арақ-шарап, бір коньяк, закускасымен (т.е бәдрен-сәдрен, пияз-сияз), кәмпит-пешеней, сосын оншақты бөлек қазы-қартаны және оншақты келі етті (семіз қойдыкі) үстелдің астына ысырып кетті.. Міне шала байыған деген осы. Бұл ненің ақысы екен? Итім білсін!

Содан есік алдына байланып қойылған ұрғашы әдемі жас тазыға ұқсаған хатшы қыз еліктің лағындай секіріп-секіріп келді де:

– Господин Кавак Маманович, екіншілей облыстық мекемеге хат жазу қажет бола қалса, мазмұнын айта салыңыз, өзім-ақ сүйкеп беремін, и сосын мені өзіңіздің әйеліңіздей, нетіп, жұмсай беріңіз, бәріне көне беремін – деп, мойнын иығының ішіне тығып жіберіп, жүгіре шығып кетті. Қатты ұялыс тапқандағысы ғой, шіркіннің. «Нетіп» дегеніне түсінбедім. Қу қыз ашығын айтпай әдейі менің жүрегімді лүпілдетіп қойды-ау. «Нетіп» дегені «неғылып» дегені шығар. Түх. Жүрек қаттырақ соғып кетті ғой. Сонда да мұнысы несі, әнеугүні емес пе еді, ем... емш.. тойыс еміне еңкее бергенімде, бетімнен мысықша тырнап алғаны. Ну, дура!...

Мен қатты таңданып жұмыстың аяғына дейін мәңіп отырдым. Әшейінде кім көрінген «ит» менің кабинетіме кіріп темекі тартып, қысыр әңгіме айтып кіріп-шығып жүре беретін. Бүгін шыбын да кірген жоқ. Жұмыс аяқталып, кеңседен шықсам, басекемнің ақ иномаркасы алдымда көлденең тұр. Қолымдағы және арқалап алған қап-қап товарларымды багажнигіне салып, салонға кірсем, түрің құрғыр Егеуәлі отыр артқы орындықта. Ол облыстық мекемеде кадрлар бөлімінің бастығы еді. Құнжыңдап қолын алдым.

– Қалай?, – деді қулана.

– Түк түсінсем бұйырмасын бүгінгі тірліктерге...

– Ха-ха-ха, жұрттың бәріне «Кәуек дәу бастық болды» деп, алдап қатырған едім...

– Өй, бүгін 1-сәуір екен ғой...

– Тапқаныңның жартысы менікі....

 

 

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған