Адам қарады: 29 | Жарияланды: 2018-04-11 03:10:07

Мен- аспаншыл ақынмын!

Көңілімде – үр-тамыз.
Ал, Көгімде – қаз әні.
Күрсіне берсін бұлт-абыз.
Жан-дүнием – жаз әлі!

Тамсандырды таңсәрім,
Қызыр демінен шөп терлеп.
Қиял ұзартты аңсарым,
Қия-құзға бөктерлеп.

Бесқасқам – бек серігім,
Қарсы да шабар қасқырға.
Желге айналар желігім,
Құлынжонның астында.

Арша жақтым,
Аластап,
Жылқыларды жындардан.
Ақылыма адаспақ –
– алқаракөк Түн қорған.

Мендейе шкімкезбеген
Таулар ішін,
Ай үшін!
«Өлең» деген Сөзбенен,
Жұпарладым Ой ішін.

Мен – аспаншыл Ақынмын.
Тәңір тілін түсінем.
Жұлдыз түртіп отырмын,
Құрығымның ұшымен!

Қазақ тілінде жазылған