Адам қарады: 15 | Жарияланды: 2018-04-13 03:38:06

Құлай сүю

Құлай сүю – ғаламат қой, ғаламат,

Сыйлы ұрпаққа болсын бұл сөз аманат!

 

Құлай сүю – шет-шегі жоқ бір бақыт,

көңіліңді тұрар мәңгі жырлатып.

 

Құлай сүю – сөзін тізіп сабақтап,

түніменен пәлсапа оқу парақтап.

 

Құлай сүю – көктем жыры санаңда,

бүрін жарса, алдырмайды еш боранға,

 

Құлай сүю – үнсіздікпен келісім,

жүрекпен тек жететұғын жеңісің!

 

Құлай сұю – жанға дәру самалың,

сымбатың мен жүзіңдегі жамалың.

 

Құлай сүю – ұзақ таңға көз жұмып

кірпік ілмеу, ойдан ойды оздырып.

 

Құлай сүю – қарап тұрып мұң кешу,

іште жанған өртіңменен бірлесу...

 

Құлай сүю – биік құздан секіру,

құлай-құлай қайта тұру - жетілу.

 

Құлай сүю – құдіретпен тілдесу,

басқа жұртқа мәлімсіздеу күн кешу.

 

Құлай сүю – естен тану біртіндеп,

күнге құштар гүлге айналу үлпілдеп.

 

Құлай сүю – тыс болады ырқыңнан,-

Жанарларға батып кету нұр тұнған.

 

Құлай сүю – таң шапағын бетке алу,

кейінгіге өлең болып жатталу.

 

Құлай сүю – сабыр тапқан тағатың,

тілі сынып тоқтап қалған сағатың.

 

Құлай сүю – мәңгі қанбас мейірің,

өле-өлгенше түгесілмес сейілің.

 

Құлай сүю – емес ешбір серілік,

Шекесіне сәнге қояр зер іліп.

 

Құлай сүю – өміріңнің гүл шағы,

Өзгелерге ашылмайтын тымсалы.

 

Құлай сүю – жанып тұрған бір тілек,

Тар кеудеңді тұрған іштен сілкілеп.

 

Құлай сүю – найзағайдың күркірі,

тас балқытар жанартаудың дүмпуі.

 

Құлай сүю – кету мүлде дерексіз,

емес бірақ. Сөз болмайды себепсіз.

 

Қазақ тілінде жазылған