Адам қарады: 140 | Жарияланды: 2018-07-24 02:37:20

​​​​​​​Ауыл хикаялары

Сол бір жаз...

1974 жылдың жазында ауа-райы әдетте қоңыр салқын Алтайдың өзінде қатты құрғақшылық болды. Көктемнен бастап әуеден бір тамшы жауын тамбады. Альпі бөктеріндегі майқарағай мен сағыз қарағайдың жас өскіндері жаздың басында-ақ сарғая бастады. Күйіп тұрған күн қоя ма, жаз ортасына жетпей жатып тау орманын қызыл жалын шалды. Етекте жатқан біздің ауылдың тұсынан қарасаң,  Алтайдың асыл ағашын  күйдірген  оттың қошқыл түтіні көзге шалынады. Түнде тіпті қызыл жалынның шапағы түнгі аспанды жарқыратып тұрды.

Шаруашылықтардың  барлығы өз жұмысшыларын кезекпе-кезек Алтай орманын шарпыған қалың өртпен күресуге жіберумен болды. Халықтың тайлы-таяғы қалмай сол шаруаға жұмылдырылды. Альпі жайлауындағы Алтайды айтасыз, ал етектегі елдің жағдайы тіпті мүшкіл еді. Шабындықтағы шөп қылтиып келе жатқанда-ақ қылтасынан қиылып, күйіп кетті. Совхоздың басшылары жаздың басынан енді қайттық, алдағы қысқа қолдағы қоғам малына шөпті қайдан табамыз деп шырылдағанда, жандарын шүберекке түйердей болды.  Тек ерні кезерген алатағанақ қырға қарап «ухілей» береді.

Шаруа жайы осындай болып жатқан  жылы жаздың ортасында Қаройға Алматының М.Әуезов драма театры Оралхан Бөкеевтің «Құлыным менің» драмасының негізінде қойылған «Қайдасың, қасқа құлыным?!» спектаклін әкеліп көрсетті.

Ауылдың кіп-кішкене клубына халық симайтын болған соң-ау деймін, аудан орталығына апаратын күре жолдың бергі тұсындағы МТМ-ның ғимаратының ішіне жүк машиналардың  қорабын қос-қостап қосып, сахна жасалды. Әуезов театрының жас әртіс қыз-жігіттері спектакльді осы «сахнада» көрсетті.

Әне, сахнада - Алматы ипподромынан көрініс жүріп жатыр.  Кеңес өкіметінің елу жылдығына арналған республикалық жарысына анау алыстағы Алтайдан Ардакүрең деген атын бәйгеге қосуға әкелген жылқышы Бозтайлақ,-атақты актер Әнуар Молдабеков,- көшеде қаланың тиісерге қара таба алмай келе жатқан бір топ сәнқой жастарына кездесіп қалады. Ішіндегі ұзынтұра біреуімен ерегісіп қалып:

 -Не дедің?! Не деп күйсеп отырсың рауағаштың айғыры құсаған күрке тауық! Аузыңды ұрайын, қуып жетіп, қуырдақ жасайын әкеңнің!-деп салғанда, «Рауғаштың айғыры» деген сөзге  бір  бұрышта үй-үйден жиналған ағаш орындыққа  жайғасқан Бижамал, Сақыш апалар сақылдап тұрып бір  күліп алды. 

Бозтайлақ: «Қаныңды ішіңе тартып қалшылдағаның, бетің бүлк етпей былшылдағаныңның алды-арты бір бұл емес шығар!»,-деп мал бригадир Қаражанға зілдене айтқанда, бұның өмірдегідей табиғи шыққаны соншалық,  МТМ ішіндегі көрермен жым болды.

Бас кейіпкер Бозтайлақ тағы да:

-Бес азаматтың жұмысын Дулат екеуіміз ат үстінде атқарып, ат үстінде азып жүргенімізді бүкіл совхоз біледі. Ай-күні жетіп, жер сызып жүрген әйелім таңертеңнен кешке дейін бие сауады. Біріміз ауылға қымыз тасып, түнгі сағат онда сүйегіміз сүйретіліп, әрең жетсек,  біріміз жылқы жайып, бие сауғызамыз.  Ауылда бес баланы бағып, ауру апайым отыр. Оның отын-суын кім жеткізіп береді?! Бізге қиған ұйқыларың тәулігіне үш сағат. Құс ұйқылы болып, құтымыз қашқанына қырық күн болды. Сіз жай келесіз бе, жайпай келесіз,-деген монологын айрықша бір актерлік шеберлікпен орындады, тіпті, алдыңғы қатарда отырған біздің ауылдың шалдарының бірі:

-Апырым-ай, тап біздің басымыздағы жағдайды айтып тұр ғой!-деп салды.

Жылқышы Бозтайлақтың көмекшісі Дулат бригадир Қаражанға:

- Бала кезден өзіңізден емес, алайған көзіңізден қорқушы едім. Әкемнің қара жорғасына таласып, он келі астық үшін он жылға соттатып едіңіз,-деп ащы шындықты бетіне басқан кезде, өзіміздің Боран жақта тұратын шешемнің нағашысының өз жездесі Рақымды бір уыс бидай үшін шиеттей балаларын аямай соттатып жібергені, Рақымның сүйегі Қарағанды жақта көмулі-көмусіз қалғанын ешкім білмейтіні, шешемнің  сол бір арманда кеткен қайран әкесін ойлағанда жүрегі шерменде күй кешетіні есіме түсіп кетті. Ой жақта тұратын осы нағашысы Алтайға барып-қайтқанда жолай біздің үйге соғып, жата-жастана кетеді. Шешем зыр жүгіріп күтеді. Ол кеткен соң:

-Әкемді айдатқан осы шал! Әлі күнге дейін өзінен зәрем ұшып қорқамын!-дейтін.

Бозтайлақ-Әнуардың тағы бірде:

-Бүкіл жастығымның қанатты арманы,  сынық көңілімнің медеті еді;   бұлар біз құсап жалаң аяқ, жалаң бас; қысы-жазы жұмыс істеп, құйрықтарыңды өгіз, қарындарыңды қарамық тескен жоқ,-дейтін жері бар, сол сөз көтерем өгіздің соңында сыйдақ айдаумен өткен біздің ауылдың жасамыс адамдарының балалық шақтарын  естеріне түсірді ме,  көздеріне жас үйірілгендей болды. 

Әмір қатты, жан тәтті заман еді ғой ол! Маса мен сона ыстықта жегулі өгіздердің жанын шығаратыны, оның үстіне оқырасы қозғау салып, өгіздер бой бермей, ала қашып, шаппадан шығып кетіп, немесе шабындықты жапырып, екі ортада арам таяқ жеп жататын шақтары елестеп кетсе керек.

Жылқышының көмекшісі Дулат:

-Аузымызға апарып, «ары ақ, ары ақ» демей, «бері ақ» десек қой, тарта ішер ме едік,-дейтін жерінде, совхоздың электригі, «тірі энциклопедия»  Базарбай аға:

-Әй, сөзім-ақ екен! Мынау бір ауыздан тастамай айтып жүретін таптырмас афоризм екен!-деп реплика қыстырды.

Осы Тоқбаев Базарбайдың бір қасиеті – бұдан он жыл, жиырма жыл бұрынғы уақиғалардың ай-күні, жылынан бір жаңылмайтыны еді. «Бәленше жылдың бәленше айында, бәленше күні, түскі сағат бірден он бес кеткенде, Қақсалдыға келдік....»-деп бастайтын кезекті әңгімесін. Және де Базкең қазақша да, орысша да сөзге қамшы салдырмайтын тілге шешен жан еді.

Спектакльдің тағы бір жерінде сол Дулат:

-Мен осы қойды алпыстағы Әшімхан деген сауатсыз шалдан артық баға алмадым. Мен жүз қойдан жүз қозыны әзер аламын, ол жүзінен жүз елуін ойнап жүріп алады,-деп сөз саптағанда, жайлауда қой бағып, малға қоң жинатып, өздері де қыс пен көктемгі  ауыр тірліктен бір мезет бой сергітіп   жатқан жерлерінен  Алматының артистерінің өнерін тамашалауға жайлаудан әдейі алдырылған  Қызылтас бөлімшесінің аға шопандары Сағдолда мен Тұрсай ағалар «Солайы солай ғой!» дегендей бір-біріне жұмбақ  ишарамен  қарасып қойды.

Жан есімді журналист жігіттің рөлін сомдаған атақты Құман Тастанбеков:

-Әкелер рухы айтатын: «Егер өзі ауру болса, - бүкіл әлемді ауру деп, аяғын етігі қысқанға дүниедегі жақсылықты тәрк ететін, қоғамның бар қол жеткен табысын таспен бастырып, ілеуде бір шаң беретін кем-кетікті тілге тиек ету – шын азаматтың пиғылы емес. Олармен ымыраға келмей күресу керек. Жалпы, мен кейінгі кездегі кейбір интеллигенттің қазіргі тірлігіне риза емеспін. Өмірдегі өзгеріске, өмірдегі төңкеріске немкетті, әрі немқұрайды қарайды. Өз жеріңнің бақытын сезінбей, өзге елдің қадірін қалай түсінесің?,-деп тебіренсе, жылқышының көмекшісі Дулат:

-Ей Жан, жүр мынау төбенің басына шығайық. Егер осы төбеге шықсақ, анау ұшар басын аппақ бұлт тұмшалап жатқан Мұз тауы көрінеді. Әрине, кез келген адамға емес, - ешкімге қиянат жасамаған, ар-ожданы таза адамға ғана бұлт қақ айырылады да, жарқ етіп ақ арудай дидарын ашады.  Ал Мұз тауын көрген адам мәңгі бақытты өмір сүреді екен,-деп толғанды Қарой сахнасынан.

Спектакль аяқталған соң, «сахнаға» әсем қала Алматының үлгісімен сәнді киінген, өздері сымдай тартылған, сұңғақ бойлы екі сұлу жігіт көтерілді. Олардың бірі – бүкіл қазақ даласының рухани өміріне сөзбен айтып жеткізгісіз зор төңкеріс жасаған атақты «Қыз Жібек» фильмінде басты рөлде ойнаған Құман Тастанбеков те, екіншісі – қазақтың әдебиетіне дәл сондай керемет өзгеріс әкелген, ел аузынан түспейтін ғажайып жазушы Оралхан Бөкеев. Құман ағамның не айтқаны есімде жоқ, ал Оралхан төгілте сөйлейтін жігіт екен. «Біздер арда Алтайдың арғы бетін, сіздер бергі бетін мекендеп жатқан, малы аралас, қойы қоралас  елсіздер!-деп бастаған, Ор-ағаң жарты сағаттай көсіле сөйледі. Қазір ойлап отырсақ, сол кезде Орекең отыздан енді ғана асқан жап-жас жігіт екен-ау!?

Қаройдың қалың көрермен жұрты бір қимасымен қоштасып тұрғандай, осы бір керемет көңіл-күйлерін қия алмай, үйге қайтқылары келмей, шабан қимылмен жиналып жатқанда,  тілі қазақтан орысшаға жүйрік завгар Бұзаубаев Кәйкен анау алыстағы арман қала – Алматыдан арнайы әкелініп, Алтай қойнауында жатқан бұйығы ауылдың сахнасында қойылған тамаша  спектакльге:

-Вот, Бозтайлақ, молодец!-деп нақ бағасын қойды.

Ал, біздер, ауыл балалары сахнада ортекедей ойнақшып жүрген әдемі қыз-жігіттердің сол бір ғажап сұлу бейнелерін көпке дейін ұмыта алмай жүрдік...

 

 

                                   Маркстің мұрны

 

Социализм теориясының негізін қалаушылар – Маркс пен Лениннің есімінің қаңғалақтап бармаған-жүрмеген  жері жоқ. Тіпті қазақтың қиыр шеттегі ауылдарына  дейін жеткен. Карлдың пәмилесін еншілеген қазақтың бірі – Архиповка  ауылындағы Машайұлы Маркс еді.

 Алтайдың иек астындағы «Қызылщыда» ұзақ жылдар бөлімшенің аға бақташысы осы Мәкең мал қыстатты. Жер шалғай, мұнда анау-мынау адамдардың аяғы жете бермейді. Шаршағанда, анда-санда дем басатын «ащы су» да  тапшы. Сондықтан, кейде дүкеннің тобылғы торы сырасындай болмаса да, қол сыра ашытып қояды. Қолдан ашытылған дегені болмаса, күші әжептәуір. Бірер күрішкесін ішсең, біраздан кейін қалай қалпақтай түскеніңді білмей қаласың.

Маркс ағаңыз кейде қол сыраны жиілетіп жібергенде, қолақпандай мұрны қызара бөртіп кететін. Тұмсықтың қызара бөрткені – Маркстың сыраға әбден бөккені.

Бір жыл жазда Архиповка бөлімшесінің шөпші жігіттері  Алтайдың шөбі шүйгін «Қызыалщы» телімінде пішен даярлап жатты. Тракторшылар кеше біраз «басып» жіберген. Бас қазандай. Қап! Тамыр-тамырда ұйып тұрған қанды жүгіртіп жіберетіндей кеше ештеңе қалдырмағандарын-ай! Шеке  сындырып әкетіп барады.

Жұмыс жүрмей, жігіттер көлеңкеге сұлай-сұлай құлаған. Жерді төңкеріп жіберетіндей  кешегі дүріл жоқ. Бәрі үнсіз домаланып-домаланып жатыр.  Ауыздарына арақ түгілі, ащы шалап алып көрмеген  жас жігіттер ғана ересектердің мына пұшайман күйлерін  келеке қылғандай  тырқ-тырқ күліседі. 

Қызылащы төскейіндегі осы бір «қышқыл» картинаны  Көкібаев Айымханның:

-Шіркін-ай!-деген әлденені армандаған даусы бұзды. Жігіттер: «Не, не?!»,-десіп, «сынық» бастарын көтерісіп-көтерісіп алды.

Жатыпатар сөзге келгенде жайдақ шауып өтпейтін жампоз Айымхан сөзін  былай деп түйіндеді:

- ...шіркін-ай, дәл қазір Маркстің мұрнын сорып жатар ма еді!

Ал кеп күл! Сынық бастар осы күлкімен-ақ жазылып кеткендей болды.  Езулері енді жиыла бергенде керіауыз бір жігіт анекдот айтып тағы  күлдірді:

Нағашы мен жиен қалжыңдасып отырып,  жиені:

-Оу, нағашы, сіздің мұрныңыз елде жоқ мұрын, менікімен ауыстыра қойсақ қайтеді!? – деп тиіссе, нағашысы:

-Е, жиенжан, ауыстыруға болады, бірақ сенікі әкеңдікіндей мұрынбоқ шығар деп қорқамын ғой, бәтшағар... – депті.

Бастары ауырып, еріккен жігіттер қысыр әңгімені ермек қылды. Бастапқы «тема» сол болғасын ба, тіпті жадысы мықты біреуі арақтың бағасын жатқа соқты:

-72-ші жылға дейін «Московская» деген арақтың бір шөлмегі 2 сом 87 тиын тұрды. 72-ші жылдан кейін 3 сом 62 тиын болды. «Экстра» деген арақ 4 сом 12 тиын тұрды. 1981  жылы арақтың бағасы, Совет адамдарының ашуын келтіріп,  5 сом 20 тиынға бір-ақ көтерілді есем пе. Ал бірақ 1983 жылдың 1 сентябрінде 50 тиынға арзандағанын да ұмытқан жоқпыз. Осы екі арада елдің арасында «Андроповка» деген атпен тараған арақ шықты...

Шынында да, ол кезде өкімет беретін жалақының шамасы шөлмектің санымен ойша есептелетін. Жүз сом алсаң - жиырма шөлмек. Нағыз ұлттық валюта осы еді. Көктемде бақшаңды жыртқызбақ болсаң, тракторшының қойнына бір бөтелке саласың. Не жұмысыңды да осымен бітіресің.

Қызды-қыздымен Маркс тақырыбы тіпті кеңейе түсті. Бұл тақырыптан көбісі хабардар болды. Жан-жақтан білгендерін айтып, шөпшілер қосының іші  гу-гу, ду-ду әңгімеге толып кетті.

-Марксті біз бекер мансұқтадық. «Өзі арасында тұрып жатқан халықтың тілін тек қылмыскер, кезбе немесе қанаушы ғана білмейді»,-деген сөзі қандай!

-Коммунизм кезінде ақша болмайды. Жұмыс істеген кісіні мемлекет  өмір үшін барлық қажетті нәрсемен қамтамасыз етеді деді ғой пақырың. Бірақ Маркс пен  Энгельстің кез келген мемлекет бәрібір коммунизмге келіп жетеді деген экономикалық теориясы қате де бос қиял болып шықты...

-Осы екі еврей сол ақылды кітаптарын Брюссельдің ортасында орналасқан қуықтай  асхананың бұрышында елеусіз отырып жазып шыққан. Қазір сол дәмхананың маңында Бельгияның азаматына тұрмысқа шыққан  біздің Қожамбеттен тарайтын  Жәлмембеттің бір қызы отбасымен тұрып жатыр...

Осылай  аяқ астынан саяси экономия тақырыбындағы әңгіме қызып сала берді.  Қойын-қоныштарына бір-бір «Жұлдыз», «Жалын» журналдарын салып, одан қалды қос басына пошташы  Әбетай  жеткізетін  құшақ-құшақ газетті қолдары босай қалса, соңғы әрпіне дейін түк қалдырмай оқып шығатын жігіттердің білімі анау-мынау профессорыңа бергісіз еді.

Қаройдың тағы бір жігіті институтта оқып жүргенде «Капиталдың» үш томын түк қоймай, жіліктеп оқып шығыпты. Оның осы білімін ел «Артық ілім тас жарар...»,-деп сан-саққа жүгіртіп жүрді. Өзі: «Капитал» дегенің дәл математика сияқты, сенің ой-жүйеңді, логикаңды  тәртіпке салып, реттеп береді!»,- деп таң қалып айтып отыратын. Маркстің «Франциядағы азаматтық соғыс», «Луи Бонапарттың 18 брюмері» секілді шығармаларын саяси анализдің керемет үлгісі дейтін. Маркс бізге жаңа қоғамдық сананы танып-білудің құралын қалдырды деуші еді.

...Алтайдың сол бір шыбынсыз жазының жайлы  күнінде «Маркстің мұрнынан» басталған «қызық» осылай терең талдауға ұласып кетіп еді-ау...

                 

           Қожа ақсақалдың қызықтары

 

Былғары-Табытының байырғы байырғы тұрғындары Толыбаев Қожа мен Түркеев Мақұлбек  Байдалы  тауларының етегіндегі Қойтүбек қыстағын мекендеп, ширек ғасыр көрші болып, Кеңес өкіметінің қоғамдық малын көбейтуге бар күш-жігерін жұмсаған адамдар. Екеуі де кеңшардың атақты аға шопандары.

Мақұлбек және де Қожа ақсақалдың бәйбішесіне аталас бауыр болып келеді. Сондықтан біреуі жезде, біреуі балдыз болып, қатты қалжыңдасады. Қожекеңнің аңқаулығы басым. Ал Мақұлбек былай қарағанда момын, жуас көрінгенімен, оны-мұныны басындыра қоймайды,  қиқар мінезі де жоқ емес. Ал енді тағы бір жақсы қыры – техниканың қыр-сырына  жүйрік.

Жетпіс бәленбайыншы жылдың көктемінде мал төлдету науқаны қызу жүріп жатқан шақ. Мақұлбек  осындай аласапыран күндердің бірінде жездесінің үйіне кәдімгі радиоқабылдағыштың тасымалдаушы-бөлшегін өткізіп, оны сол  үйдегі радиоға білдірмей жалғап қояды. Ал дыбыс тарататын «радиорубка» өз үйінде.

Ол кезде радио деген расымен де бүкіл халықтың көзі һәм құлағы еді ғой. Елде болып жатқан бүкіл жаңалық та сонда, шаршағанда шабытыңды шақыратын небір құйқылжи төгілген ән мен жыр да – сонда.

Мал қораға кіріп, ел жайланып, Қожекең үйіндегілер кешкі ауқаттарын ішіп, жайлана бере, сағат сегізде  радио қосылады.

-Сөйлеп тұрған Алматы! Кешкі жаңалықтарға құлақ түріңіздер. Бүгін Шығыс Қазақстан облысы, Марқакөл ауданы, «Қарой» совхозына қарасты Қызылтас бөлімшесінің «Қойтүбек» қыстағында жанқиярлықпен мал төлдетіп жатқан аға шопан Толыбаев Қожа мен ол кісінің үлкен ұлы Майтоқаш жайында әңгімелемекпіз. Қожа ақсақал жылдағысындай биыл да  әр жүз саулықтан 120-130 қозыдан төл аламын деген нық сенімде. Уәдесінде тұрып, бүгінде әр қойы егізден табуда. Осындай еңбекқор шопандарымыз көп болса, еліміздің байлығы да еселеніп, нұрлы коммунизмге неғұрлым жылдамырақ жетер едік. Майталман ұлыңыз Майтоқашпен бірге ел игілігін еселей беріңіз, Қожа ақсақал!-деп аяқтайды сөз соңын  қоңыр дауысты «диктор».

«Апырым-ай ә, айдалада жатқан Қойтүбекте не болып жатқанын қалай сезіп отыр мыналар?! Бұл қу өкіметтің де білмейтіні жоқ-ау, түге!» деп орнынан ентелей тұрған Қожекең жақсы жаңалықты көрші балдызына жеткізуге асықты.

Мақұлбектер де  бала-шаға, төлшілерімен бірге кешкі тамақтарын ішіп болып, жайланып отыр екен.

- Әй, радиоң сөйлеп тұр ма сенің?

- Иә, сөйлеп тұр.

- Естідіңдер ме жаңа, Алматыдан мен туралы айтты ғой?!

- Естімегенде ше, жезде?! Бәріміз қуанып, енді ғана сізге барып «жуғызайын» деп жатыр едік қой!

- Жуған деген сөз бе екен, тәйірі! Әй, сонда, бұлар осының барлығын қалай біледі-ей, Алматыда отырып?

- Енді осында күнде келіп жүрген «Поповтың итінен»  көп төрелер бар емес пе, солардың біреуі жеткізген болар.

- Рахмет оларына. Енді бір келгенінде жақсылап шай беріп жіберермін,-деп Қожекең үйіне қайтады.

Арада бірер күн өткенде,  апас-қапаста Қожекеңнің жиырма шақты қойын қасқыр тартып кетеді.

Сол күні кешкісін сағат 8-де «Алматының радиосы» тағы сарнап қоя береді.

-Сөйлеп тұрған Алматы! Кешкі жаңалықтарға құлақ түріңіздер. Бүгін Шығыс Қазақстан облысы, Марқакөл ауданы, «Қарой» совхозына қарасты Қызылтас бөлімшесінің «Қойтүбек» қыстағында жанқиярлықпен мал төлдетіп жатқан аға шопан Толыбаев Қожа қажыды ма, әлде, шаруаға қырсыздық көрсетті ме, қызғыштай қорып отырған қарауындағы отардан жиырма шақты қойын түз тағысына тартқызып алды. Кеше ғана мақтау алған құрметті шопанымызға не жетті?! Өкінішті-ақ. Әрине, озат шопан бұл шығынның орнын толтырады деп сенеміз...

Бұл жайсыз хабарды естіген  ол кісі тағы балдызына жүгірді.

  • Әй, Мақұлбек, естідіңдер ме?-дейді ентігіп.
  • Иә, естідім, жамандап жатыр ғой...,-деді Мақаң жайбарақат.
  • Бұлар қайдан біледі-ей, бүгінгі қасқыр жарған қойлардың жайын естіп қойыпты. Кешелі-бері сырттан төре-мөрелер келмеп еді ғой. Қонаевқа енді не бетімізді айттық?!

Қожекең үйіне келген соң да байыз таба алмады.

Үлкен ұлына: «Қонаевтан ұят болды ғой, Майтоқаш....»,-дей бергенде, әкесінің мұншама күйзелгеніне күйініп кеткен Майтоқаштың  өнертапқыш жездесі Мақұлбектің құпиясын ашудан басқа лажы қалмады.

Балдызының өзін әбден қатырғанын енді ғана сезінген Қожекең шарасы таусыла:

-Иттің ғана баласы, түбіме осы жететін болды ғой!-деп қапалана тұрған жерінде  тізе бүге кетті.

Радио демекші, совхоздағы «үшінші деректір» - біздің шалдың да қызықтары бір басына жетіп-артылады. Бір күні қатты қызу, ескі үйдегі ортаңғы бөлмеде биік жерде ілулі тұратын кішкентай қобдиша-радиодан Алматы хабарлары беріліп жаста, қобдишаның «ішіндегі» диктормен «айтысып» қызық қылған...

 

Қаулаш мінер ақбоз ат

 

Бүкіл қаройлықтарға мәлім, Қаулан – жалғызілікті кісі болды. Өмір бойы совхоздың қара шаруасына жегілген адам. «Ойбай, Қаулан – шіріген бай екен, бүкіл тапқан-таянғаны «Сбербанкте» жиналып жатыр екен...» деген алып-қашпа сөздер анда-санда гу-у ете қалады. Бәлкім, бұл сөздің жаны да бар шығар. Өйткені, ол өзі – туыс-жұрағаттан ада, жап-жалғыз адам, бала-шаға жоқ, ендеше, ондай жалғызілікті адамда басқа қандай тұрмыстық шығын болуы мүмкін? Ол байымағанда, кім баюы керек сонда?!

Қаукең біздің үйге де келіп жүруші еді марқұм. Мүмкін, шешем Егізқараның қызы болған соң ба екен, іш тартып келетін шығар. Мүмкін, шешем аса ақкөңіл, қашан да қолы ашық, жарым-жарты, жарлы-жақыбайға жаны ашығыш жан болғандықтан ба екен? Әйтеуір, оқта-текте  біздің жазғы үйге келіп қонып жүреді. Қаукеңнің тілін үйдегі екінші ағам Зақан жақсы біледі. Шешем үшеуі ұзақ отырып, шай ішеді. Қаукең шай үстінде  қауқылдап бірдеңесін айтып жатады.

Үйге кіріп-шығып жүргенде, Зақанға ымдап «Ақшасын  қайда сақтап, тығады екен, сұрашы, көңілді отырғанда...»,-деп белгі береміз.

Зақан майдалап осы сұрақты жеткізеді. Жаңа ғана маңдайы жіпсіп, қою шайды сіміріп отырған Қаукең мына сауалға ертоқымын бауырына алып «мөңкіп» шыға келеді. Басы қаздаңдап, ашуы терісіне симай, «Қойшы-ей, қайдағы-жайдағы әңгімені пышпыратпай!»,-деп қайқалаңдап орнынан тұрып кетеді. 

...Қызылтас бөлімшесінде төлдеме жүріп жатқан кез. «Қопада» отырған Тіленбаев Зинікеннің, іргелес отырған Елемесов Ауқаттың отарында қарбалас шақ. Қаулаш осы Ауқаңның үйінде көмекшілікте жүр. Шаруасына мығым. «Қопаның» астыртындағы жазықта буаз саулықтарды бағады. Жас туған қозыны атқа теңдеген қос қоржынға толтырып, жылы қораға тасиды. Тыртың-тыртың жүріспен тымпыңдап бір шаршамайды.

Міне,  Қаулаш жас төлді қоржынға артып, қораға қарай бет алып келеді. Жолай жаңа туған саулық пен жас қозыны бетімен жіберіп, өзі ық жерге ат көрпесін жайып жіберіп, көз шырымын алайын деп қалғып кеткен көрші отардың иесі Зикеңнің үстінен түсті.  Қой мен қозысы бүкіл беткейде шашырап жүр.

Малсақ, шаруақор Қаулашқа Зикеңнің мына жатысы ұнамады. Ат үстінде тұрып, құрығының ұшымен көрші шопанды түртіп оятты. Бірдеңеге жыны келгенде басын төмен салып, шайқалақтата сөйлейтін әдетімен:

-Әй, Зикен, мына жатысың не? Малыңа неге қарамайсың?! Ұйықтайтын кезді тапқан екенсің!-деп дүрсе қоя берді.

Қаулекеңнің мінезі мен сырын Зикен жақсы біледі. Ойына бір қулық келе қалды. Тәтті ұйқысын қимағандай, көзін уқалап әзер ашқандай, шаршаңқы күйде біраз үнсіз отырып:

-Ту-у, Қаулаш-ай! Тәтті түс көріп жатыр едім, ең қызық жеріне келгенде оятып жібергеніңді қарашы! Түсіме сен кіріп жүрсің...

-Ей,  не түс ол, қандай түс?!-деп Қаулакеңнің ынтызарлығы ілезде оянды.

-Қап, әттегене-ай! Тап күшті жеріне келгенде...

-Өй, айтар болсаң, үзілдірмей айтсаңшы енді,-деп Қаулакеңнен дегбір қаша бастады.

-Сенің астыңда ақбоз ат, қолыңда қыран бүркіт, әншейін бір баяғының серілеріндей болып, сәнің жарасып келе жатыр екенсің. Қыраныңды енді ұшыра бергеніңде.... Қап, қап! Қайдан ғана сап етіп келе қалып едің?! –деді Зикен беті бүлк етпей.

Ақбоз ат пен қыран бүркітке еліткен Қаулекең:

-Сен алаңдамай, қайта жатып ұйықташы. Малыңды мен-ақ жинап берейін. Түсің жақсы екен, аяғына дейін көріп алшы...,-деп Қаулекең жалқау торысын тебініп қалып, шашыраған малды жиюға кетті.

Өрістен ертерек қайтқан Зикен осы маңдағы қылжақпас төлшілерге «Түс хикаясын» баяндап та қойған. Кешкі астың үстінде Қаулаш кірді. Үстел басындағылар үн-түнсіз. Әлденедей бір жақсылықтан үміткер Қаулекең де Зикен жаққа қарағыштай береді. Ол кісі, бірақ, былқ етер емес.

Қаулаштың шыдамы таусылды.

-Зикен, бағанағы не болды?

-Не ол, бағанағы?!!

-Әлгі сен ұйықтап жатқанда, сені байқамай оятып жіберген жоқпын ба?....

-Е, онда не болып еді?

Қаулекеңнің шыдамы осы жерде шарт үзілді.

-Ей, сен не деген адамсың?! Мен туралы түс көріп жатқан жоқсың ба бағана?! Астымда ақбоз ат, қолымдағы бүркітті енді ұшыра берген кезде оятып жібердім емес пе?!...

-Е-е, иә, солай екен ғой...,-деді Зикең енжарлау түрмен.

-Содан әрі не болды деймін?!-деген дауыс қатты шықты.

-Ұшып кетті...,-деді күні бойы мұншама қыруар өтіріктің жымын білдірмей ұстаған Зикен тұтана бастаған әлдебір жанжал жалынының демін сезе тұра,  немқұрайды. 

Әлдеқандай бір жақсы үміттің жетегінде мынау таусылып бітпестей көрінген кештің түсуін асыға күткен, сол үміті тәлкек болғандай, шорт үзілген Қаулекең  доғал аяқтарын топылдата басып,  әлденеге кіжініп сыртқа беттеді. 

 

«Полкоу»

 

Тоқтархан – ер мінезді Ерғали ағаның үлкен ұлы. Ел оны Тоқтархан деп білгенімен,  төлқұжатындағы азан шақырып қойған аты мүлде басқа. Құмарбек. Әп-әйбат аттың неғып бұлайша өзгеріп кеткенін Ерағаң білмесе, ел қайдан білсін?! Тоқаңның тағы бір ныспысы – «полковник». Кейбіреулер ықшамдап «Полкоу» деп те жұмсақтайды.

Жаумен қоян-қолтық ұрыста немістерді бақадай бақыртып, оңды-солды лақ құрлы көрмей  лақтыратын  қарулы жігіт Ерағаң орыс майдандастары «Иван» деген лақап ат берісіпті. Ер-ағаң соғыстан жеңіспен оралғаннан кейінгі кезінде, Зайсан жақтан сапардан  қайтқан бір жолы  жанына жас келіншек ерте келсе керек. Жолда ой жақтағы ауылдардың бірінде тұратын  майдандас досының үйіне соғады. Ол өзі жуастау, әлі үйленбеген сүрбойдақ қалпы жүріп жатқан. «Мынаның түрі жаман, момын бейшара, бұл түрімен үйленбей қалар...»,-деп  жолдасының жайын уайымдап, ақыры ертіп келе жатқан қалыңдығын досына қиып кеткен ғой...

Тоқаң да балуан денелі, қарулы, ештеңеден қайтпайтын-қаймықпайтын жүректі  жігіт. Тумысынан жүген-құрық тимеген, жалын күдірейтіп,  жанына жан жуытпай тұрған кез келген шу асауыңның мойнына қыл арқан лақтырып, бұғаулап жіберіп, үстіне жайдақ қарғып мінеді.  Мертіктеріп кетеді-ау деген қорқыныш  ойына кірмейді. Әлгіде тулап тұрған жылқыны айналдырған екі сағаттың ішінде сілікпесін шығарып, сүмірейтіп әкеп тұрады!  Жатыпатар тілге де жүйрік.  Полковник деп ныспылануының өзі бір жеке әңгіме.

Тоқаңның бала кезінде ауыл клубында соғыс туралы кино бола қалды. Ішінде немістің бір-екі полковнигі де жүр. Біреуі Тоқаңа ұқсас толықтау көрінді.

Ертеңінде  «Көкі» теліміне үлкендермен ілесе балалар да қи оюға барғанда, солардың арасында борсаңдап осы Тоқаң да жүрген.  Бір әредікте ересек жігіттер қауқылдасып әр нәрсені айтып тұрысты. Осы кезде бұлардың жанына домалаңдап Тоқтархан да келе қалмасы бар ма. Тоқаң жаққа  жалт етіп бір қараған Үркіншінов Мұрат:

-Өй, кешегі кинода немістің ана бір полковнигін шырамытып едім, қайдан көрдім деп. Дәл мына Тоқтарханға ұқсап тұрған жоқ па?!-деп еді, жанындағы жігіттер: «Рас-ей! Тап өзі!»,-деп қолдай кеткені.

 «Полковник» «атағын» Тоқаң тегінде осылай еншілеген.

Кейіннен, қырықтың қырқасына шыққан байсал шағында Мүкең кездесіп қалып, Тоқаң айтыпты:

-Аға-ау, полковник болып  қашанғы жүре берем, генерал шенін  тапсыратын уақытың болған жоқ па?!-деп.

Қайсыбір жылы баққан малы жетпей қала ма, басқа ма, Тоқаң Өскеменнің  «Крепость» дейтін абақтысына уақытша қамалады. Соңынан іздеп барған жолдас жігіттер надзирательдерден «Тоқтархан» деп іздестірсе, ешкім білмейді. Таулары шағылып, енді қайтайық деп тұрғанда, біреуіне ақыл кіріп,  осы біз неге полковник деп іздеп көрмейміз деген ой келіпті. Сөйтсе, абақтының ішідегілер: «Өй, баяғыдан бері сөйтіп айтпайсыңдар ма?! Иә, «Полковник» бізде жатыр...»,-дейді екен.

Бір жылы  Тоқтархан шопырлық курсқа сұранды. Совхоз директорының не ойлаған ойы бар екенін оқып-білу оңай емес, Тоқаңды  жібергісі келмей, мәселені  шуда жіптей созбаққа салды.

Бір күні кеңшар басшысының  қабылдауына тағы соқса, директор Қамидың  кабинетінде райкомнан келген бір дөкей отыр екен. Екеуінің науқан қызған қарбалас шақта бір қауырт мәселені қазбалап отырғаны көрініп тұр.

Есіктен сығалаған Тоқаңды Қамаң:

-Кел, кір жасқанбай,-деп қошеметпен қарсы алды.–Міне, мынау Тоқтархан деген озат малшымыз. Отыздан асып, қырыққа кеткенде шопыр боламын деп қылық шығарып жүр. Бұл жай жігіт емес, өзі – балуан, өзі – әнші, өзі – биші, өзі – аспаз. Жарайды, ертең шопырдың қағазын алар. Мен бұған совхоздың көп машинасынан біреуін берермін. Бір күні ішіп алып, машинаның астына түсіп өлсе, анау жасы келіп отырған Ерғалиға не бетімді айтамын?!

Қамаң осыным дұрыс па деп, райком жігітке сөзін мақұлдатып алды да:

-Әне, көрдің бе, мына үлкен ағаң да мені  қолдап отыр,-деп Тоқаңды тыпыр еткізбей, алды-артын матап-байлап тастады.

Қами Байтөленіштің мұндай мық  шегедей  уәжіне қарсы жасар лажы қалмаған Тоқаң шопыр болмақ арманынан осылай қол үзді.

Иә, Қамаң «сегіз қырын» санаса-санағандай, Қара Ертіс қойнауындағы Шаңқанайда  шөпшілер бригадасының аспазы болған кездегі  Тоқтарханның қызықтары жетеді.

Көмекшісі болмағандықтан, шөпшілерден кейін босаған ыдыс-аяқ жуу да жарым-жалғыз аспазға оңайға түспейді. Есесіне, жұмысты жеңілдетудің амалын оңай ойлап табады. Тамақ салатын темір аяқтарды үстіңгі жақ шетінен тесіп, шпагат жіпке тізеді де, Қара Ертістің суына  қой тоғытқандай лақтырады. Сонда жап-жақсы шайылып, келесі ауқатқа  тап-таза боп әзір тұрады.

Кейбір әзілкештер  бұл әңгімені өсіре айтып, «Шөпшілер тамақ ішіп болып, шабындыққа кеткен кезде, Тоқтархан жаңағы шәшкілерді қостың маңында жүрген төрт-бес иттің алдына тастайды, майлы еттің сорпасы жұққан шыны-аяқты ол иттер жалап-жұқтап, ұнтақ жуып тазалағаннан бетер жарқыратып қояды екен, Тоқаң оны іле бір-бір шайып, жұмысшыларға кешкі асын құйып бере береді екен»,-деп те қиыстырып соғады. Олары енді артықтау сөз ғой, әрине.

Тағы бірде қос басына аупарткомның төрағасы бар, оның  орынбасары бар, бір топ төрелер келе қалады. Совхоз директоры да солардың жанында. Тоқаң өзінің «Ай-ай, көк шәугім!» дейтін  атақты «шлягер»-әнін  шырқап жүріп бастықтарды жақсылап тамақтандырады.

Төрелер тамаққа тойып, қостан шыға бергенде бағана шөп басынан оралып, дем алып жатқан Уанов Боранбайдың жайма  жіпке желдесін деп жайып қойған шұлғауын  қол орамал екен деп, бет-ауыздарын сүртіп, разы-хош аттанып кетісіпті.

Бертінде, 90-шы жылдардың бас кезінде алексеевкалық-теректілік Тұрмыш  марқұм Өскеменнің УВД-сында қызмет жасап жүрген жерінен  туған жеріне  оралып,  аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы болып тұра қалды. Иығында үлкен-үлкен үш жұлдызы бар.  Және де полковник болғанда,  Марқакөлден шыққан алғашқы нағыз да нығыз, советтік полковниктердің бірі де бірегейі еді. 

Бір жолы Тұрекеңнің жолы Қаройға түсіп, нағашы жұртына бүйрегі бұрып, ағайындарын аралайды. Алдымен Тома апайымыздың үйінен түстенеді. Осы үйде отырғанда бір шаруамен Тоқаң да келе қалып, бірге шай ішеді.

Кешкілік Тұрекеңді управ Айтқали тамаққа шақырған. Енді ғана ас ішуге жайғасқан сәтте, сыртқы есік «ши-и-иқ» етіп ашылып, тағы да Тоқтархан кіріп келе жатыпты. Сонда Тұрекең:

-Екеуіміз бүгін қайта-қайта кездесе бердік-ау, осы...,-депті әлденені меңзеп.

Сөйтсе, жайдақ жерде сөзден сүрінетін Тоқаң ба:

-Аға, екі полковниктің басы бір қазанға симайды дегіңіз келіп тұр ма?-депті сыпайы әзілге жығып.

Тоқаңды бұрыннан таныса да, «полковник» «атағы» бар екенін білмейтін Тұрекең ә дегенде сөзден сәл тосылып қалыпты деседі...

 

Нәбең

 

Ескі ырдуан арба секілді салдыр-күлдір еткен ақкөңіл ағамыз Кентбаев Нәбиолда ойға жүйрік,  сөзге тапқыр еді.

Қызылтас бөлімшесінде веттехник болып жүргенде артық-тұртық қой басын кейде ептеп-септеп «нетіп» жібереді екен. Бір күні Қасым досы:

-Әй, Нәбеш, байқашы, ұшынып кетіп жүрмеші! -депті.

Сонда Нәб-ағаң қос саусағын кеңірдегіне тақап:

-Милицияның тамағында - екі қой, соттың тамағында - екеуі, прокурордың тамағында  тағы екі қой, ... ертең  айдалып бара жатсам, олар маңырамай ма!? -дейтін көрінеді.

Тағы бірде мерейтойы өтетін болып, бір досы:

-Нәбеш, қол қысқа боп, саған лайық  сый табылмай тұр,-деп шынын айтады. Нәбең:

-Өй, жарайды, қысылма, елдің алдына шығып, досыма жылқы атадым дей сал, кім біліп жатыр, сол жылқыны бермей-ақ қой, сырт көз естісе жетеді ғой,-дейді.

Сонымен, той да өтеді, жылқы да аталады. Елдің  бәрі бұндай мәрттікке разы болып, жапа-тармағай қол соғылады.

Жаз өтіп, күз түсті. Бір күні Нәбең әлгі досына соқты:

-Әй, ана жолғы  айқайлап атаған жылқың қайда?!

-Өй, сен оны жай айта салсаң болғаны деген жоқсың ба?!

-Әй, әлгі Бақтыкешті білесің ғой, «Өзің өтірікшісің, өзің ғана емес, жолдастарың да өтірікші!»,-деп қиғылық салады ғой. Не болса да, бере салып құтылмасаң, екеуміздің де құлағымыздан қиқу кетпейді ғой сосын.

Шегінетін жер жоқ,  бір күні досы тойда «аталып» кеткен жылқыны жетекке алып жетіпті.

Нәбең кейін бөлімшенің управы болды. Кейде аудан жаққа  бір қайнауы  ішінде, шикілеу ақпар- мәлімет беріп, өтірікті шындай, ақсақты тыңдай етіп соғып жібереді. Бұны өзі «зиянсыз өтірік» деп бағалайды. Достары: «Өй, байқашы, байқап айтсаңшы...»,-десе, «Мойынға мініп жатқан жоқ қой...»,-дейді.

Бір жылы айтақырдағы Қызылтас бөлімшесі аз-маз  егін еккен. Ой жақтағы бұл бөлімшенің танабы қуаң-құмдауыт болып келеді. Су тапшы болып, шығымы нашар шыққан соң, амал жоқ, комбайнмен немқұрайды шаба салынды. Сабағы қысқа егіннің басы жаткаға ілінбей, көбі комбайн дөңгелегінің астында қалды.

Дәл сол күні егіс басына жанында кеңшардың партком хатшысы бар, облыстық партия комитетінің нұсқаушысы Асанова деген әйел егіс басына келе қалмасы бар ма. Келе, тапталып жатқан дәнді көріп зіркілдеп қоя бергені. Сол жылдары бөлімше басқарушысы болып жүрген Нәбиолда Кентпаев шырылдап шығатын жіңішке дауысымен жағдайды обком нұсқаушысына былай деп түсіндірді:

  • Мына жаткаға ілінбей қалған сабақтарды ізімен «мелкий подборщик» жіберіп жинап аламыз. Қайтарда соғып, көз жеткіземін десеңіз,  мархабат!

Бұл сөзге кәдімгідей иланып қалған нұсқаушы көп ұзамай аудан орталығы – Алексеевкаға аттанып кетті.

Асанова кете салысымен бөлімше басқарушысы бір отар қойды егістіктің ортасына қаптатып жіберіп жайғызады.

Нұсқаушы ертеңінде ауданнан қайтып келе жатып кешегі уағда есіне түсіп, жолшыбай Қызылтас бөлімшесіне қайтара ат басын бұрады. Келсе, егістіктің орны тап-таза. Бұған риза болған  нұсқаушы Нәбеңнің атына мақтау сөздерді аямай жаудырып жіберген көрінеді.

 

Поляковтың тосты

 

Кеңшардың өркендеуіне көп еңбек сіңірген Иван Маркович Поляков көрші Горныйда туып-өсті. Әкесі мен шешесі сол ауылда қайтыс болды.

Марк-шал бірде дүкенге келіп, Мәкен-Мәрия деген сатушыдан өз қабына он-он бес келі ұсақ қант салдырып алып, кері қайтып бара жатса, қабының түбінде тесігі болса керек, саулап  тұрғанын көріп, сатушы айғай салады:

-Дядя Марк, у вас песок сыплется!-деп.

Марк ақсақал мұны дұрыс түсінбей қалды ма, әрі басқаға жорып, мазақ етіп тұр деп ойласа керек:

-Доживи до моего века, посмотрим, как не то что песок, а кости посыплются!-деп ренжіпті.

Ертеңінде, сабасына түсіп:

-Извини Маша, я тебя не так понял,-деп  өзі келіпті.

Осы Марк шалдың ұлы Иван нағыз шаруаның адамы еді. Былайша айтқанда, «настоящий хозяйственник». Дәукеев ағамыз да кіммен шаруа жүргізу керектігін білсе керек, сол тұста Поляков көп жылдар Архиповка бөлімшесінде бригадир болып істеді. Елге жұғымды адам еді. Қазақшаға суда қалқыған қайықтай тіпті жүйткіп тұрмаса да, біраз жерге еркін жететін тілі бар.

Біздің шал ұзақ жылдар совхоздың қос қоймасының кілтін ұстап тұрды ғой. Сондықтан, Поляковты әкемнің жанынан  жиі көріп қаламыз. Шешем Бағиланы «Валя» дейтін.

Кейін ауданға ауысып,  ДЭУ-да механик,  бастық болды. Бірде аупартком бюросы өтті. Артқы жақта отырған Поляковтың  құлаққа ұрған танадай  тыныштықта жүріп жатқан бюро мәжілісінің бірсарынды ағысына «ілесіп»  көзі ілініп кеткені.   Бюро мәжілісінде ұйықтау дегенің?!... Атамаңыз!

Бұл бассыздықты байқап қалған бірінші хатшы  Сәкешов:

  • Поляк-о-ов,  проснись!-деп айқай салды. Ұйқысынан селк етіп шошып  оянған Иван Маркович орнынан атып тұрып:
  • За Сорвенский мост..., за Сорвенский мост...,-дей берді сасқанынан ұйқылы-ояу қалпында.

Тегі қас пен көздің арасындағы қысқа ұйқыда түсіне анау таулы Қаба өңіріндегі Сармөңке ауылының тұсындағы көпірдің жайы кіріп үлгерсе керек.

Поляковтың мына қылығына не күлерін, не жыларын білмей қалған бірінші хатшы:

-Сказал Поляков хороший тост!-деп сәтті ұйқаспен тұжырымдады бұл шағын «спектакльді».

Айтпақшы, қары қалың түскен 1966-шы «жұт» жылы облыстың бір топ шаруашылық қызметкеріне жанқиярлық  еңбектері еленіп, өкімет орден-медальдар бергенде, Зәріп аға өзінің алғашқы ордені  - «Құрмет белгісін» кеудесіне тақты да, білгір бригадир Поляков «Еңбектегі ерлігі үшін» деген салмағы әжептәуір медальді еншілеп еді.

 

Қазақ тілінде жазылған