Бір сәт
Менің мектепке бара қоймаған кезім. Қырға қозы бағып кешқұрым қой келердің алдында уйге қайтатынбыз. Соңымда бортиған сары күшігім бар, «нағыз қазақы ит болады» деп, атам екі құлағын кесіп қойған. Уйге келсем – атам кой сойып, апам тандырға нан жауып, апамның сөзі бойынша «әлек-шәлектері» шығып жатыр екен. Ағам шығармашылық адамы болғандықтан уйге танымал кісілерді жиі ертіп келетін. Келген – атақты композитор Шәмші Қалдаяқов екен, ол кісі келсе апталап, асықпай жататын. Ағам екеуі домбырамен ән салып ауылды думанға бөлейтін. Біздің ауыл Арыс өзенінің бойында орналасқан соң ба «Арыс жағасында» әнін жиі айтатын. Ағамның бір өлеңіне ән де шығарып, екеуі ұзақ таңға әуендететін. Кейін есімді білгенде ағамнан: «Шәмші аға екеуіңіздің ортақ әндерініңіз болушы еді ғой», - деп сұрағанымда, ол бір ауыр ән еді деп қоя салған. «Сыр сұлуы», «Ақ маңдайлым», «Қайықта» сияқты небір шалқыған әндер шырқалатын. Ауылдастар солармен бірге менің де бала көңілім шалықтап түнімен ән тыңдап апамның бауырына тығылып таң ата талықсып ұйықтап кететінмін...
Шәмші аға мені көре салып тік көтеріп, аңқылдап амандасып жатыр. Қасымдағы сүйкімді күшікті көріп: - аты не деді бірден, мен «Байтөбет», - дедім, сонда Шәмші аға жұлып алғандай: - жоқ, бүгіннен бастап бұл күшіктің аты «Иван» болады деді. Олар біздің Мұхтар Әуезовтей ұлы жазушымыздың атын итіне қойған «Мұхтар» деп, сол үшін бұның атын «Иван» коямын деді. Мен кішкентаймын, «алақай Иван, Иван» деп жүгіріп кеттім, ауылдастар да солай атап кетті. Атам мен апам 1937-нің салқынын сезінген улкен кісілер ғой, өздері қойған «Байтөбет» деп атап журді. Сол күшігім қабағын ит болып алпыс тоғызыншы жылдың қатты қысында үсіп өлді.
Менің көз алдымда Шәмші аға туралы осы бір көрініс қалып қойды...