Адам қарады: 12 | Жарияланды: 2018-07-19 04:26:38

Құдықшының баласы

    Әкесі Мұхаммед-Сапа құдықшы еді. Бет әлпеті еміс-еміс болса да көз алдында. Сопақ бас, имек мұрыны салбыраған, қабақты, қарасұр кісі болатын. Сәл еңкіштеу еңсегей денесінде артық қырым ет жоқ. Өмір бойы кетпен-күрек ұстап өткендікі ме, еменнің бұтағындай буылтық-буылтық иретілген сіңірлі қолдары салбырап, тізесіне түсіп тұратын. Баяғыда-ақ көзін топырақ басып қалса да, "Сапаның қызыл еспесі", "Сапаның ілмесі" дейтін ескі қоныс-қыстау аттары әлі күнге дейін ел аузында. Атағы жалпақ қыр еліне жайылған құдықшыны берісі Арқа мен Сыр бойы, арысы Үстірт пен Түркіменнің байлары арнайы ат шаптырып алдыртып, қыстауы мен жайлауы, көктеуі мен күздеуіне құдық қаздыртатын. Тай мінуге әлі жарамаған сәби болса да, ол күндердің елесі еміс-еміс есінде. Ел іргесі шайқалып, алағай да бұлағай заман желі ұйтқығанша қазған соңғы құдықтарының шет-жағасын өз көзімен көрген.

   Әкесі бірнеше күн төңіректі шиырлап, ой мен қырды аралап кететін. Бір жолы жер шолғанда мұны атына мінгестіріп алған. Құм бұйраттардың арасын кезіп ұзақ жүрді. Бір жерге келгенде аттан түсіп, жербауырлай кетті. Тымағын баса киіп, бір құлағын жерге төсеп, қыбырсыз біраз жатты. Орнынан тұрып, басын шайқады. "Апыр-ай,ә! – деп қояды өзінен-өзі күбірлеп. – Сораң мен ақсүйрік тегін өспеуші еді ғой, неге ештеңе естілмейді? Әлде құлағым тосаң тарта бастады ма?" Кебір топырақты уыс толтыра қарпып алады да, сықпалап, иіскеп, екі алақанына алма-кезек созбақтай құйып шашып жібереді. Көңілі әлденеге сенбей тұрғандай басын тағы шайқады. Атты шылбырынан жетелеп, өзінен-өзі толғатқандай жайпақ төбені айналсоқтап жүріп алды. Кенет қалт тұра қалып: "Бәсе! – дегенде дауысы қатты шығып кетті. Шилеуітке қарай емпеңдей жөнелді. – Міне, жер көзінен бу шығып жатыр!" Көзі күлімдей құнжың қағып, қанжығадағы қысқа сап белкүрекпен тепсеңді ойып үгі салған.

   Топырақтың реңіне, шөптің түрі мен тамырының дәміне қарап, тереңдегі судың ащы-тұщысын айыратын. Көңілі құлаған жерге жез леген төңкеріп, түбіне құлағын тосып, үйірлі жылқыны арлы-берлі айналдыра шаптырып, тұяқ дүбірінің жаңғырығы арқылы су көзінің қанша шамадан шығатынын тұспалдайтын. Әбден сенімі бекіген соң үй тігіп, ақсарбас шалып, "Бисмилла" деп іске кірісіп кетуші еді. Қайратты, қолы ұсынықты жеті-сегіз жігіті болатын. Отау орнындай аумақты дөңгелете қазып, топырағы керішті, нығыз болса, кенерін таспен өріп, құмдақ, сусыманы жыңғылмен шегендеп тереңдей береді. Бірі қазып, бірі қауға тартып кезектесіп тыным көрмейді. Әсіресе Бетпақтың етегіндегі құдықтардың көзі құрдымға барып әзер ашылады, шығыр тартқан түйе екі-үш арқан бойынан қайтатын. Кейде қырық құлаш шыңыраудағы булыққан телегей бұрқ етіп, беліне арқан байлаған адамды жоғарыға бір-ақ атады.

   Жаз бойы көздері үңірейіп, сақал-мұрты қауғадай боп, жан алып-жан беріп жанталасқан жігіттер қара күзде бір-бір ат мініп, алдарына мал салып ауылға қайтатын. Жолай базаршылап, қоржынның екі басын теңкитіп келгенде, қараша үйдің іші неше күн той-думан болушы еді.

   Маңдай терін бес сыпырып, "арыстанның аузынан, түрікпеннің түбінен" тапқан ақ-адал малы құт болмай, басына сор боп жабысып, жаңа үкімет бір-ақ күнде тәркілеп, сыпырып алған. Кедей-кепшіктің қанын сорған "құлақсың" деп "итжеккенге" айдады. Қара жел топырақ суырған күздің бұлағай бір күні еді. Шешесі жаулығының шетімен аузын басып, киіз үйдің сыртында тұрып қалған. Иықтарында мылтығы шошайған екі салтатты шоқыта желіп ұзай берген сықырлауық арбаның соңынан "көкелеп" жүгіргені әлі есінде. Көк жайлау, ашамай салған жорға тай, жұпар қымыз... бәрі-бәрі көзден бұл-бұл ұшты. Енді қысы-жазы "киіз қалада" тұрады. Көше-көше боп тігілген үйлер.

   Кейін ойлап отырса, арада үш жыл өткен екен. Бір күні апақ-сапақ ымыртта киіз есікті серпе ашып, көлеңкедей үңірейген біреу еңкеңдеп кіріп келе жатты. Төңкерілген кетік кәсенің түбіндегі пілте шамның бармақ басындай жарығы шалқып-шалқып кетті. Қауға сақал, бүкшиген қара шал. Босаға түбінде состиып бір сәт қимылсыз қалған шешесі сыңсып мойнына асыла кеткенде, әкесі екенін таныған. Кейін білгеніндей, Сібірде үш жыл бойы көмір қазыпты. Өкпесіне дерт байлап, қатты қайырым жұмысқа жарамайтын болған соң, кешіріммен елге қайтарыпты. Тық-тық тұншыға жөтеліп, шыны құтыға қақыра береді. Күрк-күрк жөтеліп, іргеде илектеліп жатса да, әкесінің қалқайған көлеңкесі-ақ бар жоқтың орнын толтырып, көңілін тоғайтатын.

   Алғашқыда қалың бала у-шу боп ойынға мәз еді. Енді "киіз қаладан" сән кете бастады. Үш жыл бұрын байлар жыласа, енді кедейлер қоса жылады. Жаз шыға жоғарыдан келген уәкілдер "ортақтасамыз, мойынсерік-колхоз құрамыз" деп, елдің бауырын тартып, таңдайын жібітіп отырған жалғыз сиыр, тышқақ тоқтысына дейін жинап алды. Жылаған қатындар, айғайлаған еркектер: "Біз қалай күн көреміз, аштан өл дегендерің бе?" деп шулады. "Өлмейсіңдер, әзірге қап түбіндегі құрт-майларыңды қаужап, талшық қыла тұрыңдар. Кейін үкімет астық береді" деді қисық табан, құрым етіктері сықырлаған уәкілдер. Түнде желіні сыздаған, қарыны ашқан малдың маңыраған, мөңіреген дауысы қырдың астынан естіліп тұрды. Көп өтпей қисық ауыз есіктерден үңірейіп үрейлі жүзбен аштық сығалады. "Аштан өлеміз бе, өз малымызды аламыз" деп ашынған біраз жігіт колхоздың қорасына басып кірген екен, қызыл әскер шетінен атып жайратып салыпты. Сай-сайдан құстың жұмыртқасын іздеп, тұзақ құрып, шөптің тамырын теріп босып жүрген халық. Кейде көздері үңірейіп, сақалдары үрпиген шал-шауқандар әкесімен ақыл қосып, киіз қостың көлеңкесінде күбірлесіп отырады:

   – Апырай, бұлары қысастық па, білместік пе – түсінуден қалдық қой?

   – Астық беретіндері қайда? Бәріміз қырылып біткен соң, асымызды беруге әкеле ме?

   – Жиған малды ішкерідегі орыс жеріне әкетеді дейді. Ол жақта егін шықпай жұт болыпты. Бізден орыстың жаны аяулы болғаны да!

   – Бұлары бізді ашықтан-ашық өлсін дегені ғой! Жер қара, күн жылыда басқа жаққа кетпесек болмас.

   – Қайда барасың? Қыр астында қызыл әскер жүр торуылдап. Колхоздан қашып жатыр деп жайратып тастайды.

   – Апырай,ә, бұл бір түзелмеске бет алған заман болды-ау!

   – Үкіметіңнен қайыр жоқ, өз бетімізбен тырбынбасақ болмас.

   – Тырбынғанда не істейміз?..

Қылдырықтай мойынға әзер ілініп қауқиған бөрікті, тымақты бастар үнсіз салбырап отырып қалады.

   Әуелі ауылдағы иттер жоғалды. Қазықтағы мал қарасы үзілген соң, күндіз тышқан аулап дала кезіп кетеді де, кешке қарай ескі дәмемен қаңсыған итаяғының жанына қайта оралатын. Ашыққан елдің бірден бассалғаны – босағаларын күзеткен бір-бір иті болды. Бұлардың да жырық құлақ қызыл төбеті пышаққа ілініп, біраз күн қалжа жегендей қаужаңдап қалған.

   Әке-шешесінің не жеп күн көріп жүргенін білмейді. Бұған күніне бір-екі рет бір-бір шымшым тары не бидайды от басындағы ескі тулақтың жүнінің үстіне шашып береді. Жүннің арасынан бит қарағандай бір-бірлеп теріп, шұбатылған маңқасымен қылды қоса қылғытып, күні бойы тулақ үстінен бас көтермейтін. Бір күні сол ескі тулақты да асып жеп қойды. Кеңірдектен өткеннің бәрі – ас дегенді осындайда айтқан шығар. Ноқта-жүген, ертоқымның тебінгісінен бастап иісі қайыс атаулы шетінен қазанға түсіп жатыр. Әкесінің тері тонының жеңіне де, міне, кезек келді...

   Ойыннан қалғалы қашан. Орнынан тұрса, басы айналады. Ертелі-кеш бүктүсіп от басында жата береді. Шілденің ыстығы болса да үйдегі көрпе біткенді үстіне үйіп алады. Сонда да аяқ-қолы бір жылынған емес. Сыртқа анда-санда шығады, әр шыққан сайын түтін шыққан шаңырақтың сиреп бара жатқанын көреді. Әкесі таяққа сүйеніп жүрсе де, жыбыр-жыбыр үйде тоқтамайды. Қарасұр қабағы одан бетер қабарып, кешке қарай шешесі екеуі күбір-күбір сыбырласып отырғаны. Бұл көрпе астынан бір сөзін естісе, бір сөзін естімейді:

   – Бүгін Таубай қатынымен, Мұратханның екі баласы, тағы әлгі кім еді... ақсақ жылқышы... соның шешесі мен қызы... жеті адам өлді... Жер қазуға шама жоқ, жарқабақтың астына сүйреп апарып, беттерін жасырған болдық.

   – Жарасбайлардың да екі күннен бері түтіні шықпайды ғой?

   – Е, о бейшараның да қатын-баласының аяқ-қолдары ісініп жүр еді... – Әкесі бетін сипады. – Олардікіне кірген жоқ едік...

Өліктің саны күнде арта береді.

   – Бәрін бірдей көмуге әліміз келмеді! – дейді кей күні.

Бірте-бірте мүңкіген шірінді иіс жайлап алды айналаны. Бір күні шешесі үйге бақырып кірді азан-қазан. Аяқ-қолы селкілдеп, босағаға сүйеніп сәл тұрды да, арқасымен сырғып жерге отыра кетті.

   – Алла-ау, мұны да көрдік-ау! – деді екі көзі шарасынан шыға айғайлап. – Айбарша жынданып кетіпті. Емшектегі баласын сойып жеп қойыпты!..

Бұл сөзді естігенде мұның да зәресі ұшты. "Мені де әке-шешем жеп қоятын шығар" деген бір сумақай үрей сол күннен бастап көкейінен шықпай қойды.

   Анда-санда келіп, әкесімен сөйлесетін кісілердің де қарасы азайып бітті. Ақырғы рет аяқтарын ілбіп басып екі еркек келген. Бет-ауыздарындағы үрпиген қауға жүннен көздері ғана жылтырайды.

   – Қатын мен төрт бала өлді. Бір үйлі жаннан мына ініміз екеуміз қалдық, – деді қауға сақалдардың ұзын бойлысы. – Қалада үкімет босқындарға тамақ беріп жатқан көрінеді.

   – Оны қайдан есіттің?

   – Қызыл әскердің бірі айтыпты. Әлдерің барларың қалаға кетіңдер, әйтпесе босқа қырыласыңдар депті. Ерсеңдер, жолға бірге шығайық. Бір-бірімізге ес болайық дегенім ғой.

   – Жете алмаймыз ғой, ағалар... – деді інісі басын жерден көтермей.

   – Бәрі бір өлім. Жетпесек, жеткен жерде сүйегіміз қалар...

   – Беліңді бу, бәйбіше! – деді әкесі оңаша қалған соң. – Әлгілер жөн айтады. Ауыруға аштық қосылып, менің түрім мынау, қаншаға барам дейсің. Шыбыным шықпай тұрғанда, сендерді бір қараға жеткізіп салайын. Жинал!..

   Таңғы алакеуімде әлгі екеуімен ілесіп, бұлар да жолға шыққан. Шыжыған ыстық. Жүргеннен тұрғандары көп. Екі аттап, бір тоқтайды. Әл жоқ, сәл жүрсе, бастары айналып, шайқалақтап кетеді. Сонда да ой-санадан махұрым, меңірейген топас өлермендікпен қара жолдың сорабын қуалап ілби береді. Қас қарайып, арттарына бір бұрылып қарағанда, түтіні өшкен жым-жырт қараша ауыл – жыпырлаған киіз қала қол созымда ғана қорқынышты моладай мен мұндалап тұрды.

   Жүргіншілер қоналқыға, араларына арқан бойы ірге салып, екі бөлек жайғасты. Қараңғыда айналадағы ербиген бұта-қараған, тас-төмпешік, ұлыған қасқар... әне-міне өре түрегеп бассалар құбыжықтай үрей шақырады. Екі көзі үңірейіп, бет-аузын жүн басқан әлде-бір жыртқыш сияқты, бұлар не жейді екен дегендей анандайдан тесірейген екеудің түрі одан да қорқынышты. Жұдырық басындай түйіншектен үш-төрт шымшып мұның аузына салып, ішіндегі жалмаңдаған "жыланын" сәл тыныштандырғаннан кейін, әкесі дорбаны ұзын атылас белбеуіне орап, беліне буып алған. Мұны ортаға алып, әке-шешесі екі жағына жантайды. Суға бір қайнатып алған терінің бір-бір қиқымын ауыздарына салып, күйсеген сиыр сияқты, екеуі көпке дейін сылп-сылп шайнаңдап жатты.

   Түннің бір уағында ақырған қатты дауыстан шошынып оянған. Жалт-жұлт еткен көздері қараңғыны қанжардай осқылап қолсозымда екі қарайған тұр ербиіп. Ақырған әкесі екен. Қолында білей ұстаған қайқы жүз қабан пышақ. Шешесі екеуі аналарға қарсы ұмтылардай айбат шегіп, иық тірестіре ұмсынады.

   – Қасқыр да қас қылмайды жолдасына деген. Бұларың не?

   – Аштық не істеткізбейді? Қасқырдай ес қалды ма бізде!

   – Әй, Сәйдөш, Құдайдан қорқ! Аузыңда – Алла, қожа едің ғой!

   – Құдайдың осы қорқытқаны жетеді. Қожадан көже артық боп тұрған заман ғой қазір. Несіне сөгесің, шырақ... Сөйлемей, балаңа тығып бергеніңнен бізге де бер. Әйтпесе, тартып аламыз!

   – Менің  үш жыл "итжеккенге" барып келгенімді білесің ғой. Қаным қарайып талай орысты бауыздағанмын! Жақындашы осыдан, жайратып салайын! – деді әкесі пышағын жалаңдатып. – Балама сақтаған жарты уыс бидайды саған тірідей берер деп пе ең!

   Екеуі бастары салбырып, тұрған орындарына шөкелей кетті. Бұлар таң атқанша көз ілген жоқ. Аналар да шоқайып отырған жерінен қозғалмады...

    Әйтеуір ұйықтамаған соң, таң салқынымен ілгерлей берейік деген оймен, тағы да ілбіді.

   – Әй, жолдастыққа жарамайтын екі көрбақ! – деді әкесі ызбарланып. – Жанымызға жақындаушы болмаңдар. Бірге жүрем десеңдер, қарамыздан ілесіп отырыңдар.

   Екі-үш күннен соң бұлардан бұрын кеткендердің қарасы көріне бастады үздік-создық. Әр жерде – бір өлі-тірісі белгісіз томпайып жатқан адамдар. Жол жиегінде көзін ашып-жұмып бір кемпір отыр. Бұлардың жанай өткенін сезген жоқ, ыңырсып, есенгіреп, екі жағына кезек теңселеді. Ұзаған сайын әр тұста үйір-үйір шүйлігіп жүрген құзғындардың қарасы молая берді. Әлдебір қарайғанға жақындағанда, қанаты далбақтап тазқара жерден әзер көтерілген. Аяқ-қолы созылып шалқасынан сұлаған өліктің екі көзін қызылала қан қылып ойып тастапты...

   Адам бәріне көндігіп, еті өліп кетеді екен ғой. Небір сұмдықты көрсең де селт етпейсің. Өлгендерге, өлейін деп ыңырсып күңіреніп жатқандарға меңірейе қарап өте береді.

   Бір жерге келгенде, жылаған дауыс естілді. Өліп жатқан әйелдің емшегін жұлмалай сорып кішкентай, шашы үрпиген қауғабас сары бала шыр-шыр етеді. Бұлар амалсыз тоқтаған. Кенет қастарындағы ағайынды екеудің кішісі жерден шәугімдей тасты жұлып алып тұра ұмтылды. Шешесі шар етіп, атылып барып кеудесінен итеріп жіберді:

   – Әй, антатқан, не істемексің?

   – Өлтіріп кетейік! Қиналмай тезірек өлсін...

Шешесі үндеген жоқ. Түйіншегінен бір шөкім бидай алды да, шайнап, сәбидің аузына салды. Теріс қарап, бетін басып жүре берді. Қырдан асып кетсе де, сәбидің шырылдаған дауысы көпке дейін мұның құлағынан үзілмеді.

   Әлгінде баланы өлтірмекші болған кісі кезінде серілігімен аты шыққан әнші, домбырашы болыпты. Бір күні тау арасында дамылдап отырғанда, өз-өзінен еліргендей биік жартастың басына өрмелеп шықты да:

   – Уа, дариға, қайран менің күндерім-ай,

      Осылай бітеріңді білмедім-ай!

      Жігіттің сұлтаны едім, амалым не,

      Қарғысымды айтамын кімге, Құдай!!! – деп саңқылдаған қуатты дауыспен айналаны жаңғырта шырқап, ақырында қарқ-қарқ күлген күйі терең шыңырауға бір-ақ қарғыды. Ағайынды екеудің үлкені молла екен. Енді есіне түсіп отыр, есімі Сәйдөш Қожа болатын. Інісінің құз түбінде қимылсыз жатқан денесіне қарап:

   – Харам! Харам! – деп екі қолын теріс жайды.

Қожаекең бірақ өзі харамнан қашпайды екен. Аялдаған бір тұста өліп жатқан әйелдің шашынан тұзақ есіп, өлік үстіне құрып қойды. Мамырлаған ауыр денесін әзер көтеріп қалықтаған құзғындарға сырбаздың дәмі аузына келгендей тамсана қарайды. Үш-төрт күннен арыға шыдамай ол кісі де бір төбенің басында қалды. Арттарына қарайлаған бұларға "біткен жерім осы, қайыр-хош" дегендей, әлсіз қолын болар-болмас бұлғаған.

   Апта жүрді ме, ай жүрді ме – белгісіз. Қаланың қарасы көрінер емес. Талғажу еткен қос уыс бидайдың кебегі де, қайыс жүген мен тері тонның пұшпағы да таусылды. Жүрісті қойып, қырдың беткейінен шөп теріп, тышқан аулап тентіреді. Қойжуа, шомыр, қоянсирақ, ақмордың тамыры секілді тамақтан өтер бірдеңе болса, әуелі мұның аузына тосады екі бейбақ көздері үңірейіп. Жер бедері өркештеніп, ұшы-қиырсыз қыратқа іліккелі күн суытып кетті. Жағы сембей азынаған жел, кейде жаңбыр. Түнге қарай шөп басына шық қонақтап, ызғар сүйегіңнен өтеді. Ондайда шөп, бұта-бүрген жамылып, үңгір-ықтасынды паналайтын.

   Аштан бұрлығып, мүлдем жүруден қалды. Қауқиған қу қаңқада қауқар жоқ, таудың ызғырығы лекіте соқса, шайқалақтап жалп ете түседі. Жартастың қуысында қимылсыз жатты. Өлсек, осы жерде өлейік дейтіндей. Бір-біріне бұйыға тығылып, естері кіресілі-шығасылы меңірейген бей-жай бір хал. Кенет әлдене шаңқ-шаңқ еткендей болды.Үшеуі бірдей бастарын көтеріп алған. Анандайда қараңдаған бірдеңе жербауырлап жорғалап барады. Суыр ма, зорман ба – белгісіз. Әкесі мен шешесі қосыла ұмтылды апалақтап. Екеуі жанұшыртып жетем дегенше, анау шөп арасындағы ініне кіріп кетті сып беріп. Әкесі қынындағы қайқы жүз қабан пышағын алып, іннің аузын қаза бастады. Шымды ойып, кеуектенген бос топырақты, ін қазған ит сияқты, екі қолымен кезек лақтырады. Әлгінде ғана өлейін деп жатқан адамның бойына осынша күш қайдан пайда болғанын кім білсін, алқын-жұлқын жанұшыра жанталасуда. Көбесі қызыл-жоса қанаса да тоқтамай, әрі-беріде-ақ іннің аузын тізе бойы үңгіп тастады. Тереңдеген сайын беріштенген сары топырақ қазуға әл бермей жігерін құм қылды. Бұдан ештеңе өнбейтін болған соң, іннің аузына тобылғы өртеп түтін салған. Бірі пышағын сайлап, бірі таяғын оңтайлап, екеуі екі жақтан түтінге ентелеп ұзақ отырды.

  – Зорман деген залым кәпір! – деді әкесі орнынан салбырай тұрып. – Інді құйрығымен бітеп, теріс қарап жатып алады. Түтінге шықпайды, су құю керек.

Пышағын шешесіне ұстатып: "Аңдып отыр!" деді де, өзі етектегі бұлақтан су тасуға кірісті. Екі етікке толтырып, беткейге жетем дегенше, жыртық-тесігінен сигектеген судың сарқындысы ғана қалады. Сонда да тыным жоқ, таси берді, таси берді... Үсті-басы малмандай, жалаңаяқ. Ызғыған қарасуық темірдей қариды. Қолындағы екі етікті сүйрете, қалжыраған денесін билей алмай теңселіп, етпетінен гүрс етті бір уақта.

   Талықсып сұлық жатқан күйі шайқайнатымнан соң кеудесіне жан кіріп, басын көтерген. Екі аяғын екі жаққа көсіліп, мойыны салбырап, ұзақ отырды қыбырсыз. Бір уақытта ғайыптан бойына күш құйылғандай дүр сілкініп, орнынан ұшып тұрды. Ширақ басып, ін аузында шоқиып зорман аңдып отырған шешесінің жанына барды да, қонышындағы пышақты алды. Әлденеге тастүйін бекінгендей, қияпатында мұз боп қатқан сұп-суық қатігез сұс бар. Пышақтың жүзін саусақ ұшымен байқап, жалпақ тастың бетіне жанып-жанып жіберді.

   – Хадиша, тұр орныңнан, – деді өң-бояусыз өлі дауыспен. – Ақылды едің ғой, байғұсым... Сабырлы бол. Мен бір тәуекелге барғалы тұрмын. Ең болмаса, мына қу жалғыз тірі қала ма деген үміт қой...

Шешесі қабақ астынан үңірейе қарап, айғайға тұншыққан аузы үнсіз керіліп, шегіншектей берген.

   – Шошыма! – деді әкесі сол салқын, сабырлы дауыспен. – Бұлай істемесек, екеуміз де өлеміз... Мен енді  бұл дүниелік емеспін, бүгін болмаса, ертең өлетін адаммын. Бірер күннен қалмаспын. Оданда мені азық қып, сендер тірі қалыңдар...

Орып жіберердей пышақты көлденең кезеп, өңешіне тақай берген, шешесі шар етіп, білегінен шап берді:

   – Сапа, бұл не істегенің? Қайт райыңнан! Сенің етіңді жегенше өлгенім артық! Бүйтетін болсаң, біз де тірі қалмаймыз. Әуелі баланы өлтірем. Содан соң өзім өлем! Айтқаным – айтқан!..

Бұл да шыңғырып кеп әкесінің аяғын құшақтай құлаған. Әкесінің қолындағы пышақ сусып жерге түсті. Үшеуі бірін-бірі құшақтап мұң шаға, запыран төгіп, егіле жылады. Беткейдегі ызғыған суық желге зар қосып тұншыға өксіген...

   Алланың құдіретіне шәк жоқ екен-ау, сол сәтте іннің аузындағы балшық жыбыр-жыбыр қозғалып, көтеріліп келе жатты.

   – Шықты! – Қайсысы айғайлап жібергені белгісіз, үшеуі балшықтан сурылып шығып келе жатқан мақұлыққа апалақтай ұмтылды. Үш жақтан қамап, тепкілеп жүр, таспен төмпештеп мыжғылап жүр. Шар-шар шыңғырады, бір уақта аяқтары селкілдеп барып қимылсыз қалды. Бауырын жерден жаңа көтерген күшіктей домаланған семіз зорман екен. Қуанғаннан үшеуі тағы жылады еңкілдеп.

   Шешесі екеуі тобылғы сындырып, шөмшек жинап от тұтатты. Әкесі зорманның ішін жарып, ішек-қарынын ақтарып тастады да, істікке шаншып бітеудей үйтті. Содан соң мүше-мүшесімен бұтарлап, бір-екі кесегін ғана отқа қақтап пісірді де, бұлардың алдына қойды.

      – Бірден тойып жеуге болмайды, өзекке түсіп кетеді, – деді. Өзі ауыз тигізген жоқ. Орнынан тұрып кетті. Қақталған ыстық ет ауыздарын күйдіре апыл-ғұпыл жұлқылап отырып байқамапты, бір қараса, әудем жер ұзап кеткен екен. Сол күйі ұзай берді, ұзай берді. Шешесі бірдеңеден секемденгендей соңынан шошына қарап, айғай салды:

      –  Сапа, қайт кейін, қайт!..

Біраз жер жүгіріп барып отыра кетті. Шодырайған иығы селкілдеп үнсіз жылады. Ол сол күйі қайрылмады. Бірте-бірте көз ұшынан үзіліп, көкжиекке қонақтаған қып-қызыл күнге сіңіп бара жатты... Қайтып оны көрген емес. Күні санаулы қалғанын білген соң, жандарын қинап жылатпайын деп аулаққа кетіп өлгісі келді ме екен, әлде аз нәрсеге артық ауыз болмайын, екеуі тірі қалып, бір қараға жетсін деген есебі ме деп ойлайды қазір. Осы күнге дейін әкесін ойласа, батқан күннің қып-қызыл алауына жұтылып бара жатқан сол бір қара ноқат елестейді көз алдына.

   Ертеңінде екеуі күні бойы айналаға қараумен болды елеңдеп. Әбден күдер үзді ме, көзінің жасын бір сығымдап ап, шешесі мұны жетелеп қара жолға түскен.

   Қалаға жеткенде шықпаған жандары ғана бар еді кеуделерінде. Сіркіреген қара жауын. Ағаш үйдің ығында отырған бір-біріне тығыла бүрісіп. Естері кіресілі-шығасылы. Талықсып кетіп көзін бір ашқанда, әлдекім үстерінде төніп тұр  екен үңірейіп қара көлеңкедей. Дөңгелек қалпақ астынан сабалақ сары шашы жалбыраған зіңгіттей кісі. Бет-аузын ақ шүберекпен тұмшалап алған. Көкпеңкөк екі көзі ғана тесірейеді шегедей қатып. Түсініксіз тілде бірдеңе деп жатыр. Шешесі жұмыр алтын білезігін білегінен шешіп беріп, қолымен ымдап мұны көрсетті:

   ­   – Тамыр, мынаны алып кетші!

Анау білезікті ішкі қалтасына сүңгітіп жіберіп, ұқтым дегендей басын изеді. Арбиған екі қолын созып төне бергенде, бұл баж етіп, бақырып жіберді. Шешесінің белінен тас қып жабыса түскен. Иығынан шеңгелдей қысып жұлқыласа да айрылар емес.

   ­    – Бара ғой, құлыным... әне, нан береді...

Жалт қараса, анау шынында да нан ұстап тұр екен. Бір үзім қара нан! Иесі мұрын жарып барады. Есі шығып қалай ұшып тұрғанын білген жоқ. Бір үзіп лақтырып қалап еді, қағып алып, бір-ақ қылғытты. Арпаның суы шыққан дүм қара наны. Мұндай тәтті болар ма! (Осы өмірінде нанның неше атасын татқан шығар. Бірақ сол бір үзім арпаның қара нанындай тәтті нанды көрген емес!) Араны ашылған мың-сан құрт басы қақшаңдап лап қойғандай, "әкел, әкел" деп ішін осқылап кеміріп, күйіп-жандырып шыдатпай барады.

   – Тағы да бер, бер... бер!.. – деп жүгіре ұмтылған. Қабасақал жалт бұрылып жүре берді. Бұл безек қағып, дедектеп келеді. Күзгі тұманды ауаны нанның дәмі, нанның иісі жаулап алған, басқа ешнәрсе жоқ әлемде ол үшін. Тек анда-санда ғана есті алған алапат есірік халдің тұманынан анасының талықсыған әлсіз үні еміс-еміс естілгендей болады:

   – Балам, атыңды ұмытпа. Атың – Мұхаммед – Шәріп... Әкең аты – Мұхаммед – Сапа...Сапа...Сапа-а-а...

Қабасақал наннан бір үзіп лақтырып қойып, енді жүрмегеніңді көрейін дегендей алшаң басады. Бұл нанның үзімін аузына салған сайын араны ашылып, бұралқы, аш иттей соңынан сүлкілдеп ере берді, ере берді...

   Ауыр сықырлап, жол жиегіне қос дөңгелегі арбиған есек-арба кеп тоқтады. Арбакеш те аузы-мұрынын ақ шүберекпен тұмшалап алған, сабалақ сабан сақал, еңкіш бойлы. Тақтай жалғап қанатын ұзартқан жайпақ арбаның үстінде бес-алты өлік жатыр. Беттерін төмен қаратып, айқыш-ұйқыш қаланған. Мұны көтеріп әкеп, солардың үстіне жантайта салды...               Одан арғысы еміс-еміс қана есінде. Ауыздарын ақпен таңып алған ылғи бір ақ киімді кісілер. Төбесінен төмен қарай құйылған жып-жылы су. Нанның иісі. Шулаған балалар. Ұжмақ бір дүние... Әлгі кісілер жетімдер үйіне әкеп өткізгенін кейін білді. Шашын қырып, олпы-солпы болса да үстіне жаңа киім кигізген.

   Бүйірі шығып тойынбаса да, аш өзекке нәр барып, ес жия бастаған соң, ата-анасын есіне алды. Көп бала, жат адамдар арасында өзін жалғызсырап, әке-шешесін әрі сағынып, әрі аянышты бейнелерін көз алдына елестетіп, көрпе астында тұншыға өксіп жататын. Әсіресе шешесі әнеукүнгі ағаш үйдің іргесінде бұратылып, әлі жатқандай боп елестейтін.

   Бір күні интернаттан қашып шығып, күні бойы көше-көшені шарлады. Бөренеден қиылған ағаш үй көрінсе, шешесі бұратылып сол жерде жатқандай жүгіріп жетіп барады. Әбден діңкелеп, қарыны ашқан соң, қас қарая амалсыз сүйретіліп жем жейтін астауына оралған... Сөйтіп, жетімхананың қара нанын көз жасына шылап жеп, қыс пен жазды жалғастыра берді.

   Жетімхананың бастығы бұрынғы қызыл әскер болатын. Галифе шалбар мен сұр кителі үстінен түспейтін. Тікенек көз, қарасұр кісі. Аз дегенде, аптасына бір рет, бұлар тамақ ішер алдында:

   – Мына тамақты сендерге кім беріп отыр? – дейтін сұқ саусағын кезеп. – Совет үкіметі беріп отыр. Сендер – әке-шешесі жоқ жетімсіңдер. Сендердің ендігі әкелерің де, шешелерің де – Совет үкіметі! Аш-жалаңаш қаңғып жүрген жерлеріңнен жинап әкеп, асырап-бағып отырмыз. Әйтпесе аштан өлетін едіңдер. Міне, ыстық ас ішіп, таза төсекте жатасыңдар. Совет үкіметінің осы әкелік қамқорлығын ұмытпаңдар, балалар!...

"Неге менің әке-шешем жоқ? Кім мені жетім қылды?" демесе де, ішінен: "кеше ғана әке-шешем бар еді ғой, неге бұлай болды?" дейтін сәби санасы жетпейтін  түсініксіз күйікпен өксігіне тұншығып. Бетін алақанымен көлегейлеп еңкейе бергенде, бұршақтаған ыстық жас тегештегі ботқаның үстіне ыршып-ыршып кететін...

 

Қазақ тілінде жазылған