Каскалар мен маскалар
Касканы жауынгерлер жаудан қорғану үшін, құрылысшылар кездейсоқ апаттан сақтану үшін киетіні белгілі. Велосипедшілер, мотоциклшілер, хоккейшілер де каска кимей жарысқа шықпайды. Өрт сөндірушілер мен судан құтқарушылар каскасы да өмірді сақтау мақсатын көздеген. Танкистер мен ұшқыштардың бас киімдері (шлемдері) де каска мен масканың қосындысы.
Масканы кісінің беті-жүзін жасыру мақсатында карнавалдарда, театрда, медицинада және спортта қолданған. Жын шақырған бақсылар да бетперде киіп зікір салатын.
Қазір касканы полицейлердің басынан көреміз. Өйткені, олар көшедегі азаматтардан қорғанады.
Масканы қарақшылардың бетінен көреміз. Өйткені, олар беттерін көрсетуге арланады.
Кейбір аярлар жолыққанда бетіне қарап күліп тұрады. Бірақ, бетіне маска кимесе де, маска киіп алған адамдай, ар жағында былық тұрады.
Касканы дос қана, масканы қас қана киеді екен деп те ойламаңыз. Маска мен касканы қатар қолданатындар тіпті көбейіп кеткен секілді. Каска мен масканы басқалар кисін, менен аулақ жүрсін деу де қиын.
Жар астында жау жоқ демеңіз.
Басыңызда каска болсын.
Елдің бәрін дос санамаңыз.
Бетіңізде маска болсын.