Жылаған ата туралы аңыз
Қаратау, Сырдың арасы –
Жон-жота, жазық даласы,
Мекендеп келген ежелден
Бұл жерді қазақ баласы.
Тарихын тасқа қашаған,
Жауына болған аса паң.
Сый еткен оған даланы
Көңілі түсіп Жасаған.
Тұрмысы болып көшпенді,
Бақытты ғұмыр кешкен-ді.
Елге ойран салмақ талайдың
Меселі қайтып, сескенді.
Сұратып жауға сауғасын,
Әуреге салған сау басын.
Қадірлеп өзен, көлдерін,
Қасиет тұтқан тау, тасын.
Өздері батыр болғасын,
Қалдырмай жауға жолдасын,
Бабалар ғұмыр кешіпті,
Шашып та төгіп тойға асын.
Өрісте малы қаптаған,
Оларға болды бақ Далам.
Киелі туған жер, суын
Қастерлеп дәйім сақтаған.
Қырқасын, суын, жартасын,
Жазығын және әр тасын
Өзегі еткен аңыздың
Бос сөздің езбей малтасын.
Сол шақтан сен де сыр ұғын,
Құлақ сал маған, құлыным.
Аңыздан ескі сондай бір
Шертейін сөздің шырынын.
***
Ертеде, ерте, ертеде
Осынау байтақ өлкеде
Кемпір, шал өмір сүріпті,
Зар болып жалғыз еркеге.
Гүрзіхан – шалдың есімі,
Туған жер – алтын бесігі.
Шаш кемпір оның қосағы,
Шашылған бірге несібі.
«Қу бас боп өтер өмірде
Салмап ек кіршік көңілге», –
Деп перзент сұрап екеуі,
Жалбарыныпты Тәңірге.
Ауыр мұң еңсе езіпті,
Даланы байтақ кезіпті.
Мейірімі мол Жаратқан
Жарылқайтынын сезіпті.
Пендеден үміт солған ба,
Күндердің күні болғанда,
Шаш ана құрсақ көтерді,
Аппақ ай көкте толғанда.
Жүргенде сана қуарып,
Қалыпты көңіл жұбанып.
Жасапты құрсақ шашу той,
Ел-жұртын жиып, қуанып.
Бақыттан басы айналып,
Қос көңіл жүрді жайланып,
Қуаныш сыйлар алдағы
Күндерге сонау сайланып.
Кертілді күндер жырымдап,
Тоғыз ай өтті зырылдап.
Толғатып ана босанды,
Шықпады дауыс шырылдап.
Түрлі ой билеп сананы,
Шаранасына қарады.
Домалақ месті көргенде,
Дағдарып естен танады.
Сананы улап сан сұрақ,
Шаш ана қалды сансырап,
Түсінбей Тәңір сынағын,
Жүректен қаны тамшылап.
Гүрзіхан естіп хабарды,
Оның да көңілі қабарды.
Тәңірге айтып наласын,
Жаспенен жуды жанарды.
Жүрегі мұңлы аһ ұрды,
Кеудеден шерді сапырды.
Түсіне алмай бұл сынды,
Қайғыға басты батырды.
Жазмышы шығар талайға,
Талайдан қашу оңай ма?
Бауырға басты қос мұңлық,
Тастамай месті алайда.
Егілтіп сорлы жүректі,
Ай өтті, зырлап жыл өтті.
Көтерген кезек мес – бала
Талдырды әбден білекті.
Көз жасын төгіп көлдетіп,
Шаршады бойдан әл кетіп.
Шаш ана айтты Тәңірге
Наласын былай зәрлі етіп:
«Қашық та жүрдік күнәдан,
Күндіз-түн тынбай жылағам.
Мес емес еді алайда
Өзіңнен нәрсем сұраған!»
Шыдамы жетпей бұл енді,
Қабағы бұлттай түнерді.
Көтерген месті долданып,
Атып кеп жерге жіберді.
Тылсымның, балам, барын ұқ,
Қалғанда ол мес жарылып,
Айдарлы бала ішінен
Тұра сап қашты қағынып.
Туғандай айы оңынан,
Бөгемек болып жолынан,
Кемпір, шал қуа жөнелді
Баланың қашқан соңынан.
Не асқан Тәңір – шеберден,
Кемпір, шал дағы өлермен.
Құлдырап қашқан жас бала
Жеткізбей кетті дегенмен.
Көзінен жасы парлаған,
Кемпір мен шалға зарлаған
Қайырылып мойын бұрмайды
Айдарлы бала самғаған.
Көңілде қалған нала да
Қайырылтпай оны бара ма.
Айқара кәрі Қаратау
Құшағын ашты балаға.
Жеткенде мезгіл іңірге,
Зып беріп кірді үңгірге.
Қос мұңлық жанның дауысынан
Үңгір де толды күмбірге.
Әйтсе де бала шықпады,
Қарттардың мұңын ұқпады.
Үңгірдің алдын көл қылды
Шашылған көздің шықтары.
Жетсе де сары күз лебі,
Кемпір, шал күдер үзбеді.
Үміттің өшпей оттары
Үрлейді шоқты түздегі.
Қыс өтті, келді көктем де,
Бәйшешек толды бөктерге.
Шал болса зарлап жылайды:
«Атаңа босқа кектенбе».
Өмірі өтіп арманда,
Нала боп жүрген жалғанға,
Ұлының дауысын естіртті
Күндердің күні болғанда.
«Қадірлі ана, аташым,
Несіне мұңға батасың?
Ендігі мәңгі мекенім –
Болады осы қапасым.
Айтыңдар сәлем енді елге,
Босқа күн кешіп сенделмей.
Қарама артқа бұрылып,
Бар шартым осы сендерге».
Дауысын естіп баланың,
Еңсені басты нала-мұң.
Шарасыз қабыл алған-ды
Қос мұңлық ұлдың талабын.
Оралмақ болып қауымға,
Бет бұрды енді ауылға.
Етекке қарай жүрсе де,
Ауыр жүк бардай сауырда.
Заманы болып шырғалаң,
Сананы сан ой шырмаған.
Түртеді үміт көңілді,
Сыбдырды естіп бір заман.
Бұзуға шартты болмайды,
Келеді ойлап сол жайды.
Естілді сыбдыр тағы да,
Шіркін-ай, үміт солмайды.
Құлыны құйттай құлдырап
Ерді ме, білсін кім бірақ...
Қайырылып артқа қараса,
Келеді ағып бір бұлақ.
Көңілден үміт сызылды,
Айтылған шарт та бұзылды.
Сылдырлай аққан сол бұлақ
Сол жерге келіп үзілді...
***
Аңызда мынау, қарағым,
Тарихы жатыр даланың.
Сылдырлай аққан сол бұлақ
Сыйлығы екен баланың.
Сылдырлай аққан бұлақты
Жағалай гүлдер бүр атты.
Жылаған ата, анаға
Тәңірден бала сұрапты.
Зымырап уақыт жатса да,
Елдегі жетпей бақшаға,
Сол сіңген жерден аспайды,
Тынымсыз қанша ақса да.
Атадан алғыс, бата алған
Қалмады ел-жұрт қатардан.
Ал үңгір бала тығылған
Жылаған ата атанған.
Көлшік бар оның жанында,
Бөленер сұлу сағымға.
Көз жасы дейді Атаның
Айналған жауһар, лағылға.
Ал мынау жота Мес деген,
Төсінде ойнап өскен ем.
Бір тармағындай бұл дағы
Аңыздың сонау өшпеген.