Тәуелсіздік таңы
Тәуелсізбін, мен бүгін байтақ елмін!
Айта бергім келеді, айта бергім.
Тәуелсіздік таңы кеп атқаннан соң,
Осы өмірге туылып қайта келдім.
Қайта келмей қайтейін, қуанамын!
Тәуелсіз Қазақ Елін құп аламын.
Елдігіңді сақтай біл кейінгі ұрпақ,
Сендерден дем біткенше сұранамын.
Сұранамын, сақта осындай елдігіңді.
Айыптайсың бұдан кейін енді кімді?
Алпауыт талай елмен терезе тең,
Қастерлей біл осындай теңдігіңді!
Жегілмеңдер жем болып азғырғанға,
Не шығады айыптап жазғырғанда?
Барлық іске тарих куә, талдап шығар
Жер басып жүр ғой талай азғындарда.
Ат төбеліндей аз халықпыз сақтанатын,
Жер жүзіне жерім бай деп мақтанатын.
Дархандықтан, кеңдіктен кенде болмай
Жалғыз атты сой деуге де шақ қалатын.
Жаңылмайтын жақ болмайды білесіздер,
Шаттанып Мәңгі Ел болып күлесіздер!
Жаратқан жар боп тұрса ел-жұртыма,
Бақытты Ел боп, талай түндік түресіздер.