Жаным - арымның садағасы
Жемқолық, парақорлық, мансапқорлық және маскүнемдіктің қорлығы туралы екі бөлімді әзіл-шыны аралас хикая
Қатысатындар:
Ораз—озат механизатор, диқан. 25-27 жаста.
Сара—Ораздың келіншегі.
Еркін—Ораздың сыныптас досы.
Шабақбай Қоқымбаевич—аудандағы үлкен басшының бірі, 45-50 жаста
Сәния—Шабақбайдың қызы, 21-23 жаста
Бірінші жігіт--
Екінші жігіт – екеуі де Сәнияның (Соняның) серіктестері.
Бірінші полицей.
Екінші полицей.
Тергеуші.
Екі бетті адам (екі беті бар, бір жақ беті күліп, бір жақ беті жылап тұрады)
Бірінші дәрігер (өте бойшаң)
Екінші дәрігер (өте тапал)
Ораздың көршісі-- 40-45 жаста.
Ажар--Еркіннің келіншегі.
Айдана--Еркіннің қызы, 5-6 жаста.
Бөбек -- Еркіннің әлі өмірге келмеген ұлы
БІРІНШІ БӨЛІМ
БІРІНШІ КӨРІНІС
Осы заманғы жасаумен жабдықталған мәдениетті үй іші. Бір шетте диван-кресло. Ортада үлкен стол. Сара стол жасап жатыр. Шыттай киініп, кеудесіне орден таққан Ораз шығады.
Ораз: Сараш, міне, біз де келіп қалдық. (Мақтанышын жасыра алмай, иегімен кеудесіндегі орденді көрсетеді). Үлкен салтанат кеші, одан соң банкет.. Шыға сала жеткенім осы.
Сара: Ораз, құттықтаймын, жаным. Бұл деген.. Бұл деген сенің үлкен жеңісің! Бұл сенің аямай төккен ащы теріңнің, адал еңбегіңнің жемісі. Осы аудан бойынша кәне, кім алыпты орденді 27 жасында? (Толқи Оразды құшақтап, бетінен сүйеді).
Ораз: Ойдойт дегенің! Қалай-қалай сілтейді-ей, менің кемпірім! (Сараны құшағына қысады).
Сара (күмілжи) Бірақ... бұл.. бұл орденді басқа біреу алатын болмап па еді? Ол туралы айқайлатып газетке жазып, жарқырата теледидардан көрсеткен жоқ па еді?
Ораз (шегініңкіреп) Сара, мен бұл орденді жалынып, сұрап, немесе күшпен тартып алғам жоқ.
Сара. Ораз, сен мені түсінбедің. Менің айтайын дегенім.. жоғарғы жақта мықты тіреуі бар, өзі де аудандағы дөкейдің бірі саналатын ол қалайша орденінен айрылып қалды?
Ораз. Ту-у, Сараш-ай. Соны қалай да білуің керек пе? Жарайды, бәрібір естисің ғой. Қысқасын айтсам, бұл орденге ауданнан мені ғана ұсынған екен. Ал, ол болса, үлкен кісілерге айтқызып дегендей, құжаттарды өзіне рәсімдеп қайтадан жасатқан көрінеді. Содан, әні-міні шешім шығады деп жүргенде, біреуден ірі көлемде пара алып жатқан жерінде қолға түседі. Басқа да қылмыстарымен қоса орден туралы былығы да ашылып, темір тордан бір-ақ шығыпты.
Сара (Ораздың қолынан ұстай алып) Құдайға шүкір! Дүние-байлық, ақшаны ар-ұят жеңсе, атаққұмарлық пен мансапқорлықты адал еңбек жеңіпті. (Еңіреп жылап жібереді).
Ораз (таңдана) Сараш, саған не болды? Неге жылайсың? Сен.. өзі.. бүгін бір түрлі..
Сара(сөзді бөле)Жоқ-жоқ, Ораз. Бәрі дұрыс. Мен.. мен.. Қуаныштан ғой..
Ораз. Олай боса, мақұл. Айтпақшы, сен дәл қәзір Астанада болуың керек еді еді ғой? Әлде, маған бола қалып қойдың ба? (Сара басын изейді де, жылап жібереді) Сара, саған не болды?
Сара (көз жасын сүртіп) Ия, Ораз, бәрібір естисің ғой. Тек, сен ашуланбаймын деп уәде бер.
Ораз. Жарайды, уәде беремін. Сен де ешнәрсені жасырма. Сонымен не болды?
Сара. Бүгін мені жұмыстан шығарып жіберді.
Ораз (селк етіп) Не дейсің? Не себепті? Ә-ә, түсіндім. Маған бола, мына орденге бола ғой? Солай ма? (Сара үнсіз басын изейді) Кесірім саған тиген екен-ау. Сонда қандай кіна артады?
Сара. Таңертең бастығым шақырып алды да: -Сенің орның қысқарды. Жұмыстан шықтың. Соған байланысты үй алу және балабақша кезегіндегі тізімнен алынып тасталдың-деді. Онымен қоймай:-Ақшасыз, үйсіз қалдым деп қамықпа. Күйеуің орден алып, атақ-дәрежесі, беделі де өсіп жатыр ғой. Алам десе, енді үйді де кезексіз де алады-деді.
Ораз. Ах, оңбаған. Ертең ісім сонымен болсын!
Сара (еркелей) Ор-а-а-з.. Уәде қайда? Ондайлармен айтысып береке таппайсың. Керегі жоқ. Қызметкер болмасам, қарапайым жұмысшы-ақ болармын. Ия, өзің айтып едің ғой, егін басында жұмысшылар жетіспей жатыр деп. Өзімнен тырнақтай ғана жоғары отырған иіс алмас шикіөкпелерден сөз естігенше, қарапайым жұмысшы болғаным әлдеқайда артық.
Ораз. Сараш, жаным менің. (Толқи, мейірлене Сараны құшақтай алады).
Киімі алқам-салқам, қатты қызу Еркін айғайлап кіреді. Ораз бен Сара ажырап кетеді.
Еркін (теңселіп тұрып) О-о, қос ғашықтың тұрысын-ай! Сәлем бердік герой мен оның
сымбатты жарына. (Ораздың қолын қысып) Құттықтаймын, достым! (Екінші қолымен Сараның қолын қысып) Сенің қуанышыңа да ортақпын, сымбатты-сұлу келіншек.
Ораз. Рахмет, достым. Рахмет! Аяқ астынан шақырып алып.. осы орденді.. (Еркіннің иығына қолын салып) Өзің немене? Тағы да ішіп алғаннан саусың ба?
Еркін. Ия, ия, Ораз достым. Сенің орден алғаныңды естіп.. Естіген соң былай.. нетіп.. қатты қуанып.. Қуанған соң бір-екі жүзді нетіп.. Сәл нетіңкіреп жіберген соң былай.. аздап нетіңкіреп.. Содан сені былай нетіп.. құттықтап шығайын деп.. (Сараның қолын босатып) Сіз енді боссыз, сұлу келіншек, тойыс, құрдас. Мен біраз героймен нетіп.. әңгімелесіп дегендей..(Сара шығып кетеді) Сонымен герой болдым де. Сенің мұның маған да жақсы болып қалды. Үш-төрт күннен бері ішуге сылтау таба алмай өліп жүр едім, бүгін бір сілтедім-ау, емін-еркін. Қалай еді әлгі?.. «Күріш арқасында күрмек су ішеді» дейтін бе еді?.. (Оразды құшақтамақ болады. Ол қашқақтайды) Солай, достым. Сен кеудеңе жарқыратып орден тағасың, бірақ ішпейсің. Ал, мен Орден түгіл медаль, тіпті значок та тақпаймын, бірақ өзің білесің, ішемін.
Сара кіреді.
Сара. Шайға келіңдер, достар. (Шай жасай бастайды).
Ораз. Ал, Ереке, жақсылап ыстық шай ішіп алайық. Менің де үйге кіргенім осы.
Еркін (көзін бір ашып, бір жұмып, теңселіп тұрып) Оу, біздің бүгінгі қуанышымызға дастархан мәзірі сай емес секілді ғой. Мұндай кезде, мұндай қуанышта онсыз бола ма екен? (Оразға жақындап) Менің ыстық шайға жоқ екенімді сен де, Сара құрдас та жақсы білесіңдер ғой. Ендеше, Сара құрдас орнынан лып етіп тұрады да, суық шай әкеле қояды. (Қисалаңдай Сараның жанына келіп, иығынан көтереді) Қанеки, ау-у-п! (Сара Оразға қарайды. Ол көзін қысып «бара бер» деп ымдайды. Сара шығып кетеді) Сонымен отызға толмай герой болдым де. (Оразды құшақтап) Мықтысың. Обшым бар ғой, бәрімізден сен оздың. Ал, біз болсақ, мынау, жүргеніміз. Әке-шешеден өлідей айрылып, қатын-баладан тірідей айрылып..
Ем таппай жан жарасына,
Жұрттың қап табасына,
Алқаштар арасында.. Ха, ха.. (Мысқылдай күледі).
Ораз (Еркіннің иығынан ұстап) Шынында, Еркін. Сені кезінде мектепті де, университетті де үздік бітірген білімді жігіт деп кім айтады? Өзге сыныптастар секілді сенің біліміңе мен де қатты қызығушы едім. Не себепті осынша төмендеп, мүжіліп, үгіліп кеткеніңе түсіне алар емеспін.
Еркін (орындыққа отырып жатып, тілі күрмеле) Дұ-ұрыс-с айтасың, Ор-реке. Сен секілді өзің қалаған о-о-қуға тү-ү-сіп, қа-а-лаған кә-ә-сібіңді ме-е-ңгерсең, о-дан артық не керек. А-а-л, ме-е-н, ондай болған жоқ. Мар-р-құм әкем қар-р-сылығыма қар-р-амастан с-с-о-о-ттың о-о-қуына тықты да жіберді. Ха, ха, ха! Ал, мен, мына мен (өз көкірегін өзі тоқпақтап) ақын, жазушы болсам деп армандаушы едім. (Сұқ қолын шошайтып) Но, олай болған жоқ. (Жан-жағына алақтап) Мұның дұрыс болмады, Сара құрдас. Ақынды бұлай алдауға болмайды. Оны өзің де білесің, біле тұра, құрдасыңды ренжітесің.
Ырза боп ем құрдасым,
Орныңнан тез тұрғасын.
Әлі күтіп отырмын,
Жүз бөлек боп бір басым..
Мейлі, асықпа, құрдас. Мен де асықпаймын. Тек, алдама. Алдама.. (Басы төмен сылқ етеді).
Ораз (Еркінге шай ұсынып) Еркін, басыңды көтеріп, аздап ыстық шай ішші.
Еркін (ежірейе қарап) Ыстық шай? Сен не, мені мазақ етіп отырсың ба? (Ораздың қолын қағып жібереді. Ыстық шай Ораздың үстіне төгіледі) С-е-ен қойшы-ей.. Бір қатынға айтқаныңды істете алмайсың. Тай-құнандай тебісіп өскен инкубатордың бір жылғы үрпегі емес пе едік.
Әлде мені төмен санап,
Өзіңді мықтыға балап,
Мазақ қылып отырсың ба?
Әйтпесе, бермейсің бе бір стакан арақ..
Ораз. Еркін, достым, сен сәл жатып тынығып алшы. Сонан соң бәрі де болады. (Арқа жағынан келіп, қапсыра құшақтап көтермек болады).
Еркін (айғайлап) Жо-жоқ. Қандай дос? Ақырында қатыныңа дейін қорлады мені. Қорладыңдар, екеуің де.. (Столды жұдырықпен салып қалғанда, біраз ыдыстар сынып жерге түседі) Қорладыңдар, мені.. (Еңкілдей жылап столды тағы ұрғанда, қолы қан болады).
Ораз. Еркін, мұның не сенің? Қойсаңшы. (Тағы да қолын көтере берген Еркінді қапсыра құшақтай алады).
Еркін. Жо-жоқ. Қорладыңдар. Қорладыңдар мені.. (Бұлқынып, шалқайып қалғанда, басы Ораздың бетіне соғылады. Ораздың ауызы-мұрны қызыл қан болып, өзі еденге құлап түседі).
Ораз (Еркінге қарап, басын шайқап) Ех, Еркін, Еркін! Кім болып кеткенсің сен? Бір кездері сен бәрімізден де артық, керемет жігіт едің ғой.
Сара кіріп, бет-ауызы қан Оразды көріп, шошып ұмтыла береді.
Ораз. Мені уайымдама, Сара. Ана Еркін.. Еркіннің қолын.. (Бетін басып шығып кетеді).
Сара дәрі-дәрмек салынған қобдишаны әкеліп, Еркіннің қолын таңады. Ораз кіреді .
Еркін (басын көтеріп, Оразға дәмелене қарап) Ореке.. Әлгі.. әлгі.. жүз грамм?..
Ораз. Ту, Ереке, саған тіпті дауа жоқ екен. Ыстық шайға әбден қандырдың ғой. Енді, тым болмаса тамақ жеп алайықшы. Сонан соң..
Еркін (сөзді бөле) Жоқ, жоқ, маған ыстық шайыңның да, ыстық тамағыңның да керегі жоқ. Онсыз да ішім жанып, өртеніп барамын. Мені аясаң, әлгі орыстың суық шайынан әкел. Сонда ғана мен өзіме-өзім келем. Әйтпесе, айтпады деме, кетем.
Ораз, Сара (қосарлана) Қайда?
Еркін (сұқ қолын жоғары шошайтып) Анда.. О дүниеге.
Ораз (күліп) Достым-ау, о дүниеңді қоя тұршы асықпай. Сендей асыл азаматты о дүниеге жіберіп қойып отыра береді дейсің бе?
Еркін (қуана басын көтеріп алып) Шын айтасың ба? Мені о дүниеге жібергің келмей ме? Олай болса, жүз грамм тап. Сонда ғана мен он минуттай өзіңмен бірге болып, бақұлдасып дегендей.. Болмайтын болса, айтпады деме, кете беремін. (Қайтадан жата кетеді).
Ораз (күліп) Жарайды, Ереке, жарайды. Сені ол жаққа жібермеудің бір жолын табармыз. Тек, сен басыңды көтеріп, жөндеп отыршы. (Сараға) Сараш, қайтеміз.? Ерекеңді қолдан жіберіп қойып отыра береміз бе? (Шыға берген Сараға басын шайқап, әкелме деп ымдайды).
Еркін (қуана басын көтеріп алып) Шын ба? Шын айтасың ба? Сонда.. сонда сен мені қанша уақыт тірі ұстап тұра аласың? 10 минут? 20-30..? Әлде, бақандай 60 минут па?
Ораз. Ту, Ереке-ай, енді оны көрерміз. (Ойланып) Өзің білесің, бүгін мен үшін ең қуанышты күн. Көңілім шалқып бір ән айтқым келіп отырғаны. (Домбыраны алып ән салады. Еркін де ара-тұра қосылып отырады да, басы сылқ етіп, қисая кетеді). Ух, әйтеуір тынышталды-ау. (Орнынан жайлап тұра бергенде, Еркін оянып кетеді).
Еркін (басын көтере) Жо-жоқ, Ореке, енді мұның әділдік емес. (Жан-жағына қарап, мұрнын шүйіре иіскеп) 60 минут түгіл, 6 минут өмірдің де иісі сезілмейтін секілді ғой. Қой, алдымен о дүниеден орын қарастырып қоймасам болмас. (Тәлтіректей тұрып, телефонға жақындайды).
Ораз (күліп) Оу, Ереке, не болды сонша асығып?
Еркін. Асықпасақ болмайды, Ореке. Ол жақта, о дүниеде де іріктеу конкурсы өте қатал деп есіткем. (Телефонды тереді).
Ораз (таңдана Еркіннің жанына келеді) Еркін, қайда соғып жатырсың?
Еркін (ерніне сұқ саусағын қойып) Тс-с.. секрет. Бұл тым болмаса 6 минут өмір қимаған Ораз деген досым мен Сара деген құрдасыма арнаған сюрпризім. (Иіліп іззет жасайды да, телефонды тереді) Алло, алло, бұл қайдан екен? О дүниеден? Жақсы, жақсы. Маған сол жақтан бір орын даярлап қойсаңыздар.. Немене? Сәл өлмей қоя тұрыңыз дейсіз бе? Жоқ-жоқ, ол қолымнан келмейді. Әрине, бір 10минуттай тірі тұра тұруыма болар еді.. Ол кім дейсіз бе? Ол.. ол өзімнің жан дегендегі жалғыз досым Ораз бен Сара құрдасым ғой. Келістім дейсіз бе? Ә-ә, Әңкүр-Мүңкір барады дейсіз бе? Жақсы, жақсы. Күтемін. Адресь? (Ораз айтады) Ия-ия, Әлімбетов көшесі, 30-үй. Сіз де сау болыңыз. (Тұтқаны қойып) Ух, енді қорқыныш жоқ. Бір ғана орын бос екен, мені алатын болды. По блату.
Ораз (аң-таң) Сен.. сен қай жермен сөйлестің? Шының ба, әлде ойының ба? Бұл.. бұл әлгі..
Еркін (мән бермей) Ойнап өле алмай жүр дейсің бе? Айттым ғой саған, секрет деп. Қазір мені әкетуге Әңкүр-Мүңкір келсе, жылап-сықтап көз жастарыңды шығын қылмай-ақ қойыңдар. Өз еркіммен кеттіп бара жатырмын ғой. Түбі бір баратын жерім болған соң, ертеңі не, бүгіні не?
Ораз (дағдарып) Досым-ау, бұл.. бұл.. Айтып отырған Әңкүр-Мүңкірлерің дәрігерлер емес пе?
Еркін (мән бермей) Мүмкін. Олар дәрігер болып келуі де мүмкін. Ал, мен олар келгенше, тып-тыныш жатып, тым болмаса 6 минут өмір қимаған бұл өмірге, бұл өмірдің жомарт та сақы адамдарымен бақұлдаса берейін. (Тәлтіректей диванға барып жатады.) Соңғы сапарым алдындағы бір ғана өкінішім: Сара құрдасты көре алмай, ашық, жомарт қолынан соңғы рет 100 грамм ұрттай алмай кетіп барамын. Егер, Сара құрдас жарқ етер болса, о дүниені шулатпай-ақ та қояр едім. Қайтейін, тым болмаса 6 минут өмірін қимаған бұл қатыгез өмірге не дейін? 60 минут.. 6 минут.. Қимады.. (Сандырақтап жатып ұйықтап кетеді. Ораз басын шайқай береді).
Сахна қараңғыланып, кетеді де,сәлден соң Еркіннің ойбайлаған жан дауысы шығады.
ТҮС АЗАБЫНДА
Жарық жанғанда, Ораз еденде етбетінен жатқан Еркіннің қолын артына қайырып, үстінен басып отырады.
Еркін (ойбайлап, босанбақ болып, бұлқынып) Ораз, сенің мұның не? Неге бұлай еттің?
Ораз (селт етпей) Жетер,Еркін! Әбден тойып біттім! (Саусағын аузына салып ысқырады).
Қолдарында қобдишалары бар өте бойшаң және тапал екі дәрігер кіреді. Оларды көрген Еркін басын көтеріп, қорқып тыпырлай бастайды. Бірінші дәрігер қобдишадан үлкен шприц алып екіншісіне қарайд. Ол басын шайқап, одан да үлкен шприц алғанда ғана басын изейді.
Еркін (жаны шыға тыпырлап) Ораз, достым, сен не? Шынымен-ақ жан досыңды..
Ораз. Ха, ха, ха! Жан досым дейді. Осы дос болғаным да жетер. (Қолын одан сайын қайыра түседі. Еркін жаны шыға бақырады).
Осы кезде бірінші дәрігер құлаштап тұрып Еркіннің құйрығына укол салады. Еркін жанұшыра шыңғырып, сахна қараңғыланып кетеді.
ЕКІНШІ КӨРІНІС
Жындыхана палатасы. Арнайы керуетте қол-аяғын таңып, байлап тастаған, жындыхана киімін киген Еркін ұйықтап жатыр. Әлден соң оянып, орнынан тұрмақ болады.
Еркін (бұлқына айғайлап) Кім бар-ау? Ораз, қайдасың? Мұның не сенің?
Баяғы екі дәрігер кіріп келеді. Еркін ұйықтаған болып үн-түнсіз жата қалады.
Бірінші дәрігер (басын шайқап) Әбден асқынып кеткен.
Екінші дәрігер. Ия, бір елірсе, оңайлықпен бой бермейтіннің дәл өзі.
Бірінші дәрігер. Қарашы, түкті де сезер емес. Тура о дүниеге аттанып кеткендей.
Екінші дәрігер. Бұл өзі кім? Шын жынды ма, әлде өтірік жынды ма? «Жынды қылып бер» деген звонок түссе ғой, шіркін..
Бірінші дәрігер. Өй, сен де айтады екенің-ау. Нағыз алқаш екенін өз көзіңмен көрдің ғой, бағана. Жалғыз досы бар, оны да жынды қылуға айналған. Е-е, сен айтқандай, «жынды қылып бер» дейтін звоноктар көзден бұлбұл ұшты ғой. Шіркін! Кешеге дейін «Маған жынды деген справка бер» деп небір дәулер келетін еді-ау, алдымызға. Біз де: «Ондай справка берсек, басымыз кетеді дегендей» басымызды шайқаңқырап, «ақша болса, бәрі болады» дегендей саусағымызды шытырлатыңқырап.. ( көрсетіп) Ақшаның үстіне ақша қосып.. Әй, ол бір керемет кез екен-ау!
Екінші дәрігер. Ия, ия, қалтамыз ақшасыз болмайтын еді ғой. Ойлап отырсам, емдеп жазған жындыларымыздан, жынды қылып шығарған сау адамдарымыз көп екен.
Бірінші дәрігер. Ия, ия, бізге жындыны сауықтырғаннан, сауды жынды қылу әлдеқайда оңай, әрі пайдалы еді ғой. Есіңде ме? Ана бір дәу.. Жынды деген справка жазып бер деп жылап-еңіреп, келген.. Байғұсты аяп, жазып беріп едік қой. Әйтпесе сотталып кететін еді..
Екінші дәрігер. Есімде, есімде. Неге есімде болмасын. Біздің бір жапырақ қағазымыздың арқасында, ол бұрынғыдан да биік креслоға отырып, екеумізге де машина мінгізіп кетіп еді ғой.
Бірінші дәрігер. Ия-я, қазір жынды болғысы келетін ондай сақы дәулерді таба алмайсың. Машинамыз да әбден ескіріп, жүруінен тұруы көбейіп, шаршатып жүр. Қалтамыз мынау, бұралқы иттің ішіндей қабысқалы қашан. (Суыртпадан бір бума қағаздар мен мөрді алып) Мыналардың біріне бір жындының аты-жөн жазылмай, енді бірінің былш етіп қағазға басылмағанына да қанша уақыт. (Қалта телефоны шылдырлайды. Телефонын алып көріп, серігіне «бастық қой» дегендей сұқ саусағымен төбе жақты көрсетеді.) Алло, тыңдап тұрмын, басеке. Ия, бір жігіт түсті. Бірақ, түрі.. Енді.. басеке, ондай званок түсіп жатса... Қандай званок дегеніңіз қалай? Жынды қылып бер деген званокты айтамын. Әрине, әрине, ондай жағымды званок түсіп жатса, справка да, пичать та дайын ғой. Ойпырмай, басеке, тек, тап та тап деп қинағанды ғана білесіз, 100 доллар түссе де, сізбен бөліспеген кезіміз болып па еді? Не дейсіз? А, а, жоғары жақтағылар тап та тап деп сізді де қинап жатыр ма? Ия, ия, басеке, ондай жағымды званок түсіп жатса өзім де хабарласам ғой. Жақсы сау болыңыз. (Телефонды өшіріп) Ух, бұл қандай жалмауыз. Бұрын 6 айда, 3 айда бір сұрайтын еді, енді ай сайын сұрауға көшті. Кетіп-ақ қалар ем, жан дегенде жалғыз досым, ақ жүрек адал досым-сені қимаймын.
Екінші дәрігер (оны құшақтап) Ия, досым, мен де сені қимаймын. Ендігі бар үміт мына алқашта. Кім біледі, көктен сұрағанымыз жерден табылып...
Еркін түшкіріп қалады.
Бірінші дәрігер. Өзіне-өзі келе бастаған секілді. Енді тезірек емдеуге кіріспесек болмайды. Жындының аты-жынды. Еліріп кеп берсе..Тезірек электр ток ұрғыш аппаратты алып келейік.
Екеуі де шыға бергенде, бірінші дәрігердің қалта телефоны шырылдай жөнеледі.
Бірінші дәрігер (телефонды алып, «әйелім ғой» дегендей ишара жасайды. Екінші дәрігер басын изеп шығып кетеді. Еркін тыңдап жатады) Сүйіктім, бұл сен бе? Ол не дегенің, сүйіктім? Тамақ ішуге ақша таппасам да, сен үшін табамын ғой. Әрине, әкеліп қойдым. Дәл мына алқаштың керуетінің астына тығып қойдым. Әрине, дәл өзің айтқандай. Көйлектің түсі дейсің бе? Түсі күлгін-көк. Ия, ия, ең соңғы мода. Туфлиің де сондай. Күлгін-көк. Шашың да сондай, күлгін-көк. Саған да рахмет. Бірақ, сүйіктім.. мен.. мен.. бүгін де түнгі кезекшілікте.. қалай біліп қойдың? Біліп қоям ғой дейсің бе? Біліп қойғаныңнан айналдым сенің. Ертең де дейсің бе? Жоқ, жоқ сүйіктім. Ертең өлсем де қалмаймын. Сені әбден сағындым.. (Телефонды сүйіп) Сүйіктім менің. Ешбір қулық-сұмдығы жоқ, бейкүнә сәби секілді. (Емпеңдей басып шығып кетеді).
Ток ұрғыш аппаратты көтерген екінші дәрігер кіреді.
Екінші дәрігер (бірінші дәрігерді іздеп) Жаңағы есерсоқ қайда кетіп қалған? Жарайды, одан әрі неге жоқ боп кетпейді. Сонда мен де сүйіктіммен емін-еркін.. Сүйіктім, сүйіктім. Қашан көрем мен сені? (Әндетіп жүріп, аппаратты үстелдің үстіне қойып, Еркіннің бақырып-шақырғанына қарамай аппараттың тостақшасын басына, білезіктерін екі білегіне кигізеді. Айрықты, 220 деген үлкен жазуы бар электр ұяшыққа қосады. Ток қосқан кезде, Еркін жанұшыра бақырып, денесі селкілдеп, секіре бастайды. Осы кезде қалта телефоны шырылдай жөнеледі). Сүйіктім, бұл сен бе? Осы қазір ғана өзіңді ойлап едім. Біздің маубас дейсің бе? (Жан-жағына қарап) Маубасың жоқ. Қалғаны дұрыс болды дейсің бе? Негізі кезекшілікке мен қалуым керек еді. Әйтеуір, сенің маубасыңды көндірдім ғой. Сонымен, сүйіктім қай жерде кездесетін болдық? Бұрынғы жер дейсің бе? Жаңа киімдер киіп шығам дейсің бе? Тамаша! Қалай, қалай? Күлгін-көк түсті көйлек, күлгін-көк түсті туфли, күлгін-көк түсті шашпен шығам дейсің бе? Керемет!
Бірінші дәрігер келеді.
Бірінші дәрігер. Пах-пах шіркін, нағыз махаббат сендердікі ғой. Қашан көрсем де сүйіктім, сүйіктім деп өліп-өшіп үздігесің де тұрасың. Шіркін, үйіңдегі құрдастан өткен бақытты жан бар ма екен? Ал мен.. (Күрсінеді) Сендерге бола өз сүйіктімді тағы да үйде жалғыз қалдырайын деп отырмын. (Ауаны иіскеп) Немене? Бірнәрсе көңірсіп жанып жатыр ма?
Екінші дәрігер (Еркінді көріп) Ойбай, анау.. анау бықсып жанып жатыр ғой. (Телефонға) Сүйіктім, саған өзім телефон соғамын.
Бірінші дәрігер (ол да көріп) Өшір мына бәлеңді. Токтан ажырат тезірек.
Екінші дәрігер аппаратты токтан ажыратады. Бірінші дәрігер тостақша мен білезікті алады. Еркіннің басы-шашы үйтіліп, екі қолы қап-қара болып күйіп кеткен.
Бірінші дәрігер. Ойпырмай, өзі тірі ме, білші. Өліп қалып бәлесіне қалмайық.
Екінші дәрігер (Еркіннің аузы-мұрнын тыңдап, иіскеп көріп) Фу-у, тірі екені сондай, сабаздың аузы-мұрнынан арақтың иісі мүңкіп жатыр. (Қолымен мұрнын басады).
Екінші дәрігер. Тірі қалғаны жақсы болды. Қазір 5 минуттан соң бас дәрігердің қабылдауына апаруымыз керек. Оған дейін рахаттанып ұйықтай берсін.
Екеуі тез шығып кетеді.
Еркін(бұлқынып) Соның дәл өзі дейді.. Жынды дейді. Еліріп кетеді дейді. (Үрейлене) Сонда.. сонда мен жындыханаға түскеннен саумын ба? Масқара-а-а! (Сылқ түсіп, өкіне) Ә-ә, қу арақ, ку арақ! Ақырында жындыханадан бір-ақ шығардың ба? Жарайды, мен нағыз алқаш болсам, алқаш шығармын. Ал, мыналар ше? Нағыз жемқор, краховорлар ғой. Бірін-бірі досым-досым деп қояды. Ал, істеп жүргендері анау. Ой, қу жаным-ай! Өлдім-ау деп едім.. Жаңағылар 5 минуттан соң келеміз деді ме? Масқара болып тағы да ұйықтап қалып жүрмейін. (Ойланып) 300-ге дейін санасам, 5 минут болады екен. Бір, екі, үш.. (Санай бастайды. 299, 300 дегенде, екі дәрігер де кіріп келеді. Еркін өлген адамдай қимылсыз жата қалады).
Бірінші дәрігер (екіншісіне) Әй, осы бағана әлгі тогы құрғырдан тым артығырақ беріп қоймадық па? Қанша жынды болса да ендігі бір сыр беретін уағы болды ғой.
Екінші дәрігер (қинала) Соны өзім де білмей тұрмын. Осы уақытқа шейін дәл мұндай ұйқышыл жындыны көрмеппін.
Бірінші дәрігер (басын қасып, ойланып) Ия, ия.. Қайтеміз? Енді ең соңғы мүмкіндікті қолданғаннан басқа амалымыз жоқ. (Баяғы өте үлкен шприцті дайындай бастайды).
Екінші дәрігер. Ойбай-ау, бұл уколды салған соң е, оянады, е, о дүниеге.. о дүниеге..
Бірінші дәрігер (қолын жайып) Бізде басқа шанс қалған жоқ. Қорықпай-ақ қой. Өліп кетсе, өз басыммен жауап беремін. (Уколды салуға оқталғанда, Еркін оянған болып, басын көтеріп әр нәрсені айтып, ыржалақтай бастайды) Ух, ақыры оянды-ау.
Екінші дәрігер. Ия, оянғаны дұрыс болды. Әйтпегенде..
Бірінші дәрігер (шприцті орнына қойып) Қалай жігітім, жақсымысың?
Еркін (еліре) Жақсымын ба, жаманмын ба, оны сенен сұрамаймын. Сенің не жұмысың бар?
Бірінші дәрігер. Бәрі ойдағыдай. Әлі есі кірмеген. Енді сәлден соң қатты еліре бастау керек. Абай болайық. Баяғыда дәл осындай бір жынды өлтіріп қоя жаздап, әрең аман қалғам.
Екеуі кейін шгегініп тұрады. Сәлден соң Еркін жұлқына айғайлап, өтірік еліре бастайды.
Бірінші дәрігер (үрейлене) Ойбай, тезірек жаңағы уколды әкел. Мына түрімен байлауын үзіп кетсе, нағыз масқара сонда болады.
Еркін енді бірден тып-тыныш бола қалады. Бірақ бірінші дәрігер бақыртып-шақыртып оның құйрығына бұрынғыдай етіп укол салады.
Бірінші дәрігер (укол салып болып) Қалай, жігітім? Қытығың келмеді ме?
Еркін. Келгенде қандай. (Өтіріктен шықылықтап күле бастайды).
Бірінші дәрігер. Өте тамаша! Алдап-сулап апаруымызға да болады. Ал, бір сағаттан соң жігітіміз тәтті ұйқыға кетеді. Енді қауіп жоқ. Шеш байлауын. (Екінші дәрігер шешеді).
Еркін (өтірік есалаң кейіпке түсіп) Алақай, атама баратын болдым! Алақай! (Санын шапаттап, айғайға басады).
Бірінші дәрігер (мысқылдап) Ия, жігітім, атаңа, атаңа барасың. Сені күтіп отыр. Тезірек бармасаң кетіп қалады. (Қолынан жетектемек болады).
Еркін (дәрігердің қолын қағып жіберіп) Мен өзім, өзім жалғыз барам. Сен кәмпитті менен бұрын алып қоясың.
Екінші дәрігер. Рас айтасың, жігітім. Бұл ағаң кәмпитке өте құмар. (Бірінші дәрігерге көзін қысып) Өте тамаша! Өзі бара берсін. Бағытын сілтеп жіберейік. (Еркінге) Жарайды, өзің бара ғой. Анау ең соңғы үлкен есікті көрдің бе? (Еркін басын изейді) Сонда барсаң, атаң күтіп отыр.
Еркін. Алақай! Алақай! Атама барамын. (Жүре беріп, кілт тоқтай қалады) Алдайсыңдар. Екеуің менен бұрын барып кәмпитті жеп қоясыңдар. Ү-ү-ү.. (Өтірік жылап, бақыра бастайды).
Бірінші, екінші дәрігер (дағдарып) Ойбай, мақұл. Біз осында-ақ қалайық. Сен өзің бара ғой.
Еркін. Жоқ, сендер алдайсыңдар. Сендер бір жерге тығылып қалыңдар. Әйтпесе. Ә-ә- ә..
Бірінші, екінші дәрігер (дағдарып) Жарайды, жарайды. Кәне, қайда тығылайық?
Еркін (жан-жағына қарап) Міне, мұнда. (Бір есікті көрсетеді).
Бірінші дәрігер. Жарқыным-ау, бұл әйелдердің әжетханасы ғой.. Ыңғайсыз..
Екінші дәрігер.Ту-у, сен де, жындымен жынды болып.. Кіре салайық.
Екеуі де ішке кіріп кеткен кезде, Еркін дереу есіктің сыртқы ілгегін сала қояды.
Іштегілердің дауысы: Тезірек бар енді. Атаң кетіп қалады. Кәмпиттен құр қаласың.
Еркін (есікке төне айғайлап) Рахмет! Ол кәмпитті енді өздерің-ақ жей қойыңдар. (Екі дәрігер айғайлап, есікті тоқпақтап қала береді.)Тә-ә-к, сонымен бұл бітті. Енді.. (Бұрынғы өзі жатқан бөлмеге келіп, керуеттің астынан улкен қалта алады да бір тасаға кіріп кетіп, бірінші дәрігер айтқан көйлекті, өте биік өкше туфлиді киіп, жасанды шаш тағып, сұлу қыз болып шығады. Өзіне сүйсіне қарап) О, міне, қатып кетті. Енді ер.. ерке.. Еркежан бикеш, ия, Еркежан бикеш, қарынның қамын да ойлайтын кез келді. (Жүре беріп,қайтадан кейін қайтады) Ойбай, бойы бір қарыс бір бәле келе жатыр ғой. Енді не істедім? (Тез ілулі тұрған ақ халат пен қалпақты киіп алады да, столға отыра қалып, қағаз жаза бастайды).
Үстіне жастар киетін қалпағы бар жеңіл күртеше киген екі бетті адам (арт жақтағы беті күртешенің қалпағынан көрінбейді) кіреді.
Екі бетті адам (таңдана) Са.. са.. саламатсыз ба бикеш.
Еркін. Са.. са.. саламатсыз ба ағай.
Екі бетті адам. Сіз.. сіз.. Бұл жерде екі дәрігер бар еді.. Біреуі ұзын, екіншісі былай, қортық.(Қолымен төбе тұсын және кіндік тұсын көрсетеді).
Еркін. А-а, ол кісілер шығып кетті. Не еді? Жиналыс.. ия-ия, жиналыс деп..
Екі бетті адам. Сонда сіз.. сіз бұл жерге жаңадан келген.. жаңадан келген..
Еркін. Ия, жаңадан келген дәрігермін.
Екі бетті адам. Онда.. онда бұл мәселені сіз шеше алмайды екенсіз. (Кетпек болады).
Еркін. Ол не мәселе, ағай? Егер жынды деген анықтама керек болса, ол қолымнан келеді.
Екі бетті адам (селк етіп) Жынды деген анықтама дейсіз бе? Оның маған керегі не?
Еркін. Өзіңіз біліңіз. (Суыртпадан бір бума анықтама мен мөрді алып) Егер мына қағазға біреудің аты-жөнін жазып, былай құлаштап (Көрсетеді) мөр бассам болды, ол адам табанда жынды болып шыға келеді.
Екі бетті адам (таңдана) Ой, сіз.. сіз.. шынында да печатыңыз бар.. Справкаңыз да дайын.. Мен.. былай ғой.. Шынымды айтсам сондай бір справка керек еді.
Еркін. Бірден солай демейсіз бе? (Қолына қалам алып) Аты–жөніңіз кім? Қандай жынды болғыңыз келеді?
Екі бетті адам (шошына) Мен бе? Мені айтасыз ба?
Еркін. Енді кім? Жынды болғым келеді деп келіп отырған сіз емей мен бе?
Екі бетті адам (дызылдай) Жо-жоқ, жынды болғысы келетін адам мен емес, басқа. Егер, сіз.. сіздің қолыңыздан шынымен де келетін болса.. (Құжаттарды береді).
Еркін (анықтаманы толтырып жатып) Ал, сіз маған қандай жақсылық жасай аласыз?
Екі бетті адам. Любой тілегіңізді айтыңыз, бикеш. Жаман ағаң бәрін де шешіп бере алады.
Еркін (таңдана) Любой дейсіз бе? (Ойланып) Онда.. онда Сәрсенұлы Ораз деген жігіттің Сара деген келіншегін кінәсізден-кінәсіз жұмыстан шығарып, өзін үй алу кезегінен, баласын балабақшадан шығарып тастапты. Қолыңыздан келсе, осыларды бұрынғы қалпына келтіріңіз.
Екі бетті адам. Шесть секунд. (Телефонмен сөйлеседі) Шабеке, әлгі мәселе шешілді десе де болады. Тек, әлгі Сәрсенұлы Ораз деген жігіттің..(Музыка ойнап, дауысы естілмей кетеді). Міне, бұл мәселеңіз шешілді, бикеш. Тағы не бұйырасыз?
Еркін (сенбегендей) Қалайша тез? Әлде, әзілдеп тұрсыз ба?
Екі бетті адам. Сенбесеңіз өз құлағыңызбен тыңдаңыз, бикеш. (Телефонын береді).
Еркін (тыңдап) Рас екен. Рахмет сізге, ағай. Тағы бір өтінішім бар еді. Бірақ, бұл мәселе тек мемлекет көлемінде ғана шешілетін болған соң..
Екі бетті адам. Қысылмаңыз, айта беріңіз. Шетел көлеміндегі мәселе болса да шешеміз.
Еркін. Олай болса.. олай болса..
Музыка ойнап, дауысы естілмей кетеді. Еркін айтады. Екі бетті адам телефонмен сөйлеседі. «Мәселеңіз шешілді» дегендей, телефонды Еркінге тыңдатады. Еркін риза болады. Осындай қимыл 3-4 рет кинодағыдай өте тез-тез қайталанады. Еркін риза болып, мөрді құлаштап көтере береді де, ақша дегендей саусағын сытырлатады. Екі бетті адам ақша береді. Еркін «мынау аз ғой» дегендей ренжиді. Екі бетті адам қалталарын қарап, жоқ дегендей қиналып кетеді. Еркін «жарайды, керегі жоқ дегендей мөрді құлаштай басып, анықтаманы оған береді. Екі бетті адам разы болып, Еркіннің қолынан сүйіп, қайта-қайта иіліп шыға береді. Сахнаның алдына келіп, қалпағын шешеді. Оның өте сұсты екінші беті де көрінеді. Ол әр қалтасынан бума-бума доллар шығарып, сүйіп-сүйіп қайтадан салады да, телефон соғады).
Екі бетті адам. Алло, Шабеке, бәрі ойдағыдай болды. Справка қалтада. Ия, бердім ғой. Нағыз жалмауыз екен, теңгеге дейін бәрін сыпырып алды. Енді.. тым көп емес.. 20 мың доллардай ғана өз қалтамнан төледім ғой.. Ол не дегеніңіз, Шабеке, сіз үшін ақша түгіл жанымды беруге әзірмін. 50 мың доллар берем дейсіз бе? Жоқ, жоқ Шабеке, бұл енді ыңғайсыздау.. дегенмен сіз берем десеңіз.. 50 мың доллар, 50 мың доллар.. (Әндете билеп шығып кетеді).
Еркін (орнынан тұрып) Бұл мәселені шешіп тастадық. (Қарнын сипалап) Қап! Қарын мәселесін ұмытып кетіппін-ау. Тезірек жаңағы жердің құртын тауып алайын. (Халаты мен қалпағын шешіп шыға бергенде, екінші дәрігер келеді). Қап! Енді қайттім? (Теріс қарап тұра қалады).
Екінші дәрігер(таңдана) Күлгін-көк түсті көйлек, күлгін-қөк түсті туфли, күлгін-көк түсті шаш.. (Еркінге жақындап) Сүйіктім, бұл сен бе? Кешке кездесеміз деп едік қой. Әлде, мені көргенше асығып.. (Еркінді құшақтап, сүймек болады).
Осы кезде бірінші дәрігер де келіп қалады.
Бірінші дәрігер (құшақтасып тұрған екеуін көріп, таңдана) Күлгін-көк түсті көйлек, күлгін-көк түсті туфли, күлгін-көк түсті шаш... Құдайым-ау, мынау.. мынау менің әйелім ғой. Ал, мынау.. мынау менің жан дегенде жалғыз досым емес пе? Ах, оңбаған сұмырайлар. Қазір екеуіңді де буындырып өлтіремін. (Келген бетте екінші дәрігерді құлаштап салып жібереді. Ол құлап түседі. Сәлден соң ол орнынан тұрып бірінші дәрігерді салып жібереді де, екеуі төбелесіп кетеді. Осыны пайдаланған Еркін жылыстап қаша жөнеледі).
Көп өтпей сахна қараңғыланып, қатты берілген ескерту дабылы естіледі.
ҮШІНШІ КӨРІНІС
Жихазы өте бай үлкен бөлме. Шабалана үрген иттің даусы мен «Кет-әй, кет» деген дауыс қатар шығып, көп өтпей сахнаға күлгін-көк көйлегінің жарты етегі жоқ, басындағы күлгін-көк жасанды шашы теріс айналып кеткен, жалаң аяқ, турсишең Еркін шығады.
Еркін (алқына) Ух! Жындыханадан енді құтылдым ба дегенде, ажалым бір иттен бола жаздады ғой. Егер жаңағы ұзын етек көйлек болмағанда, анау құтырған ит қай жерімді жұлып аларын кім білсін? Әйтеуір аман қалдым. (Терезеге қарап) Ойбай, бір бикеш келе жатыр. Енді қайттім? (Асып-сасып үстіндегі жыртылған көйлегі мен басындағы жасанды шашты пешке (камин) тығып жібереді де, орындықтың арқалығында тұрған үлкен көйлек пен шалбарды киіп алады) Ойбай! Келіп қалды. Енді қайттім? (Алақ-жұлақ етіп тұрады да бұрыштағы үлкен столдың астына кіріп кетеді. «О-о, бұл жерде туфли де бар екен» деген даусы естіледі).
Әндетіп Сәния кіреді.
Сәния (орындық жаққа қарап) Папам тағы да жиналысқа кеткен бе? (Жерге түсіп қалған галстукты алып) Галстугін неге тақпаған? А-а, түсінікті. Мамам екеуі қыдырып кеткен екен ғой қол ұстасып. Қой, обед те болып қалыпты. Шай қояйын. (Әндетіп шығып кетеді).
Асыға кірген Шабақбай көйлек- шалбарын шешеді де, аң-таң болып тұрып қалады.
Шабақбай (айғайлап) Ту-у, Сәнияш-ай. Тағы да үтіктеп жатырсың ба? Азанда ғана үтіктеген жоқ па едің. Әкел тезірек. Асығыспын. Қонақтардың алдынан шығуым керек.
Сәнияның әндеткен даусы естіледі. Мәйкі-турсишең Шабақбай есік пердесінің артына тығылады. Әндетіп Сәния кіреді.
Сәния (еркелей) Папышка, бәрін де дайындап қойдым. Өзім де біліп ем, сіздердің шөлдеп келетіндеріңізді.
Шабақбай (перденің артынан қолын созып) Әкел, қызым. Алдымен шалбарымды бер.
Сәния (аң-таң қалып) Папа, қандай шалбарды айтасыз? Алдымен шайыңызды ішіп..
Шабақбай. Ойбай-ау, Сәнияш-ау, шайың не айтып тұрған? Көйлек-шалбарымды әкел деймін. Қайта-қайта үтіктей бергеннен бірдеңе шығар дейсің бе? Қонақтар келіп қалатын болды.
Сәния (түкке түсінбей) Папа, сіз қандай көйлек-шалбарды айтып тұрсыз? Азанда ғана үтіктеп мына жерге қойғам. Әлде мамам бір жерге.. (Тез шығып кетеді).
Шабақбай (перденің артынан шығып, безілдей) Қап! Мына қыздың қорлығын-ай! Енді қайттім? (Майкі-турсишең, мойнына галстук тағып шығып кетеді де, тез қайтып келеді. Галстукты жұлып алып, асыға бұрынғы киімдерін киіп, галстукті сүйрете шығып кетеді.)
Әбіржулі Сәния кіреді.
Сәния (таңдана) Қызық! Азанда ғана тұрған. Қайда кетті? (Әр жерді іздейді) Жоқ. Жер жұтты ма, ұры алып кетті ме? Ұры алса туфлиін де.. (Столдың астына қолын созып, іздей бастайды) Жоқ, орнында тұр екен. Бірақ, еденге жабысып қалған ба, орнынан қозғалар түрі жоқ қой. (Туфлиді тартқанда, столдың астынан оны киіп алған Еркіннің аяғы да қосыла шығады).Ойбай, ойбай, ұры, ұры. Жоқ-жоқ, адам.. адам екен. Мұнда адам өліп жатыр.
Ойбайлай бақырып шығып кетеді. Сәлден соң даусы естіледі.
Сәнияның дауысы: Алло, бұл полиция ма? Біздің үйде ұры.. ұры жатыр. Жоқ-жоқ, біздің үйде адам.. адам өліп жатыр. Шабақбай Қоқымбаевичтің үйінде. Тезірек.
Сырттан машинаның гүрілі мен абыр-дабыр адамдардың даусы естіліп, екі полиция қызметкері және Шабақбай мен Сәния кіреді.
Шабақбай (Сәнияға иек қағып) Қайда?
Сәния. Анда. (Жабуынан Еркіннің бір аяғы шығып жатқан стол жақты ымдап көрсетеді).
Шабақбай. Мынау менің туфлиім ғой. (Столға қарай ұмтылады).
Бірінші, екінші полицей (қосарлана ) Сіз не істемексіз, Шәбеке? Ол мүмкін.. (Екеуі де пистолеттерін суырып алып, Шабақбай мен Сәнияны қалқалай, столға жақындайды).
Шабақбай (өзіне) Қыбыр етер емес. Бір сұмдық болмаса не қылсын. (Полицейлерге) Әй, сендер абайлаңдар. Қаруы боп жазым етіп жүрмесін.
Бірінші полицей. Алаң болмаңыз, Шәбеке. (Екіншісіне) Столды аударып тастап дереу бас салайық. Кәне.. Ау-у-п!
Екеуі столды аударып тастап, Еркінді бас салады. Еркін түкті сезер емес, өліп қалған адамдай қимылсыз жатыр.
Сәния. Ұры. Нағыз ұры.
Шабақбай (Еркінге жақындап) Мынау шалбар да, көйлек те, туфли да менікі. Бұл нағыз ұры.
Біәрінші полицей (Еркінді пистолетімен түртіп) Түк сезетін емес қой.
Екінші полицей (ол да түртіп) Азамат ұры, тұрыңыз. Бұл қулығыңыздан түк те шықпайды.
Бірінші полицей (үрейлене) Өзі тірі адам ба, әлде бізден құтыла алмасын білген соң өзін-өзі.. ..
Екінші полицей (теуіп көріп) Ия, өліп қалған секілді.
Шабақбай, Сәния (үрейлене) Өліп қалған?!..
Шабақбай. Ей, сендер неғып тұрсыңдар? Алып кетпейсіңдер ме енді тезірек. Ертең Шабақбай Қоқымбаевичтің үйінде адам өлімі болыпты деп..
Бірінші полицей. Шабеке, кешіріңіз. Сіздерді куә етіп акт жасамай, өлікті орнынан қозғай алмаймыз. Басымыз екеу емес..
Шабақбай. Бастарың құрысын сендердің, өңкей қауақ бас. Қандай актіні айтып былжырап тұрсыңдар? Ол біздің үйде емес, аулада, жо-жоқ, айдалада өліп қалған. Түсіндіңдер ме?
Бірінші, екінші полицей (қосарлана) Түсіндік, Шабеке.
Шабақбай. Түсінсеңдер неғып тұрсыңдар? Алыңдар да жоғалыңдар.
Бірінші, екінші полицей (қолдарын шекесіне қойып) Құп болады, Шабеке.
Біреуі қолынан, екіншісі аяғынан енді ұстай бергенде, Еркін түшкіріп қалады. Екі полицей екі жаққа шалқасынан түседі.
Бірінші, екінші полицей (орындарынан тұрып жатып, қосарлана) Ух, әйтеуір тірі екен.
Сәния. Тірі екен.
Шабақбай. Ал, неғып тұрсыңдар? Әлде, тергеушінің алдына мұны мен көтеріп апарайын ба?
Бірінші, екінші полицей (қосарлана) Ол не дегеніңіз, Шабеке. Әуре боп қайтесіз. Өзіміз-ақ..
Бірі Еркіннің қолынан, бірі аяғынан көтеріп алып кетеді.
Сәния. Папа, мен шығарып сап келейін.
Ол да шығып кетеді.
Шабақбай (сахнаның алдына келіп, қос қолымен басын қыса ойланып) Не боп кетті өзі? Тапа-тал түсте мына менің, Шабақбай Қоқымбаевичтің үйін таңдап түскен бұл қандай ұры? Бір киерімнің бәрін киіп алыпты. (Шошып кетіп) Машина!? Елдің сөзінен қорқып, жұмсақ орындығына бір отыра алмай, шөптің астына жасырып жүргенімде.. (Жүгіріп шығып кетеді де, тез қайтып келеді) Жоқ, аман екен. Тиіспепті. (Ойланып) Тоқта, тоқта.. (Шығып кетеді де, тез қайтып келеді) Құдайға шүкір, долларға да, ақшаға да тиіспепті. Әлде.. (Тағы да шығып кетіп, тез қайтып келеді). Сәнияштың мамасының алтындарына да тиіспепті. Бирллиянттары да сол күйі тұр. (Сахнаның алдына келіп, саусағын тістеп, ойланып) Сонда.. Сонда бұл қалай болғаны? Мүмкін.. Мүмкін бұл менің киімдерімді көз қылу үшін киіп алған.. Ана жақтан келген.. Специально келген.. (Асып-сасып қалта телофонын тереді) Әлә, әлә. Әй, бала.. Бұл сен бе? Әй, әлгі.. әлгі ше? Оянды ма өзі? Оянғаны дұрыс болыпты. Әй, сендер соны былай.. дұрыстап.. ия, дұрыстап тексеріңдер. Меніңше ол ұры емес секілді. Ия, ақша-пақшаға да, қымбат бұйым-киімдердің де біріне тиіспеген. Түсінгенің бар болсын сенің. Түкті де түсінбепсің. Ей, миғұла! Ұры емес деймін. Дұрыс айтасың. Сол жақтан секілді. Айтқаның келсін. Лайым, баукеспе ұры болып шықсын. Ал, егер, ана жақтан болса, (саусағын жоғары шошайтып) онда Шабақбай құрыды дей бер. Ал, мен құрысам, қырсығым Жәкең мен Шөкеңе де тимей тұрмайды. Ал, ол кісілер орнынан қопарылар болса, сен де мен де.. Ия, ия, дұрыс айтасың. Мынадай заман өзгерген, заң өзгерген қиын кезеңде ол емес, олай емес деп айтуға да болмай қалды ғой. Так что, оны дұрыстап, дұрыстап тексеріңдер. Оны өздерің білесіңдер. Тек, денесіне таңба түсіп қап жүрмесін. Ия, ия, маған кім екенін анықтап берсеңдер болды. Хорошо, хорошо. Хабарласып тұрыңдар. (Телофонды жауып) Ия, Шабеке, заман өзгеріп, заң өзгеріп, тыныс тарылып барады-ау. Баяғыдай емес, аңду, тексеру деген көбейді. Жұтқанда қиналмай қылғытушы едің, құсам деп қиналмасаң не қылсын. (Қалта телефоны шылдырлайды. Қоңырау соққан кім екенін көріп, құлағына тосады) Ия, тыңдап тұрмын. Не боп қалды? Қызметтен шығарды? Әй, маубас, сені қызметтен шығарып жүрген кім өзі? Бастығым?! Әй, ол бөтен емес, өзіміз.. өзіміздің.. Өзіміз болса да бұйрықпен шығарды дейсің бе? Әй, бұйрықпен шығаратындай не істеп қойып едің? Ұрттап қойып едім? (Күліп) Ұрттаса не болыпты? Бәріміз де ұрттаймыз. Немене? Қызметте жүріп ұрттап қойыппын? Қолға түсіп тұрған қылмыскерден айрылып қалдық? Әй, сен.. сен.. Әй, басқа уақта ішіне түсіп, жүзіп кет, ал, қызметте жүргенде, тем боле күрделі операцияны орындау кезінде ішпесең өліп кететін бе едің? Әй, алқаш, мұныңды Шөкең естіп қойса не болатынын білесің бе? Ал, Жәкең естіше ше? Дұрыс айтасың. Жоқ боп кетеміз. Ә-ә, оны ертерек ойлауың керек еді. Жарайды, мен ол бастықсымағыңмен сөйлесіп көрейін. Жоғары жақтан Жәкең, ортадан Шөкең болып осы креслоны да, полковник шенін де оған әрең алып беріп едік.. Көкірегі өсейін деген екен баланың. (Қалта телефонын теріп) Әлә. Әй, бұл сен бе? Әй, амандығыңды қоя тұр. Сен не істеп жүрсің өзі? «Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас» дегендей.. Не істеп қойдым? Бұдан артық шабуың керек пе? Ия, ия, сол баланы айтамын. Ол саған да, маған да бөтен емес еді ғой. Бұрын да өстіген дейсің бе? Алты рет!? Әй, мисызай, мисыз-ай! Енді не істемексің? Мұны Жәкеңдер естіп қойса не болатынын.. Міні-міні, енді жөнге келдің. Сөйте ғой, айналайын. Ия, ия, жыртып тастай сал. Генерал шенін дейсің бе? Әй, полковник болғаның кеше ғана емес пе еді, сен тіпті.. Жарайды, жарайды, енді.. Жәкеңдермен сөйлесіп көрермін. Сенің генерал болғаныңды біз қаламайды дейсің бе? Хорошо, хорошо. Енді ол ініңе өзің бас-көз бол. Тағы бірдеңені бүлдіріп жүрмесін. (Телефонды құлағынан алып) Қарашы-ей, мұны. Генерал болғым келеді дейді. Бәрін оп-оңай көреді-ау.. (Телефон шылдырлайды. Кім соққанын көріп) Ал, ендеше. Мысықша мияулап мынаусы шықты ғой. Ойпыр-ай! Келін екенмін-ау деп бір именіп, иба сақтауды білмейді-ау, жазған. Шөкеңнің келінімін деп бетіңді тырнағанды ғана біледі. Түрін көрсең.. Дәл бір мыстан кемпір дерсің. Не деп мияулар екен бұл жолы? Тағы да сол әлгі інісінің жыры шығар? (Телефонды құлағына тосып, мәймөңкелей) Әл-ә-ә-у. Бұл сіз бе? Менің ең сүйікті, кішіпейіл, ибалы, жұмыртқадай әппақ, сұлу келінім. Сіздің жағымды да жұмсақ, әсем үніңізді есіткеніме шын қуанып.. Не дейсіз? Көлгірсіме? Айналайын келінжан-ау.. Не дейсіз? Қалтаңа салып қой? Жарайды, жарайды, қалтама салып қойып, сізді жақсылап тыңдаймын. Әрине, әрине, сіздің бөлеңіздің қайнағасының әйелінің нағашысы маған да бөтен емесін білесіз ғой. Ол енді.. былай болып тұр ғой. Әлгі бастығын қанша аударып-төңкеріп тексертсем де, ешбір ілік таба алмадық. Сосын, ең соңғы әрекетке көшіп.. пара алды деп.. Ия, ия, дұрыс айтасыз. Подстава жасап.. Әрине, әрине, бұйырса, алдағы сәрсембінің сәтті күні отырғызамыз ба деп отырмыз. Жоқ-жоқ, сіздерге ешқандай сөз келмейді. Рахмет дейсіз бе? Ол не дегеніңіз? Шөкеңнің, сіздің бір қызметтеріңізге жарамасам несіне Шабақбай боп жүрмін бұл ауданда. Жарайды, жарайды. Міндетті түрде хабарласамын. (Телефонын жауып) Ух! Ой мыстан-ай! Қадалған жерінен қан алмай қоймайды. Айдаладағы танымайтын біреуді іні қылып, емешегі үзіле қалуын қарашы. Әттең, Шөкеңнің келіні.. Әйтпесе.. (Телефоны тағы шылдырлайды. Кім қоңырау соққанын көріп) Бұлардың бәрінің күйегі бір күнде келгеннен сау ма? (Ыңырана) Ия, не боп қалды? Сен болсаң қайтейін. Тезірек айт. Уақытым жоқ. Кім дейсің? (Шошына) Ойбай-ау, ол.. ол.. Шөкеңнің.. Жо-жоқ, Жәкеңнің қайнысының балдызының.. Немене? Пара алып жатқан жерінде қолға түсіпті? Масқара! Масқара! Әй, бұл туралы Жәкең.. Жәкең білді ме? Ух! Жүрегім орнына түсті-ау. Ал, ол ініңді ұстап жүрген мықтылар кімдер екен? Облыстан? Бөтен адамдар? Қап! Әй, ол сүмелектің елді осынша шулатқанда алғаны қанша екен? 350 мың? Әй, бұл соншалықты көп ақша емес.. Немене? Доллар!? Доллар дейсің бе? Жетіскен екенбіз. Әй, сонша пара алатындай не басына не күн туыпты? Ол жерге отырғызғанымызға әлі бір апта да болған жоқ қой. Әй, сендер мені өлтіріп тынарсыңдар. Мені көрге тығып тынарсыңдар деймін. Ия, ия, Жәкең білмей тұрып, облысқа, Шөкеңе шығып.. Уһ! (Телефонын жауып) О, бейшара бала. Параны қалай алуды да білмегені ғой. (Ойланып) Өзімізден де бар. Жылы-жұмсақ, майлы-жайлы орынның бәріне араққұмар ма, мансапқұмар ма, атаққұмар ма, парақор ма, бәлеқор ма, өңкей иіс алмас дүмбілездерді қонжитып, қонжитып қойдық. Ал, енді рахатын көре бер. Өліп-тіріліп біреуін қожитсақ, екеуі тоңқалаң асып жатады. Ал, қолынан іс келетін небір іскер, дарынды, ақылды, мәдениетті жігіттерді жолатқымыз да келмейді. Шіркін! Бар билікті соларға берер ме еді? Қайда-а-н. Бере алмаймыз ғой. Бергіміз келмейді. (Селт етіп) Ойбай! Мен неғып тұрмын? Айдаладағы бір есерсоқтардың жоғын түгендеймін деп өз проблемамды ұмытып кетіппін ғой. Әлгі ұрының жайы не болып жатыр екен? Ойпыр-ай! Бұл заман не боп бара жатыр өзі?
Асығыс шығып кетеді.
ТӨРТІНШІ КӨРІНІС
Темір торлы камераның іші. Бір бұрышта ағаш сәкі. Үстіне Шабақбайдың киімдерін киген Еркін жаралы жолбарысша әрі-бері адымдап жүр.
Еркін (басын шайқап) Масқара! Масқара болдым-ау. Бір түрмеден қашам деп екінші түрмеге, нағыз түрмеге түстім-ау. Жындыханадағы күніме зар болатын болдым-ау. Ә, сорлы басым, сорлы басым. (Басын тоқпақтайды). Ә-ә, қу арақ, қу арақ! Осының бәрі сенің кесірің. Сенің де.. (Кіжіне көйлегінің түймесін ағыта бастайды). Мынау немене? Ақша емес пе екен? (Көйлектің төс қалтасынан қағаз алып оқиды) «Шабақбай шырағым! Мына бала менің нағашым. Еңбек жолын алдымен ауылдан бастасын деп өзіңе жіберіп отырмын. Әрі қарай облысқа, Шортанбайға жіберерміз. Одан кейін де ойымыздан шығып жатса, өзімнің қарамағыма келер. Оған бас-көз бол. Көңілін қалдырмай қалаған бір көлігін мінгізе саларсың. Сендей ағасы барда, ешнәрседен таршылық көре қоймас деп ойлаймын. Ағаң Жайынбай Шатырбаевич» (Ойланып) Сонда.. сонда.. Шабақбайымыз мына көйлек-шалбардың иесі болсын. Ал, мына Жайынбай мен Шортанбай дегендерің бұған тікелей бұйыра алатын дәулер болды ғой. Анау.. анау Жайынбайдың нағашысы болса, мен жиені, жоқ, жиеннен туған жиеншары болайын. Ал, мына қағазды.. қағазды.. (Қағазды бүктеп носкиіне салып қояды). Ал, енді келе берсін. (Сәкіге барып отырады).
Тергеуші кіреді.
Тергеуші (орындыққа отырып, папкасын ашып жатып) Сіз тек шындықты ғана айтуға тиіссіз
Неғұрлым шындықты айтып, кінәңізді мойындасаңыз, жазаңыз да соғұрлым жеңілдейді. Та-а-к, сонымен, енді іске көшейік. (Қаламын дайындап) Фамилияңыз?
Еркін (сәл ойланып) Беркін.. Ия, Беркінов.
Тергеуші. Атыңыз?
Еркін. Атым дейсіз бе? Атым.. Атым сәл ыңғайсыздау еді.. Шатырбай. Ия, атым Шатырбай.
Тергеуші (орнынан ұшып тұрып) Кім дейсіз? Шатырбай?
Еркін. Ия. Мен айттым ғой сізге сәл ыңғайсыздау ат деп.
Тергеуші (отырып) Жоқ, ыңғайсыз ештеңесі жоқ. Керісінше, жақсы ат. (Ойланып, өзіне) Жоқ, бұл алаяқтың Жәкеңмен қатысы болуы мүмкін емес. (Еркінге) Құжатым жоқ депсіз. Бұл қалай?
Еркін. Бағана да сұраған. Төл құжатым, басқа да құжаттар, тіпті барлық ақшам да шалбарымның қалтасында болатын. Ал, шалбарым бұзақылардың қолында кетті.
Тергеуші. Солай деңіз. Қандай жұмыс істейсіз?
Еркін. Жұмыс істемеймін.
Тергеуші. Неліктен жұмыс істемейсіз?
Еркін (ойлана) Ол.. енді.. Әскерден жақында келдім.
Тергеуші. Қай войскада болдыңыз?
Еркін Оны да айтуым керек пе? (Қорғаныс әдісін жасап тұра қалады). Десантный войскада.
Тергеуші. Ым-м, солай деңіз.. Қай жерде тұрасыз?
Еркін. Алыста. Өте алыста.
Тергеуші (төмен шұқшиған күйі) Сонша алыстан бұл жаққа қандай мақсатпен келдіңіз?
Еркін (өзімен-өзі) Енді қайттім? Не десем екен? Жайынбай, Шортанбайларды алға тартып көрсем бе екен? Әй, бірақ оның реті келмей тұр-ау. Оларың кім? Танымаймын десе не демекпін? (Ойланып) Ә-ә, таптым-таптым! Сол үйдегі ана бір бикеш ше? Бірақ, атын сұраса не деймін?
Тергеуші (ойланып, өзіне) Бұл неге бүйтті? Сартылдатып айтып келе жатып, мүдіріп қалғаны несі? Қандай мақсатпен келгенін сұрағанымда, осынша уақыт ойланды. Жо-о-қ, бұл тегін адамға ұқсамайды.. Шабекеңнің болжамы қате болмаушы еді.. Сөз саптасы, ойланысы жаман екен, соның дәл өзі болып шықпаса не қылсын? Құдай-ай, екі оттың ортасында қалдым-ау! Батылдау тергеп, кім екенін біліп бермесем, Шабекең ренжиді. Ренжігенің не, қызметпен қош айтысуым мүмкін. Ал, тым батылдау кетсем.. Жоқ, Шабекеңнен келген құқайды көріп алдым, ал, мынаны.. мынаны абайламаса болмайды. (Басын көтеріп, Еркінге) Сонымен, сізді күтіп отырмын, Шатырбай Беркінов мырза. Мұнда не мақсатпен келдіңіз?
Еркін (селк етіп) Не мақсатпен келдің дейсіз бе? (Маңғаздана) Оны сізге айта алмаймын. Ол кез келгенге айтыла бермейтін жеке басымның құпиясы.
Тергеуші (өзіне) Әне, айттым ғой. Жеке басымның құпиясы дейді. Кез келгенге айтыла
бермейді дейді. Сонда кез келген адамы мен болғаным ба? Значить, бұл сол.. Соның өзі болды. (Еркінге) Кешіріңіз. Мемлекет мүддесі үшін жеке бастың құпиясы деген болмайды.
Еркін. «Жаным-арымның садағасы» дейді қазақ.. Мен де құпиямды ашып, арымды жоғалтқанша, өлімді артық көретін жанмын.
Тергеуші екеуі бір-біріне едірейе қарасып қалады.
Тергеуші (бірден өзгеріп) Кешіріңіз. Дегенмен мемлекет мүддесі үшін.. Мемлекет мүддесі..
Еркін (сөзін бөле) Мемлекет, мемлекет деп болмадыңыз ғой тіптен. Немене? Мені мемлекеттің жауы көріп отырғаннан саумысыз? (Сұстана қалады).
Тергеуші (үрейлене ұшып тұрады) Ол.. ол.. ол не дегеніңіз? Мен.. мен.. Дегенмен мемлекет..
Еркін. Қатты мазасызданып кеттіңіз ғой. Айтайын. Дегенмен, бір қыз үшін келдім. Былайша айтқанда, бұлай түрмеге түсейін деп емес, сол қыз үшін махаббат отына пісейін деп келдім. Сол қызды іздеп үйіне барғанымда, итке де таландым, соққы да жедім. Ең ақырында мұнда түстім.
Тергеуші (тез өзгеріп, маңғаздана) А, солай ма? Алыстан сол қызды іздеп келген екенсіз ғой? (Отырып жатып) Сонымен үйіне кірем деп итіне таландыңыз. Жақсы. Ал, бірақ мына бөтен киімдерді киіп ұйықтап қалғаныңызды қалай түсінуге болады?
Еркін (мұңая) Ия, қызға келген соң үстіме өте қымбат киімдерімді киіп келгем. Жолда бұзақылар кезігіп қап ұрып-соғып, бәрін тартып алды. Төл құжатым да, қажетіме жаратамын деп алып келе жатқан 50 мың долларым да соларда кетті. Ал, қалған көйлек-пөйлектерімнің рахатын ит көрді. Іш киімшең жалаңаш қалған соң амалсыздан осы бөтен киімдерді киуіме тура келді. Өзім сүйген қыздың алдында жалаңаш тұрғаннан гөрі осылай еткенді дұрыс көрдім. Содан жұрт көзіне түспейін деп, столың астына тығылып қыздың келуін күттім. Ұзақ күттім. Алыс жол қатты шаршатқан болу керек, ұйықтап қалыппын. Міне, бар болғаны осы.
Тергеуші. Ым.. м.. ия. Ол қызыңыздың есімі кім? Әкесінің аты кім? Қандай жұмыс істейді?
Еркін (сасып) Есімі.. есімі.. (Серпіле) Жоқ, бұл сұрағыңызға әзір жауап бере алмаймын.
Тергеуші. Мұны қалай түсінуге болады? Не себепті ол қыздың атын айта алмайсыз?
Еркін. Не себепті екенін де әзірге айта алмаймын.
Тергеуші (қиналып терлеп кетеді) Тоқтаңыз, тоқтаңыз. Бір-біріңізді өте жақсы танитын
болсаңыздар, тіпті әлгі, сүйетін болсаңыздар, ол қыздың бүкіл жұрттың, әкесінің алдында сізді ұры деп ұстап беруін қалай түсіндіресіз? (Маңғаздана орнына отырады)
Еркін. Ойыңызды түсіндім. (Сәл ойланып) Сіз де жас болып көрген шығарсыз?
Тергеуші (дағдарып) Сіз онымен не айтпақсыз? Ал, болғам.
Еркін. Болсаңыз, өте жақсы. Ендеше, есі дұрыс қыз жұрттың, әкесінің алдында:-Ойбай, мен бұл жігітті сүйемін, күйемін деп сүйінші сұрай ма? Оның үстіне ол жігіт өз үйінен, столдың астынан шығып отырса.. Жартылай жалаңаш болса..
Тергеуші (басын қасып) Ым..м.. Ол да мүмкін. «Әйел жолы жіңішке деген..
Еркін. Міне, міне, дұрыс айтасыз. Өз басым оның сондай қысылтаяңда құпияны ашпай, осылай жол тауып кекеніне шын ризамын. (Орнынан тұрып) Тағы да айтамын. «Жаным-арымның садағасы» Ол жеке басының құпиясын ашпаған екен, енді мен де түк айтпаймын.
Тергеуші (басын көтеріп) Солай деңіз. Олай болса, Ша.. Шатырбай мырза, сізді сол қызбен беттестіруіме тура келеді. Егер ол сіздің сөздеріңізді растамайтын болса.. Сондықтан әлі де ойлана түсіңіз. Ойыңызға түскенін мына қағазға жаза беріңіз. (Біраз парақтар беріп, папкісін алып, кете бере тұрып қалады. Өзіне) Соншама маңғазданғанына қарап, ана жақтан екен деп зәре-құтым қалмап еді, сөйтсем, какой-те біреу болып шықты. Шәбекеңнің күйеу баласымын дейді. Мейлі, бола берсін. Шәбекең де қызық. Ана жақтан, ана жақтан деп.. (Серпіліп) Қой, мен неғып тұрмын? Шәбекеңнен сүйінші сұрайын да. Ол байғұс телефонның түбінде көжекше қалтырап отыр ғой. (Сахнаның алдына келіп, қалта телефонымен сөйлесе бастайды) Шабеке, сізге өте қуанышты хабар айтпақпын. Әлгі ше, әлгі жігітті айтам, сіз ойлағандай ана жақтан емес, жай ғана сіздің болашақ күйеу балаңыз болып шықты. Күйеу балаңыз деймін. Сәнияшты бұрыннан біледі екен. Осы жолы да соған бола келіп.. Не дейсіз? Жулик?.. Шәбеке, Шәбеке.. (Телефонын жауып, аң-таң болып тұрады да, тез шығып кетеді).
Еркін сәкіде отыр. Қатты ойға батып кеткен. Сәлден соң айғайлап Шабақбай, соңынан тергеуші мен екі бетті адам кіреді.
Шабақбай (айғайлап) Ақырында, баукеспе ұры, жуликті маған күйеу бала қылайын дедіңдер ме? Сендер білмей жүр екенсіңдер Шабақбай Қоқымбаевичтің кім екенін. Күйеу бала, күйеу бала деп сүйінші сұрағанша, ұрып-соғып, сілейтіп тұрып неге шынын айтқызбайсыңдар мұндай жуликтің. Не бір дәудің баласына бермеген жалғыз қызым Сәнияшымды мұндай алаяққа бергенше.. (Жұдырығын түйіп Еркінге ұмтылады).
Тергеуші (жайбырақат) Шабеке, сабыр етіңіз. Заңнан тысқары әрекет етуге болмайды.
Шабақбай (жұлқына айғайлап) Заңыңмен қоса құрып кет сен. Күйеу балаңды таптық деп сүйінші сұрағаннан басқа не бітірдіңдер, сендер? Жар құлағым жастыққа тимей, сендерді адам болсын деп жоғарыға сүйреп жүргенде, көрсеткен рақаттарың осы ма? (Тергеушіге) Әй, сенің екі бетті мынадан (екі бетті адамды төбесінен нұқып) еш айырмаң болмады-ау. Өзімізден де бар. Өңшең иіс алмас маубастарды жетектеп әкеліп бір-бір креслоға қонжитып қойдық. (Сәл жуасып) Жарайды, күйеу бала болса, жарасы жеңіл. Ал, алдымнан ор қазуға келген басқа бала болса ше? Айтпады демеңдер.. Ол кезде.. Ол кезде.. Ух.. Су.. су әкелші. (Алқына орындыққа отыра кетеді).
Екі бетті адам жүгіріп шығып кетеді.
Еркін (өзіне) Сонмен, әлгі қолхатта жазылған Шабақбай Қоқымбаевичіміз осы дәу болды. Ал, менің сүйгенімнің есімі Сәнияш екен. Өзі қандай сұлу болса, есімі де сондай керемет екен.
Екі бетті адам стаканмен су әкеліп, Шабақбайға ішкізе бастайды. Ішкізіп жатып: -Қап, сені ме- деп Еркінге қоқаң-қоқаң етеді. Қоқаңдаған сайын су лақ етіп құйылып кетіп, Шабақбай шашалып қалады. Осылай 2-3 рет қайталанады.
Шабақбай (шыдай алмай) Әй, сен қоқаң-қоқаң етіп, маған су емес, у ішкіздің ғой. Бұрын қайда қалдың аяғынан тік тұрғызсаң? Ақыры қолдарыңнан түк келмейді екен, мұны күйеу бала етіп лақ-текеше бақылдатып, басыма секірткенше, өлтірейін, е, өзім өлейін. (Екі бетті адамды лақтырып жіберіп, Еркінге ұмтылады).
Екі бетті адам (сүйретіле келіп, Шабақбайдың алдына тұра қалады) Ойбай-ау, Шәбеке-ау, мен өлейін, сіз өлгенше.
Тергеуші. Шабеке, сабыр етіңіз. Өзіңіз айтқан жоқсыз ба, денесіне таңба түспесін деп.. (Шабақбайды столға отырғызып) Сіз еш саспаңыз. Мұны қазір өзім-ақ сайратамын. Ұрмаймын да, соқпаймын да.. (Шығып кетіп жындыханадағыдай ток ұрғыш аппаратты көтеріп тез қайтып келеді. Еркінге) Ал, сіз енді не дейсіз? Мына тостақты басыңызға киіп барып айтасыз ба, әлде... Ойлануға бір минут уақыт беремін.
Еркін (жаны шыға. Өзіне) Ал, ендеше.. тағы тостақ.. Енді қайттім? Қыздың әкесі барып тұрған әккінің өзі екен. (Ойланып) Тоқта, тоқта. Жайынбай Шатырбевич пен Шортанбай Мақұлбаевичтерді енді айтып көрсем қайтеді? Бұл сол Шабақбай болса, олардың атын есіткенде жапалақша жалп ете қалмас дейсің бе?
Тергеуші (басын көтеріп) Сонымен сізді күтіп отырмын. Қандай шешімге келдіңіз?
Еркін. Іздеген бақытымды енді таптым ба дегенде, басыма тостақ киіп, денсаулығымды бұзғым келмейді. Тостақ кймей-ақ барлық шындықты айтамын. Сұрай беріңіз.
Тергеуші (қуанып) Міне, мұныңыз дұрыс болды. Олай болса, мұнда не мақсатпен келдіңіз?
Еркін. Бір қызға бола. Енді жасырмай атын да айтайын. Ол қыздың есімі.. есімі Сәнияш.
Шабақбай (селк етіп) Тәйт! Мынау не деп шатып тұр? (Ұшып тұрады).
Тергеуші. Шабеке, сабыр етіңіз. (Шабақбай отырады. Еркінге) Сіз Сәнияш дедіңіз бе? (Шабақбайға жалтақтап) Ал, ол қыздың, яғни Сәнияштың әкесін танисыз ба? Есімі кім?
Еркін. Жоқ, әкесін танымаймын. Өйткені ол кісіні көрген емеспін.
Тергеуші (мысқылдай) Ыхы, қызын жақсы танисыз, ал, әкесін әлі танымайсыз. Бұл сөзіңіз біздің сізге деген күдік-күмәнімізді одан сайын қоюлатып отыр. Өзіңізді ақтайтын бұлтартпас дәлел айтпасаңыз, сізді алаяқ, ұры деп қамауға алғаннан басқа шарамыз..
Еркін(қатты қиналған кейіпте) Құдай-ай, ұры емес екенімді, алаяқ емес екенімді қалай дәлелдесем екен? (Орнынан тұрып, екі қолын жайып) Тым болмаса.. Тым болмаса осы ауданның ең беделді азаматы Шабақбай, Шабақбай Қоқымбаевич деген кісіні білетін біреу бар ма?
Шабақбай (ұшып тұрып) Не дейді? Шабақбай Қоқымбаевич дей ме?
Тергеуші. Шабеке, сабыр етіңіз. (Шабақбай отырады. Еркінге) Ия, ол кісі ауданға танымал ардақты азамат. Оның атын бесіктегі балаға дейін біледі. Бірақ, сіз ол кісіні қайдан танисыз?
Еркін. Бір өте үлкен кісі арқылы. Ол кісі маған өз әкесінің атын қойған..
Тергеуші (ұшып тұрып) Ат қойған дейсіз бе? Ол.. ол.. олай болса, сіз.. сіздің іздеген адамыңыз осы кісі, Шабақбай Қоқымбаевич. Өзіңіздің Сәнияшыңыздың әкесі, тойыс, болашақ қайын атаңыз. Кешіріңіз. Кешіріңіз. (Қайта-қайта иіліп, жылыстап шығып кетеді).
Шабақбай (аң-таң) Түкке түсінсем бұйырмасын. (Еркінге) Жаңағыны оқалақ тиген өгіздей жөңкіткен ол үлкен адамың кім еді, айналайын?
Еркін (Шабақбайға бүркітше төніп) Сонда.. сонда Шабақбай Қоқымбаевич сіз бе? Сонда.. сонда мен сіздің үйге түскен ұрымын ба? Сонда.. сонда сіз мені ұры деп өз қолыңызбен түрмеге жаптыңыз ба? Сіз мені жулик деп балағаттап, ұрмақ та болдыңыз ба? Тіпті өлтірмек те болдыңыз, солай ма? (Зәресі ұшқан Шабақбай жылыстап қашып бара жатқан екі бетті адамды ұстай алып, алдына қалқанша тоса қояды. Екі бетті адам бақырып-шақырып, босанбақ болып тыпырлап жатыр) Жоқ, Шаббеке. Осы масқара қылғаныңыз да жетер. (Тыпырлаған екі бетті адамды Шабақбайдың қолынан жұлып алып лақтырып жібереді де, үрейі ұшқан Шабақбайдың жағасынан алады. Екі бетті адам шатқаяқтап тұра алмай жатып:-Шәбеке, жібермеңіз. Мен қазір сізге көмектесемін. Қорықпаңыз -деп бақылдап жатыр.) Мен тап қазір сізбен жеке сөйлесуім керек. (Шабақбайды столдан аударып тастап, өзі соның орнына отырады).
Екі бетті адам. Әй, сен.. Бұл.. бұл Шәбекең ғой.. (Шабақбайды тұрғызбақ болады).
Шабақбай орнынан әрең тұрып, бүкшиіп барып сәкіге отырады. Сырттан қарағанда, Еркін заң адамы, ал, Шабақбай қылмыскер секілді.
Шабақбай (екі бетті адамға) Әй, сен бақылдамай шығып кетші.
Екі бетті адам. Шабеке, если что, мені шақырыңыз. (Талтаңдай басып шығып кетеді).
Еркін (қатқыл) Сонымен, сіз менің Сәнияшымның папасы екенсіз ғой?
Шабақбай (жалпылдап) Әрине, әрине. (Таңдана) Қалай сіздің Сәнияшыңыз?
Еркін. Сіздің қызыңыз болса, менің сүйіктім емес пе? Тым қазбалай беріп қайтесіз. Ит өлген жерден сол Сәнияш үшін келгенімді білсеңіз де жеткілікті емес пе?
Шабақбай. Әрине, әрине жеткілікті.. (Селт етіп) Қалайша? Мен.. мен сізді танымаймын ғой..
Еркін (зілді) За то мен танып тұрмын ғой. Бұл сізге аздық қылып тұр ма, әлде, сенбей тұрсыз ба?
Шабақбай (сасқалақтап) Ия, сенбей тұрмын.. Жоқ-жоқ, неге сенбейін? Сенем ғой. Бірақ.. Әлгі..
мені танитын үлкен адамыңыз кім деп.. Соған.. (Терін сүртеді).
Еркін (күліп) Ия, сенбей тұрған секілдісіз. Олай болса, сізге міндетті түрде Шортанбай Мақұлбаевичтің атын атауым керек шығар? Мүмкін, Жайынбай Шатырбаевичтің де..
Шабақбай (үрейі ұша Еркіннің аузын қолымен басып) Ойбай, тыныш, тыныш. Айтпа. Сендім, сендім. Кешір мені, айналайын. Жаздым, жаңылдым. (Еркіннің аяғына жығылады).
Еркін (көңілді) Жайынбай нағашым да қызық. Маған Шатырбай деп әкесінің атын қойғаны өз алдына, түбі орнымды басатын мұрагерім де сен боласың деп ылғи да арқамнан қағып отырады. Қайдам? Қайтіп ұнап қап жүргенімді?
Шабақбай (жалпақтап) Өзі ат қойса, өзі ұнатса, онда жолым болды дей бер, айналайын. Ол кісінің дуалы аузы бекер айтпайды. Қалай Жәкеңнің, Бәкеңнің, Қәкеңнің, Тәкеңнің, Сейтен тентектің дені-бастары сау ма? Жәкеңнің өзі шапқылап жүр ме?
Еркін. Аман, аман, Шабеке. Бәрі де тегіс аман. Айтпақшы, Жайынбай нағашым сізге дұғай-дұғай сәлем айтты. Бір машинаны сол жақтан-ақ мінерсің деген соң, машинамды да қалдырып кеттім. Апта сайын ауыстырып, түрлі-түрлі көлік мініп жүрген адамға жаяу жүру қиын екен.
Шабақбай (жалпылдап) Сәләмәт.. сәләмәт болсын. Ал, әлгі көлікті, машинаны қазір-ақ міндім деп есептей беріңіз. Мен, қәзір.. Тамақ-самақ, бірдеңелер әкелдірейін. (Шығып кетеді).
Еркін. Жапалақша жалп ете қалды. Енді ши шығарып алмасам болды.
Тыстан Шабақбай мен тергеушінің даусы естіледі. Еркін тың тыңдайды.
Тергеушінің даусы. Шабеке, анық сол болды ма? Шынымен де Жәкеңнің жиені ме екен?
Шабақбайдың даусы. Әй, сен, кім екенін білмесең, жаңа оқалақ тиген өгіздей неге жөңки жөнелдің? Былай.. өзін-өзі ұстасы, сөз саптасы соған ұқсайды. Бірақ.. сол ма, сол емес пе..
Тергеуші. Шабеке, мен де күмәнданып тұрмын. Аты да, заты да қалай бірден қабыса кетті? Мүмкін, бұл өзіңіз айтқандай ана жақтан келген, специально келген.. Қәзір заман да, заң да өзгерді. Жәкең мен өзіңіз ылғи айтып отыратын, «Бір шоқып, үш қарайтын заман».
Шабақбай. Ойбай, жайырақ. Естіп қойып, масқара болармыз. Бірақ, бұл шынымен де Жәкеңнің жиені ме, әлде қылмыскер ме, оны қалай білеміз?
Тергеуші. Бір-ақ жолы бар. Оған білдіртпей Сәниямен беттестіреміз. Сәния оның айтқанын растаса, босатып, аяғына жығыламыз. Ал, растамаса, жүз жерден Жәкеңнің жиені болса да..
Шабақбай. Ойбай, жайырақ. Естіп қояр. Жүрегім сезеді. Бұл анық Жәкеңнің жиені. Бірақ, қызыммен беттестірсең, беттестір. Тек, Жәкең мен Шөкеңнің атына сөз келмейтін болсын.
Тергеуші. Оған еш алаң болмаңыз, Шабеке. Бәрі ойдағыдай болады.
Еркін (тыңдап тұрып) Тфу! Қарашы, түлкіше мың құбылуын. Тоқтай тұр, Шәббеке. Сені қақпаныма мықтап түсірмесем, атым өзге болсын. (Сәкіге шалқасынан жата кетіп) Сәнияшпен беттестіреміз дейді. Құдай-ай, ақырында тағдырым танымайтын, білмейтін айдаладағы бір қызға келіп тірелді ме? Ех, осындай кезде бір жүз грамм табыла кетер ме еді, басым істеп қоя беретін. Қой, армандай бергенмен болмас. Одан да Сәнияшты өзіме қаратудың жолын ойластырайын. (Ойланып кетеді).
Сәлден соң қымбат ыдыстарға салынған тағамдар мен пышақ, шанышқыларды көтеріп Шабақбай, артынша кресло көтеріп екі бетті адамі кіреді. Екі бетті адам креслоны Еркіннің алдына қояды да тез шығып кетеді. Шабақбай подносты столға қойғаны сол, креслоға жайғасқан Еркін тамаққа бас салады. Шабақбай сәкіге барып отырады. Қайта-қайта жұтынып, тамсанғанмен, столға жақындауға батылы бармайды.
Еркін (ауызын толтыра шайнаңдап отырып) Шаббеке, бұл қызық болды-ау өзі. Cәнияш сіздің қызыңыз болып шығады деп үш ұйықтасам, түсіме кіріп пе? Мен оның соңынан салпақтағалы қанша уақыт. Ал, ол болса көзіне де ілмейді. Бәсе, сіздей дәудің қызы болған соң екен ғой..
Шабақбай (дызылдап) Ойбай-ау, айналайын-ау, мен қандай дәу, Жәкең мен сіздің жаныңызда. Ал, Сәнияш.. Сәнияш әлі жас қой. Кімнің кім екенін қайдан білсін.
Еркін. Қап! Сәнияш сіздің қызыңыз екенін ертерек білгенде.. Енді, мынау. Бұзақыларға тоналдым, бір, иттеріңізге таландым, екі, өмірі көрмеген түрмеме түстім, үш.. (Даусы қатаяды) Бұл жайлы нағашым естіп қойса, жағдайым не болмақ? Е-е, қолынан ұстаған қызым жоқ, е-е, астыма мінген машинам жоқ. Тіпті, үстімде киімім де жоқ. Білем, Шабеке, сіз де, жаңағы тергеуші де менің айтқаныма әлі де сенбей отырсыздар. Мен сізге нағашыма телефон соғыңыз деп айтар едім. Бірақ оған ар-ұятым бармайды. Мойындаймын, біз шетімізден сізге масыл болып келеміз. Келмей жатып: -Ойбай, жұмыс, ойбай, машина деп сізді жүндей түтеміз. Жақында ғана нағашымның өз нағашысының жиенін сізге аманат етіп жібергенін де білемін. Нағашымның оған.. оған.. (Шабақбайға білдіртпей баяғы носкиіне салған қағазды алып оқиды) «Шабақбай деген жақсы ағаң бар. Алдымен соның школынан өткенің дұрыс Ол саған бас-көз болады. Қалаған бір машинаңды да мінгізер. Әрі қарай облысқа, Шортанбайға жіберерміз. Одан кейін де ойымыздан шығып жатсаң, өзімнің қарамағыма келерсің» -деп айтқанын өз құлағыммен естідім.
Шабақбай (кемсеңдеп) Рас, рас. Айналайын-ай, бұл туралы да біледі екенсіз-ау. Ал, мен сіздің Жәкеңнің жиені екеніңізге сенбей.. Кешір, айналайын. Кешіре гөр мендей ақылсыз, бейшара ағаңды. (Еңіреп Еркіннің аяғына жығылады).
Еркін. Сіздің мұныңыз не? Тұрыңыз. Сіздің еш кінәңіз жоқ. Кінәлі киімім мен барлық ақшамды тартып алған бұзақылар. Кінәлі сіздің қабаған итіңіз. Енді міне, машина алмақ түгіл киімге де бір тиын ақшам жоқ, темір торда отырысым мынау.
Шабақбай (жыламсырап) Кешіріңіз, кешіріңіз. Ол итті барған бетте атып, жоқ, атып емес-ау, сойып, жоқ сойып емес-ау, былай өз қолыммен қылғындырып, азуын ақситып, көзін шақшитып, езуін айырып, мойнын қайырып, қинап, азаптап өлтіремін. (Бәрін қолымен көрсетеді) Ал, киім.. Киім дегенің чепуха. Шертіп жүріп, таңдағаныңызды аласыз. Ал, жаңағы өзіңіз айтқан машина ендігі үйде тұрған шығар. Жол талғамайтын, ең соңғы шыққан жапондық машина.
Еркін. Рахмет, Шабеке. Тұрыңыз. Мұнда отырыңыз. (Өзі отырған креслоны нұсқайды).
Шабақбай (тартынып) Жо-жоқ, болмайды. Сіздің орныңызға отыратындай мен кім едім?
Еркін. Жоқ, Шабеке, олай демеңіз. Болашақ қайын атама орын бермейтіндей мен кім едім? Отырыңыз. (Шабақбайды құрметтеп креслоға отырғызады).
Шабақбай. Айналайын.. Айналайын.. Сіз.. сіз.. мені қайын ата деп.. (Кемсеңдеп қоя береді).
Еркін (столға отырып) Сәнияш қызыңыз болғанда, сіз қайын атам болмай, кім боласыз? (Қамыққан болып) Дегенмен.. дегенмен, Сәнияшқа мен Жайынбай Шатырбаевичтің жиені едім деп қалай айта аламын? Мақтанғандай.. Ал, ол болса мені көзіне де ілмейді..
Шабақбай (дызалақтап) Көзге ілмегені несі? Анау-мынау емес, Жәкеңнің.. Жәкеңнің жиенін көзге ілмейтіндей, ол кім еді соншама? Айналайын, сіз еш алаңдамңыз. Сәнияшқа бәрін өзім түсіндіремін. Сәнияшжан қанша ерке болса да, менің айтқанымнан шыққан емес. Бәрін өзім.. өзім реттеймін. Егер сіз ұлықсат етсеңіз, Сәнияшты ертіп келе қояйын. (Тұра береді).
Еркін. Ұлықсат. (Есіне әлдене түскендей) Шабеке, бір ауданды уысыңызда ұстап отырсыз. Солай бола тұра ішімдікке келгенде неге мұнша тарылдыңыз? Жегенімнің бәрі мына жерде тұрып қалды ғой.(Өңешін көрсетеді).
Шабақбай (Еркіннің алдына жүгіріп келіп, шырылдай) Айналайын-ау, сіздей жақсының көзінен жаным садаға. Бірақ... Бірақ, оны әкелсем, сіздей асыл текті бекзат жігітті ренжітіп алам ба деп..
Еркін (аярлана) Жоқ, жоқ, әуре болмаңыз. Сізді аздап сынағаным ғой.. Ондай жиіркенішті, харам нәрсені аузыма да алып көрген емеспін. (Тамсанып қояды).
Шабақбай. Бәсе, бәсе, сіздей асылдың сынығы, жақсының тұяғы ондай сасық, харам...
Еркін (қолын сілтеп) Жарайды, Шабеке, бара беріңіз. Тек, айтарым, Сәнияш мен не десем де қостайтындай, қашпайтындай болып келсін. (Тамақ жеуге кіріседі).
Шабақбай (елпілдеп) Айттым ғой, оған еш алаң болмаңыз. (Кете бере армандап тұрып қалады). Құдай берді деген осы шығар. Анау-мынау емес, Жайынбай Шатырбаевичтің жиені, жиені болғанда да, ертеңгі орнын басар мұрагері Сәнияшымды сонша жерден іздеп келіпті. Қарасайшы, бұл сәттілікті. Бұзақыларға тоналып, итіме таланбаса, ол бұлай уысыма түсер ме еді? Бәрінен де машинаны айтсайшы. Өзім мінуге қимай, шөптің астына тығып жүргенімде, Жәкеңнің мұрагер жиеніне бұйырғанын қарасайшы. (Беріле) Енді мен шынымен-ақ Жәкеңмен, данамыз, панамыз, шатырымыз болып жүрген Жайынбай Шатырбаевичтің өзімен құда болам ба? Пай-пай! Рюмканы былай соғыстырып.. «Күйеу жүз жылдық, құда мың жылдық» деп төс түйістіре құшақтасып.. (Бәрін қимылмен көрсетеді. Селк ете қалып) Құшақтасып деймін. Сәнияш көнбей жүрсе ше? Жоқ, көнуге тиіс. Қалай да көндіруім керек. Өзінен-өзі ауызға келіп түсіп тұрған дәмді де майлы астан өлсем де айрылмауым керек. Жайынбай Шатырбаевичпен қалай да құда боламын. Қалай да құда боламын. (Айғайлап жібергенде, Еркін жалт қарайды). Кешіріңіз. Мен.. мен.. қәзір.. (Шыға жөнеледі).
Еркін креслоға шалқалап жата кетеді.
ЕКІНШІ БӨЛІМ
БЕСІНШІ КӨРІНІС
Төртінші көріністегі темір торлы камера. Еркін екі қолын жайып жіберіп, креслода шалқасынан жатыр. Көп өтпей жасқана басқан Сәнияны Шабақбай камераға ертіп кіреді.
Еркін. Сәния, Сәнияшым! Келдің бе?.. (Екі қолын соза, қисайып құлай береді).
Шабақбай (Сәнияға) Қызым, неғып тұрсың?
Сәния құлап бара жатқан Еркінді сүйеп, орнына отырғызады.
Еркін (жұтына) Сәнияш, су.. су..
Шабақбай. Мен әкелемін, қызым. Сен отыра бер.
Жүгіріп барып стаканмен су әкеліп Сәнияға береді. Сәния суды Еркінге ішкізеді.
Еркін (стакандағы суды арақша қағып салып) Кешір, Сәнияш. Осындай халге түсіп қалдым. Өзің деп келгенімде, бұлай болар деп ойлаппын ба? Бұзақылардан әрең қалған жанымды да, барымды да анау қабаған ит алып қоя жаздады.
Сәния (столға отырып, төмен қарап) Кешіріңіз. Ол шынында өте қабаған ит. Әсіресе, маскүнемдерге тіпті өш. Бір маскүнем әбден өшіктірсе керек. Мүмкін сіз де..
Шабақбай. Қызым.. (Алақанымен аузын басып, басын шайқайды).
Еркін (басын көтеріп алып) Не дейсің? Маскүнем? Жоқ-жоқ, Мен.. мен маскүнем емеспін.
Сәния (күліп) Кім айтты сізді маскүнем деп. Маскүнемнің бірі сіз, яғни Жайынбай Шатырбаевичтің мұрагер жиені болса, онда не болғаны?
Еркін. Дегенмен, бұзақылар мен қабаған итке киімімнің бәрін беріп, қара басым әрең құтылдым, Сәнияш. (Абайлап Сәнияның қолынан ұстайды. Оны байқаған Шабақбай «ұстай түс, құшақта» дегенді қимылмен көрсетіп, қозғалақтап қалады).
Сәния (орнынан тұрып кетіп) Осы сіз мені қайдан білесіз? Мен сізді тіпті танымаймын да..
Шабақбай (ескерте) Қызым, жаңа саған не дедім?..
Еркін (күйзеле) Е-е-е, Сәнияш-ай! Сен мені қайдан таниын деп едің? «Көрмес түйені де көрмес» дегендей, соңыңнан қанша салпақтасам да көзіңе бір ілмедің ғой. Сенің ана бір көйлегің.. (Өзіне) Үйіндегі ана бір көйлегі қандай еді? Көк пе еді? Ия, көк болатын (Сәнияға) Ана бір аспан түстес көгілдір көйлегің жадымда жатталып қалыпты. Оны әр киіп шыққан сайын әппақ жүзің алаулап, үстіңдегі сусылдаған әсем көйлегің самал желмен тербеліп, көгілдір аспанмен түстесіп, бейне бір қалқып ұшқан періште секілді болып көрінетінсің. Қанша созсам да өзіңдей періштеге қолымның жетпейтінін ойлап, ауыр азапқа түсетін ем. Ақыры «Тонымды шешіп алып қалмас», не де болса алдынан өтейін деп өзіңді іздеп келгенімде, мұндай күйге ұшырадым. Темір торлы қапастан бір-ақ шығардың. Қайтейін, Сәнияш, тым қатал екенсің. (Көз жасын сүрткен болады).
Шабақбай (Еркінге жақындап, кемсеңдей) Олай демеңізші, айналайын.. Олай демеңізші..
Сәния (қинала) Олай демеңізші, ағай. Біз қайдан білейік. Ұры екен деп.. Папамның бір киерлерін түгел киіп алыпсыз. Оның үстіне, әлгі өзіңіз айтқан көк көйлекті киіп жүргенімде сізбен бір-ақ рет кездестім ғой. (Аң-таң болған Еркінге «солай ғой» дегендей, басын изеп ишара жасайды) Онда да қол ұстасып аз ғана уақыт қыдырғанымыз болмаса, бір-бірімізге тіктеп те қарай алмадық. Одан бері де талай уақыт өтті ғой. Бірден танымай қалғаным рас.
Шабақбай (елпілдеп) Ия, ия, танымай қалған ғой. Әйтпесе, сіздей жігітті..
Сәния. Кешіріңіз, Шатырбай аға. Кінәлімін. Ұмытпасам атыңыз Шатырбай емес пе еді?
Еркін (таңдана жан-жағына қарап) Шатырбай!? Қандай Шатырбай? Ә-ә, ия, ия, кінәлісің. Жоқ-жоқ, сенің қандай кінәң бар? Кінәлі өзім. Ал, сен менің атымды әлі ұмытпапсың. Шын жүректен рахмет! Өзіңнің құлақ кесті құлың Шатырбай. (Тізерлеп отырып, қолын ұсынады).
Сәния (Іззет жасап, Еркіннің қолын алып) Ал, мен сізді өз қолымен ұстап берген Шабақбай қызы Сәнияш боламын.
Қолын шапалақтаған Шабақбай көңілі босап шыға жөнеледі. Сәния Еркінге әңгіме айтып отыр. Бірақ дауысы естілмейді. Үйге кіргенін, туфлиді іздегенін, қалай қорыққанын, полицейлердің келгенін, Еркінді қалай алып кеткенін қимылмен түсіндіріп жатыр.
Сәния. Сөйтіп оларға қосылып мен де ұры, ұры дей беріппін. (Күледі).
Шабақбай (кіре беріп) Ия, дәл солай болды. Қайдан білейік.
Еркін (мұңая) Ия. Бәріне кінәлі өзім. Бақытымды, өзіңді енді таптым ба дегенімде.. Енді не
қылар екен? Соттар ма екен? Тым болмаса сені анама да бір көрсете алмадым-ау..
Сәния. Жаңа анам дедіңіз бе? Ал, ол кісі мені сырттай болса да біле ме?
Еркін. Білгенде қандай. Арманы маңдайыңнан бір сүйіп өлу. Әй, енді қайдан. (Күрсінеді).
Сәния. Жоқ, жоқ, олай демеңіз. Бұл жерде кінәлі әлгі бұзақылар мен біздің қабаған ит қой. Соттағысы келгендер әлгі бұзақылар мен қабаған итті соттай берсін. Айтпақшы ол иттің жазасын папам да берді-ау, жақсылап тұрып. (Шабақбайға қарайды).
Еркін (білмегенсіп) Немене, атып тастады ма? (Сәнияның қолынан ұстайды).
Сәния (қолын тартпастан) Қайдам, әйтеуір ұзақ қыңсылап барып үні өшті байғұстың.
Еркін (Шабақбайға) Рахмет, Шабеке. Мені қапқан иттің жазасын беруін-беріпсіз-ау.. Ал, мен
ше? Менің жайым не болмақ? Тектен –текке түрмеде шірігенім бе?
Шабақбай (шырылдап) Балам-ау, сіз не айтып тұрсыз? Түрмеңіз не? Осы қазір ғана барып сізді босатуды бұйырдым. Сіз енді боссыз.
Еркін. Рахмет, Шабеке. Мен сізге өте қарыздармын. (Шабақбайдың қолын алады).
Шабақбай. Ойбай-ау, ол не дегеніңіз? Рахметті маған емес, Сәнияшқа айтыңыз. Егер ол сізді танымағанда, кім біледі не боларын. Сәнияшым өте ақылды қыз ғой. Сіздей нағыз жігіттің төресін тапқанына шын қуаныштымын. (Еркіннің қолын сүйеді).
Еркін (Сәнияның жанына келіп) Сәнияш, саған шын жүректен рахмет! (Қолынан сүйеді). Кім ойлаған. Көң сасыған ауылдың бір алқашы қаланың ең көрікті қызына.. (Аузын баса қояды).
Сәния, Шабақбай (қосарлана) Ауылдың алқашы? Сіз не деп тұрсыз?
Еркін (сасып) А-а, мен солай дедім бе? Ә-ә, айтайын дегенім, сендей көрікті ханшайымның алдында өзімді көң сасыған ауылдың алқашындай сезінемін дегенім ғой.
Шабақбай. Ойбай-ау, олай деп өзіңізді кемсітпеңіз. Сіз.. сіз Жәкеңнің жиені емессіз бе?
Сәния. Ту-у, менің де зәрем қалмады ғой, болашақ жарым ауылдың алқашы ма деп. Сонан соң жаңа қуаныштымын дедіңіз ғой.. Мен сізге одан да үлкен қуаныш сыйлағым келіп отыр.
Еркін (таңдана) Үлкен қуаныш? Ол қандай қуаныш?
Сәния (еркелей) Өзіңіз табыңыз.
Еркін (иығын көтеріп) Таба алмадым, Сәнияш.
Сәния. Былай.. айтуға бір түрлі ыңғайсыз.. Бірақ, бұл іске сіз үшін барғалы отырмын.
Еркін. Ол қандай іс, Сәнияш? Айтсаңшы.
Сәния. Жаңа анаңыз мені көргісі келеді дедіңіз ғой.. Соған.. сізбен бірге ауылыңызға барайын деп.. Оған папышка да келісіп отыр. (Шабақбайға қарап басын изеп, көзін қысады).
Шабақбай (елпілдеп) Ия, ия, мен.. мен келісімімді бердім. Қызым алдымен анаңыздың
алдынан өтсін. Сосын Жәкеңмен, Жәкеңмен той жайын ақылдасып, кеңесіп дегендей..
Еркін. А-а-а-уылға барамын?! (Тұрған орнында отыра кетеді).
Шабақбай (сасқалақтап) Әй, әй, сізге не болды?
Сәния. Қуанған мен қорыққан бір деген. Қуаныштан қатты толқып кетті-ау деймін. (Шабақбайға) Папа, Шатырбай ағаның көңіл-күйін көріп тұрсыз ғой. Қуаныш үстіне қуаныш сыйлап, болашақ күйеу балаңызбен біраз қыдырып қайтсам, қарсы болмайсыз ба?
Шабақбай (елпілдей) Ол не дегенің, қызым, бар, бар, бара ғой. Ақылыңнан айналдым сенің.
Сәния. Рахмет, папа. Бірақ, Шатырбай ағаның мына киіммен жүргені қалай болар екен? Сонан соң жаяу-жалпылап қай жерге дейін бармақпыз?
Шабақбай. А, а, ия, ия. Ол жағын да давно шешіп қойғам. Шыға берістегі бөлмеге оншақты
костюм-шалбар, көйлек, туфлилер әкеліп қойдым. Өзі таңдап, қалағанын кисін. Ал, машина.. Ол
да есіктің алдында тұр. Су жаңа. Әлі нөмір де тағылған жоқ.
Сәния. Ой, папатай! Сен қандай керемет адамсың! (Шабақбайды бетінен сүйеді)
Шабақбай. Рахмет, қызым. Мен тірі тұрғанда сенің жағдайың ешқашан жаман болмайды. Тек, мұны да ұрлатып алып жүрме. Бұл бұрынғы ұрлатқан екі машинаңдай емес, өте қымбат тұрады.
Сәния (еркелей) Ту-у, папа, мені бөтен кісінің алдында қатты ұялттыңыз ғой. Бұл жолы машинаны маған емес, күйеу балаңызға берейін деп отырған жоқсыз ба?
Шабақбай. А-а, солай екен-ау. Дегенмен, «Сақтансаң, сақтаймын» деген. Әйтеуір абайлап жүріңдер. Жарайды, мен жолға азық-түлік, анау-мынауларды дайындата берейін. (Кете бере армандап тұрып қалады) Шынымен-ақ Жәкеңмен.. Анау-мынау емес, Жәкңнің өзімен құда болам ба? Көктен сұрағаным бұлай жерден табыла кетер деп ойламап едім. Шіркін-ай! Жәкеңмен бір құда болып алсам ғой.. Көрер ем сосын кейбір менменсінген пысықайлардың әуселесін. Өзім де қумын. Сәнияшыма құда түспек болып небір мықтылардың өзі келсе де көнбеп едім, енді міне, сол көрегендігімнің арқасында қызым Жайынбай Шатырбаевичтің жиеніне, ертең орнын басар мұрагер жиеніне бұйырмақ. Сәнияшым да қандай ибалы, иманды, мейірімді, мәдениетті, ақылды қыз десейші. Ақылы менен де асып түсіп, Жәкеңнің жиенін оп-оңай сабасына түсіріп, жүрегін билеп алды. Құдай қаласа, енді Шәбекең аудан-сауданды қойып, облыстан, тіпті Республикадан бір-ақ шығатын шығар. Енді бұл Шәбекең Жайынбай Шатырбаевичтің дастарқанында, өңшең нарқасқа, жақсы-жайсаң, мықтылардың ортасында отыратын шығар желпініп. Бір реті келгенде, сәл қызыңқыраған болып, Жәкеңді былай құшақтап, (көрсетеді) бетінен сүйіп алсам, әлгі маған қоқаңдап күн бермей жүргендер пыш болып, қызғаныштан жарылып кететін шығар-ау.. Айтпақшы, бетінен сүйем деймін, Жәкең тағы да бұрынғыдай тері сүмектеп, быржып, сасып тұрса қалай сүймекпін? Тфу! (Жиіркене жерге түкіреді. Еркінге алақтай қарап) Мен не деп тұрмын осы? Қалай да сүюім керек қой. Бір сүйгеннен өлсем, өліп-ақ кетейін. (Шығып кетеді).
АЛТЫНШЫ КӨРІНІС
Айдала. Басына жасанды шаш, үстіне қара киім киіп, қара көзілдірік тағып алған қыз теріс қарап темекіні будақтатып тұр. Қара костюм-шалбар киіп, қара көзілдірік таққан екі жігіт басына қапшық киілген, үсті-басы қызыл қан, майка-турсишең жігітті дірдектете сүйреп оның алдына әкеп тастай салады.
Бірінші жігіт. Басеке, бәрін реттедік. Мынау машинаның кілті. Мынау киімдері. (Кілт пен үлкен сөмкені ұсынады).
Қыз бері бұрылғанда, оның Сәния екенін көреміз.
Сәния (шалқасынан жатқан жігіттің ішінен бір аяғымен басып тұрып) Ей, малғұндар.
Былғанбай тұрып көйлегін де неге шешіп алмағансыңдар? Оның бағасы қанша екенін білесіңдер ме? Басындағы қапты алыңдар.
Бірінші жігіт. Айыптымыз, басеке.. Қазір.. қәзір.. (Жігіттің басындағы қапты алғанда, оның Еркін екенін көреміз).
Еркін (есін жиып) Сәнияш?! Бұл сен бе? Түрің не болып кеткен? Темекің не?
Сәния. Ия, бұл мен. Бірақ, дәл қазір сенің алдыңда Сәнияш емес, Соня тұр. (Мойнына таққан кресті сүйіп, шоқынады).
Еркін (тұрмақ болып) Сәнияш, кешір, Соня, осынша ұрып-соғатындай не жазығым бар еді?
Сәния. Не жазығым бар дейді. Хе, хе, хе! Жазығың, папам екеумізді алдағаның. Жазығың, мені мазақ қылмақ болғаның. (Аяғымен одан сайын баса түседі).
Еркін (ауырсына) А-а-лдағаны несі? Мазағы несі? Мен.. мен.. сені..
Сәния (сөзін бөле) Ия, ия, дұрыс айтасың. Сен.. сен мені аузы аңқайған аңқау қыз көріп пайдаланбақ болдың. Бірақ, көріп отырсың, сен мені емес, мен сені пайдаланып кеттім.
Еркін. Сонда.. сен.. сен мені ғана емес, өз туған әкеңді де пайдаланып..
Сәния (сөзін бөліп) Ия, ол кісіні де алдап, пайдаланып жүрмін. Және бұл бірінші де емес, бұйырса, мынау машина үшіншісі болмақ.. Папам бар ғой, намаз түгіл әлгі коранды оқып көрмесе де, дінім ислам, өзім мұсылманмын деп өзеурейді. Сөйте тұра жалған сөйлеп, көп қиянатқа барып, мұсылманға жат қылықтар жасайды. Ал, бізде олай емес. Біз өз дініміз бен құдайымызды алдамақ түгіл, осы жолда жанымызды да қиуға дайынбыз.
Еркін. Соня, сенің басқа діни ағымда жүргеніңді папаң біліп қойса, қиын болып жүрмей ме? Күндердің күнінде менің айтып қоюым да мүмкін ғой.
Сәния. Хе, хе, хе! Айтып қоям дейсің бе? (Еркінді жағасынан ұстап тұрғызып) Еш уақытта олай болмайды. Өйткені біз сен секілді айтқыштардың көзін жойып отырамыз. Бірақ, бүгін өз жоспарымды іске асыру үшін сені тірі қалдырамын. (Еркінді босатады). Өйткені, сенің Жайынбай Шатырбаевичтің жиені емес, көң сасыған ауылдың алқашы екеніңді білсе, папамның өзі-ақ бағанағы темір тордан бір-ақ шығарады. Сондықтан, аузыңды ашпақ түгіл енді бұл жаққа аттап баспағаның өзіңе жақсы. Түсіндің бе?
Еркін (таңдана) Түсінуін түсіндім ғой.. Бірақ, бір түсінбей тұрғаным.. менің ауылда тұратынымды, араққұмар екенімді қайдан біліп қойдың?
Сәния. Хе, хе, хе! Ол түк те қиын болған жоқ. Кәсібім осы болғандықтан, сенің әрбір айтқан сөзіңді, әрбір қимыл-әрекетіңді кірпік қақпай бақыладым. Алаяқ екеніңді көк көйлек туралы айтқан ертегіңнен-ақ біле қойдым. Өйткені, ол көйлек менкі емес, өзің секілді бір байғұстың сүйіктісін өлтіріп, тартып алған көйлек болатын. Ал, Жайынбай Шатырбаевичтің қандай да бір жақыны болып шыға келетініңді папамның көйлегін киіп алғаныңнан-ақ білгем. Өйткені, ол көйлекті таңертең үтіктегенімде, қалтасындағы қолхатты мен де оқығам. Серіктерімнің біріне беріп, сен секілді Жайынбай Шатырбаевичтің атын мен де пайдаланғым келген, бірақ, қара басып алуды ұмытып кетіппін. Есіме түсіп асыға-үсіге үйге жетсем, ол көйлекті сен киіп алыпсың. Қалай сол көйлекті кидің, солай Шатырбайевичтің жиені, тіпті атың да Шатырбай болып шыға келген жоқ па? Ал, ауылда тұратыныңды, араққұмар екеніңді, сөз арасында байқамай өзің айтып қойдың. Папам байқамаса байқамаған шығар, ал, менің мына диктофоным (басын көрсетіп) оны дереу жазып ала қойды. Міне, жігітім, сөйтіп менің жоспарымның іске асуына өзің үлкен жәрдем бердің. Енді маған қалғаны, машинаны сатып, ақшасын өз қорымызға құю. Ал, әлі нөмір тағылмаған су жаңа машинаны табу да оңай бола қоймас? Солай емес пе?
Еркін. Солайы солай ғой. Бірақ, папаң машинаны сенің сатқаныңды біліп қойса не болмақ?
Сәния. Ол жағын да ойластырып қойғам. Қысқасы, сен екеуміз былай шыға біраз ішкілік ішкен соң сен мас болып, өзіңнің Жайынбайдың жиені емес, жай ғана бір алаяқ, ұры, алкаш екеніңді жасырмай жайып салдың. Әрине, мен қатты ренжідім. Бәрінен жаманы-дәл осы кезде аяқ астынан жетіп келген қарақшылар екеумізді әбден сабап, машинаны тартып алып кетті емес пе? Мен жаяу-жалпылап, өліп-тіріліп үйге әрең жеттім. Қалай, тамаша жоспар емес пе? Хе, хе, хе!
Еркін. Ия, керемет ойластырыпсың. Бірақ, біз әлі ұрттаған да жоқпыз ғой?
Сәния. Ия, ия, өзім де соны ойлап тұр едім. Оның үстіне сен менің қонағымсың ғой. Ал, қонағын құдасындай күтпеген қазақ қазақ па? (Иек қағады).
Бір жігіт шығып кетіп төрт шөлмек арақ әкеледі. Сәния Еркіннің аяғынан теуіп, шалқасынан түсіріп, екі жігіт үстінен басып, ауызын ашып отырады. Сәния шөлмектерді тісімен ашып, жоғарыдан шорылдатып екі шөлмек арақты да Еркіннің аузына құяды.
Сәния (босаған шөлмекті шүберекпен сүртіп, лақтырып жібереді де, ұйықтап кеткен Еркіннің екі қолына ашылмаған екі шөлмекті ұстатады.) Міне, жігітім, менің қонақжайлығыма риза шығарсың. Енді жақсылап тұрып ұйқыңды қандыр. Кеттік.
Сәния мен екі жігіт кетеді. Еркін қорылдап ұйқыға басады.
ЖЕТІНШІ КӨРІНІС
Түн. Үсті-басы дала-дала, қолында шөлмегі бар, майка-турсишең қатты мас Еркін бір есікке жақындап, жұдырығымен тоқпақтап қаға бастайды.
Еркін. Аш есікті, аш.
Іштегі әйел-Ажардың дауысы. Бұл кім? Түннің ішінде жүрген? Саған не керек?
Еркін. Бұл мен, сенің күйеуің-Еркінмін. Маған арақ, арақ керек.
Ажардың дауысы. Еркін, үйде арақ жоқ, менің үйде арақ ұстамайтынымды білесің ғой. Жалынамын, кетші. Мынау кішкентай Айданаңды қоқытпашы.
Еркін, Маған арақ керек. Арақ тауып бермесең, есігіңді сындырып кіремін. (Жұлқып тартып, есікті сындырыл ішке кіреді. Іштен үрейлене айғайлаған әйелі мен қызының дауысы шығады).
Еркіннің дауысы. Маған арақ керек. Өлгің келмесе арақ тауып бер. (Ажарды қылқындырады).
Ажардың дауысы (қырылдап) Еркін шын айтам, үйде арақ жоқ.
Айдананың дауысы. Апама тиме. (Еркіннің аяғын тістеп алады).
Еркіннің дауысы. Ойбай, мына күшіктің аяғымды қыршып алғанын қарашы. Қазір мен сені..
Ажардың дауысы. (жаны шыға) Еркін, есіңді жый. Сен кімге пышақ салғалы тұрсың? Ол сенің туған қызың-Айдана ғой. Еркі-і-н!..
Еркіннің пышақ салғаны, Айдананың жан ұшыра айғайлаған дауысы естіледі.
Ажардың дауысы. Ах, оңбаған, қанішер. Шайтанның нәжісіне бола өз туған қызыңды бауыздап тындың ба? Мен.. мен қазір сені өлтіремін.
Сәлден соң Ажардың да жан ұшыра айғайлаған дауысы естіледі. Іштен үсті-басы қызыл қан, қолында да қан-қан үлкен пышағы бар Еркін шығады.
Еркін. Мен айттым ғой өлтіремін деп. Маған арақ керек, арақ. Мен оны қалай да табамын. Таппай қоймаймын. (Тәлтіректей басып шығып кетеді).
Осы кезде тағы бір кісі (көрші) келіп келесі есікті қаға бастайды. Іштен Ораз шығады.
Ораз. Оу, көрші, жайшылық па? Түн ішінде.. (Амандасады).
Көрші (амандасып) Қайдан жай болсын, Ораз інім. Сұмдық! Сұмдық! Сенің әлгі Еркін досың..
Ораз (үрейлене) Еркін дейсіз бе? Оған не болды? Әлденеге ұшырап қалды ма?
Көрші. Е-е, ол оңбаған дін аман. Бірақ, бәрін.. бәрін қырып сапты, қанішер, жауыз.
Ораз. Түкке түсінбедім. Еркін бе? Кімдерді қырып салыпты?
Көрші. Мен де дәл анығын білмеймін. Жұмыстан келе жатыр едім, полицияның алды у-шу.
Әлгі жуан құрдасым тұр екен, сол айтты. Ес-түсін білмей үйіне мас болып келіп, әйелінен арақ
сұраған дей ме? Арақ тауып бермедің деп әйелі мен бес жасар қызын пышақтап өлтірген дей ме.
Ораз. Сіз.. сіз.. не шатып тұрсыз? Өз әйелін, қызын өз қолымен өлтірген? Жо-жоқ, ол мүмкін емес. Мүмкін емес. (Көршінің жағасына жармасады) Неге мүмкін емес? Мүмкін. Әбден мүмкін. (Көршіні босатады. Ол қаша жөнеледі. Осы кезде үсті-басы қан, қолында да қан-қан пышағы бар, майка-турсишең тәлтіректеген Еркін жақындай береді).
Ораз (Еркінді көріп үрейлене) Еркін? Бұл сен бе?
Еркін (теңселе) Ия, бұл мен. Досым деп өзіңе тағы келдім. Өліп барамын. Бір жүз грамм тап.
Ораз. Еркін, сен не деп тұрсың? Өз жанұяңды қырып салып, қай бетіңмен келіп тұрсың? Сендей қанды қол, маскүнемді.. (Қалшылдап Еркінді ұрмақшы болады).
Еркін (Ораздың қолын шап беріп ұстай алып) Жо-о-қ, Ореке.. Мұның болмайды. Досына
осылай ете ме екен? (Ораздың қолын жіберіп) Ия, сонша адамды қырып салсам да, өңешіме
құятын бір ұрттам арақ таба алмай өзіңе келдім. Жан дос едік қой, бір жүз грамм арақ..
Ораз (ашулана) Жан досым дейді, жауыз, маскүнем. Қай бетіңмен досым деп тұрсың? Сендей достың.. Мен қазір сені.. полицияға.. (Үйге кірмек болады).
Еркін (Ораздың алдын кес-кестеп, пышағын кезей) Олай етпе, Ореке. Олай етер болсаң..
Ораз (үрейлене кейін шегініп) Еркін, сен.. сен не, анау пышақпен мына мені.. мені де өлтірмексің бе?
Еркін (пышағын Ораздың тамағына таяп) Сені де.. Дәл қазір мен кімнің-кім екенін білетіндей күйде емеспін. Маған тек арақ керек, арақ. Басқа ештеңенің де қажеті жоқ.
Ораз. Еркін, сен не деп тұрсың? Сонда.. сонда сен шынымен-ақ құлын-тайдай тебісіп өскен жан досыңды сол әзәзіл арақ үшін.. (Үрейленіп шегіне береді).
Еркін. Шынымен, Ораз. Екінің бірі.. Е, арақ табасың, е, мен сені...
Ораз (ширығып) Солай ма? Олай болса, өлтір. Сұқ пышағыңды. (Еркінге қарсы жүреді).
Еркін. Ендеше, өз обалың өзіңе. (Пышағын көтере Оразға ұмтыла береді).
Ораз (қолын тоса, үрейленіп кейін шегінеді) Еркін, көзіңді аш! Есіңді жи! Сен.. сен кімді өлтіргелі тұрсың? Мен.. мен Оразбын ғой. Жан досыңмын ғой. Есіңді жи, Еркін!
Еркін есінен танғандай сақылдай күліп кеп Оразға құлаштап пышақ салады. Ораздың жан түршіктіре шыққан айғайы жаңғыра естіліп, сахна қараңғыланып кетеді
СЕГІЗІНШІ КӨРІНІС
Тас қараңғы түн. Пистолеттің жарығы жас қәбірлерге түседі. Кішілеу қабірді құшақтап Еркін жылап жатыр. Мастығы тарқаған сияқты.
Еркін (қаңғалақтап орнынан тұрып, екі қолымен басын қысып) Мен не істеп қойдым? Бұл қалай болды? Кешір, сүйіктім. Кешір, күнім. Кешір, досым. Кешіре көріңдер. Жоқ, мені кешірмеңдер. Мені аямай жазалаңдар. Ия, Құдайым, Сен де мені аяусыз жазала. Мен кешірілмес күнәға баттым. Мен өз әйелімді, қызымды, досымды өлтірдім. Мені қаһарыңа алып, тозақтың жалынына өрте. (Әр қабірді құшақтап жылап жатып, бір кезде үн-түнсіз, қимылсыз қалады).
Пистолет жарығы сөнеді. Сол-ақ екен, қараңғыда қарқылдаған, сақылдаған, сықылықтаған жағымсыз күлкілер естіліп, күшейе береді. Өте жағымсыз әйел даусы естіледі.
Әйел даусы. Ей, пенде, Ұйқыңнан оян. Басыңды көтер. Қарашы, біз саған не әкелдік.
Шөлмектер мен стакандардың сыңғыры, шөлмектен лоқылдап құйылған арақтың даусы, елірген, айғайлаған күлкілер естіледі. Пистолеттің көмескі жарығы Еркінге түседі. Ол басын көтеріп, дауыс шыққан жаққа қарай ұмтылады.
Әйел даусы. Хи, хи! Бұл біздің саған деп қанша күннен бері жиған дәрет, нәжісіміз. Өздеріңнің аналарыңнан да, ар-ұяттарыңнан да артық көріп, ең сыйлы қонақтарыңның алдына қоятын, арақтарың біздің, яғни шайтандардың дәрет-нәжісі екенін сен жақсы білесің ғой.
Еркін. Ия, жақсы білемін. Менің ішкім келеді.
Әйел даусы. Әрине, біз сенен өз дәрет-нәжісімізді аямаймыз. Бүгінде араққұмарлардың көбейгені сонша, өз нәжіс-дәретімізді жеткізе алмай, шөлмектерге доңыздың дәретін де араластырып құйып жатырмыз.
Еркін (тамсанып) Менің ішкім келеді.
Әйел даусы. Әрине, әрине, іше бер. Саған жетеді. Бірақ, бір нәрсеге, тіске басар жағына ұяттылау болып тұрмыз. Сенің онсыз арақ іше алмайтыныңды білеміз ғой. Дегенмен, өте жұмсақ, өте дәмді. тіскебасардың қай жерде екенін білемін.
Еркін. Ол қай жерде? Тезірек айт. Менің ішкім келіп тұр.
Әйел даусы. Ол міне. Мына қабірді қазсаң, бір жас жігіт жатыр. Соның ақыл айтқыш ең жұмсақ, ең тәтті жері-тілін кесіп ал.
Еркін (шошына) Не деп тұрсың? Ол менің жан досым Ораздың қабірі ғой? Қаза алмаймын..
Әйел даусы. Олай болса, одан берірек құрсағындағы әлі өмрге келмеген ұлымен бірге көмілген жас ана жатыр. Ал, оның ең жұмсақ, ең тәтті жері енді-енді уыз тола бастаған көкірегі..
Еркін (шошып) Жо-жоқ. Ол.. ол менің әйелімнің қабірі ғой. Оны да қаза алмаймын.
Әйел даусы. Солай ма? Онда, анау дәл алдыңдағы кішкентай қабірде періштедей пәк бүлдіршін қыз жатыр. Күнә-сұмдықтан, арамдықтан ада болғандықтан оның бүкіл денесі тәтті әрі жұмсақ.
Еркін (жаны шыға шошып) Әй, сен не деп тұрсың? Ол.. ол.. менің қызымның қабірі ғой..
Әйел даусы. Олай болса, дегенімізге көнбеген адамға біз де бір ұрттам арақ бере алмаймыз.
Еркін. Жо-жоқ. Тоқта! Мен.. мен айтқаныңның бәрін де істеймін. Тек.. тек.. арақ.. арақ.. (Жүгіріп барып бір қабірді қаза бастайды. Айналаны неше түрлі жағымсыз айғай, күлкілер басып кетеді де, біраздан соң тым-тырыс бола қалады. Кенет өте қорқынышты, ерекше үн естіліп, пистолет жарығымен ұзын ақ киім киген адамдар (әруақтар)- етегінен ұстаған кішкентай бөбегі бар, қызын жетектеген Еркіннің әйелі Әсем, досы Ораз сырғып жақындай береді). Әсем, сүйіктім, бұл сен бе? Айданаш, қызым, бұл сен бе? Ораз, жан досым, бұл сен бе? (Шегіне беріп бір қабірдің үстіне шалқасынан құлайды. Тұрмақ болып қанша әрекеттенсе де денесі жерге жабысып қалғандай тек тыпырлай береді).
Елес адамдар Еркінді қоршай сұқ саусақтарын шошайтып үнсіз тұрып қалады. Осы кезде күн күркірегендей ғаламат дауыс естіліп, Еркіннің алдына шынжыр тағылған төрт ілмек темір түседі. Төрт елес адам (Әйелі, қызы, Ораз, бөбек) ілгекті алып, бірі Еркіннің бір ұртына, бірі екінші ұртына, бірі мұрнына, енді бірі көзіне іледі.
Еркін (жанталасып) Сен менің жарымсың. Сен қызымсың. Сен досымсың. Ал, кішкентай бөбек, сен кімсің? Мен сені танымаймын ғой. Сен де менің тозаққа түскенімді қалайсың ба?
Бөбек (даусы жағымды әрі ерекше жаңғырып естіледі) Мен сенің ұлыңмын. Өз қолыңмен өлтірген анамның қараңғы құрсағында жарық дүниені көрмей кеткен ұлыңмын. Мен өмірге келгенімде, сені мұндай ауыр жазадан құтқаратын едім. Мен өмірге келгенімде, сенің бұрынғы игі ісіңді жалғастырып, қара халықтың мұңдаушысы әрі жоқтаушысы болып, оларды шындықтың, әділдіктің шыңына алып шығатын едім. Мен тірі болғанымда анамды, сені, әпкемді шын бақытқа жеткізетін едім. Бірақ, сен бізді де, өзіңді де сол қуаныш-бақыттан айырдың. Мен енді сені тозақ отынан құтқара алмаймын. Енді бәрі бір ғана Құдайдың қолында. Бұл сенің жасаған күнәңа қарай Құдреті күшті Құдайдың берген ең ауыр жазасы.
Осы кезде аузы-мұрны, көзіне, ілінген ілгектегі шынжырлар тартылып, көрінбейтін әлдекім Еркінді дырылдатып сүйрей жөнеледі.
Еркін. Құтқарыңдар! Құтқарыңдар! (Шырқырап жан даусы шығады).
Пистолет жарығы өшкен кезде де қараңғылықты Еркіннің ащы айғайы тілгілеп жатады.
ТОҒЫЗЫНШЫ КӨРІНІС
ӨМІР САЛТАНАТЫНДА
Сахна жарықтанғанда, бірінші көріністегі Ораздың үйін көреміз. Диванда жатқан Еркін шошып оянады.
Еркін. Құтқарыңдар! Құтқарыңдар! (Жан даусы шыға айғайлап, басын көтеріп алады).
Жұмыс киімін киген, бір көзі көгеріп ісіп кеткен Ораз Еркіннің жанына келеді.
Ораз. Не болды, Еркін? Шошып ояндың ба? Тұр да тез салқын суға жуынып кел.
Еркін (мәңгіріп, Оразға бағжия қарап) А, не? Не дейсің? Сен.. сен.. өліп қалған жоқ па едің?
Ораз (селт етіп) Өліп қалған?.. Мен бе? (Күледі) Қане, тұр да мұздай суға жуынып кел. Сара құрдасың саған арнап дәмді сорпа пісіріп қойды.
Еркін (таңылған өз қолына қарап) Бұл не, Ораз? (Ораздың көгеріп, ісіп кеткен көзіне қарап) Сенің көзіңе не болған?
Ораз (күліп) Е-е-е, Ереке-ай! Не болушы еді.. Жай ғана менің көзім сіздің басыңызға тиіп кетіп, алдыңызда өте кінәлі болып тұрмын. Ал, сенің қолың..
Еркін (сөзді бөле, күрсіне) Түсіндім, Ораз. Мен тағы да біраз жерге барып қайтқам-ау шамасы?
Ораз. Жоқ, Ереке, анау айтқандай ешнәрсе бола қойған жоқ. Түнде екеуміз сәл-сәл ғана келісе алмай..(Шығып кетіп бір рюмке арақ әкеледі) Еркін, досым, сені жақсы білем ғой.. Бірақ, бұдан басқа бір тамшы да татырмайтыныма осы бастан сене бер. Көне бер. Егер, тағы сұрар болсаң, бірден ашығын айтайын, ала жіпті кес те кете бер.
Еркін (орнынан тез ұшып тұрып) Ореке, мен өзің айтқандай алдымен мұздай суға жақсылап тұрып жуынып келейін, сосын барып.. (Асыға шығып кетеді).
Ораз. Ия, ия, Ереке, сенің сырың маған мәлім. Арақты көріп, көзің жайнап сала берді ғой.
Жуынған Еркін кіреді
Еркін (жүзі нұрлана) Қайырлы таң, Ореке.
Ораз (сасып қалып) Қайырлы.. қайырлы таң, Ереке. Өзі.. жүзің нұрланып, көзің күлімдеп кетіпті ғой. Жарайды, жарайды, рұқсат. Енді анау бәлеңді мөлтілдетпей тартып жібер.
Еркін (Ораздың айтқанын естімегендей, оған елжірей қарап) Ореке, қандай үлкен жүректі, төзімді, сабырлы жан едің. Жүз грамм араққа арын сатқан мен секілді маскүнемді осы уақытқа дейін досым деп, барлық еркелігімді көтеріп келе жатқаныңа қайран қаламын.
Ораз (мысқылдай) Өйдөйт дегенің! Бір-ақ рет болса да өстіп мақтап қойсайшы. Әлде, мынаған бола ма? (Арақты мегзейді) Өзі, бүгін саған не болған? Әлде.. әлде бір керемет түс көрдің бе?
Еркін (толқи, тебірене) Рас айтасың, Ораз, түс көрдім. Өзімнің осыншалықты жиіркенішті, жек көрінішті, жағымсыз жан екенімді енді ғана білгендей болдым. Түсімде бәрін көрдім. Арақтың ішіне түсіп, осы бетіммен кете берсем, қай жерге барып тоқтайтынымды, тіпті ақыретте қандай жазаға тартылатыныма дейін өз көзіммен көргендей болдым. Айтпақшы, Ораз достым, әлі өмірге келмеген кішкентай ұлымды да көрдім. Ұлым өмірге келсе, қара халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтынын, олардың қолын әділдікке, шындыққа, бақытқа жеткізетінін айтты. Отбасымыздың да адам ауызбен айта алмайтын қуаныш-бақытқа кенелетінін айтты. Осының бәрін кино таспадай көз алдымнан өткізіп, құлағыма құйып, Құдретті Құдай маған қатаң ескерту жасаған секілді. (Араққа қарап тұрып жұдырығын түйіп, тістене) Мен дәл осы сәттен бастап әзәзіл шайтанның нәжісі, мына лағнет атқыр арақты аузыма алмаймын деп Құдретті Құдайдың атымен ант беремін. Оған менің күш-жігерім, қайрат-төзімім де жетеді. (Рюмке толы арақты алып жерге бір-ақ ұрады).
Ораз (сенер-сенбесін білмей) Еркін, достым, сен не дедің? Енді арақты аузыма алмаймын деп Құдайдың атымен ант бердің ғой. (Еркінді иығынан қапсыра ұстай алып) Сенің әйтеуір бір осылай етеріңе сеніп едім. Сенің ар-ұятыңды жоғалтпай, қайтып жаңа өмір бастайтыныңа сенгем.
Еркін. Жаңа өмір дейсің бе, Ораз? Мен бұрынғы қызметіме қайтып барсам деймін. Қолымнан келгенше қара халыққа жәрдем беріп, сыбайластық жемқорлықты, парақорлық пен мансапқорлықты, әділетсіздікті жою жолында жанымды аямай жұмыс істесем деймін. Әлі өмірге келмеген ұлымның қалауы да осы сияқты..
Ораз. Еркін, досым! Мен.. менің де көптен күткенім осы еді ғой. (Еркінді құшақтай алады).
Еркін. Жарайды, Ораз, жарайды. Енді мен кетейін. Онсыз да Сара екеуіңді аз әбігерге салғам жоқ. (Ораздың құшағынан шығып, кетпек болады).
Ораз. Оу, Ереке, не болды сонша асығып. Сара құрдасың саған бола таң азанымен сорпа..
Еркін. Жоқ, Ораз, рахмет. Сараға көрініп, тағы жиіркеніш туғызбай кеткенім жөн болар. (Кете бере ойланып тұрып қалады) Ораз, достым, бірнәрсе сұрайын деп едім. Сен Сарада Әсем мен қызымның мекен-жайы бар деп едің ғой.. Соны.. соны.. Әсемді, Айданашымды көргім келеді..
Ораз (қуана) Мекен-жай? Әсем мен қызымның мекен-жайы дейсің бе? Көргім келеді дейсің бе? Мен.. мен.. қәзір.. демде тауып беремін. (Сөре, суыртпаларды іздей бастайды) Қай жерге қойды екен? Осында болу керек еді. Айтпақшы, Ереке, сені алдыңда үлкен қуаныш күтіп тұр. Ана кішкентай Айданашың биыл бірінші сыныпқа барады екен. Сабақты сен секілді беске оқимын дейтін көрінеді. Өскен соң әуе кемесін жүргізетін ұшқыш боламын дейтін көрінеді. (Іздеп жүріп) Қай жерге қойды екен? Обалы не керек, Әсем бізбен жиі хабарласып, сені сұрап тұрады. (Сағатына қарап) Сен асықпа. Қазір Сара құрдасың да келіп қалады. Сұраған мекен-жайыңды да, басқа керекті нәрселерді де өзі тауып берер.. Ал, мен жұмысқа жөнелдім. Өзің білесің, науқанның нағыз қызған кезі. Аялдауға еш мұрша жоқ. Айтпақшы, алдымен өзіңе киім ал. Әсем мен Айданашыңа да құр қол барма. (Шығып кетіп, қомақты ақша алып келіп Еркінге ұсынады).
Еркін (шегіншектей) Ораз, мұның не сенің? Сұрағаным ақша емес, мекен-жай еді ғой..
Ораз (күліп) Бұл сол мекен-жайды сұрағаныңның сүйіншісі. Мә, ал. (Ақшаны ұсынғанмен, Еркін алмайды) Намыс отын лаулатпа, Ереке! Ал, намыстансаң, қарызға алдым деп есепте. Еңбек етіп, тер төгіп қайтарарсың. (Жігерлене) Ал, Ереке, ендігі қиындықтың бәрін тек еңбекпен ғана жеңесің. Өз басым, дәл қазірден бастап сені еңбек адамы деп есептеймін. Еңбек етуіміз керек, Ереке. Өзіміз үшін, ертеңгі ұрпағымыз, бүкіл адамзат баласының игілігі үшін еңбек етуіміз керек. Еңбек етпеген адам арын жоғалтады. «Жаным арымның садағасы» дейді қазақ. Адам баласы үшін ардан биік, ардан қымбат еш нәрсе жоқ. Өкінішке қарай, аға ұрпақтың еңбегімен жасалған өмір салтанатында, еңбек етпей арын жоғалтып, бала-шағасын шулатып, Отандық борышын, отбасының бақытын, өз тәнінің саулығын жүз грамм араққа сатқан маскүнемдер жүр. Өкінішке қарай, еңбек етіп бел ауыртпай-ақ, өзгенің есебінен күн көріп, ақша үшін ұрлық жасап, адам өлтіруге дейін баратын алаяқтар мен тасжүрек имансыздар да қоғамға үлкен зардап әкелуде. Өкінішке қарай, адал еңбектің, адалдықтың, әділдіктің не екенін білмейтін, ақшаның жолында жетім-жесір, кемтар, ғәріпті де аяп-мүсіркемейтін жемқор, парақор, мансапқорлар да ел ішінің әбден берекесін алып бітті. Міне, осыларды көргенде, «Ақыл-ой иесі-адамзат ұрпағы келешекте осылай азғындап кетпек пе?» деген сұмдық та үрейлі ойға келесің. Келесің де осы бір қылтамақтан да қауіпті індет-дерттің емін іздейсің. Емші іздейсің. Тарихқа жүгінсек, қанды-қырғын соғыстарға, небір қасірет-апат, індеттерге де адамзат әулетінің қажырлы еңбегі тойтарыс берген. Жер-Ананың тәніне түскен жара, қираған қала, өрт шалған дала, бәрі-бәрі сол еңбекпен емделіп, қалпына келген. Маған салса, бос жатқан ұлтарақтай жеріне дейін аударып, баптап, жұмыр жер бетін тегіс егін даласына айналдырар едім. Одан адамзат әулетіне келер титтей де қауіп жоқ. Дән неғұрлым көп егілсе, нан соғұрлым көп болмақ. Нан неғұрлым көп болса, елдің сәні де, берекесі де артары даусыз. Отан қамбасын жылда алтын дәнмен толтырып жүрген күс-күс қолды қарапайым комбайыншы-диханның түсінігі міне, осы. (Көрермендерге қарап)Бұл жан сырымның бір сен ғана емес, арын жоғалтпаған барша адамзат баласының жүрегіне жол тапқанын қалар едім.. (Сағатына қарап) Біраз сілтеп жібердім-ау деймін. Ал, енді мен жұмысқа жөнелдім. (Шаттана) Шіркін, бүгін күн қандай тамаша еді! Көкірегім жарық сәулеге толып, жарқылдап күліп тұрғандай. Сенің арақты қойып, отбасыңа оралар оң сапарыңның құрметіне бүгінгі межемді екі есе артық орындаймын деп алдыңда уәде беремін, Еркін досым! (Еркіннің алақанына ақшаны салып, қысып тұрып) Ал, жақсы, Ереке. Үй ішіңе сәлем айт біздерден. Сапарың оң болсын! (Жүре бере, қайтып келіп Еркінді қапсыра құшақтай алады) Мен дәл осылай етеріңе бұрыннан-ақ сенгем. Мен.. мен сендей жан досым барын мақтан тұтамын! Барған бетте отбасыңмен бірге күліп түскен суретіңді салып жібер. Сосын.. сосын Әсем мен Айданашыңды алып тезірек қайтып кел ауылға. Біз сендерді сағына күтумен боламыз Ал, көріскенше күн жақсы болсын! (Тез-тез басып шығып кетеді).
Қолындағы ақшаға қарап қимылсыз қалған Еркін жанарына келіп қалған қуаныш жасын саусағымен сүрте береді. Өмір салтанатын мадақтайтын айбынды, оптимистік сарынға толы музыка жігеріңді тасытқандай! Рухыңды көтергендей!
СОҢЫ