Адам қарады: 431 | Жарияланды: 2018-05-15 03:40:09

Мөлдір  сезім...

   Дүниедегі ең қиын нәрсе ол – өткенге өкіну. Өз қолыңмен жасаған қателікті түзетуге шарасыздығың. Ішіңді қарыған өкінішті айқайлап жылап та баса алмауың. Кінәңді мойындай тұрып, оны жөндеуге  қауқарсыздығың...

                                                                                                                                                                  Серік Әнуарбек

 

 ««Защита-Алматы» жүрдек поезына отырғызу басталды»  деген бақылаушының дауысы шығысымен, ауыр жүк сөмкелерін  сүйрелей, вокзал толы халық далаға қарай лап қойды.

Бірін-бірі итере алға шыққандары вагондарының нөмірінен адасып, алдыңғысы кейінге, кейінгісі алдыға қарай сабылыса жүгіру басталды. Қолындағы сөмкесі онша ауыр болмағасын, асықпай көпке ілескен Әлия вагонын тез тапты. Тиесілі орнына жайғасып жатқаны сол еді:

 –  Сәлеметсіз бе, сіз Алматыға бара жатырсыз ба? – деген жылы дауысқа жалт қараған кезде,  қасында он төрт-он беске келіп қалған ер баласымен бір әйел бос орынға  сөмкелерін қоя беріп:

– Кешіріңіз, сіз тура Алматының өзіне барасыз ба? – деп тағы да сұрағын қайталады.

 – Әрине, тура Алматыға...

 –  Мынау ұлым еді, әкесіне қонаққа бара жатыр. Осыны сізге тапсырайыншы дегендіктен қазбалап сұрап жатқаным ғой, – деп келіншек өзінің тым тықақтаған себебін түсіндіргендей қымсына тіл қатты. Алматыға дейін екі күндік жол. Сондықтан  көршісінің қазақ ұлтынан және баласы іспеттес болғандығына қуанып қалды. Жолаушыларды шығарып салушылардың вагонды босатуларын сұраған хабаршының дауысын естісімен, әйел баласының екі бетінен кезек сүйіп:         

–  Әкеңе тым қатал болма, айтқанын тыңдай сал. Ол онсыз да өзін сенің алдыңда кінәлі санайды. Ақылды бол, балам! – деп  бар ақылын тез-тез бастырмалата айтып  жатыр. Поезд орнынан қозғалғанша, ұлы да, анасы да терезеден көздерін алмай, бір-бірімен қимай ұзақ қоштасты.

– Анаңның сүйіктісі боларсың, әкеңе бара жатсаң да,  қимай тұрсың ғой.

         Қалжыңдай сөйлеген Әлиянің сөзін басын төмен сала, жымиып тыңдаған  жеткіншек төсегін салуға кірісті.

–  Маған бер, мен салып берейін. Ал сен барып, жылы көрпешелер алып кел. Түнде тоңып қалармыз.

Бала айтқанды екі етпеді. Төсек салынып болғанша, екі көрпешені алып та келді. Поездың жүру уақыты түнгі он екіні көрсетсе де,  көздері ілінер емес. Маңайдағы жұрттың барлығы қалың ұйқыға кетіп те үлгеріпті. Үйде қалған жалғыз қызы есіне түскен келіншек бір жамбасына аунай бере,  көршісіне сүйсіне көз тастады. Өзі керемет біреуге ұқсас. Бірақ кімге? Есіне ешкім жылдам түсе қоймады.

–  Балам, екеуіміз таныспадық қой. Есімің кім? – Қасындағылардың мазасын алмайын дегендей сыбырға көшіп.

–  Есімім – Алтай. Әкемнің аты – Әли. Атамның аты – Алпысбай. Тегімді тездетіп айтып берсем, сұрағанын қояр дегендей, Алтай атасының атына дейін айтып салғанына күліп жіберген келіншек кенет есіне бірдеңе түскендей, езуін тез жия қойды.

–  Әкемнің аты Әли деймісің?! Тегі Болманов емес пе? Дауысы қаттырақ шығып кеткен болуы керек, бала басын жастықтан тік көтерді.

– Апай, сіз  менің әкемді білуші ме едіңіз?

         – Иә, жаным,  кезінде бір ауылда тұрған едік. Ол ертерек Алматыға кетіп қалды да, біздер ауылда қалғанбыз. Содан бері Әлиден көз жазып, хабарсыз қалдым.  Енді  баласымен таныс болдым.  «Е, сол-ақ па?» дегендей, ол басын жастыққа сылқ еткізіп тастай салды да, теріс қарай аунап түсті.

Әлиянің ұйқысы қашып, мазасы кетті. Мынау қол созым жердегі томпиып, ақырын пысылдап, ұйқыға бөккен ұл бала бүкіл өмірін қопарып тастағандай. Осыдан отыз жыл бұрынғы балалық шақтары, оқыған мектебі, қол ұстасып қыдырған ауылдың шаң басқан көшелері, бір жерінде жарығы жоқ, қараңғы мектептің бақшасы – бәрі, бәрі кешегідей көз алдында. Сол бақшадағы қол ұстасқан екеу.  Әлия және  Әли...

                                       

                                            ***

– Сен – әйел баласың, – деп  атасы  үнемі айтып отырушы еді. –  Әйел бала деген албаты жүгірмеуі, дараңдап күлмейтін, шашы үнемі таралып жүретін, бойын таза ұстайтын тиянақты бала болуы керек. Әйел бала инабатты, ибалы болуы шарт.

Ал,  әжесі болса:  –  Отыр, шошаңдамай, ана өзіңдей бәленшенің қызын қарашы, қандай бала? – деп елдің баласымен салыстыра, басын шайқап қойып, шайын сораптайды, немесе: – О, албасты, албасты болған албасты, не айтқанға көнбейтін, не айдағанға жүрмейтін албасты, – деп шайын жөндеп іше алмай қалса да, осылай жер жебіріне жететін. Бір шаңырақта  бес ұл, бес қыз. Отбасылары, құдайға шүкір, ауқымды. Қыздың үлкені – Әлия, «Қызға қырық үйден тыйым» нақылымен тәрбиеленуші.

Әлия қанша жерден қыз бала деп не нәрсеге шектеу қойса да,  бой бермей тез есейгендіктен, өзін білгіштердің қатарына қояды. Өйткені  үнемі қолынан кітап түспейді және сол оқыған кітабын ертеңінде бейне бір өз басынан өткергендей етіп сыныптастарына баяндап беретін. Осының барлығы оның тез бойжетуіне ықпалын тигізбей қоймады. Ауылдағы тіршілік те ерекше еді ғой, шіркін! Сол тіршіліктің  жарқын қуанышы алғашқы махаббаты  Әли болатын.

Әли мен Әлия бір сыныпта соңғы партада отырғанымен, етене араласа алмайтын. Тек бір-біріне үнсіз қадалған жанарлар ғана «сөйлессеңдерші»  деп итермелейтіндей. Шындығында, мұнда балалар өздерін тек-тегімен атасып шақырады. Атын атайтын болсаң, онда сен онымен «жүріп» қаласың. Яғни, ғашықсың деген сөз.

–  Әлімова а, Әлімова?

–  Немене?

– Әлімова, басталмаған таза дәптерің бар ма?

– Бар, оны қайтейін деп едің?

– Қарызға бере тұршы.

– Әй, Болманов, өтірік алдап кетуші болма, ертең сабаққа келгенде ала келетін бол, жарай ма.

– Айтсаң болды ғой, Әлімова.

– Әлімова.

– Болманов, неменеге қайта-қайта Әлімова дей бересің? Сұрайтының болса, тездетіп сұрасаңшы, – деп  қаттырақ сөйлеп жіберген  қыз өз қателігін тез түсінді.

– Болманов, не болып қалды, айтсаңшы?

      Сөзінің аяғын бағыттаған парталас көрші ұлдың өзіне ойлана қарап қалғанын көріп, сасып қалды. Мұндайды тез байқайтын сыпсықай қыз Динараның:

– Бәле, мына екеуін қараңдар! Біріне-бірі «өліп» қалыпты, – деген  дауысы  барлық сыныптастарын елең еткізді.  Қап, енді мына сөзқуар қыздың сайқымазағынан құтылып көр. Сабақтан мақұрым бола тұрып, керемет елді сөккіш өзі.  Жіп-жіңішке, сіріңкенің шиіндей екі бұрымын май жаққандай жылтырата тарап, екі көзін «қытайдың»  қысыңқы көздеріндей  сығырайта тартып өретінін қайтерсің. 

– Ей, Ықыласова, неменеге балгер бола қалғансың? Білгіш болсаң, тағы кім-кімге ғашық екен, соны айтып берші, – деп  әңгіменің басын  парталас досы Дидар бұрып жіберді. Балалар да бір өштері бардай, енді Динараға төніп кетті. Бірақ Әлиде үн жоқ. Көз қиығын әлі де болса  көршісінен алар емес. Осылайша, жүрегі лүпілдей соққан он  төрт жасар қыз сол күнгі сабақтың қалай тез аяқталғанын да байқамады.

Сыныптастарымен бірге үйіне қайтқан Әлия қайқаңдап алдыда кетіп бара жатқан Динараның қасына жетіп келді.

– Ықыласова, неменеге мені Болмановқа қостың, а?

 Қапелімде  көрші замандасын жолықтырамын деп ойламаса керек:

 – Жай, мен ойнап, – деп, екінші шетке тайқып шыға берді.

– Сен шыныңды айт,  Болманов маған рас тесірейіп көп қарады ма?

– Оллаһи рас, өз көзіммен көрдім, саған ғашықтарша қарап отырғанын.

– Ғашықтардың олай қарайтынын сен қайдан білесің?

– Индиский кинода солай қарайды емес пе?

– Динара, аузыңа ие бол! Менің мінезімді білесің, шашыңды талдап жұлам. Ал қазір бар, қаш!

Кетіп бара жатқан оны шашынан ұстап, артқа қарай тартып-тартып қалғаны сол еді:

– Тұрардың қаншығы! – деп  баж ете түсті.  

Бұған да керегі  осы болатын, қолындағы сөмкемен  қашып бара жатқанына қарамай, біраз жерге дейін соққылағаны сол екен:  

– Әй, не көрінді, қызымды сонша ұрғылап, а? – деген  оның әжесінің дауысын ести сала, үйіне қарай зу ете түсті.

– Апа,  мені ылғи осылай, сабақтан шыққан соң соғады, – деп  бажылдап жылап жатыр. Бітті. Қазір әжесі үйге келіп,  әке- шешесіне айтады, сосын олардан міндетті түрде таяқ жейді. Айтып ауыз жиғанша болмады, әне есіктен саңқылдай сөйлеп, алдымен Алласын аузына алған  Динараның апасы да кіріп келе жатты.

–Аман-есенсіңдер ме, Әлім? Ана немерең, Әлияң кешке дейін Дикөнайымды (Динараның  лақап аты) мына үйдің бұрышында аңдып тұрып сабайды екен, – қой деп айтсаңдаршы, құдай-ау!

 Үйге біреу келсе, менмендігін көрсететін қашанғы әдетімен:

– Рас,  не шықса, осы қыздан шығады. Әбден еркелетіп, бетімен қоя бергенсіңдер, «қызға қырық үйден тыю» дегенді о бастан-ақ айтып келем, бір құлақтарыңа кірмейді, –  деп апасы да өзінің  бұл үйде әлі билік ұстап тұрғанын көрсетіп, кіжініп қойды.

– Иә, иә, балаға осы бастан қой деп айтпасаңдар, бұзылып кетуі де мүмкін.

– Әлия, а, Әлия, бері кел!   Жаныңның барында келесің бе, жоқ па?!

Үлкендерді тыңдамай көр, жер астына кіріп кетсең де, суырып алып, сазайыңды береді. Әжесі де осы қылығына басып, оны желкесінен бірді нұқып жібергені сол еді,  еңкеңдеп барып есіктен кіріп келе жатқан атасына соғылды.

– Әкеңнің... Әлияда не құның бар? Бала емес пе, қазір ойнайды, қазір ұрсысады. Қолыңды тағы осыған сумаңдатып көр, жазаңды берермін!

– О, алжыған жазалағышын. Одан да  мына жынды қызды тәрбиеге салмайсың ба?

– Отыр ғой әке-шешесі, солар салады жөнге, сенің не жұмысың бар? Сен кемпір, қит еткен нәрсеге менің  баламды жамандап, бұл үйге келе беруші болма. Ана немерең де – сыпылдап қалған бала. Қыз баланы неге сонша сөзшең ғып үйреткенсің, – деп енді атасы  өзіне қарсы шабуылға көшкен кезде, не істерін білмей қалған көрші апа:

 – Сол  Динарама мен де ылғи тыныш жүр деп айтам. Бірақ тіл алмайды ғой оңбаған, тіл алмайды.

– Балаң  тіл алмайды екен деп  қызымызды жазықсыздан жазықсыз таяқтауымыз керек пе? Алдыменен қызыңа өзің дұрыс тәрбие бер, сосын біздікіне кел!

     Шалдың шындықты бүкпесіз айтқан қатал сөзіне беті шыдамаған  көрші апа бүгежектеп біраз отырды да, көп аялдамастан шығып кетті. Ол кемпір кеткен соң, үйдегі «генерал» да  жым болды.

Ал анасы болса... шіркін, ана жүрегін Әлия енді ғана түсінгендей. Сол кездері көзәйнегінің астынан  ата-енесі мен балаларына қарап үнсіз жүре беретін анасы бүгінде де жұмған аузын ашпады. Іштей «Немере өздеріңдікі, пысырып жесеңдер де еріктерің» дегендей, тоқымасын тоқумен әуре.  Мұндай кикілжіңнің арты ұзақ  әңгімеге айналатынын білетін қыз  үн-түнсіз екі шелекті иінағашқа іліп алып, бастауға қарай бет алды.

Біршама қашықтықтағы кішкентай ғана көзден су алу үшін, бірталай айналасың. Ауыр шелек көтердім дегенің болмаса, екі таудың етегіндегі соқпақпен шелектегі суыңды төкпей-шашпай, демалыссыз қырдың басына шығу, қазіргі тілмен айтқанда, нағыз «адреналин» алумен тең болатын. Даланың шөп аңқыған ауасын еркін тыныстап, бойың жазылып, ойыңды саралап алуға болады. Оның үстіне жұтсаң дәмі аузыңнан кетпейтін, астына тас төселген бастау суының татымы да ерекше еді.

Әлиянің ауылы Шығыстың ең құнарлы, бай, бораны мен желі өтімді, жаңбыры мен қары мол, қырқасы мен жотасы малға толған елімізге белгілі, атақты Тарбағатай тауының етегінде орналасқан. Бірақ өмірі суға жарымаған жер. Ауыл таудың басына орналасқандықтан, етекте ел егінін салып, малын жайып, ағып жатқан азғантай ғана бұлақтың суына кезекке тұрып, бақшасын салып тіршілік етеді. Балалар ше?

        Балалардың демалатын санатори де, курорты да,  ән салып, би билейтін жері де, ғашық болған екі жастың ел көзінен тасаланып, қол ұстасып қыдыратыны да – осы ұлы Тарбағатай тауы мен оның бүлдіргенді алқабы  Бақалы. Бұл таудың түбінде, ауылдан жарты шақырымдай қашықтықта Қытай мен Қазақстанның шекарасы орналасқан. Яғни, тор құрылған, оның ар жағына өту ешқандай қиындықсыз. Емін-еркін өте бересің. Жұмысшылар алдын ала дайындап алған құжаттарымен өтеді. Қыстау мен жайлау тордың үстінде болғандықтан ауыл еңбеккерлері үнемі шекараның ар жағында жүреді. Бұл – күнделікті ауыл тіршілігі. Ауыл өмірі. Туған мекеннің тынысы. Қай жағыңа қарасаң да,  үстіне  көліктің ізі түскен астыртты жота.

          ...Бір күні Әлия сыныптастарына еріп, Сайлыдағы түйеші атайдың ауылына бармақшы болды. Сабақтан шыққан беттері сол еді. Етектерін іліп қала беретін қалың шеңгел мен топтаса өскен итмұрыннан аяқ алыстары қиындаса да, олар түйеші атайдың түйелерін көрмекке бет алды. Қаз-қатар тізіліп келе жатқан қыздар бір-бір ұлдың қолынан ұстап алған. Өйткені соқпақ жолдан ауытқып кетсең болғаны, инелері тікірейген шеңгел қан-жосаңды бірақ шығарады. Әли мен Әлия да қатарласып, қалыспауда.  Арасында әлсін-әлсін бір-біріне  қарағыштай беретіндіктерін қыз  байқаса да, байқамаған кейіп танытады. Ал іштей «бірдеңе деп сөйлесе екен»  деп тілеуде.

         Кенетқарағанның басындағы сап-сары гүлдерін бе, болмаса солай көрінді ме, шайнаңдап, күйіс қайырып, жайылып жүрген боталар көрінді. Мойын жіптерін бір-біріне шандып байлап қойыпты. Тегі, бөлініп кетпесін деген болар.

– Балалар, ботаны қараңдар! – деп Әлия алдыменен жүгірді. Тіптен етегін түтіп жатқан шеңгелге де қарамады.

– Қыздар, қасына жақын жоламаңдар, тістеп алмасын.

– Сен әдемі, сүйкімді екенсің... еркесің бе? Ботаның маңдайынан сипаған  қыз оның көзіне тік қарады.

– Әрине, ерке, ботаның бәрі ерке болады. Әлия, неге қалып қойдың? Қазір жалғыз қалсаң, қорқасың ғой, – деп өзін есімімен атап тұрған Әлиге таңданып үлгермеді.  – Жүр, балалардан қалып қоярмыз. Олар әне, біраз ұзап кетті, – деп күлімсірей қарады.

 – Екеуің Төлеген мен Қыз Жібекке ұқсап қосақталмай, тезірек соңымыздан еріңдер, әйтпесе адасып қаласыңдар, – деген Дидардың айқайына қалғандары да «бәрі түсінікті» дегендей жымыңдай жалт қарасты. Әли үнсіз оның қолынан ұстады. Ұстағанда да, бір саусағын бір саусағына іліп алды. Бұл  қызды есінен тандыра жаздады. Бұрын кім осылай жүріп көрген.

– Үйге барған соң, не істейсің?

– Не істеуші едім, үй-ішін жинаймын да, кешкі асты әзірлеймін. Сосын сабаққа отырамын. Өзің немен айналысасың?

– Мен де малдың астын тазалап, су тасып дегендей...

Сөзін аяқтар-аяқтамастан алақанын ашып, Әлиянің қолын алды.

– Ертеңгі сабақтан қалмайсың ғой, иә?

Оны неге сұрағанын екеуі де түсінбеді. Әйтеуір сөйлесудің жөні осы болар дегендей, ойларына келген сұрақ-жауаппен ауылға қалай кіргендерін де байқамай қалды. Мектептен келгендегідей киімдерін шешіп, асқа отыра бергені сол еді, әжесі алая бір қарап алып:

– Көйлегіңнің етегін не түтіп тастаған, қалай болса солай жүрмей, қыз балаға ұқсап түзу жүрмейсің бе, – деп сөйлеп тастады.

Әжесінің сөзі мен қадалған көздерінен әбден зықысы шыққан Әлиянің кей кездері өкіріп тұрып жылап алғысы келеді. Бірақ жылай алмайды. Қайта қатая түседі. «Етті көп қуырма, тіске қатты болады, нанды олай илеме, былай иле, сыпыртқыны көкке қаратып қойма, табалдырықты баспа, тіптен суды албаты төкпе немесе кір суды баспа» деген қадалған сөздерінен де запы болғандай. Оның үстіне «білгенің өзіңе, істегенің елге жақсы»  деп мақалдайтынын қайтерсің.

Әжесі негізінен қазақша хат танымаса да, арабшаны жақсы оқиды. Кей кездері жаман түс көргенде, Құран кітапты ақтарып, оқып отырғанын көп көретін. Құдайшыл, Алласыз аттап баспайтын жан. Десе де  адуынды, сөзі өтімді, тісін батырған жерді оңдырмайтын адам. Бір қызығы, жасы жетпістен асса да, құжаттарды рәсімдеу, балалардың ақшасын алу, оларға құжат өткізу деген сияқты сан қилы жұмыстарды тек  өзі атқарады. Үш мезгіл аудан мен екі араға қатынайтын автобустың алдыңғы орны да осы кісінікі. Ауылдастар «бүгін шешең ауданға кетіп барады ғой, тағы қандай жұмысы бар екен?» дегендерге әкесі:

– Бүгін «райкомның» бюросы бар көрінеді, шешем соған қатысуға кетті,–деп әзілмен жауап береді. Ол кісінің мінезіне отбасындағылардың «еті» үйреніп кеткен. Сонда да немере қызына деген қаталдығы ерекше.

Сенбі күні әдеттегідей сыныптастар бас қосқан кезде, неге екені белгісіз, Әлия қаланы, ондағы қала оқуы мен мәдениетін айтып, сөз бастады. «Шіркін, қаладан оқыса ғой» деген арманын да жасырмады. Оның аяқ-асты бұлай бұзылғанын түсінбеген сыныптастары «Өңкей орыстың ортасына барып не істейін деп едің?» – деп мұны қағытып тастады. Сонда да қала оқуы мен мәдениетінің ерекше болатынын айтып Әлия да беріспеді.

– Саған қаладан оқы десе, барар ма едің? – деген Дидардың  тосын қойған сауалына:

 – Иә, – деп ойланбастан жауап берді.

– Мен де кетер едім. Әлидің  байқаусызда аузынан шыққан сөзіне балалардың барлығы шектері қата күлді.

 – Әлия кетем деп еді, сенің де қалмаймын дегенің қызық болды ғой. Одан да екеуің қазір үйлене салсаңдаршы, оқуды сосын жалғастырарсыңдар, – деп Бәкір бастап, қалғандары қостап, екеуін біразға дейін әжуалап тастады. Үйге келгесін осы ойын Әлия анасына да айтқан-ды.

– Қаладан оқимын дегеніңді құптаймын. Білімі де жақсы, орысшаны да үйренесің. Көзің ашылып, ел, жер көресің. Мен қарсы емеспін, апаң мен әкең жіберсе, бара бер, – деп өзінің тоқ етер сөзіне нүкте қойды.

Кеш. Малдың бәрін жайғап, тамақтарын ішкен соң, тез-тез ыдыс-аяқты жуысып, анасына көмектескенін бақылап отырған әжесі:

 – Әлия бар төсегіңді сал да, жатып ұйықта. Селтеңдегеніңді қой, – деп зекіп тастамасы бар ма. Қарсы келсе де, бәрібір жеңе алмасын білетін немересі  әжесінің сөзін далаға тастамады. Төсегін салып, жата бергені сол еді, бауыры Бақаш келіп, аулада құрбысы Бақаның күтіп тұрғанын жеткізді. Үстіндегі жеңіл лыпасының үстінен халатын желбегей іле салып, аулаға шыққан кезде,  досының қасындағы Әлиді көріп, өз-өзінен қатты қысылды. Сонда да ешқайда бара алмайтынын, үлкендердің рұқсат бермейтінін айта беріп еді, сыныптасы қолына жазылған хатты ұстата салды да, тіл қатпастан кері бұрылды. Оның соңынан Бақа да кетті. Қолындағы бүктелген қағазды умаждай ұстаған қыз не оқырын, не оқымасын білмеді. Дәл бүгін ол Әлиден хат күтпеген еді.  «Әлия, – деп басталыпты хатта. Саған сөйлей бастасам, сөздерімнен жаңылып немесе аузыма сөз түспей қалатындай қысыламын. Бағанағы сенің қаладан оқысам деген сөзің маған да дем бергендей болды. Ата-анама айтып көріп едім, рұқсаттарын берді. Бірақ Өскеменге емес, Алматыға барасың дейді. Мен де негізі Өскеменге барсам деп едім, оған үлкендер келіспеді. Сен кетсең, ауылда маған түк қызық қалмайтындай. Сондықтан кетсек, бірге кетейікші» – деп жазыпты.

Біртүрлі кеудесін қуаныш кернеген  қыздың бақыттан басы айналды. Оның, шыныменен, осы ауылдан қалаға кеткісі, басқа жерде, басқаша өмір сүріп, білім алғысы, махаббатымен жасырынбай кездескісі келді. Десе де көңілін мұң торлады. Ол – сыныптас бозбалаға деген жүрек лүпілі еді.

Әли... Әлидің өзіне тартатын бір жақсы мінезі бар. Ер бала болып ешқашан қыздарға әкіреңдеп, қатты сөйлеген емес. Қандай жанына тиетін сөздер мен шымшыма қағытпаларды естісе де, тырқылдай күліп жүре береді. Басқа ұлдар сияқты алысып, қыздардың шашынан жұлып немесе төстартқыштарынан тартып ойнамайды. Жиі көздері түйісіп қалған кезде, не істерін білмей сасып қалғанда да, тек жымиып езу тартады. Үнемі осылай.

Әлия үй-ішін ақыры қалаға жіберуге көндірді. Атасының атынан «шопанның баласы» деген анықтама алып, облыстық жалғыз қазақ интернатқа орналасты. Өскеменнің қақ ортасына орналасқан интернат үйінде үш жүзден астам бала тәрбиеленсе, соның бірі болып енді Әлия қосылды.

Өкінішке орай, қала өмірі ол  ойлағандай оңай болмай шықты. Мұндағы балалар ашық сөйлесіп, ашық жүргенді ұнатады. Үнемі «Албастыға ұқсамай, жап етегіңді» деп қысқа көйлек кисе болды, арыстанша ақырған апасының, «Төсіңді ашық ұстама» деп отыратын атасының сөздерін санасына сіңірген қызға бәрінен аттап кету оңайға түспеді. Оның үстіне бірауыз сөз орысша да білмейді. Алайда алғыр да, қағілез қыз үшін бұл қиындықтар да біртіндеп артта қалып жатты.

Әлі есінде, алғашқы каникулын асыға күткені. Әсіресе анасын, әкесін, бауырлары мен атасын, ал ең соңынан апасын жақсы көргенін есіне алған сайын, өзі де күліп қояды. Өйткені атасы мен апасының орны жүрегінің төрінде. Сыныптас достарымен кездесудің өзі бір ғанибет болатын. Үш ай көріспеген құрбылар достарының қала мәдениетіне қарай бет бұрғанын бірден байқады. Оның өз-өзін ұстауы мен  сөйлеуінде бұрынғыдай емес, ашылғандығы көрінеді. Әлия оларға қала өмірі, оның тыныс тіршілігі турасында ауыз жимай бір сағат бойына айтқан шығар. Арасында:

 – Шіркін, сендер де оқысаңдар ғой, – деп қояды. Әсіресе Меруерттің есепке мықты екенін білетін ол:

– Меруерт,  сен де қаладан оқысаң, жақсы болар еді. Есепті шығаруды жақсы көруші едің ғой, қаланың білімі – сен үшін таптырмайтын ілім, – деп оны  желпіндіріп қойды.

– Барар едім,  анамды жалғыз тастап қайтып кетем, – дейді мұңая. Расында, анасын жалғыз қалдыру мүмкін емес.

– Қандай бақыттысың, қалада оқисың. Әли де бүгін Алматыдан келеді. Сағынышты кездесу, керемет емес пе? Әлия, ренжімесең бір сұрақ қояйын ба? – деп Меруерт өзіне ауған әңгіменің басын бұрғысы келді де:

– Әли екеуің жүресіңдер ме? – деп сұрағын тарс еткізді.

– Жоқ, жүрмейміз, – дегенді ойланбастан айта салғанын  қыздың өзі де түсінбей қалды. Алайда оны қатты сағынғанын жасыра да алмады.       – Әли, шыныменен, бүгін келер ме екен, а?

Бойжеткеннің балаң жігітке деген сезімінің қаншалықты терең екенін ұққан құрбылар ақырын жымыңдасып қойды. Әлиянің жүрегін кернеген алапат сезім мен есін алған сағыныш Әлиге деген махаббаттан туындағанын жас қыз түсінбеді де. Бір сөзбен айтқанда, алғашқы махаббаттың жүрегінен есік ашқанын білмеді. Ғашықтық сезімді қол ұстасу, сүйісу, құшақтасып жүру деп ұғынған ол алауыртқан сағынышын махаббатқа баламады.

Немересінің әр адымын аңдып, «Қыз бала кешкісін секетемей үйде отырады, әйтпесе, елдің өсегіне қалып, ұятты болады»  деген әжесінің сөзін естігісі де келмеді. Өйткені кешкі кездесуге сонау Алматыдан Әли  келмекші. Сөйтіп, достар бір күн болса да бастарын қоспақшы. Көптен күткен досы Бақа есіктен көрінгені сол екен, өне бойы дірілдеп, алға басқан аяғы кері кетті. Қалай кездесер екен, үлкендерге ұқсап құшақтасып сүйісе ме, жоқ әлде бір-біріне қарай, Индия киносындағыдай құшақтарын жая, ол  «Әли» деп, анау «Әлия» деп жүгіріп табыса ма  деген  сансыз сұрақтар басына алай-дүлей  бірі келіп, екіншісі кетіп  жатыр.

         – Әне, солар келе жатыр, – деген Дидардың қуанышты дауысы да естілді. Ентігіп жеткен Бақа екеуін Ажар, Дидар, Бәкір, Айман, Меруерт, Әли қарсы алды. Сол күнгі түннің қараңғылығы оның бетіндегі бар қуанышты өзгешелікті бүркеп қалғаны қандай керемет. Әйтсе де, сыныптасының сыптай ұзынтұра бойы мен қала үлгісінде киінген киімі оның қасында тұрған кластас достарынан тым ерекше болып көрініп тұрғаны  қатты қуантты. Әли алдымен келіп құшақтап, бетінен сүйді. Біртүрлі тым батыл қимыл. Өзгеріп кетіпті.

Балалардың бәрі екеуі сүйісіп табысатындарын көптен  күткендей, біріне-бірі қарап жымыңдасып қояды.

– Астыртқа кеттік пе? – деп көш басын Дидар таңдады.

– Әлияны апасы білмей қалды, білсе іздейтін болар.

– Апаң-ақ сені  қызғыштай қорғап жүреді екен. Тым болмаса жарты сағатқа сұранбадың ба?

 – Келгеніме рахмет айтсаңдаршы, – деп достарымен қауышқанына қуанғанын жасырмады.     

– Ендеше, сендер қыдыра тұрыңдар, біз Әлия екеуіміз бір жерге барып келейік, – деп Әли қолынан жетектей жөнелді. Қайда апара жатыр, қайда барады тіл жоқ,  әйтеуір еріп кетті.

– Әлия, Өскемен сені  тым жуасытып жіберген бе, үндемейсің ғой?

– Неге?

– Қайдам, кездескелі бір  сөз айтқан жоқсың.

– Біз қайда келе жатырмыз?

– Мектепке. Анау біздің сыныптың терезесінің түбіндегі  орындықты білуші ме едің, бағана келіп көргенмін, әлі  бұрынғы қалыбында тұр екен. Сол жерге барып отырамыз.

Мектептің  бергі дәлізіндегі жарық сөнбегендіктен, маңайы алакөлеңке тартыпты. Екеуінің келіп жайғасқанын күткендей, жаңағы жарық жалп етіп өшіп қалмасы бар ма. Әли алдыменен қызды отырғызып, сосын өзі жайғасты. Ыстық алақандар айырылар емес. Арасында бір-біріне үздіге қарасып та қалады.

– Әлия,  сені сағынып кеттім, сен ше?

– Мен де.

– Не мен де?

– Сағындым, – деген ол  ақырын күрсініп, иығынан құшақтады.

– Құшақтамашы.

– Неге?

– Бізге құшақтасқанға әлі ерте.

– Қалайша?

 – Апам «ерте қағынған қыздар бірдеңеге ұшырайды» деп айтқан.

– Онда  бетіңнен сүйейінші?

– Немене?!

– Бетіңнен сүйгізші.

Бұл жолы үні баяу, жалынышты шықты.

– Жаңа ғана сүйген жоқсың ба?

– Тағы бір сүйсем, бетің еріп кетпейтін шығар.

Бәле, мынаның Алматыға барған соң, тілі шығайын депті. Қарай гөр, жігітсініп менің бетімнен сүймекші. Жоқ, сүйгізбеуім керек. Мен әлі кішкентаймын, апам  «беті бір ашылған қыз бала еш оңған емес» деп айтатын. Ал менің ерте «оңбаған» атанғым келмейді – бұл Әлиянің ішкі түйсігі.

– Сүймейсің дедім ғой.

– Жарайды, ашуланбашы, сағынған соң айтып жатқаным ғой.

– Бірдеңе сұрасам, ренжімейсің бе?

– Жоқ,  ренжімеймін. Тек сенімен жүрмеймін деп айтпашы, жарай ма?

– Не, екеуіміз жүріп жүрміз бе?

– Енді қалай деп ойлап едің?

– Мені Алматыда жүргенде ойладың ба?

– Әрине, ойладым. Содан ғой ауылға жеткенше асыққаным. Бұл  оның көптен күткен ең  аяулы сөзі болатын. Қаншалықты апасының тәрбиесінде болса да, өзінің жүрек қалауына сол тәрбиенің кеселі тимеуі керек деп түйді. Алғашқы рет махаббат шырмауына түсіп, тәтті сезімге бөккен екеуі екі сағаттай бірге отырып қалғанын аңғармады. Қаперсіз отырған ғашықтардың отырысын арсыл-күрсіл жетіп келген Дидардың сөзі бұзды:

– Әй, екеуің жындысыңдар ма, келмейтін жерге келіп. Басқа жер  құрып қалды ма? Әрең іздеп таптым ғой. Әлиянің апасы ауылды айналып іздеп жатыр.

– Құрыдым!

– Қорықпа.

– Бітті! Енді апам мені түнде далаға шығармайды. Каникул біткенше, екеуіміз кездесе алмайтын болдық.

– Қорықпа, терезеден шығарып алсам да, кезігетін боламыз.

         – Жарайды,  тездетіп үйге барайын.

         Жылдамдата басып, арасында жүгіріп үйге келген кезде, қашанғы әдетіне басқан апасы:

 – Жұдырықтай болып ана Алпысбайдың ұлымен қыдырып, қарашы арсызын, – деп күпілдей сөйлеп  үйге кірді. Бірақ бойжеткен ешкімді де, ештеңені де тыңдар халде емес-ті. Бағанағы кездесу, айтылған тәтті сөздер, оның ақырын қолынан аялай сипалағаны – бәрі- бәрі есеңгіретіп тастағандай. Түнімен ұйықтамай, қызының тәрбиесін дұрыстауды қолға алған әжесі ертеңінде немересін төргі бөлмеге отырғызып қойып, сырмақ тіктірмекші болды. Енесіне жас баланың қолына тебен инемен сырмақ сырудың ауыр болатынын айтқысы келген келініне де айқайлап тастады.

         – Отырсын, отырғанда қалай отырар екен, «он үште отау иесі» деп өзімізді шешеміз он үшке толған кезден бастап төргі үйге қамап, сырмақ сырдырып, жүн түткізген. Ештеңе етпейді, ана Алпысбайдың ұлымен түн қыдырғанша, сырмақ сырсын!

Бүкіреңдей басып, ала киізді алдына тастай салды да:

– Әй, Мәкен  ертең елден ұят болмасын десең, қызыңа ие бол. Бүгіннен бастап үйден шығарушы болма!– деп анасына бұйрық беріп үлгерді.

         Баяғы кезде бір сырмақты сыру үшін, ауылдың бес-алты кемпірі жиналып, әңгіме-дүкен құрып отырып, екі-үш күннің ішінде бітіріп тастайды екен. Қызға жасау немесе ұлға дүние ретінде берілетін болғандықтан, сапасы да ерекше назарда. Қалың киізге басқан басқа түсті жүннің шетін жиекпен көмкеру үшін, үлкендер қолдарына оймақ киеді. Ол оймақты қатты әрі қалың қайыстан тігеді. Осы көмкерілген жиектің ішін іс машинаның жүрісіндей етіп сыру керек. Сонда басқан оюлы жүн ешқайда қозғалмай, қолмен құйғандай болып орналасып қалады. Қалыңдығы  он сантиметрдей киізді сыру он  төрт жасар қыз баланың қолына қандай қатты тигенін біреу білсе, біреу білмегені анық.

         Сырмақты тігіп отырып,  қалың ойдың шырмауына іліккен Әлия кешегі кездесуден алған әсеріне марқая түсті. Балаң жігіттің қараған көзі, қолынан ұстағаны, бетінен өпкені, тіптен қағыта сөйлеген кейбір сөздеріне дейін жанына жаққандай. Десе де, Алматы  ғашығын тым тез есейтіп жібергендей ме... А, айтпақшы түнде оның Әлимен қыдырғанын әжесіне кімнің жеткізгенін де іші сезеді... Динара!

Қолының қаруы келмесе де, тебен инені бар күшімен киізге қадап отырған қызының мына түрін көрген анасының жаны ашыса да, енесіне қарсы келе алмады. Оның үстіне бұл тәрбиені теріске де шығармады. «Қызға қырық үйден тыю» деген осы болар деп түйді. Есесіне келген достарын жылы шыраймен қарсы алды. Кешегі кездесудің соңы немен біткенін біле алмай отырған Әлия үшін Ажар досының есігін қаққаны қатты қуантты.  Екі құрбының әңгімесі көпке дейін жалғасты.  Құрбысы қайтқан соң, Әлияні бір көңілсіздік басты. Оның қалаға тез қайтқысы келді. Неге екені белгісіз, мынадай үлкендердің тәрбиесінен алысқа қашқысы келді.

        – Құлыншағым, қайдасың, келе ғой. Мен таудан бүлдірген теріп әкелдім, – деген атасының еміренген дауысы жанын елжіретті ме, Әлия отырған жерінде жылап жіберді. Үлкен табақшаға дала тәттісін салып алып кірген атасы екі метрлік сырмақты, оның үстіне оймақ киген нәзік саусақтарды көргенде, көзі шарасынан шығып кете жаздады:

         – Мына сырмақты ана екі қатын саған сырдырып отыр ма, а?

         – Иә.

         – Өздері неге тікпейді екен?

         – Білмеймін.

Атасының көзі алайған сайын, бір пәленің болатынын сезген қыз қорқа бастады. Оның ашуы бүкіл үйді қырып тастағанмен бірдей. Бір кезде  көз ілеспес жылдамдықпен сырмақтарды тебен-инесімен, жібімен қоса шиыршықтап алды да, үйден атып шығып, есік алдындағы сәкінің үстіне лақтырып жіберді. Қайыра келіп,  бүлдірген толы табақшаны столдың басына әкеп дік еткізді де:

         – Сен қақпас па Әлияні төргі бөлмеге қамап қойған?  Қайсысың?!

         – Әй, шал, сен қыз баланың тәрбиесіне араласпа. Шешесі ғой сырмақты тіктірген, – деп бәлені апасы шешесіне жаба салды.

         – Әлия үлкейіп қалды. Ақылды бала болса, өзі-ақ ештеңеге ұрынбай, оқуын оқып, адам болып кетеді. Сендер қанша қамасаңдар да, ұшам деген құс қанаты қырқылса ғана қор болады, ал қанаты бар құс сенің жеті қабат торыңа да қарамас, – дегенді ызбарлана жеткізген атасы немересін бауырына басты.  Әйтсе де осы жолғы каникулда Әлия мен Әли дұрыстап кездеспек түгілі, бір-бірлеріне сау бол да айта алмады. Өйткені қатал көздер оны еркіне  жібермеді.

    – Ертең қалаға қайтасың, өзіңе-өзің сақ бол, албаты шошаңдап көше кезбе, қыз баласың, бір нәрсеге тез ұрынуың мүмкін. Кім көрінген бетіңе қарап күлген екен деп, еріп кетуші болма. Жалғыз әкең тірі күйік болып қалмасын. Осыны есіңе ұста. Таза жүр, – бұл бағанадан бері сағат бойына ақыл айтып отырған апасының құлағына құйылып қалған қағидаттары.  «Албаты ұл баламен сөйлеспе, оған еруші болма, қалалы жер, ойларына келгенін істеп, өлтіріп кетеді немесе басқа біреуге апарып береді. Содан соң сені тауып көр, қалада адам жоғалса табылмайды» деген апасының  ескертулері ауыл қызын тым қорқақтыққа, сақтыққа әрі сенімсіздікке итермелегендей болды. Шынымен де, Әлия әжесінің соңғы сөздерінен кейін сыныптастарына да күдікпен қарайтынды шығарды. Олар күліп сөйлессе, ар жақтарында  бір арамдықты бүгіп тұрғандай көрінетінді шығарды. Алайда мұндай сезімде жүріп, ол достарынан айырылатынын да түсінді. Сондықтан не нәрсеге түсіністікпен қарағаным дұрыс болар деп шешті.

Бір ауылда тұрғасын, Әлидің ата-анасы мен Әлиянің әке-шешесі етене араласатын. Әсіресе әкелер арасындағы байланыс ерекше. Екеуі де – бірі  ауылшаруашылығы қоймасын басқарса, екіншісі мал дәрігері-тін. Оның үстіне өткенде Әлимен сөйлескен кезде, Бағжамал апай ұлының Әлияда ойы бар екенін еріне айтқан-ды. «Несі бар, Тұрармен құда болса, жаман ба?» деген қуанышты ой Алпысбайды елітіп тастады. Көз алдына қол ұстасып, құшақтасып жүрген ұлы мен болашақ келіні елестеді.

Ал Тұрар болса, қызының бойжеткенін мойындағысы келмей аласұруда. Анасының кешегі айтқан сөздері, қызын Алпысбайдың ұлына жолатпауын өтінгені, оны «қаланың бұзығы» дегені – бәрі-бәрі орынды айтылған сөздер секілді. Сонда да, Алпысбай да, әйелі Бағжамал да жақсы адамдар. Құда болуға лайық жандар емеспе. Ендеше неге қызының бақытына қарсы болуы керек. Жоқ... жоқ. Әлиясі әлі кішкентай, мен өзі нені ойлап кеттім дегенше болған жоқ, Алпысбайдың келе жатқанын көріп, ойын тез жинақтады.

–Тұрар, кеттік, тордың үстіне шығып, қойшыларды аралап келейік. Жұмыстары мал шаруашылығы болған соң, замандасының сөзін екі етпеді. Аттарын ерттеп, жолға шықты.

Алпысбай мен Тұрар тордың үстіне кете салысымен, байыз таппаған Бағжамал да солай қарай тартты. Әлиянің анасы Мәкенмен сырлас, қыс болса соғым бастарын, көктемде сақтаған сүрілерін бөлісіп жейтін құрбыларға айналған. Шынын айтқанда, екеуі де ұлдары мен қыздарының ара қатынасынан хабарсыз болатын. Тек Бағжамал ғана бірінші болып баласынан естіді. Енді сол қуанышын Мәкенмен бөліспек.

Ата-ененің қабағына қанша қараса да, Мәкен дастарханын кеңінен жайып, үстін молынан толтырды. Төр басында отырған енесінің әр сөзді қалт жібермейтінін байқаса да, өзара  айтылмай отырған құпияларының бар екенін жасыра алмады. Ақыры, екеуі де тігіліп жатқан сырмақты сылтауратып, оңаша бөлмеге кетті.

– Мәкен, сен не білесің, біздің Әли сенің Әлияңді ұнатып қалыпты. Балам кете-кеткенше басын жастықтан алмай, соны ойлаумен болды ғой, – дейді аналық қуанышын жасыра алмай.

 – Білем, Әлиям да біртүрлі болды да жүрді. Оның үстіне үлкендерді өзің білесің, мен қызыма еш қолдау көрсете алмадым. Екеуі бірге болса, жақсы болар еді, ә.

– Менің де айтайын дегенім сол ғой. Алпысбайға айтқанымда, оның қуанғанын көрсең. «Тұрармен құда боламын» деп отырған орнынан секіріп кете жаздады. Осылайша, бірін-бірі құптаған ескі құрбылар ұзағынан отырды.

         Әр каникулды асыға күтетін интернаттықтар үшін осы жолғы қысқы каникул да тез жеткендей болды. Алайда ауылға қуана жеткен Әлияні жайсыз хабарлар күтіп тұрған-ды. Ол – атасының ауыр халде жатқандығы.

         Атасы – үйдің басты тірегі. Әкесі Тұрардың жалғыз ұлы болғандығынан, көбіне дала мен үй тіршілігіне өзі араласатын. Тұрарды да қатарынан қалмасын деп қалада оқытты. Одан сүйген он шақты немересін бауырына басты. Өміріне разымын дегенді жиі айтатын. Сөйткен сүйікті атасы да көпке бармады. Немересін қалаға шығарып салған күннің ертеңінде бақилық болып жүре берді.

Үйіңнен ұзап шыққан соң, алдыңа қойған мақсат-мұратқа жету –міндетің. Әлия осыны санасына қатты түйді. Бар ықыласын білімге аударды. Каникул кезінде әдеттегідей жүрегі алып-ұшып ауылына жетеді. Осы жолы да  туған жеріне барған кездері олармен кездесті, әңгімелесті. Сайлыға барып, баяғыдағы өздері көрген түйелерді көріп қайтты. Ауылдың сыртындағы сайға барып, сырларын айтысты. Бірақ мұның бәрі Әлияні селт еткізбеді. Өйткені Әли келмеді. Оны қаладағы туыстары жібермепті -мыс.

Сондықтан да ол қалаға қайтқанша асықты. Сабағын жалғастырып, тезірек мектеп қабырғасынан шығып, үлкен өмірге аяқ басқысы келді. Оқу жылының екінші күні болатын. 

– Әлия, сені бір жігіт далада шақырып тұр, – деп сыныптасы Орынгүл жүгіріп келді. Қыздар да дүркірей терезеге ұмтылды. Дүдәмал оймен сыртқа көз жіберген кезде:  «Мәссаған, Әли?» дегенде,  дауысының қатты шығып кеткенін өзі де аңғармай  қалды. Үстіне сол кезде  сән үлгісіне енді-енді шығып жатқан джинсадан тігілген костюм-шалбарымен сырықтай ұп-ұзын болып  күтіп тұрған алматылық жігітті көргенде, есі шыққаннан орнынан қозғала алсашы.

         « Бәле, тез барсаңшы, күтіп қалды ғой. Қандай жігіт, мә-мә» десіп қыздар маңырады да қалды. Аяқ-қолының дірілдегеніне қарамастан, оның үстіне төбесіндегі үшінші қабаттан қарап тұрған он екі қыздың жанарынан қаймықса да, жігітке қарсы жүрді. Жай жүрген жоқ, құшағын айқара аша жүгірді. Ешкімнен қымсынбастан құшақтаса, беттерінен сүйіп, сағыныштарын басты. Сөйтіп, қол ұстасқан екі жас балалардың көзінен қашқандай, интернатты айналып кетті.

         –  Өскеменде бір туысың жоқ еді ғой, қайда тоқтадың?

         – Вокзалға. Бүгінше түнеп шықсам, ертең ертесімен Алматы автобусына отырамын ғой.

Алыстан іздеп келген қонағын күту мен оның қауіпсіздігі өзінің мойнында екенін сезген бойжеткен ертең өзінің тәрбиешіден де, интернат директорынан да сөз еститінін біле тұра, бозбаланы қолынан жетектеген бойда жерлестері тұратын жатақханаға қарай бет алды. Ондағы ойы – ауылдастарымен бас қосып, аз да болса уақыт өткізу.  Алайда  қолдары оқудан босамаған ауылдастарымен кездесу ұзаққа созылмады. Сөйтіп, автобекетке келіп, адам аяғы сиректеу жерден орын алып жайғасты. Әлия үшін  интернат та, оқу да жайына қалды. Оны ойлауға мұршасы да жоқ. Бар ойы – Әлиі ренжімесе болғаны. Жүректерін жалғап, қордаланып қалған әңгімелерін ағытқан екеу шаршағандарын да сезді.

         – Сен біраз ұйықтап ал, сосын мен ұйықтармын, – деп  ұзын орындыққа жатқызып, басын тізесіне салғаны сол екен, жігіт  үнсіз көзін жұмды. Әлия болса оның қайратты шаштарын салалап, сипай отырып, қалың ой мен арманға беріліп кетті. Дәл осы сәтті ол қанша түндер ұйықтамай, армандай күтті емес пе. Әли екеуінің ешкімнің кедергісінсіз, қол ұстасып, еркін сөйлесіп, бір-бірлеріне сырларын ашып, жүрек қылын шертіссек дегенде, түн баласы кіріпік  ілмеуші еді ғой. Қатты сағынған сәттері, күйзелген кездері осы балаң жігітке деген сезімі жүрегіне қуаныш ұялатып, үнемі алға қарай жетелейтін. Иә, ол осы сәтті қатты армандады... Енді, міне, сол ғашығы алдына басын қойып, ұйықтап жатыр. Әлия ақырын еңкейіп, оның құлағының түбінен иіскеді, жоқ, иіскеді деген аты ғана тек танауын жақындатты. Ал иісін шыныменен де сезді. Бақыт деген осы шығар. Сүйіктіңді аймалау... Иіскегенін сезіп қойғандай, жігіт те оянып кетті.

  • Аяғың ауырған жоқ па?

         – Жоқ, неге тағы біраз ұйықтамадың?

         – Енді сен біраз тынығып ал. Мен отырайын. Екеуіміз кезектесіп көз шырымын алмасақ, отырған жеріміз аядай ғана. Қатар немесе аяқты созып, керіліп те жата алмайсың.

– Жарайды, жатсам жата тұрайын, – деп  шынымен де қалжыраған Әлия басын оның тізесіне қойды. Енді Әлидің алақандары мұның шашы мен маңдайын аялап отыр. Қолдары да қандай жұмсақ. Көздерінің қалай жұмылып кеткенін де байқамай қалған бойжеткен  үнсіз қалды.

Бір кезде ып-ыстық бір нәрсенің ерніне қадалғанын сезді. Өңі ме, әлде түсі ме  екенін аңғара алмай жатқанда, жаңағы ыстық нәрсе  ерніне тағы қадалды. Көзін жарқ еткізіп  ашқан кезде, өзіне төне қарап отырған Әли ақырын езу тартып жымиып:

– Әлия, сені керемет  жақсы көремін, – деген сөзді ынтыға жеткізді. – Естідің бе, қатты сүйемін, – дейді тағы қайталап.

         – Естідім... Шының ба?

         – Шыным. Сен де мені сүйесің, солай ғой.

         – Оны қайдан біліп қойдың?

         – Жаңа мен ұйықтап жатқан кезде, бетімнен  иіскедің ғой.

         – Жақсы көретінімді жасырғым келмейді. Бірақ сен туралы жағымсыз сөз еститін болсам, жаныма жолатпаймын.

         – Мынау апаңның сөзі ғой.

Оның күлген күлкісінің өзі тәтті еді. Ақырын жымия күліп, тағы да  маңдайынан өпті.

         Елдің көзін ала, бір-бірлерін қыса құшақтасқан екеуінің таң атқанша жұптары жазылмады.

Алматының автобусы жүретін жолға келіп тоқтаған кезде, жолаушылар кіретін есікке қарай ұмтылды. Әлиді қайдам, жүрегі сүйіктісін қимаған қыздың жанары жасқа толды. Оның үстіне қайта-қайта құлағына «Сені керемет жақсы көремін» деп сыбырлаған бозбаланың дауысы дегбірін қашырып бітті. Енді біраз тұрса, өзі де онымен бірге Алматыға кетіп қалардай, қимай қоштасты...

Қыс бой Алматыдан екі рет хат, бір фотосуреті келді. «Хат жазғанға өте шорқақпын, хабар болмай бара жатса, сен ренжіме», депті соңғы хатында.  Бәрібір қанша ойламайын десе де, Өскемендегі орын алған кездесу Әлияні де, Әлиді де өмір тезіне  салғандай болды.

Он жылдықты достарынан қалыспай аяқтаған Әлия бірден театр институтына дайындалды. Алайда әртісті  «жын-ойнақтың ордасы» деп білетін үлкендер оның бұл пікірін  құлақтарына да ілмеді. Барлығының тілектері біреу – мұғалімдік оқуға түсіру.

Ол кездері сынақты мектептің озық ұстаздары қабылдайтын. Ата-анасының көңілін жықпаған Әлия да институттың табалдырығын аттағанда, өзінің сүйікті ұстазының сынақ қабылдап отырғанын көрді. Алайда әртіс болсам, Алматыға кетсем деген арманы тынышын кетіргені соншалықты, әлгі ұстазына барып, сынақ кітапшасына «екі» деген бағаны оп-оңай қойдыра салды. Кіргенінен шыққаны тез қыздарының мына қылығына түсінбеген әке-шеше не істерлерін білмей дағдарып, отырған жерлерінде қозғала алмай қалды. Үміттері ақталмады. Ақыры, Әлия Семейдегі Мұқан Төлебаев атындағы музыка колледжіне құжат тапсыруға ата-анасынан келісім алды. Сөйтіп, өнердің бір шетіне іліккен бойжеткен студенттік өмірдің қайнаған ортасына топ ете түсті.

         Оқуға  тапсырған жетпіс төрт баладан төртеудің бірі болып  түскен Әлия Қазақстанға еңбегі сіңген әртіс  Мұрат Атақажыновтың  сыныбына қабылданды. Иә, класс деген аты ғана, жылына төрт оқушыдан ғана дәріс беретін сыныптың ішінде бір айна, оның қасында күйсандық, мұғалімнің столы мен оның сейфінен басқа түк жоқ. Жай мектептердегідей отыз баладан оқитын шығармыз деп дәмеленіп келген Әлия төрт-ақ баладан оқитынын, оның үстіне төртеуі де төрт курстың студенттері екенін естігенде, шыныменен таңданып қалды.

– Сен сынақ тапсырған кезде, қасыңда болдым, дауысың ұнады, ән таңдауың, өз-өзіңді ұстауың жақсы. Бірақ бұл саған еркіндік деген сөз емес. Дауысыңды орнына қойып, тыныс алуды үйренгенше, біраз тер төгеміз. Бар жұмысың – сабаққа дайындалу, дауысыңды күту, жақсы оқуға тырысу, – деп талап-тілегін қабағын ашпастан, зілдене жеткізген жаңа ұстазының сөзін Әлия тек басын изеп мақұлдай берді.

         – Ұқтым, ағай, ұқтым.

         Шынында да, мұғалімінің түрі суық, қалың қасты, үлкен бадырақ көзді, заты қараторы адам. Шымыр денесіне қарап, сескенесің, ал сөйлесе келе, оның қалжыңбас, бала мінезді, жайдары жан екенін түсінесің. Әсіресе тырқылдап, бүкіл денесі селкілдеп күлгенде,  еріксіз қоса күлесің. Сонда да, өз ісінің шебері ғана емес, қатал оқытушы екенін айтпай-ақ түсінесің. Оқудың алғашқы күнінен бастап репертуарды қалай таңдау керек, дауысына қандай әндердің жарасатынын, өз-өзін сахнада қалай ұстау керектілігін тәптіштеп үстіртін  айтып өтті. Басты назар – ән репертуарын таңдауда.     

Ауылда жүргенде, үйдегілердің бәрін далаға шығарып жіберіп, бөлмелерге тазалық жүргізіп, еден жуар кезде Әлия міндетті түрде үлкен айнаның алдында тұрып, опералық әндерді шырқайтын. Эстрадалық емес, неліктен опералық әндерге әуес екенін ол сол кезде өзі де аңғармаған-ды. Енді, міне, Қазақстан композиторларының  опералық әндерінен таңдау жүргізілген кезде, сол өзі шырқаған әндердің барлығы оңай көрінгендігі соншалық, бірден жоғары курстардың әндеріне ұмтылды. Әрине, Мұрат Атақажынов оған қарсылық танытса да, оқушысының дарынына сенді ме, бір-екі әнге ғана рұқсат берді.

Он алты шаршы метр бөлменің ішіндегі жалғыз күйсандық пен ұстаз столынан басқа кедергі келтіретін нәрсе болмағасын, Әлия күніне екі-үш сағаттан ән айтып, ноталарға тілін жаттықтырып, уақытының  көбін дайындыққа бөлді. Кең бөлмеде жалғыз өзі ән салып, аттың басын еркіне қоя бергені соншалықты, кей кездері маңайда көршілерінің де бар екенін ұмытып кететін.

Бір күні осылай еркін тыныстап, алдындағы әндер жинағын бірінен кейін бірін шырқап отырғанда, есікті жайымен ашып, басқа бөлімде оқитын жерлесі Ораздың төбесі көрінді.

– Әлия, сенің дауысың бүкіл дәлізді алып жатыр, ақырын айтпасқа болмай ма? – деп сөйлей кірді. Жерлесінің өзіне көңіл бөлгеніне қуанған  бойжеткен де:

 – Қатты естіліп тұр ма? – деп күліп жіберді.

– Негізінен, сенің дауысыңа бүкіл әнші студенттер қатты таңданып жүр. Көз тиіп кетпесін, әнді албаты айқайлай бермей, ақырындап айт. Ораздың осы бір жанашыр сөзі Әлиянің есіне ауылдағы ағаларын түсіріп жіберді. Олар да осылай үнемі оны қамқорлықтарына алып жүруші еді.  Досының ақылын бойжеткен түсінді. Сонда да сол күні екі жерлес көпке дейін бірі күйсандықта ойнап, екіншісі ән шырқап, бірге ертеңгі күннің сабағына дайындалды. Әнші болудың оңай еместігін жақсы түсінгендіктен, жас студент ұстазының әр сөзін жадына қатал сақтауға тырысты. Таңдаған әндері қаншалықты қиын болса, соншалықты  оны дұрыс айтуға, тынысын кең алып, Мұрат ағасы айтқандай, жеңіл айтуға үйренді. Сондықтан болар, колледж ұжымы  бірінші курс студентін Шымкент қаласында болатын жас студенттердің байқауына жіберуге ұсыныс қабылдап, үш-төрт ай қызу дайындықтан соң, бұлар  Оңтүстікке аттанды.       

Шымқаланың  орталығына жақын орналасқан музыка колледжінің кең залына байқауға қатысушылар  мен  көрермендер лық толды. Бұрын-соңды мұндай көпшіліктің алдында ән салып көрмеген бойжеткен шыныменен сасып қалды. Жалма-жан ұстазына жасқана қарап еді, ол қаннен-қаперсіз күй кешкендей: «Бәрі де жақсы болады, сен – мықты әншісің, мен саған сенемін» дегендей ақырын жымиып қойды.

         Байқаудың басталғанына да біраз болды. Жеребе бойынша сахнаға он екінші болып шыққан семейлік бойжеткен  халық әні «Илигайды» үшінші адам болып орындады.  Солардың ішінде көп ұпай жинағаны да  – өзі. Алдағы кезеңдер бұдан да қиындай түспек.  Қазақстан мен шетел классиктерінің әндерінен болатын сайыс оңайға түспесі белгілі. Сондықтан өздері түскен қонақүйдің бір бөлмесін еркін билеген әнші байқау әндерін үздіксіз қайталаумен болды.  Алайда:

– Байқаймын, өзіңе өте сенімді секілдісің. Ал айтып жатқан әндеріңнің барлығы да дұрыс емес. Ұстазыңның қазылар алқасының жақсы танысы екендігі  көрініп тұр, – деп екі қолын қусырып, үнсіз тыңдап тұрған алтыншы нөмірлі қарсыласының мұғалімін көріп, аузы ашыла таңданып қалды. Сөйтсе, есігін жабуды есінен шығарып алыпты.

Өзін үнемі жақсы, алғыр әншілердің қатарына қосып жүрген студент үшін бұл ауыр  сөз еді. Барлық жарыстарда тек өз күшімен ғана  жеңіске жетуге  тырысқан алып-ұшпа көңілі су сепкендей басылып қалды. Егер де шыныменен ұстазының ықпалы арқылы жеңіске қол жеткізсе, оның несі қызықты болмақ? Ол кімге керек?

Студентінің бірден түсіп кеткен көңіл күйінің себебіне қанық болған ұстазы:

– Сол мұғалімнің айтқанына сеніп қалдың ба? Олар өздерінің оқушылары табысқа жету үшін жолындағыларға осындай аяқ қоюды әдетке айналдырғандар екенін ескертіп айтпаған кінә өзімнен. Мұндай жағдайлар байқау кезінде болып тұрады. Әр ұстаз өз оқушысы үшін тырмысады, – деп  Мұрат ақырын оқушысын арқасынан қаға, кең құшағына алды.  – Екінші рет мұндай сөздерге бой алдырма. Өз күшіңе сен, мен де саған сенемін. Әлияға керегі де осындай қанатты сөздер болатын.

Таңдаған әні жоғарғы курс студенттерінің  репертуарынан болғандықтан, қазылар алқасы да, көрермендер де ықылас қойып тыңдады. Мейлінше тынысын кең алып, әншілердің ән айту дәстүрімен бойын тік ұстап, еркін шырқады. Айтылып жатқан әніне елітіп кеткені соншалық, әншінің өзі де бүкіл залды құлаққа ұрған танадай тыншытып тастады. Ән аяқталар сәтте,  орнынан қол соғып тұрып кеткен республикамыздың халық әртісі Бағиша Сүлейменованы көрген кезде ғана есін тез жинады.  Байқаудың қорытындысы бойынша екінші орынды иеленген жас орындаушыға зор бағасын берген атақты әнші Әлияні Алматыға консерваторияға түсуге шақырды. Мұндай ізгі құрметті күтпеген ұстаз бен оқушы тек иықтарын көтеріп, бастарын изеп, келісім бергендей сыңай танытқандарымен, өздері де ештеңеге сенер емес-ті. Осы сапардан кейін  Мұрат Атақажыновтың оқушысына деген қаталдығы тіптен қиындай түсті.

         Бір күні әлі есінде, қыстың қытымыр кезі болатын. Сыныптағы кезекті дайындығының үстіне кірген жерлесі Ораз екеуі біраз әңгіме шертісіп, бірі күйсандықта ойнап, екіншісі ән айтып, біраз уақыт бірге отырған-ды. Сынып іші суып кеткен соң, қолымыз тоңбасын деген ниетпен жерде тұрған электр жылытқышын мұғалімнің үстелінің үстіндегі шыныға қоя салмасы бар ма.  Бірлесіп фортепианода ойнап, қызу әңгімемен сыныптан шығып кеткен екеуі пештің тоққа қосылып қалғанын ұмытып кетті. Ертесінде ертемен сыныпқа келген ұстазы үстел үстіндегі күйіп кеткен пеш пен сынған шыныны көріп, ашудан қалшылдады. Жалма-жан жолдағы жатақхана кезекшісінің тоқтатқанына да қарамастан, Әлиянің бөлмесін қақпастан кіріп келген ұстазы қаперсіз ұйықтап жатқан оқушысының көрпесін бірақ жұлып ала жаздады. Абырой болғанда, қыз көрпені жылдам тартып үлгерді.

          – Сен, сен ана Оразбен сынып ішінде пеш күйіп, шыны сынғанша, не істедіңдер, а?!

 Ашуы мұндай қатты болар ма, қалшылдап кеткен, аузынан түкірігі шашырап, көзі шарасынан шығып, түрі де түтігіп дір-дір етеді.

 – Неге үндемейсің, айтарың жоқ па!

         Ештеңенің байыбына барып үлгермесе де, Әлия ұстазының баса-көктеп бөлмесіне кіріп, көрпесіне жармасқанын үлкен ерсілік деп ойлады. Сонда да орнынан тұрып, мұғалімінің қалшиып қатып қалғанына да, оның аузынан шығып жатқан небір «әйбәт» сөздерге де, құлақ аспастан, бетін жуып, жиналып, сыныпқа келді. Келсе, өзімен бірге оқитын үш курстың студенттері үрпиісіп-үрпиісіп Мұрат Атақажановты күтіп отыр екен. Кіре пешті қойған жердің ыстыққа төзбей, шытынап сынып кеткенін көрді.

          – Аға, бағанадан ашуланып, осыншалықты «жақсы» сөздер айтқанда, жеткізейін дегеніңіз шынының пештің ыстығына шыдамай сынып кеткені ме, әлде Ораз екеуімізді үстел үстіне шығып, сынғанша басқа бірдеңемен айналысты деген арам ойыңыз ба? Соншалықты не бүлінді? Менің көрпемді жұлқитындай қандай қылмыс жасадым? Тоңып кеткендіктен, қолымыз күйсандықта ойнауға келмегесін, пешті биігірек, үстел үстіне қойдым. Бар болғаны сол ғана. Содан сынған.

         Мұрат өзінің тым артық кеткенін енді түсінгендей, үнсіз орындығына барып отырды.

          – Сабаққа кіріселік.

         Әлия ұстазының не деп міңгірлегенін ұқпады, жасқа толған жанарын қатал мұғаліміне көрсеткісі келмеді әрі намысы қатты тапталғандықтан, беті шыдап тұра да алмады. Сыныптан үнсіз шығып кетті. Сол кеткеннен ол сабаққа үш күн қатарынан бармады. Тек төртінші күні ғана Мұрат есігін қағып кірген кезде, тағы да үнсіз отырып тыңдады.

         – Әлияш, кешіре алсаң, кешір, айналайын. Мен сенен үлкен үміт күтемін. Сен келгелі үшінші жылға аяқ басып барады, болашағың жарқын болуы үшін, саған бар білгенімді үйретіп келемін. Күйеуге тиіп немесе басқа да бір себептермен оқи алмай қалар ма екен дегенде, ұйқым шайдай ашылып кетеді. Ана Ораздың қармағына түсіп қалып, алданып қала ма дегенде де, зәрем кетеді. Өзім де қыз ұстап отырмын, айналайын, осыны түсінсең екен.

Түсінді. Өйткені ұстазының өзіне деген қамқорлығынан орын алып отырған келеңсіздік екенін де ұқты. Кешіріп, сабағын жалғастырмасқа басқа амалы да болмады.

          

 

                                                      ***

Таң  арайланып енді атып келеді. Вагонның іші тым-тырыс. Бәрі шырт ұйқыда. Түніменен кірпік ілмей, балалық шағын есіне алған  әйелдің көңілі алай-дүлей. Басын көтеріп ақырын қарап еді, Алтайдың үстіне  жамылған көрпешесі сырғып түсіп қалыпты. Орнынан тұрып, қаперсіз ұйықтап жатқан  көршісін қымтап жапты.  Еңкейе бере, теріс қарап ұйықтап жатқан  оның құлағының түбіндегі сүйелшеге көзі түскені сол екен: «Құдайым-ау, әкеге де осылай бала тартады екен-ау» деп таңданғанынан таңдайын қағып-қағып жіберді. Әлидің де құлағының дәл осы жерінде, осындай көлемдегі сүйелше болған-ды.

Таныс сүйелге көзі түскен келіншектің көз алдында оның ұлы емес, әкесінің өзі жатқандай елестеді.

 

                                                    ***

 

          Әли сол кеткеннен хабарсыз кетті. Не хат жазбады, не хабарласпады. Тек бірде ауылға барған кезде, Динараның сыпсықай тілінен оның «қалада бір қызым бар, ауылда Әлиямен жүремін» дегенін естіген еді. Сол кездегі жылағаны әлі күнге дейін есінен кетер емес. Ашудан, қимастықтан, жақсы көргендіктен жылады. Ауылына келген кездері Әлиді көрмесе, өмірі бос қалғандай сезінетін. Енді, міне, жатса да, тұрса да, басқа қызбен қол ұстасып, махаббат қылын шертісіп кетіп бара жатқан жігіті елестейді де тұрады.  Қанша ұмытамын деп талпынса да, ұмыта  алмады. Қайда жүрсе де, санасында тек  Әли. Ал ол болса қиыр бір шеттке әскери борышын өтеуге кетіпті.

         ... Қазақстанға еңбегі сіңген әртіс болғандықтан,  Мұраттың халық алдында есеп беру концерті жоспарланды. Оған «Ақсисаны»  екі дауыста айту үшін, Әлия да дайындалды. Көптен күткен концерттің мерзімі келген кезде, Семейдегі ең үлкен Мәдениет сарайы жергілікті тұрғындарға толды. Алғаш байқауға барар кезде арнайы тіктірген көйлегінің сыны бұзылмағандықтан, Әлия сол көйлегін осы концертке киюді ұйғарды. Тек әнді нақышынан ауытқымай, дұрыс орындап шықса болғаны. Кезек өздеріне келер сәтте, қыз саса бастады. Оқушысының қатты абыржып тұрғанын сезсе керек:

 – Қорықпа, күліп шық, сосын маған қарап тұрып айта бер, – деді де, ұстазы жол бастап сахнаға шығып кетті. Артынан ілесе шыққан студентті көріп, ешкім таңырқамады. Ұстазы мен шәкірті дуэт айту – дәстүр жалғасы.

– Әлия, саспа, ойыңды жинақта, бар өнеріңді сал, – мұны  айтып тұрған Мұрат ақырын езу тартып қояды. Онысы: – «мен сенімен біргемін» дегені. Сүйемелдеуші оркестр мен дирижердің мезгеуімен әнді бастап кеткен ұстазына ерген Әлия басында абдырап қалса да, бойын тез жинақтады. «Ақсиса» ерекше шырқалды. Әсіресе қолынан ұстап алған  Мұрат ұстазының қанатын кеңге жайып, жайқалта шырқағанына еліткен оқушысы да қалыспады. Дуэт оңынан, әдемі шықты. Ән бітісімен, гүлдерін беріп, рахметін айтып жатқан жұртшылықтың кейбірі сахнадан табылды. «Мені кім таныр» дейсің деген кісіше шеткері тұрған Әлияға біреу бір құшақ гүл сыйлап:

 – Қадамың қашанда осындай сәтті болсын, – деп тіледі. Гүлді ала бергенде байқады, Мұрат Атақажыновтың зайыбы –  Майра апай.

         Жүрегін мақтаныш пен қуаныш қатар кернеген әнші, шынымен де, бақытқа бөленді. Елдің алдына шығып өнер көрсетті. Көрсеткен өнері бағаланып, рахмет айтып, гүл сыйлады. Бейне бір Алматының үлкен сахнасында тұрғандай әсер алды. Егер оқуын осылай жақсы жалғастырып, ізденетін болса, оның табысты боларын да  нақты сезінді. Тек талмай еңбектену, іздену және білімін жетілдіру қажет.

         – Не ойлап кеттің, есіңе бүгін кешкі поезбен ауылға қайтатының түсіп, ата-анаңды сағынып кеттің бе?

Күлімсірей келіп, оқушысын ыстық құшағына алған Мұрат айтқан алғысы ретінде оның бетінен сүйді.

 – Бұл сенің әншілік карьераңның бастамасы ғана. Алда  көп дайындықтар, ізденістер күтіп тұр. Бара ғой, жатақханаға барып дайындал, кешкісін поезға өзім шығарып саламын.

         Әлияда не дайындық болсын, кішкене қол сөмкесі мен бауырларына алған азды-көпті тәтті-дәмдісі болмаса. Есесіне үлкен нәтижелі еңбегін көрсетті. Үйіне де мақтана жеткізетіні осы – бүгінгі концерті. Поезд бірінші жолға келіп тоқтағанда, сағат тілі түнгі он бірді көрсетті. Түнде біреу-міреулер тиісер деген оймен  Мұрат Әлияні шығарып салу үшін бекетке келді. Бағанағы концертінің тамаша шыққанын маңайындағы жақындарына «жуғаны» бар, аздап қызыңқы.

– Әлияш, – дейді сыбырлай сөйлеп,  – сен ауылға барған соң, күйеуге шығып кетпе, жарай ма, саған әлі оқу керек, сенен үлкен опера әншісі шығады. Дауысыңды орнына қойдық, таза сопрано шықты. Алла амандығын берсе, мен де консерваторияға жұмысқа орналасамын, сонда сені өзіммен бірге ала кетем. Тек күйеуге кетіп қалмашы.

 Соңғы сөзді айтқан кезде, неге екені белгісіз, ұстазының жанары жасқа толып шыға келді. «Шынымен де, соңғы уақыттары осы кісі біртүрлі көңілшек болып жүр» деп ойлады Әлия оған аяй қарап. Сабақ кезінде ұзағынан ойланып отырып қалады немесе қайдағы бірдеңелерді сылтауратып, қасынан шығармай ертіп жүреді. Тіптен үйіне де бірнеше рет ертіп апарды. Бар айтатыны – «күйеуге кетіп қалма».

         Ауылда Әлия көпке бөгелмеді. Құрбысы Ажардан бар жаңалықтарды естігені болмаса, өзі үйден аттап шықпады. Ол Әли, , Мейрам, Бәкірмен хабарласып, хат алысып тұрады екен. Қыздардан да ешкім қалмаған сыңайлы. Тек құрбысы ғана ата-анасы мен бауырларына қарап, ауылдан шыға алмай қалған. Енді досымен бірге Семейге кетпек. Бұл да қуанышты жағдай. Ең жақын құрбысы қасында болмақ.

         Иә, ауыл тірлігіне не жетсін. Келген он шақты күнін үйдің сыртын сылап, бауырларының жыртықтарын жамап, түбіт түтіп, кір жуып дегендей, бірқатар жұмыстардың басын қайырған Әлияға кетерінде әкесі «ұстазыңа берерсің» деп бір қой сойып берді. Онысы қызына деген қамқорлығына айтқан алғысы болатын. Ауыр сөмкені көтеріп, таксилетіп келген Әлияні ешкім қарсы алмады. Пәтері бесінші қабатта болғандықтан, студент қыз ұстазын есіктің алдына бір шығар деген үмітпен ұзын орындыққа жайғасты. Жарты сағаттай отырып қалғаннан ба, әйтеуір, шаршағанын да сезінді. Енді не болса да терезеден айқайлап, біреуін шақырайын дегендей басын көтеріп, орнынан тұра бергені сол еді, анадайдан тұқыраңдай басып келе жатқан  Мұрат көрінді. Ашулы сияқты. Ешкімді байқар емес. Адымдай басып, қасынан өте бергенде:

– Ағай, – деген Әлиянің дауысын естіп, қалт тұрып қалды. Ауыр сөмкемен әрі өз үйінің есігі алдында тұрғанын көргенде, есі шыға, айқара құшақтай алды.

– Әй, сен қыз тезірек оқуыңды бітірсең екен, келмей қала ма деген қорқынышпен ерте қартаятын болдым ғой, – деп күліп жатыр. Осы кезде  балконға шыққан Майра да ерінің Әлияні құшақтап тұрғанын көріп, айқай салды:

         – Кірсеңдерші үйге.

          – Астыға түс, Әлиянің сөмкесі ауыр, көтерісіп жібер, – деп ағасы әйеліне қайта дауыстады. Әйелдің аты әйел ғой, ауыр сөмкені көрісімен, қалай бірінші қабатқа жетіп келгенін өзі де аңғармай қалды.

         – Мынаның ішіне тас салып алғансың ба, не деген ауыр, – дейді мықшыңдай көтере берген Мұрат.

         – Әкем бір қойдың етін салып жіберді.

          – Қызық екен, танымайтын біреуге қой жіберіп, не, малдарың көп пе?

          – Көп сөйлемей, тезірек жүрсеңші, шаршап кеттім ғой, – деп Майра апай тіптен ентігін баса алар емес. Ақыры, бірде тоқтап, бірде жүріп, пәтерлеріне де жетті.

         – Әлия, сен ваннаға кіріп, жуынып ал, оғанға дейін ас та дайын болады.

Қолына сүлгіні ұстатқан үй иесінің сөзін далаға тастамаған бойжеткен ваннаға кіріп кетті.  Біраз демалып, ыстық шайға қаныққан қызды кешкісін Мұрат жатақханаға дейін шығарып салды. Оқушысын көргеннен соң ба, әлде басқадай бір себептері бар ма, мұғалім тым көңілді. Арасында қолынан ұстап немесе арқасынан қағып, құшақтап қояды.

          – Биыл екеуіміз Алматыға барып, баяғыдағы Бағиша Сүлейменова апаңа  сыннан өтіп келеміз. Өзі де сені алып келсеңші деп мазамды алып бітті. Сосын бәрі жақсы болса, сонда оқуыңды жалғастырасың, ал мен мұғалімдік қызметке қалам.

Әлия ұстазының осыншалықты жоспарлары барын білмепті. Бәрі тек өзіне ғана арналғандай.

             Опера әншісі болу үшін, тек дауысың ғана болумен бірге, ән айтқан кезде, алған деміңді ұтымды жұмсауың – басты қағида. Нотаны білу мен оны жатқа айтудан бөлек, оны халыққа сол қалпында жеткізе білу әншінің ұтқырлығында. Сондықтан ән орындау тәжірибесін  ұстаздың әрбір қимыл-қозғалысынан, тұрысынан, орындау шеберлігінен, ауызды кеңінен ашып, дем алу мүмкіндігін – бәрін-бәрін қатаң игеруді әлі де болса жетілдіре түсу қажеттілігін сөз етті. Сонда да жатақханаға дейін шығарып салған ұстазы да, өзі де болашақтарының  жарқын болатынына күмәнсіз сенді. Соңғы курстардың сабағы әлдеқайда ауыр болатынын Әлия білген-ді. Сондықтан да бос уақытын тиімді пайдалануды ұйғарып, сыныбынан шықпай, үнемі сабаққа дайындалуды қолға алды.

Қыстың қытымыр кездерінде  үш сағат демалмастан әнді айта-айта дауысы қарлығып қалған соң, далаға шығып, кеңінен тыныстап дем алып, сыныбына қайта оралуды да әдетке айналдырған. Суық ауа бірден қолқасын қарпып, денесі жеңілдеп, сергіп сала беретін.

         Бір күні ыстығы кенеттен көтеріліп, қатты ауырды. Суық өтіп кеткен тәрізді. Көктемнің қара суық уақыты ғой. Оның үстіне  театр мен училищенің арасында шапқылап ертелі-кеш жүресің. Әжетханаға да жиі барғыштап кетті. Училищенің әжетханасының жағдайы белгілі, ешқандай санитарлық тазалықтан ада,  лас еді. Содан жиіркенді ме, әлде басқа себебі болды ма,  денесіне жара қаптап, мазасын алды.   Ыстығы түспей, оның үстіне тәніндегі жарасы жүргізбеген соң, Ажарды ертіп студенттер ауруханасына барды. Гинеколог дәрігер ұзақ қарады. Сұрамаған сауалы, естімеген жауабы қалмады.  Қасындағы медбикеге орысша бұларды мезгеп, дәрігер тілінде біршама бірдеңелерді айтқан болды. Өзі де дамылсыз түртпектеп,   айбақ-сайбағын шығарып әлденені жазып жатыр. Тіптен асығар емес, не ешкімнен ештеңе сұрамайды. Анда-санда ала көзімен жиіркенген сыңайлы қарап қояды.

Дәрігердің шешімін күтпей кетуге ыңғайлана бастаған кезде, кабинетке екі еркек дәрігер келіп,  ауру туралы қағаздарды алды да:

 – Жүр! – дегендей есікті нұсқады. Ажарға ештеңе деп айтып үлгермеді де. Алды-артына қаратпастан дедектете жөнелген дәрігер арқасынан нұқыңқырап, жедел жәрдем мәшинесіне кіргізіп жіберді.

           Қайда алып бара жатыр? Не болды, немен ауырады? Неліктен олар жиіркенішті қарайды? Жедел жәрдем машинасы таза, ішінде аспаптары болушы еді, мына машинада түк жоқ, тиелген жүкпен бірге қайда әкеле жатыр?  Түкке түсінсе бұйырмасын. Терезеден қарап еді, қаланың ортасымен келе жатқанын байқады. Әне, бір цемент қорғанның ішіне кіріп барады. Сұмдық-ай, милиция иттерімен жүр, жан-жағын темір тормен қоршап тастапты. Әлия түрмеге түскен екенмін деп шошып кетті. Сонда  не үшін?

Бір қабатты ұзынша етіп салынған барақ, не ауруханаға, не түрмеге ұқсамайтын, әйтеуір иттерімен милиция күзететін, темір тормен қоршалған ауланың ішіне орналасыпты. Сенделіп жүрген аурулар. Бірақ жандарына батып, қиналып, ауырып жатқандай емес. Әлияні машинадан түсіріп жатқанын көріп, таңданғандықтан тұрысып қалды. Әр қараған жанардың ар жағында «Сен қайда түскеніңді білесің бе?» деген сұрақ тұрғандай. Бес-алты әйел жатқан бөлмеге ертіп келді де, шетте тұрған төсекке жапқыштарды  лақтырып жіберіп:

 – Осында жатасың, –  деді де,  ертіп кірген милиция әйел қайтадан шығып кетті. Жан-жағына жалтақтай қарап, мүсәпір күйге түскенін өзі де аңғармай қалды. Жатқан әйелдердің барлығы дерлік жастар емес, орта жас шамасындағылар. Ішінде жүкті әйел де бар.

         – Сені қай жерден ұстап алды? – деп қылмыскермен сөйлескендей сұрады бір  мосқалдау әйел.

         – Өзім келдім. Дәрігерге көрінуге. Содан осында алып келді, айтыңыздаршы, қайда алып келді, аурухананың аты не?

         – Аурухананың аты – Люев, яғни мерез ауруымен ауыратындар жататын жерге әкелді, – деді кекете сөйлеген біреуі. Өзінің осы жерге түскеніне өкінбейтін адамша сөйлейді. Мұндай дертті білмек түгілі, атын естіп көрмеген Әлия көзі шарасынан шыға төсекке құлады. Ыстығы қайта көтерілді. Ешкім қасына мынау адам екен-ау деп келіп, аузына бір тамшы су тамызбады.  Аты аталған аурулардың жақсы ауру еместігін, күзеткен милицияларға қарап жобалаған бойжеткен қандай күйге тап болғанына түсіне алмады. Бар ұққаны – құқық қорғаушылардың  әр түскен науқаспен қылмыскерше сөйлесіп, сені ауру деп есептемейтінін аңғарды.

Жұманың аяғына қарай әкелініп, сенбі, жексенбі қараусыз қалған үш күнде  ол ыстық температурамен арпалысып шықты. Кабинетіне шақырып тексеріп, халін білген дәрігер болмады. Сөйтіп, үш күн қараусыз жатты. Сен ашсың ғой, тамақ ішсеңші деген бір адам табылмады. Қасында бірге жатқандардың өз проблемалары жетерлік көрінеді. Оған көз қырын салуға да дәрмендері жоқ.  Аштық, дене қызуының қайта-қайта көтерілуі басын жастықтан көтертпеді. Еріндері кеберсіп, қабыршақтанып түсіп жатыр. Оған жағатын май да жоқ. Аузын ашса, қан сорғалап қоя береді. Қашан дүйсенбі болғанша,  әрбір минуты бір ғасырға созылды. Күн өткен сайын ауруы асқынып, мүлде аяғын баса алмай қалды.

 Бүгін дүйсенбі, көптен күткен сағаты да жетіп, дәрігердің шақыруын тағатсыздана күткен қызды сағат тоғыздар шамасында шақырды. Екі еркек дәрігер отыр екен. Біреуі орыс, екіншісі  кәріс ұлтынан.

– Иә, кіммен төсектес болдың? Ол  жігітің мұнда неге келмейді? Немене, сендерді қуып жүріп ұстайтын милицияны ерігіп жүр деп ойлайсыңдар ма, а? – деп мысқылды  сауалмен қарсы алған орыс дәрігеріне не деп жауап берерін білмей, қалшиып қатып қалған қыз біраздан соң барып тілге келді.

  – Ешқандай еркекпен болған емеспін.

         – Қане, шық креслоға, көрейік, – деп  екіншісі де жылы шырай танытпады.

         Жара басып кеткен денесін қарап отырған кәрістің жанарының жылтың етіп,  күлімсірегенінен жақсылықтың нышаны байқалғандай.

         – Тез, жедел жәрдемді шақыр. Кәріс дәрігер орысқа  нұсқау берді де, сүйемелдеп орындыққа отырғызды.

–  Мына жерде елдің заттарымен денеңді жуған жоқсың ба?

         – Жоқ.

         – Неге ауруыңды асқындырып алғансың? Қыз бала деген өзін-өзі күтуі керек емес пе? Дертің біздің дертке ұқсамайды, қазір таза анализ алу үшін мединститутқа зертханаға апарамын, сараптамаң таза болса, үйіңе қайтасың. Қазір киін де, дәлізде күте тұр. Қатты күйзелісте тұрып,  дәрігердің айтқан сөздерін шала ұққан Әлия осынау адам төзгісіз жерден кететініне қуанды. Ұзын, қараңғы коридорда басын ұстап, жалғыз отыр. Өмірінде бірінші рет ауырып, осылай қиямет-қайымның ортасынан бір-ақ шыққанына сене алар емес. Шын пейілімен Алладан мынадай жаман ауруға тап қылғанша,  өкпе ауруын жіберуін сұрады.

         Люев дертіне шалдыққан адамдардың қатты қуғынға түсіп, жұмысына немесе оқу орнына хабарланып, милицияның қарамағында болатын кейбір заңдары бар екен. Қатал бақылау мен адам төзгісіз қарым-қатынас кез келген науқастың жанын жаралайды. Ештеңеден хабары жоқ, қапыда  «Люев» ауруысың деп жалған дертті жапсырып алғанына жаны қатты жаншылған Әлиянің құлағы естуден, тілі сөйлеуден қалды. Тек сынып кетпесем екен деп іштей тілеуде. Осында түсіп-шыққанын тірі жан білмесе екен, әсіресе ұстазым естімесе дегенде, дала безіп қаңғып кеткісі немесе ағылып жатқан поездың астына түсіп өлгісі де келді.  Иә, оның өлгісі келді.

         Бағына қарай, сараптама қорытындысы таза шығып, жаны мен тәнінің ауырғанына қарамастан, жалғыз досы Ажардың үйіне қарай тартты. Қаланы қанша жаяу жүргені белгісіз, аяғы қажалып, қаны шыққанын досының үйіне келгенде бір-ақ көрді. Түрінде қан-сөл жоқ, еріндері кеберсіп жарылып кеткен, үстінен жағымсыз иіс шығып, денесі қалтырап тұрған құрбысының мына түрінен қорқып кеткен Ажар дереу су жылытып, досын күту қамына кірісті. Әлиянің тірі екенін көзінен аққан тамшылар ғана білдіріп тұрғандай.

         – Әлия, сені жоғалтып жатсақ, амансың ба, не болды, қайда болдың? Түрің не болып кеткен? Әлия деймін, саған не болған?

Ол жүре сөйлеп, досын жуындырып, ішкісі келмесе де қысап отырып бір-екі түйір дән жегізіп, құрбысын диванға жатқызды. Ауруханадағы келеңсіз оқиғалар мен иттерін абалатқан милициялар көз алдынан кетпей, мазасы кеткен бойжеткен талықсып ұйықтап кетті. Оның қандай жерге түсіп, қандай қиындықтар көріп келгенінен хабарсыз Ажар бір жайсыз оқиғаның орын алғанын сезді. Бағана құрбысын жуындырған сәтте тәнін жара басып кеткенін қорқа есіне алды. Десе де, жаман ойдан аулақ болуға тырысты. Құрбысының сұрақты күйін түсінген Әлия басынан өткен жайттарды үстіртін ғана баяндап өтті. Жатақханаға келген соң да, қасындағы бөлмелестерінің сұрақты жүздеріне тіктеп қарай алмады. Тек қатты сырқаттанып қалғанын жеткізді. Олар да айтпай түсінген болулары керек, сабаққа кетерлерінде қасына орындықты жақындатып, оның үстіне тамақ салынған тарелка мен ыстық шайды дайындап қойып кетіпті.  Дерті мазасын алған қыз сол түнде дөңбекшіп шықты. Су ұрттамақшы болып орнынан тұра бергенінде, есікті қағып, Мұрат  кіріп келді. Оқушысының өң мен түстен жұрдай  түрін көріп, аңтарылып біраз тұрды да,  төсекке жалп етіп отыра кетті.

         – Неге хабарламадың?

         – Нені?

         –  Люев ауруханасына түсіп шыққаныңды.

         – Дәрігердің жаңсақ қойған диагнозының арқасында үш күн сонда жатып қалдым. Онсыз да көресімді көріп келдім, енді сіз мазаламаңызшы. Әл-дәрменім жоқ, әке-шешеме жетейінші, соларға барғым келеді, – деп анасы есіне түсіп кетіп еді, екі иығы селкілдеп көз жасына ие бола алмай, зар  жылап қоя берді.

         – Онда түскеніңді директор екеуіміз ғана білеміз, басқа ешкім білмейді.

         – Біле беріңіздер, жаман дерттен аманмын. Тап-таза, саумын, сосын ғой босатып жібергені! Сіз білесіз бе науқастарды милиция иттерімен күзететінін? Ол жерге түскен адамды ит орнында ұстап, науқас емес, жезөкшедей көретінін білесіз бе? Мені қалай шықты деп ойлайсыз, сау болған соң. Менің  дертім басқа, бірақ қандай ауру екенін білмеймін. Бұл жерден кеткім келеді, кеткім!

 Тік сөйлеп, бетіне қарсы келеді деп ойламаған ұстазы не айтарын білмей  үнсіз қалды.

         – Сабақ бітуге бір айдай уақыт бар. Оның үстіне Алматыға барамыз деп келіскенбіз. Оқуға кіріс, төрт күн сабақта болған жоқсың, директормен өзім сөйлесемін.

         – Сөз саптауыңызда өзгеріс бар. Сіз де мені жаман қылыққа салынған жандармен шатастырып тұрғандайсыз! Алдыңызда қарабет адамға ұқсап тұрғанымды сеземін. Бірақ қайталап айтамын, ондай жаман аурудан саумын! Сабағын ары қарай жалғастырсын, оқысын деп ойласаңыз, міне, мынау – мен түсіп шыққан жердің мекенжайы. Барып дәрігермен сөйлесіңіз, көзіңізді жеткізіңіз. Сосын бірақ оқуға кірісемін. Оғанға дейін жатақханадан ешқайда да шықпаймын. Жұрттың  көзіне түскім келмейді, – деп шырылдай жылаған қыз төсегіне қайта құлады.

         Жиырма  жасқа  толмай жатып, өмірдің  ащы тозағына түсіп, етіне таңба басылғандай сезінді өзін. Айтқанында тұрып, сабаққа да бармады, жатақханадан шықса болды, «сен қайда болдың?» деп бәрі сұрай жөнелетіндей қорықты.

Бүгін үшінші күн орнынан тұра алмады. Тағы да жедел жәрдем шақыртып көріп еді, олар да «тексеріліңіз» дегеннен артық ештеңе айтпады. Тек түс ауа  Мұрат  тағы есігін қақты. Бұл жолы аздап болса да сергіп қалған оқушысын көріп, өзі де қуанып кетті.

–  Әлияш, киіне ғой, біздікіне барып, апайыңның дайындап қойған тамағынан ішейік. Біраз ойың бөлініп, сергіп қайт. Кешке жаяу қыдыртып, өзім әкеліп саламын. Ағасының «Әлияш» деген сөзін естігенде, өзін бейне бір бейшара сәби баладай сезініп, көзіне жас толып кетті. Үнсіз жүре киініп, ұстазының артынан еріп далаға шықты.  «Барсам барып келейінші, тым болмағанда далаға шығып, таза ауа жұтармын»  деп ойлады. Иә, таза ауа... аты ғана таза ауа...заты...

 Семейде қайдағы таза ауа? Елу жыл жарылған бомбадан қандай таза ауа қалды деп ойлайсыз? Бір жеріңді жазатайым кесіп алсаң, дәрігердің көмегінсіз жазыла алмайсың. Адамға ұқсап көшеге шықсаң немесе  қыдырайын деп саябаққа барсаң, балдаққа сүйенген  жастар, немесе арбада отырған мүгедектер, кейде алдыңнан қол-аяқтары шолтыраңдап шыға келген кезде, қарадай шошып қаласың. Бұл сұмдықтың бәрін осы Семейден кездестіресің. Дертінің де осылай ләзде өршіп кеткені осы Семейдің ауасының келеңсіздігінен. Дәрігердің түрі анау –  сау адамды ауру етіп машинаға салып жіберіп, бүкіл өміріңе таңба басқандай етіп қоя берді. Дегенмен  жанымыз  сірі екен.  Адам төзбес қиындықты көріп отырып, өмірді  қимайсың. Әлия шыныменен өмірді қимайтынын түсінді.

         Үйге таяған оқушы мен ұстаз балконға шығып, жан-жағына бағдарлай қарап тұрған Майра апайды көрді. Бұларды көріп, қуанып кетті. Апай да бар мән-жайды естіген шығар. Мұрат аға айтпады дейсің бе. Не істесем екен? Қазір жиіркеніп, тыжырынып отырса қайтем? Бекер-ақ келген екем. Үлкен кісілер менің пәктігіме сенбейтін шығар деген дүдәмал ой Әлияні қозғалтпай, бір орнында тоқтатып тастады.

         – Әлия, неге тоқтап қалдың? Жүре ғой, бәрі жақсы болады, жасқанба, бұл да өз үйің емес пе келіп жүрген.

Үлкен табаққа салынған ет ортаға қойылды. Үйдің иесі болғандықтан, Мұрат тамаққа бата жасап, етті турауға кірісті. Босқа отырғанша, «мұжи отыр»  деп бір жілікті  де ұстатты. Басында  ыңғайсызданып қолымен шұқылап отырған еді,  тәбеті ашылып кеткен болуы керек, бір кезде жілікті түгін қалдырмай мүжып тастағанын үйдегілер бұрын байқады.

 – Папасының мал жағының маманы екенін Әлияш көрсетіп тастады, жарайсың, – деп разылықтарын білдіріп тастады.  

         – Айналайын, – деп сөзді алдыменен Майра апай күмілжи бастады.          – Біз бүгін сен айтқан ауруханаға бардық. Ағаң екеуіміз көзімізбен көріп, жанымыз түршігіп қайттық. Дәрігермен сөйлесіп, ешқандай кінәңнің жоқтығына, одан ана студенттер дәрігерінің тікелей білместігі екенін есіттік. Сотқа береміз десек те, біздің оған толық құқымыз бар. Бірақ жабулы қазанды жабылған қалпында қалдырсақ па деп ағаң екеуіміз шештік. Өйткені, амандық болса, сен үшіншіні тауысасың, ертең диплом қорғайсың, болашағыңның жарқын болғаны саған да, бізге де жақсы. Біз сенен безінбейміз, қайта саған көмектесуге дайынбыз. Жазықсыздан-жазықсыз қандай жерге түсіп шыққаныңды көргенде,  жанымызды қоярға жер таппадық.  Құдай басыңа түсірді, көрдің, көндің, бәрі артта қалды. Енді тезірек қаралып, денсаулығыңды түзей жүріп, сабағыңа кірісе ғой. Біз жанұямызбен саған осыны тілейміз.

  Мұрат та қостағандай басын изеді.

         – Жарайды.  

Әлия тамағына тығылған өксікті ары жібере алмады. Көзінен аққан жас сорпасына тырс-тырс тамды. Ең бастысы, жанына жақын жандардың адалдығына көздері жетті. Енді бұл кісілердің алдында басын тік көтеріп жүре алады. Үлкендердің таланты мықты қыздың еңсесін түсірмей, ел қатарлы сабағынан қалмай, дәріс алуды жалғастырудың қаншалықты маңызды екенін айтқылары келгенін бойжеткен айтпай-ақ  түсінді.

Жатақханаға дейін ұстазы екеуі әңгімелесіп, жаяу келді. Қолтығынан демей ұстаған Мұрат көңілін көтергісі келді ме, әр нәрсенің басын бір шалып, күлдіріп бақты. Арасында құшағына қатты қысып, басынан еркелете иіскеп қояды. Оқушысына асқан мейірімділікпен қарайтын ұстаздар көп емес. Қол ұшын беру де екінің  бірінің қолынан келе бермейді. Шәкірт пен ұстаз арасындағы сыйласымдылық  өрге жетелемесе, кері тартпайтыны тағы белгілі. Осы бір жан сыздатар оқиғадан кейін бойжеткен тізгінді қайта қолына алмаққа бекінді. Ертемен студенттер емханасына барып, қайтадан дәрігерлік тексерулерді жалғастырды. Сараптамалар қорытындылары жақсы болса да, анда-санда ыстығы көтеріліп, тез шаршап қалатын болып жүр. Баяғыдағыдай екі-үш сағат ән салуға да шамасы келмей қалады. Тынысы да тұрақсыз. Сонда да Әлия емделе жүріп, сабағын тастамады. Алматыға барып, Бағиша Сүлейменованың сынағынан өтуге де аз уақыт қалды. Енді жанталаспаса болмайды. Өз ойын осылай деп жинақтаған  қыз кезекті сабағына бет алды.

– Оу, Әлияш, көптен көрінбей кеттің ғой, өзіңмен бөлісетін біраз сырларым бар еді, – деп анадайдан құшағын жайып келе жатқан досы Оразды көріп, ыңғайсызданса да, қарсы жүрді.

  • Менің жерлесім неге соншалықты іздеді екен, а?

 – Кәдімгідей сені таппай қалдым ғой. Ана денешынықтыру пәні мұғалімі – Нәзираны білесің ғой, соған ғашық боп қалдым. Бір-екі рет кездесуге шақырып едім, «ұстаз бен оқушы кездесуге болмайды» деп келмей қойды. Енді не істесем деп ойлап жүрмін. Қандай ақыл бересің? Досының риясыз осынау келбетіне Әлия қашанда разы. Арамдығы жоқ, аузын ашса, жүрегі бірден көрінетін бауырмал жан.

– Ораз, шынымен де, менің ойымша мұндайда байқау керек. Ол –мұғалім, ал сен – студентсің. Сырт көз біліп қойса, саған да, оған да оңай болмайды. Келесі жылы оқуыңды бітіресің ғой, аздап шыдасаңшы.

 – Одан айырылып қалсам қайтемін?

 – Басқа амалың жоқ, достым.

Сабаққа кешігіп барамын дегенді жүре айтқан Әлия оны сосын асықпай сөйлесейікке шақырды. Десе де Ораздың Нәзираға деген шынайы ғашықтық сезімін құрметтеді.

          Бұрындары Әли екеуінің де осылай бір-бірлеріне сезімдерін жеткізе алмай, көпке дейін қиналғандары есіне түсіп кетті. Кездесуін кездесіп, уақыттарының көбін бір-біріне мөлие үнсіз қараумен өткізетін. Екеуінің де тілдері байланып, бар ішкі сезімдерін сүйсіне қараған көз жанарлары арқылы білдіруші еді. Иә, ол кездесулер керемет еді ғой.

Әлі есінде, Әлидің Алматыдан келген кезі болатын. Бәкір, Дидар, Ажар, Айман және Әли алтауы Әлиянің жазғы отжақпасының ішінде отыр. Күн жаңбырлы болғандықтан, тапқан паналары осы жер. Отжақпаның ішінде кішкене төсек пен есік аузында атасының ер-тоқымы, оның қасында ұзынша жер орындық тұр. Еркіндік танытқан Әли Әлияні бірден төсекке қарай жетелесе, Дидар Ажарды алып, ер-тоқымның үстіне қонжиды. Ал Айман мен Бәкір орындыққа отырды.

– Ажар, мін артыма, қазір сені алып қашамын! – дейді қалжыңбас Дидар  қызын ер-тоқым үстіне отырғызып жатып. Бәкір мен Айманның ешкімде шаруасы жоқтай шүңкілдесіп кетіпті. Бұл кезде Әли үстіндегі қалың күртешесін шешіп, Әлия екеуі бастарын бүркей төсек үстінде отыр. Арада біраз үнсіздік орнады.

– Әлия, осылай аналарға бетімізді ашпай, біраз отыра тұрайықшы, не ойлар екен, ә? – деп сыбырлай сөйлеген Әли қызды құшақтап, бауырына тартты. Қыз да тартынбады, жігітінің құшағына ене берді. Бір кезде:

 – Әй, екі ғашық, бастарыңды бүркеп алып не істеп кеттіңдер, біздің де отырғанымызды естеріңнен шығармасаңдаршы, – деп Дидар шыдамсыздана тіл қатты.

– Нең бар, ішіміздегі нағыз ғашықтар осы екеуі ғой, отырсын. Кедергі болсақ, біз кете берейік, деп Бәкір де досын қоштады.

Көздері жұмылып, айқасқан құшақтар бір-біріне ынтыға жабысып, айырылар емес. Тіптен достарын шынымен де ұмытып кеткендей. Десе де біршама уақыттың болғанын есінен шығармаған Әлия орнынан тұрды.

 – Достар, үйге қайтатын мезгіл жеткен секілді.

– Неге асықтың, тағы  бес минут осылай үнсіз отыра тұрайықшы, деген Әлидің сөзін де елең қылмай, шығар есікке қарай беттеді.

 – Бүгін үйге тағы кеш келсем, мені мүлдем көре алмай қаласыңдар, үйдің іші рұқсат етпейтін болады.

Сүйіктісінің еш бүкпесіз ертеңін ойлағанын түсінген Әли атып тұрып, қыздың қолын алды.

 – Ертең міндетті түрде келем, шығатын бол...

...Сол түнгі кездесудің, төсек үстінде күртешені бүркеніп, құшақтасқан ғашықтардың демдерін іштеріне тартып, бар сезімдерін аялай ұстаған алақандары арқылы сезінгендері балалық шақтардың ұмытылмас елесі болып қаларын екеуі де сол сәтте сезбеген-ді.

Бойжеткен Әлиді қатты сағынғанын түсінді. Сонда да оған деген өкпе-реніші де басылар емес. Тым болмағанда, бір рет те халін сұрап, хат жазса несі кетер еді.

                   Денсаулығы оңала қоймаса да, ән айтуын доғармаған  оқушысының өршілдігі ұстазын қуантпаса ренжітпеді. Тек тезірек алып жатқан ем-домдары іске асып, бұрынғы қалпына түссе деген жалғыз тілегі бар. Осы колледжде істегеніне он бес-жиырма жылдай уақыттың ішінде қаншама студенттерді әнші етіп дайындап шығарғанда да, дәл Әлиядай дарыны мен талантын қатар алып келе жатқан ізденімпаз, тек білсем, оқысам деп тұратын студенттің кездескеніне іштей қуанышты. Еркелігі мен балалығы қатар, үлкенді құрметтеу, білімге ұмтылу, жатпай-тұрмай ізденіске түсуі оның риясыз өмірге деген құштарлығынан екені белгілі. Алайда неге ол Әлия үшін қиналады? Оны бір күн қарсы алдынан көрмесе күні кешке дейін күтіп, сыныбынан шықпауға бар.

         Шындығында, оның мөлдір де таза, ағалық сезімі осыдан он-он бес жыл бұрын қайтыс болып кеткен қарындасын есіне түсіретін еді. Ана жолы мерез аурулары жататын емхананың дәрігеріне барғанда оқушысының жазықсыз, жаңсақ түскенін естігенде, ештеңенің байыбына бармастан, дәрігерді бір ұрып құлатқан болатын. Сондағы мұның қинала жылағанын  жарынан басқа ешкім көрмеді. Бейне бір сол аяулы туған қарындасының тағдырын Әлия қайталағандай күй кешті. Байқап қараса, расында да,  кейбір қылықтары, еркелігі, тіптен сөйлеген сөздеріне дейін қайынсіңлісіне қатты ұқсайды. Ақылды әйел қашанда не нәрсені бірден түсінеді ғой. Сүйікті жарының қыздан өзінің қайтыс болған қарындасын көретінін естіген кезде, өзі де қосыла жылаған-ды. Майра да мынау емхананы, оны айнала иттерімен күзетіп жүрген милицияларды, онда жатқан кейбір, бастарында шаштары жоқ, ұсқынсыз түремшіктерді, әп-әдемі қыз-келіншектерді көріп, өзінің де жаны түршікті емес пе.  Сонда да күйеуі екеуі өздерінің де қатты қиналғандарын Әлияға білдірмеуге уәделескен болатын.

         – Әлия, тым мақтанып кетпе. Дауысыңды, деміңді – бәрін бір қалыпта сақтағаның дұрыс, –  деді әлі де болса қалың ойдан арыла алмай отырған  Мұрат оқушысына. 

  – Қатты қиналма, шаршасаң, жиі-жиі демал. Қарның ашып қалмасын. Ақшаң жоқ болса айт, мен беремін.

         Мұндай жанашырлықты қатал ұстазынан күтпеген Әлия не дерін білмеді. Ол ақырын келіп, ұстазын құшақтап, айнаның алдында тұрды.

 – Аға, қараңызшы, біздер бір-бірімізге қатты ұқсаймыз, иә. Түріміз, мінезіміз, тіптен ұрысқақтығымызға дейін, – деп еркелей күліп жіберді.             Мұрат та оны құшағынан босатпады:

– Маған ұқсасаң, жерде қалмайсың. Тек талантыңды бағалай біл. Сенің жобаңда сегіз партитура бар жаттайтын. Соған дайындал. Ол партитуралар Алматыға барғандағы өнеріңді бағалатады. Оның үстіне Бағиша Сүлейменовадан сөз естіп қалмайық.

– Естімейміз, аға, мен оның бәрін таза әрі сапалы орындап шығатын боламын.

Әлия ұстазының құшағында айна алдында біраз тұрып қалды. Бейне бір Әлидің құшағында тұрғандай, көзіне жас үйірілді. Оқушысының көңіл-күйінің лезде бұзылғанын көрген ұстазы маңдайынан сүйіп:

– Болды, болды. Біз операны уысымыздан шығармай, бағындыратын боламыз, – деп қызды құшақтаған қалпы сыртқа қарай беттеді.

         Айтпақшы, ертең Ажардың туған күні. Қандай сыйлық апаруға болатынын  жолай ойлаған Әлия жүрісінің өнбейтінін біліп, қымбаттау әтір мен үш тал гүл сатып алып, шақырылған уақытта досының үйіне асыға жетті. Сағынысқан құрбылардың көпке дейін құшақтары ажырамады. Айтарлары да қордаланып қалған екен, әңгімелері де таусылмады. Қонақтар келгенше, дастарханды жайнатып, жасап та қойды. Бір байқағаны, құрбысы ерекше бақытты. Ол өзінің сүйіктісінің келетінін бағана қуана жеткізген болатын.  Қонақтар да кешікпеді, қасында екі-үш жігіті және үш-төрт қызы бар Беріктің де төбесі көрінді. Келе өзімсіне Ажарды құшақтап, бетінен, ернінен қадалып сүйген жігіттің қылығын ерсі көрсе де, Әлия үндемеді.

          – Танысып қойыңдар, менің жан құрбым – Әлия.

Жастар бірінен соң бірі қолдарын беріп, танысып жатыр. Қыздар да ашық-жарқын  қылық танытып, жігіттер салмақтылықтарын көрсетіп, сый-құрметтерін көрсетуде. Бокалдарға шараптар құйылып, ыстық тілектер бірінен соң бірі ағытылды. Ажар ерекше көріктеніп, қонақтарын бар ықыласымен күтуде. Берік болса сол маңғазданған қалпы маңайындағылармен ісі жоқтығын көрсеткендей, алдына келген арақтан сілтеп отыр. Жан досының тез арада тапқан сүйіктісінің ішімдікке әуестігінен бұрын, адамды сыйлау қабілетінің төмендігі анық байқалады.

          – Сен жаңа Әлияні опералық әндер айтады дедің бе, Ажар? Шынымды айтсам, сол созылған әндерден гөрі, тез айтылатын эстрадалық әндерді қатты ұнатамын, – деп кергіді.

Онсыз да сіркесі су көтермей отырған Әлия шарт ете түсті:

          – Созылмалы әндердің барлығына жуығы халық әндері болып келеді. Халықтық әнді түсінбегенің өреңнің төмендігінен болар. Осындай шулы отырыстарды бұрындары да ұната бермейтін қыз үшін бұл сылтау болғандай, кетуге жиналды. Бейтаныс қонақтардың арасында өз-өзін артық адамдай сезінген құрбы енді біраз аялдаса, жанжалдасып қалатынын сезгендей сыртқа қарай беттеді. Соңынан жүгіре шыққан Ажар да Бекеннің сондай жаман адам еместігін, тек арақ ішкен кезде аздап дөрекілігі барын, сонда да ол жігітпен келесі аптада бір пәтер жалдап кететінін айтып, ол үшін кешірім сұрағандай ақталып бақты. Жан досының  Бекенге деген сезіміне селкеу түсіргісі келмеген Әлия да уақыттың тым кеш боп кеткенін, ешкімге ешқандай өкпе артпағанын айтып, оны қатты қысып құшақтап, бетінен сүйді. Ажарды құшақтаса,  бүкіл ауылын құшағына алғандай мауқы басылады. Ол осы жолы да сөйтті.

         Неге екені белгісіз, осындай қос ғашықты көрсе болды, Әли бірден есіне түсіп, көңілі бұзылады. Бұл жолы да солай. Жатақханасына жеткенше қатты шаршаса да, Әлиді ойлай бергісі келді, оны қатты сағынғанынан көздерін жас торлады. Оның үстіне еңсесін басқан бойындағы дертінің емі де табылар емес, дәрігерлер де әуре-сарсаңға түсіп, жарытып ештеңе айтар болмады. Тіптен осы бір дерттен шаршағаны соншалықты, бәріне қолын бір сілтеп, ауылға, әке-шешесіне кетіп қалғысы да келді. Иә, анасын қатты сағынды. Мұрат ұстазы да мұның күннен-күнге әлсіреп бара жатқанын сезсе де, емі табылып, жазылып кетер деген үлкен үмітте.  Сонда да шығармашылық адамы бір орнында отырған ба,  қолына қара портфелін ұстап, тағы да Алматыға ұшып кетті.

Ақыры,  астанаға кеткен мұғалімін күтуге шамасы жетпеген Әлия ауылға ата-анасына аттанды. Әл-дәрмені құрып, жүруі де қиындап кеткен еді. Семейде енді біраз аялдаса туыстарын көрмей өліп кететіндей сезінді. Есіктен қан-сөлі жоқ, аппақ қудай болып кірген қыздарын көргенде, үйдегілер шалқаларынан түсе жаздады. Тек рухы мықты әжесі ғана басын шайқап, тілін тістелей берді.

          – Әлияшім-ау, құлыным-ау, саған не болған, қай жерің ауырады? – деген анасының дауысы құлағына жеткені сол екен, Семейдің дәрігерлерінен көрген қорлығы есіне түсіп, Әлия ағыл-тегіл жылап қоя берді. 

         – Анашым, қорықпа сондай ештеңе емес, Семейде тексертіп жатып, аяқасты ауылға кетіп қалдым. Аудандағы дәрігерге көріне салармын, – деп оларға басу айтуды да ұмытпады.

         – Неменеге ауылға келдің? Қаланың аты қала, сонда неге дұрыстап көрінбедің? Ауыл өлтіріп алса қайтеміз? – деген ұлының сөзін жүре тыңдаған апасы: – Е, не болды сонша әбігерлерің шығып, ауырмайтын адам бола ма екен, ауырады, емделген соң жазылады, – деп  сылти басып   сыртқа беттеді. Қыздарының солып бара жатқан түрін көрген ата-анасы, оны ертесінде-ақ аудандық ауруханаға жеткізді.

        Қолындағы сараптамаларға ұзақ үңіліп, басын әлсін-әлсін шайқап отырған дәрігердің сөзі мен ісінен Әлия халінің мүшкіл екенін сезді.

         Семей қаласынан келіп, аудандық ауруханаға түскен оған «Елдің қолы қалаға жетпей жатқанда, ауылға келгенің қызық екен» десіп науқастар  басында таңданғанмен, кейіннен ата-анасын сағалап келгенін түсініп, «қайтсін, туыстарының қасында болайын деген ғой-ға»  жорыды.  Бірақ бойжеткеннің Семейден көресісін көріп келгенін  ешқайсысы сезбеді де, білмеді. Рентген суреті бір өкпесінің мүлде қарайып кеткенін көрсетті. Қатты суық тиген. Дәрі-дәрмектері мен инелерін күніне неше рет тыққыласа да ыстығы түспеді.  Жоғарғы температурада дене қызуы бірнеше ай түспегендіктен, жүйке тамырлары зардап шеге бастағанын Әлиядан бұрын әкесі байқады. Қызына рұқсат бермесе де, облыс орталығы Өскеменге бір күннің ішінде жинап-теріп алып кетті. Қалада да тез жеткен жедел жәрдемдегілер қыздың рентген қағазына үңіліп отырып, оны қала шетіндегі туберкуллез диспансеріне апарып тастады.

        Әлі де болса нақты диагнозы анықталмаған жас қызға мұнда да  ешкім анықтап ештеңе демеді. Барлық науқастармен бірге таңғы асқа барып, бірге ем-дом қабылдай берді. Алайда ыстығы түссе де, жүрісі кері кеткен қыздың жағдайы күннен-күнге  төмендей берді. Осыны сезген бас дәрігер Әлияні бір күні бронхоскопиялық тексеруге әкететінін айтты. Не болса да, нақты диагнозы табылса деп тілеген қыз тексерісті асыға күтті. Ал тексерістің нәтижесі «тез арада ота жасалуы тиіс» деген  қорытынды берді. Диспансерде жатқандардың дені жастар болғандықтан, Әлия оларға үйренісіп қалып еді. Гүлжан, Манарбек, Асқар секілді қатарластарымен достасып та үлгерді. Енді, міне, тағы да басқа емхана, ота жасату секілді қауіпті кезеңге бой ұрындырмақ. Нәзік жүрегі қанша алып-ұшса да,  бойжеткен қыз осы жолғы отадан қорықпады, керісінше бәрі тезірек бітіп, сабағына қайта оралып, Мұрат екеуі қосыла «Ақсисаны» тағы бір айтсақ деген арманы  алға жетелеп, үмітін үкіледі. Әндерін іштей айтып, ноталарын ұмытып қалмайын дегендей қайда жүрсе де, ыңылдап ән айтуын тоқтатпады. Демі жетпесе де, дауысты созатын жерде бар күш-қуатын жұмсап, созуға тырысқанымен, тынысы тарылып айта алмай қалады.

         Бүкіл Шығыстың адамдарының жанына  талай рет шипа болған атақты хирург Клейн көпке созбай рентген аппаратына түсіріп, денесінің әр жеріне қарындашпен белгісін қойып, тыңғылықты қарап шықты да, екі-үш күннен соң ота жасайтынын айтты.

–  Сараптамаларыңның бәрі таза, тек  қолқаңның тамырларына қатты суық тиіп, тас пайда болған.  Туберкуллез болмай шықтың.

Тағы да жаңсақтық. Тағы да басқа аурухананың есігін ашып қойды. Бұл дәрігер шіркіндерге не болған? Әлде маңдайына біткен дәрігерлердің барлығы осындай ма? Он екі ай емделеді екенмін деп қаперсіз жатқаны сол еді, тағы басқа ауру болып шықты. Қуансын ба, әлде жыласын ба? Құрт ауруы болмай, қолқа дертіне шалдыққанына шын қуанған Әлия ауылға хабар салып, отаға түсетінін жеткізді. Семейге де қоңырау соғып, Майра апайына ескертті.

          Арада өткен бір күнін сараптама тапсырумен өткізген бойжеткенді ертеңінде медбикелер үстіне жұқа лыпаны ғана кигізіп, арбаға салып алып келе жатты. Маңайы толған ақ халаттылар. Көз алдына анасы, әкесі, аға-бауырлары келді.  Бәрі жақсы болса, солармен тезірек қауышса... «Мұрат аға, енді біраз шыдасаңыз, мен келемін...» Ұйықтап бара жатып, «Илигайды» айтпақшы болып аузын жыбырлата бастады. Тілі икемге келер емес. Қараңғы түнек, дабырласқан дауыстар мен сыртылдаған темір-терсектің үні. «Ай, басым айналып, кетіп барамын...» Қанша ұйықтағанын кім білсін, бір кезде біреу жағынан қатты  шапалақтағанынан оянғаны сол еді, өзіне өте таныс ер адамның «Ақырын соғыңызшы, батып кетті ғой» дегенін естіді.

         – «Құдайым -ау, тірі екенмін. Тірімін. Ал мына қасымда отырған кісі кім? Түрі таныс,  жаныма өте жақын адам. Бірақ кім? Есімі кім еді? Маған не болған? Бір жақ қолым көтертпейді. Бүйірімді тесіп бір затты іліп тастапты. Мен қайдамын?» деген сансыз сауалдан есін жинай алмай жатқан қыздың құлағына әлгі адамның:

 «Сен өмір сүруге міндеттісің. Әлі талай шыңдарды бағындыруымыз керек. Тез жазыл», – деп  маңдайынан сүйген кезде, көзінен аққан жасы бетіне тамып кетті. Жанына жақын адамының бірі.   «Құдай-ау, бұл кім еді? Қалайша ұмытып жатырмын, реанимация бөліміне ешкімді кіргізбеуші еді ғой, бұл кісі қалай кірді екен? Өлетін уақытым жетіп, мыналар қоштасып жатқаннан сау ма? Әлде сандырақтап жатырмын ба? Түсім бе?». Ол тағы да  жағына тиген шапалақтан оянып кетті.

 – Әлия, ұйықтама, ұйықтауға болмайды! Шыда, ұйықтамауға тырыс, – деген медбикенің дауысынан да зәрезап болғандай.

Осылайша қанша жатқаны белгісіз, көзін ашып, жан-жағына бағдарлай қарағанда байқады, жансақтау бөлімінде өзінен басқа тағы төрт-бес адам жатыр екен.

Өзінің тірі екенін енді сезіне бастады. Мынау ұйып қалған денесі, ауыр тартып тігілген жерлері – бәрі жаны барын сездіртті. Кенет есік ашылып, өзімен бірге жатқан Нина есімді апаның басы көрінді. Тез-тез сөйлеген ол төменде әкесінің келіп тұрғанын айтты. Жансақтау бөлімінен шықпақ түгілі, рұқсатсыз орнынан тұруға болмайтынын білмеген шалажансар қыз бағанағы бүйірін тесіп, іліп тастаған бөтелкесін қолтығына қыса, үстіндегі жұқа лыпасымен төменге түсіп кетті. Анадайдан өзіне  құшағын ашып, аңырап келе жатқан әкесіне бетінен сүйер-сүйгізбестен:

 – Аға, тірімін, тірі қалдым, бәрі жақсы болады, – деуге шамасы әзер жетті. Көп тұруға болмайды. Не істеп, не қойғанына есеп беріп үлгермеген ол қайтадан орнына келіп жатты.  Ары қарай есінде  ештеңе жоқ. Наркоздың әсерімен бірінші қабатқа түсіп-шыққанын  медбикелердің бірі де аңғармаса керек. Ешкім ештеңе демеді. Тек кешкі алтылар шамасында Клейн келіп, қолынан ұстап халін сұраған кезде тілінің ұшына келген алғашқы сауалы:

 – Мен енді  ән айта аламын ба?

Тосын сауалға не деп жауап берерін білмеген Клейн:

 –  А , сен өлең айтушы ма едің?  – деп қайыра өзінен сұрады.

         – Иә, Семейдің музучилищесінде  вокал бөлімінде оқимын, үшінші курс студентімін.

         – Солай ма еді?!

 ­Өңі лезде өзгеріп шыға келді. Тез-тез басып шығып кетті де, медбикені шақырып айқай салды. Медбике жүгіріп кірген кезде, қолындағы папкасын оңды-солды сермеп,  оған:

– Мына қыздың медициналық  қағазын толтырған сен бе? Сен білдің бе,  бұл баланың ән айтатынын? – деп түсін сала сұрады. Бас хирургтің нені мезгеп тұрғанын дұрыс түсіне қоймаған медбике үнсіз.

         – Неге құжаттың сыртына тек қана «музучилище» деп көрсеткенсің,  өлең айтады деп неге жазбағансың? Сенің кесіріңнен мына баланың  болашағына балта шабылғанын түсінесің бе, а?  – деп айқай салды.

Ештеңеге түсінбеген Әлия да, қасында жатқан науқастар да Клейн мен медбикеге кезек қарап қалды.

– Әлия, ренжіме, ащы болса да шындықты айтайын.  Енді саған ария тұрмақ, айқайлауға рұқсат етілмейді. Медбикенің жауапсыздығынан саған операция кеуде тұсыңнан жасалды. Яғни, дауыс тамырларыңа пышақтың жүзі тиді. Ал сіз жұмыстан шығасыз, – деді де медбикені ертіп  бөлмеден шығып кетті.

         Дүние астаң-кестең аударылып сала берді. Не болғанын  түсінбей, қатты қиналып, қобалжып кеткендіктен, қызуы көтеріліп, басы айналып құлап бара жатқандай болды. Бүкіл өмірін аяқасты еткен жаңалықтан есін жия алмай, көзі төңкеріліп, маңайын тағы да қара түнек басты. Қиналып жатқанын  естіген дәрігер кері оралып, көмегін көрсетті. Сонда да осы бастан шындыққа үйрене берсін дегендей, алдағы уақытта мүлде ән айта алмайтынын қайталаумен болды.

         – Өлең айтатыныңды білгенде, операцияны арқа тұсыңнан жасар едім. Амал не,  қолымнан енді басқа ештеңе келмейді.

Дәрігерлік қатал мінезімен нық әрі нығарлай айтқан әр сөзі өңменінен өтіп жатыр:

         – Ән айта алмайсың, енді мүлде ән айта алмайсың!

          – Жоқ! – дейді дәрігер сөзіне сене алмаған Әлия. – Ән айта алмасам, өмір сүрудің не қажеті бар! Керек емес ондай өмірдің!

Көзі, қолы ербеңдеп, бірдеңелерді айтып түсіндіріп жатқан Клейнді көргенімен, санасы ұқпады. Ол көз ілеспес жылдамдықпен қолтығының астынан тесіп іліп қойған түтікті бар дәрменімен жұлып алды.

         – Онда өмір сүрудің не керегі бар?!

         Тағы да жағына тиген шапалақ. Клейн қасында, аузына бірдеңелерді нығап бұрап жатыр. Ауа, ауа жетпей барады. Көзі қарауытып, талықсып кетті. Қанша қиналса да, көзін ашып, мынау бос өмірді көргісі келмеген қыз жанымен арпалысып, іштей Алладан ажал жіберуін сұрады. Жағына тиген шапалақты сезсе де, ұра берсе екен деп ойлады, мүмкін сол шапалақтың әсерінен дауысы шығып кететін шығар немесе Клейннің де бірдеңелерді қатты дауыстап айтып жатқанынан өмірі өзгеріп кетер... Не ойлап кетті өзі... Ол көзін ашты.

         – Әлия, өзіңді-өзің өлтіргің келсе,  алдыменен жазыл. Жан-жағыңа абайлап қара, есеп бер, бұл өмірден кеткенде кімге қиындық қыласың соны ойла, сосын кете бер! Егер өзіңді дұрыс ұстай алмайтын болсаң, сені жындылар жататын бөлімшеге жіберемін.

Дәрігер сөзінің аяғын жүре айтып, бөлмеден асығыс шығып кетті. Әлия өзінің өмірі үшін арпалысқан осынау ақ халатты жанның жүрегін жаралағанына іштей өкінішін білдірсе де, өмір сүруге деген құлшынысының жоқтығын анық аңғартты. Тағы да темір-терсектердің сартылы, тағы да ұйқы... тағы да жағына тиген шапалақтар...   Сөйтіп, жүрегі таза, пейілі кең хирург тағы да ота жасап, бағанағы түтікшені қайтадан орнына қойды.

Дәрігерді әбігерге салғаны үшін қысылса да, ән айта алмайтыны есіне түссе, бірден қан қысымы мен дене қызуы қатарласа көтеріліп, көпке дейін бойжеткенді орнынан тұрғызбады.  Ақыры, «мүмкін, тәуір болған соң айтатын шығармын, дауысым, құдайға шүкір шығып тұр ғой» деген жалаң үмітке бой алдырып, еріксіз жаны күйзелсе де, өзіне тоқтау салды. Әлиянің осы күніне мойынұсынғанын түсінген дәрігер  әкесі Тұрар мен қызын қатар отырғызып қойып, болашақта баласы үшін не қажеттігі турасында нақты етіп айтып берді. Ең бастысы, Әлияні еліміздің ең ірі курорттарына жіберіп, ем-домын жалғастыру, оған еркіндік беріп, өзінің қалаған ісімен айналысуға мүмкіндік жасау, салауаттылықты сақтай отырып, денсаулығын күту секілді бірқатар тапсырмаларды аузы-аузына жұқпай айтса да,  басын үнсіз шұлғи берген әкесі қызының жағдайының соншалықты мәз еместігіне налыды.

Семейде жүріп, қолқасына суық тигізген қызды емдейміз деген білімсіз дәрігерлер алдыменен Люев ауруымен ауырасың деп бір сарсаңға түсірсе, өзіміз емдеп жазамыз деп қырық күн ыстық температурамен ауылдық дәрігерлер екі рет сарсаңға түсірді. Асқынбағанда қайтсін, жаздың үш айы бойына теріс ем алса. Тым құрыса,  дауысымды қалдырсаң етті. Өзім шырқаған «Илигай», «Ақ маңдайлым», Сараның, Қыз Жібектің ариялары қайда қалды? Жарымжан болып өмір сүрмекпін бе? Кімге керекпін? Мені кім аялайды, құрып кеткір тағдыр-ай.  Шыныменен жаны шырқырады, өмірден түңілді. Дәрменсіз күйде, жазмыштың сынағымен жападан-жалғыз қалды. Бұған кімді кінәласа болады, Семейдің дәрігерлерін бе, әлде аудандық емхананың дәрігерлерін бе? Қайтсе дауысын орнына қоя алар! Жоқ, осыменен оның ән айту талантына түбегейлі балта шабылды. Тоқтады! Бітті!

          Мұрат ағай, қайдасың? Дәл маған қажет кезіңізде қайда жоғалып кеттіңіз?  Енді не істермін? Бәрінің біткені ме?! Көзін жұмса болғаны, өлең айтып тұрған  Мұраттың бейнесі елестейді. Ән айта алмайтынын  білсе, қандай күйге түсер екен? Әрине, қатты  қапаланады. Әлиядан жалғыз ұстазы ғана емес, бүкіл училище ұжымы үлкен үміт күтті. Өздерінің атын шығаратынына кәміл сенді ғой. Енді не болмақ?

 Пышаққа түскенін естіген анам не күйде десеңші? Жүрегі менің жүрегіммен  қоса жұлынып, жаны байыз таппай, түн баласы көз ілмей жүрген шығар.

         Ауырып Өскеменде жатқаныма Әли қуанған болар.  Әлде «Е, бейшарай»  деп есіркер ме екен... Бұлдыр-бұлдыр елестер мен шым-шытырақ ойлар, көзін жұмған сайын паровоз  сүйреген вагондардай сарт-сұрт етеді.

         Арпалыспен жүріп, бір аптаның қалай тез өте шыққанын да ешкім байқамағандай. Ақырындап, қабырғаға сүйеніп, асықпай апыл-тапыл жүруді үйренген Әлия өздігінен таңғы асқа келе жатыр. Тіккен жерінің жіптерін кеше суырса да, орны әлі ауырады. Сондықтан оны бір бүйіріне қарай қисая қолымен басып, еңкейіп әзер келеді. Бір кезде біреудің тізесі арқа тұсына қойылды да, мұны артқа қарай шалқайта тік тұрғызды. Тіккен жері жыртылып кеткендей, жан дауысы шыққан Әлия төне қарап тұрған дәрігерін көріп, қорқып кетті.

         – Әлия, сен жас емессің бе? Оның үстіне қыз баласың, неге бүкірейіп еңкеңдеп жүресің? Кәне, тіп-тік болып жүр, ертең «бүкір қыз» деп ешкім саған қарамай қояды, – деп қыздың бойын түзеді.

 Осылай жүретін бол, әйтпесе тағы шырылдатамын дегендей, сұқ саусағын мезгеп жүре берді.         Кез келген науқас үшін жанын беруге әзір, осы бір қарапайым дәрігердің ісі мен сөзі дем бергендей, ол бойын сол тік ұстаған қалпы асхана есігін ашты. Алдағы үш-төрт күнде ауруханадан шығатынын естігенде, не қуанарын, не жыларын білмей, жүзін тағы мұң торлады. Ата-анасының жанына баратынына қуанса, болашағының бұлыңғыр тартқанына жылағысы келді. Сонда да:                        –  Дәрігер, айтыңызшы, расымен  қайтып ән айта алмаймын ба? Мүмкін біраз уақыт өткеннен кейін,  сахнаға оралатын шығармын?  Операция жасаудың басқа жолдары болса, қараңызшы, келісуге әзірмін. Неше рет операция жасасаңыз да, қарсы емеспін. Тіптен тәжірибе ретінде  де көруіңізге болады, бәріне келісейін, тек дауысымды қайтарыңызшы, – деп жалынса да, оның денсаулығының қаншалықты күрделі отаны көтергенін есінен шығармаған Клейн ақырын құшақтап, бауырына қысты.

         – Сен білесің бе, дауыс тамырларыңа зақым келгені сонша, айқайлап сөйлеп, дауысыңды көтере алмайсың. Ауыз жаппай жиырма минут сөйлесең,  дауысың бітіп, үнің шықпай қалатын кездеріңнің болуы да мүмкін. Ішкі ағзаларыңның да зақымданғанынан тыныс алу мен оны сақтау қолыңнан келмейді. Ән айту үшін алдымен тынысты дұрыс алу керек емес пе, ондай мүмкіншілік сенде жоқ. Ал сен  ария айтам дейсің. Мен үзілді-кесілді қарсымын және дәрігерлік анықтама қағазға да солай жазып беремін. Жассың, басқа  оқуға түс, басқа мамандық таңда, осыменен сенің ән айту карьераң бітті.  Енді саған  өлең айту жоқ.  Өзіңе-өзің өте қатал бол, күтініп жүр. Ауырмауға тырыс, демалыс орындарына жиі-жиі бар. Өзіңе  көп көңіл бөлуің керек. Тағы айтам, ән айтам деп қиналушы болма, жақ ашпақ түгілі, сен өрге қарай он метр жүре алмайсың, осыны түсін. Ендігі өмірің тек қана  өз қолыңда. Ұзақ өмір сүрем десең де, тез бұл дүниеден кетіп қаламын десең де – осы. Жыл сайын тубдиспансерден тексерілесің. Өкпең таза болса да, ауруханадан шыққан соң бір ай сол жаққа барып жатасың да, сонда емделесің. Өйткені қателікпен сен ол жақта да  бір айға жуық жатып қалдың.  Өзіңді сақтау үшін,  солай шештім.

         Дәрігердің аузынан шыққан әр ащы сөзді аңтарыла тыңдаған Әлиянің үйге қайтамын деген қуанышы су сепкендей  басылды. Тағы аурухана, сол диспансерге бармай-ақ қойса ғой, шіркін.

         Жиырмасында ұлы Абай мен Мұхтар тау қопарардай болып күркіреп, болашақтарына жол сызып, бірі халқының қамын ойласа, бірі Абайдың өлмейтін мәңгілік өмірін  ойлап,  алдарына асқар таудай мақсат қойған.  Жиырмасында Мұқағали сынды ақындар  бірнеше дәптерді өзінің мәңгілік жырларымен толтырып тастамап па еді. Ал мен ше? Әніммен елімді тамсандырсам  деген арманым да, ұстаз үміті де жол ортада қиылғандай. Қыз Жібектің «Гаккуі», Біржан мен Сарадағы «Сараның ариясы», орыс классиктерінің туындыларын үшінші курстың басында-ақ айтып жүрмеп пе едім... Аяқталмай...  мәңгі аяқсыз... иә, мен үшін бәрі  орта жолда қол бұлғап қала бермек пе? Иә, бұл Әлиянің шын жанайқайы еді.

         – Саған біреу келіп тұр, барып кел, – деген таңғы уколын салып жатқан медбике Ұлжанның сөзі ойын бөліп жіберді.

– Кім екен?

Асыға басып бірінші қабатқа түскен кезде көрді, Ораз!

– Әлия, жаным-ау, саған не болған? Мұраттан естідім осында түскеніңді. Қазір қалайсың? Семейден ауырғаннан осы жерден бір-ақ шықтың ба? –деп сұрақтарын қарша боратқан дәу жігіт қызды құшағына алды.      

–  Мені қайтесің? Өзің қайдан жүрсің?

         – Күршімде, ауылдамын, каникул ғой. Өскеменге жолым түскен соң, алдыменен сені көре кетейін деп бұрылдым.

         – Рахмет, Нәзираңмен не  болдыңдар, а?  Бәрі жақсы ма?

Ораздың жаңағы жадыралы жүзі лезде түтігіп шыға келді.

         – Нәзираның әкесі... Ол директорға алып барды. Мынау мені мазақтады деп. Қазір оқығым да келмейді, мүмкін енді қайтіп Семейге де бармайтын  шығармын.

          – Жындысың ба? Сенен дарынды композитор шығады, бар! Кейін ана Теміржан Базарбаевтарға ұқсап ел аузынан түспейтін боласың. Бойыңдағы бар дарыныңды өкпеге қима. Ойлан.

         Десе де Әлия Ораздың  бірбеткей мінезін білетін-ді. Ол енді оқуын жалғастырмайды.

        – Саған да енді  ән айтпайсың депті ғой, иә, не істемек ойың бар? Жағдайыңды Мұрат ағаң айтқан. Операциядан кейін  өзіңді жан сақтау бөлмесінде күтіп алыпты ғой.

     Алғашында алған наркоздың салдары болар деп мән бермеген еді,  Мұрат  ағай шыныменен келген екен ғой. Ұстазынан  күні бүгінге дейін еш хабар болмағаны, ол бәрін біліп кеткенінен деп ұқты. Өзінің отаға түсетінін Майра апайға ғана ескерткен, алайда Алматыдан айналасы он екі сағаттың ішінде Өскеменге жетіп келді. Баласы немесе туған қарындасы емес, Алматыдан ат терлетіп жететіндей оның кімі едім? Жүрек қағысы жиілеп кетті.  Жиілеткені Мұраттың   мұның бетінен сүйе бергенде көзінен аққан тамшы жастары болатын.  Мейлі ұлағатты ұстазы болса да, сонау астанадан келуіне жол болсын.  Тіптен келсін-ақ, жылағаны несі? Жауабы жоқ сан сұрақтарға жауапты бойжеткен кейін Семейге барған бір сапарында есітті. Мұрат Әлиядан өзінің қайтыс болған туған қарындасының еркелігін, мінезін, қылығын көрген сайын, ол үшін барын салған.

Айтқан уақытында ауруханадан шығарар сәтте Клейн қызды  кабинетіне шақырып алып:

  – Ал, Әлия, ендігі келешек өмір сенікі, менің айтқандарымды бұлжытпай орындайтын болсаң, ұзақ өмір сүруге мүмкіндігің бар, тек өзіңе-өзің қарап,  өзіңді-өзің күтуге тырыс. Сенің денсаулығың өзіңнен басқа ешкімге керек емес, көмегім керек болса, келіп тұр. Ештеңеге өкінбе, жылама, менің алдыма сенен де жас балалар келіп, өмірлерін тапсырған. Қазір бәрі  жақсы. Сен де әлі ел қатарлы болып, жүгіріп кетесің, ұқтың ба? Спорт басты тірегің екенін есіңнен шығарма. Сен – өмірге қайта келген қызсың. Жаңа өміріңді жаңаша бастауыңа әрі табысты бастауыңа тілектеспін, – деп қолына анықтама қағаздарын ұстатып, шығарып салды.

         Дәрігердің айтуымен туберкуллез диспансерінің хирургиялық бөліміне жатқызылса да, уақыт деген бір орнында тұрмайды ғой. Көзді ашып-жұмғанша аулының да төбесін көрді. Алдыменен  аңырап апасы, сосын көзінің жасы бір-біріне қосылмай жылаған анасы, мүсіркей қараған аға-бауырлары қарсы алды. Түсі қуарып, жағы суалған бір кездері топ-томпақ болып, жүгіріп жүрген қыздарының мына  жарымжан кейпі олардың да жандарын сыздатқаны көрініп тұр.

Апасы не айтса, шешесі соны істеп, зыр жүгіруде. Күнделікті ыстық сорпа, күтімі жаман емес. Тек денсаулығы оңалып, сыныптастарының ортасында жүрсе болғаны. Дидар, Әли, Бақа, Меруерт, Ажарларды да сағынды. Бірақ олардың барлығы қалада. Бірі оқу оқып жатса, екіншілері жұмыс істеп жүрген көрінеді. Әйтеуір, бос жатқан ешкім жоқ. Анда-санда жылы киініп,  аяңдай басып астырт жаққа барып келеді. Балалық шағы өткен жерлер көзіне оттай басылып, жаны жадырайды. Сағынышты елестер көз алдына оратылып, тәтті сезімге бөлейді. Өзі оқыған мектебі, анау жерде Әли екеуінің қол ұстасып отырған орындығы да сол қалпында. Ал оның ар жағында – Сайлы. Шіркін, сол бір табиғи        шынайылықпен өмір сүрген пәк балалық шаққа не жетсін!     

– Алпысбайдың Әлиі әскерден келіпті, Алматыдағы әпекелерінде болса керек.

Әкесі біреу-міреу естіп қоймасын дегендей, шешесіне ақырын ғана сыбырлап. 

– Онысы оқуына кірісіп кетіп пе?

         – Ол жағын қайдан білейін, ауылға қысқа қарсы келеді-ау деймін,  Алпысбай солай деп отыр ғой.

         –  Ақырын, Әлияш естіп қалып жүрмесін, онсыз да ұйқысы шамалы болып жүр.

         Денесін ток ұрып өткендей болса да, селт етпеді.  Әлидің  келетін уақыты болған соң келген ғой. Ауылға да несін асықсын, мұнда оны ешкім күтіп тұрған жоқ. Мені ойлап, сағынса, баяғыда-ақ жетіп келер еді. Әке-шешесінен естіген шығар, «ауруды қайтем?» дейтін  болар. Иә, енді кімге керекпін? Күрсіне ауыр дем алған Әлия төсегіне келіп қисайды. Көзі ілінер емес. Әлиді неге ойлай беретініне өзі де таң, оны неге ұмыта алмай қиналады. Өскемендегі екеуінің соңғы кездесулері қандай еді! Жүректерінен шыққан әдемі сөздер айтылып, бір-бірлеріне деген сезімдерін сыртқа шығарып, махаббаттың тәтті сезіміне бөленген еді ғой. Енді не болды? Кім өзгерді? Не өзгертті?

Ертеңінде  әдеттегідей денесін шынықтырып, біраз тер төгіп, сыртқа бет алғаны сол еді, алдынан Әлидің әкесі Алпысбайдың қарсы шыға келгені. Ауруханадан келген күні әйелі Бағжамал апай екеуі келіп, көңілін сұрап кеткеннен, көріп тұрғаны да осы.

                   – Қалқам Әлияш, қалың қалай?  Әли Алматыға келіпті. Келесі айдың аяғында осында келмекші, сені ауылда деп айттым.

Көңілінде қылаудай қиянаты жоқ осы бір ақжарқын адам  Әлидің әкесі болғандықтан емес, бала сынды мінезімен Тұрардың отбасына  ұнайтын. Еңбекқор, ел жатқанда жатпайтын, жұрт ұйқысын аша алмай жатқанда, бұл кісі ауылды аралап, жұмысқа елді тұрғызып, оятып жүретін қағілез жан. Бір ауылдың шаруашылық жұмыстарының басын қайырып, азаматтарды орын-орнымен түрлі міндеттерге жұмсайтын да осы кісі. Жергілікті тұрғындар ол кісінің осынау қағілез мінезін құрметтегендіктен де, оны  Александр деп еркелете атайтын. «Александр – орыстың есімі ғой. Неге ол кісіні осылай атайсыздар?» деген сауалына; «Өйткені ол да орыстар секілді, тыныш жатқанды білмейтін, мазасыз, шаруақор адам болатын» – деген жауап естіген-ді. Енді, міне, сол аяулы адам алдында тұр.

         –  Әкең үйде ме,  әлде тауға кетті ме?

– Ерте кетіп қалған, тегі,  шекараның үстіне өтіп кеткен болуы керек.

         – А, ендеше ертең кездесетін шығармын, сау бола ғой, Әлияш, – деді де, қайыра сыртқа бет алды.

         Өстіп сынық арбаша сықырлап жүріп, жаңа жылдың  да  жақындап қалғанын желтоқсан айының жиырмасынан бастап келе бастаған «маскарадтардан»  байқады. Дәл осы уақытта балалар беттеріне перде жамылып, үйді-үйлерді аралап кетеді. Бұл – ауыл үшін көптен күткен үлкен мерекелік  қуаныш. Мұндайда «маскарадтар» келеді деп үлкендер қант-кәмпиттерін, құрт-майларын алып, ертерек қамдана бастайды.    Осындай шадыманға толы үшінші күні болатын. Тонды теріс аударып киіп, ауыз-бастарын тұмшалап,  дәкеге неше түрлі сурет салып, беттеріне жауып алған бір топ қонақтарды дорбаларын толтырып, үйден шығарғаны сол еді, алқын-жұлқын бауыры Бақаш жүгіріп кірді де, далада Әлидің күтіп тұрғанын ентіге жеткізді. Пешке арқасын төсеп, қамсыз отырған Әлия бұл кездесуге дайын адамдай, жүре киініп, далаға беттеді. Әншейінде қыздары далаға беттесе болды, өре түрегелетін апасы да ештеңе демеді.  Сыртқа шыққан кезде байқады, Әли қолындағы шылымын үздіксіз бұрқыратып, үлкен адамдарша шіреніп тұр. Қасында – немере бауыры Қанат.  Қастарына таяғанда  қарсы жүрген Әли құшақтап бетінен сүйсе, Қанат қол беріп амандасты. Сөйтіп, дауыстары дірілдей, жүректері лүпілдей соққан жастар ауыздарын ашып үлгергенше:

  – Балалар, үйге кіріп отырыңдар, Әлияшқа суық тиіп қалуы мүмкін, – деген анасының алаңдаулы дауысына елең етті.

 Десе де, қазақтың  салтында қызға келіп тұрған жігітті анасы үйіне шақырмаушы еді, осы қатал  тәрбиеден баласы үшін аттап тұрғаны өзіне ауыр тисе де,  жанына жақын адамының аналық жүрегіне қаяу түсіргісі келмеген Әлия қонақтарын төргі бөлмеге кіргізді. Дайын дастарханға отырған жастар  бір-бірлеріне енді ғана назар аударды. Әли өзгеріпті. Бойы тіптен ұзарып, жағы суалып жүдегендей. Есесіне көзінде жабайы от бар секілді. Сөзі де, өзі де алып-ұшып тұр. Жігіт те ойын жасырмады:

         – Әлия, неге сонша жүдеп кеткенсің?  Мүлде өзгеріп кетіпсің ғой?             – Ауру адам жүдемесе, семіруші ме еді, – деп күлген болды қыз.

– Екеуің сөйлесіп отыра беріңдер. Әлиянің альбомдарын көргім келіп тұрғаны, – деп Қанат столдан тұрып, шкафтың үстіндегі альбомдарды алып, қарауға  кірісті.

         – Саған не болған? Сен де өзгеріп, жүдеп кетіпсің.

         – Мен сені көп ойладым. Оның жанарында ашу бардай. Тіптен сөйлегені де өте ызғарлы  шықты.

 – Неге қудың? Менен неге безіндің, саған не істедім? Бір-бірімізді жақсы көретін едік қой.

Оның сыбырлай сөйлеген сөздері  қызға қатты тиді.

         – «Ауылда – Әлия, қалада тағы бір қызым бар, менікі рахат өмір» деп  Динараға мақтанған екенсің, сондықтан да безіндім. Ешкімге екінші болғым келмеді, сатқындығыңды кешіре алмадым.

         – Мақтанып айтсам, айтқан болармын. Бірақ шындық емес еді ғой. Қаладан келгендердің бәрі солай мақтанатын болған соң, мен де өзімше  Динараға айта салғам, оның саған тез жеткізетінін қайдан білейін.

         – Білмесең, қазір ешкімді ойлайтындай халде емеспін. Жүрегім опасыздығыңа бір жараланса, денем пышаққа  түсіп екі тапталды.

         – Олай демеші, бағана қаладан Ажар келе жатқан, жүрші, соған барайық. Неге екені белгісіз, әңгімені соза берсем, ұрсысып қалармын дегені ме, сөз арнасын бұрып жіберді.

– Не дейсің, Ажар келді дейсің бе?

Әлиянің  жан дауысы шығып кетті. Бөлмеге жүгіріп кірген анасын құшақтай алды.

          – Анашым, Ажар келіпті.  Әлилермен барып келейінші. Өтінемін, рұқсат етші.

         – Ауырып қаласың ғой, ертең өзі келер, – дегенді жүре айтқан анасының сөзін құлағына да ілгісі келмеген қыз тосылып қалды. Бұны байқаған Әли:

         – Апай, жіберіңізші, өзім ертіп апарып, әкеліп саламын – деді. Мәриям көп ойланбады, қызының  басына түскен бір сәттілік қуанышын ұзартқысы келгендей:  

         – Әли, Әлияға тез жүруге болмайды, ақырын,  қараңғыда байқап жүріңдер. Саған сеніп қызымды босатамын, – деп  Әлиянің көңілін қимағандығын ашық білдірді.

Ызғарлы  желтоқсанның соңғы түні көзге түрткісіз қараңғы. Есіктен шыға бере қараңғылыққа көзі үйренбеген бойжеткен бірден Әлидің қолына жармасты. Осы сәтті күткендей, жігіт те қыздың салалы саусақтарын өзінің қарымды алақанына салды.  Суық ауа мен  сүйіктісінің қолынан  демегені дертінен құлан-таза сауықтырып жібергендей, бірден жылдам жүріске түсіп кеткенін   Әлия байқамай қалды.

Көріспегендеріне жылға жуық уақыт өткен қос құрбы көздеріне жас ала қауышты. Олардың достығына қызығып кеткендей, екі жігіт те беттерінен сүйіп жатыр. Қонақтарын күтіп отырған адамдай, Ажар лезде дастархан жайып, столдың үстін толтырып тастады. Ортадан орыстың шарабы да орын алды. Амандық-саулық сұрасқандарын күткендей, Әли бірден шөлмекті ашуға ұмтылды. Басында қолмен бұрап, кейін тістелеп ашқан бозбаланың араққа деген тәбетіне құрбылар таңдана қарасты.

– Ал, қыздар, келе жатқан Жаңа жылдарыңмен, дендерің сау болсын. Ажар, осылай біз келген сайын, жартыңды аямай құйып тұруыңа тілектеспін, – сөзінің аяғын аяқтамастан арақты қағып салды. Қанат та кет әрі емес екен, ол да көп  күттірмей  стақандағысын құтты орнына жөнелтті. Тек  Ажар екеуі ғана «мыналар қайтеді» деген кісіше үнсіз бір-біріне қарады.

         – Қыздар, алып қойыңдар. Әлия, алып қой денсаулыққа пайдалы.

         – Рахмет, өздерің іше беріңдер, мен ішпеймін.

         – Ендеше,  Ажар, сен ішсеңші. Онда тұрған түк те жоқ, Жаңа жыл емес пе, – десіп екеуі Ажарды қанша үгіттесе де, ішкізе алмады. Ақыры, сен іш те, мен іш болып отырып бір жартыны тауысты. Әли тез масайып қалды. Осылай сағыныса табысқан сыныптастар қызу әңгімеге беріліп отырған кезде, кенет есік ашылып, бір баланың басы қылтиып көрінген соң,  Ажар шығып кетіп,  тез қайта кіріп, орнына жайғасты.

         – Әлия, мамаң мен Бақаш келіп, сенің жақсы отырғаныңды көріп, қайтып кетті.

         – Сені тап қазір үйге келін етіп түсіремін ғой деймін. Ана үйіңдегілердің әбден мазасы кеткенге ұқсайды – Әли ебедейсіз күлген болды.

         –Туғандарым  маған бола алаңдайды, сен білмейсің олардың бастарынан ненің өткенін!

 Қыздың ашуланғанына сасып қалған Қанат та: «қой,  Әли» деп жатыр.

         – Жоқ, ыза боламын,  мынаны ғой қалай жақсы көрдім десеңші. Екі жыл әскерде болғанда, бар ойым осы қызда болды. Сендер түк білмейсіңдер,  ішімде ненің  қайнап жатқанын сезбейсіңдер де. Әлия мені сен тастадың дейді, шындығында мен Әлияны емес, ол мені тастап кеткен. Ал қазір «байқап сөйле» деп, жат адамдай маған кекірейеді. Баяғыда  Динараға «Алматыда біреуім бар» дегенім үшін  жауласу керек пе?

         Жанын сыздатып ауыртқан дертінің емін таба алмай, өшін алдындағы арақтан алардай болып, қайта-қайта құяды.

         – Мен аурумын ғой, аяғымнан тік тұрып кетуім екіталай. Мүгедек болып үйде отырып қалуым да ғажап емес, ондай адам саған не керек? Осылай десе, оның көзқарасы өзгерер деп ойласа керек, Әлия баяу сөйледі.

         – Ауру адам емделмеуші ме еді, сосын жазылмаушы ма еді. Ол столды жұдырығымен тарс еткізді де, орнынан тұрып кетті.

         – Ал жазылмай қалсам ше?

         – Сен не, мені сынау үшін айтып тұрсың ба?

         – Жоқ, шындықты айтып тұрмын.

– Жүріңдер, қайтайықшы –  Әли тәлтіректей орнынан қозғалды. – Жүр аман-есеніңде ата-анаңның қолына тапсырайын.

Далаға шыққан кезде, суық ауа бірден  екеуін де сергітіп жіберді. Әли еңсесін тік көтеріп, өз-өзіне біраз келгендей болды да,  қасындағы қызының қолынан алып, өрге қарай жетелей жөнелді. Қанат пен Ажар соңдарында, өзара әңгімелесіп келеді.

Қаншалықты   білдірмейін десе де, ентігіп кеткен Әлия серігінің адымына ілесе алмады.

          –  Ренжімесең ақырын жүрші, шаршап кеттім.

         – Сен не, шыныменен аурусың ба?

Қандай ауыр сөз. Жүрек тұсы шым ете қалды.

         – Не, шаршап қалдың ба? 

Ажар мен Қанат та  үрейлене қасына жақын келді.

         – Басына құрық түспеген қызымыз тез шаршайтын болыпты.

 Әли  мысқылдап кекете бастады. Әлиянің ысылдап, ентіккен дыбысы бәріне естіліп тұр. Тұрған жерінде бүктетіліп отыра кетсе, қайта тұра алмасын сезді. Әне, аяқ-қолы ұйып бара жатыр. Жаны қысылып, ауа жетпей Әлидің қолынан қатты қарманып ұстай алды да,  өкпесіне суық ауа бармасын дегендей, бетін  оның кеудесіне басып, тұншыға демалды. Өзін құшақтап тұр деген болуы керек,  ол шегініп кетті.

         – Жоға да, дүние кезек деген емес пе, мені менсінбеп еді, енді қарашы... қуып еді... маған жолама деп еді...

Қыз қолының қалай көтерілгенін  байқамады,  бетінен  аямай салып жіберді.

         – Иә, аурумын.  Сендей ақымақпен ақымақ болғым келмегендіктен де, керек қылмадым.  Сендей менмен адам мүлде керек емес! Рас айтасың, аурумын! Есесіне сен саусың, бірақ күнің менен де төмен. Неге  ғана көзіме көріндің? – деп, өз-өзін ұстай алмай  жылап жіберді. Әли  сасып қалса да, құшақтай алды.

         – Кешірші, ренжімеші, масайып кеттім. Үнсіз құшағынан босанып  шыққан Әлия ешкімге де «сау бол» деместен, үйіне кіріп кетті.

Бір кездегі «менің ғана Әлиім болады» деп өрекпіген жүрегі тілінген тулақтай болып парша-паршасы шықты. Оны қайтып көрмеуге бекінді. Көңілі қалды. Көпке дейін дөңбекшіп жатып, таңға жуық көзі әрең ілінді.

Орнынан тұрғанда, апасы мен анасының мұның бетіне үңіле қарағанынан ұялған Әлия көзінің ісініп тұрғанын айтпай-ақ түсінді. Болар іс болды. Енді тек аналарының ақылын тыңдаудан басқа амал жоқ.  Иә, Әлия тағы ойланды. Жасының жиырмаға кеше ғана толғанын, отбасын құрып, ел қатарлы бала сүйіп, мынау өмірдің тәтті кезеңдерін басынан кеше алмайтынына денсаулығының тосқауыл екенін түсінді. Көкілдір экраннан өзінің сүйікті әндері шырқалып жатқанда, ағыл-тегіл көзінен ағатын жастарын тыя алмайтынын да білді. Егер осыдан тірі жүрсе, өмірінің жүз сексен градусқа бұрылып, өзгеретінін есіне түсірсе болды, жүрегі дірілдеп, шошып кететінді де шығарды. Күндіз де, түнде де ойлайтыны, алдында болашағы бар ма, әлде жоқ па? Бар болса, не істеу керек, неден бастағаны дұрыс? Жоқ болса, онда не істемек? Жауапсыз сансыз сұрақтар. 

Бүгін Ажар өзі іздеп келді. Екі құрбы  құшақтарын жазбаған күйі диванға келіп жайғасты. Ажар жан құрбысының денсаулығының соншалықты төмендігін өз көзімен көргеніне, жағдайының жақсы еместігіне көзі жеткен сайын, жаны ауырды. Бұлай болар деп еш ойламаған-ды. Жеңіл науқастардың бірі, ертең-ақ жүгіріп кетеді деп сенген. Енді, міне, алдында жүрсе де, сөйлесе де, өкпесі аузына тығылып, ентігіп қалатын құрбысы отыр. Оның үстіне Әлидің айтып кеткені анау. Байыз таба алмағандықтан, бүгін досына жеткенше асықты. Екеуі көпке дейін сырласып, іштерінде қордаланып қалған әңгімелерді ағытты. Әлиянің бар білгені – Ажар Семейде, сол Бекенімен бірге тұрып жатқан көрінеді. Ол малшаруашылығы институтында оқиды екен де, бұл жұмыс істейді.

– Ал өзің қашан оқымақсың? – деген сауалға:

         – Бекен оқуын бітіргеннен кейін оқитын шығармын, – дегендей сеніміз жауап қатты.

         – Ажар, неге екенін қайдам, Бекен жайында сұрасам, үнемі сенімсіздікпен жауап бересің,  өзің  де біртүрлі сенбейтін сияқтысың.

         – Сенейін-сенбейін, онымен бірге тұрып жатқан соң, тәуелді адамдай жүрмін. Менің басымдағы жағдайды ешкімге бермесін... Сен де ешкімге айтпа, артын бағып көрейін, жарай ма?

         Қос құрбының әңгімесі тіптен таусылар емес, алдына келген ыстық шай да олардың әңгімесін қыздыра түсті. Сөз арасында Әлия Ажарға  енді ешқашан Әлимен кездеспейтінін, оны көргісі келмейтінін айтты.  Десе де ол досының әр сөзінің артында алғашқы махаббатына деген үлкен қимастық пен өкпенің жатқанын көздеріндегі мөлдіреген шықтардан анық аңғарды.

                                               ***

 

Дүрс-дүрс рельске соғылған поезд дөңгелектерінің  шиқылдап барып тоқтағанынан ойы үзілген келіншек терезеден қарағанда, өзінің сүйікті Семейіне келгенін байқады. Жүрегі аузына тығылып, көзіне жас келді. Кешегі жастық шағы өткен қаланы көргені Мұрат ағайға деген сағынышына қосылып, жүрегін жаншып өтті. Поездың қозғалыссыз тұрғанына елеңдеген Алтай да ұйқысынан оянып, терезеден далаға үңілді.

         – Біз қайда келдік?

Көршісіне Семейге келгенін айтып, далаға шығып, біраз болса да қыдырып келуге шақырып еді, тұрғысы келмеді. Ақыры өзі поездан түсіп, Семейдің сағынышты ауасымен көкірегін кере демалды. Жан-жағына қарап, таныс біреулер кездесіп қалмас па екен дегендей, жылдамдата басып бекеттің ішіне кірді. Атын атап, өзін шақырып қалатындай елеңдеп келеді. Еш өзгермеген бекеттің маңайына әлі № 22 автобус тоқтайды екен. №22 автобусқа осы жерден Ажардың үйіне жету үшін мінетін. Арада қаншама жыл уақыт өтсе де,  кестесін өзгертпеген, көзіне таныс нөмірді көргенде, ескі танысын көргендей қуана жымың етті.

Ары-бері сапырылысқан жұртпен бірге вагонына келіп кіргенде,  Алтай да төсегін жинап, жуынып үлгерген екен. Жолай сатып алған ыстық самсаның иісін бұрқыратып столға қойды. Онысы «енді таңғы асты ішетін мезгіл болды» дегені еді. Үнемі жолда алып жүретін кішкене шәугімін қайнаған суға толтырып алып келгенше,  жол серігі де дастарқанды жасап үлгеріпті. Анасының баласы үшін жанын салып  пісірген дәмділерімен столды толтырып тастағаны соншалық, әйелдің тамағына орын болмай қалды.

– Балам-ау, сонда менің асымды қашан жемекпіз, а?

Алтай үнсіз күлімсіреп қояды. Күлген кездегі бетінің ұшында пайда болатын шұңқыр есіне тағы да  Әлиді түсірді. Екеуі үнсіз ыстық шайдан бір-екі рет ұрттағасын, шыдай алмай келіншек тағы сөз бастады.

– Алтайжан, әкеңе қонаққа бара жатқаныңа қарағанда,  ол сендерден бөлек, Алматыда тұра ма?

– Иә, папамның басқа отбасы бар. Солармен бірге тұрады. Баланың жанды жеріне тұз сеуіп алғанына ыңғайсызданып қалса да:

– Е, Алтайжан, оған қамықпа, менің де қызым бар. Ал әкесі Ақмолада тұрады. Өмір ғой. Неше түрлі себептермен әкелері немесе аналары балаларынан бөлек тұрып жатады. Ең бастысы, бір-бірлеріңді ұмытпай, сыйласып тұрсаңдар, ол да – үлкен жақсылық, – деп жуып-шайған болды.

         – Анаң саған қарай сал деп тапсырғанын ұмытпаған боларсың, сондықтан тамаққа тойып ал. Шай керек болса, тағы ыстығынан әкеліп беремін. 

Алтай өзін кішкене  сәбиге балағанына күліп жіберді. Оның бейкүнә күлкісіне өзі де қосыла күлді. Ішінде сайрап жатқан сансыз сұрақтар далаға шығуға бұлқынған сайын, «балаға үлкеннің әңгімесін айтып, басын қатыруға құқым жоқ» деп, өз-өзін басып тастаумен әлек. Осы ойын сезгендей, Алтай оқыстан әкесін қалай танитынын сұрады. Балаға тән балалық тілмен қуана отырып, Әли екеуінің мектепте  артқы қатарда бір партада отырғанынан бастап,  үйленген кездегі соңғы кездескеніне дейін айтып берді. Тек әр сөзді айтқан сайын, араларында болған балалық махаббатты ғана айтпай бүгіп қалды. Әңгіменің бауын ағытқанына біршама уақыттың өтіп кеткенін, аяғының ұйып, жамбасының талып ауырғанынан білсе де, шыдап бақты. Алтайдың әкесі туралы айтылып жатқан жақсы лебізді кірпік қақпай тыңдап отырғанына қатты разы болды.

– Апай, сіз білесіз бе? мен әкемнің бірінші әйелінен туамын. Ал  екінші әйелінен – екі баласы бар. Баласын тірі жетім етіп қалдырғанын сіз дұрыс деп ойлайсыз ба? Басында көргім келмей, араласқым келмеп еді. Үлкен басын кіші етіп, жиі хабарласқан соң  ғана, илігіп, кешірдім. Әрі анамның көңілін қимағандықтан ғана. Қазір де анам мен әкемнің өтініштері бір жерден шыққан соң, Алматыға келе жатырмын. Алтайдың үлкендерше саралап сөйлегеніне қарағанда, әкесіне деген өкпенің барын сезінбеу мүмкін емес-ті.

– Алтайжан, жүрегің өкпелі болғанымен, ішкі жан-дүниең әкеңді аңсайды, солай емес пе? Менің де қызым әкесіз өсті. Әкесінің басқа отбасы, балалары бар. Бірақ оған тек өзімді кінәламасам, басқа кімді кінәлаймын. Сондықтан сендер өкпелемеңдер, негізгі кінә үлкендерде...

Көршісі екеуі ұзақ әңгімелесті. Дегенмен әлі алда бір жарым күн уақыт бар болғандықтан, екеуі де аздап дем алуды ұйғарды. Алтай әдеттегіше теріс аунап түсті, ал Әлия болса жартылай ашық терезеден сары даланың  бітіп бермес айдынды алқабына көзін тікті. Есіне  тағы сол жастық шағы түсіп, қалың ойға батты...

 

                                                             ***

Көптен күткен көктемнің екінші айында жолдама қолына тиген қыздарын апасы бастаған бір топ адам Көшетауға шығарып салды. Жалғыз жүріп үйренген Әлия үшін алысқа  сапар шегу бұл жолы да қорқынышсыз. Тек денсаулығына пайдасы тисе болғаны.

Қазақстанның аты әлемге әйгілі  Бурабайына жету қиынға түспегенімен, оны көріп, оның ғаламат ғажайып көрінісіне таң қалмау мүлде мүмкін емес. Көкшенің алыстан көрінген мұнарлы таулары мен Шортанды көлінің көгілдір сағымдары  адамды өзіне еріксіз баурайды. Автобуспен келе жатқан кісіге анадайдан алдыменен «Ұйқыдағы батыр» мен «Оқжетпес» көзге бірден түседі. Қалаға ұқсатып салынған Бурабай поселкесінің өзі өте көлемді. Ығы-жығы  орналасқан үйлер мен пәтерге жалға беретін кішкентай сарайшалар тіптен көп. Демалуға келгендер осы сарайларды жалға алатын көрінеді.  Жасыл желекке малынған   шипажай поселкенің шетіндегі  ну тоғайдың ішіне орналасыпты. Жолай кезіккен жолаушының барлығы – демалушылар.

         Автобус тоқтап, далаға көз жібергені сол екен, Әлия өзіне қол бұлғап тұрған Манарбек, Гүлжан, Асқар, Серіктерді көріп, қуанғанынан күліп жіберді.

         – Сенің келетініңді Галина Қырықбайқызынан  естігенбіз. Жолдаманың бәрі сол кісінің қолынан өтпеуші ме еді.

          Жамырай сөйлеп, қолындағы сөмкесі мен құжаттарын алып, дедектете жөнелген достары оны әкімшілік бөлмеге бірақ  кіргізді. Қолындағы анықтамалар мен жолдамаға қарап отырып, анда-санда басын шайқап қойып, қағазын толтырып отырған медбике:

– Сізге бөлмені таудың етегіндегі ғимараттан беремін – деді. Қайдан берсе де, орналассам болғаны ғой деген Әлия үн қатпады. Достарының барлығы таудың ортасындағы ғимараттарға орналасқандықтан, солардың қасынан орын сұрап еді, әкімші оған келіспеді.

 – Сіз денсаулығыңызға байланысты бөлмені алдыменен таудың етегінен, келесі жылы денсаулығыңыз оңалып жақсарса, үстіңгі жағынан, тіптен жақсы болып кетсеңіз, таудың басындағы үйден орын алатын боласыз, – деп жымиды.

         Шындығында,  Бурабай демалыс орны өкпе аурулары үшін салынған және орналасу тәртібі  әр сырқаттың денсаулығына байланысты орайластырылған. Мысалы, жүруі ауыр адамдар үшін жататын үй таудың етегіне орналасса, аяқ-қолы сау, бірақ ентігіп жүре алмайтындар таудың ортаңғы беліне салынған үйге жіберіледі. Ал операцияға түспеген, жағдайлары жақсыларға таудың ең басындағы үйден орын тиесілі көрінеді. Расында да, маңайына енді зер сала қарады. Етекке орналасқан үйлерден  егде адамдар немесе орта жастағылар шығып жатса, таудың шынар басындағы баспанадан кіл жастар төмен түсіп келеді. Соларға қарап, өзінің  етектегі үйге келгеніне іштей намыстанып қалды.

Шипажайдың аты шипажай. Мұнда өзінің жеке заңдылықтары қалыптасқан. «Прописка» алу үшін бүкіл жерлестеріңді шақырып, қонақ етесің. Сосын олардан ажырамай, демалыс күндерің біткенше, бірге боласың. Ал басқа біреулермен танысып, солармен көбірек жүрсең, сені «пропискадан» шығарып, жерлестерің араласпай қояды екен.  Қасындағы бөлмелестері – Нағима деген Өскеменнің қызы мен Семейдің Айнұр деген елуді еңсеріп қалған апайы. Жерлестерінің келу құрметіне аяқ-қолдары жерге тимей зыр жүгіріп жүрген  достары дастархан әзірлеу қамына кірісті. Әлия да үйден әкелген азық-түліктерін ортаға қойды. Стол үстінен екі-үш айранға ұқсас ақ шөлмектер де орын алды.

         – Мынау не нәрсе?

         – Ол – шұбат. Бурабайда шұбатпен емдейді, ішіп көрсең, өте тамаша, – десіп тамсанысып жатыр.  Таныса келе білгені:  Арыстанбек  ағай – Шымқорадан, Ақлима апай – Өскеменнің өзінен, Болат – Ұланнан,  қырықтың қырқасына шығып бара жатқан ағаның есімі  –Айбек. Ол кісінің тізесін баса отырған апайдың есімі – Гүлнар. Осылай  он шақты  жерлес бастарының қосылғанына мәре-сәре болды. Айналып келгенде барлығының арман-мақсаты бір – тез жазылып, ел қатарына қосылып, бірі оқуын, екіншісі жұмысын жалғастыру.

         – Әлия бүгінше демалсын, ертең асханадан орынды өз ортамыздан алуға көмектесерміз, – деп Болат аға біраз отырған соң, қайтуға ыңғайлана бастады.

         – Нағима, жүр кеттік, біраз жүріп келейік, – деп Асқар Нағиманы жетелеп, Болат Гүлнар апайды ертіп кетті.   Қасында қалған  басқа жерлестерінен естігені, курортта жалғыз жүріп демалғанша, жұбыңмен демалған әлдеқайда қызықтырақ көрінеді. Десе де Әлия сырын білдіргісі келмеді. Ол өзіне жұп емес, денсаулығын серік еткісі келетінін іштей сезді. Сөйтіп,  шипажайдағы алғашқы күндері таныстықпен басталды.

         Асхана режімі де ерекше екен. Әр үстелдің басында төрт кісіден, аранйы даяшылар қызмет көрсетеді. Екі ауысымда адамдар тамақтанады. Әлия екінші ауысымды таңдады. Әрі  үстеліндегі көршілері жерлестері емес, оралдықтар болып шықты. Үшеуі де ер-азамат. Басында олар жас қызды ұялтып алмайық дегендей үнсіздікті сақтаса, түскі ас кезінде оның бәрін сырып тастап, Әлияға асханада тамақты жылдам ішу керектігін, сыртта жерлестерінің күтетінін және мұнда ұялу дегеннің болмайтынын, бәрі де өзі секілді демалушылар екенін  нақтылап айтты.

            ... Шипажай емінің бір түрі: таудан-тауға шығып, көп жүру, суға түсіп демалу. Неғұрлым көп жүрсең, тауға шықсаң, соғұрлым денсаулығың оңалады. Осыны санасына сіңірген қыз өзіне берілген бір ай уақытты  түрлі кездесулерге емес, керісінше спорттық жаттығуларға арнауды жөн санады.

         Бурабай – Қазақстанның «Алтын курорттарының» бірі. Қазақстанның Швейцариясы мен Жақұтты мекені атанған жер. Атақты ақын-жазушылардың суреттеп,  тамсанатыны осы – Бурабай. «Сандық тас», «Биші қайың» , «Үңгір тас», т.б аңызға айналған жерлер де осында. Қазақтың маңдайына біткен үш арыстың бірі – Сәкен Сейфуллин, ақиық ақын Қасым Аманжолов сынды біртуарлар осы Бурабайда емделіп жатып, өздерінің бірнеше туындыларын  жазған. «Оқжетпеске» қарай салынған жаңа тас жол жалтырап жатыр. Екі жағына орналасқан шыршалы қарағайдың иісі қолқаңды ашады. Анда-санда алдыңнан секіріп өткен тиіндерді көріп қаласың. Қандай тамаша, ғажайып көрініс! Қасына барғанша «Оқжетпес» аласа көрінгенімен, жақындаған сайын еңселеніп, биіктей береді. Басындағы үлкен тас алыстан пілді елестетсе, жақындай бере аюға айналады. Қарама-қарсы сабылысқан демалушылар тас жолдың үстінде молынан кездеседі. Мұнда жүріс – басты ем.

– Шіркін, ентікпесем, ана  «Оқжетпестің» басына сөзсіз шығар едім.

– Қойшы, шыға алмайсың, былтыр келген екі демалушы бірімен-бірі бәстесіп басына шыққан екен. Түсе алмай, басында қалып қойыпты да, артынан тікұшақпен түсіріп алыпты-мыс  деседі. Сен де солардың кебін киейін демесең, – дейді қасында еріп келе жатқан жерлесі Манарбек.

         – Рас па, онда шықпаймын. Манарбек екеуі асықпай жүріп, тамаша табиғи көріністерге назар аударды. Манарбектің бірнеше күн бұрын келгені бар, Әлияға бар білгенін көрсетіп, түсіндіруде. Сонда да өзінің алғашқы қадамын  «Сандық тасқа» шығудан бастаған қыз жаймен тау басына қарай өрмеледі. Қара терге түсіп, алған демі жетпей, көз алды бұлыңғырланса да, тістене алға ұмтылған бойжеткен межелі жеріне әрең жетті. Тамаша көрініс, шалқып жатқан  Шортанды көлінің үстінен тура түседі екенсің. Катамаранмен қыдырыстап жүрген демалушылар, «Жұмбақ тасқа» қарай жарыса жүзіп бара жатқан қайықтар, керемет!  Жағасында жатқан адамдар. Тура кинодағыдай әсер аласың. Өзінің жас әлі болашағының бұлыңғыр, денсаулық – өмірінің бар кепілі екенін де осы шынар басында түсінген қыз Бурабайдың өзіне берері мол екенін сезді.

         Сол күннен бастап Әлия таңғы бес жарымнан тұрып, спорттық жеңіл киімдерін киіп, қолын төсіне қыса ұстап, «Оқжетпесті» бетке алып, алғаш рет жаттығуға кірісті. Әне, алдында бес-алты қыз-жігіт жүгіріп барады. Бір-екі егде адамды да кездестірді. Еш қорқынышы жоқ, бәрі өзі секілді науқастарынан айықсам деген ниеттегі жандар екенін түсінген сайын, оларды қуып жетсем деген оймен аяңнан жай жылдамырақ жүріске ауысты. Бірақ бірден жүрек пен өкпеге салмақ салуға болмайтынын білгендіктен, асықпау керектігін де естен шығармады. Арасында демалып, өзі мақсат тұтқан таулардың етегіне де жетті.

«Сандық тастың» басына бірнеше рет демалып отырып шыққан ол құлашын жая көк шөпке аунай құлады. Қандай керемет! Өмір сүру деген қандай керемет! Бүгін таудың басына шықты. Ертең бұдан да биікке өрлейді. «Алла Тағала, маған қуат сыйлашы, көмектесші, аяғымнан тік тұрып кетуіме ықпал етші». Әлия сыйына жүріп, жаттығуын жалғастыруға етекке қайта түсті. Алғашқы денешынықтыруы өзінің  нәтижесін бергендей. Тау басына шыққан қиындығы төмен түскен кезде білінбеді де.

«Ауру адам емделмес пе, сосын жазылмас па еді» деген Әлидің сөзі жаны жаралы жанның ұстанымы мен ұранына айналды. Тірі адаммын, мейлі мүгедек болайын, оны ешкім көріп-біліп тұрған жоқ, сау адамдай өмір сүруім керек. Ән айтпадым деп өкінейін, есесіне өмір сүрудің басқа жолдары бар, соған көніп, өзімді үйретейін деген үкілі үміті де осы «Оқжетпестің» баурайында санасына сіңді.  Күнделікті  тынымсыз жаттығулар мен кешкі дискотекадағы билерден соң, Әлия төсегіне қалжырап келіп құлайтынды шығарды. Арада біраз күн салып, демалыс  уақыттары біткен   Болат пен Гүлнар апайлар, сосын қасындағы Айнұр көршісі де еліне қайтып кетті. Оның орнына  Арқалықтың Жанар деген қызы келіп орналасты. Біреулері кетіп жатады, екіншілері келіп жатады. Сапырылысқан өмір.

         Күн шығар-шықпастан шынығып жүрген Шығыстың қызын сырттай екі-үш рет көрген, дастархандас серіктері Әлияні өзінің жерлестерімен танысуға шақырды. Ондағы ойлары «қыз үнемі жалғыз жүреді, қасында серігі жоқ» дегендері болса керек. Басында көпке дейін ананы-мынаны сылтауратып, көніңкіремей жүрген Әлия сыйлас адамдарының көңілін қалдырғысы келмей, ақыры келісімін берді. Оралдықтар көп емес, небәрі он-он бес шақты адам екен. Мұнда да көбісі жастар.

         – Менің есімім Ғиният, – дейді бір ұзындау келген, арықша әдемі жігіт. – Бізге қонаққа келгеніңе қуаныштымыз.

         – Ғиният, сен үнемі жалғыз жүресің,  қарындасымыз да көп ешкімге қосылмайды. Енді таныстыңдар, бірге жүріңдер. Әлия, мынау – Ғиният деген бауырымыз, көп сөзі жоқ, біртоға жігіт. Екеуің әңгімелесіп, танысып жақын жүрулеріңе тілектеспін, – деп бейне бір бауырымен таныстыру үшін әкелгендей Қайрат  аға да қалыспады. Жалпы, салт-дәстүрлері мен сөйлеген сөз мәнерлері Шығысқа өте ұқсас оралдықтардың көңілінен шыға білгеніне өзі де қуанып қалды. Іштей жаны ашығыш ағаларына разы болды. Сол күнді Әлия оралдықтармен өткізді. Алайда ол жерлестеріне ұнамады.

         Өмірінде өнер саласын таңдап, оған қолы жетпеген қыздың жаны сыршыл болатын. Бурабайға қатысты аңыз-әңгімелерді көбірек естіп-білуге құмартып жүретін. Бүгін соның орайы келгендей. Ғиният туристік автобусқа екі билет алып келіпті. Ойынан дөп түскен жігітке қыз разы боп қалды.

         Автобус көп күттірген жоқ, тез жиналған елді тиеп алды да, жүріп кетті. Жол бойы жолсерік «Оқжетпестен» бастап, Бурабайдың арғы-бергі тарихымен таныстыра бастады.  Кез келген тауға байланысты аңыздар айтылды. «Ұйқыдағы батырға» келген кезде еріксіз қызыға тыңдады.  Негізінде, бұл аңыздардың көбісі қазақ әдебиетінде жоқ. Әңгіме кітаптарда да аз жазылады. Сондықтан әр демалушы үшін әр аңыздың өзіндік орны бар. Бұл жердің тағы бір кереметі – Бурабайдың әр тасында, әр салынған ескі ағаш үйлерінің, тіптен құшағың жетпейтін тамыры терең теректеріне дейін сыры мен үлкен құпиясы жетерлік. Жотасы мен қыратына атақты ақындардың қойып кеткен аттары бар көрінеді. Соның бірі – «Таз төбе» жотасы. Бірақ неге оны «Таз төбе» атады, ол әңгіме Әлиянің есінде қалмапты.

         Арадағы екі жарым апталық таныстықтан соң, денсаулық пен бақыт тілеп, дастархандас ағалары  Оралға аттанып кетсе, олардың соңын ала бір-екі күннен соң Ғиният үйіне оралды. Ол кетіп бара жатып, өзіне хабарласатынын, мүмкіндігі болса, келесі жылы осы жерде кездесуге келетінін айтты. Асқар, Манарбек, Нағима, Серіктер де бір күнде Өскеменнің ұшағына отырды. 

         Бурабайдың таза ауасы мен күнделікті жаттығулардың нәтижесінде қанатының қатайып, аяқ алысының мығымдана түскенін сезген Әлия жүрісінің де жеңілдегенін сезді. Осылай жаттыға берсе, ол сонау таудың басындағы демалыс үйінен орын алатынына да күмәні болмады. Ең бастысы, күтіну, жаттығу, дұрыс тамақтану. Десе де ентігінің аздап болса да азайып, бойындағы ісіктердің кете бастағанына дімкәс қыз қатты қуанды да. Алла Тағаласына сыйынып, құлшылық жасаудан танбады. Сөйтіп, тура бір айдан соң Әлия да Өскеменге емес, Семейдің ұшағына билет алды. Ондағы ойы – музыкалық училищеден құжаттарын алып, байланыс техникумына тапсырмақ. Студенттік өмірін бастаған сүйікті қаласына жеткенше асыққаны соншалық, оның көз алдынан  құшағын жайған досы Ажар кетер емес. Сыры мен мұңдары астасқан қос құрбылардың кездесуінен тағдырларының ту-талақайы шығатынын екеуі де білмеді. Иә, арсалаңдай, алыстан  «Мен келдім!» деп қуаныштан айқайлай кірген досын қарсы алған ешкім болмады. Бет-аузы жылаудан көлкілдеп ісіп кеткен, оның үстіне  босанатын мезгілі жетіп, шермиіп отырған жан құрбысын көргенде, Әлия талып қала жаздады. Сонда да Бекенді көзімен іздеп, үй-ішін аралап кетті.

               – Ешкімді іздемей-ақ қой. Ол жоқ. Бір алдамшы қу, арам  адам болып шықты ғой, – деді көзі боталап.

Бір жаманшылықтың барын сезгендей, шошына тіл қатты.

          – Амансыңдар ма өзі?

         – Амандықтан не пайда? Бекен менімен екі жыл тұрып, оқуын бітіріп алды да, үйіне кетіп қалды.

         – Үйіне кеткені қалай? Сен ше, үйі емессің бе?

         – Оның әйелі, баласы бар екен, менімен оқу бітіргенше ғана тұрыпты. Бәсе, бала көтерсем болды, алдырып тастайық деп дедектетіп апарып алдырып тастайды. Мынау үшіншім, мұны да алушы едім, «уақыты өтіп кетіпті»  деп дәрігер келіспей қойды, енді не де болса  босануға тура келеді.

         – Үйдің іші біле ме?

– Біледі. Бүгін шешем келмекші. Бұл үйде не қантөгіс немесе жақсылық болады. Бәрі шешемнің шешіміне байланысты. Оның күрсінгеніне қарағанда, ешкімнен еш жақсылық күтіп отырмағаны белгілі. Ажардың анасы салтшыл, дәстүршіл, өте қатал адам. Ол ешкімді де аямайды.  Құрбысының тағдырымен допша ойнаған, екіжүзді Бекеннің өзі жоқ болса да, атына  айтылған қарғыстар бірінен кейін бірі ағытылып жатты. Жаны қоса ауырып, досының мына халін қайтсем жеңілдетем деп отырған кезде, ауылдан артынып-тартынып анасы да келіп кірді. Бейуақытта қараңғы үйде үрпиісіп отырған екі қызды көрген үлкен кісі сасып қалды.

         – О, Әлия, сен де осында ма едің? – деп неге екені белгісіз, ауылдасын көрген кезде, ол кісінің де түрі бұзылып кетті.

Ажардың бетінен де сүйген жоқ, үйдегі екеуіне кезек қарап, не айтарын білмей отыр.

         – Балам, сені көріп сасып қалдым. Мынаның аяғы ауыр екенін менен басқа ешкім білмеуші еді, енді сен білдің. Ешкімге айтпа, жар салатын жақсы нәрсе емес қой. Ажар, ертең босанасың да, баланы сонда тастап шығасың, ұқтың ба?

         – Тастамаймын.

         – Тастайсың! Әкесіне керек емес баланы сен де алмайсың. Одан да оқуға түс, жұмыс істе, байға тиіп бала табуға үлгересің.

         – Тастамаймын, өзім бірдеңе қылып асыраймын.

         – Тастамасаң,  шаранаңды шандып өзім өлтіретін боламын.

         – Өлтірмейсің! Өзім бағамын дедім ғой. Сен неменеге келдің?! – деп анасына айқай салған кезде Ажар баж етіп отыра кетті. Қайта-қайта қатты қысылғанына қарағанда, толғақ басталып кеткенге ұқсайды. Жедел жәрдем шақыруға бет алған қызды досының анасы  тоқтатып тастады:

 – Керегі жоқ,  өзім. Леген мен  жылы су алдырып, екі білегін түріп, Ажарды босандырып алу қамына өзі кірісті.

          Сұмдық-ай, екі бірдей баласының тағдырымен алысып жатқан мынау ана не деген жүректі еді. Қыздың халі ауырлаған сайын, айқай көбірек шығып, құлындаған дауысы құдайға жетеді. Қысылған сайын, қолын сындырардай қатты қыса ұстайды. Әлия да көмектескен болуда. Қиналған сайын қоса қинала, ол күшенсе, бірге күшеніп, есі шықты.  Не айтар екен дегендей, анасы мен Ажарға кезек қарап  жалтақтайды. Тер басып, судай ақты. Онсыз да әлсіз денесін билей алмай, ентігі жиілеп, қайта-қайта қысылып қала береді. Ажардың толғағы қайталаған сайын, онымен қоса толғатқандай, ақ тер, көк тері шықты. Толғақ үш сағатқа созылды. Анасына қараса, тілін жұтқан адамдай, жақ ашар емес. Тістеніп алған, қызы мен енді ғана дүниенің есігін ашпақшы болып жатқан немересінің өмірімен арпалысуда. Баласының өмірінен намысын жоғары қойған, не деген жүректі адам еді деп түйіндеді қатты таңданған Әлия. Ақыры төрт сағатқа созылған толғақтың соңынан іңгалаған баланың дауысы да құлаққа жетті. Бұл кезде Ажар талықсып кеткен еді, сәбидің дауысын естімеді де.

         – Әлия, тез орамал әкелші, – деп  орамалға жұмсады да, өзі баланы қолына алды. Үсті-басы қан-қан сәбиді жуындырмады да, орай салды.          – Сен жата бер. Қызым есін жиғанша, мен осылай отыра тұрамын. Күні бойғы жол жүргені бар, оның үстіне, Ажармен бірге өзі де төрт сағат толғатқандай бойының дел-салы шыққан Әлия досының қасына қисая кеткен бойда көзі ілініп кетті. Кенет селк етіп, шошып оянды. Үйдің іші тас қараңғы, еш дыбыс естілмейді, еңбектеп келіп, сырт еткізіп жарықты жағып еді. Сұмдық-ай, үйде Ажар екеуінен басқа тірі жан жоқ. Жалма-жан жарықты сөндіре сала, атып далаға шықса, көзге түрткісіз қараңғылықтан түк көрінбейді. Маңайда да ешкім жоқ. Бір сұмдықтың болғанын сезген Әлия үйді айнала жүгірді. Ешкім көрінбейді, жым-жылас.

Кенет жарқылдаған ақ орамалдың шеті көрінгендей болды, жүгіре  басып қарсы шықса –  Ажардың анасы. Қолы бос, бала жоқ.

         – Апай, бала қайда?

         – Баланы бір бай біреулердің қолына табыстадым. Соларға бердім, қызым баға алмайды, ол бала болып жарытпайды.

Мына сұмдықты естіген оның аяғы кері кетіп, жүре алсашы... Оп оңай бере салды... ала салды... қарызға берген ақша сияқты.

Үйге жете бергенде, шыңғырған Ажардың дауысын естіген екеу алқын-жұлқын қатарласа кіріп келді. Қолына нан турайтын үлкен қара пышақты  ұстап алған Ажар:

– Баламды қайда жібердің! – деп анасына тұра ұмтылды. – Сені де, өзімді де өлтіремін!

         – Өлтір мені! Қолыңнан келсе, өлтір! Бала жоқ, алып кетті. Оны енді мүлде көрмейтін боласың. Өлтіргіш болсаң, өлтір мені! – деп анасы жерге шашын жайып отыра кетті. Онсыз да қан көп кетіп, әлсіреп тұрған жас ана «бала жоқ» деген кезде, көзі төңкеріліп, талықсып құлап  бара жатты.

     – Қу құдай! Мені күнаһар етіп қойдың-ау, ертең елдің бетіне қайтып қараймын! Қызының беті ашылған... бұзылған... тәрбиесіз деген сөзге қалдырдың-ау.

Ажардың анасының әжімді жүзінен аққан жасты көрген кез келген адамның жан-жүрегі езілер еді. Баласы үшін отқа да, суға да түсетін қайран ана. Күйік болып, қара бет болса да, баласын бауырынан тастамайтын ана. Өмір мен өлім әкелетін, ар мен намыс үшін, баласының бағы үшін, мойнына адам тағдырын жүк қылып артып алатын ана. Қанішер мен жайсаңды, қатыгез бен мейірімді, ақылды мен ақымақты бағып-қаққан ана. Тіршілік пен баласының басына түскен тауқыметтің ащы уын ішкен ана. Осы қолыңмен істеген аяусыз оқиғадан кейін, сенің күнің не болмақ? Сені енді Ажар анам деп сыйлар ма екен, бетіңе қарар ма екен? Осы оқиғаның куәсі болған менің күнім не болмақ? Топырағым не деген жеңіл еді. Көкшетаудан Семейге әкелген – Ажар мен сәбидің көз жасы ма?!

 Әлия бүгілген қалыбы көз жасына ие бола алмай отыра кетті.

 – Қайран сәбиім-ай, дүние есігін ашпай жатып,  ана сүтін иіскемей жатып, қатал тағдырға бой бергенің-ай. Неткен сұм өмір едің!

Бекеннің жасап кеткен опасыздығы мен Ажардың аянышты халіне, көкірегі қарс айырылып, ана мен баланың ортасында дел-салы шығып отырып қалған құрбысына енді Ажар не айтар екен. Ол енді ешкімді де кешірмейді.

         – Шыныңды айтшы, балам өзі тірі ме? – Ажар есі кірген сайын  тек баласын сұраумен болды.        

 – Мені жіберіңдерші, сол жатқан жерге барып өле қалайын, – деп  дәрменсіз ұмтылған болады. Басын көтермекші болады да, сылқ етіп қайта құлайды. Жалбырап кеткен шашын жинамақшы болған досының қолын шашымен қоса жұлып алды.

– Маған жоламаңдар! Қанішерсіңдер, екеуің де қанішерсіңдер!

         – Балаң тірі. Оны ешкім өлтірген жоқ,  сәбиге зар болып жүрген адамдар алды. Қызың сенен де жақсы, бақытты болып өседі, сен оған не бермексің? Әлі өзің баласың.

          «Қызың»  дегенді естіген кезде онсыз да бір есі бар, бір есі жоқ Ажар айқайды салып, өзінің шашын өзі жұлды. Бет-аузын тырналап, қан-жосасын шығарды. Біресе пышаққа ұмтылып, біресе басын қара жерге сабалаған  аяулысының мына күйіне Әлия қоса күйінді. Туған ана баласын ана болу құқығынан айырса, сәби мәңгілік туған анасын жоғалтты. Қатал үкім. Ажардың адам баласына сенгіштігі мен алданып қалғаны үшін шығарылған қатал үкім! Әлия қазіргі  құрбысының жайын, ертеңін қорқынышпен ойлады.

         Ажар үш күн бойы нәр сызбай  жылады. Омырауын сүт керіп, көзі бұлаудай болып ісіп кеткен.  Әлсіз, буын жоқ. Тіл сөйлеуге келмейді. Енді біраз ұстаса, өлтіріп алатынын сезген  құрбысы шешесінің қарсылығына қарамастан жедел жәрдем шақыртты. Есіктен кірген дәрігерлер Ажардың  босанғанын бірден білді де,  баланың қайда екенін сұрады.

         – Баланы әкесі  ауылға, анасына алып кетті.

         – Қалайша? Бала анасымен бірге болуы керек қой?

         – Әй, қарағым, жастардың ісінде шаруамыз жоқ, босана салысымен, үш күн бұрын баланы аштықтан өлтіріп алады екенбіз деп әкесі алып кетті. Мен не істейін? – деп анасы екі қолын жайып тұрған соң, олар да қазбалап ештеңе сұрамады,  жас ананы ауруханаға ала жөнелді.

         Сол жатқаннан құрбысы он күн жатты. Бар шаруасын бітірген соң, үйіне қайтпаққа бекінген Әлия Ажарға бір  дорба жеміс-жидегін арқалап жетті. Өзін оның алдында кінәлі адамдай сезініп,  басын көтеріп, бетіне тіктеп қарай алмады. Ол да жылы шырай танытпады. Сонда да төсегінің аяғына келіп отырды.

– Қалайсың, Ажар?

Алып келген жеміс-жидектері мен сусынды столға қойды.  Досы көзінің астымен алая қарап алды да:

 – Енді маған келгеніңді доғар, сені көргім келмейді, – деді кесіп.

– Қайдағыны айтпашы, біздер жаны бір достар емеспіз бе, қалайша айырылысып кетеміз? Не үшін кінәлайсың?

– Сені көргім келмейді.

– «Ауылға қайтып барамын. Жалғыз қалып барасың, сабырлы болшы...» дегісі келген еді.

– Сен, досыңды жалғыз емес, тірі өлік күйінде қалдырып барасың. Кет!

 Ол ызғарлана орнынан тұрды да, әкелген сәлемдемені қолына ұстата, есіктен итеріп шығарып жіберді. Іші күйіп, өзінің кінәсіз екенін дәлелдей алмаған Әлия досы үшін енді керексіз екенін мойындамасқа лажы қалмады. Әлі де болса денсаулығы әлсіз, жүрісі мандымаған қыз көңілсіз күйде ауылына оралды.

         Бурабайдан аман-есен келген қыздарының біршама өзгеріп, еркін жүріп-тұра алатынын көрген үйдегілердің қуанышында шек болмады. Шипажайдың шипасының баласы үшін таптырмайтын ем екенін білген ата-ана қыздарының бір жылға оқуын шегеріп, курортқа күздің соңына қарай тағы бір мәрте баруын талап етті. Өзінің де денесіндегі өзгерісті сезінген Әлия  туғандарының тілегін қабыл алды. Ол бәрібір биыл басқа оқуды оқи алмайтын да еді. Өз-өзіне келе бастағаны енді ғана болатын. Сонда да анасына еңкейіп көмектесу қолынан келмей, ентіге берген соң, көбіне кітап оқумен айналысты. Көңілі құлазыған сәтте, мектеп жаққа барып немесе есігінің алдын арамшөп басып кеткен Жүніс атаның үйінің алдындағы орындыққа отырып, ұзақ сонар ойға беріледі. 

 Әлидің Алматыда оқып жүрген кезі болатын. Бір каникулда екеуі үйдегілердің көзінен жасырынып, осы үйдің алдындағы орындыққа келіп отырған. Түскі мезгіл. Үйінен шыққан жігіттің өз үйіне қарай келе жатқанын көрген бойжеткен  тездетіп қолына алған шаруасын  аяқтап, ешкімге ескертпестен ата үйінің алдындағы орындыққа жайғасқанша, жылдамдата жеткен Әли оның қолынан ұстай алды.

         – Жындысың ба, біреу көріп қойса қайтесің?

         –  Көре берсін, қолдан ұстағанда тұрған не бар?

          – Сен Алматыда оқығаннан бері біртүрлі батыл боп кетіпсің, иә?    – Рас па, бетіңнен сүйсем, не болады?

          – Өйтіп қорқытпашы.

         – Оның несі қорқынышты, біздер жиі кездеспейміз ғой. Оның үстіне ертең Өскеменге қайтқалы отырсың. Таңертең өзім машинамен апарып саламын, ал сен кешкі автобусқа шығушы болма. Әлия бірінші рет жігітінің бетіне тіктеп қарады.

         – Сен, расымен де, тым батыл боп кетіпсің, бұзылайын деп жүрген жоқсың ба өзі?

          –  Бұзылғандар қалай болады?

          – Білмеймін, біртүрлісің.

Әли ақырын қыздың иығына қолын апарғаны сол екен, ол шоршып кетті.

          – Жындысың ба, тал түсте құшақтағаның не, апам көріп қойса, өлтіреді ғой!

          – Ендеше бірге өлеміз!

Әлидің сол кездегі мейірлене қарап, жымия күлгені Әлиянің есінен мәңгі кетпейтін шығар. Шынымен де, жігіт айтқан сөзінде тұрды. Кешкі автобусқа шықпай қалған қыздарын түсінбесе де, үлкендер тіл қатпады. Есесіне... есесіне ертеңінде нағыз қызықтың көкесі болды.

 – Ұят-ай, ұят! Алпысбайдың ұлы мәшинесімен есіктің алдында тұр, – деп бажылдаған апасының көзіне түспеуге тырысқан Әлия сөмкелерін жүре іліп, далаға қарай жүгірді. Қашадан шыққаны сол еді, Әли машинасынан атып шығып, мұның сөмкелерін артқы орындыққа лақтыра, өзін кабинаға отырғызар-отырғызбастан көліктің тетігіне басты. Кетіп бара жатып, артына қарағанда көргені, апасының екі қолын аспанға көтеріп, басын шайқап, таңдайын қағып, тісін тарсылдатқаны болса, шешесі мен әкесінің қашадан шыға алмай, тек көздерімен шығарып салып тұрғанын байқады. Ол тіпті қорыққанынан бауырларымен қоштасып та үлгермеді. Ауылдың шаңын бұрқыратып, Әлидің үйі тұсынан өте бергенде, жігіттің әке-шешесінің де қаша ішінде бұларға  сығалап қарап тұрғандарын байқады.

          – Сенің апаң бүкіл ауылды басына көтерсе, біздікілер әне үндей алмай, қаша ішінде тығылып тұр, – деп Әли күліп жіберді. – Шынымды айтсам, апаң шыға келгенде, өзім де қайда қашарымды білмей қалдым. Абырой болғанда, сен тез шығып, кетіп үлгердік. Оның үстіне әкем машинаны бермеймін деп біраз әуреге салды. Ақыры «келіндеріңді шығарып саламын деп уәде беріп қойғам»  деген соң ғана көліктің кілтін бергені.

         Жігіт қанша сөйлесе де, үлкендер алдында ұятты болғанын мойындаған қыздың сөйлескісі келмеді. Онсыз да «қаланың тәрбиесі» деп  кеиитін апасына бүгінгі қылықтары тіптен батқаны белгілі.

Жолда жалғыз тал өсіп тұратын. Ол «Құрман тал» деп аталынатын. Сол жерге жеткен кезде Әли көлікті тоқтатты.

         – Түс, бетімізді жуып, өз-өзімізге келіп алайық.

          – Қаланың автобусына үлгермей қалмаймын ба?

          – Үлгересің!

Қыз көліктен түсіп, Әлидің соңынан ерді. Екеуі арықтың мөлдір суына беттерін жуып, үсті-бастарын түзегендей болды.

         – Әлия, екеуіміз бүгін бір ерлік жасадық, иә.

         – Қандай ерлік?

          – Мен сені әке-шешеңнің, апаңның көзінше алып қаштым.

          – Бұлай болатынын білгенде, кеше кешкі автобуспен кетіп қалар едім.

         – Кетпейтін едің, мен сені жібермейтін едім. Кенет ол қызды қапсыра құшақтай алды. – Мен сені бәрібір жібермейтін едім!

Сол күнгі автобусқа шығарып салар кезде, Әли шыныменен батылдық танытып, қызды құшақтап, бетінен сүйген болатын. Кейіннен сыныптастары да  көпке дейін екеуін «қашқындар» деп мазақтағандарымен, Әлидің ісін нағыз «жігіттің ісі» деп мақтағандары да болды.

         ...Көзіне келген сағыныш жасын ешкімге көрсеткісі келмеген бойжеткен Әли отырған жерді ақырын қолымен сипап қойды. Сол бір бал-балалық пен жастық шақ кері оралса, Әли келіп, екеуі шат-шадыман күйде қалжыңдасып отырса, ешкім мазаламаса, айқайлап шақырмаса, болашақтары, армандары туралы айтса, бастысы, «қайда жүрсек те, бірге боламыз»  деп уәделерін беріссе. Шіркін, одан артық қандай бақыт болар еді! Енді, міне, отырған отырысы мынау. Жалғыз. Көзінде жас, көңілінде мұңы басым. Әскерден келген кездегі кездесулері соңғысы болғандай.  Сүйіктісінің неге соншалықты қатты өзгергеніне таңғалады. Бір үйдің ұл баладан үлкені болғандықтан, тым еркіне жіберді ме, әлде белгілі бір себептер болды ма. Әйтеуір бұрынғы Әлиді ауыстырып жібергендей.

Әлияда өзгерді. Бұрынғы өмірден түңіліп, баз кешкен қыздың орнына, өршіл, батыл, қандай жағдайда да бір жерден тесіп шығамын дейтін алғыр жан пайда болғандай. Үйде жүрсе де, сыртта жүрсе де, бауыры Бақаштың қасынан қалмай, түрлі жаттығулар жасап, денесін шынықтырып, бос жатпауға тырысты. Сонда да  бойына сергектік пен салауаттылық іздеген бойжеткен араға үш ай салып, тағы да Бурайбайдың табалдырығынан аттады. Бұл жолы ол жатын орынды таудың бел ортасында орналасқан ғимараттан алды. Таза ауа әрі үнемі қимыл-қозғалыс. Арасында кешке қарай кино немесе дискотекаға да бару секілді жастарға лайық әрекеттер Әлияні босаңсытпады. Керісінше үйден алып келген кітаптарын оқуға мүмкіндігі болмай жатыр. Жаттығу,  қыдыру,  кей кездері кешке қарай ешкімге де ескертпестен тау басына шығып алып, ойға бату да көп-көрім  миын тынықтырып, демалдырады.

Осындай бір күндері Әлия түскі тынығу мерзімінде сұранып шығып кетті. Жеңіл киінген ол «Биші қайыңға» келіп, ішіндегі  үстіне отыруға лайық қайыңды таңдады да, соған шығып алып, ұзақ ойға берілді.  Сондағы ойлағаны  – Семейі.  Екінші жыл ол ән айтпақ түгілі, ыңылдамайды да. Қазір маңайында ешкім жоқта бір шырқағысы келді. Тамағын кернеп алған соң, ақырындап «Ақмаңдайлымды» бастай  жөнелді. Басында алымы жақсы болғанға қуанған Әлия дауысының кенет жарықшақтанып, қырылдай шыққанын сезді. Сонда да тамағын қырнап, бір жөтеліп алды да,  қайта шырқай жөнеліп еді, тағы болмады. Бұл жолы оның демі жетпеді. Иә, демі де жетпеді, дауысы да өшіп қалды. Дәрігер Клейн шындықты айтқан екен. Әлия былтыр жолы түсіп, «Биші қайыңға» келгенде, жазылып болған соң, осында келіп «Қыз Жібек» операсындағы Жібектің ариясын айтармын деп өз-өзіне іштей серт берген-ді. Өйткені еліміздің танымал «Қыз Жібек» фильмінің кейбір тұстары осы «Биші қайыңда» түсірілген болатын. Дәл Әлия отырған жерден Төлегеннің ғашығына қарай асығып, шауып бара жатқан кезі  түсірілгенін кез келген демалушы білмесе керек. Кенет, көз алдына өзімен бірге «Ақсисаны» шырқап тұрған  Мұрат келіп еді, іштегі  өксігі өршіп, солқылға айналды. Ол опера жанры тұрмақ, қарапайым ауылдың алтыауыз  әндерін де айта алмайтындығына қамықты. Ішінде бір ән айтсам деген кішкентай ғана үміті бар еді. Енді сол үміті де өшті. Демек,  ендігі өмірін басқа арнаға түбегейлі бұруы қажет. Ол терең күрсіне жатағына қарай бет алды.

Күздің соңғы айы болса да, қара суық қарып тұрған шақ. Суық жел бетін өпкен сайын, бойын сергектікке үйреткен қыздың денесі күздің суығын елең қылмады. Болашақ жоспарын түбегейлі өзгерту керектігін санасына түйген Әлия басқа мамандық таңдау керектігін түсінді. Бұрынғысына қарағанда жүрісінің жеңілдеп, ентігінің тіптен азайғаны байқалады. Арасында жүгіріп те алады. Кем дегенде он-он бес метр жүгірсе, соның өзі үлкен жеңіс болар еді. Өкінішке орай, оған әзірге жете алар емес. Аз уақыт өтті. Өз денесін өзі енді ғана қолға алып, ырқына көндіріп келеді.

Бурабайдағы осы жолғы демалысын семейліктермен бірге өткізуге тура келді. Шындығында, шығыстықтар мұны іздеп келмеді. Семейден келген демалушылар да ересек адамдар болғандықтан, Әлия жалғыз жүруді әдетке айналдырды. Сол бұрынғысындай, еш өзгеріссіз, таудан тауға шығу, жылдам жүру, бірнеше шақырым жерлерді аяңмен жүріп өту секілді қимыл-қозғалысы мол жаттығулардың арқасында өзін сау адамдардай сезінді. Бұрынғыдай ентігу, тер басу секілді артық қылықтардың ауылы алыстай бастағаны сезіледі.

Жылдың төрт мезгілінде тамаша табиғи келбетін бермейтін Бурабайдың шипасын  бір ай бойына дарытқан бойжеткен  ата анасына сағынышпен оралды.

Бұл жолғы қыздарының өзгерісін көрген туғандары Аллаға мың қайтара іайтып, тілектерін тілеумен болды. Бағана кірген кезде байқағандай, үйде бір өзгеріс бар секілді. Неге екені белгісіз, әжесі мен анасы сыбырға көшіпті. Бірдеңелерді айтып, арасында Әлияға қарап қояды. Әңгіменің төркіні өзі туралы болып жатқанын сезсе де, денсаулығына қатысты болар деп топшылады. Достары, сыныптастарының  біразы ауылда екен. Олар да құрбыларының курорттан келгенін естіп, кешкісін қызды орталарына алды.  Бәрі ержетіп, есейіп кетіпті. Бойлары да ұзарып, қыздар сылаңдап, ұлдар бұлаңдап дегендей, өздерін үлкендердей ұстайтын дәрежеге жетіпті. Бір оңаша қалған сәтте Дидар Ажардың қайда екенін сұрады.  Досының жағдайынан еш хабары жоқ екенін қысқа жеткізген Әлия сонау келеңсіз оқиғаны ешкімнің білгенін қаламады. Сонда да дабырласып, бірінің сөзін бірі үзіп, өз білгендерін ортаға салып жатқан сыныптастарының сөзіне құлақ түрген қыздың ойын:

         –  Әли кімге үйленгелі жатыр, сендер не білесіңдер? – деген Бақаның кенеттен қойған сауалы бөліп жіберді.

         – Кетші ары,  шынымен үйленгелі жатыр ма, ерте емес пе?

          – Сендер әлі естімеп пе едіңдер, ол келіншекті Алматыдан әкеле жатқан көрінеді. Аузы-аузына жұқпай, бар білетін жаңалығын жүйткітіп жатқан Бақаны Дидар жеңінен тартып қап тоқтатты. Ондағысы –«Әлияға қарасаңшы» дегені. Меруерт таңданып үлгергенше,  ештеңеден хабары жоқ Әлиянің көзі қарауытып, басы шыңылдап, жүрегі шаншып кетті. Әңгіме де кілт үзілді. Жарасымын таппаған кездесудің соңы жылдам үйді-үйлеріне тараумен алмасты.

... Ертеден бері үлкен сөмкені толтырып, әуре болып жүрген анасы  Ақшиге Беріктікіне бір сөмке азық апарып беруі керектігін  ескертіп, қызын түскі автобусқа отырғызды.  Көптен көрмеген немере бауырын көруге асыққан Әлияні аялдамадан ағасы күтіп алды. Жиі келе беруге уақыты болмаған қайынсіңлісінің құрметіне жайылған үлкен ақ дастархан басында жеңгесі екеуі ыстық шайды сүйсіне сораптады. Көптеген әңгімелер ағытылды. Немере інісінің тәтті қылықтарына көпке дейін тоя алмай, мәз болып отырғанда, үйге кірген көрші қыз:

 – Жұлдыз,  Әтейгүл апайдың Алматыдағы Әли деген бауыры үйленгелі жатыр дейді. Жаңа байқадым, машиналарына лента тағып, гүлдеп, әдемілеп, зыр жүгіруде. Қазір біраздан соң Құйғанға кететін көрінеді. Жүр, далаға шығып, жолдарына арқан керейік, – деп асыға сөйлеп, даланы мезгеді. Әтейгүл апайдың Әлидің туған әпкесі екенін білетін Әлия отырған жерінде қозғала алмай қалды. Бәсе, қу жүрегі бірдеңені сезгендей, босқа алабұртпаған екен ғой. Енді қайтті? Неге бұлай боп кетті?  Өзін далаға шақырған жеңгесінің сөзін де, олардың үнсіз арқан керуге  көшеге шығып кеткенін де қалың оймен арпалысып кеткен  қыз сезбеді де, естімеді. Бар ойы кері ауылына қайтқысы, Әлидің тойына қатысып, оған бетпе-бет қарап отырғысы келді.

Жас жұбайлар туыстарының үйінде көп отырмады, сүтпісірім уақыттан соң қызылды-жасылды шарлар мен әдемі ленталарға көмкерілген үш көлік Құйғанға аттанып бара жатты.

Күн қараңғыланып кеткен уақыт. Кешкі автобусқа жүгіріп жеткенімен, үлгермеді. Жаны жаншылып, көзінен аққан жасын тыя алмаған  ол  қайтсем  тойға қатысам дегендей, тас жолдың бойымен ауылын бетке ұстап жаяу жүріп кетті.    

Биыл қыс ерекше қатты болып, қасқырлар да адамдарға шабуыл жасап,  ауылдың жеке-дара малдарына ауызды салған кезі болатын. Өзінің осыншалықты қиналғанынан запы болған Әлия кенеттен айқай салды.

– Қасқырлар! Әлиді үйлендіріп, менен бөліп әкеткенше, талаңдаршы, қасқырлар, қайдасыңдар?!  Ту-талақайымды шығарып жеп кетіңдерші! Мені талаңдаршы, жеңдерші! – деп даланы басына көтеріп айқайлай жылады. Сол түнгі оның шырқыраған дауысын даланың бөрілері естісе де, елемеді ме, әйтеуір, қанша шақырса да, олар Әлияға келмеді. Сонда да өмір сүргісі келмей, мына жалған дүниеден безінген қыз  қасқырларды шақырып жылағанын қоймады.

–  Ей, Алла, бар екенің рас болса, жалғыздығымды пайдаланып, даланың құзғындарына жем ет, жесін мені! Неге мені осыншалықты ауру етіп, мүсәпір күйге түсірдің!

 Айқайлап сөйлеп жылағаннан дауысы бітіп, қарлығып қалды. Әлиді қаншалықты жек көрдім десе де, соншалықты оны қимайтынын, жақсы көретінін мойындады. Мойындаған сайын өмірі осымен тоқтап қалғандай, өзінің жарымжандығынан  сүйіктісінен айырылып қалғандай көрінді. Ойлаған сайын шыңғырып, жылағанын қоймады. Сөйтіп, аяқ астындағы қарды сықырлата басып, біресе жолдың шетіне, біресе ортасына шығып сандалақтап келе жатқан қызды артынан кеп тоқтаған көлік жүргізушісінің айқайлаған дауысы селк еткізді.

         – Түнде айдалада неғып қорықпай жүрген қызсың, қайда бара жатырсың? – деп  ұрса сұрады.

          – Құйғанға бара жатыр едім.

         – А, біз де сонда тойға бара жатырмыз, кел отыр, – деп қомданып қойды ағасы. – Алпысбайдың ұлы  келін түсіріп, соған бара жатырмыз. Жол қысқарсын дегеніме, жаңағы аға артқы жақта отырған екі әйелмен әңгімелесуге көшті.

         – Ой, Алла, осы Алпысбайдың Әлиін айтам-ау, құйтымдай кезінде бір қызға ғашық болып, сегізінші сыныпта оқып жүргенде ғой деймін, ешкімге айтпай әкесінің машинасына  қызын салып алыпты да, осы Ақкөлге әкеп, қаланың автобусына салып жіберіпті. Қыз кетіп қалғаннан кейін, аудандағы мелисалар ұстап алып, қамап қойған ғой... «Сен әлі машина жүргізуге жараған жоқсың,  әкең келсін, сосын бірақ шығасың» десе: «Өздеріңіз ешкімге ғашық болмап па едіңіздер, ол қызды сондай жақсы көремін, сосын алып келдім, жолда тым болмағанда екі сағат болса да бірге болайын деп, ауылда апасы оны шығармай, төргі бөлмеге сырмақ тігесің деп қамап қойған соң», – депті. Содан аяп кетті ме екен, әлде шыныменен сенді ме екен, мелисалар Әлиді Ақкөлдің шетіне дейін әкеп шығарып салыпты. Сөйткен  Әли енді үй болып жатыр.

         – Алып жатқан қызы сол ма екен?

         – Жоқ, ол емес.

Әлиянің сөзін ешкім естімегендей үнсіздік орнады.

Екі көзінің бұлаудай болып ісіп кеткенін үйдегілердің бәрі байқаса да, «қолдан келері жоқ» дегендей, үнсіз қалды. Тек анасы ғана қызының жаны күйзелгенін көріп, өзі де қиналып кетті.

         Бүкіл ауылдың жастары мен үлкен-кәрісін жинап, той жасап жатқан Алпысбай үйінен шыққан музыканың үні қыстақтың бір шетіндегі Әлиянің құлағына дейін даңылдап естіліп тұрды. Ол ұйықтай алмады. Ананы-мынаны ойлап басы қатты. Бағанағы даланы басына көтеріп жылағаны, қасқырлардың өзін талап, жеп жатқаны, сосын мұны қара жерге беріп, өмір мен өлімнің арасында тұрған анасының бейнесі көз алдына келгені сол екен, өз ойынан өзі шошып кетті. Неліктен соншалықты өмірден түңілді. Әли үйленіп кетсе, басқа біреумен танысар. Жер бетінде жігіт атаулы қырылып қалмаған шығар. Ол неге соншалықты қиналды... Бәрібір қанша өз-өзін жұбатқанымен, жүрегі Әлиді ойлаған сайын ауыра түсті. Ұйқысы да шайдай ашылды. Апасының өзін аңдып отырғанына қарамастан, арқасын пешке төсеп, қолына кітап алды. Бірақ оқи алмады, тек бетін ақтарып отыр. Көзі мен санасы ештеңені көрер емес.

Бір кезде ақырын есік сықырлай ашылып,  үйде біреу-міреу бар ма деген кісіше, мысықша басқан сыныптасы Бәкірдің басы көрінді.

         – Әлия, шығып кетесің бе? Далада машинаның ішінде  Әли күтіп отыр, сенімен  сөйлеспей, тойға кірмеймін  деп бой берер емес. Шығып кетші.

         Осы сөзді күтіп отырғандай, тонын иығына желбегей іле сала,  сыныптасының артынан  ерді. Қыздың үйден шыққанын көрген Әли де оған қарсы жүрді. Жүрді деу бекер болар, жығыла-сүріне жүгірді. Жетер-жетпестен құшақтай алды. Сонда ғана оның бірталай қызу екенін сезген Әлия лезде кері шегінді.

          – Неменеге келдің, мына жүрісің не, ел-жұрттан ұялмайсың ба? Жігітіне ұрсып тұрмын дейін десе, ол – үйленіп жатқан адам, сыныптасым дейін десе, жүрегі басқаша соғады, бетін тырмалап, айқайлап қуайын десе, қолынан ол да келмейді.  Әлия үнсіз тұрып қалды.

       – Ешқашан, ешкіммен бақытты бола алмайтын сияқтымын. Мені ұмытпашы. Сені сүйетінімді өмір бойы ұмытпашы, жарай ма, – дегенді дірілдей айтқан Әли қыздың алдына тізерлеп отыра кетті.

         – Ешкіммен ешқашан бақытты бола алмайтын секілдімін. Осы сөзді екі рет қайталап айтқаннан кейін, серпіле орнынан атып тұрды да, Әлияні маңдайынан сүйді.

          – Бүлдірдім, өзім бәрін бүлдірдім. Тек ешқашан ұмытпашы. Енді қайтіп көріспейтін де, кездеспейтін де шығармыз. Алайда сені ұмытып кетемін деп ойламаймын. Ол осыны айтты да, Әлияні өзінен кейін шегіндіріп, келген көлігіне отырып кетіп қалды.

         ... Ертеңінде түске таман «Әлилер Алматыға кеткелі жатыр, біз сау бол айтып келеміз, сен бармайсың ба?», – деп  Меруерт пен Бақа келіп кетті. Иә, осы кеткеннен енді оны көру жоқ шығар деп ойлаған қыз жүрегі тағы жаншып өтті. Түндегі оқиғадан кейін өзінің осынау жігітке деген сезіміне қылау түспегенін байқады, алайда жаңсақтық пен сенгіштік, жалған намыстың арқасында одан қол үзіп алғанын да мойындады. Енді, міне, қимастық сезіммен оның үй жағынан көз алмай қарап тұр. Алыстан болса да, өзінің алғашқы, бала махаббатымен сырттай қоштасқысы келді...

                                   ***

 

 «Поезд екінші Алматы бекетіндегі  бірінші жолға келіп тоқтады» деген вагон жетекшісінің дауысын ести салысымен, жолаушылар бірден терезеден сыртқа үңілді. Өзін ешкім күтіп алмайтындықтан, терезеге ұмтылған Алтайға ысырылып жол берді. Ол жан-жағына алақтап біраз қарап алды да, күліп жіберді.

– Апай, әкемнің өзі күтіп алуға келіпті.  Көршілес серігінің қуанышты дауысын ести сала, сыртқа  Әлия да көз салды.

– Қайсысы сенің әкең?

– Әне, үстіндегі желбегей жамылған костюмді кісіні көрдіңіз бе, дәл өзі, менің әкем.

Десе де Әлиді көргісі келмеді. Оны мидай қайнаған адамдар арасынан іздемеді де. Көріскенде оған не айтпақ?  Екі күн бойына есінен бір минут шықпаған балалық шақтың елесін сол ескінің еншісіне қалдырғанды жөн санады.

– Апай, әкеліңіз сөмкелеріңізді көтерісейін, – деген Алтайдың сөзіне басын шайқап, онымен күлімсірей қоштасты.

– Балам, рахмет. Сен бара бер, әкең күтіп қалды, мен асықпай түсермін.

Бүкіл ішкі-дүниесінің астан-кестеңін шығарып, жер бетіндегі тіршілік еткен жылдарын көз алдына әкелген сәби балапанға сүйсіне қарап, аман болуын тілеп, отырған орнынан көпке дейін қозғала алмады. Тағдырдың тауқыметін басынан көп өткергендіктен, соның  салған із-жолдарының белгісі көп жүзін Әлиге көрсеткісі де келмеді.

Әне,  ұлын құшақтап, бетінен сүйіп жатыр. Екі күндік жолсерігі бірдеңелерді айтып, артына жалтақ-жалтақ қарайды. Көзімен біреуді іздеп тұр. Құшақтары айқасқан әке мен бала көп тұрмады. Әли оның қолындағы сөмкесін көтеріп, сапырылысқан қалың елдің арасына кіріп кетті. Екеуі көзден ғайып болған соң, елдің соңын ала,  шығар есікке Әлия да беттеді. Десе де осы бір әсерлі кездесудің сырлы сазы көпке дейін санасын жаулап, жүрегін сыздатып, өткенін бастан-аяқ тағы бір есіне түсіруге мәжбүр етті. Поездан түсіп, Алматының шетіндегі сіңлісінің үйіне баратын автобусқа отырғасын да, өз ойымен арпалысып кетті. Сондағы ойы – өзінің балалық бақытты шағының куәсі болған алғашқы махаббаты – Әли турасында кітап жазу болатын.

                                       

                                           

                                       Эпилог

 

 Бүгінде Әлия дардай бір телеарнаның қазақ редакциясын басқарады. Бірнеше повесть, роман, көптеген драматургиялық шығармалардың авторы атанды. Телеарнадан берілетін бірнеше бағдарламаларды жүргізіп, күнделікті өскемендіктердің назарында. Әрине, өмірінде  айтарлықтай өзгерістер болды. Денсаулығы жарамай, ән айту өнері жолда қалған соң, басқа  шығармашылық жолдарды таңдады. Республикамызға танымал әзіл-сықақ театрларымен жұмыс істеп, олардың тапсырмаларын жазып беріп жүрді. Қайда жүрсе де, қолынан келетін шығармашылықтың бір пұшпағын илеп, өзі алдына арман  етіп қойған алғашқы махаббаты туралы кітапты да жазып бітірді.

Ендігі мақсат – кітап иесін табу. Әлидің өмір жолы қалай болды? Қандай адам болып қалыптасты? Онда қандай өзгерістер бар, бір кездері адал да пәк сезім иесі, қарапайым Әлиді көре ме, әлде басқа Әлиді жолықтыра ма? Отыз жылдан астам уақыт ол туралы ұзынқұлақтан ғана түрлі ақпараттар естігені болмаса, іздемеді де. Жүрегінде беріш боп қатқан өкпе мен сүйіспеншілік ойлаған сайын мазасын алатын-ды. Сол адамын бүгінде сол қалпында көре ала ма? Көргенде не демек? Жауабы жоқ сансыз сауалдар...

...Күздің соңғы айы болса да, күн жылы болатын. Әлия Алматының екінші вокзалынан түсіп, сіңлісінің үйіне келгенше, кеш батып та үлгерді. Келгендегі басты шаруасы – Жазушылар Одағы болғандықтан, алдыменен сол жұмысын бітірейін, сосын барып Әлиге хабарласармын деп ертеңін де еш кедергісіз жоспарлады. Десе де көңілі алабұртып, біртүрлі жүрегі орнынан қозғалғандай. Өзінің  осы жолғы ісінің дұрыс-бұрыстығына мән  бермеді де. Заты әйел болса да, тағдырының ауырлығына қарамастан, өміріне өте қатал қарады. Денсаулығының жоқтығын ешкімге білдірмеді, қайта дені сау адамдармен бірге жүріп, олардан қалыспады. Алға қойған мақсат-мұратына жету үшін, талай сынақтарды басынан өткерді. Сонда да қажалып-мүжілмеді. Егіліп, етегін жасқа толтырып жыламады. Есесіне кітаптарын жазып, шығармашылықпен айналысты. Алайда қандай қаталмын десе де, өткенін егілмей ойлай алмады. Әлимен кездесетіні есіне түссе, еріксіз қобалжып кетеді. Шымырлаған жүрегі мен дегбірін алған мазасыздық сол бір балалық шаққа деген ыстық сағынышын қозғап, әуреге салды.

– Әли, аманбысың, бұл – мен, Әлия ғой, Өскеменнен, – деген дауысын ести сала трубканың ар жағынан – Иә, қалың қалай, – деп сасқалақтай жауап берген Әлидің дауысын естіді. Үн-сарыны баяғыдай, еш өзгеріссіз.

– Мен Алматыдамын, сенімен кездескім келеді, уақытың бола ма?

– Неге болмасын, болады. Қазір жетемін. Мекенжайыңды айтсаң. Әлия да мүдірместен  сіңлісінің үйіне көлік тоқтайтын таяу тұсты айтты.

– Қазір жетемін.

Белгіленген уақыттан ерте шыққан келіншектің алға басқан аяғы  кері кетіп, жүрісі өнер емес. Ойы да сан-саққа кетуде. – Баяғы Әли болмай, басқа адам болса қайтті... Дауысы жылы, бөтен  адамға ұқсамас... Кенет, өзіне қарай күлімсіреп келе жатқан сол баяғы сырықтай бойы, келісті келбетімен Әлиді көрді. Сасқанынан бұл да күліп жіберіп, оған құшағын аша ұмтылды. Суық амандасып, кездесерміз деген үміті далада қалғандай. Еш өкпе-реніші жоқ, жиі көрісіп жүрген адамдардай, жайма-шуақ күйде табысты. Айқасқан құшақтар көпке дейін ажырамады. Сөздерінің де қиюы қашып, әңгімені неден бастарларын білмеді. Бір кезде, қолынан демеген Әли оны көлігіне әкеліп отырғызды. Сонда да бір-бірлеріне тіктеп қарай алар емес. Бейне бір өздерінің кешегі бала күнгі әдеміліктерінің егде жаста жоғалып кеткен бейнелерінен ұялғандай. Расымен де, солай.

 – Әли, біраз аптығымызды басып, көз тоқтатып, өз-өзімізге келейікші.

 – Әрине, әрине.

Әлиянің қызметі үнемі халықтың арасында болғандықтан, ол өзін еркіндеу ұстады. Тек  көршісі қобалжып, әлі де болса абыржып отыр.

 – Қара, менің басымда шаш жоқ, міне тіс те ақырындап түсіп жатыр, қартайғандықтың белгісі, – деп күлген болды. Іздеген адамының өзгермеген баласынды мінезіне риза болған келіншек те  көзілдірігін бір алып, бір киіп әуреге түсті.

 – Менің түрім мынадай, көз көрмейді, жүріс ауырлай бастады.

– Қандай қатты өзгергенбіз. Ешқашан кездесуіміздің отыз екі жылға созылатынын білмеппін.

– Егер де мен алдыменен сені іздемегенімде, бұл кездесу мүмкін болмайда қалар ма еді, ә?

– Ол да мүмкін ғой. Кеттік, Көктөбенің басына шығып, асықпай сөйлесейік. Көліктері ақырын орнынан жылжып, Алматының небір сәнді көшелерін артқа тастап, қала шетіне қарай ағыза жөнелді. Қолы рульде болса да, ойын жинақтай алмай отырған азамат қасындағы келіншектің бір кездегі өзі ұнатып, алғашқы махаббат қылын шертіскен аяулы жан екеніне сене алмай отыр. «Дауысы, күлкісі сол баяғы жас кезіндегідей... өңін де бермепті... бәлкім, қызметтегі адам ғой, өз-өзін күткен болар... Денсаулығы да жақсы секілді... өзі ренжіткен кездегі ауру Әлияға мүлде ұқсамайды. Сергек, қимыл-жүрісі жеңіл. Ай, ақымақ басым-ай, сол кезде неге шынымен де ақымақ болдым екен? Ұят-ай... Енді түк болмағандай, отырған отырысым мынау».

– Әли, не ойлап кеттің?

 – Жай, жастық шағымды түк есіме түсіре алмай отырмын.

– Балалық шағыңды ұмытатындай, нендей жағдайды басыңнан өткердің?

 – Ақымақ болдым, айтарым жоқ, ақымақ болдым. Талай адамды ренжіттім, жақындарыма да жақсылық көрсетпедім. Істеген істерім кері кетіп, адамдық қасиетімді жоғалтып ала жаздадым. Жазмыштың сынағын көтердім деп айта алмаймын, өйткені сол сынақтарды өзім қолмен жасадым. Жол апатына да түсіп, өлім мен өмір арасында жаттым. Сонда да ештеңеге өкініш білдірмедім. Тек соңғы он жылда ғана  есімді жиып, оң мен солыма анық қарай бастадым. Қазір бәрі жақсы, сүйікті жарым,  тел өсіп келе жатқан екі ұлым бар. Жағдайым да оңалып, қалыпқа түсті. Осының барлығын ертерек ойлағанда, бәрі басқаша болар ма еді? 

Қолын көлік тетігінен алмай, қос жанарын алдағы жолға тігіп, еш бүкпесіз өткен уақытын үш ауыз сөзбен жеткізген Әлидің түрінен  артта қалған күндеріне өкінішпен қарайтынын байқаған келіншек қасында отырған адамның бір кездегі сүйіктісі екеніне күмәнданғандай болды. Өйткені ол өзі білетін адамның өмір жолы жақсы болды деп ойлайтын. Ал мына  кісінің, керісінше, өкініші көп. Сонда да оны тексеріп көрмек болғандай, кенет:

 – Әли, сенің құлағыңның түбіндегі сүйел орнында ма? – деп сұрады.

– Оны да ұмытпағансың ба, әрине, бар, қайда кетуші еді, – деп жадырай күлді. Қасындағы серігінің көңіл күйі көтерілгені сол екен,  көкейіндегі сұрақтарын жаудырта бастады.

– Сыныптастардан кімдермен араласасың? Баяғыдағы Бәкір, Дидар, Бақа, Меруерт, Ажарлардан не хабарың бар?

– Шынымды айтсам, Құйғандағы сыныптастардың бірталайы Өскеменде, көбісі Семейде, тіптен Қарағанды мен Алматы, Астанаға шығып кеткендері де бар. Кімнің қайда екенін білгеніммен, араласым жоқ. Тек ұзынқұлақтан естігенім, Ажар ішкергі жақтағы бір қалада тұратын көрінеді. Балалы-шағалы үлкен жанұя құрған сияқты. Басқа сыныптастарды да  жиі көріп тұрамын. Дегенмен, әркім өз тіршілігінен аса алмай кеттік. Оған сөгіс те жоқ шығар. Сені таптым, енді барлық  құйғандықтардың басын қосуға болатын болар.

Көктөбенің басына шығып, етекте жатқан Алматының  ғажайып көрінісіне таң-тамашасы шыққан Әлия осындай әсерлі кездесудің куәсі болғаны үшін, жерлесіне шын көңілден рахметін айтты.

Үш онжылдықтың әңгімесі таусылып біткен бе! Бір кездері сезімдері бір арнаға тоғысып, түсініспеушілік пен балалық қылықтың кесірінен ажырап қалған екі адам енді, міне, өздерін салқынқанды ұстап, аяңдап келеді. Әли Әлиядан өзінің ғашық болған кездегі ерке де қылықты қыздың бейнесін іздесе, Әлия Әлиден де сондай сезімді іздеуде. Алайда өмір тезі екеуін де өз жолына салып, салауатты адамдарға айналдырған. Бұрынғы еркелік, наз, қалжыңбастылықтың бәрі анау беттеріндегі көп сызаттардың астында қалғандай. Екеуінің ішінде де айтсам деген сөздер сайрап жатқанымен, «айтсам ба, әлде айтпасам ба»  деген қорқыныш бар.

 – Мен қатты өзгерген болармын, ә? Әли күле сөйлеп бетін бір сипап алды.

– Жоқ, сондай өзгермепсің...

 – Сен де көп өзгермегенсің...

 – Біз не үшін екіге ажырадық?

– Басында сен «Алматыда  қызым бар»  дегенсің, сосын екінші рет Ажардың үйінен шыққан соң, ішімдікке бөгіп алып, маған «Сен шыныменен аурусың ба, ауырған адам емделер, емделген адам жазылар болар» деп, жер-жебіріме жеткен болатынсың. Үшіншісінде, араға алты ай салмай жатып үйленіп кеттің. Осы.

– Шынында да солай дедім бе, қалай ақымақ болғанмын, ә.

– Жоқ, мен олай деп айта алмаймын. Сенің соңғы сөзің менің өмірлік ұстанымыма айналып, бүгінгі күнге жеткізді. Абырой,  құрмет, қызмет – осының барлығы сенің аузыңнан шыққан сөздердің нәтижесі. Бүгінгі күнім үшін қайта мен саған рахмет айтам. Айтпақшы, мынау – екеуіміздің алғашқы махаббатымызға арналған хикаятым. Оқып шығарсың, сосын бағасын берерсің.

Әли таңданып қалса да, кітапты қолына алды.

– Екеуміз туралы кітап шығарасың деп еш ойламаппын.

– Сен ішін оқы, көп нәрсе есіңе түсер.

Көктөбеден түскен екеу жылынып алмаққа жақын маңдағы бір дәмханаға кірді. Жарығы мол жерге кірген соң ба, Әлия Әлидің жүзіне енді анықтап назар салды. Қараторы өңі, неге екені белгісіз, қып-қызыл боп кетіпті.

 – Сенің не қан қысымың көтеріліп отыр ма, қатты қызарып кетіпсің ғой.

– Иә, аздап ондайым бар.

 – Жындымысың, рульде отырғаның не? Жолда апатқа ұшырасақ не болды? Бала кездегі екі ғашық Алматыда кездесіп, Қозы мен Баянға ұқсап бірге өліпті  деген елдің наласына қала жаздадық қой, – деп сөзінің аяғын қалжыңға айналдырса да, Әлия өзінің де қан қысымының төмен түсіп кеткенін басының айналып, көзінің қарауытқанынан сезіп отыр.

– Біраз отырдық, үйдегілер алаңдап отырған болар, қайтсақ қайтеді. Ертең елге қайтам, сау бол айтамын десең, вокзалға келіп, шығарып салуыңа болады.

 – Әрине, міндетті түрде келем.

Осылайша, өткендерін естеріне түсірген екі жан бүгінгі кездесулерінің өң мен түс екенін айыра алмастай халде, екі жаққа тарасты.

Әли үйіне келген соң да, көпке дейін өз-өзіне келе алмады. Жарының ашық-жарқын жүзін мұң торлап, терең ойға бата бергенін байқаған  келіншегі – Жанаргүл кездесудің әсері боларға жорып, қайдағы-жайдағы сауалдармен мазасын алғысы келмеді. Отағасы сол отырған қалпы қолына алған  бала махаббатының кітабын оқуға кірісті. Арада өткен бірнеше сағат уақыт азаматты орнынан тұрғызбады. Салулы төсек, ұйқыға бөккен үйдің-ішін ұмытқандай. Әр бетті оқыған сайын, балалық шағына қайта оралғандай. Оның есіне бәрі түсті. Ауылдың шаң басқан көшесі, мектептің ауласы, сол аула ішінде қол ұстасқан екеу – Әли мен Әлия... Содан кейінгі әскердегі өмірі, үйленуі, Әлиямен қоштасуы, ажырасуы, өмірден түңілген сәттері, ата-анасынан айырылған уақыттары, өзі жаққан тозақтың оттары... Ол шыдай алмады. Көзіне үйірілген ащы жасты сүрткісі де келмеді. Жылағысы, айқайлап жылағысы келді. Иә, қылауы жоқ балалық шақ пен кіршіксіз ақ махаббаты жүрегінің есігін тағы қақты. Уақытының, алтын уақытының көбісін босқа өткізгенін мойындаған сайын, өткеніне қашқысы келді. Балалық шағына еніп, одан қайтіп шыққысы келмеді. Әлиянің қолынан ұстап,  сүйіктісімен қылаусыз таза өмір сүргісі, жастық шақта айта алмаған асыл сөздерін арнап, жүрегінде өмір бойы беріш болып қатып қалған олқылықтың орнын толтырғысы келді. Өзінің бір кездері аялай сүйген сүйіктісін сол қалпында, еш өзгеріссіз көргені оны тіптен есінен тандырардай әсер қалдырды. Кітаптың әр бетін оқыған сайын, Әлиянің өзіне деген кіршіксіз таза махаббатын жанымен сезінгендей қиналды. Иә, жүрегі жаншылды, бауыры езілді, бүйрегі бүріп, өңешінен ауа өтпей қысылды. Орнынан тұрып кетіп, сенделектеп ары-бері жүріп, недей күйге түсіп кеткенін өзі де аңғармады. Бірақ не өзгермек! Енді ғана өмірі оңалып келе жатқанда, ештеңені де өзгерткісі келмейді. Өкінішті... Оның үстіне Әлия – кешегі Әлия емес, жетілген, парасаттылығы мол, айтылған әр сөзінің артында үлкен жауапкершілігі бар, адами шынайылығы қалыптасқан жан. Өзіне де, өзгеге де қатал қарайтыны көрініп тұр.

Әлия да ойын жинақтай алмай келеді. Тіптен денесінің Алматының салқын ауасына  тоңазығанын да елең қылар емес. Әлидің үйіне тұнжырап кеткенінен оның жан-дүниесінің алай-дүлей болып, бүгінгі түн ұйықтай алмайтынын іштей сезді. Кездесудің екеуіне де оңайға түспейтінін білгендіктен, өзін салқындау ұстағанды дұрыс деп алдын ала шешкен болатын. Солай етті де. Арада айтылған әр сөзінде келіншек:  «Жазылған кітап пен сол бір балалық сезімді бүгінгімен шатастырмай, өткеннің еншісінде қалдыру керек» дегенді қайталаумен болды. Өйткені өткен өмірі – бүгінгінің алтын діңгегі. Мақсаты да Әлидің отбасын бұзып, шырқын алу емес. Керісінше, оның өмірінің бір қалыпқа түсіп, бақуатты жақсы жанұяның бірі болғанына қуанды. Осының бәрі – жары Жанаргүлдің төзімділігі мен шыдамдылығының арқасында, күйеуі мен балаларының бақыты үшін күрескен әйелдің  ұлы Жеңісі.

... Әли сөзінде тұрып, ертеңінде Әлияні шығарып салу үшін вокзалға келді. Сөмкелерін жайғастырып болған соң, екеуі поездың жүруін  сыртта күтті. Қасындағы жанына жақын адамының жүзіндегі өзгерісті байқамау мүмкін емес-ті. Біртүрлі қатты қобалжулы. Кешелі-бері сонау алыста, бұлыңғыр елесі ғана қалған балалық шақтарына қайта  оралғандай. Келіншектің бір сөзін естісе, бір сөзін қағыс жіберуде. Арасында тесірейіп сүзіле қарайды. Ондайда Әлия да не істерін білмей сасқалақтап қалады. Тілдерінің ұшында айтсам деген сөздер көп болғанымен, оның барлығы артық секілді. Кешегі мен бүгінгі тағдырлар тоғысында не айтарларын білмеді. Тек жүректері ғана бірдей соғып, іштей тілдесті. Бастысы, екеуі де өткен шақтарында бір-бірлеріне ғашықтық сезімдерін арнағандарына өкінбеді. Керісінше сүйсіне естеріне алды.

Әли бір кездері жүрегінің төрінен орын алған  ғашығы Әлиянің еш өзгеріссіз, сол қалпында көргеніне риза болса, келіншек те өмір бақи іздеп тапсам, кездессем деген бала махаббатының сол өзі ұнатқан кейпінде кездестіргеніне қуанды.  Енді өзінің бірнеше минуттан соң  оларды артқа тастап, Шығысқа, еліне кететінін жүрегі ауыра ойлады.

 – Поезд жүреді, ішке кіріңіз, – деген жолсеріктің дауысы шығысымен, Әли Әлиянің қолынан алып, бетінен сүйді.

– Көптен бері өзгермеген өміріме серпіліс әкелгенің үшін рахмет, – десе;

 – Осындай тамаша өмір сүруіме мүмкіндік берген саған рахмет, – деп Әлия да оның бетінен сүйді.

  • Бүгінгі кездесуді екеуіміз де ұмытпайық, жарай ма, Әлия.

 – Әрине, ұмытпаймыз... Аман болайық!

 Поезд орнынан қозғалған кезде, қол бұлғаған екеудің жанарлары жасқа толды. Бұл сонау артта қалған балалық шақтағы  алғашқы махаббатқа деген  мөлдір сезім мен сағыныш  жасы еді...

 

 

                                                                                  2002-2017ж.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған