Момын деректрден қалай құтылдық
О, баста мен мұғалім емес, көкпаршы, шабандоз болуды армандағанмын. Еркін тақырыпқа шығарма жазғанда да «Көкпар» тақырыбын таңдағанмын. Ох, шіркін! Көкпар деген рақат қой. Қара текені қапсыра басып шапқан қандай. Көмбеге көбесін сөгіп тура тартқан қандай!
Бәріне кінәлі нағашым.
- Әй, Әйдік деген.
- Әу! – дегенмін.
- Мен ректор боп тұрғанда «үністөт» бітіріп ал, кейін кім біледі деген. Іштей емес, сырттай бітіріп, бес жылдан кейін дипломның бетін ашып қарасам, «ән-күй сабағының оқытушысы» - деп бат-ти-е-п тұр. Әу, деп ауыз ашуды білмеймін. Нағашымды айтам дә! Күрес пе, бокс па соның бірін бітірген деп жаза салса не бопты-ей-а? Тәуекел. Енді міне, Алтынсары атамның атындағы мектепте амалсыздан «әнші» боп отырмын. Қазақ айтқыш. «Көңілсізден бір жері жоқ бала туады» - дейді. Ұнамаған мамандық осы дә!
- Аманқұлов екен аман болғыр, деректрдің аты-жөні. Өзі бір жүрген біреу. Деректрді айтам дә. Мінез болсашы еркектік. Айтары коллективіміз тату дейді. Ау, кім-кімнің басын жарып көзін шығарып жатыр қазір. Соғанда мақтана ма, есі дұрыс ер кісі. Өзім кәнігі көкпаршы намысқой адаммын. Түйгенім, топты топалаң етіп, пәле шығарып момын деректрден құтылмасам көргенім осы.
Бәлеқор дей ме, дей берсін!
Жалақор дей ме, айта берсін!
Тіпті тікендей Тілепберген бәлеқордың өзі ауданда бас маман. О, айналайын Алтынсары атындағы мектептің ұжымы, сендерге пейіш орнатып, жағдайларыңды әлі мен жасаймын деп өрекпідім. Ептеп жоба сыздым да былай дедім. Оу, мәке, бұлай болмайды. (деректрдің аты Мәдіислам) «Мұғылықты мұғалім» деген байқау өткізейік сөйтіп ауданның көзіне түсейік десем», бала, тыныш жүр, жүр!» - дейді.
«Желаяқ мұғалім» деген жарыс өткізейік десем, ауданнан адам келіп жеңісіңнің сырын айт деп пәле болады. Екі ортада желаяқ өзіміз боламыз деп көнбейді. Дұрыс қой. Жуас, момын адам басқа не дейді. Күйіп кеттім де көлеңкесіз көке-ау, төмен қарап төбе бола бергенше бір мезгіл тау болайық. Бүйте берсек ұжым ұйықтап қалып ертен «клобализация» (жаһандануды айтамын) келгенде. Алтынсарының ұжымы арбаға мініп айдалада қалады деп те үгіттеп көрдім. Көнбейді! Көнсе іс-шараның арасында ішіп қойды, жеп қойды деп үйдей үйіндінің астында қалдырмақпын. Момын кәрі тарлан! Жоламайды-ау, жоламайды. Алыстан сезеді!
Болмаған-сын турасына көштім. Қазір нарық! Кім-кімді жемей жатыр. Кәсіби көмек көрсететін «ҚББ», «АББ» әдіскерлерінің өзі ебін тауып мұғалімдерден ақша сындырса, «Пожарныйлар» көке, күрегің жоқ, құмың жоқ өрт шыға қалса өшіретін дымың жоқ деп ақша алады.
СЭС-тер ана жерің кір, мына жерің лас. Қауіпті микробтар осындай жерде өмір сүреді деп ақша алады. Не, өтірік пе осы? Деп те түркілеп көрдім. Мыңқ етпейді деректр дем бермеген соң ұжым шұрқ етпейді. Ойым атмосфераны бүлдіріп «шу» шығару. Деректрді «қайнатып бу» шығару.
Айтпақшы Алтынсары мектебінде не болмайды? Жуас, жігерсіз басшы басқарған жерде бәрі болады! Оқытушылар бытырап бет-бетімен кеткен.
Жаратылыс мұғалімі жарты айға қыдырып кете ме, сабағын мен өткіземін.
Физик, химик апайлар ауыл аралап кеткенде (арасында орифлейн сатады олар) сабақ беретін тағы да мен. Сонан не болды дейсіздер ме? Не болушы еді ән-күй адыра қалып, бос орынға сабақ бере беріп «Дежурный мұғалім» атандым мен. Күлмеңіздер. Кейде өзімді.
Дежурный врач,
Дежурный полицай болады да
Дежурный мұғалім неге болмайды деп жұбатамын.
Айтпақшы, алғашқы сабағымды қалай бердім соны айтайын. Шабандозбын ғой. Өлеңге өлсем жолаған емеспін! Тер қысты. Кейін барып шөл қысты. Оқушылар күледі. Құдай біледі бірнемені бүлдірсем керек. Сөйтсем жұмбақ жасырып тұр екенмін. Апыр-ай! Деп тұрғанымда «Япурай» деген әжемнің әні есіме түсті. Соны айтқыздым. Халық әні екен ғой ол! Халық әнін халықтың арасында айтпаса оқушыларға айтқызуға болмайды екен. Оларға отан, ерлік, еңбек туралы айтқызу керек екен.
Іштей емес, сырттай бітірген соң іште не боп жатқанын мен қайдан білейін? Этика, эстетика дегенің өзің мұғалім болған соң түсіне бастадым ғой. Әй, көкпар-ай! Обал-жазырым нағашыма, кейін момын деректріме. Неге? Аузыңа абай бол деп, диплом ұстатқан сол. Ал анаған ән емес жарапазан, қисса айтқызсаңда бәрібір. Ескерту не тексеруді білмейді. Ақиқатын айтайын. Көкпаршы болған соң саусағым перне басуға келмейді. Қандай қулықтарға бармадым. Ауылдағы Айтпай қарияға домбыра тартқызып шертпе күйдің шебері, төкпе күйдің атасы деп айла тапсам, тексерушілер келгенде көненің көзі фальклорды тыңдайық деп алты кемпірге ауылдың алты ауызын айтқызып сыр бермедім.
Сосын оқушылар қай класты бітіргенімді қайдан біліп жатыр. «Қобыз класын» бітіргенмін деп тауып кетемін.
Білемін. Алтынсары мектебінде қобызды қопарсамда таппайтынымды! Осының бәрі кімнің кінәсі! Жуас деректрдің кінәсі. Әй, демейді-ау әй демейді. Жарайды өткен өтті. Көрші мектептің директорына қызығамын мен. Айғыр ғой. Айғыр!
Мұғалімдерді тәрбиелеп дәлізден есікке,есіктен домалатып тесікке тепкенде бар ма, ұжымнан үн шықпайды. Сындырады! Сағаттан қысып «лақтырып» талай істі тындырады! Ойбай-ау! Жалақы алғанда мұғалімдер: Әбеке, (деректрдің аты Әмірбек) қаншадан жинаймыз деп алдымен кіріп бұрылмай артымен шығып, комиссия, туған күнге ақшаны «өз еркімен» тастап кетеді екен! Өз еркімен тастаған «өтемақыны» коррупция дегенді қай мектептен көрдіңіз? Әне, тәрбие!
Ойлаймын дә, осыны Август конференциясында, әдебиеттен беретін әлдебір апай үлгі етіп неге мәнерлеп оқып бермейді. Оқыса деректрлер тәжірибе алмасып үйренер еді деп. Әйел әдебиетші демекші мектебімізде сексен бір оқытушы бар. Жетпіс жетісі кешіріңіздер. Жетпіз сегізі әйелдер де үшеуі ер кісілер. Деректр, завуч және мен. Солардың салқыны тиді ме басшымызға не айтсақта жымияды да қояды. Әріге аттап баспайды. Керек пе осы? Керек емес! Жақында боянады дейді. Білемін. Жас мұғалімдердің жалындап ұсыныспен келетінін. Шабандоз болған соң намыс кернеп ұсынысты менде айтқанмын.
Мәке, әйелдер машине айдайды. Теңбіз деп темекі тартады. Алтынсарыдағы апайларға бізде көкпар шаптырып, имиджін көтерейік. Мәселен Торғын апайды торы айғырға, Алмагүлді ала айғырға мінгізейік деп.
- Есің дұрыс па? Бірнеме боп кетсе қайтесің дейді.
- Есім дұрыс! - дедім.
Арманым Алтынсары мектебінің атын шығарып аудан бойынша алға шығару. Осыны жуас деректіріміз түсінбейді. Жуас түйе жүндеуге жақсы. Білесіздер ме? Зиялылар түсінбедің дегенше түсіндіре алмадым деген мәдениетті дейді. Сөйтіп Мәкеңе түсіндіре алмадым. Дежурный мұғалім болғандықтан уақыт көп менде. Жетеді! Сосында оңашада ойға беріліп мұғалімдерді салаға бөлдім.
- Мұғалім материал. Олай дейтінім не жасасаңда көне береді. Қиындыққа төзе береді. Денелі ер мұғалімдерден шифоньер, шкаф, келісті келіншектерден комиссиялар демалатын диван-кровать жасауға болады екен! Деректрдің іш киім сырт киімін мұғалімдерден тігеді дегенде сыбыс бар.
- Мұғалім қолбала. Мектеп басшылары қағазын үйде ұмытып кетіп оқушыны жұмсасам оқып қояр деп, оқытушыны жұмсайды. Аздаған азық-түлік, памперс помидор алып мынаны жеңгеңе апарып бере сал деген жағдайлар да болған. Рас осы!
- Мұғалім тағам. Басшылар бас аспаз ғой. Мұғалімдерден қуырып қуырдақ, шыжғырып шұжық жасауға болады дейді. Аудандық кулинаршы әдіскерлер шоколад, торт жасаудың әдісін меңгеріп жатқан көрінеді.
- Мұғалім кепіл. Балаларының сапалы білім алуына ата-аналардың алдында кепіл. Әр оқушының жол картасын сызып үйден мектепке, мектептен үйге аман жетуіне де кепіл мұғалім екен! Ұстаздарды кепілдікке банкке, қоюға да болады. Бұрын арық тазалап, тал әктеуші еді. Енді жұрттың моншасын жағып арқасын езіп береді дейді. Олай болса аз ақшамен көп жұмыс атқаратын, арзан жұмыс күші де мұғалім.
Ойбай-ай ауылдың ақтөстеріне дейін ақылды. Таңдап талайды ғой. Кімді дейсіз бе? Мұғалімдерді. Мұғалім... мұғалім! Бұл бейбақтарды кім таламай жатыр қазір. Осының бәрі кімнің кесірі? жуас, жігерсіз деректріміздің кесірі! Намысты шабандоз мені осы келеңсіздіктерге төзеді деп пе едіңіз. Жоқ! О, шеш... дей бергенде шешім өзі келді. Екі жүз грамды тартып жіберіп өзімді өзім тастап кеп жібердім. Қайда дейсіздер ме, прямо полға!
Басымды столға соқтым. Өз қолымды өзім тістеп, саусақтарымды евроесікке қыстым.
Біздің эксперттерде кең пейіл ғой. Міне қорытынды:
Бас сүйегі сынған.
Жақ сүйегі тынған.
Қабырғасы қақырап, миы шайқалып,
Азамат өлуге аз-ақ қалған.
Екінші бетінде орысшасы:
Внутренний , наружный перелом черепа.
Сотрясение мозга 5-ой степени.
Ушиб правого, перелом левого бедра.
Фактіме факті!
Эксперттің қолы. Мөрі. Берілген күні.
Момын деректрден құтылдық! – деп мектебіміз Алтынсарының акт залында айғай салдым. Даусымнан оянып кетсем түсім екен! Кейде түстің де өніңдегідей тура келетіні бар. Бұл отыз бірінші наурыздың түні болатын. Ертең 1-ші сәуір күлкі күні.
Ал күліңіздер.
Құрметті мұғалімдер, түсте болса әзіл деп біліңіздер!