Адам қарады: 21576 | Жарияланды: 2020-03-27 04:32:05

Жүйкесі  тозғандар

 Бір актілі пьеса

Қатысушылар:

Бас дәрігер

Әкімдік қызметкері

Пациент-Президент

Пациент-Премьер

Ақын

Тілші

Келушілер

Сырқаттар

Жас келіншек

Кемпір

Санитар

 

Жүйкесі тозғандар ауруханасы.

Бір топ кісі келе жатыр. Оларды ақ халат киген бас дәрігер қарсы алады,

 

Әкімдік қызметкері.

Құрметті бас дәрігер мырза! Бүгін   сіздерге алыс шет елден, өзімізбен іргелес бірнеше ммелекеттен бір топ делегация мүшелері келіп отыр. Арасында тілшілер де бар. Бұл жер экскурсия жасайтын орын емес екенін жақсы білеміз. Алайда, қонақтарымыз осындай әлеуметтік орындарды көрсет деп тілек білдірген соң сіздерге арнайы келіп отырмыз.

Бас дәрігер.

Жақсы! Қош келдіңіздер, ханымдар мен мырзалар!

Мен сіздерге ең алдымен бізде вип-палатада жататын сырқаттарды көрсетейін. Олар үшін барлық жағдай  жасалған. Өйткені, жұмсалатын шығынды туған-туыстары алдын-ала төлеп қойған. Сондықтан да әр палата теледидар, радио, тоңазытқыш, ас-су дайындауға қажет микротолқынды пеш, электр шәйнегі секіді заттармен толық қамтамасыз етілген.

Сұрақ.

Бұлардың ішінде елге танымалдары аз емес шығар.

Бас дәрігер.

Әрине? Өздерініз тыңдап көріңіздер. Олардың ішінде Президент те, Премьер-министр де, жазушы да, ғалым да бар.

Бір есікті ашып, дауыстайды.

Тақсыр! Сіз бері келіңізші!

Пациент- Президент.

Жоқ! Сіз өзіңіз маған келіңіз!

Бас дәрігер.

Сізді тыңдап тұрмыз!

Пациент- Президент.

Менің кезекті Жолдауымы тыңдаңыздар!

Біздің еліміз  әлемдегі ең беделді мемлекетке айналады. Баянды бірлік арқасында тәуелсіздігімізді нығайтып, халқымыздың жағдайын жақсартамыз.

Мен елге берген уәдемді міндетті түрде орындаймын.

Біз сыбайлас жемқорлықты біржола аластаймыз. Жемқор басшыларды түгел абақтыға жабу керек. Сондықтан әр облыс орталығында түрме салып жатырмыз. Ал олардың қосшыларын жүйкесі тозғандардың клиникасына жатқызу керек.

Қыздарымызды шет елде оқыту керек. Және олардың шет ел азаматтарына тұрмысқа шығуына қолдау жасау керек. Олар ертең сол елдің озық технологиясын бізге алып келеді. Мен соған сенемін!

Бас дәрігер.

Біз де сенеміз, Президент мырза!

Пациент- Президент.

Сендер менімен неге қазақша сөйлесесіңдер? Қуатты көршілеріміз Қытай және Ресей. Біз солардың тілін меңгеруіміз керек. Мен жеті тілді білемін! Әйеліммен қазақша, қызыммен орысша, немереммен аылшынша сөйлесемін!

Ұқтыңдар ма?!

Келушілер.

Ия! Ия!

Пациент- Президент.

Елде не болып жатқанын білесіңдер ме сендер?

Ауру малдан жұғады. Сондықтан да даладағы үйір-үйір жылқыны, табын-табын сиырды, отар-отар қойды құртыңдар. Дертті таратқан солар.Етін жемей, түп-түгел өртеп жіберіңдер.

Бас дәрігер.

Сонда халық не жейді?

Пациент- Президент.

Не жегені қалай? Шөп жесін. Мұхитта бақа-шаян жетіп артылады. Соны жесін.

Сұрақ.

Бұл кісі бұрын не істеген?

Пациент- Президент.

Сен не, мені танымай тұрсың ба? Мен респубика Президентімін. Міне, үңіліп қара!

Бөлмеде ілулі тұрған суретін көрсетеді.

Бұл дүние не болып кеткен. Бұлар туған әкесін де танымайды.

Келесі есіктен тағы бір кісі шығады. Шашы дудырап кеткен.

Пациент- Премьер.

Президент мырза! Мен сөз сұраймын! Мен Премьер-министрмін,

Пациент- Президент.

Сөйле!

Пациент- Премьер.

Мен көп мәселені шештім. Ауылға жол салуға қыруар қаржы кетеді. Оның амалы – жолды мүлде салмау керек. Неге деймісіз. Қазір озық технологияның дәуірі. Тұрғындар енді ауылдарына ұшақпен және тікұшақпен қатынайтын болады. Бұл бір!

Екінші мәселе! Кезек күттірмейтін мәселе. Құбырмен таза су тартып әуреге түсудің мүлде қажеті жоқ. Бізде өзендер мен көлдер жеткілікті. Ата-бабаларымыз сол өзеннен, сол көлдерден су ішкен. Тек экологияны жақсарту керек. Ол үшін барлық су көздерін дезинфекциялаймыз! Хлор жетеді. Ғажап жаңалық емес пе?

Үшінші мәселе! Ауылдық жерде үй салуды тоқтату керек. Қаншама шығын?! Қазақтың киіз үйлеріне тапсырыс беру керек. Айдалада ақ отау. Жұмыртқадай әппақ. Қандай тамаша?!

Бірінші келуші.

Мынауыңыз шынында да нақұрыс екен.

Бас  дәрігер.

Қолына кітап ұстап жүрген бір кісіні көрсетіп

Ал ана кісі белгілі жазушы.Алған атақтары мына парақта жазылған.

Келгендердің біреуі қолына алып, дауыстап оқи бастайды.

Данышпан Асанов. Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Юнеско халықаралық ұйымының алтын медаль иегері, Біріккен Әлем халықтары жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан және Ресей жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның және Қырғызстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері, философия ғылымдарының кандидаты, әлеуметтану ғылымдарының докторы, Еуразия Ұлттық Унитверситетінің құрметті профессоры, Қазақ Республикасының Ұлттық  академиясының толық мүшесі, халықаралық ақпараттандыру Академиясының академигі, Ресей Ұлттық Ғылым Академиясының  корреспондент-мүшесі, Ресей педагогика және әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі, Түркияның әдеби сыйлығының жеңімпазы, Қазақстанның тұңғыш көппартиялық кәсіби парламенті – Жоғарғы кеңестің экс-депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Шолохов атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты, Қырғызстан Республикасының «Алтын қалам» әдеби сыйлығының иегері, республикалық «Тәуелсіздіке тарту» жабық бәйгесінін Гран-при иегері,тәуелсіз «Тарлан» байқауының лауреаты, номер бірінші «Халықтар достығы» орденінің иегері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның құрметті журналисі, республиканың еңбек сіңірген қайраткері, мәдениет қайраткері, «Тіл жанашыры» төсбелгісінің иегері.

ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының төралқа мүшесі,АҚШ-тың Невада штатының, Татарстанның Қазан қаласының, Башқұртстанның Уфа қаласының, Ресейдің Санкт-Петербург қаласының, Алматы және Астана қалаларының, Солтүстік Қазақстан облысындағы Шал ақын атындағы ауданға қарасты Мағжан ауылының құрметті азаматы, Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданының, Алматы облысының Кербұлақ ауданының құрметті азаматы, республиканың шахматшылар клубының Президенті, футбол федерациясының вице-президенті, ұлттық спорт федерациясы президиумының мүшесі, Қалибек Қуанышбаев атындағы Астана театрының көркемдік кеңесінің мүшесі, ҚР Мәдениет министрлігі жанындағы көркемдік кеңес төрағасының орынбасары, Аграрлық университеттің Қамқоршылар кеңесінің төрағасы.

Екінші келуші.

Сонда бұл кісі мұнда қалай түсіп отыр?

Бас дәрігер.

Тағдырдың жазуы шығар. Естуімше. жеті рет үйленген екен. Алғашқы алты әйелден алты баласы бар. Ал жетінші әйел бала таппаған. Сол әйелдің кесірінен жүйке ауруына шалдыққан. Кезекші дәрігерлерден күн сайын: «менің жетінші әйелім келді ме?»- деп сұрайды.

Ал мұнде жатқаны үшін қаржыны бәйбішесі төлеп отыр.

Үшінші келуші.

Сонда басқа палаталарда жатқан сырқаттар үшін қаржыны отбасы мүшелері төлей ме?

Бас дәрігер.

Жоқ! Оларға бюджет есебінен қаржы бөлінген. Мардымсыз, әрине. Әйтеуір, ішіп-жеуіне жетеді.

Бұл кісінің осында ақын досы бар. Екеуі жұбын жазбайды.

Әй, ақын Айбар! Мына кісілер сенің өлеңдеріңді тыңдағысы келеді.

Ақын.

Бәрекелді! Мен мұнде карантинде жатырмын. Жалғыз мен емес. Көппен көрген ұлы той. Сіздерге карантин туралы жырымды оқып берейін.

Аяймын депутаттарды,

Таң атпай залға жиналып,

Ұйқысы бұрын қанбаған.

Аурудан қорқып, қиналып,

Бөлмеден шыға алмаған,

Үйінің асын жаратпай,

Мейрамханаға бармаған.

Маңына жанды жолатпай,

Көлікке мінбей, сорлаған.

Қатерлі дерттің қаупіне

Өзіне келмей нанбаған.

Шет елге шығып несі бар,

Ел-жұртын болса қорғаған.

Биліктің болса есі бар,

Осыған дейін шынында,

Карантин неге болмаған?!

 

Аяймын саудагерлерді,

Тұралап қалған саудасы.

Шетелден тауар тасыған

Тұра ма қаңсып арбасы.

Жүрмей ме тағы аһ ұрып,

Тып-типыл болса қамбасы.

Кетпей ме ісін жапырып,

Дәуірдің ұрса балғасы.

Доллардың құны өскенде,

Қалар ма толмай дорбасы.

Кетер ме қашып өткелде

Жанына ерген жолдасы.

Мал тапса тігіп бетперде,

Сол ғана болар олжасы.

Айналып пұлға кеткен бе

Халықтың тамған көз жасы?!

 

Аяймын дәрігерлерді

Үлгермей жатқан елді емдеп.

Қалса егер бітіп дәрісі,

Сырқаттар  қалай емделмек?

Қаптаған жасы, кәрісі

Дауа іздеп дертке сенделмек.

Бақсылар шығар дұға оқып,

Айықтыратын менмін деп.

Сөзіне сеніп құба-құп,

Тұрасың соған көнгің кеп.

Істейтін қандай амал бар,

Вирусқа толса жер мен көк.

Жүректен нала кетер ме,

Айтатын кім бар өлдің деп.

Бір Алла жәрдем бермесе,

Орындала ма сол міндет?!

Тілші.

Ағасы! Бұл кісінің дені сау ғой. Өлеңі де керемет.

Бас дәрігер.

Мұнда сау кісілер жатпайды. Өзі әліне қарамай депутаттарды мүсіркейді. Бірақ, шалжиып вип-палатада жатыр. Оның қаржысын бірнеше депутат ай сайын төлеп отыр.

Байқап қараңыздар. Сөйлегенде қолын жиі сермейді. Аузынан кейде көбік шығып кетеді. Бұл жүйке тозғандықтың анық белгісі.

Тілші.

Бір орыс ақынының өлеңі бар еді. Есімін ұмытып отырмын.

Психбольной, я в дурдом
Бегаю под колесом.
Я не знаю слова «сон»,
Схожу с ума день за днем.

Бас дәрігер.

Бұлардың бір біріне айтқан анекдоттарын естісеңіз ішек-сілеңіз қатады.

Кешегі анекдотыңызды айтыңызшы!

Ақын

Естігініз келсе айтайын.

Даладағы қойын жаяу бағып жүрген қойшыға біреу келіп:«Егер хан болсаң не істейсің» - деп сұрақ қойыпты. Сонда әлгі қойшы: «Қойды атқа мініп бағамын ғой» деген екен.

Келушілер күледі.

Ақын.

Сіздерге ұнап кетті ме?! Тағы біреуін айтайын.

Дауыстар.

Айтыңыз!

Ақын.

Бiр күнi бiр жiгiт түс көрiптi. Түсiнде әкiм болып жатыр екен. Түсiн бiр молдаға жорытыпты. Молда: «Енді екі-үш айда әкiм болатын шығарсың» дептi. Бірнеше айдан соң жаңағы жiгiт шынында да әкiм болыпты. Тағы бiр күнi ұйықтап жатса түсінде президент болып жатыр екен. Тағы әлгi молдаға барып:
«Түсiмде президент болып жатыр екенмін, мұны қалай жорисыз?» - десе, молда:
«Түстi де адам шамасына қарап көру керек қой»» - дептi.

Кенет сарт етіп көрші есік ашылдаы.

Санитар.

Дәрігер мырза! Мына кісі айтқанға көнбей жатыр.

Іштен алқам-салқам киінген кісі жұлқынып шығады.

Сырқат.

Мен қанша рет айтуым керек. Неге менің сөзімді құлаққа ілмейсіңдер.

Неге мені түсінбейсіңдер?

Бас дәрігер.

Ия, мен сіздің хал-жағдайыңызды өте жақсы түсінемін.

Сырқат.

Бағанадан бері осылай демейсіз бе?

Мен осында жатқалы он жылдан асты. Сонда күнделігіме он мың сөз жаздым.

Көбісін. жатқа білемін.Тыңдаңыздар.

    Тұқымы жақсы жігіттің күтімі жақсы болса қабырғасы бүтін болады, түтіні түзу шығады.

   Күтпесең жақсы тұқымнан да өнім ала алмайсың.

   Қабырғаң бүтін болмаса өзге шаңыраққа арсалаңдап кіре алмайсың.

   Түтінің түзу шықпаса дос-жаран арасында ойнап-күліп жүре алмайсың.

   Мұны кім жазды деп ойлайсыздар?

Аристотель емес. Кун-Фу-Цу да емес. Фараби да емес. Мен жаздым.

Мына кісілер шет елден келді деймісіз? Қалталарында доллары көп шығар.Ал доллар туралы айтайын.

 

 

Ақыры доллар туралы долбар расқа айналды. 

Теңгеміз айналымда босқа айналды.

Ақшаның құнсыздығы  –  үкіметтің мінсіздігі емес, шенеуніктің қырсыздығы, депутаттың үнсіздігі.

Қалай          екен?

Тілші.

Ғажап!

Бас дәрігер.

Мұндай философтар мұнда толып жатыр.Басын жақсы бастайды. Бірақ, кейін сандырақтап кетеді.

Сырқат.

Сандырақ емес. Былжырақ. Сендердің бізге азанда беретін ботқаларың секілді. Майы жоқ, тұзы жоқ ботқа. Рас айтамын!

Келушілердің біреуі күледі.

Сырқат келгендерге қарап айқайлайды.

Неменеге жетісіп күлесіңдер. Сендердің де жүйкелерің тозған. Ал менің жүйкем мықты. Мен барлығына төздім. Өйткені, желкемнің шұңқыры бар. Ал біздің үкіметтің де жүйкесі тозған. Сендер соны білесіңдер ме? Білсеңдер, күлмес едіңдер.

Дәрігер мырза! Мыналарды түп-түгел осында жатқызыңдар. Біз жеген ботқаны бұлар да жесін!

Бас дәрігер.

Санитарлар! Мына кісіні бөлмесіне алып барыңдар!

Сырқат.

Бармаймын! Таза ауа жұтқым келеді. Бөлме қапырық. Іші сасық. Бірақ, далаға шықсам да сасық шығар.

Айқайлайды.

Жиіркенемін.

Санитарлар оны сүйреп алып кетеді.

Бас дәрігер.

Міне, көрдіңіздер ме? Бұлар бос жүргендері. Кейбіреулерін амал жоқтықтан төсекке таңып тастаймыз.

 

 

Кісінің  жүйке жүйесінің тозуы адамның ағзасына теріс әсер етеді. Адамды әлсірететін, миын шайқайтын нәрселер – үйдегі және қызметтегі ұрыс-керіс, тағдыр тауқіметіне шыдамағаннан туған күйзеліс, болмашыға шамдану, айта берсек, толып жатыр.

Тілші.

Төсекке танылғандардың біреуін көруге бола ма?

Бас дәрігер.

Көрсетейін. Бері жүріңіздер.

Тағы бір есікті ашады. Іште төсекте бірнеше адам жатыр.

Біреуі айқай салады.

Ей, пенделер! Мен адамзаттың соңғы пайғамбарымын. Сендерге зауал келеді. Босатыңдар мені! Байламаңдар қол-аяғымды. Тіліме кісен сала алмайсыңдар! Сендерде ар-ұят жоқ. Мұсылманға дәрумен деп шошқа етін бересіңдер. Шынында нағыз дәрумен В-1 деп аталады, ол қарақұмық жармасында, сұлы ботқасында және кәдімгі қара нанда көп болады. Мен ақ бөлкелеріңді жемеймін.Балық майын, кальций беріңдер. Оны таппасаңдар, қойдың майын беріңдер! Бауыр қосып. Өзімді құда сияқты сезінейін.

Бас дәрігер.

Болды. Тынышталыңыз!

Сырқат.

Менің құлағыма Жаратушы аян берді. Ақырзаман келе жатыр. Ақырзаман. Заманақыр!

Кермиық кеңестен қалды,

  • шабыстан қалды.

Қотыр теке қой бастады, тауқұдірет ел бастады.

  • қайғылы болды, биі бүкірейіп болды.

Атадан бала именбей, ежірейіп тұрды,

Анадан қызы именбей, бежірейіп тұрды. Қамқа тон көнеріп тозды.

  • кеңестен қалса, ақсақалы ата діннен танған шығар.
  • шабысынан қалса, аузынан шалған шығар.
  • теке қой бастаса, ел бастайтын қожа-молданы Құдай ұрған шығар.
  • қайғылы болса, қарашасы халықты жеп, қарны шемен болған шығар.

Биі бүкірей болса, сөзден береке кетіп, елі азып-тозған шығар.

  • бала именбей, ежірейіп тұрса, әдепті білмес тексіз құл болатын шығар. Қызы именбей, бежірейіп тұрса, ханның қызы болса да, мінезі күңге лайық болатын шығар. Сол уақытта қамқа тон көнеріп тозса, сүйегі асыл қазағымнан қасиет кететін шығар.

Бірінші келуші.

Мына кісінің сөзі дұрыс қой! Есі де дұрыс шығар.

Бас дәрігер.

Ол өзінің сөзі емес. Жаттап алған. Мөңке бидің көп жыл бұрын айтқан сөзі. Соны күнде қайталап айтады.

Оның жалғасы да бар. Тіті біздің санитарлар да жатқа айтады.

Санитардың біреуін шақырады.

Ана кісінің айтып жүрген сөздерін айтып жіберші!

Санитар.

Айтайын!

Көлдің суы бітіп, табаны қалар,

Аттың жүйрігі кетіп, шабаны қалар,

Жақсының атағы кетіп, азабы қалар,

Әулиенің аруағы кетіп, мазары қалар,

Адамның жақсысы кетіп, жаманы қалар,

Сөздің маңызы кетіп, сабаны қалар,

Сөйтіп, ақылы жоқ санасыздың заманы болар.

Кер заманның кезінде

Құрамалы, қорғанды үйің болады,

Айнымалы, төкпелі биің болады,

Халыққа бір тиын пайдасы жоқ,

Ай сайын бас қосқан жиын болады.

Табалдырықтан биік тау болмас,

Туысқаннан мықты жау болмас.

Кер заманның кезінде су тартылар,

Тана мен торпаққа жүк артылар,

Ар-ұяттың бәрінен жұрдай болып,

Қарап тұрған жігітке қыз артылар.

Ішкенің сары су болады,

Берсең итің де ішпейді,

Бірақ адам оған құмар болады.

Қиналғанда шапағаты жоқ жақының болады,

Ит пен мысықтай ырылдасқан

Еркек пен қатының болады...

Кер заманның кезінде:

Ертеңіне сенбейтін күнің болады,

Бетіңнен ала түсетін інің болады,

Алашұбар тілің болады,

Дүдәмалдау дінің болады.

Еркегің қазаншы болады,

Әйелің базаршы болады.

Жылқы жұлдыз болады,

Қой құндыз болады.

Кебір жерге теңеледі,

Әйел ерге теңеледі.

Көл теңізге теңеледі,

Сиыр өгізге теңеледі.

Ақырзаман адамы –

Сағынып тамақ жемейді,

Ащыны ащы демейді.

Тапқанын олжа дейді,

Алһам білгенін молда дейді.

Бір-біріне қарыз бермейді,

Шақырмаса, көрші көршіге кірмейді.

Сарылып келіп тосады,

Құны жоқ қағазды судай шашады.

Ақырзаман халқының –

Шайдан басқа асы жоқ,

Жақыннан басқа қасы жоқ.

Лағынет қамыты мойнында,

Жұмыстан қолының босы жоқ.

Әрқашанда олардың

Көңілінің қошы жоқ.

Бар шаруасы түп-түгел,

Енді мұның иесі жоқ.

Заманақыр боларда –

Жер тақыр болар,

Халқы пақыр болар.

Балалар жетім болар,

Әйелдер жесір болар,

«Ә» десе «Мә» дейтін кесір болар.

Бас қосылған жерлерде,

Әйел жағы ден болар.

Жаман-жақсы айтса да

Өзінікі жөн болар.

Орай салып бастарын,

Жалпылдатып шаштарын,

Тақымдары жалтылдап,

Емшектері салпылдап,

Ұят жағы кем болар.

Сөйткен заман кез болса,

Түзелуі қиын болар!

Келушілер.

Пай-пай-пай!!!

Керемет екен!

Қалай  айтқан?

Тілші.

Мұндай мағыналы сөзді жаттау да оңай емес қой.

Санитар.

Ана кісі осыны күнде айтады. Күнде естіген соң бір сөзін де қалдырмай жаттап алдым.

Екінші сырқат.

Бауырым! Оларға сөзіңді шығындап не қыласың? Бұл жерде біз ғана саумыз. Он екі мүшеміз түгел. Алпыс екі тамырымыз соғып тұр. Ал бұлар шетінен ауру. Ауруларына ем жоқ. Мені атып тастаса да айтарым осы.

Бас дәрігер.

Ал ендеше атайын.

Қолын көтеріп, саусақтарын бүгіп тапанша сықылды қылып, атқан адамның қимылын жасайды. Сырқат былқ етпейді.

Дәрігер әуелі оқсебердің, кейін зеңбіректің дауысын келтіріп, тағы атады. Сырқат былқ етпейді. Граната лақтырған сыңай танытады. Сырқат былқ етпейді.

Бас дәрігер.

Әй, мен сені атып жатырмын ғой.

Сырқат.

Ия!

Бас дәрігер.

Ендеше неге өлмейсің? Құламайсың ма?

Сырқат.

Қолымен ишарат жасайды

Олай өтті. Былай кетті. Дін аманмын!

Тілші.

Қызық екен. Жанымнан жанап өтті, оқ тиген жоқ деп тұр ғой.

Бас дәрігер.

Міне, олардың ауру екені осыдан да көрініп тұр ғой.

Екінші келуші.

Сіз бізге тек ер азаматтарды көрсетіп жатырсыз?

Ал әйелдердің, қыз-келіншектердің жағдайы да осындай ма?

Бас дәрігер.

Әрине. Ұқсас. Бір ғана айырмашылығы, қыз-келіншектер палатасына айна қойғыздық. Тарақ, қайшы  секілді шаш пен қас күтіміне қажетті құралдар да бар.

Бері қарай жүріңіздер.

Тағы бір есікті ашады.

Палатадағы келіншек.

Келіңіздер, кіріңіздер! Барлығыңыз да маған келіп тұрсыздар ма? Мынау қандай сүйкімді жігіт! Сіздің есіміңіз кім?

Маған кім сөз салмады дейсіз. Қызды кім сүймейді, қымызды кім ішпейді.

Сіздер «Қалаулымға» қатысып па едіңіздер? «Қалаулым» – менің отбасым. Нағыз шынайы бағдарлама. Оған теңін тапқысы келгендер келеді. Бай іздеген қатындар деп кемсітпеңдер. Өзгеден несі кем?

Маған сөз сала келген бір шал мені кемпір деп ойлапты. Одан кейін келген жасамыс жігіт «күйеуге неше рет шықтың?» - деп сұрақтың астына алған. Тағы бір бозбала: «неше күйеуге тисең де аламын» - деп мазамды алған. Маған қайсыларың үйленгілерің келеді?

Тек естеріңде болсын, айлықтарың бес жүз мың теңгеден кем болмасын. Бастарыңда баспана, астарыңда көлік болсын. Осы үш шартқа сай келсе, тиемін.

Екінші келуші.

Ұлтына қарайсыз ба?

Келіншек.

Жоқ! Орыс па, неміс пе, қытай ма, маған бәрібір. Азамат болса, еркек болса болды. Жалпы, біз, қазақтар ешкімді де жатсынбаймыз. Бәріміз де адамбыз. Мұсылман ба, басқа ма, дінін, тілін таңдамаймын. Орысша да, ағылшынша да таза сөйлеймін. Білімім жоғары.

Бас дәрігер.

Жарайды! Барыңыз! Дем алыңыз!

Келіншек.

Қысылмаңдар. Мен барлығына дайынмын. Керек болса, екі байға тиіп аламын. Еркектер екі қатын алса, біз олардан кем бе екенбіз? Екі сиыр – айран, екі еркек – сайран!

Бас дәрігер.

Жиналғандарға қарап

Міне, бұл келгендердің бәрін маған құда түсуге келді деп ойлайды.

Ал тағы бір әйелді көріңіздер.

Есіктен әже шығады.

Бас дәрігер.

Әже, халыңыз қалай?

Кемпір.

Жақсы, айналайын!

Бірақ, ана бала маған келмеді ғой. Сіз келеді деп едіңіз.

Бас дәрігер.

Келемін деп уәде берген. Уайымдамаңыз, әже!

Кемпір ыңылдап өлең айтады:

Тәй-тәй, балам, қаз, балам,

Қадам бассаң – мәз болам!

Тұсауыңды кесейін,

Күрмеуіңді шешейін.

Бас дәрігер.

Бұл кісінің ұлы елге есімі белгілі кәсіпкер. Келіні ғалым. Дағарадай үйі бар. Сол үйге аналарын сыйғызбай, психикалық ауруға ұшыраған деп бізге әкеліп тастады. Әжей болса кішкентай немересін күнде көргісі келеді.

Кемпір.

Ұлым немереме көзіңіз тиеді дейді.Келінім маған тіліңіз тиеді дейді. Менен жаман иіс шығады дейді. Ол мына ақ халат кигендерден шыққан иіс қой.

Тілші.

Мұндай адамдарға арналған Қартар үйі бар емес пе?

Бас дәрігер.

Бар ғой. Бұл кісі әуелі сонда жатқан. Бірақ, маңындағыларға жөнді, жөнсіз тиісе беріпті. Дәрігерлер комиссиясының қорытындысы бойынша осында ауыстырылды.

Бірінші келуші.

Сұмдық қой мынау! Психушка. Дурдом! Байғұстар түрмеде жатқан сияқты. Бұларды төрт қабырға ішіне қамап ұстау адамгершілікке жата ма?

Әкімдік қызметкері.

Мұндай изоляторлар – елден оқшаулау орындары ерте ғасырда болған, Әуелі Еуропада етек жайған деседі. Ұмытпасам, неміс және испан елінде. Кейін ағылшындар, басқа мемлекеттер  дамытқан. Оларда бастапқыда ем қолданылмаған, тек қамап қойған, тіпті темір шынжыр мен кісенді қолданған.

Бас дәрігер.

Қазір біз ем қолданамыз Жазылып шыққандары да бар. Ара-тұра «смирительные рубашки» дегенді пайдалануға тура келеді.

Екінші келуші.

Мен санитарларға сауал қояйын деп едім.

Жанынан өтіп бара жатқан санитарды шақырады.

Сіз бері келіңізші! Айтыңызшы, жұмысыңызға көңіліңіз тола ма?

Санитар.

Толмаса, кетіп қалар едім ғой.

Екінші келуші.

Жоға, өз қызметіңіз ұнай ма дегенім.

Санитар.

Басқа түссе баспақшыл деген. Ұнайды, ұнамайды дейтін үлкен қызмет емес. Ең бастысы, ай сайын уақытылы айлығымды береді. Осындай жұмыс басқа жерден де табылар еді, бірақ, олардың ақшасы аз. Әрине, ақыл-есі кем кісілер жүйкеме тиеді. Көшеге шықсам, құлағым шуылдап тұрады.

Олар кейде ақылды сөздер айтады. Соған таң қаламын. Кейде мұнда жатқандар есті, ал сыртта қағанағы қарық, сағанағы сарық болып жүрген кейбір кісілер ессіз секілді көрінеді.

Тілші.

Жақында «Азаттық» радиосынан оқыдым. Қазақстанда 200 мыңға жуық адам психиатриялық орталықтарда есепте тұр екен. Жүйке жүйесіне зақым келген, ақыл-есі кем кісілерді үш топқа бөліп қарастырады екен. А тобы ақыл-есінде аздап ауытқуы бар адамдар. Олар жеңіл жұмысты жасай алады. В тобындағы адамдарды бала кезінен бір іске баулыса, оны меңгеруіне болады. С тобындағы жандарда мүмкіндік аз, оларды ылғи бақылап, жанында болу керек. Қазақстанда үш топты бірдей «еңбекке жарамсыз» деп есептейді.

Бас дәрігер.

Олар бәрібір бақылауда болуы керек. Талай жағдай болғанын естіп жүрген шығарсыздар. Кейбір ақыл-есі кем кісілер кісі өлтіргені туралы деректер бар.

Бірінші келуші.

Ия, бұл біздің қоғамның айығуы қиын дерті.

Бас дәрігер.

Жаңа өздеріңіз көрген ақын ауырмай тұрып талай жырын жарыққа шығарған. Оның бір өлеңі менде сақтаулы. Сау кезінде жазған. Осыдан бір жыл бұрын елімізді қатерлі дерт жайлағанда жазған екен. Тыңдап көріңіздерші.

Кәріне мінді Коронавирус,

Ассамблея мен Корпоративке

Жұмсалған шығын түп-түгел бұрыс,

Шықты деп шектен айтылды өкпе.

 

Жүргенде сыртта үйіңнен қашық,

Бетперде кимей, жөтелме деді.

Судайын тасып, ақшаны шашып,

Қыдыра берме шет елге деді.

 

Болмаса түгел құбылаң сайлы,

Несие алып қиналма деді.

Бауыздап қойды, сойдырып тайды,

Сылтау қып тойды, жиналма деді.

 

Тегіннен тегін келмейді олжаң,

Біреуден алып дәметпе деді.

Қолыңды жуып, сабынды қолдан,

Көңіліңді бөлгін дәретке деді.

 

Өсекке сенбей, жаманға ермей,

Таза боп жүрсең кетемін деді.

Жүретін болсаң айтқанға көнбей,

Өмірің болар өтемің деді.

 

Көбейтіп жатыр жарлығын енді

Коронавирус киген соң тәжін.

Барлығын, халқым, көзіңмен көрдің,

Қайтарар бетін бар ма өзі лажың?!

Тілші.

Әдемі жазыпты. Жалпы, жалғыз сол вирус емес, толып жатқан дерттің бетін қайтарсақ, лажын тапсақ, уға қарсы усойқы қолдансақ, мына психоневрологиялық ауруханалар баяғыда жабылып қалатын еді.

Бірінші келуші.

Барлығымыз жабылып соны іздейік!

Тілші.

Жаңағы ақынның есімі Айбар ма? Оның бір жырын мен бұрын да оқығанмын. Ұнаған соң қойын дәптеріме жазып алып едім. Қаласаңдар, оқып берейін!

Келушілер.

Оқыңыз. Тыңдайық!

Тілші.

Қойын дәптерін ашып, дауыстап оқи бастайды.

Коронавирус Қытайды жайлап,

Туғызды үрей әлемге.

Айығу жолын қойса да сайлап,

Төніп тұр қауіп бар елге.

 

Тұрғындар қанша жасаған амал,

Дауасын таппай жыны ұстар.

Елімде менің бұдан да жаман,

Жемқорлық деген вирус бар.

 

Жамандық деген етегін жайса,

Жақсылық үшін өріс тар.

Қоғамда біздің жайылған қойша

Жалғандық деген вирус бар.

 

Естуге жайсыз толып тұр ақпар,

Күтемін жақсы бір хабар.

Жайылған жұртқа  індеттен сақтар

Бұл дерттің емін кім табар?!

Кенет алыстан дауыс талып естіледі.

Хор дауысы бірте-бірте күшейе түседі.

Жайласа жерді зорлық пен сұмдық,

Шыға алмай қалды тереңнен шындық.

Сонда да болмай, елміз деп еркін,

Әлемге тұтас жария қылдық.

 

Тізгіннің ұшы тиген соң қолға,

Еркіндік тиді еріккен жанға.

Беделі жоқтың көтердік бәсін,

Болса да біздің сүйекке таңба.

 

Желменен ұшты ақшамыз тапқан,

Бетімен кетті баламыз баққан.

Су болып ақты төгілген терің,

Май болып жақты естіген мақтан.

 

Көргені көптер көргенсіз болды,

Қуаты барлар дәрменсіз болды.

Себілген тұқым болмаған күтім,

Көктемей жатып, тамыры солды.

 

Айқаспен өтіп жайнаған кезің,

Жетпеді жұртқа ақылды сөзің.

Айтқанға көндің, тобырға ердің,

Әкелдің жұтқа өзіңді өзің.

 

Тозаңдай келіп денеге қонар,

Өзгерсе заман, көне ме олар.

Осылай тірлік жалғаса берсе,

Ұрпаққа қандай өнеге қалар?!

 

Жай кетпес көптің қыңқылы бекер,

Билеуші топтың сүйкімі кетер.

Ішкен мен жеген кекірік атып,

Түбіне ақыр құлқыны жетер.

 

Өткізген халық күндерді ауыр

Айығып дерттен, болмай ма тәуір.

Бізге де түсер Құдайдың көзі,

Жаңғырар заман, жаңарар дәуір.

 

Жиналғандар.

Иншалла!

 

Серпінді күй орындалады.

 

 

Шымылдық

 

 

Қазақ тілінде жазылған