Люба
Былтырдан бері келмеп еді, ауылын кәдімгідей сағынып қалыпты. «Бәлендей өзгере қоймаған шығар». Бала кезден дағдысы - автобустан түсе салысымен, көшенің екі жағында бұтақтары үнсіз салбыраған дүмді қарағаш, жеңілтім үйеңкілердің ұшар басына жаңа көргендей, жымия қарап алды.
- Әй, неге амандаспайсың?!
Саңқ ете қалған дауысқа жалт қарады. Анадайда жеңіл, сұр плашының етегі тізесін жапқан Әлберген қарт таяғына сүйеніп, автобустан түскендерді бақылап тұрған сияқты. Үйде жатса, іші пысып, көшеге шығып кететін ширақ еді бұрын, әлі сондай.
- Ассалаумағаликүм! Кешіріңіз, байқамай қалдым.
- Е, адамнан бұрын ағашқа қарайтын болғасыңдар ма? Қайда жүрсің, көрінбей кеттің, – деді, қос қолдап берген сәлемін алып жатып.
- Қалаға жұмысқа тұрғам. Былтырдан бері келгенім осы.
- Бәсе, бәсе. Барасың ба?
- Қайда?
- Ана арғы ауылға. Әлиман кемпірдің қайтқанына бес жыл деп, балалары құдайы тамаққа шақырған екен. Соған.
- Маған хабарлаған жоқ. Үлкендер ғана баратын шығар. Үйге барып, есімді жиып алайын. Біреулерді тұрғызып кеткем, не боп жатыр, білейін. Қол тимей кетіп еді.
- Ә, білем үйіңді. Қойдағы әке-шешең аман-есен бе? Әлі пенсияға шыққан жоқ па? Сәлем айт. – Бурыл тарта бастаған жалбыр қасын көтеріп, барлай қарағанда, аппақ шоқша сақалы иегімен бірге көтерілді. – О кемпірдің бос қалған үйіне пәтерге тұрғысы келген біреулерге қаладағы балалары бермеген соң, сендердің үйге барғанын естігем. Қалай, пәтер ақысын төлеп тұр ма әйтеуір?
- Жо-оқ, пәтер ақы алмаймын. Дұрыстап қарап тұрсаңдар болды деп келіскем. Енді биыл үйленіп қалам ба деп, үйді босатып, тазарттырып қояйын деп келген бетім.
- Ә-ә, солай де! «Үйленіп қалам басы» несі! Сөзді қой да, үйлен. Әйтпесе бұзылып кетуің оңай. Үйіңе қарап жүрмесең, мүжіле береді. Осы күні тегін ештеңе жоқ деп жүр ғой. Айтпақшы, көршіңнен естідім, қыс бойы үйлеріңде түнде тарсылдап жатады деп. Неге екенін ешкім білмейді. Тексер, кейін өкініп қалып жүрме. Ал, мен кеттім. - Қарттың тық етіп, асфальтқа тиген елгезек таяғының соңынан асықпайтын аяғы ілесті.
Ақан көшенің арғы бетіндегі аялдамадан сәл арырақтағы тақырда у-шу балалардың ләңгі тепкеніне қызығып, сәл кідірді. «Бір жұп, екі жұп...» Санаудан жалықпайды да, жаңылмайды да. Кекілі желп-желп еткен біреуі көріп қалып, тапырақтап жетіп келді:
- Ассалаумағаликүм! – Оның соңынан басқалары ілесіп, жапырласа қол берді.
- Әліксалам, жігіттер. – Кекілді балаға сынай қарады. – Атың кім?
- Атым ба? Мақсат!
- Жарайсың, Мақсат. Қатарды, тізенің астынан тебуді білесіңдер ме?
- Бәріміз де білеміз,- деп, Мақсат езу тартты.
Ақан ойнағысы келгенімен, тартынды:
- Жарайсыңдар, дәу жігіт болыңдар.
Бала кезден өскен ауылдың барлық бұрылма-қуыстары, әр үйдің әртүрлі шарбағы мен ағаштарына дейін түгел көз алдында. Кетпес еді мамандығы бойынша көңілдегідей жұмыс ауылынан табылса. Үш жыл бұрын университеттің ұсынысымен қаладағы ғылыми-зерттеу институттарының біріне табан тіреген. Алайда былтыр штат қысқарып, жұмыссыз қалғаннан кейін тағы біріне кіші ғылыми қызметкер болып орналасқанымен, құлқы соқпады - жалақысы жартымсыз. Ауылдан күнде барып-келуге уақыт та, жалақысы да жетпеді. Таныстарымен бірге қалада пәтер жалдап, ауылдағы үйді біреулерге тапсырып кетуді ұйғарды. Қайдан құлағы шалғаны, қайдан келгені белгісіз, бір қызы мен екі ұлын ертіп, Николай деген біреу келген. Сары бұйра шашы шудаланған, сыптай, тотықкүрең адам екен.
- Міне, үй бес бөлмелі. Мына бөлмеде – менің көрпе-жастықтарым. Кілттеп кеттім. Қалған төрт бөлме сізге жетер. Бақша мынау. Жері – жиырма сотық. Пайдалана беріңіз. Келесі жылы жазға таман келемін, соған дейін. Көріп тұрсыз, қора жоқ, сізге бәрібір, мал ұстамайсыз. Ешқандай ақы сұрамаймын. Жалғыз өтініш – өз үйіңіздей күтіп қараңыз.
- Жарайды, жарайды, - көзі жайнап кеткен Николай ризашылығын білдіргенде, басын сілкілеп, иегімен төсін соға жаздады.
- Ой, рахмет Сізге. Үлкен, үлкен рахмет! Қандай тамаша! – деп, бетіне секпілі шашыраған әйелі де жайраңдап, қалбалақтап қалды. Еңсесі биік, ақ шатырлы үйді, жемістері самсаған бау- бақшаны көзімен ішіп-жеп барады.
- Таң атпастан ішіп алғансыз ба? – Ақанға Николайдың ептеп қызғындығы ұнамады.
- О-о, қандай керемет үй! Бұл – біз үшін ғажап тарту. Құдайдың сыйы секілді. Мұндайда ішпегенде, қайда ішеміз? Жүр, ішейік!- деді Николай жарқылдай күліп.
- Жо-о, рахмет. Таң атпастан ішпеймін.
Бойжеткен қызының жас шамасы, сірә, он жеті – он сегіздің арасында. Әдемі бір ой келді ме, түйіліп тұрған қабағы жазылып, сәл езу тартқаны – сірә, қуанғаны. Күлімсіреп, маңдайына қиғаштай түскен кекілін бір жағына үрлеп тастады:
- Сізге үлкен рахмет.
- Сіздің қызыңыз ба? – деді Ақан Николайға бұрылып.
- Иә-ә, менің үлкенім, - Николай кеудесін кере мардамсып, басын шалқайтқанда, құлай жаздады. Дереу түзеліп, басын салмақтап изегенде, иегі алқымына тиердей, бүктеле иілді. – Үлкенім...
- Жарайды, жақсы. Міне, кілт, мынау – үйдің құжаттары. Жарыққа, суға төлейтін уақыты келіп, тексерушілер сұрап жатса, көрсетерсіздер. Мен ертеңгісін тағы бір соғып кетем. Сұрақтарыңыз болса, айтарсыздар.
Немере әпкесінің үйіне барып, бір қонып, ертең қалаға кетпекші. Николайдың отбасы қызық екен. Үлкен қызы мен одан кейінгі балаларының жас мөлшерінің арасы тым алшақ. Екі ұлдың үлкені үш-төртте, ең кішісі екі жаста шығар ары кеткенде. Мына бойжеткен бірінші әйелінен қалған қыз ба, немесе кейінгі әйелінің бұрынғы күйеуінен туып алғаны ма? Бәлкім, өз қызы шығар. Әй, мейлі, біреудің отбасында не шаруасы бар...
Киімдерінің жұпынылығына, әйелдің аурушаңдау түріне қарағанда, тұрмыстары жүдеу, кедей отбасы. Ал қызы... атым Люба деді ғой, арзанқол, әрі ескі кофта, балтыры жалаңаш джинсы кигенімен, балғын, жұмыр денесі, иығына төгілген қалың, алтын шашы қай жігіттің де көңілін қытықтайтыны сөзсіз. Бұғанасы шодырайған шешесі Дарияның бойы кішкентай, ырсиған арық, мұрнының ұшы қайқия бітсе, Люба бойшаң, домаланған бөксесі шағын тегенедей, қыр мұрын, тік маңдай, толықша. Төңкерілген сапар кеседей қос анары «мені байқамау мүмкін емес» дегендей, қызыл кофтасын керіп, тап қазір жыртып шығуға дайын сияқты, сыртына ұмтылып тұр. Мұның қызыға қарап қалғанын ол да байқап, әнтек жымиғанымен, үндемеді. «Орыстың қызы да ұялады екен-ау» деп, іштей сүйсінді.
Люба қалың, ұзын кірпіктері жыпылықтап, тағы бірдеңе айтуға оқталған сияқты. Бірақ көзінің астымен білдірмей, әкесіне бір қарап үлгіргенде, өзіне ғана мәлім құпияны ұғып, сақтанғандай үндемеді. Сыр жасырғаны ма, төмен қарағанда, көзін жиектеген жұмсарыңқы, жібек кірпіктері шешесінікіне ұқсайтындай. Бірақ Дарияның сол көзінің ирек-ирек ұзынды-қысқалы кірпіктері аурудан өлеусіреген кәрі қойдың кірпіктеріндей сояуланып ағарыңқыраған, қызыныкіндей сарғыш емес, оңып кеткен бе, түсініксіз. Оң көзінің қырқып тастағандай қысқа, қылпық кірпіктері біртүрлі: сусарғыштау дымқылы мен бөрте құрғағы аралас, түптері аздап сіркеленген секілді, ауру торайдыкіндей кілбиіңкі. «Қызы дардай, ұлдары кішкентай, аралары - бірталай жас, біртүрлі қызық екен» деп, ойлағанымен, ештеңе сұрамады.
Ертесіне келгенде, Любаның қақпа алдында алаңдап, тосып тұрғанын қызықсынды. Жайдан-жай емес-ау. Қыз бұрыннан таныс адамдардай бірден қолын созып амандасты:
-Ауылдарың тамаша екен, қандай әдемі! – деді көшенің бас-аяғын мұқият шолып. - Шап-шағын, екі-ақ көше. Қалың ағаш, бау-бақша, тып-тыныш. Ауасы қандай тәтті. Осындай жерде үйім болар ма еді деп бала кезден армандаушы едім. Ауылдың сыртында бұдан басқа көретін бірдеңе бар ма?
- Қаладан келе жатқанда, темір жолдың бойымен анадайдан жарысып отыратын қалың тоғай жолағын байқаған шығарсың. Араласаң, ешкім де «қой» демейді. Ал шомылам десең, мына төмен жақта біріне бірі иек артып жатқан үш тоған бар. Жап-жақын, осы жерден біржарым шақырымдай ғана.
- Көрсете аласың ба?
Любаның бірден «сенге» көшкеніне іштей таңырқағанымен, жақын тартқанына іші жылыған Ақан «мен велосипед тауып келейін. Бірақ сен ары таманда - анау көлденең жолды көрдің бе, сол жердегі ағаштың тасасында тұр. Көршілер көріп қоймасын» деді. Қыз сәл езу тартып, қасын керді.
- Жарайды.
Немере әпкесінің баласы ойнап кеткен бе, үйде жоқ болып шықты. Соның велосипедін зырылдатып, тез-ақ оралды. Артындағы жүксалғышын алып тастаған великтің белтеміріне бір қырындап отырғызып, тоғанның қасынан өтетін асфальт жолға түсті. Джинсы киген қыздың жұп-жұмыр саны отырғанда, тіпті жуандап, ауырлығы бірден білінді.
Асфальт жолмен сырылдата сырғып ызғығанымен, бір уақытта былай шығып, көл жағалай жүргенде, қарқыны бірден басылды. Велосипед екі адамның салмағын ауырсынғандай, шиқыл-сықыры күшейіп, «маған қандай зор келгенін қараңдаршы!» дегендей, жұмсақ шымдауытқа ізін батыра қалдырып бара жатты: «сенбесеңдер, көріңдер, мінеки!».
«Қыз ауыр ма, тұз ауыр ма?» деуші еді, сол ып-ырас. Ақан намысқа тырысып, педальды күшене басты. Қыздың төгілген алтын зердей жібек шашын самал желпіп, жеп-жеңіл қауырсын ұштары ойнағысы келгендей Ақанның мойнына, бетіне тиіп-тиіп кетеді. Еркелеп қытықтағаны секілді. Жұпар сабынмен жуған шашының үлпілдек, жұмсақ иісі еліктіріп, қайдағы жеңсікті әлсін-әлсін қозғап, оята береді. Педаль көтерілген сайын тізесі қыздың бура санына, велосипедті толтыра дөңгелене орныққан аумақты, тып-тығыз бөксесіне қайта-қайта тиіп кетеді.
Жігіттің тізесіне «ой түсіп», жылы орын іздегендей қыздың саны мен бөксесін байқамағансып, сыпыра сылап өтеді, еш ажырағысы келмейді. Жабысып-ақ қалғысы бар. Бірақ бір атасы темірден жаралған безбүйрек педаль ерік бермей, жоғары көтеріп әкетеді. Дәніккен тізе қоза түседі, әлденені құмарта іздеп, қайта жоғарылайды. Жігіт тізе мен қыз бөксенің, тығыз санның жанасуы жиілеп, өзге дүние ұмытылып, масайуға бейімделген шақ. Дәл қазір тізгіндейтін ешбір иесі жоқ, алаңы түгесілген екі тән бір-бірімен жаңа танысса да, ойда жоқта оянған құмарлықтан қол үзуге ықылассыз.
Ештеңеде шаруасы жоқ секілді, сыр бермей келе жатқан Любаның көзі бірдеңе іздегендей айналаны қыдыра шолғаны Ақанды кәдімгідей дәмелендіре түседі: «Ол да менің ойлағанымды ойлап келе жатыр ма екен?»
Алаңсыз көсіліп жатқан жасыл теңіздей көз талдыратын алысқа ұзаған телегей дала, қисапсыз қызғалдағы сыңсыған, әне, қызыл жайқын көлдей қызарған алап... Анау жайқалған жасыл айдын – көзтаныс егіндік алқабы. Самал саумалап әкелген көкорайдың жеңіл ійісі де жасылданып жеткен тәрізді.
Жігіттің көзі тынымсыз шарлаған мына жақта оңаша әңгімелесіп отыруға қолайлы орын көп екен. Трактор жүре алмайтын шолақ саймен аноу жоғарыда түйісетін қатар-қатар өзектерді көрпедей қымтаған көк майса жатқанның жамбасына жасыл мақпалдай жайлы шығар.
Жаңа әлгінде ғана қыздың назарына іліккен көкорай телегейдің бетінде қалқып, біркелкі маздаған қызыл жалын – қырмызы пүліштей құшағына алуға әзір қалың қызғалдақтар сүйісуге бейімделген қыздардың миллиондаған үлбір еріндері секілді. Жігіттің ойын қыздың сөзі бөліп жіберді:
- Табиғат қандай әдемі!
- Көктемде расында да барлық жер әдемі. Кәне, қарайықшы. Анау – тоған - көл, - Ақан тоқтап, Любаның түсуіне көмектесті.
Көк пүліш майсаны кешіп, тоғанға жақын келгенде, жағада ешкім көрінбеді. Көлбақалар «ешкім жоқ деп ойлап жүрмеңдер. Құдайға шүкір, біз бармыз» дегендей анда-санда құрылдап қояды. Былтырдан қалып қойған, шіри бастаған қамыстың қоюша иісі, құрғап кетсе де, судың дымқылын ептеп түйсінген үпілдіріктің тартындыратын ұнамсыздау тарғылша иісі тілімшеленіп сезіледі.
- Мына тоғанды біз «көл» дейміз. Қарашы, қандай әдемі! «Жер жаннаты - Жетісу» деп, тегін айтпаған. Мына көк шалғынға көміліп, қалаған қызғалдағыңды құшақтап, иіскеп демалсаң, қандай рахат! – деді жігіт қыздың көзінен сыр аулап. Алайда айналасын «көріп қоятын ешкім жоқ па!» дегендей асықпай бір шолып өткен Любаның қабағы шытылып, төмен қарады:
- Саған жақсы шығар, маған олай емес.
- Неге?
- Бұл жерлердің иесі жоқ па? – деді Люба жауап орнына.
- Әрине, иелері бар. Қазір мұндай жақсы жерлердің барлығы түгел сатылып кеткен. Қожайындардың біразы – өз ауылымыздыкі, сондықтан біз қыдырып келсек, ештеңе демейді.
- Міне, көрдің бе! Мына жердің барлығы – байлардыкі. Сен осы жердің адамысың. Сондықтан саған әзірге рұқсат етеді. Есіңде болсын: әзірге! Сосын қалай боларын құдай біледі. Ақысыз аяқ бастырмайды. Қит етсе, ақша төлейсің. Шешемнің айтуынша, социализм кезінде бәрі халықтікі болатын. Таулар мен өзендер, көлдер мен жолдар... бүкіл дала... бәрі тегін, аралай бер. Өйткені, барлығы – халықтікі. Енді соның бәрі – жеке адамдардікі. Өз еліңде еркін жүре алмай, жалтақтап, немесе жаутаңдап жетімсіреп жүрсең, несі жақсы?! Өз отаныңда қия бастырмаса, қандай жаман. Бізге тек құл болу ғана қалды. Қайда барамыз? Білмеймін. – Қыз түңілгендей басын шайқады. – Тіпті өмір сүргім келмей кетеді.
- Қо-ой, неге олай дейсің? Құлдар бұрынғы заманның ертегісі. Білеміз дегендердің айтуынша, жекеменшік – экономиканы дамытудың сыннан өткен, ең тиімді тетігі.
- Меніңше, мұны ойлап шығарғандар – байлар сияқты. Елді алдау үшін, өздерінің экономика саласындағы қылмыстарын ақтау үшін. Әскери қылмыстарын да.
- Мүмкін солай да шығар. Бұл мәселе туралы әлі терең ойлай қойған жоқпын. Мұршам болмай жүр. Әрі менің салам емес.
- Міне, сондықтан да олар ойына келгенін істейді. Бұл қорлық емес пе?
- Әне, Қытайды қарашы, қаншама адамды асырап отыр. Ал, біз... – басын шайқады.
- Иә, Қытай – расында да фантастика. Ғажайып. Дегенмен біздің бастамыны да жүзеге асырып байқау керек болар. Бәлкім, Американы да, Еуропаны да басып озармыз.
- Иә, байқап көру керек шығар... – Люба мырс етті. – Өгей әкем сөйтіп көрем деп, бәріміз далада қалдық.
- Қалай?
- Солай. Білгің келсе, айтайын. Тез байығысы келді. Біздің үйді кепілге қойды. Шешемнің үйін деймін да. Менің әкем авариядан қайтыс болған. Ол кезде мен мектепте оқып жүргем. Ақшадан тарықтық. Амал жоқ, шешем өгей әкеме – маскүнемге тұрмысқа шықты. Ол жынды десек те, өз пайдасын біледі. Шешемді алдап көндіріпті.
Қымбат машина алып, таксовайттады. Бізге пәтер жалдады. Сосын жұмыс істегісі келмей қалды. Машинаны жалға берді де, ішкілікке салынды. Жалға алған кісі машинаны құртты, ештеңе төлеген жоқ. Оның алатын да ештеңесі жоқ-ты. Сөйтіп, біз қаладағы үйімізден айрылдық. Ол үйге әкем барын салып еді... – Любаның көзіне жас іркілді. – Бізде бәрі болатын. Байлар сияқты киінетінбіз. Тамақ ас та төк, күнде киноға, театрға баратынбыз. Ол кезде әлі ақылым кірмеген кішкентай едім. Қалада үй жалдаған қымбат. Сосын өстіп ауылға келдік. Қайыршылар сияқты.
Екі қолымен бетін жауып жылған қызды қалай жұбатарын білмеді:
- Ресейге көшсеңдер, жақсы болмас па екен? Тустарыңа.
- О жақта туыстарымыз жоқ. Жәй таныстардан қайыр жоқ.
- Қалай дегенмен Ресей керемет үлкен. Жер деген жетеді. Шетелдіктерге де жерді жалға беріп жатыр деп естідім. Көшіп келгендерге көтерме беріп, қолдайды дейді. Олардың экономикалық жағдайы бізден жақсы деп ойлаймын. Тәртіп те әлдеқайда жақсы болар.
- Ой, осында қандай болса, о жақта да сондай. Барған таныстарымыз, Қазақстанды қимай, қайтып келді. О жақтағылар Европадағыдай біртүрлі суық. Мұндағыдай бір-біріне жаны ашып, елпектемейді. Біз бұ жаққа үйреніп қалғамыз осында тудық, осында өстік. Өзіңнің үйің сияқты...қала да, дала да, ауылдар да, адамдар да. Ана жақтағылардан әлдеқайда жақын. Мұндағы адамдар да, ұлттар да әртүрлі. Ешкімнің бүкпесі жоқ, европалықтар секілді тек өзін ойлаған өзімшіл емес.
Бейтаныс бөтен жаққа барғанда, бәрі біртүрлі жат, жаныңа жақпайды. Бойың да, ойың да үйренгенше, қайда-аа... Оңай емес. Екі арада өміріңнің қалай өтіп кеткенін де білмей қаласың. Мен үшін Отан – дүниеге келген жер. Мен үшін мәңгі ұмытылмас Алматы. Мұндағы өмір де, бәрі-бәрі – жаныма жақын. Неге олай екенін өзім де түсініп жатқан жоқпын. Однолюбка шығармын.
Ана жақта біз кімге керекпіз. Ауру, кедей, маскүнемдерміз. Әкенің сықпыты анау. Өздерінің де алқаштары жетеді.
- Шынымен-ақ өгей әкең бе? Бәсе, саған ұқсамайды. Әлі маскүнем бе?
Люба сасып қалды. «Маскүнем екенін білсе, тегін үйден шығарып жібере ме!» деп, қауіптенді ме:
- Біз ішкізбейміз, - деді көзі қорыққаннан кең ашылып. Үрейленген көгілдір көздері көк аспандай тұңғиық. Дағдысы ма екен, астыңғы ернін батыра тістеп алғанын аңдамады. Жұқа, мақпал сызықтай ерні қызғалдақ қауашағының жиегі секілді қызарып қалды. Аппақ жүзіне қызғылт шырай дарып, толқығанын жасыра алмады. Пілдің сүйегінен жонып жасағандай әжімсіз алма мойынын, жалаңаш жұмыр иығынан аса төмен төгілген қою алтын шашын, қыпша белі мен мысыңды құртатын бөкен санын лезде қызыға шолып үлгірген Ақанның білегінен ұстады:
- Ренжімеші. Бүгін менің көңіл күйім жоқ. Кейін... Қайтайықшы, - деп, өтінді.
Содан кейін Любаны да, әке-шешесін де көрген жоқ. Биыл көкөніс пісіп, мал оңалғанда, үйлену тойын жасауды ойлап, ұнатқан қызбен келіскен Ақанның ендігі алаңы – отауын сайлаудың қамы. Әлі екі айдай уақыт бар тойға дейін. Ең бірінші шаруа – үйді дайындау.
* * *
Аулаға келгенде, еріксіз таңданды. Бұрын өзі күн сайын сыпырып, тап-таза боп жататын. Қазір құйын жүріп, әптер-тәптерін шығарып кеткендей, әр жерде сынған майда бұтақтар, қайдан келгені белгісіз қоқымдар, түрлі жапырақтар шашылып жатқаны несі? Сенекке көтерілетін ағаш баспалдақтың қасында кеше қатар отырған болуы керек, екі баланың кеуіп, қабыршақтанған кәкәсі әлі жиналмаған. Ешкім көрінбейді. Айтпай, бір жаққа көшіп кеткен бе? Қызық екен.
Сенекке асыға кіргенімен, тағы да таңданып, тұрып қалды. Сүргіленген әдемі тақтай еден шабылған ба, содан ұшқан ба, әлдеқайдан жиналған ұсақ-ұсақ қиқым жаңқалар, қоқымдар бей-берекет шашылғаны несі?
Сенектің еденін Сібірден жеткен листвняк деген ағаштан өзі жасап еді, жай ағаш емес, тас ағаш десе болғандай. Қысқышпен ұстап тұрып қақпаса, шеге кірмейді. Он төрт шаршы метр сенектің еденін екі күн әуреленіп, әрең бітірген. Балта оңайлықпен өтпейтін сол еден жау шапқандай, кедір-бұдыр, бұжыр-бұжыр. Терезе мен қабырғалардың іргесіне таяу тұстары ғана бүлінбеген, ал орта тұсы - түгелдей айқыш-ұйқыш қайшыласқан, біріне-бірі шалынысқан терең-терең сызықтар. Балта тиген бе, шұқырайып-шұқырайып, көз сүріндіреді. Еденнің бетін торлаған әжім секілді шимай-шимай, шым-шытырық. Ұстараның жүзіндей өткір балта емес, сірә, кетпеннен сәл-ақ тәуір әлдебір құрал қыршып түспей, әр жерден қиқалап, кеміріп-жеміріп, зордың күшімен шапқан. Тымпиып, тып-тыныш жатқан еденді не үшін жезтырнақ осып тастағандай еткені түсініксіз.
Құдай біледі, сірескен сары аязда аулаға шығуға ерініп, сенекте отын жарған. Басқаша болуы мүмкін емес. Балтаның әбден көзтаныс ізі белгілі. Астына жаңғырық қоймай, дені сау адам еденде отын дайындаушы ма еді?! Әлде Николайдың мастықпен бүлдіргені ме?
Үйге кіргенде, бірден мүңк етіп, бетке ұрған сасық иіс мұрнына жармасып, қолқаны қапты. Бейтаныс, қапырық, ауыр иіс. Жүрегі көтеріліп, лоқси жаздады. Ненің исі екенін ажырату мүмкін емес. Тер ме, шуаш па, жуылмай жатып қалған киім-кешек, көрпе-жастықтарға қолаңса сіңген бе - адам ажыратуы неғайбіл бірдеңе.
Сыртынан пленкамен қаптап тастаған терезелерден тұншығып өткен жарықтың қуаты аз, үйдің іші бұлыңғыр, желдеткіштер тарс жабық. Сірә, өткен жылдан бері ашылмаған. Үйдің ішін түгелдей тұтып, тұтасып алған ауыр ауа базданып, бұзылып кеткендей. Төбе мен еденнің арасындағы кеңістікті басы бүтін иемденіп, шелденіп алған күлімсі қышқылтым кеңсірікті ашытады. Ауа да жаңарып тұрмаса, шіріп, бүлінетін секілді. Жүрегі айнып, басы айналғандай кідіріп қалса да, есін дереу жиып, есіктен төрге дейін әр бұрышта бей-берекет бұратылып, умаждалып жатқан шұлықтар мен колготкилерді, көйлек-мәйкілерді, сүлгілерді басып кетпейін деп, еденге қарағанда, тіксінбеске амалы қалмады. Ұзынша дәліздің екі жағындағы бөлмелердің есіктерін кір-қожалақ, ұзынды-қысқалы қотыраш жолақтар айғыздаған. Жылтыр, ақ темір тұтқалары баттасқан сірке кір, май ма, басқа ма, адам көргісіз.
Үйдің ауасына орын жетпей, жетімсіреп, сыртқа ығысып кеткен сықылды. Қонжиып алған қоңырсықпен қойындасып сығылысқан - күйген, ашыған, өңезденіп тұрып қалған, көгерген неше алуан иіс сыртқа шығуға саңылау таба алмай, қоңыр сырмен боялған еденді қошқылдап, желімделгендей жабыса жатып алғанына қарағанда, таяудағы жылдарда мызғымайтындай. Былтыр ғана жалтырап жатқан еден сықасқан сонша көп ійісті ауырлағаны ма, қаракүрең, қошқылкүрең түстеніп, түнеріп қалыпты.
Осы үйді салғанда, әкесі еденге ағаш сатып алуға ақша таппай, революциядан кейінгі бір үйден табылды деп әкелген, түйе жүрсе, былқ етпейтін, қалыңдығы сынық сүйем тақтайдан жасалған еді. Секеш деген ұста бастап, совхозда істейтін әріптесі Мишамен бірге арақ ішіп, қолы тимей кеткен соң, Ақан өзі құрап-сұрап, зорға бітірген. Құрақтың аты құрақ, жүрсе сықырлап, құлақты қыратын.
Мұнда да жаңағы сенектегі көрініс. Есіктен кіргеннен біржарым метрге дейін шапқыланып, тақтай еден шұрқ-шұрқ тесіле жаздаған. Мәссаған, есі дұрыс адам үйдің әп-әдемі еденін бүлдіре ме? Әлберген қарттың сөзі есіне түсті: «көршілеріңнен естідім, қыс бойы үйіңде түнде тарсылдап жатады». Сенекті қойып, үйдің ішінде ағаш жарғаны несі?! Қызық екен, бұлар нағылған адамдар өзі?!
Таңданып тұрғанда, бүйірдегі бөлменің бірінің есігі ашылып, жалаңбұт кішкене ұлын көтеріп, Дария шықты. «Ұйқыдан жаңа тұрып жатыр!?» Кірпіктері жабысып, әзер ашылады, былшық-былшық.
- Сәлеметсіздер ме!
Амандасудың ырымын жасап, әйел ернін жыбырлатты. Үрпиіп, жүрексінгені, әлде сақтанып тұрғаны бірден байқалды. Дауысты естіп, оң жақ бүйірдегі бір бөлмеден Люба көрінді:
- Сәлеметсіз бе, - қымсынды ма, тура қарамай, қасынан бір қырындап өтіп, сыртқа шығып кетті.
- Неге үйдің ішінде ағаш жарғансыздар? – деді Ақан арғы жағынан ояна бастаған ашуын тежеп.
- Білмеймін. Николайдан сұрау керек.
- Ол қайда?
- Ұйықтап жатқан болар. Николай, тұр. Қожайын келді.
Ешкім шықпады. Ақан бөлмелерді аралап көрді. Бір бөлмеде тақыр еденге бірнеше қабат төселген, бірақ ақ жайма жабылмаған құрақ көрпелердің үстінде ұйықтап, енді оянып алған, тақырбас бүлдіршін сейсеппен қапталмаған сауыс-сауыс көрпенің астынан басын шығарып алды да, езу тартып, қарай бастады. Бейкүнә балалардың сүйкімді жүздері ішін жылытқан Ақан өзін өзі күштеп, ұстауға тырысты.
Кетерде көрпе-жастықтарға тиме деп ескертіп кеткенін тыңдамапты. Ұлының үйлену тойына деп шешесі дайындаған құрақ көрпелер, қонақ көрпелер, жас жұбайларға деп тіккен түйе жүн, қой жүнінен, қаздың мамығынан бипаздап әзірлеген көрпелердің бәрі аяқ астында умаждалған, кір-кір, әр-әр жерінен жыртылған, темекінің күлі күйдірген бе, ойық-ойық.
Мәссаған! «Жалғыз ұлым үйленгенде, құдалардың алдында жерге қарап қалмайық» деп, бірнеше жыл бойы дайындаған еңбегі зая кеткенін көрсе, шешесінің талмасы ұстап қалар еді.
Келесі бөлмеге құдалар келгенде, жарқ еткізіп төсейміз деген, оюлы, үлкен, ақ сырмақты жайып тастапты. Былтыр ғана ақша қардай көз тартып, тамсандырған әдемі, ақ сырмақ талайдан бері көмулі жатқан топырақтан суырып алып, сүйретіп әкелгендей күлгін, күлсұр, адам қарағысыз. Етіктің, бәтеңкенің көмескі іздері, темекі тұқылдары, қалайы түсті күлі, түннен қалған арақ пен сыраның бірнеше шөлмегі – үйдегі ахуалдың айғағы.
-Менің үйлену тойыма шешем дайындаған көрпелерге тимеңіздер деп едім ғой, - деді Ақан ызғарланып.
- Бұған Николай - кінәлі, - деді Дария төмен қарап. – Мені сабай жаздады. Егер Люба болмағанда...
- Не үшін?
- Мен айттым оған «көршілердің ескі көрпелерін сұрайық» деп. Ол дүрсе қоя берді: «Мен немене – қайыршымын ба?! Жаңаларын пайдалана береміз» деп. Мен оған: «қожайын онсыз да жақсылық жасап отыр. Басынбайық» деп едім, боқтап жіберді. Мен одан қорқамын. Ол ішіп алса, байланыспай аулақ жүрген жақсы.
- Ішіп алса, елдің бәріне тисуге хақысы бар ма? Қайда өзі?
Дәліздің шетіне таман подвалға түсетін ашпалы, шағын, шаршы есік бар-тын. Ақан күдік алып, сол есіктен подвалға түсті. Түсті де, сілейіп қалды. Былтыр ғана бүкіл үйдің еденіне, сосын сенектің іші-сыртын қаптауға, төбесіне, шатырдың астыңғы жиегіне айнала қағып, әдемілеуге жететін бір машина сүргіленген жылтыр шпунт тақтайды әзер тауып, бағасы удай болса да, әкесінің бірнеше жыл жинаған ақшасына сатып алған. «Балам, құдалар келсе, ұят болар. Еденді жаңала, үйді жөнде» деген. Сол үшін малдарын сатқан. Тақтайды әкелгенде, сыртта қоятын құрғақ қалқа табылмай, подвалға жалғыз өзі пышылдап тасып түсірген. Сол тақтайлар зым-зия жоқ.
Енді бәрі түсінікті. Тақтайларды аулаға шығарып, отынға шапса, көршілердің бірі болмаса, бірі көреді, әрине. «Әй, мұның не? Есің дұрыс па?» деп ұрсатыны сөзсіз. Бәсе, «түнде тарсылдап жататын» жұмбақтың шешуі енді мәлім. Мынаның ұятсызын-ай, «Жақсыға жақсылық жасасаң, аузы-мұрныңды май етеді, жаманға жақсылық жасасаң, аузы-басыңды қан етеді» деген осы.
Зығырданы қайнап кеткен Ақан сыртқа атып шықты. Үйеңкіге ілінген қолжуғышты саңғырлатып, Люба беті-қолын жуып жатыр екен. Кенет қырылдап, қақпа ашылды. Жуыла-жуыла оңып кеткен шақпақсұр жейдесінің омырауы ашылған, алқа-салқа, бұтындағы көнетоз, көксұр шалбарының тізесі дөңгелене шығып, балағын баттасқан кір-шаң тұтқан Николай тәлтіректеп, кіріп келе жатты:
- О-о, қожайын келіпті. Сәлем, біз кетіп үлгермей қалдық. Ерте келгенің өкінішті.
Ақан сыздана қарады:
- Ұятың бар ма өзі?
- Оның маған не керегі бар?! Керегі жоқ. - Николай тәлтіректесе де, анық сөйледі.
- Неге үйді бүлдіргенсің? Мен саған адам деп, сеніп тапсырып кетіп едім ғой, тақтайды отын еткенше, баудағы қураған ағаштарды неге шаппадың? Қалай ұялмайсың?!
- Кешір, қожайын, жағдай солай болды. Баудың ағаштары жуан, арамен кескен қиын. Тақтайлар кепкен, жақсы жанады. – Мұрнын шүйіре тыжырынып, сұстана суынған көз қиығымен шолып өткенін місе тұтпай, қолын бір сілтеді. – Маған керек болды, пайдаландым. – Николай сес көрсеткендей тесірейе қарап тұрды. Сосын екі қолын екі жаққа жайды да, көздері шытырлап сынып кетердей ызғарланды. – Неменеге риза болмай тұрсың? Үйің аман-есен тұрғанына «рахмет» де. Бір жыл бойы тегін күзеттім. Маған ешқандай ақы төлеген жоқсың. Тақтайлар, көрпелер... сендер не деп айтушы едіңдер, әлгі... бәрі – менің еңбекақым.
Ақан шыдамады.
- Не деген ұятсызсың! – деп, жағадан ала кетті.
Николай Ақанның қолынан шап беріп ұстай алды да, бар күшімен білегіне бармағын батырып, алқымын ажыратпақшы болды. Үнемі қара жұмыс істеген қарулы қолдарының қысқаштай тегеуріні айқын білінгенімен, спортпен шұғылданатын Ақан оны тік көтеріп алды:
- Аузыңды жап, әйтпесе быт-шытыңды шығарам.
Әлі келмейтінін сезген Николай қолын жібере салды:
- Иә, иә, мен кінәлімін. Жарайды, ұр. Ұр мені.
Ақан Любаға қарап еді, көз шарасы кеңейіп, бір сұмдықты күткендей үрейге толы. Су-су бетін сүртіп үлгірмепті. Маңдайынан сырғыған су төмен жылжып, иегінен тамып-тамып түседі.
Сенектің есігі ашылып, кішкене қолдарымен көздерін уқалаған ұйқылы-ояу балаларын шұбыртып, Дария шықты. Отыздардағы келіншек болса да, бетінің әрі тайып, айқыш-ұйқыш әжім торлаған, тұрмыстың, әлде маскүнем күйеуінің тауқыметінен ерте қартайып, күтім көрмеген әйелдің балалары балапандардай тізіле қалыпты. Бөтен біреу келіп, әкесінің жағасынан алғанына таңдана қарайды. Ақанның есіне бір грузин досының айтқаны түсті. Есікпе-есік тұратын екі грузиннің бірінікі - ұл, екіншісінікі – қыз. Анығы қалай екенін ұмытыпты, қызы бар – зор денелі, ал ұлдың әкесі – шәпеті, кішкентай ғана. Екеуі бір сәтте шығып қалады да, баласының шағымынан болу керек, қазір есінде жоқ, кішкентай әке дәуді шапалақтап, сабағанси бастайды. Құлағына сыбырлап қояды: «Шыдасайшы. Білесің ғой, менікі - ұл, әне, қарап тұр. Ұлдың аты ұл. Кішкене шыда!»
Дәу грузиннің көзінен жас бұршақтап қоя береді. Көршінің «сабағанын» ауырсынғаннан емес, ұлы болмағанына. Осыны айтып берген грузин досы екеуі әбден күліп еді. Қай кинода екені есінде қалмапты.
- Сенде бет жоқ екен, Николай. Саған ештеңе сеніп тапсыруға болмайды екен... - Ақан жібере салды.
- Сабағың келсе, саба. Мә, мә! – Николай жейдесін шешіп алып, шетке лақтырып жіберді.
- Сен сияқты арсыз, алаяқтарды сабау аз, – деді Ақан теңселіп тұрған Николайды оқты көзбен атып. «Ұлдардың көзінше әкесін сабаған – обал. Бір-ақ ұрғаннан қалмайтын неме асфальтқа құлап, жазым болмасына кім кепіл?!»
- Өлтіргің келсе, өлтір, - Айқайлаған Николайдың күреңіткен мойнының көк тамырлары білеуленіп, жұдырығымен өз көкірегін түйгіштеді.
Любаның кірпіктері желімделіп қалғандай, ашылмайды. Шешесі көздерімен жер шұқып, басын көтере алар емес. Тек балалар ғана кино көргендей таңданып, «ары қарай не болар екен?» дегендей, көз алмай, қызыға бағып тұр. Үрпиген үлкені үнсіз. Кішкентайы, сүп-сүйкімді сәби шаң-шұң дауыстарға сықылықтап күле қарағаны аздай, екі жағына кезек-кезек теңселеді, құйттай қолдарын ербеңдете билетіп әлек.
- Бір айдың ішінде үйді босатып, кілтті көршілерге беріп кетіңіздер. Осы айдың соңғы күні – жексенбі, сол күні келемін. Бір ай уақыттарыңыз бар. Сіздерді көрмейін. Егер көрсем, - Николайға қарады, - өкпелемеңіз. Қалған бір айда үйді жөндеуім керек. Үйленем.
- Рас па? – Оқыс сұрап қалған Любаға мойын бұрды. Кірпіктеріне ішінара ілінген су тамшылары әлі кеппеген, мөлдір моншақтардай тізіле қалыпты.
- Рас. – Ақан «оның саған не қажеті бар?» дегендей сұраулы кескінмен қарады.
- Жай, әшейін. – Сыр бергісі келмегенімен, мұң торлаған қабағынан құпиясын сездіріп алудан қауіптенгендей Люба кірпігін төмен түсіре қойды.
- Рас, - деді Ақан тағы да.
Люба төмен қараған күйі қызарып, астыңғы ернін жымыра тістеп, не істерін білмегендей сәл-кем кідіріп тұрып қалды. Сосын терең тыныстап, күрсініп алды да, теріс айналды. Өз денесін өзі ауырлап, әзер бұрылғанын сездіргісі келмеді ме, ақырын басып, кетіп қалды.
* * *
Айтқан күні түске таман автобустан түсті. Баяғы асық, ләңгі ойнаған балалар тағы да жүгіріп келіп, сәлем берді. Алғыс айтып, бұлжымайтын қашанғы әдетімен тағы да ағаштарға қарады. Ақ терек, көк теректердің алақандай жапырақтары қуанғандай желпіне сыбдырлайды. Қарағаштың пісіп үлгірген тұқымдары бөрткен сұлының дымқыл сіңген ботқасы секілді жол бойында шашылып жатыр, аткөпір. Жыпырлаған үшбұрыш сырғалары баяу желмен ақырын тербеліп тұрған үйеңкінің саялы қалқасынан бөксесі дөңгеленіп, біртүрлі таныс мүсін бері шықты.
Люба!
- Екі сағат болды, сені тосып тұрмын.
- Жәй тосып тұрсың ба?
- Айтайын дегенім - біздікі дұрыс емес. – Күмілжіп, кірпіктері жыпылықтап, сәл бөгелді де, жерге қараған күйі сөзін жалғады. – Біздікі дұрыс емес. Нағыз арсыздық болды. Сені түсінемін. Шпунт тақтай паркет сияқты өте қымбат. Біз құртқан неше түрлі әдемі көрпелер де өте құнды екенін білемін. Оларды дүкеннен іздеп таба алмайсың. Нағыз қолөнер... – деп, бір тоқтап, сиякөк юбкасының ышқырын жөндегенсіді. – Ашуланғаныңды да, ренжігеніңді де бірден сездім. Әрине, сен де бай емессің. Әке-шешең берген үйден басқа түгің жоқ.
Ақан намыстанып, шырт ете қалды:
- Сен атап айтпасаң да, мен өзімнің қандай және кім екенімді білем. Ал, жақсы, сау бол.
- Кішкене тұра тұршы. Өтінем, - Люба білегінен ұстады. – Саған үлкен рахмет. Әнеугүні қатты таңғалдым. Оны әбден сабайды ғой деп ойлап едік. Қалай ашуланғаныңды көрдім. Басқалар сияқты тепкінің астына алар деп ек.
- Қалай?! – Ақан таң қалды. – Басқалар оны не үшін сабап жүр?
- Сондай азғындығы үшін. Мен көргендердің ішіндегі ең жақсысы – сенсің. – Шүңіректеу көгілдір көздерінің түкпірінде сіресіп жатқан мұздай ауыр мұңның бетінде үміттің, әлде ризалықтың ұшқыны жылтырағандай. – Сен өйтпедің. Ешкім күткен жоқ еді. Өгей әкем алғаш құтырып еді. Сосын санасына жетті, тілін жұтып қойғандай меңірейіп тұрып қалды.
Сенің орныңда басқа біреу болса, әкесін танытар еді. Өзіңді өзің қалай ұстағаныңа қайран қалдым. Маған көз қиығымен бір қарадың да, тістеніп, қолыңды бір-ақ сілтедің де, кетіп қалдың. Ал, біз есеңгірегендей тұрып қалдық.
Әрине, біз, құзғындығымызды білдік. Сендердің дәстүр бойынша ана сыйлығының орны бөлек. Қаншама ықыласы жатыр! Қаншама еңбегі бар?! Бәрі – ананың махаббаты. Саған ауыр тиді. Қалай шыдағаныңа таң қалдық. Аядың-ау деймін. Сәбилерді және... – Люба басын иіп, төмен қарады, - мүмкін мені... Қандай мақтауға да, алғысқа да лайықсың.
- Мақтағаныңа рахмет. Алғысқа лайық «сыйымды» алдым.
Кетуге ыңғайланып, бұрыла бергенде, жұмсақ, ыстық саусақтар қалықтап келіп, тағы да білегіне жайлап жанасты:
- Мен сені сыйлаймын.
- Сондай «тәтті» сөздің не керегі бар осы?
- Дұрыс айта алмасам, кешір.
- Жәрәйді, болары болып, бояуы сіңді ғой. Жақсылар қайда да табылады. Қоламтаны қозғаудың енді не қажеті бар? Тағы айтарың бар ма?
- Иә, бар.
- Ал, айта ғой. Құлағым «Сізде».
- Олар басқа ауылға көшіп кетті. Өте алысқа. О жақта бос тұрған үйлер бар екен. Соған кетті. «Әкем» әлі көйітіп жүр. Ұятсыз, оңбаған маған қол салғысы келе бастады. Оны қандай жек көретінімді білсең. Қысқасы олардан құтылдым. Менің де ел қатарлы өмір сүргім келеді. Өзім үшін. Қазір қыздармен бірге қаладамын. Балабақшаға орналастым. Бүгін және ертең - маған демалыс. Сен де бос шығарсың - Люба төмен қарағанда, бет алабын жұқалтым, қызғылт бояу шарпып өтті.
- Бәрекелді, демек, табысқа қолың жеткен екен ғой? Қарызды қайтарайын деп келдің бе?
- Иә-ә, бірақ жалақымыз аз. Бізде ақша жоқ. Таяу арада болуы да неғайбіл. Өйтіп-бүйтіп күн көріп жатырмын, әйтеуір.
- Е, олай болса, көріскенше дейік те. Уақытты босқа кетірмейік, Әне, ары-бері өткен кісілер бізге қарап барады. Қалаға қайтсашы, - дей бергенде, Люба сөзін бөліп жіберді.
- Тоқта, тоқташы. Сен шынымен-ақ ештеңе сезбейсің бе? Мен саған келдім ғой. Екі күн бойы қолым бос...- деп, қиыла қарағанда, байқады: көздері сүрмеленіп, кірпігін ұзартып алыпты, қайқиған жебе сияқты. Уылжып піскен құлпынай секілді еріндері сүйіс тілегендей үлбіреп, тоятқа шақырғанын іші анық сезді. Жаңа, ақ кофтасының үстіңгі екі түймесі салынбапты, алмасы алға ұмсынып, көкірегіңе жанасуға құмартып, тежеуге әзер көніп тұр. Сәл икемделсе-ақ, бауырыңа кіріп кетуге бейілді. Кішкене аяқтарына құйып қойғандай жарасқан әдемі күлгінкөк туфли, қайыңдай аппақ, түп-түзу тоқ балтырды көрмеу мүмкін емес. Юбкасы қысқа, тізеден жоғары, аппақ, жұмыр саны көз қытықтайды.
Бетін басқа жаққа бұрғанымен, еріксіз назары ауа берген Ақан ары-бері өткенде, қарап кетіп бара жатқан ауылдастарынан қысылыңқырап, не істерін білмей, тосылып тұрып қалды. Өгей әкесінің озбырлығына, маскүнемдігіне қарсы тұра алмағанына, әп-әйбат үйді бүлдіргеніне айыпты сезініп, отбасы үшін өзін құрбандыққа шалғандай, өз аяғымен келіп тұрғанына іші жылыды: «Қандай мәрт қыз!»
- Бәрін түсініп тұрмын, Люба. Сені кінәламаймын. Бірақ әке-шешемнің еңбегін рәсуалағандарыңа еш келісе алмаймын. Әрине, сенің ешқандай жазығың жоқ шығар. Босқа келдің. Мен қаныпезер емеспін. Өкпелеме. Қайда жүрсең де, аман бол. Кейіп жүрме. Кәзір автобус келеді, қалаға қайт. Мұнда не бар саған? Әне көрдің бе – автобус. Қош бол, бағың ашылсын.
Тез-тез басып, біраз жерге ұзаған Ақан ыңыранған автобустың келе жатқанын, сәлден кейін қалаға баратын жолмен үдере тартатынын білді. Келесі көшеге түсіп, үйіне жете бергенде:
-Аға-а, аға, тоқтай тұрыңызшы, - деп, айғайлаған баланың дауысы естілді. Бұрылып қарағанда, кекілі желпілдеп, ұшып келе жатқан Мақсатты көрді.
- О не?
- Мынаны сізге орыс тәтей беріп жіберді. – Шиыршықтап, түтікшелеп оралған кішкене қағазды ұсынды да, ләңгіге асығып, жүгіріп кетті.
Мұнысы несі?!
Қағаздың орамын абайлап жазды. Жазулар. Өлең сияқты. Асығып жазған ба, жолдары бір жоғары, бір төмен жылжып иректелген. Мастың шимайлағаны сияқты. Сірә, қағазды тізесіне қойып жазған.
1.
«Как хочется жить по-человечески.
2.
Ах, зачем, я на свет появилась,
Ах, зачем меня мать родила...
3.
Не могу не сказать. Не могу все высказать.
4.
Прости!»
Бәрі түсінікті...
Әлдеқайда тықсырып әкетіп бара жатқан меңіреу, зұлым күшке қарсыласуға дәрмені жетпей, жаны қысылған қыздың қимай, амалсыз қоштасуы тәрізді. Бәлкім, өмірден өз жолын іздеуге бекінді ме, кім білсін...
Ақан қақпаның алдында біртүрлі ауырсынып, ойға шомған күйі қалшиып, тұрып қалды.
* * *
Жолаушылары аз автобустың түкпіріндегі ең шеткі орындықта тау жақтағы терезеге бұрылған күйі тіміскі назардан бетін алақанымен көлегейлеп, бүкшиіп отырған Любаның көздерінде жас мөлтілдеп, кетіп бара жатқанын ешкім білген жоқ.