Адам қарады: 10 | Жарияланды: 2018-04-12 04:18:07

Булығу...

Көзімнің нұрын түн жұтты,

Жүректі қоса қылғытты.

Ағып бір түскен аспаннан,

Жұлдызымды құм жұтты...

 

Кім көрген мұндай сұмдықты –

Туралып қалған түндікті.

Арыстан текті айбарым,

Табанға түсіп...  қынжылтты.

 

Басынан теуіп шындықты,

Көркейтіп көлбар «бірлікті»,

«Ұлықтар» төрге қонжитты,

Ұлықтап, тәждеп «ұрлықты».

 

Жеріме жылан сүңгітті –

Кеудемді жатқа үңгітті.

Тау-тасым түсті-ау пышаққа,

Жұмыртқа шайқап кіл «мықты».

 

Бөктергі талап бүркітті,

Намысы барды сілкінтті.

Мінезім қайда, мінезім,

Итке де бермес іркітті.

 

Қайыспен орап сулықты,

Өксіктен жаным булықты.

Шақшадай басым шарадай,

Ойлаумен алғы тірлікті!

Қазақ тілінде жазылған