Адам қарады: 55207 | Жарияланды: 2018-06-25 02:25:38

Жер мен көктің арасы

 

Бейуақытта, бейуақ болғанда таң алдында есік қоңырауы «Бим-бум, бим-бум» деп шырылдап қоя берді. Нәзік шырыл ешкімді оята қоймады. Дөңгелеңген нүктені басқан бас бармақ үсті-үстіне шырылдатты. Шие (шын аты Шиегүл) шырт ұйқыдан оянып, ұятты жері қарлығаш-лыпамен ғана жабылып, әрең дегенде орнынан тұрды. Сыртқы есікке қарай еріне аяқ басқан кексе әйелдің қос перзентін емізген қос анары салбырап, сығырайған жарықтың құшағында бүлк-бүлк етеді. Жатарда ең соңынан шешкен емшек тартқышы бас жағындағы орындықта тостағандай боп төңкеріліп тұр. «Ертең тәуелсіздік күні, соған орай берілген демалыста ұйқымды бір қандырсам деп едім, таңға жетпей тағы да оятты».

- Кім?! – деді есіктің бергі бетінен.

- Мен, - деді арғы бетінен.

- Тағы да сен бе..

- Мен...

Ерініп тұрып темір есіктің құлпын сарт еткізіп кері бұрады. Сол баяғы үстінде ұшқыштың киімі бар кең иықты, құс мұрын жігіт бетінен бір өпті. Тағы да сол қайталанған дағды. Бәрі де бал татыған түнгі ұйқыға жетпейді. Алғашқы кездері: «Кілт жасатып алсайшы» дегенде, «Жоқ, маған сенің ашқаның керек», - деді еш қиналмастан. «Әйтпесе, мен мұғаліммін, түсінген адамға сол мектептің қарауылымын. Оны ойламайды. Жеті түнде жайраңдап келіп, «Сенің ашқаның керек», - дейді түк болмағандай. Ұшқыш әр сапарда үй-ішімен, тіпті, ұшаққа мініп бара жатып қара жермен үнсіз қоштасып кетеді. Көкке көтерілгенде қанша дегенмен Адам баласы ғой, өнбойы тітіркеніп, жерді қимайды. Ал, темір қанаттың әуелі құйрығы, сосын тұмсығы жермен қауышып, қонар кезде рөлдегі ұшқыштың қуанғанын сұрама. Сосын «таксилетіп» үйге келіп, жұбайы есікті ашып жатқанда, қос перзентін көргенде жүрегі жарылуға шақ қалады. «Бұған да үйрендік» десе де, жан-жары кілтті кері бұрап жатқанда-ақ екінші өмірі басталып кеткендей болады? Траптан түскен кезде естіген жүздеген жолаушының алғысы да адамдық кепиетін арттырып, бір рахатқа бөлейді. Оу, ол түгілі жердегі шаштараздар алдындағы аққа орап тастаған адамның бір жерін кесіп алмай жұмысын аяқтап, бұрқыратып әтір сеуіп жатқанда шеберлігіне алғыс тілеп, жақсы сөз күтіп тұрады екен. «Ол жерде, мен болсам көктегі алақұйын темірден аман-есен түсіп, өлең төсегіме келіп тұрмын ғой». Осы жолы әйелінің «Тағы сен бе?»  деген дауысы ұнамады. «Ол да қайталанған көріністен жалықса керек. Бірақ, мен аман келіп отырмын ғой. Ұйқы дұшпан, мен доспын» деді де, шешіне бастады.

Дәліздің шамын жарқырата жағып, кішкентай бөлмедегі қос перзентінің маңдайынан иіскеді. Оларға да ертең сабақ жоқ. «Ұйықтаңдар, тәуелсіздіктің арқасында» деп, тағы бір иіскеп, есікті жапты. Суды сарылдатып ағызып, әбден жуынды. Қолтығын қайта-қайта ысқылады. «Мен секілді екінші ұшқыш көк аспанға қадалып, картадан көз алмай, штурвалді қыса ұстап отырып, қышыған жерін жөндеп қаси да алмайды. Қашан нұсқау беріп отырар командир болар екенмін? Қолың мен қолтығың аман болсын. Бәрі де болады». Ол жарқыратып жатын бөлменің шамын жақты. Әйелінің бас жақтағы орындыққа салбыратып іле салған орташа көлемдегі емшек тартқышы көзіне оттай басылды. Бұл ең соңынан денесін аластап, бас жағынан орын тиген шүберек екені көрініп тұр. «Демалсын ол да, көкіректі көтеріп жүру оңай емес». Түк білмей тәтті ұйқыға  қайта кіріскен әйелінің балбыраған әсем жүзін көріп, біртүрлі тұлабойы босап кетті. Өзінің сезімін оятқан дөңгелеңген емшек тартқыш сәл бір жағына қарай салбырап кеткен екен, қол тигізіп, теңестіріп қойды. «Шие десе шиедей ернінің қызыл бояуын сүртпепті де, оны да мен ғой сүртетін» деп, іші бүлк ете қалды. Екеуінің қосылғанына ширек ғасыр болса да, еркектік әрекеттің бәрін шиедей ерінді өбуден бастайтын. Қазір де тәбеті тартып, құмары артып қоя берді. «Бұл неге қуанбады. Бүгін менің 300-ші рет ұшуым. Көктен жерге 300 рет аман қайтып отырмын. Біздің өміріміздегі тарихи күн. Білмейді ғой. Айтқан жоқпын. Айтсам осылай жатар ма еді. Ұшқыштар көктің құпиясын жерге тасымайды. Әйтпесе ар жағында ажал сығалап тұрған талай-талай қиын әрекетті бастан өткердік. Ертең шай үстінде айтармын. Кішкентайлар оянып кетпесін» деп, аңқиып ашық тұрған қоңыр есікті бипаздай жапты. «Өзім шешем, денеңде қалған қарлығаш-лыпаңды, ұйқыңды бұзба» деп, ұшқыш сапардан оралғанда асығыс атқарар ең бірінші әрекетіне кірісті. «Бүгін ИЛ-18» құлапты. Екінші ұшқыш жан досы Азамат еді. Азаматтық авиация институтында бозбала дәуренді бірге өткерген серігі.  Ленинградта екі қазақ қол ұстасып жүруші еді, енді соның біреуі жерде де, көкте де көрінбейді. Аспан неге көпсінді екен сені. «ИЛ»-ге міндім деп мәз боп жүруші едің. Азамат десе азамат едің. Сенің қазаңды ертең шай үстінде айтармын. Айтпасам болмайды, қорқақтық болады. Сенде бәрі бар, тек бас құрап, артыңда ат байларыңды  қалдырмадың». Жан-жары ә дегеннен ыңырси бастады. Тәуелсіздік күні тәтті ұйқымды бұздың, деп өкініп жатқан ол жоқ, тек тәтті сарынға салып ыңырси берді.

- Тағы сенсің бе?! – деді бір кезде.

- Не дедің?..

Әйел естіген жоқ.

- Еркектер аман болса екен...

-  Не дедің?..

-  Жаным!..

Ыңырсыған дауыс жер мен көктің арасын жалғап жіберді. Ұшқыш Ермек өзін «ТУ»-ға мініп бара жатқандай сезінді, сосын аман-есен жүргеніне Тәңірге тәубе айтты. «Әйелім ыңырсып, балам пырылдап ұйықтап жатыр. Мұнан артық не керек?!» Жұбайы қарсылық көрсетпеді. Төсек ләззатына малынып, малшынып, еркектің еркіне сай иіліп, икемделе түсті. «Бұл да жетісіп жүр дейсің бе? Күндіз-түні күтумен өткен ғұмыр осынікі ғой» деп, серігінң ыстық құшағына сіңіп, оны бейуақытта айтқан сөзінен аластап, ақтай бастады.

Таңертең күндегіден кеш оянып, көзі кіртиген Шиеге шәй үстінде:

- Кеше менің 300-ші рет ұшқанымды білдің бе? – деді.

- Шынымды айтсам, білмедім. Айтпасаң қайдан білемін. Әйтеуір, қонуың сергек болды, - деп, әйелдік әзілге шаптырып, көзінен нәпсі көрініп тұрды. – Бүгін үстел жасаймыз.

Ол Азаматтың Мәскеуге бара жатып апатқа ұшырағанын айтқан жоқ. Дастарханның сәнін бұзбайын деді. Үлкен қызы көк базарға жүгіріп барып, қып-қызыл раушан гүлін әкеп сыйлады. «Мамам екеуің осы раушан гүліндей құлпырып, қол ұстасып, жүре беріңдер», - деп, Пугачеваға ұқсап, «Миллион алых роз»-ды орындап берді. Кіші ұл тапал үстелде тіп-тік боп, қолайсыз ауа райына тап болған ұшағын қондыра алмай әлек.

-  Мен, командир корабля. Біз қонуға дайынбыз. Жер, жер, менің бұйрығымды тыңда! Сендер дайын болыңдар! – деп әмірлі дауыспен сөзін аяқтап, қасындағыларға мойнын бұрды.

- Жер бұлжытпай орындайды, - деді артында селт тұрған әкесі мырс етіп.

- Папа, бүгін Азамат көке де келе ме? – деді баласы біреуді сағынғандай.

Әкесі үнсіз қалды.

- Неге үндемейсің?

- Ол енді келмейді. Ешқашан...

- Ой, сорлы-ай! Авиация, авиация деп жүріп... қырық беске санаулы айы қалғанда... Сол күйі отбасын да құрай алмай кетті-ау, - деп, ұшқыштың әйелі бәрін де айтпай түсінді. – «ИЛ»-де құлай ма екен?! – деп күбірледі.

- Көктен бәрі құлайды. Құдай «ТУ»-ымның қанатын талдырмасын.

Ұшқыш Ермек өзін сондай бақытты сезініп, әйелін сол сәт сұмдық жақсы көріп кетті. Кешегі қою түнде айтылған  сөздерді тағы да естігісі кеп, тұлабойын ат дүбіріндей бір тарпаң сезім билеп, тағатсыздана бастады. «Бүгін отбасыммен болып, ертең көкке ұшамын». Екі бала томсарып тұрған әке-шешесінің аузына қарап, үнсіз қалды.

- Ойна, Рамазан, ойнай бер. Қазір ыстық бауырсақ жейсіңдер. Бүгін біздің үйде той. Әкелерің 300 рет сапардан аман оралды. Ертең тағы ұшады. – Қара табаға шоршытып бауырсақ шыжғырған бөкселі әйел бетін бұрмады, қолы дірілдеп, астындағы көкке тырмысқан  көгілдір отты күшейтіп қойды. Кіртиген көзімен күйеуіне қырын қарағанда екі күн үйде боп, үшінші күні көкке самғайтын қосағы қара жердің қонағындай боп көрінді. Ол болса: «45 жасқа 9 айым қалыпты, жерде қалай күн көрер екенмін?» деп, келер күндерін ойлады. «Жердің беті кең ғой, бір бұрышында құмырсқаша қыбырлап жүрермін», - деп өзіне-өзі тәубе айтты. Табақтағы бауырсақтың біреуін аузына салды. Ыстық табадағы шоршып түскен бауырсақты аударып-төңкерген жұбайы бермен қарай бетін бұрмай-ақ қойды. Ұшқыш жиырма жыл отасқан көрпе астындағы серігінің дидарын көргісі кеп әрең тұр.   

      

Қазақ тілінде жазылған