Адам қарады: 13 | Жарияланды: 2018-04-13 03:40:10

Қайтсең де өмір сенен безінбедім

Қайтсең де өмір сенен безінбедім,

Емес бұл безінетін кезім менің.

Тікенің тілімдесе табанымды,

Өлермен өзімде бір төзімді едім.

 

Көргенмін бораныңда жалғыз да үсіп,

Емделгем өлеңімді – жалбызды ішіп.

Алысса балағыммен «алақаншық»,

Киліккен қапталымнан сансыз күшік.

 

Білуші ем бұрын сені сырттай ғана,

Үңілсем шындап бүгін, бұлт па айнала?..

Сырыңды айтылмайтын қалай ұққан,

Кешегі асық атқан құйттай бала.

 

Болса да сенде алынбас қиын қандай,

Өң бермен қиыныңа қиылғандай.

Түніңмен арпалысар жан жүрегім,

Сіңгенше жер қойнына түйір қалмай!..

Қазақ тілінде жазылған