Адам қарады: 16 | Жарияланды: 2018-04-13 03:43:16

Кәрі бүркіттің көз жасы

 

     Жұрт не десе о десін. Әр пендеде әрқилы қиял болады. Өз қиялына ілесе алатын адам бар, ілесе алмайтындары тағы бар. Бұлардың көпшілігі қорқақ. Мен өзім бала кезімнен перілер өлкесіне, кездейсоқ оқиғаларға ғашық болдым десем артық емес. Ғашық адам от пен суға да түседі. Өз мақсаты алдында ештеңеден тайсалмайды. Қандай қиындықты болса да жеңе алады деп білемін. Бұл тақырыпта мен өте көп әдебиетті ақтардым. Байқағаным, жер бетіндегі қай халықтың болмасын қиял-ғажайып әлеміне үңілсең перілер мен жындар, басынан өткен оқиғалары туралы айтатыны сайып келгенде бір арнаға тоғысып жатады. Түсініктері де бірдей. Содан ойлаймын да: сонау «ерте-ерте, ертеде…» деп басталатын әңгімелердің түп атасы біреу-ақ. Кейінгілер бұрынғыларды дамытады, немесе өң береді. Ал, менің көргендерім оларға ұқсамайды… Байқасаңыз менің перілерім мен жындарымның да, әңгімелерімнің де айтары, реңкі басқаша… Менің айтатынымның көбісі өз басымнан өткен, өмірде болған оқиғалар. Болып та жатыр.

*     *     *

     Түнемеге жайлылау жер іздеп  таудың ұшар басындағы өзім білетін бір үңгіріне жайғасқам. Тау етегіндегі қамыс, қоғалардың көлеңкелері ұзарып, жарқыраған көл беті қараңғылық түскен соң көрінбей кетті. Көп кешікпей ай туатынын білемін. Ұйықтап кетсем керек. Қанша уақыт өткені есімде жоқ, әлденеден елегізіп көзімді аштым. Мұндайда орныңнан бірден тұруға болмайды. Мен өзім осылай әдеттенгем. Өйткені тау аңдары шалт қимылды ұнатпайды. Шабуыл жасауы мүмкін. Алдымен соны аңдап, жан-жағыңды зерттеп алу керек. Ай көтеріліп қалған екен. Менің қарсы алдымдағы тік жарқабақтың жазық бетіне көзім түсе бере селк ете қалдым. Негізі тау дегеніміз жерге аспаннан салбырап түсе қалмайды. Тау жер астынан жоғары қарай лықсып шығады. Тұрқы қалыптасады. Таудың астындағы итеруші күштің шамасы біткенде лықсу тоқтайды. Менің қарсы алдымдағы жарқабақ та, шың-құздар да осылай пайда болған. Мені селк еткізген осы қарсымдағы жарқабақтың бетіндегі сурет еді. Мен өзім осында жайғасқанда тік тұрған бұл жалпақ тастан ешқандай да бөтен-бөгде сурет-бейне байқамағам. Ал, қойтастардың жасы таудан – миллиардтаған есе үлкен болады. Менің көріп тұрғаным – кәдімгі жер астынан лықсып шыққан жартас. Бұл не болды екен деп ойланғанымша болған жоқ, тас бетіндегі әлгі сурет қимылдай бастады. Мен алғашқыда ол суретті түйе екен деп қалғам. Егер өзім жазық жер бетінде болсам, бұған еш көңіл аудармастан кетіп бара жатқан мал ғой дер едім. Ал, мынау тігінен тоқсан градуста тұрған тас қой. Және жерден көп биікте. Мұнда қанаты бар құс болмаса түйе, жылқы секілді жануарлар жүре алмайды. Бұл жерде кәдікті бір нәрсенің басы қылтиып тұрғаны рас. Мен ептеп қорқа бастадым. Онымды жасырмай-ақ қойдым. Ешқандай дыбыссыз артымдағы үңгірге қарай бір аунап түстім. Тасқа қайта қарасам, түйем екеу болып қапты. Олар кәдімгідей бірі біріне  иір-иір мойындарын созып,  шудалары желпілдеп кейін шегінеді, алға итінеді. Бұл сурет аз болғандай әлден уақытта түйелердің айналасына құрақтар, қамыстар пайда бола бастады. Құдды бір табиғаттың өзі тау жарқабағына теледидар іліп қойғандай. Қамыс, қоғалар да желмен тербетіліп тұр. Әлден уақытта әлгі суреттер жарқабаққа жабысқан жарқанаттар секілді жалп-жалп етіп төменге қарай құлдыраңдап ұшып кетті. Жарқабақ кәдімгі жарқабақ қалпына келді. Аспандағы айдың бетін бұлт басты. Мен аң-таңмын. Жарқабақтағы суреттен ығыса-ығыса өзім де үңгірдің түкпіріне кетіп қалған екенмін. Орнымнан тұрып төменге қарадым. Түнде ештеңе біліп болмайды. Айналамда сезікті ештеңе байқалмайды. Құлағыма оқта-текте ит-құстың ұлығаны, байғыздың сұңқылы есітіледі.  Олар ешкім кедергі бола алмайтын таудың ішкі тіршілігі.  Ешқандай әбестігі жоқ. Мен оны білемін.

     Маған бұл үңгір көптен таныс. Қауіпсіз. Негізі, құлағына тыныштық керек, өзін өзі жетілдіремін деген адам осындай үңгірде тұруы керек. Мұнда рахат! Жерді сатамын, тауды сатамын яки сатып аламын деп жылмыңдап, сау адамның миын қайшылап жүрген ешкім жоқ.  Үңгірімді өзім-ақ сатып алар едім ондай арсыздыққа бара алмаймын. Жер де, тау да, аспан да құдайдың еншісі-жаратылысы екенін білем ғой. Құдайдың жерін пенде қалай сата алады. Бұл-қылмыс. Ар-ұятым мені ондай қылмысқа жібермейді. Осы жағым кедергі болып тұр ғой, әйтпесе, үңгір тұрмақ бүкіл тауды басқа үңгірлерімен, аспанымен, аспандағы құстарымен қоса ауасына орап сатып алар едім. Қанағатсыз, ыпылас ықпалы бар оспадарсыздар ластап тастаған жердегідей емес, тау басының самалы да тамаша. Өкпеңді ашады. Саған немесе сен оған күдіктенетін адамдар кездеспейді. Ешкім балағыңа жармасып, аяғыңды шалмайды. Тауға келген сайын осы жерді мекендеймін. Соңғы кездері мұнда көбірек келетін болғам. Өзімнің жеке меншігім десем де болады. Үңгірдің ішінде артық-ауыс нәрсе де жоқ. Бір жақсысы бұл үңгірге  жыртқыш аңдар да, менен басқа ешкім де кіре алмайды. Шың басындағы менің ең жайлы мекеніме жету үшін көптеген кедергілерден, қиын-қиын қайрақтасты қиялардан, табаның зорға сиятын жылым-соқпақтармен жүру керек. Үңгірге келген соң, мен өзім ең алдымен үңгірдің кіре берісінде жатқан үшкір тасқа бес-алты құлаш арқан тастаймын. Сол арқан арқылы ғана үңгірге кіремін. Мұндай өнер көп аңшыда жоқ. Аңдар арқан лақтыра алмайды. Арғы жағын білмеймін, маған дейін бұл үңгірде бір кәрі бүркіт болған. Мені бұл үңгірмен таныстырған сол еді. Шындығын айтсам, мен оның баспанасын тартып алғам. Мен ол бүркіттің кәрі екенін білгем жоқ. Бүркітті ұстап алу үшін соңына түскем. Оның осы үңгірді паналағанын білдім. Бүркіт деген жыртқыштар ұшатын қанатты құс қой, күндіз аспанда болады. Қанатты құс қанатсыз адамға аспанда ұстата ма? Жоқ, әрине! Осындай себептермен мен ретін тауып бүркіттің қоналқасына түнде келгем. Тау кезген адамның бірден бір құралы – арқан. Арқансыз тауға барудың қажеті жоқ. Оның үстіне тау адамының тарамыстары мықты болмаса тағы болмайды. Менде ол қасиеттер бар. Сондықтан, бүркіттің ұясын қиналмай таптым. Тек қана ұяның орналасқан жеріне келгенде ептеп жоспар құруға тура келді. Мен жеткен жер мен ұя арасы бес-алты құлаш бос кеңістік екенін білген жоқ едім. Арқанымды біраз лақтырып жүріп ұя ауызындағы үшкір тасты таптым. Сілкілеп көрсем адам көтере алатындай шамасы бар екен. Менің тәуекелшілдігім тіпті күшті. Үнемі жалғыз жүрем. Айдалада сүйегім шашылып қалады деп ойламаймын. Көп кідірмей арқанды саумалап отырып үңгірдің ішіне секіріп түстім. Түз жыртқыштары қашаннан-ақ сақ келеді. Ұйықтап жатқан бүркіттің шалт қимылын байқап қалдым. Көзге түртсе көргісіз қараңғыда, құздың ұшар басындағы үңгірге тірі адам келеді деп бүркіт ойламаған ғой. Оның үстіне, бүркіттер түнде де жақсы көреді. Ал, адамның көзі тас қараңғыда тіпті көрмейді. Мұндайда жұмыс істейтін тек түйсік. Дегенмен, мен бүркіттің екі қанатының екі жаққа жайылғанын, үңгір ішінің шаңы бұрқырағанын, өзінің кері шегініп арқасының ұя қабырғасына тіреліп қалғанын сездім. Аяқтарының шеңгел саусақтары болса да «келсең кел» деп жауына атылғалы тарбайып тұрған шығар. Тағы бір айтары, бүркіт қанша жыртқыш болғанымен – кеңістікте ғана бүркіт. Мұндай тар жерде бүркіт өз күші мен айласын толық пайдалана алмайды. Бүркіттің сала құлаш қанаттары өзіне кедергі жасайды. Көп ойланғам жоқ, мен бүркіттің бауырына кірдім де кеттім. Өзімнің үстімдегі презент плащымды алдын ала шешіп алғаным қандай жақсы болған. Қолымдағы сол плащпен лезде бүркітті орадым да алдым. Әдетте, бүркіт дегеннің қуаты орасан болушы еді. Мынау ондай емес екен. Тәжірибесіз жас бүркіт екен деп те ойлап қалғам. Сөйтсем, бұл бүркітім кәрі бүркіт екен. Өзі көп қарсыласқан да жоқ. Содан, менің плащымды бүркеніп алған кәрі бүркіт екеуіміз таң атқанша үңгірдің ауызында шоқиып отырдық. Жарық та түсті. Көп ұзамай күн шықты. Үңгірдің іші жылан мен кесіртке, тышқан, тасбақалардың өлігіне толып кетіпті.  Мен оларды сыртқа лақтыра бастадым. Бұл үңгір ендігі жерде менікі, сенікі емес дегенім ғой кәрі бүркітке. Мен лақтырған сайын қасымдағы бүркіт менің қолымның қимылына қарап мойынын имең-имең еткізеді. Кезінде қолбала бүркіт болған болу керек. Қартайған соң иесі «баршы» деп еркіне жіберген ғой деп ойладым. Нағыз бүркіттер секілді қартайғанда өзін өзі құздан лақтыруға жүрегі дауаламаған ғой байғұстың. Сужүректер секілді мөлиуін көрдің бе иттің… Мен кәрі бүркітке ұрыстым: «Өлсең құздан құлап, кәдімгі хас батырларша өлмейсің бе сорлы, ол сенің ата-салтың! Тышқаншылағаның не, көрбақ?!.». Құлағы да ештеңе есітпей керең болып қалған болу керек, кірпіктеріне дейін ағарып кеткен кәрі бүркіт мыңқ етпеді. Өзім сасып кеткен үңгір ішін қоқыстан тазалап жүріп, одан сайын долданбаймын ба: «Жөндеп қартая да білмеген сорлысың ғой, сен, - дедім кәрі бүркітке. – Дені сау бүркіт иісін мүңкітіп өлік жей ме, есалаң! Артыңа қалдырған тұяғың қайда сенің. Олар да сен секілді қауқарсыз құмалақ па? Сендерді «көк аспанның  билеушілері – қылыш қанатты қырандар, бөріні бүктеп, шиебөріні шайнап  тастайтын қанбалақтар, шаңқылы  шың мен құзды қалтыратқан мұзбалақтар» деп, ұшатын қанаттары жоқ, екі аяқтарында сенікі секілді шеңгел-шеңгел тырнақтары, қандауыр тұмсықтары да жоқ, күнкөрісі сумаңдаған тіліне ғана сүйенген адамдарға үлгі етіп жүрмін ғой мен қасқа. Сенің мына сүмелек отырысыңа қарап кімді ерлікке, кімді өжеттікке, кімді қайсарлыққа тәрбиелеймін мен. «Мынадай масқараңды менен басқа ешкім көрмесін сенің. Бар, кет көзіме тікенек болмай, өл!» деп кәрі бүркітті жерге қарай теуіп жібергім келген. Менің қатты ашуланып, не туралы айтқанымды кәрі бүркіт түсінген-ау дедім. Бір қарасам кәрі бүркіттің мойыны бір жағына қарай қисайып қалыпты. Көзіне көзім түсіп кетсе бола ма? Жүрегім шым ете қалды. Мұндай мұңды көз ұшатын кәрі жыртқыш құста болады деп өмірімде ойламаппын. Боталаған көз қарасында ешқандай жасандылық жоқ кәрі бүркіт кәдімгідей өксіп жылап тұр екен. «Не қыласың мені сөгіп, одан да аяқ-қолымды босат, бүйтіп қор болғанша қанаттарымды бауырыма қысып мына құздан соңғы рет тас түйіндей тұяқ серпейін, сөзің сүйегімнен өтіп кетті ғой...» деп тұрғанын ұқтым мен кәрі бүркіттің. Байғұсты қатты аядым.

*     *     *

      «Аядым» демекші, қолына бүркіт ұстағандар, жыртқыш құс баптағандар біледі. Баптаған құсыңа аяушылық білдірсең-біттің, одан жыртқыш шығара алмайсың. Әсіресе, бүркіт! Бүркіт өте кірпияз құс. Асқан тазалықты, өзіне көңіл аударғанды тәуір көреді. Етті де жылыдай жейді. Иттер секілді бүркітті еркелетуге болмайды. Бүркіт асыраған адамның онымен қарым қатынасы да жыртқыш секілді болу керек. Ол сенен, сен одан үйренесің. Адам баласы миллиондаған жыл «өгіз көтеріп тұр» деген жердің дөңгелек шар секілді екенін бүркіттер аспанға алғашқы көтерілгенінде-ақ біледі. Бүркіттердің көздері адам көзінен мың есе артық көреді. Бірақ адамдарға «жер дөңгелек» деп айта алмайды. Мен өзім екі рет бүркіт баптап көрдім. Оның біріншісін балапанынан өзім баптадым. Бүркіт баптау өте қиын әрі қызықты жұмыс. Табиғат бүркіттердің өздеріне сай жыртқыштық-күнкөрістік мінез береді. Ал, адамдар зорлап, бүркіттен, қан көрмесе тықыршып байыз таппайтын тойымсыз қанбалақ жасап шығарады. Мұндай қанбалақ күндердің күнінде иесінің өзіне де шабады. Осыдан екі жыл бұрын Бәрпі атамызды өзінің бүркіті түтіп тастаған. Бүркіт атаның көкірегін жарып жүрегін жеп отырыпты. Атаны құтқармақ болып барғандарға  пысқырмапты да дейді оқиғаны көзбен көргендер. Бұл аңшылық, бүркіт баптау, ат жарату деген құмарлық та бір жұқпалы ауру секілді. Мен ол күні ауылда жоқ едім. Өзімнің екінші бүркітімді серуендетуге тауға кеткем. Бәрпі атамызды опат еткен өкінішті оқиғадан соң да  адамдар бүркіт асырауды тоқтатқан жоқ. Менің балапаннан асыраған бүркітім де өсіп келе жатты. Жақын арада құсқа салып көремін деп жүргем. Көпшілікке білдірмегеніммен менде мейірімділік те бар. Осы мінезім мені орға жықты. Мен басынан сипасам, сорлы бүркітім маған еркелейтін болды. Аңға, құсқа салсам, құдды бір олармен жарысқа жібергендей қабаттасып ұшып-ұшып, шаршаған соң өзіме қайтып келеді. Әккі қояндар өзіне түскен бүркітті көрсе тарбайып жата қалады. Қарсылығы жоқ, қимылсыз қалған аңды қас бүркіттер ала қоймайды. Айызы қанбайды. Менің бүркітім мұндай емес. Маған оның басы-көзін тұмшалап тастаудың қажеті де жоқ. Үйректер секілді аулада балпаң-балпаң басып жүре береді. Өзі ақтөстің қасында жатады. Не берсең соны қорек етеді. Үш-төрт рет босатып жібердім – кетпейді. Кімге керек болса соған беремін деп хабарлаған едім, ертеңіне-ақ ауылдың бір адамы келген. Бүркітті соған беріп жібердім. Байғұс бүркіт барған күні-ақ аянышты өліммен өліпті. Барған үйінің иті жеп қойыпты.

     Бұл екінші бүркітім – жабайы түз бүркіті еді. Мен үш ай бойы оның соңынан аңдып жүріп, ақыры қолға түсірдім, ауылға алып келдім. Мұндай дүлейді бұл ауылда бұған дейін ешкім көрмеген болу керек. Бүркітті темір торда ұстадық. Қасына адам жолатпайды. Қанаттары да сала құлаш, екпіні жаман болатын. Көздері ше, көздері қып-қызыл еді. Біздің алдына тастаған жем-жемтігімізге түз бүркіті қарамады. Оның бұл қылығы қорадағы итімізге ұнаған жоқ. Итіміз кесірлі құсқа өзінше сес көрсетіп шабаланып жүрген. Шегір көз бүркіт аясын ба. Итті тұяғымен іліп алыпты да қарнын ақтарып тастапты. Ит түгілі темір тор шашылып кетіпті. Бұдан соң маған ақыл айтқандар көп болды. «Атып таста, бұл ертең сенің де басыңды мүжиді» деді. Мен бүркітті қимадым. Түз бүркіті қолдан тамақ жеуді үйренемін дегенше тағы да үш ай өтті. Қолыма бірдеме түспей қалған күндері қаңғыбас ит атып әкеліп жүрдім. Етті көріп ауызын арандай ашқан бүркітке етті бұтарлап әуре болудың қажеті жоқ еді. Жас етті сүйегімен қылғытатын. Бүркіт дегеннің мойын тарамыстарының қаншалықты мықты екендігін мынадан білуге болады. Әгәрәги, жұтқан жілігі мойын тұсында қалып қойды ғой, бүркітің сол мойынды бұрап-бұрап жібергенде өңештен асқазанға өтпей тұрған сүйек күтір-күтір сынып кететін. Мен бұл бүркітке ешқандай жылылық көрсеткем жоқ. Ақыры боларың бопты ғой деп кейде қамшымен де тартып жіберетінмін. Ондай кезде жабайы бүркіттің көзқарасы сұмдық болатын. Жалпы, жыртқыш атаулының бәрі кекшіл. Мен оны білемін. Не де болса жерге қар түскен соң, аңға бір салып көрейін дедім. Бәлкім, қансонардың ешкім көрмеген қызығын көрермін. Бүркітім қайырылмай кетсе айта-айта жүрермін...

     Менің көптен күткен қарым да жауды. Мен бүркітімді қансонарға дайындадым. «Дайындадым» дегенім де бос сөз. Бұл бүркіт менің икемдегеніме көнбеген. Мен оны сәндеп қолыма да қондырған жоқпын, итше жетелеп әкеп, ат арқасына қонжитқам. Сонан қару-жарағымды алып тауға қарай бет бұрғам. Бұл жолғы ерекшелігім, сақтық ретінде қару-жарағыма айырды да қоса алдым. Межелі жерге жақындағанымда таудың, аспан тұсының әр жер әр жерінен түз бүркіттерінің шаңқ еткен дауысы есітіліп қалады. Мұндай сәттердегі менің байлаулы бүркітімнің сілкінісін көрсең! Атымнан аударылып түсе жаздаған кездерім де болды. Мені үрей буа батады. Менің ендігі қауіптенгенім – бүркітті байлауынан қалай босатамын, басындағы тұмшаны қалай аламын болғанын жасырмаймын. Бұл бүркіттің тегеуіріні өте күшті. Оның үстіне біраз уақыт дем алып қалған. Ойлана келе, мен қансонардан бас тарттым. Бүркітті домалатып тастап кетуге – құстың киесінен қорықтым. Аңшының ісі емес бұл дедім. Осындай ойлардан соң не де болса тәуекел деп аттан түстім. Бүркітті де түсіріп, аулақтау жерге апардым. Бір қолыммен мойнын құшақтап отырып екінші қолыммен басындағы тұмшасын /томағасын/ алдым. Дәл осы кезде аспан жақтан бір қыранның шаңқ еткен дауысы естіліп қалды. Басы босап, көзі ашылып қалған бүркітім, ал сілкінсін... Қандауырдай тұмсығымен жон арқамды осып-осып жіберді. Анандай жерге ұшып түскенімді білмей қалдым. Ызалы түз тағысы мұндай долы болар ма! Аяқ-қолының /қанаттарының/ әлі де болса байлаулы екенін қарамастан мойынын иреңдетіп маған қарай ұмтылды. Арандай ауызын ашып шаңқылдағаны құлағымды жарып жібере жаздады. Оқиға лезде бұлай өріс алады деп мен тіпті ойланғам жоқ. Қатты састым. Қаруымды алуға мұрша қайда? Қолыма айыр ғана ілініп қалыпты. Бір аунап тұрғанымда аспан жаққа көзім түсіп кетті. Сұмдық! Әлгі аспан жақтан шаңқылдаған қыран тас түйін болып маған қарай құйылып келіп қапты. Мұншалықты жанкештілігіне қарағанда менің бүркітімнің  сыңары болар. Жан деген қандай тәтті! «Құрыдым-ау» деп ойлап үлгердім. Жандәрмен қолымдағы айырды әлгі құйылып келе жатқан құстың көкірек тұсына дәлдеп жата кеттім. «Кірш» ете қалды. Дап-дала болып үстіме құлаған бүркітті аударып тастап орнымнан тұрдым. Мен орнымнан тұра бере жердің қары бұрқырап ештеңе көрінбей кетті. Бұл не тағы?.. Көзімді қардан аршып қарасам, бұл әлгі өзімнің әкелген бүркітім екен. Оның басын өзім босатқам, ал қанаттарын өзі босатып алыпты. Сала құлаш сол қанаттарын сабалақтап келіп қалған екен ыза буған бүркіт. Осы уақытқа дейін мұндай долыны көрмеппін. Аяқтарының босап кетпегені қандай жақсы болған. Обал-сауапты екшеуге менің бұл жолы шашам болған жоқ. Екінші рет жұмсалған айыр-қаруым бұл бүркітті де жайратты. Әйтпесе, мен, дәл қазір бұл естелігімді жазып отырмас едім.

*    *     *

     Жаңа ғана кәрі бүркітке бұрқылдап ұрысқаныма өкіндім. Оның жанына барып жақынырақ жайғастым. Қолдорбамды ашып, ішінен азық-түлігімді шығарып, дәмділеу дегенін кәрі бүркіттің ауызына тосып едім, ол басын шайқады... Менің ашулы сөздерім кәрі бүркітке қатты әсер еткен сыңайлы. «Же!» деп ауызын зорлап ашқызбақ болған әрекетімнен де түк шықпады. Имек тұмсығы бір біріне жабысып қалыпты. Кәрі бүркіт менің басыма басын үйкеп, аяғымен аяғымды түрткіледі. Мен жоғарыдағы естелігімді електен өткізіп болғанша ұзын мойнын менің иығыма салып тұрған екен. Кәрі бүркіт күрсінгендей болды. Көкірек тұсы сыр-сыр етеді. Шексіз аспанға, одан дөңгелек жерге қарай ұзақ-ұзақ қарады. Тағы да: «Не қыласың мені сөгіп, одан да аяқ-қолымды босат, қанаттарымды бауырыма қысып мына құздан соңғы рет тас түйіндей тұяқ серпейін... аманатымды орындайын» деп қиыла түсті. Байғұс бүркіттің шер буған көздерінен жас парлап тұр еді.

     Мен кәрі бүркітті түсіндім...   

  *     *     *      

     Өзім жайғасқан жарқабақтағы жұмбақ сурет туралы көп уақыт ойда жүрдім. Табиғаттың мен білмейтін бір құпиясы болу керек түсіндім. Мейлі, біреулер аян десін, әруақ-елес, жын-шайтан десін, әркімнің өз пікірі өзінің басында ғой. Дей тұра, менің онда барған уақытымды, ондағы мезгілді табиғат құбылысын есептесем бұл құпияның беті ашылатын сияқты. Менің қарсымдағы тік жарқабақтың жалпақ тасы теп-тегіс әрі көлемді болатын. Тау етегінде көл, көлді жағалай қамыс, қоға өсіп тұр делік. Аспанда ай жоқ. Кеш батты. Айналаны қараңғы түнек басты. Мен бір ұйықтап тұрғанымда ай көтеріліп қалған екен. Ай сәулесі алдымен көлге түседі. Көрге шағылысқан ай сәулесі жарқабақтағы тегіс те жалтыр тасқа көлдің суретін жолдайды. Көл үстінде не көп, құс көп. Көлде мойындары иір-иір үйрек-қаз да, аққу, бірқазан т. б. құстар бар. Көл беті азғана самалмен де шайқатылады. Аспаннан түскен ай сәулесінің шағылысы арқылы бұлар да көл суретімен бірге жарқабаққа шайқатылып түспегенде қайда түседі. Иір-иір құс-мойындардың көлеңкесі көлден тауға жеткенше түйенің мойыны болмағанда не болады? Бұл суреттер ақ-қара бола ма, түрлі-түсті бола ма, бұған көздің жеке қатысы жоқ дер едім. Ол әркімнің санасының сараптауына, ұқсатуына /жын-шайтанына/ байланысты нәрсе... Ал, аспандағы айдың бетін болмашы бұлт басқанның өзінде-ақ бұл суреттердің зым-зия болатынының да еш құпиясы жоқ. Және көл бетін бұлт көлеңкесі жапқанда тасқа түсіп тұрған әлгі  суреттер кенет жоқ болып кетеді... Мұндай керемет оқиғаға куә болғандар болса өз ойларын айта жатар.

     Көктем шыға таудағы үңгіріме қарай тағы да бет алдым. Мен жоқта үңгірімді мекен етіп қалған тағы бір бүркіт болса екен деген ішімде жылымық ой бар-тын. Ол үңгірге түз тағыларынан жалғыз бүркіт, саналы адамдардан мен ғана жете аламын деп жүргем. Бұл ойым қате екендігін ол тұсқа жақындағанда байқадым. Үңгірімнің алдынан және қарсысындағы тік тұрған кішігірім алаңқайдай жартастан бірдеме көлеңдейді. Көл бетінің суреті күндіз жартасқа түспейді ғой деген ой басыма сап ете қалды. Сонда не болды екен? Дүрбімді көзіме тоссам олар – үлкен-үлкен жарманамалық баннерлер екен. Баннердің дәл ортасында бір адам оны қоршалай тұрған көп адамның суреттері бар. Бәрі де сұқ саусақтарымен аспанды нұсқап қалыпты... Бүл не болды екен?

      Мен өзім тыныш жүре алмаймын. Осындай ойлармен миымды қатырып тұрғанымда аспан тұстан менің үңгіріме қарай бет алған бір бүркітті көзім шалып қалды. Қаннен қаперсіз қалықтап келеді. Қазақтың көк аспаны құстарымен – мұзбалақ, қанбалақтарымен қандай сәнді. Үңгіріме бауыр басып қалған екен-ау деп ойладым. Солай болып шықты. Ұстап алып аңға баулысам-ау деп армандап тұрғам. Өкініштісі, үңгірге жақындай бере мылтық дауысы гүрс ете қалды да, байғұс қыран қалпақтай ұшты. Сөйтсем, оны төменнен біреу атып жіберген екен. Әлгі плакаттағы суреттер қиқулап, таласа-тармаса өлген қыранға қарай тұра жүгірді... «Мыналардың тіріні қойып өліге ауыз салғаны несі» деп ойладым. Сәуле шашып күн шығып келе жатқан. Қолымды бір сілтедім де артқа қайттым.

Қазақ тілінде жазылған