Адам қарады: 37042 | Жарияланды: 2018-06-12 03:29:20

Ханшаның алтын қайығы

Хикаят

Аңыз ақиқатқа айнала ма?

      Бәрі де ханша туралы таңғажайып аңыздан басталды. Аягүл неге екені белгісіз ханша туралы аңызды соңғы кездері ылғи ойлап жүретін болды. Жатса да, тұрса да, тіптен сабақта отырса  да ханша ойынан шықпайтын. Әрине, ол аңызды аспаннан алған жоқ. Ол ханша өмірде болған. Оған бар жүрегімен сенеді. Бұл аңызды жұрттың бәрі біледі. Бәлкім ол аңызға кейбіреулер сенбеуі де мүмкін. Мәселен Аягүлдің досы Сәбира ханша туралы әңгімені айтып бергенде мұны мазақ етіп сықылықтап күлді дейсің. Ал бұл қатты ашуланды.

  – Сәбира, сен аруақтан қорықсаңшы. Аққу қыз тарихта болған, осы біз тұрған жерде өмір сүрген. Оның куәгері әнеки Сарайшық қаласының орны. Ханша сол жерде жатыр. Сенбейсің бе, онда Молдаш көкенің әңгімесін тыңда!– деді әншейінде көп сөйлемейтін Аягүл бұртиып.

      Әрдайым Аягүлге болысып, жақтасып жүретін Ботабай осы жерде сөзге араласты.

  – Ханша туралы мен де естігенмін. Ол өмірде шын болған. Сарайшықта алтын қайықпен тұрған суреті де бар. Сен көрмегенсің ғой, Сәбира!

  – Көрдім, көрдім! Ол өтірік сурет! Суретшінің ойдан шығарған суреті. Мен де ондай суретті сала аламын. Сала аламын, сала аламын!

      Сәбираға ештеңе түсіндіре алмайтынына көзі жеткен Аягүл партасына сылқ етіп отыра кетті де, қыстығып жылап жіберді. Сыныптастары, әсіресе қыздар Аягүлді жұбатып әуре. Сыныптастар арасында үлкен дау басталды. Ара сияқты құж-құж айтысқан сынып екі топқа бөлінді.

      Бір тобы:

  – Бар, болған!– дейді.

      Екінші тобы:

  – Жоқ, өтірік!– дейді Сәбираны қолдап. Қызыл шеке айтысқа кірісіп кеткендері соншама, сыныптастар өзара төбелесіп кетер ме еді, кім білсін? Әбүйір болғанда Берікбол ағай келіп өзара бітіспес айтысты әзер тоқтатты. Қашаннан осындай айтыс-тартысты жақсы көретін Сәбира ағайға жаңағы болған әңгімені айтып берді.

  – Сіз осыған сенесіз бе?– деді ол әңгімесінің аяғында Берікбол ағайына сауал тастап. Сабырлы түрде ағай Аягүлге бір, Сәбираға, сыныпқа шола қарап сәл үнсіз тұрды да:

  – Сенемін,– деді нық айтып.

      Аягүлді қолдаған топ:

  – Ур-ра!– деп айқайлап жіберді.

      Сәбира бастаған топ наразылықтарын білдіріп, олар ду ете түсті.

  – Дәлелдеңіз, дәлелдеңіз, ағай!– деді олар қолдарын жоғары көтеріп.

      Берікбол ағай жымиып қойып оқушыларға мейірлене қарап, біршама тұрды. Қос топқа бөлінген оларға әділ сөзін айтпаса, өзара от тұтанып кетуі әбден мүмкін. Сынып іші тып-тыныш. Қырық  төрт көз үмітпен әрі сеніммен қарайды.

  – Айналайын, балаларым!– деп бастады әңгімесін Берікбол ағай тебірене,– Мен бүгін сендерге өте қатты риза болып тұрмын. Елінің өткенін іздеу, тарихын түгендеу ол тек ұлтын сүйген отаншылдардың ғана қолынан келеді. Аягүл, саған рақмет. Ал Сәбира сенің күмәнданғаның да дұрыс. Әр нәрсеге күмәнмен қарау бар да, оның шындығына жету ол жігергілікті танытады. Сондықтан Аягүл сен Сәбираның күдік-күмәніне құрметпен қарап, қолыңнан келсе оны сейілтуге көмектесуің керек. Сәбира, сен досыңның айтқанын жоққа шығармай одан өзіңе пайдалы бір нәрсе алуға тырыс. Сонымен осы аңыз ақиқат па, әлде өтірік пе осыған көздеріңізді жеткізгілерің келеді ғой, солай ма?

  – Иә!– деді бүкіл сынып бір ауыздан айтқандай шу ете қалып.

  – Мен тарихшымын. Аңыз, ертегі, батырлар жырларын мен де сендер сияқты көп оқыдым. Кеңес империясы кезінде: «Қазақтың өткен тарихы жоқ. Олар анда-мында көшіп жүрген, өткені бұлдыр» дегенді естігенде қатты ызаланатынмын. Жалпы жаңағы аңыз, ертегі, батырлар жыры фольклорлық  дүниелер мифологияға жатады. Мысалы грек мифологиясын жақсы білесіңдер. Грек, орыс және басқа елдің мифологиялары болғанда қазақ мифологиясы деген неге болмауы тиіс деген тұжырымдама өзінен-өзі пайда болмай ма, балалар-ә?­­­­­­­­– деп Берікбол ағай қолдарын жайып, сұраулы  жүзбен балаларға қарады.

  ­­­­­– Әрине, әрине!­– деген балалардың арасынан жігерге толы үндер естілді.

  – Рас, қазақ көшпелі ғаламның соңғы тұяғы. Бұл қазақта отырықшылық, егіншілік болмады деп айтпасақ керек. Мысалға жаңа өздеріңіз таласып жатқан аңыз оқиғасы, ондағы кейіпкер Аққу ханша Сарайшықта өмір сүрген. Сарайшық қаласы туралы қысқаша айтып кетсем тыңдайсыңдар ма?

      Сұңғыла ағай балалардың жүздерінің өзгеріп келе жатқанын байқады. Құмартушылық, қызығушылық сезімдерін олардың  жанарларынан оқуға болатын еді. Ағай іштен қуанды да, шәкірттерінің осы бір сезімді шақтарын жоғалтып алмауға тырысты.

  – Қазақта мынадай ­­­мақал бар: «Мың естігеннен бір көрген артық» дейді. Сарайшықты көргендерің қолдарыңды көтеріңдерші!

      Бес-алты бала ғана қолын көтерді. Ағай терең күрсінді де:

  – Балалар, бұларың тіптен ұят. Сарайшық сияқты тылсым жұмбағы мол ғажайып қаланы әлемнің түкпір-түкпірінен адамдар әдейі уақытын бөліп, іздеп келіп көреді. Ал сендер тура жандарыңдағы Сарайшыққа бармағансыңдар. Туған жеріңді шын сүйсең оның тарихын біл. Ол тарих анаң­– Сарайшық, ол– Аққу ханша туралы аңыз, ол– эпостық жырлар. Сендерге мен бір өтініш айтайын. Ертең демалыста Сарайшыққа кім барғысы келеді?– деді ағай оң қолын жоғары көтеріп.

  – Мен! Мен! Мен!– Сынып түгелдей қолын көтерді.

  – Ендеше Сарайшық, онда мекен еткен хандар, Аққу ханша туралы сол жерде айтайық!

  – Мақұл, мақұл ағай!– деген дауыстар сыныпты теңселтіп жібергендей болды...

 

 

 

             Киелі ағаш және Сәбираның қиын сауалы

    Берікбол ағай уәдесінде тұрды. Бұрын мұндай шараларға кежегесі кейін тартып келмей қоятын сыныптағы тентектер Елнұр мен Сапар да бұл жолы белсенді түрде таң атпай келіпті. Мектептің ескі автобусымен оқушылар Сарайшықтың мұражайына әп-сәтте жетті. Автобус ентігін басам дегенше балалар бірдеңеден қалғандай есікке жапа-тармағай ұмтылды.

    – Балалар, асықпаңдар, бәрің де үлгіресіңдер!– деп Берікбол ағай оларға басу айтып жатыр. Аспанмен таласқан мешіт бірден көзге көрінді. Оның қарама қарсысындағы мұражай да әдемі. Осы екі ғимараттың ортасында сәл әрірек орналасқан Хандар пантеоны да мен мұндалайды. Берікбол ағаларынан Сарайшық қаласының қасіретті тағдыры жайлы естіп білген балалар мынау көрініске тамсана қарап, сыбырлап сөйлеседі. Қыздардың барлығы орамал тартып алған. Өйткені алдымен қасиетті мешітке кіріп, аруақтарға Құран бағышталады. Оларды бойы ұзын, жүзі қараторы, тақия киген ата қарсы алды.

    – Ассалаумағалейкум!– ұлдар ол кісіге жапырлай сәлемдесті.

    – Алликсалам! Оһо, кілең батырлар келіп қалыпты ғой. Қош келдіңдер, жас өрендерім!– деді ата жып-жылы қоңыр даусымен балаларды бірден баурап алып.

    – Ал балалар, танысып қойыңдар. Сарайшық мұражай кешенінің бастығы Молдаш Бердімұратов көкелерің. Осы аспан астындағы таңғажайып мұражайдың салынуына шежіреші, Сарайшықты қорғауға барлық күш-жігерін, өмірін сарп етіп жүрген ағамыз!– Молдаш ата Берікбол ағаның мақтағанына ыңғайсызданып қалды.

    – Мен жалғыз не істей аламын? Бәрі де бір Алламның, халқымның арқасы. Негізі бұл пантеонды салдырған қазақтың ардақты ұлы Иманғали деген ағаларың. Жүріңдер, балаларым. Мешітке кіріп, аруақтарға құран бағыштайық.

    Аягүл сезімге беріліп тебіреніп тұр. Әншейінде қолды-аяққа тұрмайтын сыныптастары да сабырлы. Барлығының өмірлерінде бұл ерекше сәт мәңгілік есте қалатыны анық. Балалардың көбісі Сарайшыққа бірінші рет келуі. Қалайша толқымасын. Кеше Берікбол ағайдың : «Ол қасиетті жер. Аруақтар мекені. Тәртіпті болыңдар!» деп нығарлай айтқан ескертпесі бәрінің есінде болар.

    – Менің кішкентай достарым!– деді ол кісі қолдарын жая,– Қазір сіздер қазақ халқының өткеніне, тарихына, сол бәйтерек елдің бір тамыры іспеттес Сарайшық қаласының қасіретті тағдырына куә болып, саяхат жасайсыңдар.

    Биік күмбезді Хандар пантеонының ортасында қураған ағаш және жеті ханның аттары ойылып жазылған мәрмәр тастар айнала орналасқан.

    – Міне, көріп отырсыздар мынау ағаш қасиетті саналған. Түсіме кіріп, аян берді. Бұрын халық бұл киелі ағаштың бұтақтарына шүберек байлап Алладан тілек тілейді екен. Аян берген соң мен оны осында әкелдім. Мына аттары жазылған хандар осы қалада өмір сүрген деседі. Жеті хан, бәлкім одан да көп хандар билік жүргізген Сарайшық қаласы сол кездердегі ірі қалалардың бірі болғаны анық. Мәселен ғалымдардың айтуынша Бағдат қаласымен деңгейлес Сарайшық қаласының сұлулығына келген-кеткен саяхатшылар таң қалған.

    – Сонда Сарайшық қай жылдары салынып, қай замандары өмір сүрген?– деді Сәбира қағілез мінезбен сауал тастап.

    – Шыңғыс ханды кім біледі?– деп Молдаш ата қарсы сауал беріп. Балалар сәл үнсіз қалды да, жапа-тармағай жауап берді.

    – Білеміз, естігенбіз. Моңғол-татар шапқыншылығын жасаған. Отырар қаласын талқандаған...

    – Дұрыс. Ал Бату ханды кім біледі?– Балалар бұл жолы үнсіз қалды. Аягүл қол көтерді.

    – Шыңғыс ханның немересі, Жошы ханның баласы,– деді тез-тез жауап беріп.

    – Сендер алтыншы сыныпта ол хандар туралы өткен жоқсыңдар ғой. Аягүлжан сен олар туралы қайдан білесің?– деп Берікбол ағай қызығушылық танытты.

    – Сарайшық қаласы туралы білгім келіп, кітапханаға барып біраз зерттегенім бар,-- деді де аз кідірістеп әңгімесін жалғастырды– Бату хан бүкіл Рус елін, Киев сияқты княздіктерді, содан соң Еуропаның біраз жерін жаулап алады. Алтын орда атты түрік қағанатын құрды. Еділдің бойынан Бату Сарай қаласын салды. Бұл да Сарайшық сияқты ірі қала болды. Алтын орданың алғашқы астанасы осы Бату Сарай қаласы. Оны кейін Әмір Темір қиратқан. Берке Сарай деген қала да болған.

    – Оһо, менің Аягүл қызым нағыз тарихшы екен. Осында Аягүл жиі келеді. Атасы Балғабек екеуі Сарайшық қаласын өздері аралап та шықты. Әр адам осы Аягүл сияқты туған жерінің тарихын терең білуі тиіс, балаларым,– Молдаш ата зор тебіреніспен, ризашылықпен Аягүлдің басынан сипады. Балалар да Аягүлге қызығушылықпен қараса, ал Сәбира қызарақтап қызғанғандай болды.

    – Егер Аягүл білгіш болса Сарайшық туралы, оның тарихы, адамдары, тіптен ханшаның өмірі жөнінде де айтып берсін!– деді Сәбира сүріндіргісі келгендей сұрақтарды жаудырып. Аягүл жақын досының соңғы кездері күрт өзгеріп, мұны үнемі мұқатқысы келетінін түсінбей жүрген. Бүгін міне тағы да бұған өшпенділікпен қарағандай көрінді. Аягүл бұл жолы өзін сабырлы ұстап жайбарақат жауап берді.

    – Сәбираш, егер ағай рұқсат берсе қолымнан келгенше жауап берейін.

    – Менде ұсыныс болып тұр. Аягүлдің әңгімесін Сарайшық қаласына жақындап барып тыңдайық. Бұған қалай қарайсыздар?– деді Берікбол ағай күлімсіреп.

    Балалар бір ауыздан:

    – Дұрыс, дұрыс!– десті.

 

 

                                Өлі қалаға саяхат

    Зұлым жау талқандаған қала енді міне, бар құпиясын ішіне бүгіп, топырақ жамылып жатыр. Шапқыншылыққа ұшырағанына шамамен бес ғасырдай уақыт өткен Сарайшық қаласы қайта бас көтермеді. Сарайшықтың өлі қалаға айналуына басты күнаһарлар казактар Орыс мемлекетінің пәрменімен әскери бекініс салды бұл жерге. Тарихи қаланың атауын иеленіп, кейін ол Сарайшық ауылы атанды. Ал бұл жерден қырық шақырым жерде Сарайшық өмірінің жалғасындай әсем де алып қала Атырау бар. Атырау құрметті қонақтарын осы Сарайшыққа әкеледі.

    – Балалар мінеки, Алтын орданың кезінде рухани орталығы, Ноғай ордасы мен қазақ хандығының астанасы болған, әулиелер мекені атанған– Сарайшықтан қалған жұрнақ осы,– деді Молдаш көке күрсініп.

    – Молдаш аға, уәде бойынша Аягүл қала туралы білгенін айтсын. Содан соң қаланы араласақ,– деп Берікбол ағай сөзге араласты.

    – Иә, солай екен-ау. Шал болдық па, қазіргі айтқаныңды сәлден соң ұмытып қаласың. Ал сөйле қызым!– Молдаш көке Аягүлдің қолынан жетектеп дөңестеу жерге апарып, өзі жанында тұрды. Аягүл қатты толқыды. Неден бастарын білмей қиналды. Ал бұған қаншама көздер қадала қарап тұр десеңізші! Дәл осындай қиын сәтте:

    – Қорықпа, Аягүлжан! Білгеніңді мына достарыңа айтып бер,– деп Берікбол ағай демеп жіберді. Содан кейін ғана оның көкірегіне батылдық пайда болды да, даусын сәл қырнай әңгімесін бастады.

    – Мен сіздерге алдымен ертегі айтып берейін,– деді Аягүл жаймен әрі сабырлы сөйлеп.– Өйткені ол ертегі болғанмен біздің шынайы өмірімізбен жалғасып жатыр. Осы өңірде, ерте-ертеде Еділ, Жайық деген ағайынды екі аңшы өмір сүріпті. Ол заманда бұл жерлерде адамдарға жау зұлым бейнелер өмір сүріпті. Олар адамдарға тиісіп, өлтіріп маза бермепті. Мәселен, жезтырнақ, жалғыз көзді дәулерден адамдар қатты қорқыпты. Еділ мен Жайық батырлар осылардан елін қорғапты. Айлалы жезтырнақтар мен ғаламат күш иелері дәулермен шайқасу оларға оңай болмаған. Ақыры қос аңшы барлық құбыжықтарды жеңіпті. Бірақ екеуі де денелеріне түскен мыңдаған жарадан қиналып өліпті. Сол батырлардың құрметіне екі өзеннің аттарын халық Еділ және Жайық деп қойыпты. Мінеки, біз осы Жайық өзенінің жағасында өмір сүріп жатырмыз. Енді Сарайшық жөнінде айтсақ бұл қаланың аты-жөніне де түсіндірме бере кетейін. Оның аты-жөнінде көп аңыздар бар. Оның біріншісі «Сарайжүк» деген атау. Жайық бойында тұрған орда хан Кіші Сарай деп аталған тәрізді. Содан да болар моңғолша «жүк» деген жалғау қосқан. Ол қазақша «шық», «шік» деген мағынаны білдіреді. Екінші аңыз, Сарайшық аты Шыңғыс немересі Жошыұлы Батудың және одан кейінгі Берке ханның Еділ бойында салдырған «Сарай Бату», «Сарай Берке» шаһарларынан кейін Жайықтың жағасынан бой көтерген қалаға берілгенін айтады. Үшінші аңыз бойынша осы қалада салынған алып та атақты көк мешіт төбесіндегі алтынданған сары айшыққа байланысты қаланың аты осылай қойылған дейді. Ал қаланың салынуы, тұрғызылуы жөнінде мәлімет аз. Ғалымдардың айтуынша қала Х-ХІ ғасырларда дүниеге келген көрінеді. ХІІІ ғасырда Сарайшық Ноғай ордасының, кейін қазақ мемлекетінің астанасы болған дейді. Өте сұлу қала болғандығын жиһанкездер ауыздарынан суы құрып айтады: Қалада мешіт, медреселер, алып сарайлар, қонақүйлер салынған. Жүз мыңға жуық тұрғын осында өмір сүрген. Олар өз қаласын жақсы көрген. Қаланың айналасын алып қамалдармен қоршаған. Бағдат шаһарынан кейін сол заманда екінші қалқымалы көпір осы Сарайшықта болған. Картаға қарасаңыздар Сарайшық тоғыз жолдың торабында орналасқан. Атақты Жібек жолымен келетін керуендер Сарайшыққа соқпай кетпеген. Шығыста Қытайдан, оңтүстікте Араб елдерінен, Индиядан шыққан керуендер Сарайшық арқылы Еуропаға, туысқан ел Түркияға асатын. Қарсы бағытта да жүретін керуендер де Сарайшықтың үстінен толассыз ағылған. Керуендерді қабылдау мен оны шығарып салғанша қызмет көрсететін маманданған аспаздар, қасапшылар, егіншілер, малшылар, күзетшілер, жүкшілер мен тұрмыстық және мәдени қызмет ететіндер, жаршылар пайда болды. Қолөнер дамыды, қыш зауыты, құмыраның неше түрлерін, құбыр жасау жөнінен Сарайшықтың даңқы алысқа кетті. Қала шеберлері жасаған өнімдердің қай-қайсысы болсын шетелдіктерді таң қалдырды. Жібек жолы керуенімен мұнда Сирияның көздің жауын алатын, түрлі-түсті эмальдармен әсемделіп, жиектеріне алтын жалатылған ыдыстары, Қытайдың құлпырған жібегі, айналары, шынылары, ыдыстары, Иранның әсемдік бұйымдары, Парсының теңдессіз кілемдері, Ферғананың асыл тұқымды аттары, Араб арғымақтары дейсің бе, дүниенің төрт бұрышынан небір ғажайып дүниелер осы Сарайшықтың базарларына түсетін, Византия мен Римнен, Үндістан мен Ираннан, орта Азиядан, Араб елдері мен Еуропадан сирек кездесетін жоғары сапалы қымбат бұйымдар, жасмин суы, мускат жаңғағы, женьшен, алмас, янтарь, маржан, піл сүйегі, құйма күміс пен саф алтын, бағалы аң терілері, әрқилы киімдер мен соғыс құралдары әкелінетін. Сарайшық қаласынан Хиуа бағытына шығатын, Каспий мен Арал теңіздері арқылы өтетін үш жол болған.

    Мінеки мұның бәрін айтып отырғаным бұл келген керуендер Сарайшықты шексіз байытты, оның атын бүкіл әлемге танытты. Мына ғажайыпты тыңдаңыздар. Иван Грозный мен Долгоруки деген орыс патшалары Мәскеу қаласын салғанда сәулет үлгісін осы Сарайшықтан көшіріп алған дейді. Мысалға Кремль мен оның қызыл алаңы тура Сарайшықтай екендігін ғалымдар айтып та, жазып та жүр. Осы ұқсастықты, яғни көшірген ұрлықтарын білдірмеу үшін Иван Грозный патша Сарайшықты жер бетінен жойып жібермекке әрекеттеніп, сансыз әскерлерімен шабуыл жасады. 1581 жылы ақыры олар сол кездегі әлемдегі ең әдемі қаланы зұлымдықпен аяусыз қиратты. Ешқандай куәгер тірі пендені қалдырмауды мақсат еткен олар әлсіз қарттарды да, бесіктегі балаларға дейін қырды...

    Аягүл әңгімесін кілт үзді. Көзінен мөлт-мөлт еткен моншақ жас домалап түсті. Балалар да мұңайып тұр. Тіптен Сәбираның көзі де жасаураған. Молдаш көке Аягүлдің басынан сипап, маңдайынан сүйді.

    – Айналайын!– деді даусы дірілдеп, содан соң балаларға қарап– Аягүлге зор рақмет. Қаншама көп әңгіме, тарихты айтты. Аққу көлі, Сарайшық ханшасы туралы мұражайға барған соң әңгімелейміз. Енді жүріңдер, Сарайшықты аралайық.

    Балалар ескі қаланы ұзақ аралады. Бес ғасырдай уақыттан аса жер астында жатқан Сарайшықтың құпиясын археологтар біртін-бірге ашып жатқан көрінеді.

    – Қаланы аршып, құпиясын ашып жатқанымыз жақсы. Бірақ қазылған, аршылған үйлер аспан астында жатқандықтан жел, жаңбыр, қардан мүжіліп, енді тірілгендей болған қала қайтадан мәңгіге өлмекші. Көптеген дамыған елдерде мұндай асыл ескерткіштердің, мұралардың үстін жабады екен. Тағы бір зор қауіп Жайықтың суы қаланың көп бөлігін басып жатыр. Ата-бабаларымыз су астында тұншыққандай сезімде болғанымда арқамды мұздай тер басады,– деді Молдаш көке мұңды үнмен.

    Балалар қаланы аралағанда мұның шындық екенін көздерімен көрді. Адам сүйектері қалай болса солай шашылып жатыр. Қай жерді түртсең де сопаң етіп адамдардың әппақ сүйектері шығады. Домалаған адамның бастары, көздері үңірейіп бұларға мұңая қарап: «Құтқарыңдар, ей, тірі пенделер!» дейтіндей.

 

 

                                Аягүл неге жылады?

    ....Сарайшық  қаласын оның бірінші көруі. Не деген сұлу, не деген көркем қала! Тіптен Атыраудан да сұлу. Үйлері қандай биік! Әне-еу мешіттерінің мұнаралары аспанмен астасып кеткен! Ұлпа ақша бұлттардың да аржағына сұғына еніп. биікке ұмтылған мұнаралардың ұшар басында алтын қиық айлар күн сәулесімен шағылысып жалт- жұлт етеді. Әне,Жайық өзені жыландай ирелеңдеп қаланы қақ жарып ағып жатыр. Әнеки Секер көлі! Аққу ханшаның көлі. Ақша бұлттардың ішінен алдымен қос аққу, сонан соң көп-кө-өп аққулар ұшып шыға бастады. Қалай әдемі ұшады десеңізші! Сұңқылдап бүкіл даланы әсем күйге бөледі. Аягүл өзі де аққуға айналып бара жатқандай сезінді. Терезесі сарт етіп ашылып кетті де,пердені желпіп самал жел есті. Міне, қызық! Ол самал жел Аягүлді еркінен тыс жоғары көтеріп бара жатты. Қолдарын қағып-қағып жіберіп терезеден ырғи секіріп ұша   жөнелді.Сарайшыққа қарай асыға ұшып келеді. Аққу ханша қайда?

    Осылай деп ойлай бергені сол еді,Сарайшықтың алтын қақпасы жайлап ашыла бастады. Күй ойнады. Домбыраның әсем үні бүкіл даланы тербей жөнелді. «Аққу» күйі ғой. Аққулар Секер көлге жаппай қона бастады. Қақпа айқара ашылды. Әне, қызылды-жасылды өрнектелген күйме көрінді. Күймені кілең аппақ тұлпарлар тартып келеді. Күймеде Аққу ханша отыр. Терезесі үлке-ен! Міне, ғажап, Аққу ханша бұған қолын бұлғады.

    – Кел, келе ғой,– дегені ме бұл.

    Әне, тағы да ғажайып! Секер көлдің дәл ортасынан бұрқақ пайда болды. Сол бұрқақты қақ жарып, көздің жауын алған қайық шыға келді. Алтын қайық! Күйме жұлдыздай аққан күйі көлдің жағасына келіп тоқтады. Хор қыздарындай әсем қыздар шыға келіп, Аққу ханшаны аялай күймеден түсірді. Ал көйлекті, алтын тәжді Аққу қыздың көркемдігінен күн де ұялғандай ақша бұлтқа сүңгіп кетті. Секер көлде жүзіп жүрген аққулар қанаттарын әсем желпи қаға Аққу ханшаға құрмет көрсетті. Алтын қайық қиық айдай жүзіп келіп жағалауға тоқтады. Осы көріністердің бәрін көріп, таңданып аспанда қалықтап тұрған Аягүлге ханша қолын бұлғады. Қанат қолын қағып жіберіп әп-сәтте Аққу ханшаның жанына келді.

    – Сәлем, Аягүл сіңлім! Жүр, қайықпен серуендейік!

    Міне, қайықпен жүзіп жүр. Айналада аққулар. Құлақтан кіріп, бойды балқытқан күй жаймен ойнап тұр. Қайық та, аққулар да, күн де, ақша бұлттар да бәрі-бәрі билегендей бейне. Кенет күннің бетін әлдебір қорқынышты мақұлық жапты. Аққулар мазасызданып қиқулап лезде аспанға көтеріле бастады. Аягүл аспанға қарады. Аққу ханша да сонда қарап тұр екен.

    – Аягүл сіңлім, тез ұш! Үйіңе қайт! Солтүстіктің зұлым самұрығы келді. Біз қасық қанымыз қалғанша шайқасамыз. Бізді ұмытпаңдар. Ешқашан!– Аққу ханшаның дауысы шаңқ-шаңқ етіп жігерлі естілді– Аягүл Аққу ханшаға қарап еді, ол ақбоз атқа мініп алыпты. Қолында қылышы. Ол Аягүлді бір қолымен көтеріп демеп биікке ұшырып жіберді...

    Селт ете оянып кетті. Түсі немесе өңі екенін ажырата алмаған Аягүл жан-жағына қарап біразға дейін жатты. Шынымен «Аққу» күйі ойнап тұр. Сегізінші сыныпта оқитын әпкесі Райхан қалың ұйқы құшағында. Ұшып тұрып есіктен сығалап еді, ағасы Сабырбек өзінше елти домбыра тартып отыр екен. «Аққу» күйі...

    Бүгін демалыс. Келіп төсегіне қайта қисайды. Таңғажайып түс ойынан кетер емес. Кешегі өлі қаланы аралаған шақтары да ойына оралды. Молдаш ағаның мұражайға кіргенде айтқан Аққу ханша туралы әңгімесі де есіне түсті. Бәлкім мына түсті көруі де сол әңгіменің әсері болар. «Ал самұрық құс не?». Аягүл өзінен-өзі күбір етті. Ыңғайсызданып Райхан әпкесіне қарады. Ол былқ етер емес.

    – Таптым! Таптым!– деді тағы да ол сыбырлай үн қатып.– Ол, ол– Зұлым Иван Грозный деген орыс патшасы.

    «Шынында да зұлым десе зұлым патша. Сондай сұлу қаланы, соншама көп адамды қыруға, жоюға қалай дәті барды екен?!» деп ойлаған Аягүл қатты ызаланды. Аққу ханшаны, Сарайшық шаһарының мыңдап қырылған тұрғындарын аяп ол қыстыға жылап жіберді...

 

 

                                  Жұмбақ хаттың сыры

    Өзінен бір жас үлкен Сабырбек қана Аягүлді жақсы түсінеді. Ал сіңлісі Майгүл бұған қатты еліктейді. Аягүл не істесе ол да соны қайталайды. Тіптен киім киісі де ұқсас. Әпкесінің ескі киімдерін арланбай киіп, үстінен тастамайды. Осы отбасының әрі еркесі, әрі тентегі Әмірхан тым мазасыз. Бұлардың кітаптарын тығып қояды. Тарақтарын сындырып, әтірлерін төгеді. Әрине, содан соң таяқ жейді. Әне, жаңа ғана Майгүлдің күнделігінің бірнеше бетін шимайлап тастапты. Майгүл сыбағасын берді. Әмірхан бақырып жылап, ошақ басында жүрген анасы Балкүміске барып, шағымданды.

    Аягүл бұл айқай-ұйқайға көңіл аударған жоқ. Түсін Сабырбек ағасына жеткізгенше асықты. Ағасы домбырасын қабырғаға іліп сыртқа шығып барады екен.

    – Аға! Сіз қайда барасыз?– деді оның қасына жақындап Аягүл.

    – Қалаға барып, сүт сатып алып келемін. Бүгін ала сиыр бұзаулады! Сүйінші!– деді Сабырбек ақсия күліп.

    – Сүйіншіңізге мен жақсы түс көрдім. Аққу ханшамен түсімде бірге болдым. Соны айтып беремін, аға!– деді Аягүл де асыға сөйлеп.

    – Оһо! Мұның жақсы екен. Түс ауа келемін. Айтып бересің,– деп ол Аягүлдің басынан сипады.

    Сыртқа шықса күн шуағын төгіп тұр екен. Әмірхан жылауын қойып, әзер төрт аяқтап жүрген бұзауға қызықтап қарап тұр. Майгүлдің ұрғанын ұмытқан. Мәз.

    – Бұзау менікі! Бұзау менікі!– дейді қолын шапалақтап. Апасы пештің қасында от жағып жүр. Сабырбек мотоциклінің артына арнайы жасалған қорапшаға сүт толтырылған құтыны тиеп, бұған қолын бұлғады. Дүр-р етіп от алған екі аяқты тұлпарына мініп, Атырау қаласына қарай беттеді.

    Аягүл апасының қасына келді де:

    – Қайырлы таң, апа! Мен Жайықтың жағасына барып, жүгіріп келемін,– деді.

    – Бара ғой, құлыным. Байқа, Жайық толып ағып жатыр. Түсіп кетпе!– деп ескертті апасы бұған жылы ұшырай қарап.

    Мінеки, Жайық! Көктемде асып-тасып ағатын өзен, жазда суы азайып кетеді. Жайық мұның үйінен біраз жер. Үй-үйдің арасымен жүгіріп барады да, далаңқайға шығады. Шоқ-шоқ ағаштар, бұталар... Жалғыз аяқ жол тура Жайыққа барып тіреледі. Қазір сәл салқындау. Ал жазда балалар осы Жайықтың жағасынан шықпайды. Аягүл де шомылғанды жақсы көреді. Қазір жетінші сыныпта оқиды. Ұлдармен бірге түспейді. Өзінің қыздарымен бөлек кетеді.

    Аягүл ойланып тұр. Ойынан түсі кетпей қойды. Түс деген аты болмаса, тура өңіндегідей. Аққу ханша неге түсіне кірді екен? Осы сауал басына келуі мұң екен балалармен бірге Сарайшыққа барған саяхаты есіне түсті. Кеше өлі қаланы аралап келген соң, бұлар мұражайға кірді. Молдаш атаның әңгімесі сондай қызық болды. Балалар ұйып тыңдап, әрбір сөзді қалт жібермеуге тырысты. Қаланың макеті қандай ғажап. Құмыралар, теңгелер... Қалада теңге соғатын зауыт та болған. Жер астынан жүргізілген құбырлар арқылы әрбір үйге су келіп тұрған.

    – Балалар!– деді қоштасарда Молдаш ата.– Біз қартайдық. Ендігі үміт сендерде. Көрдіңдер ғой, қандай сұлу қала болған. Иманғали ағаларыңды жақсы білесіңдер. Сол ағаларың пантеон мешіт, мұражай салып, бітірген соң маған тапсырды. Бұл қалашықты салғаны ол ағаларыңның көрегендігі. Бұл біздің мақтанышымыз. Осы мақтанышымызға айналған қаламыз ол бір жағынан тарихымыз. Жаңа көрдіңдер, қала барлық құлиясымен бірге су астына кетіп жатыр. Қалай құтқарамыз, менің миым жетер емес. Иманғали кеткелі үлкен басшылар уәде бергенімен келе бермейді. Яғни қолдары тимейді. Олар Сарайшық қаласының елімізге кейінгі ұрпаққа деген зор маңызы барын білмейді. Сарайшық тіралы ақындар, жазушылар, тарихшылар кітаптар жазды. Әлі де жазылады. Мысалға  Жапұзақ Ғизатовтың «Ұлы даланың қасиетті күмбезі» деген кітабында Сарайшық туралы жақсы жазылған. Сендер ондай кітаптарды көп оқуларың керек, қарақтарым. Өлі қаланың Жайық жағындағы жағалауын биіктетсе, шіркін! Содан кейін өлі қаланың жұртын Отырар қаласының үстін қалқалағандай біз де жапсақ. Оның астында қаншама құлиялар жатқанын бір Алла біледі. Мінеки, балалар, сендердің көмектерің осындайда керек. Қаланы тазартуға да көмектесе аласыңдар. Келіңдер! Жиі келіп тұрыңдар, айналайындар!

    Молдаш ата бұлардан көмек күтеді. Ал бұлар не істей алады? Шынында да археологтар қаланы аршып, үй-жайлардың орнын ашқан. Бірақ қазір сол қазылған орындар қар, жаңбыр, желмен қайта құлап жатыр. Қаншама адамның сүйектері шашылып жатқанын көріп бұлар қатты шошыды. Жайықтың суымен ағып кеткендері қаншама!

     – Солардың арасында Аққу ханша жатса ше!– Аягүл осы сөздерді еріксіз айтып қалды. Денесі тітіркенді. Тағы да көңілі босағандай ма? Жан-жағы бұлыңғырланды. Алайда Аягүл тез бойын жинап қайраттанды. «Әруақтар аспанда ұшып жүреді. Олар тірілерді көреді, бақылайды» деген Сабырбек ағасының сөзі ойына оралды. «Егер Аққу ханша қарап тұрса, ұят болады ғой. Онан да не істеу керектігін ойланып, толғанып ертең Берікбол ағайына жазып беру керек».

    Иә, ағай балаларға: «Не байқадыңдар, не ұқтыңдар? Қаланы сақтап қалу үшін не істеу керек? Осы және басқа да Сарайшық қаласына байланысты шығарма жазыңдар!» деп тапсырма берді.

    Аягүл Жайық өзенін жағалап, аяңдап жүріп көп ойланды. Неше түрлі ойлар келді. Ол ешкімге ұқсамайтын шешім ойлап тапқысы келіп, әбден қиналды. Бәлкім, түсі туралы айтса ма екен? Жоқ. Енді не істеу керек? Жүре-жүре аяғы талды. Ақыры ол үйге қайтуға жиналды. Әйтпесе апасы іздейді. Қайтып келе жатқанда ғажайып ой жарқ етіп келді. Ол ойының ұнағаны соншама:

    – Ура!– деп айғайлап, секіріп-секіріп алды. Енді үйге жеткенше асықты.

    – Иә, иә, үлкен басшы ағаларға хат жазу керек!– деп ол дауыстай сөйлеп келеді,– Хатқа тек біздің мектеп емес, бүкіл Атыраудың балалары қол қоюы қажет!

    – Aпa, апа!– деп Аягүл аулаға айқайлап кірді.

    – Әй, қыз, ұзақ жүрдің ғой. Сені атаң іздеп жатыр. Тез бар!– деді апасы пеш жақтан айқайлап. Ой үстіне ой қосылды. Мұның атасы Сарайшық туралы бәрін біледі. Қазір барып алдымен атасымен ақылдасуы тиіс. Атасы мен әжесі бөлек тұрады. Бірақ бәрі бір аулада. Аягүл сол үйге қарай асыға жүгіріп бара жатты...

 

 

                «Бізге көмектесіңдерші!» дейді аруақтар

    Аягүлдің атасы мен әжесі өмірлерінде көп қиындық көрген. Екінші дүниежүзілік соғыстың алдында ғана өмірге келген Балғабек атасының балалық шағы өте ауыр болды. Еркектердің дені соғысқа кеткен. Ауыр жұмыстың бәрін әйелдер мен балалар істейтін. Сонда да ол мектепті тастаған жоқ. Соғыстан кейінгі уақыт тез өте бастады. Техникумды бітірген кезде Алтын әжесімен кездесіп, шаңырақ көтереді. Енді міне, зейнет демалысында.

    Атасы кітапты көп оқиды. Өмірдің жаңалықтарын қалт жібермейді. Өзіндік көзқарасы бар. Сарайшық қаласына Аягүлдің қызығушылығын туғызған да осы атасы. Ертек, аңыздарды көп біледі.

    – Шіркін, оқығанда мен тарихшы болар едім. Кейбір тарихшыларың мен білгенді білмейді,– деп атасы кейде мақтанып бір желпініп қалады.

    – Қызым-ау, сен неге кеше келмедің?– деп ол Аягүлді құшағына ала маңдайынан сүйді.

    – Бұл қыздың жұмысы көп қой, шалым-ау. Қайта шақырғанда келгенін айтпайсың ба?– деп әжесі де әзілдеп жатыр.

    – Ата,– деді Аягүл жаңалығын жеткізгенше асығып,– Мен бүгін Аққу ханшаны түсімде көрдім. Содан Жайықтың жағасына барып жүгіріп келе жатсам, керемет ой келді. Үстемелеп тез-тез сөйлеген немересіне атасы қадала қарап қапты. Жүзінде таңданыс.

    – Пәлі-і! Әй, кемпір, мына қызықты қара! Мен де ханшаны түсімде көрдім. Сарайшық қаласын көріп, сұлулығына тәнті болдым. Бер жағында сұлу, әдемі ханша тұр. Бірақ көзінен жас парлап ағып жатыр, ағып жатыр. Ар жағында көп халық, қаракүңгірт. Сәлден соң ханша маған сөйледі: «Көмектесіңдерші! Менің бабаларым, бауырларым су астында қалып барады». Сосын осы сөздерді аржағындағы адамдар күбір-күбір қайталасын! Ол күбір біртін-бірге күшейе берді, күшейе берді. Жер жаңғырып, құлағым бітелгендей, —  деп атасы сезіммен сөйлеп қолдарын жая, қалт тұра қалды.

    – Астапыралла! Әруақтар бізден көмек сұрап жатыр екен ғой,– деді әжесі дауысы тарғылданып. Лезде көзі жасаураған.

    – Ата! Әже! Енді мені тыңдаңдаршы,– деп Аягүл бейне олар тыңдамай қоятындай жанұшырып.      

    – Айт, айта ғой,– деп оның басынан сыйпады атасы,– Кел, алдымен дастарханға кел! Асықпа, аптықпа!

    Аягүл атасының қасына жайғасып отырып алды да, түсін жайлап, әсерлене айта бастады.

    – Ойпырмай, тура өңдегідей екен,– деп Алтын әже таңдана дауыстап.
    Содан соң:

    – Енді білесіздер ме, маған керемет ой келді. Тыңдаңыздаршы!– деді сыбырлай сөйлеп Аягүл.

    – Тыңдайық, тыңдайық,– деді атасы мен әжесі қосарлана.

    – Бүгін міне, атам да түс көріпті. Біз оларға көмектеспегенде кім көмектеседі? Сондықтан мен де мынадай ой бар. Бәріміз облыс әкіміне, тіптен одан да жоғарыға хат жазамыз. Бүкіл балалар қол қоямыз. Соны қазір шайдан кейін жазуымыз керек, деп көздерінен от ұшқындаған қара қыз қызулана сөйледі.

    – Дұрыс! Дұрыс!– деді тағы да хормен атасы мен әжесі қолдарын көтере.

    – Міне, көрдің бе, Аягүл, мына әжең комсомолда бастық болған. Бізге әжең де қосылып тұр. Бұл бастамаң қызым, өте күшті бастама! Кемпір, бүгін жеті күлше пісір. Әруақтарға Құран бағыштайық. Ал біз қызымыз екеуіміз шай ішіп болған соң, хатты жазамыз. Бүкіл шалдар мен кемпірлердің бәріне қол қойдырамыз. Біз балалардан қалыспаймыз. Біз не деген ұятсызбыз! Әне, ата-бабаларымыздың сүйектері шашылып жатыр. Ал біз көреміз де, үндемейміз. Ал мұсылман заңы бойынша мүрделерді, молаларды су басқанда оны тірілер Құран оқып, басқа жаққа көшіреді. Ал біз үндемейміз. Бұл деген масқара ғой! – Атасы қызбалана сөйлеп кеудесін жуан жұдырығымен ұрғылады. Жалпы Аягүлдің атасы денелі, ірі адам. Шоқша сақал қойған. Маңдайы кең, қоңқақ мұрынды. Басы сопақ. Қолдары арбиған, қайратты. Керісінше әжесі орташа бойлы. Қозғалысы жылдам кісі. Көздері ұялы, қап-қара. Кезінде әдемі кісі болғаны көрініп-ақ тұр.

    Мінеки, ата мен немере шұқшиып отырғанына көп болды. Атасы айтады, немересі жазады. Аягүл де оңай шағылатын жаңғақ емес, өзінің ойларын да қосып, атасын мақұлдатып қояды. Сағат беске дейін бұл хат мың мәрте өңделген шығар. Ақыры міне, дайын болды.

    – Ата, біз ертең хатты Берікбол ағайға апарамыз. Сыныпта хатты талқылаймыз деп ойлаймын. Мен бүгін түнде ұйықтамай компьютерге басамын. Мақұл ма, ата? деді Аягүл үйден шығарда.

    – Мақұл, айналдым. Шаршап қалма!– деді атасы мейірлене сөйлеп.

    – Хатқа біз де қол қоямыз!– Бұл әжесі.

    Аягүл үйден куанып шықты. Әлі де алда талай жұмыс бар. Ең бастысы хаттың алғашқы нұсқасы дайын. Ол атасы мен әжесінің қолдағанын– бүкіл халықтың қолдағанындай сезінді. Аягүл үйге қарай асыға аяңдады.

 

 

                             «Біз Сарайшықты қорғаймыз!»

    Бүгін таң атпай Аягүлдің атасы мен әжесі әдемі киініп есік қағып тұрды. Әне, көп өтпей екі қарияның ортасында мектепке қарай Аягүл кетіп бара жатты.

    – Мен неге бармайды екенмін. Мына сенің атаң маған «бармайсың!» деді. Менің барғанымның несі ұят? Мен пұшық емеспін. Мен соқыр емеспін. Менің құқығым атаңмен бірдей емес пе? Айтшы!– деді әжесі ашулана сөйлеп.

    – Бірдей,– деді Аягүл оған жымия қарап.

    – Ендеше, мен де Аққу ханшаны және ондағы жатқан әруақтарды қорғауым керек. Менің де хатқа қол қоюға құқығым бар ғой. Айтшы!

    – Әже, дұрыс істедіңіз. Біздің қатарымызға тұрып, көмектескеніңізге көп рақмет!– деп Аягүл әжесінің қолынан сүйіп-сүйіп алды.

    – Әне, менің Аяшым ақылды ғой, ақылды, айналайын!– Әжесі тістері сирек қызыл иегін көрсете күліп, мәз болды.

    Қызық болғанда Берікбол ағай жолда кездесті. Сәлемдескеннен кейін, екі қарияның таң атпай мектепке келе жатқанына ағай таңданып қалды.

    – Берікбол, шырағым! Үлкен ғалымсың, тарихшысың. Кеше түнде мен де, мына қызым да Сарайшық ханшасын түсімізде көрдік. Өте ауыр түс. Әруақтар назалы. Олар біздің көмектесуімізді өтінеді. Ата-баба сүйектері су астында қалып барады. Ел емеспіз бе? Тірі емеспіз бе? Мына кіп-кішкентай кызым шырылдап, жылап келіпті. Неге біз соншама намыссыз болдық екен? Әнеу, мың болғыр Иманғали мен Молдаш құрдасым болмаса Сарайшық атаусыз қалар еді. Оларға сол үшін орден беру керек. Қазір бүкіл дүниедегі адамдар келіп қаланы аралап, тәу етіп жатыр. Ау, Иманғали одан артық не істесін? Сарайшық біздің ата-бабаларымыздан қалған зор мұра. Ол біздің мақтанышымыз. Қаланы әнеу жер қазғыштар қазып-қазып кетті. Енді олар оны неге жаппайды? Әне, қаншама адамның сүйектері су астында қалып, әруақтар назаланып жатқанын біліп отырмыз. Әкімің де, халқың да үндемейді. Ертең біздің баратын жеріміз сол жер. Барғанда не бетімізді айтамыз-ә? Әй Берікбол ағай, айтшы, ұят деген болу керек қой!– Балғабек ата шамырқанып, саусағын Берікбол ағайға безеп-безеп айғайлап сөйлеп, бүкіл ауылды басына көтерді.

    – «Қаржы жоқ» деп жатыр ғой,– деп Берікбол ағай ақталып келе жатыр еді, шал одан сайын көтеріліп кетті.

    – Қаржы, қаржы жоқ дейді. Әй, мынау мұнайдың ақшасы қайда? «Шамның жарығы түбіне түспейді» дегендей әнеу қарашы Берікбол-ау, ауылыңның түрін. Ескі үйлер. Мектебіңнің түрі анау. Жолың ойдым-ойдым. Бәрі тозған. Жастарымыз жұмыссыз қалада қаңғып жүр. Біздің зейнетақымыз ауыз жарытпайды. Мейлі, тірілер жер басып жүрміз ғой, әйтеуір. Су астына қалып бара жатқан өлілерімізге көмектесейікші. Олар мұндай күйге түсетіндей не жазды? Жер үшін қанын төккені ме кінәсі? Солардың төгілген қанының арқасында осыншама кең-байтақ жер қалғанын жоғарыдағыларға сен неге жеткізбейсің? Мінгендері шетелдің қымбат мәшінесі. Үлкен, алып үйлері бар деп естимін. Ал мына Сарайшыққа келгенде, өлілердің сүйектерін құтқаруға келгенде «қаржы жоқ, қаржы жоқ» деп қалады-ә!

    – Әй, шал тоқта! Берікбол қарағымның не кінәсі бар? Оның қолында не тұр? Соншама бүкіл ауылды көтергенің не? Шалдың өстіп көтеріліп кететіні бар. Сен кешір, балам!– деп Алтын әже тоқтатпағанда кім білсін, Балғабек ата ашуланып сөйлей беретін еді.

    – А-а,– деп әбестігін енді сезінген қарт ыңғайсызданып, аузы аңқиды да қалды.

    – Ағай, біз атам, әжем бәріміз Сарайшық қаласы туралы жоғарғы жаққа хат дайындадық. Соны сыныпта талқылайын деп, атам мен әжем арнайы келе жатыр,– деп Аягүл тез-тез сөйлеп, мән-жайды түсіндірді.

    – Ата, апа! Мен бәрін түсінемін ғой. Бұларыңыз үлкен бастама екен. Мен де кеше «Не істейміз?» деп көп ойландым. Жүріңіздер, хатты талқыласақ, талқылайық,– деп Берікбол ағай қос қартын қолтықтарынан демеп мектепке қарай аяңдады...

    Бұл мәселені Берікбол мектеп директорына айтып еді, ол кісі онша мән бермеді.

    – Арты шатақ болмасын,– деп енжар күйде ескерту ғана жасады. Жиналыс ұзаққа созылды. Аяш хатты нәшіне келтіріп оқып еді, балалар шошып кетті.  Тек Сәбира ғана:

    – Мынау жақсы бастама. Бірақ бізді үлкендер қолдамайды,– деп мұрнын тыржитты. Хатқа аздап ескертулер жасалып, сыныпта ол бір ауыздан қабылданды. Сол кезде Ботабай деген үнемі ұсыныстар айтып, таңғажайыптарды іздеп жүретін бала қолын көтерді.

    – Бәсе, ғүлама мырза неге үндемей қалды деп ойлап едік,– деп Ерлан қағытты. 

    – Аягүлге рақмет айтқым келеді. Достарым, ата, әже, Берікбол ағай бұл деген ғажайып нәрсе. Әнеу күні Сарайшыққа барғанда қатты толқыдым. Ата-баба әруағы бізді кінәлап жатқандай болды. Атаның, Аягүлдің түстері бұл нағыз шындық. Олар көмек сұрап жатыр! Хат жақсы жазылған. Енді біз штаб құрсақ. Ол штабтың президенті– Балғабек ата, орынбасарлары– Берікбол ағай және Аягүл болсын. Ол ұйымның атын «Біз Сарайшықты қорғаймыз» деп атасақ бұған қалай қарайсыздар, а?!– Ботабай әдетінше тез-тез сөйледі. Сыныпта шыбын ызыңы естілердей тыныштық орнады.

    – Мен президент болып жарытпаймын ғой,– деп Балғабек ата күңк ете қалды.

    – Боласың!– деді Алтын әже кенеттен ұшып тұрып– Сен болмасаң мен прасидант боламын. Жұртқа намыссыз дегенде оң қолдайсың. Сарайшық ханшасы бәріміздің анамыз. Отанын, жерін қорғаймын деп қыршын кетті. Енді оны, ата-бабаларымыздың намысын біз қорғамағанда кім қорғайды? О, несі-ай! Прасидант болсаң, мінеки, мен қолымды көтеріп сені сайлаймын!–  Әженің сөзіне бүкіл сынып, тіптен Берікбол ағайдың өзі күліп жіберді. Дуылдаған күлкі басылмай жатып, қолдар дүрк көтерілді.

    – Ата президент болсын!– деп балалар атаны бір ауыздан президент сайлады.

    Үш күннен сон, «Біз Сарайшықты қорғаймыз!» деген ұранмен бүкіл ауыл мәдениет үйіне жиналды. Аягүл бастаған балалар осы ұранды сөзді үлкен етіп, мәдениет үйінің алдына жарқыратып ілді. Суретші бала Саттар суретін салды. Онда Секер көл, аққулар, алтын қайықты Сарайшық ханшасы және оның аржағындағы фонда Сарайшық қаласы бейнеленген.

    Жиналысты Берікбол ағай жүргізіп отырды. Арнайы шақырылған қонақ Молдаш ата баяндама жасады. Ол кісінің сөзі өте әсерлі шыққаны соншама залдағы отырғандар да, сыртта күшейткіш арқылы тыңдап тұрғандар да ду қол шапалақтады. Ду қол шапалақтағанның көкесі Аягүл хатты оқығаннан кейін болды. Дауысы дірілдеп, жүрексіне оқыған оның дауысы біртін-бірге күшейіп, Сарайшық қирап, зұлым орыс әскерлерінің табанына тапталған сәттегі қасіретті шақты сипаттаған жерін Аягүл жылап тұрып оқыды. Алдымен Алтын тәрізді әжелер «сықсыңдап» жылап бастап еді, әлден соң залдың іші күңіреніп сала берді. Апталдай ағалардың көздерінен де еріктен тыс жас парлап тұрды...

 

 

                                     Аягүлді қаралаған кімдер?

    Бүкіл дүйім жұртты жылатқан Аягүлдің де даңқы бүкіл ауылға тарады. Көп үндемейтін, қарапайым қызды тек сыныптастары ғана емес, жоғары сынып оқушылары да құрметтеп, сәлемдесетінді және хат тағдырының не болғанын жиі сүрайтын болды. Бұл Сәбираға жақпады. Бұрынғыдай емес сыныптастары мұны көздеріне ілмейтін сияқты. Бәрі де Аягүлмен ақылдасуға тырысады, оның қасында жүреді үйіріліп. Оның ең жақын досы Анаргүлдің өзі Аягүлге еліктеп, тура сол сияқты шашын бүйралап қойғанын Сәбира білмей жүр дейсің бе? Ал Ботабай тура Аягүлдің көмекшісі сияқты жанынан шықпайды. Үйіне дейін шығарып салады. Ерлан бастаған тентектігімен аттары шыққан балалар да Аягүл не айтса, тыңдайтын болыпты.

    Сәбира бүгін ерекше ширықты. Беделінің түсіп бара жатқаны айдан анық. Енді не істеу керек? Бәлкім Аягүлмен бұрынғы достығын жалғастырар. Жоқ! Соншама намыссыз ба екен, Сәбира. «Мен әлі кімнің мықты екенін дәлелдеймін! Тұра тұр, Аягүл!» деп кіжінді ол.

    Әне, Аягүл келеді. Жүзі гүл-гүл жайнайды. Жанында жоғары кластың балалары. Өздері директордан шығыпты. Берікбол ағай да келіп, әлдене жазып жатқан Аягүлдің жанына келді. Бір нәрселер айтып, күліп еді, балалар да қосыла күлді.

    – Мәз болуын, өңшең шуылдақтар!– деді ол күбірлеп олардан теріс бұрылып,– Қарашы бәлесін. Үндемей жүріп қалай даңққа бөленудің жолын тауып алғанын. Ол хатыңнан түкте шықпайды. Сенің даңқ үшін, атыңды шығару үшін осындай хатты ойлап тапқаныңды елге таратып, масқара етемін!– деген ойлар келген Сәбира қуанып кетті.– Ол үшін кімді пайдалансам екен,– деп біраз ойланды. Ақыры тапты. Қаламсабын алды да, дәптеріне әлдене деп жаза бастады...

    Шынында да Аягүлдің қарбалас істері бастан асып кетті. Домбыра үйірмесіне қатысады. Төртінші тоқсанның аяғында сабақ та қиындап кетті. Берікбол ағай тарих сабағынан тақырып беріп, баяндама жасатты. Жеңіс күніне концерт қойды кеше. Молдаш ата мен Берікбол ағай үшеуі Сарайшық мұражайында отырып, нақты жоспар жасады. Молдаш атамен ақылдасып, хаттың соңына Сарайшықта не істелінуі керек, бәрі-бәрі қосымша етіп жазылды. Сарайшық қаласының картасы да қоса тігіліп, оған Жайық өзенінің қаншалықты қауіпті екені көрсетілді. Міне, көрдіңіз бе, Аягүлдің қаншалықты шаруасы барын. Бірақ Аягүл өзінің ішкі жан дүниесінде зор күш-қуаттың пайда болғанын сезінгендей. Шаршамайды, қажымайды.

    Мінеки, хат толықтай жазылып бітті. Ботабай бастаған балалар үй-үйге кіріп хатка қол қойдыруға кірісті. Тіптен енді көрші ауылдарға, ауданға барып, хатқа қол қоюшылардың тізімін көбейтуге шешім шығарылды. Оған Аягүлдің атасы мен әжесі басқарған ақсақалдар мен әжелер бұл іске жұмыла кірісіп те кетті...

    ...Тағы бір күн өтті. Аягүл мен Анаргүл мектепке асығып келеді. Мектептің кіре берісінде үлкенді-кіші балалар жиналып қалыпты. Бұлар жақындап еді, Ботабай қарсы жүрді.

    – Аягүл! Біздің бастаған ісімізге күмән келтіріп ұран жазыпты біреулер. Қарашы!– деді ол асыға сөйлеп.

    Мәссаған! Мұның суретін мазақтап салыпты. Содан соң Аягүл өзінің атын шьіғару үшін жасапты мұның бәрін. «Сарайшық ханшасы ойдан шығарылған. Ол тек аңыз ғана. Ол өтірік. Сондықтан да Аягүлдің мақтаншақтығын, даңғойлығын жиналыста қарау керек!» депті. Аягүл іштей біртүрлі болып кетті. Бірақ сабыр сақтады. Ботабай жазылған ұран-хатты жұлып алды.

    – Мұны жазғандар көре алмаушылықтан жазған. Аягүл, сен қамықпа! Біздің бастаған бұл ісіміз дұрыс және игі бастама. Ал олар ештеңеге де жаны ашымайтын қатігездер!– деп Ботабай шешендерше саңқылдап сөйледі. Мектеп алдына жиналған балалар қол шапалақтап жіберді. Аягүлдің жүдей қалған көңіліне бұл өте үлкен демеу еді...

    Бірақ оның көкірегінде бір сұрау қылаң берді: «Бұл ұранды жазған кімдер екен?»

 

 

                                   Ата мен әкенің ашуы

    Аягүлді қаралаған үндеу-хатты Ботабай жұлып тастағанмен, ол мектепте, тіптен ауылда үлкен шу туғызды. Аягүлдің атасы мен әжесі бұл қаралауды естуі мұң екен, бұлқан-талқан ашуланды.

    – Бұл көре алмаушылық. Алдымен менің қызымдай болып алсын. Әруақты құрметтеу– әрбір адамның парызы. Аягүлге рақмет айтуымыз керек. Егер бұл мәселені көтерсе, ол жамандаушылар бұрын қайда қалды екен? Менің адал қызымды қаралауын қарашы. Даңқ-паңқ деген Аягүлжанға неге керек?– Әй, шал, мұны бүйтіп қалдыруға болмайды. Мектепке барайық. Ол қаралаушыларды тауып жазасын берейік. Бұл не деген сұмдық!– Тез шешім шығарғыш, белсенді әжесі осылай деді. Әнеки, ауыр қозғалатын атасы да сақалы желпілдеп, күркіреп сөйледі дейсің.

    – Дұрыс айтасың. Мен мұны бұлай қалдырмаймын! Ертең таң атпай Аяшпен бірге барамыз. Көрейін олардың әуселесін. Хатқа аттарын жазбапты. Яғни олар шындықтан қорқады деген сөз. Шындықтан қорықпаса неге жазбайды аттарын. Жо-жоқ! Дұрыс айтасың, кемпір! Мұны бұлай қалдыруға болмайды. Аягүлжан, ертең сенімен бірге барамыз. Ауылдың бүкіл шал-кемпірлері жиналамыз. Аягүлді қорғағанымыз– Сарайшықты қорғағанымыз!

    – Ата, әже! Сіздерге ракмет. Мен қазір сіздер ойлағандай кішкентай қыз емеспін ғой. Өзімді-өзім қорғай алатын үлкен қызбын. Жетінші сыныпта оқимын. Ертең сіздер барсаңыздар айтпай ма, мазақтамай ма, балалар. Әлгі хат-үндеуді жазғандар: «Оһо, мақтаншақ қыз даңқын қорғауға атасы мен әжесін ертіп келді» демей ме? Әрине, олар хатты әдейі жазды. Ашулансын, жыласын деп. Сөйтіп елге масқара болсын деп. Мен де алғашқыда қатты ашуландым. Ботабайға рақмет. Әйтпесе не болатын еді. Содан соң ойландым. Біздің ісіміздің әділ екендігін халық білді, қолдады. Шіркін, Сарайшықты, ондағы ата-бабаларымыздың сүйектерін құтқара алсақ қой. Ата, әже, біз бұдан басқа ештеңе ойламауымыз керек. Ал қаралаушылар қаралай берсін!– деп Аягүл жылап жіберді. Атасы мен әжесі орындарынан бірдей көтеріліп, немересінің жанына келді.

    – Жылама, жылама, балапаным! Әй, кемпір, Аягүл бізді ұялтты. Осы сөздерді қызымыз емес біз айтуымыз керек еді. Айналайын, ақылдым!– деп еміренді Балғабек қария.

    – Бізде не ми қалды дейсің. Шүкір, «ақыл жастан» демекші Аяшым жақсы, сабырлы сөз айтты. Бұл істі бірақ аяқсыз қалдыруға болмайды. Сен қазір ардагерлер кеңесіне бар. Есіңде ме, мектепте дін туралы үлкен жиналыс болып еді ғой. Сол жақты бастаманы өзіміз көтергенбіз. Мұны да біз аяқсыз қалдырмаймыз. Ақылдас ақсақалдармен, —  деп әжесі алғашқы райынан қайтпағанын білдірді...

   ...Ертеңіне сыныпта жиналыс болды. Бұл жиналысқа тек жетінші сыныптың балалары ғана емес, аталар, әжелер және жоғары сыныптың балалары да қатысты. Аягүлдің атасы мен әжесі келген жоқ. Әрине, олар мұны өздерінше Аягүлге сөз тимесін деген оймен жасады. Бірақ олар айтпаса да түсінікті, дегбірсізденіп отырды. Ал Сәбира ең соңғы партаға барып тығылып, бұғып отырды. Оның жанындағы хат-үндеуді жазған досы Әлімжан да бар еді. Берікбол ағай қаралаушылардың бұл ісінің дұрыс еместігін өте жақсы сөйлеп айтты.

    – Егер олар арамызда отырса мойындасын. Мойындау да зор ерлік, үлкен азаматтық! Кәнеки, кім ол? Қолдарыңды көтеріңдер! деп ағай үнсіз қалғанда балалар бір-біріне қарасты. Кім ол? Сәбира мен Әлімжан бұға түсті. Әсіресе, Әлімжан қатты ұялды. Мұндай боларын білгенде... Қап!

 

 

                                «Хатқа біз де қол қоямыз!»

    Хатқа ондаған ауылдың тұрғындары қол қойды. Енді ол хатты облыс әкімшілігіне, Астанаға жіберу керек. Бүгін қызық болды. Сабақ жүріп жатқан. Есік қағылды. Директордың хатшысы екен.

    – Аягүл Балғабектегін директорға шақырып жатыр. Тез келсін,– дейді. Ішкі дүниесі қобалжып, мінеки, директордың бөлмесіне қарай келеді.

    «Неге шақырды? Әлде өткенде мені қаралағаңдар тағы да бірдеңені бүлдірді ме?» деп ойлады ол. Есікті жасқаншақтай қақты. Ішке кіріп еді, директорда бірнеше кісі отырғанын көрді. Бәрі бұған қарағандықтан ба, қатты ұялды.

    – Міне, Аягүл деген батыр қызымыз осы. Кіре ғой, кіре ғой, айналайын!– деп директор жылы ұшырай тіл қатты. Аягүл сәлемдесті. Директор нұсқаған орындыққа отырған ол мән-жәйді түсінбей дал.

    – Мына аға-тәтелерің журналистер. Сені арнайы іздеп келіпті. Өзің туралы теледидардан көрсетіп, газетке жазбақшы,– деп директор ағай түсіндіріп жатыр. Аягүл беті ду етіп қызарып кеткенін сезді. Бірақ білдірмей сәл үнсіз отырды да жауап берді.

    – Ағай! Мен ештеңе де жасаған жоқпын ғой. Біздің балаларды, аталар мен әжелер, ауылдың адамдарын жазу керек. Мен де солардың бірімін. Өз өлкеңді зерттеп, ата-бабаларымыз қалдырған тарихи мұраларымызды қорғау бәріміздің ортақ ісіміз ғой,– деп алғашқыда сөзін қымсына бастап еді, сөйлей келе Аягүл батылданып кетті.

    Журналистер қойсын ба, кішкентай қызға жан-жақтан сауалды жаудырды дейсің. Олар ақсақалдармен де, балалармен де сөйлесті. Хаттың бір-бір данасын алып кетті. Бұл өзі ауылдағы үлкен де, маңызды оқиға еді. Ел серпіліп, бұл істерінің дұрыс екендігіне, оларды қолдайтын жандар бар екеніне көздері жеткендей болды. Ал өздерін теледидардан көрсетер кезде бүкіл ауыл үй-үйлеріне жиналды. Тіптен Сәбира да іштей жақтырмаса да, бұл мәселеге зор көңіл аударды. Көп кешікпей хат пен Аягүлдің суреті республикалық, облыстық газеттерге басылды. Мінеки, қызықтың көкесі содан кейін болды. Республиканың түкпір-түкпірінен хаттар жауды, мектеп телефонына маза болмады.

    Аягүл ішкі толқынысын білдірмесе де, бұған қатты қуанып жүрді. Қызық! Аққу ханшаны көрген түсі қайта-қайта ойына оралды. Сол түстегідей бейне аспанда ұшып жүргендей сезінді өзін. Енді шіркін, тезірек Сарайшықты қорғайтын дәу ағалар келіп, Жайықты басқа арнаға бұру ісін қолға алса ғой.

    Көрдіңіздер ме, бұлар көтерген істің әділ екендігі енді тіптен айқындалды. Бүкіл республика қолдап жатыр. «Хатқа біз де қол қоямыз» дейді олар.

    – Ей, қаралаушылар, шығыңдар тығылмай!– деп Аягүл Жайықтың жағасында тұрып осылай айқайлады. Шынында да олардан соңғы кезде тырс еткен хабар жоқ. Әлде олар ұялды ма екен? Кім, кім олар? Сәбира емес пе? Өйткені ол соңғы кездері бұған жиі-жиі қарсы шығып, мұның ісін теріске шығарғысы келеді. Неге? Неге? «Сәбира досым, сен неге өйтесің? Қайта біз бірге жұмыс істемейміз бе?» Аягүл Жайық жағасында бүгін ұзақ жүрді...

 

 

                            «Алтын қайық» тобының жоспары

    Сәбира көп ойланды. Оның ойланғаны қызық. Бөлмесін іштен тарс жабады. Айнаның алдына тас-түйін отырады. Айнаның ішіндегі өзінің бейнесімен ақылдасады. Әрине, өздерің біліп отырсыңдар «Менің атым Қожа» атты фильмін Сәбира да көрді. Мәселе Қожаға еліктегенде емес, Сәбира шыныменде екі Сәбираға айналады. Құй сен, құй сенбе ол ана Сәбирамен сөйлесе біледі. Егер де ана Сәбираның ақылы ұнаса, бұл Сәбира сол жолды таңдайды. Кейде екеуі қатты ұрысып та қалады. Бірде қатты ұрысқаны соншалық қос Сәбира төбелесіп, екі ортада айна сынып қала жаздады. Апасы жүгіріп келмегенде кім білсін не боларын?

    Бүгінгі жекпе-жектің орны бөлек. Аягүл жайында зор тартыс болмақ. Аягүл дегенде бұл үшін екі жол жатыр. Бірі Аягүлден кешірім сұрап, жеңілу. Екіншісі Аягүлге қарсы күресті жалғастыру. Бұлардың жасырын тобының істеген әрекеті қатты күйреді. Әйтеуір ұранды кім жазғанын ешкім білмеді. Ал білсе не болар еді десеңізші! Онда аталар, әжелер, тіптен балалар мұның шашын жұлар еді.

    – Енді мен не істеуім керек? деді бұл Сәбира. Анау біршама ойланды. Сірә, сауал қиын болды-ау шамасы.

    – Неге үндемейсің? Сен де Аягүлден қорқамысың?– деп бұл оған ежірейді.

    – Қорықпаймын. Бірақ шындық әйтеуір бір жарып шығады. Аягүлдің таңдап отырған жолы әділ жол. Ол ата-бабаларымызды, өткен тарихымызды, намысымызды қорғап отыр. Сондықтан оны қалың ел қолдады. Шынында да өзін ойлашы, тарихта зор орны бар, кезінде он мыңдаған адам өмір сүрген қаланы су басайын деп тұр. Ол ол ма, ол жерде біздің ата-бабаларымыздың мәйіттері, сүйектері жатыр ғой.

    – Тоқтат! Сен Аягүлді қолдап тұрсың. Маған мұндай пікіріңнің бес тиынға қажеті жоқ. Менің, біздің не істейтінімізді айт. Мен Аягүлді жек көремін!– деп бұл Сәбира көздерінен от ұшқындап, зіркілдеп берсін. Ана Сәбира басын шайқап таңданып қалды.     

    – Сен екеуің қандай жақсы дос едің. Осындай да... дей берген ол Сәбираның сөзін бұл шорт кесті. 

    – Біз дос емеспіз. Жаумыз. Себебі бұрын Аягүл менің айтқанымнан шықпайтын. Енді ол өзінше бастама көтеріп маған қарсы шықты. Ол бастаманы маған беру керек еді. Бірақ ол өйтпеді. Сондықтан мен одан кек алуым керек. Қалай? Білмеймін. Оған менің миым жетер емес. Сондықтан мен сенен көмек сұрап отырмын, ей, ақылшым! —  деп бұл Сәбира ызалана сөйлеп орнынан тұрып кетті.

    – Сенің кек аламын деуің дұрыс емес. Онанда сен Аягүлдің бастамасынан да күшті бастама көтеруің керек. Және ол бастама халықты сенің артыңнан ертсін. Сен ашуланба, сабырға кел!

    Ол Сәбираның мына сөзі бұл Сәбираны зор қуанышқа бөледі білем, орнынан ұшып тұрды.

    – Жарайсың, досым! Бірақ мен қандай бастама көтермекпін?– деді нағыз Сәбира қуанышын басып, айнадағы досына сұраулы жүзбен қарап.

Сен «Мен сыныптағы ең озат окушымын! Мен ақылды қызбын!» деп мақтанғанда жарылып кете жаздайсың. Бірақ қолыңнан түк келмей тұр...

    – Тиіспе, тиіспе маған, малғұн! Тфу!– Бұл Сәбира досына қатты ашуланғаны соншама оған түкіріп жіберді.

    – Саған ашуланба дегенім жоқ па? Ал ашулан, мен енді ештеңе демеймін. Ақыл да айтпаймын. Әйтпесе саған күшті идея айтайын деп едім, Ол Сәбира бұртиып ашуланғансыды. Бұл Сәбира тез сабасына түсіп, енді досына жалына бастады. Түкірікті орамалмен сүртіп, айна бетін алақанымен сипалап-сипалап қойды.           

    – Жәр-рәйді! Мен саған басын бастаймын. Аяғын өзің жалғастыр. Аягүл ол бастамасын қайдан алды, білесің бе?

    – Жоқ, білмеймін.

    – Білесің, тек терең ойланбай тұрсың. Сарайшық ханша туралы аңызды білесің ғой.

    – Білемін.

    – Білсең ол бастама сол аңыздан басталды.

    – Қалай?

    – Солай. Ол аңыз Аягүлді керемет сезімге бөледі. Содан соң онда идея пайда болды. Бірақ Аягүл бір маңызды мәселені ұмытты.

    – Қандай мәселе?– Сәбира жұлып алғандай сөйлеп, айнаға ентелей түсті. Анау да қу. Біраз үндемей тұрды.

    – Айт, айтшы, досым!– деп бұл жалынды.

    – Жәр-рәйді! Аңызда Аққу ханша алтын қайықпен жүзгенін білесің. Ханша өлгеннен соң, оның мәйітін алтын табытқа салып, әкесі өте құпия түрде жерлегенін және жақсы білесің. Оны жерлеген жеті адамды өлтіріп жібергенін де білесің ғой.

    – Білемін, білемін! Сен тезірек идеяңды айтшы,– деді Сәбира шыдамай кетіп.    

    – Идея осы жерде жатыр. Біз алтын қайықты, алтын табытты және қазынаны іздеуіміз керек. Үлкен шу етіп, кинолардағы сияқты картамен іздесек, жұрттың бәрі сенің соңыңнан ереді.

    – Оһо! Мынау ғажап идея ғой. Мені құтқардың, досым! Аягүл сүйектерді түгендей берсін. Мен алтын іздеймін. Бай боламын! Бәрін, бәрін сатып аламын. Адамдардың бәрі де алтынға сатылады. Кеттім, мен! Қош бол, досым!..

    ...Көп ұзамай Сәбираның «Алтын қайық» атты ізші-саяхатшылар тобы құрылды. Ескі карта бар көрінеді. Сол картамен алтын қайықты тауып алуға болады екен. Бұл ізші-саяхатшылардың тобына біраз балалар жазылды. Әрине, Сәбира бұған өте сенімді, беделді балаларды жинауға тырысты. Тіптен бұл топқа жоғары сыныптағы балалар, қыздар қосылуға құштар болды.

    Аягүл де бүкіл ауылды, мектепті дүр сілкіндірген жаңалықты естіп таң қалды. Қызық болғанда мұның әпкесі Райхан да сол топқа кіріпті. Әрине, Сәбираның кезекті бір қулығы екенін Аягүл білді. Бірақ оны қалай дәлелдерсің?..

    Ал мұның әпкесі Райхан да бауыры Аягүлді қанша жақсы көргенмен ақшаға өте жақын адам еді. Оның бай болғысы, жақсы киім кигісі келетін.

    «Алтын қайық» ізші-саяхатшы тобының жоспары Райханға ұнады. Ал Сәбираның қулығы сол Аягүлден Аққу ханша және алтын қайық туралы үнемі біліп отыру еді. Райханды алтынға еліктіру арқылы ол мақсатына жетті.

 

 

                                  Райхан сатқын ба?

    Бүгінгі күн тым мазасыз әрі көңілсіз басталды. Алдымен таң атпай Сабырбек Райханмен ұрысып қалды. Неге дейсіз ғой, Райханның «Алтынқайық» ізші-саяхатшылар тобына кіргенін Сабырбек біреулерден естіп қалыпты.

    – Сен сатқынсың, Райхан. Ақша, байлық үшін бәрін сатып кеттің. Аягүл бастаған қасиетті істі де саттың. Дереу шық, ол жерден. Олар жын-шайтанның ордасы екенін біл! Сәбира бастаған топтың ниеті жаман. Адамдарды байлыққа қызықтырып, теріс жолға салып отыр. Ал байлық жақсылыққа апармайды. Тоқта, Райхан! Сен біздің әулетке кір келтірдің, - деп Сабырбек Райханға дүрсе қоя берді. Райхан қолындағы кітабын қойып, біраз үнсіз отырды.

    – Неге үндемейсің? Тілің байланып қалды ма?– деді ағасы шыдамсызданып.

    – Ағатайым!– деді Райхан кекеткендей үнмен,– Біз қашанғы кедей боламыз? Тамаққа да, киімге де жарымаймыз. Үйіміз ескі. Папам ебіл-дебілі шығып қалаға кетеді. Кім көрінгеннің жүгін тасиды. Арбакеш. Папамның тапқаны ештеңеге жетпейді. Өзің де сабақтан соң сүт сатасың. Ол да–  жартымсыз. Ал менің байығым келеді. Мен Сәбира үшін емес, өз үйімнің қамы үшін бардым бұған. Мен байысам, үйім байиды. Және ешкімді де сатпаймын. Айтшы, ағатайым, біз осы өмірге жоқшылықта өмір сүру үшін келдік пе?

    Қатты ашуланып тұрған Сабырбек сасып қалды. Қарындасынан мұндай келелі сөз шығады деп ойлаған жоқ еді. Айтып отырғанының бәрі рас. Оның сөздері шымбайына қатты батты.

    – Қарындасым-ау,– деді жаңағыдай емес, жұмсақ дауыспен,– бұл жолмен байимын деуің меніңше күлкіге шақырады. Рас, байығаныңа қарсы емеспін. Бірақ Сәбиранікі қиял әрі далбаса тірлік. Ол бұл жерде Аягүлді көре алмай отыр. Содан өзінше осыны ойлап тапты. Мен де кезінде алтын қайықты, патшалардың тыққан алтын қоймасын іздегім келіп талаптандым. Бірақ бос қиял екен. Енді мен алдыма зор талап қойдым. Оқуым керек. Байлық білімде. Басқа жол жоқ. Ал сен бірден байлыққа кенелмексің. Сен Аягүлге осы әрекетіңмен қарсы шығып отырсың. Басқа-басқа, бауырыңа қарсы шыққаның қалай?

    Райхан осы кезде шыдамай ағасының сөзін үзіп, киіп кетті.

    – Қазір байлардың заманы. Оқы, оқыма, кедейлерге жақсы жұмыс жоқ. Жақсы жұмыстарға ақшаң болса ғана кіресің. Мысалға сен оқимын, білім алам дейсің. Дұрыс. Бірақ папамыздың қалтасында табақтай диплом. Бірақ ол кісіні еш жер жұмысқа алмайды. Мұндай мысалдар біздің ауылда көп. Көп ағалар мұнай саласында жұмыс істейді. Үйлеріне анда-санда келеді. «Айлығымыз аз. Егер қарсы келсек, шетелдің адамдары, қожайындарымыз жұмыстан қуып шығады. Сондықтан үндемейміз» деп жүрген жоқ па олар?! Ол ағалардың көбісінде диплом бар, білімді. Ал осыған жауап берші, аға?– деп Райхан ұшып тұрып басын қисайта ағасына мысқылдай күліп қарады. Сабырбек басын шайқады. Кішкене ойланды. Содан соң ол да орнынан тұрып қарындасының жанына келді.

    – Райханжан, айтқаныңның бәрі дұрыс. Біз тәуелсіздігімізді алу арқылы социализм қоғамын тастап, капитализмге қайта келдік. Әрине, нағыз шынайы капитализмге әлі жеткен жоқпыз. Үлкендер айтпақшы, әлі біз жабайы капитализмдеміз. Жабайы капитализмде көп әділетсіздіктер болады. Жемқорлық, ұрлық, алаяқтық, зорлық-зомбылық бәрі-бәрі болады. Сол әділетсіздіктер бізде де болып жатыр. Онымен біз өзіміз күресуіміз керек. Өзіміз адал болуға тырысқанымыз жөн,– деп Сабырбек сөзін әрі қарай жалғастырайын деп еді, даладан папаларының ашуланған дауысы шықты. Екеуі таласа-тармаса далаға жүгіріп шықты. Атасына папасы ашулана әңгіме айтып жатыр екен.

    – Базарды қожайындар жауып жатыр. Оның орнына супермаркет салмақшы. Ал біз, міне, жұмыссыз қалдық. Тек мен емес, күндерін әзер көріп жүрген базаршылардың бәрі ашулы. Бағана таңертеңнен бері халық кетпей қожайынның үйін қоршап алды. «Базарды жапсаң, сенің үйіңді өртейміз» деп айтты көпшілік. Ал ол не дейді дейсің ғой? «Менің қолымнан ештеңе келмейді. Базар жұмыс істесе маған да жақсы емес пе? Менен де үлкен дәу бар. Егер күшті болсаңдар, соның үйін өртеңдер!» деді ол. Біз оған ештеңе айта алмадық. Ертең тағы да базарға барамыз. Әлгі дәуді іздейтін шығармыз,– деп папасы балаларына бір қарады да, үйдің алдындағы томарға сылқ етіп отыра кетті.

    – Сол жұмысыңды қойып, мұнайға барып орналассайшы. Дипломың бар. Бәлкім тәуір қызметке орналасарсың,– деп атасы айтып еді, папасы қарқылдап күліп жіберді.

    – Әй, көке-ай! Баланың сөзін айтасың. Баяғыдан бері арба сүйреткенше, мұнайда жұмыс істемеймін бе? «Шамның жарығы жанына түспейді» дегендей осыншама мұнайымыз, байлығымыз бар деп мақтанғанда жарылып кете жаздаймыз. Ал біз жұмыссыз жүрміз. Көке, сіздің кезіңізде жұмыс көп болды. Ал біз енді не істейміз?– Сағынтай айнала қоршап тұрған балаларына бір қарап ұшып тұрды. Шынында да Сабырбек, Райхан, Аягүл, Майгүл, тіптен шынашақтай Әмірхан да әкелерін қоршап тұр еді. Олар папаларының бұл тығырыққа тірелгенін көріп, онымен бірге қатты қиналды. Ал Сағынтайдың көзінен бір тамшы жас домалап түскенін сезімтал Аягүл байқап қалды. Атасы таяғымен жерді тақылдата ұрды да, Сағынтайдың қасына жақындады.

    – Балам, сабыр керек. Біздің бұдан да жаман күндеріміз болды. Мен аштық кезінде дүниеге келіппін. Аталарың айтады. Ауылдың көбі аштықтан қырылыпты. Тура көктемде орталықтан көмек келгенде мен туылыппын. Одан кейін соғыс басталды. Бір түйір нанға зар болған күндеріміз де өтті. Шүкір, малымыз бар. Менің, апаңның зейнетақысы бар. Өзің де жұмысқа орналасарсың. «Елмен көрген ұлы той» демекші ел ішіндеміз, балам. Анау Сабырбек сүт сатады. Ол да әжептәуір ақша,– деп Балғабек ата баласының арқасынан қақты.

    – Жазда қалаға барып шай, шелпек сатамыз,– деп әрдәйім пысық Майгүл тақ етті. Папалары бұл сөзге күліп жіберді. Жаңа ғана көңілсіз тұрған аула көңілденіп сала берді.

 

 

                         Сиқырлы әлем патшасы айтқан сыр

    «Берікбол ағай қатты ауырып, ауруханаға түсіп қалыпты!» деген жайсыз
хабар кішкентай ауылға тез
тарады. Шағын ауылда аурухана жоқ. Ағайды Атыраудағы ауруханаға алып кетіпті. Үйінде жападан жалғыз тұратын Берікбол ағайдың үйінде Аягүлдің бірнеше рет болғаны бар. Ол кісінің үйіндегі ең зор байлық кітап. Бөлме-бөлменің қабырғалары неше түрлі кітапқа лықа толы оқитын. Аягүл кітапты көп оқитын. Мектептің ескі кітапханасындағы кітаптардың денін Аягүл оқып тастаған. Мұны Берікбол ағайы байқап қалыпты.

    – Аягүлжан! Байқаймын сен кітапханадан шықпайсың. Бұл тамаша қасиет. Мектепте кітап саны аз. Әрі олардың көбісі ескі кітаптар. Сені олар меніңше онша қанағаттандырмайды білем. Менің кітапханамда біраз жаңа кітаптар баршылық. Егер қажет болса келіп қара. Қалағаныңды ал, оқы. Содан соң қайтарарсың,– деді Берікбол ағай бірде бұл кітапханада отырғанда. Аягүл қатты қуанып кетті.

    – Ағай, шынында да кітапты көп оқимын. Сабырбек ағам екеуміз кейде кітапқа таласып та қаламыз. Сізге рақмет. Мен сіздің үйде көп кітап барын естігенмін. Бірақ айтуға батылым жетпеді.

    – Айналайын, біле білген адамға кітап қазына ғой. Менің қорқатыным қазір балалар кітап оқымайды. Теледидар, компьютер деген бәлелер шықты. Олар адамның миын, ақылын жеп қоятын тажалдар. Әрине, қажет нәрселер. Бірақ күні-түні ұзақ уақыт бұлардың алдында отырса, өте зиян. Ал кітап оқу сана-сезіміңді, тіліңді байытады. Өмір туралы көзқарасыңды жақсылыққа бұрады. Мен де мектепте оқып жүргенде, кітаптан бас алмайтынмын. Анам марқұм маған ұрсушы еді; «Миың ашып кетеді. Көп оқи берме!» деп кітабымды тартып алатын. Ал мен апамның ұйықтағанын аңдып, әлгі кітабымды түнде ұрлап алатынмын. Ол кезде мынадай күні-түні жанатын электр шамы жоқ. Он екіде сөндіріп тастайды. Үйде керасин құятын шамым бар. Соны жағып аламын. Ал оқы келіп! Бірде қалғып кетіп шамды құлатып алыппын. Өрт болып кете жаздады. Әзер сөндірдім. Әдемі текеметіміз ойылып күйіп қалды. Апам кейін біліп қойып, әй, әкемді танытты-ау!– деп Берікбол ағай күлдіріп отырып әңгіме айтқан.

    Аягүл содан кейін ағайдың үйіне жиі баратын болды. Неше қилы кітаптар әлемі сиқырлап алғандай бейне. Енді мінеки, сол сиқырлы әлемнің патшасы төсек тартып жатыр. Өткенде келгенде тағы бір әңгіменің шетін шығарды.

    – Аягүлжан, бізде әлі шынайы тарих жазылған жоқ. Баяғы Кеңес империясынан қалған сарқынды тарихты пайдаланып келеміз. Нағыз шынайы тарих керек. Мен тарихымыздың бастауын сона-ау ертегілерден, аңыздардан, мифологиядан іздедім. Тапқаным көп. Оларды сараптап қағаз бетіне түсірдім. Әлі де жинаған көп дүнием бар. Оларды Аллам өмір берсе жазып қалдыруым керек. Мысалға өзің зерттеп жүрген Сарайшық қаласын алайық. Бағамдап, терең зерттеп карасаң қаланың айналасында қиыр-шиыр тарих сайрап жатыр. Ол өлі қала емес, тірі қала, тірі тарих. Тек ол Иманғали ағаға ғана емес, бүкіл халқымызға қажет тарих. Зерделеп көре білген адамға қала көп сыр шертеді. Келесіде кел, мен саған Сарайшықтағы ханшаның соңғы күндері жайлы айтылған бір елшінің жазған жазбалары бар. Соны оқып көр. Сөйтіп болашақтың тарихи әлеміне осы кезден бастап деректер жинай бастайсың. Оларды көзіңнің қарашығындай сақтап, аялап халқыңа жеткізгейсің,– деді Серікбол ағай бұған зор сеніммен келелі әңгіме айтып. Аягүл ғұлама ағайының бұл қамқорлығына, сеніміне қатты қуанды. Енді қарашы қас қылғандай ағайының ауырып қалғанын. Мұны Сабырбек ағасы да естіпті.

    – Ағайға барып келейікші, ә!– деп қиылды ағасына Аягүл.

    – О не дегенің, Аягүлжан-ау? Сөзсіз барамыз. Бүгін қай ауруханаға жатқанын анықтаймыз. Ертең сүт сатуға барғанда бірге кетеміз,– деді ағасы мұның басынан сыйпап. «Менің ағам қандай жақсы адам!» деп Аягүл іштей марқайып, мақтанып қалды. Енді дайындық керек. Апасына мұны айтып еді:

    – Ағайың аурушаң ғой өзі. Ол кісіге ыстық сорпа қажет. Әл жинасын. Қатық және басқа да жеңіл тамақтар дайындайық, қызым.

    Атасы мен әжесі де бұған қатты көңіл аударды:

    – Айналайын, менің қызымның жүрегі жұмсақ қой. Көлік болғанда мен де баратын едім. Қап! Енді қайттім, ә? деп атасы кәдімгідей басын қасып қиналып қалды...

    Аягүл түнде түс көрді. Сарайшық ханшасы Аққу тура бұдан қол созымдай жерде ғана тұр. Айнала көгал-гүлзар, Секер көл әріректе жатыр. Кербез аққулар жүзіп жүр. Аққу ханша бұған мейірлене қарайды. Қолында әдемі алтын тостаған.

    – Аягүл, саған көп рақмет. Сарайшықтардың сүйектерін су басудан арашалауға жүгіріп жүрсің. Орыс патшасы зұлым Иван Грозный және оның қанқұйлы қарақшы әскерлері Сарайшықты, оның бейбіт тұрғындарын аямай қырды. Тіптен олар кішкентай сәбилерді, жүкті аналарды да аямады. Қаланы өртеп, түп-тұқиянымен қиратты, тонады. Әрине, мен бұл сұмдық оқиғаның ортасында болған жоқпын. Бірақ мынаны есіңе тұт. Әруақтар тірілердің барлық қарекетін көріп тұрады. Туған-туысқандарының жақсысына қуанады, жаманына назаланады. Менің алтын қайығымды, алтын табытымды орыстың тіміскі адамдары талай іздеді. Бірақ олар таба алған жоқ. Олар Сарайшықтың бар байлығын өздерімен ала кетті. Жалпы қазақтың талай мұралары, байлығы орыс жерінде жатыр. Оларда біздің халқымыздың ащы көз жасы, қасіреті тұнып тұр, Орыстар оларды қайтармаса, иелеріне тапсырмаса күндердің күнінде өздері зор қасіретке ұшырап, жер бетінен жойылатыны хақ. Берікбол ағайың ауырып жүр. Ол кісі қазақ халқының ғұламасы. Оны қадірлеңдер. Аллатағалам оған зор талант берді. Ол талантымен Берікбол ағайың халқымыздың тарихын, өткенін жазып көп сауап іс қылды. Енді асқынған ауруы оған дес бермес. Алайда қайсар жан көп еңбегін еліне қалдырады. Сенің осы ағайыңда Сарайшық туралы деректер және менің келер ұрпаққа қалдырған хатым бар. Соны ал, оны болашақ ұрпаққа деп көбейтіп тарат! Рухсыз ұрпақтың болашағы жоқ. Бәлкім бұл хатымның халқымыздың рухын көтеруге себі тиер. Қош, бауырым Аягүл!– Маңдайынан аялай сипаған ханша біртіндеп биіктей берді де, көзден ғайып болды...

    – Тұр, тұр, Аягүл! Берікбол ағайға барамыз!– деген Сабырбек ағасының дауысы мұны оятып жіберді. Аң-таң күйде жастықтан басын жұлып алған Аягүл түсі екенін біліп, жымиып қойды. Көп өтпей мотоциклмен екеуі Атырау жаққа жүйткіп бара жатты...

 

 

Берікбол ағайдың періштесі   

    Сабырбек пен Аягүлдің хал сұрай келгеніне Берікбол ағайлары қатты қуанды.

    – Айналайындар! Мені де іздейтіндер бар екен-ау. Қандай жақсы болды келгендерің, кішкентай бауырларым. Сендермен бірге ауыл түгел көшіп келгендей болды ғой,– деп орнынан қопарыла отырып, бұларға қуана қолдарын ұсынды. Алғашқы сөздері өкпе-назын жеткізгендей болғанмен, кейін ерекше серпіліп, өзінің қазіргі мүшкіл де мүгедек халін балаларға білдіргісі келмеді. Шынында да Берікбол ағайдың жағдайы мәз емес екен. Екі аяғы сал болып қалыпты мәңгілік. Кеше ғана сап-cay жүрген ағайының бұл ауыр жағдайын көріп Аягүлдің жұдырықтай жүрегі бір аунап түсті. Аяныштан ішкі жан дүниесі елжіреп босап бара жатқанын сезді де, дереу бойын жинап алды. Бұл ішкі күресте жеңуіне ағайының қайсарлығы күш берді. Ішкі толғанысын қаншама білдірмейін десе де Берікбол ағай сезімтал екен. Аяқ астынан өлеңдетіп жіберсін:

                                                     Ей, бауырым!

                                             Көтерсеңші, көтерсеңші басыңды.

                                            Алатаудың асқарына күннің нұры шашылды,

                                            Қыз тіршілік, міне тағы мойныңа асылды,

                                           Асылды да, саусағымен сипағандай шашыңды.

                                          Көтер басты,

                                         Тұр орныңнан!

                                        Терезеге қарашы.

                                        Неткен тұнық, неткен қымбат

                                       жер мен көктің арасы

                                       Бауырым-ау, жи күшіңді терезеге қарашы!

    Сабырбек те, Аягүл де селт етіп, еріксіз терезеге қарады. Берікбол ағай күліп жіберді. Осы сәт есік айқара ашылды да, әдемі тәте кіріп келе жатты. Ағайдың оқыған жырын оның сыңғырлаған үні іле жалғастырып кетті.

                                         Мына жолмен уайымсыз әлі талай өтерсің,

                                   Шыға алмаған асуыңа, аман болсаң жетерсің

                                  Ей, бауырым! Ей, бауырым, басыңды бір көтерші,     

                                 Мынау қызық дүниені қалай қиып кетерсің!

    Алдымен сәл іркіліс болды да, Берікбол ағай бастап бәрі күліп жіберді. Сабырбек пен Аягүл орындарынан ұшып тұрып әдемі тәтеге ізет көрсетіп, сәлем берді. Үйлесім тапқан өлең жолдары, оны жерге түсірмей әдейі келіскендей іліп әкетуі, жыр жолдарының зор сезіммен оқылуы Сабырбек пен Аягүлді таң қалдырды. Әрине, кіріп келген бұлар бұрын-соңды көрмеген әдемі тәтенің кім екендігін де білуге құмартты. Соны білгендей Берікбол ағай барлығынын да отыруларын өтінді. Аурухананың тар палатасында әркім өзінше орын тапты. Әдемі тәте Берікбол ағайдың бетінен сүйіп, әкелген заттарын төмбішкінің жанына қойды. Өзі кереуеттің аяқ жағына тізе бүкті. Шынында да бота көздері жәутеңдеген тәтенің жүздерінде жылылық оны сұлу етіп көрсетеді.

    – Бұл тәтелерің Алланың маған жіберген арнайы періштесі. Есімі– Нұрсәуле. Осында медбике болып жұмыс істейді. Менің осында жатқанымды естіп, іздеп келіпті. Таныстық. Мен ауыр жағдайда басымды көтере алмай өмірден күдер үзіп, налып жүргенімде Нұрсәуле иығымнан демеді, күш берді, жүрегіме нұрын төкті, рух сыйлады. Мен екінші рет өмірге келдім, бауырларым. Ең бастысы маған махаббаттың не екенін, оның қандай құдіретті күш екенін дәлелдеді. Мен оған, яғни Нұрсәуле тәтелеріңе мына түріммен зиян жасап, оның өмірін қор еткім келмеді. Теріс қарап жатып алдым. Нұрсәуле ақын болмаса да, ұлы ақындарымыздың ғажайып өлеңдерін көп оқиды екен. Тіптен көбісін жатқа біледі. Нұрсәулештің осы «ауруы» маған да жұқты. Бұрын да өлең оқитынмын. Енді басқаша көзқарас пайда болды. Енді жүрегіммен оқимын. Содан соң дін жолына түсуіме де осы тәтелерің әсер етті. «Менің періштем» деп босқа айтып тұрған жоқпын.

                                         Армысың, есі дұрыс, мият күнім,

                                   Өліп қайта тірілген сияқтымын.

                                  Жарқын өмір, жан өмір, жасыл шуақ,

                                 Алдарыңда сендердің ұяттымын.

                                Алып ұшып барады қанаттарым,

                               Күнді ұзатып, күтемін таң атқанын.

                              Дәл осындай сәтіңнен адастырма,

                             Адастырма, өтінем, жаратқаным!

    Өр ақын Мұқағали аға ауруханада қатты ауырып жатып, осындай өміршең, жалынды жырлар шығарыпты. Ал мен неге ауыртпалық алдында бас иіуім керек? Жоқ, бауырларым! Менің әлі тындырғанымнан тындыратын істерім көп. Үлкен-үлкен жоспарларым бар. Тарихсыз елдің болашағы да жоқ. Тарихы, өткені бұлдыр халықты ірі мемлекеттер мойындамайды. Мәселен орыс империясы. Әсіресе кеңес үкіметі кезінде біздің тарихымызды жойып жіберуге тырысты. Неге? «Мұндай халық, мына жерде мүлдем тұрған жоқ. Олар көшіп жүрген көшпенді халық» деп бізді сығандарға теңеді. Сондықтан бұл озбыр ойларды кім тас-талқан етіп жоққа шығарады? Әрине, біз. Маған Тәңірім талант берді. Сол талантымды халқым үшін пайдалануым керек.

                                              Жырым көп әлі менің жазылмаған,

                                       Кенім көп әлі менің қазылмаған.

                                      Қалдырып болар-болмас қазынамды

                                     Неліктен бір күні мен жазым болам?!

    – Берігім-ау, ғафу ет,– деп Нұрсәуле тәте Берікбол ағайдың сөзін бөлді,– Бүгін бауырларыңыз келіп ешкімге сөз берер емессіз ғой.

    Берікбол ағай мырс етіп, күлді де:

    – Пай, пай, шынында да ұят жасаппын-ау, Нұрсәулеш. Мен мына кішкентай бауырларымды саған таныстырмаппын ғой. Мынау Сабырбек деген азамат. Менің шәкіртім. Сабағын жақсы оқиды. Тәртіпті, тәрбиелі. Жазымен, қысымен сүт сатып үйіне көмектеседі. Мына қасындағы қарындасы Аягүл, менің ең озат шәкіртім. Тарихшы боламын дейді. Саған айтқан Сарайшықты зерттеп жүрген қызым осы. Кітапты көп оқиды,– деп Берікбол ағай Аягүлге мейірлене қарады.

    – Аягүл, сен туралы ағайың көп айтты. Мен де тарихты, тарихи-көркем дүниелерді оқығанды жақсы көрдім. Екінші жағынан ағайыңның айтқаны өте дұрыс. Әрбір ұлтын сүйген адам өз тілін, өз тарихын, салт-дәстүрлерін білуі тиіс. Сондай адамды нағыз отаншыл, патриот деп атауға болады. Берікбол ағайларыңды мен шынымды айтсам сырттай білдім. Кітабын, мақалаларын оқып жүрдім. Суретін қиып алып сақтап қойғанмын. Бұл кісі маған қол жетпес арман сияқты көрінетін. Ойларының тереңдігімен ұнаған адамымды тура жанымнан кездестіргеніме таң қалдым. Оны көрдім! Аспандағы айым жерде тұр! «№13 палатада ғалым жігіт жатыр. Жағдайы өте ауыр. Ең жаманы өзін-өзі тастап жіберген. Писсимизмге берілген» деп дәрігер ауыр ой үстінде отыр екен. «Маған көруге бола ма?» деп едім. «Көре ғой. Әй, қайдам?» деді ол иығын қиқаңдатып. Мен жәйлап палатаға жақындадым. Оған медбикелер баруға қорқады екен. Жаралы жолбарыстай қауып алады. Мен де жүрегім дүрсілдеп әзер бардым. Терезеге қарап жатыр. Кенет менің жүрген дыбысымды естіп қалды-ау, маған жалт қарады. Көзі өткір екен. Ал өзін мен жазбай таныдым. Сол, сол ғой. Менің қиялымдағы адам! Жыланға арбалған торғайдай тұрып қалсам керек, ол сәл жымиғандай болды. Сұлу кісі екенін мен суреттен жақсы білемін. Осылай тұра берер ме едім, ол еріксіз тіл қатты: «Қарындас, неменеге аузыңыз ашылып қалды. Мендей бейшара міскінді бірінші рет көріп тұрсыз ба?» деді ол қатқыл, құрғақ дауыспен. Сол кезде жалт беріп кетсем Берігіммен арадағы жіпті мәңгіге үзер едім. Аузыма қайдан түскенін білмеймін, Мұқағалидің мына жыры түсті:

                                            Жанарың жалт етті-ау бір жай оғындай,

                                     Жай отындай жандырып, жоятындай.

                                    Жалғыз сәтті жанымды дip еткізген,

                                   Жасырдың-ау, жалған-ай!

                                  қоя тұрмай.

                                 Жанарыңда ғажайып от бар екен,

                                Кімді қарып, кімді өртеп, тоқтар екен?

                               Жалғыз сәтпен жанымды дip еткіздің,

                              Одан басқа сыйларың жоқ па бөтен?

    Ағайдың солған жүзіне күлкі жүгірді. Көздеріне мейірім тұнды. Қолдарын бұлғап өзіне шақырды. Бардым. Өлеңнің ғажайыбы ма, қорқынышым зым-зия жоқ болды. Бұрын, пәлен жыл бірге жүрген, етене таныс адамдай ағайыңның жанына еркін бардым. «Отыршы!» деді ол жып-жылы дауыспен. «Тағы да жыр оқышы» деді өтініп. Сәл кідірдім де «Өмір сүрейік алмасып» өлеңін оқи бастадым. Осы өлең Берігімді ажал құшағынан жұлып алды.

    Иә, мен мектеп қабырғасында өлеңді мәнерлеп оқудан алдыма жан салмайтынмын. Осы қасиетім өзім іздеген, сүйген адамымды бас идірді. Мен бақыттымын! Әлемдегі ең бір бақытты жанмын!

    Толқып сөйлеген Берікбол ағаның «періштесі» бұларға да ұнады. Шүйіркелесе сөйлесіп отыра беруге уақыт тар болды. Бұлар кетерде Берікбол ағай қағаздарын ақтарып, мына сөзді айтты:

    – Аягүл, Сарайшық туралы зерттеуімізді тоқтатпауымыз керек. Сенің келгенің жақсы болды. Мынау менімше, Аққу ханшаның хаты. Арабшадан аудардым. Мәскеуге барғанымда көшіріп алғанмын. Компьютерге бас. Көбейтіп балаларға тарат. Журналистерге бер. Жастарға, халқымызға рух беретін хат. Содан кейін тағы бір айтатын құпиям бар. Ханшаның алтын қайығы жатқан жердің картасын сызып қойдым. Әрине, нақпа-нақ айта алмаймын. Бір ескі кітаптан көшіргенмін. Кейін ол кітапты таба алмадым. Мынау сызбасы. Бәлкім Сәбирамен бірігерсің. Олар да экспедиция ұйымдастырмақшы екен. Солай ма? Бірақ қайдан іздейді? Сондай-ақ ол қыз арам ойлы ма деп қорқамын. Байқап жүр. Ал мен туралы сен уайымдама. Мынау кілт. Сабырбек екеуің есікті ашып өз үйлеріңдей кіре беріндер. Ал мен бақыттымын. Өмірге қайта келдім. Жоспарларым ауқымды. Нұрсәуле екеуміз осы ауруханадан шыққаннан кейін үйленеміз. Анам байғұс келінін көру бақытын, қуанышын көре алмай кетті. Әзірге қош болыңдар! Ата-әжеңе, балаларға сәлем айтыңдар!– деп Берікбол ағай нық-нық сөйледі.

    – Аға, біз қуаныштымыз. Айдай сұлу жеңешем қасыңызда екен. Нұрсәуле тәте, сізге көп рақмет. Сіздей адамдар, шіркін, аз ғой, бұл өмірде,– деді Сабырбек.

    – Тез шығыңыз. Біз сіздерді асыға күтеміз, ағай, тәтей!– деп Аягүл тебіренді. Олар бір-бірімен қимай қоштасты. Аягүл жолда ағасына түсін айтып берді. Екеуі де таң қалды. Не деген сәйкестік-ә?

 

 

Сарайшық ханшасының келешекке хаты

    Бүгін кешке бүкіл әулет Аягүлдің атасының үйінде бас қосты. Күн жұма. Қой сойылды. Әруақтарға құран бағышталды. Балғабек атаның үш ұлы, үш қызы бар. Тоқсаныншы жылдардағы ауыр кезеңде балаларының бірі облыс орталығына кетсе, енді біреулері Астана мен Алматыға көшкен. Бәрі де күнкөрістің қамы ғой. Балғабек ата балаларын ылғи түгендеп, немен айналысып жүргенін біліп отырады. Атасы немерелерінің ішінен Аягүлді ерекше жақсы көреді. Бала демей оған ішкі сырларын айтып отырады. Ата бұрын өте қатаң болатын. Атасын барлығы да темірден жаратылғандай көретін. Зейнет демалысына шыққан соң, ата неге екені белгісіз жылауық болып алды. Алыстағы балаларын, немерелерін ойлайды.

    – Қызым-ау,– дейді Аягүлге ол кісі мұңын шағып,– біздің мұнда дағарадай-дағарадай үйлеріміз бар. Ал олар кім көрінгеннің үйін пәтерге жалдап, қаңғырып жетімсіреп жүр ғой. Бұл қандай қиын заман. Бұрын біздің кезімізде жұмыс адамды іздейтін. Енді керісінше. Мына азын-аулақ зейнетақымды бөліп берейін десем ол кімге жетсін. Мына ауылымыз да жыл сайын жүдеп барады. Ағайын-туғанның көбісі жан-жаққа көшіп кетті. Енді күніміз не болмақ, қызым-ау,– деп атасы еңкілдеп жыласын. Аягүл атасын әрең тоқтатқан. Мінеки, бүгін атасы ауылдағы ең жақын ағайындарына мынадай әңгіме айтты:

    – Сарайшықтағы әруақтарға құран бағыштап, құдайы беремін деп көптен бері ойлап жүргенмін. Бүгін сәті түсті. Оларға біз қамқорлық жасамасақ, кім қамқорлық жасайды дейсің. Шүкір, қаланың басында мешітіміз, мұражайымыз бар. Жеті ханымызды, 12 әулиемізді түтендеп қойдық. Бұл да болса, көңілге медеу. Біздің қолымыздан басқа ештеңе келмейді. Бәріне мемлекет қамқорлық жасап жатыр. Қолдан келетіні аруақтарға құран бағыштау ғана. Аягүлжан, бері келші қасыма, кел, келе ғой. Ана хатыңды да ала кел!– Атасы сөзін бөліп Аягүл келгенше күтіп отырды.

    – Мына кішкентай қызым үлкен жұмыс атқаруға талпынып жүр. Ниеті күшті, талабы таудай. Әнеу Молдаш атасының жолын қуып Сарайшықты, ондағы ата-бабаларымыздың мүрделерін шырылдап қорғап жүргенінен хабардарсыздар. Айналайын, менің қызым! Ал біз үлкендер күнделікті күйкі тірліктен артыла алмай жүрміз. Жә, бүгін Аягүлжан тағы бір жаңалықпен келіп отыр. Аягүлдің мұғалімі Берікболды білесіздер. Сол азаматымыз Сарайшық ханшасының кейінгі ұрпаққа жазған хатын тауыпты. Сол хатты ел-жұртқа, балаларға, жастарға үлгі болсын деп тарату керектігін айтыпты Берікбол ағайы. Хат арабша жазылған. Берікбол інім аударыпты. Меніңше бұл дұрыс шешім. Хат қысқа жазылса да, кейінгі ұрпағымызға қажетті үлгі-өнегесі бар хат. Маған Аягүлжан оқып берді. Өзім жылауық шал болғандықтан ба, көңілім босап тоқтай алсамшы. Сендерді шақырған себебімнің бірі осы. Қалай, хатты тыңдайсыңдар ма?– Балғабек ата сөзінің соның сауалмен аяқтаса да, дауысында көтеріңкі леп бар еді. Жиналған жұрт:

    – Тыңдаймыз! Тыңдаймыз!– деп шу ете түсті. Бәрінің көздерінен таңданыс пен құштарлық сезімдерінің ұшқындарын көрді ата. Көрді де сәл ғана жымиып:

    – Ал Аягүлжан қызым, оқы! Асықпай-саспай оқы!– деді ата дауысы сәл-пәл қарлығыңқырап. Аягүл екі-үш парақ тасқа басылған хатты оқи бастады:

    «Ассалаумағалейкум, болашақтың қазағы! Иншаллаһ, Қазақ енді қалыптасып келе жатқан ел. Жәнібек, Керей бабаларым керегесін жайып, шаңырағын көтерген қазақ елі шүкір, енді айбынды мемлекетке айналып келеді. Қазақ бірақ аспаннан түскен жоқ. Ол– Дешті қыпшақ, Алтын Орда, Ақ Орда мемлекеттерінің мирасқоры, Қазақ хандығын, мемлекетін құрған сақтар мен қыпшақтардың ұрпағы. Тамыры тереңде жатқан қазағымның болашағы зор деп білемін. Оған мен сенемін. Жас жүрегім осылай дейді, осылай соғады. Мен бұл хатты да зор сеніммен болашақтың қазағына жазып отырғаным да сол. Хатым күндердің күнінде қазақ елі жер-жаһанға аты танымал болған кемел шағында болашақ бауырларымның қолдарына тиетініне сенімдімін. Сол кезде олар соны терең тарих қойнауынан сыр шерткен, тіл қатқан мен сияқты жап-жас ханшаның елін жанындай сүйетініне, оны қорғай алатынына және бұл қыздың да болашақ ұлы армандары барына көзі жететіні анық. Әрбір елін сүйген, отанын ардақтайтын адамның алға қойған ұлы мақсаты елінің бостандығы, жерінің амандығы.

    Ей, болашақтың қазағы! Елу жыл, жүз жыл өтер, тіптен ғасырлар жылжыр, осы хатым сіздердің қолдарыңызға тиеді. Заман өзгерер. Адамдар жаңарар. Бірақ ел, жер сақталады. Елді, жерді сақтайтын, қорғайтын кімдер? Олар Отанына шын берілген батыл да, батыр, ақылды адамдар. Олар көп емес. Бірақ бұқараны артына ертіп, жанына топтастыра білетін ол адамдар халқына рух та дарытады. Ондай адамдар біздің түрік халқында жетерлік. Олардың ілімін, батырлығын, жампоздығын бүкіл жер-шаһан мойындаған. Бұлардың жай адамдардан айырмашылығы, ерекшелігі данышпандығымен, батырлығымен, шайырлығымен елін әлемге танытады.

    Мен бар болғаны он жеті жаста болғаныммен халқымның көрнекті ғұламаларын, батырларын, шайырларын жақсы білемін. Көп оқыдым, көп тоқыдым. Әкем Хақназар мені кішкентайымнан басқа ұлдарынан да, қыздарынан да артық көрді, әскери өнерге үйретті. Небір ғұламаларды шақырып оқытты. Мен көп қалаларды араладым. Шыңғысхан қиратып, бұрынғы гүл жайнаған репетінен айырған Фараб қаласының өзі неге тұрады? Ол қаладан шыққан ұлы ойшылдардың аттарын бүкіл жаһан біледі.

    Әбу Нәсір Әл-Фараби бабамның орны мен үшін ерекше. Бабамның сан саналы еңбектерімен таныстым. Ол бабам жетпіс тіл білген.

                                                          Бауырым менің,

                                                  Күйкілжіңнен аулақ бол,

                                                 Әділетті шындығы бар жерге кел,

                                                Өмір саған мәңгі бақи пана емес,

                                               Жазмыштан тыс қалар пенде жоқ,  

–    деп бабам әуезді ән шығарып, жыр толғады, көптеген ғылыми еңбектер жазған. Сондай-ақ Ибн Сайд әл-Кирти, Ибн Әби Усайбиға, Әби Ибраһим Исхак, Исмаил әл-Жауһари, Әлам Ад-дин, Бурһан Ад-дин Ахмад... Бұлардан басқа да Фараб қаласынан шыққан ғұламалар көп. Сайрам мен Йасыда да осындай ірі ойшылдар өмірде болған. Йасы қаласынан сопы Қожа Ахмет бабамыз туралы көп айтуға болады. Орта Азия, Таяу және Орта шығысты билеген Әмір Темір көреген Йасы қаласын гүлдендіруге көп үлес қосты. Өзі ғажайып ақын, дуалы ауыз данышпан Ахмет Иассауидың құрметіне Әмір Темір керемет ғимарат тұрғызды. Мен оны барып көргенде, зор әсерге бөлендім. Ғимараттың шыңылтыр көгілдір күмбездері қандай сұлу десеңізші! Ішін аралап шыққанда жан дүнием рухани байып шықты. Болашақ Фараб, Сайрам, Сауран, Сығанақ, Беркесарай, Батусарай сияқты әдемі қалаларымыздай қирап кетпесе Йасы қаласындағы бұл ғимараттар әлі талай ұрпағымызды рухани сусындататыны анық. Құдайым қиратудан сақтасын!

    Испиджаб қаласынан Ахмад бин Мансур, Әбу-л-Хасан Мансур, Әли бин Мухаммад және басқа ғұламалар түрік халқының атын әлемге жайды. Менің бұл хатымда Жент, Баршыкент, Сығанақ, Хорезм, Баласағұн, Қашқар, Тараз, Қарнақ, Қаражұқ, Шаш, Аспара, Сауран, Жанкент, Жент тағы басқа қалалардан, Жалайыр, Кердері, Қыпшақ, Найман, Дулат сынды мекендер мен рулардан сан түрлі салалардан шыққан ғалымдар, шайырлар, дәрігерлерінің  аттарын тізе берсем уақыт та, қағаз да жетпес. Мен бұл ғажайып адамдарды атауды неге мансұқ тұттым? Бәрі де болашақ ұрпақ үшін. Алысқа ұзамай-ақ Әмір Темір көрегенді алайық. Еуропаға ендей кіріп жатқан түрік бауырларымызға түре тиіп, атақты баһадүр патша Баязиттің басын жұтқан осы Әмір Темір емес пе? Әрине, Тарих баба солай дейді. Бүкіл славяндарды уысында ұстап тұрған Тоқтамыс бауырын тұқыртып, бір емес, үш рет қанды қырғын жасаған тағы да осы бабамыз. Беркесарай мен Батусарай сынды әсем қалаларымызды қиратып, жер бетінен жойып жіберіп, Алтын Орданың түбіне жеткен де осы патшамыз. Енді қараңыз, осы бүліншіліктен кейін Орыс мемлекеті жалы күдірейіп, күл ішінен күшейіп шыға келді. Енді ол жан-жағындағыларды жалмап жатыр. Татар, Қырым хандықтарының омыртқаларын үзді. Ноғай ордасының біразы орысқа бағынды. Арықтығын білдірмеген бөрі тәрізді ол енді. Орыс Аштарханды жұтты. Енді қанды көзің кімге қадалып тұр? Ойласам, арқамнан жылан жорғалап бара жатқандай болады. Мына жақтан Цин империясы аждаһадай жалын атады.

    Кеше кім екенін білмеймін, менің тостағаныма біреу у салды. Бұл жолы төніп келген ажал шегінді. Аңдыған жау алмай қоймайды. Мен ажалдан қорықпаймын. Он екіде бір гүлім ашылмаған күйім, туған елім үшін өзімді құрбандыққа шалуға бармын. Менің сүйікті қалам Сарайшықтың хәлі не болмақ? Әкем Хақназар да қартайып келеді. Халқымның болашағына әлдекімдер балта шаппай ма?

    Бұл дүниеге кімдер келіп, кімдер кетпеген? Көшпенділердің заманы да ескіліктің көзіндей біртіндеп бітіп, тозып барады. Отырықшы елдің аты озып тұр. Қаруы да күшті, бірлігі де берік, әскері де қуатты.

    Мен жан дауысыммен Тарих шыңының басына шығып айқайласам, қазақ бауырларыма жетер ме? Алдымен жарты жаһанды отыз алты жыл билеген бабам Әмір Темір патшаның өлер алдындағы кейінгілерге айтқан өсиетін келтірейін:

    «Халық тыныштығын сақтауға байланысты айтқан кеңесім естеріңде болсын. Өздеріңе бағыныштылардың жай-күйінен хабардар боп отырыңдар. Батыл және берік болыңдар. Мен секілді ұзақ патшалық, үлкен мемлекетті ұстау үшін семсерлеріңді абыроймен ұстаңдар. Мен Иран мен Тұран жерін жау мен бұзақылардан тазарттым. Оны әділ және қайырымдылық арқасында гүл жайнаған мекенге айналдырдым. Сендер егер өсиетімді орындап, әділдік пен қайырымдылықты ту етсеңдер, патшалық ұзақ жылдар қолдарыңда болады. Егер араларыңа жік түссе, жеңістерің жиіркенішке айналады. Жауласу соғыс пен наразылық тудырады. Оны өшіру қиынға айналады.»

    Әмір Темірдің осы өсиеті орындалмады. Көп өтпей тақ үшін талас басталды. Алып патшаның алдында мен кіммін? Әрине, менікі өсиет емес, өтініш. Уақыт бәріне сыншы әрі таразы. Мен де еліме ынтымақ, амандық тілеймін бір Алламнан. Ұрпағымыз өз намысын, ел намысын таптатпайтын көк бөрі тәрізді қайсар болса екен. Өмір —  мұхит, таудай-таудай толқындардың астында қалмай аман-есен болса екен, қазағым! Жүрегімді жарып шыққан жақсы сөзім болашаққа жетіп, ұрпақтарымыздың кәделеріне жарап жатса, кәнеки! Сөзімді Ахмет Иассауи бабамның бір өлеңімен аяқтаймын:

                                                      Менің хикметтерімді

                                              уайымсыздарға айтпаңыз,

                                             Теңдесі жоқ гауһарымды

                                             наданға тек сатпаңыз!

                                            Қазақ халқы мәңгілік

                                           өмір сүрсін. Әмин!                 

    Сарайшық ханшасы

    – Мынау бір ғажайып хат екен. Қаншама ықылым заманнан аман-есен бізге жетіп отыр. Бұл тегін емес. Иә, қазағымыз аман болсын!– деді Аягүлдің атасы Балғабек толғана. Қарттың әжім-әжім жүзінен саулап жас ағып тұр еді. Жиналған көпшілік те тебіреніп, қарт сөзіне бір ауыздан «Әмин!» десіп үн қосты.

 

 

                  «Алтын қайықтағылар» неге достасты?

    Маусым айы басталуы мұң күн де ысып сала берді. Каникулға шыққан Сарайшықтың балалары бұған қуанбаса, ренжіген жоқ. Себебі Жайық тура ауылдың іргесінде. Қап-қара болып күнге күйген олар, күні бойы сол өзеннен шықпайды. Аягүл де бүгін өзінің достарымен суға түсуге бармаққа ниеттенді. Әпкесі Райхан неге екені белгісіз Аягүлге қайта-қайта өтініш айтты. Әншейінде ұрсып сөйлейтін әпкесінің бұл кішіпейілдігіне Аягүл іштей таңданса да, үндеген жоқ.

    – Өзенге барсақ барайық. Доп алайық. Арасында ойнайықшы-ә?– деп Аягүл айтып қалып еді, Райхан:

    – Әрине, әрине. Теннисті де алсақ қайтеді. Содан соң шөлдеп қаласың. Салқын шәйді де алуды ұмытпайық. Әй, бүгін бір демалайықшы! Жолай дүкенге соғып, тәтті сусын және балмұздақ алсақ, бұған қалай қарайсың?– деп Райхан әпкесі бар жақсылықты Аягүлдің басына бір-ақ үйіп-төкті. Мынадай жомарттыққа Аягүл шынында да таң-тамаша болды.

    – Оның бәріне ақшаны қайдан алдың?– деді ол сауал тастап. Райхан күлді.

    – Жинап жүрген ақшаларым ғой. Оны сен тәрізді бауырларымнан неге аяймын? Саған бірақ бір өтінішім бар. Орындайсың ғой-ә?– Райхан басын қисайта бұған қиыла қарады. Аягүл таңданысын ұмытып, басын изеп қалғанын білмей де қалды.

    – Ендеше, бүгін бауырлар өзімізше демалайық. Достарыңды ертпеші. Майгүлді де ертіп алайық. Мақұл ма?– Аягүл сәл ойланды да:

    – Онда апамды да, әжемді де ертейік,– деді Аягүл әпкесіне жымия қарап. Райхан мұның әзілдеп тұрғанын аңғармағансып:

    – Қой, ұят емес пе?– деп күліп жіберді. Оған Аягүл де еріксіз қосылып күлді. Өйткені әжесінің Жайықта суға түсіп жатқаны көз алдына елестеп кетті.

    Шынында да Райхан әпкесі көршінің кішкентай дүкеніне соғып, әлгі айтқандарын сатып алды. Енді міне, тәтті балмұздақты ағайынды үш қыз рақаттана жеп келеді. Әне, Жайық та көрінді. Сәске мезгілі болғанмен, күннің қызуы шекені тесіп барады. Өзеннің жағалауында ересек адамдардан гөрі балалар көп. Көктем кезінде арнасына сыймай толқындары ақ көбіктеніп жатқан асау Жайық момақан күйге түскен. Тіптен өзен жағалауы біраз шегініп кеткен. Бір топ бала алыстан хормен айқайға басты:

    – Ая-гү-л! Ая-гүл! Сәлем! Сәлем!

    Райхан оларға жұдырығын түйе ұрсып жатты.

    – Аягүл сендерге ойыншық емес. Басымызды ауыртпаңдар!– Аягүл күліп, сыныптастарына қолын бұлғады.

    – Сәлем, сәлем, жігіттер!

    Бұл сөзді естіген жігіттер қолдарын шапалақтады. Қыздар алыстау барып тез-тез шешінді де, суға қойып-қойып кетті. Әсіресе Майгүл мәз. Жағалаудағы тайыз суды шалпылдатып, әлденелерді айтып мәз болады. Кенет алыстан екі қыз көрінді де, бұларға жақындап келе жатты. Аягүл олардың өз сыныптастары екенін байқады. Біреуі Сәбира, екіншісі Күміс. Райхан мен Аягүл олар келген кезде, жағаға шыққан болатын. Сәбира өзінше бұртиып, бұрын Аягүлмен сәлемдеспейтін. Бұл жолы жылы сәлемдесіп, тіптен Аягүлге бәліш, жұмыртқа ала келіпті.

    – Сендерді бағана біздің үйдің жанынан өтіп бара жатқанда көріп қалдым. Суға түсуге кетіп бара жатқандарыңды біліп қызығып кеттім. Қазір бізде бір-бір шомылып алайық. Содан соң дастархан жайып, тамақтанамыз. Аягүл сен Берікбол ағайға барыпсың ғой. Біз де бардық. Саған ағай сәлем айтып жатыр,– деп Сәбира тез шешініп, суға асыға ұмтылды. Аягүл ойланып, Райхан әпкесіне қарады. «Бүгін бұларға не көрінген? Екеуі де бұған жылы-жылы сөздер айтып жатқанында не сыр бар? Бұларға мен не үшін керек болып қалдым? Берікбол ағайға бұлар неге барды?» деген сауалдар Аягүлді лезде мазалап өтті. Содан соң «Көрерміз!» деді өзіне-өзі күш беріп.

Дастархан жайылды. Майгүл бәлішпен сусынды араластырып соғып отыр.

    – Тәтті екен,– дейді.

    Сәбира біраздан соң негізгі әңгімеге көшті.

    – Аягүл, мен сенімен бекер араздасыппын. Сен көтерген Сарайшық мәселесі өте құнды мәселе екен. Кейін саған Райхан әпкеміз екеуміз «Алтын қайық» атты топ құрып көмектескіміз келді. Бірақ оны айта алмадық. Сен кешір мені. Бүгін сенен кешірім сұрағалы келдім. Әкел қолыңды! Бұдан былай бұрынғы достығымызды жалғастырайық, деді Сәбира орнынан ұшып тұрып, Аягүлге құшағын жая ұмтылды. Аягүл де ыңғайсызданса да, орнынан тұрды. Алдымен олар кұшырлана қол қысысты, содан соң құшақтасты. Райхан, Күміс және оларға қосылып, Майгүл де қол шапалақтап жіберді. Салтанатты сәт аяқталған соң, Аягүл ойындағысын айтты:

    – Сәбира, саған мен де рақмет айтамын. Біз шынында да бұрын жақсы дос болдық. Біздің достығымызға жұрттың бәрі қызығатын. Кенеттен сен менен теріс айналдың. Менің жүрегім ауырды. Достығымызды сағынатынмын. Әрине, сен мені білесің. Қандай нәрсені болсын ішімде сақтамаймын. Бәлкім бетке айтып ренжіттім бе, деп ойладым. Жәрәйді, оның бәрі артта қалды. Достығымыз ұзағынан сүйіндірсін, деп Аягүл сөзін аяқтап еді, Райхан әпкесі іліп әкетті:

    – Мен де бұған қуанып отырмын. Әйтпесе мен өзімді сатқын сияқты көретінмін. Бүгін бір рақаттанып отырмын. Екеуіңді мен айырмаймын. Екеуің де сіңлімсіңдер. Енді тату болыңдар. Екеуің бірігіп, біз қастарыңда болсақ, онда зор күшпіз. Сарайшықты да қорғаймыз, ханшаның алтын қайығын да табамыз. Солай бауырларым! Ал, кәнеки, суға бір түсіп алайық. Әңгімені содан соң жалғастырамыз. Кеттік! деді шаттана айқайлап.

    – Ур-ра, кеттік! бұл Майгүл.

    Әрине, екі дос қайта жарасты. Онда тұрған ештеңе жоқ. Бірақ Сәбира аяқ астынан неге өзгерді? Мәселе осында. Осы сауалдың жауабы қыздар үйді-үйлеріне тарайтын кезде берілгендей болды. Сәбира:

    – Жүрші бері, бір әңгіме бар, деп Аягүлді шетке қақпақылдай берді,

    – Айтпақшы Аягүл, Берікбол ағайға барғанда ол кісіден мынадай әңгіме естідім. Сарайшық ханшасының хаты, алтын қайықтың жатқан жері туралы картаны алыпсың. Өзің білесің, «Алтын қайық» тобын мен осы үшін құрдым. Алтын қайықты бірге іздейік. Әрине, ол үшін біраз қаржы және көлік керек. Мен оны таптым. Бір үлкен кісілер көмектесетін болды. Бұған қалай қарайсың? Егер қажет демесең, оны өзің біл. Бәрінен де, тіптен алтын қайықтан да екеуміздің достығымыз қымбат,– деп Сәбира жымиып Аягүл кетіп қалатындай оны қос қолдап өзіне тартты. Аягүл сәл ойланды. «Әп, бәлем! Неге менімен дос бола қалды десем. Ол картаны Сабырбек ағам тығып тастағанын Райхан әпкем білмей отыр. Менің жанымда болса ол тауып, маған пысқырмас та еді-ау. Жәрәйді, әліптің артын бағайын. Ақшаны, көлікті кімдер береді екен? Бәлкім, бірге іздерміз, шынында да... Берікбол ағай да солай деді ғой»

    – Аягүл, не ойлап кеттің? Егер жауап бергің келмесе, өзің біл. Ертең тағы да суға түсейікші. Маған қатты ұнады. Я ма?– Сәбира көздерін жіпситіп, бұған қадала қарап қалыпты.

    – Не ойлаушы едім? Алтын қайықты бірге іздеу мәселесін мен жалғыз шеше алмаймын. Сабырбек және басқа достар бар. Солармен ақылдасайын. Сен ренжіме, досым!– деп Аягүл де Сәбираға тік қарады. Ұялды ма, әлде басқа ойлары болды ма, Сәбира бұл қарасқа шыдай алмай тайқып кетті.

    – Иә, ақылдасыңдар. Шешімдеріңді асыға күтемін. Райхан әпке, сіз бен біз де ақылдасайық. Ертеңге дейін, қош бол, Аягүл!– деп Сәбира қағілез қимылмен жалт бұрылды. Аягүл оның артынан сенімсіздікпен қарап, біршама тұрып қалды...

    Ал олардың алдында өте қауіпті майдан тұрғанын ешкім де сезген жоқ. Оны сіз бен біз алдағы уақытта кейіпкерлерімізбен бірге көре жатармыз.

 

 

                                                  Арбасу

    Аягүлдің Сәбира, Райхан туралы әңгімесі Сабырбекті таң қалдырды.

    – Ойпырмай-ә? Мүнда зор қулық жатыр. Берікбол ағай берген карта-сызбаны қолға түсірмек. Оны мен адам көрмес жерге тыққаным өте жақсы болды. Әйтпесе сенде тұрса, Райхан тауып алар еді. Бізбен сонда одақ құрмақшы де. Ал қаржы, көлік беретін кімдер екен? Сен сұраған жоқсың ба?– деп Сабырбек бұл мәселеге өте қызығушылық танытып.

    – Сұрадым. «Құпия» деп Сәбира күлді де қойды. Ағатай, мен қазына, алтын іздеген адамдар туралы кітапты сүйіп оқитынымды білесің. Кейде мен ойлайтынмын. Олардың бәрі жазушылардың қиялынан туған деп. Енді менде бір қызығушылық пайда болды. Әрине, Сәбира, Райхан әпкем сияқты байысам деген сасық мақсат емес, сол алтын қайықты тауып өзіміздің ауылды байытсам деген ой бар. Мысалға балық зауытын салсақ. Онда неше түрлі консервілер жасалса, немесе киім тігетін үлкен фабрика салуға болады. Содан кейін ауылымыздың жолын асфальттасақ. Су бұрқағын, Секер көлін жасасақ. Ең бастысы күннен күнге, айдан айға су жұтып жатқан Сарайшықтың мүрделерін құтқару керек. Ол үшін Жайықтың арнасын бұрмаса болмайды. Сөйтіп аспан асты Сарайшық қаласының мұражайын жасасақ, шіркін! Кере-е-мет мектеп салсақ. Оның ішінде спорт залы, бассейні болса. Ол үшін бізге зор байлық керек. Алтын қайықты, қазынаны патша босқа тыққан жоқ. Болашақта халық оның игілігін көрсін деп ойлап тыққан болар,– деп Аягүл ұзақ-сонар сөйлеп кетті. Сабырбек ағасы жымиып қарындасына ризашылықпен қарап қалыпты. Қарындасы әңгімесін аяқтаған соң оны құшақтап, маңдайынан сүйді.         

    – Дұрыс айтасың, гүлім. Ата-бабаларымыз әрдәйім кейінгі ұрпағын ойлаған. Әйтпесе алтын қайықты неге тығады? Біз оның картасын алдымен зерттеп алуымыз керек. Құпия белгілері, әріптері, тіптен бір таудың суреті бар. Ол тау қайда? Міне, алдымен соның тұрған жерін анықтау қажет. Кескіндеме не үшін берілген? Оның шешуін кім табады? Әрине, біз. Тапқан күнде де бізге бәрібір қаржы қажет. Оны қайдан аламыз? Бізге демеуші болар жанды көріп отырған жоқпын. Яғни, Аягүлжан, біз Сәбираның ақша табамыз деген адамдарын пайдаланбасақ болмайды. Сондықтан бұл мәселе бойынша жиналыс өткізейік. Содан соң ғана барып Сәбиралармен келісімге келеміз. Басеке, сіз бұған қалай қарайсыз?– деді Сабырбек ұшып тұрып, әскер сияқты катып қалды. Аягүл ағасының бұл мінезіне сықылықтап күліп жіберді.

    – Келісемін. Өте дұрыс шешім,– деді ол салтанатты түрде.

    – Ендеше, түс ауа сағат үште мектептің алдында кездесейік. Мақұл ма?– Сабырбек бір нәрсені ойына алса, қағілездігіне салып, тез шешуге тырысатын. Бұл жолы да солай болды...

    Көгалда алқа-қотан отырған оншақты бала Аягүлдің аузына қарайды. Ерлан, Ботабай, Айман, Анаргүл, Саттарлар Аягүлдің, ал Қаратай, Смағұл Сабырбектің сыныптастары. Бұлардың бәрі «Сарайшықты қорғаймыз!» деген ұйымның мүшелері. Аягүл барлық жағдайды тәптіштеп айтып шықты. Бәрінің жүздерінде таңданыс.

    – О-о!– десті олар бірауыздан.

    – Сәбирадан бәрін күтуге болады,– деді қызба мінезді Айман,– Бүгін күліп тұрса, ертең күні түспеген кезде, пышағын дайындап отыруы әбден мүмкін. Рас, бізге қаржы керек. Ертең оның қаржысын аламыз деп оларға бағынышты болып қалмайық.

    – Иә, Айман дұрыс айтады,– деп Ботабай сөзге араласты,– Сәбира өте қу қыз. Алтын қайық табылған соң, «пішту-у!» деп бізді тастап кетуден де тайынбайды, достым. Сондықтан бұған жан-жақты ойланып келген дұрыс.

    – Жігіттер мен қыздар, сол Сәбирасыз-ақ бірдеңе жасауға болмай ма? Бәлкім жоғары бастықтарға айтайық. Мемлекет ақша бөлсін,– деп Қаратай ұсынысын айтып еді, балалар ду етіп күліп жіберді.

    – Немене, немене, мен жаман сөз айттым ба?– деп Қаратай екі беті нарттай болып, балаларға алақ-жұлақ карады.

    – Тапқан екенсің! Ол алтын қайыкты жемқорлар жоқ қылып жібермей ме? Біздің мақсатымыз өзіміздің ауылды көтеру, байыту емес пе? Сондықтан бұл экспедициямыз өте құпия түрде жүзеге асу керек, —  деп асыға-үсіге сөйледі Смағұл. Тәмпіш танауының үсті үнемі терлеп жүретін, сөйлегенде өзі бақырайыңқы көзі одан сайын бадырая кең ашылатын Смағұлдың денесі өз қатарластарынан әлжуаз еді. Бірақ сабағы жақсы. Ал Қаратайдың денесі ірі. Сыныбында Сабырбек екеуі күш жағынан тайталас. Осы үшеуі айрылмас достар...

    Жиналыс ұзаққа созылды. Ақыры ортақ шешімге келді. Өзара келісім-шарт жасалады. Осы құжатта қатаң талаптар қойылады. Алтын қайық табыла қалса, тек қана оның бір бөлігі ғана Сәбира тобына және ақшамен, көлікпен көмектескендерге беріледі. Айтылған демеушілер біздің құпиямызға араласпайды. Олардың қарыздары өзара келісім арқылы төленеді. Алтын қайық операциясының құпиясы өте кұпия түрде сақталу үшін оған қатысқандардан ант қабылданады. Антты бұзған адам қатаң жазаланады. Карта сызбасының құпиясын ашу Сабырбек пен Саттар суретшіге тапсырылды...

    Сәбира мен Райхан Аягүлдердің шешіміне қатты қуанды. Әрине, «Алтын қайықтан түскен қаржыны ауылға пайдаланамыз» деген шешімге олар бірден қарсылығын білдірді.

    – Қазір капитализм заманы. Шетелдерде тапқан байлықтарын өз жеке бастарына пайдаланады. Сондықтан біз неге тапқан бар байлығымызды кім көрінгенге шашуымыз керек? деді Сәбира қабағын шытып. Райхан да Сәбирадан қалыспады.

    – Шынында да бұл әділдік емес. Біз басымызды қатерге тігіп алтын қайықты табамыз. Ал ауылдағылар үйінде шалжиып жатып байып шыға келеді. Бұл қалай? Менің ұсынысым Алтын қайықтан түскен ақша тең бөлінсін. Содан соң оны қайда жұмсайтынын әркім өздері шешеді, деді ол бірден Сәбираның сөзін іліп әкетіп. Қаншама білдірмейін десе де Сәбира мен Райханның бетпердесі ашылайын деді. Аягүл күлімсіреп тұр . Сабырбек ойындағысын бірден төгіп, айтып салды.

    – Мінеки, қайтадан қалыптарыңа түстіңдер. Бұған да рақмет. Егер біздің шешімімізге келіспесеңдер өздерің біліңдер. Біз кеттік! деді Аягүлге қолын созып.

    – Жо-жоқ! Біз ақылдасып алайық. Бірден сөйтуге бола ма, екен? Қаржыны, көлікті тауып беріп жатқан бізбіз. Сондықтан бізбен санасыңдар, бауырларым. Біз ертең нақты жауабымызды береміз, деді Сәбира Сабырбектің жеңінен шап беріп ұстап.

    – Жәрәйді. Біз ертеңді де күтеміз,– деді Аягүл,– Әзірге қош болыңдар!

 

 

                       Қырық бір бөлмелі құпия кескіндеме

    Саттар мен Сабырбектің «Алтын қайық» картасын жан-жакты зерттегеніне бүгін үшінші күн. Қолдары қалт етсе болды, Саттардың үйінде бас қосады. Картаның сызбасына көз салыңыз. Үлкен үш шошақ шыңның суреті айқын көрініп тұр. Үстінде аққу қобыз. Қобыздың шанағының нұр-сәуле үш шошақ шыңның ортасындағысына төгіліп тұр. Ол нұр-сәуле шыңның ортасындағы үлкен дөңгелегіне түскен. Үш шыңның астында адамның қос көзі қарайды. Әлгі қобыздың шанағынан түскен нұр-сәуледе арабша жазулар андыздайды. Енді осы көріністің бір жақ бұрышында шаршылардан құралған кескіндеме бар. 40 шаршы бөлме. Ортасында үлкен бөлме. 7x7=49 деген сан тұр. Арабша жазылған жазулар. Бұл қырық бір бөлмеде не сыр жатыр?

    Мінеки, картаның көрінісі бар болғаны осы. Айтпақшы, ұмытып барады екенбіз, осы аталған көрініс суреттің екі жағында қос теңіз жатыр. Бұл не сонда? Қобызы несі? Араб жазуларын Берікбол аға «оқып беремін» деп уәде етті.

    Берікбол аға демекші ол кісі ауруханадан шығып, ауылға келді. Нұрсәуле тәте екеуінің тойларына бүкіл ауыл келді. Ағай мәз. Аягүл достарымен өлең-күй тартып берді. Тіптен Аягүлдің атасы мен әжесі қосылып ән шырқады. Жұрттың бәрі биледі. Берікбол ағай ауруханада намазға құлапты. Тойда арақ ішілген жоқ. Жұрттың бәрі: «Ойбай, арақсыз, шарапсыз той да қызық өтеді екен» десті ризашылықпен. Тағы бір көңіл аударатын нәрсе Астанадан, Алматыдан үлке-ен ғалымдар, жазушылар келді. Олар Берікбол ағайды ғұлама, ғалым ретіңде таниды екен. Бір баспагер оның кітабын да шығарып беруге уәде берді. Берікбол ағай қатты қуанды.

    – Енді мен жатпай-тұрмай компьютер үйренемін. Кітаптарымды өзім басамын,– деді ол желпініп. Не деген ғажап адам десеңші! Аяқтарының сал болып қалғанын да ол елер емес. Алға, өмірге құлшынып отыр. Ал Нұрсәуле тәтеге бүкіл ауылдың қарттары, қариялары баталарын берді.

    Мінеки, тойдан кейін де бірнеше күн өтті. Аягүлді Берікбол ағай Ботабайға тез шақырып келуін өтініпті. «Картаны ала келсін» депті. Міне Саттар, Сабырбек, Ботабай, Аягүл төртеуі Берікбол ағайға асығып келеді.

    – Карта жөнінде айтатындарыңды жұптап алыңдар. Менің де біраз ойларым бар,– деді Аягүл. Сөйткенше болған жоқ Берікбол ағаның үйіне олар келіп қалды. Нұрсәуле тәтелері жымия күліп қарсы алды.

Сәлемет барсыңдар ма? Келіңдер, келіңдер,– деп жатыр ақтарыла сөйлеп ол.

    – Аликссалам! Бұларды арнайы шақырмасаң, келе қоймайды,– деп Берікбол ағай өкпе-назын айтып жатыр.

    – Біз келуге ұялдық. Әйтпесе күнде келуге бармыз,– деп Сабырбек ақталды.

    Сабырбектің бұл сөзіне Берікбол ағайы жымиып күлді де:

    – Нұрсәулеш, қайныларыңа, қайыңсіңліне не дайындадың? Сендерді пайдаланып мен де ас ішейін. Бұрын жападан-жалғыз отырып тамақ іше беретінмін. Нұрсәулешпен бас қосқалы көппен бірге тамақ ішкеннің дәмділгіне дәнігіп алыппын.– Ағай осылай ерекше көңілді отырды. Аягүл де ағайының осы көңілді шағын пайдаланып бұлай деді:

    – Берікбол ағай, сіздің қазақ халқының шынайы тарихын жасауға зор үлес қосатыныңызды жақсы білеміз. Кітаптарыңызды сіз қай уақытта жазасыз? Содан кейін бір өтінішім біз сізге келіп тарихтан сабақ тыңдауға бола ма?–  Ағай Аягүлге аса мейірімділікпен қарап, арқасындағы жастығын түзеп сол ойланды да:

    – Тарихымызға қаншалықты үлес қосатынымды бір Алла біледі. Халқым үшін жанымды да, денсаулығымды да аямаймын. Жиған-терген дүниелерім өте көп. Соларды реттеп беріп кетсем мен өте бақытты болар едім. Ғарифолла бастаған жігіттер де көмектесемін деп отыр. Оларға рақмет. Ал уақытымның өте тарлығына қарамастан тарихшы боламын деген балаларға бір уақ сабақ беруге мен дайынмын. Бұл маған зор күш, қуат береді. Ал жазу инемен құдық қазғандай. Пәлен жылғы жиған-тергеніңді сараптап, оның ішіндегі алтын дәндерін тересің. Бұрын түнде жазатынмын. Қазір күндіз де көп отырамын. Бойымдағының бәрін беріп кетуім керек қой,– деді ағай әңгімесін ерекше, серпінмен аяқтап. Содан соң іле-шала үлкен іске кірісердегі әдетімен қолдарын жоғары көтеріп, алақандарын ысқылап-ысқылап жіберіп:

    – Кәнеки, карталарыңды әкеліңдер. Ақылдасайық, ағайын!– деді дауыстай сөйлеп. Сабырбек пен Саттар ұшып тұрып сөмкелерінен ыждаһаттылықпен бүктелген қатырма қағазды шығарды. Олар Берікбол ағайдың жазу үстелінің үстіне карта сызылған қағазды айқара ашты. Саттардың суретшілік өнері жарқ етіп осы жерде көрінді. Әңгімеміздің басында келтірілген көріністердің аржағында қолында найзасы, басында үкілі дулығасы, астында ақбоз аты ханшаның елес суреті салыныпты.

    – Оһо, мынау бір ғажайып көрініс қой. Жәрәйсіңдар, жігіттер! Әй, мына тауларды қайдан көрдім, ә? Таныс шыңдар. Маңғыстау жақта емес пе?

    – Иә, иә, әдемі екен!– деген Нұрсәуленің де дауысы еме-жарқын шықты.

    – Біз біраз зерттеген болдық. Сіз дұрыс айтасыз. Атырау өңірінде мұндай тау жоқ. Әрине, бұл аталарымыздың пікірі. Содан біз де осы үш шың Маңғыстауда болар деп шештік. Мынау аққу қобыз болғанмен ортасындағы дөңгелегі айға ұқсайтын тәрізді. Себебі осы ай тәрізді дөңгелектен төгілген нұр ортаншы шыңға төгіліп тұрғанын байқап отырсыз. Бар құпияның шешімі осында деп айта алмаймыз. Мынау арабша жазулар не дейді? Мынау төмендегі кескіндеме не айтып тұр? Әлде осы кескіндеме арқылы ханшаның алтын қайығына жете аламыз ба? Бәрі-бәрі жұмбақ, —  деді Сабырбек картаға ойлана қарап тұрып.

    – Атам «Мына тауларды білемін. Жас шағымда көргенмін. Бұл Маңғыстауда» деді,– Аягүл осы ойды айтып, ендігі түйінді сөз сізде дегендей Берікбол ағайына қарады. Бөлме ішінде үнсіздік орнады. Қос қапталды терезенің ортасына түсіп шыға алмай жанұшырған үлкен шыбынның ызыңы ғана тыныштықты бүзып тұр. Берікбол ағай ойлы кейіптен арылып, жымиып күлді.

    – Біздің қазіргі жағдайымыз мына шыбынның қауқарсыз жағдайына ұқсап тұр. Бірақ тығырықтан шыға алмай ойларымыз он саққа бөлінгенмен, бұл карта біраз құпияны оеынысымен де ашатын тәрізді. Сабырбектің айтқанына мен қосыламын. Аққу қобыздың ортасындағы дөңгелек ол ай екені сөзсіз. Менің ойымша ол тауларды тапқанмен де және бірден жетіп барғанмен оған, яғни алтын қайық жатқан орынға кіре алмайсың. Мынау толық ай нені меңзейді? Қараңдаршы, одан төгілген жарыққа құран аяттары мен сүрелер жазылған. Осылар арқылы мына кескіндемеге шығасың-ау, сірә. Кескіндеменің шаршыларын есептейік! Қырық және қырық бір. Қазақ ертегілерінде қырық есіктен соң қырық бірінші есікке кіретін мысалдар жетерлік. Мен ойлаймын алтын қайықты тығушылар осы негізге сүйенген. Ертегілік мәтіндерде кездесетін 41 бөлменің кілтін беріп тұрып: «40 бөлмені ашып қарасаң да 41-інші бөлменің есігін ашпа» деп ескертудің мән-мағынасына біз зор мән беруіміз керек. Алдымен арабша жазылған мына өлеңді оқиық.

    Берікбол ағай арабша жазуға шұқшия қадалып біршама отырды. Содан соң алдында жатқан дәптерге қаламсабын алып жаза бастады. Жанында тұрғандар оның әрбір қимылын қалт жібермей бағып тұр. Демдерін іштеріне тарта бір ғажайыпты тағатсыздана күтеді олар. Әні, қаламсап тоқтады. Ағайдың жүзінде нұр бар.

    – Оһо, қандай ғажап! Не деген кемеңгерлік!– Ол парақты қолына ала балаша мәз болып, оны жалауша желбіретті. Нұрсәулеш тәтей шыдамады, білем:

     –    Не ғажап? Берікжан-ау, бізді ынтықтырмай айтсаңшы, тез,– деді тағатсыздана.

    – Айтайын, айтайын. Тыңдаңдар, тыңдаңдар да ойланыңдар!

                                                   Мысыр деген шаһардың,

                                         Айнала қырық қақпасы.

                                        Ашылмаса біреуі,

                                       Ашылмайды басқасы.

                                      Сол қақпаның ішінде бір есік,

                                     Оннан-оннан баспасы,

                                    Одан арғы бір есік,

                                    Оннан-оннан тақтасы.

                                   Сол күйменің ішінде бір сандық

                                   Һәммеге есеп берер ақшасы.

    Мінеки, осы өлеңде меніңше зор мағына жатыр. Шешуі қандай? Ал сендер не ойлайсыңдар? Нұрсәуле ханым, сіз не айтасыз? Берікбол ағай жарына күлімдей қарап, оның жауабын күтті.

    – Сіз сияқты ғұлама ғалым емеспіз, Берікжан. Әлі ойланып та үлгерген жоқпыз. Өзі бір қиын жұмбақ сияқты. Мен шеше алмаймын. Жауабын өзіңіз айтыңыз,– деп Нұрсәуле тәте еркелеп Берікбол ағайдың арқасынан аялай кағып-қағып қойды.

    – Ағай, жауабын өзіңіз айтыңыз,– деп төрт шәкірті де бірауыздан.

    – Нақты жауабын айта алмаймын. Бірақ болжаммен айтып көрейін. Алдымызда 41 бөлмелі үй тұр. Үш қабатты үй. Оның кақпаларының орналасуы иерархиялық саты шырғалаңды, яғни лабиринтті құрайды. Бір қақпаның кілтін ашып, ішке кіре алмасаң, калған қақпалардан өте алмайсың. Тек біреуінен екіншісіне екіншісінен үшіншісіне... Отыз тоғызыншыдан қырқыншыға, қырқыншыдан қырық біріншіге өтуіңе болады. 40 есік– сыртқы бөлменің eciгі. Сонымен бірінші қабаттан өту үшін он-оннан баспаны басып өту керек. Екінші ортаңғы қабатпен өту үшін он-оннан тақтаны басып өтесің. Бұлардың әрқайсысынан өтерде айтатын дұғалар болатыны сөзсіз. Ең қауіпті ішкі қабат күйме делініпті. Үйдің кіндігінде орналасқан күйменің ішіндегі сан ол алтын қайық болар деп шамалаймын. Мінеки, менің бауырларым ендігі сөз сендердікі. Бір ескертетінім ол сапарға шығу, ханшаның қазынасын іздеу өте қауіпті. Осы жолда талай адамдар мерт болған. Орыстар, казактар да бұл алтын қайық пен алтын табытты іздеген. Taбa алмаған. Сондықтан менің ақылым ол сапарға бармаңдар. Ал егер бір Аллам қолдап тапсаңдар, пенделіктен аулақ болған жөн. Алдымен ол қазына Сарайшық қаласын қалпына келтіруге, ондағы он мыңдаған мәйіттің сүйектері жиналып басқа жерге арулап көмілуге қызмет етуі тиіс. Ұқтыңдар ма?– деп Берікбол қолын кең жайып, жанындағы бесеуді құшақтағандай мезірет танытты.

    – Ұқтық, ағай!– Бұл екі сөз ағайға берілген анттай еді...

 

 

                           Ауыл құпиясын кім жеткізді?

    Атыраудың биылғы жазы ерекше болып тұр. Сәскеге жетпей алау күннің өткір сәулесі шекеңді тескілей бастайды. Ми қайнатар ыстық түске таман бүкіл атырапқа үстемдігін жүргізгенде адамдардың көбісі, әсіресе балалар Жайыққа немесе теңізге асығады. Бүгін де сол. Кешегі келісім бойынша Аягүл өзінің достарымен көпірдің жанына келді. Ішінде әрине, Сабырбек ағасы, Саттар және Ботабай бар. Сәбира: «Үш адамды ғана алуыңа болады. Мен де соншама адам аламын»,– деген бұйрық райда сөйлеп.

    Бүгінгі мақсат өте маңызды. Сәбира экспедицияны жабдықтайтын демеушілермен таныстырмақшы. Олар Атырау қаласында көрінеді. Бұларды Атырауда тұратын Сәбираның әпкесі машинамен алып барады. Аягүлдер көп күткен жоқ. Сәбираның ащы даусы шықты:

    – Аягүл! Мұнда келіңдер!

    Көпірдің үстінде тұрған ол қолын бұларға қайта-қайта бұлғады. Әдемі, жалтыраған шетелдің машинасының жанында бір тәтемен бұларды келгенше күтті. Көзінде әшкейі, бұтында джинсы, басында дағадарай ши шляпісі бар тәтей Аягүлдермен жылы сәлемдесті.

    – Менің әпкем Майра,– деп Сәбира да әшкейін шешіп, бұларға ізет білдіре әпкесін таныстырды.

    – Оһо, достарың қандай көп. Иә, менің атым Майра. Сіздердің шопырларыңызбын,– деп ол сыңқылдап күліп жіберді. Аягүлге оның апайы да, жасанды күлкісі де бірден ұнамады...

    – Мынау Аягүл, менің сыныптасым, мәшинеде отырған Райхан мұның әпкесі, ал Сабырбек,– деді саусағын безеп,– бұл Аягүлдің ағасы. Мыналар достары.

    – Ал кәнеки, машинаға отырыңыздар! Жол-жөнекей таныса жатармыз,– деп Майра балаларды машинаға шақырды. Апыр-топыр машинаға отырған балалар Райханды және Сәбираның командасындағы екі құрбысын көрді.

    Жүйткіген машина әп-сәтте қалаға жетіп келді. Көп ұзамай үлкен қос қабатты үйге келіп маңдайын тіреген кезде әдемі қақпа айқара ашылды. Ағалар, апалар бұларды құрметпен қарсы алып, ішке жетеледі. Өздеріндей балалар да жүр. Залда үстел дайындалған екен. Неше түрлі тағамдар. Тіпті бұлар білмейтін жемістер де бар.

    – Қош келдіңдер! Ұялмаңдар, отырыңдар,– деп екі апа төрді нұсқайды. Барлығы жайғасқан соң ғана балаларға қарама-қарсы жеті-сегіз үлкен кісі отырды. Төрдегі орынды бос қалдырды.

    Бір кезде бойы еңгезердей мұрны қоңқақ, орақ мұртты, кірпі шашты, бадырақ көзді ағай кірді. Бәрі жапырласа орнына тұрып, құрмет көрсетті. Нық адымдаған күйі ол төрдегі орынға жайғасты.

    – Саламатсыңдар ма?– деп балаларға қарап жымия амандасты ол. Осы кісімен ере кірген жас жігітке тіл бітті.

    – Төрде отырған Секең, яғни Серғазы ағаларың. Бәріміздің бастығымыз. Содан кейін ол қатарласа отырғандармен таныстырып шықты. Оларды таныстырып біткен соң Сәбира балалардың, қыздардың аттарын атады да, Аягүлге ерекше тоқтады.

    – Менің досым. Экспедицияны ұйымдастырушы. Ханшаның алтын қайығының қайда жатқанын зерттеп жүрген, картасын тапқан осы Аягүл,–деді Сәбира тақылдай сөйлеп.

    – О-о, картасы да бар ма?– деп орақ мұртын бір сипап Серғазы.

    – Иә, иә, картасы да бар. Оған баруымыз керек,– деді Сәбираның әпкесі Майра тез-тез сөйлеп.

    – Барамыз, барамыз. Біз осы мәселе бойынша жиналып отырмыз. Айтпақшы, Жұман сен неге балаларға тамақ жеңдер деп айтпай тұрсың. Кәнеки тамақ алыңдар. Әлденіп, күшейіп алған соң ақылдасамыз. Ал мен бастадым,– деп бастық өзі кірісті. Жұман бастығының тарелкасына тамақ сала бастады. Балалар бір-біріне қарап алды да, олар да кірісті. Тамақ үстінде әрқилы әңгімелер айтылып жатты. Балалардың ішіндегі ересектері Сабырбек пен Саттар. Олар төрде ілулі тұрған кресті көріп қойды. Алдымен көрген Саттар Сабырбектің құлағына сыбырлап айтты. Шынында да, көрнекті жерге ілінген алтынданған крест көзге бадырайып көрініп тұр. Төрде отырған бастық Секең сезімтал екен. Балалардың неге сыбырласқанын, қайда қарағанын бірден білді. Сабырбекке сауал тастады.

    – Сабырбек, менің білуімше сенің папаң жұмыссыз екен. Біз ол кісіге жақсы жұмыс тауып бере аламыз. Ал мына Саттар батырға да көмектесеміз,– деді ол жымия түсіп.

    – Қалай? Қайтіп?– деді Саттар таң қалғанын жасыра алмай.

    – Біз бәрін білеміз. Біздің ұйым мейірімділік орталығы. Әнеу сіздер көріп отырған крест ол қазақтың төрт құбыласы еспеттес. Төрт құбылаң тең болса, сенің өмірің қуанышқа, шаттыққа толы болады. Отбасыңның ақшасы көп болса, ештеңеге қайғырмайсың, ұрыс та аз, бір-біріңді сыйлап жүресің. Қазір не көп кедей көп. Жан-жағыңда жұмыссыз жандар жетеді. Әсіресе жастарға қиын. Үйлері жоқ, жұмыс та олар үшін табылмайды. Біздің ұйымға жастар көп келіп жатыр. Біз сіздерді қалай дастархан жайып қарсы алсақ оларға да сөйтеміз. Қолымыздан келген көмекті аямаймыз. Олар бізге кейін мүше болып, сондай жағдайы жоқ адамдарға өздері көмектеседі.

    – Серғазы аға! Сіздер біздің отбасыға қалай көмектесе аласыздар?– деп осы кезде Саттар тағы да сауал қойды.

    Мұртын ширата жан-жағына маңғаздана қараған Серғазы тағы да жымиды.

    – Саттар, сен мұның бәрін бұлар қайдан біліп отыр деп таң қалып отырсың ғой, ә?– деді ол дауысы гүрілдеп.

    – Иә, таң қалып отырмын.– Саттар Серғазы ағасына бажырая қарады.

    – Көріпкелдігім бар десем сенбейсің. Біз шынында да көріпкел емеспіз. Мемлекет әлеуметтік жағынан жағдайы нашар адамдарға көмектесе алмай отыр. Байлық, қазына біздің елде жетеді. Оны үркердей ғана аз топ қалтасына басқанына мәз. Ал қарапайым халық оларға керек емес. Халыққа біз ғана көмектесе аламыз. Сондықтан ауыл-ауылдағы жағдайы нашар адамдардың тізімін біз біліп алып көмектесеміз. Мысалға Саттаржан, сенің апаң ауырып жүр, емделуге ақшасы жоқ. Егер әкең келіссе несі бар, емдетеміз. Ботабайдың ағасы да жұмыссыз. Қалтасында табақтай диплом. Бірақ инженерге жұмыс табыла бермейді. Оған да тиісті адамдармен сөйлесіп жұмыс қарастыруға болады. Мынау Сәбираның әпкесі Майра жұмыстан қысқарып қатты қиналды. Ашығын айтсақ отбасы аш қалып, балалары мектепке бара алмады. Біз жұмыс тауып бердік. Енді міне, астында қымбат машина. Үлкен үйі бар бай адамдардың бірі. Қазір өзі де ауылымыздағы адамдарға көмектесуге дайын. Солай, балалар, біздің ұйым сондай ұйым, ынтымағы жарасқан ұйым. Бәріміз бірлесе отырып халыққа көмектесе аламыз. Ал енді жігіттер мен қыздар, негізгі шаруамызға кіріселік.

    Серғазы Майраға қарады.

    – Майра ханым, бұл кісілердің бастығы мына Аягүл ханым ғой,– деп Аягүлге күлімдей қарады.

    – Иә, иә, Серғазы аға! Сәбира екеуі дос. Жоспарды жасаған осылар. Бүгін ақылдасайық деп әдейі достарымен шақырып отырмыз.

    – Кәнеки, сөйле, Аягүл!– деді Майра. Іркес-тіркес сөйлеп Аягүл алғашқыда сасып қалды. Серғазы ағасының мұның отбасындағы, тіптен ауыл тұрғындарының жеке-жеке жағдайларын білуі Аягүлді бір жағынан таң қалдырды, екінші жағынан күдік те тудырып ойлантып отырған. Күдік тудыратыны ол деректерді жинап әкелуші тыңшы бар екені сөзсіз. Оны Серғазы ағаның білуі және қарапайым халықты өзіне магниттей тартуы Аягүлдің де ішкі жан дүниесін елжіретіп жіберді. Майра тәтесінің, тіптен мұны баласындай үлкен ағаның тең сөйлесуі Аягүлді марқайтып, оған батылдық берді.

    – Аға, мен бастық болғанмен менің жанымда достарым бар. Өзіңіз тағдырын жақсы біліп отырған ауылым, еліміз бізді күтіп отыр. Сіз дұрыс айттыңыз, кедейлеріміз көп, машинасы, малы көп байлар аз. Бірақ олар сіз сияқты кедей ауылдастарына көмектеспейді. Біз сол кедей ауылдың бай болғанын тілейміз. Сарайшық ханшасының бізге тастап кеткен алтын қайығы бар қоймасын тек жеке басымызға емес, ауылымызды көркейтуге жұмсасақ деген ниетіміз бар. Картасы табылды. Әрине ол картаны алтын қайықты іздеушілердің бәрі біледі. Тек оның құпиясын аша алмай қор болып жүр. Тапса анау Ресейден келген басқыншылар-ақ тонап алып кетер еді. Ал біз қойманың құпиясын толық ашпасақ та біршама шындыққа жақындаған сияқтымыз. Құдай қаласа ол құпия да толық ашылар. Негізі біздің талабымыз сіздің талабыңызға, ойларыңызға ұқсас. Мен соған қуанып отырмын. Табылған қазына ел игілігіне жұмсалсын,– деп Аягүл сөйлеп біткенде Райхан мен Сәбира қосарлана сөйледі.

    – Ал біз ше?– деді олар келісіп қойғандай. Сәбира жылдам екен, сөзін тез жалғастырып әкетті.

    – Аягүл, мемлекет заңы бойынша табылған қазынаның төрттен бір бөлігі оны іздеушілерге берілуі тиіс екенін ұмытпайық. Қазір капитализм заманы. Адамдар бай болып бөлінуі ол өмір заңдылығы.

    Сәбираның бұл сөзі осында отырғандардың бәрін ойландырған сыңайлы. Тыныштықты Серғазы бұзды.

    – Аягүлдің ойы маған ұнады,– деді ол әңгімесін сәл үзіп жан-жағына бажайлай қарап.

    – Біз егер ол қазынаны тапсақ адамдарға көмек беруде қолымыз ұзарады. Қазына ортақ қоймаға құйылғаны жөн. Аягүлжан, солай ма?

    – Дәл солай . Қазына халықтікі,– деп Аягүл нық жауап қайтарды.

    – Ендеше мен мынадай ұсыныс айтамын. Тура он күннен соң осы жерде бас қосалық. Картаның құпиясын белсенді топ толық ашуы керек. Біз экспедицияға машина, қаражатты бөлеміз, сұрақ бар ма?– деп Серғазы гүр ете жан жағына қарады.

    – Менде мынадай өтініш бар. Бізге араб тілін өте жақсы оқитын, дұғаларды терең білетін молда керек,– деп Сабырбек қолын көтере сөйледі.

    – Табамыз! Ал сау болыңыздар!– Серғазы орнына көтеріле тұрды.

    Бірақ ауыл құпиясын жеткізуші тыңшының кім екендігі белгісіз күйінде қалды.

 

 

                                   Сейіт атаның мұңы

    Экспедицияға дайындық қызу жүріп жатты. Сәбира бұрынғы тоң-торыстығын ұмытып, Аягүлдің қасынан шықпайтын болды. Картаны қайта-қайта пысықтаған Сабырбек пен Ботабай Берікбол ағаларының үйіне барып жеңгелерінің шәйін ішуді жиілетті. Серғазы аға картадағы арабша сөздерді, қасиетті дұғаларды оқуға қабасақал біреуді жіберіпті. Алғашқыда құлшына кіріскен қабасақал кейін мүдіре берді.– Шамаңыз жетпейді екен. Бұған араб тіліне өте білімді адам керек,– деді Берікбол ағай оған көңілі толмай. Ол кеткен соң көп ұзамай тағы да бір үлкен ақсақал келді. Жүзі жылы, өзі әзілқой екен.

    – Пай, пай байығыларың келеді, ә? Феодализмнен социализмге бір-ақ секірдік. Одан коммунизмге өттік. Енді тағы да кері кеттік. Капитализм деген осы болады, балаларым. Ақша бірінші орынға шығады. Ақша әзәзіл жүрген жерде иман аз болады. Әрине, ол адамына байланысты. Мен мақтанбаймын. Бірақ менің көрмегенім жоқ. Ата-баба жұртыма орыс өкіметі не көрсетпеді дейсің. Қуғынға ұшырадық, қарсы шығып едік аямады, қырып салды, қырылмағанымыз небір азапты, дозақты көрдік. Сонау Ауғанстанда, Парсы, Түркия, Араб елдерінде болдым. Міне, тоқсанға жақындадым. Тірімін. Құдайға шүкір атамекеніме оралдым.

                                                  Тоқсанға жас келген соң

                                          Өлім жақын көрінді.

                                         Бар арманым айтайын,

                                        Батырларша жорықта

                                       Өлмедім оқтан қайтейін!

                                      Ел аман болсын ылайым,

                                     Тілегім берді бәрін де,

                                     Разымын мен құдайым!

    Балаларым, айып етпеңдер. Менің жағдайым шетелде жаман болған жоқ. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дегендей, Аллам берген тәуелсіздігім арқасында атамекеніме жеткенше асықтым. Келгеннен соң қиналып қалдық. Байлықтың бәрін анда тастағанбыз. Немере, шөберелерім көп. Балаларым да бар, шүкір. Бірақ жұмыс жоқ. Мына жұмысқа біреулер арқылы мені тауыпты. «Құпия жазуларды оқып берсеңіз еңбегіңізді жемейміз» деді. Келдім. Сендерді көрдім. Мән-жайға қанықтым. Жас кезімде бұл Сарайшық қаласының тарихын үлкен аталарымыздан жиі еститінбіз. Ханша туралы аңызды да білемін. Осы жердің азаматы деп естідім. Иманғалиға көп рахмет. Сарайшықта үлкен кешен тұрғызыпты. Бардым, риза болдым. Ал қанеки, іске кірісейік, балаларым!– деп ол нық орнынан тұрды.

    – Осы істі бітірген соң сізге сауалдарым бар, айтатын жағдайларым бар. Мен ғалыммын. Өзіңіз сияқты шежірелі қарттар аз ғой. Бір күн үйде қонақ боласыз,– деді Берікбол ақсақалға зор өтінішпен.

    – Жарайды, балам. Мен жаңағы айтқан өлеңді мен шығарған жоқпын. Ақтамберді бабамдікі. Егер менің көкірегімде жиналған әңгімелер сенің қажетіңе жарап жатса қуанамын. Оһо, мынау оңай шаруа емес екен. Және Аққу ханшаның алтын қайығы жатқан жерді тапқанмен менсіз ол жерге кіре алмайсыңдар. Қырық бір бөлменің әрқайсысына кіргенде мына қасиетті дұғаларды айтпасаң оған басыңды сұға алмайсың. Мына жердегі сөз маған ұнап тұр. «Ниеті жаман адамдарға мұнда орын жоқ». Ай, қобызды неге салған? Ойлану керек, өте қатты ойлану керек. Мұнда зор мән жатыр.

    Сейіт ақсақал күмістей шоқша сақалын сыйпап ойланып қалды. Бұлардың айлап ойланып-толғанып тапқан шешімін әп-сәтте шешіп тастады. Берікбол ақсақалға аң-таң болып қарап қалыпты.

    – Мына тауларды мен білемін. Қазір Үшнайза таудың мына оң жағындағысының төбесі сәл кертілген. Бірақ сол Үшнайза тауы екені анық. Бұл жерден біраз жер. Сонау Маңғыстауда жатыр. Қобыз бақсылықты меңзейді. Толық ай нені меңзейді, а?– Ол бұрылып Берікбол ағайға қарады. Ол да ойланып отыр. Содан ол аяқ астынан балаша мәз болып айқайлап жіберді.

—  Таптым! Таптым!– Берікбол арбасынан ауып қала жаздады.

 

 

                                     «Біздің Имаш»

    Бүгін күн жұма. Аягүл Сабырбек ағасы екеуі Сарайшық кешеніне келді.Алдымен мешітке кіріп, аруақтарға құран бағыштады. Адамдар әр жерден келіп жатыр. Молдаш аға оларды топ-тобымен ертіп таныстырудан жалығар емес. Ол кісі жан жүрегімен беріле сөйлейді, шешен кісі. Келген жұрт оның тәтті әңгімесіне елітіп, соңынан қалмайды, сауалдар қояды. Әсіресе Аққу ханша туралы аңызды түрлендіріп айтқанда оның алтын қайығымен бірге жүзіп жүргендей әсерде боласың. Аққулар жүзеді жан-жағыңда. Аягүл өзін ханшаның орнына қояды да, ғасырлар қойнауына сапар шегеді. Біз кезде Молдаш аға осындай әдемі әсерлеріңді быт-шыт етіп қиратады. Жоқ, Молдаш аға емес, зұлым патша Иван Грозный:

—  Әсем де сұлу қалаға Грозный патша қызыға да, қызғана қарады.Ақыры қаһарлы хан қатал шешімге келді. Әлемдегі ең сұлу қалалардың бірі Сарайшыққа 1581 жылы көп әскермен қапияда жабуыл жасады. Халық ерлікпен күресті, шайқасты. Бес қаруы сай Грозныйдан әскері миллионға жуық тұрғыны бар қаланы аямай тып-типыл етіп қиратты, өртеді, тонады, балаларға дейін қырды. Сарайшық содан кейін көтеріле алмай мәңгі өлі қалаға айналды...

Молдаш аға күрсіне әңгімесінің бір қасіретті саласын осылай аяқтайды. Тыңдаған адамдар да демдерін ішіне алып, көздеріне мұң қонады, зұлым патшаға лағынет айтады. Ағаның әңгімесін Аягүл қанша тыңдаса да жалықпайды. Молдаш аға Аягүл сәлемдескен соң қатты қуанып кетті.

—  Қызым! Осында сені бір үлкен ағаң іздеп жүр. Қарашы, келе қалғаныңды. Бар, өзен жағасында жүрген болар. Жолығыңдар. Қой, мені ана кісілер күтіп қалды, —  деп Молдаш аға жөніне кетті.

—  Ол кісінің аты кім? —  деді Аягүл дабыстай сөйлеп.

—  Кеңес, Кеңес! —  деді Молдаш ата бұрылмаған күйі. Сабырбек екеуі пантеон жанынан өтіп, өлі қалаға бет алды. Ұлы сәскенің өзінде күн ысып, шекені тескілеп тұр. Аспанда бір шөкім бұлт жоқ. Осы жерде биік-биік үйлер болған дегенге сенбейсің. Төбе-төбе. Археологтар қаланың орнын қазып-қазып тастаған. Әр-әр жерде туристер жүр.

—  Кеңес ағаны қалай табамыз? Молдаш аға қызық. Ол кісімен таныстырғысы да жоқ, —  деп Аягүл ренішін жасыра алмады.

—  Ол кісі бізді неге іздеді екен? Шынында да оны қалай табамыз? —  деп Сабырбек Аягүл қойған сауалды қайта жаңғыртты. Қорымдарды айнала жүріп, олар Жайыққа қарай бет алды.

—  Әнең қара, аға! Жылан, жылан! —  деп Аягүл шошына айқайлап жіберді. Қазылған шұңқырға қарап ол қолын шошайтты, шынында да шұңқырдың түбінде иретіле ақшылдау үлкен жылан жатыр.

—  Байқайық. Бұл жерде жылан көп. Жүр, Аягүлтай, —  деп Сабырбек қамқор үнмен. Олар әрі қарай кетті. Аягүл Сарайшықты аралаған сайын әлденеге үрейленеді. О дүниедегі адам аруақтар жан-жағынан қарап тұрғандай сезінеді. Өзін олардың алдында кінәлі сезінеді. Себебі жоғары жақтағы ағаларға көмек сұрап хат жазса да ешкім көмектесер емес. Жайықтың толқындары жағалауды ұрып кеулеп аруақтардың сүйектерін суға әкетіп жатыр. Археологтар қазған үйлердің орындары қайта көміліп барады. Бұлай кете берсе Сарайшықтың орны жоғалып, келер ұрпақ пен ата-баба алдында зор ұятқа ұшырайтын түрлері бар.

Ой шырмауындағы Аягүлді Сабырбек ағасының тосын шыққан дауысы селк еткізді.

—  Адамдардың бастарын қарашы! Бізге, бізге қарап тұрғандай, —  деп Сабырбек қалт тоқтады. Ұзын тақтайдың үстінде оннан аса адамның бас сүйектері қаз қатар қойылыпты. Сірә, археологтар болар оларды қойған. Аягүлдің жүрегі дір етті.

—  Қорықпа, Аягүл! —  деді Сабырбек қарындасын құшағына тартып.

—  Қорықпаңдар, балалар! Аягүл деген қыз сенсің бе? —  Ту сырттарынан шыққан қоңыр дауысқа екеуі де селт ете түсті. Басында шляпісі бар, әппақ киінген, жүзінен нұр төгілген кісі бұларға жымия қарап тұр екен.

—  Иә, иә, менмін, —  деді Аягүл ол кісіге таңдана қарап.

—  Ал мен Кеңес деген ағаларыңмын. Әдейі іздеп келдім сені қызым. Кәнеки, танысайық, —  деп бұларды баласынбай қолын ұсынды. Танысып болған соң Сабырбек қашанғы әдетімен сұрақ берді.

—  Кеңес аға, Аягүлді сіз қалай таныдыңыз? —  Ағасы күліп жіберді.

—  О-о, Аягүлді кім білмейді. Бәріміз танимыз оны. Оның суреті газеттерге шыққан жоқ па? Содан шырамыттым. Қателеспеппін, —  деді ол ақтарыла сөйлеп.

—  Ал біз сізді іздеп келдік. Сондай сезімтал екенсіз, —  деп Аягүл жымия сөйлеп.

—  Сабырбек сенің ағаң ғой. Түрлерің ұқсап тұр.– Кеңес аға тағы да сезімталдық танытты.

—  Иә, —  деп екеуі қосарлана жауап қатты.

—  Жүріңдер, өзен жағасына барайық. Әнеу Қараталдың көлеңкесінде отырып аздап әңгімелесейік.

Қараталдың көлеңкесі мол екен. Біреулер орындықтар жасап қойыпты. Үшеуі осы орындықтарға жайғасты.

— Бұл аға мені неге іздеп жүр деп сұрайтындарың анық, —  деп Кеңес аға Аягүлге қарап сәл мүдірді.– Сендерді іздегенім Аягүл Сарайшық туралы кітап жазады деп естідім. Бір жағынан өз жерінің, елінің тарихын зерттеп, оған жанашырлық танытып, қарлығаштың қанатымен су сепкендей күннен-күнге су құрдымына жұтылып, жатқан тарихи қаласын қорғауы, ондағы әруақтарды кішкентай қызымның құрметтеуі, аялауы мені қатты толқытты. Біз үлкендердің өздері осыған мән беруді қойдық. Адамдарға қазір тарихын, тілін іздеуден гөрі ақша қымбат па деп ойлайсың. Рас күнкөріс қажет. Бірақ рухани дуниесіз ол байлығың мақұрым емес пе? Сондықтан достарын осындай мәдени, тарихи мұраларымызды іздеуге жұмылдырған, оларға жаны ашыған сендерді арнайы іздеп келдім. Сендерге көп рахмет, айналайындар!

Кеңес аға орнынан тұрып алдымен Аягүлдің, содан соң Сабырбектің маңдайларынан сүйді. Содан соң қайтадан орнына отырып, әңгімесін жалғастырды.

—  Сарайшық тек Атыраудың ғана емес, бүкіл қазақтың қаласы, қазақтың тарихы. Қала бір рет өлді. Енді біз яғни ол қалада тұрғандардың ұрпағы екінші рет Сарайшықты өлтірсек онда бізді әруақтар да, тарих та, болашақ ұрпақ та кешірмейді. Сарайшыққа екінші өмір берген Иманғали деген ағаларың. Осы облыста әкім болған кездері екі қаланы құтқарды. Бірі тірі қала, екіншісі өлі қала. Атырау өлі болмаса да қапас түнек басып, адамдардың ұнжырғасы, еңсесі түсіп, азып-тозып қалалық кейпінен айрылғанда Иманғали келді. Күні-түні ұйықтамады. Ертегідегі батырдай қаланың үстіндегі түнекті сыпырды, көшелерін жарық қылды. Адамдарға үміт сыйлады. Балшығының үстіне тасжол салды. Қала ХХІ ғасырдың қаласына айналды, сұлулық пен бірге рух келді, Исатайы мен Махамбетін асқақтатты. Қала адамдары оны «Біздің Имаш!» деп атап кетті. Имаш ешкім назар аудармаған өлі қала Сарайшыққа өмір бергісі келді. Ойланып көп тұрды. Мен жанында болдым. Мыңдаған мүрделердің шашылып жатқанын көріп жүрегі ауырды. Өлі қаланы ұзақ аралады. Құрбандық шалды, құран оқытты.

—  Бізді көшпенді, бұратана, жабайы, артта қалған, жазуы, қаласы жоқ дегендер қателеседі. Міне, біздің мақтанышымыз, тек көшпенді ғана емес тұрғылықты халық болып әлемдегі ең сұлу қала салғанымыз, жоғары деңгейдегі ғылым, білім, мәдениетіміздің дамып бүкіл әлемді өзімізге қаратқанымызды осы Сарайшықтың өзі дәлелдейді. Археологтар мұнда су құбыры, қыш зауыты қалқымалы көпір, өзінің теңгесі болғанын дәлелдеп отыр. Атақты Жібек жолы осы қаланың үстін басып, Еуропаға бүкіл әлемге қарай қақпасын ашқаны жөнінде тарихта алтын әріппен жазулы. Біз кейінгі ұрпағымыздың көкірегіне осы осы ғажайып қала арқылы мақтаныш, сенім, рухты ұялата білсек ол зор жеңіс...

Имаш сол күні көп толғанды... Ойындағы армандарын, жоспарларын ортаға салды.

—  Атырауға келген қонақтар Сарайшыққа жүрек қалауымен келуі тиіс. Олар осы жерден қаланың тарихымен танысып, рух алып кетсе ғажайып әсерге бөленсе. Яғни мұражай қажет. Құран бағышталатын орын қасиетті мешіт мұнда жарқырап бой көтерсін. Осында хандарымыз, әулиелеріміз, батырларымыз жатыр. Олардың аты-жөндерін анықтап, понтеон, ескерткіштер салынсын. Қаланың бұрынғы кейпін еске түсіретін қамалдардың, мешіттердің, хан сарайларының макеті тәрізді ескі қала көрініс беріп тұрса. Сарайшық ханшасы, оның алтын қайығы, аққулары, Секер көл, тіпті ғашық жанның әдемі де мұңлы әні сызыла ойнап тұрса.

    Мен күлдім. Риза болып күлдім. Имаштың көңіл көкжиегінің кеңдігіне ризашылығымды жасыра алмадым. Әкім сезім қанатында көрініс қайығында тербелді. Тамаша ой. Бірақ орындала ма ол?

—  Мұның бәрі орындалады, —  деді ол менің ойымды оқығандай. Ниет керек, Кеңес аға. Қаржы бөлінеді. Мұндай рухани байлыққа бөлінбеген қаржы енді қайда бөлінбек? Осы айтылғандардың барлығының жобасы тез қағазға түсуі тиіс. Сіз осыған басшылық етесіз, мен сізге сенемін.. Ұлы да игі іс, Кеңес аға. Біз осыны жасай алмасақ, артымыздағы ұрпағымызға осындай игі істерді, ескерткіштерді жасап, үлгі етіп тастай алмасаң несіне ел басқарып жүрміз?

Имаш сәл кідірді де, маған бұрылып мына жыр жолдарын төкпелесін!

Толарсықтан саз кешіп,

Тоқтамай тартып шығуға

Қас үлектен туған кәтепті,

Қара нар керек біздің бұл іске.

Қабырғасын қаусатып,

Бір-біріндеп сөксе де

Қабағын шытпас ер керек

Біздің бүйткен бұл іске!

—  Кеңес аға, —  деді Имаш сәлден соң, — Кеңес аға, қара нар сіздерсіздер! Осы қасиетті жерде жата-жастанып жұмыс істейсіз. Сіздерге зор сенім артады халқымыз. Бұл іс —  сауап, — деп маған Иманғали зор сенім артты. — Кеңес аға сәл үнсіз қалды да, содан әңгімесін қайта жалғады.

—  Аягүлжан, жазатын кітабыңа осы Имаш ағаның зор еңбегін, ерлік ісін кіргіз. Сол азаматымыз болмаса мынадай мәдени мұра дүниеге келмес еді. Әттең, көп жоспарлары іске аспады. Имаш басқа жұмысқа ауысып кетті, —  деді Кеңес аға әңгімесін үзіп, басын шайқады.

—  Сіз осы ғажайып кешенге басшылық жасадыңыз ба? —  деп Сабырбек орнынан тұрды.

—  Иә, балаларым! Мен қолымнан келгенін аяған жоқпын. Қиналдық, айлар бойына күні-түні жұмыс істедік. Шаршадық, бірақ келер ұрпақ үшін, аруақтар үшін болашақ үшін игі іс істеп жатқанымыз бізге күш-қуат берді. Мынау әсем дүние ғажайып мәдени мұра осылай аспаннан түскен жоқ. Зор еңбекпен келді. Қарапайым жұрт келіп көмектесті. Біздің бұл ісімізді шаттана құптап, алғыстарын жаудырды халқымыз...

Үшеуі қатарласа мұражайға аяңдағанда мешітте жұма намаздың азаны шақырылды. Асыға жүрді олар. Аягүл артына бір қарағанда бас сүйектер бұларға үңірейе қарап, үміт артқандай болды. Арқасында құмырсқалар жыбырлап бара жатқандай ыңғайсыз бір сезімнің жетегіне берілді...

Сеніммен нық-нық шаңдата адымдап бара жатқан қос ағасының артынан Аягүл де томпаңдап жүгіре қадам басты. Неге екенін кім білсін Махамбет бабасының Имаш аға айтқан мына бір жолы көкірек сарайында күбірлеп қайталана берді, қайталана берді: «Қара нар керек біздің бұл іске! Қара нар керек біздің бұл іске!..»

 

 

Ең зор бақыт

Сейіт ақсақал Берікболдың үйінде үш күндей жатты. Берікбол Сейіт көкесінің шежірелі білгірлігіне, біліктілігіне таң қалды.

—  Ағатай, сізді академиктікке шаппай ұсыну керек. Қаншама фольклорды, этнографияны білесіз. Мұның бәрі қалай ойыңызда қалды? —  деді кетерінде Берікбол ішкі таңданысын жасыра алмай.

—  Пәлі, деген! Мен деген кіммін, анау төбеде жатқан ғұлама қарттардың қасында. Міне, солар біледі әлгі палклорыңды. Пай-пай қандай білгір еді десеңші олар. Қатар отырғанда бар ғой, сұңғыла еді шетінен. Сонау ғасырлар қойнауындағы небір әңгімелерді, шежірелерді, батырлық жырларды бірінен бірі іліп әкетіп ақтарып айтатын. Ол кезде баламыз. Аузымыздан суымыз ағып шұрайлы әңгімелерді рахаттана тыңдайтынбыз. Содан олар өнер сайысына түсетін. Домбыраны бірінен соң іліп алып ән мен күйге толтыратын төңіректі. Біз ол данагөйлердің кұнарлы әңгімелерінің шет жағасын ғана көкірегімізге тоқып үлгердік. Әттең, содан соң аумалы-төкпелі заман, аласапыран қызылдардың нәубеті басталып кетті. Әйтпесе-е... — Сейіт ақсақал көзі жасаурады, дауысы дірілдеді.

Берікбол сасып қалды.

—  Қазіргі ақсақалдарымыз бірнәрсе сұрасаң иықтарын қиқаңдатады. Әңгімелерін тыңдасаң көңілің құлазиды. Ішкен-жегенін, арақ-шарабын айтады. Ескі әңгімелерден мақұрым.

—  Оларды кінәлама, —  деді Сейіт аға оның сөзін бөліп, — заманды кінәла! Мына біз не болдық? Кеткен жоқпыз ба тарыдай шашылып. Қаншамыздың сүйегіміз жат жерде қалды. Біз сол зобалаңнан тірі қалып, елге аман оралдық. Бұған да шүкіршілік. Ал мұнда қалғандарды мәңгүртке айналдырыпты. Көр соқыр етіпті. Көздері бақырайғанмен олар түк көрмейді, құлақтары қалқиғанмен ештеңе естімейді. Әрине, көпке топырақ шашқым келмейді. Жақсылар да жоқ емес. Бірақ аз. Жә, Берікболжан, саған рахмет. Сен асылдың сынығысың, тұлпардың тұяғысың. Біз қартайдық. Іштегі зар-шеменді құйып алар құймақұлақ іздегелі қашан? Таптым. Енді жеңілдеп қалдым. Жауапкершілік саған ауды. Кейінгі ұрпаққа жеткізу сенің міндетің. Аманат жүгі өте ауыр. Кетерімде саған бір әңгіме айтайын. Бірақ сен көңіліңе алма, балам? Қалай, тыңдайсың ба? —  Сейіт аға Берікболға еңсеріле бұрылды.

—  Тыңдаймын, неге тыңдамайын, —  деп Берікбол да ақсақалдың ерекше әңгімесін ынты-шынтысымен тыңдауға пейіл танытты.

— Ертеде өзің сияқты бір кедей жігіт болыпты. Отбасын құрыпты. Бір сәбиі дүниеге келіпті. Содан жігітіміз қанша тырбаңдаса да ішкен-жегеніне жетпепті. Содан ызаланып бір күні «А, қу құдай, сен мені неге жарытпайсың? Анау байлар сияқты неге мен байымаймын? Сен әділетсізсің!» деп құдіретті Алла тағалаға тіл тигізіпті. Әбден ыза буып бір күні кешке киініпті де бала-шаға, отбасын тастап «Бүйтіп жүргенше адасып өлейін» деп беті ауған жағына жүгіріп шығып кетіпті. Жан-жағын қараңғылық қаусырмалапты. Көп жүрді ме, кім білсін, аз жүрді ме, кім білсін жігітіміз әбден шаршапты. Содан бір бұтаның түбіне отырып дем алыпты. Кенет құс па, жын ба бір ащы дауыс шаңқ ете шығып жігітті үрейге бөлепті. Ұшып тұрып жан-жағына үрке қарапты. Тым-тырыс. Өлемін деп шыққан жігіттің жаны тәтті екен. Алақ-жұлақ қараған ол әйдә-ә жүгірсін! Артынан құбыжықтар қуып келе жатқан сияқты көрінді. Сілесі қатты. Ентігін басып тың тыңдады. Сол мезет қасқырлар ұлып қараңғылық пердесін дар-р-р еткізіп жырты. Қорыққанның көкесі енді басталды. Тағы жүгірді. Қасқырлар жақындап қалғанын сезді. Сол сәтте жақын жерден от көрінді. Не болса да деп солай қарай жанұшыра жүгірді. Жақындаса... үй екен!

—  Сіз неге жүгіріп келе жатырсыз? —  деген дауысты естіді. Қолында садағы бар орта жастағы әйелді көрді бұл.

—  Қасқырлар!.. деп ол әйелдің алдына сұлап түсті.

—  Қорықпаңыз, қасқырлар мұнда жоламайды, —  деп әйел оны демеп үйге кіргізіпті. Су беріп, оның демін басыпты.

—  Күйеуім намаз оқып жатыр, балалар ұйқы құшағында. Мен қазір шай дайындап жіберейін, — депті әйел бұған күлімсіреп қарап. Көрші бөлменің есігінен намаз оқып жатқан адамды байқайды. Қолдары кесік, аяқтары тізесіне дейін жоқ тырбиған адамды көріп ол қатты шошыды. Бірақ оның даусы жұмсақ, үнді екен. Шолтиған шынтақтарын көтеріп Аллаға мінажат еткен оның сөздерін бұл анық естіп отыр.

—  Я құдіретті күшті Аллаһым, я мейірімі шапағаты мол Аллаһым өзіңе, шексіз шүкіршілік етемін. Өзің бар бақытты, жақсылықты, шаттықты маған молынан бердің. Осы бақытыңнан, жақсылығыңнан, шаттығыңнан айыра көрме! Өзіңнен Аллаһым, осы тілегімді орындауды жалына сұраймынІ —  деп ол Аллаһқа ризашылығын жеткізді. Ал мұны тыңдап отырған жігіт таң қалды. Оның мүгедек түрі анау. Ол қалай бақытты болмақ? Ол Аллаһқа несіне рахметін жаудырды? Осындай сауалдар мазалаған қонақ жігіт үй иесімен танысады, шүйіркелесіп сөйлеседі, ең бастысы есін жинайды. Мүгедек жанның әйелі өте қарулы болып шықты. Күйеуін дастархан басына көтеріп әкелді. Ақыры шыдамаған жігіт үй иесіне жатарда мазалаған сұрағын қояды. Үй иесі жүзіне нұр тұнып, жымиып күледі де бұлай деп жауап береді:

—  Інім дұрыс айтасың, мен мүгедекпін. Бірақ ол тәнім ғана. Ал менің жаным мүгедек емес, рухым сап-сау. Құлағым естиді, ал құлақтарың естімейтін саңырау адамдар қаншама? Менің көзім көреді, ал көздері көрмейтін соқырлар қаншама. Қолым, аяғым болмаса мен денім сау адаммын. Мені жақсы көретін жарым бар. Менің өмірімнің жалғасы балаларым қасымда. Үйім мінеки, Тамақ та, су да бәрі-бәрі жетеді. Бұл бақыт, жақсылық, шаттық емей немене? Мұның бәрін кім берді? Тек қана Аллаһым берді бәрін. Мен қалай шүкіршілік, тәубешілік етпейін, інім. Маған Аллаһым тағы да бәрінен де зор бақыт берді. Ол —  бес уақыт намазым. Намаз оқымайтын көрсоқырлар қаншама? Оларға бұл зор бақыт бұйырған жоқ қой. Сен де бауырым, намаз оқы. Жолың ашылады!

Жігіт өзінің сәл қиындыққа шыдамай өлмекке бекінген әбестігіне, әлсіздігіне қатты ұялыпты. Үйіне оралыпты. Жан-жары, баласы алдынан жүгіріп шығыпты. Көп ұзамай оған да Аллаһым зор бақытты беріпті. —  Сейіт ақсақал күлімсірей түсіп әңгімесін аяқтапты. Берікболдың жүзіне де нұр жүгіріпті.

—  Сізге ата, көп рахмет. Көңіл көзімді аштыңыз. Нені меңзегеніңізді жақсы түсіндім. Мен де Аллаһтың ақ жолына түстім. Сіз маған батылдық, сенім сыйладыңыз, —  деп Берікбол сөйлеп жатыр еді, үйдің алдын шаңға бөктіріп үлкен джип машинасы тоқтады. Алдымен бір әйел түсті. Ол сіздерге таныс Майра еді. Содан Аягүл, Сабырбек, Сәбира, Ботабай, Райхан тағы басқалар үйге қарай аяңдады.

—  Берікбол аға, біз Сейіт ағаны алып кетуге келдік. Экспедицияға шығамыз. Сіз бата беріңіз, —  деді Аягүл сыңқылдай сөйлеп. Келген балалар әп-сәтте оны қаумалай қоршап, үйдің маңын әдемі күлкіге толтырды...

 

 

 

                         Қазанат көтере алмаған алып

    Үшнайзаға сапарға шығушылар өткендегі үйге тағы да жиналды. Он екі адамдық екі шетелдің автобусы есік алдында тұрды. Алдымен экспедицияға баратындар үстел басына жиналды. Экспедицияның бастығы болып Серғазы аға сайланды. Сейіт ата бас кеңесші. Аягүл, Сәбира және Майра үш топтың жетекшілері болып бекіді. Әрине, Аягүл тобында Сабырбек, Саттар, Ботабай бар. Ал Сәбира Райхан, Әлімжан, Барақтардың басшысы. Әрине, бұл жерде айтып кететін зор мәселе балалардың ата-аналары алдымен бұл экспедицияға қарсы болды. Аягүлдің атасы мен әжесі дн алғашқыда қарсы болғанмен кейін көнді. Оларды көндірген Сабырбек пен Райхан.

—  Біз бәріне жауап береміз. Оның үстіне кеше Серғазы аға келіп ол кісі де: «Маған сеніңіздер. Балаларыңызды қайта жеткізуге уәде беремін» деген жоқ па? Алтын қайықты тапсақ Сарайшық қаласын сақтауға қаржы табылады деген сөз. Біз бәріміз біріксек, зор күшпіз! —  деп Сабырбек ата-аналардың сенбеске лажын қалдырмады. Содан соң оларды бүкіл ауыл болып шығарып салды. Балалар нағыз батырларды шығарып салып тұрғандай қатты қызыға қараса, кейбір қарт кісілер, мысалға Аягүлдің атасы мен әжесі көздеріне жас алды. Көрдіңіз бе, бұл экспедицияның маңыздылығын! Аягүл қатты тебіренді. Ауыл бұлардың әрекеттеріне елдің өте құрметпен қарайтынын және мұншама зор сенім артатынын білген жоқ еді.

Серғазы аға жақтан Сәбираның әпкесі Майра, сондай-ақ қарауыл ретінде еңгезердей үш жігіт қосылды. Айтпақшы аспазшы апа Сырғатайды да ұмытқан жоқ. Үстел басында Серғазы сөз сөйледі.

—  Қадірлі ағайындар! Ержүрек балаларым! Бұл оңай сапар емес. Қиындықтар болуы әбден мүмкін. Бірақ біз оған мойымай жеңіспен оралатынымызға сенемін. Тәртіпке бағынамыз. Егер де қазына, алтын қайық табылса кинолардағыдай бір-бірімізге тап бермейік. Сабырлы болайық. Бәрімізге ол жетеді. Содан соң бұл экспедициямыз жайлы, алтын қайықты тапқанымыз жайлы ешкімге тіс жарып әңгіме айтпауымыз тиіс, —  деді Серғазы алтын қайықты іздеуші саяхатшыларға шола қарап. Аягүл сыныпта отырғандай қолын көтерді де, түрегеліп тез-тез сөйлей бастады.

—  Серғазы аға, біз келісімімізді бұзбауымыз керек. Табылған қазына мемлекетке өткізілуі тиіс. Содан пайыз беріліп жатса оны аларсыздар. Сондай-ақ мемлекеттен Сарайшықты қалпына келтіруге қаржы сұраймыз дегенбіз. Бұлардың бәрі біздің өзара келісімшартымызда жазулы. Егер ол бұзылатын болса біз қазірден бастап экспедицияға барудан бас тартамыз.

Аягүлдің даусы қатқыл шықты. Серғазы ағасының танауының үсті тершіп, көк көздері ежірейіп сасып қалған кейіп танытты. Қаршадай қыздың қарсы бұлай батыл сөйлегеніне ызаланып қалғанын байқауға болады. Бірақ әккі бастық сыр білдірмеді.

—  Жарайды, жарайды, қызым! Біз келісімшартқа бағынамыз. Асатпай жатып құлдық дегендей біз әлі сапарға шыққан да жоқпыз. Ұрыспайық. Уәденің аты уәде ғой. Сейіт аға, батаңызды беріңіз, —  деп ол әңгіме ушықпасын дегендей қолын жайды.

Екі автобус қаладан шығып таспадай жолға түсті. Біраз жүрген соң шаңы бұрқыраған жол басталды. Сәскеге жетпей күн ыси бастады.

Аягүл Сабырбек ағасының жанында отыр. Кітап оқиын деген. Қолқылдап оқи алмады.

—  Көзің ауырады. Аяш! —  деп Сабырбек ескерту жасады.

—  Рахмет, ағатай! Қарашы біздің даламыз қандай кең, әрі бай. Анау качалкалар бастарын шұлғып тұр. Түйелерді қара! —  деп Аягүл саусақтарын шошайтып. Маң-маң басқан түйелер мұндай машиналарға үйренген болуы керек, бұрылып та қараған жоқ.

—  Біздің ата-бабаларымыз осыншама кең далада түйелермен, тұлпарлармен жүрген ғой. Қалай шыдаған, ә? —  Сабырбек түйелерге қарап таңдайын тақылдатты, басын шайқап қойды.

—  Аға, Аққу ханшаның денесін неге алысқа қойған? Сарайшықтың қасына қоймас па? Өзінің батыр жігіті болған дейді. Кейін Хақназар ханның содан соң Тәуекел ханның қолбасшыларының бірі болып, қартайған кезде осы Аққу ханшаның жанына қойыңдар деп аманат етіпті дейді. Әрине, бұл аңыз ғой, —  деп Аягүл ағасына сұраулы жүзбен қарап.

—  Бірақ батырдың балалары, ағайындары қанша тырысса да үңгірге кіре алмапты. Содан сыртқа, Үшнайза таудың етегіне қойыпты. Кейін балалары келіп құран бағыштайын десе батырдың моласы да, мүрдесі де ізім-қайым жоқ болыпты. Сонда оны Аққу ханша алып кеткен шығар. Мінеки, нағыз махаббат деген осы. Сейіт ата, бұл аңыз әңгімені қайдан естідіңіз? —  деді Сабырбек атаға қарап дауыстай сөйлеп. Сейіт ата әдеттегінше сақалын сипап, күлімдеп қойды.

—  Ол аңыз ғасырдан-ғасырға бабаларымыз арқылы осы күнге жеткен. Атам мен сияқты шәлгездеу емес ірі денелі болатын. Қолдары күректей. Найзасын, шоқпарын өзіне шақтап үлкен етіп жасатады екен. Оны анау-мынау тұлпар көтере алмаған. Ата Қазанатқа мінгенде белі майысып жүруге шамасы келмепті. Сондықтан тек нарға мініп, жауға шапқанда оның күркіреген даусынан олар үрейленіп қаша жөнеледі екен. Сол қайран да батыр атамнан естіген әңгімем еді бұл. Тоқсанға жақындаса да тың болатын мен көргенде. Әңгімені жақсы айтатын. Аққу ханшаның сүйгені Тайжан біздің тоғызыншы атамыз деп айтқан. Жаңағы Аягүлге айтып берген әңгімең дұрыс. Қазақ мемлекетін нығайтуға Тайжан батыр зор үлес қосқан. Көп әңгімелерді мен сендердің Берікбол ағайларыңа аманат етіп жеткіздім. Ол жігіт өте зор ғұлама адам. Әттең, машина апатына түскені жаман болды. Астананы, барлық ғылыми жұмыстарын анасын жалғыз қалдырмауға айырбастаған адам ол нағыз жігіт қой. Қайтесің, бір Алланың жазмышына ешкім қарсы келе алмайды. Алайда мүгедек болдым, арбаға байландым деп отырған Берікбол жоқ. Қазіргі заманның қазағын сүйген ұлтшыл азаматы сол Берікбол. Айналайынға Аллам зор денсаулық, ғұмыр бергей!

    Сейіт атаның бұл әңгімесі тек Саттар мен Аягүлді ғана тебіренткен жоқ, бүкіл автобустағылар бұрылып, Сейіт атаға жапырыла таңдана қарады. Содан іле-шала олар атаға сұрақты қардай жаудырды. Жаңа әзірде ғана әркім өз ойымен отырса, енді автобустың іші дабыр-дүбір әңгіме дүниеге айналды.

                                 Картаның ғажайыбы

    Ақша бұлттарды шәлі еткен үш биік шың. Алып-алып тасбақалар сынды қоп-қоңыр жоталар үш шыңды күрегейлеп жатыр. Үшнайзаның алдындағы алаңқайға үш шатыр тігіліпті. Жанында екі автобус. Адамдар абыр-сабыр. Сәске түс. Күн ыстық.

Түнімен жол жүріп шаршап келген жолаушылар енді-енді ес жиып, шатырларын тікті. Жігіттер жағы осындай шаруалармен айналысса, қыздар жағы көгал үстіне кілем-киіз төсеп, ас қамында жүр. Сейіт ата Аягүлді жанына ертіп мана таңертең тау-тас аралап кеткен.

—  Бұл жерге мен бала кезімде келдім. Атырауда сендерге айтып берген Байжан атам мені осында әкелгенде сенен кіші болатынмын. Жасым сегіз-тоғызда шығар көп болса. Есімді жақсы білемін. Түнде автобуста айтқан Оғыз Қаған мен оның үш баласы туралы аңыз әңгімені сол атам айтып берген. Айналайын, Аягүл қызым, бұл ойға алған мақсатымыз оңай нәрсе емес. Меніңше мынау үш шыңның ортасындағы астында бұрын үңгірдің аузы болған. Бірақ қай жерде, қай тұста екенін анық білмеймін. Мен бұл іске жоқшылықтан келдім. Сен кеше Серғазыға дұрыс айттың. Байқадың ба, сенің сөзіңнен соң ол қатты ашуланды. «Уәде Құдайдың ісі» демекші, мен Серғазыны қолдамаймын, неге екенін білмеймін қызым, мен көп нәрсені, көп қиындықты көргендіктен Серғазыға сеніңкіремей тұрмын. Ол ешуақытта тіке қарамайды. Жанары бір орнында тұрмайды. Ондай адамнан жақсылық күтпеймін. Дегенмен «шешінген судан тайынбайды» дегендей тәуекел деп бірге көреміз. Карталарыңды ұрлатып алмаңдар. Егер, одан қазірден айрылсаңдар, онда сендерді ол керек қылмауы мүмкін. Өйткені мына еріп келген жігіттерінің түстері суық. Абайлайық, қызым! —  деп Сейіт ата кертпештенген тасқа келіп отырды.

—  Сәл отырайық. Содан соң зерттеу жүргізерміз. Бәлкім осы жерден оралармыз. Шай ішіп алмасақ бас ауырайын деп тұр-ау, шамасы.–

Сейіт ата сәл жымиып, қалтасынан шақшасын алды.

—  Мен насыбайымды атайын. Сен маған Сарайшық туралы білгеніңді айта аласың ба?

—  Айтайын, ата. Бірақ сіз Сарайшық туралы өзіңіз де көп білесіз ғой, —  деп Аягүл де тас үстелге жайғасты.

—  Әрине, мен аңызды, ел аузындағы әңгімелерді білемін. Ал ғалымдардың зерттеуі ол өзінше ресми әңгіме. Сарайшықтың сол тарихи ресмиленген әңгімесі қандай? Осы мені қызықтырады.

Атасы насыбайын атты. Аягүл бадырақ сөздерін төңкере үстерінен төніп тұрған шындарға шалқая қарады. Тәмпіш танауының үсті тершіген. Басындағы әппақ шляпісінен бастап, Аягүлдің киімдерінің бәрі ақшыл. Тіптен спорттық аяқ киімі де қызыл жолағы болмаса ол да әппақ.

—  Ата, Сарайшықтың көп аттары бар. Оны білесіз бе?

—  Айта бей, қызым! —  деді насыбайдың әсерінен атасы сақаулана сөйлеп.

—  Қала Алтын Орда астаналарының бірінен саналған. Сар-Ұшық, Сарайжұқ, Сарайшік, Хан ұшығы, Кіші сарай сияқты атаулары бар. XIII—XIV ғасырларда Алтын орданың ірі сауда және экономикалық орталығы болған. Қала Еділ бойымен Еуропаны, Хорезм мен Соғданы және Қытаймен жалғастырған ірі сауда орнына айналған кезі ХІІІ—ХІV ғасырлар. Құлдырау кезеңі ХVІ ғасырдың аяғы. Сарайшықта қыш тұрбаларынан жүргізілген бірегей су құбыры және канализация пайдаланылған. Қала халқы бақша өсірген. Мұнда апорттың керемет түрі өскен. Металлургия мен қолөнер ісі дамыған. Мұнда Бағдаттың көпіріндей қайықтан жасалған паром-көпірлер болыпты. XIV ғасырдың аяғында Ақсақ Темірдің әскерлері Сарайшықты қиратқан. Қала қайта көтерілген. Ноғай ордасының саяси орталығына айналады. Кейін қазақ хандарының тұрағы болғаны тарихтан белгілі. Сарайшықта жеті ханның сүйегі жатыр дейді. Олар Алтын орданың хандары Сартақ, Берке, Тоқтеңіз, Жәнібек және қазақ ханы Қасым, ноғайдың Ысмайыл, Ораз хандары. Қаланы 1581 жылы казактар немесе Иван Грозныйдың әскерлері аямай қиратқан, тонаған. Мінеки, Сарайшықтың қысқаша тарихы осы, ата, —  деп Аягүл мұңайған түрде әңгімесін аяқтады.

—  Ой, жарайсың, қызым! Менің көзімді аштың... Әрине, қалада әсем де биік үйлер, қонақүйлер, мешіттер, сарайлар болғанын жоққа шығармайсың ғой, — деп насыбайын түкіріп тастаған Сейіт ата енді еркін сөйледі.

—  Ата-ау, әрине жоққа шығармаймын. Сарайшығымыз сол кездегі әлемдегі ең сұлу қалалардың бірі болған, Иван Грозный бұл қаланы әдейі қиратқан. Себебі қазіргі Мәскеу қаласындағы Кремль, Қызыл алаң сәулет кешені, оның кірпіштен соғылған қамалдарының сәулеті осы Сарайшықтан ұрланған деген мағлұмат бар. Кейін киргиз-кайсак надан болған, көшпенді болған, оның әліпбиі, жазуы, мәдениеті, өнері, қалалары болмаған деп әлемге жар салғаны несі деп ойлайсыз. Оның бәрі қазақ жерін жаулап алудың қитұрқы әрекеті екенін кейін білдік қой, —  деп қызулана әңгіме айтқан Аягүлге Сейіт ата сүйсіне қарап қалыпты. Осы кезде Сабырбек пен Саттардың қосарлана шыққан дауысы шықты.

—  Ата-а! Аягүл! Тамақ ішеміз. Ауылға қайтыңыздар! —  Таулар бұл сөздерді іліп ала саңқылдап, бір сәт жаңғырып тұрып алды...

Көгалда, таза ауада самауырдың шайын ішкен жұрттың көңілі бір көтеріліп қалды. Шайдың соңында Серғазы серейіп орнынан тұрды.

—  Қадірлі ағайын! Мінеки бір мақсатқа жұмылып шыққан сапарымыздың алғашқы күні басталды. Бір мақсат деп баса айтқанымның мәнісіне бәріңіз түсіндіңіздер ғой деп ойлаймын. Сондықтан ол мәселеге тоқталмаймын. Осы жиналған топ мені басшы етіп сайладыңыздар. Бұған зор рахмет. Кеше сапарға шығар алдында тәртіп қатаң болады деп ескерттім. Жаңа Сейіт аға мен Аягүл рұқсатсыз тау аралап кетті. Бұл дұрыс емес. Әзірге ескертумен шектелемін. Егер қайталайтын болсаңыздар қатаң жазалаймын. Содан кейін тағы бір ескертерім бір-бірімізден ештеңе жасырмауымыз тиіс. Жұмысқа кірісер алдында бәріміз үшін маңызды құжат картаны Аягүл бастаған топ ортаға әкелсін. Меніңше осы картамен жұмыс істейміз. Бұған қалай қарайсыздар? —  Серғазы оң қолын көтере көпшілікке жағалай бір қарап шықты. Адамдардың дені —  Дұрыс! Жасырмауымыз тиіс! Картаны әкелсін! —  деді жамырап.

Аягүл Сабырбек пен Саттарға қарады. Олардың жүздерінен шарасыздықты байқады. Содан соң жайлап Сейіт атаға қарап еді, ол кісі басын изеп тұр екен.

—  Аягүл ортаға шықсын! —  деді Сәбира ышқына айқайлап: —  Серғазы ағаның айтқаны дұрыс. Біз ешқандай сыр сақтамауымыз тиіс. Кәне, картаны әкел!

Осы сәтке дейін достық рәуіште болып келген Сәбираның мына бетбұрысы ащы да суық дауысы Аягүлді таңғалдырды.

—  Шықсын, шықсын ортаға! —  десті тағы да көпшілік. Аягүл амалсыз орнынан тұрып Серғазы ағасының жанына барды. Бәрі бұған қадала қарап қалған.

—  Шынында да Серғазы аға дұрыс айтады, —  деді Аягүл сөзін жайлап бастап, —  тәртіп керек. Біз оған бағынамыз. Мен кешірім өтінемін. Ал картаны Сабырбек пен Саттар мұнда әкеліңіздер! Ол карта жайында Сейіт ата бүге-шігесіне дейін өте жақсы біледі. Жалпы атамызсыз карта әншейін қағаз ғана. Қазір біздің топ картаны көпшіліктің алдында атаға салтанатты түрде табыс етеміз. Картаның ұрланбауына, сақталуына Серғазы аға, Сабырбек пен Саттар жауап берсін!

Сабырбек пен Саттар ұзынша сандықшаны әкеліп ортаға қойды. Ауылдағы Карман ұста жасатқан темір сандықшаны Сабырбек кілтпен сырт етіп ашты. Адамдар орындарынан тұрып-тұрып кетті.

—  Орындарыңызға отырыңыздар. Бәрің де көресіңдер, көрсетеміз, —  деп Серғазы ескертпесе көпшілік сандыққа лап берер ме еді, кім білсін?

—  Пысығын қарай гөр! Сандықша жасап қойыпты, —  десті біреулер орындарына қайта жайғасып жатып.

Сабырбек целофанға салынған, ұқыпты түрде бүктелген қатырма қағазды жая бастады. Қағаздағы Ботабай салған сурет жарқ етіп шыққанда жұрт «О-о-о!» деп бірауыздан гу ете таңданыс білдірді. Үш шың, қобыз, одан төгілген сәуле, арабша жазулар... Олардың аржағында сұлу қыздың атпен келе жатқан суреті көмескі түрде салынған.

—  Ау, мынау Үшнайзаның суреті ғой.

—  Әнеу, қобызы несі?

—  Мынау арабша жазулар қасиетті дұғалар болар.

—  Кестелер нені меңзейді?

Шуылдаған жұртты Серғазы әрең басты. Содан соң Сейіт атаға бұрылып:

—  Аға, тәртіп жағын өзім басқарамын. Ал алтын қайық пен қазынаны іздестіруге халықты жұмылдыратын сіз боласыз. Сөз тізгіні өзіңізде.

    Ата орнынан тұрмай өз ұсыныстарын айта бастады.

—  Бүгін біз кешке дейін дайындық жұмыстарын жүргіземіз. Ертең ерте тұрып, тамағымызды ішіп негізгі жұмысқа кірісеміз. Құдай қаласа, картада жазылғандай үңгірдің аузын ашуға тырысамыз. Әрине ол есік жарылғыш затпен ашылмайды. Қобыздың үнімен, дұғаның қасиетімен, бір Алланың құдіретімен ашылады. Ал ашылмаса үңгірдің иесі жақтырмағаны. Онда кейін қайтамыз, —  деп Сейіт ата сөзінің соңын осылай кесімді аяқтады.

 

 

                                           Жекпе жек

    Аягүл, Сабырбек, Саттар және Ботабайды Сейіт аға өзінің жанына алды. Серғазы оларға сенбегендей өзінің еңгезердей бір жігітін қосып берді. Дәуің көп үндемейді. Ол бұлардан көлеңке сияқты бір елі қалған жоқ. Үш шың ә дегенде тура жаныңда тұрғандай сезілгенмен ол жаққа аяқ басқан сайын шыңдар әрі қарай алыстай түсетіндей. Бүгін аспан астына ақша бұлттар үйіріліп, саяхатшыларды шыжыған ыстықтан сақтап тұр.

— Ата, бүгін бір жаңбыр жауса ғой, шіркін! —  деді сөзуар Ботабай. Ата жымиып қойды да:

— Дұрыс айтасың, биылғы жазда бір тамшы тамбай тұр. Мына шөл өсімдіктеріне обал болды. Меніңше кешке жақын жаңбыр құйып сала ма деп тұрмын. Мына ұшып жүрген құстар солай айтып тұр. Әнеу қаздиып отырысқан саршұнақтар да бір-біріне осындай әңгімені қуана жеткізіп тұрғанын сендер неге көрмейсіңдер, ә? —  деп қуақы түрде Ботабайдың арқасынан қағып ата аспанға зер сала қалады. Содан соң балалардың таң қалғанына мән бермегенсіп әңгімесін қайта сабақтады.

— Балалар! Енді шамалы жүрсек Үшнайзаның орта шеніне жетеміз. Картаға қарасақ үңгірдің аузы сол ортадағы шыңның астында. Бүгін зерттеу жүргізейік. Серғазылардың тобы шыңның ар жағына кетті. Олар оралам дегенше кеш болады. Кәнеки, біз де жүрісімізді тездетейік!

Жалғыз аяқ жол бірде сусыған құмды болса, енді бірде қиыршық майда тастары табанға батқан тастаққа айналды. Жердің түсі де бұл аймақта сан құбылып тұрады. Мәселен әнеу жақпар тасты әлдекім қызыл, көк, сары түстерге әдейі бояп қойғандай.

— Мына қараңдар, —  деп Саттар айқайлап жіберді. —  Бүркіт! Тасқа айналған алып Бүркіт!

Атасы барлығы бастап жетіп барды. Әңгімемен Саттардың алға кетіп қалғанын олар байқамай қалыпты.

— Шынында да мынау нағыз қыран бүркіт қой. О, Алла! —  Сейіт ата таңданып қарап тұр.

— Кәнеки, суретке түселік! —  деп Аягүл қоржынынан фотоаппаратын суырды...

— Қараңдар, қараңдар! Киіктер бізге қарап тұр! —  Ботабай шатқалға қарай саусағын безенді. Шынында да көздері жәудіреген әдемі киіктер Ботабайдың айқайына құлақтарын едірейтіп, бұларға қарап тас мүсіндердей қатып қалған.

— Бекет атаның киіктеріне ұқсайды, —  деп Сабырбек білгіштігін, атаға барып келгенін аңғартты.

— Дұрыс айтасың, Сабырбек айналайын! Бекет атаның киіктері көбейіпті. Менің қуанғаным, ел имандылыққа үйіріліп, бабаларын әспеттей бастаған. Адамдар атаға көп барады екен. Шүкір! Ол кісінің киіктері адамдарға үйренгені соншалық үрікпейді-ау, үрікпейді. Атаның аққуларының да бар екенін сендер білесіңдер ме? —  деді Сейіт ата киіктерге күн сала қарап.

— Білеміз! Сарайшық ханшасының да аққулары болған ғой. Бәлкім кейін ол аққулар Бекет атаны іздеп тапқан шығар-ә?– Көздері қарақаттай Аягүл әрдайым Сарайшық ханшасын ұмытпай өмірден осылай өзара байланыс іздеп тұрады.

— Сөзіңнің жөні бар. Мысалға қасиетті батырлардың кейбіреулерінің жолбарыстары болады. Егер ол батыр қайтыс болса оның жолбарысы тағы бір батырға ауысады деген ұғым бар. Бәлкім ауысса ауысқан шығар. Қасиетті бабамыз жауға шапқанда оның артынан аққулары қалың әскер болып көрінеді екен. Жау үрейленіп қаша жөнеледі дейді. Әй, балалар, мына түрімізбен бүгін жұмысқа кірісе алатын түріміз жоқ. Тезірек жылжиық...

    Көп ұзамай Сейіт ата бастаған шағын топ шатқалдан жоғары көтеріліп Үш найзаның алдындағы көгалда тұрды. Ата тебіреніп тұрып әңгіме шертті.

— Аққу ханша өлер алдында аманат-хат тастаған. Сол аманат-хатта бәрі айтылған көрінеді. Мына біздің қолымыздағы картаның нақ нұсқасы сол кезде жасалған болуы тиіс. Оны да Аққу ханша жасап, кейінгі адал ниетті ұрпақтарына әдейі тастаған. Ал мына біз іздеп жүрген үңгірдің аузын таспен қалады ма, әлде қасиетті дұғамен жапты ма, біз білмейміз. Таспен қалай жапты дейін десек мұқият қараңдаршы, бір жікті көріп отырсыңдар ма? Міз бақпас тастарды ғана көріп тұрмыз. Егер таспен қаланса Аққу ханшаның алтын қайығы, бірнеше патшалардың қалдырған қазынасы осы жерді ұдайы іздеп жүрген орыс па, қазақ па, басқа да небір мықтылар ма, әйтеуір әлдеқашан тауып, бұзып-талқандап ол зор байлықты баяғыда-ақ үптеп алып кетер еді. Мынадай карта тек қана бізде ғана бар дейсіңдер ме, жо-оқ, оны көбейтіп қалтасына басып жүргендер көп. Мінеки, жан жақтарыңа көз салыңдаршы! Әр жер қазылып-қазылып тасталған. Тіптен мына жерлерде жарылғыш затты да қолданған, —  деп ата жақпар тасты қабырғаны алақандарымен сыйпалап жүріп осы әңгімені айтты. Балалар да аталарының қасынан шықпай қасқайып тұрған биік шыңның тастарынан сыр іздегендей қадала қарайды.

— Бұл әлемде тығылған қазыналар көп. Мысалға Шыңғыс хан өлгеннен кейін оны көп қазынасымен бірге көмген. Оның кейінгі ұрпағы Шыңғыстың мүрдесін, қазынасын ешкім білмеуі үшін көрген адамдардың бәрін бірін қалдырмай қырған. Қазына іздеушілер Шыңғыс ханның жатқан жерін таба алмай шарқ ұрып жүр. Хақназар хан да қызының соңғы аманатын өте құпия атқарған. Кейін Аққу ханшаны көмудің рәсімін жасағандарды түгелдей өлтірген деген ғасырдан ғасырға жеткен мәлімет бар. Ал біздегі картаны кім жасап, кім қалдырғаны ол жұмбақ. Қалай болғанда да Аққу ханша өте батыр қыз. Алла тағалам ол қызға әулиелік қасиет берген. Көп әулиелер өз өлімдерін және денесінің қай жерде жерлететінін білген. Оларға бұл нәрсені Раббымыз түс-аян арқылы білдірген. Аққу ханша да осыларды алдын ала білген болуы әбден мүмкін. Қалай болса да өз өлімін ерлікпен қарсы алып, оған зор дайындық жасаған. Қыз өзі де діни жағынан өте сауатты делінеді аңыздарда. Сондай-ақ, сол заманғы өте білімді адамдардың діни ілімдерін, қасиетті дұғаларды пайдаланғаны анық. Сарайшық шаһарында сол кезі де ірі діни өкілдері болған. Және ислам дінін нұр тәрізді таратқан орталық болған деседі. Мен мұны сендер білсін деп айтып жатырмын. Біздің жасымыз келді. Ал сендер жассыңдар. Аққу ханша тәрізді батыр да, өр, ғалым қыздарымыз жайлы, өз жерін, елін сақтаудағы, қорғаудағы олардың, ата-баба, аналарымыздың ерліктерін болашаққа жеткізетін сендерсіңдер. Қазынаны табу мәселесі ертең шешілуі де, шешілмеуі де мүмкін, —  деп Сейіт ата айта беріп еді, бұлардың көлеңкесі тәрізді еріп жүрген қарауыл жігітке тіл бітті:

— Ей, ақсақал! Қазына табылуы тиіс. Серғазы қожайын осылай бұйырған. Табылмауы мүмкін деген сөзді сен айтпа! —  деді ол робот тәрізді нақ-нақ сөйлеп. Сейіт ата да, балалар да күтпеген жерден бұйрық райда дөрекі сөйлеген жігітке аңырая қарап қалды. Тек есін жинаған Сейіт ата:

— Әй, жігітім! Сен кімсің маған бұйыратын? Серғазы саған қожайын. Ол бізге қожайын емес. Содан соң үлкен адаммен осылай сөйлесуге бола ма? Иманды, мұсылман жігітсің өзің! —  деп саусағын безеді. Жігіт аяқ астынан бұлқан-талқан ашуланды.

— Ақсақал! Серғазы қожайын саған ақша берді ме? Берді. Қазіргі заманда ең басты қожайын ақша. Яғни сені Серғазы құл етіп жалдап отыр. Мен мұсылман емеспін. Біз иегова дініндеміз. Біздің құдайымыз Иса. Кітабымыз Библия. Ең күшті құдай біздің Исамыз. Сөзді қой да, шал, қазынаны ізде!  

    Ұзын қолдарымен ол атаның кеудесінен тасқа қарай итермеледі.

— Ау, мынау не дейді, оңбаған! —  деп Сейіт ата да ашуланып оның қолдарын қағып жіберді. —  Қандай жетесізсің өзің! Менің немереммен жастысың сен бала. Мынау тағы мұсылман емеспін дейді ғой. Иеговасы несі? Сенің қожайының Серғазы да осы дінде ме?

— Соңғы рет ескертемін, шал! —  деді алпамсадай жігіт жұдырықтарын түйіп ұруға ыңғайланды. Жай сөзді түсінбей тұрсың, әй, старик! Сендейлердің талайын мына жұдырық есін жидырған. Серғазы қожайын бізді осы дінге қабылдаған өзі. Біздің дін әлемді бағындырады. Өйткені Иса құдайымыз бар. Ал сендерде ондай құдай жоқ. Шал, артық сөзді қой да жұмысқа кіріс!

Балалар шу ете қалды.

— Серғазы аға басқа дінде екен ғой. Біз қалай білмедік? —  деді Сабырбек сұраулы жүзбен.

— Иә, иә, естеріңде ме, біз олардың үйінен крест көрдік қой, —  деді Аягүл көздері бақырайып айқайлап жіберді.

— Есімізде, есімізде. Мәссаған! Біз нағыз кәпірлерге еріп келіппіз ғой. —  Бұл Саттар.

— Балалар, шуламаңдар! Алдымен мына пәледен құтылайық. Содан соң ақылдасамыз, —  деп Сейіт ата оң қолын көтерді.

— Иә, шуламаңдар! —  деп осы кезде жігіт тағы да сөзге араласты. —  Менің шыдамым таусылды. Мына оңбаған қақпас шалмен қосып қазір сендерді де жер жастандырам. Жер! Жер! —  Жынданған жігіттің барылдақ дауысы тау аңғарын жаңғырықтырды. Сабырбек пен Саттар қосыла айқайлады:

— Өзің оңбағансың! Өзің қақпассың! —  деп айқайлап олар жігітке тап берді. Мұндай шабуылды күтпеген жігіт екі баланың тегеурінінен шалқалақтай құлай жаздады. Бойын лезде түзеп әбжіл қимылдаған ол:

— Ох-х! Дураки! —  деп бурадай шабынып, екі баланы бір-бір періп жіберіп қалпақтай ұшырды. Содан соң бұрыла сала Сейіт атаға ұмтылды. Осы бір қас қағым сәтте ешкім, тіптен бурадай шабынған алып жігіт  күтпеген оқыс оқиға болды. Ақсақал ақырып жіберді де, шыр айнала аяқтары ауаны осқылай жігіттің тап маңдайынан тарс еткізіп бір-ақ тепті. Түйілген жұдырықтары жазыла шалқалай ұшып барып, құмды бұрқ еткізе құлады жігітіміз. Құлай сала қайтадан тұрмаққа жанұшыра әрекет еткенмен оған шамасы жетпеді. Қайтадан құлады. Бұл жолы етпетінен түсті де, маңдайы шақпақ тасқа оңбай соғылып құм қапты. Сабырбек пен Саттар біреуі аузын, біреуі көзін ұстап тұрып келе жатты. Аягүл мен Ботабай екі қолын ұшардай қомданған аталарына ұмтылды.

— Ата-а! —  деді қосарлана дауыстап. Бүкіл тау аңғары «Ата-а!» деді қайталай жаңғырып. Әп-сәтте төрт бала төрт жақтан атасын құшақтап, ризашылықтарын білдіріп жатты.

— Айналайындарым! — деп атасы да күбірлеп төрт басты кезек-кезек сипады.

 

 

                                       Жыландар ордасы

    — Мына пәлені не істейміз? —  деді Сейіт ата қарауыл жігіттің тамағына саусақтарын салып, —  тірі екен, тамыры соғып тұр. Сәлден соң есін жияды. Біз оған дейін лагерьге барып қалармыз. Кәнеки, батырларым, жолға шығайық. Біздің ең үлкен жеңісіміз бұлардың кім екенін анықтадық.

Бесеуі жалғыз аяқ жолмен аяңдап шатқал ішіне еніп келе жатты. Олар сәл жүрген соң кідірістеп, ақылдасуға тоқталды. Бұл кезде күн тал түске таяған. Аспандағы бұлт барған сайын қоюланып, не жауарын, не жаумасын білмегендей сапырылысып жатыр. Алыстағы таулардың үстінен найзағайдың от қамшысы бірер жарқылдап, күркіреген, күтірлеген зор үн бүкіл әлемді жаңғырықтырды.

— Жаңбыр келе жатыр, балаларым! Біздің қазіргі жағдайымыз да осы бұлтты күнгі аспандай аласапыран болып тұр. Үлкен шайқас басталатын шығар. Ауған, Иран тауларындағы шайқастарым, алапат соғыстарым қайта оралғандай бейне. Біз ол жақтарда өзімізді қорғау үшін күрестік. Ал өз туған еліңде, жеріңде кіммен шайқасамыз? Өз қазағымызбен бе? —  деп Сейіт ата тоқтап сақалын сипай ойланып басын шайқап-шайқап қойды.

— Ата, мына тасқа отырыңыз, —  деді Сабырбек үлкен тасты тегіс жерге домалатып әкеліп.

— Рахмет, көкем! Аягүлжан су әкелші, — деді ата тасқа жайғасып отырған соң.

Бәрі алқа-қотан отырып су ішті.

— Сейіт ата, сіз каратэні Ауғанстанда жүргенде үйрендіңіз бе? Ол жаққа неге бардыңыз? —  деді Ботабай өте қызығушылықпен сұрап.

— Ол бір ұзақ әңгіме. Дегенмен қысқартып айтайын. Біздің әке-шешелерімізді қызылдар өткен ғасырдың отызыншы жылдары бай деп итжеккенге айдамақшы болды. Итжеккенге барып сүйегіміз шірігенше деп бір жағы Өзбек жеріне, Түркияға, Түркменстанға, біреулері Иранға, одан әрі Ауғанстанға аудық. Жолдағы көрген азабымызды айтсақ ол өзінше бір сүре әңгіме. Көп адамымыз аурудан, аштықтан қырылды. Қысқасы қалғанымыз Ауғанстанға барып табан тіредік. Аздап есімізді жинадық. Біздей балалар үлкен азамат болып өстік. Елімізді аңсайтынбыз. Бірақ онда барсақ қырып тастай ма деп қорықтық. Міне, біз өзімізді қорғауымыз үшін шығыс жекпе-жектерін үйренуімізге тура келді. Орыстар Ауғанстанға шабуыл жасады. Ол кезде біраз жасқа келсек те қолға автомат алып соғыстық. Бізді қатал өмір бәрін үйренуге мәжбүр етті. Өйткені жат жерде, елде өзімізді өзіміз қорғамасақ ешкім де бізді қорғауға мүдделі емес еді. Ағылшын, иран, ауған тілдерін үйрендік. Қандай қиындық болса да өзіміздің дінімізді тастамадық. Намаз оқыдық, ораза ұстадық. Намысымызды әрдайым бермедік. Тілімізді ұмытпадық. Қызымызды өзге ұлтқа бермедік. Ал мұнда келсек өз елінде жүріп тілін білмейтін мәңгүрттер көп екен. Өз елінде жүріп көріп отырсыңдар, апталдай азаматтар басқа жат дінге кетіп қалған. Ал, жігіттер, бұларды не істейміз? Алтын, қазына іздейміз деп жүріп басымыз пәлеге шатылды. Бұл дінсіздерден енді құтылу оңай емес. Қазір барсақ та бірден олардың қармағына түсеміз. Мына жағың от, мына жағың ыстық су. Ақыл қосыңдар, не істеуге болады? —  деп ата жас достарына қолын жая көмек сұрады. Біршама үнсіздің орнады.

— Олар бізді не істемек? Қазынасын бірге іздейік. Қолымыздан келгенін жасайық. Сонан соң бізді далаға тастап кетпейтін шығар, —  деді Саттар иығын қиқаңдатып. Аягүл орнына тұрып:

— Ағатай, атам дұрыс айтады. Біздің бұлардан құтылуымыз енді қиын. Бұлардан басқа дінде екенін біліп қойдық. Ана оңбаған аға қазір тұра сала болған оқиғаны бастығына жеткізеді, менің қорқып отырғаным Райхан, Сәбиралар да сол дінге кіріп кеткен бе екен? —  деді атасына, достарына сұрау тастап.

— Иә, иә, мен де осыны ойлап отырмын, —  деп Ботабай қолдарымен басын қапсыра ұстап, —  неміз бар еді осы қазынада? Тыныш жүруіміз керек болатын. Алтын, қазына үшін олар бізді өлтіріп кетуден тайынбас.

— Өй, өзің қорқақ екенсің ғой, —  деп Сабырбек Ботабайдың иығынан сұқ саусағымен шұқып-шұқып. —  Бізді Алла мұнда сынауға әкелді. Өлтірсе өлтірсін, мен қорықпаймын. Бұларға қазынаны бермеуіміз керек. Тек біз алданып қалмауымыз қажет еді. Олар бізді алдап әкеліп, торға түсіргісі келді. Қайта біз қарауыл жігітке рахмет айтуымыз керек.

— Ата, сіздің тәжірибеңіз мол ғой. Енді не істейтінімізді сіз айтыңыз. Меніңше бұлар өздерінше ұйымдасқан жыландар ордасы. Біз Сәбираны да, Райханды да одан құтқаруымыз тиіс. Алтынның буымен олар адасқандарын білмей жүр.

Өрелі де батыр ой айтқан Сабырбекке Сейіт ата сүйсіне қарап қалыпты. Аягүл осы сәтте атаның алдына дізерлеп отыра қалды да, жыламсырап:

— Ататай Райхан әпкемді де, Сәбираны да, жанындағы достарын да құтқарыңызшы. Сізден басқа дәп қазір біздің ешкіміміз жоқ, —  деді даусы дірілдеп.

— Тұр, тұр қызым! Алла жар болсын де. Мен жалғыз өзім ештеңе істей алмаймын. Сендермен бірге болғанда ғана күштімін. Сабырбек дұрыс айтады. Біз ең бастысы сасып, абдырамауымыз қажет. Іштей қорықсақ та білдірмейік. Жыландар ордасы басқа жақта. Бұлар бір бұтағы ғана. Сонымен менің жоспарым мынау. Қазір тез жаңағы орнымызға қайта оралып, есі кірмей тұрғанда ана оңбағанды байлап-матап шатқалдың бір шұңқырына сүйреп апарамыз. Ал өзіміз түк білмегендей лагерге ораламыз. Әрі қарай туындаған жағдайға қарап әрекет жасаймыз. Қалай болғанда да бір машинаны істен шығарып, екіншісімен қашуға тырысқан жөн. Кеттік, батырларым! —  деп Сейіт ата жігер бере сөйлеп, жасының егде тартқанына қарамай шалт қимылдап, орнынан тұрды. Олар Үшнайзаға бет түзеді...

Бұл кезде аспаннан тамшылар тамып, жаңбыр жауа бастады.

 

 

                                                Дауыл

    Бұлар жалғыз аяқ жолмен тырнадай тізілген лагерге бет алғанда алай-дүлей жел соғып, жаңбырдың ірі тамшылары жиіледі. Маналы бері жаңбыр бір себелеп, қайта тоқтап қорқытса да Сейіт ата бастаған топ ойға алған жұмыстарын қалайда тез бітіру керек болатын. Алып жігітті алдымен жіппен байлау керек еді. Жіпті қайдан алғаны белгісіз, Сейіт ата тапты. Және ол кісі байлаудың нағыз шебері екен. Енді мінеки, жан-жақтан қаумалап дәуді сүйрелеп әзер дегенде шұңқырға апарды. Үстін бұталармен көлегейлеген соң ғана барып, олар жедел түрде лагерге қарай аяңдады.

Үш аппақ шатыр әдемі көгалды жерге тігілген. Жүз метр жерде тума бұлақ сылқ-сылқ ағып жатыр. Сондай-ақ мұнда қабырғалары тастан қаланған үлкен үй де лагерден елу шақты қадам жерде. Үйдің шатыры бұл өңірде жоқ алып дөңбек ағаштармен және қамыстармен жабылыпты. Ішінде пеші, тастан қашалған орындықтар, үстелдер бар. Үлкен қара қазан, ыдыс-аяқтар да самсап тұр. Еденіне киіз, көрпешелер төселген. Қабырғадағы ойылып жазылған жазу бірден көзге түседі: «Қадірлі жолаушым! Кетерде ыдыс-аяқты жуып, үйдің ішін тазалап кет!» деген ескертуді бұлжытпай орындайтын міндет екенін бірден білесің. Үшнайзаның айналасын құж-құж тасты төбешіктер, шатқалдар қоршаған. Машина Үшнайзаға тіке бара алмайды. Мінеки жап-жаңа ғана мамыражай ауа райы нілдей бұзылып, жел соғып, дауыл күшейді.

— Бір-біріңе жақын жүріңдер! —  деп айқайлаған Сейіт атаның дауысын жынды жел жұлып әкетті. Атаның артында келе жатқан Аягүл ғана ол сөзді естіді де, оны кейінгілерге барынша айқайлап жеткізді. Жаңбыр жуған тастар жалт-жұлт етеді. Аяқ та тайғанай бастады. Олар шатқалдан алаңқайға шыққан кезде дауыл одан сайын құтырынды. Жан біткенді ұшырып жіберердей гуілдей соққан жаңбыр араласқан желден қорғанған бесеу енді қолдаса жүруге тырысты.

Шатырлардың төбесі ұшып кетердей желп-желп етеді. Серғазы ағаның дәу-дәу қызметші жігіттері жіптерді қайта тартып байлап жүр екен. Бұлардың алдынан Әлімжан мен Барақ жүгіріп шықты.

— Тас үйге барыңдар! Тас үйге! —  деді олар шырылдай айқайлап. Тас үйдің ішіне саяхатшылардың барлығы жиналыпты. Мұнда жып-жылы.

— Сіздер неге кешіктіңіздер? Дәулет қайда? —  деп Серғазы бұлар келіп отырған соң. Балалар Сейіт атаға қарады. —  Қазір келемін деп қалып қойды. Ал біз дауыл тұрған соң лагерге асықтық, —  деді ата еш асып-саспастан.

— Сәбира мен Райхан келген жоқ. Олар да тез келеміз деген. Іздейміз бе, не істейміз? —  Серғазы көк көздері ұшқын шашып көпшілікке қарады.

— Көп болды ма? Әйтпесе мына дауылда адасып кетуі әбден мүмкін. Іздейік, —  деді Сабырбек алаңдап. Шынында да аждаһа ысқырып тұрғандай. Қорқынышты-ы!

— Сәл күтелік. Сіздер шай ішіп алыңыздар, —  деді Майра пештің үстінен қарақожалақ үлкен шәйнекті алып жатып. Үлкен қазанда ет пісіп жатыр-ау шамасы, буы бұрқырап тұр. Аспазшы апа Сырғатай пешке ағаш тастады. Балалардың қарындары ашып қалыпты. Тамақты сыпырып соғып жатыр. Сырттан қызметші жігіттер кірді.

— Дәулет келген жоқ па? —  Бұл Серғазы.

— Жоқ! Сәбира мен Райханды іздеп едік таба алмадық. Сіз бар деген жердің бәрін қарадық, —  деп танауы шелектей, түрі негрдей қап-қара, көздері жіпсік, ұзын бойлы жігіт.

— Сейіт аға, не істейміз? —  деді Серғазы көздерін сүзе қарап. Қолындағы кесесін үстел үстіне қойған Сейіт ата сәл ойланды.

— Меніңше мына дауылда іздегенмен ешкімді таппаймыз. Дауыл басылсын. Жаңа келе жатқанда байқадық. Тастың үсті жып-жылтыр. Аяғың тайып кетсе құзға бірден құлайсың. Секе, асықпайық...

Уақыт өте берді. Дауыл басылмақ түгілі ышқына соғып, дала ұлыған қасқырларға толып кеткендей болды. Аягүлдің көзіне жас үйірілді. Ол Райхан әпкесін ойлап отыр. Серғазы аға бұрынғыдай жылыұшырамайды. Суық та қорқынышты. Сөздерінің бәрі жасанды сияқты болып көрінді.

— Ағатай, —  деді Сабырбекке сыбырлай сөйлеп. —  Егер Райхан апам жоғалып кетсе масқара боламыз ғой. Атама, әжеме, апама, көкеме не бетімізді айтамыз?

— Құдай сақтасын! Олар адаспайды. Адасса, да ертең табамыз. Уайымдама! —  деді Сабырбек қарындасын жұбатып. Бірақ іштей өзі де қорқып тұр. Себебі қыздардың аман-есендігі үшін Сабырбек ауылдан шығарда жігітше сөз берді ғой.

Кеш қара пердесін түсірді. Жігіттер, тіптен Сейіт ата бастап Сабырбек пен Саттар да дауылмен жағаласып жақын маңдарды шолып қайтты. Ешқандай хабар жоқ.

— Ана екі қызды әлсіз делік, ал Дәулетке не жорық? Бұл тегін емес, —  деді Серғазы әлденеге күдіктеніп. Жаңбыр басылды. Алайда жер өршелене соғып екпінін күшейте түсті. Дағдарған саяхатшылардың еркек кіндіктілері палаталарына, ал қыздар тас үйде қалды. Аягүл көпке дейін ұйықтай алмады.

...Жап-жасыл дала, қырмызы гүлдер. Көгілдір аспанда титімдей де бұлт жоқ. Күн тас төбеде тұр. Әйткенмен күн ыстық емес. Жанға жайлы самал еседі. Аягүл үстінде қызыл көйлегі, қызыл шляпісі жалаңаяқ гүл кешіп келеді. Алыс-алыста Үшнайзаның үш шыңы сона-ау көкке сұғынып жатыр. Қандай биі-ік! Кенет сұңқылдаған үндер естілді. Аққулар! Үшнайза жақтан ұшып келеді. Олар Аягүлдің үстінен айнала ұшты да, содан қос аққу бөлініп төменге, Аягүлге қарай құлдилады. Аягүл де оларға қарай жүгірді. Қос аққу қона сала дүр сілкінді де, қыз бен жігітке айналды. Ұлттық қазақ киім киінген екеуі де бірінен бірі өткен сұлу. Қыз Аққу ханша болса, қасындағы Тайжан батыр шығар. Аягүл жүгірген күйі ханшаның құшағына сүңгіп кетті. Оның бота көздерінен, ақша жүзінен, ұзын кірпіктерінен нұр шашылады. Қара торы өңді жігіттің қияқтай мұрты, қыр мұрыны, өткір көздері, жылы жүзі адамды бірден баурап алады. Аягүл сәлемдесті. Ал олар мұның бетінен сүйді.

— Мынау Тайжан ағаң. Біз енді мәңгі біргеміз. Сендердің келгендеріңді, болып жатқан оқиғаларды көріп тұрмыз. Алтын қайық та, көп қазына да осы Үшнайзада жатыр. Сендер жаман адамдардың қолдарына түсіп қалдыңдар. Енді одан тез құтылудың қамын жасаңдар. Бұлар ешкімді аямайды. Жаман ниетті адамдар ғой. Үшнайза қақпасын ашпайды. Осы зұлым адамдар сендерді қатты қинайды. Сейіт атаңның айтқанын істеңдер. Сол кісі құтқарады. Атаңа айт, ештеңеге көнбесін. Қинаса да олар сендерді өлтіре алмайды. Біз саған осыны ескертуге келдік. Аман бол! Біз кеттік! —  деді Аққу ханша сыңғырлай сөйлеп. Олар әп-сәтте қайта аққуға айналды. Қанаттарын әсем қағып, Үш шыңға қарай ұшып бара жатты...

Оянып кетті. Алғашқыда қайда жатқанын Аягүл аңғара алмай қалды.

— Қызым, тұра ғой, —  деген таныс қоңыр дауысты естіді. Сейіт атаның дауысы ғой. Ұшып тұрды. Тас үйдегі адамдардың бәрі тұрып кетіпті. Атасы бұған мейірлене қарап тұр.

— Райхан әпкем табылды ма? —  деді Аягүл жалма-жан.

— Жоқ. Бірақ табылады, қорықпа! Дауыл басылды. Жаздың күні ғой. Адассада бір жерге құлап кетпесе бүгін табамыз. Содан кейін кешегі жоспармен жұмыс істейміз. —  деді Сейіт ата жан-жағына сақтықпен қарап сыбырлай сөйлеп.

— Ата, —  деді Аягүл де асыға сөйлеп, —  мен түсімде Тайжан батыр мен Аққу ханшаны көрдім. Олар сізге сәлем айтты. «Тез құтылыңдар! Әйтпесе бұлар зұлым адамдар. Ешкімді аямайды» деді.

— Білем, білем, қызым. Қазір шай ішіп алайық. Содан соң тағы да ақылдасамыз.

 

 

                                          Үңгірдегі екеу

    — Райхан тәте, жаңбыр жауатын түрі бар. Көрдің бе, тамшылар тама бастады, —  деді Сәбира қос алақанын әрі-бері қозғалтып тамшыларды іздеді.

— Иә, иә, дұрыс айтасың. Бұлттар қалыңдап келеді. Біздің отрядтың ұлдары Әлімжан мен Барақ лагерде кезекші болып қалғанын қарашы. Бізбен бірге жүргенде жақсы болатын еді. Сәбира, келші, мына жерге отырайық. Әйтпесе шаршап кеттік. Білесің бе, Сейіт ата бізден гөрі Аяштарды жақсы көреді. Солармен жүргенді жаны сүйеді. Сол ата маған онша ұнамайды. Бағана «Кім қайда барады?» дегенде өзінше білгішсініп бізді Үшнайзаның басқа жағына жіберді. Сен осы байқайсың ба, олардың өздерінің бір құпиясы бар сияқты, —  деп әңгімесін бір қайырған Райхан орамалын алып төрт қырлы тастың үстін сүртіп-сүртіп жіберіп отыра кетті. Сәбира да одан қалыспай әлгі тастың қарама қарсысындағы сопақша қауын тәрізді тасқа орамалын жайып,  отырып алды. Райхан сөмкесін ақтарып дөңгелек айнасын алды. Асықпай айнаға қарап отыр. Жалпы Райхан әдемі қыз. Аягүл сары шашты, көзі көк, тәмпіш танау, әппақ жүзді болса, Райхан қараторы өңді, көзі қарақаттай, қыр мұрын қыз. Бір қызығы ағайынды екеуінің еріндерінде әдемі меңдер бар. Тек ол мең Аягүл ерінінің үстіңгі оң жағында да, ал Райханда сол жағында төменгі етекте орналасқан. Сәбира нағыз қара қыз. Бірақ келбетсіз емес. Көздері дөп-дөңгелек. Мұрны ұзын да, тым тәмпіш те емес. Еріндері оймақтай. Сәбира қалай дегенмен Аягүлмен салыстырғанда қаралығына кәдімгідей қорсынады. Қашанда іліп түсетін әдетінше бұл жолы Аягүлді бір қағытып тастады да, Райхан әңгімесінің соңғы нүктесіндегі «бір құпиясы бар» деген сөзге жабысты.

— Аягүлдің сары шашы мен тұздай көзі қандай жаман! Ал Райхан тәте, сен сұлусың. Бауырлардың мұндай қарама-қайшылығы мені таң қалдырады. Біздің сыныптағы Ботабай және басқа балалар Аягүлдің қай жеріне қызығып ғашық болып жүр десеңші! Ал сізге тәте Барақ батырдың өзі ғашық. Құрысыншы бәрі, тәте, жаңағы сіз айтқан қандай құпия? —  деді айнасына қарап болған тәтесіне ол ентелей түсіп, Маржандай тістерін жарқырата жымиып, Райхан қасын кере, көздерін бадырайта Сәбираға қарап аз-кем отырды.

— Меніңше, —  деді ол ернін сылп еткізе, —  олар бар қазынаны өздері алып пайдаланбақшы. Кеше көрдім ғой, Аягүл ата екеуі бөлек кетіп жоғалып кетті. Бүгін өз отрядтарымен кетті. Мұнда зор мән бар. Біз Үшнайзаның бұл жағынан не зерттемекпіз? Онан да соларды барып аңдиық. Екеуміз ғой мына демеушілерді тапқан. Бұлар дайын нәрсеге ие болып қалмақшы.

— Дұрыс, дұрыс, тәте! Ой, қандай ақылдысың! Айтпақшы бұлар Аягүлдерді айтамын, мыналардың дініне кіргенімізді білмейді ғой. Дегенмен мына інжіл кітабындағы көп нәрсе миыма кірмеді. Бірақ бар ғой, Серғазы ағалар мен Майра тәтемдермен бірге болғым келе беретін әдетті таптым. Әсіресе шіркеуде екі рет болғанымда рахат сезімде болдым. Мешітте ақша бермейді. Бұлардың жақсысы «еңбекақы» деп ақша береді. Шынында да қалтаңда ақша болмаса сен қазір ешкім емессің. Тезірек, тезірек мына байлықтан үлесімізді алсақ қой, шіркін!.. Ендеше аңдысақ аңдиық. Жүр! —  деді Сәбира орнынан жұлқына тұрып.

— Аягүл менен өзінше сезіктеніп жүр, —  деді Райхан айнасын сөмкісіне салып. Орнынан асықпай түрегелді. Өткенде «ақшаны қайдан алып жүрсің» деп қоймады. Әйтеуір өйтіп-бүйтіп ол сұраққа жауап бердім. Әнеукүні інжілді оқып отырсам, қайдан келгенін білмей қалдым, артымнан ол қарап тұр! Шошып та, сасып та қалдым. «Ол не кітап? Неге жасырасың?» деп қадалғанын айтсаңшы. Өтірік ашуланып: «Бұл кітап махаббат жайлы. Саған оқуға болмайды» деп әзер құтылдым. Бірақ ол сенбеді. Егер білсе бар ғой, атам да, әкем де мені өлтіреді. Сенің бір жақсы жерің Майра тәтең бар жаныңда. Ол кісі Иегова дінінің белсенді мүшесі. Көрдің бе, қалай байып алғанын. Үлкен үйі, джип машинасы бар. Мен де солай байығым келеді. Байысам бауырларыма көмектесемін.

— Байқау керек, тәте. Біз байысақ ауылдан кетеміз. Ауылда ештеңе қалған жоқ қой. Жұмыста жоқ мұнда. Мен ауылдағыларға таң қаламын. Кету керек қой қалаға. Біздің әке-шешеміз бәрібір кеткісі келмейді. Жаман  кедей ауылын қимайды, —  деді Сәбира жүре сөйлеп. Бұл кезде жел үдере соғып, жаңбыр жауа бастады.

— Ойбай, жаңбырдың астында қаламыз. Мына шыңды айналу үшін шатқалдан өтуіміз керек. Кеттік! Кеттік! —  Райханның жан дауысы шықты. Екеуі жалғыз аяқ жолға түсіп, бүлкектей жөнелді. Жел жындана соғып айнала көмескі тартты. Үшнайза шыңы олардың көз алдарында жоқ болып кетті.

— Адастық, Сәбира. Тез, тез жүр!

— Тәте, құрдымға құлап кетеміз. Аяғымыздың асты тайғанақ...

Екеуі алға жүрген сайын шынында да жүру қиындай берді. Бір кезде алда келе жатқан Сәбира қалт тоқтады.

— Тәте! Жол екіге айырылды. Қайсысына түсеміз? —  деді ол айқайлап сөйлеп. Желдің ысылдағанынан дауысын асырғысы келіп. Екеуі дағдарды.

— Білмеймін қайсысына түсерімізді. — Көзінде үрей бар Райхан иығын қиқаңдатты. Жел құтырып соғып, алай-дүлей болып кетті. Сәбира да, Райхан да бірінің дауысын бірі естуден қалды. Екеуі сәл тұрды да, қол ұстаса кез келген жолға түсіп олар алға жылжи берді, жылжи берді. Найзағай жарқылдағандай, күн күркірегендей. Айнала әлем әп-сәтте қараңғы тартып, олар алдындағы жолды да бірде көріп, бірде көрмей келе жатыр. Сәбира қорыққанынан жылап жіберді. Райхан да жетісіп келе жатқан жоқ. Бірақ үлкен ғой. Оған жылауға болмайды.

— Жүре берейік. Әйтпесе, өлеміз, — деп айқайлады Райхан Сәбираның құлағына. Көп жүрді ме, әлде аз жүрді ме кім білсін, олар төменге, сайға түскенін, одан соң ұзамай маңдайлары жартасқа тірелгенін ұқты.

Ық пайда болған соң ба олар дауыстарын еститін дәрежеге жетті.

— Тәте, біз үңгірдің аузына тірелдік. Мұнда қасқыр жоқ па? —  деп Сәбира Райханға дір-дір етіп тығыла түсті.

— Қане, үңгір? Иә, иә, көрдім. Мынаң қара, баспалдағы да бар, —  деп Райхан құлап қала жаздап әрең түзелді.

— Мұнда бәлкім жабайы адамдар тұратын шығар. Қорқамын, тәте!

— Туу, қайдағыны айтады екенсің. Менен мықтап ұста, неде болса да осы үңгірге кіреміз. Болмаса жаңбырдың астында қаламыз. Көрдің бе, жаңбыр күшейді...

Үңгірдің есігі тар екен. Олар еңкейіп әрең ішке өтті. Іші тастай қараңғы. Сыздың иісі шыққанмен даладан жылылау.

— Тәте, менде кішкентай панарик болуы мүмкін. Сөмкемді қарайыншы, —  деген Сәбираның дірілдеген үні Райханға үміт сыйлағандай болып қатты қуантты. Қанша сыр білдірмегенмен жаңағы Сәбираның айтқан қасқыры, жабайы адамдары мұны да қатты шошытқан.

— Таптым, таптым! —  Сәбираның қуанышты дауысы үңгірдің ішін жаңғыртып жіберді.

— Жақ! Жақ! Жаным!

Бармақтай шамның көкшіл жарығы үңгірдің бұрыш-бұрышын тінткіледі. Үңгір аса үлкен емес тәрізді. Біреулер аңның ба, серкенің бе терісін жайып тастапты. Өрмекшінің торлары үңгірдің ішін олай-бұлай шырмап тастаған. Көптен бері мұнда ешкім кірмеген сияқты. Олар бөстектің шаңын бұрқ-бұрқ қағып, сол жерге құшақтаса жайғасты. Даладан тырсылдаған жаңбыр тамшылары мен ысылдаған желдің үні күшейе түскендей. Үркектеген екеу жан-жақтарына алақ-жұлақ қарап отыр. Жарық оларға кәдімгідей демеу болды. Екеуі сыбыр-сыбыр сөйлесіп, қай жақтан бір пәле шығып қалар екен деп қорқып та отыр. Біршама уақыт өткен соң Сәбира Райханның иығына басын қойып, пыс-с ете қалды. Ұйқы құшағына берілді-ау, сірә. Райханды енді жалғыздық қорқытты. Сәбира ұйықтамағанда біраз ес еді. Оятайын деді де, аяды. Сөйтіп отырғанда өзі де қалғып кетті...

— Тәте, тәте, тұрыңызшы. Таң атқан сияқты, —  деген Сәбираның дауысы Райханды оятып жіберді. Бұл бөстекте бүк түсіп жатыр екен.

— Біз қай жердеміз? —  деді ояна сала ол.

— Үңгірдеміз тәте, —  деді Сәбира. Тез шығайықшы...

Олар далаға шықса күн жарқырап тұр. Екеуі жарыққа үйрене алмай сәл-пәл көздерін жыпылықтатты да, қуанғаннан бір-бірін құшақтай алды.

— Біз аман қалдық! —  деді Сәбира.

— Иә, иә, аман қалдық. Енді қайда барамыз? —  деді Райхан жан-жағына жайлап қарап.

— Әнеки, Үшнайза! Тура жанына келіппіз ғой. —  Райханның дауысы бұл жолы жарқын шықты. Көгілдір аспанмен таласқан үш шыңның тура орта шенінде тұр екен бұлар.

— Кеттік. Сол жерден біздің лагеріміз алыс емес, —  деді Райхан бекем түрде. Бір түнде екі қыз кәдімгідей есейіп кеткендей. Олар көп ұзамай орта шыңның алдында тұрды. Тура кешегі Сейіт ата Дәулет қарауылды сүйреп апарған шұңқырдың жаны болатын.

— Лагерге баратын жалғыз аяқ жол анау болар, —  деді Сәбира шатқал жақты нұсқап.

— Дұрыс, дұрыс. Лагердегілер де бізді іздеп жатқан болар. Екі қыз енді жылжиық деп оқталғанда адамның жанұшырған даусы естілгендей болды.

— Біреу көмекке шақырып жатыр. — Бұл жан-жағына тың тыңдағандай құлақ салған Райхан еді. Ал көмекке шақырған түнгі жаңбырдан есі кірген Дәулет қарауылдың дауысы болатын...

 

 

                                             Тайталас

    — Т-с-с.. Қыздар тыныш тұрыңдар! Алдымен лагердегі жағдайды барлайық. Ана қақпас шал көрмей тұрып, алдымен жағдайды Серғазыға жеткізейік, —  деді Дәулет қарауыл сыбырлай сөйлеп тастың тасасынан лагерге көз салып. Бұлардың бар құпияларын Сейіт ата мен Аягүлдердің біліп қойғаны Райхан мен Сәбираны зор қорқыныш сезіміне бөледі. «Біз бәрібір мойындамайық» деген жолда келе жатып Райхан Сәбираға.

Әнеки, шатырлардың жанында Серғазы адамдарды жинап, қолдарын әрі-бері қозғап бір нәрсені түсіндіріп жатыр. Сірә, бұларды іздеудің қамы болар. Шынында да солай болды. Олар тапсырмалар алған болуы тиіс жан-жаққа кете бастады. Сейіт ата жанында баяғы Аягүлдер. Бесеуі тура бұлар тұрған тұсқа жүрді.

— Тығылыңдар! Көзге көрінбеңдер! —  деген Дәулеттің бұйрығынан кейін тастардың арасына олар бүрісіп-бүрісіп отыра кетті. Іздеушілер көп өтпей жандарынан өтіп бара жатты.

— Райхан жоғалып кетсе үйдегілерге не бетімізді айтамыз? —  деген Сабырбектің даусы саңқылдап анық естілді.

— Апатайым құздан құлап кетті ме деп қорқып тұрмын. —  Бұл жыламсыраған Аягүл. Райхан жүрегі елжіреп кетті. «Өр көкірек неме, сен әлі бұдан да зорды көресің!» деп ойлады Сәбира ызбарланып.

— Қорықпаңдар! Олар алыста емес, осы жақын арада. Табамыз! Содан кейін кетудің жоспарын жасаймыз. —  Бұл Сейіт ата. «Қақпас шал! Мен саған көрсетемін жоспар жасағанды» деп Дәулет тісін шықырлатты.

Олар шатқалдың қойнауына еніп ұзап кеткен соң бұққан үшеу орындарынан тұрып, дереу лагерге беттеді. Осы сәт:

— Дима! Дима! Әнең қара! Қыздармен келеді! —  деген қарауыл жігіттердің бірінің жарқын дауысы шықты. Майра екеуі әңгімелесіп тұрған Серғазы да жалт бұрылды. Майра бұрыла сала айқайлап жіберді.

— Ой, жаным менің! Сәбираш, тірі екенсің ғой, —  деп ол бұларға қарай тұра ұмтылды. Әп-сәтте алдымен Майра мен Сәбира, содан соң басқалары ұмар-жұмар құшақтасып лагерь үсті көңілденіп сала берді. Сейіт ата мен Ғабит атты азаматпен кеткен балалар ғана әлі оралған жоқ еді. Дәулеттің бетіндегі соққының ізін көріп Серғазы оның қайда болғанын сұрады.

— Жүріңіз жеке әңгімелесейік! —  деді Дәулет қожайынының алдында сымдай тартылып.

Серғазы Диманың әңгімесін естіп қатты ашуланды.

— Оңбағансың! «Ауыздарыңа ие болыңдар» деп қақсағаным қайда? —  деп дүйім жұрттың көзінше оның жағынан тартып жіберді. Әлсіздерге әкіреңдеп үйренген ол бұл жолы жағын ұстап:

— Кешіріңіз, басеке. Кешіріңіз! —  деп тізерлеп отырып жалбарына бастады.

— Тұр-р! Жігіттерді жина, ақылдасайық. Майра жүр, кеттік!

Олар тас үйде ұзақ болды. Қандай айла ойлап тапты, ол белгісіз. Бірақ осы Үшнайзаға бір кісідей болып келген, ынтымақ, бірліктегі алтын іздеушілер енді бітіспес екі топқа бөлінгені анық еді.

Мінеки, барлық іздеушілер лагерге оралды. Енді олар үлкен көгалды алаңқайға жиналып, алқа-қотан отырысты.

— Ол мені өлтіргісі келді. Байлап, матап таудың арасына шұңқырға тастап кетті. Сондықтан мен де бұл шалдан кек алуым тиіс, —  деп Дәулет көпшіліктің алдында Сейіт атаға бірден сес көрсетті. Бірақ бұрынғыдай адуынды емес. Сірә, оны атаның жұдырығы біршама тәубесіне келтірген сықылды. Дәл осы жерде Серғазы араша түсті:

— Дәулет, сен тоқта, ашуыңды бас! Ал Сейіт ата, мен қазір Дәулеттен сізден бас иіп кешіріп сұратамын. Бұл жігіт кейде не болса соны айтып сандырақтап кетеді. Қазір емделіп жүр. Басына бала кезінде суық тиіп, анда-санда бір ақыл-есінен ажырап қалады. Мысалға сіздерге қайдағы бір миға кірмейтін секта жөнінде айтқан сияқты. Біз сол сектаға кіріп кеткендейміз. Бұл біздің үш ұйықтасақ та түсімізге кірмейтін нәрсе ғой. Мұсылман болып тудық, мұсылман болып қаламыз. Қане, Дәулет айтшы, осыным рас қой, —  Серғазы әңгімесін бөліп Дәулетке қарады.

— Иә, Диманың денсаулығы онша емес. Бір рет ондай әңгімені бізге де айтқан. Біз күлдік те қойдық, —  деп оның әріптесі Ғабит қожайынын қостады.

— Солай, солай. Оған назар аудармаңыздар, —  деп қалған  қарауылдар дабырласып қалды.

Аздап үнсіздік орнады. Сәске түстің әлеті болса да кешегі жаңбырдың, дауылдың әсері ме, самал жел есіп, құстар сайрап төңірек нұрланып тұр. Дәулет солбырайып орнынан тұрды да, Сейіт атаның алдына жалп етіп құлай кетті. Етпетінен жатыр, сөйлеп жатыр.

— Сейіт аға, кешір мені. Бір білместік өтті. Артық сөздерді қалай айтып қойғанымды өзім де білмей қалдым. Мен байғұс аурумын ғой. Бала кезімнен аурумын. Сандырақтап кетемін. Көзім ештеңені көрмей қалады. Басым істемейді. Содан аузыма не келсе соны сөйлей береді екенмін. Кешір, аға! Кешір, балалар! —  Сұңғыла Сейіт ата мұның бәрі жасанды қойылым екенін білді. Іштей ойланды. «Қазір шатақ шығарғанмен қашып кете алмайды. Мына әртіс қаныпезерлер ешкімді де аямайды. Әсересе балаларды сақтау керек.

— Жәрәйды, батыр, кешірдім. Сенің ауру екеніңді білмедік. Әйтпесе сабап, айдалаға тастап кетпейтін едік қой, айналайын-ау. Әй, Серғазы, мынаны енді мұндай маңызды іске жұмсама! Оны емдету керек, қатты емдету керек. Әйтпесе тағы бір есінен адасқанда бәрімізді қырып салатыны анық,—  деді Сейіт ата сабырлы түрде.

— Ол жынды емес! Есін біледі. Мен сенбеймін оның сөзіне! Мысалға Серғазы аға сіздің үйде крест неге тұр? — Шіңкілдеп шыққан үн отырған жұрттың бәрін елең еткізіп өзіне қаратты. Ол сөздің иесі Ботабай еді.

Серғазы мұндай сауалды күтпеген болу керек, алғашқыда не деп жауап берерін білмей күмілжіп қалды.

— І-ім! Әй, сен бала қайдағыны айтады екенсің. Ол крест дегеніміз... Иә, иә, айтпақшы ол крест емес, қазақтың төрт құбыласын көрсететін зат қой әншейін...

— Серғазы аға, сіз бізді алдай алмайсыз! —  деген ащы да шіңкілдек тағы бір  үн шықты. Енді жұрт солай қарай бұрылды. Бұл Аягүл еді. Ол сәл үндемей тұрды да сөзін жалғастырды.

— Иә, біз мұндай қасиетті сапарға шыққан кезде бір-бірімізді алдамауымыз керек. Біріншіден, біздің жолымыз болмайды. Екіншіден, Алла бәрін көріп тұр. Үшіншіден, аруақтар ренжиді. Дәулет ағаның әртіс болып тұрғанын мен де, бәріміз де көріп тұрмыз. Ол жаман адам.Біздің көзімізше атаның жағасынан ұстап ұрғысы келді. Ботабай мен Сағатбек ағамды да аяған жоқ. Үп-үлкен ересек адамсыздар. Біз, балалар, сіздерден үлгі аламыз. Сонда сіздердің өтіріктеріңізден үлгі алуымыз тиіс пе? Сіздердің басқа дінде екендіктеріңізге мысалдар көп. Майра тәтейдің сөмкесінде Библия деген кітап жүр. Ол неге жүр? Үп-үлкен болып неге өз діндеріңізді сатасыздар? Ақша үшін бе, не үшін? Бізге шындық қымбат. Серғазы аға, тек шыныңызды айтыңыз, —  деп Аягүл сөзінің соңын екпінмен аяқтады. Жұрт үнсіз. Желдің ызыңы, құстардың сайрағаны, шөптің сыбдыры ғана естіліп тұр. Сейіт ата енді ашық майданға шықпасына болмайтынын сезіп, орнынан тұрды.

— Халайық! —  деді қарлығыңқы дауыспен. —  Серғазы сен және осындағылар бәріміз бауырмыз, «Мың өліп мың тірілген қазақпыз». Мен шетелден келдім. Келген кезде таң қалдым. Бауырларымның көбісі орыстанып кетіпті. Жүрегім ауырды. Маған да орысша үйренуге тура келді. Қуанғаным дініміз қайта оралыпты. Әсіресе жастарымыз өз дініне көптеп бет бұрып жатыр. Ал тағы да ренжігенім біздің елімізге жат секталар қаптап келе бастапты. Бұл өте жаман. Аягүл дұрыс айтады. Біз бір-бірімізді алдамауымыз тиіс. Ақиқат семсері өтіріктің қабын әйтеуір жарып шығатыны анық. Сол кезде ұялып қаламыз. Жаңағы бұлтартпас мысалдар және Дәулеттің мойындауы сіздер басқа сектаға, атап айтқанда Иеговаға кіргенсіздер. Бұл анық. «Бірақ не үшін кірдіңіздер?» —  деген Аягүлдің сұрағын қайталаймын. Ата ретінде, қандас бауыр ретінде Серғазыжан неге өз дініңді саттың? Осыдан он бір ғасыр бұрын бабаларымыз ақылдасып, кеңесіп, жеті рет өлшеп, бір пішіп қабылдаған қасиетті дінімізді сатқаның ұлтыңды сатқаның деп білемін. Сен тек өзің ғана емес ол сектаға мына қаракөздерді де бірге өткізіп, адастырып отырсың. Ертең мен де, сен де, бәріміз де өлеміз. Серғазы айналайын, өле қалсаң сені туысқан-бауырларың қай діннің салтымен жерлейді? Неге сен ахиретіңді ойламайсың? Ахиретте мына тапқан арам ақшаларың сені дозаққа апарады. Сен отқа шыжғырыласың!

    Ата сөзінің соңын қатты ашуланып айтқаны соншама даусы күркіреп, қолдарын қайта-қайта Серғазыға кезеп, қоңыр көздерінен от ұшқындағандай болды. Осы отты сөздерден біреулер шошығандай, біреулер рух алғандай. Қалай болғанда да ата сөздері ешкімді де бей-жай қалдырмады. Тек Серғазы қана әңгіменің өн бойында жүзі бір бозарды, бір қызарды. Әңгіме аяқталған соң ол сәл үндемей отырды да, содан соң жынданғандай қарқылдап күле бастады. Жұрт аң-таң. Сыбайластары да я қостарын, я қостамасын білмей дағдарғандай. Серғазының күлкісі қалай тез басталды, солай тез аяқталды. Содан ол әдетінше қоңқақ мұрнын сипалап ақ шәпкісінің күнқағарын ұстап ойланып біршама тұрды. Содан соң жайлап басып, ортаны жарып өтіп атаның жанына келді.

— Ататай! Сіз шыншыл болсаңыз, мынаны айтыңызшы. Сіздің өзіңіз сақалды басыңызбен ақша үшін маған жалдандыңыз? Рас қой. Рас-с! Арам ақшаңды дейсің. Сол арам ақшаны сіз де ұялмай аласыз ғой. Аласыз-з! Егер ақиқаттың жүзіне тіке қарасаңыз қазіргі қарапайым халықтың көбісінің жағдайы мүшкіл екенін, жоқшылықта өмір сүріп жатқанын тағы да жақсы білесіз. Бізде байлық жетеді. Әсіресе мынау Атырау, Маңғыстау жері мұнайға бай. Бірақ мұнайдың қызығын кім көріп отыр? Әнеу, аналар (саусағын ол жоғарыға безеді). Елімізді жемқорлық, парақорлық жайлады. Кедей халық аштан өлуі тиіс пе? Олар көмек сұрап мешітке де барған. Көмек бере алмады. Ең болмаса жылылық танытпады. Міне, қарапайым халыққа осы діндер көмектесіп жатыр. Қиналғанда ақшалай көмек берді, үй алуына көмектесті. Мына Майраны қараңыз. Бізге келгенде нағыз кедей еді. Қазір бай. Машинасы, үлкен үйі бар. Мына жігіттер базарда арба айдап жүрген. Қазір бұлардың да жағдайы жақсы. Халық кім жылылық танытса, кім күнкөрістік ақша берсе соның құлы. Біздің қудайымыз Иса. Ол бізге көмектеседі. Сіз де ақсақал ойланыңыз. Астыңызда жеңіл де қымбат машина, үстіңізге үй бергіземін. Не ішем, не кием демейсіз, біздің дінімізге өтіңіз. Мен білем сырттан келген сіздің оралмандарыңыз жұмыс таба алмай қаңғырып, қиналып жүр. Жұмыс тауып береміз. Қазір жоғары билікте өз адамдарымыз бар. Болашақ қазақ жерінің бәрін осылай үндемей-түндемей, соғыспай-ақ жаулап аламыз. Солай ақсақал! Өлсеңіз сүйегіңіз шіріп, топыраққа айналады. О дүниеде өмір бар дегенге сенбеймін. Сондықтан бізді құтқарушы Иса құдай! Иса, Иса! —  Серғазы қолдарын көтеріп осы сөзді айтуы мұң екен алпамса жігіттер мен Майра мен аспаз әйел «Иса! Иса» деп жанұшыра айқайлап тау аңғарын жаңғырықтырды. Олар дауыстары қарлыққанша айқайлап біткен соң Сейіт ата қос қолын көтеріп бұлай деді:

— Астапыралла! Астапыралла! Ей, пенделер! Алла біреу-ақ, жалғыз дара! Иса ол құдай емес, ол пайғамбар ғана. Мына аятқа құлақ салыңдар: «Сендерге Аллаһтың нені харам еткенін білдірейін. Оған (Аллаһқа) ешнәрсені серік қоспаңдар. Ата-анаға жақсылық жасаңдар! Кедейліктен қорқып, балаларыңды өлтірмеңдер. Біз оларға да сендерге де ризық береміз. Жасырын болсын, жария болсын, жамандыққа жуымаңдар. Нақақтан адам өлтірмеңдер. Ойлануларың үшін Аллаһ сендерге осыларды өсиет етеді» деп «Әнғам» сүресінде айтылған. Серғазы сен мені алдадың. Рас, мен ақшадан қысылғаным рас. Бірақ мен сені нағыз мұсылман деп сендім. Міне, біз сендерді дәлелдермен айғақтамағанда Серғазы әлі де алдай бермек едің. «Өтірікшінің құйрығы бір-ақ тұтам» демекші шындық ашылды. Жаңағы сөздерді қай бетіңмен айтып отырсың? Мен ешқашанда сендер сияқты дінімді сатпаймын. Өлсем өз дініммен, Алламның атын атап өлемін. Есіңде болсын Аллатағаладан 4 кітап түскен. Қасиетті Құраннан басқа кітаптарды арсыз адамдар өздері өзгертіп алған. Соның ішінде сенің Библияң да бар. Тағы да қайталап айтамын. Ей, адасқан халқым! Көздеріңді ашыңдар, ояныңдар! Иса құдай емес, пайғамбар ғана. Мынау сендердің өтірік тірліктеріңді естісе Иса пайғамбардың өзі қатты ашуланады. Мен Библияны басынан аяғына дейін оқып шыққан адаммын. Ол кітапты әркім өзінше өзгерткені соншама, қарама қарсы адам сенбейтін тұстары көп. Тіптен Библияның басында сендердің жасанды құдайларың мынау әлемдегі жаратқанда алты күн тынбастан жұмыс істейді, жетінші күн демалды дейді. Масқара! Алла ешқашан шаршамайды, ұйықтамайды. Ол ештеңеге мұқтаж емес. Ұлы Алла —  Патша! Яғни мүлік иесі және бүкіл бар болған нәрсенің жалғыз Иесі. Бүкіл нәрсеге әмір беру, қалағанын жасату Аллаға тән. Ол жаратқан мүлкіне және жердегі барлық нәрсеге үкім береді. Оған кеңесші керек емес. Оған барлығы тәуелді. Ол әр түрлі кемшіліктен және әлсіздіктен ада. Алла өте үстем, қаһарлы. Өзіне қарсыларды қатты азаппен қорлайды, өлтіреді, не болмаса көпшіліктің алдында беделін түсіреді. Оның жазасынан ешкім қашып кете алмайды.

— Тоқтат! Тоқтат, оңбаған шал! —  Серғазы Сейіт атаның ғажайып сөздеріне көпшіліктің ұйып бара жатқанын сезіп, жынданғандай айқайлап жіберді. Сейіт ата бұл кезде айбарланып алған еді.

— Тоқтатпаймын! Қайта өзің мына ессіз тірлігіңді тоқтат, бала! Арты өте жаман болады. Өзіңді емес, бала шағаңның болашағын ойла! Әлі де кеш емес. «Адасқанның айыбы жоқ, қайта айналып қазығын тапқан соң» деген бабаларымыздың мақалы бар. Алла жарылқаушы, кешірімшіл. Ойлан! Тоқтат! —  деп Сейіт ата өте сабырлы сөйледі. Сөздерінде бұлтартпайтын әмірлі үн жатты.

 

 

                                   Сатқындардың жазасы

    Серғазы қаһарланды.

— Байлаңдар шалды! —  деді ол жігіттеріне бұйырып. Алпамсадай төрт жігіт үдере ұмтылды. Әсіресе мүләйімсіп кешірім сұраған Дәулет сілеусін тәрізді атылып барып Сейіт атаның ту сыртынан құшақтай алды. Әп-сәтте ұмар-жұмар етіп байғұс шалды жүрелетіп отырғызып, қолын байлап тастады. Сол кезде жіңішке дауыс ел-жұртты тағы да селт еткізді.

— Мені де байлаңдар! Біз біргеміз. Сіздер сияқты өз ата-бабасының дінін сатқандарды қолдамаймыз. Байлаңдар, байлаңдар мені де! —  деп Аягүл жүгіріп барып атасының қасына жүрелей отырды. Сол сәтте:

— Мені де, мені де байлаңдар! —  деп қосарлана сөйлеген Ботабай мен Сабырбек те барып Аягүлдің жанына отырысты. Райхан қызарып кетіп Сәбираға қарады. Осындай сын кезеңде кімнің кім екені белгілі болғандай. Бұрын іштей жауықса да сырттай жасанды түрде сыйласып, басқа дінде екенін жасырып түк болмаған сияқты жүретіндердің бет перделері бүгін ашылды. Айдың күні аманында қазақ екіге жарылды. Үнсіздік. Жауыққан, ызғарлы көзқарастар. Жалғыз шалды мұқатып, қорқытып айтқанына көндіремін деген ойынан ештеңе шықпасын сезген Серғазы дағдарып тұрғандай. Зеңгір көктің биіктігіне ұмтылған күн-ана төртеуді дізерлеткен адамдардың күйкі де зұлым тірлігіне таңдана қарағандай. Құстар ғана мұндай көңілсіз көрініске мән бермей өз әндерін сайрап жатты.

— Тә-әк! Тә-әк! Ендеше бұлай болсын. Байла деп өздері айтты. Бұларды олай деп зорлаған жоқпыз ғой, ә?

Серғазы сұқ саусағын кезеп жан-жағына құптау күтіп қарады.

— Зорлаған жоқпыз, зорлаған жоқпыз! —  деп оның жарандары бірауыздан.

— Дима, тас үйде ұзын арқан бар. Соны әкел! Ей, ақсақал, соңғы рет сұраймын. Біздің айтқанымызға көнесің бе? —  деді ол тура Сейіт атаның алдына барып.

— Жоқ! Ешқашан! Одан да көп әуре етпей өлтіріп таста мені. Мына балалардың еш жазығы жоқ. Оларды ауылына қайтар! —  деді Сейіт ата көздерінен от ұшқындап Серғазыға тіке қарап.

— Маған да осы керек. Өлтіріп тастау әзірге еш жаққа қашпас. Біз қазір бәріміз Үш найзаға барамыз. Ол жерде сені көнсең де, көнбесең де болатын көптен күткен жағдай бар. Кәнеки, жігіттер мыналарды тізбектеп байлаңдар. Аттанамыз! Майра, керек-жарақтың бәрін ал. Серғазы өзі палатаға бет алды...

    Тау аңғары. Жалғыз аяқ жолмен бірінің артынан бірі тізбектелген адамдар Үшнайзаға қарай кетіп барады. Орта шенінде арқандалған төртеу де бар.

Әнеки Үшнайзаның алдына келіп көш іркілді. Тұтқындар оқшауланып қатар-қатар тұрғызылды. Майра мен Ғабит бумадан шиыршықталған картаны алып Серғазыға берді. Ол картаны жайған күйі Сейіт атаның алдына барды.

— Ал, ақсақал менің сенің алдына неге келгенімді біліп тұрсың. Саған қойылар талап аса зор емес. Мына картадағы дұғаларды оқып, таудың тас есігін ашасың. Содан соң бізді жетектеп қазына, алтын қайық жатқан жерге ертіп барасың. Болды. Содан кейін мына кішкентайларыңмен сені босатамыз. Еңбегіңді әрине төлеймін. Көрдің бе, аса қиын шаруа емес. О кэй! —  деді жымиып ол. Сейіт ақсақал да салқын жымиып, Серғазының басынан аяғына дейін асықпай шола қарап шықты.

— Әй, Серғазы! Екі иығыңа екі кісі мінгендей мықты да ақылды азаматсың. Мендей жаман шалды қайтесің. Мынау қасыңда тепсе темір үзетін, бастарымен тасты бұзатын өгіздей-өгіздей жігіттерің тұр. Олардың қолдарына балға мен қайла бер, қазір-ақ бұзып шығады. Менің қолымнан ештеңе келмейді. Мен көрмеген дозақ жоқ. Ауғанда америкалықтар автоматын кезеп, өлтірмекші де болған. Ажалдан біліп қой, Серғазы, қорықпаймын. Өлтірсең де мен сендей сатқын адамға көмектеспеймін, —  деді Сейіт ата Серғазының бетіне тайсалмай әрі жиіркене қарап.

— Ха-ха-ха! —  жүзін тайдырып жіберіп, Серғазы қарқылдап күліп жіберді. Жасанды күлкі екені көрініп тұрса да жындайшаптары да қосыла күлді. Қарғаша қарқылдаған оларды мазақтағандай таулар олардың күлкілерін іліп алып, алдымен күшейте жаңғырықтырса, содан соң үзіп-үзіп алыстарға құнықтыра апарып, жұтып жіберді. Серғазы күліп бітіп еді, қалғандары да күлкілерін пышақ кескендей тыйды.

— Ендеше біз қатаңдау шара береміз, —  деп Серғазы қабағын түйіп. Сөйтіп қолдарын екі рет шапалақтады. Ғабит пен түрі корейге ұқсаған шомбал жігіт екеуі бастығының алдына жетіп келді.

— Әнеу Аягүл деген қызды қолын шешіп маған әкеліңдер!– Бұйрық тез орындалды.

— Әй, қыз, сен атаңа жаңағы менің бұйрығымды орындат! Әйтпесе сені анау құзды көріп тұрсың ғой, соған мына екі дәу лақтырып жібереді, —  деді мізбақпастан суық сөйлеп Серғазы. Жұрт бұрылып құз жаққа қарады. Шынында да жақпар тастың жиегінен төмен қарасаң басың айналады. Аягүл де бір қарады, мән бермегенсіді. Ішінен қорқып тұр. Қорқып тұрса да, ол қайсарлығына басты.

— Тастай беріңдер! Әттең, Аққу ханша туралы кітабымды аяғына дейін жазып бітіре алмадым. Аққу ханша жауымен бітіспес шайқасқа барған. Ол сатқындарды, опасыздарды жек көрген. Сатқындық, опасыздық бүкіл ұлтты, халықты, небір сұлу қалаларды жойып жіберуге жол ашқан зұлым күш. Аққу ханшаны улы жебемен атқан да сатқындар, яғни сіз тәрізді зұлым адамдар. Сарайшықты жер бетінен жойып, өлі қалаға айналдырған да сіздер сияқты сатқындар. Өз дінін сатқан жан өз ұлтын, өз халқын сатқанмен бірдей. Сіздер біздің жауымызсыздар. Лақтыр құзға! Елім үшін! Қазағым үшін жаным пида! —  деп Аягүл ересек адамдарша сөйлеп, сөзінің аяғын ерекше леппен, сезіммен бітірді. Ол қорыққанын да ұмытты. Көкірегіне зор күш ұялады. Адамдар да қозғалақтап ойға батты. Сәбира оған сүйсініп те, күйініп те қарағандай. Серғазы сасқалақтағандай, тұншыққандай жөткіріне берді, қолымен мойнын қайта-қайта сыйпалақтады.

— Бәрекелде-е, қайсар қызым! —  деп Сейіт ата ризашылықпен.

— Аягүл, мен сенімен біргемін! Мені де құзға лақтырыңдар! —  деп Ботабай ышқына алға ұмтылып еді, көгендеген арқан оны шалқасынан түсірді. Сейіт ата мен Сабырбек ұшып түрегеліп Ботабайды арқанымен көтерді.

— Сіз бұрын маған Серғазы аға едіңіз, —  деді Сабырбек түрегеп тұрған қалпы. — Енді керісінше. Сейіт ата айтпақшы сіз өзіңіз ғана емес айналаңызды уландырып бара жатқан аждаһа сияқтысыз. Ана үлкен апалар, ағаларды ғана емес, мына кішкентай Райхан мен Сәбираны да уландырдыңыз. Біз Сейіт атаны қолдаймыз! Өлсек бірге өлеміз. Сіздей зұлым сатқын адамдарға қазына қақпасы ашылмайды. Өйткені сіздер кәпірсіздер! Қақпа нағыз мұсылмандарға, қазақтарға ғана ашылады...

— Тоқтат сандырақты! Қызды апарыңдар анда! —  деп Серғазы ақырып жіберді. Екі дәу Аягүлді жаңқа құрлы көрмей, аяғын жерге тигізбей қолтықтап құзға қарай ала жөнелді. Әнеки, Аягүлді үлкен қойтастың үстіне тұрғызды. Аржағы құз. Екі жендет басшысына қарап бұйрықты күтіп тұр.

— Әй, шал! Міне, мен сағатыма қараймын. Саған ойлануға бір минут, яғни бақандай алпыс секунд беремін. Маған бәрібір. Қазір қызды лақтырамын. Содан соң мына ағасын, содан соң...

— Ататай, ағатай, Аягүл менің сіңлім, менің бауырым! Аяңдаршы, құзға лақтырмаңдаршы! Ертең мен әке-шешеме, атама, әжеме не бетімді айтамын! —  деп жүгіріп келіп Райхан Серғазының алдына етпеттей жығылып жылап жалбарына бастады.

— Сен, сен кінәлісің Райхан! Бізді мына ордалы орданың жыландарына сені мен Сәбира алдап таныстырдыңдар. Сендер де сатқын зұлымдарсыңдар! Мені де, мені де қарындасыммен бірге лақтырыңдар!! —  Бұл арқанды үзіп жіберердей жұлқынған Сабырбек еді. Жылаған дауыс, абыр-дабыр айқай үннен аңғар іші азан-қазан болды.

— Тоқтатыңдар! Тоқтатыңдар деймін! —  Серғазының өктем үні көпшіліктің дабырын әрең басты. Оның беті бозарып, ал керісінше көкшіл көздері ұшқын шаша қызарып тұр.

— Мен әзілдеп тұрған жоқпын, ау Сейіт шал! Алпыс секунд бітті! Лақтырыңдар қызды құзға! —  деп ол барқырап бұйрықты үнмен. Аягүлдің тырмысқанына қарамай екі жендет оны жардың жиегіне әкеліп лақтырмаққа оқталды. Енді бірер секундта кішкентай қыз құзға қарай ұшып та кететін еді. Сейіт ата шыдамады.

— Тоқта-ат! Айтқаныңды істейін Серғазы. Тоқта-ат! —  деді бір жағынан жалбарынғандай, бір жағынан бұйырғандай. —  Әй, ит екенсің! Менің жанды жерімнен ұстадың. Күшті болсаң мені өлтіруің керек еді. Оған шамаң жетпеді, антұрған. Шеш, мына арқанды. Бір Алланың зауалы келсін саған!

—  Тоқтатыңдар! —  деді Серғазы масаттана. Өмірдің нәзік жібіне ілініп тұрған Аягүлді екі дәу қайта жартасқа қойды. Кішкентай қайсар қыз жұлқынып олардың қолынан босанып шықты да, жүгіріп атасының алдына келді.

— Ата-ау, оныңыз не? Менің жаным он жеті жасында жаудың улы жебесінен қаза тапқан Аққу ханшадан артық емес қой. Мен жаңа Аққу ханшаны, оның жанындағы бабаларымды көрдім. Мына құзғындарға ата-бабаларымыздың қазынасын, ханшаның алтын қайығын қалай бермекпіз, ата-ау? Жоқ, бермейміз! Одан да менің өлгенім артық. Дереу ойыңыздан қайтыңыз, ататай! Арам, кәпір, зұлым, сатқын адамдарға туған жердің бір уыс топырағын да беруге болмайды. Бұларды елден аластату керек!

    Осы кезде Серғазы долданып кетті де, өзіне қарама-қарсы ызалана сөйлеп тұрған Аягүлді жағынан тартып жіберді. Ұшып түскен сіңлісі мен Серғазының арасына Райхан жүгіріп келіп тұра қалды.

— Тимеңіз! Мені өлтіріңіз, мені ұрыңыз! Шынында да мен сізді жақсы көретінмін, аға. Бүкіл қазақтың қамқоршысы ретінде көретінмін. Жоқ! Сіз өте жаман, зұлым адам екенсіз. Мен ақшадан, байлықтан артық ештеңе жоқ деп білдім, солай түсіндім. Сөйтсем одан да қымбат, одан да қуатты нәрселер бар екен. Ол бауырларым, ол туған жер, атамекенім, ол дінім, тілім! Кешір бауырларым, кешір. Ей, тауларым, туған жерім, ата-баба, ата дінім! Кешір, Аягүл, адасқан бауырыңды кешір! Ей, адасқандар, бәрің де кешірім сұраңдар, оралыңдар өз алтын қазықтарыңа!

    Райхан бұл ғажайып сөздерді, от ойларды көзінен жасы сорғалап тұрып, театрдағы артистей тамылжыта айтты. Барлығы да бұл сөзді ұйып тыңдады. Жүректен жарып шыққан ұшқынды ойлар осындағы адасқандардың көздерін ашқандай болды. Әрқайсының көкірек сарайларына ерекше бір жылы леп, самал лап етіп кіріп, қат-қат мұздың шетін сөккендей. Серғазының өзі маңдайдан біреу соғып жібергендей есеңгіреп қалды. Райхан мен Аягүл құшақтасып табысып, көпке дейін көз жастарын тоқтата алмады. Сейіт ата бірдеңе айтайын деп оқталып келе жатыр еді, Серғазы жұрт алдындағы абыройының төмендеп бара жатқанын сезіп жанұшыра айқайлап жіберді.

— Әй, халайық! Отан, атамекен деп бөсе беріңдер! Тағы да қайталап айтамын, бәрің де ақшаның алдында тәуелдісіңдер. Әйтпесе жарты миллион қазақ неге басқа дінге кетті. Ақша үшін, күнкөріс үшін! Кәнеки, бос әңгімені қойып іске кірісейік! Алтын көрсе періште жолдан таяды дегендей қазір алтынды көрсеңдер «бәрінен де қымбат» деген сөзді айта алмай, тілдеріңді жұтарсыңдар. Ана шалдың қолын шешіңдер!

    Әпсәтте Сейіт атаның қолы шешіліп, оны тұғыр тәріздес тастың үстіне дедектетіп әкелді. Қолына карта берді. Бір дәу қобызын әкеліп шалдың жанына қойды. Сейіт ата жүгіне отыра қалып, қолын кеудесіне салып бір Алладан кешірім сұрады. Басын иді, маңдайын жерге тигізді. Серғазы бастаған топ тым-тырыс. Әлдебір ғажайыпты күтеді. Атаның әрбір қимылын қалт жібермей жүректері дүрсілдей соғады. Қаншама мазасыз күндердің ең зор оқиғасы, қорытындысы қазір, дәп қазір болмақ! Қайла түгілі экскаватордың тісі, тіпті бомба батпайтын мынау құж-құж жартастың қабырғасы сықырлап есігі ашылып, аттың төбеліндей осы топ ата-бабалардың жинаған қазына әлеміне қазір жол тартпақ.

    Әнеки, қарт қоңыр дауыспен құран оқи бастады. Сазды мақаммен оқылған үн біртін бірте күшейе берді. Күшейген сайын адамдардың тамыр-тамыры иіп, арбалғандай бастары өздеріне бағынбай қалтылдай бастады. Құранның қасиетті сөздерінің құдіретіне алып таулар бас игендей. Иә, иә, ғажайып пен ғаламат Сейіт ата картадағы дұғаларды оқи бастағанда болды. Алдымен ашық аспан аясын дүр сілкіндіріп күн күркіреді. Сәт өтпей сатыр-сұтыр шатырлап найзағай ойнады. Гүрілдеген қорқынышты үн естілді де, жер сілкінді. Аспанмен тілдескен үш шың шайқалып, тастар жауа бастады. Адамдарды тілмен жеткісіз үрей биледі. Қыздар шыңғырып, еркектердің біразы бастарын ұстап жер қапты. Айнала күңгірттенді. Жарқырап тұрған күн бетін кіреуке перде басты. Серғазының жігіттерінің біріне тас тиіп қанға боялды. Екеуі лагер жаққа жанталаса қашып бара жатты. Сабырбек пен Ботабайдың арқанын Райхан мен Аягүл жанталаса жүріп, әзер шешті. Олар жалма-жан аталарының жанына барды. Осы кезде күллі адамдардың көздерінше сұмдық оқиға болды. Серғазы жынданғандай қолдарымен құлағын жауып сенделіп барды да, құзға қарай өзінен-өзі құлап кетті. «А-һа-а-а!» деген оның жан дауысын мынадай аласапыранда ешкім естімеді десе де болады. Әншейінде тәкаппар жүретін Майра шаштарын жұлқылап шыңғырып жер сабалап жылай бастады. Сәбира және оның достары үрейленгендері соншама бастарын жерден көтере алмады.

— Әстәғфирллаһа уә әтубу илаиһ! —  деп қайталаған Сейіт ата ғана сабырлы күйде, балаларын құшағына тартты. Бұл ғаламат оқиға бар болғаны он шақты минуттың ішінде болғанмен ұзақ әрі таусылмастай көрінді. Пенделеріне риза болмаған Аллам қаһарын осылай көрсетті.

    Кенет бәрі сабасына түсті. Күн күркірегенін тоқтатты, ашық аспан астындағы найзағай да басылды. Кіреуке сейіліп, айнала біртін-бірге бозаң тартты. Күн-ана да жарқырай шығып, «қалай, әспенсіген көсемдерің қайда кетті?» дегендей жымиып күлді. Жер-ана да сілкінгенін қойып, момақан қалпына түсті. Үшнайза паң да тәкаппар күйде күн нұрына шағылысып, одан әрі көкке сұғынып тіптен биіктеп кеткендей. Олар құпиясын ашпады, құж-құж жартас сол тылсым күйінше қалды. Айнала айра-жайра. Адамдар бастарын көтерді. Тек Майра ғана әлдебір жыртқышша ырылдап үн шығарып, қос қолымен жер сабалауын тоқтатпады. Сәбира алыстан оған үрейлене қарағаны болмаса жанына бармады. Әпкесінің жылағаны, шыңғырғаны, бетінің бояуымен бетін айғыздағаны шынында да өте қорқынышты еді.

— Жынданып кетті байғұс! Тым дүниеқоңыздықтың да пайдасы жоқ-ау, —  деді Сейіт ата басын шайқап.

— Өз дінін сатқандардың, өз Отанының байлығын үптегісі келгендердің барлығының тағдыры осылай қайғылы аяқталатынын бір кітаптан оқып едім, ата. Сіз қалай ойлайсыз? —  деді Сабырбек.

— Дұрыс айтасың, айналайын! Мен осы өмірімде талай ғажайыптарды көріп едім, ал мынадай ғаламатты бастан кешкен жоқпын ешқашан! Балаларым, тез кетуіміз керек! Көсем құзға құлады. Ана жындыларының қайда кеткенін білмеймін, көрінбейді. Лагерге барайық, —  деп ата орнына тұрып картаны қолына алды. Шынында да үш дәу қайда кеткендері белгісіз қаралары көрінбейді. Төртіншісі қан-қан болған басын көтеріп, жан-жағына мағынасыз қарап отыр. Аспазшы әйел ғана шаштары додаланып Майраның жанына келді. Оған тесірейе қарап бірдеңелерді айтады.

— Сәбира, бізге еретін болсаң жүр. Әйтпесе далада қаласың, —  деді Аягүл оған жаны ашып. Сәбира атамен бірге кетіп бара жатқандарға жақтырмай қараса да, сәлден соң сөлбірейіп орнынан тұрды. Әпкесі Майраға жиіркене қарап аз тұрды да, Аягүлдердің соңынан ілби басып ерді.

 

 

                                   Балғабек атаның ашуы

    Үш найзадағы оқиға бүкіл ауылды дүр сілкіндірді. Етек-жеңін қымтамай еркін жататын ауылды қазір көп нәрсе таңдандыра қоймайтын. Ал бұл оқиғаның орны бөлек еді. Соңғы кездері Сарайшық қаласына қатысты дүбірлі оқиғалар, Аққу ханшаның алтын қайығын іздеуге деп жабдықталған экспедиция жөнінде айтылса болды, онда солардың ортасында Аягүл жүретін. Сәбира бастаған балалар Аягүлді «қияли қыз» деп мазақтаса, үлкендер экспедицияға сенімсіздікпен қарайды. Қазақ қандай да елең еткізер жағдайларды, оқиғаларды біреулерден ести сала дереу екінші біреулерге өсіріп, көпіртіп жеткізуге құмар халық қой өзі. Оны жұрт «сымсыз телефон» дейтін әзілдеп. Ауылдың бәрі болмаса да біраз белсенділері салтанатты түрде шығарып салған экспедиция мәселесі өсекшілерге біраз күнге азық болды.

— Экспедиция ішінде суды теріс ағызатын ғұлама молда бар екен. Дұғаларды оқығанда тау бұзылып, дүлей дауыл тұрады екен...

— Үшнайзадағы қазына өте көп мөлшерде үйіліп жатқан көрінеді. Бұл байлыққа үлкен байлардың өзі қызығып, егер ол қазына табылса, Аягүл мен оның молда атасына бір дипломат алтын бермекші көрінеді...

    Көрдіңіз бе, өсек түтіні қалай-қалай шалқиды? Ал сіз бен біз ол алтын іздеушілердің тағдырын бес саусақтай білеміз. Бірақ көпірме өсектердің ұп-ұзын тілдерін қырқа алмайсың ғой. Бұл жолы ауыл адамдары ерекше дүрлігісті.Сан-саққа жүгірткен әңгімелер айтылып жатты. Алтын іздеушілердің кеткені жайлы өсек-әңгіме жалындап жанбай, бықсып қана сөне қалған болатын. Сол бықсып сөнген әңгіменің бас кейіпкерлері молда Сейіт шал мен тынымсыз қыз Аягүл болса, енді оған сериал кино сияқты кәпір Серғазы және оның командасы қосылды. Алтын іздеушілердің ауылға қалай келгендігі жайлы сіз қызығып отырған жайтты әңгімелемес бұрын олар туралы ауылдағылар нендей өсек отын тұтатты, осыған қаз-қалпында мән бергіміз келіп отыр. Себебі, бұл өсек-әңгіме тағы да қайталап айтамыз, тек бықсып қана қоймай арты жалынға айналды. Ол жалын шалқып сона-ау биіктерді шарпыды. Кәнеки, сізде құлақ түріңізші.

— Экспедицияны жабдықтағандар мұхит аржағындағы АҚШ-тың өзі екен. Ол елдің байлары біздің елге миллиардтап ақша бөліп, талай қазақтарды кәпір қылады екен. Серғазы солардың көсемі және бас тыңшысы болып шығыпты. Біздің байлықты мұхит аржағына аттандырып жатқан осындай дінін, елін сатқандардың саны миллионға жуықтапты-мыс...

— Серғазы Аягүлді өз дініне өткізбекке ниеттеніп, оны құзға лақтырмақшы болса да қайсар қыз әнұранды айтып, зәредей қорықпапты.

— Сейіт тек молда ғана емес, нағыз каретеші екен. Серғазының төрт бірдей Америкадан арнайы дайындықтан өткен жендеттерін тас-талқан етіп сабап, шашып жіберіпті. Ол қасиетті Құраннан сүрелер оқып, найзағай ойнатып, күн күркіретіпті, аспаннан тас жаудыртыпты, Серғазыны, Майраны жындандырып жіберіпті...

Көріп отырсыздар өсек болғанмен Үш найзадағы оқиғаның негізгі мазмұнын беріп тұрған жоқ па? Сонда бұл әңгімені таратқан кім? Аягүл ондайға бармайды. Бірақ шыншыл қыз болған оқиғаны естіп, қорыққан ата-әжесіне, көкесі мен мамасына, бауырларына ертегі тәрізді бәрін бүге-шігесіне дейін қалдырмай айтып берді.

— Ойпырмай, біз сендерді қандай зұлымдардың қолдарына бергенбіз? Құдайға шүкір, аман-есен келдіңдер. Масқара, Райхан саған не көрінді? Ақша үшін басқа дінге сатылғаның не? Ертең елге не бетімізді айтамыз? —  деп Балғабек ата тарамыс қолдарын әрі-бері сілтеп күйіп-пісті. Тіптен Райханды сабап жіберер ме еді кім білсін, әжесі араша түсті.

— Әй, шал-ау! Ашуыңды бас. Ең бастысы балалар аман-есен келді. Екіншіден Райхан балам да мән-жайды түсінген тәрізді. Өмір болған соң осындай болады кой. Мәселен бұлар Ханшайымның алтын қайығын іздеп бармағанда шындық ашылмай Райхандарды ана зұлымдар қанды тырнағынан босатпас еді. Міне, үлкен пәле сонда болар еді. Құдайға шүкір, аруақтар назаланып, кәпірлерді қазына, ата-баба сүйегі жатқан жерге жібермеген, —  деп Алтын әже басалқы сөз айтып Райханды құшағына тартты. Балғабек қолдарын көтерген бойы сілейіп қалды.

— Иә, иә, солай екен ғой, —  деп ашуы басылған Балғабек ата, —  сен кемпірім бүгін данышпан болып кетіпсің. Жақсы сөздер айтып менің ашуымды бастың.

Алтын іздеушілер түнде оралды. Түнімен ешкім кірпік ілмеді десе де болады. Тек ... Әмірхан мен Майгүл шыдамады. Сейіт ата машинаны өзі айдап келді. Бұларды әкеліп тастады да, өзі Берікболдың үйіне кетті. Ал Майра, Сәбира және басқаларының тағдырларынан бұлар бейхабар. Тез жиналып жолға шыққан. Себебі көсемінен айрылса да оның жендеттері тірі ғой. Аяқ астынан шабуыл жасаса... Әйтеуір әбүйір болғанда жолда ешкім кездеспеді. Айтпақшы Сәбира бұлардың машинасына мінуден бас тартты. «Әпкеме көмектесемін» деді. Аталарының сөзіне үстел басындағы бүкіл әулет мәз болысты. Түндегі ұрыс-керіс, үйішілік тымырсық ауа-райы жадырап, бұлттан күн шыққандай бейне. Осы кезде даладан Ботабай сәлем беріп келді.

— Міне, тағы бір батыр келді. Айтпақшы Серғазы өзінен өзі барып құзға құлады ма, әлде сендер ме, итерген оны? —  деп Сағынтай таңдана сұрап.

— Өзі барып құлады. Аяқ астынан жынданды. Айқайлап әлденелерді айтты да, басын тасқа соқты. Есеңгіреп тұрды-тұрды да, қарқылдап күлді. Содан соң құзға қарай жүгіріп барып секіріп кетті, —  деді Сабырбек әңгімені ынта-шынтасымен айтып.

— Ал, Ботабайжан, сен үлкен ерлік жасапсың. Жігіт адам осындай қиындықтарда сыналады. Кешегі ұлы соғыста да қорқақтар шыдамады. Сендердің бастарыңнан өткен оқиға да соғыс сияқты. Ерлік осылай жасалады. Райхан қызымдікі де ерлік. Қатесін түсініп, бауырларының басына күн түскенде шырылдап араша түскеніңе риза болып отырмыз. Енді қызым, адаспа! Өмірде алтыннан да, ақшадан да қымбат нәрселер бар. Байығың келіп қара ниетті адамдардың қолдарына түстің. Ох! Сен сияқты адасып жүргендер қаншама? —  деп Балғабек ата зор өкінішпен жұдырығымен үстелді ұрғылады.

— Аягүл, —  деді Ботабай оған аялай қарап, —  Сабырбекті, сені, Райханды, Сейіт ата мен Берікбол ағай шақырып жатыр.

— Дұрыс, барыңдар! Әй, Сағынтай, сен менің зейнетақымның есебінен бір қойды сой. Құрбандық шалайық. Балаларым аман-есен келді. Сабырбек, сен Берікболды отбасымен, Сейіт атаңды шақыр кешке. Құран оқып берсін, —  деп Балғабек ата командир тәрізді нық-нық бұйрық берді...

    Екі күннен соң Сәбира келді. Ұнжырғасы түсіп кетіпті. Майра сол жынданғаннан ауруханаға түсіпті. Жағдайы нашар екен. Төрт дәудің арғы өмірінен Сәбира бейхабар сияқты. Серғазыға бір топ адам кетіпті деседі. Секта дегеннен ауыл балалары хабардар болғанымен Сәбираның тікелей ол дінге кіріп кеткенін біліп оған жиіркене қарайтын болды. Берікбол ағай мен Аягүлге тілектестер саны көбеймесе азайған жоқ. Аягүлді олар да «батыр қыз» деп атап кетті. Тағы бір жаңалық өсектің жалыны жоғары жаққа жеткенін айтып кеткенбіз. Бұл оқиғаға ауылдың әкіміне оның басшылары зерттеу жүргізуді тапсырыпты. Әкім алтын іздеушілерді кеңсесіне шақырып, құпия түрде әңгімелесіпті. Ол жиналысқа полиция да қатысқан. Сәбира ол жиналыстан жылап шығыпты. Көп ұзамай Сәбира ғана емес оның отбасысы Атырауға ма, әлде басқа қалаға ма қопарыла көшті.

 

 

                           Жыландар ордасына саяхат

    Берікбол бастаған топ сона-ау мұхит аржағынан келген америкалық миссионерлердің нағыз ордасын табуға талпынды. Ол үшін әрине, әр-әр жерге баса-көктеп кіріп ештеңе бітіре алмайсың, ондай күш бұларда жоқ. Серғазының тобы түгел күйремегенмен басшысы өлген соң олардың берекесі қашты. Атырау қаласындағы Серғазының үйін әлдекімдер өртеп жіберіпті. Неге өртеді? Ол жағы белгісіз. Сабырбек пен Сағатбек ол үйдің төңірегін бірнеше күн аңдып ешкімді кездестіре алмады. Сейіт ата да қалада белсенді адамдармен иегова туралы пікірлесті.

Пікірлескен кезде ол кісі масқара оқиғаларға қанықты. Бұрын ақсақал мұндай нәрселерге аса мән бермейтін. Мұндай секталар жөнінде еститін де, аздап білетін де. Бірақ осыншалық бір мемлекеттің, бір халықтың ішіне ордасын әкеліп, жыландай сумаңдап кіріп білгенін істеуі, адамдарды өз дінінен аздырып, арбап, топ-топ етіп қатарына кіргізуі миына сыймады. Үшнайзадағы басынан өткен оқиға оның жан дүниесін дүр сілкіндіріп сауал әлеміне сүңгітті. «Неге бұлай? Бұған кім кінәлі?» Бұл секталардың қандай зымияндық күші, ниеті бар? Олардың алдында біздің ұлттың адамдары неге әлсіз? Олардың өз сұрқия әрекеттерін, халыққа іріткі салатын жоспарларын өте табысты жүзеге асырып жатқанын мемлекет неге білмейді? Әлде мемлекеттің өзі осыған мүдделі ма? «Сейіт ата қалың сауалдың жауаптарын таба алмай қиналатын, өз ойынан өзі шошитын.

    Ақсақал біраз мемлекеттерде болды, сол жерлерде өмір сүрді. Олардың барлығы да осы қазақ еліндей мұсылман дініндегі мемлекеттер. Ауғанстанның, Иранның, Түркияның ішкі өмірін ол жақсы біледі, ол мемлекеттер ислам дінінен басқа бір-екі дінге ғана рұқсат берген. Қалғандарын жолатпайды. Миссионерлер асай-мүсейлерін арқалап, долларларымен арбап сол елдерге де барған. Ақшадан гөрі мемлекетке де, оның адамдарына да тәуелсіздігі қымбат. Сондықтан ондай сұрқияларды жолатпайды. Ақсақал бұл маңызды мәселе жөнінде Берікболдың үйінде Аягүл, Сабырбектерді жинап ақылдасты. Берікбол бұл мәселені өте терең біледі екен. Елімізге кіріп кеткен уахабисшілер, ахмадияшылар және басқа да діни бірлестіктер жайлы тәптіштеп айтып берді. «Мұның да, балалардың да көздері ашылды. Олармен қалай күресеміз деп олар сол кеште ақылдасып, ұзақ отырды.

— Олар бізге жау, —  деді Берікбол сабырлы түрде. — Және анау-мынау емес, ішкі жау. Көзге көрініп тұрған жаумен күресу оңай. Мысалға сіздің тікелей бабамыз Тайжан батырлар жауларымен бетпе-бет кездесіп шайқасқан. Ал Сарайшық ханшасы Аққу қанша ақылды болғанмен ішкі сатқындар алдында әлсіз болды. Орыстың патшасы Грозный осындай сатқындарды жақсы пайдаланды. Өздерін өздеріне айдап салды. Көптеген мемлекеттерді осылай сатқындарды пайдаланып, іріткі салу арқылы түбірімен құртып жіберіп, оларды оп-оңай басып алып отырды. Өзгелер арқылы күшейіп, үлкен державаға айналды. Біз де осы әдісті пайдаланайық. Көке, Иегова сектасының ордасына кіріп кеткен бір ақсақал бар деп едіңіз ғой. Аягүл екеуіңіз сол дінге «кіреміз, көреміз» деп олардың сеніміне енесіз, сырларын, құпияларын ашасыздар. Бұған қалай қарайсыз? Олардың ішіне саяхат жасап келуден қорықпайсыздар ма?

Берікболдың бұл қулығы бәріне де ұнады. Күліп, жымыңдасып Сейіт атаға қарады.

— Саяхат жасаудан қорықпаймыз. Бірақ олар біліп қойса әкемізді танытпай ма? —  деді Сейіт ата ішіндегі түйткілін жасырмай.

— Қасыңызда мен бармын. Қорықпаңыз, —  деді Аягүл жігерлі дауыспен.

— Ой, батыр қызым-ай, менің! —  деп Сейіт ата Аягүлдің басынан сипады...

...Бәрі де жоспардағыдай болды. Он баласымен, немерелерімен бірге жат сектаға кіріп алған ақсақалға еріп, Сейіт ата мен Аягүл олардың шіркеуіне барды... Мұндағылардың көбісі қазақтар болып шықты. Екеуін қуана қарсы алды. Иса құдайларын мадақтап ән салды. Бір-бірлерімен қосақтасып, әннің ырғағына беріліп бәрі би биледі. Адамдар бірде бұ жағына, бірде о жағына бұлғақтап, басшыларының бұйрығын қалт еткізбей орындады.

— Біз Иса Құдайдан басқа ешкімге бағынбаймыз. Бізді құтқаратын да, байлық беретін де, бала-шағамызға береке-ырыздық, қуаныш сыйлайтын да, болашағымызды жарқын ететін де Иса Құдайымыз. Біз бүкіл әлемді жаулап аламыз!

    Сейіт ата мен Аягүлдің олармен алғашқы таныстығы осылай басталды. Олардың өміріне кірген сайын, құпияларын ашқан сайын бұл секта адамдарды әбден улап алғанын ұқты.  Мемлекетке, ұлтқа қарсы өте қауіпті, зұлым күш дайындап жатқанын сезінгенде атасы мен Аягүл қатты шошыды.

Біздің «тыңшыларымыз» олардың жоғарыдағы басшыларының кім екенін білді. Әрине, ақша үшін ұлтын, рухын, дінін сатқандардың арасында жүру Сейіт ата мен Аягүлге оңайға соқпады. «Жоқ, олай емес!» деп кейде айқайлап жібергісі келген тұстар да кездесті. Шыдады. Ақыры бұларды сол сектаға қабылдайтын салтанатты рәсімге келгенде олар қашып кетуге мәжбүр болды. Сейіт ата ол жерде болғанда қасиетті дұғаларды іштей қайталап, олардың арбауына түсіп кетпеуге өзінің бойынан рух тапты. Ал Аягүл Фатиха сүресі мен тағы да бір-екі дұға ғана білетін. Үйге келгенде бір қара күш түнімен оны мазалайтын. Сол қара күштің жетегінде кетіп бара жатқанда Сейіт атасы қоңыр даусымен сүрелер оқып, оны тазартатын.

    Жыландар ордасының құпиясы осылай ашылды. Берікболдың жоспары түгел болмаса да біразы іске асты. Қазақ ұлтына қарсы ұйымдастырылған сектаның торы тым күшті екеніне олар көз жеткізді. Ел қауіпсіздігін қамтамасыз ететін лауазымды орындарға бұлар көрген, білгенін жазып, ресми хат апарып берді. Әсіресе ол хатта олардың қауіпті де сұрқия жоспарларын ашып көрсетуге тырысты. Бірақ ол лауазымды орындар асықпады. «Зерттейміз. Сіздерге көп рахмет!» деп Сейіт ата бастаған балаларды жылы сөйлеп шығарып салды. «Қашан оларды құртады екен?» деп олар әзірге күтулі. Ал жыландар ордасы жайбарақат түрде әлі де жұмыс істеп жатыр.

 

 

                                        Эпилог орнына

                                Аққу ханшаның орындалған арманы

    Балғабек ата бүгін әдеттегісінен де ертелеу тұрды. Күн сайын қаншама ерте тұрдым деп ойласа да, өзінен бұрын екі адам сыртта тіршіліктің қазанын қайнатып жатқанын көргенде іштей таңданатын. Өзінің кемпірі Алтын әу бастан мазасыз жан. Таң қылаң бере оянады, түннің бір уағында қисаяды. Ал келіні Балкүміс қайын енесінен айнымайды. Бүгін де солай. Атаның бүгінгі ерте тұрғанының жөні бөлек. Кеше Аягүл немересі Берікбол ағайының ауруханаға түсіп қалғанын айтқан. Сөйтіп ертеңіне бұлар Атырауға барып, көңіл сұрамаққа ниеттенді.

— Қызым, барғанымыз жөн. Әжеңе айталық, таң атпай бауырсақ пісіріп қойсын. Әнеу, үйдегі семіз тауықтардың біреуін соялық. Содан соң Ырысбайдың он екі адамдық мәшинесін жалдайық, — деп атасы жөпелдемете сөйлеп Аягүлінің басынан сипаған. Аягүл кетіп бара жатқанда соңынан тағы да айқайлады:

— Ана Сабырбекке айт! Таңертең ерте бір тауықты ұясынан шықпай тұрғанда ұстап, сойсын де.

— Мақұл, ата, — деді Аягүл әлдебір әнді ыңылдай айтып....

    Мәссаған! Балғабек атасы сыртқа шыққанда ұялып қалды. Мұнан басқасы бәрі оянып сыртта жүр. Кемпірі дәу қазанды өңгеріп алып бауырсақ пісіріп жатыр. Келіні де сол ошақтың басында күйбеңдейді. Мұны көріп ол иіліп сәлем берді. Сабырбек мотоциклін шұқылап әуре. Сағынтай баласы тас түйін киініп жұмысына кетіп барады. Ол әкесін көзі шалып қалды да алыстан қолын көтеріп:

— Ассалаумағалейкум, әке! — деп дабыстады. Өзі көңілді. Көңілді болмай қайтсін. Атырау қаласынан өз мамандығы бойынша ақшасы әжептеуір жұмыс тауыпты. Таңғы автобуспен сол жұмысына асығып бара жатқан болуы керек, соңғы кезде арақ ішуін де азайтты. Аягүл тас түйін киініп алып, спортпен айналысып жатыр екен. Жүгіріп атасының алдына келді. Сәлемдесіп, атасы мұның шашынан иіскеген соң:

— Ата, Ботабай мен Анаргүлді де ертіп алайықшы, — деді еркелей қарап. Атасы сақалын сипап тұрды да, басын изеді:

— Жарайды, барсын. Бірақ алдымен Ырысбай ағаң мәшинесін берсін де. Айтпақшы, ол біздің Сарайшық мәселесіне көмектесіп жүрген жоқ па? — деді Аягүлге сұраулы жүзбен қарап.

— Иә, ол кісі мәшинесімен бүкіл республиканы және әлемді араламақшы. Айтпақшы естідіңіз бе, ол кісінің қойы бір ғажайып қозы туыпты. Бүйірінде «Алла» деген жазуы бар екен. Осы қозысы сәл өскен соң машинасына мініп жемқорлыққа қарсы күрес ашып, бүкіл елді аралап насихат айтпақшы. Сарайшықтағы су басып жатқан ата-бабаларымыздың ескі жұртын да қорғамақшы. Кеше біз балалар оның ғажайып қозысын көруге барғанда ол кісі осы әңгімені айтты. Ырысбай аға Берікбол ағайды жақсы көреді. Екеуі дос. Сондықтан ол ауруханаға өзі де бармақшы, — деді Аягүл тез-тез асыға сөйлеп. Атасы таңданып басын шайқады.

— Ойпырмай-а, шынымен қозының бүйірінде Алла деген жазуы бар ма екен?

— Бар, ата! Біз өз көзімізбен көрдік. Тек ол арабша жазылған. Имам келіп оқыпты.

— А-а-а! Бұл да Құдайдың құдіреті ғой! Пенделерінің бұзылып бара жатқанына ескертуі. Аягүлжан, жүр екеуміз баралық Ырысбай ағаңа.

    Атасы мен немересі қол ұстаса көшеге шықты...

***

...Берікбол ағаның жатқан ауруханасына бұларды Нұрсәуле тәте ертіп барды. Дабыр-дұбыр етіп ата мен әже бастаған топ бүкіл аурухананы басына көтерді. Медбикелер әрине, олардың бәрін палатаға жібермеді. Алдымен атасы мен әжесін қосып Аягүлді жіберді. Қызық болғанда Аягүл қалаға көшіп кеткен Сәбираны жолай көріп қалды. Салқын ғана сәлемдескен Сәбирадан атасы Майра тәтесінің жағдайын сұрады.

— Жағдайы онша емес. Бір апта болды, осы ауруханаға ауыстырды, — деді Сәбира қысқа сөйлеп. Содан соң Аягүлді оңашалап бұлай деді:

— Кешір, Аягүл! Сендерді қиын жағдайға ұшыраттым, бір өлімнен қалдыңдар. Бәріне мен кінәлімін. Мен өз дініме оралдым. Майра әпкем де көп жылай береді. Қазір Алладан кешірім сұрап, қасиетті Құранды жанынан, жастығының астынан тастамайды. Ал оның бұрынғы иеговашылының ордасын мемлекет тас-талқан етіп, басшыларын тұтқынға алды. Дұрыс, оларға сол керек! Мынау менің қалта телефонымның, көмірі хабарласып тұрайық. Сарайшықтың жағдайы қалай?

    Есейіп, өзінше ақылды сөз айтқан құрбысына Аягүл сүйсініп қарады.

 — Ол зұлымдардың ордаларының қирауына Сейіт ата көп еңбек сіңірді. Кеше ол кісі Астанаға кетіп, бүгін келе алмады, ал сенің өз дінімізге қайта оралғаның дұрыс болыпты. Сарайшыққа мемлекет көп ақша бөлмекші. Құрылысшылар, археологтар келеді. Біздің балалар да бірнеше мәрте барып қаланы тазалауға көмектесті. Алайда әлі де болса көңілімде маза жоқ. Жұмыс сылбыр жүріп жатыр. Су жағаны мүжіп, Сарайшық қаласын жоқ етпекші. Әруақтар әлемінің өтініші құлағымнан кетпейді. Бірақ істер амалым жоқ. Жаңа оқу жылы басталған соң бұл Сарайшық мәселесі бойынша бүкіл республикадағы балаларды көмекке шақырмақпыз. Сәбираш, сен өзің оқитын болашақ мектепте де штаб құрсаң. Бұл жөнінде қазір Берікбол ағаймен ақылдасамыз, — деді Аягүл құрбысына зор өтінішпен қарап.

— Мақұл, Аяш! Сеніміңе көп рахмет. Мен бар күш-жігерімді осы жолға саламын. — Аягүл Сәбираның көздерінен қуаныш ұшқындарын көрді...

***

Бұлардың келгеніне Берікбол аға қатты қуанды. Төсекке таңулы қалпында да ол өте сергек, тың, өмірге ғашық адамдай көңілді еді.

— Сарайшық ауылы түгел көшіп келгендей болды ғой. Балғабек аға, Алтын апа, Рысбай құрдасым және кішкентай бауырларым! Сіздерге көп рахмет. Маған сіздер таусылмас күш-қайрат сыйладыңыздар. Бүгін мен үлкен қуанышқа кенеліп жатырмын. Мен осы жатқанда бақыттың әткеншегінде тербеліп жатырмын. Неге? Білесіздер ме оны? — Берікбол аға өзін қаумалай қоршап отырған ауылдастарын жымия шолды. Олар бір-біріне сұраулы жүзбен қарап, бір мезет үнсіз қалды.

— Әрине, сіздер оны біліп отырсыздар. Сүйінші! Перзентім дүниеге келді! Бұл бір қуаныш, — дей беріп еді Берікбол, Балғабек ақсақал оның сөзін бөліп жіберді.

— Ау, келін сонда бізден жасырып.., — деп ата Нұрсәулеге қарады. Берікбол мен Нұрсәуле мәз болып сақылдап күлсін келіп! Ата ыңғайсызданды, қалғандары ыржиды. Берікбол аға көз жасын сүртіп, жымиған қалпы:

— Нұрсәулеш, әкел, кәні перзентімізді, — деді ол шкаф жақты нұсқап. Нұрсәуле жымиған қалпы шкафтан қағазға оралған үлкен жасыл кітапты суырып алып, Берікбол ағаға ұсынды.

— Міне, біздің перзентіміз! Менің алғашқы кітабым шықты бауырлар! Сүйінші! Сүйінші! — деді ол балаша қуанышты да шаттыққа толы дауыспен.

Палатадағы жұрт ду қол шапалақтап жіберді.

— Айналайын, бауы берік болсын перзентіңнің! Әкелші, мен көтеріп көрейін, — деп Балғабек ата кітапқа қолын созды.

— Пай, пай, мына сәби кітап не деген ауыр өзі. Мұның бәрін өзің жаздың ба? — деп таңданып, ата кітапты парақтады.

— Әй, шал, көрімдігін бер! Кәне, бізге де әкел, көрелік, — деп Алтын әже орнынан ұшып тұрды. Палатада тұрғандар бір-бір ұстап көргісі келіп, кітапқа қызыға қарады.

— Бұл әлі бастамасы, аға. Жазғандарымның көбісін баспаға бердім. Әкім Қырымбек пен баспагер Ғарифолла бастаған жігіттерге мың да бір рахмет. Әлі де жазатындарым көп. Менің жолымды ашқан бір Аллаға, содан соң екінші өмір-тынысымды ашқан менің періштем Нұрсәулешіме миллион алғыс. Әрине, зор сенім артып, рух берген Балғабек аға сіздерге де алғысым шексіз. Мен бүгін бақыттымын! — Кітапты бір-бір ұстап көрген ауылдастары Берікболына «құтты болсын!» айтты. Аңқалақтаған Балғабек ағасы қалтасынан суырып көрімдік берді. Берікбол мен Нұрсәуленің қуанышы енді көпшілікке ауысты. «Біздің енді өзіміздің ғалымымыз бар! Біздің ауылдың ғалымы дәу кітап шығарды!» деп олар қуана дабырласып, бірін-бірі құшақтап жатты. Әсіресе Берікбол ағайдың шәкірттерінің жүздері бал-бұл жайнап, кітапқа бір, ғалым ағайларына бір қарап мәз...

***

Рысбайдың мәшинесі таспа жолмен Сарайшыққа қарай зулап келеді. Оның ішіндегілердің көңіл-күйлері көтеріңкі. Әсіресе Балғабек ата мен Алтын әже машинаға сыймай қуанып, әлденелерді айтып күліседі. Себебі ғалым інілері оларға бәрінен де ерекшелеп кітап сыйлады. Кітаптың ішкі жағындағы бірінші бетіне Берікбол өз қолымен жазып, қолтаңба берді. Қазір барып олар бүкіл ауылды қуантпақшы. Інілері шыққаннан кейін бір қойын сойып той да жасамақшы болып келеді. Жап-жаңа кітапты қазір Аягүл бастаған балалар қаумалай қарап, көздері тояр емес.

— Әй, балалар, кітапты кірлетесіңдер! Тез-тез қараңдар да маған беріңдер, — деп Алтын әже айқайлай үн қатты. Сол кезде зулап келе жатқан мәшине қалт тоқтай қалды.

Бәрі аң-таң. Рысбай сұқ саусағымен жолдың жиегіндегі көлді нұсқайды.

— Аққуларды қараңдар! Көлге аққулар келіпті, — деді дабыстай сөйлеп. Машина ішіндегілер біреулері терезеден қарап, енді біреулері далаға ақтарыла түсті. Аягүл мен Ботабай қосарлана айқайлады.

— Аққулар! Аққулар келіпті! Әппақ, иір мойынды он шақты аққу бұлардың шуынан сескеніп, әсем жүзген қалыптары көлдің тереңіне бет алды.

— Ойпырмай-ә! — деді Балғабек ата мен Алтын әже қолдарын күн сала қарап.

— Бұл жақсылық қой. Пәлен ғасырдан соң көлімізге аққулардың келуі қандай ғажап! — Бұл Аягүл еді.

— Иә, ғажап, ғажап! Бүгінгі қуанышымызға қуаныш қосылды. Бір Аллаға шүкіршілік, — деді Алтын әже. Осы сәт Аягүлдің қалта телефонында Адай күйі ойналды.

    – Пай, пай, адамның қанын қыздыратын бұл ғажап күй ғой, шіркін!– деп атасы күй сазына рахаттана құлақ түріп қалыпты.

    – Сейіт ата қоңырау шалып жатыр. Ол кісі бір жағынан атбегі ғой. Маңғыстаудағы досы Адай жылқыларын Астанада өтетін тұлпарлардың әлемдік жарысына алып кеткен болатын. Сәлеметсіз бе, ата?! Жағдайыңыз қалай?– деді Аягүл даусын көтере сөйлеп. Аржақтағы Сейіт атасының сөзін сәл тыңдаған соң:

    – Сүйінші дейсіз бе? Отыз ел тұлпарлары қатысқан аламан бәйгеде Адай жылқылары бірінші орын алды дейсіз бе? Ура-а!– деп шаттана айқайлаған Аягүлге бәрі қосылды.

— Шүкіршілік, шүкіршілік! Адай жылқылары қазақты бүкіл әлемге танытқан екен. Теңіздің тұзды суын ішетін Адай жылқыларындай жылқы жоқ бұл дүниеде. Жылқы мінездес ата-бабаларымыздың, Аққу ханшаның армандары орындалып келеді. Құдайым қазағыма зор рух, береке-ырыздық бере гөр! Біздің ғасырлар бойы аңсаған арманымыз орындалып, қазағым ұлы халыққа айналсын, тәуелсіздігіміз берік болсын! — Балғабек атаның батасына «әумин!» деп бәрі беттерін сипасты.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған